« Көшпенділер мәдениеті »
Қазақ халқының тарихы көне кезден негізі бар, тұнып тұрған мәдениет пен өркениттің ошағы деп бастар едім. Қазақ халқы өзімізге белгілі жылдың төрт мезгіліне орай, жазда жайлауға, қақаған қыста қыстауға, күзде күзеуге, тамылжыған көктем айында көктеуге, жыл мезгілдеріне байланысты, көшіп – қонып отыратын, ескеретін бір жайт бар, ата – бабамыз ең басты орынға мәдениеттілікті қойған. Текті халық қалдырып кеткен мәдениеттілік – өркениеттілікке жалғасын тапты. Дәл осы қазақ мәдениетінің қалыптасуы күрделі құрылым дегім келеді , себебі құнды нәрсе еш уақытта оңай келмейді және ол сондай мән – тағылымға ие болмағанда, бүгінгі күнге дейін ол туралы естімес те едік деп ойлаймын.
Ғ.Т Хафизұлы «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегіне сүйенетін болсам, есімі танымал өркениет тарихын зерттеуші А. Тойнби: «...оларды тарихы бар қауым деуге болмайды», - деп тұжырымдағаны көрсетілген екен. Шындығында, мәдениеттің өзін өркениет деп қарастыратын бірден – бір ғалым осы А.Тойнби болып табылады. Жалпы, мәдениет және өркениет ұғымы тең болып қаралады, алайда, екеуінің арасында едәуір өзгеріс бар.
Мәдениет, қарқынды түрде қоршаған ортаның, өмір сүру ортаның шығармашылық факторы және қоғамдық өзгерістің қайнар көзі. Рухани және материалдық мәдениеттің тоғысуының көрінісі.
Ал мәдениет халыққа пайдалы, адам өмірін жақсартуға негізделсе, ол өркениет болып табылады. Шындығына келетін болсақ, мәдениетсіз ел қатарына жатқызылғанымыз қашан?
Ең біріншіден, көшпенділерде жазу, ерте кезде, 8 ғасырда қалыптасқан. Әдебиеттің жазбаша және ауызша түрлері бар екені белгілі, көшпенділерде әсіресе, ауыз әдебиеті жақсы дамыған болатын. Бұл – өркениеттің белгісі, себебі халық ауыз әдебиеті адамгершілікке, халықтың өмірін жеңілдетіге бағытталды.
Екіншіден, қолөнер дамып, халыққа едәуір жаңа мәдениеттілікті енгізді. Яғни, ол да бір өркениетіліктің көрінісі. Киім – кешек, ер – тоқым, небір зергерлік, ерекше жасалған бұйымдар - қолөнер туындылары. Әрине, қолөнердің ең биік шыңы, ол – киіз үй. Көшпенділер сыртқы саясатқа байланысты, қалың елді қансыратқан, «Елім - ай» зарлы әнінің шығуына түрткі болған орны толастамас Жоңғар шапқыншылығы, қазақ елінің «ағалары » көрінген, қазақтың сары, кең, шұрайлы жеріне дәмелі болған Қытай мен Ресейдің жаугершілік сипаттағы жорықтары көшпенділерді киіз үйге тұрақтауына әкелді. Киіз үйдің сыртқы көрінісі ерекше, оған қоса «шаңырақ», «уық», «керегенің» өз маңыздылығы мен құндылықтары бар дегім келеді. «Шаңырақ» - көпмағыналы сөз, ең көп қолданылатын мағынасы, ошақ қасы, отау деген сөздер болып басталады.
Қазақ халқының 4, 6,8,10,12 қанатты үйлері сан ғасырлар жалғасқан мәдениет пен өркениеттіліктің айқын көрінісі.
Үшіншіден, көшпенділердің тәрбиеге бай әдет – ғұрпы, ойын – сауық, той – томалақтары кеңінен тарады. Күй, ән өнерінің өзінде тән ерекшелік пен мол тағылым жатыр.
Төртіншіден, қазақ халқы – есті халық. Әрбір айтылған сөзге мән беріп, «Үлкенге – құрмет жасап», тәрбиелілік маңызына айтылған мақал – мәтелдері жетерлік. Дәл осы халықтың кемеңгерлік даналығы інжу меруерттей дер едім. Тіпті : «Халық айтса, қалт айтпайды», - деген сөз тіркесі көп нәрсені түсіндіріп тұрғандай. Халық орынсыз , дөрекі сөз, әдепсіздік танытқанқанды көргенсіз деп есептеген.
Бұл келтірілгендер көшпенді қазақ халқының мәдениеті бай, ал өркениетінің жоғары екендігін байқатады. Әрине, қазақ халқының мәдениеті қашан да ерекше, оны бәрі мойындайды деп ойлаймын. Тек мұны «этноцентризм» деп ойламаймын, бұл еліме деген ыстық сүйіспеншілігім мен ыстық ықыласым.
«Салт-дәстүр уақытқа бағынбайды, ол мәнгілікпен теңесті». Иә, салт – дәстүр , ол, ұлттың құндылығы, ол уақыт арқылы келеді, алайда, оның өмір сүру мерзімі жоқ, ол мәңгілік - ұлттың рәмізі болып қалады.
Менің түйетін ойым, бабаларымыз, зиялыларымыз салып кеткен дара жолды, адамгершілік, рухани құндылықтарды бойымызға сіңіріп, елдің гүлденуі мен көркеюі, біздің қолымызда екенін ұғыну қажет. Көшпенділер мәдениеті, ол , білімнің, этика мен эстетиканың, материалды және рухани мәдениеттің, әрбір қазақтың «елім» деп соққан жүрегінің күретамырында жатыр деп ойлаймын. Менің ойымша, баланы отбасы ішінде Отанға, елге, жерге қызмет етіп, оның бізге қалдырылған аманат екендігін ерте жастан ұғындыруы керек.
Тарих сахнасына көз салып қарасақ, көшпелі түркі жұрты қашан да өз мәдениеттілігі мен өркениеттілігі жағынан көш бастап тұрған ұлы халық болғанын аңғарамыз. Тотемі көк бөрі болған ұлы, қасиетті халыққа сай ұрпақ бола білу өте маңызды деп білемін.
« Қазақ ырымдарындағы отбасылық құндылықтар мен табиғатты аялау дәстүрі »
Отбасы - ошақ қасы, бала тәрбиесі, «қазіргі бала – ертең бір дана», - деп бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген қазақ халқы ырымшыл болды. Өмір есігін енді ғана ашқан баланың ең алғаш естіген үні мен көрген бейнесі –анасының «әлдиі» мен әкесінің бейнесі, бала үшін тәрбиенің фундаментальды баспалдағы – баланың болашақ тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді .
Осындай әдет – ғұрыптың бір түрі – ырым. Қазақ халқы ырым-тыйым арқылы бала тәрбиелеу, жат әдеттерден тыю, адамгершілік – рухани, сыйласымдылық сынды ұлтымыздың рухани кеңістігінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқан тарихи, этномәдени, әлеуметтік мәні терең дүние. Көңіл аударлық нәрсе, қазақ ырымдарында отбасылық құндылықтарға жете назар аударғандығын байқаймыз.. Қазақ халқы белгілі бір ырым – тыйымдарды ұстану арқылы пәле – жаладан, басқа түсуі ықтимал болған қатерлердің алдын алып отырған. Қалай дегенмен де, ырым-тыйымдарды халқымыздың ұлттық болмысынан бөле-жара қарауға болмайды.
Ғ.Т.Хафизұлының «Талбесіктен Жербесікке дейін» атты еңбегіндегі ырымдарды келтіре отырып, өз ойымды жеткізетін боламын.
Ең бірінші таңдап алған ырым: « Қазақ баласы ата-анасына тіл тигізбеуі керек. Бұлай істесе қара тас жалап, тілің тасқа тисін деп қан шығарады», -осы болды. Менің ойымша, ата – ана біздің осы дүние есігін аша салғандағы ең алғаш көрген қорғандарымыз бен жанашырларымыз деп білемін. Енді, өмір ащысы мен тәттісі қатар жүргендіктен кей балалар жетім, ата – анасыз балалар үйінде өсіп жатады, бұл қайғылы оқиға. Енді кейбірінде ата – анасы бола тұра, бар жағдайын жасап беріп отырған жағдайда да, оларды сыйламай, құрмет тұтпайтын жандар болады. Міне, өмір көрінісі. .. Ата – ана қандай болса – дағы оларды сыйлау, жақсы көру – баланың парызы деп білемін.
Айта кететін жайт, ата – ананың қадірі жайлы Құранда жазылған. Дана қазақ халқы шариғатқа сай өмір сүріп, наным – сенімдерінің іргесі мықты болғандықтан да біртуар тұлғалары дүниеге келіп отырған деп ойлаймын.
Екінші ырым «Қазақ салты бойынша түнде сыпырынды төкпейді, үй сыпырмайды. Сыпыра қалғанда: «Үйге бүйі кіріп кетті» дегенді айтып барып сыпырады. Себебі, сыпырынды жатқан жерге жын жиналады. Түнде сыпырындының ласы денеге шашыраса, адамға жын жабысады да, жазылмайтын науқасқа тап болады деп ырымдалады» жайында болмақ. Бұл ырымды келтіріп отырған себебім, түнге жақын үйді тағы бір жинап алайын деген мен, кілем – төсекшелерді қағып, сыпырып енді далаға шығып сыпырындыны төгейін дегенімде, анам көріп қалып, осы ырымға сай келтіріп, «түнде үй сыпырмайтыны — сыпыртқының ұшына жын жабысады», - деп еді. Қарап отырсам, бір хадисте келтірілгендей «Ақшам уақытынынан кейін жын – перілер қаптайды» дегені бар. Бұл да бір отбасылық құндылыққа жататын маңызды ырым деп есептеймін.
Үшінші келтіретін ырым « Ас атасы – нан » жайлы болмақ – «Қазақ нанды баспайды. Нан аса қасиетті деп есептеледі. Нанды басқанды құдай атады, қарғысқа ұшырайды, өзегі талып өкіреді деп ұтады». Бұл ырымды былай түсіндім, әрбір жасалған, шығарылған заттың не нәрсенің артында үлкен еңбек жатады. Оны бағалай білу – парыз. Себебі, дайын зат болғандықтан да, адам оны басып, құлатып көргенсіздік танытып жатады. Сол сияқты, «Ас атасы - нан», - дейді дана қазақ. Ө.Тұрманжановтың өлеңі еріксіз есіме түсіп кетті:
«...Нан қиқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар –
Теріп алып, қастерлеп.
Торғайларға тастаңдар !».
Келесі ырым қазақ халқының кешірімшілдігі мен парасаттылығы жайлы «Ағайынды кісілер араздасып қалса, басқа бір туысы ақ дастарханына шақырып, дәм сыйлап, татуластырады».
Қандай көңіл жібіп, жан жылытатын көрініс һәм ырым. Бұл жердегі маңыздылық – туыстық ара – қатынас, бір – біріне көмек беру, татуластыруға ұмтылу деп ойлаймын.
Ырым: «Қазақ алыстан келген жолаушыны, қонақты, ағайындарын, қандас бауырларын «Қырықтың бірі Қыдыр, Мыңның бірі Уәлі» деп ырымдап, төрге отырғызады...». Қазақ – қонақжайлы халық. Бұл халық өзіне қонақ болып келіп қалған жандарды «құдайы қонақ» санап, төрге отырғызып, өздері ішіп – жемегенін алдына салады. Қандас бауырларына құрметтілік танытудың өзі – парасаттылық белгісі. Менің ойымша, бұл ырым да халықтың кеңпейілдігін, қамқорлығын, мейірімділігін, құрметтілігін көрсететеді.
Ырым соңы «шашумен» болсын деген оймен,
«Келін түскенде, қыз ұзатылғанда, жолаушы сапардан оралғанда, құда не туыс-туған келгенде, тағы басқа қуанышты күндерде ауыл әйелдері құрт-ірімшік, қант-кәмпит, күміс тиын араластырып, топтасып тұрған адамдардың ортасына «Шашу, шашу!» деп, айқайлап тұрып шашады.. Шашуды әйелдер ғана шашады.. Шашуды балаларға берудің себебі «ырысты болсын» дегені.
Қандай да бір қуанышты жаңалық болсын, үлкен тойдың ең алғашқы сатысы – «шашу». Бұл да бір қазақ халқының ерекшелілігін көрсетіп тұрғандай. Жақындары, туған – туыстары шашулатып келсе – кімнің көңілі жібімейді, кімнің басына қуаныш орнамайды..?
«Табиғатты аялау дәстүрі»
Табиғат – жаратылыс ішіндегі ең ғажабы.
Адам мен табиғат. Екі үлкен, бөлек дүние. Тек адамның табиғатсыз күн жоқ. Жер – Ана, Табиғат –Ана бар. Адамдарға қамқорлық жасаған сияқты, бізді өз нәрімен қажеттендіріп отырған Табиғат – Анаға да үлкен күтім, экологиялық қорғауды қажет етеді.
Адам баласы бікіл жаратылыс негізі суды, киетін киімді, көкөніс пен жеміс – жидекті, оқитын кітапты табиғаттан алады. Күнделікті тұрмыста, қай жерде болмасын, бар нәрсе – табиғаттың туындысы екенін аңғарамыз. Ауырып қалған жағдайда да, ем қабылдау үшін дәрі – дәрмек ішеміз. Дәрілер – табиғаттан алынатын емдік шөптер мен бағалы өсімдіктер туындысы.
Ерте замандарға көз тастар болсақ, адамдардың ең алғашқы кәсібі – терімшілік болғаны белгілі. Табиғаттың бергені арқылы адамдар ең алғаш нәр татқан. Табиғаттың айдын көлді құрақтары арқылы балық аулап күндерін көрді, жағдай жасады.
Табиғатты балаға қараған сияқты аялап, жақсы көріп, қадірлеу білу керек. Менің ойымша, бастауыш сыныптарға «Табиғатты аялау мен қадірлеу» пәнін жүргізіп, балаға жастайынан табиғаттың сарқылатынын, табиғаттың тек біреу ғана екендігін түсіндіру қажет.
Табиғат - ырыс пен молдықтың, әсемдіктің, баға жетпес қазына, сөз жетпейтін сұлулық, тарихы ертеден келе жатқан таулар мен сырлы жерлердің ортасы. Өкінішке орай, Табиғат – анаға бей – жай қарап, бұл тақырыпты сөз етпейтін, әрекет жасамайтын адамдарды кездестіріп жатамыз.
4 жыл мезгілінің ауысып - құбылып, таулардан сарқырап ағып жатын өзендердің жанында жайылып жүрген әсем жан – жануарлар, шуағын шашқан күн – бәрі бір толықсып тұрған табиғат элементтері. Адам жаны рақат тауып, тыныштықты сезініп, ерекше күйге енетін кезі – табиғаттың аясы. Табиғат – ана ортасында адам бойына қуат, ал өзіне шабыт ала алады.
Кейде, ойлайтыным бар, мүмкін, табиғат өз қаһарын адам жаратылыстарына жер сілкіністері, қар көшкіндері, тайфун, жел, сел, дауылдар мен небір құйындар арқылы жеткізеді ме деп...
Себебі: «Адамдардың табиғатсыз күні жоқ,
Табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ».
Табиғат – біздің барымыз, байлығымыз. Табиғатқа немқұрайлы қарағанымыз – келешекті ойламай, тек бүгінмен өмір сүргеніміз. Көгалдандыру әрекеті жүргізіліп, табиғатқа бей – жай қарау доғарылғанын әр адам қалайды деп есептеймін, «қолда барда - алтынның қадірі жоқ», - демекші, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, адам табиғатсыз өмір сүре алмайды. Критикалды, трагедиялы жағдайдың алдын алу үшін қазірден бастап іске асыратын жұмыстарды қолға алып, негіздеу жөн. Табиғат – біздің барымыз!
Сұлтан Бағдат Сұлтанқызы
Журналистика факультеті
1 - курс студенті
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі