Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мақаласында еліміздің үш онжылдықтағы қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдері аталып, алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеттері айқындалды. Мақаланың тарихи маңыздылығы – Елбасы өткеннің тағылымына үңіледі, қазақ халқының ежелгі заманнан бүгінге дейінгі тарихи жолында, өзімізге тән дәстүрлеріміз бен мәдениетіміздің өрістеуі, дамуы жөнінде сыр шертеді.
Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің өркендеуіне үлкен үлес қосып жатқанын жүрегімен сезіне білген адам нағыз бақытқа кенеледі. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген болатын Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов. Біз қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс жасауымыз керек. Президент бұл жайында: «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деген еді.
«Таным мен тағылым» тарауында жас ұрпақтың тарихи санасы айқын, әрі берік болуына баса назар аударады. Деректі және көркем кино туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет деп бағалады. Отандық телеарналар мен құзырлы органдарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырған болатын. Сонымен қатар, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынды. Әрбір халық өзінің тарихын өзі жазуға тиіс. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа жүз жыл болғанын, Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толатынын, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы сөз қозғады. «...Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» - деп, шегелеп айтты.
Елбасы мемлекеттік тілдің әлі күнге дейін төрге шыға алмай отырғанына алаңдайтынын айрықша жеткізді. Тәуелсіз еліміздің ертеңі – қазақ тілі екенін назарға алып, мемлекет басшысы: «Мемлекеттік тілді білу - Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек» дей келе, әрбір азаматтың қазақ тілін меңгеремін деген ниеті болса, ол өз мақсатына жететіндігін түсіндірген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мақаласында біздің көпұлтты мемлекетімізді бір бағытқа біріктіретін күш – мемлекеттік тіл екеніне тағы да баса назар аударғанын атап өту керек. Қазақ жазушыларының алтын шығармаларын және шетел қаламгерлерінің таңдаулы туындыларын аударып, таратуды тапсырды. Президентіміздің мақаласында айтылған осындай мағыналы ойлар жастарды ғылым-білім, тіл үйренуге шақырып, көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятуға жетелейді.
Биыл, 2021 жылы Қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының отызыншы жылына қадам басып отыр. Түп тамыры сонау ежелгі түркі заманынан бастау алатын қазақ халқы ықылым заманнан бері өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау кең байтақ аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» - деп, жазған болатын. Расымен де, еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп, дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да, тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты. Біздің тұтас мақсатымыз – Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін Мәңгілік ел құндылықтарын қастерлеп, оны болашаққа аманаттау. Тұғырлы Тәуелсіздігіміз мәңгілік, іргеміз берік болсын! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!
Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.
Жалғас Тоқтаров, 1 курс студенті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі