Өлең, жыр, ақындар

Терезенің жарығы

Күнімпатша кейуана бүгін құлқын сәріден оянды. Жастықтан басын көтергенде байқады, таңның бозамық сәулесі жатаған қазақы үйдің қос терезесінен еркін ене қоймапты; үй іші әлі қаракөлеңке. «Жалғыз немеремнің жолына жанпида деп жүргенде ауырып қалмасам жарар еді. Жиі-жиі соғып жағдайды біліп тұратын дәрігер қыз да көрінбей кетті» деп ойлады кейуана. Зіл тартқан бойын ауыр қозғап, оң босағаны жапсарлай салған морошақтың аузына төнді. Жуынатын су сынып тұрсын деп ылғи қара құманның бөксесін ошақ көмейіндегі қозаға көміп қоятын. Құманды қолына іліп ауыз үйге шыққанда байқады, суы қанжылым, онсыз да еті арып, тамыры білеуленген білегіне тікенектей тиген жоқ. Ұзақ баптанып жуынып-шайынды. Қайыра келіп жайнамазға отырғанда, тыстан, даланың сергек бозторғайының ашық, әуезді үні құлағына талып-талып жеткен. Қос тізерлей отырып есімін білетін арғы-бергі жақсыларды қиялмен шолып, ойша есендескендей болып көп мүлгіген. Мінәжаттың соңында тым алыста, Мәскеу деген қалада оқып жүрген жалғыз немересінің тілеуін тілеп: «Уа, айналып кетейін ілкі жақсылар, жырақта жүрген жалғыз ботамның жолын кесе көрме, — деп жалбарынды. — Назарыңды сал! Садағаң кетейін, Сыр суын кетпенімен жетелеген Сунақ ата диқан, Қаратауды жат жерлік жаудан қорғап өткен Шіркінбай батыр аруағы жалғызымды көз алдыңда ұстап, көңіліңнен еш шығарма», — деп көп-көп қадалып табыстаған. Сосын қатқыл алақанмен бетін сипап, белін жазды.

Алдындағы ақ жайманың қыртысын ұқыппен жазып, әдемілеп бүктеп, төсегінің бас жағына биікке қойды. Төр алдында сүйек сіңіріп, түрлі түсті қаңылтыр қаптап әшекейлеген көне әбдіренің үстін текшелеп жиған жүктен арылтты, сандық алдына тізесін бүкті. Ауыр қақпағын көтерді. Ішінен түгі қырқылған аузы бүрмелі масаты қалтаны алған. Бұл қалта Күнімпатша кейуананың өмір серігі, осы босағада өткен барша тіршілік-тынысының куәсі, көне көздің өзі: тапқан-таянған асылын осында сақтайды. Мінекей, баяғы жүзге кеп өлген енесінің «көзімдей көріп жүр» деп аманат қылған білезігі; мінекей, Әпикүл абысынының алтын жалатқан танасы; мынау ет жүрегін жарып шыққан жалғыз ұлы Балғабайдың базарлыққа әкелген әшекей алқасы. Күнімпатша кейуана бұл асылдарды саусылдатып тағып, сән қуып, ырғала басып жүрген жан емес.

Қосағы соғыстан оралмады, Балғабайды медеу етіп, өсірем, жетілдірем деп жүргенде жер ортасынан ауып, сыланған сұлу келіншектен кимешек киген кейуанаға айналды. Сол Балғабайы Алматыда бес жыл жүріп мал дәрігерлік институтты әні-міні бітіруге тақағанда «үйленетін болдым, апа» деп төбесін көкке жеткізген. Іншалла, жетімді де жеткізе көр деп күпті көңілмен жүргенде жүрегі езіліп соққан: дос-жарандары улап-шулап қара көтеріп ауылға Балғабайдың суыған денесін әкелді... Ертең той деген күні қала шетінен аядай үй жалдаған: ішін жуған, әктеген. Тойдан кейін кіре салуға жылы боп тұрсын деп пешті өртеп жаққан. Болашақ келіні кешқұрым қайтып кетіп, Балғабайы сол үйде жалғыз түнеп қалған. Ертесіне, сәске түсте пәтер иесі есікті бұзып кірсе арыстай жігіт көмір иісіне уланып көз жұмыпты дейді. Я, құбыры түтін тартпаған, я, ажалға бастаған қаралы үй дағы. Айтты-айтпады, сол қайғыдан, әй, адам болмаспын деп еді, ай жарымдай төсек тартып жатып ақыры бас көтерген. Балғабайдың сүйегімен ілесе келген бүлдіршіндей жас келіні жанына медеу болды ма, әлде, көрер үміті үзілмеді ме, кім білген?! Жас келіннің ішінде Балғабайдан бала қалыпты. Ақыры уақтылы күні жетіп келіні босанды, ұл тапты. Жер тіреп отырған жерінен белін буып, той жасаймын деп талпынған. Басқарма Есіркеп рұқсат етпеді. «Алды-артыңда таянышың жоқ, бес-алты уақ малыңды сарқып алсаң күнің қараң, бір серкені шығарып көкпар берсең болғаны», — деп ақыл қосты. Сонымен жалғыз немере — Қуандықтың тойында осы даланы дүбірге толтырып көкпар тартылған. Қуандық қырқынан шыққанда жас келіні: «Апа, оқуымды аяқтайын, астанаға қайтайын», — деп рұқсат сұраған. Шырылдаған қызылшақа нәрестені құшақтап Күнімпатша кейуана жас келінді Арыс станциясына, поезға дейін шығарып салған. «Қош, қарағым, тірі болсам Қуандықты жылатпаймын, қарайламай оқуыңды оқы, хатыңды үзбе, теңге-тебенім жолыңа садаға», — деп жылап тұрып қайыр-қош айтысқан. Жас келіннен әуелде хат жиі келетін, бара-бара мүлде сирексіп, ақырында хабар үзіліп тынды. Қуандық бірге толып, апыл-тапыл жүре бастағанда келінінен «Апа, оқуды ойдағыдай бітірдім. Өскеменге жұмысқа жіберді, сол жаққа орналасып алған соң хабарласам» деген тілдей қағаз жеткен. Сол қағазды тұмардай қып жаулығының ұшына түйіп көпке дейін көз алдында ұстап жүрді. Келінінің соңғы хаты екенін сонда сезбепті. Қуандықтың бар ауыртпалығы бір басына түскенін кейінше барып бағамдады.

Өлмегенге өлі балық кездесер деген рас екен, айналайын ауылдас ағайынның арқасында біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік кешті, көппен көрген ұлы той, Қуандығы жетілді. Жалғыз немеренің тілеуін тілеп жолына жанын пида деп жүріп өзі де қартайды. Қуандығы жастайынан зерек болып өсті. Мына тұрған үлкен әбдірені мақтау қағазына сықап толтырып, ақырында Мәскеу қаласына оқуға аттанды. Күнімпатша кейуананың Арыс станциясынан үйіне жеткенше үнсіз өксіп келгені қазіргідей әлі есінде. Іншалла, қырсығынан сақтаса, Қуандықтың, жалғыз құлыны — Қуантайдың биыл үлкен оқуды бітіретін жылы. «Қарағым бүгін түсіме бекер кірген жоқ» деп ойлады толқып отырған кейуана. Иә... иә... көктемде: «Әңгелек пісе бір аптаға рұқсат алып ауылға барып қайтамын, апа», деп жазған хаты езіліп соққан кәрі жүректі қатты лүпілдеткен. Жер аяғы босай кетпені қолынан түспей шұқынып жүріп салған жалғыз әңгелекті пісіріп әні сақтады, жоқ... міне сақтады, жоқ... ақыры ірітіп тынды. Ми қайнатқан шілде басталған. Үлкен жолға қарай-қарай ойы онға бөлініп іштей іріп жүргенде: «Апа, емтихан уағында босатпады, тақауда институтты біржолата бітіремін, сосын екі ай әскер ойынына әкететін көрінеді, соның алдында соғып қайтамын, сағындым әбден», — деген хаты жетті. Құлыным-ау, әншейін, мұндағы шешеңнің сағыныштан құр қауқары жүргенде тым құрыса жалғыз күнге келіп кетпеймісің?! Сағындым депсің! Оқуы құрғыр абақты емес шығар. Үйге сыймай, уайымнан сансырап біткенде: «апа, көбі кетіп, азы қалды ғой, әскер ойынына аттанып барамыз: енді елге біржола босанып баратын болдым», — деген хаты келді. Сол күні қорадағы деңгене қып байлаған екі тоқтының бірін сойып, ауыл шалдарын жиып жіберіп батасын алды. Кешкілік баяғы басқарма, бүгінде тәспісі тырсылдағын молда — Есіркепке барып бал аштырды. Есіркеп байғұста былай деген сөз болмайды әйтеуір. Баданадай қырық бір бұршақты алдындағы ақ жаймаға шашып жіберіп, топтап, жұптап, бөлшектеп сөйлей жөнелді. «Балдың аяғы тақ түсті, балаң сапар шегетін секілді, тағы тақ, бәлкім, тым алысқа... бүйірге үш-үштен түссе — қоржыны тең деген сөз, есен-аман... маңдайы төртеуден — көңілі күпті, хатқа жазбаған бөтен ойы бар ма?.. Ұзамас, келіп қалар, құйымшағы шошаңдап жүрген секілді», — деп жақсы сөзбен шығарып салған. Ендеше бүгінгі түсі қалай? Күнімпатша ескілік ырым-жырымға көп еліктеп сене бермейтін. Әйтсе де бүгінгі жүрегінің езіліп соғуынан секем алды, түсі де тым оғаш. «Жүзің неге бозғыл, құлыным-ау?!» тап осы үйдің арты екен дейді, өңі секілді тегі. Қуантайы үнсіз-түнсіз жарға сүйеніп тұр. Бұл алып ұшып қасына жетіп барған. «Мұның не енді, құлыным-ау? Үйге кірмей, там жағалап жүргенің қалай?» — дейді. Ол үндемейді. Шашы өсіп, жағы сопайып, азыңқы секілді. Бұл қыстығып өзегі өртеніп үйге сүйрейді. Өстіп жатып оқыстан оянып кеткені.

Қаражаты таусылып тарығып жүрген шығар, құлыным, әйтпесе неге үйге кірмейді?.. Өңі неге сонша сынық?.. Қолындағы масаты қалтаның түбін қағып ақшасын алды. Ай сайынғы отыз сом пенсиясын, шай-қанттан артылған тиын-тебенін тірнектеп әкеліп осы қалтаға салатын. Ақша санауды білмесе де жобалап, долбарлап отырып бұл тірнегінің елу сомнан аспайтынын білді. Және қос уыстай күміс теңге шықты. Қуандығы айтатын: «Мәскеу қаласы алыста» деп. Жүйрік пойыздың өзі үш тәулікте әзер жетеді, жолы да удай қымбат дейтін. Әрине, жер шетінде жүрген Қуандығына бұл азғана ақша қаражат болып жарытпайды, пенсияға алыс. Деңгене қып отырған жалғыз тоқтыны базарға шығарса Қуандығы келгенде не соймақшы? Сонша қуанышқа тышқан мұрнын қанатпағаны елден тағы ұят. Ойлап-ойлап, Есіркеп шалдан қарыз сұрай тұруға бекінді. «Неғыпты, жағдайымды түсінер, жүгініп барғанда бетімді қақпас, алыстағы Қуантайым қуанып қалсын».

Күнімпатша сандығын жауып, басына кірсіз жаулығын салып сыртқа шыққанда күн көкжиектен едәуір ажырапты. Сыртқы есікті қаусыра жапты да ит кіріп кетпесін деп жіппен шандып байлады. Бұл ауыл бағзы заманнан есікке құлып салып көрген емес. Құлып — үйге келетін Қыдыр әликсаламды шошытады әрі пейілді тарылтады деп сенеді. Бір жаққа шықса, мейлі, ай жүрсін, апта жүрсін; есігін жіппен шандып, не құр ілгектеп кете береді. Сырт көз үй иесі бар-жоғын есігінің ашық, не жабық тұрғанынан біледі.

Демнің арасында шағын ауылға қимыл араласқан. Көршінің тоқал сиыры маңғаз басып өріске беттеп барады, уақ мал жарға сүйкеніп, шуаққа топырлап, төлінен бөлініп шығар емес.

Есіркептің үйі ауылдың бас жағында, биік дөңде, басқарма боп жүргенде салдырған алты бөлмелі жалпиған мекен жайда. Нән қақпаны ашқаны сол еді, сыртқа жүгіріп жас келіні шықты. Ибалы неме тани сала иіліп сәлем салып жатыр. «Атам шайға отырған», — деп төргі бөлмеге енгізген. Шындығында, Есіркеп шал кең бөлменің бұрышында шағын дастарханды иемденіп шайға бас қойып отыр екен. Бұрын ғой мұны көргеннен: «Уа, патшам, төрге шық!» деп қарсы алатын. Бұл жолы қабағы қырыстанып жазылар емес, ернін жыбыр еткізіп сәлем мезіретін жасады да тұқшиып отыра берді. Жас келін шәйнекті үстемелеп демдеп кейуанаға қызылкүрең етіп шай ұсынған. Күнімпатша сыралғы құрдасының кең дүниені тарылтып, бір уыс болып отырған пұшайман халінен шошынды.

— Кісіні пәткәрда қылайын десе оп-оңай екен, ана бригадир Ділдебайдан кісінің құны болса да бірер қап жем босат деймін, қитығады кеп, атасын пәшіс емес — мен өлтіргендей, қитығады кеп. Жалғыз буаз биені қолда ұстай алмай өріске жіберген едік, саяқ қуып кеткен бе — ұшты-күйлі жоқ, әлгі бала кеше күні бойы селкілдеп таба алмай келді. Тағы кетті іздеп. Кәйтерімді білмей отырмын.

Есіркептің жанын кеміріп жеген боз биенің күйігі болды.

Күнімпатша қартайса да көзінің алдына мал бітіп ас батпай отырған мына шалға зығырданы қайнады.

— Қараң қалғыр, қартайғанда көзге мал бітеді деген рас екен. Төріңнен көрің жақын. Төрт құбылаң түгел. Жалғыз құйрыққа қарап отыр ма ең жер тіреп. О, несі екен-ей, сонша тақыстанып!

— Күйіп отырған жанымды күйдірме сампылдап. Сенен билік сұраған бір құдайдың пендесі жоқ, — дейді Есіркеп одан сайын безірейіп.

— Қараң қалғыр, бұл жұрт Қуантайды сағынып барқадар таппай зар жылап жүрсе, жағдаят сұрап, ахуал білудің орнына «буаз бие», «буаз бие», өл де бар маған! Шырағым, мына шайыңнан жер май саси ма осы?

— Жоқ, шеше! От тұтатқан жаңқауыққа аздап кірәсін құйып едім, сол болмаса, — деп жас келін жаман қысылды.

— Ессіз қалғыр, дәрі ішіп, жаңқа жейтін шығармыз. Әнеукүнгі алған ұнның жарымы кебек, жоғарыда арыққа дәрі қосып жатыр дей ме. Айран қатқан кеспе көжеден артығы жоқ бәрінің де. Қымбатшылық боп кете ме деп қорқам, молдаторғай жер бауырлап ұшып қалыпты.

— Ай, боз биенің күйігі тықат боп бітті. Баяғыда сол Ділдабайды жетімдер үйіне орналастырып, өзім адам қылып едім. Енді келіп шалқаяды кеп, шалқаяды. Бұл ненің мастығы деймін. Сөйтсем масылпромның бастығымен жең ұшынан жалғасыпты деп естідім. Қоя қал, о ғып, бұ ғып жүріп біз де өмір сүрерміз. Айналайын бұл өкімет аман болса кешегі еңбегі сіңген азаматты таптатпайды, қор етпейді, ұмытпайды, елеусіз тастамайды, шоқытпайды, талатпайды.

— Жорға ашты бұл енді! Екіленіп кеп, кеп, кеп кіжінетіндей сені тонап жатқан ешкімді көрмедім. Ынсабын берсін, аһ, құдай, көрсеткеніңе шүкір де-е-еп жайыңа қарап тыныш қана отырсаң қайтеді, жазған-ау!

Есіркеп шал тақыстанып қалды. Мырс етіп күліп сыртқа ата жөнелген жас келіннен қымсынды білем.

— Молдаторғай жер бауырлап ұшып қалыпты дейсің бе? Сол құрғырдың әуелеп ұшқанын көрмедім ғой тегі.

— Уақ мал да күйіс қайтаруды ұмытып барады. Алдына қойғаныңды жалмаңдап жей береді.

— Таң атпай жау қуғандай бұл не жүріс? — деді Есіркеп шал қолындағы кесесін дастархан жиегіне шиырып жіберіп. Сырттан жас келін келіп самаурын түбіне сызылып тізесін бүкті.

— Қарызға ақша сұрай келдім. Қуантайым түсіме кірді, тарығып жүр ғой деймін, жүрегім де сыздап шыдатпайды.

Есіркеп қасақана естімеген болды.

— Ақша сұрап келдім!

Есіркеп «ақша» деген сөзді өзге тілден жаңа үйренгендей тым қолапайсыз созып айтты.

— Ақша! Қайдан болсын ол?! Бала ауданға қатынап істейді, асхананың тамағы теңгенің соры. Пенсиям кідіріп келмей жатыр. Боз бие жоғалып кетті.

— Саған салмақ салмай-ақ бірдеме қылсам деп едім, болмады,— дейді Күнімпатша көкіректегі қыжылын әзер басып. — Жастардан сұрауға аузым бармайды. Қиналып келгенде көршінің әжетін шығар, жарқыным. Қуантайым осыдан өкімет боп келсе алғашқы айлығынан өзіңе шапан жаптырам.

— Қуандығың бос мойын боп шәрде қалмасын сол, қаланың қысқа етек қызына үйленіп. Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада. Он бес жыл оқығанда таусылмайтын не оқу ол түпсіз?

— Алжыған адамша қайдағыны айтады екенсің! Пәйіттеп жүріп, батамды беріп өзім үйлендіремін әлі. Келмесе келмесін деп отырсың ғой сен. Сөйтті бар ғой, мойныма дорба асып: «ақ дуана!» деп кете берем ақтап, жыным келсе қараң қалғыр. Алпыс жыл жалғыз үй бағып жол қарағаным жетеді!

— Несі бар, артынан іздеп шәрге сен де барарсың.

— Қала менен не жесін? Анада белімнің құяңы ұстап, Қуантайым облыстағы дәу бас жиеннің үйіне апарғанда көргем. Етаж үйіне кіргеннен басым айналып, аяғым тайып, кеткенше өліп қала жаздағам. Ондағылар дауыстап сөйлемейді екен. Қатты сөйлейтін әдетім емес пе, ауыз ашсам-ақ: «Ойбай, апа, бұл кең байтақ Арыстың даласы емес, жайырақ, айналадағы көршілердің мазасын алмайық», — дейді дәу бас жиен. Қалай тұрып, қалай жүретінің өз еркіңде болмаған соң барқадар таппайды екенсің. Доқтырың құрысын, ертерек елге кетем, кең жерге барып өлем деп Қуантайдың құлағын жедім. Келін шырағым, терім қатып қап жүрер, дәсірорамалың болса берші.

Жас келін жеңіл тұрып барып кейуанаға түкті орамал әкеліп берді.

— Шалқақтайтынымыз әуелі құдай, қала берді өкіметтің арқасы. Әйтпесе қатқан құртпен шалап ішкен ашөзек байды да көрдік, осы күнгі балалар аппақ қанттың өзін көзге ілмей қор қылады, іші былжыраған кәмпитті де жеп жарытпайды, іздейтіні әнебір күміс қағазға ораған... сәндеген... судыраған...

— Шоколад, — деп жас келін кейуананың ұмытқанын есіне түсіріп жіберді.

— Масығып біттік қой. Қыдырған қатынның қалтасында да, жылаған баланың қолында да сол... сол...

— Шоколад, — деді және жас келін.

— Қой, сәрсенбіге Қуантайымның садағасы деп жеті нан құдайы беріп жіберейін. Көптен шелпек пісірмеп едім. Қарызға қырық-елу сом ақша тауып бер тұқшия бермей! Пенсиямды жиып, о ғып, бұ ғып қайтарармын.

Есіркеп шал ойлаған: бұл кемпірден құтылу жоқ деп. «Жоқ» дейсің — сенбейді; «өзімізге керек» дейсің — көнбейді. Тегі шатқаяқтап шығарып салуға құдайы көршінің көңілінде жазылмас тықат кете ме деп және қорқасың. Уағында тап-тұйнақтай қып тауып береді деуге аһуалы мынау; сен көр мен көр жым-жылас етеді деуге құдайдан қорқар. Қашан оқудың түбіне жетем деп жүрген немересі келгенше қарыз ақша аллау акбар дей бер.

Күнімпатша кейуана ойлаған: дүниенің түбіне жетем деп мал жинаған Қарабай да қайтқан бұл өмірден деп. Жаназа сайын жұрттан мал алсаң да жұмыртқаның уызымен жамалған кетік кеседен құтылмапсың. Маналы бері көк науатыңды таусып, қарға құсап қарқылдап отырғанша үйдегі жалғыз тоқтыны базарға шығарсамшы. Үндемей кісі өлтіретін кеспіріңнен шошимын. Алмай кетпеспін!..

— Неғыл дейсің?

Күнімпатшаның даусынан қою шайға пода-подасы шығып терлеп, қабағы опырылып отырған Есіркеп қымс ете түсті.

— Немике нәрсе?

— Қиналып келгенде әжетімді шығар!

— Арзымайтын нәрсе ғой біздікі.

— Өш жерде омалам ендеше!

— «Берден» қалдық бәлеге!..

Деп Есіркеп шал шайдан таппа тыйылып, көзін жұмып, қолын жайып бар білер дұғасын қайта-қайта қақтап айтып, бетін сипады. Қолымен ауа кесіп «дастарханды алып кет» деген ишара жасады. Жас келін жеңіл көтеріліп самаурынды ауызғы үйге ала жөнелді. Тұмсығымен жер иіскеп барып еңсесін жазып отырған Есіркеп енді болмаған мәрттікке басты. Әуелі оң аяғын созып әміркен былғарыдан тіккен мәсісін шешті. Ендігі бір мәурітте келінінің сыртқа шығуын бәйіттеп отырып, әңірейген бөлмеде екеуі-ақ қалған кезде шұлғауын жазып арасынан бір буда ақшаны суырып алды. Молдасоқынып отырып әрі санап, бері санап бұзау тіліндей бес қызыл қағазды Күнімпатшаның алдына тастады.

— О дүниеге алып кетпейміз. Боз бие жоғалып, ішімнен іріп, тықат боп отырған соң дағдарғаным рас. Әжетіңді шығарайын, бетке шіркеу, сүйекке таңба болмасын.

— Кімсің — басқарма Есіркеп едің, ошақтың бұтын бағып, қайратың тайып жіңішкерген шағың ғой бұл. Көңіліңе алма, қатар болған соң бәлдірі батпақ сөйлей береміз. Айтқаным айтқан: осыдан Қуантайым келсе алғашқы айлығын алақаныңа саламын. Бұл өкіметтің оқуын тауысса шет ел аспайтын шығар. Түсіме кіріпті, үйге кірмей, тамның сыртында тұр. Жүрегім су ете қалды. Білмеймін... түсіме бүйтіп кірмеуші еді... жалғызым... тарығып жүр ме... — деп Күнімпатша кейуана манағы морт мінезден мүлде босап, толқып, түйір-түйір жылауға кірісті. Тыстан екі көзіне үрей толып жас келін кірген. Есіркеп сасайын деді. Басына қарқарадай қып жаулық салған қара кемпір жаңа ғана айбаты бетіне тепкен тегеурінді жан еді, енді бой-бой болып үгітіліп отырғаны мынау. Көз жасы көбесінен асып төгілді.

— Қоя қал, жаманшылық шақырып жалғыз ұлдың жолын кеспе, бекем бол, мен де намаз соңынан ақ тілек айтып жіберейін бүгін.

— Қуантайым есіме түссе бос-а-а-ап шөгіп қалатын болып жүрмін. Сағыныштан шығар. Поштаға барып ақшаны қолма-қол салып жіберейін. Әй, айналайын, Қатира, Қапиза, Өзипа, Сәбира, ойбуй, Сәлима-ау, атыңды ұмытып қала беремін өстіп. Мына ақшалардың басын қосып санап, қағазға жазып берші, поштадағы бала шешеңді мақаупес қылады кейде.

Сәлима келін кемпірдің ақшасын санап орамалға ұқыптап түйіп, жарты бет қағазға сомасын жазып берді. «Әже, жүз сом ақша», — деді. Батасын беріп, ақылын айтып, апыр-топыр орнынан тұрып сыртқа беттеді. Ауылдың келесі шетіндегі поштаға жеткен. Пошташы баланы ығыр қылып әр нәрсені сұрап көп нығыздап, Қуандықтың атына жүз сом ақшаны салып жібергенде барып «уһ» деп жан шақырды.

«Жан шақырды» деген әшейін-ақ сөз. Әйтпесе қашан Қуандығы келгенше қайдағы тыным, қайдағы жан рахаты?!

Ойлап кетсе Күнімпатша кейуана немересінің жолын өмір бойы күтіп жүргендей екен-ау. Әуелі соғысқа аттанған қосағына сарылды... талай жыл сыз төсегін жас дененің қызуымен жылытты... соғыста опат болған қосағының көзіндей боп қалған Балғабайын оқуға аттандырып салып, білікті, білімді азамат болып елге оралуын күтті... енді, міне, алтыншы жылға аяқ басты, қыршын кеткен Балғабайының өтеуі — Қуандығының жолын қалт-құлт етіп күтумен отыр. Тегінде Күнімпатшаның уайымсыз ұйықтап, қамсыз күн кешкен кезі тым сирек секілді. Тәйірі, бұл адамға өмірде қанша қуаныш қажет дейсің?! Мысқал қуаныштың өзі үлкен ғұмырға жетіп-артылмас па. Дәм-тұзы таусылып, демі бітпей тұрғанда немересінің маңдайынан бір иіскеп, «болдым, тойдым, бет алдыңнан жарылқасын, құлыным», — деп батасын берсе болғаны, одан артығын тілемейді.

Қой, ә, деп: көңіл бірлеп, ертеңгі жеті нанға арнап қамыр ашытып қоюға бекінді. Ас үйдегі кенеп қапшықтың аузын шешіп жарты табақтай ұн алған. Ешкі терісінен жасалған ақ жарғақ сыпыраны жайып, кәсекісі тозған елгезерге уыстап ұн салып, алақанымен қаққыштап асықпай елеген. Қолын шайып, қазандағы қайнаған суға тұз ерітті. Мол етіп жұмыртқа шағып сары уызын қосты. Батагөй шалдар мен бейпіл балаларға жететіндей қып қос зуала қамыр иледі. Арагідік тұзды суға шылап, ұрпақ сеуіп сағыздай қамырды шын пейілімен баппен бөктерген. Ақырында қыш зеренге аударып бетіне табақ төңкеріп, жылы етіп орамалмен жауып тастады. Құмандағы сумен қолын шайды.

Сыртқа шығып сүйекті сексеуілден бұтауы керек-ті, шекесі шаншып ауырып, ілдалдалап сүйретіліп келіп жер төсекке жантайды. «Аздап мызғып алайын, шаршадым білем» деп ойлаған. Құс жастықтың шәйі тысы мұздап қалыпты, шекесіне мұз басқандай әсер етті. Сырттан деңгененің маңыраған үні жетті. «Бұл да басыма сор бейнет болып жабысты: жем берсең — су сұрап, су берсең — жем сұрап барқадар таптырмайды. Биыл шілде де қайнап шықты, жаңбыр тамбады, жерде не қауқар болсын?! Шаңытып шыға келді ғой. Әлгі доқтыр қызым бас сұғып, аһуал біліп тұрушы еді, ауру көбейіп безілдеп жүр ме, о да жоқ. Қуантайым келсе-ақ сызылып үйімнен шықпайды. Аққудың балапанындай өзі де әп-әдемі сүйкімді бала, осы ауылға оқу бітіріп келгелі бір жарым жыл болды, соңына жаман сөз еріткен жоқ әйтеуір. Қуантайыма бұйырса қанекей, қолды-аяққа тұрмайтын әппақ келін жұмсап, баланың әкелген табысын қалтаға бүктеп салып, қарқарадай қып жаулық тартып, аһ, көрсеткеніңе шүкір деп шіреніп төрде отырсам ғой — өңге байлықтың қажеті қанша? Желді күнгі көбелектей қауқарым мынау, жарты кесе айранды әзер сіңіретін аһуалым анау — ай, маған көп қуаныш бұйырмас».

Күнімпатша ой шетінен ой суыртпақтап жатып сәлге мызғып кетіпті. Есік сарт ашылыпты дейді. «Апа», — деп сөйлеп Қуандығы кіріп келе жатыр екен дейді. Жүрегі бұлқына соғып селк етіп оянып кетті. Өң мен түстің арасында сөлтиіп басын көтерді. Енді байқады, бөтен, жүріс-тұрысы жеңіл, ақ көйлекті дәрігер қыз секілді. Сықылықтап күліп: «Мен ғой, апа, мен», — дейді. «Уа, көрсеткеніңе шүкір, жаратқан ие, жаңа ғана ап-анық «апа» деген даусын естідім емес пе? Әлде жер түбінен жер жеткізді ме? Әлде езіліп соққан жүректің әлегі сол ма?»

— Құлдығым-ау, Қуантайдың даусын естідім ғой, ап-анық, жаңа ғана!..

Дәрігер қыз қос ұртында сүт шұқыры ойылып күлімсірей қарайды, тап алдында. Бауырына тартып маңдайынан иіскеді. Қыз белі күтір-күтір үзілді. Күнімпатша есін енді жиғандай болып, қуаныш меймілдеген жанары қайта жанды.

— Салатын дәрі тауып әкелдім, апа.

— Сол құрғырың етімді шабақтап, терімді тесіп ит рәсуасын шығарады-ау деймін. Шаншымай-ақ жұтқызсаң қайтеді? Таңға жақын түс көріппін. Қуантайым үйге кірмей, тамның сыртында тұр. Неге екенін білмеймін. Жаңа ғана ап-анық даусын естідім. Тарығып жүр ме деп жүз сом салып жібердім мана.

— Апасы уайымшыл! Баласы елді ұмытты! Апасы гүжілдеген самаурыннан шай ішеді қазір, қызына әңгіме айтып береді. Апасы жазылады.

— Кеспе көжеге бұрыш сап ішсем тәуір боп кетер ме ем!

Қыз білегін түрініп, қолын шайып ас қамына кірісіп кетті. Ошақ басы көңірсіді. «Апасы демалып жатады», — дейді ас үйден дауыстап. «Елпектеген құлдығым-ау, әншейін, ниетіме бола пейілін бұрған ғой маған». Сырттағы заржаққа шелекпен су апарып берші, құлдығым. «Бүлдіршіндей боп Қуантайыма бұйыра кетсе бұдан артық тілемес едім. Ынсабын берсін. Манағы мәттақам Есіркеп не деп көкіді сонда? Шәрі несі?.. Маржасы несі?.. Тілеуің кесілгір, қу молда, өз баласы көз алдында жүрген соң мұқатып отыр дағы. Ақша сұрап барып араздаспайын деп дұрыстап уәж да қайтармадым қақ маңдайдан салғандай етіп». Әке-шешең аман-есен бе, құлдығым? «Е... е... Жаңақорғанда жолыңды бағып қайбір жетісіп отыр дейсің. Бұл күнгінің балалары оқимын деп, шоқимын деп туған жерден безіп, текеметтің үстіне түскен сынаптай тұтымға ілікпей пышырап кететін ауру тапты. Соңында соқыр шамның сәулесіндей діріл қағып біздер қаламыз. Бала түзде, байғұс үйде — осы да барақатты тіршілік пе? Хат жазып тұратын шығарсың, құлдығым? Хат дегенің өрт боп сағынған көкірекке су бүріккенмен бара-бар. Сағыныштың аурудан жаман дерт екенін біле бермейді ғой. Кеспе түсіретін наншолпы шелектің үстіндегі шегеде ілулі тұр, құлдығым. Осы қызыма ырым қылып жыланбауыр білезігімді сыйлайыншы, тілекке тілек, ниетке ниет қосылар, бәлкім. Бір үйдің әлпештеп өсірген еркесі бұл да, көріме ала түспеспін, ертеңгі күні демім бітіп көз жұмар болсам әлдекімнің қолында кетер. Балғабайдың көкесі әйгілі ұстаға әдейілеп соқтырып білегіме өз қолымен салып еді. Ертең ерте тұрып осы ауылдың шалдары мен балаларына пәтір, жұқпа, қатырма, қазанжаппа, ойбуй, шелпек пісіріп үлестірсем деп едім, құлдығым. Әрине, бергеннің сауаптан өзге залалы жоқ. Қолың қандай жеңіл, кеспе көже әзір боп қалғаны ма, құлдығым?

Күнімпатша алдына майлық орамал жайылғанда сауылдай қозғалып сыртқа шығып кетуді ойлады. Табалдырық түбіндегі кебіске аяқ сұққанда аңдады, шаңын сүртіп, мұнтаздай етіп тазартып қойыпты. Күн саңы сыныпты. Бүйірі томпайып сирағы шидиіп жіңішкеріп кеткен деңгене қол шайып отырған мұны тұмсығымен түрткен. Кейуана қайыра тұрып, иегін көкке іліп, алақанын батуға асыққан күнге төсеп, ауданнан түсетін қасқа жолға ұзақ сүзіліп қарады. Жанары талды. Тінінен тарқатылып үйіне бұрылған. Деңгене шалғайын тістелеп табалдырыққа дейін ілесіп келді. Дәрігер қыз жер төсектің іргесіне кеспе көжені бұрқыратып әкеліп қойыпты.

— Жүректегі жанды тірілткен көргенді бала екенсің, құлдығым. Әуелі жаратқан ием дүниеге кедейді жаратыпты дейді: уақыт оза, заман өте ақылды, еті тірісі дәулетті боп кетіпті де, жалқауы мен наданы сіңірі шыққан күйінде қалыпты. Біз сол жалқау атадан тараған екенбіз. Өкіметтің арқасында ғана өзге жұртпен теңелдік қой. — Күнімпатша ысылдап кеспе көже ішуге кірісті. — Өзің де іш, құлдығым. — Әлгіде тамақтанғам, апа, — дейді қыз түбіт үнмен. Әлдене айтуға оқталып, сөзін тілінің ұшына үйіріп қана отыр. Осы мезет ойда жоқ оқиға болды.

Әуелі мотоциклдің ащы ышқынған даусы шықты, сосын жер дүңкілдеп есік сарт ашылды. Мықшитып шәпке киген Ділдабай бригадир! Шекесін көрсетіп кемпірмен ерін ұшымен ғана сәлемдесті. Жанары шапыраштанып дәрігер қызды ішіп-жеп барады. Қыз үркіп төсек жаққа ойысқан.

— Еркетай, айда, вечерге кеттік, мотоциклге мінгес, бол, тез!.. — дейді дігірлеп.

— Қызым пешірге бармайды, әдірам қал-ау! — деп кейуана бұйық жамбастап жатқан жерінен жұлқына көтерілді. — Сәлем жоқ, сауқат жоқ, қайдан шыққан шатақсың, мұнда жатқан тезек салған қап деймісің?! Осыдан шалдарға жүгіндіріп жыныңды қағып алмасам маған кел. О несі-әй! Жұртты бөріктіріп, киіп-жаруыңа жөн болсын. Өкіметтің байлығын қазан үсті ожаумен сіміріп масығайын деген екенсің. Жөніңе жүре бер. Сенен келер немике құқайды көріп алам.

— «Немике... немике»... Еркетай, бол енді, таң атқанша би билеп, гуляйт соғамыз!

Еркетай көкпарға түсетін лақтай жалтақ-жалтақ жәудірейді.

— Кімнің шікарасы дейсің осы. Селк-селк еткізіп алып бара жатқан астындағы тарылдақ пен колхоздың алпыс гектар жүгерісі шығар. Азар болса, ессіз қалғыр, Қуантайым келгенше көжесі дайын абақтысында отыра тұрармын. Анау әкпішті әперші, қақ маңдайдан салайын кеп!

Дүңкілдеп келген Ділдабай тап бұлай іс насырға шабар деп тегі ойламаған. Еркетайда көптен көңілі бар-тын. Ойлаған: астымдағы мотоцикл зырлап тұрса, дүкеннің жәшік-жәшік арағы таусылып қалмаса қылымсыған қыз қолда деп. Қыр асып селкілдетіп әкетемін деп.

— Жігіттерге таба қылма мені! Сенсіз келмеймін деп шыққанмын!

— Сырқат кісінің қасында болам, — деді дәрігер қыз.

— Бөлімшенің қарағайдай қос бөлмелі үйін босатып бердім. Қойманың, кеңсенің есігін саған ашық қойдым. Ойға, қырға құстай ұшырып талай серуендеттім. Соның бәрін ұмытып, мына сыз үйде, қараңғы кемпірге... тіфу!.. айтпады деме, ренжісем аямаймын — бұл бөлімшемен қоштасасың!

— Ши жүгіртіп, біз тықпа тілмен! Ессіз қалғыр, кеспе көжемді дұрыстап ішкізбеді ғой! Екіленіп кеп, кеп, кеп, кеп нығыздайтындай бұл қызыма өткізіп қойғаның бар ма? Қоймаң не, масаханаң не? Тепсінетін бұл сенің кеңсең емес, Қуантайдың қара шаңырағы бар, әйда!

Ділдабай шегіне түсіп, темекісін тұтатты да қоңырсық көк түтінін танауынан бұрқ еткізді.

— Шының ба бұл?

— Шыным!

— Әкеқыз, қыз атымды байым жойды деп жылап жүрме, — деп даусын өзгертті де «ә» деп қолын бір сілтеп шығып жөнелді. Келуі қандай жылдам болса, кетуі де сондай жылдам. Алақұйын өткендей тегі.

— Сені ме! Ертең шалдарды жиып бәрін, бәрін айтып берем: тапап кете жаздады деп, кемсітті деп, шаңырағыма ат ойнатты деп. Мыштай болып кешірім сұрап алдыма жүгінбесең маған кел. Әкіреңдеп көкірегіме тықат сап кеткенін қарашы. Қуантайым ғой кісіге «сен» демейді, үлкеннің алдын кесіп өтпейді, сөйтіп жүріп-ақ жақсымен жұғыса кетеді, дүниенің оқуын тауысты. Әлгі Ділдабай балалармен төбелесіп көйлек шақ келмеген соң үшкілден шығып қалған. Сосын Есіркеп байғұс апарып балалар үйіне тапсырды.

— Ашу басады, апасы! Дәрі ішеді, апасы! — деп дәрігер қыз кемпірге дәрі беріп, шәлімен қымтап бәйек болды. Алдына құлаңқырай жамбастап еркелейді. Күнімпатша тығылып отыр екен, бойын билей алмай қалды. Қайдағы-жайдағы есіне түсіп, ерні дірілдеп, дәрігер қыздың арқасынан қағып маңдайынан мейірлене иіскеді. Жанарына кілкіп жас тығылды. Қыздың әлгі жігіттің арқасына жармасып кетіп қалмағанына шүкіршілік етті. Еркетай құлағына сыбырлап: «Ұрыспайсыз ба, апасы?» — дейді. «Құлдығым-ау, көрінгенмен сампылдасып ұрсыса жөнелетін мені бір бетпақ деймісің, әлгінің лаңына күйем ғой». «Ендеше Қуандық келгенше қасыңызда болайын», — дейді Еркетай тұла бойды еріткен үнмен. «Оны несіне сұрайсың, құлдығым-ау, шешеңнің күні-түні тілегені сол емес пе? Жаман тамда іш босап құлазыған күн кешкелі қашан. Сені де құдай айдап әкелген шығар, екі жарты, бір бүтін болып тіршілік құрғанға не жетсін». Қуанған мен қорыққан бір дегендей Күнімпатша кейуана ауруын тарс ұмытып, маймаңдай басып үй тірлігіне араласқан болды. Ертеңгі жеті нанды қалай, қанша пісіруді ойласып күңгір-күңгір мәслихат құрды. Көнекөз әбдіресін ашып дәрігер қыздың алдына бар байлығын жайып салды. Жыланбауыр білезігін тарамыс қолынан саумалап сыпырып жас қыздың тал шыбықтай майысқан білегіне салған. Түннің бір уағына дейін ауыл шетіндегі қоржын тамның жарығы сөнбеді.

Ауылдың келесі шетінен шәу етіп күшік үрген. Ай жарығынан көрініп тұр, пошта үйінің есігі сарт ашылды. Пошташы бала костюмінің бір жеңін жүре сұғынып, қолындағы тілдей телеграмманы қысып ұстаған күйі жын қуған адамша Күнімпатшаның үйіне қарай далақтап жүгіре жөнелді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз