АЛМАТЫ. ТҮНГІ CAFAT 3. 74-ҮЙ, 15-ПӘТЕР.
повесть
Телефонның темір өңеші қырылдады...
Ақан диванның серіппелерін сықырлатып аунап түсті де, басын көрпемен тұмшалап алды. "Кетсінші әрі!— деп қояды жазықсыз телефонды іштей сөгіп.— Тұрмайды деген соң, тұрмайды. Маған десе шауып ал! Көзі осы жаңа ғана ілінсе..."
Қос жұдырықтай темір қобди тағы да қолды-аяққа тұрмай безектеді.
Бала, обалы не керек, тырп етпеді. Бірақ ұйқысы шайдай ашылып кетті. Көзін жұмып, басын жастыққа ірей тығып, өзінше ойланғансып жатыр — бұл кім екен? Ауылдағы жекжаттар ма вокзалдан соғып тұрған? Тоқта, тоқ... Қызық болғанда, әжесі болып жүрмесін. Ақан ұйқылы-ояу жатып, жымиып қойды. О-о, Ақанның әжесі әлемдегі ең бірегей әже! Ешкімге ұқсамайтын қызық әже! Өткен аптада телефон соққан.
— Ақанжан, Шағи, Сағи, бармысыңдар, құлындарым,— деп дыбырлай жөнелді.— Ауылдың бір адамынан құрт, май, ірімшік беріп жібердім. Құдай-ау, сол өзі қашан еді? Кеше... Жоқ, алдыңғы күні.
— Ой, әжетай, бәрібір емес пе?— деп қынжылды мына жақтан Ақан.
— Ә, мұрнағы күн, ақ тауық балапан шығарған күн!— деп, жерден жеті қоян тапқандай қуанды әжесі.— Көршіміз жақында таудан қарағай әкеп түсірген. Шайырын пышақпен шұқып, дорбама жинап қойдым. Әке-ау, тағы не? Е, айтпақшы,— деп созыңқырап тұрды да,— ой, түріңнен айналайын, сарпұшығым!— деп егіле салғаны. Сары пұшығының екі жүз шақырымдық жер түбінде тұрғанын әжесі таза ұмытыпты.— Таңауыңды сүртіп жүр былай... жаман балаларға ұқсамай!
Ақан табан астында таза жынданды да қалды. Әжесі ылғи өстіп бүлдіреді де жүреді. Немерелері оныншы класта оқи ма, бірінші класта оқи ма, оған бәрібір, шетінен қаспақ танау. Әжесін, бір есептен, жазғыру да қиын. Ойда, қырда, қалада, далада жиырма шақты немересі еріп жүр... Солардың қайсысы танауына не, қайсысы жоқ, есебін әбден бытыстырып алған.
Телефон үшінші рет шырылдады. Жатынжайдан мамасы:
— Ақан-ай, о кім? Есік қоңырауы ма, қарашы!— деді ұйқылы-ояу.
Бала мұрнының астынан бұл жерде жоқ әлдекімді міңгірлей сөгіп, орнынан сылбыр түрегелді, қортық телефонның бүкір тұтқасын көтерді.
— Әлеу...
Бір белгісіз апай:
— Сізді мазалап тұрған Москва!— деп орысшалап кеп жібергені.
Сасқанынан тұтқаны ұясына тастай салды. Қараңғылықтың қабырғасына бақырая қарап, аз-кем тұрды. Бұл не пәле? Москвасы несі?
Телефон еселеп шырылдады.
Амал жоқ, тұтқаны ойсыз-сәулесіз, бей-жай көтерді.
Жаңағы әйел бұл жолы ұрыспады, өкпелемеді, роботтың күңгірт үнімен:
— Құрамыс Оңғардың пәтері ме?— деді.
— Иә...
— Телефон қасынан кетпеңіз, даяр отырыңыз. Бес минуттан соң Нью-Йоркпен сөйлесесіз.
Ес жиғанша микрофон қысқа-қысқа қиқылдай жөнелді. Ақан қара тұтқаны құлағына жапсыра қысып, әлі меңірейіп тұр. Дым ұқса бұйырмасын. Нью-Йорк, Нью-Йорк? Ол қайдағы Нью-Йорк? Шынымен, Америка, АҚШ па? Түсінсе бұйырмасын... АҚШ қайда, Алматы қайда? АҚШ-тың Құрамысовтарда не ақысы бар?
Дегенше терезе тұс салдырлап қоя берді. Сыртқа үңіліп еді, көше ұрадай қараңғы. Терезеден көшеге ақбілек жарық созылып түсіпті. Соның өтінен сары бүйір бөшкелер салдыр-гүлдір өтіп жатыр, іркес-тіркес өтіп жатыр... Квас сататын бөшкелер! Яғни ертең күн ыстық болады, ең тамашасы, ертең жазғы каникул басталады...
Көкесі есіктің арғы жағынан:
— Кім екен?— деді қарлығып.
Бала селт етті. АҚШ, Нью-Йорк есіне түскенде жүгіріп барып, электр шамын шырт еткізіп жақты, жатынжайдың есігін төбеледі.
— Көке! Көке!
— Жай ма?
— Нью-Йорк, сізді Нью-Йорк шақырады!
Арғы жақ үнсіз.
— Өрнек пе?— деді сәлден соң еш қамсыз бейбіт үн.
Ақан есікті үсті-үстіне пергіледі.
— Өрнегі несі? Нью-Йорк, көке, Америка!
— Америка?!
Ұйқысы ашылып кеткен бе, мамасы:
— Жүгір, көкесі! Ақанжан ұйқысырап, бірдеңені бүлдіріп жатыр, білем!— деп төндірді.
Көкесі мен мамасы сүт кенжелерін қастарына алып жатушы еді, сол кішкене Шағи:
— Қайнақ су, шөлдедім, қайнақ су!— деп қыңқылдады.
Көкесі шашы қобырап, халатын кие-мие бері шыға берді.
— Қайда, кім?— дейді алақтап.
"Мен, мен! Ал, қайтесің?" дегендей, телефон ентіге қалшылдап, тағы шырылдады. Тұтқаны көкесі алды.
— Иә, иә... Құрамысов Оңғар. Әрине... Нью-Йорк?!— Көкесінің қалың қасы керіле қалды. Сасқаны ма, жын қағып кеткендей қарқылдап күлді. Ағаттығын тез аңғарды, аузын жиып, телефонды ынты-шынтымен тыңдай бастады.— Қай Сардар? Тоқта, тоқтаңыз!— Маңдайы сырнайдың желқабызындай қатпарланып тұр. Сұқ саусағымен шекесін қасыды, кенет құлағын бұрап қалған радиоқабылдағыштай саңқылдай жөнелді.— Ойбай-ау, сіз Сардар ағасыз ба? Бізді қалай таптыңыз? Сіз әлі тірі екенсіз-ау...— Оңбай ағаттық жасағанын кеш сезді, өңіне лып етіп ұяттың қаны жүгірді, тілін тістеп тұрып қалды. "Аңдамай сөйлеген ауырмай еледі" деген осы.
Арғы жақтағы "әлі тірі" жүрген Сардар аға бұған мән бермеді ме, сөйлеген үстіне сөйлеп тоқтамады. Кекесі иығын шошайтып, тұтқаны шықшытына қысты да, шылым тұтатып, үсті-үстіне бұрқылдатты. Көзімен орындықты нұсқады, "Жылжыт бері, оқтау жұтқандай серейіп тұра беремін бе, қолым шылымда, құлағым тұтқада". Ақан "жылжытып" еді, аяғын аяғына айқастырып салып, гүрс етіп отыра кетті.
— Нью-Йоркте тұрам деңіз... Ие... Неге бармасқа? Бала-шаға, үй-жай... шүкіршілік. Ақан, Сағи деген ұлдарым, Шағи атты тентек қызымыз бар.— Көкесі Сардар ағасы дәп қасында тұрғандай жатынжайдың есігін иегімен нұсқады.— Қазір ұйқтап жатыр. Иә... Хат күтеміз. Керіскенше, қайыр-хош!
Әкесі биік үйдің оныншы қабатына өліп-талып әрең көтерілгендей екі қолын тізесіне салып салбыратып, мең-зең, ұйқы-тұйқы болып отыр. Екінші қайтара шылым тұтатып еді, қолы қалтырап, шырпының жалыны сигаретіне бірде тиіп, бірде тимей, ит әуре болды. Ақан аң-таң. Енді ше! Жер шары кішірейе кішірейе келіп, осы бөлмеге сыйып кеткендей.
Мамасы есік қиығынан басын қылтитып:
— Ауыл ма?— деді. Шақырайған жарыққа тура қарай алмай, көзі кілбиіп, кірпігі әрең қимылдайды.
— Ауылың не? Ауылың мына тұрған жер емес пе?— Әкесінің жүйкесі жұқарып тұр ма, мамасына тиісіңкіреп сөйледі. Орнынан тұрып кетіп, қолын артына ұстап, бөлмені арлы-берлі кезе жөнелді. Тұра қалып, кебісінің тұмсығымен еденді нұқыды.— Міне, мына жеті қат жердің астынан телефон шалып тұр.
— Қайдағыны айтпа, балаларды оятасың.— Мамасы қосағына күдікпен қарады. Ұйқысы шайдай ашылып кетті.— Жеті қат жер асты?
Көкесі шалықтау күлді.
— Нью-Йорк жердің арғы беті емей? Біз — шығыс, ол — батыс жарты шар.
Мамасының көзі алақандай.
— Кім ол батыс жарты шардан бізді іздеп жүрген?
— Кім, кім? Сардар дейтін нағашы ағамыз. Шапқылағаннан шапқылап, Америка өтіп, Нью-Йорктен бір-ақ сопаң етіпті.— Көкесі телефонмен жайдары сөйлесіп еді, қазір, неге екені белгісіз, ызалы. Тек жүрмей Нью-Йоркке барып қалған Сардар ағасына тым ашулы сияқты.
— Не дейді?! Ол қайдағы Сардар!
Көкелері ауыр ұйқыдан оянғысы келгендей, алақанымен самардай бетін жоғарыдан төмен, төменнен жоғары осып-осып сипады.
— Өзімнің де төбемнен жай түскендей, шешесі. Сәбила әжейді білесің ғой. Иә, иә, ана жылы дүние салған әжем. Көзінің тірісінде бұ дүниенің зары етіп айтып отырушы еді. "Көзімнің аласы мен қарасы — жалғыз ұлым тірі ме, әлі ме, бір хабарын біле алмай өтіп барамын" деп. Сол жалғыз тірі екен. Нью-Йоркте тұрады...
— Ол жаққа қайдан барып жүр?
Көкесі қолын сілтеді.
— Оны қайтесің... Кешегі қақаған қанды соғыс кімді қай қиырға қуып тықпады. Бұ да сол. Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді, жүр, шешесі, ұйықтайық. Ақанжан, сен де жата қал. Ертең таңертең,— қабырға сағатына қарады,— түнгі төрт!— сүтке баратыныңды ұмытпа!— Көкесі жатынжайға кіре беріп, бері бұрылды.— Сен осы ағылшынға қалайсың?
Ақан жастығын торсылдатып қағып жатып, күңк етті.
— Сіз де қызықсыз, көке. Ағылшын тіліне икемделген мектепте оқымаймын ба? Бір, екі, үш...— саусақтарын тарбайтып, әдейі дауыстап санамалады,— міне, биыл бақандай алты жыл.
Әкесі қысылып қалды ма, ары қарап кетті.
— Ұйықта, ұйықта, ерте тұрған адамның бір ырысы артық.
...Астына тас төсеп қойғандай Ақан ары аунақшыды, бері аунақшыды. Қолын желкесіне тарақтап жастап жатып, коп ойланды. Інісі Сағидың жатысы ежелден жаман: біресе көсеудей әрі зілдей ауыр аяғын Ақанның ішіне, біресе күйіп тұрған білегін кеудесіне артады. Ыстықтап жатыр... Онымен қоймай ағасының мойнынан құшақтап, қысып-қысып қоятынын қайтерсің. Ал, өмірде олай емес. Аузы томпайып, ұрты бұлтиып, Ақан мен Шағиға өкпесі таусылмайды. Не өкпе ол, онысын тағы ашып айтпайды. Әйтеуір, өмірге көңілі толмай жүрген бір жұмбақ бала...
Сағиды ары итеріп, қабырғаға жапсырып тастады. Аз жатқасын аяп кетіп, құшақтап өзіне тартты.
Төбе ағарып, таң себезгілей бастады.
"...Мұзарт шыңды Алатаудың баурайында, теңіз деңгейінен 700—900 метрдей биіктікте, көшесімен сыбдырап кәусар бұлағы аққан, зәулім ағаштары үйлерді жапқан бақ қала бар. Ол өмірі мәнді, өзі сәнді Алматы қаласы.
Алматының орналасқан жері — ежелгі елді мекен. Мұнда бағзы замандардың өзінде қыстаулар болған. Бұл аймақ әрі көшпелі тайпалардың жаз жайлауына айналған, ал отырықшы халық қол өнеркәсібі мен сауданы өрбіткен. Орта Азия мен Қытай арасындағы сауда жолының бір тармағы осы арадан өткен. Мұндағы қыстақтар аты бірте-бірте Алмату, Алматау, Алмалы, Алматы болып өзгеріп отырған. Бұл атаулар Алатау етегінде табиғи жабайы алманың орасан көп өсуіне орай шыққан"...
("Ол кім, бұл не?" кітабынан).
АЛМАТЫ. КЕШКІ 6. АЭРОВОКЗАЛ
Шағырмақ күн көз ұялтады. Аптап аңқытып тұр. Үлкен-кішілі үйлердің бөртпе бет бетон қабырғалары, жас баланың еңбегіндей былқылдаған асфальт жалын шашады. Екі қабатты аэровокзал бал араның ұясындай гүж-гүж етеді. Мың-мың жолаушы арлы-берлі сапырылысады. Кем дегенде бір полк әскер жүріп келе жатқандай тақалар тарсылдап, өкшелер тықылдайды. Гу-гу сөз; диктор ыстықтап шөлдеп отыр ма, барым-қайтым рейстерді сондай шаршап, сондай нәумез хабарлайды. Кім жоқ дейсің мұнда; тотыша түрленген қызыл-жасыл туристер, "ССО" деген айбақ-сайбақ жазуды жасыл күртелерінің арқа, кеуде, қарына жапсырып алған құрылысшы студенттер, өздерінен үлкен сөмке сүйретіп, пысынап жүрген ауыл адамдары... Әйнек есік ашылған сайын, іштен алма иісі мен адам демі аңқылдайды.
Үш ноян — Сергей, Серік, Ақан вокзалдың көлеңкесін саялап, маңғаз да сабырлы пішінде мәслихат құрады. Әрқайсысының қолында бір-бір пепси-кола. Ақан екі сағаттан кейін әуелі Москваға, ары қарай Америка Құрама Штаттарына ұшады. Арғы тегі американдық пепси-кола да сол себептен әдейі сатылып алынған. Бір есептен, бұл ертедегі американдық үнділердің әңгіме-дүкен құрып, бейбітшілік трубкасын тартқанына келіп қалады. Екіншіден, Ақанның осынау араларынан қыл өтпейтін екі досына арнап шағын қоштасу банкет мезіреті бұл.
Үшеуі де іштей тебіреністе, әйтсе де сыртқа білдіргісі жоқ: тіс арасынан саран, санап сөйлейді, табан астына сыздықтата шырт-шырт түкіреді. Тәкаппар! Әрқайсысы өзінше жарты патша.
Сергей мен Серік, ашығын айтқанда, қызғаныштан жарылып кете жаздап тұр. Ақан Америкаға ұшады! Бұл неткен әділетсіздік, ә? Класс түгіл мектепте, мектепті айтасың, бүкіл қалада Американың топырағын бір де бір оқушы баспапты. Ал Ақан ұшады! Және бүгін, келесі сағатта! Онда да анау-мынау емес, Американың ең үлкен қаласы — Нью-Йоркке! Былай қарасаң, Ақанның бұлардан түк артықшылығы жоқ — ойнайды, күледі, оқиды, тентектік жасайды. Бірақ Америкаға Серік те, Сергей де емес, Ақан ұшады... Осыны ойлағанда қапырық қалада қалып бара жатқан екеуі іштей қатты күйзеледі.
Маймұрын, семіз Серік "жүйке соғысына" ақыры шыдамады, пепси-коладан қарпып екі ұрттады. Ырғалып-жырғалып, бұл дүниеде жоқ бір салмақты әңгіме бастады.
— Байқа! Нью-Йоркте мафиози қырғын,— деді сол қаланың бас шерифіндей шәниіп.— Кешке көшеге шықпа. Шықсаң қалтаңа браунинг салып ал. Онда пистолет, браунинг әр мүйісте сатыла береді.
Ақан жымиды: Серік ақыл айтуға сұмдық құмар. Ең өкініштісі, ол ақылы басқаларға керек пе, жоқ па, оған бас ауыртпайды. Есебін тауып ақыл айтып қалса болды, арғы жағында шаруасы шамалы. Не айтсаң соған сенеді, оның ішінде өзінің ақылды екеніне кәміл сенімді.
Сергей керісінше: қотыр тіл, тарамысына тыртысқан қағылез бала.
— Мафиози кісі жемейді. Дос болайық десе, несі бар, достаса сал. Олар жолдас десе өледі. Әрине, адал қызмет етсең... Кім біледі, бері ұшарда сувенирге деп портфеліңе байқатпай бір кіп-кішкене атом бомбасын салып жіберуі...— дейді беті бүлк етпей.
Серік Ақанның иығына қолын салып:
— Сен ренжіме, ол қалжыңдап тұр,— деді аузын толтырып.
Ақанның екі көзі вокзал алдындағы автобус, такси аялдамасында. Іздегені әзір көрінбейді. Келе ме, жоқ па?
Келді-ау ақыры! Інісі мен қарындасы — Сағи мен Шағи! Мамасы мен папасы артта, дәу екі чемоданды қолдасып көтеріп алған. Сағи сағат санап ер жетіп келе жатқан бала ғой, өзін салмақты ұстауға тырысады. Осы жолы да кабагы түюлі, ерні жымқырулы. Жел ұшырған батпырауықтай қайта-қайта жұлынып кете берген Шағидың қолынан тартып қалды.
— Көзіңе қара! Ешқайда қашпайды, әне, тұр ағаң!— Келген бетте Шағиды Ақанға ұстатты.— Мә, қарындасыңыз!— Аузы томпайып, теріс айналды.
Оған пысқырып қараған Шағи жоқ, Ақанның мойнына асыла кетті.
— Пепси... балмұздақ... кекс!— дейді тілін шайнай сөйлеп. Үшеуін бірдей атауына қарағанда, осы минутта дәл қайсысын қалап тұр, оны өзі де анық білмейді.
Серік пен Сережа шетке шығып тұрды: ағайынды қоңыр қаздардың ішкі шаруасына қол сұқпау керек, көкесі мен мамасы да балаларға бөгет болғысы келмеді, сірә, аэровокзалға кіріп кетті.
Ақан Сағидың иығына қолын салды.
— Ау, Шағи сенің де қарындасың ғой?
— Жаман қыз...— деді Сағи әрі қарап.
— Сен жаман, сен жаман, сен мені ұрдың!— Қарындасы Сағиға қолма-қол жала жапты. Шағи солай, бір құртақандай мақсаттары үшін үлкен нәрселерді оп-оңай құрбан ете салады. Ақан айтқызбастан сезіп-біліп тұр: Сағи ұрған жоқ. Ұрса, Шағиға керегі де сол, аэровокзалды басына көтеріп, бақырып жылар еді. Жылау да, жылап тұрып күле салу да Шағи үшін түк емес, бәрі де қолындағы дүние.
— Әй, сен неге ұрасың Шағиды, ә? Шағи әлі кіп-кіттей бала емес пе?— Ақан Сағиға өтірік зекіп, қоқан-лоқы жасап еді, Шағи манадан бері қыстыға тығылып әрең тұр екен, көзінен мөлдір тамшылар сорғалап қоя берсін. Бірдеңе десең болды, өкіріп жібергелі тұр. Мына қызықты қараңыз: осы минутте Шағи Сағи сабады деген өз өтірігіне өзі сене бастап еді.
— Шағи ағасының тілін алады, Шағи жыламайды. Шағидың басы толған ақыл!— Ақан кеп қалған бір тықырдың алдын алу үшін қарындасының көз жасын сүртіп жатыр.
Енді Сағи шала бүлінсін! Сықсыңдай жыламсырап сөйледі.
— Ертең Өрнекке қашып кетемін!— Көзін уқалаған жұдырығының астынан Ақан мен Шағиға керемет өштікпен ішіп-жеп қарады.— Сондай, сондай жек көремін! Екеуіңді де!
Сағидың қашып кететін Өрнегі тау баурайындағы тымақтай ғана кішкене ауыл. Атасы мен әжесі сонда тұрады. Сағи кішкене кезінде сол кісілердің қолында өскен, көкелері айтқандай, ұзақ уақыт "вынужденная командировкада" болған. Мектеп жасына толған соң, амал жоқ, оқу керек, тоқу керек, қалаға келді. Қысқы каникулда, атасы мен әжесі айтпақтайын, "ит байласа тұрғысыз" қалаға бір күн тоқтамады. Өрнекке тайып қойды. Содан жүзі тотығып, шашы желкесіне түсіп бір-ақ оралды. Көзі жылтырап, беті торлама қауындай жарылып, он күнде қутың қаққан ауыл баласына айнала салыпты. Қаланың жапсырма тәрбиесі олақ сылақтай түсіп қалған. Қос қалтасы түймеш-түймеш шайыр. Қолтығында ет, ірімшік, құрт, сок, тары салған неше дорба тағы жүр. "Сабақта қарның ашқанда же!" деп, әжесі беріп жіберіпті. Сағи әлгі тәтті-дәмдіні жастығының астына тығып, көрпе астынан тықырлатып жеп жүрді.
Ақан інісін іштей ептеп түсінеді. Сағи Өрнекті, атасы мен әжесін өлердей сағынып жүр. Оқуы ай бұрын біткен, біткенімен ауылға ертіп апаратын адам табылар емес. Көкесі: "Америка деген жер түбіне жүретін болдым" дегенде, өзін қоса алып кете ме деп үміттенген. Жоқ, "Плиз сәнкию!" Ақанды ертетін болды — ағылшын тілін біледі. Сағи болса, Шағи деген бақырауық қызбен Алматыда қалады. Қысқасын айтқанда, ауыл да жоқ, Америка да жоқ. Ал жүйкең жұқармай көр, жыламай көр осыдан соң!
Бауырмал, ақ көңіл Серік Сағидың иығынан құшақтап:
— Жігіт жыламайды. Өрнекке барғанда не істемексің, соны айтшы алдымен?— деді.
Сағи ары қарап тұрып:
— Оқу оқимын, әжетайым мен ататайымның қойнына жатамын,— деді қомпылдап.
— Ары қарай ше?
— Ары қарай әскерге, одан ары соғысқа, Ауғанстанға кетемін.
Серік пен Сережа теріс айналып, мырс-мырс күлді.
Сағидың "әскерге, Ауғанстанға кетемін" деуінде үлкен мән жатыр. Ауғанстанға барса, Сағи, сөз жоқ, тезірек дұшпандар қолынан қаза табуға тырысады. Онда да жайдан жай тырайып өле салмайды, о-о, Сағи тегін бала емес, Сағи ерлікпен қаза табады. Көкесі, мамасы, Ақан, Шағилар қайтпек сонда? Қайтушы еді, жер тоқпақтап жылайды, "сол бір ер жүрек баланы көзі тірі кезінде неге еркелетіп қалмадық, неге жабылып ұрыстық, ә?" деп сұмдық өкінеді. "Сен қыз бәрін бүлдірген, қайта-қайта шағынып, Сағиымызға тіл тидірткен сен, сен!" деп, бәрі Шағиды бүреді.
Жалпы, Сағиға о бастан іні керек еді. Құйып қойған қорғасындай өзінен аумайтын бір қарадомалақ соңынан: "Сағи аға! Сағи аға!" деп, томпалаңдап жүгіріп жүрсе, қандай жақсы! Оңдай айналып кетейін ініден неңді аяйсың. Сағи бәрін де — асықты да, сақаны да, шайырды да соған бере салар еді. Інісіне біреулер тиіссе, оларға әкіреңдеп, аға болғанға не жетсін. Мұны ұр да жық біреу астына алып соғып, илектеп жатса, інісі жүгіріп барып атасы мен әжесіне айта қойса... Әттең, іні бұйырмады, өмірге Шағи секілді тентек те қырсық әрі пысық "жаман қыз" келді. Көкесі мен мамасы күні-түні Шағидың үстінде. Мысықтың баласындай ғана осы бір жұдырықтай қыз десе тура өледі.
Өкінішке қарай, Сағи шіркін өзінің күн сайын есейіп, ер жетіп келе жатқанын білмейтін. Еркелік сәбиге ғана жарасатынын ол түсінбеуші еді.
...Осы қызғаныш, өкпе, ашу — бәр-бәрі жиналып келіп, Сағидың аузынан сөз боп атылды. Шат-шадыман Шағиға тістене қарап:
— Мен сені өскенде алмаймын, біліп қой,— деді.
Қыран жапқандай күлкі...
Репродуктор қырылдап-сырылдап: "Москваға ұшатын 502-рейс билеттерін тіркеу басталады. Билеттер 3-орында тіркеледі" деп, қазақша, орысша қадағалап хабарлап жатты.
Көкесі мен Ақан семіз екі чемоданның қасында, автобусқа шығатын есіктің аузын күзетіп тұр. Апыл-құпыл қоштасу басталды.
— Ақаня, екі қарап, бір шоқы: Нью-Йорк, мафия! Бір бұрыштан көздеп атып кеп жіберсе, бұғып қал, әйтпесе оқтан жалтарып кет!
Бұл — әзілқой Сережа.
Серік болпиған семіз қолын ұстатып тұрып:
— Американың үйлері биік-биік,— деп бір қойды.— Жиырма, отыз, қырық қабат... Байқа, ұшып кетіп жүрме. Біз жетім қаламыз,— деп қорқытты. Жан-жағына көзінің астымен қарап алып кенет:— Сен маған Микки-Маусты ала келші,— деп сыбырлады.
Ақан аң-таң.
— Оны қайтесің? Қуыршақпен ойнайсың ба?
Серік арлы-берлі теңселіп, маңдайына түскен кекілін алақанымен сипап, басып қойды. Зордың күшімен:
— Маған емес,— деді. Анадай жерде бұларға тұнжырай қарап тұрған Сағиды иегімен нұсқады.— Анаған. Көрмейсің бе, ренжіп қалды.
Бала топтан жырылып шығып, Сағиға беттеді. Бауырдың аты қашан да бауыр, томсырайып тұрғаны сырт көзге екен, Сағидың екі қол, екі аяғы төрт жаққа кетіп, жалбаңдап қарсы жүгірді. Келе қарғып, мойнына асылды.
Ақан Сағиды қыса құшақтап, құлағына сыбырлады.
— Нью-Йорктен саған не әкелейін?
Сағи жауапты сарт еткізді.
— Атама — насыбай, күміс шақша, әжеме — байпақ тоқитын біз!
Інісін кеудесіне қыса түсті: "Бергі жағың ғана өкпешіл де, арғы жағың аңқылдап тұрған бауырмалсың-ау! Әлі-ақ Шағимен татуласып кетесің. Шағи — қыз бала, қыз балаға еркелік жарасады". Бұл сөздерді тілімен емес, ділімен айтты.
— Әкелемін, әкелгенде қандай!— Америкада насыбай шақша, біз бар ма, жоқ па, оны өзі де білмейді. Дереу жер бетіндегі барлық ағалардай бас сап інісіне ақыл айта бастады.— Мамама екі айтқызба, тілін ал, сенен басқа қолғанаты жоқ. Шағиға бас-көз бол, көшеге жалғыз шығып кетіп жүрмесін, машина басып кетеді.
— Жарайды, айтқаныңыз орындалады!— Сағи кәдімгі үлкен адамдай тым байыпты, тым дұрыс сөйледі.
Мамасының қабағы қатыңқы. Өз-өзін әдейі салқын ұстап, сыр білдірмей тұр. Жібі бір босаса, арғы жағы белгілі. Ұлының жейдесінің жоғарғы түймесін салып жатып:
— Байқа, суық тигізіп алма. Мұхиттан ылғи салқын жел соғып тұратын көрінеді. Кішкене кезіңде бронхитпен ауырғансың, сақ бол,— дейді Ақан Атлантиканың арғы бетіне суық тигізу үшін бара жатқандай.— Балмұздақ жеме!
Ақан Серік пен Сережаға көзінің қиығымен қарап қойды — естіді ме, естімеді ме? Ұят-ай! Жетінші класқа көшкен дардай жігітке "балмұздақ жеме" дегені несі? Мамасы үшін Ақан әрқашан да аузы-басы ағал-жағал, балмұздақты оңынан да, солынан да асап жүрген баяғы сәби Ақан!
Шағи мамасының юбкасынан қос қолдап мықтап ұстап алыпты: моп-момақан, шарадай көзіне жас толып, мөлтілдеп тұр. Ақанның ет жүрегі елжіреп сала берді: "Қарашы, ауыр да азапты сапарға қимай тұр ағасын..."
— ...502-рейсімен Москваға ұшатын жолаушылар! Сіздерді автобусқа отырғызу басталады!
— Ал, папасы, ал, Ақанжан!
Маңдайын мамасының ерні үйкеледі. Сағи мен Шағидың күн мен алма аңқыған бетінен өзі өпті. Серік пен Сережаның не дегені есінде бірде бар, бірде жоқ, олар әлденені өзеурей айтады кеп айтады, соған қарағанда ең керекті, ең тәуір сөздер, сірә! Ең соңғы көріп қалған суреті; Сағи қабағын түйіп, бір қырындай балаға тән емес дүниеәуи ойға батады: семіз Серіктің де қабағы пәс, тәрізі, мафиозидің туралап атқан оғынан Ақан қалай жалтарып кетеді, соған миы жетпей шаршап тұр, Сережа екі қолын басынан асыра көтеріп, қысып-қысып қояды; "Түбіт те емес, қауырсын да емес, жолың болсын, балақай!" Мамасы орамалын көзіне қайта-кайта апарады. Не ойлайды екен? Әлемдегі барлық мама балалары туралы не ойласа, соны ойлайды да: "Қайдағы бір қағылған-соғылғанға кездесіп, бұзылып кетпесе... көшені кесе-месе жүгіретін аңқау еді, әлдебір машина қағып... Тһә, тһә, тілі тасқа, қайдағы бір жаман ырымды бастап! Қайда, қалай жүрсе де, әйтеуір, ниеті түзу жанға жолықсын, жарығым!"
Кім ұстатқанын қайдам, Шағи қолындағы кәмпитті кетік тістеріне қоса көрсетіп жымияды. "Мен секілді қарындасыңды қиып, қалай тастап барасың?!" дейтіндей.
...Алып қала аяқ астында көк тұман көрпені — газ бен шанды иегіне дейін тартып, емін-еркін көсіліп жатыр. Бүкіл қала, мамасы, Шағи, Серік, Сергей сол кілкіген көк тұманның астында қалып барады. Тек жиырма төрт қабатты "Қазақстан" қонақүйі Шағидың ойнайтын кубигіндей ерекше оқшырайып, мен мұндалайды. Көктөбенің баурайындағы телемұнара әжесінің текеметке шаншыған тебен инесіндей үшкірейеді. Сеңгір-сеңгір көк таулар жер жарықтықтың әжім-әжім бетінде қатпарлана түсіпті. Ақ қар, көк мұз көз қариды.
Көп ұзамай жер жиырыла - жиырыла келе ұлтарақтай болды. Әр жерден бозғылт бұлттар бұрқ-бұрқ жарылады. Самолет қанатының ұшына күміс күн ілініп тұр.
"Алматы жасыл желекке оранған бақ - қала деп орынды аталады. Ол орналасқан 170 шаршы километр жердің тең жартысынан артығы парктер, гүлзарлар, ағаш пен көк майса газондар алып жатыр..."
— Мұны қай кітаптан оқып отырсың, Ақанжан?
— Міне... "Ол кім, бұл не?"
— Бұл кітабын астананың әуесінде қысы - жаз бойы кілкіп кетпей тұрған у шаң мен газ, қырқылып құрып бара жатқан ағашы мен суалған арықтары туралы ештеңе жазбап па?
Әке мен баланын әңгімесінен.
АСПАН АЯСЫ. "ИЛ—86" ЖӘНЕ ҚҰРЛЫҚТАР МЕН МҰХИТТАР.
Күміс лайнер танауын таңқита көтеріп тастап, әлемнің аспанға ең жақын қаласы — Нью-Йоркке қарай боздап келеді. Салондағы жолаушылар ала-құла, көңіл күйлері де әрі-сәрі; бірі газет-журнал ақтарады, екіншісі желкені креслоға тіреп, қалғып отыр. Су ішіп, бас түйістіріп, үңкіл-шүңкіл сөйлесіп отырғандар қаншалық.
Ақан дөңгелек иллюминаторға бетін жабыстырып, төменнен көзін алмайды. Аяқ асты — миллион, триллион ақ мақта...
Әуеде алтын шар — күн дір-дір балқиды. Аспан мен ақ бұлттардың жанасқан жері — алтын бу, күміс нұр... Төмендегі ақ көрпенің жыртығынан анда-санда мұхит көгереді. Оқта-текте алып теплоходтар сөреге жайып тастаған ақ құрттай ағараңдайды.
Шалқалай түсіп, көзін жұмды. Оң жағында көкесі қалғып - шұлғып отар. Әр тұстан ағылшын, француз, орыс дауыстар естіледі. Көбіне шетел үн басым: Совет Одағынан, Батыс Европадан туристік сапардан кайтып келе жатқан канадалық, американдықтар... Жастар жағы, Ақан құралпас бала аз. Көбі мосқал туристер... Көкесі: "Жастар ел аралауға қаржыны қайдан тапсын. Байлар ғой, "жас кезімде бейнет бер, қартайғанымда зейнет бер" деп жүрген. Бұлардың зейнеті осы — ал - күштің барында ел аралап, жер көру" деген.
Американ, канадалықтар таза ағылшын, яғни Оксфорд, Кембридж үлгісінен өзгешелеу сөйлейді екен. Сәл доғалдау, мүкістеу ме қалай? Қазақ пен қырғыз тілінің ұқсастығына келіп қалады. Біреулер французша сүйкімді былдырлайды. Бұлар Канаданың Квебек провинциясында тұратын француздар.
Екі турист әйел қыр желкеде отырып алып, ауыз жаппайды. Жіңішке, ашық үн:
— Россиядан мұны күтпеп ем,— деп, жаңалық ашты.— Біз кинодан нені көріп ек? Жортып жүрген ақ аюлар... Адамдары шала сауатты... алты ай күн, алты ай түн. Жер шетінде өзімен өзі жатқан тағы өлке...
Көршісі, керісінше, есепсіз таңданыпты.
— Кремль, Суздаль, Ростов ше? Олардың қоңыраулары! Бұқара, Регистан, Яссауи! Бәрі де Американы Христофор Колумб ашқаннан бұрын салыныпты. Самарқан деген қаласына тұп-тура екі жарым мың жыл толған! Өз көзіңмен көрмесең сену қиын!
— Арақты көш құлаш кезекке тұрып, сатып алады. Бізде өткізе алмай сарсылады. Қызық!
— Байқайсыздар ма, орыстар бізден көп нәрсені үйреніп үлгеріпті. Мына аэросервис бізге, әрине, қайдан жетсін, дегенмен, даяшы қыздары сұлу екен,— деп, бір ала көз мистер өтіп бара жатқан стюардессаны шоқпардай трубкасымен нұсқады. Премьер-министр емес демесең, сэр Черчильдің1 нақ өзі!
Жолаушылардың көңіл күйінің көтеріңкі, сау-саламат болуы үшін жасалатын қолайдың бәрін американ, ағылшындар "сервис" деп атайды. Және бұған қайда, қалай, қандай жағдайда жүрсе де үлкен мән береді. Ағылын тілінің мұғалімі — "ағылшын" Роза Ниязовнадан біледі мұны Ақан.
Оянып кеткен Оңқаң мазасыз. Маңдайына шашырап түскен шашын артқа қарай жиі сілкіп, бес саусағымен салалай сипайды. Бөтен елдің мінез, салт, тұрмысы мен тілі самолет бортында - ақ басталып кетеді деп ойламаған. "Известия" газетін сытырлата аударып-төңкеріп, шұқынып отырды да, орындықтың қоржынына жұмарлап тыға салды.
— Мыналар не деп қазша қаңқылдайды? Біздер туралы бірдеңе дей ме?
Көкесі солай. Мамасы жоқ жерде өз-өзінен мазасы қашып, берекесі кете бастайды. Ақыры бірдеңеге ұшырап тынады. Мамасы оны біледі, сондықтан жыл сайын курорт, санаторийге ере кетеді. Осы жолы баратын жері Балкан тау да, Тескен тау да емес, Атлантиканың арғы жағы болғасын амалсыз қалып қойды.
Ақаннан екі ханым мен сервис құмар сэрдың жайына қанып, Оңқаңның өңі кірді.
— Әп, бәлем! Көрсін, білсін! Бұлар баяғыда басқаша әндететін.
Ақан ой үстінде. Қызық, американдықтар бұлар туралы қалай әндетуі мүмкін?
Оңқаң баласының ойын оқып қойғандай арқасынан қағып, жымиып күлді.
— Олар үшін СССР не? Сібірдің қақаған аязы, Азияның абориген жабайылары... Сол жабайылар ІҮ—ҮІ ғасырларда Орхон - Енисей жазуларын тасқа қашаған, арғы шеті мен бергі шеті айшылық алыс жер қағандық құрған. Ол кезде, мәселен, герман тайпалары аң терісін киімге жаратып, ну орманнан жарық дүниеге жаңа-жаңа шыға бастаған.
Әрі-беріден соң көкесі тағы қалғып-шұлғи бастады.
Ақан сұқ көзді сезді.
Басын көтерсе, сервис құмар сэр... Алақандай көзі тасырайып, трубкасын Ақан жаққа шошайтты.
— Чина?—"Қытаймысың?" дегені.
Ақан басын шайқады. Сэр тақымдай түсті.
— Джапан?
— Ноу —"Жоқ".
— Кориэн?
— Ноу. Казахи, казахи... Совиетшн...
Сэр трубкасын аузынан алып — онысы көршісіне көрсеткен үлкен құрметі — басын изегіштеді.
— О кэй! О кэй!— Негізі жаман адам емес-ау өзі, бас бармағын шошайтты.— Азия! Атилла!
Ақан барынша сыпайы да қысқа сөйлеуге тырысып:
— Бизнесмен?— деді.
— Ноу, ноу!— Трубкасын арлы-берлі жайқады. Жалпы, бұл кісі өз ойының кем дегенде тең жартысын трубканың көмегімен түсіндіреді екен. Яғни дирижер таяқшасымен оркестрге қалай ымдаса, сэр де трубкасының арқасында адамдармен солай тілдеседі.— Бизнесмен... олар анда!— Трубкасын самолеттің төбесіне қарай шошайтты.— Олар — миллионер!— Трубкасының сабымен кеудесін шұқыды.— Мен — фермермін. Сендерде — колхиз, совхиз, бізде — фермер... Егін егемін, оны күзде орып сатамын. СССР-ге де сатамыз.
"Мәссаған!— деп іштей таңданды Ақан.— Бұл кісі де тракторға мініп, дән себеді, егін орады... Ал, түріне қарасаң, айнымаған мистер Твистер,2 капиталист!"
— Уайт Кэмпбел! Менің аты-жөнім — Уайт Кэмпбел,— деп американдық фермер трубкасының шоқпардай басын Ақанға ұсынды — танысу рәсімі сол болу керек.— Ал, сіздер — аборигендер... Жылқы бағасыздар... Пампа!3 Мустанг!4 О, өте жақсы! Бізде де үнділіктер бар. Олар резервацияда тұрады. Алыста, алыста, солтүстікте.— Ол трубкасын әлдеқайда бағыт - бағдарсыз сермеледі. "Сіздер де резервацияда тұрмайсыздар ма?" деген солақай ымды Ақан анық ұқты. Мистер трубкасын алға шошайтты.— Әне, ақ түсті адамдар. Сапалы адамдар. Атлеттер... Ежелгі римдіктер секілді.
Шынында да, алдыңғы он шақты қатарды түгел алып, кіл бір сұңғақ, иықты, желке шаштарын ұзындап жіберген сойқан жігіттер ары қарап, қаздай тізіліп отыр. Көкпеңбек футболкаларына ірі әріптермен "Жальгирис" деп айдақтата жазылыпты. Латвияның әйгілі "Жальгирис" атты баскетбол командасы! Қыр желкесіндегі біреу Ақанның иығына қолын салды. Бұрылып қараса, ақ құба, ақ шашты сақа кісі. Мұның да үстіңде көкпеңбек спорт костюмі.
— Сабыр ет,— деді орыс тілін сәл сындыра сөйлеп.— Әңгіменің ұзын-ырғасын шала-шарпы болса да ұғып отырмын. Оған ренжіме. Ана сүтімен сіңген ұғымы сол. Оған тар самолет ішінде ештеңені түсіндіре алмайсың.
— Ол фермер, еңбек адамы. Ендеше, біз туралы неге жаман ойлайды?
Әлгі кісі жайлап күлімсіреді.
— Бұл — Америка!— деді.— Басқа ешбір елге ұқсамайды, дәстүрі қилы-қилы ел! Көп сөз — шөп сөз. Өз көзіңмен әлі-ақ көресің, білесің. Кел, танысып қоялық, Арнольдас Виткус. Латыш... Мына жігіттердің,— сайдың тасындай спортсмендерді нұсқады,— саулығын баққан дәрігер боламын. Американың университет командаларымен бірнеше жолдастық кездесу өткізу үшін ұшып барамыз.
***
"Америка Құрама Штаттары — Батыс жарты шардағы ірі ел. Оның барлық жері түгелдей дерлік Солтүстік Америкада, АҚШ-тың шығысында Атлант мұхиты, ал, батыс жағалауында Тынық мұхиты жатыр.
16 ғасырда Колумб Американы ашқаннан, европалықтар Солтүстік Америкаға көшіп келе бастады. Олар осы құрылықтың негізгі халқы — үндістерді аяусыз қырғынға ұшыратты. Тірі қалған үндістер түк шықпайтын тақыр жерлерге — резервацияларға ығыстырылды.
Өнеркәсіп өнімін шығару жөнінен АҚШ дүниежүзінде бірінші орын алады. Елде осы заманғы өнеркәсіптің барлық салалары, әсіресе, автомобиль жасау, электроника, мұнай өңдеу, химия және атом өнеркәсібі дамыған. Ауыл шаруашылығы да өркендеген... Дүниедегі жүгерінің тең жартысына таяуы АҚШ-та егіледі."
"Үлкен Совет энциклопедиясынан"
CAFAT 12. ДЖОН КЕННЕДИ АТЫНДАҒЫ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЭРОПОРТ
Трапқа шыға келген Ақан еріксіз көзін жұма қойды: аспан асты — алтын шатыр! Американың аспаны да, күні де Алматыдан аумайды екен — сонау шырқау биікте! Қазір ғой Алматы аптап астында шалқалап, күнге күйдіріліп жатыр.
Америкада жібек самал желпиді. Апайтөс Атлант мұхитының салқын демі бұл география тілімен айтқанда, күндізгі бриз...
Қол жетер жерге дейін жер бауырлап, алға әне, міне атылайын деп тұрған күміс самолеттер... Әуеге көтеріле берген, қонуға беттегендері қаншама! Аслан да самолет, жер де самолет, ың-жың... Фюзеляж атаулы — түрлі-түрлі мемлекет гербтері, борт атаулы — авиокомпания аттары... "Бритиш эйруеиз"— Ұлыбритания, "Эр Франс"— Франция, "Дойтшланд"— Германия Федерациялық Республикасы, "Эр Магриб"— араб елдері, "Эр Алжриен"— Алжир, "Аэрофлот"— Совет Одағы...
Әне, Орталық аэропорт үйі алып жартастайын қарауытып тұр. Қазанның түп күйесіндей, жо-жоқ, бұл негр атаулы солай болуға тиіс деген Ақанның кітаби түсінігі, кофе түстес қоңыр жігіт трапты бекітіп жатыр. Қырық құрау халық траппен төмен саулап түсіп барады. Әлгі негр жігіті, неге екенін қайдам, Ақанға қарап, аккеордонның клавишіндей отыз екі тісін бірдей жарқыратып тастап күлді, қара биялай киіп алғандай меңсіз қолын бұлғады.
Бұлар таможня бақылауынан өтіп, электрон аппараттарға заттарын, он бойларын тексертті, күту алаңына шықты.
Қаптаған қарақұрым халық. Бірін бірі біліп болмайды. Әрқайсысы әр тұсқа қарап, әр тілде сөйлейді. Аэропорт емес, аты шулы Вавилонның5 нақ өзі! Сеңдей соғылысқан жолаушылардан бас айналады, көз шұбартады.
Оңқаң Ақанды қақпақылдап, шеткері алып шықты.
— Оңаша тұрайық. Аяқтың астында қалып қойсақ қайтеміз. Бізді қарсы алуға тиіс. Алдын-ала хабарланған, рейсті, уақытты біледі.
Әкелі-балалы екеуі жалпақ жұртты сыртынан бақты.
Кім жоқ дейсің мұнда! Ат жақты, сопақ бас, ұзын сирақ ағылшындар; ықшам келген, қиық көз, қара торы қытай; биік қабақ, қыр мұрын, елтірі қара шаш латынамерикандық — бәрі аралас-құралас. Шетінен ағылшынша сайрап тұр.
Мұнда жолаушыларды қызық-қызық қарсы алады екен. Гүл ұстаған некен-саяқ. Айқара құшақтасып, жалма-жан иіріліп тұра қап, даурыға хал сұрасып жатқандар да сирек. Дәстүрі сол ма, өліп бара жатса да қол алыспайды. Қоштасарда да, қарсы аларда да иықтарынан бір-бір қағады да, жол қапшық, чемодандарын арқалап, былай қайқайып шыға береді. Костюм киіп, галстук тағып, сіресіп тұрған ешкім жоқ. Жарасып жатса, қонымды болса бітті, былайша айтқанда, "нон проблем"— проблема жоқ. Шорты киіп, тырнадай сидаңдап жүргендер мың-мың. Қала адамы қайсы, ауылы қайсы, айырып болмайсың. Алматыда ауыл, қала бірден көзге ұратын.
Ақан АҚШ-ты жатырқаған жоқ. Ағылшын тіліне икемделген мектепте АҚШ, Ұлыбританияның тарихын түбіртегіне дейін оқыған. Арнаулы диафильмдер, фильмдер, спектакльдер, музыка, кітаптар... О, Ақан ба, Ақан Американы бес саусақтай біледі! Америка құрлығын 1542 жылы испандық, арғы түбі иснециялық теңізші Христофор Колумб ашқан. Ол кезде континентті өте жоғары мәдениеті мен дәстүрі бар үнділіктер — ацтек, майя, сиу-сиу тайпалары мекендепті... Әуелі испандық, сонан кейін американдық ақ колонизаторлар үнділіктерді тайпа тайпасымен қырды... Өте сенгіш, аңқау, адамға жамандық ойламаған сол заманғы он миллион үнді қазір не бары жарты миллион. Әлемдегі ең қуатты екі державаның бірі — АҚШ- тың басты қалалары — Нью-Йорк, Вашингтон, Сан-Франциско, Бостон... Ең биік үй —104 қабатты "Эмпайр Стеит билдинг", ең сулы өзен Миссисипи, ең үлкен аңғар —"Үлкен каньон", ең үлкен сарқырама Ниагара осында.
Дегенше, ту сырттарынан:
— О, жерлестер, отандастар!— деген қунақ үн естілді. Жалт қараса, Арнольдас Виткус... Екі қолында екі спорт сөмкесі. Жер шеті — Америка емес, өз үйіне келгендей жайраң қағады.
— Сіз бе? Апырым, тағы да кездестік пе?— деді Оңқаң аңқалақтап. Ың-жыңнан басы айналып, жалғызсырап тұрғандықтан ба, Арнольдас Виткусты құшақтап ала жаздады. Онысын Ақан іштей жақтырмады. Үп-үлкен адам, бүйтіп қаңғалақтағаны несі? Қазір кекесі түгіл, жетінші кластықтар да өздерін мейлінше салқын, сабырлы ұстай біледі.
Виткус ағайдың мінезі ашық күнгі Балтық теңізіндей сабаз екен, еш саспады.
— Қарсы алушылар көрінбей ме? Жүріңіздер, біздің машинаға мініңіздер, отельге жеткізіп салайық.
Анадай жерде көк автобус көлденең байланып тұр екен, манағы ұзын тұра жігіттер торға салған ала допты арқалап, соған екі бүктетіліп еніп жатыр.
Көкесі қалбалақтап қалды.
— Сөз бар ма, сөз бар ма. Әбден разымыз. Қазір келеді, осы қазір келеді қарсы алушылар.
— Нью-Йоркте эмигрант латыштар көп тұрады. Тамыр-таныс мол. Бізді жанкүйерлеріміз қонақ үйдің қасынан тосып алады. Сіздерді баратын адрестеріңізге жеткізіп салар еді,— деді латыш туыс.
— Алда разы болсын! Көптен көп рақмет!
— Сау болыңыздар! Отан топырағында қауышқанша!
— Сіздерге баскетбол алаңында жеңіс тілейміз!— деп жіберді Ақан қарап тұрмай.
Дәрігер ағай Ақанның шашын ұйпалақтап тастады да, автобусына беттеді.
Сөйткенше сапырылысқан халықтың ішінен:
— Оңғар мырза!
- Мистер Оңғар!— деген ап-анық екі дауыс қосарлана жетті.
Қазақ өңдес екеу — сіріңке қара ұзын жігіт және тәпелтек сары күнқағары күректей кепкілерін шешіп қолдарына алып, жақындап келеді. Американың заң - зәкүнін кім біліпті, қарсы алдарынан шығу керек пе, әлде табандап тұра бере ме, әкелі - балалылар қозғалақтасып, не істерлерін білмей тұр. Обалы кәне:
— Амандық-саулықта болайық, Оңғар мырза!
— Қош келдіңіздер, мистер Оңғар!— деп, екеуі әкесіне көтере - көтере сәлем беріп, жалбақтап жатыр. Қолдарын ұсынған жоқ — бұл жерде сәлемдескенде қол бермейді.
— Рақмет! Рақмет! Өздеріңіз де есеншілікте?— Әкесі ұлының күнделігінен "бестіктерді іздеп отырғандай-ақ, екеуіне көзін сығырайтып кезек үңіледі. Сірә, Сардар туысы қайсысы, соны айыра алмай арманда. Қырсыққанда кепкілі мырзалар сыр бермеді:
— Ысқақ Қабылан!
— Дүйсен Ерқосай!— деп, бас изеудің ишаратын жасады.
Көкесі ырғалып-жырғалып:
— Оңғар Құрамысұлы!— дегенше, екеуі тұғыры қалың сағаттарына бір-бір қарады да, жерде иық тіресіп, әне-міне құлайын деп тұрған чемодан, жол қапшықтарға жармасты.
— Тезірек жүрейік, онсыз да кешігіп қалдық!— деп, алға түсіп, жалаңдап барады.
Аялдамада қара құрым машина тізіліп түр екен, соның арасынан сіріңкенің қорабындай "Бьюикті әлгі екеуі әрең тапты. Дүйсен Ерқосай — ұзын бойлы сіріңке қара жігіт аялдама үшін тиын-тебен төлеп жатқанда, тәпелтек сары Ысқақ көкесін қолтықтай итермелеп, кабинаға тығып жіберді. Ақан да іле сып берді. Өздері алға жайғасты. Рульде — Дүйсен Ерқосай.
— Фотосуреттеріңіз бойынша әрең танып таптық.
— Енді болмағанда плакат көтеріп, іздейтін ек.— Дүйсен Ерқосай Оңқаң мен Ақанға қастарында жатқан ақ картон қағазды көрсетіп, күліп қойды. Оған қазақшалап: "Россиядан келген Оңғар мырза! Біз сізді іздеп жүрміз! Белгі беріңіз!" деп, айқайлатып жазыпты.
— Сардар мырза келе алмады. Ғафу өтінеді. Жата-жастана түсіндіре жатар.
"Бьюик"6 қоныздай домаланып, төрт катар жол ары, торт катар жол бері кететін жалпақ трассаға түсіп, тастай батып, судай сіңіп кете барды. Ағылған темір тасқын... Американдық шоферлер өлген-тірілгеніне қарамай ағызады екен, пілдей жүк машиналары ажылдап-күжілдеп төніп қалғанда, Оңқаң да, Ақан да еріксіз шалқайып қалады.
Еті өліп кеткен бе, Дүйсен Ерқосай мұны миземеді. Аяқ-қолы руль, тормоз арасында сарт-сұрт етіп, тыным таппайды. Бос отырған Ысқақ:
— Мүлдем келдіңіздер ме?— деді.
Көкесі аңырып отыр.
— Түсінбей қалдым, бауырым.
Ысқақ: "Бесенеден белгілі нәрсені қалай түсінбейсіз, отағасы, оныңыз болмайды" дегендей соңына бұрылып, Оңқаңа бажырайып тұрып қарады.
— Эммигрантсыздар ма? Америкаға мүлдем келе жатырсыздар ма?— деді шымыр үнмен.
Көкесі зыр ете қалды.
— Жоқ, атамаңыз, Сардар нағашымызды көріп жүздесеміз, жүздесеміз де дереу кері қайтамыз. Бір-ақ апта!
Ысқақ мырза қалған әңгімеге құлақ салмады, алға қарап кетті. Жалпы, екеуінің аэропортқа жегжаттық сезімнің жетегімен емес, Сардар нағашының қолқасымен келгені белгілі боп қалды.
— Әне, Нью-Йорк!
Арқаш-жарқаш алып жартас үйлер әуеге өрлей түсіп, барған сайын зорайып, жақындап келеді...
* * *
"Нью-Йорк — Американың ең үлкен қаласы. Ол — аса ірі өнеркәсіп орталығы әрі порт. Қала Атлант мұхитының жағалауына орналасқан. Нью-Йорктің ерекшелігі аспанмен тілдескен 60—80 қабат зәулім үйлерінде. Бұлар қаланың көптеген кварталдарын күн сәулесі түспейтін терең құз, тас зынданға айналдырған; онда ауа жетпейді, автомобильдердің түтіндері адамды тұншықтыра жаздайды.
Нью-Йорктің орталығында, Манхеттен аралында аса ірі американ кәсіпорындарының басқармалары, мемлекеттік және қалалық мекемелер, банктер орналасқан.
"Үлкен Совет энциклопедиясынан"
ТҮСТІК БРОНКС. САРДАР-САЙМОН САЯТ
Кішкене "Бьюик" жартас үйлердің етегін баса ит бүлкекпен желіп келеді. Қисапсыз көп машиналар сеңдей соғылысып, бір-біріне жол бермейді, бір адым алға, екі қадам кейін дегендей өлместің тірлігі. Оңқаң мен Ақан іштен сыртқа, зәулім үйлерге ауыздарының суы құрып көз тігеді. Әсіресе, Ақан таң-тамаша. Бұл үйлерді қалай салған? Крандармен бе? Ондай аспанмен таласқан кран бар ма бұл дүниеде? Жоқ, әлде әр қабырғасын дәу-дәу вертолетпен көтеріп апарып қондырған ба? Мынадай биіктен адамдардың бастары айналып, құлап кетпей ме?
Ту сыртындағы қыбыр-жыбырды маңдай әйнектен көріп отыр ма, Ысқақ жөткірініп, тамағын қырнады.
— Манхеттен!— деп, бүкіл көшені құшағына орай тартты.— Әне, анау банк үйлерін көріп отырсыздар ма? Бүкіл әлемнің байлығы мен шайлығы, алтыны мен ақшасы осында! Бүкіл әлемнің!— деп, саусағын жоғары шошайтты. Нью-Йорктің бүкіл банкін өзі басқарып отырғандай-ақ дауысында үлкен мақтаныш бар.
Айтса айтқандай, көкке өрлеп кете берген зіңгіттей үйлердің бесінші-алтыншы қабаттарына "Банк оф Америка", "Чейз манхэттен банк", тағысы тағы деп, есіктей-есіктей болат әріптермен жазып тастапты. Бастарын күн сәулесі шалған, тізесін көлеңкеге матырған сансыз үйлер шыңырау, шатқал көшелерге айналып, сай-сай болып кете барыпты. Сол терең шатқалдарды қуалап жел соға ма, өңез салқын бой тітіркендіреді.
Таңырқай-таңырқай есі шығыңқырап қалған Ақан:
— Сардар ағай да осындай үйде тұра ма?— дегенде, Ысқақ пен Дүйсен қоса қабатынан күліп жіберді. Баланың: "Сардар ағай осындай үйде тұрса, біз де соның бір бұрышын иеленіп қалармыз" деген үміті бесенеден белгілі еді. Тез басталған күлкі тез тыйылды. Дүйсен күңгірт үнмен:— Сардар ағаң... Түстік Бронксте тұрады,— деді үзіп-үзіп.— Сәл сабыр ет, келіп те қалдық.
Міне, қызық!
Манхеттеннен соң бірден жұпыны, құбырдай қуыс көшелер басталып берсін. Есік-терезелері алқа-салқа, өрттен шыққандай күйелеш үйлер... Не балкон жоқ, не кіреберісте бетон маңдайша жоқ, аңғал-саңғал лашықтар... Әйнексіз терезелер дүниеге соқыраңдап, үңірейе қарайды. Газет қиындысы, целлофан қағаз, консерв қалбырлары аяқ астында бықып жатыр. Қарала-торала үйлерге кіріп-шығып жатқандар аз, азының өзі дудар бас негр, жаңғақ түсті латын американдықтар. Әр қалтарыста қара түсті балалар, ересек қыз-жігіттер екшелене үйіріліп тұр. Өткен-кеткенге ізденіп қарайды. Солардың бірі жайымен сырғып келе жатқан бұларға тілін шығарып еді, екіншісі одан асып түсті, қос саусағын ұртына тығып жіберіп, жер дүниені жаңғырта ысқырды-ай дейсің.
Ысқақ:
— Гарлем бүгін бабында екен!— дегенше, кабина сырты даңғыр-дұңғыр ете қалды.
— Дәу де болса тас лақтырды,— дейді Дүйсен түк болмағандай. Соған қарағанда бұған еті өліп, әбден үйреніп кетсе керек.
Қара қожалақ көшелер жатаған келген қызыл, жасыл, көк бояулы үйлерге ұласты. Кейбірінің маңдайшаларына тік таяқ иероглифтер жапырлай жазылыпты. Қиық көз азиялықтар қайшы алысып, сапырылысып жүр.
— Чайна таун — Қытай кварталы...— Ысқақ сәл үндемей қалып, кідіріп-кідіріп сөз бастады.— Жаңағы мұнарларға назар аудармаңыздар. Гарлем — негрлер ауданы. Солардың бетімен кеткен тинэйджерлері — көше балалары. Біздің азиялық, яғни Түстік Брокстен екенімізді сезіп қойды. Екі ауданның тинэйджерлері бір-біріне ит пен мысықтай өш.
...Он қабатты үйдің үшінші қатары. Көлеңке ұйыған қуыс дәліздер, зілдей ауыр шойын есіктер... Ысқақ Қабылан маңдайшадағы қара түймеге қол соза берді де:
— Түстік Бронксте Азияның, Латын Америкасының әр жерінен ауып келгендер тұрады. Мұнда тонау, зорлау, кісі өлімі Гарлемге қарағанда шүкіршілік,— деп, жұбатып қойды.
Есіктің сыртына "Саймон Саят" деп латын әріптерімен жазылыпты. Ақан екі ұдай: Саймоны кім, Саяты кім? Сардар аға да осында тұра ма?
Қырылдақ үн іштен күшене шықты.
— Бұл кім?— деді ағылшын тілінде.
— Біз, Сардар мырза, біз, Дүйсен, Ысқақ... Туғандарың келді!
Бір қызығы, Ысқақ, Дүйсендер қазақша сөйлегенде ң, ө, ә, әріптерін ылғи н, о, а деп бұзып сөйлейді.
Ел арасынан ертеректе жырақ кеткен, жат жерде көп тұрған саяқ тұрмыс-тіршілік тілге әсерін осылай тигізеді.
Іштен сол секундта әлемет дыбыстар естілді: әлденелер күлдірледі, сықырлады, сытырлады, келесі минутта есік салдыр-гүлдір ашыла берді. Мүгедектердің екі аяқты арбасы көрінді, арбада зор денелі, ақ бас адам кептеліп отыр. Көкесі сасып қалды ма, не ары кірмей, не бері шықпай, кіре берісте секиіп тұр. Әлгі кісі күректей жалпақ алақандарын алға лақтыра созып:
— Бармысың, бауырым Оңғар!— деп аңырады.
Көкесі бала кезде оқып кеткен тәуір кітапты есейген кезде қолына қайта алып, оның мұқабасына қимай қараған адамдай еді бұл шақта. Қабағын көтеріп, маңдайын жиырып тұрды, тұрды да, абырой болғанда, қалпына тез келді, ішке батылсыздау қадам басты. Сардар аға арбиған алақандарымен көкесін бір-ақ қусырып өзіне тартып, есіктей кеудесіне жыға салды, тарғыл үнде қарлыға дауыстап көрісті.
Ұшыраған мен бейбақ
Қарғысына халықтың –
Содан бері ойбайлап,
У мен зәрге қанықтым.
Қанатым сынып қайрылып,
Қапыда кетіп қалыппын.
Аяқ пен белден айрылып,
Жер тіреген ғаріппін.
Боздағы едім елімнің,
Боз көделі жерімнің.
Тілі, түрі бөтеннің
Дәм-тұзынан жеріндім.
Қадір-құрмет менде жоқ,
Ебелектеген жеңілмін.
Осынша жыл ойранмын,
Көргенім жоқ жеңіл күн.
Кім дер едің затымды,
Бір кездегі ағаңмын.
Оңқаң қалтасынан орамал суырып көзіне апарды. Шөккен нардай адамның еңкілдеп жылағанына қарап түру қиын екен, Ақан теріс айналды. Ысқақ пен Дүйсен мырзалар да кірпіктерін саусақ сыртымен бір-бір сүйкеп өтті. Көрші есіктен әлдекімдердің тұмсығы қылтиды. Ешкім де иттен қорыққандай бері шықпады, құрығанда кім келіп, кім кетіп жатқанын сұрамады, лезімде інге кірген суырдай жоқ болды. Екі мырза Оңғарды нағашы ағасының құшағынан әрең айырып, тоқтау айтты. Сардар аға добалдай жұдырығымен көзін сүртіп, мырсылдай жылап, арбаға шалқалап жатып алды. Су ішкен соң барып есін жинады, Ақанға жаңа көргендей шұқшиып қарады.
— Мынау әнеугүні, телефонмен айтқан күшік пе? Кел бермен, кәне!— Шапағаты мол, қарулы құшағын айқара жазды.
Ақан алға құлықсыздау аттап еді, о, құдайдың құдіреті, алып адам өз-өзінен шегіншектеп, қара көлеңке бөлмеге сұғынып кіре берді. Дүйсен, Ысқақ мырзалар арбаны қолдасып сүйреп, қараңғы дәлізден күңгірт пәтерге кіріп барады екен.
* * *
"— АҚШ-та негрлер де бар; бұлар — Африкадан Америкаға еріксіз айдап әкелінген бұрынғы құлдардың ұрпақтары. АҚШ-та құлдық дегеннің құрығанына талай заман өтті, бірақ негрлер қазіргі күннің өзінде де американ азаматтарының ішіндегі ең езілген және правосыз жандар. Ақ нәсілділерге қарағанда негрлер арасында жұмыссыздық көп. Негрлер, әдетте, Америка қалаларының ең сұрықсыз кварталдарында — геттоларда тұрады".
— Бұл да, Ақанжан, әлгі "Ол кім, бұл не?" деген кітаптан ба?
— Иә, көке.
— Қай жылы шығыпты бұл кітап?
— 1985 жылы...
— Е, бәсе! Тоқырау кезеңінің соңғы жылы ғой ол. "Америка — кіл капиталистер мен құлдардан ғана тұрады" деген жалаң насихаттың қаны жерге тамбай тұрған кез.
Әке мен баланың әңгімесінен
ТАЛ ТҮС. БЕНЗОКОЛОНКА. РЕДДИ.
Дональд — Ақанның жаңа туысы, яғни Саймон - Сардар ағаның өлгенде көрген жалғыз ұлы. Неміс шешесі бұларды әлдеқашан тастап кетсе керек, Дональдтың аппақ селеу шашы "ақ нәсілмін" десе, қара торы өңі "Сардар көкем кім болса, мен де сол төңіректенмін" дейді. Ақ шашы мен қара торы өңі бір-бірін аша түсіп, өзіне тым жарасады. Сардар аға о баста "Дәурен ағаң" деп таныстырған. Аға болғанда да қырып тастағаны шамалы, бір-ақ жас үлкен. Дәурен Сардар ағаның көзінше тіс жармады. Былай шыға бере:
— Менің атым — Дональд,— деп кесіп айтты. Шыны сол, Дональд та, "Дәурен"— Сардар ағаның баласының болашақта қазақ екенін ұмытпау үшін қойылған есімі.
Дәурен Азия, Латын Америкасынан келген келімсектердің балалары оқитын мемлекеттік мектепке барады. Мектеп десе нәумез, салғырт. Онда жекеменшік мектептерге Қарағанда балаларға білім беріп жарытпайтын көрінеді — қаржы аз бөлінеді. Міне, бір ай, жазғы каникулда бензоколонкада жұмыс істеп жүр. Алып кел де, шауып кел қолғанат. Күні он доллар. Тым тұйық, сөзге сараң. Бүгін жұмыстан мойны бос. Мана Сардар аға мен Оңқаң екеуі: "Серуендеп келіңдер!" деп, екеуін күштегендей ғып көшеге шығарған. Шамасы, оңашада құмарларынан шығып, шер тарқатып сырласпақшы.
Дональд көшеге шыққан сол төңірегіне көңілсіздеу көз салып тұрды да:
— Бензоколонканы, менің жұмыс орнымды көргің келе ме?— деді.
— Ол қай жерде?
— Қаланың сыртында. Сабвеймен барамыз.
— Сабвей?!
— Сендерше — метро...
— "Нью-Йорктің ең биік нүктесі —104 қабатты "Эмпайрға" шығамыз демеп пе ең кеше?
Дональд бұған әдеттегіден гөрі ұзақтау қарады.
— Бізде таныстық рәсімі басқашалау,— деді әр сөзін нықтап.— Сый кісіге алдымен өзімізді таныстырып, сонан соң жұмыс орнымызды көрсетеміз. Жұмыс орны біз үшін қасиетті жер.
Екі қолын қалтасына салып, оза берді. "Сөз таластырма, одан пайда жоқ, бәрібір менің айтқаным дұрыс",— деген ым бұл. Ақан Іштей ыза. Американдық ағасына өкпесі қара қазандай. Дональд мұның бір де бір сөзін аяғына дейін тыңдамайды — мәселе қайда! Дұрысы, тыңдағансиды. Бұл ұзап кетсе: "О кэй!" деп, ортан белінен кесіп тастайды. Сөзбен құптағанымен, былай шыға бере өз дегенін істейді. Американ балалары солай ма, әлде үй, қала менікі дегені ме, қанға біткен мінезі сол ма, әйтеуір, бір бет, қыңыр.
Дональдқа салса, бүкіл әлем тек АҚШ мемлекетінен тұрады. Ал АҚШ-тың кіндігі, жүрегі, сөлі, нәрі — Нью-Йорк! Қалған мемлекеттер мен елдер, құрылықтар мен мұхиттар сөз етуге тұрмайтын бәкүн-шүкін бірдеңе. "О, мен Азияны жақсы білемін,— деп, мұрны қисайып қарап тұрады.— Көршілеріміздің көбі азиялықтар, латын американдықтар. Олар кокаин иіскейді. Сатады да. Араларында иогтар бар. Ине терапиясымен емдейді".
Немесе Азия Америка Құрама Штаттарына не бере алады, соны білемін. Баста! Басқа бос сөз доллар түгіл, центке де татымайды".
Сабыр, сабыр... Дональд "Эмпайр" шіркінді бұған дейін де кемі жүз рет көрді. 104 қабатты сол бір үй оған таңсық емес. "Нью-Йорк қонағын ылғи да әспеттей бермейді, қатал қала. Өмірдің өзіндей..." деп отырған анада Сардар аға. Ендеше, "мен, мен" деп етектеп, кеуде соғуына не жорық? "Басқа шіркеуге өз уағызыңмен кірме" дейді Сергей мұндайда. Оны да ойлау керек шығар.
...Бензоколонканың әйнек үйшігінің маңдайына орындықтай әріптермен "ЭКСО" деп адырайтып жазып тастапты. Яғни бензоколонка "ЭКСО" мұнай концерніне қарайды. Табысы — концерннің қалтасында, шығысы — мойнында. Алматыдағыдай ұзыннан ұзақ тұрған машина кезегі мұнда атымен жоқ.
Әне, сұлу да ықшам "Ягуар" сырғып кеп тоқтап еді, әйнек үйден ұзын тұра секпіл бет, жирен бала сақпанның тасындай атып шықты. Машина иесі баламен іштен сөйлесті. Жирен бала автомобильді айнала жүгіріп, бензобактың қақпағын ашты, құс тұмсық шлангыны кенересіне іліп қойды. Екі арада бос тұрмай, "Ягуардың" алдыңғы, артқы әйнегін сыпылдатып сүрте бастады. Кабина терезесінен жолаушының ұсынған ақшасын алып жатып, әлденеге қошуақ болып, күлімдеп тұр.
— Редди осы!— деді Дональд сонау жерден балаға сүйсіне қарап.— Менің сынарым...
— Не деп жатыр?
— Не деуші еді, "рақмет, тағы да келіп тұрыңыз".
Ақан:
— Рақметті қайта машина иесі айтуы керек емес пе?— деді қақас естідім бе деген оймен.— Бізде, Алматыда сөйтеді.
Енді Дональд аң-таң.
— Америкада ақшаны кім алса, сол алғыс айтады.— Ақанның әлі де аңырып тұрғанын көріп:
— Бұл автосервис!— деп нықтады.— Бізде қызмет мүлтіксіз болуға тиіс! Кінәрат кетсе, ешкім де қайтып бұл бензоколонкаға жоламайды. Бұл — банкрот деген сөз.
Ақан мыңғы-дыңғы. Автосервисі не? Дональд қызық бала. Бала емес, пәле. Сәби болмағандай, бірден осы Дональд күйі дүниеге салаң етіп келе салғандай.
Әлде жалғыз Дональд емес, бүткіл американ балалары солай ма?
Дональд оның әрі-сәрі халін көрді де — қалай дегенмен туыс қой — санамалай жөнелді. Қызық болғанда, саусағын бүгіп емес, біріндеп жазып тұр. Бұған таң қалуға болмайды — АҚШ-та өстіп санайды.
— Бензоколонкашы бала компьютер секілді жолаушының айтқанын емеурінінен, жо-жоқ, ойлаған ойын көзінен сезіп, орындай қоятын әбжіл болу керек. Бізде жағымпаздық, өтірік мақтау, клиенттің ығына жығыла кету деген атымен жоқ. Өз маркасын, "ЭКСО"-ның фирмасын ұстай білетін джентельмен — екі! О-о, джентельмен — ол өте үлкен мағына! Оған қол жету үшін бүкіл өміріңді сарп етуің ықтимал.— Дональд ойланып қалды, соған қарағанда әлгі джентельмендіктен өзінің де дәмесі бар-ау.
— Иә... Клиент көңілсіздеу отырса, орайын тауып, анекдот айтып жіберсең тіптен жақсы. Ниггер, чиканос клиенттердің ұлттық намысына тимеу керек. Қазір олардың ішінде де алпауыттар көп...
— Ниггер не, негр ме?
— Үстінен түстің.
— Ал чиканос ше?
— Мексикандықтар.
— Олар қайдан жүр?
— Мексикада күндерін көре алмай, Америкаға ауып келген. Көше сыпырады. Плантациялардан жеміс-жидек жинайды. Американың ең лас, кір жұмыстары солардың мойнында.
— Бұл дұрыс емес қой.
— Тоқтап тұр.— Дональд ызыңдаған масаны жасқағандай қолын сілтегіштеді.— Әңгіме автосервис туралы. Қол баланы айтамын да, клиенттен бір цент артық алмауға тиіс. Шайлық - пайлық берсе жағымсынбай, өтірік күлмей, әдемілеп ала білу керек.
— Ой-ой, неткен көп ереже! Тіптен басым ауырып кетті.
— Конкуренция! Клиентті бүгін өкпелетіп алсақ, келер жолы ол басқа бензоколонкаға бұрыла салады. Бұл біздің бензин өтпей, көршінің бақыты жанды деген сөз. Күніне қанша галлон (3.88 литр-авт.) бензин сатамыз, бізге соған лайықтап доллар төлейді. Кенет Ақанға бір күдікпен жалт қарады.— Сен өзі... жазғы каникулда жұмыс істейсің бе?
Ақан басын шайқады.
— Бізде менің жасымдағы оқушылар жұмыс істемейді.
Дональд бір езулеп, мырс етті.
— Сонда не, көл-көсір байсыңдар ма? Америкадан асқан байсыңдар ма? Әлде папуа ма олар? Папуаға ғана ақша керек жоқ. Кокос жаңғағы, бір асым балық, баспана, бітті сонымен. Солай ма?
Ақан сасқан үйрек артымен сүңгидінің керімен:
— Киноға, балмұздаққа ақшаны көке, мамамыз береді,— деп салды.
Дональд сөз қайырмады. Одан түк пайда жоқ екенін түсінді ме:
— Сен осында тұра тұр. Мен Реддиге барып келейін,— деді де әйнекті үйге қарай аяңдады.
Ақан көлеңке астында кока-коладан ұрттап қойып, ойланып отыр.
Серік пен Сережа не істеп жүр екен? Не Сайранда, не Бірінші Май тоғанында, әйтпесе Медеуде күнге күйіп, айқасып-айқасып жатыр, одан басқа не тындырып жүр дейсің. Әйтпесе үйде магты ойнатып, би үйреніп жатуы... "Бензоколонкадан "Мұнай сат" десе, көнер ме еді? Әй, қайдам! Мамасы Ақан "бензин сатайын" десе қайтер еді? "Ол — масқара! Біз ешкімнен кем емеспіз. Демал, тынық, жазғы каникул соған сол үшін беріледі. Жалпы, біздің тұқымда саудагер жоқ",— деп аяғына отырғызбас еді.
Ал, мұнда оқушылар көше сыпырушы, газет сатушы, бензоколонкашы... Тіпті оқып жүріп те мектептің асханасында сабақтан тыс уақытында ыдыс-аяқ жуып, тиын-тебен табады екен.
...Әйнекті үйге кірген Дональд екеу болып шықты. Ақан жаққа бұрылып қарамады, өзара ажың-күжің. Реддиді адам танығысыз. Комбинезонын сыпырып тастап, сыптай киініп, құр аттай ойнап шыға келіпті. Дональд болса, керісінше, бастан-аяқ сұр комбинезон. Басында күнқағары күректей көк кепка. Кепканың маңдайына да аппақ әріптермен "ЭКСО" деп айдақтатып жазып тастапты.
Редди Дональдке:
— Чао!— деді де, есік пен төрдей күміс түстес машинаға беттеді. Автомобиль келсең кел деп көсіліп, белі майысып тұр. Есікті серпе ашып ішке кіріп еді, темір тұлпар белі майысып барып былқ етті. Кабина ішінен алтын жалын жарқылдап, сол сәтінде өшіп кетті. Алтын жалын — алтын шаш! Алтын шаштың білегі-ау, терезеден сыртқа шығып бұлаңдады.
— Хэлло! Гуд бай!
Ұзын лимузин қалқа астынан қайқаңдап шықты да, трассадағы темір тасқынға араласа берді.
— Миллионердің баласы...— деді біреу құлағының нақ түбінен сыбырға жақын үнмен. Дональд! Әлгі күміс түстес "Тойотоның" соңынан қызыға қарап тұр. Танауы қусырылып, оң көзін сығырайтып алған.
— Миллионердің? Кім?
— Редди, Ренджинальд.
— Ондай бала болса, бензоколонкада не ақысы бар?
Дональд: "Шының ба, әлде әдейі істеп тұрсың ба?" деген сыңайда бұған сынай ұзақ қарады.
— Миллион долларды Реддидің әкесі қалай жинады деп ойлайсың? Ол да бензоколонкадан бастаған. "Ұлым әрбір цент, доллардың қандай еңбекпен келетінін білсін" деп, қара жұмысқа әдейі салып отыр.
— "Тойото" ше? Неге сатып алып берген, ендеше?
— Қарызға берген.
— Қарызға? Туған баласына ма?
— Иә. Ұзақ мерзімге. Америкада астыңда автомобилің болмаса, ешкім адам деп сөйлеспейді. Автомобиль — сенің бет-бейнең, айта берсе, паспортың, маркаң. Редди колледж бітіре салысымен бизнесмен болмақшы. "Тойото" әне, сонда керек. "Кадиллак", "Тойото", "Мерседес", "Ягуардың" иелеріне сенуге болады. Оларға банктер қарыз да бере алады. Беркли, яғни Реджинальдтің әкесі мұны жақсы біледі. "Үйрене берсін. Әуелі машинаға. Машинаны керек еткен бала ақшаға да ұмтылады" дейді мистер Беркли. Мына колонка оның иелігінде. Өзі осыған орналастырды. "Аямай жұмысқа салыңдар. Сендер үшін бұл кіші Беркли емес, бензоколонкашы Беркли" деген көрінеді.
Редди тапқан ақшасын түгелімен банкіге салады. Әкесі: "Кәмелеттік жасқа жеткенше банкіге қанша ақша салсаң, он сегіз жасыңда соны екі есе ғып қалтаңа салып беремін, сонымен қош-сау тұр; ары қарай соқыр тиын жоқ, не істейсің, өзің білесің,— депті.— Егер банкротқа ұшырасаң, аштан өлмеу үшін қол астыма кіші клерк боп кіресің". Редди қазір: "Әкемнің кезінде әр долларды қандай бейнетпен тапқанын жаңа түсіндім" дейді.
Ақан құлази бастағандай. Сөз бар ма, Дональд дұрыс айтады. Әттең, барлық әңгіме тек доллар, доллар туралы... Мына жер бензоколонка емес, кішігірім банк кеңсесі дерсің.
— Қасындағы қыз кім?
— Қарындасы... Вирджиния.— Дональдтың даусы күмілжіп, көмескі жетті.— Қаладан жиырма миль жерде өз виллалары бар. Теннис ойнап, бассейнге түсуге кетті.
"Америка, әрине, табиғи ресурстарға, пайдалы қазбаларға өте бай ел. Алайда оның ең басты дәулеті оның еңбекқор адамдары десек қателеспейміз. Мәселен, оның халқының үш-ақ проценті ауыл шаруашылығымен айналысады, бірақ осы фермерлер бүкіл елді азық-түлікпен қамтамасыз етеді".
Газеттен
СИЫРСӘСКЕ. БЕНЗОКОЛОНКА, СУПЕРКИНОЖҰЛДЫЗ,
ТАҒЫ БАСҚА УАҚ-ТҮЙЕКТЕР
Сөзге алданып тұрып байқамапты, сылаңдаған сұр машина сып етіп келіп тоқтады да, бепілдеп қоя берді. Дональд аузындағы сөзін жұта-мұта екі өкпесін қолына алып, солай қарай ұшты. Рульде биік қабақ, қыр мұрын, қиғаш қара қас бір перизат отыр. Алай-дүлей қара шашы бұлттай бұрқырап көшеді.
— Хэлло, Донни!— Сылқым бикеш отыз екі тісін жарқыратып салды.— Үш галлон!
— Артық та емес, кем де емес, үш галлон!— Дональдтың онсыз да жіптіктей ерні ерніне тимеді. Қимылына көз ілеспейді. Шлангыны бак кемеріне ілді, қолына кілт алып, дөңгелектердің жарқыраған никель қақпағын тырс-тырс ұрып, тексергіштеп жүр. Қолы істе, аузы сөзде.
— Мисс Родриго, сіздің "Хуан Жуан жұдырықтың өліміндегі" бикешіңіз, сөз жоқ, әдемі, бірақ "Бостондық жендет" фильміндегі пуэрторикандық сылқымға кім жетер! Қыз емес, тұрған бойы мың доллар! Өліп түсесіз. Біз екі мәрте көрдік.
Темекінің хош иіс түтінін әуелете үрлеген перизат марқайып қалды.
— О, рақмет! Мұны Дональд секілді ақылды жас өспірімнен естігеніме есепсіз қуаныштымын!
— Мен сіздің шылым шекпеуіңізді қалар едім,— деді анау капотты ашып, мотордың ішек-қарнын түртпектеп жатып.
— Неге олай дедің, Донни?
— Сұлулық пен шылым бір жерге сыйыса алмайды, мен білсем. Сіз шылымсыз да тым көркемсіз, мисс Родриго!
— Донни, сен мынаны меңзеп тұрсың ба?— Кофе түстес сұлу қыз тұқылды саусақ ұшынан сырт дегізіп еді, қоқыс салатын жәшікке дәл түсті.— Бұл никотинсіз шылым... Өз-өзімді алдау үшін тартамын. Бір қорабын, міне, саған сыйлауыма болады.— Мисс Родриго сылаң етіп, алтын жазулы қорапты капот үстіне ысырып тастады.
Дональд майысып-қайыса қалды сол сәтте.
— Көп рақмет! Және де қиналмасаңыз, анау бір жазуға көз салыңызшы!
Ақан жаңа көрді: әйнекті үйдің маңдайына жарнама қағазы жапсырылыпты. Қыр арқасы арқаш-жарқаш ара тіс бір бронтозавр аузын арандай ашып, жартылай жалаңаш мисс Родригоны қылғи салайын деп тұр. Оның астына: "Нью-Йорктык монстрда" ойнаған суперкиножұлдыз Мария Родриго біздің 113-бензоколонкадан күн сайын дерлік бензин құйып алады. Ол әр тәуліктің кез келген рағат, минут, секундында бензоколонка қасына тоқтауы ықтимал. Көріп қалыңыздар, көріңіздер кино көкжиегінде жарқырай көрінген жаңа жұлдызды!" деген жазулар айқайлап тұр.
— Сөз бар ма, үлкен тапқырлық!— Родриго бикеш кабинадан қолын шығарып, баланың бетін нәзік сипап етті.— Сен менің інімнен аумайсың. Тек шашын сары, көзің көк. Ал, мына беталысыңнан таймасаң, айтпады деме, күндердің күні біздің продюсер сені реклама бөліміне бастық етіп алады.
Дональд кепкісін шешіп, реверанс жасады.
— Әрине, оны продюсерден сіз талап етсеңіз ғана!
Мисс Родриго риясыз сылқ-сылқ күлді.
— Ер жете бер, балақай. Сен өлмейсің.
— Әзірге бізді, талантыңызға табынушы 113-бензоколонканы ұмытпаңыз!— деді Дональд қолма-қол ағынан жарыла қалып.
— Реддиге сәлем айт. Мынау бензинге!— Көкқұйрық долларды ұстата берді.
Дональд қайтарым ұсынып еді, мисс азар да безер болды.
— Мен ойнайтын киноға кірерсің, Донни! Чао!
Ә дегенше сұр машина акуладай көлбей жүзіп, жалпағынан жатқан трассаға түсті, лезімде көз ұшына барып қалды.
Дональд долларды қалтасына сүңгітіп жатып:
— Біз ақша жинап жүрміз. Редди, Реджинальд екеуміз... Банкідегі ақшамыз мына шайлық доллармен екі мың болады,— деді.
— Оны қайтесіңдер?
— Біз — Редди, Вирджиния үшеуміз жинаған ақшамызға бензоколонка сатып аламыз. Әрине, мектеп бітіргесін... Өлген-тірілгенімізге қарамай күні-түні жұмыс істейміз. Тағы, тағы бензоколонка сатып аламыз, ақыр аяғы байи келе "Реджинальд және Дональд" атты фирма құрамыз. Латын Америкасынан жаңа мұнай көздерін ашамыз. Ол кезде арабтардың, советтердің...
— Советтердің?
Дональд дәнеңе болмағандай әрі қарай соза берді.
— Ол кезде арабтардың көл-көсір мұнайы таза-тақыр таусылады да, бүкіл әлем біз ашқан мұнайға көздерін сатады.
Алып танкерлер порттарда қаңқиып-қаңқиып тұр — таситын мұнай жоқ. "Боингтер" аэропорттарда қанаттары қырқылып, ұша алмайды — бензин жоқ. Жылу беретін станциялар, жүз миллиондаған трактор, автомашина — бәр-бәрі тоқтаған. Реджинальд екеуміз осынау сәтті коньюктураны пайдаланып, мұнайдың әр баррелін ... қазіргі бағасынан он еселеп қымбат сатамыз, сөйтіп шаш-етектен пайдаға батамыз.
— Бірақ... басқалардың терісін соймай сыпырасыңдар ғой?
— Конкуренция заңы, бәсеке заңы солай. Сұраныс қанша — баға да сонша.
— Ол қырғын ақшаны қайтесіңдер?
— Орны табылады. Доллар ешқашан да қалтаны теспейді.
Доллар, доллар... Өмір не боп кетті өзі? Дональдты есебін тауып сөзбен қағытып, қалай да тобықтан қаққысы келді. Дональд осыдан ашуланса, ыза болса ғана бала қалпын қайта табатындай, долларды ұмытатындай. Ал, мына Дональд бала емес, басқа бірдеңе. Бас қауашағы долларға толған өтірік бала...
— Жаңа мисс Родригоға неге жалпаңдап, жағымпаздандың?
Дональд мысқалдай да ашуланбады.
— Мисс мақтауға әбден лайық,— деді сазара түсіп.— Америка киносының орбитасына көтерілген жаңа жұлдыз... Қит етсе көз жастарын көлдетіп төгетін сантимент қыздарды ойнамайды. Бронтазаврға найза лақтырады, шпиондарды әшкерелейді. Мисс Родриго, қысқасы, бет-бәденінен ақша жасайды. Оның фигурасы, мұрны, шашы, көзі тұнып тұрған ақша. Бақайын қыбырлатып қалса, доллар сылдырап төгіледі.
— Жерді теуіп қалса, теңге шығаратын алтын елік...
— Не?
— Бізде сондай ертегі бар.
— Америка ақша жасай білетін адамдарды төбесіне көтереді.
Дональдтың бүгін ұстататын түрі жоқ. Алайда Ақан есебін тауып, білгіш баланы қайтсе де мүдірткісі бар. Шамына тию керек, шамырқанса қателесуі ықтимал.
Не болса о болсын:
— Мен сенің рекламаңнан екі бірдей кемшілік тапсам қайтесің?— деді шалқалақтап.
— Америка — демократия елі. Құлағым сенде!
— Мария Родриго өзі туралы жарнаманы неге салған беттен көрмеді?
Донни - Дональд жарнамаға бұрылып тұрып, арнайы қарады.
— Білсең айт!
— Сен жарнаманы қате ілгесін, Донни. Жолдан қиыс тұрған әйнек үйдің маңдайшасына кім назар аударады, өзің ойлашы...
Дональд оның сөзін шыдамсыздана бөліп жіберді.
— Сен менің орнымда қайтер ең?
— Мына жерге,— бензоколонка мұнарасының түбін кроссовкасының тұмсығымен түртті,— қалқан орнатар едім де, ана жарнаманы соған ілер ем. Сонсоң жарнаманың текстін өзгерту қажет.
— Неге?
— Мынау тым ұзақ. Жарнама шынайы болу керек, өтірік сөйлемеуі керек.
— О-о!— деп ысқырып жіберді Дональд.— Саған Америка игі әсер етіп жатқан секілді... Іскер балаға айналып барасың.
— "Суперкиножұлдыз Мария Родриго — біздің досымыз әрі тұрақты клиентіміз. Ол сіздерге таза ауа, ашық күн, алыс жол тілейді",— текст осылай болуға тиіс.
Дональд қолын қалтасына салып, ойланып қалды. Басын көтеріп еді, жүзі жылыпты.
— О кэй! Қателік жіберген екенмін, оны мойындай білу керек.— Сәл тұрып:— Және түзетеміз де,— деп қосты. Ақанға сыр тарта қарады.— Сені Редди екеуміз үшінші компаньон етіп алар едік.
Ақан жымиды.
— Рақмет! Мен өз мемлекетіме керекпін.
Қосыла күліп жіберді. Екеуі де араларында қатып жатқан мұздың жіби бастағанын сезді...
Сигнал үні созақтады. Машина иесі кабинада обиып отырып алған жоқ, сыртқа шығып, қисайыңқырап кеткен галстугын түзеді, шашын тарады. Қонымды сүр костюмді, орта бойлы кісі... Тіктеп түскен күн астында жирен шашы қызғылт сәуле шашып, отша жанады. Дональд жүгіре басып, жирен шашты мырзаға жетіп барды. Екеуі таныс адамдардай қолдасып амандасты.
— Хэлло, мистер Беркли!
"Беркли?! Реддидің әкесі ме бұл сонда?" деп ойлады бір шетте екшеліп тұрған Ақан.
— Хал қалай, Донни? Клиент көп пе?
— Әзірге өкпеміз жоқ. Менің бүгінгі клиентурамды мисс Родриго бастады.
— О, онда кезегің сәтті басталыпты! Анау жарнамаларың да ұнайды маған. Клиент пен доллардың исі қайдан шығады, байқаймын, сезе бастапсыңдар...
Өз елінде үлкен кісі Ақандайын баланы көрсе, қасына шақырып: "Қай ауылдансың, кімнің баласысың, атың кім?" деп, жөн-жоба сұрайтын. Жирен шаштың Ақанда жұмысы болмады.
— Үш галлон!— деп, қысқа әмір берді.
Донни автомобиль төңірегінде аз сөйлеп, көп істеп жүр.
— Редди бір сағат бұрын виллаға кетті.
— Жарты сағаттан соң кері өтуге тиіс,— деді мистер Беркли қол сағатына қарап.— Кешке дейін қалада болады. Ол алдыңғы күні покерден маған ұтылып қалған, бес доллар берешек. Қарыздың уақыты бүгін бітеді. Беркли тұқымы алмайды, алса уақытында қайтарады. Жабайы Батыс ұрпақтарының осынау жазылмаған заңын менің атымнан есіне сал.
— Құп, сэр Беркли! Сізден — үш доллар!
Мистер Беркли тығыз денесін кабинаға нығыздап тықты.
Автомобиль ұзай берді. Дональд үш долларлық жасыл құйрықты комбинезонның төс қалтасына жытырды. Шайлыққа деп берген тиын-тебенді ауаға лақтырып жіберіп қағып алды да:
— Бес-ақ цент! Тағы да миллионер дейді-ау! —деді қынжылыңқырап.
— Кім ол миллионер?
— Сэр Беркли!
Ақан айран-асыр.
— Ал, мінген машинасы, киген киімі...
Дональд құрғақ күлді.
— Неге "роллс-ройс", "кадиллак", "мерседесті" көсілтіп мінбейді, неге ағылшын шевиотынан костюм кимейді дейсің, ә? Ол кинода ғана. Өмір басқаша.
— Қалай?— деді әңкі-тәңкі болып.— Кино шын өмірді көрсетпей ме?— Іле бүгінгі ең бір аңқау да ақымақ сұрағын қойып қалғанын сезді.
— Америкада кино басқа да, өмір басқа,— Дональд ересектерше салмақтап сөйледі.— Мистер Беркли бір емес, он "кадиллакты" қосақтап қойып сатып ала алады. Бірақ ол қарапайым кісі. Жиырма долларлық костюм киеді. Шайлықты бес центтен асырмайды.
— Неге?
— Қалың көпшіліктен бөлінбеу керек. Қатардағы американдық қалай, американ миллионері солай өмір сүреді. Оның үстіне мистер Беркли подвалдан шыққан адам.
— Подвалдан?
— Бізді жасымызда ол да қолбала болған. Әр долларды кезінде үлкен мехнатпен жинаған. О, Беркли тұқымымен ойнауға болмайды. Реддидің өзі неге тұрады!
Ақан елең етті.
— Миллионер Беркли Реджинальдтің...
— Әкесі...
Ақанның аузына құм құйылып, сөзден қалды. Ой — он-ау. Басының дыңылдап кеткені сондай, бензоколонканың түбіндегі ұзыншалау орындыққа сылқ етіп отыра кетті.
— Түк түсінсем бұйырмасын. Өз баласынан покерден ұтып алған бес долларды төлесін дейді.— Дональдқа жалт қарады.— Әлде... өгей баласы ма? Асырап алған?
— Туған әкесі... Бізде доллар әкеден де, баладан да жоғары тұрады. Сонсоң болашақ бизнесмен сөзінде тұру керек.
Бензоколонкаға жеңіл машина маңдай тіреді.
Есік пен төрдей "Тойото!" Рульде түтін түстес жалпақ көзілдірікті, металл түймелі жылтыр күрткелі, оң маңдайына құлаған шашы үрпе-түрпе бір сабаз қайқиып отыр. Қасында — шашы дикобраздың тікенегіндей істиген қыз...
Дональд кабинаға еңкейіп, боздақтарға тіл қатты.
— Жол болсын, Редди! О, Вирджиния, сені әрең таныдым — бүгін өте-мөте көркемсің.
— Бензин қалай өтіп жатыр, Донни? — деді 113-колонканың болашақ қожайыны.
Донни бас бармағын шошайтты —"бес!"
— Жарайсың! Екі галлон бензин!
Адам көркі — шүберек. Манағы кепкі, джинс киген Редди бала да, мына қара былғары мен жылтыр темір құрсанған Реджинальд кәдімгі жігіт!
Дональд иек қақты.
— Ақан, бері кел!
Барды.
— Ақан...— деді інісін нұсқап.— Россиядан!—"Туысым, бауырым!" демеді.
— Редди! — Миллионердің перзенті кабина ішінен қол созды.— Сіздің елде қара орыстар да бар ма?
— Мен — қазақпын!— Ақан біреу бетіне ыстық су шашып жібергендей шалқайып қалды.
Редди оған түшіркенбеді.
— Қазақ? Россияның чиканосы ма?
Ақан ашу қысып, түтіккеннен сөйлей алмады. Чиканос кім — оны Дональд жақсылап түсіндірген. Көрші Мексикадан, Латын Америкасынан күн көру үшін қаңғып келген кембағалдарды бұл ел өстіп кемсітіп атайды.
Дональд шатақ шығып кетпесін деді, сірә, ара түсіп, жан ұшырды.
— Редди, сен қателесесің. Россияда чиканос та, ниггер де атымен жоқ. Әр тілде сөйлегенімен, бәрі де тең құқылы.
Редди: "Қазақты енді кездестірем бе, жоқ па, бір құдай біледі. Сәті түсіп тұрғанда дұрыстап көріп алайын" дегендей түтін түстес көзілдірігін көтеріңкіреп, Ақанға әуестікпен қарады. Сәл күрсінді.
— Жарайды, қазақ бола ғой. Біз, американдықтар, қайырымды халықпыз. Солай ма, Вирджиния?— Қасындағы істік шаш періштеге қарап, қышқыл күлімсіреді. Анау басын изеді.—"Сөз бар ма?"
Кіші Беркли Дональдтың қолына ақша қыстырды, қоштасудың ырымын жасады, газды басты, лезде көрген түстей, сағымдай жоқ болды.
— Бродвейге кетіп бара жатыр,— деді Ақанның американдық ағасы судай сырғыған машинаны көзімен ұзатып.
— Ол не? Парк пе?
— Кәдімгі көше... Кинотеатр, казино, аттракцион, театр — бәрі сонда.
— Сен де барасың ба? Жұмыс біткеннен кейін?— деді Ақан еш астарсыз. Өзін де ертіп ала кетсе ғой деген үміті зор.
— Бродвей — қалталылардың мекені. Әркім өз орнын білуі керек. Редди екеуміз бензоколонкада бірге жұмыс істесек те, әр жерде демаламыз, қыдырамыз. Маған Түстік Бронкстің арзан кинотеатрлары да жетеді.
Ақан, әрине, құйысқанға орынсыз қыстырылды, айтылған сөз — атылған оқ, тілін тістеді. Бір байқағаны, Дональд өтірік мақтанып көпірмейді, көлгірсімейді, барды бар, жоқты жоқ деп дәл айтады.
Иә, Американың балалары басқа екен. Дональд пен Редди мана дос, жолдас-жора еді. Жаңа, тап осы әзірде ше? Адам танығысыз. Кепкі, комбинезон киіп, бензоколонканың құлағын ұстаған Редди басқа да, шырттай киініп, "роллс-ройстың" рулінде қайқиып отырған Реджинальд басқа. Яғни сэр Беркли! Дональд оны күтуші бала! Шынында да, мұнда әркім өз орнын жақсы біледі.
— Бес-ақ цент!— деген сөз жетті. Дональд алақанындағы күміс тиынға мысқылмен қарайды.— Шайлықты айтамын да.— Дональдтың жүзіне қызыл жүгірді.— Реддидің беріп кеткені.
— Шайлыққа?
"Екеуараңа шайлық жүре ме?" деген сұрақты айтпай түсінген Дональд шарт кетті. Әліпті таяқ деп білмейтін бірінші кластың оқушысына мұғалім қалай қараса, Ақанға солай тесілді.
— Бізде басқа есеп, басқа математика. Жаңа біз оның машинасын бекер сүртіп, гайкі, вольттерін босқа тексердік пе?
— Дос емессіңдер ме?— деді Ақан қылғынып.
— Жұмысқа достық жүрмейді. Достығымызға жұмыстан тыс уақыт та жетеді. Біле білсең, біз дос та емеспіз. Біз — компаньондармыз. Болашақ компаньондармыз. Сен... сен, ең дұрысы, біздің арамызға килікпе. Бүлдіресің. Еліңе қайтқанша уағыздарың мен ақылдарыңды қалтаңа сала тұр. Америка ешкімнен ақыл сұрамайды.
Ақан амалсыз басын изеді. Дональд өте ауыр айтты, әйтсе де әділін айтты.
Бұл кішілік ұнады ма, Дональд сәл жұмсарды. Жалпы, жаман бала емес, тек қатал, қасаңдау.
— Сендерде мектепте не үйретеді өзі? Ата-аналарың ше?
— Отанды, табиғатты, ата-ана, туыс, іні, қарындастарды сүюге.
Дональд оң жағына қарап, мырс етті. Кекесін күлкі.
— Қолыңнан не келеді, болашақта кім боласың, қазір білесің бе? Мектептерің оны үйрете ме?
— Оны қалай білуге болады?— деді Ақанның көзі алайып.
— Міне, мынау арқылы білесің...— Дональд қолын созып, алақандарын жайды.— Еңбек арқылы... Менің мектебім — мынау бензоколонка!
Көзі дөңгеленіп кетті Ақанның.
— Бензоколонка — мектеп?
— Мектептен де үлкен. Мен бензоколонкада еңбек етемін. Ал еңбек мен кіммін, қолымнан не келеді, неге қабілетім бар, соны айырып береді. Коммерцияға ыңғайым бар ма, онда бензин сатып бағыңды сына. Техникаға тәуірмін бе, онда саулап келіп жатқан автомобильдердің қай жері түзік, қай жері бұзық, бірден айыруға тиіспін. Осы екеуінің қайсысына ыңғайлымын, ер жетіп бұғанам бекігенде, сол жолмен кетемін. Мистер Беркли де Реджинальдты сол үшін әдейі бензоколонкаға қойған. Бәрін де мектеп емес, еңбек айқындап береді.
Ақан тіл қатқан жоқ. Нью-Йорктік ағасының бір сөзі миына кірмейді, екіншісі кіреді. Дональд Ақаннан бір жас емес, он жас үлкен секілді. Ерте есейген. Бұл жақсы ма, жаман ба?
* * *
"Американдар, әсіресе, балаларды еңбекке тәрбиелеуге аса қатты көңіл бөледі. Олар мектеп жасынан-ақ газет-журнал сату, бензоколонкаға жәрдемші, үй қызметшісі сияқты жеңіл-желпі жұмыстарға араласа бастайды. Ал, мектепті бітіргесін көбісі ата-аналарынан ірге бөліп, пәтер жалдап, ешкімге масыл болмай, өз беттерімен тәуелсіз өмір сүре бастайды".
Газеттен
ТАҢЕРТЕҢГІ 9. АЯҚТАЛМАҒАН ХАТ. АҚАН...
Ақан Атлантиканың арғы бетіне, Сағи мен Шағиға хат жазып отыр. Бұл хат жеткенше өздері де Алматы барады, кеше кешке папасы: "Үш күннен соң Москваға ұшамыз" деген. Бірақ көргендері мен түйгендері ішіне сыймай барады, оныңды Түстік Бронксте басқа біреуге ақы беріп тыңдата алмайсың. Ал қағаз бәрін көтереді, қағаз түсінгіш, дәл қазір ақ қағаз Ақан үшін дос, жолдас және бауыр.
Көкесіне айтар еді, оның уақыты жоқ, Сардар ағаның күтім-бағымы мойнында. Қазір Сардар аға екеуі лифтпен төмен түсіп, есік алдында өткен-кеткенге қарап, әңгімені оңды-солды боратуда. Сол себепті, амал жоқ, хат жазып отыр. Бір жағы, күнделік есепті. Алматы барған соң інісі мен қарындасына оқып береді. Көңілі түссе Серік пен Сережаға да беріп қалуы ықтимал.
"Сағи, Шағи!— деп, қатаңдау бастады хатын. Өйткені ағалар қашан да қатал, бірақ әділ болу керек іні-қарындастарына.— Мамамның тілін алып жүрсіңдер ме? Балмұздақтан балмұздақ қоймай асайсыңдар, ә? Білемін, білемін, жасырмаңдар. Көріп тұрыңдар, ертең тамақтарың ісіп, ауырып қаласыңдар. Көкем жоқ, мен жоқпын ақыл айтатын. Жалғыз ілікті мамамды әбден басынып, есіріп алғансыңдар әншейін".
Қағаз бетімен сырғып келе жатқан қаламы мүдірді. Әй, мынау не өзі? Інісі мен қарындасының халін сұрау керек қой алдымен. Оның орнына жер-жебіріне жетіп, ұрсып тастады. Қой, болмайды. Бала балмұздақ жемей тұра ма. Өзі де кезінде балмұздақты оңды-солды асаған. Барған соң да қос тентекке ұрсып үлгірер. Екі көзі төрт болып, бұл жақтан жылы хабар күтіп отырса-а... Ақан Атлантиканың арғы жағынан әкіреңдеп, хат жазыпты! Қайт, қаһарыңнан, Ақанжан, ойбай, қайт! Ертең Серік пен Сергей естісе, күлкі етіп, тәлкек қылар. Одан да өздерінің аман-сау екенін неге жазбайды? Бірақ... хат жазған екенсің, соның өзі амандық емес пе. Бір пәлеге ұшыраған адам хат жаза ала ма. Екі бірдей тентекке ол жә деген аға. Көкесі мен мамасына: "Осы екеуінен көресіні көрдім. Фломастерім мен қаламымды кезек жымқырып, түк қоймайды. Мен жоқта дәптеріме шимайлап сурет салыпты" деп, торсаңдағаны үйде екен. Ойлап қараса, екеуіне өзінен басқа ақыл айтып, қамқорлық жасайтын ешкім жоқ. Ендеше, Батыс жарты шарда отырып, Шығыс жарты шарда ұйқтап жатқан Сағи мен Шағиға дүрсе қоя бергені не жорық?
"Шындарыңды айтыңдар, кәне, мамамды тыңдамай жүрген қайсың?" Қызық-ай, ә? Қаламды қолға алып еді, не кереметі бар, кім білсін, жазамын деген мың түрлі жаңалығы жайына қалды, тағы да бас салып інісі мен қарындасына ұрса жөнелді.— Диван үстінде көп алысасыңдар, ә? Еден дүрсілдеп, астындағы көршілер жүгіріп келсе қайтесіңдер? Сен ғой, Сағи, жымпиып жүріп бәрін бүлдіретін. Аңсарың ылғи да Өрнекке ауады да тұрады, ауады да тұрады. Бізді менсінбей-ақ өтіп бара жатырсың бұл өмірден. Сонда ауылдағы үй үй де, қаладағы үй мола ма?"
Қаламы қалт тоқтады. Оу, бұл болмайды! "Өтіп бара жатырсыңы" несі? Соғұрлым Сағи ертең өліп қала ма? Ырымының жаманын-ай, ә? "Қаладағы үйің мола ма?" деп кіжінгені қалай? Жаңағыларды сызып тастап, "Бізді осы неге менсінбейсің, қала десе тыжырына қалатын не жының бар?" деп жазды.
"Сағи, сен Шағиды ызаландырып жылата берме. Сен октябрятсың, ал октябрят кішкене балаларға қамқор болу керек.
Шағи әлі кішкентай, сен оның жасында нағыз қазанбұзар тентек болатынсың. Мысал есеп шығара алмай, басым қатып отыр еді, ту сыртымнан келіп, хоккей таяғымен періп кеп қалғасың. Көзім алайып, талып қалыппын".
Шүйдесі дың ете түскендей болды. Алақанымен сипап еді, тура Сағидың таяғы тиген жер...
"Биыл сен бірінші класты бітірдің. Білемін, ақылды баласың. Бет албаты арсалаңдап, шапқылай бермей, күнде кешке қарындасыңа ертегі оқып бер. Ағалы-қарындасты болып, бас түйістіріп отырып неге ертегі оқымасқа? Кезінде екеуміз де сөйткеміз..."
Мырс етіп күлді. Өтірікті шындай, ақсақты тыңдай ғып өтірік жазды... Қайдағы бас түйістіріп отырған! Сағи талайды оқытар! Қайта мұның ертегі кітабын жылап-сықтап тартып алып, содан соң бұрышқа барып, теріс қарап өзі оқитын. Ақанға: "Саған жалынсам енді! Міне, менің өзім де оқи аламын!" деп, қыр көрсеткені. Бір жолы ту сыртынан баспалап барып еді, аузын басып, мырсылдап күліп жіберді: інісі кітаптың суреттерін тоңқайтып, теріс қарата ұстап "оқып" отыр...
Қой, Нью-Йоркте отырып Алматыда жүрген інісінің шаңын қақпай-ақ қойсын. Ол шіркін: "Ақан аға Америкада, кіл мафияның ортасында не істеп жүр екен, қасында мен де жоқ көмектесетін!" деп, іштей уайым жеп жүрген шығар.
Қаламы ақ қағаз бетімен жорғалай жөнелді.
"Сен деген, Сағи, өте ақылды баласың! Өзің оны біле де бермейсің. Көкем, мамам, менің тілімді алып жүрсең, түбі сенен мықты пионер шыға ма деймін. Осыны ұмытпағын. Ал, Шағи...— дегенге келгенде жазулары алай бір, былай бір кетіп, көзге қиқы-жиқы болып, бұзылып сала берді.— Сағи, Шағи, сендерді сағындым!" Қаламын үстел үстіне домалатып тастай салып, орнынан түрегеп кетті. Көз аясы ашып барады. Кірпігінің ұшын сұқ саусағымен қағып тастап еді, дымқыл екен. Ашық тұрған балконға шықты.
...Түстік Бронкстың жеті-сегіз, он қабатты қожалақ үйлері сатылап барып, аспанмен тілдескен зәулім Манхеттенге жете жығылыпты. Ұзақ та қуатты сарын естіледі ол жақтан; мыңдаған машиналар гүрілдейді, созақтай шыққан сигналдар... Бейнебір алып үйлердің арасына мың арыстан, жүз жолбарыс жатып алып, құйрықтарымен жер сабалап, айбат шақырып, ақырып-бақырып жатқандай...
Кәрі зәңгі — негр мыж-мыж қалпағын баса киіп, ілби басып барады. Жұмыссыз... Күндегі тірлігі осы — таңертең басы ауған жаққа кетеді. Күні бойы не тындыратынын қайдам, кешке қарай сенделектеп қайтады, қарсы беттегі есік-терезесі үңірейген биік үйге кіріп кетеді. Дональд: "Орталық паркке барып, орындыққа қисайып, кәрі сүйегін күнге қыздырады, ол жерде полицей мазаламайды. Тапқан-таянғанына ауқат, сыра-пыра ішеді" дейді. Онысы рас. Кей күні аяғы аяғына шалынысып, өз-өзімен "әңгіме-дүкен құрып" бара жатады. Бәрінен айрылған — жұмыс, баспана, семья... Бұған қалғаны — тек уайым-қайғы...
Балкон, балконға ілінген кір сартылдап желпілдейді. Ортадағы кішкентай алаңқайда футбол додасы қыза түскен. Сары бас, көмірдей қара бас, көпенек-көпенек кофе түстес бас, не керек, дүниенің төрт бұрышының басы мен шашы осында. Түстік Бронксте футбол — ең арзан ойын. Топты баланың ортасында бір теңбіл доп: қотан орнындай алаңға жиналып, консерв қалбырларымен қос қақпаны белгілеп жіберсең бітті, қызық та, шыжық та осында.
Хатқа қайта үңілді. Інің мен қарындасыңды тым-тым жақсы көрсең, түбі бүлдіріп тынады екенсің. Көрмейсің бе, Нью-Йорктің жаңалықтарын жіпке тіземін деп қолына қалам алып еді, айшылық алыс жердегі Сағи мен Шағиға жын ұрып кеткендей ұрса жөнеліпті.
Құрысын, мұндай хатты жазбай-ақ қойсын. Хатсыз да Сағи мен ІІІағи мұның оларды сағынып жүргенін біледі.
* * *
"Нью-Йорктің жүрегі — Манхеттен аралы. Үндістердің тілінен аударғанда "Дөң арал" деген сөз. Кезінде, яғни 1926 жылы Вест — Индия компаниясының директоры Пьер Минюи аралды үндістерге 24 доллардың шыны сырға, алқасын беріп, сатып алған. Нью-Йорк бес ауданнан тұрады. Ең үлкені — Манхеттен, ол авеню — кварталдарға және стриттерге — көшелерге бөлінген. Манхеттеннің тура ортасында бүкіл әлемге әйгілі Орталық парк — Сентрал парк бар. Оның көлемі 336 гектар, орман, көл, жартастар табиғи қалпында сақталған. Ұлттық тарихи ескерткіш болып саналатын Сентрал парктің жобасын өткен ғасырдың ортасында Фредерик Олмстед және Калверт Во жасаған..."
Үлкен Совет Энциклопедиясынан
ТАҒЫ ДА АЛМАТЫ МЕН АУЫЛ, КӨКЕСІ, МАМАСЫ,
АТАТАЙЫ МЕН ӘЖЕТАЙЬІ, АҚАН, САҒИ МЕН ШАҒИ!
Еһе-һе, Ақанның бұл өмірде көрмеген қорлығы жоқ. Жалпы, есің бар болса, бір үйдің тұңғышы бола көрме! Түңғыш деген аш пәледен қаш пәле. Балалардың ен кішісі — кенжебай болғанға не жетсін!
Әттең, өмір шіркін дегеніңе көне бермейтін тым-тым қатал. Құрамысовтар шаңырағының тұңғышы — Ақан, ал, істеріңді істеп ал! Алай бұлқын, былай бұлқын, бәрібір, Сағи мен Шағиға аға боласың. Шағиды қойшы, өзі кішкене, өзі сондай, сондай сүйкімді. Ақан көресіні Сағидан көрді.
Оның білетіні — тартып алу. Әуелі Ақанның сәби кезінен жинаған ойыншықтарын тартып алды. Қыс кезінде Ақанның астындағы шанасы әншейін өз-өзінен інісіне ауыса кетті.
Басқасын қоя қойшы, Сағи бала Ақанның көзін бақырайтып қойып, ауылдағы атасы мен апасын тартып алды!
Ерте, ертеде көкесі мен мамасы үйленіп оқу бітіргесін, Алматыға жұмысқа қалыпты. Жыл өткенде, бақырып-шақырып Ақан дүниеге келеді. Ол кезде пәтер жоқ, екеуі жас баланы баға алмай, ауылдағы әжесі мен атасына апарып тастайды. Ақан екі жасқа дейін Өрнекте бағылып-қағылып, майрағай да тайрағай өмір сүрді. Көкесі мен мамасы пәтер ала салысымен, Ақан қалаға қайтты. Сағи едел-жедел дүниеге келді. Жасқа толмай жатып, ол да Ақан салған қасқа жолмен ауылға, ататай мен әжетайға жөнелді. Өйткені мамасы жұмысқа шығу керек. Одан ары Шағи деген сүйкімді қыз бала роддом деп аталатын "дүкеннен сатып алынды", ол да қаз-қаз басып, балалар бақшасына барды. Сонда ғана көкесі мен мамасы Сағиды алып қайту үшін Өрнекке жол тартады. Себебі Сағи мектепке бару керек.
Алматылықтар қоржындарын арқалап, сөмкелерін сүйретіп, үй-орманымен сәлем беріп кіріп барса, ататай мен әжетай еріндерін құр жыбыр еткізеді де қояды. Күйеу баласы мен қызының маңдайынан ағаш қуыршақ өпкендей көңілсіз иіскейді.
Ақан:
— Ата-оу! Әже-оу! Мен сендерге үнді шәйін әкелдім, міне, міне!— деп еді, оған да жібімеді. Бұрынғыдай айналып-толғанып, үстіне түсе қалу жоқ: "Әке-шешең, әне, соларға барып еркеле!" дегендей, сырт айналып, үй шаруасымен күйбеңдеп кетті.
Көп ұзамай дастарқан жайылып, буы мен иісі бұрқыраған үнді шәйі құйылды. Қос қарт еріндерін жіптей жымқырып, тіс жармады, бір нүктеге тесілген күйі қойылған сұраққа тақ-тұқ, там-тұмдап жауап береді, сонымен тәмам.
Сағиың бұрын ай-шайға қарамай, қоржын, сөмкеге тіке қол салатын. Бұл жолы ол жоқ. Үшеуі сонау Алматыдан оған укол салуға келген доғдырдай-ақ ерні томпайып, қашқақтай береді. Әкесі мен шешесінің алып келген жылтыр жез портфелі, қалам-қарындашы, тағы басқа асай-мүсейіне қызықпады. Атасы мен әжесі тұрса, етегіне оратылады, отырса, арқасын қалқалап, сол бір берік қорғанның арғы жағынан, "қауіпсіз аймақтан" үшеуіне үнсіз сығалап қарайды. Үлкен өзгеріс, үлкен суыну байқалғандай.
Сөздің ашығы керек, көкесі мен мамасы иесіз бөтен үйге баса-көктеп, рұқсатсыз кіріп келгендей қыбыжықтай бастады.
Қаланың әр сағат, әр минуты санаулы, жұмыс тәртібі қатал, тоқ етері, ертең астанаға қайту керек. Әкесі мен шешесі ауланың бір бұрышына барып, сыбыр-күбір, сыбыр-күбір... Ақан мамасының: "Жоқ, жоқ, алып кетеміз баланы, дұрыс тәрбие болмайды бұл жерде, шаң-тозаң, ауылдың бұзық балалары, қайдан тәрбие!" деген сөзін шала-шарпы естіді.
Сағи ел жатар кезде көрші бөлмедегі қарттардың қойнына қойып кетті. Ақан да осында, жетім баладай сонау бұрыштағы төсекте тымырайып үнсіз жатыр. Әжесі Сағиды: "Крелкім менің, қара пұшығым менің!"— деп, еркелетіп қояды. "Крелкісі" не десе, кәдімгі грелка, суық тигенде ыстық су құйып, о жер, бұ жерге басатын резина қапшық екен. Сағиым сонда кемпір-шалдың бүйірін жылытып жүрген грелкасына айналыпты. О, пәлен!
Әбден тыраңдаған "крелкі" бала бір уақта:
— Әже-оу!— деп созып салды.
— О не, құлыным?
— Мама берші!
— Оны қайтесің?
— Иіскейін.
Атасына тіл бітті сол екі арада.
— Бер енді балаға... Ұйқысы келмей жатыр...
Манадан бері онсыз да: "Өгіздей болып үлкен кісілердің қойнында жатқаны несі? Ұялмайды еще!" деп, әрі ызаланып, әрі қызғанып жатқан Ақан екі ұдай. Ертеңінде білсе, түсінбейтін түгі жоқ, Сағиекең сәби күнінен әжесінің омырауын иіскеп ұйықтайды екен. Бұзау, нағыз бұзау, одан басқа не дейсің.
Ертеңінде сөз қысқа болды.
Көкесі үстел шетінде тәп-тәртіпті боп монтиып отыр. Атасы мен әжесі шәйлерін сораптап, екі көзін босағадан бір алсайшы. Әлқиссаны шешесі бастады. Көкесі ылғи да мұндай дау-дамай шатақ шаруаны шешесіне ысыра салады. Мамалары кезінде орыс мектебін бітірген, өзі орыс тілінің маманы, бетің бар, жүзің бар демей, белінен басып, тура тарта береді. Әрі көкесі бұл үйге күйеу бала, әдеп керек, тәртіп керек.
— Папа, мама! Дастарқан шетін өтірік шұқымай, бері қараңдар!— Салған беттен еңіске салса төске озды мамасы.— Біз Сағиды алып кетеміз. Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан!— деп, оттың басын сабалай жөнелді.— Бәрібір дұрыстап оқыта алмайсыздар! Контроль жоқ, бақылау жоқ.— Мамасы апаш-құпашта "контроль" мен "бақылау" екеуі бір сөз екенін ұмытып кетіпті.— Дала безіп, қаңғып кетеді, это уж точно!
Екпінінен үй жығылатындай бұл серпінге көкесі шыдамады, қалтасынан шылым суырып, ауыз үй кетті.
— Қалада бала расписаниемен тұрады, режиммен ас ішеді. Мұғалімдер де шетінен грамотные, у всех высшее образование. Покороче, мектепте де оқиды, музыкальная школаға да береміз.
Нәті жұмсақ атасы:
— Жас баланы бірде қала, бірде дала сүйретіп, бұл не еткендерің?— деп, жылы жұмсақтай беріп еді, әжесі етегінен басып қалды.
— Тек отыр, шал! Бүгіндік бізге қалған сөз жоқ.— Қайыңның безіндей қатып-семіп қалыпты.— Бала сендердікі. Барса, ала беріңдер!— деп, төбесінен тоқ еткізді. Кесесін бес саусағының ұшында ойнатып, ләм-мимсіз отыр. Әжесі мен мамасының мінезі екінің бірі, егіздің сыңарындай ұқсас — шатақ!
Жұдырығына өтірік жөткірініп, әкесі үйге кірді.
— Сағи қайда?— деп шаншылды мамасы қосағына.
Жаңа ғана әжесінің оң қолтығының астынан сығалап қарап отырған бала — шпанский!
Сағи жоқ! Үрім-бұтағымен өре түрегеліп, сыртқа қотарыла шықты. Ататай мен әжетай ғана не аспайды, не саспайды. Бәрі етектеріне сүрініп-қабынып ауланы, бұзау қораны тінтті. Жел ұшырып әкеткендей ізім-қайым. Дүркіреп көшеге шықса... Бұлар қаладан әкелген башмағының каучук табаны ағараңдап, Сағиым мүйісті айнала зытып барады. Артына әлсін-әлі қарап қояды.
— Сағи! Тоқта!
— Кетті! Ойбу, кетті!
— Автобустан кешігеміз.
— Өй, мына бала тыңдай ма өзі?
Сағи мұны қыстырмады, шаңын әр мүйістен бір бұрқ еткізеді. Атасы мен әжесі таяқты белдеріне көлденең ұстап, артта жыбырлап келеді.
— Фермаға тартты!
— Ау, Ақан, ұста анау пәтшағарды!— деп, үн қосқансиды. Сағиды кінәлау емес, қайта қоштап келе жатқандай дауыстары әлсіреп шығады. "Алған бетіңнен жарылқасын! Саспа, алды-артыңа қарамай қаша бер!" дейтіндей. Ақан соңына бір қарағанда көріп қалды: апасы қолын алға сермелеп келеді. Сонда барып, Ақан Сағидың артына неге жалтақтап қарай беретінін ұқты. Қуын-ай, әжесі мен атасының! Қыр желкеде жыбырлап келе жатып, немереге "сигнал" беріп, қашып тығылатын жерін нұсқап, жөн-жоба көрсетіп келеді екен-ау!
Ал ауыздарымен:
— Апыр-ай, желаяғын-ай! Кетті ғой ит өлген жерге, жер түбіне!— деп, өтірік күйінетінін қайтерсің.
Сағиың құлдыраңдап қашқаннан қашып отырып, ауыл сыртындағы қалың шиге сып берді. Теңіздей толқыған көл-көсір ақбас шиден кішкене баланы іздедің не, мая арасынан ине іздедің не, екі есеп, бір қисап. Бала сол кеткеннен мол кетті. Бір топ адам ай-күннің аманында екі өкпелерін соғып, айдалада қоңыз теріп қалды.
Үшеуі кешкі автобуспен қалаға құр қол қайтты.
Мамалары айтпайды, айтса қайтпайтын, бір бет, өжет, келер аптада алыстағы ауылға білегін сыбанып жалғыз аттанды. Не дегені, Сағиды қалай қолға түсіргені белгісіз, қас қарая екі көзі домбығып іскен баланы дедектетіп жетелеп келді.
Ой, Сағи ма, Сағидың қашан қалаға сіңіп кеткенше істемегені бар ма.
Хош, сонымен Сағи қалада... Жаман түс көріп, яки сол түстен осы жаңа шошып оянғандай бір меңірею бар. Бәрі дұрыс — таңертең тұрады, киінеді, жуынады, асын ішеді, теріс қарап тоңқиып отырып, сабағын пыш-пыш қарайды. Тікелей қадап сұрақ қойсаң, ернін жыбырлатып жауап береді. Сылқылдап әрең соғып тұрған атамзаманғы ескі қабырға сағаты сияқты еш ынтасыз, салғырт, саябыр.
Мамасы:
— Бұл балаға не болған? Сөлбірейген түріне қарап, нервім келеді. Біздің тұқым мұндай емес еді. Әй, папасы, бұл сендерден жұққан кесел...— деп, көкесіне тиісіңкірейді.
Тоқ етері, Сағи қалада тек "оқу үшін" жүр. Атасы мен әжесі солай ұғындырып қойған. Мектеп бітіргесін, ит байласа тұрғысыз қалада бір күн тоқтамайды, дереу ауылға сызады. Ересек Құрамысовтарды өліп бара жатса да "көке", "мама" демейді. Теріс қарап, қолымен бүркеп отырып, ауылдағы "туған әке-шешесіне" шұқынып, хат жазады. Не жазды, айтпайды, күнара барып жатқан хаттан не оқиды, ауыл да ауыз ашпайды. Орысша айтқанда, "секрет фирмы"...
Көкесі:
— Aт айналып қазығын табады, есейген соң бәрін өзі түсінеді,— деп, мұртынан күледі.
Мамалары амалсыз:
— Мұны білгенде баяғыда ауылға апармас ем. Аузыммен тістеп, арқама салсам да өзім бақпаймын ба, шал-кемпірге де обал. Иістері сіңіп қалған ғой Сағиға. Немеренің жүзі ыстық,— дейді.
* * *
"Балалықтың не екенін шал болған кезде білерсің..."
Атаның әңгімесінен
ТАҢЕРТЕҢГІ 10. АҚАН, ДОНАЛЬД,
РЕДДИ. КОКИ, ТОЛЫҚ ПОЛИЦЕЙ
Ақан әлі де балконда. Көзі Нью-Йорктің көшесінде, көңілі — Алматыда.
Шағиды қайдам, Сағи қазір ауылдың шаңын аспанға көтеріп, әйда, бұрқылдатып жүр. Ол шіркін тағдырдың тауқыметімен Атлантиканың арғы бетіне етіп кеткен ағасын ойлай ма, жоқ па? Әй, қайдам! Олар сол минутта не көріп тұр, соны ойлайды. Алма, кәмпит, балмұздақ тұрғанда аға-жаға сияқты кәкір-шүкірді қайтсін!
Алматының көк базары бұл күнде гу-гу. Ерте пісетін асханалық алмалар баланың бүйрек бетіндей томпаяды. Анау шетте жер бүлдірген де көздің жауын алып, жайнап тұруы... Ал, тошала, қызыл тошала ше? Тісіңмен басып қалсаң, бырт етіп, қан қызыл сөлі тіл үйіретін қызыл тошала!
Медеу мен Көктөбе де араның ұясындай гуілдейді — ауылдан қыдыра келген үлкен кісілер, аталар, әжелер, абитуриенттер... Серік болса, ауылда атқа мініп, тер иісі аңқыған жалына бетін көміп, арлы-берлі ызғытып шапқылап жүр. Атасы — орденді жылқышы. Ал, Сергей Красноярскіге барып, ақ езу, ақ көбік тентек Ангараға қармақ салады, хариус аулайды. Нағашылары сонда аю, қасқыр, бұлғын, бұландарды алыстан қорып, солардың бас амандығын бағатын орманшы.
...Көңілі бұзылып, балконның бөлмеге кірді. Бір бөлмелі тақиядай үй... Сардар аға осы пәтерге айына екі жүз доллар төлейді. Бір доллар біздіңше 180 сом шамасы. Мұның қай жері екі жүз доллар, Ақан әрі ойлап, бері ойлап, миы жетпеді. Ақандар, мәселен, Алматыдағы төрт бөлмелі пәтеріне, электр қуатын қосқанда, не бары жиырма бес сом төлейді. Яғни Нью-Йорктегі бір бөлмелі пәтердің нарқынан сегіз-он есе аз. Айы екі жүз доллар пәтердің қабырғалары айғыз-айғыз кір. Линолеум еден жемтірленіп, желімі ажырай бастаған. Бұл пәтердің есігі еш жерде жоқ ғажап есік. Мүмкін, бүкіл әлемде бір-ақ дана болуы. Ашып-жапқанша қара терің шығады. Көсеудей ұзын шпингалетпен іштен бекітіледі. Ілмекті шынжыр мұның үстінде. Астылы-үстілі екі құлып және бар. Сардар аға кірген-шыққан сайын осының бәрін салдырлатып-күлдірлетіп жабады. Қалай жалықпайтынына, зерікпейтініне таң қаласың. "Қарағым, екі шоқып, бір қара, бәрін қымтап, жаба жүр" деп, Ақанның құлақ етін жеп қойды. Ақан, әзірге, обалы не керек, "екі шоқып, бір қарайды". Өйткені ағасын түсінеді.
Осы үйге соңғы бес жылда екі рет ұры түсіпті. Алатын дәнеңе жоқ, еңбектері еш болып, құр қол кетсе керек.
Сардар аға бұл дүниеге сескене, үрке қарайды. Ұйқыға сұмдық сергек. Көкесі, не Ақан түн ішінде ұйқысырап оянса, яки шөлдеп, су ішкісі келіп ас үйге беттесе, Сардар ағаның ескі диваны қолма-қол "тіріліп", сықыр ете қалады.
— Сардар ағаң соғысқа қатысқан, контузия алған. Содан қалған үрей,— дейді ертеңінде көкесі.
— Қай соғысқа? Қашан?
— Қанша соғыс бар еді? Кешегі Ұлы Отан соғысына...— дей берді де, сөз аяғын жұтып жіберді.
— Емделмей ме?
— Оны өзі біледі...—"Ендігің артық сөз, тоқтай қал" дегендей көкесінің қабағына кірбің кірді.
Дональд — Дәурен кірпияз, сырдаң. Сардар ағаның жалғызы емес, осы үйдің бір бұрышын жалдап тұрып жатқан пәтершідей саяқ. Таңертең тұрады, кофе ішеді, сэндвичін — бутербродын жейді, бензоколонка кетеді, қас қарая немесе түннің бір уағында қабағы кіртиіп, шаршап оралады. Қайда, не істеп жүр, ол айтпайды, Сардар аға сұрамайды. Әкесімен аз сөйлеседі, онда да күнделікті тіршілікке байланысты "иә", "жоқ". Екі күннің бірінде жоғалып кетеді. Ақандармен ақар-шақар араласа алмады. "Келсеңдер төр әне, кетсеңдер жолдарың әне!" шамадағы самсоз, салқын кейіп. Серігі, досы, сырласы —"Шарп" магнитофоны. Тыңдайтын әншілері санаулы — Эльвис Пресли, Майкл Джексон, Мадонна. Суреттерін түскиіз орнына іліп тастаған. Әсіресе, Эльвис Пресли десе шығарда жаны басқа. Ол кісі он шақты жыл бұрын өліп қапты. Білте-білте шашы көзін жауып, әлемде неше түсті шүберек болса, соның бәрі үстінде.
Айдаладағы ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау қызық бала.
Бүгін таңертең:
— Түске таман бензоколонкаға келерсің. Жұмыстан кейін қаланы аралатайын,— деді басқа жаққа қарап тұрып.
...Есікті екі кілтпен жапты, сыртқа шықты. Кілтті шығар ауыздың оң жағында отырған бес биенің сабасындай бақа көз негр әйелге тапсырды да, Манхеттенге беттеді. Одан метроға түсіп, қала шетіне кетеді. Бензоколонка арғы жағында тиіп тұр. Сардар ағасы мен көкесі көрінбейді. Жақын маңдағы қуыс көшелерге түсіп, серуендеп жүрсе керек.
Түстік Бронкстен өтіп, Гарлемге ендеп кірді.
Қоқыс жәшіктерінің тұсынан тыныс алмауға тырысып, жедел өтіп кетті — соңғы екі күн бойы тазаланбаған. Қаланың муниципалитіне қарасты көше сыпырушылар, қоқыс тазалаушылар жалақыға риза болмай, ереуіл үстінде. Муниципалитет өкілдері бүгін таңертең тұнжыр қабақ, шалбар бет, ауру адамдай бір бейшараларды тауып әкеліп еді, ереуіл жасаушылар жолатпай қуып тастапты. Сөйтсе, олар өмірден әбден торыққан, қорыққан алкоголик, нашақорлар екен. Жәшік төңірегі картон, түрлі қағаздардан аяқ алып жүргісіз. Анда-санда жан біткендей сытыр-сытыр қозғалып қояды: қолтоқпақтай көпек иттер мен оқтаудай тоқ мысықтар тамақ қалдықтарын жәукемдеп жатыр. Басқаны қайдам, Гарлемнің ит-мысықтары өмірге дән риза: қашанда мұрттары майланып, жүндері жылтырап жүреді. Шоқпыт-шоқпыт бір кәрі кемпір, әлде шал, қоқыс жәшігін шұқып, целлофан қапшыққа тергенін салады. Көр-жері артылған көтек арбасы қасында. Панасыз, үйсіз-күйсіз қарияның бар байлық-шайлығы, баспанасы сол қол арба.
Үй-үйдің баспалдағында жағаларына бастарын тығып, қалғып-мүлгіп отырғандар бір қауым. Газет жыртындылары әр жерде ағараңдайды. Әйнексіз терезелер төбеден үңірейе төнеді. Біразы түрлі түсті целлулоид тақтайлармен бекітілген. Муниципалитеттің "ұялған тек тұрмас" дегендей, көз алдағаны. Түн баласында мұнда жарық жанбайды. Кеудесіне жаны бар адам көшеге басты шайқап-шайқап, айналаны байқап, байқап шығады. Ал, алкаголиктер мен нашақорлар — пішен! Полицейлер бұл аймақта күндіз қолдарын резинка таяқтан, түнде пистолет кобурасынан айырмайды.
Әне, бір топ негр бозбала кока-кола, әлде сыра, мүмкін виски, бөтелкені тура аузынан кезекпен қылқылдатып ішіп тұр.
Тоқ етері, барлық жерде өмір қандай болса, Гарлемде де солай аяңдап өтіп жатыр.
Ақан аяғын тез-тез алды. Жаңағы тинэйджерлер бұған әрі қызықтай, әрі сеспен қарап қойды. Аппақ қардай тістері жарқ-жұрқ етеді. Көшенің көлеңке ұялаған аяғынан үзіліп бермейтін ұзақ гуіл, сарын жетіп тұр. 110-стриттің, яғни 110-көшенің арғы жағында атақты Манхеттен! Нью-Йорктің күн мен көлеңкесі өстіп көз ілестірмей тез алмасады. Манхеттендегі тап-таза, жап-жарық Уоллстрит, ызы-қызы, у-шу Бродвей, қара күйелеш Гарлем, әлем-жәлем қытай ауданы — Чайна таун, қиқы-жиқы түстік Бронкс — осының бәрі Нью-Йорк!
Әр бұрылысқа бір үңіліп, алақтап келе жатыр еді, дәп құлағының түбінен:
— Ей! Мистер!— деген бала үн естілді.
Негр мен латын американдықтың қаны араласқан, шоколад түстес бала... Не өзі құралпас, не бір-екі жас кіші. Екі қолын қалтасына салып, шекесінен шәниіп қарайды. Өзіне жан адамды теңгеріп тұрған жоқ. Тостаған көздері қара алмастай жарқылдайды.
— Не?— деді Ақан қобалжып.
— Кокиге қалайсың?— деді анау сағызын сартылдатып шайнап тұрып.
Түсінікті... Пионерге де жан керек, Ақанның жүрегі зу ете түсті. Мынау бала емес, нағыз қара тажал. Аман тұрғанда қос бәтеңкені қолтыққа қысып алып, табанды жалтырату керек. Анау үйлердің қалқасынан бұларды төрт-бес тинэйджер аңдып тұр — бұған бәс тігуге бар. Олар кокиді, яғни кокаинді осындай қол-аяғы жеңіл жас балаларға сатқызады. Өздері қорқады, ал, балалар ұсталғанымен, оларға сот жоқ. Кокаинді тинэйджерлерге мафиозилер береді. Түсетін пайданы қалтаға басатын да негізінен солар. Мына балаға тиетіні тиын-тебен ғана. Муллат балаға бірдеңе деп көр, қалғандары үй-үйдің қалқасынан атып шығып, демде жағыңды ұсатып қолыңа береді. Дональд таңертең сөйтіп бақай-шақайына дейін түсіндірген: "Есің бар болса, олардан аулақ жүргін!"
Дональд тағы былай дейді: "Кокаин Латын Америкасы елдерінде өседі. Қорс-қопа джунглилерде, таулы аймақтарда айналасы ат шаптырым кокаин плантациялары бар. Ертедегі үнділіктер кокаин дәнін шаршаған кезде шайнап, аз-мұз сәтке ауыр мехнаттарын ұмытқан. Сол үнділіктердің бүгінгі ұрпақтары кокаин өсіреді де, мафия оны Америкаға жасырын тасымалдап жеткізеді. Сататын да, шаш етектен бататын да сол мафиозилар".
— Шекара, таможня қайда?— дейді Ақан аэропортта қол жүктерін қандай ыждаһатпен тексергендерін еске түсіріп.
— Таможняның тамағы тесік...
...Жер түбіндегі Колумбияда, Эквадорда өсетін сол кокаин тоқсан тоғыз өткелектен өтіп келіп, міне, муллат баланың қалтасында жатыр.
Ақан басын шайқады.
— Ақшам жоқ.
Бала тіс арасынан сызылтып, шырт түкірді.
— Бруклин көпірінен автомобильмен өтсең, ақы төлейсің. Сен Гарлемде алшаңдап келе жатырсың. Кәне, санап сал алақанға жолақыны!
Ақанның жауырын тұсы жіпсіп бара жатқандай. Шаруа шатаққа айналды. Бұл көпе-көрінеу тиісу, пәле іздеу. Адырандауына қарағанда, сол кокаиннен мына бала да сау емес.
Сасқанынан:
— Мен туриспін,— деп салды.
Шоколад баланын екі көзі шоқша жайнады.
— Турист!— Аз-мұз ойланды.— Иапан?
— Совет Одағы.
— Ол қай ел?
— Бар ондай ел. Дүниежүзінің алтыдан бір бөлегі.
Жалғанның жартысын алып жатқан елден муллат бала ешбір ықпады. Жағырапияны не оқымаған, не кокаин сатамын деп жүріп шала оқыған, әйтпесе СССР-ді білмес пе еді.
— О, жақсы, өте жақсы. Алтыдан бір бөлік! Бай екенсің. Қалта қалай?— Тісін ақситып, Ақанның қалтасын сыртынан қақты. Басыну, қорлау!
Ақанның бас терісі тырысып барады. Бір нәрсе істеу керек, бірақ ол не, анық білмейді. Алматы болса не істеу керек, оны ешкімнен сұрамас еді. Нью-Йорк бөтен, жат қала. Қайткен жөн?
Сол екі арада бір ащы ысқырық құлағының қағанағын жарып жібере жаздады. Қошқыл бала жердің жарығына түсіп кеткендей жоқ болды.
Ақан есін жиғанша, жеңіл автомобиль қышқырып кеп, қасына лық тоқтады. Төбесіндегі шоқпардай күлгін жарық шыр айналып, көз жасқайды. Іштен екі полисмен қойқаң қағып түсе-түсе қалысты. Жалпақ кокардалы фуражкесінің күнқағарын көзіне түсіре киген семізшелеуі танауын аспанға көтеріп тұрып:
— Коки қайда?— деді гүр етіп.
Ақан:
— Мен коки сатпаймын,— деді.
— Жалтарма!— Семізше полисмен резина таяғымен санын сабалады.— Досың жаңа ғана қасыңда тұр еді ғой. Ол бізге баяғыдан белгілі бала. Кокиімен қосып ұстай алмай жүрміз. Роберт, кәне, кіріс!— деді иман жүзді жас полицейге иек қағып.
Полисмен деуге қимайтын жас жігіт Ақанның қалтасын сыртына аударды. Үш долларға жетер-жетпес күміс ақша жерге шашылды. Жоғарғы бұрышына Ақанның суреті жапсырылған, американдық мөр басылған қатырма қағаз қолдан қолға көшті. Семізше полисмен әріпті жаңа танып жүрген баладай қатырма қағазды ежелеп ұзақ оқыды. Ақанға Америка Құрама Штаттарына уақытша келіп қайтуға берілген рұқсат қағаз... Семізше полисмен күнқағарын сәл жоғары көтеріп, алдында жеткіншек бала емес, Марстан түскен адам тұрғандай үдірейе қарады.
— Сөндірші ана жарықты жарқылдатпай!— деп, жас серігін нығыртып алды да, Ақанға бұрылды.— Сен шынымен Россиядансың ба?
— Иә...— деді Ақан ерні дірілдеп. Ылдым-жылдым оқиғалар оны есеңгіретіп тастап еді.
— Онда неге жалғыздан жалғыз қаңғып жүрсің? Оның үстіне Гарлемде... Гарлемде жүру не, миналы алаңға аяқ басу не, бәрібір.
— Әкем бар. Түстік Бронксте. Қаланы аралап көрсем деп...
— Ондай ашық ауыз, аңқау әкеңе былай де: "Нью-Йорк анау-мынау қалжыңды көтермейді. Бейсауат уақытта бала түгіл, өзі де көшеге шықпасын". Бұл полиция инспекторының тілегі,— деп тұрды да,— бұйрығы!— деп қосты.
— Мен он үш жастамын, — деді Ақан тікіреңдеп. Жарты жасты табан астында қосып жіберді. Қай елдің шаласы болмасын, "бала" деп кеміткенді өлердей жек көреді. Ақан да сол сорттан еді.
Полисмен оған құлағын да қақпады.
— Өйтпесе әкеңе штраф салынады. Келген уақытша мерзімін де оп-оңай қысқарта саламыз. Сен, байқаймын, жалпы, жақсы жігітсің. Көзіңнен көріп тұрмын оны. Солай, ә?
Мақтағанды кім жек көрсін, оның ішінде Нью-Йорк полисмені мақтап тұрса. Ақан басын қалай изеп жібергенін байқамай қалды. Семіз полисмен оған ұнай бастап еді, "Жақсы жігіт" кім, қандай болу керек. Ол жағын ойлаған жоқ. Әйтеуір, өзін іштей жаман бала деп санамайтын.
— Қайда барасың, жүр, апарып салайық. Америка - өз қонақтарын ешкімге жәбірлетпейді және сыйлай біледі. Кейбір жас меймандары тәртіп бұзып қойса, кешіре де салады,— деп нығызданды.— Және үйінің нақ түбіне дейін аман-есен апарып тастайды. Мархабат етіңіз!— Шындаса да, әдейі істесе де, қорбаң қағып, машинаның есігін айқара ашты.
Семіз полисмен бір көрмеге қатал екен. Арғы жағы аңқылдап тұр ма дейді. Машинасына міне салса қайтеді? Күні ертең Сергей, Серіктер мынадай көрнекті полисменнің Ақанға машинасын көлденең тартып, қошемет көрсеткенін естісе ше? Естиді, Ақан аман болса, осы жуық арада естіп қалады. Естиді де, іші күйгеннен тұз жалайды.
Кенет есіне Дональд, бензоколонка сарт етіп түсе қалмасы бар ма. "Жұмыстан кейін қаланы аралаймыз" демеді ме? Анау-мынау емес, Нью-Йоркті аралайды... Мына полисмен Ақанды "жақсы жігіт" деді, ал жақсы жігіттер айтпайды, айтса кайтпайды. Кешікпей дәл уағында барады, ендеше, бензоколонкаға. Әрі онсыз да көлеңкесінен қорқатын Сардар аға полисмендер қоршаған Ақанды көрсе ше? Онсыз да әлсіз жүрегі тоқтап қалып жүрер. Көкесі де коки сататын балаға кездесіп, американ полисмендерімен тәжікелесіп қалғаны үшін басынан сипамайды.
— Рақмет, сэр...
— Сэр Рэдгрейв!— деп, күректей алақанын аямады, былқ еткізіп ұстата салды семізше полисмен.
— Сізге көптен көп рақмет, сэр Рэдгрейв!— деп, Ақан ағылшындарға тән көргенділікті барынша танытып жатыр.— Үй жақын. Өзім барамын.
Сарт та сүрт қимылдың адамы ғой, полисмен көп ойланбады:
— Дегенің болсын, мистер...
— Құрамысов!
— Мистер Құрамысоф, АҚШ-тың қоғамдық тәртібінің сақшылары сізге үйіңізге сау-саламат жетуіңізді тілейді. Және тез арада!— деп, сәл күлімсіреп, күнқағарына екі саусағын тигізді.
Машина дүр етіп, пыс жел шығарды да, жөнеп берді.
Ол жеңіл күрсінді. Қаншама сыпайы, ақ көңіл болғанмен, полисменнің аты қашан да полисмен! Бұл кісілермен алыстан сыйласқан жөн. Автомобиль ұзай беріп, тырқ етіп тоқтады. Сэр Рэдгрейв кабина есігін ашып, қолын бұлғады.
— Бір минутке!
Пәс көңілде санап басып, машинаның қасына келді.
— Шынымен... әкең жаман ойлай ма? Американ полисмендер! туралы деймін де.
Ақан жымиды — ол семізше келген американдық ағайдың неден қуыстанып отырғанын ұғып қойды.
— Жоқ, ол сіздер туралы жаман ойламайды. Ол кісі тек мен бірдеңені бүлдіріп қоя ма деп қорқады.
Полисмен көпе-көрінеу көңілденіп сала берді.
— Браво! Россияның жаужүрек полисмендеріне бізден көптен көп сәлем! Оларға қазір оңай емес. Гласность! Перестройка! Оны қолдаушы да, қарсыластар да көп,— деп анау әлемге әйгілі екі сөзді орысша акцентпен айтты. Жұдырығын жоғары көтерді.— Ынтымақтаспыз сіздерге! Тәртіп Советтерге де, Америкаға да өте, өте керек!
— Көріскенше, сау болыңыз!
* * *
"Наркомания бұл күндері оңтүстік, солтүстік американ мемлекеттерінің басын ауыртып отырған өте күрделі мәселе".
"Бүгін әлемде" телехабарынан
"ЯГУАР" ІШІНДЕП КІШКЕНЕ КҮН. АҚАН — АХАВ?
АРҒЫ ЖАҒЫ АҚЫ БЕРСЕ ДЕ ЕСІНДЕ ЖОҚ
Манхеттен ауыр тыныстап, екі иығынан әрең демалады. Ту сыртынан сигнал созақтады. Бұрылып қараса, "Ягуар" спорт машинасы. Ақан дереу тротуар шетіне ығысты. Мезетіңде кабина ішінен ақ жалын бұрқ етті де, әлдекімнің нәзік білегі көрінді. Вирджиния! Қолын бұлғап, емен-жарқын күлімдейді. Рульде, қасында жаһұт көз жас өспірім жігіт кісімсіп отыр. Ақанға сәлем беру түгіл, бұрылып та қараған жоқ, алдына бедірейе қарап отыра берді.
— Сәлеметсіз бе, мисс Беркли? Мені шақырдыңыз ба?— Ақан кабинаға еңкейді.
— Дәл сізді! Әрине, сіз мистер Құрамысоф болсаңыз...— Вирджиния бар ынты-шынтымен, нағыз американдық қыздардай жарқырай күлді. Және нағыз американдардай бірден "сен"-ге оп-оңай көшіп алды.— Мен сені Ақан деймін. Мэлвиллдың "Моби Дик" романын оқып па едің?
— Жоқ...
— Сол романда алған бетінен қайтпайтын қайсар, ағаш аяқ капитан Ахав бар.
— Ағаш аяқ?
— Қорықпа, екі аяғың да өз орнында, көріп тұрмын. Сенбесең сипап көруіңе болады.
— Расында да, орнында екен.— Ақан да әзілге ілесіп, екі аяғын кезекпе-кезек сілкілеп қойды.
— О, мен өте қуаныштымын... аяқтарыңыз үшін... Сен сол капитан Ахавқа ұқсайсың. Міне, мынадай!— Жас қыз қабағын қарс түйіп, ұртын қомпайтып, қасын қайшылады.
Ақан еріксіз күліп жіберді. Көңіл күйі көпе-көрінеу көтеріліп сала берді. Алып үйлердің ара-арасынан сыздықтап түсіп тұрған күн сәулесі секілді-ау мына Вирджиния!
— Ақан — Ахав! Маған өте ұнап тұр мына есім! О кэй!
Алматыға бара салысымен дереу оқиды "Моби Дикті!" Вика ол ағаш аяқ капитанды бекер мақтаған жоқ. Қайсар да қатал Ахав оған ұнап қалыпты! Шамасы, Ахав аға сан түрлі таңғажайып оқиғаларды бастан кешіріп, ерліктің не көкесін жасаған-ау... Қоймай жүріп оқиды ол романды!
— Қайда барасың, Ахав?— Вирджиния басын кабинадан шығарып еді, алып үйлердің ара-арасын қуалай соғып тұрған самал жел шашын тарағыштай жөнелді.
Қайда, қашан көріп еді мына қыздың екінші сыңарын? Осы жуық арада? Мисс, мисс Мария, ә, тапты, тапты, кино көгінің жаңа жұлдызы Мария Родриго! Иә, иә, екеуі бір-біріне ұқсайды! Тек түс жағынан емес. Мария Родриго тобылғы торы да, Вирджиния ақ құба... Екеуінің күлгені, мінез қылықтары ұқсайды.
— Ахав, ұйықтама!
- ?!
— Ер жүрек капитан Ахавтың компасы қай тұсты меңзеп тұр, соны білгіміз келіп еді.
— Донниға, бензоколонкаға!
— О, онда жолымыз бір, Ахав!— Қыз манағы манағы ма, енді анық күн сәулесіне айналды. "Ягуар" ішіне орнай қалған кішкене күн!— Ұлы мұхиттың жас бөрісі біздің машинамызды менсініп, міне қояр ма екен?
Ақан да бастырмалатып жатыр. Осынау қызбен тілдесетінін білгендей-ақ ағылшын тілімен алты жыл бойы бекерге айналыспапты. Соның септігі, енді, міне, мықтап тиді! Әйтпесе мына жүзіктің көзінен өткен пысық қыз қайда, Ақан қайда!
— Капитан Ахав мұхиттың төсін тілгілеп келіп, айлаққа сағат бұрын зәкір тастады. Ол, әрине, әбден шаршаған. Сондықтан ол сіз секілді көркем бикештің машинасына мініп, қыдыруға тіпті де қарсы емес.
Қыз кабина есігін айқара ашты.
— Өтінемін!
"Ягуар" машина нөпіріне қайнап араласа берді.
Бұлар жарты сағаттан соң барып құз, жартас көшелердің қыспағынан әрең сытылып шықты. Ары алты, бері алты катар асфальт жол ұзынынан ұзақ сайрап жатыр. Атақты ұлттық 16-жол! Машина құйындай ұшыртып келеді. Гуіл естілмейді, шиналар ғана естілер-естілмес сыбырлайды. Кабинадағы шағын телевизордан Луи Армстронг біресе бет-аузын тыржыңдатып, кейде көзін алайтып, саксофонын сұңқылдатады.
Ақан кенет көзін кең ашып, отырып қалды: Вика иық, кеуде тұсы жыпырлаған қызыл жұлдыз кеудешені киіп алыпты. Орақ, балға да көзіне оттай басылды. Ақан таң-тамаша, айран-асыр.
Қай жерде келе жатыр өзі, Нью-Йоркте ме, Алматыда ма? Американ қызы қызыл жұлдызды кеудешені қалай, қайдан киіп жүр? Және оған батылы қалай жетеді?
Оның әлем-тапырық өзгерісін көзі жіті қыз байқап қойды.
— Саспа, Ахав! Мен мұны сенің елің, сенін құрметің үшін бүгін әдейі кидім. Қонақ емессің бе бізге!
— Қайдан сатып алдың?— деді Ақан апалақтап.
— Қазір АҚШ-та қызыл жұлдыз, орақ-балғаның қаны жерге тимейді. Соңғы мода! Россияда көп өзгерістер болып жатыр. Біз оған қуанамыз. Ал, еркін елде — еркін мода! Не кигің келсе, сол сатылады. Тек төлейтін долларың болсын.
Ақан әрі-сәрі. Бұл бүгіндікке миы жететін шаруа емес екен — соны анық сезді. Және сезгені — Америка қысқа күнде қырық құбылатын қызық ел!
Жаһұт көз жігіт рульдің құлағына қонып алып, зымғатып келе жатыр. Бұларға көз қиығын да салмайды. Рульде адам емес, бейне бір робот отырған секілді. Осының өзі кісіні жайсыз сезімде қалдыра ма, Ақан әрі-беріден соң үнсіз қалды.
Вирджиния кабина шитінің жарқыл да жұрқыл кнопкаларының бірін басып қалып еді, ойықтан шағын бар бері айналып, шыға берді. Іші кока-кола, пепси, не қилы сусынға сықап тұр.
— Шөлдедің бе?
Қыз жауап күткен жоқ, сырты мұздай суық бір бөтелкені қолына ұстатты. Ашып еді, аузынан ақ көбігі бұрқырап, сыртына асып төгілді. Аузына апара беріп, көз құйрығымен шалып қалды: "Ягуар" Дональдтың бензоколонкасының тұсынан заулап өтіп барады...
— Донни! Редди! Әне!— деп, былдырақтауға ғана шамасы келді, кенет басы айналып, дүниенің асты үстіне шықты. Қарсы алды су астында қалғандай секунд санап бұлдыр тартып барады.
— Әй, бұл не?
Арғы жағы ақы берсе де есінде жоқ.
* * *
"Жасөспірімдердің қылмысқа араласуы АҚШ-та барған сайын қаулап келеді. Бұл фактілер соңғы жылдары біздің еліміздің бірқатар қалаларында ереуілдеп, бой көрсетуде".
"Комсомольская правда" газетінен
СӘСКЕ ТҮС, САҒАТ 2. МИСС БЕРКЛИ, АХАВ,
ТАҒЫ УАҚ-ТҮЙЕК ПЕНДЕЛЕР
— Ахав! Ахав!
Әлдекім жағын сүйкеп қана сүйкімді шапалақтады. Ыңыранды да қойды.
— Ахав! Мен Викамын, Вирджиниямын!
Бетіне су бүрікті. Ақан көзін жіпситіп ашты. Тас төбесінен мисс Беркли төніп тұр. Басы жайлап қаңғырғандай. Ернін қайшылап, күлімсіреген болды. Вирджинияға үнсіз қарап жатыр. Мынау манағы жүзінен шапақ шашқан қыз емес. Кәдімгі мисс Беркли! Шашы да жалындап, сәуле шашып тұрған түгі жоқ, күнде көшеде жүздеп көріп жүрген жалқын сары шаш. Ал, өзін, Ақанды дәу әлдекім ту сыртынан қапсыра құшақтап алып жібермейтін секілді. Креслода жатыр ма, немене? Мойнын екі жағына кезек бұрды. Мынау қай жер, құдай-ау? Өңі ме, түсі ме?
Айналасы ат шаптырым кең бөлме... Қарсы алды — үлкен видеоэкран. Оң жақ қабырғаны ала сан түрлі ғажайып балықтар ерсілі-қарсылы, жоғары-төмен бойлап жүзеді. Кейбіреуі: "Түсі бөтен қай бала өзі? Мекен-жайымызға қайдан қаңғалақтап кіріп кеттің ей, сен?!" дегендей тоқталып тұрып, түймеш көздерін дөңгелентіп Ақанға ұзақ қарайды да, көңілі қалғандай бұлаң етіп, жалт бұрылады. Сөйтсе бүкіл қабырғаны алып тұрған нән аквариум екен. Пальма тектес алып гүлдер төбені тірейді. Еденге түгі тобықтан қалы кілемдер төселген...
— Қайда жатырмын? Қалай келдім бұл жерге?
Вика бір қолымен кілем тірей, дәл қасында жантайып отыр.
— Еш қам жеме, Ахав. Бәрі де өзің. Сәл шыдасаң Редди де келіп қалар.
Жоқ, Ақан екені рас болса, "сәл шыдай алмайды!" Бұл не масқара! Мұны машина ішінде әлдене ішкізіп ұйықтатып тастап, бөтен жерге дөңбектей сүйреп алып келіпті. Ал Ақан басқа елдің, оның ішінде СССР-дің азаматы ғой!
Қорлық, сүйекке таңба бұл! Намыс керек!
Орнынан қарғып тұрайын деп бұлқынып еді, о ғажап, торға түскен тауықтай тыпырлады. Қарғып тұрмақ түгіл қолын қозғалта алсайшы. Екі білезігіне әп-әдемі екі кісен түсіп қалыпты. Тым жарасады өзіне. Екеуі де астындағы құжбан креслоның екі жақтауына мықтап бекітілген. Бір күдікпен аяғын алға созып еді, бұғау шынжыр: "Саспа, өз орнымыздамыз!" дегендей нәзік сылдырлады. Бұғаудың жіңішке шынжыры креслоның аяғына байланыпты.
Қызға бажырая қарады.
— Бұл не?
Вирджиния жауап қатпады. Орнынан лып етіп түрегелді, жас ботадай тәй-тәй басып барып, бөлменің алыс бұрышынан астылы-үстілі поднос үстелді дөңгелетіп алып келді. Жоғарғы қабаты — не түрлі алабажақ тикеткалы бөтелке, сан қилы фужерлер, астыңғысы — беті жабылған тарелка, қасық, шанышқы, пышақ, кішкене мескейлер... Қыз сырты құж-құж бөтелкенің аузын әспеттеп ашты.
— "Үлкен каньон"!— Сыртын әлпештеп сипады.— Бұл Майкл Джексонның ішетін әйгілі минералды суы...— Фужерге мөлтілдетіп құйып, Ақанның аузына тақады.— Шөлдеген шығарсың, Ахав!
Шөлдегені рас еді. Сөйтсе де қырсығып ішпеді.
— Майкл Джексон маған әдейі арнап жіберді ме бұл минералды суды?— деді жұқа әйнектей шытынап.
Вирджинияның көзі дөңгелене қалды.
— О, Мария анам! Майкл Джексонға тіл тигізбейік. Оны бүкіл әлем мойындаған. Рок музыканың тәңірі! Ол Америкаға кемінде 120 жыл жасауға уәде берді. Қазір тазартылған кислороды бар аппарат ішінде ұйықтайды. Көшеде қолына биялай киіп, аузы-мұрнын тұмылдырықтап жүреді. Микроб жұқпау үшін... Ол — мультмиллионер, оны президент Рональд Рейганның өзі қабылдап, қолын қысқан...
— Президенттің қолының микробы жұғып кетпеп пе екен?— деп қойып қалды. Тым төте, әрине. Қайт дейсің, мінез! Теңіз бөрісі Ахавтың мінезі! Викадай қыз айтқан соң, өзі шынымен Ахавқа болмаса да ұқсап баққысы бар-ау, шамасы.
Көзі әп-әдемі білезік пен бұғауға түсті, қаны басына шапты. Ең алдымен өз-өзіне ызалы. Шок, шоқ, өзіне де сол керек! Осы бір алтын шаш қыз бір-екі күлімдеп еді, бүкіл дүниені ұмытты.
Бар пәрменімен жұлқынды.
— Бұл не? Дереу босатыңдар! Әйтпесе, әйтпесе...— Әйтпесе не істейді, оны өзі де білмейді екен, бар тындырғаны, қызға өшіге кіжініп қарады.
— О, жартасқа шегеленген Прометей! Пролетариаттың бұғаудан басқа жоғалтары жоқ!— Уытты әзілі өзіне ұнап қалды ма, қыз сықылықтап күлді. Шалық күлкі... Соған қарағанда Ақанды ай-күннің аманында байлап-матап тастау Виканың өзіне де оңай тимесе керек. Ақан тұңғыш рет оған анықтап қарады. Сәл-пәл мақтаншақтау, киножұлдыздарға ұқсап баққысы келетін кәдімгі өр көкірек қыз бала... Алматыда да ондайдың оны өріп жүр. Ақан бұл қызды ақ жалын, алтын сәулеге теңеді-ау тағы. Ойнақтап жүріп от басты. Вирджинияны ақылды деп жүрсе, аяқ-қолы ғана бой жетіпті. Сықылықтап күліп еді, бітті, секундтың ішінде он үш — он төрт жасар, жеңілтектеу қыз балаға айнала салды.
— Сен қайдан білесің?
— Нені?
— Прометейді. Пролетариат бұғауын.
— О, мен сіз ойлағандай соншалықты ақылсыз емеспін, мистер Ахав!— Қыз сұқ саусағын жоғары шошайтты.— Дональд алғашқы күні-ақ Россиядан келгеніңді айтқан. Миллионер екеніңді де...
— Миллионер? Кім?— Таң қалғаны соншалық, Ақан дем ала алмай қалды.
— О, мен бәрін білемін! Қалтасы қалың адамдар ақша туралы әңгімені жақтырмайды. Өз әкем сондай. Қазір Азияда да миллионерлер көп; жапон, араб, Гонконг, сингапурлықтар.
— Дональд не деді сонда?
— Тоқта, тоқта... Міне, былай: "Бұлар завод-фабрика, колхоз, совхоз деген банкіде миллиондаған сом ақшасы бар ұйым кландарға біріккен. Оның мүшелері "Бар адам біреу үшін, біреу барлық адам үшін!" деген принципке бағынады. Біреуі аяқ астынан пәлеге ұшырап қалса, миллион сом керек болса да, бәрі көптеп-көмектесіп, ақша жинап береді".
Мән-жайға сонда барып түсінді... Бүлдірген Дональд екен: Дональд алдыңғы күні: "Ал, сендерде миллионерлер бар ма» дегенде, намысқа басып: "Бізде бәрі бар. Миллионер колхоз, совхоз, завод-фабрикалар бар, бәріміз де соған мүшеміз, олар бізді ешқашан да далаға тастамайды",— деп өжектеп бөскен.
Өкініштен креслоның жақтауын жұдырығымен ұрып-ұрып жіберді.
— Саған не болды, не болды, Ахав? Міне, су!— Вирджини фужерді мәймілдетіп әкеп тұр. Ыдысынан су леп-леп төгіледі.
— Кешір, Вика!
Миллионер қайда, бұлар қайда, тәптіштеп түсіндірсе ше қазір? Райынан тез қайтты. Бәрібір бұ қыздың құлағына бүгін ол әңгіме кірмейді. Аяқ-қолдағы әшекей бұғау, кісеннен қалай құтылады — мәселе қайда?
— Ал менің жылағым келіп отыр.— Вирджиния шашын сілкіп еді, алтын құйын орай да борай жөнелді.
— Неге?
— Кейде менің өлгім келеді...
Ауыр тыныштық орнады. Ақан қол-аяғын қозғай алмай сұлқ отыр. Өлгісі келетіні несі? Викадай қызға өлуге болмайды. Олар мәңгі-бақи қартаймай, алтын шашы күн сәулесін шағылыса жарқырап, аспан мен жердің арасында періштедей қалықтап ұшып жүруге тиіс... Викадай қыздар өліп қалса, онда Ақандар қалай жер басып жүреді?
Басының ауырып кеткендігі сондай, не болса сол болсын, ойына келген алғашқы сөзді қабырғадан қойып қалды.
— Прометей, пролетариат бұғауын қайдан білесің?
Виканың көзі жарқ етіп, күліп жіберді — бұ да жер бетіндегі барлық қыз секілді өзің мақтағанды ұнататын. Жалпы, өлгісі келетін қыздың күлкісі емес. Вика:
— Сіздерде он бес штат бар.—"Көрдің бе, мен мұны да білемін, мақтай түссең қайтеді осы?" дегендей көзін төңкерді.
— Он бес республика...
СССР мен АҚШ-тың қыздары мақтаншақтық жағынан бір біріне қалай ұқсайды, ә!
— Сіздер космосқа алғаш самғаған елсіздер. Және үлкен патриотсыздар.
Мұның бәрін қайдан білесің?— деді есепсіз таңырқаған Мектептегі мұғалімдер: "Капиталистік елдерде СССР туралы өте аз оқытылады. Оқытылған күннің өзінде СССР-дың тарихы айналдырылып теріс оқытылады" дейтін.
О, біз соңғы екі-үш жылда сіздер туралы көп-көп "Нью-Йорк таймс", "Вашингтон пост", "Нью-Йорк трибюн" газеттері СССР туралы күнде-күнде жазады. Көп-көп білемін сіздер туралы. Сіздер, мәселен, нанды кезекпен аласыздар.
— Өтірік! Шылғи өтірік!— Ақан кісен, бұғауларын сылдырмақтай шылдырлатты.
Өзі білгіштігіне өзі масайраған қыз өскен үстіне есе түсті.
— Россияда өте үлкен, өте күшті армия!
Ақан бұған қарсылық айта алмады. Мектепте: "Совет Армиясы — дүние жүзіндегі ең қуатты, ең айбынды армия" дейтіні рас.
Вирджиния өрши түсті.
— Октябрят, пионер, комсомол — бәрі де Совет Армиясының бойскауттық бөлімдері. Сіздер мектептен бастап, соғысқа ене бастайсыздар. Әрине, қазір олай емес... Армияны қысқарттыңыздар, көптеген адамды түрмеден шығардыңыздар...
Шүйдесін кресло арқалығына тіреп, жатып қалды. Бұл жерде тәжікенің пайдасы шамалы. Ауыз ауыртып керегі жоқ. Бәрі де кейін, кейін...
— Мисс Беркли, мен бұғаудан қашан босаймын?
Қыз үнсіз. Ақыр аяғында:
— Бұл ұзақ әңгіме, Ахав!— деді.— Кісен, бұғаудың кілті Реддидің қалтасында. Мен тек күтушімін.
- Күзетшімін де.
— Қалай ойласаң, солай ойла. Ақан:
— Мені тұтқындауға қандай қақыларың бар? Мен Америка азаматы емеспін. Шет елдікпін. Күні ертең бұл үшін сендерді оңдырмайды,— деп ноқ жасады.
Вирджиния көзіне шашырап түскен кекілін үрледі.
Біз — Редди, Дональд, тағы басқалар Бразилиядан болашақта жер сатып алмақпыз. Адам аяғы баспаған сельвадан.7 Бразилияда жер арзан. Әрине, колледжді бітіргесін. Колония құрамыз. Мафия, кокаин, бай, кедейі жоқ колония! Ол үшін кемінде жүз мың доллар керек. Аз-мұз ақша жинағамыз. Ол жетпейді.
— Жүз мың долларды қайдан аласыңдар?
Вика бұған: "Бұған жауапты сол сен қайтарсаң қайтеді? Сәл ойланшы, міне, міне, өзің де біліп қойдың, әне, тілің ұшында тұр ол жауап" дегендей сәл күле, сәл мысқылмен қарады.
— Мына сен ше?
— Мен не?
— Жүз мың долларды бізге сен бересің.
— Мен? Қалтамда үш-ақ доллар бар...
— Біз ақшаны сенің папаңнан аламыз.
— Әкемнен? Жүз мың доллар?!
— Ол ақшаны колхоз, совхоз, завод, фабрикадан жинап береді. Сендерде "Барлық адам біреу үшін, біреу барлық адам үшін" емес пе?
Ақанның қос шекесі солқ-солқ етеді. Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі. "Бар адам біреу үшін, біреуі бәрі үшін!" Ал, саған миллионер колхоз, совхоз! Eh, қытымыр өмір!
Қыз бұған шын жаны ашып сөйлейді.
— Ахав, сен қасара берме. Бізде ақша үшін жан пида. Әкең ақша бермесе, Реддилер сені аямайды.
Айтып айтпа, Америкамен ойнауға болмайды. Ертеңгі күнің түгіл, келесі сағат, минутыңа сеніп болмайды. Осы бүгін таңертең көңіл күйі күн шуағындай еді. Үйден қырық қадам ұзамай жатып; муллат бала тиісті, полисмендер тінтті. Одан құтылып еді, "Ягуар" ішінде ес-тұсынан танып қалды. Қол-аяғына кісен түскен түрі мынау. Әкесі қолына ұстап көрмеген жүз мың долларды жерден қазып таба ма? Ой деген бытықы-шытықы.
— Вика, не істеуім керек?
Aha! Қыздың көгілдір көзінен жасыл ұшқын шашырады.
— Сен ақылың бар баласың, мен оны баяғыда білгенмін, Ахав! Осы сұрақты қоярыңды да білгенмін. Мен қазір...
Ытып түрегеп, тайраңдай жүгіріп, қабырғамен қабырға есікке кіріп, жоқ болды. Қағаз, қалам алып, бері шықты. Үстел үстіндегі бөтелке, фужерлерді шетке ысырды, қағаз, қаламды Ақанның алдына қойды. Даусы шыңылтыр тартып, көрер көзге дәуірлеп барады.
— Былай деп жаз: "Қымбатты папа! Абыржыма, мен алыста емес, жақсы адамдардың ортасындамын. Бұларға ақша керек және өте көп! Жеке бастарына емес, қоғам игілігіне жаратады. Хат қолға тиген күні жүз мың долларды бере салыңыз. Әйтпеген күнде, әйтпегенде..."
Қыз екі қолын кеудесіне қойып, бөлме ортасында состия ойланып тұр. Әйтпегенде не болады, оны өзі де білмейді, зады. Немесе айтып жіберуге қорқып тұр — қайбір тәуір нәрсе дейсің онысы!
— "Әйтпегенде" дегенді өшіріп таста!— Қиыннан қиыстырып жол тауып кеткеніне қыз көпе-көрінеу қуанып қалды.— Папаң, сөз жоқ, ақылды адам, арғы жағын өзі де түсінеді. Мүмкін, колхоз, совхозына "ақша жібер!" деп, телеграмма соғар. Аяқ жағына анық етіп қолыңды қой, ай, күнді жаз.
Ақан өйтіп-бүйтіп уақыт ұтқысы келді. Арғы жағын көре жатар.
— Жоқ, алдымен маған кепілдік керек,— деп кергіді.— Коммуна, соммунна! Оларың — блеф! Сендер жүз мың долларға құртақандай атом бомбасын сатып алып, совет елшілігін жарып жібересіңдер. Қайда барасыңдар, күні ертең бытырлатып қолға түсіреді. Тергейді, азаптайды сендерді.— Көзінің құйрығын қызға тастады. Жан тәтті болса мынадай қоқан-лоққыдан соң райынан қайтып қалуы да...— Бомбаны кімнің ақшасына сатып алдыңдар? Біздің. Совет террористері — Құрамысовтардың қолшоқпары деп ойлайды сендерді. Ары қарай не? СССР мен АҚШ-тың арасы ұшығады.
Ақан іштей әбден шаттанып, бөсіп отыр. Қол-аяқтағы кісен, бұғауды ұмытқан. Вика айтпақтайын, ақылды жігіт екен, ойлап қараса. Өзін айтады да. Мәселені қай-қайдағыға апарып тіреді, ә! Тұтқында отырып-ақ екі державаның арасын ұшықтырып қойды. Ал, асып-саспай көр, қу қыз! Әуселеңді бір көрейік!
Расымен, Виканың қабағы кіртиіп, екі иығынан су кетіп, кәдімгідей жүдеп қалды. Енді ше! "Атом бомбасы", "террорист" кімге оңай тисін.
Әлденеге белін бекем байлады, білем, әлден уақта еденде тізесін құшақтап отырып, тез-тез сөйледі.
— Авантюра емес, авантюра емес бұл! Айттым ғой, бұл ақша игі мақсатқа жұмсалады деп. Біз көл-көсір жер сатып аламыз, оны өңдейміз, егін егеміз, әділдік пен ақиқатқа негізделген қоғам құрамыз. Өзіміз секілді ақ, адал ниет адамдарды жинаймыз жер-жерден. Сені де мүше етіп аламыз. Өтініш жасасаң... Түр, түсіңе қарамаймыз.
— Рақмет!— деді Ақан мысқылмен.— Алдымен жүз мың долларды тауып берейін де.
Өз ойына өзі еліккен қыз мұны құлағына ілмеді.
— Коммунаның атын да ойластырып қойдық.—"Сельвадағы сәуле!"
— Жүз мың долларды миллионер Берклиден неге алмайсыңдар?
Сөз бағытын әдейі басқа арнаға бұрды. Мынау бас-аяғы жоқ қып-қызыл қиял жалықтыра бастады. Бұл қыздарды түсініп болмайсың. Оқуын оқып, ата-ананың тілін алып жүреді, жүреді де, күндердің күні өстіп қай-жайдағыны қиялдап, селтеңдеп шыға келеді. Вика қандай жақсы қыз әйтпесе. Коммуна, "Сельвадағы сәуле!"... Кім нанады бұған? Вика секілді ақ көңіл, ақ жарма қыздар сенеді, бұған не дейсің?! Сенетіндігі сондай, Ақанды ұрлауға көмектескен. Тағы жақсылық жолында күресіп жүрмін деп ойлайды.
Байғұс қыз Ақанның кекесінін сезбеді, ағыла берді.
— Әкем тым қарау адам. Оған қоса біздің жоспарымызды жан адам білмеуі керек. Білсе, әкемнің өзі-ақ полицияға жеткізеді. Ол темірдей тәртіпті сүйеді.
Ақан үнсіз. "Полицияға жеткізеді", "қарау" дейді. Апыр-ау, туған әкесіне сенбей ме сонда? Әке-шешелер өз алдына, балалар өз алдына, жеке-жеке, қызыл шеке. Нью-Йорктіктерді айтады да. Ақандар ше? Мәселенки, ауылдағы атасы мен әжесі немерелері қаладан ақар-шақар бара қалса, айналып-толғанып, өліп кете жаздайды. Не түрлі құлпырып тұрған "құлыным", "жарығым", "шырағым", "айналайын"... Қыстай сақтап жүрген құрт-ірімшігін алдына шашады. Әкесі мен мамасының үйретіп жіберген тәртіптерін тәрк етіп, мысықтың баласындай майрағай да тайрағай...
Американдықтар адамды ішпей-жемей мас қылатын "айналайындарды" мүлдем білмейді. Айта берсең, сөздіктерінде жоқ. Оның орнына "мисс", "миссис", "сэр", "мистер"— кіл мырза, ханымдар...
...— Ахав, видео көрсек қайтеді?— Ұзақ қаржасудан қалжырап қалса керек, қыз бейбіт сөйледі.
Вирджиния дистанциялық басқарудың қолтоқпақтай аппаратын сырт-сырт басты. Видеоға бейне, тіл бітіп, экрандық ию-қию өмір басталып берсін. Міне, хас сұлу иегіне дейін сабын көпіршігіне малынып, шашып ойнап отыр.
Вика:
— Реклама!— деді шаршап.
Әне, рок әншілер қарғып-секіріп жүр... Космос корабльдері сеңдей соғылып, бір-бірін тырқыратып қуып барады.
— Жұлдыздар соғысы...
Мәссаған! Темір қалпақты, қызыл жұлдызды совет солдаттары... Совет танкілері американ көшелерін аяусыз таптап, бейбіт халықты алдына салып, айдап келеді. Шүңгіл көз, шаршы денелі, сақалды адам совет агрессорларын аяусыз тойтарып жүр. Арыстандай алпарысып, жолбарыстай жұлқысады жеке батырың.
— Кристоферсон...— деді Вирджиния экраннан көз алмай.
— Кім ол?
— Ұлттық қаһарман. "Америка" атты телесериал... Мынау біріншісі. Барлығы он екі серия.
— Кристоферсон бізге неге өш? Өтірік, шылғи өтірік!
— Ақша, ақша!— Шыдамсыздана тіл қатты Вирджиния.— Америка агрессор ма, Россия агрессор ма, оларға бәрібір. Доллар үшін Кристоферсон маймыл болуға да разы. Және бұл телесериал он шақты жыл бұрын түсірілген. Ол кезде біз сіздермен қатты қырғиқабақ болыппыз.
— Мынаған... сенесің бе?
Пульт шырт етіп еді, экран сөніп жүре берді.
— Кәне, сенем бе, жоқ па?— Пәле қыз екі жеп биге шықты.
Ақан төмен қарады.
— Кешір...
Экран тағы сөйледі. Төбесі көк тірейтін сабалақ-сабалақ құж маймыл аузын арандай ашып, бұларға тура ұмтылсын. Ақан еріксіз шалқайып қалды. Майлыекең қалаларды қиратып, мұхиттағы алып корабльдерді аспанға атты...
— Браво, Кинг-Конг!8 Брависсимо! Біз саған сұмдық ризамыз!
Бөлмеге қашан, қалай кіргені белгісіз, ту сырттарында шашын бұрап-бұрап, оң шекесіне салбырата жығып қойған жаһұт көз бозбала қол соғып тұр.
Вирджиния орнынан сүлесоқтау тұрды.
— Мына сэр екеумізді,— жаһұт көз иегімен Ақанды нұсқады,— оңаша қалдырсаң, мисс Беркли!
Қыз көрші бөлмеге жылыстады.
— Баланың шатты-бұтты ертегісіне уақыт өлтірмейік.— Жаһұт көз жігіт видеоны сөндіріп тастады. Екінші креслоны көтеріп әкеп, Ақанның қарсы алдына дік қойды, қолын кеудесіне, аяғын аяғына айқастырып салып, нығыздалып отырды.— Келіссөзге кірісейік. Біз түгіл, АҚШ пен сіздің республикаңыз да...
— СССР...
— Иә, екі держава да келісіп жатыр... Сол екі державаның азаматтары екеміз, ендеше, біз де ортақ тіл табайық. Қалай?— деді көзін дөңгелетіп. Қаншама жасырса да ыздиған отырысы, сыпайы, суық сөзі, сарғылт жаһұт көзі американдық вестерн фильмдеріндегі сайыпқырандарға болмаса да ұқсап бағуға тырысып отырғанын аңғартқандай.
Ақан да жібімеді. О да жерде жатқан тегін бала емес. Дәу де болса осы жаһұт көзің Ақанды ұрлауды ұйымдастырған мықтыңның нақ өзі.
— Мына әшекейді қайтеміз? Келіссөзге кереғар сияқты,— деп, шынжырды көзімен нұсқады. Ақан минут сайын ер жетіп бара жатқандай — алдында оңай жау отырған жоқ.
Жаһұт көз саспады.
— О, айыптымыз! Келіссөзді, әдетте, терезесі тең адамдар жүргізеді.— Қалтасынан кіп-кіттей кілт шығарып, қос білезіктің құлпын сырт-сырт ашты.— Ризасыз ба?
Ақан білезігін сипалап, ұйыған аяғын ортаға қарай созып салды.
— Аяқ ше? Ол да он екі мүшенің біреуі.
— Асықпаңыз,— деді бозбала,— асықпайық. Кісенді шештік. Бұғау да қашпайды. Ол өзіңізге тікелей байланысты.
— Онда бұл келіссөз емес, ультиматум.— Ақан өз-өзіне керемет сүйсінді; қызық болғанда осыған дейін өзін дәл мұндай алымды дипломат бала екемін деп ойламағантұғын.
Жаһұт көз бәрін де баяғыда ойластырып, шешіп қойса керек, міз бақпады.
— Россия емес, Америкада отырсыз. Кісен менің қолымда емес, сіздің қолыңызда. Осыны ұмытпағайсыз, сэр Ахав!
— Құлағым сізде.— Ақан да мафия, агенттер туралы фильмдерді аз көрген жоқ. Сонда ер жүрек, қайсар, текті кейіпкерлер өстіп түсін бермей, тәкаппар, әдемі өліп кетуші еді.
— Мисс Беркли біздің талап-тілегімізді жеткізген шығар?
Жаһұт көз тым сырбаз, бұл да Джеймс Бонд туралы фильмдердің түбін түсірген қасқаң болды.
— Жүз мың доллар ма?
— Иә. Бір цент артық та емес, кем де емес.
— Менің әкем жүз мың доллар түгіл, жүз доллар тауып бере алмайды.
— Ертегі!— деп ысқырынды жаһұт көз. Тез өзгерді. Астынан су шыққандай орнынан тұрып кетті — ақша мәселесі шымбайына қатты батады екен.— Өтірік айтасыз! Өте сенетін, талай рет сыналған агентіміз әкеңізге жүз мың доллар түкірумен бірдей дейді. Бүкіл әлемнің алпауыттары бізге келіп, ақша шашады. Бізге көрсеткен құрметтері есепті, әрі АҚШ-та ақша шашу — үлкен марка, жетістік!
— Біз Нью-Йоркке емес, туысымызға келдік.
Бозбаланың көзі үшкірлене қалды.
— Сонсоң салып ұрып, Лac-Вегасқа, не Гавай аралдарына беттейсіздер, ә? Рулетка, казино, алтын жағажай...
Ақан ышқынып кетті.
— Қайдағы Лас-Вегас? Қайдағы Гавай? Мен мұндай таңғажайып жер аттарын тұңғыш естіп отырмын. Менің әкем "Поршеньде" істейді.
Анау елең етті.
— "Поршень"? Ол не? Концерн бе? Әкеңіз концерн директоры ма?
— "Поршень" заводы бар болғаны. Сонда инженер. Айлығы — не бары екі жүз сом.
— Жарайды, солай-ақ болсын!— Жаһұт көз кресло қырына құйрық басты.— Сіз әдемі жалтарады екенсіз. Шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз!— Басын сәл-пәл иіп, ишара жасады.— Мұндай дарын әркімнің маңдайына жазыла бермейді.
Ақан сасайын деді. Заман не болып барады өзі? "Жануарлар дүниесінің" жетекшісі Сенкевич ана бірде: "Жолбарыс шабар алдында құйрығымен жер сабалап, көз алдайды" деп еді, жаһұт көзің сөйтіп отырмасын!
— ...Мерзім — ертең түске дейін. Өмір қымбат па, өтірік қымбат па, ойланыңыз. Уақыт жетеді. Кәне, қолыңызды!
Ойында түк жоқ, қос қолын ілгері соза берді. Жаһұт көз әп-сәтте білезікті кигізіп, сырт-сырт кілттеді.
— Ойланыңыз. Біз секілді жарлы-жақыбайлардың коммунасына жүз мың доллар жарнама қосам десеңіз, Вирджиниядай көркем қызға айтарсыз. Мерзім — бір күн! Артық тосуға мұрша жоқ. Уақыт — ақша.
Қайқаң қағып, есікке беттеді. Жан ұшыра Ақан:
— Әкем қайда? Көкем біле ме менің жағдайымды?— деді шынжырын салдырлата-гүлдірлете талпынып.
— Әкеңіз келіспей отыр, тым сараң екен. Ірі қимылға жоқ. Доллардың жүзі ыстық, ә? О жағынан бір-біріңізге айнымай тартыпсыздар. Чао!
Лыпылдай басып, қалай ыбыс-дыбыссыз кірсе, солай жоқ болды.
Ақан кресло арқалығына желкесін жастап, шалқалап жатыр. Бұл не, мафия ма? Жаһұт көзің соған келеді. Вирджиния ше? Жоқ, жоқ! Не жаһұт көздер алтын шашты қызды алдап жүр, не мықтап қорқытқан — екінің бірі. Әлде, әлде коммунасы рас па? Ондай тәуір коммунаға жүз мың долларды басынан үш айналдырып, садақа деп лақтыра салар еді, егер... көкесі шынымен миллионер болса. Көкесін қапшық-қапшық ақшаны басып отырған жуан қарын миллионер ретінде елестетіп көріп еді, ондай сурет шықпай қойды.
Сол екі арада Вирджиния бермен шықты. Жаһұт көз бұған да уағыз оқып кеткен бе, қабағы кірбің. Көзіндегі жасыл сәуле сөніпті. Дистанциялық басқаруды Ақанның оң қолтығының астына қойды да:
— Жалықсаңыз, құзырыңызда!— деді түсін бермей.
Үстел подносты иегінің астына жылжытып әкеліп, тіреп қойды.
— Тәбетіңіз ашылсын. Сэндвич, "франк" сосискасы, әр түрлі сусындар, суық тағам — қайсысын қалайсыз, бәрі осында. Ертең таңертең ыстық тағам әкелемін. Жақсы жатып, жайлы тұрыңыз!— Теріс қарап тұрып, өшіңкі үнмен:— Олар ертең түске қарай келеді.
— Қай уақыт өзі?
— Қас қарайып қалды.— Білезігіндегі сағатты алып, үстел үстіне қойды.— Ертеңге дейін!
— Көріскенше!
Жайлап басып ұзай берді де, он төрт жасар мисс Беркли екені есіне түсті, сәл шалқая кердеңдей басып жөнеп берді.
Автомобиль ішінде кока-колаға не қосып бергенін қайдам, мыңғы-дыңғы басы лықылдап алып барады. Оңаша қалғанда барып ауыр халін анық тұшынды. Көкесі не күйде? Онсыз да шошымалы Сардар аға бірдеңені бүлдірмесе жарады. Көкесі, Сардар ағасы мықтағанда полицияға хабарлар. Полиция құмырсқаның илеуіндей қайнап жатқан Нью-Йорктен Ақанды иіскеп таба ма? Сорына қарай, Шерлок Холмс пен доктор Ватсон бұл өмірде жоқ. Ол екеуі кинофильмдерде ғана ұрыдан ұры, қарыдан қары қоймай шырылдатып ұстап алады.
Шақшадай басы шарадай. Креслоның жақтауына жантайып, қалғып кетті.
***
"Американдық жас жеткіншектердің ата-анадан тым ерте ірге бөліп, жеке өмір сүруінің зиян жағы да бар: олардың біразы өскен ұясы мен ошағына бұдан былай мәңгі бақи қайтып оралмайды. Туған ортадан тым ерте қол үзу ата-ана мен баланың арасына айықпастай салқындық түсіреді. Сол себептен де кейбір қыз-жігіттер әке-шешелерінің моласына бір уыс топырақ салуға да келмейді".
"Семья и школа" журналынан
ТАҒЫ ДА СОЛ ХОЛЛ,9 ТАҒЫ ДА КҮМІС ҚОҢЫРАУ
КҮЛКІ, ТАҒЫ ДА САҒИ МЕН ШАҒИ
...Қос тұлымшағы селтиген сәби қыз сақ-сақ күледі келіп, күледі-ай! Аппақ кішкене күміс қоңырауды құлағының дәп түбінен біреу жайымен арлы-берлі тербетіп, соғып тұрғандай.
Ақан көзін ашты. Мойнын бұрып еді, Вика кілем үстінде екі тізесін құшақтап отыр. Екі көзі экранды тесіп барады. "Тізеңді құшақтама, жаман ырым!" дегісі келді де, Алматыда емес, Нью-Йоркте, тұтқында отырғанын ойлады. Әжесі баяғыда өзіне өстіп ұрсатын.
Экранда кіп-кішкене ақ үрпек қыз көк шалғынды белуардан кешіп, жүгіріп келеді. Ұйқылы-ояу жатып естіген күміс қоңырау күлкінің иесі де осы қыз бала болды. Алақанын тарбайтып жазып, қалбалақтап ұшқан ақ көбелекке тап-тап береді. Айнала толы көк гүлдер, қызыл гүлдер, не түрлі гүлдер... Аяғы шөпке оратылып қалды ма, қыз бала етпетінен түсті. Тырбаңдай тепкіленіп, пора-пора жылап жатыр. Әне, әкенің күшті де мейірімді қолдары қыз баланы жерден лып көтеріп алды, көтерді де, әуеге жайлап лақтыра бастады. Ұзын бойлы, кермиық келіншек жарқырай күліп, ауада дөңгелек айналған қызға қолын созады... Анадай жерде жеті-сегіз жасар жирен семіз бала балпаң-балпаң басып келеді. Түпсіз аспан көкпеңбек-ау, көкпеңбек. Объектив аумағында — бақытты бала, ашық аспан, дірілдей айналған шарболат күн...
Экран ағара жүдеп, сөніп кетті. Вирджиния иегін тізесіне төсеп, екі иығы шошайып, өлі экранға әлі қадала қарап отыр. Жүзі аппақ қудай. Екі тамшы жас бетін сызып барады.
Ақан ойда жоқта кресло арқалығына шүйдесін тіреп, ал қарқылдап күлсін, ал қарқылдап күлсін. Өкшесімен жер тепкілеп күлді болмағасын.
Вирджиния орнынан ұшып тұрды, Ақанның жағасынан алып, жұлқылап жатыр.
— Не болды, не болды, Ахав? Есіңді жи!
Ақан күлкісін қалай бастаса, солай кілт тыйды.
— Мен күлдім бе, Вика?— деді қызға жарымес адамдай бақырая қарап.
— Сен неге өйтесің, ә? Сен жақсы баласың, неге өйтесің, ә?— Қыз жылайын деп тұр.
Ақан қыздың қолынан ұстай алды.
— Мен әдейі күлдім, Вика!
— Неге?— Вирджиния аң-таң.
— Сен жылап жібере ме деп қорықтым. Кешір.
Қыз күліп жіберді.
— Қу бала екенсің. "Моби Диктегі" Ахав күлмейтін. Мынадай қулықпен біздің қолымызға қалай түсіп қалдың, соған таңмын.— Үй артында біреу тұрғандай сыбырлай сөйледі.— Болады мұндай сәт. Мен қызбын ғой, қыз баламын. Ал саған көп рақмет! Дер кезінде күлгенің үшін...
Жүгіре басып көрші бөлмеге беттеді. Әлденені түсініп те, түйсініп те үлгерген Ақан деп жіберді.
— Анау қыз бала... кішкене Вика ғой.
Саққұлақ қыз табандап тұрды да қалды. Жайлап бері бұрылды.
— Иә,— деді әр сөзін шегелеп. — Ол — Вирджиния... Сәби Вика. Сәби Редди. Ол кезде біз миллионер емес ек. Бақытты болатынбыз.
Жай басып, шығып кетті.
Ақан оңаша. Иә, Викаң да қапалы, оның да мұң-қайғысы бір басына жетерлік. Өйтпесе неге жылайды, неге: "Бақытты болатынбыз" деп ah ұрады? Сонда бүгінде... бақытсыз болғаны ма? Қашан еді, иә, өткен жылы бір кітаптан оқыған: "Балалық шағың қалай ит ырғылжыңмен өтсе, бүкіл өмірің де солай болады". Экрандағы кіттей Вика бақытты. Алдыңғы күнгі, кешегі, бүгінгі Вирджиния ше? "Ягуардың" ішінде алтын шашы желбіреп бара жатқан қыз... "Әкем қарау. Ол полицияға жеткізіп қояды" деп, өз әкесінен өзі қуыстанған қыз... Бүгін экранға қарап, көз жасын үнсіз бұлаған қыз... Үш Вика — үш түрлі.
Экрандағы күміс қоңырау күлкі қыз Шағиға да ұқсап кеткендей. Кішкене Вика — ақ құба, алтын шаш, Шағи — тобылғы торы, қара шаш. Айырмашылығы сол ғана. Адамның түсінде тұрған мәселе жоқ. Аққұба Вирджиния да, тобылғы торы Шағи да бірдей күледі, қуанады, жылайды.
Сағи ше? О, Сағи інішегі де ұпайынан қағылатын бала емес, қулығы бір басына жетеді. Бірақ Шағидай орнын тауып, әдемі еркелеу түсіп қалып па оған! Ересек балаға қайтадан сәби болу жоқ екен. Сағиекең оны, сорына қарай, ұға қоймады. Қаншама қатырып еркеледім десе де, бір жерінен шиі шығып, жасанды болады да тұрады. Екі дүниеде ақылмен еркелеу мүмкін емес.
Қарындасының еңбектегенін алғаш көрген — Сағи! Шағи жатын бөлмеде танауы пысылдап, өз ернін өзі шөп-шөп еміп, ұйқтап жатқан. Қасындағы тахтада Сағи тырайып жатыр. Күн жексенбі. Көкесі, мамасы, Ақан үшеуі ас үйде шүңкілдесіп, таңертеңгі шайды алдарына жаңа ала берген. Бір уақта Сағи ас үйге трусишең, мәйкішең күйі тасыр-тұсыр ентігіп жүгіріп келді. Екі көзі алақандай.
— О не? Не болды?
— Мама, мама, Шағи қой секілді жүріп, жайылып жүр!
Бәрі шайды тастай-мастай жатынжайға жүгірді. Шағи оянып кетіп, төсектен құлап кетті ме, әлде төсектің шарбағына аяғын қыстырып алды ма дегенде зәре жоқ. Бекер үркіпті. Шағи бір жығылып, екі еңсесін көтеріп, еденде төрт аяқтап еңбектеп жүр. Төсектен өзі сыпырылып түсіпті.
Әйтпесе мына жағдай... Ауылға бір барған тұсында көкесі күліп келген: ол кезде Сағи атасы мен әжесінің "Ah!" дегенде ауыздарынан түсе қалған "бел баласы". "Сонымен көкесі автобустан түсіп, үйге тақай берсе, Сағи қора-қопсы маңында, беті қарала-торала, жеңімен суағарын алай бір, былай бір осып тастап ойнап жүр дейді. Анадай жерде, үй алдындағы сәкіде апасы ұршық иіріп отыр. Беліне кір жаятын ұзын, жіңішке жіпті айқара байлап алыпты. Екінші ұшы Сағидың белінде. Таң-тамаша көкесі:
— Мынауыңыз не, мама? (Көрдің бе, көкесінің де мамасы бар!) Тартыспақ ойнап жүрсіздер ме?— деп күлсе, әжей:
— Бір бала бір кемпірді өлтіріпті. Саған күлкі, маған түрпі. Мына Сағи деген жердің құрты аяғы шығып, пәле болды. Бір құлдыраңдап шауып кетсе, жуыр маңда жеткізбейді. Кеше бейуақта ұстатпай, бұрылыстан шыға келген машинаның астына кіріп кете жаздағаны. Амалын таптым, өстіп арқандап, бір ұшын өзіме байлап қоямын. Арқандаулы бұзаудай бұл менен кетпейді, қағылған қазықтай мен де орнымнан жылжымаймын,— депті.
...Сағидың ауылдан жаңа келген "жабайы" кезі. Күн жеген, беті торлама қауындай жарылған, сеп-семіз, мәйекті қарадомалақ бала. Шатақ іздеп, алақ-жұлақ етеді. Шағи апың-тапың жүгіріп жүр, ол да соқтығарға жан таба алмай, күні бойы әлекедей жаланады. "Мынау қожалақ бала біздің тап-таза үйімізге қайдан кіріп келді өзі?" дегендей, Сағиға әрі үркіп, әрі менсінбей қарайды. Сағи да шашы-көзі қара, үсті-басы жұнттай қыз балаға: "Осы сен біреуге ұқсайтын секілдісің. "Кімге екен, ә?" дегендей, әрі таңдана, әрі тосырқай қарайды. "Маған ұқсай ма, ей, өзі? О пәлесін!" дей ме, шарайнаға көзінің қиығымен қарап қояды.
Үй Шағидікі, бір иығы қалай да жоғары, алдымен шабуылдады.
— Сендерде телевизор бар ма?
Сағи беріспеді.
— Бар,— деді күшеніп.— Ауылдағы магазинде тұр.
...Бір күні таңертең — күн сенбі — бәрі шоқтай үйіріліп, теледидардан "Таңертеңгілік почтаны" көздерімен ішіп-жеп отырған. Мамасы қызық концертті қимай, дастарқанды маңғұлдың атындай жатаған журнал үстеліне жая салған. Иісі көш құлаш жерден бұрқыраған тұшпара алдарында. Ұйқыдан жаңа тұрды ма, Сағи көзін уқалап, бөлмеге кіріп келді. Тұшпараны көре сала кемсеңдеп қоя берді.
— Тұшпара...
Теледидарға бетімен жабысып отырған мамасы мойын бұрмады.
— Ac үйден ыдысыңды алып келе ғой,— деді. "Беті-қолыңды жу!"— деп ескертуді де ұмытып кетті.
— Міне, ыдысым!
Бәрі жалт қараса... Сағиекең дәу мескейді көтеріп, есік көзінде шәниіп тұр.
...Сағи мектепке барған алғашқы жылы өнер шығарды. Бір күні класта сабақтан әбден зерігіп, терезеден сыртқа қалжырай қарап, ауылын сағынып сарғайып отырған ғой. Ол сағынышы қалаға келгеніне жарты жыл өтсе де, таусылатын түрі жоқ, не жазылмайтын, не қоймайтын сары ауру сияқты бірдеңе. Класс, мұғалім, балалар — бәрі де ұмыт. Ол тек ауылды ойша сығалап көріп отыр. Әне, ауыл шіркін тамылжып тұр, ауылда — көктем! Көкек шақырады. Қарға қарқылдап, сауысқан шықылықтап, торғайлар өзара төбелесіп, мәре-сәре. Ит екеш иттерге дейін арсалақтап, бәйгелетіп шапқылап жүр. Неге шапқылап жүр, оны өздері де білмейді. Ата-әжелер күншуаққа бір кісідей шығып кеткен; атам заманғы өткен-кеткенді қозғап, гу-гу етеді. Ауыл шетіне егіс даласы тиіп тұр, Хайдар аға тракторын күні бойы гүрілдетіп, жер жыртады. Ал, өзі құралпас Дүйсен, Қошқарбай, Айбектерді айтсайшы. Ләңгіні сартылдатып соғып, тақыр үстінде асық көздеп, шыр-шыр ұшырады. Аспан астын сызған ала доп дүңк-дүңк етеді.
Сағиым сол жерде қалай да кластан шығып, ойнағысы кеп кетеді. Сылтауды ақыры тауыпты. Сәуірдің жомарт күнінің бір құшақ шағырмақ сәулесі Сағиға тура дәлдеп түсіп тұрған ғой. Сол күншуаққа торсықтай шекесін былай бұрып, алай бұрып, кезегімен ал, тоссын, ал, тоссын. Әбден ыстық өтіп, шекесі мейлінше қызды-ау деген кезде, қолын шошайтып көтеріпті.
— Иә, Құрамысов?
— Рақима Айдаровна, мен ауырып тұрмын,— дейді Сағи сәл сөйлеп.
— Расымен алаулап, қызарып тұрсың. Бері келе ғой!
Сағи аяғын сүйрете басып жақындайды. Рахима Айдаровна маңдайына алақанын басады. Шынында да, маңдайы маңдай емес, өрт!
Мұғалима:
— Үйге бара ғой, Сағи. Мамаңа сәлем айт: дереу емханаға апарсын. Байқа, жолда құлап қалма. Әлде қасыңа бала қосып жіберейін бе?— деп, бәйек болады.
Сағидың қос құлағы едірейе қалады. "Бала қосып жіберейін бе?" Алтын сөз! Сыртқа шығуын шығады-ау, әйтсе де ойнасаң ойының, сөйлессең сөзің жарасатын дос керек. Сағи ойнағанда дал-дұлыңды шығарып беретін бір тентек баланы нұсқайды. Ол да бірдеңені дәметкендей бұған жылтырап қарап қалыпты.
— Ойнаров апарсын. Ол біздің үйдің қасында тұрады.
...Ата-аналар жиналысына барған көкесіне мұғалимасы былай депті.
— Сөмкесін Ойнаров көтеріп, өзі ілби басып, қабағы кіртиіп, кластан әрең шығып еді. Рұқсатымды беруін берсем де: "Трамвайға мінді ме, жоқ па? Жолшыбай әлденеге ұшырап қалмаса игі!" деп, ішімді жиып, іле іздерін ала шықсам... таң қалғанымнан тілім байланып қалды. Ауру Сағиым аулада, "Қалқам шіркін, қалқам шіркін, көзіңнен, қади-дау!" деп, айқай салып әндетіп, сөмкесін аспанға лақтырып, қарғып секіріп жүр...
Сағи ма, бұл Сағи үндемей жүріп, "жөлік" бала ғой. (Жақсы көрген соң айтады да. Әйтпесе оған нағыз жөліктерге жету қайда!)
Өткен оқу жылының алғашқы күні бір радио тілші Сағилардың класына кіріп келмей ме. Магнитофоны мойнында, тағы басқа алпыншақ-салпыншағы бойында. Оқушылар мазасыз. Енді ше! Тілші апай интервью алады! Шуақты жазды кім қалай өткізді, соны асырмай, жасырмай айтып беру керек. Ол интервью жерде қалмайды, ертең түсте республикалық радиодан оқылады.
Кезек тықыршыған Сағиға да келеді-ау. Тілші апай қол басындай микрофонды нұсқап:
— Сенің сөзіңді күні ертең ауылдағы ата, әжең, жора-жолдастарың қаз-қалпында тыңдайды. Қысылма, қымтырылма, еркін сөйле. Өзің, мәселен, дәл қазір алдыңда атаң мен әжең отыр деп елестетіп көрші,— дейді қолтығына су бүркіп.
— Елестеттім,— дейді Сағи маңғазданып.
— Елестетсең, сол ата-әжеңмен таңертеңгі шай үстінде қалай әңгімелесуші ең?
— Шүңкілдесіп әңгімелесеміз.
— Ендеше, сөйте ғой.
Сағи баяғысында бүй деп "шүңкілдепті".
"Мен жаздыгүні ауылда болдым. Қаладан бара сала көрші Хайдар ағаға: "Осы мен кімнің баласымын? Шыныңызды айтыңызшы!" деп жата жабыстым. Хайдар аға қарқылдап күлді. "Сен Қизаттың, Әсияның баласысың". Ататай мен әжетайды айтады да. "Басқалардың былшылына сенбе. Кішкене кезіңнен жаялығыңды жуып, түн ұйқысын төрт бөліп осылар өсірген. Әрі-беріден кейін бала тапқандікі емес, баққандікі". Мен қатты қуандым. Дариға апайдан да (Хайдар ағаның үйіндегі апай) сұрадым: "Кімнің баласымын?" деп. Хайдар ағаға кейде сенбеймін, анда-санда ішеді. Сол жолы да көзі үшкірейіп, қызыңқырап тұрды. Дариға ағай: "Әкәм, мына бала не деп тұр? "Кімнің баласымыны" несі? Кемпір мен шалдың баласысың!— деді.— Қаладағы көкең, мамаң айта береді, оларды тыңдама",— деді. Иә, оларды мен былай да тыңдағым кеп жүрген жоқ. Мен атам, әжем баласы екенмін. Оған көзім анық жетті. Қаладағы көке, мама әншейін аға, жеңге. Әжем: "Оларды көке, мамам деп, мәз қып, оқуыңды оқи бер. Кейін, мектебіңді бітіргесін, құлыным, сені өз қолымызға аламыз. Хайдар ағаң секілді әлі-ақ дөдеттетіп трәктір айдайсың",— деді.
Сағидың көлиіп бара жатқанын сезген тілші апай төтеннен килігеді.
— Сағи, ата, әжеңді, ауылыңды айрықша жақсы көреді екенсің, оған көзіміз бек жетті. Радио тыңдаушы құрдас-құрбыларыңа жазғы демалысыңды қалай өткіздің, соны айтып берші,— деп, түзу жолға қақпақылдап салуға тырысады.
Әбден алабұртып, қызып алған бала іркіле ме.
"О-о! Қатырдым демалысты. Қасқа бұзауға бас үйреттім. Суға сүңгуді үйрендім. Суға сүңгу оңай емес. Шекемді су түбіндегі тасқа оңдырмай соғып алдым. Бір апта шоқпардай болып ісіп жүрді. Дәл қасымнан су жылан ирелеңдеп жүзіп өтті. Басын қақшитып көтеріп алыпты. Өй, қорыққаным-ай! Қайбіреулердей бақырып айқайламадым. Айқайлай бергенде ін екен деп, аузыма сып беріп, өліп кетсем қайтемін? Өліп кетсем, ата, әжем де қайғыдан өледі. Тағы не? Ә, тауға барып, бүлдірген тердік. Біразын аю жеп, қалғанын таптап кетіпті.
Күзге қарай қаладағы аға, жеңгем бірдеңені жоғалтқандай алқынып жетті. Маған ылғи өтірік күліп, өтірік сөйлейді. Оңашада: "Кәне, бізді папа, мама деші, кәне, көке, мама деші!"— деп, үгіттеді. Мен безеріп, үндемей тұрып алдым. Бұлардан тумасам, қалай көке, мама деймін. Тапқан тегін баланы! Әжетайым да бәрін біліп-сезіп жүр ғой, жат та ашуланды: "Бұлар қайсыбір бізді өліп-өшіп сағынды дейсің. Еттері таусылып қалған, сонсоң өтірік аңырап жетіп келген де". Гәп қайда, атам айтпақтайын. Бәрібір олар мені қалаға ухит-сухит деп алып кетті. Бір шабадан еттері тағы бар. Маған деп әжем салып берді. Автобусқа мінерде әжеме бір, атама бір қарап ем, олар теріс айналды. Ухит-сухит екеуіне мені қалай беріп қойды, өзім де білмеймін.
Ататай, әжетай! Мені тезірек алып кетіңіздер. Шағи деген бір жапырақ қыз күн көрсетер емес. Қағаз-қарындашымды тығып қояды. Кеше бір көзі, бір аяғы жоқ біреуді шимайлап салды да: "Бұл — сенсің!"— деді. Әпкеме айтып ем: "Шағи сені жақсы көргеннен салды. Қарындасыңның үстінен шағым айтпа!"— деді. Қайдағы қарындас! Қарындас болса мені әдемі ғып салмай ма! Өтірік, өтірік бәрі! Вот так! (Ауладағы орыс балаларынан үйренгені)".
Мұндай ағынан жарылған шыншыл интервьюді тілші апай, неге екені белгісіз, эфирге жібере алмайды. Көзінен жасы аққанша күліп-күліп, кассетаны класс жетекшісіне тастап кеткен. Мұғалима: "Мә, алыңыздар, ескерткіш болсын. Сағидың мектеп бітірген кешінде тыңдарсыздар",— деп, ол кассетаны Сағидың көке, мамасына берген. Олар үйге бара кассетаны магнитофонға салып, тыңдап кеп жіберсін. Сағиды шақырып алып, қастарына отырғызып қойған: "Өз дауысыңды ести ғой, қызық болады". Темір маг кімді аясын, Сағидың даусымен көптеген шындықтарды айтып салады. Қызық шыжыққа айналады, көкесі мен мамасы шалқаларынан түсе жаздайды. Сағи барқырап жылап, ауыз үйге қашады.
Ертеңінде Сағи аузы томпайып, сөмкесін арқалап мектеп кетеді. Сол кеткеннен мол жоғалады. Түстен кейін көкесі жұмыстан сұранып мектебіне барса, жоқ та жоқ. Класс жетекшісі: "Сағи сабаққа келмеді ғой. Ауырып жатыр ма?"— дейді. Көкесі біреу тас төбеден қос қолдап ұрып жібергендей бір орында тұрып қалады. Ал содан екі етекті белге түріп баланы іздесін. Жоқ! Милицияға телефон шалады, "Жедел жәрдем" станциясынан іздейді. Суға батқан тастай үшті-күйлі жоқ. Мамасы басын орамалмен шарта танып, үһілеп жатып қалады. Көкесі ит жылы тастап кеткен шылымын қайта бұрқыратады.
Содан не керек, түнгі сағат он кезінде телефон шылдырласын. Және ұзақ, ұзақ... Қалааралық телефон! Мамасы жұлып алса... әжесі! Ауылдағы байланыс бөлімшесінен соғып тұр.
— Сағи құлыным бізде...
— Ойбай-ау, ол көкешім сіздерге қайдан барды? Бүгін таңертең ғана бізде еді.
— Кешке таман келді. Хайдар ағасы кеше таңертең қала кетпей ме. Қыздары шетінен бұлбұл құстай сайраған өнерпаз. Ана бір Алуа деген сүт кенжесін ән-күй мектебіне орналастырам деді ме, ие, сөйтіп жүрген. Анда-санда тура жолдан ауытқып кететіні болмаса, пысық қой, Хайдар бала пысық... Қоямын деп жүр ит ішкірін, қояды ғой, қоймай қайда барады ана көген көздері жаудырап-жаудырап тұрғанда. Нәті жақсы бала.
— Ой, мама, Хайдар-Сайдарыңызды қоя тұрыңызшы! Сағи қайда?
Сол кезде көкелері әңгіме тереңдеп бара жатқанын сезіп, тұтқаны өзі алады.
— Иә, иә, мама, айта беріңіз...
— Мен де сол Сағижанымның жағдайын айтып тұрмаймын ба. Бала қатты жүдепті. Оқу-тоқу деп миын шұқып жеп қойғансыңдар ғой. Ана қызға (мамасы да) айт, бүйте берсе, ауылға келгенде шашын жұлып, қолына беремін.
— Қызыңызға мен де ұрсып жатырмын, мама. Сағи қайда, Сағи?
— Содан бүгін кешке Хайдар қарғам ауылға қайтпай ма. Вокзәлдан Сағи жарығымды көріпті. Кассир апайына ақша тықпалап: "Өрнекке дейін бір билет!"— деп, жалынып тұр дейді. Алда қарағым-ай, бізді өліп-өшіп әбден сағынған ғой!
Мамасы маңдайын баса тартып алған орамалын сыпырып тастайды, көкесінің қолынан тұтқаны жұлып алады.
— Қарағым-сарағымды қоя тұрыңызшы. Сіздер сол баланы көкешім, көгершінім деп бұзып жүрген.
— Енді өлгенде көрген сүт кенжеміз...
— Сағи біздің бала, естіп тұрсыз ба, біздің бала!— деп жіберді мамасы. Ол кісі ашуланса судай қазақшаға көшетін.
— Е-е!— дейді апасы екі жүз шақырым жерден күрсініп.— Сендердің көңілдерің қалада, баланың көңілі далада. "Оқытамыз, тоқытамыз" деген соң, жылай-жылай беріп ек баланы...
— Қайда өзі?
— Үйде. Құрт пен майды сағынып қалыпты...
— Қоя тұрыңызшы құрт пен майыңызды. Құрт-майыңыз қайда қашады. Қайда қоярыңызды білмей отырсаңыз, жіберіңіз бізге. Бала, бала қашып отыр бізден, естисіз бе? Телефонға неге келмейді өзі?
— Қорқады, құлыным. Қит етсе ақырып-жекіріп, әбден жаныштап, жаман қып жіберіпсіңдер жарығымды.
— Салып жібересіздер ертең автобуспен.
— Қайда?
— Бізге, бізге. Оқуы қалып барады.
Апасы сабырлы.
— Баланың өзі барса, ала беріңдер.
— Ойбу, мен не деймін, сіз не дейсіз? Папам қайда, телефонды папама беріңізші.
— Е, ол шал қайда кетуші еді. "Ақырзаман емес, соғыс емес, бала мен атаны екіге айырғаның бұл не еткенің, жаратқан?" деп, Сағиды құшақтап...
— Бүгін, осы қазір қайда?
— Бүгін не істеуші еді, Сағи екеуі үйде асық ойнап отыр...
Өстіп-өстіп ары қарай да кете барады.
Бұл итіс-тартыс, ауылға қашу мен қалаға келу қашан бітеді, әзірге беймәлім. Оны ауылдағы ататай мен әжетай да, қаладағы көкесі мен мамасы да, керек десе Сағидың өзі де білмейді.
Ал, Шағи... оған ұрса да алмайсың. Дұрысы, ұрысқың келмейді. Өйткені келістіріп еркелейді. Сағидай емес, өзі ептеп менменшіл, пайдакүнем. "Ары тұр", "бері тұр", "аяқ-табаққа тиіспе", "теледидар, радиоланы шұқыма" деген үй ішіндік жазылмаған ережелерді еркелеп жүріп бұза салады. Бәрі жарасымды, табиғи. Сағи осы табиғилықты қарындасынан, қара басқанда, қызғанады. Кейде Ақанға арбаңдап еркелейтіні бар; Шағидан көргені. Тәртедей қол-аяғы Ақанның иегіне, көзіне тиіп кете ме, әйтеуір, бір одағайлық көрініп тұрады.
Шағи балалар бақшасын жақтырмайды. Таңғы ұйқы тәтті — бір, екіншіден, балалар бақшасы айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүрмейді. Қайта өзің тәрбиешілердің дегеніне көнуің керек.
Бір күні таңертең мамасы оятып еді, көзі кіртиіп, ыстығы көтеріліп тұр екен. Сәл отырды да, төсегіне қайта қисая кетті..
Үш баланың ауру-сырқауынан әбден зәтте болған мамасы шыр-пыр.
— Ойбу, қызыма суық тиіпті. Холодильниктен сүт, айран ішкізбе деп қақсаймын, қақсаймын, оң құлағыңнан кіріп, сол құлағыңнан шығып кетеді,— деп, көкесіне алайды.— Кеше көшеге шығып еңдер, сен бе колонкадан су берген?— деп, ұйқысын аша алмай, шалбарын теріс киіп отырған Сағиға да дүрсе қоя берді.
Үй іші әптер-тәптер, у-шу.
Аман тұрғандарында көкесі заводқа, Ақан мен Сағи мектепке тайды.
Учаскелік балалар дәрігері келеді едел-жедел. Екі беті алмадай Шағи көрпені иегіне дейін тартып алып, танауы пысылдап ұйқыны соғып жатыр. Оятады, Шағи бақырайған көзін дәрігерден айырсашы — қорқып отыр.
Укол есіне түскенде Шағи жайлап сыңси бастайды, оның аяғы кәдімгідей ботадай боздауға ұласады.
— Тымауратып қалдың ба, Шағи?
Азар да безер болып, басын шайқады.
— Тамағың ауыра ма?
— Жоқ.
— Басың?
— Іһм-м...
— Айтсаңшы енді, қай жерің ауыратынын, таңертең екі аяғымызды бір етікке тығып ең,— деп тызақтайды мамасы.
— Мен ауырған жоқпын.
Дәрігер де абыржып сасады.
— Мә, ендеше, қолтығыңа градусник сала ғой...
Градусник салса, дұп-дұрыс, 36! Дәрігер күліп жібереді.
Шағидың қулығы бесенеден белгілі. Ауырған жоқпын десе ащы дәрілер ішпейді, ең бастысы, маядай бақыртып, арқасына укол салмайды. Пәледен машайық қашып құтылыпты деп жасаған амалы.
...Шағи екі жаста. Апыл-тапыл басып, төрт бөлмені түгел кыдырып, "қаңғыбас болып" кеткен. Тілі шыға бастаған. Көкелері заводтың жолдамасымен Мәскеуде оқуда. Шағи бір күні ас үйдегі үстел астына кіріп, шкафтардың қақпағын сарт-сұрт ашып, ішін қарайды. Ой үстінде.
— Папа жоқ!— деп, алақанын жаяды.
Қалтақтай басып жатынжайға кіреді. Киім ілетін шифоньердің есігін ашып, оған да басын сұғады. Тағы да алақанын жаяды.
— Папа жоқ!
Тумбочкалардың суырмаларына дейін ашып, адақтап шығады.
— Папа жоқ!
Мамасы мән-жайды сонда барып түсінеді. Күліп жіберіп, жүгіріп барып Шағиды құшақтай алады. Қауындай томпиған, тәп-тәтті дегенде тәп-тәтті екі бетінен алма-кезек шолпылдатады.
— Тіліңнен айналайын былдырлаған! Сезіп тұрсыңдар ма, көкесін әбден сағынып, қуыс-қуыстан іздеп жүр.
Көкелері соңғы кезде кешке қарай Шағимен жасырынбақ ойнайтын. Шағи іздейді, көкесі тығылады. Қашып барып, шифоньердың ішіне екі бүктетіліп кіріп кетеді, әйтпесе үстел артына тығылады. Көкелері ай бойы үстел астында, шифоньер ішінде жасырынып отыр деп ойлапты Шағи.
...Болмаса мына оқиға. Үй іші болғасын ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Ең өкініші, ол сылдырды балалар да естиді. Шағи ес біліп қалған. Сонымен көкесі мен мамасының қабақтары түсіп, екі жаққа теріс қарап отыр. Шағи екеуіне жалтақ-жалтақ қарап алады. Бір әредікте көкесінің қасына жайлап барады. Өзінің тәмпіш мұрнын басып көрсетеді.
— Папа, мынау не?
Көкесі:
— Мұрын,— дейді қыржиып.
Шағи енді мамасына бұрылады. Кішкене қызғылт құлағын ұстап:
— Мынау не, мама?— дейді.
— Құлақ, құлақ!— Мамасы әлі де ашулы.
— Анау ше?— дейді саусағын шошайтып, мамасының сырғасын көрсетіп.
— Сырға...
— Мен оны қашан тағамын?
— Бойжеткеніңде, жаным!— Мамасы жіби бастайды.
— Бойжеткен деген немене?— дейді Шағи көкесіне бейкүнә кейіппен қарап.
Көкесі мен мамасы күліп жібереді. Кішкене Шағи үлкен-үлкен бұларды өстіп алдап соғыпты, ашуларын ұмыттырып жіберу үшін ананы-мынаны әдейі сұрап, сөзге алдандырыпты. Балалы үй базар деген осы.
...Бір күні таңертеңнен кешке дейін қалыңдап-қалыңдап қар жауып, жер дүниені басып салды. Әлем ақ көрпені айқара жамылып бұйығып жатыр. Ақан Сағи мен Шағиды шанаға салып, алай да, былай құйғытып жүр. Сақ-сақ күлген екеуі бұрылыс-бұрылыста шанадан топ-топ домалайды. Жылайды, күледі. Үсті-бастары аппақ қар. Шай қайнатымнан соң екеуі шанаға жегіліп, Ақанды сүйреді. Пальтоларының өңірі ашылып кеткен, мамаларының: "Қар жемеңдер, қолғаптарыңды сулап алмаңдар!" деген дәрістерін тас ұмытқан. Әбден ыстықтаған Шағи қалбақтап ұшқан қарға алақанын тосып тұр.
— Аға! Аға! Қар қандай ыстық!— Қардан ыстықтап жүрмін деп ойлапты.
...Сол қос тентек алыста, көл-көсір Атлантиканың арғы бетінде. Америкада Сағи мен Шағи жоқ. Ағаларының қандай кәріп халге түсіп қалғанын көрсе ғой...
Ақан өз ойынан өзі шошып кетті. Көргені несі, естімесін, білмесін. Америкада қандай ғажайып оқиғаларды бастан кешті, кейін өзі бажайлап айтып береді. Әй, бәрібір сенбейді, өтірік айтасың дейді. Қайдан сенсін, олар өз елінде, Совет Одағында тұрады!
***
"Ақ, сары, қара түсті балалық шақ жоқ. Балалықтың түсі біреу-ақ болуға тиіс: ол ақ кептердің қанаты мен күн сәулесінің түсі..."
Антуан Сент-Экзюпери
КӨГІЛДІР ЖАЛЫН — КӨК КӨЙЛЕКТІ КЕЛІНШЕК НЕМЕСЕ
"СЕН ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ ҚЫЗ ЕДІҢ, ВИКА!"
...Ақ шаршы экраннан мойыл қара шашты, қиық қара көз, әдемі қыз мұңды әуенді скрипкадан боздатып тұр. Ашық алаң көрерменге аузы-мұрнынан шыға толы.
— Орталық парк. Молл алаңы,— деді Вирджиния ақырын.— Филармонияның оркестрі! Зубин Метаның10 өзі басқарып тұр.
Боздаған әуен біресе алыстап, біресе жақындайды. Ақшаммен астасып кеткен күңгірт кеңістікті шарлап, бозторғайдай діріл қағып қалықтайды. Креслоға иегіне дейін батып кеткен Вирджиния:
— Маюми Фудзикава. Жерлесің. Скрипкашы. Чайковский атындағы халықаралық конкурстың жүлдегері,— деді.
— Вика, Фудзикава жапон ғой. Ал, біз қазақпыз.
Қыз мұны естімегендей:
— Чайковский, "Меланхолиялық серенада",— деді үніне діріл жүгіріп. Малдас құрып, бей-жай отыр. Маюми Фудзикава ақырғы аккордтардан соң ысқышты селт еткізіп көтеріп алып еді, Молл алаңы ду қол шапалақтап, тыңдаушылар теңселіп кетті. Видео сөнді.
— Мамам қайтыс болған,— деді Вика қарсы алдына безірейе қарап.
— Қашан?
— Кешегі көрген кадрлерің осыдан он жыл бұрын түсірілген. Киноактриса болатын. Есіңде ме, папам мені шалғында жығылып жатқан жерімнен көтеріп алды ғой. Редди, мамам — бәрі сонда, пленкада.
Ауыр үнсіздік...
— Қазір өгей шешем бар. Әкем екеуі Лонг — Айлендтегі11 виллада тұрады. Редди екеуміз осы үйдеміз.— Қолын қусырып, бұйыға түсті.
Ақан:
— Қорықпайсыңдар ма?— деді айналасы ат шаптырым бөлме ішін бір шолып шығып.
Вика иығын қиқаң еткізді.
— Қайта осылай жеке тұрып үйренгеніміз өзімізге жақсы. Бізде 14—15 жасынан семьясынан кетіп қалып, өзінше өмір сүріп жатқандар да бар.— Кенет Вика үнсіз қалды. Сәлден соң барып:— Бүгінгі түскі сағат бірде олар келеді,— деді әр сөзін бөліп-бөліп.
"Олары" кім, Ақан жақсы біліп отыр. Кешегі сырты сыпайы жаһұт көз. Редди де келуі. Дональд те. "Редди, Дональд үшеуіміз коммуна құрамыз",— деді кеше Вика. Әлде Ақанды "миллионердің баласы, ақша бір табылса осыдан шығады" деп жаһұт көзді бұған айдап салушы Дональд па? Eh, Дональд, Дональд, бүйткен туыстығың бар болсын. Еркекше анық та танық келмей, Ақанның cay басын сырттан саудалады ғой!
— Әңгіме айтшы,— деді Вирджиния.— Жоқ, ертегі айт. Өз еліңнің ертегісін айт. Біздің елде ертегі жоқтың қасы.
— Ертегісі жоқ ел бола ма?
— Бәрі де кезінде әр елден ауып келген босқын, келімсектер. Қырық ру ел. Біздің ел — ертегісіз ел. Ертегі, мифті тек ұзақ тарихы бар елдер жасайды. Берклилер, мәселен, жүз елу жыл бұрын Англиядан көшіп келген. Саутгемптон графтығынан.
— Үндістер ше, үндістерді қайда қоясың? Олар кезінде қуатты мемлекет құрған. Бай мәдениеті болған. Тарихтан оқығамыз.
— Олар құрыған халық... Ертегі, аңыздары да өздерімен бірге келмеске кетіп барады. Барының өзін оқымаймыз. Түсінбейміз де.
— Халық өз-өзінен қалай құриды?
Вирджиния көңілсіз жымиды.
— Барлық ресейліктер сен сияқты қазымыр ма? Біздің саясатта шаруамыз шамалы. Ал үндістер? Әр ұлт өз-өзін сыйласа, қорғана да білу керек. Арақты көп ішеді. Бір көсемі түрмеде отыр — соны білемін. Полисменді өлтірген деседі.
— Леонард Пелтиер.
— Иә, Пелтиер. Өздері резервацияда күнелтеді. Жаман да тұрмайды — ежелгі салт-сана, ғұрыптарын сақтап қалған. Ал, сендер ше, сендер қалай тұрасыңдар?
Шынында да, Ақан өздері қалай тұрады, ол туралы ойланбапты. Әдет, ғұрып, салт-сана дейді. Ол не, одан да хабары аз. Мамалары орыс тілінің маманы. Сол себептен бе, үш баласын бірдей сытырлатып орыс мектебіне берген.. "Қазақша оқысаңдар, кейін институтқа түсе алмайсыңдар",— дейді. Ол сөздің жаны да бар секілді. Мәселен, Ақандар оқып жүрген ағылшынға икемделген мектеп тек орыс тілінде. Қазақ тілінде ондай мектептер жоқ.
Бірақ, бірақ... мамалары да кезінде ауылда өскен, қазақша мектеп бітірген. Папалары да. Онда қалай оқуға түскен, қалай адам болған? Ал өздері қазақша біледі, онда да ауылдағы ата-әжелерінің арқасында... Қазір... иә, иә, қазақ тілінен гөрі ағылшынша жақсы сөйлейді, ағылшын мемлекеттерінің тарихын бес саусақтай біледі. Кім кінәлы бұған?
Миы қатып кеткен соң, бір шешімді түрмен Викаға жалт қарады.
— Өз елдеріңде, АҚШ-та болған бір оқиғаны айтып берейін,— деді.
— Қызық па?
— Тыңдап көр.
Перделері түсірілген холл ала көлеңке. Бұрыш атаулы артаман шегініп, алыстай түскендей.. Жер үстінде жан адам жоқ, Вика екеуі жападан-жалғыз отыр.
— Бұл оқиғаны "Наука и жизнь" журналынан оқығанмын.
— Не, не? Наука?
— Бізде шығатын журнал. Олар бұл оқиғаны жиырма жыл бұрын американ газеттерінен аударып басыпты. Бүкіл Совет Одағы таңдана оқыған. Папам журналдың сол нөмірін сақтап қалыпты.
— Құлағым сенде...
— Юта штаты, отызыншы жылдар... Экспресс поезд дала бетімен сырғып келеді. Ақшам кезі. Жолаушылар терезеден сыртқа жайбарақат көз салады. Бәрі де ұзақ жол мен күні бойғы қапырықтан қалжыраған. Газет-журнал оқып, қаужаңдап өзек жалғайды. Кенет жұртшылық елеңдесіп, терезеге ұмтылады. "Бұл не, Мария құдай анам!", "Әне, әне!" "Елес пе? Жын ба, сайтан ба?", "Шар нажағай шығар?"...
Вирджиния "Әлди-әлди, ақ бөпешімді" рахаттана тыңдағандай кілемде екі қолын желкесіне жастап, сұлқ жатыр.
— Сөйтсе, қара күңгірт далада әлдене елбеңдей, жүгіріп, поезбен жарыса қатар салып келеді екен. Кәдімгі бір сөніп, бір жанған көгілдір жалын! Жалынның сұлба, пошымы жалбыр шаш әйелге де келіп қалғандай. Поезд заулаған үстіне заулап ұшыртады. Елбеңдеген көгілдір жалын вагондардан озып, электровозға жетеді. Ел терезеден бас шығарып, тамбур-тамбурға толып кетіпті. Мұндайда: "Терезеден ары!", "Тамбурға жоламаңдар!", "Есіктің көзінен кет!" дейтін жол серіктер де ауыздарын ашып, аңырып тұр. Көгілдір жалын поездан оза бере біртін-біртін көгілдір көйлекті әйелге айналады. Көлбеңдеп жол үстіне шығады да: "Тоқта! Құдай үшін тоқтаңдар!" дегендей екі қолын бірдей көтеріп, поезға қарсы қалт тұра қалады. Эшелон екі иығынан демалып, пыс тоқтайды. Ел шу етіп, вагон-вагоннан түсе екі өкпелерін қолына алып, алға жүгіреді. Көгілдір жалын ба, көк көйлекті әйел ме, сұлба тұрған жерге ентелеп жетіп келсе, жұмбақ жанның ізі түгіл тозы жоқ...
— Қандай ғажайып әдемі ертегі!— Вирджинияның көгілдір көздері маздап жана түсіпті, түрегеп белін жазып, бетін бермен беріпті.
— Ертегі емес, өздеріңде болған оқиға.— Өз әңгімесіне өзі масайып алған Ақан екілене түсті.— Әйел тұрған жерде құндақтаулы жас бала әлсіз дауыспен іңгәлап жылап жатыр дейді. Рельстің нақ үстінде көлденең жатыр. Поезд таяқ тастам жер жүргенде, сәбиді тапап кеткендей екен.
Вирджиния тыныс алуға қорыққандай көзі бақырая түсіп, қатып қалыпты.
— Бәрі де кейін анықталады. Құндақтаулы сәбидің анасы жыл бұрын толғақ үстінде көз жұмыпты. Әкесі поезд тоқтаған төңіректе фермер. Еркек адам бала баға ала ма; ертеңнен қара кешке дейін егіс даласында, басқа қолғанат, қолғабыс жоқ. Амал не, шырылдатып, жетімдерді бағатын приютке өткізеді. Әйелсіз тұру қиын, кір-қоңын жуып, асын әзірлеу керек, есебі бір-екі айдан кейін сол маңдағы соқа басты бір бедеу әйелді кіргізіп алады. Елбесіп-селбесіп өмір сүреді, әйткенмен, екеуара бала болмағасын, үйде жылу жоқ. "Қой, болмайды екен!"— деп, приюттен сәбиді алып келеді. Приютте бағылған, ананың уыз сүтін ембеген балада не күй бар, өз аяғынан жүрмейді, сөйлемейді, күні бойы құндақта бақырайып жатады да қояды. Өгей шеше алғашқы күннен сәбиді іштей жек көреді. Оның себебі бар: фермер кәрі, өзі жас, сәби ер жетсе, әкенің жиған-тергенін басып қалады да, бала таппаған бедеу әйелге ештеңе бұйырмайды.
Күндердің күні фермер жаңбыр астында қалып, қатты жығылады. Шақырылған дәрігер: "Қос өкпесінен мықтап суық тиген. Ауруханаға апаруға кеш. Бүгін түннен қалмайды",— дейді де тайып тұрады. Фермер ес-түссіз сандырақтап жатыр. Бедеу әйел оның басында отырып, көп ойланады. Ең соңында түн ортасына таман бала жатқан бөлмеге өз көлеңкесімен қосақтасып кіреді. Өз ернін өзі солп-солп сорып, ұйқтап жатқан баланы құндаққа орайды да, сыртқа алып шығады. Тас қараңғы меңіреу түнде сүрініп-қабынып, темір жолға жетіп, құндақты рельстің үстіне көлденең қойып кетеді.
— Ал, көгілдір жалын әйел...— Вика самайын сұқ саусағымен шыдамсыздана ысқылайды.
— Әркім әр түрлі жорамалдапты. Дінге сенетіндер көгілдір жалын — көк көйлекті әйелді аспандағы жаратқанның баланы құтқаруға жіберген періштесі депті. Екінші біреулер: "Балаға алып поезд ажал болып, қара албастыдай төнгенде, Ана байғұс шыдай алмай, көрден шыға жүгірген. Ананың көгілдір жалынға айналған рухы жас баланы туралап келген өлімнен солайша құтқарған" десіпті.
— Үндеме, үндеме, болды, болды!..— Вирджиния тұншыға сыбырлады, кресло жақтауына басын салып, өксіп-өксіп жылады. Ақан мелшиіп отыр. Бұл жерде артық сөз, артық қимыл желкеден өсіп шыққан үшінші құлақ секілді мүлдем артық еді.
Жас қыздың жан дүниесінде бір қопарылыстың болғаны анық: кешегі бақыт пен күн сәулесіне шомған өз анасы мен кішкене Виканы еске алды; "Меланхолиялық серенаданың" сазы өзегіне түсуі, ол да емес, бұл да емес, ананың көгілдір жалын, рухқа айналып, көрден тұрып баласын құтқаруы ойпаң-тойпаңын шығарып кетті... Қыз бала үшін туған ананың орнын жер-жаһанның асылы мен жасылы толтыра алмайды, қалай болсын, жан дүниенің терең түкпірінен жалындап шыққан аһ ұрудың сыры тереңде, тым тереңде.
Ақан сол бір күйік әңгімені бекер бастағам деп өкінді.
Вика көз жасын алақанының сыртымен сүртіп, қарсы алдына мелшие қарап отырды да, бір мезетте болат серіппедей атып тұрды. Ақан айран-асыр: мынау тап әзірде сықсыңдап жылаған қыз Вика емес, басқа, бөтен қыз... Тың, жып-жинақы. Көгілдір көздері уыттана түсіпті.
— Мен жылаған жоқпын, ә, Ахав?— деді әр сөзін нақтап.
Ақан:
— Жылаған сен емес, ол мүлдем басқа қыз, әлсіз қыз. Сен күштісің, мықтысың, — деді шын ниетімен.
— Рақмет, Ахав!— Вика саусақтарын мұның білегіне тигізді.— Сенің... мамаң бар ма?
— Бар...
— Қандай бақыттысың, Ахав! Сен енді еліңе қайтасың ғой.
— Қайтамын.
— Мамаң самолетіңнің алдынан ақ құсқа айналып, қарсы ұшып шығады — осыны есіңде ұста.
Вика қолын созып, Ақанның кекілін тиер-тиместей сипап өтті, дереу жүрелеп отыра қалып, қалтасынан құртымдай кілт алды, бұғау, кісендерді шырт-шырт ашты. Қос кісен, әне, кілем үстінде шашылып, темір аузын бақадай ашып әр жерде домалап жатыр.
— Ер соңыма! Тез!— Қыз алға түсіп, жөней берді. Ақан да жан дәрмен орнынан ұшып тұрып еді, аяғынан жан кетіп, ұйып қалған екен, кілемге сылқ етіп отыра кетті. Вирджиния кілт бұрылып, қасына келіп, қолтығынан сүйеді.
— Әр минут қымбат, Ахав! Сыртта менің машинам бар. Қай жерде тұрасың, айт тезірек, апарып тастайын.
— Түстік Бронкс...— ЬІлдым-жылдым оқиғалардан есі ауыңқырап қалды ма, ыржия салды. Көзімен темір кісендерді нұсқады.— Мынаны қайтеміз? Жүз мың доллар ше? Мені неге босатып жібердің?
Вика жалт қарап еді, Ақан көзін тайдырып әкетті: қыздың жанары сұмдық қуатты мейірім-шапағатқа лүпілдей толып, шуақ шашып тұр екен...
— Еһ, Ахав, Ахав! Сені ақылды бала ма десем...
* * *
"Екі дүниеде жырласақ Ана ерлігін, Ананың өжеттігін жырлайық та!"
Ғабит Мүсірепов
ТҮСТІК БРОНКС, ТҮНГІ CAFAT 2. САРДАР АҒА, КӨКЕСІ ЖӘНЕ АҚАН
Біреу бүйірінен түртіп қалғандай оянып кетті. Тас қараңғы... Жүрегі кеудесіне сыймай дүкілдейді. Сол иығын астына алып жатыпты, жүрегі жаншылып, содан оянған. Бас жақта, тумбочка үстінде тұрған үстел сағаты өлеусіреп соғады. Арғы қабырғаның түбінен ғаламат қорыл біресе зораяды, кейде бәсеңдейді. Не Сардар аға, не көкесі... Кешеден анда-санда машина сырылдап өтеді. Түстік Бронкс — лимузинге кедей аудан. Мұнда көбіне екі аяғына сенген жаяу жандар тұрады. Әлдекім шыңғырып жіберіп, кілт тынды. Көп өкше асфальтқа сатырлап тиіп, алыстай барып үзілді. Қараңғы бұрышта біреу тоналды. Өліп те кетуі... Бір де бір терезе ашылмады, бір пенде дабыстап, араша түспеді: түнгі тосын оқиғаларды бронкстіктер миземейді, еттері өліп кеткен.
Ақан өрепкулі. Астына тас төсеп қойғандай қос жамбасына кезек аунады. Полиция машинасының сиренасы созақтады, ысқырық құлақты кесе шырылдады. Іле арғы қабырғаның түбінен:
— А! О!— деген зор дауыс шықты. Төсек серіппелері ми шаға сықырлап, әлдекімнің ағараңдап, көтеріле бергені есінде. Шам жарқ етті.
— Хальт! Хенде хох!12
Ақанның жүрегі тас төбесіне шықты: Сардар ағасы бұған дәу қара пистолетті үңірейте кезеніп отыр. Жанары сыртына тепкен бадырақ көздері тостағандай және бұған ит көрген мысықтай жауыға қарайды. Ақан жан ұшырып, бақырып жіберді.
— Көке! Көке!
Көкесі ас үйден көрпесін көтере-сүйрете кіріп келді. Келе Сардар ағаның үстіне құлады. Төсек үсті апыр-топыр, ұмар-жұмар. Айқасқан адамдар мен ағараңдаған көрпе астынан:
— Сәке, оныңыз не? Есіңізді жиыңыз! Бұл мен, Оңғар нағашыңыз! Анау Ақан балаңыз!— деген үн алқынып, үзік-үзік естілді. Қас қағымда пистолет табалдырық үстіне топ етті. Сардар аға төсектің басында, көкесі аяқ жақта, екі иіндерінен ауыр демалып шоқиып-шоқиып отыр. Нағашысы маңдайынан шып-шып шыққан терді көрпенің шетімен сүртіп:
— Не, не болды өзі?— дей береді.
Ақан боп-боз, екі көзі ұясынан шыға бақырайып, жүрелеп отыр.
Көкесі орнынан тұрды, сенделектей басып келіп, иығынан құшақтады.
— Жә, қорықпа. Жүрегіңді тоқтат! Бәрі де өзіміз. Әне, нағашы, міне, мен! Ағаң бір жаман түс көріпті!
Сардар аға төсекке сұлап жата кетті. Өлген адамдай төбеге қарап, алайып жатыр. Көрпе шетін жұмарлаған қолы дір-дір етеді. Иегі селкілдей ме, тістері бір-біріне тиіп, сақ-сақ ете ме... Көкесі Сәкеңе жүгірді.
— Сабыр, сабыр, Сәке! Соқпаңыз бар ма еді сіздің?
Сардар ағасы әлденені нұсқағандай, иә сұрағандай қолын созды. Көкесі алақанымен маңдайын шарт еткізді.
— Қап, жазған басым!
Ac үй кетті, су әкелді. Сонсоң пистолетті қорқа-қорқа көтеріп алып, суырмаға салып, сыртынан кілттеп тастады.
Сардар аға біреу тартып әкететіндей стақанды қос қолымен сығымдай ұстап, су ішті. Қайта шалқалай құлады жастыққа. Біраз жатты да, бетін бермен беріп аударылып түсті. Көкесі жауырынынан құшақтай сүйемелдеп, төсек үстіне тік қойды.
— Жата берсеңіз, жүрегіңіз қысылады.
Сардар мұнар көзбен Оңғарға, Ақанға жаңа көріп отырғандай тоқталып қарады. Бөлмедегі жұпыны заттарды көзімен түгендеді, бетіне қан тепті, тіріліп адам қалпына келді.
— Жүйке ғой құрып қалғыр,— деді өңешінің арғы бір жерінен қырылдап.— Сұм соғыстан не жан қалды дейсің. Құр кеуде мен қаңқаны сүйретіп, қаңғалақтап жүрген ғой біздікі. Мына сиренасы құрғыр да боздап... Ауыр түс көріп, бастығырылып жатыр ем. Е-е, менің де күнім күн емес...— Аузы қисайыңқырап, жымиған болды.— Ғафу өтінемін. Осы үйге ұры түскен. Бірнеше рет. Не іздейтінін кім білсін. Содан шошынып қалғамын.— Сәл ойланды, көкесіне бұрылды.— Күймемді әкеп берші, жиен.
Көкесі арғы бұрышта доғарулы тұрған дөңгелекті арбаны лепілдетіп алып келді. Сардар аға мұндай қайратты болар ма, төсекке қолын тіреп:
— Әуһ!— деп бір-ақ ырғып еді, арбамен арба болып, кептеле қалды.— Кемтар адамның күні құрысын!— Мүгедек болғанына өзі кінәлыдай, көкесі мен Ақанға жапақтай қарап, күлімсіреген болды.— Жалғыздың күні одан да қараң.— Төмен қарап, ауыр күрсінді.
— Өйтіп күйзелмеңіз. Дәуреніңіз бар қолыңызда,— деп жалпылдайды көкесі.
Сардар аға алақанын жайды.
— Қайда сол Дәурен?
— Келеді әлі-ақ. Кешігіп жатқан болар.
Қолын сілтеді Сардар аға.
— Ол бала маған енді жоқ. Баяғыда-ақ Дональд болып алған. Әттең, кәмелеттік жасқа жетпей жүр. Сонсоң Дональдың көзден бұл-бұл ұшады.
Көкесі таласпады. Жағдай онсыз да белгілі еді.
Сардар аға Ақанға мейірімін төге қарады.
— Аңдаусызда шошытып алдым ба, ұлым? Ондай-ондай болады қарт майдангердің басында. Сендерді жер түбінен қайдан шақыра қалып ем... Америка түскіріне. Жаңа ғой, қарағым, түн ұйқыңды төрт бөлдім. Онсыз да жетісіп жүрген жоқсың. Біраз хикметті бастан кештің. Уайымдама, жөліктер келсе, көкең бар, беріспей бағармыз.— Ырдуан арбаның ескі тегершігіндей сықырлап күлді, соған өзі қысылып қалды ма, жұдырығына тық-тық жөтелді.— Онсыз да ұйқым ашылып кетті, әкең екеуміз ас үйге барып әжің-күжің әңгімелесейік. Ертең елге кайтасыңдар. Арман көп, арман көп жерде сөз де көп. Туыстармен ақырғы күнді бірге өткізіп жатырмын... Ары қарай бұл дүниеде қауышатын күн туа ма, жоқ па?— Сөз аяғы күмілжіп барып, үзіліп кетті. Сардар аға білегімен көзін осып өтті. Тез есін жинады.— Оңқа, кеттік ас үйге! Ақанжан, сен алаңсыз ұйықтай бер!
...Ақан "алаңсыз" ұйықтай алмады. Ac үйдегі ыдыс-аяқ сылдырына құлақ тосып жатып, соңғы күндергі қым-қуыт оқиғаларды біріндеп есіне түсірді. Дональд, Редди... Тұтқын кәріп халі... Вирджиния... Сыпайы жаһұт көз... Бәрі де ертегі сияқты. Басқаға сатып алып айтқыза алмайсың. Күні ертең елге барғанда Серік пен Сережа бұған сене ме, жоқ па? Қайдан сенсін. "Нью-Йоркте көрген киноңды бізге айтпа" деп, келемеж, күлкі етсін. Бір сенсе, мамасы сенеді. Жер бетіңдегі бүкіл мамалар солай. Қастарынан карта адым ұзасаң, өліп қалатындай көреді. Жоқ, мамасына айтпайды. Аза бойы қаза тұрып, жүрегі ауырып қалар. "Ақанжаным азап көріп жатқанда, сен не ай қарап жүрдің?" деп, көкесіне тиіседі. Ақанды мәңгі бақи қасынан шығармайтын болады. Қыз болса бірсәрі, ұл үшін бұл қиямет-қайым азап. Ақан — он үштен асқан азамат. Ал, азаматтың басынан не өтіп, не кетпейді. Ұлы Отан соғысында Володя Дубинин, Марат Казей, Котик секілді батыр балалар тұтқынға түспек түгіл шейіт болған. Оның қасында Ақанның басынан кешкені — ойын.
Кейін естіді, Редди, Дональдтар мұны ойын демепті. Әуелі қос мұндар: "Коммунаға ақша керек" деп, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп, Вирджинияны сендірген. Ақанды қыздың көмегімен қолға түсірген соң қала сыртындағы виллада бақтыртып қойып, Сардар ағаға ұялмай-қызармай телефон шалыпты. Редди, Дональд емес. Шамасы, жаһұт көз, әйтпесе соның жора-жолдастары... "Балаларыңыз тас қамауда жатыр. Жүз мың доллар берсеңіздер — шығарамыз тас қамаудан, бермесеңіздер — бала жоқ. Ойлануға — бір сөтке! Айтқанға көнсеңіздер, бір сөмке ақшаны түнгі сағат екіде терезеден жіпке байлап түсіресіздер. Ақша біздің колға тиген соң, Ахан ба, Ахав ба, әлгі бір тұтқын бала терезеден түскен жарыққа шығып, тірлігін білдіреді. Ал полицияға хабарласаңыздар... бала бұл дүниеде жоқ".
Оңқаңда ес-түс қалмайды. Бірден телефонға жармасыпты. Полицияға хабарламақ. Ағылшынша білмейтіні есінен шығып кетсе керек. Сардар аға: "Отыр орныңа селтеңдемей!— деп ақырыпты.— Мен білсем, бұл бала ұрлайтын мафияның ісі емес. Олардың қимыл-әрекеті басқаша, ірі-ірі. Кинодан көргеніне еліктеп, балалардың істеп жүрген шалалығы. Және мен білетін балалар... Жау алыста емес, жақында. Жүз мың доллар, ә?— Екі иығы селкілдеп күліпті.— Таптым жауды! Редди деген бозбаланың ұйымдастырғаны бұл. Жақын арада: "Жүз мың доллар түссе, шіркін, қолымызға. Он бензоколонканы бірден сатып алып, ұшан-теңіз пайданың астында қалар ек" деп, Дональдты қажап отырған. Міне, тап осы жерде, ас үйде. Мені мүгедек деп адамға есептемейді, бар қоясын қысылып-қымтырылмай ақтара береді. Артын тосайық, сабыр ет. Ертең таңертең бір хабары жетер, кәрі қасқыр екенім рас болса. Болмаса бәрін бытырлатып тұрып полицияға ұстап береміз" депті.
"Кәрі қасқырдың" айтқаны айдай келіпті. Ертеңінде түске таман Вирджиния он екі мүшесі сау Ақанды есік алдына салаң еткізіп түсіріп кеткен...
Қызық та, шыжық та осымен бітті ме десе, жаңа басталыпты. Жаһұт көз бе, әлдекім түстен кейін телефон соғады, Сардар ағаға: "Сіздер ұттыңыздар, біз тақыр мұзға отырдық. Енді оқиғаның ізі суымай тұрып, осының бәрін полицияға хабарлай қойыңыздар" депті. "Ненің ақысына?" "Бізді полиция ұстап алса, телевизор, газеттер шу ете түседі. Фурор13 болады" дейді әлгі мұндар. "Атың шықпаса жер өрте дейсің ғой баяғы" деп, мазақтапты Сардар аға. Анау міз бақпапты. "Иә, біз бүкіл Америкаға әйгілі боламыз. Болашақ коммунист баланы Американың патриот бозбалалары ұрлайды. Тамаша емес пе, ә? "Пионер, пионер деңіз. Ақан әлі коммунист емес" деп сыбырлайды мына жақтан көкесі. "Бала ұрлағанымыз үшін бізге бір-екі-ақ жыл береді ұзаса. Бала өлген жоқ, денесіне зақым түспеген. Бір-екі жыл түрмеде, жан тыныштықта отырып, осы оқиғалар туралы кірпіштей кітап жазып шығамыз" деп көлиеді телефон таныс.
"Оһо-һай!— Сардар аға қарқылдап күледі.— Сендер тағы жазушы. ма едіңдер? "Өзіңіз бас пайданы білмейтін кеще екенсіз,— деп ұрсады "болашақ жазушы".— Коммунист баланы ұрлау, одан алған жүз мың долларға кедей-кепшіктің коммунасын құру? Бұл тек Америка патриотының қолынан келеді. Даңқымыз дүрк етіп, жер жарады. Барлық газет, журнал, баспалар жазған кітабымызды таласып-тармаса басады. Ақша, атақ, бәрі болады. Сондықтан тезірек полицияға хабарлай қойыңыздар. Ахав бәрін жасырмай-жаппай айтып берсін. Мисс Берклиді бұл іске араластырмайық. Қыз емес пе, түрмеге шыдамай, құсаланып өліп қап жүрер. Сардар аға сөзді одан әрі көп созбай: "Сендерге бұл ғасырда ақша, атақтан гөрі түрме жақын" деп, тұтқаны салқ еткізіп, тастай салады...
Дональд содан бері ұстатпай жүр. Вика, Реддидің қасынан шықпай, солардың вилласын паналайтын көрінеді.
...Есік сықырлап ашылды. Ақан көзін жұма қойды. Өтірік ұйықтағансып жатыр. Көкесі аяғының ұшынан басып, төсек қасына келді. Басынан сипағысы бар ма, кекіліне қолын апара беріп, жол ортада тартып алды. Ұйқысын қимады.
Көрпесін қымтап, шегіншектей берді.
— Не, көке?
Әкесі төсек қырына құйрық басты. Ойланып отыр.
— Балам,— деді даусы қарлығыңқырап. Ақан дір етті. "Балам" деген сөзді алғаш естуі. Бұрын ылғи "Ақанжан", "Ақаник" еді. Осы жолы қорғасындай салмақтап айтты. Әлде шынымен... ер жетіп қалғаны ма?
— Балам,— деп қайталады әкесі,— өкінбейсің бе?
Ақан әуелі түсінбеді.
— Неге өкінемін, көке?
— Америкаға келгеніңе. Ана балалармен танысқанына (Дональд, Реджинальд, Вирджинияны меңзегені).
Ақ көңіл, ғұмыры кісіге тік келмейтін көкесі баласын: "Тұтқынға түсіп қорланғаныңа өкінбейсің бе?" дегенді нұсқап отыр.
Бала бөгелмеді.
— Өкінбеймін, көке. Олар сіз ойлағандай жаман балалар емес...
Көкесі орнынан тұрып кетті. Терезе алдына барып, бетін бермен бұрды.
— Әрине, жаман балалар емес,— деп нығыздай қайталады Ақанның сөзін.— Жаман балалар болмайды. Өскен ортасы, тәлім-тәрбиесі жаман болуы мүмкін, ал бұзық болып туатын балалар жоқ.— Үнсіз. Ойын жинақтап тұр, шамасы.— Не үйрендің, нені білдің?
— Кімнен?
— Жаңа достарыңнан...
Ақанның жүрегі лүп етті. Жан дүниесінің алыс бұрышынан қуаныш елес бергендей. "Нені үйрендің, нені білдің?" десе, көкесі оларды кешірген екен.
— Жазғы демалыста бензоколонкада істейді, көке. Бензин сатады, машина жуады, бұзылса тексереді...
— Міне!— деді әкесі сұқ саусағын жоғары шошайтып.— Бұлар — мазасыз балалар. Еңбекқор, бейнетқор балалар. Болашақта олар жерде қалмайды, бір жерден тесіп шығады. Бүгін сені ұрлап, жүз мың доллар аламыз деп мықтап қателесті. Өз қоғамдарының қателігін қайталады...— Көкесі сәл ойланды. Бір-ақ деммен:— Әйтеуір, адамды қорлап, доллар жинауға болмайтынын түптің түбінде түсінсе жақсы,— деп салды.
— Көке, көке, келер жазда мен де жұмыс істесем қайтеді? Мотороллер сатып алғым келеді...
Оңқаң шешімді сөйледі.
— Істейсің. Қаладан жұмыс табылмаса, Өрнекке барасың. Совхоздың қауын-қарбызын суарасың, бақша күзетесің. Біз, ересектер, балаларымызды ыстық-ыстық құшақтаймыз деп қылғындыруға шақ қалыппыз. Еңбектен тыс қалдырыппыз сендерді.
Алыстан гудок үні естілді. Мұхит лайнерінің үні... Гудзон шығанағындағы порттан жетіп тұр. Оңқаң да, Ақан да тым-тырыс. Бала әкесінің — өзіне де, бұған да ауадай қажет ең басты сөздерді айтқанын іштей тоқып жатыр. Сана, зейінмен емес, көңілмен түсінді.
— Оу, жиен, қайдасың?— Ac үйден нағашының зор үні жетті.
— Ұйықта, ұлым. Ертең — алыс сапар!— Көкесі шығып кетті.
Ұйықтай алмады. Бұл түн жай түн емес, соны ұққандай.
Сардар аға мен көкесінің сөздері ап-анық естіледі. Шай қасық шыныаяқ шетіне тық-тық тиеді. Екеуі жаңағы төсек үстіндегі "жекпе-жектен" кейін кофе ішіп, ұйқы ашып отыр.
...— Есімді окоп түбінде жинадым.— Сардар ағаның ылғи да сары аяз өтінде жүргендей қарлығыңқы үні. Ақан құныға құлақ тікті. "Окоп" дегеніне қарағанда, соғыс кезі. Соғыстан асқан мықты әңгіме бар ма бұл дүниеде.
Сардар аға ағылған үстіне ағыла түсті.
— Бұрқ еткен бомбаның екпінінен анадай жерге ұшып түсіп, есімнен танып қалыппын. Ағаш кеңірдегіме дейін топырақ, мойным қылқиып шығып жатыр. Түк естімеймін, тас кереңмін. Көретін көз аман, құдай сақтағанда. Басым он батпан, зілмауыр бірдеңе. Контузия! Ілдалдалап тұра беріп ем, арқама мылтық тірелді. Төрт-бес неміс солдаты арқа-жарқа күліп тұр.
Одан арғы көрген қорлығым мен зорлығымды сен сұрама, мен айтпаймын. Тікенек-тікенек сым темір концлагердің сан сортын адақтадым. Кеудеде, әйтеуір, құр жан бар. Тұтқындар шыбындай қырылады. Күндіз-түні карьерде тас құлатамыз, оны тасимыз. Көже-көлмегі итке бергісіз. Қашып көргендер болып еді, ертеңінде дар ағашында салбырап тұрды. Шеренге алдында итке талатып өлтіреді. Саңыраулықтан сол лагерьде құтылдым. Карьерде саптан қалып қойып ем, көзің ашылғыр бір неміс солдаты автоматының дүмімен құлақ-шекемнен отыртып жібергені. Ұшып түсіп, қолыммен жер тіреп, жалма-жан түрегелдім. Жатып қалсаң жалынатыны бір-ақ оқ. Құлағымның қақасы ашылып кеткен бе, әлгі фашист: "Шнель! Шнель! Шваине азиат!"14 — деп, бақ-бақ етеді. Қуанғанымнан: "Данке! Данке!"15 — дей беріппін. Автоматтың дүмі ғой құлағымның қақасын ашып жіберген. Ұрғаны үшін рақмет айтқан тұтқынды алғаш және соңғы рет көрсе керек, фашист солдаты кейін маған күдікпен әрі қызықтай қарап жүрді.
Соғыс бітетін жылы Голландия жерінде жер қаздық. Өзің білесің, 1944 жылы жазда одақтастар Ла-Манаш бұғазынан Дюнкеркке ғаламат десант түсіріп, дүркін-дүркін шабуылдап келе жатты. Сағы сынған фашистер дивизия, дивизиясымен беріліп жатты. Бізді де сол американ, ағылшындарға өткізіп жіберді.
Күкірт пыр етіп жанды, көп ұзамай шылымның кермек иісі Ақанның танауын қытықтады.
— Содан не керек, фашизм тұтқынынан американ тұтқынына айналдық. Бас-басымызға тергеп, барлығын карточкаға ықтияттап түсіріп алады. Онда шаруа жоқ, "Елге қайтамыз" дегенде, төбеміз көкке екі елі жетпейді. Бір-бірімен құшақтасып, кейде күліп, кейде сорасы ағып жылап жүргендер де жетерлік.
Күндердің күні тергеу кезегі маған жетті. Бір реңді, жайраңдаған жас американ капитаны жылы жүзбен қарсы алды. Аудармашы — тұтқын. Қайдан шықтым, қайдан тұрдым, қағазға түсіріп болған соң: "Россияға қайтқыңыз келе ме"? деді көрші селоға жіберетіндей жеп-жеңіл ғып. "Сіз ше, сіз Америка Құрама. Штаттарына кайтып оралғыңыз келмей ме?" деп, қарсы салдым. Капитан жымиып күлді. "Келгенде қандай! Әсіресе, кішкене қызымды керемет сағындым",— деп, төс қалтасынан фотосурет алып, алдыма тастады. Көркем жас келіншек пен үрпек бас сәби күле қарап тұр... Фотосуретін өзіне қайтарып бердім: "Ендеше, маған жаңағы сұрақты артықтау қойдыңыз". Капитан ойланды. "Кешіріңіз,— деді сигарын құлаштап отырып.— Сізді бара салысымен атып тастайды. Не Сібірдің масасына талатып, тірідей шірітеді". Көретін көз бар, қабағын шытып, шынымен жаны ашып отыр. "Неге? Не үшін?" дедім есепсіз таң қалып. Капитан суырмасынан сарғайып кеткен, шеті жырым-жырым ескі газетті алып, алдыма тастай салды. "Соғыс тұсындағы совет газеті... Мына жерін оқып көріңіз",— деді марқайып. Қандай газет, оған қараған мен жоқ, қызыл сиямен асты сызылған сөйлемдерге үңілдім. "Бізде тұтқын жоқ, тек сатқындар ғана бар..." Сталиннің атақты 227-бұйрығы! Конц-лагерьде фашистер де осылай да осылай деп, власовшылардың армиясына кіруге үгіттеп, талай рет құлақты сарсытып еді. Өтірік деп сенбеп ек. Енді өз көзіммен оқыдым. Апиын ішкендей мәңгіріп капитанға қарадым. Ол сигарының түтінін әуеге үрлеп: "Тұтқынға тірідей түстіңіз — бір. Бұл сатқындықпен тең. Екіншіден, концлагерден қашып кете алмадыңыз, гитлершілердің атақты "ФАУ"-ларының старт алаңын қазып, әзірледіңіз — үш. Немістердің қолынан шейіт болғанда ғана кешірім алар едіңіз",— деп қарап отыр.
Мең-зеңмін. Көңіл шіркін ұйқы-тұйқы. Тұтқындардың арасына ондай жел сөз бұрын да жүгіріп еді. Жау емес, дос, одақтас армияның офицері соны Тағы қайталап отыр. Капитан онымен қоймай тілмашты нұсқап: "Сенбесеңіз отандасыңыздан сұраңыз",— деп тағы қайқайды. "Рас, рас,— деп, тілмаш төнді мына жақтан.— Мен де Қызыл Армияның тұтқынға жазатайым түсіп қалған офицері едім. Біздің әскерлер кенеттен шабуылдап, концлагерьді басып қалды. Шаттығымызда шек жоқ. Ерекше бөлімнің офицері тергеп бергенде, қуанышымыз су сепкендей басылды. "Тұтқынға совет офицері тірідей түсе ме? Неге нағыз ерлерше атылып өлмедің? Неге тұтқыннан есебін тауып қашып кетпедің?"— деп, сұрақпен сабады. Келтірген дәлелімнің біріне сенбеді. "Трибуналда әуселеңді көресің",— деп, каталажкіге жауып тастады. Онда мен секілді бақырбастың он шақтысы отыр. Бәрінің айтатыны бір-ақ сөз — трибунал! Тастайын десең жан тәтті, тастамайын десең өмір қатты, түн ортасында іргені қазып, әупіріммен қашып шықтық. Американдық зонаға кеше таң ата жеттік".
Ойландым. Әкем Сартауылды 37-ші жылы жазықсыздан жазықсыз ұстап әкетті. Жұмыс дегенде ішкен асын жерге қоятын кісі еді. Колхоз председателі болатын. Оның қасында мен кіммін? Содан қалған шошыну, шайлығу ма, сенбеу ме, "Егер қалсам..." деген сөз аузымнан қапылыста шығып-ақ кетті. Капитан да соны күтіп отыр екен, үйретілген тазыдайын қақшып алып, карточкіме сипақтатып жазып салды. "Қол қойыңыз аяғына!"— деп, қатырма қағазды алдыма қарай ысырды. Амал бар ма, қоюға тура келді. "Құттықтаймын!— Түрегеп, үстелдің арғы бетінен қолымды құшырлана қысты.— Енді сіз демократиялық дәстүрге бай бостандық еліндесіз. Далада қалмайсыз. Америка — бай мемлекет, қайырымды халық. Қайратыңыз тасып тұрған жас жігітсіз, екі қолға бір жұмыс әрқашан да табылады. Мамандығыңыз не?" "Шофер..." "О кэй!— деп әуеледі капитан.— Америка — техниканың елі. Шофер атаулыны біз төбемізге көтеріп қарсы аламыз". "Жо-жоқ, сіз сәл аялдаңыз, мен әлі де қабырғаммен кеңесейін",— деймін тал қармап. Жайдарман капитаным лезде шытынады. "Қол қойылды ма, қойылды!— Қашып кететіндей карточканы алақанымен басып отыр.— Айда марш, босат орынды! Сен секілді он мыңдаған тұтқын бар. Бәрін сорттап үлгеруіміз керек. Онсыз да уақытымды жедің. Уақыт — ақша!"— деп, кабинетінен қуып шықты. Есік алдында "Не болды, ойбай, не болдым?"— деп, басым қаңғырып әрі тұрдым, бері тұрдым...
Тағы да шырпы пыр етіп жанды, шылым қорп-қорп сорылды. Сардар аға жүк салған ырдуан арбаны өрге сүйреп шығарып келе жатқандай ауыр-ауыр демалады.
— Содан кейін...— деді көкесі шыдамсызданып.
— Не болушы еді содан кейін? 45-жылы қаңғырған бас әлі қаңғырумен жүр. "Егер қалсам..." деген екі-ақ дүдәмал сөз тағдырымды талқандап берді. Содан бастап "егер" деген сор сөзді аузыма алған емеспін. Біреуден естісем, миыма қан құйыла жаздайды. Не көрмеді жазған бас? Допша домалап, дүниенің төрт бұрышына түгел барды. Амалсыздан ағылшын тілін үйрендім. Істемеген жұмысым жоқ, жат жердің жемеген наны қалған жоқ. Онда да табылып тұрса... Американың өз жұмыссыздары да жыртылып айрылады. Қай жерден болсын, көретінің қағажу, қорлық. Өйткені Отанын сатқан азғынсың, эмигрантсың, өйткені қошқыл қазақсың, түрлі түстісің. Америка да сатқындарды жек көреді. "Сатқын емеспін, алданып қалдым" дегеніңе кім сенеді. Ит қорлық өмір кешіп, соңында осы қалаға табан тіредім. Мұнда да мен секілді өзбек, қырғыз, қазақ, тәжік, татар, түрікмен мұңлықтар бар. Кешегі Ысқақ, Дүйсен секілді пақырлар... Елбесіп-селбесіп күн көреміз. Он алты жыл бұрын осындағы бір неміс әйелімен бас қостым. Соғыстан соңғы аш-жалаңаш Германияда күн көре алмапты. Бір-ақ жапырақ нан үшін американ солдатына еріп келген. Соқыр атты қотыр ат іздеп табады деген осы.— Сардар аға құрқылдап, жағымсыздау күлді.— Дональд — Дәурен дүниеге келді. "А, құдай, өлмеген жанға бір ырзық!"— деп, тәубама келіп қалып ем. Жеті-сегіз жыл бұрын консерв заводында ішіп-жемімді айырып жүргенде, үстіме балық толы бөшке құлап, белімді үзіп кетті. Содан бері көтек арбаның қос дөңгелегіне жалынған мүгедекпін. Бар жиған-тергенімді емдегені үшін аурухана қалтамды қағып, алып қалды. Әйелім мені тастап, былай ойнақтап шыға берді. Көрші көшеде тұрады. Дональд он күн шешесінің үйіңде, бір күн менде. Сіздер келгесін ғана төбе көрсетіп жүр. Дәурен деген аты болмаса, бүтінімен американ бала.
Ауыр күрсінді.
— Қазір қалай күнелтіп жатырсыз?— Көкесі жойдасыздау сұрақ қойғанын сезді ме, шашалып қалды.
— Қалайы бар... Жападан-жалғыз, қарақан баспын. Сыртқа шықсам, кіруім қиын, кірсем, шыға алмаймын. Мына үңгір бөлмені паналап, аптасына бір рет күн шуағына жылынамын. Онда да астыдағы негр әйелі көтеріп, түсіріп шығарады. 347 доллар 50 цент пенсия аламын. Оның екі жүзі — пәтер ақы. Мұның өзін арзан күнінде алып қалдым. Пәтер ақы жыл сайын өршіп-өршіп өседі. Қалғанын күнделікті ас, бәкүн-шүкінге жұмсаймын. Көріп тұрсың, маған басы артық киім-кешек керек емес. Бәрі — үстімде. Азық-түлік удай қымбат. Екі жүз елу грамнан — бақандай бір доллар. Бір шыныаяқ кофе — елу цент.
— Мен манадан бері үш шыныаяқ кофе ішіп қойыппын.
— Иә, бір жарым доллардың басына су құйдың, шырақ. Америка есепті сүйеді. Табынатын тәңірі — доллар. Ана Дональд баланы көрмейсің бе, Ақанды доллар үшін мерт қыла жаздағанын.— Дәурен өз кіндігінен емес, бөтен, көрші адамдай "Дональд бала" деп сыртқа тебеді. Ақан Сардар ағасын іштей жақтырмай қалды.— Метроға сау кезімде елу цент төлеуші ем, қазір долларға жетіп қалды деп естимін. Соны ойлағанда кей-кейде аяқтан айырылып, метромен жүрмей, үйде мешел болып, омпиып отырғаныма қуанамын,— деп кеңк-кеңк күлді.
— Қойыңызшы қайдағыны айтпай...— Көкесі ожарлау әзілге тіксініп отыр. Жалпы, үйкүшік өмір ме, американ өмірінің есеп-қисапсыз алға баспайтын дәстүрінің әсері ме, қатарынан қалған кем адамның жан ашуы да шығар, бүл кісіден ер-азаматқа жараса бермейтін тым ашық кету, ашыну бар. Американ тұрмысын да жерге тым тұқыртып, әсіре жамандап сөйлейді.
— Қайтейін, қасірет жұтқан лақсаның күйігінен шыққан лақпа да.— Сардар аға сөз аяғын жұтып қойды. Расымен жылап отыр ма?— Қайбір жетіскеннен...
— Сабыр етіңіз, бұған да шүкір. Міне, су жұтыңыз! Тастаңызшы темекіні бықсытпай! Жүйкеңізді алып қойды тіптен.
Ақан көзін кеңінен ашып, төбеге қарап жатыр. Қол-аяғын қалай болса солай тастай салған, қозғалта алар емес. Пистолет кезенген Сардар ағасы мұндай кәріп халде екен деп ойламап еді. Ел мен жерден тірідей айрылған адамның азапты жолын төбеге ойша сызып жатқандай.
— Америка секілді үлкен елдің азаматысыз. Далада қалдырмас.
Сәкеңнің үні қатқыл, қотырланып шықты.
— Өйткен азаматтығы құрысын. Қолымда паспорт та жоқ. Сурет жапсырылған қатырма қағаз бар. Көк карточка. Әне, үстел үстінде жатыр шаң басып. Санда бармыз, санатта жоқпыз. Америкада тұратындар үш топқа бөлінеді. Алғашқысы — ақ түстілер. Бар байлық пен шайлық солардың қолында. Қалғандары біздің ар жақ, бер жағымыз. Екінші топтағылар — негрлер. Олар екі ғасыр бұрын Декларация жариялаған тең правосын әлі түгендей алмай, еңбегі еш, тері тұз. Ең бейшара төменгі топ — біз сияқты әр елден қаңғып келген тастанды қағылған, соғылғандар. Біздің азаматтық қақымыз жоқ. Көрінген қожа. Ертең өле қалсаң сүйегімізді өртейді де, шаша салады. Бір уыс топырақ бұйырмайды бізге бұл елден. Есіктің маңдайшасынан көрген шығарсың, бүгінгі аты-жөніміз Саймон Саят. Көк карточкіде солай. Дональдты шешесі өз атына көшіріп алған. Дональд Фокт. Сол бала ғана американ азаматы, өйткені осы жерде туған.
— Апыр-ау, өз фамилияңыз қайда? Сартауылов еді, ұмытпасам.
— Тастадым ол фамилияны. Қашқынға фамилия не керек. Сартауыл деген қазақтың жақсы атын мен секілді жаманға қор қылғым келмеді.
— Таусылмаңызшы, ағатай!— Көкесі күрсінді.— Одан да елге қайтпайсыз ба? Ел іші — алтын бесік. Аңдаусызда жасаған қатеңіз кешіріледі. Отан — орманымыз қазір үлкен өзгеріс үстінде: қарбалас еңбек тұсында. Бейнетқор, адал адамдар алға шығып жатыр.
Сардар аға көкесінің сөзін бөлді.
— Гласность, перестройка дегенді естіп те, оқып та жатырмыз. Американ газеттері күнде шулайды. Әрқайсысы өзінше бал ашып, сәуегейлік жасайды. Осындағы аз қазақтың сайлап алған бастықсымағы бар. Арғы түбі шикі, бұлдыр. Ауқатты тұрады. "Қазақ әдебиеті", "Жұлдыз", "Мәдениет және тұрмысты" алдырады сіздерден. Ел жаңалығын содан білеміз.
— Ел жаңалығына алыстан жатып тамсанғанша, көзбен көріңіз. Қиындық, қызығымызды бірге бөлісіңіз.
— Бір күндік еңбегім мен терім сіңбеген ел бетін қалай көремін, не деймін, Оңғар қарағым-ау? Білемін бәрін онсыз да. Одақтас он бес республиканың Отан аясында ғұмыр кешіп жатқанын жақсы білемін. Қызық та, шыжық та, қиындық та көп сендерде. Бірақ өз қиындықтарың, өз отаның, өз топырағың, өз қызықтарың...
— Біздің өмірді сіздер сырттан қадағалап, біліп отыр деп ойламап ек.
— Ойпыр-ау, Совет еліндегі игі өзгерістерге бүкіл әлем көз тігіп отыр емес пе. Сауатым бар. Елден соғысқа он жылдықты бітіріп аттандым. Осында американ коммунистерінің газеті шығады. Әне, жатыр, "Дейлн уокер"—"Біздің іс". Содан оқимын. Қала сыртында бір-екі қазақ үйі бай фермердің малын бағады. Колхоздастыру жылдары аштықтың айдауымен Қытай асыпты. Одан Түркия ауып, күнін көре алмай, зорығып осында жеткен. "Біздің Отан" газетін алдырады. Анда-санда халымды сұрап кіріп шыққанда, қолтықтарына қыстыра келеді.
— О, жақсы!— Көкесі не жақсы, оны өзі де анық білмейді-ау, шамасы, тек Сәкеңнің көңілі үшін айтып қалды.
— Ал, маған жаман!— Сардар аға ашулы арыстандай гүр етті.— Сол газет, журналдарды маған парақтап шығу оңай деймісің. Асқар Алатау аясындағы Алматының суретін көрсем, көзім бұлдырап, журнал мұқабасына жасым сырт-сырт тамады. Үпір-шүпір балалы, немерелі ошақты көрсем, қолым қалтырайды. Сол бір бақытты адамдардан менің нем кем? Егер, егер... Әттең, 45-жылғы сол бір жылмақай американ капитанының алдына қайтып барсам... Тілеуімді кескен тілмашты қайта көрсем... Қолым өле-өлгенше жағаларында кетер еді. Нағыз сойқаның сол екен, кейін естісем. Тілмашты айтамын да. Кулактың баласы екен ит неме. Соғыс кезінде фашистердің табанын жалапты. Кімге қызмет етсе де итке бәрібір, кейін американдықтардың аяғына жығылған. Жүзі жылмаң, сөзі сырдаң сол неме талай тұтқынды алдап, торға түсірді. Сол кезде-ақ американ барлау орындары көп тұтқынның ішінен совет мемлекетіне қарсы жұмыс істейтін агенттерді іріктепті. Әрине, мен секілді сауатты, білімді жігіттердің ішінен. Кейін әлгі капитан да маған емеурін білдірді.
— Көнбегенсіз ғой, зады?—"Көніп қоя ма?" дегендей көкесі бастырмалата сөйледі.
— Одан да тірідей өлгенім артық. Көнбегесін ғой жағадан алып, күл, күресінге лақтырып тастағаны.
Ұзақ сонар сөз қажытты ма, ас үй әңгімеден қалды. Таң сыз беріп, төбе ағара бастапты. Бөлме ала көлеңке. Көше жақтан машина гуілі жиіледі. Ақан лебін ішіне жұтып, ақырын күрсінді — таң жақын! Таң ата көкесі екеуі Джон Кеннеди атындағы халықаралық аэропортқа бет алады. Ары қарай — Атлантика мұхиты, Москва, ақбас Алатау, жасыл Алматы! Астанада бұларды мамасы, Сағи мен Шағи, Сергей — егер Красноярскіде жүрмесе, Серік — егер Мойынқұмға кетіп қалмаса, қарсы алады.
Ақан жымиып қойды.
- Туған жер есіңізде қалды ма? Тым болмаса бұлың-бұлың елесі...
— Неге ұмытайын, неге ұмытылады? Бәрі де көкірегімде хаттаулы, жазулы. Селеулі дала, жарық күн, таза ауа... Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, толғатып тапқан анашым есімде. Соңғы кездері жиі-жиі түсіме кіреді. Көз алдымда көлбеңдеп, үнсіз тұрады да қояды. Не тіктеп қарамайды. "Апа! Апа!" деймін жаным ышқынып. Тіл қатпайды. Көйлегі көлеңдеп алыстай береді, бұлтқа араласып, көк ніл аспанға сіңіп кетеді...
Көкесі аз бөгеліп, сөз жалғады.
— Сәбила әжені өз қолымыздан қадірлеп, ақ сапарына аттандырып салдық. "Сардаржаным жер басып жүрсе, бір хабарын берер еді. Сардаржанның қасына барайын" деп кетті.
Үстелден құлады ма, шыныаяқ күлдір етті.
Көкесі ерік күшін тас-түйін жинап, іштей әбден бекініп алған ба, ширай түсті.
— Сардар аға, таң жақын... Ертең жол жүреміз. Сізге туған жердің бір уыс топырағын түйіншекке орап ала келдім. Ел мен жер атынан әкелгем жоқ. Сәбила апамның зиратынан шымшып алдым. Міне!
Сардар аға ышқынып кетті.
— Туған жердің бір уыс топырағын төсегімнің басына іліп, ақиретке барғанша күніне үш мәрте иіскеп қоярмын. Өлгенде молама себіңдер деп өсиет айтар ем, бұл қалада маған жер бұйырмайды. Қойныма бойтұмардай тығып жатып, көз жұмармын. Ал енді саған не айтайын, Оңғар айналайын?
"Айналайын" деген сөзді естігенде барып, Ақан жымиды — ұмытпапты, ұмытпаған екен Сардар аға! Туған жердің кәусар ауасы мен жусанды даласы, жас құлынның шапқылап, шіңгір-шіңгір кісінегені, бозторғайдың биік-биік үні, домбыра бебеуі мен қобыз сарыны түйсігінде екен. Ұмытпапты "айналайын" деген аталы сөзді. Сатқын да емес, қашқын да емес, қу тағдырдың талқысына түсіп, қиян шеттен шығып қалған кәріп-кәспір екен мына Сардар аға!
Көзінен жас парлап бара жатқасын, етпетінен аударылып түсіп, бетін жастыққа көме қойды.
...— О шеті мен бұ шеті айшылық алыс жол Ұлы Отанға дұғай-дұғай сәлем айт! Еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін үш рет иіліп, сәлем бер! Менің атымнан, осындағы көп мұңлықтың атынан! Туған жердің аспаны аман, ала бұлттан таза болсын! Соғыс деген суық сөзді қайтып естімеңдер. Сол ғой, сол сұм соғыс қой пайғамбар жасыма келгенде сең соққан балықтай сенделтіп қойған...
— Әумин! Айтқаныңыз орындалады!
* * *
Отан!!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілік бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өкінумен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да сорлайды.
Тірі адамға — сол қайғы!
Мұқағали Мақатаев
АСПАН, АУА, ЖАРҚЫРАҒАН КҮН...
Алып лайнер күміс сәуле шашып, аспанды тоқымдай тіліп, заулап келеді. Қатар отырған көкесі мен Ақан жұмған ауыздарын ашпаса да, іштей зор толқу, тебіреністе. Ә десе көкіректегі қуаныш сезімі ұмар-жұмар атылып, кек көгершінге айналып ұшып кетердей, орнын сипап қалардай. Салон іші көңілді. Пассажирлер дабыр-дабыр сөйлесіп, әзілдеседі, Отан жаңалықтарын бір-бірінен сұрайды. "Правда", "Известия" газеттеріне көміліп отырғандар да бар. Аэропортта кім, қалай қарсы алатынын айтып, қауқылдасады. "Ил-86" аэробусының ішінде қолма-қол танысып, адрес алмасып жатқандар қаншама. Бәрі дерлік мұхиттың арғы бетінен туған жерге оралып келе жатқан туристер, артистер, спортсмендер, тағы басқалар. Әне, алдыңғы қатардан Арнольдас Виткус аға бұларға әдейі бұрылып тұрып, қолын көтеріп, өз алақанын өзі қысты —"Сәлем, бауырлар!" Сонан соң балалы үйрегі мен ортан терегін жоғары шошайтып, латынның "V" әрпін жасады -"Жальгирис" командасы жеңіске жетіпті! Көкесі ұшып кетердей талпынып, Ақанның қолын алып, солаң еткізіп жоғары көтерді: "Ұшарға қанатым жоқ, аспан жер емес, тәртіп бұзуға болмайды, ұлымыз екеуміз жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздің жеңіс — біздің жеңіс!"
Сүйкімді жас келіншек дәл қастарында отыр екен, ол да күлімсіреді: "Сіздерді ұғып отырмын, қуаныштарыңызға мен де ортақпын!" Атақты Надя Павлова мынау! Жас болса да аты әлемге әйгілі балерина! Оның ар жағында — бүкіл әлемнің балет сүйермені төбесіне көтеретін Галина Уланова! Олар да Америкадан, гастрольден, сәт сапардан оралып келе жатыр.
Таныс жүздер, таныс сөздер жүрекке жылы-жылы тиеді.
Ақан терезеден төменге көз салды. Өркеш-өркеш қаз бауыр бұлттар қалқи қатып тұр. Алып теплоходқа ұқсай ма, әлде монтиып тұрған ақ ботаны еске түсіре ме? Тапты, тапты, ақ басты Алатауға, туған жердің тауларына ұқсайды. Ақан ақ бұлттарға көзі толғанша қарады. Ақ бұлттардың арғы жағында — Америка елі... Өкініштен ah ұрған Сардар аға, үндемес, бір бармағы ішке бүгулі Дональд, миллионердің еңбекқор баласы әрі сері Реджинальд, ақ көңіл Вирджиния!
Бұлттар жайлап қозғалып, адам бейнесіне кіріп, табан астында өзгеріп бара жатқандай. Тез-тез жылжыған әне бір мамық бұлт — жас ботадай тайраңдап, лыпып басқан Вирджиния... Мына бір мықшиып жатқан қаралтқымы — қол арбаны ерттеп мінген Сардар аға! Қатып-семіп, қабағына қар қатып, тапжылмастан отыр.
Саулаған самолетке ілесе алмаған жаңағы үлкен-кішілі бұлттар — Сардар аға, Вирджиния, Дональд, Редди біртін-біртін алыстап, қым-қиғаш араласып, қара үзіп барады.
Көріскенше қош, мазасыз Америка!
Ақан көзін арт жақтан алып қашып, алға аударды. Аппақ бұлттардың үстімен алтын күн сырғанайды. Әне бір мамықтай жеңіл қос ақ бұлт лайнерге қарай тез-тез жақындап келеді. Ақанның жұдырықтай жүрегі лүп етті: әлгі бұлттар жақындаған сайын қос тентек, қос бауыры Сағи мен Шағиға айналып барады. Күлмің-күлмің етіп, көкесі мен ағасына құшағын жайып, ұшып келе жатқан күнәсыз қос періште! Оның соңын ала көгілдір көйлегі көлбеңдеп, мамалары жүгіре басып келеді. Қос тентегі самолетке соғылып қалмасын деп, жаны мұрнының ұшында.
Төбеде көгілдір аспан — көгілдір жалын жарқырайды. Құндақтаулы баласын төніп келген ажалдан құтқару үшін рухқа айналып, поезд тоқтатқан көгілдір көйлекті Ана!
Армысың, Отан ана!
* * *
— Сонымен, Ақанжан, 1985 жылы шыққан мына бір кітабың Америка туралы тағы не дейді?
— "АҚШ — өте бай ел. Бірақ осы дәулеттің бар қызығын ат төбеліндей алпауыттар ғана көреді, асып-тасып, сән салтанатпен өмір кешеді; ал миллиондаған американ еңбекшілері көбінесе қайыршылықпен күнелтеді".
— Өйдөйт деген! Ендеше, әлгі қайыршылықпен күнелткен еңбекшілер Америкадан безіп, басқа елдерге неге ауып кетпейді? Қайта әлемнің әр тарабынан жыл сайын АҚШ-қа эммигранттар миллиондап үсті-үстіне саулап келіп жатады екен. Өз көзімізбен көріп келдік қой. Соқтыртады, ә?!
Әке мен бала әңгімесінен
1987 жыл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі