Роман
Ұлыма арнаймын
Қаракөлеңке тар бөлмеде, терезе алдында, еденде әкем жатыр. Ақ кебінге ораулы бойы шамадан тыс ұзарып, жалаң аяғының башпайлары біртүрлі боп тарбайып кеткен, көкірегіне қусыра салған сүйкімді қолдарының саусақтары да қисық-қисық; жарқын көздерін бақыр ақшамен мықтап бастырып қойған, мейірімді жүзі қарауытып кеткен, сүйкімсізденіп ақсыйған тістерінен зәрем ұшып тұр.
Қызыл юбкалы, жалаңаш-жалпы шешем әкемнің ұзын, ұяң шашын қара тарақпен шалқасынан қайыра тарап, тізерлеп отыр; бұл тарақпен мен қарбыз қабығын изеп кесуді тәуір көруші ем; шешем қарлыққан жуан қоңыр дауыспен бірдеме деп дамылсыз сөйлеп отыр, көкшіл көздері ісіп кетіпті, жас боп бұршақтап ағып, еріп бара жатқандай.
Басы қазандай, үлкен көзді, кісі күлерлік қомпақ мұрынды, жұмыр денелі нағашы әжем қолыннан ұстап тұр; тұлабойы қап-қара, жұп-жұмсақ, әрі тамаша сүйкімді; шешемнің даусына біртүрлі ерекше және келістіре үн қосып, әжем де жылап тұр, тұлабойы қалш-қалш етеді де, мені әкеме таман итеріп, жұлқылай береді; мен шегіншектеп, оның тасасына тығыла берем; үрейленіп ыңғайсызданып тұрмын.
Үлкендердің жылағанын ешуақытта көрмеген ем, әжемнің:
— Көкеңменен қоштасып қалсайшы, оны енді өмірбақи көрмейсің ғой, ол айналайын, жасына жетпей, мезгілсіз өліп кетті ғой... — деп қайта-қайта айтқан сөздеріне түсінбеймін.
Қатты науқастанып, жуырда ғана тұрғанмын; науқас кезімде — мұны жақсы білемін — әкем менімен әбігер боп көңілді жүрген-ді, сосын ол кенет жоқ болып кетті деп оның орнына таңғажайып адам, әжем келіп отыратын болды.
— Қайдан келдің сен? — деп сұрадым әжемнен.
— Жоғарыдан, Нижнийден келдім, бірақ жаяу келгенім жоқ, пароходпен келдім! Суда жаяу жүретін бе еді, пішт! — деді ол.
Мұның өзі әрі қызық, әрі түсініксіз болды: үйдің жоғарғы қабатында сақалды, боянған персияндар, ал подвалда бір кәрі, сары қалмақ илеген қой терілерін сатып тұратын. Сатының қапталына мініп, төмен сырғанап әйтпесе, одан құлап кетсек, тоңқалаң асып та түсуге болатын-ды, — мұны жақсы білетінмін. Бірақ, бұған судың қандай қатысы бар? Бәрі де нанымсыз, әрі шым-шытырық қызық.
— Ал, мен неліктен пішт боламын?
— Айқайлай бергендіктен пішт боласың, — деді әжем де күле сөйлеп.
Әжем емрене, көңілдене, келістіре сөйлейді. Алғашқы күннен бастап-ақ мен оған үйір боп кеттім, сондықтан ол енді осы бөлмеден менімен бірге тезірек кетсе екен деймін.
Мені қатты қыйнайтын — шешем; оның көз жасын бұлап, дауыс еткені көңілімде бір қорқынышты тосын сезім туғызды. Шешемді мұндай күйде тұңғыш рет көруім еді — ол әрқашан қатал, сөзге сараң болатын-ды; өзі тап-таза, жылқыдай жұп-жұмыр, ірі денесі шып-шымыр, қолдары да кереметтей қарулы еді. Ал қазір өнбойы біртүрлі сүйкімсізденіп ісініп кеткен, алқа-салқа, киімінің бәрі быт-шыт; басында үлкен сарғыш бөріктей, тап-тұйнақтай боп тұратын шашы жалаңаш иығын жауып бетіне түскен, оның бір бұрып өрген жартысы әкемнің өлі жүзіне түсе қозғалып тұр. Бөлмеге келіп тұрғаныма көп уақыт болса да, шешем маған бір рет те қараған жоқ, — әкемнің шашын тарап, көз жасына булығып, еңірей берді.
Есіктен қап-қара мұжықтар мен қарауылшы солдат қарай береді. Солдат ашуланып:
— Тезірек әкетіңдер! — деп ақырады.
Терезеге қара шарқат ұстаулы; шарқат желкенше көмпиеді. Бір күні әкем мені желкенді қайықпен серуенге алып шыққан. Бір мезетте күн күркіреп қоя берді. Әкем күлді де, мені екі тізесімен қысып алып:
— Қорықпа, Лук, ештеңе етпес! — деп айқайлаған.
Бір мезетте шешем еденнен азар көтеріліп, сол бойда қайта отыра кетті, шашы еденге жайыла шалқасынан құлап түсті; көзі жұмулы, ақ жүзі көгеріп кетті де, тісін әкемше ақсыйтып:
— Есікті жабыңдар... Алексейді әкетіңдер! — деді қорқынышты дауыспен.
Әжем мені итеріп тастап, есікке қарай ұмтылды:
— Қорықпаңдар, ағайындар, тие көрмеңдер, кетіңдер, құдай үшін! Бұл — холера емес, толғақ, қой келген, рақымшылық етіңдер, жарқындарым! — деп айқайлады.
Мен қараңғы бұрыштағы сандық артына тығылып қарадым да отырдым: шешем еденде аһлап, тісін қайрап, ондалап жатыр, әжем оны шыр айнала күйбеңдеп жүр.
— Құдай үшін! Варюша, шыдап бақ..! Әулиенің әулиесі, шарапатты Мариам-ана... — деп көңілдене елжірей сөйлеп жүр.
Зәрем ұшты; екеуі еденде әкемнің жанында әбігер боп жүр, әкеме соқтығысады, сарнап айқайлайды, бірақ әкем былқ етпейді, күліп жатқан тәрізді. Едендегі әбігер ұзаққа созылды; шешем әлденеше рет түрегеліп, қайтадан құлай берді; әжем, үлкен жұмсақ қара доптай, бөлмеден домалай шыға-шыға жөнеледі; бір кезде қараңғыда бала шыр ете қалды.
— Құдайға шүкір! Ұл бала! — деді әжем.
Сонсоң шырақ жақты.
Мен, сірә, бұрышта отырып ұйқтап кетсем керек, — басқа ештеңе есімде қалмапты.
Бұдан соңғы бір есімде қалғаны — жауынды күн, бейттің меңіреу бір түкпірі: өзім бір тайғақ, былшырақ төбешік басында, әкемнің табытын түсірген шұңқырға үңіліп тұрмын; шұңқыр түбі шалқыған су, ішінде тарбақалар жүр, — бір-екеуі табыттың сары қақпағына шығып та үлгірді.
Қабыр басында — мен, әжем, үсті-басы малмандай қарауылшы солдат және қолында күректері бар ашулы екі мұжық. Бәріміздің үстімізге моншақтай ұп-ұсақ, жылы жауын сіркіреп тұр.
Қарауылшы шетке таман шығып:
— Топырақ тастаңдар, — деді.
Әжем басындағы орамалының ұшымен бетін басып жылап қоя берді. Мұжықтар еңкейіп, қабырға тез-тез топырақ тастай бастады, су шылп-шылп етті; тарбақалар табыттан секіріп түсіп, шұңқырдың жарына шапши бастады, кесек-кесек топырақ оларды қайтадан шұңқырдың түбіне ұшырып түсірді.
Әжем, мені иығымнан тартып:
— Кейін тұр, Леня — деді, мен оның қолынан сытылып шықтым, кеткім келмеді.
Әжем:
— Құдайым-ай, бұл неғылғаның, — деп, әлде маған, әлде құдайға ренжігенін білдірді де, төмен қарап, үндемей ұзақ тұрып қалды; қабыр бетінен келе топыраққа толды, әжем әлі тұр.
Мұжықтар топырақты күрекпен сылпылдата соғып жатыр; жел үрлей жаңбырды айдап әкетті. Әжем мені қолымнан жетелеп, самсаған қара крестер арасындағы алыс бір шіркеуге апарды.
Қоршау сыртына шыққан соң:
— Сен неге жыламайсың? — деп сұрады әжем. — Жылап алсаң еді!
— Жылағым келмейді, — дедім.
— Е, жылағың келмесе, жыламай-ақ қой, — дей салды әжем ақырын ғана.
Бұның бәрі таңқаларлық еді: мен сирек жылайтынмын, онда да таяқ батқандықтан емес, жәбірге шыдамай жылайтынмын; мен жыласам, әкем әрдайым мазақ етуші еді де, шешем:
— Жылаушы болма! — деп ақыратын.
Кейін біздер жайдақ тарантасқа мініп, өте лас бір кең көшенің бойымен, қара-күрең үйлерің арасымен жүріп өттік; мен әжемнен:
— Тарбақалар шұңқырдан шыға алмай ма? — деп сұрадым.
— Жоқ, енді шыға алмайды, — деп жауап қайырды әжем. — Құдай есіркесін оларды!
Құдайдың есімін әкем де, шешем де бүйтіп жиі, әрі шын ниетімен аузына ала бермеуші еді.
Бірнеше күннен соң мен, әжем және шешем үшеуміз пароходта, кішкентай каютада келе жаттық, дүниеге жаңа келген інім Максим қайтыс болған, сыртынан қызыл құрмен құндақталған ақ кебінге ораулы, бұрыштағы стол үстінде жатыр.
Мен, буылған түйіншектер мен сандық үстіне орнығып алып, аттың көзіндей бадырайған, дөңгелек терезеден қарап отырмын; дымқыл әйнек ар жағында құлазыған, көбік шашқан ұшы-қиыры жоқ су шалқып жатыр. Кейде шапшып, әйнекті жалап-жалап алады. Ондайда мен еріксіз еденге секіріп түсемін.
Әжем:
— Қорықпа, — дейді де, жұп-жұмсақ қолымен мені оп-оңай көтеріп алып, түйіншектердің үстіне қайтадан отырғызады.
Су бетінде — буалдыр, дымқыл тұман; әлдеқайдан, алыстан жер қарауытып көрінеді де, тұман мен су тасалап қайтадан ғайып боп кетеді. Айналадағы нәрсенің бәрі селк-селк етеді. Тек шешем ғана, екі қолын желкесіне қойып, қабырғаға сүйеніп, табандап, қозғалмай тұр. Жүзі темірдей боп түтігіп кеткен, екі көзі тарс жұмулы, үнемі бір тіл қатып сөйлеспейді, мүлде біртүрлі боп өзгеріп, жаңғырып кеткен, тіпті үстіндегі киімі де маған бөтен көрінді.
Әжем қайта-қайта:
— Варя, аз-маз тамақ ішсең қайтеді, ә? — дейді оған ақырын ғана.
Шешем тіл де қатпайды, қозғалмайды да.
Әжем менімен сыбырласып сөйлеседі де, шешеммен — дауыстаңқырап, бірақ біртүрлі сақтана, имене, әрі аз сөйлеседі. Менің ойымша, әжем шешемнен жасқанатын сияқты. Бұл маған түсінікті де, сондықтан әжеме жақындығым одан сайын арта түсті.
— Саратов, — деді шешем күтпеген жерден қатты дауыстап, әрі ызғарлана сөйлеп. — Әлгі матрос қайда?
Шешемнің сөздері де таңғажайып, бөтен сөздер: Саратов, матрос дейді.
Каютаға көк киімді, ақ шашты төртбақ адам келіп кірді, бір кішкентай жәшік әкелді. Әжем жәшікті алды да, оған киімнің сүйегін сала бастады, салып болды да, қолын соза ұстап, есікке қарай алып жүрді, бірақ әжем жуан еді, каютаның тап-тар есігіне тек қырынан ғана сыятын-ды, сондықтан есік алдында ыңғайсызданып кідіріп қалды.
Шешем:
— Әй, мамеке-ай! — деп дауыстап, әжемнен табытты жұлып алды да, екеуі жоқ боп кетті; мен көк киімді мұжыққа қарап, каютада қалып қойдым.
Ол маған қарай еңкейіп:
— Қалай, інішегің өліп кетті ме? — деді.
— Сен кімсің?
— Матроспын.
— Ал, Саратов деген кім?
Қала ғой. Терезеден қарашы, мына тұрған сол ғой! Терезе сыртында жер теңселіп тұр. Қарауытып, жарқабақтанып, үстінде тұман үйіріліп жүр, тегенедей қалаштан жаңа ғана кесіп алған үлкен кесек нандай болып көрінеді.
— Әжем қайда кетті?
— Немересін жерлеуге кетті.
— Оны жерге көме ме?
— Енді қайтуші еді? Көмеді.
Әкемді жерлегенде, тірі тарбақалардың. да қоса көмілетінін айттым матросқа. Ол мені көтеріп, көкірегіне мықтап қысып сүйіп алды.
— Әй, шырағым-ай, сен әлі ештеңені ұқпайсың ғой! — деді ол. — Тарбақаны аяудың қажеті жоқ, құдай есіркесін оларды! Шешеңді аясайшы, — оны қайғы әбден күйретіп бітіргенін көрмеймісің!
Қақ төбемізден гуілдеп, азынаған дыбыс шықты. Мұның пароход екенін мен біліп алғанмын, сондықтан қорыққаным жоқ, бірақ матрос асығып мені еденге қоя салды да:
— Жүгіру керек! — деп шыға жөнелді.
Менің де зытқым келді. Есік алдына шықтым. Қара көлеңке тар қуыста ешкім жоқ екен. Есікке таяу, баспалдақтарының жезі жалтырап, бір саты тұр. Жоғары қарап ем, қолдарына дорба, түйіншектерін ұстаған адамдарды көрдім. Пароходтан жұрттың бәрі кетіп бара жатқанына күмәнім қалмады — демек, менің де кетуім керек.
Бірақ, бір топ мұжыққа ілесіп, пароходтан жағаға шығатын көпірге таяу бортқа жеткен кезімде, жұрттың бәрі маған:
— Мынау кім баласы? Кім баласысың? — деп айқайлай бастады.
— Білмеймін.
Мені көпке дейін итермелеп, жұлқылап, түрткілеумен болды. Ақырында ақ шашты матрос жетіп келді де, мені ұстай алып:
— Бұл астраханьдық қой, каютадан шыққан... — деп түсіндірді.
Ол жүгіріп мені каютаға алып барып, түйіншектердің үстіне отырғыза салды да:
— Сазайыңды берермін бәлем! — деп сұқ қолын кезеп қойып кетіп қалды.
Төбемдегі у-шу бірден-бірге саябырлайын деді, енді пароход қалтырамайды да, суды да гүрсілдетпейді. Каютаның терезесін бір дымқыл жар тасалады: тас қараңғы, қапырық боп кетті, түйіншектер, тынышымды кетіріп, ісініп кеткен тәрізді, төңірегімнің бәрі жайсыз. Қаңыраған пароходқа мені осылай өмір-бақи жалғыз тастап кетпеді ме екен?
Есікке, келдім. Есік ашылмайды, жез тұтқасын бұрап та болмайды. Сүт құйған шыныны алып, тұтқаға бар пәрменіммен қойып қалдым. Шыны күл-талқан болды, сүт аяғыма ақтарылып, етігімнің қонышына құйылды.
Түк бітіре алмағаныма ыза боп, түйіншектердің үстіне жатып қалдым, ақырын жылап жатып, ұйқтап кеттім.
Ояна келсем, пароход тағы да гүрсілдеп, дірілдеп келеді екен, каютаның терезесі күнше лапылдап тұр. Әжем менің жанымда шашын тарап отыр, әлденені күбірлеп, бетін кіржитіп қояды. Қою шашы иығын, омырауын, тізесін бүркеп тұратын, шашы таңғажайып қалың болатын, қап-қара боп, қошқылдана жылтылдап, еденге түсіп тұр. Әжем, шашын еденнен бір қолымен көтеріп, салбырата ұстап, қалың бұрымына сирек тісті ағаш тарақты азар−азар енгізеді; еріндері қисайып, қара көздері ашулана ұшқын шашады, қалың шаш астындағы беті кіп-кішкентай, кісі күлерлік боп көрінеді.
Әжем бүгін ашулы сияқты, бірақ, шашын неліктен осынша ұзын болды деп сұрағанымда, кешегісіндей мейірімді, әрі ұяң дауысымен:
— Құдай қас қып берген болар деймін бұл антұрғанды, — кәне, тарап жіберші! Осы жалынды жас кезімде мақтан етуші ем, қартайғанда қарғайтын болдым! Сен ұйқтай бер! Әлі ерте, күннің өзі түн ұясынан жаңа ғана шығып келе жатыр... — деді.
— Енді ұйқтағым келмейді!
— Ендеше жарар, ұйқтамай-ақ қой, — деп бірден келісе кетті әжем, бұрымын өріп отырып, диванға қарай беріп; диванда шалқасынан, шектей созылып, шешем жатыр. — Кеше сен шыныны қалай сындырдың осы? Ақырын сөйле!
Әжем біртүрлі ерекше, әндете сөйлейді, сөздері гүлшешекке ұқсаған, сондай жылы, жарқын, нәрлі, көңіліме оп-оңай тоқылады. Жымыйып күлген кезінде, шиедей, қара күрең қарашықтары айтып жеткізе алмастай сүйкімді нұр шаша, ұлғайып кетеді, күлкісі аппақ қаладай тістерін жарқ еткізеді, қара қошқыл бетіндегі әжімнің қалыңдығына қарамастан, бүкіл бет әлпеті жас, әрі жарқын көрінеді. Оның бет шырайын осы бір кең танаулы, ұшы қызарып тұратын қомпақ мұрыны қатты бұзып тұратын-ды. Әжем күмістен әшекейлеген қара шақшадан насыбай ататын. Өнбойы қаралтым көрінсе де, ішінен — көзі арқылы — шашырай шыққан, өшпейтін, жарық әрі жылы сәулемен нұрланып тұратын. Әжем еңкек, тіпті бүкірге таңдық, өте толық, бірақ үлкен мысықша жеңіл, әрі епті қыймылдайтын, — әрі тап сол мейірімді жануардай жұп-жұмсақ еді.
Әжеме кездескенге дейін қараңғыда тығылып, ұйқтап жатқан сияқты едім, ол келді де, оятып, жарық дүниеге шығарды, айналамдағының бәрін ұзына шұбақ жіпке тізіп біріне бірін байланыстырып алуан түсті шілтерше тоқыды да, бірден-ақ жүрегіме ең жақын, ең түсінікті, әрі ең қымбат өмірлік досым боп кетті, — қиын-қыстау өмір шегуге керекті қажымас қуат беріп, байытқан да әжемнің дүниеге деген адал сүйіспеншілігі еді.
Бұдан қырық жыл бұрын пароходтар жай жүзетін-ді; Нижнийге дейін өте ұзақ уақыт жүздік, сондықтан сұлу көріністі емін-еркін тамашалаған сол бір алғашқы күндерім есімде әлі күнге дейін жақсы сақтаулы.
Ауа райы түзеліп кетті: әжем екеуміз ертеден кешке дейін жалтыр аспан астында, күз алтынға бөлеп, жібектен түр салған Волга жағалауларының арасында, палубада болдық. Сұрғылт-көгілдір суды қалақтарымен асықпай ақырын ғана гүмбір-гүмбір есіп, ұзын арқанмен баржа сүйреткен ақ-сары пароход ағынға қарсы жоғары ілбіп келеді. Баржаның түсі сұр, есекқұрт сияқты. Күн Волганың үстінде байқаусыз қалықтап бара жатыр; төңіректегі көріністің бәрі сағат сайын жаңарып, үнемі өзгеріп отырады; жап-жасыл таулар жердің сәнді киіміндегі әсем қыртысы тәрізді; алыстан пряниктей көрініп, жағада қалалар мен селолар тұр; су бетінде күзгі алтын жапырақ қалқып жүр;
Әжем, бір борттан екінші бортқа барып:
— Қарашы, қандай тамаша! — дейді минут сайын, жайнаң қағып, сөйлеген кезде оның көзі де шаттық нұрын шашып жайнап кетеді.
Әжем жағаға үңіле қарап тұрып, мені көбінесе ұмытып кетеді: екі қолын көкірегіне айқастыра салып, бортқа таман барып, күлімсіреп, үндемей тұрады да қояды, бірақ көзі толы жас. Мен әжемнің бажыр кестелі юбкасына жармасам.
Ол:
— Ау? — деп, селк ете түседі. — Қалғып кетіп түс көргендей боп тұр екенмін.
— Неге жылайсын?
— Қарашығым, қуаныштан да, кәріліктен де жылау ғой бұл, — дейді әжем күлімсіреп. — Мен әбден қартайдым ғой, жасымның өзі қысы-жазы бірдей алпыстан әрі асып кетті.
Сосын, насыбай искеп алып, маған мейірімді қарақшылар жайында, әулие адамдар жайында, нешетүрлі авдар мен жын-шайтандар жайында қайдағы бір тамаша ертегілерді айта бастайды.
Әжем, менің бетіме еңкейіп, көзіме зор қарашықтарымен үңіле қарап, ертегіні ақырын, қызықтыра, өзіме дем бергендей, жүрегіме күш-қуат енгізе айтады. Өлең айтқан тәрізді сөйлейді де, сездері барған сайын келістірек боп шығады. Әжемді тыңдағанда адам айтқысыз рақатқа батасың. Тыңдаймын да:
— Тағы айтшы — деп жалынамын.
— Ал, ендеше тағы да былай болған екен: алжыған үй перісі пеш астындағы қуыста отырып алады, табанына лапша жаңқаша кіріп кетеді, сонда ол теңселіп: «Ай, тышқандар-ай, ауырып барады ғой, ай, тышқандар-ай, шыдатар емес қой!» — деп қақсайды екен.
Әжем бір аяғын көтеріп, қолымен ұстап, тербетеді де, жанына батып тұрғандай, бетін кісі күлерліктей етіп, кіржің-кіржің еткізеді.
Жылы шырайлы, сақалды мұжық-матростар әжемді айнала қоршап тұрады, әңгімесін тыңдайды, күледі де, әжемді мақтап:
— Шеше, тағы бірдеме айтшы! — деп олар да өтінеді.
Сонсоң:
— Жүріңіз, бізбен бірге кешкі тамақ ішіңіз! — деседі.
Кешкі тамақ үстінде әжеме арақ, маған қарбыз, қауын беріп қонақ етеді; бұл әрі жасырын істеледі: пароходта бір адам келе жатыр, ол жеміс-жидектерді жегізбейді, тартып алады да өзенге тастайды; үстінде полицейдікіне ұқсас жез түймелі киімі бар, өзі үнемі мас болып жүреді, сондықтан жұрт одан тасаланып жүреді.
Шешем палубаға сирек шығады да, бізден оқшау жүреді. Үнемі бір үн қатпайды. Оның сымбатты, зор денесі, темірдей бон түтіккен жүзі, басына зілдей етіп екі бұрып ораған селеу шашы — шешемнің күшті, орнықты барлық тұлғасы тұманның, әлде мөлдір ақша бұлттың аржағынан көрінгендей есіме түседі; әжемнің көзі тәрізді шарадай, көкшіл, тік көздері сол арадан бұлдырай және сұстана қарайды.
Бір күні шешем:
— Мамеке, сізге жұрт күліп жүр ғой! — деді, ызғарлана сөйлеп.
— Ә, құдай кешірсін дағы оларды! — деп жауап қайырды әжем немкеттілеу сөйлеп. — Күле берсін, мейлі білсін.
Әжемнің Нижнийді көргенде балаша қуанғаны әлі есімде. Мені қолымнан тартқылап, пароход бортына қарай итермелеп:
— Қарашы, қарашы, қандай тамаша! Жарықтық Нижнийің, міне, осы ғой! Бұл қасиетті жарықтық осындай ғой! Шіркеулерін қарашы, қалықтап ұшып бара жатқандай, қарашы, өзің! — деп айқайлады.
Сосын, тіпті жыларманға келіп:
— Варюша, қарашы, солай емес пе, ә? — деп шешеме жалынды. — Ұмытып та қалған боларсың! Қуансайшы!
Шешем қабағын түйе күлімсіреген болды. Пароход бір әсем қаланың тұсына келіп, жүздеген шошақ діңгектері самсаған кемелерге лық толы өзен ортасына тоқтаған кезде, үстіне кеп адам мінген бір үлкен қайық пароходтың іргесіне кеп тұра қалды, төмен салбыратып қойған сатыға ырғақпен тіркесіп алып, адамдар бірінен соң бірі қайықтан палубаға көтеріле бастады. Бәрінің алдында, ұзын қара киімді, алтындай сары жирен шоқша сақалды, бізмұрын, кішкене жасыл көк көзді, аласа ғана арық шал шапшаң басып жүріп келеді. Шешем:
— Папеке! — деп, күңірене қатты дауыстап жіберді де, шалға асыла кетті, шал кішкене қызыл қолдарыменен шешемнің екі бетін тез-тез сыйпап, басын қармалап:
— Немене-е, ақмақ? Еһе-е! Міне, бәсе... Әй, сендерді ме-е... — деп шырылдап, айқай салды.
Әжем бұрандаша дөңгеленіп, жұрттың бәрін бірден құшақтап, сүйіп жүр; мені жұртқа қарай итермелеп:
— Жүрсейші тезірек! Мынау — Михайло ағаң, мынау — Яков... Наталья жеңгең, мынау — бауырларың екеуінің де аты Саша, Катерина апаң, осылардың бәрі біздің тұқым, көрдің бе, қандай көп! — деді бастырмалата сөйлеп.
Атам:
— Денің сау ма, шешесі? — деді әжеме. Екеуі үш қайтара сүйісті.
Атам мені қалың топ кісінің арасынан іліп алып шықты да, басымнан ұстап тұрып:
— Кім баласысын сен, ей? — деп сұрады.
— Астраханьдықпын, каютадан шықтым...
Шешемнен:
— Мынау не деп тұр? — деп сұрады да атам, жауап алуын күтпей-ақ:
— Шықшыты әкесіне тартқан екен... Қайыққа отырыңдар! — деп мені итеріп жіберді.
Жағаға шықтық та, жапырылған қу шөп басқан түйе тайлы биік екі қапталдың арасындағы, үлкен-үлкен жұмыр тас төселген түсе беріспенен, тобымызды жазбай әрге көтерілдік.
Жұрттың бәрінің алдында нағашы атам мен шешем кетіп барады. Атамның бойы шешемнің қолтығынан келеді, қысқа-қысқа адымдайды да шапшаң жүреді, ал, шешем оған жоғарыдан еңкейе қарап, әуеде қалықтап бара жатқандай көрінеді. Олардың соңынан үн-түн жоқ екі нағашы ағам барады: атам сияқты арық, шашы жылмыйған қара Михаил; ашаң өңді, бұйра шашты Яков; өңшең алабажыр көйлек киген бір жуан әйелдер мен бес-алты бала келе жатыр, балалардың бәрінің де жасы менен үлкен және ылғи бір тып-тыныш момақандар екен. Мен әжеммен, кішкентай Наталья жеңешеммен бірге келемін. Өңі боп-боз, көк көз, іші қампыйған Наталья жеңгей әлсін-әлі тоқтап:
— Ой, жүре алатын емеспін! — деп, ентіге сыбырлайды.
— Сені несіне мазалады екен бұлар? — деп күңкілдейді әжем ашуланып, — Неткен ақылсыз тұқым еді!
Барлығы да үлкендер де, балалар да — маған ұнамады, олардың арасында өзімді бір жат кісідей сезіндім, тіпті, әжем де біртүрлі солғын тартып, алыстап кеткендей болды.
Маған әсіресе атам ұнамады; оны мен өзіме бірден-ақ дұшпан санадым да, оған ерекше назар салып, қауіптене қарадым.
Түсеберістің шетіне жеттік. Жапырайған тебенек шатырлы, терезелері баттыйған, күлгін қызғылт бояумен сырланған бір қабат жатаған үй түсеберістің нақ басында, соның оң жақ қапталына мінбелеп, көшені өзі бастап тұр екен. Көшеден қарағанымда зор көрінгенімен, ішіндегі қаракөлеңке бөлмелері кішкентай, тар екен; жер-жердің бәрінде, пристаньға келер алдындағы кеме үстіндегідей, өңшең бір әбігер боп жүрген ашулы адамдар, сұғанақ суық торғайларша тобымен әрлі-берлі зыр жүгіріскен балалар, жер-көкті кеулеген бір тосын қышқыл иіске тап болдым.
Аулаға кіріп бардым. Аула да сүйкімсіз: жер-жердің бәріне үлкен-үлкен су шүберектер ілінген, алуан түсті қоймалжың су құйылған аузы ашық күбілер толып тұр екен. Су ішінде де бөгіп жатқан шүберектер. Бір түкпірде, жартылай құлаған бір үй сымақтың ішінде пеште ағаш отын лаулап жанып жатыр, бірдеме бырқ-бырқ қайнап, өзі көрінбей бір адамның айқайлап:
— Сандал фуксин көкдәрі, — деген бір таңғажайып сөздеpi естіледі.
Мол оқиғалы, аласапыран, адам айтқысыз таңғажайып өмір басталды да, кереметтей зырлап өте берді. Бұл өмір бір мейірімді, бірақ өрескел шыншыл данышпанның жақсылап айтып берген үрейлі ертегісіндей боп есіме түседі. Қазірде, өткен шақты есіме түсіріп көрсем, соның бәрінің тап осылай болған-болмағанына кейде өзім де азар сенем, көпшілігін болған жоқ деп, теріске шығарғым келеді, — «ақылсыз тұқымның» қараңғы өмірінде қаталдық тым көп қой.
Бірақ, аяушылықтан шындық басым келеді, мен өз жайымды әңгімелеп отырғаным жоқ, қарапайым орыс адамының басынан кешірген — тіпті, осы күнге шейін кешіріп те отырған — үрейлі өмір әсерлерінің қытымыр ауыр жайын әңгімелеп отырмын ғой.
Атамның үйін жұрттың бәрінің арасындағы өшпенділіктің ыстық тұманы тегіс жайлаған еді; ол өшпенділіктің уы үлкендерінің бойына әбден сіңген, оған балалар екеш балалар да жұмыла қатысатын-ды. Шешем ағалары әкесінен қоярда-қоймай енші сұрап жүрген кезге дөп келгенін кейін әжемнің әңгімелерінен білдім. Ойда жоқта шешемнің келе қалуы ағаларының енші алыспақ ниетін одан сайын өршіте, күшейте түсті. Шешем күйеуге атамнан рұқсатсыз, «өз бетімен» шыққан соң, атам бермей қалған, өзіне тиісті жасауларын талап етеді екен деп қорыққан ағалары. Ағайлар бұл жасау екеуіне бөлініп берілуі тиіс деп есептейді екен. Мастерскойды қайсымыз қаладан, қайсымыз Ока өзенінің арғы бетінен. Кунавино слободасынан ашуға тиістіміз деп, екеуі көптен бері қырқыса таласып жүр екен.
Біздер келген соң көп кешікпей-ақ, кухняда түскі ас кезінде ұрыс шықты: екі ағай кенет ұшып түрегелді де, стол үстінен ұмтылысып, иттерше тістерін мүләйімси ақсита, бастарын шайқап, атама қарап айқайлап арсылдай бастады, атам қасықпенен столды соққылап, қып-қызыл боп кетті де:
— Қаңғытып жіберем! - деп әтештің дауысындай жіңішке дауыспен о да айқайлады.
Әжем қынжыла бетін тыржыйтып:
— Барлығын осыларға берші, әкесі, — мазаңды кетірмесін берші! – дей берді.
Атам көзі жарқ-жұрқ етіп:
— Тәйт, азғырушы неме! — деп ақырды оған, сонда осы секілді титтей адамның қалай осынша құлақ тындыра айқалай алатындығына таң қалғандай еді.
Шешем стол жанынан түрегеліп, асықпай басып терезе алдына барды да, жұртқа теріс айналып тұрып алды.
Бір мезетте Михаил ағай інісін бетке құлаштап беріп кеп қалды: інісі сарнай дауыстап, онымен жағаласа кетті де, екеуі қырылдап, аһлап, боқтасып, еденде домаланып ала жөнелді.
Балалар жылап қоя берді; екі қабат Наталья жеңгей ойбайға басты; шешем, оны құшақтап, бір жаққа алып кетті; бетінде шешек дағы бар ақ жарқын тәрбиеші әйел Евгенья балаларды кухнядан қуалап шығарып жүр; стулдар құлап түсіп жатыр; мастердің көмекшісі — жауырыны қақпақтай жас жігіт Цыганок, Михаил ағайдың арқасына атша мініп алды, қасқабас, қара көзілдірікті, сақалды мастер Григорий Иванович аспай-саспай ағайдың қолын бет орамалменен байлап жатыр.
Ағай, мойнын созып, еденді: селдір қара сақалымен үйкелей, үйді басына көтере барқырап жатыр, атам столды шырайнала жүгіріп:
— Ағайын болғандарыңа! Бауыр болғандарыңа! Әй, сендерді ме-е... — деп күйіп-пісіп, айқайлап жүр.
Мен ұрыс басталысымен-ақ, зәрем ұшып, пештің үстіне шығып алғанмын, әжемнің жез қолжуғыштан су құйып, Яков ағайдың бұзылған бет-аузының қанын жуып жатқанына сол арадан үрейлене, таңырқай қараумен болдым; Яков ағай жылап, аяғымен жер тепкілейді, әжем:
— Қарғыс атқан, оңбаған тұқым өңшең естеріңді жыйсаңдаршы! — дейді салмақты дауыспен.
Атам, жыртылған көйлегін киіп жатып:
— Немене албасты, өңшең жыртқышты туғанбысың? — деп айқайлайды әжеме.
Яков ағай шығып кеткен соң, әжем бұрышқа барып:
— Әулиенің әулиесі Мариам-ана, балаларыма ақыл енгізе гөр! — деп, төбе шашыңды тік тұрғыза сарнап қоя берді.
Атам оған бірқырын тұрып, үстіндегі нәрселердің бәрі төңкеріліп, төгіліп жатқан столға қарап:
— Шешесі, сен аналарды байқағайсың, әйтпесе олар Варвараға да жазым қылар, о да болмай қалмас... — деді ақырын.
— Құдай сақтасын, айта көрме! Көйлегіңді шешіп бере қойшы, көктеп берейін....
Сосын атамның басын қосқолдап қысып тұрып, маңдайынан сүйіп алды; әжеме қарағанда титтей атамның беті оның иығына тиді.
— Сірә, енші алысу керек болар, шешесі...
— Сөйту керек, әкесі, сөйту керек!
Екеуi ұзақ сөйлесті; ілкіде емрене сөйлесіп отырды да, бара-бара атам, төбелесер алдындағы қоразша еденді аяғымен соққылап тебіне бастады, әжеме сұқ қолын шайқап, кіжініп:
— Білемін сені, сен оларды менен артық көресің! Мишкаң — езуит те, Яшкаң — фармазон! Дүние-мүлкімді жалмайды олар, құртады... — деді қатты сыбырлап.
Пеш үстінде ыңғайсыздау бір бұрылып қалам дегенде, утюгты құлатып жібердім; пешке шығатын сатыға салдыр-гүлдір соғыла барып, жуынды құйған шелекке гүмп етті. Атам сатыға ырғып шығып, мені сүйреп түсіріп алды да, өзімді тап жаңа ғана көрген кісідей, бетіме тесірейе қарады.
— Сені пешке шығарған кім? Шешең бе?
— Өзім шықтым.
— Өтірік айтасың.
— Жоқ, өзім. Қорқып кеттім.
Атам маңдайыма шапалағымен ақырын ғана соғып қалып, мені итеріп жіберді.
— Әкесінен аумаған! Шық үйден...
Кухнядан қашып құтылғаныма өзім де қуандым.
Aтам мені ақылды және қырағы жасыл көк көзімен бақылап жүргенін әбден біліп, одан сескенетін болдым. Осы бір оттай қараған көзден әрдайым бой тасалағым кеп тұратыным әлі есімде. Атам маған ашулы сыяқты көрінді; өзі жұрттың бәрін кекете, қорлай, ызаландыра, кім-көрінгеннің ашуын қоздырғысы келе сөйлейтін.
— Әй, сендерді ме-е! — деп кіжініп қояды ылғи; «ме-е» деген созыңқы дыбыс көңілімде әрқашан бір жабырқау, түршігу сезімін туғызушы еді.
Демалыс кезінде, кешкі шай үстінде атамның өзі, ағайлар мен қызметшілер шаршап, қолдары сандалға боялып, көкдәріге күйіп, шаштарын жіңішке ызба баумен таңып алып, барлығы бірдей, кухня бұрышындағы икондай қап-қара боп, мастерскойдан кухняға келген мезгілде, — осы бір қауып-қатерлі сәтте атам менің қарсы алдыма отырып алатын да, өзге немерелерінің ішін күйдіріп, олардан гөрі менімен көбірек сөйлесетін-ді. Атамның тұлғасының бәрі жинақты, тұянадай, қайратты болатын. Үстіндегі жібекпен шалған, омырауы бітеу, атлас жилеті тозып біткен көне, шыт көйлегі мыржық-мыржық, шалбарының тізесіндегі үлкен-үлкен жамаулары бадырайып тұратын болса да, үстіне пиджак, омырауы ақ қақпақты көйлек киген және мойындарына жібек орамал байлаған балаларынан әлдеқайда таза, әрі әсем киінген сияқты көрінетін.
Келгеннен кейін бірнеше күннен соң атам маған дұға оқытып үйреттіре бастады. Басқа балалардың бәрінің жасы менен үлкен, олар Успенск шіркеуінің дьягінен сабақ алып, сауатын ашып жүр екен; бұл шіркеудің алтын күмбездері үйдің терезелерінен көрініп тұратын.
Мені жұп-жуас, жасқаншақ Наталья жеңгей оқытты, ол сәби жүзді әйел еді, көзінің мөлдірлігі сондай, маған оның көздерінен желке жағындағы нәрсенің бәрін көруге болатындай сезілетін.
Оның көздеріне кірпігімді қақпай ұзақ уақыт қадала қарап отыруды ұнататынмын; ол көзін кілмитіңкіреп, басын қимылдатып қояды да:
— «Отче наш, иже еси...» деп айтшы, жарқыным, — деп сыбырлағанға жақын, ақырын ғана өтінеді.
Мен: «Яко же» деген немене?» — деп сұрай қалсам, ол, төңірегіне үрейлене қаранып алып, ақыл үйретеді:
— Сен сұрама, бұл жаман болады! Тек маған ілесіп: «Отче наш»... дей бер. Ал, кәне?
Сұраған неге жаман болады? — деп ойланам. «Яко же» деген сөздің астыртын мағынасы бар секілді болады да, сондықтан оны:
— «Яков же», «я в коже»... — деп жорта түрліше бұзып айтамын.
Еріп бара жатқан нәрседей, өңі құп-қу жеңгей сонда да:
Жоқ, сен тек қана: «Яко же»... — де, — деп, үзік-созық үнімен сабыр тұта сөйлеп, түзетумен болады.
Бірақ жеңгейдің өзі де, оның сөздерінің бәрі де жайдан-жай түсінікті емес еді; Осынысы аятты жаттауыма кесел боп, ызамды келтіре берді.
Бір күні атам:
— Ал, Олешка, бүгін не істедің? Ойнаған екенсің ғой! Маңдайыңдағы ісіктен байқап отырмын. Таяқ жеу дегеннің қиындығы жоқ қой! Ал, «Отче наш» - ты жаттап алдың ба? — деп сұрады.
— Ұмытшақ өзі, — деді жеңгей ақырын ғана. Атам жирен қасын көңілдене керіп бір көтеріп қойып:
— Е, олай болса, — шыбыққа жатқызу керек! — деп күлімсіреді:
Сосын:
— Әкең сені шыбыққа жатқызушы ма еді? — деп тағы сұрады.
Мен оның не деп отырғанына түсінбей, үндемедім. Жоқ, Максим бұны ұрмайтын, маған да ұрғызбайтын, — деді шешем.
— О, неге?
— Ұрып үйрете алмайсың дейтін.
— Максим марқұмның өзі ешнәрсенің мәнісін білмейтін ақмақ еді, құдай кешірсін-дағы! — деді атам ашуланып, сөзін дақпа-дақтап.
Бұл сөздеріне мен жәбірленіп қалдым. Ол да мұны байқай қойды.
— Немене, ерніңді бұртита қалдың? Көрдің бе өзінің...
Сөйдеді де, күмістей жылтылдаған жирен шашын сыйпап қойып тағы да:
— Ендеше мен сенбі күні Сашканы оймақ үшін осып аламын, — деді.
— Осып алғаны қалай? — деп сұрадым.
Жұрттың бәрі күліп жіберді.
— Шыдай тұр, көрерсін... — деді атам.
Мен оңаша кетіп: осу деген — бояуға берген киімді сөгу деген шығар да, шыбыққа жатқызу мен ұрудың, сірә, бір-бірінен айырмашылығы жоқ шығар, деп ойладым. Жылқыны, итті, мысықты ұрады; Астраханьда қарауылшы полицейлер персияндарды ұрады, — мұны өз көзіммен көргенмін. Бірақ, кішкентай балаларды солай ұрғанды ешқашан көрмеген едім, ал мұнда ағайлар өз балаларын біресе маңдайға, біресе желкеге нұқи тұрса да, — балалар, ауырған жерін қаси түсіп қана, бұған немкеттілеу қарайтын. Мен олардан:
— Ауыра ма? — деп талай сұрағанмын.
Сонда олар әрдайым:
— Жоқ, титтей де ауырмайды! — деп батырсый жауап қайыратын.
Оймақ жайындағы үлкен оқиғаны білетінмін. Кештіғұрым шай мен кешкі тамақ арасында, ағайлар мен мастер бөлек-бөлек боялған маталарды бір «кесек» етіп құрайтын да, оған қатырмадан жарлық қадайтын. Михаил ағай, көзі мүкі Григорийді мазақ етпек боп, тоғыз жасар немере інісіне мастердің оймағын шырақтың жалынына қыздыр деп бұйрық беріпті. Саша шырақтың күлін алатын қышқашпен оймақты қысып, мықтап қыздырыпты да, байқатпай Григорийдің қолының астына қоя қойып, өзі пеш артына жасырына қалыпты, бірақ тап сол кезде атам кіріп келіп, жұмысқа отырып, саусағын қызған оймаққа өзі сұғып алыпты.
Әлі есімде, кухнядағы у-шуға жүгіріп келгенімде, атам күйген саусағымен құлағын ұстап ап:
— Кім — бұны істеген, дінсіздер? — деп ерсілене секеңдеп, айқайлап жүр екен.
Михаил ағай, столға еңкейіп, оймақты бір caусағымен әрлі-берлі дөңгелетіп, үргілеп жатыр; мастер селт етпестен іс тігіп отыр; оның қомақты жалтыр төбесінде көлеңке ойнақшиды; Яков ағай жүгіріп келді де, пеш бұрышының тасасында тұрып, сылқ-сылқ күлумен болды; әжем ыспа темірге сап шикі картоп үгіп жатыр.
Бір мезетте:
— Мұны істеген Яковтың Сашкасы, — деді Михаил ағай.
— Өтірік айтасың! — деп айқайлап, пеш тасасынан Яков те шыға келді. Бір бұрышта Яковтың баласы жылап:
— Нанба, папа. Маған үйреткен оның өзі! — деп айқайлап тұр.
Ағайлар боқтаса бастады. Атам бірден тынышая қалды. Саусағына үккен картоп басты да, мені қасына ілестіріп, үндемей шығып кетті.
Жұрттың бәрі Михаил ағай кінәлі десті. Сондықтан әрине, мен шай үстінде — оны шыбыққа жатқызып, осқылай ма? — деп сұрадым.
Атам маған көзінің қиығымен қарап қойып:
— О да жөн болар еді, — деп міңгір ете түсті.
Михаил ағай, қолымен столды салып қалып:
— Варвара, күшігіңді тыйып ал, әйтпесе мен оның мойнын үземін! — деп ақырды шешеме.
— Кәне, тиіп қара... — деді шешем.
Жұрттың бәрі жым-жырт бола қалды.
Шешем жұртты өзінің бойына жуытпай, итеріп тастағандай, сосын олар бұға қалғандай бір қысқа-қысқа сөздерді біртүрлі күшті етіп айта білетін-ді.
Шешемнен жұрттың бәрі бірдей жасқанатыны маған аян еді; шешеммен тіпті атам да басқа кісілермен сөйлескеніндей сөйлеспей, ақырын ғана сөйлесетін-ді. Бұл маған ұнайтын, сондықтан:
— Менің шешем — жұрттың бәрінен күшті! — деп, кішкентай ағаларыма мақтанып қоюшы ем.
Олар қарсы болмайтын-ды.
Бірақ, сенбі күні болған оқиға шешем жөніндегі көзқарасымды бұзып жіберді.
Сенбіге дейін мен де айыпты боп қалдым.
Үлкен адамдардың матаның түсін оп-оңай өзгертіп жіберетініне қатты қызығып жүргенмін: сары матаны алып, қара суға малса, мата алқара көк боп шыға келеді, сұрды сарғыш суға шайқаса, күрең қызыл боп шығады. Оп-оңай болса да — түсініксіз.
Бір нәрсені мен де бояп көргім келді де, мұны мінезі салмақты бала — Сашка Якововқа айттым; оның өзі үнемі үлкендердің көзіне түсе жүретін, жұрттың бәріне жағымды, бәріне қалайда бір қызмет етуге дайын тұрушы еді. Тіл алғыштығы үшін, ақылдылығы үшін үлкендер оны мақтайтын-ды, бірақ атам Сашаға алакөзімен қараушы еді де:
Жағымпаздануын қарашы! — деп қоятын.
Көзі шаянның көзіндей бадырайған, ап-арық, қап-қара Саша Яковов, сөзіне қақалып, баяу дауыспен аптыға сөйлейтін де, бір жаққа қаша жөнеліп, жасырынып қалғысы кеп тұрғандай, жан-жағына монтаныси қаранып қоятын. Көзінің мойылдай қарашықтары селт етіп қозғалмайтын, бірақ өзі бір толқуға түскен көздерінде, қарашықтары көзінің ағыменен бірге дірілдеп тұратын-ды.
Саша Якововты мен жаратпаушы ем. Маған одан көpi, мұңды көз, әрі жарқын күлкілі, өзінің жуас шешесінен аумаған, момақан бала, көрнексіз, икемсіз Саша Михайлов ұнаңқырайтын. Тістері ақ ажарсыз еді: аузынан сорайып шығып тұратын, үстіңгі тістері қос-қосынан біткен болатын. Өзі мұны қызық көруші еді: тістерінің ішкі қабатын жұлып тастағысы кеп, саусақтарын аузынан үнемі алмай, қозғап кеп жүретін-ді; тісін шұқып қарағысы келген кісінің бәріне мыңқ етпей шұқылатушы еді. Бірақ мен одан осыдан басқа қызғылықты ешнәрсе де таппайтынмын. Адамға лық толы үй ішінде ол жападан-жалғыз жүретін, ылғи қаракөлеңке түкпірге тығылып отыруды, кешкілікте терезе алдында отыруды тәуір көретін. Оның жанында тым-тырыс отыру — Успенская шіркеуінің алтын күмбездерінің айналасында кешкі қызыларай аспанда қара қарғалардың алай-түлей боп, жоғары шырқай ұшып, төмен құлдилай ағып, бір мезетте күңгірт аспан жүзін қара торға шырмап артында түк қалдырмай, бір жаққа зым-зыя жоқ боп кеткеніне қарап, терезе алдында сағат бойы тым-тырыс отыру жақсы-ақ еді. Осыған қарап отырған кезінде ешнәрсені әңгімелегің келмейді де, көкірегіңді бір өте жайлы шер кернейді.
Ал енді Яков ағайдың Сашасы бар нәрсе жөнінде де әрі көп, әрі ересек адамша, байыпты сөйлей білетін. Ол менің бояушылық кәсібіне кіріскелі жүргенімді біліп мейрам күндері төсейтін ақ дастарқанды шкафтан алып, соны көк түске бояу керек деген ақылын айтты маған.
— Ақ нәрсе тіпті оп-оңай боялады, мен білем ғой! — деді ол қатты сендіре сөйлеп.
Мен зілдей дастарқанды суырып алдым, соны қолыма ұстай сыртқа жүгіре шықтым, бірақ дастарқанның шетін алқара көк бояулы күбіге мала берген кезімде, бір жақтан Цыганок кеп тап беріп, қолымнан жұлып алды да, тырбық қолдарымен дастарқанды сыққылап тұрып, сенеде менің істеп жатқан жұмысымды бақылап тұрған ағама:
— Әжеңді шақыр шапшаң! — деп айқай салды.
Сосын қап-қара, дуда-дуда басын үрейлендіре шайқап қойып:
— Бұл үшін сазайыңды да мықтап тартарсың! — деді маған.
Әжем жүгіріп келді де аһлай бастады:
— Әй, сені ме, тұзды құлақ пермяк! Көгеріп алып, жоғарыдан төмен былш еткізбейді-ау өзіңді! — деп, маған кісі күлерліктей ұрысып, жылап та жіберді.
Сонсоң:
— Бірақ, Ваня, атасына айта көрме! Мен бұл істі бүркеп тастайын; мүмкін, бірдеме етіп білінбей кетер... — деп, Цыганокты үгіттей бастады.
Цыганок, дымқыл қолдарын шұбарала алжапқышымен сүртіп тұрып:
— Маған не керек? Мен айтпаймын ғой; Сашутка шағым етіп жүрмесін, соған сақ болыңыз! — деді.
— Оған мен екі тиын берем, — деді әжем, мені үйге ертіп бара жатып.
Сенбі күні кешкі ғибадат алдында мені біреу кухняға алып келді; кухня іші қараңғы, әрі жым-жырт екен. Сенеге және үй бөлмелеріне апаратын есіктердің тас бекітулі тұрғаны, терезе сыртындағы күзгі кештің күнгірт тұманы, жаңбырдың сыбдыры әлі есімде. Қарауытқан пеш аузының алдындағы жалпақ отырғышта адам танығысыз, ашулы Цыганок отыр; атам, бұрыштағы жуынды құятын ыдыс жанындағы су толы шелектен ұзын шыбықтарды іріктеп алып тұр, шыбықтарды біріктіре уыстап, бір-біріне салыстырып көреді де әуеге суылдата сермеп-сермеп қояды. Әжем бір қараңғы түкпірде тұрып, насыбайды пысылдата искей түседі де:
— Жаны кіріп тұр... жендет... — деп күңкілдейді.
Саша Яковов кухня ортасындағы стулда отыр, қолының сыртымен көзін уқалай түсіп:
— Құдай үшін кешіре көріңіз... — деп, кәдімгі кәрі қайыршы тәрізді, бөтен дауыспен ақырын ыңырсып отыр.
Михаил ағайдың ағалы-қарындасты балалары біріне-бірі тығыла түсіп, стул артында қаққан қазықтай қақшиып тұр.
— Шыбыққа жатқызып боп, кешірем, — деді атам, дымқыл ұзын шыбықты уысынан өткізе сыйпап қойып. — Қане, шеш шалбарыңды!..
Атам аспай-саспай сөйлейді, төбесін ыс шалған аласа кухняның естен кетпес тыныштығын атам дауысының үні де, сықырлаған стул үстіндегі баланың күйбеңде ені де, әжемнің сырп-сырп басқан аяғының дыбысы да, — ешнәрсе де бұзбай тұр.
Саша түрегеліп, шалбарының түймелерін ағытып, тізесіне дейін түсіріп қойды да, қолымен ышқырынан ұстай, бүкшие, сүрше-қабына, отырғышқа қарай жүрді. Оның бұл бара жатқанын керудің өзі қиын болды, менің де тізем дір-дір етіп кетті.
Бірақ, ол бас тартпастан, отырғышқа етбетінен жата қалып, Ванька, жалпақ беторамалменен қолтығының астынан алып мойнынан бастыра отырғышқа таңып салып, үстіне еңкейіп, қап-қара қолдарымен екі аяғының тобық тұсынан ұстай алған кезде одан да жаман болды.
— Лексей, — деп шақырды атам мені, — жақынырақ кел!.. Ау, кімге айтып тұрмын?.. Осқанның қалай екенін көр, міне... Мә!..
Атам қолын онша жоғары сілтемей, жалаңаш етке шыбықпен шып еткізіп тартып кеп қалды. Саша шыңғырып жіберді.
— Өтірік айтасын, — деді атам, бұған ауыра қоймайды. Ал, міне, былай ұрса — ауырыңқырайды!
Тартып кеп қалғанда, Сашаның еті бірден қолбырап, жосадай таңба білеудей боп шыға келді де, ағам азнап бақыра жөнелді.
— Батайын деді ме? — деп сұрап қояды атам, қолын бір қалыпты сермеп қойып. — Ұнатпаймысың? Бұл саған оймақ үшін!
Атам қолын жоғары көтерген кезде, сонымен бірге менің көкірегімдегі бар нәрсенің бәрі жоғары көтеріліп бара жатқандай болады; қолы төмен түскенде — мен де бүтіндей төмен құлдилап бара жатқандаймын.
Саша:
— Ендігәрі істемеймін... Дастарқан туралы айтқан мен едім ғой... Мен айтып едім ғой... — деп сұмдық қатты шырылдап, сүйкімсіз дауыспен бажылдап жатыр.
Атам, тап бір аят айтқандайын, аспай-саспай сөйлеп:
— Шағымменен ақтала алмайсын! Әуелгі шыбыртқы шағымшыға соғылады. Мә, саған дастарқан үшін! — деді.
Әжем маған қарай тұра ұмтылды да:
— Лексейді бермеймін! Бермеймін, қанішер! — деп айқайлап, мені құшақтай алды.
Әжем:
- Варя, Варвара!.. — деп шақырып, есікті аяғымен тепкілей бастады.
Атам әжеме тап беріп, ұшырып түсірді, мені қолынан жұлып алып, отырғышқа қарай алып жүрді. Мен оның құшағында тыпырлап жүрмін, жирен сақалын жұлқыладым, бір саусағын тістеп алдым.
Ол даурыға айқайлап, мені қыса түсті де, ақырында бет-аузымның, дал-дұлын шығарып, отырғышқа атып ұрды.
Атамның:
— Байла! Өлтіремін!.. — деп жындана айқайлағаны есімде қалыпты.
Шешемнің құп-қу өңі мен шарадай көзі есімде қалыпты. Отырғышты айнала жүгіріп жүріп:
— Тимеңіз, папеке!.. Өзіме беріңіз... — деп қырылдады ол.
Атам мені әбден есімді тандыра сабады да, жалғыз терезелі және бұрышында өңшең икон толы кішкентай шкаф алдында сөнбес майшамы қызара жанған тар бөлмеде, қыз-қыз қайнаған кең төсекте етбетімнен түсіп, бірнеше күн ауырып жаттым.
Науқастанып жатқан күндерім өмірімдегі бір мәні бар күндер болды. Сол күндері мен, сірә, өте-мөте есейіп, өзіме ерекше бір сезім пайда болса керек. Сол күндерден бастап адамдарға елегізіңкірей назар салатын болдым, жүрегімнің қабы сыдырып алынған тәрізді, өз басымның да, басқаның да жәбір-жапасына шыдатпастай сезімтал болуыма әкеп соқтырды.
Ең алдымен, әжемнің шешемменен ұрысқаны мені қатты таңырқатты: қап-қара, зор денелі әжем тар бөлмеде, шешемді бұрышқа, икондарға қарай тықсырып, төніп жүр:
— Сен оны неге арашалап алмадың, ә? — деп ыс-ыс етеді.
— Қорықтым ғой.
— Солақпандай күйіңмен бе! Ұялсаңшы, Варвара! Мен кемпірмін, сонда да қорықпаймын! Ұялсаңшы!.. Қойшы, мамеке жаным күйеді...
— Жоқ, сен оны жақсы көрмейсің, жетімге жаның ашымайды!
Шешем қатты қынжылып:
— Менің өзім де бүкіл өмір бойы жетіммін! — деді дауыстап.
Сонсоң екеуі бұрыштағы сандық үстінде ұзақ жылап отырды да:
— Алексей болмаса, кетіп қалар едім! Мына секілді тамұқтың ішінде тұра алар емеспін, тұра алмаймын, мамеке! Әлім құрыды... — деді шешем.
— Қанымсың менің, жүрегімсің менің, — деп сыбырлады әжем.
Шешемнің күшті емес екенін анық, білдім; басқа жұрттың бәріндей, о да атамнан қорқады екен. Өзі өмір сүріп тұра алмайтын үйден оның кетуіне мен бөгеу болам екен. Бұның өзі қатты уайым болды. Шешем, шынында да, көп кешікпей үйден зым-зыя жоқ боп кетті. Бір жаққа қонаққа кетіп қалды.
Бір күні атам үйдің төбесінен секіріп түскендей, кенеттен жетіп келді де, кереуетке отырып, мұздай суық қолымен басымнан сипады:
— Аман ба, тақсыр... Ау, сен жауап қатсаңшы, ашуланбасаңшы!.. Ал қане?.. — деді.
Теуіп қалғым-ақ келіп еді, ауырсынып қозғала алмадым. Атам бұрынғысынан гөрі де жиренірек боп көрінді; басы тыным таппай қалшылдай береді; жарқыраған көздері қабырғадан бір нәрсені іздеумен болды. Жан қалтасынан пряник теке, екі шыбық қант, бір алма және бір бұтақ қара көк жүзімді суырып алып, мұрныма тақай, көпшікке қоя қойды.
— Көрдің бе, мінеки, мен саған базарлық әкелдім!
Еңкейіп кеп, маңдайымнан сүйді; сонсоң, құстың тырнағындай, имек тырнағынан бояуы ерекше көзге түскен, сап сары, түрпідей қатты қолымен менің титтей басымды ақырын-ақырын сыйпай түсіп, сөйлеп кетті.
— Әнеугүні тым асырыңқырап соғып жібердім білем, шырақ. Қызыңқырап кеттім; тістеп алдын, тырналап біттің, сосын мен де ашуланып кеттім! Бірақ, артық таяқ жегенің ештеңе етпейді, — бұл да пайда! Өз бауырыңның ұрғаны жәбір болмайды, сабақ болады — мұны біліп қой! Жұрттың қолына түспе, өз бауырың ештеңе емес! Мені ұрмады дейтін шығарсың? Мені қайтіп ұрғанын сен, Олеша, ең бір жексұрын түсте де көрмессің. Мені сондай қатты жәбірлейтін, сірә, құдайдың өзі де көріп тұрып зар еңіреген шығар! Бірақ, ақыры немен тынды десеңші! Қайыршы шешенің баласы, жетім едім, мінеки енді орнымды таптым, — цех старшыны, жұртқа бастық болып алдым.
Ап-арық, келісті тұлғасымен үстіме жантая отырып, бірінен соң, бірін оп-оңай тізбектеп, әрі шеберлеп құрастырып, сенімді және үрейлі сөздермен өзінің балалық шағын әңгімелей бастады.
Жасыл көк көздері жарқырай жайнап тұр да, алтын-сары шашын көңілдене үрпитіп, маңқылдаған дауысын қоңырландыра шығарып, бетіме үңіле, лекіте сөйледі:
— Сен пароходпенен келдің, сені бу сүйреп әкелді, ал, мен болсам, жас кезімде өз бетіммен, Волганың ағысына қарсы өз күшіммен баржа тарттым. Баржа суда жүзіп отырады, мен пышақтай өткір тастардың, малта құмның үстіменен жағада жалаңаяқ жүріп отырамын, күн шығып, ымырт үйірілгенше сөйтіп жүрем де отырам! Көк желкеңнен күн қариды, басың қазандай қайнайды, сен болсаң, үш бүктетіле тұқырып aп, — буын-буының сыртылдап, жүресің де отырасың, көзіңе тер құйылып, жүретін жолыңды да көрмейсің, жаның зарығып көз жасың парлап ағып келеді, — ойбой, Олеша, сонда да шыдайсың! Жүріп келесің, жүріп келесін, иығыңдағы арқан бұғаудан сыпырылып кетесін де, жер сүзе құлап түсесін – соның өзіне де разысың; өйткені, әлігінің әбден құрығаны, тынықсаң да мейлің, тырайсаң да мейлің! Құдайдың мейірімді құдайтағала Айсаның көз алдында тап осылай өмір сүрген едік!.. Анамыз Волга жарықтықты: Симбирскіден Рыбинскіге дейін, Саратовтан осы араға дейін, Астраханьнан Макарьевкеге, жәрмеңкеге дейін тап осылай үш рет өлшеп шықтым, — мұнда әлденеше мың шақырым жер бар ғой! Ал, енді төртінші жыл дегенде водолив болып кеттім, — ақылымды қожайынның көзіне сөйтіп көрсеткенмін!..
Сөйлеген сайын, атам әлжуаз, тарамыс шалдан бір ғажайып алып күшті адамға айналып, шоғыр бұлттай, тез-тез ұлғая берді, — әйдік сұр баржаны өзен ағысына қарсы жалғыз өзі тартып бара жатқандай боп көрінді...
Кей-кейде төсектен ұшып түрегеледі де, құлашын сермелеп, бұрлақтардың бұғауды қайтіп тартатынын, баржаның суын қайтіп төгетінін көрсетеді, жуан-қоңыр дауыспенен әлдеқандай бір әндерді айтады, сонсоң кереуетке қайтадан сып етіп шығады да, мүлде таң-тамаша боп, даусын онан сайын қоңырландыра, баптай сөйлеп кетеді:
— Бірақ, Олеша, оның есесіне жазғы кеште, Жигулидің көкше тауының бір саясына келіп, демалған кезімізде ботқа пісіру үшін, шіркін, костер жағушы едік те, сорлы бурлактардың біреуі сүйкімді бір ән бастап, бүкіл артель қосылып аңқыта жөнелген кезде, — тіпті тұлабойың мұздай боп тітіркеніп кететін, Волга онан сайын құлдырай аға жөнелгендей, — арғымақ аттай, нақ бұлтпен таласа, арындап тік тұрғандай болатын! Сонда барлық қайғы-қасіретің жел ұшырған шандақтай сыпырылып кетеді; жұрттың әнге елігетіні соншама, кейде қазандағы ботқа тасып төгіліп жатады; бұл арада қалай сайрандасаң, олай сайранда, бірақ ісіңді есіңнен шығармауың тиіс деп, ботқашыны шөмішпен қақ маңдайға қойып қалуда керек!
Есіктен қайта-қайта біреулер қарағыштап, атамды шақырумен болды, бірақ мен
— Кетпеші! — деп өтіндім.
Ол күлімдеп:
— Тұра тұрыңдар, — деп жұрттың шақырғанына бармай қойды.
Ол кешке дейін әңгіме айтып, менімен мейірлене қоштасып, шығып кеткен кезде, атамның ашулы да емес, қорқынышты да емес екеніңе көзім жетті. Мені осынша аямай сабаған сол екенін есіме түсірудің өзі маған жыларманға келтірердей қиын болды, бірақ оны ұмыта да алмадым.
Атамның келгені жұрттың бәріне көп жол ашып, қалай да көңілімді көтермек боп, төсегімнің жанында ертеден кешке дейін біреу отыратын болды; мұның өзі өнебойы көңілді де, қызық та бола бермегені есімде. Менің жанымда басқалардан гөрі әжем көбірек болатын; менімен бір кереуетке жатып ұйқтайтын-ды; бірақ, көңіліме сол күндердің ең бір жарқын әсерлерін Цыганок енгізген болатын. Төртпақ, омырауы есіктей, қазандай бұйра басты Цыганок, алтындай жылтылдаған сары жібек көйлек, қой-мақпал шалбар және сықырлаған жиырма қонышты етік киіп сәнденіп, маған кешке таман келді. Шашы жылт етеді, қалың қас аясында күлімдеген қиғаш көздері де, ернін қырпулай өскен тұқыл мұрттан төмен ақ тістері де жалт-жұлт етеді, сөнбес майшамның сәулесі үлбірей шағылысқан көйлегі оттай жанады.
— Мынаны қарашы, — деді ол, жеңін жоғары түріп, шынтағына дейін жосылған қызыл таңба түскен жалаңаш білегін көрсетіп, қалай осып кеткен! Тіпті бұдан да жаман еді, көп жері жазылды ғой! Сеземісің: атай әбден ашуға мінген соң, сені өлтіре сабайтынын көрдім де, қолымды төсей бастадым ғой — шыбық сынып кетер де, атай екіншісін алуға жүре бергенде, сені әжең я шешең ала жөнелер деп ойлап ем! Бірақ шыбық сынбады, суға бөккен, солқылдақ қой! Дегенмен саған кемірек тиді, — қанша шыбық кем тигенін көріп жатырсын ба? Шырағым, мен айлалырақпын...
Ол өзінің ісік қолына тағы бір көз жіберіп, жібектей есілген, мейірімді күлкісімен тағы да күле сөйлеп:
— Саған сондай жаным ашып кетті, тіпті жаным алқымыма тығылғандай болды! Сұмдық қой! Атай болса, осып жатыр... — деді.
Жаныма бірден жағып кеткен, сәбидей ақкөңіл Цыганок, жылқыша пысқырынып, басын шайқай түсіп, атам жайында бірдемелерді айта бастады.
Оны жақсы көретінімді айттым оған, — ол шын пейілімен ақкөңілдене сөйлеп:
— Мен де сені жақсы көремін ғой, — жақсы көргендіктен ғой, таяқты өзіме соққызғаным! Әйтпесе басқа біреу үшін сөйтер ме едім? Түкірмеймін де ғой, басқа болса... — деп жауап қайырды.
Сосын ол есікке әлсін-әлі қарайлай отырып, маған ақырын ақыл үйрете бастады:
— Тағы да сабай қалса, абайла, жиырылмағайсын, денеңді жиырма дегенім ғой, — сеземісің? Денеңді жиырсаң, екі есе артық ауырады, сондықтан денеңді бос ұста, жұмсақ болуы үшін — сұлқ жата бер! Және деміңді ішіңе тартпа, емін-еркін дем ал, бар пәрменіңмен бақыра бер, — сен мұны ұмытпа, бұл жақсы болады!
— Тағы да сабай ма? — деп сұрадым мен.
— Е, енді қайтеді деп ең? — деді Цыганок байсалдана сөйлеп. — Әрине, сабайды! Сені шыбыққа, сірә, жиі-жиі жатқызатын шығар...
— Не үшін?
— Атай себеп табады ғой...
Сосын тағы да ойлана отырып ақыл айта берді.
— Егер ол тікесінен соқса, шыбықты жоғарыдан тіке ұрса, — онда тып-тыныш, бойыңды бос тастап жата бер; ал, егер оса соқса, — теріңді сыдырмақ боп, салып қалып, шыбықты өзіңе қарай тартса, — сен де шыбыққа ілесе, атаңа қарай аунай түс, түсіндің бе? Бұл жеңілдеу болады!
Қиғаш қара көзін қысып қойып:
— Бұл жөнде мен квартальныйдың өзінен де білгішірекпін! Менің терімнен биялай тіксең де қайғырмаймыз, шырағым! — деді.
Мен оның жарқын жүзіне қарап жатып, әжемнің патшазада-Иван жайында, ақымақ-Иван жайында айтқан ертегілерін есіме түсірдім
III
Сауыққан соң, тек Цыганок жоқ кезде ғана ол жөнде:
— Иванканың қолы алтын ғой, пәлекеттің! Осы сөзімді ұмытпаңдар: зор адам болғалы тұр! — дейтін, көзін кілмитіп, басын шайқай түсіп.
Цыганокпен сөйлескенде ағайлар да емірене, сыпайы сөйлесетін, оны ешуақытта да мастер Григорийдей «мазақ» етпейтін-ді; Григорийге кеш сайын жәбір беріп, қастық қылушы еді десем де болар: біресе қайшысының тұтқасын отқа қыздырып қояды, біресе стулына ұшын жоғары қаратып шеге қағып қояды, немесе көзі мүкі болғандықтан алдына әртүсті матаның кесінділерін тастай салады, — оларды ол бір кесек етіп құрай береді де, атам оған сол үшін ұрсумен болады.
Бір күні түскі тамақтан кейін кухняда сәкіде ұйқтап жатқан кезінде, Григорийдің бетін фуксинмен бояп қойды, кейін бірталайға дейін ол түрі қорқынышты, адам күлерлік болып жүрді: сұр сақалының арасынан көзілдірігінің екі күңгірт дағы көрініп, тіл сияқтанған ұзын қызыл мұрыны көңілсіз салбырап тұрған-ды.
Ағайлар осындай ойыннан талмайтын, бірақ мастер соның бәрін де мыңқ етпей көтере беретін, тек тамағын ақырын ғана кенеп қоятын да утюгті, қайшыны, қысқашты, не оймақты ұстарда саусақтарын әбден түкіріктеп алатын. Осыған өзі мүлде әдеттеніп кеткен; тіпті түскі ас үстінде де, пышақты не шанышқыны аларда, балалардың күлкісін келтіріп, саусақтарын түкіріктеп қоятын. Ауырсынған кезінде, жалпақ бетіне әжім толқыны шыға келуші еді де, қастарын бүлк еткізіп, маңдайынан біртүрлі сырғанап өтіп, тақыр төбесінің бір жеріне жете тарап кететін.
Ұлдарының бұ секілді ойындарына атамның қалай қарағаны есімде жоқ, бірақ әжем оларға жұдырығын түйе кіжініп:
— Бетсіздер өңшең, оңбағандар! — деп ақырып қоюшы еді.
Бірақ Цыганок жоқта ағайлар ол жөнінде де келекелей, ашулана сөйлеп, істеген ісін жамандай беретін, ұры және жалқау деп сөгетін.
Мен әжемнен, бұл неліктен деп сұрадым.
Әжем маған, қашанғы әдетінше, шын пейілімен ап-анық етіп түсіндіріп берді:
— Көрдің бе, өз мастерскойлары болған кезде екеуі де Ванюшканы өздеріне алғысы келеді, сондықтан біріне бірі: жаман қызметкер! — деп жамандаған болады. Олардың мұнысы өтірік, қулық қой. Ванюшка бұларға ермей, атайдың қолында қалады деп те қорқады, ал атаңның мінезі қызық кісі, Иванка екеуі үшінші мастерской да ашу қолынан келеді, — ағайларыңа бұл пайда емес, ұқтың ба?
Әжем ақырын ғана күліп қойды:
— Құдайға күлкі боп, кілең қулық жасайды. Атаң бұл қулықтарын байқайды да: «Иванды солдаттыққа алғызбау үшін, оған рекруттық квитанция сатып аламын: ол менің өзіме керек!» — деп, Яша мен Мишаны жорта ерегістірумен болады. Олар ыза болады, бұны ұнатпайды, әрі ақшаны да қимайды, — квитанция дегенің қымбат-ақ қой!
Енді пароходтағыдай, тағы да әжеммен бірге тұратын болдым, күнде кешке ұйқтар алдында әжем маған ертегі айтады немесе өзінің басынан кешірген, ертегі сияқты, өмірін әңгімелейді. Бірақ, үйішінің тіршілік әрекеттері жөнінде, — балаларына енші беру жайында, атамның өзіне жаңадан үй сатып алмақ боп жүргені жайында — әжем үйдегі жасы үлкен екінші кісіше іш тартпай, көрші үйдің әйелінше, біртүрлі алыстан аулақтана күле сөйлейді.
Әжемнен Циганоктің тастанды жетім бала екенін білдім; көктем жаңа түскен бір жауынды түні, оны үйдің қақпасының түбіндегі сәкіден тауып алыпты.
— Үлкен алжапқышқа ораулы жатыр екен, — деді әжем ойлана отырып, бір сыр ашқандай сөйлеп, — үсіп кетуге шақ қалған, болар-болмас қана ыңырсиды.
— Балаларды тастап кететіні несі, ә?
— Шешесінің сүті жоқ, берерге асы жоқ болады да: сондықтан жуырда балалы боп, ол баласы өліп қалған бір үйді біліп алады да, баласын сол үйге әкеп тастайды.
Әжем сол үндемей отырып, басын қысып қойып, үйдің төбесіне қарап, күрсіне түсіп, әңгімесін жалғастыра береді:
— Бәрі де кедейліктен ғой, Олеша; тіпті айтып жеткізе алмастай бір кедейлік болады! Күйеуге тимеген қызға бала табуға болмайды, — ол ұят саналады!
Ванюшканы атаң полицияға апарып бермек болып еді, мен: өзіміз-ақ асырап алайық деп, жібермедім; бізге мұны құдай өлген балаларымыздың орнына жіберді. Мен он сегіз бала тапқан болатынмын; бәрі бірдей тірі болса — бүкіл бір көше бойы толы халық, он сегіз үй болар еді! Білесің бе, мені он төрт жасымда күйеуге берген, он бесте балалы болдым; бірақ, менің қаным құдайға ұнап кетті ғой деймін, балаларымды бірінен соң бірін періште ғып әкете берді. Жаным ашығанымен, бір жағынан қуанамын да!
Тұлабойын қара шаш жапқан, еңгезердей және дуда-дуда әжем төсек шетінде көйлекшең отырғанда, Сергачтан келген қабасақал тоғай мұжығы жуырда аулаға жетелеп әкелген аюға ұқсайды. Әжем аппақ қардай тап-таза көкірегін крестеп шоқынып, тұлабойын теңселтіп, ақырын ғана күліп қояды:
— Тәуірлерін тәңірім өзі алды, маған жамандарын қалдырды. Иванканы көргенде қатты қуанып кеттім, — сендердей сәбилерді тым жақсы көремін. Сөйтіп, бұны асырап алдық, ат қойдық, мінеки, сөйтіп тұрып қалды, жақсы-ақ. Ілкіде мен оны Қоңыз атандырғам, — біртүрлі ызыңдап кеп отыратын, — нағыз қоңыз сияқты, еңбектеп, бүкіл үйді басына көтеріп ызыңдап кеп жүретін! Сен оны жақсы көргейсін, — өзі бір ақкөңіл жан!
Иванды мен жақсы көретінмін, әрі оған есім кете таңғалатынмын.
Сенбі күндері, апта ішінде кіналы болған балаларды сабап боп, атам түнгі ғибадатқа кеткен кезде, кухняда адам айтқысыз думанды өмір басталатын-ды: Цыганок пеш артынан қара таракандарды ұстап алады, жіптен әп-сәтте терте жасап, қағаздан ойып шана істейді де, тап-таза етіп қырналған, сары столдың бетіне төрт қара ат жегіліп шыға келеді, сосын Иван тұтатқан жіңішке шыбықпен оларды қақпалап жүргізе отырып:
— Архерейді әкелуге аттанды! — деп шек-сілесі қата күледі.
Бір тараканның арқасына кішкентай қағаз жапсырып, оны шананың артынан айдайды да:
— Қапшықты ұмытып кетіпті. Сопы жүгіріп, алып барады! — деп түсіндіреді.
Тараканның аяқтарын жіппен матап қояды, ол жәндік тұмсығымен жер сүзе жорғалайды, сонда Ванька, алақанын шапалақтап:
— Дьячок қабақтан шығып, кешкі ғибадатқа кетіп барады! — деп айқайлайды.
Ол өзінің бұйырығы бойынша ұзын құйрықтарын сүйретіп, моншақтай жылтылдаған қара көздерін таң-тамаша қағып-қағып қойып, екі артқы аяғынан тік тұрып жүретін тышқандарды көрсетеді. Ол тышқандарды мәпелеп қойнына тығып жүреді, оларға аузынан қант береді, сүйеді.
— Тышқан — ақылды, сыпайы жануар, оны үйперісі жақсы көреді!.. — деп сендіре сөйлейді.
Ол картамен, ақшамен түрлі фокус жасай білетін, балалардың бәрінен де көбірек айқайлайтын және өзінің де баладан айырмашылығы аз еді. Бір күні балалар онымен карта ойнап, қатарынан әлденеше рет «ақмақ» қып қалдырып қойды, — бұған ол қатты қайғырып, ренжігендей ернін бұртитты да, ойыннан шығып кетті, сонсоң мұрнын пысылдата тарта түсіп:
— Білемін, олар уәделесіп алды! Көздерін қысысып, стол астынан бір-біріне жасырын карта беріп отырды. Осы да ойын ба екен? Қулық істеуді мен де жақсы білем... — деп шағынды маған.
Цыганок он тоғыз жаста еді, төртеумізді түгел қосқанда бәрімізден де қомақты болатын.
Бірақ, әсіресе мейрам күндері, атам мен Михаил ағай қонаққа кетіп, кухняға қолында гитары бар, үсті-басы алқа-салқа, бұйра шашты Яков ағай келіп, әжем мол қонақасысы мен түбіне әйнектен әсемдеп қызыл гүлдер орнатқан жасыл шыныға құйған арағы бар шаймен қонақ еткен кездегі оның түрі тіпті есімнен кетпейді; сәндене киінген Цыганок зырылдауықша құйғытып жүреді; көзілдірігінің қара-күңгірт әйнектері жылтылдап, аяғын жайлап басып, қырындап, мастер келеді; беті қызара бөрткен, бұжыр, әрі тығыншықтай жұп-жуан, ойнақы көз, даусы аңқылдаған тәрбиеші әйел Евгенья келеді; кейде Успенская шіркеуінің шашы желбіреген дьячогі, сосын шортан мен налим тәрізді сусыған күдікті тағы бір адамдар келіп отырады.
Жұрттың бәрі, ауыр күрсіне отырып, мейлінше ішіп-жейді, балаларға базарлық бір-бір рюмкадан тәтті арақ береді де, ызы-қызы, әрі өрескел думан бірден-бірге қызып кетеді.
Яков ағай гитарын пәмдеп бұрап отырады да, күйге келтіріп болған соң — әрқашан айтатыны:
— Ал енді мен бастаймын! — деген өзгермейтін бір сөздер болатын.
Ол, бұйра шашын сілкіп қойып, гитарының үстіне еңкейеді, мойнын қазша соза түседі; бейқам, дөңгелек жүзі маужырай бастайды; жылтыңдаған, жүйрік көздері жасаурап, сөне бастайды да, шекті ақырын шымшылап шертіп, жұртты еріксіз өре түрегелдіретін бір қызу нәрсені тарта жөнеледі.
Оның музыкасы жым-жырт тыныштықты керек ететін; музыкасы әлдеқайда алыста сылдырлап аққан бұлақтай құлдырайды, еден мен қабырғалардан өтіп келгендей боп естіледі де, жүрегіңді өрепкітіп, бір қайғылы, әрі тынышсыз, түсініксіз сезім туғызатын. Осы музыканы тыңдағаныңда жұрттың бәріне де, өзіне де жаның ашып кетеді, ересек адамдар да кішкентай боп көрінеді де, жұрттың бәрі, ойға шома жым-жырт боп тына түсіп, қозғалмай отырады...
Музыканы Саша Михайлов өте-мөте қадала тыңдаушы еді; ол ағайға қарай ентелеп, гитарға аузын аша қарайтын, езуінен сілекейі шұбырып отыратын. Кейде тіпті есінен танып кететіні ғой, екі қолымен жер тірей стулдан ұшып түседі; құлап түссе, мелшиген көзін ажырайта қарап, еденде сол отырған күйі қалып қоятын.
Жұрттың бәрі, есі кетіп, мелшие қалады; тек самауыр ғана, гитардың шерлі күйін тыңдауға кесел болмай, ақырын ызыңдап тұрады. Кішкентай, төртпақ екі терезе күздің түнерген түніне шүңкие қарайды да, кейде біреу оны ақырын тықылдатып қағып-қағып қояды. Екі шырақтың найзадай ұшты, сарғыш жалыны стол үстінде шалқып тұрады.
Яков ағай бірден-бірге сіресе түседі; жағы қарысып, өзі қатты ұйқыда отырған сияқты, тек қолдарында ғана жан бардай көрінеді: оң қолының бүгулі саусақтары гитардың түнерген тесігінің үстінде көзге леспей қалтырап, құстай ұшып-қонып қанат қағады; сол қолының саусақтары гитардың мойнын бойлай көзге леспей ойнақ салады.
Ішіп алған соң ол көбінесе тісінің арасынан — ысылдап шыққан — жұғымсыз дауыспен ұшы-қиыры жоқ бір әнге басады.
Егер Яков ит болса, —
Ертелі-кеш ұлыр еді:
Пысты ғой ішім, пысты! — деп,
Басты ғой қайғы, басты! — деп.
Көшеде сопы әйел жүр;
Шарбаққа қонып қарға отыр.
Пысты ғой ішім пысты ғой!
Пештің арғы жағында
Шілделік әнге салады,
Таракан күйбең қағады.
Пысты ғой ішім, пысты ғой!
Кептіруге қайыршы жайып еді шұлғауды,
Екіншісі келді де сол шұлғауды ұрлады.
Пысты ғой ішім, пысты ғой!
Басты ғой қайғы, басты ғой!
Бұл өлеңге менің дәтім шыдамайтын, сондықтан ағай қайыршыларды өлеңге қосқан кезде, өлердей қайғыра өксіп жылайтынмын.
Дудардай қара шашына саусақтарын тарақтап салып. Бір бұрышқа қарап, мұрнын тарта түсіп, музыканы Цыганок те, жұрттың бәріндей, ықыластана тыңдайтын... Кейде ол күтпеген жерде:
— Эх, шіркін, дауысым болса, — өлеңді қандай айтар едім — деп зарлы үнмен өкініп қоятын.
Әжем күрсіне түсіп:
— Яша, жүрекке қайғы сала беруің жетер! Ваняжан сен бір билеп жіберсең қайтеді... — дейді.
Олар әжемнің өтінішін әрдайым бірден қабылдай қоймайтын, бірақ музыкант кейде шекті алақанымен баса қалады, жұдырығын түйіп, көзге көрінбейтін, дыбыссыз бір нәрсені өзінен еденге бар пәрменімен лақтырып жібереді де:
— Құрысын қайғы-қасірет! Ванька, тұр! — деп екілене айқай салатын.
Цыганок, сары көйлегін жөндеп, сәндене түсіп, қаққан шегенің үстімен жүргендей аяғын аңдап басып, кухняның ортасына шығады, содан кейін қараторы жүзі қызара түседі де:
— Яков Васильевич, тек екпіндете тартшы! — деп өтінетін қымсынып күлімсіреп.
Гитара құтырына сыңғырлайды, аяқтың дүрсілі күшейе түседі; стол мен шкафтағы ыдыстар сылдыр қағады, Цыганок кухня ортасында оттай лаулап жүреді, қанатша құлашын керіп билегенде, қыранша қалықтайды, аяғының қимылына көз ілеспейді; ақырын еденге отыра қалады да, үстіндегі жібек көйлегі төңірегін сәулелендіріп, алтын ұзын қанатша дедек қағады, сол кезде жібек көйлек дір-дір құбылып, гүл-гүл жайнап, балқып бара жатқандай болады.
Цыганок өзін өзі ұмыта ұзақ билейді, егер есікті ашып жіберсе, сол билеген күйі көше-көшені, қаланы кезіп, бетінің ауған жағына жөнеле берердей...
Яков ағай тебініп:
— Жостыр әрлі-берлі! — деп қиқулап қояды.
Сосын қатты ысқырып жібереді де,сүйкімсіз ащы дауыспен:
Қайтейін! Шабатамды қимаймын мен,
Қашар едім қатын, бала мекенінен.
— деп айқайлап, тақпақтата жөнеледі.
Стол басындағы адамдар селк-селк етеді, кейде олар да қиқулап қояды, отқа күйгендей шыңғырысады; сақалды мастер тақыр басына алақанымен шапылдатып соғады да, бірдеме деп күбірлеп отырады. Бір күні ол ұяң сақалымен иығымды бүркеп маған қарай еңкейіп, ересек адаммен сөйлескендей дәл құлағыма төніп келді де:
— Лексей Максимыч, сенің әкең болар ма еді осындайда, — ол бұдан да гөрі қыздырыңқырар еді! Думаншыл, жайдары адам еді. Әкең есіңде бар ма? — деді.
— Жоқ.
— Шынымен бе? Әкең мен әжең билеп кеткенде, жұрт аузын ашып қалатын!
Суреттегі әулиенің бейнесі тәрізді, мәужіреген ол ұп-ұзын боп түрегеліп, әжеме иіліп сәлем етті де, адам айтқысыз жуан дауыспен:
— Акулина Ивановна, рақым етші; баяғыда, Максим Савватеевпен билегеніңдей, бір рет билеп жіберші! — деп жалына бастады.
— О не дегенің, жарқыным, о не дегенің тақсыр, Григорий Иванович? — деді әжем, күле сөйлеп, жиырыла түсіп. — Енді билеу менің не теңім! Тек жұртқа күлкі болам ғой.
Бірақ, әжеме жұрттың бәрі жалына бастады, содан кейін ол кенет құлпыра түрегелді де, юбкасын жөндеп, зілдей басын шалқайта көтеріп, бойын түзеп алды да:
— Ал ендеше, мейілдерің, күлсеңдер күле беріңдер! Қане, Яша, өзгертші музыкаңды! — деп, айқайлай түсіп, кухняны бойлай жөнеле берді.
Ағай тіпті көтеріліп кетті, кеудесін керіп, көзін жұмып алды да музыкасын бәсеңсіте тарта жөнелді; Цыганок сәл уақыт тоқтап қалды да, жетіп барып, жүрелей билеп, әжемді шыркөбелек айналды; әжем құлашын жазып, қасын керіп, қара көзін әлдеқайда алысқа қадап, әуеде қалықтағандай, еденде үнсіз қалықтап жүр. Әжемнің түрі маған ерсі боп көрінді, мырс етіп күліп жібердім; мастер маған тек деп сұқ қолын кезеп зекіп қойды, үлкендердің бәрі мен отырған жаққа түйіле қарады.
— Иван, тарсылдатуыңды қой! — деді мастер, күлімсірей сөйлеп; Цыганок тіл қатпастан шеше шыға келді де, табалдырыққа отыра кетті, сол кезде тәрбиеші әйел Евгенья жұтқыншағын сорайта шалқалап, баяу сүйкімді дауыспен:
Сембіге дейін бір апта,
Тоқыды шілтер бойжеткен.
Сол жұмыстан бірақ та,
Шаршап, өлмей қалды әрең.
— деп әндете жөнелді.
Әжем билемей, жәй бір әңгіме айтып жүрген тәрізді. Ойға шомып, теңселе түсіп, көлегейлеген қолының астынан төңірегіне қарап, ілбіп жүр, еңгезердей тұлғасы самарқаулау толықсиды, жүрген жолын барлап, аяғын ептеп басады. Бір мезетте бірдемеден сескеніп, тоқтай қалды, беті кірбің ете түсіп, түнеріп кетті де, сол бойда қайтадан мейірімді, жарқын күлкімен нұрланып қоя берді. Әлдебіреуге жол бергендей, әлдебіреуге қолын сермеп, былай тұр дегендей, бір жағына қарай теңселіп кетті; құлағын тіге тыңдап, онан сайын көңілдене күлімсірей түсіп, басын төмен салбыратып, мелшие қалды, — сосын тұрған орнынан жұлып алғандай, құйынша — үйіріле жөнелді, тұлғасы сымбаттанып, бойы ұзара түсті, тап сол кезде одан көз ала алмастай еді: осы бір кереметтей қайта жасарған минутінде ол соншама құлпыра көркейіп, сүйкімді боп кеткен еді.
Тәрбиеші Евгенья:
— Жексенбіде, бесіннен
Биледі түн болғанша.
Ең соң кетті көшеден,
Мейрам қысқа соншама
— деп, кернейше гуілдеп әнге басып отыр.
Әжем билеп болып, самауыр жанына өз орнына кеп отырды; жұрттың бәрі мақтап жатыр, бірақ ол шашын жөндеп отырып:
— Жарайды, қоя тұрыңдар! — деді. — Нағыз биші әйелдерді көрген жоқсындар ғой. Біздің Балахнада бір қыз болған еді, — кімнің қызы, аты кім екені де есімде қалмапты, — кейбіреулер оның билегеніне қарап тұрып, көңілі балқығандықтан тіпті жылаушы еді! Кейде, оған қарап отырғанында, — тап бір мерекеде отырғандай болатын едің, басқаның бәрін ұмытып кетуші ең! Күнакәр басым, оны күндеуші ем!
— Әншілер мен бишілер — дүниедегі ең жақсы адамдар! — деді тәрбиеші Евгенья байсалдана сөйлеп, сосын патша Давид жайында бір нәрсені өлеңдете жөнелді, Яков ағай Цыганокті құшақтап алып:
— Трактирде билеген болсаң, — жұртты есінен тандырған болар едің!.. — деді.
Цыганок:
— Даусым жақсы болар ма еді! — деп шағынды, — Құдай маған дауыс берген болса, он жыл өлең айтар едім де, содан кейін сопы болудан да қашпас едім!
Жұрттың бәрі арақ ішіп отыр, әсіресе Григорий көп ішті. Әжем оған стаканды үсті-үстіне толтыра құйып отырып:
— Гриша, байқа, көзіңнен мүлде айырыласын, — деп ескертіп қояды.
Григорий:
— Мейлі! Көздің маған енді керегі жоқ, — көретінімнің бәрін көріп болдым... — деп жауап қайтарады баптай сөйлеп.
Григорий, ішсе де мас болмайтын, ішкен сайын өршелене сөйлей түсетін де, ылғи маған әкем туралы:
— Менің досым Максим Саватевич өте ақкөңіл адам еді... — дейтін.
Әжем:
— Я, ол жарықтық солай еді ғой, — деп қостап күрсініп қоятын.
Осының бәрі сұмдық қызық еді, бүкіл есі-дертім соған ауатын, соның бәрінен көкірегіме біртүрлі бей-жай, зілсіз мұң енетін. Қайғы-қасірет те, шаттық та қаз-қатар, қол ұстасқандай, бірінен соң бірі көзге ілеспей, байқаусыз тез-тез ауысып, адам атаулының көңілінен орын тепкен болатын.
Бір күні, Яков ағай, онша мас болмаса да, үстіндегі көйлегін жыртып, бұйра шашы мен сілдір ақселеу мұртын, мұрны мен салпы ернін жұлмалай бастады.
Көзі жасқа бұланып:
— Бұл не өзі, немене? — деп еңіреді. — Неліктен осы?
Өзін-өзі бетке, маңдайға, төске соққылап:
— Оңбаған, бұзық, құрыған жан! — деп еңіреді.
— Еһе-е! Солай ма екен!.. — деп кәрлене күжілдеді Григорий.
Қызғындау әжем де баласының қолынан ұстап:
— Яша, қойсайшы, неге бастайтынын құдайдың өзі біледі ғой! — деп жалынды.
Арақ ішіп алғанда, әжем онан сайын жақсарып кетеді: қара көздері күлімдеп, жұрттың бәріне жанға жылы нұр сәуле шашып тұрады да, дуылдаған екі бетін орамалмен желпи түсіп:
— Құдайым-ай, құдайым-ай! Бәрі сондай тамаша ғой! Жоқ, сендер қараңызшы, бәрі сондай тамаша ғой! — дейді әндете сөйлеп.
Бұл оның жүрегінің жалынды лебі, бүкіл өмірінің ұраны болатын.
Бейқам ағайдың бұланған көз жасы мен айқайы мені қатты таңырқатты. Әжемнен: — Бұл неге жылады, өзін-өзі балағаттап, не үшін сабады? — деп сұрадым.
— Барлығын білгің келеді де тұрады-ау! — деді әжем, дағдыдан тыс селқос сөйлеп. — Тұра тұр, саған мұндай істерге қатысу әлі ертерек...
Бұл менің білуге құмарлығымды онан сайын қоздыра түсті. Мастерскойға барып, Иванға жалындым. Бірақ, оның да дұрыс жауап бергісі келмеді, мастерге көзінің қиығымен қарап қойып, ақырын күліп, мені мастерскойдан итермелеп шығарып жатып:
— Мазамды алмай, жөнел! Әйтпесе, өзіңді қазанға салып жіберіп, бояп шығарармын! — деп ақырды.
Мастер үш қазан қатарынан қондырылған жалпақ жатаған пештің алдында тұрып, ұзын қара былғауышпен қазанды былғайды да, былғауышты суырып алып, басынан тамшылаған бояуға қарайды. Поптың шапанындай шұбар ала сүрік алжапқыштың етегіне шағылысып, от лаулап жанып жатыр. Қазандағы бояулы су шұрқ-шұрқ қайнайды, қалың бұлттай түйдектеген қышқыл бу есікке қарай көлбеп барады, сыртта құрғақ жаяу борасын ұйтқып тұр.
Мастер мұнартқан қызыл көзімен көзілдірік астынан мені бір шолып өтті де:
— Отын әкел! Әлде көрмей тұрсын ба? — деді Иванға зеки сөйлеп.
Цыганок жүгіріп сыртқа шығып кеткен соң, Григорий, сандал салған қапшыққа отыра кетіп:
— Бері кел! — деп, мені қасына шақырып алды.
Мені тізесіне отырғызды да, жып-жылы ұяң сақалын бетіме тақап, әлі есімде — бір әңгіме айтып берді:
— Ағайын әйелін сабап, азаптап өлтірді, енді сол үшін ұят қыстап жүр, — түсіндің бе? Сенің бәріне де түсінетін болуың тиіс, байқа, әйтпесе құрып кетесін! — деді.
Григорийдің жанында әжемнің жанында болғандай, емін-еркін отырасың, бірақ үрейің ұшады, өйткені көзілдірік қабатынан дүниенің бәрін түгел байқап отырған тәрізді көрінеді.
— Қайтіп өлтірді? — деді ол, асықпай сөйлеп. — Ол былай: түнде әйелімен бірге жатады да, көрпемен бүркеп тұншықтырып, ұрады. Не үшін дейсің ғой? Не үшін екенін оның сірә, өзі де білмейтін шығар.
Сосын, бір құшақ отын әкеліп, от басында қолын жылытып, жүресінен отырған Иванды елеместен, мастер әңгімесін көкейде қондыра шұбата берді:
— Мүмкін, әйелі өзінен артық болған соң іш күйгендіктен де сабаған шығар. Шырағым, Кашириндер жақсыны сүймейді, оған іштері күйеді, жақтырмайды, құртып жібереді! Әкеңді бұлардың қайтіп жарық дүниеден жоймақ болғанын әжеңнен сұрап көрші. Әжең бәрін айтып береді — ол өтірікті сүймейді, түсінбейді оған. Арақ ішсе де, насыбай атса да, әулие тәрізді. Дуана сияқты. Сен әжеңнен айрылмағайсын...
Мастер сөйдеді де, мені итеріп жіберді, көңілім бұзылып, әрі қорқып, сыртқа шығып кеттім. Үйдің сенегінде артымнан Ванюша келді де басымнан ұстап:
— Сен Григорийден қорықпағайсың, ол бір мейірбан адам; сен оның көзіне тура қара, ол соны жақсы көреді, — деді ақырын ғана сыбырлап.
Осының барлығы таңырқатып, қобалжыта берді. Бұдан өзге тұрмысты білмейтінмін, бірақ әкем мен шешемнің бұлай өмір сүрмегені көмескілеу есімде бар-ды: олардың айтатын әңгімелері де басқаша, ойын-күлкісі де басқа, өздері үнемі бірге, қатар жүріп-тұратын. Олар кештіғұрым терезе алдында отырып, жиі және ұзақ күлісетін, қатты әндете өлең айтатын-ды; оларды көріп, көшеге жұрт жиналушы еді. Жоғары қараған жұрттың күздері имаған бейне бір ас ішкеннен кейінгі жағал-жағал тарелкедей қызық боп көрінетін. Ал, мұнда аз күледі, күлгенде де неге күлетіндері өнебойы түсінікті де емес. Біріне бірі жиі ұрысып, бірдеме деп кіжініседі, бұрыш-бұрышта құпия сыбырласады. Балалары ынжық, көзге түспейді; жаңбыр жерге таптап тастаған тозаңға ұқсас. Үй ішінде өзімді жат адамдай сезіндім, сондықтан осы бір өмірдің бәрі мені күдіктендіріп, дүниенің бәріне еріксіз қадалта қаратып, өңменімнен он шақты жерден қадалған шаншудай, айналаға елегізітумен болды.
Иванмен достығым бірден-бірге күшейе түсті; таң атқаннан түнге дейін әжемнің үй шаруасынан қолы босамайды, сондықтан мен күні бойы Цыганоктың төңірегінде жүрем де қоям. Атам мені шыбыққа жатқызған кезде, Цыганок сол баяғысындай қолын шыбыққа төсей береді, келесі күні сонсоң маған іскен саусақтарын көрсетіп:
— Жоқ, бұдан ешбір пайда шықпайды! Бұдан саған келер жеңілдік жоқ, маған келетін болсақ — мынаны қарaп көрші! Ендігәрі өйтпеймін, керегің жоқ сенің! — деп шағынады.
Бірақ, орынсыз ауыртпалықты келесіде тағы көтереді.
— Өйтпеймін дегенің қайда?
— Өйткім келмеп еді, бірақ төсей салыппын... Байқаусыз солай істеле кетеді...
Көп кешікпей Цыганокке деген құмарым мен сүйіспеншілігімді онан сайын арттыра түскендей, ол жайында бір нәрсеге тағы қанықтым.
Әжемнің еркесі, сұм-шеке шәлкес мінезді, әрі тәттіге өш, Шарап деген торы атты Цыганок жұма сайын бір жалпақ шанаға жегетін, үстіне тізесінен келетін шолақ тон, басына зілдей бөрік киеді де, белін жасыл шүберек белбеумен қынай буынып ап, азық-түлік сатып әкелуге базарға кететін. Кейде ол көпке дейін қайтпайды. Үйдегілердің бәрінің мазасы кетеді, терезеге барып, әйнектің қырауын демдерімен ерітіп, көшеге қараумен болады.
— Келе жатқан жоқ па?
— Жоқ!
Жұрттың бәрінен көбірек әжем абыржыңқырайды.
— Әттеген-ай, — дейді ол балалары мен атама, — сендер кісімді де, атымды да құртады екенсіңдер! Қалай ғана ұялмайсыңдар, бетсіздер? Әлде өз дүниелерің жетпей ме? Әй, жалмауыз, ақылсыз тұқым-ай, құдайым сендердің сазайыңды берер-ау!
Атам томсырайып:
— Жарайды. Осы ең ақырғы сапары болсын... — деп күңкілдейді.
Кейде Цыганок тек түске жақын қайтады; ағайлар мен атам жалма-жан сыртқа шығады; насыбайын құшырлана искеп, нақ сондай кезде үнемі біртүрлі икемсіз бола қалатын әжем аюша маймаңдап олардың соңына ереді. Балаларда жүгіре шығады, сосын құс етіне, балыққа және неше түрлі сортты кесек-кесек етке лық толы шананың жүгін көңілдене түсірісе бастайды.
Атам қырағы көзінің қиығымен жүкті бір шолып өтеді де:
— Тапсырылған нәрсенің бәрін сатып алдың ба? — деп сұрайды.
Иван:
— Керек дегеннің бәрін де алдым, — деп көңілдене жауап қайырады да, бойын жылытпақ боп, қолқабын сарт-сұрт соғып аула ішінде секіріп жүреді.
— Қолқапты соғыстырма, ақшаға келген нәрсе, — деп ақырады атам, ызғарланып. — Ақша қайтты ма?
— Жоқ.
Атам шананы ақырын айналып өтеді де:
— Тағы да көп нәрсе әкелген сияқтысын ғой. Бірақ, абайла, — ақшасыз сатып алған жоқпысын өзің? Менің үйімде мұндай нәрсе болмасын, — дейді дауысын бәсеңдете сөйлеп.
Сөйдейді де, бетін кіржитіп, тез кетіп қалады.
Ағайлар жүкке көңілдене тап-тап береді де, құс етін, балықты, қаздың ішек-қарынын, бұзау сыйрақтарын, үлкен кесек-кесек еттерді қолымен салмақтап көріп, ысқырып қояды:
— Бәрекелде, ұқсатып-ақ таңдап алған екесін! — деп мақтайды, шу-шу етіп.
Әсіресе Михаил ағайым мәз-мәйрам болады: әкесі сияқты арық, бірақ одан гөрі бойшаң және күйелі қораағаштай қап-қара болып, ол тоқылдақтың тұмсығындай мұрнымен бар нәрсені иіскелеп, аузының суы құри еріндерін шопылдатып, ойнақшыған көздерін рақаттана кілмитіп, жүкті шырайнала секең қағады. Тоңған қолдарын жеңіне сұғып:
— Әкем саған қанша берген еді? — деп сұрайды Цыганоктан.
— Бес сом.
— Әкелгенің он бес сомдық қой. Қанша шығардың өзің?
— Төрт сом он тиын.
— Тоқсан тиын қалтаңда қалған екен ғой. Ақшаны қалай жинауға болатынын байқап тұрсын ба, Яков?
Аязда жалаң көйлекпен тұрған Яков ағай, ызғарлы көк аспанға көзін жыпылықтата қарап, ақырын ғана мырс-мырс күледі.
— Ванька, сен бізге жарты бөтелкеден арақ қой, — дейді самарқаулана сөйлеп.
Әжем ат туарып жатады.
— Немене, құлыншағым? Немене, балақайым? Еркелігің ұстап тұр ма? Ендеше, ойнай ғой, құдайдың еркесі!
Дөңдей Шарап қалың жалын желкілдетіп, әжемнің иығынан тістеді, жібек орамалын басынан жұлып алды, көзі жаутаңдап бетіне үңіле қарады да, кірпіктерінің қырауын қағып түсіріп, ақырын ғана оқыранып қойды.
— Нан сұрап тұрсын ба?
Баса тұздалған, үлкен бір кесек нанды әжем атқа тістетіп, алжапқышын тұмсығының астына қапшықша тосты да, аттың нанды жеген түріне ойлана қарап тұрды.
Бесті аттай ойнақтап, Цыганок та әжемнің жанына жетіп келді.
— Әжеке, атың сондай жақсы, сондай ақылды ғой...
— Жағымпазсырамай аулақ тұр! — деп ақырды әжем, аяғын тебініп қойып. — Бүгінгідей күні сені сүймейтінімді білесін ғой.
Цыганоктың базардан сатып алғанынан гөрі ұрлайтыны көп екенін айтты әжем маған.
Атаң оған бес сом берсе, ол үш сомға сатып алады да, он сомдық нәрсені ұрлайды, — деді әжем көңілсіздене сөйлеп. — Ұрлықты жақсы көреді, тентек бала! Бір жолы байқап көріп еді — сәтті боп шықты, бірақ үйдегілер оның қилы болғанына күлісіп, мақтап қойған соң, ұрлықты әдет қып алды. Атаң жасынан кедейлік қасіретін көп шеккен адам еді, қартая келе құнығып кетті, ақшаны туған балаларынан да қымбат көреді, тегін дүниеге қызығады! Ал, Михайло мен Яков болса...
Әжем, қолын бір сілтеп, сәл үндемей қалды да, қақпағы ашық тұрған шақшасына көз жіберіп тұрып:
— Мұндағы істер, Леня, шілтердей шым-шытырық; бұл шілтерді тоқыған соқыр қатын болса, бізге ол кестені ажырата алу қайда! Иванканы ұрлық қып жүрген кезде ұстап алып, ұрып өлтіргенін көрерсін... — деп күңкілдеді.
Тағы да біраз үндемей тұрып әжем:
— Ой дүние-ай! Жол-жоба дегендер бізде көп те, шындық деген жоқ қой... — деді ақырын сөйлеп.
Келесі күні мен Цыганокқа, ендігәрі ұрлық жасамасайшы, деп өтіне бастадым.
— Әйтпесе, сені ұрып өлтіреді...
— Оған қолдары жетпейді, — құтылып кетем: өзім епті, атым жүйрік! — деді Цыганок күле сөйлеп, бірақ іле-шала мұңайып қабағын қатты түйді де: — Ұрылықтың жаман екенін де, қауіпті екенін де білемін. Мұны тек әншейін, ішім пысқандықтан істеймін. Ақша да жыймаймын, ағайларың апта бойы алып құртады. Ақшаны аямаймын, ала беріңдер! Тамағым тоқ менің.
Кенет ол мені көтеріп алды да, ақырын сілкіп қойды.
— Жеп-жеңіл, жіп-жіңішкесін бірақ сүйегің мықты, күшті боларсын. Білесің бе; гитар тартуды үйрен, Яков ағайдан сұра, шын айтамын! Бірақ әлі кішкентайсың, осының-ақ жаман! Кішкентай, бірақ ызақорсын. Атаңды жек көресің ғой, ә?
— Білмеймін.
— Ал, мен әжекеңнен басқа Кашириндердің бірін де сүймеймін, пері сүйсін оларды!
— Мені ше?
— Сен — Каширин еміессін, сен Пешковсын, қаның басқа, тұқымың басқа...
Сөйдеді де, кенет мені қатты қысып құшақтап:
— Әттеген-ай, жақсы дауысым болар ма еді, ой, тәңірім-ай! — деді ыңырсыңқырап. — Жұрттың есін тандырған болар ем... Бар, бауырым, жұмыс істеуім керек...
Ол мені еденге түсіре салды да, бір уыс ұсақ шегені аузына салып жіберіп, бір бөлек дымқыл қара матаны шаршы тақтаға керіп, шегелей бастады.
Цыганок көп кешікпей қаза тапты.
Бұл былай болды: аула ішінде, қақпа жанында, бұтақты түбірі бар бір зор емен крест шарбаққа сүйеулі жататын-ды. Өзі көптен бері жатқан. Мен мұны осы үйге алғаш келген күндері-ақ байқаған едім, — о кезде жаңарақ, сарғыштау болатын, бірақ күз бойы жаңбырда жатып, қазір әбден қарайып кеткен-ді. Крестен уытталған еменнің ашқылтым иісі шығатын, әрі тар, әрі лас аула ішінде артық жатқандай көрінетін.
Кресті Яков ағай әйелінің моласының басына қоймақ боп сатып алған екен, оны әйелінің қайтыс болғанына жыл толған күні бейіт басына өзі арқалап апармақ боп серт етіпті.
Бұл қыстың бас кезінде, сенбі күні болды; аязды, желді күн еді, үйдің шатырынан қар саулап тұрған. Жұрттың бәрі сыртқа шықты, үш немересін ертіп атам мен әжем бейітке дұға етпек боп ертерек кеткен; мені бір қылмыс жасағаным үшін үйде қалдырып кеткен.
Екеуі де үстеріне шолақ қара тон киген ағайлар кресті жерден көтерді де, крестің қанатының астына тұра қалды; Григорий мен тағы бір бөтен адам, зілдей түбірді азар дегенде көтеріп, Цыганоктың кең топшылы иығына салды; Цыганок тәлтіректеп барып, аяқтарын талтайып тұра қалды.
— Көтере алмай жүрмеймісің? — деп сұрады Григорий.
— Білмеймін. Ауыр сияқты...
Михаил ағай ашулы үнмен:
— Қақпаны аш, соқыр малғұн! — деп ақырды.
Яков ағай:
— Ұялсайшы, Ванька, біз екеуміз де сенен әлсізбіз ғой! -деді.
Бірақ Григорий қақпаны шалқайта ашып жатып:
— Байқа, күшің үздігіп кетіп жүрмесін. Құдай сапарларыңызды оң қылсын! — деп Иванға қатты тапсырды.
— Қасқабас ақмақ! — деп айқайлады Михаил ағай көшеден.
Аулада тұрғандардың бәрі күліп жіберді, кресті алып кеткені бәрінің де көңіліне ұнағандай, дабырлап сөйлесе бастады.
Григорий Иванович мені мастерскойға қарай жетелеп келе жатып:
— Бәлкім, атаң бүгін сені шыбыққа жатқызбас, мейірімді көрінеді... — деді.
Григорий, мені мастерскойда бояуға әзірленген бір, иім жүн матаның үстіне отырғызып, сол матамен иығыма дейін шымқай орап қойып, қазаннан көтерілген буды иіскей түсіп, ойлана сөйледі:
— Шырағым, мен атаңды отыз жеті жылдан бері білемін, істі бастағанда көріп едім, ақырында көріп отырмын. Бұрын ол екеуміз дос-жаран болатынбыз, осы істі бірге бастап ойлап тапқанбыз. Атаң ақылды-ақ! Қожайын болып алды, менің қолымнан келмеді. Дегенмен, бәрімізден де құдай ақылды: ол жымыйып күліп қоялы да, ең ақылды деген адамның өзі ақмақ боп қапы қалады. Болып жатқан әңгіменің істеліп жатқан істің жай мәнісін әлі түсінбейсін ғой, бірақ осының бәрін түсіне білуің тиіс. Жетімнің күнелткісі ауыр. Әкең, Максим Савватеич, жігіттің жайсаңы еді, бар нәрсенің мәнісін білуші еді, — атаң оны сол үшін де жаратпайтын, кісі қатарына алмайтын-ды...
Пеште қызара жанып, алтындай құбылған отқа, қазан үстінен үйдің қиғаш шатырының тақталарына қошқыл сүңгі боп жабысып, сүтше ағараңдап көтерілген будың бұлтына көз салып, мейірімді сөздерді тыңдап отыру жанға жайлы тиеді, — шатырдың сүмелектенген саңлауларынан аспанның көгілдір жолақтары көрініп тұр. Жел бәсеңсиін деді, күн әлдеқайдан нұрын төгіп тұр, бүкіл аулаға әйнек ұнтағын сеуіп тастаған тәрізді, көшеден шаналардың шиқылдағаны естіледі, үй тұрбаларынан көгілдір түтін сыздықтай ұшады, бір әңгіме айтып бара жатқандай, қар бетімен селдір көлеңкелер жылжып өтеді.
Ұзын бойлы, сүйеп шыққан, қаба-сақалды, жалаңбас, қалқан құлақ Григорий, мейірімді бәлгерше қайнап жатқан бояуды былғай түседі де маған ақыл үйретумен болады:
— Жұрттың бәрінің көзіне туpa қарағайсын; ит тап берге, оған да тура қара, — сонда жөніне кетеді...
Григорийдің мұрнының қырына зілдей көзілдірік батқан, ұшына көгілдір қан толған мұрны әжемнің мұрынына ұқсайды.
Григорий бір кезде құлағын тіге қалып:
— Тұра тұршы? — деді жұлып алғандай сөйтті де пештің қақпағын аяғымен жаба салып, ауланың ішімен секіре басып жүгіре жөнелді. Оның соңынан мен де жүгіре шықтым.
Кухняның ортасында, еденде шалқасынан түсіп Цыганок жатыр; терезелерден саулаған жалпақ сәуленің бір тарамы Цыганоктың басына, көкірегіне, екіншісі — аяқтарына түсіп тұр. Маңдайы таңғажайып боп жарқырап, қастары жоғары керіліп кеткен; қиғаш көздері үйдің қап-қара төбесіне тесіле қарайды; қарақошқыл еріндері, қалтырай түсіп, қанды көбік атады; екі езуінен бетін бойлай мойнына, еденге қан сорғалап жатыр; қан жауырынының астынан қоймалжым бұлақша ағады, Иванның аяқтары қолапайсыз талтайып кеткен, шалбары да дымқыл, еден тақтайына жабысып қалыпты. Еденді қайырмен ысып, тап-таза ғып жуып қойған екен, күнше жарқырайды. Бұлақ боп аққан қан тарам-тарам сәулені кесе етіп, табалдырыққа қарай созылып, қып-қызыл болып жатыр.
Цыганок қозғалмайды, тек бойын қуалай созылған қолдарының саусақтары ғана, еденді тырналап, қыбырлайды да күн сәулесі түскен бояулы тырнақтары жылт-жылт етеді.
Тәрбиеші Евгенья, жүресінен отырып ап, Иванның қолына жіңішке балауыз шырақ ұстатпақ болды; Иван оны ұстамады, шырақ құлай берді, жалынның күлтесі қанға сүңгіп кетті; тәрбиеші әйел шырақты көтеріп ап, алжапқышының етегімен сүртті де, Иванның тынымсыз қыбырлаған саусақтарының арасына қайтадан қыстырмақ болды. Кухняны үрейлі сыбыр кеулеген; бұл сыбыр желше мені табалдырықтан кейін итерді, бірақ есік тұтқасынан мықтап ұстап тұрмын.
Яков ағай қалтырай, басын сілке түсіп, біртүрлі реңсіз дауыспенен әңгімелеп отыр.
— Сүрініп кетті, — деді ол. Ағайдың тұлабойының бәрі де реңсіз, ұйпа-тұйпа, нұры қашып кеткен көздері әлсін-әлі жыпылықтай береді.
— Құлап түскенде, оны басып қалды, — қыр арқасынан соқты. Біздерді де быт-шыт қылар еді, бірақ кресті дер кезінде тастап жібердік.
— Оны сіздер бастырып өлтірдіңдер ғой, — деп күңк етті Григорий.
— Дұрыс-ақ, — солай ғой...
— Сіздерсіңдер!
Қан тыйылмастан ағып жатыр, табалдырықтың іргесіне қақ боп тұрып қарайып, жоғары көтерілейін деген тәрізді. Цыганок қандыкөбік атып, түсінде ұйқысырағандай, ыңыранады да, еденге жабысы, соған сіңіп бара жатқандай, бірден-бірге жалпайып барады.
— Михайло атпен әкемді әкелуге шіркеуге шауып кетті, — деп сыбырлады Яков ағай, — мен Цыганокты извозчикке салып алдым да, жалма-жан бері тарттым... Түбір астына тұрмағаным жақсы болған екен, әйтпесе өзім мерт болатын едім...
Тәрбиеші әйел Цыганоктың қолына шырақты тағы да қыстырып қарады, алақанына балауыз бен көз жасын тамшылатып отыр.
Григорий:
— Ойбай-ау, бас жағына, еденге жабыстырып қойсайшы, чуваша! — деді дауыстап, дөрекілеу үнмен.
— О да дұрыс екен-ay.
— Бөркін алсаңшы басынан!
Тәрбиеші әйел басынан бөркін шешіп алды; Иванның басы еденге дүңк етті. Иванның басы біржағына қисайды да, бір езуінен қан бұрынғыдан да гөрі молырақ аға бастады. Мұның өзі сұмдық ұзаққа созылды. Мен ілкі әзірде, Цыганок дем алып болған соң түрегелер де еденде отырып, түкірініп қойып:
— Түу-у, қандай ыстық еді... — дер ме екен деген үмітте едім.
Жексенбі күндері, түскі астан кейін ұйқтап тұрған кезінде ол өстуші еді. Бірақ ол тұрмады, бірден-бірге сола берді. Күннің көзі одан ауып кетті, сәулелі тарамдары қысқарып тек терезе алдарына ғана түсіп тұр. Цыганок қап-қара боп кетті, енді саусақтарын қыбырлатуын да қойды, еріндеріндегі қандыкөбік те тыйылды. Қақ төбесінің және екі құлағының тұсында үш шырақ шаншылып тұр, алтын күлтелерін бұлаңдата түсіп, Иванның қошқыл-қара дуда шашын сәулелендіріп, қараторы бетінде сары сәуле ойнақшиды, қусырылған мұрнының ұшы мен қызғылт тістері жылт-жылт етеді.
Тәрбиеші әйел, тізерлеп:
— Айналайын-ай, жайнаңдаған тұйғыным-ай... — деп сыбырлап, жылап отыр.
Тым қорқынышты, салқын боп кетті. Стол астына кіріп, сонда жасырынып отырдым. Сонсоң кухняға жанат ішік киген атам сүйретіле кіріп келді, жағасында салпылдаған құйыршықтары бар кең пальто киген әжем, Михаил ағай, балалар, тағы бірталай бөтен адамдар келді.
Атам, ішігін еденге сыпырып тастап:
— Бұзықтар! Қандай жігітті текке құрытыңдар! Енді бес жылдан кейін баға жетпес адам болатын еді... — деп ақырды.
Шешіліп еденге тасталып жатқан киім, Иванды менен тасалай берді; стол астынан шыға беріп едім, атамның аяғының астына тап келдім. Ол:
— Қасқырсыңдар! — деп, ағайларға кішкентай қызыл жұдырығын оқталып тұрып, мені теуіп жіберді.
Сосын көзінен жасы шықпай, екі қолын тірей отырғышқа отыра кетті де, шаңқылдаған дауыспен:
— Мен білемін — ол сендерге кедергі боп жүр еді... Әттең, Ванюшечка... кішкентай ақмағым-ай! Не амал етерсің, ә? Не амал етерсің? — деймін. Ат — ұрлық, делбе — шірік. Соңғы жылдар бізді құдай қолдамай қойды ғой деймін, шешесі, ә? Ә, шешесі? — деді.
Әжем, еденде етбетінен сұлап, Иванның бетін, басын, көкірегін қолымен сыйпалап, көзіне үргіледі, қолдарын уқалады, сөйтіп жүріп шырақтың бәрін жығып кетті. Сонсоң, үстінде жылтылдаған қара көйлек, өнбойы қап-қара боп, еденнен зорға деп түрегелді де, көзін сұмдық қып ажырайтып:
— Шығыңдар үйден, қарғыс атқандар! — деді онша қатты дауыстамай.
Атамнан басқалардың бәрі кухнядан шыға-шыға жөнелді.
...Цыганокты елеусіз, ескерусіз жерлей салды.
IV
Мен әжемнің тізерлеп отырып, бір қолын көкірегіне қойып, екінші қолымен аспай-саспай шоқынып, құдайға ғибадат еткенін, кең кереуетте төрт қабат зілдей көрпеге оранып, тыңдап жатырмын.
Сыртта аяз сықырлап тұр: әжемнің мұрынды мейірімді жүзін нұрландырып, қара көздерінде құбылдыра от жандырып, мұз басқан терезенің мәнерлі әйнектерінен айдың көгілдір сәулесі түсіп тұр. Жібек орамал, әжемнің шашын кептей, қақтаған күмістей жылт-жылт етеді; қара көйлек толқи түседі, етегі еденге жайылып иығынан төмен шұбатылып тұр.
Әжем, ғибадат қып болып, үндеместен шешінеді де, киімін бұрыштағы сандық үстіне тап-тұйнақтай қып жинап қояды, сөйтеді де төсекке келеді, мен жорта, қатты ұйқыға кеткен боп жата берем.
— Жорта жатырсын ғой, қарақшы, ояусын ғой? — дейді әжем ақырын ғана. — Ояу жатырсын ғой, деймін, жан-көкегім? Қане, көрпені бері бер!
Енді не дейтінін өзім күн бұрын сезіп, күлкімді тыя алмаймын; сонда ол:
— Ә-ә, сен кәрі әжеңді келемеж етейін деген екенсің ғой! — деп күңкілдейді.
Ол көрпенің шетінен ұстап алып, бар пәрменімен өзіне қарай сондай дәл тартып кеп қалады, мен жоғары ыршып кетем де, бірнеше аударылып барып, жұмсақ құс төсекке гүмп ете түсем, сонда әжем:
— Қалай екен, шомырдың баласы? Айтшы, қане? — деп, сылқ-сылқ күледі.
Бірақ, кейде әжемнің ғибадаты тым ұзаққа созылады, ондайда мен шынында да ұйқтап қаламын да, әжемнің жатқанын да сезбеймін.
Әрдайым ренжу, ұрыс-керіс және төбелеспен өткен күндерден соң ол ұзақ ғибадат ететін; ондай ғибадатты тыңдаудың өзі өте қызғылықты; үйде болған оқиғаның бәрін әжем құдайға түгел баяндайды: зілдей, зор обадай боп тізерлеп отырады да, әуелі түсініксіз, зулата сыбырлайды, сонсоң қоңыр дауыспен күңкілдей жөнеледі.
— Кімде-кімнің жақсылық тілейтіні өзіне аян ғой, құдайым. Михайлоның жасы үлкен, оның қалада қалғаны жөн болар еді, өзеннің арғы бетіне кету оған әрі жәбір, әрі ол сыналмаған, жаңа жер ғой, онда не болары белгісіз. Әкесі болса, — одан гөрі Яковты жақсы көреді. Балаларын осылайша тең көрмеу жақсы ма? Қайсар шал ғой, — ақыл енгізсең еді соған, құдайым.
Тұнжыраған қара икондарға нұрланған үлкен көздерін қадап:
— Балаларына еншіні қалай беру керек екенін ұғуы үшін, оған бір тәуір түс енгізсеңші сен, құдайым! — деп өзінің құдайына кеңес береді.
Шоқынып қояды, зор маңдайын еденге соғып, тәжім етеді де, қайтадан бойын түзеп алып, сендіре сөйледі:
— Варвараға бір бақыт бере салмайсын ба! Не жазды ол саған, басқа жұрттан артық не күнасы бар? Дені сап-cay, жас әйел — сөйте тұра осынша қасірет шегіп жүр. Сосын Григорийді де есіңе ал, құдайым, — көзі бірден-бірге кеміп барады. Көзден айрылса, қайыр сұрап кетеді! Жақсы емес қой ол! Бүкіл өмірін атай үшін сарп етті, бірақ атай оған көмек берер ме... О, құдайым, құдайым...
Әжем, басын төмен салбыратып жіберіп қолымен сүйеп, қалың ұйқыға кеткендей, сілейіп қатып қалғандай, ұзақ үнсіз отырады.
— Тағы не қалды? — деп дауыстап қабағын түйіңкіреп ұмытқанын есіне түсіреді. — Бүкіл православный халықты жарылқап, есіркей гөр; мен қарғыс атқан, ақмақтың күнасын кеш, — күнаны зұлымдығымнан емес, есуастығымнан істейтінімді өзің білесің ғой.
Сосын, қатты күрсініп қойып:
— Бәрі де өзіңе аян, бауырым, бәрін де өзің білесін, жарықтығым, — дейді емірене, көңілдене сөйлеп.
Әжемнің өзіне осынша жақын құдайы маған өте ұнаушы еді, сондықтан:
— Құдай жайында әңгіме айтшы! — деп одан әлсін-әлсін сұрай беретінмін.
Әжем құдай жайында: сөздерін біртүрлі созып, көздерін жұмыңқырап және аман отырып алып, біртүрлі ерекше, ақырын ғана сөйлейді; көтеріліңкіреп отырады, жалаң басына орамалды бос салады да, әбден ұйқтап қалғанша, ұзақ әңгімесін соза береді:
— Құдайтағала ұжмақ шабындығының ортасындағы төбенің басында, көк жақұт тас тақтың үстінде, күміс жөке ағаштардың саясында отырады, ол ағаштар жыл бойы гүлдеп тұрады; жұмақта қыс та, күз де болмайды, гүлдер мәңгі-бақи солмайды, құдайдың сүйген құлдарының қуанышы үшін солай үнемі шешек атады да тұрады. Ал, құдайтағаланың төңірегінде — жауған қардай, әлде ұялы арадай, — сан-сапат періштелер ұшып жүреді, — бейне бір ақ көгершіндей көктен жерге түсіп, қайта көкке көтеріліп, құдайға біздер жайында, адамдар жайында көрген-білгендерінің барлығын баяндап тұрады. Онда сенің де, менің де, атаңның да, — бәріміздің де меншікті періштеміз бар, құдайтағала жұрттың бәрін бірдей көреді. Мысалы, сенің періштең: «Лексей атасына тілін шығарды!» — деп, құдайтағалаға хабар әкеледі. Сосын құдайтағала: «Ендеше оны атасы шыбыққа жатқызсын!
— деп бұйрық береді. Сөйтіп, кімге уайым-қайғы түрінде, кімге қуаныш түрінде — жұрттың бәріне істеген істеріне лайық сыбағасын беріп отырады. Құдайтағаланың бұл істерінің бәрі де сондай жақсы болғандықтан, періштелер мәз-майрам боп, қанаттарын қағысады да: «Даңқың арта түссін, құдайтағала, даңқың арта түссін!» — деп, оны үнемі қошаметтеумен болады. Ал енді құдайтағала болса, ол айналып кетейін, — жарар енді, дегендей — періштелерге қарап, тек күлімсірейді де қояды.
Әжемнің өзі де бұндайда, басын шайқай түсіп, күлімсіреп қояды.
— Осыны өзің көрдің бе?
— Көргенім жоқ, бірақ білемін! — деп, ойланыңқырай жауап қайырады әжем.
Құдай, жұмақ, періштелер жайында сөйлеген кезінде, әжем кішірейе, мейірімдене түседі, жүзі жасарып кетеді, жасаураған көздері ерекше бір жылы, лепті нұр шашып тұрады. Мен атластай жылтылдаған зілдей бұрымдарын қолыма аламын да мойныма орап, әжемнің ұшы-қиыры жоқ, ешбір жалықтырмайтын әңгімелерін, тырп етпей отырып, қадала тыңдаймын.
— Адамға құдайды көруге жазған емес, — көзіңнен айрыласын; оған тек әулиелер ғана тура қарайды. Бірақ мен періштелерді көрдім: олар ар-ұятың таза кезде көрінеді. Шіркеуде сәске түстегі ғибадатта тұрғанмын, қарасам, шіркеу төрінде тұман секілді екеу жүр, жап-жарқын тұлабойларынан аржағындағының барлығы көрінеді, кестелі шілтердей, селдір қанаттары жер сызады. Тақты шырайналып, кәрі Илья әкейге көмектесіп жүр екен: Илья құдайға жалбарынып, кәрі қолдарын көтергенде, әлгілер оның шынтағынан демейді. Илья әбден мәужіреген кәрі еді, көзі де көрмейтін, әрнәрсеге соқтыға беретін, содан кейін көп кешікпей уақыты жетті, қайтыс болды. Сонда періштелерді көргенімде, — қуанғанымнан сілейдім де қалдым, жүрегім шымырлап, көзімнен жас парлап қоя берді, — ой, қандай жақсы болды десеңші! Ой, жан-көкегім, Лёнька-ай, құдайдың көгінде де, жерінде де барлық нәрсесінің бәрі жақсы ғой, тым тамаша ғой...
— Біздің үйде де жақсы ма?
Әжем, шоқынып қойып:
— Шарапатты әулие ананың даңқы арта берсін, — бәрі жақсы! — деп жауап қайырды.
Бұл менің көңіліме түйткіл болды: үйдегі хал-жайдың бәрін де жақсы деу қиын еді, өйткені үйдегі тұрмыстың өзі бірден-бірге жаман боп бара жатқан сияқты көрінетін.
Бір күні мен, Михаил ағайдың бөлмесіне кіретін есік жанынан өтіп бара жатып, аппақ киімге оранған Наталья жеңгейдің қолын көкірегіне басып:
— Құдайым-ай, алсаңшы мені, әкетсеңші мені... — деп онша қатты дауыстамай, бірақ үрей шаша қақсап, бөлмеде жанталасып жүргенін көргемін.
Натальяның жалбарынуы маған түсінікті еді де Григорий:
— Одан да көзден айрылып, қайыр сұрап кеткенім көп артық... — деп күңкілдеген кезінде, бұған да түсінетінмін.
Григорийдің көзінен тезірек айрылуын тілейтінмін, өйткені мен оған жетекші болар едім де екеуміз бірге қайыр сұрап жүрер едік деймін. Мұны оған айтып та қойғанмын; мастер, сақалын желпілдете күліп:
— Бәрекелде, кетсек кетеміз! Сонда мен мынау цех старшыны Василий Кашириннің қызынан туған немересі! — деп қалаға жар салар едім. Тамаша болар еді... — деп жауап қайырған-ды.
Наталья жеңгейдің нұрсыз көздерінің астындағы көгерген ісіктерін, сап-сары бет алабынан ісік еріндерін әлденеше рет көргенмін. Әжемнен:
— Ағай оны сабай ма? — деп сұраймын.
— Білдірмей ғана сабайды, қарғыс атқан залым! — деп жауап қайырады әжем, күрсіне түсіп. — Атаң сабама дейді, сондықтан ол түнде сабайды. Ағаң жауыз да, жеңгең — жасық....
Сосын, көңілі қозып, әңгімеге кірісіп кетеді:
— Дегенмен, қазірде бұрынғыдай сабамайды ғой! Көп болса, ауызға, құлақ шекеге қойып қалады, аздап қана бұрымынан тартқылайды, ал бұрынғы кезде талай сағат төпеуші еді ғой! Бір күні атаң мені Пасханың бірінші күні түскі ғибадаттан кешке дейін сабаған. Сабап-сабап шаршайды, демалып алып тағы да сабайды. Делбемен де, қолына не түссе сонымен сабады.
— Не үшін?
— Ұмытып қалыппын қазір. Енді бір рет өзімді өлімші қып сілейтіп салды да, бес тәулік бойы ас бермей қойды, — о жолы азар дегенде оңалдым. Оны айтсаң, тағы бірде....
Бұған мен есімнен тана таңқалушы ем: әжем атамнан екі есе қомақты, сондықтан оған атамның әлі келеді дегенге нануға болмастай еді.
— Әлде атам сенен күшті ме?
— Күшті емес, жасы үлкен ғой! Оның үстіне, — ерің! Meн үшін ол құдай алдында жауапты, ал мен көне беруге міндеттімін...
Әжемнің икондардың шаңын сүрткеніне, олардың оқалы киімін тазалағанына қарау бір қызық, әрі сүйкімді еді; икондар ылғи інжу, күміспен әшекейленген, бастарының айналасындағы сәулелеріне асыл тастар қадалған, тым әсем болатын-ды; әжем иконды епті қолымен көтеріп алады да, оған күлімсірей қарап:
— Жүзі қандай сүйкімді!.. — дейді емрене сөйлеп.
Шоқынып алып, сүйіп қояды.
— Аһ, шаң басып, түтігіп кетіпсін ғой, қуаныштың шалқар бұлағы, шарапатты анам! Бері қарашы, жан-көкегім Лёня, суреті қандай нәзік салынған, тұлғалары титтей болса да, әрқайсысы басқа-басқа тұр. Мұның атын «Он екі мейрам» дейді, ортасындағы Феодоровскіден шыққан, асқан мейірімді Мариам — ана ғой. Ал, мынау: «Менің табытта жатқанымды көргенінде, еңіреп жыламағайсын, ана» деген ғой...
Кей кезде маған, ынжық Катерина апамның қуыршақ ойнағанындай, әжем де шын көңілімен иконды ұстап ойнайтындай көрінетін.
Әжем кейде топ-тобымен және жеке-жеке жүрген шайтандарды да көретін.
— Бір күні ұлы ораза кезінде, түн ішінде Рудольф үйінің жанымен жүріп келе жатыр едім; ай сүттей жарық, бір мезетте тұрба түбінде, шатырдың қырына атша мініп отырған, еңгезердей, дуда-дуда, қап-қара бірдеңені көзім шалып қалды, мүйізді басын тұрбаға тұқыртып иіскелеп, пысқырынып қояды. Иіскелейді де құйрығын бұлғаң-бұлғаң еткізеді, шатырға үйкелейді. Мен оны шоқындырып: «Құдай тірілсін де, оның дұшпандары әлек болсын», — дедім. Сөйдеген кезімде ол ақырын ғана қыңсылап жіберді де, шатырдан аулаға тоңқалаң асып түсті де кетті, — әлек болды! Шамасы, сол күні Рудольфтер оразада жемейтін бір нәрсе пісіріп жатса керек, шайтан соны иіскелеп қуанып отыр екен...
Шайтанның шатырдан тоңқалаң асып түскенін көз алдыма елестетіп күлемін, әжем де күліп, әңгімесін соза түседі:
— Шайтандар кәдімгі кішкентай балалар сияқты, тентектікке өте әуес келеді. — Бір күні моншада кір жуып жатыр ем, түн ортасы болып қалған; бір мезетте пештің қақпағы ашылып кеп кетті! Аз ба, көп пе — белгісіз, қызылды, жасылды, тарақандай қап-қара бірдеңелер лап беріп шыға келді. Есікке жүгіріп ем, — жол жоқ; аяқ алып жүре алар емессің, моншаға шайтан лық толды, бұрылып болмайды, аяғыма оратылады, тартқылайды, әбден сығып тастады, тіпті, тырп етерге жайым қалмады! Мысық тәрізді, жүндес, ұп-ұяң жып-жылы, барлығы да тек артқы аяқтарымен жүреді; шыр айналады, асыр салады, тышқанның тістеріндей тістерін ақсыйтып қояды, титтей көздері жап-жасыл, мүйіздері жаңа ғана шығып келе жатқандай бұлтиып тұр, құйрықтары шошқаның торайының құйрығындай, — ой, құдай сақтасын! Есімнен танып қалыппын ғой! Есімді жыйнасам, — шырақ өлімсіреп қана жанып тұр, астауым суып қапты, жуған кірімді еденге түсіріп тастапты. Аһ, сендерді ме, тау соққырлар! — дедім.
Мен, көзімді жұмып алып, пештің көмейінен, оның сұрғылт жұмыр тастарынан жүндес, шұбар ала жәндіктердің үсті-үстіне ағыла шығып, титтей моншаға лық толғанын, шырақты үргілегенін, қызғылт тілдерін шәлкестене жалақтатып жүргенін көріп отырғандаймын. Бұл да қызық, бірақ қорқынышты. Әжем басын шайқай түсіп, бірер минуттай үндемей отырады да, тағы да кенет лау етіп жанып кеткендей болады:
— Ол қарғыс атқандарды тағы бір рет көрдім; бұ да түнде болған, қыстыгүні, боран соғып тұр еді. Дюков сайынан өтіп келе жатқанмын, сенің әкеңді Яков пен Михайло тоған ойығына батырып жібермек болғанын айтқан едім ғой, есіңде бар ма? Taп сол арамен келе жатқанмын; жалғызаяқ соқпақпен төмен, сайдың түбіне құлдилап түсіп кетуім-ақ мұң екен, сай бойымен ысқыра, қиқулай жөнелмесін бе? Қарасам, үш қара ат жеккен тройка маған қарай ызғытып келеді, қызыл қалпақты еңгезердей бір шайтан, қаққан қазықтай қақшиып, тройканы айдап, шананың алдыңда түрегеліп тұр, темір шынжыр делбені екі қолымен кере ұстап келеді. Бірақ, сай бойымен жүретін жол болмаушы еді де, бұлттай будақтаған боранға бөленген тройка тұп-тура тоғанға қарай алып ұшып барады. Шамада отырғандардың барлығы да өңшең шайтандар; ысқырып қояды, айқайлайды, қалпақтарын бұлғалайды, — өртшілер сияқты, жеті шамалы тройка шауып өтті, бәрінің аттары да қара түсті; ол аттар шынында — адамдар — ата-аналарынан қарғыс алғандар екен. Мұндай адамдар шайтанға келемеж болады, шайтандар ол адамдарға мініп алады да, түн сайын өздерінің әртүрлі мереке-сауықтарына айдайды. Менің ол көргенім шайтанның қыз ұзатқан тойы болу керек, сірә...
Әжеме нанбасыма болмайды, — ол соншама іркілмей, сендіре сөйлейді.
Бірақ әжем, Мариам-ананың дүниенің қиын-қыстау жерлерін кезгені жайлы, «князь-барыня» Енгалычева деген қарақшы әйелді, орыс адамдарын елтірме, тонама деп, үгіттегені жайлы өлеңдерді; дуана Алексей туралы, жауынгер Иван туралы өлеңдерді; асқан дана Василиса туралы, Поп-теке мен құдайдың өкіл баласы туралы ертегілерді; Посадница Марфа туралы, қарақшылардың атаманы — Уста қатын туралы, Египеттің күнакәр әйелі — Мария туралы, қарақшының анасының қайғы-қасіреті туралы сұмдық үрейлі аңыз-әңгімелерді әсіресе қызғылықты етіп айтатын-ды. Ертегі, аңыз өлеңдерді тым көп білетін.
Адам атаулының бәрінен де, атамнан да, шайтаннан да, тағы басқа әзәзіл-малғұндардың бірінен де қорықпайтын әжем қара тарақандардан үрейі ұша қорқушы еді, оларды тіпті алыс жерден сезетін-ді. Кейде мені түн ішінде оятып:
— Олеша, айналайын, тарақан келе жатыр, езіп өлтірші, құдай үшін! — деп сыбырлайтын.
Ұйқылы-ояу жүріп, шырақ жағамын да, дұшпанды іздеп, еденде еңбектеп жүремін; оны тез және үнемі таба бермеуші ем.
— Еш жерде жоқ, — деймін мен, бірақ әжем, басына дейін көрпеге бүркеніп алып, қозғалмастан жатып:
— Ой, бар деймін! Әлде де іздеңкіреші, өтінем сенен! Осы арада жүр, білемін ғой... — деп жалынады болар-болмас естіртіп.
Әжем ешуақытта қателеспейтін, — тарақанды кереуеттен аулақ бір жерден ақыры тауып алам.
— Өлтірдің бе? Ендеше, құдайға шүкір! Саған да алдыраз болсын...
Сосын, басынан көрпесін төмен ысырып рақаттана дем алып, күлімсірейтін.
Жәндікті таба алмасам, әжем ұйқтай алмайтын; түннің меңіреу тыныштығында титтей бір сыбдыр шықса, әжемнің денесі селк ете қалатынын сезіп жатамын, демін ішінен алып:
— Табалдырық маңында... сандық астына жорғалап кіріп кетті... — деп сыбырлағанын естимін.
— Тарақаннан неге қорқасың?
Әжем бұған да орынды жауап қайтарады.
— Неге керек екенін түсінбеймін солардың? Қап-қара боп, жорғалайды да жүреді, жорғалайды да жүреді. Құдайтағала әрбір құрт-құмырысқаның өзіне бір мақсат берген: есекқұрт үйдің дымқыл екенін білдіреді, қандала болса — үй қабырғаларының лас болғаны, бит түссе — адамның ауырар белгісі, — бәрі де түсінікті! Ал, мыналар болса, бұларда қандай күш-қуат бар екенін, не үшін жіберілгенін кім біледі?
Бір күні, әжем, құдаймен пейілдесе әңгімелесіп, жүгініп отырған кезінде, атам бөлменің есігін шалқасынан қайырып тастап:
— Ал, шешесі, құдай ұрды бізді, — өртеніп жатырмыз! — деді қарлығыңқы дауыспен.
Әжем, еденнен ұшып түрегеліп:
— Не деп тұрсың ей! — деп айқайлап жіберді де, екеуі аяқтарын дүрс-дүрс басып, кең ауыз-бөлменің қараңғылығына сүңгіп кетті.
— Евгенья, икондарды ал! Балаларды киіндір, Наталья! — деп әжем: қатты дауыстап, қатаң үнмен бұйрық беріп жүр де, атам ақырын ғана:
— И-и-ы... — деп еңіреп жүр.
Мен кухняға жүгіріп шықтым; аула жақтағы терезе алтындай жарқырап тұр; еден бетінде сарғыш сәуле сырғанап жүр, жалаң аяқ Яков ағай, етігін киіп жатып, табанын күйдіріп бара жатқандай, етік үстінде шоқаң қағып:
— Мишка өртеді, өрт жіберді де қашып кетті, еһе! — деп айқайлап жүр.
Әжем:
— Кет әрі, төбет! — деп, Яковты есікке қарай қатты итеріп жіберіп еді, құлауға шақ қалды.
Терезе қырауының қабатынан мастерской шатырының жанып жатқаны, оның ашық есігінен бұйра жалынның ұйтқығаны көрінді. Жым-жырт түн ішінде жанған от түтінсіз қызыл шешек атты; от үстінде тек шырқау биікте ғана, құс жолының күміс жүлгесін көруге кедергі болмай күңгірт бұлт қалықтап тұр. Қызара жарқырап, мастерской қабырғасының кең саңлауларын қызыл бояуға бөлеп, балқыған қисық-қисық шегедей сыртқа арандаған от ойнақши асыр салып жатқан ауланың ыстық түкпіріне қарай ұмтыла түскендей, қора-қопсылардың қабырғалары дір-дір етеді. Шатырды шапшаңдап қармай түсіп, құрғақ шатырдың қара тақтайларының бойыменен алтындай сарғыш, қызыл баулар ирелеңдейді; солардың арасында ерекше көзге түсе сорайып, жіңішке құмыра тұрба түтіндетіп тұр; терезе әйнектеріне ақырын-ақырын сытырлаған, жібекше сусылдаған дыбыс кеп соғылады; өрт бірден-бірге күшейе түсті, өрт мәнерлеген мастерской барған сайын шіркеудің икондар тұратын қабырғасына ұқсап, өзіне таман еріксіз ентелетті.
Басыма зілдей шолақ тонды бүркеп, аяғыма біреудің етігін сұға салып, сенеге, сыртқы есік алдына сүйретіле шыға келдім де, жарқырап асыр салған оттың жарығынан көзім ұялып, атамның, Григорийдің, ағайдың айқайынан, өрттің шатырлаған дыбынынан құлағым тұнып, әжемнің қылығынан шошып, сілейіп қалдым: әжем, басына бос қапшықты бүркей салып, ат жабуға оранып, отқа дүрсе қоя берді де:
— Көкдәрі, ақымақтар! Көкдәрі жарылып кетеді... — деп айқайлап, отқа беріп кетті.
— Ұста ананы, Григорий!- — деп еңіреді атам. — Ой, құрыды ғой...
Бірақ үсті-басынан түтін будақтап, басын шайқай түсіп, созылуы қолдарымен көкдәрі майы толы бір шелектік шыныны ұстап, еңкейіп, әжем шығып та үлгірді.
— Атты алып шық, әкесі! — деп айқайлады әжем, қарлыға, жөтеле сөйлеп. — Иығымдағыны сыпырып алсаңдаршы, — жанып барамын ғой, көрмейсіңдер ме?..
Григорий тұтанған ат жабуды әжемнің иығынан сыпырып алды да, екі бүктетіліп aп, мастерскойдың есігіне күрекпен үлкен-үлкен кесек қарды лақтыра бастады; қолында балтасы бар ағай Григорийдің қасында шыркөбелек айналып жүр; атам, әжемнің үстіне қар шашып, қасында жүгіріп жүр; әжем шыныны күртік қарға тыға салып, қақпаға қарай ұмтылып оны ашып жіберді де, жүгіріп кірген адамдарға иіліп:
— Азбарды қорғаңдар, көршілер! Өрт азбарға, пішен сарайға ойысса — біздікі түп көтере жанып кетеді де, сіздердікі де өртенеді! Шатырды шауып түсіріңдер, пішенді баққа лақтырыңдар! — деді. — Жоғары таста, Григорий, жерге лақтыра беретінің не? Сасқалақтама, Яков, жұртқа балта, күрек бер! Жұмыла қимылдаңыздар, көрші жарықтықтарым, — құдай дем бергей бізге.
Әжемнің өзі де өрттей қызғылықты; қап-қара тұлғасын қуалай оттың жарығы түскен әжем, барлық жерге дер кезінде барып, барлығын билеп-төстеп, барлығын байқап, аулада зыр-жүгіріп жүр.
Аспанға арындай атылып, атамды сүйрелеп ұршықтай үйіріп, аулаға Шарап ытқып шыға келді; үлкен көздеріне от шағылыса кеткенде, көздері қызара жарқ ете қалды; ат осқырып, алдыңғы аяқтарымен жер тірей тұра қалды; атам тізгінді лақтырып жіберді де:
— Ұста, шешесі! — деп айқайлап, секіріп кетті.
Әжем арындаған аттың аяғының астына қарай тап берді, құлашын жайып қарсы алдына тұра қалды; ат мүсіркене кісінеп жіберді де, жалынға көзінің қиығын салып әжеме қарай ұмтылып қоя берді.
Әжем аттың тізгінінен ұстай алып, мойынына қағып-қағып қойып:
— Ендеше, қорықпай-ақ қой! — деді жуан дауыспен. — Мына, алай-түлейдің ішінде сені тастап кететін бе едім мен? Әй, тышқаншығым-ай...
Әжемнің өзінен үш есе зор тышқаншығы бастартпай оның соңынан қақпаға қарай аяңдады да, әжемнің қып-қызыл бетіне қарай түсіп, пысқырып қойды.
Тәрбиеші Евгенья үйден, шымқай ораған, тұншыға жылаған балаларды алып шықты да:
— Василий Васильич, Лексей жоқ... — деп айқайлады.
— Жүре бер, жүре бер! — деп жауап қайырды атам, қолын сермеп; тәрбиеші әйел алып кетпесін деп, мен крыльцо баспалдағының астына жасырынып қалғанмын.
Мастерскойдың шатыры опырылып та түсті; шатыр арқалықтарының жіңішке уықтары, түтіні будақтап, алтын шоғы жарқырап, көкке шаншыла сорайып-сорайып тұр; мастерской ішінде жасыл, көк, қызыл құйындар азнап, сатырлап жарылып жатыр, күректеп қар лақтырып әйдік костер алдында, топталып тұрған адамдарға таман аула ішіне қарай, жалын құшақ-құшағымен атылады. От ортасында қазандар құтырына қайнап жатыр, қалың бу мен түтін түйдек-түйдек көтеріледі, көзден жас парлатып, ауланы бір жаман иіс кеулеп кетті; мен крыльцо астынан шыға келдім де, әжемнің аяғына оратылдым.
— Жоғал! — деп ақырды әжем. — Басып кетеді, жоғал...
Төбесінде айдары бар, жез бөрік киген салт атты біреу аулаға кіріп келді. Жирен аттан ақ көбік атқан, әлгі адам, қамшы ұстаған қолын жоғары көтеріп:
— Жол беріңдер! — деп, кіжіне даурықты.
Қоңыраулар көңілдене, екпіндете шылдыр-шылдыр етті, барлығы да мейрамдағыдай қызғылықты, әсем. Әжем мені крыльцоға қарай итеріп жіберді;
— Кімге айтып тұрмын? Жоғал!
Бұл сәтте оның тілін алмасқа мүмкін емес еді. Мен кухняға бардым да, терезе әйнегіне тағы да жабыса қалдым, бірақ енді қарауытқан топ адамның тасасынан от көрінбеді, — қысқы қара бөріктер мен картуздардың арасында тек жез дулығалар ғана жалтылдайды.
Отты жерге тез бұқтырды, су құйып, таптап тастады, полиция жұртты таратып жіберді де, әжем кухняға кіріп келді.
— Бұл кім? Сенбісін? Ұйқтаған жоқпысын, қорқып отырмысын? Қорықпа, бәрі де бітті...
Жаныма кеп отырды да, теңселе түсіп, үнсіз қалды. Жым-жырт түннің қараңғылықтың қайтадан орнағаны жақсы болды; бірақ отты да қимайсын.
Атам келіп, босағаға тоқтай қалды да:
— Шешесі-ау? - деп сұрады.
— Ие?
— Күйіп қалдың ба?
— Ештеңе етпес.
Атам, өзінің күзеннің бетіндей, күйе-күйе бетіне көгілдір сәуле түсіріп, күкірт сіріңке тұтатып, стол үстіндегі шырақты тауып алды да, асықпай, әжемнің жанына кеп отырды.
Өзінің үсті-басы да күйе-күйе, қышқыл түтін аңқып отырған әжем:
— Жуынсаң еді, — деді.
Атам күрсініп қойды:
— Саған құдайтағаланың жарылғасыны тиетін кезі болады, зор ақыл енгізеді саған...
Сосын, әжемнің иығынан сипап:
— Аз ғана уақытқа, бір сағатқа болса да, ақыл енгізеді!.. — деді тағы да, тісін ақсита күлімсіреп.
Әжем де ақырын күліп, бірдеңе дегісі кеп еді, бірақ атам қабағын шытты.
— Григорийді жұмыстан босату керек, — бұл соның жете қарамағандығынан болды! Мұжықтың әлі бітті, істерін істеді! Яшка крыльцо алдында отыр, жылайды ақмақ... Соған барсаң қайтер еді...
Әжем түрегелді де, қолын бетіне тосып, саусақтарын үрлей түсіп, шығып кетті, сосын атам менің бетіме қарамастан:
— Өрттің бәрін бастан-аяқ көрдің бе? Әжең қалай екен, ә? — деп сұрады ақырын ғана. — Кемпір ғой... таяқ та жеген, соғылып біткен, сонда да көрдің бе! Әй, сендерді ме-е... — деді.
Бүгіліп алды да көпке дейін үнсіз отырды, сонсоң түрегелді де шырақтың күлін саусақтарымен түсіріп жатып:
— Қорықтың ба? — деп сұрады тағы да.
— Жоқ.
— Қорқатын ештеңе де жоқ...
Көйлегін иығынан ашулана жұлқып тастап, бұрышқа, қолжуғышқа таман барды да, сол арада қараңғыда тұрып, аяғын тебініп қойып:
— Өрт деген ақмақтық! — деді дауыстап. — Өртенген үйдің иесін сол үшін алаңға апарып, шыбыртқымен осу керек; ол — ақмақ, әйтпесе — ұры! Осылай істеу керек, сонда өрт те болмайды!.. Бар, ұйқта. Неғып отырсың?
Мен кетіп қалдым, бірақ бұл түні ұйқтай алмадым: төсекке жаңа ғана жатып ем — бір адам айтқысыз аңыраған жылау төсектен ұшырып түсірді; қайтадан кухняға жүгірдім; кухня ортасында, қолында шырақ, көйлексіз атам тұр; шырақ дір-дір етеді, атам еденді аяғымен сырп-сырп басады да, тұрған орнынан қозғалмай:
— Шешесі, Яков, бұл немене? — деп барқырайды.
Мен пешке ырғып шығып, бұрышқа тығылып қалдым, сосын үйде өрт кезіндегідей тағы да әбігер басталды; барған сайын қатты, зілді, ырғалған жылау үйдің төбесі мен қабырғаларына толқи соғылып тұр. Атам мен ағай аптыға жүгіріп жүр, оларды бір жаққа қуып, әжем айғай салады; Григорий, пешке отын толтырып, отынды дүңгірлетіп жүр, шойын ыдыстарға су құяды да, астрахань түйесі тәрізді, басын шайқай түсіп кухняда ерсілі-қарсылы жүр.
— Оу, сен әуелі пеш жақсайшы! — деп бұйырды әжем.
Григорий шыра алуға жүгірді, менің аяғыма қолы тиіп кетті де:
— Кім мұнда? — деп шошына айқайлап жіберді. — Түу, зәремді ұшырдың ғой... Қайдағы бір керекпеген жерде сен жүресін-ау...
— Не боп жатыр?
— Наталья жеңгең толғатып жатыр, — деді ол немкеттілеу сөйлеп, еденге ырғып түсіп.
Өз шешем босанған кезінде тап бұлай айқай салмағаны есіме түсті.
Шойын ыдыстарды отқа қойып боп, Григорий менің жаныма — пеш үстіне шықты да, жанқалтасынан саздан жасаған трубкасын алып көрсетті маған.
— Көзіме дару болар ма екен деп, темекі тарта бастадым! Әжең.: насыбай ат дейді, бірақ мен одан да темекі тартқан тәуір ғой, деймін...
Григорий пеш ернеуінде, аяғын салбыратып, шырақтың солғын жарығына көз жіберіп, төмен қарап отыр; құлағы мен беті күйе-күйе, көйлегінің бір шабуы жыртық мен оның құрсаудай, жалпақ қабырғаларын көріп отырмын. Көзілдірігінің бір әйнегі сынып қапты, әйнектің жартысына жақыны кенересінен ұшып түскен, сол тесігінен жара тәрізді, суланған қызыл көзі көрініп тұр. Трубкасына жапырақ темекіні нығай салып жатып, толғатқан әйелдің сарнаған дыбысына құлағын тігеді де, мас кісіше әр ненің басын бір шата күңкілдейді:
— Әжең едәуір күйіп қалды. Ол енді қалай босандырар екен? Жеңгеңнің зар қағып жатқанын қарашы! Оны жұрт ұмытып кетті ғой; өзі өрт шығысымен-ақ — шошып кетіп, дөңбекши бастаған еді... Адамды туу дегеннің қандай қиын екенін, міне, көріп отырсын ғой, қатындарды сонда да құрметтемейді! Есіңде болсын: қатындарды құрметтеу керек, аналарды дегенім ғой...
Мен қалғып отырмын, бірақ абың-күбіңнен, есік сартылынан, Михаил ағайдың мас айқайынан оянып кете берем; құлағыма бір таңғажайып сөздер келеді:
— Патша есігін ашу керек....
— Ром қосқан шам майы мен күйе ішкізіңіз: жарты стакан май, жарты стакан ром және бір үлкен қасық күйе...
Михаило ағай:
— Мені жіберсеңізші, көрейін... — деп қоймастан жалынады.
Екі аяғын талтайта созып, ол еденде отыр, алақанымен еденді сапылдата соғып, алдына әлсін-әлі түкіреді. Пеш үсті шыдатқысыз ыссы боп кетті де, мен жерге түстім, бірақ ағайдың қатарына жете бергенімде, ол менің аяғымнан ұстай алып, тартып қалды, желкеммен еденге соғылып, құлап түстім.
— Ақмақ, — дедім мен оған.
Сонда ол ұшып түрегеліп, мені қайтадан ұстап алды да, үйіріп қалып:
— Пешке соғып, быт-шыт қылайын, — деп ақырды.
Қонақжан бөлмеде, бұрышта, икондардың алдында, атамның тізесінде отырғанымда есімді жыйнадым; атам, төбеге қарап, мені тербете түседі де:
— Біздердің ешқайсымызға да кешірім жоқ... — дейді ақырын ғана.
Атамның қақ төбесінде жарқыраған майшам, бөлме ортасындағы столда шырақ жанып тұр, терезеден қысқы алакөлеңке таң да саз беріп қалыпты.
Атам маған қарай еңкейіп:
— Қай жерің ауырады? — деп сұрады.
Ауырмайтын жерім жоқ; басым дымқыл, денем көтертпейді, бірақ оны айтқым келмеді, — айнала төңірегімнің барлығы біртүрлі таңғажайып: бөлмедегі барлық столдарда дерлік өңшең бір бейтаныс адамдар отыр — ашық көк киім киген поп, әскери киім киген, аппақ қудай, бір әлжуаз көзілдірікті шал, тағы да көп адамдар; барлығы да ағаштай боп қалшыйып қыбыр етпестен күтіп отыр, жақын жерден шылпылдаған судың дыбысына құлақтарын тігеді. Екі қолын артына ұстап, сілейіп, есік кәшегінің жанында Яков ағай тұр. Атам:
— Мә, мынаны апарып ұйқтат, — деді оған.
Ағай мені өзіне қарай саусағымен ымдап шақырды да, аяғының ұшынан басып, әжем бөлмесінің есігіне қарай жүре берді, сонымен мен кереуетке шыққан соң:
— Наталья жеңгең қайтыс болды ғой... — деп, сыбыр ете түсті.
Бұған мен таңданғаным жоқ, — жеңгей көптен бері кухняға, тамаққа келмей, көзге түспей жүрген.
— Әжем қайда?
Ағай, қолын бір сілтеп:
— Сонда, — деді де тағы да манағысындай, жалаң аяғының ұшымен басып шығып кетті.
Мен айналама қарана түсіп, кереуетте жатырмын. Терезе әйнектеріне түкті ақ шашты, бір күңгірт беттер жабыса қалыпты; бұрышта, сандықтың үстіңгі жағында әжемнің киімі ілулі тұр, — мен оны білетінмін, — бірақ қазір сол арада бір адам жасырынып, аңдып тұрғандай боп көрінді. Басымды көпшік астына тығып, бір көзіммен есікке қарап жатырмын; құс төсектен ұшып түрегеліп, қаша жөнелгім келеді. Үйдің іші ыстық. Цыганоктың өлімін, сондағы еден бойымен жан-жаққа судай аққан қанды еске түсіріп, бір қоймалжым, ауыр иіс тұншықтырып барады; басымды, әлде жүрегімді бір түрлі бір ісік кеулеп бара жатқан тәрізді; осы үйде көрген-білгендерімнің бәрі, өңменімнен қыстыгүні көшеден өткен обоздай шұбатылып, зілін салады, діңкемді құртады...
Есік өте ақырын ашылды да бөлмеге ілбіп қана әжем кірді, бір иығымен есікті жауып, арқасын соған сүйеп тұрды да, сөнбес майшамның көгілдір жалынына қарай екі қолын созып, балаша жыламсырап, ақырын ғана:
— Қолдарым-ай, қолдарым ауырып барады ғой... — деді.
Көктем туа ағайлар енші алысты; Яков қалада қалды, Михаил өзенің арғы бетіне көшіп кетті, атам Полевая көшесінен, төменгі кірпіш қабатында қабап, шардағында жып-жинақты шағындау ғана бөлмесі бар, және сыйда бұтақтары едірейген қалың тал өскен, сайға құлайтын бағы бар, үлкен бір қызғылықты үй сатып алды.
Қары еріп кеткен жұмсақ жолмен екеуміз бақты аралап келе жатқан кезімізде:
— Шыбық көп-ақ екен! — деді атам, маған көзін қуақылана қысып қойып. — Жуық арада саған әріп үйрете бастаймын, бұл шыбықтар сонда пайдаға асады әлі...
Бүкіл үй пәтерге кірген адамға лық толы; атам өзіне және қонақ қабылдауға деп жоғарғы қабатынан тек бір кең бөлме ғана қалдырды, әжем менімен бірге шардақтағы бөлмеге орналасты. Бұл бөлменің терезесі көше жақта еді, кештіғұрым және мейрам күндері мас адамдардың қабақтан шығып, көшеде теңселе басып кетіп бара жатқандарын, даурығып айқайлағандарын, құлағандарын терезе алдына асыла еңкейіп, көріп отыруға болатын-ды. Кейде мастарды қапшықша лақтырып, жол бойына шығарып тастайды, олар қабақ есігіне қайтадан ентелейді; есік сарт-сұрт ашылып-жабылады, дір-дір қағады, аспалы шығыршығы шыйқ-шыйқ етеді, төбелес басталады, жоғарыдан осының бәріне қарап отыру қызық-ақ. Атам, балаларының орналасуына көмектесу үшін, ертемен солардың мастерскойларына кетеді; шаршап, сілесі қатып, ашуланып, кештіғұрым қайтады.
Әжем ас пісіреді, іс тігеді, огородты және бақты шұқылайды, көзге көрінгізсіз бір қамшымен қуалап жүрген зор зырылдауықтай, ұзақты күн зырлайды да жүреді, насыбай искейді, рақаттана түшкіреді де, терлеген бетін сүрте түсіп:
— Мәңгі-бақи жасай бер, жарық дүние! Мінеки, жан-көкегім, Олёша, енді тып-тыныш өмір сүре бастадық! Даңқың арта түссін сенің, Мариам-ана, шынымен-ақ бәрі жақсы жайғасты ғой әйтеуір! — дейді.
Бірақ, маған тұрмысымыз тып-тыныш көрінбейтін-ді: пәтердегі тұрғын әйелдер сыртта да, үйде де ертеден кешке дейін әбігерленіп жүгіреді де жүреді, әлсін-әлі көрші әйелдер келеді, жұрттың бәрі бір жаққа асығып, әрдайым кешігіп қалып, аһ ұрады, барлығы бір нәрсеге дайындалумен болады да:
— Акулина Ивановна! — деп әжемді шақыра береді.
Жұрттың бәріне ықыласты Акулина Ивановна бәріне бірдей жылы шыраймен күлімсіреп, мұрнына басбармағымен насыбай атып алып, мұрны мен басбармағын торкөз қызыл орамалмен мұқият сүртеді де:
— Сударыням менің, — дейді, — бит түспесін десеңіз, моншаға барып жиі-жиі жуынып, жаңғақ буына шабынуыңыз тиіс; ал, теріңізге кіріп кеткен бит болса, — бір қасық тап-таза қаз майын, бір бал қасық сулема мен үш тамшы тірі сынапты алыңыз да — осының бәрін шайтабаққа салып шыны келсаппен жеті рет езіңіз, үстіңізді сонымен сылаңыз! Ағаш қасықпен я сүйекпен езсеңіз, — сынап қашып кетеді; жез, күміс дегендерді жолатпаңыз, — олар зиянды!
Кейде әжем:
— Шешей, сіз Печерыға. Асаф-әулиеге барып қайтыңыз, — сізге мен дұрыс жауап бере алмаймын, — деп ойлана кеңес береді.
Әжем екіқабат әйелдерді босандырады, үй ішінің ұрыс-жанжалдарына бітім айтады, балаларды емдейді, әйелдер «бақытты болу үшін» жаттап алсын деп, «Мариам-ана түсін» жатқа айтады, шаруашылық жөнінде кеңес береді:
— Қашан тұздау керек екенін қиярдың өзі білдіреді; жер исі, тағы бөтен иістері кетсе-ақ, ала беріңдер. Квас көпірмелі болсын, құтырына ашысын десеңдер, оны ызаландыру керек; квас тәттіні сүймейді, сондықтан оған мейіз салыңдар, әйтпесе бір шелегіне бір мысқал қант тастап жіберіңдер. Вареньені түрліше жасайды: дунайша да, испанша, әйтпесе тіпті — кавказша да жасауға болады...
Ұзақты күн бақта, аула ішінде әжем жанында жүрем де қоям, көрші әйелдердің үйлеріне барам, онда әжем неше түрлі оқиғаларды тынбастан әңгіме етіп, сағаттар бойы шай ішіп отырады; әжеме жабысып қалған сияқты едім де, өмірімнің сол бір шағында, тынымсыз, шексіз мейрімді сол бір кемпірден өзге нәрсе көрдім деп айта алмаймын.
Кейде қысқа ғана уақытқа бір жақтан шешем келеді; өзі такаппар, қатал, бар нәрсеге, қысқы күннің көзіндей ызғарлы көкшіл көзімен қарайтын ол, көңілімде өзі жөнінде ешбір із қалдырмай, тез-ақ зым-зия жоқ боп кететін.
Бір күні мен әжемнен:
— Сен — сиқыршымысың? — деп сұрадым.
Әжем:
— Мәссаған, қайдағы жоқты ойлап шығаруын! — деп күліп жіберді де, сол бойда ойланыңқырай отырып: — Ол менің қолымнан қайдан келсін: сиқыршылық деген — қиын ғылым ғой, — деді. — Осы отырғанда өзім сауатсызбын да, — әліпті таяқ деп білмеймін; атаңның — қандай сауаты жүйрік, ал маған Мариам-ана ақыл енгізбей-ақ қойды ғой.
Сосын маған өз өмірінің тағы бір бөлек сырын ашты:
— Мен де жетім боп өстім ғой, шешем жалғыз басты, мүгедек адам еді; қыз күнінде барин шошытқан екен. Қорыққанынан түнде терезеден секіріп түсіпті де, бір жақ қабырғасын сындырып алыпты, иығын да сындырыпты, содан бастап ең керекті оң қолы семiп қалыпты, өзі атақты шілтерші екен. Сонымен оның бариндерге қажеті жоқ боп қалады, сондықтан оған, — қалай күнелтсең де өз еркіңде деп, — бостандық беріп қоя беріпті, бірақ қолсыз қалай күнелтерсің? Сөйтіп, жұрттан қайыр-садақа сұрап, ел кезіп кетіпті, бірақ о кезде жұрт дәулеттірек тұратын, қайырымдырақ та болатын, — балахнаның даңқты ағаш шеберлері мен шілтерші әйелдері — барын алдына салатын жомарт жұрт еді ғой! Күздей-қыстай шешем екеуміз қаланы кезіп жүреміз де, Жебрейіл періште семсерін сермеп, қысты серпілтіп, жерді көктем құшысымен-ақ, — бетіміз ауған жаққа, ұзаңқырап кететінбіз. Муромда да талай болғанбыз, Юрьевте де болдық, Волганы да жоғары өрледік, тынық Оканы да жағаладық. Көктемде және жаздыгүні жер кезген қандай жақсы, мейрімді жер мақпалдың түгіндей көкорай шөпке бөленген; әулиенің әулиесі Мариам-ана далаға гүл-шешектерді сеуіп тастаған, шаттық та, жүрегіне еркіншілік те сонда! Сол шақта шешекем көк көздерін жұмыңқырап алады да, асқар аспанға ән шырқатып кеп жібереді, — даусы онша күшті болмағанымен, сыңғырлап тұратын-ды, — сонда төңіректің бәрі мүлгіп, қыбыр етпейді, шешемді тыңдай қалады. Құдай үшін қайыр сұрап жүрген қандай жақсы еді! Сөйтіп жүріп, мен тоғыз жастан астым, енді мені жетелеп, қаңғып жүру шешеме ар көрініп, әрі ұялып, Балахнада біржолата тұрып қалды; көшеде үйден үйге шоңқаңдап жүреді де, мейрам күндері — шіркеу есігінде тұрып қайыр жинайды. Мен үйде отырам, шілтер тоқуды үйренем, асыға-үсіге үйренем, шешекеме тезірек қолқабыс тигізгім келеді; кейде, қолымнан келмей қалса, — көзімнің жасын көл қылам. Біле-білсең, екі жылдан аз ғана аса бергенде іске жетіліп алдым да, қалаға даңқым жайылып кетті: біреуге бір тәуір іс істету керек болса-ақ, табанда бізге жетіп келеді: қане, Акуля, ырғақтарыңды қимылдатып жіберші! — дейді. Мен қуанып, мәз-майрам болам да қалам! Әрине, өз өнерім емес, шешемнің, үйреткені. Бір қолы жоқ, қызмет істей алмайтын болса да, үйрету қолынан келуші еді. Жақсы үйретуші он қызметшіден артық қой. Сонымен, өзім де насаттанып кеттім: шешеке, қайыр-садақа сұрауыңды қой, енді менің өзім-ақ сені асыраймын! — дедім. Бірақ, шешем маған: «Тырс етпе, бұл сенің жасауың үшін жиналады, біліп қой», дейді. Сол шамада көп кешікпей-ақ нағашы атаң кеп киліге қалды, көрнекті жігіт еді: өзі жиырма екі жаста болса да. — водолив! Атаңның шешесі мені байқай қойыпты: іскермін, әрі қайыршының қызымын, көнгіш, момын болам, соны ойлапты... Шешесі наншы еді, бір жауыз қатын болатын, бірақ жамандаудың не қажеті бар... Ой-хой, жауыз кісілерді еске түсіріп қайтеміз? Оларды құдайтағаланың өзі де көріп отыр ғой; құдай оларды көреді; шайтандар сүйеді.
Сосын әжем шек-сілесі қата күледі, мұрны күлкіңді келтіре кіржің-кіржің етеді, көздері, ойлана нұр шашып, бар нәрсе жөнінде ауыздай айтқаннан гөрі де ұғымдырақ сөйлеп, мені еркелете түседі.
Әлі есімде, бір тынық кеш еді; әжем екеуміз атамның бөлмесінде шай ішіп отырғанбыз; атам сырқат, жалаңаш иығына ұзын беторамал жамылып, төсекте көйлексіз отыр, егіл-тегіл аққан терін әлсін-әлі сүртіп, көкірегі сырылдап, демін тез-тез, ентіге алады. Жасыл-көк көздері мұнартқан, беті ісіп, қанталап кеткен, әсіресе сертиген кішкентай құлақтары ақ қып-қызыл. Шай құйған шыныаяққа ұмтылған кезінде, қолы адам есіркегендей қалт-құлт етеді. Бұрынғысындай емес, моп-момын.
— Маған қант неге бермейсін? — деп сұрайды ол әжемнен, ерке балаша бұртия сөйлеп. Әжем:
— Балмен іш, бұл саған жақсы болады! — деп емрене сөйлеп, бірақ тойтара жауап қайырады.
Атам, ентігіп, тамағын кеней түсіп, ыстық шайды тез-тез жұтады да:
— Абай бол, өліп кетпесем игі еді! — дейді.
— Қорықпа, абай болармын.
— Бәсе! Қазір өлгенін дүниеде тұрған-тұрмағаныңмен бірдей, — жиған-тергенін бәрі күл боп ұшып кетеді ғой!
— Ендеше үндеме, мылқау боп жата бер.
Атам, көзін жұмып қошқыл ернін шопылдата сорып, бірер минуттей үндемей отырды да, бір мезетте, біз сұғылғандай селт ете түсіп, өзімен өзі дауыстап сөйлесе бастады:
— Мишка мен Яшканы қалай да тезірек үйлендіру керек; мүмкін, әйелдері мен жаңадан туған балалар оларға тұсау болар ма еді, ә?
Сосын қалада кімнің лайықты бойжеткен қыздары бар екенін есіне түсіре бастады. Әжем шыныаяқтаған шайды бірінен соң бірін құлатып, үн қатпай отыра берді; мен қала үстіндегі кешкі қызыларай шапақтың қоюланып, үй терезелерінің әйнектері қызара жарқырай түскеніне қарап, терезе алдында отырғам, — бір қылмысым үшін атам мені аулаға да, баққа да сайранға шығармай қойған-ды.
Бақта, қайыңдарды шырайналып, ызыңдап, қоңыздар ұшып жүр, көрші аулада шелекші жұмыс істеп жатыр, жақын жерде біреу пышақ қайрап жатыр; бақтың аржағындағы сайда, қалың бұталардың арасында балалар у-шу боп асыр салып жүр. Сыртқа шығуға қатты ынтықпын, көкірегімді кешкі мұң керней түседі.
Бір мезетте атам, бір жерден жап-жаңа кітапты суырып алып, алақанына кітапты сарт еткізіп салып қалды да, ширақ дауыспен мені шақырып алды:
— Қане, тұзды құлақ, пермяк, бері кел! Отыр, қалмақ шықшыт. Мына таңбаны көрдің бе? Бұл — аз. Айт: Аз де! Буки! Веди! Мынау — не?
— Буки
— Үстінен түстің! Мынау ше?
— Веди.
— Өтірік айтасың, бұл — аз! Қара: глаголь, добро, есть, — мынау не?
— Добро.
— Үстінен түстің! Мынау ше?
— Глаголь.
— Дұрыс-ақ! Мынау ше?
— Аз.
Әжем ара түсті.
— Әкесі, тыныш жатсаң еді...
— Тұра тұр, үндеме! Маған керегінің өзі осы, әйтпесе ой шырмап барады. Баса бер, Лексей!
Атам ыстық, дымқыл қолымен мойнымнан құшақтап алып, кітапты мұрныма тақай ұстап, саусағыменен иығымның үстінен түрткілеп отыр. Үстінен сіркесу, тер және қуырған бияздық ыстық исі мүңкиді, мен тұншыға жаздап отырмын, бірақ ол, әбден өршеленіп, қырылдап:
— Земля! Люди! — деп айқайлай түседі.
Сөздері таныс, бірақ славян әріп таңбалары ол сөздерге сай емес: «земля» — еңкек Григорийге, «я» — мені мен әжеме ұқсайды, ал атамның өзінде әліппенің бүкіл әріптеріне ұқсас бірдеңе бар. Мені әліппе бойымен ұзақ қуалады, қатарынан да, бір-бірлеп те сұрастырды; мені де өзіндей қатты өршелендіріп жіберді, мен де терлеп кеттім де, өңешімді үзе айғайлап отырмын. Бұл оның күлкісін келтірді; көкірегін басып, жөтеліп, кітапты жымырып:
— Шешесі, құйғытып кеткенін «ердің бе, ә? Әй, астраханьның безгегі, сен неге даурығасын, неге? — деп қырылдады.
— Өзіңіз ғой... айқайлайтын.
Атам мен әжеме қарап отырудың өзі маған қызық: әжем, жұдырығын бетіне таянып, столға шынтақтап алып, атам екеумізге қарап отыр.
— Ау, жетер осы әуліккендерің!.. — деп ақырын сылқ-сылқ күледі.
Атам:
— Мен сырқат болғандығымнан айғайлаймын, ал сен неге бола айғайлайсың? — деп түсіндірді маған шын пейілімен.
Сосын, терге бұланған басын сілке түсіп:
— Наталья марқұм мұны ұмытшақ деп қате түсінген екен; құдайға шүкір, тұтқырлығы аттан бетер! — деді әжеме. — Әрі баса бер, шолақ мұрын!
Ақырында, ол қалжыңдап мені кереуеттен итеріп жіберді:
— Жетер! Ұста кітапты. Ертең маған бүкіл әліппені қатесіз түгел айтып бересін, сол үшін саған бес тиын берем...
Мен кітапқа қолымды соза бергенімде, ол мені тағы да өзіне қарай тартып алды да:
— Шешең сені далаға тастап кетті ғой, шырақ... — деді көңілсіздене сөйлеп.
Әжем селт ете түсті:
— Әкесі ай, неге айтасын осындайды?..
— Айтпас едім-ау, — қайғысы шыдатпайды... сондай қыздың шатылғанын айтам-ау...
Атам мені кілт итеріп жіберді.
— Бар, қыдырып кел! Көшеге аяғыңды қыя баспа, тек аула мен бақта бол...
Маған керегінің өзі де баққа бару еді: мен бақ ішіндегі төбешік басынан көрінісімен-ақ, — балалар маған сайдан тас лақтыра бастайтын, мен де оларға рақаттана есесін қайыратынмын.
— Бырь келді! — деп айқайласады олар, мені көре сала, қолдарына тас алып. — Сыба оны.
«Бырь» дегеннің не екенін білмейтінмін, бұл атаққа жәбірленбейтінмін, бірақ көпке жалғыз қарсыласып қорғану қызғылықты еді, дәл атқан тасың жауды ысырып, бұтаға тыққанын көру деген қызық қой. Мұндай ұрыстар өшігіспей-ақ бола беретін және көбіне-ақ жәбірсіз аяқталатын-ды.
Оқуды оңай баурап кеттім, атамның маған деген ықыласы барған сайын арта түсті, сабауды да сиретті, ал, өз ойымша, мені бұрынғыдан гөрі жиірек сабау тиіс еді: есейе, шыйрай келе, атамның ережелері мен тапсырмаларын бұрынғыдан гөрі жиірек бұзатын болдым, бірақ ол маған ұрсып қана, оқталып қана қоятын-ды.
Атам мені бұрын, сірә, бекер ұрған ғой деген ойға қалдым да, бір күні осыны өзіне айтып салдым.
Иегімнен ақырын ғана қағып қалып, басымды жоғары қаратып, көзін жыпылықтата түсіп:
— Немене дедің? — деп сұрады даусын соза сөйлеп.
Сосын:
— Аһ, дінсіз! Өзіңді қанша сабау керек екенін сен қалай есептеп қоюшы ең? Мұны менен басқа кім білуші еді? Жоғал, көзіме көрінбей! — деп кеңкілдеп күліп жіберді.
Бірақ, сол табанда иығымнан қайтадан ұстай алды да, көзіме үңіле қарап:
— Сен өзің сұмбысын, әлде аңқаумысын, ә? — деп сұрады.
— Білмеймін....
— Білмеймісін? Ендеше, мен саған айтайын: сұм бол — сол жақсы, аңқаулық деген — ақмақтықпен тек, ұқтың ба? Қой — аңқау. Ұмытпа! Айда, сайранда...
Көп кешікпей-ақ псалтырьды ежіктеп оқитын болдым; мұнымен әдетте кешкі шайдан кейін шұғылданатынбыз, әр жолы мен псалом оқып шығуға міндетті ем.
— Буки-люди-аз-ла-бла; живе-те-иже-же-блаже; нашер-бла-жен, — деп басқышты кітап бетімен жүргізіп, ежіктеп оқып отырдым да, ішім пысқандықтан:
— Блажен муж дегеніміз, — Яков ағай ма? — деп сұрадым.
— Желкеңе қойып қалсам, кімнің блажен муж екенін сонда білер ең! — деді атам ашуланып, мұрнын пысылдата тарта түсіп, бірақ оның тек әдеті бойынша, тәртіп үшін ғана ашуланып отырғанын сеземін.
Көбінесе-ақ шынында да солай болып шығады; сәлден соң-ақ атам, сірә, мені ұмытып кетеді білем:
— Я, гитар мен әнге дегенде ол — патша Давид, іске дегенде Авессалом қырсық! Өлеңші, зуайт, қалжыңбас... Әй, сендерді ме-е! «Ойнақшыған аяқтарымен асыр салып шапқылпайды» дегендейін, қанша жерге шапқылап жетер екенсіңдер? Қай бір алысқа барар екенсіңдер? — көрерміз, деп күңкілдеп кетеді.
Мен атамның томсарған ойлы жүзіне қарайлай түсіп, құлағымды тігіп, оқуды тоқтата қоямын; сығырайған көздері менің үстімнен аса әлдеқайда қарайды, көздерінен бір мұңды, жүрекке жылы сезім нұры шашырайды, сонда атамның жайшылықтағы ызғары қазір сейіліп бара жатқанын біле қоямын. Ол жіңішке саусақтарымен столды тырс-тырс шертіп отырады, боялған тырнақтары жылт-жылт етеді, алтын қастары қимыл қағады.
— Ата!
— Немене?
— Әңгіме айтыңызшы.
— Оқи бер, жалқау мұжық! — дейді ол сонда күңкілдеп, ұйқтап оянғандай, саусақтарымен көзін уқалай түсіп. — Ұсақ әңгімені жақсы көресін де, псалтырьді сүймейсін-ау...
Бірақ мен оның өзінің де псалтырьден гөрі ұсақ әңгімелерді тәуірірек көретінін сезетінмін; ол псалтырьді түгелге жақын жатқа білетін, шіркеуде часослов оқыған дьячоктардай, шарт бойынша,күнде кешкілікте жатар алдында дауыстап кафизм оқитын.
Мен одан қиыла сұраймын, қарт бірден-бірге босап, ақыры көнеді.
— Жарар ендеше! Псалтырь өмір-бақи жаныңда қалады, ал, мен көп кешікпей құдай алдына сотқа баратын кісімін ғой...
Ескілікті жұмсақ креслоның жүннен кесте салынған арқалығына сүйене отырып, арқасын соған бірден-бірге нығай түсіп, басын шалқайтып, төбеге қарап, атам ақырын ғана және ойлана отырып, бұрынғы заман жайында, өзінің әкесі жайында әңгімеге кіріседі:
— Бір күні Заев деген купесті тонауға Балахнаға қарақшылар келеді, атамның әкесі қоңырау қақпақ боп шіркеу күмбезіне жүгіріп шығыпты, бірақ қарақшылар соңынан қуып жетіп, қылышпенен кескілеп-кескілеп күмбезден жерге тастап жіберіпті.
— О кезде кішкентай бала едім, бұл оқиғаны көргенім жоқ, есімде қалмапты; он екінші жылы, француз келгеннен бастап, есімді біле бастадым, сонда мен де дәл он екі жасқа толған едім. Сол жылы біздің Балахнаға отыз шамалы тұтқынды айдап келді; өңшең бір шынжау, ұсақ адамдар екен. Қайыршыдан жаман, қолына іліккен киімді кие салған, қалш-қалш етеді, кейбіреулері үсіп кежен, аяғын басып тұруға дәрмені жоқ. Мұжықтар бәрін ұрып өлтірмек болып еді, күзетшілер бермеді, гарнизон солдаттары кеп ара түсті, — мұжықтарды үйді-үйіне қуып жіберді. Кейін ештеңе болған жоқ, жұрттың бәрі үйренісіп кетті. Француздар тапқыр, епті халық екен, кәдімгідей тіпті көңілді де, — кей-кейде өлең де айтады. Тұтқындарды көруге Нижнийден тройкамен бариндер келіп тұратын: келеді де, кейбіреулері ұрсып-сөгеді, француздарға жұдырығын түйеді, тіпті сабап та алады; екінші біреулері олардың өз тілінде емрене сөйлеседі, ақша және оны-мұны жылы киім береді. Ал, енді бір шал — барин бетін екі алақанымен басып: жауыз Бонопарт французды әбден құртып бітірді ғой! — деп, жылап та жіберді. Көрдің бе: өзі барин, сонда да мейірімді: жат елдің халқын аяйды...
Атам, көзін жұмып, шашын алақанымен сыйпай түсіп, бір минуттей үнсіз отырады да, өткен-кеткенді ептеп еске түсіріп, тағы сөйлей жөнеледі.
— Қыстың күні, көшеде боран үйіріп соғып тұр, үйлерді аяз сығып барады, сонда әлгі француздар кейде біздің терезе алдына, шешеме жүгіріп келеді, әйнекті тырс-тырс шертеді, айқайлайды, секең қағады, ыссы қалаш сұрайды, — шешем қалаш пісіріп сатып тұратын-ды. Шешем оларды үйге кіргізбейді, қалашты тек терезеден ғана ұстата салады, француз бас салады да, қалашты жалма-жан қойнына тыға қояды, буы бұрқыраған ыссы қалашты — тура тәніне, жүрегінің тұсына басады; қайтіп шыдайтынына түсініп болмайды! Көпшілігі суықтан өлді, аязға үйренбеген, жылы жақтың адамдары ғой. Огородтағы біздің моншада бір екеуі, Мирон деген денщигі мен бір офицер тұрды: офицер ұзын бойлы, арық-ақ, қу сүйек пен тері еді, қатындардың пальтосын киіп жүреді, ол тек тізесінен ғана келетін. Өзі өте пейілді, бірақ маскүнем еді, шешем астыртын сыра ашытып сатушы еді, офицер содан сатып алып, тоя ішеді де, өлең айтады. Біздіңше сөйлеуді үйреніп алды: «Сіздің жақ ақ жоқ, өзі — қара, жауыз деп былдырлаушы еді. Нашар сөйлейтін, сонда да түсінуге болады, онысы рас та ғой: біздің жоғарғы өлкелеріміз қытымыр келеді, Волганың төменгі жағының жері ғана жылылау, ал Каспийдің арғы бетінде тіпті қар болмайды деседі. Оған нануға да болады: инжилде де, «Әулиелердің өмірбаянында» да, псалтырьда екібастан қар туралы, қыс туралы ештеңе айтылмайды, ал Айсаның өмір сүрген жерлері — сол жақта ғой... Мына псалтырьды бітірейік, сосын екеуміз инжилді оқи бастаймыз.
Атам қалғып кеткендей, тағы да үннен қалады: тұлғасы титтей де, қайратты-ақ, бірдемені ойлап, көзінің қиығымен терезеге қарап отырады;
— Айта беріңіз, — деп ескертіп қоямын ақырын ғана.
— Сонымен, — деп тағы бастап жөнеледі ол, селк ете түсіп, — француздарды айтам-ау! Олар да, біз міскіндерден кем емес, адам баласы ғой. Шешеме: «Мадама, мадама», — деп айқайлаушы еді, — мұнысы біздіңше, барыням дегендегісі ғой, — ал оның барыня деген кісісі лабаздан салмағы бес пұттық қапшық-қапшық ұнды өзі арқалап тасиды. Шешемде қайрат әйелге бітпеген еді, жиырма жасқа толғанымша, мені шашымнан алып, қалай болса солай тәлтіректететін, бірақ жиырма жасқа шыққан соң, өзім де жаман бола қойғаным жоқ. Ал, енді әлгі Мирон деген денщик жылқыны жақсы көруші еді: үй-үйге барып, ат тазалауға рұқсат ете көрсеңіз екен деп, ымдап жалынады да жүреді! Алғашқы әзірде: жау ғой, атты бұзып жүрер деп қауыптендік, бірақ кейіннен, айда, Мирон! — деп оны мұжықтардың өздері шақырып әкететін болды. Ол күлімсіреп қойып, басын иеді де, өгіздей боп жүре береді. Өзі тіпті қызылға таңдық жирен, қоңқақ мұрын, кәнтік ерін болатын. Жылқыны өте жақсы күте білетін, емдеуге де тамаша жетік еді, кейін осында, Нижнийде, оташы боп жүрді, бірақ жынданып кетті де, өртшілер ұрып өлтірді. Ал, офицер көктем түсе жүдей бастады, көктемгі Никола күні ақырын өліп кетті: моншада терезе алдында ойға шомып отырды да, басын сыртқа созған күйі қайтыс болды. Жаным ашыды, оны жоқтап ақырын жылап та алдым; өзі бір нәзік адам еді, менің құлағымнан ұстап отырады да, өзінің бір нәрсесі жайында елжірей сөйлейді, сөзі түсініксіз болғанмен, сүйкімді-ақ. Адамның пейілін базардан сатып ала алмайсын. Ол маған өз тілін үйрете бастап еді, шешем тыйым салды, сол үшін тіпті мені попқа да алып барды, поп мені сабап ал деді де, офицердің үстінен шағым берді. О кездегі, шырағым, тұрмыс тәртібі қатал еді, сен енді ондайды басыңнан кешірмейсің, қорлықты сен үшін басқалар шекті, сен мұны есіңде сақта! Мысалы, мына менің өз басымнан кешіргенімді айтсам...
Қараңғы түсті. Атам іңір қараңғысында таңғажайып боп үлкейіп кетті; көздері мысықтың көзіндей жарқырайды. Барлық нәрсе жайында ақырын, ептеп, ойлана сөйлейді де, өз жайына келгенде, қызына, шапшаңдата және мақтана сөйлейді. Ол өз жайында әңгіме айтқанын ұнатпаймын. Өнебойы:
— Есіңде сақта! Мұны сен есіңде сақта! — деп беретін бұйрықтарын ұнатпаймын.
Оның айтқандарының көпшілігін есімде сақтағым келмесе де, олардың өзі атамның бұйрығысыз-ақ зердеме зілді шөңгедей еріксіз қадалып қала беретін. Атам ешуақытта ертегі айтпайтын-ды, үнемі тек болған оқиғаларды ғана әңгімелейтін, және сұрақ бергенді сүймейтіндігін байқағанмын; сондықтан мен қоярда-қоймай сұрай беремін:
— Француздар жақсы ма, әлде орыстар жақсы ма?
— Е, оны қалай деуге болады, француздар өз елінде қалай тұратындарын көргенім жоқ қой, — деп ашулана күңкілдейді де: — Өз інінде жатқан кезінде сасық күзен де жақсы, — деп қосып қояды.
— Орыстар жақсы ма?
— Түрлі-түрлісі бар ғой. Помещиктердің тұсында тәуірлеу еді; халық құрсауда болатын. Ал, қазір барлығы да еркін, — наны да, тұзы да жоқ! Әрине, бариндер рақымсыз, бірақ оның есесіне олардың жыйнаған ақыл-ойы артық; барлығы жөнінде бұлай дей алмайсың, бірақ барин жақсы болса, қарап көзіңді айыра алмайсың! Ал, кейбіреу, барин болса да, ақмақ келеді, — қапшық тәрізді, ішіне не салсаң соны әкете береді. Қабығымыз көп; сырт қарасаң — кәдімгі адам, тани келсең — уызы жоқ, желініп қойған құр қабық боп шығады. Біздерді оқыту, ақылымызды қайрап жетілдіру керек, бірақ нағыз қайрақ тағы жоқ...
— Орыстар — күшті ме?
— Күштілері бар, бірақ әңгіме күштілікте емес, — ептілікте ғой, қанша күшті болғанмен, жылқы күшті бәрінен.
— Ал, француздар бізбен неге соғысты?
— Ой, соғыс — патшаның ісі ғой, бізге оны түсіну қиын!
Бірақ менің: Бонапарт деген кім болған адам деген сұрағыма атамның қайырған жауабы әлі есімде:
— Жойқын адам еді ол, дүние жүзінің бәрін жаулап алмақ болған, сосын жұрттың бәрі тең мырзалар да, чиновниктер де болмай, тек әншейін: еш сословиесіз тұра беретін етпек болған ғой. Тек әркімнің ат-есімі әртүрлі де, бәрінің правосы тең болады. Діні де бір. Әрине, мұнысы ақмақтық: тек шаяндарды ғана бір-бірінен ажыратып болмайды, ал балықтар түрлі-түрлі: бекіре жайынға серж емес, шоқыр майшабаққа жұбай емес. Ондай Бонопарттар бізде де болған, — Разин Степан Тимофеев, Пугач Емельян Иванов, бұлар жөнінде саған кейінірек айтып берермін...
Кейде атам мені жаңа ғана көргендей, көзін адырайтып, көпке дейін, үнсіз шолып қарап отырады.. Бұнысы маған ұнамсыз тиетін.
Және әкем жайында, шешем жайында менімен ешуақытта да сөйлеспейтін-ді.
Осындай әңгімелердің үстіне кейде әжем де келеді, бір бұрышқа ақырын отырып алады, сол арада көпке дейін, көзге көрінбей, үнсіз отырады да:
— Әкесі-ау, екеуміз құдайға құлшылық ету үшін Муромға барған кезімізде сондай жақсы болғаны есіңде ме? Қай жылы еді сол?.. — деп, сұрайды кенеттен, жүрекке жылы ұяң үнмен.
Атам, ойланыңқырап:
— Анық айта алмаймын, бірақ бұл холера ауруынан бұрын, ормандардан олончандарды ұстайтын жылы еді ғой, — деп байыптап жауап қайырады.
— Дұрыс-ақ! Солардан қорқып жүретін едік қой...
— Ендеше — сол.
Мен: олончандар деген кім және олар орманға неге қашты, деп сұрадым. Атам:
— Олончандар — әншейін мұжықтар, қазнадан, заводтардан, жұмыстан қашқан, — деп ықылассыздау түсінік берді.
— Ал, оларды қалай ұстайды?
— Не қалайы бар? Балалардың ойыны сияқты: біреулері қашады, екіншілері — іздейді, ұстайды. Ұстап алып, қамшымен, шыбыртқымен сабайды; танауларын да тіледі, жазаға тартылғанының белгісі болсын деп, маңдайына таңба басады.
— Не үшін?
— Қылмысы үшін. Ол өзі бір — түсініксіз жай, сондықтан: қашқаны ма, қуғаны ма, — қайсысы айыпты екенін біздер біле алмаспыз.
— Есіңде бар ма, әкесі, — дейді әжем тағы да, — әлгі бір үлкен өрттен кейін...
Барлық нәрсенің дәлдігін сүйетін атам:
— Қай үлкен өрттен кейін? — деп сұрайды қатаң үнмен.
Өткенді еске алып, екеуі мені ұмытып кетеді. Дауыстары мен сөздері баяу және соншама келісті боп шығады, тіпті кейде өздері жыр айтып отырғандай, ауру-науқас, өрт, елді қырып-жою, болған қаза мен ебін тапқан қиянат жайында, құдай үшін қайыр сұрайтын дуаналар жайында, қаһарлы мырзалар жайында көңілсіз бір жыр айтып отырғандай көрінетін.
— Қаншама өмір сүрдік, қаншама көп көрдік! — деп міңгірлейді атам ақырын ғана.
— Әлде жаман өмір сүрдік пе? — дейді әжем. — Мен Варяны тапқаннан кейінгі көктемнің қандай жақсы боп басталғанын есіңе түсіріп көрші өзің!
— Ол — қырық сегізінші жылы, дәл венгр жорығының тұсы еді ғой; Тихон құданы қызыңа тап ат қойған күннің ертеңіне айдап кетіп еді ғой...
— Сосын жоқ боп кетті, — деп күрсінеді әжем.
— Ия, жоқ боп кетті! Сол жылдан бастап, біздің үйге құдайдың рахымшылығы салға құйылған судай ағылып еді. Әттең, Варвара...
— Жарар, жетер енді, әкесі...
Атам ашуланып, қабағын түйеді.
— Немене, жетер дейсің? Қай жағынан алып көрсең де, балалардың бір оңғаны жоқ. Құнар-қуатымыз қайда кеткен? Біз екеуміз ыдысқа салдық деп ойласақ, құдайтағала қолымызға жыртық елек ұстатқан екен...
Атам айқайлап жібереді де, әлсін-әлі қынжыла ақырып, балаларын балағаттап, титтей тарамыс жұдырығын әжеме оқталып, отқа күйіп қалғандай дедектеп, бөлмеде ерсілі-қарсылы жүгіреді.
— Сол оңбағандарға үнемі болысқан сен қамқоршы! Сен перісің ғой!
Қайғының күйігінен жыларманға келіп, бұрыштағы икондардың алдыңа жетіп барады да:
— Ә, құдайтағала, әлде басқа жұрттан менің күнам артық па? Не үшін осындай қылдың? — деп, дүңк-дүңк еткен арық төсіне құлаштап кеп соғады.
Сосын, жасы мөлтілдеген көздерін ренжи, ызалана жарқылдатып, қалш-қалш етіп кетеді.
Әжем қараңғыда отырып, үнсіз шоқынып қояды, сонсоң ептеп атама таман барып:
— Ау, осынша неге күйінесің? Не істейтінін құдайтағаланың өзі біледі. Балалары бізден артық жұрт көп-ақ па? Әкесі-ау, барлық жерде де бірдей ғой, — ұрыс, жанжал, қасірет. Ата-ана атаулының бәрі де күналарын көз жасымен жуумен отыр, жалғыз сен емес қой... — деп оны алдарқата бастайды.
Кейде мұндай сөздер оны тыныштандырады да, ол үн-түнсіз, төсекке сылқ етіп құлай кетеді, әжем екеуміз сосын ақырын ғана шардақтағы өз бөлмемізге шығып кетеміз...
Бірақ, бір күні әжем жақсы сөзін айтып, атама таман бара берген кезде, ол жалт бұрылып, жұдырығымен әжемнің бетіне бар пәрменімен былш еткізіп, қойып кеп қалды. Әжем шалқалап, қолымен ернін басып, тәлтіректеп кетті, сүйтті де бойын түзеп алып:
— Әй, ақмақ... — деді сабырлы үнмен ақырын ғана.
Сосын атамның аяғының астына қан түкірді, атам екі қолын жоғары көтеріп:
— Жоғал, өлтірем! — деп, дауысын соза екі рет ақырып жіберді.
— Ақмақ, — деді әжем тағы да, есікке қарай бара жатып; атам оның соңынан тұра ұмтылды, бірақ әжем табалдырықтан асықпай аттап өтті де, есікті атамның қақ алдынан сарт еткізіп, жауып кеп жіберді.
Жанған көмірдей қып-қызыл боп кеткен атам, есіктің кәшегіне сүйеніп, оны қолымен тырналап:
— Кәрі қақпас, — деп кіжіне сыбырлады.
Мен өлі-тірімді білмей, көргеніме сенбей, пеш үстінде отырмын: атамның әжемді менің көзімше ұрғанын бірінші рет көргенім осы, бұның өзі жан қинарлық жеркенішті болды, атамның бір түрлі бір жаңа сырын, — мүлде кешіруге болмайтын және өзімнің еңсемді езгендей бір сырын ашты. Атам кәшекке қадалып алып әлі тұр, күл басқандай, сұрланып, жиырылып барады. Бір мезетте бөлменің ортасына шыға келді де, тізерлеп отыра қалды, сөйтті де, тұрақтай алмай қолын еденге тірей, құлап кетті, бірақ бойын лезде түзеп алып:
— А, құдайым... — деп қолымен төсіне салып қалды.
Мен пеш үстінің жып-жылы бетшөлмегінен мұзға тайғанағандай сырғанап түстім де, үйден шыға жөнелдім; жоғарыда әжем бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүріп, аузын шайып жүр екен.
— Ауыра ма?
Әжем бұрышқа барып, жуынды шелекке аузындағы суын төгіп тастады да:
— Ештеңе емес тістерім сау, тек ернімді бұзып жіберді, — деп байсалды жауап қайырды.
— Не үшін ұрды ол сені?
Өлген терезеден көшеге қарады да:
- Ашуы ұстайды, өзі кәрі, сәтсіздікке ұшырай берген соң қиын ғой оған... Сен құдайға сыйын да, жата бер, ойламай-ақ қой бұл туралы... — деді.
Мен одан тағы бірдеңе жайлы сұрап ем, сонда ол дағдыдан тыс қатаң үнмен:
Кімге айтып тұрмын — жат! Неғылған тыңдамайтын баласың... — деп ақырып қалды.
Терезе алдында отырып алды да, ернін сора түсіп, орамалға әлсін-әлі түкіре берді. Шешініп жатып, әжеме көзімді салдым: төртпақ терезенің кек алабынан, әжемнің қарауытқан басының үстінен жұлдыздар жалт-жалт етеді. Көше — жым-жырт, бөлме іші қап-қараңғы.
Мен төсекке жатқан соң, әжем жаныма елді де, жайлап басымнан сыйпап:
— Тыныш ұйқтай бер, мен төмен түсіп атаңа баратынмын... Сен мені онша аяй берме, жан-көкегім, менің өзім де айыптымын ғой... Ұйқта! — деді.
Мені бір сүйіп, кетіп қалды, көкірегім шерге толып, кеп-кең, жұмсақ әрі ыссы төсектен ұшып түрегеліп, терезеге бардым да, жым-жырт көшеге қарап, бойымды ауыр қайғы басып, сілейдім де қалдым.
VI
Тағы бір сұмдық ауыр күндер басталды. Бір күні кешке, шайға қанып ап, атам екеуміз пластырь оқуға отырып, әжем ыдыс жууға кірісе бастаған кезде, өзінің қашанғы күйінше, үсті-басы түте-түте, тозығы жеткен сыпыртқыға ұқсап, Яков ағай кіріп келді. Аман-сау сұраспастан, картузын бір бұрышқа тастай салып, екі қолын сермей, жұлқына түсіп, аптыға сөйлей бастады:
— Көкежан, Мишка еліріп, қырып-жойып барады! Менің үйімде түстенген, араққа тойып алды да, өрескел жындылық істей бастады: ай-табақты қиратты, жаңа заказды — жүн көйлекті пәре-пәре ғып жыртып тастады, терезені сындырып, мені, Григорийді жәбірледі. Осында келе жатыр: әкемнің сақалын жұлам, өлтірем! — деп даурығады. Сақ бола көріңдер...
Атам, екі қолымен столға таяна, жайымен түрегелді, беті кіржиіп, мұрнына таман жыйырыла қалды, дәл құйып қойғандай балта сияқтанып кетті.
— Естіп тұрсын ба, шешесі, — деп баж ете қалды атам, — қалай, ә? Туған баласы әкесін өлтіргелі келе жатыр де! Бәсе, кезі келді! Кезі келді, балалар...
Иығын қомдай түсіп, бөлме ішінде бір жүріп өтті де, есікке барып, зілдей ырғақты ілгішке қауырт іле салды. Сөйтті де:
— Сендер әлі күнге дейін Варвараның жасауын қақшып алмақсыңдар ғой! Мә, аларсыңдар! — деді Яковқа қолын шығарып, ағайдың мұрнына тоса қойды; ағай өкпелеп ыршып түсті.
— Көкежан-ау, менің не жазығым бар?
— Сенің бе? Білем мен сені!
Әжем, шынаяқтарды шкафқа асыға жыйнастырып, үн қатпады.
— Мен сізді қорғауға келдім ғой...
— Рас па? — деп шаңқ етті атам, мысқылдай сөйлеп — Бұның жақсы екен! Рақмет, балам! Шешесі, мына түлкінің қолына бірдеңе бере қойшы, — көсеу ме, мейлі утюг болсын, бәрібір! Ал, сен, Яков Васильев, ағаң бұза-жара кіріп келісімен, — менің басыма сонымен қойып қал!..
Ағай екі қолын жаңқалтасына салып, бұрышқа қарай кетті.
— Маған сенбейді екенсіңдер...
— Сену ме? — деп ақырды атам, жерді теуіп қалып. — — Жоқ, кез келген хайуанға, — итке, кірпіге сенермін де, саған дегенде кідірермін! Оны арақпен суарған да, азғырған да сенсің, — білемін! Қане, үр енді! Оны, мені, — қай қалағаныңды ұр...
Әжем маған ақырын ғана сыбырлап:
— Жоғары жүгір, терезеден қарап тұр, Михайло ағаң көшеден көрінісімен-ақ, жүгіріп келіп айт! Жөнел, тезірек...- деді.
Сонымен, елірген ағайдың болашақ шабуылынан аз-кем сескенсем де, өзіме жүктелген тапсырмаға насаттанып, көшені көздеп, терезеде шоқайып отырмын; кең көшені қалың шаң басқан; төселген ірі жұмыр тастар шаң астынан ісіктей бұлтиып көрінеді. Көше солға қарай алысқа созылады да, сайды кесіп өтіп, Острог алаңына шығады; онда, сазды жерде, бұрыш-бұрышында төрт мұнарасы бар, сұрғылт үй — ескі острог — қалшыйып тұр; мұның сыйқында бір мұңды-әсемдік, көрнектілік тәрізді бірдеңе бар. Біздің үйден оңға қарай үш үй өткен соң, кең Сенная алаңы басталады, ол барып тұтқындар ротасының сары үйі мен өрт қарауылының қорғасын түстес үйіне тіреледі. Өрт қарауылының үңірейген мұнарасын өрт қарауылшы шынжырлаулы итше шырайланып жүр. Алаң бойын бірнеше сай-сала кесіп өтеді; бір сайдың түбінде көгілдір қойбатпақ бар, одан оңға таман — сасық Дюков тоғаны; әжемнің айтуынша, ағайлар қыстыгүні менің әкемді осының ойығына салып жіберіпті. Терезенің қарсы алдына таман кішкентай ала-құла үйлер қамалаған тұйық көше бар: бұл көше Үш Әулиенің қалың, жатаған шіркеуіне барып тіреледі. Қарсы алдыңа тура қарасаң — толқыған көк-жасыл бақтардың арасынан, төңкеріліп жатқан қайықтай шатырларын көресін.
Біздің көшенің, ұзақ қыстың борандары үргілеп, күздің егіл-тегіл жауындары жуып, оның кеткен үйлерін бозамық шаң басқан; шіркеу есігінің алдында тұрған қайыршылардай, біріне-бірі тығыла түскен бұл үйлер де, терезелерін сезіктене бадырайтып, менімен бірге біреуді күтіп тұрғандай. Көшеде адам көп емес, олар пеш мойындығында мүлгіген таракандардай, асықпай қозғалады. Төменнен маған таман қапырық жылу келіп тұр; мен сүймейтін, көк бияз, сәбіз салып пісірген пирогтың исі аңқыйды; мұндай иістер әрқашан менің көңілімді жабырқатады.
Көңілсіз боп кетті; шыдауға болмастай, ерекше бір зерігу пайда болды; көкірегіме балқыған, жылы қорғасын құйылғандай, ішіме зілін салып, көкірегімді, қабырғаларымды кернеп барады; үрген қуықтай, көмпиіп бара жатқандаймын, сондықтан, төбесі табыт тәріздес аядай бөлмеге сыймай отырған сияқтымын.
Әнекей, Михаил ағай да көрінді; ол тұйық көшеден, сұр үйдің бұрышынан қылт-қылт қарайды; картузын бастыра кигендіктен құлағы төмен майысып, селтиіп тұр.Үстінде сары-қызыл түсті пиджак, аяғында қонышы тізесінен келетін шаң-шаң етік; бір қолы торкөз шалбарының қалтасында, екіншісімен сақалын ұстап тұр. Маған жүзі көрінбейді, дегенмен, көшеден қарғып өтіп, атамның үйінен түк басқан қара қолымен тарпа бас салуға дайындалып тұрғанға ұқсайды. Төмен жүгіріп түсіп, ағайдың келіп қалғанын айтуым керек еді, бірақ терезеден кете алмадым; сұрғылт етігіне шаң тигізуден сақтанған адамша, ептеп басып, ағай көшеден өтті, қабақтың есігін ашқанын естідім — есік шиқ-шиқ етті, әйнектері сылдыр қақты.
Төмен жүгіріп түсіп, атам бөлмесінің есігін қақтым.
— Бұл кім? — деп сұрады ол, есігін ашпай, дөрекі дауыспен. — Сенбісін? Рас па? Қабаққа кірді деймісін? Жарар, бара бер!
— Қорқамын онда...
— Шыдарсың!
Терезе алдында тағы да шоқайып отырмын. Қараңғы түсіп келеді; көшедегі шаңдақ көмпиіп, тереңдеп, қарайыңқырай түсті; үй терезелеріндегі оттың сары ноқаттары жан-жаққа майша жайылып тұр; қарсыдағы үйден музыка естіледі, сансыз шектер әрі шерлі, әрі әсем әнге салады. Қабақта да өлең айтылып жатыр: есік ашылған кезде, көшеге шалдыққан, баяу дауыс қалқып шыға келеді; бұл — оң көзінің орнында қызыл шоғы бар, сол көзі тарс жұмулы ұзын сақалды соқыр шал, қайыршы Никитушканың дауысы екенін танып отырмын. Есік сарт етіп жабылып кетеді де, шалдың өлеңін балтамен кескендей, шорт үзіп тастайды.
Әжемнің бұл қайыршыға іші күйеді, — оның өлеңін тыңдап отырып:
— Қандай бақытты десейші, — қандай жақсы өлеңдерді біледі. О да бір сәт қой! — дейді.
Әжем кейде оны аулаға шақырып әкеледі; ол крыльцода таяққа сүйеніп отырады да өлең, әңгіме айтады, әжем — жанында тыңдап отырады да:
— Тоқтай тұр, Мариам-ана Рязаньда да болып па екен? — деп сұрастырады.
Қайыршы жуан дауыспен:
— Мариам-ана жер-дүниенің бәрінде, барлық губернияларда да болған... — деп сендіре сөйлейді.
Көше бойымен көзге көрінбей, бір манауратқан әлсіздік лебі келеді де жүрегімді қысып, көзімді басып, зілін салады. Әжем келсе, қандай жақсы болар еді! Ең болмаса, атам келсе. Әкем қандай адам болды екен, атам мен ағайлар оны неге жақтырмады екен, ал әжем, Григорий және тәрбиеші Евгенья оны соншама неге мақтайды? Шешем қайда менің?
Шешемді барған сайын жиі ойлаймын, әжемнің айтқан барлық ертектері мен аңыздарының қақ ортасына қоямын оны. Шешемнің өз семьясында тұрғысы келмейтіндігі менің қиялымда оның дәрежесін бірден-бірге көтере түседі; шешем, жүргінші байларды тонайтын, тонап алған дүниелерін қайыршылармен бөлісетін қарақшылармен бірге үлкен жол бойындағы пәтершінің үйінде тұрғандай көрінеді маған. Мүмкін, ол тоғайда, үңгірде, әрине, бұнда да сондай мейірімді қарақшылармен бірге тұратын шығар, соларға ас істеп беретін болар, тонап әкелген алтынын күзететін шығар. Немесе, Мариам-анамен бірге жүрген «князь-барыня» Енгалычева сияқты, жердің қазна-байлығын есептеп, дүние кезіп жүрген шығар; Мариам-ана, «князь-бариняны» үгіттегеніндей, менің шешемді де:
— Болмас саған, қомағай күң, жинауға
Жер-дүниенің барлық алтын, күмісін,
Жер байлығы жетпес әсте қымтауға.
Сен секілді арсыз жанның қылмысын!..
— деп үгіттейтін шығар.
Сонда шешем Мариям-анаға, қарақшы «князь-бариняның»:
— Әулие ана Мариям, мені кеше гөр,
Есірке де, тыңда менің шынымды!
Өзім үшін талағам жоқ елді мен,
Асырамақ боп ем жалғыз ұлымды... —
— деген сөздерін айтып, жауап беретін шығар.
Сонда әжем секілді мейірбан Мариям-ана:
— Әй, Варюшка, татардың сен нәсілі,
Христианның сен бір пәле-қырсығы!
Кете берші аулақ өзің жолыңмен —
Жылап-сықтап жүргейсің өз жөніңмен,
Тым болмаса, тиме орыс халқына,
Орман кезіп, мордваға тік көзің,
Дала кезіп, қалмақты қу сен өзің!.. —
— деп шешемнің күнасын кешіретін болар.
Осы ертектерді есіме түсіріп, түс көргендей боп отырмын; төменде — сенедегі, ауладағы опыр-топыр, әбігер, барқыраған айғай оятып жіберді; терезеден басымды сұрып, атам мен Яков ағай және қабақшының Мельян деген бірқызық черемис қызметшісі ауланың кішкене есігінен Михайло ағайды көшеге итеріп шығарып жатқанын көрдім; ағай тіресіп болмайды, жұрт оның қолына, жаурнына, желкесіне ұрады кеп, аяқтарымен тепкілейді, ақырында ол кешенін, май топырағына барып ұшып түсті. Есік сарт етіп жабылды, темір айналсоқ пен ысырма тиек салдыр-гүлдір етті; мыж-мыж картузын қақпа үстінен атып жіберді; жым-жырт бола қалды.
Ағай біраз ғана жатып, үсті-басы дал-дұл, түте-түте боп, түрегелді де, бір тасты алып қақпаға жіберіп қалды; бөшкенің түбіне соғылғандай, дүңк еткен дыбыс шықты қабақтан қарауытқан адамдар сүйретіліп шығып жатыр, даурығып айғайлайды, қырқырайды, қолдарын сермейді; үй-үйдің терезелерінен адам бастары қылт-қылт көріне бастады, — көше жанданып, күліп, айқайлап кетті. Осының бәрі ертегі тәрізді қызғылықты, бірақ ұнамсыз, қорқынышты.
Сосын бәрі де кенет жым-жылас болды, жұрттың бәрі жым-жырт, жоқ боп кетті.
... Босағада, сандық үстінде бүк түсіп, қозғалмай, демін ішінен алып, әжем отыр; мен, жып-жылы, жұмсақ, дымқыл бетін сыйпап, оның алдында тұрмын, бірақ ол, сірә, мұнымды сезбейді білем:
— Ә, құдайым, әлде менің өзіме, балаларыма дегенде ізгі ақылың жетпеді ме? Кешіре гөр, құдайым... — деп томсара міңгірлейді.
Меніңше, Полевая көшесіндегі үйде атам жылдан артпайтын уақыт — көктемнен көктемге дейін-ақ тұрған сияқты, бірақ осы уақыттың ішінде-ақ үйіміз аты-шулы даңққа ие болды;
Жексенбі күндері көбінде-ақ:
— Кашириндердің үйінде тағы да төбелес боп жатыр! — деп, көшеге шаттана жар салысып, біздің қақпаның алдында балалар опыр-топыр жыйналысушы еді.
Михайло ағай әдетте кештіғұрым пайда болады да, үйді түнімен қамауда ұстап, адамдардың зәресін алады; кейде оған еріп екі-үш көмекшісі, Кунавиноның жұрттан шыққан бұзық мещандары келеді; сайдан шығып, баққа кіреді де, таңқурай мен қарақат бұталарын отап, мас қыялына келгендерінің бәрін емін-еркін істеумен болады; бір күні олар моншаны қиратты, ішіндегі сындыруға қарайтын нәрселердің бәрін талқан етті: сәкілерін, отырғыштарын, су құятын қазандарын қиратып, пешін құлатып, бірнеше еден тақтайларын қопарып алды, есігін, босағаларын жұлып тастады.
Түтіккен, тілі байланған атам, дүние-мүлкін бүлдіріп жатқан адамдардың ісіне құлағын салып, терезе алдында тұр; әжем, қараңғыда көзге түспей, ауланың бір жерінде жүгіріп жүр.
— Миша, не істеп жатырсың, Миша! — деп жалынып-жалбарынып қояды.
Бақтан әжеме жауап ретінде, мағнасы, сірә, оны құсқан хайуандардың ақылы мен сана-сезіміне жетпейтін орыстың оңбаған, есуас балағат сөзі зулайды.
Мұндай кездерде әжеме ілесу қиын, бірақ онсыз қорқынышты; төмендегі атамның бөлмесіне барам, бірақ ол қарсы алдымнан:
— Жоғал, малғұн! — деп барқырайды.
Мен шардаққа жүгіріп шығам да, соның терезесінен бақ пен ауланың қараңғы түнегіне көз тігем, әжемнен көз жазбауға тырысам, оны өлтіріп кетер деп қауіптеніп, айқайлап, шақырумен болам. Әжем келмейді, мас ағай, менің даусымды ести сала, өз шешемді еліре, сыбай боқтайды.
Бір күні, осындай бір кеште атам сырқаттанып, төсекте жатыр еді, беторамалмен таңып алған басын көпшікке аунақшытып:
— Өмір сүріп, күнаға батып, дүние жинағандағы көргеніміз міне, осы! Ұяты, масқарасы демесең полидияны шақырып алар ең де, ертең губернаторға барар ең... Масқара! Балаларын полицияға қудалатқан қандай ата-ана болмақшы? Ендеше, шалым, тыныш жата беруің тиіс, — деп шағынып ойбайлап жатқан.
Бір мезетте кереуеттен аяғын салбыратып жіберді де, тәлтіректей басып, терезе алдына барды.
— Қайда барасын, қайда? — деп, әжем қолтығынан ұстай алды.
— Шам жақ! — деп әмір етті атам ентігіп, демін ішіне шуылдата тарта түсіп.
Әжем шырақ жаққан соң, атам шамдалды алып, мылтық ұстаған солдаттай, алдына кезеп ұстап тұрып, терезеден:
— Әй, Мишка, түн қарақшысы, құтырған қотыр төбет! — деді мысқылдап, қатты дауыстап.
Сол сәтте терезенің жоғарғы әйнегі быт-шыт боп, әжемнің жанына, стол үстіне жарты кірпіш келіп ұшып түсті.
— Тигізе алмадың! — деп еңкілдеді атам, әлде күліп, әлде жылағаны білінбей.
Әжем, мені көтергеніндей, атамды құшақтап көтеріп алды да:
— Бұның не, бұның не, құдай сақтасын! Ойбай-ау, мұнымен ол Сибирьге кетеді ғой; еліріп жүріп, Сибирьге кететінін ұғушы ма еді ол!.. — деп үрейлене сөйлеп, төсекке қарай алып жүрді.
Атам аяғын сереңдетіп:
— Мейлі өлтірсін... — деп, көзіне жас алмай, қырылдап еңірей берді.
Терезе сыртында азнаған айқай, дүбір, үй қабырғасы тысыр-тысыр етеді. Мен стол үстіндегі кірпішті ала салып, терезеге жетіп бардым; әжем үлгеріп ұстай алып, бұрышқа итеріп жіберіп:
— Аһ, сен, қарғыс атқан... — деп зекіріп, сыбыр ете түсті.
Енді бір жолы, жуан қорағашпен қаруланған ағай, ауладан кіретін крыльцо сатысында тұрып, есікті бұзып, үйдің сенесіне кірмек боп жатты, қолында таяғы бар атам мен істік таяқ тәрізді бірдеңе ұстаған екі тұрғын адам және қабақшының ұзын бойлы әйелі оқтау ұстап, ағайды есіктің ішкі жағында тосып тұрды; бұлардың арт жағында:
— Мені жіберіңдерші оған! Бір сөз айтуға рұқсат етіңіздерші... — деп жалынып, әжем тықыршып жүр.
Атам, «Аю анду» суретіндегі аша таяқ ұстаған мұжықша, бір аяғын ілгері басып тұр; қасына әжем жүгіріп бара берген кезде, шынтағымен, аяғымен үндемей қағып жібереді. Төртеуі бірдей кәрлене күтіп түр; қолайсыз қалтыраған жарық түсіріп, фонарь жанып тұр; мен осының бәріне шатырға шығатын сатыдан қарап тұрмын, әжемді жоғары алып кеткім келеді.
Ағай есікті қоярда-қоймай, оңай-ақ сындырып жатыр, есік жоғарғы топсадан жұлынып түсуге жақындап, бұлғаң-бұлғаң етеді, — төменгі топсасы әлдеқашан жұлынып түciп, жұғымсыз бір үнмен сылдырлап тұрған. Атам өзінің нөкерлеріне де біртүрлі сылдырлаған дауыспен:
— Қолға, аяққа ұра көріңдер, басына ұрмаңдар... — деді.
Есік жанында, қабырғада адамның басы сыйғандай ғана шүңкиген бір терезе болатын; әйнегін ағай әлдеқашан сындырып түсірген, сынықтары ырсыйып, шығып кеткен көздей боп, терезе үңірейіп тұрған.
Әжем сол терезеге қарай ұмтылып барып, қолын сыртқа сұқты да:
— Миша, құдай үшін кет! Мерт қылады сені, кет! — деп айқайлады, қолын бұлғалап.
Миша әжемнің қолына қорағашпен салып қалды; терезені жанай келіп, әжемнің қолына жуан бірдеңенің түскені көрініп кетті, іле-шала әжем өзі де:
— Миш-ша, қаш... — деп айқайлауға ғана шамасы келіп, отыра кетіп, шалқасынан құлап түсті.
— Ау, шешесімісің? — деп, атам сұмдық қатты ақырып жіберді.
Есік шалқасынан қайырылып кетті, үңірейген қара түнек тесіктен ағай сүңгіп кірді де, сол сәтте-ақ, күрекпен лақтырып жіберген қоқыстай, крыльцодан сыртқа қарай ұшып түсті.
Қабақшы әйел әжемді атамның бөлмесіне апарды; көп кешікпей онда атамның өзі де келді, әжеме таман томсара жақындап барып:
— Сүйегің сау ма? — деп сұрады.
— Ох, сынды білем, сірә, — деді әжем, көзін ашпастан. — Мишка ше, Мишканы қайттіңдер?
— Тыныштал! — деп ызғарлана ақырып қалды атам, — Мені қайуан деп пе ең? Аяқ-қолын байлап тастадық, сарайда жатыр. Үсті-басына су құйдым... Не деген ызалы еді! Кімге тартып осындай болды екен?
Әжем ыңқылдай бастады.
— Сынықшы әйелге кісі жібердім, шыдап бақ! — деді атам, әжемнің жанына төсекке отырып жатып. — Екеумізді өлтіреді екен, шешесі; ажалымыздан бұрын өлтіреді!
— Берші соларға бәрін де...
— Варвара ше?
Әжем — ақырын және шағына, атам — шаңқылдап, ашулана — екеуі ұзақ әңгімелесті.
Сосын аузы жырта-қарыс, кішкентай, бір бүкір кемпір келді; иегі шошаң-шошаң етеді, балықтың аузы тәрізді, аузы ашық, біздей мұрыны үстіңгі ернінен аса аузына төніп тұр. Көздері көрінбейді; бір қолында күлдірлеген түйіншегі бар, таяғымен еденді тықылдатып, аяғын азар басады.
Маған мұның өзі әжеме келген ажал сыяқты боп көрінді; сондықтан кемпірдің қасына жетіп бардым да:
— Шық үйден! — деп, бар пәрменіммен бақырып жібердім.
Атам мені ыңғайсыздау ұстай алды да, едәуір ренжіген түрмен шардаққа апарып тастады.
VII
Атамның — өз құдайы, әжемнің — өз құдайы бар екенін мен тым ерте-ақ түсіндім.
Әжем кейде оянып алады да, кереуетте отырып, тарақпен өзінің тамаша шашын ұзақ тарайды, басын кекшең еткізе тістеніп алып, жібектей есілген ұзын қара шашының талдарын шоқ-шоғымен жұлады да, мені оятып жібермейін деп сыбырлап:
— Әй, құрып кеткір! Ұйысып қалғыр, қарғыс атқан... — деп сөгеді.
Шашын шала-мұла жазып, жуан бұрымдарын шапшаңдап өріп алады, ашулана сіңбіріне түсіп, асыға-үсіге жуына салады да, ұйқыдан ез болған жалпақ жүзінің кірбіңін таратпастан, икондардың алдына барып тұрады — сөйтіп, бүкіл тұлабойын бірден жадыратып жіберетін, нағыз ертеңгі ғибадат басталады.
Еңкек жауырынын түзеп, басын кейін шалқайтып, Казан Мариам-анасы бейнесінің дөңгелек жүзіне мейірлене қарап, әжем аршындата, жігерлене шоқынады да:
— Даңқың асқан Мариам-ана, алдымдағы күнге рақымыңды жаудыр, анатайым! — деп, қатты-қатты, екілене сыбырлайды.
Маңдайын жерге тигізе тәжім етеді, бойын ақырын жазады да, онан сайын екілене және мейірлене түсіп:
— Шаттық бұлағы, асқан пәк ару, гүл-шешек атқан алма!.. — деп тағы да сыбырлайды.
Әжем көбінесе-ақ күнде ертеңгілікте жаңа мақтау сөздер табады, мұның өзі оның ғибадатын маған әрдайым қадалта назар салғызып, тыңдатады.
— Аспандағы пәк жаным менің! Қорғаушым, әрі қамқорым, алтын күнім, тәңір анасы, арам ниеттен сақтай гөр, ешкімді де жәбірлетпе, өзімді де текке жәбірлейтін болмасын!
Қара көздері күлімдеп, жасарып кеткендей, жуан қолын ақырын қимылдатып, тағы шоқынады.
— Тәңірі ұлы Исусе Христе, анаңның құрметі үшін, мен міскінге мейірімді бола көр...
Әжемнің дұғасы әрқашан да қошаметтеу жыры, шын пейілді және адал ниетті мақтау болатын-ды.
Таңертең ол ұзақ ғибадат етпейтін: самауыр қою керек, атам көптен бері қызметші ұстамайтын-ды, сондықтан әжем шайды атам белгілеген мерзімнен кешіктірсе, ол көпке дейін кейіп, ұрсумен болатын.
Атам кейде әжемнен бұрын оянып, шардаққа көтеріледі де, ғибадат қып тұрған әжемнің үстінен шығып, жұқа қошқыл ерінін мысқылдай қисайтып, оның сыбырын біраз тыңдап тұрады, сонсоң шай үстінде:
— Қалай ғибадат ету керек екенін сен мисыз қақбасқа қанша үйреттім, сен, дінсіз, сонда да баяғы өзіңдікін былдырлап соға бересін! Құдай сенің бұныңа қалай шыдайды екен! — деп күңкілдейді.
— Оның өзі түсінеді, — деп сендіре жауап қайырады әжем. — Оған не айтсаң да — өзі түсінеді...
— Қарғыс тиген чуваш қатын! Әй, сендерді ме-е...
Әжемнің құдайы ұзақты күн өзінің жанында болатын, оны әжем тіпті жан-жануарларға да әңгіме ететін. Бұл құдайға адам, ит, құс, өсімдіктер — барлығы да қалай болса солай, бастартпай бағынатыны маған аян еді; ол құдай жер жүзіндегі нәрсенің бәріне бірдей мейірімді, бәріне бірдей жақын болатын-ды.
Бір күні қабақшы әйелдің тәттіге өш, әрі жағымпаз, сұрғылт, алтын көз, бүкіл ауладағы жұртқа сүйкімді, ерке еркек мысығы бақтан бір қара торғай ұстап әкелді; әжем өлімші болған құсты тартып алды да:
— Құдайдан қорықпайсын-ау сен, арам жауыз! — деп мысыққа ұрыса бастады.
Қабақшы әйел мен дворник бұл сөздерге күлді, сонда әжем:
— Хайуандар құдайды ұқпайды деп ойлайсыңдар ма? Кез келген жәндік мұны сіздерден кем ұқпайды, рақымсыздар... — деп оларға ашуланып, ақырып қойды.
Әбден семірген көңілсіз шарапты жегіп жатып әжем:
— Неге көңілсізсін, құдайдың құлы, ә? Қартайып болдың ғой өзің... — деп онымен де әңгімелеседі.
Ат, басын шұлғып қойып, күрсінеді.
Дегенмен, әжем құдайдың есімін тап атамдай аузына кеп ала бермеуші еді. Әжемнің құдайы маған түсінікті болғандықтан, қорқынышты емес еді, бірақ оған өтірік айтуға болмайды, ол ұят. Ол мені тек өте қатты ұялтатын, сондықтан әжеме ешуақытта да өтірік айтпаушы ем. Ондай мейірімді құдайдан бір нәрсені бүгіп қалудың өзі тіпті мүмкін емес еді де, өйтуге зауқың да соқпайтын тәрізді болатын.
Бір күні, қабақшы әйел атаммен ұрысысып қалып, сонымен қабат, ұрысқа қатыспай тұрған әжемді де іле кетті, өпіремдене балағаттап, тіпті әжеме қарай бір сәбізді жіберіп қалды. Әжем сабыр тұта сөйлеп, оған:
— Не деген ақмақ едіңіз, сударыням, — деді бар болғаны, бірақ мен қатты жәбірленіп қалдым да, жауыз әйелден кек алуға бел байладым.
Қос иек, бітік көз бұл қызыл жирен жуан әйелді қайтіп қаттырақ жәбірлесем екен деп, ойымды шартарапқа жүгіртумен болдым.
Тұрғын жұрттың өзара ұрыс-жанжалдарын байқауым бойынша, олар көрген жәбірі үшін бір-бірінен кек алғанда, мысықтарының құйрықтарын кесетін, иттеріне у тастайтын, қораздары мен тауықтарын өлтіретін, немесе түнде дұшпандарының погребтеріне түсіп, капуста мен қияр салған кадкілеріне керосин құятын, бөшкелерінен квасын ағызып жіберетін, — бірақ маған мұның бәрі де ұнамады; мүлде естен қалғысыз, бір сұмдықты ойлап табу керек болды.
Ақыры ойлап таптым: қабақшы әйелдің погребке түскенін аңдып тұрып, төбесіндегі қақпақты жауып, құлыптап тастадым да, қақпақ үстінде кек биін биледім, сөйттім де кілтті шатырға лақтырып жіберіп, әжем ас піcipiп жатқан кухняға бар пәрменіммен жүгіріп кірдім. Әжем менің қуанышымды бірден біле қоймады, біліп алған соң, тиісті жеріме шапалақпен беріп-беріп алды, сөйтті де сыртқа алып шығып, кілтті әкелуге шатырдың үстіне жіберді. Менің қылығыма әжемнің бұлай қарағанына таңырқап, үндеместен кілтті әкелдім де, ауланың бір бұрышына қашып барып, қарап тұрдым: әжем тұтқын қабақшы әйелді шығарып алды, сосын екеуі шүйіркелесе күлісіп, ауланың ішімен кетіп бара жатты.
— Сені ме, — деп кіжінді қабақшы әйел, маған қарай бұлтыйған жұдырығын түйіп, бірақ бітік көз жүзі мейірлене күлімдеп тұрды. Ал, әжем мені жағамнан алып, кухняға сүйреп әкелді де:
— Сен мұны неге істедің? — деп сұрады.
— Ол саған сәбіз лақтырды ғой...
— Сөйтіп, сен мұны мен үшін істеген екенсің ғой? Солай де! Сен оңбағанды мен қазір тышқандарға жемге пеш астындағы қуысқа тығып тастайын, сонда есіңді жиярсын! Қорғампазын көрдің бе — үрген қуықтай көмпиіп алыпты, жарылып кетерсің! Атаңа айтайын, жоныңнан қайыс алсын! Шардаққа жөнел, кітабыңды оқы...
Әжем менімен ұзақты күн сөйлеспеді, бірақ кешкілікте ғибадатқа тұрар алдында төсекке кеп отырды да, көңіліме құя сөйлеп, естен кетпестік бір сөздер айтты:
— Бері қара, Ленька, жан-көкегім: ересектердің ісіне араласушы болма, — мұны есіңде мықтап сақта! Ересектер — бұзылған адамдар; олар құдайдың сынынан өткендер, сен әлі ол сыннан өткен жоқсың, — сондықтан сәби ақылыңмен тұра бер. Құдайтағала жүрегіне дем берер кезді, істер ісіңді нұсқап, өз жолына әкеп салар кезді күт. Түсіндің бе? Ал, кімнің қандай күнасы бар екенінде сенің ісің болмасын... Соттаушы да, жазалаушы да бір құдай. Біз емес, — сол ғана!
Сәл кідіріп, насыбайын атып алды да, оң көзін кілмитіңкіреп:
— Бірақ, мүмкін, кімнің қандай күнасы бар екенін айыруға құдайтағаланың да құдыреті жете бермейтін шығар, — деп қойды.
— Құдай бәрін біліп отырмай ма? — деп сұрадым мен, таңқалып.
— Бәрін бірдей біліп отырса, адам баласы, сірә, көп нәрселерді істемеген де болар еді. Ол жарықтық көктен жерге, біздердің барлығымызға қарай-қарай кейбір кездерде: «Әй менің адамдарым-ай, адамдарым, сүйікті адамдарым-ай менің! Қандай жаным ашиды сіздерге!» — деп, сондай қатты еңіреп, жылап та жіберетін шығар, — деп ақырын ғана және мұңая жауап қайырды әжем.
Әжемнің өзі де жылап жіберді де, жас жуған бетін сүртпестен, ғибадат етуге бұрышқа қарай кетті.
Сол күннен бастап әжемнің құдайы маған онан сайын жақын, онан сайын түсінікті боп кетті.
Маған насихат айтқан кезінде атам да: құдайдың болмайтын жері, білмейтіні жоқ, адам атаулыға барлық нәрсе жөнінде мейірімдене көмек көрсетеді дейтін, бірақ әжемше ғибадат етпеуші еді.
Атам, таңертең бұрышқа икон алдына барып тұрмастан бұрын, ұзақ жуынады, сонсоң мұқияттап киініп алып, сары шашын әбден тарайды, сақалын жөндейді де, айнаға қаранып алып, көйлегін төмен түсіріп, мойнындағы қара орамалын жилетінің омырауына салып, жасырынған тәрізді, аяғын ептеп басып, икондарға таман барады. Үнемі еден тақтайының аттың көзі сияқты дөп-дөңгелек, бір бұтақ көзіне тұрып алады да, басын иіп, солдатша екі қолын түп-түзу төмен түсіріп, бір минуттей үнсіз тұрып қалады. Сыптай, жіп-жіңішке боп, сонсоң:
— «Жаратқан құдайтағаланың құрметі үшін» — дейді, әсерлі үнмен.
Осы сөздерден кейін шыбын екеш, шыбын да қанатының ызыңын бәсеңдеткендей, үйдің ішіне бір ерекше тыныштық орнағандай болып көрінеді маған.
Атам басын кекшитіп тұрады; қастары жоғары керіліңкіреп түксие түседі, алтындай сары сақалы ілгері төселе шоқшыйып кетеді; сабақта жауап беріп тұрғандай, дұғаны мығым оқиды; үні ұғымды, әрі өктем шығады.
— «Судия бекер келеді, өйткені кейбіреулердің істеген істері бұрын әшкереленеді ...»
Көкірегіне жұдырығымен ақырын соғып қояды да:
— «Тек жалғыз сенің алдыңда ғана күналымын, күналарымнан жүзіңді тайдыра көр...» — деп қатты жалбарынады.
Сөздерін дақпа-дақтап «Нанамын» аятын оқиды; оң аяғы, аяттың ырғағына үнсіз еліктегенлей, дір-дір етеді; өзі икондарға таман барынша сіресе ұмтылады, бойы өсіп кетеді, бірден-бірге жіңішкере, сола түскендей, тап-таза, тап-тұйнақтай боп, өктемси сөйлеп:
— «Дүниеге дәрігерді келтірген де өзіңсін, жанымның кеп жылдық құмарының шипасын да өзің тапқайсын! Шын ниетіммен қоймастан саған зарымды шағамын, шапағатыңды тигіз, патша анам!» — дейді.
Сосын жасыл көк көздерінің жасын төге сөйлеп:
— «Істеген істерім орнына менің дінге сенімім есепке алынсын, құдайым, кешірім әперетін істерімді есептен шығарып тастамағайсын!» — деп дауыстап жалбарынады.
Соны айтып жеделдетіп, қалшылдап шоқына бастайды, басын кәдімгідей сүзе изеңдетеді, даусы қарлыға шығады да, өксіп қояды. Кейініректе синагогаларда болып, атамның ол кезде еврейлерше ғибадат ететінін ұқтым.
Самауыр стол үстінде әлдеқашан бұрқылдап тұр, бөлме ішінде сүзбе салып пісірген қара ұн шелпегінің ыстық исі аңқиды, тамақ жегің кеп барады! Әжем томсарып жақтауға сүйеніп тұрады да, еденге қарап, күрсініп қояды; бақтан терезеге күлімдеген күн шұғыласы түсіп тұр, ағаштағы шық інжудей жылтылдайды, ертеңгі ауадан укроптың, қарақаттың, піскен алманың хош иісі аңқиды.
— «Құмарымның отын сөндір, өйткені мен бір сорлы, әрі қарғыс тиген адаммын!» — деп атам әлі ғибадат етіп, теңселіп, зарлаумен тұр.
Мен таңертең және жатар алдында оқитын аяттардың бәрін жатқа білетінмін, атам қателеспес пе екен, ең болмаса, бір ауыз сөзін тастап кетпес пе екен — деп, қадала аңдып отырамын.
Атам ете сирек қателеседі; қателесе қалса, мен ылғи қуанамын.
Ғибадат етіп боп, атам әжем мен маған:
— Сәлеметсіздер ме! — дейтін.
Біздер бас изейміз, сөйтіп, ақыры тамаққа отырамыз. Сол арада мен атама:
— Бүгін сен «басым» деген сөзді тастап кеттің! — деймін.
— Өтірік айтып отырған жоқсын ба? — деп сұрайды ол сабырсыздана түсіп және сеніңкіремей.
— Шын, тастап кеттің! «Бірақ, ол сенімім барлығынан да басым» деу керек еді, сен «басым» деген сөзді айтпадың!
— Мынаны көрдің бе! — деп саңқ етеді атам, айыбын мойындап, көзін жыпылықтата түсіп.
Қатесін көрсеткенім үшін, ол кейін сазайымды мықтап бір тарттырады, бірақ әзірінше, оның ұялғанын көріп, мен мәз-майрам болам.
Бір күні әжем:
— Әкесі, сенің ғибадат еткеніңді тыңдауға, сірә, құдайдың өзі де жалығатын шығар, — үнемі өзгермейтін бір нәрсені даттайсын да тұрасын ғой, — деді әзілдеп.
Атам:
— Не деп отырсы-ын! — деп, кәрлене созып қойды дауысын. — Не деп міңгірлеп отырсын?
— Қанша тыңдасам да, құдайтағалаға өз жаныңнан ешуақытта бір ауыз сөз тарту етпейсін ғой деймін!
Атам қып-қызыл боп, қалшылдап кетті де, стулда отырған күйі ыршып түсіп, әжемнің басына шынаяқты жіберіп кеп қалды, сөйтті де:
— Жоғал, кәрі албасты! — деп бұтаққа салған араша, баж ете қалды.
Құдайдың қажымас құдіретін әңгімелегенде, атам әрдайым ең алдымен оның рақымсыздығын әдейі ескертіп отыратын; адам баласы бір күна қылса болғаны, — топанға ұшырайды, тағы бір күна қылса болғаны, — өртенеді, қалалары қыйратылады; немесе, құдай ашаршылық пен оба ауруын жіберіп жазалайды, жер үстіне төнген бір алмас қылыш боп, күнақарларға қырғын салады да тұрады.
— Кім де кім, құдайдың заңын бұзса, уайым-қайғы мен өлім жазасына ұшырайды! — деп ұғындырады атам, жіп-жіңішке саусақтарымен столды тықылдата түсіп.
Құдайдың рақымсыздығына нану маған қиын болды. Атам маған осының бәрін, құдайдан қорықсын демей, өзінен қорықсын деп, жорта ойлап шығарады ғой деп күдіктенетінмін. Сондықтан мен одан ашықтан-ашық:
— Сен осыны мен тіліңді алатын болсын деп айтасын ғой? — деп сұрадым.
Атам да ашықтан-ашық:
— Дұрыс, әрине. Тілімді алмай бақшы өзің?! — деп жауап қайырды.
— Ал, әжем ше?
— Сен ол кәрі ақымаққа нанба! — деп үйретті атам, қаталданып. — Ол өзі жасынан ақмақ, сауатсыз, әрі ақылсыз. Ондай ұлы істер жайында саған ештеңе деуші болма деп, бұйырып қояйын мен оған! Қане, айтып берші маған: періштелер қанша дәрежелі чиндерге жіктеледі?
Мен айтып бердім де:
— Чиновник дегендер кім? — деп сұрадым.
— Әй, өзің бір мазасыз екенсін! — деп күлімсіреді атам, көзін жұмып; сонсоң аузын тамсанып қойып:
— Мұның құдайға қатысы жоқ, чиновниктер — адамзат тарапынан! Чиновник деген закон кеміруші, ол закон біткенді жалмаумен болады, деді.
— Закон деген не?
— Закон ба? Ол — әдет-ғұрып деген сөз, — деді шал көңілдене, әрі ықыластана сөйлеп, ақылды, өткір көздерін жарқылдатып. — Адам атаулы дүниеде тұрады да: енді осылай болса, бәрінен артық болар, осыны өзіміз әдет етейік, ереже, закон етіп орнатайық! — деген келісім жасайды. Мысалы: балалар ойынға кірісерде, ойынды қалай, қандай тәртіппен жүргізу жөнінде сөз байласады. Ендеше, міне осындай байлау — закон боп табылады!
— Чиновниктер ше?
— Чиновник — тентек бала сияқты, келеді де, барлық законды бұзып жібереді.
— Неге?
Атам, қабағын сұстана түйіп:
— Мұны сен түсіне алмайсын! — деді де:
— Адам атаулының барлық істерінің үстінен құдай қарап тұр! Адамдар бір нәрсе тілесе, құдай — басқа бір нәрсені тілейді. Адамзаттыкінің бәрі баянсыз. Құдай үрлеп қалса болғаны — бәрі де күл-талқан болады, — деп ұғындырды.
Чиновниктердің жай-мәнісін білгім кеп, құмартуыма көптеген себептерім бар еді, сондықтан:
— Яков ағай:
Ақ періште — құдай чині,
Чиновниктер — шайтан құлы
— деп өлең айтады ғой, — деп қылқылдап қоймадым.
Атам шоқша сақалын алақанымен жоғары көтеріңкіреп, аузына салды да, көзін жұмды. Беті жыбыр-жыбыр етті. Онысына қарап, ішінен күліп отырғанын біле қойдым.
— Яшка екеуіңді аяқтарыңнан матап, жіберер ме еді суға тастап! — деді ол. — Мұндай өлеңдерді оның айтуының да, сенің тыңдауыңның да қажеті жоқ. Бұлар — раскольниктер — дін бұзушылар ойлап шығарған, кулугурлардың күлкілі өлеңдері ғой.
Сосын, ойға шомып, көзін менің үстімнен асыра бір жаққа жіберіп:
— Әй, сендерді ме-е... — деп, ақырын ғана даусын созып қойды.
Бірақ атам, құдайды әрі қаһарлы, әрі адам атаулыдан жоғары санағанымен, ол да, әжем сияқты, құдайды да, оның сан-сапат әулие-әнбиелерін де өзінің барлық істеріне қатыстырып отыратын. Ал, әжем Никола, Юрий, Фрол және Лаврдан басқа әулиелерді мүлде білмейтін тәрізді, дегенмен солардың өздері де адам атаулыға өте мейірімді, әрі жақын еді: өздерінде адамның барлық қасиеттері бар, адам атаулының тұрмысына араласып, деревнялар мен қалаларды кезіп жүреді. Атамның әулиелеріне келсек, түгелге жақын шейіттер, бұлар дінсіздердің табынатын пұттарын жойып, Рим патшаларымен тартысып жүреді, оларды сол үшін азаптайды, өртейді, тірілей терісін сойып алады.
Атам кейде:
— Құдайтағала осы бір кішкене үйді ең болмаса бес жүз сом пайдамен сатуға көмектессе екен, — әулие Никола үшін дұға оқыр ем, — деп қиял етеді.
Әжем күліп қойып:
— Бұл алжыған ақмаққа Никола үй сатып берсе, шіркін! Николай жарықтықтың содан артық ісі жоқ шығар! — дейтін маған.
Атамның өз қолымен түрлі жазу жазған, әулие тізімдері менде көпке дейін сақталып келді. Сол тізімдерде Иоаким мен Анна күнінің тұсына жирен сыямен тік әріппен: «Пәледен құтқарды шарапаттылар», — деп жазылған болатын.
Бұл «пәле» әлі есімде: атам, қолынан ештеңе келмейтін балаларына көмектесу қамын ойлап, өсімқорлық кәсібімен айналыса бастады, закладқа астыртын зат қабылдайтын болды.
Үстінен біреу арыз түсіріп, бір күні түн ішінде полиция жетіп келіп, тінту жүргізді. Керемет әбігер болды, дегенмен, ақыры қайырлы боп бітті; атам күн шыққанша ғибадат қылды да, әлгі сөздерді әулие тізімдеріне таңертең менің көзімше жазған болатын.
Кешкі ас алдында, атам мені қасына алып псалтырь, часослов, я Ефрем Сириннің зілдей кітабын оқиды. Тамақтанып алып, тағы да ғибадатқа кіріседі.
— «Саған не апарам, немен өсесін қайырам, ұлы мархаббатты мәңгілік патша... Біздерді әртүрлі қиялдан сақтандыра гөр... Кейбір адамдардан қорғай гөр мені, құдайым... Көзімнің жасын төккіз де, өлімді ұмыттыра көрме... — деген мұңды өкінішті сөздері кешкі тыныштықта көпке дейін естіліп тұрады.
Ал әжем:
— Ой, бүгінгі шаршағанымды-ай! Сірә, ғибадат етпей-ақ жата кететін шығармын... — дейді көбінесе.
Атам мені шіркеуге апарушы еді: сенбі күндері — кешкі ғибадатқа, мейрам күндері — түстен кейінгі ғибадатқа барамыз. Қай кезде қандай құдайға ғибадат ететіндерін шіркеуде ажыратып қоямын: поп пен дьячоктың оқитындарының барлығы — атамның құдайына арналған ғибадат та, әншілердің әндететіні — үнемі әжемнің құдайына арналған ғибадат болатын.
Баланың түсінігіндегі құдайлардың бір-бірінен айырмашылығын, әрине, тұрпайы түрде суреттеп отырмын. Бұл айырмашылық сәби жанымды сезіктендіріп, дал қылып жүретіні әлі есімде, дегенмен, атамның құдайы көңілімде қорқыныш, әрі жек көріншілік туғызатын: өзі ешкімді сүймейді, жұрттың бәрін қаһарлы көзімен қадағалап отырады, бәрінен бұрын адамның жамандығын, жауыздығын, күнасын қазбалап табады. Оның адамға сенбейтіндігі, әрдайым бақылдық күтетіндігі, әрі жазалауды сүйетіндігі айқын еді.
Сол бір күндерде құдай туралы ойлар мен сезімдер көңілімнің өмірдегі ең көрікті, негізгі дәрмені болды, — басқа әсерлердің бәрі де, жеркеніш пен уайым туғызып, өзінің рақымсыздығымен, әрі настығымен ызаландырумен ғана болатын. Төңірегімдегі нәрсенің бәрінен жақсы, бәрінен жарқыны — тек құдай ғана, — жан-жануардың бәріне бірдей соншама сүйкімді дос әжемнің құдайы болатын. Әрине, сондықтан да: атам мейірімді құдайды неғып көрмейді екен? — деген сұрақ та мазаламай қоймайтын-ды.
Мені қыдыруға көшеге шығармайтын, өйткені көше менің көңілімді тым қатты қоздырады, көше әсерлерінен мүлде есіргендей боп, көбіне-ақ жанжал мен төбелестерге себепші болушы ем. Серіктерім жоқ, көршілеріміздің балалары мені дұшпан көрді; олардың мені Каширин деп атағаны ұнамаушы еді, олар да осыны байқап:
— Каширин жалмауыздың кішкене немересі шықты, қараңдар!
— Жабылыңдар оған! — деп бір-біріне онан сайын өршелене айқайлайтын.
Сосын төбелес басталады.
Мен, жас болғаныммен, күшті, әрі төбелесте әдісшіл болдым, — маған әрдайым тобымен жабылатын дұшпандарымның өзі де мұны мойындайтын. Дегенмен, үнемі көшеден таяқ жеймін, үйге мұрным бұзылып, еріндерім тілініп, бет-аузым көп-көкала, үсті-басым дал-дұл, шаң-шаң боп қайтушы ем.
Әжем:
— Немене, шомырдың баласы, тағы төбелестің бе? Апыр-ау, бұл немене өзі, ә! Жөндей бастасам, шыға беpiп тағы... — деп мені үрейлене есіркеп қарсы алады.
Бетімді жуады, көгерген ісіктеріме бұлт, қара бақыр ақша я дымқыл қорғасын басады да:
— Неге төбелесе бересін, а? Үйде момын-ақсын, көшеге шықсаң — оңбай кетесін! Ұятсыз. Атаңа айтайын, ендігәрі сыртқа шығармай қойсын... — деп үгіттейді.
Атам менің көгерген ісіктерімді көргенімен, ешуақытта да ұрыспайды, тек тамағын кеней түседі де:
— Тағы да медаль қадап келдің бе? Сен бе, сен жауынгер Аника енді көшеге аяғыңды басушы болма, естіп тұрмысын? — деп міңгірлейді.
Көше жым-жырт болса, оған өзімнің де көңілім ауа қоймайтын, бірақ балалардың көңілді айқай-шуын естіген кезде, атамның тыйым салғанына қарамастан, ауладан шыға жөнелетінмін. Ісік пен жарақатқа жәбірленбейтінмін, бірақ көше ойындарының рақымсыздығы, — өзіме өте-мөте таныс, әбден құтырындырып жіберетін рақымсыздық үнемі ызамды келтірумен болатын. Балалардың иттерді я қораздарды таластырғанын, мысықтарды азаптағанын, еврей ешкілерін қуалағанын, мастарды, қайыршыларды және Игоша Смерть в Кармане дейтін дуананы жәбірлегенін қатты жек көруші ем.
Игоша Смерть в Кармане — тотыққан, сүйегі шыққан бетін түксиген түк басқан, зілдей сеңсең тон киіп жүретін, ұзын бойлы, ыс басқан арық кісі еді. Көшеде, таңғажайып боп теңселіп, имиіп аяғының астына, жерге тырс үндемей қасара қарап кеп, жүретін. Оның кіп-кішкене мұңды көзді, шойын түсті жүзі көңіліме үрейлі құрмет әсерін енгізетін, — бұл адамның өзі бір маңызды жұмыс үстінде, бір нәрсе іздеп жүр ғой, сондықтан оның мазасын алған жөн болмас деп ойлайтынмын.
Балалар оның күржік жауырынына тас лақтырып, соңынан жүгіріп келеді. Ол, балаларды көпке дейін байқамағандай, тиген кесектің ауыртқанын сезбегендей боп, жүре берді де, бір кезде кенет тоқтай қалып, сеңсең бөрік киген басын көтеріп алды, қалтыраған қолымен бөркін жөндеп қойды да, ұйқыдан жаңа ғана оянғандай, жан-жағына қарады.
— Игоша Смерть в Кармане! Қайда барасын, Игош? Ажалы қалтасында, — қараңдар! — деп айқайлайды балалар.
Ол қолымен қалтасын ұстай алады, сонсоң, жалма-жан еңкейіп, жерден тас, ағаш кесіндісін, бір уыс топырақ алады да, ұзын қолын икемсіз сермей түсіп, міңгірлеп, боғауыз айтады. Үнемі өзгермейтін тек үш ауыз жаман сөзбен ғана боқтаушы еді, — бұл жөнде балалардың қазнасы одан өлшеусіз мол болатын. Кейде ол, аяғын ақсай басып, балалардың соңынан қуады; ұзын тоны аяғына оратылып жүгіртпейді, жіңішке қу бұтақ тәрізді қара қолдарымен жер тірей, тізерлеп құлап түседі. Балалар оның екі бүйірі мен арқасына тас жаудырады, аса батылдары қасына жетіп барып, басына бір уыс топырақты шашып жіберіп, кейін ыршып түседі.
Көшедегілерден тағы да бір, мүмкін, одан да гөрі ауырырақ әсер туғызатын мастер Григорий Иванович еді. Көзден мүлде айрылған ол, бойы ұп-ұзын, кеп-келісті боп, тіл қатпай, қайыр сұрап жүретін. Бір реңсіз кішкентай кемпір қолынан жетелеп жүреді; кемпір, терезе алдына тоқтай қалып, үнемі әлдеқайда бір бүйір қарап:
— Соқыр мүсәпірге, құдай үшін садақаларыңды беріңдер... — деп шырылдаған дауыспен әндетіп кеп тұрады.
Григорий Иванович үн қатпайды. Қара көзілдірігі үйге, терезеге, қарсы алдынан шыққан адамға тура қарайды; сүйегіне шейін бояу сіңген қолы күйектей сақалын ақырын ғана сыйпап тұрады, еріндері мықтап жымқырулы. Мен оны жиі-жиі көруші ем, бірақ оның жұмулы аузынан бір дыбыс шыққанын ешуақытта да естімейтінмін, қарттың бұлай тіл қатпауы мені қатты қинайтын. Қасына жуый алмайтынмын, ешуақытта да жуымайтынмын, қайта, оны көре сала, үйге қаша жөнелетінмін де, әжеме:
— Көшеде Григорий жүр! — дейтінмін.
Әжем мазасыздана мұңая түсіп:
— Рас па? — деп саңқ етеді. — Мә, мынаны апарып, бере ғой!
Мен дөрекі түрде ашуланып, бармаймын. Сосын қақпа сыртына әжемнің өзі шығады да, тротуарда тұрып, Григориймен ұзақ сөйлеседі. Григорий сақалын желпілдетіп, күледі де, қысқа-қысқа тіл қатып, аз сөйлейді.
Әжем кейде оны кухняға ертіп әкеп, шай беретін, тамақтандыратын. Бір күні Григорий: мені қайда деп сұрапты. Әжем мені шақырып еді, қашып барып, отын арасына жасырынып қалдым. Григорийдің қасына бара алмаймын, өйткені одан қатты ұяламын, әжем де ұялады — оны да білемін. Әжем екеуміз Григорийді тек бір күні ғана әңгіме еттік: әжем, Григорийді қақпаның сыртына шығарып салып, ауланың ішінде аяғын ақырын басып, төмен қарап жылап келеді екен, қасына барып қолынан ұстадым.
— Сен одан неге қашасын? — деп сұрады әжем жаймен. — Ол сені жақсы көреді, жақсы адал ғой ол...
— Атам оны неге асырамайды? — деп сұрадым.
— Атаң ба?
Әжем тұра қалды да, мені мықтап құшақтап алып, сыбырға жақын дауыспен:
— Осы сөзімді ұмытпа: бұл адам үшін құдайтағала өкіндіре бір жазамызды берер! Жазамызды берер... — деді, көріп келгендей болжап.
Ол қателескен жоқ: әжем мәңгі-бақи тыным тапқаннан кейін он жыл шамасы өткен соң, атам өзі де қайыршы, әрі есалаң боп, қаланың көшесін кезіп кетті.
— Мейірімді аспазшыларым-ау, бір кесім ғана пирожок, пирожок қана берсеңдерші маған! Әй, сендерді ме-е... — деп терезе-терезенің алдында мүсәпірсіп, қайыр сұрап жүрді.
Оның бұрынғысынан қалғаны тек осы бір шерлі, созыңқы, көңіл толқытатын:
— Әй, сендерді ме-е... — деген сөзі ғана еді.
Игоша мен Григорий Ивановичтен басқа, мені көшеге бет бақтырмай, қинайтын Ворониха деген бір бұзылған әйел еді. Өзі еңгезердей, дуда-дуда, мас боп, мейрам күндері көрінетін. Жүрген жүрісі біртүрлі өзгеше еді, аяқтарын қимылдатпай, жер баспай, бұлттай жылжып, боғауыз өлеңдерді даурыға сіміріп келе жататын. Қарсы келген адамдардың бәрі, үй-үйдің қақпасына, бұрыш-бұрышқа, дүкендерге тығылып, одан жасырынып қалады, — ол бейне көшені сыпырып келе жатқандай болатын. Беті көкке тандық үрген қуықтай көмпиіп кеткен, алақандай көгілдір көздері сұмдық үрей шашып, әрі күлімдеп, бадырайып тұрады. Кей-кейде:
— Балапандарым, қайда кеттіңдер? — деп аңырап жылап жібереді.
Әжемнен:
— Бұл несі? — деп сұрадым.
— Саған білудің қажеті жоқ! — деп жауап қайырды әжем көңілсізденіп, сонда да қысқаша айтып берді: бұл әйелдің Воронов деген чиновник ері болған, оның екінші бір жоғары дәрежелі чин алғысы келеді, сөйтеді де ол әйелін өзінің бастығына сатып жібереді. Ол кісі бұл әйелді бір жаққа алып кетеді, әйел екі жыл бойы үйінде болмайды. Қайтып келсе, балалары — ұлы мен қызы — қайтыс болған, ері қазнаның ақшасын картаға ұтқызып жіберіп, абақтыда отыр екен. Ақырында, соның қайғысынан әйел іше бастайды, жүреді, құтырынып кетеді: мейрам сайын кешкілікте бұны полиция алып кетеді...
Жоқ, көшеден үй анағұрлым артық болды. Әсіресе түскі астан кейінгі уақыттар өте-мөте жақсы. Атам Яков ағайдың мастерскойына кетеді, әжем терезе алдына отырып, маған қызық ертегілер, хикаялар айтады, әкемді әңгіме етеді.
Баяғы мысықтан өзі айырып алған қара торғайдың сынған қанатын кесіп тастап, қырқылған аяғының орнына үйлестіріп шыбық байлады, құсты емдеп жазып, сөйлетіп үйретті. Терезенің кәшегінде ілулі тұрған тордың алдында кейде бейне бір еңгезердей аң сияқты боп, сағат бойы тұрып, түсінімпаз, көмірдей қап-қара құсқа жуан қоңыр дауыспен:
— Қане: кішкене қара торғайға ботқа бер, — деп сұра? — деп, қайта-қайта айтумен болады.
Қара торғай оған жылт-жылт еткен сықақшыл, дөңгелек көзінің қырымен қарап, тордың жұқа түбін ағаш аяғымен тықылдатып қояды, мойнын созады да әнші торғай боп ысқырады, жорға торғайдың, көкектің даусына салады, мысық боп мияуламақ болады, иттің ұлығанына еліктейді, бірақ адамша сөйлеуге шамасы келмейді.
— Ей, тентек болмасаңшы! — дейді оған әжем шынымен. — Сен кішкене қара торғайға ботқа бер! — де.
Қауырсынды қара маймыл әжем сөздеріне ұқсас бірдеңені айтып даурығады, — кемпір мәз боп күледі, құсқа саусағының ұшынан тары ботқасын береді де:
— Сен қуды білемін; жорта істеп тұрсың, — бәрі қолыңнан келеді, бәрін айта білесін! — дейді.
Ақыры қара торғайды сөйлетіп үйретті: біраздан соң ол кәдімгідей ап-анық етіп, ботқа сұрайтын болды, және әжемді көрісімен: «Дра-астуй»... — дегенге ұқсас бірдеңені соза айтып тұратын болды.
Торғай алғашқы кезде атам бөлмесінде ілулі тұратын, бірақ көп кешікпей атам оны біздің бөлмеге, шардаққа қуып шығарды, өйткені қара торғай атамды келемеждеп үйреніп алды; атам аят сөздерін анықтап айтады да, құс, балауыздай сары тұмсығын тордың арасынан шығарып алып:
Тью, тью, тью-иррь, ту-иррь, тью-уу! — деп ысқырып отырады.
Атама бұл жәбір көрінді; бір күні ол аятты тоқтата салып, жерді теуіп қалып:
- Әкет мына періні, өлтіремін! — деп жан ұшыра, ақырып кеп жіберді.
Үйде қызғылықты нәрселер көп болатын, сонда да мен кей-кейде сарқылмас бір мұң басатын, бүкіл тұлабойыма бір зіл түскендей, көзден де, құлақтан да, бүкіл сезімдерімнің бәрінен де ада болып, көпке дейін соқыр және шалажансар күйі, қараңғы шыңырауда жүргендей кездерім болатын.
VIII
Атам, Канатная көшесінің бойынан басқа бір үй сатып алып, күтпеген жерден өз үйін қабақшыға сатып жіберді; тас төселмеген, шеп басқан, тап-таза, әрі тыныш бұл көше тура даламен жалғасатын да, екі бетінде ала-құла қып сырлаған, кішкене үйлер қаз-қатар тізіліп тұратын.
Жаңа үй бұрынғы үйден гөрі әсемдеу, сүйкімділеу еді; көше жақ беті жұғымды, әрі қонымды қара күрең бояумен сырланған; үш терезенің көгілдір қақпақтары мен шардақтағы терезенің тор көз дара қақпағы жарқырап көрінеді; шатырдың сол жағын қалың көк шегіршін мен және әп-әсем етіп бүркеген. Аула мен бақта жасырынбақ ойындарына әдейі арналғандай, көптеген ұядай қуыстар бар. Шағын болса да, әрі қалың, әрі сүйкімдене иін тірескен бақ өте-мөте жақсы; бақтың бір түкпірінде ойыншықтай кіп-кішкене монша тұр; екінші бір түкпірінде едеуір терең кең шұңқыр бар; шұңқырды қурай басқан, арасынан бұрынғы өртеніп кеткен моншаның қалдығы, күйе-күйе жуан бөренелер сорайып-сорайып шығып тұр. Бақтың сол қол жағын полковник Овсянников ат қораларының қабырғасы, оң жағың Бетленгінің қора-қопсылары қоршаған; бақтың түбі, қып-қызыл нарттай, шіркеу қоңырауындай айқай-шулы, жуан қатын, сүтші Петровчаның үй-орманына тірелген; ол әйелдің жермен-жексен қап-қара, әрі тозығы жеткен үстін теп-тегіс мүк басқан кішкене үйінің екі терезесі, қалың көк түнек бұлттай боп көрінетін тоғайы бар, өңшең терең сай-сала тілгілеп тастаған жазықтыққа мейірлене көз тігіп тұратын; далада ұзақты күн солдаттар қыбырлап, жүгіріп жүреді; күзгі күннің қиғаш нұрына шағылысқан штыктар ақ найзағайдай жарқ-жұрқ етеді.
Бүкіл үй мен көрмеген адамдарға лық толы: алдыңғы жартысында кішкентай ғана домалақ әйелі бар бір әскери татар тұрады; әйелі таңертеңнен кешке дейін айқай салады, күледі, әсемдеп әшекейлеген гитар тартады да, шыңылдаған ащы дауыспен:
Бірді сүйдің, жақпадың сен жанына,
Табу керек екіншісін тағы да.
Ал, тауып бақ соны іздеп, ендеше.
Тапсаң сені сый күтіп түр өзгеше.
Дәл осы бір қайыры көп ақ жолда
Сені тәтті сый күтіп өзгеше!
— деген албырт өлеңді басқа өлеңдерден гөрі көбірек айтады.
Шардай домалақ әскери адам, терезе алдында отырып, көкпеңбек бетін көмпите түседі де, біртүрлі жирен көзін көңілдене ажырайтып, тынбастан трубка тартады, иттің үніндей бір дыбыспен:
— Вух, вух-вух-хх... — деп жөтелумен болады.
Погреб пен ат қора үстіндегі жып-жылы қосалқы үйде екі ломовой извозчик — сақал-шашы бурыл, кішкентай Петр ағай мен оның мылқау немере інісі, беті қызыл жезден жасаған подносқа ұқсас, жіптіктей, сом денелі жас жігіт Степа, сосын ұзын бойлы, үнемі көңілсіз жүретін татар, денщик Вали тұрады. Бұлардың бәрі де мен білмейтін қасиеттері көп соны адамдар еді.
Бірақ, әсіресе Хорошее Дело атанған адам менің бойымды мықтап билеп алды да, өзіне ынтықтырумен болды. Ол, үйдің түпкі жағындағы, кухняға жалғас, — бірі баққа, екіншісі аулаға қараған — екі терезелі ұзынша бөлмені жалдап алған-ды.
Ілмиген арық, бойы еңкек, қысқалау айыр қара сақал біткен жүзі аппақ, көзінде мейірімділік нұры бар, көзілдірік киіп жүретін адам еді. Ол сөзге сараң елеусіз адам болатын, өзін асқа, немесе шайға шақырғанда, үнемі:
— Хорошее дело — деп жауап беретін.
Көзінше де, сыртынан да әжем оны осылай деп атай бастады.
— Ленька, Хорошее Дело шайға келсін, шақыршы! Хорошее дело, тамақты неге аз ішесіз? — дейтін әжем.
Оның бөлмесі текшелеп қойған және қалай болса солай үйе салған бір жәшіктерге, мен танымайтын қарапайым әріппен басылған өңшең бір қалың кітаптарға лық толы болатын; жер-жердің бәрінде алуан түсті сұйық нәрселер құюлы шынылар тұрады, кесек-кесек жез бен темір, қорғасын шыбықтары жатады. Үстінде сары былғары күрте, торкөз сұр шалбар, үсті-басы бояу-бояу, жаман иісі аңқып, ұйпа-тұйпа, әрі икемсіз ол, ертеден кешке дейін қорғасын ерітеді, жез нәрселерді дәнекерлейді, безбенге салып бірдеңелерді өлшейді, ыңылдайды, саусақтарын күйдіріп алады да, жалма-жан үргілейді, сүріне-қабына, қабырғадағы шыймай-сызықтарға келеді де, көзілдірігін сүртіп, біртүрлі құп-қу, қусырылған және істіктей мұрнын қағазға тигізе тақап, сол сызықтарға үңіле қарайды. Кейде бөлме ортасына, я терезе алдына кілт тоқтай қалады да, көзін жұмып, жоғары қарап, сілейіп ұзақ үнсіз тұрып қалады.
Мен сарай шатырына шығамын да, ауланың ана шетінен ашық терезеден оған қараймын да отырам, стол үстіндегі спирт шамның көгілдір жалыны, оның қарауытқан тұлғасы көзіме түседі; ұйқы-тұйқы дәптерге бірдемені жазып жатқанын көрем, көзілдірігі, бейне бір омырық мұздай, реңсіз, әрі көгілдірлене жылтылдайды; бұл адамның сиқыршылық ісі құмарымды өлердей қоздырып, мені сағаттар бойы шатыр үстінен қозғалтпайтын.
Кейде ол, бейне бір кенереге салулы тұрғандай, терезеге төніп кеп, екі қолын артына ұстап, тура шатырға көз жіберді, бірақ мені көрмейтін сияқты, бұнысына қатты жәбірленем. Столға қарай кенет секіріп кетеді де, екі бүктеліп aп, столдың үстін тінткілейді.
Егер ол бай болып, киімі жақсырақ болса, мен одан сескенер едім деп ойлаймын, бірақ ол кедей еді: күртесінің омырауынан көйлегінің мыж-мыж, кір жағасы шығып тұрады, шалбары сатпақ-сатпақ, әpi жамау-жамау, жалаң аяғында — мыжырайған көне туфли. Кедейлер қорқынышты емес, қауіпті емес, — әжемнің оларға деген аянышты, атамның — жеркенішті көзқарасынан, өзім байқамастан-ақ, осындай сенімге келген болатынмын.
Хорошее Делоны үй ішінде ешкім жаратпайтын; жұрттың бәрі ол туралы күле сөйлейтін; әскери татардың көңілді әйелі оны «бор мұрын» деп, Петр ағай — аптекарь және сиқыршы деп, атам — табипшы, фармазон деп атаушы еді.
Осы кісі не істейді? — деп сұрадым әжемнен.
Әжем:
- Онда сенің жұмысың болмасын; үндемей жүре бер... — деп қатты тойтара жауап қайырды.
Бір күні, буынымды бекітіп ап, мен оның терезесінің алдында бардым да, ентігімді азар баса сөйлеп:
— Сен не істеп жатырсын? — деп сұрадым.
Ол селк ете түсті, көзілдірігінің үстінен маған ұзақ қарап тұрды да, күйіктен жара-жара боп білеуленген қолын созып:
— Бері шық... — деді.
Бөлмесіне есіктен емес, терезеден кір дегені менің көз алдыма оның беделін онан сайын көтере түсті. Өзі бір жәшікке отырып, мені қарсы алдына тұрғызды да, өзінен бір қашықтатып, бір жақындатып ұстап алып, ақырында:
— Қайдан келдің? — деп сұрады баяу дауыспен. Бұл маған ғажап көрінді: кухнядағы стол басында мен күніне төрт рет оның қасында отыратынмын!
— Осы үйдің немересімін... — деп жауап бердім.
Ол өзінің саусағына қарай түсіп:
— Aһa, я, — деді де үндемей қалды.
Мен енді оған:
— Мен Каширин емеспін, Пешковпын... — деп түсіндіруді мақұл көрдім.
— Пешков деймісін? — деп қайталады ол, сөз екпінін бұза сөйлеп. — Бәрекелде.
Мені былай итеріңкіреп қойып, түрегелді де, столға қарай бара жатып:
— Ал енді тыныш отыр... — деді.
— Іскенжеге қыстырулы тұрған бір бөлек жезді түрпімен етегеніне қарап, ұзақ отырдым; іскенже астындағы қатырмаға үгіндінің алтын қыйыршығы түсіп жатыр. Сол үгіндіні алақанына жинап алды да, бір қалың шынаяққа салды, оған бір кішкене ыдыстан тұз тәрізді аппақ бір шаңды қосты, қара шыныдан бірдемені құйып жіберді, — шынаяқ іші быжылдап, түтіндете жөнелді, мұрныма ащы иіс саулап, жөтеліп, басымды шайқай бастадым.
— Исі жаман ба? — деп сұрады сиқыршы, мақтана сөйлеп.
— Я.
— Бәсе! Шырағым, бұл өте-мөте жақсы!
«Жоққа мақтануын!» — деп ойладым да:
— Егер иісі жаман болса, жақсы болмағаны ғой... — дедім қатал үнмен.
— Рас па? — деп саңқ етті ол, көзін қысып қалып. — Дегенмен, шырағым, бұл өнебойы олай бола бермейді! Ал, сен асық ойнаймысын?
— Бақайшақ ойнауды айтасыз ба?
— Бақайшақ дейсің бе, я?
— Ойнаймын.
— Қорғасын құйып берейін, керек пе? Жақсы топай болды.
— Керек!
— Ендеше топайыңды әкел.
Ол, түтіні будақтаған шынаяқты ұстап, оған бір көзінің қиығын сала, тағы да менің қасыма келді де:
— Мен саған топай құйып берейін, бұның есесіне сен маған ендігәрі келме. Жақсы ма? — деді.
Мен бұл сөзге қатты жәбірлендім.
— Онсыз да тіпті келмей-ақ қояйын....
Жәбірленген күйі баққа кетіп қалдым. Бақта атам, алма ағаштарының түбіне күбір төгіп күйбеңдеп жүр екен; күз еді, ағаш жапырақтары әлдеқашан түсе бастаған-ды.
— Кел, биемшектің басын қырық, — деді атам маған, қайшыны ұстата беріп.
Meн одан:
— Хорошее Дело не істеп жатыр? — деп сұрадым.
— Бөлмені бүлдіреді, — деді атам ашуланып. — Еденді өртеді, обойды ластап сыдырып тастады. Басқа үйге шық деймін енді оған.
— Сөйту керек, — деп қостадым мен, биемшек бұталарының қу бұтақтарын қырқуға кірісіп.
Бірақ мен асығыстық істеппін.
Жаңбырлы кештерде, атам үйден кетіп қалса, әжем үйдегі тұрғын жұрттың бәрін шай ішуге шақырып алып, кухняда өте қызғылықты жиналыстар өткізетін: извозчиктерді, денщикті шақырып алады, көбінесе ойнақы Петровна да келеді, кейде тіпті үйімізде тұратын көңілді татар әйел де келеді, сосын әрқашан пеш жанында бұрышта қозғалмай және тіл қатпай, Хорошее Дело сопайып кеп отырады. Мылқау Степа татармен карта ойнайды; Вали мылқаудың көсіктей мұрнына картамен соғып:
— Аш-шайтан! — деп қояды.
Петр ағай нән бір кесім ақ нан және үлкен құмыра мен «бүршік» варенье әкеледі, нанды кесек-кесек қып тіледі, оған вареньені қалың ғып жағады да, сол тәтті биемшек жаққан нанды алақанына салып, басын тұқырға тәжім етіп, жұрттың бәріне тегіс үлестіреді.
— Рақым ете көріңіз, жеп қараңыз! — деп өтінеді, сыпайылана сөйлеп, жұрт нанын алған соң қап-қара алақанына үңіле қарайды да, одан вареньенің титтей тамшысын байқаса, тілімен жалап алады.
Петровна шиеге тұндырған бір шыны арақ көңілді барыня — жаңғақ пен конфет әкеледі. Сонымен, әжемнің өзі сүйетін қызғылықты сауығы, думан той басталып кетеді.
Хорошее Дело өзіне қонаққа барғызбау үшін, маған пара ұсынғанынан кейін біраз уақыт өткен соң, әжем осындай бір сауық істеді. Күздің ұзын-шұбақ жауыны себелеп сіркіреп тұр, жел гу-гу соғады, бұтақтарымен үй қабырғасын тырналап, теректер шулап тұр. Кухня іші , май жып-жылы, жұрттың бәрі бір-бірімен иін тіресіп отыр, бәрі де ерекше бір сүйкімді тыныштықта, ал әжем бірінен бірі қызғылықты ертегілерді төгілте айтумен болады!
Аяғын сатыға қойып, кішкентай қаңылтыр шам отының жарығы түскен жұртқа таман еңкейіңкіреп әжем пештің кемерінде отыр; көңлінің бір хошы келіп қалса:
— Менің жоғарыдан сөйлеуім тиіс, — жоғарыдан ыңғайлырақ болады, — деп, пешке шығып алатын қашанғы әдеті болатын.
Мен кең сатыға, әжем аяғының жанына, Хорошее Делоның дәл төбе тұсына жақын жерге орналыстым. Әжем жауынгер-Иван мен тақуа-Мирон туралы әсем хикаяны айтып отыр; әсерлі, салмақты сөздер ырғала ағылып барады:
— Дүниеден Гордиондай қолбасы өткен,
Пейілі бұзық, тас жүрек, зұлым екен:
Әділдікті тықсырып, жұртты қинап,
Жапалақтай қуыста қастық еткен.
Жек көрген бәрінен де жұрттың қатты,
Тақуа шарапатты Мирон қартты.
Мирон қарт қайырымды, қайсар, өжет
Қашанда қолдаушы еді ақиқатты.
Гордион шақырады құл-малайын,
Жауынгер-Иванушка келе қапты:
— Баршы, Иванко, өлтірші сол бір шалды,
Тәкаппар Мирон атты алжығанды!
Қуарған сақалынан ұстап алып,
Кідірмей қағып таста басын барып.
Итіме әкеліп бер жем қылайын!
Иван кетті, әкімнің тілін алды.
«Қайтейін, бұл тағдырды құдай салды,
Лажсыз, жоқтық мені жетелегені» —
Дейді Иван, келе жатып ауыр оймен.
Қылышты Иван етекпен қымтап алды,
Тақуаға иіліп, жетіп барды:
— Аманбысын әлі сен, адал қартым?
Тәңірі есіркей ме сендей қартын?
Әулие сонда отырып күлімдейді,
Данышпан лебізімен былай дейді:
— Қой. Иван, жасырмай айт сен шындықты!
Тәңірі-құдай біледі бар сұмдықты,
Тетігін ақ пен қара билейді өзі!
Не үшін келгеніңді білем де өзім! —
Иванға тақуадан ұят болды.
Өлтірмесе, бұл істің шатақ соңы.
Қылышын суырып ап қынабынан,
Темірді мол етекпен сүртіп қойды.
— Өлтіргелі, әй, Мирон, қапылыста,
Келіп ем, қылышымды қымтай ұстап.
Ал енді әзірлен сен, сорлы бейбақ.
Құдайға ақырғы рет жылап, зарлап.
Шоқынып, тілек тілеп, ғибадат қыл,
Өзіңе, адамзатқа, маған да арнап:
Содан соң басың, байғұс, кесіледі. —
Қарт Мирон жайлап қана жүгінеді,
Түбіне жас еменнің отырған соң,
Құрметтеп шалды, емен иіледі.
Күлімсіреп қария дейді сонда:
— Күтерсін, байқа, Иван, ұзақ мұнда!
Таусылмас адамзатқа ұлы дұға!
Өлтіріп мені бірден тастасаңшы,
Өзің де артық азап тартпасаңшы! —
Ыза боп сонда Иван тепсінеді!
Мақтанып, ақмақ боп күрсінеді.
— Айтқан соң, айтқанды екі қылман, — деді. —
Оқи бер, мәңгі-бақи тұрам! — деді. —
Тақуа кешке дейін дұға оқыды,
Ертеден күн батқанша оқи берді,
Жаз өтті, көктем келді — оқи берді.
Дұғасымен Миронның жылдар өтті,
Жас емен өсе-өсе бұлтқа жетті,
Жаңғағынан жыныстап, тоғай өсті,
Шарапатты ол дұға үдей түсті
Қазірде де бар дейді екеуі сол:
Зарлайды ғибадат қып қария ол,
Құдайдан адамзатқа қам тілейді,
Анадан Мариям-асыл — бақ тілейді.
Жауынгер-Иван болса, о да сонда,
Әлдеқашан күл болған қылышы оның
Тот басып, біткен шіріп сауыты да,
Қуарып кеткен оқа, мауыты да.
Жалаңаш қысы-жазы тұрады
Иван, Тамыз оны шыжғырып, құрыта алмас,
Құзғын сорып, қанын да тауыса алмас,
Қасқыр менен аю да шаппас оған,
Боран менен аяз да батпас оған.
Әлі жоқ қозғаларға орнынан,
Қол сермеп, сөз айтарға жетпей дәрмен.
Жазаға тартылған бұл күнасы үшін:
Бұйрыққа арам пейіл көнбесін деп,
Біреудің ожданымен жүрмесін — деп
Батасы қарияның, біздер үшін,
Құдайға әлі сонда лаулайтұғын,
Өзендей, көк мұхитқа заулайтұғын!
***
Әжемнің әңгімесінің басынан-ақ, Хорошее Делоның бірдемеден мазасы кетіп отырғанын байқаған ем: қолдарын біртүрлі қалт-құлт қимылдата түседі, көзілдірігін бір алып, бір киеді, әндете айтылған сөздердің ырғағына салып, көзілдірігін бұлғаңдатып қояды; басын изеңдетеді, көзін саусақтарымен сыға түсіп, қолын көзіне апара береді де, қатты терлеп кеткен адамдай, маңдайы мен екі бетін алақанымен тез-тез сүртумен болады. Тыңдаушылардың біреуі қимылдаса, жөтелсе, аяғын сырпылдатса.
— Шш! — деп, ызғарлана ысқырып қояды.
Әжем сөзін бітірген кезде, ол өршелене түрегелді де, қолдарын сермей түсіп, біртүрлі бір селекеттене шыр айналып кетті, сөйтті де:
— Біле-білсеңіз, бұл тамаша нәрсе, мұны қалайда жазып алу керек! Бұл — нағыз шын әңгіме, өз дүниеміз... — деп міңгірлей жөнелді.
Жылап тұрғаны енді анық байқалды, — екі көзі жасқа толы екен. Көздерінің үстінен де, астынан да жас мөлтілдейді, екі көзі жасқа шомылғандай; мұның өзі әрі таңғажайып, әрі өте аянышты болды. Өзі ерсілене, икемсіздене секеңдей түсіп, кухня ішінде ерсілі-қарсылы жосып жүр, көзілдірігін кимек боп, мұрнына тақап бұлғаңдата береді де, сабағын құлағына үнемі іле алмайды. Оған қарап, Петр ағай күлімсіреп қояды, жұрттың бәрі қымсынып үндемей отыр, ал әжем:
— Жазып алыңыз, немене, бұның күнасы жоқ қой; мен тағы да осындай көп нәрселерді білем... — деді, аптыға сөйлеп.
Тұрғын қонақ:
— Жоқ, осының дәл өзін! Бұл — кереметтей нағыз орыстыкі, — деп өршелене айқайлады да, кухняның ортасына кілт тоқтап, сілейіп қалды, он қолын жоғарылы төмен зуылдата сермей түсіп дауыстап сөйлей бастады, сол қолында көзілдірігі қалт-құлт етеді. Аяғын тебіне түсіп, сарнап:
— Біреудің ожданымен тұруға болмайды, я, я! — деген бір сөздерді әлсін-әлі қайталап, өршелене сөйледі.
Сонсоң даусы біртүрлі күрт үзіліп, жұртқа жағалай қарап өтті де, басын салбыратып, айыпты болғандай, ақырын ғана жөніне кетті. Жұрт бір-біріне қымсына қарасып күлімсіреді, әжем пештің түкпіріне таман, қара көлеңкеге жылжып барды да, сол арада ентіге уһлеп, отырып алды.
Петровна қалың, қызыл ернін алақанымен сипай түсіп:
— Ашуланған сияқты ма? — деп сұрады.
— Жо, — деп жауап берді Петр ағай. — Мұнысы әншейін тек өзінше...
Әжем пештен түсті де үндеместен самауыр қыздыра бастады, Петр ағай:
— Мырзалардың бәрі осындай, шамшыл келеді! — деді асықпай сөйлеп.
— Бойдақ кісі әман жөнсіздік істейді! — деп, томсара күңк ете түсті Вали.
Жұрттың бәрі күліп жіберді де, Петр ағай:
— Жыларман болды. Шамасы, бір күндері қармағын шортан қапқан шығар да, қазірде ақ шабақ та азар-азар тиіп-қашып жүрген болар.... — деді дауысын соза сөйлеп.
Жалығып кеттім; жүрегімді біртүрлі бір мұң басты. Хорошее Дело мені қатты таңырқатты, аяп кеттім өзін, жасқа бұланған көздері ап-анық боп есімде қалыпты.
Ол түнде үйге қонбады, келесі күні үн-түнсіз, ез болып, көріне қымсынып келді.
— Кеше мен айғайлаңқырап жібердім, — деді ол әжеме кішкене балаша, айыбын мойнына ала сөйлеп. — Ашуланған жоқпысыз?
— Неменеге?
— Сөзге араласып, сөйлегеніме ше?
— Сіз ешкімді жәбірлеген жоқсыз...
Әжемнің одан именгенін, оның бетіне тура қарамай және әншейіндегіндей емес, — өте-мөте жай сөйлегенін сезіп тұрдым.
Хорошее Дело әжеме таяу келді де:
— Біле-білсеңіз, мен жұрдай жалғызбын, ешкімім жоқ! Үндемей жүресін, жүресін де, — бір кезде жаның қайнап кетеді, сыртыңа жарып шығады... Қатқан қара тасқа, ағашқа сөйлегің кеп кетеді... — деді, өте түсінікті сөйлеп.
Әжем одан ығысыңқырап отырды.
— Үйленсеңіз еді,онда ше...
Ол, бетін кіржитіп:
— Э! — деп саңқ етті де, қолын бір сілтеп, шығып кетті.
Әжем қабағын түйіңкіреп, оның артынан біраз қарап отырды, насыбайын атты, сонсоң маған:
— Сен байқа, оның маңына көп бара берме; құдай білсін, қандай адам екенін... — деп қатты тапсырды.
Бірақ мен тағы да оған ынтық бола түстім.
«Жұрдай жалғызбын» дегенінде беті ояз түсіп, өзгеріп кеткенін байқағанмын; бұл сөздерде жүрегімді жібітіп жіберген өзіме түсінікті бір нәрсе бар еді, сондықтан мен оның соңынан ілесе шықтым.
Аула жақтан оның бөлмесінің терезесіне көз жіберіп ем, ешкім жоқ екен, неше түрлі керексіз нәрселерді — солардың қожасының өзіндей керексіз және таңғажайып нәрселерді асыға-үсіге, тәртіпсіз тастай салған қойма сияқты екен бөлмесі. Мен баққа бардым да, оны сондағы шұңқыр ішінен көрдім; ол, екі қолын желкесіне қойып, шынтақтарымен тізесіне таянып, бүк түсіп, өртенген бөрененің бір шетінде ыңғайсыз отыр екен; бөренені топырақ басып қалған, көмірдей жылтылдаған бір басы ғана қураған жусан, қалақай, түйеқарын арасынан сорайып шығып тұр. Бұл адамның ыңғайсыз отырғаны да оған ішіңді одан сайын жылыта түсті.
Үкінің көзіндей мүкіс көзін менен аулақ басқа бір жаққа қадап, мені көпке дейін байқамады, сонсоң жұлып алғандай:
— Мені шақыра келдің бе? — деп сұрады, ренжігендей боп.
— Жоқ.
— Ендеше неге келдің?
— Жай.
Ол көзілдірігін алып, қызыл, қара дақ түскен орамалымен сүртіп қойды да:
— Ендеше, бері шық! — деді.
Қатарына кеп отырған соң қаусыра құшақтап алды да:
— Отыр. Осылай үн қатпай отырамыз. Жарай ма? Дәл керегінің өзі осы... Сен қайсармысың?
— Я.
— Бәрекелде.
Үндемей ұзақ отырдық. Тымық, тып-тыныш кеш еді, жер-дүниенің бәрі сондай бір гүл-гүл жайнап тұратын және сағат сайын түлеп, солып бара жатқаны сондай ап-анық сезіліп тұратын, бірақ жердің өзі құнарлы жазғы иістерінің бәрінен де ада боп, тек ызғарлы дымқыл иіс қана аңқып тұратын, ауа таңғажайып боп мөлдіреп көрінетін және қара қарғалардың көңілсіз ойлар қоздырып, қызғылт аспан алабында тынымсыз жосып жүретін майда шуақ жылы күздің мұңды кештерінің бірі еді. Төңіректің бәрі жым-жырт, тып-тыныш; құстың сылдыры, түскен жапырақтың сыбдыры — әрбір дыбыс қатты естілгендей, сезіктендіре селк еткізеді, бірақ, селк етіп алып, тыныштыққа қайтадан бөлене жым бола қаласын, — тыныштық жер-дүниенің бәрін құшып, көкірегіңді керней түседі.
Мұндай сәттерде ерекше бір таза, жеңіл ойлар туады, бірақ бұл ойлардың өзі өрмекшінің үйі тәрізді, нәзік, селдір, сондықтан сөзбен суреттеуге келмейді. Бұл ойлар бір нәрсе жөніндегі қайғымен жаныңды күйдіріп, аққан жұлдыздай, жарқ етеді де, зым-зыя жоқ болады, жаныңды әлдилейді, түршіктіреді де, сол бір шақта жаның өзінің бүкіл өмірлік қалпына түсіп, қыз-қыз қайнайды, балқиды, сонда оның сыр-сипаты құралады.
Тұрғын қонақтың жып-жылы бүйіріне тығыла түсіп, онымен бірге алма ағаштарының қара бұтақтарының арасынан қызыларай аспанда шеке тоқпақтардың сыпылдап ұшқанына қарадым, сарыжағал торғайлардың қу қалақайдың шикі дәндерін алмақ боп, оның бастарын сілкілегенін, дала жақтан шеттері қызыл арайланған, шүйке-шүйке, қошқыл қара бұлттардың көшкенін, қарғалардың бейіт басындағы ұяларына қарай бұлттан төмен жалп-жалп ұшқанын көріп отырмын. Осының барлығы да жанға жайлы, әрі байырғы уақыттағыдай емес, біртүрлі бір ерекше түсінікті де, сүйкімді де.
Жанымдағы адам кейде қатты күрсініп алып:
— Тамаша ғой, шырақ? Бірақ, ызғарлы емес пе, салқын емес пе? — деп сұрап қояды.
Қас қарайып, төңіректің бәрін ызғарлы іңір қараңғысы жайлап, бұлдырай бастаған соң:
— Жетер енді! Кеттік... — деді ол.
Бақ есігі алдына келгенде тоқтап:
— Әжең жақсы-ақ қой, — ой қандай асыл адам!.. — деді. Көзін жұмды да, күлімсірей түсіп:
Жазаға тартылған бұл күнасы үшін:
Бұйрыққа арам пейіл көнбесін деп,
Біреудің ожданымен жүрмесін деп
— деп, ақырын болғанымен, түсінікті етіп жатқа айтып шықты.
— Шырағым, сен мұны жаттап ал, әбден жатта!
Сөйдеді де, мені ілгері итеріңкірей түсіп:
— Жаза білемісің? — деп сұрады.
— Жоқ.
— Үйреніп ал. Үйренген соң, — әжеңнің айтқан әңгімелерін жазып ала бер, — бұл өте пайдалы, шырағым...
Екеуміз дос боп алдық. Сол күннен бастап Хорошее Делоға келгім келген кезде келе беретін болдым, бір ескі-ұсқы шүберектер салған жәшік ішіне орналасам да, оның қорғасын еріткеніне, мыс қыздырғанына емін-еркін қарап отырам; жалпақ темірлерді отқа ұстап қызартып, кішкентай төске қойып, әсем сайты жеңіл балғамен соғады, түрпімен, егеумен егейді, құм-қағазбен ысқылайды да, қылдай, жіп-жіңішке арамен аралайды. Сосын барлығын жеп-жеңіл жез безбенге салып өлшейді. Қалың ақ шынаяқтарға әртүрлі сұйық нәрселерді құйып, түтіні бұрқырап, бөлмені ащы иіске толтырғанына қарап, бетін кіржитеді, қалың кітапты оқып қарайды да, қызыл ернін тістей түсіп, ыңылдайды, әйтпесе сырылдаңқырап шыққан дауыспен ақырын ғана:
— О, Саронның розасы...
— деп әндетеді.
— Сенің бұл жасап жатқаның не?
— Бір нәрсе ғой, шырағым...
— Қандай нәрсе?
— Білесің бе, сен түсінгендей етіп айта да білмеймін...
— Сені, мүмкін, жалған ақша жасайтын шығар дейді атам...
— Атаң ба? Мм... Ой, онысы бос сөз ғой! Ақша деген — түк емес, шырағым...
— Ендеше, нанға не төлейсін?
— Я, я, шырағым, рас, нанға төлеу керек...
— Көрдің бе? Еже де төлеу керек...
Ол тамаша сүйкімді күлкімен ақырын ғана күліп, мысықты қытықтағандай, құлағымды қытықтайды да:
— Сенімен тіпті де таласа алмаймын, — сен мені жеңе бересін, шырағым; кел, онан да үндемей отыра тұрайық, — дейді:
Кейде ол жұмысын тоқтатып, жаныма кеп отырады да шатырға, шеп басқан аулаға жаңбыр бүркіп тұрғанына, алма ағаштарының жапырақтарының сыпырылып, солғын тартқанына терезеден қарап, екеуміз ұзақ отырамыз. Хорошее Дело сөзге сараң еді, бірақ әрдайым біртүрлі бір керекті сөздер айтатын; бір нәрсеге менің назарымды аударғысы келгенде, көбіне ол мені ақырын ғана түртіп қалып, көзін қысып ымдайтын.
Аула ішінен мен ерекше ешнәрсе де көрмеймін, бірақ оның шынтағымен түртіп айтқан қысқа-қысқа сөздерінен, көзіме көрінгеннің бәрі ерекше маңызды боп көрінеді, бәрі есінде берік сақталып қалады. Әнеки, аула ішінде мысық жүгіріп келеді, жарқыраған шалшыққа кеп тоқтай қалды да, өз сәулесіне қарап, соны салып қалғысы келгендей, жұмсақ аяғын көтеріп алды.
— Мысықтар тәкаппар және күдікшіл келеді... — дейді сонда Хорошее Дело.
Мамай деген сары қызыл қораз, бақ қоршауының үстіне ұшып шығып, орнығып алып, қанатын қағып қалғанда, құлап кете жаздады, сонсоң ренжіп, мойнын қоқырайтып, қықылық қақты.
— Генерал маңғазды-ақ, бірақ онша ақылды емес...
Кәрі жылқыша балшыққа аяғын ауыр басып, икемсіз Вали келеді; шықшытты беті көмпиіп кеткен, көзін кілмите аспанға қарайды, аспаннан оның дәл кеудесіне күзгі күннің ақшырайған сәулесі түседі, — Валидің күртесіндегі жез түйме оттай жанады, татар тоқтай қалып, қисық саусақтарымен түймені сипап қояды.
— Тап медаль алғандай, сүйсінеді...
Мен Хорошее Делоға тез және мықтап бауыр басып кеттім, ол маған қатты жәбір көрген күндерімде де, қуанышты кездерімде де керек бола бастады. Өзі үндемейтін болса да, маған ойыма келгеннің бәрін айтуыма тыйым салмайды, ал атам болса:
— Мылжыңдама, шайтанның диірмені! — деп қатты зекіп, әрдайым сөзімді тыйып тастайтын.
Әжем болса, өз жұмысы өзіне жеткілікті, бөтен біреудің сөзін естімейді де, елемейді де.
Хорошее Дело менің мылжың сөзімді әрдайым ықыласымен тыңдайды да маған әлсін-әлі:
— Бұның енді олай емес, шырағым, мұны сен өз ойыңнан шығардың ғой... — дейді жымыйып күліп.
Және оның қысқа-қысқа ескертулері дер кезінде кеп килігетін, қажет болатын-ды, — менің жүрегімде, басымда да не боп жатқанын өңменімнен өте көріп отырғандай, артық теріс сөздердің бәрін, менің аузымнан шықпай тұрып-ақ, көре сала:
— Өтірік айтып отырсын, шырағым! — деген бір ауыз сыпайы соққымен келтесінен қайырып тастайтын.
Оның бұл сиқыршылық қабілетін мен әлсін-әлі әдейі сынаушы ем; кейде бір нәрсені өзім ойлап шығарамын да, шын болған нәрседей етіп айта бастаймын, сонда ол, кішкене тыңдап отырады да:
— Өтірік айтып отырсын ғой, шырағым, — деп басын шайқайды.
— Оны қайдан білесін?
— Көріп отырмын ғой, шырағым...
Әжем, Сенная алаңына суға барғанда көбіне-ақ мені де ерте баратын, бір күні біздер бес мещанның бір мұжықты сабап жатқанын көрдік, — мұжықты жығып салып, бір итке жабылған көп итше жұлмалап жатыр екен. Әжем шелектерін иінағашынан жерге тастай сала, маған:
— Былай кет! — деп ақырып қойып, иінағашын сермей түсіп, мещандарға дүрсе қоя берді.
Бірақ мен қорқып кеттім де, әжемнің соңынан жүгіріп, мещандарға жұмыр тас, кесек жаудырта бастадым, әжем оларға иінағашын тайсалмай оқталып, иыққа, басқа-басқа ұрып жүр. Тағы бір адамдар кеп ара түсті, мещандар қашып кетті, әжем таяқ жеген адамды жуындыра бастады; бұл адамның бет-аузы дал-дұл болған екен, жұлынып қалған танауын кір-кір саусақтарымен қыса түсіп, өкіріп жылағанын, жөтелгенін, сосын саусақтарының арасынан әжемнің бетіне, омырауына шаптырған қанын қазірдің өзінде де аза бойым тік тұрып, көріп тұрғандаймын; әжем де айқай салып, тұлабойы қалш-қалш етіп тұрды.
Үйге қайтқан соң жүгіріп тұрғын қонаққа келіп, баяндай бастағанымда, ол жұмысын тастады да, ұзын егеуді қылышша көтеріп ап, маған көзілдірігінің астынан оқты көзімен үңіле қарап, қарсы алдыма тұрып алды, сонсоң, бірақ, әдеттен тыс ұғымды сөйлеп:
— Тамаша, түп-түгелінен тап осылай болғаны анық. Өте жақсы! — деп, менің сөзімді бөліп жіберді.
Көзім көрген оқиғадан көңлім қатты бұзылғандығынан, оның сөздеріне таңырқауға мұршам келмеді де, сөйлей беріп едім, ол мені құшақтай алды да, бөлме ішінде сүріне-қабына, ерсілі-қарсылы жүріп:
— Жетер, бұдан артық қажеті жоқ! Шырағым, сен керекті нәрсенің бәрін түгел айттың — түсінесін бе? Бәрін түп-түгел! — деп сөйлеп кетті.
Мен ренжіп, сөзімді қоя қойдым, бірақ, әлі ап-айқын есімде, ойланып алып, менің сөзімді оның дер кезінде бөліп жібергенін: айтарымның бәрін шынында да айтып болғанымды түсіндім.
— Шырағым, сен мұндай оқиғаларға көңіл бөлмегейсін, — мұндайды есте сақтаған жақсы емес! — деді ол.
Кей-кейде ол маған ойда жоқта бір сөздер айтатын, сол сөздері бүкіл өміріме ұмытылмастан сол күйінде есімде қалды. Төбелесте мен де, о да бір бірімізді жеңіп-жеңісе алмай жүрген, Новая көшеден шыққан төбелесқор, жуан, қазанбас бала. Клюшников деген өзімнің бір қас дұшпанымды әңгіме еттім оған. Хорошее Дело менің мұнымды ықыласымен тыңдап шықты да:
— Бұл — түк те емес; мұндай күштің — күшке сандығы жоқ! Нағыз күш — қимылдың шапшаңдығында; шапшаң болған сайын, күшін арта түседі, — түсіндің бе? — деді.
Келесі жексенбіде жұдырықпен шапшаң қимылдап көріп едім, Клюшниковты оп-оңай жеңіп шықтым. Тұрғын қонақтық сөздеріне бұл менің ықласымды онан сайын күшейтті.
— Әр нәрсені ала білу керек, — түсіндің бе! Ала білу дегеннің өзі — өте қиын болады!
Мен онысын түк ұқпадым, дегенмен, бұндай және соған ұқсас тағы басқа сөздерді көңліме еріксіз тоқи бердім, — себебі — бұл сөздердің қарапайымдығының өзінде бір астыртын, өкінішті сыр бар еді: шынында тасты, бір кесім нанды, шынаяқты, балғаны алу үшін ешбір өзгеше ептіліктің керегі де жоқ қой.
Бірақ үй іші Хорошее Делоны барған сайын жек көре берді; тіпті көңілді тұрғын әйелдің ерке мысығы да оның тізесіне, жұрттың бәрінің тізесіне шыққанындай, шықпайтын болды және оның еркелете шақырғанына да бармайтын болды. Сол үшін мысықты ұрдым да, құлағынан да жұлқыладым, жыларманға кеп, ол кісіден қорқпа деп те үгіттедім.
— Киімімнен қышқыл иіс шығады, — сондықтан мысық маған жуымайды, — деп түсіндірді ол, бірақ жұрттың бәрі, тіпті әжем екеш әжем де, мұны өзгеше түрде, тұрғын қонаққа дұшпандық білдіре, теріс және жәбірлей түсіндіретінін білетінмін.
— Сен оның бөлмесіне неге бара бересін? — деп сұрайды әжем ашуланып. — Байқа, ол сені бір нәрсеге баулып жүрер...
Ал, атам болса, тұрғын қонақтың бөлмесіне барған сайын мені аямай төмпештеуші еді, онда барғанымды ол жирен күзен ылғи біліп қоя беретін. Үйдегілердің онымен жақын болма деп, маған тыйым салып қойғанын Хорошее Делоның өзіне, әрине, айтпайтынмын, дегенмен оған үйдегілердің қалай қарайтынын жасырмай әңгіме ететінмін.
— Әжем сенен сескенеді; ол сені — табипшы дейді, атам да сені — құдайға қас, адамға қауіпті дейді...
Хорошее Дело шыбынды үркітпек болғандай, басын сілкіп қояды; бордай жүзіне күлкісі қызара бөртіп шыға келеді, бұл күлкісінен менің жүрегім түршігіп, көзім бұлдырап қоя береді.
— Шырағым, мен әлдеқашан-ақ байқап жүрмін! — дейді ол ақырын ғана. — Мұның өзі қапалантады ғой деймін, шырағым, ә?
— Солай!
— Қапалантады, шырағым...
Ақыры оны үйден шығарып жіберді.
Бір күні мен оған ертеңгі шайдан кейін барсам, ол ақырын ғана Сарон розасы туралы әндетіп, заттарын жәшік-жәшікке жинап салып, еденде отыр екен.
— Қош тұр, енді, шырағым, мінеки кеткелі жатырмын...
— Неге?
— Білмеймісін сен? Бұл бөлме сенің шешеңе керек көрінеді ғой... — деп маған тесіле қарай қалды.
— Мұны кім айтты?
— Атаң...
— Өтірік айтады ол!
Хорошее Дело мені өзіне қарай қолымнан тартты да, мен еденге отырған соң:
— Ренжіме! Бірақ сен біле тұра маған айтпаған екен деп ойлап ем; бұнысы жарамады деп ойлап ем... — деді ақырын ғана.
Оның үшін бір себептен қайғырдым да, өкіндім де.
— Құлағың салшы, — деді ол, күлімсірей түсіп, сыбырлағанға жақын дауыспен. — Есінде бар ма: маған келмегейсін деген едім ғой саған?
Мен басымды изедім.
— Сен сонда маған ренжідің ғой, солай емес пе?
— Солай...
— Ал, менің сені ренжіткім келмеп еді; менімен дос болсаң, жақындарың саған ұрысатынын білген ем, солай емес пе? Болды ма осы? Жаңағыны неліктен айтқанымды түсіндің бе?
Ол менімен құрдас, кішкентай балаша сөйлесті; бірақ, мен оның сөздеріне керемет қуанып кеттім; тіпті оның ниетін әлдеқашан, сол кездің өзінде-ақ ұққан екенмін ғой деген пікірге де келдім. Мен тап осылай айттым:
— Мұны өзім әлдеқашан ұққан едім! — дедім.
— Көрдің бе, қалай! Солай, шырағым. Тап осының өзі, көгершінім.
Жүрегім шыдатқысыз боп сыздап қоя берді.
— Олардың бәрі бірдей сені неге жек көреді?
Ол мені құшақтап, көкірегіне қысты да, көзін қысып қойып:
— Бөтенмін — түсінесін бе? Дәл осы үшін. Олардай емеспін...
Не айтарымды білмей, ештеңе айта алмай, оның жеңінен тартқылай бердім.
Ол:
— Ренжіме, — деп қайтадан айтты да, құлағыма сыбырлап: — Жылаудың да қажеті жоқ... — деді.
Бірақ, буалдыр көзілдірігінің астынан өзінің де көз жасы сорғалап тұрды.
Содан кейін екеуміз, бұрынғы әдетімізше, үндемей, тек кей-кейде ғана қысқа-қысқа сөз алысып, ұзақ отырдық.
Ол кешке, жұрттың бәрімен сыпайы қоштасып, мені қатты құшақтап қойып, аттанып кетті. Мен қақпаның сыртына шығып, тоңазыған балшық шоқалақтарын дөңгелектерімен жанша жүріп бара жатқан арбаның үстінде оның селкілдеп кетіп бара жатқанын көріп тұрып. Ол аттанып кетісімен, әжем іле-шала лас бөлмені жуып, тазалай бастады, мен бұрыштан-бұрышқа ерсілі-қарсылы әдейі сенделіп, оған бөгет жасай бердім.
— Жоғал! — деп айқайлады ол, маған соқтығып қалып.
— Неге қуып жібердіңдер оны?
— Сөйлеп көрші сен!
— Сіздердің бәріңіз де ақмақсыздар, — дедім мен.
Әжем:
— Ау, сен құтырып кеткен жоқпысын, оңбаған! — деп айқайлап, мені су шүберекпен сабалай бастады.
— Сен емес, сенен басқалардың бәрі ақмақ, — деп сөзімді түзедім, бірақ оған әжемнің көңілі көнши қоймады.
Атам кешкі ас үстінде:
— Құдайға шүкір енді! Әйтпесе, оны көрген сайын, жүрегіме пышақ қадалғандай боп: оһ, қуып шығару керек! — деуші ем, — деді.
Мен ызаланғанымнан қасықты сындырып тастадым да, тағы таяқ жедім.
Өзімнің туған елімдегі сан-сапат жат адамдардың — елімнің алдыңғы адамдарының ең алғашқы біреуімен менің достығым осылай аяқталған болатын...
IX
Балалық шағымда әралуан қарапайым, жұпыны адамдар, әрқайсысы өз қолынан келгенінше, менің сана-сезімімді мейлінше байытып, өздерінің білім балы мен өмір туралы ой-пікірлерін ара тәрізді әкеп жинай берген бір омарта сияқты көрінемін өзіме өзім. Бұл балдың өзі көбінесе лас та, ащы да болды, бірақ білімнің қай-қайсысы да — қанша дегенмен бал ғой.
Хорошее Дело аттанып кеткен соң менімен Петр ағай дос болды. Ол атам тәріздес болатын; тап сондай арық, тап-таза, мұнтаздай, тек бойы атамнан гөрі аласалау өнбойы кішілеу еді: ол күлдіру үшін шал боп киінген ересек балаға ұқсайтын. Беті өрім-өрім, өңшең бір жіп-жіңішке таспадан жасаған қабыр сияқты, жылт-жылт етіп күлімдеген, ақ еті сарғыштау көздері, сол қалбыр арасында тордағы шымшықша ойнақшып тұрады. Бурыл шашы бұйраланған, шоқша сақалы шығыршықтала шыйпатылған; трубка тартатын, онысының шашы түстес түтіні де — шыйратыла бұрқырайтын, сөзі де шым-шытырық мақалдатып,құбылжытып сөйлейтін. Дауысы ызыңдап шықса да, нәзік естілетін сияқты, бірақ оның сөзі маған әрқашан жұрттың бәрін келемеждеп отырған сияқты боп көрінетін:
— Жас кезімде барыня-графиня, Татьян жарықтық Лексева, «ұста бол» — деп бұйырды сосын біраз уақыттан кейін — «бағбанға көмектес!» — деп әмір етті. Жарайды, бірақ мұжықты қойсаңыз да қолайсыз — бәрібір ол қолайсыз! Сосын бір мезгілде: — «Петрушка, сен балық аулайсын!» — деді. Маған бәрібір, мен балық та ұстай алам... Бірақ жаңа ғана үйір бола бастап ем — қош бол, балық рақмет; енді менің оброк өтеуге, қалаға извозчик боп кетуім керек болды. Ендеше, мейлі деп, извозчик боп кеттім сосын қалай болды десеңші! Бірақ сосын барыня екеуміз тағы да бір өзгеріс енгізуге үлгіре алмай қалдық азаттық кеп жетті де, атыммен қалып қойдым, қазір графиняның орнында сол атым жүр.
Аты әбден қартайып біткен еді, сол боз атты ғой деймін, бір күні мас бояушы әртүрлі бояумен бояй бастап, бітіре алмай қойған болатын. Аяқтары мертігіп шығып кеткен, бүкіл тұлғасы шүберектен құрастырылғандай көзінің нұры қашқан қу сүйек басы мұңая салбырап білеудей сіңірлерімен, тозып, тулақ болған терісімен кеудесіне шақ ілігіп тұратын. Петр ағай атына жақсы қарайтын, ұрмайтын, «Танька» деп атайтын.
Бір күні атам оған:
— Малды христиан есімімен атайтының қалай? — деді.
— Олай емес, Василь Васильев құрметтім, олай емес! Мұндай — Тянька деген — христиан есімі жоқ, Татиана деген есім бар!
Петр ағай да сауатты, діни кітаптарды өте көп оқыған болатын, атам екеуі, әулиелердің қайсысы әулиерек деп, үнемі таласып кеп отыратын; ежелгі заманның күнәлі адамдарын бірінен бірі асыра жамандайды; әсіресе Авессалом мықтап сыбаға алатын. Таластары кейде тек грамматикалық болып та кететін, атам: «согрешихом, беззаконновахом, неправдавахом» десе, Петр ағай: «согрешиша, беззаконноваша, неправдоваша» деу керек деп, тайталасып болмайтын.
Атам өршеленіп:
— Меніңше — бір басқа, сеніңше — бір басқа! — деп қызараңдап, — Ваша, шиша! — деп мазақтайды.
Бірақ Петр ағай, түтінге бөлене отырып:
— Сенің хомыларынның несі артық? — деп мысқылдай сұрайды. — Құдайға олардың ешбір артықшылығы жоқ! Құдай-екен, мүмкін, дұғаңды тыңдап отырып: қалай оқы — өзің біл, бірақ бағаң — жарты пұл, — деп ойлайтын шығар!
— Лексей, кет! — деп ақырады атам маған, жасыл көк көздері жарқ-жұрқ етіп.
Петр тазалықты, тәртіптілікті қатты жарататын: aуланың ішімен келе жатып, ол жаңқа, шөлмек, сүйектерді аяғымен тeуiп, ыршытып жіберетін, сөйтетін де:
— Керегің жоқ, тек кедергі жасайсын! — деп сөгетін соңынан.
Өзі сөзуар еді, мейірімді, көңілді тәрізді көрінетін, бірақ кей-кейде көздері қанталап, бұлдырап, өліктің көзінше мелшие қалатын-ды. Кейде ол, өзінің немере інісінше, үн-түнсіз түнеріп, бір бұрышта, қаракөлеңкеде бүк түсіп отырады да қояды:
— Неғып отырсын, Петр ағай?
— Кет әрі, — дейді ол күңкілдеп, ызғарлы үнмен.
Біздің көшенің бір кішкене үйіне, маңдайында шодырайған бұлтығы бар бір барин келіп орналасты. Оның бір таңғажайып әдеті болатын: мейрам күндері терезе алдына отырып алып, бытырады мылтықпен ит, мысық, тауық қарғаларды ататын, көшеде бара жатқан өзіне ұнамаған адамдарды да ататын. Бір күні ол тау құдырет ататын ұсақ бытырамен Хорошее Делоның бір жақ бүйіріне себелей атыпты; бытыра былғары күртеден өтпепті, дегенмен бірнешеуі күртенің қалтасына түсіпті; тұрғын қонақтың қарасұр бытыраға көзілдірігінен үңіле қарағаны әлі есімде. Атам оны арыз ет деп үгіттей бастап еді, бірақ ол, бытыраны кухняның бұрышына лақтырып жіберіп:
— Арыз етуге тұрмайды, — деді.
Мерген енді бірде атамның аяғына бірнеше бытыраны басып салды; атам ашуланып, мировойға арыз берді, көшеден зәбір иелері мен айғақтарды жинай бастады, бірақ барин бір жаққа зым-зыя жоқ боп кетті.
Сондайда, көшеден дүңкілдеген мылтық даусы шыққан сайын, Петр ағай — егер үйде болса — маңдайында үлкен күндігі бар, мейрамға киетін кукыл картузын бурыл басына жалма-жан кептей салып, қақпа сыртына аптыға жүгіре шығады. Онда барып, екі қолын артына, шапанының астына ұстап, шапанын әтештің құйрығынша шошайта көтеріп, қарнын шермитіп, маңғазданып, тротурардың бойымен мергеннің қасынан өтеді; бір өтіп, қайта оралады да тағы да өтеді. Біздер бүкіл үйіміз боп, қақпа алдында тұрамыз, терезеден әскери адамның көкпеңбек жүзі, оның үстінен — әйелінің селеу шашты басы көрінеді; Бетленгінің руласынан да әлдеқандай бір адамдар шығып тұрады, тек Овсянниковтың сүреңсіз, жансыз үйінен ғана ешкім көрінбейді.
Кейде Петр ағайдың бұл серуені нәтижесіз болады, — сірә, аңшы бұны оққа тұрарлық құс деп санамайды білем, бірақ кей кезде қосауыз мылтық:
— Дүңк-дүңк... — етіп, қатарынан атылып-атылып кетеді.
Петр ағай аяғын асықпай басып, біздерге келеді де, өте разы боп:
— Етегімнен соқты! — дейді.
Бір күні бытыра оның иығы мен мойнына тиді. Әжем, бытыраны инемен шұқылап алып жатып:
— Сен ол бассызды неге құтырта бересін? Көзіңді шығарып жіберсе қайтесін! — деп сөгумен болды.
— Жо-о. Акулина Ивановна түк те істей алмайды, — деп немкеттілеу соза сөйледі Петр. — Мергендігі түкке аспайды...
— Ендеше сен оны неге әуре қыласын?
— Әуре қып жүрмін бе? Баринді біраз өшіктрігім келеді...
Сосын ол, алақанында жатқан суырып алынған бытыраларды аударыстырып қарап тұрып:
— Түкке аспайды мергендігі! — дейді. — Ал, барыня-графиняның, Татьян Лексевнаның үйінде уақытша күйеу лауазымында біреу тұрған, — ол барыня күйеу дегендерді лакейше ауыстыра беретін, — сөйтіп соның үйінде дедім ғой, Мамонт Ильич деген бір әскери адам тұрған, — ол енді дұрыс атушы еді! Әжесі, ол жалғыз оқтан басқамен атпайтын-ды! Игнашка-ақамақты алысқа, мүмкін, қырық қадамдай жерге шығар, тұрғызады да, екі аяғының арасында салбырата бір бөтелкені белбеуіне байлап қояды. Игнашка есуастанып, екі аяғын талтайтып, күліп тұрады. Мамонт Ильич пистолетінен көздеп, тарс қояды! Бөтелке шылдыр ете түседі. Тек, бір рет, Игнашканы бөгелек шағып алды ма, әйтеуір — қозғалып қалам дегенде, оқ оның тізесіне, дәл ұршығынан тиді! Дәрігер шақыртылды, ол келіп сол бойда аяқты кесіп тастады — жұмысын бітірді! Кесілген аяқты көміп тастады...
— Игнашка-ақмақты ше?
— Оның түгі де кеткен жоқ. Ақмаққа аяқтың да, қолдың да керегі жоқ, ол өзінің ақмақтығымен-ақ тамағын тойдырады. Есуасты кім көрінген жақсы көреді, есуастықтың ешкімге зияны жоқ. Мейлі дьяк, не песір боп — ақмақ болса, зияны жоқ — деген ғой...
Бұл тейлі әңгімелер әжемді таңдандырмайтын, оның өзі де мұндайлардың талайын білетін-ді, бірақ мен аз-маз үрейленіңкірейтінмін де, Петрден:
— Бариннің өлтіріп тастау қолынан келе ме? — деп сұраймын.
— Неге келмесін? Келеді. Олар тіпті бірін-бірі де атып тастайды. Татьян Лексевнаға бір улан келген, Мамонт екеуі ұрысып қалды да, дереу пистолеттерін алып, паркке барды, сол жерде тоғанның жанында, жалғыз аяқжол үстінде әлгі улан Мамонтты дәл бауырынан тарс еткізіп басып салды! Мамонтты — молаға, уланды — Кавказға жөнелтті, — сонымен саудасы бітті! Бұл олардың өзді-өзіне істейтіні ғой! Ал, мұжықтар мен өзге адамдар жөнінде — сөз қылудың да қажеті жоқ! Қазірде олар — сірә — адам дегендеріңді онша есіркей қоймайтын болар, адамдар олардыкі болмай қалды ғой, ал бұрын қанша дегенмен есіркеуші еді — өз мүлкі еді ғой!
— Ой, о кезде де онша есіркей қоймаушы еді ғой,- дейді әжем.
Петр ағай да келісе кетеді:
— Бұ да дұрыс: өз мүлкі болса да — арзан еді ғой... — деп мақұлдайды.
Петр ағай маған тәуір қарайтын, менімен ересек адамдармен сөйлескендегісінен гөрі мейірімдірек сөйлесетін, сөйлескенде көзін де кілмитпейтін, дегенмен, оның әйтеуір бір нәрсесі маған ұнамайтын. Тәуір көретін вареньесін жұртқа үлестірген кезінде, менің наныма қалыңдау жағатын, маған қаладан мыя салған пряник, қатырған көкнар қамырын әкелетін, менімен әрқашан байсалды, ақырын ғана сөйлесетін-ді.
— Қалай тіршілік етеміз, сударик , солдатқа кетемісін, әлде чиновник боламысын?
— Солдатқа кетемін.
— Бұның — жақсы. Қазірде, солдаттың халі де онша ауыр емес. Поп болған да жақсы, ей — құдайым жарылқай гөр, — деп азандата бер, соның өзі жетіп болады! Поптың жұмысы солдаттыкінен жеңіл, ал балықшының жұмысы одан да жеңіл; балықшыға ешбір ғылым керек емес — үйреніп алса болғаны!..
Ол, балықтардың жем төңірегінде жүргеніне, алабұға, сартұқұш, трандардың қармаққа түсіп, бұлқынғанына қызық қып салушы еді.
— Атаң сені шыбыққа жатқызған кезде, ашуланасын ғой, — дейді ол жұбата сөйлеп. — Бұған ашуланудың ешбір қажеті жоқ, сударик, саған сабақ болсын деп шыбыққа жатқызады, сосын бұлай шыбықтау — баланың ісі ғой! Ал, енді менің ханымым Татьян Лексевна ше — ой, ол дүрені тамаша соғушы еді! Оның соған арнаулы адамы болды, аты Христофор еді, өзінің ісіне сондай шебер, тіпті кейде өзге усадьбалардағы көршілер барыня-графинядан: Татьян Лексевна, жалшыларымызға дүре соққызуға Христофорды жіберіңізші! — деп өтініш етуші еді. Татьян Лекоевна жіберетін.
Барынясының селдір ақ көйлек киіп, басына аспан түсті мөлдір орамал тартып, бағаналы кішкене крыльцода, кішкене қызыл креслода отыратынын, Христофор оның алдына әкеп, қатындар мен мұжықтарды жостыртып жататынын Петр ағай еш ренжусіз бастан-аяқ айтып кеп отыратын.
— Христофордың өзі, сударик, рязандық бола тұрса да, кәдімгі цыган, әйтпесе хохол сияқты еді, мұрты құлағына жететін, бет-аузы — көкпеңбек қырма сақал еді. Өзі әлде — ақмақ па, әлде артық сөз сұрамасын деп, жорта істей ме — белгісіз. Кейде, кухняда шынаяққа су құйып алады да, шыбынды, әйтпесе тарақанды, кез келген қоңызды ұстап алады да — соларды шыбықпен суға батырады, көпке дейін батырып тұрады. Әйтпесе, жағасының астынан өзінің көк бөртесін алады да — соны батырады...
Осындай, тағы сол сықылды әңгімелер маған әлдеқашаннан-ақ жақсы таныс болатын, оларды әжем мен атамның аузынан көп естігенмін. Өздері түрлі-түрлі бола тұрып, бәрі бір-біріне таңғажайып ұқсас: қайсысын алсаң да, адамды азапқа салады, жәбір көрсетеді, қудалайды. Мұндай әңгімелер мені жалықтырып, тыңдағым келмейтін, сондықтан мен извозчиктен:
— Басқа әңгіме айтшы! — деп сұраймын.
Ол, бетіндегі барлық әжімдерін аузына таман жинап әкеліп, көзіне шейін көтереді де, көне кетеді;
— Жарайды, тойымсыз, — өзге біреуі-ақ болсын. Сонымен, бізде бір аспазшы болды...
— Кімде?
— Графиня Татьян Лексевнада.
— Татьян деп неге атайсын оны? Әлде ол ер адам ба?
Петр ағай шықылықтап қана күліп қояды.
— Ол, әрине, — ханым, бірақ — қиылған кішкене ғана мұрты бар болатын. Мұрты қап-қара, — қара немістерден шыққан әйел болатын, олар арап тәріздес халық. Сонымен — аспазшы болған дедім ғой; мұның өзі өте қызық оқиға, сударик...
Қызық оқиға болғандағысы сол, аспазшы үлкен кісе нанды бүлдіріп алыпты, сосын оған соның бәрін бірден зорлап жегізіпті; ол жепті де, аурып қалыпты.
Мен ренжіп:
— Бұның қызық ештеңесі жоқ! — дедім.
— Ендеше, не қызық болады? Ал, айтшы!
— Мен білмеймін...
— Ендеше — үндеме!
Ол іш пыстыратын өрмегін тағы соза береді.
Кейде, мейрам күндері, әрі мұңды, әрі жалқау Саша Михайлов пен тап-тұйнақтай, білмейтіні жоқ Саша Яковов — ағайынды екеуі қонаққа келетін. Бір күні үшеуміз қора-қопсылардың шатырларының үстінде саяхатта жүріп, Бетленгінің ауласында, ішіне аң терісін салып тіккен көк сюртук киген бір баринді көрдік; қабырға түбіндегі бір үйім отын үстінде иттің күшіктерімен ойнап отыр екен; кіп-кішкентай, сап-сары, тақыр басында бас киімі жоқ. Ағайларымның бірі күшіктің біреуін ұрлап алайық деген ұсыныс енгізді де, сол бойда ұрлықтың өте бір айлалы жоспары жасалына қалды: ағайынды екеуі сол бойда көшеге шығып, Бетленг қақпасына қарай барады, мен төрені қорқытамын, тере қорқып, қашып кеткен кезде, олар аулаға кіріп, күшікті алып шықпақ болды.
— Қалай қорқыту керек?
Ағайларымның бірі:
— Сен оның қасқа басына түкіріп жібер! — деді. Адамның басына түкіру үлкен күна болып па? Адамға одан да бетер жамандық істейтінді өзім талай-талай естігенмін де, көргенмін де, сондықтан, әрине, мойныма алған міндетімді адал орындадым.
Үлкен айғай, шатақ шықты, біздің аулаға Бетленгінің үйінен бүкіл бір армия еркектер мен әйелдер келді, оны бір әдемі, жас офицер бастап келді, бірақ қылмыс істелген мезетте ағайынды екі бауырым менің өрескел тентектігімнен ешбір хабарсыз, көшеде тып-тыныш қыдырып жүргендігінен, — атам жалғыз маған ғана дүре соқты — сөйтіп Бетленг үйінің барлық тұрғындарын әбден ризалады.
Әбден таяқ жеп, кухнядағы сәкі үстінде жатқанымда, әсем киінген, әрі көңілді Петр ағай қасыма келіп отырды.
— Сен мұны өте шебер ойлап тапқансын, сударик! — деп сыбырлады ол. — Ол кәрі текеге тап осы керек еді, оны сөйту керек — түкір оларға! Оның үстіне — шірік басына таспен қойып қалар ма еді!
Бариннің дөп-дөңгелек, түксіз, сәби беті көз алдымда тұрды, басының сары қасқасын кішкентай қолдарымен сүрткілеп, оның күшікше, ақырын ғана мұңая ыңырсығаны есімде еді, қатты ұялып, ағаларымды жек көріп жатыр ем, бірақ — извозчиктің торлы жүзін көргенімде, осының бәрі сәл ұмытылып кетті: мұның жүзі де, атамның мені дүрелеп жатқан кезіндегі жүзіндей, үрейлендіре, жирендіре кіржіндеп тұр екен.
— Жоғал! — деп айғайлап жібердім, Петрды қолыммен де, аяғыммен де итермелеп.
Ол қиқылдап күліп, көзін жыпылықтатып, сәкіден түсіп кетті.
Сол күннен бастап, онымен сөйлесуге зауқым соқпайтын болды, одан қашып жүретін болдым, сөйте тұра, бір нәрсені көмескілеу күткендей, извозчиктің жүріс-тұрысын сезіктене бақылай бастадым.
Барин оқиғасынан кейін көп кешікпей тағы да бір оқиға болып қалды. Овсянниковтың жым-жырт үйі көптен бері-ақ назарымды аударып жүрген, бұл өңсіз үйдің ішінде өзгеше бір, ертегідей құпия сырлы өмір ағып жатқандай боп көрінетін.
Бетленгінің үйіндегілер у-шуы көп — көңілді тұратын, ол үйде көптеген сұлу барынялар болатын, оларға офицерлер, студенттер келіп жүретін, онда үнемі күлісіп, айқайласып жататын, ән салынатын, музыка ойнайтын. Үйдің сыртқы түр-сыйпатының өзі де көңілді еді, терезе әйнектері мөлдіреп, жалтырап тұратын, терезелерінің ішкі жағындағы жайқалған гүлдер алуан түсті жарқын болатын. Атам бұл үйді жаратпаушы еді.
Атам ол үйдің тұрғындарының бәрін де:
— Дінбұзарлар, дінсіздер, — дейтін, ал ондағы әйелдер жағын бір лас сөзбен атайтын, оның мағнасын маған бір күні Петр ағай өте лас сөздермен кіжіне сөйлеп, түсіндіріп берген.
Овсянниковтың үн-түнсіз, мелшиіп тұрған үйін атам құрметтейтін-ді.
Бірқабат, биік бұл үй, ауланың ішіне қарай созыла салынған, ауланың іші шым басқан, тап-таза, жым-жылас, ортасында екі кішкене бағананың үстіне орнатылған қалқа астында құдығы бар. Үй, көшеден бой тасалап, ығысып кеткен тәрізді. Үйдің иіп қондырған енсіз үш терезесі жерден жоғары, әйнектері буалдыр, күн сәулесі түскенде, кемпірқосақ түстес болып тұрады. Қақпаның екінші жағында, көше жақ көрінісі тап әлгі үй сияқты бір сарай бар, ол да үш терезелі, бірақ бұл терезелер бітеу болатын: сарайдың сұрғылт қабырғасына терезе қоршауы қондырылған, қоршау ішіне ақ бояумен терезе көздерінің суреті салынған. Бұл бітеу терезелер өте ұнамсыз еді, бүкіл сарай бұл үйдің жасырынып, елеусіз өмір сүргісі келетінін тағы да нұсқап тұрғандай еді. Бүкіл усадьбада, оның аңырап бос тұрған атқораларында, үлкен қақпалы бос тұрған сарайларында әлдеқандай бір баяулық пен жасқаншақтық немесе баяулық пен менмендік бар сықылды еді.
Кейде аула ішінде, аяғын сылтый басып, қырма сақал, ақ мұртты, ұзын бойлы бір шал жүретін-ді; мұртының талдары инеше серейіп тұратын. Шықшытына сақал қойған, қыйсық мұрын екінші бір шал кейде атқорадан орақ тұмсық қызыл көк атты жетелеп шығарады; омырауы қушиған, аяқтары сыптай бұл ат, сыртқа шыққан соң, жұп-жуас сопы әйелше, төңірегінің бәріне басын шұлғып, сәлем ететін. Ақсақ шал атты алақанымен шапылдатып соғып-соғып қояды, сөйтеді де, сырылдап ауыр бір күрсінеді; сонсоң атты қараңғы атқораға қайтадан кіргізеді. Сондықтан, шал маған үйден кеткісі келетіндей, бірақ сиқырланып қойылғандықтан, кете алмай жүрген сияқты болып көрінетін.
Аула ішінде күн сайынға жақын түстен кешке дейін үш ер бала ойнап жүреді; үшеуі бірдей сұр күрте, сұр шалбар, бір түсті бөрік киген; дөңгелек жүзді, көгілдір көзді, бір-біріне сондай ұқсас болғандықтан, оларды тек бойынан ғана ажырататынмын.
Мен оларды ауланың саңлауларынан бақылаймын, байқаса екен десем де, мені олар байқамайды. Маған олардың көңілді және тату жүріп, мен білмейтін бір ойындарды жақсы ойнағандары ұнайды, киімдері, біріне бірінің жақсы қамқорлығы ұнайды, күлдіргі және пысық, аласа бойлы кенже інілеріне деген үлкендерінің қамқорлығы әсіресе көзге түседі. Егер әлгі кішкенесі құлап қалса — құлаған кісіні күлкі еткендей, үлкендері әрдайым күледі, бірақ табалап күлмейді, сол сәтте оған тұруға көмектеседі, қолын, яки тізесін ластап алса, оның саусақтары мен шалбарын үлкендері түйеқарынның жапырағымен, орамалдарымен сүртеді.
— Өжің бір икемшіжшін-ау! — дейді ортаншысы, мейірімдене сөйлеп.
Бір-бірімен ешуақытта ұрыспайды, бірін-бірі алдамайды, үшеуі де ебдейлі, күшті, шаршамайтын балалар еді.
Бір күні мен, ағашқа шықтым да, ысқырып қалдым — олар ысқырған дыбыс өздеріне естілген жерде тұра қалды, сонсоң асықпай бас қосты да, маған қарап қойып, бір нәрсе жөнінде ақырын ғана өзара кеңесе бастады. Олар мені таспен кесектей бастар деп ойлап, жерге түстім де, қалтама, қойныма тас кесекті толтырып алып, қайтадан ағашқа шықтым, бірақ олар әлдеқашан ауланың менен алыс жердегі бір бұрышына барып ойнап жүр екен, сірә, мені ұмытып та кеткен болса керек. Мұның өзі көңілсіз болды, соғысты бірінші боп бастағым келмеді, көп кешікпей оларға біреу терезенің булығынан:
— Балалар, үйге қайтыңдар! — деп айқайлады.
Олар асықпай басып, бейне бір көндіккен қаздарға ұқсап, үйге қарай жүрді.
Олар мені қазір-ақ өздерімен ойнауға шақырар деп дәмеленіп, аула үстіне төнген ағаштың басында талай отырдым, бірақ олар шақырмады. Ішімнен олармен ойнап жүргендей де болам, кейде тіпті елігіп кетіп, айқайлап жіберем, қатты-қатты күліп те қоям; сол кезде олардың үшеуі бірдей, бірдеме туралы ақырын ғана сөйлесіп, маған қарайды, мен ұялып, жерге түсіп кетем.
Бір күні олар жасырынбақ ойнай бастады, іздеу кезегі ортаншысына келді де, ол сарай тасасындағы бұрышқа барып, көзін екі қолымен шындай басып алып, жан-жағына қарамай тұрып алды, ағасы мен інісі жасырынуға жүгіріп кетті. Үлкені сарай қалқасының астындағы үлкен жайдақ шанаға сып беріп, тез түсіп кетті де, кішісі, сасқалақтап, қайда тығыларға білмей, құдықты шырайнала әптер-тәптер боп, жүгіре берді.
— Біреу, — деп айқайлады үлкені, — екеу...
Кіші бала құдықтың ауыз шегеніне секіріп шықты, сөйтті де, арқаннан ұстай алып, қауғаға аяғын салды, қауға шеген қабырғаларына салдыр-гүлдір соғылып, зым-зыя жоқ болды.
Жақсылап майлап қойған дөңгелектің тез-тез, үнсіз дөңгелегеніне қарап, сілейдім де қалдым, дегенмен, не боп қалуы мүмкін екенін сәтте ұға қойдым да:
— Құдыққа түсіп кетті!.. — деп айқайлап, балалардың ауласына секіріп түстім.
Ортаншы бала шегенге менімен қатар жетті де, арқанға жармаса кетті, арқан баланы жоғары сілкіп қалды, қолын ысып кетті, бірақ мен арқанды ұстап үлгерген ем, сол арада үлкені де жүгіріп жетті; маған қауғаны тартуға көмектесіп жатып:
— Ақырын ғана тартыңыз, рақым етіңіз! — деді ол.
Кіші баланы тез шығарып алдық, — о да қорқып кеткен екен; оң қолының саусақтарынан қан тамшылап тұр, бір жақ беті де сыдырылып қапты, белуардан суға малынған, беті құп-қу боп көгеріп кеткен, бірақ қалшылдап тұрып, көзін шарадай ашып, күлімсіреп тұр, күлімсірейді де:
— Құл-дый-лай құла-ға-ным-ай... — деп соза сөйлейді.
— Шен өжің ешіңнен айырылғаншың, білдің бе, — деді ортаншысы, оны құшақтап алып, бетіндегі қанын сүртіп жатып. Үлкені қабағын түйіп:
— Кетейік, бәрібір, жасыра алмаймыз... — деді.
— Сендерді сабай ма? — деп сұрадым.
Ол басын изеді, сонсоң маған қолын ұсынып:
— Сен өте тез жүгіріп келдің! — деді.
Мақтағанға қуанып, мен оның қолын алуға да үлгіре алмадым, ол тағы да ортаншы інісіне:
— Кетейік, мынаған суық тиіп қалар! Құлап қалды дейік, құдық туралы айтпау керек! — деді.
— Я, айтпау керек, — деді кіші бала, қалтырай түсіп. — мен шалшық суға құлап қалдым ғой, солай емес пе, а?
Олар кетіп қалды.
Осының бәрінің сондайлық тез болғандығы сонша, өзім үстінен аула ішіне секіріп түскен бұтаққа қарасам, — сары жапырақтарын төгіп, әлі ырғалып тұр екен...
Ағайынды балалар бір жұмадай аула ішіне шықпады, бірақ кейін бұрынғысынан гөрі көңілдірек боп шықты; үлкені менің ағаш басында отырғанымды көрген кезде:
— Біздің қасымызға кел! — деп айқайлады жылы шыраймен.
Біздер сарай қалқасының астына барып, ескі жайдақ шанаға отырыстық та, бір-бірімізді байқасып, ұзақ әңгімелестік.
— Сендерді сабады ма? — деп сұрадым.
— Мықтап таяқ жедік, — деп жауап берді үлкен бала.
Бұл балалаларды да, мені сабағандай сабайды дегенге нану қиын болды, олар үшін өзім жәбірлендім.
— Сен құсты неге ұстайсын? — деп сұрады кіші бала.
— Олар жақсы сайрайды.
— Жоқ, сен ұстама, өз беттерімен ұшып жүре бергені жақсы...
— Жарайды, ұстамай-ақ қояйын!
— Бірақ, сен әуелі біреуін ұстап ал да, маған сыйла.
— Саған ба, қандайын?
— Көңілдісін. Және торға салып бер.
— Олай болса, — шыпшық тағы.
— Мызық зеп қояды, — деді ортаншы бала, — сосын папам рұқсат етпейді.
Үлкен бала:
— Рұқсат етпейді, — деп қостап қойды оның сөзін.
— Шешелеріңіз бар ма сендердің?
— Жоқ, — деді үлкен бала, бірақ ортаншы бала оның сөзін түзеп:
— Бар, — деді, — бірақ — басқа, — біздің шешеміз емес, өз шешеміз — жоқ өліп қалды.
— Басқа дегенің — өгей шеше деп аталады, — дедім мен. Үлкен бала:
— Я, — деп басын изеді.
Сонсоң үшеуі бірдей ойланып, түнере қалды.
Өгей шеше дегеннің не екенін әжемнің ертегілерінен білетінмін, сондықтан олардың бұлай ойлануының мәнісі маған түсінікті еді. Балалар, тауықтың балапандарындай, бір-біріне ұқсас, біріне бірі тығыла түсіп отыр; сол кезде, туған ананың орнын алдап басып алған албасты өгей шеше есіме түсіп кетті де:
— Туған шешелерің әлі-ақ қайтып келеді, асықпаңдар! — деп сендірдім оларды.
Үлкен бала иығын көтеріп қойып:
— Өліп қалса да ма? Ондай нәрсе болмайды... — деді.
— Болмайды? Ой, құдайым-ай, өліктер — тіпті бәрше-бәрше боп кескіленіп қалған өліктер де — мәңгі суын бүркіп жібергенде, талай рет тіріліп кетпеп пе еді, талай елімнің өзі құдайдың жіберген нағыз өлімі болмай, сиқыршылардың істегені боп шықпап па еді!
Мен оларға әжемнің ертегі-хикаяларын өршелене айта бастадым; үлкен бала ілкі әзірде тек күлімсіреп:
— Мұны біз білеміз, бұл — ертегі... — дей берді ақырын ғана.
Оның інілері үн-түнсіз тыңдай берді: кішісі ернін мықтап жымқырып ап, бұртыйып отыр, ортаншысы, бір қолымен тізесіне шынтақтап, маған қарай еңкейіңкіреп, інісінің желкесінен орай салған қолымен оны тұқыртып отыр.
Үстіне поптікіндей жер сызған, қоңыр киім, басына аң терісінен тігілген жүндес бөрік киген, ақ мұртты шал біздердің жанымызға келген кезде, күн тіпті әлдеқашан кешке айналып, қызыларайланған бұлттар үй шатырларының төбесіне төніп тұр еді.
— Мынау кім? — деп сұрады жиі, сұқ қолымен мені нұсқап.
Үлкен бала түрегелді де:
— Ол — ана үйден... — деді, басымен атамның үйін нұсқап.
— Бұны кім шақырды?
Балалардың бәрі шанадан үнсіз ұшып түрегелді де, көндіккен қаздарды тағы есіме түсіріп, үйге қарай жүре берді.
Шал менің иығымнан мықтап ұстап алды да, ауланың ішімен қақпаға қарай алып жүрді; одан қорыққанымнан жылап жібергім келді, бірақ ол соншама қатты адымдап, шапшаң жүріп келе жатқандықтан, жылап үлгіргенше, көшеге шығып та қалдым, сосын ол, қақпаның кішкене есігінің алдына тоқтай қалып, маған сұқ қолын кезеп, бір кіжініп қойды да:
— Ендігәрі менің үйіме келуші болма! — деді.
Мен кейіп кеттім де:
— Мен тіпті де саған келіп жүрген жоқпын, алжыған сайтан! — дедім.
Ол ұзын қолымен мені қайтадан ұстай алды да, қақ төбемнен бейне бір балғамен соққылағандай:
— Атаң үйде ме? — деп қайта-қайта сұрап, тротуардың бойымен жетелеп алып жүрді.
Менің сорыма атам үйде екен; ол басын шалқайта, шоқша сақалын ілгері шошайтып, қаһарлы шалдың алдында тұрып, оның екі тиындық бақыр тәрізді дөп-дөңгелек нұрсыз көздеріне қарап:
— Шешесі жолаушылап кетті, мен жұмыс адамымын, бұны бақылайтын ешкім жоқ, — сондықтан кешіріңіз, полковник! — деді, тез-тез сөйлеп.
Полковник бүкіл үйді басына көтеріп, тамағын кенеп алды да, ағаш бағанаша қақшиған күйі бұрылып кетіп қалды, ал мен, біраз уақыттан кейін сыртқа Петр ағайдың арбасының үстіне шығып-ақ қалыппын.
— Тағы да пәлеге ұшырап қалдың ба, сударик? — деп сұрады ол, атын доғарып жатып. — Не үшін таяқ жедің?
Мен не үшін екенін айтқан соң, ол бұрқан-сарқан болып, кіжіне сыбырлай жөнелді:
— Сен олармен неге дос болдың? Олар — барчуктар — жыланның балалары; солардың кесірінен өзіңе не қылғанын көрдің ғой! Оларды енді өзің төпеп ал — несіне қарайсын!
Ол ұзақ ысылдады, таяқ жеп, ыза болғандықтан, оны ілкі әзірде пейілдене тыңдадым, бірақ оның елек беті барған сайын жұғымсызданып, жыбырлай түсті, сонысын көргенде, балаларды да сабайды ғой және олар менің алдымда кіналы емес қой деген ой түсті өзіме.
— Оларды ұрудың керегі жоқ, олар — жақсы балалар, ал, сенің айжанынның бәрі өтірік, — дедім мен.
Ол маған қарай қалды да, кенеттен:
— Жоғал әрман, арбадан! — деп ақырып кеп қалды.
— Сен ақмақсын! — деп айқайлап жібердім, жерге секіріп түсіп.
Ол, мені ұстамақ боп босқа әуреленіп, ауланың ішін шырайнала соңымнан жүгіре бастады, жүгіріп жүріп:
— Ақмақпын ба? Өтірікшімін бе? Ендеше мен көрсетейін саған... — деп айқайлады жұғымсыз дауыспен.
Кухняның крыльцосына әжем шықты, мен соған барып паналадым.
— Мына бала маған күн көрсетпейтін болды! Жасым бұдан бес есеге жақын үлкен, сонда да менің анамды айтып, әбден балағаттап... өтірікші деп те сыбады... — деп шағына бастады Петр.
Көзімше өтірік айтқан кезде таң қалып, не істерімді білмей қалатынмын да, есімнен айрылатынмын; бұ жолы да не істерге білмей қалдым, бірақ әжем:
— Бұның енді шынында да өтірік, Петр, — ол сені масқаралап боқтаған жоқ! — деді нық сөйлеп.
Атам извозчикке нанар еді.
Со күннен бастап, извозчик екеуміздің арамызда үнсіз, қатты араздық басталды: ол мені жорта байқамаған боп, қағып кетеді, делбені тигізіп алады, құстарымды босатып жібереді, бір күні, құстарымды мысыққа талаттырды, қыйт етсе, үнемі өтірігін қосып, атама менің үстімнен шағым түсіретін болды, бірақ маған бірден-бірге оның өзі тек шал боп киініп алғаны болмаса, тап өзімдей бала сияқты боп көріне бастады. Мен оның шабатасын тарқатып тастаймын, байқаусызда шанду балуларын тарқатып, иып қоямын, сосын Петр киген кезде, олары үзіліп кетеді; бір күні бөркіне бұрыш сеуіп қойып, бір сағат бойы түшкірттім, қысқасы, қолымнан келгенінше және білгенімше, оған кегімді жібермеуге тырыстым. Мейрам күндері ол, ертеден кешке дейін көз жазбай, мені аңдумен жүретін болды, барчуктармен қатнасқанымның үстінен шығып, атама шағым етеді.
Барчуктармен таныстығым, өзіме барған сайын ұнап, үдей түсті. Атам үйінің қабырғасы мен Овсянников ауласының тоғысындағы бір кішкене түкпірде шегіршін, жөке ағаштары мен аюбадам бұтасы өсетін, осы бұтаның түбінен дуалды сопақшалау етіп, дөңгеленте тесіп қойдым, ағайынды балалар кезек-кезек я екі-екіден сол араға келетін де, жүрелеп, не тізерлеп отырып, ақырын ғана әңгімелесіп отыратынбыз. Үстімізден қапыда полковник шығып қалмасын деп, олардың біреуі үнемі бақылап тұратын.
Олар өздерінің қызғылықсыз өмірін әңгімелейтін, оны тыңдау маған өте ауыр тиетін; менің ұстап берген құстарымның қалай тұратынын, балалық шақтың тағы да көптеген әңгімелерін айтатын-ды, бірақ әкесі мен өгей шешесі жөнінде ешуақытта да бір ауыз сөз айтпайтын, — айтса да, олары есімде жоқ. Олар маған көбіне көп ертегі айт деп өтінетін. Мен әжемнің хикаяларын түгел қайталап айтып беретінмін, бір жерін ұмытып қалсам, олардан күте тұрыңдар деп өтінетінмін де, әжеме жүгіріп барып, ұмытқанымды сұрап алатынмын. Әжем бұған әрдайым мәз боп қалатын.
Балаларға мен әжем жөнінде де көп әңгіме айтушы ем; бір күні үлкен бала, қатты күрсінді де:
— Сірә, әжелердің барлығы да өте жақсы болатын шығар, — біздің әжеміз де жақсы еді... — деді.
Оның өзі жер жүзінде он бір жыл емес, жүз жыл өмір сүргендей, үнемі осылай мұңайып: болды, болып еді, деп сөйлейтін. Әлі есімде, оның алақаны қушық саусақтары нәзік еді де, өзінің бүкіл тұлғасы да — нәзік, әлжуаз, көздерінің нұры өте жарқын, бірақ шіркеу майшамдарының жылтыраған отындай баяу болатын. Інілері де сүйкімді, олар да көңіліннен шексіз сенім сезімін туғызып тұратын, — оларға үнемі бір жақсылық істеуге ынтығатынмын, бірақ маған олардан да үлкені ұнаңқыраушы еді.
Әңгіменің қызығына түсіп, көбіне-ақ мен Петр ағайдың келіп қалғанын байқамайтынмын.
— Та-ғы да ма? — деп соза дауыстап, ол бізді қуып жіберетін.
Петр ағайдың мең-зең меңіреулік басатын ұстамалы ауруы бірден-бірге жиірек ұстайтын болғанын байқап жүрдім, жұмыстан оның көңіл хошы қалай боп қайтқанын күн бұрын байқауды да үйреніп алдым: әншейінде қақпаны асықпай ашатын, қақпаның топсалары жалқаулана, созыла шиқылдайтын, ал енді извозчик көңілсіз болса, қақпа топсалары да, тап бір жері аурып кетіп, аһ ұрғандай, шақыр-шұқыр ете қалатын.
Оның немере мылқау інісі үйленбек боп, деревняға кетті, Петр атқора төбесіндегі шүңкиген терезелі, жидіген қайыс, қарамай, тер және темекінің мүңкіген иісіне лық толы, аласа қуыста тұратын, — осы иіс салдарынан оның мекеніне ешқашан да бармайтынмын; ол енді шамды өшірмей ұйқтайтын болды, мұнысы атама тіпті ұнамаушы еді.
— Байқа, сен мені өртеп жіберерсін, Петр!
— Түк те өртемеймін, мазаң кетпесін! Түнге қарай мен шамды су құйған табаққа қоям, — деп жауап береді ол, бірқырын қарап тұрып.
Ол енді үнемі бір түрлі бір бүйір қарайтын болды, әжемнің кешкі ойын-сауығына да көптен бері келуді қойды; вареньемен қонақ етпейтін болды, жүзі солып, әжімдері баттыйып кетті, ауру кісіше, аяғын сүйрете басып, теңселіп жүретін болды.
Мейрамсыз бір күні, түн бойы қалың жауған қарды ертемен атам екеуміз аула ішінде күреп жүр едік, — бір мезгілде қақпаның кішкене есігінің айналсоғы біртүрлі ерекше шақыр-шұқыр ете қалды; аулаға бір полицей кіріп, есікті арқасымен жауып қойды да, атамды жуан сары сұқ қолымен ымдап, шақырып алды. Атам қасына барған соң, полицей оған қоңқақ мұрынды жүзін еңкейтіп, атамның маңдайын шоқып тұрғандай боп, естіртпей бір нәрсені айта бастады.
— Осында ма? Қашан? Құдай есіме салғай тағы... — деп, атам асыға жауап берді.
Сосын кенеттен, ерсілене секіріп түсіп:
— Құдай сақтасын, шынымен бе? — деп айқайлап жіберді.
— Ақырын, — деді полицей ызғарлы үнмен.
Атам, кейін жалт қарады да, мені көріп қалды.
— Күректерді жыйнап ал да, жөнел үйге!
Мен бұрыштың тасасына жасырынып қалдым, олар извозчиктің қуысына кетті; полицей оң қолынан биялайын шешіп алды да:
— Ол — біледі; атты тастап, өзінің қашып кеткенін қарашы... — деп, сол қолының алақанына соғып-сығып қойды.
Мен көрген-білгенімнің бәрін әжеме айту үшін, кухняға жүгіріп бардым; әжем, тозаң басқан басын шайқай түсіп, ашытқы шелекке нанға қамыр илеп жатыр екен; мені тыңдап болып:
— Бірдеңені ұрлаған ғой, шамасы... Бар, жүре бер, саған не жоқ..! — деді сабырлы үнмен.
Аулаға қайтадан шыға келсем, атам басынан картузын алып, қақпаның кішкене есігінің алдында аспанға қарап шоқынып тұр екен. Жүзі ренжулі, түксиіп кетіпті, бір аяғы қалтырап тұр.
— Үйге кет дедім ғой! — деп ақырып, аяғын тебініп қалды.
Сосын өзі менің соңымнан ілесе жүрді де, кухняға келіп кіріп:
— Шешесі, бері келші, — деп әжемді шақырды.
Екеуі көрші бөлмеге барып, ұзақ сыбырласты, сосын әжем кухняға қайтып келген кезде, бір сұмдық оқиға боп қалғаны өзіме айқын болып қалды.
— Сен неден қорықтың?
— Үндеме, жүре бер, — деп жауап қайырды әжем ақырын ғана.
Үйде ұзақты күн қолайсыз, қорқынышты болды: атам мен әжем бір-біріне үргелектене қарап қояды, түсініксіз, қысқа-қысқа тіл қатысып, ақырын сөйлеседі, бұл сөздері үрейді онан сайын күшейте түсті.
— Шешесі, сен жер-жерге майшам жағып қой, — деп бұйырды атам, жөтеліп қойып.
Түскі ас самарқау, бірақ бір кісіні күткендей, асығыс ішілді; атам шаршағандай боп, екі ұртын бұртитып, тамағын кенеп:
— Адамға қарағанда, әзәзіл күшті ғой! Қарауға сондай тақуа сияқты, әрі шіркеушіл де, істеп жүргенін көрдің бе өзінің, ә? — деп күңкілдеді.
Әжем күрсіне берді.
Қыстың осы бір буалдыр күміс күні мең−зең ғып, ұзаққа созылды, үй іші бірден-бірге тынышсызданып, ауырлай түсті.
Кешке жақын, басқа бір, қызыл жирен, әрі жуан полицей келді. Ол кухняда сәкі үстінде пысылдап, шұлғи түсіп, қалғып отыр, әжем одан: «Мұны қалай білдіңіздер?» — деп сұраған кезде, ол бірден жауап бере қоймай:
— Бізде барлық нәрсені біледі, оған қапа болмай-ақ қойыңыз! — деді жуан қоңыр дауыспен.
Әлі есімде, терезе алдында, ескілікті екі тиындық бақырды аузыма салып жылытып, айдаһарды шанышқан Георгий Победоносецтің суретін терезенің мұзына түсірмек боп, әуреленіп отырғанмын.
Бір мезетте сенеден қатты салдыр дыбыс естілді, есік шалқасынан ашылып, босағада тұрып Петровна:
— Сіздің ауланың артында не жатқанын қараңдар! — деп, құлақты тұндыра айқай салды.
Қарауылшы полицейді көріп, Петровна сенеге қарай қайтадан жалт берді, бірақ полицей оның юбкасынан шап беріп ұстай алды да:
— Тұра тұр, — кімсің өзің? Нені қара дейсің? — деп, ол да үрейлене айқайлап жіберді.
Петровна, табалдырыққа сүрініп, тізерлей құлап түсті де:
— Сиыр сауа келе жатыр ем, қарасам — Кашириндердің бағындағы етік сияқты бұ не нәрсе деймін, — деп сөзіне, әрі кез жасына шашала айқайлай бастады.
Сол кезде аяғымен жер тепкілеп, атам өршелене айқай салды:
— Өтірік айтасын, ақмақ! Бақтан сен ешнәрсе де көре алмайсын, дуалы биік, саңлауы жоқ, өтірік айтасын! Бізде ештеңе де жоқ!
— Әкетай! — деп еңіреді Петровна, бір қолын атама созып, екінші қолымен өзінің басын ұстап. — Мүмкін, әкетай, қателесіп те тұрған шығармын! Келе жатсам, сіздің аулаңызға қарай із түсіпті, бір жердің қары тапталып қапты, ауладан ішке көз жіберсем — жатыр екен сол жерде...
— Кім жатыр екен?
Айқай ұзаққа созылып, одан ешнәрсе түсінуге болмады; бірақ, бір мезетте жұрттың бәрі жын ұрғандай, бірін бірі итермелеп, кухнядан атып шығып, баққа қарай жүгіріп кетті, — бақта ұлпа қар басқан шұңқырда, арқасын өртенген бөренеге сүйеп, басын кеудесіне тұқырта салбыратып, Петр ағай жатыр екен. Оң құлағының асты, ауыз сияқты қып-қызыл боп, айрылып кетіпті; одан, тіс сияқты боп, көгістеу кесек-кесек еті бұртиып шығып тұр; мен қорыққанымнан, көзімді жұмыңқырап алдым да, кірпігімнің арасынан Петрдың тізесінен өзіме таныс, қайыс тілетін пышақты, пышақ жанынан оң қолының қап-қара боп құрысқан саусақтарын көрдім; созулы жатқан сол қолы қарға кіріп кетіпті. Извозчиктің астындағы қар еріген, оның кішкентай денесі ұлпа, ақша қарға батып кеткендіктен, одан сайын баланың тұлғасы сияқты боп көрінеді. Оң жағындағы қар үстінде құсқа ұқсас таңғажайып бір кесте қызарып көрінеді, сол жағындағы қардың бетіне ешбір дақ түспепті, теп-тегіс боп, көзге шағылыса жарқырап жатыр. Қалың бұйра сақалын жымырып, көкірегіне тиіп, басы сұлқ иілген, жалаңаш төсінде үлкен жез крест көл-көсір ұйыған қызыл қанға боялып жатыр. Шулаған дауыстан басым шыр айналып кетті; Петровна дамылсыз айқай салып жүр, Валиді бір жаққа жұмсап, полицей айқайлады.
— Ізді таптамаңдар! — деп атам айқайлайды.
Бірақ атам кенет қабағын түйіп алды да, аяғының астына қарап тұрып, полицейге:
— Тақсыр, сен құр босқа даурығасын! Бұл — құдайдың iсі, құдай соты, ал, сен өзіңнің түкке керегі жоқ көржеріңмен әуре боласын, — әй, сендерді ме-е! — деді, қатты дауыстап, әрі бұйыра сөйлеп.
Сол кезде жұрттың бәрі бірден жым болды, күрсініп, шоқынысып, өлікке қарай қалысты.
Ауладан баққа әлдеқандай бір адамдар жүгіріп келе жатыр, олар Петровна жақтағы дуалдан секіріп, құлап, күңкілдеседі. Дегенмен, бір шамалы уақытқа дейін атам, төңірегіне жалт-жұлт қаранып:
— Көршілер-ау, биемшек бұталарын неге жапырасыздар, ұят емес пе бұларың? — деп, ышқына айғай салғанға дейін тып-тыныш еді.
Әжем мені қолымнан жетелеп, өкси түсіп, үйге алып жүрді...
— Не істепті ол? — деп сұрадым мен.
— Көрмей тұрмысың не істегенін... — деді әжем.
Кухня мен оған жалғас бөлмеде бүкіл кеш бойы түн ортасына дейін бөтен бір адамдар топырлап, айқайлаумен болды: полиция басқарып жүр, дьякон сияқты бір адам бірдемені жазады да, үйрекше бақылдап:
— Қалай дейсін? Қалай дейсін — деп сұрастырады.
Әжем кухняда жұртқа шай беріп отыр, стол басында бір домалақ бұжыр, мұртты адам шаңқылдаған дауыспен әңгіме айтып отыр:
— Өзінің шын аты-жөні бимағлұм, туған жері Елатьма екені ғана анықталды. Мылқау да — мүлде мылқау емес екен, бәрін мойнына алды. Үшіншісі де мойнына алды, мұнда үшінші тағы біреу бар. Әлдеқашаннан бері шіркеу тонап жүрген көрінеді, бұл өздерінің негізгі өнері екен...
— О, құдайым, — деп күрсіне түседі, қып-қызыл боп, терге малынған Петровна.
Мен биік сәкі үстінде төмен қарап жатқанмын, кісілердің бәрі маған ап-аласа, жұп-жуан, әрі сұмдық қорқынышты боп көрінді...
X
Енді бір ретте сенбі күні, елең-алаңда, боз-шымшық аулау үшін Петровнаның огородына кеттім; көп уақыт аңдыдым, бірақ бұл қызылбауыр маңғаз құстар дұзаққа жоламай-ақ қойды; өздерінің әсемдігіне қызықтырып, күмістей сірескен қабыршақ қар үстінде ойнақшып жүрді де қойды, қалың қырауға бөленген бұталардың бұтақтарына ұшып қонады да, қардың көгілдір ұшқындарын төгіп, сол бұтақтардың басында жанды гүлдей теңселеді. Мұның өзі маған сондай тамаша болып көрінді, тіпті ұстай алмағаныма да ренжімедім; мен аңшылыққа өте әуес емес едім, сондықтан, құсты ұстап алғанымнан гөрі, ұстаймын деп, аңдудың қызығы көбірек ұнайтын; кішкене құстардың қалай өмір сүретінін байқауды, солардың жайын ойлауды сүюші ем.
Аязды күннің мөлдіреген тыныштығында құстардың шықылықтағанын тыңдап, әлдеқайда алыстағы бір жолаушы тройканың қоңырауының, орыс қысының мұңды бозша торғайының, зулап ұшып бара жатып, әндеткен үнін тыңдап, қар басқан егіндіктің бір шетінде жападан-жалғыз отыру қандай жақсы...
Қар үстінде қалшылдап тоңып, құлағымды үсітіп алғанымды сезіп, дұзақтарым мен торларымды жинап алдым, дуалдан атам бағына қарай ырғып түстім де, үйге қайттым, — көшеге шығатын қақпа ашық тұр екен, күймелі үлкен шанаға жеккен үш атты еңгезердей бір мұжық ауладан жетелеп шығарып барады, аттардан бу түйдек-түйдек бұрқырайды, мұжық көңілдене ысқырып қояды, — бұны көргенде жүрегім су ете қалды.
— Кімді әкелдің?
Мұжық жалт бұрылып, көлегейлеген қолының астынан маған бір қарап ап, шананың алдына ырғып мінді де:
— Попты әкелдім! — деді.
Ендеше, мұның маған қатысы жоқ; поп болса, сірә, үйдегі тұрғын адамдарға келген шығар.
Мұжық аттарды делбемен қағып қалып, мүлгіген тыныштықты мейілінше көңілдендіріп:
— Әй, жануарлар! — деп айқайлап, ысқырып қойды; аттар далаға қарай жұмыла тарта жөнелді, мен олардың соңынан аз ғана қарап тұрдым да, қақпаны жауып, ешкім жоқ кухняға кіріп барғанымда, жалғас бөлмеден шешемнің қатты дауысы, оның:
— Немене, енді мені өлтіру керек пе? — деген ап-анық сөздері саңқ ете қалды.
Шешінбестен, торларымды тастай сала, сенеге жүгіре шығып, атама соқтығып қалдым; ол менің иығымнан ұстай алып, құтырынған көзімен бетіме үңіле қарады да, бірдемені азар жұтып жіберіп:
— Шешең келді, бар! — деді қырылдап. — Тұра тұр... — деп, қатты бір сілкіп қалып еді, құлауға шақ қалдым, сосын:
— Бар, бар... — деп бөлменің есігіне қарай итеріп жіберді.
Мен киіз бен клеенкамен қаптаулы есікке барып соғылып, суықтан, әрі сасқандықтан қалтыраған қолымменен есіктің тұтқасын көпке дейін таба алмадым, ақырында есікті ақырын ғана аштым да, көзім ұялып, босағада тұрып қалдым.
— Міне, өзі де келді ғой, — деді шешем. — Құдайым-ай, қандай үп-үлкен болып кеткен! Немене, танымай тұрсың ба? Қалай-қалай киіндіргенсіздер, өй, тіпті... Ау, құлағы бозарып кетіпті ғой! Мамеке, қаз майын беріңізші, тезірек...
Шешем, маған қарай еңкейіп, киімдерімді шешіп, мені допша шыр айналдырып, бөлменің ортасында тұр; ірі денесі мұжықтың шапанындай кең, қалың, әрі жұмсақ қызыл көйлекке бөленген, көйлегі иінінен бастап, етегіне дейін қиялай үлкен қара түймелермен ілгектеулі. Мұндай көйлекті ешуақытта көрмегенмін.
Маған шешемнің бет әлпеті бұрынғысынан гөрі кішірек және ақшылдау боп көрінді, бірақ көздері үлкейген, тереңдей түскен, шашы да алтынша сарғыштана түскен сияқты. Мені шешіндіріп, киімдерімді табалдырыққа қарай лақтырып тұр, өзінің алқызыл еріндері жиіркене қимыл-қимыл етеді.
— Неге үндемейсің? Қуандың ба? Фу, көйлегі қандай кір... — деген өктем даусы үнемі саңқ-саңқ естіледі.
Сонсоң менің құлағымды қаз майымен сылады; құлағым ауырып барады, бірақ шешемнің өнбойынан аңқыған таза, хош иіс құлағымның ауруын бәсеңдеткендей. Көңілім тасқандықтан сөйлеуге әлім келмей, шешеме жабыса түсем, көзіне қарай берем, шешемнің сөздерімен қабаттаса әжемнің:
— Өзі қасарма, айтқанды мүлде тыңдамайды, атасынан да қорықпайды... Әттең Варя, Варя... — деп күбірлеген, көңілсіз даусы құлағыма келеді.
— Ой, мойымаңызшы, мамеке, ештеңе етпес!
Шешеме қарағанда, төңіректегінің барлығы да көзге қораш, әлжуаз, әрі кәрі сияқты, өзімді де, атамдай, кәрі сезіндім. Шешем мықты тізелерімен мені қыса түсіп, зілдей, жылы қолымен шашымды сипап қойып:
— Шашын алдыру керек. Мектепке түсетін де уақыт болды. Оқығың келе ме? — деді.
— Мен әлдеқашан оқып болдым.
— Әлде де бір азырақ оқу керек. Жоқ, сен өзің қандай мықтысың, ә?
Сосын менімен ойнап, сыңқылдаған жанға жайлы күлкімен күліп қояды.
Сұры қашқан, түксиген, көздері қанталаған атам кіріп келді:
— Ал, не дейсіз, папеке? Кетуім керек пе? — деп дауыстап сұрап, шешем мені қолымен бір жағына қарай қағып жіберді.
Атам терезе алдына барып тұрып, тырнағымен әйнектегі мұзды шұқылап, көпке дейін тіл қатпады, үйдің іші жым-жырт, үрейлі бола қалды, осындай көңілсіз кездердегі қашанғы әдетімше, тұлабойымның бәрін көз, құлақ қаптап, айқайлап жібергім келіп, көкірегім біртүрлі кернеле түсті.
— Лексей, шық үйден, — деп атам міңгір етті.
— Неге? — деп сұрады шешем, қайтадан мені өзіне қарай тартып...
— Ешқайда да кетпейсің сен, рұқсат етпеймін... — деді атам.
Шешем түрегелді, таңсәрідегі бұлттай бөлме ішінде көлбеңдеп өтті де, атамның арт жағына барып тұрды.
— Папеке, тыңдаңызшы...
Атам:
— Үндеме! — деп баж етіп, шешеме жалт бұрылды.
— Маған ақыруыңызға жол бере алмаймын сізге, — деді шешем ақырын ғана.
Әжем диваннан түрегеліп:
— Варвара! — деп сұқ қолын кезеді.
Сосын атам орындыққа отыра кетті де:
— Тұра тұр, мен — кіммін? Ә? Бұ қалай? — деп міңгірлей жөнелді.
Сосын бір мезетте:
— Мені сен масқара қылдың, Варька-а! — деп жаман дауысымен сарнап жіберді.
— Кет, — деп бұйырды маған әжем; мен қатты мұңайып, кухняға барып, пешке шықтым да, жалаң қабырғаның аржағында, біресе бір-бірінің сөзін бөліп, барлығының жарыса сөйлегендерін, біресе кілт ұйқтап қалғандай, үн-түнсіз қалғандарын тыңдап, көпке дейін отырдым. Әңгіме шешемнің туып, біреуге беріп кеткен баласы туралы боп жатты, бірақ шешемнің одан рұқсатсыз бала туғанына ма, әлде баланы оған алып келмегеніне ме? — атамның неге ашуланып отырғанын ұғу мүмкін болмады.
Сонсоң, үсті-басы ұйпа-ұйпа, өңі қып-қызыл, қалжыраған атам кухняға келді, оған ілесе, кофтасының етегімен бетіндегі жасын сүрте түсіп, әжем кірді; атам скамейкаға кеп, екі қолымен таянып, бүк түсіп, селкілдей және кезерген ернін тістей түсіп, отыра кетті. Әжем оның алдына тізерлей отырып, ақырын дауыспен қыза сөйледі:
— Әкесі, құдай үшін кешірсейші, кешірсейші оны! Одан да мықты шаналар шойырылып жататын. Әлде бұ сияқты нәрсе мырзаларда, купестерде болмайды деймісің? Әйел болғанда — қандай, қарашы! Қойшы, кешірші, күнәсыз ешкім де жоқ қой...
Атам қабырғаға шалқая сүйеніп, әжемнің бетіне қарап, қыжырта күлімсіреп:
— Әрине, о не дегенің! Енді қалай болушы еді? Сен кімді кешірмейсің, сен жұрттың бәрін кешіресін, әрине, сола-ай, әй, сендерді ме-е... — деп күңкілдеді, ара-арасында өксіп қойып.
Әжеме қарай еңкейіп, иығынан ұстап алып:
— Құдайтағала, сірә, ештеңені кешірмейді емес пе, ә? Қабірге таянғанымызда, көрсетті ғой көресіні; жазалап тұр, ақырғы күндеріміз болған мен ешбір тыныштық та, қуаныш та жоқ, — болмайды да! Және осы сезім есіңде болсын! — қайыршы боп өлеміз әлі, қайыршы боп! — деп шапшаңдата сыбырлап, әжемді сілкілей бастады.
Әжем оның қолын алып, қатарына отырды да, ақырын сықылықтап күліп жіберді.
— Онда қайтушы еді! Қайыршы боп деуін, — несіне қорқасын! Жарар — қайыршы болсақ болайық. Сен үйде отыра бер, қайыр сұрап мен жүремін, — қорықпай-ақ, қой, маған қайыр береді, тоқ болармыз! Сен өзің жоқты сөйлеуді қойшы!
Атам кенет күліп жіберді, бейне бір текедей, мойнын бұрып алды да, әжемнің мойнынан құшақтап алып, титтей, мыж-мыж боп:
— Әй, ақмақсың ақмақ дуанасын сен, жалғыз жақын адамымсың менің! Сен, ақмақ, ештеңеге де өкінбейсің, ештеңені ұқпайсын! Есіңе түсірші бір: сен екеуміз еңбек етпедік пе, осылар үшін күнәға батпадым ба мен, — ең болмаса қазір, ең болмаса титтей ғана болса да... — деп өкси түсіп, әжеме жабысып алды.
Бұл арада мен де, одан әрі шыдай алмай, көзімнің жасына әбден булығып кеттім, пештен секіріп түстім де, еңіреп, екеуіне қарай тұра жүгірдім. Екеуінің тамаша жақсы сөйлескеніне қуанып, олар үшін қайғырып, әрі шешем келгендіктен жыладым. Өздері де жылап, мені тең көріп, қастарына алды: екеуі де мені құшақтап, қысып, үстіме көздерінің жасып себелеумен болды. Атам құлағыма бір, көзіме бір аузын тақап:
— Аһ, сен де осында екенсің ғой, кішкентай сайтан! Мінеки, шешең де келді, сен енді сонымен бірге тұрасын, атаң жауыз, кәрі сайтан — енді керек емес қой ә? Еркелететін әжең де, қамқорың да — керек емес қой? Әй, сендерді ме-е... — деп сыбырлаумен болды.
Біздерді кейін қағып, құлашын екі жаққа жайды да, ашулы, қатты үнмен:
— Бәрі де кетіп жатыр, бәрінің де бір жаққа кеткісі келеді де тұрады — бәрі іри-тіри боп барады... кәне, шақырсаңшы енді оны! Тез енді... — деп орнынан түрегелді.
Әжем кухнядан шығып кетті де, атам бұрышқа қарап, басын иіп:
— Кешірімін, мол құдайым, мінеки енді — көріп тұрсын ғой, міне! — деді.
Сосын, өз көкірегіне өзі жұдырығымен мықтап, дүңк еткізіп қойып қалды, бұл маған ұнамады; атамның құдаймен сөйлескенде, оның алдында әрқашан да мақтанған адамша сөйлейтіні жалпы ұнамаушы еді маған.
Шешем келді, оның қызыл киімінен кухня іші жарығайып кетті; стол жанындағы сәкіңе отыр, атам мен әжем — оның екі жағында, шешемнің көйлегінің далақтай жеңдері екеуінің иіндерін жауып тұр, шешем бірдемені, ақырын ғана, байсалды түрде әңгіме етіп отыр, ал, ана екеуі, сөзін бөлмей, оны үнсіз тыңдап отыр. Енді екеуі де кішірейіп кеткен тәрізді, шешем — олардың анасы сияқты боп көрінді.
Көңілім толқып шаршағандығымнан, жоғарыдағы сәкіде жатып, қатты ұйқтап кетіппін.
Қарттар кештіғұрым сәндене киініп алып, түнгі ғибадатқа кетті, цех старшыны мундирін, жанат ішік және балағын сыртына салған шалбар киген атамды ымдап әжем күлімсіреп, көзін қысып қойып, шешеме:
— Әкең қандай, қарашы өзің, — нағыз лақ теке! — деді.
Шешем көңілдене күліп жіберді.
Шешемнің қасында соның бөлмесінде қалған соң ол, аш астына бүгіп, диванға отырды да, алақанымен өзінің қатарына салып қалып:
— Кел, қасыма келі Ал, қалай тұрасын, нашар тұрасын ғой, а? — деді.
Қалай тұрдым дейін?
— Білмеймін.
— Атаң сабай ма?
— Қазір — онша сабай бермейді.
— Солай ма? Ал, айта бер, не айтқың келеді, қане?
Атамның жайын әңгімелегім келмеді, тап осы бөлмеде бір ете сүйкімді адам тұрған еді, бірақ оны ешкім ұнатпады, атам оны пәтерден шығарып жіберді дегенді айта бастадым. Бұл оқиға шешеме ұнамады білем, ол:
— Тағы не айтасың? — деді.
Үш бала туралы, мені полковниктің ауладан қуып шығарғаны туралы айттым, — шешем мені мықтап құшақтап алды.
— Қарашы оңбағанның...
Сосын көзін жұмыңқырап, еденге қарап, басын шайқай түсіп, үнсіз отырып қалды.
— Атам саған неге кейіді? — деп сұрадым.
— Мен оның алдында айыптымын.
— Сен оған балаңды алып келсең еді.
Шешем, қабағын түйе, ернін тістей шалқалап кетті де — мені қыса түсіп, сықылықтап күліп жіберді.
— Аһ, мына сұмырайды қарай гөр! Сен бұл туралы тырс үндеме, естіп отырмысың? Тырс үндеме — тіпті ойыңа да алма!
Біртүрлі ақырын, сұстанып, түсініксіз бірдемелерді ұзақ сөйледі, сонсоң түрегелді де, қалың қастарын әлсін-әлі керіп, иегіне саусақтарымен шерте түсіп, ерсілі-қарсылы жүре бастады.
Столда аңырайған айнаға шағылысып, тоңмай шырақ томырыла жанып тұр, еденде буалдыр көлеңке қалықтайды, бұрышта икон алдындағы майшам жылт-жылт етеді, мұзды терезені ай сәулесі күмістей жалтыратып тұр. Жалаң қабырғалардан, төбеден бір нәрсені іздегендей, шешем жан-жағына қарана берді.
— Сен қашан ұйқтаушы ең?
— Сәл кейінірек.
Шешем:
— Айтпақшы, сен күндіз ұйқтаған екенсін ғой, — деп есіне түсірді де, күрсініп қойды.
— Сенің кеткің кеп тұр ма? — деп сұрадым.
Ол:
— Қайда кетуші ем? — деп таңырқай жауап қайырды да, басымды шалқайтыңқырап, бетіме ұзақ қарап тұрды, ұзақ қарағандығы сондай, көзімнен тіпті жас шығып кетті.
— Неге жылайсың?
— Мойным ауырды.
Жүрегім де ауырған еді, өйткені шешемнің бұл үйде тұрмайтынын, кететінін бірден сезгенмін...
— Сен әкеңе тартасын, — деді шешем, едендегі алашаны аяғымен бір бүйір ысырып қойып. — Әжең саған әкең туралы айтты ма?
— Айтты.
— Әжең Максимді өте жақсы көруші еді, — өте! О да әжеңді жақсы көретін...
— Білемін.
Шешем майшамға қарап, беті бір кірбің етті де:
— Осы жақсы! — деп шырақты сөндіріп тастады.
Расында да, шам сөнген сонау тыңайыңқырады да, тазарыңқырап кетті, қаратүнек, буалдыр көлеңкенің күйбеңдеуі де басылды, еденге жарқын көгілдір ноқаттар түсті, терезе әйнектерінен алтын нұр жарқырай шашырады.
— Сен қайда тұрдың? — деп сұрадым шешемнен.
Бейне бір әлдеқашан ұмытылған нәрсені есіне түсіргендей, шешем бірнеше қаланың атын атады да, қалықтаған қаршығадай, бөлмені дыбыссыз шырайналып жүрді де қойды.
— Мынадай көйлекті қайдан алдың?
— Өзім тігіп алдым. Өзіме керектің бәрін өзім істеймін.
Шешемнің ешкімге де ұқсас еместігі сондай ұнайды, бірақ аз сөйлейтіні көңілсіз, егер сұрақ бермесең тіпті үн қатпайды.
Сонсоң ол диванға, менің жаныма келіп қайта отырды. Үстерінен балауыз, ладан иісі аңқыған, баяу паңдана жуасып, әрі мейрімдене түскен қарттар қайтып келгенше, екеуміз бір-бірімізге жабысып, үнсіз отырдық та қойдық.
Кешкі асты салтанатты, тәртіпті отырып іштік, стол басында, біреудің сергек ұйқысын бөліп жібермесек игі еді дегендей, әрі аз, әрі тартына сөйлестік.
Шешем көп кешікпей жігерлене кірісіп, менің «азаматтық» сауатымды аша бастады: кітаптар сатып алды да, солардың ішіндегі «Родное слово» деген біреуін оқып, бірнеше күнде азаматтық баспасөз сырын біліп алдым, бірақ шешем маған сол бойда-ақ өлең жаттатуға кірісті де, екеуміздің өзара ренжісуіміз осыдан басталып кетті.
Өлеңде былай делінген:
— Большая дорога, прямая дорога,
Простора немало берешь ты у бога.
Тебя не ровняли топор и лопата,
Мягка ты копыту и пылью богата
Мен «простора» деудің орнына «простого» деп, «ровняли» деудің орнына «рубили» деп, «копыту» деудің орнына «копыта» деп оқыдым.
— Ойлап қарасайшы, — деп ескертеді шешем, — неге простого дейсің? Сұмырай! Про−сто−ра ғой, түсінесің бе?
Мен түсіне тура, «простого» деп оқимын да, бұныма өзім таңқаламын.
Шешем ашуланып, мені әрі кеше, әрі қайсар дейді; мұны есіту жәбір болды, мен осы бір қарғыс атқан өлеңдерді тіпті шынымен-ақ жаттап алуға тырысам, ішімнен қатесіз де оқимын, бірақ естіртіп оқысам-ақ, — әман қателесем. Бұл қашаған өлеңдерге өшігіп алдым да, ызаланғандығымнан, үндес сөздерді жөн-жосықсыз қатарластыра құрастырып алып, өлеңдерді әдейі бұзып айта бастадым; сиқырлы өлеңдердің бар маңызынан жұрдай болғаны маған қатты ұнайтын.
Бірақ бұл ермек текке кетпеді: бір күні сәтті өткен сабақтан кейін, шешем өлеңдерді жаттадың ба деп сұраған кезде:
Дорога, двурога, творог, недорога,
Копыта, попыто, корыто.
— деп еріксіз міңгірлей жөнелдім.
Есімді кеш жыйыппын: шешем, столға екі қолын тірей түрегелді де:
— Бұ немене? — деп сұрады дақпа-дақтап.
— Білмеймін, — дедім сасқанымнан.
— Жоқ, сонда да?
— Бұл — тек әншейін.
— Тек әншейінің қалай?
— Қызық.
— Бұрышқа барып тұр.
— Неге?
Шешем ақырын болғанымен, қаһарланып:
— Бұрышқа бар! — деп қайта айтты.
— Қай бұрышқа?
Шешем, жауап қатпай, менің бетіме тесіле қарай қалғаны сондай, оған не керек екенін түсінбей, әбден абыржып қалдым. Бір бұрыштағы икондардың астында дөңгелек стол, столда иісті қу шептер мен гүл салған ваза, есік жақтағы екінші бұрышта үстіне кілем жабулы сандық тұрған, түпкі бұрышқа кереует қойылған, төртінші бұрыш жоқ — есіктің кешегі қабырғаға тірей қондырылған-ды.
— Саған не керек екенін білмей тұрмын, — дедім, шешемнің сезін ұғудан күдерімді үзген соң.
Ол отыра кетті де, маңдайы мен бетін сыйпалап, біразға дейін тіл қатпады, сонсоң:
— Атаң сені бұрышқа тұрғызатын ба еді? — деп сұрады.
— Қашан?
— Әйтеуір, қашан болса да! — деп ақырды ол, алақанымен столды екі рет салып қалып.
— Жоқ. Есімде жоқ.
— Бұрышта тұрудың — жаза екенін білемісің?
— Жоқ. Неге жаза болады?
Шешем күрсініп қойды.
— Ф-фу! Бері келші.
— Сен маған неге ақырасын? — деп сұрап, қасына бардым...
— Ендеше, сен өлеңді неге әдейі бұзып оқисын?
Көзімді жұмып алсам, өлеңдер кітапта басылған күйінде жадымда тұрады да, айта бастасам — аузыма басқа сөздер түсе береді деп, білгенімше түсіндірген болдым.
— Сен мұңдайысып тұрған жоқпысын?
— Жоқ — деп жауап қайырдым, бірақ іле-шала: «Шынында да мұңдайсып тұрған шығармын?» деп ойлап қалдым. Сосын кенеттен өлеңдерді асықпай, дұп-дұрыс айтып шықтым; бұл мені әрі таңқалдырды, әрі әбден жер қылды.
Бетім кенет ісіп кеткендей, құлақтарым шымырлап, зілдей боп, басыма бір жаман ызың пайда болғанын сезіп, шешемнің алдында ұялғанымнан өлер боп тұрмын, көз жасым арасынан жүзінің мұңая түтігіп кеткенін, еріндері безеріп, қабағы түйіле түскенін көріп тұрмын.
— Бұ қалай — деп сұрады ол бір бөтен дауыспен. — Сөйтіп, мұлайымсыған екенсің ғой.
— Білмеймін. Бірақ өйткім келген жоқ...
— Сені үйрету қиын екен, — деді шешем, төмен қарап. — Бара бер!
Шешем менен өлеңді онан сайын көбірек жаттауды талап ете бастады, бірақ бұл бір тізілген бірқалыпты жолдардың зердеме қонуы барған сайын нашарлай берді, сондықтан бұл өлеңдерді өзгертсем екен, бұзсам екен, оларға басқа сөздер тауып қоссам екен деген әр ниет бірден-бірге күшейе, бірден-бірге өршелене түсті; басқа сөздерді оп-оңай-ақ қоса салатын болдым, — керексіз сөздер ойыма топ-тобымен келе береді, кітаптағы керекті сөздерді сәтте шым-шытырық қып бұзып жібереді. Кейде бүкіл бір жол көзіме көрінбей кетеді де, оны тапқым кеп, шын ниетіммен қанша талпынсам да, зердеме тіпті қонбай-ақ қояды. Сірә, князь Вяземскийдікі болса керек:
Терезенің алдында ерте, кеш жүріп,
Жетім, жесір, өңшең ғана қарт адам
Құдай үшін көмек іздеп қаңғырған.
— деген мұңды өлең көп күйінішке ұшыратты, оның
Дорба салған талай адам шұбырып —
— деген үшінші жолын үнемі оқымай кететінмін. Шешем менің бұл ерлік істерімді, қатты ренжіп, атама әңгіме етеді.
— Тентек болады! Мұның ойы тұтқыр: аятты бұл менен де өткін біледі. Өтірік айтады, зердесі — тастай берік, оған бір таңба түссе, табандап қалады! Сен — оны жостырып сабап ал! — деді атам, кәрлене сөйлеп.
Өтірігімді әжем де мойныма салады:
— Ертегілерді — ұмытпайды, жырды — ұмытпайды, жыр деген де сондай өлең емес пе?
Бұның бәрі де шындық, айыпты екенімді сеземін, бірақ өлеңді жаттауға кіріссем-ақ болғаны — басқа сөздер бір жақтан өзінен-өзі, таракандай ағылып келеді де, бұлар да жол-жолға тізіліп тұра қалады:
Қақпаға біздің ентелеп,
Жетім, қарт өңшең тентіреп,
Нан сұрайды кемсеңдеп,
Жиған нанын апарып,
Петровнаға сатады,
Сиырына жем қылып,
Арақты судай сіміріп,
Өздері сайда жатады.
Түнде әжемнің қасында сәкіде жатып, оған кітаптан есімде қалғанның, өз ойымнан шығарғанымның бәрін жалыққанша жатқа айтумен болам: ол кейде ішек-сілесі қатып күледі, бірақ көбінесе-ақ:
— Міне, көрдің бе, білесің қолыңнан келеді! Бірақ қайыршыларды келемеждеме, құдай есіркесін оларды! Айса да, барлық әулиелер де қайыршы болған... — деп ұялтады.
Мен:
— Қайыршыны сүймеймін,
Атамды сүймен тағы да,
Енді не амал етейін?
Kешіp құдайтағала
Атам себеп іздейді,
Қалай мені сабауға, —
— деп былдырлаймын.
— Не деп жатырсың ей, жағың қарысқыр! — деп кейіді әжем. — Бұл сөздеріңді атаң естіп қойса қайтесің?
— Мейлі!
— Бекер тентек боласың, шешеңді бекер ашуландырасың! Оған сенсіз де онша жақсы боп жүрген жоқ, — деп әжем ойлана және емірене үгіттейді.
— Оған не себепті жақсы емес?
— Үндеме, білдің бе! Сен оған түсінбейсін...
— Мен білемін, оны атам ғой...
— Үндеме деймін!
Жаман тұрмыста тұратынмын, торығуға жақын халде жүремін, бірақ неге екенін білмеймін, бұнымды жасырғым келіп, сергекси түсем, тентектік жасаймын. Шешемнің сабақтары бірден-бірге ұлғая түсті, түсініксіз бола берді, арифметиканы оп-оңай-ақ игеріп кеттім, бірақ жазуды мүлде денім сүймеді, грамматиканы тіпті ұқпай қойдым. Бірақ, діңкемді құртқан ең басты нәрсе, — шешеме атам үйінде тұру қаншама ауыр екенін әрі көріп, әрі сезіп жүргенім болды; шешем бірден-бірге томсара түсті, жұрттың бәріне тосырқай қарайтын болды, баққа қараған терезе алдында үнсіз ұзақ отырып алады, біртүрлі боп реңі қаша берді. Келгеннен кейінгі алғашқы күндер ебдейлі, көңілді еді, енді көздерінің алдына көгіс дақ пайда болды, ертеден кешке дейін шашын тарамай, умаждалған көйлек киіп, кофтасының түймелерін салмай жүреді, бұл оның сыйқын бұзып, мені жәбірлендіреді: ол үнемі сыптай, сұлу боп таза киініп, жұрттың бәрінен жақсы боп жүруі керек қой!
Сабақ үстінде ол шүңірейе түскен көзімен менің үстімнен жарға, терезеге қарап отырады, менен сабақты қалжыраған дауыспен сұрайды, жауаптарымды ұмытып қалады да, әлсін-әлі ашуланып, айқайлай береді — бұдан да жәбірленемін: шешем ертегілердегідей, жұрттың бәрінен де әділ болуға тиісті ғой.
Кейде мен одан:
— Саған біздермен бірге тұру ұнамай ма? — деп сұраймын.
— Өз жұмысыңды істей бер! — деп ашулана жауап қатады ол.
Атамның әжем мен шешемнің зәресін алатын бір нәрсе дайындап жүргенін де байқадым. Атам әлсін-әлі шешемнің бөлмесіне кіріп, есікті жауып алады да, қыңыр бел малшы Никанордың өзім жаратпайтын ағаш сыбызғысындай ыңырсып, зарлап кеп отырады. Осындай бір әңгіменің үстінде шешем бүкіл үйді басына көтеріп:
— Бұл болмайды, жоқ! — деп айқайлап жіберді.
Сосын есік сарт ете түсті де, атам сарнай жөнелді.
Бұл оқиға кештіғұрым болды: әжем кухняда стол жанында, атама көйлек тігіп, өз-өзінен бірдеме деп күбірлеп тұрған. Есік сарт еткен кезде, құлағын тіге қалып:
— Тұрғын көршілерге кетіп қалды, ой, құдайым- ай! — деді.
Бір мезетте кухняға атам кіріп келді, әжеме жүгіріп барып, оны басқа қойып қалды да, ауырып қалған өз қолын бұлғай түсіп:
— Керексіз нәрсені былшылдай берме, пері! — деп тістене сөйлей жөнелді.
— Алжыған ақмақ, — деді әжем сабыр тұта сөйлеп, қисайған бас киімін түзетіп жатып. — Үндемей отыра қоярмын мен, дәмесінің зорын! Сенің айла-шарғыларың туралы білгендерімнің бәрін әрқашан айтам оған...
Атам әжеме тап беріп, оның үп-үлкен басын жұдырығымен үсті-үстіне міней бастады; әжем қорғанбастан, оны жасқамастан:
— Ал, ұр, ақмақ! Ал, мә, ұр! — дей берді.
Meн оларға сәкіден көпшік, көрпе, пештің үстінде тұрған етіктерді лақтыра бастадым, бірақ құтырынған атам мұны елең қылмады, әжем еденге құлап түсті, атам оның басын аяғымен тепкіледі, ақырында су толы шелекті төңкеріп жіберіп, сүрініп құлап қалды. Түкіріне, сіңбіріне ұшып түрегеліп, төңірегіне еліре қарады да, жүгіріп шардақтағы өзінің бөлмесіне кетті; әжем ыңқылдап түрегелді де, скамейкаға отыра кетіп, ұйысқан шашын жаза бастады. Мен сәкіден секіріп түстім. Ол маған кейіген түрмен:
— Көпшіктерді, бәрін жыйнап ал да пеш үстіне шығарып қой! Ойлап тапқанын қарашы: көпшік лақтыруын! Бұл сенің араласатын ісің бе? Ана кәрі сайтан да еліріп кетті, — ақмақ! — деді.
Бір мезетте ah ұрып, беті кіржиіп, басын еңкейтіп:
— Қарашы, мына бір жерім неге ауырады? — деп мені шақырды.
Қалың шашын жазып қарасам — бір шаш түйреуіш терісінің астына бойлап кіріп кеткен екен, суырып алдым, тағы біреуін таптым, саусақтарым ұйып қалды.
— Қорқып тұрмын, онан да мамамды шақырып келейін!
Әжем қолын сермелеп:
— Не деп тұрсын? Шақырғанды көрсетейін саған! Көрмегеніне, естімегеніне құдайға шүкір, қарашы өзінің шақырам деуін! Жоғал, көзіме көрінбей!
Сосын кестешінің епті саусақтарымен өзінің қалың қара жалының арасын өзі шұқылай бастады. Жүрегімді тұрақтатып ап, майысқан екі жуан түйреуішті терісінің астынан суырысуға мен де көмектестім:
— Ауыра ма?
— Ештеңе етпес, ертең монша жағып, жуынам, — жазылып кетеді ғой.
Сосын:
— Бірақ сен, жан-көкегім, атаң сені ұрды деп шешеңе айтпа, естіп тұрмысың? Ол екеуі біріне-бірі онсыз да өшігіп жүр. Айтпайсың ғой?
— Жоқ.
— Ендеше, ұмытпа осыны! Мына жердің бәрін жинастырып тастайық. Бетімде жарақат жоқ па? Ендеше, жарады, жабулы қазан жабуымен қалсын...
Әжем еденді сүрте бастады, мен шын ниетімменен:
— Сен — нағыз әулиесін, үсті-үстіне азаптаумен болса да, мыңқ етпейсін, — дедім.
— Қайдағы жоқты неге былшылдайсың? Әулие... Оны қайдан таптың?
Әжем, төрттағандап жүріп, көпке дейін күңкілдеумен болды да, мен, пештің кертешінде отырып, — әжемнің кегін атамнан қайтып алсам екен? — деп, ойымды шар тарелка жүгіртумен болдым.
Атамның әжемді менің көзімше осынша жаман және елтіре сабағаны бірінші рет еді. Іңір қараңғысында көз алдымнан атамның лапылдаған қып-қызыл беті, желпілдеген жирен шашы елестеді: көкірегімде ыза өрттей лаулайды, істеген ісіне лайықты кек алудың амалын ойлап таба алмағаныма өкіндім.
Бірақ, бір-екі күн өткен соң, бір себеппен шардақтағы атамның бөлмесіне барсам, ол еденде қақпағы ашық қобдидың алдында отырып алып, ішінен бір қағаздарды ақтара қарап отыр екен, орындықта оның сүйікті әулие тізімдері — он екі парақ қалың сұр қағаз жатыр, әрқайсысы айдың күн санына қарай шаршыға бөлінген, әр шаршының бетінде әр күннің әулиелерінің титтей суреттері бар. Атам бұл әулие тізімдерін өте қымбат көретін, бұларды маған тек әлдеқалай өте разы боп отырған кезінде ғана көруге рұқсат ететін-ді, мен бұл иін тірестіре салынған кішкентай, әрі сүйкімді сұрғылт суреттерге әрдайым біртүрлі бір ерекше сезіммен қараушы ем. Бұлардың кейбіреулерінің — Кирик пен Улитаның, ұлы шейіт Варвараның, Пантелеймонның, тағы да талайының өмір тарихымен таныс болатынмын; маған әсіресе дуана Алексейдің мұңды өмір тарихы және оған арнап шығарылған тамаша өлеңдер ұнаушы еді: ол өлеңдерді әжем өзіме жиі-жиі және көңілімді еліте жатқа айтып беретін. Кейде осы бір жүздеген адамдарға көзіңді салатынсың да, шейіт адамдардың әрқашан болғандығына ақырын көңілің жұбанатын.
Бірақ, қазір осы әулие тізімдерін турап тастағым келді де, самұрық суреті салынған, көк қағазды оқып, атам терезеге қарай кеткен кезде, бірнеше парағын ала салып, төмен жүріп түстім де, әжем столының тартпасынан қайшыны ұрлап алып, пеш сәкісіне шығып, әулиелердің бастарын қырқуға кірістім. Бір қатардағысының басын қиып тастадым, бірақ әулие тізімдеріне де жаным ашып кетті; енді шаршылдардың жігін айырған сызықтардың бойымен кесе бастадым, бірақ екінші қатарды кесіп үлгірмей-ақ атам жетіп келді. Кертешке шықты да:
— Әулие тізімдерін алуға кім рұқсат етті саған? — деп сұрады.
Тақтай бетінде шашылып жатқан қағаздарды көре сала, жалма-жан теріп ала бастады, шап беріп алады да, бетіне таман апарып, қайтадан тастап жібереді, иегі кемсиіп кетті, сақалы шошаң-шошаң етеді, демін соншама ентіге алғандықтан, жапырақ қағаздар еденге ұшып түсумен болды.
Ақырында, ол:
— Не істедің сен? — деп ақырып жіберді де, мені аяғымнан өзіне қарай тартып қалды; түсіп келе жатып домалап кеттім, әжем мені қолымен қағып алды, атам әжемді де, мені де жұдырықтың астына алды.
— Өлтіремін! — деп бақыра бастады.
Шешем кіріп келді, мен пеш жанындағы бұрышқа тығылып қалдым, шешем, мені тасалай түсіп, көз алдында ойнақшыған атамның қолдарын қаққылап:
— Бұ не деген сұмдық? Есіңізді жинаңыз!.. — деп тұр.
Атам:
— Өлтірді! Бәрі, бәрі маған қарсы, а-а... — деп еңкілдеп, терезе алдындағы скамьяға құлай кетті.
— Ұят емес пе бұныңыз? — деп күңкілдеген шешемнің дауысы шығады. — Ылғи мұңдайыси беретініңіз не?
Атам айқай салып, аяқтарымен отырғышты тепкіледі, сақалы еп-ерсі боп жоғары серпініп кетті, көздері тарс жұмулы; шешемнен ұялып, көздерін шынында да мұңдайысығандықтан жұмып жатқан сияқты боп көрінді маған.
— Бұл кесінділерді мен акзонға желімдеп берейін, бұрынғысынан да жақсы, берігірек болады, — деді шешем, кесінділер мен парақ қағаздарды қарап тұрып — Көресіз бе, барлығы да жымырылып, құрысып қалыпты, ыдырап тұр...
Сабақ үстінде бірдемені ұқпай қалған кезімде, менімен сөйлескеніндей сөйлеседі шешем атаммен, сосын бір мезетте атам ұшып түрегелді де, көйлегін, жилетін дұрыстап жөндеп алды, сөйтті де қақырынып алып:
— Бүгіннен қалдырмай желімдеп бер. Қазір мен саған қалған парақтарын әкеп берейін... — деді.
Есікке қарай жүрді де, босағаға барғанда, бұрылып, бүкір саусағымен мені нұсқап:
— Ал, мына балаға дүре соғу керек! — деді.
— Сөйту керек, — деп қостады шешем, маған қарай еңкейіп. — Сен мұны неге істедің?
— Жорта істедім. Әжемді сабауын қойсын, әйтпесе мен оның сақалын да күзеп аламын.
Жыртылған кофтасын шешіп жатқан әжем, басын шайқай түсіп:
— Уәдеде тұрып, үндемеген екенсің! — деді ренжіп.
Сөйтті де:
— Тілің сөйлеуге келмейтін боп, ісіп кетпейді-ау! — деп, еденге бір түкірді.
Шешем, әжеме қарап, кухняның ішінде бір жүріп өтті де, қайтадан менің қасыма келіп:
— Әжеңді ол қашан сабады? — деп сұрады.
— Сен де, Варвара, ол туралы сұрауға ұялсаңшы, сенің ісің бе осы? — деді әжем ашуланып.
Шешем оны құшақтай алды.
— Әй, мамеке-ай, жанымсыз ғой сіз менің...
— Мәссаған мамеке! Былайырақ тұршы...
Екеуі біріне-бірі қарады да, үн-түнсіз, айрылысып кетті: сенеде атам дүрсілдеп жүр.
Шешем ілкі келген күндері-ақ көңілді тұрғын әйелмен — әскери адамның жұбайымен — таныс боп алған, күн сайын дерлік кешкілікте үйдің алдыңғы бөлмелеріне кетіп қалады, онда Бетленгінің үйінен сұлу барынялар, офицерлер келетін. Бұл атама ұнамады, кухняда кешкі ас үстінде:
— Қарғыс атқандар, тағы жиналды! Енді таң атқанша ұйқы бермейді! — деп, оның солай қарай қасығын сілтеп, кіжінбей, күңкілдемей отыратын күні аз болушы еді.
Атам тұрғын адамдарға көп кешікпей үйді босатыңдар деді, олар кеткен соң, — бір жерден түрлі-түрлі екі жүк мебель әкелді, оларды алдыңғы бөлмелерге орналастырып қойды да:
— Үйге кісі тұрғызудың қажеті жоқ бізге, менің өзім қонақ шақырып тұрам! — деп, үлкен аспалы кілтпен құлыптап тастады.
Сөйтіп, мейрам күндері қонақ келетін болды: үстінде жолақ жібек көйлек, басына сары орамал тартқан, тау мұрын, шаңқылдақ прачка әжемнің сіңлісі Матрена Ивановна келеді; оған ілесіп — балалары: кілең сұр киім киген, ұзын шашты, мейірімді, әрі көңілді чертежник — Василий; ат басты, қушиған секпіл бет Виктор келеді, — Виктор сенеде тұрып-ақ, галоштарын шешіп жатып:
— Андрей-папа, Андрей-папа, — деп, тап Петрушка сияқты, шырылдап әндете келеді.
Бұл мені қатты таңырқататын, әрі үрейлендіретін.
Гитарасын алып, Яков ағай келеді, сопы сияқты жуас, бір көзі соқыр, қасқабас, ұзын сюртук киген сағат шеберін бірге ерте келеді. Ол үнемі бұрышта отырып, басын бір жанына қисайтады да, сақалын қырып тастаған екі айырық иегіне тіреулі саусағымен басын біртүрлі сүйеп, күлімсіреп отырады. Өзі қап-қара, жалғыз көзі жұрттың бәріне ерекше тесіле қарайды; бұл адамның өзі аз сөйлейтін, бірақ:
— Мазаланбаңдар, бәрібір... — деген бір сөздерді әлсін-әлі қайталап айта беретін.
Әлдеқашан, Новая көшеде тұрған кезімізде, бір күні қақпа сыртынан барабандардың дүр-дүр етіп, үрей шаша соғылғаны, остроттан алаңға қарай, көшемен өңшең солдат пен халық қоршаған бір биік қара арбаның кетіп бара жатқаны, сосын арбада — отырғыш үстінде — дөңгелек сұр мауыт бөрікті, шынжыр бұғаулы бір кішкене адам отырғаны — сағат шеберін алғаш көргенімде есіме түсе қалды; әлгі адамның омырауына үлкен ақ әріптермен жазылған сөздері бар қара тақта ілінген, — ол осы жазуды оқып келе жатқандай, басын салбыратып, тұлабойын теңселтіп отырған. Сондықтан, шешем сағат шебіріне: «Мынау менің ұлым» — деген кезде, мен сескеніп, қолдарымды артыма жасырып, кейін шегіндім.
Ол, аузының бәрін он, құлағына таман жұғымсыздандыра қисайтып:
— Мазаланбаңыз, — деп, белімнен қаусыра ұстап, өзіне қарай тартып, жып-жылдам және оп-оңай шырайналдырып қойды да:
— Жарайды, мықты бала екен... — деп мақтап, босатып жіберді.
Мен бұрышқа барып, былғары креслоға отырып алдым, кресло сондай зор, тіпті ішіне жатып алуға болатын, — атам оны князь Грузинскийдің креслосы деп, үнемі мақтана беретін, — соған отырып алдым да, үлкендердің көңілсіз сауығына, сағат шеберінің жүзінің таңғажайып боп, әрі сезіктене құбылғанына қараумен болдым. Оның жүзі майлап қойғандай былжырап еріп, балқиды да тұрады; күле қалса, қалың еріндері бетінің оң жағына қисайып шығып кетеді, кішкентай мұрны да, тарелкедегі пельменьше жылжып жүреді. Қалқиған үлкен құлақтары, біресе сау көзінің қасымен бірге жоғары көтеріліп, біресе екі шықшытына төніп, таңғажайып боп қимылдаумен болады, — тілесе, мұрнын алақанымен басқандай, екі құлағымен бүркей қою да қолынан келгендей еді. Кейде ол күрсініп қойып, келсаптай жұмыр, қап-қара тілін жалаңдатып шығарады да, оп-оңай шырайнала дөңгеленте жүгіртіп, майлы қалың ернін жалап қояды. Бұның бәрі қызық емес еді, тек көзімді айыртпай, оған еріксіз қаратып, таң-тамаша қалдыратын.
Қонақтар шайды роммен ішті, — одан күйдірген бияз қабығының иісі шығады; әжемнің алтындай сап-сары, қарамайдай қап-қара және жасыл түсті тұндырма арақтарын ішті; тұщы сүзбе, қызғандай дәнін салып, сарымайға, балға илеп пісірген шелпек жеді, терлеп-тепшіп, ысылдап-пысылдап, әжемді мақтап отырысты. Асқа тойып алып, қызара бөртіп, орындықтарға тәртіппен орналасып отырысты да, гитара тартып жібер деп, манаурай сөйлеп, Яков ағайды үгіттей бастады.
Яков гитараға үңіле еңкейді де:
Өзімізше, өй, тұрдық біз,
Қалада сайран құрдық біз, —
Қазаннан келген ханымға
Бәрін де баян қылдық біз...
— деп жұғымсыздандыра, жалықтыра ән қосып, тыңқылдата шертті.
Мен мұны бір өте мұңды өлең ғой деп ойладым, бірақ әжем:
— Яша, сен өзге бір дұрысырақ өлең айтсаң қайтер екен, ә? Есіңде бар ма, Мотря, бұрын қандай өлеңдер айтушы еді? — деді.
Прачка, судырлаған көйлегін жөндей түсіп:
— Қазір мода басқа ғой, шешесі... — деді сендіре сөйлеп.
Әжем өте алыста отырғандай, ағай оған көзін кілмите қарап, көңілсіз әнін, жағымсыз өлеңдерін тынбастан төгілте берді.
Атам, сағат шеберіне саусақтарындағы бірдемелерді көрсетіп, әңгімелесіп отырды, қасын кере түсіп, сағат шебері көзін шешем жаққа салады, басын изең-изең еткізеді де, өзінің былжыраған беті көзге ілінгісіз боп, құбыла түседі.
Шешем, ақырын ғана және бір маңызды әңгіме айтып, Василиймен сөйлесіп, әрдайым Сергеевтердің арасында отыратын. Василий:
— Я-я, бұл жөнде ойлау керек екен... — деп, күрсініп қоятын-ды.
Виктор керіле күлімсіреп отырады, аяғын сырпылдатып қояды да, кенеттен:
— Андрей-папа, Андрей-папа... — деп шырылдап елеңдете жөнеледі.
Жұрттың бәрі таңырқап, үннен қалып, Викторға қарай қалады.
— Бұл оны киятрдан үйренген, мұны сонда айтады... — деп түсіндіреді прачка, маңғаздана сөйлеп.
Осындай, орасан көңілсіздігімен есте қалған екі әлде үш кеш етті, сонсоң сағат шебері жексенбі күні, түстен кейінгі ғибадаттың артынан күндіз келді. Мен шешемнің бөлмесінде, жыртылған моншақты кестені сөгуге көмектесіп отыр ем; кенеттен есік тез ашылып, әжем үрейленген түрмен бөлмеге басын сұқты да:
— Варя — келіп қалды! — деп қатты сыбыр ете түсіп, сол сәтте жоқ болды.
Шешем ешбір қозғалмады, селт етпеді, бірақ есік қайтадан ашылды, босағаға атам кеп тұра қалды да:
— Киін, Варвара, жүр! — деді салтанатты түрмен.
Шешем, орнынан тұрмай, оған қарамай:
— Қайда? — деп сұрады.
— Жүр, құдайға сыйынып! Қарсыласпа. Өзі момын адам, өз ісіне шебер және Лексейге жақсы әке...
Атам орасан маңғаздана сөйлеп, алақанымен екі бүйірін сыйпай берді, бірақ ілгері ұмтылғысы келген қолдарын арпалысып ұстап тұрғандай, шынтақтары кейін қайырылып, қалтырап тұр.
Шешем сабырлы түрмен кесе сөйледі:
— Бұл болмайды дедім ғой мен сізге...
Атам шешеме қарай бір аттады, иіліп, түксие түсіп, көзі көруден қалғандай, екі қолын ілгері созды да:
— Жүр! Әйтпесе — бұрымыңнан сүйреп апарамын! — деп қырылдай сөйледі.
— Сүйреп апарам деймісіз? — деп сұрады шешем, орнынан тұра беріп; жүзі боп-боз боп кетті, көздері жарқ-жұрқ етіп кілмие қалды, кофтасын, юбкасын жалма-жан жұлқылап шеше бастады да, жалғыз ішкі көйлегімен қалып: — Алып жүріңіз! — деп атама жетіп барды.
Атам оған жұдырығын оқталып, тісін қайрап:
— Киін, Варвара! — деді.
Шешем оны қолымен қағып жіберіп, есіктің тұтқасынан ұстап:
— Ал, жүрелік! — деді.
— Теріс батамды берем, — деді атам сыбырлап.
— Қорықпаймын. Қане?
Шешем есікті ашып жіберді, атам оның етегіне жармасып, тізерлеп отыра қалды да:
— Варвара, албасты, елесін! Масқара етпе... — деп сыбырлай бастады.
Сөйтті де, ақырын ғана:
— Ше-ше-сі, ше-ше-сі... — деп мұңая ыңырсый жөнелді.
Әжем де келіп шешемнің жолын кес кестеп, тұра қалды; шешеме қолын тауыққа сермегендей сермеп, оны есікке қарай тықсырды:
— Варька, ақмақ, — бұ нең сенің? Кет, ұятсыз! — деп, тістене күңкілдеді.
Шешемді бөлмеге итеріп кіргізіп, есіктің ілгішін салды да атама еңкейді, бір қолымен тұрғызып жатып, екінші қолымен оған кіжініп:
— У-у, есуас, кәрі сайтан! — деді.
Атамды диванға отырғызды, ол шүберек қуыршақша сылқ ете түсті де, аузын ашып, басын шайқай берді; әжем:
— Киін! — деп, шешеме ақырып қалды.
Еденнен киімін алып жатып:
— Мен оған бармаймын, — есітіп тұрсыңдар ма? — деді шешем.
Әжем:
— Бір бақыраш су әкел, шапшақ! — деп, мені диваннан итеріп түсіріп жіберді.
Әжем сыбырлағанға жақын, ақырын, саспай және бұйыра сөйледі. Мен сенеге, жүгіріп шықтым, үйдің алдыңғы жартысында дақпа-дақтап басқан аяқтың дүрсілдеген дыбысы шықты. Шешемнің бөлмесінен оның:
— Ертең жүрем! — деген дауысы дүңгір ете түсті.
Мен кухняға барып, мең-зең боп терезе алдына отыра кеттім.
Атам ыңқылдап, өксіп, әжем күңкілдеп жүр, сонсоң есік сарт ете түсті, — жым-жырт және қорқынышты боп кетті. Өзімді неге жұмсағандары есіме түсіп кетіп, жез бақырашқа су толтырып алдым да сенеге шықтым — алдыңғы үйден басын тұқыртып, аң терісі бөркін сыйпап, тамағын кеней түсіп, сағат шебері шыға келді. Әжем, қолын ішіне басып, оның артынан тәжім етіп:
— Өзіңіз білесіз, — зорлап сүйгізуге болмайды ғой... — деді ақырын ғана.
Сағат шебері крыльцоның табалдырығына сүрініп кетті де, сыртқа ыршып шықты, әжем шоқынып алып, әлде дыбыссыз жылап жібергендей, әлде — күлгендей боп, қалшылдап қоя берді.
— Саған не болды? — дедім мен, қасына жүгіріп барып.
— Су әкелуге қайда барғаның? Жап есікті! — деп, бақырашты қолымнан жұлып алды, су аяғыма төгіліп кетті.
Сосын шешемнің бөлмесіне кетіп қалды, мен олардың ауыр жүкті бір жерден бір жерге жылжытқандай боп, қатарласа уһлесіп, ыңқылдасып, күңкілдесіп отырғандарын тыңдау үшін қайтадан кухняға кеттім.
Күн шуақ еді; екі терезенің мұзды әйнегінен қысқы күннің қиғаш нұры түсіп тұр; түскі асқа әзірленген столда қалайы ыдыстар, сары квас және атамның буквица мен қара шалғын салып тұндырған жасыл-қара арағын құйған екі графин жылтылдап тұр. Терезенің мұзсыз жерінен, шатыр үстінде көз ұялта жарқыраған ақ қар көрінеді, аула бағаналары мен қара торғай ұяларының төбелеріне тұрған күмістей қалпақшалар жылт-жылт етеді. Терезе кәшектеріне ілулі, күн шұғыласына бөленген торларда құстарым ойнап жүр; қолға үйренген көңілді шымшықтарым шиқылдап, боз шымшықтарым сырылдап, әсемпаз торғайларым сайрап тұр. Бірақ, күмістей жалтыраған және әндеткен бұл көңілді күн қуантпады, керек болмады, тіпті ештеңенің де керегі жоқ боп кетті. Құстарды босатып жібергім келіп, торларымды ала бастап едім — өзін-өзі екі санға ұрып, әжем жүгіріп келді де:
— Әй, тау соққыр, қарғыс атқандар-ай! Аһ, сен, алжыған қақбас, Акулина... — деп өзіне өзі ұрысып, пешке қарай ұмтылды.
Пештен пирогты суырып алып, қабығын саусағымен шертіп қарады да, ыза боп жерге бір түкірді.
— Қатып қапты! Қыздыра қойғандағың осы! Ah, іштерің жарылғыр, малғұндар-ай! Сен, жапалақ неменеге көзіңді ажырайта қалдың? Бәріңді ескі құмырадай күл-талқан қып тастасам, қайтер еді!
Сосын — томсырайып, пирогты аударып-төңкеріп, қатқан қабығына саусағымен шерте түсіп, жылап жіберді, бұршақтаған жасы зілдей боп нанға тырс-тырс тамды.
Кухняға шешем мен атам келді; әжем пирогты столғa лақтырып кеп жібергенде, тарелкелер шоршып-шоршып түсті.
— Қарашы, сендердің кесіріңнен не болғанын, бұл өмірде қызық көрмегір өңшең!
Көңілді және сабырлы шешем, ренжіме деп әжемді құшақтай алды; мыж-мыж боп, сілесі қатқан атам стол жаныңа отырды да, мойнына сулық байлап жатып, күлбіреген көзін күннен қыса түсіп, күңкілге басты.
— Жарар, ештеңе етпес! Жақсы пирогті де талай жегенбіз! Құдайтағала — сараңдау, жылдар үшін минуттен төлейді... Процент дегеніңді білмейді. Варя, отыршы... жарар!
Атам бейне бір есуас тәрізденіп кетіпті, астың басынан аяғына дейін құдай туралы, күнақар Ахав туралы, әке болу дегеннің ауыр екендігі туралы сөйлеумен болды. Әжем ашуланып:
— Әй сен, — асыңды жеуді білсейші! — деп оның сөзін бөлумен отырды.
Шешем, жарқын көзін ойнақшыта түсіп, қалжыңдаумен отырды.
— Қалай, қорқып кеттің бе әлгіде?- — деп сұрады ол, мені түртіп қойып.
Жоқ, мен онда тап онша қорқа қойған жоқ едім, бірақ қазір маған ыңғайсыз, әрі түсініксіз болып отыр.
Қашанғы мейрам күндеріндегі әдетінше, асты тым жалықтыра ұзақ отырып, көп жеді, осыдан жарты сағаттай бұрын, төбелесіп қалуға жақындап, бір-біріне айғайласқан, көз жасын төгіп, еңіреп, бұрқан-сарқан болған адамдар емес сияқты. Олар осының бәрін шынымен істеді және оларға жылау қиын ғой дегенге біртүрлі сенгің келмейді. Олардың көз жастары да, айғайлары да, бір-бірін азаптағандарының бәрі де, өртше әлсін әлі тұтанып, лезде сөне қалып, маған бірден-бірге үйреншікті боп кетті, көңілімді толқытуы барған сайын кеміп, жүрегімді тебірентуі де бәсеңдей берді.
Әмір жағдайлары нашар және қораш болғандығынан, орыс адамдарының уайымды жалпы ермек ететінін, онымен балаларша ойнайтынын, бақытсыздыққа ұшыраудан онша көп арлана қоймайтынын көп жыл кейін ұқтым.
Ұшы-қиыры жоқ күнделікті тұрмыста уайым да — мейрам, ертте — ермек; өңсіз бетке сызат та — әшекей...
XI
Осы оқиғадан кейін шешем бірден әлденіп кетті, бойы сыптай боп түзеліп, үйге ие боп алды, — ал, атам елеусіз, ойшыл боп, бұрынғысындай емес, жуасып кетті.
Атам көбінесе-ақ үйден шықпайды, «Әкемнің жазғандары» деген бір белгісіз құпиялы кітапты оқып, шардақтағы бөлмеде үнемі жападан-жалғыз отыратын болды. Бұл кітапты ол кілтті қобдида сақтаушы еді, оны алмас бұрын қолын жуатынын талай көргенмін. Кітап кіп-кішкентай, қалың сарғыш сүрікпен қапталған; титулының алдындағы көгілдір қағаздың бетіне оңған сыямен: «Құрметті Василий Каширинге шын жүрекпен естен шығармас үшін алғыс айта сыйладым» деп әдемілеп жазып, біртүрлі бір таңғажайып фамилия қойылған, қойған қолы ұшқан құстың суреті тәрізді. Кітаптың мұқабасының зілдей қатырмасын ептеп қана ашып, атам күміс жиекті көзілдірігін киеді де, әлгі жазуға қарап отырып, көзілдірігін жөндемек боп, мұрынын көпке дейін кіржіңдетіп отырады. Мен одан — бұ нендей кітап? — деп талай сұрағам, — ол:
— Саған мұны білудің керегі жоқ. Шыдай тұр, — өлсем, өсиетімде саған қалдырып кетемін. Жанат ішігімді де саған қалдырып кетемін, — деп, сендіре жауап қайыратын.
Атам енді шешеммен сыпайылау, әрі аз сөйлесе бастады, шешемнің сөздерін, Петр ағайша, көздерін жарқылдата отырып, ықыласты тыңдайды.
Сонсоң:
— Жарайды! Білгеніңше істей бер... — деп, қолын бір сермеп, күңкілдеп қояды.
Атамның сандықтарында көптеген бір ерсі жасаулар: штор юбкалар, атлас кеудешелер, күміспен шалған жібек сарафандар, әйелдің маржан қондырған ескілікті бас киімдері, жарқын түсті орамалдар мен біртартарлар, мордваның ауыр моншақтары, түсті тастан тізген мойыналқалар жататын; атам осының бәрін құшақ-құшағымен шешемнің бөлмесіне алып барып, стол-столға, стулдарға жайып салады, шешем жасауларды тамашалап отырады.
— Біздің кезіміздегі киім бүгінгіден әлдеқайда әсем, қымбат болатын! Киім қымбат болса да, қарапайым, жөндемірек тұратынбыз. Ол замандар өтіп кетті, енді қайтып келмейді! Қане, киіп көр, сәнденіп қара... — дейді атам.
Бір күні шешем аз уақытқа жалғас бөлмеге кетіп қалды да одан, алтынмен шалған көк сарафан, маржан қондырған бас киім киіп кіріп келді; атама төмен иіле сәлем етіп:
— Ұнай ма, тақсыр атай? — деп сұрады.
Атам тамағын кенеп, біртүрлі боп жадырап кетті, құлашын жайып, саусақтарын қыбырлата түсіп, шешемді бір айналып өтті де, түсінде ұйқысырап сөйлегендей, былдырлаңқырап:
— Эй, Варвара-ай, ақшаң көп болып, жанында жақсы адамдар жүрсе, қандай болар еді... — деді.
Шешем енді үйдің алдыңғы жағындағы екі бөлмеде тұратын болды, оған жиі-жиі қонақтар келеді, басқалардан гөрі ағайынды Максимовтер жиірек келетін болды: біреуі — ұзын селеу сақалды, көк көз, зор, әдемі офицер, Петр деген; қарт баринге түкіргенім үшін атам мені сабағанда, соны көріп тұрған офицер осы еді; екіншісі шоқша қара сақалды Евгений, бұ да ұзын бойлы, аяқтары шидей, өңі құп-қу. Үлкен көздері алша тәрізді, өзі алтын түймелі және қушық иықтарына вензель қадаған жасылдау мундир киетін. Бұйраланған ұзын шашын биік, жалтыр маңдайынан еппен әлсін-әлі кейін сілкіп, мүсіркей күлімсірейтін де:
— Байқаймысыз, менің ойымша... — деген мүләйім сөздерден бастап, міңгірлеген дауыспен бір нәрселерді әңгімелеп отыратын.
Оның әңгімесін шешем, көзін кілмитіңкіреп, күлімсірей тыңдайтын да:
— Сіз әлі сәбисіз, Евгений Васильевич, ғафу етіңіз... — деп, сөзін бөліп жіберетін.
Офицер жалпақ алақанымен тізесін соғып қалып:
— Шынында да сәби... — деп айқайлап қоятын.
Святка күндері у-шу, әрі көңілді боп өтті, шешемнің бөлмелеріне кеш сайын көбінесе-ақ киінген-жасанған адамдар тоғытыла келіп жүрді, өзі де ылғи жұрттың бәрінен жақсы киініп алып, қонақтармен бірге кетіп жүрді.
Ала-құла боп киінген қонақтармен бірге шешем қақпа сыртына шығып кеткен сайын, үй бейне бір жерге бата түскендей, ішінің бәрі жым-жырт, күдікті көңілсіз бола қалады. Үй ішінің бәрін тәртіпке келтіріп, бөлмеде кәрі қазша байпаңдап әжем жүреді, пештің жылы бетшөлмегіне арқасын сүйеп:
— Ендеше, — жарар, мақұл... Нендей түтін екенін, күн де келер көретін... — деп, өзіне өзі сөйлеп, атам тұрады.
Святка күндерінен кейін шешем мені мен Сашаны, Михайло ағайдың ұлын, мектепке апарды. Сашаның әкесі үйленген болатын, өгей шешесі оны бірден-ақ жаратпай, сабай бастаған, сосын Сашаны, әжемнің зорлауымен — атам өз үйіне алған. Екеуміз мектепке айға жақын барып жүрдік, онда маған оқытқанның бәрінен есімде қалғаны тек:
— «Сенің фамилияң кім» — деген сұраққа, жай:
— «Пешков», — деп жауап беруге болмайды.
— «Менің фамилиям — Пешков»,- — деп жауап беру керек деген ғана сөз.
Сосын оқытушыға:
— «Шырағым, сен айқайлама, сенен қорықпаймын...» — деуге де болмайтыны есімде қалыпты.
Мектеп маған бірден-ақ ұнамады, ағам болса — алғашқы күндері өте разы боп жүрді, өзіне оп-оңай-ақ серіктер тауып алды, бірақ бір күні сабақ үстінде ұйқтап кетті де, бір мезетте:
— Қойды-ы-ым... — деп ұйқысырап, сұмдық қатты айқайлап жіберді.
Оятып жіберген соң ол кластан сұранып шығып кетті, сонысы үшін келемеж болды, келесі күні екеуміз мектепке келе жатып, Сенная алаңындағы сайға түскен кезімізде, ол тоқтай қалып:
— Сен — жүре бер, мен бармаймын! Менің онан да қыдырғаным артық, — деді.
Жүресінен отыра қалып, кітап салған түйіншегін қарғa мұқияттап көмді де, кетіп қалды. Январьдың "шуақ күні еді, төңіректің бәрін күн күмістей жарқыратып тұр, ағамның қылығына қатты қызықтым, бірақ амалым құрып, мектепке жүре бердім, — шешемді ренжіткім келмеді. Сашаның көмген кітаптары, әрине, жоғалып кетті де, келесі күні оның мектепке бармауына заңды себебі болды, бірақ ол қылығы үшінші күні атама мәлім боп қалды...
Екеумізді сотқа тартты, — кухнядағы стол басында атам, әжем, шешем бізден жауап алып отыр. Атамның берген сұрақтарына Сашаның ерсі жауап бергені әлі есімде.
— Осы сен мектепке қалай бармай жүрсін?
Саша атамның бетіне мөлдіреген момын көздерімен тура қарап:
— Мектептің қайда екенін ұмытып қалыппын, — деп жауап берді асықпай.
— Ұмытып қалдым деймісің?
— Я, іздедім-іздедім...
— Сен Лексейдің соңынан ілессең еді, ол ұмытпайды!
— Мен одан көз жазып қалдым.
— Лексейден бе?
— Я.
— Бұл қалайша?
Саша ойланыңқырап тұрды да, күрсініп қойып:
— Боран еді, ештеңе көрінбеді, — деді.
Жұрттың бәрі күліп жіберді, — күн тымық, шуақ еді. Саша да қымсына күлімсіреп қойды, бірақ атам, тісін ақсита түсіп:
— Сен оның қолынан, белбеуінен ұстасаң еді? — деп сұрады кекетіп.
— Ұстап едім, бірақ жел жұлып әкетті, — деп түсіндірді Саша.
Саша жалқаулана, үмітсіздене сөйледі, бұл керексіз, қисынсыз өтірікті тыңдап отыру маған да ыңғайсыз болды, оның қасармалығына өзім қатты таңдандым.
Екеумізге дүре соғылды да, бұрын өрт сөндіруші болған, бір қолы сынық шалды бізге жолбасшылыққа жалдап алды, — Саша ғылымға қарай сапар шеккенде, бір жаққа адасып кетпеуін бақылауға міндетті еді ол шал. Бірақ, бұл көмек етпеді: келесі күні ағам, сайға жете беріп, кенет еңкейе қалып, аяғынан бір байпағын шешіп алды да, анадай жерге атып жіберді, екіншісін шешіп алды да, тағы бір жаққа лақтырды, сосын өзі шұлықшаң алаң бойымен жүгіре жөнелді. Шал, аһлап, уһлеп, аяқ киімдерді жинауға жортақтай жөнелді, сонсоң қорқып кетіп, мені үйге алып қайтты.
Атам, әжем және шешем, қашқынды іздеп, ұзақты күн қаланы кезумен болды, Сашаны тек кешке таман ғана монастырь жанынан, Чирков трактирінен тауып алды, мұнда ол жұртқа сауық көрсетіп, билеп жүр екен. Оны үйге алып келді де, қасарып үндемегенінен қысылып, тіпті ұрмады да, сосын ол менімен бірге жоғарыдағы сәкіде, екі аяғын жоғары асып, төбені сүйкелей түсіп жатты да:
— Өгей шешем мені сүймейді, әкем де жаратпайды, атам да жақтырмайды, — немене, енді мен солармен бipгe тұра берем бе? Көрерсің әжемнен қарақшылардың қайда жүретінін сұрап аламын да, соларға қашып кетем, — со кезде өздерің бәрін де білерсіңдер... Бірге қашсақ қайтеді? — деді ақырын ғана.
Мен онымен бірге қаша алмаушы ем: ол күндері менің өз мақсатым бар еді — ұзын селеу сақалды офицер болуға бел байлаған ем, ол үшін оқу керек қой. Ағама жоспарымды айтқан кезімде, ойланыңқырап жатып, менің онымды мақұл көрді:
— Бұл да жақсы, — деді. — Сен офицер болған кезде, мен әлдеқашан атаман боп жүрем, саған мені ұстау керек болады, бір-бірімізді өлтіріп те тастармыз, әйтпесе тұтқынға да алармыз. Мен сені өлтірмес ем.
— Мен де сені өлтірмес ем.
Осылай деп сөз байластық.
Әжем келді, пешке шықты да, біздерге көз Жіберіп:
— Немене, тышқаншықтар? Э-эх, жетімектер, жарқыншақтар! — деп сөйлей бастады.
Біздерді есіркеп, Сашаның өгей шешесін, — трактиршінің қызы, жуан Надежда жеңгейді балағаттай бастады; сонсоң бүкіл өгей шеше, өгей әке атаулының бәрін сөкті де, данышпан тақуа Ионаның жасөспірім бозбала күнінде, өзінің өгей шешесімен құдай сотымен соттасқаны жайлы аңызды айтып берді; оның әкесін, Белоозерода тұратын балықшы угличанинды:
Жас қатыны өлтірген:
Мас қып күшті сырамен,
Дәрі беріп ұйқтатты,
Сол ұйқтаған күйінде,
Tap табытқа ұқсаған
Мінгізіп емен қайыққа,
Үйеңкі ескектерімен
Тереңге қарай еседі
Жауыз, арам ниетпен.
Тұңғыйыққа барып ол,
Теңселе түсіп, еңкейіп,
Қалтылдаған қайықты
Жіберіпті төңкеріп.
Су түбіне жәкірдей
Ері батып кетіпті,
Қатынның өзі іркілмей
Жағаға жүзіп жетіпті.
Шыға сала сулайды,
Қатындарша дауыс қып,
Жалған зарын пәш етіп,
Ойбай салып жылайды,
Ақпейіл жұрт наныпты,
Қосылып бірге налыпты:
— Ой, байғұсым, жас жесір!
Қайғың сенің көл-көсір,
Құдай берді өмірді,
Өлімді өзі жіберді!
Тек Иона — егей ұл —
Өгей шешеге нанбай бұл,
Сенімсіздік білдірді,
Жүрегіне шешенің
Алақанын тигізді.
Сөйтті дағы сөйледі
Ұяң, баяу үнменен:
— Өгей шешем, әй, ненің,
Тағдырымсың сен өзің,
Арам құссың түнде ұшқан,
Жауыздықпен зәр жұтқан;
Нанбаймын көзің жасына:
Қуанғаннан соғады
Жүрегің тым-ақ асыға!
Тұра-тұр сен, одан да,
Сұрайық біз құдайдан,
Көктегі барша әулие —
Сұрайық тағы солардан:
Алсын біреу оң қолға
Алмас болат пышақты,
Атсын соны аспанға;
Рас болса сенікі —
Жарсын мені сол пышақ,
Рас болса менікі —
Түссін саған ол пышақ!
Өгей шеше, көзінің
Отын шаша, долдана,
Қарады өгей балаға.
Ионаның алдына
Тұрды нығай аяғын,
Салды ұрыс баяғы:
— Әй, есалаң мүсәпір,
Шала туған, сен пақыр
Не шығарып тұрғаның?
Батылың қалай барғаны?
Жиналған жұрт тыңдады,
Көрді көзі бәрінің —
Істің түбі қараңғы.
Мұңайысты, ойланды,
Ақылдасты, толғанды.
Шыға келді сол шақта
Бір балықшы қарт адам,
Сәлем етіп жан-жаққа,
Ашты сөзді ұйғарған:
— Болат пышақ беріңдер
Оң қолыма, халайық.
Лақтырайын аспанға,
Сонсоң тұрып қарайық:
Күналыны ол табар,
— Өзі-ақ соған қадалар!
Ал мас болат пышақты.
Қария қолға алыпты,
Ақбасынан асыра,
Аспанға атып қалыпты.
Құсша көкке бұлдырап
Кетеді пышақ зымырап.
Жұрт сарсылып күтеді,
Пышақ бірақ, түспейді.
Жұрттың көзі жоғары —
Жарқыраған аспанда,
Иіндері тірескен,
Бөріктері тұр қолда.
Бір үн қатпай тұр бәрі.
Мылқау қара түн де әрі —
Пышақ әлі түскен жоқ!
Атты таңның шапағы,
Көл үстінен гүл жайнап;
Өгей шеше тұр тағы,
Күлім қаға жайнаңдап,
Ағып түсті пышақ кеп
Қарылғашша сып етіп,
Қадалды өгей шешенің
Жүрегіне дік етіп.
Жиналысқан адал жұрт.
Жүгініп бәрі отырды: —
Шындығыңа мың шүкір! —
Деп, құдайға бас ұрды.
Тұнық өзен Кержентің
Жағасында бар дейді
Сопылардың мекені,
Ғайып қала Китеждің
Мақында тұр сол дейді, —
Балықшы қарт жарықтық
Ионаны алыпты,
Апарып соған салыпты ...
Келесі күні тұлабойым қып-қызыл ала боп бөртіп ояндым, маған шешек шығыпты. Мені түпкі шардаққа салды, кезім түк көрмей, аяқ-қолдарым жалпақ бинттермен мықтап таңулы, сұмдық, жаман сандырақтап, ұзақ жаттым, — бір сандырақтап өзім шақ өлмей қалдым.Маған жас сәбише қасықтан ас ішкізу үшін тек әжем ғана келіп, ұшы-қиыры жоқ үнемі тың ертегілер айтып кетіп жүретін. Бір күні кештіғұрым, бетім бері қарап сауығып, аяқ қолым шешулі жатқан кезімде, — бетімді тырнатпас үшін екі қолымның саусақтары ғана жең ішінде бинттеулі болатын, — әжем дағдылы келетін мезгілінен бір себеппен кешігіп қалды, бұл мені үрейлендіре бастап еді, бір мезетте әжемді көзім шалып қалды: ол шардаққа кіре беріс жердегі шаң-шаң тақтайдың үстінде етбетінен түсіп, құлашын жайып жатыр, мойыны Петр ағайдың мойынынша, жарма-жары кесілген, түкпірден, шанытқан қаракөлеңкеден бір дәу мысық көзін бажырайта тігіп, әжеме таман жылжып келеді.
Төсектен ұшып түрегелдім, терезенің екі қабат кәшегін бірдей аяғыммен теуіп, иініммен соғып, ұшырып түсірдім де сыртқа, күртік қарға атып түстім. Сол күні кешке шешем үйінде қонақтар бар екен, менің терезе әйнектерін сындырғанымды да, кәшектерін қиратқанымды да ешкім естімепті, күртікте едәуір ұзақ жатып қалыппын. Еш жерім мертіккен жоқ, топшым ғана шығып кетіпті, тұлабойымды әйнек көп жарақаттапты, бірақ аяқтарымның жаны кетіп, үш айдай қозғала алмай жаттым: үйдегі у-шудың күннен күнге күшейе түскенін, төменде есік сартылы жиіленгенің кісінің жүрген дүбірі ұлғайғанын тыңдаумен жаттым.
Көңіл жабықтыра үскірген боран үй шатырын сытыр-сытыр өткізеді, есіктің сыртында, шардақта жел гу-гу асыр салады, тұрба қайғылы сазбен ызың қағады, пеш жабындары дір-дір етеді, күндіз қарғалар қарқылдаумен болады, тымық түндерде даладан ұлыған қасқырлардың көңілсіз дауысы естіліп тұрады, — осы музыканы тыңдап жатып, көңілім де марқая түсті. Сонсоң аз-аздап, ақырындап қана, дегенмен күннен-күнге бірте-бірте жылы шырайлана түсіп, көктем де март күнінің күлімдеген көзімен терезеден қарай бастады; шатыр үстінде, шардақта мысықтар мияулап әндете, бажылдай бастады, жардың қабатынан көктем сыбдырының дыбысы естіліп тұр — мөлдіреген сүмелек мұздар омырылып түседі, шатыр қиығынан еріген қар ысырылып құлайды, сосын шіркеу қоңырауларының даңғыры да қыстыгүнгіден гөрі қоңырлау боп естіле бастады.
Әжем келіп-кетіп жүр, сөйлеген кезінде өзінен арақ исі күннен-күнге көбірек, әрі күштірек шығатын болды, сонсоң өзі бір үлкен ақ шайнек әкеле бастады, оны менің кереуетім астына тығып қояды да, көзін қыса түсіп:
— Жан-көкегім, сен үй перісіне, атақа, айтып қойма! — дейді.
— Неге ішесін?
— Тырс етпе! Есейген соң — білерсін...
Шайнектің шүмегінен сорып-сорып алып, ернін жеңіменен сүртіп қойып:
— Айтпақшы, кеше мен нені әңгімелеген ем, есіңде ме, шырағым? — деп сұрап, мүләйімси күлімсірейді.
— Әкем жайын.
— Ендеше, қай жеріне кеп ем?
Мен есіне саламын да, әжемнің келісті әңгімесі кепке дейін бұлақтай ағады.
Әкем жайын оның өзі бастап әңгімеледі, бір күні арақ ішпей, мұңайып, шаршап келді де:
— Түсімде сенің әкеңді көрдім, қолында жаңғақ ағашынан жасаған таяғы бар, келе жатыр екен деймін, ысқырып қояды, соңынан бір шұбарала ит жүгіріп келеді, салақтаған тілі дірдек қағады. Максим Савватеич біртүрлі түсіме жиі-жиі ене беретін болды, — сірә, өзінің панасыз жанының тыным-тыныштығы жоқ шығар... — деді.
Әкемнің өмір тарихын, өзінің талай-талай айтқан аңыздары тәрізді қызғылықты өмір тарихын, әжем ұдайымен бірнеше кеш бойы әңгіме етті.
Сіңірген еңбегімен офицерлік дәрежесіне жетіп, қоластындағы адамдарға рақымсыз қатал болғаны үшін, Сибирьге жер аударылған солдаттың баласы екен әкем; менің әкем сол Сибирьдің бір жерінде туыпты. Тұрмысы жаман болыпты, жас бала күнінен-ақ үйінен қаша беріпті; бір күні атам оны тоғайдан қоян аңдығандай, итпен іздепті; келесі бір жолы ұстап алып, өлтіре ұра бастаған соң, көршілері арашалап алып, жасырып қойыпты.
— Кішкентай балаларды әрқашан ұра бере ме? — деп сұрадым;
— Әрқашан, — деп, қобалжымай жауап қайырды әжем.
Әкемнің шешесі ерте қайтыс болыпты, сосын әкем тоғыз жасқа толған соң атам да қайтыс болады, әкемді өкіл әкесі — ағаш шебері асырап алып, Пермь қаласының қолөнершілер цехына тіркейді де, өз өнеріне баулый бастайды, бірақ әкем одан қашып кетеді, соқырларды жетелеп, жәрмеңке-жәрмеңкені кезеді, он алты жасында Нижнийге келеді де, Колчин кемелеріндегі подрядчик ағаш шеберіне қызмет істей бастайды. Жиырма жасында жақсы мебельші, обойшы, әрі драпировщик боп алады. Оның қызмет істеген мастерскойы нағашы атамның Ковалихадағы үйлерімен қатар екен.
— Қоршаулары ап-аласа да, адамдары пысықша ғана еді, — деді әжем күле сөйлеп. — Бір күні Варя екеуміз биемшек жемісін теріп жүргенбіз, бір мезетте әлгі сенің әкең қоршаудан қарғып түсті; шошып кеттім: үстінде ақ көйлегі, қой мақпал шалбары бар, бірақ — жалаң бас, желбіреген ұзын шашын таспамен таңып қойған, алма ағаштарының арасымен еңгезердей боп аяндап келеді. Бұл оның — құда түсе келгендегісі екен! Мен оны бұрын да көріп жүретінмін, терезенің алдымен өтетін-ді, көрген сайын: әй бір жайсаң жігіт екен! — деп ойлап қоятынмын. Қасыма келген соң, мен одан: «Жігіт, сенің тиіссіз жермен жүруің қалай?» — деп сұрадым. Сонда ол тізерлеп отыра қалды. «Акулина Ивановна, деді, менің осы тұрғаным — тұрған, сізден жасыратын ешбір сырым жоқ ал мына тұрған — Варя; құдай үшін, екеумізге көмек ет, үйленейік деп ек!» Сілейіп қалыппын, тіпті тілім күрмеліп қалды. Қарасам, әлгі сенің антұрған шешең, алма ағашының тасасына түсіп ап, жүзі қып-қызыл шиедей боп, әкеңе ым қағып тұр, бірақ көзінің жасы — көл. «Аһ, мына жын соққыр бұзықтарды қарай гөр дедім, бұ не сұмдық ойлап шығарып жүргендерің? Әй, Варвара-ау, есің дұрыс па? Сен, жігіт, дедім, сен өзің де ойлап қарашы: әлің келмейтін қайыңды сындырмақ боп тұрған жоқпысын?» Біздің атай болса, о кезде бай еді, сыйлы да болатын, өзіне соның аз-ақ алдында тоғыз жыл ұдайымен ауыспастан цехта старшын боп отырғаны үшін, алтын зермен жиектелген қалпақ пен мундир берген-ді, тәкаппар кезі болатын! Өзім дұп-дұрыс-ақ сөйлеп тұрған сияқтымын, бірақ қорыққанымнан тұлабойым қалтырап тұр, әрі оларға да жаным ашиды: екеуі де түтігіп кетті. Сол арада сенің әкең: «Василий Васильевтің Варяны маған қолынан бере қоймайтынын білемін! — деді, — сондықтан мен оны алып қашып кетем, тек өзің көмегіңді бер» Сөйтіп, мен көмек беруім керек! Оған өзім тіпті оқталып қалдым, бірақ ол мызғыр емес: «Таспен ұрсаң да мейлің, тек көмек бер, бәрібір талабымнан таймаймын!» деді. Сол арада Варвара да келіп жетті, қолын оның иығына асылдыра салды да: «Біз екеуміз әлдеқашан, тіпті май айында қосылғанбыз, деді, бізге тек неке қию керек». Мен, бетім-ау! — деп, бар болғаны күліп жібердім.
Әжем, тұлабойы селк-селк етіп, шек-сілесі қатып күле бастады, сонсоң насыбайын иіскеп алып, көзінің жасын сүртті де, рақаттана күрсініп қойып, сөзін жалғастыра берді:
— Үйлену және некелену дегеннің нендей мәні бар екенін сен әлі түсіне алмайсын, бірақ, егерде қыз, некеленбей тұрып бала тапса, бұл — сұмдықтың қара басы! Сен мұны есінде сақта, есейген кезінде қыздарды ондай жолға айдаушы болма, саған бұл зор күна болады, ал қыз бақытсыздыққа ұшырайды, баласы да заңсыз туған болады, — есінде сақта, сақ бол! Қатындарды есіркей жүр, оларды ермек үшін емес, шын жүрегіңмен жақсы көр, бұл менің саған берген ақылым!
Әжем, стулда теңселе түсіп, ойланып қалды, сонсоң селк ете түсіп, тағы да сөйлеп кетті:
— Ал, енді қайтпек керек? Максимді — маңдайдан салып қалдым, Варвараны — бұрымынан алдым, бірақ Максим: «Істі ұрумен жөндей алмайсын!» — деген дұрыс сөзін айтты маған. Варвара да: «Сіз әуелі не істеу керек екенін ойлап көрсеңіз қайтеді, ұрсаңыз сонсоң ұра жатарсыз!» — деді. Максимнен: «Ақшаң бар ма өзіңнің?» деп сұрадым. «Болып еді, деді, бірақ мен Варяға сақина сатып алдым оған» — «Немене өзі, сенде небәрі үш сом болып ба еді!» «Жоқ деді, жүз сомға жақын болған еді». Ол кезде ақша қымбат, зат — арзан болатын; мен екеуіне, сенің әкең мен шешеңе, кезек қараймын — бұ не деген сәбилер деймін ішімнен, бұ не деген ақмақтар! Шешең: «Мен ол сақинаны сіздер көрмесін деп, еден астына тығып қойдым, оны сатуға болады» — деді. Шынында да екеуі де сәби! Бірақ, қайткенмен де, бұлардың бір жұмадан кейін некеленуі керек деген тоқтамға келдік те, поптық жайын өзім қамтамасыз ететін болдым. Бірақ өзім еңкілдеп кеп жылаймын, жүрегім тайдай тулайды, атаңнан қорқып жүрмін, Варяда да үрей жоқ. Дегенмен, реттеліп алдық!
— Бірақ әкеңнің бір дұшпаны бар еді, өзі мастер, бұзық адам болатын. Барлық істі әлдеқашан сезіп, біздерді аңдып жүреді екен. Сонымен, жалғыз қызыма қолыма түскен тәуір киімді кигізіп, қақпаның сыртына алып шықтым; бұрыштың айналмасында тройка күтіп тұрған болатын, қызым арбаға отырды, Максим бір ысқырды да, жүріп кетті! Көзімнің жасын бұлап, үйге қайтып келе жатыр ем, әлгі сұмырай алдымнан ұшырай кетті де: «Мен, деді, ақкөңіл адаммын, тағдырға қарсы шықпаймын, бірақ сен, Акулина Ивановна, маған соның үшін елу сом ақша бер!» — деді. Ақшам жоқ еді, ақшаның өзін жақтырмайтынмын, сондықтан жинамайтынмын да, ақмақтығымнан әлгіге: «Ақшам да жоқ, бермеймін де!» — деппін. «Берем деп уәдеңді бер!» — деді ол. «Уәде бергені қалай, сосын мен оны қайдан алмақпын?» «Ау, күйеуің бай, ең болмаса содан ұрлап алуға болмай ма?» — деді. Мен ақмақ, оны сөзге айналдырып, кідірте тұрсамшы, бетіне былш еткізіп бір түкіріп, жөніме жүре беріппін ғой! Ол, аулаға менен бұрын кіріп кетті де, ала-топалаң қылды!
Әжем, көзін жұмып алып, күлімсірей сөйледі:
— Бұ секілді батыл істерді қазірдің өзінде еске түсірудің өзі сұмдық қорқынышты. Атаң аюдай арқырады, — оңай деп ең оған? Кейде ол Варвараға қарап отырып, дворянға, баринге күйеуге берем! деп мақтанатын. Ал, саған дворян, ал, саған барин! Кімді кімге қосуды әулиенің-әулиесі Мариам-ана бізден гөрі артығырақ біледі. Атаң, өртеніп бара жатқандай, аулада әптер-тәптер боп жүр, Яков пен Михайлоны шақырып алды, әлгі шұбар мастерді, сосын делбеші Климді көндірді; көріп тұрмын — өзі қайыс таққан кір, кестен алды, Михайло — мылтық алды, біздің ұшқыр жақсы аттарымыз, жайдақ жеңіл тарантастарымыз болатын, — ой қуып жетеді ғой! — деп ойлаймын. Тап сол арада Варвараның қорғаушы періштесі маған ақыл енгізе қойды, — қолыма пышақ алдым да, тертенің тәжібауларын қидалап кесіп қойдым, жолшыбай үзіліп кетпес пе екен деймін! Тап солай болыпты: жолшыбай бір терте туарылып кетіп, атанды, Михайло мен Климді соғып өлтіруге шақ қалыпты да, кідіріп қалыпты, жөнделіп ап, шіркеуге шауып жеткен кезде — Варя мен Максим екеуі құдайға шүкір, некелері қиылып болып, шіркеу есігінің алдында тұр екен.
— Біздің кісілер Максимге дүрсе қоя берген екен, бірақ оның өзі тұлғалы, адам айтқысыз күшті еді! Михаилды баспадан ұшырып түсіріп, қолын шығарып жіберіпті, Климді де сұлатыпты, атаң мен Яков және мастер одан қорқып, бата алмапты.
— Әкеңнің өзі ашу үстінде де ақылынан жазбаушы еді, атаңа кестеніңді таста, сілтей берме, мен момын адаммын, бірақ алған нәрсемді маған құдай берді, ешкім тартып ала алмайды, сенен маған бұдан басқа ештеңе де керек емес, депті. Сонымен, олар Максимнен тайып тұрады, атаң тарантасқа мініп алып: «Варвара, көш енді, сен маған қыз да емессің, сені мен көрмеймін де, дүниеде тұрсаң да мейлің, аштан өлсең де мейлің» — деп айғайлайды. Атаң қайтып келді — мені таяқтың астына алды кеп, мен тек ыңқылдай түсем де, мыңқ етпеймін; таяқтың орны бітер, бірақ болар нәрсе — болар да қалар деймін! Атаң маған кейін: «Акулина, біле-білсең: енді сенің қызың жоқ, осыны ұмытпа!» — деді. Менің жалғыз ойлайтыным: былшылдаңқыра сен жирен, ашу — мұзбен тең, жылы түскенше ғана шыдайды! — деген ой болатын.
Мен бар ықыласымды салып, қызыға тыңдаймын. Әжемнің әңгімесінің кейбір жері таңқалдырады, шешемнің некесін қиғанын атам маған мүлде бұлай суреттеген жоқ-ты: ол бұл некеге қарсы болыпты, некеден кейін ол шешемді үйге кіргізбепті, бірақ оның өз айтуынша, шешемнің некесі жасырын қиылған жоқ, шіркеуде атамның өзі бірге болыпты. Бұлардың қайсысының сөзі дұрыс екенін әжемнен сұрағым келмеді, өйткені әжемнің әңгімесі әрі қызғылықтырақ, әрі өзіме ұнаңқырайды. Әжемнің өзі, әңгіме айтып отырып, тап қайықпен жүзіп келе жатқандай, үнемі теңселумен болады. Егерде бір қайғылы, я өте қорқынышты нәрсені әңгімелеп отырса, бір нәрсені жоғарыда сүйемелдеп отырғандай, екі қолын ілгері созып, қаттырақ теңселеді. Көзін әлсін-әлі жұмыңқырап қояды, сонда білінер-білінбес, мейірімді күлкісі бетінің әжімдерінде ұялап тұрады да, қалың қастары сәл дірілдейді. Осы бір кешірімділігінде шек жоқ, топас мейірімділік кейде өзімнің жүрегімді балқытады, ал енді кейде, әжем біртүрлі бір күшті сөз айтса екен, бірдеңе деп айғайлап жіберсе екен деп, тілеп отырам.
— Алғашқы кезде Варя мен Максимнің қайда екенін екі айдай өзім де білмедім, бірақ біраздан соң Варядан бір пысықша бала жүгіріп келіп, олардың қайда екенін сол айтты. Сенбіге дейін күттім де, түнгі ғибадатқа баратын кісі боп шығып кеттім, бірақ өзім соларға қарай тарттым! Олар алыста, Суетинск түсеберісінде, флигельде тұрады екен, бүкіл аула сонда тұратын қолөнерші жұмысшыларға лық толы, қыйқым-сыйқым лас, у-шу, бірақ ана екеуі — ойында дәнеме жоқ, мысықтың балалары тәрізді екеуі де көңілді, күңкілдесіп ойнап отыр. Оларға әйтеуір барымды апардым: шай, қант, түрлі крупа, варенье, ұн, қақтаған атқұлақ, азынаулақ ақша, қанша екенін ұмытып қаппын, атаңнан ақырын ғана қымқырып ала бергенмін — егер өзіңе деп алмасаң, ұрлауға да болады ғой! — Әкең іштеңе алмады, ренжіді: «Әлде біздер қайыршымыз ба?» — дейді. Варвара да: «Әй, мамажан-ай, бұны неге әкелдің?..» — деп, соның сөзін қостайды. Мен оларға аздап ұрсып алдым: «Ақмақ-ау, дедім, мен сенің — кіміңмін? Мен саған — құдай берген шешемін, мені ренжітуге бола ма? Неге десеңіз, жерде шешені ренжіткен кезде — көкте құдай анасы қиналып жылайды!» Сонда Максим мені құшақтап көтеріп алды да, үй ішіне ерсілі-қарсылы ала жөнелді, тіпті билеп те қояды, — күшті-ақ еді аю! Варька болса, уыздай қыз ғой, тоты құсша сыланып жүр, күйеуін бір жаңа әкелген қуыршақтай мақтан етеді, көзін үнемі аударып-төңкеріп қояды да, кәдімгі нағыз қатын сияқтанып, шаруашылық жайын сондай маңыздана әңгімелейді — қарасаң, шек-сілең қатады! Сондағы шайға берген самсасын көрсең, оны жесе тіпті қасқырдың тісі сынатын, ішіндегі сүзбесі — қыйыршық құмдай төгіліп жатыр!
— Көпке дейін осылай қала берді, тіпті сенің де дүниеге келетін күнің жетіп қалды, бірақ атаң тырс үндемейді, — қайсар ғой, үй перісі! Мен оларға жасырынып қана барумен жүрдім, бірақ мұны атаң білсе де, білмегенсіп жүрді. Үй ішінің бәріне Варяны сөз қылушы болмаңдар деп тыйым салып қойған, сондықтан бәрі де тырс етпейді, мен де үн қатпаймын, бірақ әкенің жүрегі ұзаққа шыдамайтынын өзім ішімнен біліп жүрмін. Бір күні сол асық болған сағат та жетті, — түн, боран азнап тұр, терезеден кәдімгі аю кидірмелетіп кіріп келе жатқандай, трубалар гу-гу етеді, шайтан біткеннің бәрі бұғауларын үзіп шыққан болар, атаң екеуміз жатырмыз, — ұйқы келмейді, мен: «Бұ сияқты түнде кедей кісіге қиын ғой, көңілінде тыныштық жоқ адамға одан да жаман!» — дей салдым. Бір мезетте атаң: «Олар қалай тұрады екен?» — деп сұрады. «Жаман емес, дедім, жақсы тұрады.» — «Осы мен кімнің жайын сұрап жатырмын?» — деді. «Қызың Варвараның, күйеуің Максимнің жайын сұрап жатырсың да», «Солар жайында екенін сен қайдан біле қойдың?» — «Ақмақсуыңды қойсайшы, әкесі, дедім, осылай жасырынбақ ойнауды тастасаң қайтеді. Ойлап көрші — сол ойының кімнің көңіліне жағады дейсің?» — Ол күрсініп қойды; - «Ой, сайтандар, деді, оңбаған сайтансыңдар өңшең!» Сонсоң: қалай, ана сомадай неменің өзің ақмақ дейді ғой, — бұл сенің әкеңді айтқандағысы ғой: — ақмақ екені рас па? — деп сұрастыра бастады. — Мен: «Қызмет істегісі келмеген кісі ақмақ болады ғой, дедім; сен ана, Михайло мен Яковқа көз салып қарасаң қайтеді — ақмақ боп жүргендер солар емес пе? Үйде қызмет істейтін кім, кіріс келтіретін кім? Сенсін. Ал, олар саған зор көмек көрсетіп жүр ме?» — Сол арада атаң мені сөге жөнелді, ақмақ та, бұзық та, жеңгетай да мен, қайдағы жаманның бәрі де мен болдым! Тырс үндемедім. — «Қайдан келгені белгісіз, кім екені белгісіз адамға неғып өліп-өше өңменіңді сала қойдың?» — деді. Мен үндемей жата бердім, бірақ ол шаршаған кезде: — «Олардың қалай тұрғанын өзің барып, көрсең қайтеді, тім-тәуір тұрады ғой». — деді, «Менің өз аяғыммен барғаным оларға зор құрмет, деді, келсе, мейлі, өздері келсін...» Сол кезде қуанғанымнан тіпті жылап та жібердім, атаң бұрымымды жазып жатыр, ол менің шашымды ермек етуді сүйетін: «Мырсылдама, ақмақ, деді, әлде менің жаным жоқ деймісің?» — деп күңкілдеді. — Оның өзі, біздің атай, бұрын өте жақсы еді ғой, тек өзінен ақылы асқан ешкім жоқ дегенді ойлап шығарып алды да, со кезден бастап ашулы да, есалаң да боп кетті.
— Сонымен олар, шешен мен әкең, қасиетті кешірімді жексенбі күні келе қалды; екеуі де ірі, сыптай, тап-таза; Максим атаңның қарсы алдына кеп тұрды, — атанның бойы оның иығынан келеді, — кеп тұрды да: «Василий Васильевич, құдай үшін, саған мен қызыңның жасауын ала келді екен деп ойлай керме, мен әйелімнің әкесіне құрмет көрсете келдім» — деді. Атаңа бұл сөз ұнап кетті: «Әй, сеніме, деді күлімдеп, қорағаш, қарақшы! Ендеше, деді, осы тентек болғандарың да жетер, өзіммен бірге тұрыңдар!» Максим қабағын түйіп алды: «Мұның билігі Варяда ғой, маған бәрібір!» — деді... Сосын екеуі: ә — десе, мә — десіп, тіресіп тұрып алды — ешбір келісімге келмеді. Мен сенің әкеңе көзімді де қысам, столдың астынан аяғыммен де түрткілеймін — жоқ, ылғи өзінікін жөндей береді! Оның көздері тамаша еді: жайнаған, жарқын, ал қастары — қап-қара, кейде қастарын түйіп алатын, көздері көрінбей кететін, жүзі тастай боп сазара қалатын да, сосын ешкімнің сөзін тыңдамайтын, тек мені ғана тыңдаушы еді; мен оны өзімнің туған балаларымнан әлдеқайда артық көретінмін, о да мұны білетін-ді, сондықтан ол да мені жақсы көретін. Кейде маған жабысып алады, құшақтайды, әйтпесе тіпті қолына көтеріп, үй ішінде олай-бұлай жүреді де: «Сен, дейді, менің, қара жердей, нағыз анамсың, сені мен Варварадан да артық көрем!» Сенің шешең, о кезде асқан көңілді, ойыншыл-ақ болатын, әкеңе тап беріп: «Сен, тұзды құлақ пермяк, мұндай сөздерді қалай айтып тұрсын?» — деп айқай салатын. Сосын үшеуміз асыр саламыз, ойнаймыз: жақсы тұрған ек, жан-көкегім! Әкең керемет биші еді, жақсы өлеңдер айта білетін еді, — соқырлардан үйренген болатын, ал енді соқырлардан асқан әнші жоқ қой!
— Шешеңмен екеуі бақтағы флигельге кеп орналасты; сен сонда тудың, дәл тал түс еді — әкең түскі тамаққа келе жатқан, сен оны қарсылап алғансын. Әй қуанды-ау өзі, әй жер-көкке тұра алмады-ау, шешең болса — бала туу әлдеқандай бір қиын жұмыстай-ақ, сілемізді қатырып болды! Әкең мені өзінің иығына мінгізді де, тағы да бір немерелі болдың деп баяндау үшін, бүкіл ауланы қақ жара атаңа алып барды — атаң: «Неткен сайтан едің сен, Максим!» — деп тіпті күле бастады.
— Бірақ, сенің нағашы ағайларың оны жақтырмайтын-ды, ол арақ ішпейтін, тілге орасан батыл, әрі неше түрлі қалжыңға да жетік-ақ еді, — олар әкеңе мықтап қастық етті! Бір күні, ұлы ораза кезінде мықты дауыл тұрды да, бір мезетте бүкіл үй сұмдық боп азнап, гуілдей жөнелді. — Жұрттың бәрі, бұ не пәле? — деп сілейіп қалды. Атаңның мүлде зәресі ұшып кетті, жер-жерге майшамдар жаққызып қойды; зыр жүгіріп: «Дұға оқыту керек» — деп айқайлап жүр. Сосын бір мезетте бәрі де жым-жырт бола қалды, — жұрттың енді онан сайын зәресі ұшты. Яков ағаң: «Бұл, сірә, Максимнің істеген ісі шығар!» — деп. жорамалдады. — Үй шатырының терезесіне әртүрлі шынылар мен сауыттар қойған ем, — жел шынылардың ауыздарына үргілейді де, олардың әрқайсысы өзінше гуілдейді де тұрады, — деп кейін Максимнің өзі айтты. Атаң: «Бұл ойындарың сені Сибирьге қайта айдап апармаса жарар еді, Максим!» — деп, оған кіжініп қойды.
— Бір жылы қыс тым суық болды да қасқырлар қырдан қалаға кіре бастады, біресе итті жарып кетеді, біресе атты үркітеді, мас қарауылшыны жеп кетті, қасқырлар көп әбігерге ұшыратты! Әкең мылтығын алып, шаңғы киеді де түнде далаға кетеді, қарасаң — кейде бір қасқыр, әйтпесе екі қасқыр әкеледі. Терісін сыпырып алады, басының ішін ойып тастайды да әйнектен көз қондырады — тамаша боп шығады! Бір күні Михайло аған әжеті үшін сенеге шығып, табанда кейін жүгіріп келді, шашы үрпиіп кетіпті көзі ұясынан шыққан, даусы бітіп қалған. — Ешнәрсе айта алмайды. Шалбары аяғының басына түсіп кетіпті, өзі соған оратылып, құлап түсіп: «Қасқыр!» — деді сыбырлап. Жұрттың бәрі қолына не түссе соны ұстап, жарық алып, сенеге жүгіре-жүгіре шықты, — қараса, қасқыр шынында да сусектен басын қылтитып тұр екен! Жұрт оны қанша ұрып, атса да, миына кірмейді! Байқаңқырап қараса, — құр тері мен қу бас, алдыңғы екі аяғын сусекке шегелеп тастапты! Атаң сонда Максимге өте қатты ашуланды. Сосын қалжыңға Яков та үйрене бастады: Максим қатырмадан бастың сұлбасын жасайды, — мұрын, көз, ауыз қондырады, шаш орнына түткен кендір жапсырады, сонсоң Яков екеуі көшеге шығады да әлгі сұмырай кескінді терезе-терезеге сұғады, — әрине, жұрт қорқып, айқай салады. Түн болса — простыняға оранып шығады; поптың зәресін ұшырыпты, ол қарауыл күркеге жүгіріп барыпты, қарауылшы полицей де қорқып кетіп, аттан салыпты. Екеуі осылай көп тентек боп жүрді, тіпті қойғыза алмадық, қойыңдар, — деп мен де талай айттым, Варя да айтты, — қоймады! Максим болса — күле береді: «Жұрттың жоқтан өзгеден зәресі ұшып, алды-артына қарамай, қашқанына қарап тұрғанның өзі қандай қызық!» — дейді. Сөйлесіп көрші енді онымен...
— Сосын осының бәрінің салдары оны өлімге ұшырата жаздады: Михайло ағаңның өзі атаңнан мүлде аумай қалған — шамшыл, кекшіл адам, сондықтан ол сенің әкеңнің көзін жоймақ болған. Бір күні, қыстың бас кезінде, өздері төрт кісі, қонақтан қайтып келе жатады: Максим, ағайларың және бір дьячок — мұның өзін кейін дьяктіктен аластап жіберді, ол бір жәмшікті ұрып өлтірген болатын. Ямская көше жақтан келе жатады да, кішкентай балаларша сырғанақ тебейік деген боп, Максимді Дюков тоғанына алдап апарады, сөйтеді де оны ойыққа итеріп жібереді, саған мұны мен айтқан едім ғой...
— Ағайлар не себепті жауыз?
— Олар жауыз емес, — деді әжем сабырлы сөйлеп, насыбайын атып. — Олар тек ақмақ! Мишка әрі айлакер, әрі ақмақ, ал енді Яков — жай әншейін ғана делдуана адам... Сонымен, олар Максимді суға итеріп жібереді, ол сүңгіп шыға келеді, ойықтың жиегінен тас қылып ұстап алады, бірақ аналар қолына тепкілей бастайды, өкшелерімен барлық саусақтарын жаншып бітіреді. Максимнің бақытына — оның дені дұрыс та, аналар — мас екен, ол, құдайдың көмегімен мұздың астына бірдеме ғып созылып алады, ойықтың қақ ортасынан бетін шығарып, демін алып жатады, сондықтан аналардың қолы жетпейді, Максимнің басын мұзбен біраз уақыт кесектеп-кесектеп, енді өзі де батып кетеді ғой десіп, кетіп қалады! Бірақ Максим ойықтан шыға келеді де, полицияға қарай жүгіре жөнеледі — полиция, айтпақшы, тап сол арада, алаңда тұратын. Квартальный оны да, біздің бүкіл үй−ішімізді де білетін: бұ қалай болды? — деп сұрайды.
Әжем шоқынып алып, рыялана сөйлейді.
— Адал адамдарыңмен қатар Максим Савватеичтің топырағын торқа қыла гөр, құдайым, — ол соған тұражақ қой! Бұл оқиғаны ол полицияға айтпай қойды ғой; мас күйімде тоғанға өзім қаңғып бардым да, ойыққа түсіп кеттім депті. Квартальный: — «Өтірік, сен арақ ішпейтін адамсың!» дейді. Полицияда, аз ба, көп пе белгісіз, үстін арақпен ысқылайды, құрғақ киім кигізеді, сонсоң тонға орап, үйге әкелді; квартальныйдың өзі, тағы екі полицей ере келді. Яшка мен Мишка болса, әлі қайтып үлгірген жоқ-ты, трактирлерді кезіп, ата-анасын мадақтап жүрген болатын. Шешең екеуміз Максимнің бетіне қарасақ, сыйқы мүлде өзгеріп, әбден түтігіп кеткен, саусақтары мыж-мыж, қаны тамшылап тұр, самайында қар бар тәрізді, бірақ ерімейді — самай шаштары ағарып кеткен екен!
— Варвара: «Саған не қылды?» — деп баж-баж етті. Квартальный жұрттың бәрінен шұқылап, сұрастыра бастады, бір сұмдық болғанын менің жүрегім де сезді. Мен Варяны квартальныйға айдап салдым да, өзім — не болды? — деп Максимжанды ақырын ғана қыса бастадым. Ол: «Михайло мен Яковты қарсылап алыңыз, деп сыбырлады, — менен Ямскойдан айырылыстық, екеуміз Покровкаға қарай кеттік те, мені Прядильный тұйық көшесіне бұрылып кетті десін, — солай деп үйретіңіз! Шатыстырып алмаңыз, әйтпесе полиция пәле салады!» — деді. Мен — атаңа бардым: «Бар, кварташканы сөзге айналдыра тұр, мен балаларымды қақпаның сыртында күтіп тұрам» дедім де, атаңа қандай пәле боп қалғанын айттым. Атаң киініп жатып, қалш-қалш етеді: «Осының боларын біліп едім, осылай болар деп күтіп едім!» — деп күңкілдейді. — Бәрі өтірік, түк те білген жоқ! Сонымен, балаларымды шапалақпен жаққа-жаққа бере қарсылап алдым. — Мишка қорыққанынан бірден сауығып кетті де, Яшенька шырағымның сөйлеуге тілі келмейді, дегенмен: «Мен түк те білмеймін, мұның бәрі Михайлоның ісі, оның жасы үлкен!» — деп міңгірледі. Квартальныйдың көңілін азар-азар делбедік, — өзі бір жақсы мырза еді. «Ох, деді, байқаңдар, егерде сіздің үйден бір жаманат шыға қалса, кімнің айыпты екенін өзім білем!» Сөйдеді де, кетіп қалды. Атаң Максимге таман келді де: «Рақмет саған, сенің орныңда басқа біреу болса, бұлай істемеген болар еді, мен бұған түсінемін ғой! Әкеңнің үйіне адал адам әкелгеніңе, қызым, саған да рақмет!» деді. Атаң, көңілі келсе, жақсы сөйлеуші еді, тек кейінірек, ақмақтықтан ғой жүрегін тас қып бекітіп тастағаны. Өзіміз, үшеуміз ғана қалдық, Максим Савватеич жылап қоя берді де: «Олар мені не үшін осылай етті, оларға мен не жазып ем? Мама, не үшін?» — деп сандырақтағандай сөйлей бастады. Ол мені мамажан демей, кішкентай сәбише, мама деуші еді, оның өзі, мінезіне қарағанда да, сәби секілді болатын. «Не үшін?» — деп сұрады. Мен еңірей бердім, одан басқа не істейін? Өз балаларым болған соң, оларды да аяймын. Шешең кофтасының бар түймесін қақыратып үзіп тастады, төбелес соңындағыдай, ұйқы-тұйқы боп отыр; «Кетейік, Максим! Ағаларым бізге жау, қорқамын өздерінен, кетейік!» деп бажалаңдады. Мен шешеңе: «Пешке қоқым салма, үйдің іші онсыз да бықсып тұр!» — деп ақырып қойдым. Сол арада атаң әлгі есуастарды кешірім сұрауға жіберді, шешең Мишкаға дүрсе қоя беріп, шапалақпен жаққа шарт еткізіп тартып жіберді, мә саған кешірім! Ал, әкең: «Сіздердің бұ не қылғандарың, бауырларым? Жарымжан қып тастай жаздадыңдар ғой, қолсыз қалған соң қандай қызметкер болмақшымын?» — деп шағынды. Әйтеуір өйтіп-бүйтіп татуласқан болды. Әкең жеті жұмадай ауырып жатты. Жатады-жатады да: «Әй, мама-ай, жүрсейші бізбен бірге басқа бір қалаларға кетейік — мұнда көңілсіздеу ғой!» деп қояды. Көп кешікпей оның Астраханьға кетуіне тура келді; жаздыгүні онда патша келмек екен, сондықтан сенің әкеңе салтанат қақпасын салу тапсырылды. Шешең екеуі бірінші келген кемеге мініп жүріп кетті; мен олармен жаныммен қоштасқандай айырылыстым, әкең де көңілсіз болды және мені Астраханьға жүрсең қайтеді деп үгіттеумен болды. Бірақ Варвараның қуанышы қойнына сыймады, қуанышын жасырғысы да келмеді, ұятсыз... Сөйтіп кетті де қалды. Бар болғаны міне, осы...
Әжем бір жұтым арақ ішіп, насыбайын атты да, терезеден сұр аспанға қарай түсіп:
— Солай, сенің әкең екеуміз қанымыз бір тума болмасақ та, жанымыз бір еді... — деді.
Кейде, әжемнің әңгімесінің үстіне атам кіріп келеді, күзеннің тұмсығындай мұрнын жоғары көтеріп, әжеме күдіктене көз жіберіп, ауаны иіскелеп қояды да, оның сөзіне құлағын салады.
— Өтірікті соқ, соқ... — деп күңкілдейді.
Күтпеген жерден:
— Лексей, әжең мұнда арақ ішті ме? — деп сұрайды.
— Ішкен жоқ.
— Өтірік айтасын, көзіңнен байқап тұрмын.
Сосын тайсалыңқырап басып шығып кетеді. Әжем оның соңынан көзін қыса түсіп:
— Жүрсең, Авдей, жүргейсін, аттарды үркітпегейсін... — деп бір мәтелді айта салады.
Бір күні атам, бөлменің ортасында тұрып, еденге қарап:
— Шешесі? — деп сұрады ақырын ғана.
— Ау?
— Байқап жүрмісін жай-мәністі?
— Байқап жүрмін.
— Не ойлайсын сен?
— Тағдыр ғой, әкесі! Дворянды аузыңнан тастамайтының есіңде бар ма?
— И-я.
— Соның дәл өзі.
— Жалаң аяқ.
— Бұл — қызыңның өз жұмысы ғой!
Атам кетіп қалды. Мен бір сұмдықты сезіп:
— Сендер не жайлы сөйлестіңдер? — деп сұрадым әжемнен.
— Бәрін білгің келеді де тұрады-ау, — деп күңкілдеді әжем, аяғымды сылап отырып. — Жас шағыңнан бәрін біліп алсаң — қартайыңқыраған кезде сұрайтын да ештеңе қалмас. — Сосын басын шайқай түсіп, күліп жіберді.
— Ай, атай, атай, құдайдың көзіне түскен бір титтей ғана тозаңсын! Ленька, сен мұны тек тісіңнен шығармағайсын! — Атаңның өзі түгі қалмай жұтап қалды ғой! Бір баринге мың-мыңдаған көп ақша берген еді, ол бәрін банкрот боп қалды...
Әжем, күлімсіреп отырып, ойланып қалды, үндемей ұзақ отырды, сосын жалпақ беті түнеріп, жабыға түсіп, кіржиіп кетті.
— Не жайлы ойлап отырсын?
— Саған не әңгіме айтып берсем екен деп ойлап отырғаным ғой, — деп селт ете түсті әжем. — Ендеше, Евстигней туралы айтайын, — жарай ма? Мінеки, былай бопты:
— Дүниеден Евстигнейдей дьяк өткен,
Ойлапты: ақылды жоқ менен өткен,
Арасында поптар мен төрелердің,
Алжыған нағыз кәрі төбеттердің,
Тәкаппар ол, бейне бір түйе тауық,
Сынайды өзін-өзі ол Самрұқ,
Үйретеді әйел, еркек көршілерін,
Ұнатпайды ешқандай істің жөнін,
Шіркеуді — аласа! — деп, жаратпайды,
Керсе де қай көшені, тар санайды!
Алма көрсе, — піспеген, көк те! дейді,
Жарқыраған күн шықса — ерте! — дейді.
Көзіне не көрсетсе Евстигнейдің,
Дейді екен: —
— деп әжем ұртын бұлтитты, көзін алартты, мейірімді жүзі ақмақ, ерсі боп кетті, сонсоң сылбыр дауыспен:
— Мұнан артық мен білемін,
Істер едім затты одан да артық,
Тимейді қолым менің, жұмыс басып»,
- деді.
Аз ғана тоқталып, күлімсірей түсіп, ақырын ғана тағы да сөзін жалғастырды:
— Түн ішінде дьякқа шайтандар кеп:
«Айтыпсың ғой сен, мұнда тұрмаймын деп,
Ендеше бізбен еріп тамұққа жүр,
Қандай жақсы жанады онда көмір!
— Дейді де, дьякты іліп жөнеледі,
Білгір дьяк бөркін киіп үлгірмеді.
Ұлиды, қытықтайды келе жатып,
Арқасына екеуі мініп алып.
Тамұқтың отына оны сала қойды,
Деді: «Евстигней, бізбенен қалай болды?»
Күйді дьяк, айнала қаранады,
Қолдарымен бүйірін таянады,
Шүйірді ол менсінбей еріндерін.
«Тамұқтарың бықсық!» — деп сөкті өздерін.
Мысалды баяу, жуан қоңыр дауыспен айтып ақырын ғана күлді:
— Евстигней берілмепті, өзінікін жөндей беріпті, біздің атай сияқты, қасарма екен! Қане, ұйқта, уақыт жетті...
Шешем шардаққа менің қасыма сирек келеді, жанымда көп отырмайды, асыға сөйлейді. Күннен-күнге көркейіп барады, сәнденіңкіреп киінетін болды, бірақ мен оның түрінен, әжемнен сезгендей менен жасырын біртүрлі бір жаңалық сеземін, сеземін де жорамалдаймын.
Әжемнің ертегілері, оның тіпті әкем жайындағы әңгімелері де көңілімді бірден-бірге кем аулайтын болды, көмескі болғанымен, күннен-күнге күшейе түскен қорқынышымды баса алмайтын болды.
— Әкем жанының не себептен тынышы кетеді? — деп сұрадым әжемнен.
— Е, оны қайдан білеміз? — деді әжем, көзін жұма түсіп. — Бұл, біз біліп болмайтын, көктегі құдайдың ісі...
Жұлдыздардың аспан алабында ақырын қалықтап бара жатқанына, түндер бойы кірпік ілместен, көгілдір терезеден көзімді салып жатып, әлденендей бір мұңды уақиғаларды ойлап шығарумен болам, — сол уақиғалардың қақ ортасында әкем болады, ол әрдайым, қолында таяғы, жалғыз өзі әлдеқайда кетіп бара жатады да, оның соңынан бір жалбыр ит ілесіп кетіп бара жатады...
XII
Бір күні кешкілікте ұйықтап кеткен ем, ояна келіп аяқтарымды керуеттен түсіріп жіберіп ем, — тағы жаны кетіп қалды, бірақ енді аяқтарым сау екенін, жүруіме болатынын анық білдім. Мұның өзі сондай керемет жақсы болғаны ғой, қуанғанымнан айғайлап жібердім, аяқтарымды еденге бар салмағымды сала басып ем, құлап қалдым, бірақ сол табанда, төмендегілердің бәрі мені көріп, қалай таң қалатынын көз алдыма ап-анық елестетіп, сатымен төмен есікке қарай еңбектей жөнелдім.
Шешем бөлмесіне, әжемнің тізесіне қайтіп барып қалғаным есімде жоқ: әжем алдында бір жат адамдар тұр екен, бір арық жасыл кемпір:
— Биемшек суын ішкізіңдер, басына дейін бүркеп тастаңдар... — деп, жұрттың бәрінің даусын баса, бұйыра сөйлейді.
Кемпірдің тұлабойының бәрі: көйлегі де, қалпағы да көзінің алдында меңі бар жүзі де жасыл, тіпті меңіндегі бір шоқ түгі де шөп тәрізді. Өзі төменгі ернін салпыйтып, жоғарғы ернін көтерді де, саусақсыз шілтер биялай киген қолымен көзін көлегейлеп, маған жасыл тістерін ақсита қарады.
— Бұ кім? — деп сұрадым мен абыржып. Атам:
— Бұл сенің тағы бір әжең... — деп жауап берді жұғымсыз дауыспен.
Шешем, күлімсірей түсіп, Евгений Максимовты маған қарай ысырды.
— Міне, әкең...
Шешем бірдеңені түсініксіз аптыға айта бастады; Максимов көзін кілмитіп, менің бетіме еңкейді де:
— Саған мен сыйлыққа бояу әперем, — деді.
Бөлме өте жарық, есік жақ бұрыштағы столда бес-бестен шырақ қондырылған екі күміс шамдал жарқырап тұр, солардың екі арасында атамның тәуір көретін «Еңреме маған ана» деген иконы тұр; икон киімінің маржаны отқа шағылысып жарқырап, құбыла түседі, тәж сәулесінің алтынындағы алқызыл асыл тастар құлпыра нұр шашады. Терезелердің түнерген әйнектеріне көшеден бір бұлдыр жалпақ кескіндер үндемей тақала қалды, жапырылған мұрындар жабысты, айнала төңіректегінің бәрі бір жаққа бұлдырап көшіп барады, жасыл кемпір:
— Сөзсіз солай ету керек, сөзсіз... — деп, менің құлағымның артын салқын саусақтарымен сыйпалай береді.
Әжем:
— Ұйқтап кетті, — деді де, мені есікке қарай алып жүрді.
Бірақ мен ұйқтағаным жоқ тек көзімді жұмған едім, әжем мені сатымен жоғары әкеле жатқан кезде:
— Мұны сен маған неге айтпадың?.. — деп сұрадым одан.
— Әй, жарар, үндемеші өзің!..
— Сіздер алдаушысыздар...
Өлсем, мені кереуетке салып, бетін көпшікке төсеп, қалш-қалш етіп, жылап жіберді: екі иығы тынымсыз селк-селк етеді:
— Сен де жылап алсайшы... жылап ал... — деп тұншыға міңгірледі.
Менің жылағым келмеді. Шардақ іші қаракөлеңке, әрі салқын, дір-дір етемін, кереует селкілдейді, сықыр-сықыр етеді, жасыл кемпір көз алдымда тұр, мен өтірік ұйқтаған боп қалдым да, әжем шығып кетті.
Жылап аққан жіңішке жылғадай, бірнеше көңілсіз күндер өте шықты; құда түскеннен кейін, шешем бір жаққа аттанып кетті, үй−іші ауыр қайғы басқандай жым-жырт болды.
Бір күні таңертең қолына қашау ұстаған атам келді, терезе алдына барды да оның ішкі қабатының замазкасын қырнай бастады. Әжем шылапшынмен су және шүберек әкелді, атам одан:
— Қалай, кемпір? — деп сұрады ақырын ғана.
— Не қалай?
— Қуанып жүрмісін?
Әжем:
— Әй, жарар, үндемеші өзің! — деп, сатымен келе жатқанда маған айтқанындай жауап қайырды.
Енді қарапайым сөздердің өзінің бір өзгеше маңызы бардай, және ол сөздердің айтуға болмайтын бір зор, мұңды астары бар тәрізді, әрі оны жұрттық бәрі білетіндей көрінді.
Атам терезенің ішкі қабатын ептеп суырып алып, үйден шығарып алып кетті, әжем терезені шалқайта ашып жіберді, — бақта қара торғай сайрап, суық торғайлар шиқылдап жүр екен; тоны түскен жердің тамаша иісі үйге лықсый кірді, пештің көгілдір бетшөлмегі ажарсызданып, ағарып кетті, оған көз салудың өзі көңілсіз болды. Мен төсектен еденге түстім.
— Жалаң аяқ жүрмесейші, — деді әжем.
— Баққа барам.
— Онда жер әлі кепкен жоқ, шыдай тұрсақ еді.
Әжемнің сөзін тыңдағым келмеді, үлкендердің көзіме түскенін де ұнатпаймын.
Бақта балғын шөптің солғын көк шежіктері қылтиып шығып қалған екен, алма ағаштарының бүршіктері көмпиіп, басын жара бастапты, Петровнаның кішкене үйінің шатырындағы мүк те сүп-сүйкімді боп көгере қалыпты, жер-дүниенің бәрі қаптаған құс; шіркеу қоңырауларының көңілді дыңғыры, таза, хош иісті ауа басымды маужыратып айналдырып барады. Петр ағай өзін-өзі бауыздайтын шұңқырда қар жапырған қурай шырмалып жатыр, — шұңқырға қараудың өзі ұнамсыз, оның түрінде көктемнің бір белгісі жоқ, қара күйе өртен бөренелер-көңілсіз жылт-жылт етеді де, бүкіл шұңқырдың өзі сүйкімсізденіп, керексіз боп көрінеді; қурайды отап жұлайын, кірпіш сынықтарын, өртең бөренелерді шығарып тастайын, бүкіл қоқыстан, керексіз нәрседен арылтайын да, шұңқырдан өзіме таза мекен жасап алып, жаздыгүні осында жалғыз өзім үлкендерден оңаша тұрайын деген ашулы өр ниетке міндім. Табанда іске кірістім, бұл менің үйде болып жатқан нәрсенің бәрінен көңілімді бірден, ұзақ уақытқа және жақсы аударып жіберді де, ренжуім әлде де өте қатты болғанымен, оның маңызы күннен-күнге жойыла бастады.
— Осы сен ерніңді неге бұртыйтасын? — деп сұрайды менен біресе әжем, біресе шешем, — олардың бұлайша сұрауы ыңғайсыз, шынында мен оларға кейіп жүрген жоқпын ғой, тек әншейін үйдегі нәрсенің бәрі де өзіме жат боп кетті. Түскі ас, кешкі шай мен кешкі ас үстінде, ауланың ескі қоршауындағы шірік қада ағаш тәрізді, жасыл кемпір отырады. Оның екі көзі көрінбейтін жіппенен бетіне жапсыра тігілген тәрізді; сүйегі шыққан аңғалында оп-оңай аударылып-төңкеріліп, барлық нәрсені көріп, барлық нәрсені байқап, кемпірдің өзі құдайды әңгімелеген кезінде, жоғары көтеріліп, әңгіме үйіші жайында болса, төмен бетіне қарай төңкеріліп, көздері тым ебдейленіп, ойнақшып тұрады. Қастары кебектен жасалып, біртүрлі жапсырылып қойылғандай. Қолын ерсілендіре иіп, шынашағын тарбитып әкеп, аузына тыққан нәрсенің барлығын өзінің сыйдыйған, күректей тістері дыбыссыз шайнайды; екі құлағының түбінде жұмыр сүйектер бұлтылдайды, құлақтары қимылдап тұрады да мыржыйған, әрі жұп-жұғымсыз таза, сары терісінің үстінде меңінің жасыл түктері де жорғалап, қыбыр-қыбыр етеді. Кемпірдің тұлабойының бәрі де, өзінің баласындай, тап-таза — екеуінің бір жеріне тиіп кетудің өзі ыңғайсыз, жақсы емес. Алғашқы күндер кемпір менің ерніме жансыз қолын сұқпақшы болған, қолынан қазандық сары сабын мен ладан иісі шығатын, мен жалт бұрыламын да, қаша жөнелетінмін.
Кемпір баласына:
— Балақайды қалай да өте жақсы тәрбиелеу керек, — ұқтың ба, Женя? — дейді қайта-қайта.
Баласы егіле басын иеді, қабағын түйеді де, үн қатпайды. Жасыл кемпір бар жерде жұрттың бәрі де томсарып отыратын.
Мен кемпірді де, оның баласын да қатты өшіге жек көрдім, бұл күйінішті сезімнің өзі маған таяқты да көп жегізді. Бір күні түскі ас үстінде кемпір кезін біртүрлі жаман алартып:
— Аһ, Алешажан, сен тамақты неге өте асығып жейсін және осынша кесек-кесегімен неге асайсын? Қақалып қаласын ғой, шырағым! — деді.
Мен кесекті аузымнан суырып алдым да, оны шанышқыға қайтадан шанышып:
— Қызғансаңыз, ала қойыңыз... — дедім.
Шешем мені стол басынан сүйреп шығарды, масқаралап шардаққа қуып жіберді, — әжем келді де, аузын баса түсіп:
— Әй, әкем-ай! Әй, тентекстің-ау өзің, құдай сақтасын... — деп қарқ-қарқ күлді.
Әжемнің аузын басқанын жақтырмайтынмын, сондықтан одан қашып кеттім де, шатырдың үстіне шығып, сондағы трубаның тасасында ұзақ отырдым. Қатты тентектік жасағым, жұрттың бәріне бір жаман сөздер айтқым келе берді, бұл ниетімді басуым маған қиын болды, бірақ амалсыз басуға тура келді: бір күні болашақ өгей әкем мен жаңа әжемнің стулдарына шиеден жасаған желім жағып қойдым, екеуі де жабысып қалды; мұның өзі өте қызық болды, бірақ атам мені мықтап сабап тастағаннан кейін, шардақтағы бөлмеде жатқанымда маған шешем келді, мені өзіне таман тартып, екі тізесімен қысып алды да:
— Бері қарашы, — сен неге ашуланып жүрсін? Мұның маған қандай қатты уайым боп жүргенін білсең едің! — деді.
Екі көзі мөлдіреген жасқа толып кетті, басымды өзінің бетіне қысып алды, — мұның өзі орасан ауыр тиді, одан да мені сабап алғаны кеп артық еді! Максимовтарды енді ешуақытта да жәбірлемеймін, ешуақытта да, — тек өзің жылауыңды қойшы, дедім.
— Я, я, — деді шешем ақырын ғана, — тентек болудың қажеті жоқ! Енді көп ұзамай ол екеуміз некеленеміз, сонсоң Москваға кетеміз, сонсоң қайтып келеміз, сен менімен бірге тұрасын. Евгений Васильевич өте мейірімді және ақылды адам, онымен бірге тұрғанын сенің өзіңе жақсы болады. Гимназияда оқисың, сонсоң, — тап қазіргі сол сияқты, — студент, сонсоң барып доктор боласын. Кім болғың келсе, сол боласын, — ғалым адамның кім болғысы келсе де қолынан келеді. Енді, бар, қыдырып кел...
Шешемнің осы бір, бірінен соң бірін тізген «сонсоңдары» мені әлдеқайдағы түпсіз шыңырауға, әрі шешемнің өзінен аулақ бір қараңғы түнекке, жалғыздыққа әкететін сатыдай көрінді — ондай саты мені қуантпады. Шешеме:
— Алдыразы болсын, күйеуге шықпа, сені менің өзім асыраймын! — дегім келді.
Бірақ, бұны айтуға аузым бармады. Шешем менің жүрегімде әрқашан да өзі жөнінде сүйкімді ойлар туғызатын-ды, бұл ойларымды сыртыма шығаруға ешуақытта батылым бармайтын.
Бақтағы жұмыстарым жақсы жүріп кетті: қурайды қолыммен жұлып, шалғы орақпен ордым, шұңқырдың опырылған кенерелеріне кірпіш сынықтарын қаладым, кірпіштен сәкі жасадым, — оның үстіне тіпті жатуға да болатын еді. Неше түрлі бояулы әйнек пен ыдыс сынықтарын теріп алып, оларды кірпіш-кірпіштің араларындағы кетіктерге қондырып, сазбен сылап тастадым, — шұңқырға күннің көзі түскен кезде, осылардың бәрі, шіркеу ішіндей, кемпірқосақша құбылып, жарқылдап тұратын болды.
— Тамаша ойлап шығарған екенсің! — деді атам, бір күні менің жұмысыма қарап тұрып. — Бірақ сені қурай басып кетеді, тамырларын қалдырып қойыпсың ғой! Қане, мен күрекпен жерді ойып тастайын, — бар, алып кел!
Мен темір күрек әкелдім, ол екі алақанына түкіріп алып, тамағын кеней түсіп, күректі құнарлы жерге аяғымен тереңдете енгізе бастады.
— Тамырларды шығарып тастай бер! Кейін мен мұнда саған күнбағыс, құлқайыр егіп беремін, — жақсы болады! Жақсы...
Сосын ол, күрекке кілт сүйеніп, сілейді де қалды; мен оның бетіне қарасам — иттің көзі тәрізді, ақылды, кішкентай көздерінен жерге моншақтап жас тамшылап тұр екен.
— Сен неғып тұрсын?
Атам селт ете түсті, алақанымен бетін сүртті де, маған мұнарта көз тастады.
— Терлеп кеттім! Құрттың көбін қарашы!
Сонсоң жерді тағы да қаза бастады да, кенеттен:
— Мұның бәрін сен бекер жасадың! Бекер істегенсін, шырағым. Бұл үйді көп кешікпей сатып жіберем. Сірә, күзге таман сататын шығармын. Шешеңе жасауға ақша керек. Солай. Ең болмаса, ол жақсы өмір сүріп, құдайы жар болсын... — деді.
Күректі тастай берді де, қолын бір сілтеп, моншаның аржағына, бақтың түкпіріне кетіп қалды, ол жерде өзінің парниктері бар болатын; бірақ мен жерді қаза бастадым да, сол сәтте аяғымның бір башпайын күрекпен жарақаттап алдым.
Осының салдарынан шешеммен бірге шіркеуге некеқиярға бара алмай қалдым, тек қақпаның сыртына ғана шығып тұруға жарадым, шешемнің Максимовпен қолтықтасып, басын иіп, — аңдаған шеге ұштарының үстімен жүргендей, — тротуардың кірпіштеріне, кірпіш жарықтарынан қылтия шыққан көк шөпке аяғын ептеп басып бара жатқанын көріп тұрдым.
Той баяу өтті; шіркеуден келген соң, шай көңілсіз ішілді, шешем сол сәтте киімін жаңартып киді де, заттарын сандыққа салу үшін, өзінің жататын бөлмесіне кетіп қалды, өгей әкем менің жаныма кеп отырды да:
— Мен саған сыйлыққа бояу бермек боп уәде еткен ем, бірақ бұл қалада тәуір бояулар жоқ екен, ал енді өз бояуларымды бере алмаймын, бояуды кейін Москвадан алып жіберемін... — деді.
— Ол бояумен мен не істеймін?
— Сурет салуды тәуір көрмеймісін?
— Сурет сала білмеймін.
— Ендеше, мен саған басқа бірдеме жіберермін.
Шешем келді.
— Біз көп кешікпей қайтып келеміз, әкең емтиханын тапсырып, оқуын бітірісімен, екеуміз кейін қайтамыз.
Олардың менімен ересек адаммен сөйлескендей сөйлескені көңілге жылы тиді, бірақ сақалды кісінің әлі күнге дейін оқып жүргені құлаққа біртүрлі ерсілеу естілді.
— Сен не оқып жүрсін? — деп сұрадым мен.
— Межа оқуын...
Бұ қандай оқу, деп сұрауға еріндім. Үйді бір көңілсіз тыныштық, біртүрлі бір жүн матаның сыбдыры жайлап кетті, тезірек түн болса екен деп тіледім. Атам пешке арқасын сүйеп, терезеге көзін кілмите қарап тұр; жасыл кемпір шешеме зат салысып жүр, күңкілдейді, аһлайды; ал, түстен бері мас әжемді, оның өзінің арын төкпеу үшін, шардаққа апарып, бекітіп қойған болатын.
Шешем келесі күні ертемен аттанып кетті; қоштасарда мені жерден оп-оңай көтеріп, құшақтап алды да, бір бөтен көз қараспен көзіме үңіле қарап:
— Ал, қош тұр... — деді сүйіп.
Атам қызылы әлі сенбеген аспанға қарай түсіп:
— Менің тілімді алсын, айтып кет, — деді көңілсіздеу сөйлеп.
— Атаңның тілін ал, — деді шешем, мені крестеп шоқындырып. Шешем басқа бірдеңе айтар деп күткен едім, — бұған кесел болған сол ғой деп, атама ашуландым.
Жолаушылар тарантасқа мінді, шешем бірдемеге ілініп қалған көйлегінің етегін босатып алмақ боп, ашуланып ұзақ әуреленді.
— Көмектессейші, әлде көрмей тұрмысын? — деді атам маған, мен көмектеспедім, өйткені тұлабойымды мықты шер буып тұр еді.
Максимов өзінің сыптай көк шалбар киген ұзын сирағын тарантасқа асықпай орналастырды, әжем оның қолына әлденендей бір түйіншектерді тықпалап жүр, Максимов оларды екі тізесінің үстіне үйіп, иегімен демеп:
— Жет-кі-лік-ті... — деп соза сөйлеп, сұп-сұр бетін үрейлене кіржитіп қояды.
Екінші тарантасқа офицер үлкен баласы мен жасыл кемпір орналасты — кемпір суреттей боп отыр, офицер сақалын қылыштың балдағымен үйкелеп, есіней берді.
— Сонымен сіз соғысқа барады екенсіз ғой? — деп сұрады атам.
— Сөзсіз барам!
— Жақсы іс екен. Түріктерді құрту керек...
Жүріп кетті. Шешем, орамалын бұлғап, әлденеше рет кейін бұрылып қарады; бір қолымен үйдің жарына сүйеніп, көзінің жасын төгіп, әжем де қолын ербеңдетіп тұр, атам да қолымен көзінің жасын сыға түсіп:
— Мұнда жақсылық... болмайды... болмайды... — деп күңкілдеді, дақпа-дақтап.
Мен, тарантастардың селкілдеп бара жатқанына қарап, тумбаның үстінде отырмын — бір мезетте тарантастар бұрыштан айналып кетті, сол кезде көкірегімде бірдеңе сарт етіп, мықтап жабылып қалды.
Күн ерте еді, үй терезелерінің қақпақтары әлі жабулы тұр, кешеде жан жоқ — көшені бұрын-соңды тап осындай жым-жырт күйінде көрмеген ем. Алыстан малшының сыбызғысының мазасыз күйі естіледі.
— Шай ішуге барайық, — деді атам, қарымнан ұстап. — Шамасы — тағдыр сені менімен бірге тұруға жазған шығар; кірпішке шырт-шырт тартқан сіріңкедей, менің төңірегімнен кетпей, шіңкілдеп жүретін болдың ғой!
Атаммен екеуміз ертеден кешке дейін, тырыс үндемей бақта күйбеңдейміз де жүреміз; ол атыз қазады, биемшек бұталарын байлайды, алма ағаштарының күстерін қырнайды, құрттарды өлтіреді, мен баяғы өз мекенімді үнемі жөндеп әшекейлеумен болам. Атам ертең бөрененің шетін кесіп алды да, жерге кілең таяқ қадады, ол таяқтарға мен құс торларын іліп қойдым, кепкен қурайдан қалың шарбақ тоқыдым да, сәкінің үстіне күн мен шықшылауға қалқа жасадым, — мекенім тіпті жақсы боп кетті.
— Өз жайыңды өз тілеуіңше жақсылап жөндей біле білгенін өте пайдалы, — деді атам.
Оның сөздерін мен қатты бағалаймын. Кейде ол үстіне мен шым төсеп қойған сәкіге жатып алады да, сөздерін зорға тауып айтқандай, асықпай маған ақыл үйретеді:
— Сен енді шешеңнен біржола қол үзесін, оның басқа балалары болады, шешең сенен оларды жақын көреді Не пайда, әжең де арақ іше бастады.
Бір нәрсеге құлағын тіккендей, көпке дейін үнсіз жатады да, — көңілсіз сөздерін самарқаулана дақпа-дақтап, тағы да айта береді.
— Әжеңнің арақ іше бастағаны осымен екінші рет, — Михайлоға солдаттыққа бару кезегі келген кезде де іше бастаған еді. Сосын ол алжыған қақбас, Михайлоға рекрут квитанциясын қылқылдап сатып алғызды. Әйтпесе, ол солдаттықта өзгеріп те кеткен болар еді... Әй, сендерді ме-е... Мен болсам, көп кешікпей өлемін... Бұның аты — сен өзіңмен өзің боп, жалғыз қаласын деген сөз, — жападан-жалғыз, өз күніңді өзің көресін, ұқтың ба? Ендеше, солай. Өз жөніңді өзің таба білетін болуға талпын, — басқаның ырқына көнбе! Ақырын ғана, тып-тыныш, бірақ — қайыспай жүре бер! Жұрттың бәрінің сөзіне құлақ салып тыңда, бірақ — өз сүйгеніңді істе...
Бүкіл жазды, әрине, жауын-шашынды күндерден басқа күндерді, бақта өткіздім, жылы түндерде де сонда әжем сыйлаған киіздің үстіне ұйқтап жүрдім; кейде әжем де бақта түнейді, бір құшақ пішен әкеліп, менің төсегімнің жанына төсеп жатып алады да, көпке дейін маған әңгіме айтады. Әңгімесін тек:
— Қарашы, жұлдыз ағып түсті! Бұл біреу-міреудің күнасыз жаны жабыққаны, жер анасын сағынғаны! Бір жерде жақсы адамның дүниеге келгені ғой, — деп күтпеген жерден сөз қыстырып, бөліп жібереді.
Немесе:
— Жаңа жұлдыз туды, әне, қарашы! — деп көрсетеді маған. — Көзінің жарқырауын көрдің бе! Ой, жарықтық көк аспан-ай, құдайдың жалтыраған оқалы шапанысын ғой сен... — дейді.
Атам:
— Салқын тиеді ғой, ақмақтар, ауырып қаласыңдар, әйтпесе шаншу қадалады. Ұры келеді, тұншықтырып кетеді... — деп күңкілдейді.
Кейде мынадай болады, — күн батып кетеді, жарқыраған алтын нұр аспанға шашырай төгіледі де — сене қалады, мақпалдай құлпырған көк жасыл бақ алтын қызыл шоққа малынады; сонсоң төңіректегі тамылжыған іңір қараңғысы бүркеген нәрсенің бәрі көзбе-көз қарауыта, өсе, ісіне түседі, күнге бөккен жапырақтар төмен бұғады, өсімдік атаулы жерге иіледі, бар нәрсенің бәрі жұмсара, үлбірей түседі, музыкадай ұнамды алуан-алуан хош иістің сәл ғана лебі еседі, — қиыр даладан музыка үні де қалықтап келеді: бұл әскери лагерьде тартылған кешкі жиын ұраны. Түн болады, түнмен қабаттаса көкірегіңе, ананың мейірімді сүйіспеншілігіндей көңіл сергітетін қуатты бір нәрсе енеді, жым-жырт тыныштық жүрегіңді ұяң, мамық қолымен ақырын аймалайды да, ұмытылуға тиіс нәрсенің бәрі, — күні бойы тұрған ұсақ-түйек, күйінішті кірбіңнің бәрі, — есіңнен шығып кетеді. Зәулім аспанды одан сайын тереңіте түсіп, жұлдыздардың жарқырап жаңа бастағанына көз жіберіп, шалқаңнан түсіп жатқан рақат-ақ; бұл түпсіз тереңдік саналуан жаңа жұлдыздарды көзге көрсетіп, бірден-бірге өрлей түсіп, өзіңді жерден оп-оңай жоғары көтеріп әкетеді, — әлде бүкіл жер дүние сен қадарлы боп кішірейіп кеткен бе, әлде сенің өзің айналаңдағы нәрсенің бәрімен айқұшақ қабысып, таң-тамаша боп өсіп, молайып, ісініп барасын ба деп таңқаласын. Қараңғылық қоюлана, тыныштық одан сайын тына түседі, бірақ жер-дүниенің бәріне сезімтал шек керіліп қойғандай, әрбір дыбыс — құс ұйқысырап сайрап жіберсе де, кірпі жүгіріп өтсе де, әлде бір жерден адам дауысы ақырын күңк ете қалса да — бәрі де күндізгідей емес, сезімтал тыныштық әдейі сүйсіне күшейтіп қойғандықтан, ерекше жаңғырып тұрады.
Сырнай тартылып басылады, әйел күлкісі сыңқ етіп өше қалады, тротуар кірпішін қылыш сырылдатып өте шығады, ит қыңсылап қояды, — мұның бәрі де түкке тұрмайды, бұл — солған күннің соңғы түскен жапырақтары.
Даладан, көшеден шыңғырған мас дауыстың шаңқ ете қалатын, аяғын дүрс-дүрс нығай басып, әлдекімнің жүгіріп өтетін кейбір түндері болады — бұған етің үйреніп кеткендіктен, көңілін бөлінбейді.
Әжем көпке дейін ұйқтамайды, екі қолын жастанып алып, менің тыңдаған-тыңдамағандығымды, сірә, ешбір елемейтін де болса керек, бір әңгімені ақырын ғана жидірмелетіп айтады да жатады. Сонсоң өзі түнді одан сайын маңыздандыра, одан сайын көркейте түсетін бір ертегіні әрқашан таңдап ала да білетін.
Әжемнің баяулата айтқан әңгімесі үстінде байқаусыз ұйқтап қаламын да, құспен бірге оянамын; нақ бетіңе күннің көзі түсіп тұрады, таңертеңгі ауа қыза түсіп, ақырын бұлдырап аққан бұлақтай еседі, алма ағаштарының жапырақтары шықты сілкілеп тұрады, шыққа малынған көкорай, хрустальдай мөлдіреп, бірден-бірге жайнап, жылтылдай түседі, көкорай бетінен бұлыңғыр бу бұрқырап жатады. Зеңбіл аспан алабындағы күн сәулесінің шапағы ұлғая, аспан көгере түседі. Шырқау биікте көзге көрінбей боз торғай шырылдап тұрады да, көңіліңнен бей-жай шаттық туғызып, шапшаңырақ тұрсам екен, бір нәрсе істесем екен, сөйтіп айналамдағы тірі жанның бәрімен қол ұстаса достық өмір сүрсем екен деген ниетке талпынтып, алуан түсті бейне, дыбыстар көкрегіңе шықша сіңіумен болады.
Бұның өзі менің бүкіл өмірімдегі ең тыныш, әрі байқампаз боп өткізген уақытым еді; өз күшіме өзім сену сезімім көңілімде тап осы жазда қалыптасып бекіген болатын. Өзім жабайы боп кеттім, жалғыздықты сүйетін болдым; Овсянников балаларының айқай-шуын естігеніммен, оларға ынтық болмадым, ал өз ағаларым келе қалса, бұ да мені ешбір қуантпайтын-ды, қайта осылардың өзі бақтағы құрылысымды, — менің дербес ілкі істеген ісімді, бүлдіріп кетпесе игі еді, дегендей қауіп туғызатын.
Атамның бірден-екі қызғылықсыз, көңілсіз, уайымды бола бастаған әңгімелері де көңілімді ауламай қойды. Оның өзі әжеммен әлісін-әлі ұрысысатын, оны үйден қуып шыға беретін болды, әжем біресе Яков ағайдікіне, біресе Михайло ағайдікіне кетіп қалады. Кейде ол бірнеше күндей үйге қайтпай қояды, асты атамның өзі әзірлейді, қолын күйдіріп алады, еңкілдеп еңірейді, балағаттайды, ыдысты қиратады; сосын көріне дүниеқор бола бастады.
Атам кейде менің күркеме келіп, шымның үстіне жайғасып отырып алады, маған үнсіз ұзақ көз салып отырады да, күтпеген жерден:
— Неге үндемейсін? — деп сұрайды.
— Тек әншейін. Немене?
Ол маған ақыл үйрете бастайды.
— Біздер бариндер емеспіз. Бізге ешкім де үйретпейді. Барлығын өзіміз ұға білуіміз керек. Басқалар үшін, әнеки, кітаптар жазылған, мектептер салынған, бірақ біздер үшін әлі ештеңе де пісіп жетіскен жоқ. Бәрін де өз қолыңмен аласын...
Сосын тырп етпей, тілсіз, тіпті қорқыныштыға жақын көрініп ойланып, сіресіп қалады.
Атам күздігүні үйін сатты, бірақ сатпай тұрып, ертеңгі шай үстінде, кенет томсара және тұжыра сөйлеп:
— Ал, шешесі, сені мен асырадым, асырадым — жетер енді! Өз тамағыңды өзің тап, — деді әжеме.
Әжем осы сөздердің айтыларын әлдеқашан білгендей, әрі соны күткендей, оған орасан сабырлы көзбен қарады. Шақшасын асықпай қолына алып, қомпақ мұрнына насыбайды бір мығымдап салды да:
— Қайтейін! Солай десең, солай-ақ болады тағы... — деді.
Атам аласа тау етегіндегі тұйық көшеден, бір көне үйдің жерқабатынан кішкентай екі қараңғы бөлме жалдап алды. Әжем жаңа пәтерге көшерде, ұзын шанду таққан ескі шабатаны қолына алып, оны пеш астындағы қуыстың түбіне тастап жіберді де, жүресінен отырып алып:
— Үй перісі ұрпақ басы, — міне, дайын шана саған, ере жүрші өзің маған, жаңа қоныс жайлауға, жаңа бақыт сайлауға... — деп үйперісін шақыра бастады.
Атам сырттан терезеге үңіліп:
— Саған мен ала барғанды көрсетермін, дінсіз! Мені масқаралап көрші тек... — деп ақырды.
— Ой, байқа, әкесі, жаман боп жүрмесін, — деп ескертті әжем шын ниетімен, бірақ атам елірініп кетті де, әжемнің үйперісін ала кетуіне тыйым салды.
Мебель мен көр-жер дүниелерді атам, өршелене саудаласып, балағаттасып, ескіші-татарларға үш күндей сатумен болды. Әжем терезеден қарап отырады да:
— Әкет! Қират... — деп ақырын айқайлай түсіп, біресе жылайды, біресе күледі.
Бағымды, күркемді аяп, мен де жыларманға келдім.
Екі арбамен кештік те, мен үйдің көр-жер заттарың тиеген арбаға міндім, бұл арба мені әдейі ұшырып түсіргісі келгендей, сұмдық қатты селкілдеумен болды.
Сосын осындай, бір жаққа ұшырып жібергендей, өршеленген селкіл сезімі үстінде, шешем қайтыс болғанша, ұдайы екі жылдай өмір сүрдім.
Атам жерқабаттағы бөлмелерге көшіп шыққасын-ақ көп кешікпей шешем келді, өзі жүдеу, сұп-сұр, көздері алақандай және көздерінде таңырқап қарағандай, ыстық бір нұр бар; әкесін, шешесін және мені бүгін көргендей, үнемі біртүрлі үңіле қарайды, үңіле қарайды да үн қатпайды, ал өгей әкем болса, екі қолын артына ұстап, саусақтарын ойнақшытып, ақырын ғана ысқыра, жөтеле түсіп, бөлмеде тынбастан ерсілі-қарсылы жүрді де қойды.
— Құдайым-ай, қалай сұмдық өсіп кеткенсін! — деді шешем маған, ыстық алақандарымен екі бетімді қысып тұрып. Үстіндегі киімі әсем емес, — ішін көмпитіп, күлді балам қызғылт кең көйлеккиіпті.
Өгей әкем маған қолын ұсынды.
— Сәлемет пе, шырақ! Ал, халің қалай?
Сосын ауаны иіскеп көрді де:
— Білесіз бе, — үйлеріңіз өте дымқыл екен, — деді.
Екеуі бір ұзақ сүргінге ұшырағандай мойыған, үстіндегі киімдерінің бәрі мыж-мыж, тозып біткен, өздеріне тек жатып демалғаннан басқа, ешнәрсенің керегі де жоқ тәрізді.
Шай көңілсіз ішілді, атам жаңбырдың терезе әйнегін жуғанына қарай түсіп:
— Сонымен — бәрі өртеніп кетті ме? — деп сұрады.
— Бәрі, — деп толық ыспаттады өгей әкем. — Өзіміз азар аман құтылып шықтық...
— Солай де. Өрт ойыншық емес.
Шешем, әжемнің иығына жабысып алып, оның құлағына бірдеме деп сыбырлады, — әжем, жарық сәуле қарығандай, көзін кілмитіп отыр.
Бір мезетте атам қыжырта және байсалдана сөйлеп:
— Ал, енді маған жеткен хабар бойынша, тақсыр Евгений Васильев, өрт деген болмапты, барлығын сен картаға ұтқызып жіберген көрінесін... — деді.
Погреб ішіндей, жым-жырт бола қалды, самауыр бұрқылдап, терезе әйнектерін жаңбыр сабалап тұр. Біраздан соң шешем:
— Папажан... — деді ренжіп.
— Папажан дегенде не демексін! — деп ақырды атам, үйді басына көтеріп. — Бұдан артық не болмақшы? Соқыр тәуекелге салынба деп айтпап па едім өзіңе? Жіңішкенің түбі қылдай деген, міне, осы, шырағым! Дворян ханым, ә? Қалай, қызым?
Төртеуі бірдей айқайлап қоя берді, бәрінен қатты дауырыққан өгей әкем. Мен сенеге шығып кеттім, сенедегі отын үстіне отырып алдым да, таң-тамаша боп сілейіп қалдым: шешемді ауыстырып жібергендей, бұрынғы шешем емес, мүлде өзгеріп кеткен. Бөлмеде отырғанымда бұл шамалы байқалған еді, бірақ мына жерде, қаракөлеңкеде шешемнің бұрын қандай болғаны ап-анық боп, есіме түсті.
Сонсоң мен байқаусызда Сормоводағы, ішінің бәрі жада, қабырғалары обойсыз, — бөренелерінің ара-арасындағы жіктеріне түткен кендір тығылған және кендірінің арасы тарақанға лық толы бір үйден келіп шықтым. Шешем мен өгей әкем терезелері көшеге қараған екі бөлмеде, әжем екеуміз — жалғыз терезесін шатырдан шығарған кухняда тұрдық. Шатыр қабатынан завод трубалары қап-қара боп аспанға шаншыла сорайып, қою бұйра түтінді будақ-будақ атып тұр, қысқы жел түтінді бүкіл село үстіне қаптатады; біздің салқын бөлмелерімізден қою құрым иісі үнемі арылмайды. Гудок таң-азаннан:
— Хвоу, оу, оу-у... — деп қасқырша ұлыйды.
Сәкіге шықсаң, терезенің жоғарғы әйнектерінен, шатырдың аржағынан қарт қайыршының тіссіз қара ауызындай ашулы тұрған фонарь жарығы түскен завод қақпасы көрінеді, — топталған кішкентай адамдар қақпаға тоғытылып кіріп жатады. Түсте тағы да гудок; қақпаны қара езулері, көмейін үңірейте ашып шалқасынан қайырылады, күйсеген адамдарын завод қайтадан құсады; адам біткен қара-құрым тасқын судай көшеге иретіле жөнеледі, қарлы, боранды жел адам атаулыны үйді-үйіне тықсырып, әрі жан-жаққа жөңкілтіп, көше бойымен зулап еседі. Село үстінен аспан өте сирек көрінеді: күн сайын үй шатырларынан жоғары, күртік қардан жоғары құрым шалған екінші, жалпақ күңгірт шатыр қалқып тұрады; сол шатыр өзінің үнемі өзгермейтін мұңды түрімен ой-қиялыңның діңкесін құртады да, көзіңді басыр қылады.
Кештіғұрым, трубаларын сәулелендіріп, завод үстінде бұлыңғыр қызыл шапақ лепілдеп тұрады; трубалар жерден көкке көтерілмей, сонау түнек бұлттан жерге салбырап тұрған сияқты, — салбырап тұрып, қызыл леп шығарады да ұлыйды, азынайды. Осының бәріне қараудың өзінен қатты жиіркенесің ызалы шер жаныңды жегідей жейді. Әжем қызметші әйел орнында жұмыс істейді — ас пісіреді, еден жуады, отын уатады, су әкеледі, ертеден қара кешке дейін жұмыстан қолы босамайды, ыңқылдап, күрсілдеп, ұйқыға сілесі қатып жатады. Кейде жұмысын бітіріп боп, мақталы сырмақ кеудешесін киеді де, юбкасының етегін жоғары түрініп алып:
— Шалым онда не күйде тұрады екен, көріп қайтайыншы... — деп қалаға кетеді.
— Мені ала кет!
— Үсіп кетесін, борандатып тұрғанын көрмеймісін!
Сосын өзі омбы қарлы соқыр соқпақпен жеті шақырым жерге жүріп кетеді. Мейіздей сап-сары, екіқабат шешем, ылым-сылым, шашақты сұр шәліге қалтырап орана түседі. Сымбатты, зор денесінің сыйқын кетіретін осы бір шәліні мен кірпідей жек көрем де, шашағының ұштарын жұла берем: үйді де, заводты да, селоны да мүлде жаратпаймын. Шешемнің аяғына кигені мыжырайған кене киіз байпақ, шермиген қарнын жұғымсыздандыра селк-селк еткізіп, жөтеле береді, сұрғылт көк көздері ызғарлана және сұстана жалтырайды да, көзінің өзі үйдің жалаң қабырғасына жабысып қалғандай, соған әлсін-әлі телміре қадалады. Шешем кейде терезеден сағат бойы көшеге қарап отырады; көше — жақ сүйек сияқты, бірсыпыра тісі кәріліктен қарайып, қисайып кеткен, бірсыпырасы түсіп қалған да, жақтың өзіне қарағанда ірі, жаңа тістер келіссіз қондырыла салынған тәрізді.
— Біз мұнда не үшін тұрмыз?- деп сұраймын.
Шешем:
— Әй, үніңді шығармашы өзің... — деп жауап қайырады.
Ол менімен аз сөйлеседі, көбіне-көп тек:
— Барып кел, алып бер, алып кел... — деп қана бұйырып отырады.
Мені көшеге сирек шығарады, шыққан сайын үйге балалардан таяқ жеп қайтам, — төбелес өзімнің тәуір көретін, әрі ең қызғылықты ермегім еді, оған жан-тәніммен берілетінмін. Шешем мені белбеумен жостырып сабайды, бірақ жазалағаны одан сайын ызамды келтіреді де, келесі сапарда балалармен одан бетер өршелене төбелесем, — шешем одан бетер жазалайды. Бір күні мен шешеме, егер сен сабауыңды қоймасаң, қолыңды тістеп алам, далаға қашып кетем де, сонда үсіп өлем деп ескерттім, — ол таңырқап мені итеріп жіберді, бөлме бойымен бір жүріп өтті де, шаршағандықтан ентіге түсіп:
— Бөлтірік! — деді.
Көңілімдегі сүйіспеншілік деп аталатын сезімнің әсерлі, қуанышты арманы көркін жойды, дүм-дүниенің бәріне қарсы өшпенділіктің булыққан көк жалынды оты тұтана түсті, көкірегімнен күйінішті наразылық сезімі, осы бір жұпыны, қызғылықсыз бекер тұрмыста жалғыздық санасы ояна бастады.
Өгей әкем маған қатал қарап, шешеммен сөйлеспейтін боп кетті, өзі үнемі ысқырып, жөтеле береді де, түскі астан кейін, сойдақ тістерін тіс шұқуышпенен мұқияттап шұқып, айнаның алдында ұзақ тұрып алады. Шешеммен әлсін-әлі ұрсыса беретін, шешеме: «сіз» деп ашулана сөйлейтін болды — оның бұл «сізілдегені» мені жаман ызаландыратын. Шамасы, ұрыс кезіндегі өзінің сөздерін мен естімесін дейді білем, кухняға кіретін есікті мықтап жауып қояды, бірақ мен оның гүмбірлеген жуан даусына сонда да құлағымды тігіп отырам.
Бір күні ол, аяғымен жер тепкілеп:
— Сіздің жексұрын қарыныңыздың кесірінен мен үйіме ешкімді қонаққа шақыра алмай жүрмін, сіз нағыз сиырсыз! — деп ақырды.
Таңқалғандығымнан, қатты намыстанғандығымнан, сәкі үстінде шоршып кеткенім ғой, басымды төбеге соғып, тілімді қанатып, қатты шайнап алдым.
Сенбі күндері ондаған жұмысшылар өздеріне тамақ алуға берілген қағаздарын сатуға өгей әкеме келіп тұрады, жұмысшылар тамақты завод дүкенінен алуға тиісті болатын; мына қағаздар оларға ақша орнына беріледі де, өгей әкем бұл қағаздарды жары бағасына сатып алады. Ол жұмысшыларды кухняда, стол басында маңғаздана, томсара отырып қабылдайды, қағазды қолына алады да:
— Сом елу тиын, — дейді.
— Евгений Васильев, құдайдан қорықсайшы...
— Сом елу тиын.
Бұл оңбаған, нас тұрмыс ұзаққа созылған жоқ; шешем босанар алдында мені атама апарып салды. Ол енді Кунавинода, аласа тау етегіне, Напольная шіркеуі бейітіне таман төмен түсетін Песчаная көшесіндегі екіқабат үйде, аула жаққа қараған екі терезесі, орыс пеші бар тар бөлмеде тұратын.
Атам мені қарсы алып:
— Немене-е? — деді де, сықылықтап күліп жіберді. — Туған шешеңнен болмас артық дос, — деуші еді, енді, сірә: туған шешең емес дос, кәрі сайтан атан дос! — дейміз тағы. Әй, сендерді ме-е...
Мен жаңа қоныспен танысып болмай-ақ, әжем мен балалы шешем келіп қалды, жұмысшыларды қанағаны үшін өгей әкемді заводтан қуып шығарыпты, бірақ ол бір жаққа барып келіп, өзін сол табанда вокзалда билет сатушы кассир ғып алды.
Бостан-бос ұзақ уақыт етті де, мені бір тас үйдің жер қабатындағы шешеме тағы да апарды, шешем сол табанда мені мектепке бере салды; мектепті ілкі күннен бастап-ақ қатты жек көріп кеттім.
Мектепке мен шешемнің башмағын, әжемнің кофтасынан кішірейтіп тіккен шолақ пальто, сары көйлек және «балағын сыртына салған» шалбар киіп бардым, мұның барлығы да бірден келемеж болды, сары көйлек үшін мен «қайықшаның тұзы» деген атаққа іліндім. Балалармен тез үйлесіп кеттім, бірақ мұғалім мен поп мені ұнатпады.
Мұғалімнің өңі сары, маңдайы қасқа еді, өзінің үнемі мұрны қанаумен жүретін; класқа келгенде, екі танауына мақта тығып келеді, столға келіп отырып, мыңқылдап сабақ сұрайды да, бір сөзді айта беріп, танауларынан мақтаны суырып алады, сонсоң басын шайқай түсіп мақтаға қарап қояды. Беті жалпақ, тотыққан, қара бақыр түстес, әжімдері біртүрлі көгеріс тартқан, осы беттің, әсіресе, сұмырайын шығарып тұратын қорғасын түстес көздері еді, көздері менің бетіме соншама қатты жирендіре қадалатын еді де, бетімді үнемі алақаныммен сүртіп тастағым кеп отыратынмын.
Мен бірнеше күндей бірінші бөлімде, мұғалімнің столына таяу алдыңғы партада отырдым, — бұлай отырыстың өзіне шыдау мүмкін болмады. Ол менен басқа ешкімді де көрмейтіндей:
— Песко-ов, көйлегіңді жаңғырт! Песко-ов, аяғыңды тыпыршытпа! Песко-ов, аяқ киіміңнен тағы қақ тұрыпты ғой! — деп үнемі мыңқылдап кеп отыратын.
Мен мұның есесін сұмдық тентектікпен қайырушы ем: бір күні тоңазыған қарбыздың жартысын қолыма түсіріп алдым, ішін ойып тастадым да қаракөлеңке сенедегі есіктің блогына жіппен байлап қойдым. Есік ашылған кезде қарбыз жоғары көтерілді де, мұғалім есікті жауып жіберген кезде — қарбыз оның қасқа басына тап етіп, киіліп қалды. Мені мектеп қарауылшысы мұғалімнің хатымен бірге үйге апарып салды, бұл тентектігім үшін мықтап таяқ жедім.
Енді бірде оның столының тартпасына насыбай сеуіп қойдым; ол соншама қатты түшкіре бастады, ақыры орнына өзінің офицер жездесін жіберіп, кластан шығып кетті; жездесі бүкіл класқа «Патшаны сақта, тәңірі» және «Аһ, еркіндігім менің, сен еркіндік» өлеңдерін айтқызды. Өлеңді теріс айтқан балалардың бастарына кісінің күлкісі келгендей біртүрлі шып еткізіп, бірақ ауыртпай, сызғышпен салып қалып отырды.
Дін мұғалімі — көркем, әрі жас, шашы күлтеленген поп, менде «Ескі және жаңа өсиеттің қасиетті тарихы» жоқ болғаны үшін, әрі өзінің сөз сөйлегендегі әдетін келемеждегенім үшін жек көрді мені.
Ол класқа кіріп келіп, менен ең алдымен:
— Пешков, кітапты әкелдің бе, жоқ па? Я, кітапты әкелдің бе? — деп сұрайтын.
— Жоқ. Әкелгенім жоқ. Я, — деп жауап беретінмін.
— Я деуің қалай?
— Жоқ.
— Ендеше — кет үйіңе! Я. Үйіңе. Өйткені, сені оқытқым келмейді. Я. Оқытқым келмейді.
Мен бұған онша ренжи қоймаймын, кетіп қаламын да, селоның ызы-қызы өмірімен танысып, сабақ біткенше көшелерін кезіп жүремін де қоямын.
Поптың бет-әлпеті Айсаның бетіндей сүйкімді, көздері әйелдің көздеріндей мейірімді және қолдары нәзік еді; қолдары ұстаған нәрселерінің бәріне біртүрлі биязы тиетін-ді. Ол әрбір нәрсені — кітапты, сызғышты, қаламды жаны бар нәзік заттай, тамаша ептеп ұстайтын, тап сол заттың өзін тәуір көріп, байқаусыз ұстағандықтан оған бір жазым ғып алармын деп қауіптенгендей болатын. Балаларға ол онша жылы шырайлы емес еді, бірақ балалар оны сонда да тәуір көретін-ді.
Менің біркелкі тәуір оқитыныма қарамастан, тәртібім жаман болғаны үшін көп кешікпей мектептен қуып шығамыз деп жариялады. Мен мұңайып қалдым, — маған мұның аса қолайсыз болатын қауіпі бар еді: шешем күннен-күнге ашушаң болып, мені үсті-үстіне сабай беретін болған.
Бірақ, бір жеңілдік болып қалды, — мектепке күтпеген жерден епископ Хрисанф келді, өзі сиқыршы сияқты және, ұмытпасам, бүкір кісі еді.
Үстінде мол қара киім, басында біртүрлі ерсі қалпақ өзі титтей боп стол жанына кеп отырып, далақтай жеңдерінен қолдарын шығарып алып: «Қане, балаларым, келіңдер, әңгімелесейік!» деген кезде, кластың іші бірден жып-жылы боп, көңілденіп кетті, бір сүйкімді жат леп келе қалды.
Біраз баладан кейін стол жанына мені шақырып алып:
— Жасың нешеде? — деп сұрады шын ниетімен. — Тек қана ма? Бойың қалай ұзын, шырағым, ә? Жаңбырда көп тұрғанбысын, ә?
Ұзын, үшкір тырнақты тарамыс қолын стол үстіне салып, кішкене селдір сақалын бір қолымен уыстап отырып:
— Қанеки, қасиетті тарихтан өзің жарататын бір нәрсені айтып берсең қайтер екен? — деді, мейірімді көздерімен бетіме қадала қарап.
Кітабым жоқ, сондықтан қасиетті тарихты оқымай жүрмін деген кезімде, ол соппа қалпағын түзеп қойды да:
— Бұл қалай болғаны? — деп сұрады. — Мұны оқу керек қой! Бірақ, бір нәрсе білетін боларсын, естігенің бар шығар? Псалтырьды білем деймісің? Бұл жақсы екен! Аят та білем деймісің? Еһе, қарай гөр! Әулиелер өмір тарихын тағы білем деймісін? Өлеңменен деймісің? Ау, сенің өзің білгір екенсің ғой, балам.
Қып-қызыл боп ентігіп, өзіміздің поп кіріп келді, еписскоп оған батасын берді, бірақ поп менің жайымды сөйлей бастаған кезде епископ:
— Бір минут қана тоқтай тұрыңызшы... — деп қолын көтеріп алды. — Кәнеки, дуана Алексей жайында айтып көрсең қайтеді?
— Орасан жақсы өлеңдер ғой, шырағым, ә? — деді ол, бір өлеңді ұмытып, тоқтаңқырап қалған кезімде, — Тағы не білесін?.. Патша Давид жайында деймісін? Әбден тыңдайын!
Оның шын тыңдап отырғанын және өзіне өлеңдердің ұнағанын байқап тұрмын; менен ол ұзақ сұрады, сонсоң бір мезетте:
— Псалтырьдан оқыдым деймісің? Оқытқан кім? Атаң мейірімді кісі ме? Ашулы деймісің? Шынымен бе? Ал, енді өзің аса көп тентек боласын ба? — деп тез-тез сұрастырып, тоқтай қалды.
Мен қысылып қалдым, бірақ, иә дедім. Поп пен мұғалім менің шын айтқанымды көп сөзбен ыспаттап шықты, епископ олардың сөзін төмен қарап отырып тыңдады, сонсоң күрсініп қойып:
— Сен туралы не айтып отырғандарын естіп тұрмысын? Қәнеки, бері таман келші! — деді.
Кипарис ағашының иісі мүңкіген қолын басыма салып:
— Неге тентек боласын? — деп сұрады.
— Оқудың түк қызығы жоқ.
— Қызығы жоқ деймісін? Мұның қате сияқты ғой, шырағым. Оқудың қызығы болмаса, нашар оқыр едің ғой, ал мына мұғалімдер сені жақсы оқиды деп отыр ғой. Солай болса, басқа бір себебі бар шығар.
Ол қойынынан кішкентай кітапшаны суырып алып:
— Пешков, Алексей, — деп жазып алды. — Солай екен. Бірақ, сөйтсе де, сен өзіңді өзің тежеңкіресең қайтеді, шырағым, онша көп тентек болмасаң қайтеді! Азғантай ғана болады, бірақ көбірек боп кетсе, жұртты ренжітеді ғой! Мен дұрыс айтып отырмын ба, балалар?
Көптеген дауыс:
— Дұрыс, — деп көңілдене жауап қатты.
— Сендер көп тентек болмайтын шығарсыздар?
Балалар:
— Жоқ. Біздер де көп тентек боламыз! Көп! — деп, күлімсірей сөйлеп, шулап қоя берді.
Епископ стулдың арқалығына шалқая түсті, мені өзіне таман жақындатып алды да, жұрттың бәрі — тіпті мұғалім мен поп та күліп жібергендей етіп, таңдана сөйлеп:
— Апыр-ай, шырақтарым-ай, шынында сендердей жас кезімде менің өзім де мықты тентек болған ем! Мұның себебі неден болды екен, шырақтарым? — деді.
Балалар күлісіп отыр, ол, барлығын оп-оңай шатыстырып, бірін біріне қарсыластырып, балаларға сұрақты жаудырып, одан сайын көңілдендіре түсті. Ақырында түрегелді де:
— Сендермен бірге отырғаным жақсы, тентектер, бірақ аттанатын уақытым болды! — деді.
Жеңін иығына таман сілкіп жіберіп, қолын көтеріп алды да, жұрттың барлығын қолын аршындата сермеп, шоқындырып:
— Жаратқан құдайтағаланың құрметі үшін, сіздердің адал еңбек етулеріңді тілеймін! — деп бата берді де: — Қош тұрыңдар! — деді.
Жұрттың бәрі:
— Қош болыңыз, ардақты ата! Тағы да келіп тұрыңыз, — деп шуласты.
Ол, соппа қалпағын изеңдетіп:
— Мен бе, — келемін, келемін! Сендерге көп кітап ала келемін! — деді.
Сосын, кластан байпаңдап шығып бара жатып, мұғалімге:
— Балаларды үйлеріне таратыңыз! — деді.
Ол мені сенеге қолымнан жетелей шықты да, сол арада, менің бетіме еңкейіп:
— Сонымен сен — өзіңді өзің тежеңкірерсін, жарай ма? Неге тентек болатыныңды мен білемін ғой! Ал, қош тұр, шырағым! — деді ақырын ғана.
Көңілім қатты толқып кетті, көкірегімнен біртүрлі бір ерекше сезім қайнады да — мұғалім, класты таратып жіберіп, мені алып қалып, енді сенің бетегеден биік, жусаннан аласа болуың тиіспей бастағанда, — оның сөзін тіпті бар ықыласыммен, шын ниетімменен тыңдап шықтым.
Поп ішігін киіп жатып:
— Бүгіннен бастап сен менің сабақтарымда да болуға тиіссін! Я. Тиіссін. Бірақ — тыныш отыратын бол! Я. Тыныш, — деп мейірімдене гүмбір-гүмбір етті.
Мектептегі істерім жөнделіп еді — үйде жаман оқиға боп қалды: мен шешемнен бір сом ұрлап алдым. Мұның өзі күнбұрын ойланып істелген қылмыс емес еді: бір күні кештіғұрым, мені сәби баламен үй бағуға тастап, шешем бір жаққа кетіп қалған; жалығып отырып, өгей әкемнің кітаптарының ішінен — әке-Дюманың «Дәрігердің жазғандары» деген біреуін аштым да, арасынан — он сомдық және бір сомдық — екі қағаз ақшаны көре қойдым. Кітап түсініксіз болды, оны жауып қойдым да, бір сомға жалғыз «Қасиетті тарих» түгіл, сірә, Робинзон туралы кітапты да сатып алуға болатын шығар деген ой сап ете қалды. Ондай кітаптың бар екенін бұдан аз ғана бұрын мектепте біліп алғанмын: аязды күні, сабақ арасындағы тыныс кезінде балаларға ертегі айтып отырғам, бір мезетте балалардың біреуі жұлып алғандай:
— Ертегі деген — құлый өтірік, Робинзон ғой шіркін — кәдімгідей шындық тарих, — деді менсініңкіремей сөйледі.
Робинзонды оқыған тағы да бірнеше бала табылды, бұл кітапты бәрі де мақтады, әжемнің ертегісі ұнамағандығына жәбірленіп қалдым да, Робинзон туралы: бұл құлый өтірік! — деу үшін, сол табанда-ақ Робинзонды оқып шығуға бел байлағанмын.
Келесі күні мектепке «Қасиетті тарихты» және Андерсен ертегілерінің дал-дұл екі кішкене томын, үш қадақ ақ нан мен бір қадақ шұжық әкелдім. Владимир шіркеуі қоршауы түбіндегі кішкентай қаракөлеңке дүкенде Робинзон да бар екен, сары мұқабалы жұп-жұқа кішкентай кітап, бірінші бетіне аң терісінен қалпақ киген, иығына аң терісін жамылған, ұзын сақалды адамның суреті салыныпты, — бұл маған ұнамады, ал ертегілер дал-дұл болғанымен, сыртқы түріне қарағанда да сүйкімді көрінді.
Ұзақ тыныс кезінде нан мен шұжықты балалармен бөлістім де, бәріміз «Бұлбұл» атты тамаша ертегіні оқи бастадық — бұл ертегі бірден-ақ жүрегімізді билеп алды.
«Қытайдағы халықтың бәрі де қытайлар, императордың өзі де қытай», — деген бұл сөздің өзі қарапайым, құйқылжыған көңілді музыкасымен, тағы басқа бір ғажайып жақсылығыменен өзімді сүйсіндіре таң-тамаша қалдырғаны әлі есімде.
«Бұлбұлды» мектепте оқып бітіре алмадым — уақыт тар болды, бірақ үйге келген кезімде, қолында таба тұтқышы бар, пеш алдында жұмыртқадан құймақ пісіріп тұрған шешем біртүрлі баяу дауыспен:
— Бір сомды алған сен бе? — деп сұрады менен.
— Алдым, мінеки — кітап...
Сол таба тұтқышпен өзімді армансыз-ақ сабады. Андерсеннің кітаптарын тартып алды да, бір жерге мәңгі-бақи тығып тастады, мұнысы таяқтан да жаман батты.
Мектепке бірнеше күндей бармай қойдым, бірақ сол кезде өгей әкем менің ерлігімнің жайын өзімен бірге істейтін серіктеріне, олар өздерінің балаларына баяндаған болса керек, балалардың біреуі бұл уақиғаны мектепке жеткізіпті, оқи келген кезімде, мені — ұры деген — жаңа атақпен қарсылап алды. Қып-қысқа және ап-анық болса да — қате, өйткені бір сомды алғанымды жасырғаным жоқ қой. Мұны түсіндірмек болып ем — нанбады, сонсоң үйге қайтып бардым да, ендігәрі мектепке бармаймын дедім шешеме.
Тағы да екіқабат, өң жоқ, түс жоқ, көздері есалаңданған, тарыққан шешем терезе алдында Саша інімді емізіп, балықша аузын ашып, маған қарап отыр.
— Өтірік айтып отырсын, — деді ол ақырын ғана, — сенің бір сомды алғаныңды ешкім білмейді.
— Барып, сұрап көр.
— Өзің айтып қойдың. Қане, айтшы — өзің бе? Байқа, мектепке мұны кім жеткізгенін ертең өзім барып білем!
Бір оқушының атын атадым. Шешемнің жүзі мұңайып, кіржие қалды да, жасқа бұланып қоя берді.
Мен кухняға шығып кеттім, пеш тасасындағы жәшік үстіне салынған төсегіме барып жаттым, жатқан күйі, бөлмеде шешемнің еңкілдеп жылағанын тыңдаумен болдым.
— Құдайым-ай, құдайым-ай...
Май сіңген, қызған шүберектердің жұғымсыз исінің ортасында жатуға шыдап болмады, түрегелдім де, сыртқа шықтым, бірақ шешем:
— Қайда барасын? Қайда? Бері кел!.. — деп ақырды.
Сонсоң екеуміз еденде отырдық, Саша шешемнің тізесінің үстінде жатыр, шешемнің көйлегінің түймелерін ұстап, басын изеп қояды да:
— Бувуга, — дейді, — ол: пуговка, дегені еді.
Шешемнің қолтығының астына тығылып отырмын, ол мені құшақтап:
— Біздер — кедейміз, біздің әр тиынымыз, әр тиынымыз... — деді.
Бірақ, мені ыстық қолымен қолтығына қыса түсіп, үнемі бірдеңені айтып жеткізе алмайды.
Бір мезетте:
— Экая дрянь... дрянь! — деді ол жұлып алғандай; оның аузынан бұл сөздерді бұдан бұрын да бір естіген болатынмын.
Саша:
— Дянь! — деп қайталады.
Бұның өзі бір таңғажайып бала еді: икемсіз, қазанбас, өзі айналадағы нәрсенің бәріне тамаша әсем көк көздерімен ақырын жымыйып, күлімсірей және бір нәрсені күткендей боп қарайтын. Тілі орасан ерте шықты, үнемі бір жайбарақат көңілді күйде өмір сүріп, ешуақытта да жыламайтын. Әлжуаз еді, азар-азар еңбектеп жүретін де, мені көрген кезінде, көтер деп талпынатын, үлбіреген нәзік саусақтарымен құлағымды уқалағанды жақсы керетін, саусақтарынан бір белгісіз себептен поражай гүлінің исі шығушы еді. Өзі байқаусызда ауырмай қайтыс болды; таңертең, қашанғы әдетінше, тіпті моп-момын боп көңілді отырған, кештіғұрым, түнгі ғибадатқа қоңырау соғылған кезде, стол үстіне сұлап та қалды. Бұл уақиға екінші бала, Николай дүниеге келген соң көп кешікпей болды.
Шешем уәдесін орындады: мен мектепке қайтадан тағы орналастым, бірақ атам үйіне тағы да көшіп баруыма тура келді.
Бір күні мен кешкі шай үстінде сырттан кухняға кіріп келіп, шешемнің:
— Евгений, өтінем, өтінем сенен... — деп қинала шыққан айғайын естідім.
— Ақ-мақ-тық! — деді өгей әкем.
— Бірақ, мен білем ғой, — сен сол әйелге кетіп барасын ғой!
— Шын ба-а?
Екеуі бірнеше секундтей үн қатыспады.
— Сенің өзің неғылған жауыз оңбағансын... — деп жөтеліп қалды шешем.
Өгей әкемнің шешемді салып қалғанын естідім, бөлмеге жүгіріп кірдім де шешемнің жер тізерлей құлап, төсін қайқайтып, басын шалқайтып, көздері үрей шаша жайнап, арқасы мен шынтағын стулға тіреп отырғанын, сосын, тап-таза, жаңа мундир киген өгей әкемнің серейген аяғымен шешемді төске тепкілеп тұрғанын көрдім. Стол үстіндегі күмістеген сүйек сапты пышақты шап етіп ұстай алдым, — мұнымен нан кесетін, шешемнің қолында әкемнен қалған жалғыз нәрсе осы еді, — сол пышақты ұстай алдым да, бар пәрменіммен өгей әкемнің бүйіріне салып қалдым.
Бақытына қарай, шешем үлгіріп Максимовты қағып жіберді, пышақ мундирді ырсыйта осып, тек етін сызып қана, бүйірінен ағып өтті. Өгей әкем, аһ — деп, бүйірін ұстай алып, бөлмеден атып шықты, бірақ шешем маған шап беріп, көтеріңкіреп алды да, бақырып еденге алып ұрды. Мені, сырттан келіп, өгей әкем арашалап алды.
Түн болды, өгей әкем сонда да үйден кетіп қалды, шешем пеш тасасындағы маған келді, мені ақырын аймалап сүйді де:
— Кешір мені, айып менде! Ау, айналайын, бұған сенің қалай батылың барды? Пышақ салуға? — деп жылады.
Мен шынымен және не айтқанымды өзім кәміл ұғып, — өгей әкемді де бауыздаймын, өзім де бауыздалып өлем дедім шешеме. Осыны істер едім, ең болмағанда істеп көрер едім деп ойлаймын. Шалбарының санын бұлықтаған, сол бір жексұрын, ұзын сыйрақ тіпті қазір де көз алдымда тұр, оның ауада сереңдеп, әйелдің төсін етігінің тұмсығымен тепкілегенін қазір де көріп отырғандаймын.
Орыстың надан өмірінің осы бір ауыр сұрқиялығын есіме түсіре отырып, кейде мен өзіме: осының өзі шынында сөз қылуға тұра ма? — деп сұрақ беремін. Сосын қайтадан бекіне түсіп, сөз қылуға тұрады, — деп өзіме өзім жауап беремін; өйткені бұның өзі — жаны сірі, жексұрын шындық, ол осы күнге дейін де өлген жоқ. Адамның ой-санасынан, көңілінен, өзіміздің ауыр және масқара өміріміздің бәрінен түп тамырыменен отап тастау үшін, түп тамырына дейін біліп алуға тиіс шындық қой бұл.
Сосын, бұ секілді сұрқиялықтарды маған еріксіз суреттететін тағы да, одан гөрі де маңызды бір себеп бар. Ол сұрқиялықтардың өздері жексұрын болғанымен де, көптеген тамаша әсем жандарды өлгенше жаныштап, біздерді езіп тұрғанымен де, орыс адамының сонда да әлі соншама дені сау, әрі жаны жас, сол сұрқиялықтардан арылып келеді, арылу қолынан да келеді.
Біздің өміріміз, неше түрлі айуан оңбағандық құйқасының соншама өскелең, әрі құнарлы болғандығымен ғана тамаша емес, қайта, осы құйқаның астынан, адамға лайық сәулетті өмірге құлаш ұра өркендеуімізге қайтпас жігерімізді күшейте түсіп, әрі жарқын қасиеттілік, адалдық, әрі творчестволық күш өршелене қаулап шығып келе жатқандығымен, адалдық — адамдық өсіп келе жатқандығымен де тамаша ғой.
XII
Қайтадан атам үйіндемін.
─ Немене, қарақшы? ─ деп қарсы алды ол мені, столды қолымен тықылдата түсіп. — Бірақ, енді сені мен асырамаймын, әжең асырасын!
— Асырасам асыраймын, — деді әжем,. — Со да сөз болып па!
— Ендеше асырай бер! — деп ақырып қалды атам. Бірақ маған:
— Әжең екеуміз біржола енші алыстық, қазір екеуміздің жыйған-тергеніміздің бәрі де екі басқа... — деп түсіндіріп, сәтте жайланып қалды.
Әжем терезе алдында, қолы қолына жұқпай, шілтер тоқып отыр, ырғақтары құйқылжый тықылдайды, жез түйреуішті қаптата қадаған көпшік көктем күнінің көзінен алтын кірпішше жылтылдайды. Әжемнің өзі де сом жезден құйылғандай — өзгермейді! Атам бұрынғысынан гөрі де қуара, мыржия түскен, жирен шашы сұрғылт тартқан, қыймылының сабырлы маңғаздығы асығыс әбігершілікке айналған, жасыл көк көздері сезіктене қарайды. Әжем күле сөйлеп, атам екеуінің енші алысқандарының жайын айтып берді: атам оған бүкіл құмыра, табақ атаулыны, бүкіл ыдыс атаулыны беріпті де:
— Сенікі — осы, менен енді осыдан артық ештеңе де дәметпе! — депті.
Содан кейін әжемнің бүкіл ескілікті көйлек-көншектерін, заттарын, түлкі ішігін тартып алыпты, барлығын жеті жүз сомға сатып жіберіпті де, ақшасын өзінің өкіл әкесі еврейге, жеміс-жидек сатушы саудагерге өсімге беріпті. Атамның дүниеқорлығы нағыз ауруға айналған, ұяттан да ада болған: қолөнершілер управасындағы өзінің бұрынғы серіктері, ескі таныстарының — бай-купестердің үйлерін кезіп, балаларым дүние-мүлкімді ойран қылды деп, солардан көмекке ақша сұрайтын болыпты. Өзі беделді еді, оған сыйлықты ірі қағаз ақшамен мол беретін; атам, қағаз ақшаларды әжемнің мұрнына тақай бұлғап қойып, жас балаша мақтанып:
— Көрдің бе, ақмақ? Саған мұның жүз бөлігінің бірін де бермейді! — деп, әжемді келемеж етуші еді.
Жиналған ақшаны ол өзінің жаңа жараны, селода Хлыст атаққа ілінген, ұзын бойлы, қасқабас ишіге және оның дүкенші қарындасы — маужыраған, әрі бал шырынындай сүйкімді, қызылшырайлы, сом денелі, қаракөз қатынға есімге беріп тұратын.
Үйдегі жай-күйдің бәрі қатал тәртіппен бөлініп қойылған: бір күні түскі асты өз ақшасына сатып алған азық-түліктен әжем әзірлейді, екінші күні азық-түлік пен нанды атам сатып әкеледі, бірақ атамның кезекті күні түскі ас дәйім нашар болады: әжем жақсы ет алады да, атам ішек-қарын, ұлтабар, өкпе-бауыр алады. Екеуінің шай-шекері екі бөлек сақталады, бірақ шайды бір шайнекке салып шығарады да, атам:
— Тұра тұр, тоқтай тұр, — сен қанша салдың? — дейді сезіктене сөйлеп.
Шайдың түйірлерін шайнектен алақанына төгеді де, оны біріндеп санап шығып:
— Сенің шайың менікінен гөрі ұсақ, сондықтан менің азырақ салуым тиіс. Менікі ірірек, шығымдырақ, — дейді.
Әжем өзіне де, оған да шайдың қызылын тең құйсын, сосын өзі қанша шынаяқ шай ішсе, әжем де сонша ішсін деп, қатты бақылап отырады атам.
— Ақырғы бір-бір шынаяқтан ішеміз бе? — деп сұрайды әжем, шайдың соңын тауыса құярда.
Атам шайнекке үңіледі де:
— Ендеше — ақырғы бір-бір шынаяқтан-ақ болсын! — дейді.
Тіпті икон алдындағы шамға да майды әрқайсысы өзі сатып алады, — бұл елу жылдай бірге жасасқан еңбектен кейін болып отырған уақиға!
Атамның осы секілді қулық-сұмдықтарының бәрін көргенде менің әрі күлкім келетін, әрі жүрегім айнитынды, бірақ әжеме — тек күлкі ғана еді.
— Әй, қойшы өзің! — деп жұбатады әжем мені. — Ал, немене? Алжыған шал болған соң, өстіп алжаса береді! Оның өзі сексенге келіп қалды ғой, — осынша жасап көрші! Мейлі, алжаса берсін, кімге зияны тиер дейсін? Ал, енді мен болсам — бір үзім нанды өзіме де, саған да табамын, қорықпай-ақ қой!
Мен де ақша таба бастадым: мейрам күндері, таңертең ертемен қапшық аламын да, малдың сүйегін, шүберек, қағаз, шеге жинау үшін, аула-ауланы, көше-көшені кезіп кетемін. Ескі-ұсқы алушылар шүберек пен қағаздың пұтын жиырма тиыннан, темірді де сол бағамен, сүйектің пұтын сегіз, он тиыннан сатып алады. Сенбі сайын әртүрлі товардан отыз, елу тиынға, ал сәті түсіп кеткен кезде одан артыққа да сатып, бұл кәсіпті сабақтан кейін мейрамсыз күндері де жасайтынмын. Әжем менен ақшаны алады да, жалма-жан юбкасының қалтасына таға салады, сосын төмен қарап тұрып:
— Әй, рақмет саған, жан-көкегім! Екеуміз бе — сенімен екеуміз тамағымызды асыраймыз ғой. Не қиындығы бар дейсін! — деп мақтайды мені.
Бір күні, менің бес тиындықтарымды алақанына салып, соған көзін жіберіп, әжемнің үндемей жылап тұрғанын, мұнартқан бір тамшы жасының бұлттай бүршік-бүршік мұрнының ұшына іркіліп тұрғанын көріп қойдым.
Ока өзенінің жағасындағы, әйтпесе Пески аралындағы ағаш қоймаларынан отын мен жұқа тақтай ұрлау — ескі-құсқы жинау кәсібінен анағұрлым пайдалы еді, — ол Пески деген аралда жәрмеңке кезінде қалай болса солай жасала салған балағандарда темір сатылатын. Жәрмеңке өткесін, балағандарды бұзып тастайды, бірақ сырғауыл, тақтайларды текшелеп жинап кетеді де, олар сол жерде, Пески аралында, көктемде су тасығанша-ақ жататын. Қаладағы үй қожалары жақсы тақтай басына он тиыннан беретін, күніне екі-үш тақтай ұрлауға болатын-ды. Бірақ оның сәтті болуы үшін, қарауылшыларды боран, не жаңбыр пана-панаға еріксіз айдап тығатын жауын-шашынды күндер қолайлы еді.
Ынтымақты бір топ баланың басы құралды: қайыршы мордва әйелдің ұлы, сүйкімді, нәзік, әрі үнемі сабырлы, көңілді бала Санька Вяхирь; алақандай қара көзді, шашы дуда-дуда, сүйегі шыққан арық, ата-тегі белгісіз Кострома — бұл кейінірек, он үш жасында, қылмысты жас балалар колониясында буынып елді, колонияға екі көгершін ұрлағаны үшін түскен болатын; ақкөңіл және мейірімді татар баласы, он екі жасар алып Хаби; бейіт қарауылшысы, әрі қабыршының ұлы, ұстамалы ауруы бар, жұмған аузын ашпайтын, сегіз жасар бала, шолақ мұрын Язь, ал енді жасына қарағанда ең үлкеніміз, тігінші тұл қатынның ұлы, ақылды, әділ адам және жұдырықтасып төбелесуге керемет құмар Гришка Чурка еді; бәрі бір көшеде тұратын адамдар болатынбыз.
Ұрлықтың өзі селода әдетке айналғандықтан және қарны тойып ас іше алмайтын қала адамдарының күнелтетін бірде-бір дерлік кәсібі сол болғандықтан, күна есебіне қосылмайтын-ды. Айжарымдық жәрмеңкедегі табыс бүкіл бір жылға азық бола алмайтын, құрметті үй иелерінің басым көпшілігі де «өзенде кәсіп ететін» — тасқын су ағызып әкеткен отын мен бөренелерді ұстайтын, жалпақ табан желқайықпен ұсақ-түйек жүк таситын, бірақ көбінесе баржыдан зат ұрлайтын, сосын жалпы күтімсіз жатқан нәрсенің бәрін талғамай қамтып, Волга мен Ока бойларын тіміскілеп жүретін. Жасы үлкендері мейрам күндері өздерінің табыстарын мақтан етіп, кішілері тыңдап, өнеге алатын.
Жазғытұрым, жәрмеңке қарсаңындағы абың-күбің уақытта селоның көшелері кешкілікте мас боп құлаған қолөнершілерге, извозчиктерге, тағысын тағы жұмысшы жұртқа лық толы болады — село балалары ылғи солардың қалталарын тінтеді, бұның өзі заңды кәсіп еді, оны үлкендердің көз алдында, қымсынбай жасай беретін.
Ағашшылардың құралдарын, жеңіл көлікті извозчиктердің бұранда кілттерін, ауыр көлікті извозчиктердің ағаш арбаларының белдіктерінен кіндік темір, таңба темірлерін ұрлайды, — біздің тобымыз мұндай істермен шұғылданбайтын-ды; бір күні Чурка:
— Мен ұрлық қылмаймын, мамам рұқсат етпейді, — деп кесіп айтты.
— Ендеше, мен қорқамын! — деді Хаби.
Кішкентай ұрыларды Костроманың дені сүймеуші еді, «ұры» деген сөзді өте-мөте нығай айтатын-ды, сондықтан бөтен балалар мастарды тонап жатса — оларды қуып жіберетін, баланы қолына түсіре алса — оны сілейте сабайтын-ды. Бұл бадырақ көз, көңілсіз бала өзін ересек адаммын деп ойлайтын, жаяу жүкшідей, аяғын біртүрлі теңселе басып жүретін, жуан, дөрекі дауыспен сөйлемек болатын, өзінің түрі-түсінің бәрі біртүрлі топас, жасанды, кәрі еді. Ұрлықтың күна екендігіне Вяхирьдың сенімі толық еді.
Бірақ Пескиден тақтай мен сырғауыл ұрлау күна есебіне алынбайтын-ды, бұдан біздердің ешқайсымыз қорықпайтынбыз, бұл жұмысты өзімізге жемісті болғандай етіп жеңілдететін бір сыпыра тәсілдер ойлап шығарғанбыз. Кештіғұрым, ідір қараңғысы түсе бастаған кезде, әйтпесе жауын-шашынды күні Вяхирь мен Язь бөккен дымқыл мұздың үстіменен қарасудан өтіп, Пескиге қарай сапар шегеді, — бұлар, қарауылшылардың назарын өздеріне аудармақ боп, тасаланбай барады да, біз төртеуміз әр жермен бұқпалап жетеміз. Язь бен Вяхирьден сескенген қарауылшылар оларды бақылайды, біздер күнбұрын белгіленген текшенің түбіне жыйналысамыз, әрқайсымыз жүгімізді іріктеп аламыз да, жүйрік жолдастарымыз қарауылшыларды өздерінің соңынан жүгіртіп, мазақ қып жүрген кезде, біздер кейін тартамыз. Әрқайсымыздың қолымызда бір-бір арқан, арқанның бір шетінде ырғақ қып бүккен үлкен шеге, тақтайды не сырғауылды сонымен іліп алып, оны қардың және мұздың бетімен сүйретіп әкетеміз, қарауылшылар бізді ешуақытта да байқамайды, ал, байқай қойса — қуып жете алмайды. Әкелген жүгімізді сатып, шығарған ақшаны алтыға бөлеміз, — кісі басына бес тиыннан, кейде жеті тиыннан келеді.
Бұл ақшаға тамағыңды бір күнге мықтап тойғызасын, бірақ Вяхирь шешесіне ширек не жарты шыны арақтық ақша әкелмесе, шешесі оны сабайтын-ды. Кострома, көгершін ұстамақ боп, ақша жинап жүрген, Чурканың шешесі науқас болатын, ол ақшаны қайтсе де көбірек таппақ боп тырысатын; өзінің туған қаласына қайтпақ боп, Хаби да ақша жинап жүрген; Нижнийге келген соң көп кешікпей суға кетіп өлген немере ағасы ертіп шыққан екен Хабиді о қаладан, Хаби қаланың атын ұмытып қалған, оның тек Волгаға жақын жерде, Каманың бойында екені ғана есінде болатын.
Бұ қаланың өзі бір себептен қатты күлкімізді келтіретін-ді, біздер қиғаш көз татар баласын:
Бір қала бар Камада,
Білмейміз біз — о қайда!
Ұсынсаң жетпес қол да,
Жеткізбес жүрсек жол да!
— деп өлең айтып, мазақтаушы ек.
Хаби ілкі әзірде біздерге ашуланып жүрді, бірақ бір күні Вяхирь, өзіне қойылған атына лайық көгершінше гүрілдеген дауыспен:
— Бұның не? Жолдастарына ашулана ма екен адам деген? — деді.
Татар баласы ұялып қалды да, Камадағы қала туралы өлеңді өзі де әндететін болып алды.
Дегенмен, бізге тақтай ұрлаудан гөрі, шүберек пен сүйек жинау ұнаңқырайтын-ды. Бұның өзі жазғытұрым, қар кеткен соң және жәрмеңкенің жан жоқ тас көшелерін тап-таза ғып жуып өткен көп жауындардан кейін өте-мөте қызғылықты болды. Жармеңке болатын жердегі жырақаналардан әрқашан көптеген шеге, темір сынықтарын жинап алуға болатын-ды, біздер кей-кейде бақыр, күміс ақша да табатынбыз, бірақ, дүкен қатарларының қарауылшылары біздерді қуаламауы, әрі қапшықтарымызды тартып алмауы үшін, оларға не екі тиын төлеуіміз, не өлердей жалынуымыз тиіс еді. Дегенмен, біздің қолымызға ақша оңай түсе қоймайтын-ды, бірақ өзіміз тату тұрдық та, кейде аз-маз ренжіскенімізбен, — арамызда бірде-бір төбелес болғаны есімде жоқ.
Бітімшіміз Вяхирь еді, оның өзі біздерге дер кезінде біртүрлі бір ерекше сөздер айта білетін-ді; қарапайым сөздер, — соның өзі біздерді таңырқатып, ұялтып тастайтын-ды. Бұ сөздерді оның өзі де таңырқай сөйлеуші еді. Язьдың сорақы қылықтары оның көңілін жықпайтын, сескендірмейтін, ол жамандықтың бәрін шет көруші еді.
— Ал, енді осының не керегі бар? — деп сұрайтын-ды, сосын керек емес екеніне көзіміз жетуші еді.
Вяхирь өз шешесін «менің мордовкам» деп атайтын, — мұнысы біздердің күлкімізді келтірмейтін.
— Менің мордовкам кеше үйге тағы да өлердей мас боп, азар келді! — деп қуландыра сөйлейді ол, алтын түстес дөңгелек көздерін жалтылдатып. — Есікті шалқасынан ашып қойды, босағаға отырып алды да, өлеңге басты кеп, басты кеп, бейшара!
Сабырлы Чурка:
— Қандай өлең айтты? — деп сұрайды.
Вяхирь, тізесін шапалақтай түсіп, шырылдаған ащы дауыспен шешесінің әнін салып береді:
— Тақ-тұқ етіп таяғы,
Терезені қағады,
Көшеге тұра жүгірдік,
Жас малшы тұр, біз көрдік!
Батқан күннің қызылы,
Малшы-Борька — қырмызы —
Сайратты кеп сыбызғы, —
Село тыңдап, мызылды!
Ол осы секілді албырт өлеңдерді көп білуші еді және оларды әнге өте әсемдеп салатын-ды.
— Сонымен, — деп сөзін жалғастыра берді ол, — шешем сол табалдырықта отырған күйі ұйқтады да қалды, үйді суытып жіберді, тіпті пәле болды, қалшылдап барамын, үсіп кете жаздадым, бірақ оны орнынан қозғайын десем — әлім келмеді. Сосын бүгін таңертең оған: сен неге осынша сұмдық маскүнем болдың? — дедім. Бірақ ол: ештеңе етпес, аз ғана шыдай тұр, көп кешікпей өлемін ғой! — деді.
Чурка шынымен:
— Ол көп кешікпей өледі, тұлабойының бәрі ісіп кеткен, — деп қостап қойды.
— Сен қайғырар ма ең? — деп сұрадым мен.
— Енді қайтеді деп ең? — деп таңырқады Вяхирь. — Шынында менің шешем жақсы ғой...
Сондықтан, біздің бәріміз де, мордовканың Вяхирьды тексермей сабай беретінін біле тұра, оны шын жақсы кісі деп, сенуші ек, кейде тіпті бір сәтсіз болған күндері де Чурка:
— Келіңдер, Вяхирьдың шешесіне араққа ортамыздан бір-бір тиыннан жинап берейік, әйтпесе ол Вяхирьды сабайды ғой! — деп ұсынатын.
Қосымыздағы сауаттыларымыз — Чурка екеуміз едік; Вяхирь біздерді қатты күндеуші еді де, тышқанның құлағындай сертиген құлағын тартқылай түсіп:
— Мордовкамды жерлеген соң, мен де мектепке барамын, мені оқуға ал деп мұғалімнің аяғына жығыламын. Оқып шыққан соң, — архиерейге, әйтпесе тіпті патшаның өзіне бағбандыққа жалданам!.. — деп көгершінше гүрілдейтін.
Шіркеу салуға ақша жинап жүрген шал мен мордовка екеуі жазғытұрым, бір шыны арағымен бірге құлаған отын кесіндісінің астында қалды; әйелді ауруханаға апарып салды, сосын салмақты Чурка:
— Жүр, біздің үйде тұр, менің мамам сенің сауатыңды ашады... — деді Вяхирьге.
Вяхирь біраз уақыт өткеннен кейін, басын жоғары қайқайта түсіп:
— Балакея дүкені... — деп маңдайша жазуларын оқитын болды.
Чурка:
— Бакалея ғой, албасты! — деп түзетеді оны.
— Көріп тұрмын ғой, бірақ әріпшелер ойнақшып алмаса береді.
— Әріптер!
— Әріпшелер — өздерін оқығанға қуанып, ойнақшиды!
Вяхирь ағаш, өсімдік атаулыға деген өзінің сүйіспеншілігіменен біздің бәрімізді әрі күлдіретін, әрі таңқалдыратын-ды.
Құмды жердегі бытыраңқы слобода өсімдікке өте кедей, тек кейбір аулаларда ғана жалғыз-жарым сыйда құба талдар, қисық-қисық аюбадам бұталары сорайып тұратын, сосын қоршау іргелерінен өңсіз, қу шеп шақ қылтиып көрінетін; біздің біреу-міреуіміз сол шептің үстіне отыра қалса, Вяхирь ашуланып:
— Шөпті неге жапырасыздар? Былайырақ, құмға отырсаңдар қайтеді, сіздерге бәрібір емес пе? — деп күңкілдейтін.
Оның көзінше құба талдың бір титтей бұтағын сындыру, аюбадамның шешек атқан бұтағын жұлу, я Ока жағасындағы қызыл талдың шыбығын кесіп ала қою ыңғайсыз болушы еді — ол әрдайым, жаурынын бүлк еткізіп, құлашын жан-жаққа жаза түсіп:
— Барлық нәрсені сындыра беретіндеріңіз қалай? Неғылған сайтан едіңдер! — деп таңырқайтын.
Оның таңырқағанынан барлығымыз да ұялатынбыз.
Сенбі сайын қызық ойын құратынбыз, — кеше көшеден ескі шабаталарды жинап, оларды бір елеусіз түкпірлерге үйіп, ойынға бүкіл апта бойы дайындалатынбыз. Сенбі күні кештіғұрым Сибирь пристанынан жүкші татарлар топ-тобымен үйлеріне келе жатқан кезде, біздер бір көшенің торабынан орын теуіп, татарларға шабата жаудыра бастаймыз. Алғашқы кезде бұл олардың ызасын келтірді, олар біздерді қуалап, балағаттап жүрді, бірақ көп кешікпей ойынға олардың өздері де салынып кетті; алдарында не күтіп тұрғанын күнбұрын біліп, ұрыс майданына олар да көптеген шабатамен қарулана келетін болды; оны азсынып, біздердің соғыс құралымызды тығатын жерімізді біліп алып, өздері талай ұрлап кетіп те жүрді. Біздер:
— Бұл ойын болмайды! — деп шағынатынбыз оларға.
Сосын олар шабаталарды екіге бөліп, жартысын бізге береді де, ұрыс бастала жөнеледі. Олар бір ашық жерге сап құрып тұрады, біздер қиқу салып, шабатаны жаудырып, оларды шырайнала шапқылаймыз, аяққа дәлдеп тиген шабата ұшырып түсіріп, біздердің біреу-міреуіміз екпінмен құмға омақаса құласақ, олар да әулігіп, көшені басына көтере қарқылдап күлісетін.
Қызу ойын ұзаққа, кейде әбден ымырт жабылғанша созылады, қала адамдары жиналысады, бұрыш-бұрыштың тасаларынан қарап, тәртіп сақтамақ боп, күңкілдесіп тұрады. Дымқыл, шаң-шаң шараталар әуеде ұшқан қарғаша зулайды, кейбіреуіміздің мықтап сазайымызды тартатын да кезіміз болады, бірақ жаныңа батып, жәбір көргеніңнен тапқан рақатың басым көрінетін.
Татарлардың қызынуы бізден олқы түспейтін-ді; біздер көбіне-көп ұрысты бітіріп, соларменен бірге артеліне барамыз, онда олар бізді жылқының тәтті етін, овощтан пісірген біртүрлі бір ерекше көже беріп, қонақ етеді, ас артынан майға илеген тәтті бауырсақпен қою тақта шай ішеміз. Шетінен — алып күшті, бұл нән адамдарды біздер тәуір көретінбіз, өздерінде сәбилік тәрізді, көңілге өте қонымды бір нәрсе бар болатын, — момындығы, мызғымас ақкөңілдігі, әрі бір-біріне көзқарасының ықыластылығы, байсалдылығы мені өте-мөте таңқалдырушы еді.
Бұлардың бәрі де күлгенде шек-сілесі қата, өте тамаша күлетін-ді, сосын өздерінің арасында — Касимоводан шыққан қисық мұрын, ертегінің алыптарындай асқан күшті бір мұжық бар еді, бір күні ол жиырма жеті пұттық нән қоңырауды баржыдан едәуір жердегі су жағасына көтеріп апарды. Күле сөйлеп:
— Вву, ввуі Шөп татыған жасық сөз, бес тиындық — пасық сөз, алтын ақшадай — асыл сөз! — деп, даурыға айғай салды.
Бір күні ол Вяхирьды алақанына отырғызып, жоғары көтерді де:
— Міне, осы арада тұр, аспанда тұру керек! — деді.
Жауын-шашынды күндері біздер Язьдың үйіне, әкесінің бейіт басындағы қарауыл лашығына жиналатынбыз. Әкесі бір сүйектері қисық-қисық қолы ұп-ұзын, жағал-жағал адам болатын: титтей басындағы шашы да, тотыққан бетіндегі сақал-мұрты да өңсіз, түте-түте; басы қу ошаған сияқты да, қылдай, ұзын мойны соның сабағы тәрізді. Біртүрлі сары көздерін мүләйімсіп кілмите қарайды да, дыбырлап сөйлеп:
— Құдайым ұйқыны қашыра көрмесін! Уһ! — деп, кеңкілдеп қояды.
Біздер үш мысқал шай, бір осьмушка қант, нан, Язьдың әкесіне арнап — әман ширек шыны арақ сатып аламыз; Чурка оған:
— Самауыр қой, жаман мұжық! — деп бұйырады ызғарлана сөйлеп.
Мұжық күлімсірей түсіп, қаңылтыр самауырды қояды, біздер шай қайнағанша, өз жұмыстарымыздың жайын кеңесіп отырамыз, ол біздерге:
— Естеріңізде болсын — ертең жоқ бірсігүні Трусовтар қырқын береді, зор қонақасы болады, — сендерге сүйек, міне, сонда көп болады! — деп, достық ақылын айтады.
— Трусовтардыкінің сүйегін қызметші әйелі жинайды, — дейді білмейтіні жоқ Чурка.
Вяхирь терезеден бейітке көз жіберіп:
— Көп кешікпей тоғай аралауға да шығамыз, ой дүние-ай! — деп қиялға шомады.
Язь жұрттың бәрінің бетіне мұңды көзін сала түсіп, үнемі бір тіл қатпайды, сол тіл қатпай отырған күйсіздерге өзінің ойыншықтарын, — сыпырынды тастайтын шұңқырдан тауып алған ағаш солдаттарын, аяғы жоқ аттарын, мыс сынықтарын, түймелерін көрсетеді.
Язьдың әкесі столға алуан түрлі шынаяқ, кружкаларын жаяды, самауыр әкеп қояды, — Кострома шай құюға отырады да, шал өзінің ширектігін ішіп алып, пешке шығып, сол арадан сорайған мойнын созып, біздерге жапалақ көздерін салып жатады:
— Ой, қырылғырлар-ай өңшең, — өздері тіпті бала сияқты емес қой, ә? Ah, ұрылар, құдайым ұйқыны қашыра көрмесін! — деп күңкілдейді.
Оған Вяхирь:
— Біздер мүлде ұры емеспіз! — дейді.
— Олай болса, кішкентай ұрысыңдар...
Язьдың әкесі мазамызды ала берсе, — Чурка:
— Қойсайшы, жаман мұжық! — деп ашуланып, ақырып қояды оған.
Бұл кісінің қай үйде сырқат адамдар бар екенін, слобода халқынан жуық арада өлетіндерін бас-басына айта бастағаны маған, Вяхирьге және Чуркаға мүлде ұнамайтын-ды, оның өзі мұны рақаттана және жаны ашымай әңгімелеуші еді, сосын біздерге өзінің әңгімелерінің ұнамайтынын байқап:
— Еһ-е, қорқасыңдар ма, бұзықтар? Бәсе! Енді көп кешікпей, бір жуан адамның өлгенін көрерсіңдер, — ой, ол көпке дейін шірумен жатады ғой? — деп, біздерді жорта мазақтап, өшіктіреді.
Оның сөзін тыйып тастайды, — дегенмен ол:
— Бірақ шынында сіздердің де өлуіңіз тиіс қой деймін, жуынды шұңқырларын тімскілеумен ұзақ өмір сүрмессіздер! — деп қылқылдап қоймайды.
— Ендеше, өлсек — өле де кетерміз, — деді Вяхирь, — біздерді періште ғып әкетеді...
— Сіздерді ме-е? — деп ентігеді Язьдың әкесі таңырқағандығынан. — Кәдімгі — сіздерді ме? Періште ғып әкете ме?
Қарқылдап күледі де, өлген адамдар жайында неше түрлі жаман әңгімелер айтып, тағы да келемеждейді.
Бірақ бұл кісі, кейде жұлып алғандай, міңгірлеген бәсең дауыспен біртүрлі бір таңғажайып әңгімелер айта бастайтын.
— Тыңдаңдаршы, балалар, тоқтай тұрыңдар! Біле білсеңіз, бұрнағы күні бір қатынды жерледі, о қатын туралы хикаяны — оның қандай күш екенін біліп алдым ғой, балаларым.
Оның өзі әйелдер жайында өте көп әңгіме және де ылғи бір пасық әңгімелер айтушы еді, бірақ оның әңгімелерінде бір сұрақ бергендей, мұңдылық тәрізді бірдеңе бар-ды, біздерді ол өзімен бірге ой ойлауға шақырғандай болатын да, оны ықыластана тыңдайтынбыз. Ол өз сөздерін сұрақпен бөліп жіберіп, олақ, жөн-жосықсыз сөйлейтін, бірақ оның әңгімелерінен біздің зердемізге біртүрлі бір мазасыз үзінділер мен жұрнақтар қонып қалатын-ды:
— Ол әйелден: «Өртті кім жіберді!» — деп сұрайды. «Мен жібердім!» «О қалай, ақмақ? О күні түнде үйінде болғанын жоқ, ауруханада жатыр едің ғой! — «Өртті мен жібердім!» Ол неге бұлай дейді екен? Уһ, құдайым ұйқыны қашыра көрмесін...
Язьдың әкесі, реңсіз, жалаң бейіттің құмына өз қолынан жерлеген, әрбір село адамының өмір тарихын біледі десе де болғандай еді, ол біздің көз алдымыздан үй-үйдің есігін ашқандай, өзіміз сол үйлерге кіргендей, жұрттың қалай өмір сүретінін көргендей болатынбыз, бір маңызды, мағналы нәрсе сезетінбіз. Оның өзі бүкіл түнбойы таң атқанша сөйлеуге талмағандай. Бірақ қарауыл лашықтың терезесі, іңір қараңғысына бөленіп, күңгірт тарта бастасымен-ақ, Чурка:
— Мен үйге қайтам, әйтпесе мамекем қорқады. Менімен бірге кім қайтады? — деп стол басынан түрегеледі.
Барлығымыз да кетеміз; Язь біздерді қоршауға дейін шығарып салады, қақпаны жабады да, тотыққан, сүйегі шыққан бетін қоршау керегесіне басып тұрып:
— Қош тұрыңдар! — дейді міңгірлеп.
Оған біздер де — қош тұр! — деп айғайлаймыз. Оны бейіт басына тастап кету бізге әрқашан да ыңғайсыз болатын. Бір күні Кострома, артына қарап қойып:
— Ертең ояна кетіп, оның өліп қалғанын да көрерміз, — деді.
— Язьдың тұрмысы бәріміздікінен де жаман, — дейтін Чурка әлсін-әлі, бірақ Вяхирь:
— Біздердің тұрмысымыз мүлде жаман емес... — деп, үнемі қарсы сөйлейтін.
Менің өз қарауымша да, біздердің тұрмысымыз жаман емес еді, — көшедегі бұл еркін өмір маған өте ұнайтын-ды, жолдастарым да ұнайтын, бұлар көңілімде біртүрлі бір өте үлкен сезім оятатын, оларға әрқашан да бір жақсылық істесем екен дегізіп, көңілім алып-ұшып тұратын-ды.
Мектептегі халім тағы да қиындап кетті, оқушылар мені ескі-ұсқы теруші, қаңғыбас қайыршы деген атаққа іліндіріп, мазақ ететін болды; енді бір күні, бір керістен кейін, менен жуынды шұңқырдың иісі шығады, сондықтан менімен қатар отыру мүмкін емес деп арыз етті мұғалімге. Бұл шағымға тым қатты жәбірленгенім және осыдан кейін мектепке баруым қиын болғаны әлі есімде. Шағым қастықпен ойлап шығарылған болатын: күнде таңертең өте мұқият жуынатынмын, шүберек жыйнағанда киген киіміммен мектепке ешуақытта да келмейтінмін.
Бірақ ақырында, үшінші класқа емтихан да беріп шықтым, наградқа инжил, қатырма мұқабалы Крылов мысалдарын, «Фата-Моргана» деген — түсініксіз титулды тағы да бір мұқабасыз кітапша алдым, мақтау қағаз да берді. Бұл сыйлықтарды үйге әкелген кезімде, атам қатты қуанды, көңілі жібіп кетті де, мұның бәрін де сақтап қою керек және кітаптарды өзімнің қобдиыма кілтке салып қоямын деді. Әжем бірнеше күннен бері сырқаттанып жатқан, ақшасы да жоқ екен. Атам:
— Сіздер мені сүйегіме тақай ішіп-жеп құрытуға қалдыңыздар, әй, сендерді ме-е... — деп үһлеп, зарлаумен болды.
Кітаптарды бір кішкене дүкенге алып барып, елу бес тыйынға сатып жібердім, ақшасын әжеме бердім, ал мақтау қағаздың бетіне бір жазулар жазып бүлдірдім де, сол табанда-ақ атамның қолына тапсырдым. Ол қағаздың бүктеуін жазбастан және менің тентектігімді байқамастан, оны мұқияттап тығып қойды.
Мектептен құтылып алып, кеше тұрмысына тағы да еркіндеп еніп кеттім, енді одан сайын жақсы болды, — көктемнің құлпырып тұрған кезі еді, табысымыз молайып кетті, жексенбі күндері бүкіл тобымызбен ертемен далаға қарағайлы тоғайға кетеміз, селоға маужырап шаршап, бір-бірімізге достығымыз одан сайын бекіп, әбден ымырт жабылған соң қайтамыз.
Бірақ мұндай өмір ұзаққа созылмады — өгей әкемді жұмыстан шығарып тастады, ол тағы да бір жаққа жоқ боп кетті, кішкентай інім Николай мен шешем атамның үйіне көшіп келді де, менің мойныма тәрбиеші әйелдің міндеті жүктелді, — әжем қалаға кеткен еді, сонда бір бай купестің үйінде плашаницаның бетіне кестелі жамылғы тоқып жатқан-ды.
Тіл-ауыз жоқ қаусап біткен шешем, дүниенің бәріне сұмдық үрейлі көзбен қарап, аяғын азар-азар алып жүреді, інім мысқыл ауру, екі аяғының тобықтарында іріңдеген жаралары бар, әрі сондай шынжау, тіпті қатты дауыстап жылай да алмайды, қарыны аш болса, тек сай-сүйегіңді сырқырата ыңыранумен ғана болады, тоқ кезінде ұйқылы-ояу қалғып жатады да, қалғыған күйі біртүрлі бір таңғажайып етіп күрсініп, мысықтың баласынша, ақырын ғана пырылдаумен болады.
Атам оның әр жерін ықыластана басып-барлап көрді де:
— Бұған тамақты тәуірлеңкіреп берген жөн болар еді, бірақ бәріңізге бірдей тамағым да жетпейді ғой... — деді.
Шешем, бұрыштағы төсегінің үстінде отырып:
— Оған көп керек емес қой... — деп, қарлыға күрсініп қойды.
— Анаған — аз ғана, мынаған — аз ғана, жинала келе, көп боп шығады ғой...
Атам қолын бір сілтеді де:
— Николайды сыртқа, күннің көзіне, құмның үстіне отырғызып қою керек... — деді маған қарап.
Қапшықпен таза құрғақ құм тасып әкелдім, оны терезе алдына күншуаққа бір шоқа ғып үйдім де інімді, атамның нұсқауынша, мойнынан келтіре көміп қоятын болдым. Балаға құмда отырғаны ұнайтын-ды, жалтыраған ақ шығыршықпен қоршаулы, тек өңкей көгілдір қарашығы ғана бар, ағы жоқ — ғажайып көздерін рақаттана қысыңқырап, жылтылдата қарайды менің бетіме.
Ініме бірден қатты бауыр басып кеттім. Атамның шешеме:
— Өлудің онша көп қиындығы жоқ қой, сен өмір сүре білсең екен, — деп қырылдаған дауысы талып естіліп тұрған терезенің алдындағы құмның үстінде өзінің қатарында жатқан менің ойымда не барын, інім түгел түсініп отырғандай көрінеді маған.
Шешем ұзақ жөтеледі...
Бала қолын құмнан суырып алып, ақселеу басын шайқай түсіп, маған қарай талпынады; шашы сирек, ағара жылтылдайды, шүңкиген беті көне, әрі ақылды.
Екеуміздің жанымызға тауық, мысық жақындап келсе, Коля соларға көпке дейін көзін салып отырады, сонсоң менің бетіме қарайды да, болар-болмас қана күлімсіреп қояды, қасында отыра-отыра жалыққанымды, өзін тастай сала, көшеге қаша жөнелгім кеп отырғанымды інім сезіп отырған жоқ па екен? — дегендей, осы күлкі көңілімді абыржытады.
Аула — алақандай, тап-тар, әрі лас, бүкір тақтадан салынған сарайшықтар, отын қоймалары мен погребтер қақпадан басталып келеді де, иіле барып, моншаға тіреледі. Үйілген қайық сынықтарына, отын кесінділеріне, тақтайларға, дымқыл жаңқаларға шатырлары лық толы, — мещандар осылардың бәрін су тасып, сең жүрген кезде Окадан ұстайды. Сосын бүкіл ауланың өзі қолапайсыз үйме-жүйме ғып жыя салған әртүрлі ағашқа лық толы; су армансыз сіңген ағаш, сасық иісі аңқып, күнге бөгіп жатыр.
Жап-жақын жерде ұсақ малдың бонясы бар, мұнда күн сайын таңертең бұзау мөңіреп, қой маңырап жатады, мүңкіген қан иісі соншама қою — иістің өзі кейде тіпті шаңытқан ауада селдір-күрең тор боп желпініп тұрғандай көрінеді маған.
Балтаның желкесімен екі мүйіздің аралығынан ұрып талдырған малдар өкірген кезде, Коля көзін кілмитеді де, еріндерін бұлтитып, сірә, сол дыбысты еліктеп қайталағысы келетін шығар:
— Ффу... — деп үрлеп қана қояды.
Атам түсте терезеден басын сұғып:
— Асқа келіңдер! — деп айқайлайды.
Баланы тізесіне отырғызып, атамның өзі тамақтандырады, — картопты, нанды шайнап алады да, қисық саусағымен Коляның жұқалтай еріндері мен сүп-сүйір кегіне жағып титтей аузына салады. Аз ғана тамақтандырып боп, атам баланың шолтиған көйлегін түріп, оның шәмпиген қарнына саусағымен түртіп-түртіп қояды да:
— Болар ма екен? Әлде тағы да берейін бе? — деп ойластырады дауыстап.
Есік жанындағы қаракөлеңке бұрыштан шешемнің:
— Өзіңіз көріп отырсыз, — ол нанға ұмтылып отыр ғой! — деген даусы естіледі.
— Сәбидің есі жоқ! Ол тойғанын білмейді...
Сосын Коляның аузына шайнаған асты тағы да сұрады. Осылай тамақтандырғанға қарап отырудың өзінен өлердей арланамын, алқымымнан қыса тұншықтырып, жүрегімді айнытады.
— Ал жарар! — дейді атам ақырында.
— Мә, мынаны шешесіна апарып бер.
Коляны көтеріп аламын, — ол ыңырсып, столға ұмтылады. Бұтақтары сынған шырша ағашындай, ұп-ұзын, жіп-жіңішке шешем, қырылдап, етсіз қу сүйек қолдарын созып, алдымнан көтеріледі.
Шешем тіпті мылқау боп қалды, қырқыраған дауыспен анда-санда бір сөз айтқаны болмаса, бұрышта күн ұзын бір тіл қатпай, өлгелі жатыр. Оның өлейін деп жатқанын өзім, әрине, сезіп біліп жүрдім, оның үстіне, әсіресе кештіғұрым, сыртты іңір қараңғысы басып, терезеден сеңсең иісіндей жылымшы, майлы сасық иісі келіп тұратын кезде, өлім туралы атам да мазаны алып, тым көп сөйлейтін болды.
Атамның кереуеті түпкі бұрышта, икон алдына жақын тұратын. Атам икон мен терезеге басын бере жататын, жатып алып:
— Мінеки, — өлетін уақыт та жетті. Құдай алдына не ұсқынымызбен барамыз? Не дейміз? Өмір бойы әбігер боп, бірдеңе істеген боп жүрген сияқтымыз... Нендей мұратқа Жеттік?.. — деп, қараңғыда көпке дейін күңкілдеумен болады.
Мен пеш пен терезе аралығына, еденде жатып ұйқтаймын, бойым сыймайды, аяқтарымды пеш астындағы қуысқа жіберсем, таракан қытықтаумен болады. Осы бұрышта талай азап шектім, — атам ас пісіріп жүріп, тұтқыш пен көсеу саптарымен терезенің көзін үнемі сындырумен болады. Осы секілді ақылды адамның тұтқыш сабының артығын кесіп тастауға кезі жетпей жүргені күлкімді де келтіретін, таңқалдыратын да еді.
Бір күні құмырасындағы бірдеңесі тасып кеткен соң ол асығыста тұтқышты қатты жұлқа тартып қалам деп, терезенің көлденең кергішін, қос көзін ойып түсірді, пеш көмейіндегі құмыраны төңкеріп алып, оны да қиратты.
Шалды мұның өте қатты ренжіткені сол, еденге отыра қалды да:
— Құдайым-ай, құдайым... — деп жылап жіберді.
Күндіз, атам шығып кеткен кезде, нан кесетін пышақты алдым да, тұтқыш саптарының үш сүйемдей жерін кесіп тастадым, бірақ атам, менің істеген ісімді көре сала:
— Қарғалған сайтан, — арамен кесуің керек еді ғой, арамен! Екі шетінен екі оқтау шығар еді, екеуін сатуға болатын еді, албастының тұқымы — деп ұрса бастады.
Сосын қолдарын далбалақтатып, сенеге жүгіріп шықты.
— Кіріспесең қайтеді... — деді маған шешем.
Шешем август айында, жексенбі күні түске жақын қайтыс болды. Өгей әкем кеткен жағынан тек жуырда ғана келіп, тағы да бір жерде қызмет істеп жүрген, Коля мен әжем оның вокзал жанындағы тап-таза пәтеріне көшіп те шыққан болатын, жуық арада шешемді де сонда апармақ еді.
Қайтыс болатын күні таңертең шешем маған ақырын болғанымен, бұрынғысынан гөрі ашықтау, жеңілдеу дауыспен:
— Евгений Васильевичке барып кел, оған: мен келсін деп егінеді дегейсін, — деді.
Қолымен жер таянып, төсекке көтеріліңкіреп отырып алды да:
— Жүгір шапшаңырақ — деді тағы да.
Шешемнің көздерінен күлімсірегендей бір тосын нұр шашырағандай боп көрінді маған. Өгей әкем түскі ғибадатта екен, әжем мені қарауылшы еврей әйелге насыбай әкелуге жіберді; дайын насыбай жоқ екен, қарауылшы әйел насыбай уқалағанша күте тұруға, сосын оны әжеме апарып беруге тура келді.
Атамның үйіне қайтып келген кезімде, ашық көгілдір түсті таза көйлек киген, әсемдеп таранған, бұрынғысындай маңғаз шешем стол басында отыр екен.
— Тәуірсің бе? — деп сұрадым, бір себептен үрейленіңкіреп.
Шешем маған жаман көзімен қарап:
— Бері кел! Қайда қаңғып жүрдің, ә? — деді.
Мен жауап беріп үлгірмей-ақ, ол шашымнан ұстап алып бір қолына арадан жасаған ұзын солқылдақ пышақ алды да, пышақтың жалпағымен мені құлаштап салып-салып қалды, — пышақ қолынан ұшып түсті.
— Көтер! Бері бер...
Пышақты көтеріп алдым да, столға тастай бердім, шешем мені итеріп жіберді; шешеме қорқа қарай түсіп, пештің кертешіне барып отырдым.
Ол стулдан тұрып, өзінің бұрышына ақырын жылжып барды, төсекке жатты да,терлеген жүзін орамалмен сүрте бастады. Қолы қалтылдай береді, екі рет бетін жанап барып, көпшікті сыйпап өтті.
— Су берші...
Шелектен шынаяқпен су әпердім, басын азар көтеріп, сәл ғана бір ұрттады да, қатты күрсініп, мұздай қолымен менің қолымды қағып жіберді. Сонсоң бұрыштағы иконға бір қарап алып, көзін маған аударды, күлімсірегендей боп, еріндерін жыбырлатты да, ұзын кірпігін көзіне ақырын жауып жіберді. Екі қолының қары аш бүйіріңе сіресіп жабысып қалды да, қолдарының басы, саусақтарын болар-болмас қимылдатып, тамағына таман қозғалып, көкірегінің үстімен жылжыды. Жүзінде бір кіреуке құбылады, сол кіреуке бетіне тереңдеп сіңіп, сарғайған теріні солдыра, мұрынды қусыра түсті. Аузы таңырқай ашыла бастады, бірақ демалғаны сезілмейді.
Шешемнің төсегінің жанында шынаяқты қолыма ұстаған күйі, оның жүзінің солып, сұрлана түскеніне қарап, өлшеусіз ұзақ тұрып қалыппын.
Атам кіріп келді.
— Шешем қайтыс болды... — дедім мен оған.
Ол:
— Неге өтірік айтасың? — деп төсекке қарай қалды.
Пешке таман барды да, пештің қақпағы мен табаны қатты салдырлатып, пирогты суырып ала бастады. Мен шешемнің қайтыс болғанын біліп, атам мұны қашан ұғар екен деп күтіп, оған қарап тұрмын.
Кенеп пиджак, ақ фуражка киген өгей әкем келді. Дыбысын шығармай стул алды, оны шешемнің төсегіне таман апарды да, жұлып алғандай, стулмен еденді түйіп қалып:
— Ay мынау өліп қалыпты ғой, қараңдар... — деп, жез кернейше, қатты айқайлап жіберді.
Атам көзін бажырайта ашып, пештің қақпағын қолына ұстаған күйі, соқыр кісіше сүріне-қабына, пештен бері қарай ақырын қозғалып келеді.
Шешемнің қабырын құрғақ құммен көміп тастаған соң, әжем молалардың арасымен, соқыр кісіше, бетінің ауған жағына кетіп бара жатқан кезінде, креске соғылды да, бетін бұзып алды. Язьдың әкесі оны қарауыл лашығына алып барып, әжем жуынып болғанша, маған:
— Аһ, сенбісің, — құдайым ұйқыны қашыра көрмесін, сен неғып тұрсың, ә? Бұның өзі сондай іс қой... Мен дұрыс айтып тұрмын ба, әжесі? Жарлы да, бай да — бәрі де сапар шегер молаға, — солай ма, әжесі? — деп, ақырын жұбату сөздерін айтып тұрды.
Ол терезеге жалт қарап, лашықтан кенет жүгіре шықты, бірақ сол сәтте масайрап қуанып, Вяхирьмен бірге қайтып келді:
— Мынаны қарашы өзін, — деді ол, сынған шпорды маған ұсынып, — нендей тамаша нәрсе, қарашы! Вяхирь екеуміз мұны саған сыйлаймыз. Дөп-дөңгелек емес пе, қарашы, ә? Қазақ киіп жүріп, жоғалтқан шығар — басқа ешкім де кимейді... Бұл нәрсенің өзін Вяхирьден сатып алайын деген ем, екі тиын бергем...
— Неге өтірік айтасын! — деді Вяхирь, ақырын болғанымен ашулана сөйлеп, бірақ Язьдың әкесі, менің алдымда секеңдеп, Вяхирьге көзін қыса түсіп:
— Вяхирьмысың, ә? Қаталын-ай! Ендеше, саған мұны сыйлайтын мен емес, осы-ақ болсын, осы... — деді.
Әжем жуынып болды, ісінген, көгерген бетін орамалмен орап алды да, мені үйге жүр деп шақырды, — үйде тиеберсін үстінде арақ ішілетінін де, мүмкін, ұрсысып та қалатындарын біліп, — бармаймын дедім. Михаил ағай шіркеуде тұрған кездің өзінде-ақ Яковқа:
— Бүгін ішіп аламыз ба, ә? — деп ентігіп тұрған.
Вяхирьдың есі-дерті мені күлдіру шпорды иегіне киді де, жерден тілімен ошаған алып көрсетті. Язьдың әкесі:
— Мынаның істеп жатқанын қарашы өзін, қарашы! — деп айғалап, жорта қарқылдап күле берді. Бірақ мұның бәрі де көңілімді көтермейтінін көрген соң, ол шыныменен: — Қой, болар, есіңді жинашы! Бәріміз де өлеміз, құс екеш, құс та өледі! Бері қара: шешеңнің бейітіне мен шым төсеп берейін — қажет пе? Осы қазір-ақ сен, Вяхирь, мен — далаға шығайық бізбен бірге менің Санькам да барады; шым ойып аламыз да, бейітті керемет қып жасаймыз, — одан артық бейіт болмайды!
Маған бұл ұнап кетті де, бәріміз далаға шықтық.
Шешемді жерлегеннен кейін бірнеше күн өткен соң атам:
— Ал, Лексей, сен — медаль емессің, саған менің мойныма тағылудың орыны жоқ, сондықтан сен кісіге жүруге кет... — деді маған.
Сосын кісіге жүруге кеттім.
Аударған Жаулыбай Қосыбаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі