повесть
«... Жануарлардан адамзат баласының айырмашылығы ар-ожданы мен ұятында жатыр деген пікірді толығынан қостаймын. Ол қысқа, соған қоса мейлінше қуатты әрі ғажайып бейнелі «тиісті» деген сөзбен айқындалады...»
Чарльз Дарвин
* * *
Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі кабинетке аса көтеріңкі көңіл күймен сергек басып кірді. Сәуірдің қарлығаш хабаршысы — жылы жел сыртта лекіте соғып тұрған. Тап әзірде аяқталған аудандық советтің сессиясындағы председатель сөзі меңгеруші құлағында тынымсыз шың-шың етеді. «Оқу бөлімінің жұмысы өткен жылмен салыстырғанда көп жақсарды... Үлгірім процентіміз облыстың орта көрсеткішінен жоғары. Мұның өзі жаңа меңгеруші атына аз абырой әкелмейді».
Абырой әкелмейді, аз абырой әкелмейді...» Меңгеруші осы уәлі сөздерді көпке кеңінен таралып кеткен белгілі әннің сазына сала ыңылдап жүргенін байқамады да.
Ол сосын оң қолының тұсындағы қызыл түймені басты да іле кірген секретарь келіншекті қарсы алдына отырғызып қойып хал-күйін, зайыбы мен кішкенелерінің денсаулығын қажалап көп сұрады. Кенжесін балалар бақшасына орналастыруға көмектесетінін қолма-қол айтып сап, келіншекті қуанышқа қарқ қылды.
Бұған ұнайтын аса жылы жымиыспен алғысын білдіре жылысып шығып кеткен секретарь есікті жабысымен меңгеруші атып тұрып, бой сергітерлік жаттығулар жасады, терезені ашып, жылы ауаны танауын делдите құмарланып жұтты. Орнына оралып, стол бетіне көз салды да... селк етті.
Қытырлақ ақ қатынас қағаз аудандық ішкі істер бөлімінен кепті. Тасқа басылған әдемі әріптер...
«Осы жылдың ақпан айының 28-інде, кешкі сағат 7-де аудан орталығындағы орта мектептің 6-класс оқушысы Асан Қайырсынов қала сыртындағы қасапхананы өртемек боп жатқан жерінен күзетшінің қырағылығы арқасында қолға түсті. Себептері белгісіз. Кінәлі дәнеңені ашып айтпады. Қайырсыновтың ісін тексеріп, анықтау үшін қатынасты мектеп дирекциясы атына жолдап отырмыз. Қолданылған шара туралы жауаптың кешіктірілмеуін сұраймыз».
Меңгеруші емен стол жиегін қос қолымен итере шалқайған қалпы меңірейіп отырып қалды. Ғадетінше оң қолын қызыл түймеге соза беріп, одан қайран жоқтығы есіне түсті де, қайта тартып алды.
Қатынасты суырмаға салмақ ниетпен көтеріп еді, астында қаттаулы жатқан келесі қағаздарға көзі түсті. Меңгеруші оның қайдан келгеніне пәлендей ой жібермеді, бірнеше бетін қатарынан аударды да ең соңғы жолдарына көз жүгіртті. Мектептегі педагогикалық совет А.Қайырсынов тәртібін талқылай келіп, мынадай ұйғарымға тоқталды.
Қасапхананы өртемек болғаны үшін А.Қайырсыновқа мектеп дирекциясы атынан алғыс жариялансын».
«НЕГЕ?» деген жалғыз сұраққа жауап таппай жапақтаған меңгеруші ештеңеге есеп берместен қызыл түймені үсті-үстіне тоқтаусыз баса берді, баса берді...
Бәсе, неге? Неге?
АЛҒАШҚЫ ТЫНЫС
Кеңістік... аудан орталығы — мен туып өскен материялар. Көкем, мамам, кептер және мен. Асан дегенде құйрығын жұлып беруге әзір төбеттің көркем суреттен хабарының аздығы анықталады. Тентек қасқа бұзау мен Арыстанның жекпе-жегі. Иттің жүнін сипар адам мен емес.
Жалтылдаған лағыл жұлдыздары маңыған тылсым да тыныш, айқайласаң дауыстың ирек-ирек жаңғырықтары өзіңе ешқашан да, ешқашан да қайтып оралмайтын, мәңгілікпен құрдас қара күңгірт кеңістік...
Кеңістіктің бір бұрышында ірілі-ұсақ 150 миллиард жұлдыз, планетасы бар біздің Галактиканы дыбыс, сәуле толқындары ерсілі-қарсылы тынымсыз турағыштап жатыр.
Одан кейін Күн системасы...
Күнді айнала домалақтап еңбекқор Жер ерінбей-жалықпай жол сызады.
Жер бетіндегі ең үлкен, ең қуатты мемлекет...
Сол мемлекет картасынан астығы мол, малы мыңғырған республиканы шекесінен шертіп таңдайық та, кез-келген нүктесіне циркуль ұшын қадап шағын шеңбер сызайық. Сол шеңбер менің кіндік қаным тамған жердің көлемін шектеп шығады.
Біз аудан орталығында тұрамыз. Аудан орталығы — түйетайлы, қоңыртөбел жоталардың етегіне жармаса жатқан у-шуы аз момын қала. Қаланы сызудан сабақ беретін мұғалімнің столына қатар тасталған сантиметрлік сызғыштарға ұқсас оңтай түзу көшелер құрайды. Сол сызғыштар бойындағы кертік белгілер — көк, сары, қызыл, жасыл, биік, аласа қақпалы үйлер. Үйлердің ең еңселі, ажарлысында көкем, мамам, кептер, Арыстан және мен тұрамын. Адам, ағаш, үй барлық қаладан табылса да, Арыстан кез келген үй, көше, көше түгіл қала маңдайына жазыла бермейді. Арыстан менің аға, інім емес, ол біздің үйдің алдын кесе көлденең жататын сабалақ жүнді үлкен қара төбет. Әнеукүні бағаналарға ілінген «Қалада итті ұстау тәртібі» сияқты хабарландыруда көрсетілгендей өзін шынжырлап ұстаса да болар еді, бірақ итімізді ондай азапқа қимаймыз. Өзі тым кішіпейіл. Атының айбарлы екені жөнінде Арыстан ойына қаһарлы пікір ғұмыры қонақтап көрген жоқ. Тым құрыса жалғыз рет не иттерге, не адамдарға қарап «Аһ!» деп үргенін Арыстан Арыстан аталғалы байқамадық. Қашан да қайқы құйрығын «Соғыс және бейбітшілік», «Дубровский» фильмдеріндегі сылқым ханымдар ұстаған желпуішше бұлғаңдатып еркелей кетеді. Оған салсаңыз мысықтардан басқа жан-жануар біткен өзара дос, туыс және бауыр.
Сып-сып ұшып, қит етсе шар-шұр төбелесуге сақадай сай тұратын суық торғайларға қарағанда кептер — салмақты құс. Шашылған жемді күн сәулесін қауырсындарында құбылтып жүріп шоқып тастайды. Қаһарлы қолбасшыларша найқала серуендеп жүреді де, әлгі маңғаздықтан бірден жаңылып, аспанға шапұр-шұпыр көтеріле беріп бұрқ шашылады. Ал қалықтасын, қалықтасын кеп. Аударылады, төңкеріледі, тік жоғары атылады, төмен заулайды. Бастағы қалпақ түседі, мойын ауырады демесең шалқайып кірпікпен көк аспанды тіре де зауқың соққанша қарай бер, қарай бер — жалықпайсың тіпті.
Біз татумыз. Татулығымыз сондай, Арыстан мен дегенде құйрығын жұлып беруге әзір. Таңертең сыртқа шыға келсем қуаныш пен шаттықтың жұдырықтай шоғырына айнала атылып кеудеме асылады. Тегі шалқадан түсе жаздаймын. Тәрбиесі өтіп кеткен көргенді иттердей әуелі жер бауырлай жылжып кеп аңысын аңди еркелеу оның пешенесіне жазылмаған қасиет. Сосын атыз жағасын бойлай бүркектеп бақша бұрышындағы қара торғай ұясы іспеттес ағаш үйшікке дейін шығарып салады. Ауызға алуға ыңғайсыз ұятты орынға бет алғанымды аңғарып қалып та қоймайды. Қашан есігін сықырлатып шыққанша көзі жаудырай тосатыны бар. Арыстан солай — аңғал, аңқылдақ.
Ылғи шұжық кесіндісін, тоқаштарды қалтама сала шығып алдына тастаймын. Асанды Арыстан соған бола жақсы көреді деп еш ойламаңыз. Көрші балалар да қойны-қонышқа тыққандарын Арыстаннан аяған емес. Сол үшін оларға төбеттің есі шыға еркелегенін көрсем қылша мойным талша қиылсын. Ол ондайда лақтырылған нандарды сабырмен иіскейді, аспай-саспай жейді, сосын алға созған қолдарының сайына шәугім басын тастап жіберіп, жасаураған көзін немқұрайды ашып жұмады — «Бердің жедім, бермесең тағы өз еркің, жолдас. Маған бәрібір».
Арыстанның ондай адалдығына менің тарапымнан лайықты баға беріліп те жүр. Мәселен, апта бұрын тепкішекке шоқшитып отырғызып қойып суретін салдым. Түні бойы әлгіні сан мәрте түзеткесін ертеңінде көрсетіп ем, өзін жыға танымады білем, былқ етпегені. Ең құрығанда әуеге тұмсығын шошайтып екі-үш қайтара үрсе етті. Шырамыта алмады ма деген оймен суретті тұмсығына тақап ем жер бауырлап жасқаншақтай жақындады да қағаз шетін гүлден жаман көзін жұма аса бір рахатпен иіскеді. Кім білсін желпілдеген қытыр-қытыр қағазды шелпекке санауы да ықтимал. Сосын жер тырнап жат та ырылдады.
Әбден күйіп кеттім. Көрдің бе, кірпік айқастырмастан қалғып шұлғып суретін салсам, ол оны жеп қойғысы кепті. Ерегіскенде төрт-бес күн қатарынан еркелетпедім.
Арыстан ғажайып ұғымтал ит. Бұрынғыдай басқа қарғып мәре-сәре еркелемейді. Сыпайы. Сырбаз. Жақындамайды да. Әйткенмен ретін тауып айыбын жуып-шайғысы бар.
Бірінші мысал. Кептерге арнап шашқан жемге торғайлар жапырлай қонып, шоқақ-шоңқақ шөпілдеп тере бастаса, шауып барып үркітеді де, маған біртүрлі мүләйім көзбен қарай қалады. Осыны да бағаламаймысың, сенде өзі көретін көз, сезетін жүрек бар ма дейтіндей. Е, қараса көз өзінікі. Түс салып, қабақ, түйе сырт айналам. Мейлі, маған десе мың жерден қарасын. Мен салған суретке де дәл солай мүләйімси қарап, албасты басқанда өзін танымады ғой.
Екінші мысал. Көк қақпаны маңдайымен итеріп ашып көршінің қасқа бұзауы едіреңдей кіріп келді де, талтайып тұра қап, кіндік астындағы жаңа жауған жас қарды дымдап, сары түске бояды. Сонсоң су-су тұмсығын көтере көзін жұмып, әлі қалыптаспаған жіңішке үнмен мөңіреді. Анық амандық-саулық сұраған сықпыты. Қасқа шіркіннің бізге бағыштаған бұл сыпайылығы көпке ұзамайды, қаша ішіндегі бүйірі жаңа бұзылған жоңышқаның жұпар исі оттегіге араласып танауына жетісімен ыдырап жүре береді.Өзіне арналып шабылғаннан жаман емпеңдей тура, тура болғандықтан төте сызықпен қаша қайдасың деп жол тартады. Ондай бассыздыққа мен шыдасам да иттік міндетіне адал (ауладағы жат иіс атаулыны адақтап шығу) Арыстан қасқа жетесізді алдыға сап құлыперен-қу талқан қуа жөнеледі.
Қасқа бұзау айран-асыр, аң-таң. Арт жағын жоңышқаға берген күйі өткір азуларын сақылдатып кеп қалған төбетке тоқал мүйізін тоса: «Бө-е!» — дейді. Онысы: «Әй есалаң, екі арадағы қыл өтпес достық қайда, сонша шаптығатындай сені қай жын ұрды?» — дегені. Бірақ Арыстанның бұл жолы діні қатты. Өйткені, ту сыртынан қадалған көз жебемді қарамаса да сезеді. Әй-шай жоқ алып тастайтыннан жаман алқымға ұмтылады.
Қасқа тентек қайтсын, жас жоңышқаның аула толы жұпар иісін бұзып-жара қақпаға беттей тоңқаңдап қаша жөнеледі. Кірген беттегі еркетотайлық ғайып болған. Иттен қорғана жүріп, сан қилы ұзын-қысқалы хорда, катет, гипотенуза бойымен қақпа сыртына қашып шығады да, Арыстанның адамгершілігінің аздығына, жалпы иттігіне кереметтей өкініштілігін ұзақ-ұзақ назалана мөңіреумен түсіндіреді. Мөңіреу астарында жарлы байымас па, бұзау бұқа болмас па деген қоқанлоқы зіл жатыр.
Арыстан ше? Ол, сөз жоқ, көзім шалатын фокуста мәнермен бүлкілдей желіп бара жатады. Төңірегіне назар аудармайды. Маған да. Өзімен өзі. Қысқасы, «Қараңғы түнде тау қалғып...» Сақылдап күле жаздап, зордың күші әзер тұрмын. Құдай біледі, дәл қазір ұрлана мен жақты байқап бара жатпаса тұрған жерде төбеме тас түссін.
Тоқта, кезекті қулық! Тұстан өте бере жүрісін жайлатты. Қарайған түк болмаса да пысылдап жерді құшырлана иіскеді. Қар тұмсығына кіріп пысқырып та салды. Онысы: «Жә, Арыстан, бері кел! Жарадың, қасқа тентек тентіреп, қоңыз теріп кетті. Қане, арғы қолды бері әкел, татуласайық»,— деп шақырса, сонсоң бұрынғы ищай деспеген шырайлы шақтардай желке жүнінен майпаздай сипаса деген соқыр үміт.
Басқа біреу сипап та салар еді. Ал Асан ондай ақымақ емес. Арыстан Асан салған суреттегі өзін танымай (әдейі ме, кім білсін?) қағазды тістеп жыртқысы келді ме? Жыртқысы келді. Ендеше Асан егессе оның өзін танымай қояды. Сол, танымайды дегесін танымайды. Қатар шеру тарта бергенше бірауық ұрсысып та байқайық, Арыстан жолдас!
ЕКІНШІ ТЫНЫС
Масқара, мысық суреті ме? Мамам ақылды, көкем жуас. Ит үреді, мысық мияулайды. Қайта татуласу және шөп үстіндегі алыс. Ата қораздың көргенсіздігі. Айна айна да, аспан аты аспан.
Кейін ойда жоқта жер боп жеңілдім. Сайтан түртсе жеңілу жолы оңай екен. Көкем кешке тамақтанғасын әдеттегідей күнделігімді аударыстырып отырды да, беттердің арасына қаттап салынған Арыстанның суретін тауып алды. Айналдырып алай, дөңгелетіп былай қарады. Жарыққа тосты. Түкке түсінбеді, білем; «Асанжан, мынау қай көршінің мысығы?» — деді. Иә, әр әрпіне дейін нақтап сөйдеді. Тым құрыса мысықтың суреті ме десе бір сәрі. Мысық екендігіне шексіз сеніп, тек қай көршінікі — оң, әлде сол жақтағы үйдің мысығы ма, соны білгісі кеп қойылған күмәнсіз сұрақ.
Аузым аңқиды да қалды. Иә, десеңші, қайдан қара басып Арыстан өзін-өзі танымады деп күдіктеніп ем. Ұқпаппын, ырылдағаны суреттен өзін емес, мысықты танып айбат шақырғаны боп шықты. Қайта мысықтай шақар жауының суретіне ар етіп атылып қолымды қоса қауып тастамағанына тәуба.
Күні ертең дереу Арыстанмен татуласуды ұйғардым.
Құдайшылығымды айтсам, ондай адал достан көпе-көрнеу айрылып қалу шымбайға да батып жүр. Қосылып ойнайтын, ең болмағанда кәдімгідей алысып, ұрсысатын, бет тырнасып, бақырысатын не аға, не қарындас жоқ, қарақан бас жалғызбын. Жұмыстан келе диванға құлай кетіп газет-журнал парақтаудан басқа көкемнің бітірері жоқ. Мамам керемет ақылды. Ақылдылар адаммен әсте әңгімелеспейді, тек ұрсып-жекуді, төкпелетіп ақыл айтуды біледі. Табалдырықтан сүрінсем де, жеп отырған нанымды абайсызда түсіріп алсам да, қолма-қол қалта-қалта ақылы дайын. Сенсең, кейде бес бөлмелі кең үйде андыздаған ақылдан қашып тығылар орын таппай сасамын. Сол пысықай ақылдар жылтыр стол, орындық, шифоньерге, түкке керексіз, маған салса Арыстанға ас құйып беруге ғана жарайтын сервиз, вазаларға соқтығып, сан бөлшекке шытынай сынып, он, жүзге көбейіп жататын секілді. Қара құлағын бұрасаң кемеңгерліктің не қилысын төр үйдегі жалпақ бет теледидар да төгіп тастайды. Қайта мамам құсап бақырып-шақырып, әлсін-әлі табақ, кеселерді жерге атып ұрмай-ақ көйлекке ала галстукті тағып тастап, жағымды дауыспен сызылтады-ай, тегі. Ал мен, А. Қайырсынов, ми қаритын ақыл орнына бас сап алысар, төбелесіп татуласар, кеудесінде жаны, жөн-жосықсыз сөйлейтін сөзі, ойнақтаған көзі, он үштегі жасы бар дос іздеймін! Естисіңдер ме, дос қажет!
Ол досты біздің ауладан күндіз шырақ жақсаң да іздеп таба алмайсың. Табылмаса, жата қап жер тырнайық, па, мен де, Арыстан да жападан-жалғыз, жолдас-жорасыз қалғасын дос болдық та қалдық.
Дос демекші, Арыстанмен араздасқалы көрші құрдастар алдындағы беделім күрт төмен түсіп кетті. Бұрын тайыншадай Арыстан ізімді баса бүлкектей еріп жүретін. Анда-санда қайық басында қалғыған кәрі қарғаларды үркіте қою дауыспен маңқылдап үруші еді. Асанға бағышталған бұзық ойы бардың нәсілі түсіп, жүнжіп кетуіне сол айбын әбден жететін.
Арыстан соңға түспегелі көрінген көз ақитатын болды, түге. Жайбарақат қыдырып келе жатсам қызыл, сары қақпа астынан қанден иттер атып шығып, рұқсат - сұраусыз балақтан алады. Қайдағы сұлу қара мысықтар жолды әдейі кесіп өтеді, тек кессе бір сәрі, тоқтай қап, жасыл көздерінің уын бетіме бүрке мұрт тікірейтіп: «Миаоу!» дейтіні жанға батады.
Сурет жайындағы көкем пікірінен соң амалсыз Арыстанмен татуластым. Татуласудың әліппесі ретінде қашаға үйілген жоңышқа етегінде құмар қанғанша алыстық. Құмар қанғасын қарғыбауынан мықтап ұстап ауладан шықтым да қос саусақты ұртқа тығып жіберіп жер дүниені көшіре ысқырдым. Қақпалардан қырып тастайтыннан қатты шабалаңдай атып шыққан қандендер талтаңдаған апайтөс Арыстанды көрісімен үндерін қайта жұтып, ізінше кері зытты. Қара мысықтар жол кеспек түгіл бағана басына өрмелеп, шаққа бас сауғалады.
Кептермен де жора-жолдаспыз. Шетінен көкем сияқты жуастың жуасы. Адамнан әсте қорықпайды. Шашқан жемді шоқып тастайды да ұшып иыққа қонады. Содан соң мойыл түйме көздерімен тура жанарыңа үңіледі де көз арқылы жүректерінің жылы сәулесін көкірегіңе түсіреді, жан дүниені ерікке қоймай қорғасынша ерітеді.
Кептер менен гөрі Арыстанды іш тартатын тәрізді. Жем шашқанда болмаса иығыма жиі қона бермейді. Төбет көсіліп шуақ өтіне жата кетсе-ақ соның маңына үйірілгіш, топырлағыш. Сыпайы. Әдепті. Әуелі иттен төрт-бес адым жерден айналып біраз жүреді. Көңіл күйінің жақсы, жамандығын барлай баспалағандары бесенеден белгілі. Сүт пісірім уақыттан кейін әуелі біреуі, іле екіншісі арқасына қонады. Ақыры бәрі жапырлап, төбет жүнінің арасына тұрып қалған нан қиқымдарын теруге кіріседі.
Бір күні кептердің қоразы Арыстан тұмсығындағы қиқымды шоқып қалған. Көгершіндер әу баста дүр көтерілгенмен, көп ұзамай төрт-бес қадам жерге ұйлыға қонды. Қызулана ұзақ құрқылдасты. Байқаймын, ата қоразды біраз жерге апарып жазғырып алды. «Қызықсыз осы сіз. Мынау деген ит досты оңдырмай шоқып алуға бола ма? Тұмсығыңыз біздей өткір әрі мүйіз, ал төбеттікі жұмсақ ет. Алда-жалда қиқым шұқыдым деп өткір де әсем тұмсығыңызды жазатайым көзіне тигізіп алсаңыз қайтеді», — дейді, шамасы.
Қиқым шоқығыш қораз әсем тұмсығының астынан мыңғырлап ақтала бастайды: «Бикеш, бибілер, мен нанды ғана шоқымақ едім. Тұмсықтың етке кіретін үшкірлігін ит біліп пе. Жә, шулама, түге!»
Мен көз жазбай бәрін бақылап тұрамын да ата қораздың соңғы пайымына іштей қосыламын. Қайсымыз құлақ, желке, мұрнымызды көріп қарқ боп жүрміз? Ешқайсымыз да. Ол түгіл, мен де өткен жетіде сатып алынған ұр жаңа трюмоға қарап қана танауымның тәмпіштігін алғаш рет мойындадым. Айнаға көз салмасам тұмсығым теледидардан ән айтқыш «Орэрадағы» грузин ағайлардікіне ұқсас кесек те әдемі екен деп ғұмыры кеудеме нан пісіп өтпей ме. Мен менмін, ал ата қораз сорлы тұмсығының үшкір де мүйіздей қатты екенін қай трюмоға қарап білмекші? Көк зеңгір аспан трюмоның жалтыр бетін еске түсіргенмен, қалай айтсаң олай айт, айнаның аты — айна.
ҮШІНШІ ТЫНЫС
Дүние жүзінің ең Қиын есептеріне жүйрік адам. 1-ші тәрбие: әңгіме айту, жақсы көру, бастан сипау, 2-ші тәрбие: зеку, нұқу, ақыл айту. Мамам әдемі де көкем эгоист пе? Тромбонды саксофоннан айыра білетін білімпаздың шаш туралы пікірі. Көкем қалайша бухгалтер болған?
Көкем қаланың қақ ортасындағы үш қабат қызыл кірпіш үйде сөткенің сегіз сағатында дүниежүзінің ең қиын есептерін шекілдеуікше шағып шығаратын бухгалтер! Жұмыр тастары жарқырауық шабақты бойлай ерсілі-қарсылы зырғитын есепшотты қолтығынан бір айырмайды. Байқауымызша, дүниежүзінің ең қиын есептерінің саны сол тастар санынан аспаса керек. Есепшоттың сондайлық тамаша сырын көкем маған ешқашан ашып көрген емес. Қайта көз шалмас жасырын жерге тығып қоюға құмар.
Кейде, тентек болсам, қасына шақырып алады да қызық ертегілерді үсті-үстіне төкпелейді кеп. Байқаймын, менің тәрбиемді көкемнің бастан сипау және Тазша бала, жалаңаш король жайлы бейбіт әңгімемен шектеуіне мамам қатты назалы. Мамам өте әдемі, әдемілігі сондай, көрші Күлшира, Майра, Сайра апайлар мамаммен кездесіп сөйлесе қалса бұрынғыдан бетер сұрықсызданып сала береді.
Мамамның ойынша, тәрбие атаулы екі түрге бөлінбекші. Алғашқысына әңгіме айту, жақсы көру, бастан сипау құралыптас жағымдылары саналады; соңғысына керісінше зеку, нұқу, ақыл айту шамалас жағдайсыздары жатады. Мамам біріншісін көкем өзіне бейімдеп, жүйкені жұқарта-жұқарта қырқыншы жіптің жіңішкелігіне жеткізетін екінші жағын өзіне итере салғанына риза емес. Өз сөзімен айтсаң: «Көкең барып тұрған эгоист!».
Әп-әдемі мамамның сүттей ұйыған көңілін іріте салатын көкемнің тағы бір қадірсіз қасиеті бар. Масаты кілем ілінген төргі бөлмеде есепшотпен қатар бүйірлі келген қаз мойын виолончель ілулі тұрады. Оны тартатын кісі — көкем. Қос шекте қатарласа қалғып отырған дыбыстар әудежар қылтаяқ тиіп кетсе пыр-пыр ұша жоғары көтеріледі. Бірақ жаңағы дыбыстар, бөлмедегі ауаның атомдарын бұзып-жара мамамның құлағына жетіп үлгіргенше неге екені белгісіз, кереметтің күшімен мысық мияуына, иттің үргеніне айналып кетеді. Ондайда мамам ең түкпірдегі бөлме есігін тарс кілттеп жатып алады.
Көкем бар ғой, бұл көкем тегінде ылғи есепшот қолтықтап, жортақтап жүре бермепті. Жас кезінен-ақ қағынып, қобыз, скрипка, виолончельде ойнап өнер бастаған екен. Бір күйді боздатса сорасы ағып жылап, екіншісін тартса жайраңдап сала беріп, көрші кемпір-кепшік, шал-шауқандардың зәресін әбден ұшырған көрінеді. Айта берсе мектеп бітіргесін консерваторияға түсуді армандапты. Ақыры айналдырар консерваториясына бірден жетіп бармай, әуелі музыка жайлы қисабы жоқ мәлімет білетін, білгіштігі соншалық, виолончель, саксофон, тромбондарды бір-бірінен айыра алатын ән-күй мұғаліміне өз өнерін сынатпақ болыпты. Білімпаз біраз шалқақтап кергігесін келіседі. Көкеме ол шақта Асан сияқты алтын сақадай балаға әке болу қайда, ұзын бойлы, ұзын шашты, ұзын саусақты алаңғасар жас жігіт-міс.
Қысқасы, көкем білгішке Гаспар Касадоны тартып беріпті. Ол кезде мен бұл дүниеде жоқпын, жоқ болғасын көкем Касадоны жақсы, әлде жаман тартты ма, ағымнан жарылып дәнеңе айта алмаймын. Әлгі шіркін білсін, білмесін, не нәрсе болсын, қабырғадан қойып қап баға айтқыш пысық екен, күй тартылғасын құлағын шұқып отырып ол көкеме былай депті: «Жас жігіт, сіз консерваторияға түспексіз бе? Жақсы, өте жақсы. Біле білсеңіз, консерваторияға бару үшін қайткенде де желпілдетіп ұзын шаш қоюдың қажеті шамалы. Тым ұзын шашты жиі жууға тура келеді. Ал сіз шашқа қайызғақ түссе түбі қандай ауруға соғатынын білесіз бе?„» Ән-күй мұғалімі сөзін аяқтай бере көптен су тимеген шашын бір ұйпалап тастап, алдына қараса... виолончельді бала үйден жылыстап шығып кетіпті.
Күзде көкем консерватория орнына халың шаруашылығы институтына түседі.
Содан бастап көкем қолтығындағы виолончельді есепшот ауыстырады.
Мамам үшін сол жұмыр тастардың сартылдаған үні Касадо әуенінен әлденеше есе сұлуырақ. Енді ше! Саусақ сыпылдата есепшот қағу, еңбек ету — қоғамға пайда тигізу деген сөз. Адамды еңбек әдемілей, әрлей түсетіні бес жасар балаға да белгілі. Былайша айтқанда, жұмыр тастарды тасқаяқтай қағыстыра жөнелетін көкем виолончельдің параллель пернелерін термелеп, мың түрлі ғаламат саздарды әуелеткен көкемнен гөрі әлдеқайда ақылды да әдемі. Өйткені, үш қабат үйдің қарсысына орнатылған тақтаға: «Адам әрқашан да еңбегімен сұлу»,— деп жазылған. Одан басқа себептің мамам үшін құны бес тиын. Нұсқау қысқа, нақты, дәл айтылды ма, бітті, қайдағы бір виолончель, такатто, төрт қада деп бас ауыртпай еңбек ету керек. Яғни құмырсқа, әліңді біл, Асанның көкесі, шотыңды біл!
Мамам солай ойлағанмен есепшот пен виолончелдің қарым-қатынасы, ара салмағы жайлы мен түйген пікір мүлдем басқаша...
ТӨРТІНШІ ТЫНЫС
Менен әлденеше есе зор сөздер. Тәкеңнің тапқырлығы...Тас қараңғы түн. Көкем әуенге, әлде әуен көкеме айналды ма? Мен қалай барабаншы болдым? Аспанға көтерілген саз, көкем, мен және күшік. Ақ қар, ағаш бөшке, балға, су сіңген тақтайлар — әлем неткен ғажайып та қызың еді!
Ол күні шапқылағаннан шапқылап он бір жасты толтырып тастаппын. Он бір жасым жөнінде пәлендей сәулелі, салауатты ой басыма кіріп-шықпаса да ол көптен бері басқалардың көкейін тесіп жүреді екен. Қысқасы, алғашқы қар жапалақтап, аспан-жер арасына ақбоз шыт ілінген күннің кешінде бес бөлменің қабырғаларын қонақтар шірей керіп тұрды. Өздері ылғи бір себепті, себепсіз қарқылдап күлгіш ығай мен сығай.
Денсаулығымның зор болып, жүз жасауым үшін, сол зор денсаулық пен жүз жасты үнемді пайдалана отырып, Қайырсыновтар ұрпағын одан әрі көбейте беруім үшін тостар көтерілді. Иегім стол ернеуінен әрең асып отырған маған өзімнен көп есе үлкен, керек десе кең-кең бес бөлменің ішіне сия бермейтін: «Таудай бол! Бухгалтер боп ос! Батырға айнал!» — атты төбе құйқаны шымырлатар айбынды сөздер айтылды.
Топ шекесі шындап қызды. Қызыл шырайлы, жылтыр қара шашты толың адамдар ортасында біртіндеп: «Той иесі» деген қадірлі атымды қолымнан сусыта ыстық шайға түскен майдай еріп, барған сайын көрер көзге кішірейіп бара жаттым. Қатты жалғызсырадым. Қасымда көкем мен мамам отырса да жетімсіреп жүдедім. Көрші Самат, Айгүл, Ерік... бір де бір өзім тұрғылас бала жоқ, тек тым көп сөйлейтін қомағай да жат кісілер.
Көңілсіздік көкірегіме суық демін жайлап үре бастады. Стол астына сүңгіп кетіп бая-шая бақырғаным бар. Осы бөлмеде айтылып жатқан жағымды, тәтті сөздер манағыдай маған арналса да, бәрібір, бәрібір төбемнен аса зуылдап, нысанасыз қаңғып жатты. Әрі-беріден кейін денсаулықтарының өгіздей, балаларының көп, лауазымдарының биік болуына... бірдеңе-бірдеңелер құрметіне жапа-тармағай тост көтерісті. Солардың кесек кірпіш сықылдас дарақы да дөрекі күлкілері; «Таудай бол! Бухгалтер боп өс! Батырға айнал!» — деген тілектерді тағам мен бөтелке самсап тұрған стол үстінде тыпырын шығармай буындырып жатқанын жанұшыра сездім. Кенет, көп қарқылдақтың ең жуан дауыстысы әрі қарындысы:
— Ал, халайық, мына Мәкең, — быртық сұқ саусағымен көкемді нұсқады, — қалай еді, қобыз ба, соны бір боздатып құлақ құрышын қандырмай ма! Анау қобыз қабырғаға бекер ілінбеген шығар. Сахнаға ілінген мылтық атылатын болар. Бұл, сірә, пролетариаттың ұлы жазушысы Алексей Максимович Горькийдің сөзі болар, — деп сөзін аяқтап, саусағын төбеге шошайта қойды.
Жұрт шулап кетті.
— Дұрыс айтасыз, Тәке!
— Біз өнерді қадірлейміз!
— Мен «Шилі өзен қамыс-ай, бізді ойлай жүр таныс-айдың» тартылуын тілеймін.
Көкем тұрып бешпетінің етегін қолы дірілдей төмен тартты, құмыға қатты-қатты жөткірінді. Сосын мен жеккөретін жалынышты жүзбен мамама қарады. Мамам дастархан шетін серпіп тастап, қабырғадан виолончельді салдыр-гүлдір жұлып алды да, көкемнің қолына ұстатты.
— Тәкең айтқасын бәлсінбей ойна енді!
Ол ойнай жөнелді. Шектер үстінде қалтыраған бес саусақ, — бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек шет-шексіз дыбыстар дүниесінен маған жұмбақ келісімді қарым-қатынастар іздеп тауып жатты да, ауыз-мұрындардан көтерілген көмірқышқыл және шарап исін ұдай толқыған мұңды үн ығыстыра бастады.
«Дұрыс айтасыз, Тәке!» — сексиме шаш, қушық жаурын әйелінің құлағына еңкейіп сыбырлап еді — ол шыңғырған, яки күлгені беймағұлым ерепайсыз дыбыс шығарды да, күйеуінің аэродромдай жазық жаурынына салып қалды.
«Біз өнерді сүйеміз!» — қызып қалған біреуді бөлмеден шығара алмай әлек.
«ІПилі өзен қамыс-ай, бізді ойлай жүр, таныс-ай», — бобыраңқы шаш, қазан бас қалғып отыр. Қасындағы тойға серіксіз келген келіншектің ақшылт иығына тұмсығы тиіп кеткен сайын анау сүйір мұрнын — сөйтсе сүйкімді көрінетінін өзі де білетін болса керек — жұрт көзіне шалынар дәрежеде кіржите қояды.
Тәкең аузын қалқалап есінеді де, көрші бөлмеге шығып кетіп магнитофонды қосты, сөйтті де тым толың денесі жайлы жұрт арасына тарап кеткен аңыздарды түп-түгел жоққа шығарып, мамамды дөңгеленте жөнелді. Мамам жүзіне алау жүгіріпті, өзі күле береді.
Жұрт магнитофоны бар бөлмеге ығысты.
Көкем тірі жан жоқ арақ-шарапты бөлмені талақ тастай виолончелін қолтықтап, сандалақтай сыртқа шықты. Мен ілесе кеттім.
Тас қараңғы түн... Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Жапалақтай қар жауып тұр. Ауа таңқаларлық жылы, жайлы. Қыс заңы бойынша ауыз ашылған сайын сақиналанып әуеге көтерілер бу да жоқ. Қар қиқымдары бағана басындағы шам етінде теңселе бірқалыпты төмендеп, көше, арық, шарбақ, ағаш бұтақтарына қонған ақ мамықты тынымсыз қалыңдатып жатыр. Қар төмен сауласа шам керісінше еппен тоқтаусыз жоғары көтеріліп барады. Дүние атаулы аппақ. Тіпті құлағы едірейіп тым-тырыс тыныштыққа құлақ тосып, аула ортасында шоқиып отырған (ол кезде күшік) Арыстанның арқасына да қос уыс қар қонақтапты.
Қара киімді, қара шашты көкем ғана бүкіл тұлғасымен ақ дүниеге анықтап басылған мөрге айналыпты.
Қара мөр — көкем күшік үйшігінің үстіне жайғасып алып мен білмейтін күйді ойнап отыр. Әманда әр талына дейін артқа жылмита таралатын шашы бұл жолы селкеу - селкеу.
Жауырыны күржие виолончельге төне түсіпті, тұтаса кіріккен виолончель екеуі жалғыз дене. Ербеңдеп қозғалған қыл таяқты оң қолы сол денені — виолончельді, өзін белден арлы-берлі қайшылай кескілейді. Әуен виоленчельден емес, көкемнің бүкіл денесінен — құлағы, көзі, мұрны, қол-аяқтары, тырнақтары астынан боздай шығып тұр. Көкем, жуас та өз көкем қазір өжеттер мен іскерлер әлемі — Тәкең, мамам, «Шилі өзен қамыс-ай» ғаламынан жұлына қашып, мына ақбоз мылқау дүниенің жолсыз, саңылаусыз құшағында адасып жүрген әуенге айналды.
Әлсін-әлі бірқалыпты қайталана әлдеқайда, жоқ, әлдеқайда емес, мына берік тақтаймен қоршалған тыныш ауланы бұзып-жара кеңістік құрсағын кезіп кетуге шақырған сиқырлы саз, оған қоса көкем де биіктеп барады.
— Кө... — Аузымды ашып едім, қарға қақалдым. Жыпырлаған жас көз тостағанымды жуды. Мен өзімді көкемнен айрылып қалатындай, мына асқақ та бұрын естімеген алапат саз көкемді қардың қалбақтаған аң түйірлеріне айналдырып жіберетіндей сезіндім. Айналдырғаны несі, көкем бұл кезде ақ кеңістік ноталары — қала, аула үстінде қалбақтап айналып жүрген қар түйірлерінің нақ өзі.
Ойбай-ау, көкем түйірге айналып көзден бұлбұл ұшса қарайласар кімім бар? Мамам болса толықтығына қарамастан тамаша билейтін Тәкеңмен шыркөбелек айналып мәз-мейрам. Оған қар астында қалтыраған менен гөрі Тәкең, би қымбат.
Жүгіріп барып көкемнің су-су жеңінен тарттым. Сазды мәңгілікке жоғалтарымды біле тұра тарттым — әуен жоғалса да көкем қасымда қалады ғой.
— Көке, үйге қайтайықшы.
Қылтаяқ зың етті, дыбыс бір сәт қалқыды да, үзіліп жүре берді. Ол маған жалт қарады. Қорыққанымнан шатқаяқтап кейін шегіндім. Тас қараңғы түнде жалт қараған адам есепшотқа судай жүйрік көкемнен басқа жат пенде-тін. Қара бұйра шашы, қасы, мұрны, киіміне дейін біздің үйдегі отыз бес жастағы адам... жоқ, бәрібір көкем емес. Ол ешқашан да бүйтіп атып тастардай суың зәрмен қарамайтын. Жаңағы саздың түн түсін қабылдаған қара жаңғырықтары, толқындай әуелеген алып қорғанды көкем екеуміздің арамыздан суыра тартып үздіксіз биіктетіп жатты. Кенет, көкемді арбаған осы әуенді бір сәтке жеккөріп те кеттім.
— Не керек? Саған не керек деймін?
Күннің суықтығы, үйге қайту қажеттігі жәйлі әлденені мұрын астынан мыңғырладым.
Көкем әй-шәй жоқ білегімнен қапсыра ұстап, сырадан босаған бөшкеге қарай сүйрей жөнелді. Сосын тығын ашатын ағаш балғамен бос бөшкені томп-томп ұрды да, кілт тоқтап, қолыма ұстатты.
— Осыдан жаңылмай соқ та отыр!
Аянайын ба, соқтым да отырдым. Көкем виолончельде ойнады. Тағы да әлдеқайдағы белгісіз де алыс бағдарға жетелеп ұзаған мақпал қоңыр сиқырлы саз, саз,..
Қар әлі жауып тұр.
Балға астынан о баста құлақ етін жеп дөрекілеу шыққан дыбыстар қапалақ қар қиыршықтарына оранды да, Саз әлемінде қалықтаған ақ кептерге айналды, қылтаяқ пен шектер қиылысынан туған әсем дыбыстарға қосылды, аула төбесі атты шағын аспан астында қанаттары дірілдеп айнала бастады. Аяқ астындағы қозғалмас мығым қара жер тұғырынан оңай айнып, саз ырғағымен билей жөнелді. Біз — көкем, мен және арқасына қос уыс қар қонақтаған жас күшік үшеуміз виолончель шегі мен балға астынан шыққан дыбыстармен қым-қиғаш араластық та аспанға көтеріле бастадық.
Кенет, бүкіл әлемді, сол әлемнің қол созымдағы өкілі — біз асырап алғалы ай толмаған Арыстанды бас сап құшақтағым келді. Қос қолымды ілгері создым, құшағым қапалақтаған қарға толды. Төрт құбыладан тұтас қоршаған дүниемен — ақ қар, ақ қармен араласқан жеп-жеңіл саз ноталарымен біте қайнастым да, оның балтамен шауып айыра алмас бөлшегіне айналдым.
Жас күшік Арыстан қардың таусылмас қоры — аспанға, дәлірек айтқанда үздіксіз сорғалаған қиыршықтарға тұмсығын соза шошайтып шабалаңдап үрді де, тұрған орнында құлағы салпаңдай әуен ырғағына сәйкес төрт аяқтап қарғи бастады.
Бұдан былай күшік, көкем, мен, виолончель, ақ қар бесеуміз айырылыспас доспыз, жік жазбас жолдаспыз... Бөшке, ағаш балға, саз және сыра мен қар суы сіңіп қарайған бөшке тақтайлары да солай...
...Ертеңінде көкем қызып қалғаны хақында міңгірлеп, кімнен екені беймәлім, кешірім сұрады, есепшоты мен портфелін қолтығына қыса үш қабатты үйге тартты. Мамам төмен қарап, алжапқышының етегіне құрғақ қолын сүрте берген...
Сенсеңіз стол шетіндегі мен, стол астындағы Арыстан мамамның қысылып ұялғанына кәдік келтірмесек те, көкемнің шын көңілімен ұйып, кешірім сұрағанына зәредей де сенгеміз жоқ.
Осы оқиға болмаса біз тату тұрамыз. Кім білсін, көрші апайлар солай деседі. Олардың айтуынша, көкем қоңызға да қиянат ойламайтын өз ісіңе берік, момын да (көшедегі ең үлгілі еркек), мамам бірді екіге жеткізетін пысық әйел (әттең шайпаулау, әйтпесе...). Мен болсам күнде-күнде бестіктерді мектептен қапшықтап қайтушы жақсы оқушымын (тым жуас па осы бала?). Алда да осындай тамаша сәйкестікпен тату-тәтті тұра берер ме едік, қайтер едік, егер...
БЕСІНШІ ТЫНЫС
Жаңа көршілер кәдімгі көрші сияқты. Ит пен көгершін... жоқ, семіз де дарақы үйрек-қаздар және шалбар шешкіш шартық бала. «Насыбай» құпиясы қалай шешілді? Ауылдағы еріккен шал-кемпірлер. Сегіз ғасырдан кейін қайта тірілген қаһан.
Мен он екі жасқа толған күні сахнаға ілінген мылтықтың қайтсе де атылатындығы жайында пікір білдірген Тәкең тұп-тура екі жылдан соң көшті де кетті. Маңдайға жазылса көшу қиын боп па. Қорабы даладай екі автомашинаға мүкәмәл-мүлігін асығыс тиеді де, жұртына құшақ-құшақ түтін қалдыра Тәкең үрім-бұтағын «Көше» атты кең де қызық әлемге бастай шығып жүре берді. Ол күні мамамның көзі қызарып жүргенімен оның есесіне көкем қарадай көңілденіп қолдарын қайта-қайта құшырланып ысқылай берген.
Сөйтсе, Тәкең салып ұрып облысқа жоғарыласа керек. Жоғарылаған деген не, мүмкін Тәкең тау басына терлеп тепшіп өрмелейтін шығар, мүмкін облыс орталығындағы биік үйлердің ең үстіңгі қабатына қоныстануы да ықтимал, онда менің шаруам шамалы. Жаңа көршілер қандай, өздерінің мен тұрғылас баласы бар ма? Ит - кептері ше? Ауласына ит байланса, бәрінен бұрын мәре-сәре алысып Арыстан бой жазып қалар еді.
Көп ұзамай жаңа көршілер Тәкеңнің аңыраған ауласын аузы-мұрнынан шығара тырақай у-дуға толтырды да тастады. Асығыс-үсігіс жүк түсірілді. Білектерін сыбанып тастап көкем мен мамам көмектесіп жүр. Мен болсам «ЗИС—150» - ді, қыбыр-қыбыр адамдар мен тең-тең жүктерді, бүткіл ауланы екі қада арасына сиғызып, шарбаққа асыла ішке үнсіз үңілемін. Соншалықты өңмеңдеп үңілетіндей ғажап дәнеңе жоқ сияқты. Бұлардың да көкесі бар. Үйелмендей қара кісі. Теңдерді бұйым құрлы көрмей асықша атады. Жиегін кір әдіптеген аң шаршы астынан қара шашы бұрқыраған қатпа әйел анық мамалары.
Үндері естілмейді. Үндерінің маған естілмейтіндігі — екі арада шығыры селтиген құдық, жемісі жиналған иір-иір жүзім бұтақтары, қу жапырақтары қалтыраған түп терек бар. Арғы ауладан жер бауырлай жылжып жақындаған көк түтін (жапырақ өртеу маусымы!) өтінде көршілердің ауыз, қол-аяқтары ғана бұлыңғыр қимылдайды. Ауыр күрсіндім. Ит те, кептер де көрінбеді. Тек «ЗИС»-тен себет-себет түсіріліп жатқан қаңқылдауық үйрек-қаздар... Кеудеге секіріп Арыстандай еркелей алмайтын, зеңгір аспанда кептер секілді аударылып-төңкеріліп ұша алмайтын, тек табаққа түсер, етке жарар дарақы дауысты семіз үйрек-қаздар...
Бұрылып кетуге айналдым.
Тоқта, тоқта... Мына бір шартың қара бала аспаннан дік етті ме, жерден шықты ма? Кекілі күлтілдей маңдайына құлап тұр. Беті бес тиындық бақыр тәрізді дөп-дөңгелек. Торсың шеке. Әдемі-ақ бала, бірақ... қамыт аяқ екен. Оған қайғыра қоятын ол жоқ секілді. Кімге тиісерін білмей төңірегіне тасыр көзбен қарайды. Екі қолды қалтаға сап аула ортасында шіреніп тұрды, тұрды да, әй-шәй жоқ, мені шошыта кісінеп-кісінеп тастады.
Бұл маймақтың тұла бойы толған кесел ме екен?!
Көлденең жатқан екі құлаш таяқты ат қып мініп алды да, басындағы ескі құлақшынмен «тұлпар» сауырына сап-сап жіберді. Жіңішке даусымен қайтара кісінеп, тұрған орнында қосаяқтап секірді-ай кеп. Онысы ер-тоқымды бауырға алып мөңкігені. Сосын ауланы айналып құлдыраңдай әйда шап. Аяғы айқасқан маймақ болса да табаны жер иіскемес жүйрік тіпті.
Бүйтіп қиюым келіспей ыза боп тұрғанда шаңдатып шапқылап жүргені шат-шәлекейімді шығарды. Әлде дереу шақырып алып жұдырығымды иіскетіп жіберсем бе?
— Әй, бала!
Құлағы едірейіп тұра қалды.
— Бері кел!
Сұқ саусаң үшімен ол жүрер сара жолды ымдап, өзіме шақырдым. Таяқты қалай тұлпарға айналдырса «атын» солай теп-тез таяққа айналдырып, әудем жерге зымғатты да қолын оң-солға репетсіз лақтырғыштап тұра жүгірді. Шарбақты айналып өтіп, қасыма келіп қалт тоқтады. Саусағын сора түйме көздерімен мені ішіп-жеп, бір қолымен шалбарының ауын ақтара ағытып жатыр.
— Мә, насыбай!
Шошынғаннан кейін ыршып түстім. Өй, мынау неткен бетпақ бала! «Бері кел!» тіпті де шалбарыңды шеш деген сөз емес қой. Қайдағы бір насыбайы несі? Және оны қайтпекпін?
Менің басым қатты екен деп шартың ине жасуындай да саспады, шалбарын тізесіне түсіре әлі шәниіп тұр. Қайтейін, қатты састым, тұра қаш...
...Жоқ, қашпадым. Дес бергенде «ЗИС» қапталынан шартықтан үлкендеу, менен аз қалыңқы бала жүгіріп шықты. Бұл да қараторы, бірақ беті тым жалпақтау ма, қалай? Және торсың шеке шартықтай қамыт аяң емес.
Әлгі жүгіріп кеп басын күрт еңкейтіп шартықтың кіндік, е-е... одан төменірек ұятты тұсын құшырлана иіскеді де, шолаң танауын тыржита:
— Әтпішу! — деп салды.
Маймақ әбден қанағаттанған қалыпта шалбарын көтерді.
Кері бұрылдым да, үйге зыттым.
Күні бойы ойым онға бөлініп, шалбар шешу құпиясының кілтін таппадым. Күн түгіл он күн ойлан, бір ақиқаттың басы айдан ашық — Маймақ дені сау адамның басына көп келе бермейтін қылықтар жасауға өте қабілетті бала. Қырсыққанда ертең бар лыпасын сыпырып тастап, қақпа алдында қасқайып тұрса ше? Көшедегі көлденең жүргіншілер алдымен иық селкілдетіп күлер, көзге шұқып көрсетер, сонсоң: «Е, мынау бес бөлмелі үйде тұратын Асан атты баланың інісі шығар», — деп қолды бір-ақ сілтейді. Ал мұғалімдер көрсе ше?
Қой, одан да көкеммен ақылдасайын. Көкем үлкен адам, үлкендер насыбай сырын білуі тиіс. Онсыз да бізден көп білетіндерін ұрсып-зекіп түсіндіре жүреді ғой.
Көкем әуелі бар ынт-шынтымен кеңкілдеп күлді. Сөйтсе шалбар шешу құпиясы былай екен. Жаңа көршілер ауылдан көшіп кеп отыр. Ал ауылда шоқша сақал шалдар мен кимешек киген кемпірлер көше сайын өріп жүреді-міс. Өздері тістері қаусап, сүйектері саудырап мәлкілдеп жүргеніне қарамастан кіл қылжақбастар. Енді ше! Қолдары бос, төбеге түкіріп жатып пәленше сом пенсия алады. Күні бойы шалқадан түсіп шырт түкіре беру де, шамасы, жалықтыратын болса керек. Әлгілер зеріккесін көшеден Маймақ құралыптас балаларды маядай бақыртып ұстап алады. Ұстағасын шалбарын сыр-сыр шешіп тізесіне түсіреді де, кіндік тұсын жебе мұртпен қытықтай: «Әтпіш! Өй, таудай бол! Насыбайың керемет екен! Тыныс кеңіп сала берді», — деп қауқылдасатын көрінеді. Тыныстары шынымен кеңіп қала ма, жоқ па, түбіне жетіп зерттеген тағы ешкім жоқ.
Бала бір ұялады, екі ұялады. Ол ұялды деп шалдар шалбар шешіп түшкіруін, іле қауқылдасып бата беруін қоймайды. Ақыры су тегін бата ала беру балаға да майдай жағып, бірте-бірте қарсыласпайды да. Қарсыласпақ түгіл еттері үйренгесін шоқша сақал шал кезіксе шалбар шешетін, әтпішін кез келгенге еш пұлсыз ұсынатын тамаша халге жетеді. Қылығына қарағанда Маймақ та сол «мектептің» пәндерін бүге-шігесіне дейін меңгеріп, кілең бестікке бітірген-ау.
Шалбар шешудің мені шошытқаны соншалық, бір-екі апта бойы Маймақпен, оның жалпаң бет ағасымен тіс жарып мәмілеге келе алмадым. Маймақ көшеде қарсы кездессе, ышқырына күдікпен көз тастап қойып, тағы бір пәлеге ұшырамай тұрғанда құтылғанша асық боламын.Тағы салып ұрып жетіп кеп шалбар шеше бастамасына ісім кепіл.
Маймаққа қарағанда қайта жалпақ бет ағасы жуас па деп қалдым. Алда-жалда қарсы кездессе, қиық көзін төмен салып, тымпың-тымпың басып тезірек өтіп кетеді. Кейде қараған-қарамағанын бітік көзінен аңғару да қиын. Өткізіп жіберіп, біраз ұзай жалт бұрылсаң ғана көзінің шылбырын саған тастап бара жатқанын байқайсың. Өзі жақында көрсетілген фильмдегі Шыңғыс ханнан аусайшы. Тек тікірейген мысық мұрты, қайқы қылышы ғана жетіспейді. Ақыры қиқар қаһанға тым ұқсап тұр екен, мейлі, Шыңғысхан атана қойсын. Әне, кітаптан оқып, кинодан көрген қаһанды сегіз ғасырдан кейін осылайша сиқырлап тірілтеміз.
Айдар тағып, ат қою қайбір жақсы қасиет дейсің. Алайда сол жексұрын есімді ойдан құрықтап қуып шықсаң да өзінен-өзі тіл ұшына сағызша жабыса кетсе амал не? Оның үстіне қысқа күнде қырық жүздессек те, жасы кіші бола тұра ныспын айтпай қырсыққан өзіне де обал жоқ. Көрші болғасын адам құсап: «Мен бәленшемін, сен кімсің?» — деп қол беріп таныспас па? Жақындап кетсе жарып тастар жолбарыс емеспін ғой.
Кендір баулы иір ырғай садақты қолтығынан тастамайтын әдетін де байқап жүрмін. Ағаш басында қаннен-қаперсіз шиқылдасқан торғайларды сығырая көздеп тұрғанын сан мәрте көрдім. Көзі қитар, өзі қиқар, садақ асынатын, жазықсыз торғайға мысқал аянышы жоқ баланы Шыңғысхан деп атамағанда қайтеміз.
АЛТЫНШЫ ТЫНЫС
Шыңғысхан сұлу сөйлейтін бала. Қаланың кеще торғайлары. Қорлығын өткізген қисық көз маған қалай ұнады? Оның кеп пен қауырсын, жебе жайындағы ұнамсыз түсінігі. Өзімді бала тәрбиелегіш қасқырдан ақылды санадым. Күшік жұтқан Шыңғысхан.
Бір күні сәске кезінде үйден шықсам, шарбақ тасаланған Шыңғысхан шатыр үстінде жем шоқып құрқылдап жүрген ата қоразды көздеп тұр. Жүгіріп бардым да, жұлқып-жұлқып жібердім. Жалт қарады.
— Неге атасың?
— Немене, көгершін сенікі ме еді?
— Кімдікі болса да, бәрібір атпайсың.
— Айтарсың.— Мұрнын маңғаздана тартты.— Кішкене кептер түгіл түйедей қой, сиыр, жылқылар да сою үшін жаралған.
— Оны кім айтты?
— Көріп тұрсың, маңдайымда жұлдызша жарқыраған қос көзім бар. Жарқыраған көздер қарайған атаулыға қоса қой, сиыр, жылқының паршаланып сойылатынын көреді. Оларды соятын адамдар. Мен де адаммын. Ендеше көгершінді неге атпасқа?
Ой, мына Шыңғысхан неге дәл кинодағыдай сұлу сөйлеп тұр? Тура үлкен кісіше сөйлейді. «Жұлдызша жарқыраған көзім бар... Сиырды адамдар паршалайды... Мен кептерді атуға тиіспін...» Қаншама сұлу сөйлесе де, мынадан бірдеңе түсінсем бұйырмасын.
Табан астына тұқшия қарап әлі күңкілдеп тұр.
— О, о, ауылдағы торғайлар шетінен тақыс, зәндем. Құрт-құмырсқа аулағанда ең сағын күзетке қояды. Садақ көтеріп кезене берсең болды: «Шиқ, шиқ, қаш, қаш!..» Ұсақ тастарды қос қолдап қалай шашсаң солай жан-жаққа бытырап дүр көтеріледі. Оның өзінде де тарала ұшсақ жебе тимес деген қулық жатыр. Қала торғайлары мына жем шоқуды ғана білетін ақымақ кептерден аумайтын кеще екен. Дәл қасына келгенше шиқылдап отыра береді. Қалада не көп, машина көп. Солардың у-шуына торғайлар әбден үйреніп алып, үркуді де қойған. Ашамаймен көкесін танытып атпайсыңдар да. Неге атқыларың келмесін, келеді ғой. Бірақ атқан тастарың торғайға тимесе — жыпыр-жыпыр үйлердің терезесін сындыратынын, терезе сындырмаса — торғайдан да көп адамдардың басына түсетінін білесіңдер де. Әне солай, ауылда кісілер батыр, торғай қорқақ болса, қалада адам қорқақ та, торғай батыр.
Қап, мына қисық көздің қорлығын-ай! Тап осы сәтте бір жағынан бой буған әлсіздікті де аңғарып тұрмын. Қолмен қойғандай тап төбесінен түсіп айтса, бумағанда қайтеді. Таңғажайып дұрыс дәлелдермен қисық көздің аузын жаптырғым келіп қанша ойлансам да, оқыған кітаптардан ондай сәтті үзіндіні еске түсіре алмадым. Кептерді атпақ болған жауыздығын сылтауратқан боп бір қойып, шықылықтаған неменің аузын қисайта қойсам ба әлде?
Кейде торғайлардың өзінен миллион есе үлкен де күшті, қанат-қауырсынсыз тіршілікке шекесінен қарап менсінбей, бұтақта қуаныштан есі шыға мәз-мәйрам сайрап отыратыны да рас. Ондай көпе-көрнеу әділетсіздікке жының кеп кетіп, қолға іліккен кесекпен әлгіні жіберіп ұрғың келеді. Жіберіп ұруда мін болмайды-ау, бірақ сол лақтырылған кесек торғайға дәл тиюі үшін, Чингачгуктей құралайды көзден атқан мерген болуың керек. Қырсыққанда Чингачгук бұл дүниеде жалғыз-ақ дана. Чингачгук атпағасын кесек торғайды жанай шырқап шығып қайта сорғалаған күйі құйрығын тістелеген Арыстанның төбесін ойып түспесіне кім кепіл. Өйткені, бұ жер далиған дала .емес, қала іші ғой. Арыстанның төбесі ойылмаса, сөз жоқ, терезелер сынады. Сонда, сонда... мен дәл қазір көгершін қамын ойлағаннан гөрі өз үйімнің терезесі сынбасын, Арыстанның төбесін тас теспесін деп Шыңғысханмен егесіп тұр екенмін ғой. Көзді бақырайтып қойып қара бала дәлелдеп берсе «екен ғой» емес, дәл солай.
Қиық көздің қияс екені қияс. Сөйтсе де өзі маған ептеп ұнай бастады. Осы жасыма дейін сығыр көзін жерге қадап тұрып маған ешкім де мұншама орынды сөздер айтып көрмепті. Ендеше не тұрыс, өзін жетектеп жүріп Арыстан, кептермен таныстырайын да. Мен білсем, бұл шіркін аспанда көгершіннің аударылып-төңкеріле бауырын күн сәулесіне жалата сайран салатын салтанатынан тіптен бейхабар. Иыққа қонып, әдемі түйме көздерімен жүзіңе үңіле қарар сүйкімді қылығынан да хабарсыз. Әйтпесе, садақ кезеніп сондай ғаламат көрікті құсты бұрқылдап ұшар қауырсынға айналдырғысы келер ме! Әдемілікті сезбейтіндер ғана аяуды білмейді.
Тек кептердің құлаштай лақтырған күмістей аспанда жарқылдап ұшуын көргенде ғана қара бала атқан жебе олардың соңына қуғыншы болып түспейді.
Шыңғысханға кептерге шашылған жемді, менің туған күнім тойланған кеште босаған сыра бөшкесінен жасалған Арыстан үйшігін, өз қолыммен үйшік сыртына бормен айғыздап жазған: «Үздік оқушы А. Қайырсынов пен иісшіл ит Арыстанның мызғымас достығы жасасын!» — деген үндеуді көрсеттім. Шыңғысхан итке ұнады ма, жоқ па, ол хақында Арыстан еркелеп, яки ырылдап ашық пікір білдірмесе де, төбет Шыңғысханға шынымен ұнады. Жүнінен сипады, қарғыбауынан тартып көрді. Мына итті суреттері «Огонек» сыртынан түспейтін жалпақ бет ненец, чукоттар құсап шанаға жексе деген тапқыр ұсыныс айтты. Мен қызып кетіп кептердің қанша тұқымы болатынына дейін жайып салдым. «Үй көгершіндерін қолдан өсіру» кітабынан үзінділерді жатқа соғып едім, шын Шыңғысханның сегіз ғасырдан кейінгі ұрпағы көзін жұмып, аузын ашты. Сөйткенмен жүні құбыла жарқыраған ата қоразды көргенде:
— Қауырсынынан керемет жебе шығар еді,— деп таңдай қақты. Сасқанымнан сол орында қалшиып қаттым да қалдым. Бұл бала ата қоразды өлтірген күнде ғана қауырсыны жебеге жарайтынын білмей айтып тұрған жоқ, Шыңғысхан атын қалай дөп басып тауып қойдым десейші. Қала көрсе-ақ тарпа бас сап қиратып салғыш қаһанның кішірейтілген нағыз екінші данасы. Әттең, бойы кәндек, күші аз, соңынан еретін қалың қол жоқ.
Әйтпесе бар ма...
Сол күннің кешінде төсекте дөңбекшіп жатып бала Шыңғысханды түзу жолға салуды ұйғардым. Себебі одан жасым үлкен... «Пионер жасы кішіге әрдайым қамқорлық көрсетіп, қашан да қасынан табылуы қажет» (мектеп дәлізіндегі «Оқушының мінез-құлқы» ережесінен).
Басы жас, тәрбиеге көнер. Ғұмыры тісін сақылдатып, әлденеге зығырданы қайнап жүретін қасқырлар Индияда ақылды адамның баласын баули келе бөріге айналдырыпты. Ал мына Асан, шынын айтса орынды-орынсыз ырылдап, қит етсе қой қыруға машық қасқырлардан өзін милы санайды.
Арада ай өтті.
Бұл күнде ол екеуміз кәдімгідей доспыз. Мектепке бірге барып, бірге қайтамыз. Өзі тапқыр бала.
Бір күні кешке жақын ауладағы шөп етегінде әңгіме соғып отыр едік, іші шұр етті. Жалт қарап ем:
— Мына көршінің кәнден күшігі соңымнан шабалаңдап қалмағасын ұстап алдым да жұтып қойдым. Сол ғой қыңсылап жатқан, — деді. Күлдім де қойдым.
Ертеңіне портфель арқалап, тысқа шықсам ақ түтек боран... Жел, қар, жел, қар... Әрі-берідей кейін қойны-қоншыма қар толып, аққаладан аумай қалдым. Аққаладан айырмам қозғалатыным ғана. Ерте кетпек ниетпен. Шыңғысханға жолай соқсам, тұрмапты, тек көрпе астынан көзі жылтырайды.
— Жүр, мектепке кеттік!
— Іһм...— Басын шайқады.
— Неге?
— Кешегі күшікті туып жатырмын.
Сабаққа жалғыз кетуге тура келді.
Сөйте-сөйте оның қала қиратқыш қотиын бабасына тек түр жағынан ұқсайтынына көзім жетті. Құс ататын қасиетін есептемесе былай тәуір бала. Менімен достасқалы садақ арқалайтын жаман қылығын да қойды.
Тіл алғыш. Пысық. Ұғымтал.
Өзіне әбден сеніп алдым. Алда-жалда ұйықтап қалсам, ертесін көгершіндерді үйшіктен сол шығарады. Арыстанды серуендетеді. Қалтасында оған арналған тоқашы да әзір. Шыңғысханға Арыстанның еті үйренгендігі соншалық, кейде қатар жүре қалсаң, төбет әуелі қайсысына еркелесем дегендей маған да, оған да кезек жүгіріп, әрі-сәрі боп қалады.
ЖЕТІНШІ ТЫНЫС
Сенімнен айрылған қара мысық. Ақ кептер соң, ата қораздың жоғалуы. Бір күні мектептен келе жатсам... Шыңғысханның саудагерлікпен айналысуы. Ұры шімірікпеді, онымен қоймай қыр көрсетті. Жетпей жатып желкемнен үзілуді қаламадым.
Бір күні ең сүйкімді аң көгершін үшті-күйлі жоқ боп кетті. Іргелес көшедегі үйірлерге қосылған шығар, жалыққасын оралар, т. т. ойладым. Бір күн тостым, келмеді. Екі күн тостым, зым-зия. Ақ кеп оралмады. Қапа болдым. Шыңғысханнан сыр тартсам кезін аспанға аларта қарап:
— Ақ кепті қара мысың жеді, — деді. Іле үйінен қара мысықты құйрығынан сүйрете алып шықты да терек діңіне құлаштап бір-ақ соқты. Мысың жаман үнмен баж етті де қара доға сыза шарбақ асып қарғыды. Шыңғысхан тағы:
— Кепті қара мысық жеді, — деді әр әрпін нақтай.
Қара мысыққа сенім жоқ. Көзінде қомағайлық оты тұтап бақша ішінде бұқпантайлай торғай аңдитыны рас. Қара мысық ақ кепті жесе жеген шығар.
Арада екі-үш күн өтпей ата қораздан айрылып аһ ұрдым. Жарайды, ақ кеп ақылы кем жас еді, сондықтан қара мысық аузына аңдаусызда түсіп қалды делік, ал ата қораз өйтіп ашықауыздық жасай қоймайтын-ды. Ақ кепті де, ата қоразды да қара мысық белінен бір басып қылғи салатындай жын атып жүрген торғайлар мен тышқандардың таусылып біткені ме?
Шыңғыс кейінгі кезде кептер қонатын сөрені жаныға тазалап, жем арасынан қиыршық тасты теріп тастайтын пысықтық танытып жүр. Ата қораз жайлы сұрап едім, аспанға аларып тастаған күйі бас шайқады.
Ата қоразды жерден алып, жерге салдым. Жоғалмаса жоқсыз қалсын. Бір, екі табаны күректей үш жыл бойы асты-үстіне түсіп баққан менде ес жоқ. Шұбыртып сансыз ұрпақ өсірді. Немерелерін ұшуға үйретті. Найқала басып дәннің ірісін, тазасын шоқыды. Шоқыды да жем шашқаныңа, баққаныңа мықтап бір түкірді, басы ауған жаққа қаңғып айдалаға кетті.
Бір күні мектептен үйге қайтып келе жаттым. Кенет, көк қақпалы үйдің ауласынан құрқылдаған үн, қанаттың сартылы естілді. Таныс дыбыстар... Дуалдан асылып ішке үңілсем... Шарбаққа балағынан мықтап байланған ата қораз талпынып жатыр. Қанат қағады да әудем жер көтерілмей жатып – кендір жіпті бырт-бырт үзер қайрат кепте қайдан болсын - құлап түседі. Төңірегіндегі бір топ ұсақ балалар езулерін құлаққа жеткенше созып сандарын шапақтайды. Дереу дуалдан асып аула ішіне қарғып түстім де: «Қане, пырс-с бөбектер!» дедім. Анадай жерге ығыса ұйлығысып тұрды. Еңкейіп көгершін балағындағы жіпті шеше бергенім сол еді, үкідей сары баланың боздап бермесі бар ма.
— Әй, саған не жоқ? Өзің қай үйдің шыбынысың?
— Менің көгершінім-м...
— Не-е? Мынадан хабарың бар ма?— Жұдырығымды иіскеттім.
— Кесе.
— Екі кесе.
— Дұрыс айттың. Енді көгершінді қайдан алғаныңды айт.
— Бәкіге айырбастағамын.
— Кімнің бәкісіне айырбастап едің, кішкентай ғана ызыңдаған шыбыным?
— Қастарыңа көшіп келген көрші бала...
«Көрші бала...» Көрші бала кім болушы еді, Шыңғысхан да.
Көшеге атып шықтым. Кеудемде бұрқ еткен ашу қойынымды кернеп кетті. Жалпаң бет бала Шыңғысхан десе Шыңғысхан екен. Одан да керек десе күні төмен. Шыңғысхан қалаларды ертең қиратқанымен, достарын бүйтіп ешқашан да тақыр мұзға отырғызбаған.
Аулаға кіріп келсем, Шыңғысхан кептерге жем шашып отыр. Балапан кептің бір иығына қоныпты. Мектеп ауласындағы «Балалар біздің бақытымыз және болашағымыз» деген орындықтай-орындықтай жазуы бар плакаттағы баладан бір аусайшы. Онда да алма бет, бұйра бас бала иығындағы көгершінге қадала қарап мәз боп тұр. Тек мынау бұйра бас емес, жалпақ жүзді қисық көз бала.
Шыдамадым, оңбағандығын, жақсылықты білмес кещелігін бейнелейтін сөздерді бетіне лақтырдым. Шімірікпеді, иығындағы көгершінге «Шынымен солай ма?» дегендей мойын бұрып қарады. Үшінші класта «Ана тілінен» жаттаған Крыловтың «Қарға мен түлкі» тақпағы есіме түсіп: «Ірімшік ұрлаған қу түлкісің!» — деп едім, ұртын томпайта:
— Өтірік айтасың, мен ірімшік емес, көгершін ұрладым, — деп өзімді ұялтып тастады.
Ұрыстым, жекірдім. Ұрлық түбі — қорлық екендігін ескерттім. «Мың бір түнде» ұрының қолын патшалар балтамен шауып тастатқанын айтайын дедім де, кітапты көкемнің сөресінен ұрлап оқығаным есіме түсіп, едәуір ыңғайсызданып қалдым.
Міз бақпағасын күйіп кетіп басындағы құлақшынын жұлып алдым да, арқама жасырдым.
— Әкел құлақшынды! — Қолын созды.
— Қалай екен көгершін ұрлап сатқан, ә? Біле білсең ұрлық — тартып алғаннан да сорақы сұмпайылық. Сен неге...
Ұрсып-зекуді аяқтаудың сәті түспеді, өйткені ол танауын жайбарақат шұқылап тұрды-тұрды да, кептердің қақ ортасына шалқалай құлады дейсің. Желкесі жерге таңқ етті. Кептер біткен дүр көтеріліп шатырға қонды.
Шыңғысхан беті талаурай қос аяқтап жер тепкілейді. Көзі аспанға ақия қараса, дөңгеленген кішкене аузы үнсіз айқайға тола керіліп тұр.
Сасқанымнан қолдағы құлақшынды күртік қарға сарт-сұрт соға беріппін.
Шыңғысхан үйінен жалпаң бет әйел кең етігін қорпылдата, етегі делбіреп бері ұшты. Әнеукүнгі орамалды әйел. Қолында сыпыртқы. Шалқасынан қимылсыз жатқан ұлын шырайналып жүр.
— Ойбиу, өлтіріп кетті, өлтірді! Кім тиісті саған, шұнақ құдай-ау!
Кім тиіскенін ол ойлағандай «шұнақ құдай» емес, құлын да құлыны шыға шыңғырған Шыңғысхан мені нұсқап көрсетті.
— Ә, сен қарақұрт па ең? Жетпей желкеңнен үзілгір, аспаннан аяғың салбырап түссең де көріп алайын сені!
Сыпыртқысын басынан асыра көтеріп қуып берді. Жетпей жатып желкемнен үзуін тосып тұрайын ба, тұра қаштым.
СЕГІЗІНІШ ТЫНЫС
Басқа не шара? Шанаға жегілгіш Арыстанның сорпа-су жәйлі қиялы мен кейбір жетесіздіктері жәйлі. Көше төбеттерінің жігітшілігі. Көк қаншық Арыстаннан жілікті неге артық санады?
Сол күні аула түкпірінде ең жақсы керетін «Робинзон Крузо» кітабының мұқабасына алақан басып тұрып, кесір баламен қайта достаспауға ант еттім. Шыңғысхан сырт айнала бере жолдастықты бар болғаны екі көгершінге балап сатса, басқа не шара?
«Бадырақ көз, сен тимесең мен тимен, аһа-а-ау...» деп қаншама уақыт ысқыра әндетіп жүрер едік, Шыңғысхан тағы бір кесел бастамаса. Ол Арыстанды шанаға жегуді шығарды. Шыңғысханша шанаға ит жегіп, аппақ далада қарды құйындата зырғу үшін ту көтеріп тундраға сапар шегудің қажеті шамалы. Шана жақтауларына байлаулы жіпті ит қарғыбауына жалға да шыбыртқымен көкесін таныта шықпырт. Әйда, бишікті шартылдата ауаны тілгіле де алқапты тентек айқайға толтыр кеп. Иттің аты ит, бірер қыңсылаумен талайсыз тағдырға бағыштаған наразылығын білдіреді де, алға құйындай ұшады. Сонсоң мұртты ширата (әрине, бар болса) шалқайып отыр. Әйтеуір төбет сені өзі өлер жерге сүйреп апармасы ақиқат.
Арыстаннан басқа ит болса Шыңғысханның бұл пікірімен келісе қоюы екіталай болар еді. Бірақ біздің төбет біреуге қарсы бас көтермек түгіл, алдындағы астан айрылатын ашық ауыз. Бір мысал. Өткен жетіде мамам түн асқан сорпа-суанды Арыстан табағына мәймілдете құйды да үйге кіріп кетті. Төбет үйшіктен шықты да, әуелі шатыр үстінде қалғыған мысыққа қарап аузын арандай ашып еңірете есінеді. Керілді. Мұнысы ол тұрғанда ешкімнің, оның ішінде шатыр үстіндегі мысықтың да жүрегі дауалап сорпаға тиісе алмайтынын меңзеуі. Сорпаны сырғыта жалап басын көтерді, рахаттана көзін жұмды. Құдай біледі, қазір табақтағы майлы етті қалай екі асап бір қылғытатынын қиялдап тұр.
Қиялдау жақсы-ақ, әйткенмен соның өзі басқа қалай оралды, солай орындауға кіріспесең, қол созсаң уысқа жалғанда түспейтін сағымға айналып сала бермек. Не керек, керіліп есінеу сияқты құрыс-тырысты жазатын «жаттығулар» тым ұзаққа созылды. Әлден уақытта көзін соңғы рет жұмып, қышқыл асқазанына жетерліктей жиналды-ау деген мезетте Арыстан көзін ашса... қызыл қақпалы көршінің көк қаншығы табақтағы кәрі жілікті алдына өңгеріп қытыр-қытыр кеміріп жатыр. Көз көріп, құлақ естімеген мұндай арсыздың Арыстанды әбден абыржытты. «Ойбай, төбет абыржып қалды» деп жілікті табаққа қайта сала қоятын көк қаншық па? Салмақ түгіл оқшантай тәрізді қаз-қатар өткір тістерінің арасына сүйекті қысып ап, аса зілді жеккөрінішпен ырылдады.
Қайтсін, Арыстан амалы — қыңсылау да. «Қайқы құйрық қарындас-ау, мұныңыз қалай? Жә, сабыр, сабыр... Ашу басыңыз, алқынбаңыз. Менікі сізге жарасар қылық басқа екенін ескерткендік қой әншейін» дейтіндей. Төбет неге сыпайылыққа басып, дау-дамайды қаулатпай тұр, оны бір ит біледі, бір ит білмейді.
Мәселе былай.
Көк қаншық бұл төңіректегі төбеттердің көңілін көтеретін бірден-бір бикеш. Көп үй күшіктеуінен қорқып қаншық ұстамайды. Есесіне тәбеттер жыртылып айрылады. Арыстандай аузы кере қарыс апайтөс «жігіттер» аула сайын шынжыр кеміріп жатыр. Қақаған қыста әлгілер, сабыр түбі сары алтын деп қойып үйшік-үйшікте жатса, көк шығып, алма шешек атысымен түмен-түменімен андағайлап түн әлеті серуен соғады. Түбіт жүні бұрқырап, құлағынан қара тұяғына дейін ай сәулесіне малынған көк қаншық бір бұрыштан әлгілерге қарсы ұшырасады.
Төбет көп те қаншық жалғыз. Сосын қайтсін, қайқы құйрықты сал-серілер табанда сұрапыл шайқасты бастап жібереді. Әр жерде ар-ұр арпалыс. Жаппай қыңсылау және гүрілдеу. Бір бармағын ішке бүккен қулары ұрымтал тұсты қаша жүріп аңдыса, Арыстан тақылетті аңғал, ұр да жықтары бір-бірінің мойнынан тарс құшақтап тік тұрған күйі, құдай берген азуды аясын ба, сарт-сұрт салысады. Көк қаншық кербез. Тірліктің мына пәруайсыз итіс-тартысына, марқасқалардың мына бейшаралығына немқұрайды қарап шетте отыр.
Арыстан сол көктемгі чемпионаттардың жауырыны жер иіскемес жеңімпазы. Көк қаншық бауырынан тараған күшіктер өсе келе Арыстанның балғадай аяқтарын, аяққаптай кеудесін қаз-қалпында қайталап жатса о да сол қызойнақтың заңды қорытындысы.
Жілікті көпе-көрнеу аузынан жырып әкеткен көк қаншықты төбеттің бас салмауының бір себебі сол көктемгі қызу күндердің құдай бұйыртса әлі-ақ келіп қалатындығын пайымдаған ішкі есепте жатыр.
Сөйткенмен де ұят-сұят, ізетті ұмытқан қаншықтың тап алдында сүйекті күтір-күтір кеміріп жатуы төбет ішіне от түсіргендей еді. Ішегі шұрқырайды. Басы айнала ма, қалай? Жата қап жер тырнады. Қыңсылады. Қаншық оны елеген де жоқ, жілік мүжудің қызық-шыжығымен әуре. Мына төбет бұған кәрі жілікті қимаса көктемде бір қиырда қалатынына сенімді. Тілесе Арыстаннан жастау «жігіттердің» соңынан еретініне көк қаншық күмәнсіз. Ал осынау майлы жілік басты тау-тасқа соқсаң да кез келген күні кез келген ауладан табыла бермейді.
Ақыры төбет шыдамады (еркек қой). Аяғын көтеріп, қаншықтың тұмсығынан түртті: «Пардон, мадам, қонаққа келіпсіз, қарсылық жоқ. Ендеше алдыға келген асты өле жегенше бөле жейік». Төрт аяқты бикеш дастарқан басындағы сыпайылық жайлы пәлендей салиқалы ой түйіп жатпады, атылып кеп Арыстанның башпайын шайнап алды да, жілікті тістей ауладан жытып тұрды. Қан-қан қолын жоғары көтере Арыстан сай-сүйекті сырқырата ұлысын кеп. Шамасы, әйел халқының көкайылдығы мен аспен атсаң, тас лақтыратын опасыздығы хақында өз түсінігін баяндап отырса керек.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТЫНЫС
Керіліп тұрып тептім... Қаз-қалпы анау жолғы көрініс. Сексен сомдық ақыл. Күшіктерді оятатын көрнекті ит. Жілік — Арыстан — шана — Шыңғысхан. Шанаға жегілген бала. Дүниенің қиянпұрыс бір бөлшегі және А. С. Пушкиннің қанша жасқа толғанын дұрыс есептейтін календарь.
...Сонымен Шыңғысхан алпамсадай ит жегілген шанада шырт түкіріп шалқайып отыр.
Тамашалап тұрайын ба, жүгіріп барып төбетті шештім де, жігерсіздігі, ездігі үшін керіліп тұрып, бөкседен тептім. Қаңқ етті де, зытып берді. Шыңғысхан қарсылық та білдірмеді, рахмет те айтқан жоқ, бетінен аязы шыға сазарып, шана үстінде отырып қалған.
Екі-үш күн өтті. Ауладағы қарды күреп жүріп, көше жақтан шыққан айқай-шуды естідім. Дуалдан бас қылтитып қарасам, қаз-қалпы анау жолғы көрініс. Қисықкөздің қолында шып-шып ойнаған шыбық астында Арыстан шананы тарта алмай қансорпа. Шыңғысхан жалғыз емес екен: артына баяғы шалбар шешкіш Маймақ жабысыпты. Екі езуі екі құлағында, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ.
Шана мысқал да ілгері жылжымағасын Шыңғысхан мойын бұрып Маймаққа әлденені сыбырлады. Қисық аяқтары ауада шеңберлер жасай Маймаң үйге беттеп, құлыперен қу талқан ұшсын кеп.
Не де болса екі нүкте — Шыңғысхан, Маймақтың қайта бірігіп бас қосуын тосуды ұйғардым. Арыстанды шама келсе түтіп жегім бар. Көрсе кісі қызығар балғадай қол-аяғы анау. Аппақ өткір азуларын қайда қоярсың. Қауып қырмасын, құрығанда құлақ жымитып, тіс сақылдатса Шыңғысхан да, Маймақ та шілдің құмалағындай шашылып, бауырсақтай бытырап қашпас па еді.
Өзін күшік кезінде алыс жамағайыннан асырап алғанбыз. Арыстан біздің қолға келмес бұрын бұғып жатып балақтан алатын қабаған болыпты. Өсіп төбетке айналғасын жамағайын Арыстанды ит базарына салып, сатпақ екен.
«Сексен сомға түсетін шығар. Сексен сомға сатылатын бұл пәтшағар кеше сыйлы қонақтың жүз сексен сомдық кремплин костюмін жыртып, черт возьми... Сосын аюға таяқ намаз үйретіпті дегендей... Сіз соның үстіне түстіңіз. Ал төр сіздікі, жоғары шығыңыз!» (Арыстанды аула айналдыра бишік астына алып жүріп жамағайынның көкеме айқайлап айтқан сөздерінен).
«Сол... кірсем әлгі неме иттің рәсуасын шығарып... Тегі аянышты. Қалтадан сексен сомды суырып ап: «Мә, жұмырыңа жүк болсын, тек итке тиіскеніңді тишы, жарқыным!» — дедім де күшікті қарғыбауынан жетектей шығып кеттім (көкемнің мамама айтқан әңгімесінен келтірілген үзінді).
«Ақылының құны бар-жоғы сексен-ақ сом тұратын кеуек бастар сексен сомды да өз орнымен ұстай алмайды» (мамам шыбын уына су құйып жатып, көкеме осыны айтқан).
Күшік бізді жатырқаған жоқ. Бишіктен түскен білем-білем жарасы жазылды. Жұнттай боп семірді. Мінез-құлқы өзгерді. Арыстан енді жамағайын үйіндегі баяғы ызақор күшік емес. Түн түсе көрші құрбы-құрдастарымен қутыңдап ойнайтынды шығарды. Бірақ бишік құдіретінің арқасында үйренген бір қасиетінен жаңылмады. Ол — адам атты екі аяқты пендеге қарсы шықпау, «жат!» десе жер бауырлап жата қалып топырақ иіскеу, «үш!» десе желмен жарысып алға зымырау.
«Аһ-аһ, зымырамасқа күш қайда, адам қолында менің пышақтай өткір азуларымнан да қорқынышты қарулар бар: жыландай ысылдаған бишік, көшеде домалап жатқан кез келген тас пен кесек... Анау жуықта көшіп келген қитар көз баланың шыбыртқысы да бишіктен еш кем түспейді. Аһ-аһ-һ! (Арыстанның біз оқи алмаған ойларынан кешірме).
Әйтпесе Арыстан ауланы жаңғырта үргенде, маңайдағы күшіктерді ұйқыдан шошып оятатын көрнекті ит қой.
...Маймаң үйден мүжілген дәу жілікті алып шықты. Шыңғысхан дереу ұзын таяқ ұшына әлгіні жіппен мықтап шандып байлады да, шанаға отырды. Жілікті ит басынан асыра тұмсығының алдына салбыратып тосты. Арыстан құрмет аралас сезіммен жілікті жасқана иіскегенімен орнынан қозғалмады. Шана маңындағы ұсақ балалар ұлардай шуласты.
— Өтірік айтыпты!
— Арыстан сүйек соңынан жүгірмеді.
Aha, түсіндім! Шыңғысханның ойынша мына қомағай төбет дәл қара тұмсығының ұшында тербелген жілікке жетем деп қан сорпасы шығып, құстай ұшуға тиіс. Ол жүгірген сайын жілік те соған сәйкес жылдамдықпен қашып отырады. Яғни ең алдымен жілік ауада қалқып зытады, оның соңынан ақымақ Арыстан жілікке жетпек үмітпен тілі салақтап кеп шапқыламақ. Ал төбет жегілген шанада ақылды Шыңғысхан мен Маймақ, рахаттанып отырмақшы.
Арыстандарға қарай беттедім. Шеке тамырым лыпылдай соғып, көз алдымдағы әлем буалдыр тұман ішіне шым-шым тереңдеп сіңе берді. Алға тастаған адым саны көбейген сайын миымның жықпыл-жықпыл қатпарынан шыққан үзік-үзік дыбыстар күшейе түсіп, бас сүйегімді шытынатып бара жатты. «Кім ақылды... Көрерміз... Шыңғысхан ақылды, басқа дүние ақымақ қой.... Қазір, қазір...» Ерінім қыбырлап келе жатса да, бұл сөздерді өз басым естіген жоқпын.
Алдымен Арыстанның мойнындағы жіпті шештім. Шана үстіндегі жапырайған Шыңғысханды жұлып алып, шеше алмастай түйіншектеп жаңағы жіпті беліне байладым. Шыбық басындағы сүйекті Арыстанға арнап үйден ала шыққан шұжықпен ауыстырдым. Енді Асан шыраң, шанаға шалқайып отыр да, шұжықты қисық көз баланың мұрнына тосып қойып айт шүу, алға тарта бер!
Несі бар, сөйттім де.
— Тарт, кәне!
Мен білсем, бұл бала қара жер қақ айырылса да шананы тартпайтын шығар! Қонжиып шанаға отыруын отырғаныммен осыны ойлағанмын. Өкіріп жыласа, томпақ аузынан өңкей жалынышты сөздерді керуен-керуенімен ағытса желкесінен әдемілеп бір түйіп, қарға қазан басын шанышпаймын ба? Сосын сүйеп тұрғызбаймын ба, киіміне жұққан қарды тазартып, адам болудың нақты-нақты төрт-бес жолын үйретпеймін бе, үйіне апарып салмаймын ба.
Шыңғысхан тартты! Және қандай! Қос табандап тұрып мықшыңдап сүйрелейді. Төңіректегілер мәз-мейрам. Оны шыбын шаққан құрлы көрмейді. Көзіне боталап жас толса да мықшыңдауын қояр емес. Қайсар бала маған деген үнсіз қарсылығы мен жеккөрінішін осылай білдірді!
Күн астында күмісше жылтылдап аспаннан құлаған қылау қамаған қаршадай бала кесір, қайсар болса да бұл дүниенің өз бояу, бейнесі бар бір бөлшегін құрайтынын солайша дәлелдеп келе жатыр!
Бұрқ еткен ашуды білекке шүйіріп жинадым да; «Өлер жерің осы, тап арқаңның тұсы!» деп жауырынынан шыбыртқымен тартып жібердім. Тас төбемде қайнап тұрған аязды ауа тілініп түсті де, Шыңғысхан шатқаяқтай етпеттеп құлады. Жау жығылса тізе бүккені. Иілген басты қылыш кеспейді. Шанадан түсіп қолтығынан сүйеп тұрғыздым да беліндегі жіпті шештім.
— Арыстанды неге ұрдың? Ұру жақсы болса жаңа ғана көрдің ғой.
— Арыстан ит те, мен адаммын. Итті ұруға болады. Көкемнен басқа ешкімнің мені ұруға қақысы жоқ. Ал сен тіпті де көкем емессің. Бар ғой, енді соғып көр... сотқа беремін.
— Көгершін ұрлап сатқаның үшін, жазықсыз итті шыбыртқы астына алғаның үшін сені кім соттайды? — дедім. Сөзімнің кітап жолдарындай жатық шыққанына әрі сүйсініп, әрі таңырқап қалдым.
Суағарын сүрте бәтеңке тұмсығымен қарды қарш-қарш теуіп тұрып мыңқ етті.
— Мен, мен... әдейі істегем жоқ. Сенбесең календарьдың кешегі бетін қара. Соның сыртына салынған суретте менен аумайтын бала шыбыққа байланған жілікті шанаға жегілген ит тұмсығының алдына тосып зымырап барады. Календарь қателеспейді, бәрін де дұрыс көрсетеді. Ай атын, күннің қашан шығып, бататынын, тіпті орыстың ұлы аңыны Александр Сергеевич Пушкиннің қанша жасқа толғанына дейін дәл есептейді.
Айтатыны жоқ, Шыңғысхан бір-ақ ауыз сөзбен аузыма құм құйды. Сасқанымнан аңқиып әуеге қарадым — шаңытып тұр-ау, аяз буып шаңытып тұр. Әйтеуір бір сылтау тауып Шыңғысханның аузын жаптырарсың, ал, А. С. Пушкиннің қанша жасқа толатынын дәл есептейтін календарьға қарсы не айтарсың.
ОНЫНШЬІ ТЫНЫС
Қайран, менің жерді жалпағынан басқан қос табаным... Қырың төрт әріптің пайдасы немесе көркем жазу дәптерінің бір жолы. Мен теледидар программасына қалай айналдым? Ақылды адам болудың әдістері.
...Кенет жерді жалпағынан басқан қос табаным көтеріліп жүре берді де үйілген күртік қар көз ілеспес керемет жылдамдықпен маған жақындай бастады. Іле қойын-қоныш, жағам қарға сықай толып, күртікке баспен тік шаншылғанымды аңғардым. Ту сыртымда қисық көз, беті жез леген түбіндей жайпақ та жылтыр бет әйел жеңін түріп шабынып тұр. Ой, мынау Шыңғысханның әнеукүнгі қарғап-сілеуге шебер сыпыртқылы шешесі ғой.
Көмейіме кепелеп толған қар ерісімен ең дөрекі дыбыстарды жамырата пора-пора еңіреп жылағым келді. Танау тыржитып, көз тостағаныма жас шақыра бергенде ойда-жоқта сәулелі ой сап етті: ау, жылап-сықтап сора ағызатындай менің қандай кінәм бар? Ине жасуындай да айыбым жоқ. Шыңғысхан менің итімді ұрса, оны мен ұрдым. Сыйға сый, сыраға бал. Есеп 1:1. Өйтсе тістей қатып жақ қарыстырып, егескенде жыламау қажет.
Ми қабаттарымның сай-жүлгелеріне бұғып қалған «көз жасы», «жылау» тәрізді зат есім, тұйық етістіктерді үркітпек оймен қарды қауып-қауып алдым да, «Шыңғысхан» кітабындағы (авторы Ян, атын білмедім) қатыгез қаһан шешесінің атын ойша іздестіре бастадым. Тұрқан қатын! Жоқ, ол Хорезм шахының шешесі - тін. Қанша бас қатырсам да Шыңғысхан шешесінің аты түгіл, Шыңғысханның шешесі деген күрделі анықтауышты таппай қапа болдым. Айтпақшы, кітапта ондай әйел туралы жазылмаған екен ғой. Қойшы, жалпақ бет апай желкеден құдитып түйгенде неге ғана ат тауып бермедің деп ұрмаған шығар!
Жалпақ бет апай Шыңғысханды жетектей үйге тартты. Олар үйге әбден кіріп кеткесін екі қолыммен қар, дұрысы, жер тіреп түрегелдім. Төрт құбыла тырқ-тырқ күлкі, пыш-пыш сөз... Басқа уақ болса боздап қоя берер ем, кішкене ғана «құлыншақтардың» мына бірауызды кісінесінен кейін ол ойдан айнып қалдым. Жоқ, күлегештер, Асан көзінен шұбырып аққан жасты көргенше ішектерің көгерер!
Мен тіпті де ботадай боздау үшін Шыңғысханды шанаға жеккемін жоқ.
Арыстан ошақ орнындай қарды құйрығымен тұншықтырып, тілін салақтата төңірегіне алақ-жұлақ қарап отыр.
Неменеге ыржақтап жетісе қалған десейші? Жалпақ бет апай енемді етбетінен түсіргенде де өстіп шат-шадыман болды ма екен? Кинодағы елдің иті иесі жер құшып жатқанда бүйтіп шат-шадыман тіл салақтатпақ түгіл, жау арқасына асыла кетіп, желкесін қиып түседі. Арыстан ондай ғажап ерлік жасамай-ақ қойсын, құрығанда Шыңғысханның шешесі мені желкеден отыртқанда тұмсығын шошайта бірер мәрте үріп болса да, қоқан-лоқы көрсетсе етті.
Көкіректегі сіреу-сіреу кептелген ыза-ашуды табан астына ызғарлана шырт түкіріп тастадым. Үйге бет алдым.
...Сорпаға тыңқиып тойып алғасын сампылдап сөйлеу, әй, қиынның қиыны. Шыда, шыдама, біздің үйде қалыптасқан темір тәртіп солай. Күні бойы кім ие істеп, не қойды, қырындысына дейін қалдырмай алфавиттің қырың төрт әрпінің көмегімен жатар алдында суреттеп шығуы қажет. Мәселен: «Таңертең тұрғасын еңірете есінеп терезеге қарасам, дәу сары күн күлмең-күлмең ішке үңіліп, әйнекпен жоғары өрмелеп барады екен. Көз уқалай сыртқа шықтым. Бақша түкпіріндегі ағаш үйшіктің шекесіне қонақтап отырған сауысқан тынымсыз шықылықтайды. Үні тегі сүйкімсіз. Не күй, не ән емес. Тас атып үркітіп жібердім де ышқыр көтеріп қойып, әлгі бақша түкпіріндегі он, он бес есе үлкейтілген қара торғайдың үясы ұқсас үйшік есігін ашып ішке кірдім...» Одан әрі кіммен төбелесіп, кіммен қойдым, шатым айрыла жаздап қай арықтан қарғыдым, қысқасы, күндік өмірім көркем жазу дәптерінің әдемі түскен бір жолындай көкем, мамам алдында жазылып жатуы қажет.
Әйтпесе теледидар программасын білесің бе? Кәдімгі қашан, қандай мультфильм, спектакль, концерттер көрсетілетіні сағат, минутына дейін тәптіштеліп жазылған қос бет программа. Мен де бір күнімді сол программа дәлдігінен аудармастан баяндауға міндеттімін. Яки ақыл-есі жүз процент бүтін бала түнгі сағат он шамасында теле программаға айналып, әке-шеше алдында су жаңа он сомдықтай шытырлап жатуы керек.
Сосын көкем, мамам; «Бұл фильм ескі», «Ойбай, он бірде «Досмұхасан» бар», «Досмұхасан?.. Соны күнде тыңдап құлақ сарсытып жүрміз ғой, одан да жапон эстрадасын көрейік»,— деп сөз алмасатындықтары сияқты көзді бақырайтып қойып, күні бойғы жақсы-жаман қылықтарымды жілік, мүшелерге бөліп сараптайды. Екеуі болымсызға бордай тозып, қит етсең қожаңдағыш қазымыр адамдар санатына қосылмағанмен бәрібір, бәрібір әр күні кешке сапасыз бозғылт қағазға басылған (бағасы бар болғаны екі-ақ тиын!) программаға айналып, майлық-сулыққа жаратылу кімнің шекесін шылқыта қойсын!
Өзің көке, мама болмағасын көрер күн осы да.
Бүгін де кешкі астан соң әдеттегідей программаға айналдым да жарты сағаттан соң қайтадан он үш жасар сүйкімді бала қалпыма түстім. Шыңғысханмен шекіскенімді жасырғам жоқ. Таяқ жегенімді де айттым.
Екеуі бір-біріне мәнді көз тастады да төргі бөлмеге кіріп есік жапты. Мен терезені тұтқан түнге қарап есінедім. Құдай біледі, дәл қазір төргі бөлмеде көкем, мамамның қол-аяқ, бүткіл денемді «сөз» атты суық семсермен аяусыз бұтарлап жатқанына бәс тігуге бармын.
Қабырға сағат дыңылдады. Селк еттім. Мамам есікті лақтыра кәсекке жапсырып тысқа шықты. Top үйден ілесе шыққан көкем орындыққа жайғасты да сұқ саусағымен стол бетін тықылдата бастады. Барынша маған қарамауға тырысады. Тақ-тұқ, тақ-тұқ... Тырнақтары өскен саусақтары бас сүйекті тесіп өтіп, миыма тиіп жатқандай тегі шыдай алар емеспін.
Сүт пісірімнен кейін сықырлап сыртқы қақпа ашылды. Арыстан үрді. Біреулер дабырлай аулаға кірді. Іле есік ашылып, әуелі Шыңғысхан, соңынан әке-шешесі, мамам кіріп келді.
Әкесін қол созым жақыннан көруім осы болар. Бәкене бойлы, төртбақ. Қамыт аяқ. Тамырлары контур картадағы Қарақұм каналындай адырайған қолында жұмарлап қысқан быж-тыж құлақшыны бар. Биік табалдырықты аттай бере сүрініп кетіп еді, бісмілләсі аузынан қоса шықты.
Көкесі ұнады.
Шешесі кердеңдеп кірді. Жеңі манағыдай түрулі. Басын арғымақ аттардай орынсыз кегжитіп шалқайта береді. Көз қиықтарында салқын сәулелер қашып жүр. «Мен келдім, ал қайтесің?» деген нығыздығын шама-шарқы келсе танытқысы бар.
Кердеңдеген кісі ұнаған жоқ.
Көкем қалбалақтап орындық ұсынды. Шыңғысханның төртбақ әкесі тұрған орнында тыпыңдағанымен, босағадан бәрібір ұзамады. Шешесі керісінше ірі-ірі адымдай, көйлегі көлбеңдеп қасыма келді де, жас қыздың әбжілдігімен жүрелей қап, қышқыштай қатты саусақтарымен мұрнымнан шап берді. Қорыққанымнан бақыруға шақ қалдым. Оң қолында аяғы анадан бір, мынадан бір тиіп Шыңғысхан ұшып жүр.
— Ий-й, айналайын, суық тиген бе өзіңе? Танауың бітіп тұр, түге. Қане, сіңбірші. — Сасқанымнан: «Кһе, кһе!» деппін.
— Құда да тыныш, құдағи да тыныш, төрт көз түгел тұрғанда татуласа қойыңдар, көкетайлар! Құдайы көрші тұрып иттей қырқысқандарың қай құтырғандық? Естір құлақ, көрер көзге ұят та. Әйтпесе, айтпады демеңдер, жерге қағып қайта суырмасам атымды басқа қойыңдар. Тура пәре-пәрелерің шығады.
Сасқанымнан бақырайып мамама қарадым. Екі қолын қусыра ол маған тесіліп қарайды. Қалған көмекті көкемнен күтіп, алақтай соған бұрылдым. Көкем жар дегенде жалғыз ұлын сөзі көп, көзі көк долы әйелдің пәре-пәресін шығаратынына қанағаттанған қалыппен басын үсті-үстіне изейді. Шыңғысханның төртбақ көкесі ұмар-жұмар құлақшынды басына кептеп киіп ап, жұлдыз санап тұрғаннан жаман көзін адырайтып төбеден айырмайды.
Мамам жұмсаң, жылы алақанымен басымнан сипады. Ыстық демі бетімді шалды.
— Сөйтіңдер, татуласа салыңдар!
Көкем шылым тұтатып, аузынан көгілдір сақиналардың әлденешеуін бүп-бүтін күйі бөліп, жоғары ұшырып жіберді де, түтінге қақала-шашала:
— Өһ, өһ, менің балам ақылды. Өзіме шын тартса татуласады, — деді.
Мамам, көкем, Шыңғысханды білмеймін, оның әке-шешесі — бәр-бәрі сандық түбіндегі куәлік Қайырсын кіндігінен тарағанымды бақандай он төрт жылдан бері дәлелдеп жатса да көкем баласымын ба, жоқ па, сол күдіктің шын-өтірігін анықтауды тосып тына қалды.
Шыңғысханға қол ұсынып, көкемнің бел баласы екенімді дәлелдедім.
Төңірек шу етті.
— Баяғыдан сөйтулерің ғой.
— Міне, ақылды жігіт!
Солай, соқыр Қиқабай, татуласуым мұң екен, кереметтің күшімен ақылдыға айналдым. Соған қарағанда адамдармен бас сап татуласа берсең, түптің түбінде кемеңгерге айналуың да мүмкін.
ОН БІРІНШІ ТЫНЫС
Жер шарындағы, көршілер арасындағы бейбітшілік жасасын! Менің құным көк тиын. Өлездікке үйретудің жолы — таяқ, тағы таяқ. Төбет туралы салиқалы ойлар. Шыңғысханға не жорық? Он екі жасар бала, тоғалы римдік және комендант әйелге төн қасиет.
Қатты жәбірлендім. Арыстан үшін, Арыстанға да жәбірлендім. Төбелес-ұрыс төбет төңірегінен тараса да, Арыстан бұл аула, кеше, қалада, планетада өмір сүрмейтіндей ол хақында жұмған ауыз ашылмағанына назаландым. Мені қойшы, желкеге тиген жұдырықты да, қасат қарға құдиып басымнан тік шаншылғанымды да ұмытармын. Кең де жарың мектеп, экранынан сүт тектес көгілжім жарың төгілген теледидар, «Робинзон Крузодай» қызық кітап, құрбы-құрдастар сетінеген көңілді сылап-сипап жазып жіберер-ақ.
Онсыз да өмірі үйшік, аула, көше аумағымен ғана шектелген, маңайы арыл-гүріл, жалаңаш тістерге толы Арыстан шанаға жегіліп, мойнын қарғыбау қажап қиғанын, жонына шыбыртқы шып-шып тигенін ғұмыры жадынан өшіре алар ма.
Мамама, көкеме бағыштаған қара қазандай өкпем жуыр маңда жібімес. Шыңғысхан екеумізді татуластыру үшін соншама тыраштанып жаныққандары несі? Құрығанда төбелес себебін сұраса етті. Олар — ересектер тілесе болды, біз — балалар бір-бірімізге арнап қойнымызға қара тас сап тұрсақ та құшақтаса кетуге тиіспіз. Иә, солай, жаңа ғана үлкендердің жан тыныштығына бола Шыңғысхан екеуміз бір-бірімізді іштей жеккөре тұра сырттай дос екенімізді жұртқа түсіндірмек болдық, сөйттік. Кімді алдадың сонда? Өзімізді ме? Шыңғысхан бұдан былай кептерді көршілерге сата ма, Арыстанның жанын қинап шанаға жеге ме, жоқ па, тым болмаса ол туралы ләм-мим сөз қозғалсашы. «Татулас, көгершін ұрлап, ит жексе де, өкпе-бауырың езіле елжіреп ұрының, ұрғыштың мүбәрәк қолын құшырлана қысып татулас, татулас... Жер шарындағы және көршілер арасындағы бейбітшілік жасасын! Ура-а!» Айтары да, істегендері де сол болды ғой.
Жанжал себебін білгілері келмесе, білмек түгіл жұмған ауыздарын ашпаса шынында да біз не, бағасы екі тиын программа не, нарқы бір болғаны да. Егер мен ойлаған оймен, бастан өткерген күйініш-сүйінішіммен санасқылары келмесе, онымен тынбай алдап-сулап татуластыруға тырысса, «өзіме тартса татуласа салады» деп кещеге санаса расында да құным көк тиын екен.
Айтпақшы, Арыстан өзін өзі осы неге қорғамайды? Қашанғы үстіне түсіп, шыр-пыр боп жүрмекпін? Қыл аяғы қыбырлаған құмырсқа да ұстасаң тістеп-шағып, құтылар амалын қарастырып жатады. Төбет құмырсқа қасында апан ауыз қаһарлы жануар ғой.
Кей-кейде төбеттің тым өлездігіне күйіп отырып, оны осыншалық жүрек айныр ездікке қалай, қай жерде нендей амал-айламен үйреттік деп жат та ойланамын. Басқаның иті шанаға жекпек түгіл ауласының маңынан өтіп кетсең арс-арс жұлынып жынығады. Ал мынау...
Сол ездікке Арыстанды зорлағандай болып өз қолымыздан үйреттік қой, біз үйреттік.
...Аяғын басқан сыйлы қонақтың балағынан ала түсіп, жүз сексен сомдық кремплин костюмін бүлдіргеніне бола жамағайынымыз күшік Арыстанды ауланы айналдыра қуып жүріп, бишікпен ұзақ сабады.
...Арыстанды сексен сомға сатып ап, біз асырағалы ай да толмаған. Күндердің күнінде көп келімсек біреудің тәйтік ұлы күншуақта қалғып жатқан күшік тұмсығының дәл ұшынан шертіп қап еді, танауы тызылдап қоя берген ит аясын ба, қауып тастады. Арыстанның алдындағы аяқ қатарынан үш күн ас құйылмай қаңсып жатты.
...Кейін көршілердің итімен таласып шырық кетіре бермесін деп мамам жаңа туған жас күшіктерді Арыстанның үйшігіне әдейі түнететін. Әлгілерді үйшікке оң қолымен салып жатып, сол қолына қайың таяқты ұстап, әзір тұрушы еді. Жат иіс, жыртима көз, жылбысқы денелерді көңілі қош көрмеген төбет күшіктерді желкеден тістеп үйшіктен шығара беріп еді, сарт тиген қайың таяқтан белі қайқаң етті.
Қайырылып кеп бар ашуын, көзін тырнап ашқалы көрген қорлығын азуына қас қағымда тас түйін жинап таяқты қапты, тістен де қатты таяқ азуын сындырды. Таяқ аюға намаз үйретеді. Көп ұзамай таяң жоғары көтерілсе қайрылып қаппақ түгіл, жағымпаздана жер бауырлап жата кететін әдет тапты.
Күшіктер төбет үйшігіне түней бастады.
Арыстан ақыры көктемгі күндер болмаса алыс-жұлысты қойып алды. Таласты тыйған жаман емес-ті, құлағы жырымдалып қанап жүруден ада-күде құтылды. Табағы дәмді сорпа, сүйек-саяққа дәйім лықылдап толып тұрса итке темір не керек.
Қайың таяң ұстаған екі аяқты пенденің айтқанына көніп, жұмсағанына жүгірсе, тұрмыс та түзелмек екен. Таяқ пен табақ Арыстанның санасына осы қағиданы мықтап шегелеген. Сосын тіпті үруді қойды. Бадыраң көз, сен тимесең, мен тимен. Сөйтсе көршілердің де, біздің үйдің де, ең бастысы Арыстанның өз құлағы да тыныш екен.
Өстіп құдай деп көкқаншыққа қырындап жүріп жатқанда, шылқыма өмірдің шаңырағы ортасына түсті. Бағыну, құрдай жорғалаудың ылғи да аяқ толы дәмді сорпа сыйламайтынына Шыңғысхан Арыстанның көзін мықтап жеткізді. Әдеттегідей құрдай жорғалап, құйрық бұлғап, шана сүйреп еді, барған сайын шықпырта сабайтын болды. Ал шебер болсаң құйрықты оңды-солды бұлғаңдат та шықпыртып сабаудың терістігін түсіндіріп көр. Шыңғысхандар, шыңғысханшылар қайта: «Таяқ жаққасын мына ит құйрығын бұлғаңдатып тұр екен. Өйтсе тағы біраз сабап алмаса болмас», — деп тағы тарпа бассалатынында сөз жоқ.
Шыңғысхандай қол-аяқсыз домалақ пәледен Арыстан әуелден оз басын арашалап алуына болатын. Оның жолы оңай. Қисық көз бала жаман оймен жақындай берісімен тістерін түгел жалаңаштап, аса қаһарлы раймен ырылдауы керек-тін. Яғни «Жолдас, жаман, әлде жақсы баласың ба, ол арасын оншалықты айыра алмаймын. Сөйтсе де маған тым жақындамағай. Әйтпесе, оңдырмаймын деген соң, оңдырмаймын. Одан да маған дейін бес адым қалғанда тоқтай қал да жақсылықпен айналып өт!»
Басқа-көзге сабап үйреткен «сабақ» кесірінен Арыстан өстіп жасып, қорлық-мазаққа еті өліп, үйреніп кетті делік. Бесіктен белі шықпаған Шыңғысханның төңірегіне қасқырша қарауына не жорық? Ашық аспанда үнсіз әуен болып дірілдей қалықтаған момын кептер оның ойынша қалтаға сылдырап түсер үр жаңа үш, бес, он, он бес, жиырма тиындық темірлер ғана. Арыстан — Шыңғысханның әлі өсіп жетілмеген қырсыққа толы жүз қырық қадақтық денесін шанаға сап сүйретуші төрт аяқты, қос құлақты хайуан.
Олай болса, төбет қызыл қан түйіршігінен, ет-сүйектен жаралған-ау, өйтсе қарғыбау мойнын қиып қиналады-ау деген ой оның басына қуаласаң кірмейді, кірмейтін шығар. Немесе ыза буып тұмсығы шошайып үрер, яки ессіз қуаныш кеудесін қамап, аула ішін кезіп орғи-орғи жүгірер, о да жаны, демі бар мынау тіршіліктің қызық-шыжығына ортақ-ау... Жо-жоқ, қисық көз бала санасындағы бұл ұғымдар әдемілеп тұрып үшкірленген қара түсті қарындашпен баттита сызылған.
...«Ерте дүние тарихындағы» сән-салтанатты тоғалы римдіктер үшін құлдар тек қауға тартушы, амфитеатр салушы мың сан рычагтар. Олардың одан басқа өмір сүруінің мән-мағынасы үлкен де үнсіз, үнсіз болғандықтан қорқынышты нольге тең. Мейлі, құл қас сұлу патриций қызға есі кете ғашық болсын, туған елі жағынан жылы самал ескенде жүрегі шымырлап сағынышқа бөленер, әлде әуелетіп аспан астын ғаламат әсем әуенге бөлей білетін әнші шығар, бәрібір, бәрібір оның таңбалап басылған аты жалғыз; ол — қауға тартушы, амфитеатр салушы дүлей күш қана.
...Жуықта класс жетекшісі бізді «Кәдімгі фашизм» атты фильмге ертіп апарды. Әуелі ұйқы келіп әрең отырдық; өңкей бір документтер, фотосуреттер, адамдары орашолақ секіре жүгірген ескі кадрлар... Орта тұсында бір есінеп тастап тағы қарасам... Дахау концлагері комендантының әйелі кадрде тұтқын терісінен тігілген биялай киіп, тамашалап тұр екен. Иә, иә, тұтқын ол үшін жоғары сапалы жылтыр теріге жарайтындығымен бағалы.
Біздің Шыңғысхан — ерте дүниедегі рим құл иеленушісі — отыз жыл бұрынғы комендант әйелі. Біреуі — он екі жасар жас бала, екіншісі — ересек еркек, үшіншісі — әйел. Бірақ, бәрінің басын ортаң қасиет бір қазанға салып біріктіріп тұр. Ол, ол...
Түу, ойлауға да қорқынышты.
Бұл жексұрын қатарға қалай іліккенін Шыңғысхан ешқашан да тісінен шығармайды. Айтса осыған дейін ай қарап жүр ме. Егескенде бәлемді керіп қойып, бағзы замандағы түріктердей кеудесіне қызыл шоқ та баса алмайсың. Басып кер, бақандай бес жылға соттатып жіберсін. Тағы тымпиып жүріп біреудің көгершінін бәкіге айырбастауға, итін шанаға жегіп шықпырта сабауға тым шебер.
Сонда тогалы римдік, комендант әйелі, Шыңғысханның тасжүрек боп өсуіне кім кінәлі? Олар ә деп туғанда беліне семсер, тапанша байлап, қолына шыбыртқы ұстап шыр етпеген шығар.
Білмеймін, білмеймін... Бәлкім, Шыңғысханның өзі де білмес, білсе айтпай ма?
ОН ЕКІНШІ ТЫНЫС
Дос та, жау да емес. «Көкем — мамамның күйеуі». Қасапхана симфония секілді сыңғырлағыш сөз. Көп ұзамай қала шетіне шықтық. Қарлы алқапқа қадалған сансыз жебелер. «Әне, қасапхана!»
Шыңғысханның мың құбылған мінезін мықты болсаң түсініп көр. Дұрыстап дос бола алмады. «Е, мейлі, ендеше араздасайық» деп ұрсысып көріп ем, дұрыстап жауласпады. Көнтек аузы бұртиып жүрді де қойды. Аузын бұртитса аспан айналып алдыма түсе қалмас деп алшаң басып мен жүрдім. Ол көрінсе қолымдағы шыбықты зу-зу сілтеп, тістеніп аламын. Сосын қолма-қол бетіне бақырайып қарай қаламын ба, қызық енді.
Осы бір қырсың баланың ішінде тағы не қайнап жатқанын білгім келетіні-ай десеңші!
Бір күні үйге кіріп бара жатыр ем, қол бұлғап шақырып алды. Кезекті қиястық күткен күйі күдіктене басып қасына жақындадым.
— Қасапханаға барғың келмей ме? — деді ол пальтосының сынық түймесін немқұрайды шұқылап тұрып.
— Қандай қасапхана?
— Мәссаған, қасапхананы білмейсің бе? Көкем қазір соның басында.
— Көкем?
— Немене, көкем, көкем... Көкем—мамамның күйеуі.
— Ол онда не істейді?
— Не істеуші еді, жұмыс істейді. Қайда, мен мектепке барғаннан бері қасапханада. Бұрынғы тұрған жеріміз жұмыс орнына алыс болды. Тастайын десе ақшасы, пайдасы көп дейді. Сосын амалсыз сендердің қастарыңа көшіп келгеміз. Әне солай. Адам жұмыс істеген соң қарны ашады, қарны ашқасын тамақ керек. Сол тамақты көкеме мына мен апарып беремін.— Сөйтті де қолындағы термос, қағазға ораулы әлденелер салынған торды сыртынан мақтанышпен ұрып қойды.
Қасапхана?! Галактика, электроника, қасапхана! Қалай-қалай қиылысып сыңғырлайды, ә? Тура симфония дерсің. Жұмбақ та қызық зат! Сол жұмбақ та қызың заттың атын естісем де өзін көрмеппін. Барсам барайыншы. Ол үшін тонымды шешіп алмас. Оның үстіне Шыңғысхан екеуміздің әнеукүнгі жанжалымыз ғұмыр бойғы жанжалға ұласып кетпес. Көршілігіміз рас болса, бәрібір күндердің күнінде төс соғып, татуласуға тура келеді. Бұл сығырмен ауыз жаласпасаң да ұрсысып төбелеспей бейбіт жүрген жөн.
— Кеттік!
Көп ұзамай қаланың шығыс шетіне шықтық. Күн шайдай ашық, жылы. Үп еткен жел жоқ. Табан астындағы қар қаңтардағыдай құлақ-шеке шағып шықырламайды, біртүрлі жұмсақ. Бетіне мөлдір мұз қабыршықтар селдірей қатыпты. Әр жері тесіліп қарайған төбешік үстінде ұзақ қарғалар шоқақтап секіреді. Пысынағасын құлақшынды шешіп қолыма алдым. Арыстан қар бел ортасынан біркелкілеп кескен түп ши түбінде фотоға түсердей оң аяғын минутқа жуың көтере қатып тұрды, кенеттен пысқырып салды.
Күн едәуір көтерілген. Күнді мың миллион ұсақ бөлшектерге бөліп қабылдаған қарлы алқап жарқырап жатыр. Қурай-ши бастары қыраудан арылыпты: су тартып солғын тұр. Бейнебір көп сарбаздың қатар-қатар тұра қалып, шірене тартқан сансыз жебелері дала төсіне сауылдай құдиып қадала-қадала кеткен сияқты. Тыныштық, ұлы да қаһарлы тыныштық! Тек көз ұшындағы көкжиекті көктей асып бара жатқан тіркемелі трактордың гүрілі талып жетеді. Тыныштық, ұлы тыныштық!
Қары соқталанып қарайған соқпақ дөңнен асып, бізді ойпаттағы үлкенді-кішілі үйлерге жалғасқан қора сықпыттас ұзын қоршаудың тап желкесінен әкеп түсірді. Сол-ақ мұң екен, ұйыған тыныштық алыс көкжиектерге шегініп, төңірек жанданып сала берді. Қала, қоршау арасына шек боп тартылған электр бағаналары бірқалыпты дыңылдайды. Қой-сиырдың мөңірегені естіледі. Ара-тұра адамдардың дабырлап сөйлескені, айқайласқаны құлаққа жетіп тұр. Әлде қи ма, әйтеуір күлімсі иіс сезілгендей.
Шыңғысхан көпе-көрнеу көңілденіп жүре берді. Дөң басында кинодағы Наполеонша танауы делдие қолын қусырып қалт тұра қап, мен бұрын естімеген кісі қызығарлық ашық, айқын дауыспен:
— Әне, қасапхана! — деп саңқ етті.
Құлдыраңдап төмен беттеді. Электр бағанасы дыңылдайды, сиырлар мөңірейді. Қой маңырайды.
Сүттей ұйыған тыныштың бұзылған екен...
ОН ҮШІНШІ ТЫНЫС
Құрым етік қонышты әукесі бар қара бұқа. Төрт-бес жігіт сыртқа шықты. Таяқ искеген Арыстан. Тағы да қара бұқа — қара шаршы. Аспан — жер аралығында маңыған әр түрлі дыбыстар. Түйнек тигендей қар үстінде аунадым кеп, аунадым.
Қасапхана қасына жеттік.
Биік келген ағаш қоршауға маңдай тірелді. Мал жүні жабысқан жуан, жылтыр бағаналар... Әбден қи толастырып шегеленген қалың қара тақтайлар көкжиекті көлеңкелеп тұр. Қаншама қиюластырылса да қалың тақтайлар арасынан жіңішкеленіп ұзынынан ұзақ созылған жарық, саңылаулар қалыпты. Көріп тұрмын — сол саңылаулар қоңыр, қара, тоқал, мүйізді өгіздер мен сиырларға лықа толы. Ауыз-мұрындарынан бу атқылап, тұяқ сыртылдата қабырғаны жағалай айналып жүр. Өңкей бір жүні жылтыраған тоқ, семіз. Әсіресе, кішкене қызыл көзді нән қара бұқа ғаламат қорқынышты. Әукесі құрым етіктің қонышындай қатпар-қатпар. Тұрқы есік пен төрдей. Белі салыңқы болса, жотасы күдіс. «Бө-ө!» деп қойып, әлсін-әлі тұяқтарымен жер тарпи төңірегіне аса ызғармен шатақ іздеп қарайды. Алда-жалда ол қозғала қалса, басқалары көксауыр шортан ықтырған шабақтарша жан-жаққа бытырай шашырап жол ашады.
Екі қатар сұр үйге жалғасқан қоршау бұрышындағы темір есік сықырлай ашылып еді, іште қамалып, булығып тұрған қара көлеңке сыртқа лап беріп, кәсек бетімен бет боп қара шаршы құра қалды. Сол қара шаршыдан бөлініп, төрт-бес жігіт сыртқа шықты. Қолдарына ұстаған темір істікті ағаш таяқтары... және жарқыраған транзистор бар. Істік соңына жалғанған сым ирелеңдей электр бағанасындағы жүйеге жалғасып жатыр.
Шыңғысхан жеңімнен жұлқыды.
— Қара, әне қарашы! — Қарау үшін әуелі сол «Қара!» деген адамға қарап алу керек. Бұрылып Шыңғысханның бетіне қарадым да таңданғаннан ауыз ашып қалдым. Қиық көзі кәдімгідей үлкейе жалтылдап тұр. Бет ұшында әдемі арай бар. Өсік тырнақтарын шыдамсыздана тістелеп, қасапхана жақтан көз айырар емес. Нақ бір қаланы алуға қамданып жатқан қалың қолына тағатсыз қарап тұрған қаһан дерсің.
Ал қарадық. Қарайтындай көз жауын алған түк те жоқ. Жігіттер тістеген шылымдарын будақтатып езулерінде әрлі-берлі ырғытады. Қарқылдаса күлісті. Қара бұқаға көздерінің сұғын қадап, тореро, коррида, испандықтар жайлы бірнеше байсалды пікір айтты. Күдіс мойын, қалың қабақты біреуі — ой, мынау Шыңғысханның құлақшын жұмарлағыш көкесі ғой — таяқ ұшын бұқа жонына жанай тигізер-тигізбес сипап өте шығып еді, әлгі зіл шойын денесін бұйым қырлы көрмей ілгері ытқып, сиыр-торпақтарды бұзып-жара қоршаудың қарсы бұрышына тығылды. Артқы аяғын ауырсына сілкілейді. Көзі шатынап, көжекше дір-дір етеді. Тіпті қарауға ұят.
Бұқа циркте сальто-мортале жасағаннан жаман жігіттер көмейлеріне дейін көрсетіп ал қарқылда, күл. Іле анекдот бастап кетті.
— Ерте, ерте, ертеде ауыл үстінде аэроплан айналып жүріпті. Иттер үйшікке тығылып, ешкілер маңырап, ауыл азан-қазан. Көз тырнап ашқалы мұндай құбыжық көрмеген адамдар әлгінің неткен зат екенін айыра алмапты. Сонда бір пысың тұрып: «Жолдастар және достар, мұны молдаға көрсетейік. Ол әлемдегі жұмбақ сырлардың бәрін білуге тиіс. Молда әуелі құранды да ежіктеп оқи біледі», — депті.
Сәлдесі басынан түсе жаздап молда да аспанға көз алартып көп қарайды. Пырылдаған пәленің не екенін білмегесін көз алартқанмен не пайда. Молдекеңнің маңдайынан шып-шып тер шығады. «Иә... Мұның нендей жын-сайтан екенін мына миғүлаларға айта алмасам абырой айрандай төгілмек. Сәлдеде де, сақалда да қадір қалмайды. Қайткенде бірдеңе ойлап тапқан дұрыс». Ақыры молда сақалы шошаңдап тұрып; «Бұл жүз жасаған маса!» — дейді сұқ саусағымен аэропланды нұсқай.
Ел оның бұл данышпандығына таң қап, жағаларын ұстапты. Молда сақалын уыстап: «Кһе, кһе!» дей берсе керек. Ұялудан ба, қуанудан ба, оны құдайдың бір өзі білсін.
Шыңғысханның иығынан тарттым.
— Анау таяқтары несі?
Ол бетіме қадалып ұзақ қарады. Байқаймын, адам ойламас топас сұрақты қайдан тауып қабырғадан қоя қоятыныма таң қап тұр. Сәлден кейін көзінде кекесінге ұқсас жағымсыз жалтыл ойнай бастады.
— Қазір білесің. Жүр, қоршау ішіне кірейік. Арыстанды да қоса ертіп ал.
Қақпаны ашып, ішке кірдік. Жігіттердің жастауы жақындап кеп, Шыңғысханның арқасынан қақты да айқай салды.
— Көке, көмекшіңіз келді, қарсы алыңыз!
Шыңғысхан жымың-жымың. Маған онсыз да қысық көзін қысып қойды да жаңағы жігітке:
— Аға, таяқты бере тұршы! — деді.
Таяқ қолға тигесін Шыңғысхан саусақ үшімен Арыстанды шақырды.
— Кә, кә!
Сарқыттан құр қалардай төбет арсалаңдап қасына жетіп барды. Әнеукүні ғана Шыңғысханның шыбықпен шықпыртып, көзіне көк шыбын үймелеткенін таза ұмытыпты.
— Арыстан, Арыстан, кә! — Ол таяқты төбет тұмсығына созды. Реті кеп тұрғанда не зат болса да бәлсінбей иіскеп, май ма, нан ба, анықтап қалған дұрыс. Ит пешенесіне жазылған жазмыш осылай болғасын төбет сыңси қыңсылап, дымқыл тұмсығын таяқ ұшына жақындата берді. Мәссаған, нан мен май! Тигізер-тигізбесте-ақ ащы дауыспен шаңқ етіп, тұрған орнында тырапай асты. Екі-үш мәрте аунап кетті. Ақыры ашың қақпадан атып шықты да, ұли беріп: «Осы ұлу менің қай теңім, тағы бір кесел-кесепатқа ұшырамай тұрғанда алды-артқа қарамай зытайын» деп шешсе керек, қар басқан құладүзді беттеп қаша жөнелді.
— Хи-хи-хи... — Жалт қарасам, Шыңғысханның шіңкіл күлкісі ит соңынан айтақ салып барады екен.
Ерінімнің қанын шығара қыршып алдым. Мүмкін, шып-шып қан шығуы да ықтимал. Үнсіз шыңғыра бұрқ еткен ашу мен ызаны тас түйілген жұдырығыма жинадым да, қисық көз балаға беттеп жақындай бердім.
— Ананы қара! — Шыңғысхан үні шымыр шабытпен шаңқ етті. Ерекше ынт-жынтпен алға ұмсына әлденеге құштарлықпен көз тігіп тұр.
Ұйлыққан сиыр, өгіздер айқара ашулы темір есікке — қасаптың қара шаршы аузына қарай ауыр қозғала бастапты. Жаңағы жігіттер табыннан жырылып қашқандарды жасқай топқа қайта қуып тығып жүр.
Тек босағаға ілулі транзистор төңіректі басқа көтере саңқылдап сөйлеп тұр.
Табын алдындағы қайраулы көк сүңгі — күдіс мойын қызыл көз қара бұқа. Жеке озып, жерді оярдай тұяғын шиіре салмақпен тастайды. Шашасына қатқан сірне-сірне кесек мұз аттаған сайын суық сыртылдайды. Жүріп келе жатқан күйі қайқы қылыш тәріздес бунақ-бунақ сақиналы қарағай мүйізін қаһарлана шайқап, танау тартады. Нықтап басқан күйі анау алақандай қара шаршыны қазір мүйізге іліп лақтыра салатындай мығым тіпті. Ал қара шаршы одан әрмен талаурап, қарауыта түскен. Табын бұқа құдіретіне үнсіз табынып, соңынан шұбай ереді. Бұқа болса бұл жаһанда тірі жан өзіне қарсы кеп кеудеден итермесіне, сірә, сенімді. Мына екпінмен темір қақпа тас жабың тұрса да басып-жаншып, тапай илеп кетуге бар.
Қара бұқа мықтап қателесіпті.
Есік аузындағы биік тұғырда тұрған Шыңғысханның көкесі шабынған бұқаны тұсынан өткізе бере қабырғадағы қара нүкте — қара түймені басып еді, қақпа сарт жабылды да, мақау қара шаршы қара бұқаны оп-оңай жұта салды. Төрт құбыладан бірегей қысқан темір құшақ қара бұқаның тырпын шығармады.
Зеңгір аспан, теңгедей бұлт жоқ биік аспан ғана еш айқай-аттансыз орасан зор көкпеңбек жанарымен үнсіз үңіле төбеден төніп тұр.
Шыңғысханның көкесі электр таяқты бұқаның күдірейген кере қарыс жалына кірш сұқты.
Маңғаз бұқаның бүткіл денесі дір етті. Езуінен жалпақ қызыл тілі, тіліне қоса көзі шарасынан шығып бара жатты. Езуіне қос уыс көбік ілініпті. Қара бұқа көбік емес, қол орамал жалмап тұрған тәрізді.
Сосын көбік — қол орамал жалмаған бұқа ұят-сұятты жинап қойып, адам иә жануар даусына жаман үнмен өкірді-ай кеп.
Бұл бұқа емес, жанды жағадан алған ажалдың ақырған даусы еді.
Транзистор мұң көлеңкесі көшкен қоңыр сазды төгеді. Қапалақ қар астында жалаң бас көкем тартқан әуен... Әуенге қоса диктор өз дауысына өзі сүйсіне саңқылдап тұр. «Португал жұртының жер жүзіне даңқы жайылған виолончелшісі Гаспар Касадоның сіздер тыңдаған такаттосы жалт етіп көшпелі алтындай зырғып еткен жастық шағын аңсаған адамның сағынышы мен булыққан өксігін тап басып, дәл бейнелейді...»
Талай құнажынның көз құрты болған қатпар-қатпар әукелі қайран қара бұңа ажал сүйеген соңғы жанталаспен ілгері ұмтыла етпеттеп құлады...
Қақпа қайта ашылып, іштен білек сыбанған екі жігіт шықты да қара бұқаны шалып жіберді. Көпіршіген қан бұқа маңындағы қарды қызылға бояды. Көзімді жұма қойдым.
Мен енді ажал даусына қоса ажалдың қандай екенін көрдім.
Қоршау іші ың-жың, у-шу. Ең мықтысы, ең серісі қара бұқа кесепат халге ұшырағасын қалғандары қара шаршыға жете беріп жалт берісті.
Күлегеш жігіттер езу жимаған күйі электр таяқпен сиыр, торпақты темір қақпаға кіргізу қамымен әлі қайырғыштай қуалап жүр.
Күліп жүріп те табыт, күрексіз, күрекпен бұрқыратып топырақ қазусыз тірі жанды жерлеуге болады екен.
Шыңғысханның көкесі келесі сиырдың жанын жаһаннамға аттандырып сап, шылым тұтатты. Сосын көзі кең ашыла бақырая қатып тұрған маған қарай мойын бұрып, аузын қайшылап бірдеңелер айтты. Мен болсам түк естімеймін, тас саңыраумын, тек қарашығыммен ғана қарсы алдымдағы дүниені еш сезімсіз түгендеймін.
Көз алдымда қара бұқа қылжиып жатса да, құлағымның ішінде қара бұқа өкіріп жүр.
— Жүр, жүрсейші. Әне, бізді ағам шақырып тұр. Бәлем, қазір біз де көкесін танытып сиырларды шаншимыз. Өгізге шама жетпесе де тайынша-торпақтарды бар ма... Қорықпай-ақ қой, түйедей сен түгіл, түстік әкелген сайын мен де екеу-үшеуден құлатып жүрмін. О баста бақырып жылап едім. Көр де тұр, бірер күн өткесін сенің де етің үйреніп кетеді. Саған әуелі қой-ешкіні шаншытатын шығар.
Шыңғысхан самбырлай сөйлеп алдыға түсті, әкесіне қарай жол бастады.
Мен...
Мен кілт бұрылып, көкжиекті көктей асып кеткен Арыстанның бағытына қарама-қарсы жаңқа жанұшырып жүгіре жөнелдім. Түк естімеймін, дәнеңе білмеймін, әйтеуір зытып келемін. Қаңқ еткен Арыстан, қорқынышты қара шаршыдан қашып, қоршау бойлаған өгіз-торпақ, тайыншалардың қан исін тартып өкіргендері, транзистор мен көкем виолончелінен төгілген өкініш пен өксікке толы саз — мынау көкшұңғыл аспан мен қарлы дала арасында зеңіген бар дыбыс маңайыма шоқтай жиылып шырқ үйіріледі, мұңлы зармен сыңси әндетеді, жылайды, мейірімсіздік, тасжүректік гимнін тартады. Ойда жоқта аспанды шыт-шыт қақырата сақылдаған Шыңғысхан күлкісі төбеден түйіле кеп әлгі саздарға — аң кептерге қона түсіп, қауырсындарын бұрқылдата бүреді.
Аппақ дала төсін тепкілеп қанша қашсам да құлағымда тұнып тұрған бұқаның өкірген үні құтқармады, қайта ерепат күшейе түсті, жаңғырығы әлемді шарлап, қарсы тұрар жан-жануарды жер жастандыра жайылып барады. Құлыперен-ңу талқан зытып келе жатқан күйі сүрініп кетіп етпетімнен түстім, дұрысында әдейі жығылдым. Әдейі жығылғаным бұқа үні мен Шыңғысханның күлкісі үстімнен сыдыра өтіп кетсе деген шолақ ойдың қимылыма түсірген көлеңкесі. Етпеттей түстім де дыбыстан қашып, қасат қарды басыммен сүзіп-сүзіп, түйнек тигендей аунадым кеп, аунадым. Мейлі, ақ қарға құлақ қағанағын жарып бара жатқан азан-қазан дыбыстар тұншықсын, киімге жұққан қан дақтарын қар алып қалсын, ақтан басқаның бәрі қарға жұғып тазарайын, сөйтсін, сөйтсін...
Қардың кеңсірік жарар қатқыл да құрғақ таза иісіне тұмсығымды көміп жатып пора-пора жыладым. Тамшылаған жас түйір-түйір көк мұз бытыраға айналды, түйір бытыралар әлемнің әр түкпірінен басы қосыла келе тастай бір нүктеге жиналып, барынша сығымдалған мейірімсіздік бірліктері.
ОН ТӨРТІНІШ ТЫНЫС НЕМЕСЕ СОҢҒЫ СӨЗ
Қала сыртына жасырынған жау — қасапхана. Лақ арқалаған көкжалға Шыңғысханның көкесі несімен ұқсас? Қарақшы табылса қолға қару алмай не тұрыс? Сенекке сыбдырсыз кірдім де... Гүр-гүр жанған қасапхана... және шырпы басындағы шындық.
Суық қар деміне дем қосып жатып, бұрын басқа кіріп көрмеген тосын ойдың ұшығын ұстадым. Түнеукүні Шыңғысханды шырылдатып бекерден бекерге желкеден түйіппін. Қалықтап ұшар көгершіндердің, адал да аңқау Арыстанның жауы мен елестеткендей көрші үйдегі қисық көз бала емес, алыста, қала сыртында боп шықты. Ол —қара бұқаны, тайынша-торпақтарды табын-табынымен қырып салғыш ағаш қоршаулы, темір қақпалы қасапхана.
Шыңғысханның көкесі семьясын асырау үшін бұңа сойса, күні ертең орнын басар ізбасар тәрбиелемек оймен жас бала қолына электр таяқ ұстатады. Баласы тайыншаларды мүрдем кетіріп жатса: «Жарайсың, жігітім!» — деп қушық жауырынынан сарт-сұрт қағады. Ал Шыңғысхан, кішкене Шыңғысхан мына жіңішке электр таяқтың қара бұқадай дәуді тырапай асырғанына тегі табынулы. Енді ол электр таяқ құдіретіне қарсы тұра алмайтындарды — өгізді, сиырларды, сосын Арыстан, кептерді тірі жан деп танымайды.
Өткен жетіде теледидардан көрген «Хайуанаттар әлемі» программасында тік құлақ қасқыр бөлтіріктерін аң алуға естіп баулыған. Көкжал бүкеңдей желіп, ін маңайында асыр сап жүрген күшіктерінің қасына келді де, арқасындағы бұйра маңдай лақты бақ еткізіп күшіктердің ортасына тастады. Әлгілер әуелі қорқып қап ін түбіне тығылып еді, көкжал бұйра маңдай лақты лезде қорқыратып сап үлгі көрсетті. Одан кейін... Аш бөлтіріктер шыбын жаны шыға қоймай тыпырлаған лақтай құрдасының жас етіне тістерін кірш-кірш бойлатты.
Шыңғысхан да бөлтірік жолын қуыпты, қорқынышты халге жетіпті. Бұл күнде қан иісі ол құмарлана жұтар ең сүйкімді иіс, өкірген қара бұқа даусы ол үшін кез келген әуенді он орап жолда қалдыратын сиқырлы саз.
Кенет, қар құшып жатқан күйі көзім шырадай жанып жүре берді. Шырадай жанғаны көгершінді көрші балаға саттырып, Арыстанды шанаға жеккен, өгіздерді өкіртіп-бақыртып о дүниеге жөнелткен қанды қол қарақшы табылды. Ол — қала сыртындағы қасапхана.
Пальтомды қағып-сілкіп орнымнан тұрдым да, нарттай қызыл күнге қарадым. Күнді көкжиек кертіпті.
Қысқы даладағы қасапханаға қарсыласуға жарайтын барлық тірлік иелерін жалғыз нүктеге — өз бойыма шоқтай жинадым да, қала беттеп, ілгері қадам тастадым.
Қала түнді қарсы алудың қамымен абыр-сабыр. Кешкі ызғар маңдайдан ұрып, суық сорған, екі, үш, төрт қабатты үйлер терезе атаулыға жылт-жылт шам жағып, шылым тұтатып, бой жылытумен әбігер. Адамдар онсыз да таптаурын қарды шақырлата басып, гастроном, кинотеатр, биік қақпалы аулалар арасында зыр жүгіріп әуре. Бәрі де үйді-үйге тез жетуге, есік-терезені сарт-сұрт жауып құлақшын, пальто, бәтіңке, шалбарды шешкесін жайланып отыруға асық.
...Бірі бетінде майы қалқыған сорпаны соғып алғасын жайлы орындыққа жайғасып теледидар құлағын бұрауға құмар.
...Екіншісі мыңдаған шақырым алыста жатқан Португалиядағы төңкеріс туралы газеттерден шала-шарпы қуа қағып оқыған мәліметтерін серпіле баяндап, төңіректегілерді таңдантып тастайды да, торсық шеке ұлдарын біріндеп шақырып, сүт иісі аңқыған беттерінен шөп-шөп сүйеді.
...Тышқан құлақшынды көркем жігіт бәтеңкесін сарт-сұрт соғып қыз тосып тұр.
Бірақ солардың бірде-біреуі дәл қасында, қала сыртында сиыр-тайынша, торпақтардың қасапханада қан мұхитына тоғытылып жатқанынан хабарсыз, әйтпесе тіпті білгісі де жоқ. Қапалақтаған қар астында сызылтып виолончель тартқыш көкем де, еменжарқын сәтті күле білетін мамам да, ең аяғы көрінгеннің ыңғайына көнгіш, аңқау да адал, нағыз ит, таза қанды төбет Арыстан да солай.
Ал мен...
Біздің үйдің сәкісіне сыбдырсыз кірдім де құтыға құюлы жер майды бос бөтелкеге толтырып құйдым. Сипаланған саусақтарыма сөреде алшысынан түсіп жатқан қорап сіріңке ілінді.
Сыртқа шықтым. Сол шекеме ілінген ай жүзінен себезгілеген сәуле қасапханаға бастар жол үстіне құйылып тұр. Арыстанды ертіп сол сәуле астына сүңгіп кеттім.
Қабыршық қарды сырт-сырт сындыра тыныштыққа тыңқиып тойған қаладан ұзап барамын. Алдыны кес-кестеген манағы белес ақбозғылт кеудесін жайлап көтеріп мезет сайын зорайып барады. Ақбозғылт белестің жонын басып әрі ассам — қасапхана, қара тулы қанды қасапхана!
Кейін бұрылдым. Қала сансыз үйінің мұржасынан көкбұйра түтінді созып шығара электростанция пырылы, автомашиналар гүрілі мен қорылын құрай қалғып жатыр.
Арыстан соңына қарағыштай береді. Сәлден кейін соқпақ үстіне шоңқиып отыра қап жалынышпен қыңсылады. Сосын құлағын тікірейтіп: «Мені қайтесің?» деген сыңаймен маған көз тікті. Сөз бар ма, ақ белестен ары асуға бұл сабаздың жүрегі дауаламай отыр. Тырапай асырғыш таяқ қорқытып тастапты. Әдемілеп тұрып теуіп ем, кереметтей қуанышпен қаңқ етті, құйрықты тік шаншып тастап қаланы беттей қашып берді. Қара төбеттің қар бетіне түскен ізі қалаға қарай қорқыныштың, ездіктің сызығын тартып бара жатыр.
Қырқа шоқтығына көтерілдім. Қасапхана маңы тым-тырыс. Көзге түрткісіз қараңғы. Тек қақпа маңдайшасында жалғыз шам өлеусірейді. Шам астында мылтықты күзетші көлеңкесін бірде ұзартып, кейде қысқартып теңселеді.
Із түспеген қарды тізеден кешіп, ағаш қоршауға жеттім де, жүрелеп отыра қап тақтайларға жермай шаштым. Айға қарап ем, маңайды ақшалап сәулеге малып, мені сырттан сатып тұр екен. Кіжіне жұдырық бұлғадым. Пышаққа түскен қара бұқа мүйізі — бүкір ай мұны миземеді, кемиектене шалжайып жата берді. Қалтадан сіріңке суырып, бір талын қорап сыртынан тартып қап ем... кеуде толы ашу, ыза, нала, көз жасым бұрқ жарылды да жалынға айналып шырпы басында толықсып тұра қалды. Кірпік күйгізе жалынға үңілдім.
Шырпы ұшында дірілдеген бармақтай ғана от-жалын ішінен гүр-гүр лаулай жанып жатқан алып қасапхананы көзім анық шалды.
Әлде бармақ басындай от-жалын қарағай мүйізді қара бұқаның тамшы қаны ма екен?
Қарлы даланың тұс-тұсынан көтерілген Гаспар Касадо такаттосы барған сайын үдеп, түпсіз терең түнгі аспан астында аппақ бағанаға айнала тік шапши өрлеп барады...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі