Өлең, жыр, ақындар

Ескі бәтеңке

— Көке, көке, тұй, тұйсаңшы!

Мұрнының қос желбезегін біреу қысып-қысып қалғанда ауа жетпей, тұншығып қала жаздады.

Көзін жалма-жан ашып алды. «Өй, оның не?»- деп барып есін жинады. Нақ қасында айналып кетейін ғана үлкен қызы Гүлмайра тұр... Кішкене саусақтарымен Мұраттың кең етек жалпақ танауын уыстап алып, әлсін-әлі тартқыланды. Сонсоң түсіп қалған күрек тісінің орнын көрсете шықылықтап, мәз-мәйрам күледі-ай! «Аһ!» дегенде аузынан сол күйі түсе қалған кенже ұлы Ақан төсек жанында шіңгірлей кісінеп, шапқылаған жас құлыншақтай қол-аяғы кезек сыртылдап, еңбектеп жүр. Басқа жанға беймәлім, әуелі өзіне, одан кейін әке-шешесіне ғана ұғынықты тіл - сәби тілінде уілдеп қояды. Үй іші самаладай жарық. Жып-жылы. Ас үйде ыдыс-аяқ салдыратып жүрген Майсара:

— Мұрат, әй, тұрсайшы... Түс ауғанша созалаңдап жата бересің бе, тәйірі?!- деп, ара-тұра әндетіп қояды.

Керіліп, құрыс-тырысын жазып алды да, тарақтан алған алақанын жастанып, аз-кем жатты. Ра-қат! Бүгін күн демалыс. Сәуір айы. Көшені көктем жайлап жатыр. Терезеден жайнаң қағып, сығалап тұрған күн мынау. Рақат, жан рақаты! Майсара екеуі кеше түнде балаларды алдап-сулап ұйықтатқасын үйдің астан-кестенін шығарып, жинап тастаған. Бұйыртса, түске таман үш баланың екеуін жетектеп, көнжесін жинамалы арбаға салып ап, паркке барады, зоопаркке кіреді...

— Папа жалқау, папа жалқау!- деп құртымдай алақандарын соғып, секіре берген Гүлмайраны жатқан күйі белінен орай тартып:

— Қызым екен ғой, Гүлмайрам екен ғой, әкесін оятқан кім десем... Әкелші ана бұлтиған мәнпәсиіңді!- деп, қауындайын балбыраған бетінен алма-кезек сүйіп тастап еді, мүлдем сергіп кетті. Жатқан күйі жерден жеті қоян тапқандай:

— Әй, кемпір, қызыма қарап қой. Әкесіне бұйрық беруге жарап қалыпты,- деп, мойнын ас үй жаққа құрықтай созып, түбі түскен шелектейін даңғұр-дұңғыр айқайлады. Даусының өзі сол еді.

— Бермегенде бұйрықты. Маған аумай тартқан ғой,- деген Майсараның мақтаныш пен мейірімге лықа толы үніне ілесе әлдене шыж етті, лезде күйген май мен пияздың иісі мұрынға едел-жедел жетіп келді.

Көңілі тасыған Мұрат көсіліп, әлі де біраз жата тұрды. Өзінше ой үстінде. Жалпы, ол бұрын қай мәселе болмасын, көп бас ауыртып, ойланып-толғанбайтын. Ауылдан қалаға келді. Жұмысқа орналасты, үй болды, пәтер алды. Айтуға оңай болғанмен осының бәрі әрқайсысы он тарау, сан-салалы қызыл май шапқын, қат-қабат іс. Ойланып-толғанудан гөрі ақ тер, қара тер болып, зыр жүгірді. Тек Майсара мен балалары көз алдында тұрса, бірдеңенің аяғына дейін шығып, ойлай алады. Онда да ес жиып, етек жапқан соңғы жылы ғана. Қалай айтса да өз өміріне риза. Бірді екі ететін пысық келіншегіне, екеуі шапқылап, біреуі еңбектеп дегендей, ауырмай-сырқамай өсіп келе жатқан үш бүлдіршініне риза. Басқа емес, дәл осы Майсараны жолықтырып, келіншек қып берген тағдырына риза. Ал Майсараның орнына көшеде зырылдап жүрген көп селтеңбайлардың біреуіне кезігіп қалғанда ғой, бұл күнде төбесіне шай қайнатып отыратын еді. Әліп кетсең де шындық керек. Мәкең жеңілтектеу жігіт болатын. Ондайлар көбінесе өзі сияқты акаку-сәкәкулерге жолығады ғой. Бірақ Мұраттың жолы болды.

Майсара екеуі бір класта оқыды. Кішкене кезде баланың бәрі бала, анау алай, мынау былай деп ешкім жіктеп жатпайды, Бәрі де үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді, бәрі де жақсы. Пәленің құлағы ер жете бастағанда қылтиып көрінеді екен. Жетінші класқа ілікті ме, ілікпеді ме, бұрынғы жай ғана бала Мұраттың құйрығына: «Алды бар да, арты жоқ дарақы-ау, арсалаңдап қалған иеме, осы қайбір оқу оқып жарытады дейсің құйрыққа теуіп, көк трактордың соңына салу керек қой» деген қоңырау байланып, қайда барса сонда шылдырлап жүрді. Содан шылдырлағы түскір құйрықтан ал түссін. Қызық болғанда, кластағы жақсы оқитын қыздардың, көбі жаңағы қоңырауға мән беріп, сырттата беретін. Майсара үздік оқитын. Ол да пенде емес пе, көптің әуеніне қосылып, бұған жуымай жүрді. Аптасына, айына бір рет сабақ үстінде тиісерге қара таба алмай желіккен қиық көз, қара балаға көзінің астымен бір-екі рет ұрлана қарап қоятын. Оған мән берген Мұрат жоқ. Осы қыздың менде несі бар, ей?»- деп ойлайтын да, жып қағып кеткендей кісінеп күлетін.

Тоғызыншы класта Мәкең «Алгебра, химия, қонбайды менің миыма»- деп қалпағы қисайып, кластың ең соңында қалған. Әне, сонда Майсара мұғалімдердің тапсыруымен мұның есебіне көмектесіп жүрді, ашығып айтқанда, шығарып беретін. Мұрат отыра қап, онысын тілі салақтап, дәптеріне әдемілеп көшіріп алатын.

Мектептен кейін ол бұған деп қойған асы суып бара жатқандай салып ұрып, астанадан шықты. Институттағы оқытушыларға мұның жылтиған қиық көзі, тарбиған жалпақ танауы, қысқасы, бет машинасы ұнамай қалды ма, әлде басқа да бір кемшілік жіберіп алды ма, әйтеуір, емтиханнан жатқан жерінен тұрмастай ғып құлатып жіберді. Түк қиналған жоқ, қолына күрек пен сүймен ұстап, жас бетоншы атанды. Бұл кезде «мектепте жақсы оқыған қыз» бойын түзеп, мәймең-мәймең басып, сауда техникумында оқып жүрген. Сенбі, жексенбі күндері мектепте есебін шығарып берген жақсылықтары есіне түсіп кетеді. Ондай сәттерде техникум жатақханасына жетіп барып, Майсараның терезесінің түбінде ыржалақтап тұратын болды. Кейде еркек басымен ұялмай-қызармай қарызға ақша сұрайды. Қыз онысын тауып бере қояды. Әне-міне дегенше екеуінің арасында махаббатқа да келіп қалатын, достық десең де болатын ым-жымы бір қызық қатынас басталды. Басталған істі әптер-тәптерін шығарып, ақырына жетпесе, Мұрат Мұрат атана ма. Көп ұзамай Мәкең Майсараға үйленді.

Ары қарай «үйлену оңай да, үй болу қиын» деген ұзынсонар жыр басталып кетті. Жігіт түзелді, келіншегі қақпақылап жүріп әупіріммен дұрыс жолға салды.

Қазір Мұрат озат паркет салушы да, Майсара үлгілі аға сатушы. Былтыр орталықтан ойып, үш бөлмелі пәтер алған. Үш бөлмеде ұл-қызы аралас үш бала асыр салып жүр. Әсіресе бұл күнде жерден бауырын көтеріп еңбектей бастаған кенжесі Ақан дегенде Мұраттың шығар жаны басқа. Кішкене демесең, тұрған бойы Мұрат Сақанұлы - ат басты, қиық көзді, салпы ерін қара бала. Тұрмыстары да тәуір. Шетелдік болмаса да, осы қалада шығатын мебельдердің бірқатары бұл үйде бар.

Мәкең аздап серілеу, перілеу. Оны көк базардан сатып алған жоқ, жеті атасынан келе жатқан ақ сайтан. Тоқ етері, жақсы киінуді хәмі көреді. Майсара да қыз кезінен осы қасиетін ұнатушы еді. Шалбарын үтіктегі, бәтеңкесін жылтыратып бара қалса, қолтығына кіріп кетіп, екі елі қалмайтын. Себепті, себепсіз күле беретін. Үй болғасын серіліктен сән кетті. Қазір жаз айларында ғана тәуір киініп жүр. Жаздық киім, тәйірі, жөндем шалбар, алабажақ көйлек, өкшесі қалыңдау бәтеңке ғой. Жарасы жеңіл. Бері алғанда жүз сом, ары алғанда жүз елу сом жетіп жатыр. Күз, көктем, қыста да ішпесем де киінсем деп тыраштанып көріп еді, жамылған көрпесі қысқа соғып, аяқ жағынан бақайы шығып қалды. Қыстық етік, пальто, шарқат, костюм, тері құлақшын дегендерің удай қымбат, мың сомның үстіне еркін секіріп шыға келеді. Бірінші кластан есепті шемішкеше шағатын келіншегі оған өлсе бара ма. Сол ыңғайда Мұрат суықтау, қоңыр салқын маусымдарда серілікті таза жинап қояды, көшеге көп шықпайды, жұмысына да аса ыждаһатпен құлшына-құлшына кіріседі. Майсара да оны бағалай біледі. Сатушы ғой, ондайда пәлекеттің көзі де өткір, байқастап жүріп, Мұратқа қысқы, күзгі сырт киімдердің сыпайысын сатып алады. Арзан демесең, жарасымды, қонымды. Күйеуі де керілдесіп жатпайды, әсіресе кішкене ұлы дүниеге келгеннен бері сұлуынан жылуы деп қойып, жымың-жымың етіп, киіп ала қояды.

* * *

Жарты сағаттан соң Майсара астан босаған аяқ-табақты раковинаға тоғытып жатып:

— Әкесі-ау, осы сенің не ойың бар?- деді бүйректен сирақ шығарып.

Сақал алғышын дырылдатып, жақ жүнін сыпырып жатқан «әкесі» кекжиіңкіреп тұрып:

— Бәсе нені ойлап жүрмін, кемпір?- деді.

— Қит етсе «Кемпір, кемпір!» - деп ентелеуіңді қойшы батырекесі. Қайда қашар дейсің, уақыты келсе, шылауыш та байлармыз, кемпір-сампыр да болармыз. Әзірге келіншектігімді өзіме қия тұр,- деді Майсара өкпе-назы аралас.

— Енді он екіде бір гүлі ашылмаған қыз дейін бе — Екпіндей берді де, қауіпті аймаққа аяқ тығып алғанын дер кезінде сезе қойды, өз-өзіне: «Тоқта! Алдында - терең ор!» - деді. — Жақсы көргенімнен айтамын да. — Жақаурата салды. Баяғыда әкесі ашуы келгенде нықыртып алып, бір сағаттан соң: «Келші бермен, Мұрат-ай, бетіңнен иіскейін. Жақсы көргенімнен ұрамын ғой»,- деп мекіреніп сақалынан жас ағып отыратын. Сөз бар ма, Мұрат көкесіне аумай тартқан.

«Жақсы кергенімнен...» деген сөз Майсараға сұмдық әсер етті, тіпті ыдысын қоя тұрып, Мұратқа арнайы бұрылып, қиық көзінен сәуле шашырата бірер минут қарады. Онысын кеш сезіп, ұялып қалды ма:

— Келер аптада ауылға жүріп кетеміз, соны білесің бе?- деді сәл дауыспен.

— Е, білмегенде. Өтінішім бастықтың алдында. Кадр бөлімінің бастығы демалысың қолма-қол деп отыр. Өзің ше?

— Директор о баста біраз қыңырайып еді, қайда барады, көнді ғой. «Жас балаларың бар, жол алыс, билет қымбат, өзің озат сатушысын, тиын-тебен артықтық етпейді» деп, материалдық көмекке қол қойып тастады.

— Ой, кемпір, жара-адың! — Майсараға ұмтыла беріп еді, сақал алғыштың розеткаға сұғулы тұрған ашамайы сылқ етіп, жерге түсті. Материалдық көмегі қанша, оны сұраған да жоқ. Арифметика, алгебра, химиясымен қосып, о баста басқа қонбағасын ақша жағын басы бүтінімен Майсараға беріп қойған. Сыраға деп бір қызыл құлақты қалтаға басады да, тапқан-таянғанын әр жарты ай сайын шырғасын шығармай келіншегінің қолына беретін.

— Жарадың, жарадың... Былай аптықпай-асықпай сөз аяғын тоссайшы. Әлгі ауылға барып-қайту жағын айтамын да. Сенің сырың белгілі ғой, қолыңа іліккенді иығына іле салып, «Ой, жарадым» деп, тарта бересің, — Бұнысы енді өтірік. Жалпы, күйеуіне де, бала-шағасына да риза келіншектер өстіп сөйлейді ғой. — Биыл шаңырақ көтергенімізге жеті жыл, соны ойладың ба?

— Ойбай-ау, ойламағанда. Е, қайтеді?- деді иегін дырылдатып жатқан Мұрат.

— Дос басқа, дұшпан аяққа қарайды. Ауылда қаншама дос-жаран, туыс бар. Ана жылдары той жасадық, шашылдық дедік. Сенді. Одан кейін үй алдық, жиһаз жинадық дедік. Тағы сенді. Биыл не бетімізді айтамыз? — Майсараның шынтағының арлы-берлі қозғалысы жиілеп, ыдыс-аяқ салдыры күшейе түсті.

— Әй, кемпір, не айтқың келіп тұр, білтелемей турасына көшсей,- деді Мұрат тыржың ете қалып. Әңгіме көбейіп кетсе, оның жүйкесі қарадан-қарап жұқара бастайтын. Иегіндегі онсыз да қадау-қадау өскен қылшықтың бірін «Харьков-3» жұлып кетіп еді.

Майсара көзіне түскен шашын ысырып, құлағының қайырмасына іліп қойды.

— Менің бір көрмеге бет жүздігім бар. Балалардың да үсті-басын жөндеп алдық. Ал сен қайтесің? Үйлену тойында киген жеңі қырқылған костюміңді ұялмай тағы желпілдетіп барасың ба?

«Үйлену» дегенде оның ар жағынан құлағы қылтиып тұрған баяғы сал-сері заманын еске алын, әрі келіншегінің қайда нұсқап тұрғанын түсіне алмай әрі-сәрі болған Мұрат:

— Қалқам-ау, қиғаш қасым-ау, аспандағы айды жерге түсір дейсің бе? Ол ветеран костюмді, бәсе, қайтемін, отқа жағып жіберейін бе? Құлақ етін жегенше өзің айтшы турасын!- деп, келіншегіне қарсы салды.

— И-и, шалым-ай, ақылың аз-ау! Сен үшін мен ойлаймын, сен деп ылғи сіңірімді созамын да жүремін. Tөp үйге бар, әне. Ақан жылап жатыр. Диванға қолын қыстырып алып жүрмесін. Алшы андағы дырылдағынды бір мезгіл, миымды жеп қойды. Күнде таңертең бір колхоздың шөбін шабардай дырылдатасың да қоясың.

«Мына төрені бүгін қай сайтан иектеп жүр?» Мұрат ваннаға кіріп, сақал алғышын қақты. Сосын жатын бөлмеге барса, қазір азамат болып қалған, өткен айда көршінің бір жастағы кішкене қызына «құда түсіп, атастырып қойған» Ақаны диванға қолын қыстырмапты, өлкесінің етегінен тас қымқырып ұстап: «Көтер де көтер!»-ге басып тұр. Шифоньерден бір себет ойыншығын алып шығып, еденге шаша салын еді, Ақан тез алданды. Төрт аяқтап келіп, бауырсақша бытырап жатқан резеңкеден жасалған қоян, аю, каучук тотылардың ортасын ойып отыра қалды да, одан әрмен шаша бастады.

Қонақ үйге қайта кірсе, бөлме ортасында секиіп тұрған Майсара күлмің-күлмің етеді. Оң қолында киім ілетін иық ағаш. Иық ағашта - былғары бешпент, көлденең бөлігінде көк джинс шалбар «келсең кел, кисең ки!» деп, көлкілдеп асулы тұр.

Қуанған мен қорыққан бірдей ме, әуелгіде Мұрат қатты састы. Тіл-ауыздан табан астында таза айрылып қалып, аяғында:

— Ау-еу, мұның не? Кімге?- деуге шамасы әрең келді. Майсараға да, иық ағашқа да жақындауға бата алмай, одырайып тұр. Біреулердің үстінен көретін, алыстан ғана көз салатын асыл мен жасыл келіншегінің қолына қалай түскен?

Майсара ұртының ұшына көрініп жоғалып, көрініп жоғалып тұратын сүйкімді шұқыршығын жинай жымыңдап (Мұраттың кезінде солаңдап жүріп алмай, шапшаңдатып үйленуіне септігін тигізетін баяғы жымиыс та):

— Саған!..- деген ғаламат әсерлі сөзді айтып салды.

Мән-жайды жаңа ұқты. Иә, десейші, нені алыстан қозғап, жүректен тербеп, қай қиырды меңзеп тұр деп еді. «Дос басқа, дұшпан аяққа қарайды»,- деді Мұрат тап соларды көгенге тізіп, жікке бөліп жүргендей-ақ. Майлық-сулыққа қоса қабат жарағаннан басқа жазығы жоқ қоңыр костюмді жерден алып, жерге салып, Балқан тау асырып тастады. Сонда мына былғары бешпент пен джинстің бағасын асырып тұр екен де. Е-е, ымды ұқпаған дымды ұқпайды.

— Жарадың, қатын! — Жалғыз-ақ ырғып, келіншегіне жетіп барды, құшақтай алып, маңдайынан шөп еткізіп сүйіп алды. — Жарадың, кемпір! — Дем арасында бір күдік бетіне қайнап шығып, кейін шегінді. — Қайдан таптың?

Балаша мәз-мейрам болып, жетісіп қалған Майсара:

— Қайдан тапқанымда не шаруаң бар? Тапқанды киіп, асқанды ішіп жүре бер,- деп бұлдаңды. Ұзамай қайта көңілденді. — Әй, еркектер-ай, аңқаусыңдар-ау, аңқаусыңдар... Қайдан таптың, қайдан таптың? Менің былтыр жаздан бері үйге үстеме ақша әкелгенімді көрдің бе?

Қабағын шытқан Мұрат әжептәуір ойланды. Майсараның көңілі үшін ойланған болды. Бүйтпесе: «Осы үй өртеніп кетсе де, шыбын шаққан құрлы көрмейсің, басқа үйдің еркегі, әне, көлденең қиқымды қалдырмай ініне тасып...» - деп, шатақ шығарады. Ал шын ойы: «Туһ, туһ, бешпент пен шалбарды қашан үстіге іліп, көшеге жарқырап шыға келер екенмін?»- деп аласатып тұр. Біраз ойланып қалғанына Майсара сенетін уақыт болды-ау деген кезде басын шайқады.

— Әй, көрсем көзім шықсын. Үстеме ақша-сыйлық дегенді сенің аузыңнан естісем, керең болайын!

— Міне, міне... Көрмесең-білмесең, саған айтпай ақшаны сақтық кассаға сала бергенмін. Былтыр ауылға қоңыр костюміңді тазалатып киіп барып, қалай жүдеп қайтқаныңды көрдім ғой. Қоса жүдедім. Шынымен күйзелдім, құрысын. Күйзелдім де: «Қой, дүние күйіп кетсе де, келер демалыстың ақшасына шалыма шыт жаңа костюм алып берейін, еңсесін көтеріп тастайын. Бір үйдің бас көтерер азаматы, иығы жоғары жүрсін»,-деп бел байлағамын. Сөйтсем кеше дүкеннің костюм, шалбар бөліміне осы екеуі сарт етіп түсе қалыпты. Қырғын кезек... Сатушы қыздарды танушы едім, бір парын тықтырып қойдым да, екі өкпемді қолға алып, кассіге жүгірейін...

— Жарадың! — Келіншегінің ұшы-қиырсыз ақылы мен адамгершілігіне, тақыс есепқойлығына шынымен таң қалды.

— Мына былғары кепкіні ана жетіде алып қойғанмын,- деп, беті бал-бұл жанған келіншегі судан жаңа шыққан табан балықтайын жап-жалпақ жылтыр бірдеңені және шығарды.

— Жарайсың! Жарайсың!

— Оныңды қоя тұр да киіп көрші, жігітім. Дәл ме, жараса ма, байқайық.

— Дәл болғанда қандай! Жарасқанда қандай! — Мәкең бешпентті де, шалбарды да, кепкіні де сәл кешіксе біреу тартып алып кететіндей, апыл-құпыл үстіне жапсырды. Ғұмырында ешбір киімді бұлайша тез-тез киіп көрмеген шығар. Әскерде жүргенде берілетін «Дабыл!» уақытынан да жылдам киіп алды. Әтештей қойқаңдап, алай, былай жүрді. Майсараның көзі отша жанды. Демін ішіне тартып:

— Түу, не боп кеттің, Мәкесі?! Тфә, тфә, тілім тасқа! Басым айналып, көзім бұлдырап сала берді ғой. Сенің қасында біз енді жіп есе алмайтын шығармыз,- деп, өзі үстіне білдірмей қарап алды, — Көшедегі көп қыздардың көзі тиіп кетіп жүрмесін. — Демегені дұрыс еді, өйткені айтуын айтып салғанмен: «Әй, мен не деп кеттім? Сорыма ма, бағыма ма?»- дегендей маңдайы жиырылып, ойланып қалды. Жүгіре басып, стол үстіндегі айнаны қолына алып, оңынан, солынан шекелеп өз бетіне өзі қарады. Қарағаны құрысын, қабағы түсіп, бері бұрылды да, ерін ұшымен жай ғана: — Жарасады...- дей салды.

Бұл әлек-шәлекті аңғарған Мұрат жоқ, ол үшін Майсара - Мұраттың маңдайына жазған келіншегі - Майсара, үш баласының анасы - Майсара, ал Майсара да әйел-ау деген ой басына оңайлықпен кіре қоймайтын. Оған қоса тек ірі нәрселерді ғана байқайтын, ұсақ-түйекті кәперіне де алмайтын аңқылдақ, ақ көйлек жігіт емес пе, сол ғадетіне басып:

— Айна қайда, ойбу, шар айна қайда?- деп, жатын бөлмеге ұшты. Стол үстінде жатқан алақандай айнаны менсінбеді. Аптыққаны соншалық, келіншегінің:

— Рахметің қайда?- деген өкпелі үнін құлағына ілмеді. Оқыра тиген тайыншадай жүзі бұзылып, демігіп кіріп келген әкесін көргенде Ақанды ортаға ала шошайып ойнап отырған Гүлмайра мен Гүлсараның зәресі ұшып, көздері жапалақ-жапалақ қақты. Кіл жылтыр қара мен көкпеңбекке құрсанып алған алау-далау әкесін қара басқанда танымай қалған кіші қызы Гүлсара кемсеңдей жылап, қонақ үйдегі шешесіне қашты. Киім-сиімде шаруасы шамалы, бұл дүниеде тек әке-шешесін танып, соларға күш көрсететін Ақан ғана қолын соза талпынып (ойыншықтарын тап әзірде шашып бітіріп, ерігіп отырған):

— Мәһ! Мәһ!- деп қыңқылдады. «Көтер» дегені. Балаға мойын бұруға мұрша қайда, көзі шатынап кеткен Мұрат ыбырсыған ойыншықтарды аттап, айнаның алдына жетіп барды.

«Оһо-һай, Мұрат па, ей! Қойшы, ол емес шығар! Мұрат мұндай ма еді, ол басқа секілді еді». Демесе де көңілі солай дейді. Өн бойы өрт болып жанып, тізесіне діріл жүгірді. Енді ше? Биіктігі есіктей төрт бұрыш айнадан сыптай сұлу жігіт Мұратқа ақсия күліп қарап тұр. Жайылып кеткен бет пен ақсиған тісті, қиық көзді есепке алмаса, оқтаудай жұмыр, найзадай түзу бір бекзада... Немене еді, әлгі... е, торпедо! Тұп-тура Торпедо! Өзін мұншама солқылдаған сүмбі талдай сұлу жігіт деп ойлап көріп пе. Үй аламын, бала-шаға асыраймын деп мұрнына су жетпей жүріп ойлауға уақыт болды ма. Айнаның алдында көрмеге түскен арғымақ аттай бір қырындап, арлы-берлі ойқастады. Терезеден шашыраған күн сәулесі былғары бешпенттің біресе иығына қонып, кейде өңірінен сығалап, келер сәтте джинсті бойлай суша сырғанады ма, әйтеуір Мәкең кілең жарқыл да жұрқылдың астында қалды дейсің. «Паһ! Паһ! Мен осындай жігіт екенмін ғой!»- деген тосын ойдан басы ептеп ауыра бастады.

Айналып кеп, айнаға соңғы рет қабағын қайшылай тістене қарап еді, эпостағы батырлардың бірі есіне түсті. Мейманасы бек тасып, бөлменің бұрышынан өзіне үрке қараған Гүлмайраның басынан:

— Айналайын, ойнай ғой,- деп сипап еді, бүлдіршіннің жаны сонда кірді, көзін жыпылықтатты. Сосын Ақанның маңдайынан иіскеп тастады. — Майсара, әй, Майсара! Сен туғанда мен неге қуанды дейсің!

Қонақ үйге көштен адасып, жұртта қалғандай айқайлап кірсе... диванда мойнын ішке алып солбырайын Дәлеш отыр. Майсара ас үй жаққа ойысқан ба, аяқ-табақ сылдыры солғын естіледі.

Дәлеш өнерге бір адамдай еңбегі сіңген атышулы бойдақ болатын. Былтыр екеуі ағаш өңдеу комбинатында танысқан. Мұрат паркет шиферлерін іздеп барып еді. Дәлеш графика деді ме, әлде осынын төңірегіндегі бірдеңе ме, әйтеуір бетіне ойып сурет салатын таңтайларды жоқтап жүр екен. Қырсыққанда шифер де, тақтай да әзір емес. Қойма меңгерушісі: «Екі сағаттан кейін алып кетіңдер»,- дегесін, амал жоқ, бірін-бірі өкшелеп, комбинат іргесіндегі сыраханадан шықты. Күн ыстық. Таңдай кеуіп, қан қойылып тұр. Сапты аяқ, суық сырадан кейін танысып, екеуін дәс қойғасын адрес алмасқан. Онда да басшы Мұрат та, қосшы Дәлеш. Өзі сөзге жалқау, біртоға, жуас. Сұр бойдақ. «Творчество... Оқу керек... іздену керек... Семья мұндайда қол байлау»,- деген тәрізді Мұрат онша түсіне қоймаған сылтау айтқан. Мұраттың ұғымынша, жиырма бестен асқан жігіт үйленбесе, екінің бірі - не делқұлы, не ғаламат ақылды. Және сол ойлағаны көбіне дұрыс шығатын. Дәлеш бұл сорттардың ешқайсысына жатпайтын сияқты. Сонсын: «Е, жуастығымнан жүндей түтіліп жүрмін десейші. Әйтпесе бұл күнде не көп, қыз көп. Көн етіктіге суретшілігің жібермейді. Көк етікті қыздар сен секілді су мұрын жігітті жолата қойсын ба»,- деп мүсіркеген. Дәліштің арғы түбі ауылдан көрінеді. Бір бөлмелі пәтері бар. Табысты қырып таба ма, ақша туралы әңгімеден ат-тонын алып қашады. Сыраға көбіне өзі төлейді. Сыпайы жігіт, қысқасы.

Қай қасиеті ұнап қалғанын кім білсін, Дәлеш содан бері айына бір рет Мұратқа соғып кетеді. Майсараның иісі бұрқыраған үнді шайының үстінде әңгіме басталып, сұхбат соны сыраханада бітеді.

Майсара да Дәлешті хош көрді. «Сыраңды ішер болсаң, осындай аман-сәлемі түзу жігітпен іш. Бригадаңдағы ел көшкендей бәтеңкелері тарсылдап кіріп келетін ана бір адыраңбайларыңды көзіме көрсетпе»,- деген. Жалпы, пәтер алып, тұрмыстары түзуге беттегесін Майсара оқыған-тоқығандарға жуық жүруге тырысатын. Жерлес бір-екі кандидатты қонаққа шақырып, қат заттарын сере астынан алса да тауып берген. Олар да, обалы не керек, еруге қару жасады, қонаққа шақыр, үйлерін көрсетіп жіберген. Майсараны қайдам, қонақтан Мұрат іші пысқаннан өліп кете жаздап, қатты құлазып қайтқан. Не ішіп, не жеп жарытпады. Шөп-шалам кеп, ет аз болды. Кандидаттың бәрі солай ма, әлде ішіп қойса, жұмыстарында ұрса ма, жерлес ағалары ақаңа сұмдық ұстамды кісілер екен. Алдарына оймақтай-оймақтай рюмкелер ойнап келе қалғанда-ақ Мұраттың қабағы түсіп кетті. Сол жолы өңешінен бірдеңе өтті ме, жоқ па, осы күнге дейін сенер-сенбес. Шөп-шаламды шанышқымен шөпжеңдеп жеп, әлгіні әрі өлгенше мақтай отырып, ағалары бас-аяғы жұп-жұмыр, бірақ қазір айтса қазір естен шығып кете берген әңгімелерді аңыратқан үстіне аңыратты. Тектоника, жер сілкіну деді ме-ау, Алматы тұрған жердің құйқасы түптің түбінде жыбыршып қозғалып кетуі мүмкін деді ме-ау, адамның төбе шашын тік тұрғызатын хикаяларды судай сапырысты. Ал жайшылықта ауыздыға сөз бермей, жайдары жүретін Майсараны не қара басқанын кім білсін, ернін жымқырып, орынды жерінде ғана ретімен сөйлеп, қатып-сенді де қалды. Сөзге барынша аз араласты. Үйге қайтып келе жатып, жолай шөп-шаламы көп, тектоникасы мен жер сілкінуі одан да кем түспейтін ағаларын тамсанып кеп мақтады. Келіншегінің көңіліне қараған Мұрат ләм-мим демеген. Әрі қызбап еді. Шеке қызбағасын келіншегі не айтса, соған бас изеп, келісе берді.

Не көрінгенін кім білсін, содан бері Майсара Дәлеш секілді білімді сыпайылар үйге бас сұқса көпе-көрінеу көңілденіп сала береді. Барын алдына қояды. Бұл жағы Мұраттың жанына майдай жағады, әрине. Майсара қызды-қыздымен Дәлеш екеуіне сыраханаға кіріп шығуға дейін рұқсат береді.

Мұраттың, жасырып айтсақ, жігерлі, асырып айтсақ қызба мінезі мен Дәлештің жуас табиғаты бір-бірінің артық-кемін толтырып жарасып кетті. Ыстыққа суық дауа дегендей, соңғы кезде қан-жыны араласып кетпесе де, бір отырыстың аяғына дейін шыдап беретін дос.

Бұл достыққа Мұрат мүдделі де. Биыл қыста ма, иә, биыл қыста бояуы әлем-жәлем журналды ерігіп ақтарып отырған (кілең түрлі-түсті суретті журналға жазылатын). Орта шеніне таман «Жас суретшілердің көрмесінен» деген тақырыппен берілген сан-сапалақ бейнелерді ұшыратты. Екеу-үшеуінің астында Дәлештіц фамилиясы жүр. Суреттен жарытып ештеңе ұға қоймаса да: «Паһ, паһ! Үндемей жүріп, пәле, ә! Сызғандары нешауа. Жуастан жуан шығады»,- ден ойлаған, осы мақалды өзі жан қалтасынан шығарғандай нықтай түсіп. Содан бері бригада жігіттері алқақотан отыра қалып, әңгіме қозғаса, Дәлеш сөзінің мысалы. «Өй, менің пәленше суретші досым, анау журналға суреттері басылған мықты бар емес пе, сол екеуміз кеше коньяк ішіп...»- деп, қарап отырады. Ары қарай қалай түсінсең олай түсін, ішің білсін, әлуай... Коньяк ішіп көрген жоқ. Сыра ішкендері рас. Өлімінде өйттік демейді. Тасқа басылған мықты сыра сыңғытты десе, Дәлештің беделі түсіп қала ма деп қорқады. Ішсе коньяк ішсін. Осыдан кейін ондай нәнмен дәм-тұздас Мәкең де жерде жатқан жоқ деген қорытынды өз-өзінен сопаң етіп шыға келмей ме. Расында да, ондай әңгіме паркетшілерге қатты әсер етеді.

Сөйткен Дәлешті ағаш оятын творчествосы құрғыр бүгін тым шаршатып тастаған ба, сүлесоқ, көзі кірбік, шашы ұйпа-тұйпа. Қылы жұлына-жұлына жұқарып кеткен киім щетке секілді қадау-қадау он шақты тал сақалы мен жақ жүні болушы еді, онысын да қырмай, бетімен қоя беріпті.

Өзінің жағасы жайлауда жүрген адам ондай ұсақ-түйекке мән бере ме. Мұрат табалдырықта тұра қалып, қолын көтерді.

— Сәлем, творчество!

Дәлеш нәумез бас изеді. Мұрат бір қырындап сымға тартқандай түзу тұрған қалпы — былғары бешпент пен джинс кигелі осындай әдет тапқан еді - кепкісін қисайтыңқырап киді. Дәлеш үйіріліп үстіне түсе қалған жоқ, көзі бозарып, мөлиіп отыра берді. Оны айтасың:

— Хал қалай?- деді бұл дүниеге, мына бөлмеге түк өзгеріс кірмегендей жайбарақат.

— Қалпақтай. Ну, как ты? — Мұрат кепкісін шешіп, алақанына сарт-сұрт ұрды. Ол көңілі көтеріңкі болса, шала-пұла орысшасын кірістіріп жіберетін және онысын мейлінше қысқа да пакты сөйлеуге тырысатын. Бетоннан паркетке көшкелі, пәтер алғалы бұл ғадеті тіптен жеңілеп кетіп еді. — Суретшің кім, мен кім? Аумай қалған жоқпын ба?

— Жақсы, жақсы... Тез тоздыр!- деді бас көтермеген Дәлеш. Бір түрлі: «Қайт дейсің? Киім сенікі, кисең ки, кимесең қой, несіне басты ауыртасың, жарқыным?»- дегендей солғын шықты. Қолындағы мұқабасына қыз ба, келіншек пе, қылмиған бір бикештің суреті салынған кітапты парақтап отыра берді. Мұрат досын түсіне қойды: кеше сілтеңкіреп қойып, бүгін басы ауырып отыр. Ондай қиын-қыстау күнмен кейін әрқашан да Майсара тірнектеп жинап жүретін отыз шақты кітаптың ішінен осы «Модильяни» атты кітапты қолына алып, ақтарыстыра беретін.

Аузын ашса, көмейінен жүрегі көрініп тұратын жігіт қой, Дәлешке Мұраттың жаны ашып кетті. Бешпент, шалбар, кепкі-сепкіні тез ұмытты. Мұның суретшілігі жер-көкте жоқ қызық кәсіп. Мысалы, паркетшілер күніне сегіз сағаттан кейін қара тырнағын қабырлатпайды. Шаршаса, демалысын алып, үйінде шалжиып жатады. Ал Дәлештің демалыс алдым дегенін естіген емес. Күні де - жұмыс, түні де - жұмыс, ащы ішектей шұбатылған бірдеңе. Және де жанын қинайды. Онысын творчестволық шабыт дейді. Қашан көрсең, әлгі шабыты құрғырдың құрығынан шыға алмай: «Анауым бітпей жатыр, мынауым қиялымды қозғап қоймайды»,- деп жүргені. Ондайда кейде сыраханалатып кетеді. Сонда сәл-пәл сейіледі. Соған қарағанда творчество шіркін паркет салудан да қиын ба дейді. Енді ше! Дорба-дорба ақша тегін келсін бе. Сұраудың да бұрауы бар. Олай болса құланның қасынуына шүріппенің басылуы дегендей мына былғары мен джинсті реті кеп тұрғанда жуып тастау керек.

— Басың БАМ-ay, ә? — Мурат бешпентінің өңірін бір ашып, бір жауып судырлатып, джинсін тырыстырын, Дәлештің қасына отырды.

Анау «Модильяниді» жауып, былай қойды. Кезінде Мұратқа деген ризалық сезім бар.

Түсі-інікті...

Ұшып түрегеп, ас үйге аталақтап кірді. Майсара жуылған ыдыстарын құрғатып сүртіп тұр.

— Қалқатай, көзің қандай мөлдіреген... — Әндете беріп, қылмыңдаған көзінен: «Туһ, жақсы көремін ғой сені... Жағдайды айтқызбай түсінуші ең мұндайда»,- деген сөздерді оқыттыруға тырысты.

Мұрат баяғыда: «Тиемісің?»- дегенде көп бұраңдамай неге тие салды дейсің, Майсара ымды ұқты. Халатының қалтасынан шығарған бір уыс майда тиындарды біріндеп санап тұрып:

— Шай ішпеймісің?- деді. Шайды сылтауратып, тар жол, тайғақ кешуден тайдырын жіберуден әлі де үміті бар.

— Келіп ішеміз...

Күрсінді.

— Үш сом жете ме?

— Өй, айналайын!

Ентелей берген Мұраттың кеудесінен итеріңкіреп, көзіне көзін қадады.

— Байқа! Жортып келе жатқанда, түсіп кеттім апанға... Түсінетін шығарсың?

— Так точно, фрау мадам.

Бұл жолы шетелшесін де аямады.

Қонақ үйге кірсе, Дәлеш көзімен «Модильяниді» тесіп отыр.

— Әй, осы қиқы-шойқы суреті быжынаған кітапты сен-ақ ал, басымен сыйладым, — деді мардамси насаттанып. Бір керемет жомарттық қыса бастап еді.

Дәлеш иегімен ас үй жақты нұсқады — «Майсара ұрыспай ма?»

Қолын сілтеді.

— Е, қатын ашуланса, қазан қайнатады.

Қалай дегенмен жігіт қой, Дәлеш бұған бық демей бірден келісті, кітапты қолтығына қыса түрегелді.

Дәліздегі бәтеңкесіне еңкейе бергенде мейманасы тасыған Мұраттың қабағын кірбің шалды. «Қап, мына итің болмаған екен!» Болмай тұрған иті ақжем болған тұмсығы түте-түте, желінген өкшесі екі жаққа қисайып кеткен ескі еді. Несін айтасың, бешпент, шалбар, кепкінің сынын мықтап кетіретін шаруа. Алайда Мәкен ұзаққа бармады. Тез өзгерді. Дос басқа қарайды. Қарасын. Баста былғары кепкі, иықта — былғары бешпент. Әлгі дос көргеннен кез ақы алатын қазымыр болса, джинсті қоса көрсін. Дұшпан аяққа қарайды. Мейлі. Дұшпанның аты дұшпан, перінің қызындай малынып киінсең де, қай-жайдағыны қазғылап, кемшілік таппай қоймайды. Тапқан кемшілігі осы ескі бәтеңке болсын.

Екеуі көшеге шықты.

Айгөлек ойнап, шыр көбелек айналған күн жарқырап тұр. Барын киіп, бақанын асынып, жасанған жалпақ жұрт. Көбі өздерінде жоқ бірдеңені іздегендей Мұратқа көз тастамай өтпейді. Қолтықтасып алған екі қыздың піскен бауырсақтай қызыл шырайлысы алыстай беріп, қылт етіп, Мұратқа арнайы қарады. Сол мұң екен, ескі бәтеңке лайлап кеткен көңілі лезде семірді. Тез шалқыды. Арқыраңқырап күліп алды. Оған да құлақ тігіп, назар аударып жатқан адамдар бар. Ыбыр-жыбыр ағаштар көлегейлеген тротуардан көшенің ортасына шықты. Жабы аттай жыбырлап өкшесін басып келе жатқан Дәлешке шалт бұрылып, бірдеңелерді даурыға дәңгірлейді. Және де бүткіл денесімен шалт бұрылады: сөйтсе тіктеп түскен күн сәулесі әр жерін сүйгілеген бешпенті мен джинсі мың құбылып, әншейін құлпырып сала береді. Әсіресе, джинсі қатқан. Асыл заттың аты асыл зат. Екі қолтығынан таудың тастай суық, көкпеңбек суы удай төмен қарай үздіксіз саулап құлап жатқандай ма, қалай. Қисайта киген кепкасына қолын апара беріп еді, қызыңқырап кетіпті. «Өй, нағыз былғары емес, жасанды ма, немене?»- дегенде жүрегі су ете қалды. Жерлес кандидаттың үйіндегі кербез жеңешесі ана бірде: «Сықырлаған синтетика модадан қалды. Қазір жүн, вельвет, тері, былғарының қаны жерге тамбайды»,- деп еді. Былғарысы былғары-ақ, бірақ жасанды болғаны қалай болар екен? Әйтсе де Мұрат мұны да тез ұмытты. Біраздан кейін әлгі кепканың қызуы ішіне түскендей алағыза бастады. «Маған қарағанда арық ат секілді Дәлешті кім суретші деп ойлайды»,- деген астам ойларға дейін барды. Қарсы кездескен бір-екі көршісіне:

— Оу, хал нешік?- деп, көшені басына көтере сәлем беріп еді, неге екені белгісіз, олар бастарын әрең изеді. Көздері мұз ба, тас көмір ме, әйтеуір, сұп-суық шыңылтыр. Төмен қарап тістеніп, күйзеле-күйзеле кете барды. Іштей: «Шоқ, шоқ, бәлем, сендерге сол керек, іштерің күйсе тұз жалаңдар»,- деп еді, бас терісі мүлдем кеңіді. Кешені құлдилаған сайын қарапайым пенде қарауға қорқатын жұп-жұмыр торпедоға айналып бара жатқанын айқын. сезінді.

Сол аққан беті сыраханаға қойып кетті. Сапты аяқтап сыра үлестіріп тұрған кавказ жігіті. бәлен жыл жүздеспеген туысын көріп қалғандай Мұратқа шұңғыл қабағының астынан жылы ұшырай қарады.

— Ұшып жүрсің бе, геноцвале?- деді кілемге айқастырып іліп қойған екі қанжар секілді қос тарам мұртын жыбырлатып.

— Ұшу аз, қалықтап жүрмін, геноцвале Вано!- деп, айқастырған екі алақанын төбесінен асыра көтеріп, қысып-қысып қойды. Телевизорда рекорд жасаған спортсмендер сөйтетін.

— Қалықта, қалықта! Қыран қалықтаған күйі өледі,- деді Вано самбырлап. «Қалықтаған жөн, өлгені қалай?» Тіксініп қалды. Минут қана тіксінді. Көтеріңкі көңіл ондай оңғақ ойларға табан тіретпей, алып-ұшып тұрған. «Өзін де, мені де қыранға теңеген шығар» деген ойға оп-оңай бұра салды.

— Құй сырадан! Төртеуін бірден...- деп қысқа әмір етті. Мұрат соңғы кезде сыраға ақша төлемейтін. Әрине, ол тегін ішеді деген сөз емес. Еңбек ақы алған күні: «Айға жеткізсең болғаны. Тек ара-тұра келгенімде кідіртпей құйып тұр»,- деп, Ваноның алдына ондықты тастай салатын. Қалай есептейтінін сайтан білсін, Вано айға жеткізетін. Есесіне қашан келсең де, көбігі бұрқыраған суық сыра дайын. Және дос-жарандарын ертіп келетін. Қызыл құлақ жайлы оларға тіс жармайды. Сырт қараған жанға сыраны тегін ішкен есепті. Соның өзі жатқан абырой. Мейлі, «Біздің Мұрат Ваномен ішек-қарны араласып кеткен дос екен, сыраға дейін көк тиын төлемей іше береді»,- деп ойлап жүрсін. Ваноға егіздің сыңарындай ұқсас, киімдері кіл дефицит, қабақ-қас, шаштары қою келген біраз жігіттері сыраны тегін сыңғытады.

Әрине, Дәлеш тиынсыз сыраға таңданып қалды. Небір сыр тұнып жататын сабырлы жігіт қой, түсін бермеді. Қызық болғанда, суретшілердің арасынан да кейде салмақты, біртоға жігіттер сиректеу болса да ұшырасып қалады.

Екі сапты аяқ сыра өңештен өтіп кеткен соң Мұрат тіке халықаралық жағдайды жіліктеуге кірісті. Бұрын мемлекеттердің ішкі, сыртқы ісіне қолын көп сұқпаушы еді, бүгін капиталистік елдерге қатты тиісті. Жанталасып қаруланып жатқан Рональд Рейганға «өкпеледі».

Басы ауырып тұрған Дәлештің миы су боп кеткен бе: «Иә, иә... қайтесің соларды»,- деген қолпаш пен ауық-ауық басу айтудан аса алған жоқ.

Ренжіңкіреп қалды Дәлешке. «Өй, жаныңдағы адамың шыбындаған аттай басын шұлғып, ығыңа жығыла беретіні қандай жаман. Былай қарсы келіп болса да, тірлігін білдірмей ме, таласты қыздырмай ма». Ол ойға ілесе: «Қой, суретті көркейтемін деп жүріп, саяси білімнен қарайып қалған, сірә. Қашанғы жалғыз жорта беремін. Әңгіме ортақ болсын, мұның суретіне көшейін»,- деп ұйғарды.

Сурет әлемінен ептеп хабардар еді. Тоғызыншы ма, оныншы класта ма, мектепте «Өнер тарихы» үйірмесі ашыла қалған. Жетекшісі - ҚазПИ-дің сурет-сызу факультетін тамамдаған сұр бойдақ жігіт (Қарғап қойғандай суретшілердің кіл сұр бойдақ келетіні несі екен?). Мұрат ондай жаңалықтан құр қала ма, үйірмеге жазылған. Ол кезде үй арасындағы кез келген шатақ шаруадан бастап, жақсылықтарды да құр жібермейтін сотқар да, құлағы түрік, жан дүниесі бай бала еді. Үйірме сабағы Испаниядағы үңгірден табылған мүйізі қарағайдай, жалы жырта қарыс, ғажап құж бұқадан басталды. Балалар бұқа туралы сұхбатқа сұғынып, еліткен жоқ ондай шоң мойын алпауыттар іргедегі сиыр фермасында жыртылып айрылатын. Әңгіме орта ғасыр суретшілеріне ауысқанда бозбалалар маңынан қымын мен жымын, бір-бірін түртіп қалу секілді оқыс та тосын қимыл күрт көбейген. Моншадан шыққандай бәрі қып-қызыл. Әсіресе Микеланджело, Рафаэль, Рембрандт деген суретшілердің қыз-келіншектерді арқау еткен көптеген шығармалары ұлдарға керемет ұнады. Қиялдарын қозғады. Сабақтан шыққасын да көше бойы қызыл-кеңірдек болып, қызу талдады. Ал бойжеткендер ондай-ондай мәңгі өлмес туындыларды терең ұқпай қалды ма, үйірменің келесі жиынына бір де бір қыз келмеді. Есесіне ұлдар класқа сыймады. Көрші мектептен ылғи бозбалалардан тұратын делегация келді. Сол үйірмеде көрген «Даная», «Жаңа туған Венера», «Ұйықтап жатқан Венера» сияқты суреттерді Мұрат кейін де ара-тұра еске алатын. Бір түрлі тынысы жиілеп сала беруші еді. Сүйегі асыл шығармалардың адамға берер әсер, бөлер сезімі осылай-осылай болады екен. Отау құрып, шаңырақ көтергеннен кейін бәрі жайына қалды. Әйтсе де сурет өнеріне бағышталған мәңгі махаббат жан дүниесінің қалың қатпарларында көзі жылтырап, жасырынып жатушы еді.

Сол махаббаты бар болғыр әнеугүні Майсара екінші сменаға қалып қойған күні қайта қыстады. Балаларды жатқызып, оңаша қалғасын «Модильяниді» армансыз парақтаған. Еркектердің суретіне көп үңілмеді, ондай тұстарда беттерді тез-тез аударып жіберген. Соңында іздегенін тапты. Еңбегі ақталмады. Модильяниден көңілі мықтап қалды. Венера, Даная секілді келісті ханымдар бұл суретшіде атымен жоқ. Есесіне кейде бір көзі соқыр, бірде екі көзі қабатынан зағип, оны азсынса беті қисайып кеткен ұзын мұрын, ырғай мойын ұсқынсыз әйелдер қаптап жүр. Баяғыда класта қыздарды ұлдарға, ұлдарды қыздарға айдап салып, атыстырып-шабыстырып қоятын сүйкімсіз шүйкебас болушы еді, қарап отырса, мыналар соның ар жақ, бер жағынан табылып қалып жатыр. «Салса былай... қасы, көзін шығарып, сұлу әйелдерге ұқсатып салмай ма»,- деп, Модильяни байғұсты жерден алып, жерге салып сөккен.

Сол Модильяниден қалып қойған екпесі әлі қара қазандай екен, ай-шайға қарамай Модекеңе тиісті. «Үйге келген сайын Дәлеш алдына жайып салып, көз майын тауысып, қадалады да отырады, хабары бар шығар, не бопты?»- деп түйді. Дәлештің қолтығына көз жіберіп еді, «Модильяниді» асып-сасып жүріп, дәлізде ұмыт қалдырған ба, көрінбейді. «Қап!» - деді. Әйтпесе кітаптан көзбе-көз дәлелдеп, Модекеңді де, Дәкеңді де сеспей қатыратын.

— Осы Модильяниді жақтырмаймын... — Жаңаланып құйылған сыраның көбігін ұртын қомпайта үрлеп тастады.

— Модильяни?! — Дәлеш селк етті. Төбесінен жай түскендей болды. Мұраттың бетіне бағжиып қарады. Бас білмейтін шу асау тайға әй-шәй жоқ қарғып мініп алған тақымы бос жалаң бұт балаға ел қалай жанашырлықпен қараса, Дәлеш те солай қарады.

— Иә, Модильяни... — Мұрат Дәлеш сүйелін басып кеткендей тыпыршыды. Осынау әңгімені бастауын бастап алса да тақиясына тар екенін ұғып қалды. Соған әрі өкініп, әрі ызалана бастаған. Әр нәрсенің реті бар. Қол-аяғы паркет төсеудің де ебі бар. Одан да баяғы үйірмеден білетін Рафаэль, Тициандарды мүйіздегені жөн еді. Жуас түйе жүндеуге жақсы, ол шіркіндер қанша тепкілесең де мыңқ етпейтін кіл нар суретшілер ғой. Алдымен солардың сазайын тарттырып алып, содан соң Модильяниді қалай паршаласа да Дәлеш таңданбас еді, қой демес еді. «Әй, Мұратың қара жаяу емес екен; Қалай-қалай шалықтайды, ә?! Тегін жігіт болмады. Білімін өз бетінше көтеріп, алға ұмтылатынын қара басып неғып білмегенмін, ей? Бәсе, «Модильяни» үйінде тегін тұр дейсің бе»,- деп жағасын ұстар еді.

Амал жоқ, шешінген судан тайынбас, ары қарай да Модильяниді найзалай берді.

— Сен не, Модильяниді білмейсің бе?

— Білемін...- деді таң қалғанынан тынысы тоқтан қала жаздаған Дәлеш. Басқаны күтсе де, Мұраттан дал мұндай беті шылп етпес арсыздықты күтпеп еді.

— Білсең, Модильянидің әйелдерін осы суқаным сүймейді. Анау Тициан, Микеланджелдің қыздары кәдімгі қыздар сияқты. Ал анау ше? Кіл сопақ бас, шашы үрпе-түрпе ши борбайычтар. Оқып отырсам, ол шіркіндерін Мәкең керемет сүйіп салған көрінеді. Сондай сиықсыз әйелдерді кім сүйеді? Ауыш қой. Дені дұрыс адам келіншектерді, міне, мынандай ғып салмай ма? — Екі алақанының қырымен ауаны кескілеп, гитара секілді ғажап пішін жасады.

Бұл кезде таңырқап-таңырқап, онысын да тауысып алған Дәлештің көзінде жымысқы ұшқын жылтырай қалып еді.

— Саған қандай суретшілер ұнайды сонда?

— О, ұнайды, ұнағанда қандай! Кім еді... Микеланжел, Рафайылдардың қатындары... Әлгі қыз-келіншектері қандай сұлу! Суреттерін тос қалтаңа салып жүріп, оңашада әлсін-әлі көргің келеді де тұрады. Ылғи мықынды, омыраулы бикештер... Киімсіз жүреді шеттерінен. Әй, сол Микеланджел, Рафайылдар қырған ғой соған қарағанда, ә! Әйтпесе бірінен соң бірін топылдатып сала бере ме? Сүйсінгеннен салған ғой,- деп барып әрең тоқтады. «Қалаймын, ә! Байқа, екі шоқып, бір қара жұратқа! Біз де оңай жау емеспіз»,-дегендей Дәлешке айдынын салып қараса, ол сөзден қалыпты. Жем жеген атша аяғының басына қарап, столға екі шынтағын сүйей, шаршаңқырап тұр екен.

Сол шаршағаннан есін жия алмай біраз тұрды. Кезекті сапты аяқтарды столға дүрс еткізіп қоя салған Мұрат:

— Әй, Дәлеш, көңіліңе кек алма, журналдағы сенің қыздарың да оңып тұрған жоқ. Модильяниден аумайды,- деп, таза өлтіріп салды.

Суретші күрсінді, сыраны саусақ ұшымен әрірек ысырып:

— Арақ ішейік...- деді. Қиналып айтты.

— Сыра таңдайыңа татымай ма?

— Іш кеуіп кетті.

Дәлеш бетің бар, жүзің бар демей, турасынан салып, сөйлеп тұр. Бұрын бүйтпейтін, көргенді қыздай сызылып тұратын. Жын қағып кетті ме мұны? Ал өзі ішкісі келе ме, жоқ па? Ол туралы барынша ойламауға тырысты.

— Кеттік!

Дәлеш шығар есікке беттеді.

— Қайда?

* * *

— Микеланджелоның сен айтқан мынадай... — суретші ауада алақанының қырымен гитараның бейнесін салды,- қыз-келіншектеріне...

Осыған ілеспейін деп бір тұрды. Майсараға шайды келіп ішемін деп уәде берді. Оны қайтеді? Серттен бір тайсаң, сонан соң өлдім десең сене ме. Бірақ өз-өзінен қанша жасырып тұрса да, себеп басқа еді. Қыз-қырқынға ел-елден салымы жоқ болатын. Майсараға дейін бұл бір үмітпен маңайлаған қыздар уәделесіп алғандай, қыз ретінде кездесуге шыққаннан гөрі, жәй дос болын алуға тырысатын. Өзінен де бар. Қыздарды жұқалаң жүрмін деп ойлай бастаса болды, не сайтаны бар екенін кім білсін, сөзінің әрі қашып, берекесі кететін, ал дос, жерлес қыздардың қасында, керісінше, өзін керемет еркін ұстайтын, өзі де қарқылдап, басқаларды да күлдіріп, ауыз жаппайтын. Сондықтан да қыз айналдырғыш жігіттер мұны қосарынан қалдырмаушы еді. Майсара ғана бұған басқаша қарады. Үйленгеннен бері сол. Сайтандарды ойға да алмайтын. Сурет арқылы көкейіне қорғасынша құйылып қалған перизат бейнелер тағы қинады. «Ерсем бе, жоқ па?» Мыңғы-дыңғы болып, басы қатып тұрғанда Вано сыра сататын төрт бұрыш тесігінен саусақ ұшымен өзіне шақырды.

— Мурик, бір минутке кіріп кет!

«Бір минутке» кірді.

Вано басынан аяғына дейін шолып өтті.

— Блат!

— Блат, блат! Енді қалай!- деді Мұрат қуана-қуана. — Блат ганоцвале!- деді тағы емен-жарқын. Блат түгі жоқ. Бірақ ауыздан шығып кетті. Әрі «блат» десе, Ваномен екеуінің арасы жақындай түсетін сияқты.

Оның да үстінде былғары бешпент, бұтында көк джинс шалбар.

— Енді қыз сағалап жүрсің бе?- деді сырасын сығалап кеткен Вано ары қарап тұрып.

— Сөз бар ма.

— Вай, вай! — Вано таңдайын қақты. — Жолың болсын!

Сыртқа атып шыққан Мұраттың жаны жайланып, бойы жеңілденіп сала берді. «Барамын,-деді, — Микеланжелдің қыздарына!» «Буду ловить кралю!»- деп орысша қосты. Ең шешімді сөзін ол орысша ойлайтын. Сөйтсе табан астынан батыл болып кетеді. Жаңағы сөздерді Вано тегін айтқан жоқ. «Сөз бар ма!» - деп жауап қайтарды. Ер жігіттің екі сөйлегені - өлгені. Барады Микеланжелдің қыздарына. Екі-үш сағатқа Майсара өлмейді. «Даная» мен «Ұйқтап жатқан Венера» қос-қостан елестеді. Бешпенті мен шалбарына көзі түсіп еді, ойпырым-ай, киген сайын түрленіп, құлпыра түсетін неткен асыл зат! Бірде көк, кейде күлгін болып, он өзгеріп, көк көгершінге ұқсапты да қалыпты. Кепкісін шешіп қолына алып еді, нағыз теріден еш жері кем емес, кепкен балықтай жәпірейе жұтынып тұр.

Баспалдақтан ордаңдай басып түсті. Есік алдында тосып тұрған Дәлешті иықтан қағып қалып, саңқ етті.

— Кеттік!

* * *

Микеланжелдің қыздары екеу екен. Салған беттен қаланың көк етіктері деді. Көк етіктерге қарап отырып, Дәлештің әлі күнге дейін түтін түтетпей жүрген сырын да түсінді. «Қасқаң мына үлпілмәлік тотыларды қимапты ғой». Әнеукүні өзімсініп ақыл айтып, ұрсыңқырап келіп Майсараның бір студент дос қызымен таныстырайық дегенде азар да безер ат басын ала қашып еді. Көкейіндегі құрты мына қыздар екен. Қайсысын айналдырып жүргенін білсе, шіркін! Аяғын аяғына айқастырып салған Мұрат екі қызды кезек-кезек бағып, көзімен ішіп-жеп отыр. Қос қыз жүзіктің көзінен етеді. Қасы мынадай, көзі анадай деп, жеке қасиеттерін жіліктеп жатуға Мұраттың қиялы да, тілі де жетпейді. Тек көретін көз керек. Кіргеннен бері ойы кинолентадай зырғып, жылдамдап кетті. Есі кіресілі-шығасылы. Қалай десең олай де, қатқан қыздар. Аяғының басына түскен жол-жол халаттысы Данайға ұқсайды. Ұзын етек халатты төгілдіріп кисе де, Данайдан кем түспейтіні денесінен көрініп тұр. Мынау ма, мынау Майсараны жолда қалдырады. Әрине, кескін-келбет жағынан. «Әйтпесе Майсара үш бала, Мұратпен төрт бала ойнақтап жүрген бір үйді тас-таяқтай қағыстырып отырған айтулы келіншек қой»,- деп, алыстағы қосағын жарылқап тастады. Тентек те тұңғиық ойлар ұйықтай тартып, басын айналдырғаны соншалық, Майсара тап бір бөтен біреуге күйеуге шығып кеткендей үшінші жақтан ойлап, бағалап отырғанын өзі де аңғарған жоқ.

Данай қыз ежірейген Мұратқа қай періште еді, е, Монна Лиза сықылды сылқым да сиқыр жымиып қарап қояды. Өй, түріңнен айналып кетейін ғана...

Дәлеш Шынар атты екінші қызбен ас үйде күбір-сыбыр. Кездесуге шақырып тұрмасын. Жоқ, ақшаның құрғақ сытыры естілді. Ондай қайырлы сытырды Мұрат айшылық алыс жерден аудырмай ести қоятын саққұлақ қой. «Е, ақша сұрапты. Ол неме керек екен?»

Дегенше ас үйден Дәлеш шықты. Қабағы жазылып, жүзі жадырапты. «Осы салпаңқұлақ ас үйде ана қызды шөп еткізіп сүйіп алмасын. Кім біледі, үндемегеннен үйдей пәле шығады»- дегенде өн бойы бір суып, бір ысып, бытықы-шытықы ойларға батты. Әу бастан көңілі ауған халатты қыздың жөні басқа, ал Шынарды Дәлештен неге қызғанып отыр, ол жағы өзіне де белгісіз.

Шынар да бері шықты. Жо-жоқ, сабырлы, салқын қанды, алаулап, қызарып-бозарып тұрған ештеңесі жоқ.

Дәлеш ым жасады: «Балконға шығайық!»

Шықты.

— Институтта бірге оқыған дос қыздар... Екеуі де гобеленші...

Мұрат мырс етті. «Бірге оқыса Дәлеш сияқты тақтай ойып, сурет салмай ма? Гобеленшісі қалай? Дәлешке көмектесетін жай біреулер ме? Былайда қойдай жуас, қозыдан момын Дәлеш мына пәтерге өз үйіндей тайтаңдап кірсе, онымен қоймай бұрын көрмеген, білмеген Мұратты ертіп әкелсе, ұялмай-қызармай ақша сұраса, тегін болмады...»

... — Мә, он сом! Гастроном тиіп тұр, бір бөтелке... — Дәлеш ойланды, — Сенде қанша бар?

— Үш сом...

— Бар да, екі бөтелке арақ алып кел.

— Сен ше?- деді Мұрат тығылыңқырап.

— Екеуміз бірдей кетіп қалсақ ыңғайсыз болар. Мен осында қалып, әңгімеге тарта тұрайын.

— Сен қайсысына ен тақтың? — Біреу естіп қоятындай еңкейе түсіп, сыбырлай қалды.

— Ен таққаны қалай?

— Сенің қызың қайсы? Ақша бергені ме? Шынар ма? — «Иә, дәл үстінен түстің, ақша бергені»,- деп салса деген тілек ар жағынан түрткілеп тұр. Әйтеуір жол-жол халатты Данай қызға жоламаса екен. Қыздармен бөлмеде оңаша қалып, арақ ішкен кезде жігіттер ыңғайы келгенін бейімдей бастау керек деп ұғатын. Бригададағы су жұқпастардың сөзіне сенсе, сөйтетін көрінеді.

Дәлеш күліп, Мұраттың арқасынан қақты.

— Әй, Мәке-ай! Дос қыздар дедім ғой. Немене, түсінбей қалдың ба? Жарайды, әуелі гастрономға барып кел. Келген соң жата-жастана түсіндіремін.

«Е, қасқырым! Бәсе, осылай десейші!- деп ойлады дүкенге қарай құлыперен шапқылап бара жатып. — Пәле, нағыз пәле мына Дәлеш үндемей жүріп. Қу өзі, Шынарына шаң жуытпайды. Әй, жата-жастана түсіндіргені құрысын, жем-жемге келгенде халаттыға жүгіріп жүрмесін. Қой, иттікке бара қоймас. Есі бар жігіт. Дос дейді мәймөңкелеп. Айтар... Қыздың аты - қашан да қыз. Иә, бойдақ паркетшілер солай дейді. Қыздармен дос болмайды, қыздармен жүреді. Сосын күйеуге тиеді, әйел болады. Туһ, бас қатып кетті. Әйтеуір, арты қайырлы болсын. Тәуекел - теңіз, мен - қайық».

* * *

...Төртеуі шағын столдың төрт құлағына ие. Манағы сыра бойға жайыла бастады ма, көзі кілбиіп, ұйқысы келгендей. Есінеп қоймасам игі дегенде зәре жоқ. Ақтың бір бөтелкесі таусылуға жақын... Микеланжелдің қыздары мұздатқыштан алған жеңіл шарапты орталай алмай арманда. «Зіңгіттей-зіңгіттей түрлері мынау, сусын орнына жүретін жеңіл шарапты неге қағып-қағып жібермейді? Су ішкен тауықтайын шөпең-шөпең етеді. Адамның ызасы келеді тіпті» - деп, екі қолы алдына сыймаған Мұрат қарадай таусылды. Басы дың-дың. Дәлеш пен қыздардың аузы жабысып қалыпты, бастарын түйістіріп алып, күбірлеседі кеп, күбірлеседі кеп. Бір мезетте қос сылқым аяқтарын айқастырып салып, шалқая отырса, Дәлеш екі бүктеліп еңкейе түседі. Сөздері түкке тұрғысыз. Құлағын қаншама едірейтіп тіксе де ештеңе ұғып болмады. Жағдайды жата-жастана түсіндіремін деп еді, Дәлеш онысын қашан бастайды? Ар жағына бірдеңе барғасын ұмытып кетті ме, кейінге сары майдай сақтап отыруы да ықтимал, қалай айтса да Мұратқа көңіл бөлмейді мына Дәлеш. Қарамайды да. Әдейі істей ме? Құрығанда өзі қай қызда ойы бар, аяғынан басып болса да, білдіріп қоймай ма. Білдірсе бітті, Мәкең білек сыбанып кірісіп кетпей ме. Немесе Мұратты балконға шығарып алып, «анау - менікі, мынау - сенікі» - деп, жақтан басты айырып, айтып-айтып тастаса... Әйтпесе мынау не, бұзау да емес, сиыр да емес, итіс-тартыс дүбара жағдай. Өнер-сөнерге жолап кетсең осы, не істеп, не қоярыңды білмей басың қатып, әркімнің аузын аңдып отырғанын.

Енді бар ғой, сөздері сөз емес, әншейін шөп-шалам.

Дәлеш:

— Иә, гобелен бетінде қазіргі көркем суреттің ең озық жетістіктері ою, кілем тоқу секілді қазақтың ежелгі қол өнеріне тоқайласып жатыр...- деп, мардымсиды. Өй, бала не деп тантып кетті? Кім мен кім гобелен үстінде тоқайласады дейді. Көйіткеніңе болайын... Көркем сурет қайда, ою қайда? Оны қойшы, екеуі гобелен үстінде тоқайласа ма екен? Кілем үстінде палуандар айқасып, тәжікелесіп жатпаушы ма еді. Сурет сурет деп жүріп, Дәлештің миы ашып, көжеге айналыпты, творчествосы құрғыр көтеріп кеткен ғой, басқа не дейсің.

Қызықты қара! Дәлеш сұмдық ақылды бірдеңе айтып тастағандай, жол-жол халат киген Данай қыз:

— Дұрыс айтасың, Дәлеш,- деп толықсиды. — Монреаль қай жылы қазақ гобеленіне тік тұрып, қол соқты. Сол факт гобеленнің біздің топыраққа бұйырған етене өнер екенін дәлелдемей ме, Көр де тұр, гобеленнің де өз Пикассолары көп күттірмей шығып қалады.

Мәссаған, безгелдек! Гобелен дүрден қашып құтыла алмай отырғанда Пикассо мұндар қайдан сопаң етті? Ізіне шам алып түсетіндей Гобелен бейшарада бұлардың қандай қысқада кегі, ұзыннан өші кеткен? Осынша үздігуіне қарағанда Гобелен, Пикассолары өліп қалған біреулер ме? Сыраханада Дәлештің мықты деп мақтаған суретшілері әрі алғанда бес жүз, екі, үш жүз, бері алғанда отыз-қырық жыл бұрын киер киімге, ішер асқа жарымай өтіпті. Тарс етіп атылып өлген, у ішім сілейіп қалғандары әсіресе жойқын, мықты дейтін.

... — Солайы солай. Көркем суреттің мың түрлі сам алуан мүмкіндіктерін еске алсақ, қайткенмен де гобелен көкжиегі тарлау,- деп, Шынар қыз кезекті әнін бастай беріп еді, гобелен жыры ұзаған сайын жүйкесі жұқарып, қаны көтеріліп-көтеріліп кетіп отырған Мұрат күйіп кетіп, үрдіс қимылға көшті. Ана жылдары бетон құйғанда күш түскеннен тамырлары адырайып, көстектей ұзарып кеткен қолын екінші бөтелкеге созып жіберіп, аузын ашты, Дәлешке, өзіне көп-көп қып арақ құйды. «Жетеді, жетеді, рақмет!»- деп қылымсыған қыздарды пенде құрлы көрген жоқ. Фужерлерін шарапқа аузы-мұрны демей шүпілдете толтырды. Мұнысы тақа ақыл екен. Екі қыз манадан бері итпісің, кісімісің демей, танау көтеріп отыр еді, енді пластмасса қуыршаққа жан бітіп, аяғынан жүріп кеткендей-ақ Мұратқа үдірейе қарады. Не болса о болсын, атқа жемшөп мол болсын деп, бел ортадан басып, күмпілдеп сөйлеп кетті.

— Ішіп тастайық, қыздар! — Екі бойжеткенге шақырайыңқырап қарап алды. Дәлешке дүрсе қоя берді. — Әй дос, неменеме жаңа түскен келіндей қылмиып отырсың? Көрмей-білмей жүрген арағын ба? Сыраны шімірікпей-ақ ашырқанбай-ақ суша сіміруші ең! — Дәлеш шынымен жаңа түскен келіншек құсап, қынадай қызарды. — Ей, қойшы өзің де. Суретші, суретші дегенге... Өмір бір-ақ рет келеді... Гобелен-Мобелен, Пикассо-Микассо... Па, шіркін! Қатырыпсыңдар... Қысқасы, ішіп-жеп, ойнап-күліп қалғанға пе жетсін. Ертең, немене, тырайып-тырайып өлеміз де қаламыз, құрт-құмырсқаға жем боламыз. Неше түрлі қатқан қыздар да сөйтеді,- деп бір қойған Микеланжелдің қыздарының көзіне жыбырлаған құрт-құмырсқа елестеп кетті ме, Мұрат жақ беттерін алақанымен көлегейлей қойды. Қалжыңға да өстіп қорқатын бұл неткен әйнек қыздар! — Ендеше, бір күн болса да сауық-сайран салып, сау-саламат жүрейік. Аман болайық. Ал кеттік, қыздар! Алға, Дәлеш! — Алдындағы арақты қағып тастап, бойжеткендерге астам да асқақ қарап еді, ерін тимеген шараптары көлкілдеп сол күйі тұр. «Алға, Дәлеш!» Рюмке шетін тістеп, әдеппен аз ғана ішті де, сылқ етіп орындық арқалығына шалқая кетті.

Терісі кеңіп, жадырап қоя берді. Екі қолын кеудесіне айқастырып салып, бұған үн-түнсіз қарап қалған қыздар жаңағыдан гөрі уытты әрі салауатты лебіз күткендей. Баяғы қыз-жігіттер бас қосқан кештерде мұндай өліара тұстарда аңыратып анекдоттар айтатын. Қыздар тобы бас жаққа барыспаса да, сүйсініп қала ма, сылқ-сылқ күліп, жандары кіретін. Жігіт-желең, қыз-қырқын арасындағы қандай бір биік Қытай қорғандары қопарыла құлап, ынтымақты ызы-қызы дүрк басталып беретін. Сол мәрттігі есіне түскен Мұрат ес жинатпастан дереу анекдоттың жалына жармасты.

— Баяғыда екі адам моншада кездесіп қалыпты да...- деп бастап жіберіп еді, «Е, неғып байқамағанбыз, жігіттің сырттаны дәп қасымызда отыр екен»,- дегендей екі қыз құныға түсіп, Мұратты көздерімен ішіп-жеп, өліп барады. Дәлеш: «Өй, пәлі! Маған қарама! Мен біткен адаммым. Айта түс. Қыздыра түсі Осындайда қайнатпасаң, қазанды қайда қайнатасың»,- дегендей, столдың астынан тізесінен бұрап, шымшып қойды. Әуел бастағы сыпайы, кішіпейіл бала анекдот айналасы он минуттың ішінде тұздала-сөлдене келіп, арыстай-арыстай әке, ата анекдотқа айналды. Әр анекдот сайын біреу қызықтап тұрғандай аһа-аһалап қарқылдап күліп алады. Басқалар қайтып отыр, аңғарудан қалды.

Бір уақытта есін жиса, жын соққандай жападан-жалғыз қарқылдап күліп тұр. «Мотор ма, мотор, еһе-һеу, жаңа қызды»,- деп желпініп қойды. Гобелен бойжеткендері ішек-сілелері қатып-қатып, күлкілерін тауысып алған ба, тым-тырыс, мелшиіп-мелшиіп қалған. Халатты қыз бұрышқа, Шынар терезеге қарайды. Көздер!- мұз. Дәлеш сыпайы жігіт қой, бұға түскен. «Қой,- деп ойлады. — Қой, сөзді қысқартайын. Құрғақ қасық ауыз жыртады. Арсы-күрсі қимыл керек. Екеуі бой қыздырар би күтіп отыр. Сөзден гөрі биге жуық қыздар емес пе».

Сөйткенше Дәлеш қалың ұйқыдан шошып оянғандай орнынан тұрып:

— Отырып қалдық. Көңілдеріңе көптен-көп рақмет! Бек ризамыз. Артық-кем кетсек кешіріңдер!- деп көңірсітсін.

«Қап, мына сығырды-ай! Әңгіме жаңа-жаңа қызып, жөнін тауып келе жатса... Мәкең жүз грамды ішке салып жіберсін, сосын...»

— Кәне, қыз-жігіттер! Ал көкең бастасын бір...

Көсеудей қолы тағы созылып, стол үстінде асыр салды. Қылдырық бел рюмкалардың төбесіне нән бөтелкенің үңірейген аузы әзірейілдей төнді. Ит жылғы бойдақ кештерде жалпақ жұрт Мұратты бір ауыздан тамада сайлайтын. Өстіп апырып-жапырып, қандай көңілсіз кештерді қан көбелек ойнатып, шаңын аспанға шығаратын. Мұрат та сол сары тіс өнеріне қамшы басты. Ұмытпаған екен, қатын алып, бала-шағалы болса да, шүкір, тұғырынан түспеген екен.

— Өй, кетейінің не! Жындымысың! Тамада мен бе, сен бе? Мен. Астыңнан су шыққан жоқ, орнына отыр да, сөз тыңда. Жігіттік намыс қайда? Бөтелкені тауысып кетеміз. Бойжеткендер бұдан бәрібір татып алмайды. Солай ма, қыздар, қызғалдақтар? — Микеланжелдің бүлдіршіндей балаларына әзілдің түбін түсірген шыраймен қарап еді, «Алған бетіңнен жарылқасын!»- дегендей күлімсіреп қалыпты. Тас еріндері жібімеген қызық күлкі. Кім еді, Монна Лизаның сиқыр күлкісі... Е, ендеше, бұған не жорық, кетті марғау асып. — Алып тастайық, жігіттер! Сосын би билейміз, ән шырқаймыз. Міне, бүйтіп!- дей беріп, біреу қуып келе жатқандай рюмкадағыны және қағып салды.

Күркіреп ән бастады.

«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да...»

Ән қалай аяқталды, есінде жоқ.

...Жан-жағына көзін ашыңқырап қараса, өзі жол-жол халатты қыздың жанын қоярға жер таптырмай: «Билейік те билейік!»- деп, ортаға сүйреп жүр. Былғары бешпент, кепканы шешіп, диванға қалай болса солай лақтырып тастапты. Арқасынан орай құшақтап, есікке қарай икемдеген Дәлешті итеріп жіберді ме, өзі шалынып қалды ма, бешпент пен кепканың үстіне жалп етіп отыра кетті. Ақша беретін қыз көзі ежірейіп, төне түсіп бірдеңелерді қызу-қызу айтып жатыр.

— Нақұрыс!

Бұл сөздің кімнің аузынан шыққанын, кімге арналғанын ақы сұраса да білмейді.

Бір мезгілде кім ұстатып жібергені беймәлім, қолында былғары бешпент пен кепка, көшеде жападан-жалғыз теңселіп тұр. Түн бе, кеш пе, белгісіз, ала көлеңке. Күн көрінбейді.

* * *

Ояна кетсе, екі қол, екі аяғы төрт жаққа кетіп, диван үстінде шалжайып жатыр... Төбесінде люстра жарқырайды. Өз үйіндегі үш тармақты арзанқол люстра... Сынып әкетіп бара жатқан басын әрең көтеріп, төңірегіне көз салды. Өз үйі... Орындық арқалығында балағы батпақ-батпақ көк джинс ілулі тұр. Оң қалтасын шеге ілген бе, тігісін бойлай отыз сантиметрге дейін қақырап түсіпті. «Біткен екенмін!» Дәрмені құрып, диванға шалқалай кетті.

Есік ашылды да, жапсарынан Гүлмайра жылтиып қарады. Кіруге бата алмай тұр. Жатқан күйі ыңырсып, әрең сөйледі.

— Келе ғой.. Гүлә... Келе қой, жаным... — Әкенің аты әке, Гүләсі екі айтқызбай жүгіріп келді. Келе кішкене алақанын маңдайына басты.

— Папа, ауырдың ба? Міне... бүйтіп келдің... — Көзін алайтып, басын қисайтып, екі бүйіріне кезек-кезек теңселді. — Әйбат бешпент жоқ. Әйбат қалпақ жоқ...

Орындық жаққа бейжай көз тастап еді, көк джиис шалбар жетім-жесір қалған екен. Бешпент, кепкінің көзін құртыпты...

— Бар, қызым, ойнай ғой.

Басынан сипады да, ірге жаққа аударылып түсті. Ұзақ жатты. Қонақ үйде әлдекімдер сыбырласып, сөйлесіп жатыр. «Папа, құһ, құһ...» Гүләнің даусы. Көзі ілініп кеткендей еді. Әлден уақытта біреу иығынан түртіп қалғандай болды. Іргеге қарай аунаған күйі мойнын зордың күшімен бұрса... екі алақанын айқастырып алдына салған Майсара бұған телміріп қарап, орындықта үнсіз отыр. Аяу ма, жақсы көру ме, қалай десе де жанарында жылылық ұялап жатыр. Дәлешке сыйлаған «Модильяниде» Жан... Жанна... «Жанна Эбютерн» деген келіншектің суреті болушы еді, содан аусайшы.

Мұраттың көз алды буалдыр тартып, кеңсірігі ашыды.

Майсара орнынан тұрды.

— Ваннаға барып, суық душқа түс! Тамағың әзір.

Есікке беттеді.

Сүйретіліп диваннан түсті. Қонақ үйге басын төмен салып кірді. Балалар ұйықтап қалған ба, тірі жан жоқ. Ac үйден аяқ-табақ сылдыры естіледі. Ваннаның есігін салғырт аша беріп, есік жаққа бұрылып еді, батпақ-батпақ ескі бәтеңкесі ашылып кеткен аузын бері қарата қырынан аунап түсіпті...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер