(ЕШ ӨМІР)
РОМАН
Көп адамның өмірі ешқайда апармайтын өлі жол іспетті. Бірақ базбіреулер ең бала күнінен-ақ өздерінің бұрын-соңды көрмеген көк теңізге бара жатқандарын біледі. Және өз еріндерімен желдің кермектігіне әрі тұздың дәміне тамсана тұрып, самалдың соғуын сезеді, бірақ әзірге соңғы құм шағылды көктей өтпейінше көздегендерін әлі көре қоймайды, ал жеткен кезде олардың алдынан шетсіз-шексіз, сарылдап жатқан шалқар кеңістік ашылып шыға келеді де, беттеріне құм мен теңіз көбігі ұрады. Бұларға енді не қалады? Тұңғиыққа күмп беру немесе кері қайту...
БІРІНШІ ТАРАУ
Дени Револю сабақ жаттап, дайындалып жатқан сияқты болып қулыққа басты, ал іс жүзінде шешесінің жүріс-тұрысына құлақ түрді; оның сүйретілген ұзын етегі кілемде жұмсақ та сәнді сусиды. Сауық кештерге арнап ылғи Фоссе бульварындағы шаштаразшы Тарди мырза жасап беретін паң шаш сәндеудің арқасында оның түрі аса сұсты кейіпке енді; фотографтың аппараты алдына тұра қалып та өзін нақ сондай маңғаз ұстады. Шаштараздың қысқыштарымен жіңішке биік шошақ түрінде жиналған алтын реңк аралас бозғылт шаштары зүбәржат түсті айшық кейпінде шашақтала иіліп тұр еді. Денидің апайы Розаның да шаштары сәнделген, бірақ ол әлі жұқа желеңмен жүр: бір жерлерін түзеуге жіберілген көйлек Габриа шеберханасынан әкелініп үлгерілген жоқ.
— Егер бес минуттан кейін көйлекті әкелмесе, мен не істерімді білмеймін,-деді Револю ханым.
Дени күлкісін басып үлгермеді.
— Дени, сен неге әлі төсекке жатпағансың?
— Көйлекті күтіп отырмын,— деп жауап қатты бұл.
Биік тұғырға қондырылған шам бұның қиғаш жарылған шаштарын жалтыратып тұр. Жалпақ алақаны психология оқулығының үстінде жатыр. Пүліш желбезектің астынан салбырап тұрған ұзын сала бүрмелі түсі оңған жібек перденің бетінде мұның ірі басы содырайып көрінеді. Дени малай бала шеберханаға сол үшін жұмсап жіберілген апайының жаңа көйлегін көргісі келді. "Сірә, сауық кештің барша әлгі ашық-шашық көйлек-көншегі сияқты сондай ұятты шашқан көйлек болар", — деп ойлады ол апайының балаң жүзіне түйіле қарап әрі оның жымиғанына жауап қатпай. Бір сағат өтер-өтпесте бұл қыз өзінің мойнына, иықтарына, жалаңаш арқасына және балаң да болса тым өршіген төсіне баршаны және әркімді тамсанта жап-жарық сауық жайдың босағасын аттайды. Және, міне, осылай жартылай жалаңаш киінген мұны би кезінде бірінші жетіп келген жігіт құшағына алатынына бұл қымсынбайды да. Жоқ, неге "бірінші жетіп келген?" Онда Робер Костадо болады ғой... Көп ұзамай олар сақина алмасады, сонан соң үйленеді де бірге тұрады. Несі бар, мұның әлдебір сүйкімсіз біреуге ұзатылуы да мүмкін еді ғой. Романдарда әйелдер ылғи дерлік өз күйеулерін сүйе бермейді емес пе. Тойдың қашан болары, әрине, әзірге белгісіз. Робердің шешесі аяқтан шалып, қаладағы ең үздік нотариалдық кеңсе әкеміздікі болса да, ол туралы қайдағы бір қара ниет өсек-аяң таратып жүрген көрінеді. Кеңсе миллиондар тұратын байлықтан гөрі бағалы әрі сенімдірек. Бірақ енді ол сондай әйел... міне, сол сияқтылар ылғи да аспанды суға алдырып жүреді. Ал егер қауіптенерлік әлдебір негіздер болса, анасы Розеттаның мұрнына сол жағынан шыққан бөртпе туралы мәселені соншалықты қызу талқылар ма еді.
— Ол одан сайын үлкейіп кетіпті!— деп Револю ханымның зәресі ұшты. — Бұл саған сабақ! Өзің кінәлісің! Шоколадты аз жеу керек еді, одан да көкөністі көбірек жегенің жақсы (Револю ханымға қашанда кім және не үшін кінәлі екендігін орын-орнына қою қажет-ақ). Сенің бет терің сияқты терімен оны тітіркендіретін нәрселерден әрдайым аулақ жүрген жон. Сенің мұндай терің кімге тартқан? — деп қосып қойды ол ойлана.
"Әрине, сізге тартпаған болар!",— деді Дени іштей. Түтікшелері кең бұжыр терілі шешесінің сәл толқудан алаулап шыға келетін Розеттаның тұнық бетін сынауға дейін барғаны мұның жынын келтірді.
Револю ханым бірте-бірте қызына шүйліге түсті және парықсыз бөсіп, "шындықты оның тура көзіне айтты". Оның кейістігі тез ызалануға, сонан соң бой бермес адуынға ұласты. Ол айылын жимай, қызын қатыгездікпен аяусыз жәбірледі.
— Аһ, Роза! Қазір сенің қандай сүйкімсіз екендігің көрінеді! Байғұс! Бүкіл кеш бойы қабырға жанында отырып қайтасың, сені ешкім де биге шақыра қоймайды. Ата-анаң белгілі адамдар екеніне рахмет айт, әйтпесе... Міне, енді көз жасын көлдетеді! Жетпей тұрғаны осы еді! Көздерің ісіп, мұрның дәлдиіп кетеді ғой. Қой, кәне! Бар, салқын сумен жуын.
Роза еңіреген күйі бөлмеден шығып кетті, ал Дени оның артынан айғайлады:
— Ренжімей-ақ қой, бәрібір сауық кештің сәні сен боласың.
Револю ханым осының бәрі қызының "пайдасы" үшін айтылып отыр деді ашулана.
"Қызық, — деп ойлады Дени, — бұл неге Жюльенді және мені Розадан гөрі жақсы көреді? Жюльен — жай мақаудың өзі, ал мен..."
— Сен байғұссың, Дени, — деп күбірледі бұл өзіне жұмсақ ұлпа жағылған бетін сүртіп жатып.
ЕКІНШІ ТАРАУ
Малай Луи Лари аға клерк қызметкер Ланден мырза келгенін және Револю ханыммен жүздескісі келетінін баяндады. Ханымның түрінен таңырқағаны әрі булығып кеткені көрінді. Кешкі сағат онда? Ол есінен ауысқан ба, не? Мұның еш уақытта күйеуінің кеңсесінің ісіне араласпайтынын Ланден білмей ме? Отағасы ертең кешке қарай Леоньяннан келеді. Ал егер Ланденнің бірдеңені асығыс хабарлауы керек болса, Леоньянға барсын (иелік қаладан он шақырым жерде еді).
Дени анасын абайлап бақылап отырды. Ланденнің кеш келуі оның көңілінде қалайша титтей де бір алаңдаушылық туғызбады. Үстелге психология оқулығын тастай сала ол малайдың артын ала алдыңғы бөлмеге асықты. Розаның күйеу жігіті Робердің інісі — өзінің жақсы досы Пьер Костадо айтпақшы "желдің қайдан соғарын" сезіп, бұл сәл ашық тұрған есіктен арық күшік сияқты жып берді.
Ланден аяғын алшайтып және қолына жауыннан ылғал болған телпегін ұстап алдыңғы бөлмеде тұр екен. Пальтосын шешіп алыпты. Үстінде денесіне тырсия қалған тар пиджагы және қара ала сүр жолақты ескі шалбары бар екен. Қалың қара сақалы көзіне жете қабыл басталған, бірақ бәрібір қаусап салбырап тұрған иегін жаба алмапты. Оскар Револю өзінің қызметкері иықтарының жиектері ылди келуімен императорша Евгенияның өзімен таласа алар еді деп күле келемеждеп жүреді; Револю отбасының бала-шағасы Ланденнің ішіне жабысып қалған аш құрсағын, жалтырата тазартылған әр жері майысқан бұдыр-бұдыр ескі кострюльге ұқсаған оның жылтыр да бұжыр тақыр басын одан әрмен әжуа ететін. Бұл жасөспірімдердің көзіне Ланден дүниедегі ең құбыжық жан көрінетін; өз бағыныштыларымен қашанда сыпайы әкелерінің Ланденге келгенде қорланған жан қанша шыдауға қабілетті екендігін сынағысы келгендей немесе оған бірдеңе үшін кек қайтарғандай сұмдық жөн-жосықсыз дөрекілікке ұрынатыны тегін емес. Бірақ егер әлдекім: "Кеңседе бәрін ұстап тұрған Ланден", — десе, қарсылық білдіру Револю отбасында ешкімнің ойына келмейтін және бұлардың қарсылығына ешкім де құлақ аса қоймас еді. Ең маңызды жұмыс Ланденнің иығына түсетіні қалада барша жұртқа мәлімді. Әкелерінің бойкүйез үнмен: "Ланденнен сұраңыздар, Ланденге барыңыз... Ол іс салынған папка қайда тұрғанын Ланден білуге тиіс...",— деп айтып жатқанын нотариустің балалары талай рет естіген. Бұлардың Ланден туралы білетіні — ол университетте әдебиет факультетінде кызмет еткен швейцардың ұлы, әкелерінің сыбайласы, онымен лицейде бірге оқыған; жалғыз тұрады — оның қамқорлығында кәрі қыз қарындасы бар, бұл оны өз бастығының отбасымен ол мұндай құрметке лайық емес деп таныстыра қоймаған. Революлердің ешқайсы да бірде-бір рет аға клерктің үйінде болған емес. Нотариустың өзі: "Ланденнің жеке басының тіршілігі жоқ" деп айтып жүретін және мұны жөн көретіндей еді.
Бұл ұлдарының ауыздарын жапқаны үшін өзіне тыныс алуға боларын сезді. Робер медицинаны көп жыл оқуға тура келетіні үшін кінәлі емеспін деп қана былжырады. Анасы дамылдап алып, ол үшін сені кінәламаймын, қанша керек, сонша оқи бер деп мейірленді; ең бастысы аяғыңнан тұрып кеткенің.
— Ал мына ақымаққа, мына боқмұрынға, — деді бұл Пьерге бұрылып, — әлі мектебін бітіруі керек, мұны дұрыстап қолға алу керек екен!
Пьер басын төмен салбыратып жіберді. Анасы оны әбден езгенін сезді, бірақ одан сайын жыны келді. Иә, иә, күні бойы емтихандарға дайындалудың орнына өлең сымақтарды шимайлау өте оңай, өте жайлы... Алайда, өлеңмен алысқа ұзай қоймайсың... Тіпті өлеңің жақсы шықса да онымен карын тойғыза алмассың, ал енді қайдағы бір болымсыз нәрселерді шатпақтап...
Пьер атып тұрды да, анасына көз салмастан бөлмеден шығып кетті. Бұл айылын жиып, біршама ыңғайсыз күйге түсті. Дегенмен, бекер болды-ау... Бірақ балақайдың өзі ғой мұның қанын қайнатқан.
— Бекер олай айтасыз, — деді Робер. — Ол өтпелі жаста екенін ұмытпаңыз...
— Онда тұрған не бар? Ол не өзгелерден ерек пе?
— Олардан емес... Басқаларға ұқсамайды.
Анасы қарсыласа кетті. Гәп онда емес, бар бәле үйде әкенің, отағасының жоқтығында, ол балақайды жөнге салар еді. Костадо ханым көңілінің түкпірінде Пьердің басқаларға ұқсамайтынына күмән келтірмейтін, бірақ оны соншалықты ала-бөтен деп есептемейді. Өзінің әкесі, атасы, енесі ірі саудагерлер — жергілікті жерде дегені жүріп тұрғандар болатын және соларға қарап бұл адам құндылығы туралы өзінің белгілі дәрежеде ұғымын қалыптастырды. Ол "ерекше адам" деген сөздің мағынасын тамаша түсінемін деп пайымдады.
— Сонымен, — деді ол сөзінің қорытындысында, — мен бүгін сендерге едәуір дәулет әкелгенім үшін сендерден кешірім сұраудан басқа ештеңе қалмағанын көріп тұрмын... Өзім де осылай ойлағанмын... Дегенмен...
— Маған бұл ақша не үшін керек? Айтыңызшы, не үшін? Мен бәрінен, барлығынан айырылдым ғой!
Анасы Роберді аяп кетті, бірақ мына сөздерді естігеніне қуанды. Ортаншы ұлының жігерсіздігіне ол өмірінде бірінші рет риза болды. Онда енді қайтсем екен деген сұрақ та тумағаны анық. Ол Оскар Революдің қызынан тайталассыз бас тартты. Анасы бәрібір төтесінен тартуға батпай, даусы жыламсырап Роза туралы айта бастады. Ол — бейкүнә құрбандық, сондай сүйкімді, аяулы қыз. Оның әкесі масқараға ұшырады, бірақ мұны елемеуге де болар еді... Алайда өзінің отау құруына әлі ерте екенін Робердің өзі де жақсы біледі. Осы күйреуге дейін Люсьенна мен Оскар жас жұбайларға өз үйлерінен баспана береміз дегенді аңғартқан еді, бірақ енді... Робердің бәсең үнмен сұрауға тәуекелі жетті:
— Ал біз осында тұра алмас па едік?
— Есіңнен алжастың ба? Қайда тұрасың? Өз бөлмеңде ме? Ал балалы болғанда қайтпексің? Оның үстіне, олардың бүкіл отбасы мойныңа отыратынын ұмытпағайсың. Әйтседе, сенің мойнына емес, менің... Қой кәне, қой... Бекем бол, жаным. Әрине, саған ауыр екенін мен түсінемін, — деді ол кемсеңдеп тұрған ұлын иығынан құшақтап.
Робер анасы өзінің жігерсіздігіне қақпан құрарын және өзі оны есебінен жаңылыстырмайтынын білген-ді. Анасын немен көндіруге болады? Розаның жанында өзін тіптен басқа адам сезінетінін айта ма? Сол кезде бойын үміт пен ерік сезімі билейді дей ме? Бірақ бұл осы ойлардың ұшығын шығарса болды-ақ, анасы бұған дүрсе қоя беріп, мұның уәждерінің түгелімен быт-шытын шығарады.
* * *
Робер өз бөлмесінің есігі алдында бір минуттай батылсызданып тұрды да, дәлізбен одан әрі інісінің бөлмесіне өтті. Пьер кереуетте отыр екен.
— Ұйықта данышпаным, сағат бір болып қалыпты.
Пьер бұған қарамастан міңгірледі:
— Олардың арам ақшасын көрдің бе!..
— Біз апамызбен екеуміз бір-бірімізді түсіне алмаймыз! — деп ыңырсыды Робер. — Апамыздың өзіне сенімді ойынша, ол бүгінгі кеште отбасы иесі атқаруы тиіс мақтануға лайық іс істеген. Ол бізді жақсылықты білмейді деп есептейді, мүмкін өзінше оныкі жөн болар...
— Жоқ, гәп мұнда емес, — деді Пьер бір нүктеден көзін алмай әрі ашулана басын шайқап. — Оның біз туралы айтып тұрғаны дұрыс екені өкінішті... Жоқ, ең өкініштісі, менің қарсы айтар ештеңем болмағаны... Мен тұтасымен ақшаның билігінде болғаным үшін ақшаны жек көремін. Амал жоқ... Мен бұл туралы ойладым: біз уыстан шыға алмаймыз. Біз барлығының мән-маңызы ақшаға тірелген дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Анамыздікі дұрыс: оған қарсы шығу, демек бүкіл біздің ортамызға қарсы тұру — сол ортаның тұрмыс салтын мансұқ ету. Немесе жер бетіндегі тіршілікті өзгерту керек... Бір-ақ нәрсе қалады...
— Не қалады?
— Революция жасау емесе Құдай жолына түсу...
Бұл сөздер мына кітаптар, картиналардан көшірмелер және ерте дүние мүсіндерінің керіштен жасалған құймалары мол жиналған тар бөлме үшін сондай ауқымды, сыйымсыз көрінді. Робер інісіне жақын келіп, оның басын өзінің кеудесіне басты.
— Ақымақгершілікті сандырақтама.
Пьер оның кеудесіне бетін басып тұрды, үндемеді. Робер түнгі үстелшенің үстінде әлгінде Костадо ханым аңдауға тырысқан сол беті ашық жатқан дәптерге қарады. Бұл сырғытып оқып шықты және қайталап оқыды:
Өзімменен салыстырсам асылды? Кімге керек жұпар иісім татымды?
Мұхиттың толқындары кеудемді азап пенен тұңғиыққа батырды.
Падиша — ханым қолы шолақ бейшара! Әл-дәрмен жоқ не шара.
Құшағыма сені алып құшуға. Азагүлдер қаралы.
Сор маңдайымды орады, медузалар бойымды жайлап барады.
— Тыңдашы. — деді кенет Пьер Робердің иықтарынан қапсыра ұстап. — Қалайша сен оны тастайсың? Сен Розаны тастамаймын деп айтшы, солай ма?
Ағасы күрсініп, иықтарынан Пьердің қолдарын алды да міңгірледі:
— Не істеймін! Сен жаңа ғана өзін айттың ғой... Біз мықтап маталғанбыз.
ҮШІНШІ ТАРАУ
Леони Костадо бағалы құжатты олжа тапқандай алып кетіп. кіреберіс ауыздан шығысымен Револю ханым Розанын бөлмесіне беттеді. Оның шаш орамынан бір талы да шашырамай, ең төбесінде зүбәржат айшық өлі де жалтылдап тұр еді. Бірақ ол үстінен алқасы мен сақинасын шешіп тастапты. Ұлы мен қызы бұның ылғалданып қалған қол орамалап минут сайын ішінен алып көздеріне басқан жартылай ашық сөмкесінде асыл тастары жатқанын байқады. Балалары бірінші рет өздерінің адуын апаларының жылағанын көрді, бірақ бұлар оның құшағына ұмтылуға батпады.
— Сендер бәрін естідіңдер ме? — деп сұрады ол Дени осы сағаттарда өзіне келген ойды білдірерлік сөзді ақыры тапты — ол өзін қираған үйдің үйіндісі астында қалғандай сезініп тұр еді.
— Біз тірідей көмілдік, тапталдық.
Роза жастыққа басын тығып тұншыға жылап жатты. Ол өзін, өзінің махаббатын, енді қайтып оралмайтын бақытын азалау үстінде еді. Анасы ұлына қарады да, одан бейне ересек адамнан сұрағандай сұрады:
— Енді не істейсіз?
— Үшеуміз, бәріміз дереу Леоньянға баруымыз керек. Жолда Фреди — Дюпондарға Жюльенге соғамыз.
— Жоқ, — деп жалбарынды анасы, — Фреди — Дюпондарға барудың қажеті жоқ. Онда бәрі де білетін болуы тиіс...
Дени үйге артқы есіктен кіруге уәде етті, бірақ бұлар ондай сыннан құтылды. Лапдо күймеге отырып жатқан кездерінде сауық кеш фрагымен Жюльен келіп үлгерді, шүберектей құп-қу болып кетіпті; жора-жолдастарының әлдебіреуі бұған сыбырлапты:
— Бұл жерде жүретін жөнің жоқ. Ертерек үйіңе бар.
Ландо күйме ағаш көпірден тасырлатып өтіп бара жатқан кезде Револю ханым бар күшімен дөңгелек сартылын баса дауыстап, үлкен ұлына Леони Костадомен болған түсінісу сұмдығын айтып берді. Жюльен есеңгіреп қалыпты және басқаша қалай болмақ? Зиялы өмірге қатыстының бәрінің бұл үшін орасан зор мән-маңызы бар еді; жұртшылық ортасы бұның сыпайыгершілігін, мүлтіксіз жүріс-тұрысын бекер мақтап жүрген жоқ қой. Ол монокл көзілдірігінің әйнегін сүрткенін аңғармай, анасын тыңдап отырды, кейде ауыр маңқылдаған даусымен сандарды, шығыстар сомасын сөзге кірістіріп қояды.
— Келісесіз ғой, — деді ол Регина Лоратидің қаражат жұмсау мөлшерін шамалауға тырысып, — тек қана аттардың өзіне және сәнді киінген малайларға ең аз дегенде сонша кетеріне келісесіз де...
Мария аяқтың ұшымен басып бөлмеден шығып кетті, шырақты өшірмеді. Сырып тігілген түбіт жылы жамылғы астында созылып жатып Дени мамыражай өмірді қиялдай бастады. Аңға шығу мен балық аулау бұның міндетіне жататын болады: шілік атуға, өзенге ау салуға және қармақ тастауға тура келеді. Бұлар қара бидай нанын жейді. Розетта енді күйеуге шықпайды, қалан болғанда да жақын арада емес, кейінірек, бірер жылдан соң... Ал қазір бұл шаруа кейінге ысырылды... Ол кеудесін кере тыныс алды, жылы жамылғы астында керіліп-созылды. Иә... өлген жан қалай?.. Азапты бірнеше күнді бастан өткеруге тура келеді. Ауырып қалсам ғой!.. Бәрі мұны: "Қандай әсершіл бала!" — деп мүсіркер еді. Ал өліктерді жерлеген кезде абайлап көрге жайластырады, енді олар туралы сөз қозғамайды, бәрі қайтадан өз ретіне келіп, өмір жаңадан жөнге түседі.
Осы бұлдыр ойдың бәрі Денидің басына келіп кетті. Ол тіптен сұмырай емес еді, бірақ әкесінен мәңгі айырылудың ауыртпалығын әлі бүкіл жан-тәнімен сезіне қойған жоқ-ты. Қазір ол кең кереуетте жай демалып жатты. Басқа бүйіріне аунап түскенде, бөстек толтырылған сабан сытырлап қоя берді. Денесі төсектің дөрекі кенеп матасын жайлы сезінді. Жанып тұрған шырақтың күңгірт жарығында жанары алдымен еденнің қызыл тақтайшаларын, шыт шымылдықтың көгілдір және ақ жолақтарын, кереуеттің алдына төселген кілемшеге тоқылған өше бастаған арыстан бейнесін көрді; сонан соң қарсы беттегі қабырға жанында бунақ-бунақ сырылған дөңкиіп жатқан жылы жамылғы көрінді, қара көлеңкеде әлдекімнің біркелкі тыныс алғаны естіледі. Онда жатқан жұмбақ жан кім болды екен?
Бөлмеде ешқандай жиһаз жоқ еді. Бұрышқа астық қапталған қаптар жиналыпты, шарап шөлмектері салынған себеттер тұр. Дениге бір өзін қалдырғандары қорқынышты болып кетті. Бірақ басқа кереуетте жатқан денеден достық жылу, бейжай пысыл шығып тұрды. Дени онда осылай қаннен қаперсіз, тып-тыныш ұйқы құшағында кім жатқанын: өзінің емшектес қарындасы немесе қызметші қыз, әлде басқарушының ұлы Изидор Кавельге жатқанын білмеді; рас әскери борышын өтеуде, бірақ оның демалысқа үйіне келген болуы мүмкін ғой. Дени басып жастыққа қойып толқын сілемінен алыстан бұлдыраған ана аралшыққа, анау құрлыққа, қалың орман сияқты қарайған мына шашқа сығалап қарап жатты. Әтеш шақырды. Ауладан түсініксіз дауыстар гу-гуі, әлдекімдердің жүріс-тұрысы, қақпаның тарсылы естіліп, бәрі адам тағдырының қайғылы оқиғасы өз ретімен жүріп жатқанын айғақтап тұрды.
Тан бозарып қалды. Дени сол бойы ұйықтамады. Қан бүлкілдеп ыстық ағынмен мұның тамырлары және бұған көрші жатқан әлдебір хайуандық бейжай жағымды сезім әкелген екінші жас адамның тамырлары арқылы ағып жатты. Дени болған қасірет бөтен адамдардың ешқайсысын шын мәнінде селт еткізе қоймайтынын, бұл әлемде одан ештеңе өзгермейтінін бұлдыр сезінді. Міне, осы жерде оны торығу сезімі билеп кетті. Жанында тірі адам, куә болғанын қалады, сөйтті де Дени ұйықтап жатқан көршіні оятқысы келіп көрінді. Сонан соң даусын шығарып: "Құдайым-ай! Маған сондай ауыр!" — деп ыңырсыды. Бірақ шақыруы ұйықтап жатқан әлеуетті балғын болмыс берілген қатты ұйқының тәтті тұңғиығына дейін жете алмады. Дени орнынан тұрды және суықтан қалтырап, мұздай тақташа еденмен ақырын басып кереуетке беттеді.
Бірақ оған жетпей-ақ аңғара қойды, онда қыз ұйықтап жатыр еді: мүмкін түйсігімен аңдаған болар, бұл одан тараған әлдебір айрықша қуатты сезінді. Қыз... Өмірдің бір құпиясы. Жұмбақтың бірі өлім болып еді. Қыз өзін көріп қоя ма деп Дени шошып кетті. Өзінің сондай тырық, қушық кеуде тұлғасына ұялып қалды. Бұл асығыс киініп алды. Жуынбады — осындай күні жуынбаса да болады.
Ac үйдің баққа шығатын есігі ілінбеген екен. Кавельгеннің өзі мен Мария түнді мырзаның үйінде өткізсе керек. Тұман буалдырында ұйпа-тұйпа үлкен бақыт гүлдерінің сұлбасы көрінді. Кіре беріс жолды жаңа іздер шиырлап тастапты. Ит жүгіріп келіп секіріп, Денидің кеудесіне лас аяқтарымен асылды. Бастырма жанында кеш шыққан раушан гүлдері жел етінде тоңып қалтылдап тұрды. Үйге кірсем бе екен әлде әлі де тұра тұруға бола ма? Түптің түбінде бір шешімге келуі керек.
Алдыңғы бөлмеде төмпішкеде көне мәнердегі ампир шам жанып тұрды. Оны өшіруді ұмытып кетіпті де жалын таң шапағында сондай түнеріңкі көрінеді екен. Әке кабинеті есігінің ар жағынан дауыстар естіледі, сонан соң бірдеңе тарс ете қалды, сірә, әлдекім үстел жәшігін ысырса керек. Үлкен былғары диванда түсі оңған киіз қалпақтар, арзан қол пальтолар үйіліп жатыр. Дени әкесін екінші қабатқа — ұйқы бөлмесіне қойғандарын аңғарды, оның баққа қараған терезесі жартылай ашық еді.
Дени өзін тек әкесі туралы ойлауға итермелеп, басқышпен көтеріле бастады. Тірі кезінде әкесі бұған ешқандай назар аудармайтын, мұның сабақтарына, жетістіктеріне мән берген емес; әлдеқалай бөтен, түсініксіз жан еді, өзі қойған сыпайы сұрақтарына жауап берілгенін, әдетте, қажет етіп жатпайтын. Бірақ кейде ол өз ұлынан әлдебір қызықты бірдеңені аңдай қалатын да сол кезде мұны өзіне тартатын. Дени әкесінің темекі никотинінен саусақтары сарғайған арық қолдарын, оның ұйпаланған қара қастарын және кей уақытта әкесі еңкейіп баласына қараған кезде мейірім төгіліп, көңілді от ұшқындайтын қоңыр көздерін есіне алды. Оның бір мезеттік қысқа өткінші аялауы көбіне қызына бұйыратын — ол қызына гүлдер, иіссу құтыларын әкелетін, алдағы кезде теңізбен сапарға шығатындықтары туралы айтатын, Парижге апаруға уәде ететін...
Есік алдында Дени бір секунд та кідірген жоқ, өзіне ойлануға уақыт бермеді. Жылжымайтын қуыршақ төңірегінде отырған, фрак киген адамдар таң атып қалғанын білмеді. Керосин шамның хрусталь сауыты босауға айналыпты. Түнгі үстелшеге икон қойылған, оның екі жағынан екі шырақ жанып тұр, ал оның алдына қасиетті су құйылған табақшада бұтағы жатыр еді.
Денидің көзі өліктің жамылғымен оралған аяғына түсті. Дене табытқа салыныпты. Басты ораған ақ байламадан боз тартқан әлі жанды ұзын мұрт шығып тұрды. Осы жерде Дени жел өтіндегі жас ағаш сияқты басынан аяғына дейін қалтырап кетті. Тіпті алдында өлі әкесі жатқаннан да емес. Ол бәрібір баршамыз: мен де, сен де, барлық адам айналатын мүрде, өлі жан еді. Өлім-жалғыз даусыз шындық, бірден-бір ақиқат. Бұл қалай? Неге трамвайлар бұрынғысынша жүріп жатыр? Барлық пойызды тоқтатып, вагондардан күллі жолаушыны шығарып, оларға: "Сіздерді не күтіп тұрғанын білмейсіздер ме? Бәріңіз де өлесіздер!" — деп айғай салу керек. Адамдар газеттерді несіне оқиды, олардан әлемде не болғанын неменеге іздейді? Оның не мәні бар, ақыры кімнің де болса өлері хақ болса? Өлім хабарының алдында барлық газет жаңалықтары түк те емес, тіптен керек те емес. Бірдеңені оқып білудің қажеті қанша, ақыры ертең өледі екенсің және сенің іріп-шіріп бара жатқан өлексе мүрдеңді шұқанаққа көмеді екен? Міне, бірден-бір шындық... Ал егер одан тыс бірдеңе бар болса, біз оны білмейміз. Біз тек бір — нәрсеге — өлімнің хақ екеніне кәміл сенеміз. Діндер, әлеуметтік жүйелер деген не нәрсе? Жұтып әкететін үңірейген тұңғиықтың бетінде қалықтаған тұмандар мен бұлттар орнықтылық пен мызғымастық кейіп беру үшін шыңыраудың шетіне тұрғызылған бағандар ғана екен.
Дени жылап жіберді, бірақ әкесіне емес, көз алдына сондай айқындықпен көрінген бұлжымас заңдылық алдындағы үрейден жылады, ол өлік табытының жанында өлерін сезіп ұлитын ит сияқты зарлауға дайын еді. Құлып қасапхана қақпасының аузында тулап оқыранады; бұзу аққан қанның иісінен бүрісіп қалады: адам баласы көздерін ашып, барлық тірі жан біткенді күтіп тұрған тұңғиыққа үңіліп қарауға мәжбүр. Иә, осы адамдар қалайша бірдеңе жасайды, абыр-сабырға, әбігерге түседі, қайдағы бір болмашы нәрселер туралы ойлайды, өздері сияқты өлімге душар басқа бір жандарға үйірсек бола қалады? Олар қалайша махаббат машақатына батып, келешек өлмек жандарды дүниеге әкеледі, құтқармайтын өлім құрбандарын туады. Адамдарда түрлі наным бар, олар әр нәрсеге бір сенеді. Ал өлім сенуді қажет етпейді, оны жүзбе-жүз, өз көздеріңмен көресің, әр сәтте онымен ұшырасасың, кездесе қалсаң оның алдында тағзым етесің... Дени өзін иығынан Роза құшақтағанын сезінді және оның нәзік мойнына асылып, жас жуған бетін жасырды. Ол өзінің апайына, тірі жанға, демек өлімге душар жанға жармасты. Тек тастар ғана өлмейді. Ал Роза: "Дени қалай әкемізді жақсы көрген. Оның әкемізді осылай сүйетінін білмеппін", — деп ойлады. Дени оның алданып тұрғанын, өзі оны алдап тұрғанын, бұл және бұның қайғысы туралы Розаның түсінігі тіптен жаңсақ екенін сезді. Бірақ апайы өзін Дениге арнауы, тек бұған қамқорлық жасауы, жұбатуы, қолдауы үшін оны алдау қажет еді — бұл оның көз алдында өзге жан, шын болмысынан гөрі тәуір бола қойсын, ол бұған терең сезімін арнай берсін, бұған өзінің бүкіл жүрегін берсін және өлі де қураған ағашқа шырмауықтың жасыл тармағы, оның жанды әдемілігі жабыса қалатыны сияқты бұған жармаса берсін.
Өрекпу толқыны қайта бастады. Дени бөлмеге көз жүгіртті: мұнда апасы да, Жюльен де жоқ екен — тек Ланден мен Роза ғана. Роза шамды өшірді де терезені сол ашты, інісін терезе жанына отыруға шақырды. Дени кеудесін толтыра сап салқын ауаны жұтты.
Бұған осы жерден балауыз шырақ жарығы мен таңның жалындап келе жатқан алқызыл шапағы түсіп тұрған Ланден жақсы көрінетін. Тіпті қайғы да оның жүзіне ізгілік ізін түсірмеді. Оның көзінен бір тамшы да жас шыққан жоқ және төңірегіндегі ештеңеге алаң болмай, мәйітке қарап отырды, кескін-келбетін зерттеп тұрған сияқты оған әлдеқалай тесірейе барлай қарайды. Мүмкін Ланден қожайын тірі кезінде еш уақытта оның жүзіне тіктеп қарауға батпаған болар, енді өлім ол пендені толық мұның билігіне беріп қойды. Ланден ақыры өзін ынтықтырған әуестік ынтызарын басып алатын болды. Енді Оскар Революдің оны көзіңді жұма қара деп мәжбүрлеуге қауқары жоқ. Сондықтан Ланден өзінің дәрменсіз ардақтысын көзімен ішіп-жеп отырды. Ол көңілінде мұның келбетін сақтап қалғысы келгендей, өзінің ақырғы күніне дейін жадында жүрер естелік сіңіріп тұрғандай. Ол осында жерлеуден кейін де келіп, кейде иттер сөйтеді деп айтатын сияқты, өз қожайынының өлген төсегінің жанындағы кілемшеге жатып алуға да бар-ау.
Денидің өзіне қарап тұрғанын сезіп, Ланден бұрылды да жасөспірімге мұнартқан көкшіл-боз көздерін қалады. Сонан соң орын тақтан тұрып, кереуетті айналып Розаға келді; оның құлағына бірдеңені сыбырлады, соңынан Дениді ерте есікке беттеді.
— Дени, бізге көмектес. Ағаңыз өзінің бөлмесін іштен тарс жауып алды, енді сол жерден ешқайда шықпаймын дейді, өзін аштан қатырғысы келеді. Оның бұнысы, әрине, басылады, бірақ ол қазір есінен ауып қалды, ал ол бізге керек — өйткені үшеуіңіздің ішіңізде кәмелетке толған сол ғана. Менің оған еш ықпалым жүрмейді... Оның мені ұнатпайтынын білесіз ғой... Ал ол сізді тыңдауы мүмкін... Онымен сөйлесіңіз, ол сіздерге әке орнына әке болуға тиіс екенін есіне салыңыз...
Тірі жанның бөлмесінде өлген адамның бөлмесіндегі жаман мөңкіп тұрды. Дени терезені ашуға асықты. Жюльен жылы жамылғы астымен таз басын шығарды.
— Жап! Жап қане! Кім саған рұқсат етті?
Жюльен әр түрлі өкім беріп тұруы үшін керек, төмен түссін деген Ланденнің сөзін Дени айнытпай қайталады. Бірақ тақыр бас қайтадан жамылғы астына тығылды. Жоғал, араласпа, енді маған бәрібір, адыра қалсын бәрі де.
— Жюльен, бірақ сіз үлкеніміз ғой, кәмелет жасындағы сіз ғана...
— Ал мен жынды немесе нақұрыс болсам, менің керегім болмас еді ғой... Міне, солай, тамаша, мен жынды әлде нақұрыспын — оны өз қалауларың білсін, өздерің таңдаңдар. Мен енді қайтып ешқашан төсектен тұрмаймын. Естідің бе? Енді ешкімді де көргім келмейді. Егер маған тамақ әкелмесе, аштан өлемін. Неғұрлым ертерек өлсем, соғұрлым жақсы... Сен әлі баласың, менің қандай биіктен құлағанымды сен түсінбейсің. Менің Оскар Революдің ұлы ретінде жұртшылық ортасында кім болғанымды, қандай орында жүргенімді сен елестете алмайсың (оның дауысында мұңды желпініс бар еді)... сен білмейсің... Мен алдыңғылардың, ең үздіктердің ішінде едім... Енді мұны айтуға болады. Бәрі де: "Міне, Оскар Революдің ұлы"..., — деп сыбырласатын. Мені қандай азап күтіп тұрғанын сен түсіне қояр ма екенсің!.. Менің әлдекімдерге қол бермеген де кездерім болған, бірақ ешкім маған қолын ұсынбауға батпайтын. Ал енді мен бір кезде иіле қоймағандар, мені байқамаған сияқты кейіп көрсетеді.
— Сен басқа қалаға кете аласың ғой, — деді Дени батылы барып.
— Басқа қалаға? Есіңнен алжастың ба? Жо — жоқ, болмайды. Мен өз сорымды еңсемді түсірмей көтерем. Мен клубтан шығатыным туралы өтінішімді жолдап та жібердім... Құрбандық шалынды... Мен қарамды құртамын. Қағидаты өзіне-өзі қол жұмсауды көтермейтін адам қаншалықты жоқ болып кете алатынындай, із-түзсіз жоғаламын... Баяу өліммен өлемін. Бәріне әлгі оңбаған Ланден кінәлі, енді әр түрлі айла-шарғысын ойлай берсін, қалағанынша амалдасын.
— Бірақ апамызды қайтеміз? Роза не болады?
— Егер мен делқұлы болсам, жағдайдан бірдеңе етіп шығар едіңдер ғой, рас па? Міне, солай, менің делқұлылығым ұстап тұр, адамдармен кездесу туралы, олардың көздері жайлы, көз сұқтары жөнінде бір ғана ойдың өзі мені аласұртып жібереді...
Құс өзінің ұясын қалап жасайтыны сияқты, бұл да адамдардан қорқудан өзіне бас сауғалау жасап алды, бұл оны ойлап тапты да, бірте-бірте тереңдетіп, сонда жайласты. Қабырғаға бетін бұрып, Жюльен тым-тырыс бола қалды және кайтып тіл қатпады.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Ұлдары бөлмеден шығып кеткеннен кейін Леони Костадо кереуетінде өлі де ұзақ отырды; рухани шаршаудан дел-сал болған оның шешінуге шамасы жоқ еді. Өзінің жақын құрбысы Леони Костадо төрт жүз мың франкты талап еткен кезде Люсьеннаның түсі қалай бұзылып кеткенін ұмытуға бола ма деп ойлады бұл.
"Мүмкін мен онымен тым қатты кеткен шығармын? Жоқ, мен өз парызымды орындадым". Бірақ ұлдарының уәждері өзінің қытығына тиетініне Леонидің тағы да көзі жетті. Ол балапандар ылғи да аналарын ар-ұятқа шақырып, мұның жанын ұяң етумен, түкке қажеті жоқ кірпияздықты оятумен әлек. Бұл ұлдарына ашуланып отырды: оларсыз күн жоқ, ал олар болса мұны одан сайын әбігерге салады. Егер бұл олардың сотының алдында тұрмағанда, мүмкін осы түнде тыныш ұйықтаған болар ма еді.
Дегенмен, бұл оларға ақиқатты ақтарып салды: шын айтуында, мұның қарақан басына ақшаның тіптен қажеті жоқ, өзіне ештеңе дерлік жаратпайды, еш уақытта сауық-сайран іздеген емес және іздемейді де. Енді, міне, қартайды, өмірде еш жақсылық көрмей-ақ өліп кетеді. Дүниені аралап деген ой ешқашан басына келген де емес, еш уақытта тәлпіштенбепті. Егер адам өзінің қазынасы туралы, өзінің үй-мүлкі жайлы қам жеуі тиіс болса, әлгілерді ойлауға мұршасы келе ме... Мұның тіпті гayhap асыл тастары болған емес... Ал бұл ол кәсіппен бекер әуестенбепті: ең сенімді құнды нәрселер — алтын мен асыл тастар ғой.
Ақша оның барлық ой-ниетін билеп алған, бірақ бұған онысы дүние шашарлар кенелтетін рақатты да, сараңдарға әкелетін сүреңсіз қуанышты да бере қоймапты. Мұның тіршілігінің бәрі қарабайыр еді: бұл өзінің ата-анасы жасағанын жалғастырды, сыннан өткен қағида: тәртіптен, үнемшілдіктен, ұқыптылықтан айнымады. Кірістің тек жартысын ғана жаратты, қалғанын қорға салды, айналысқа жіберді. Ал дәулетті еселей отырып, мұнда да дағдарыстан сақтандырар белгілі бір ережелерді ұстанды: тәуекелге ұрынбады — "барлық жұмыртқаны бір себетке салмады", мұра алған немесе берген әр жолы барған сайын алдау қиынға түсіп бара жатқан салық басқармасын алдарқату үшін едәуір соманы нақты ақшамен қолда ұстады .
Ал мына "екі ақымақ" бұның орныққан ойын заңын бұза алмайтынын түсінбейді: бұл ата-анасы салған жолмен жүріп келеді және барлық істе оларды үлгі тұтады. "Ақша бізге билігін жүргізеді, оның өз заңы бар және әңгіме біздікі сияқты болмашы дәулет туралы ма, әлде адамның басы айналар сондай қисапсыз байлық туралы ма, бәрібір оған бағынуға тура келеді. Мен барлық мүмкін және мүмкін еместі жасауға, қалайда осы төрт жүз мыңды құтқаруға міндетті едім. Иә, төрт жүз мың үшін аспан мен жерді төңкеріп жіберерсің! Мұндай ақша үшін не істемейсің!" — деп ойлады Леони Костадо. Робер мен Пьеро мұраға иелік етуге кіріскен кезде олар ақша қоятын осы талаптарға бұлжытпай бағынатын болады. Ал егер бәрін ұлдарына берсе ше?! Сірә, ең дұрысы осы шығар. Олар дереу естері кіріп, өздерінің апаларында, расында да, жымысқы ой жоқ екендіктеріне көздері жетеді. "Өйткені маған ештеңенің де қажеті жоқ, — деп күрсіне күбірледі Леони жылы жамылғымен бүркеніп жатып. — Маған ештеңенің, тіптен еш нәрсенің қажеті жоқ!"
Ұлдарыма бөліп беру... Бөліп беру. Бұл ой мұның басына бірінші рет келіп тұрған жоқ. Леони ол ойды өзінен қуған себебі, онда Пьерді қамқорлығынан босатуға тура келеді. Бірақ, түптеп келгенде, мұны неге жасамасқа? Оның мұраға өз үлесін басқару құқығын апасына, егер апасына бермесе, онда ағаларына беретіні сөзсіз, — демек, бұл жағынан ешқандай катер төнбейді. Роберден қорқатын ештеңе жоқ, ол үркек, дәулеттен айырылып қаламын ба деген үрейден өз ақшасы үшін дірілдеп, тез оның билігіне мойынсұнады. Иә, шынтуайтына келгенде, Гастон да сол... Қазір ол, әрине, шашып және анасы төлейтінін біліп, қарызға ұрынып жүр, бірақ одан қайдан дүние шашар шыға қойсын! Ол өзінің рақат тіршілігін қадірлейді және барлық ләззаттың көзі ақшадан айырылғысы келмейді. Иә, әлдебір жағдай бола қалса, барлық уақытта қамқоршылар кеңесіне жүгінуге болады...
Бұл қандай мақтанышпен оларға айтар еді: "Сендер дүниеде мен үшін бәрінен де ақша қымбат деп ойлап едіңдер, мә, сендерге!.. Бәрін алыңдар, мен сендерге өзімнің бүкіл байлығымды беремін, өзіме қайыр сұрап, қол жаймас үшін азын-аулақ қалдырамын". Осы ойлар оны тебірентіп, жанын мақтаныш кернеп, шаршағаны сап басылды. Мұның Роберге қазір барып, нақ осы минутта онымен сөйлескісі келіп кетті. Бірақ ақылды әйел ретінде мұндай өрекпуге бой ұра қоймады. Сабыр түбі сары алтын. Дұрысы ертең сөйлескен немесе тіпті бірнеше күн күте тұрған. Мұраны бөлмек болған батыл ойынан мұның жаны жай тауып қалды; Люсьенна Револю сияқты кедей боламын, бірақ масқаралықпен тақырға отырудан емес, ізгілікті іс істеп, байлықтан еркімен бас тартқандықтан деп, қиялға берілу сондай жақсы еді.
Ол таң атқанша кірпік ілмеді, бәрін саралады, есеп-қисапқа салды, осы жоспарларымен ол Биржа алаңындағы әйдік үйде істеген қылығы үшін ар азабынан қорғаныш іздейтінін және оның күйзеліске ұшыраған иелерінің қарғысын жұмсартқысы келетінін түйсіне қоймады, түн қараңғылығында олар мұны тұс-тұсынан анталап тұрды: бұл олардың түнерген түрлерін көрді, өзіне қадалған оқты көзқарастарын сезінді.
Леони үш сағат қана ұйықтады және газеттің тысырынан оянып кетті. Сонан соң Пьердің: "Ол түнде өзін-өзі өлтіріпті" — деген даусын естіді. Көзін ашқан Леони мұның кереуеті жанында орындықта Робердің жылап отырғанын көрді:
— Тоқтай тұр. Кәне, ақылдасайық. Мен оларда — Биржа алаңында он жарым шамасында болдым. Қасіретті оқиға содан кейін он бес минуттан''соң болған. Демек, Люсьеннаның қолын қойып беруі мен оның күйеуінің өлімі арасында ешқандай байланыс жоқ. Мені не үшін қинайтындарыңды түсінбеймін. Бәле менің оған тым кеш барғанымда ғана, — күні бойы өзіммен арпалыстым. Егер мен бұған ертерек бел буып, күндіз барғанымда, Оскар мүмкін қазір тірі болар ма еді. Не? Неге маған осылай қарайсыңдар?
— Тағы бір нәрсе бар, — деді Робер. — Сіз оның әйелі мен балаларынан соңғы алып қойсаңыз, біздің ағамыз Гастон оның ашынасын тартып алды...
— Оттай бересің! Бұл жерде менің қатысым қанша? Мен Гастонды тізгіндей аламын ба? Байғұс Оскар оның Гастон екенін білген де жоқ, қалай болғанда да, мен солай ойлаймын... Иә, егер Гастон болмаса, басқа әлдебіреу кезіге кетер еді. Олар ылғи сөйтеді!.. Өйткені Оскардан алатын ештеңе қалмаған... Сендер шынымен немене өздерің! Мен сендерден кем қайғырып отырған жоқпын, бірақ бұл жерде біздің қатысымыз жоқ...
Одан да бұлардың мұны кінәлағандары, ашып айтқандары жақсы еді. Бұлар неге үндемейді, өздерінің ішкі сырларына мұны неге қанықтырмайды? Аналары өздерінің қайғыларын түсіне алмайды деп мұны неге қорлайды? Робердікі — махаббат, Пьердікі — достық. Мұның өзінде жүрек жоқ па? Бір кездері бұның жүрегі көрікті Оскар Револю, бүгін газетке шығып отырған осы Оскар деп соққан... Бұл ұлдарының тұнжыраған, жабыраңқы жүздеріне жалбарына қарады. Ешқандай үміт жоқ... Бұл мына жек көрушілікті еңсере алмас... Солай еткенде болмаса... Кенет бұған түнімен маза бермеген ой — ұлдарына бөліп беру ойы қайтадан есіне келе кетті. Мұның қазір оларға осы ұсынысты жайып салғысы келді! Аналарың туралы жаман ойлаушы болмаңдар! Бұл ақшаға мен тек сендер үшін ғана жармастым, өз басым ақшаны әспеттей қоймаймын, қалай болғанда да, енді өлермендік жасамаспын, маған ештеңенің қажеті жоқ. Өмірде шалқып кете алмады, бұл ұлдары үшін бәрі-бәрін мансұқ етті, ал олар аналарын түсінбейді. Өздеріңнің бейбақ апаларыңды азапқа салмаңдар, оған бір түкпірде бейжай өлуге мұрша беріңдер. Осы үйлердің және басқа да жылжымайтын мүліктердің бәрі маған сондай қажет деп қалай ойлайсыңдар, ә? Иә, айтпақшы, заңның бәрі үй иелеріне қарсы шығарылған, олардың құқықтары жай айтарға ғана. Жоқ, бұл дүниеде оған ештеңенің қажеті жоқ, тек өзінің төрешілерінің таңырқағанын, олардың жүздері жадырағанын көрсе болды. Леони Костадо енді шыдай алмады.
— Сонымен, қымбатты ұлдарым, бәрі де өте қарапайым. Бүгін түнде, мен әлі Оскар Революдің қазасы туралы естімей тұрып-ақ, бұлтармас шешімге келдім және сендер енді мен туралы басқаша пікірде болатын шығарсыңдар деп үміттенемін. Мен мұраны бөлмекпін. Иә, иә, жаңсақ естіген жоқсыңдар. Тек Пьероны қамқоршылықтан босату керек, өйткені ол не бары он сегіз жаста ғана. Әрине, бұл менің тарапымнан абайсыздық болуы мүмкін. Бірақ Пьеро ақылды болады және мұрадан өз үлесін басқаруды маған бұрынғыдай береді деп ойлаймын.
Мұның көңілі жабырқап қалды: ұлдары еш таңырқаушылық білдірмеді. Олар мүмкін мұны түсінбей әлде сенбей тұрған шығар? Аналары түсіндіруге ұйғарды. Олар меңіреу ме, немене? Мұның ниетінің бүкіл маңызын түсінбей ме?
— Болу? Бізге әкемізден қалғанды бөліп бермексіз бе?
— Әкелеріңнен қалғанды да, өзімнің жеке дәулетімді де. Әрине, өзіме шамалы рента қалдырамын. Өйткені бірдеңені талғау ету керек қой.
Анасының уәделік көп сөзінен Пьердің есінде тек жиі қайталанған, өзінің ылғи зәресін алатын "құнды қағаздар", "акциялар", "рента", "жылжымайтын мүлік" деген сөздер ғана қалды. Осы игіліктің бәрін бөлмек болғандарымен, мұның оларға деген тыжырынуы кеми қойған жоқ.
— Қойыңызшы, апа, — деді Робер. — Сіз мұның бәрін торыққан сәтіңізде ұсынып отырсыз. Ал егер бөле қалсаңыз да, кейін қатты өкініп жүресіз. Жоқ, мұның бәрі байсалды әңгіме емес екенін өзіңіз де түсінерсіз.
Өзінің тәуекеліне елтіген анасы қарсыласа кетті:
— Ал мен сендерге біржолата шештім деп айттым ғой. Леоньянда қандай сұмдық қасірет болғанын білмей тұрып-ақ, түні бойы осы туралы ойлап шықтым. Сендер мені дүние қоңыз деп ойлайсыңдар, мұны сендердің бастарыңнан шығару қиын. Көреміз, мен бәрінен бас тартып, өзіме тек аштан өлместі ғана қалдырғанымда не дейтіндеріңді.
Ұлдары ақыры тебіреніп кеткен сияқты болды.
Пьеро:
— Сонда қалай? Робердің Розаға үйленуіне бола ма? — деп сұрады.
Аналары ойланбастан жауап қатты:
— Әрине. Егер қаласа. Тек алтын таудың астында қаламыз деп қиялдамай-ақ қойыңдар... Сендерді бай деп айта қою қиын. Солай! Кіріс түсіріп тұрған үйлер қазір тіптен құнсызданып кетті. Ал рентаның бағамы барған сайын төмендеп барады. Біздің дәулетіміз өте кеміп кетті: және оны үшеуіңе бөлуге тура келеді, менің де күнкөрісіме қалуы керек... Жоқ, Робер, босқа алданба, бүкіл Револю отбасын асырайтындай шамаң бола қоймайды...
— Бұл енді оның шаруасы, — деп киіп кетті Пьер.
— Әрине, тек оның шаруасы. Бірақ ол тіпті тұзаққа өзі түскісі келсе де, мен шешімімді өзгертпеймін.
Пьер мұңая ағасына қарады. Робер бұл әңгіменің бәрі оған еш қатысы жоқтай темекі шегіп, біршама сырттау тұрды.
— Робер, не ойлап тұрсың?
Робер өзінің кәдуілгі ынжықтау үнімен Леоньянға барсам ба екен, әлде жоқ па деп ойлап тұрғанын айтты.
— Керегі жоқ, — деп кесіп тастады анасы. — Оларға сені көру ауыр тиеді. Розаға хат жаз, Пьеро өзінің досы Дениге жазсын, ал мен Люсьеннаға жазайын. Балам, сенің ақылыңа сенемін, қандай қаражатың боларын әзірге дәл білмей тұрып, өзіңді аңғалдықпен матай қоймассың деп ойлаймын. Және мүліктерді бағалау, әрқайсыңның үлесіңді анықтау, барлық қажетті рәсімді орындау үшін біршама уақыт қажет...
— Әрине, — деп үзіп жіберді Пьер. — Демек, мұның бәрі тек сөз екен ғой. Іс жетер жеріне жеткізілгенге дейін тоса тұрармыз.
Леони Костадоның көздерінен жас ыршып кетті. Бұнысы ұлдарын қымсынды. Пьеро еңкейіп, мұны сүймек болып еді, бұл қашқақтады.
— Жо-жоқ. Мені қалдырыңдар... Сендерде қайырым жоқ. Бірақ бәрібір, мен қалай ұйғардым, солай істеймін. Сендер менің тірлігімді әділ бағалайды деп, әрине, еш үміттене қоймаймын. Егер мен тіпті бәрінен бас тартқанның өзімде, сендер бәрібір тағы әлдеқалай бекершілікті маған итере саласыңдар. Мен сендерді білемін, екеуің де қатыгезсіңдер. Гастон жеңілтек, бірақ ол жаманшылықты ойланбастан, толғанбастан, өзінің өрекпуімен жасайды. Бұнысы, әрине, жақсы емес, бірақ онда, дегенмен, жүрек бар... Жоқ, қалдырыңдар мені, кетіңдер.
— Өкініштісі сол, — деді Пьер мұның артын ала Робер оның бөлмесіне кірген кезде, — апамыздың бүгінгі көз жасы мені тебірентіп тұрған жоқ, алайда мен адамдар жылап тұрған кезде шыдай алмай кетемін, аяушылықтан менің ішімде бәрі астан-кестен болады. Неге бұл кісі кіммен істес болып тұрғанына қарай бірде шөл, бірде көл бола қалады.
— Дегенмен, біз оның жанының тынышын алдық, енді ол адамгершілік құндылықтардың бұған дейін өзіне жақсы қызмет етіп келген бұрынғы өлшеміне жүгіне алмайды. Оның мүліктерді бөлетініне кәміл сене бер... Жолың болды, балақан! — деп кенет оның даусы шығып кетті. — Осындай мол ақшаны қайда жұмсайсың, Пьеро?
— Сонда қалай? Менде ақша бола ма? Менде?
— Әрине! Сені қамқоршылықтан босатады ғой.
Пьер ағасына қарады да қуанғанынан айғайлап жіберді:
— Мен бәрін саған берем! Ал да Розаға үйлен!
Ағасы оны басынан сипады.
— Есіңнен алжасқан шығарсың, балақан!
— Ал сен не, қалайсың ба, менің он сегіз жасымда...
Бұған тек өмірімнің соңына қарай қауіп төндіруі мүмкін қатерлі дерт — тойымсыздық елесі кенет мұның алдынан ерте жастан-ақ қылаң бергендей көрінді және бұл оны қууға дайын еді. Байғұс Пьеро! Ол қалай төңірегіндегілер күшті болмақ? Тек қашып құтылмаса... Болуды күтеді, мұрадан өз үлесін Роберге береді, ал олар Розамен екеуі үйленген кезде осы жерден кетеді... басы ауған жаққа тартады. Жұмыс істейді. Ештеңенің қажеті жоқ, тек қос қолына қайрат берсін.
БЕСІНШІ ТАРАУ
Дени Револю әкесін жасырын қойғандай болған жерлеуден соңғы сол бір күндерді кейін айрықша күрсінбестен еске алып жүрді. Анасы, Роза және Ланден істерді орайына келтіру үшін таң атысымен қалаға жүріп кетіп, кешке бір-ақ оралатын. Үйде тек Жюльен қалады, бірақ ол айтқанынан қайтпай, өз бөлмесінен шықпай қойды. Дени Кавельгелердің қолында тұрды. Бұл колледжді қойып, бірақ үшінші тоқсаннан бастап лицейдің жоғары сыныбына оқуға баратын болып ұйғарылды. Дени аяқ астынан болған демалысқа қуанып жүрді. Ол Ирен Кавельгенің кереуетіне қарсы тұрған сол кереуетте ұйықтайтын, бірақ қыз енді ата-анасының ұйқы бөлмесіне ауысып алған-ды. Қыз күнде сол жерлік тігіншіге іс тігуді үйренуге баратын. "Әрине, бұған ешқандай қажеттілік жоқ, — дейді оның анасы, — бірақ біз оны әлдебір колөнерге үйретпесек, жұрт сөз қылады. Оның үстіне қызымыздың іс тігуге бейімі бар, өскен соң оған қаражат береміз, ол өз шеберханасын ашатын болады". Ирен үйге кеш — Дениге уақыт шексіз созылып кеткендей көріне бастаған кезде келетін.
Күн жарық кезде Дени зеріге қоймады. Ол бұрын ешқашан деревняда қыстыгүні болмаған еді, енді оны желтоқсанда сондай жұмсақ ауа райы тұрғаны қайран қалдырды. Бұл үйдің күнгей жақ бетіне шуақтап отыруды ұнататын, өзінің күндізгі жолын асыға жүріп өткен күн тұманды жарып етуге бар қайратын салған қысқа уақыт өз жеңісі кезінде Денидің төңірегіне мейірлі, әйтсе де әлдеқалай әлсіз нұрын төгетін. Даланың қысқы бояуы бұл ойлағандай сондай сүреңсіз емес екен, бақта мәңгі жасыл жапырақты ағаштар көп еді, қораның ар жағында құмдауыт дала созылып жатыр, екінші қабаттың терезесінен қошқыл — жасыл бөктерлі кеңістік көзге шалынады. Сәуле жаңбыр жылғаларына шағылысып жылтылдайды. Төбелердің оңтүстік бөктерлеріндегі жүзімдіктер әлі қырқылмаған, сондықтан жалаңаш сарғыш жүзімдер алыстан түлкінің ұлпа терісіне ұқсайды; көлдер жағасындағы тал тоғай өзінің ажарын бермеген түсімен, нәзік бояуымен көзді қуантады. Сол күндері алқаптан жазғы кездегіге қарағанда әлдеқайда қатты да жұмбақ, өсімдіктерден гөрі топырақтың өзінен шығып жатқан, — өткір болғанымен ұнамды дымқыл жер иісі көтерілетін.
Алайда, Дени ой жіберетін нәрсенің бәріне енді мұның өзі білетін өлім туралы ой киліге береді және бұған өлім — түптің түбінде бүкіл жанды тіршілік астасып кететін табиғатпен осынау сезім жақындығына қарабайыр қуанғаннан басқа өзіне енді ешқандай бақыт қалмағанына көзін ашқан бірден-бір анық ақиқат сияқты көрінді. Бірақ үнемі қатер төніп тұратын бұл күндізгі жылы да шуақты сағаттар сондай қысқа еді. Бұлт үйірілсе болды-ақ күннің шамасы әлжуаз әлемді жылытуға келмей қалады.
Ондай кезде Дени жапсарлас үйге барып, оттың түбінде отырды. Мария Кавельге мұны алдарқатуға, әңгімеге тартуға тырысады, сөйтіп істің жайы туралы барлық жаңалықты мұнымен талқылайды. Кейде бәрі өзінен-өзі реттелетіндей көрінді: Нотариустар палатасы таратуды өз мойнына алатындай сияқты... Бірақ келесі күні Оскар Революдің әлдебір операциялары сөзсіз алаяқтық сипатта болған екен деген қауесет гу ете қалады. Марқұмның жесірі мен балалары өздері үшін әлі күнге қалайша ештеңеден тартына қоймағанына Мария Кавельге таң қалады. "Расында да, ғажап! Байлар тақырға отырса да, өз бастарында ештеңе бола қоймаған сияқты бұрынғыша тұра береді, ә".
Кешкі сағат алтыға қарай Ирен Кавельге оралады да өзінің тігіп жатқан ісін қолына алады. Дени оған "Үйелменсіз", "Андромаха", "Фенуярдың отбасы" немесе "Федра" деген кітаптарды дауыстап оқып береді. Осы қыздың жанында болуы бұған жағымды толқу, әлдебір беймәлім қуаныш әкелетін. Кешкі ас үстінде күні бойы маздап жанған отқа бұқтырылған қабырға қосылған ал жұмырды асықпай жейді; кейде тамақтың аңқыған иісі мырзалар үйіне дейін барады. Кешкі сағат тоғыз шамасында ошақтан күлді алып, оған қайтадан ағаш отын салып қояды. Сонан соң өз бөлмелеріне тарап, ұйықтауға жатады. Дени бірден ұйықтап кетеді және оны таңғы тәтті ұйқыдан ескі ландо күйменің дөңгелектері табанынан шықырлаған қиыршық тастардың таныс тысыры оятып жібереді. (Олар алғашқы күндері күймемен барып жүрді, сонан соң трамвайды қанағат тұтуға тура келді). Інісін сүйіп кетуге Роза жүгіріп келеді. Оның үстінен дымқыл тұман мен қала иісі шығып тұратын; Денидің сұрақтарына ол: "Мұның бәрі өте күрделі шаруа, ұзақ әңгіме... Бәрі ретіне келе жатыр. Ұйықтай ғой, қымбаттым", — деп жалтара жауап берді. Өзіне хат жоқ па дегенді селқостау үнмен сұрайды. Оның кімнен хат күтіп жүргенін Дени жақсы біледі. "Жоқ, ешқандай тұшымды хат болған жоқ", — деп жауап берді бұл.
* * *
Сол күні, — күн бейсенбі еді, — Дени бақта шарбаққа сүйеніп тұрған. Есігін ашып қойған жылыжайдан қазтамақ пен қарашіріктің қою иісі шығады. Әлдекім велосипедпен жолда келе жатты. Дени Пьер Костадоны таныды, оның шешесі Биржа алаңындағы үйге қаһарын төге келіп кеткелі бері оны көрген жоқ еді. Қаша жөнелуге енді кеш. Міне, осы жерде Дени ағасы Жюльеннің күйзелісін түсінді: бұның да бәрінен сырт айналып, жоқ болып кеткісі келді. Пьеро бірер қадам жетпей тоқтады; Дени өзінің досы қатты абыржулы екенін көрді. Енді ол мұны өз қиялында әспеттеп, бұған қайдағы бір асқақ сезімдерін арнайды. Алайда, Дени: "Мен тіпті де сен ойлағандай жан емеспін...", — деп ашулануды қойғаны қашан. Расында да, біздің әзәзіл дұшпандарымыз ішкі болмысымызды бұрмалап, бізді төмендететіндер емес, жоқ, біздің жауларымыз деп болмысымызды өз қалауынша кейіптеп, өзінің табынушысы жасайтындарды есептеу керек. Мына бұлтара алмайтын кездесу Денидің берекесін қашырды: жалған сезімдер ұйығына малтығып, Пьер Костадоның қиялындағы бейнеге сай болғанымен, өзіне тіптен жат кейіпке енуіне тура келеді.
— Сен маған қол беруден тартынбассың? — деп сұрады Пьер күбіжіктей.
Ол велосипедін жылыжай қабырғасына сүйеп қойды. Пьер Костадо он сегіз жасында Дениден бойшаң, есейген жігіт көрінді, кең жауырынды еді; күн сәулесі оның олпы-солпы қырынған бетіндегі қылшықтарды жылт-жылт еткізді. Қыстың суығына қарамастан, ол бусанып тұрды және оның қысқа дөңес мұрнының ұшында тер тамшысы жылтырайды. Ұсынылған қолды Дени ілтипатпен қысқан кезде, Пьер толқып тұрып:
— Сенің кең пейілдігіңді мен білгенмін... Біз сендерге қаншама кесір тигіздік..., — деді.
Дени иықтарын қиқаң еткізді.
— Ол туралы айтудың қажеті жоқ, — деді бұл қажыған кейіппен.
— Сенің оған қатысың жоқ.
— Дени, сенің білгеніңді қалаймын, — мұның бәрі менің өміріме үлкен әсер етпей қоймайды.
Дени бой күйездеу соза:
Солай ма? — деді. Және оның үнінен Пьердің жан тебіренісіне бұл маңыз бере қоймайтыны бірден сезіліп тұрды.
— Сендерге солай істегені үшін еш уақытта шешемді кешірмеймін... Сен, сірә, ойларсың: "Одан сен үшін ештеңе өзгермейді", — деп. Өзгергенде қандай... Сен тек ешкімге айтпа. Айтпайсың ба? Тыңда, мен үйден кетемін. Тап осы жерден кетемін.
Дени титтей де ден қоймады, тым болмағанда таңырқамады да.
— Иә, сен бұл туралы көптен айтып жүрсің.
Пьер өз шешімі бұл жолы бұлтақсыз екенін мәлімдеді. Оны бұған дейін тек бір ғана ой тоқтатып келген, Дени мүмкін қандай ой екенін сезетін болар? Дени басып шайқады.
— Сенімен айырылысқым келмеді, достым. Ал сенің түкіргенің бар ма?
— Білесің ғой... Күні бұрын қапа болудың қажеті не? Сен шынымен кетіп қалғанша күте тұрармыз...
— Тыңда, Дени. Міне, мен не ойладым... — Пьер өзін селқос тыңдап тұрған досына жақынырақ жылжи түсті де кенет төтесінен қойып қалды: — Ал егер біз екеуміз тартып кетсек ше?
Ол ашулану, кінәлау, кекету күткен еді, бірақ Дени ұсынысты сондай селқос, соншалықты ықылассыз тыңдады. Ол бұның сөздерін естіді ме екен өзі? Сонда Пьер:
— Мен, әрине, жай, күлкі үшін айтып тұрмын... Сенің осындай сәтте жақындарыңды тастап кетпейтініңді білемін..., — деді.
— Кибеланың азабын мен енді түсіндім, — деді Пьер. — Ол өзінің алыптығынан азап шегеді; ол адамның өлшеміне сыймайды, оның денесіне адамның құшағы жетпейді. Түсінесің бе? Мұны айтып жеткізу өте қиын... Міне, ол Атиске айтып жатыр:
Сыңғыр күлкің жылғалардың сылдырымен жарысты,
Мен тұманды бұтақтармен сейілтпекке алыстым.
Көздерің сенің жайнайды. Жұлдыздардың көктегі сенен несі керемет?
Мен үшін олардың жылуы жоқ жанарлары не керек?!
Сәулеңмен сенің жанымның құпия қалтарысына кірген көрік,
Самал желімен әрі жер дәмімен еліктіріп.
Жер кіндігінен жаралып, менімен мәңгі астасып,
Атис, ұмыт болды сенің қолдарыңнан басқасы:
Сен шөптерді — шашымды тарайсың, бұл құрмет ес-білгенге,
Теңіз үстінде азалы ышқынысым естілгенде,
Тұнжыр жағадағы ұйқысын ашар едім халықтың.
О, мен дәрменсізбін! Сен мені ерніңмен күйдірдің-
Құшағыма сені қыса алмай қамықтым.
Пьер өз дастанын сөздерді мұрнынан шығара әндетіп оқыды. Сырт тыңдаушыға бұл мәнер, сірә, күлкілі көрінуі мүмкін еді. Бірақ Дениге бұл өлеңдерді өзгеше оқу мүмкін еместей әсер етті және ол еш уақытта елсіз жол шетінде қыстың осы ымыртындай тылсым сырлы естіле қоймас еді деп ойлады.
— Кибела — жер, Атис ол үшін тұтас әлем... Гректер табиғаттың дүлей күштерін және аспан шырақтарын құдай көріп табына отырып, оларға адам кейпін берген, ал менің Кибелам керісінше бақташы Атисті әспеттеп, оны жұмбақ Жер көреді... Мен осы астасуды: ойлау қабілеті бар жанды болмыстың және планетаның, жанды дененің? шарасыз өлі дененің және мұхиттарының толқындары шапшыған, тауларының жоталары өзінің қарлы шыңдарын асқақтатқан, шыңыраулары үңірейген әрі ормандарының хош иісі аңқыған Жердің шарпысуын бейнелегім келді...
Алқабында құмдардың алтын шағыл өрілді, Жағасына теңіздің көбіктері де төгілді. Тандырды естен қиылған қас, жас жанарың Ақ маңдай үстіндегі шаштарыңды қара орманға баладым. Әдемі жүз... Қарашықтар от шашады не түрлі, — Ұйқы қашқан түндерімнің қос жұлдызы секілді. Сенің нұрың басқа жанға төгілді. Сүйіктім, менің жаным бір-ақ ойға өрілді: Асау толқын дайындай бер маған деген көріңді.
— Иә, — деді ойлана Дени. — Кибела үшін Атис тұтас әлем екенін түсінемін...
— Егер барлық ой, бүкіл сезім бір жанның төңірегінде айнал-соқтайтын болса... — Пьер сөзін жұтып, үндемей қалды да кенет толқи дауыстап жіберді: — Міне, солай... Ал мен біз енді ешқашан да бір-бірімізге еш уақытта жол таба алмаспыз деп ойлап едім!
Ол велосипедіне секіріп мініп алды, бірақ орнынан қозғала қойған жоқ және Денидің иығына қолын қойып, оған қарап тұрды.
- Мен үйден кетпес бұрын "Кибеланың" қолжазбасын саған беремін. Сен оны менен алған күні мені бел байлады деп біле бер.
Сөйтті де Пьер қоштасу белгісі ретінде қолын көтеріп, жолмен жортып кетті. Ол кешкі қараңғылықта ғайып болды, ол кәдімгі жасөспірім балаша велосипедімен ызғытып бара жатты, әлгі дастан оның бүкіл жанын, оның бар болмысын толтырмағандай. Трамвай вагоны жақындап қалған еді. Жол жиегінде тұрған Дени ымырт қараңғысында жалғыз көзді алып — циклоптың от шашқан көзіндей дөңгелек шам пайда болып, жарқырай кеткеніне қарап қалды. Жақында оқыған өлең есіне түсті, онда трамвай түнде зырғып келе жатып "жаңбырмен шыланып жентектеліп қалған" жапырақтарды жаншып өтетіні айтылатын еді. Мына үлкен сары кебежеде анасы, Розетта және, әрине, Ланден келе жатқанын біліп тұрды, Ланден Леоньянда, сірә, соңғы рет түнейтін болар, өйткені бар шаруа бітуге айналған-ды... Бәрі де сатылады, бірақ анасының қожалығында үй мен саябақ қалмақ...
Жол үстінде олар, сірә, осы мәселелерді талқылаған болар деп шамалады Дени. Ланден езінің Революлер отбасына қажеттігін жақсы білсе де, жасқаншақ әрі бейіл кейіппен бәрінің артында келе жатты.
— Міне, осылай, — деді Револю ханым ұлына, — бәрі де бітті!.. Құдайға тәубе енді мына адамнан құтыламыз!
— Тыныш, апа, ол естіп қояды.
— Тіпті жақсы! Ести берсін!
Ланденмен қатар келе жатқан Роза кенет жүгіре басып жақындарын қуып жетті де інісіне ақырын ғана:
— Жаңалығым бар! Тапшы, кәне! Мен өзіме орын таптым, — деді.
— Аһ, асықпай тұра тұршы! — деп қарсыласа кетті анасы. — Біз мұны әлі отбасында ақылдасамыз...
— Апа, бұл деген сәті түсіп тұрған іс қой!
— Жоқ, кешірерсің. Қисыны келмейді! Мен сенің жұмыс істейтінің, мысалы, сабақ беретінің туралы ойға бой үйрете бастадым. Бірақ...
— Сабақ беру? Қандай? Мен музыкант емеспін, тіптен ештеңе білмеймін. Менікі үстірттік, кеуек ағаш сияқтымын.
— Қой кәне. Тәрбие көрген қыздың білетіні қашанда бала оқытуға жарайды. Ал сен не ойлап кеттің? Сен, Роза Револю, қайдағы бір дүкеннің сатушысы болмақ!
— Апа, айып көрмеңізші, "қайдағы бір" дүкен емес, кітап дүкені, бұл тіптен басқа нәрсе ғой. Иә, Дени, Шардонға кіретін болдым, ойлап қарашы.
— Шардонға? Біз ылғи кітап сатып жүретінге ме?
Роза қуаныш кернеп тыпыршып кетті. Дениде бұл бекер тым қуанады деген көңіл толмас сезім қылаң берді. Бұл шаттану мұның жынын келтіріп, намысына тиді. Қақпадан кірген кезде бұл:
— Бүгін маған Пьер келді, — деп төтесінен қойып қалды.
— Аһ, солай ма! — деп қыз булыға дауыстап жіберді.
Қараңғы болып кеткен еді, сондықтан Дени оның бет-жүзін көре алмады, бірақ оның даусы қалай дірілдегенін естіді.
— Робер туралы бірдеңе айтты ма?
Дени: "Жоқ", — деп бұрқ еткізді де дымқыл ауаны масаттана жұтты.
Ауыз бөлмеге кірген бетте Револю ханым:
— Жюльенмен ақылдаспайынша біз ештеңе шеше алмаймыз, оттың бас егесі сол, — деп мәлімдеді.
Роза шыдай алмай, жастық өрекпумен айғайлап жіберді:
— Жюльен үшін қалай нан табуым керектігін мен онымен ақылдасуға міндетті емеспін!
Апасы ашулана басын қақшитып: "Роза!" — деді де ызғарлы үнмен:
— Ол сенің ағаң; осының өзі жеткілікті болар. Оның үстіне науқас, ауыр науқас.
— Дұрыс, апатай, дұрыс айтасыз!.. Жарайды, барайық оған, осы қазір. Мен ертең Шардонға жауабымды беруге тиіспін.
Үйде пештер жағылмаған еді. "Мына басқыш көк мұздың өзі ғой!" — деп алқынды Револю ханым. Ол қолына шамды ұстап бірінші болып көтеріліп келе жатты; оның артынан қызы жүрді, шерудің соңында Дени. Қабырғада басқыш тепкішектері қиған үш көлеңке қалбаңдай қозғалады. Револю ханым алаңда тоқтады.
— Тұра тұрыңдар, мен барып көрейін, Жюльен ұйықтап қалмады ма екен, — деді ол шамды Розаға беріп жатып.
Дени апайына іждағаттап қарады; оның қалай өзгеріп кеткенін бұл осы сәтте ғана аңғарды. Кейінгі апталардағы барлық бақытсыздық бейне балға болып соққылап, оның өңін жаңадан жасап шыққандай; онда балалықтың бірде-бір ізі қалмапты; көздерінің астын қарайған дөңгелек теңбіл дақ басқан, көлеңке арыған беттің шұқырлары мен шодырайған шекелерін бадырайтып көрсетіп тұр; мұрны сүйірленіп кетіпті, бейне созып жібергендей оны қашырыпты. Сымбатты нәзік нықтары ырсиып, сүйір-сүйір болып қалған. Денидің жүрегі шымырлап кетті. Ал мына қапалы өңнің қуаныштан жайнаң қағуы үшін: "Пьеро менімен Робер туралы және сен жайлы сөйлесу үшін келіпті...", — деп сыбыр ету жеткілікті еді-ау. Апалары қайта оралды және бұларды бөлмеге кіруге шақырып, қолын бұлғады.
Жартылай ашық есіктен түтіннің көкшулан будағы жылыстап, темекі иісі аңқып сала берді. Жюльен ірі-ірі тор көз етіп сырылған түбітті жылы жасыл жамылғы астынан басын қылтитты; келі басы жүні түскен құстың денесі қу сүйек еді.
Бастапқыда ол жорта ауырған науқас енді оны шынында да меңдеп алған. Ол өзі үшін жасап алған баспана тарс жабылып, қапасқа айналған. Оның жабырқауында енді қасақаналық ештеңе жоқ-ты, ол расында да ерік-жігерден жұрдай болып, өзін қарапайым әрекетке иліктіре алмай қалған. Ол өмірден кеткім келеді деп айтқанымен, өмір бұдан өзі кетіп бара жатты. Розетта ағасын көрген бетте, әлгінде ғана аузынан шығып кеткен тік сөздері үшін ұялып қалды. Ол ағасына мүсіркей қарады және ешқандай жиренбестен оның көйлегінің шолақ жеңінің жиегінен шығып жатқан жүнді қолын сипады.
— Жюльен, бүгін ауа-райы тамаша. Күн көктемдей қыздырды. Қандай жақсы екенін білсең ғой! Рас айтам, міне, бәрінен де айырылған сияқтымыз, кенет қарасаң бәрі-бәрі өзіңде қалғанын көресің. Күннің нұры да, ағаштар да, көшелер де, адамдар да...
Жюльен дуалға теріс айналып кетті де күңк ете қалды:
— Кетіңдерші менен... Айтпаңдар. Менімен сөйлеспеңдер.
Анасы оны тыныштандырмақ болды:
— Жаным, балам, біз қазір кетеміз, саған кедергі жасамаймыз. Біз тек сенің пікіріңді сұрамақшы едік.
— Жо-жоқ!.. Керегі жоқ! — деп бақырды Жюльен. — Ештеңені де білгім келмейді... Ешқандай пікірім жоқ!..
— Бұл жерде әңгіме шаруа туралы болып тұрған жоқ... Біз жай сенен кеңес сұрамақшы едік — сен үлкен ұлсың ғой. Розаға ұсынып отырған жерге — Шардонға кітап дүкеніне тұруға бола ма дегенді сен шешпегенде кім шешеді...
— Қалағанын істесін, — деп міңгірледі Жюльен. — Бәрі құрыды. Бәрі біткен соң енді не...
— Жюльен, тыңдашы, — деді Роза, — сен, сірә, таңырқарсың, бірақ мен қатты қуаныштымын... Мені жұмыс істейтінім, дүкендер жабылған кезде көше толып кететін қыздардың бірі болатыным туралы ой қанаттандырады... Жана өмір басталады. Демек, менде екі өмір болады... біреуі бастан өтті; екіншісі енді басталады. Ал егер сен де... Тек ниет ету жетіп жатыр...
Жюльен тыңдауды қойды және жалбарына қыңсылады:
— Аяңдаршы, мені, жайыма қалдырыңдар, кетіңдерші... Мені неге қинайсыңдар?
Сөйтті де жылы жамылғыны басына бүркеп алды. Анасы жаймен ғана:
— Бұл жерде сөздің көмегі шамалы, Роза үніңді өшір, сен оны тек шаршатасың. Оның құлақтарын бітеп алғанын көріп тұрсың ғой. Барыңдар. Тамақты менсіз іше беріңдер, ішкім келіп тұрған жоқ. Мен осында бола тұрам, — деді.
Сөйтті де ол кереуеттің жанына жайласты. Осы бөлме енді өзінің де баспанасына айналарын, өмірінің мәні осы жер боларын түйсігімен сезінді. Бұл Жюльенді бағуы тиіс, міне солай. Бұдан енді басқа ештеңе сұрамаңдар. Міне, оның міндеті, өмірінің мағынасы, парызы. Бұл үшін енді күллі әлем мұның ұлы өзінің түрмесіне айналдырған осы бөлменің қабырғаларынан аспайды. Бұл өзін ұлына арнайды және жұрт бұл туралы: "Қандай жанкешті ана! Еш уақытта қыңқ еткен емес", — деп айтатын болады.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Ланден өз орындығының жанында тік тұрып күтуде екен және Розетта мен Дени үстел басында орындарына жайғасқаннан кейін ғана тізе бүкті. Ол Розаның жұқалтаң қырынан қарап отырды. Роза иығына шәлі жауып алған. Қыз ара-тұра орнынан сәл көтеріліп, түйір нан алады. Апайы да, інісі де Ланденге қараудан қашқақтады және бұл қылықтары, егер ездеріне біреу тым тесіле қараса, басқалардың қысылатыны сияқты, оны да қысылтты. Дени тіпті Ланденнің дастарқан үстіне қойылған түкті жүнді, алақаны шағын, тырнақтары мүжілген қолдарын көрмеу үшін кейде теріс бұрылып кетеді, ал адамның қолдары олар жасаған іс-әрекеттерге орай бірте-бірте қалыптасып, сол әрекеттердің табын қалдыратын сияқты.
Ланден көздерін тәрелкеден көтеруге жасқанып, тамаққа ден қойғандай кейіп танытты, сөйтіп жорта қомағайлана ас ішіп отырды; оның сақалында барлық ішкен-жегенінің іздері қалды. Люстра жарығы оның шақша басына шағылысып тұр. Ланденнің тезірек асханадан кеткісі келді, әйтсе де марқұм қожайынның балаларымен дәмдес болғаны оның көңілін көншіткен еді. Бұл да дастарқан үстінен қолды — Розаның кішкентай қолын, қызарған құлағының ұшын, мойнының белдеуін көріп отырды. Асханада жайғасқан мына екі жасөспірім періште жан мұнымен бірге бір ауамен тыныстады. Ланден олардың құтын қашырды, бірақ олар бәрібір мұнымен қатар отыруға мәжбүр еді. Роза ауыр леп шығарды. Ланден орнынан тұрды.
— Ірімшік жемейсіз бе, Ланден мырза?
— Жоқ, рахмет сізге, бикеш. Бұл соңғы кеш. Маған әлі бірнеше бума қағазды ақтарып, тізіп шығу керек. Әлдебір құжаттар жетіспейді. Олар кабинеттен табылып қалар деген үмітімді үзбей тұрмын.
— Анда тас ошақты жаққан болар... Қарындасыңыздың қалы қалай? Денсаулығы қалай?
— Рахмет сізге, сондай мейірбансыз. Қарындасыма суық тиіп, сай – сүйегі сырқыраудан азап шеккен еді, бірақ қазір тәуір. Қайтадан күйбең тіршілігіне кірісіп кетті...
Ол босқа жауап қайтарды. Сұрақ жай сыпайыгершілік үшін қойыла салынған еді, өйткені кәрі қыздың денсаулығы Роза Революді еш селт еткізбейтін.
Ланден кабинеттің есігін мұқият жапты, ол мұнда ақырғы рет жұмыс істемекші. Соңғы үш апта бойғы әр кештегідей жазу үстелінің басында орын таққа жайғасты да, қолдарымен басын тіреп, тыныштыққа және терең тылсымға рақаттана қимылсыз ұзақ отырды.
Өлген жаннан енді қорқудың қажеті жоқ, ол ештеңемен — қатты сөздерімен де, жиренуімен де ренжіте алмайды. Ол адал берілген жүректі итере алмайды және енді өзінің тіршілігінде жасағанындай, бойына сіңген сезімнен өзі қорғаншақтап, тәкаппарлық қамалын тұрғыза алмайды. Енді оны аялаудың да, алдаудың да қажеті жоқ; тіпті мүсәпір адамыңыз Ланден, ал ғажайып жаныңыз марқұм Оскар Револю болса да, мына тірі Ланден өзі үшін бір түрлі әрі сондай тосын сезімге — мүсіркеушілікке еркін беріле алады. Ланден өзі дүниеде бәрінен де артық табынған адамын қалай мүсіркей алатынына таңырқады. Және ол Оскар Революді өмірінің соңғы апталарында қандай азаптар қинағанын елестетуге тырысты. Оның қиналысының себебі шаруасының шайқалуы емес, әлпештеген әйелінің опасыздығы болғаны анық. Ол, әрине ірі ойнады және ұтылды, бірақ онысы соншалықты қорқынышты ма еді? Ол орайын келтіре алатын еді, бұл ұтылысы сондай адам үшін болмашы ғана нәрсе-тін. Егер нық басып тұра алмаса, егер ақшаның желге ұшуы күйреуге әкеліп соқтырса, бұл оның бүкіл есіл-дерті, бүкіл жан-тәні тек бір ғана нәрсеге — әйелге ауғанында ғана. Және қандай әйелге! Сайқал Лоратиге! "Сен қазір ана жақта ақыры оның қандай оңбаған жалмауыз екенін көріп жатқан боларсың-ау", — деп күбірледі Ланден сөзін марқұмға арнап.
Ланден өлілердің тірілер жан жүрегін ұғатынына күмәнданбады. Осындай сенімнің арқасында бойы жеңілдеп сала берді: демек, Оскар Револю Ланденнің шын болмысын көріп тұрғаны сияқты, Регина Лоратидің де шынайы түрін көреді. Аға клерк о дүниелік тіршілікке кәміл сенді, сөйтіп осы ойынан көңілі жай тапты; ол тіпті бұдан былай өмірде осы сенімді ұстануды ұйғарады; енді жұмыс бұның еңсесін баса алмайды және бұл енді ешкімге де адал құл болмақ емес. Бұған талай жер орын ұсынып жатыр, бірақ бұл өзіне бос уақыты көптеу қалатын жұмысқа кіреді. Ланденнің іскерлік қабілеті бір кездері өзін тәнті еткен париждік белгілі сенімді өкіл бұрынғы нотариустың ұсынысын құп алсам ба екен деп ойланып жүр, ол бұған өзінің барлық операциясынан үлес беріп отыруға уәде еткен. Бірақ Ланден Оскар Революден қол үзбеуге ұйғарды — бұрынғы қожайын өлі болса да бұған әмірін жүргізіп тұр еді.
Ең алдымен Оскардың мұрасын ретке келтіруі, егер қажет болса, оның жақсы атын қорғауы керек. Бірақ ең бастысы — жазасын беруі тиіс (бұл ой Ланденде қуаныш кернетті). Ланден Регина Лоратиден кек қайтаруды өзінің міндетті борышы санады, бірақ оны іс жүзіне қалай асыруды егжей-тегжейлі ойластыруға уақыты бола қоймаған-ды. Ол Лоратимен есеп айырысуға, былайша айтқанда. Есе қайтаруға тиіс екенін бекем білді, бірақ істің бүге-шігесіне әзірге бойлай қойған жоқ. Ол жек керді, өзінің өшпенділік аңсарын қандыруға асықты, сөйтіп оның барлық ынтықтығы парыз кейпіне айналды: риясыз бейнеге енуі Ланденнің тумысынан қайырымды жан болуға ұмтылған болмысынан еді. Оның ішіне бүккенін сыртына шығарып, одан сақтандырар барлық оғаш белгіні тек басқалар ғана көре алатын, тек олар ғана мұның алақ-жұлақ көзқарасын, жүріс-тұрысын, даусын аңғарар еді, мұның өзіне оны ізгі сезім баурап алғандай көрінеді. Сөйтіп ол шын көңілімен алданды. Әрине, ол адамдардың өзінен кашқақтайтынын көріп жүрді, бірақ ол мұның себебін өзінің ұсқынсыз кейпі және өзін қадам басқан сайын әйгілеп тұрған ізгі жүрегінен деп есептеді.
Сөйтіп, Ланденге Регина Лоратидің сазайын тартқызу борыш болды. Әйтсе де ол асықпады. Бұл жерде асығудың қажеті жоқ. Бұ дүниеде Оскар Революдің қазасына кінәлі әйел сайран салып жатыр. Енді тек оны көзден таса қылмай, осы жалмауыз сайқалдың ізінен қалмауы керек.
Төңірек тып-тыныш, ұйықтап жатқан үйді басып тұрып қалған судың түпсіз тұңғиықтай терең еді. Қысас адамдардан, бүкіл зұлым әлемнен алыста Ланден мұнда өзі ардақ тұтқан қожайынының рухымен сырласып, соңғы түпті өткеріп жатты. Мұрагерлердің өзіне деген сезімін бұл жақсы білді, осы үйден аттап шықса болды, енді оны мұнда кайтып кіргізе да екіталай. "Аһ, Оскар! — деп аһ ұрды Ланден, — егер сенің бейбақ рухын тұңғиық тылсымынан өз үйіне оралар болса, келетін күні нақ бүгінгі түн!" Егер кенет кабинеттің есігі айқара ашылып, өзінің кәдімгі асығыс жүрісімен Оскар Револю кіріп келсе және қашандағыдай алаң көңілмен, тіпті өзінің аға клерк қызметкеріне көз де салмастан, жүре оған әлдебір бұйрығын берсе ше; маңдайымен әйнекті тіреп терезе жанында тұрса, сонан соң анау үстелдің арғы жағына барып жайғасса, орын тақ арқалығына шалқайса және қалтасындағы кілттер бумасын сылдырлата отырып алып бірдеңені ойласа ше; сонан соң үстел жәшігін ашып, өзіне қажетті құжатты іздесе және оны таппай шаршап, үйілген қағазды итере салса, сөйтіп қораптан үлкен жуан сигарды алса ше — ол үнемі өте қымбат әрі күшті сигарлар тартатын, олардан Ланденнің басы ауыратын... Иә, егер қазір осының бәрі бола қалса, аға клерк еш таң қалмас еді, бір сұрақ та қоймас еді. Ол адал иттің мейірімді жанарын қожайынның көздеріне емес, өзін бақылап тұрғанын сезбейтін, жасырынбайтын және құлай берілген жанның жанарынан қашқақтамайтын қолдарына тігіп үнсіз күтер еді.
Мұның ешқайсысы да болмақ емес және болмайды да, ал Ланден қаралмаған қағаздардың соңғы бумасының жібін шешіп жатып, еміс-еміс тебіреніс шарпуын сезінді. Онда осыған дейін әбден булыққан сезім қозып кетті. Бумада жазба кітапшалары, жарнамалықтар, блокноттар екен, ал оларда тіптен таяуда түртілген шимай жазулар: белгіленген іскерлік кездесулер, мекен-жайлар немесе әлдебір сандар, алгебра теңдеулері жазылыпты. Кейде Ланден үшін ештеңені білдірмейтін әйелдер есімдері — қысқа қайырылған, сүйкімді де назды, бірақ бұның есіне әлдебір таныс бейнені сала қоймайтын есімдер кездесіп қалып жатты. Ланден бұл есімдерді жирене, қайта оқып отырды, өйткені Оскар Револю бұған сенім арта айтқан жортуылдарды ғана өзінің әдеп ұғымы бойынша қожайынның орынды қыдырысына балайтын.
Кенет жазу кітапшаларының бірінен әлдебір гүл сатушының мекен-жайының астына шимайланған шағын жазу — түрте салынған ой шыға келді, әдетте басына келген ойды оқыс әрі шын айтуында Ланденді елеместен, Ланденнің көзінше айта беретін тірі Оскар Революдің өзі сөйлеп тұрғандай. Жазуда баяндалған сырды шимай жазу бүркемелеп тұрды: оның қолтаңбасының әр өрнегі сондай таныс Ланденнің өзіне лупамен қарауға тура келді.
"Сол түнгі бейтаныс әйел мені ләззатқа бөледі, өйткені ол маған бәрібір жан еді. Регинаның жанында еңсемді басатын азапты уайым мені алаңдатпады. Регинаға деген сүйіспеншілік күшімді сарқыды, ол қасымда болған кезде сіресіп қаламын. Өзім ғашық жанмен жақындасу мені салдыратып тастайды. Мен оны тек қиялымда немесе басқаны құшып жатқанда ғана иелене аламын. Мен бұл туралы өмірде ешкімге де мойындамас едім. Бұдан да өліп кеткен жақсы! Бірақ мен бұл сырымды жаңа ғана ..."
Ланден қожайынның қолтаңбасын жақсы білсе де (білетіні соншалық, Оскар Револю өз шимайын өзі тани алмаған кезде аға клеркті көмекке шақыратын) келесі сөздерді еш ажырата алмады. Ақыры Ланден алғашқы үш әріпті — "сұм" және соңғы "а" әрпін ажыратты. Жинақтағанда "сұмға" деген сөз екені күмәнсіз еді. Иә, иә, "мен бұл сырымды жаңа ғана сұмға аштым..."
Ланден қасын да қақпады. Бұл әлі Оскар Револю "сұм" деп кімді айтып отырғанын білмейтін. Оқ мұны жарақаттап тесіп өтті де жараның аузы жабылып қалды. Қан сыртқа ақпады. Сөйтіп, Ланден бұрынғысынша сөздерге іждағатпен мән беріп, одан әрі оқыды, танымай аса қиналған жерлерде қолына лупа алды.
"Оның бар күші осында. Ол қашан да жанымда, қағаз тастауға арналған кәрзеңке сияқты, күлсалғыш тәрізді, еден жуғыш әлде түкіргіш іспетті. Басқа адамдар тек өзіне ғана сенетін, жалғыз кезінде көшеде өзіне-өзі күбірлейтін немесе мейрамханада түстік тамақтанудың соңында ыдыстардың салдыры мен оркестр скрипкаларының аңырауы астында өзіне ғана айтатын нәрсені — өзгенің құлағына тіпті сыбырлап айтудың өзі мүмкін емес осы ұят мойындаудың бәрін мен сұмға сыр етіп ашып, лак еткізіп ақтарып салдым.
Менің өміріме мектеп жылдары еніп, содан бері менен қол үзбеген осы адамның жақындығы қандай жиіркенішті еді. Осы жуынды төгетін шұқанақтың жанында менің жұмыс істеуіме, ғашық болуыма, рақаттануыма, жапа шегуіме тура келді, мен оны таңдаған емеспін, оның өзі мені таңдаған... Жасамыс шағымда менің бойымды кенет сұмдық сезім билеп кетті, өмірім осындай таңбамен өтіпті, мені өзінің табынушысы етіп қалап алған мына мақұлық өміріме әмірін жүргізіп, бағыттап келіпті, — ал оның өзі де сезбейтін шын қасиетін — қылмыскер болмысын мен ғана білемін..."
Ланден қолмен кеудесін басты, қан кенет жарақаттан ытып шығып, шапшып ала жөнелгендей болды. Ол тас ошақ үстінде ілулі тұрған айнаға келіп өзіне қарады. Беті басқа адамдармен бірдей Құдай жаратқан кәдімгі бет, ал жанары тіпті көп адамдарға қарағанда пәк болса керек, көздерінде балалық бірдеңе бар, жауын шалшығына шағылысқан шұғыланың сәулесі сияқты. Ол өзінің айнадағы бейнесіне мұқият қарады. Басы тақыр, бетін сақал басқан, жүзінде сонда да балалықтың табы бар. Күлкілі әлпет, бары осы. Мұнан соншалықты қандай сұмдықты байқай қойды екен, неліктен бұдан мұның өзіне беймәлім кейіпті көре қалды? Бейбақ актерді қандай белгісіз трагедияда ойнау күтіп тұр?
Түнгі тыныштықты енді ауыр толқындардың жағалауға ұрған құмығыңқы соққылары және құммен сырғыған сарыны бұзды, — бейне зұлым рухтар үйді мұхиттың жағасына көшіріп апарғандай. Ланден бұл сарын өзінің шекесін солқылдатып тұрған қан шапшуы екенін бірден аңғара қойған жоқ. Ол алақандарымен бетін, сақалын, көздерін, әлдекім ғашық болуы мүмкін жанарын сипады. Және ол бір кездері балалық шағында өзін апайы жұбатқанда айтатын: "Бейшара-ай, байғұс-ай!" — деген қарапайым сөздерді ақырын қайталай берді. Ол өзін-өзі аяп кетті. Егер ол осы сәтте өле кетіп, Жаратқанның алдында жалаңаш әрі жападан жалғыз тұрса, онда мұның өзі Жаратушыдан есеп талап еткен болар еді және Ланден бұл өмірге не үшін келді деп сұрар еді. Бірақ бұл өлген жоқ. Теңіз толқындарының тікелей соққылары мұның құлағын күмбірлетіп жібергенімен, адам тәнінің нәзік қабыршағын сындыра алмады. Өз тағдырына мойынсұнып, ол қайтадан жазу үстеліне отырды да, жанарын түсініксіз — кез келген басқа жанға түсініксіз болғанымен, бірақ тек Ланденге ғана түсінікті сөздермен жиі жазылған парақ қағазға тікті, — оған енді тіпті лупаның да қажеті болмай қалды.
"Қалада жұрт мен үшін бәрін де Ланден істейді деп айтады; адамдар оның маған адал қызмет етіп жүргеніне кәміл сенімді, оның өзі де осындай ұғымда; оның маған қызмет істемейтінін, кайта ол сұмға мен қызмет жасап жүргенімді тек өзім ғана білемін. Мен, әрине, оған керекпін, өйткені мен ол үшін "жан дауасымын". Оның қиратушы күш-қайратын мен өз пайдама жаратып жүргенмін. Ал шындап келгенде, мен бүтіндей оның әміріндемін. Ол менің лицей кезінен бүкіл астыртын жүріс-тұрысымды біледі. Он екі жасымызда біздің қатынасымыз қалай болғанын есіме түсіремін. Түптеп келгенде, сұмырай менен тәубе етуге алдына барып, сырыңды айтар дінбасыдан гөрі көп нәрсені суыртпақтап сұрап біліп алатын. Сөйтіп, ұят-аят санамаған қулық-сұмдықсыз кінәраттарым саналы түрде күнәмді жуып-шаюға айналып жүре береді. Маған қылықтарымның шын мәнін, күнәларымның бүкіл ауыртпалығын ашып берген бұл куәні мен сол кезде-ақ жек көргенмін. Бірақ жек көргеннен не пайда? Оның сүйіспеншілігі менің жек көрушілігімді басып кетті, жұтып қойды. Махаббаты мені от құшағына алды. Сөйтіп, осы тылсым сиқырлы шеңбер менімен бірге айналып, мен өскен сайын кеңейіп, күшейе түсті. Ол маған жасаған әр қызметі сайын, оған әрбір құпияны сенген сайын құрсау беки берді. Ол алдымен мен үшін латын тілінен аудармаларды және әлдебір қылығым үшін жаза ретінде берілген жаттығуларды жасап, сабақ үстінде бар ықыласымен көмектесіп жүрді. Сөйтіп, бүкіл өмір бойы маған қуаныш әлде ләззат бере қоймайтындардың бәрі оның иығына жүк болып келеді. Кейінірек ол менің жан азаптарымның куәсі болды, мен Құдайдың өзінен жасырар болар көз жасымды оның алдында көлдеттім. Адамды мүсіркеушілік оятатын азапты шағынуды одан жасырмадым. Маған одан жасырып керегі не? Өйткені ол менің бір бөлігіме, менің жан-жүрегімнің бейнесіне айналды ғой! Мен оны жәбірледім, аяқтарыммен тепкіледім. Бірақ менің барлық кемсітуім мен әжуалауым тек бізді қандай ажыратылмас шынжыр матап тастағанын анық көрсетіп берді. Мүмкін мен сұмырайдың босқа сүріп жатқан өмірін толықтыру, сұмды өзінің шын қасиетінен алдарқату үшін ғана жаратылған болармын. Егер ол мені жалмайтын болса, менің көзімнің жұмылғанын көрер болса, жұртта қараусыз қалған бұл қара ниет күш не бүлдірер еді? Регина ылғи: "Балықшы балықшыны алыстан таниды. Бекер дос болмағансыңдар. Араларыңда не сыр бар?" — деп қоймайтын. Қандай сыр? Әрине, іс құпиясы... Бірақ ол маған қысастық жасап, бірде-бір рет оларды пайдаланған емес... Мен оған сенген бірде-бір құпия өзіме қарсы қолданылған қаруға айналған емес.
Бірақ бәрібір..,ол менің түбіме жетеді. Өмірімнің қарбаластығы, кеңсемнің нағыз фабрикаға айналуы — соның тірлігі. Мен одан кіріс талап етемін, ақша-ақша деймін. Ол маған өлермендікпен қызмет етеді, досым ретінде мені тоқтатуға тиіс болса да менің өрекпіген күйретуші ыңғайыма көне береді. Бұл жерде қандай құпия болуы мүмкін!.. Сірә, онда мен малтыққан ұйықтың ортасында қалқып тұрудың өзге амалы жоқ сияқты. Ол мені өлтіріп тынады. Егер ол болмағанда менде өзімді сақтау түйсігі оянар еді; жылдар нәпсі ындынын тұншықтырар еді. Сұмның арқасында өмірімнің бәрі астан-кестен болды: ол мені ынты-шынтымен қолдайды, мені осы жарқылдап жүргенім үшін сондай мақтайтын жастық жалынымды лаулата түседі. Бірақ күшім сарқылып, салдырап қалғаным, әне-міне құлап түсерім өзіме жақсы мәлім ғой. Ал ол ылғи жанымнан табыла кетеді, іліп әкетуге, қолдай жөнелуге, бәрін реттеп, жайғастыруға дайын, соңғы сәтте қажетті ақша қаражатты да тауып береді, барлық майданда айқасып жатады. Оның есесіне мені бос жүруге, бос уақытты рақатпен өткізуге итермелейді, ал бұл менің түбіме жетеді. Мені ынтызарлық желігі еліктіріп әкететін жолдан ол барлық кедергіні іждағаттылықпен тазартып отырады, оның орнына мені бір ауық болса да тоқтауға, тыныстап алуға мәжбүрлесе ғой. Мен жұмысы, кәсіби борышы құтқарған, отбасы сақтап қалған талай жанды білемін. Бірақ Оскар Революдің кеңсесінде мен енді ешкім де емеспін, ол сұм бәрін меңгеріп алған. Отбасы? Ол мені жақындарымнан суытты. Қалайша? Мұны айтуға тілім жетпейді, бірақ соны терең сезінемін... Мүмкін ол жақындарымды мені қоршаған, олар үшін жол жоқ қара ниет жұмбақтармен және құпиялармен алыстатқан болар. Ол осы тас түнекті мені сүйетіндер үшін лажсыз жағдайға айналдырды. Сонымен катар ол біздің отбасымыздың астын үңгіп, ор қазумен айналысты. Бірақ осындай зұлым зиянкес көртышқанның жер кеулеген жұмысы маған орайы келгенде балаларымның жанында жаным жай таба демалуыма кедергі бола алмады".
Ланден орындықты кері итеріп жіберіп, орнынан тұрып кетті. Ол басын шайқап, енді өмірде жоқ аруаққа: "Жоқ! Бекер!" — деп дыбыссыз айғайлады. "Қалайша бұл ақиқат? Осында қалайша мысқылдай болса да шындық бар?" — деп сұрады. Ол алақанымен көздерін басып: "Сабыр! Сабыр ет! Ойлан! Міне, айталық, лицейде...", — деп күбірледі. Шапшыған қан қысымы енді шекесін солқылдатпады, бірақ ол түнгі жел шырша тоғайын кеулеп кеткендей созылыңқы гуілді естіді. Ол ойын еш жинақтай алмады. Үстел үстінде жатқан жазу кітапшасы мұны арбап, шақырып, талап етіп тұрды. Бірақ Ланден бұрынғы орнына отырмады, тек еңкейіп, одан әрі түрегеп тұрып оқыды.
"Ал мен өлген соң не болады? Сұм балаларымды жайына қалдыра ма? Әлде енді мен жоқ жерлерді бұрынғысынша шарлай бере ме, олардың күні не болады? Оның билігі менімен бірге жойыла ма? Мені оны өзіммен бірге келмеске тартып әкете аламын ба?"
Ланден алақанын ашық жазу кітапшасының үстіне қойып тына қалды. Ол тапжылмай ұзақ тұрды. Оның қарсысында қақпағын жабу ешкімнің ойына келмеген терезенің түнек әйнегінің арғы жағынан Мерген жұлдызы жарқырайды. Ақыры Ланден қозғалып, жазу кітапшасын алды да оны кемір жалындап жанып жатқан тас ошаққа лақтырып жіберді, сөйтті де тізесін бүгіп, жалынның діріл қаға жалаңдаған тілдері шимай толы беттерді қалай жалап жатқанын, кітапшаны қиындықпен кеміре, басылып барып қайта лап етіп жанғанын қарап отырды. Ол от шалған кітапшаны екі рет шыммен іліп алды және от қаттырақ жануы үшін оны ауада бұлғақтатты... Ол барлығы жанып біткенше ұзақ күтті, бәрі өртеніп, жойылып кеткеніне көзін жеткізгісі келді, сөйтіп жаман жазулардан тек үлпілдеген шөкім күл ғана қалды.
Розетта кенет оянып кетті. Оған есік сықырлап, әлдекім тас тақтайшалармен абайлап басып, алдыңғы бөлмеге өткендей көрінді. Барлық құлпы тозған ескі байбатша үйі қала маңындағы саяжайлық жерде еді, одан әрі алқаптар мен деревнялар басталады; бұл үйде қыстыгүні еш уақытта қыстап тұрған емес-ті, сондықтан Револю ханымның пікірінше, бұл үй қылмыс жасауға мейлінше қолайлы орын болуға тиіс. Роза төсегінде отырып, абайлап тың тыңдады, бірақ оған шырша тоғайында гуілдеген желдің шуылы ғана жетті. "Түс көрген болармын", — деп ойлады бұл. Сағат әлі таңғы торт. Қоңыраулы сағат сыңғыр қаққанша әлі екі сағат ұйықтап алуға болады, ал сыңғырлады дегенше, дереу киініп, трамвай аялдамасына жүгіруі керек. Осылай оның жаңа өмірі, еңбекші қыздың өмірі басталады. Револю бикешке өз туғандарын асырау үшін жұмыс істеуі қажет. Ол адамдардың көзіне батыл қарайтын болады және ешкімге де алдымен иілмейді. Және әйтеуір бір кезде Робердің кітап дүкенінің есігін ашып, кіріп келетіні сөзсіз. Әлде жоқ, кездесу, сірә, басқаша өтетін шығар. Робер дүкенді төңіректеп, бұл қашан шығып, үйіне қайтады деп күтеді... Қуаныш толқыны жүрегін шарпып өтті. Жоқ, өмір тіптен таусыла қойған жоқ, қайта енді басталып жатыр. Әкесін көрге алып кеткен жамандық одан басқа тек еш уақытта нағыз өмірді сүрмеген, тек тірі өлік болып күн кешкен, мысалы, Жюльен сияқтыларды ғана баудай түсірді... Ал бұл, Роза Револю, өз жолымен, барлық уақытта алға, тек алға жүреді, бірде-бір рет артына бұрылып қарамайды және інісі Дениді өзімен бірге ертіп әкетеді. Бұл апасы мен Жюльенге тапқанын беріп отырады, оларға қатысты мұның міндеті біреу-ақ: олардың аузына су тамызу... Ал Денимен басқаша, жүрегінде Робермен катар ол үшін де орын сақтауы қажет... Мұның он бойын болашақ бақытына деген үміт сезімі кернеп кетті, тебіреністен ұйқы да ашылды. Ол қоңыраулы сағат көктегі періштенің Азап соты басталғанын жариялаған кернейі сияқты арқырай жөнелердің алдында ғана бір сәт көз іліндірді.
Роза атып тұрды да, суықтан қалтырап, шырақ жарығында асығыс киінді. Ac үйде ошақтағы шоқта ыстық күйінде тұрған кофеден бір шыныаяқ ішті. Бұл өз ұйқы бөлмесіне басқышпен көтеріліп бара жатып, әкесінің кабинеті есігінің астынан дәлізге түскен жарық сәулесін байқады. Қалайша Ланден бүкіл түнді құжаттарды ақтарумен өткізді екен? Бұл есік қағып, ішке кірді де таңырқай босағада тұрып қалды: бөлмеде ешкім жоқ еді, бірақ аударылған үстел мен жерге кілем үстіне лақтырып тасталған диван жастықтары және жағылған қағаздар күлі — бәрі бұған әлдебір жұмбақ оқиғаның сұмдық іздері сияқты көрінді. Міне, осы кезде ол түнде әлдекімнің жүрісі өзін оятып жібергенін есіне түсірді. Мүмкін Ланденді өлтіріп кеткен болар? Бұның орнынан қозғалуға батылы бармады, қараңғы бұрыштарға мұқият көз салуға да қорықты... Диванның астын, шымылдық перденің сыртын қараса. Өлі дене сонда тығып тасталмады ма екен... Мүмкін Ланден ұйықтауға бара жатып, жарықты өшіруді жай ұмытып кеткен шығар...
Мұның өзінің шамды өшіруге батылы бармады, бірақ ауламен өтіп бара жатып, Кавельгенің ас үйінен жарықты көріп, олардың терезесін қақты. Мария терезе қақпағын сәл ашты және оның сөздері бірден Розаның жанын жай тапқызды: сөйтсе, түн ішінде Ланден бұдан қақпаны ашуды өтініпті — оның басына Бордоға жаяу тартып кетпек ой келіпті. "Уақыт жоғалтпау үшін, — депті. Орнында отыра алмайды ғой. Қандай беймаз! Оны жатықтырып жатқан кім бар екен?"
"Кімнен және неліктен тұра қашты? — деп ойлады Роза тас жол мен елді мекен жолы қиылысында суықтан бүрсеңдеп тұрып. — Ол кіммен шайқасты? Байғұс Ланден! Ланден сияқты болу қандай сұмдық!" Сөйтіп, бұл алғашқы трамвайдың оттары ұлғая түскен тұман пердесіне жіті қарап тұрды.
Ол жолаушы жартылай тола вагонда келе жатты және өзінің шаршағанын сезсе де, өзін жинақы ұйқы бөлмесінде күн шұғыласы оятатын және буы бұрқыраған шынаяқ кофені табақшаға салып, үй күтушісі өзіне әкеліп беретін ертегі күндер туралы есіне алды. Қуырылған нан түйірлерінің иісі тас ошақта жанып жатқан майда ағаш қара майлы иісімен араласып кететін. Ал енді мұның да тағдыры мойнына қамыт салған көп адаммен бірдей. Енді зауыттар гуілінен кенет оянып кетіп, жылы жамылғыны қымтай түсіп, қайтадан ұйқыға еніп бара жатып: "Байғұс, жұмысшылар-ай, әлі тіптен қараңғы ғой!" — деп мүсіркей күбірлеуге болмайды. Жоқ, енді әлгі жұмысқа шақырған өктем дабыл бұған да қатысты. Бұл енді өмірді сырттай бақылап тұра алмайды. Бірақ бұл ой Роза Революді қапаландыра қойған жоқ, қайта сірескен ұйқылы күйден шығарып, оны тың жолмен тек алға бастай берді.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
— Біз осы жердің ең байырғы тұрғындарымыз, — деді Фелиция Ланден бикеш өзінің алдынан жертөледен шыға келген қолында сәбиі бар арық есік бағушыға, ол баланы бұлтиған ішімен демей ұстап тұрды. — Мен сізге есік бағушы ретінде емес, таныс ретінде қараймын. Мен сізге бірдеңе айтайын және егер сіз оны әлдекімге жеткізсеңіз, бұған еш ренжи қоймаймын... Қайта, сіз менің сөздерімді тұрғындардың бәріне жайсаңыз, тіпті қуанамын. Үшінші қабатта тұратындар менің ағайым туралы: ол өзінің марқұм қожайынының тақырға отыруына байланысты кетіп бара жатыр, сотқа тап болудан қорқады-мыс деп айтатын көрінеді. Иә, біздің үйде нақ осылай сандырақтайтындар бар, бірақ Жозеф ханым мен сізді бұл үшін жазғырмаймын. Сіз үйді жайлаған түрлі ғайбат өсек-аяң үшін жауап бермейсіз ғой? Бірақ әркімнің-ақ менің сөзімді тексеруіне болады, ал мен қаламыздағы нотариалдық кеңселердің бірі қалмай, бәрі менің ағайымды өздеріне жұмысқа алғысы келді деймін, — оның жақсы аты талайдан мәлім. Міне, жақында Бостың кеңсесіндегі аға клерк оны маған мақтасын келіп, мақтасын! Оскар Револю өз кеңсесіне залал келтірместен соншама жыл сауық-сайран сала алды, өйткені сіздің ағаңыз қаржының көзін таба білетін нағыз дана болғандықтан ғана. Иә, сот және биржа төңірегінде ешкім де оның адалдығына күмән келтірмейтініне кәміл сенуіңізге болады.
Міне, өзіңіз пайымдаңыз!.. Ол Мальбургке жұмысқа кіруі тиіс еді, әбден келіскен болатын. Ағайым марқұм Революдің істерін жайластыруға көмектесіп болғанша олардың күте тұруын ғана өтінді. Сөйтіп, ол байғұс әлгі таратумен жүріп шаршап-шалдыға, күні-түні жұмыс, істеді, ал Револю мырзалар оған рахмет айтсайшы. Олардан не күтетіні бар! Олар менімен өмірі амандасқан да емес. Ал менің ағайым өзінің басына бейнет тауып, құлай берілген адам, берілгені сондай-кәдімгі адал ит сияқты. Сіз ойлап қалмаңыз, мен мұны оны мақтап айтып тұрғаным жоқ. Мен, әрине оны сүйемін,-қалайша ағаңды жақсы көрмейсің? — бірақ өзінің қандас туыстарына мойын бұрмағанын әрі мансұқ еткенін еш уақытта кешірмеймін және кімдер үшін мансұқ етті дейсіз ғой? Мұрнын аспанға көтеретін даңғой адамдарға, ал олардың өздері бізден жүз есе төмен, өйткені оларда ар да, ұят та, иман да жоқ — кілең адамгершіліктен жұрдай жандар, міне солай! Бұған біздің көзіміз талай жеткен, олардың масқара тірліктеріне қарап тойғанбыз!
Және олар оны Леоньянда соңғы болғанында — сонда қағаздардың байыбына баруды аяқтаған сол кеште бірдеңемен ренжіткен. Ол таң алдында қандай түрмен үйге оралғанын білсеңіз ғой. Ол жақтан түнде, алғашқы трамвайға дейін шығып кеткен және бүкіл жолды жаяу өткен. Құдайым-ай! Оның жаяу жүргені, әрине, таң қалдыра қоймайды, — ол жаяу жүргенді ұнататынын сіз білесіз ғой. Әркімнің өз әуестігі бар, менің ағайым жаяу қыдыру дегенде есі кетеді деп айтуға болады: сілесі қатқанша, құлап түскенше жүре береді, жүре береді. Күндіз де, түнде де кезіп кетеді, ол көбінесе түнде шарлайды деп айтуға болады және үнемі адамсыз бос көшелермен жүреді, айлақтың өзіне дейін барады. Оны қалай бір рет те тонап кетпегеніне жай қайран қаламын. Рас, өйткені ол тым кедей әрі көрінеді. Бір мәрте оны сабап кетті ғой деймін, бірақ ол маған ештеңе айтпады. Мен өмірбақи оның шалбарын ластықтан тазартумен және жұлынып қалған бүрме желбезегін тігумен келемін. Сіз тіпті оның қаншама шақырым жүре алатынын және ешбір шаршамайтынын елестете алмассыз. Ал осыдан соң кенет оның аяғы баспай қалады және ол қалай түнде үйге оралады (көбінесе сенбіден жексенбіге қараған түнде), солай төсекке киімшең құлай кетеді, сөйтіп он екі сағат оянбастан ұйықтайды.
Міне, мен, яғни, оның сондай сұмдық деп айтуға болатын кейіпте келгеніне еш таңырқамаймын: сыртта суық, ал ол шылқылдап терлеген әрі белуарына дейін ластанған, ал өңінде шаршау жоқ. Бір түрлі алабұртып тұр. Бұл да ештеңе емес, бірақ қараймын: ол жата қоймады — әдеттегідей емес. Мұндай жағдайда оған, әрине, қыңқ демеген жақсы... Жалпы, ол жуас, қошақан сияқты, бірақ ол өзінің сейілінен оралған кезде — жасырмаймын, қымбаттым, кейде дүлей жыртқыштан жаман болатыны бар. Иә, сіз өзіңіз де он бес жылдың ішінде көз жеткізген шығарсыз. Онда мұндай күй жиі бола бермейді, бірақ мен ылғи дайын тұрамын. Міне, осы жерде оның жата кеткені жон еді, ал ол оның орнына: "Фелиция, кофе жылыт!" — деді. Мен сол заматта кофені отқа қойдым, ал ол маған: "Фелиция, менің үстімді щеткамен тазалап жібер", — деді. "Луи, сен жатпайсың ба?" — деймін. "Жоқ, — деді ол, — қазір шаруам көп".
Өзі сондай тұнжырап тұр, бірақ ашулы емес және үнемі сіңбіріп қояды. Ішті, жеді (менде нан да, май да болғаны қандай жақсы), сонан соң жеделхат жазды, сөйтіп маған Сен — Проже алаңындағы пошта бөлімшесіне апаруды және жауабы төленген жеделхат салуды тапсырды. Мен айттым: "Қазір жинап тастайын, сосын барамын", — деп. — "Жоқ, — деді ол, — Фелиция, қазір бар және онда не жазылғанын оқысаң да болады, мен саған рұқсат етемін".
Және моп-момақан айтқаны сондай, мен тіпті шошып кеттім. Үрейден қалшылдап, жеделхатта не жазылғанын оқи алсайшы. Ақыры, ұқтым-ау, ол жеделхатты Парижге, Сен — Лазар көшесінде тұратын Эдгар Салемге жолдап жатыр екен. Және былай жазылыпты: "Ұсынысты қабылдаймын. Түпкілікті келісіміңізді телеграфпен хабарлаңыз. Дереу жетемін". Ал сізге айтайын, бұл әлгі Салем — ірі биржа делдалы және оның үлкен кеңсесі бар; ол менің ағама жақсы орын ұсыныпты. Бірақ, өзіңіз білесіз ғой, ағайым ауыса бергенді ұнатпайды. Мысалы, біздің пәтерімізді алайықшы! Сіздің көңіліңізге келмесін, бүкіл қалада бұдан нашар үйді таппайсыз, тіпті ас үйге су тартылмаған ғой, ал оның осы жерден кеткісі келмейді.
"Луи, — дедім мен, — бұл не?". Ал ол маған: "Сосын, кейін сұрайсың, алдымен бар да жеделхатты жөнелт", — деді, сөйтті де маған жайбарақат бір түрлі қарап тұрды, бірақ білесіз ғой, кейде оның қалай қарайтынын... Мен, әрине, сұрап жатпадым, дереу поштаға жиналдым. Сізге айтайын, міне, ақыры Парижді көретін болдым-ау деп, қуаныштан есім шыға жаздады. "Луи, — дедім, — толқып тұрмын, сондай сұмдық тебіреніп тұрмын. Бірақ бұл қуаныштан, әрине". Ал ол күтпеген жерден: "Бекер қуанасың, Фелиция. Сен үшін айрықша өзгеріс болмайды: өйткені сен осында қаласың", — дегені. "Бір өзім қалам ба, Луи?" Менің түрім қалай өзгеріп кеткенін көзге елестетіп көрсеңіз. Сонда мен оған айттым: "Бұл еш мүмкін емес, — дедім, — сенен еш уақытта айырылмаймын. Және бұл тағы да Револю мырзалардың қалжыңы болар". — "Жоқ, Фелиция, олар мені кетуге мәжбүрлеп отырған жоқ, ал ол..." — "Ол дегенің кім?" — "Оскар..."
Өз арамызда айтқанда, қымбаттым, Жозеф ханым, менің ағайым тамаша адам болғанымен, онда әлдебір қиялилық бар екенін сіз бен біз білем^із ғой. Таңырқайтын не бар? Анамыздың жүйке ауруымен ауырғанын мен сізге айтқанмын. Ол әкемізді тіптен көргісі келмейтін. Бірде тіпті маған байғұс әкемнің: "Рас, түсінбеймін, қалай балаларымыз дүниеге келгенін. Сен қайдан пайда болдың, Луи қайдан?" — деп айтқаны бар-ды. Сонымен мен неге тоқтап едім өзі? Аһ, иә... Луиден сондай сөздерді естіген кезде не болғанымды ойласаңыз? "Сен не, Луи? — дедім. — Сен не? Оскардың өлгенін өзің жақсы білесің ғой". Ал ол тосыннан: "Өлілердің әмірін ешкім біле бермейді, — деді. — Егер аруақ тірі адамға бірдеңе туралы ескерткісі келсе, бұл үшін ол мыңдаған амалды, мыңдаған айланы табады. Өлілер сұмдық айлакер келеді". Айтады да өзі күледі және күлкісі сондай жаман. Кейде оның ұнамсыз күлкісі бар екенін сіз білесіз ғой, менің тіпті зәрем ұшады, оған: "Луи күлме, әйтпесе ауырып қаласың", — деп еріксіз айғайлап жіберетінмін. Міне, ол солай күліп алды, ал мен оған: "Ақылың ауысты ма, байғұс, ағатайым", — деймін. Ол күлкісін тыйды да қабағын түйді. Сонан соң маған өзінің балалық мөлдір көздерімен қарады, мен оны аяп кеттім, ол шаршаудан және қайғыдан сондай жүдеп кетіпті. "Солай ма, — деді ол, — мен ақыры есуас екенмін, онда солай жындылар өмір сүретін боламын. Ал, Фелиция, жындылардың cay адамдар өмір сүргені жөн емес қой".
Осы жерде есік бағушының сәбиі шыңғырып сала берді, анасы оны тербетіп тұрып Ланден бикештен өзіңіз ағаңыз кейде ішімдікке салынады деп ойламайсыз ба деп сұрады.
— О не дегеніңіз? Еш уақытта ішкен емес. Бірақ ойлап көріңізші, талай мәрте болды, бір тамшы да ішпеген, ал оған қарасаңыз удай мас! Оған көз тиген, соның салдарынан бейне мас сияқты жүреді. Осының бәрі жүйкеден деп ойлаймын. Ал, альт қашпа өсек-аяңға келсек, сіз ондай ештеңеге сенбеңіз. Ол біле білсеңіз, марқұм Оскар Революдің кеңсесін таратуды жүргізіп жатқан адамдармен байланысын үзген жоқ және өзі де, былайша айтқанда, мұнымен алыстан айналысып жүр. Ол маған бүкіл дүниесін, бағалы қағаздарын қалдырып кетті және айына үш жүз франктан ақша салып тұратын болды. Маған тұрмысыма жетеді, тіпті артылады. Мен онсыз зерігіп кетемін. Біз, әрине, сирек шүйіркелесетінбіз, ол күндіз кеңседе, ал түні бойы сотқар сияқты жүгіріп жүреді. Бірақ ол әйтеуір бір үйге оралатын, менің ағайымды күтетін жұмысым жетерлік еді. Жайдары жүретін күндері де болды, — қарасаң оның кенет әлдеқалай байсалды, тыныш, разы екенін көресің, бақытты деп айтарлықтай... Солай, мен ара-тұра оған қонаққа барып тұратын боламын, ол уәде берді... Бірақ мен енді өзіме қандай іс тауып алсам екен? Бұрын күні бойы оны күтетінмін, ал енді ше?
— Фелиция бикеш, тыңдаңызшы, сіз өзіңізге біреуді тауып ала алар едіңіз, — өйткені сіздің рентаңыз да, бағалы қағаздарыңыз да, жасауы толық пәтеріңіз де бар...
— Қандай сұмдық! Жозеф ханым, сіз мені кімге балап тұрсыз?
— Мұнда тұрған қандай сұмдық бар? — деп ренжи қарсыласты есік бағушы. — Қалайша қырық бес жаста өмір біте қалмақ?
Фелиция Ланден арық, шартиған қарны бар, жадау есік бағушыға сүзе қарап тұрып:
— Ойлаудың өзі қорқынышты!.. — деп күңк ете қалды.
— Білмесеңіз, бекер тыжырынасыз, Фелиция бикеш.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Революлер отбасының тіршілігі арнаға түсіп, біршама жөнге келді. Таң алдында енді Дени еріп жүретін Роза алғашқы трамвайды күтіп тұрды. Алып жануар циклоптың отты көзі үнемі дерлік тұман арасынан шыға келеді. Вагонда Дени басын апайының иығына салып ұйықтап кетеді, мұның өзі де бульварларға дейін мүлгіп алады. Одан әрі екеуі — Дени лицейге, ал Роза Сент — Катрин көшесінде үй ішіне орналасқан Шардон кітап дүкеніне жаяу барады; бұл дүкен інісіне де, апайына да жақсы таныс болатын: қалтадан ақша үзілмеген сол бір уақыттарда олар әр бейсенбі сайын сөрелерден қызықты кітаптарды іздеп онда сағаттап жүретін.
Осы бір ұзақ сонар әрі тұнжыраған күндерде апайының ана жерде жақын маңда екенін ойлау және оның жақтаудың арғы бетінде тұрғанын, сатып алушыға кітапты әперу үшін сатымен көтерілетінін ойша елестету інісі үшін үлкен арқа сүйеу еді. Алты жарымда олар трамвай аялдамасында кездеседі. Дени ылғи ең алдымен: "Қалай, сенен кітаптар туралы кеңес сұрады ма?" — деп білгісі келеді.
Бұл сұрақ Роза кітап дүкенінің сатушысы жұмысына кіріскен, ол азаматтардың кітап оқуына бағыт сілтеп, оларды ұлы туындылармен қауыштырамын деген үмітпен өзін жұбатқан алғашқы күннен-ақ дәстүрге айналды. Бірақ мұның білікті пікіріне жүгінген алғашқы сатып алушы оған әлдебір "қызық кітап" бірдеңе ұсынуды өтінді.
Сіз қалай дедіңіз? "Ақ құба негр қыз?" Оның тартымды екеніне сенімдісіз бе? Мүмкін анау тұрған: "Мені жерлеу ұлан-асыр болады" дегенді алған жақсы шығар? Ол не — күлкілі ме?
Кейбіреулерге күлкілі, ал біреулерге — жоқ, — деп жауап берді Роза, — бұл мінезге байланысты.
Ал ана кітап ше? Онда анау әлгі... бар ма? Әлгі, тамсандыру... түсінеді ғой? Мен, әрине, кітаптардағы анайылықтарды ұнатпаймын: қиялың шарықтаған кезде бөтеннің айтуынсыз-ақ тірлік қыласың ғой, рас пa?
Сөйтіп, ол саған солай айтуға дейін барды ма? — деп Дени бұрқан-талқан болды. — Сен дүкенге жұмысқа кіргелі бері қанша өлең кітапша саттың?
Бір дана "Балалық бақтары" және сенің досың Пьер үшін "Меркуриден" жаздырып алған бірнеше том.
Пьерді көргеніңді маған неге айтпадың?
Жюльен күндіз інісі мен қарындасынан құтылған кезде үй толық оның билігінде қалды, ол енді апасы ұйқы бөлмесін желдеткен және төсеніштерді жуып жатқан уақытта одан шығып жүретін болды. Егеp жаңбыр жауып тұрмаса, ол алдымен жақын маңда Канельгелерден ешкімнің жоқ екеніне көз жеткізіп барып, тіпті нақты аралауға ұйғарды. Оның бірде-бір тірі жанды көргісі келмеді. (сағат беске қарай ол қайтадан төсегіне жантаяды. Апасы оған түскі тамағын әкеліп береді, ал сонан соң бұл әлдебір қылмысты шытырман оқиғалы роман оқуға кіріседі.
Револю ханым өзінің кіші балаларымен тек кешкі ас үстінде ғана жүздесіп жүрді. Бейне жерге басқа планетадан түскен сияқты, ол ұсақ-түйек оқиғалар орнына айналған Жгольеннің бөлмесінде не істегендері туралы оларды өзінің мәні жөнінен әлемде болып жатқан маңызды оқиғалардан кем түспейтіндей, салтанаты кейіппен баяндап отырды. Егер Жюльен өзінің қасарысқан үнсіздігін бұза қалғандай болса, бұл оның сөздерін, тәбеті бар-жоғын және асқазаны жақсы қорытты ма дегендерді тәптіштей айтып берді.
Бір жолы үйде үлкен әбігер болған: Жюльеннің газет оқығысы келіп кетеді. Өкінішке қарай, оның көзіне аса зиялы қауымның ғой туралы хабар түседі; аталған қонақтардың бәрінің есімі оған қамыс болып шығады. Мұндай қапаланудан ол қалжырап қалыпты. Шешесі газетті оған бермес бұрын алдымен неге қарап шықпадым екен деп, өзінің құнтсыздығына өзін қатты кінәлады. Енді бәрін қайтадан бастау керек.
Оны аса қапаландырғаны — бұрын сондай сырбаз, кірпияз Жюльеннің жуынбайтын болғаны. "Естеріңде шығар, ол күніне екі рет булауға түсетін еді ғой, тырнақтары ылғи мұнтаздай күтімді жүретін. Ал, енді!.. Мен оның беті-қолын, аяқтарын біршама таза ұстауға тырысамын, бірақ қалған барлық жері... Құдайым-ай!"
Дени әңгімеге мән берген, ден қойған сияқты кейіп көрсеткенімен, тыңдамауға тырысты. Ол төңірегіне құлазыған жанармен қарап отырған апайын бақылауға алды. "Өлесі шаршаймын", — деді қыз. Және расында да, ол қуарып кетіпті, көздерінің астында қара теңбіл пайда болған. Шардон қария бұрынғы сатып алушысын құрметтегендіктен, дүкенде ешкім жоқ кезде отыруға мұрсат беретіні қандай жақсы. Бірақ Роза өзіне деген қынжыла мүсіркеушілік сезімді еш туғызбады. Оның жүрегі алаулап, бақыт отының жалыны сыртына теуіп тұрды; Дени оның жылы шуағын сезінді. Роза өзінің асып-тасып жатқан шаттығы мен өмірге қуанышын сыртқа шығаруы керек болғандай, інісінің әрбір әзіл-қалжыңына сықылықтай күлді. Ол еш уақытта інісіне осындай мейірімді болмаған еді, бірақ одан ештеңе туралы сұрамады. Дени тіпті:
— Саған менің қалай өмір сүріп жатқаным соншалықты қызықты емес-ау, сірә, — деп шағынды.
— О не дегенің, сенің сабақтарың қалай жүріп жатқанын білгенімді қалайсың ба? Бірақ біз еш уақытта оған алаңдаған емеспіз ғой. Оның үстіне, Құдайға тәубе, сен кішкентай емессің — он жетісесің...
— Әңгіме тіптен менің сабақтарым туралы емес, Розетта, мен он жеті жаста болсам да өзім жайлы, інің жөнінде.
— Сенің маған айтқың келетіннің бәрін тыңдауға әзір екенімді сен жақсы білесің ғой. Иә, құлағым сенде. Ісім сені тыңдау ғана. Бірақ сен маған ештеңе айтпайсың ғой.
— Бойжеткен апайыңа ештеңе айта алмайды екенсің.
— Онда неге шағынып тұрсың, мақауым-ау?
— Мен саған айттым ғой — сен маған тіптен қарамай кеттің, енді саған менімен көңілсіз...
— Тағы не ойлап таптың?
— Сен мені Пьер Костадодан гөрі ақымақтау санайсың.
— Оның не? Жай сенде ондағыдай талант жоқ. Білсең, мен кеше Пьерді көрдім, ол бізге келесі бейсенбіде келеді, саған "Кибеланың" жаңа үзіндісін оқып бермекші.
— Сен оны көрдің бе? Не туралы сөйлестіңдер?
Пьердің өлеңдері туралы сөйлестік — ол бірер минутқа ғана асығыс кіріп шықты, — деп жауап берді апайы. "Тоқтай тұр, — деп ойлады Дени, — бір бейсенбіде қалаға сенен жасырынып өзім барамын да бәрін өзім тексеремін..." Күн ішінде мұны қатты алаңдатқан бір уақыт — түскі үзіліс аралығы еді. Осы екі сағатты Роза қайда және қалай өткізеді? Дүкенді жапқаннан кейін оның трамвай аялдамасына жүгіретіні анық. Денидің тексеру жүргізгісі келіп кетті — бірақ оны сыпайыгершілік емес, сол жерде мұның алдынан не сыр ашылуы мүмкін екендігінен қорқу тоқтатты, оның үстіне мұның Пьер Костадомен кездескісі келмеді.
Сөйтіп, бейсенбіде күн салқын әрі жауын құйып тұрса да Пьеро Костадо велосипедпен жетіп келді, Дени ол келеді деп үміттене қоймаған еді.
Дени оны терезелерінен еріген қар мен жаңбыр суы басқан алқап көрініп тұратын шағын қонақжайға ертіп кірді. Пьер бұған бірдеңе айтқысы келіп тұрғанын сезсе де, сірә ол маңызды, өзін толғандырған жаңалықты бөліскісі келген ниетін әрең тежеп тұрған сияқты, — бұл бірден "Кибела" туралы әңгімені бастап жіберді. Денидің ештеңені білгісі келмеді және әдейі бар әңгімені өзіне расында да ұнайтын Пьердің дастанына бұра берді.
— "Кибела" онша жүрмей жатыр, — деп хабарлады Пьер. — Қазір менің басым оған қатып жүрген жоқ. Ал сенің шынымен "Кибеланы" тыңдағың келе ме? (Ол, әрине, мұны толқытып, тіпті елжіретіп жіберетін). Мен қазір Атистің Кибелаға опасыздық жасайтын бөлігімен жұмыс істеудемін, Кибела оның Сангарида нимфамен — құдай әйелмен болып жатқанының үстінен түседі. Бір апта бойы жиырма шақты жолды шиырлап әлекпін.
— Оларды жатқа білесің бе?
— Саған оқып берейін бе? Сенің шынымен тыңдағың келе ме?
Пьер күл салғышқа тартып тұрған темекісін тыға салды.
— Бұл, әрине, тағы да монолог: Кибела өзімен-өзі сөйлесіп тұр.
Сөйтіп, ол өлең сөздерін әндете әрі даусын шамалы маңқылдата шығарып, бейнелей жөнелді — бұл жолғы мәнер Дениге соншалықты ұнай қойған жоқ.
Қарағай шуы толқындардың ұлы шыққан гуіліне қосылды,
Жарқылдады найзағай. Көз қарыған жебе оты жосылды
Жайсаң Атис кенет нұрға бөленді, -
Сангарида құшағында жатыр еді ол енді.
Тәнімен аппақ баурап алды өзімді -
Бір сәтке ұмытыппын оған деген жек көрініш сезімді.
Олардың жүздеген қолдармен шырматылған тәніне
Амал таппай, өкінішпен арамтер боп шақырдым
Құдайлардан қайтаруын кегімді. Бірақ өктем найзағай үні көктегі
Махаббаттың айқасқан құшағын ажыратуға әлі жетпеді,
Ләззаттың жұмағынан оларды шығара алмас ешкім де.
О, найзағай, сен де тым дәрменсіз екенсің!
Қараңғылық құшағында үнсіз торығумен өтермін
Олардың бақытын бейбіт тыныштыққа бөлермін,
Тек жапырақтардан үстеріне тамшылайды көз жасым.
Дени көздерін алақанымен көлегейлеп тыңдап тұрды, ал Пьер аяқтаған кезде қолдарын түсірді және үндемей тұрып барып:
— Өзгенің махаббаты алдындағы жалғыздық. Міне, сенің Кибелаңның қасіретінің мәні: оның алдында оған дәнеңе бұйырмайтын ләззат тұңғиығы ашылып сала берді. Оған махаббатта тек жалғызсырау, жауапсыз сезім ғана мәлім, оны жалын күйдіріп барады, бірақ ешкімге сәулесін түсірмейді, ешкімді де жылытпайды...
— Бірақ бізге мұндай шаруалардың қатысы жоқ. Сен не, есіңнен шатастың ба? Біз әлі ғашық болып көргеніміз жоқ қой... Сен бір кезде айтатындай, біз әлі "шындап" сүйген емеспіз...
Досына ештеңе деп жауап қатпастан, Дени тас ошақта жанып жатқан отқа ойлана қарап қалды. Пьер жалғастыра берді:
— Әзірге басқа адамдардың сүйіспеншілігіне қуана жүреміз... Бәрі әбден белгілі болғанша мен әдейі күттім... Қол қойылғанға дейін саған айтқым келмеді...
Дени басын көтерді де досына ызалана қарады. Велосипедпен жылдам жүргеннен және от ыстығынан қызарып кеткен Пьердің беті бұған жиіркенішті еді. Оның алаулаған жүзіндегі алтын түсті теңбіл де ұнамсыз-ды.
— Бәрі де күтпеген жерден болды. Біз Робер екеуміз анамыз туралы нашар ойлаппыз. Ал ол сендердің бастарыңа түскен бақытсыздыққа қатты күйзелді... Сөйтіп, ол біз одан еш күтпеген ұйғарымға келді... Осының бәрі іс жүзіне асқанша мен көпке дейін сенбей жүрдім: мені, достым, қамқоршылықтан босатты, дүние-мүлікті — тек әкеміздің мұрасын ғана емес, тіпті анамыздың жеке өзіне тиесілінің бәрін де бөліп бермекші...
Дени оны шыдамсыздана бөліп жіберді:
— Ал бұл істе менің шаруам қанша?
— Дени, жарқыным, сен түсінбей тұрсың ба? Енді Робер тәуелсіз адам болады. Егер ол тіпті үйленіп, өз оқуын аяқтаса да өз бетінше тұра алады. Қалай, енді не айтасың?
Дени орнынан көтерілді. Ол отқа қарап үнсіз тұрды және Пьерге жүзін бұра қоймады. Ақыры байыппен ғана:
— Менің апайымның қам-қарекеті енді басқа екенін ұмытып кеттің. Болған нәрсе өтті, кетті — ол енді қайтып оны толғандыра қоймайды... Сен неге ақымақ сияқты күлесің?..
— Сен не сарнап тұрсың? Ештеңе де ұмытылған жоқ! Роза саған әдейі айтқан жоқ, өйткені ол да, біз Робер екеуміз сияқты, біздің апамыз өз шешімін жеріне жеткізеріне онша сенбеген-ді. Былайша айтқанда, өзін жалған үмітпен алдандырғысы келмеді...
Дени селқос үнмен:
— Aha, түсіндім! Демек, олар ара — тұра кездесіп жүрген екен ғой?
— Анда-санда? Біліп қой, қымбаттым, олар Медицина институтының маңындағы бір сүтханада күнде түстенеді... Мен де олармен бірге әр бейсенбіде тамақтанамын... Менің саған сондай айтқым келген, ал Роза рұқсат етпеді. Қалай, бауырым? Не айтасың? — Ол қолын Денидің иығына қойды. — Менің біртіндеп түзеле бастағанымды, дегенмен, мойындарсың...
Дени басын шайқады.
— Бұл оқиғада сенің қандай қызмет атқарғаныңды түсінбеймін?
— Өте зор, көгершінім, өте зор! Саған құпиялап айтайын, дәулетті бөлу жөнінен анамыз жарады, бірақ ол біздің үйлеріміз барған сайын кірісті аз түсіруде, тұрғындардың пәтерлерінде жөндеу жүргізу тым қымбат, салықтар өсіп бара жатыр, — бір сөзбен айтқанда, кіріс мардымсыз, Робердің тұтас отбасын бағатын ештеңесі бола қоймас... деп қайта-қайта айта береді. Анамызды сен білесің ғой!..
— Оны тыныштандыруыңа болады. Біз оның ұлынан көк тиын да алмаймыз.
Дени ақыры бетін бұрды және оның құп-қу жүзі Пьерді қайран қалдырды.
— Мен қандай малғұн едім! Дени, кешір. Біз тағы да қайдағы бір оспадарсыз ақшаның есеп-қисабының шырмауына шатылдық. Ал мұның бәрінің ешқандай мән-маңызы жоқ қой... Робер өз күнін өзі көре алатындай табыс тапқанша небәрі бірнеше жыл күте тұруға тура келеді... Айтпақшы, мен өзімнің бар ақшамды Роберге беремін. Және жалпы, бұл жерде маңыздысы біреу ғана — Розаның бақыты шайқалмауы. Ал қалғанының бәрі — болмашы...
— Сен, демек, Роза сенің ағаңмен бақытты болады деп шештің бе? Сен бұған сенімдімісің?
Пьер ренжіп қалды және ашулана мәлімдеді:
— Ал енді бұны мен де, сен де шешпейміз. Бұл олардың шаруасы, олар біледі. Және, меніңше... Тыңда, Дени, мен олармен әр бейсенбіде түстенемін, бақылап жүрмін... Робер ылғи клиникада кідіріп қалады да соңынан келеді. Ол кіріп келгенде Розаның жүзі қалай құлпырып кететінін көрсең. Солай, ақсақал, осы жерде мен "Кибелада" жазғанымдай: "Олардың бақытын бейбіт тыныштыққа бөлермін" деп айтқың келеді. Менің Кибелам ләззат алуды бақыттан ажыратпайды, алайда, махаббат еркек пен әйел алғашқы аймаласқанға дейін-ақ қалай да өзінің бар құдіретімен қауыз жарады.
Дени:
— Олар сүйісе ме? — деп сұрады.
Пьер біршама әжуа күлкімен күліп жіберді.
— Ақсақал, біліп қой, тым әуесқойсың.
— Саған кететін уақыт болды, Пьеро, — деді Дени терезеге жақындап келіп. — Қар мол түсіпті... Бірден қас қарайып кетеді. Онда біздің жолымызбен жүре алмай қаласың, ал сен жаяу саяхаттауға үйренбегенсің. Оның саған керегі не? Сен енді өзіңнің жорғалағыңды тастарсың деп ойлаймын. Өзіңе автомобиль аласың, рас па?
— Олай деме, Дени, естідің бе! Бұлай айтуың маған ұнамайды, сен мені өкпелетесің.
Олар Пьер өз велосипедін қалдырған ас үйге қосалқы басқышпен түсті.
— Ал бұл айтқаным сені неге ренжітеді? Енді банкіде өз шотыңды ашасың, чектерге қол қоясың. Мұның не ұяты бар? Чектерге қолыңды қой да, купондарды жырт — бұл бұдан былай сенің борышың, сенің міндетің, мемлекеттік маңызды іс. Ал түптеп келгенде, өз анашыңа тартатын боласың. Айтпақшы, сен қазір де оған ұқсайсың. Сенің даусың одан дәл аумайды. Ал егер толыса түссең...
Олар басқыш пен ас үйді бөліп тұрған үйшікте тұр еді. Түнгі шамның әлсіз жарығында Дени досының бет әлпетін айыра және осы әжуасы оған қалай әсер еткенін көре алмады. Бірақ Пьер сөйлеген кезде оның даусын Дени әзер таныды — ол сондай өзгеріп кетіпті.
— Дени, мен саған не істедім?
Ешқандай жауап болмады. Тек Денидің ауыр тыныс алғаны ғана естілді. Олардың төбелерінде тазартылған кастрюльдер жалтырап, сөрелерде маринадтап бұқтырылған банкілер тізіліп тұрды. Жуылған кірдің және пісірілген тәтті тағамдардың иісі шықты. Дени ұзақ жүгірістен алқынғандай, жиі-жиі тыныстап, кенет қабырғаға қарай бетін бұрды да бүгілген қолдарының арасына басын тығып, жылап жіберді.
— Дени, — деп қайталады Пьер Костадо, — мен саған не істедім? — Ол бұны иығынан қапсыра құшақтап еді, Дени бұлқынып шығып кетті: Пьер сұрауын қоймады: — Сен неге үндемейсің? Мен саған не істедім, түсіндірші?
— Мен өзім де білмеймін. Егер білсем, саған айтар едім... Менің неден сондай күйзеліп тұрғанымды білмеймін.
Кешке ол басы ауырып тұрғанын сылтауратып, тамақтанбастан ұйықтауға жатып қалды. Роза оның төсегінің жанында отыра тұруға бір сәтке кірді. Дени өзіне ештеңе керегі жоқ екенін, тек жайыма қалдырыңдар дегенді айтты. Апайы мұның жанында отыра тұрмақ болды; бұл кітапты алып, ішінен оқып отырады, бұлар сөйлеспейді. Дени келісті. Роза оны көзінің астымен бақылап қояды. Ол күндіз бұған Пьер келіп кеткенін білетін. "Дұрыс, мен өзіне сене қоймағаныма, өзінен жасырғаныма, сөйтіп інімді алдап келгеніме Дени ашуланып жатыр", — деп ойлады ол. Розаның неге келгенін және өзінің жанында не үшін отырғанын Дени түсінді; "Кешір мені!" — деп айтқан сияқты болды апайы. Екеуі де ешқандай түсіндірусіз ұғысуды жөн көріп, үндемеді.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Кездесу кешкі сағат алтыға "Бозбала мен Албасты" мүсінінің жанындағы саябаққа белгіленді. Робер ылғи бірінші болып келетін; ол нақ осы уақытта Розаның Шардон кітап дүкенінен шығатынын және он минуттан соң оның сұлбасы бақты сұрау кезінде ауаға ұшатын су шашырандысы жасайтын кемпірқосақ иіні астында табан жолдың ана басында пайда болатынын біледі. Самал лептің, ылғал басқан шаңның, сулы шөптің және бақ орындықтары боялған бояудың иісі шығады. Робер оны күтіп тұрды әрі бұл бейнесін өз жүрегінде жаттаған әлі аяулы сол қыз, өткен қыста және биылғы жылы сауық кештерде өзі билеген сол Роза Револю екеніне; оның жайдары жүзі, абдыраған жанары және оның тартымдылығын құлпырта түсетін әдемі сән-салтанатты сол баяғыдай екеніне көз жеткізгісі келді... Бұрынғы күндерде болмысының әлдебір белгілері оның тұрмыс ұсақ-түйегіне: көйлегінің сәл-пәл шығып тұрған, ағытылып кеткен ілгекке, әйгілі шаштараз Тарди жасаған шаш сәндеудің қатаң жарасымын бұзып тұрған шаш өріміне пәк көңілмен мән бере қоймайтынын дәлелдеп тұратын. "Оның бүкіл ұсқыны бейберекет", — дейтін сонда Леони Костадо. Бірақ ол кездерде Роберді өмір сүріп жатқан осы нәзік жаратылыстың жеңіл-желпі құнтсыздығының өзі елжіретуші еді — өйткені ол еш уақытта соншалықты қашыратын олпы-солпылыққа дейін барған емес-ті.
Робер саябақта күтіп тұрды, ал Роза осы минуттарда дүкен артындағы бөлмеде қолдарын асығыс жуып, Шардонмен қоштасты және Интендант бульварына шыға жұпар ауаны рақаттана сімірді. Батып бара жатқан күн оның шаң басқан көйлегінің ұсқынсыздығын, бетінің күрең түсін және шашының тартымсыз реңкін жасырмай, қайта әйгілеп оған жарқыраған сәулесін төкті — оның саябақ жолында көлбеңдеген кейпі Робердің көңілін, іштей тітіркенуін туғызды — ол енді бұл бұрын қатты сүйген қызға сондай ұқсамайтын еді. Тек көздері ғана сүйкімді еді және махаббаттан басқасының бәрі жаппай азап әкелген бұл өмірге терең де түңілген қараспен қараған қыздың көздері тіпті ешқашан нақ осындай ғажап болмаған-ды.
Роза өзінің арзан қол қаралы күнгі көйлегі нашар тазаланғанын, ал туфлиінің биік өкшесі мүжіліп қалғанын аңғармады да. Ол келе жатқан жоқ-тын — ол канатымен ұшты, ешкімді байқамастан және ешкімді танымастан Көшеттік арқылы самғап өтті, ал Гурт көшесінің аяғында оның алдынан саябақтың биік, алтындатқан қара тор қоршауы асқақтап шыға келді.
Міне, ол аллеяға түсті; Робер өзі өткен кештен бері түрін ұмытып үлгерген сол қыз өзіне асыға басып келе жатқанын көрді. Бұл оның қолынан ұстады, одан шығып тұрған біршама өткірлеу иісті жұта оған еңкейді; сонан соң қыз бұдан алшақтап, бұны көздерімен ішіп-жеді. Иә, бейне өзін ұзақ қапырық күнде қалжыратқан шөлін басқандай қомағайлана қарпып-қарпып жұтты. Дегенмен, оның соншалықты тесіле қараған көздері аңғарғыш емес еді, сондықтан Робердің қоңылтақсуын доп баса алмады, оның сүйіспеншілігі кенет мүсіркеуге — қайдағы бір қара жұмыспен айналысып, күйінен сондай тез айырылған қызды мүсіркеуге және өзін, бұдан былай өмірі мұқтаждық тарығуда, қысылуда өтетін өзін аяуға айналып кеткенін көрмеді. Сонымен катар, жігіт осы сезімге бой алдырғаны үшін ұялып қалды, сөйтіп ол Розаға жымиюға, оның қолын қысуға және егер оның көңіліне күдік кірсе қызды жуату үшін жарауға тек соның өзі жететін сондай аяулы сөздер айтуға өзін зорлай алды; бірақ болмашы көлеңке қыздың Робердің махаббатына деген жарқын сеніміне қаяу түсіре алмады — өйткені қыз оны өзіндей бағалады. Роза кейде:
— Сен бүгін бір түрлі шаршау әрі жабырқаусың. Сен тым көп жұмыс істейсің, — деп айтып қояды.
Робердің өзіне көңілі қалуы мүмкін екені оның ойына да келмеді. Өйткені ол Революлер отбасына кедейшілік пен абыройсыздық алып келген апатқа қарамастан, бұған деген сүйіспеншілігін көрсетті; ол өзінің адуын шешесімен күреске төтеп берді. Роза оның махаббатына күмәндана ала ма?
Қыз бұны аралшықта оркестрге арналған шұңқырдың артында тұрған өздерінің сүйікті ұзынша орындықтарына еліктіріп әкелді. Егер ұзынша әлдекімдер отырса, бұлар екі орындық алады. Роза аз сөйледі — ол дамылдау сәтіне және сүйіктісімен қауышқанына марқайып отырды. Тоғанда үйректер мен үлкен алтын түсті тұқы балықтар әлдебір балақан оларға тастаған нан түйіршіктерін түрткілеп жеп жатты. Роза бұл жерде рақаттана дем алды. Робер пәтер іздеп табу керек, жиһаз сатып алған жон деп айтқан кезде ол әрі-сәрі жауап қатып отырды. Тамаша. Оның қолынан келетіннің бәрі тамаша. Роза өздері бірге тұратын және ол мұны құшағына алып жататын әлгі ұйқы бөлмесіне күні бұрын сүйсінді. Қыз өзге ештеңені ойлап жатпады. Ол аяулысының төсіне сүйеніп тәтті дамылдайтын ұясын қиялымен тұрғызып отырды. Өзі енді жұмыс істемейді. Робер бұған Шардоннан қазір-ақ кетуді ұсынды, бірақ қыз әзірге оның есімін алмайынша, мұның қаражатына күн көргісі келмейтінін мәлімдеп, келісе қоймады.
Егер Робер өте табандап тұрып алса, бұл, әрине, көнер ме еді, бірақ ол мұның уәждеріне жылдам келісе кетті және тіпті өзі Роза жалақысынан айырылып қалмасын деп іштей қорықты. Өзінде әлдебір астыртын ойлар бар-ау? Шегініп кетуге, қабылданған шешімнен бас тартуға әлі де кеш емес деп ойлады ма екен? Өзінің иығына сеніммен асылған қыздың басы бұған сондай ауыр көрінді. Шаң тұтқан, нұрынан айырылған шаштар жігіттің бетінің қытығын келтірді. Жоқ, бұл тіптен қиялдауға, ойлауға тұрмайтын нәрсе ғой!
— Кәне, кеттік, — деді жігіт, — соңғы трамвайға дейін бір сағат қана қалды...
Олар сүтханаға кіріп, өздеріне екі-екіден жұмыртқа және бір-бір шыныаяқтан шоколад алды. Роза өзінің не ішіп отырғанын елемеді. Роберді сұмдық тітіркендірген ұнамсыз ұсақ-түйектер: салақ жуылған шыныаяқ, үстелшені сүрткен тұзды шүберектің іздері, ұстағанның түбінен жұғып қалған ылғал шеңберлер қызды ешқандай да тіксіндірмеді. Қыз адамдарда ақша жоқ кезде олар өмір сүруге мәжбүр бейшара жағдайды өз сүйіспеншілігімен ысырып тастады. Кешке бір ретінде Робер оған:
— Сені білмейтін жан сен қаладағы ең таңдаулы үйлердің бірінде тұрды дегенге, сірә, сенбес. Небәрі екі айдың ішінде сен сән-салтанаттан, асыл тас әшекейлерден тіптен шығып қалыпсың, — деді.
— Сән-салтанаттан?
Роза оған шаршау бетін бұрды. Бұл қыздың мұрнының желбезектеріндегі қара нүктелерді және сүйрік мойнын кернеген бұлшық еттерін байқады.
— Өмірде бір-ақ асыл бар...
Робер мұның "Біздің махаббатымыз...", — деп айтқысы келгенін түсінді, сонда жігіт өзінің үлкен алақанын тырнақтары сынған нәзік қолдың үстіне салды. "Мейлі, бұл білмей-ақ қойсын... Мейлі, ешқашан аңғармай — ақ қойсын". Өзі мұны өмір бойы алдаумен алдарқататын болады. Мына көр соқыр қызды алдау тіптен қиын емес.
Ол мұны аялдамада Леоньянға баратын трамвай күтіп тұрған бульварға дейін шығарып салды.
— Бүрсігүні сенбі, — деді Роза. — Сен бізге Леоньянға кел, түнеуге қаласың. Бүкіл кеш, тіпті тұтас түн біздің еншімізде болады. Бақта тіпті таң атқанша отыруға болады. Сондай жылы, сондай тыныш, үп еткен жел соқпайды.
Робер өзін матап жатқан шынжырға тағы бір орам қосылады деп ойлады. Сенбі күні ол Леоньянға Розаның күйеу жігіті ретінде келеді, оны жалпы жұртқа әйгілейді.
Роза трамвайдың табалдырығына мінді. Шам жарығы салық басқармасының хабарландыруына түсіп тұрды. Робер қолын бұлғады, ал Роза алғашқы бұрылысқа дейін өзінің күйеу жігітіне қарап бара жатты. Сонан соң ол вагонды бойлап, ұзынша орындыққа жайласты да қуанышты қиялға берілді.
Ол жұмулы көзімен-ақ алқап пен деревня жақын қалғанын сезіп отырды. Қаланың қапырығына інжір ағаштары мен мал қоралардың иісі қосылды. Бұл барған сайын деревняның тыныштығы мен салқынына бойлай түскен кезде Робер күні бойы қызған тас қабырғаларды жанай қапырық қаланың орталығына қарай ілбіп беттеді. Бақта гүлдеп тұрған жөкелердің күшті хош иісі кейде көшеде аңқып кетеді. Үйлердің терезелері айқара ашылған және осынау қарайған торт бұрыш көздерден адамдардың түрлері еміс-еміс бұлдырайды.
Алайда, анасы мұның Розаға үйлену ойына көндіккен сияқты, сондықтан енді ешқандай қарсылық білдірмей жүрді. Робер тек оның той күнін соза беретінін ғана аңғарды. Оның үстіне мұны бұл тағылымдама алдында өткізуі тиіс конкурстық емтихандарға байланысты Роза да асықтырмады... Басқышпен көтеріліп келе жатып ол өзінең зымиян ойларды аластауға тырысты. Жоқ, Роза мұның әйелі болады. Мұның көз алдына оның бұрынғы бейнесі — бұл былтыр сауық кештерде би билеген көрікті қыздың келбеті қайтадан тұра қалды да талдырмаш, шаршау, олпы-солпы киінген, тіптен күтімсіз әрі анасының қадағалауынан тыс қалған сатушы қыз туралы естелік бұлдырап, күңгірт тартып жүре берді.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
Леони Костадо баласы ойлағандай ашық терезе жанында емес, үстінде бұқпа шам жанып тұрған жазу үстелінің басында отыр еді. Шіркейлерге байланысты бүкіл терезе мен есік жабық болатын. Түнгі үстелшеде елітер иіс шығарып, қашандағыдай, лаванда бұтағы тұрды. Шау тартқан шешесі ұлына көз салмастан, өзінің маңдайын бұған сүюге тосты:
— Міне, Гурт көшесі бойынша жөндеуге арналған сметаны қарап отырмын.
Ол өзінің кіріс келтіріп тұрған үйлерін ылғи олар тұрған көшелердің атымен атайтын; мысалы: "Жақында Мартиник бульварында жаңа шатыр жабу керек болады. Ал Палюдат жағалаулығында ағын құбырды ауыстыруға тура келеді" — дейтін.
— Байғұс балаларым-ай, мүлікті иеленуге қолдарың енді жеткенде биылғы жылы жолдарың болмайын деп тұр. Сірә, күнделікті жүріс-тұрыстарыңа менен әлі ақша сұрарсыңдар. Иә..., — деп ойлана қосты. — Мен оларды қайдан алмақпын, қандай қордан?".
Робер ештеңе деп жауап қатпады. Бірақ апасы өзінің сөзі мына жасық жанның көкейіне доп қонғанын аңғарды. Анасы мұның қапа болып, толқып тұрғанын сезді, бірақ өзінің қандай амалды ұстануы керектігін бажайлай қоймады. Ең дұрысы ұзын арқан, кең тұсауға салу болар. Солайы солай-ау, бірақ күн өткен сайын ұлы матала береді ғой. Дегенмен, апасы той күні белгіленгенше тіке шаппауға ұйғарды. Алайда, ол өзі де аңғармастан, әр сөзімен ұлына тиісіп отырды. Робер шам бүркеншігінің астынан түскен жарық шеңберінде қою көлеңке болып анасының етжеңді мүсіні, жазу үстелінің бұрышы мен кертік орын тақ арқалығы қалай сұлбаланатынына қарап тұрды. Міне, сол кезде осы үнсіз адамның жүрегі сайрап қоя берді және оны осы минутта қаладан төрт шақырым жерде кетіп бара жатып, көздерін жұмып, жүзін аршаның және қарағай қара майының иісін әкелген алғашқы самал желге тосқан әлдебір нәзік жанға еліктіріп әкеткен еді.
Трамвай тоқтады. Роза кондукторға:
— Cay болыңыз, ертеңге дейін, — деп шықты.
Ол болса:
— Жоқ, ертең мен жұмыс істемеймін. Жұмысқа шығу менің серігімнің кезегі, — деп жатты.
Кондуктор бала күнінде, сірә, қатпа, шыр жұқпаған балақан болса керек, қазір де оның қолында қалың неке сақинасы тұрғанымен әлі аурушаң кейіпте көрінеді. Роза оған қайырлы түн тілеп, қараңғы бақтың қоршауын жанай жүріп кетті. Мұның шарбақтан асып, шырмауықпен шырматылған бұтақтарды қолымен сипағысы келді. Адамдардан гөрі олар мұның махаббатына қанық, дұрысы — мұның жанына жақын, мұның қуаныштарының сырлы әлеміне жанасымды, мұны өздерінің жапырақтарының сыбдырына бөлейді. Олар Роза Революдің кедей екенін, нашар киінгенін, таң атпай тұратындықтан шашын күтуге мұршасы бола бермейтінін, тіпті жақсылап жуына да алмайтынын, шырақтың жарығымен асығыс-үсігіс киінетінін, бұған ешкім де құмырамен жылы су әкеліп құймайтынын тіптен білмейді де. Ағаштар тарамыс сатушы бойжеткенге бір кездері жас өспірім балауса қыз шоқ-шоқ гүлкестелі ақшыл жазғы көйлекпен жандарынан өтетін кезіндегідей, үстіне сол жасыл төгіп тұрды.
Қашандағыдай бұл үшін асханада дайын еді әрі қашандағыдай Розаны күтіп бөлменің түкпір бұрышында інісі отырды. Алайда, ол мұны сүюге келмеді. Бұның өзі барды және оның басынан сипады.
— Саған шашыңды алатын болыпты, — деді бұл.
Қаупиған шашынан Денидің үлкен басы одан сайын қауғадай көрінді. Апайына әдемі де дөңгелек үкі көздерімен тесіле қараған ол:
— Роберде бәрі ойдағыдай ма? — деп сұрады.
— Ойдағыдай, — деп жауап қатты бұл — Білесің бе, ол сенбіде бізге келеді және түнеуге қалады.
Дени қонақты қайда жайластыратынын сұрады.
— Жасыл бөлмеде.
— Болмайды? Онда төбеден ағып тұр.
— Ештеңе етпейді, ауа райы тамаша.
— Ал егер нөсер болса ше?.. Дұрысы — қалампыр гүлді бөлме.
— Несі бар, онда да болады.
Роза қиялында өздерінің осы ескі үйінде Роберге ылғи жасыл бөлмені бөлетін. Бірақ бұл айтқанға көніп, оның бейнесін қызыл және қызғылт қалампыр гүлдерінің шоғы салынған матамен көмкерілген әлдеқайда тар бөлмеге жайластырды. Дени апайын ұйқы алдында бақта сейілдеп қайтуға шақырды. Мұның өзінің де жас бәкене талдар жұлдызды аспанды көлегейлемеген саяжолмен жүріп қайтқысы-ақ келген, бірақ ол шаршағаннан әрең аяқ басып тұр еді және кешкі мінәжаттың жартысына келгенде өзін ұйқы қысатынын, сөйтіп бірден қара түнекке күмп берерін білді.
Жюльеннің бөлмесінің тұсынан өтіп бара жатып бұл анасының даусын естіді:
— Роза, бұл сенбісің? Кірме: Жюльен шешініп жатыр. Сенде қандай жаңалықтар бар?
— Ешқандай. Тек Робер сенбі күні келмек.
— Робер? Масқара... Нақ сенбі күні кешке бізде бір төтен жаңалық болмақшы еді... Иә-иә, үлкен жаңалық, Револю ханым балаша сүйреңдеді. Қара да тұр, көресің.
Шешесі ерке қыздың жіңішке даусымен сөйлегенін Розаның су қаны сүймейтін. Шешініп жатып қызы: "Байғұс, анашым! Қалай шөгіп кетті!" — деп ойлады.
Дени өзінің көңілінде тұнып қалған көргісіз түнек сияқты қою қараңғылықта көлеңкелі саяжолмен жалғыз кезді.
Тыныштықта жегі құрттың сартылы қатты естіледі. Бүкіл планета біткеннің ішінде тек Жер бетінде ғана олардың шырылдаған даусы шығып жатты. Дени: "Он жылдан кейін, жиырма жылдан соң мен осы кешті және өзімнің қазіргі жан азабымды есіме алатын боламын", — деп ойлады. Ол жалғыз еді және тек бак саяжолында немесе көгалда ғана емес, сансыз әлем жыбырлап жатқан шетсіз-шексіз кеңістікте тіптен жалғыз еді. Арғы күні осы сағатта мұнда Робер болады... Кенет Дени гүлдеп тұрған жөкелер иісін сезініп сала берді — сенбілік кеште мына хош иісті міне осылай күйеу жігіт пен қалыңдық та сіміреді. Және бұл олардың іңкәр сыбырласқаны кешкі тыныштықты қалай бұзатынын көзіне елестетті. Тосыннан бұның төбесінен жапырақтар сыбдырлап қоя берді, алда өздерінің қалқасымен ғашықтарды жасырып тұрған жапырақтар ынтыққан тебіреністі күні бұрын сезетін сияқты.
"Сенбіде нөсер болатын шығар", — деп ойлады Дени әрі сол сәтте-ақ дымқыл жердің және ұзақ жаңбырдан ауыр тартқан бұтақтардың иісін сезінді. Бір ғажабы жаздың жылы жаңбырының алғашқы ірі тамшылары арғы күні Роза мен Робердің шаштарына тиетіні сияқты, тіпті мұның маңдайына тамып кетті. Бұл осы түнді мұның өзіне қатысы жоқтай тек бөгделердің сезінуі арқылы ғана қабылдады.
Ол үйге қарай кері бұрылды да осындай түні Пьер Костадо не сезінер еді дегенді ойлап келе жатты. Міне, ол, керісінше, адамдарды тек табиғат арқылы ғана қабылдайды және үнемі оның жасампаздығына бойлап жүреді, ал адамдар, барша жан, ол үшін бейне бөтен әрі алыс тіршілік иесі сияқты. Ғаламның оны баурап әкететіні соншалық, Пьер еш уақытта өзі туралы да, басқалар жайлы да, тіпті Құдай жөнінде де ғаламнан бөле-жарып ойлай алмайды... Өлеңдерінде ол бұны қалай жазған еді?.. Ол Розаны өбектеген кезде арнаған өлеңдері бір түрлі сондай қызық. Денидің есінде тек алғашқы екі шумағы ғана қалыпты, бұл оларды күбірлей жөнелді:
Ал Пьер Розаны әлі сүйе ме? Оны інісінен қызғанбай ма? Оның бүкіл ынтызарлығы заттық әлемнің жұтынған жасампаздығына сіңіп жоқ болып кеткендей... "Ал мен олай қабылдамаймын, — деп ойлады Дени. — Жер, шөп, ағаш деген не? Оның бәрі көр соқыр, тас керең, ештеңені де сезінбейді!"
Ауызғы бөлмеде үстелде бұл үшін қалдырылған шырақ жанып тұрды. Ол екінші қабатқа көтерілді, мұның Робер қонатын қалампыр гүлді бөлмені көргісі келді. Оны тіпті сонау Екінші Империя заманында өмір сүрген немере ағасының атымен "Девиз ағайдың бөлмесі" деп те атайтын-ды. Бұл бірдеңеге арнайы арналмаған бөлме еді, балалар мұнда тығылыспақ ойнағанда бүкіл үйден таса қуыстарды іздеп жүгіріп кеткен кезде ғана бас сұғатын.
Дени шырақты сандықшаның үстіне қойды. Бөлмедегі бүкіл жиһаз Жаңғырту заманынан сақталып қалған. Тас ошақта әйнек қалпақтардың астында тұрған құмыраларға екі жағынан және әркелкі суреттер салынғаны есіне түсті: алдыңғы бетіндегі суретте ғашық бақташы жігіт пен қыз аймаласқан, ал екінші бетінде екі періште қасиетті сыйлар тартылған ыдыстың алдында тізелерін бүгіп, тағзым еткен; сөйтіп бұл құмыралар қонақжайға да, шіркеу тұғырына да әр бере алар еді. Дени бала кезінде бірде шолжаңдап жүріп терезе астының шытынаған жақтауын ырғағанын есіне алды. Қақпақтарды итеріп, бұл жазғы түннің салқын тамылжыған тұңғиығына терезені айқара ашты және жақтауды түрткілеп көріп, оның жиегі шынында да солқылдап тұрғанына көз жеткізді. Бұл сенімсіз жиек тақташаны жұлып алмаққа бар күшін салып тартқылап, босқа әуреленіп көрді. Өйткені Робер осы жақтаушаға сүйенуі мүмкін ғой. Робер... Сондай бойшаң сүйкімді әрі тығыршықтай денелі бола тұра, бәрібір дәупірім көрінбейді, өйткені оның өңі ынжықтау және қимылы қопалдау. Осындай көңіл құлазытар сәйкессіздік қалай Розаның жынына тимейді екен? Робер өзінің әлеуетті қолдарын мына шытынап тұрған жақтауға тіреп, бүкіл денесімен асылып баққа қарайтынын және кенет екінші қабаттан төмен ұшып түсетінін Дени өзінің көз алдына келтірді. Қиялында пайда болған көріністі қуып тастап, Дени терезені жапты.
ОН БІРІНШІ ТАРАУ
Сенбіде Роза, Робер және Дени бәрі бірге кешкі сағат алтыда Леоньянға жүріп кетті. Дени бүкіл жол бойы трамвайдың алдыңғы алаңқайында түрегеп тұрды. Роза өзін шаршаңқы сезінді, сондықтан вагонда күйеу жігітімен отырды. Қыз Роберге көз салған да жоқ, оған жанында оның отырғанын сезіну жеткілікті еді, мұның жалаңаш қолы жігіттің пиджагының жұмсақ матасына жанасып жатты. Бұлар екі күнді бірге өткізеді, айырылмай бірге болады. Екі күн! Тіптен ғажайып бақыт!.. Және, дегенмен, осы бір жарқын сағаттарды мұны мен Роберді алда күтіп тұрған айырылмас жақындықтың ғажап күндерімен және тамаша түндерімен салыстыруға келе ме. Өмір тамаша! Робер үнсіз. Розетта оның не ойлап отырғанына ену оңай еместігін біледі... Бірақ мұның алдында әлі уақыт көп, бұл оларды айтпай-ақ аңдауды меңгеріп алады.
Вагон велосипедшілерді — әдеттегі сенбілік саяхатшыларды басып озды, қоңырлаулардың дірілдеген сыңғыры мен жастардың күлкісі естілді. Шабылған шалғында сиырлар аман қалған шөп шоғын іздеп жайылып жүр. Аласа мал қоралардың ашық-шашық есіктерінен қою да өткір иіс мөңкиді.
"Бұл ақырғы қадам, — деп ойлады Робер. Енді олардың көршілерінің де, қызметшілерінің де бәрі мені күйеу жігіт деп есептейтін болады... Несі бар, тіпті жақсы... Осылай шештік екен, болса болсын. Kеpi шегінуге кеш". Ол салмақты еді және қалыңдығын қандай бақытқа кенелтерін біліп, өзіне-өзі риза.
Дени артына мойнын бұрмады және вагонда қатар отырған апайы мен оның күйеу жігітіне қарамады. Трамвай жылдамырақ жүрген кезде бұл басын шалқайтып, көздерін жұмды, бетін салқын желге тосты. Оның қиялына күңгірт әрі айтарлықтай лайықсыз көріністер келді және бұл оларды қууға тырысты. Оқасы жоқ, менің не ойлап тұрғанымды ешкім еш уақытта білмейді деп жұбатты өзін. Ал басқаларда қалай? Олар да жасырын ойларының тұтас бір әлемін ішіне бүгіп жүре береді және олар туралы тіс жармауға тырысады емес пе? Қалайша адамдардың бәрінде олардың ашық айтып жүргені мен өздері жасырын ұстайтындарының арасында алшақтық бар? Және осылай әркімнің көңіл түкпірінде қандай ниет жатқаны бір Жаратқан иемізге ғана мәлім. "Жаман ойларды өзіңнен аласта" деген сөздің ұғымы не? Қаласаң да, қаламасаң да сыртқа білдіре алмайтын, ішіңе бүккен ойды қаперден шығару ма... Кенет ол Розаның даусын естіді:
— Дени, Робердің саквояж сөмкесін алшы.
Трамвай елді мекен жолы басталатын қиылысқа тоқтады және шегірткелердің шөп арасында қалай жанын сала қыршылдатып жатқаны әрі гүлдеп тұрған жөке төңірегінде аралардың қожылдай гулеп жатқаны естіліп сала берді.
Роза киім ауыстыруға кетті, ал Дени Роберді Девиз ағайдың бөлмесіне ертіп кірді.
— Терезелері терістікке қарайды, сондықтан саған ыстық бола қоймайды. Тек байқа, кешке жарықты жақпай шешін, әйтпесе шіркейлер қаптап кетеді.
Дени бөлмеден шықты, сонан соң есікті сәл ашып:
— Абайла, терезе жақтауына тым сүйене берме, ол әрең тұр. Бүкіл үйдің тозығы жеткен! Қаусап тұрған ескі! — деді.
— Әкелеріңіз мұны күтіп ұстаған шығар, жөндеген болар деп ойлаған едім.
— Иә, айтуға... Үнемі ұсақ-түйек жөндеу жасалатын, ал аса қымбатқа түскен жөндеу есімде жоқ...
Дени ештеңе ойламастан жауап берген еді, бірақ Робер:
— "Аса қымбат" деп нені айтасың? — деп сұраған кезде бұл оған назар аудара қарады:
— Ең алдымен — шатыр. Саған осы бөлмені бөлдік, ал әуелгіде басқасына жайластырмақ болғанбыз, бірақ оның төбесінен ағады. Қатты жаңбырда бүкіл шатыр астына тегештер, легендер, кеспектер қойып жүргеніміз. Шатыр он бойы шұрқ тесік, ағаштары шіріген. Мұндай үйге жаңа шатыр жабу қанша тұратынын білсең?.. Біз дәуірлеп тұрған уақыттың өзінде әкеміз ондай шығысқа бара алған жоқ — жыл сайын қамданатын да қоятын... Бірақ енді бұдан әрі созуға болмайды.
— Енді не істемек ойларың бар?
Дени күбіжіктеп барып:
— Шешеміз сенен кеңес сұрамақ сияқты, — деді.
— Мен оған ақылшы бола алмаспын (Робер кенет нық, сенімді үнмен сөйлеп кетті). Бұның маған қатысы жоқ. Біздің өзімізде де үйлердің әуресі жетіп артылады!..
— Жарайды, — деді Дени демін шығара. Леоньянды сатуға тура келер. Су тегінге, әрине. Тек шешемізге айтпа, Розаға да. Бұл олар үшін ауыр соққы... Олардың басы толған қайдағы бір қияли армандар. Екеуі де: Робер келеді де бәрін өз қолына алады деп ойлап жүр...
— Міне, қалай? Олармен өзім сөйлесемін, — деді Робер қасаң ғана. — Ашығын айтып, түсінісіп алу қажет (Оның дауыс екпіні мен үні кенет дәл шешесінен аумай шыға келді). Ешқандай да түсінбестікке жол бере алмаймын.
— Робер, сен осындасың ба?
Роза кіріп келді. Ол үстіне бір тегіс тігілген, терең ойығы бар әрі шолақ жең ақ көйлек киіп алыпты. Жаңа ғана булаудан шыққан болуы тиіс. Одан сергектік сезіліп, иіссу аңқиды. Міне, енді бетінің әлпеті айшықтана, тамырлары білеулене түскеніне, қылдырықтай мойнына қарамастан, ол бұрынғы сүйкімді Розаның өзі еді... Робер оны құшақтап, шаштарының иісін жайлап жұта, қаусырып алды. Қыз ашулана қоймады, тек сәнді тігілген көйлегі умаждалып қалмас па екен деп қорықты. Шамалы ығысып, ол Робердің бұжыр бетін, едірей мұртын, сұлу бедерлі еріндерін алақанымен аялай сипап өтті; жігіт қыздың қолы аузының тұсына келгенде кідіртіп, оның саусақтарының ұшын абайлап тістеледі. Кенет құмыққан дыбыс шықты да әлдебір ауыр нәрсе раушан бұтағының арасына гүрс етіп құлап түсті. Роза шыңғырып жіберді.
— Терезенің астыңғы жақтауы құлап кетті, — деді Дени. — Мен сәл болмағанда онымен бірге ұшып түсе жаздадым.
Роза Робердің қолын қыса берді.
— Қандай сұмдық! Бүгін кешке кенет, жаным, сен осы жақтауға сүйенгеніңде!
Қуарып кеткен Дени оларға тесіле қарады.
— Міне, қараңдар! Міне, менің сендерге тосын жаңалығым!
Револю ханымның жанында сымбатты смокинг костюм киген, тығыршықтай, өңі қуарыңқы және осы кешке өзінің катысуымен ұлағатты, салтанатты сипат беретінін толық сезінген Жюльен тұрды. Ол күмпиген әрі әлдеқалай көзі жұмылған тұлғасымен кішіпейіл жымия қалыпты.
— Робер, сіз ғажайыпты жасадыңыз, нағыз ғажап! — деп қайталай берді Револю ханым зиялы қауымда сөйлейтін дағдысымен сөздерін наздана созып.
— Мен отбасының басшысымын, ол міндетімді ұмытпаймын, — деп мәлімдеді Жюльен. — Сені Леоньянда қабылдау менің парызым. Және мен өзімді қолға алдым... Әрине, осындай ессіздігім маған қымбатқа түсер, бірақ не істерсің...
Шешесі ұлының Роберді сөзге тартқан зиялы әңгімесіне масаттанудан бал-бұл жайнап, тыңдап отырды.
— Бұл маусымда қандай ат жарыстар бар? Тамаша, рас емес пе? Сыйлықты кім алды? Әрине. Екіншіде оза шапқан кім? АҺ, қандай, қызық! Мен оны былтыр сел болмаса, сатып ала жаздаған едім. Сен оны білген жоқ па едің? Оның сәйгүлік тұлпар екенін мен бірден білгенмін... Оның тегін білесің бе? Ол Стелланың еркек құлыны Стелла есіңде ме?
Робер өзінің қалыңдығына көз тастады. Иә, ол әлі бұрынғы Розеттаға, бұл сауық кештерде вальс билеп шыр айналған сол сылқымға келеді. Шампан шарабынан оның екі беті қызыл шырайланып кетіпті. Менің арқамда Розаның көзінде бақыт оты тұтанды деп масаттана ойлады Робер. Кенет Дени бәріне естірте:
— Апа, не болғанын білсеңіз? Девиз ағайдың бөлмесінде терезенің астыңғы жақтауы құлап түсті, — деп мәлімдегені.
Револю ханым мұңая күрсінді.
— Мұнда бәрі айнала қирап жатыр. Бұл үйдің бізге машақаты жетерлік! — деді ол Роберге көз тастай.
Бұл ештеңе жауап қатпастан, өзінің тәрелкесіне шұқшиды, ал Револю ханым сөзін жалғастыра түсті:
— Сатсақ? Бұған не береді? Және, қалай дегенде де, біздің баспанамыз осы ғой. Оның үстіне, үйдің жанында бақ та, бақша да, құсхана да, мал қора да бар. Сүт үшін де, отын үшін де төлеудің қажеті жоқ. Ал егер сата қалсақ, қайда барамыз, айтыңдаршы. Біз қалай өмір сүрмекпіз?
Бұл сұрақтар Роберге арналған еді. Бірақ ол бейжай кейіп танытты. Шешесінің: "Абайла. Естімеген, түсінбеген кейіп көрсет..." деген ақылы құлағында қоңыраулы сағаттың сыңғырында сайрап тұрды.
Тамақтанудың соңына қарай бәрі де біршама ыңғайсыздықты сезінді. Аулада қараңғы түскенімен, шамдар жағыла қоймаған-ды. Сөніп бара жатқан бүкіл жарық ақ дастарқан мен Жюльеннің крахмал ақ омыраушасына түсіп тұрғандай еді. Роза өзінің бақытына төнген қатер елесін сезініп, тыпыршып кетті. Ол Роберді ауызғы бөлмеге алып шығып, иығына көнетоздау жамылғыны жапты.
— Олар кофе ішіп болғанша баққа барайық. Тезірек барайықшы! Қандай тып-тыныш!.. Міне, нақ осындай кешті аңсаған едім.
Робер оның жалаңаш қолынан алып, жаймен қысты. Ол ішінен: "Бәрін де елемеу керек. Тек осы қол туралы, бұдан былай менікі болатын мына ғажап тәнді ғана ойлаған жөн... Ал өздерінің қымбатты Леоньяндарын сата берсін, мейлі. Біз Бордода пәтер жалдаймыз... Иә, бірақ ол кезде мұның туғандары үшін де пәтер жалдауға және ол үшін төлеуге тура келді ғой. Мүмкін бәрі менің мойныма түсе қоймас? Бұлар соншалықты кедей емес қой?"
Роза асыға басты, ол осы кеш үшін күні бұрын пайлап қойған жөкелер астындағы аңсар орындыққа ертерек жетуге ұмтылды. Оны тіршілікке еліткен, төңірек шалғынын тербелткен әлдебір беймәлім күш көтеріп әкеле жатты, еліктіріп бара жатты. Саяжолдан екі кірпі жүгіріп өтті.
— Мұнда, — деді Роза. — Тезірек жүр!
Гүлдеп тұрған жөкелердің мол шоғыры оларды қоюлана түскен түн қараңғылығының қара көлеңкесімен жасырды, міне осы жерде жігіт кеудесіне жабысқан қыз өз бақытын бүкіл жан-тәнімен сезінді. Ләззатты минуттар жылжып, бірінен соң бірі келмеске кетіп барады және бұл оны тоқтата алмайтын еді. Бірақ қазір бұны бақытының бастауында ғана тұрғанын ойлаудың өзі шаттандырды. Қасиетті нәрді құйып алуға және жанып тұрған оған еріндерін тигізуге әлі ерте, бірақ махаббат өзеніне бұлар мәңгі шомылып жүретін болады. Неге алаңдайды? Қымбат сәттер соншалықты қымбат бағаланбайды деп ойлады қыз, — бәрі де әлі алда. Тыныс алғанда көтеріліп-басылып тұрған жігіт кеудесінде мұның басы жай тапты. Мына толқын қалай тәтті тербетеді, сүйікті адамыңа сенген қандай жақсы! Мейлі ол мұның басын кеудесінде тұтас айлар, тұтас жылдар, тұтас мәңгілік ұстай берсін, — осы кеудеде жүрек, оның жүрегі, ең жаныңдай, дүниедегі барша адамның ішіндегі ең жақын адамның жүрегі қалай соғып тұрғаны естіледі. Жақындығынан оның қалай толқып отырғанын бұл сезінді. Сүйіс іздеп тұрған күйеу жігіттің басы толы ұсақ та аяқ асты ойлар, күдік, есеп құру екенін бұл қайдан білсін. Тек оның алпамсадай әлеуетті денесі ғана қыздың шақыруына үн қатты және бұл тән бұлқынысын ірікпеді, өзінің ниетін білдірді, иті құсты сезіп, шепті иіскегенін әрі тұяқтарымен ылғал жерді тырмалағанын қарамай-ақ көретін аңшы сияқты құштарлығын еркіне жіберді.
Ал үйде бильярд бөлмесінің баққа шығатын есігі жанында тұрып Револю ханым Жюльенге:
— Олар әлі орала қоймайды. Оларды күтпе. Сен бірінші жол үшін тым көп отырып қалдың. Әрине, күйеу жігіт пен қалыңдыққа бәрі кешірімді, бірақ олар саған жақсы сый тарта қоймайтынын мойындау керек... Ал сен олар үшін қаншама күш жұмсадың... Ойлашы — қашты да кетті, ғапулыққа бір ауыз сөз айтсайшы! Жақсылықты білмейтіндер!
— Мен ешқандай да рахмет талап етпеймін. Өзімнің қарындасымның күйеу жігітін қарсы алуға міндеттімін ғой, міне сондықтан төсектен тұрдым... өзімді мүсіркемеуге ұйғардым... Мұндай жағдайларда өзіңді аямау керек, өзіңнің байғұс тән қабығыңды ұмытқан жөн... Әрине, бұл мен үшін қымбатқа түседі... Бүгін түн кірпік ілмей шығатынымды алдын ала біліп тұрмын.
— Мүмкін дәріңді ішерсің?
— Бұл енді естігім келмейтін нәрсе. Менің бауырым көтермейтінін білмейсіз бе! Бауырым ешқандай да есірткіні көтере алмайды. Дени, бұл жерде темекі тартпауды сұраймын, баққа шықшы.
Дени орнынан еріне тұрды да, верандаға шықты, онда әрі-бері жүріп, тоқылған орын таққа отырды. Жақын маңда бір жерде құрбақа біркелкі аралықта кеңістікке бұлбұлдың діріліндей анық тықылдаған үн тастайды. Жарқанаттар үнсіз ұшып өтті. Құрбақалар, жарқанаттар, бұлбұлдар, жұлдыздар шашылған аспан және шешек атқып жөкелер — мұның оларда шаруасы қанша? Ештеңе, бұл әлемде еш нәрсе мұның жан күйзелісін жеңілдете қоймайды, мұның шөлін баса алмайды. Аңқасы әбден кеуіп қалған және жаны сондай торығу. Бұл тыныштыққа ширыға құлақ түрді. Жоқ, ешқандай шу шалғынның мүлгіген ырғалысын бұзған жоқ... Бұл неге өлімнен қорқады?.. Және бұл өзінің дағдысымен қиялында көріністі көз алдына келтірді: міне, бұл төсекке жатады, ұйықтататын дәрі қорабын ашады... "Жо-жоқ! — деп зәресі ұшты бұның. — Менің өмір сүргім келеді, мен не бары он жеті жастамын". Бұл еңкейіп веранданың жылы тас тақташаларын ұстады. Апасы қатты дауыстап сөйледі:
— Дегенмен, бұл мені алаңдатады. Ол бірер ауыз сөз айтып, бізді жайландыра алатын еді ғой. Ал ол, керісінше, Леоньян туралы біздің қам-қарекетіміз өзіне қатысты еместігін көрсетуге тырысты... Бірақ бұл оның тұйықтығынан немесе қырсыздығынан шығар...
— Алайда, бұл мәселені көтеру керек, — деді Жюльен. — Менің бөлмемнің төбесі сұмдық жағдайда... Қара да тұр, ол менің басыма құлайды.
— Біздің жобамызға оралу керек деп ойлаймын...
Жюльен есінеп тұрып сұрады:
— Қандай жоба?
— Леоньянды Розаға жасау ретінде ұсына отырып, оны бізге өле-өлгенше осында өмірлік баспана ретінде беруге міндеттеу керек. Жөндеуді және түрлі жамап-жасқауды Роза өз есебінен жасайтын болады, ал бізден үй-жай үшін және бізді күткені үшін болмашы ақы алсын. Әрине, Робер Леоньянды сатпау міндеттемесіне қол қояды... әйтпесе, оған біздің құқығымыз қалпына келеді. Иә, — деп қосты ханым үнсіз тұрып барып, — солай етсе жақсы болар еді-ау, бірақ Леони оның мұндай шарттарды қабылдауына ешқандай да жол бермейді.
Дени верандадан дауыстады:
— Робердің жігері сіздер ойлағаннан артық. Оның Розаға сөз салып, қолын ұсынуға қайраты жетті емес пе...
— Темекіңді өшір де мұнда келші.
Дени бөлмеге кірді де анасының жанына отырды. Жюльен өзінің мойнын сарт еткізіп, міңгірледі:
— Аһ, мына шіркейлерді-ай!
Анасы сұрады:
— Сен қалай ойлайсың, Дени?
— Алдымен Роза жай-жапсарды ыңғайласын.
— Роза ешқандай да келіспейді... Бұл қауіпті емес пе, өзі?..
— О, жоқ! Ол, сірә, қатты ғашық болып қалған сияқты. Және қалайда ақылмен істеу керек.
— Иә, әрине, әлбетте. Роза: менің туыстарым Леоньянды сатпақшы. Менің жүрегім сыздайды, — осы жер біздің ұямыз болса деп армандап едім деп айта алар еді.
— Бұдан басқа, — деп қосты Жюльен, — Леоньяннан жақсы кіріс келтіруге болатынына оның көзін жеткізу керек. Тек оған біршама қаражат жұмсау қажет... Мысалы, мал өсірумен айналысуға болар еді...
— Иә, иә, мұның бәрін айтуға болады. Бірақ тойдан кейін біз оның мұндай шаруаларға кірісуіне жол бермейміз. Өйткені ол бұл жерге бүкіл байлығын жұмсап жібереді... Бірақ бұл өз арамызда қалсын! Ал әңгіме кезінде Леонянды қаражат жұмсауға тиімді етіп көрсету артықтық етпейді, мүмкін бұл Леониді арбап алар.
Дени:
— Менің Розамен сөйлескеніме келісесіздер ме? — деп сұрады.
Ал бұл кезде қыз жөкелердің түбіндегі орындықта:
— Жібер мені! Жіберші! Жалынамын! — деп жалбарынып жатты.
Қыз көйлегін тізесіне дейін түсірді, шашын түзеді. Сонан соң күбіжіктей сұрады:
— Сен ашуланып қалған жоқсың ба?
Ол: "Жоқ ә", — деп жауап қатты да қалтасынан шылым сауытын алды. Өзінің қиялынан есін жиған Роза ол қос қолымен шырпы отын көлегейлеп темекі тұтатқан кезде көз алдында бір сәтке пайда бола қалған оның түрінің әлпетін аңғаруға тырысты. Робер, әрине, ештеңе істеген жоқ және жиырма үш жасында күйеу жігіт болып әрбір жігіт ұмтылмай тұра алмайтын сондай нәрсені жасағысы да келмеді. Бірақ қыз көңілсіз еді, ол тәтті ұйқыдан оянып кетті және енді жігітті бақылап отырды; қызға оның бойыңдағының бәрі: даусы да, қимылы да, тіпті оның үнсіздігі де әлдеқалай бөтен болып шыға келді. Өзінің жанында бұл өмірінің әрбір сәтінде жүрегінде ұстаған сол бір бейнеге тіптен ұқсамайтын адам отыр еді. Бұл бұрынғы Роберді қайтарғысы-ақ келді, оның кеудесіне жабыса түсті. Ол ығысып, иықтарын қозғады. Бұл:
— Демек, дегенмен, ашулысың ғой? — деп сұрады.
— Жоқ ә... Бірақ сен бәрібір түсінбейсің, өйткені сен сұмдық аңғалсың. Сеніңше бәрі оп-оңай... Жабысасың, жатасың, ал сонан соң: "Аһ, жібер мені!" — дейсің.
Ол түйіле әрі айтарлықтай дөрекі үнмен айтты. Бұл өзін сондай жалғыз, жігіт өзімен болмаған сол күндегіден де әлдеқайда жалғыз сезінді.
Тек ол мұның жылап отырғанын сезбесе екен. Өзін білдіріп қоймас үшін қыз көздерін сүртуге қорықты. Оның бетінен ыстық жас жүгіріп, түн салқынында суып жатты. Өзінің мұңаюымен бұл Роберді қорлайтындай көрді, сөйтіп ол темекісін тастаған кезде бұл оның қолынан алды да мойынсұна еріндеріне әкелді. Жігіт қолын тартып алмады және жастан мұның беті дымқыл тартқанын аңғармағандай кейіп танытты. Әйелдерді талай мәрте тастап кеткенмін және олар қайғыдан өле қойған жоқ деген ой оның басында жылт ете қалды. Мұны да тастай ма?.. Екі саусағымен мұның қылдырықтай құс мойнын қыса салғаны, сөйтіп бірден өлтіре салғаны жақсы шығар. Мүсіркеуден, ынтығудан және ұялудан өрекпіп, бұл қызды қатты құшты, өзіне қысты. Қыз бүкіл денесі қалшылдап, құшуға жауап бере алмады. Оның не қалайтынын қыз білмеді. Жігіт үзік-үзік әрі жылдам тыныстады. Роза:
— Саяжолмен біреу келе жатыр, — деп айтты да інісін танып, айғайлады: — Біз мұндамыз, жөкелердің түбінде.
Дени тағы да біршама жүрді де тоқтай қалды.
— Үйге қайтатын уақыт болды, — деді ол. Жюльен есікті ілгекпен жауып қоюды тапсырды.
Жұп жөкелердің түбін меңдеп алған қара түнектен шықты. Әлгі тас түнекпен салыстырғанда саяжол бұларға жап-жарық көрінді. Үшеуі де үнсіз келді және бильярд бөлмесіне кірген кезде жарықтан көздерін сығырайтты. Дени ғашықтарға жүгірте көз салды да Розаның умаждаған көйлегін, оның бетіндегі жастың ылғал іздерін және Робердің алақ-жұлақ көзқарасын бірден байқады. Ол:
— Шырақ анда, алдыңғы бөлмеде. Ал Роберге шам беріледі, — деді.
Өзінің ұйқы бөлмесінде терезенің жанына отырып алып Роза ойға кетті. "Біз ақымақтық ештеңе жасаған жоқпыз, — деп жұбатты өзін ол. Және осының бәрі оның мені сүйгендігінен". Сүйеді. Бұл сөз енді мұның басын айналдырмады. Жас қанының шапшуына ілесе сақтандырған үнді аңғарды. Кімдікі? Мұнда не түйсік оянды? Кейінірек ол мұны алдын ала сезу емес пе екен деп талай ойлады. Жоқ, сәл-пәл жанап кеткен пернелердің көңілінде үн шығарғаны ғана. "Ертең таңертең қайтадан бақытты боламын. Рас, бүгін оған не болғанын білмеймін... Тезірек жарқыраған күн жарығында Робердің жүзін көрер ме еді, тезірек! Сонда оның көзіне қараймын да көңілім орнына түсетін болады".
Робер терезені жабуды ұмытып кетіпті, ал есіне түскен кезде кеш еді: бөлмені шіркейлер жайлап алған-ды. Ол шамды өшіруге асықты, бірақ бұл көмектесе қоймады — ащы шағу түні бойы азапқа салды. Астыңғы жақтаусыз биік терезе қас екісінде қарайған қалың жапырақ арасынан құрлыққа терең сұғына кірген шығанаққа ұқсап аспанның бір пұшпағы көрінді. Және терезенің осынау жалаңаш әрі әлдеқалай үңірейген тік бұрышына қарап, Робер жартылай қираған құрылыста түнеп жатқан сияқты жайсыз сезімге бөленді. Қаусап тұрған үйді жөндеу ниетін бұған тықпалау үшін мұны осы бөлмеге әдейі жатқызбады ма екен? Ол осы аяқ астынан келген күдікті аластап, тек Роза туралы ғана ойлауға ұйғарды. Бүгінгі кеште ол бұның қымбаттысы әрі аңсары болған жоқ па? Ал қалғанының бәрінің еш мәні жоқ. Бұл оның туыстары туралы ешқандай да алаңдамастан, оны өзімен бірге алып кетеді. Ең бастысы — тойға дейін бәрінің басын ашып, баршасы туралы келісіп алу... Ол шіркейлер мұның қанына қанып, таң алдында суықтан ыққаннан ғана мұны жайына қалдырған кезде ұйықтап кетті.
Таңертең ол Розамен асханада жолыққанда өзіндегі барлық төменшік ойды еңсергендей сезінді. Розаның үстінде ақ жұқа көйлегі — өзі мен анасы екеуі Габриаға тіктіріп киетін заманда тігілген көйлегі бар еді, бұл оны шіркеуге бару үшін киген болатын. Үлкен пәуескеге жұмыс аты жегіліп, ерге Кавельге отырды. Робер өзін қалыңдығы отбасының бір мүшесі ретінде сезінді. Ол Денимен және Розамен бірге басқарушының киім киісіне күлді, Кавельге көшір міндетін орындауға дейін төмендеді, бірақ ол мұны сыпайыгершілік үшін атқарып отырғанын аңғарту ниетімен көшіре киінбеген және өзінің жасыл телпегін қисайта іліп алыпты.
Алайда, шіркеуде Робердің көңіл күйі болмады. Өзінің күллі жұрттың назарына іліккені де, күбір-сыбырға өзек болғаны да, толқыған Розаның екі беті маңыздана бал-бұл жанғаны да мұның жынына тиді. Жұртшылықтың көз алдында өзінің күйеу жігіт кейпінде болуы оның еңсесін басты. Иә, расында да! Бұл өз тағдырына мойынсұнбаған па еді? Әлде мұнда бөгде бір астыртын ой бар ма? Онда шығар есікті құлыптап жаппа. "Дегенмен, бәрібір қашып құтыла алмайсың, — деп ойлады ол, — ешқандай мүмкіндік жоқ".
Келушілер уағыз алдында орындықтарды қатты тасырлата жылжытып, орын-орындарына отырып жатып, орайы келіп тұрғанды пайдаланып, қысылып-қымтырылмастан бұрылып тұрып күйеу жігітті анықтап қарап алды. Робер ұялып тұрды, бірақ ол, дегенмен Розаны тыныштандырғысы келіп: "Менің абыржығаным ештеңе етпейді...", — деді. Сөйте тұра, оның қызға жыны келді — қыз іштей: "Дегенмен, сорлап қалғанымызға қарамастан, қармағыма күйеу жігіт іліктіре алдым", — деп масайрап тұрғандай көрінді бұған. Расында да, аңғал екен-ау өзі! Қолға түсті, енді уыстан шыға алмайды! Ал бұл кез келген сұлу сылқымға үйлене алар еді ғой. Сірә, бәрі де: "Қарашы, кімді таңдағанын! Мына дүниеде қаншама жақсы қыз, оның үстіне жасауы айтулы қыз бар!" — деп тұрған болар.
Роза тізе бүкті. Ши қалпағының кең жиегі оның жүзін жасырып тұрды. Қыз басын иіп құлшылық етті. Оның тек мойны ғана көрінді және осы қылдырықтай мойында бұрынғы тартымдылық жоқ еді. Бұл қыз тек кеше кешке жөкелердің астын жайлаған қараңғылықта ғана мұны өрекпіте алыпты.
Қарауыл әйел қатар-қатарды аралап, орындықтар үшін ақша жинап, қайтармын қайтарып беріп жүрді; сонан соң көре священник өтті; ол тершіген жүзін бет орамалымен сүртіп, қайырмалдық жинау үшін сапты аяғын ұсынып, тісінің арасынан ысқыра: "Рахмет, рахмет, рахмет", — деп ысылдады. Бірінші қатысушыларға арнап уағыз сауал-жауап оқыған балалар орындықтарда теңселе тұрып, қыздарға паңдана кез салып қояды. Інжіл оқу аяқталған соң келушілер көңілдене шығуға ұмтылды, нөпір шыдатпай есіктің екі қанаты айқара ашылып, сыртқа лап берді.
Алаңда күн шақырайып тұр еді. Әлдебір кемпірлер келіп, қысылып-қымтырылмай Роберге қарап алды. Бұл Револю ханым мен Роза дүкендерді аралап болуын күтіп, пәуескеде тасалана тұруға асықты.
Робер бұрқылдап:
— Бұлар не ғып маған көздерін қадай қалды? Нағыз нақұрыстар! — деп тұрды.
— Роза Револю бикештің күйеу жігітіне тамсануда, — деп жауап қатты Дени жарамсақтанған кейіппен.
— Ал мен біздің сақина алмасуымыз әзірше құпия бола тұрады ғой деп ойлағанмын.
— Ой, ол мүмкін емес қой! Кавельге мен оның әйелі бәрін жария етіп үлгеріпті. Олардың аузына қақпақ боласың ба. Өзің түсінесің ғой.
— Ал егер мұны құпия ұстау мүмкін болмаса, бір жылдан кейін ғана мәлім етеміз деп, несіне онда құдай атымен уәде берілді.
— Міне, қалай? Демек, сен риза емес екенсің ғой? — деп сұрады Дени аса мүләйім үнмен.
— Білсең, менің жыныма тиіп тұрғаны, адамдардың сөзде тұра алмасын өздері жақсы біле тұра, уәде беретіні. Біз әзірше үйлене қоймайтындықтан, одан да жақсысы...
— Сен не, — деп мұны бөліп жіберді Дени. — Сенің тағылымдамадан өтіп біткеніңді күте қоймасыңа сенімдімін. Иә, біздің үйде бәріміз де осылай ойлаймыз.
Робер ызадан тіпті қызарып кетті.
— Солай ма? Қалайша? Біз оны әлі көрерміз! Ең әуелі тағылымдамадан өту керек.
Дени оған сыбайластық кейіппен көзін қысты:
— Білеміз ғашықтарды...
Робер ашуланбақ болып еді, осы сәтте Роза мен Револю ханым келе қалды да үндемеуге тура келді.
— Абайла, Дени, тортты езіп жіберме, — деді Револю ханым. — Біз Жюльенге арнап крем жағылған түтікшелер сатып алдық.
Пәуеске Леоньянға қарай тартып кетті. Күн аямай шыжғырып тұрды. Бүкіл қып-қызыл болып кеткен Робер Роза өзінің көзқарасын ұстап алуға тырысып отырғанын байқамаған кейіппен сырт қарады.
Ол кешкі бес шамасында қайтты, — бұл алдын-ала келісілген еді, өйткені оның кешке емтиханға дайындалуы қажет болатын.
Күннің ыстығы оны Розамен оңаша қыдырудан құтқарды. Олар бильярд бөлмесінде "Суреттегі әлем" журналының ескі жиынтығын қарап отырды. Сонан соң Роза оны трамвай аялдамасына дейін шығарып салды және келесі күні онымен саябақта жолығатын болып уәделесті. Қыз онан әлдебір өзгерісті аңғарды әрі таңырқады, бірақ онысы қызға салқындық емес, жай қысылғандық сияқты көрінді, — ол кеше жөке түбіндегі жайттан кейін өзін ыңғайсыз сезінген болуы тиіс. Робер вагонға көтерілді, бұл оның соңынан жүрегі еш шымырламастан жабырқаусыз қарап тұрды. Жолда велосипедшілердің тұтас шоғыры жортып бара жатты; дизель моторлы автомобильдер шаңды бұрқылдатып, гүрілдей зулап өте шығады. Роза риза еді, жалғыз болғысы келді.
Қыздың үйге оралғысы келмеді де баққа бұрылды. Әлі ыстық еді. Шалғындағы шөп орылмаған: орушы мердігерлер табылмаған көрінеді; жолды шөп басып кетіпті. Күтпеген жерден әлдеқайдан Дени шыға келгені. Роза жалғыз қыдырғаным жақсы еді деп ойлады, бірақ Дени бұған келді де үндемей қатар жүрді. Ол өзінің ақ мата күрткесі мен шүберек туфлиін шөппен былғап көгертіп үлгеріпті. Кент ол:
— Саған, әрине, осы жерде мен емес, Робердің болғаны жақсы еді, ә, — деді.
Апайы оны иығынан құшақтай алды.
— О, мақау! Сүйікті інімнің менің жүрегімдегі орнын әлдекім баса алар ма екен?
Дени басын салбыратып және үзіп алған шөпті тістелеп келе жатты. Роза:
— Біз екеуміз ғана түсіне алатын, ал басқалар еш уақытта түсіне алмайтын нәрсе көп қой, — деп қосып қойды.
Ол басын көтерді.
— Сен шын айтасың ба, әлде жай жұбату үшін бе?
— Жоқ, расы, — деп жауап қатты апайы. — Міне... күйеу жігітті қанша ұнатқаныңмен де... бір Құдай ғана біледі (ол аят сөзін түйсікпен үзіп жіберді)... Күйеу жігітті қанша ұнатқаныңмен, — деп жалғады ол біршама үнсіздіктен кейін, — көңіл түкпірінде ол әлі жайлай қоймаған қалтарыстар болады, мүмкін оған еш уақытта жол таба да алмас.
— Ал мен?
— Сенің жөнің бөлек. Көп нәрсені мен сенімен бір мезетте және дәл сен сияқты сезінемін. Бізге сөздің қажеті жоқ.
— Тыңдашы, біз осында қалай жақсы тұрдық... Бүкіл балалық шағымыз осында өтті емес пе. Ал ол үшін, Робер үшін... Ол үшін Леоньян деген не тәйірі? Жай "жылжымайтын мүлік", оның үстіне шығынды. Роберге керегі бұдан тек қана құтылу...
Ол үндемей, апайына аңысын аңди қарады. Бірақ Роза шамданып қалды.
— Ең бастысы — оған Леоньянды тықпалап, тиіспе!
— Бұл біз үшін өте маңызды ғой, Роза және бірінші кезекте сен үшін маңызды. Сен бұл нәрседе жай байыбына бармай тұрсың... Әрине, Роберге жабысудың қажеті жоқ, бірақ, міне, маған қандай тамаша ой келді... Апамыз менімен келісіп отыр. Мен саған қазір бәрін айтайын, мен жақсы ойлап таптым ба, әлде жоқ па, сен өзің шеш.
Ол әлгі "тамаша ойын" баяндауға кірісті және күні бұрын ойлап алған сөздерді айтып жатқан өз даусын сырттан естіп тұрғандай болды.
Револю отбасының қызына тұрмысқа жасаусыз шығу ұят. Сондықтан Розаға жасауына Леоньян беріледі, иелік Бордо сияқты үлкен қаланың шет жағына төрт жолдың қиылысына орналасқан, бір сөзбен айтқанда, оның бағасы кемінде миллион тұрады. Робер, әрине, оны сатпауға және Леоньянның шығыстарын көтеруге міндеттенуге тиіс; есесіне бүкіл отбасының тіршілігі қамтамасыз етіледі. Басқарушыны босатып жібереді, сонда бәріне тек пәтер ғана емес, жылу да, тамақ та болады. Роза осы жерге қожалық етеді, оның қол астына құсхана, бақша және мал қора қарайды. Бордо қашық емес, демек, сүтті, жұмыртқаны, көкөністерді және жемістерді сатуға сонда жіберіп тұруға болады.
Дени қызулана сөйледі, оның үстіне ол апайымен бірге бала күннен осындай жоспарлар құруды ұнататын. Оларды ылғи "жерде тіршілік ету", "фермер жігіт пен фермер қыз" ойынын ойнау еліктіретін.
— Саған бұл ертеден кешке дейін Шардон дүкенінде күйбеңдегеннен гөрі әлдеқайда пайдалы болмақ.
— Және біз үнемі бірге тұрар едік, онда ештеңе өзгермес еді.
Інісі ашуын тежей алмай, айғайлап жіберді:
Сеніңше, ештеңе өзгермей ме? Ол енді осында болады ғой, осында!
— Сен оны білмейсің...
— Жоқ, білемін. Және оның саған неліктен ұнайтынын да білемін, — деп ызалана сөйледі Дени, — сенен жақсы білемін. Бірақ қара да тұр оның қалай боларын және көп ұзамай-ақ.
Апайы алақанымен оның аузын жапты. Ол теңселіп кетті.
— Бүкіл Костадо мақау, оларда тек жалғыз Пьер ақылды екенін сен жақсы білесің — олардың бүкіл отбасының ақылын ол өз бойына жиып алған, басқаларына ештеңе қалмаған... Міне, Пьер саған лайық болар еді...
Роза оның шынтағын қысты.
— Егер Пьер әлі бала болмағанда, мен оны шынымен сүйгенімде, сен оған да мұны кешіре алмас едің. Мойында.
— Кешірмейтінім рас, — деп күңк етті Дени. — Мен әлі де оған кешпеймін...
— Ол соншалықты не істеді? Айтшы.
Дени сырылдай ауа жұтып, қолымен ылғал маңдайын сүртті.
— Ақымақшылықты айтып тұрмын. Кешір мені. Мен Пьерді жақсы көремін, Роберді де жақсы көріп кетемін, бәріңді де сүйемін, тек біз екеумізді ажыратпаса екен. Ал Леоньянды сақтау керек, өйткені, расында да, қымбат емес пе? Робер келіссе екен. Қалайша ол осындай сыйды қабылдай алмайды?
Роза Робермен сөйлесіп көруге уәде етті, тек аңысын дөп басу керек.
— Сендер кеше мұнда отырдыңдар ма? — деп сұрады Дени кенет.
Және жөкелерге алып баратын көлеңкелі қысқа жолдың басында тоқтай қалып, ол бос орындыққа тұнжырай қарады.
— Сендерге түнде аула жетпеді ме, — деді ол ашулана үстемелеп, ту-у осында тығылу керек болыпты!
Роза бала күнінде інісімен дауласатын ренішті, нәзік даусымен сен неге өзгенің шаруасына араласасың деп сұрады. Дени өздерінің әкелері өлгендіктен, ал Жюльен есепке алынбайды, інісі бұған қарайлауы керек қой деп жауап берді. Роза иықтарын қиқаң еткізді, сөйтті де табан жолдан бұрылып, көгал арқылы жылдамдата тура тартты.
— Жетер! Жап аузыңды! Ерме соңымнан.
Бірақ Дени оның артынан жүгірді. Оның аяғының астынан көгілдір маса-құрттар ұшып жатты. Шегірткелер жым бола қалды.
— Ал сен не, басқалардай емеспін деп ойлайсың ба? Басқа қамырдан иленіп пе едің? Қателесесің, шолжаң қыз, — деп алқына айғайлады Дени. — Қыздардың бәрі бірдей. Сендер тек өздеріңе ұнамайтын жігіттерден ғана қорғаншақтайсыңдар, онда да!..
— Қандай терең байқампаздық! Сен мұның бәрін қайдан оқып алдың, мақау байғұс!
— Оқып алған жоқпын, өзім білемін... Мен өмірді сен ойлағаннан артық білемін... Мүмкін сен сияқты соншалықты жақсы білмеспін, әсіресе кешегі кештен кейін...
Роза жүгіргендей дерлік қатты жүріп келе жатқан, Дени одан қалыса қоймаған еді. Бірақ апайы осы тұста кілт тоқтай қалды да бұрылып, мұнымен не айтқың келеді деп сұрады ашу қыса. Інісі ызадан қуарып, бұған тік қарап тұрды.
— Айтқым келгені, кешегі кештен бастап сен, сірә, көзің ашылып, біршама жай-жапсарға қаныққан боларсың...
Екі бетке бір-бірден шарт-шарт еткен шапалақ үні естілді.
— Сүйкімдім, әр нәрсенің шегі бар...
Сөйтті де Роза үйге қарай жүгіре жөнелді. Бұл қолдарын дәрменсіз салбыратып, орнында тұрып қалды. Екі беті ду-ду жанды. Ал төңірегінде тіршілік қайтадан жанданып сала берді, үзілген әуен қайта жалғасып, жазғы кеште шалғын үстін басатын әрі балалық шағымыздың күйі еске түскенде көкірегімізде сайрайтын әлгі айрықша сырлы гуіл естілді. Дени бейне жерден өсіп шыққандай, қасіреттен сіресіп қимылдамай тұрып қалды және жәндіктер оны енді өсімдіктер дүниесінен ажырата қоймады. "Иінағаш" деп аталатын инеліктер мұның иығына қонып алып, жұқа қанаттарын жайып-жинап тұрды. Құмырсқалар ағаштардың діңімен өрмелегендей жұмысымен мұның аяғынан жоғары қарай өрледі. Ірі мүйізді қоңыздар — "бұғылар" мен "отыншылар" зор дауыспен пырылдап, батып бара жатқан күннің қып-қызыл шапағына малынған ескі еменнің жапырағын айналдырып жатты. Дени жүрегінің сыздағаны басылып, тыншуын күтіп, тырп етпеді. Міне, осылай өліп кетсең, қимылдамаған күйі семіп қалсаң, қаның жер нәріне айналар еді, ал сен жайма-жай бірте-бірте адамдық әлемнен өсімдік дүниесіне, табиғаттың бір патшалығынан екінші патшалығына, сүйіспеншілік пен азап патшалығынан онда да өмір бар ұйқы патшалығына көшер едің.
Тамаққа шақырған қоңырау сыңғырлады. Шалғын шетінде Роза пайда болды да інісіне беттеді. Бұған тықсыра жақындап келді де ол қолымен мұның мойнынан қаусырып, алаулап тұрған екі бетінен сүйіп-сүйіп алды.
— Кешір мені!.. Кінәлімін. Бірақ сен менің зығырданымды қайнатып жібердің.
Дени қимылдаған жоқ, оның сүйгеніне жауап қатпады. Роза күле:
— Маған бұлай қарама, үкім! — деді.
Бірақ Дени қызық үшін әрі апайын қорқытпаққа көміп қойғандай қалшиды да қалды және кірпік қақпастан көздерін бақырайта оған қарап тұрды. Сонда Роза шөптің сабағын жұлып алды да мұның мұрнын және аузының шет-шетін бұл қашан балалықпен сықылықтай күлгенше қытықтай берді.
Ал Костадолар үйінде сол кеште Пьер, әдеттегідей, тамақтан кейін бірден өзінің бөлмесіне кетті, Робер болса кітапты қолға алмас бұрын кішкентай қонақжайда анасымен біршама отырып қалды. Шешесі оған бірде-бір сұрақ қоймады, бірақ ара-тұра әлдеқалай оқыранып немесе тіпті жай көз тастап оның ішіне сыймай тұрғанын сыртқа шығаруына көмектесті. Алайда, Робер Розаның Леоньян туралы сөз қозғап, өз отбасының мүддесінде өзіне ықпал еткісі келгенін аңғартқан кезде Костадо ханым шамырқанып сала берді:
— Жоқ, қымбаттым, ол мүмкін емес! Бұл сенің ойлап тапқаның. Роза қулық жасауға қабілетті дегенге еш сенбеймін. Мен оны білемін. Байғұс қыз! Әрине, мен ол жөнінде еш тамсана қоймаймын, менің көзімді сенікі сияқты шел басқан жоқ және сен менен мұны талап ете алмайсың деп ойлаймын. Мен оны ақылды қыз деп еш уақытта есептеген емеспін. Егер мен бұл жерде қателессем өте жақсы, тек қуаныштымын. Ол өте қайратты екен, мұнысын жоққа шығара алмайсың, бірақ жақсы бейімділік қабілет үлкен кемістіктердің орнын толтыра алмайды. Және сен білесің, ол сондай әлжуаз, шипая! Өткен жолы сен оны бізге алып келгеніңде, мені оны олардың азалы күнінен бері көрген жоқ едім ғой, мен оны тіптен танымай қалдым. Оны жақсылап бағу керек, оған демалуға мұрша беру қажет... Тойға дейін бұл, әрине, ыңғайсыз. Бірақ мен оның біз үшін табысынан айырылғанын қаламас едім: өйткені бұл оның жеп отырған наны... Бәрі де өз уақытында. Құдай береді, балаға асықпаңдар... Дегенмен, еркектердің талғамы қызық-ақ! Тырнаған қыздың қалай ұнайтынын түсінбеймін.... Ол сенің жүрегіңді меңдеп алса, не істейсің, бұл туралы айтуға тұрмайды. Бірақ қалай дегенде де, мен оны бас пайдасын көздеген бопсалаушы қыз деп санамаймын және ол сенің дүниеңе көз салуға қабілетті дегенге сенбеймін...
Робер қарсыласа кетті. Жо-жоқ, ол қалай мүмкін болады, бұл еш уақытта оны бұлай етеді деп күмәнданбаған. Оны туғандары айдап салып отыр деп ойлайды және Роза солардың ықпалына түскен.
— Тыңда, балақан, егер ол тағы да бір рет бұл туралы әңгіме қозғаса, ұялма, — оны бірден кесіп таста. Біле білсең, қыздардың екі тұрпаты бар. Біреуі ұясынан ұшып шықты-ақ болды — өз туыстары туралы кайтып ойламайды, үзілді-кесілді: тек байының мұң-мұқтажы жайлы ғана қам жейді, бар ойы сол болады. Ал екіншісі бүкіл жан-жүрегін өз туыстарына арнайды да, байының отбасында бөтен адам сияқты күн кешеді. Егер сенің Розан сондай қыздардан болса, өкінішті. Сен үшін, бәріміз үшін өкінішті. Онсыз да қызметіңді бастамай жатып үйленуің — нағыз азапқа басыңды тығуың...
Робер орын тақтан тұрып кетті:
— Неге менің көңілімді қалдыра бересіз? Неге, айтыңызшы? — деп жабырқай сұрады ол. — Мұны өзіңіз насаттану үшін әдейі істейсіз деп ойлауға болады.
Анасы қатуланды:
— Мен бе? Мен әдейі сенің көңіліңді қалдырамын ба?
Робер оған тақап келді.
— Нені көксеп отырсыз? Менің Розаға үйленерім — шешілген шаруа, түпкілікті ұйғарым. Осы некелесудің жақсы жағын көруге тырысыңызшы.
Костадо ханым айылын жия қоймады:
— Бұл жерде еш жақсы жағын көріп тұрғаным жоқ.
— Мейлі, солай-ақ болсын, — деп қасарысты Робер. — Бірақ мен сөз бердім. Біз сақина алмастық.
— Онда тұрған не бар? Сақина алмастың. Бірақ әлі үйленген жоқсыңдар ғой. Священник некелеріңді қиған жоқ, әкім қағазға түсірген жоқ. Әзірге бәрі сөз ғана. Жо-жоқ, ешқандай да болмайды! — деп кенет айғайлап жіберді ол. Маған қанша ашулансаң да мен бәрібір соңғы минутқа дейін бұл бола қоймас деп күдерімді үзбеймін. Менің қандай сезімде екенімді білесің бе? Сені өлім жазасына кесілгендей көремін, сөйтіп таңғажайып күтемін, әлдебір ауру-сырқау, жер жұту бола қалса екен деп тілеймін.
Анасы бұрқ-сарқ күтті. Бірақ Робер ештеңе деп жауап қатпады және біраз үнсіз тұрып барып, бәсең үнмен:
— Ол қыз осыдан өліп кетеді, — деді.
Толқудан Леони Костадоның тамағы тығылды, әрең дегенде сілекейін жұтып, орнынан ауыр көтерілді, қолын ұлының иығына қойып, оның көзіне қарап:
— Балам-ай, бәрін анық көріп тұрсың, сөйте тұра саналы түрде, өз қолыңмен мойныңа тұзақ саласың, — деді.
Робер өзінің Розаны сүйетінін, енді кеш екенін айтып сүлесоқ қарсыласты; осыдан Роза өліп кетеді деп кайтпады.
— Жоқ, өлмейді... Қапа болатыны анық. Бірақ ол егер саған тұрмысқа шығатын болса, одан да кеп азап шегеді: өйткені ол өзі үшін сенің өмірің оңбағанын және сен мұны кеше алмайтыныңды ұғады.
Леони Костадо осымен тоқталу керектігін және қазір жаңа қадам жасамау керектігін сезінді. Бірақ ол аптығын баса алмады, сөйтіп жазу үстелінің жәшігінен Роберге жақсы таныс мүлікті болу туралы қағаздар салынған сары папканы алды.
— Міне, кеше шама есеп-қисапты алдым. Қазынаға салықты салғанда, нотариусқа, сенімді өкілге және сарапшыларға ақша төлеген кезде сендерге қанша қалатынын білесің бе? Мардымсыз бірдеңе: он мың рентадан ғана аласыңдар. Ең көп дегенде!
— Ал үйлерден түсетін кіріс пе?
— Қайдағы кіріс? Шығыстарды жаба алмаймыз.
Робер абыржыған үнмен:
— Сіздің ойыңызда тек қана ақта! Ал мына жерде тірі адам, бұл жерде пәк те қорғансыз қыздың тағдыры тұр ғой.
Анасы бұны құшағына алып, кеудесіне қысты.
— Мен сен туралы ойлап тұрмын, жаным. Сен өз анаңа оның жүрегінде туған ұлы бірінші тұрғаны үшін ашулана алмайсың. Мен сенің бақытсыз болғаныңды қаламаймын.
— Егер ол бақытты болса, мен де бақыттымын, — деді кенет Робер қызу сезіммен. Мен үшін ол азап шегеді деген ойға келісе алмаймын.
— Мен сені түсінемін! — деп үн қатты анасы. Тамаша түсініп тұрмын. Сен кейін өзің қызармайтын жасауға тиіссің.
— Міне, енді амал жоқ деп өзіңіз мойындадыңыз ғой?
Анасы оның үнінен біршама торығуды сөзді және абайлап қосып қойды:
— Кез келген жағдайда амалын табуға болады. Тек оны бірден аңдай алмайсың.
Робер есік алдында бұрылды да:
— Мені көндіремін деп қиялдамай-ақ қойыңыз... — деді.
— Мен ештеңені де қиялдап тұрғаным жоқ. Бүгін ертерек жат. Жұмыс деп отырып қалма.
ОН ЕКІНШІ ТАРАУ
Ауа райы қала үстінде үш күн бойы нөсерлі болып тұрды, жауын құйып, найзағай ойнады. Роза Роберге:
— Егер жаңбыр жауса, мені саябақтың қарсы бетіндегі кондитерлікте күт. Иә, иә. Соның ішінде-сағат алтыда, ол кезде онда ешкім де болмайды, — деген.
Алтыдан он бес минут өтті. Робер үш тәтті бәліш жеп алған еді, енді жүрегін айнытты. Сөреліктің айна әйнегінен су сырғып ағып жатыр.
"Егер Роза бес минутта келмесе, кетемін", — деп ойлады Робер. Нөсерлі күні бұның ылғи жүйкесі қозатын-ды. Өзі мұнысын біледі, сондықтан ашу шақырып, аузына келгенді ақтарып саламын ба деп қорқатын. Ол бала күнгідей маңдайын әйнекке тіреп, терезеден ылғал табан жолға қарап отырды, жаңбыр тамшылары жан-жағына шашырап секең-секең етеді.
"Роза, әрине, жаңбырдан кешігіп жатыр, — деп жуатты бұл өзін. — Сірә, үйден қолшатырын ала шықпаған шығар, өйткені ол ондай нәрселерді еш ескере бермейді. Қандай түрде келетінін көріп тұрмын!.." Сөйтті де бұл өзіне кызмет еткен соң сөренің арғы бетіне барып бір-бірімен сыбырласып тұрған екі жас даяшыға бұрылып қарады. Сілікпесі шыға су болған Роза оларға қандай мүсәпіршілік әсер қалдыратынын Робер алдын ала көзіне елестетті, бірақ өзі Роза үшін ұялатынына ыңғайсызданып қалды. Бұл енді кетуге ұйғарып, орнынан көтерілді де үстелшеге ақшасын қойды және осы сәтті Розаны көрді: кірер есіктің жанына тоқтап, ол әлдебір олпы-солпы ер қолшатырын жинауға әрекеттенді, оны, сірә, Шардон берсе керек. Су болған белдемшесі желмен бұтына жабысып қалыпты. Ақыры ол ішке кірді де абыржи жан-жағына алақтай қарап, су сорғалап тұрған қолшатырды қайтіп білмей, босағада тұрып қалды, даяшылардың бірі одан қолшатырды алды, Роза сонда барып Робердің үстелшесінің басына отырды.
— Сондай жүгірдім! — деп самбырлады қыз.
Бұл оған қылилана қарады.
— Түрің не болып кеткен! Байқа, суық тиеді.
— Оқасы жоқ, мен шымырмын. Белдемшем жаңбырдан қорғасын зілдей ауырлап кетті, аяқтарым су-су, ал киімдерді ауыстырам дегенше әлі кемі екі сағат керек, одан ерте реті бола қоймас. Бірақ сен жанымда болғанда мұның бәрі түк емес.
— Сен өзіңді тіптен күтпейсің, Роза. Тіптен елемейсің...
Ол Робердің сөзін мақтау көріп, үзіп жіберді.
— Жоқ, жоқ... басқаларға қарағанда өжеттігім шамалы. Мен көп нәрсеге көңіл бөле бермеймін, бұл жерде менің ешқандай еңбегім жоқ. Мен үшін бір ғана нәрсе маңызды — біздің махаббатымыз, — деп үстемеледі ақырын ғана.
Қыз өзіне әкелген малаға шарабының рюмкасына ерін тигізді.
— Мені де ойлау керек, — деді Робер, — мен сондай сүйген аяулым Розетта туралы да...
Роза оған таңырқай қарады. Ол әр сөзін нығырлай жалғастырды:
— Менің Розеттам жауыннан су болған белдемшемен жүрмейтін, оның бәтеңкесіне су кіріп, шылпылдамайтын, бұрым-бұрым болып жабысып қалған шашы ескі қалпақ астынан салбырап тұрмайтын. Мен саған мұны кінәрат ретінде айтып отырғаным жоқ, — деп сөзін жиып ала қойды ол, — бірақ, расын айтқанда, кейде өзімді әзер ұстаймын...
Қыз бұдан көзін аудармай тыңдап отырды. Робер ыңғайсызданып қалды.
— Неге саған өзіңнің үсті-басыңа көбірек көңіл бөлмес, өзіңнің түріңді, өзіңнің тырнақтарыңды, өзіңнің бойыңды күтпеске?
Роза қолдарын дереу үстел астына жасыра қойды. Қыз кенет қуарып кетті:
— Мен саған енді ұнамаймын ба?
— Мәселе онда емес, Роза... Мен өзіңе-өзің сын көзбен қарауыңды сұраймын. Мен сенің айнаға қарағаныңды еш көрмеппін. Бұл әйелге тән емес. Бірақ сен тым болмағанда айнадан бір рет өзіңе қарасаң, сен менің не айтқым келіп тұрғанымды түсінер едің.
Терезені сатырлай ұрған нөсер жаңбырдан және Гурт көшесіндегі биік шегіршін көлеңкесінен кондитерлікті қара көлеңке басып тұрды. Роза ром қосылған бәліш тәрелкесінен басын алмады. Робер оның жылап отырғанын аңғарды, бірақ бұл көз жасы оны еш селт еткізген жоқ, қайта оны ызалы тітіркену кернеп тұр еді, сондықтан өзінің сезімін ысылдаған күбірмен жеткізді:
— Міне, енді жас кетті ағып!..
Қыз басын көтерместен:
— Әрине, сенікі жөн, сүйіктім. Кінәраттарың өте орынды. Тек... Мен қазір түсіндірейін... Білсең, мен бала күнімнен маған қызмет жасағанға үйренгенмін, мен үшін бәрін де күтуші жасайтын: бұрауды дайындайтын, алжапқышты жылытатын, уқалайтын, тарайтын... Сенсең, мен бұрын еш уақытта бәтеңкемді де өзім байламайтынмын! Ал енді қазір үйге кеш келемін, таң алдында тұрамын... Міне, сөйтіп бәріне салақсып кеттім... Өзіңді көбірек күту керектігін түсінемін... Бірақ мен біздің махаббатымыз бұл ұсақ-түйектен жоғары тұрады деп ойлаған едім... біз бір-бірімізді сүйеміз деп пайымдағанмын...
Ол сөйлей алмады, көз жасы алқымына тығылды. Робер оны бір ауыз сөзбен болса да жұбатқысы келмеді. Робер екеуінің әлдебір белгісіз, бұның өзі ойлағаннан да алыс, әрірек бір жаққа әкетуі мүмкін жолға түскенін еміс-еміс сезініп, артын тосып отырды. Кенет Роза мұның қолынан ұстап еңкейе төнді, бұл оның қуарған әрі жастан шыланған жүзін тым тақау көрді, қыздың запыранды тынысын сезінді.
— Ал сенбі күнгі... жөке түбіндегі кеш қалай еді? Мен сонда саған ұнадым емес пе?
Бұл селқос үнмен: "Әрине, әрине", — деп жауап берді. Қыз: "Робер!" — деп шақырды, қызда жігіті барған сайын бір жаққа алыстап кетіп бара жатқандай, енді мұны естімейтіндей сезім пайда болды. Жоқ, бұл сезім жалған, — міне, ол, тақау, қарсы алдында отыр, бұларды тек үстелше ғана бөліп тұр. Ол — мұның күйеу жігіті. Қазан айында той болды. Ал осы минутта Робердің де көңілі әрі-сәрі еді және ол соққыны қалай жеңілдетуді ойлап отырды.
— Сен салқындап қаласың, — деді бұл. — Бізге кеттік. Мен от жақтырамын.
Роза оған абыржи ризашылық білдірді. Олар жауын астында жылдамдата жүріп кетті және үйге жеткенше бір ауыз да тіл қатыспады. Робер бұл күні анасы қайырымды әйелдер жиналысынан кештеу оралатынын білетін. Ол Розаны өзінің бөлмесіне емес, шағын қонақжайға ертіп кірді де қызметшіге ас үйден отын әкелуді тапсырды. Розаға бәтеңкесін шешуді ұсынды. Қыз қалбалақтап, қызарып кетті:
— Қарама. Менің шұлығым тесік сияқты.
Робер сыпайылықпен бұрылып кетті. Ылғал көйлектен бу шығып, Розаның төңірегін жеңіл буалдыр жайлады. Қыз тас ошақ үстінде ілулі тұрған айнаға қарады да, Робердің көзіне қалай көрінгенін бірден түсіне қойды. Ол қалпағын асыға шешіп, шашының алба-жұлбасын реттеуге әрекеттенді. Робер еденнен мұның бәтеңкесін көтеріп, ылғал табанын ұстап көрді, сөйтті де отқа жақын қойды. Жігіт орын таққа жайғасып, тас ошақ торынан біршама шегіншектей отырды. Роза оның алдында түрегеп тұрған күйі еңкейді де, екі қолымен оның басынан ұстап, ол өзінің көзіне тура қарауы үшін сәл шалқайтты.
— Сен қандай мейірімдісің! — деді қыз ризашылықпен.
Ол қарсыласа кетті.
— Жоқ, олай ойлама, Роза. Жоқ, мен соншалықты қайырымды емеспін.
Кенет оның аузынан өзі айтам деген ойында жоқ сөз байқамай шығып кетті: ол сөз күтпеген жерден ернінен ытып кеткен түкірік сияқты, шапшыған ірің немесе қан тәрізді қыздың бетіне былш ете қалды.
— Кешір мені, мен сені енді сүймеймін.
Қыз ышқынып кеткен жоқ. Ауырсынғанын да немесе таңырқағанын да білдірмеді. Ол тек: "Міне, осылай. Бәрі бітті. Робер айтты. Демек, бәрі бітті", — деп ойлады. Бірақ іле-шала басқа бір ой жылт ете қалды: "Ол әлі осында, менің жанымда ғой. Әлі ештеңеден айырыла қойғаным жоқ. Оның шашын, оның бетін, оның балаша дүрдиген әдемі еріндерін қайтадан қолмен сипауыма болады". Ол әзірге осында, өзінің жанында тұрған кезде қарсыласуға, күресуге болады, жеңуге болады. Оның өткенде ғана жөкелер түбінде аймалағаны найзағайдай жарқ етіп есіне түсті. Және кенет, әлдеқайдан, жүректің алыс түкпірінен кәнігі қыздар айта беретін: "Еркектермен біле білсең... Еркекті өз жаныңда ұстаудың ең дұрыс әдісі...", — деген сөздер сыбыр ете қалды. Ал Робер — еркек қой, қан мен селден жаралған пенде және оның үстіне еркі босаң еркек. Оның соңына түсуге, қуып жетуге, оны әйелдер өзінің айласын іске асыратын жануарлық қулық-сұмдықтың және арбаудың ұйығына батырып, билеп-төстеуге болады. Мұның үрейі басылды: қазір бәрі де жөніне келеді. Бұл бейне сырттан көңілді дерлік сыңғырлаған өз даусын естігендей болды:
— Бұл сенің өткінші көңіл күйің. Бұл өтеді де кетеді. Сен бүгін мені ұната қоймайтыныңды бірден сезгенмін. Бұл жерде әрі өзім кінәлімін. Бүгін менің кейпім сұмдық! Нағыз албасты! Бірақ ертең мен тіптен басқа боламын. Қара да тұр! — Және қыз жарамсақтанған үнмен: — Ана кеште мен мұндай болған жоқпын ғой. Есіңде ме? — деп қосып қойды.
Қыз тағы да оның басын қос қолымен ұстады, бірақ оның көзіне қарауға босқа әуреленді — ол көзін тайдырып әкетті. "Бұл мені тағы да қармағына іліп әкететін болды, — деп ойлады ол. — Тек берілмеу керек. Ол теңізде апатқа ұшырап, екі әлжуаз қол толқындар үстіне көтеріліп, бұны да иірімге тартып әкету қаупін төндіре, мұның қалт-құлт еткен қайығының жиегіне қалай жанталаса жармасқанын көріп тұрған адам, бірақ соны көре тұра және өз өмірі үшін қалтырай тұра әлгі қауіпті қолдарды ескекпен ұрып жіберуге батпаған адам сияқты шошып, бүкіл тұла бойы дірілдеп кетті. Ал Роза өз дегенін нығырлай түсті:
— Есіңе түсірші, сол кеште жөкелер түбінде мен қандай болдым... Мен салтақ-салтақ лас, қатып-семген пақырға ұқсайтын ба едім? Жоқ қой? Рас па? Сен маған: "Аяулым, менің!" — дегенсің. Менің үстімде Габрина тіккен ақ көйлек болатын. Сен бейне көзің тұнып кеткендей, тіптен есіңнен айырылдың. Есіңде ме? Қазір менің басым айналып тұр. Сен толқыныстан дірілдеп кеттің, безгек ұстағандай бүкіл тұла бойың күйіп-жанды. Ойыңа келгенін айта бер, бірақ соның бәрі болды ғой.
Жігіттің зәресі ұшты. Жо-жоқ, құтылу керек. Оның айтқаны:
— Ол ештеңенің дәлелі бола алмайды. Сен не айтып тұрғаныңды өзің де білмейсің. Түнде құшағына қыз тығылғанда кез келген еркек өрекпиді... Бұл әңгіме етуге тұрмайды. Кез келген әйел мені сондай күйге түсіре алар еді.
— Бірақ ол кез келген әйел емес, мен — сенің Розеттаң едім ғой, сен мені құшақтадың. Мені, мені!
Жөкелердің асты тым қараңғы еді, мен сені көре алғаным жоқ, ал егер жақсылап қарай алғанда, онда... деп, ол айта бастағанда оның оспадарсыз сөздерін естімеуі үшін қыз өзінің құлағын бітеп алды.
— Жоқ! — деп шыңғырды қыз. — Жоқ! Жоқ!
Сөйтті де тамағын ұстап, оттың жанында мүләйімсіп үндемей қалды. Бұл сөзді айтып тұрған мынау адам — қыз өзінің отбасы тақырға отырып қалған соң оны уәдесінен босатқан, ал оның өзі кейін бұған келіп, ынтыға қолын ұстаған сол адамның өзі ме? Жоқ, бұған сену мүмкін емес. Қыз ашуға басқан жоқ, Робер бұдан күткен қатты сөздердің, қорланған әйелдің ызасы жиылған зілді сөздердің бірін де лекітпеді. Онда бұл жәбірлеуге жәбірлеумен жауап қайтарған болып шығар еді. Ара жік масқара оқиғамен ажырар еді де, мына Робер балауса қорғансыз қызды өлімші еткен қорқау кейпінде қалмас еді. Бірақ Роза тек сүюді және күюді ғана білетін. Және қыздың қауқарсыздығында қаншама жігер жатты! Жігіт өзі абыржыса, мүсіркеушілік сезімге берілсе болды-ақ, біткенін — қыз мұны қайтадан және біржолата матап алатынын білді. Жоқ! Енді тағы да иығымен сәл-пәл тықсырса, есік ашылып кеткелі тұр. Өйткені соққы берілді, болар іс болды...
— Сен мені қатыгез деп дұрыс пайымдайсың... Бірақ мен сенің қамыңды ойлап тұрмын... Енді сенің менімен бақытты болатыныңа сенімді емеспін. Мен өзгеріп кеттім... Өйткені сен де өзгердің, мүсәпірсің. Сен енді тіптен басқасың. Саған өзіңнің бұрынғы көйлектеріңді киюдің қажеті жоқ. Сен енді еш уақытта мен былтырғы жылы ғашық болған Роза бола алмайсың.
Сөйтіп, ол сөз таластыруға кірісіп, өз уәждерін келтірді. Розада үміт пайда болды.
— Жоқ, мен сол қалпымда. Мен Шардоннан кетемін, оның дүкенінде жұмыс істемеймін, сен ертең-ақ өзіңнің Розаңды танисың. Леоньяннан шықпай өмір сүремін, сөйтіп, егер шаруашылықпен — құспен, сиырмен, бақшамен шындап айналыссам, әлдеқайда мол табыс табамын. — Қыз үнсіз қалды, кенет оны шабыт кернегендей толқи әрі жылдам сөйлеп кетті: — Менің жасаусыз емес екенімді сен білесің. Иә, иә, менің өте жақсы жасауым бар — маған Леоньянды береді, анам да, аға-інім де келіскен. Леоньян! Сен өзің ойлап көр! Әрине, біршама шығыс шығады, бірақ бәрі өзіміздікі болады, тұрмыс тауқыметі бізге түкке тұрмай қалады. Қасапханаға аптасына бір реттен артық бармайтының, ол да жақсы ғой.
Ол қызды тоқтатпады. Құтқару күтпеген жерден келді. Енді кеудесінде қайнаған ашуды іріктеуіне болады. Ал Роза күйеу жігіт өзімнің сөздеріме тұтылды деп пайымдап, арбауын күшейте түсуге тырысты:
— Біз Леоньян сияқты оңаша отаудың бағасын да білмейміз. Ол қанша тұрады, а? Миллионнан кем емес. Рас айтам...
Робер қатқыл үнмен айтып салды:
— Солай ма? Онда оны сатқан жақсы ғой.
— О, жоқ, біздің бұған қақымыз болмайды.
— Неге болмайды? Үй-жай біздің меншігімізге көшпей ме?
Леоньянды бізге оны сақтап қалу үшін береді деп, Роза ақкөңілмен айтып қалды (жөні солай деп ойласа керек). Робер орын тақтан тұрды да қатулы дауыспен:
— Сенің туғандарың мені жай ғана ақымақ санайды екен. Қателеседі! Міне, қалай ойлаған. Шығыны мол үй-жайды ал, оған ақша жұмса және оның сүйкімді тұрғындарын асыра.
Құдайым-ай, өзі жаңсақ кеткені ме? Роза абыржып, тұтығып қалды:
— Кім ол? Қайдағы тұрғындар?
— Сенің шешең мен аға-інің. Олардың әрине, Леоньяннан кетпек, бізге орын босатпақ ниеттері жоқ.
— Тоқтай тұр, Робер... Леоньяндағы үй сондай үлкен. Бәрімізге де орын жетеді.
Робер қатты дауыстап жасанды күліп жіберді:
— Бәрімізге? Міне, қалай!
Қыз оның жақсы сылтау тапқанын, енді оның неге жармаса алатынын түсінді, өзі үшін бәрі адыра қалғанын ұқты.
— Мен бұл тірліктердің бәрін бажайлаған емеспін. Дұрысы, ондай ойлардан аулақ болдым, — деп қысқа қайырды қыз. Мен бұл жерде қиындық, тіпті көп қиындық туындауы мүмкін екенін болжағанмын, бірақ сен оның бәрінің орайын жақсы келтірер деп есептегенмін. Мен саған сондай сенгенмін, сенің иығыңа біздің болашағымыздың бүкіл қам-қарекетін жүктегенмін. Өзімнің сені сүйгенімдей, сен мені сүйеді деп санадым, — деді ол жылап тұрып. — Ал, меніңше, егер сүйсең, онда өзіңе ауыр болатыны туралы ойламайсың, ешқандай ауыртпалықтан қорықпайсың, қайта керісінше, оған күні бұрын дайын боласың әрі қаймықпайсың. Сен үшін мен бәрін де көтеруге дайынмын. Міне, мен осылай ойладым және сен де...
Жігіт орнынан тұрды да ашық тұрған терезеге келіп, көшеге қарай бастады. Роза ол өзінің кеткенін қалайтынын түсінді. Міне, осы сәтте ғана Роза өзінің бүкіл болмысымен бақыты күйрегенін, енді еш уақытта бақытты болмайтынын сезінді... Бірақ ол әлі осында, өзімен бір бөлмеде ғой. Оның желкесіндегі шиырланған алтын сары шашын сипауға да болады. Роза орнынан тұрды да есікке қарай бірнеше кадам жасады. Робер: "Қазір бәрі бітеді", — деп ойлады, сөйтіп кеудесін кере тыныс алды. Бірақ қыз кенет тоқтай қалып:
— Робер... Робер, тыңдашы.. Мен бәріне де келісемін. Мен сенің әйелің болмай-ақ қояйын. Тек мені біржолата аластама, жүрегіңде мен үшін орын сақта. Менің некелесуді талап етпейтініме кезің жеткен кезде, мүмкін мені сәл де болса сүйетін шығарсың...,Мен сені тым болмағанда анда-санда көріп тұрсам жетеді...
Робер бұрылмастан тұра берді, ал қыз жаймен ғана:
— Мені не істесең де өзің біл... — деп қосты.
Ол қыз үшін ұялып кетті. Робер:
— Сен неге өзіңді қорлайсың? Сен үйіңе барып есіңді жиған кезде, сен мұны маған еш уақытта кешпейтін боласың... Біліп қой, мен сенің сөзіңді ү"мыттым. Мен, әрине, оған ешқандай да мән бермеймін. Естідің бе?
— Жоқ, Робер, бұл жерде қандай қорлау бар? — деп қарсыласты бұл әзер шыққан үнмен. — Мен сені сүйемін. Мен сендікпін. Сен мұны қаласаң да, қаламасаң да, сендік болып қаламын. Бұл жалғанда менің саған деген махаббатымды ештеңе өзгерте алмайды. Сен мені кеудемнен итересің. Бірақ мен бәрібір сені сүйемін.
Роберді еркек бас тартқан және тығырыққа тірелген әйел жабысып қалмай қойған кезде ер адам сезінетін ызалы жирену, өзінде ынтызарлықты қоздырмайтын беймаз ұрғашыны еркектің қатыгез жек көру сезімі билеп алды. Ол бұрылып:
— Міне, сен менің бетімді немен қайтарғың келеді? Өзіңді ұсынасың? Қандай! Бұдан жаманды ойлап табуға болмас. "Біздің арамызда бәрі бітті", — деп осы жерде еріксіз айтасың. Сен менің көңілімдегі ең жарқын, қастерлі сезімдерді ластадың, былғадың.
Ол осы сөздерінің бүкіл пасықтығын әрі жөнсіздігін өзі де түсінді. Ол Розада аяқ асты сезім болуы мүмкін еместігін білді, бірақ өзінің бас азаттығы тым жақын екендігін — оған деген бүкіл дерлік жол артта қалғанын да аңғарып тұрды. Енді бір күш салса, басы еркіндікке шыға келмек. Сонда бұл қалай сайран салады, десеңші!
Роза сәл естілер етіп:
— Мен бе ластаған? Былғаған?.. — деді.
Роза түсіне алмады. Ол жорта қылық көрсетуді, өзінің жан толғанысын шын сезім, өзеуреген ықыластан жұрдай, жалған, жылтыр, дабыра сөздермен әшекейлеуді білмейтін еді. Ол өмірінде еш уақытта, оның үстіне дәл осы сәтте, жүрегінен шықпаған сөзді айтқан емес. Ол адамдар ойындағысын басқаша айтып тұрғанын ылғи аңдай білетін, бәрін де пайымдай алатын, тек Роберді ғана білмейтін. Сезім күшінің өзі бұларды бөліп тұрды — олардың арасында қыздың махаббаты мұхиты жатты. Бірақ сол кеште қыздың сондай терең сүйген жанды ызалықтан жек көріп кетуі елесті сейілтіп жіберді, мұхиттың қос жағалауы бір-біріне жақындады.
Робер, нағыз Робер, бұның тура қарсы алдынан шығып келіп, бұған тіктеп қарап тұрды. Бұл оның көздерінің жымысқы жылмиысын анық көргені сондай, оның сөздерінің бүкіл жалғандығы мен озбырлығын айқын сезінді. Робердің жан жүрегі кенет мұның алдында анайы күйінде әйгіленді — ол оны сондай күйде көрсетуге еш уақытта батпаған-ды, ал Роза осы сәтке дейін оны сондай көруден бас тартып келген-ді, өйткені асқақ ізгі сезім арбаған әрі өзінің махаббатын төмен жанға арнаған адамдарды меңдеп алатын ерікті соқырлықтан көре алмайтын. Қыз енді бірде-бір сөз оның жүрегінен шықпайтынын, одан жорта ызаланудан басқа ештеңе көрмейтінін, ол мұның кеткенін тағатсыздана күтіп тұрғанын білді. Және бұл есіктен шығып, аяғын басқыштың алғашқы сатысына қоймай тұрып-ақ бәрі де біткенін, алдында үрейлі жалғыздық шол кеңістігі ашылғанын анық көрді. Кету, тезірек кету керек. Бірақ жас көзін жауып, бұл есікті таба алмады. Робер ештеңемен көмектеспеді — ол қасарыса терезеге қарап тұрды. Роза ақыры есік тұтқасын басты, бірақ есік басқышқа емес, үлкен қонақжайға шығады екен. Роза есік алдында тұрып қалған, басына қара жүзім сабағы бұлғаңдаған қалпақ киген әлдебір алып тұлыппен соқтығысып қалды.
— Мен жаңа ғана қайырымдылық қоғамынан келдім, — деп асыға сөйледі Леони Костадо. Маған сізді біздің үйде деді...
Роза тәрбиелі, жақсы тәлім көрген қызға тән тәжім етті де, сыңғырлаған сабырлы дауыспен жауап қатты:
— Абыржымаңыз, Костадо ханым, мен кетіп барамын. Трамвайды өткізіп алуға қорқамын. Робер шағын қонақжайда.
— Сау болыңыз, Роза. Сіздерде, Леоньянда, қалай жағдай? Бәрі ойдағыдай ма? Анаңызға менен сәлем айтыңыз. Ол өзінің ескі құрбысын тіптен ұмытып кетті...
Қыздың артынан өкшелей жүріп отырып, Леони бірінші қабаттың алаңшасына дейін түсті. Ол Розаны шығарып салу, қазір оны жалғыз қалдырмау, тым болмағанда шамалы ұзатып жіберу керектігін сезді. Леони әрі-сәрі күйге түсті. Міне, кіре берісте есік тарс етті де Леони кенет әл-дәрмені кетіп, өзіне не болғанын, неліктен осылай толқып тұрғанын түсінбей, қабырғаға сүйенді. Ол бірінші рет өз қылығының құрбанымен бетпе-бет келген еді. Әдетте біздің жымысқы әрекеттеріміз алдымыздан адам кейпінде шықпайды ғой. Біздің қылмысымыз алдымыздан өлімші жаралы сәби кейпінде сирек шығады.
Леони есіктен кірер-кірместен ұлына айғай салды:
— Жылдам! Жүгір, қуып жет оны.
Ол енді кеш, қуып жете алмаймыз деп, басын шайқады.
— Егер жылдамдау жүгірсең, қуып жетесің.
Робер анасының жүзіне қарауға батпады, үндеместен қолын бет орамалмен сүртті.
— Тыңдаңызшы, апа, неге сөйтесіз?... Өзіңіз ойлаңызшы... Әрине, сұмдық болды. Бірақ ең жаманы енді артта қалды.
Леони оның бейжайлығына таңырқады. Қалайша бұл Розаның түрі қандай болып кеткенін көрмеді. Жоқ, ол мүмкін емес. Демек, бұл жай оған қарамаған.
Робер анасына жақын келді.
— Қойыңызшы апа, — деді ол бәсең үнмен. — Мен, рас, сізді түсінбеймін. Риза емессіз бе?
Иә, Леони риза емес еді. Ол, әрине, бұл некеге қарсы. Бірақ ол ұлы арсыздық көрсеткенін тіпті де қаламайды. Бұл ұлы үшін ұялды. Туған ұлың үшін қызару жайсыз-ақ.
— Қисынын келістіре қоюға өреңіз жете бермейтіні өзіңізге мәлім. Мені қарсы қойған өзіңіз ғой — мұны бекер деп айтпаңызшы! Және сонан соң, мені ылғи жігерсіз деп мұқатасыз, ал енді қайрат жиып, қатаңдық көрсетсем...
Анасы оны үзіп жіберді: "Тоқтат!" Мына дөрекілік, мына ұстамсыздық-мінессіздік емес пе, жігерсіздіктен емес пе? Іс жүзінде, бұл не? Бүйтіп байғұс қорғансыз қызды тығырыққа тіреуге болар. Ал одан бірте-бірте алшақтау әлдеқайда жеңіл еді ғой. Робер теріс айналып кетті.
— Мүмкін, сіздікі дұрыс шығар, — деді ол сынық үнмен. — Мен тезірек бітіру үшін қолыма түскенмен ұра бердім. Менің оған не айтқанымды естідіңіз бе?
— Тек сенің соңғы сөздеріңді ғана. Бірақ соның өзі жеткілікті еді. Оның үстіне мен оны көрдім...
Анасы бір ауық үндемей тұрып барып, Роза қайда кетті деп сұрады. Леоньянға ма? Иә, Леоньянға жалғыз кетті, — ол мұны ойламапты да. Костадо ханым ақырын ғана:
— Құдайым-ай! Бүгін түн көз іле алмаспыз!.. — деді.
Робер кетіп бара жатырмын және кеш, өте жайырақ келемін деп анасына ескертті. Бұл қайда барады, не істемек деп сұрамай-ақ қойыңыз. Өйткені бұл енді азат адам. Дегенмен, ештеңеге қарамастан, мұның бәрі жақсы, — еркін! Азат...
Сондай момақан әрі жуас бозбала ұлында кенет анасын үрейлендірген әлдебір қорқынышты қасиет ашылып сала берді: ол сақылдай күлді. Ол еш мас емес еді. Бірақ біз кейде өз қылығымыздан мас боламыз ғой. Ал сонан соң ол бір нүктеге қадала қалды да:
— Пьеро ше? Мен оны ойламаппын да. Ол қайда?.. — деді.
— Бүгін әлдебір жолдасымен мейрамханада тамақтанады. Өзін білесің, мен енді оны арқандап ұстай алмаймын... Оның үстіне ол менен рұқсат сұрамайды да.
Ұлының әрі-сәрі кейпі мұның жынын келтірді. Робер:
— Пьероны қайттік? Өйткені оған айтуға тура келеді ғой.., — деп қайталай берді.
— Тыңда, Робер, бұл енді артық! Сен оның ағасысың және оған өз іс-әрекетіңе есеп беруге міндетті емессің.
Робер басын шайқады. Анасы Пьерді білмейді. Оның қандай қылық шығарарын болжай алмайсың.
***
Ол шығып кетті, ал Леонидің есіне қалпағын шешу керектігі де келмеді. Қара жүзімдер оның басында теңселіп тұрды. Оның миындағы есептеу машинасы кенет тоқтап қалды да кірістер, шығыстар сандарын, жөндеуге және жамап-жасқауға кететін соманы есептеуді доғарды, ал кіріс келтіріп тұрған үйлерінің сірескен сұлбалары қиялында көлбеңдемеді; қалпына келтірілмеген сақтандыру қоры немесе төленген шоттар мен басқа да ақша құжаттары бумасының ішінен қалайда іздеп табуы тиіс болған төлем қолхаттары жайлы алаңдаушылығы жайына қалды.
Бірақ бұл бір сәттік қана жылт етпе еді. Ол сезімнің алғашқы өрекпуін басты және оның түйсігінде жатқан "есе жібермеу" ниеті қайтадан бас көтерді.
"Оны ертерек үйлендіру керек", — деп ойлады бұл, — әйтпесе Гастонның ізін басады. Отбасына бір шолжаң да жетер. Ал қыз ше? Несі бар! Ойсырап қалған ештеңе жоқ, басқасын табамыз. Туыстары мойынға мінбейтін әрі жасауы барын табамыз. Бізде қандай тәуір қыздар барын ойланып көру керек. Әрине, қалада бай қалыңдық толып жатыр деп айта алмайсың. Іздеуге тура келеді. Тек сырт көзге жылтырап көрінуге ұста үйлерден емес. Түкпірдегі деревнялардан неге іздемеске? Құмдақты өңірден, мысалы. Міне, сенімді келешек! Қарағай ормандар бағалы. Жылтырап көрінбегенімен, қомақты, мығым... Бәрі үзілді-кесілді бітті, несі бар, қайтадан бастаймыз".
ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
Бұл күні Пьер анасына айтқанындай, бір досымен тамақтануды тіпті ойлаған да жоқ еді, оның Дени Революден басқа, мейрамханада бірге тамақ ішкен ұнайтын жақын достары жоқ-тын. Ол кемежайлық шарапханалардың біріне кірді, балықтың екі түрін, салат және рокфор ірімшігін алып, бір өзі тамақтанды; бір рюмка коньяк ішті және бір шөлмек ақ шарапты жалғыз өзі тауысты.
Ол мас болды, бірақ жеңіл ойнақы масаңдық еді, оның жайлап өлең жолдарын, шумақтарын шығарғысы келді. Басында ойы анық. Миына аққан жұлдыздай жарқын да қанық ойлар келіп кетіп жатты. Қиялында мың тарау соқпақ жол ашылып, фактілерді тамаша салыстырды, әдебиет туралы терең толғанды. Ол ештеңе жазбады: мұндай аста-төк шалқып отырғанда, қойын-қоныштан шашырап түсіп қалған бірлі-жарым алмас тастарды теріп не қылсын. Оларсыз да жетіп артылады деп ойлады ол.
Есесіне тамаққа төлеу үшін қалтасынан ақшасын алып, санап беру, орындықтан тұрып, теңселмей, тұп-тура киім ілушіге дейін бару, есіктен шығып кету онша оңай іс болмады. Ал көшеде шарапхана терезесінің түбінде күйеуін күтіп тұратын беймаза қатын сияқтанып, жалғыздық — күнделікті кәдімгі жалғыздық бұған қайтадан жабысты...
Ол Сен — Мишель орамы көшелерінен жағалауға беттеген өткінші топ-топ адамдар арасымен баяу ілбіді, ол осы нөпір ішінен өзінің кенеліп келе жатқан байлығымен бөлісер ешкім болмай тұнжырап келе жатты. Аһ, қасында Дени, дөңгелек үкі көзді Дени, досы келе жатқанда ғой! Оның досынан алған сыйлары үшін еш уақытта қарымта қайтармайтыны ештеңе етпейді. Ал Дениден басқа жан жоқ. Роза есепке кірмейді. Роза көп ұзамай жеңгесіне айналады, демек, қол жетпейтін, қол тигізбейтін болады...
Бірақ әлемнің сұлулығы бар емес пе. Міне, нөсер аяқталып келеді, сұр перде тартылған аспанда сұр қарлығаштар шаңқылдап өтті. Шөл даланың өзені мұхитқа өзінің лай суын апарып құюда. Айлаққа қара түсті кемелер жайласыпты. Қошқыл — жасыл жас тоғайлар төбелерге соң береді. Дүниенің сұлулығы — міне, жұбаныш, — деп ойлады Пьер.
Ол үйлерінің есіктері алдында ыстықтан пысынап, пиджаксыз, тартпа асынып отырған адамзаттың жергілікті өкілдерін көзге ілмей, ақындық жанарын алысқа тігіп, Фоссе бульварымен келе жатты. Қарсаңда жазған өлең жолдары қарлығаштардың аспанды осып айқыш-ұйқыш ұшқаны тәрізді есіне бір түсіп, бір шықты, өз өлеңдерін жиегіне жазған жаратылыстану дәптерін ашып жіберіп, оларды тезірек қарағысы келді. Бұл өлеңдерін есіне түсіруге қатты тырысты және ақыры барлық сөзі тор шабақтарына тынымсыз ұрғылаған қамаудағы жабайы кептерлер шоғырында шүпірлеп есіне келе қалды. Жиек жолда тоқтай қалып, өзіне күле қарап тұрған қызды байқамай, ол Кибеланың мұңын әйгілеп, өлеңдерін әндете күбірлей жөнелді:
Жылғалардың естіп тұрмын шолпыл үнін не түрлі,
Бұлақ суы тастан-тасқа секіретін секілді,
Шөптер құдай-ана шаштарындай толықсиды шалқып-ақ
Кекшіл мүктер зүбаржаттан да бетер жарқырап.
Мен үшін сен кім едің? Көз алдымда дидарың,
Алаулаған ернің де, алданышым — жемістердің шарабы,
Жылтылдайды көз жасым. Оның мұңды іздері
Бетті айғыздар балшық сынды түздегі.
Аралардың ызыңдаған гуіліндей көңілінде сайраған дастанына шомып, ол өз үйінің жанындағы алаңға дейін жетті, онда ғибадатхана мен 1870 жылғы соғыста қаза болғандар құрметіне орнатылған мыс ескерткіш көрініп тұратын. Трамвай кондукторларының кеңсе үйімен қатар тұрған орындықта Розаға ұқсас бір әйел отырды. Жақын келіп, Пьер оны таныды, бірақ бәрібір оның расында да Роза екендігіне сенбей тұрды. Бұл оның атын атап еді, ол селк ете қалды.
— Басым айналып кетті, — деді қыз. — Сірә, нөсерден-ау. Менің түрім албастыдай болуға тиіс... Мен жаңа ғана сендерден шықтым... Қазір тәуірмін, бірақ соңғы трамвайды жіберіп алыппын. Жо-жоқ, Робердің мазасын алма. Иә, ол үйде жоқ, әлдебір досына жұмыспен кетіпті. Егер сен маған көшір жалдай алсаң ғой.
Бұл Труа — Кониль көшесінде көшір сарайы бар екенін есіне түсірді. Пьер сонда кеткен кезде, Роза ауыз су ағатын шапшымаға келіп, бет орамалын сулап алды да көздерін және бетін сүртті, қолдарын жуды. Ашық пәуескемен Пьер келді.
— Мен, әрине, сені шығарып салуға барамын. Сен ойлап тұрсың ба, мен сені осындай уақытта, оның үстіне мазаң болмай тұрғанда жалғыз жібереді деп? Маған түнде қала сыртына кыдырып қайту ұнайды.
Роза әлсіз қарсыласты, оның дауласуға шамасы жетпеді. Пьер оның жанына жайғасты, қаусаған пәуеске төсенішті көшелерде селкілдеп келе жатты.
Роза кенет әдеттен тыс сөзшең бола қалып, Пьерді алдаусырату үшін әңгіме соқты. Ол Леоньяндағы үйде өзіне алаңдай қоймайтындары сөзсіз екендігінен хабардар етті: бұл екі рет соңғы трамвайдан қалып қойған жағдай болыпты. Мұнысы қып-қызыл өтірік, Пьер: "Кешкі жұлдыз, сүйкімді менің, шырағым" деген әнді ыңылдады.
— Сен білсең, мен шамалы ішкен едім. Бірақ сен ойлап қалма, мен мас емеспін, — деп асыға үстемеледі ол. Тек сәл-пәл ғана... Сенімен келе жатқаным қандай жақсы болды!.. Күтпеген жерден... Далада жауыннан кейін тамаша аңқып тұрған болар.
Пьер қолын экипаждың жастығында жатқан кішкентай салқын қолға қарай жылжытты. Роза қолын тартып әкетпеді. Алғашында Леоньянға дейін Пьермен серік болуға шыдау керектігін ойлаудың өзі оның зәресін алған-ды. Бірақ енді бұған оның катар отыруы да, оның үлкен қолының жылуы да ұнап қалды: оның алақаны шамалы ылғал болса да, Роза қолын тартып алуды ойламады. Және ол да бұл сенімге таңырқамады. Басын шалқайтып, ол енді үйлердің шатыры көлегейлемеген, жаңбырмен түлеген дала үстіне кең жайылып жатқан аспанға қарады. Рабат елді-мекені үй-жайларының сыртынан ай шыға келді. Терең нәзік және сонымен қатар біршама бұйығы көңіл Пьерді меңдеп алды. Бұл сезім оны бейжай күйге түсірді. Демек, ол өзінің үлкен қолымен аңғал қыздың қолын ұстағанымен, ағасына ұрлыққа түсіп отырған жоқ.
— Роза, — деді ол кенет, бейне естірте ойланып отырғандай болып. — Сеніңше, балалар қалай сүюі мүмкін? Нағыз сүюі?
Қыз қысқа жауап қайтарды:
— Білмеймін, — деді де ернін жымқырып алды.
— Мен сені қалай сүйгенімді сен өзің ойлай да алмайсың... Және мен сені ылғи да сүйетін боламын. Тек мені келеке етпе, — деп жалбарынғандай айтты ол. — Не айтқың келсе, айт, тек күлме. Әрине, мен он сегізге жаңа шықтым. Маған қарама, менің сиқым қандай екенін ұмыт.
— Мен неге ұмытамын? — деді Роза басын бұрмастан. Сен осы қалпыңда менің жүрегімде мәңгі қаласың. Сен бір кезде атақты боласын, сенің есімің күллі әлемге жайылады, ал мен сол кезде осы кеште, нақ осы кеште менің жанымда сен болып едің деп еске аламын. Еш уақытта ұмытпаймын...
Қыз сөзін аяқтай алмады. Торығудың алқымды қысқан өксігімен еңірегенде бой бермес қояншығы ұстағандай оның бүкіл денесі селкілдеп кетті. Бірақ бұнысы жолдың ірі кесек тастар төселген жеріне тап келгендіктен және дөңгелектердің тарсылы, ескі арбаның селкілі өзін тежеуіне септігін тигізді. Пьер ештеңені байқамады. Ол басын былғары жастыққа сүйеп шалқайып отыр еді.
— Понтэйяк есіңде ме? — деп сұрады Пьер. — Понтэйяктағы жағажай... Екі жыл өтіпті. Біз суға шомылғаннан кейін күнге қыздырындық... Мен саған жазған өлең үшін сонда сен маған ренжіп қалғансың, есіңде ме, өлең тек сенің бір өзің туралы еместігін түсінбедің... Мен сені негізге алдым және дастанның қисыны мені аңыз бейнеге алып келді... Тіпті қазір де мен ылғи дерлік сені негізге аламын...
Өксу толқыны қайтадан Розаның кеудесін кернеп, жоғары көтеріліп кетті және соққыға алып, жүрегін жарып жіберердей-ді. "Ол өлеңін оқыса болар еді, — деп ойлады Роза, — сол арада мен байыз тауып үлгерер едім". Ал Пьер күле отырып:
— Қызық, сонда мені сенің арқаң мен иықтарыңның күнге күйгені шабыттандырған-ды. Есіңде ме? — деді.
Мен толқи тұрып кеудеңнен сенің іздедім
Аймаласу іздерін. Алайда айттың: "Сұр жебе — бүлдіргі
Шаңқай түсте терімді менің күйдірді,
Ұйқыда қолды жартасқа ұрыппын қапталдан".
Бірақ шөл даланың құмыңдай жел ақтарған
Ыстық аймаласу іздері тәнде сақталған, теріде дақ қалған.
Аңшы қалдырған іңір орман алаңы,
Ортасында алау дәл осылай жанады.
— Ал осыдан кейін сен ашуланған әлгі жолдар келеді, саған ол жерде тағы да сен туралы айтылатын сияқты көрінді.
— Мен бүгін ашуланбаймын, аяулым, Пьерошым. Оқы.
"Айтсайшы енді, айт, — деді ішінен қыз, — тоқтама". Пьер үнсіз қалғанда ол ертегіге еліккен баладай бір деммен дыбыссыз сыбырлап отырды:
— Одан әрі ме?
Бұл ақыры:
— Одан әрі ше? Одан әрі жатқа білмеймін.
Пьер есіне түсіруге тырысып үнсіз қалды, міне, осы кезде ол еңкілдеп жылағанды естігендей болды. Ол бұрылып, өзінің көршісіне қарады. Роза басын шалқайтып отыр еді, бұған оның созылған мойны мен иегінің жұқалтаң жиегі ғана көрінді. Ешқандай да алаңдаушылық белгісі жоқ. Қыз байыппен:
— Оқы, оқысай. Мен ұйықтап отырған жоқпын, тыңдап отырмын. — деді.
Пьерді оның даусының жарықшақтанған үні таңдандырды. Бұл қыз мына түнгі саяхатқа, жауынға қанған жазира далаға, төңірек шомылған ай нұрына толқып отыр деп ойлады, мүмкін мұның өлеңі тебіренткен болар. Өйткені қыз кенет бұның қолын ұстап, қатты қысты.
— Саған не болды? — деп қайталады қыз. Есіңде қалған жерден бастап оқи бер.
Бұл алты жолды оқыды.
О, тәтті қасірет, терең бойлай жаныма,
Мәңгілік тақсіретіме шоқ тастайсың тағы да,
Қаныңды өз бойымнан сезіндім зырлап аққан өзендей,
Асау толқындардай, құштарлықпен жаза басар кезеңдей.
Махаббаттың тентек ағысын баспай қалай тұра алам!
Сенің нәзік бейнеңді жүрегімнен қалай шығарам!
Ол осы сәтте оқуын тоқтата қойды, бұл жолы қателесуі мүмкін емес еді: мұның қолында жатқан қол дірілдеп кетті, саусағынан иыққа дейін діріл қақты, Розаның бүкіл денесі дірілдеп тұрды.
Қыз күбірлей берді:
— Бітті! Бәрі бітті!
Бұл алдында түсінбей қалды да қызды өзіне тартып, сұрады:
— Не бітті?
Және қыздың Робер туралы айтып тұрғанын бірден аңғара қоймады.
— Ол мені тастап кетті, мені енді сүймейді. Бәрі бітті.
Пьер ызалана айғайлап жіберді:
— Қалай "бәрі бітті?" Сен не? Ештеңе де біткен жоқ! Қара да тұр! Мен оны саған ертең сүйреп әкелемін. Ол тізесімен еңбектеп жетеді, естіп тұрсың ба, тізерлеп!
Роза басын шайқап, жалынышты сыбырлады:
— Сен маған ештеңемен көмектесе алмайсың! Және ешкім де жәрдем ете алмайды. Оның өзі де өзіне ештеңе істей алмайды. Сүймейді, гәп сонда. Өлікті тірілте алмайсың. Аһ, егер сен оны көргенінде, егер оны естігеніңде!..
***
Адамның нақ қай күні және қай сағатта, жүріп өткен жолының қай бұрылысында оның бұрынғы өмірінің тұтас бөлігі ажырап қалып қоярын, өз кейпінің әлі өзгермелі балаң кескіндері біржолата орнығып, есейіп шыға келерін білуі сирек кездеседі. Пьер өмірінің соңғы күніне дейін, мүмкін ақтық деміне дейін елді мекенге барар жолға бұрылыс алдындағы қырға шығар тік өрді, аттың өзі қалай ілбігенін, жолдың бөктерінде пәуескенің және ерде отырған көшірдің көлеңкесі қалай құбылғанын есінде әрі көз алдында сондай анық ұстайтын болады, ол нөсерлі түннің тысырын да, дымқыл ауаны да, мұның ағасын қорғаштаған, бірақ сөйте тұра өзі ақтағысы келген жанға еріксіз ауыр айыптар таққан Розаның күбірін де мәңгі жадында сақтайды.
Пьер тістерін қарыстыра тыңдап отырды; жек көрумен астасқан жүрек айну, оңбағандыққа тыжырыну мұның көкірегіне зіл батпан болып жиылды және мұның бойын билеген іштей төңкерістің терең болғаны сондай, осы сәтте басқа барлық сезім оның жүрегінде семіп қалғып еді, ол тіпті мұның пиджагына көз жасын төге өксіп жылап отырған шексіз сүйген қызды да мүсіркемеді, — өйткені ол қыз да бұл өзінен серпіп тастағысы келген әлемге жататын еді, өрмекшіні шыбыннан бөліп алуға болмайды ғой, бәрі-бәрін — жаналғышты да, құрбандықты да өзінен аластау, — бәрін жою қажет. Қалай болғанда да олардың әлемінен сытылып шығу, қайтып оған жоламау керек. Мұнда жеңіл масаңдық туғызған ақыл-ойының қызынған күйі қайтадан меңдеп, пенделік ыбырсық пен пасықтықтан биік көтеріп әкетті. Өзінен жұбату іздеген көңілдің азапты қасіреті бұған ай жарығында жалтырап жатқан жол сияқты екі амалды сондай анық көруіне кедергі бола алмады, ол әлі қайсысын таңдарын білмей толқыды: қоғамның құрылымына қолын бір-ақ сілтеп, өзін-өзі жетілдіруге әлде қоғамның құрылысын түбірлі өзгертуге кірісе ме. Өзіне-өзі тереңдеу арқылы Құдайға жол табу немесе өзінің моральдық жетістігінен жиреніп, қирату ісіне өзін бетбұрыссыз арнау, тікелей соққылап ескі қоғамның қаусаған қабырғасын тесіп өту, әлемдегі бүкіл Костадоға өліспей беріспейтін соғыс жариялау, мейлі бәрі қопарылып түссін, мейлі бәрін шайтан алсын...
— Ал мен оған әлгі сор болған жөндеу туралы әлдеқалай есіне салдым, — деп сыбдырлады Розаның даусы (көшірдің назарын аудармау үшін ол жай кәдімгі әңгіме айтып келе жатқандай үнмен сөйлеп отыр еді). — Ол біз бір қулық-сұмдық ойластырды деп пайымдады, мүмкін тіпті мен өзін алдағым келеді деп ойлауы да. Сонан соң, білсең, мен сондай ұсқынсызданып кетіппін, ол менен ұялады. Маған енді өзімді айрықша күтуім, сатушы болғандықтан жайраң қағуым керек екен...
Пьер оны үзіп жіберді:
— Жетер, Құдай үшін үндеме!.. Бұл сұмдық қой!..
Өзін мүсіркегендіктен оған мұның бәрін тыңдау ауыр деп ойлады қыз. Ал бұл: "Осындай әрбір парықсыз сезім үшін өлтіріп отыру керек. Тіптен басқаша сот төрелігі болуы тиіс. Мұндай есеп құру ойға келмес үшін дүниені қайтадан жасау керек..." деп ойлап келе жатты.
Өрге шығып алып, ат қайтадан желе жортты. Пьер жолдардың қиылысында тапжылмай тұрған бейнені байқап қалды.
— Құдайым-ай! Біз Дени туралы ұмытып кетіппіз ғой!
— Ол, әне, жол жиегінде тұр. Бөтен ойлап қалады-ау... Енді қайттік? Оған қалай айтамыз?
Роза мұны қайран қалдыра Роза жасанды күлкімен сықылық атты.
— О! — деп дауыстап жіберді қыз. — Абыржыма, бұл айырылысу оны онша қапаландыра қоймайды, көр де тұр! Ол тіпті таңырқамас та... Мен әлденені аңғарғанмын, — деп сыбырлап ол. Пьер қарсыласа кетті:
— Оның не, Роза, не болды, сүйіктім... Жо-жоқ!
Демек, бұл қызды түсінді ме? Ол да аңғарды ма? Үйдегілердің бәрін оятып жіберуден қорқып, Роза көшірге тоқтауды және тас жолда күте тұруды бұйырды. Дени бұларға қарай жүгірді.
— Не болды?
— Иә, бір нәрсе болды, — деп жауап қатты Пьер Розаға тепкішектен түсуіне көмектесіп жатып. Саған қазір түсіндіреміз...
Дени мұны таныды және бұған қолын ұсынбай, абыржи әрі ызбарлана:
— Сен мұнда неғып жүрсің? Сен мұны шығарып салдың ба? Екеуің келдіңдер ме? — деді.
Осы сәтте Пьер Костадо өзінің Денимен достығы, өзінің Дениге аяулы үйірсектігі соқтығысқан және біржолата қираған үшкір тасты анық көрді, қолы тиді және тіпті қолына ұстағандай болды. "Аһ, солай ма? Демек, алда мұны да тамырымен жұлып алу, өртеу, жою тұр! Бұл да қиратуға жататын әлгі әлемнің бір бөлшегі". Олар жолда үшеуі бір қатарда — ортада Роза, екі жанында Дени мен Пьер келе жатты. Дени тақақтап қайта сұрады:
— Неғып сенің мұны шығарып салғың келді? Робер ше?..
Ол жек көрінішті есімді атады да үндемей қалды. Бірақ апайының танымастай болып өзгеріп кеткен түрін алғаш қарағанда аңдамай қалғанның өзінде, апайының тосқан бетін сүйіп алу кезінде осы алаулап тұрған беттен көз жасының кермек дәмін сезіну ол үшін жеткілікті еді... Роза құрғақ қана айтты:
— Енді еш уақытта Робер туралы айтпа. Тыңда, екі ауыз сөзбен айтқанда ақиқат былай: ол мені осындай некенің барлық қиындығын, барша жайсыздығын көтеретіндей соншалықты сүймепті. Біз өзара келісіммен айырылысып кеттік. Сонымен бітті. Басқа айтар ештеңе жоқ.
— Иә, қазір айтуға тұрмайды, — деп күңк ете қалды Дени, бірақ біз оңаша қалғанда мен саған бір сауал қоярмын деп ойлаймын?
Роза ауыр күрсінді:
— Бірден айта бер. Неғұрлым ертерек болса, соғұрлым жақсы.
— Жоқ, бөтеннің көзінше айтпаймын.
Олар қақпаға келіп қалған еді. Пьер Денидің қолын шынтағынан жоғарылау қысқаш қысып жіберді, ол айғай салды:
— Жібер, хайуан!
Бірақ Пьер оның қолын одан сайын қыса түсті.
— Тыңда, — деді ол, — осы минуттан бастап сен маған расында да бөтенсің. Бірақ мен сенің көзіңше Розаға тағы да айтарым: мен өзімді де, бұл дүниеде менде бардың бәрін де сенің толық билігіңе беремін... Мен қайда жүрейін, қайда тығылайын, сен менің мекен-жайымды және егер қаласаң, қалай тауып алуды білетін боласың.
Роза сірескен күйі, төңірегінде ештеңені байқамай жол үстінде қалшиып тұрып қалды.
— Оны жайына қалдырыңдар: сен де, сенің туғандарың да! Міне, сендердің бұл үшін жасай алатын ең жақсылықтарың. Сендер бізге ылғи тек қана қасірет әкелдіңдер — оған да, бәрімізге де әкелгендерің қапалық.
— Бірақ Дени, бұған қайғыны сен де әкелесің ғой... Егер ол бір кезде сенің қорғаныштан шаршаса, сенің қамқорлығыңнан құтылғысы келсе, оған дос көмегі керек болады...
Дени бұған қолын сілтемекке ұмтылды, бірақ Пьер оның әлжуаз қолын көтерілген бетте ұстай алды. "Дени!" — деп айғайлап жіберді ол және оның даусының үні әлгі ашулы қимылға тіптен сай келмейтін еді. Ол Денидің өзіне тіктей қараған қарасына, байлаулы бөлтіріктің ызбарына төтеп берді. Мүмкін Пьер осы минутта өзінің бір кездегі қымбат досымен қоштасқан болар және ол өзінің алдында адамдар сөзбен жеткізе алмас мейлінше бұлыңғыр, түсіндіре алмас әрі-сәрі сезімде тұрған әлсіз жанның көзіне мүсіркей қарады.
— Қош бол! — деді де Пьер қараңғыда шамы жанып пәуеске тұрған үлкен жолға қарай жылдам жүгіріп кетті.
***
— Міне, хайуан! — деп қышқырды Дени өзінің қолын сүртіп. — Иә. мен сенен не туралы сұрамақшы едім, — деп күңкілдеді ол Розаның соңынан веранданың басқышымен көтеріліп келе жатып. — Аһ, иә... мына арбада Пьер қалай сенімен бірге бола қалды?
Олар бильярд бөлмесінің есігі алдына келген еді. Роза бұрылды.
— Қой, Дени. Мен қазір қалай аяқ басып тұрғанымды, жүрегім қалай соғып тұрғанын әлі білмеймін... Кетші, қалдыр мені. Ертең таң сыз бере тұру, қайтадан жұмысқа бару керек. Әрине, керек, әрине... Өйткені енді сендердің менен басқа ешкімдерің жоқ. Маған қалай болғанда да төзу қажет. Ертең таңертең маған не бұйырарын білмеймін, бірақ алтыда трамвай аялдамасында тұруға тиіспін...
Розаның тынысы тарылып кетті, үнсіз қалды және бильярд бөлмесі арқылы өтіп, алдыңғы бөлмеден сонда жанып тұрған шырақтардың бірін алды. Дени оның артынан өкшелеп еріп отырды.
— Ал мен не үшін, Роза? Мен жаныңда, мен ылғи сенімен біргемін.
— Сен?!
Апайы иықтарын қиқаң еткізді. Роза жақтаудан ұстап басқышпен көтеріле бастады. Махаббат күйреген кезде, жақындарымыз бізге көмектесе ала ма? Әлі ешкім де махаббаты ойран болған сағатта аға-інілерінен де, әкесінен де, ұлынан да жәрдем ала алған емес. Біздің тозақ шеңберіміз олар үшін тарс жабық. Роза інісін аялап сүйді, бірақ бұл оның шөлден қаңсыған аузына бір тамшы да дәру нәр бере алмады. Осы минутта Дени мына алшақтық оған апайын қайтармақ түгіл, оны өзінен бөлектей түскенін ұқты. Робер салған азап оны інісінен алыстатты. Розаның торығуы телегей теңіздей еді. Дениге бір-ақ нәрсе: жалаңаш құм жағалауға құлап түсуі және апайының қалай азап кешіп жатқанын көру қалған-ды.
***
Қайтар жолда Пьер таңертеңге дейін қалдырмай дереу ағасынан талап етпек болған түсінісу көрінісін өз қиялында бастап кешті... Жо-жоқ, бұл күтпейді, ол оңбағанның ұйқы бөлмесіне кіріп барады да, оны бас салып жұлмалайды және айтады... Ал оған не айтпақ? Мұны әлі ойлану керек. Әлі үлгереді. Сөйтіп, басын былғары жастыққа шалқалатып, біздің жолаушымыз ай өзінің сәулесімен соңғы жұлдыздарды көмкеріп батып бара жатқан заңғар аспанға қарады және оған ұзақ-сонар жүру керек, жол бітпейтіндей көрінді... Міне дөңгелектердің тоқыры ұйқыға кеткен шет жақты оятып келеді. Түнгі шам сияқты күңгірт шамдардың жарығы көшеге әзер түсіп тұр, қалың ұйқыға кеткен кейбір бәкене үйлерде айқара ашып тасталған терезе тік торт бұрыш болып бөлекше көрінеді. Қақпалар алдында жинап әкетуші өз арбасымен қашан өтерін күтіп қоқыстар салынған жәшіктер тұр.
Пьер дүниеге келген және ол қазір ойлағанын жүзеге асырмақшы үйдің тұнжыраған тұлғасы көрінді. Ол есік қақпастан Робердің бөлмесіне кіріп барды, бірақ шырпы жақпай-ақ мұнда ешкімнің жоқ екенін түсінді. Төсек салуды, үстел үсті мұқият жиналған. Бөлмеде Пьерге жақсы таныс темекінің, өткір әтірлердің иісі және бала күнінен мұның есінде сақталған әлдебір хайуанның иісі мөңкіп тұрды. Несі бар, хайуан осы түні қайда жортпасын, түптің түбінде өзінің апанына оралады.
Пьерді ұйқы қатты қысты, бірақ ол ағасын күтуге ұйғарды. Ол бала күнінде бүктетіліп жиі тығылған терең жұмсақ орын таққа отырды және ұйықтап қалмас үшін айна қас екісіне тыға-тыға салынған шақыруларды оқи бастады, сонан соң өзі айтпақ болған айыптау сөзін сөзбе-сөз ойлана бастады. Жоқ, іштен бірден жарып шыққаны жөн... Бірақ ұйқымен арпалысу қандай қиын еді! Көздері жұмылып бара жатты. Кейде көшеден басқан қадам естіліп, ол әне-міне, кірер есік алдында тоқтаған сияқты көрінеді, бірақ кідірмей өте шығады. Көпір үстінде ат тұяғы сартылдап, бірте-бірте жақындады және сыртқы есік алдына тоқтаған сияқты, — жоқ, зорлана шоқақтап одан әрі кете барды. Пьердің қиялы оны түнгі сергу мақсатынан алыс әкетіп бара жатты, ойына Атистің біресе ана жолы, біресе мына жолы түсіп, кенет мұның басына ой келе қалды: Кибела Атисті жас ағашқа айналдырады — опасыздан кек қайтару үшін емес, жоқ, ол мұны мәңгі иеленгісі келеді және бұл да оны мәңгі иеленсін (қандай өлермендік). Сөйтіп, өзінің поэтикалық қиялына берілген ол кенет Атиске айналған Роберден және Кибела болған Розадан барған сайын алыстай берді.
Кіре берісте әлдекімнің абайлап басқан жүрісі естілді, Пьердің оны бірден танитыны анық еді, бірақ бұл оны естімеді. Есікті ашып Робер інісінің орын тақта арқалығына оң жақ бетін тіреп ұйықтап отырғанын көрді. Оны көре сала Робер тұра қашуға әзір еді. Бірақ несіне қашады? Бәрібір, бүгін болмаса, ертең, осы құтырынған балақанмен қақтығысқа төтеп беруге тура келеді. Кім оған айтып үлгерді? Робер оны оятпақ болып қолын созды. Бірақ батпады. Ол ұйықтап жатқан інісінің үстінде шкафқа орнатылған айнадан өзін көрді. Оның түнді қалай өткізгені түрінен аңғарылып тұрған жоқ еді. Көздері іспеген — қашанда. Маңдайында бейнеттің табы жоқ, жылтыраған әжімсіз маңдай. Top қақпақ саңлауынан енген шұғыла сәулесі сарғыш шашты жалт-жұлт еткізеді. Шатырда көгершін құлдыратады. Пэй-Берлан саябағында бүкіл торғай дүр оянған. Пьер ауызы сәл ашылып ұйықтап отыр еді, біркелкі, баяу тыныс алды. Осы сағатта Роза ұйықтап жатыр ма екен? Оның өз үстінен киімін шешіп төсекке созылып жатуға дәрмені жетті ме екен? Мүмкін Пьер ол қыз туралы Дени арқылы бірдеңе білген болар? Ал егер жайсыз оқиға болған болса ше?..
— Пьеро! — деп ол інісіне дауыстады. — Пьеро, не болды?
Бозбала көздерін ашып, ағасына бір көзімен сығалай қарап, оған аялай жымиды, бірақ кенет бәрі есіне түсіп, айғайлап жіберді:
— Оңбаған!
Робер естімеген сияқтанып, Роза туралы бірдеңе білесің бе деп сұрай бастады. Пьер орын тақтан тұрды.
— Мен оны көрдім, оны Леоньянға дейін шығарып салдым. Қыңсыламай-ақ қой, ол аман-есен және сабырлы. Сендерден қол үзбес бұрын менің саған айтарым: сен оңбағансың, мен сенен теріс айналамын, сен енді маған аға емессің...
— Оның не Пьер!.. Балақан өрекпіп тұрсың!
Робер өзін-өзі қорғау сезімімен есепсіз, ойланып жатпастан, жұмсақ мұңмен сөйледі, оның даусынан үнемі езіне жүректі елжіретіп жіберетін жылы леп аңғарылып тұратын. Пьер бірден басылып қалды. Өйткені оның алдында сүйікті ағасы тұр еді. "Тоқтай тұр, мен ағама айтамын, ол сені ұрады", — дейтін бұл бес жасар бала күнінде оны өзінен үлкен бұзықтар түрткілеген кезде. "Әне, мен ағама айтамын", — деген кезде бұл үнемі Роберді мегзейтін, ал Гастонды тіпті есіне де алмайтын. Енді, міне, Робердің мөлиген көзқарасына шыдау сондай қиын еді, — өйткені Пьер оны бала кезінен "сондай үлкендігі, сондай күштілігі және сондай әдемілігі" үшін жақсы көретін. Және әлі де Робердің жанары, біршама селқостығына қарамастан, сол бала кезіндегідей мейірімді, көздері мақпал әрі даусы сондай абай еді.
— Сен неге өйттің ? — деп сұрады Пьер.
Робер қолдарын жеңіл айқара ашты, бірдеңені үн шығармай күбірледі, ал Пьер: "Ақша ма?"— деп қойып қалғанда, ағасы иықтарын қиқаң еткізді.
— Жоқ, Пьеро... Тек сен түсінші...
Бірақ он сегіз жасар қатаң төреші жиырма үш жасар адам жанының мүсәпірлігін қалай түсініп, кешіре алсын, сондай тамаша байсалдылық пен мығым күштің астына жасырынған оның әлсіз күйіне қалай түсе алсын? Осы түсінісуге дайындалып, Робер өткен тымырсық түні талай нәрсені ой елегінен өткізді. Оның ойы еш жерде нақ сол бұзақы орындар мен күмәнді тобыр ортасындағы шайдай ашық болмады. Қоғамның сілімтіктері арасында еш қысылып-қымтырылудың қажеті жоқ, сөйтіп жігерсіз деген бұл сылқым енді қайтып көрмейтін, өзінің кездейсоқ таныстарын пайымдап жатпайтын әйелдердің жанында өзін еркін сезінген-ді.
Сөйтіп, Робер жасаған қылығын талай сағат ойланды. Және ол інісіне: "Әрине, түптеп келгенде, мәселені ақша шешті: мен ол отбасын мойныма жүк қылғым келмеді. Алайда, бұл жерде тек ақша ғана әсер еткен жоқ. Талғамсыз қомағайлық және егер менің өміріме Роза сияқты пәк жан мәңгі енетін болса, тәбетті тежеу керектігінен үрейлену бәрінен басым түсті. Мен оны кәдімгі әйел ретінде сүйген уағымда, яғни ұнатқан кезімде, мен "өзімшілдігімнің" одан үрке қашатын астарымен күресе алған едім. Бірақ ол кедейленіп, жұмыс істеуге тиіс болғалы, әлдебір байғұс сатушыға айналды, ол мені тебірентуден қалды және енді: "Егер соншалық асқақ қыз сенімен мәңгі бірге болатын болса, — өзіңмен өткізер біздің ләззатымыздың біткені немесе біз қысыла-қымтырыла жүріп қана жасырын қызыққа берілеміз. Сен ол қыздан, былайша айтқанда, өз өміріңе ізгі ықпалынан қашып құтыла алмайсың және құрбандыққа баруға, кедейлікке төзуге, ақ көңіл қылықтар жасауға мәжбүр боласың. Өйткені, өзің білесің, мені тояттау арзанға түспейді, тіпті сенің бүкіл қаражатың мені қанағаттандыру үшін жетпес, оның үстіне сенде енді еркіндік болмайды, сен бәрін тастай салып, мен ерткен жаққа қаша алмайсың", — деп арбаған жеңіл бәсең ұры дауыстың уәжі көкейге қона кетті, — деп жауап бере алатын еді.
— Сен не ойлап тұрсың, Робер? Сенің маған айтарың жоқ па?
Робер селк ете қалды да, бір сәт інісіне барлай қарады... Жоқ, мұның бәрін айту мүмкін емес, ойға алудың өзі мүмкін емес.
— Не айтайын, Пьеро... Мен ақтала алмаймын, — деп міңгірледі ол. — Мен ақталып жатпаймын. Тек мені кешіргеніңді қалаймын... Ал сенің маған айтарың жоқ па?
— Айтайын. Қалай емтихандар бітеді — құласам да, өтсем де бәрібір — үйден кетемін. Сен осыны күткен боларсың деп ойлаймын.
Робер басын салбыратып жіберді. Бұл болуға тиіс еді. "Иә, осылай жақсы, — деді әлгі дауыс жүрегінде. — Тағы бір куә, тым жақсы көретін әрі тым талапшыл куә және сатылмайтын төреші жолдан былай тұрсын. Сенің інің — бұл балақан мені тықсырды. Ол сенен жан ізгілігін немесе сол сияқты бірдеңені Розадан да артық талап етер еді. Сенің өміріңнен Роза кетеді екен, бұл да жоғалсын — біздің барған сайын төмендеп бара жатқанымызды және қашып, жер асты жолы арқылы сытылып бара жатқанымызды көрмей-ақ қойсын. Бәрінің орайы сәтімен келуде, әйтпесе ол сені тастанды қызға қайта оралуға үгіттеп жүрер. Ал сен сондай боркеміксің. Құдай сақтасын, ол әлі сені көндіреді. Әйтседе, жоқ, сенің Пьероң оған әрекеттеніп жатқан жоқ, ол сірә сенің көңілінде не бұғып жатқанын, неткен күш саған бас тартқызып тұрғанын сезетін сияқты, ол әлдеқалай түйсікпен жаныңда мен бар екенімді аңғаратындай. Жылап ал — мен рұқсат етемін, жыла — өйткені сен аяулы сүйікті ініңнен біржолата айырыласың. Алайда, ішіңнен қуан, енді сенің алданыштарыңа, дұрысы, сенімен біздің жұбаныштарымызға куә болмайды, енді біз өле-өлгенше еш кедергісіз рақатқа батамыз".
Робер орын тақтың аркалығына сүйеніп және бетін қолымен басып жылап жіберді. Ол қолын алған кезде бөлмеде Пьер жоқ еді. Перденің саңлауларынан жарып өткен күннің алғашқы сәулесі осынау сұмдық бөлменің барлық бұрышына және мына өлген жүректің барша қараңғы қуысына жарығын түсіріп тұрды.
ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ
— Алаң болмаңыз, Ланден бикеш, — деді есік бағушы әйел, — чемоданыңызды мен апарып беремін. Сізден гөрі менің күшім молдау, оның үстіне, үйреншікті іс қой.
— Аһ, Жозеф ханым, асықпаңызшы, әйтпесе шойырылып қаларсыз. Басқышпен көтерілу онсыз да қиын, тағы мына жүк бар! Білсеңіз, мен ылғи өз тірлігімді өзім істеймін және бұған ұялмаймын. Бірақ шынын айту керек: мен ағайымда қонақта болған кезде ол ештеңеге менің қолымды тигізбеді. Қазір оның тұрмыс-тіршілігі қалай дерсіз? Ойлап көріңізші: бір өзі тұрады, алайда үйінде қызметші мен аспаз ұстайды. Сіз, сірә, онда мұндай ауқатты жағдай қайдан пайда болды деп ойлап тұрған боларсыз? Ол, біле білсеңіз, Эдгар Салем мырзаның бүкіл ауыртпалығын көтеріп жүр. Сіз бен біз, қымбаттым, қарапайым әйелдерміз, біз әлгі ақылмен атқарылатын істердің бәрін түсіне бермейміз. Білсеңіз, Салем мырза, бірер жылдан бері жоғары адамгершілікті қолдау бағытында бірнеше газет шығарып келеді. Менің ағайым айтады, олардың мақсаты — осы заманғы теріс мінез-құлықты мінеу. Қазір төңірек толған қаншама ластық, қаншама настық. Тіптен сұмдық! Салем мырза өзінің газеті ешкімге де кеңшілік жасамас үшін әр түрлі көзқарастағы адамдарды жұмысқа тартқан. Сөйтіп, ойлағанына жеткен:біреуді кешіру, біреуді өшіру деген болмайды. Білсеңіз, ол ешкімнен де қорықпайды, кімнің менмендігі асып тұрса, соған шабады. Ал заң, әрине, күштілердің жағында — солардың сөзін сөйлейді. Таңырқайтын не бар! Өйткені олар заңды өздері шығарады ғой. Міне, осы жерде менің ағайым өзінің талантын көрсетіп отыр. Ол сот ісінің барлық ұңғыл-шұңғылын біледі. Және айту керек, Салем мырза өліп кеткен Оскар Револю сияқты жақсылықты білмейтін әлдекім емес, — жоқ, ол қызметті бағалай біледі және ылғи: "Аһ, Ланден, — дейді, — сіз болмасаңыз мен не істер едім!".
— Иә, не айтары бар! — деп сөз қыстырды есік бағушы. — Ланден мырзаның айлалы екені белгілі ғой. Бара сала қожайынды қолына алған болар-ау...
— Айлакер? О, жоқ! Менің ағайымды білмейтініңіз бірден көрініп тұр. Байғұс, Луи! Көрінген бала алдап кетеді оны. Ол үшін қорқамын! Ол өзінің қарапайымдылығынан кедейлікте өледі әлі. Қазір оның ақшасы енді-енді ғана басынан артылатын болды және оны қайда жұмсап жатыр деп ойлайсыз? Өзінің хабардарлығын пайдаланып айналымға салып жатыр деп ойларсыз? Тіптен олай емес! Қайырымдылықпен айналысады! Парижге келетін жас шетелдіктер үшін күтім жай ашып, соны өз есебінен ұстап отыр. Жиырма жасқа толмаған жасөспірімдер үшін шек қою керек қой, өзіңіз түсінерсіз. Онда, әрине, байлардан гөрі кедейлер көп, босағаны босатпайды. Ағайым қарапайым халықты қалай жақсы көретінін ойлап еш ми жеткізе алмайсыз...
— Неге шетелдіктер үшін, Ланден бикеш? Олардың бізде күндерін көріп жүргендері жетпей ме? Одан да француздарға көмектеспей ме.
— Осы жерде мен сізбен келісемін. Мен де ағайыма бірде осыны айттым, бірақ оның бұл жөнінде өз көзқарасы бар. Ол жас француздардың бәрі бетімен кеткен, көргенсіз және өздерін тіптен ұстауды білмейді дейді. Бірақ оның оларға да жаны ашиды. Иә, оның кімге жаны ашымайды! Сіз есік бағушысының ол туралы не айтарын тыңдасаңыз. "Ол бір құдайға қараған адам, — дейді. — Оған ананы-мынаны айтасың, ол тыңдайды да, жай-жапсарға қаныға бастайды: әскери кызметтегі үлкен ұлым туралы және жақында шіркеуге ғибадат етуге алғаш баратын кіші ұлым жайлы сұрады. Өзінің қаншама шаруасы, қанша тіршілігі, көңілі алаң ісі жетіп артылады, ал сен оған таң атқанша өзіңнің үй тірлігің туралы баянда, ол бәрін тыңдай береді және ұйып тыңдайтыны сондай, әңгіме етудің өзі бір ғанибет, оған бәрі қызық екені көрініп тұрады. Ал ол қандай кеңестер береді десеңізші! Өте ақылды кісі. Менің күйеуім ішкілікке әуес, ал Ланден мырза оны ішпе деп үгіттейді. Жоқ, ол адам емес, періштенің өзі! Міне, сіздің ағаңыз қандай жан, Ланден бикеш. Оның көздері аспан түстес", — деп жырлайды". (Сізге айта кетейін, Луидің сырт кейпі оңалып, өте өзгеріп кетті: ол сақалын қырып тастады да тіптен сұлуланып шыға келді). Есік бағушы, міне тағы не айтты: "Ол біздің үйге көшіп келгенде, - дейді, — сәбиім делбемен ауырып, қайтыс болды. Сіздің ағаңыз, — дейді. Сонда маған қаншама рет жайымды білуге келді, келеді де бесіктің жанына тұрып алып біресе менің байғұс балама, біресе маған қарай береді. О л кезде, әрине, бәрі де маған қайырымды болды, бірақ салыстыруға келмейді! Өзгелер кіреді, жанашырлық бірдеңелерді айтады, сосын шығып кетеді. Ал ол бізбен бірге отырады, қайғы жеген күйімізді түсінеді".
Осы жерде Ланден бикеш ақыры қалпағын шешті, терезеден бас сұғып, шілденің таңертеңгі нұры түсіп тұрған шулы көшеге қарады. Түнде нөсер жаңбыр жауып өткен, табан жолдарда шалшықтар әлі кебе қоймаған еді.
— Мен таңғаламын, — деді есік бағушы енді есік тұтқасынан ұстап, — қайран қаламын! Сондай қайырымды, жаны ашитын адам, ал сотта ауыр қылмыстармен айналысады. Ол жерде қасқыр болу керек қой...
Ланден бикеш жауап бермек болды да, бірақ тежеле қалды — есік бағушының сауысқан көзі мұның өрекпуін баса қойды. Аһ, осы әлсіздік-ай, өзіңнен төмен тұрған адамдардың таңырқауын күткен осы ынтықтық-ай! Бұл олармен еш алыстан сыйласа алмай-ақ келеді. Жасыратын ештеңесі жоқ, Құдайға тәубе, ағасының тасы ерлеп тұр, бірақ ол, дегенмен, бұған аузыңа еге бол, Парижде көрген-білгенің туралы ешкімге айтпа деп тапсырған-ды. Бұл тіс жармауға уәде берген, ал не болды енді? Қандай ұстамсыздық, ыңғайсыз – ақ! Аузында сөз тұрмайды — келгені жаңа, қалпағын да шешіп үлгерген жоқ, бірден баяндауға кірісіп кетті.
— Жозеф ханым, сіз кетіп барасыз ба?
Сөйтті де Ланден бикеш өзінің сөздері мына ұяң да жағымпаз әйелге, бірақ мүмкін ішінен мұны жақтырмайтын қатынға, көңілінде қалуы мүмкін жайсыз әсерді жұмсартуға ұйғарып, сенім білдіре айтатын жаңа хабарымен есік бағушының бетін бұруға асықты.
— Жозеф ханым, білсеңіз, мен өз ағайым туралы таң атқанша айтуға бармын. Өйткені ол сондай адам. Өзі туралы еш ойламайды, бәрі де басқалар үшін болсын дейді, бәрін де өзгелерге арнайды. Ол кедейшілікте өмір сүрген кезінде әлгі ұятсыз Революлер үшін болмашы тиын-тебенге жанын сала қызмет етті, сол уақытта ол солар үшін дүниені төңкеруге бар-тын. Ойлап көріңізші, қазір онда ақша ағыл-тегіл болып тұрған кезде ол адамдарға қаншама жақсылық жасай алады!
— Ақша ағыл-тегіл! — Есік бағушы қолын сермеп жіберді. Қандай бақытты! Кей адамдардың жолы болғыш-ақ. Рас, бақытты!
— Ол, қымбаттым, өте сезімтал жан, қайдан бақытты бола қойсын! Ылғи қапа болып жүргені. Жаман қылықтарды көтере алмайды, бәрі үшін оның жаны ауырады. Тым қайырымды, өмірде қаншама жолсыздықтар болып жатқанына төзе алмайды және сондықтан да үнемі мұңға батады. Шын, ақиқат! Мен бірде сұрадым: "Луи, сенде жаныңа не керек, бәрі бар. Сен неге сондай мұңдысың?" Ал, ол: "Адамның маңдайына жазылатыны — жалғыздық екен. Адам ықылым заманнан жалғыз келеді!" деп жауап бергені. Және осының бәрі рас қой, Жозеф ханым, бірақ оны тек сұңғыла жандар ғана аңғара алады.
— Ал мен былай ойлаймын, — деді есік бағушы. Өте жақсы болудың қажеті жоқ. Ланден мырзаға тым болмағанда айына бір рет жаны мен тәнін желпінтіп алу керек қой...
— Сізге айтайын, қымбаттым, мұның бәрі өте нәзік нәрсе... сіз түсіне бермейсіз!
— Не, сіздің ағаңыз әулие ме?
Ағайым, әрине, әулие емес, — деп жауап қатты Ландыш бикеш, — оның кішкентай болса да өз кемшілігі бар. Осы жерде есік бағушының сауысқан көздері әуестіктен жайнап кетті. Сондай қайырымды жанның қандай осалдығы болуы мүмкін деп, ынтығып, ол кету ойынан айныды.
— Кәне, — деп жабысты ол, — Ланден бикеш, оның қандай күнәлары бар, айтыңызшы. Тым болмағанда біреуін сипаттаңызшы. А-а, сізге ыңғайсыз ба!
— О, жоқ, ә. Қаза берсең, табылады. Міне, айталық,-рас анда-санда ғана, өте сирек болады, ол өзінше әділ, ар-ожданымен жасайтын сияқты көреді, ал шын мәнінде, кек алу үшін, көңіліне дық сақтап қалғандығынан... Мысалы, мына істі алайық... Сіз Регина Лоратиді естіп пе едіңіз? Әлгі ... опера театрының балет бишісі, Оскар Револю сол үшін күйді емес пе. Ол бәлеге ұшырағанда Регина Парижге Костадо ханымның үлкен ұлымен қашып кеткен... Менің ағайымның оған не істегенін қараңыз! Салем мырзаның бар газетін оған айдап салды. Олар бишіні қаралауға кірісіп кетсін. Не болды? Оны Комедия операсынан қуып жіберді, Олимпиядан айдап шықты... Мен ағайыма айттым: "Луи, тыңда, сен осыны әділдік үшін істеп отырған жоқсың. Сенің қожайының өлгенімен, ештеңе өзгермеген сияқты, сен бұрынғыдай оған бағыныштысың және ол сені өзі үшін кек алуға итермелеп отырғандай". Ал ол мені тыңдаған да жоқ. Әрине, бір есептен ол ізгі ниетпен осылай етіп отыр, егер оның өзін қанаған жанды жадында ардақтап ұстағанын ізгі сезім деп айтар болсақ. Мен бұл оқиғаны сізге менің ағайымның өз кемшіліктері бар екеніне көзіңізді жеткізу үшін айтып отырмын, ал дегенмен, ол тамаша адам.
— Қалай тамаша болмасын! Әне, қаншама ақша тауып жатыр!
Сөйтіп өз пікірін айтты да Жозеф ханым ептілікпен ұсынған әрі жылдам жинап ала қойған алақанына салынған бір франк күміс бақырды қысып, тұрғын әйелмен қоштасты.
Фелиция Ланден өз чемодандары туралы тіптен ұмытып, қазір өзі не былшылдағанын есіне түсіруге тырысып, аласұра бөлмелерді кезіп кетті. Рас, егер өмір бойы сырласар ешкімі болмаса, мұның кінәсі емес қой, сөйтіп кездесе кеткен жанға "ішіндегісін ақтарып салып" жүргені. Құдай бәрін көріп тұр, мұның ағасына зиян тигізгісі келмегенінен Жаратқан біледі, мұның әңгімесінің бәрі жамандықты жасырып, жақсылықты асыруға арналды ғой. Құдай мұның ағасының Париждегі өмірінде еш жамандық болдырмасын. Оның жүріс-тұрысы бір түрлі күдікті көрінді. Бұл қазір сенім білдіре есік бағушымен, ондай құрметке лайық емес, мүмкін қауіпті қатынмен, әңгімесінде ағасының тірлігіне катысты осындай ойға әлдебір емеурін кетіп қалса, тіпті сұмдық. Мінез-құлықтардың тегіне тартуы деген міне, қандай: бұл да, ағасы да тым жайдақ адамдар және ылғи қарапайым жандармен ағайыншыл болып жүргені. Алайда, бұның еркектерді тіптен ұнатпайтынын айта кету керек және ағасы арқылы тәуір үйлермен таныстық орнатқысы-ақ келген. Бірақ ол қарындасы үшін жұртшылық ортада ахуал жасауға тырыспады. Ал бұл Парижге оған барғанында Луи мұны қалай ренжітті дейсің! Қымбатты ағасында бір апта қонақ болды да, аяқ астынан дереу қонақ үйге "жайғасуына" тура келді. Мұның қаншама қаны қайнады, ренжіді! Және бәрі де сөйлесетін, өзінің байқағандарын бөлісетін ешкімнің болмағандығынан. Мұның аңдап қараудан, тың тыңдаудан немесе аңғарудан жиған-тергенінен іші жарылып кете жаздайды, сондықтан ішіндегісін сыртқа шығаруы тиіс қой. Қайырымдылық жасаудың не екенін білетініне кәміл сене беріңіз, өйткені өзі баратын шіркеуде түрлі игілікті істерді атқаруға ылғи қатысып, көмектесіп жүреді. Міне, сондықтан бұл ағасын өзі жақын тұтқан адамдарға қайырымдылық көрсеткен кезде, қалай болғанда да, абайлай бермейді деп есептейді. Бұл Луиге ащы шындықты жайып салып: "Сен адамдардың бәрін өзің сияқты деп ойлайсың... Сен неменесіне кім көрінген қаңғыбасқа қайырымдылық істейсің? Қалайша бұзықтар түзеледі деп үміттенесің! Менің сөзімді есіңде ұста: олар сені бір күні тонап, сойып кетеді!" — дегенді айтқан қызыл кеңірдек оқиғадан кейін ол мұны қонақ үйге аттандырғанын, дегенмен, іркіп қалды, есік бағушыға айтпады. Ал ол құлақтарын тарс бітеп бөлмеден жүгіріп шығып, өзінің үй қызметшісіне: "Бұл қазір өзінің көр-жерін жинасын да, мұнан қарасын жоғалтсын" деп айғай салған-ды. Сөйтіп, ол мұны тіпті малайдың алдында жер еткен. Бірақ мұндай келеңсіздікті Ланден бикеш ішінде сақтауды көш көрді және ешкімге де, тіпті өзінің есік бағушысына да, ашыла қоймады.
ОН БЕСІНШІ ТАРАУ
— Құлап қалдым! — деп дауыстады Дени ілінген тізімнің жанында топырлап тұрған жасөспірімдер нөпірі арасынан сығылыса өтіп келген апайына.
— Қалай? Мүмкін емес!
Бұл Розаны есікке қарай сүйреледі, ол мұның соңынан зорға ілесті.
— Дени, білесің бе? Кәне, үйге көлікпен кайтайық. Мен сені пәуескемен қыдыртайын.
Дени жақтырмай бұрқылдады:
— Пәуескесіз-ақ барамыз...
Розаның оны үгіттеуге батылы бармады. Олар Кюрсоль көшесінің бұрышындағы аялдамаға барып, трамвай күтті. Нөсер жаңбыр келе жатты, қапырық еді, бұлт көлегейлеген күн аямай күйдіріп тұрды. Көрші орналасқан ауруханадан карбол қышқылының иісі мөңкиді. Бүкіл Сент — Элали орамын осы иіс басып кеткен. Роза өзін езген мұң тұңғиығынан қолын құлаштай сермеп, толқындарды тіліп өтетін кәнігі жүзгіш сияқты сытылып шығып, інісіне жақындағысы келді. "Үш аптаның ішінде мені бірінші рет есіне алды", — деп ойлады Дени. Бірақ апайы осы сәтте де қажетті сөзді таба алмай тұрған еді және Пьер Костадо емтиханнан өтті ме деп өте қисынсыз сұрақ қойғаны.
— Өткен сияқты, — деп жауап берді Дени.
Осы сәтсіздігі өзі үшін неліктен азап екеніне, кәмелеттік аттестат емтихандарынан өте алмауы сондай қорлық сияқты көрінгеніне мұның өзі таңырқады. Колледжде, одан кейін лицейдің соңғы сыныбында оқып жүргенінде мұғалімдердің өзі туралы жақсы айтқандарын есіне алды. Бірақ түптің-түбінде олардың қандай мәнісі бар? Бәрібір бұдан әрі оқи алмайды. Леоньянды сатады, өзіне жұмыс істейтін орын іздейді.
— Енді математикадан жазбаша емтихан болғандықтан, таңғалатын ештеңе жоқ, — деді Роза.
Бұл үндемеді — емтихандар туралы айтқысы келмеді. Жоқ, бұл математикадан емес, философиядан құлаған-ды және жауапты оқулық бойынша емес, "өзінің сөздерімен" бергені әрі өзіндік пайымдарын қосып айтқаны үшін құлады.
Бульварда басқа трамвайға ауысып отырды. Розаның ойы тағы да інісінен ауытқып кетті, қайтадан бөтен күйге түсті — өзінің өмірі астан-кестені шыққан сол сәт ылғи ойынан кетпейді және ойламай жүре алмайтын да еді. "Менің бақытсыздығым туралы ұмытып үлгерді", — деп ашуланды Дени. Емтиханнан құлап қалу соншалықты қасірет емес, бірақ он жеті жаста алғашқы сәтсіздік ауыр тиеді. Көңіліңе өзіңің күшіңе деген сенімсіздік ұялайды, өзіңді басқалардай епті емеспін мүмкін тіпті ақымақ, олардан нашар шығармын деп иландырасың және кенет өзіңде еш уақытта жеңімпаздар қатарынан көрінбеспін, өз тағдырымның қожайыны бола алмаспын деген көнбістік пайда болады.
Дегенмен, Роза мұны қолынан алғанда, бұған бұрынғыдай сондай ұнайтын еркелеткен жанарымен ұзақ қарағанда, егер ол інісінің қайғысын бөліскенде, мұнымен бірге жылап алғанда, бұл кеш Дени үшін сондай мұңды бола қоймас па еді, қайта мұның күйініші жеңіл-желпі өте шығар ма еді... Қалайша Роза бейне зынданда отырғандай, өз қасіретімен тұйықталып қала бермек, өмірдің қараңғы қалтарысында жапа шегіп зарықпақ, осының бәріне кінәлі — сондай бейшара, соншалықты байғұс пенде Робер.
* * *
Шешесі Денидің құлап қалғанына бұның күткенінен артық қапаланды: бұл ол үшін тағы бір түңілу, осы тұста оны қинап жүрген басқа да беймаздықтарға үстеме жаңа алаңдаушылық болды. Қыс келе жатыр, Леоньянды сатуға тура келеді, өйткені шатырды жөндейтін дәнеңе жоқ... Егер Дени кәмелеттік емтиханнан өткенде, оны қызметке орналастыру оңайға түсер еді. Егер ол қазан айында да құласа ше? Оған бұдан әрі тыраштанудың қажеті бар ма? Оқуды тастағаны жақсы емес пе? Үлкен өзеннің суына қосылып кететін оның салалары сияқты, қызының айнып кеткен тойынан бастап Люсьенна Революдің басындағы барлық қырсық пен қамығу төтелеп келген бақытсыздық — Леоньянды сатумен салыстырғанда түк болмай қалды. Өзінің жеке-дара үйінде тұрып жатып ол өзін күйзелдім деп сезіне қоймаған-ды. Бірақ Бордодағы соның өзі табыла бермейтін екі мың франктық шағын пәтер оның көзіне лажсыз тарығушылықтың іске асуындай көрінді. Бұдан басқа, Револю ханымның бүлінген денсаулығы да мазасын ала бастады және қатерлі кеселден хабар берген қорқынышты белгілер көрінді, бірақ бұл ешкімге ол туралы тіс жара қоймайды. Ал егер бұл өліп кетсе, Жюльенге не болмақ? Ол қайтадан нашарлап қалды, қайтып өз бөлмесінен шықпайды. Анасы оны күтіп қажыды және еш уақытта одан бірде-бір ризашылық сөз естіген емес. Енді ол науқасының алғашқы кезеңінде тұнжырап, үнсіз тұйықталмады, қайта өзінің ащы тағдырына шағына және бәріне байғұс Розаны айыптап, аузы жабылмай сөйлеп жатты. Ойлап қараңызшы, оның қолына қандай бақыт қонып еді, ал бұл қыз одан айырылып қалды! Бұлардың сұмдық күйреуінен кейін мына мақау қызға әлдекім емес, Робер Костадо қолын ұсынды, ал бұл оны өз жанына тартып ұстай алмады. Міне, оның кекіреюі неге әкелді. Білімді қыз атанғысы келді. Дені сау өтімді жігіт әлдебір шикі өкпе қызды қайтсын, айтыңызшы? Оның бұдан тұра қашқанына таңғалуға болмайды. Енді қайтара алмайсың. Естімеген, күтпеген бақ қолдан кетті. "Ал біз сынықты жамап әлекпіз!"
Роза сұрады:
— Компот ішесіз бе, апа?
— Сенің сәтсіздігіңді Жюльен қалай қабылдар екен, Дени! Барып оны дайындайын, — деді Револю ханым сұраққа жауап бермей, сөйтіп майлықты бүктеді де үстел басынан тұрып кетті.
Дени де орнынан тұрды да, сыртқа ыта жөнелді. Роза оны қуып жетіп, бақ жолында біраз бірге жүрді.
— Рас, қандай өкінішті! Дени, енді сенің бүкіл демалысың бұзылатын болды.
Ол ештеңе деп жауап қатпады, апайынан бүкіл жан-жүрегімен өзімен бірге екенін және жолы қырсық оқушының емтиханнан құлап қалуы жай аңғалдық, болмашы күйініш екенін білдіретін мейірбандықты, қайырымды көзқарасты күтті. Апайы болса, өзі күйеу жігітімен айырылысқан күннен бастап содан бергі уақыттың бәрінде Дени "бұртиып" жүр деп ойлады.
— Қазан айында сыннан өтіп кетерсің...
— Әлі белгісіз ғой... Бәрібір емес пе? Менде диплом бар ма, әлде жоқ па — жолым біреу-ақ: өмірімнің соңғы күніне дейін әлдебір кеңседе қағаз жазып отыру.
Роза онымен өзгеше сөйлесу, бос сөздермен емес, жанымен ақтарыла әңгімелесу, оны шын жүректен "жұбату" керектігін түсінді. Бірақ қазір мұны ертерек өз бөлмесіне тайып беру қарсаңда алған хатты жүзінші рет дерлік қайта оқып шығу ниеті бет бұрғызбай билеп тұр еді.
— Сенің бір өзің болғың келетінін сезіп тұрмын.
— Жоқ, Роза, жоқ!.. Кетпе!
Бірақ Дени мұны естілер-естілмес айтты, ал апайы жылыстап үлгерген еді және мұның сөзі оған жетпеді. Ол өзін үлкен алданыш, зор қуаныш күтіп тұрған, Робердің хаты жатқан, өз бөлмесіне жетуге асықты, ол жылы хабардың жағымды әсерін әлсіретіп алудан жасқанып, оны қайта-қайта қайталап оқи бергісі келген ниетін зорға тежеді. Хат күйеу жігіт өзіне кайта оралады деп үміттенуге ілік бермейтін еді, бірақ, қалай болғанда да, бұл хатта Робер мұны тастап кеткен күні өзінен қыздың сұмдық, қатыгез қорлау сөздер естігеніне опыныпты.
"Мен біздің арамызда оңалмас өкінішті жағдай болғанын жеткізе алар сондай сөздер іздеп отырмын. Мен сізді өзімнен аластауды мұрат тұттым..." Бүкіл хат осындай тіркестерден тұратын қойыртпақ еді, олар Розаға әуелгіде тым бұлыңғыр көрінген. Бұл осы сөздерді көп ойланды, ақыры осы жалтарма сөздер мен Робердің болмысының баз бір белгілері арасында әлдеқалай байланыс барын сезінді. Сүйіктісінің өз жүрегін билеген қияли бейнесі бәрін көлегейлеп, бұл шаттықты күндері байқамаған нәрселер, дегенмен, мұның есінде өзінен-өзі қалып қойыпты, сол бір дөрекі, көзге ұрып тұрған қылықтар жадында жатталыпты, ол қылықтар әлдебір бөтен әрі қауіпті адамға, бір жолы қараңғы кеште жөкелердің қалың бұтағы астында бұл қолдарын қаққан бет-бейнесі бұлыңғыр бейтанысқа тән еді. Робер өзінің айтуынша, мұны сол адамнан құтқарғысы келген, бірақ ол Робердің өзі еді ғой және бұл оны сүйген еді ғой.
Айырылысқаннан кейінгі алғашқы күндері анасы ашу үстінде ағайынды Костадолардың жүріс-тұрыстары туралы Жюльеннің хикаяттарын қайталай жөнелгенде, Роза "бұл сұмдықтарды" естігісі келмей, үстел басынан тұрып кететін. Дегенмен, бұл енді анасы қаншама жаманшылығын баяндап берген адамның өмірді қалай сүріп жүргенін білді. Бірақ ол бейтаныс бұл сүйген сол Робердің өзі-тін. Бұл жерде сүйіктіңнің бойынан бір нәрсесін алуға, бір нәрсесін алмауға бола ма, — деп ойлады қыз. Оны тұтас қалпында, қандай болса, солай Құдай бізге берген болмысында қабылдауымыз керек және біз солай әспеттеуге тиіспіз, қыз қандас туыстық матауынан гөрі осы бір тылсым, әлдеқайда мықты арқауға сенуге бейіл еді.
"Егер сіздің бұған күш-жігеріңіз жетсе, мені кеудемнен итермесеңіз, сіздің өміріңізге қатысым барын ойлау маған қуаныш әкеледі, бірақ сізді өзімнің бейшара басыма беріле елпектеуге тарта алмаймын".
Сөйтіп, бұл әлі де ол үшін бірдеңе істей алады екен. Және хатты қайта-қайта оқи отырып, Роза күн өткен сайын өзін осыған одан әрі сендіре түсті. Бұл тым құдайшыл емес еді және шешесі өзі білетін әрі қызына үйреткен азын-аулақ діни ғұрыпты ұстануға да айтарлықтай селқос болатын, бұл енді мінәжатқа ден қойды. Роза өзі үшін жаңалық ашты, Робер туралы ойлар біздің ой-ниетіміздің көзге көрінбейтін куәгері алдында басқа жақсы келеді екен.
Бұл кеш сайын бетін жылы жамылғыға беріп, тізерлеп мінәжатқа ұзақ отырып жүрді. Бұдан кеткен адам мұны құдайшылдыққа емес, Жаратқан иеге жан-жүрегімен әлдеқалай жақындасуға алып келді, бұл үшін енді Құдай тағала бар еді және бұл, Робер Костадо тастап кеткен Роза Револю, Жаратушыдан жәрдем сұрап жалбарынды.
Бірақ қазір тәтті ұйып, көзінен жас парлап, тізе бүккен мінәжат сәтінде інісіне деген алаңдаушылығы мұның көкейінен кетпей қойды. Бүгін кеште бұл оны неге жалғыз тастап кетті екен? Ол жаратылысынан көңіліне алғыш, әсершіл. Пьер Костадо Денидің бойында мұңаюға бейімдік бар деп айтатын — бұл оның болмысы. Сөйтіп бұл кенет тізесін жазып тұрып кетті: "Мінәжат етуді сылтауратып, күйзеліс сәтінде інімді қалдырып кеткенім Құдай алдында күнә..." Ар-ожданы жегідей жеген бұл басқышпен жеделдете түсті де баққа жүгіріп кетті.
***
"Басыма қайғы түскен осындай сағатта ол мені жалғыз тастап кетті, — деп іштей қайталай берді Дени. Мен бұл дүниеде жападан жалғыз жанмын". Сөйтіп, ол Роза туралы аса қапалана ойлады: міне, мені тастап кетті, оған кешірім болмайды, ақталу жоқ. Ол еш уақытта өзінің туған інісіне нақ осылай безбүйрек болған емес-ті. Дени Пьер Костадо ардақтайтын, сол үшін бүкіл Расинді беруге дайын Корнельдің өлеңінің екі жолын қайталай берді:
Бір сұмдық бақытсыздыққа тап болдым. Бірақ та ант етемін, Мен одан қаймықпаймын — мен одан тайсалмай өтем.
Ол әр сөзін нығырлай, сөз арасына кідіріс жасай отырып, бұл жолдарды қатулана дауыстап қайталай берді және мына емтиханнан намысқа өнер құлап қалуы да, апайының селқостығы да, күйбең тірлік пен мұқтаждыққа киліккеніне сенімділік те бұны өзегін өртеген ащы күйзеліске әкелді. Өзінің бейбақтығына налып, ол бақ жолымен артқы аулаға алып келетін қақпаға қарай беттеді. Қараңғыда темекі оты жылт етіп барып өшті. Сонан соң Ирен Кавельгенің күлкісі естілді және Венеция шамында шағылысқан жасылдау жарық бір сәт қою қараңғылықта қыздың жүзіне түсті. Жолда қасапшының ұлы велосипедпен кетіп бара жатты.
— А, қолға түстің бе, Ирен! — деді Дени.
— Ой, сіз мені қалай қорқыттыңыз?.. Мен неге қолға түсем? Сіз мені кім деп тұрсыз? Сөйлесуге болмай ма? Ол — Параж ғой, қасапшының баласы... Ол тапсырыс үшін келген...
— Қасапшы біздің қамымыз үшін өз ұлының мазасын алады деп ойламаппын...
— Сіздер үшін емес, біз үшін...
Дени кекесінмен күлді.
Ирен екі беті жанып тұрғанын сезді де:
— Кешіріңіз..., — деп міңгірледі.
— Бекер кешірім сұрайсың, — деп жауап қатты Дени.
— Жоқ, қалай бекер? Сіздерге ауыр екенін мен түсінемін. Бұл қызды жұбатты: өзінің күйзелуі жағдайға байланысты емес жазбаша емтиханнан құлап қалды... Мұны еш күткен жоқ еді... Ирен аһ ұрды.
— Сіз бе? Сіз құлап қалдыңыз ба? Бұл қалай болғаны? Сіз бәрін білесіз ғой. Әлдекім әдейі сіздің аяғыңыздан шалған шығар... Мүмкін сіздің шешеңізге байланысты болуы... Дүниеде залым адамдар көп. Және Денидің қарсылық білдірген жауабына қыз дауыстап жіберді: Иә, сізде жетіп артылады! Өйткені сіз бәрінен де артық білесіз, түрлі ғылымды меңгердіңіз.
Өзін қыздың мына ақымақтық мақтағаны үшін Дени ұялып қалды. Ол Иренге тақап келді де ақырын ғана:
— Мен жабырқаумын. Көңілімді көтер, — деді.
— Жоқ, — деп күбірледі қыз. — Жоқ, бұл күнә.
— Оһ, қандай қорқынышты! Ал қасапшының ұлымен болады, ә? Қыз қарсыласа кетті: қасапшының ұлымен де, ешкіммен де.
Мені кім деп ойлайсыз? Оның үстіне Дени сіз әлі баласыз. Иә, иә, мен үшін жай ғана сәбисіз. Қыз саусағымен мұның бетінен жүріп өтті.
— Бұзылмаған шабдалы! Сіз әлі қырынбай да ғой.
— Жоқ, олай емес! Аптасына екі рет қырынамын.
Кенет үшқат бұталарына жарық түсті. Мария Кавельге ас үйдің есігін ашты. Босағада тұрып дауыстап шақырды:
— Ирен! Қайдасың?
— Мен мұндамын, апа. Мен Денимен тұрмын.
— Үйге кел. Есікті жабатын уақыт болды.
— Оны жайына қалдыр! — деді есік алдында орындықта отырған әкесі. Мен әлі шамалы сыртта отыра тұрамын. Мүштігімді тартып алайын.
— Ал олар екеуі анда қараңғыда тұра ма? Солай ма? Болмайды!
— Дени мұның емшектес бауыры ғой. Мария жақтырмай бұрқылдады. Емшектес бауыры!
— Қызға тыныштық берші. Естідің бе?
"Мұның басында не ой бар?" — деп алаңдады Мария. Кавельге ішіне сорғысы келіп еді, бірақ мүштігі сөніп қалды. Ол оттық шақты. От жарығы оның фуражкасының күнқағарына, үлкен мұрнына, император Вильгельмдікі сияқты тік бұрыштап иіп қойылған қомақты мұртына, түріп алған жеңдерінен шығып тұрған жүнді қолдарына түсті. Күннің ыстығына қарамастан ол жуан қарнынан төмен түсетін тоқыма жүн нымша киіп алған. Кавельге еш уақытта ештеңені әйелімен ақылдаспайды, ешқашан оның пікірін сұрамайды, әйелі ылғи оған қызмет жасап, тек төсекте ғана емес, бар нәрседе оның қыбын таба біледі, бұл осы үйде жұмыс істеген әйел біткеннің бәрінің қойнына барып шыққан сабаз. Енді оның бар шамшырағы сүйікті қызы еді, олар үнемі бір нәрсені қызу әңгімелеп, бөлмеге Мария кіріп келгенде бірден қоя қояды...
— Жоқ, — деп былдырлады Ирен, жоқ, Дени, жөке түбіне бармаймын. Сізді сонда не тартып тұр? Онда қапырық! Күні бойы алаңқай қайнап кетті, онда қазір де ыстық. Қандай қараңғы, ештеңе көрінбейді! Одан да анау орындыққа отырайық, сонда әңгімелесуге жайлы.
Дени әңгімеге құлқым жоқ, одан да, Ирен, менің көңілімді аула, — деп жауап берді.
— Иә, көңілді не үшін көтермексіз? Сізге қайғыратын түк те жоқ. Сол да қайғы болып па!
Екеуі де үнсіз қалды. Сонан соң Дени сыбырлады:
— Сен қандай топ-толықсың, Ирен!
— Бұл енді бекер, — деп бұртия қарсылық білдірді қыз. Мен тіптен семіз емеспін.
— Мен саған мақтау айтып отырмын! Қыздың толық болғаны жақсы ғой.
Қыз шамалы ысырылып отырды да өзінің ойын қайта сабақтады:
— Емтиханнан құлау да қайғы болып па! Ол сол үшін де емтихан емес пе?
— Ештеңе емес, әрине, — деп келісті Дени. Өйткені бұған бәрібір бұдан әрі оқудың қажеті жоқ, қалай Леоньянды сатады, солай жұмыс іздеуіне тура келеді.
— Егер сіздер осында қалсаңыздар қандай жақсы болар еді! Алаңсыз тұра берер едіңіздер, менің әкеммен бірлесіп шаруашылықты жүргізер едіңіздер...
Менің туыстарым бұл туралы естігісі де келмейді деп, Дени қыздың ойын бөліп жіберді.
— Олардың неден қорқатынын түсінбеймін! Әкем Леоньянды кепілзатқа салып, қаражат алар еді де, шаруашылықты қалпына келтірер еді, ал сіздер ештеңені сезбей де қаласыздар, бәріміз де бұрын тұрғанымыздай тұра береміз, өз табыстарыңыздың үлесінен әкеме пайыз төлесеңіздер болды. Револю ханым бізге сенбейді, ал біз сіздердің отбастарыңызға әбден үйреніп қалғанбыз, біз сіздер үшін отқа да, суға да...
— Апам мүмкін келісер ме еді, ал Жюльен мен Роза ешқандай да...
— Апайыңыз тәкаппар, — деді Ирен. Өзі жұмысқа жалданғаннан кейін ол енді несіне көкіректенеді. Басқалар сияқты болды да шықты ғой.
Дени көршісінің денесін қапсыра құшақтап отырған қолын алып кетті.
— Сен шынымен ол да жұрттың бәрі сияқты деп ойлайсың ба? Күлкімді келтірме. Оның жұмысқа жалданғаны рас. Ал ол көшеде қайыр сұраса да жұрттың бәрі сияқты еместігі — тегі басқа екендігі бірден көрініп тұрар еді.
— Міне, сіз де көкірексіз.
Дени ауыр тыныс шығарды.
— Ал мен немен мақтанбақпын, Құдайым-ай! — деп ақырын айтты да, ол басын "семіз қыздың" иығына қойды. Масайрап, тіпті шамалы босаңсып қалған қыз мұны итермеді және қолымен оның шашын, маңдайын аялап сипап өтті. Қыз өзіне жығылған бас қандай ауыртпалықпен тығырыққа тіреліп отырғанын сезген де жоқ. Дени осы минутта: "Міне, осы қыз, өмірдегі менің үлесім, өзім жеңіліске ұшыраған, қорынған кеште тапқаным, міне осы ...", — іштей айта берді.
Түптің түбінде, несі бар. Ақыры бұл күресуге қабілетсіз, қайта қатер төнген сәтте өлі кейіпке ене қалатын жәндікке ұқсай кетуге дайын болса, онда неге саңлауға тығылмаса, неге Кавельге отбасымен жарас? Бастапқыда мұндай жоспар мұның өзіне де сұмдық көрінген, өйткені Роза тыжырынған еді, ал енді қазір бұл ақымақпын деп өзіне ұрысып отырды, — Розаның пікірімен есептесудің қажеті жоқ еді. "Шын мәнінде, мен оны жек көремін..."
Ол дауыстап сөйлеп кеткенін байқамай қалды. Ирен:
— Не айттыңыз? — деп сұрады.
Дени жауап қатпастан, оған тығыла түсті әрі көздерін жұмды. Ол осындай қараңғы, жұлдызсыз әрі желсіз түндерді ұнататын. Алыста найзағайдың жарқылы құмыға гүрілдейді, мүмкін бұл Сен — Медар лагеріндегі жаттығу атысы шығар... Жоқ, мұндай сағатта атыс алаңында жаттығу болмайды, сірә нөсер жауғалы тұр-ау... Бірақ ол сырт кетеді. Ал мұндағы жерге де, өсімдіктер тамырларына да үміттенерлік ештеңе жоқ. Әйтсе де, сола бастаған шөптер мен жапырақтарға таңғы шық нәр береді, ал бұған тіпті шық та тимейді. Мұнда өмірінде жүрегіне от жағатын сондай мақсат та, бұны ұғатын ешкім де жоқ.
Кенет бұл апайының даусын естіді, ол мұны шақырып тұрды. Бұл Иренге сыбырлады:
— Тс-сс! Қимылдама.
— Дени, қайдасың?
— Ол қазір біздің жанымыздан өтеді, — деді Ирен ақырын ғана.
— Дұрысы жауап қатқан, бәрібір байқайды...
— Жоқ, үндеме.
Бұл абыржи көлбеңдеген апайының талдырмаш денесін көре қоймағанымен, аңдады. Ол тым жақын келген кезде бұл күліп сала берді. Роза шыңғырып жіберді:
— Ой! Сен мені қалай қорқыттың! Қайда тұрсың? Қайдасың?
— Мұнда, орындықта. Иренмен отырмын.
Ирен сол заматта атып тұрды.
— Қайырлы кеш, бикеш!
Роза қасаң жауап қатты да бұрылып "алып, бұл жерде Ирен жоқтай Денимен сөйлесіп кетті.
— Анамыз сағат онда есікті ілуді талап ететінін білесің ғой. Үйге қайтатын уақыт болды...
— Бүгін есікті ілме. Мен өзім жабамын.
Роза мұның қай сағатта келетінін сұрады. Дени:
— Келгім келгенде, — деп жауап берді.
— Саған бұл жерде істейтін ештеңе жоқ, иә, осындай ауыр күннен соң демалу қажет.
— Жоқ, маған көңіл көтеру керек. Ирен, — деді ол кенет, барып сенің шешеңнен араққа бөктірілген шие тұнбасын сұрайық... Егер сенің әке-шешең әлі жата қоймаған болса, отырыс жасайық.
— Апама өзің түсіндірерсің, — деді Роза тым сыңғырлаған үнмен.
— Егер есік жабық бола қалса, таңырқама.
— Несі бар, онда мен Кавельгелерде қона саламын. Біз осында көшіп келгенде мен оларда тұрдым ғой. Және есіңде ме, Ирен? Бірінші түні мен сенің бөлмеңде ұйықтадым. Мен сенің басқа төсекте ұйықтап жатқаныңды білген жоқпын... Біздің отбасымыз үшін сондай ауыр болатын, бірақ менде ол түннен тағы бір естелік мәңгі есімде қалды, әлдебір ерекше әрі жылы естелік, сенің арқаңда, Ирен...
Роза кетіп қалған сияқты болғанымен, бірақ жапырақтардың сыбдыры, жәндіктердің ызыңы, түнгі барлық тысыр арасынан Дени апайының әзер аңғарылатын алабұртқан тынысын аңдады.
— Есік ашық болады, — деді апайы ақыры.
Сөйтіп қызғаныш та, Дениді сондай қамығулы кеште бір өзін тастап кеткеніне өтіну де және бұдан басқа, Революлер отбасында айтылатынында, "Кавельгелер пиғылына" алаңдау, үрей де бар әлдебір түсініксіз алай-түлей сезімге толы толқулы күйде қараңғы тұңғиыққа сіңіп кетті. Одан да кедейшілікте тұрған, бірақ оларға ештеңемен міндетті, тәуелді болмаған жақсы. Егер өздеріне сондай молшылыққа мүмкіндік беретін соншалықты қаражат жинаған болса, мейлі, Леоньянды — жерді де, үйді де сатып ала берсін, осында жайласа берсін, бірақ Кавельгелермен байланысу, олармен тізе қосу мүмкін емес! Ал енді олардың балақанның басына не құярын Құдай білсін...
Алаңдаудан өзіне орын таппай, Роза Жюльеннің бөлмесіне барып, есік қақты да, ақырын ғана апасын шақырды. Револю ханым түнгі іш көйлекпен, ағара бастаған шашын жуан етіп өрген бұрымымен есіктен қарады. Түнгі киімімен ол ала бөтен жуан болып көрінді. Роза: "Апамыз толып кеткен екен", — деп ойлады. Оның мына күмпиген, күрең тартқан бетке қарап ойланып қалуы керек еді... Бірақ қызды мұң басқан кезде, ол шешесіне не болғанын көрмейді. Ал өлім жазмыш сағатына дейін біршама бұрын бізді көзге қойлардың аркасындағы қара бұйра айқыш таңбадан кем көрінбейтін өзінің айрықша таңбасымен белгілейді екен.
— Апа, тыңдаңызшы, қандай масқара! Дени Кавельгелерге қонаққа кетті. Олардың мұның басын немен айналдыратынын Құдай біледі.
— Ақырын сөйле. Несіне алаңдайсың? Түптеп келгенде, бәрі маған байланысты болады.
— Иә, бірақ Денидің не ойлағанын білесіз бе? Ол Кавельгемен тізе қосып, жермен айналыспақшы... Бұның арты не болатынын білсеңіз? Біз бәріміз сол адамға тәуелді болып шыға келеміз...
Револю ханым бұны тыныштандыруға тырысты: жалпы алғанда, Кавельге жақсы адам... Және Жюльеннің науқас екенін естен шығармау керек, иә менің өзім де сыр бере бастадым, жылдар дегеніне жетпей қоймайды...
— Мен де о дүниелік болып кетуім мүмкін. Ал Кавельгелер адал адамдар, біздің отбасымызды жақсы көреді...
— Олар солай айта береді.
— Жо-жоқ! Менің көзім жұмылғанда Жюльен олардың көзіне бұрынғыша Револю отбасының басшысы болып қала береді.
Ұйқы бөлмесінен түсініксіз сандырақ естілді: Жюльен ұйқысырап бірдеңені айтып жатты.
— Роза, бара бер, оның төсекте қалай дөңбекшіп жатқанын естідің ғой. Ал оны оятып жіберсең, маған таң атқанша оған дауыстап оқып отыруға тура келеді.
Бірақ Роза өзінің ұйқы бөлмесіне бармады, баққа шықты. Ұш қат бұталарының арғы жағында Кавельге ас үйінін ашық есігі қараңғылықта жарық тік төртбұрыш болып сұлбалана көрінді. Үстел басында әкесі, қызы және Дени отырды, олардың алдарында стақандар мен ашылған шөлмектер тұр еді. Кавельге бірдеңе айтты, бірақ ақырын ғана, сондықтан Роза ештеңені ести алмады. Еркектер стакан соғыстырды. Дени қысқа қайыра сөз сөйледі, қожайындар оны көңілді күлкілерімен бөліп жіберді. Сонан соң Дени екі әйелдің бетінен сүйді, Ирен наздана сықылықтай оны кері итерді.
Дени үйден шыққан кезде Мария шамды қолына алды да, босағада тұрып оны жоғары көтерді. Дени жолды жақсы білемін деп дауыстады, бәріне тағы да қайырлы түн тіледі. Есік жабылып, ілгегі ілінді. Табан жол көзден ғайып болды. Денидің шашына жаңбырдың ауыр тамшылары тамды, ол тамшылар бетіме тамсын деп басын шалқайтты. Ішкен қышқыл ақ шараптан ол мас болған жоқ, бірақ оның бүкіл шері тарқап кетті. Қалың жапырақтан жаңбыр тысырын естігеніне қуанышты еді: қазір нөсер басталады, одан ағаштың астына жасырына алмайсың. Бақ жолынан әлдекімнің жүрісі естілді. Дени айғай салды:
— Мұнда кім бар?
— Бұл мен, Роза.
— Ah, сен енді мені аңди бастадың ба?
Олар тым тақап, жақын келгендері сондай, әрқайсысы екіншісінің қалай тыныс алып тұрғанын естіді, бірақ қараңғыда жүздерін көрмеді. Роза акталып жатты: жоқ, сені қадағалау ойымда да жоқ, тек мына Кавельгелер тарапынан қулық-сұмдық бола ма деп қорқамын. Тіпті, егер Кавельгеде бөтен ниет болмағанның өзінде, бұл ондай адамдардан қарызға бақыр тиын да алмайды. Дени байсалды жауап қатты:
— Бізге олардың алдында көкірек көтеретін ештеңе жоқ.
Жалпы, байыппен сөйлесу керек. Егер Кавельгеге үй-жайды кепілзатқа берсек, ең қажетті жөндеуді жасап алуға болады. Кавельге барлық ақшасын Леоньянға салады да, шаруашылықпен белсенді айналысар еді, жақсы сиырлар ұстап, бақша дақылдарымен шұғылданады.
— Біз оның көмегінсіз мұнда біржолата тақырға отырамыз, ал онымен тізе қоссақ, жақсы кіріс алып, оған өзіміз қайран қалатын боламыз әлі... Бізге пайыз төлеу қиынға соқпайды, — дейді Кавельге, ал қалғанына жақсы өмір сүреміз, үйді қалпына келтіреміз және жұртшылық алдында өз абыройымызды сақтап қаламыз. Біле білсең, ол: "Сіздер қоғамдағы өз жағдайларыңызды сақтап қалуға тиіссіздер", — деп қайта-қайта нығырлап отыр". Оның біздің отбасымызға қандай құрметпен қарайтынын сен жай түсінбейсің.
— Ал Ирен ше? Мына тамаша жоспарлар туралы ол не айтады?
Дени апайының кекесінді үніне қайран қалды, бұл кекесін оның зығырданын қайнатты, сонымен бірге апайының алаңдаушылығы мен ренішін сезіну сондай тәтті еді. Бұл жайға Иреннің қандай қатысы бар деп сұрады Дени. "Ол қыздың өз жоспары бары күмәнсіз", — деп мәлімдеді Роза.
— А, солай ма? Мен саған есеп беруге міндетті емеспін... Және, меніңше, сен өзіңе тым көп міндет жүктейсің... Менің көмек іздеуіме кедергі келтіруге сенің қандай қақың бар?..
Розаның жауабы тілінің ұшында тұрды, оны естігенде Дени көзінен жас парлай бұған ұмтылып, апайын қатты құшақтап: "Кім саған көмектеседі, менен басқа, кім сені менен артық жылытады?" деуі мүмкін еді. Бірақ Роза ол сөздерді айтпайды: өйткені біз өз сезімімізді білдіруге ұяламыз ғой және мұндай парасатты ұстамдылық кейде біздің өмірімізде кез келген кемістігімізден бетер зиянды болатыны бар. Інісі мен апайының арасында әзірше шамалы ғана сызат, жай өкпе пайда болды — бәрін де қол алысып, жылы сөзбен жуып-шайып жіберуге болатын еді, бір-бірін кешіре алатын еді. Ал Роза үндемей тұрып қалды, бұнысы Дениге жауығу сияқты көрінді, шын мәнінде бұл жалған ұят, татуласуға бірінші болып қадам жасатпай тұрған балалық қылық-ты. Денидің апайынан қайтадан алшақтай түсуі үшін осы бір сәттің өзі жеткілікті болды.
Алайда, Роза осы минутта мына жасөспірім азуы көріне бастаған пенденің жан жарасына оңай-оспақ қарауға болмайтынын бұрынғыдан жақсы түсініп тұрды, тап қазір оның тағдыры, оның сырт өмірден таза бүркеулі бұдан былайғы ішкі өмірі шешіліп жатуы мүмкін екендігін аңғарды. Кейінгі аптада өзінің Роберге деген сезімінде пайда болған жаңалықты, ол қазір інісіне де қатысты сезінді: "Ініңді не істедің?" — деген сұрақ шықты. Жер бетінде жасалған алғаш адам өлтіру түнінен бергі мәңгілік сұрақ ғасырлар қойнауын көктей өтіп, жаздың жылы түнінде Бордо маңындағы далада осы әлжуаз қызға да келіп жетті.
Ол оның арғы жағында Дени жалғыздық қапасында жапа шегіп жатқан есікті ашып жіберу үшін қажетті сөздерді іздеді, бірақ таппады. Бұл толқып, ойланып тұрғанда ол қайтадан мұны кекетіп — мұқатуға, ешкімнің де көмегіне мұқтаж емеспін, онсыз да тамаша өмір сүре аламын, мен ешқандай жағдайда да өзімді ақымақтық менмендік құрбаны ете алмаймын деген сияқты бұлыңғыр қоқан-лоққымен бопсалауға кірісті. Роза ештеңе айтуға батпай, оның соңынан бақ жолымен келе жатты. Ауызғы бөлмеде бұлар үшін қалдырылған екі шырақ жанып тұрды, апайы әлгінде ғана інісі бұдан сондай күткенді істеді — оны құшақтады және өзіне тартып сүйгісі келді, бірақ тым кеш еді, ол бүкіл болмысымен жиырыла қалды және басын сілкіп жіберіп, сүюден жалтарып кетті.
Роза түнгі мінажатын өтеп қойса да, тағы да тізе бүкті. Бірақ дағдылы сөздерді екінші рет қайталап айту ойына келген жоқ, өзіне бұрыннан жаттанды емес дұға айқара ашылған жүрегінен өзінен-өзі ақтарылып кетті, қыз беталды Сүйіспеншілікке шақыра берді және табынушысы Құдай емес, жәй Сүйіспеншілік сияқты сөйледі. Бұл ақыры бүкіл жолды жүріп өтті, соңғы жырадан, ақырғы ордан, кейінгі тікенекті сым кедергіден көктеп өтті. Мұның өзінің азабы, тастап кеткен қалыңдықтың қайғысы, отбасының жайсыздықтары бізді үнемі анталап тұратын тұрмыс күйбеңінің құмығың салдыр-сылдырымен ілесіп бұдан әлі қалмай жүр еді, бірақ еміс-еміс ол гу-гу әлдеқайдан алыстан естілді, күнделікті қам-қарекет тас қамал болып оны жан-жағынан жібермей тұрды, Роза әлгінің бәрінен алшақтай бастап еді.
"Енді мен білемін, — деп күбірледі ол, — мен қараңғы орманда адаспағанымды білемін, жолымды таптым және тікенекке аяқтарымды қанын сорғалатып жарақаттағаныма, бүкіл тұла бойымды тікендер тілгілегеніне қарамастан, дегенмен, дұрыс жолға түстім... Бірақ мен ол жолмен жалғыз келемін және осыны түсіне алмай тұрмын, өйткені сен маған өзің кімнің тағдырын қолыма тапсырдың, солармен бірге жүру керек деп әрбір сәтте көкейіме құйдың. Сен маған сүюге әмір еткен жандарға неге қол ұшын бере алмайтынымды түсіне алмай әлекпін. Мұның бәрі тек сырт көрініс екеніне сенгім келеді және әйтеуір бір кезде бала күніміздегі Дени артымнан жүгіріп қуып келе жатқанын естимін, мені дауыстап шақыратынын құлағым шалады, ал сонан соң басқа бір бақытты күні сол жолдың бір бұрылысында жерде отырған, үсті-басы сатал-сатал жолаушыны көремін әрі оның сен маған сүюге әмір еткен, бірақ ол менен сырт айналған сол адам екенін танимын деп бүкіл жан-жүрегіммен сенемін де. Күнәкарларды жек көретіндер үшін білдіртпей сен оған көрсеткен соқпақпен оның маған қарсы жүргенін де көріп тұрмын. Ол мені күтеді, мүмкін ұзақ жылдар бойы тосар, біз ақыры құшақтасамыз, тәтті көз жасымен жылап аламыз және, сірә, бұл мүмкін менің жантәсілім сәтімде болатын шығар..."
Көз жасы оның бетінен сорғалап тұрды және ол жүрегі өзіне өмірден де қымбат адамдар үшін немесе өзі сырласқан Құдай және ол жаратқан сол бір пайғамбар жан үшін от болып қарып тұрғанын біле алмады.
Иә, расында да оның басқа аты, өлімді жанға тән есімі бар еді ғой. Бұл қалай ол туралы ойламаған? Өзі дағды бойынша жиі айтатын, өзінің санасын да, жүрегін де еш селт еткізе қоймаған есім, ескі бос мылжың дұғаларда, өлім-жітімді жөнелту ғұрыптарында ылғи мұны зеріктіріп жіберетін, мұрнынан шығатын міңгірлеумен үнемі қайталанып жататын есім... Кенет ол мұның жүрегін жайлап, тас қараңғы айналасын жап-жарық етіп жіберді.
Терезе сыртында жаңбыр сытырлап тұрды және оның шөлден қаңсыған даланы жібіткеніндей, Розаның жан-жүрегін меңдеп алған іштей түлеу даны бейжай етіп, азаптан арылтты. Оның бүкіл болмысы қуаныштан дүр сілкінді, бірақ оған әлдебір өкініш сезімі араласып кетті. Ұйқыға жату керек еді, бірақ бұған ұйқы қайталанбас сағаттарын алып қоятындай және бұл енді еш уақытта өзіне арнап айтылмауы мүмкін үнді ести алмайтындай көрінді.
Ол қолын тигізіп, ұстауға болатын әлдебір затты көзімен іздеп, жан-жағына қарады. Қабырғада керіштен жасалған керу икон ілулі тұрды, әдетте Роза оны байқай бермейтін, ал егер оған қарай қалғанның өзінде ол мұнда ешқандай сезім туғызбайтын. Бұның ойына шкаф суырмасындағы сыйлықтар қорапшалары арасынан алғаш құлшылыққа қатысу күніне берілген сыйлықтар ішінен бұл еш уақытта пайдаланбаған көгілдір түсті моншақ тастар салынған қорапшаны іздеу келе кетті: "Қандай әдемі, — дейтін анасы, — бұлардан ғажап алқа жасауға болады..." Бұл алақанында жатқан алтынмен апталған көгілдір түйіршік тастарды мұқият қарап, оларды уысына мықтап қысып алды. Мына қан мен сәлден жаралған нәзік қыздың осындай бірдеңені тапқысы келіп еді, оған мұның танымы пісіп-жетіле бастаған әлгі тылсым сырдың кезбен көріп, қолмен ұстайтын нышаны қажет болып еді.
ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУ
— Қазір ең маңыздысы уақытты өткізіп алмау, — деді жас хирург дәрігер қара түсті киінген жасамыс әйелге, оның жүзі дәрігерге таныс сияқты көрінгенімен, бұл келушінің есімін есіне түсіре алмады. Ол өз ұстазынан тоқыған амал бойынша ылғи да науқасты операция жасауға тәуекел етуі үшін оны қорқытып алуға, бірақ біршама үміттендіріп қоюға тырысатын. Люсьенна Револю мына өмірді жаңа бастап жатқан, әлі өтірік сөйлеуге үйрене қоймаған дәрігердің қай сөзіне сеніп, қайсысына сенбеу керектігін аңдауға тырысып, одан көзін алмады. Мұның тәні өзін өлім күтіп тұрғанын сезді және ақыл-парасат уәждеріне әдеттегі шаршауға ұқсамайтын ала бөтен өзгеше торығуды, қажуды қарсы қойды. Қара қолғап киген қолына көрініп алып, науқас:
— Қазіргі уақытта біз қаражаттан біршама таршылық көріп отырмыз, сондықтан операция қанша тұратынын білгім келеді, — деді.
Доктор өзі ылғи да емделушілердің жағдайымен санасатынын айтып жатты.
— Бірақ емханаға да төлеу керек емес пе, рас қой? Қаншама шығын. Рентгенге түсіргеннің өзі қанша тұрады! Менің балаларымның...
— Егер қаражатыңыз көтермесе... Қалалық ауруханада өте қолайлы палаталар бар, — деді жас хирург қызарақтай.
— Олар, рас, жалпы палата, бірақ әрқайсысында бір-бірден төсек...
— Жоқ, — деді науқас қатқылдау, қазыналық аурухана болмайды... Мен Оскар Революдің жесірімін, — деп қосты ол түсіндіріп жатуды доғару үшін.
Дәрігер тағзым етіп, міңгірледі:
— Өте ғанибет!..
— Қайталап айтайын, доктор, маған бүкіл ақиқатты білу керек. Менің сұрағымның мәнісі біреу ғана: тәуекел етуге тұра ма? Үміт бар ма?
Дәрігердің қысылғанын көріп, әйел орнынан тұрып кетті. Демек, сонша шығынданып қажеті жоқ. Егер өлім тақап қалған болса, онда өліп бара жатып балаларын үлкен сома қарызға белшеден батырудың не қажеті бар. Жас хирург тиісінше ұстамдылық жасай алмағанына өкініп тұрды. Ол аурудың тым асқынып кеткеніне сенімді еді, бірақ мына әйелдің үнемшіл ұстанып, аман қалудың жалғыз амалынан бас тартқаны оны қайран қалдырды.
Ал науқас қолғабын түймелеп тұрып ойлады:
"Онда ұйғарым сол, мен өзімді пышаққа бермеймін". Ол: "Өлетінім және көп ұзамай өлерім анық" деп ойлап жатпады. Оның қиялына мәңгілік түнекке ену көрінісі келе қойған жоқ, ол хирургия жалаңдаған пышағынан және пайдасыз операцияға шығын шығарудан құтылғанына риза еді.
"Бұларда ылғи солай: бағаны белгілейді, ал шығыстар үсті-үстіне түскен қар сияқты қосыла береді".
***
Алдымен жан дүниеңді жөнге келтіру керек. Ол иезуиттердің Марго көшесіндегі шіркеуіне бет алды, онда кез келген уақытта сыр ашуға арналған көп дүңгір бірінде тәубеге келуге болатын. Онда түр-түсі бірөңкей қарт священниктер отыратын, олардан иіскейтін темекі иісі бірдей аңқып тұратын, сырласуға келген әйелдердің бәрін біркелкі "қызым" деп атайтын және кейде денең тітіркеніп кететін сондай қорқынышты тосын сұрақ қоятын, сөйтіп жасырын жараны соншалықты ауырта ойқастайтын.
Сол күні бұл әңгімелескен дін абыз бұны егер хирургиялық араласудың нәтижесі күмәнді болса, ар-ождан христиан әйелді ешқандай жағдайда да операция жасатуға міндеттемейді және Құдай бізден тек көктегі Жаратқанға перзенттік сенуді ғана талап етеді. Құдайдың құдіретіне үміт артыңыз деп сендірді. Ол өміріңізде алаңдатар және тәубеге келгіңіз келер әлдебір айрықша күмәндарыңыз жоқ па деп сұрады. Люсьенна Револю ойланып қалды... Иә, өзінің малайлары христиан шіркеуінің ғұрыптарын орындауын әрдайым қадағалай бермепті. Ал өзі бір кезде жөнсіз іс істеді ме? Ол бұл сұрақтың мағынасын түсінбей қалды да: "Жоқ, әкей", — деп жауап берді.
Бұл тіпті өзінің өкінерлік ештеңесі жоқ екеніне біршама тасығандай сезінді. Оның өмірі өзіне беймәлім мұғалім ашуланып бір бұрыштан екінші бұрышына қиғаштап: "О дүние" деп жазып қойған "бос, таза беттің" үстінде өтіп жатыр еді. Бұл күнәларын жуып-шайды, сонан соң өзімен бірге алып келген алтындап өрнектелген кітапшадан негізінен Құдайдың рақымшылығы туралы жазылған дұғалар мен қайырымдарды таңдап алып сыйынды, сөйтіп, ақырында көшеге шықты, ол бойын меңдеп, мұның бала көтерген және оны дүниеге әкелген мүсінін бұзған, енді өз өліміне жүкті әйел сияқты етіп қарнын қампитқан науқасынан қинала, аяғын зорға басты әрі ауыр тыныс алды. Оның шаршағаны сондай, сол ойланып тұрып, дегенмен, өзіне төтен шығыс шығаруға, сөйтіп үйге көлікпен баруға ұйғарды.
Труа — Кониль көшесінде ол пәуеске жалдады, мұны да қызының тығырыққа тіреліп, арпалысқан уағында көпір арқылы селкілдете апарған сол ескі көлік алып жүрді. Күз басқан саяжайлық жерлермен келе жатып бұл өзінің сүрген өмірі — иезуит шіркеуінде тәубе кезінде көз алдына келген бос бет туралы ойға берілді. Тіпті еске алатын ештеңесі жоқ екен!.. Ал мұның күйеуі болды, үш бала тапты, таныстары бар-тын, малайлары, есігі ашық үйі, жұртшылық ортасында айырылып қалмауды ойлауы тиіс абыройы бар-ды, бір сөзбен айтқанда, мұның өз өмірі бар еді. Содан кейін қаралы жылдар келді: Леони Костадомен сұмдық бет жыртысу, күйеуінің өзіне-өзі қол салуы, Жюльеннің науқастануы, Роза мен оның күйеу жігіті арасындағы алауыздық, оның үстіне Денидің емтиханнан құлауы. Ал енді тықыр таянып қалыпты...
Пәуеске күнге күйген алқаптар арасымен келе жатты: дегенмен, кейбір жерлерде шалғын үстінде күздің алғашқы тұманының ақ буалдыры көтеріліп тұрды. Жақсылап желдетіп алу үшін шарап сақтайтын ұралардың есігін айқара ашып тастапты. Шаруа үйлерінің есіктері алдында өткен жылғы жүзім шырынынан қызғылт тартқан себеттер тау-тау болып үйілген. Әйелдер жүзім шыбықтарынан ауыр-ауыр сабақтарды қиып алып жатыр, сыңғырлаған үндерімен өзара сөйлесіп қояды. Люсьенна Революдің ауруы қинап, ол жеңілдеу тиетіндей етіп жайласып отыруға тырысты. Бұған өзгенің көмегінсіз және күтімін жүріп-тұруына қаншалықты қалды? Кімге ескертіп қойғаны жөн? Тек балаларға салар салмағы аз болса екен... Бұл бәрінен де Жюльеннің тағдыры туралы көп алаңдады, бірақ өзіне Жюльенге қатысты жақсы ой келді. Ал Дени ше! Оған да алаңдайды — сондай тұйық, түсініксіз бала! Ал он төрт жасқа дейін ол қандай сүйкімді еді! Анасы оның күлкілі, тапқыр сөздерін есіне алды, бұл оларды таныстарына мақтана айтып жүретін. Енді есейіп қалды! Роза онымен әлгі шөпжелке қыз Ирен Кавельге арасында тым тереңдеп кеткен жақындық бар деп қоймайды. "Жетер жеріне жетті", — деп сендіреді Роза. Бірақ Револю ханым тым әлсіз еді, мұның оны ойлауға мұршасы болмады. Ол өзін тұтасымен Жюльенге арнады және өзінің өмірін оның бөлмесінің қабырғаларымен тұйықтап, жазмышқа — өлімші жаралы хайуанның әлдебір қараңғы бұрышқа тығылып, бүктетіліп жатқысы келген талабына мойынсұнды. Бірақ енді бұл үшін соның өзі тым көп еді: өйткені өлімнің бізді жайымызға қалдырып, қинамауы үшін оған жай ғана "көндім" деп мойынсұну жеткіліксіз екен. Зұлымдыққа қарсыласпау біздің емес, өзінің заңына бағынатын, өйткені бізге тәуелді емес қан-сөлдің соқыр-мылқау патшалығында әлгі жасушалар мен қан түйіршіктері әлемінде бізге көмектесе алмайды.
Елді мекен жолында пәуескені велосипедтерімен қыдырып жүрген Ирен мен Дени басып озды. Олар қақпа алдында күтіп тұрды.
— Әкеңе айт, маған келіп кетсін. Сөйлесу керек, — деді Револю ханым Иренге қарап. Мен кабинетте боламын.
Пәуеске қораға кірді, Ирен мен Дени бір-біріне қарады да, мұның артынан өз велосипедтерін қолмен жетектей қатар жүріп отырды. Тез кеш батты. Әнші торғайлар түнемелікке жайғасуға асығып, үйірлерімен ағаштарға лап қойды, олардың арасында ауып бара жатқан құстар да бар еді; Дени оларды дауыстарынан таныды, бірақ құстарды жаратылыстану бойынша кітаптарда келтірілген аттарымен атамайтын: "Міне, мынаның аты – ұйқы-ұйқы, ал мынау су-су,-деді ол Ирен ақырын ғана:
— Бүгін түнде суық болады. Бақта тоңып қаламыз, — деді.
Дени өлеңдете жөнелді:
Орындықта отыра алмайсың — әлгінде жауын жауып өткен,
Әлгінде жауын жауып өткен — тоғай шоғы суға бөккен.
— Сен не деп ыңылдап тұрсың?
Ол қаттырақ өлеңдете түсті:
Жөтел тағы лицей ішін жаңғырды,
Әдеттегідей, астана ақылын дал қылды.
Ирен: "Сен қандай мақау!" — деп күңкілдеді, бірақ ішінен ол сондай астарлы, бір қарағанда ақымақтық сияқты, бірақ жай адам түсіне бермейтін ақылды нәрселерді көп біледі деп сүйсінді. Ал Дени кешкі астан кейін Кавельге келіп, шешелері онымен кабинетті жауып алған кезде апайы сұмдыққа бататынын ойлап тұрды.
— Меніңше, ісінің орайы келейін деп тұр, — деді ол ақырын ғана.
Ирен түнде қайда кездесеміз деп сұрады.
— Менің ұйқы бөлмемде... Артқы есіктен кіріп ас үй арқылы өт... Жоқ, неге өйтеміз? Батыл түрде бильярд бөлмесі арқылы кел.
— Апайың көріп қояды... Ол ылғи аңдып жүреді, — деді Ирен ызалана.
Дени айтты:
— Мейлі, көре берсін! Ойламай-ақ қой! Оның көндігуіне тура келеді.
Бірақ Ирен көңілдене сықылықтап күліп жібергенде, бұл шошынғаннан қуарып кетті: апайы туралы солай айтуға қалай аузы барды, бұның жүрегінің шыққаны қыздың ойына да келген жоқ!
Револю ханым Жюльеннің бөлмесін ретке келтірді және төсектен шығып жатқан: ауыр науқас адамды күні бойы жалғыз тастау не деген қатыгездік, ал бөлмеде қоңырау да жоқ! Мен қандай азапты сағаттарды бастан өткердім! Тоқтай тұрыңдар, шешем әйтеуір бір келер, ал мен өліп жатамын, әкем сияқты өзімді-өзім өлтіремін..., — деген сияқты ашулы кінәраттарды естімегенде сыңай көрсетті. Жюльен осы жерде мұның орындыққа отырғанын, қалпағын шешіп жатқанын байқап қалды да, бұған қарады.
— Не болды? Неге мұндай? — деп сұрады ол.
Бұл ештеңе деп жауап қатпады.
— Әдейі істеп тұрған боларсыз? Мені қорқытқыңыз келе ме?
Анасы үндеместен қолжуғышқа беттеді, қолын жуды, сонан соң бөлмені тағы бір шолып өтті де, Жюльенге қазір саған тамақ әкеледі деп, басқышпен асханаға түсіп кетті, онда Дени мен Роза өз орындықтары жанында отырмастан күтіп тұрды. Үйде бұлжымай сақталған әдеп бойынша олар тек аналары жайғасқан соң ғана өз орындарына отырды. Дени араны ашыла тамақтанып, тәрелке сорпаны жылдам ішіп қойды. Оның жауырыны күжірейіп, есейе түскен, жүзінде қызыл шырай ойнайды. Бриллиантин сеппесі жарма етіп таралған шашты жатық ұстап тұр. Қызметші жас қыз үстел үстіне крем жағылған тағамды қойып болған соң кабинетте Кавельге күтіп тұр деп баяндады. Люсьенна ұстаған суды қағып салды да, үстелге екі қолымен сүйеніп, ауыр көтерілді.
— Тәттіні менсіз жей беріңдер. Мен болдым.
Тыныштық орнады, тек бір қалыпты тықыр естіліп тұрды. Дени қасығымен тәрелкеге тиіп кетіп жатты. Кавельгенің неге келгенін білесің бе деп сұрады Роза бұдан.
— Апам оған келіп кетсін деген, — деп тұнжырай жауап қатты Дени.
Роза үстелден тұрды да әкелерінің бөлмесі жаққа беттеді және арғы жағында Кавельгенің жуан даусы құмыға шығып жатқан кабинет есігінің жанында тұрып, иығына жамылғы салды, сөйтіп дымқыл түнекте мүлгіген бакқа шықты. Бұл күні ол бірде-бір кітап сатпады, сатып алушылар тек жазу қағаздарын ғана сұрады. Шардон қария мұның жалақысынан жиырма франк ақша ұстап қалды, өйткені бұл конверттердің бірнеше бумасын олардың қымбаттағанын білмегендіктен, ескі бағасымен сатып жіберген еді. Сөре жанында ұзақ тұрғандықтан аяғы ауырды, бірақ бұл қазір орнында отыра алмады. Бұл Иренді жек көрді, сондықтан осы бұзық қыздың өздерінің өміріне баса — көктей енуіне төзе алмайтын, інісінің жүзінде пайда болған мақұлықтық кейіп мұнда жиіркеніш туғызды. Өмірде бұл енді тұспалмен, өзінің иығына түскен ауыртпалыққа майыса жүріп келе жатты және бір жолы кешке асқақ ойлар мен көз жасына ерік берген сәтінде өзі жақындай түскендей көрінген мамыражай өлкеден тым қашық еді. Оқылатын дұға бұл үшін тағы да бос сөздердің, қасаң тіркестердің және құрғақ тұжырымдардың жиынтығы болды да қалды. Ал Құдай ше? Қысқа ғана сөз... Оның артында не бүркемеленіп тұрғаны белгісіз. Ал Робер? Бұны басында ұнатқан, кейін жерініп кеткен зиялы жас жігіт. Адамдар мұның көзіне шын болмысында көрінетін болды, енді оларды ештеңе де боямалай алмады және барлық сөз енді тек тура мағынасында ғана қабылданды. Шардон кітап дүкенінің сатушысы Роза Револю бүкіл өмір бойы ескі ұяның бір бұрышына тығылып, сүреңсіз тіршілік кешетін болады; мына үй-жайды Кавельге өз қаражатына қалпына келтіреді және басқарушының бүкіл отбасы түптің түбінде осы жерде шаруашылықты мықтап қолға алады.
Роза бүркеншіктің астынан түсіп тұрған жарықтың талмаусыраған шеңберінің сыртынан әзер көрінетін мына тірі көлеңкенің сөздерін таңырқай тыңдады. Осы қыркүйек кешін және үстелшеге тірелген тамырлары білеу-білеу, саусақтарының буындары іскен кәрі қолды бұл кейін талай рет есіне алатын болады. Қызы анасының құшағына ұмтылмады, өлімнің жақындығы адамды байыз тапқызбайтын, кайта керісінше, әлдеқайда азапты ете түсетін қаражат қам-қарекеті толы ақ шашты басты жүрегіне баспады. Жоқ, қызы анасын құшақтамады, керісінше, жыны қоза сұрады:
— Кавельге осы жерде сізге мылжың әңгімені соғып отырған кезде Дени не істегенін білесіз бе? Ол кіммен есікті жауып алғанын, қазір оның төсегінен кімді көрерімізді білесіз бе?
— Қызым, мені аяшы! — деп жалбарынды анасы және соққыдан қорғанғандай болып қолын көтерді. Үндеме, өтінемін, үндеме.
Кемпір қайтадан Роза өте ұнатпайтын ыңылдаған балалық дауыспен сөйлеп кетті, бұл дауыс оның "байғұс шешем әбден беріліпті" деген сенімін орнықтыра түсті. Бұл еңкейіп ерінімен қартайған бетті өппек қана болып еді, кенет анасы қолымен мұны мойнынан құшақтай алды да қызын өзі ұзақ сүйді.
ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУ
— Байғұс Люсьеннаның түрі өте азғын!
Леони Костадо өз таныстарының әлде бірінің "түрінен азып кеткенді" көре қалса, көп ұзамай қайтыс болған хабарын күте беру керектігін әркім-ақ білетін. Ол әлі кеш қалмай тұрғанда "байғұс Люсьеннамен" қалайда жүздесуге ұмтылды. Қыста бірнеше рет аңысын аңдыды, бірақ тек сәуірдің басында ғана ақыры өзін Леоньянда қабылдайтынына сенімді болды. Өзінің "Делонебельвиль" маркалы үлкен автомобилімен ол онда бір сағатқа толмай жетіп барды. Мотор шуы енді ылғи морфиймен мүлгитін Люсьеннаны ұйқыдан оятып жіберді. Роза терезеге келді.
— Бұл сол ғой. Мен оны осында ертіп келемін, бірақ қалмаймын... оған төзімім жетпейді...
— Тек он минуттан аспасын! — деп жалбарынды науқас.
— Сен соншалықты жаман көрінбейсің! — деп самбырлады Леони Костадо, науқастың күңгірт — солғын бетінен жанай шөп еткізіп.
Және Люсьенна елім алмай жатыр деп күрсіне шағынғанда, көңіл сұраушы өрекпи мәлімдеді:
— Жазылып кететініңе сену қажет, жарқыным, сауығып кеткің келуі керек. Бойда жылу барда үмітті үзбеген жөн... Бірақ Құдай тағала өзіне шақырып жатса, сен мені кешпей бізден жүріп кеткеніңді қаламаймын...
Люсьенна естілер-естімес сыбырлады:
— Сен өз борышыңды орындадың ғой... Сен солай істеуге тиіс едің.
— Иә, солай. Өйткені бірінші орында біздің балаларымыз алдындағы борышымыз тұрады ғой, біз олардың мұралық дәулеті үшін жауаптымыз... Егер тағы да соны істеуге тура келсе, мен, әрине, тағы да солай еткен болар едім, бірақ...пансионында Лангалери қасиетті анашымыз айтатынын, менде ылғи "сөздің майдалығы" жетпей жатады, есіңде ме?
Науқас бұған қарамастан айтты:
— Мәселе менде емес... Ал ана Роза... Менің қызығым сіздерге еш жамандық жасаған жоқ еді ғой!-деп кенет айғайлап жіберді ол — Сенің ұлың біздің бейбақтығымыздан кейін неге келіп Розаға қолын ұсынды, ал сонан соң бұны тастап кетті?..
Ол жастықтан өзінің қорқынышты басын көтерді, өлім бетті екі қара шұқанаққа айналдырып үлгеріпті, сөйтіп тіссіз аузымен ауа жұтып айтты:
— Кет, Леони!
Бірақ Леони Костадо Фреди — Дюпондарда сауық кеш болатын кештегідей өз дегеніне жетпейінше, сөйтіп осында сол үшін келген кешірімін алмайынша кетпеуге ұйғарды.
— Алдымен мені кеш, — деп ол төтесінен тартты, — барлық бақытсыздық біздің үстімізге үйірілді. Қандай бақытсыздық дейсіз ғой? Көп, әр түрлі бақытсыздық... Гастон туралы айтуға тұрмайды, әлгі қарғыс атқыр Лорати үшін шашылып бітті, түптеп келгенде соған үйленетін шығар... Ал Робер мынау... Бірақ ол ештеңе етпес еді... Кенжеміз қандай қылық шығарды! Есуас, Пьеро балам!..
— Ол Африка атқыштар полкіне түстім деп Розаға хат жазыпты.
— Иә, неге, неліктен?! Қоштасып анасының бетінен сүйместен, үйден кетіп қалды! Мен оны қамқоршылықтан босатып едім — бұл менің тарапымнан жасалған қылмыс болды, өйткені ол өзіне-өзі қожайын болып не бүлдіргенін қарашы. Ал неге? Аяушылықпен айтыңыздар, не үшін? — деп өрекпіді Леони Костадо айғайлауды және самбырлаған қатты дауысты көтере алмай жатқан науқас туралы еш ойламастан. Ол нағыз бетімен кеткен анархист, ешқандай билікке бағынғысы келмейді!.. Айтыңызшы, Роза себебін біле ме?
— Жоқ, Пьеро жай ешқандай түсіндірусіз бұған өз мекен-жайын хабарлапты.
Роза кірді.
— Кешіріңіз, апама демалу керек. Ол қазір өте тез шаршап қалады.
Леони науқасты сүймекке еңкейді де табандап сыбырлады:
— Сен мені кешіресің бе? Айтшы? Кәне? Айтшы?
Люсьенна тырысудан шаршап, басын изеді, сонан соң жылы жамылғы астында созылып, көздерін жұмды. "Кетсе екен", — деп ойлады ол тезірек кетсе екен!".
— Ал Розетта енді Бордаға барып жүрген жоқ па?
Кенет науқаста әлдеқайдан күш пайда болып, ол әуезді дауыспен жауап қатты:
— Жоқ, ол үйде жұмыс істейді, есеп кітабын жүргізеді. Өйткені қазір Леоньяндағы шаруашылық үлкен, өте пайдалы тірлік. Біздің ақшамыз көбейді...
Леони қайтадан төсекке келді де науқасқа қызғанышты көзін тігіп тұрып:
— Бордода Дени күнде таңертең базарға өзі келеді, көтере алушылармен сауда жасайды деген сөз тарап жүр, — деді.
— Аптасына екі рет қана. Кавельге сүт шаруашылығымен және бақшамен айналысады, ол Дениге жеміс бағын тапсырмақшы. Қала маңындағы жерде жүзімдікпен айналысу түкке тұрмайды. Өңдеу тым қымбатқа түседі... Иә, қазір біздің үлкен тірлігіміз бар, — деп мақтанышпен қайталады науқас. Балаларымның ішкені алдында, ішпегені артында, толық жеткілікті. Елу гектар жер, төрт жолдың қиылысындағы үй-жай, қала қол созым, шаруашылық жүріп тұр, — бұл дегенің әжептәуір дәулет болар! Кавельгенің отбасына біз қанша қарыздармыз деп ойлаймын! Әлдебір жалқау әрі қопал мұнда бәрін құрдымға жіберер еді-ау!
Леони Костадо есіктен шығып бара жатқанда оған осы улы жебе доп тиді.
— Қалай, алдың ба? Мә, саған! — деді науқас терең масаттана, сөйтті де шаршап көзін жұмды.
Үлкен қоңыздар гүлдеп тұрған талшындардың ақ және қызғылт гүл шатырлары төңірегінде гуілдеп жүрді. Барлық белгісіне қарағанда, жыл жүзімшілер үшін жақсы болмақ деді Леони Костадо. Сонан соң Розадан әр жолы Пьерден хат алған сайын өзіне хат жазуын сұрай бастады. Оған, сірә, жүзім жинау кезіне қарай демалыс беріп қалар. Ақырында әрең дегенде автомобиліне мінді, ол жолмен жүріп кеткенде жайнап тұрған жұпар гүлдің хош иісін бір сот бензин иісі басып кетті.
Осы сапардан кейін бір күннен соң Леони Костадо миына қан құйылып жығылды. Ол өзінің пікірі бойынша "түрі өте азғын" құрбысы Люсьенна Револю қайтыс болардан бір ай бұрын өлді. Жантәсілім шағында оның жанында тек Робер ғана болды, бірақ ол ақтық тынысына дейін тек Гастон мен Пьерді ғана аузына алып жатты.
ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
"Ойланайық!" — деп қайталай берді өзіне-өзі Пьер Костадо, әдеттегідей жалғыз отырып тамақтанудың соңында, ол ас үстінде көп ішті, онысы бұның ойын тек ширықтыра түсті және онда дүниені кезіп кету, соқпақтың бірде-біріне үйреншікте кез келгеніне бұрыла салу ниетін туғызды. Бұл кезде оның басына әлі Африка атқыштар полкіне ерікті болып кіру келе қойған жоқ-ты. Дегенмен, ол өзі білмесе де, осы ақылсыз шешімге әкелер жолда еді.
Бұл жалдамалы арба көліктер мен таксилер легі үздіксіз ағылып жататын Марлен алаңынан өте берген кезде жауын құйып кетті. Пьердің қолшатыры жоқ болатын, бірақ оған қонақ үйге қайта оралып, өз нөмірінде тым-тырыс қамалуды ойласудың өзі сұмдық еді. Дегенмен, оның өз өміріне жаңа адамдар енгізе қоймауы және өзі сырт айналған жандарды ұмыта алмауы қандай азапқа түсті. Енді ол шешесі мен Робердің жалбарынған хаттарына мейірімді жауап жазатын болды. Тек Денимен бүкіл байланыс расында да үзілгендей, иә бұл Розадан өзінің бұрынғы досы туралы хабар алды.
Жауынның құюы күшейгендіктен, Пьер өзіне жолда кезіге кеткен "Олимпия" сауықханасына кіре салды. "Жауыннан тасалана тұру керек қой" деп ойлады, бірақ сонымен қатар өзіне: "Келушілер арасында қарбаласып, төңірегінде теңселіп жүрген бүкіл мына тобырдың кескін-кейпі мен қылықтарын бажайлау, әйелдердің дәмхана тұғырларының биік орындықтарына шоқиып алып, қалай өзара сымпылдайтынын тыңдау үшін ыңғайлы желеу... Бірақ енді бүгін бір тамшы да спирт ішімдік ішпеймін!..", — деді.
Ол алдыңғы жаққа өту үшін екі франк ақша төледі. "Иә, бұл саған арнала қоймаған жай екен", — деп ойлады ол Айналардан өз кескінін көрді: кең жауырынды әрі денесі тығыршықтай, құлақтары қып-қызыл шырайлы жігіт, ал төңірегінде өңкей жүздерінде қан-сол жоқ, сұп-сұр адамдар. Залда темекі түтінінің қою бұлты жүзіп жүр және осы түтін ішінде бір топ жан оркестр ойнаған өннің сөзін қосылып айтып отырды. Жеңіл фрак киген және ілгегіне гүл қыстырып алған, бордақы доңыздай әнші жігіт шықты; жапсырма шаштардан жасалған айдары оның Швейцария ірімшігі сияқты дөңгелек аққұба әрі жып-жылтыр бетін сопайтып тұр, көздері тіптен жұмылып кеткен, шошайған мұрны тауықтың тұмсығына ұқсайды. Бір сөзбен айтқанда, оның беті мен семіз бөксесі бір-біріне сай еді. Ол фрактың ұзын тілігін әйел көйлегінің етегі сияқтандыра ұстап алды да, қалпақ салынған картон қорап әкеле жатқан кейіп корсетті, өзінің шашынан қыстырғыштар шығарғандай болды. Оның бүкіл ойнақы әндері: "Ал тоғыз ай өткен соң..." деген сөздермен немесе дәріханашының жасырын шоттарына мегзеген бұзық емеуріндермен аяқталып отырды. Ол сахна сыртына кеткен сайын жұртшылық сүйсіне қошеметтеді, өз сүйіктісін қайта-кайта шақырды, әркім өзіне ұнаған әнді айтуын сұрап жатты. Пьер мына әндердің тұрпайы анайылығы мен өзінің Атисінің және Кибеласының әрекеттесуі арасында осынау сезімнің табиғатында мүмкін айырма жоқ та болар деп ойлады. Кенет ол өзіне әлдекімнің көзқарасын сезінді де, айналып қарады. Мына жарқыраған жанарды, мына ұмытылмастай көкшіл көздерді бұл қайдан көрді екен?
— О, менің сыпайылықтан асуымды ұнатпай қалғаныңызды көріп тұрмын, — деп қосты ол Пьердің жүзінде пайда болған ашулы да тіксінген кейіпті байқап. Бірақ, білсеңіз, мен қазір журналистермен байланыста. Мен бірнеше газетті бақылауда ұстаймын, бірақ олар поэзиямен айналыса қоймайтынын да айтып қояйын... Әйтсе де, оларда поэзияға орын бөлуге әлі кеш емес.
Пьер бірден ықылас білдіріп, ол не газеттер деп сұрады. Ланден аттарын атады, бірақ Пьер "Қыңыр сауысқандар" дегеннен басқа олардың бірде-бірін білмейтін болып шықты, — ал ол газетті бұның шаштаразда көріп шыққаны бар.
— Сенсеңіз, Костадо мырза, кез келген газетке мінбер деп қарау керек, ал газеттердің бағыты қалай — бұл маңызды емес. Және, кәнеки, шарапханаға түсейік, мына жерде әңгімелесу ыңғайсыз, өте шу және айналадағы жұрт жайсыз.
Тар басқышпен шарапханаға түсті. Тұғырдың алдында бір қатарға тізілген алдарында ішіп-жемі бар жәлеп әйелдер арасында Пьердің көзі жасы қатайып кеткен алқам-салқам негр әйелге түсті.
— Қандай шам,панды қалайсыз? Мумм? Кордон руж?
Пьер онсыз да әжептәуір ішіп алған едім деп мойындауға батпады, Ланденнің өзіне көрсеткен ықыласы мұны жібітіп жіберді. Ал ол өзінің түрлі сұрағына мұның жауабын әлдебір ынтықтықпен күтіп, жауапты шыққан-шаққанын қағып алатын сияқты. Пьер Парижде қалай тұрып жатыр? Алғашқы кезде оңай болмаса керек? Ланден астанаға жергілікті жерлерден келетін жастарды ылғи аяйды екен. Ол бейшара бозбалалардың Кэд' Орсе вокзалынан шыққан сәттегі абыржулы түрлері қандай десеңізші. Олардың бұл жерде жалғызсырайтыны анық! Костадо мырза өзінің Дени досы туралы, әрине, жиі еске алатын болар? Жоқ? Тіптен есіне алмайды? Ah, солай ма?.. Кім ойлаған! Әйтсе де марқұм Оскар Революдің балалары... Әрине, оларды Ланденнен артық ешкім де білмейді, өйткені олар мұның көз алдында дүниеге келіп, өсті ғой. Рас па? Құдайым-ай, бұл сол отбасы туралы қаншама айтып бере алар еді! Олар туралы Костадо мырза не ойлайды? Сіздің балалық шақтағы достарыңыз жайлы өз пікіріңіз бар екені күмәнсіз... Өзара айтқанда, олардың тегі нашар!
Көп ұзамай Ланденге өзінің әңгімелесушісі серігін сұрақтың астына алудың қажеті болмай қалды — Пьер мұны өзі де байқамастан сөзге қызу араласып кетті. Ол ұзақ екі ай бойғы еңсе басқан жалғыздығының есесін қайтарды. Ал Ланденмен бас қосу ашық әңгімеге айналып, сөз өзінен-өзі тіл ұшынан ақтарылып жатты. Ланден әдемі тыңдай алатын еді! Бүкіл зейінімен құлағын салды. Ол Пьердің Парижге келуінің ақиқат себебін өте білгісі келді. Пьерге қысылып-қымтырылып не керек — себеп: Робердің Роза Революмен айырылысуы, туған ағасының пасық қылығы.
— Өкінішті-ақ! — деп мұны бөлді Ланден. Бір ай бұрын келгеніңізде, сірә, үлкен ағаңызбен кездескен болар ма едіңіз: Гастон осында Регина Лоратимен тұрғанын білуші ме едіңіз? Ал қазір олар екеуі де Брюссельде... Лорати сонда шартпен әртістік жұмысқа тұрған, бірақ ұзаққа бармас деп ойлаймын...
Пьер егер өзім Парижде Гастон ағамды кездестіре қалсам, одан теріс айналып кете берер едім деді қатулана. Бұған шарап құя отырып, Ланден мұның сондай ымырасыздығына сүйсініс білдірді, бірақ Пьердің көп ұзамай мұнысын бас тартатынын ескертті:
Париждегі өмір бір беткейлікті көтере бермейді. Пьер ерте ме әлде кеш пе, өз басынан өткеріп, бұған көзін жеткізеді, егер әлі көз жеткізіп үлгермеген болса. Пьер қызарып кетті, сонда Ланден масайрап қалды:
— Үлгердіңіз бе? Солай ма? Дайынсыз ба? Біздің әңгімеміз осындай істер турасында ойысқаннан кейін бәрін ашық айта беріңіз...
Ол Пьердің көзіне өңмеңдей қарады, ал бұл болса шампанның буының арқасында алдында албасты отырғанын көрмеді. Ланден үшін өте маңызды сәт — оның өзі айтатынын, "терең мойындау" сәті басталды, бәрі осыған байланысты еді, өйткені соны қаперге ала отырып, Ланден өзін жаңа адаммен тиісінше ұстайтын.
Пьер ықыластана шешіліп салды. Бірақ ол қайдағы бір түкке тұрғысыз мылжыңға басты. Ланден тіпті мақау балақай өзін күлкі етіп отыр деп те ойлады. Ол өз табынан іргесін аулақ салмақ, дәулетінен бас тартпақ, енді өмірлік игіліктерді және түрлі жеңілдіктерді пайдаланбайды, — бір сөзбен айтқанда, "қазіргі әлеуметтік жүйе аясынан шықпақ". Ол алғашқы қадамын жасапты да, баспаханаға үйренуші болып кірген, бірақ ә дегеннен-ақ бұл кәсіпке көңілі соқпайтынын сезінген. Сол мезетте осы жоспарына қарсы уәждер, әрине, өзінен-өзі туа қалған — мысалы, мынандай ойлар: өзің қарсы күресуге ниеттенген, жалдамалы еңбектің сұмдық жағдайына өз басыңды өзің тықпалауға ешқандай қажеттілік жоқ; егер ақын адамзатқа қызмет еткісі келсе, оған қолын қара жұмыспен былғаудың еш қажеті жоқ, ол үшін тәуірлеу іс табылады. Бірақ Пьер өзін жұбаныш сылтаулармен алдарқатқысы келмейді — жо-жоқ, ол өз ізгі ниеттерінің іске аспауының шынайы себептерін жақсы біледі: жалқаулық, мешкейлік, сезімталдық және ішкіштік.
Пьер айтып-айтып келіп, шараптан ұрттап қою үшін бір сәт кідірді, сөйтті де қайтадан әуес басты, ал Ланден бұдан өңмеңдеген жанарын алмай тыңдап және күректей алақанымен аузын көмегейлеп, мысқылдап отырды.
— Сіз өмір жолына жаңа түстіңіз, Костадо мырза, сізге әлі көп нәрсені аңдауға тура келеді. Бірақ сіз енді алға қарай алып адымдармен жүрерсіз деп ойлаймын... Міне, енді сырттан қарағанда, баспаханада өткізген әлгі үш күн сізге өте қызықты көрінер. Костадо мырзаның ұлы әріп теру кассасының алдында тұрғанын ойлап қараңызшы! Өз арамызда айтқанда, жұмысшылар өздерін соншалықты жақсы ұстай бермейді, рас па? Сіздің онда неге қанық болғаныңызды елестетіп отырмын, солай ма? Олар сізді жәлепке барайық деп қиылған жоқ па? Жоқ? Қалайша? Сүйремеді ме? Таңғаларлық іс! Сізге жай әлдебір жөні түзулері тап келген ғой! Ал айтыңызшы, олар сізге, былайша айтқанда, жан-жақтан анталап қарамады ма? Қалайша жоқ? (Ол күлкіден алқынып қалды). Неткен ғажап! Ол баспаханада, әрине, әйелдер де болды, қалай қатындар әрекеттенбеді ме?.. Сіз, құдай ақы, мені таңғалдырып отырсыз...
— Одан да басқа нәрсе туралы айтайық, Костадо мырза,-деп Ланден мұны бөліп жіберді. — Мен аға клерк қызметкердің міндетін адал атқардым, бары сол ғана.
Бірақ Пьер жайнаған көздерімен оған мейірлене қарап, өзеурей сөйледі:
— Жок, Ланден мырза! Сіздің қысылуыңыз сіздің қадіріңізді арттыра түседі. Сіз тамаша, ғажап адамсыз! Егер менде бұрынғы бір кездері сіздің сондай ғажаптығыңызға әлдебір күмән болса, енді менде солай екендігіңізге дәлел бар... Ал егер сіз тіпті өткізіп алғандарыңыздың орнын толтыру үшін шамалы көңіл көтеруге ұйғарсаңыз да, бәрібір сіз жақсы адамсыз, өйткені бүкіл өмір бойы өзіңізді құрбандыққа беріп келдіңіз...
Ланден қарсылық білдіруге батпады. Әдетте ол өзінің қайырымды жүрегі туралы өзі айтатын, бірақ қазір ол өзімен бірге үстелше басында отырған, ішкен шарабынан қызара бөрткен, құлақтары қызарған және маңдайы тершіген бозбала (ол кірлеген қол орамалымен терін қайта-кайта сүртіп қояды) бейкүнә көңілімен сипаттаған өзінің кіршіксіз кейпі алдында ыңғайсыздану және қысылу сезімін бастан кешірді.
Ланденнің өтірік айтуға батылы бармады, қайта, өзіне-өзі таңғалғандай аузынан мынадай сөздер шығып кетті:
— Сіз менің өмірімді білмейсіз, Костадо мырза. Сіз мені біле бермейсіз.
Пьер бұл сөздерден әлдебір ыңғайсыздануды аңғарды, бірақ астарлы айтылған мұңды айыра алмады.
— Әрине, мен сіздің бүкіл өміріңізді білмеймін, бірақ талай жыл бойы менің байқағанымның өзі толық жеткілікті...
Ланден оны үзіп жіберіп, өз өмірінің бастауы, тіпті сол жылдардағы өз тірліктерінің түпкі түйткілдері ешкімге де белгісіз екенін айтып өтті. Пьер ешқандай да жиренусіз оның қолынан шап берді.
— Біздің әрбір тірлігіміздің себебі қашан да біреу ғана бола бермейді, Ланден мырза, бұл жерде сіз менімен келісерсіз деп ойламаймын. Және тек ақылы тайыз адамдар ғана біздің әрекетіміздің барлық себебін ең кәдімгі бақай есепке әкеп тірей береді. Біздің әрекетіміздің бастаулары, білсеңіз, біздің өлкеміздегі бұлақтар сияқты сансыз көп. Батпақты шалғында қадам басқан сайын бұлақ бүлкілдеп жатады, олар қосылады, сөйтіп қандағаштар тамырларының ара-арасымен тыпырши аққан су сондай мөп-мөлдір, тап-таза және бетінде көгілдір аспан шағылысады... Мен сізді білемін, Ланден мырза, бай қожайынға, сауық-сайраншыл жанға, — өйткені ол өзінің нәпсісін қанағаттандырумен ғана әлек болды, — жұмыс істеп, бар қайратыңызды жұмсаған лайықты адам ретінде білемін. Мен мұны білемін, енді мен қазбалайтын не бар...
— Иә, мүмкін. Бірақ содан бері... — Сөйтті де, көкейіндегі ойын жеткізе айтпай, үзіп жіберіп, Ланден: — Мен қаншама азап шектім..., — дей салды.
***
Ланденге таныс көрініс. Бірақ бұл жайт сол кеште, әдеттегідей емес, мұнда ыза, ащы кейістік және торығу туғыза қойған жоқ. "Бақыт бар, — деп ойлады ол, Құдай мейірімді және жас пәк жандарға ізгілік тілейді". Егер сен өзінің жасампаздық ісін жасап, тамаша ғажайыпты — мүлгіген орман шетінде кенет сілейіп әрі бір-біріне сүйсіне қарап тұрып қалған екі балақанды сомдаған табиғаттың қоқысқа лақтырып тастаған әлдебір сондай тастанды болсаң, ештеңе істей алмайсың, маңдайыңа жазғанға көнуге ғана тура келеді. Егер бір кезде Пьер Костадо Ланденге тағы кездесе кетсе, оңбаған — құрбандық оған бәрін жайып салады... Ал, бұл кеште мұны жайына қалдырғаны жөн, бақытты болсын. Сөйтті де, шот бойынша ақысын төлеп, Ланден орнынан тұрды.
— Мені күтіп тұр, — деді ол — Ғапу етіңіз.
Пьер кенет есін жиып, өзінің серігі ренжіп қалды деп ұйғарды, сөйтті де асыға көтеріліп, бұл шарапханада бір өзі қалмайтынын мәлімдеді. Қыз қынжылған көзқараспен бұны бақылап отырды.
Жауын әлі құйып тұр еді. Ланден өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, оны жалдап алды. "Фонтан көшесіне". Ланден ашуланып қалды деп әлі ойлап тұрған Пьер оған шығарып салуды ұсынады. Ол дірілдеген дауыспен келісім берді, бірақ өзін күтіп отыр деп айтты.
— Мен сізбен үй алдына кіре берісте қоштасамын, — деді Пьер.
Ол Ланденнің сөзге сараңдығы — реніштің белгісі екеніне еш күмәнданбады, сөйтіп оны жадыратуға әрекеттенді. Ол мұрнымен ауаны дыбыс шығара сорып бұл күймеден өзінің ата-анасында болған экипаждардағыдай иіс шығады, бала күнінде күймелер жиналатын бұрышта тұратын дәуірі өткен қаусаған тарантасқа мініп алып ертегі саяхатқа шығатыным есіме келді деп соқты, оның есіне ол бір жолы кеште өзі Роза Революді Леоньянға шығарып салған пәуеске де түсті... Ланден мырза, әрине, Роза Революді жақсы таниды. Ланден Револю бикешті жақсы білетінін растады. Ол қыз мұнымен кездескен сайын ылғи мұның қарындасы қалай тұрып жатқанын сұрайтын және бұл сол бір инабатты кішіпейілділікті ешқашан ұмытпақ емес.
— Міне, солай! Ланден мырза, тек сіздің бір езіңізге ғана сыр ашайын... Мен оны сүйетінмін және әлі де сүйемін. Және әрдайым сүйіп өтемін.
Ланден: "Өмір ақиқаты бар, ақиқат өмір бар" деп ойлады. Күйме баяулап келіп, ақыры тоқтады. Ланден зор даусымен:
— Міне, келіп, жеттік. Рахмет сізге, Костадо мырза, — деді.
— Тәйірі, — деді Пьер.
Сол кезде Ланден:
— Сіздің маған сондай сеніміңіз, сондай ізгі ниетіңіз үшін ризашылығымды айтамын. Аһ, егер сіз білсеңіз ғой..., — деп қосты.
Қоңырау түймешесіне қолын батылсыздау қойып, ол Пьердің өзін тыңдамай және табан жол үстінде әлдеқайда алысқа бұлыңғыр көзқараспен қарап тұрғанын көріп, үндемей қалды.
— Мен өз қонақ үйімнен алыстап кеткеніме өте риза болып тұрмын, — деді Пьер. Бүкіл Парижді жаяу жүріп барамын. Жауын тыйылды. Сейілдеуден масаңдық тарайды. Өліп ұйықтайтын боламын.
Көшір кетіп қалған еді. Ланден қоштаса қолын бұлғап, сәл ашылған алдыңғы есікке еніп кетті.
Пьердің "Олимпияға" қайтып барғысы келді. Бірақ қыздың іркілдек серігін есіне алған кезде жиреніп кетті. Иә, жалпы алғанда, тазалықты сақтауға тырысу керек. Бұл өзінде еңсере алмай жүрген осындай берекесіздіктен: бір жағы — сезімталдықтан, екінші жағы — өз-өзіне көңілі толмаушылық қаншама бозбала азап шегіп жүр! — деп өзіне сұрақ қойды, — тіпті сондай түсініксіз қарама-қайшылық Атистен де көрінді: кейіпкер соншалықты күрделеніп, Кибела Атистің көңілі әлдебір беймәлім құдайға ауып, пәк сезім кернегенін байқады. Ылғал, да лайсаң табан жолмен, қарауытқан үйлер, сауық құрған қыздар мен масаң еркектер бір-біріне үйірсектеп, бірдеңе айтып жатқан ішкілікханалардың жарқырап тұрған ойық терезелері жанынан өтіп бара жатып, Пьер желөкпе Атис ренжіткен Кибеланың мұңын өзіне-өзі өлеңдете бәсең дауыспен оқыды.
Жылап тұрмын: Атисім, сонша әлсіз әрі күштісің аса бір.
Ұйықтаусың ба? Саған шөптер махаббатпен тозаң шашады,
Сенің ыстық қаныңмен үндестікте шегірткелер шуылға басады.
Құстар қойды ән салуын — өлі тыныштық төңіректі жайлады.
Алыс теңіз жағасынан баяу самал сипап жатыр маңдайды,
Жартас үстінде кәрі қарағайлар шулаудан бір танбайды,
Сүйіктіңнің жұпар иісі жан-жүректі дір еткізді.
Бойды өртеді қызғаныш, қайғы түбі шексізді!
Құшақтармен өзіңнің басуың үшін тәбетті,
Тал түстің қызған аптабын басудан мен дәметтім.
Бірақ бәрі бекер екен! Шаң басқан бойың жерден жазылды,
Аптап жаздай қуатты әрі жалынды -
Атистің алыптығына, бәлкім, сенбеген шығармын.
Атисімнің бойында икемі бар жыланның,
Ол әлдебір құпияны жанарымнан жасырады екен-ай.
Кибела одан еш хабарсыз. Бекер ғой!
Ормандар мұңды, теңіздер де шерменде!
Ол жанымен, тәнімен сыбайлас болмас сендерге.
Ол сендерге бағынбас, шақырғанға жер үн-түнсіз қалады.
Балаң жүзіне қараймын — оның ашық әрі қату қабағы.
Өзгеше масаттануың жазмыш болып күтеді,
Мұң-зар басқа, сенің күнің өзгеше боп бітеді,
Толқын кемірген жағалауыма қарағанда.
"Сыбайлас ..." Нашар! — деп кінәлады ол өзін. Бұл жолды өзгерту керек...". Бәсең үнмен дыбысы үндес сөздер іздей ол Сена үстіндегі көпірден өтті, сонан соң қандай жолмен келе жатқанын аңдамай, аңның өз ініне кайтып келе жатқаны сияқты түйсікпен сезіп үйіне беттеді. Шаршаудан қалжырап, ол шешіне сала, бірден ұйқыға кетті. Таңертең әдеттегідей қарны ашудан емес, қатты басы ауырғаннан және жүрегі айнығаннан оянды. Ол алда ауыр күн тұрғанын бастан кешкен тәжірибесінен білді, сондықтан қайтадан жатып қалды. Сағат кешкі жетілерде орнынан тұрды, өзін асығыс — үсігіс ретке келтірді, сөйтті де күнде таңертең кілегей қатқан кофені сықырлаған имек нанмен ішіп алатын сүтханаға беттеді. Бірақ бұл кеште кофе оған кешкі тамақ орнына жүрді де, қайтадан келіп төсегіне құлап түсті.
***
Келесі күн өз маусымынан ала бөтен ашық, тіптен жарқыраған күн болды ("Мұндай жылылық ұзақ тұрмайды!"), сөйтіп Пьер қайтадан сергек күйге түсті. Ол үйден тал түсте шықты, газетшілер сатып жүрген "Баспасөздің" жаңа нөмірін алды да "Пантеон" шарапханасында үстелшеге жайғасты. Оның қарны қатты аш еді, өйткені екінші тәулік ештеңе жей қоймаған. Бифштекске тапсырыс беріп, газетті қарауға кірісті және бірінші бетінен Ланденнің портрет суретін көрді. Суреттің үстіне қара қою әріптермен: "Фонтен көшесіндегі қылмыс" деп жазылыпты, ал астыңғы жағында "Қылмыс құрбаны" деп көрсетіпті.
Кейінірек, ол сол бір үрейлі сәтте бастан кешкеннің бәрін есіне түсіруге тырысқан кезде, Ланденді өзі өлтіргендей сезімде болған екен. Бұны әрі-сәрі әуестік билеп, қорқынышты хабарды оқуға кірісті және даяшы бифштексті әкелген кезде басын көтере қоймады. Бір ғажабы, мұнда өзінің ештеңеге кінәлі еместігіне іштей терең сенім болмады, сөйтті де осыған өзінің көзін жеткізгісі келіп, оқуын қоя тұрып, алдыңғы күннің кешін қалай және қайда өткізгенін әр минутын қуалай есіне түсіре бастады. Бұл, әрине, Ланденмен оның сырт кіре беріс есігі алдында қоштасты — қанша мас болса да, дегенмен, оның артынан ермеді... Кенет мұның көзіне: "Ланден кешкі сағат он шамасында "Олимпия" сауықханасында жолыққан белгісіз жас жігітке іздеу салынады. Ланден мен әлгі беймәлім жігіт шарапханаға түсіп, сол жерде бір шөлмек шампан ішкенін көрген куәлер бар. Ланден шот сұраған кезде сағат әлі он бір болмаған. Бульварда ол №2021 күймені жалдаған және әлгі жігітті өзімен бірге жүруге шақырған. Көшір оларды Ланденнің үйіне дейін жеткізген, бірақ үйге олардың екеуі кіргенін көрмеген. Тіпті оған жас жігіт одан әрі жалғыз кеткен сияқты көрінген. Көшір хабарлаған белгілер Ланденді білетін және онымен бірге кеткен жас жігітті байқаған сауықхана билет сатушысы көрсеткен белгілермен сай келеді. Шарапхана даяшысы да оның келбетінің осындай сипаттамасын берді. Тек бір ғана куә шарапханада Ланденге қарама-қарсы үстелшеде отырған Ивелина Шабра бикеш оның серігін тіптен өзгеше сипаттады. Тергеу адамдардың тым көпшілігі өз шаруасы жайлы тіс жармай, құпия ұстағанды жөн көретін өзгеше ортада жүргізуге тура келетінімен күрделеніп тұр. Бұдан басқа, барлық куә іздестіріліп жатқан жігіт "Олимпияға" ұдайы келіп жүретіндер қатарына жатпайтынын бір ауыздан растайды, ешкім де мұнда оның түрін танымайды, сірә ол бұл "сауықханаға" бірінші рет кірсе керек".
"Соңғы хабарлар" бөлімінде есік бағушының көрсеткендері келтірілген, ол полицияны басқа ізге салатын сияқты. Кешкі сағат тоғыз шамасында Ланденге белгісіз біреу келген, ол марқұм оған өзі берген кілтпен оның пәтерінің есігін ашқан болуы тиіс. Есік бағушы Ланденнің үйге кешкі сағат он бір шамасында келгенін қуаттайды және оның сыртқы кіре беріс ауызда әлдекімге: "Сау болыңыз", — деп айтқанын естіген, бірақ ол қоштасқан адам одан әрі табан жолмен жүріп кеткен.
Пьер өз стақанын бірден қағып салды, сөйтіп жеңілдене дем шығарып, жан-жағына қарады. Сірә, ешкім де бұған назар аудармаған сияқты, бұл көздерін жұмып, міңгірлеп дұға оқыды. Есік бағушының айғағын бес-алты мәрте қайталап оқып шықты. Сонымен, бұл құтылды!..
Тергеушіге жазып бере ме, әлде қажеті жоқ па? Жоқ, бұл жай ақымақтық болар еді... Әрине, Монматрдың барлық қонақ үйінен және Республика алаңы маңынан, арасынан іздейтін болады. Олар келіп жақсы отбасынан шыққан бозбаланы ұстап әкетеді деп ойлауға ешқандай негіз жоқ, бұл тұрып жатқан баспана қожайындары ізетті жандар, бұл туралы тек жақсы пікір айтар. Ол кешкі газеттерді тосып Люксембург бағының саяжолдарымен ұзақ кезді, бірақ газеттерден ешқандай соны егжей-тегжейлі жаңалық таба алмады. Түнді (қылмыстан кейінгі үшінші түн) бұл өте алаңдаумен өткізді: төсегіне шешінбестен жата кетті, сот сайын шошып оянып, көзін ашты, сосын қайтадан қара түнек тұңғиыққа түсіп кетті. Таңғы сағат жетіде бұл орнынан тұрды және үйден шыға сала асыға дүңгіршекке беттеді. Газеттерде тергеуші марқұм Ланденнің үй қызметшісінен ұзақ жауап алғаны хабарланыпты. "Олимпияда" көрген беймәлім жас жігіт туралы әлі еш ілік жоқ, ал оның айғақтары тергеу үшін өте қажет-ақ еді. Бірақ оның табыла қоюы екіталай, "өйткені бұл істің ұят жақтары бар екен".
Алдымен адам өзінің болмысында бүркенген нәрсені жеңуі, сол күйдіріп жатқан іріңді жараны жазуы керек деп ойлады Пьер. Бірақ адамның көрінбейтін жара жеп жатқан өз бейшаралығы, балаң жігіттің діндар болмысын қияли сипаттағы ұйғарымдарға икемдей алатын өз қорқаулығы мұның бетін олардан бұрып әкетті, бұл дін іліміне қанық емес еді, сондықтан жаратқанды оның осындай қорқау мақұлықты жасағанын ақтайтын пайымдаулармен қанағаттана алмады. Келесі аптаның ішінде ол бірнеше мәрте өз күмәнінен арылғандай, дұғадан, соқыр сенімнен пана тапқандай сияқты болған-ды, бірақ бұл өз қалауымен өзіне шақырып ала алмайтын белгілі бір көңіл күймен байланысты ғана сәттер еді. Қалған уақыттың бәрінде оны іштей арпалыс жегідей жеді және ол Луи Ланденді мәңгіліктің жағалауына дейін шығарып салған бірден-бір серігі әрі Ланденнің алдында адамдық келбет көрсеткен соңғы жан Пьер Костадо үшін көңіл жұбатарлық, ойын бұрып әкетерлік сипатта бола қойған жоқ, өйткені бұдан кейін ол бейбақ өз жан алғышының жанарынан тек рақымсыз қатыгездікті ғана көрді ғой. Оқиға, әрине, төтен, бірақ нәрсенің шын жағдайын, кәдуілгі ақиқатын, адам өмір сүргелі бері алуан кейіпте көрініп келе жатқан сұмдықты ашып көрсетті. Дін ілімі ғұламаларының пікірінше, мәңгілік тозақ осында, жерде, қарғысқа ұшырағандар туған сәттен, тіпті олар дүниеге келмей жатып басталады. Кибела мен Атистің бейнелері ойын билеген балаң ақын келе жатқан жол оны Ланденнін талқаны таусылған соңғы шепке — өлі теңіз жағалауына әкелді.
***
Пьер бірнеше апта есалаң сияқты күйде жүрді. Ол шіркеулерге барды, тәубесіне келді және біресе дін абыз діни сұрақ-жауап кітабы — катехизистен алынған қасаң тіркестер, сиынушының барлық күдігі шешілетін дін ілімі еңбектерінің аттары толы бірсыдырғы жауаптарды, біресе торығушылардың ақылгөйлік мылжыңы әбден жалықтырған шаршау адамдардың көкейге қонымсыз, бұлыңғыр сөздерін тыңдады; бірақ кейде ол қалтқысыз сенуге және сүюге шақыруды естіді, сонда тізерлеп отыра қалып, Сен-Сюльпис ғибадатханасында қасиетті қыз мінәжатханасында басынан өткеніндей, бірер сәт жалынды дұғаға мүлгіп кетіп жүрді.
Мұның күші сарқылды. Болмысы осындай бозбаланың кездейсоқ кездесуге тәуелді тағдыры шешілер сәт жақындап келе жатты. Бұған жолында күтпеген жерден біреу шыға келіп, иығынан шап беріп ұстай алып, әлдебір жолға итеріп жібергені керек еді. Және осындай ұшырасқан адам оның жолдастарының бірі емес, дін абыз да емес және әлдебір әулие адам да емес, жәлеп қыз еді.
Пьер өзінің үстінде тұрған бүкіл жаратылыстың еңсерілмейтін билігін ұға алды, осы билікті ешқандай да торығусыз қабылдауға өзінің дәрменсіздігін де түсінді. Оның төңірегінде басқа адамдар жаратылыс заңымен жүріп жатты және өздерінің нәпсілерін қанағаттандырудан ешқандай қасірет көрмеді. Оларға өздерінің сүрініп құлағандары үшін ұят сезімі беймәлім еді, азғындық үйығына малтығу қорлық көрінбеді. Бірақ Пьер өзінің тұңғиыққа батып бара жатқанын сезінді. Ақыл-парасаттың ешқандай да уәжі мына рақат кешудің бәрі адам жамы үшін өлім деген мұның нық сенімін сейілте алмады. Лай толқын оны тұншықтырды, оған кез, иіс сезу, есту саңлаулары арқылы еніп жатты. Қандай азап! Ол өзіне нан мен шараптан гөрі қажеттірек болып алған әлгі ләззатқа толы өмірге қанағаттана алмады.
Өмір сүру ол үшін төзгісіз қарекетке айналды, бірақ ол өзіне-өзі қол салу туралы ойлаған да жоқ. Қайта ол өмірге құштарлықтан, осы жарық? Дүниеде өмір сүру бақытынан тұншықты. Тіпті егер оның көздерін ойып алса, ол үшін оны аяулы жер дүниесіне матап қоюға бір тал жіп те жарап жатар еді, — оған нөсер жауынның шоршыған тысырын, оның ағаштар жапырағындағы жылға боп аққан сыбдырын есту және күн сәулесі астында жауыннан дымқыл тартқан жердің бусанып жатқан салыстыруға ештеңе жетпес сол бір иісін сезіну жеткілікті болар еді. Және тіпті мұнда барлық сезім мүшесі өліп кетсе де, сөнбес ой мен өмірге іңкәрлік, өз жүрегінде жүріп жатқан құбылысты білуге құштарлық, оның әрбір лүпіліне ден қою қалар еді.
Бірақ ол өлімнен кейінгі күйден қорықты. Ол өзінің санасына бала күнінен сіңіргенге сенді. Басқалар бұл сенімдерден иықтарын қиқаң еткізіп оңай құтылса, өзінен олардың ауыртпалығын лақтырып тастаса, ал мұнда жан-дүниесіне егілген тұқымдар көктеп шыққан еді. Маусым айының шалғынынан Кибела мен Атистің іздерін қарай жүріп, ол бұтақтардың сыбдырынан періштелер үнін естуін және тола сабан иісі бұрқыраған мал қораның ашық есігінен маңдайына керіп қағып тастау жазылған сәбиді тізесінде тербетіп ұстап отырған жас қызды көруін тоқтатпады. Сонау колледжде-ақ мектеп ауласында әткеншек ілінген әрбір баған бұған тұрғызылған айшық болып елестейтін және онда керіліп тасталған жан бұған басын салбыратып қарап тұрғандай көрінетін, ал сынып бөлмесінде терезе қас екісінің айқасқан белдеулері де шулы торғайлардың тұтасқан бұлттай үйірлері қонған қою жапырақты қарағаш үстінен сол айшық тәрізді көрінетін. Бірақ, дегенмен, азалы бейне жердің әдемілігін мұның көзінен көлегейлеген жоқ.
Бұл жасөспірім діндар бейбітшілік үшін, жер бетіндегі шаттық үшін өліп кетуден де қатты қорқатын. Ол священниктерді құрметтегенімен, ылғи олардан аулақтап жүретін. Ол Құдайдың даңқын асыру үшін өздерінің торларын құрып тастайтын осынау адам жанын аңдушылардан сескенетін. Енді ол аштықтан ішегі бұратылған, бірақ тасталған жем қақпанды бүркемелеп тұрғанын білетін жас түлкі сияқты олардың төңірегін айналшықтап жүрді...
Мұның қолына немере Ренаның жаңа шыққан кітабы, сондай-ақ Шарль Петидің қаламынан туған "Жанна д'Арк мейірімділігінің сыры" кездейсоқ тап болған күндер келіп жетті.
Өмірдің таусылар шағында біздің тағдырымызға әлдебір кітаптың ықпал ете қоярына сену қиын болар. Бірақ, бұл — ақиқат, күнделікті шындық. Пьер айшық пен қылыштың үйлесімі өзінің өміріне сырттан енгеніне өзін сендірді, алайда өзі де аңғармастан, мұның заманындағы және бейіміндегі барлық дерлік жасөспірім сияқты оларды өз бойында алып жүр еді, оларды табу үшін терең үңги қазудың қажеті болмады...
Ол қарапайым ұйғарымға келді. Мұндай жаста адамды өзінің барлық өмірлік қақтығысын қаламды бір шиырумен шеше салу үміті алжастырады. Ол өзінің қолын қояды, сөйтіп, бәрін де тәмамдайды — Парижді, ашынаны, мына барлық жиренішті пенделерді ысырып тастайды, отбасын да жайына қалдырады (ол ешкімнен де, тіпті анасымен де қоштаспай кетеді). Пьер қолын қойды, енді бәрі мұның өзіне емес, басқаларға және басқаға — мұны бірде түнде "Олимпия" сауықханасына кездейсоқ алып келмеген, оны өлім қақпанына түскен адамның жолының соңғы бұрылысына әдейі астыртын ниетпен қойып қойған құдіретке байланысты еді. Пьер өмірімізде болатын кездесулердің бәрі біздің тіршілігімізге ықпал ететініне, бізге тағдыр жіберетініне және біз аңғаруға тиіс сырлы мәні болатынына сенді.
Және, енді тек басқалардың еркіне берілу керек деген ой оның жанын жай таптырды! Иә, иә сын тезі аяқталғанға дейін... яғни жиырма үш жасында әскери қызметтен босататын 1915 жылдың көктеміне дейін, және ол өзіне қымбатқа түссе де, бұл өмірде адамға қуаныш әкелер құпияны ақыры ашпай қоймайтына сенді.
ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Анасы науқастанып ұзақ жатқан кезде және ол қайтыс болған сол желтоқсан күніне дейін үйдегі екінші ауру Жюльен көзге ілінбей қалды. Ол бұйығы ығысып, Мария Кавельгенің ауыс-түйіс күтімін қанағат тұтты. Бірақ қалай шешесі қайтты, ол ауыр науқас күйін және тиісінше құқын қайта қалпына келтірді. Оның тіршілік етуге арналған бірде-бір мүшесі бүлінбесе де қатты арып кетті, оның күйі айрықша күтімді талап етпейтін, сондықтан Роза оған қарай жүріп өзі үшін бірден-бір ермекке айналған ісімен айналыса алды: бұл есеп кітабын жүргізетін, ал Леоньянда есеп-қисап жүргізу барған сайын күрделене түсті, өйткені шаруашылық күн санап өркендеп бара жатқан-ды.
Жюльен еш уақытта өз бөлмесінен шықпаса да және Мария Кавельге мен Луи Ларитан (үйде жаңадан пайда болған бұл адам әл-ауқаттың қайта қалпына келуінің дәлелі еді) басқа ешкімді көрмесе де, үй-жайда болып жатқан оқиғаларға, Кавельгенің жапсарлас бөлмесіне жайласып алған өз інілерінің жеке өміріне қатысты жаңалықтарды да Розадан жасырмай, күн сайын қарындасын қанықтырып отырды. Дени Кавельгенің қызымен талайдан әмпей-жәмпей екеніне Жюльен еш күмәнданбады. Ол қыздың бір ай бойы төсек тартып жатып қалғаны бекер емес: оның түсік тастағанын бүкіл Леоньян біледі. Кавельге Дениді Иренге үйленуге міндетті түрде көндіреді. Ол тек мұның жиырмаға толуын және әскери қызметке алу қаупі жойылуын күтіп жүр. Денидің кеудесі қушық, сондықтан басқарушы оған ақ билет ала алатындарына сенімді. Құдайға тәубе, Кавельгенің пайдаға жарар таныстары жетерлік.
Роза Жюльеннің сыпсыңын тыжырына үнсіз тыңдап жүрді және оларға сенбейтін сыңай танытты. Қазір Дени үйде тұрмайтын, бұлар сирек көрінетін, тек шаруашылық тұрғысындағы мәселелер бойынша ғана сөйлесетін. Уақыт өте келе бұлардың арасында орнаған бөлектенушілік ахуалы ширыға түсті. Ылғи да алаң көңіл және сонымен қатар әлдеқалай ұйқылы-ояу жүретін Денидің бар зейіні шаруашылық қам-қарекетіне ауғанымен, оларды тек дағдымен ғана атқарып, айкезбе тәрізді ілбитін еді.
Көктемнің басында, аналары қайтқаннан кейін бірнеше айдан соң Жюльеннің ерніне ұшық шықты, Роза оған басында мән бермеген-ді. Мұндай аурулардың маңдайына жазылғаны сол — олардың мұң-зарына онша назар аударыла қоймайды ғой. Бірақ бірнеше сағаттың ішінде Жюльеннің жұқа еріндерінің көнтиіп ісіп кеткені сондай, оның аузы доңыздың тұмсығынан аумай қалды. Азабы ауыр болды, бірақ Жюльен оны төзімділікпен көтеріп, ажалды үлкен ер жүректікпен және шын мәнінде қаймықпай қарсы алды. Бұл мезгілсіз әрі төтен өлім қарындасы мен інісін есеңгіретіп, алғашқы сағаттарда олар терең қайғыға батқандай болды. Ал расын алғанда бұларға өздерін де тосып тұрған о дүниенің ызғар лебі соққан еді.
Үйлеріне үш мәрте кірген өлім, үш рет қайталанған жерлеу, шынтуайтына келгенде өзін селқос еткенін Роза өте тез аңғарды, ол әкесінің табыты, сонан соң анасының табыты жанында тұрған кезінде өзінің немкеттілігі үшін қиналған-ды; енді ол ұят сезімін бастан кешірді. Ақырында ол нөсер жаңбыр қалалық саябақ жолын шылқытып кететін сол бір қайғылы күні мұның махаббатын мансұқ еткен жексұрын бозбала өзін не жасағанын енді түсінді.
Содан кейін де ол көпке дейін жүрегі ыстық әрі аяулы бұрынғы қалпында қалғандай сияқты еді, дұғадан жұбаныш іздеді, өз өмірін жақын туыстарына арнады. Бірақ жүрек жарасы бәрібір жазылмапты және мұның өзіне білдіртпей жанының сол бір нәзіктігі мен қызуы сөнген екен.
Осы үш жылда ол не нәрсеге жетті? Қандай бекершілік, неткен бос өмір! Үш жыл шешесінің қызметшісі, сонан соң ағасының күтушісі болыпты, бір ғана нәрсе — үйге молшылық қайта келгенін түйсінуден басқа ешқандай қуаныш көрмепті. Бірақ бұл игіліктің өтеуі Денидің тағдыры деп ойлады ол Дени Кавельгенің қолындағы кепіл тұтқынға айналды, ол борыштың төлемін бүтіндей алыпты. Роза Кавельгелердің үшеуіне, әсіресе қазір толысып, төсі көтеріңкі түскен әрі май басқан көздерін әрең ашатын Иренге, деген өз сезімін қалай доп басарын білмеді. Роза өзіне: "Иә, бұл — жек көру!" деп айта қойған жоқ. Біздің басымызға өз дертімізге үңіліп қарау және оларды атымен атау еш уақытта келе бермейді ғой.
Мұнда керексіз қалған қыздың қызғанышы, өкініш сезімі бас көтерді деп айтуға болмайды. Бұл тұрғыдан ол бейжай еді, опынуды да, құлшынуды да білмеді. Жюльенді жерлеуде ол үш жыл айырылысудан кейін бірінші рет Робер Костадоны көрді, бірақ мұнда тек мұңды әуестік сезімі ғана қылаң берді. "Үлес қосу" рәсімі кезінде бүкіл қала шұбатылып шіркеу алаңқайына ағылып, өз кезегін күтіп ұзақ тұр қалған кезде бұл өзінің бұрынғы күйеу жігітін бажайлап қарап алды. Оның бет әлпеті біршама жалпия түсіпті. Шашының жиегі маңдайын аша шегінген, бірақ бұнысы оның келбетіне байсалдылық бере қоймаған. Ұзын кірпіктері сиреген және енді әлі де әдемі көздерін көлегейлемейді, қабағы қызарып кетіпті. "Міне, осы мені ұзақ уақыт қапалы еткен жан!" — деп ойлады Роза. — Осы үшін менің ішім өртеніп кетті!" Сөйтіп бұл Роберге әлдебір мысын басқан үреймен қараған.
Сол күні кешке Роза өзімен тамақтануға келіскен Дениден сұрады:
— Сен енді үлкен үйде тұрарсың? Мені мұнда жалғыз қалдырма...
Дени бұл мүмкін емес деп жауап берді.
— Саған айтуға тиіспін, Роза... Кешіресің бе, білмеймін... (ол басын төмен салбыратып айтты). Біз Ирен екеуміз үйлендік. Мұны жасырын істеуге тура келді. Түсін мені... Ол екіқабат... Тамызда босанады.
Роза таңырқаған жоқ. Бұл түбі осылай боларын білген-ді. Роза алдымен байыппен сөйлеп отырды, бірақ бірте-бірте қызына түсті.
Бір кездегі шешесі сияқты барған сайын екілене, ашуын ақтарып салды. Міне, қалай! Бұл әбден қажыды, бір минут тыным табуды білмейді, бар қайратын аға-інісіне жұмсады, ал Дени болса, әке-шеше Кавельгенің кеңпейіл көз жұмбай демалыс уағында көңіл көтереді. Дени мұны үзіп жіберді де, ұяң үнмен сөйлеп, Кавельгенің отбасын қорғай бастады.
— Біз оларға мейлінше борыштымыз. Осындай үш жыл бұрын Кавельге өзінің бүкіл жиған-тергенін шаруашылыққа салды, шал өмір бойын тірнектеп жинағанынан ерте түскен суықтан немесе қатты нөсер бұршақтан айырылып қалуы мүмкін еді. Рас, жолымыз болды... Бірақ сен кіріс-шығыс кітаптарын жүргізгеніңмен, әлі күнге осы үш жылда Кавельгенің қанша кәп тірлік жасағанын түсінгің келмейді...
Роза қасарыса үндемеді, сонда Дени басын көтерместен үстемелей түсті:
— Әрине, мен саған әйеліммен ортақ тіршілікті таңбаймын, біз бұрынғыша Кавельгенің жапсарлас үйінде тұра береміз. Ал мына үй саған кірістерден алатын өз үлесіңнен тыс қалады. Біз солай ұйғарып та қойдық... Жоқ, мен саған Иренмен бір кіріп бір шығып бірге тұруды ұсынады деп қалайша ойладың?
Ол тіпті күліп алды! Бұған сондай зымиян ой келеді деп, рас, Роза қалай ішін тартқан! Ал Роза ол мұны сондай жоғары қоятындығы үшін кенет ыңғайсызданып, ұялып қалды. Розаның ашуы басылды, көңілі жай тауып, тынышталды. Сөйтті де ұзақ ойланып жатпастан інісін үгіттеуге кірісті:
— Мен сені және сенің балаңды ауладағы үйде тұрғызып қояды деп, ал сен қалай ойлай алдың? Менің айтып салғанымның бәрін ұмыт, Дени. Жо-жоқ, сенің әйеліңнің орны — біздің қара шаңырақта және бұл сондай кең, біз бір-бірімізден сығылыспай бәріміз де осында тұра аламыз. Маған екі бөлме жетіп артылады.
Дени: "Жоқ, бұл мүмкін емес, жоқ, саған жайсыз болады!" деп қоймады. Және ол қарсыласқан сайын Розаның өзін кию ниеті күшейе түсті әрі бұл құрбандықтың өзін үрейлендіруі кеми берді. Мұның басына, сірә, Ирен келіспейтін шығар, әлдебір қарсылық білдірер деген ой келді.
— Не? — деді Дени шаттана күліп — Қарсы болу? Бұл туралы алаңдамасаң да болады. Ирен қуанып кетеді!
Роза мейірлене бұртия:
— Дени, сен қалайша ойлай алдың?..
Ол естілер-естілмес жауап қатты:
— Ол ма әлде басқа ма... Бәрібір емес пе?...
Роза естімегенде сыңай білдірді және осы сәтте өзі таңырқағанындай, Иренге ешқандай жауығу сезімі болмады. Титтей де қарсыласпастан бұл кеңпейіл өрекпуіне беріліп кетті және көңіліндегі барлық пасық ой басылып қалғанынан жеңілденіп сала берді.
— Бикеш, тамақ әзір.
Інісі мен апайы тас ошақта жүзім бұтақтары қызу от болып жанып жатқан үлкен асханада бір-біріне қарама-қарсы отырды. Аппақ дастарқан жайылған үстел үстінде ауқымды отбасылық күміс ыдыс жарқырап тұр. Бақта бұлбұл сайрап, жұпаргүл бүршік жарып құлпырған, бірақ бүрісіп қалғандай — ауа райы салқын еді. Бұл жаңа ай туғандықтан деді Дени. Түнде қара май жағып, жүзім түптері мен жеміс ағаштарына түтіндік салуға тура келеді. Ол майлықты өзінің нымшасының ойығына Кавельгенің солай істейтіні сияқты қиғаштап бүктеп іліп қойғанына Розаның күліп қарап отырғанын байқады. Дени қызарақтап, майлықты жазып, тізесіне қойды. Бұл қандай дағдыларды үйренген! Апайы бұған бала күніндегідей "тәрелкені қасықпен тарсылдатпа... Дени шыңды тарт!" деген сияқты ескертпелер жасауға кірісіп кетті.
Бұлар Жюльен туралы, әкелері жайлы, шешелері жөнінде әңгіме айтты. олар туралы осылай еркін сөйлеп, күні кеше Оскар Револю әмірлік еткен асханада өздері ғана отырғандарына таңырқасты. Үлкендердің барлығы кетті деген осы. Тас ошақтағы от сөнуге айналды, жалыны жылтыңдап, майысқан бұтақтар шырматылған от жылан болып үйіліп қалды.
Салқын көктемнің алдамшы ызғырықты кеші үйді жайлап алды. Бірде інісі, бірде апайы бұрын өздері ауызға алудан қашқақтайтын әлдебір есімді әңгімеге қосып қояды, мысалы Пьерді немесе өліп кеткен Ланденді еске алды, — енді бұрынғыдай тыйым салынған тақырып жоқ еді. Ақыры Роза орнынан тұрды.
— Мен сені шығарып салайын және Кавельгемен өзім сөйлесемін. Кейінге қалдырудың қажеті жоқ...
Розаға кеңпейіл жасау оңай іс сияқты көрінді. Иреннің бетінен сүю керек. Бұл өзін ізгі де қайырымды көрсетуге асықты. Дени бұған көз алмай қарады және оның түнгі құстың көзіндей дөңгелек көздері жасаурап кетті. Ол апайының қолынан ұстады, бірақ оны сүймеді. Олар үйден шықты. Роза өмірінде бірінші рет көкектің түнгі шақыруын: үзік-үзік үш дауысты, іле-шала зәрлі ысыл сияқты бірдеңені естіді.
ЖИЫРМАСЫНШЫ ТАРАУ
— Иә, Ирен, енді көр-жер бөлмесінің қожайыны сіз өзіңіз.
Роза Иреннің қызара бөрткен түсіңкі жүзі қалай жадырап сала бергенін алғаш рет көрді. Үлкен шкафта сақтаулы үйіліп тұрған жаймалар мен майлық-сулықтар Мария Кавельгенің қызын қызықтырып жіберді. Ол жақында ғана перзентханадан шығып келген және бірнеше күн бұрын "байбатшалар үйіне" қоныс аударған-ды.
Сөйтіп, Роза өзінің соңғы игіліктерінен бас тартты. Ол мұны қиналмай жасады, ол үшін бір ғана нәрсе: Иренге кеңпейіл пен жомарттық көрсету маңызды еді. Ол осы ұсақ-түйектен арылу неліктен ештеңеге тұрмайтынын өз-өзінен сұрамады: бұның дүние-мүлікке жабысып қалуы өзі ойлағандағыдан әлдеқайда кем болып шыққандығынан болса керек.
— Міне, мына жаймалар сіз бен біздің әжелеріміздің әжелері Леоньянда тас ошақ жанында тізе қосып қатар отырып, жіп иірген заманда тоқылған.
— Ой, қандай! Демек, біздің Кавельге тұқымы тіптен өте көне әулет екен ғой.
— Әрине. Ескі әрі текті тұқым, — деп іліп әкетті Роза, өзінше ішінен: "Міне, енді үйрене бастады!" деп ойлады.
Жас келіншек бума кілтті қолына алып, шкафты жапты да сәбидің қарпы ашып қалған болар деп кеудешесін ағыта бастады.
— Тоқтай тұрыңыз, Ирен. Доктордың не айтқанын ұмытып кеттіңіз бе? Оған бір шиша қайнатқан күріш тұнбасын беру керек... Бүгін таңертең оның тағы да іші өтті.
— Сонда қалай, сіздіңше, оны ашықтыруым керек пе?
— Дени қынжылады, — деп үгіттеді оны Роза. — Мұндай ыстықта баланы тым тойдырып жіберген де қауіпті.
Дениді тыңдауға міндетті емеспін деп ашулы жауап қатты Ирен.
— Иә, міндетті емеспін. Ертеңнен бастап Польге сорпа ішкіземін, — деп үстемеледі өршеленген түрмен.
Сол кезде Роза қапалана дауыстап жіберді:
— Жарайды, оны әлі көрерміз! — Ирен кекесінмен сұрады:
— Бұл кімнің баласы? Менікі ме, әлде сіздікі ме?
— Ол менің інімнің ұлы, ол біздің әулетіміз, сондықтан мен жол бере алмаймын...
Ирен есікті тарс жауып бөлмеден жүгіріп шықты. Роза ашудан қызара — бөртіп әрі ыстықтан тұншығып, абдырап көр-жер бөлмесінің ортасында бір сәт тұрып қалды. Жоқ, Денидің келуін күтуге шыдамы жетпейді, дұрысы қазір трамваймен Бордоға бару және оны кеңседегі ("Леоньян фермасы" жақыннан бері Сен-Жан көшесінде қоймалар мен кеңсе ашқан болатын) шаруасын бітірген соң сергу үшін кіріп тұратын теннис клубынан іздеп тауып алу. Дени оны үйге өзінің "Даррак" жаңа автомобилімен алып келеді. Осы аптада тәжірибелі күтуші әйел тапқан жөн — өйткені әңгіме баланың денсаулығы, мүмкін тіпті өмірі туралы болып тұр ғой.
Өз бөлмесіне кіріп Роза әдемі ши қалпағын киді, оны кигенде мұның басы тіптен кішкентай сияқты көрінеді. Мұның уайымы тым терең бе? Қиюластыра жапсырылған ақ жібек тұнжыр тартпай, жарқырап тұр. Бұл жараспайды. Ол беліне қыстырылған қызғылт түйнек гүлді алып тастады. Ол ыстықтан қорыққан жоқ. Бұрын өзі таң бозынан асыға жететін сол баяғы аялдамада трамвайды едәуір ұзақ күтуіне тура келді. Қайнай бастаған жер үстін боз аспан жайлаған. Барлығының дерлік жапырағы бүрісіп, шаң басқан шегіршін түбінде бір жерде тығылып алған жалғыз шегіртке ғана сыртылдайды. Трамвай көрінбей тұрып-ақ біраз бұрын Роза оның діріл қаққан қоңырау үнін естіді.
Мұның сөмкесінде кешеден бері бұл ашпастан, селқос сала салған Пьер Костадоның хаты жатыр еді. Конверта ашып, бірнеше жолын көзімен жүгіртіп өтті: "Елу градус... Сірә, саған мүмкін еместей көрінер... Бірақ мен бұл ми қайнатқан ыстықты аса қиналмай көтеріп жүрмін. Қазір мен саған хат жазып отырған кезде төңірегімде терең тыныштық. Алайда, ешкім ұйықтап жатқан жоқ..." Роза бетті аударды: "Менің әңгімелерімнің бәрі саған, сірә, ақымақгершілік болып көрінер... Мен ризамын әрі сағынамын. Төңірегімдегілер мені жақсы көреді және ойланып-толғанып жатпай жүрегін ұсынған ізгі ниет толы болғанымен, жан сырыңды айтар ешкім жоқ. Мен олардың ішіндегі ең әлжуазымын, сондықтан олар маған ылғи да көмектесуге тырысып жүреді...".
Роза хатты сөмкесіне сала салды да алабұртып тұрған бетін опалап алды. Сағат кешкі алты болып қалған еді, бірақ күннің қиғаш түскен сәулесі вагон терезелеріндегі мата пердеден өтіп, мұны күйдіріп барады. Бұл трамвайдан түсе сала көшір жалдап, клубқа жүріп кетті. Ашық қолшатыр мұның жүзін көлегейлеп тұрды. Бірақ Дени мұны таныды да топырлап тұрған теннисшілерден бөлініп, апайына қарай беттеді. Ол әлі ойнауды бастамаған еді, сондықтан Розаға тап қазір жүріп кетуді ұсынды: бұлар әлі кешкі салқынмен біраз қыдырып үлгереді.
Бірақ Роза інісімен қызметшілер жалдау бюросы арқылы күтуші алу қажеттігі туралы сөйлесуге батпады. Дұрысы қазір оның жынын қоздырмау. Дени үстіндегі барымен-ақ жүн мата шалбармен және теннистік туфлимен келеді. Ол машина жүргізген кезде түрі тастай болып сіресіп қалды. Кең ашылған үкі көздері қиянға қарайтын сияқты. Ол бір ауыз сөйлемеді. Рульде қалғып кеткендей. Бірақ Розаға еш қорқынышты емес еді және келінінің бұлардың сыртынан айтып жатқан балағаты мен қарғап-сілеуі еш селт еткізе қоймады, — кенет оны күллі дүниеге деген селқостық билеп алды. Шаң бұлты одан әлемді көлегейлеп тұрды. Ал өлім — мұның өзінің өлімі әрі бұлар басып озған, шаңның сұр пердесінен еміс-еміс көрінген велосипедшінің өлімі тақап қалған еді. Дени машинаны әрең дегенде шетке қарай кілт бұрып үлгерді... Шаң бұлардың бетіне бұрқ ете қалды.
— Үйге баратын уақыт болды, Дени. Біз тамаққа кешігеміз.
— Мен Маршприм арқылы тәте жолмен барамын.
***
Кавельге мен Мария жапсар үйдің есігі алдында шамының жарығымен сорпа ішіп отыр еді.
— Мен сіздермен бірге тамақтанамын, — деді Ирен. Олар әлі келген жоқ.
— Оларды күт. Оларсыз ас ішкенің жөн болмады.
Ирен басын шайқады. Жоқ, ол сорпаны ата-анасымен ішеді, сонан соң кішкентайын емізеді де ұйықтауға жатады. Мария тәрелке әкелді де қызына сорпа құйып берді. Кавельге енді қызметші ұстайтын, бірақ қожайын "ол қыздың үстелді айналшықтап жүргенін ұнатпайтынын" ескерткен еді.
***
Қою қараңғылық баяғыда-ақ басқан, Ирен ақыры кенет елді мекен жолының бойындағы әрбір ағашқа жарығын түсіріп келе жатқан автомобиль шамының жарқыраған екі сәулесін көрді. Ирен шамды жақпастан жылдам шешінді де, ұйқы бөлмесіне Дени кіріп келген кезде жорыта ұйықтап жатқан бола қалды.
— Ұйықтап жатырсың ба, Ирен? Сырқаттанып қалдың ба? Жауап орнына қасарысқан үнсіздік басты. Қара көлеңкеде Дени төсекте дөңкиіп жатқан денені, төбешіктей көтерілген жылы жамылғыны әрең аңғарды.
Бұл әйелін төмен түсіп, тамақтануға үгіттей бастады. Ол үнсіз жата берді, сонда Дени:
— Қандай қапырық кеш!.. Мен бүгін кабинетте диванда ұйықтаймын... Әйтпесе екеумізге тар, ұйықтай алмайсың, — деп қосты.
Ол іш киімін алды да, ана бір жолы түнде Ланден өз қожайынының елесімен сөйлескен бөлмеге түсіп кетті. Сонан соң асханаға беттеді. Қысқы уақыттағыдай шұға фрак киген Луи Лари Розаның орындығының жанында тұр еді.
— Мен бір ыдыс-аяқты алып қойдым, — деді ол.
Ол "мырзаның ыдысы" деп еш айтқысы келмеді.
Киім ауыстырып үлгерген Роза кірді. Дени өзіне салқын құрғақ ақ шарап құйды, піскен қауынның хош иісі бөлмені алып кетті, қара көлеңкеде көрінбейтін түнгі көбелектер бір-біріне тап берді. Алыстан күннің күркірегені анық естілді.
— Бүгін Поль жақсы, бірақ білесің бе, оны тым тойдырып жібереді. Оған шамалы қайнатылған күріш тұнбасын бергісі келмейді...
— Аһ, мен саған айтуды ұмытып кетіппін... Мен клубта Луиза Пифетоны көрдім, оған енді күтуші әйел қажет емес екен, күтуші әйелді тамаша, ұқыптың өзі деді. Луиза оны бізге осы аптада жібермекші. Иренге солай ұйғардық дейік.
Роза табалау сезімін әрең басты. Үстел басында інісі мен апайы онша сөйлесе қоймады.
Тамыздың мұңды да гүрілді түні дүниені мүлгіткен. Асхана қабырғаларының арғы жағынан көбелектер қалбалақтай қалқып, қара түнектен шам жарығына ұшып келіп жатты. Дени мен Роза үстел басынан тұрды.
— Егер ол тағы да қитығатын болса, — деді Дени, — мен кабинетке кешіп аламын.
— Жо-жоқ. Шыдаған жөн, мейірлі бол. Бұл сенің парызың. Роза өзінің жасырын масаттанысы ұялғандықтан ғана осылай деп тұр еді.
— Мен баққа шығып, жатар алдында таза ауа жұтамын, — деп қосты Роза.
Роза орындыққа отырды да басын шалқайтып, аспаннан аққан жұлдыз құламас па екен деп бала күнгідей аңдыды. Үйдің қараңғы сырт сұлбасында Иреннің ұйқы бөлмесінің айқара ашық терезесі қара тік төрт бұрыш болып көрініп тұрды. Роза Денидің қасаң даусын естіді, — ешқандай жауап болмады. Сонан соң сарт етіп есік жабылды да, іле-шала Дени баққа шықты және апайының жанына орындыққа отырды.
— Ол әлі бұртиып жатыр. Мен күтуші туралы әңгіме қозғауға батпадым.
Роза бүгінгі кеште ағып түсіп жатқан жұлдыздар сұмдық өте көп, тіпті сансыз деді. Дени темекі тартты.
— Есіңде ме, Пьер адасқан жұлдыздар туралы қандай өлең шығарғаны? Сөйтті де Дени өлеңдете оқи жөнелді:
Жұлдыздар шоғырын, толқындарды ерке билеп ентіккен,
Жұлдыздарды көктен құлап, ағыс иірімінде жанған,
Атис, бәрін берем шаршау жүзің үшін мен тіптен,
Көздерің үшін менің ащы сүйген ізім қалған.
— Ал одан әрі? Менің есімде қалмапты.
— Тұра тұр, — деді Роза, — одан әрі былай:
Жағаға ұрған теңіздей жанарың жатыр кеудемді қаптап...
— Дұрыс, дұрыс! Ал мен, мақау, ұмытып қалыппын!
Оның уын қинала ішем, тауыса алмас ешбір жан.
Сенің жүзің — шапақтан да жарық, қардан да аппақ,
Тек жеміс қана жайылған алақаныма құлаған.
— Мен кеше одан хат алдым, — деп қосты Роза үнсіз отырып барып.
— Ол аман ба екен?
— Солай сияқты. Мен хатты әлі түгел оқығаным жоқ.
— Байғұс, Пьеро, — деді Дени. Ол мені өте жақсы көретін, ал мен оған дөрекі едім. Ол қайта оралған кезде мен онымен мейірімді боламын, оған ілтипатпен қараймын. Бірақ енді оған мұның қажеті бола қоймас, ол енді мені жақсы көрмейді.
Бұлардың төбесінен жеңіл тысыр естілді. Ирен баққа көз тастап, терезеден еңкейсе керек. Роза дауыстап сөйледі:
— Ақыры, тыныстап алатын болдық, рас па, Ирен?
Жауап орнына тор қақпақ сарт-сұрт жабылды. Роза інісіне үйге баруға кеңес берді:
— Тағы да көр, ақылды бол Дени бұрқылдады: бұл одан екі рет өтінген, үгіттеген, ал ол үн қатпапты.
— Менің бір түн болса да алаңсыз ұйықтауыма болатын шығар. Еңбегіміз бар ғой.
Розаның даусы еріксіз шығып кетті: "Аһ, Дени!", — бірақ жорта ашуланған болып, күлкісін басты.
***
Адам тұрмайтын бөлмелерде жиһаздар сықырлайды. Ирен көзіне жас толып ұйықтап кеткен және баяу қорылдап, бір қолымен бесіктің шетінен ұстаған күйі қатты ұйқыда жатты. Роза, міне, он бес минут төсек жанында басын жылы жамылғыға беріп тізерлеп отыр, бірақ сиына алмады, ойы жан-жаққа шашырап кетті. Дени кабинетте диванда ұзынынан созылып жатып, осы бөлмеде әкесі өзіне-өзі қол салғаны туралы қорқынышсыз ойлады. Диванның былғары жастығынан әлі күнге оның жақсы көретін сигараларының иісі шығып тұрады. Жалғыз болған қандай рақат! Ертеңнен бастап қалаға жүзімнің ерте пісетін сорты жөнелтуге болады. Тек Иренмен жанжал Кавельгемен арақатынасқа әсер етпесе болғаны. Оны бұл ақымақтық кикілжіңге араластырудың қажеті жоқ. Баланы Ирен сияқты майлы сорпамен тамақтандырмайтын сенімді күтушіге қалай береді, солай алғашқы ұрыс-керісті пайдаланып бөлек ұйқы бөлмесіне көшіп алады. Қызық, осылай ету қиынға соқпас па екен? Ирен мұны шынында да сүйетін сияқты... Жоқ, жай оның өзімшілдігі ұстап кетті. Дени ылғи өзін әйелдерге ұнауым мүмкін емес деп есептейтін... Бұл өзін-өзі әлдеқалай ұната қоймайтын. Ирен мұның тегіне көшті, мырзаның үйінде тұрады, Поль Революдің анасы болды. Оған тағы не керек? Роза қандай төзімді! Ал мұның бәрі түптің түбінде оны жалықтырады, ол мұндай өмірді көтере алмайды. Ол жиырма екіде... Роза енді әлдеқалай көңілі тоқтап ешкім де ұната қоймас... Ал мен неге бұлай "ешкім" деп сеніммен айтамын? Мүмкін әлдебіреу бар шығар? Оның жалғыздығы қалай болғанда да жараспайды-ақ. Дүниеден безген жан сияқты тұрып жатыр. Бірақ кейде кездейсоқ кездесудің өзі жетіп жатады ғой... Өмірде орнықты ештеңе жоқ: бәрі де өтеді, пошымын өзгертеді, қас қағым сәтті де тоқтата алмайсың, тіршілігің жаныңа жайлы әрі сен оны сүруге, көтеруге күшің жетер өмірдің белесін ұстап тұра алмайтының қандай сұмдық.
Роза жаңбыр қалай жапырақты тысырлатқанын тыңдап жатты. Қандай жақсы! Найзағайсыз және бұршақсыз тыныш нөсер жаңбыр. Полға енді жайлы болады: ыстық басылады, ең бастысы енді оны тамақтандыруда шешесінің қара шаруалық әдетінің қаупі болмайды... Ал бұл, Роза, өзінің туған ұлын ардақтай алар ма еді? Сірә, жоқ. Өйткені оның ұлы Револю тегін алмайды ғой. Мұның осындай нәрселерге мән бере бастағаны қандай қызық... Қалғу, ұйқылы — ояу қиял баса бастады. Кенет миына бір жерден оқыған: "Баланы құтқару үшін анасын қию" деген тіркес шақ ете қалды. Жауынды түндерде бұл қайтыс болып кеткен әке-шешесі туралы, ағасы жайлы жиі ойлайтын, бірақ оларды сағынғаннан емес: бұған олардың табытта жатқаны және сондықтан кедей-кепшіктің маңдайына жазылған артықшылықтан айырылғаны өкінішті еді: пақырлардың мүрдесін жердің өзі қабылдайды, сөйтіп көктен тамған нәр шөптерге сіңіп, тамырларды бойлап, құм топырақты тіліп өтіп оларға дейін жетеді.
— Сен оны дайындадың ба?.. Күтуші әйел келетінін ол біле ме? — деп сұрады Дени келесі күні апайынан автомобильден шығып жатып.
Роза келінді көрмедім деп жауап берді, Ирен таңғы асты өзіне ұйқы бөлмесіне әкелуге әмір етіпті.
— Бірақ мен, білсең, оның шешесінен қызымен сөйлесуді сұрадым. Марияны көндіру қиынға түскен жоқ, Иреннің тәжірибесі жоқ екенін, сөйте тұра ешкімнің де кеңесін тыңдағысы келмейтінін өзі де көріп жүр ғой.
Ирен дастарқанға кешігіп келді, оның көздері қып-қызыл әрі ісіңкі еді. Інісі мен апайы бұған бейтаныс әлдекімдер туралы әңгімеледі. Ирен бос тәрелке алдында тұнжырап отырды, Роза одан не болды, науқастанып қалмадың ба? — деп сұрады.
— Шамалы тамақтанып ал өзіңді зорласаң да. Бұл сәби үшін керек қой.
Ирен еңіреп қоя берді де, асханадан ытып шықты. Роза Дениге оның артынан бар деп ымдады. Ол орнынан зорлана көтерілді. "Міне, дағдарыс басталды, — деп ойлады Роза. — Бұл жақсы. Шиқан жарылып, бәрі кетеді". Бұл күтіп отырды, бірақ інісі орала қоймады, сонда бұл басқышпен көтерілді де екінші қабат алаңында қорсылдаумен үзіліп кетіп жатқан шаң-шұң естіді:
— Мен келісемін, күтуші әйелді қабылдаймын... Мен ол үшін жылап тұрмағанымды сен жақсы білесің... Мен сенің қалауыңда етіп бәрі-бәрін де істеймін... бірақ тек сенің апайың бұйырмасын... Ол неге біздің өмірімізге араласады?.. Ол неге басқа әйелдер сияқты байға тимейді? Ол неге мұнда көлбеңдеп, сені маған айдап салады. Менен сәбиімді алып көрсін!.. Мен онда апайыңды өлтіремін! Иә, өлтіремін, біліп қой! Мен онда бүлдіремін...
— Роза, сен осындасың ба?
Роза темекінің таныс иісін сезді.
Дени айтты:
— Ақыры тыншыды. Ол солығын басқаннан кейін, өліп ұйықтап қалатынын байқадым. Не істейсің... долылығына төземіз де... түптің түбімде бәрі орнына келеді. Шын айтқанда, бұл тәрбиенің мәселесі. Тәрбиенің ең қарапайым негізі жоқ, сондықтан ондай әйел осындай сұмдық ұрыс-керістен бас тарта алмайды. Бірақ сен үшін де, мен үшін де оның ешқандай мәні жоқ. Осының бәрі әлдебір алыста, қиянда болып жатқан және бізге қатысы жоқ нәрсе сияқты. Маған осының бәрін серпіп тастап, қашып басқа дүниеге еніп кету онша киын еместей. Саған да қиын болма қоймайтынына сенімдімін. Ал ол, байғұс, жабық терезедегі шыбын сияқты терезені ұрғылап, тілініп жатқаны, ал терезенің сыртында сен де, мен де еркін тыныс алып тұрған сол бір әлем. Біздің дүние-тіршілігіміз... тек біздің балалық шағымыз және естеліктер ғана емес. Тіпті біз бөлек-бөлек тұрсақ та, бәрібір біздің қанымыз бір, тамырымызда сол бір қан ағып жатыр... Ал байғұс шыбын көп ұзамай шаршайды, терезенің түбіне отырады да сабалауын қояды. Оның өз қуанышы болады... Дегенмен, ол тәтті түс көргендей, өмірден үміттенгенінен көп ала алды ғой. Роза, ол енді еш уақытта сенің мазаңды алмайтынына сөз беремін. Сен өзіңді, өз бақытың туралы ойлауға тиіссің.
Роза бәсең үнмен жауап қатты:
— Бақыт енді келмес...
Інісі мұны Робер Костадоны есіне алды екен деп ойлады, сөйтті де оны әлі сүйесің бе деп сұрады. Роза терең тыныс шығарды да жаймен күліп: "Аһ, Құдайым-ай! Жоқ-ә!" — деді. Иә, бұл ешкімді де, ешқашан да сүймейді. Солай! Дени оны бұл ойынан айныта бастады. Роза басын шайқады.
— Мен адамдардан түңілгенмін. Олардың бәрі де әлдеқалай жат, басқа елден келген сияқты және жүздерінде жылу жоқ әрі мен үшін бөтен, түсініксіз тілде сөйлейтіндей.
— Менде де сондай әсер, — деді Дени. Күні бойы бірдеңе істеймін, қам жеймін, дауласамын, саудаласамын, хаттарға қол қоямын. Сонымен кешкі сағат алты болады, рульге отырамын, сөйтіп тағы да өзіммен-өзім қаламын, қайтадан Дени інің қалпыма келемін.
Бұл кәдуілгі сөздерде тұрған не ауырлық бар? Олар айтылды, кетті, басылды, ал бәрібір түнеріңкілік, қапырық әлі еңсені басып тұр. Аяқ астынан қапалық күйге берілу ақылсыздық болар еді деп ойлады Роза. Дени тағы сөйлеп кетті:
— Роза, мен қазір сені қайран қалдырамын, өте таңғаласың. Білесің бе, бүгінгі кеште мен бақыттымын, өмірімде алғаш рет бақыттымын. Иә, — деп қайталады ол, — мен бақыттымын.
Бильярд бөлмесі арқылы жиһазға соқтығысып әлдекімнің келе жатқаны естілді. Әйнекті есіктің босағасында сұлба көрінді. Иреннің қарлығыңқы үні шықты.
— Дени, ұйықтауға қашан жатасың?
Ол әлі де бақта отыра тұрамын деп жауап қатты. Роза абайсыздық жасады: бәсең үнмен інісін әйелімен бірге баруға үгіттей бастады.
— Жап аузыңды! — деп айғай салды Ирен. Өшір үніңді сұмпайы!..
Роза қабырғаға жабысып, сілейді де қалды. Дөңгелек темір үстел оның сүйенішіне айналды. Бұған былапыт балағат ақтарылып жатты, бірақ сөздер құмығың шықты, өйткені Дени әйелінің аузын алақанымен басып тұр еді. Мына құтырған тағы не деп айғайламақ болды? Розаны не деп айыптайды? Аласұрған көрініс бірнеше секундқа ғана созылды. Бірақ жарқ еткен найзағай ең қара түнекте шетсіз шекке көзді жеткізеді ғой. Сол сияқты, осы бір қысқа сәтте Роза өзі әлі білмеген айбатты көрді, сөнген жанартаулардың шұңқырларымен тілім-тілімі шыққан шетсіз-шексіз әрі тұл шел даланың түнерген кеңістігін байқап қалды.
Көп адамның өмірі ешқайда апармайтын өлі жол іспетті. Бірақ базбіреулер ең бала күнінен-ақ өздерінің бұрын-соңды көрмеген көк теңізге бара жатқандарын біледі. Және өз еріндерімен желдің кермектігіне әрі тұздың дәміне тамсана тұрып, самалдың соғуын сезеді, бірақ әзірге соңғы құм шағылды көктей өтпейінше көздегендерін әлі көре қоймайды, ал жеткен кезде олардың алдынан шетсіз-шексіз, сарылдап жатқан шалқар кеңістік ашылып шыға келеді де, беттеріне құм мен теңіз көбігі ұрады. Бұларға енді не қалады? Тұңғиыққа күмп беру немесе кері қайту...
Дени Иренді күшпен алып кетуге тырысты, сөйтіп оны басқышқа сүйреледі, бірақ әйелі бұдан қайратты еді. Бұл әйелін есеңгіреген күйде болғандықтан және ол тек сатының бірінші басқышында есін жиғанды ғана ұстай алды. Дени оны ұйқы бөлмесіне дейін сүйемелдеп алып барды. Ол сандырақтап жатты.
— Мені жалғыз қалдырма, баққа барма. Егер кетсең терезеден секіремін...
— Мен қаламын, көріп тұрсың ғой. Қазір сенің қасыңа жатамын.
— Сен түні бойы осында қаласың ба?
Иә, иә, әрине, ол қалады. Дени оны қолынан ұстады. Оған ашық терезеден Розаның тынысы естіліп тұрғандай көрінді. Жоқ, бұл жапырақты шайқаған жел Ол ілгектің қалай сырт еткенін естіді, демек Роза есікті жапты. Және Роза қазір өзінің ұйқы бөлмесінде жалғыз.
***
Роза төсегінде қимылдамай отырып қалды.
Мырш шатырда жаңбырдың алғашқы ірі де ауыр тамшылары тысырлайды. Өзімен не алса екен? Тек алтын жалатылған күміс әжеттік құралдарды. Ең қажетті көр-жерді Бордода сатып алады. Сонан соң мұның қомақты заттарын өзі көрсететін мекен-жайға салып жібереді. Ал қайда баратынын ойлауға әлі үлгереді. Қазір ең бастысы осы жерден қарасын батыру. "Басы ауған жаққа кету, тек мұнда қалмаса болды. Қашу..." Бұл Дениге жұбату хатты кеңсесіне жібереді, шамалы ғана уақытқа кеттім дейді. Бұл үш жыл бұрын Дени емтиханнан құлап қалатын күнгі кеште алдынан бұлдырап көрінген әлгі сол бір жолдан қаншама шексіз қашықта еді... Енді келешекте өмірі қалай қалыптасатыны беймәлім, бірақ сол жолды табу керек және бұл табады да. Ол мінәжат ету ме еді, әлде жоқ па? Роза жауап бере алмады, сірә, ол мінәжат ету болса керек, өйткені жарық кезде бұл нақ не істеу керектігін анық біліп тұрды ғой. Қазір шұғыл орындағаны жөн. Бұл тек нені дереу істеу керекті туралы ғана ойлады. Бұл ертең таңертең сағат алты шамасында үйден шығып кететінін, елді мекен жолымен баратынын және аялдамада трамвайды ұзақ тосатынын жақсы білді. Алтыда, сірә жарық болып кететін шығар және егер қою тұман сейіліп кетсе, бұл ала кеугімде алыптың отты көзі қалай ұлғая жақындап келетінін көре алмайды-ау. Бірақ мұның көңілінде сол алып жанар бұрынғы күндердегі таң қараңғысы уағындағы жанып тұрды.
Аударған Ақайдар Ысымұлы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі