Өлең, жыр, ақындар

Жастар және ішімдік: болашаққа балта шабу ма?

Қазіргі таңда жастар арасында ішімдік ішу қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Кешкі уақытта көшеде, дәмханаларда немесе тіпті көліктердің ішінде мас күйінде жүрген жастарды жиі кездестіреміз. Бұрын мұндай көрініс таңсық болса, қазір көз үйренген. Бірақ бұл – қоғам үшін ең қауіпті дабылдың бірі.

Өз көзіммен көрген оқиға

Бір күні әкеммен бірге такси қызметін атқарып жүрген едік. Кеш бата үш жолаушы тоқтатты: бір ұл мен екі қыз. Ұл сау, сыпайы, ал қыздардың екеуі ішімдік ішіп алған. Бастапқыда бәрі қалыпты көрінді, бірақ көлік қозғалған соң, қыздардың бірі орындықта тік отыра алмай, күлкіге басты. Жолдың жартысына жеткенде, мен ыңғайсызданып, әкеме «түсе тұрайын» деп сұрадым. Себебі қыздардың қылықтары шектен шығып бара жатты. Сол сәтте олар балағат сөз айтып, ұятсыз сөздер қолдана бастады. Бұл көрініс мені қатты ойландырды. Себебі, бұл — жай ғана ішімдік емес, мәдениет пен тәрбиенің жоғалып бара жатқанын көрсететін жағдай еді.

Жастар неге ішімдікке әуес?

Көптеген сарапшылар жастардың ішімдікке салынуын жүйелі себептермен байланыстырады. Біріншіден — қысым мен күйзеліс. Көптеген жас өз мәселесін ашық айта алмай, ішімдік арқылы ұмытуға тырысады. Екіншіден — орта әсері. Қазіргі қоғамда «ішпесең, көңіл көтере алмайсың» деген жалған түсінік қалыптасқан. Ал үшіншіден — жастар арасында идеал тұлғалардың аздығы.

Мысалы, TikTok немесе Instagram секілді әлеуметтік желілерде ішімдік ішіп, күлкі мен лайк жинайтын контенттер көп. Ал шынайы еңбекті, оқуды, рухани дамуды дәріптейтін бейнелер аз көрініс табады. Бұл — сананы улайтын ең қауіпті құбылыс.

Гуманистік тұрғыдан қарасақ

Журналистикадағы гуманистік принцип – адамды, оның өмірін, намысын және болашағын қорғау. Осы тұрғыдан алғанда, жастардың ішімдікке салынуы – тек әлеуметтік мәселе емес, адам тағдырына балта шабу. Ішімдік – еркіндіктің көрінісі емес, әлсіздіктің белгісі. Бүгін ішіп жүрген жас – ертең қоғамда өз орнын таба алмай, өмір жолында сүрінетін азамат болуы мүмкін.

Сондықтан қоғам, ата-ана, ұстаз және бұқаралық ақпарат құралдары бірігіп, бұл мәселеге бейжай қарамауы керек. Әр жаңалық, әр пост, әр сөз — тәрбиелік мәнге ие болуы тиіс.

Қорытынды

Мен көрген сол оқиға – өмірдің бір сәті ғана. Бірақ дәл сондай мыңдаған сәттер еліміздің әр бұрышында қайталанып жатыр. Бірі мас күйінде рөлге отырып, бірінің тағдырын өзгертеді. Бірі ішімдіктің буымен досына ауыр сөз айтады. Бұл — тоқтатылуы тиіс үрдіс.

Біздің болашағымыз — білімді, рухы биік, мәдениетті жастар. Ал ішімдік – сол болашаққа ұрлық жасау.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар