Өлең, жыр, ақындар

Ахмет Байтұрсынұлының "Қазақ өкпесі" мақаласының айшықты мәні

Ахмет Байтұрсынұлының "Қазақ өкпесі" мақаласында екі негізгі ой қозғалады.

Бірінші, өкпелей-өкпелей өкпесі қара қазандай болған қазақтың қараңғылығы сөз болса, екінші, жерге қатысты қайсар пікірлер, тың ойлар айтылады.

"Айқап" бетіне шыққан мақалада "әй, қап" деп сан соғып жүрген қалың қазақтың  өзегін өртеген өкініші жер мәселесі екенін анық байқаймыз. Ал, автор "біздің заманымыз өткен заманның баласы, келер заманның атасы" - дей отырып, сонау терең тамырымыздан ажырамай келе жатқан "надандық" атты кеселдің кесапаты осы мәселеге соқтырып отыр деген орынды пікір білдіреді. Тереңірек ақтарып, түйінді ойды тарқатайық, ендеше.

Тарихтың сахнасына түркі боп еніп, Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланы қасиетті қоныс еткелі қазақтың тіршілігі - төрт түлік мал. Көшпелі өмірдің кілтін тауып, күйбелеңіне үйренген алаш білімге бас бұрардай болмады. Ғасырлар өнер-білім бар жұрттарды жаһан көшінен оздыра берді, оздыра берді. Ал, әліпті таяқ деп білмейтін қазақты тоздыра берді. "Хандары да, халқы да ғылым өнерді керек қылмаған. Бірімен бірі жауласып, басқа берекелі жұмыс ойланбаған" - деп жаза келе Ахмет білімі жоқ, бірлігі қалмаған қазақтың аюдай ақырған алып елдің іргесінде дербес тұра алмауының себебін дәл көрсетті.

Өз жеріңді өзгеге неге меншік қылдың деп өткендерге қазақ бір өкпеледі. Ата қонысымызға жат жұртты әкеп қоныстандырдың деп билеп-төстеп отырғандарға тағы ренжіді. Бірақ, Байтұрсынұлы бұйырып тұрған бақты ұшырған да, береке-құтты қашырған да "білімсіздік" деп баса айтты. "Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе? Талап жоқ, үміт мол халықпыз" - деген сөзбен автор білімсіз бақуат болу мүмкін емес деген идеяны алға тартады. Пафосқа айналып кеткен сөз бар ғой: "өзгеге келгенде прокурор, өзіңе келгенде адвокат" деген. Өткенге де, өкіметке де өкпелеген қазақ, өзгені даттаумен болды. Бірақ, білімсіз халықтың өзін кім ақтайды? Ахмет Байтұрсынұлының айтқысы келгені де осы - өзгеге өкпелеме, қазақ, өзіңнен көр!

Және мақаланың үлкен бір ерекшелігі: автор бүгінгі таңда қалыптасқан жағдайды ғана емес, ситуацияның басқа ньюанстарын да қарастырады. Егер жер қазыналық емес, әлі де қазақтың өз қарамағында болса қалай болар еді? Әлбетте, болашақты бағдарлап отырар халықта сауат бар ма? Ел ішінде қара басын қамдап, бүгінгі тоқтық үшін ертеңін сорға надандықпен айырбастап, арзанқол дүниеге жерін саудалап жіберер қазақтар табылмасына кім кепіл? Ахмет Байтұрсынұлы: «бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытатын қазақ жерін сатып тойып, ертең тентіреп кетер еді» - деп ойын ашық жазады.Мақаладағы құнсыз мүлікке қасиетті жерін есерлікпен саудалап жіберген естектерден қазақтың білімі бір де артық емес деген ой сондай бейнелі, тіптен дәл әрі орынды.

Байтұрсынұлының қазақты кінәлай, сауатсыздықты сынай жазуы еліне деген қастық емес қамқорлық. "Ауруын жасырған өледі" демей ме дана халқымыз. Қоғамның сол күнгі ауруын ашық айта отырып, қазақ білімге ұмтылса ғана алға жылжитынын ұқтырғысы келген Ахмет осының бәрін баяндай келіп "өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ" деп сөзін аяқтайды. Жақсы тіршілік көріп, тепкіден құтылу үшін, теңсіздіктен арылып, жоқтан бар жасау үшін халыққа ең керегі білім еді ол күні. Өкпелеген қазақтың өткір мәселесі өзгенің әрекеті емес, өзінің әрекетсіздігі екен-ау, сөйтсе.

Мейрбек Баян Мұратбекқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Журналистика факультеті 1 курс


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз