Өлең, жыр, ақындар

Қашан да керек кітап

«Ер басына күн туса, етікпенен су кешер» депті халық. Бұл қиын-қыстау күн туса, халықтың қандап қиыншылықты болса да жеңуге жан аямайтындығын көрсетеді. Өткен соғыста да осылай болды. Батыс Европаны алдымен жалмап алған фашистер араны ашылып, Совет еліне тұтқиылдан тап берді. Фашистер адамзат қоғамының мыңдаған жылдық ерен ескерткіштерін жойып, ежелгі кітаптарды отқа өртеді. Сөйтіп өздерін мәдениеттің нағыз қас жауы екенін танытты. Сонымен бірге олар тұтас елдер мен халықтарды құртып, жер. бетінен жойып жіберуді мақсат етті. Фашистер зұлымдық лагерлерінде азаптап өлтірген адамдарға сан жетпейді. Жүздеген мың аналар мен миллиондаған балаларды газ камераларына қамап, тұншықтырып өлтірді... Сол опат болған миллиондар ішінде танылып үлгермеген қаншама Шопендер мен Шаляпиндер, Эйнштейн мен Королевтар кетті десеңші!

Фашизм бізді жеңе алған жоқ, жеңуге тиісті де емес еді. Өйткені ол адамның адамгершілік рухына қас болды. Ол жақсыдан жақсыға ұмтылған адамзат қиялының қанатын қырқып тастауға тырысты. Ол әділеттің жауы, ақылдың дұшпаны еді. Сондықтан да ол адамзатқа жендет болып, желкесіне қылыш төндірді. Сол себептен де фашизмге қарсы шайқаста адамның қаһарман күрескер, қалтқысыз өмір зергері ретіндегі барлық қажыр, қайрат, талант қуаты жанар таудай атылған жойқын күшке айналды. Сол жойқын күштің бір саласы табиғат бойына талант ұшқынын Дарытқан жыршы, ақын, ғалым, жазушы, конструктор, журналист және әскери қолбасшылардың сөзі мен ісі болды.

Мұның мыңдаған мысалдарын атауға болады. Сол кеп мысалдың бірі — Баубек Бұлқышев. Қазақстан топырағында туған бүл жас жігіт ежет солдат қана емес, сонымен бірге ерен ақын, арманшыл азамат екенін де айқын танытты. Ол өмірді сүйді, адамзат мәдениетінің өркеш-өркеш өрелі биіктерін жанындай жақсы көріп, құрметтеді.

Ол тек қана өлең жазып қойған жоқ. Жаумен жан беріп, жан алыса айқаскан ұрыс толастап, саябыр тартқан азғантай тыныштық, сәттерде ол жаралы жер, оқ қиған орманға елжірей кез салды. Дәні үгітіліп, жерге төгіліп жатқан егінге емірене қарады. Көктегі жұлдызға көз салып, жақсы көрген кітаптарының бетіне үңілді. Сөйтіп ол осы көргендерін өзгелерге айту үшін, өз замандастарының зердесіне жеткізу үшін ашық түндерде ай жарығын, қараңғы түндерде жертөледе қалтылдаған май шамның көмескі сәулесін сағалап, «Комсомольская правдаға» хаттар жазды.

Сол хаттарды мен тұңғыш рет студент кезімде оқыдым. Онда да кездейсоқ кездестім. Оқуды тамамдап қалған кезім еді. Екі түрлі диплом жұмысын жаздым. Біріншісі, «XVIII ғасырдың отызыншы жылдарындағы орыс журналистикасындағы қазақ тақырыбы», екіншісі — «XIX ғасыр орыс әдебиетіндегі казак, тақырыбы» деп аталды. Бірақ сол екі жұмыстың екеуі де кафедрада қабылданбай қалды. Ғылыми жетекші жоқ деген сылтау желеу болды. Ол кезде, елуінші жылдардың бас жағында, өз тарихына өгейлік көрсету рәсімі басым болатын.

— Нені жазбақсың? Ол кезде орыс тарихнамасында «қазақ» деген сөз де болған жоқ қой, — десті маған. Содан соң «Комсомольская правда» газетінің беттеріндегі «Әдеп тәрбиесінің проблемалары» деген тақырыпта жаңа диплом жұмысын жазуға кеңес берілді.

1954 жыл кіріп, көктем туған кез болатын. Тың игеру ісінін дүбірі жер жара естіліп жатты. «Комсомольская правда» беттерінде жастар тақырыбына арналған айтыстар өтуде еді. Міне, осы кезде мен «Алма-Атинская правда газетінің редакторы А. Першиннен үшінші диплом жұмысын жазуға екі аптаға рұқсат алып, Пушкин атындағы кітапханаға келдім. Ұзақ күндер бас көтерместен газетке үңілдім.

Міне, сол күндердің бірінде қолыма «Комсомолканың» соғыс кезіндегі бір тігіндісі түсті. Өзіме қажеті болмаса да, қарап шығайын деп ойлап, сарғайған беттерді самарқау парақтап отырып, Баубек "Бұлқышевпен кездестім. Оның бір хатын оқып тауысқаннан кейін, екінші хатын іздей бастадым... Содан соң оның өзі туралы деректер іздестірдім.

Сымбат пен сұлулық, достық пен махаббаттың, мәңгілік жыры іспеттес бұл хаттар менің жан жүйемді тебірентті. Фашизмге деген өшпенділікке толы бұл ғажайып хаттардың сол кездегі сұрапыл соғыс күндері мен түндерін бастарынан кешкен адамдарға еткен әсер күші қаншалық, болды десеңізші?!

Баубектің майданнан жолданған хат түрінде жазылған бүл публицистикасы поэзиямен пара-пар. Өйткені ол шынайы көркем, шын мәніндегі талантты дүниелер. Өзегі өмірдің езімен алынып, мәңгілік махаббатқа негізделген бұл публицистика тек қана поэзия емес, оның үстіне бүкіл болмысымен барынша философиялық шығарма.

Бұл хаттардан біз жас, жалынды Баубектің нақ өзін көріп тұрғандай. боламыз. Ағылшынның ақын суретшісі Блейкті «Бір сәттен — мәңгілікті көруге, бір қиыршық құмнан — дүниенің кеңдігін тануға, бір уыс топырақтан — шексіздікті ұғуға, гүлдің жалғыз қауашағынан аспан әлемін аңғаруға» қабілеті жететін адамдар болмағы жайында айтқан пікірі нақ біздің Баубекке арналған сияқты боп көрінеді.

— Біз Баубектің мақаласы шыққан «Комсомолканы» іздеп жүретінбіз. Кездесе қалса, таласа оқып, бірімізден бірімізге беретінбіз. Содан соң мақаланы қиып алып, жертөле қабырғасына іліп қоятынбыз. Өйткені әскерде: «Оқы да, жолдасыңа бер» деген тәртіп бар, — дейді майдангер жазушы Сәуірбек Бақбергенов.

Баубектің таланты тұңғыш рет окопта қанат қақты. «Комсомолка» оның хаттарын асыға күтіп отырды.

Бір, екі, үш хат... Бір кезде жауынгер хаты тоқтап қалды.

Тоқтағаны, басталған хат аяқталмай қалды. Шырқалған ән шорт үзілді, махаббат мұңға айналды. Арманшыл азамат фашистердің оғына ұшты. Оның бойындағы талант бар қуатын танытып үлгермеді.

Бірақ ол қаруластарының есінде, солдаттардың жүрегінде, оқырмандардың көкейінде қалды. Мәңгі жас, үнемі солдат күйінде, Жақсылық пен Әділдіктің қажымас қамқоры есебінде қалды.

...Мен Баубек хаттарын бірінші рет оқып, оған арнап. мақала жазғаннан бері жыл артынан жылдар өтті. Енді, міне, қомақты кітап оқырман қолына тиді. Толықтырылып, қайта жинастырылған Баубектің өз кітабы, Баубектің өзі туралы кітап!...

Егер біз алғы буындар туралы естеліктер жинап, олар жайындағы шындықты қалпына келтірген, сөйтіп, оны мәңгілік мура етіп, ұрпақтар қолына өткізуге тырысқан адамдар зор құрметке бөленуі тиіс дейтін болсақ, Сейілхан Асқаров сол құрметке лайық азамат. Ол документтер мен замандастарының естеліктері бойынша бізге Мәншүк пен Әлия сияқты қаһарман қыздарымыздың бейнесін жасап берді. Енді, міне, жас Баубекті жалындата жанымызға жеткізіп отыр. Асқаровтың қажымас еңбеккер, талантты зерттеуші екенін мойындауға тиістіміз. Бұл ғажайып бейнелердің «соғыстың жалауы боп жалтылдаған жас комбаттар» (Ю. Друнина) сияқты, жарқылдап жанымызда жүргеніне қуаныштымыз.

Қазір, адамдар жүрегі күпті болып тұрған шақта, халықтардың бейбітшілік жолындағы жойқын күресі жүріп жатқан кезде бірде Таяу Шығыстан, бірде Оңтүстік Атлантикадан зеңбірек күркірі кезек естіліп жатқан жағдайда, бүкіл планетаға ядролық ақыр заман қаупі төніп тұрған казіргі кезеңде бізге және барша адамдарға мұндай кітаптар аса қажет. Мұндай кітаптар сенің де, менің де балаларыма керек. Өйткені оларға Мәншүк пен Әлия сияқты, Баубек ерлігі де өмірдің тағылымды сабағы.

Февраль 1984 ж.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз