Өлең, жыр, ақындар

Жиырма және жалғыз

повесть

Хал қалай, Сәке?

Қызмет барысы нешік? Үйдегі құрдастың денсаулығы ше? Мен үшін, бәлем, өзін қысып тұрып құшақташы. Антұрған, жаманға жорып жүрме, әншейін әзіл де.

Хат иесін шамалаған шығарсың. Баяғы боз өкпе Биғалиларың. Бұл күнде облыс орталығындағы ветлабораториядамын. Пәтеріміз бар. Бір-екі кішкенеміз стол жағалап ойнап жүр. Үлкені керемет ақылды. Алты жасты жаңа толтырса да әліппе, арифметикаңызды шекілдеуікше шағады. Көршілер шын айтса, өзіме тартқан дейді. Әнеукүні жұмыстан келсем, шахмат тақтасына тастарын орналастыра алмай дал боп отыр. Бір-екі рет көрсетіп ем, қағып алды. Зеректігіне жағамды ұстадым. Кейінгі кезде мені жеңіп кетіп жүр. Жат көзге оншама көрсете де бермейміз. Кім біледі, тіл тиеді дегендей...

Түу, бірді айтып, бірге кетіппін, кешір. Жас үлкейіп, дене ет алған сайын ауызға үй іші, бала-шаға жәйі жиі түсе береді екен. Есінде ме, институтта романтика, атақ, даңқ туралы жиі таласушы едік қой. Соның бәрі кітаптан оқыған, кинодан көрген түсініктердің туысы екен де. Үлгілі семья басы бола біл, бала өсір, жақсылап тәрбиеле. Өз есебіңнен ұтылма. Әрине, Антарктиканы жел қайықпен айналып шыту, айта қону тым жақсы, бірақ бәріміз батыр, данышпанға айналсақ, соның қадірі қалмас та. Қоғам алдындағы шағын болса да борыш-қарызыңды өтеп, қатардан қалмай жүре беру де кемдік емес тәрізді. Біздің өмір осылай құдай деп қарын сипап, өгіз аяңмен жайлап жүріп жатқан жай.

Айтпақшы, құрдастарды кездестіріп тұрасың ба? Өткен жетіде апайтөс Мақұлбек үйге қонып кеткен. Білетін шытарсың, балалар Бөлек-Салақ деп келеке етуші еді. Семинар-кеңеске келіпті. Бәз-баяғы қалпы – ақкөңіл, аңқылдақ, аңғал. Кішкентайлар өзіне үйіріліп қапты: «Дәу атайды тауып берге» салып, қазір мазаны қашырыңқырап тұр. Аңқаулық балалыққа тана жарасатын қасиет қой. Шалғайдағы бір совхозда мал тұқымын асылдандыру бойынша ма... зоотехник екен. Салпауызым, қуырдақтан құр қалған салымсыз ауызым-ау. Бәрімізден Кемеңгер озыпты. Қазір Алматының ақырған кандидаты. Докторлығы алыс емес көрінеді. Үй ішіне сәлем жолдап хат жаздым. Сүбе-қазыдан сәлемдеме салмақ ойым бар. Құдай айдап алдына апара қалса, арқадан итермес. Курстас ит қой.

Таты кім еді... Е, Сәлиманы білуші ме едің? Арпа ішіндегі бір бидай ше? Қазір көрсең, танымайсың. Қол-аяғы балтадай сылыңғыр келіншек. Көрші қаланың маңайындағы ет-сүт совхозында білдей бас мал дәрігері. Мұндағы туыстарына демалыс алып келіпті. Қалай дегенмен, төрт жыл қатар тобық қағыстырған құрбы; ресторанға отырғызып, риза ғып жібердім. Үйге шақырып, гастрономнан сатып алсақ та бас жегізіп сыйлап жіберуге Ғайшаның мінезі өзіңе белгілі. Бақанда екі-үш балалы болса да кәдімгідей қызғанады.

Есімнен тас шығыпты, Сәлима сен жайлы көп сұрады, сәлем айтуды тапсырды. Ресторанда жігіттерді желбезегінен тізіп, көзіне жас алды. Шеттерінен шиырған сақадай еді дейді. Әуелден боркемік қыз еді, сол қаз-қалпы. Қызы қалай деп таңданарсың да. Күйеуден шыққан әйелді қызға көгендемей қайтеміз. Бір мұғаліммен тұрмыс құрған екен, онысы кейін ішіп, ақыры басқа күлімкөзбен зытып отырыпты. Еркек шіркін жалынан сипаса, жанына торсық байлатпастың тап өзі: бақытын басқа теуіпті, ақымақ айғыр! Сәлимадай әйелді жер-жиһанды қаңғыса да енді тауып алар. Сол түсті тес азбандарға қор қылмай-ақ, курстағы сеңдей соғылысқан жігіттердің қанжығасына неғып байлап жібермегеміз десейші. Жаңылыспасам, Сәлима солардың ешқайсысына кет әрі емес-ті. Өзгені қайдам, Бөлек-Салақ, кемеңгерге, оқи алмай шығып кеткен әнебіреу сығыр көз сарыта көңілі кеткенін білемін. Екеуіңнің «достық, түсініскендік шырайдағы» қарым-қатынастарың өзіңе аян. Менімен де... Қой, әйтеуір шет пұшпақтап шығарыппын, бәрін баяндайын.

Не мылжыңдап кеттің деп ренжіме. Жора-жолдастардан ірге алыстап, ара қашықтаған сайын, соларға деген сарғайған сағыныштың ұлғаймаса, кемуі жоқ созылмалы ауру екен. Студент кезде үйге хат жазбақ түгіл, ақшаны телеграммамен сұрататын Биғалидың бұл күнде кешетін күні баса. Жиырма ұлдың қызды институттардың алдында талай аяқ талдырып тұрғаны, Жұмақан-Жөңкеңнің қызып алып, Жәмилә терезесінің алдында секектеп, сағат бойы серенаданы аңыратқаны, артынша-ақ бір әйнегі түсіп қалған көзілдіріктен дүниеге бейжай қарап, мас күйінде бүткіл қаланы кезіп шыққаны еске түссе, ішке у түскендей хал кешемін.

Сондықтан ба, саған хат жазуға қалам алып отырсам, қол жүгіріп-ақ кетеді. Сөйте-сөйте баяғы қағаз былғап қобыратып әңгіме жазатын, бірде-бір жолын баспа бетіне шығара алмай кеткен Сәрсеннің сыңарына айналғаным ба деп шынымен қауіптенемін. Сартылдай сайрап сөйлеуге құмар боп алдық. Ғайша тулаған сағаттарда, мақал-мәтелдерді ағытып кеп соққанымда, байғұстың аузы ашылып қалады. Қазір демалыстамын. Күнде күзететінің төрт қабырға, қырғанда бала бағасың, ас дайындайсың – бар-жоғы екі-үш сағаттық іс. Әбден зеріккеннен кейін қолға ілігетіні қалам мен ақ қағаз.

Ал, Сәке, ғафу ет, хатты сәл-пәл үзуге тура келді. Көрші бөлмеде кенжеміз көзін ашқандығын түсіндіріп, бөлмені басына көтеріп жатыр. Астын дымдап алса керек. Ғайша жұмыста. Тегі, сол... жаялығын өзім ауыстырмасам болмас.

...Сонымен әңгіме Сәлима жайлы. Оқуға қабылданған соң курсты қақ екіге бөліп тастады ғой. Иә, Сәрсеннің он жеті жаста екендігіне, сол жылдар ішінде қалың халқы үшін мардымды ештеңе тындырмағанына қатты күйіне басын қыса ұстап, аудиторияда арлы-берлі сенделіп жүріп, алғашқы күні «Б» тобы жиырма жігіт және... жалғыз Сәлимадан тұратынын біліп, жатып налыдық. Қой, шіркін әйелдерді әдемі свитер, кофта, көйлектер жатынан таңдандырмаса, оншама қызықтырмайды екен. Қала қыздары үшін мал дәрігері ұғымы көк дөненмен қорқ-қорқ келіп, отар-отардағы қошқарлармен күресіп жүрген киножурналдағы шекпенді ағайдан айырмашылығы аз-тын. Сәлиманың да институтқа конкурс аз болғандықтан келгенін соңынан білдік қой.

Хош, жоқ қызды жонып жасай алмадық та, сабақты бастап бердік. Қарала қаріптерді қуалай-қуалай жалығасың да, аузыңды айта білеп, есіней терезеге қарайсың.

Амалсыз еске ауыл түседі. Шіркін, отар қой есіліп өте беретін кең көшесін-ай! Бетінде жел жүгіріп ойнайтын жасыл нілді жасаңы қайда? Қарсы кездессе, шуласа күлісіп, жеке жолығысса, көздерін төмен сала тымпыңдап тезірек өтіп кететін тоқ балтырлы, қаны бетіне тепкен мәйекті қыздары ше? Оңашада қашқалақтағанына қарамай, ыстық білегінен қармап ұстап аласың, ұстап аласың да, көршінің итін Кәрімнің көкжөтел тракторы басып кеткенін, яки Сәлімнің сиыры түсте кереметтей оқыралап, ауылды қақ жара шауып өткенін ұзақ қызықтап, көп-көп әңгімелесесің. Кешке клубта қатқан кино болатындығы, қатқан кино болса, сөз жоқ, итальяндық екендігін жерден жеті қоян тапқандай жыр қыласыңдар да, әрқайсың – кепкасы қисайыңқы өңкиген бозбала да, бетін жел қаққан тобылғы торы қыз да, олай болса, екеуінің міндетті түрде клубқа барып қатар отыруы қажеттігін, сеанстан соң жігіттің қызды екі жүз қадам қашықтықтағы үйіне екі шақырым жер жүріп, шығарып салу керектігін ойлайды. Одан ары өңірін шерткен жап-жаңа жапондық кофтасының түймелерін қыздың түртпектей қызарып ұялуы басталады, ақыры бәрі екеуіңнің де бет-беттеріңе лағып қаша жөнелулеріңмен тынады. Рахат! Тұла бойыңа дуылдап қан жүгіріп, көзін жасаурай лекция оқып тұрған, костюмі сенікінен гөрі жаңалау адамның бетіне тоқталады. Ол қол орамалын қалтасынан суырып сіңбірінеді де, сөзін одан ары соза жөнеледі. «Әртүрлі жұқпалы ауруларға шалдықпас үшін, керолинді ерітіндісі бар суға қойды жылына екі рет тоғытып отыру керек». Ал сенің ойыңда бүйрек бетті, тоқ балтырлы қыз. «Керолин, тоғыту...». Ыза буып, назарыңды басқа жаққа бұрасың. Көзің өңкей қысқа шашты үлкен-кіші, сопақ-домалақ, шот бастарды түгендейді. Тұқшыңдап кеп тілдері салақтап жазады, оқиды дейсің. Өңге өрге басқан өнері шамалы. Ал алақаның қыздың қолын қысып тұрғандай ду-ду етеді. Топшың таңқаларлықтай тайғақ та жұмсақ тізеге тигендей қызынып отырасың да, тым болмаса иесінің елес-сұлбасын жанталаса алақтап іздейсің. Ештеңе жоқ, үшті-күйлі жым-жылас. Анау бұрышта тана бүрісіп қыз отыр. Қопаң етіп көтеріле қоясың да, алданғаныңды андап, тіліңді тістейсің. Сирек шашын қайта-қайта кейін қайырғыштай бүрісе түсіп, көзін конспектіден алмайды. Қушық жауырынын жапқан бөкебайы дамыл-дамыл ысырылып түсе береді. Қиық кездері адамға жасқана, жасаурай қарайды. Оның орнына тоқ балтырлы, мәйек бетті қыз неге отырмасқа? Төрт қабырға ортасына құшақтап әкеп гүл қойғандай аудитория бір жасап қалар еді. Мынау оған орын бере қояр ма? Әрине, жоқ. Оның қайтсе де мал дәрігері болып, қошқарларды, қойды емдеуі қажет. Жағынды сықырлата қарыстырасың. Көзіңді ежірейтіп, жеп жіберердей бетіңнен боран соқтырып түтеп қарайсың. Осыдан сәлемдессем, тілім қыршылсын дейсің. Ығынан өтпеске ант айтылады. Бүйтіп шат-шәлекей шала бүлінгеніңе оның түкірмейтінін ойлап, одан әрмен шыр-пырың шығады.

Ал аудиториядағы қалған он тоғыз жігіттің он тоғыз ток балтырлы, бүйрек бетті қызды дәл осылайша еске алып отырмасына кім кепіл. Мейлі, он тоғызы түгел болмай-ақ қойсын. Бесеу, он, он бесі... қиялды қуа-қуа қыстығып кеп ойындағысын көз алдындағы Сәлиманың бойынан саусақ бүгіп санап ала қойғысы келеді, санап ала алмайды да, оған сол кінәлідей-ак жазықсыз жерден алып, жерге салып жазғырады. Он тоғыз қызды жалғыз Сәлиманың ауыстыра алмайтынын сезсе де, он тоғызына орын бермей отырғаны үшін қандары қарайып, қарадай кіжінулі.

Қыз ылғи алда отырады. Артта жиырмамыз жиылып бір төбеміз. Жас тылым кандидаты қызды жалғыз қалдырудың күнә екендігін ұтатын жасқа жеткендігіміз жайында тәп-тәуір тираданы оқып тастап,– онысына өзі әбден риза,– мардамсып, жұдырығына жөткірініп қояды. Сәлиманың жанына сүйрегендей біреуімізді жетектеп отырғызады. Мектеп, мұғалім атаулының он жылты ақыл-кеңесіне әбден мелдектеп тойып, үлкенсіген бұйрық рай атаулыға түп-түгел жирене қарайтын басымыз мұны мизей қойғымыз келмеді. Сәлиманың қасында кандидаттың зорлығымен осылайша «кезекшілік» атқарғанымыз үзілісте мазақтың нысанасы.

– Жігіттер, жүрегін тыңдаңдар, түзік пе?

– Осы жігіттен қыз қасындағы прописканың иісі аңқып тұр, мен білсем.

Мықты болсаң, жиырма ауызға қақпақ қойып көр. Шетінен ауылда өсіп, әжуә-күлкіні ерттеп мінетін тақыстар. Жиырма бір-бірін оншама білмесе де, жалғыз қыздың есебіне жүйрік. Кіммен сөйлесті, қайсысымен жатақханаға қайтты, қай қаратүйнекпен көз қарпысып қарағандарына дейін алақанда. Оған жанасып кеткенімізден жеккөрініштісі жоқ. Тілдің сұғын қадап келекелеп, байғұсты әбден жерге тықпай, бетімен жер сүргілетпей тынбайды.

Қойшы, сол қырқылжыңмен қысқы сессияны ұзатып сап, көктемнің қыр арқасына қол іліктірдік. Әу бастағы қара құлағымыз ағармаса да бозаңданып, кешеде кездескен бойжеткендер балтырының түзу-қисықтығы, жіңішке-жуандығы жайлы талас қозғай бастаған қызбалы шақ. Кештің көз-қасы қарайса, бөлмедегі бар бүтінді іліп ап, медицина, қыздар институты қайдалап зытып кететін пысықайлар табыла бастады. Киімім жұтаң, қыз сүріндіретін сырт сымбатым да шамалы. Жаңағы жылпостардың шай-суын қамдап бөлмеде жалғыз қалатын күндер басталды. Жатақхана ескі, бөлмелері дымқыл, қараңғы. Кітап-конспектіден әбден жалыққаннан кейін қаңғалақтап коридорға шығамын. Қолымда кек шайнек, сылтауым су алып, шай қою. Көз шіркін жатақханадағы қыздар тұратын қадау-қадау бөлмелерді қысылып-қымтырылмай санайтын ашқарақ та есеп қой. Қара қасы қиыла, маңдайы жарқыраған біреу шыға қалып, шайнегімді сұраса... Әрине, бар, сіз дегенде... Жанарымды майға шылап, иіліп қайыса қаламын. Ендеше: «Шайнек сізден, қалғаны бізден, бөлмеге жүріңіз»,– деп есік ашса ше? Тамаша! Көкірегімді рух ала серпіліп, төңірегіме қараймын. Жоқ, атамаңыз. Ешкімі де пысқырып бұрылмайды. Бәрінің де шайнегі бар, тапал бала бекерге дәмеленіп, маңайына қарамай-ақ қойсын. Сүмірейіп, бөлмеге бет аламын. Қарсы алдымнан Сәлима кездеседі. Оның да жетектеген көк шайнегі бар. Амал жоқ: «Хал қалай, анау тақырыпты жаттап болдың ба, е, күн қандай жақсы, ертең семинарда сөйлеп, бізді бір құтқарсайшы, дайындалып үлгіре алмадық» деген етін алған суы кеп сорпасыз сөздерді айтамын. «Хал жақсы да, жаман да емес, жаттап біткенім жоқ, өйткені басым ауырып тұр, жалықтым, күн шынында жарқырап тұр, семинар атаулы бар кітап, конспектілермен қоса құрып кетсін, ал, сендерде қайнатым шай бар ма?». Жауабым: «Әрине, бар». «Рақмет, рақмет. Үйде шайға үйреніп қалып едім, жақсы болды, жақсы...». Амалсыз: «Мен секілді екенсіз»,– деймін. «Солай ма? Ендеше, біздің бөлмеге жүр, шай қайнатып ішейік».

«Бөлмеге жүр, жүрейік». Жақсы ғой... Бірақ сол бетте мазақтай қараған жиырма кекесін жүз көз алдымда кезек-кезек елестейді. Жүріске жаттықпаған асаудай арқаммен есікті аша кегжендеп кейін шегінемін. «Уақыт тар, жігіттер келеді, дүкеннен азық-түлік алып қою керек. Сабақ... кітап...».

Қысқасы, күн ысып, тоғай бүр алған сайын бөлмеде жалғыз қалуым, Сәлиманың шайға шақыруы, менің қарысып бармауым азаймады, қайта көбейе берді. Бірақ шай мен көк шайнек аман тұрғанда түбінде жер болып жеңілетінім, сөйтіп, Сәлиманың бөлмесіне бас сұғарым анық-ты. Дүние кезек. Бір күні шай таусылып қап, одан сұрадым. «Қалған-құтқанын жаңа тана салып жіберіп едім»,– деді. Тұра қап желкемді қасимын. «Оқасы жоқ, бізге жүр, шай қайнап тұр»,– деді аяй қарап. Сөз бар ма, жүріп кеттім.

Карфаген қабырғасының қисаюы осылайша басталды.

Кейде жалғыз кірпіштің сынуы бүткіл зәулім сарайдың дүрілдеп құлауына себеп екен.

Оны он тоғыз, сорларына қарай, бірден біле де, түсіне де қойған жоқ.

Бұл кейін жиырмамызды желкемізден басып, жалғызға жеңіп берді.

Сөйтіп, екеуден-екеу боп шай ішудің өте көңілділігіне алғашқы күні-ақ көз жетті.

Сәлима әңгімешіл.

Жетім қалыпты.

Менің әкем соғыста қаза тапқан-ды.

Жалғыз ағасы бар, сүйеніп-сенері сол кісі.

Әпкем болған, бізді тастап, басқа облыстағы жігітпен қашып кетті.

Шіркін, көп-көп іні-сіңлілері болса ғой. Әсіресе, сіңлілері. Ұлды қойшы, құйрық-жалсыз қалу қызға өте қиын да.

Кейде анам қаңыраған қоңыр үйде күйбеңдеп жүргенде, туып-өскен ұямның көңілсіз көрінетіні рас.

Оқуын бітірсін. Мамасын ағасының қолынан алып, өзі күтіп бағады.

Жұмыс істеген соң, мен де анамның аяғының астына үлде мен бүлдені жайып тастап, қолын жылы суға малып қоймақпын.

Өмір, мақсат-мүлдеміз тиынның екі беті сияқты осылайша ұқсас екен. Бұрынғы бұрынғы ма, енді шайға шақырыс жиілеп кетті. Семинарға дайындаламыз, жалықсақ, жұмбақтар айтысамыз. Бәрін айт та бірін айт, бұған дейінгі қырғи қабақ қатынасымыз көпе-көрнеу түзеліп, достық келіссөздер дәуірі басталды. Сәлиманың тілі сәл-пәл мүкістеу. Ренжи қалса яки қатты қуанса, сөйлемінің соңына «әкең...»-ді қыстырып жіберуден тайынбайды. Онысы өзіне шалдуарлық, балалық сүйкімділік пе, әйтеуір адамды өзіне тарта түсетін әлпет беретін. Әкесі үлкен қызметтерді тізгіндеген үлкен жан болғанға ұқсайды. Балаларын орынсыз бетке қақпай, еркін өсіріпті. Кенжесі Сәлима дегенде тіпті шұрқырап түсе қалады екен. Кейін әуе апатынан қайтыс болса керек. Оғаштау төрт әріп сол шырайлы шақтардан қалған қымбат белгі. Сәлима сөзін аяқтай келе жылап жіберді. Сенсең, шыр айнала тыпырлай жүріп жұбатқаным: «Студент жыламауы керек, жыламауға тиіс». «Шын ба?». Өзі де сенер-сенбес. «Рас, рас» деппін. «Ендеше, жыламаймын, әкең...». Қосыла күліп жібердік.

Қыз жалғыз, қалтаны он тоғыз – аудиторияда Сәлиманың қасына отыруға батылым бәрібір жетпеді. Көп қорқытты. Жігіттердің дені қулықты қанжығаға ұрып байлайтын сөзге ұста. Ұзақ лекцияның үстінде ұрынуға қара таппай, ерігіп отырады да, ұялатын қыздар жоқ болған соң, қымс етсе, бір-бірін мазақтап, қажайды. Одан қалса, оқытушылардың ұсақ-түйек мін-кемшіліктерін сөзге талғажу етеді. Сөйтіп жүріп олардың қытығына тиіп алып, сессияда бата жатынан сорлап қалатынымыз есіңде болар. Сондайда әсіресе сықақшылар қидай сыпырылып, стипендияның ерінен ауып-ақ қалатын. Аурудан әдет жаман, одан келемеж көбеймесе, азаймады. Қарт кураторымызды қатты мазақтаушы едік, тіпті обал-тын. Сабақты босатып алған яки қарызы көп кінәлімізді тұрғызып алып, ақылын айта бастаса, бәріміз әмір бергендей әлгі сорлыға жабыла беретінбіз. Айтуымызша, әлгі мас болып құлаған, трамвайға бастырып, содан сабаққа келе алмай қалыпты. Әнеукүні айықтыру орнына отырып шыққан сабаз осы емес пе екен? Жанардан жиіркеніш шаша, әдейі жапырылып соған қараймыз. Ол байғұстың сасқанынан көзі маңдайына шығып кете жаздап, зар илеп актала бастай-ды. Ақталғанына біздің түкіргеніміз бар ма, ен бастысы күлдік, ермек табылды, мазақтадық, көңіл жадырады. Ақыры «тым солшыл» біреуіміз атып тұрып, әлгіні «Институттан қудырайық» дегенде, көзімізге кәдімгідей қан толып қалатынын қайтерсің. Куратор бағана-ақ сөзден шығып, шетте қалып қойған. Сөйтіп, жиналыс жиналыс емес, соның пародиясына айналып кететін.

Ал жігіттердің қырын көзіне іліксең, оңам деп ойлама. Лекция үстінде жалма-жан қолдан астыртын листовка шығарып, сайқымазақ суретіңді сопаң еткізеді. Одан кейінгі өмір өмір емес, құйрыққа қоңырау байлаған тозақ басталды дей бер.

Сөйтіп, күндердің күнінде Сәлиманың қасына отыратын заман да келді. Қайсың қай бүйірден іліп әкетер екен деп қыпылдап, байыз табар емеспін. Көп күттірмеді, үзіліске қарай алдыма арт жақтан қағаз ұшып түсті. Ашсам... ұзын дастарқанның қақ төрінде Сәлима екеуміз қол ұстаса қатар отырмыз. Түрім түр емес, құлағы қалқиып, тісі ақсиып, қуаныштан есі шығып кеткен есекті еске түсіремін. Қақ ортада ақбас деканымыз оркестрге дирижерлік етіп тұр. Ішіміз келісе қоймайтын қатал оқытушы атаулы аяқ-табақ тасушы. Әдетте сылтып басатын Жұмақан ортада текеше орғып билеп өнер көрсетіп жүр. Суреттің астын ала өрнектеліп «Соңғы хабарлар» деп жазылған. «Әлқисса, аттың басын кеше астанадағы опера театрына бұрсақ, күрсіміздің көркі мен беделі Қыдырханова Сәлима мен Құрмашев Биғалидің екі жақты батыл шешімінің нәтижесінде үйлену тойлары өтіп жатыр-мыс. Әуелі салтанат құрметіне арналып, театр терезесі тұсынан жер-дүниені күңіренте тоқсан дүркін салют атылды. Бөлек-салақ, тағы басқа ниеті түзу жолдастар жас жұбайларға игі тілек айтып, ұзақ-ұзақ сөйледі. Көңілі босап, көзіне жас алғандарға дереу медициналық көмек көрсетілді. Той өте қызу, жаппай құшақтасу, сүйісу, бірен-саран сүзісу ыңғайында өтсе де, ешқандай пәле-жала, шығынға жол берілген жоқ. Тек таңға жақын қуаныштан есі ауыңқырап қалған біраз дос-жарандар жасақшылардың қамқорлығының арқасында сауықтыру орнына аман-есен жеткізілді. Қазір ол өлкеден жаңағы жігіттердің дүниеге жанарларын кең ашып мағынамен қарайтындығы жайлы қуанышты хабарлар толассыз түсуде. Той-думан «Махаббат өлмек емес» әнін зор өрлеу үстінде жаппай жырлаумен аяқталды. Әумин».

Жыртып-жыртып тастадым.

Үзілісте лезде-ақ қоршалып қалдым. Жырқ-жырқ күлкі. Жымыраң-жымыраң жүздер.

– Уа, ұзағынан сүйіндірсін!

– ЗАГС, әрине, құрметті мекеме.

Бұл сыпайыларының сипай қамшылаған түрлері.

– Жағасын жыртайық!

– Бетіне түкіріп, жер қылайықшы өзін!

Сол арада курске жасаған опасыздығым бетке басылды да, Сәлимамен қарым-қатынаста оңбас қателікке ұрынғандығым мойныма қойылып, оны дереу түзетуге уағдам алынды.

Сәке, жазуды үзуге тұра келер. Қоныраудың байбаламынан шамалаймын, Ғайша жұмыстан келіп қалды. Ac үй жаққа бас сұғып, көмектеспесем, шаруа шатаққа айналады. Бәріміздің басымыздағы хикая ғой. Қол талды. Қалам да бұзылып, жүрмей тұр-ау. Бітпеген іске сылтау көп деп күлетін шытарсың. Ғапу ет, әзірше.

...Ештен де кеш жақсы. Кешегі хатты қайта қолға алдым. Кішкентайлар пырдай, бөгет ететін, жанға жуитын тірі пенде жоқ. Ғайша тана әлсін-әлі күйбеңдей кіріп-шығып, қаламы сытырлаған маған күдікпен қарап қояды. Әй-шай жоқ, кенеттен жазғышқа айналып кетуімнің айласын таба алмай, әрі оны өзім біліп ақтарып айта қоймағаныма күйіп-пісіп жүр. Семья соры әйелдің еркектегі барды сөз жоқ білуім керек деп ойлауы да, еркектің әйел тірлігінен бейхабарсыздығы ғой. Мейлі жарылып кетсін. Кеше қай тұста тоқталып едік? Сәлима... шай ішу... иә, таптым, балалардың мазағына қалып қойған жерге келіп едік қой.

Сонымен, тәуелсіздік жолындағы алғашқы бас көтеру аяусыз жанышталса да, жасырын жүздесу көбеймесе, азаймады. Жора-жолдастар кешкі қыдырыс қамымен қалай шығып кетсе, солай жамбастап Сәлимаға жегемін. Сендерге ерегісу екі арадағы соқпақтың бетін жасыра алмағанын, қайта даңғыл жолға айналдырғанын байқамай қалдық. Ол киімімді үтіктейді, үзілген түймелерімді қадайды, мен дүкендерден керек кітаптарын тауып беремін, сабатын дайындасамын. Сендер бұл тірліктен дымды да сезбедіңдер. «Өлез Биғалиды тарпып тастадық, ол үшін бұл күнде Сәлима қорқаудан кем емес»... Алақанда ғой айтқандарың.

Ай өтті. Әзірге қызбен қабағымыз оң, сөз бағыты дұрыс. Аяққы бір-екі жетіде ғана Сәлима себепсіз қуанып, артынша ашуланатын қызық-қызық күй танытып жүр. Бүгін отырсам – опақ, тұрсам – сопақпын да, ертеңінде тіпті жайдары – әдейі соқтығып, қытығына тиіссем де ашуланған емес. Отырып, альбомын көреміз. Өңкей сықыған сарбаз жігіттердің суреттерін алдыма жайып салады. Сәлима қақ орталарында, қасында, қолтықтарында. Тауда гүл теріп жүр, тал түбінде топ қыз-жігіт тамақтанып отыр. Жә, кластас достары боп шықты. Сендік. Солай-ақ делік. Келесі кезек ашық хаттардікі. Тегіс «қымбатты, құрметті Сәлима, Сәлимаш, Сәлимажан, құттықтаймын, қолыңды қатты қысып, шын жүректен, игі ниеттен...» қызыл, жасыл, көк, қара жазу. Өтірік емес, шын айтамын, сөзім рас. Онысы кейде осылай естіледі. Көз бұлдырайды, бас айналады. Мынау класс ақынсымағының жазғаны, екіншісін жолдаған хорды тәп-тәуір бастайтын. Сол даңғой консерваторияға түсіп кетеді деп кім ойлаған. Менсінбегенсіп, мекірене сөйлеп, бәрін қол ұшымен самарқау ысыра салады.

Жаңылыспасам, май аятына таман анықтамаларды жаттай-жаттай жалығып, айқара ашқан терезеден таза ауамен демалып отырдық. Көкжиектегі қозықарын толық ай жоғары көтерілсем бе, жоқ па дегендей дүдәмал көңілмен еріне жылжиды. Жаңа алақан жайған жапырақтар көк иісін шашады. Жақын скверден желдіртіп гитара тартылды, терезе түбіндегі күлкі аралас күбір-күбір қызық хикаяның бітетін түрі жоқ... Бөлме неткен қапас, ыстық еді!

Сәлима күрсінді.

– Жұлдызды қарашы. Әне, анау ай жанында жанып-сөнген жетім жалғызын айтамын. Мырзаның қасындағы қосшы нөкер сияқты.

– Кешіріңіз, сол қосшыңыз төресінен мың, миллион есе үлкен.– Әдейі айттым. Әлденеге ызалымын. Қураған жапырақ көрсе, көз жасын бұлап, қайғыға қалатын күйкі тірліктен жек көретінім жоқ.

– Ауылда тынық түнді, айды, жұлдызды тұп-тура алақанға әкеп қондырғандай тіпті жақыннан көресің. Қол созсақ, көзін шұқып алар ма едік. Ал Алматыда жыл оқып, бүгін ғана байқап отырғанымыз қызық, ә? Көше бойлай тебені бүркеп тұрған көп тоғай, жеті-сегіз қабат үй, қаптаған электр жарықтары көрсетер ме.

– Қазақстанның қалалы ел еместігіне тәуба де. Токиода таза ауаны тиынға сатады. Кеп ұзамай жетпіс-сексен жылда дала қалата айналады. Әне, сонда қаланың тар көшесінен айдаса шықпай, дала дегенде сайрап өлең жазып, жұдырықтай жүректерін дар-дар айырып итке тастайтын ақындарға обал-ақ.

– Оларға сен тіл тигізбе, ұқтың ба? Оған біздің хақымыз жоқ. Ақындар – әулие адамдар.

– Далаға шын ғашық екен, тіпті тұра алмасы бар, неге бәрі құлдыраңдап қалаға қашады?

Сәлима мені жана көргендей тандана қарады. Ал мен шe? Дәл сол тұзды сөздер қайбір көкірегімді кернеп бара жатыр дейсің. Ай әдемі, жұлдыздар оған қосшы-нөкер, дала дарқан, кең, ақындар әулиелер, ие, иә, дүниенің тамашаға толғатып жатқанын, мұны қиғаш қас қыздармен қолтықтасып жүрген сендердің қызықтап жүргендеріңді, ал менің төрт қабырғаның ортасында ақын яки мал дәрігері екендігін айыра алмай, дал болып басы қатқан қияли қызбен қамалып отырғандығым есіме түседі де, ішім қазандай қайнайды. Бұған кінәлі кім? Дау жоқ, оны да алыстан емес, жақыннан іздейсің.

– Ол – екі қадам жерде отырған Сәлима. Мені көшеге шығармай, қол-аяқты байлап-матап, қарала кітаптан қарғыбау тағып қойған дәл осы қыздың өзі. Сырттағы сендерден титтей де кем еместігім, сендер секілді студент екендігім, топ көбейтер студенттердің бірі емес, бәріңнен дерлік жақсы оқитындығымды ойлаймын да, қолтықтарыңдағы қыздарды, жаңағы сұлулық, әдемілік дүниесіне қия басқан қадамдарыңды қызғанамын да, ай, ақын, жапырақ, жұлдызды тәрік етіп, мойындағым келмейді. Мойындасам болды, Сәлимадан өзге қызға жұғысып сөз қаға алмағандығымды ақ қағазға қарамен жазғандай дәлелдейтінімді зәрем зәр түбіне кетіп ойлаймын да, әдемі ай, қосшы жұлдыз, әулие ақындарға – бәр-бәріне жоғарыдан төбелей қарап менсінбеймін, олардан төмен тұратындығымды, ұғуға өрем жетпейтіндігімді биікте тұрғандығыммен тыраштанып түсіндіруге тырысамын. Сол шарасыздық, әлсіздігімді Сәлима біледі, түсінеді. Қане, ашуланбай, ашудың аузы бітеу сыздауығын сипамай көр. Алыстағыдан артар жақынның жаулығы деген осы.

Сәлима жаңа көргендей тандана қарап ұзақ тұрды да, терезеден шегініп кетті. Содан кейін сөзіміз келіспеді. Екеуге де ортақ, екеуге де қымбат затты қираттым, қызға кешірілмес жәбір жасадым – ол анық.

Қыздың жүріс-тұрысы берекесізденіп сала берді. Шай қойып еді, дүкеннен азық-түлік алуды ұмытып кетіпті, көйлегін үтіктеді, үтігін жандырып алды. Одан ары отыру қайсымыз үшін болсын ауыр екенін сездім де, қоштасып, шығуға бет алдым.

– Биғали!

Селк ете түстім. Даусы ерекше қатты шықты. Бұрылып қарап едім, кеудесіне екі қолын баса, алға аттаған күйі тұрып қалған екен. Сәтсіз спектакльдегі дарынсыз актрисаның жұрт сенер қимыл-қозғалысын қолдан ұшырып алып, аңтарылып тұрған бейшара кейпі.

– Биғали!

– Ал айтсайшы.

Биғали, Биғали... Соншама суға батып бара ма?

– Мынаны бөлмеге барған соң қарап, шығарып берші. Қорытындысына әріптерді қойып оқырсың,– Қолыма екі бүктелген қағазды ұстата салып, ақырын итерді,– Шық, шықшы.

Аң-таң қалпы бөлмеге кіріп, қағазды аштым: кәдімгі формула, оның ішінде ең қарапайымы. Жоғары жағына бөлек жазылған мәндерінің тұсына тендік белгісімен он шақты әріптер белгіленіпті. Формуласын жөн делік, мәннің орнына әріптерді қоюдан не шықпақ? Мектеп программасындағы формуланы шеше алмай, Сәлиманы не қара басып жүр? Оңай дүниені өз қолдарымен күрделендіретін осы қыз дегенің қандай халық?

Ақыры отыра қалып есептеуге кірістім. Айналасы он минутта жауабы дайын болды.

Әріптерді мәндерінің тұсына қойып көрсем... «Мен сені сүйемін!». Қайталап оқыдым. Сол жазулар, жоғалған, қисайған түгі жоқ, әп-әдемі тізіліп тұр.

Ойыма кірсе етті. Сәлиманың орнына басқа қыз жазса, мазақтады, күлкі еттіге санап, қолды бір-ақ сілтер едім. Алғашында сасып қалсам да, біртіндеп мені де іштартатын, маған да табынатын адам бар екен ғой деген ой кеудемді кернеп кетті. Қуаныш па әлде мақтаныш па, анық-қанығын айыруға шама жоқ, бір антұрған сезім бойыма балқыған күйі құйылып, қан тамыр, клетка-клеткаларыма дейін шымырлай жайылып бара жатты. Ес жинағаннан кейін, маған ғашық болатындай не себеп болды екен деген оймен Сәлимамен отырған, бірге жүрген мезеттерді санап, саралай бастадым. Бадырайтып бетке басып айтар дәлел жоқ секілді. Ал біресе қуанып, қайта қомпаңдайтын бір-екі айдың жүзіндегі аумалы-төкпелі мінезі ше? Ашық хаттарды менсінбей, қол ұшымен ысыра салуы, жігіттермен түскен суреттерін көрсетіп, артынша-ақ қалай әсер еттісінің жүзі жабылмаған, жасырусыз, сынаулы үнсіз сұрағы... Тегін емес екен ғой. Маубас бала, аспанға екі-үш шолақ танауыңды таңқитып көтеріп жүріп маңайыңдағыны аңғармапсың. Мейлі, басқалар қыдыра берсін, ал мен оқимын, жетілемін, ғұламалық құрамын, құдай боламын. Ең алдымен аузыма ел қарайды, содан кейін қыз қарайды...

Сәлима! Несі бар, жақсы қыз. Әттең, тым талдырмаштау ма, қалай? Қойшы, келе толысатын шығар. Қарабайырлау. Қарабайыр дейсің, кейбіреулер мына жарқылдақ заманда сондайларды күндіз қолына шам алып іздеп таба алмай жүрген жоқ па. Ал жақсы, қол ұстасайық, қолтықтасайық, оны ел, курс көрді. Жасық жүрек темен тартып қоя берді: «Ұзағынан сүйіндірсін», «ЗАГС, сөз жоқ, құрметті мекеме», «Жағасын жыртайық», «Бетіне түкіріп, жер қылайықшы өзін». Мазақ суреттер, оның ішінде анау жолы алдыма топ ете түскен қағаздағы құлақтары қалқия, тісі ақсиып, қуаныштан есі шыққан мәз-мәйрам есектің кейпі... Күрек тістері пышақтай-пышақтай ырсиып күлген үлкен-кіші ауыздар... Қағазды жыртпасам да, чемоданның ең түкпіріне зытырдым.

Сол күннен бастап Сәлимамен арадағы қатынас біртіндеп суи бастады. Оған қарап ауыз ашсам, бүкіл балалар бізді түртіп көрсетіп, жамырасып күлетіндей көрінеді де тұрады. Бәрі де көк шайнек, шай, формулалы хат жайын білетін сияқты боп көрінеді. Ши шығуын тана күтіп жүр. Шықса болды, жүндей сабап, тірі күйде түтіп жейді. Әлдекім жымиса, қарадай күдіктеніп, қызарақтайтын хал таптым. Шай ішу, шақырысу жайына қалды. Бөлмесіне бас сұқпаймын, сәлемдесуді де қойдым. Ол да менен қашқалақтайтынды шытарды. Семинарға дайындықсыз келетін болды. Оқытушы ұрысса, жылайды. Бұрынғы қарапайым болса да қонымды киінетін қызды қазір тану киын. Шашы таралмай, көпе-көрнеу кетеуі кетіп бара жатты.

Он тоғыз жігіт сол сірескен қалпы. Қыз қарсы кездессе, кез келгені ерінді қайшылай қыбырлата салып, асыл тұқымды арғымақ аттай кегжеңдеп өте шытады.

Сегізінші мартта жата қап жабылып бес тиындық ашық хаттарды аямай сатып алдық та, сыртына сойдақтатып білген құттықтауымызды шимайладық. Сөйтсек, уәделесіп қойғандай егіздің сыңарынан аумайтын бір құттықтауды жазыппыз. «Құрметті Сәлима! Сізді 8 март – әйелдер мерекесімен құттықтай келіп, оқуда озат, өмірде ылғи алда болуыңа тілектеспіз. Курстасың бәленше, түгенше». Мұның өзі жігіттердің тіленшінің алдына тастап кеткен, тозған тесік бақырлары секілді мереке қарсаңындағы көтеріңкі көңілдің рақымдылығы.

Осылайша май айына дейін жиырманың жалғызға қарсы құрған шебі бұзылмаған, cay қалпында келді деген сеніммен аяқтадық. Бұдан былай Сәлима тарапынан қандай сұрапыл шабуыл болса да қатарымыздың сетінемейтініне, ешкімнің де арқа тосып ықтамайтынына одан бетер сенімді едік. Әрине, көп болған соң, ағы-қарасы, жақсы-жаманы бар. Сырттай ғана сыпайы қарым-қатынас жасаудың мағынасын тым терең түсініп кеткен бір-екеу табылғанымен, оларды күлкі-мазақтың табасына түсіріп, он тоғыз жігіт көрсетіп берген дұрыс жолға дереу салдық.

Бұл жалпы халайықтың көңіл күйі. Ал өз ішімде ит өліп жатыр. Сәлиманы ұнататын, ұнатпайтыным жайлы бір шешімге шашбау таққан емеспін, тек отан оңдырмай жәбір жасағаным – екі арадағы достықты жапан далаға тастап кеткенімді білемін, біле тұрып, көпе-көрнеу кінәні он тоғыздың қанжығасына байлап салып, бой тасалауға құмармын.

Ал бірінші июньде...

Ол күні Сәлима сабаққа келмеді. Бұрын лекцияны өмірі босатпаушы еді, оқытушының сөзін тықақтап қағып алып, ең алда отыратын. Сол себепті ме, оның жоқтығы бірден аңғарылды.

Жеккөрініштінің орны да жақсыға санайтынмен пара-пар үңірейіп тұрады.

Не боп қалды?

Ұры сұрақ бәріміздің кеудемізде бұғып жатыр. Кім батылы жетіп сыртқа шығарады? Бір-бірімізге сыр тарта, не білесің сыңаймен емексіп қараймыз. Пыш-пышқа сылтау баршылық.

– Әй, Бөлек-Салақ, қасың неге бос тұр?

– Бүгін оқытушы тізімді түгендеді ме?

– Балалар лекциядан көп қалыпты, таты деканатқа апарып жүрмесін.

Сөзімізге сыр, құпия салқынын үрлеп, әрі қарайғысын сен жалғастыр назарымен бір-бірімізге жаутаңдай қараймыз. Дегенмен, жігіт-желеңін бекер жамылып жүрміз бе, шыдамдылық, қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, ешкім де Сәлима жайлы жұмған аузын ашқан жоқ.

Ең соңында кураторымыз лекция оқыды. Самайын қырау сипаған қартаң кісі еді, сабақ соңында кітап-қағазын жинастыра келе, әй-шай жоқ, ұрса жөнелді:

– Осы сендер не? Орталарыңдағы жалғыз қыз... Кекірейгендерің кімге дәрі? Ауырып, ауруханаға түсіпті, айыздарың қанса. Ие, солай, ауруханаға түсті.– Сөйтті де, әдеттегі қоштасуын айтпастан шығып кетті.

Аңырған күйі отырып қалдық. Кейбіреуіміздің жүзімізде арсы-күрсі науқастана қалып, онымен коймай, ауруханаға түскен қызға қынжылған, жоқ-ау, кәдімгідей ызаланған ыңғай бар. Үн-түнсіз бес, он, он бес минут өтті. Алғашқы ашудың меселі қайтып, тайқи бастағанын байқағандаймыз. Көбіміз дәл осы жерде күтпеген үлкен жаңалықтың үстінен шығып отырмыз. Ол – арамызда қыз бар-ау, о да алпыс екі тамыр, он екі мүшеге ие пенде, біз сияқты күлер, жылар, ауырып, қабақ шығып қиналар-ау деген ой. Адам алыстағанда ғана қадірі қалқып сорпа бетіне шығады. Осыны әрқайсымыз әрқалай талқылай келіп, жалғыз тұғырға табан тіреген сияқтымыз, ол – жігіттің көп, қыздың жалғыз екендігі, ендеше, оны алақанға салып аялап отыру қажеттігі, егер бір үйден арыстай жеті ұл өріп, орталарында дара қыз өссе, сол үйдің ар-намысы, көршілер алдындағы беделі жеті ұлдың жолбарыстай айбатына емес, бір қыздың сыбызғыдай сызылған мінез-құлқы, киім киісі, жүріс-тұрысы, өзін ұстасына қарап бағаланатынын, сондықтан сол талдырмаш Сәлима именбей, жүзін көлеңке тұтпай, жарқылдап жүрсе, жиырма ұлдың құдайы жарылқағандығы, ал сол жарқылдау, жарылқау түп-түгел өзімізге байланысты екендігін тап әзірде ұққан ой. Ол ойдың ортаға сөзге айналып тасталуы үшін, әрине, жүрек жұтар біреудің көзді жұмып ерлік жасауы талап етіледі. Аңтарылып соны тостық.

– Қайырымды еді,– Жапырыла сөз иесін іздедік. Жым-жырт. Ызыңдаған шыбын жоқ, бадырақ көз, сен тимесең, мен тимен. Кішіпейіл, түкті төс ерді таба алмай, қатты састық. Әлдекім тамағын кенеді. Иә, құдай, қолдай гөр! Дүр етіп сол жаққа қарадық. Бөлек-Салақтың көзі жапақ-жұпақ етеді. Қане, қаптай көкірегің толған ойды ортаға бір салсай, айтсайшы, айналып кетейін. Ең мықтымыз, көрнектіміз, жиырманың ең жалпақ жауырындысы сенсің, олай болса, Сәлима туралы жақсы-жақсы тіл қатуға сен лайықсың. Қалғандары адамның парқын білмейтін, білсе де, пыш-пыш сөзден тебе шашы тік тұратын еңкей ез, қорқақ сорлылар. Осыны ұқшы, тыңдашы. Бөлек-Салаққа жанарымыздан соны оқыттыруға тырыстық. Ерін жыбырлатпаса, он тоғыздың қарғыс-наласына қалатынын ойлана-ойлана шамалады-ау сабазың:

– Е-е, пальтосы қымбат еді.

Шалқалай қарқылдап кеп күл, тұрып күл, отырып күл. Иә, Бөлек-Салақ сондай жігіт. Не айтса да желкесінен басып, мойнынан қайыра қиратып айтады. Ағылған оты айдалаға қаңғып кететін опырма мылтықтай. Оның ойынша, қыз жақсы екен – пальтосы қымбат болуға тиіс. Немесе пальто қымбат болса – қыз жақсы. Бөлек-Салаққа арнаған кекесінімізді бір-бірімізге көзімізден ұқтыруға тырыссақ та, ішімізде ұлыған ой мүлдем басқа – соншалықты сарылып, сарғайып күткен жолбарыс жүректіміздің қарапайым Бөлек-Салақ боп шыққанына, сиқыр тылсымнан ада, сол «Е-е, пальтосы қымбат еді» деген сөзді бәріміздің жабылып таба алмағанымызға, тапсақ та, тапа-тал түсте қостан қорқып айтпағанымызға қосыла күйіндік. Күйіну мен күлкінің арасы бір-ақ адым. Іле-шала Сәлима хақындағы сөз ерекше күнә, яки ерлікке саналмайтынын сезіп, қуана күлдік, күлдік те, қыздың қасиеттері, болмысына біткен жатымды, тартымды дүниелері жайында жарыса даурығысып бер. Сұлу болмаса да, сүйкімді мінезі бар, жібектей ұяң, ешкімнің бетіне қарсы қараған емес – не қыласың, осының бәрін жиырмамыз түгел саусақ бүге санап, жатқа соғып жырлап шықтық.

Қастағыға кезек берме, әйда, бастырмалата таласып кеп сөйле. Әй, кеп құмардан шық. Тегі, әбден булығып жүр екенбіз. Сөйтсек, Сәлима дегеніңіз кезінде Сәрсенге семинарын көшіруге беріпті. Айтсаң, қайырымдылық деп әне, соны айт. Мерекесімен құттықтап, Жұмақанға ашық хат жазыпты. Жапырлай ондай құрметке бәріміздің ие екенімізді, соншалықты көпіретіндей Жұмақанның ешқандай жаңалық ашпағанын айтып, оған қоса осындай уақ-түйекке мән бергіштігін бетіне басып, ұялтып тастадық. Кемеңгер қалтасының кемдігінен киоскіден кітап сатып ала алмай тұрғанда, Сәлиманың төлегенін баяндады. Сәрсен қыста үйіне қайтуға қаржы жетпей қалғандықтан, амалсыздан Сәлимаға он бес сом қарызданып қалып, кейін апарып бергенде, азар да безер алмай қойғанын есіне алды. Жаңағы жерде бас сап жерден алып, жерге салып, жүндей түттік. Дереу қарызын конвертке салып, алғысымен қоса почтамен жіберетіні жөнінде салтанатты уәдесін алдық. Шай ішкендерде тіпті сан жоқ – бір-бірден жымып барып жүрген, бірақ түк білмедім, көрмедім тектес мысық мінезділер тіпті көп екен.

Сонымен, жалғыз қыз ретін тауып жиырмаға жақсылық жасағанда, жиырмамыз жиылып оған ауыз толтырарлық жақсылық істеуге қыс бойы көкжелкеміздің тартып жібермегенін біліп, саңды сарт-сұрт соқтық.

– Жігіттер, тарттық ауруханаға!

Орынды тасталған ұран бәрімізді рухтандырып жіберді. Куратордан Сәлиманың жатқан жерін біліп ап, ауруханаға қайдалып ат қойдық. Жолай кірмеген дүкен, сатып алмаған зат қалдырмадық. Сенде ақша жоқ екен, менде бар, менде болмаса, Бөлек-Салақтан табылады. Қолы ашық қайырымдымыз, тәңірмен сөйлесе алатын баймыз, егессек, ал қайтесің, құдаймыз. Бірінің қолтығында жаңадан шыққан кітап, екіншісінде қорап шоколад, үшіншісінде гүл. Бөлек-Салақ көзі шатынаған қуыршақты селеу шашынан сүйретіп жүр. Оған ешкім күлмеді де, келемеждемеді де. Сәлимаға не апарсақ та орынды, қайтсе де керегіне жарайды. Қуанса, рақмет десе, ұшпаққа шыққанымыз, бақытқа кенелгеніміз. Сол сеніммен аруақтап ауруханаға кірген діндей-діндей жиырма жігітті көрген медсестра қыз кірмеу керектігі, үзіліс екендігі тарс есінен шығып, есікті қарсы алдымыздан қалай кенінен ашып тұра қалғанын анық аңғармай қалды. Сәлиманы іздеп палата-палатада андыздап жүрміз. Қайсымыз бұрын тапсақ – сонымыз ерлегеніміз, кінәмізді басқалардан гөрі қыз алдында ертерек жуып-шайғанымыз.

– Мында, мында. Он екің...

Әлдекімнің барқыраған жаман даусы түкпір-түкпірдегі бәрімізді ұстап алды. Жо-жоқ, палата санының қажеті шамалы. Жаңағы қуатты үн аман болса, жер астында жатса да құлағынан суырып аламыз. Тұс-тұстан жамырай он екінші палатада бас қостық. Айқайдың эпицентрі Бөлек-Салақ екен. Сәлима болса жымырайып күле береді. Шын көңілмен күле білудің өзі сұлулық-ау, бетінде шұқыршақтар ойнап, ұртындағы кішкентай меңі ыршып кетеді. Таласып-тармаса қолын қысамыз. Тұс-тұстан қамалап халін сұраймыз. Әрқайсысы әкелген сыйлықтарын көзге көрнеу тұсқа қоюға тырысады.

– Температура қалай?

Бас бармағын көрсетеді.

– Не керек, айтшы, алып келейік.

Басын шайқайды. Әрине, ештеңенің қажеті жоқ.

– Уақыт өткізуге септігі тиер, ертеңмен стол сағатымды әкелсем қайтеді?

– Ой, ақымақ, уақыт қайта өтпей қояды ғой.

Ду-ду күлеміз.

– Мына қуыршақты, е-е, сіңліңдей көріп қабылда,– Бұл бүлдіріп жатқан Бөлек-Салақ.

Кенет Сәлиманың солқылдап жыламасы бар ма. Қошеметке сөздің неше түрлі тамашасын тандап тапқан басымыз жалғыз ауыз сөз жұбату айтуға жарай алсақшы.

Сәлима көз жасын көкірегін жарып шыққан қуанышқа балаған болар. Ал біз оның себебін жазықсыз жасаған бір жылға таяу жәбір-жапамыздан деп түсіндік.

Арпа ішінде адасқан бір бидаймен осылайша табыстық.

Сөйтіп, жиырма және жалғыздың қарым-қатынасы түбірімен өзгерді. Қай-қайсымыз да жақындықты одан әрі дамытуға құмармыз-ақ. Ондағы ойымыз жиырманың қамынан гөрі алыс, әрірек... Гүлі жыпырлаған даладан гөрі даладағы жалғыз гүл есте қалады. Алғашында Сәлиманың қыз атаулыдан арамызда жалғыздығы өзіне сор боп жабысса, енді бақытқа айналып оралды. Аудиторияға кірсе, он тоғыз орын таңдауына әзір. Таныс қыздармен кешке барсақ, тауға шыға қалсақ, Сәлиманы жанымыздан қалдырмаймыз. Жыл бойы оны да, өзімізді де қажау-қайраудан жалығыппыз, қыз сыйлау ғылымынан білетін бар өнерімізді құлшына көрсетіп, жеріне жете тауысып жаттық.

Қыз кәдімгідей бақытты. Көп сөйлемейтін, лекцияны ғана білетін бұрынғы Сәлима қазір болмашыға бұртиып, мардымсызға қайта табысады. Мен шықылықтап ән бастасам, дөңгелек дүние түгел қосылуға тиістіні ғана білетін шөже торғай. Жүріс-тұрысын ықшамдап, шашын қиғанына да көп болған. Театр-киноға шақыра қалсақ, тауыңды шақпайды. Бәріміз жиылып ол үшін бір жігіттің, ал ол жалғыз өзі жиырма қыздың орнын толтырып, толтырмасақ та тырысып, тату-тәтті өмір сүріп жаттық.

Мен бүгіп қалған жоспар мүлдем басқаша. Бір Сәлиманы жиырмамен бөлісуге келісімім әсте жоқ. Маған ол бүтін басымен қажет. Баяғы формула чемодан түбінде жатқанымен, естен әлі күнге шыққан емес. Мен ұмытпаған соң, ол, әрине, Сәлиманың жүрегін булап жатқан алтын сандық болуға тиіс. Қалай айтқанмен, емеурін білдірген мен жоқ, қыз ғой, Сәлиманың осы күнге дейін жауап қайтаруымды тағатсыздана күтіп жүргені анық. Мүмкін, минут, секунд санауы да. Ал формулаға қайтарылар жауапты баяғыда-ақ тапқанмын. Тек жиырманың мазағы мен кекесіні ғана Сәлимаға жазылар хатты кейінге шегіндіріп келді. Енді игілікті кейінгіге итіндіре берудің түкке қажеті жоқ. Сәлиманың басқан ізін аңдып, қыбын тауып көңіл білдірудің қолайын қарастыра бастадым.

Көп ұзамай ол ойым сәтсіздікке ұшырады. Оңашада өз-өзімді қайрап-қайрап, бойға біткен бар өжеттік пен батылдығымды шоқтай жинап, батыл баса Сәлиманың есігін ашсам... бөлменің жартысын жаулап Бөлек-Салақ отырады, болмаса сылтып басатын сол аяғын орындық астына тарта шоқиған Жұмақанға кезігемін. «Не келіс, Биғали?». Шақшиып өзіңе жабысатынын қайтерсің. Кезінде Сәлиманы келекелегенде тілінен от ұшырушы еді. Амалсыз: «Жай, әншейін, ертеңгі лекциялардың тізімін білейін деп едім»,– деп міңгірлеймін. «Е, соны да білмейсің бе? Диалектика тарихы, ветеринария...». Ветеринарияда басы қалтыр, зар-зар етеді. Рақметімді айтып, шұлғи-шұлғи шығып кеттім. Екі-үш күннен кейін кірсем, не сөйлеп, не қойғанын білмей, өлең оқыған Сәрсен, ыздиған Кемеңгер... тіпті жүрегің айниды. Көзбен оқтай ату секілді қаһарлы қасиеттердің күшін де сынап байқаймын. Қаһарыңды олар қыстырсын ба!

Үмітсіз шайтан, үшінші, төртінші рет кіремін, баяғы жартас сол жартас. Қызды қаланың ортасынан қасқыр жеп кететіндей қоршап күзетіп отырысады. Амал-айла таусылып, ақыры келесі қимылды аудиторияға көшіруге бел байлаймын. Сонымен, үзілістерде Сәлиманың қасынан орын аңди бастадым.

Әне, Сәлима кіріп келе жатыр. Сап, көңілім, сап, сап. Тезірек қасымнан қызға орын дайындағаным дұрыс. Түкпірдегі ең артқы партаны тандап, соған ауыстым. Қырсық аяқ астынан. Өзі соншалықты қырсық та емес, бірақ тап қыр желкеңнен кездейсоқ басатындықтан, оныңыз әманда қырсыққа саналады. Әйтпесе, күндегі қарабайыр оқиғалардың бірі. Сөйтіп, он тоғыз ойға келмеген шатақты бастады. Кемінде алты-жетеуі қыздың қыр мұрнына лекция бойы қатар қарап отыруға қақылы екендіктерін қолма-қол дәлелдеді.

– Сәлима, кел, менің қасыма отыршы.

– Қой оны. Алдыңғы жақтан лекцияның жақсы естілетінін білесің ғой.

Әлгілерге талмай тойтарыс бере жүріп, үшінші күні Сәлиманы жетектеп әкеп қасыма отырғыздым-ау. Қазықша қайқиып тіп-тік отырған күйі көзімнің бұғалығын Сәлима жаққа үздіксіз лақтырамын. Қолымдағы бір жапырақ қағаз әнеукүнгі формулалы қыз хатының қарымтасы. Құпия формула, күрделі теңдеусіз-ақ онда ап-анық: «Мен де сені сүйемін. Биғали» деп жазылған... Әрине, оның да назары біз жақта болар? Қайда... Қыз қарағым қашсаң – қуып, қусаң – қашатын халық қой. Оқытушыға қарап қатып қапты. Әлден уақытта шашын түзеу үшін портфелінен кішкене айнасын алды да, ары бұрылды. Дер кезі! Қолымдағы қағазды алдына ысыра бере...

– Сәлимаш!– Жағымнан тартып қалғандай селк еттім. Қайсысы бұл ысылдаған? Екінші қатарға ажырая қарадым. Кемеңгер!

– Сәлима, лекцияның соңғы сөйлемін жазып үлгіре алмадым, айтып жібермеймісің?

«Өй, соңғы сөйлемін ақырғысына айналғыр!». Бәрі маған әдейі ерегіскен, сөз байласқан. Лап ете қалған ашу мен өкінішті шыдамдылықтың сандығына салып тастаймын да, баспалап хатты тапсырудың сәтін аңдимын. Еңкейіп, түсіп кеткен автоқаламын іздей бастады. Жып етіп, дәл алдына қағазды итере салдым. Қазір көреді, қолына алады, тәптіштеп оқиды, әрине, тәптіштеп оқыған соң, қызарып бетіне қан жиналады, көзі жасаурайды. Иә, сәт!

Автоқаламын тауып алды, түзеліп отырды. Келесі секундта хатты көреді. Кенет арттан бүктелген қағаз зырқырай ұшып келіп, хаттың қатарына түсті. Сыртында айбақ-сайбақ «Сәлимаға» деген жазуы бар. Тілімді тістедім. Ал менікі болса, ауыз-мұрыннан жұрдай адрессіз домалақ хат. Апыл-ғұпыл асығыста тиесілі иесінің атын жазу тарс естен шығыпты. Енді мына ұмар-жұмар қағаздың беделі соған бола менікінен артып тұр. Ойлағанымдай, Сәлима соңғысына қол созды. Оқи бастады. Ана-мынаны қылжақтаған әзіл болса керек, қалтасына жығырды да, оқытушыға ішіп-жеп қарауды қайта бастады. Менікі парта үстінде бүктеулі қалпы әлі жатыр. Қой, әлдекімнің қолына түсіп, абырой айрандай ақтарылар. Хатты байқатпай өзіме қайтарып алып, жыларман жүзбен жаңағы қағаз иесін іздеймін. Сәрсен мәз-мәйрам. Иә, ондай шатпақтар осының шақша басына оралуы әбден мүмкін. Жарайды, онысы басын шытынатып керіп бара жатса, өзі-ақ игілігін көрмей ме. Оған басқалар, әсіресе дәл Сәлима ортақ болуы қажет деген нақұрыстығын қайтерсің.

– Әй, қыз!– Арттағы Бөлек-Салақтың жаман тарғыл даусы. Әй-шай жоқ, күректей алақанымен иығынан тартып қаратып алды,– Сөзді қойып, кешке киноға кетейікші-ей! «Гераклдің ерліктері» дейді. Міне, во...– тұмсығына тақап-тақап қояды. Па, шіркіннің жетістіргенін! Күштің неге татитынына қыздың көзін жеткізбек қой, тәрізі. Ол өңкей бір доғал сөздерді қамырша созып балпылдай айтып біткенше қоңырау соғылды. Ыза буып, сыртқа ата жөнелемін. Ертең, ертең тындырмаса, жағдай киын. Ертеңінде әләуләйім бітсе, әриайдайым бардын кері. Осы қорлықпен бірінші курсты бітіріп, жазғы демалысқа шығып кеттік.

Күз басталып, тағы аудиторияда тоқсан тараудан келіп тоғыстық. Сәлима күнге күйіп тотығып, толыпты, бұрынғы бозаң бетіне қан жүгіріп, әдемілене түскен.

Ішім қалтырай ширығып, халін сұрағыштадым. «Қалай демалдың, ауылдағылар амандықта ма, жаз бойы қандай кітаптар оқыдың, фильмдер ше?». «Жақсы өте жақсы. Ауылдағылар түп-түгел тірі, жер басып жүр, кітап оқуға уақыт болмады, көре-көре фильмдердің санын ұмытып та қалдым. Қалай, қанағаттандың ба?». Жауабы тура осы болмаса да,– мұнын ар жақ, бер жағы. Естісең де сол, естімесең де сол. Ары қарай менің жауабымды тоспады, көлденең біреумен қосылып жүре берді.

Содан кейінгі қатынас оңалған жоқ. «Биғали, Сәлима» сыйластығымыз өзгермеген, кемерінен кемімеген қалпында қалғанымен, салқындау ма, әйтеуір ара былтырғыдан өзгеше, қашық. Былай қарағанда, жағдай өз курсіміздің басқа жігіттерімен салыстырғанда артық та, кем де емес. Ал бұдан асқан қандай суысу болмақшы. Мұндай кезде қайдағы бір күдікті формула жайында әңгіме қозғаудың жөнсіздігін амалсыз мойындадым – үндемедім – мойынтұрыққа көндім.

Бір күні Бөлек-Салақ бөлмесіне мені оңаша шақырып алды. Өзі абыржулы.

– Ешкімге айтпаймысың?

– Қылша мойыным талша қиылсын.

– Мен шын сұрап тұрмын.

– Мен шын айтып тұрмын.

– Ал тыңда. Маған бір қыз нетіп...– Ол мен үшін жұмбақ әлдеқандай қимыл-ымдар жасады,– былай хат жазыпты. Сөздері, тегі, қызық-қызық. Сен сол... махаббат жақты түсінесің. Соны нетіп берейін де. Сәрсенге нетсем, бәріне жаяды.

– Е, нетсең, нет, тыңдап көрелік.

Қыз мәселені төтесінен қойыпты. Бөлек-Салақтың мөлшер, өлшемнен тыс мол денесі ол бейбақтың түсіне ұдайы кіреді-міс. Кейде үзік-үзік, жетісіне бір рет, кейде үш-төрт күн қатарынан көреді. Көріп жатып шошып оянады да, жастықты құшақтай зар еңіреп жылайды екен және мұнын себебін түсінуге ес-ақылы жетпейді-міс. Ақыры дос қызы түсінде жылата беретін мол денелі жігітке ғашықсың деп ұғындырыпты. Сондықтан қыздың Бөлек-Салақтан түсінде неге зар илетіп жылата беретініне түсініктеме сұрауға құқығы бар. Мейлі, жігіт ұялып жауап бере алмаса, қыздікі дайын, яғни қыз Мақұлбекке ғашық. Ендеше, Мақұлбек – Бөлек-Салақ та сыйға сый, сыраға бал дәстүрімен қызға одан әрман ынтық болуы қажет.

Әуелі хатты қолынан жұлып алып, қадағалап оқып шығып, Мақұлбектің олпы-солпы буылтық денесін тағы бір шолдым да, қарқылдап кеп күлдім. Ол ыза болды, оның ызасына біздің бұрқылдағымыз сулыққа жарамайтынын білгендіктен, жайылған аузымды дереу жиып алдым.

– Аты кім, өзі?

– Сәлима.

Ұшып тұрдым.

– Кім дейсің, ей?

– Сәлима, саршұнақ. Нетіп, шақылдап, о несі.

Орнымнан тұрдым да, шығып жүре бердім.

Мына қыздың миы сабан-топанға толған болар.

Әнеукүнгі «Гераклдің ерліктерінің» бір құдіреті болғаны-ау. Өз бармағыңды өзің шайнап, енді бүктетіл де жат. Ауызға түскен дәмді шайнап жұтпай, бәлсінген саған не дауа, не обал. Жақсы, біз де кеудесінде балқыған болаты бар жігітпіз. Күні ертең ортан қолдай бір қызды қолтықтап, жатақхананың алдынан бір салдыртып өтейін. Екеуміздің күлкілеріміз жарқын-жарқын шығып, күбірлеріміз, тегі, таусылмауға тиіс. Қолтық айқасып, бас түйіскен. Жатақхананың бар терезелерінің, терезелердегі қыз-қырқын, жігіт-желеңнің шырадай жанған көздері бізде. «Жарасқан жұп деп осыларды айт!». Әлдекім күрсінеді. «Түу, өмір неткен қараңғы десеңші». Сәлима болса, Бөлек-Салақты арқадан итергілеп бөлмеден шығарып жатыр. Қуанғанымнан шыңғыра жаздаймын. Сәлимадан басқа ұзын етектілердің өмір сүретінін сөйтіп дәлелдеймін. Тек Биғали аман болғай. Мейлі, Бөлек-Салақпен-ақ бетінен жарылқасын. Қат-қат дене, гүр-гүр дауыс... еркек қой, еркек.

Сәлима атты кітаптың беті осылай жабылды. Соңынан шынымен ҚазПИ жақтан бір шүйкебасты шайт-шайттап, соның бағым-қағымымен боп кеттік. Сәлима кейіннен Бөлек-Салақты былай қойып, Сәрсен, Жұмақанды жақсы көріп қалыпты деген сыбыстан кезінде өзің де құлақ қағыс болған шығарсың. Бәрі де менің басымнан өткенді қайталаған көрінеді. Аспаннан аяғы салбырап түсе қалған тегін бақытқа ішіп-жемей мас болған жігіт біраз күн бұлданып, енді осым жетеді-ау деп, қыз бұрымын сипауға қарсылығы жоқтығын білдіруге бет бұрған кезде... Сәлиманың кезекті хаты жора-жолдастарынан табылып қап, масқарасы шығып жүріпті.

Бір қызығы, оған ешкім де ашуланып, кек тұтпады. Әркім өз басына келетін ұятын ойлап, сыбысты ушықтырғысы келмеді ме әлде ортаны ойған жалғыздың орашолақ еркетотайлығына санаған болар, әйтеуір, хат жазу хикаялары өршімей, ың-шыңсыз аяқталып жатты. Сыбыс дегеніңіз дүниеге жаңа туғанда ғана жаңалық, келесі күннен кейін оның да әрі өшіп, сыры мен сәні қайта бастамақ.

Біріміз Сәлиманың мұнысын «әзілі, әдейі істеп жүрге», екіншіміз аздап жеңілтектеу, жүрегін дір еткізер болмашы сезімнің барлаушысын жау келдіге шешетін жібі бостау жанға қостық. Ең жақсысы, ешқайсымыз да Сәлиманы қаралауға батпадық. Ортадағы дара өскен гүліміз, қалай шолжаңдаса, солай еркелесін, көтеріп алдық. Оның сабатын үзу – өзіңнің сағыңды сындыру, одан да аш құлақтан тыныш құлақ.

Соған орай жігіттер де қызға жылы мінез танытып, қолдап, қолпаштайды. Сергек сезім соны сүйіп қалдыға санаса, несі айып. Курстегі кез келгенімізді жиырма қыздың арасына тоғытып жіберсе, әлгілер күлімдеп, көздеріне шайтан шақыра, сиқырлана қараса, шетінен: «Кел, менің қасыма отыр, оны қоя тұр, маған кел»,– деп жата қап жабысса, не көп, қағаз көп, хат шіркінді қардай боратпай шыда. Әбден тантып, қаптаған қыздан бас айналып, мәз болып, есектің миын жеп кетер едік. Ендеше, өз жыртығымызға бет шымшып, «ойбай, әнелеп» жыртаңдау тіпті әбестік екен. Біз солай істедік те. Сәлима біреуімізге ыңғай білдірсе, қалғанымыз байқамаған, білмеген әлпет көрсетіп жүрдік. Әрі-беріден кейін, оның өзі күнде таңнан тұру, бет жуу, тамақтану тәрізді бірінен бірі өзгешелігі шамалы әдеттегі оқиғаға саналып кетті. Сол сыңаймен дипломға жеттік. Ауылына жабыла жиылып шығарып салғанымызды ұмытқан жоқсың ба? Бәрімізді кезектеп құшақтап, жылап қоштасты.

Соқталдай-соқталдай жиырмамыздың ішінен сол қыздың қолтығынан ұстап, серіктікке жарар адам неге табылмады деген сұрақ мені әлі күнге дейін ойлантады. Батылымыз бармады, ә? Қазіргі Сәлима басындағы сәтсіздікке, шеккен жәбір-жапасына біз, мына мен, Бөлек-Салақ, сен, Кемеңгер – түгел кінәлі деймін. Өйткені ол сезімінің ең серілерін, жүрегінің бар жылуын бізге ойланбастан арнады ғой. Мүмкін, ол махаббатын жиырмамызға тең бөліп берген, ондай мүлікті біріміз ғана илену әділетсіздік деген сылтау да айтылар. Оны самал қай жаққа соқса, сол жаққа қашатын сергек сезімі алдады, жиырмамыздың күнде-күндегі қошеметімізден ақкөңіл қыздың басы айналып еді, ол аурудан біз сау едік, сау болғандықтан, жүректің жиырмаға бөлінбейтінін, тек біреуге басы бүтін тиесілі екенін білуіміз керек еді. Ал қыз жиырмамыздың қай-қайсымызды да анасына, атасына «күйеуім» деп, маңдайымыздан басып көрсетуден қашпас еді, еш қорықпас еді! Біз болсақ, оның қолын ұстауға бір-бірімізден жасқандық, жан адамның күлмейтінін, күлуге қақысы жоқтығын біле тұрып, көрінбес көлеңкеден қорыққансыдық, соны тағы мақтан тұттық. Құнымызды қарадан қарап қаншалықты деңгейге дейін арзандатып алғанбыз десейші.

Корқынышты, тіпті қорқынышты.

Егер Сәлимаға кез келгеніміз: «Мә, қолым, айрылмай, мықтап ұста!»– десе, біз құсап ойланып-толғанбай-ақ, іркілместен еріп жүре берер еді. Бәрімізбен – жиырмамызбен, әрқайсымызбен де. Ол бүкіл курс жігіттерін сүюді жүрегіне сыйдырған дарқан, аса бай болатын, ал оның жалғыз махаббатын жиырмамыз жиылып иелене алмадық. Сол кездерде Сәлима көрінген гүлге қанат жайып қона салатын көзсіз, қанағаттан айрылған көбелек пе, яки бойындағы барын маңайындағы адамдарға қарыз-борышсыз бөліп беруге әзір, шектен шыққан жомарт па деп ойланып жүрдім, ой түбіне жете алмағанмын. Кейін үйлендік, кішкенелі болдық, ақыл тоқтаттық. Он сегіз бен жиырма жасты бүлк-бүлк соғысының сорабына салған жынды жүрек тәк-тәк ойға ойысып орын берді. Соншама адам бір Сәлиманы қалайша түсінбедік десек, сол қыздың кіршіксіз махаббатының тамырын ұстауға қолымыздың оншалықты таза еместігін сезіммен барлап, сипалай жүріп біліппіз ғой.

Сәлима ақын қыз еді. Екі-үш жолды сатылап құрастырса, екі-үш ай етегіне сүріне-қабына газет-журналдың табалдырығын тоздыратын даурықпа емес, бар талант-қасиеті тұңғиық шыңырауда мөлтілдеп сәуле жұтып жататын шын ақын, терең ақын болатын. Оның қолына қалам ұстатсаң, жалғыз жол өлексе өлең жаза алмас еді, жазбай-ақ қойсын, маған салса, сонда да аруақты ақынға қосып, ақ кигізге көтеріп салудан тайынбас едім, тайынбас едім деймін-ау, сөйтуге тұп-тура міндеттімін де. Ақындар – әулие адамдар, оларға бүкіл дүние, жан-жануар, тіршілік иесі шетін қалмастан түп-түгел меншік. Соның жалғыз түгі дір етсе, ақын жүрегі орнынан аунап, аузына тығылмақшы. Ертедегі жазушылар, тарихшылардан гөрі ақын атынын бізге әлдеқайда мол даңқ, сый-сияпатқа бөленіп жетуінің себебі сонда жатыр. Сірә, адамзат қулық-сұмдыққа белшеден батпай, күнәдан дені таза, қол-аяқтарына тана сеніп жан сақтап жүргенде, ақыннан көп жан болмаған шығар. Сорларына қарай, солар ақынбыз деп ойламапты, соңына жалғыз ауыз өлең жазып қалдырмапты да.

Сәлима ақын еді. Ақын емес біз едік, оған қол беруге жарамайтын жап-жақсы тәртіпті адамдар едік, ал бұл жиырмамыздың жабылып жалғыз оның жүрегін бұғаулап иеленуімізге тым жеткілікеіз-тін. Отан ақынсың десе, сенбей, миығынан күлер еді, ашуланып та қалуы ықтимал. Адамдардың өз желкесін өмірі көруі жоқ секілді, шын ақын қандайлық тамаша ғажайып қасиетке ие екенін білмек те емес. Ақынның аңқаулығы, трагедиясы дегеніміз осы. Ал бәрін байқап біліп жүретін сырт көздің оның ақындығын мойындамауы кешірілмейтін күнә. Біз, міне, жиырма қатардағы жай адамдар Сәлиманың ақындығын танымадық, білсек те, оның мән-мағынасына көз жүгіртіп ойланбай, жиырмамыз жалғыздың алдында бірдей жауапқа қалдық, ар азабының қамытын кидік.

Ұтасың ба... жауаптымыз.

Кейде танды таңға ұрып жатып, Сәлиманың сезімін бөліспегенімізге кәдімгідей қуанатынымды қайтерсің. Біз бөлісе де алмайтынбыз. Махаббат та шырылдаған жаны, жып-жылы қаны, жұдырықтай жүрегі бар тірі пенде, оның қыр-сырын таразыға тартып өлшеймін, қадақтаймын, қойша маңыратып бауыздап, кескілеп үлестіріп алам деу тағылықтың, қылмыстың көз көріп, құлақ естімеген жауыз түрі. Біреуіміз батылымыз жетіп қолын ұстасақ, басқа он тоғыз жайын ұмытып, Сәлиманың соларға арнаған сүйіспеншілігіне жара салып, бақытсыздыққа ұрындырып, соған кінәлі кім екендігін білмей, өз-өзімізге өмір бойы қарғыс айтып етер едік. Сондықтан да анау формулалы қағаз бен тапсырылмаған хаттың сыр сандықтың ең түбінде сақталып жатқанына күні бүгінге дейін есепсіз қуаныштымын.

Көп жаздым, көз талды, хатты аяқтамасам болмас. Шаршадым, сен де жалыққан шығарсың. Оң білегімнің топшылары сырқырап ауырып тұр. Талып қалған түрі бар. Жазатын жынға тап болдым деп хаттың басында ескерткенімді ұмытқан жоқпысың? Тісіңнен шығара көрме, сол сөз шынға айнала ма деген қаупім қатты. Қаламым қыбырлап, түнді жеңіп отырып қалатынды шығардым. Оған қарап классиктердің қатарына қосып қойып жүрме. Әзіл де әншейін. Қырып жібергенім шамалы. Сәлима, жиырмамыз жөнінде мүжіп жатырмын. Өткен жазда нұсқасын жазып бітіріп командировкаға келген ақынды (ел солай дейді) қонақ етіп, оқып берген едім. Жаңағы артынша ал кеп күл. Көз жасын тыя алмай кеп қарқылдады. Мұндай есуас ақынды көрмек түгіл, естісем, атым өшсін деп қарғанып-сіленді. Жеңіл мінезді шошақай қыздарды ақтаған қалжыңың немесе ақындарды қорлаған пародияң деп кетті. Қой-ешкіні аман-есен төлдетуге ат салысып, күш-қайратымды соған арнасам да жерде қалмайтынымды, ал прозашылардың бағып-қағып жүрген малына тиіспей-ақ қоюымды қатты өтінді. «Тілесең, «Биғали біздің ветврач» атты дастан жазайын, мынау өнбес, бітпес әурешілігіңді тый»,– деді. Сөзінің жаны бар да шытар, қайткенмен, көз алдыма Сәлима келе қалғанда жазбай, қолға қалам алмай шыдамаспын. Басымды тауға-тасқа соқсам да, сол қыз туралы бір дүниені жарыққа шығармақпын. Соны аяқтасам, менің қып-қысқа жазушылық жолыма нүкте қойылар. Әрі қарай сынық сөйлем жаза алмасыма қазір-ақ көзім жетіп отыр.

Мынау өңдеп көшірген төртінші нұсқасы. Пікіріңді айтып жібер. Жасырмай, жалтармай, ашып айт, өлтіріп айт. Он тоғыз тентектің әрқайсысына жолдап, жауап қайтаруларын сұрадым. Жалғыз жаза алмасам, жиырмамыз бірігіп орташа әңгіме құрармыз. Мейлі, «Биғали біздің ветврачты» жазатын ақын не десе, о десін, ауыз өзінікі. Содан кейін Алматы барып, ауылға келтіре алмай жүрген ең дөкейіне көрсетпекпін. Жаратса, жата-жастана хабарласа жатармыз, жаратпаса, хат-формула жатқан сандыққа салам да тастаймын.

Сөз соңында Сәлима жайына соғайын. Ресторанда ұзақ әңгімелестік. Бізге арналған баяғы көңілі көңіл. Жылап алды. Өзін бақытты санайды. Қашып кеткен күйеуін қатты сыйлап, сүйетін көрінеді. Жуықта ақша сап жібергенін айтты.

Кейін сол жақтағы тәп-тәуір танысым ауылдағы әр жігіт үйленген сайын Сәлиманың жасырын жылап алатынын сыр ғып айтты.

Қызық адам, ә?

Ал әзірге! Хат күтем. Мекен-тұрақ бұрынғы.

Сәлеммен, досын Биғали.

Тарс есімнен шығып кетіпті, айдын соңында тұңғыштың мектепке баруын тойламақпыз. Қатыс. Құрдасты қосып ал. Сәлима да келуге уәдесін берді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер