Табиғаты әсем, тарихы терең әрі бай, туып-өскен жерімнің өткені мен бүгінінен сыр шертетеін кітап менің қолымдағы. “Егіндікөл тарихы” атауы бір ауылдың ғана тарихына қатысты болғанымен, тек Қазақстан жері ғана емес, күллі түркі жұртының тамырланған тарихынан сыр шертеді. Кітап мұқабасында бейнеленген суретті көргеннен кейін, оның ішін ашып оқу мен үшін құдды бір кіндік қаным тамған жер - ауылыма барып қайтқанмен тең болды. Сол сурет арқылы ауыл ішіне еніп бара жатқандаймын. Балдай тәтті балалығым өткен туған жерім мені құшағын айқара ашып күтіп тұрғандай. Ауыл ішіндегі барлық жан мені жатсынбай, жылы шыраймен қарсы алып жатқандай, себебі бәрі де туыс ол жақта. Барлығына бауырындай қарайтын қарапайым халықты айтсаңызшы!
Ауыл ішіне енуім тарихқа қайта оралумен тең болады мен үшін. Себебі сылдырлап аққан өзені мен әр тасының, шошайған төбесі мен үңгірінің барлығы сөйлеп тұрғандай. Туған жердің тарихына үңіле отырып, тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев негізін қалаған “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақала есіме оралды. Шынымен де, асыл құндылықтарымызды жаңғыртуға арналған жоба ел ертеңі үшін пайдалы әрі құнды болмақ. Тіпті, өз ауылымнан сол бір “жеті кереметті” тапқандай болдым. Негізі әр жердің өз кереметі бар деп білемін және сонысымен де ерекше болады. Осы асылымызды табу туған елдің пайдасына тиіп, байлығына айналары сөзсіз. Осыдан екі мың жыл бұрын бұл жерді мекен еткен сармат тайпаларының қорымы да; Қарақыпшақ Қобыланды келіп, қалмақ ханы Алшағырдың ордасын талқандаған Аққұм құмы да; өзгелерден езгі көріп, жер астын мекен еткен Құныскерей батырдың үңгірі де; іші үйір жылқыға толы болған “Жәши тауы” деп талатын орманы да, Мұрат Мөңкеұлы жырына қосқан Қалдығайты өзені де; сайын даланы қақ жарып аққан мөлдір бұлақ та; тіпті, ерекше “Жұмбақ көл” де, міне, осы мекенде!
Туған жеріміздің әр тау-тасын зерттер болсақ, тарихқа толы. “Ит тойған жеріне, ер туған жеріне” демекші, осындай тың дүниелердің барлығын зерттеп, құпиясын ашу – біздің міндетіміз. Әр адам өз туған өлкесінің күрмеулі түйінін шешіп, мақтана алуы керек деп білемін, себебі кең байтақ Қазақстан жері – Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орны!
Амангельдина Қания, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті. Жетекшісі Қозыбақова Фатима, ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі