Өлең, жыр, ақындар

Сын

Шерханның Тұрар Рысқұлов туралы жазылған кітабын қарап шықтым. Жеңгең де ол кітапты оқып шығыпты. Мұнда екі пікір бір байламға келмей тұр.

Менің жеке пікірім, яғни Шерханның сол кітабына бағам — тарихи деректі, ғылыми пайымды, көркем әдебиет саласындағы елеулі шығарма екен деген ойға келдім. Алдымен, мен оны онша менсінбеп едім. Тұрар кім, Шерхан кім деп... Жауыңнан көрген азап жаман... сол себепті оқымай сыдыртып қарап шықсам керек. Ал, әйелім оқып шығып, мені қатты сынады. Екеуіміз пікір төбелесіне түстік. Кейіннен толық оқып, ойға салып талдап қараған соң ғана жоғары бағалап, жаңаша байламға келдім. Мұндай жаңаша ойға келуіме әйелім көмектесті.

«Естіген құлақта жазық жоқ» дегеннің мағынасы әртүрлі болады. Естіген соң оған сынмен қарап қайта ойлайсың. Кім дұрыс айтады? Баяғыда журналда жарияланған нұсқасын оқумен шектелген едім. Пікір сайысында мен енді өзіме-өзім сынмен қарап, ойымды түзегендей болдым...

Қорыта айтқанда, Абай мұрасы туралы көп адам сипай қамшылап жазып жатты... Кейіннен бәрі тоқталып бәсеңсіді. Абайды әлем биігіне көтерген Мұхтар алдын ала зор даярлықпен келіп, ұзақ уақыт ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осыдан кейін де толассыз ізденіс үстінде болды.

Ал, Тұрар — әлемдік деңгейдегі айтулы қайраткер. Комминтерннің көзге түскен білікті қайраткері. Соны тірілткен біздің Шерхан болып отыр. Шерхан жұртшылықтан өз бағасын алуға тиісті.

— Бауке, мұны неге айтып отырсыз? — деп мен сөзге араластым.

— Мен Шерханды да, сені де, өзімді де құлый деп іш тартып отырған жоқпын. Мен таза оқырманның бірі ретінде пікір айтып отырмын. Мен әдебиет зерттеушісі емеспін, әдебиет сыншысы да емеспін... Қарапайым көп оқырманның бірі ретінде айтарым жоғарыдағы пікір ғана. Бұл — менің субьективті пікірім, яғни жеке пікірім. Бізден басқа да оқырмандар бар. Олар бізден білімді, білімі де жоғары, олардың да пікір айтуға толық правосы бар деп білемін. Олармен есептеспей тұра алмасақ керек...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз