Өлең, жыр, ақындар

Қанды қол

Мен — Қылмыскермін. Мені электрлі орындыққа отырғызып немесе дар ағашына асып қойып, өлім жазасына кесіңдер. Ерікті түрде. Бұл аздық етер, аттың құйрығына байлап, қасқыр талағандай алба-жұлбасы шыққан денемді далаға тастаңдар. Етімді қарға-құзғындар шоқысын. Сүйегімді қорқау қасқырлар кемірсін. Инквизиция сотындай қорлап өлтірсеңдер де қарсы емеспін. Қақым жоқ, жер басып жүруге. Қылмыскермін. Жүрегімді атып тастағанмын жайратып. Таң қалып отырған шығарсыз, бұл қалай деп. Өзім де таңқалудамын.

* * *

Мен өмір сүріп жүрген ортамды, әсіресе қоғамымды түсінбеймін. Өзіңді танымай адасып жүргенің... Бір данышпанның тал түсте қолына шырақ алып, адам іздеп жүргенін оқығанмын. Бәлкім, ол адам емес, топ арасынан өзін іздеп сарылып жүрген шығар деп ой түйгенмін сонда. Сол ойдың ұшына жетудің дәл қазір қиындығын сезіндім. Бірақ өзіңді іздеу үшін өзіңе сенім арту керек. Менің пенделік қағидамның бұлжымас ақиқаты — осы. Өзіне сенбейтіндер өмір кілтін өзгеден іздеп, соған арқа сүйеп, небір қарама-қайшылықтардың туындауына септесетіндей көрінеді. Келіспеуіңіз де мүмкін, адасып жүрген біреудің өмірі жайындағы ой-толғамдарымен. Ықтиярыңыз. Ал өз топшылауымдағы өзіңе сенім артуды жүрегіңе үміт арту деп бағаладым.

Не керек, жай-жапсарды білу мұратында Жүрегіме жүгіндім. Айнасына үңілдім. Көрдім. Жалбыр шашты біреуді. Жынды сүрей әлдекімге ұқсаттым, қолына тек гитарасы жетіспейтін, әйтпесе, басын жұлқып сахнада ән айтып тұратын. Артынан бұл ойымнан тезірек құтылуға тырыстым. Ол — өзім. Сол ғана. Өзгесіне көзім де, көңілім де жетпеді. Айғыз-айғыз. Лас. Суыртпақтап едім, Жүрегім сыр ашпады. Есесіне екіленіп, мені кінәлады.

— О басында таза ұстауың керек еді, — деді. Беті бүлк етпестен. Біз сол уақытта тазалықтың не екенін ұғынып па едік. Жоқ. Тазалық турасында өзін періштеге балаған Жүрегімнен алғаш естігенімді айттым. Жасырудың қажеті жоқ болатын.

— Ақымақсың. Сол ақымақтығыңды маған аудара салып, өзіңді аман алып шығуға құмарсың, — деді Жүрек. Жын иектеген-ау шамасы, долданып тұр. Түтігіп кеткен. Жүрегімнің бұлқынысын түсінбедім. Қабылдауға қиғаштау... Мен шарасыз күйде:

— Таланыма жазылған тағдыр тізбегінің бәрін сенің сүзгіңнен, елегіңнен өткізгеніме куәсің. Түбінде сол ақымақтығыма екеуміз қосылып жауап береміз ғой, — дедім.

— Ал сен, — деді Жүрек бұйыра сөйлеп, — өмірдің күллі құбылыстарын мен арқылы қабылдап, маған бар салмақты артып қойғаныңды білмейсің, білгің де келмейді.

— Қалайша? Сенен өзімді бөле-жара алмаймын ғой. Сондай-ақ, сенен жасырып жаман әдеттерге барған кезім болған емес.

— Жалтарма! Көңіліңнің ортаймауын қалаймын деп жүріп, талай күнә арқаладым. Тойып біттім, сенің тұрлаусыз тірлігіңе. Осы да жетер, кетемін.

Жүрек тайсалмай, неге болса да даяр қалпында отыр.

— Қайда?

— Сенен аулаққа. Енді екеуміздің екі бөлек өмір сүргеніміз тиімді болмақ. Бәлкім сенің орныңда басқа жан болса да, осындай шешім қабылдауым мүмкін еді.

— Мен қайтпекпін? Соған жауап берші.

Сәл жұмсардым. Жүрегімді алдаусыратып, қолымнан келгенше сабасына түсіріп, райынан қайтаруға ниеттендім.

— Айттым ғой саған басында. Енді сен үшін жауап бермеймін деп. Не деген түсінбейтін жансың. Соңыма Ақылды ертіп кетпегеніме шүкір дегейсің. Ол да ұшарға қанаты жоқ, әрең отырған шығар, -деді Жүрек. Күшіне мініп, қорқыта бастағандай. Одан әрі мені жек көретіндігін, мен жайлы ойларының лайланғанын, санасындағы жарық сәулесін түнек басқандығын, түңілетіндігін жеткізді. Амалым таусылды. Жүрекпен қырсығып, қырғи-қабақ болудың жақсылыққа апармайтынын болжағандаймын. Мүмкін сіздердің Жүректеріңіз айтқандарыңыз бен бұйрықтарыңызды екі етпейтін шығар. Менің Жүрегімнің жаратылысы, болмыс-бітімі бөлектеу-ау... Өз дегенін істеп тынбайынша, көңілі көншімейді. Бір қитықса, қисық біткен бұтақ дерсің. Түзету қиямет. Сірә, мүмкін емес. Ақырында Жүрек менен қашып кетіп тынды. Бәрі көз алдымда өтті. Кеудемнен сытылып шығып, қаша жөнелген. Бағытын білмедім. Хабар-ошарсыз. Әуелгіде қатты алаңдадым. Жазатайым бір нәрсеге ұрынып, жазым бола ма деп тағатсыздандым. Ашуы тарқағасын қайтып келе ме деп те дәмелендім. Бекер екен. Сол кеткеннен мол кетті. Күндер сырғыды. Айлар жылжыды. Бірақ Жүрегім жай жүрмепті. Қит етсе, мені тілге тиек етіп, табалап, сыртымнан сылқита сыбап, жамандап жүрген көрінеді. Естігенмін. Басында сенбедім. Ал мұның бәрін газет-журналдар мен теледидар жарыса жариялап жатқанда әрі-сәрі күй кештім. Алғаш рет Жүрегіме ренжіп, көңілім қалды. Налыдым. Жала жапқанына қалай күймейсің. Оның бұлайша орағытуы орынсыз. Өз қолын өзі кесіп жатқан жоқ па?! Топасқа, оңбағанға балапты. Масқара! Дүниедегі жамандық атаулы менің өн бойымнан өсіп-өніп, маңайға тарайды екен. Тіпті, өткенде жұмыстан шаршап-шалдығып шығып, автобусқа мінгенімде ұйқылы-ояу, мең-зең күйде отырып, бір қарт кісіге орын бермеуім (оның тұрғанын байқамауым да мүмкін ғой) нағыз азғындықтың көрінісі болып шыққан. Бірде ғашығымды қолтықтап келе жатып, жанымыздан қысқа көйлек киіп бара жатқан қызға көзімді сүзе қадауымды нәпсінің құлы деп бағалапты. Ішкі сырымды жария етуіне қарсылығым шексіз. Шындығында, ол қыздың ашық денесіне сұқтанатын талай көздердің қулық-сұмдығын ойлап қапаланғанмын. Жүрек тереңіне үңілмей, үстірт қана нәпсінің құлы депті. Қысқасы мені адамгершіліктен жұрдай етіпті. Қой терісін жамылған қасқырдан артықшылығым жоқ екен. Міне, Жүрегім жалғыз көзді дәуден бетер жауға айналып шыға келді. Жүрегімнің содыр, сотқар(өзімнің бағалауым) істеріне қарсы қимыл жасауға бел будым. Ұзын-ырғасы таусылмайтын бір күндік журналистік тірлігімді жинастырып қойып, ойланып-толғанып, Жүрекке хат жазу үшін үстел басына отырдым. Турасын айтуға бекіндім.

«Құрметті, Жүрек!

Өзге емес, өзіңді осыншама жауығуға барады деген ой үш ұйықтасам түсіме енбепті. Бір жапырақ ет — бүкіл ғұмырым едің. Мұныңызға жол болсын. Еңкейсеңіз жайылып жастық-төсек болуға даяр едім, сенің көксегенің өсек болып шықты. Бірақ мұндай жамандауды сіздің атыңызға қиғым келмеген. Көзім жеткенде көрге кірердей қынжылдым. Сондықтан алдыңғы әрекеттеріңді еркелікке баласам да, мені адамдық пен адалдық төрінен тықсырып, күресінге тастағаныңды ешқашан кешірмеймін. Сол үшін сені дуэльге шақырып отырмын. Бәлкім ғұмырымдағы бетпе-бет келіп бет жыртысып, ханталапай тағдырдың үстемі болғысы келетін адамдармен айқасымның алғашқы тізімін сенен бастайтын шығармын. Кімнің ақ, кімнің қара екенін жұрт білсін. Осымен барлық дау шешіледі деген үміттемін. Тезірек жауап күтемін. Сәлеммен — Мен».

Хатты жазып бітіргесін үш бұрышты етіп орап, хат таситын кептерлеріме сенім артып Жүрекке жолдап жібердім. Көп кешікпей одан үшбу сәлемін арқалаған жауап хат келді. Басын шауып алса да пікірінен таймайтындығын, бірақ «дуэльге шақырудың» өте сәтті ұсыныс екенін айтыпты. Уақытын осы жексенбіге белгілепті. Хаттың осы тұсын қызыл сиямен жазып, тарих және адамзат өмірінде «Қанды жексенбі» деген атпен қалады депті. Мұны Жүректің кекесіні деп түсінбесең, екеуміздің арамыздағы жеке мәселенің өзгелерге, қала берді тарихқа қандай қатысы барлығын білмедім. Кездесуге аспан мен жердің ортасы — алып кеңістікті таңдапты. Барлық айтқандарын мақұлдадым. Менің де сарғая күткенім осы еді. Есемді жібергім келмеді. Белгіленген күні екеуміз кеңістікте жолықтық. Қолдарымызда мылтық. Бетпе-бет тұрмыз. Маған жақтырмай қарады. Дуэльдің шарты бойынша бір-бірімізге жон арқамызды беріп, адымымызды санамалап жүре бердік. Дәл тигізу жағын ойлап келемін. Тәнімдегі бөлшектен шарасыз күйде жеңілгенім ұяттырақ іс. Жүрек те солай ойлайтын болуы керек. Сол жағымнан біреу сыбырлады. Ешкім көрінбесе де гүжілдеген бір дауыс анық естілді. «Ат, оқыстан атып жібер. Өзіне де сол керек» деген белгісіз дауыс үздіккен сайын сұқ саусағым шүріппеге жақындай берді. Жалт бұрылдым. Жүрек сол қалпында кетіп барады екен. Қарақұстан көздеп атып жібердім. Бұрқ еткен түтіннен соң қалықтай сұлап жатқан Жүректі көрдім. Танауымды оқ дәрінің исі жарып барады. Мылтығымды жерге қарай лақтырып жібердім. Төменге көз тастадым. Жердегілер абыр-дұбыр. Аспанды қақырата найзағай ойнады. Жаңбыр төпеледі. Жаңбыр емес, қан жауып тұр. Әлде, менің көзім қанға толып кеткен. Біреулері аспаннан мылтықтың түскеніне мәре-сәре қуанып, адам қолымен жасалған заттың Алланың бұйрығымен жерге жеткенін, тылсым әлемнен ұшып келгенін жақсылықа балауда. Олқысынғандары «бұдан да қуатты қару бере гөр» деп жалбарынады. Тағы бір топ аспаннан жүректегі иманға нұр құятын төрт кітаптың түскенін естігенімен, сол нұрды, имандылықты зұлымдыққа бастайтын от-қаруды көріп, жағаларын ұстауда. «Сүрініп-жығылып ақырзаманның жеткені-ау» деп жорамалдайды. Асығыс адымдап, Жүректің жанына жақындадым. Көзім қарауытып, жанына сылқ етіп отыра кеттім. Басынан демедім. Неге екенін білмеймін, оны өлімге қимадым. Ол: «Бәрібір бір мүддеге тоғысу» деп бір ауыз тілге келді. Жүрек сөнді. Мәңгілікке байыз тауып, тыныстап жатты. Адам аяғы баспайтын жерге апарып, өз қолыммен жерледім. Менің ойымша, егер адамдар оның мүрдесін іздеп жатса Шыңғыс ханның моласын іздегеннен бетер сандалып, сергелдеңге түсуі тиіс.

Жерге түстім. Бәрі сап тыйылған. Күн де ашылыпты. Опасыздық дертінің Менен немесе Жүректен ұшқындап тарағанын аңғара алмадым. Сөзсіз сол жағымды кінәладым. Қақпанға түскен арлан қасқырдың аяғын шайнап тастап, шойнаңдап кете беретін ессіз һәм ақылды ерлігі бойымды қысып, сол қолымды күтір-күтір шайнадым. Аяусыз тістеледім. Айналамды қоршаған қалың адам ештеңеден қаперсіз. Ортасында қылмыскер — Мен келемін. Жүрексіз.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз