Өлең, жыр, ақындар

Қытай тілі грамматикасына талдау

Қарағанды облысы Қарағанды қаласы
Е. А. Букетов атындағы Қарағанды университетінің
4 курс студенті Арыстанбекова Әлия Мэлсқызы
Мақала жетекшісі: Ысқақнаби Адал

«5B021000 – Шетел филологиясы» мамандығы бойынша «Қытай тілі грамматикасына талдау» мақала жұмысына

Аннотация

Қытай (中国) қазақстанның ежелден келе жатқан тарихи көршісі, қытай тілін үйрену Кеңес кезеңінен басталған болса да, біз жөнінен айтқанда тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шындап қолға алына бастады. «Жұртқа ғылым үйретумен, көрумен, білумен жайылады. Білімнің бас құралы – кітап. Қазақ арасында білім жайылуына, әуелі, оқу үйренетін орындар сайлы болу керек һәм халық арасына көп жайыларға керек», - дейді ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов.  Ахмет Байтұрсынов айтқанындай, бізде оқу орындары сайлы болғанымен, оқыту барысында маман тапшылығы өз алдына, арнаулы оқу құралдарының жетіспеуі бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.
Мақала жұмысының өзектілігі: Құрлымы ерекше және оқытылуы қиын тілдердің негізігі ерекшелігін үйрету жолдарының маңызы жоғары. Біздің зерттеу тақырыбымыз қытай тілін үйрету әдістемесі және оның жолдарын қарастырумыз осындай қажеттіліктен туындап отыр, сондай ақ оны тіл үйренушіге көмек ретінде жат әлемді түсіне білуге үйрету керек. Олар өз әлемін , тілін мәдениетін білмей, мәдениетаралық қарым - қатынас біліктілігіне қол жеткізу мүмкін емес. Басқа тілді қоғамда, мәдениетте өз орнын таба білу үшін сол елдің тілін ғана меңгеру аз, сол тілде сөйлейтін халықтың мәдениетін де меңгеру керек. Осыларды шешуде көркем мәтіндерді, жаңа әдіс тәсілдерді, тілді оқытуда тіл үйренушінің қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ қытай тілін үйретуде ойын түрінде қолданудың маңызы зор. Көркем мәтіндер тілін оқып жатқан ел туралы деректер алуға мүмкіндік береді. Олар тіл үйренушіні білім, білік, дағдыға үйретуге ықпал етеді. Мұндай көркем мәтіндер тіл үйренушінің шет тіліне деген қызығушылығын оятады, алдарына мақсат қоюға үйретеді және оқу процесінің нәтижелі болуына септігін тигізеді. Мәдени ерекшеліктер енген және бейнеленген мәтіндер шет тілін оқуға деген қызығушылықты арттырады. Мәдениетаралық қарым - қатынас біліктілігін қалыптастыруда көркем мәтіндерді дұрыс қолдану-өзекті мәселе болып табылады.

Мақала жұмысының зерттеу нысаны: Қытай тілін үйретудің жаңа әдіс тәсілдерін қалыптастыру.

Мақала жұмысының мақсаты: Мақаланың басты мақсаты – қытай тілінің фонетикалық, лексикалық және грамматикалық ерекшеліктерін көрсету. Тіл үйренушінің мәдениетаралық қарым-қатынас біліктілігін қалыптастыруда жаңа және оңай, тиімді әдістерді пайдалану арқылы тіл үйренушіге қытай тілін үйрету және көптеген әдістемелерді құру.

Мақала жұмысының міндеттері: Қытай тілін үйрету жолдарын терең қарастыру; қытай тілін үйретудің жаңа әдіс тәсілдерін қарастыру.

Қытай тілі грамматикасына қысқаша мазмұны

Тіл тек қана жай қарым - қатынас жасау, пікір алысудың құралы ғана емес, бір ұлттың халықтық болмысының айнасы. Демек, басқа халықтың тілін білдім деген сөз, сол халықтың тілін білдім деген сөз. Бұның себебі тілдің тағдыры сол халықтың тағдырымен, тілдің тарихи сол халықтың тарихымен біте қайнасып, бір тұлға болып, бүтін бітімге айналып кеткендігінде. Қытай тілінің грамматикасына тоқталмастан бұрын грамматика мәселесінің өзіне жеке тоқталып өтейік. Грамматика дегеніміз – тілдегі сөздерді біріктіру, сөйлем құрау ережелері. Ол лингвистикадағы маңызды категориялардың бірі. Яғни грамматика нақты сөз бен сөйлемдердің мағыналарын түсіндірмейді, сөз бен сөйлемдерде болатын нақты сөз бен сөйлемдердің мағыналарын түсіндірмейді, сөз бен сөйлемдерде болатын нақты құрылымдық заңдылықтар мен құбылыстарды түсіндіреді. Өйткені тек сөздерді тізіп қоя салумен ғана пікірлесу жүзеге аспайды. Ол мақсатқа жету үшін тілдік заңдылықтардан пайдалана отырып, сөздерді кіріктіре біріктіруге тура келеді. Ал жеке сөздер қайткенде кірігеді, қайткенде бірігеді деген мәселелерді грамматика зерттейді. Сондықтан да грамматика тілді зерттеудің негізгі 4 құрамдас бөлігінің бірі болып есептеледі ( фонетика, лексика, грамматика, семасиология). Грамматика сөзі біріншіден – тілдің құрылымдық заңдылықтары, екіншіден – тілдің құрылымдық заңдылықтары мен құбылыстарын зерттейтін ғылым деген мағыналарды білдіреді. Грамматика өз ішінен екі үлкен салаға бөлінеді: сөздердің жасалуы мен түрленуін зерттейтін саласы – морфология деп аталады да, сөз тіркестері мен сөйлемдерді қаратыратын саласы - синтаксис деп аталады. Демек грамматика жеке ғылым, дербес пән ретінде тілдегі сөздердің жасалуы мен түрленуін және сөз тіркестері мен сөйлемдердің жасалу заңдылықтарын қарастырады. Әр тілдің грамматикалық ерекшелігі болады. Бір ғана сөйлем мүшелерінің сөйлемдегі рет тәртібін алып айтатын болсақ, соның өзі әр тілде әр басқа болып келеді. Мәселен, қытай тіліндегі сөйлем мүшелерінің рет тәртібі — бастауыш – баяндауыш - толықтауыш деген рет тәртіппен келеді. Ал қытай тілі грамматикасын біз бұл арада дәстүрлі грамматика бойынша қарастырамыз. Жоғарыда атап өткеніміздей, дәстүрлі грамматика өз ішінен –морфология, синтаксис деген екі үлкен салаға бөлінеді. Мұнда морфология сөздің құрылымдық заңдарын, сөздің таптарын және ерекшеліктерін қарастырады. Ал синтаксис сөз тіркестерінің құрылымдарын, сөйлем мүшелерін және сөйлем түрлерін т.б. сөйлемдік құбылыстарды зерттейді. Морфология мен синтаксис — грамматиканың бөлек - бөлек екі саласы болғанымен, олар бір - бірімен өзара тығыз байланыста болады. Мысалы: 不但A而且B деген сөйлем үлгісі сатылы құрмалас сөйлем ретінде синтаксиске тән болса; 不但мен而且 жалғаулық ретінде морфология категориясына жатады. Сондықтан грамматиканы үйренгенде морфология мен синтаксистік біріне олай , біріне бұлай қарамау керек. Ал қытай тілін өзге тілдермен салыстыра келгенде, оның мынадай ерекшеліктері: фонетикалық, лексикалық және грамматикалық бар деуге болады.

1. Фонетикалық ерекшелігі. Сөз дегеніміз – қыры-сыры мол, күрделі категория. Сөздің мағыналық, дыбыстық шығу төркіні, даму тарихы, қолдану ерекшелігі, жасалу жолы, өзгерілу жүйесі және басқа алуан түрлі жақтары бар. Тіл ғылымының әр саласы сөзді әрқилы тұрғыдан қарап тексереді. Мысалы, сөздің дыбыстық жағының сыр-сипатын оның белгілі бір дыбыстық комплекс арқылы құлаққа естілетінінен байыптаймыз. Дыбыстық комплекс дегеніміз – сөздің дыбыстық жамылысы. Бір тілде сөйлейтін адамдардың бәрі де белгілі бір ұғымды, белгілі бір дыбыстық жамылыш арқылы айтып, сол дыбыстық жамылыш арқылы естіп, сол арқылы сөз түрінде қабылдайды. Екінші сөзбен айтқанда, дыбыстық жамылыш белгілі бір ұғымның аты я атауы ( сөз ) ретінде қызмет атқарады. Дыбыстық комплекс, біріншіден, бір тұтас комплекстік тұлға болса екіншіден жеке - жеке дыбыстарға бөлшектенетін немесе, керісінше, жеке-жеке дыбыстардан құралатын тұлға. ( единица ). Сөздің осындай дыбыстық жақтарымен байланысты мәселелерін зерттеу –тіл білімінің фонетика тарауының міндеті. Қазіргі қытай тілі фонетикасының өзге тілдер фонетикасымен салыстырғанда көзге ұрып тұратын көрнекті бір ерекшелігі – мейлі бір буынның басында немесе соңында болсын екі не үш дауыссыз дыбыстар қатар келетін жағдай кездеспейді. Бұл жағдайда түркі немесе славян тілдерімен салыстырғанда, әсіресе анық байқалады. Мысалға қазақ тіліндегі өрт, құрт деген бір буынды сөздегі іркес тіркес келіп тұрған дауыссыздарды алайық немесе орыс тіліндегі екі - үш дауыссыздың қатар келетін жағдайларын ( парк , здраствуй ) алайық, бұл сeкілді құбылыстар қытай тілінің фонетикасына мүлде жат. Бұдан шығатын қорытынды мынау: қытай тіліндегі буындардың құрылымдық формасы ретті, буындардың шет - шекарасы өте айқын. Есесіне сөздердегі дауысты дыбыстардың орны ерекше, яғни буындардағы дауысты дыбыстардың сандық самағы дауыссыздардан әлде қайда көп екендігін байқауға болады. Сондай-ақ ашық буынның көптігі де, әр буынды тиесілі ырғақ ( тон ) болатындығы да қытай тілі фонетикасының басты ерекшелігі есептеледі. Қытай тілінде төрт тон бар, яғни әрбір буын сөздің өзіне тән дыбысталуы, әуені бар десек те болады. Олар: 1 тон ( ) дыбыс бірқалыпты айтылады, 2 тон ( ) дыбыс жоғары көтеріледі, З тон ( ) дыбыс төмен түсіп, қайта өз орнына келеді, 4 тон ( ) дыбыс төмен түседі. Тіл ерекшелігіндегі тондар тек мағынасын ажырату функциясын ғана беріп қоймай, сонымен қатар сөйлеуде рифма мен әуендік дыбысталу беріп отырады. Әртүрлі тонмен айтылатын бір буын әртүрлі мағына береді.

2. Лексикалық ерекшелігі. Қазіргі қытай тілі лексикасының басты ерекшеліктерінің бірі – сөздердің дәстүрлі бір буындылықтан жаппай қос буындылыққа көшіп бара жатқандығы. Бұл жағдай, әсіресе, мына бірнеше себептерден анық байқалуда. Біріншіден, көне қытай тіліндегі бір буынды сөздердің түгелге дерлік екі буынды сөздер басуда. Мысалы, көне қытай тілінде көз- —目деген жалғыз сөз болса , бүгінде оның орның 眼睛деген қос буынды сөздің басқаны белгілі. Сол секілді军 -нің орнын 军人 -ның басқанын т.с.с. атауға болады. Екіншіден, көне қытай тіліндегі бір буынды сөздердің біразы қазіргі қытай тілінде аллофондық рөл атқарып, білдіретін 习 деген сөз бүгінде үйрену 学习Пысықтау 练习 практика 实习 немесе 习题( пысықтау сұраулары ) деген секілді қос буынды сөз жасайтын аллофон болып жүр. Бұған да мысал көп. Үшіншіден, қытай тіліндегі бұрын сонды қалыптасқан сөздер немесе сөз тіркестері уақыт озған сайын өзінен - өзі ықшамдалып, қос буынды сөздерге өзгеріп барады. Мысалы, 科学研究-科研医疗效果-医疗 өзгеру секілді үрдісі бел алуда. Төртіншіден, өзге тілдерден дыбыстық аударма арқылы кірген көп буынды сөздердің де орнын таза қытайша екі буынды сөздер иеленуде. Бұлардан тыс қытай тілі лексикасының тағы бір көрнекті ерекшелігі ретінде – түбір сөздерді біріктіру арқылы жаңа сөз жасағыштық қасиетін айтуға болады. Демек, қытай тілінің сөз жасау ерекшелігі сөзді туындату арқылы емес, түбір сөздерді біріктіру арқылы жүзеге асатындығын аңғаруға болады. Қытай тілінде 80000 сөз бірлігі бар. Қытай тілінде емін-еркін сөйлесіп, газет-журналдарын оқи алатын дәрежеге жету үшін 4-5 мың иероглифын білсе жетерлік. Себебі, негізгі айналымда осы иероглифтер жүреді, сонымен қатар бір иероглифтін бірнеше мағынасы болуы мүмкін, мысалы ойлау, сағыну , бір нәрсені жасағысы келу 想иероглифiмен беріледі. Бір иероглиф келесі бір буынмен бірге келіп, басқа мағына береді. Мысалы, 飞机 - ұшақ, 机会 - мүмкіндік екі сөзде кездесетін 机иероглифi екі сөзде екі жаңа сөзін құрап тұр. Қытай тілінің қалған 75 000 сөзі классикалық еңбектер бетінде қалып қоюда, себебі, коммуникативтік құрал ретінде қолданылмайды. Қалған жартысы терминдер, мысалы әскери терминдерді алатын болсақ, сол салада қызмет ететін адамдар ғана қолданады. Қарапайым қытайлық оны күнделікті Өмірде қолданбайды, егер кездесіп қалса, сөздіктің көмегінсіз бұл жерде еш болмайды. Қытай тілінің тағы да бір фонетикалық ерекшелігі – pinyin, яғни сөздердің дыбысталуын транскрипция арқылы беру. Ріnyin инициаль және финальдан тұрады. Олар дауысты және дауыссыз дыбыстардың қосындысынан тұрады. Инициаль мен финальдің шектеулі саны бар. 1958 жылы қытай тілін жеңілдету мақсатында фонетикалық алфавит - pinyin қолданысқа енгізілді. Pinyin төмендегідей мақсаттарда қолданылды:
- Білімі жоқ балаларды оқытуа , шетелдіктеге білім беру саласында
-Сөздіктерді алфавит принципі бойынша құрастыру мақсатында
-  Иероглифті танып білмейтін адамдардың керекті компания , орынды тез табу мақсатында атауларды pinyinмен беру. Сонымен қатар pinyin кітаптар мен документтерде, күнделікті өмірде қытайлықтармен қолданылмайды.

3. Грамматикалық ерекшелігі. Қазіргі тіл білімінің жеке және жалпылық тіл білімі деп үлкен жақтан екіге бөлінетіндігін біз білеміз. Жеке тіл білімі жеке-жеке тілдерді өзінің зерттеу объектісі болады. Туыстық жақындығына қарай зерттелетін тілдер де жеке тіл білімі көлеміне жатады.

Мысалы: қытай тілі, тибет тілі, жуаңзу тілі тәрізді қытай-тибет тілі жүйесіне жататын тілдерді зерттейтін тілі ғылымы – қытай-тибет тіл білімі деп аталады. Төменде көбірек қытай тілі (汉语)грамматикасына тоқталамыз.

Грамматика (语法) тіл құрайтын маңызды факторлардың бірі. Біз қазіргі заман қытай тілін үйренгенде міндетті түрде тіл дыбыстарын, қытай иероглифтерін (қытай тілінің жазу таңбалары), сөздік қорды игеруден тыс, оның грамматикалық ерекшеліктерін жеттік меңгергенде ғана қытай тілінде сөз-сөйлемдер құраудың негіздік қағидаттарын білген боламыз [3,1-2]. Қытай грамматикалық бірліктерінің ең кішкене бөлігі – фонема (音位). Бірақ, грамматикалық құрылымдарды талдаған кезде, фонема сынды осындай кішкене бірлік қазіргі таңда қолданыстан қалып қойды. Өйткені, ол мағынасы жоқ тілдік форма, бар болғаны таңбаларды құрайтын материал ғана [4,9]. Оның есесіне грамматикалық талдау морфемадан (语素) басталады. Қытай иероглифтерінің басым көп сандысы бір буынды (单音节), айталық: 民、桌、子、学т.б.с.с жеке әріптер болып, өз алдына бір морфеманы құрайды. Ал аз сандылары көп буынды ( 多音节) болады, мысалы: 玻璃、葡萄、巧克力т.б. Мұндағы қос немесе үш буынды әріптерді жеке-жеке бөлгенмен, олардың мағынасы болмайды. Мысалы: 玻+璃、葡+萄、巧+克+力. Осындай бір буыннан ажыратар болсақ, аталмыш атаудың мәні жойылады. Жеке тұрып, сөйлем бола алатын морфеманы әдетте, еркін морфема (自由语素), жеке тұрып, сөйлем бола алмайтын морфеманы қосалқы морфема (粘着语素) дейміз. Сол себепті, олар қытай тілінің ең кішкене дыбыс пен мағынадан құралған тұлға, әрі ең кішкентай грамматикалық бірлік болып есептеледі [5,2]. Көріп отырғандарыңыздай, қытай тілінде морфема көбінде бір буынды, кейде қос буынды, немесе үш буынды, тіпті көп буынды болып та келе береді. Бұл біздің қытай грамматикасындағы ең кішкентай бірлік болған морфема жөніндегі қысқаша айтарымыз. Енді одан өрлеп талдар болсақ, кезек сөзге (词) келеді.

Сөз тілдегі белгілі бір мағынасы бар, еркін қолданылатын ең кішкентай бірлік болып, ойды білдіретін негізгі материал ретінде қаралады. Қытай тілінің сөздері бір буынды, қос буынды және көп буынды болып келеді. Қытай тілінде бір иероглиф бір буынға өкілдік етеді де, бір буынды сөз бір иероглифтің міндетін атқарады. Ал қос буынды немесе көп буынды сөздер екі не екіден көп иероглифтер арқылы бейнеленеді. Бір буынды сөздерге 少、写、人、书сөздерін; Қос буынды сөздерге老师、悲剧、沙发、哈语 сөздерін; Көп буынды сөздерге阅览室、公共汽车、翻译人员сөздерін мысал ретінде келтіруге болады. Өздеріңіз куә болып отырғандай, сөз де морфема сияқты бір буынды, қос буынды немесе үш буынды, тіпті көп буынды болып келеді. Жалпы айтқанда, қытай тілінде қос буынды (双音节) сөздер көп кездеседі. Сөздің бір ерекшелігі өз алдына жеке тұрып, толық мағына бере алады, айталық: 哈山在家吗?——在 / Қасен үйде ме? —— Я. Мұндағы 在 (я) сөзі сөйлемде дара тұрып, өз алдында жеке мағына беріп тұр. Сөзге ұқсас қасиетке ие еркін морфеманы жоғарыда атап өттік, тек қосалқы морфема ғана сөйлемде өз алдында жеке-дара мағына бере алмайды да, басқа морфемалармен бірігіп сөз тіркесін немесе сөйлем құрайды, айталық: 琵琶. Бұл екі иероглифті бөлсек, өз алдында жеке мағына бере алмайды. Сол себепті, екеуі қосылғанда ғана, бір атауды толық көрсетіп тұр. Міне бұл сөз бен морфеманың (оның ішінде қосалқы морфеманың) мәндік жақтағы менмұндалап тұрған бірден-бір айырмашылықтары. Қытай грамматикасын алғаш оқи бастаған студенттер осы қасиеттерді басты назарда ұстағандары абзал.

Сөздер құрамына қарай өз ішінен дара сөз және күрделі сөздер деп екіге бөлінеді. Бір морфемадан құралып, сөзді қалыптастырса, ол дара сөз (单纯词) болады. Ал екі немесе одан да көп морфемадан құралып, сөз қалыптастырса, ол күрделі сөз (合成词) болады. Мысалы: 人(адам) – дара сөз, 人民 – күрделі сөз, өйткені ол 人және 民сынды екі морфемадан құралып, «халық» деген бір сөзді білдіріп тұр. Бұл біздің сөз жөніндегі шағын талдауымыз. Төменде сөз тіркесіне тоқталамыз.

Бір морфема және бір морфемамен бірігіп күрделі сөз құрайтындығын жоғарыда айтттық. Енді сөз бен сөз қосылып, сөз тіркесін (词组)қалыптастыратынын қарастырсақ. Мысалы: 新 / 房子 (жаңа / үй), 看 / 电视(телевизор / көру), 说 / 清楚 (анық / сөйлеу), 他 / 同意 (ол / мақұлдайды). Көріп отырғандарыңыздай, ең қарапайым сөз тіркестері екі сөзден құралған. Сол себепті, сөз тіркестері өз алдында жеке тұрып сөйлем бола алады. Айталық, 他 / 同意 (ол / мақұлдайды). Бұл сөйлемнің бір бөлегі де бола алады, мысалы: 我们知道他同意 (біз білеміз, ол мақұлдайды). Аталмыш сөйлемнің құрамында “他同意” «ол мақұлдайды», - болып еніп отыр. Сөз тіркесінің ішкі құрылымдық құрамындағы грамматикалық байланыстарына қарай, біз сөз тіркестерін мынадай бірнеше түрлерге бөлеміз:

1. Сабақтастық құрылым (偏正结构). Сабақтастық құрылымда (偏正结构) алдыңғы бөлімі ажарлайды немес кейінгі буынды тежейді. Айталық: 白马(ақ жылқы) -дағы негізгі тұлға 马 (жылқы) болып, 白 (ақ) 马 (жылқыны) ажарлайды әрі тежейді. Жалғыз 马(жылқыны) айтар болсақ, ол бір үлкен түрдің аты ғана болады да, әртүрлі жылқылардың ортақ атауы есептеледі. Егер оған 白 (ақ) жалғанғаннан кейін, көлемі кішірейіп, ақ түс сияқты бір түрді ғана көрсетеді. Сабақтастық құрылымның алдыңғы бөлімі әдетте көркемдегіш сөздер (修饰语) де, ал кейінгі бөлігі негізгі сөздер (中心语) деп аталады.

2. Баяндау-толықтауыштық құрылым (述宾结构). Баяндау-толықтауыштық құрылымның алдыңғы бөлігі баяндайды да, кейінгі бөлігі толықтайды. Айталық: 洗衣服 (кір жуу), 写信 (хат жазу), 爬山 (тауға шығу), 下雨(жаңбыр жауу), т.б.

3. Бастауыш-баяндауыштық құрылым (主谓结构). Бастауыш-баяндауыштық құрылым бастауыш және баяндауыш сынды екі бөліктен құралады. 今天星期天 (бүгін жексенбі), 他是学生 (ол студент), 我知道 (мен білемін), 飞机起飞了(ұшақ ұшып кетті).
Қытай тілінің сөйлемдері (句子). Сөйлемнің біршама тұрақты ойды білдіретін сөздер тобы екенін, ол сөз тіркестерінен құралатындығын бәріміз бастауыш мектептің қабырғасынан-ақ білеміз. Сөйлем кейде тым ұзын болып, кейде тым қысқа болып та келе береді. Ең қысқа болғанда бір ғана сөзден құралады, мысалы: _ 你先去好吗?(Сен алдымен бар, жарай ма?) _ 好 (жарайды). Жауап сөйлемдегі 好 (жарайды) бір сөзден құралған, әрі бір морфема болып есептеледі. Сөйтіп, осы үлгідегі сөйлемде морфема, сөз және сөйлем бәрі бір жерге келіп, бір түйінде құралып отыр. Алайда оларды бөлшектер болсақ, ұқсамаған үш жікке (морфема, сөз, сөйлем) жіктеледі.

Сөйлем жасалу жолдарына қарай хабарлы сөйлем (陈述句), сұраулы сөйлем (疑问句), бұйрықты сөйлем (祈使句) , атау сөйлем (称呼句) және лепті сөйлем (感叹句) деп төрт үлкен топқа бөлінеді.
1. Хабарлы сөйлем (陈述句). Бұл хабарлау мақсатында айтылған жай сөйлем негізінде жасалады. Мысалы: 他一冬天干了这种工作 (Ол қыс бойы осы жұмысты істеген).
2. Сұраулы сөйлем (疑问句). Сұраулы сөйлем атының өзі атап тұрғандай, сұрақ қою арқылы жасалатын сөйлем. Айталық: 你是学生吗?(Сен студентсің бе?).
3. Бұйрықты сөйлем (祈使句). Бұйрықты сөйлемнің рөлі тыңдаушыға белгілі бір жұмысты істеуді талап ету. Мысалы: 你明天一定去阿斯塔纳!(Сен ертең міндетті түрде Астанаға бар!).
4. Қаратпа сөйлем (称呼句). Қаратпа сөйлемнің рөлі тыңдаушының назарын аудару. Айталық: 同志们!(жолдастар!). Қаратпа сөйлем қазақ грамматикасында  да бар.
5. Лепті сөйлем (感叹句). Адамның қорқу, қуану, таңдану сияқты сезім-күйлерін білдіретін сөйлемдер. Мысалы: 糟糕,我迟到了!(Қап, мен кешіктім!).

Қорытынды: Қатынас құралы болу – тілдің ең негізгі қызметі. Тілдің басқа қызметтерінің барлығы оның осы негізгі қызметіне тәуелді. Тіл дегеніміз – қатынас құралы, экспрессивтік қызмет атқарушы таңбалардың тарихи түрде қалыптасқан жүйесі қалықтың тарихы, оның күллі өмірінің ізі. Тілден сол тілді жасаушы халықтың арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы сезіліп тұрады. Тіл - талап заманның жемісі. Ол бірнеше қоғамға қызмет ете береді. Мысалы, қазақ тілі феодалдық қоғамға да, социалистік қоғамға да қызмет етті. Енді, міне, нарықтық қатынас қоғамына да қызмет етіп отыр. Тіл белгілі бір топтын, айталық, не байдың, не кедейдің мұқтажын өтеу үшін емес, қоғамдағы барлық таптар үшін қызмет атқарады. Олай болса , тіл таптық сипатқа емес , жалпы халықтық сипатқа ие болады. Бұл – оның ең басты ерекшелігі. Ендеше, адамзат тілі биологиялық та, психологиялық та құбылыс емес, ол қоғамдық ( әлеуметтік құбылыс, қоғамға қызмет етеді. Себебі тіл қоғам үшін, коғам мүшелерінің пікір алысып, өзара түсінісу үшін керек, сол үшін жаралған, сол үшін жасалған. Пікір алысу, түсінісу қоғам бар жерде тауа болады. Бір - бірімен сөйлесетін адамдар жоқ жерде тіл де жоқ. Қоғам қай жерде, қашан туған болса, тіл де сол жерде, сол заманда пайда болған. Әрбір тіл өзгеше лексика, грамматика және фонетикасымен ерекшеленеді. Қоғамсыз-тіл, тілсіз қоғам болмайды.
Тілді тіл етіп, бар табиғатын айқындап тұратын-фразеологиялық тіркестер болып келеді. Осындай ерекшеліктер бар қытай тілінің сөз тіркестерінің көптігі, сол тілдің байлығын беретін көрсеткіштердің бірі.

Қортып айтқанда, шет тілін үйренгенде әр уақытта ана тіліңмен салыстыра отырып үйрену сол тілдің қыр-сырларын ашуда көмегі зор.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Байтұрсынов. А. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991.
2. Тіл білімі туралы / Құраст, Назари. О., Қанапин О. – Үрімжі: Шынжаң халық, 1989.
3. 李德津.,程美珍. 外国人实用汉语语法. – 北京:北京语言大学出版社,2009.
4. 朱德熙. 语法讲义. – 北京:商务印书馆,2006.
5. 卢福波. 对外汉语教学实用语法. – 北京:北京语言大学出版社,2004.
6. 陆丙甫.,李胜梅. 语言研究论集. – 北京:中国社会科学院出版社,2001.
7. Қытайша-қазақша сөздік / Құраст, Найман. С.  – Үрімжі: Шынжаң халық, 1987


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз