Эдуард Багрицкийдің ғұмыр баяншылары, оның ғұмыр баянының анық-танығын біле қоюы қиын, сол себепті де біраз қайғы-қасірет тартып, жұрт айтатыңдайын, "бәле-жала қадағының қанша тұратынын" білуге болатынын күні бұрын ескертіп қоюға да болады.
Багрицкийдің өзі жөнінде өмірде болып көрмеген таңғаларлық нәрселерді айтқаны сонша, ақырында сол айтқандары оның ғұмырымен бірге өріліп, жымдасып кеткені сондай, кейде тіпті бұның ақиқаты қайсы, аңызы қайсы — айырып алу мүмкін емес. Шындықты, "тек қана бір шындықты, шындықтан өзге ештеңені де еместі" қалпына келтіру қиынның-қиыны.
Бұған қоса, осы бір алғыс алмайтын іспен, жалпы, айналысу керек пе, жоқ па — оған да көзім жете бермейді. Багрицкийдің ойдан шығарғандары оның өмірбаянының соған ғана тән бөлігі болып табылады. Сол айтқандарына оның өзі де сенетін.
Бұларынсыз сұрғылт, күлім көзді, демігіп сөйлесе де даусы әндей болып естілетін, бұл ақынды көз алдыңа елестетуге болмайды.
Эгей теңізінің жағалауында көркем кескінді "леванттықтар" руы — әрі көңілді, әрі іс-әрекетке бейім бір адамдар тұрады. Бұл ру әр түрлі халықтардың өкілдерін — гректер мен түріктерді, арабтар мен еврейлерді, сириялықтар мен итальяндарды біріктіреді.
Біздің советтік Одағымызда да өзіміздің "леванттықтарымыз" бар. Бұлар — "қаратеңіздіктер" — олар да әр алуан халықтын адамдары, бірақ шеттерінен өміршең, күлкішіл, өздерінің Қара теңізіне, құрғақ күнге, порт тіршілігіне, "Одесса-мамасына", өріктері мен қауынына, жағалаудың қайнап жататын шұбар ала өміріне ғашық, батыл жандар.
Эдуард Багрицкий сол руға жататын.
Ол бірде еріншек херсон қайықшысын, енді бірде Одессаның "құс аулаушы-балақайын", тағы бірде Котовский отрядының аусарын, тіпті Тиль Уленшпигельді де еске түсіретін.
Бір-бірімен мүлде сыйыспайтыңдай болып көрінетін белгілерден, — бұған тағы оның поэзияны өлердей сүйетінін, орасан зор поэтикалық жан-жақты білім-білігін қосқан күнде ғана, осынау адамның біртұтас, сүйкімді мінез-құлқы жасалар еді.
Мен Багрицкиймен бірінші рет Одесса портыңда, толқынжарғыш үстінде кездестім. Ол жаңа ғана қарбыз туралы өлеңін — сезім-түйсігі мен сөзінің құнарлылығына кісі таңғалатын және қаратеңіз толқынының тамшылары шашылғандай болып көрінетін, нағыз поэманы жазған еді.
Біз бауы шұбатылған қармақты теңізге лақтырып тастап, султан-балық пен бұзаубас балықты аулап отырғанбыз. Бізді жанай Очаководан көк ала қарбыздарды таудай етіп тиеп алған, жамаулы желкендері желбіреген дубоктар — қара еменнен жасалған қайық-кемелер өтіп жатты. Салқын самал соғып тұрған, жиектеріне дейін суға малынып бара жатқан дубоктар шайқалып, айналасына ақ көбікті аямай шашады келіп.
Багрицкий тұзды ернін жалап қойып, деміге тыныстап, "Қарбызды" әндетіп оқи бастады.
Бір қыз жағалаудан асау толқын лақтырып тастаған, қабығына жүрек суреті салынған қарбызды тауып алады.
Бұ бикештің жүрегімді ұстап тұрғанын,
Есіне салар ешкім жоқ...
Ол кез келген ақынның өлеңдерін шын ықыласпен оқи беретін. Оның жадына кісі таңырқайтын. Ол оқыған кездері тіпті жақсы таныс өлеңдердің өздерінен, кенеттен, мүлде күтпеген соны ән әуезі пайда болатын. Багрицкийге дейін де, одан кейін де мен өлеңді осылай оқыған кісіні естіген емеспін.
Өлеңнің әрбір сөзі мен тармағының күллі дыбыстық қасиеті өзінің кісі жанын толқытып, торықтырып, жүрегін шымылдататын алмағайып күйге дейін жеткізетін. Ол Бернстің "Арпа Дәні Джон" туралы өлеңі ме, Блоктың "Командордың қадамдары" ма, не Пушкиннің "Отанның шалғай жағалауы үшін..." бе — әйтеуір Багрицкий нені оқыса да — бәрібір, оны көз жасың тамағыңа тығылып тұрып қалғандай халге жеткендей болып, тыңдаушы едің.
Таң атқалы бері біз нәр татпаған едік. Сондықтан да біз бірден Грек базарына қарай жүрдік. Онда шаймен қоса, қант, бір жапырақ қара нан мен брынза беретін шайхана бар еді.
О заманда Одессада бір қайыршы шал тұратын. Ол қайыр-садақаны әдеттегі үйреншікті жолмен емес, мүлде басқаша сұрауымен, күллі қаланы үркітіп қойған еді. Ол жұрт мүләйімсіп, дірілдеген қолын созып: "Мейірімді, мырзалар! Мен сияқты жарымжан сорлыны мүсіркеңдер!" — деп мыңқылдап тұрмайтын.
Жоқ! Ақсақалды, ұзын бойлы қызыл көз қарт тек шайханаларға ғана баратын. Табалдырықтан аттамай жатып, ол күндей күркіреген жуан даусымен осында келгендерді сықпыртып қарғай бастайтын.
Қарғап-сілеудің алдына жан салмайтын шебері ретінде, ел-жұртқа атақ-даңқы жайылған, тәураттың ең қатыгез пайғамбары Иеремия, одессалықтар айтқандайын, мына қайыршының алдында "жүні жығылып", жым болар еді.
— Сендердің ар-ұяттарың қайда, сендер осы адамсыңдар ма, адам емессіңдер ме? — деп айқайлайтын ол сосын өзінің кесірлі сұрағына сол арада дереу өзі жауап беретін: — Ошарылып отырып алып, тірі жанға назар аудармастан, нанды майлы брынзаға қосып, жейсіңдер келіп, жейсіңдер келіп, сонда сендер қайдағы адамсыңдар, ал алдарыңдағы қарт адам ертеден бері түк татпай, бос бөшке сияқты, салдырап жүр емес пе?! Сендердің кімге ұқсап кеткендеріңді шешелерің көрер ме еді, бәлкім, ол сендердің дәл осындай арсыздықтарыңды көре алмай кеткеніне қуанатын да шығар, кім білген. А, сіз неге, жолдасым, менен әрі қарай бұрыла қойдыңыз? Сіз саңырау емессіз ғой? Одан да өзіңіздің қара ниетті арыңыздың қамын ойлап, аш қарын қартқа көмек көрсетіңіз!
Жұрт сосын бұ қайыршыға бәрін де береді. Оның қысымына ешкім де шыдай алмайды. Жинап алған ақшасына шал кейін түзбен көтерме сауда жасаған деседі.
Шайханада бізге шаймен бірге дымқыл кенеп матаға орап, кереметтей тұзды брынза берді. Сол брынзадан тісіңнің қызыл еті сыздап қоя берер еді.
Тап сол сәтте қайыршы келіп кірді де, табалдырықтан айқайлап, қарғай бастады.
— Aha! — деді Багрицкий ызаланып. — Ол енді тұзаққа түседі. Мен, әлі..., ол енді бізге жақындасын. Жақындап көрсін, бәлем! Тек жүрегі дауалап, келсе екен осында!
— Сонда не болады? — дедім мен.
— Оған жаман болады. Құдай басқа салмасын. Тек біздің үстелшеге келсе екен, — деді Багрицкий.
Тіленші төніп келіп қалды. Ақырында біздің қасымызға келіп тоқтады, бірнеше секунд брынзаға құтырына қарады, оның кеңірдегінде бірдеңе сырылдағандай болды, — бәлкім, оның қатты ашуланғаннан тынысы тарылып, демігіп, ештеңені айта алмай қалған шығар. Бірақ ол бір жөткірініп алып, айқайына басты.
— Мына жас жігіттердің ар-ұяты қашан ғана оянар екен, ақырында! Мұны бір жағынан қарап тұрсаң, ана брынзасының төрттен бірін — мен жартысын деген жоқпын — бақытсыз шалға бермеу үшін, бұлардың оны жеп қоюға асығуын қараңдаршы.
Багрицкий түрегеліп, қолын кеудесіне басып, қызыл көз шалдан көзін алмаған күйі, жайымен, оның санасына құйғандай етіп, даусы дірілдеп, көзіне жас алып, трагедиялық мақаммен сөйлей жөнелді:
Досым менің, туысым менің, қалжыраған, жәбірленген бауырым,
Сен кім болсаң да рухыңды жоғалтпа...
Қайыршы селт етпей, тұрып қалды. Багрицкийден көзін айырмады. Ал көзі аппақ болып кетті. Сосын ол баяу шегіне берді де: "Сенсең, Ваалдың да қаза табар кезі келеді" — деген сөздерді айтқанда — жалт беріп, орындықты құлата, шайханадан шығатын есікке қарай, тізесі бүгіліп, қаша жөнелді.
— Әне, көрдіңдер ме, Надсонға келгенде, тіпті Одессаның қайыршылары да шыдамайды! — деді Багрицкий байсалды үнмен.
Бүкіл шайхана күлкіден күркіреп кетті.
Багрицкий ұзақ күндер бойы Құрғақ жайылманың ар жағындағы даладан тұзақпен құс аулады.
Багрицкийдің Молдаванкадағы әкпен ақталған бөлмесінде жүндері жидіп түсе бастаған кұстардың ондаған клеткалары ілулі тұратын. Ол со кұстарымен қатты мақтанатын, әсіресе ғажайып жүр-байларын жер-көкке сыйғызбайтын. Бұлар да өзге құстары сияқ¬ты, жүндері үрпиген, көзге қораш, даланың кәдуелгі бозторғайлары болатын.
Клеткалардаи қонақтар мен үй қожасының басына шұқылған дәннің қабықтары шашылып жататын.
Құстарының жемі үшін Багрицкий ең соңғы ақшасын жұмсайтын.
Одессаның газеттері оны қаламақыға жарытпайтын: ең тәуір өлеңдеріне бес-он сомнан беретін. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін сол өлеңдерді жастардың бәрі біліп, жатқа айтып жүретін.
Багрицкийдің мұны дұрыс та әділ деп есептегені анық болатын. Ол өзінің шын бағасын білмейтін және практикалық істерде тым именшек еді. Ол алғаш рет Мәскеуге келгенде, ешқашан да баспалар мен редакцияларға бір өзі бармайтын, "батылырақ болуы үшін" дос-жарандарының бірін қасына ертіп алатын. Келіссөздерді негізінен досы жүргізетін, ал Багрицкий үн-түнсіз, жымиып тұра береді екен.
Ол Мәскеуде менің үйіме, Обыденск тұйық көшесінің жертөлесіне келіп тоқтады. Бір ай ішінде ол қалаға екі-ақ рет шықты, қалған уақытыңда тамағының демікпесінен булыға жөтеліп, сәкі үстінде малдас құрып алып, отыра беретін.
Оның айналасында бөгде біреулер өлеңдерінің қолжазбалары мен темекінің бос құтылары үйіліп жататын. Құтылар сыртына ол өлеңдерін жазатын. Кейде соларын жоғалтып жіберсе де оған онша ренжімейтін.
Көп ұзамай ол Мәскеуге көшіп келді, бірақ құстардың орнына, балықтары бар, орасан зор аквариумдарды әкеліп қойды. Ол сағаттар бойы диванға жайғасып алып, түрлі түсті кішкентай балықтарға қарай, ойланып отырудан бір жалықпайтын.
Одессаның толқынжарғышы үстінен, шамамен, дәл осындай су астының әлемі көрінетін, — теңіздің кораллдарынан айнымайтын, су астының күміс түсті шөбінің сабақтары ырғалып тұрады, теңіз суын жарып, көгілдір медузалар баяу жүзіп өтіп жатады.
Багрицкий, он екіде бір гүлі ашылмай жатып, ерте қайтыс болды, өзі айтатыңдайын, поэзияның әлі де бірнеше қиын шыңдарына шығуға әзірленбей-ақ, дүниеден озып жүре берді.
Оның табыты соңынан гранит төселген көшені тағаларымен тарсылдатып, атты әскер эскадроны кетіп бара жатты. Со мезетте оның "Опанас туралы ойы", "Аппақ қанттай жарқыраған" Котовскийдің қазанаты, түздің шаңлы ыстық жолы арқылы, Багрицкиймен қол ұстасып бірге жүрген далалық дарқан поэзиясы бірден есімізге түсті, бұл — тасшөптің иісі сияқты уытты, теңіз жиегінің қызы сияқты күнге күйген, туып өскен Қара теңізі үстінен соғатын левант самалы сияқты, салқын, "Игорь полкі туралы сөз" бен Тарас Шевченконың мұрагері болған поэзия еді.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі