1 желтоқсанда Қазақстан халқы Тұңғыш Президент күнін атап өтеді. 2011 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң қабылданды. Ол бойынша 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні болып белгіленді.
2012 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан халқы алғаш рет жаңа мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент Күнін атап өтті. Елбасы осы оқиғаға байланысты жарияланған өзінің «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» деген мақаласында 1991 жылдың 1 желтоқсанында біздің халқымыздың бүкіл тарихында алғаш рет өткен жалпыға ортақ Қазақстан Президенті сайлауы еліміздің тарихындағы маңызды белес екенін атай отырып, «Бұл оқиғаның тарихи мәні мен патриоттық құндылығы көзге ұрып тұр және ешқандай талас тудырмайды. Бұл күні Қазақстан халқы биліктің шынайы қайнар көзі болудағы, билікті қалыптастырып, оның саясатын айқындаудағы өзінің егемен құқығын алғаш рет жүзеге асырды», - деп бағалады.
1991 жылы 16 қазанда «Қазақ КСР президентін сайлау туралы» заң қабылданып, соған сәйкес ұлт көшбасшысы болуға кім лайықты екенін депутаттар емес, елдің барша азаматтары шешетін, яғни мемлекет басшысы жалпыхалықтық дауыс беру негізінде сайланатын болды. Жаңа сайлау егемендік ұғымына шынайы және көңілге қонымды мазмұн беруге, Қазақстанның халықаралық беделін көтеруге және Президент лауазымына кім сайланса да оған аса күрделі жағдайда батыл әрекеттер жасау мандатын беруге тиіс еді. Ол қалайда алға басуға шешім қабылдаған елдің айналып өтуі мүмкін емес, қатаң, ауыр әрі қиын қадамдар жасауға тиіс болды.
1991 жылдың 1 желтоқсанында - бірінші бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ КСР Президенті қызметіне қайта сайланды. Ал, бұл тарихи 1991 жылғы президент сайлауы Қазақстанның тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадамы болды. Саяси күнтізбеде ол заңды және символдық тұрғыда Тәуелсіздік күніне ұласады.
Тұңғыш Президенттің алғашқы қадамдарының бірі - 1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы заңға қол қою болды. Алты күннен кейін - 1991 жылы 16 желтоқсанда - Жоғарғы Кеңес Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады, бұл Қазақстанның егемен мемлекет ретінде жариялануын білдірді.
1991 жылғы желтоқсан айы Қазақстан үшін шынымен тәуелсіз Республиканың даму жолын анықтаған бетбұрысты және тағдыршешті кезең болды. Содан кейінгі жылдары Президент бізбен бірге жаңа мемлекет құрудың басында болды. Ол елдің бірлігін, Конституцияны қорғауды, адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етті.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында Тұңғыш Президенттің рөлі баға жетпес, өте көрнекті. Мемлекет басшысы көпұлтты халықтың басын біріктіре білді, оның дана шешімдерінің арқасында еліміз қиын кезеңдерде ішкі қақтығыстарды болдырмай, сонымен қатар экономиканы көтеруге, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізді.
1 желтоқсан - мемлекетіміз демократияландыру, жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру бағытына бет бұрған, біздің мемлекеттілігіміздің бүкіл барысы мен дамуына даусыз ықпал еткен, Қазақстан Республикасының президенттік институты құрылуы мен қалыптасуында маңызды рөл атқарған күн.
Тәуелсіздіктің 29 жылы ішінде Қазақстан мемлекеттілікті қалыптастырудың, ұлт бірлігін нығайтудың және нарықтық экономиканы құрудың қиын, бірақ даңқты жолынан өтті. Біздің бүкіл елде кеңінен тойланатын мемлекеттік және ұлттық мерекелеріміз бар.
Ол кезде нағыз көшбасшы, нақты Президент қана қиын жағдайда Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз ететін аса маңызды мемлекеттік актілерді шығаруға жеткілікті өкілеттік пен беделге ие болғанын атап өткен жөн. Осылай, 1991 жылы 29 тамызда Н.А. Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. 1991 жылы 25 қазанда Президенттің жарлықтарымен республиканың Қауіпсіздік Кеңесі мен Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды.
Жаңа жағдайда республиканың саяси жүйесін тұрақты және басқарылатын ету үшін Қазақстанда президенттік билік институтын енгізу сөзсіз қажет болды. 10 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында инаугурация кезінде Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті ретінде - көпұлтты республиканың халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясын бұлжытпай орындауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге және өзіне жүктелген Қазақстан Республикасы Президентінің міндеттерін адал орындауға ант берді. Келесі 28 жылдық табысты мемлекеттік құрылыс Мемлекет басшысының берген антын толықтай орындағанын көрсетті.
Қазіргі кезде халықаралық қоғамдастық Қазақстанды заманауи демократиялық мемлекет ретінде таниды. Мемлекет басшысы жүргізген теңдестірілген ішкі және сыртқы саясат заманауи, қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік-бағытталған экономикасы бар дамыған мемлекет құруды қамтамасыз етті. 1990 жылы 24 сәуірде президенттік лауазым енгізілгеннен республиканы 2019 жылы 19 наурызда өз еркімен президент қызметінен кеткенше басқарған Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құру және қалыптастыруда еңбегі орасан зор. Елбасының саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды.
Сабырхан Смағұлов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі