Шоқан – қазақтың тұңғыш ғалымы
Қазақ халқының тарихында халқына білім мен ғылымның жарық шамын жаққан, өз дәуірінен озық туған тұлғалар көп болмаса, аз емес. Солардың ішінде шоқтығы биік, қазақтың тұңғыш ғалымы атанған Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың орны бөлек. Оның 30 жылға ғана созылған қысқа ғұмыры — тұтас бір ғасырдың ағартушылық, ғылымға бет бұру кезеңін айқындап берді.
Шоқан Уәлиханов 1835 жылы қазіргі Қостанай облысы аумағында дүниеге келді. Әкесі Шыңғыс Уәлиханов – Абылай ханның немересі, ал әжесі Айғаным – білімді, көзі ашық жан болған. Әжесінің ықпалымен жас Шоқан білімге деген құштарлығын оятты. Кейін ол Омбыдағы кадет корпусында оқып жүріп-ақ ғылымға ерекше қызығушылық танытып, тарих, география, этнография салаларына ден қойды.
Шоқанды өзгелерден даралаған қасиеті – тек зерттеу жүргізіп қана қоймай, сол еңбектерін халыққа жеткізе білуінде. Шоқанның ғылымға қосқан зор үлестерінің ішінде қырғыздың ұлы эпосы «Манасты» алғаш ғылыми тұрғыда қарастыруы ерекше орын алады. "Манасты" жазып алу үшін жас ғалым өзі аяқтай қырғыз жеріне барған еді. Шоқан эпосты алғаш ғылыми тұрғыда талдап, оның тарихи-мәдени маңызын жоғары бағалады. Өзінің “Жоңғария очерктерінде” осы жыр жайлы сөз қозғайды, оның қысқаша мазмұнын түсіндіреді. Оған қоса Жетісу, Қашғария аймақтарына жасаған сапарында географиялық, этнографиялық, тарихи мәліметтер жинап, оларды ғылыми тұрғыда сараптап, құнды деректер қалдырды. “Алты шаһарға сапар” атты еңбегінде оның осы шаһарларға сапары баяндалған. Оның қызығы мен шыжығын, ауыртпашылығын ғалымның өз жазуынан білген үлкен бір мұра іспеттес.
1856 жылы М.М.Хаментовскийдің жетекшілігімен ұйымдастырылған Ыстықкөл және Алатау қырғыздары экспедициясынан кейін Шоқан Уәлиханов Қытайдың Құлжа қаласына сапар шегеді. Еуропалықтар түбегейлі зерттей алмаған Қытай өңірін терең зерттеп, аса құнды әрі бағалы деректер жинап, өте маңызды жаңалықтар ашқаны үшін ғалым-саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановқа штабс-ротмистр шені атағы беріліп, орденмен марапатталды.
Қазіргі уақытқа дейін ұлы ғалымның өмірін зерттеп, оның еңбектерін үздік деп таныған шоқантанушылар көп. Олардың бірегейлері Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, Әлкей Хақанұлы Марғұлан және Болат Ешмұхамбетұлы Көмеков. Қаныш Сәтбаев шоқантанушылар тобын алты рет құрып, кейін ұлтшыл деп айыпталған соң өз орнын Әлкей Марғұланға тапсырды. Ол өзінің экспедицияларын уақытша тоқтатып, Шоқан еңбектерін жарыққа шығаруды маңызды деп тапты. Нәтижесінде, алғашында “Избранные кітабы”, кейін 5 томдық жинақтың 1-томы жарық көрді. 1983 жылы Юнеско көлемі бойынша ғалымның 150 жылдығы атап өтілетін болды. Ш.Ш.Уәлихановтың 5 томдық еңбегін шығару Болат Көмековқа сеніп тапсырылды. Оған көмектесіп, жинақты шығаруға қатысқан ғалымдар: А.Х.Марғұлан, М.С.Тұрсынова, Дж.Х.Кармышева, Л.М.Әуезова, Т.Ж.Шойынбаев, Г.Н.Уәлиханов, З.Н.Пальгова, Н.Н.Мингулов және тағыда басқалары. Одан бөлек Көмеков көппен бірге 1985 жылы санаулы күндердің ішінде ғалымның біртомдық жинағын дайындап шықты. Ол жинақ 1987 жылы ғана жарық көрді. Шоқанның еңбектері үшін қолда келгеннің бәрін жасаған осындай шоқантанушылардың болғаны көпті қуантады.
Шоқанның еңбектеріне замандастары да жоғары баға берді. Белгілі ғалым Григорий Потанин Шоқанды «өз халқының болашағы үшін туған қайраткер» деп атаған. Ресейдің белгілі ғалымы Федор Достоевский де Шоқанға ерекше ықылас танытып, оған «сенің атың ертең қазақ даласының аспанында жарық жұлдыздай жанатынына сенемін» деп хат жазған. Кейіннен академик әрі шоқантанушы Әлкей Марғұлан Шоқан жайлы «қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы, тұңғыш шығыстанушысы және этнографы» деп баға берді. Бұл пікірлердің барлығы Шоқанның ғылымдағы орнын ғана емес, оның елге, ұлтқа деген шынайы жанашырлығын айқындайды.
Шоқан тек зерттеуші ғана емес, ағартушы да болды. Оның еңбектерінде халықты қараңғылықтан арылтып, білімге жетелеу идеясы айқын сезіледі. Қазақ даласына «ғалым деген кім?» деген түсінік әлі толық орнықпаған кезеңде Шоқанның ғылымға бет бұруы — ел болашағы үшін үлкен қадам еді.
Небәрі 30 жасында дүние салса да, Шоқан артына өлмес мұра қалдырды. Оның еңбектері ғасырлар бойы өз құндылығын жоғалтпай келеді. Бүгінде оның есімі университеттерге, көшелерге берілген. Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейі де бар. Ол музейде Шоқанның жүріп өткен жолдарын бейнелейтін, 250 келі қой жүнінен тоқылған, бір қабырғаны тұтас алатын кілем ілінген. Әрбір қазақ жастары үшін Шоқан — ғылымға деген құштарлықтың, елге қызмет етудің белгісі.
Қазақтың тұңғыш ғалымы атанған Шоқан Уәлиханов — ұлт тарихындағы ұлы тұлға, өшпес із. Ол – жас болса да терең ойлы, білімге адал, елінің болашағына алаңдаған қайраткерлердің бірі. Бүгінгі жастарға Шоқанның өмірі мен еңбегі — шынайы үлгі. Өйткені ғылым жолы – тек білім іздеу ғана емес, халықтың болашағын ойлау екенін Шоқан өз ғұмыры арқылы дәлелдеді.
Орындаған: Қуаныш Мәлика, ҚазҰУ-дың 1-курс студенті.
Ғылыми жетекші: фил.ғ.к., доцент Р. С. Жақсылықбаева.
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі