Өлең, жыр, ақындар

Халық мақтанышы - Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл

Халық мақтанышы - Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл!

Биыл 24 желтоқсан күні Кеңес Одағының батыры, полковник, жазушы, қазақ халқының мақтанышы- Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толады. Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында дүниеге келген.

Қазақ халқы үшін біртуар дара тұлға, ерлік пен елдікпен танылған батыр 1941 жылдың қыркүйегінен бастап Ұлы Отан соғысы шайқастарында 16-шы армияның 316-шы атқыштар дивизиясының 1073-ші атқыштар полкінің батальонына командир болды. Қапияда ой тауып, қараңғыда жол тауып, ерен ерлiгiмен аты әлемге аңыз болып, сол кезде алғаш рет Бауыржан жайлы дарынды командир ретінде айта бастады. 7 қарашада генерал Панфилов Волоколамск бағытындағы ерліктері үшін аға лейтенант Момышұлын Ленин орденіне (сол кездегі елдің ең жоғары наградасына) ұсынды.

Батырлық, адалдық және қайсарлық – Бауыржан Момышұлын халық қаһарманына айналдырды. Патриотизмнің жоғары рухы, шешім қабылдаудағы батылдық, тәртіптілік, даналық пен әдептілік оның жеке басын сипаттайды.Оның көзқарасы бойынша сенім-бұл адамгершілік пен адалдыққа әкелетін күш. Сенім-үміт тамыры. Жастарға арнаған сөзінде ол: "Сен ата – анаңның үмітісің. Сен – дербес, сен – жасампаз өмір, сондықтан сену керек.»

Бауыржан Момышұлының мұрасы батырлыққа, тәртіп пен патриотизмге толы, оның өмірі адалдық, әділдік және парасаттылық қағидаттарына негізделген. Ол өзінің отаншылдығымен, ұлтжандылығымен, қаһармандылығымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен, ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен, тапқырлығымен және жеке басының ерлігімен көзге түсіп, аты аңызға айналды.

Бүгінде оның атын мектептер мен әскери интернаттар алып жүр, оның есімімен Қазақстан қалаларының көшелері аталған, ол туралы көп жазады, айтады, оқиды. Бауыржан Момышұлының кім екенін білмейтін қазақ жоқ. Уақыт бәрін өз орнына қойды, адамдар оны ұмытпады, оның даңқы жылдар өткен сайын көбейеді.

У.М.Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Д.Ә.Әшім Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің География және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар