Өлең, жыр, ақындар

Шығарма

Ол кезде бұлардың кеңсесі Қошқарата бұлағының жарқабағындағы жарылғалы тұрған жалғыз үйдетұғын. Жалпыдан жырылған жалқыдайын құлазып отырғанында күтпеген жерден Проректор кірді. Әлі күнге дейін есінде ғой, ол кісінің кеңсені іздеп тауып алғаны, жетіп барғаны еңсесін одан әрмен езе түскен еді. «Бізді Васильевтің қуып тыққан жері осы болды», — деген бұл бұлақтың бойын булықтыра қайғыртқандай. «Таң қаламын, — деді сосын тағы да бұл. — Неге сонда оның бір басында төрт-бес кеңсесі болуы керек те, пақырлар коғамында ештеңе болмауы тиіс? Бәріміз бірдейміз, теңбіз дейтініміз қайда қалады сонда?»

Проректор мұны бірінші мәрте көріп тұрғандай таңдана қарап, көзін әзер тайдырып әкетіп, қоңыр үстелдің үстіндегі сарғайған газеттерді аударыстырған сыңайланды. Лауазымына сәйкес Проректор пақырлар қоғамы басқармасына мүше болып сайланатын. Жалпы, өзі өзге бастықтардай емес, ерекше елгезектеу, жан-жақтылау секілді. Бұлақ бойындағы бұлыңғыр бұлтты серпіп тастағандай бір күліп алды да:

— Мәселе кеңседе емес кой, Пақырдин, оны өзің дағы жақсы түсінесің, — деді Проректор.

— Мәселе кеңседе емес, — деді бұл да қызбалана түсіп. — Кеңседе емес, еңседе болып тұр ғой, аға! Бір түрлі еңсемді көтере алмай-ақ қойдым. Өзімді о дүниеде жүргендей сезінетінім бар осы күндері.

Проректор тіксініңкіреп қалғандай, сарғыш газеттерді ысырып қойып, шиқылдақ орындықты шегіндіріңкіреп отырды.

— Немене, о дүниені білуші ме едің? — деді ол енді өзімсінген, бірақ реніштілеу райда. — Әлде, барып қайтқандай жағдайың бар ма?

— Барып қайтпасам да білетін сияқтымын. Бұ дүниеден баз кешкеніме біраз уақыт өтіп кеткендей көрінеді де тұрады, — деді Пақырдин.

— «Шала дін мен қате пәннің» жемісіндей жалпыдан безіп, тіршіліктен түңіліп, тау кезіп кеткен, үңгір сағалап, қылуетке түскен шайырлар болған. Оларды өзің де жақсы білесің ғой сен. Соларға еліктеп жүрсің бе, әлде?

— Сопыларға солықтайтындай мен кім едім соншалық?

— Болмасаң да ұқсап бақ деген. Жә, жарайды, әнеукүнгі телефонмен айтқанымды ойландың ба өзің? Бір хабарын беремін деп ең, үн-түнсіз көшіп кетіпсің?

— Болмағанға болыспа деген ғой, аға. Сондай-сондайға жүдә жоқпын ғой. Өз бетімше тып-тыныш жүрген жан едім.

— Сені бола қалсын, тола салсын дейтіндей көлпалдық емес мына біздікі де. Жаманды-жақсылы көпшілікке танылыңқырап қалған адамсың. Қабылдау комиссиясының құрамында сендейлердің біреу-жарымы жүрсе, біздің жаққа сәл де болса сенім нығаяр дегендегі мақсаттағы. Ал саған өмірді, адамдарды әр түрлі жағдайларда зерттеп, біле түспектің өзі аз олжа саналмас, сірә?! Оның үстіне обкомның мүшесісің, — деп, қолпашпен қорытындылады Проректор.

— Тағы біразырақ ойланайыншы, аға, — деді бұл Проректорға тұнжыр қараған күйінен танбастан. — Тып-тыныш жүрсем деп едім. Қанша дегенмен...

— Ақылдылар ойланғанша, ақымақтар ісін бітіреді дегенді біздің Ректор жиі айтыңқырайды, — деді Проректор Пақырдиннің арқасынан қағып-қағып жіберіп, орнынан түрегеліп. — Ертең сол кісіге кіруіміз керек. Тып-тыныш жүру деген өзің айтқан о дүниеде болмаса, бұ дүниеде, әй, қайдам-ау, әй, қайдам. Көп ойланбаққа уақыт тар, таңертеңгі сағат сегізде күтемін.

Проректор жарылғалы тұрған жалғыз үйден асыға шығып, мұның маусым айында мұздаған қолын ықыласпен қысып, мәшинесіне қарата асыға жүгірді.

Неге екені белгісіз, сол көктемде ғана кенеттен қайтыс болған обкомның бірінші хатшысы көз алдынан кетпей-ақ қойғаны. Біреулер «өзін-өзі өлтіріпті» десті. Пақырдинге салса, олай болуы мүлде мүмкін емес секілді. Марқұм көзі тірі кезінде бір емес, екі-үш рет өзі шақыртып алып, арнайы қабылдап, пақырлар қоғамына оң көзімен қарайтынын байқатып-ақ еді. Жаңадан келген бірінші хатшы мұның жеке басының жағдайын, тұрмыс ахуалын, үй-күйін қаншама қадағалап сұраса дағы, бұл бір ауыз айтпай, тек қана қоғамның жағдаяттарын мағлұмдап, облыстың шаруашылық салаларын саралаған болып еді. Бір таңғаларлығы сол, бірінші хатшыны қайтыс болардан бір аптадай ғана бұрын көрген-ді. Тұп-тура тал түстің шамасытұғын. Обком үйінің алдындағы шыршалардың арасында кідіріп тұрыпты. Жайшылықтағы жайдарылығы жоқ, төбесінен сәуір айының күншуағы емес, көңіл құлазытатын қарасұр көлеңке құйылып тұрғандай көрінген-ді. Күн ашық еді, жаңа бүршік жара бастаған майда ағаштардың айналасындағы нәзікеш көгал бетінде әлсіз көбелектер көлбеңдей ұшқан шақта, аспан әлемінде, көк жүзінде шөкімдей бұлтыңыз жоқта, әлгі кісінің төбесінен, төтесінен шүйілгендей көрінген зілдей қара көлеңкені байқағаны растұғын. Тап сол сәтте айқын сезіне қоймаған да шығар-ау, алайда апта өтіп, ел желден бетер гулей жөнелгенде, бәрі-бәрі айна-қатесіз көз алдына оралып, суреттей орнап қалды. Қалып қойды кетпестен. Сол күні солғын амандасқаны да есіне түсті емес пе? Қарауытып қарағаны да. Обком үйінің алды сәуірдің ашық күнінде, тапа-тал түстің өзінде кенеттен күңгірт тартқаны да. Ана кісінің аяғын сылбыр басып бара жатқаны да. Көгілдір шыршалардың көгістене сұрқайланып, күреңіте жөнелгені де. Еңсесі түсіңкі бірінші хатшының екі жаққа қарай ашылатьш емен есікті екі-үш рет тартып, нәтиже шығара алмағанына налығандай, қайрансыз қорланғандай көзқарасы да. Ішкі жақтан қызыл жағалы, жап-жас, жирен шашты милиционердің жымия ыңғайсызданып шығып, есікті айқара ашқаны да.

Апта өткенде бірінші хатшы кенеттен қайтыс болды. Әр түрлі әңгіме шыға бастады. Кім не айтпады дейсіз сонда?!

Васильев сазарған, қансыз-сөлсіз күйінен танбады. Сөйтіп, бұлардың кеңсесі Қошқарата бұлағының бас жағындағы биік жарқабақ басына, жарылғалы тұрған жалғыз үйге көшірілді.

Васильевіңіз де, бұл да, яғни Пақырдин де обкомның мүшелері болып сайланғантұғын...

— А-а, кел-кел, обком мүшесі, — деп қарсы алды Ректор.

Пақырдин Проректорға тура сегізде барған еді. Ол кісі бұған Ректордың алдында өзін-өзі қалай ұстауы қажеттігін айтып, әлдеқалай ұнамайтын сөз ести қалса, көңілге алмай-ақ қойғанының, мүмкіндігінше қырсықпағанының жөн екендігін тәптіштеп түсіндірген. Ректордың жалпы алғанда, жаман адам еместігін, қазіргі (яғни сол кезді айтып тұр ғой, осыдан шамамен он жыл бұрынғы кез еді ғой) заманда үлкен оқу орнын басқарудың аса қиындап, күрделі тартып кеткенін, Ректор түгілім Проректор, Декан, тағысын-тағыларға дейін жүйкелері жүндей түтіліп, мына таянып кеп тұрған қабылдау науқаны біткенше жарым жастары кеміп кететінін ұғындырып баққан. Сондықтан да шығар, кең кабинеттегі, аса алыс көрінген қап-қара үстелдің арғы жағындағы ақ жейделі, қызылшырайлылау, жымсиыңқыраған Ректор бұған түсінікті сезілді.

— Біз сені жақсы білеміз, — деді Ректор Проректорға қарап. Проректор басын бірнеше мәрте шұлғып еді, Ректор бұған бұрылып, «әне, көрдің бе, мен тек шынды сөйлеп, ақиқатты айтамын» дегендей кейіппен, рахаттана шалқайды. — Қысқасы, біз сені қабылдау комиссиясының құрамына үлкен сеніммен, құрметпен ұсынып отырмыз. Жо-жоқ, қалай еді әлгі, сені ұсынып отырған жұртшылық деп есептеледі. — Ректор Проректорға көзін төңкеріңкірей қарап, тағы да мақұлдатты. — Түсіндің бе, сен нағыз халықтың адамысың. Сені халық ұсынған болып табылады, солай саналады (оқырманға осы күнгі газеттерше ескерту: кейіпкер сөзі жазбагер көкейіндегі сөзбен сәйкес келе бермеуі бек мүмкін). Ал қабылдау комиссиясының құрамына кіргізетін — мына біз. Түсіндің бе?

— Түсінеді ғой, — деді Проректор (тағы да оқырманға ескерту: кейіпкердің кейбір пікірі үшін жазбагер жауап бермейді).

— Бұл сенімнің, бұл құрметтің жауапкершілігін терең сезіне білу керек, — деді Ректор креслосын алдымен сол жаққа, сосын оң жаққа жартылай айналдыра шайқатылып. — Бұ жігіт негізінен шығармаларды тексерумен айналысады ғой, солай ма?

— Солай, өзінің мамандығы мен қабілетіне әбден сәйкес, — деді Проректор.

— Әне, көрдің бе? Біз қабылдау комиссиясына сырттан кіретін адамдарды қалай таңдап, қалай іріктейміз? — деп масаттанды Ректор селкілдей күліп. Одан әрі Ректор көзәйнегінің үстінен Проректорға, көзөйнегінің астынан бұған қарап, бірталай ақыл-кеңес айтыңқырады. Шығарма тексерудің оңай еместігін, жас талапкердің келешегіне балта шабуға болмайтынын, әсіресе, осы жазба жұмыстарынан арыз-шағымдардың өте көп түсетінін біразға созыңқырады. Сонымен қатар, қатаң талап қоймақ керек. Осы жасыратыны жоқ, қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне құжат (ол кезде документ делінетін) тапсырушылардың тым-тым көп екендігін, бәрі осы факультетті оңай көретінін, ал шынтуайтына келгенде, бұл түсініктің түбірімен, мұқым ұшқарылығын, ең қиын, ең күрделі факультеттің филфак екендігін баян етті. Ректордың пікірінше, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін жеңіл көріп, оңай түспек оймен келушілер қатты қателеседі. Дәл сондайлардың көбінесе сауатсыз, шығарма жағына шорқақ болатыны — бесенеден белгілі нәрсе. Міне, сондықтан да оқу орнының басшылығы шығарма тексеру жұмысына бұл секілді адамдарды бекер-босқа таңдамайды.

Ректордың кабинетінен шыққанынша бірталай уақыт өтті. Ауызғы бөлмеде күтіп отырғандардың бәрі дерлік бұған дүние жүзіндегі ең бақытты адамға қарағандай қызыға аңтарылатындай. Проректор күте тұруы керектігін ескерткен-ді. Бір сағат өткенде бүкіл оқу орны бойынша қабылдау комиссияларының жиналысы басталды. Тағы да бір жарты сағат үзілістен соң факультет қабылдау комиссиясының отырысына қатысуына тура келді. Содан кейін пән жөніндегі комиссияның бас қосуы болып өтті. Одан соң шығарма тексерудің мән-мәнісі түсіндірілді.

Осылайша пақырлар қоғамының жетекшісі жоғары оқу орнындағы студенттер қабылдау науқанына араласып жүре берді емес пе.

Пән комиссиясының төрағасын бұл өзінше, іштей Пән-Төраға деп атай бастады. Пән-Төрағаның басы өте үлкен, бірақ жартылай жылтыр екен. Негізінен милық маңайынан жоғары қарата түк те жоқ, ал төмен жақты түгелдей биік жаққа жұмылдырып, атшаптырым алаңқайды селеу шөппен жапқандай әрекет жасаумен әлектенеді. Сондықтан сол қолы көбінесе төбесінде. Пән-Төраға талапкерлер (ол жылдары абитуриент дейтін) жазатын шығармаларды тексерудің жай-жапсарын бүге-шігесіне дейін түсіндірді. Әрине, ол кісі алдымен Ректордың ескертпелеріне ерекше тоқталды. Әділдік болу керектігін, адам тағдыры ойыншық еместігін, алып-қашпа сөздердің шығуына жол бермеу турасында айтыңқырап етті. Ректор мен Проректор ғана емес, басқа да ішкі және сыртқы органдар тараптарынан қатаң қадағалау, түрлі тексеріс жүргізіледі. Қабылдау емтихандарының өзгелері бір бөлек, ал қазақ тілі мен әдебиетінен жазылатын шығарма өз алдына бір төбе. Әсіресе сырттан келгендер, өзге жақтан шақырылғандар абайласын.

Пән-Төраға шығармаларды тексеру кезінде қызыл қарындашты қалай пайдалану керектігін ежелеуге кірісті. Сәл ойланып, сол қолымен төбесін жауып жатқан шашының тегістігін тексеріп, үнсіз қалды дағы, артынша оң қолындағы қызыл қарындашты шошайтып, аспанға көтерді. Тап сондай қызыл қарындаштар шығарма тексерушілердің әрқайсысында жеткілікті болуы керек екен. Тек қана қызыл қарындаш. Басқалай жазба құралдарының ешқайсысы жарамайды.

— Бірінші орфографиялық қателердің, екінші пунктуациялық қателердің саны жазылып, сосын, әрине, стилистикалық қателер, шығарманың мән-мағынасы, мазмұны жан-жақты ескеріліп, бағасы қойылады, — деді Пән-Төраға. — Бағаны алдымен цифрмен, ал жақшаның ішіне сөзбен жазасыздар. Бәріңізге, әсіресе сырттан келгендерге ерекше ескертетін нәрсе...

Пән-Төраға тағы да қызыл қарындашты басынан асыра жоғары көтерді. Пақырдиннің көз алдына сол көктемде кенеттен қайтыс болған обкомның бірінші хатшысы, оның үстеліндегі мұқият ұшталған, түрлі-түсті шүпірлеген қарындаштар елестей жөнелгені. Пән-Төрағаның не айтып, не қойып тұрғанын бұл түк те естіместен, басқа дүниеге еніп кете барды.

Обкомның жаңа келген бірінші хатшысын ә дегеннен-ақ жұртшылық жылы қабылдаған-ды. Өзгелер секілді қырып-жоюдан бастамады, өзінен бұрынғы басшыны бір ауыз ғайбаттамады, кеткен кісінің сыртынан салқын қабақ та танытпаған. Әлбетте, бұлардың да маңдайына сыймады ғой, тірі жүргенде Васильевіңіз пақырлар қоғамын басынбас еді.

Бірінші хатшыны бүкіл облыс болып жерледі. Үлкен қала тұп-тұтас қара жамылып тұрды. Көше-көшенің бәрі адамға лық толып кетті. Марқұммен қоштасуға келушілерде шек жоқ секілді сезілді. Обком хатшысының денесі шаһардағы ең көрнекті үйге кіргізіліп, сәлден соң қоштасу рәсімі басталды. Жұртшылықтың тізбегінде бұл да бартұғын. Сәуірдің шуақтанып-ақ келген күні табан астынан суытты. Содан бір апта бұрынғы, мұның көз алдынан кетпестей сурет болып орнап қалған, жүректің түбін суылдата мұздатар қорқынышты қарасұр көлеңке бүкіл жердің жүзін сумаңдай шырмап алғандай еді.

Марқұмның табыты атақты ғимарат залының сахнасына орналастырылды. Айналасында туған-туыстары отырыпты. Ең шетіндегі қараторы жас әйелге көзі түскенде мұның жігері құм болып қоя бергені. Бірінші хатшыдан титімдей де айнымайды-ау, айнымайды. Мұндай да ұқсастық кездеседі екен дә. Тек ағасынан айнымайтыны ғана емес, Пақырдиннің жігерін құм еткен басқа да бірдеңе бар сияқтанған-ды. Бәрінен де қатты қайғырып, қабырғасы қайысып, егіле езіліп отырғаны да өз алдына, обком хатшысының қараторы қарындасы адам илана берместей жүдеу киінген екен. Бұл пақырыңыз киім-кешек дегеніңізге тап сол сәтте қалайынша қазбалай қарап, тінткілей таңырқағанына түсінбейді. Әрине, обкомның бірінші хатшысы түгілім, анау-мынау қатардағы қызметкерлерінің қарындастары һәм үлде мен бүлдеге оранып, үлпілдеп жүретіндіктен таңырқаған шығар. Ақжемденген қара етігіне, жұпыны қоңыр пальтосына қайталай күрсініп қарай бергенде, кенет хатшының қараторы қарындасы теңсетіле зарлап, Қараүлек шешенің Мамайды жоқтағанындай қобыз-әуенге салды-ай келіп. Қапияда қайтқан облыс басшысының Қараүлек-қарындасы айтқан жоқтау зары шаһардағы ең шырқау биік ғимараттың өзін теңселтіп жіберді. Үйіңіз де кәдімгі адамдар секілді шайқалады екен. Ағасынан айнымайтын Қараүлек-қарындастың сөзін онша естімеді бұл, ал жоқтау әуені: «А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай, А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай...» деген күйінде құлағында қалып қойған.

— Сен, шырағым, мені тыңдап отырсың ба? — деген дауыстың қай тараптан естілгенін қиналыңқырай аңғарып, оқу орнының үйлері ортасындағы асфальт алаң құрсай қысып тұрған ақ теректен көзін әзер ажыратқан Пақырдин Пән-Төраға жаққа назарын жықты. Сөйтсе, ол кісі қызыл қарындашты биікке көтерген күйінде, бұған тесіле қарап тұрыпты. Тамағын кенеп, таңданысын жасырыңқыраған Пән-Төраға бүйдеді:

— Қалқам, біз сені білеміз, пақырлар қоғамын құрметтейміз. Сен түсінбегеніңді мына біздің сойқандардан сұрап алғын, жарай ма? Бұл сойқандар небір классикалық шығармаларды сойып салады. Мысалы, мына сары бала саған аға болады. Шығарма тексеруден алдына жан салмас. Институтты түп-түгел мойындатқан сойқанымыз — осы ағатайың.

Шегір көз сары бұған қарап, қадала тесілді. Аса мәдениетті мәнерде басын иіп қойды. Ағатайын бұл Қадалған деп ныспылады. Жалпы, жанамалап ат қоюға келгенде, Пақырдиніңіз мектептен бастап-ақ айтарлықтай қабілет танытқан-ды. Бір қызығы, сол қосымша есімдердің басым көпшілігі жұрттың жадына қонып, тіліне тұрақтап қалатын. Қадалған қайтадан бұрылып, қайтадан қадалыңқырады. Жүзі жұқалтаң сары болғандықтан, шегірден қоңырға табындау көзі көгілдірленіп кететіндей. Сәл жымиыңқыраса, мейірімсіз емес.

— Мен сені, інім, аздап біліңкіреймін, —деді Қадалған ағатайы жымия түсіп. — Пақырлар қоғамының бұрынғы жауапты хатшысы, марқұм ағамызбен бірқанша ұшырасулар ұйымдастырғанбыз. Балалардың тілін таба білетін, мінезі мінәйі, дауыс көтеріп сөйлемейтін, ешкімнің бетіне жел боп тимейтін жантұғын.

— Мен де оны қатты сыйлайтын едім, — деді Пән-Төрағаны онша менсініңкіремей, тіпті емтиханшылардың ешқайсысын онша мойындаңқырамай, маңғаз жүретін апайлары қасы-көзін кербездене жоғары көтермекке әрекеттеніп. — Өзі пақырлар десе, дегендей-ақ, байғұс оншама жарымай өтті-ау. Тәйірі, сендердің қоғамдарыңда не бар өзі? Түк те жоқ қой. Сол өзі тым ерте кетіп қалды-ау мына жалғаннан. Ана дүниеге де сондай жақсы адамдар керек білем ғой.

Осы пікірден пақырлар қоғамының бұрынғы жетекшісін не даттап отырғанын, не мақтап отырғанын біле алмай, басы қатқан Пақырдин апайына Тең-Төрайым деген атты тағуға мәжбүрленді. Себебі сол, кейде Пән-Төраға бір сөз айтса, Тең-Төрайым екі-үш есе асырыңқырап барып, әзер-әзер тоқтайды. Бір ғажабы, ондай-ондайлары өзіне жараспайды деу қиынырақ. Үлкен-кіші түп-түгел тыңдайтын секілденеді. Әңгіменің тақырыбы пақырлар қоғамынан қайтып, шығарма тексерудің ерекшеліктеріне қарай ойысқан. Пән-Төраға бірнеше жылдар ілгеріректегі оқиғаларды айна-қатесіз баян етіп өтті. Қызық-ақ екен, алайда енді қызып келе жатқанда, сол қолымен төбесін басып-басып, көп кідірістейтіні ыңғайсыздыққа соқтыра береді. Ондайда, әрине, Тең-Төрайым іліп алып кетер. Бастан кешкендерін тізбелеп, бірінен кейін бірін ағытып айта жөнелер. Бірақ құнығып тыңдай қойған ешкім жоқтай. Тек бет-жүзі қансыз-сөлсіздеу, жанары суықтау сезілетін жас ғалым жымсияды:

— Қайдам, апай, — деп мәймөңкелейді ол жігіт, — бізде тәжірибе мүлде жоқтың қасы. Былтыр тек ауызша емтиханға ғана қатыстық, шығарма тексеруге алғаш рет қосылып отырмыз, тек өздеріңізге сүйенеміз ғой, ардақты апай.

Әлбетте, бұл Пақырдиніңіз мектепте оқып жүрген жоқ, оныншы кластағы дәурен келмеске кеткен-дүр. Үлкен оқу орнында, беделді институтта шығарма тексеруге шақырылып отыр. Міне, сондықтан іштегінің бәрін бірдей сыртқа шығара беруге болмас. Жанама ныспы жағдаяттары да солай. Жаңағы жас ғалым әлі онша қалыптасып үлгере қоймаған жан екен-ау, дегенмен сазару жағын жан-жақты меңгерген. Сол себепті, Қадалғанға ұйқастыра Сазарған десе, ренжімес. Сырттай емес, іштей ғана атайды ғой бұл. Өзі ғана. Ал мына шетте, үнемі сәл күлімсіреп отыратын, сырттан шақырылған мұғалім келіншекті Сәл-Күлім деп атады.

— Сонымен, — деді Пән-Төраға үстелді тықылдатып, емтиханшылардың тыныштық сақтауын айрықша өтініп, — ең соңғы, ерекше ескеретін мәселені мен әлі айтқан жоқпын. «Бес» деген баға шығармаға мүлде қойылмайды. Естідіңіздер ме, қо-йыл-май-ды-ы-ы-ы. Сырттан шақырылған жолдастар, ерекше есте сақтаңдар. Тек алып бара жатқан жағдайда ғана, онда да тек Ректордың рұқсатымен қойылуы мүмкін. Бірақ соңғы оншақты жылдан бері ешқашан, ешқандай шығармаға «бес» деген баға қойылып көрген жоқ. «Бес» түгілім, «төрттің» өзін де абайлап, мына менімен, яки пән комиссиясының төрағасымен келісіп барып қоясыңдар. Негізінен сендердің қоятын бағаларың — «үш» пен «екі». Түсінікті ме?

— Түсінікті, — деді Сазарған.

— «Бес» қойып, өле алмай жүрміз бе? Оның несін айта бересіңдер осы, а? — деді Тең-Төрайым апайлары үстеме бояуларын үстел үстіне мұқияттап орналастырып отырып.

— «Екіні» ше, «екіні» ешкіммен келіспей-кеңеспей, қоя береміз бе? — деді Пақырдин.

— Пән комиссиясы төрағасының тапсырмасымен әрқайсың тексеретін шығармаларды негізінен мына мен бөліп беретін шығармын, — деді Қадалған суықтау жымиып. — Әрине, «екіні» кей-кейде сұраған жөн, келісіп-кеңескен артық болмайды. Ал көбінесе өз еріктеріңмен топырлата бересіңдер.

Сәл-Күлім сәл ғана күлімсіреп, сәл ғана күрсініңкіреп, бұған көз қиықтады. Бұл сәл ғана мұңайыңқырап, оған қарады. Сырттан шақырылған екеуі іштей ғана ұғысқандай, бірдеңелерді біліскендей. Бір кездері Сәл-Күлімнің қара шашы қалың болғанға ұқсайды, ендігі жұқарыңқыраса дағы, екі жарып, жылтырата тарап, төменгі жағын өрмелей термелеп, желкесіне түйіп қояды екен. Сол түйінді сәл-пәл қысып-қысып жөндеген Сәл-Күлім бұған тағы да бір бұрылыңқырап: «Әне, сол-ла-а-ай», — дегендей сезілген.

Екі күн өткенде бүкіл оқу орны бойынша қабылдау емтихандары басталды. Танертеңгі сағат сегізге жетпестен, арнайы куәлік қағазбен кіріп келе жатып, мұндағылардың үлкенінен бастап, ең-ең кішілеріне дейін адам танымастай өзгеріп, тас-түйін күйге түскенін байқамау мүмкін емес-ті. Өздері шығарма тексеруге тиісті аудиторияға жақындағанда, бұл да өзінің өзгешелене бастағанын сезінді. Соңғы айларда дел-сал жүретін денесі ыстық жаздың қапырық сапырған таңертеңгілігінде тоңазып, ширап, сергектеніп кетті.

Көршілес аудиторияда талапкерлер толы екен. Пән-Төраға шығарма жазудың тәртібін түсіндірердің алдында арнайы әзірленген, белгілі көлемдегі қағазды қолына алып, оның бастапқы тұсындағы көрсетілген орындарды қалай толтырудың жай-жапсарын тәптіштеді. Тең-Төрайым қасында отыр. Әрине, бұл жерде қабаттаса қоймас. Өзге емтиханшылар яки шығарма тексеретіндер талапкерлер орналасқан үстелдердің ара-арасында бәрін бақылап, қадағалап, қарап жүруге тиіс. Талапкерлер айтылған тапсырмаларды орындап, қағаздарының қажетті жерлерін толтырып біткенде, шығарма жазудың жағдаяттары әңгімеленді. Енді Пән-Төраға мен Тең-Төрайым қатарласа тұрған күйі сыртына мөр басылған құпия конвертті, яки пакетті ашуға кірісті. Бұл үшін талапкерлердің арасынан бір-екеуі шақырыльш, олар конверттің, яки пакеттің иланымды түрде жабық екендігіне, желімделгеніне, мөрленгеніне көз жеткізді. Сөйтіп барып, шығарма тақырыптары жасырылған пакет ашылып, белгілі болған үш тақырыпты үлкен, қоңыр тақтаға жазу Қадалғанға тапсырылды.

Осылайша, шығармалар жаздыру, оларды жинап алу және тексеру жұмыстары қызғын түрде жалғаса береді. Сәл-Күлім сәл күлімсірей отырып, сыбырлап қана сыр айтатынға айналды. Өзі ашқан құпияларды жеткізгенше асығатын-ды. Бұл да мылқау емес шығар-ау, аздап-аздап аңғарады ғой. Бірақ Сәл-Күлімнің байқағыштығына «бес» қоймау мүмкін емес-ті. Шығарма дегеніңізді жаздыруда бірталай әрекеттер жасалар, сірә. Олардың бірқатары кім-кімге де белгілі, түсінікті шығар. Қадалған мен Сазарған өзара одақтасып кетті. Жазылып біткен шығармаларды жинау үстінде бұл одақтың ым-жым жасайтыны не екен десе, Сәл-Күлімнің білгеніндей, бірінші бет нендей сөзбен немесе сөйлеммен басталып, немен аяқталатынын белгілеп, жаттап, әлде жазып алады екен дә. Басқа да толып жатқан әдіс-тәсілдері көп көрінеді, сырттан келген екеуінің ондай-ондайларға бас ауыртып нелері бар? Мына қызғын қызыққа қараңыз енді. Пән-Төраға мен Тең-Төрайым қабаттаса-таласа жарысып, шығармаларды түрлі-түрлі топтарға бөледі-ай келіп. «Неге соншама тесіле, телміре үңіледі, неліктен соншалықты сапырылыстыра сорттайды, ара-арасынан әлденелерді, әлдекімдерді іздегендей аласұра алақ-жұлақ етіседі?» — деп, қатты таңданатын-ды бұлар. Таңданатындай, қайран қалатындай себеп те жоқ емес қой. «Қанша қарап, тіміскілей тінткілегендерімен, шығарманың бірде-біреуіне талапкердің аты-жөні жазылмайды, тек «шифрлар» ғана қойылады емес пе?» — дейді ғой бұлар баяғы.

Пән-Төраға мен Тең-Төрайым әбден бөліп-бөліп, әрине, Қадалған қарыштай араласып, десте-десте етіп жиналған шығармаларды бұларға тапсырар. Бұлар әлгі шығармаларды алдарына алып, тексеруге кірісіп кетер. Тиемелін есептеп тексеретін Тең-Төрайым түкпірге барып, үн-түнсіз жұмысқа жегілер. Пән-Төраға көбінесе шығып кетіп қалатын. Бұл Сәл-Күлім екеуі алғашқы күндері кейбір шығармаларға «екі» қоюдың алдында қатты қайғырып, бірер тал шаштарын ағартып жүрді. Қадалған алғаш аздап ақылын айтыңқырады, кейіннен қатты-қатты ұрсып алды. Бірте-бірте бір күрсініп қойып, ерте бастан үкім шығарылған шығармаларды шетінен топырлата қыруға қолдары үйреніп бара жатты. Оның үстіне, обалы не керек, Ректор мен Проректор өте дұрыс айтыпты, қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне келгендердің басым көпшілігі сөйлем құрай алмайтындар қатарынан екен. Неге екенін кім білсін, бұлар алғашқыда талапкерлер сауаттылығының тым-тым төмендігіне жүйкелерін жұқартса, кейіннен өздері қоятын «екі» деген бағаларды ақтау үшін бе, әйтеуір сол сауатсыздық синдромына қуанатынға кетті-ау.

Кәдімгі жұрттың жиі айта беретініндей, «шифр» бойынша, кімнің кім екендігін білмеген, мүлде сезбеген күйлерінде баға қояды бұлар. Бір топты біткеннен кейін Қадалғанның тікелей басшылығымен бедіміске (ведомость) түсіру ісі атқарылар. «Шифр» дегеніңіз екі әріп пен бір цифрдан құралар, одан соңғы сызыққа «екі», «үш» немесе «төрт» деген бағалардың бірі түсірілер. Осыдан соң «шапан кигізу», яғни емтихан парақшасын толтыру операциясы атқарылар. Міне, осынау парақшаңыздағы тиісті бағалар түсіріліп, «шапан кигізу» басталғанда ғана кімнің кім екендігі, қандай баға алғандығы, тіпті суретіне дейін айдан бетер анық, таудан бетер танық көрінер. Базбіреулер өздерінің өзгешелеу бір тірліктерінің сәттілігіне әбден көз жеткізіп, тәтті-шырын ыңылдарға берілер. Қадалған мен Сазарғанға дейін сыр беріңкіреп, қос алақандарын ысқылап, құшырлана құлшынар. Бұл, яки Пақырдин Сәл-Күлімнің көмегімен бедімістегі бос орындарға емтихан парақшасындағы талапкердің аты-жөнін, тегін (фамилиясын) жазып, әлгі парақшадағы нөмірін түсіріп, сосын қайтадан «шапанын» бөліп алып, Пән-Төрағаға өткізумен, қайта-қайта түгендеп санаумен әлектенер. Ертеңіне тағы да келесі, сосын тағы да кезекті топтарға шығарма жаздыруға кірісер. Ректор мен Проректор жалған сөйлемес, шынымен-ақ филология факультетіне түсуге тілек білдіргендердің шеті мен шегі көрінбес.

Мұрындарынан шаншылып, институттың табалдырығынан таң ата бере аттап, түн ортасы ауғанда қайтып жүрді. Көбінесе түскі тамақ ішуге де уақыт жоқтұғын. Ондайда Пән-Төраға Сазарғанды самсаға жұмсайды.

— Иә, өлеміз бе, бірдеңе әкелгін, ыстық су ұрттайық, — деп Қадалған қосылады. Сәл-Күлім шай қояды. Сазарған сол қансыз-сөлсіз күйінде шығып кетеді. Шай ішіп отырғанда Пән-Төраға терлеп-тепшіп, шешіліп, ара-арасында, шайдың қызуымен кейбір құпияларын ашып алатын.

— Әй, сендер ешкімге айтпаңдар-әй, — деді бірде ыстық су ұрттап отырғандарында, — мына екеуі бар ғой, нысап жоқ, ұят-аят жоқ нағыздың нағыздары екен-ай!

— Кімдерді, қай екеуін айтып отырсыз? — дейді Қадалған түк білмеген түр көрсетіп. — Үлкен екеуді тұспалдайсыз ба, ортаңғы егізді мезгейсіз бе? Түсінбеді халқыңыз.

— Үлкендерде нем бар менің, қозғайтын тақырыбым белгілі емес пе? — дейді Пән-Төраға. — Апайларың жоқта кішкене шер тарқатып жатқаным дағы.

Шынында да, Тең-Төрайым барда мұндай сырлар шертілмес, мына кісі шиеленер, шешілмес. Бұл жолы Пән-Төраға деканат пен кафедра аймақтарын айтыңқырап отыр-ау деп шамаласты бәрі де. Бұл болжам расқа шықты. Шығарма тексерушілер шаршап-шалдығып, күн бесіннен ауар шақтағы қапырыққа шыдай алмай, Қадалғанның ұсынысымен ыстық су ұрттасып отырғанда, деканат пен кафедра аймақтарының бас иелері жетіп кірді. Келе сала Пән-Төрағаны ортаға алды. Ол кісі алғаш кіржиіңкіреді. Бас иелердің дауыстары сыбырлағанның өзінде сыздаңқытұғын. Пән-Төрағаның көнбеске амалы жоқ, олар кеткен соң булыға қызарып, төбесіндегі селеулердің аралары ашылып, қолын бір-ақ сілтеді. Қадалған қасына жетті. Сәлден соң шегір көз доцент бұған келді.

— Пақырдин қалқам, — деді Қадалған сыпайы ғана сызылған үнмен көмкеріліп, — кей-кейде аз ғана артқа адымдап, қасапшылықтан шегінуге тура келеді. «ҚТ-37» мен «ҚТ-124» деген шығармаларды тауып алып, «екі» деген бағаларыңды «үшке» түзеуің керек-дүр.

Бұл үн-түнсіз. Қадалғанның бетіне тесірейіп қалса керек. Әлі баға түзетуді білмейтін еді. Шегір көз, жұқалтаң сары доцент ағасының жүзі талаурай қызарды. Шығармаларды лезде топ ішінен түртіп шығарып:

— Міне, былай, — деді ол, — мына үтірлерді шертіп-шертіп ырғытып жібересің, мына «ы» түсіп қалады дейміз, алайда тілші ғалымдарыңыздың өздері анығын білмейді. Тағы үш-төрт қатені көрмеген бола салғын. Сонымен бұл шығарма «үшке» өтеді де кетеді. Екіншісін де осындай әдіспен сүйреп шығарасың. Оп-оңай.

Екі шығарманы бірдей «екіден» «үшке» сүйреп өткізген күннің ертесіне бұл қатты ауырғандай хал кешіп отырған еді. Күтпеген жерден бір айрықша шығармаға кезікті емес пе?! Шығарма иесі өзінің таңдаған тақырыбына байланысты қазақтың жоқтауын, иә-иә, кәдімгі жоқтауды жазған екен. Жанр ретіндегі жоқтау ауыз әдебиетінің оқулықтарында оншама жүрек тербеп, көңіл қозғайтындай деңгейлерде жазылмаған ғой. Ал мына шығарма мүлде алабөтен-ді. Мысал келтіретін тұстарында шығарма иесінің ағасынан айырылған бүлдіршін қыз екендігі айқын аңғарылып тұрды. Пақырдиннің көз алдына қайта айналып, сәуір айындағы қаралы күн оралғаны. Жүдеу киімді қараторы әйел жоқтау айтып зарлайды:

А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай,

А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай...

Пақырлар қоғамының жетекшісі пендешілікке беріліп, марқұм обкомның бірінші хатшысы бола тұра, мынау өзінен айнымайтын, егіз туғаннан бетер ұқсайтын қараторы қарындасының киім-кешегін жөндеңкіреуге қалайынша жәрдем көрсете алмағанын ойлаған. Әлде осы бір хатшы өзге пенделерден мүлде бөлек, басқалардың біріне ұқсамас, кірсіз ақыл, кіршіксіз ардың адамы ма еді? Шынымен-ақ? Сол арына абайсызда аз ғана дақ түсіріп алып, шыдас бере алмастан, акиқаттың жолында қараторғайдай қирап түсті ме? Дейтіні рас еді мұның.

Шығармадан бірде-бір қате таппады, таба алмаған. Мұнарлы мұңға шырмап алып, ілестіріп әкетіп барады. Тарихтың қатпарларын аз ғана сөзбен-ақ ақтарып, көп білетіндігін дәлелдей түйіп тастап, тағы да жылата жөнеледі:

Ақ кіреукелі сауыттым, Мамай,

Аш құрсағымды ауырттың, Мамай.

Жылай да жылай жалықтым, Мамай,

Зар қайғы жұтып жабықтым, Мамай.

Тас емшегімді жібіттің, Мамай,

Қу сүйегімді еріттің, Мамай.

Жұртыңды жауың қамады, Мамай,

Әппақ орданы талады, Мамай.

Артыңда қалған жас бала, Мамай,

Қашан өзіңдей болады, Мамай?

Қырық ұл туса, бір күнде, Мамай,

Орының қалай толады, Мамай! —

деп келтірген мысалын қарасаңызшы. Осыдан кейін осынау талапкер қыз тіпті үдей түсіп, Қараүлек шеше болып боздағандай, Күн-Ана мен Жер-Ананы қатар қоя қайғыртып, пәлсапалық-ғарыштық қорытынды жасап барып, шығармасын тәмәм етеді. Көзінің жасын жұта отырып, қолындағы қысқара бастаған қызыл қарындашпен қалайынша «бес» қойып жібергенін білмей қалыпты бұл. «Бес» деген бағаны бадырайтып жазып болған соң ғана ойға келіп, есін жиып, жүрегі сулады. Тіпті «бес» емес, «төрт» деген бағаның өзін Пән-Төрағамен келісіп, сол кісінің рұқсатымен ғана қоятындарын ұмытқаны несі? Не де болса, алған бетінен қайтпауға, мына белгісіз бір қыз үшін қолынан келгенінше күреспекке бекінді. Қашанғы пақыр болып жүре бермекші бұл? Пақырдиніңіз де бір ерлік жасамай ма? Мынадай шығарма үшін қойылмаған «бесіңіз» қайда, қашан, кімге қойылмақшы? Қайда, қашан, кімге апарып тексертсе дағы, дәл осындай шығарманы «беске» бағалауға болмайды деп ешкім айта алмас.

Пақырдин бір қыздың шығармасына «бес» қойғандығы туралы даусы дірілдеңкіреп айтқанда, бәрі әзіл ретінде ғана қабылдады. Бұл үнін қатқылдандыра қайталағанда, бір-екеуі күлді, бір-екеуі лажсыз бұрылды. Тек Пән-Төраға әлдебір бәленің өз басына төнгелі тұрғанын сезгендей, сұрлана жөнелді. Тең-Төрайым алтын жақтаулы көзілдірігінің арғы жағынан сүзіледі.

— Баршы, — деді Пән-Төраға Қадалғанға, — көрші.

— Қадалған мұның жанына асықпай аяңдап келіп, қызыл қарындашын құлағына қыстырып, астыңғы ернін қырши тістеледі.

— Рас екен, — деді Қадалған пән комиссиясының төрағасына қарап.

— Рас болса, несіне қарап тұрсың? — деп ашу шақырды Пән-Төраға. — Ешкім естімей, білмей тұрғанда, бір-екі қате тауып, «төрт» жасаңдар.

— Ойбай, мыналарың шын ба осы, мен әншейін әзіл-күлкі үшін айтты ма десем, аңқау басым, — деді Тең-Төрайым. Жүдеу жүзіне қан мен сөл жүгіргендей күреңітіп, Сазарған жақындаған. Бәрі таңданыс үстінде. Сәл-Күлім аузын ашып, жалтыраған самайын алақанымен сипалай береді.

— Тездетіңдер, жөндеңдер! — деді Пән-Төраға.

— Жоқ! — деді Пақырдин қатайып, бедірейе түсіп. — Ешуақытта да түзетпеймін. Түзеттірмеймін!

— Мына пақырың, төбемізге шықты ғой, ақырын-ақырын, — деді шегір көз доцент.

— Шырағым, мына біздің институтымыздың он-он бес жылдық тарихында жазбаша жұмысқа «бес» қойылған емес, — деді Тең-Төрайым ысып кеткен аудиторияда жұп-жұқа көйлегінің омырауын шымшып-желпіп жүріп. — Бекер-босқа арамтер боласың, айналайын. Оның үстіне мына бәрімізге назар аударылады, сөзге қаламыз. Қосымша тексерулер көбейеді. Қаптап кетеді тексерушілер. Әй, айтпақшы, осы жігітке неменеге жалынып-жалбарынып отырмыз бәріміз, а-аһ?! Төраға, сен бармысың, әлде жоқпысың өзің?

— Иә, бір-екеуміз оқып көрсек, қалай болады? — деді Сазарған еркінсіп, алақандарын ысқылап.

— Жарайды, — деп, сабасына түсіңкіреді Пән-Төраға. — Бір-екеуің оқып шығыңдаршы. Қажет десеңдер, бәрің оқып шығыңдар, талқыға салайық. Тек уақыттың тарлығын ескеріңдер. Бірақ қанша айтқанмен, обкомның білдей мүшесі ғой, Пақырдиннің пікірімен санаспасқа болмас. Солай емес пе? Әйтпесе «төртке» түзете салу түк емес қой.

Бірі басын шұлғыды, екіншілері күбірлей қостады, үшінішлері үн-түнсіз мақұлдасқандай. Сазарған оқып шықты, Қадалған қарап шықты. Екеуі де шығарманың бірде-бір қатесі жоқтығын айтты. Әсерлі жазылған екен, мысалдары да сәтті алыныпты. Сезімталдау адамдардың жанарына жас үйірілуі мүмкін. Бірақ әсерлі жазылған әр шығармаға еңіреп, көз жасты көлдете берудің жөні жоқ. Қажеті шамалы.

— Ей-ә-ә, әркімнің әуеніне төңкеріле берсек, түгіміз қалмас мына заманда, — деп қыстырылды Тең-Төрайым.

— Қатаң талап тұрғысынан қарағанда, «төрттің» өзі һәм жетіп-артылар, — деп үстеді Қадалған. — Оның үстіне қалыптасқан тәртіп бар, басшылардың тапсырмасы бар.

— Тал түсте найзағай шақырмалық, — деді Тең-Төрайым.

— Кімнің алдында да жауап беруге, дәлелдеп шығуға әзірмін, өзгерте алмаймын, — деді бұл бұрынғыдан бес-бетер бедірейіп, қасарыса қырсығып.

— Сен өзгертіп бере қойғын, — деді Пән-Төрағаның үні іріп, Сазарғанға жалына қарап.

— Өзіңіз айтқандай, Пақырдин ағамыз обкомның мүшесі ғой, мен бұл кісіні қалай түзеймін? — деп, мүләйімсіді ол.

Пән-Төраға Қадалғанға қарады. Шегір кез доцент шілденің шалығынан тұншығып тұрған алма бағына бұрылып алған екен.

— Пақырдин қалқам, шыныңды айтшы, бұл қызды өзің қамқорлыққа алып па едің? — деді Пән-Төраға салмақты болмаққа тырысып. — Егер солай болса, қорықпағын, «төрт» те жетеді, өткізіп береміз көптеп-көмектеп. Бір адамыңды. Әнеукүні адамым жоқ деген өзің едің ғой, қалқам. Енді бүйректен сирақ шығарып отырғаның нең? «Бесті» тезірек түземесек, жарты сағаттың ішінде айқай-шу шығады да кетеді. Білдің бе?

— Бір адам ештеңе етпес, жігіттер көмектеседі ғой, — деді Тең-Төрайым, жапон желпуішін шебер пайдаланып отырған күйі жібектей есіледі-ай.

— Пақа, енді бұдан артық не ақыл айтады мына аға-апалар? Мың да бір рахмет бұл әулие кісілерге! — дейді-әй Сазарған да алабұрта қызарып. — Обком мүшесі ретінде де, пақырлар қоғамының басшысы ретінде де сыйлап отыр ғой осыншама үлкен кісілеріміз.

— Обком мүшесі деп қоймадыңыздар ғой, — дей бастап еді бұл, қалғандары қатты қуанысты.

— Е, бәсе! — деді Пән-Төраға.

— Әзілдеп отырғанын білдік қой, — деді Тең-Төрайым.

— Өзіміздің бала ғой, — деді Қадалған.

— Асықпаңыздар, — деді бұл өзара одақ құрысқан Қадалған мен Сазарғанша қадала сазарып. — Асықпаңыздар, ағайындар, дәл сол обкомның мүшесі ретінде мәлімдеймін: бұл шығармаға қойылған «бесімді» өзгерте алмаймын және ешкімнің төмендетуіне жол бермеймін...

Аудитория іші тым-тырыс тына қалды.

Обкомның бірінші хатшысы көз алдында отырғандай. Аса жоғары лауазым иелеріндей емес, марқұмның жүзінде иман тұнып тұрады екен ғой. Иман жарықтық жүре пайда болмайды екен дә, іштен бірге туады екен дә. Әне, қараторы қарындасы жоқтау айтуда:

А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай,

А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай...

Аудитория іші жоқтау туралы шығармаға қойылған «бес» деген бағаға қуанудың орнына қатты қайғыру үстінде. Тап осы бөлмеде өліктің денесі жатқандай.

Аһылап-уһілеген Пән-Төраға оқу орнының басшыларына қаралы хабар естіртпекке кетті. Ақсұр үстелдің үстінде қоңырайып қана бейтаныс қыздың «бес» қойылған шығармасы жатты.

Жарты сағат өтер-етпесте Проректордың шақырып жатқандығы мағлұмдалды. Ол кісіні сол «шала дін мен қате пәнді» айтыңқырайтыны үшін жақынырақ көретін еді бұл.

Проректор екеуінің арасындағы ашық әңгіме ұзаққа созылған жоқ. Шамамен алғанда, мынадай рәуіште өтті. «Шығарманың шынымен-ақ айрықша екендігі рас па?» — «Ондай шығарма кездескен жоқ, қай жағынан алып қарағанда да жоғары бағалауға әбден лайық.» — «Ол қызды саған ешкім тапсырған жоқ па еді? Кейбіреулер күдіктенеді екен.» — «Сіз де сенбесеңіз...» — «Жә, жарайды, мен келістім. Шынында неге сонша абыржимыз осы, а? Он-он бес жылда бір «бес» қойылған екен. Талапкеріміз шығармасын «беске» жазса, қуанудың орнына бүкіл ел болып неге қайғырып жүрміз осы, а?!» — «Рахмет сізге, аға.» — «Жарайды, Пақырдин, Ректордың бір таяғын артығырақ алармын...»

Ректорға шақырылмады. Бәрінен дағы осыған қатты қуанды бұл. Көп жылдан бермен қарата шығармаға «бес» қойылғаны туралы сенсациялық ақпарат барша жұртқа тарап кете барды. Шығарма тексеру науқаны дер кезінде тәмәм етіліп, сырттан шақырылғандарға рұқсат беріліп, алғыс жарияланды.

Естуінше, ауызша емтиханда әлгі қыздан ерекше сұралған көрінеді. Тіл жөнінен Тең-Төрайым, әдебиет жөнінен Сазарған екеулеп тергеген тәрізді. Бірақ «бес» қойылған шығарманың иесі бірде-бір сұрақтан мүдірмеген деседі.

Жоқтау туралы шығарма жазған сол бір қызды арада екі, әлде үш жыл өткенде бір-ақ көрді бұл. Оқу орнында әлдебір жиналыс өткен-тін.

— Ой, ағ-ай, сіз Пақырдин ағасыз ба? — деді аққұбаша келген нәп-нәзік қыз.

— Иә, — деді бұл.

— Мені оқуға түсірген сіз екенсіз ғой, ағай, — деді әлгі қыз. Үлкен көздері жасаурап барып, кілт бұрылғандай болып, өзін-өзі тежеп тоқтатты дағы, қайта сөйледі. — Ағ-ай, сіз бар ғой, менің ағамнан айнымайды екенсіз, ағ-ай...

Сол бір сәуірдегі жоқтау сарыны қыл қобыздың зарындай құмығып, қайта оралды құлағына.

— Оқуға түсетін жылы жалғыз ағамнан айырылып едім, — деді әлгі қыз. — Ауылда тракторшы еді. Сенетін ешкімім жоқ еді, ағай... Сөйтсем, сіз секілді адамдар да бар болып шықты ғой, ағай... Рахмет, көп рахмет, ағ-ай!

— Рахметті маған емес, өзіңе айтқын, айналайын, — деді бұл қарадай қысылып. — Өзіңнің сондағы шығармаңа айт, айналайын...

* * *

Міне, жылдар жылжып, айлар аунап, уақыт жылдам өзгеріп, сол қыздың шығармасына «бес» қойылғалы бергі он жылыңыз да өте шығыпты. Пақырлар қоғамы әлдеқашан тарап кеткен-тін. Бұлар қапа болатын Васильев те жоқ, әлдеқашан ата-бабаларының жеріне көшіп тынған-ды. Пақырдиніңіз жалпыдан жырылып жүрер жалқы күйде, жабысқы шөптей тырмыса тірлік кешеді. Бір жұбанарлығы сол, бала-шаға өсіңкіреп үлгерді. Өзі бос уақытында базар аралап, адамдардың бет-жүзіне қарап, қиял кешетінге айналған-ды. Күндердің бір күнінде киім-кешек сататын қабаттардың қақ ортасынан құндыз бөрікті, нәп-нәзік, көздері үлкен-үлкен, кереметтей көрікті бір қызды көріпті. Қадалған да қалған ғой, баяғы. Сөйтсе, баяғы «бес» қойған қарындасы екен. Қыз тізіле ілінген түрлі-түрлі киім-кешектің ара-арасынан асыға жүгіріп шықты:

— Ағ-ай, ағ-ай! — дейді ол.

А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай,

А-а-а, а-а, а-а-а, ағ-ай...

— Сіз шынымен-ақ сізсіз бе, ағай?

— Өзің ше? Шынымен-ақ өзіңсің бе?

— Өзіммін, ағ-ай!

— Ойпырай, қалқам-ай... Қарағым-ай...

— Немене, ағ-ай, баяғы шығармасына «бесті» бекер қойған екенмін деп, өкініп тұрсыз ба? Ағ-ай...

— Жоқ, неге өкінейін, айналайын. Бұрынғыдан да көрікті болып кетіпсің. Соған қуанып тұрмын. Мынадай аласапыранда азбай-тозбай, әдемі болып жүргенің үшін рахмет!

— Жалпы, мен сізді жиі ойлаймын, ағ-ай, — деді қыз, — Ал сіз ше? Сіз мені оқта-текте болса да, аз-да-а-ап ойыңызға аласыз ба өзі? Ағ-ай...

— Неге ойламайын, қарағым. Мына жаман, пақыр ағаңның атын тарихта қалдырған сен емеспісің, «бес» қоятын шығарма жазып?

— Жақында ғана өз күшіммен бір бөлмелі үй сатып алдым, ағ-ай, — деді қыз. — Ағамнан қалған жалғыз бала бар еді, соны оқытып жатырмын, ағ-ай... Өзі өте үздік оқиды, үшінші класта, ағ-ай... Ауылдан көшіп келіп, базарға кірдік те кеттік, ағ-ай... Осылай болды енді, ағ-ай... Қанша қойсаңыз да, бүгінгі біздің тірлікке қандай баға қойсаңыз да, өзіңіз біліңіз енді, ағ-ай...

Баяғыдағыдай, шығармасына «бес» қойғандағыдай, басы айналып, ештеңе естімеді-ау, енді, сірә. Қыздың нәзік қолын сүйіп, құндыз бөрік маңайынан, қарындасының маңдайынан иіскегені есінде. Жанарынан жас парлап, әлгі қыздың: «Аға-ай, ағ-ай» деген үнін ілестірген күйінде базар шетіндегі терең сайға түсті де кетті.

Қырдағы сауда қыз-қыз қайнайды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз