Өлең, жыр, ақындар

Қышыма

(повесть)

Қопада отырған қойлы ауыл шәт-шәлекей болды да қалды. Ферма меңгерушісі Қасым танауына су жетпей арлы-берлі зыр жүгіруде. Жаңағы совхоз орталығынан келген хабар оның екі аяғын бір етікке тығып, иірімге түскен жаңқадай үйірді де әкетті. Телефоны құрғыр да жөнді естілмей, ыңылдады ма, шыңылдады ма, әйтеуір, құлағына еміс-еміс бірдеңе жеткендей болды.

— Қозы керек, қозы, — деді ме, немене өзі.

Қасым қораға қарай борсаңдап жүгіріп бара жатып, тұра қалды. Сөйлескенін қайта есіне түсірді. — Мықтымыз келе жатыр, қыста туған қозыдан ең жақсы деген біреуін жеткізу керек.

Зердесіне түйгені осы болды. Қай мықты, неге келе жатыр, оны анықтап сұрамапты-ау. Бұған совхоз басшыларынан бастап, ауданнан, облыстан, республикадан, анау Москвадан келетіннің бәрі дөкей. Сонда оған қонақасы беру үшін бе, туғанына екі ай болған қозыны союға бола ма екен? Одан да қысыр тұсақтың бірін жібер демей ме.

Қайыра анықтауға қорқақ соқтап, біраз сасқалақтаған-ды. Сол кезде «сыйлыққа» деген сөз есіне сап ете қалды. Қозыны, сыйлыққа!

Түсінсе бұйырмасын. Қасым не де болса телефонға баруға қайта оқталды. Аяғының астындағы қар сықыр-сықыр етіп, қыстың әлі кете қоймағанын есіне салғандай. Бұл жақта марттың бас кезінде қардың шеті де ойылмайды. Әне, көрмейсің бе, айналаның міз бақпастан сіресіп жатқанын. Ал мұның қораларында кәдімгі көктем, шулаған төл. Былтырдан бері осы фермаға көктем тап осылай ерте келетін болды. Елдің қойы енді туа бастағанда, мұның қозылары көзді қызықтырып, ойнақ салып жүреді.

Өткен жылдан бері Қасымға деген ықылас та аса зор. Қатырып қораларын жаңадан салып берді. Шопандардың үйлерін де сыңғырлатып қойды. Мая-мая шөп — анау, қозыға деген көк балаусасы бір бөлек.

Қойшы, аяқасты жұмақ орнады да қалды. Айналайын Малашенко деген қайдан шығып еді өзі, соның арқасында біз де қарқ болып қалдық қой.

Алғашқы кезде Қасым мырс етіп күлген-ді. Оу, қазақ сонау атам заманнан қыста төл алмаушы ма еді. Марқа дегенің сол ерте туған қозы ғой. Жаз басталысымен марқа сойып, масайрап, ду-ду болып жатпаушы ма едік. Жекеменшік қойы барлар күні бүгінге дейін солай етеді. Енді, міне, жерден жеті қоян тапқандай, жаңа әдіс, ойбай, бұл керемет, қойдың санын күрт өсіретін жол табылды деп шулап жатырмыз. Газет, журнал, радио дегенің де құрыққа сырық жалғап, құтыртып жіберді. Осы ферма жөнінде де біраз дүние жазылып қалды. «Жетісудың Малашенкосы» деп Қасекеңді де онды-солды мақтап-мақтап қойды. Ақ қозыны құшақтап, шопандары да журнал бетінен жымиып шыға келді. Асылханның балалары әкесінің сондай суретін үйінің төрт қабырғасына түгел іліп тастапты.

Мана таңертеңгі облыстық радио хабары да осы ферманың өмірінен басталды. Қозыларды сәбидей мәпелеп отыр деп соқты-ау, шіркіндер. Маялары қыздың жиған жүгіндей деп бір бөстірді. Олардың айтуынша, мал мен адамның арасында айырмашылық болмай кетті. Қозысы сәбидей, сәбиі қозыдай.

Ал біз болсақ, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейтін темірдей бір керемет болдық та шықтық. Күлкісіз, ұйқысыз неғылған тірлік сонда? Осыны өздері сәл ойланбай ма екен?

Оу, бәтір-ау, сол мақтауға өзіміз де үйреніп барамыз ба, қалай?! «Сен — данышпансың, данышпансың» деп құлағыңа құя берсе, данышпан боп кетуің де қиын емес сияқты. Басқа жерге барғанда, кәдімгідей қоразданып, бізді білесіңдер ме дегендей, айналамызға маңғаздана қараймыз. Аудан, облыс дегендерің сөз болмай қалды. Омыраулап енді республикаға бір шықсақ деп жүрген арам ой көңілдің бір қыртысында және жатқан жоқ па? Әсіресе, Асылханды айтсаңшы, ол мінбеден жосылта жөнелуге әбден төселіп алды. Бірақ, обалы не, жұмысты да жапырып істейді. Әсіресе, ұрықтандыру кезінде, мал төлдеген кезде тыным таппайтынын айтсаңшы. Мал үшін жаралған, шіркін! Әттең, білімі жоқ, ең болмаса техникум тауысса, ендігі бір жерде бастық болып жүруі сөзсіз-ақ. Қайран жас-ай, қалай ғана оқымай қалды екен? Саулықтарын, қозыларын айтпай танисың. Мен мұндалап Асылханның отарынан екенін анадайдан білдіріп тұрады. Әлгі тапсырған қозысын осы отардан таңдаса да болар.

Қамалаған ойдан селт еткенде, Қасым күннің бұзылып келе жатқанын байқады. Батыс жақ қарауытып түнере қапты. Бүкіл бітімімен боранның иісін сезгендей. Оның үстіне, анау ашық алаңдағы шашқан шөпте жүрген қойлар қозыларын ертіп, қораға қарай беттеді. Мал екеш мал да бір нәрсені сезді ме қалай. Қорасыз ой баққан сонау жылдары мұндай түнерген күн тіпті зәреңді алып жіберуші еді-ау! Қозы тұрғай, ірі қойдың өзін қорғалататын жер болмайтын. Қыста қой қоздату қайда, кеш көктемнің өзінде қара суық жас төлді шешек келгендей жапырып салатын.

Осы Асылханның әкесі Байбаланың сол бір жылғы ерлігі күні бүгінге дейін есінде. Қаңтар былай тұрсын, ақпанның өзі әдеттегіден өзгеше жылымшыды да тұрды. Тіпті жіпсіп қар ери бастады. Сонда Байбаланың «осындай жылымсыған қысыңнан қорқам, әр нәрсенің мезгілімен болғаны жақсы, бейуақытта шақырған әтештің де басын жұлмай ма? Мынау боран шақырып тұрған пәле, биылғы жыл ақ қоянның өзі ғой, жұт болып жүрмесін» дегені бар. Айтқандай-ақ, наурыз туысымен боран соқсын келіп, бір күн емес, бес күн қатарынан соқты. Ерігісі келіп, елжіреп жатқан қар көк мұз болып қатты да қалды. Бес күнгі боран оның бетін әбден сірелеп тастады.

Сол боранда Байбала отарымен ұшты-күйлі жоғалды да кетті. Бүкіл совхоз болып боран басылысымен ал ізде, жат та ізде. Байбала да жоқ, отар да жоқ. Қопадан төменгі Қояншыдан ары басталатын құмның арасында тінтпеген жер қалмады. Құмды өңірде қардың қалың болғанын Қасымның алғаш көргені сол. Құм шағыл ма, қар шағыл ма, айырып болмайды.

Барлық жерде малға күрек ашқан күн туды. Қыруар қойды мұндай амалмен аман алып қаларсың ба, әйтеуір, далбаса ғой. Көзімізден сорамыз ағып, желіндеп тұрған саулықтардың топалаң тигендей домалағанын көрдік. Қар сірескен күйі сұсты мұхиттай безеріп жатып алды. Күн бүгін жылынар, ертең жылынар деп үздігіп өлдік әбден. Жылыну қайда, тіпті жібігенше-ақ отар-отарымен қойды жұт деген пәлеңе беріп те болдық. Кәдімгі ақ сирақ жұт болды. Қорасыз, шөпсіз қой өсіргің келсе, осылай етемін деп табиғат ащы сабағын тағы алдымызға бір тартты.

Сол жылды күні осы уақытқа дейін Байбала жоғалған жыл дейміз. «Сонымен, ол табылды ма» дейсіз ғой. Табылғанда қандай. Жер аяғы кеңіп, ауыр қыстан есті енді-енді жия бастағанда бір отары екеу болып, дін аман күйі Байбаламыз қайтып оралды. Күдер үзген үй-іші көргендеріне сенерін де, сенбесін де білмеді. Әйелі әуелі талып қалды. Асылхан әкесінің жетісі мен қырқын беріп, сүйегін қар кеткен соң іздемек-ті, әуелі оған ескерткіш салуға кірпіш, оны-пұны құрылыс материалын жинай бастаған болатын. Сенерсің бе, сенбессің

Ал біз болсақ, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейтін темірдей бір керемет болдық та шықтық. Күлкісіз, ұйқысыз неғылған тірлік сонда? Осыны өздері сәл ойланбай ма екен?

Оу, бәтір-ау, сол мақтауға өзіміз де үйреніп барамыз ба, қалай?! «Сен — данышпансың, данышпансың» деп құлағыңа құя берсе, данышпан боп кетуің де қиын емес сияқты. Басқа жерге барғанда, кәдімгідей қоразданып, бізді білесіңдер ме дегендей, айналамызға маңғаздана қараймыз. Аудан, облыс дегендерің сөз болмай қалды. Омыраулап енді республикаға бір шықсақ деп жүрген арам ой көңілдің бір қыртысында және жатқан жоқ па? Әсіресе, Асылханды айтсаңшы, ол мінбеден жосылта жөнелуге әбден төселіп алды. Бірақ, обалы не, жұмысты да жапырып істейді. Әсіресе, ұрықтандыру кезінде, мал төлдеген кезде тыным таппайтынын айтсаңшы. Мал үшін жаралған, шіркін! Әттең, білімі жоқ, ең болмаса техникум тауысса, ендігі бір жерде бастық болып жүруі сөзсіз-ақ. Қайран жас-ай, қалай ғана оқымай қалды екен? Саулықтарын, қозыларын айтпай танисың. Менмұндалап Асылханның отарынан екенін анадайдан білдіріп тұрады. Әлгі тапсырған қозысын осы отардан таңдаса да болар.

Қамалаған ойдан селт еткенде, Қасым күннің бұзылып келе жатқанын байқады. Батыс жақ қарауытып түнере қапты. Бүкіл бітімімен боранның иісін сезгендей. Оның үстіне, анау ашық аландағы шашқан шөпте жүрген қойлар қозыларын ертіп, қораға қарай беттеді. Мал екеш мал да бір нәрсені сезді ме қалай. Қорасыз қой баққан сонау жылдары мұндай түнерген күн тіпті зәреңді алып жіберуші еді-ау! Қозы тұрғай, ірі қойдың өзін қорғалататын жер болмайтын. Қыста қой қоздату қайда, кеш көктемнің өзінде қара суық жас төлді шешек келгендей жапырып салатын.

Осы Асылханның әкесі Байбаланың сол бір жылғы ерлігі күні бүгінге дейін есінде. Қаңтар былай тұрсын, ақпанның өзі әдеттегіден өзгеше жылымшыды да тұрды. Тіпті жіпсіп қар ери бастады. Сонда Байбаланың «осындай жылымсыған қысыңнан қорқам, әр нәрсенің мезгілімен болғаны жақсы, бейуақытта шақырған әтештің де басын жұлмай ма? Мынау боран шақырып тұрған пәле, биылғы жыл ақ қоянның өзі ғой, жұт болып жүрмесін» дегені бар. Айтқандай-ақ, наурыз туысымен боран соқсын келіп, бір күн емес, бес күн қатарынан соқты. Ерігісі келіп, елжіреп жатқан қар көк мұз болып қатты да қалды. Бес күнгі боран оның бетін әбден сірелеп тастады.

Сол боранда Байбала отарымен ұшты-күйлі жоғалды да кетті. Бүкіл совхоз болып боран басылысымен ал ізде, жат та ізде. Байбала да жоқ, отар да жоқ. Қопадан төменгі Қояндыдан ары басталатын құмның арасында тінтпеген жер қалмады. Құмды өңірде қардың қалың болғанын Қасымның алғаш көргені сол. Құм шағыл ма, қар шағыл ма, айырып болмайды.

Барлық жерде малға күрек ашқан күн туды. Қыруар қойды мұндай амалмен аман алып қаларсың ба, әйтеуір, далбаса ғой. Көзімізден сорамыз ағып, желіндеп тұрған саулықтардың топалаң тигендей домалағанын көрдік. Қар сірескен күйі сұсты мұхиттай безеріп жатып алды. Күн бүгін жылынар, ертең жылынар деп үздігіп өлдік әбден. Жылыну қайда, тіпті жібігенше-ақ отар-отарымен қойды жұт деген пәлеңе беріп те болдық. Кәдімгі ақ сирақ жұт болды. Қорасыз, шөпсіз қой өсіргің келсе, осылай етемін деп табиғат ащы сабағын тағы алдымызға бір тартты.

Сол жылды күні осы уақытқа дейін Байбала жоғалған жыл дейміз. «Сонымен, ол табылды ма» дейсіз ғой. Табылғанда қандай. Жер аяғы кеңіп, ауыр қыстан есті енді-енді жия бастағанда бір отары екеу болып, дін аман күйі Байбаламыз қайтып оралды. Күдер үзген үй-іші көргендеріне сенерін де, сенбесін де білмеді. Әйелі әуелі талып қалды. Асылхан әкесінің жетісі мен қырқын беріп, сүйегін қар кеткен соң іздемекті, әуелі оған ескерткіш салуға кірпіш, оны-пұны құрылыс материалын жинай бастаған болатын. Сенерсің бе, сенбессің бе, міне, шындық осылай. Өмірде не болмайды деген рас-ау, тегі.

Сол жазда аудан тұңғыш рет «шопандар слетін» өткізді. Ондағы ой еңсені езіп кеткен қыс зауалын жеңілдету еді. Ешкіөлместің етегіндегі жазыққа киіз үйлерден қалашық тұрғызылып, той жасалды. Бәйге, қыз қуу, толып жатқан спорт ойындары болды. Мұның алдында жиналыс ашылып, озаттарға кілем, ер-тоқым, тағы басқа бағалы сыйлықтар берілді.

Қасымның таң қалатыны — сол слет керемет бір табыстың қорытындысын шығарғандай даңғырап өтті. Күні кеше жаппай тентіреп, сабан-топанға дейін сонау алыс облыстардан тасығаны бірінің есінде қалмаған секілді. Оу, қыс зардабын мұнша тез ұмытуға бола ма екен? Жайылым аршуға саламыз деп, жөндеулі тұрған тракторлар да істен шықты емес пе? Соның салдарынан көктем егісі де әупірім тәңіріммен кеш бітті. «Жұт жеті ағайынды» демекші, оның мына егіске де, сөйтіп, салқыны тиіп тұр. Кеш салынған егіннен мол өнім бола қояр ма екен? Күн жылына салысымен айғайға басып, түк көрмегендей енді уралап жатырмыз. Ең болмаса баяндамада кімнің қалай сорлағаны, ащы да болса, айтылуы керек еді ғой. Бүкіл аудан бойынша әр жүз саулықтан — елу қозы. Яғни екі саулықтан — бір қозы. Той емес, қаралы жыл жариялайтын жағдай ғой бұл.

Қарап тұрсаң, бұл зұлматқа кінәлі ешбір жан жоқ сияқты. Әйтеуір, бәрін көтеріп жатқан табиғат сорлы. «Ауа райының қолайсыздығы, қыстың қаттылығы қабырғамызға мықтап батты. Сонда да қыс қаһарына қайратымызды қарсы қойдық». Инкубатордан шыққан тауықтың балапанындай, бір-біріне ұқсас, жүрек тырнайтын осындай сөздер. Қасым бірде шыдай алмай:

— Атаңның басы, қайратымды қарсы қойдым дегенше, қыстан қалтырап әрең шықтым демейсің бе, — деп қалды.

Бұл сөзді құлағы шалып қалған ауданның бірінші хатшысы оған оқты көзін қадады. Жақ жүні суыққа тоңғандай тіпті үрпие қалыпты. Қасым да одан көз алмай сызданып отыр. Екеуі іштей арбасып кеткен сияқты. Хатшы болса «Аяз би, әліңді біл», пысықсымай артынды қысып отырмайсың ба» дейді-ау тегі! Қасым болса «қай шекеміздің қызғандығынан осы тойды өткізіп жатырмыз, ақ сирақ болсақ та, атой сала береміз бе, тегі» дегендей. Жынының келгені сонша, атып тұрып, бәрін айдай қылып айтқысы да келді. Табиғаттың қаталдығы емес, біздің дәрменсіздігімізге, даңғойлығымызға оның шығарған әділ үкімі бұл. Қатты қыс келсе, ал енді ме, келер жылға бәрін тап-тұйнақтай етпесек пе деп колға түкірінеміз. Жаз шықты-ақ бәрі қайта ұмыт болады. Күз келсе-ақ шопандарды тағы алдаймыз, биылша амалдап шығайық, келер жылы жұмақ орнайды деп соғамыз. Бәрін ол сорлылардың өзіне үйіп-төгіп аудара саламыз. Артыңнан азық та келеді, монша да болады деп құмның арасына айдап тастаймыз. Аллахуакбар, сонымен іс бітеді. Жылда қайталап, жылда жиналып келе жатқан дағды бұл. Біреу әлдене деп аузын аша бастаса:

— Атаң қазақ сонау атам заманнан-ақ қойды осылай бағатын, мұнша малға шоп шақ келе ме, қора қайдан болсын? — деп аузына құм құямыз. Өгіз өлмес, арба сынбас бір тіршілік, әйтеуір, «бас сынса — бөрік ішінде, қол сынса — жең ішінде» деп жүріп жатқан митың өмір. Ащы шындықты айтайын десең, көрмейсің бе, жаңа секретарь оқты көзімен атып жіберді. Қаңлассаң болды, осы көрген күніңе зар боласың. Сылтау тауып, жұмыстан ертеңіне-ақ айдап шығады. Шиеттей бала-шаға, асырап көр сосын. Сен жұмыстан босаған соң, бақадай шуласын да қалсын. Ой, тәңір-ай, лауазым қорқынышынан қатты қорқыныш бол май бара жатыр-ау, тегі. Бәрі осының жолында құрбан. Хатшы өзі тұрған кезде ауданнан ши шықпаса екен деп бәйек, совхоз директоры мен парторг та солай етеді. Мен де сылап-сипап, фермама шан жуытқым келмейді. Осы жолда көзді жұмып жіберіп, алдауға да барамыз. Жетпей қалса, жекеменшігіндегі қойды да қоғамдық малға қосып жібереміз. Қалай болғанда да өзіңнен жоғары тұрған басшының қаһарына ілікпеу керек. Іліксең, бітті, жұмыспен қоштаса бер. Партбилетке жармасса, мүлде далада қалғаның. Еш пендеге керек емессің, шыны «капут» сол.

Осы қарсы пікір айтам деп қой әр кез көз түрткі болып жүргені. Колхоз председатель ауыл совет председателі болды, жұмысы жаман аталған жоқ. Бірақ сынап сөйлегені үшін екеуінде де жалп ете түсті. Өзімен қатар шыққандардың алды кеуделеп облыстық мекемеге барып қалды, аудандық Совет атқару комитетінің председателі болып жүргендері де бар. Үндемей, талай жерде үйдей пәледен құтылып жүр олар. Ал мұның «қасарыспасы» ұстайды да қалады. Өтірік айта алмай, өзін ұстап беріп тұрғаны. Шыншылдығы үшін мұны бағалап жатқан ешкім жоқ. Совхозға директор болып жүрген кезде құрдасының мазақ қылғаны әлі есінде:

— Әй, Қасым, сен қызықсың! Екеуміз де — майданда болған адамбыз. «Уралап» алдымен бұрын жүгірген өле ме, жоқ, бұғыңқырап артын баққан бұрын өле ме? Әрине, «уралап» тұра жүгірген алдымен өледі. Рас, олар талай шабуылға бастайды, жаудың да талай зәресін алады. Соғыс аяқталды, кім біліп жатыр соларды енді. Сен де «уралап» тура бетке шаба берме, артынды ойла, артынды!

— Шірік пәлсапаңмен өзің бай бол. Жеңіске жеткеніміз де сол жанкештілердің арқасы емес пе. Бүйтіп былшылдағанша, солардың аруағының алдында бас исеңші. Мына шалқақтап жүргенің кімнің арқасы? Солардың ерлігінің арқасы. Жалындап жанар өмірді қуатсыз бықсық шамға айырбаста дейсің бе? Жоқ, ол бола қоймас.

— Алдымен бала-шағаңның қамын ойла! Сендейді жуасыту қазір түкке де тұрмайды.

Сол құрдасының сандырағы рас болып бара ма, немене, өзі? Төбесінен бір емес, екі рет ұрды, енді, міне, ферма меңгерушісі. Жасығысы келмесе де, басылып бара жатқан секілді. Адамның жүзін жарқын етіп, ішкі қуатын лаулататын тегі жақсы қызмет пе деймін.

Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқтың кері келді. Бірде әйелінің де жер-жебіріне жеткені бар.

— Принцип, принцип! Не таптың сол принципіңнен? Өзіңдейлер баяғыда-ақ үлкен қызметке жоғарылап, ішкені — алдыңда, ішпегені — артында, рахат өмір сүріп жатыр. Астында — машина, ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс. Ал сен болсаң, ферма басқарғаныңа мәзсің. Қысы-жазы боқ-сідіктің ортасында омаламыз да отырамыз. Осы ма принципіңнің жеткізген жері? Жұрт майлы қасықтай жылпылдап, бастықтардың іші-бауырына кіріп кетеді, сен одырайып, мені таны дейсің де жүресің. Ел құсап артын бағып сөйлеу деген және жоқ, төбесінен қойып қалып отырғаның.

— Өй, мен шынын айтам ғой. Мәймөңкелеу қолымнан келмесе қайтем?

— Шындықты айтам деп, шырқымызды бұзып болдың ғой. Ел сияқты біз де өмірдің өріне шықпаймыз ба, осы малмен мал болып кеткеніміз бе? Анау жұртты көрдің бе, совхоз орталығынан қарағайдай етіп үй тұрғызып жатыр. Сенде ол да жоқ. Осы Қопада сүйегіміз қалсын деп жүрсің бе? Қарашы өзіңе, шопандардан қанша айырмашылығың қалды, бәтір-ау, балаларды, әке-шешеңді бағып, несіне оқыттым сені? Не үшін керек ана диплом, қорбаң-қорбаң етіп тіпті жүрісің де өзгеріп барады.

Әсте ашына қоймайтын Керімбаланың осы сөздері Қасымның үш күн ұйқысын бұзған еді. Шынымен-ақ осының бәрін өз пікірімнің болғаны үшін тауып жүрмін бе? Шынымен-ақ қисық жаралған жанмын ба? Сол ұрттығым мынау слеттің президиумына қоқитып отырғызып қойғанда да келмесе қайтер еді. Әй, ит мінез-ай, біткен-ақ екенсің-ау. Елдің бәрі: «Бұл — ғажап, жақсы ойлап табылған нәрсе, малшыларға, әсіресе, қойшыларға деген қамқорлықтың керемет көрінісі, бір жасап қалдық, аудандық комитетке, оның бірінші хатшысына көп-көп рақмет», — деп жатыр. Ал мен болсам, керісінше: «Не бетімізбен дабдыраймыз, қойды есірдік деп пе, бүгінгі көпірме сөз келер жылы малға азық, қора-жай болады деп пе? Одан-дағы көңілдегі ащы запыранды шығармаймыз ба, барша болып ақылдаспаймыз ба, ақ сирақ етер жылдардың енді қайтып оралмасына тосқауыл қайсы, соны таппаймыз ба, бұдан өткен тығырық бола ма, одан шығудың жолы қайсы? Жауырды жаба тоқу малымызды да, жанымызды да жүдетіп болды емес пе? Неге айтпаймыз шындықты, ойбай, неге айтпаймыз?!» — деп ойлаймын. Бір-бір кілем алғанына мәз болып, кеше көздерінен қанды сорасы аққан шопандар да, алғыстан басқаға аузы бармай, мінбеден моп-момақан боп түсіп жатыр. Не олардың таяғын тартып ала ма, қай лауазымынан айырылады? Баяғы сүрлеу, бір сүрлеу, кетіп барам сонымен.

Шатыр-шұтыр соғылған қол, қошеметшіл күпілдеген музыка. Осының бәрі ішіне сыймай, Қасым қыранша түйіліп қайдан шықса одан шықсын сөйлеп кеткісі келді. Тағы шайтан түрте бастады. Бірінші хатшының көзімен арбасып қалғаны да осы сәт еді. Ол «атаңның басы» деп өзгеге айтқан бір ауыз сөзі үшін соншама шатынады, ал теңіздей толқып, буып отырған мынау ащы ойларды ортаға салса, не істейді? Оны бір тәңірдің өзі білсін. Тыңдарын тыңдап алып, артынан жымын білдірмей бауыздайтын шығар. Осы ферма меңгерушілігінің өзін әрең берген жоқ па еді. Бастапқыша тіпті келіспей қойыпты-ау, әуелі. Әйтеуір, совхоз директоры Иван Васильевич Захарченконың зорлауымен шаққа дегенде көніпті.

Иван Васильевич — мал жайын жақсы білетін адам. Жаңа істі қолға алғанын жеріне жеткізбей тынбайды.

— Қасым Оңалбаевтан басқа адамым жоқ, — деп отырып алыпты-ау ол да. Рақмет оған.

Бюроға бекуге келгенде жиналған жұртты ұзақ күттіріп қойып, арлы-берлі маңғаздана үндемей жүріп алғанын өз көзімен көрді.

Әлден уақытта артына ұстаған қолын босатып, ыңыранған күйі сұқ саусағын шошайтты да:

– Сізге аудан абыройын тапсырып отырғанымызды түсінесіз бе? Захарченко жолдас, бұл сөз сізге де қатысты. Осы адамды жер-көкке сыйғызбай мақтаған өзіңіз ғой. «Мақтаған қыз тойданың...» кері келіп жүрмесін, — деп қарқ-қарқ күлді. Сөйтті де, лезде беті базданып, күлкі ойнаған жүзі оп-оңай ашу шақыра қалды. Көңілді күйден ашулы күйге қалай тез ауысады, ә!

Енді, міне, жалғыз ауыз сөзім үшін оқты көзін қадап отыр. Осы сәтте қас қылғандай, әйелінің ашуы да түсе кетсін есіне: «Принципің құрысын». Әйелдің ащы сөзі, хатшының оқты көзі екеуі жиналып, жанын жанышты-ау дейсің. Сөйле деп көтерілген толқын сезімді мынау сұсты күш тапап бара ма, қалай? Бұлқынып көріп еді, жіберер түрі жоқ, шідерсіз байлап, тұншықтырып тастады. Қасекеңе де жан керек, хатшымен әйелі екі қолқадан қысқандай болған соң, жым болды. Құрдасының анау жылғы сені жуасыту түкке де тұрмайды дегені осы болмаса жарар еді. Баяғыша кедейдің бір қызы тойға жібермедің деп әкесіне байбалам салғанда, әкесі: «Е, қарағым-ай, мен жібермей тұр дейсің бе, барғызбасың барғызбас», — деген екен. Әкесінің рұқсатын алғанға қуанған қыз киінейін деп үйге кірсе, үстіне ілер лыпасы болмай шығыпты. «Әкемнің «барғызбасың барғызбас» дегені осы екен ғой, әй, қу кедейлік-ай» деп қыз жылап отыра кеткен екен дейді. Қасымның да сөйлетпесі сөйлетпей, жым болған жоқ па, бірақ ол лағынетті кімге айтады? Ашулы әйеліне ме, айбарлы бірінші хатшыға ма, жоқ, әлде осы бір сүйелдей қасаңданып келе жатқан тәртіпке ме? Түймедей жақсылық болса, дабырайтып, шу ете қалу, түйедей кемшілік болса, түк көрмегендей көзді жұма қою қайда әкеп соғар екен?..

Осы кезде мінбеге Байбала шақырылды. Жүзі әбден тотыққан, жалақ болған еріндері әлі жазыла қоймапты, тілімденіп, қанталап тұр. Қапсағай, батыр тұлғалы денесі мен қою шоқша сақалына бірден көз түседі. Асылхан да осындай бітімді болып, тура әкесіне тартып келеді-ау. Байбаланың қыран көзінде мұң бар. Сол мұңлы көзін алысқа тастап, әлі үнсіз тұр. Кешегі қиын күндері есіне түсіп, ойына ойран салып тұр ма екен?

Боран ұдайы үш күн соқты, Байбала отарымен тағы үш көш жердей ауылдан қашықтады. Іздеуші атаулыдан енді мүлде күдер үзді. Олар сексеуілді өңірдің шетіне дейін келді де, шағыл-шағылдың арасын тінтумен ғана тынған шығар. Бір жерден қырылып жатқан отарды, серейіп жатқан Байбаланы көрмек болған шығар. Жер жұтқандай жоқ, енді қайдан табады? Амалы таусылған қарттың ары қарай қардың жұқалығын қуалап кете бергені кәперлеріне келді дейсің бе.

Қойдың жайы табылды, жайылым бар. Күн ашылғаннан бері олар тіпті сүйсіне өрістеп, мына қара оттан бас алмайды. Қарагер де әнеукүнгі жүні ұйысып, үрпиген күйден өзгеріп, әрлене бастапты. Оныншы күн дегенде барып үстінен ер-тоқым алынды. Арқасы базданып, енді болмаса жауыр болуға айналған екен. Малы тоғайғанмен, Байбаланың өз хәлі мүшкілдене бастады. Қоржындағы қор бітті, енді не істеу керек? Бір қойды алып ұрудан басқа амалы қалған жоқ...

Ішінен ұлы Асылханды боқтайды. Ит-ау, ең болмаса жатпай-тұрмай сен іздемейсің бе? «Әкеңнің сүйегі далада қалыпты» деген жақсы ат боп па, ертең өз құрбыларың-ақ бетіңе басады ғой. Кемпірінің ішкені ірің, жегені желім болып отырғаны да көз алдына келді. Күнде кеткен жағыма қарап, дауыс салып, күңіреніп жүрген шығар сорлы.

— Өзіңе серік болатын, ең болмаса түнгі күзетке жарайтын бір тоқал алмайсың ба, менен қайрат кетіп барады, — дегені есіне түсті. Қалжыңы шығар деп жүрсе, бір-екі рет тіпті пығарлап айтты.

Тоқал демекші, ойды ой қуалап, осыдан екі-үш жыл бұрынғы бір оқиға ойына оралды. Ауылдың қадірлі шопанын совхоз болып пенсияға шығарған болатын. Ер-тұрманымен бір сәйгүлікті сыйлап, есте қаларлықтай той жасаған еді. Ақсақал да ауыл азаматтарына қарыздар болып қалғысы келмей, тайлы-таяғымен қонаққа шақырған-ды. Сонда үйде кісі күтіп, бір жастау әйел жүрді. Арақты біраз тастап қызып алған соң, кейбір жеңіл мінезді жігіттер бір-біріне көзін қысып, әйел жаққа қарай ымдай берді.

— Қария, мына кісі сізге кім болады, балдызыңыз ба? — деп бірі жымысқы күлді.

Олардың сыңайын байқаған шал қозғалақтап барып, денесін түзеді де, жайлы мұртын сыйпап қойып:

— Ол біздің тоқал болады. Түрткілеп білгілерің кеп отырғаны сол ғой, — деді күліп. — Ал жыланның құйрығын басқан өздерің, енді сөзге құлақ тосыңдар. Біраз ойланып отырды да:

— Егер қой өссін десеңдер, бүгін малда жүрген шалдарға бір-бір тоқал алып беріңдер. Неге дейсіндер ғой? Қазіргі қораларың жұтаң, шөптерің тапшы күйінде малға ешбір жас бармайды. Бұл сыңаймен шалдарға әлі ұзақ қол артасыңдар. Олар басы көрге тигенше аянбас та. Бірақ темір емес қой. Сендер өздеріңе жайлы әдіс тауып алғансыңдар. Өзің күндіз бағасың, әйелің түнде күзетеді, «мә, бір отар қой, қыстауың — анау, жайлауың — мынау» дейсіндер де, шал-құтанды алдап-сулап шығарып саласыңдар. Жазды қойшы, сорлайтынымыз қыста ғой. Жайлы қора қайда, әне-міне деп әлі созып келесіңдер. Күні бүгінге дейін ықтырмаға қыстатамыз. «Ақсақал сізге сендік» дейсіңдер де, көктем келгенше, аллахуакбар, төбе көрсетпейсіңдер.

Міне, жарылқағандарыңның түрі осы. Сонда коғам малын мен қалай аман сақтауым керек? Арың үшін жаныңды шүберекке түйесің. Кемпірдің аты — кемпір. Ол күзет тұрғай, шайынды қайнатып берсе, мың да бір рақмет. Кемпірді аяймын деп күндіз де, түнде де бір өзің салпылдап жүргенің. Біз де темір емеспіз ғой. Бір күні шаршап болдырып, отарлы қойдан айырылып қалсаң ше? Ондай кезде әкіреңдеп, асты-үстін қопара тексеруге әзір тұрасыңдар. Осындай «қамқорлықтарыңның» арқасында кемпір серік бола ала ма? Ал әйелің жастау болса, қанша айтқанмен, бір жағыңа шығады ғой. Оның сыртында біз де совет адамымыз, балаларымыз оқыса екен, білімді болса екен дейміз. Құм ішінде ашып беріп отырған мектебің қайсы?!

Міне, сосын орталықтан үй салып бердім де, кемпіріме балаларыңды оқыт дедім. Балаларды тәрбиелеп ол отыр. Тоқалмен малдарыңды бағып мен жүрмін. — Ақсақал үнсіз қалған жұртты ойлы көзімен бір шолып өтті де:

— Осыдан мемлекетке, мына отырған сендерге келген залал бар ма?

Үйдің іші қыран-топан күлкі. Шай құйып отырған келіншек шырайлы ақ сары жүзі бал-бұл жанып, әлденені айтуға оқталды. Жұрт үйден ата жөнелгенін күтіп еді, жоқ, басындағы орамалын паңдана бір түзеп қойды да:

— Қартымды бір емес, бес жігітке бермеймін. Арақ ішпейді, шылым тартпайды. Табысы жетеді, аялап алақанында ұстап отыр. Одан артық не керек? Жасқа шыққандарды көріп жүрміз ғой. Көкала қойдай күнде таяқ жейді. Бір қосылып, бір ажырасқан өмірлері құрысын.

— Ал, бәлем, өздеріңе де сол керек, — деді біреу үй толы күлкіні баса айғайлап.

Байбала осы әңгіменің қақ ортасында болған еді. Кемпіріне айтып келгенде:

— Сен ғой дейсің бе, ол шалдың есебі түгел, — деп күлген болатын. Сол жолы енді бұдан былай күзетке шыға алмайтынын, шаршағанын айтып, совхоздан көмекші сұрауды өтінді.

Адам қызық-ау тегі, өлі мен тірінің арасында жүріп, мынау мидай далада тоқал туралы ой басына қайдан келді. Байбала мырс етіп, жападан жалғыз өз-өзінен күлді.

Сонау Қытайдан 1955 жылы елім деп, жұртым деп көшіп келіп еді. Рақмет, құшақ жая қарсы алды. Мөлдір бұлақта — мөлдір су, мөлдір көңілден — мөлдір ықылас. Сағынып келген Отанына, оның совхозына, фермасына, мынау отарына деген ықыласы шексіз таза еді. Енді шіріген жұмыртқадай айдалада қалғаны ма? Қар кетіп, күн жылынса да, іздеуші неге жоқ? Таңдаулы шопан тұрғай, бір отар қой тұрғай, тышқақ лақты да іздейді емес пе? Тышқақ лақ құрлы болмағаным ба, бұл қалай?

Сол кеткеннен мол кетіп, отары қырылдыға, өзі жоғалдыға саналған Байбала отардың аяғы өсіп, қойлар енді қоздар шақта көктен түскендей ауылына аман-есен оралған-ды. Жым-жылас жоғалған екі айдың ішінде не көрмеді?

Мінбеде манадан бері тамағына тас тығылғандай тұрып қалғаны — осының бәрі көз алдына келді. Үй-ішінің улап-шулап, совхозының қуана қарсы алғаны, Захарченконың сақал-мұрттан көрінбей кеткен бет-аузын түк қалдырмай сүйгені, облыстық радио мен газетте күні бүгінге дейін таусылмай жатқан мақтау, мынау аудандық слеттің төрінде қоқиып отырғаны, мінбеге сөз сөйлеуге шыққаны — бәрі-бәрі Байбаланың есіне түсті. Бірақ есіне түскен сайын бір қалшыл тұла бойын түгел билеп, тітіретіп әкетіп барады. Тілін байлап, буындырып тұрған да сол қалшыл.

Үнсіздікті бөлген аупартком хатшысының қатқыл даусы болды:

— Ақсақал, айтыңыз, айтыңыз. Қалай болды, қалай жеңдіңіз қиындықты? Совет адамына тән ерлік деп отырмыз оны.

Қасым қадалған күйі Байбаладан көз алмай қапты. Бүгешігесіне дейін, барлық мұң-зарын, қалай күнелткенін түгін қалдырмай ол түгел айтып берген-ді. Бастан кешпек тұрғай, бұл әңгімені жүрегі бар адамға тыңдаудың өзі ауыр. Соның бәрі ұмыт болып, бұл да енді алдыңғы сөйлегендердей сылдырлата жөнелер ме екен? Жоқ, толқып тұр ғой, әне шоқша сақалы мен қою мұртының әрбір түгі, әрбір әжімі жыбырлап кетті ғой.

Микрофоннан әрең дегенде қарлыққан дауыс шықты.

— Қарақтарым-ай, айта алатын түрім жоқ. Осы күнге, мына сендерге жете алам ғой демеп едім. Көретін жарығым бар екен.

Байбала өзін-өзі ұстай алмай еңкілдеп жылап жіберді.

Қасым да көңілі бұзылып, көзінен жас парлап кеткенін байқамай қалды. Байбаланың екі айға созылған азапты күндері мұның да жанын жаншып, жүйе-жүйесін босатып жібергендей. Қойшының мұңың қой баққан ғана ұқпай ма?

Бірақ Байбаланың мұңын жұрттың бәрі бірдей Қасымдай ұға алған жоқ. «Әдемі ұйымдастырылған слеттің шешуші сәтіне жете бергенде мына шалдың жылап бүлдіргені-ай, ә». Аудандық партия комитетінің бірінші секретарі Қаталбаевтың ойы тап осы. Оны ызбарлана қалған жүзінен аңғару қиын емес-ті. Анау ферма меңгерушісінің босағанына жол болсын. Ашу шақырған күйі тағы жалт қараса, жасты көзімен ол да хатшыны жеп барады екен. Түсінсеңдерші Байбаланы. Оның мұңы өзінің ғана мұңы ма?! Осы кезде микрофоннан:

— Жолдастар, жолдастар, келесі сөз... — деген дауыс шықты.

Мынау бұзылған күн бәрін еске салып, Қасымды талай жылдардың қойнауынан шығарды-ау. Ферма кеңсесінің есігін енді аша берейін дегенде, арғы жақтан пыр-пыр еткен ГАЗ-69 машинасының даусы шықты. Жалт бұрылғанша, одан сау етіп үш адам түсе қалды. Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Отарбек Әділжанов, совхоз директоры Иван Васильевич Захарченко, партком секретарі Жүрсін Нығметов. «Ә, жақсы болды, манағы әңгіме төркінін енді өздерінен анықтап біліп аламын» деп түйді Қасым. Амандықтан соң қонақтарды кеңсеге кіруге шақырды.

— Жоқ, уақыт кетірмейік. Кәне, Қасеке, ең күйлі, ең әдемі деген бір қозыңды ұста, бәріміз көрейік, — деді Әділжанов.

— Барлық қозы да жақсы, бір-бірінен бөлетіні жоқ.

— Дегенмен, дегенмен. Ең тәуірін. Ең жақсысын.

Осылайша, таза қазақша сөйлеген Иван Васильевич көзімен айналадан қозыларды іздеді.

— Қораға кіріп кетті. Көрмейсіз бе, күн бұзылып келеді.

— Қыста туған қозының ақылы да ерте кіре ме деймін. Пәлелерін көрдің бе? — Жүрсін Нығметов өстіп тұрғандарды бір күлдірді.

Үшеуінің де жүзінде әрі толқу, әрі бір мазасыздық бар секілді.

— Бәріңіз де осы жалғыз қозыға бола келдіңіздер ме? — Әділжанов Қасымның сөзінен мысқыл таңырқауды тани қойды да, өзінің сыпайы мінезіне басып:

— Қазбалап қайтесіз, бәрін артынан біле жатасыз. Өзіңіз әдемілеп киініңіз. Мына сіз екеуміз сол қозыны таңғы алтыға дейін Алматыға жеткізуіміз керек. Енді түсіндіңіз бе? Қасақана мына күннің бұзыла қалғанын қарашы, — деді. Сөзге Захарченко қосылды:

— О, Қасеке, қыста туған қозыңызбен айды аспанға бір шығарайын деп тұрсыз ғой. Желательно, анау Асылхан Байбалаевтың отарынан таңдаңыз. Өзін Алматыға аттандырып та үлгердік. Бірінші хатшымен екеуі бірге кетті. Ендігі Талдықорғаннан аса жығылған шығар.

Қасым анық-қанығына әбден түсінбесе де, әйтеуір, мұның аса бір үлкен тапсырма екенін көкейіне түйгендей болды.

— Жүріңіздер, бәріміз бірге таңдайық.

Машина көрсе балалардың әдеті емес пе, жыпырлап жинала қалатын. Үлкендердің сөздеріне құлақ түріп тұрған Асылханның Едігесі:

— Мен қозымды бермеймін, ол енесінен кетсе жылайды, — деді еркелей сөйлеп. — Оның үстіне, үйде көкем жоқ. Көкем ешкімге көрсетпей, өзің бак деген. Мен оған ылғи нан берем, сүт берем.

«Балалы үйдің ұрлығы жатпас» деген, мынаның сөзі бағуы бөлек бір қозыға меңзеп тұрған ғой. — Партком осылайша түйін жасады.

Бұлардың бәрінің де бір-бір сүйіктісі бар. Оқудан келісімен соларын мәпелеп, асты-үстіне түсіп жатқаны. Ерте қоздатқан ең алдымен оқушыларға жақсы болды. Қысқы каникулында ермек, — деп сөзге араласты Қасым. — Қойып алған аттарының өзі қызық. Ұрғашы болса — Тымерке, Жайтаңкөз, Жылауық, Кекірекбас, Туасал, еркек болса — Нанқұмар, Бүрікқұлақ, Жылтыркөз, Әреңтуған, Жыбырқұйрық, Жылтыңбай болып келеді.

Тұрғандар рахаттанып ду күлді. Балалар оларға қосыла мәз болды.

— Әрең туғаны қалай, сірә бір тарихы бар ғой.

— Ол рас, — деді Қасым. — Енесі үш қозы көтеріп, туарда қатты қиналды. Содан операция жасап алдық. Әреңтуған — соның ең кенжесі. Ал Жылтыңбай дейтіні жем беріп үйреткен соң, жылтыңдап үйге келеді де тұрады. Содан Жылтыңбай атанып кеткен.

— Гүлсім, — деді Қасым өз қызына, — үйге барып, мамаңа айт, қазанға ас салып, шай қойсын.

— Жоқ, Қасеке, әуре болмаңыз. Қазір жүруіміз керек. Таңғы алтыға жетпесек, онда түгел құримыз. Жазамызды алдымен Қаталбаев жолдастың өзі-ақ береді, деді Отарбек.

— Үйдегі жеңгелеріңнің шайы тез қайнайды.

— Жоқ, өзімізді-өзіміз бөгемейік. Кәне, қозылар қай жақта? Балалар да бұлардың соңынан шұбыра беріп еді, Қасым:

— Барыңдар үйге. Сендердің қозыларыңа ешкім тимейді, деді.

— Өтірік айтпайсыңдар ма? — деді Едіге бұртиып. Мен ертең Нансоғарыммен суретке түсіп, газетке шығам. Сосын Еңбек Ері болам.

— Марқұм Байбаланың немересі ғой. Малжандысын көрдің бе?

— Ой, нағыз шопан сол еді, — деп Захарченко басын шайқады. Мұнысында бір өкініш бардай. — Атасына тартса, жаман болмас.

Біраз үнсіздіктен кейін бұлар қораға кірді. Күн қарауытып кеткеннен-ақ онда шам жағылған-ды. Қозылар емуі керек қой. Енесімен қоса көздері жарыққа шағылысып, жасылдана жалт-жұлт етеді. Едірейіп бәрі келгендерге қарады. Әсіресе, қозылардың қарасы сүйкімді-ақ.

— Мынау неше айлық?

— Бұл екі жарым айлық. Үш айлықты бөлек ұстап, бөлек бағамыз. Мыналарды да еміп болған соң, бөліп әкетіп, өз қорасына қамаймыз. Мың да бір рақмет, барлық жағдайды жасадыңыздар ғой.

Қасымның аяқасты Алматыға жүретін болғаны төрт үйлі шағын фермаға тез тарады. Таңдау Әреңтуғанға түсті. Қасым көтеріп әкеп, ауыз бөлмесіне қойды да, қонақтардан дайын шайдан бірер шыны ауыз тиюді өтіңді.

— Басты жұмысты жасаған жоқсыз, әлі, — деді Отарбек Қасымға. Қимылы тез бір әйелге ана қозыны жақсылап шомылдыртыңыз. Сабындап тұрып шомылдырсын. Жүнінде бір де салтақ болмасын. Сосын құрғатсын. Әйтпесе жолда тоңдырып аламыз. Бірер күндік жемін, шөбін, суын және салыңыз машинаға.

Қасым бұл жұмысты өз әйеліне тапсырды да, шай құюды қолына алды.

— Өзге сапасын қайдам, жеңгелеріңнің шапшаңдығында мін жоқ. Осында бір құдасы «Керімбаланың үйіне барғанында қонақ шешініп үлгергенше, оның самаурыны келіп те үлгереді» деп мақтайды.

— Мана шайға қарағымыз келмеп еді. Бұйырған жібермейді деген рас-ау, — деді Иван Васильевич мәтелдеп.

— Қарап отырғанша әңгіме болсын, Иван Васильевич. Сізге бір ертеде болған жайды айтайын. Менің мына көрші Ақсу ауданынан екенімді білесіз ғой. Жалпы, бұл жақ Ақсу, Қапалды аса бөлмейді. Сонау отызыншы жылдары сол Ақсу ауданының Қарабөгет деген ауылына ауданнан бір өкіл келіпті. Шікірейіп, ешкімді менсінбей, өзін оғаш ұстапты. Ол кезде ауыл тұрғай, ауданда қонақ ұй бар ма? Түскен үйінде де беталды кербезденіп, керіле беріпті. Содан Асыл деген бір қу екеш шал әлгі өкілді үйретпек бопты. Қасына еріп жүріп, тамақ ішкен жерде:

— Пәлең шеке, біз қараңғы адамдармыз, біле бермейміз ғой, осы әлгі оқыған адамның тамақ ішпейді дегені рас па? — дейді екен.

Сонда әлгі өкіл маңғазданып, алдына келген астан бір-екі шұқып қана:

— Болдым, — деп қоя салады дейді.

Қойшы, сөйтіп, бір үйден, екі үйден, бір күн, екі күн әлгі мақтаншаққа Асыл ақсақал тамақ іштірмей қойыпты. Үшінші күні өкіл Асылдың қасынан қашып, ауылдың шетіндегі бір үйден бидай көже сұрап ішіпті дейді. Мына шайдан қағылып, сол өкіл құсай жаздадық-ау деймін де.

— Сізді қайдам, өзіміз қазір ет әкелсе де дайынбыз. Аупарткомның хатшылары ет жемейді дейді ғой, рас па, Отеке,

деп Иван Васильевич қарқ-қарқ күлді.

— Алматыға өзіңіз бармайтын болған соң, асықпай отырмақсыз ғой, — деді Отарбек те есесін жібермей.

— Ал қозы дайын, — деді Керімбала есіктен жарқырай кіріп.

— Қай қозы, қазандағы қозы ма?

Қазақша қалжыңға келгенде алдына ешкімді жібермейтін Иван Васильевич тағы бір жанды жерден ұстады. Малшылардың оны жақсы көретіні де осы қалтқысыз ашық мінезі. Байбала марқұмның бірде ол туралы:

— Ұрысса, мықтап ұрсады. Қалжыңдаса, қатырады, жасаймын десе, жасайды. Бастық болса, осындай болсын, — дегені бар.

Міне, сол риясыз қалжыңына басып, Керімбаланы Қасымымен қоса бір қағып қалды.

— Көтек, не дейді, мен шомылдырған қозыны айтам. — Бәрі рахаттанып ду күлді.

— Саспа, саспа, қазандағым да дайын демейсің бе!

Қасым әйеліне жақтасуға шықты.

— Сасатын түк те жоқ. Қолымыздан талай жақсылар дәм татқан. Иван Васильевичті қойшы, Отарбек қайным есікті бірінші рет көріп отыр еді, соған ұялып тұрмын.

— Керімбала бірден артық татырмайды, — деді Захарченко екі-үшты астарлы сөзіне өзі сылқ-сылқ күліп. Бәрі тағы қыран-топан болды.

— Ту, Иван Васильевич-ай, сізді сөзден жеңу қиын. Діңкеңді бәрін қазақша айтып құртады ғой, деді Керімбала жеңілгенін мойындап. — Ал директорға ерегіскенде мен қазанға ас салдым.

— Ойбай, жеңгей, — деп Отарбек орнынан атып тұрды. — Рақмет. Алматыдан қайтқан соң, Иван Васильевич екеуіңіздің қалжыңдарыңызды тыңдауға арнайы бір келейік. Сағатына қарады да:

— 40 минуттан кейін Қаталбаев Сарыөзектен телефон соғуы керек. Совхоз орталығына жетпесек болмайды, — деді.

Бір қабырғада тіреліп тұрған кітапқа, төрдегі ілулі домбыраға көзі түсті. Секретарьдің бұл барлауын байқап қалған Иван Васильевич:

— Мұндай жеке кітапхана ауданыңызда жоқ. Ал Қасекеңнің әнін тыңдасаңыз, сілекейіңіз ағады. Керімбала екеуі қосылғанда... Это бесподобно, — деді.

Үсті-басы қар-қар бір бала алқым-жұлқым жүгіріп кірген күйі:

— Қаталбаев телефон соғып жатыр, — деп сөзін үзіп-үзіп әрең айтты.

— Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер. Бұл — Сарыөзектен.

Жапырыла кеңсеге беттеді. Қасым жол жүру қамына кірісті. Трубканы алысымен-ақ Әділжанов нілге салған жіптей қызарып сала берді. «Иә, иә» деп ыңылдап тыңдап тұр.

— Қазір шығамыз, қазір шығамыз.

Телефонға бір, тұрғандарға бір қарайды Отарбек. Қысылып тұрғанын сезген Иван Васильевич Жүрсінге есікті ымдады. Шыға тұрайық дегені. Ашуына мінсе, Қаталбаевтың ай-шайға қарамайтынын ол жақсы біледі. Екінші хатшы ма, аудандық Советтің председателі ме, еркек пе, әйел ме — ол аузына келгенін ірікпейді. Отарбектің де шекесін қыздырып жатпаған сияқты. «Әлі фермадан шыққан жоқсыңдар ма» деген сөзін құлағы шалып қалды. Аса зілді айтылды ол.

Әттең, осы мінезі. Әйтпесе жұмысты біледі-ақ. Күн-түн тынбай, 24 сағат жұмыс істеуге бар. Денсаулықты да берген өзіне. Ауданның әрбір бұтасын, қай жерде кімнің отары отырғанын жатқа соғады. Қысуын қысады-ақ. Бірақ сол қыса берем деп жөнсіз кетіп қалады. Ауданда бір тайсалатыны — осы Иван Васильевич. Оның өзіндік сыры бар. Бұл да алғашқы кезде қарсы сөз айтпай жүретін-ді. Жоқ, тіпті шыдауға болмай барады, мысқылдап, кекетіп, қорлап сөйлейді. Талап ет, ұрыс, сұра жұмысты, бірақ тілдеме, намысқа тиме. Бір оңашада Захарченко да аттың басын жіберді, тартынған жоқ. Болымсыз нәрсеге бола жанын сонша қажағаны. Содан бері мұнымен абайлап сөйлейтін болды. Терістен жел тұрса, мұның да көтеріліп кететінін байқады. Оның үстіне, совхозы жақсы, жұмысы жүріп жатыр, білікті директордың бірі. Сөйтіп, бұққанға сұға бергісі келетін мінезін біраз қойғызған болғанды.

Ал Отарбек болса, мұның мінезі жұмсақ. Сонысы үшін де жаңа біраз ығытып алды оны. Бірақ бұл да адам ғой, ашындыра берсе, жұмсақтан да жуан шығуы мүмкін.

— Рация қойдыр дейсіз бе? Қайда, машинаға ма?

— Менің әкемнің басына қойдыр деп тұрғам жоқ қой. Әрине, машинаға!

Зың еткізіп Қаталбаев трубканы қоя салды. Отарбек қалтасынан орамалын алып, мандайын сүртті.

— Орталықта рация бар ғой, — деді ол далаға шыға салысымен Захарченконы, Нығметовты өзіне шақырып.

— Бар, бар жаңа рация. Жуырда алғанбыз.

Ендеше, тез жетейік. Оны орнатуға да біраз уақыт кететін шығар.

Дала тастай қараңғы. Қаталбаевпен бірге сендерді мен де қыспаққа алармын дегендей боран гу-гу етеді. Машина жарығының астындағы қар ұйтқи жауып, онсыз да абыржулы көңілді абыржыта түсті.

Екі аяқты мынау пенделердің неге сонша аяқасты абыр-сабыр болып қалғаны машинаның артындағы қуыста тұрған Әреңтуғанға ғана беймәлім. Оның сезгені — жатар орны күндегісінен өзгеше боп кетті. Машина қозғалып қалғанда «мә» деп бір маңырады да, ауылымен қоштасқандай болды. Қыр жолымен шоқаң-шоқаң еткен төрт дөңгелек оны астыңғы жағынан көтеріп тастап, көтеріп тастап келеді. Күнде тып-тыныш тұратын қорасы тым қозғалақтағыш боп кеткен сияқты. Танаулары делдиіп, ауыздары жып-жып күйсеп тұратын серіктері де жоқ қасында. Солармен қызық секілді еді.

— Қозың тоңып қалмай ма? — деді Захарченко қасында отырған Қасымға.

— Жоқ, Иван Васильевич! Астында бір тон, екі жағынан екі тонды қалқалап және қойдым. Ол аз десеңіз, фермадағы жылы тонның бәрін алып шықтым.

— Өзіміз тоңсақ та, қозы тоңбасын, — деп алдыңғы орындықта шофер қасында отырған Отарбек күлді.

— Бізде солай ғой тегі. Адам не болса, о болсын, мал аман болсын. Ал малды адам бағатынын ұмытып кете береміз-ау!

Қасымның қотыр тілі тағы қышып кетті. Бірақ бұған ешкім жауап қатқан жоқ. Бәрі үнсіз отыра берді.

Әне-міне дегенше орталыққа да жетіп, керек-жарақтың бәрін алып, ұзақ жолға сайланды. Манадан бөтен өзгеріс ақ қозы үшін пик-пик еткен бірдеңенің пайда болғаны ғана. Жатпай, әлі аяғынан тік тұр. Қарғып шығып кетейін десе, айналасы қоршаулы. Ол жағынан да, бұл жағынан да жұп-жұмсақ бірдеңелер жібермейді. Бар күшін жиып, бір-екі рет қарғылақтап кәріп еді, онысынан ештеңе шықпады.

— Ал Отеке, Қасеке, жол болсын! Абыройлы қайтыңдар. Әреңтуғанға — ақ жол! — деді Иван Васильевич. — Құрдасжанды құдайға, содан соң бізге тапсырарсың.

Машинаның есігін жауын жатып Захарченко боран қақпалаған аузын кеңінен аша қарқ-қарқ күлді. Артынша тағы да айғайлап:

— Ақ қозы енді біздікі емес, аудандікі, — деді.

Машина пыр-пыр еткен күйі боранды түннің тұңғиығыңа кірді де кетті.

«Ақ қозы енді біздікі емес, аудандікі». Мұның төркінін Отарбек түсіне қойды. Бұдан әрі Қаталбаев екеуің жауап бересің деген сөз. Құрдасжаны Керімбала болды да. Жаңағы аз ғана уақыт ішінде ол кісі өзіне жақсы әсер қалдырғандай.

— Жеңгейдің мамандығы кім, Қасеке? — Отарбек үнсіз отырғаннан гөрі серігін әңгімеге тартпақ болды.

— Қазіргі мамандығын айтасың ба?

— Қазіргісі-ақ болсын.

Әділжанов Қасымның сенге көшкеніне өзге бастық құсап, шам шақырған жоқ, жасым кіші болған соң, жақындай сөйлегені шығар деп түйді.

— Қазіргі мамандығы — күйеу бағу. — Отарбекке қоса шофер де күлді.

— Ей, бала, сен алдыңа қара. Мына боранда бір жерге төңкеріп алып жүрсең... Сосын ғұмыр-ғұмырымызда сүйекке таңба бол ар.

Қасым бұл сөзді қатқылдау айтты да, әңгімесін одан әрі жалғастыра берді.

— Менің бір майдандас досым бар. Нағыз қылжақбастың өзі. Бірақ әскерде көзге түскен батыл болды. Ауылға келісімен сол досым қызмет сұрап, аудандық Советке барады. Аудандық Совет атқару комитеті ол кезде беделді. Қазіргідей ертелі-кеш райкомның аузына қарап отыра бермейтін. Содан кадр бөлімінің меңгерушісі листок толтырып, «мамандығыңыз кім» деп сұрайды.

— Мамандығым — кісі өлтіру, — дейді ол жұлып алғандай. Әлгі кісі шошып кетіп:

— Кісі өлтіруіңіз не, не сөйлеп отырсыз? — дейді.

— Қатуланбаңыз, өзіңіз не сөйлеп отырсыз? Оныншы класты бітірер-бітірместен әскерге кеттім. Бара соғысқа кірдім. Бес жыл бойы фашистерді өлтірдім. Содан қайтып келіп тұрғаным осы. Менде кісі өлтіргеннен басқа қандай мамандық болады? Өзіңіз де ойланбайсыз ба?

Кадровик ішек-сілесі қата күліп, содан жақсы жұмыс беріпті. Күні бүгінге дейін сол досым жалғанды жалпағынан басып жүр.

Күлкіден Отарбек те сөйлей алмай, шофер жігіт те рульмен қоса иығын селкілдетті. Бұл әңгімеден бейқам төрт аяғын бауырына алып, асфальт жолға түскен соң жаны тыншыған томпиған ақ қозы ғана.

— Сол айтқандай, — деп сөзін жалғастырды Қасым, ала жаздай айдалада жүретін, қыс болса, Қопадан шыға алмайтын Керімбалада мені баққаннан басқа қандай мамандық болады? Қолының іс білетіні жақсы, әйтеуір. Қойлы ауылдың бар баласына, әйел-еркегіне киім тігіп, ермек қылады.

— Әйел үшін мамандықтың көкесі сол ғой.

— Көкесі көке-ау! Бірақ жырақ жүріс шаршатып та жібереді екен. «Фермадан басқа саған жұмыс жоқ па, балалар да есейіп қалды» деп маған кейде қыңқылдап, кейде ашуға да басып жібереді.

— О, Керімбала, Керімбала еді ғой, — деді бұдан кейін Қасекең даусын созыңқырап. Ар жағы сонау бір жылдардың жықпыл-жықпылына кіріп кеткен сияқты. Отарбектің қосымша сұрағын күтпей-ақ Қасекең жастық шақтың жарқын бір бетін ашқысы келді.

...Әскерден келген бетім. Тура жиырма үшке толғам. Екі иықты жұлып жеп, енді әйел алу проблемасы туды. Лейтенант шені ол кезде бұл қырыңа генералдай. Сап-сарала боп көшеге шыға келгенінде, қыздарың сұқтанып-ақ қалады. Онда мына «Қоңырбел» жылқы заводы. Шіркін-ай, анау жоталар өңшең сәйгүлікке сыңсып жатушы еді. Меніңше, өріске жылқыдан артық сән беретін түлік жоқ. Әскерге небір аққу мойын әдемі тұлпарлар алыныпты-ау. Соғыстан кейін Семен Михайлович Буденныйдың өзі осында екі рет келіп кетті. Сол кісіге қымыз ұсынған сол анау Керімбала жеңгең. Жүз десем артық болар, отыз келіншектің ішінен тандап апарды.

— Қойшы, алдымен қалай танысқанымды айтайын. — Қасекең бұрынғыдан да жайдарыланып, әңгімені ажарлай түскісі келіп еді, ете қалды.

— Алло, алло! Тыңдап тұрған — Әділжанов. Прием.

— Қай жерде жүрсіңдер дейсіз бе? Бораннан жөнді естілмейді. Бораннан.

— Шамасы Талдықорғанға таяп қалдық.

— Боран... Талдықорған. Қайдағы боран? Мана біз шыққанда күн ашық еді ғой.

Қаталбаевтың даусы қатты, әрі үздік-үздік шықты.

Машинаның ішіндегі айқай-шудан ақ қозы оянып кетті ме, арт жақтан тыпыр естілді.

— Сендерде ес бар ма? Боран болса, адам жалғыз машинамен шыға ма екен? Бір жерде тұрып немесе төңкеріліп қалсаңдар қайтесіңдер?

Отарбек естілуі тым әлсіз болған соң, шоферге тоқта деп белгі берді. Мүмкін сонда дұрыс естілер.

Әлгіден гөрі дұрыс, дауыс талып жеткенімен естілуі айқын.

— Шымыр Қаталбаевич! Алаңдамаңыз. Айтқан уақытта жетеміз. Мынау боран, мүмкін, Талдықорғаннан ары бәсеңсір. Прием.

— Талдықорғаннан запас машина ұйымдастырса қайтеді? Қозы қайда, қозы?

— Қозы жақсы, әкеле жатқанымыз сол ғой, Шымыр Қаталбаевич! Ораулы жатыр. Прием.

— Ораулы жатыр? Тұншығып қалса қайтесіңдер? Бар ма өзі? Көп кешікпей Алматыдан телефон соғам. Сағат неше? Прием.

— Сағат кешкі тоғыздан асып барады. — Қасымға борандағы өнімсіз митың жүрістен бе, түннің бір уағы болып қалғандай көрініп еді.

— Отарбек Әділжанович, басыңмен жауап бересің. Все!

— Қасеке, айтты-айтпады, қозыңыздың жағдайы қандай?

Қасым қолын салып жіберіп, бүйірін, тұмсығын сипады.

Жас сәбидей томпиып жатқанын сезді. Мынау адамдардың бұл үшін бірінің-бірі кеңірдегінен алып жатқанында шаруасы жоқ. Есебі түгел.

Машинаның әрең қозғалғанына қарағанда, жол біраз бітелген сияқты.

— Мұндайда сабырлы болған жақсы-ау. Жауапты жалғыз өзі де, қалғанымыз түгел дурак болғанымыз ба?

Қасекең қатқылдау сөйлеп, орнынан қозғалақтап кетті.

— «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» дейді қазақ. Біріншінің аты бірінші ғой, ақсақал.

— Қозыңыз аман болса, әлгі Керімбаланың әңгімесін жалғастыра беріңізші. — Отарбек оны әдемі арнаға қайта салғысы келді.

— Әй, сорлы Керімбала-ай, саған көлденең бірдеңе кездеседі де тұрады.

— Жеңгемізді сорлы демеңіз, ақсақал.

— Содан не дейсіз, заводта бір үлкен той болды. Aт шауып, балуан күресті. Несін айтасыз, соғыстан еңсесі түсіп, титықтаған халықты бір серпілткен күн болды. Ең соңында қыз қуу басталды. Ортаға сүліктей қараға мінген бір қыз шықты. Екі бұрымы тоқпақтай, аттың бауырына дейін салбыраған. Аққұбаның өңдісі. Аты да, бұрымы да, көзі де қара, өзі аппақ. Мұндай да үйлесу болады екен. Ақ пен қараның сирек кездесетін жарастығы келеді көз алдыңа. Мені қууға жарайтын қайсысың барсың дегендей, көзін төңкере тастап, қамшысын сұлу мықынына сәл тірей, күлімсіреп қарап тұрды. Айтары жоқ, тура салған сурет енді. Мінген аты — менің атым, үстіндегі қызы менің жарым болсын дейтіндей-ақ. Жігіт болсаң, бағынды сынап қал.

Тебініп ортаға шыққанымды өзім де байқамай қалдым. Тортөбелім де өзімді ұққандай, ойнақ сала қыр көрсетті. Ауыл арасында «Қасым сал» деген атым бар. Әскерден келгелі жиі болған ойын-тойдың өзімше көркі болып жүргем. Төрт жыл бойы қан көріп, сағына шырқағандықтан ба, әндерім әжептәуір шығып жүрді. Жиналған жұрт қызды қайдам, мені тани кетті. Бәрі дүр ете қалды. Қасына келген мені көрісімен, қыз ұзын қос бұрымын жыйды да, басына бөрікшелеп орады. Сыртынан қызыл жібек орамалмен байлады.

Көзін маған қарай бір төңкеріп тастады да, көмбеге бұрылды. Қыз қуудың қалай болатынын көріп жүрсің ғой. Ежіктеп бәрін айтып жатпайын. Қысқасы, шу дегеннен-ақ Сүлікқара шаңын көрсетпей кетті. Онымен шапқан мұндағы тәуір жылқышының қызы екенін сорлы басым қайдан білсін. Оның қасында есекпен шапқандай болдым да қалдым.

Енді мен қашам, қыз қуады. Қасыма жақындай келді де:

— Әскерден келген азамат екенсіз. Сүлікқара сізді қоймайды. Атыңыздың адымын көріп тұрмын. Арырақтан қашыңыз, мен ірке тұрайын, — деп наздана күлімсіреді.

Байқаймын, ат құлағында ойнайтын өнерін мықтап бір көрсетуге бел буып шыққан қыз. Оқтаудай жараған атына да, әзінің келісті сымбатына да дүйім жұртты бір сұқтандырмақшы.

— Жоқ, бикеш, мүсіркемей-ақ қойыңыз. Кезегіңізді алыңыз.

Құлақ тұндырар қиқудың астында екінші жақтан зымырап бердік. Сүлікқара аттатқан жоқ, жонымды тоса бердім. Бірақ қамшы әлсіз тиеді. Құлаштап кеп көтереді, қолы батпайды. Бұл намысыма одан әрі тиді. Жұрт мәз болып, дырдуға басып жатыр. Бір уақытта:

— Жігіт жеткенде сүйеді, қыз жеткенде неге сүймеске? Қыз үшін де ұрғаннан сүйген жақсы шығар, бұл ойынның тәртібіне мен сөйтіп өзгеріс енгізейін, қарсылығыңыз болмаса, — деді де, атының жақсылығынан еркін келе жатқан неме аузымнан шөп еткізіп сүйіп алсын. Жұп-жұмсақ ерні ерніме тигенде, тұла бойым ду етіп, онсыз да намыстан өртеніп келе жатқан өзегіме шоқ түсті де кетті. Қайтадан қамшысын көтеріп, үсті-үстіне ұрып жатқандай болады, бірақ қолы батпайды. Міне, Керімбала жеңгеңмен тағдыр солай табыстырған.

Кейін байқадым, жылқышының қызында тегі сондай өжет мінездер болады екен. Сол өжеттігі емес пе, «Көлбастау» колхозында басқарма боп дүрілдеп тұрғанымда, бір күні келді де:

— Сен таста бұл жұмысты, диплом ал, — деді, — бала-шаға, кемпір-шалды өзім-ақ баға тұрам, бір жылға қоянның терісі де шыдайды демекші, оқуыңды бітіргенше бірдеңе етіп шыдармын. Ертеңді ойлайық. «Әйел үш күндігін, еркек үш жылдығын ойлауы керек» дейді ғой, сол үш жылдықты мен ойлап тұрмын. Байқаймын, мінезің болса тік, дипломың болса жоқ. Ертең біреу артыңнан бір теуіп айдап шығар. Білімің болса — тірегің болады, бар оқы, — деді.

Содан зооветті бітірейін. Бірлік колхозында дипломды басқарма болып, Керімбаланың да көңілі орнына түсіп жүргенінде оқыс оқиға болды...

Жүріп келе жатқан машина тоқтай қалды. Алдынан қараңдаған екеу көрінді. ГАИ-дің адамдары, қастарында машинасы.

— Алматыға қозы алып келе жатқан сіздер ме? — деді есікті ашып.

— Иә, біз!

— Облыстық Совет атқару комитетінен тапсырма алдық. Ілеге дейін қастарыңызда боламыз.

Отарбек қатты қуанып кетті. Онысын жасыра алмай:

— Рақмет, жігіттер. Мына боран бізге қай жерге дейін ілеседі? — деді.

— Оны бораннан сұраңыз. — Қуақылау біреуі осылай деп күлді. — Сарыөзектен ары болмаса қала қоймас.

Қозысын аймалап жайғастырып жүрген Қасым өз-өзінен бірдеңе деп күбірлейді.

— Айналайын, қошақаным. Сенің арқаңда ГАИ-мен жүретін халге жеттім-ау!

ГАИ алдында, бұлар соңында, енді қозғала бергенде зың ете қалды. Тағы рация:

— Тыңдап тұрған — Әділжанов. Прием.

— Қай жерге келдіңдер? Мен Қаталбаев қой.

— Талдықорғанға кіреберісте.

— Ей, тасбақамысыңдар, неге өнбейді жүрістерің? ГАИ шықты ма алдарыңнан?

— Шықты, шықты. Рақмет, Шымыр Қаталбаевич! ГАИ шықты деген соң, көңілі орнына түсті ме, Қаталбаев манағыдай аса тақымдамады.

— Тездетіңдер, отырмыз ғой сендерді күтіп көгеріп.

Отарбек трубканы қоя бергенде, тағы да аппарат зың ете қалды. Енді ғана қозғала берген машинаға Әділжанов тоқта деді.

— Тыңдап тұрған Әділжанов.

— Слушай, Әділжанов, сенің тағдырың сол қозының жету-жетпеуіне байланысты. Неге қыбырлап келесіңдер? — Дауыс өктем шықты.

— Бұл кім екен? — Қалай болғанда үлкендердің бірі. Сол себепті де Отарбек «екі» алған айыпты баладай қорқақтай сөйледі.

— Мен — Стужевпін! Мына тұрған жерден аяқтарыңа жем түсіп, жете алмай қойдыңдар ғой. Облыстың намысы деген не екенін білесіңдер ме, қайдан тапқан мұндай жандарды Қаталбаев? Сағат таңғы алтыда Ілеге жетпесең, бізге өкпелеме!

Облыстар қосылып, алыс-беріс болғанда Стужевтің бір үлкен жиында сөйлегенін Отарбектің тыңдағаны бар. Ығытып-ығытып алып, сұғып-сұғып жіберетін ащы тілді кісі екен. «Бастықтарға бәрі жарасады» дегендей, ол күнгі дауылдай соққан екпініне аса мән бермеген-ді. Қайта кейін өзі де аудандағы бір-екі жиында «стужевшілеп» сөйлеуге тырысып баққан. Бірақ артынан өзінен өзі ұялып, көпке дейін біртүрлі боп жүрген. Рольді шығара алмаған актердей мұңды болып қалған-ды. Адуындықты да табиғат өзі ана сүтімен беретін шығар. Жаңағы айтқан сөздері мұның тағдырына алдын ала шығарылған үкімдей боп кетті ме, немене өзі?

Бәрін естіп тұрған Қасым Отарбекті аяп кетті. Бір балға аздай, екі балғаның астына түскен жоқ па. Әй, осы фермамның өзі дұрыс-ау деймін. Мынау ақ қозының келе жатқанын тіпті облисполком председателі де білгені ме? Қошақаным екеуміз тіпті сұмдық болдық қой.

Аппарат тағы зың ете қалды. Әділжановтің жүрегі тағы зу ете түсті.

— Отарбек, Отарбек! Мен — Қапалмын. Жауап бер. Прием. — Аудандық атқару комитетінің председателі екенін даусынан таныды.

— Тыңдап тұрмын. Тыңдап тұрмын. Жүріп келеміз. Мұқырының тауынан астық. Қозы аман. Бәріміз де аманбыз. Прием.

— Ұқтым. ұқтым. Жазып ал. Қаталбаевтың жасаған графигі. Сендерді нашар естіледі дейді. Түнгі бірде — Айнабұлақ, екіде — Сарыөзек, төртте — Іле. Түсіндің бе? Прием.

— Бұл графикті боран тыңдай ма? Мана сағат таңғы алтыда Ілеге қайтсеңдер де, жетіңдер деп еді ғой. Екі сағатты қысқартқаны қалай? Прием.

— Жағдай өзгерді дейді, өлсін-тірілсін, жетсін дейді. Мен міндетімнен құтылдым. Жеткіздім саған. Все.

«Графиктің бұдан да қысқармасын Құдайдан тіле. Ендігі бір «зың» төрт сағатыңа зар ғып жүрмесін». Үш бірдей қыспаққа түскен Отарбекті аяса да, Қасым көмейіне келіп қалған бұл сөздерді ірке алмады. Шофер жігіттің желкесінің өзі-ақ оның да ашуға тығылып, тырсылдап келе жатқанын аңғартты.

Аппарат тағы зың етті.

— Әне, айттым ғой, — деді Қасым. Отарбек трубканы жұлыңқырай кетерді.

— Тыңдап тұрмын. Әділжанов. Прием.

— Мен — Қапал, мен — Қапал. Қай жердесіңдер? Қозының денсаулығы қалай? Прием.

— Мұқырыдан құлап бара жатырмыз. Қозы аман. Қозы аман.

Прием.

— Графикке сай емес қой. Не деп жауап берем. Прием. — Отарбектің шыдамы біткен сияқты.

— Графикті боран тыңдамайды де. Боран, боран. Жол ауырлап барады. Все.

— Үлкен бастықтардың ұрысқанынан кішкене бастықтардың тықырақтағаны жаман болады. Алты сағатты төрт сағатқа түсіріп, мың тонна астық құй десе, оны мың жарым тоннаға жеткіздіретін солар, — деп күлді Қасым. Аппарат «зың» еткен сайын бұл да қозыға қарай тап береді. Ол байғұста да маза жоқ, мынау пенделер түні бойы шулап, жыбырлатып есін шығарды.

— Ананы қара, ГАИ-дің өзі отырып қалды, — деді шофер жігіт.

— Күлме, «бұқаға туған күн бұзауға да туар» деген. Мына құдайдың күні сені де сынап бағар бұл жолы.

Троспен ГАИ-ді сүйреп шығып, жүз метр жүрген соң, бұлардың өзі отырды.

— Ал мынау қай бастықтың бұйрығы? — деді Отарбек Қасымға қарап.

— Бұл — табиғат деген ең дәу бастықтың бұйрығы. «Жазмыштан озмыш болма» деп татарлар айтады екен. Төңкеріліп түспегенімізге шүкір де. Сигнал бер, сигнал. Аналар артына қарамауы мүмкін.

— Боран естіртпесе қайтем? — Шофер жігіт бұл сөздерді күйгелектеп айтты.

— Онда жарығыңды жыбырлат. Бір сөндір, бір өшір. Өздеріңнің ең мықты белгілерің ғой.

Қайтып айналып келіп, пыр-пыр еткен ГАИ-дің машинасы мана өздеріне салған темір тросты енді бұларға салды. Күртіктен сөйтіп жұлып алып шықты.

— Апырай, екі машина боп шыққанымыз қандай жақсы болған.

— Жүрістерің өнбейді деп бізге ұрсып жатыр, — деді ГАИ-дің бір жігіті.

— Сендерге де тыным жоқ па?

— Рациямыз бар ғой. Қайдан тыным болсын?

— Ал тұрмайық, жігіттер, тартыңдар!

Көңілге болмаса, мынау үш жақты зың-зың, біреу артынан, екеуі алдынан Отарбекті шаршатып-ақ тастапты. Жаңа тоқтаған жерде машина жарығымен жүзіне көзі түсіп еді, жағы солық, көзі шүңірек көрінді. Галстугі де бір жағына қисайып кетіпті. Машинаға отырысымен оны қамалаған ой қайта уысына алғандай болды, соны сейілткісі келді ме:

— Отеке, біз осы Керімбаланы ұмытып кеттік-ау! — деді Қасым.

— Рас, рас, Қасеке, мынау зың-зың еткен пәлені қайдам орнатқамыз? Боран емес, жүргізбей бөгет жасап келе жатқан осы емес пе? Айтылды, болды, орындаймыз ғой. Бірінен соң бірі, бірінен соң бірі. Жауапкершілік деген бізде де бар шығар.

Е, Отеке, көрешегін әлі алдында. Шыдамды екенсің, қайта сенің орнында болсам, ең болмаса райисполкомды мен мана боқтап жіберем. Ақ қозы әкелер абыройдан кім шет і алғысы келеді. Көріп тұр осыдан, егер бәрі ойдағыдай болса, сіз бен біз ертең далада қаламыз. Қозыны жеткізген анау Қаталбаев, анау Стушев болып шығады. Райисполком председателі де неге жанталасып жатыр? Жақсы атану керек. Бара-бара осы бір әдет жазылмас дерт боп кете ме деп қорқам.

— Ақ қозы жетпей қалса ше?

— Онда мына сенімен мен кінәлі болып шығамыз. Мен айтқам. Мен барлық жағдайды жасағам. Мен нұсқауды түп-түгел жеткізгем. Әңгіме осылай боп кетеді. Жауапсыз, аудан намысын, облыс намысын ойламайтын бітеу біз боп шығамыз. Боранда, мынау күн райында ешкімнің шаруасы болмайды.

— Мана бір маған қандай ой келді дейсің ғой. Шіркін-ай, мына «зыңылдақ» анау жылдары Байбала адасқанда болар ма еді.

Онда оны екі жарым ай жоғалтып, өлдіге санамаймыз ғой. Ақыры сол адасу жетті емес пе түбіне. Жарты жылдан соң бауырым да бауырым» деп дөңбекши берді. Дәрігерлер де ештеңе жасай алмады. Бүйрек, бауыр қатар қабынған деп тапты. Қабынбай қайтсын, жылы төсексіз, ыстық ассыз соншама жүрген соң. Адам темір емес қой.

Әлі есімде, Иван Васильевич, совхоз директоры Захарченконы айтам, қабір басында қатты тебіреніп сөйледі. Қайтыс болған соң, жұрт қоштассын деп табытын совхоздың Мәдениет сарайына әкеп қойдық. Оның да инициаторы — Иван Васильевич. Бұған дейін өлікті бұлай жөнелту біздің ауылда болмаған. Сосын қабір басында митинг ұйымдастырдық. Құлағымда әлі жүр, сонда Захарченко былай деді:

— Бес жылдың ішінде сен жақсы қасиеттеріңмен, ең алдымен еңбекке адалдығыңмен бәріміздің жүрегімізді баурап алдың. Еңбекке адалдығың — Отанға адалдығың. Көп проблемасы бар мынау қой шаруашылығы үшін, яғни совхозың үшін әлі керек едің. Сенің борышқа деген адалдыңнан жастарға арнайы жазған табиғи оқулықты көргендей болушы едік. Сол кітапты салақтығымыздан өзіміз жоғалтып отырмыз. Кешір, Байбала, сен табиғаттың дүлей күшінің емес, біздің дәрменсіздігіміздің құрбаны болдың. Бақыл бол, қайран қарт, қайсар емен! Сенің қайсарлық нәріңді Асылхандай бұтақтарыңа берсін.

Анау ауыл сыртындағы күмбезделе салынған әдемі зират — сол Байбаланыкі. Сол жотаны жұрт қазір Байбала жотасы деп атап кетті.

Құрдаспыз ғой, қалжыңдай береміз, кейін «Байбаланы солай жөнелткендегі саясатың қандай саясат болды?» деп сұрадым Захарченкодан. Жақсы, митингі өткіздің, ол бүгінгі салт дейік. Ал кейін үйінде молдалар құран оқыды ғой.

— Онда ешқандай да саясат жоқ. Еңбек адамына деген адал көңіл, шын пейіл. Мынау өсіп келе жатқан жастарға тағылым болсын дегеніміз. Өлікті тірілер үшін құрметтеу керек. Митинг ашып жатырсың ба, сөз сөйлеп жатырсың ба, марқұмның құлағына оның ешқайсысы да жетпейді. Қазақ мақалдарының ішінде мәні өте терең бір мақал бар. «Атаңа не көрсетсең — алдыңа сол келеді». Өзің ойланшы, қазақсың ғой. Өлікке құрмет көрсетсең, ертең сені де солай құрметтейді. Өлікті қорласаң — сен де қорланасың, алдыңнан шықпай қоймайды. Аруақ атқыр деп қазақтар неге қарғайды, бұл — ауыр қарғыс. Бұл қарғысқа өлікті қорлағандар ғана ұшырайды. Ал Құран оқылды дегенге келсек, бұл өте нәзік мәселе, құрдасжан. Олардың Қытайдан келгенін ескермеуге болмайды. Дін әсері біздегі қазақтардан басым. Тыйым сап көр, не болар екен. Сенің жасаған құрметіңнің бәріне де қол бір-ақ сермеледі. Анау Асылханның жанкешті жұмыс істеп жүргені де — сол әкесіне деген құрметке жауап. Байбаланың өліміне деген құрмет — біле білсең, шопан қауымына деген құрмет.

— Менің зәремді алатын бір жай бар, — деді Иван Васильевич тағы да ағынан жарылып.

— Түбегейлі бір шара қолданбай, мына күймен кете берсек, шопансыз қаламыз әлі. Біздің артымызды Қытайдан келген қазақтар жапты, рас па? Механизатор табылады, агроном, мал дәрігері бар, шопаның бұлбұл ұшар әлі көзімізден. Қалайық, қаламайық, соған кетіп барамыз.

— Әнеукүні бір әріптесімнің әңгімесі ішек-сілемді қатырды, — деп жымиды одан соң Иван Васильевич. Қазір класымен қойға бару мода ғой. Сондай бір класс келіпті колхозына. Қойды ешкіден, сиырдың еркек, ұрғашысын айыра алмайтын қаланың кәдімгі селкілдектерінің өзі болса керек. Малға бару жөніндегі шақыруға үн қосқан ғой, тегі. Таратып-таратып әр фермаға жібереді. Біреуіне дербес отар тиеді. Малмен көзі шыққан әккі председатель бұлардан қауіп қылып, көбірек бақылау жасап жүріпті.

Бір күні әлгі дербес отарға келсе, тапа тал түсте қой азан-қазан қорада қамаулы тұр дейді.

— Ей, мынауың не, неге жаймайсың?

— Неге жаям, бүгін жексенбі ғой. Қойлар да демалуы керек, — депті.

Күлерсің бе, жыларсың ба? Әрине, дұрысы — жылаған. Мұның арғы төркіні ұрандап жүріп, ұлағат көрсетуді ұмытқанымызда жатыр. Ал класымен қойға барсын. Сонда өз-өзінен қой бағылып кете ме? Оны үйретуші қайда, олардың бойына жерге, малға деген сүйіспеншілікті кім егеді, бұл тұстағы жылдап жинақталған олқылықтың орнын кім толтырады? ұран, құр дырду оны толтыра алмайды. Ұран қой бағып бермейді. Міне, осындайда Байбалалар керек. Оның шыдамдылығы, малға деген шексіз сүйіспеншілігі керек. «Көңілсізден көтсіз бала туады» демекші, ықылассыздан іргелі іс шықпайды. Ал бізге керегі — іргелісі. Сондықтан ең алдымен малсақтықты, малсыз тұра алмайтын психологияны орнықтыруымыз керек. Бұл оңай ма? Әрине, оңай емес. Тәжірибе мен білім осындай қамқорлық бар жерде ғана ұштасады. Ол ұштастыруды күр айғай емес, қаракет қана жасай алады.

Ал қаракет атасы Байбалалар жоқ болса ше, олар өмірден ерте кетсе ше? Байбаланы жерлегенде, мен сол қанға сіңген малшылық қасиетті мезгілсіз жерлеп жатқандай болдым. Осы күнге дейін ол шалды ойласам, осы ойлар қалақай тигендей ду еткізеді.

— Міне, хохолым қалай-қалай арыдан ойлайды, — деп Қасым ұзақ әңгімесін бір қайырды.

— Меніңше, айтқандарының бәрі қисынды.

— Ренжісеңіз де айтайын, ол құрдасыңызға облыс «құда» түсіп отыр.

Қайтер екен деп, Отарбек артына бұрылып тұрып қарап еді, Қасым сенерін де, сенбесін де білмей, көзін жыпылық-жыпылық еткізді.

— Мұндай адамдарды жоғарыға сүйрей бермей, істің тағдыры шешілетін колхозда, совхозда ұстау керек. Ал барсын, облыстық бастық болды дейік. Не бітіреді сонда? Жаңағы райисполком құсап, «график, график» дейді де отыра ма? Құдайым-ау, поезд емес, самолет емес, машинамен жол жүргенге график жасағанды кім көрген? Оның үстіне, боран аяқ бастырмаса. Күлкің келеді-ау тіпті күлкің. Мен адам танысам, Иван Васильевич ол жаққа бармайды. Телефонмен емес, адаммен жұмыс істеуге жаралған басшы боталаған түйедей баласының қасынан кетпейді. Оның үстіне, бұл жерде өзі қожа, өзі би. Ол жерде ашқан ауыз бен түйілген қабаққа қарауы керек. Оған оның табиғаты шыдамайды. Апыр-ау, әркімнің орнын тауып қою керек қой.

Захарченконың табиғатын тайга таңба басқандай айтып берді.

— Мына мысалға назар аудар. Бөлектеп орудың алғаш шыққан кезі. Ұмытпасам, 1958 жыл. Егін де жайқалып берді-ау, шіркін. Сақылдап тұрған комбайндарды ораққа енді сала бергенімізде, облыстан жарлық түсті.

— Барлық егіс бөлектеп орылсын. Комбайндарды соған қайта сайлаңдар.

— Егін түсіп кетеді, уақыттан ұтыламыз ғой, — дегендерге: Ия — партбилет, ия — бөлектеп ору», — делінді.

Әрине, партбилетпен кім қоштасқысы келеді. Басқа шаруашылықтың басшылары комбайнды қайта бұзуға кіріскенде, Иван Васильевич бұрынғысынша тарта берді, әлі есімде, «бөлектеп оруға қырын қарағаны үшін» бір сөгісті сонда алды-ау деймін. Екінші жайды да жіберді.

Сол-ақ екен, ал қара жаңбыр жаусын келіп. Сол жауғаннан мол жауып, күн қабағын екі жеті ашпай, көз жасын сорғалатты па тұрды. Өзгелер мықшындап, егіні көгере бастағанда, бұл мемлекеттен де құтылып, тұқымды да құйып, малға жем де дайындап, аңызда малды да қоңайтып алды.

— Егінім орылмай қалғаннан гөрі, екі сөгісті алайын, — дейді екен сонда.

Олай еткені — істің ығын біледі. Жоғарыдан айтылғанның бәріне құлдық ұрушы емес, өз басымен жұмыс істеп, өз жүрегін, ел жүрегін тыңдай білуші. Көрсеткіш деген керемет әр гектардан 25 центнерден өнім, бұл өңірде, тәлімі жерде болып көрмеген түсім. Кім ұтты, ықтай бергендер ұтты ма, жоқ өзін желдің өтіне ұстап, ең алдымен іс мүддесін ойлағандар ұтты ма? Әрине, соңғысы. Нағыз басшы көрініп тұрған қырсыққа көз жұмбай жасай алмайды. Ыққандар мен бұққандар сонда мақтау алған жоқ, қайта кейін «табиғи ерекшелікті ескеруге қабілеттері жетпегендер» деген соққының астында қалды. Кейбіреуі қызметпен, кейбіреуі партбилетпен қоштасты. Ал Захарченко болса, «есті адамның есебі түгел» дегендей-ақ, кез келген жиында мақталып, тасы өрге домалай берді. Екі сөгісті бергендердің өздері-ақ оларын қайтып алды. Облыста қай қызметке алмақшы екен өзін...

Аппарат зың ете қалды.

— Мен — Қаталбаев. Қай жерде келе жатырсыңдар, ей?!

Отарбек бәріне шыдағанмен, Шымыр Қаталбаевичтің осы «ей» дегенін әрдайым тыжырына қабылдайтын. Бұл жолы да солай болды. Оны дауыс ырғағынан байқатып та алды.

— Әлі ұйықтамағансыз ба, Шымыр Қаталбаевич.

— Ұйықтатарсыңдар сендер. Қай жерде екеніңді айтсаңшы әуелі.

— Сарыөзектен өттік. Бұл жердің қары тіпті жұқа екен. Боран да бізбен қоштасты. Енді жүріс өнетін шығар. Төртіңізді білмеймін, сағат 5-те Іледе боламыз. Прием.

— Құрттыңдар-ау, құрттыңдар-ау, тегі. Кірпікшешен де шапшаң шығар сендерден. Қозы қайда, қозы! Ішін езіп алған жоқсыңдар ма?

— Неге езіледі, баққанымыз сол ғой. Қасым мырс етіп күліп жіберді. — Тиісейін десе, сылтау табыла кетеді екен-ау, ә. Іші езілгені қалай, мәпелеп келе жатқанымыз сол емес пе?!

— Ей, анау жырқылдап отырғаның кім? Несіне мәз боп келеді?

— Қасым Оңалбаев қой ферма меңгерушісі. Мал иесі болған соң, бірге келе жатыр.

— Қайдағы мал иесі? Қыста қой қоздатуды сол ойлап тауып па? Сен де соғады екенсің. Әй, кісі танымайсыңдар-ау... Осындай жауапты жұмысқа сондай адамды ертіп шыға ма екен? Ана Захарченконың өзі неге алып шықпаған?

— Мал жайын менен жетік біледі. Қозының қасына осы кісінің отырғаны жөн деді. Мен де қосыламын ол пікірге. Жақсы қарап келе жатыр.

— Жақсы қарап, жақсы қарап... Көрермін жақсы қарағанын. Жарайды, жетіңдерші өздерің...

Қаталбаев трубканы тастай салғандай болды. Отарбек Қасымнан ұялғаннан ұзақ үндемей отырып қалды.

— Менің көрген құқайым бір бұл емес, Отеке. Үйрендік қой жігерді құм қылғанға, қысылмаңыз. Адал көңілмен мынау тапсырманы адал орындасақ болды.

— Манағы Керімбала әңгімесін жалғастырыңызшы. Әлгі оқыс оқиғаңыз не сонымен? Рация тағы зың ете қалды.

— Мен — Қапалмын. Мен — Қапалмын. Қай жердесіңдер?

— Қап, мыналар тынышталып, жүрісіміз біраз өніп қалып еді, басталды ма тағы, — деді Қасым әрі күле, әрі ренжи.

— Мен Шымыр Қаталбаевичке доложить етуім керек. Қай жердесіңдер? Захарченко да шығады арттарыңнан. Прием.

— Ой, біз Алматыға жетіп қалдық қой. Захарченконы неге әуре етесіңдер? Ол — босқа жүріс, босқа жүріс. Бізді қуып жете алмайды. Прием.

— Білмеймін, мен ештеңе білмеймін. Шымыр Қаталбаевич Захарченконың өзі неге шықпаған деді.

— Неге шықпаған десе, ол қазір шықсын деген сөз емес қой. Захарченконы әуре қылмаңдар. Прием.

— Мен біріншінің айтқанын орындаймын. Ғафу етерсіз, Отарбек Әділжанович, график қалай, график? Прием.

«Графикте басың қалғыр. График, график деп тақылдайды ғой. Астық, сүт немесе ет өткізіп жатыр ма екен. Қап, мына Захарченконы босқа әуре ететін болды-ау».

— Қам жеме, Отеке, — деді Қасым оның ойын кітаптан оқып тұрғандай дәл үстінен басып. — Мен білетін Захарченко болса, ол бері елес де шықпайды, Мына дүрбелеңнің кезекті бір қышымасы екенін Иван Васильевич жақсы түсініп отыр. Біздің қозыны аман-есен жеткізетінімізге де сенімді сол.

Аудандағыларды тыныштандыру үшін «жарайды» дей салды. Олай демесе, тан атқанша ұйқы бермейді ғой. Осындай мысақайлар жұмысты қырып жатқандай болады. Елді қым-қиғаш әуреге салып қоятынын қайдан білсін. Үйіне де бәрін жалғыз өзі тындырғандай, аһылап-үһілеп баратын шығар.

Көрмейсің бе, түнімен көз ілмегендей сыңай көрсетіп отырған жоқ па. Ондайға шебер болады бұлар. Орыстың дана мақалы тап соларға арналғандай: «Ақылсызға намаз оқы десең, мандайын жарады» дей ме.

— Осы мақалды сәл-сәл редакциялайын ба, Қасеке!

— Кәне, кәне, мынауың қызық екен.

— Жағымпазды жұмсаса — жаныңды шығарады.

— Ха, ха, ғажап. Тура бүгінгі күннің мақалы. Шофер үшеуі де рахаттанып күліп алды.

— Ғафу етіңіз. Ұмытпай тұрғанда жазып қояйын. Авторы Өтекең деп. — Қасым төс қалтасына қолын салып, әлденені іздеп жатты.

Машинаның жүрісі енді түзелді. Тақ-тақ жолмен зырлатып ұрып келеді. ГАИ-дің жымыңдаған көп шамы көзін ауыртты ма, әлде мына түнгі жүріс шаршатты ма, шофер жігіт бет-аузын уқалап-уқалап қояды.

Қозысын сипалап, амандығын тағы тексерген Қасекең:

— Құмалақ тастап, асты суланыпты, — деді. — Тоқта құрғатайық. Ақ қозы да жолдың жақсарғанын сезгендей қутың қақты. Енді оның астына тон емес, киіз төселді. Жан-жағы ашық-тесігі жоқ па екен деп тағы қаралды. Боранның гуілінен өткенмен, көктемнің түнгі қара суығы бар ғой. Табиғаттың мінезі де қызық-ау. Бір облыстың жерінде бұлар қыспен де, көктеммен де сапарлас болды. Қысекең ысқырған, ышқынған боранымен қыспаққа алса, көктем соның бәрін жуып-шайғандай жұмсарып, қабағын аша бастады. Адам көңілі де табиғатқа тәуелді ғой. Манаты қорғасындай жанышқан сезімдер енді шуақтана бастаған секілді. Жетер жердің жақындап қалғандығынан ба, әйтеуір, бір жеңілдік пайда болды.

Отарбек қайта-қайта үзіле берген әңгіменің желісін онан әрі жалғастырғысы келді.

— Сонымен, Қасеке, Керімбалаға оралайықшы. Керімбала емес, әлгі оқыс оқиғаға.

— Керімбала дей берсек, мынауың зың ете қалушы еді, қоя тұрсақ қайтеді.

— Жоқ, Қасеке, «наным бар, наным бар» дегенше жеп тынайық та.

— Ендеше, ол оқыс оқиға да — манағы Қаталбаевтың сырттан тон пішкені секілді дүниеден шыққан нәрсе. «Даудың басы Дайрабайдың ала сиырынан басталыпты» демекші, әңгіме осы «Қоңырбелдің» қандай шаруашылық болуы керек дегеннен қағынды. Өзіме де сол керек, өзге шаруашылықта жүріп, оның сойылын неге соқтым деймін осы күні. Артымды қысып, тыныш отырмадым ба?

Дүрілдеп тұрған жылқы заводын астық шаруашылығына айналдырмақ болды. Титтейімнен сонда өскенмін, ой-шұңқырын жақсы білем, бұл — тек малдың жері, онда да жылқынікі. Қызып кеттім, алдым да соқтым.

— Бізден бұрынғылар ақымақ болмаған. Бұл өңірге жылқы өсіріп дұрыс істеген. Даланың құр кеңдігіне қызығып, астықтың астында қаламыз деу — барып тұрған білімсіздік. Басқасын былай қойғанда, анау жүзіктің көзінен өткендей сәйгүліктерді қайда жібересіңдер?

— Сен ана өз колхозыңның намысын жыртып ал, «Қоңырбелде» нең бар, — деді облыстан келген дәу. — Сосын мені саясатты түсінбейтін тайыз, саяси соқыр деп сойсын қорытынды сөзінде.

— Жылқы өсіретін жерге — жылқы, қой өсіретін жерге — қой, астық салатын жерге астық салу керек деген саяси соқырлық па екен? Сіз орынсыз әрі артық айтып тұрсыз, сөзіңізді қайтып алыңыз. Кімнің соқыр екенін уақыт әлі көрсетеді, — деп қайтадан сөз сұрап, мен де қасардым.

Міне, сол күннен бастап, атымның ері мойнына кетті. Екі айдан кейін «Бірлік» колхозымен қоштастым. Төрт ай жұмыссыз отырдым. Көресіні Керімбаладан көрдім.

— Сенің осы тікбақайлығың түбіңе жеткен, пәс ұста өзіңді, пәс ұста, ауданның, облыстың шешетін мәселесінде нең бар ей, сенің, — десін келіп.

Ақылшылар көбейіп кетті. Баяғыда бір кедей жалғыз түйесін жоғалтқан екен дейді. Содан іздемеген жері, бармаған ауылы қалмапты. Азып-тозып, әбден шаршап үйіне келеді. Түйені таба алмағанын сезген әйелі басқа сөз айтуға батпай, «ел қандай екен» депті.

— Ел ме, ел жақсы. Түйесі жоғалмағанның бәрі ақылды екен. Неге байлап қоймадың, түнде ауық-ауық қарап тұрмадың ба, алдыңғы екі тізесінен тұсап тастағанында, ешқайда кетпейтін еді ғой. Әйеліңе күзеттірмедің бе, — деді.

Сол айтпақшы, қызметіндегілердің бәрі «олай сөйлемедің бе, былай сөйлемедің бе, жұқартып айту керек еді ғой, сынның да айтатын жері бар, айтпайтын жері бар» деп соқты. Оның ішінде әріптестерім де, құрдастарым да, туыстарым да болды.

— Ол үшін Қасымды анасынан қайта туғызу керек, — дедім. — Шынында солай ғой. Мектепте әділ бол, шындықты айт деп үйретті. Әскерде әділдік үшін күрестік, әділетсіз қарақшы жауды қанды ұясында талқандадық. Институтта да ұстаздарымыздан естіген екі сөзіміздің бірі әділдік, шындықты айту болатын. Менің қайран қалатыным, қарсы сөз айтқанға неге сонша қаталмыз? Қарсы пікірде ақиқаттың ұшқыны бар шығар деп неге қарамаймыз? «Мен өз қатемді қарсыласымның қаһарлы сынынан іздеймін» деген екен ерте заманда бір кемеңгер.

Қойшы, осы сұрақтардың шешуіне жете алмай, талай ұйқысыз түндер өтті ғой. Сонда ұққаным: адамға ең ауыры кінәсіз жазалы болған екен. Көзімді бақырайтып танды таңға ұрам. Небір мінезді де көрдім. Бәрінен де ерсісі адамның сауысқаны болу ма дедім. Кейбіреулер кісі өлтіргендей менен әуелі қашқақтайтынды шығарды. Оның ішінде «пәленшеке, түгеншеке» деп кеше астыңа кіріп кете жаздап жүргендер де бар. Бұлардың пірі кісілік емес, кресло екен ғой деймін ішімнен.

— Көз ілмедің-ау, — дейді сондай түнде Керімбала. Сөйтсем, ол байғұс та үйықтай алмай жатады екен ғой.

Сол күндері жаныма ең қатты батқаны атамның — Керімбаланың әкесінің жылағаны болды. Ол күйеу баласының орнынан түскеніне емес, жылқының жан-жаққа тоз-тоз болып кеткеніне жылады.

— Қамбар иемнен бері қадірі кетпеген мынау түлікке кімнің қаһары түсті екен, ә? — деді бір күні. — Шапшаң жауды алдырған, мінсең құба жонды артында қалдырған, талай-талай батырлар жырында сүйген жармен ғасырлар бойы қатар жырланған қайран жібек жалды қылқұйрығым-ай. Қымызың мен қазыңа да зар болатын күн туып келе ме, немене?! Анау жайлауға шығар жолды қусырып жырта бастағаннан-ақ шошып ем.

Осылайша, төгіп-төгіп жібергенде, мен орнымда тұра алмадым.

Ең сұмдығы, Сүлікқара мен Салкүрең қайтып келгенде болды. Сүлікқарадан хабарыңыз бар, Отеке. Салкүреңнің қайдан шыққанын айтайын. Мен қызына қосылысымен, қайын атам бір күрең дөненге ерекше ықыласты болды. Ауық-ауық жаратып бәйгеге қосты, қыста ептеп шанаға үйретті. Қорада байлаулы тұрғанда, әдемілігіне сыртынан келіп сұқтанғандарды қуып жүргенін өз көзіммен сан көрдім. Арғы атасы әскерге алынған, осы өңірге аты шулы Күрең айғыр екен. Есік пен төрдей салалы жылқының төресі еді деседі, ақыры атақты бір қолбасшының тақымына тиіпті.

— Мынау — сол асылдың жұрнағы, тұлпардың тұяғы, — деп отыратын атам.

Бір күні Керімбала — Сүлікқараға, мен Салкүреңге мініп келе жатыр едік, қайын атам алдымыздан шығып, мұртынан күліп тұр екен. Жүзінде аса бір риясыз мақтаныш сезім.

— Өздерің жарасқанмен, аттарың жараспай жүруші еді. Міне, енді дұрыс болды. Пәлі, бақытты болыңдар!

— Алғаш танысқан тойларыңда сенің астыңда осы Салкүрең болғанда, Керімбалаға жеткізбейтін едің, — деді іле-шала күліп. Ол кісімен қалжыңымыз тіпті жарасып кеткен-ді.

— Әке-ау, қызыңыз әбден қамшының астына алсын деп Күреңді әдейі тығып қойғансыз ғой онда.

— Рас, рас, — деп жарықтық кеңк-кеңк күлді. — Тығуын тыққан жоқпын-ау. Ол кезде бұл жануар жастау болды. Сен өзіме бала болғаныңнан кейін ғана көзім түсті бұған. Екеуіңнің аттарың да жарасты болсын дегенім ғой.

Ал Салкүрең деп қалай қойғанымды білесің бе? Білмейсің, әрине. Есінде қалсын, айтып берейін. Осындағы мықты бір домбырашының үйіне барып күй тыңдағаным бар. Көп күйдің ішінде бір күй іші-бауырымды елжіретіп жіберді. Ен дала, мұң дала, ерсілі-қарсылы егесіп жатқан ескі өмір, соның ішінен бір дүбір естілді. Кәдімгі дүлдүлдің дүбірі, шапқан сайын, еті қызған сайын үдей түскен шабыт дүбірі, шабытты шаттыққа ауыстырған шабыс дүбірі, әсем дүбір, сұлу дүбір, сылқым дүбір. Ескі күйлердің ішінде небір кереметі бар ғой. Бірақ мынау ешуақытта естімеген күйім. Әсерленгенім сонша:

— Мына күйіңнің аты не? — дедім шыдамсызданып.

Мұның аты Салкүрең, — деді. — Ұнатсаңыз, Керімбалаға үйретейін.

Салкүрең, Салкүрең, ә! Есіме саған бейімдеп жүрген Күреңім түсе қалсын. Міне, содан ол «Салкүрең» атанды да кетті. Бірақ Керімбала сол күйді әлі үйренген жоқ-ау деймін. Өйткені тартқанын көрген емеспін. Қолы тимеген шығар, балалы болды. Председательдің әйелі болды, — деп қайын атам жымиып күлді.

Үйір-үйір жылқыны таратып, заводтың ию да қию болып жатқан кезі. Атамның да салы суға кеткен. Сонда байқадым, нағыз жылқышы алдындағы жылқысынан айырылғанда жынынан айырылған бақсыдай болады екен.

Сөйтіп жүрген кезде бір күні іңірде жылқының зарлы кісінесі естілді. Артынан тағы біреуі қоңыраулатып ала жөнелді.

— Ой, мынау Сүлікқара мен Салкүреңнің үні ғой, деп атам далаға атып шықты. Біз де тұра-тұра жүгірдік.

Бастарын атамның екі қолтығына тығып жіберіпті. Оқыранады кеп, оқыранады кеп жануарлар. Атам сақалынан алты тарам жас ағып жылап тұр екен. Сол көрініс бәріміздің де жүрегімізді езіп-езіп жіберді. Керімбала — Сүлікқараның, мен Салкүреңнің мойнына асылдық. Сенесіз бе, жылқы жылайды дегенді естуім бар да, көргенім жоқ еді. Тап сол жолы көрдім: Сүлікқараның да, Салкүреңнің де көздерінен моншақ-моншақ жас домалап түсті.

Ертеңіне атам совхозға барды, ауданға барды, тағы бір жеті сабылды, ең болмағанда, осы екі жануарды алып қалуға жан салды. Бірақ ештеңе шығара алмады. Қайда барса да, маңдайы тасқа тиді-ау деймін. Бір күні келіп:

— Жылқымен бірге менің де қадірім кеткен екен, баяғыдан бергі сіңірген еңбегім екі сәйгүлікті сұрап алуға жарамаған соң, не сорым? — деп қамшысын ортасынан қақ бөліп отыра кеткені әлі көз алдымда.

Сол жатқаннан мол жатты. Ешкіммен сөйлеспейді. Өзінен-өзі күбірлейді де отырады. Күндердің күнінде елірме пайда болды. «Құр-құр, қайт жануар, қайт» деп далаға атып шығып кетеді. Қолын көлегейлеп тұрады да, кәдімгі бәйгеден ат келе жатқандай, «Сүлікқара», «Салкүрең» деп айғай сап қышқырады.

Сау кезінде айтқан бір сөзі есімде еді:

— Қазақтар бұрын ат келе жатқанда руының атын айтып ұран салатын. Қазір ру жоқ қой. Енді колхоздың, иә совхоздың атын айтып айғайлау керек шығар. Жоқ, меніңше, сол келе жатқан аттың атын атап айғайлаған жөн. Еңбек сол аттікі ғой. Жануардың халық ең болмаса атын білсін.

Өзі кейінгі тойларда солай етіп те жүрді. Әдетте, мейлінше байсалды, сабырлы адам бәйгеден ат келе жатқанда бала сияқты болып, өзін де, сапсиған сақалын да ұмытып кететін. Енді, міне, той жоқ, бәйге жоқ жерде аяулы аттарының атын атап қышқыратынды шығарды. Алдындағы жылқысынан айырылғаны оған мұң болса, ол кісінің мынадай көлденең кеселге шалдыққаны бізге мұң болды.

Керімбала бір емес, екі бірдей соққыға жығылды. Оның бірі — менің орнымнан алынғаным, екіншісі — әкесінің ауруға шалдыққаны. Былай қарасаң, бұл екі қырсық бір-бірімен байланысты секілді. Ойланбай іс қылған әлдебір әпербақанның әлек-шәлегі. «Хан ақымақ болса, қасіретін халық тартады» деген екен бұрынғылар.

Бәрі құрысын, қызметі де құрысын, атам жазылса екен деп жүрдім мен. Өз әкемнен де жақсы көріп кетіп ем ол кісіні. Екі қолға бір күрек табылар, дипломым бар, қартайып және тұрғам жоқ, бір мейірлі жүректің көз қыры түсер деген үлкен үмітпен жүре бердім. Мейір қайда, оның ауылы қашықтай берді, қашықтай берді. Қайда барсам да, артыма байланған бір шоқ:

— Ой, ол бір қиқар, білгішсініп басынды қатырады.

Осы «атақ» қайда барсам да, алдымнан шығады. Әрі оны бетіме басып жатқан ешкім жоқ, сұлық тыңдайды да, «көрерміз, ойласайық» деп шығарып салады. Сол «көрермізден» көрешекті көрдім. Кей жерде тағатың таусылып даусың да шығып кетеді.

— Бұл сөзбұйдаларың біте ме, жоқ па? Қылмысым болса, оны айтыңдар. Әйтпесе коммунисті сандалтып қоюға қандай хақыларың бар, кеше қан майданда болдым, Ұлы Отан соғысына қатыстым, — деймін.

Іштерінен мұның «даукес» екені рас екен дейтін болса керек, көздері бадырайып бетіме қарайды, қарайды да үндемей, кейбіреуі ернінің ұшын жыбырлатып шығарып салады. «Пәледен аулақ, мұны жұмысқа тұрғызам деп, өзім орнымнан айырылармын» деген сақтық мені сөйтіп сандалтты да қойды. Ақыры Ойжайлау селолық Советінің председательдігі қолыма әрең тиді. Менен басқа ол кезде бірде-бір жоғары білімді селолық Советтің председателі жоқ. Керімбаланың күйетіні де сол ғой.

Үш жыл өтпей-ақ «Қоңырбел» совхозы астықтың орнына, қап-қара шаң қапты. Құдай көрсетпесін, топырақтың сондағы боранын көрсең, қардың боранынан жаман болады екен. Қойын-қонышың лезде құмға толады, екі көзің қып-қызыл болып білеуленіп шыға келеді. Аузындағы тісің ас шайнасаң, тас шайнағандай шықыр-шықыр етеді. Осы өңірдің адамдары кәдімгі соқырлар киетін қара көзілдірікпен жүрді, шетінен аяқасты жанарынан айырылып қалған ба дерсің.

Жанардан айырылмағанмен, ажардан айырылды, астық шықпаған соң, совхоз қарызға батты. Мынау тақ-тақ қара жолыңмен машиналар түн тұрғай, күндіз жарықпен жүретін болды. Зәрені алатын кәдімгі қара түнек. Жекеменшік малды да бағатын өріс қалған жоқ. Жұрт енді жан-жаққа тарай бастады. Сөйтіп, күні кеше сәйгүліктер өсіріп, сан жүлделерге ие болып дүрілдеп тұрған завод аяқасты азды да кетті. Содан Қоңырбелді қой совхозына айналдырсын. Осы кезде бір қуақы шалдың айтқаны күні бүгінге дейін құлағымда. Сәлем бере келіп, үйреншікті амандыққа көштім:

— Ақсақал, қал қалай?

— Қал дейсің бе, қал байға тигіш қатындікіндей.

— Түсінбедім ғой.

— Түсінбейтін түгі де жоқ. Байға қайта-қайта шығып әккі болған қатын бір күйеуге тиген соң, екіншісін іздеп емексіп тұрады. Біз де тап сол секілді біресе завод болдық, сосын астық салатын совхозға айналдық, енді қой өсіруге көшіп жатырмыз. Бұдан да тәуір күйеу табылар ма екен деп алаңдаған әлгі қатын құсап, тағы да алаңдап отырмыз. Тегі алғашқы күйеуден артық не болсын, — деп әлгі ақсақал шиқ-шиқ күлді. Күлкісінде ауыр бір зіл жатты.

— Қатырған екен, ол шал, — деді манадан әңгімені ұйып тыңдап отырған Отарбек.

— Қатырсын, қатырмасын, содан кейін де «Қасымның айтқаны келді-ау» деген ешкім болмады. Менің түбіме жеткен облыс басшысы ауысып кетті. Ауданда да бірі келіп, бірі кетіп жатты. Совхоз директорларының санынан да жаңылысып қалдық. «Әркім өз лағын текешік қояды» дегендей өмір басталды. Кім келсе де, Қасымның соңынан баяғы «қоңырау» қалмады. Әуелі Керімбала екеуміздің той-томалақта қосылып ән салатынымыз да керісінше сөз болыпты.

— Семьясымен сері дейді ғой. Күйін тартып, әнін салып жүре берсін, — деген әңгімелерді кейбіреулер ашық айтыпты.

Селолық Советтің жұмысы, шынымды айтайын, ұнаған жоқ. Қолыңда ешбір право қалмаған, сөзіңе құлақ асып жатқан және ешкім жоқ. Совхоз басшысы не десе, соның шылауында жүруі керек. Екі қолды қусырып, құр жалақы алып жүре беруге арым шыдамады. Бір күні осы Иван Васильевичке келдім де, ферманы сұрадым. Ол бұрыннан білетін еді. «Қасым, саған обал жасап жүр-ау» деп басын шайқайтын.

Нақты бір нәрсеге жауап бересің, маған ферманы қиыңыз. Ең болмаса, істегенің көрінеді ғой. Селолық Советте не, түгің де көрінбейді, — деп шынымды айттым. — Әй, өзіме де обал жоқ қой, сөйтіп жүріп аудандық Советтің сессиясында тағы бір аузым қышысын. Селолық Советтерді мұндай бейшара күйде қалдыру Совет өкіметінің табиғатына қайшы демесім бар ма?!

Үні әлсірей бастаған «қоңырауымды» қайта күшейтіп алайын. Қойшы, Иван Васильевичтің күшімен осы қызметке қолым әрең жетті, әйтеуір. Тегі мына өзіңді түсінгенге не жетсін, Захарченкоға Керімбала екеуміздің ән салғанымыз да, мал баққанымыз да, үй ұстағанымыз да, бала тәрбиелегеніміз де — бәрі, бәрі ұнады. Жұмыста сенеді, сенген соң, жан ұшырасың. Бастықпын деп кекірейіп тұрмайды, іші-бауырыңа кіріп жатқаны. Бізге ғана емес, жұрттың бәріне сондай. Осы кісі келгеннен кейін ғой Қоңырбелдің көтеріле бастағаны. Бұл жерде, әрине, қой өсіруге болады. Соның тиімді жолдарын іздеп, Захарченконың жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген жоқ па. Бәрінен де малшылармен ақылдасатыны ұнайды. Әдетте кресломен бірге бар ақыл басыңа өз-өзінен үйіліп-төгіледі деп ойлайтындар да бар ғой. Қайдан білсін, кейбіреу жарты ақылының өзін креслоның жалмап қоятын жайы боларын. Лауазым желігінің, байқамаса, сондай сыйқырына да тап болу оп-оңай. «Семіздікті қой ғана көтереді» демей ме қазақ. Шіркін, басшы Иван Васильевичтей болса ғой.

Бірде әуелі бізді сүйреп совхоздың көркемөнерпаздар үйірмесінен шығарсын. Аудандық фестивальге қатыстырды.

— Сері семьяның өнерін бір көрсін. Биттеріңді салыңдар, — деді сонда сыбырлап. — Шарқ ұрып содан облыстан, республикадан бір-ақ шығайық. Халық әндерімен қоса, қазақ операларынан айтатын арияларымыз да болушы еді. Шынымды айтсам, сонда совхоз үшін, аудан үшін, облыс үшін емес, Иван Васильевич үшін, соның ықыласы үшін битімізді салдық. Міне, басшы адамның мейірімінің осындай да күші болады. Ал қаһарының қандай зауал әкелетінін айттым ғой.

Захарченко жолдас біздің кітапханамызға қатты қызығады. Кейде совхоз орталығында әлде бір әдебиетті, не анықтама материалды таба алмай қалғандарға:

— Барыңдар, Қасымның кітапханасынан іздеңдер, — дейді екен.

Тағдырдың қайықша қақпалаған сол бір шағында әйтеуір, кітапты жинай беріппіз. Не істеу керек, уақыт бар, Керімбала екеуміз алған кітапты оқи бердік, оқи бердік. Кітап оқысаң, бәрі ұмыт, небір оқиғалардың ішіне кіресің де, жегідей жеген ойлардан жеңілдейсің. Сосын көркем шығармалар жөнінде пікір алысатынды шығардық. Керімбала сол пікірдің біразын газет, журналдарға жазып та жіберді. Оның тіпті «Оқушы пікірі» деген айдармен шыққаны да бар. «Қазақстан әйелдері» мен «Мәдениет және тұрмыс» журналдары оны әуелі белсенді автор етіп алды.

Сөйтіп, біз кітап әлеміне сүңгіп кірдік те кеттік. «Нет худа без добра» дей ме орыс мақалы. «Бір жамандықтың бір жақсылығы бар» деп аударса да болар мұны. Біздің көрген сол жақсылығымыз кітапқа артқан құмарлық болды-ау деймін. Ол балаларымызға да жұқты. Бұл, шіркін, тәтті тағам секілді татқан сайын тәбетіңді аша береді екен. Біздің кітап ауруымыздың арғы төркіні, міне, осындай.

— «Жаман сырын айтам деп, шынын айтады» деген екен. Отеке, мен сізге бар сырымды ақтарып, басыңызды қатырғам жоқ па? Оқыс оқиғаны айт деп зорлаған өзіңіз ғой. Бұдан артық оқыс оқиға бола ма?

Қалың ойдан оянғандай селк еткен Отарбек:

— Оқыс оқиға емес, опық жегізген оқиға ғой бұл, — деді. Осы кезде машиналар Арқарлы тауының соңғы бұрылысын артқа тастап, оқтай түзу жолда жүрісін онан әрі шапшаңдатқан еді. Бұл жақта тіпті қыс болмағандай, жол қап-қара. Құлан иектеніп атып келе жатқан таңмен ол ап-айқын көрініп жатыр. Кабинаның терезесінен аспанға көз салған Қасым:

— Қараңызшы, жұлдыздың бәрі көрініп тұр. Яғни аспанда шөкімдей бұлт жоқ деген сөз. Манағы қарс жер мұң болған боран қайда, арпалысқан азабымыз да ұмыт болайын деді ме? Бастықтар да таң алдында қалғып кетсе керек, мына зыңылыңыз тынышталды ғой өзі, — деді.

— Қасеке, өмір деген де — бірде боран, бірде мамыражай тыныштық, — деп Отарбек әңгімені басқа жаққа бұрғысы келді. — Ең бастысы, сонда сасып қалмау. Халық мақалы да айтады екен ғой, «бұл өмір бірде артын береді, бірде алдын береді» деп. Меніңше, Керімбала екеуіңіз негізгі қалыптарыңызды — парасаттарыңызды сақтағансыздар. Дүниені ұстап тұрған да сіздер секілді парасаттылар ғой.

— Отеке, ол ықыласыңа рақмет. Саспаушы ма едік, састық қой. Қысылмады дейсіз бе, қысылдық. Көрмейсің бе, елуге жетпей шаш аппақ болды. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» демекші, сыр бермей сыртқа қомпиясың. Бірақ орынсыз жасалған қиянат манағы мазаны алған «зыңылдақ» секілді жүрегіңді, ай, жұлмалайды екен-ау! Жалғыз ауыз сөз жалп еткізіп ұрды да жықты. Адам күшті, адам құдіретті, адам керек деп күпінеміз ғой тегі. Сол адамды бір ауыз сөздің құрбаны еткенде, кейде бүйрегіміз бүлк етпейді.

Бір ауыз сөз қасіретті тыяды,

Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды,

— деп ақын қандай әдемі айтқан, меніңше, бастықтың абайламай айтқан сөзі, мейлі ол ауданда, облыста, республикада болсын, таудың басынан лақтырған кесек сияқты. Ылдиға қарай заулаған сайын күш алып, жолындағының бәрін қиратып, жайпап кетеді. Осындайда «абай болыңдар, жолдастар, айтар сөзге» деп айғайлағың келеді. Ондай сөзді жандайшаптар тіпті жандырып жібереді емес пе? Мүмкін, манағыдан кейін Захарченко артымыздан босқа салпақтап келе жатқан шығар. Оның судай жаңа машинасын, міне, біз мініп келеміз. Машина іздеп қаншама әуре болды дейсіз, әрі түн ішінде, бензин, толып жатқан жол шығыны және бар. Бәрінен де қиыны оның жанын жеп, аяқасты босқа әуреге түскені ғой. Мұны есептеп жатқан кім бар? Адамға қамқорлық керек дейміз де, сол адамды алды-артына қаратпай, қызылмай немесе ішқұса етеміз де қоямыз.

Рация зың ете қалды. Үшеуі де селк ете түсті. Енесін іздеді ме, арт жақтан Әрең туған да маңырап қоя берді.

— Мен — Қаталбаев, қай жердесіңдер?

— Іленің көпіріне жақындап қалдық, Шымыр Қаталбаевич. Түнгі боран біраз зәремізді алса да, Сарыөзектен бері жол жақсарды, жүрісіміз өнді. Өзіңіз белгілеген графиктен көп ауытқу жоқ. Прием.

Отарбектің үнінде Қаталбаев ең болмаса бір жылы сөз айтар ма екен деген үміт тұрды.

— Қайдағы график? Діңкемізді әбден құрттыңдар ғой. Танды, міне, көз ілместен қарсы алып отырмыз. Алдарыңнан Стужевтің өзі кетті. Жарайды, Әділжанов, сен маған тура қонақүйге кел. Все.

Отарбектің өңі құп-қу болып кетті. Стужевтің өзі... Қасым сипалап қозысын қарай жатты. Ол да орнынан тұрып керіліп, құмалақ тастады.

Аппарат та зың ете қалды.

— Бұл, құдай біледі, Қапал, — деді Отарбек. Тап айтқанындай болып шықты, қателеспепті.

— Қай жердесіңдер, қозы қалай, қозы? Прием.

«Қаталбаевтың қабағын сонау алыста, ауданда отырып қалай таниды ей, бұлар? Бұған да қабілет керек шығар» деп түйді ішінен Отарбек.

— Қозы орнында. Өздерің амансыңдар ма деп неге сұрамайсыңдар? График те бұзылған жоқ.

Отарбектің есіне мана Сарыөзектің табанына келгенде бір қатқан мұзға кез болып, машинаның шыр көбелек теріс айналғаны түсті. ГАИ-дегілер де зәрелері кетіп, қайта бұрылып қастарына жетті. — Енді бір айналғанда, оңқа-шоңқа көпірден ұшып едіңдер, — деді олар. Бәрі лезде көзді ашып-жұмғанша болған оқиға. Отарбек рульді қапсыра құшақтап қатып қалған шоферді көрді. Екі көзін аша алмай, айналасына қараудан қорқып, тұла бойы дір-дір етеді. Қасым отырғыштың арт жағындағы қуыстан қозыны қалай жұлып алғаны белгісіз, балалы әйелдей оны тарс құшақтап қалыпты. Өзім өлсем де, бала аман қалсын дейтін аналарда мұндай жағдайда соқыр тәуекел болады. Мынанікі тап соның өзі. Отарбек өз басының бір-екі рет соғылғанын да елеп отырған жоқ. Есі ауғандай болғаны қорыққанымнан шығар деп ойлады. Зыңылдақтардың мұның бірінде шаруасы жоқ.

— Графикті бұздыңдар. Ілеге әлі жетпепсіңдер. Жарты сағатқа кешігіп бара жатырсыңдар. Ол үшін жауап беруге тура келеді. Сендерді Стужевтің өзі күтіп қалды ғой.

— Атып тастамассыңдар. Көп болса, қызметімізбен қоштасармыз, — деді Отарбек даусы қатқылдау шығып. Бұл сөздері үшін қасындағы шоферден де, Қасымнан да ұялғандай. Қайтеді, шаш ал десе бас алатындар айтқызбасыңды айтқызып, шығармасыңды шығарар.

Зыңылдақ тынғандай. Үнсіздікті Қасым бұзды.

— Ілеге дейінгі мынау оқтай жол, екі қапталдағы жазық дала атамды есіме түсіріп келеді.

— Иә, иә, Қасеке! Жылқышы атаңыздың тағдыры сонымен не болды?

— Не болатыны бар, ақыры айырылып тындық. Бері қарайтын шығар, жазылар деп, сырқаттығын да ешкімге айтпай, үйде біраз ұстадық. Бірақ дерт үдей берді, үдей берді. Шетімізден бәрімізге тиісетінді шығарды. Бидайдай қуырды, ығына көне бердік.

— Жылқыны құртқан сендер. Сендерді мен де құртамын.

Екі сөзінің бірі осы. Салкүреңді ұрлап, неге сойып алдың деп мені ту сыртымнан қамшымен тартып-тартып жіберсін. Ғұмыры алдынан кесе-көлденең өтіп көрмеген Керімбала қатуланып, әкесінің қолынан ұстай алды. Ақсақалдың бетіне қарауға жүзін шыдамайды, көздері қып-қызыл боп шатынап кеткен, ар жағында ашулы арыстан байлаулы тұрғандай. Көктем туа сырқаты тіпті асқынып кетті. Алматыға, жындыханаға апарып емдетуден басқа амал қалмады.

Ғұмыры дәрігерге қаралып көрмеген жан ақ халатты адам көрсе, тұра қашатын, бара-бара тіпті қолына не түссе, сонымен оған тұра ұмтылатын болды. Керімбала екеумізбен әбден өштесіп алды. — Сендер укол салдырып, мені өлтірмексіңдер ғой, ә, — дейді. Қысқасы, Алматыға апарудың өзі үлкен проблемаға айналайын деді. Амал не, ең соңғы үміт сол. Содан ол кісіні танымайтын адамдармен жүк машинасына салып, артынан жеңіл машинамен ілесіп отырмақ болдым. Ол үшін Захарченконың дөңгелегін сұрап алдым. Шалды алдайтын қисын іздедік.

— Сіздің жылқыларыңызды түгел қайтарайын деп жатыр. Жылқышының өзі Алматыға келсін депті.

— А, рас па, бәсе-бәсе! Құр-құр, жануар, құр-құр. Қамбар ием қолдай гөр, — деп киіне бастады.

Келісім бойынша қол-аяғын машинаға мінген соң байламақпыз. Мен де, Керімбала да көзіне түспей жасырынып жүрміз. Өзі де балуан пішінді сынды кісі еді. Кәдімгі түнгі жылқыға барардай тас-түйін, кісесін салып, саптама етігін, шекпенін киіп шығыпты. Жүк машинасына жас жігіттей ырғып бір-ақ мінді. Қолын көлегейлеп, жылқы тап осы маңда жүргендей, жан-жағына қарайды. Бұл көрініске шыдай алмай, мен еңкілдеп жылап жібердім, «қор болған атам-ай, перзентіндей болып кеткен түлікті алдыңнан алып, көр қылды-ау сені. Көзіміз қиып, мына тұлғаңмен қазір қалай байлап тастаймыз» дедім. Керімбала да теңселіп, өзін-өзі ұстай алмай кетті. Осы амалды тауып, бұл сапарға үгіттеген Захарченконың көзі де боталап тұр екен.

— Бұдан кейінгіні көруге мен енді шыдай алмаймын, кеттім, деді Керімбала екеумізге келіп. — Сен артынан жүріп отырасың ғой, танып қоймасын, мынаны Алматыға жеткенше көзіңнен алма.

Қолыма қалың, жан-жағы бітеу, кәдімгі комбайнерлер киетін қара көзілдірікті ұстатты.

— Ақсақал, қош, жылқыларыңызды түгел аман алып қайт, — деп машинаның үстінде жартаста тұрған аңшыдай алып денелі атама қолын бұлғады. Соңғы сөздерде даусы тарғылданып кетті. Бұғып тұрған біздер онан сайын егілдік.

Захарченко кетісімен, машинаның үсті апай-топай бола қалды. Дайын тұрған жігіттер алып ұрып атамды байлап берді. Дүниенің қиыны өзің өте жақсы көретін адамның қол-аяғын байлауды көру екен. Сақалынан алты тарам жас ағып, әлде бір мейірім күткендей, айналасына жаутаң-жаутаң қарайды. «Ей, мен атақты жылқышы Атанжілік емес пе едім, жылқымды алып бір сорлатып, енді, міне, қол-аяғымды байлағандарың неғылғандарың, мейірім дегеннен ештеңе қалмаған ба өздерінде?» Оның қанды жасқа толы көздерінен бұғып тұрсам да, осы сөздерді оқығандаймын.

Жүк машинасы қозғалып берді. Артынан жеңіл машинамен біз де ілестік. Көзімде қара көзілдірік. Кәдімгі «Қоңырбелді» түк қалдырмай жыртып, артынан қара дауыл көтерілгенде, сасқанынан екінің бірі киген қара көзілдірік. Саспай, менің де не шекем қызып келеді? Атамның да, өзімнің де жанымды суырған тағдырдың мынау қара дауылынан бұл көзілдірік қорғай алар ма? Ішім удай ашып, жылап келеді, мына жолдың әр кезеңін, әр асуын елестетеді көз алдыма. Шөлдесе қайтем, сорлы, түзге отырғысы келсе, не болды деп ойлаймын. Бар медеу, әйтеуір, күн жаз. Мына өзіміз көрген боранның азабы болған жоқ. Бірақ мұндай он боранға бергісіз жан азабын тартып келем. Ауруханадан дәру болар деген үміт қана ілгері жетектейді. Тап осы түзу жолға түскенімізде:

— Қасым, Қасым, құлыным-ау, мен саған не жаздым? — деп айғай салды. Жаным мұрнымның ұшына келді. Зыр дегізіп жүк машинасының алдына шықтық та, тоқтатуға белгі бердік. Шыдай алмай, машинаға ырғып мініп, атамның қасына бардым. Тарпа бас сап, көрістім. Буын-буыным босап кетті. Екеуміз мынау даланы азан-қазан қылдық. Екі шофер, бір дәрігер бізді аяп қарап тұр. Атам мені жаңа өзі айғайлап шақырған соң жеткендей көрсе керек. «Құлыным да құлыным, сенен басқа кімім барға» салып, сүймеген жерімді қалдырмады. Мен де көзінен, мұртынан, сақалынан түк қалдырмай сүйе бердім.

— Мына қол-аяғымды босаттыршы, сен жоқта көрдің бе, ит қылғандарын!

Ең ауыр қолқа осы болды. Босатсақ, мына төртеумізге қайта байлатпайды. Машинадан түсіп қашуы да мүмкін.

— Шіркін-ай, — деді бір уақытта өз-өзінен жадырап. Айналасына қарады да, — мынау нағыз жылқы салатын жазық екен. Аққудай мойнын иіп көрдің бе Сүлікқараның үйірін қайырып келе жатқанын?

Дұп-дұрыс сөйлеп тұрып, тағы ауып кетті. Нар тәуекел, шешкізсем шешкізейін деп тұрған көңілім су сепкендей басылды.

— Қасым-ау, құлыным-ау, Керімбала қайда? Неге жалғыз жүрсің? Босаттыршы мына сұмдықтан.

Мен егіліп жылай бердім. Иығымен басымды көтеріп, иегімен байлаулы қолын, аяғын нұсқады. Сүйек-еттен жаралған пендеге одан әрі шыдау киын еді. Дәрігерге:

— Босатайықшы, — дедім жалынып. — Қасында өзім отырайын.

— Мыналар мені неге байлап әкеле жатыр? Жынды дей ме? Жоқ, мен жылқыма қан жылап жүрмін ғой. Жылқымды көрсем, онда бәрі ұмыт болар еді. Кешірем бәріңді де.

— Ата, бұлар білместік жасапты. Қазір қол-аяғыңызды шешеді. Өзім қасыңызда болам, шөлдедіңіз бе?

— Шөлдедім.

Мен дәрігерге көзімді қыстым. Ол термосыңнан су бер, оның ішіне молдау етіп ұйықтататын дәрі қос дегенім еді. Қол-аяғын босаттық.

— Уһ, — деді атам төсін көре. Сосын су ішті.

— Шіркін, қымыз болар ма еді!

— Жылқыңызды қайтып алып, әлі-ақ сары қымызды сапырасыз. Жүрейік онда, әке!

— Тартыңдар, менің көзіме жібек жал мен қылқұйрықты тездеп көрсетіңдерші.

Иығынан құшақтап, басын төсіме бастым. Сақалына қолым тигенде, тұла бойым қайта шымырлап қоя берді. Екі көзімнен сорғалаған жасты ұстай алмадым. Бірақ ол менің бұл еркелеткенімді байқай алмай, қор етіп ұйықтап кетті.

— Қолымнан берген соңғы сусыным сол болды, — деді Қасым күрсініп. — Аурухана да көмектесе алмады. Кейіннен бір-екі рет келгенімде, тіпті кісі танудан қалыпты. Ақыры ол дүниеге аттанып тынды. Құсадан елді ғой қайран атам, құсадан. Арулап көмдік, амал не, аса бір сүйікті адамның өмірінің ақыры осындай болады деп кім ойлаған...

— Алдымызда бір топ машина тұр ғой, — деді шофер елең етіп. Отарбек жаңағы әңгіменің уысынан әлі шыға алмаса керек, үндемеді.

— Біздің ГАИ де солардың жанына тоқтады, — дедім мен. Қасына келіп тұра бергенде, бір ГАЗ-21, қара «Волганы», сондай екі көк «Волганы», әрі үстіндегі оты жарқ-жұрқ еткен, бірақ әдемі «Волгаға» мінген ГАИ-дің қызметкерлерін көрдік. Ірі денелі, шүңірек көз, сұстылау адам машинамызға жақындап келді де:

— Әділжанов қайсысың, — деді.

Отарбек «мен» деп, атылған оқтай, машинадан қарғып түсті. Стужевтің өзі. Былтыр кеңесте сөйлегенде көрген. Сырт киімімен тіпті ірілеу көрінеді екен.

— Қозыларың қайсы, көрсетші.

— Қасеке, бері алып шығыңызшы, — деді Отарбек.

Машинаның ішінде бүгежектеп, Қасым әлденені өзіне қарай тартып жатты.

— Тенданы артынан ағытайық, сонда тез болады, — деді милиционерлердің бірі.

Қалғандары жүгіріп машинаның артына шықты. Сытыр-сытыр еткізіп бауын тез ағытып жатты.

Таң құланиектеніп қалса да, әлі қаракөлеңкелеу. Стужев қозыны машинаның жарығына әкелуді сұрады. Қасым жетектеп алып келді, үндемей ұзақ қарап отырды да, Стужев:

— Неше айлық? — деді.

— Екі жарым ай.

— Ондай жасынан ірі екен.

— Біздегі қозылардың бәрі осындай, Анатолий Карпович. Қыста қоздату дегенің өте дұрыс тәсіл екен, жайлауға шыға бұлар кәдімгі ірі қойдай болады, — деп Отарбек мақтауға мақтау қосып жатыр.

Стужев біресе ол жағынан, біресе бұл жағынан шығып, қозыны ұзақ қарады. Жонын, ішін, тұмсығын сипап көрді.

Бір мін тауып алар ма екен дегендей, Қасым іштей қыпық-қыпық етті. Стужев машина жарығын күшейтуді сұрап, енді сирақтарына көз тікті.

— Сирақтары салалы екен.

— Тұқымы арқар-меринос, — деді Отарбек. Стужев сағатына қарады да:

— Таңғы бес жарым, — деді әлденені есептеген кісіше. Сосын қара «Волгаға» кілт бұрылды.

— Әділжанов, сен Алматыға тарта бер. Ана ферма меңгерушің қозысымен менің машинама отырсын.

Қасым қыбыжықтап, кідіріп қалып еді, алдыға, шофердің қасына барып отырған Стужев даусын қатқылдау шығарып:

— Ақсақал, тездеңіз, уақыт тығыз, — деді. Іле Қасым мен қозыға артқы орындықты нұсқады. Есік сарт етіп жабылысымен, «Волга» артынан түтінін бұрқ еткізді де, зымырай жөнелді. Екі машина соңынан және тартты. Алдарында — үсті жарқ-жұрқ еткен ГАИ-дің машинасы.

Талдықорғаннан бері бұлармен жанын шүберекке бірге түйіп, өздеріне үлкен ес, асқар таудай сүйеніш болып келген ГАИ қызметкерлеріне рақмет айтуға бұрылған Отарбекті өз машинасындағы зыңыл елең еткізді. Мына пәле соңымыздан әлі қалмап па еді. Трубканы жұлқа көтерді.

— Бұл — Қапал, бұл — Қапал. Қай жердесіңдер, қозы қайда, қозы? Денсаулығы қалай? График қалай, график? Прием.

— Графигің дұрыс. Денсаулығы жақсы. Денсаулығы жақсы. Ақ қозы енді аудандікі емес, облыстікі, облыстікі. Жауапкершілігін содан сұра!

Отарбек «пысығым» дей жаздап барып, өзін-өзі әрең тоқтатты.

— Не дейді, не дейді? Облыстан қайтып сұраймын? Әділжанов жолдас, арандатқың келеді, ә! Оның бола қоймас. Бізде де бас бар.

Отарбек трубканы қоя салды. Рация мыңқ-мыңқ, зың-зың етті...

Сол күні түс ауа облыстық газеттің редакциясы да әбігер болды да қалды. Редактордың орынбасарын шұғыл обкомға шақыртып әкетті. Сол кеткеннен ол мол кеткен сияқты. Ертеңгі арнайы нөмірге баратын материалдар алдында үйіліп жатып қалды. Секретариаттың қызметкері бір-екі рет келді де, орнын сыйпалап қайтты. Редактор таң атқалы жиналыста. Енді не істеуі керек? Баспахана үсті-үстіне дығырлап, материалдарың қайда деп ол жатыр. Жауапты хатшы болса әйелі босанып, мана перзентханаға кеткен. Содан әлі жоқ. Түңғыш баласы болған соң, айналсоқтап шыға алмай жүрген шығар. «Әй, мұның әйелінің де тумайтын кезде тууын қарашы, актив жиналысы өткенше тұра тұрмай ма». Өз ойына өзі мырс етіп, секретариаттың жігіті күліп жіберді, «оу, толғақ сенің активіңді, қаралмаған материалыңды қайтсын? Мезгілі жетті, келді, табиғаттың ол заңына кімнің күші жүреді?»

Осы кезде телефон сылдыр ете қалды. Даусынан тани кетті, орынбасардың өзі екен.

— Бәсе, мен сізді хабарласатын-ақ шығар деп отыр едім, Жәке, хәліміз мүшкіл, баспаханаға бір жол материал жібере алмай отырмыз, қарайтын ешкім жоқ.

— Маған ертең активте сөйлейтін шопанның сөзін жазу тапсырылды. Әзір бара алатын емеспін. Қарс аттап шығармайды, әзірге бастықтардың бірінен соң біріне кірумен жүрмін. Бәрінің айтқаны сол бір тапсырма. Жаңа үзіліске шыққан екен, редакторды көрдім, ол кісі де кешке дейін босар емес.

— Сен былай ет, сол материалдарды құшақтап маған кел, қалт еткенде қарап беруге тырысайын, — деді орынбасар. — Сосын мынаны ескер, ертеңгі нөмір екі бояумен шығады, ұқтың ба, макетті соған лайықтап жаса. Қызылмен берілетін тақырыптарды жақсылап ойластырыңдар. Әрі қысқа, салмақты, әрі ой салатын сөздер болсын.

— Ойбай-ау, Жәке, оны өзіңізсіз қалай жасаймыз?

— Бастықтар шақырып жатыр. Қалғанын кейін, өзің осында келші.

— Ойбай-ау, қайтып келем, менде пропуск жоқ, милиционер кіргізбейді ғой.

— Жарайды, жетші, сыртқа өзім шығайын. Болды енді, мені жан алқымға алып шақырып жатыр. Сен де ойбайлап бір жағымнан...

Жарқынбек жүгіріп обкомның бөлім меңгерушісіне кіргенде, ол ренжулі екен. Жалпы былай жайдары, ылғи күліп жүретін адам еді, жанға батырып, айғайлап сөйлеуге жоқ, бірақ ренжісе, тек өзін-өзі жеп бітеді. Сонысына жаның ашитын.

— Сен анау даукес редакторыңа мұнда екеніңді неге айттың? Жаңа осында шу шығарып, онсыз да қызылмай болып жатқанымызда әңгіртаяқ орнатты. Екеуміз хатшыға дейін бардық. «Сендер өз қызметтеріңізді журналистерге неге істетесіңдер, ертең нөмірді, өте жауапты нөмірді мен кіммен шығарам?» — деп соқты. Бәрі тіпті саған тіреліп тұрғандай...

— Тірелсін, тірелмесін, жағдайымыздың ауыр екені ауыр. Редактор жиналыста, мені, міне, шақырып алдыңыздар. Материалды кім қарайды?

— Аппарат қайда, аппарат, аппаратқа істету керек. Сен де бастығың құсап қара аспанды төндіріп келе жатырсың ғой. Сынықтан басқаның бәрі жұға ма өзі, немене? Хатшымен келісілді, давай, есікті жауып ал да, отыр. Бір сағаттан соң мен, одан кейін өзіңнің насихат бөлімің, одан кейін хатшы, одан кейін бюро мүшелері көруі керек тексті.

«Сіздерде де аппарат бар ғой» дей жаздап, Жарқынбек өзін-өзі әрең токтатты.

— Қай тілде дайындау керек?

— Ол — шопан ғой. Қазақша сөйлейді. Сосын орысшаға аударасың.

Жарқынбектің зәресі ұшып кетті. Өзін екі тілде, сосын соншама тексеру... Әрқайсысы бір-бір ескертпеден жасағанда, таң атқанша отыратын шаруа ғой мынау.

— Кәне, кәне, тұрма. Кіріс. Анау қыңыр редакторыңмен байланыс жасай берме, уақытыңды алады. Тап қазір бәріміз үшін осыдан жауапты ештеңе жоқ. Білесің бе, облыс намысы, саған қандай сенім көрсетіліп отыр?

— Білуін білем-ау, бірақ газетімді де ойлап қиналып тұрмын.

— Газет сенікі емес, обкомдікі. Сені де бұл қызметке обком бекіткен. Тапсырманың аты — тапсырма, жаса деген соң, жасау керек. Ауылшаруашылық бөлімінің бір қолқасын орындамайтын қайдан шыққансыңдар тегі. Анау редакторың да көки бермесін. Аяғы аспаннан келер...

Жарқынбек мойны салбырап бөлмеден шығып кетті. Жайлы адам деп жүрсек, бұл кісінің де бір сығып алары бар екен ғой. Күштінің арты диірмен тартады деген осы. Редакторға жаңа ауыр сөз айтты-ау. Сонысын өзі бетіне айта алар ма екен?! Әй, қайдам...

Жарқынбектің есіне өткен жылғы бір бюро мәжілісі түсті. Әдетте бюроға ылғи редактордың өзі баратын да, орынбасар ол демалысқа кеткенде немесе қалада жоқта ғана қатысатын.

Бірде редактор шақырып алды да:

— Жарқынбек, бюроға бүгін сен баршы, мен Терминкомде бір мәнді айтыс болайын деп тұр еді, председательдің орынбасарымын ғой, соған қатысайын, — деді.

Сол келісіммен Жарқынбек бюро мәжілісіне келген. Бір уақытта бюро басталуға бес минут қалғанда есіктен редактор көрінді. Жарқынбектің қасына келіп отырды.

— Терминком кейінге қалды. Отыра бер, шығып кету ыңғайсыз болар.

Бюро жүріп кеп берді. Егін орағының қызу кезі. Үш аудандағы жұмыс барысы сөз болды. Әдеттегі есептен, бөлім жасаған сын-шолудан кейін бірінші боп Стужев сөз алды. Ығытып, қатты сөйлейтін әдеті, қолына бір «қағынды» факті түссе болды, жер-жебіріне жетіп, оның төңірегінде бір сағат сөйлеуге бар. Шаруашылықты біледі, сонысын арқа тұта ма, кейде тым тәптіштеп кетеді, Аудандардың түгін қалдырмай сыбап шықты да, облыстық газеттерге тиісті. «Біздің газеттер мандытып ештеңе жазбайды. Олардың бетіне қарасаң, егін орағы облыста жоқ сияқты. Сонда не, редакторлар ай қарап отыр ма?»

Осы сөз Салауатовтың шамына тиіп кетті білем, маған «сол аудандардан берілген негізгі материалдарды аташы» деген хат берді. Барлық материал орынбасардың қолынан өтеді, түгел көкейімде сайрап тұр, жаздым да бердім. Обалы не, жұмыста қатты сенетін, мен оқыған материалдарды қарамайтын да. Ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісімен мана айқасын жүргені де сол мені жұмыстан алаңдатқандары үшін. Стужев сөзін аяқтай бергенде:

— Сіз қазақ тілінде шығатын газетті оқисыз ба? — деді. Мәжіліске келгендер жапырыла біз отырған жаққа қарады.

Стужев оқыс сұрақтан сасып қалды.

— Қалай мен оқимын, әрине, оқи алмаймын, — деп шынын айтты.

— Ендеше, қалай сынай аласыз, редактордың ай қарап отырғанын қайдан білесіз?

— Бөлімдер, бөлімдер қарайды ғой... Манадан бері арындап тұрған Стужев кәдімгідей басылып қалды.

— Редактор жолдас, айтарыңыз болса, кейін айтарсыз, — деп бірінші хатшы әңгімені бұрып жіберді. Нәсілі, облаткомның председателін ыңғайсыз жағдайға қалдырғысы келмесе керек.

Екі-үш адамнан кейін Салауатов сөз сұрады. Тығылып әрең отырған. Қайта-қайта қақырынып, орнында қозғалақтай берді. Бір бозарып, бір қызарып, ішінде тұншығып бір дауыл тұрғандай күйде еді.

Бірінші хатшы тау қозғалса қозғалмайтын сабырлы адам болатын. «Шынымен сөйлегің келіп отыр ма» дегендей сұраулы жүзбен Салауатов жаққа ұзақ қарады. Редактор қолын көтеріп болмаған соң:

— Ал, Тұңғиық, сен қысқа сөйле, — деді.

— Облаткомның председателі 45 минут сөйлегенде, редакторға 10 минут сөйлеуге болатын шығар, — деп мінбеге тиісе шықты.

Содан кетті дейсің. О заманда, бұ заман облыстық атқару комитетінің председателін облыстық газет редакторының сойып салғанын кім көрген. Бірақ артық сөз жоқ, бәрі факті.

— Сіз, Анатолий Карпович, газеттер түк жазбай отыр дейсіз. Тап осы аудандардан берілген мақалалар, міне.

Манағы Жарқынбектен алған тізімді түгел оқып шықты. — Факті осындай, ал сіз неге түк жоқ дейсіз? Газет кемшіліксіз емес, әрине. Үстінен дәл басып айтсаңыз, мен рақметтен басқа еш нәрсе демес едім. Сіз барды жоқ деп тұрсыз, менің емес, бүкіл коллективтен еңбегін жоққа шығарып тұрсыз.

Басшы адамға дәлелсіз сөйлеуге болмайды. Оның бір пікірі он дәлелден тұруға тиіс. Долбарлаған сөзде құн болмайды. Қызбалықтың қырсығын аз көріп жүрміз бе? Бізді құртатын осы ғой. Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп соға береміз. Өзіңіз бетін ашпайтын газетті сынауға қалай дәтіңіз барды?

— Мақан Сабырович, — деп редактор сосын бірінші хатшыға бұрылды, — Стужев жолдас мына мінбеден беталды қаралағаны үшін кешірім сұрасын, менен емес, редакция коллективінен. Газет деген — коллективтік еңбек.

Зал гу ете қалды. Бұл енді — бұрын-сонды болып көрмеген оқиға. Салауатов мінбеден түсісімен, Сабыров үзіліс жариялап жіберді.

Қызық енді басталды. Стужев айыпты кейіппен редакторға келіп:

— Тұңғиық, сен қатты кеттің ғой тіпті. Соншама шамданатындай не айттым саған, рас, газетіңді оқыған жоқ едім, деді.

— Бар пәле осында, менің күйіп кеткенім — оқымай сынағаныңыздан. Айтқаным, айтқан, мен қызбалықпен емес, мәселені ресми қойып отырмын. Кешірім сұраңыз.

Сол кезде ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі келіп араға түскен:

— Тұқа, Тұқа, онсыз да сыбағасын бердіңіз. Осымен тынайық енді. Қайтесіз асқындырып.

— Тұңғиық, сен әлі баяғыдай екенсің. Бір қисайсаң, бір қозғалсаң, болмаушы едің. — Стужев күлімсіреп редактордың арқасынан қақты. Бірін-бірі көптен білетіндіктерін аңғартты.

— Мен өзгермеймін. Сондықтан ғой, қызметім де өзгерген жоқ. Мына сендер қызметті де тез өзгертіп, өздерің де танымастай боп бара жатырсыңдар. «Сынның да естісі бар, есері бар». Біле берсең, бүгінгі менің айтқаным — жанашырлық сөз. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады».

Мәжілісті Мақан Сабыров қысқа қорытты да, негізгі міндеттерге тоқталды.

— Ал Стужев пен Салауатовтың дауына келсек, — деді ол сәл жымиып, — ескі достар өздері түсінісіп алар. Бірақ Салауатовтың «басшының бір сөзіне он дәлел керек» дегені

— жанды пікір, жақсы, тауып айтылған сөз. Ол да газет мінсіз деп ойламасын, бұл қаруды біз қашан да тот бастырмай ұстауымыз керек. Тоқмейілсідің — онда тоқырадың.

Бюродан шыққан соң, обкоммен екі ара жақын еді, редактор мен орынбасар жаяу келе жатты.

— Тұқа, тым қатты кетіп қалған жоқсыз ба, қанша дегенмен облаткомның председателі ғой. Жұрттың көзінше... — деді Жарқынбек.

— Сауап болсын. Бастықпын деп ауыздан ақ ит кіріп, қара ит шықпауы керек. Менің жынымның келгені, оқымай сынағаны. Жұрт құсап, бастық сынады екен, бәрі дұрыс деп қалтырап отыра берер жайым жоқ. Көп болса орнымнан алар, бірақ, әйтеуір, қаламымды тартып алмайды ғой. Біздің халықта «Тағыңды қорғама, арыңды қорға» деген мақал бар. Мен арымды қорғадым, редакцияның, газеттің арын. Біле білсең, коммунистің арын. Сосын біраз үндемей келе жатты да:

— Анатолий Карпович жалпы жаман адам емес. Жігерлі, айбынды, адуынды, — деді ол. — Жұмыс десе, жанын салады. Ұйықтамай күндіз-түні істеуге бар. Бірақ қызып кетіп, қисайтып та алады. Ол мені түсінді. Ең жақсысы лақылдатып, лақылдатып алады да, артында зіл сақтамайды. Дүниеде үндеместен, үндемей құртатындардан сақтасын. Ашық пікір ашуды да басады, өзіңді де қоқыс-соқыстан тазартады. Мен білетін Анатолий Карпович болса, ол кек сақтамауы керек, — деді сөзінің соңын нығырлап.

— Сіз жанды жерінен ұстадыңыз, «біздің газетті оқисыз ба?» деген сұрағыңыз ұшырып түсірді өзін.

— Өзі ғой арандаған. Ойламай ма, бетін ашпайтын газетте несі бар? Кемшілік керек болса, біз өзіміз-ақ тауып береміз ғой. Ұстаған соң, сондай жанды жерінен ұстау керек.

Өзіне-өзі риза болған пішінмен Тұқаң тершіген ұзын мұрнының үстін орамалымен қайта-қайта сүртті.

Кек сақтамайды демекші, оның да куәсі болған жайымыз бар. Сол мәжілістен кейін жарты жыл өтті-ау деймін, облыстық Совет атқару комитеті жаңа үй салып бітіпті деген хабар естідік. Редакторға келіп, бұл хабарды айта қойдым. Коллективте біраз үйсіз адамдар бар еді.

— Біткені рас қой, тағы анықтаңдар, — деді ол.

Мен бәрін тәптіштеп анықтап келіп отырғанымды айттым.

Телефонды көтерді де:

— Анатолий Карпович, мен Салауатов қой. Сізге кіріп шығатын бір шаруам бар еді, деді.

— Кел, кел, — деді-ау деймін. Іле-шала Салауатов облаткомге баруға жиналды.

— Жол болсын, Тұқа! — дедім.

— Айтқаның келсін. Ал нөмірді, макетті өзің қарап жібере бер. Редактордың келуін асыға күттік. Пәтер сұрап қыңқылдап жүретіндер қайта-қайта қабылдау бөлмесіне жылтыңдай берді. Әлден уақытта ол кісі де коридордан көрінді-ау, әйтеуір. Тосып тұрып, кабинетке бірге кірдім. Екі көзім жүзінде, ар жағы қуанышты ма, ренішті ме — соны байқау. Бір нәрсеге разы болғанда, алдымен мұрны күлетін әдеті еді. Сол мұрын сырын жасыра алмай тұр екен.

— Қалай, Тұқа, олжалымысыз?

— Отыр, қызық болды.

Әңгімені тегі дәмін келтіріп тәптіштеп айтуды жақсы көретін.

— Бардым, бірден қабылдады. Орнынан тұрып амандасты. Анадағы қатты сөйлегеніме іштей өзім қысылғандаймын.

Анатолий Карповичте зіл дегеннің зәредей де нышаны жоқ. Қайта өзі:

— Сен әлі өкпелеп жүрген жоқсың ба? — деді. Мен мүләйімси қалдым.

— Бастықтарға өкпелеуге бола ма? Олар сынауы керек, біз тыңдауымыз керек. Сын бізде жоғарыдан ғана ғой, — деп тағы да қарап отырмай тістеп алдым.

— Сен де менің шекемді қыздырған жоқсың. Өзіме де сол керек. Жатқан жыланның құйрығын басып нем бар еді? Екеуміз де рахаттанып күлдік.

— Ал, жарайды, ол өтті, кетті. Келген шаруаңды айтшы.

— Келген шаруам, жаңа үй салып біткен екенсіздер. Редакцияға облатком қамқорлық жасамағанда, кім жасайды? Шетімізден пәтерсізбіз. Жақсы қызметкерлер кетіп жатыр, — деп мен де сүмірейттім.

— Кейбір қызметкерлерім, әлін білмеген әлек, Анатолий Карповичті сынап несі бар еді? Енді бізге үйдің қарасы да көрінбес деп жүр.

— Жо... жоқ, олай болмайды. Өзің неше пәтер сұрап келіп отырсын, — деді.

«Түйе сұрасаң, бие береді» деген. Сәл ойландым да:

— Төрт пәтер, — дедім.

— Ойбой, мұның көп қой, басқа мекемелерге бір-бірден ғана бөліп жатырмыз, төртеу емес, үшеуіне ризамысың? — деді. Қуанғанымды байқатып қоям ба деп қылп ете қалдым, үнсіздеу отырдым да:

— Қайтейін, оған да рақмет, — дедім. Қоңырауын басып, жалпы бөлімнің бастығын шақырып алды да, дереу тапсырма берді.

— Сөйтіп, — деді редактор күлімсіреп, — үш пәтерді қанжығаға байлап келіп отырмыз. Айтқан сынымнан алғаш көріп отырған пайдам — осы. — Рахаттанып бір күліп алды.

— Әлдекімдер құсап зіл сақтаса, пәтер бермек тұрғай, түймедейді түйедей ғып, көрінген жерде аяқтан шалар еді. Сорымызға ондайлар әлі бар ғой. Есінде болсын, редактор «жуас түйе жүндегенге жақсы» болмауы керек.

Оның қайда меңзеп отырғанын Жарқынбек сезе қойды. Бұрын республикалық газетте, сосын Орталық Комитеттің аппаратында жауапты қызметте болғанын айтқаны бар. Бұра тартқанға көнбейтін «ұстамам» ылғи өзімді ұстап беріп жүр, қайтейін, сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді де. «Жаным — арымның садағасы» арды аттап, амалдап күн көрер жайым жоқ. Әрі ұзақ жылдар баспасөзде істегенім де осындай қасиетті қалыптастырған болу керек деген.

Күнделікті қызметте зәредей де жасандылыққа, жалғандыққа төзбейді. Ондайды сезсе болды, ақ сайтаны ұстап, түбірінен қиып түспей тынбайды. Сылқым Сырдақов деген қызметкерге разы бол май жүрді.

— Осының үлкен адамдарды жақыным, нағашым, руласым деп жүретіні ұнамайды. Газетке «ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер» деген принциптің жүрмейтіні хақ. Жақсы жазасың ба — жақсы қызметкерсің, жаман жазасың ба, әліңді біліп ертерек тайып тұр. Адамның қабілетін журналистикадай тез ашатын ештеңе жоқ шығар, тегі. Мұнда ауырдың үсті, жеңілдің астымен көп жүре алмайсың, артың тез көрінеді, — деп өзіне сан айттым. Сыйынатын пірің — қабілетің, еңбегің. Өзге пір мұнда жүрмейді, босқа әуре болма, — дедім де. Түсінетін түрі жоқ. Бір күні аузы-мұрны қисаймай: «сыйынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын» деген емес пе, — деп қарап тұр.

Сөйтіп, әйтеуір, Сырдақовты суқаны сүймей жүрді. Оның талай «өнері» оған дейін де сан көрініп қалған-ды. Бәрінен де бөлім меңгерушісінің зәресін алып болған еді. Отыра қалып, жоғары жаққа телефон соғады екен. Біреумен аңға бармақ, біреумен қонақта болмақ болып келіседі. Кейде әуелі «сол кісі» шақырып жатыр деп жұмыстан кетіп қалуды да шығарған. Сылқымды бөлім меңгерушісі тіпті жұмсаудан қалған. Кезекшілікке барғысы келмесе де, секретариаты істейтіні сол. Қысқасы, Салауатов редактор болып келгенше Сылқым жұрттың желкесіне мініп алғанға ұқсайды, редакциядағы бір еркетай.

Сонысын келісімен аңғарған Салауатов қайтер екен деп біраз жүрді. Сылқым тіпті шалқақтай түсті. Содан орға келіп өзі жығылмасы бар ма.

— Мәскеуге, әдебиет күндеріне әйеліммен бірге баруым керек еді. Мәдениет министрі қолқалап отыр, — деді бір күні редакторға келіп.

Салауатовтың мұндайда ұстап кететін ақ сайтаны атойлап шыға келсін. Оның үстіне, ананың шіреніп, сыздап сөйлегені тіптен жынын келтірді.

— Сіз Мәдениет министрлігінің қызметкері емессіз ғой. Редакцияның қызметкерісіз. Сізге рұқсатты мына мен берем.

— Береді деп сеніп келіп отырмын. Республика намысы үшін бара жатырмыз, Тұқа. Оны түсінетін боларсыз.

— Республика намысын жыртуға барса, артист әйеліңіз барады, сізге не жоқ.

— Ойбай-ау, түсіне ме десем. Менің бірге жүргенім ол кісі үшін не тұрады!

Салауатов бұдан әрі шыдай алмай қайнап кетті. Орнынан атып тұрып:

— Сіз осы әйеліңіздің, жоғарыдағы үлкен адамдардың атын сатқанды қашан қоясыз? Мен қазір министрге телефон соғайын. Сізсіз жүре алмаса, ана атақты артисткасын тәртіпке шақырсын.

Салауатов телефонға жармаса бергенде, Сырдақов шар ете қалды.

— Ағатай, звондамаңыз. Әйеліме қырсығым тиіп жүрер.

— Ә, сөйтіп жөніңе көш. Жұртты домбытпай, қыр көрсетпей, адал өмір сүру керек. Сеңің өмірлік позицияңда үлкен ақау бар. Шылығың көп. Бұл күйіңмен өзіңді де, өзгені де арандатасың.

Сонымен әңгіме тынды деп ойлаған ғой. Ертеңіне жауапты хатшы кезекшілікке баратын Сырдақов Москваға кеткелі жатыр деп келді.

— Қалай, кеше келіскен секілді едік қой. Ол бармайтын болған.

— Жоқ, қазір екі сағаттан соң, поезд жүреді, — деп бөлім меңгерушісіне телефон соғыпты.

— Жарайды. Мұндай адамды мықтап үйрету керек. Ол Салауатовты әлі танымай жүр екен.

Екі сағаттан кейін алақ-жұлақ етіп, редакцияға Сырдақов келді. Есі шығып кеткен. Редакторға кіре алмай, біраз қипақтап тұрды да, ақыры кірді. Салауатов түк білмегендей, әдеттегі сыпайы мінезімен қарсы алды.

— Мәскеуге неге кетпедіңіз?

— Тұқа-ай, мынау жай ма? Дүйім жұрттың көзінше масқара болдым ғой.

— Масқара болсаңыз, өзіңізден басқаны ақымақ санамаңыз, адал жүріңіз дедім ғой мен сізге.

— Кімнің қалтасына түсіппін сонша?

— Алдау, ұятты жиып қою қалтаға түскеннен де жаман. Мен бәрін анықтадым. Ешқандай министр сізге қолқа салмаған. Кеңседе отырып, «жоғарыға» телефон соғатыныңыз да айла, өтірік болып шықты. Сіздің мұндай әрекеттеріңіз Мемлекеттік қауіпсіздік органдарына да белгілі екен. Тартасыз енді соның сазайын. Заң жүзінде мұның қандай статьяға жататынын білесіз бе?

— Аяғыңызға жығылайын, Тұқа, бір жолға кешіріңізші. Менің тағдырым енді сіздің ғана қолыңызда болып тұр. Ғұмыры ұмытпайын, бұл жақсылығыңызды.

«Қалтырауын қарашы, арамзалар тегі асқан қорқақ та келеді, мұндайлар қазір артымды жала десең, оған да дайын» деді Салауатов іштей.

— Маған керегі, маған емес, ең алдымен саған керегі осыған дейін істеп жүргеніңнің бәрі арамза әрекет екенін түсінсең болды. Бар, жүре бер, пәтшағар.

Оқиға қалай болған дейсіз ғой. Поезд басында, өнер қайраткерлерінің ортасында Сылқым шайқақтап бөсіп тұрады. Анаған да мынаған да иіліп сәлем беріп, білгірсіп әрнені айту, ауыз жаппау — ондайда өзінің әдеті. Әйел амандасса, жабысып оның қолынан сүймей тағы қоймайды. Өз әйеліне де жалпақтап, үсті-басыңдағы қыл-қуытты тазартып тұрғаны. Жүрек айнытар осындай жасанды мәдениеттілікті көрсетудің енді нағыз шебері, оның кәдімгі бір үлкен оқуын бітірген-ау деп ойлайсың. Чемодандарды ішке кіргізіп қойғаны қашан. Әлден уақытта екі бөтелке шампанды алтын жалатқан төрт бокалымен алып шығады. Пәленше, түгенше, деп атақты артистерді шақырып жатыр. Мұнысында «мені көрдіңдер ғой, жақсы рәсімнің бәріне майталманмын» деген сес бар.

Тап осы кезде бейсауат екі адам келеді.

— Сырдақов деген кім?

— Біз боламыз! — деп ол өзінің майысқақ әдетіне басады.

— Сіз болсаңыз, жүріңіз, поездан түсіңіз.

Әлгі келген адамдар қызыл куәліктерін көрсетеді. Тұрған жұрт түгел үрпиісіп, бір-біріне қарайды. Әйелі де, өзі де құп-қу боп кетеді. Бар пәленің Салауатовтан келгенін іштей сезеді ол. Сөйтіп, Москваға барам деп алшан басып тұрған сабаз аяқасты айыпты болады да шығады. «Көп асқанға — бір тосқан» деген осы.

Сол күні Сырдақов жұмыстан босатылып, редакция ылғи күлімсіп тұратын сасық бір иістен тазарғандай болды. Бұл үшін Салауатовқа рақмет айтпаған жан жоқ. Ол төтеннен соғылған бір-екі званокқа да қатқыл жауап беріп жатты.

— Жақсы көрсеңіз, сізге қидым соны. Ішмерез, жылпос адам редакцияда істей алмайды.

Жарқынбектің есіне редакцияда болған жаңа жылдық бір кеш түсті. Мәдениет бөліміндегі ақын жігіт мерекелік арнауында Салауатовқа мына жолдарды жолдап еді:

— Айбынды десең — айбынды, Қайырымды десең — қайырымды, Баяғысындай аялап,

Бөліседі қайғыңды. Жаза бассаң, кешірмес, Талантың болса, өшірмес, Қорғаны десең — қорғаны, Орманы десең — орманы. Осындай адам басқарған, Коллективте не арман бар, бірге істесем, Ашылар еді багым деп, Талайлар әлі армандар.

Жүрекжарды ыстық ықылас, Салауатовқа деген толық мінездеме бар еді мұнда. Жарқынбек те журналистік үлкен жолдың басында осындай адаммен істес болғанына іштей қуанатын. Оның беріп жүрген ең басты сабағы — адамгершілік, адалдық, қара қылды қақ жарған әділдік. Міне, сол адам жөнінде де «көкімесін», «аяғы аспаннан келер» деді-ау.

Осынау екі сөз ала қашып, ала қашып, Жарқынбекті көпке дейін берілген тапсырмаға бет бұрғызбады. Сағатына қарап еді, отыз минутты босқа өткізіп алыпты. Азулы редакторға өйтіп пышағын қайраған адам орынбасарды үйтіп жер, қой, кірісейін, «Аяз би, әліңді біл» демекші, маған не жоқ.

Ары толғанды, бері толғанды, ең болмаса былай жаз деп нұсқағаны жоқ. Жаз да жаз, бітір де бітір. Дүниенің қорлығы — біреу үшін жазу, соның ойынан қайтсем шығам деп қиналу. Бұдан бетер азап болар ма екен. Ондай азапты Жарқынбек басынан аз кешкен жоқ еді. Тәжірибе де бар. Бірақ шықпай жатыр. Кейде сөйтіп қалатыны бар. Бұл жолы енді шопан болып сөйлеуі керек. Сонау «Қоңырбел» совхозын көз алдына келтірді. Былтырдан бері қыста қой қоздату жөнінде берілген материалдарды бірінен соң бірін ойға түсірді. Тіпті Ставрополь өлкесіне, Малашенконың өзіне барып қайтқаны да есіне келді.

Онда не, ежелден жақсы салынған қора, мол жем-шөп. Қозылардың да, қойлардың да аузынан ақ май ағызып қойған. Біздегідей құлазыған далада емес, бәрі кәдімгі ауыл қасында. Кеш болса электр шамы жарқырап, радиосы сайрап, киноқондырғысы дүрілдеп тұр. Аз ғана отар, мыңғырған қой және жоқ. Жалғыз ағаш орман болмас, бір-екі отарды, тіпті бір ферманы қыста қоздатуға көшіргенде, содан қой өсіру мәселесін шешіп тастаймыз ба, бұл проблеманы әлдеқайда терең ойлау керек қой. Ал екі-үш фермамызды шулатайық, онымен не ұшпаққа жетпекпіз? Өзімізді-өзіміз алдаудан басқа не бар мұнда?

Жарқынбек селт етті. Кәдімгі Салауатовша ойлап кеткендей болды. Әдейі әкелген бетті бергізбей, Қазақстан жағдайында бұл тәсілге көшу үшін әлі көп нәрсе керек деп ол обкоммен біраз айтысқан-ды. Ақыры күштінің аты күшті, Салауатов тізе бүгіп, әкелінген бет әуелі бүкіл республикалық баспасөзде көшіріп басылған-ды. Редакцияның өзге қызметкерлері айды аспанға бір шығардық деп кеуделерін соғып жүргенде, Салауатов мырс етіп күлетін де қоятын.

— Ұраншыл боп кеттік, жолдастар, ұраншыл. Артын ойлау керек, артын. Ұрандатып алып, ұрынып қалып жүрмейік. Бастаманы қостағанның жөні осы деп, ерте ұрықтандырып, ақ қар көк мұзда төгіп жіберген төлді не жылы орын болмай, не шоп, жем жетпей, қырып алып жүрсек, қуырдақтың көкесі сонда. Әбден сайма-сай жағдай жасамай тұрып мұндай іске бару — арандау. Әй, бірақ ондай кезде жауапкершілікті кім мойнына ала қояр дейсің?

Салауатовтың әрекетінде Жарқынбектің қызығатын екі жайы бар. Бірі болымсыз құбылыстан үлкен проблеманы көре қоятыны, ойламаған жерден оқыс қорытынды жасайтыны, қашан да айтатын уағызы әр нәрсеге күдіктене қарау, күдік ақиқатты іздетеді, ақиқат сені ешқашан алдамайды. Екіншісі — бетің бар, жүзің бар демей басып салатыны, онда бипаздап, мәймөңкелеп жату деген жоқ, көмейіне келді — ірікпейді. Жұрттың көбіне ұнай бермейтіні де осысы. Толғанып жүргенін жиып-тиып, бір күні газетте бұрқ еткізеді.

Бірде «Есіп сөйлемейік, есептеп сөйлейік» деген мақаласы шықты. Обкомның бірнеше пленумынан, активінен теріп тұрып, уәдеге мырза «шешендерді» мықтап қатырған. Мақаланың басталуы да қызық...

Тамақтан іш кебуші еді, сөзден іш кепкенді кергендерің бар ма? Көрмесеңдер, таныс болыңдар... Бұдан әрі екі «шешеннің» бір-бірінен аумаған үш активтегі сөздері келтіріледі. Соңы: біз осы актив жиналысын, облыс еңбекшілерін алда тұрған міндетті ойдағыдай орындаймыз деп сендіреміз. Айта-айта олардың іші кеппегенмен, тыңдайтындай біздің ішіміз кепті бұл сендіруге. «Ұрының өзіне сенбе, өтірікшінің сөзіне сенбе» деген бар еді. Бақырайтып қойып пәлен жылдан бері алдап келе жатқан сөз соғарларға сене береміз бе? Көз бояуды да, сөз бояуды да қатар игерген «қабілеттілер» қаптап кетпей тұрғанда, есімізді жисақ қайтеді, — деп бітеді.

Бұл мақала үлкен шу болды. Облыстық комитетке сыналғандардан құшақ-құшақ арыз түсті. Газет редакторы асыра сілтеуші, адам жанын қаралаушы деп айыпталды. Кейбір бөлім меңгерушілері, оның ішінде ауыл шаруашылығы бөлімі де жазған адамның жауапкершілігін қарауды талап етті. Егер Мақан Сабыров болмағанда, осы жолы-ақ Тұңғиық Салауатовқа бір тықыр таянып еді. Бірінші хатшы бюро мәжілісінде мүлде керісінше қорытынды шығарды.

Біз мұндай редакторға рақмет айтуымыз керек. Бұл мақалада жалаң ұран, жаппай айқайға қарсы күрес бар, қысыр сөздерден ығыр болғанымыз өтірік пе? «Есіп сөйлемейік, есептеп сөйлейік» — қандай әдемі қойылған тақырып. Меніңше, бұл мақаланы барлық аудандық партия комитетінде талқылау керек деген шешім қабылдайық. Бұдан осындай қорытынды шығарған жөн болар.

Сөйтіп, Салауатовтың тасы өрге домалады да кетті. Бірақ оған тісін қайрап, іштен тынғандар аз емес еді.

— Сабыров болмағанда, мені тірідей пісіріп жей жаздады ғой, — деп жүрді кейін редактор. — Әттең, осы кісінің сабырлылығын, кең толғайтынын басқаларға берсе. Тек бұдан гөрі қаталдау болса... Жұмсақтығын сонда жұрт пайдалана алмас еді. Стужевтің қысып жіберетінін аздап бұл кісіге, бұл кісінің сабырлылығынан Стужевке біраз ауыстырса, сонда қатып кетер еді.

Жарқынбектің де жүрегіне Сабыров аса бір мейірімді адам секілді ұялап қалған-ды. Осы орайда оның ойына редакциядағы өзі жақсы көретін бір қарт журналистің әңгімесі оралды. Нөмірді бітіріп тастап, көңілденіп отырған кезекті бір күн еді, әлгі адам басшылар жайында қызық әңгіме айтты.

— Мен — біраз дүниені көрген жанмын. Сонау Совет өкіметі орнағаннан бері өз дәрежемде талай басшымен таныс та, істес те болдым. Соларды көз алдымнан өткізсем, үш топқа бөлгім келеді. Бірінші тобы — өзі де жұмыс істемейді, өзгеге де істетпейді. Сауысқандай шықылықтап, жұртты шәт-шәлекей ететін топ. Ондайлар өзімнен ешкім аспаса екен дейді, іші тар, айлалы келеді, кезі келгенде, әріптесін шалып жіберуге, омақа асыра құлатуға дайын тұрады. Екінші тобы — өзі жарытып істемегенмен, бірақ өзгеге бөгет жасамайды, істегендердің көлеңкесінде көп жерге барады. Жұртқа жайлылығымен жан сақтап, жақсы атанып та кетеді, ондайлар ұзақ жасайды. Үшінші тобы — өзі де істейді, өзгені де істетеді, тынымсыз өрге сүйреп отыратын кәдімгі отарба секілді. Ондайлардан өмірде мықты із қалады, бірақ олар сирек.

Жарқынбек Сабыровты осы топтардың қайсысына жатқызарын білмей, кейде ойланып қалатын. Бірақ, әйтеуір, кейінгі бір жылда біраз нәрсені қолға алғаны хақ. Қаланы қамтамасыз ететін сүт-көкөніс аймағын жасау, астыққа деп жерді онды-солды жырта бермеу — содан шыққан идеялар. Биылғы қатты қыстың басында обкомға байырғы шопандарды жинады. Олардың аузынан қой бағудағы, әсіресе, қыстағы атам заманнан бергі тәжірибені шым-шымдап тартты. Ондағы ой — өткенге осқырына қарамау. Сол шопандардың атынан үндеу жарияланды. Сол үндеудің текстін жазуға Жарқынбектің де қатысқаны бар. Әттең, кейіндеу қабылданған үндеу болды. Қыстың басында емес, ерте күзде айтылатын сөз еді бұл. Елге шығып жүріп, сол үндеудің шопан қауымын бір сілкіндіргенін байқаған-ды. Тәртіп жөніндегі мәселенің де жаңаша қойыла бастағаны сезілгендей. Бюрода болған мынадай әңгімені Салауатовтың айтып келгені бар...

Сабыров алыс ауданнан кештетіп қайтады. Қараңғы үйірілген кез болса керек. Аудан орталығының шетінде апыр-топыр алысып жатқандарды көреді. Жақындап келсе, алпамсадай бір милиционер біреуді байлап, екіншісін оған матап үлгерген екен. Тұра қалған машинаны нөмірінен тани кеткен милиционер:

— Жолдас облыстық комитеттің бірінші секретары, — деп қолын шекесіне қояды да, болған жағдайды баяндайды. Сөйтсе, бұлар аса қауіпті, түрмеден қашқан қылмыскерлер екен. Соны мынау осы арада ұстаған.

— Ал енді не істейсің? — деп сұрайды Сабыров.

— Қазір жол-жөнекей бір машина ұстап, сонымен Алматыға апарам.

— Аналарыңды сал мына менің машинама. Сенің жол-жөнекейің қашан келеді?

Милиционер сасып қалады. Обкомның бірінші хатшысының машинасына қылмыскерлерді салу... Бұл — оның басына сыймайтын ұғым. Көнбей қашқақтайды, жүре беріңіз деп жалынады.

— Мен саған сал дедім ғой.

Дауыс қатқылдау шыққан соң, ол амалсыз салады. «Мына иттердің аузының салымын-ай, обком секретарьінің машинасына мінуін қарашы. Қара суықта ашық жүк машинасында біраз қалшылдататын едім».

Сабыров қылмыскерлерді емес, милиционерді аяған еді. Осы оқиғаны ол бюро мәжілісінде айтып, мынадай қорытынды жасайды:

— Біз тәртіпті нығайтуды талап етеміз. Ал сол үшін күресушілерге неге жағдай жасамаймыз? Неге жанағы милиционердің астында машина жоқ? Ол қарулылығынан ғана аман қалды. Әйтпесе ана екеуі өзін өлтіріп кетуі мүмкін еді ғой. Онікі нағыз жанкешті ерлік, ісіне шын берілген адамдар ғана сондай қауіпті қадамға барады. Әкімшілік органдарының жағдайына мықтап зер салуымыз керек, жағдай жасауымыз керек.

Осы факті бұл салаға да біраз қозғау салған-ды. Бірақ жақсы идеялар бір ғана адамның басынан шықпауы керек қой. Қанша кемеңгер болса да, біреудің аты — біреу. Ол да — пенде, ол да түбі сарқылады. Сол себепті де бір ауызға қарап тамсану, бәрін бір ауыздан күту өзгенің ойын тұсамай ма, тұрып қалған судай сасытып жібермей ме?! Бір жанға құлдық ұра берсе, оның да бұзылуы мүмкін ғой. Жүрегінің түбінен жылт-жылт еткен осындай сезім хабаршыларына Жарқынбек бойын онан әрі жайлатқысы келмей, Сабыровты оған қимай, ойларын басқа арнаға бұруға ниеттенді.

Тікелей өзі тапсырмаса да, бүгінгі мынау шаруаны Сабыровтың өз аузынан айтылғандай істегісі келіп отыр. Облыстың тынымсыз өрге сүйреп отыратын кәдімгі отарба секілді. Ондайлардан өмірде мықты із қалады, бірақ олар сирек.

Жарқынбек Сабыровты осы топтардың қайсысына жатқызарын білмей, кейде ойланып қалатын. Бірақ, әйтеуір, кейінгі бір жылда біраз нәрсені қолға алғаны хақ. Қаланы қамтамасыз ететін сүт-көкөніс аймағын жасау, астыққа деп жерді онды-солды жырта бермеу — содан шыққан идеялар. Биылғы қатты қыстың басында обкомға байырғы шопандарды жинады. Олардың аузынан қой бағудағы, әсіресе, қыстағы атам заманнан бергі тәжірибені шым-шымдап тартты. Ондағы ой — өткенге осқырына қарамау. Сол шопандардың атынан үндеу жарияланды. Сол үндеудің текстін жазуға Жарқынбектің де қатысқаны бар. Әттең, кейіндеу қабылданған үндеу болды. Қыстың басында емес, ерте күзде айтылатын сөз еді бұл. Елге шығып жүріп, сол үндеудің шопан қауымын бір сілкіндіргенін байқаған-ды. Тәртіп жөніндегі мәселенің де жаңаша қойыла бастағаны сезілгендей. Бюрода болған мынадай әңгімені Салауатовтың айтып келгені бар...

Сабыров алыс ауданнан кештетіп қайтады. Қараңғы үйірілген кез болса керек. Аудан орталығының шетінде апыр-топыр алысып жатқандарды көреді. Жақындап келсе, алпамсадай бір милиционер біреуді байлап, екіншісін оған матап үлгерген екен. Тұра қалған машинаны нөмірінен тани кеткен милиционер:

— Жолдас облыстық комитеттің бірінші секретары, — деп қолын шекесіне қояды да, болған жағдайды баяндайды. Сөйтсе, бұлар аса қауіпті, түрмеден қашқан қылмыскерлер екен. Соны мынау осы арада ұстаған.

— Ал енді не істейсің? — деп сұрайды Сабыров.

— Қазір жол-жөнекей бір машина ұстап, сонымен Алматыға апарам.

— Аналарыңды сал мына менің машинама. Сенің жол-жөнекейің қашан келеді?

Милиционер сасып қалады. Обкомның бірінші хатшысының машинасына қылмыскерлерді салу... Бұл — оның басына сыймайтын ұғым. Көнбей қашқақтайды, жүре беріңіз деп жалынады.

— Мен саған сал дедім ғой.

Дауыс қатқылдау шыққан соң, ол амалсыз салады. «Мына иттердің аузының салымын-ай, обком секретарьінің машинасына мінуін қарашы. Қара суықта ашық жүк машинасында біраз қалшылдататын едім».

Сабыров қылмыскерлерді емес, милиционерді аяған еді. Осы оқиғаны ол бюро мәжілісінде айтып, мынадай қорытынды жасайды:

— Біз тәртіпті нығайтуды талап етеміз. Ал сол үшін күресушілерге неге жағдай жасамаймыз? Неге жаңағы милиционердің астында машина жоқ? Ол қарулылығынан ғана аман қалды. Әйтпесе ана екеуі өзін өлтіріп кетуі мүмкін еді ғой. Онікі нағыз жанкешті ерлік, ісіне шын берілген адамдар ғана сондай қауіпті қадамға барады. Әкімшілік органдарының жағдайына мықтап зер салуымыз керек, жағдай жасауымыз керек.

Осы факті бұл салаға да біраз қозғау салған-ды. Бірақ жақсы идеялар бір ғана адамның басынан шықпауы керек қой. Қанша кемеңгер болса да, біреудің аты — біреу. Ол да — пенде, ол да түбі сарқылады. Сол себепті де бір ауызға қарап тамсану, бәрін бір ауыздан күту өзгенің ойын тұсамай ма, тұрып қалған судай сасытып жібермей ме?! Бір жанға құлдық ұра берсе, оның да бұзылуы мүмкін ғой. Жүрегінің түбінен жылт-жылт еткен осындай сезім хабаршыларына Жарқынбек бойын онан әрі жайлатқысы келмей, Сабыровты оған қимай, ойларын басқа арнаға бұруға ниеттенді.

Тікелей өзі тапсырмаса да, бүгінгі мынау шаруаны Сабыровтың өз аузынан айтылғандай істегісі келіп отыр. Облыстың абыройы оның абыройы деп біледі. Қаламы жүріп берді-ау деймін, бір жақсы оралымды ойлар келіп қалды.

Сол кезде телефон зың етсін. Ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі.

— Жарқынбек, оу, жарқыным, уақытың болды ғой. Бар ма бірдеңе?

— Қазір, қазір. Он минут, он бес минут.

— Басшылар кешіктіргенді жақтырмайды, әсіресе, Мәкең.

— Өзіңіз көрсетесіз ғой. Онда мен емес, сіз кешіккен болып шығасыз.

— Ей, өзің қалжыңдайсың ғой. Жоқ, бірге барамыз. Ескертпелері болса қайтесің?

— Оны да өзіңіз толықтырасыз. Мен осымен біттім.

— Ей, сен қылжақты қой. Бастығыңнан жұққан ба? Керек десең, біз оның өзін шақырып алып жасатамыз.

Жарқынбек құдайдың жазу қабілетін бергеніне шүкірлік етті. Жұқалап болса да соны сатып отырғаны ғой, әйтпесе обкомның бөлім меңгерушісі мұны ежелетіп қоя ма? Жуырда көптен білетін әріптесімен сырласқаны бар. Бір мықтының кітабын жазып беріп, пәтер алдым, машина алдым деп бөсіп тұрды. Оның беті ары, ала жіпті аттама деп әке-шешесі үйретті. Одан кейінгі тап болған ұстазы Салауатовтың да таза жүретіні — өз алдына бір мектеп. Үлкен баласының бір қылығына мықтап разы болғаны бар. Қорада ойнап жүріп он тиын ақша тауып алады. Мұны жоғалтқан адамды табуым керек деп бір күн сандалады. Ақыры үйдің қасындағы милиция бөліміне барып, тапқан ақшасын тапсырады. Он тиын. Баланы отырғандар күліп шығарып салыпты. Оларға —күлкі, ал бала сол он тиынды ала салуды қылмыс көріп жүр. Бұл жерде сүтпен біткен адалдық айғайлап тұр емес пе. Алғашқыда Жарқынбектің өзі де аса мән бермеп еді, артынан ойланып қалды. Қанша айтқанмен, менің балам ғой деп мырс етті. Айлалы болсам, 19 жыл пәтерсіз жүрем бе? Жеті жасар баласының жөргегінен көрінген кіршіксіз адалдығына қуанды. Салауатовтың да көзіне түскен әулетімізге дарыған осы адалдық емес пе екен, кім білсін?!

Әулетімізге демекші, анасы ұдайы айта беретін бір әңгіме есіне тағы түсті. Соғыс жылдары, ауыр кезең, қысқа жіп күрмеуге келмей, қай нәрседен болса да жоқтықтың ызғары өтіп жүрген кез. Астық орып жатқанда алыстан шешесінің әпкесі келді. Әкесіне қайынбике ғой. Қайынбикені жайылып жастық, иіліп төсек болып қабылдау — қашанғы дәстүр. Ол дәстүрге қылау түспеді. Содан кетердегі бұйымтайын сұрапты.

— Колхоздың бар астығы қолында екен, Сүйенер. Өзіңе күзеттіріп қойыпты. Біреудің соқыр тиынына жоламайтын сорлы басың, сені күзетші еткен басқармаң да қу екен. Деседағы маған бір-екі қап бидай керек. Келген шаруамның өзі де сол, — дейді қайынбикесі.

— Одан колхоз дәулеті ортая қоймас, — деп тақымдайды шешесі. Сонда әкесі:

— Сүйенер астық ұрлапты деген ғұмыр бойы сүйегіме таңба болмай ма? Адал атыма қара дақ түссе, өлім ғой, одан да өз бала-шағам аш қалса да, күзде еңбекақыға алған астығымды жеткізіп берейін, — депті.

— Бұл — бұл ма, бүкіл иманын ол дүниеге осы бастан жинап жүр. Тілін тістеп отырса да, түйір дәнді бөтен жолмен әкелу жоқ қой. Әкеңе тартсаң, сен де аштан қатасың, — деп шешесі талай қалжыңдаған.

Сол адал атқа дақ түсірмеу өмір бойы ту болып келе жатыр. Мына тапсырманы да адал орындап беру үшін жан салып отырғаны мынау. Соңғы нүктені қойып, бөлім меңгерушісіне ала жөнелді, көлемі бес бет, он минуттық сөз.

— Пәле, пәле, жақсы кетіпсің. Ой, жаса, мына пікірді қалай тапқансың, ей! Міне, жігіт. Жұмыс аяғы біткенше Сабыров жолдасқа көрсетіп үлгеруіміз керек.

— Ол кісінің басқа жұмысы аздай, осыны да көрсетесіз бе? Сізден артылатын не тұр мұнда.

— Бала екенсің ғой әлі, пәледен аулақ. Жиналыстың қандай жиналыс екенін білесің бе? Ертең бір жерінен бірдеңесі бұлтиып жүрсе... Бастыққа өзіңіз көргенсіз демейміз бе.

«Жауапкершілікті өзіңізге алғыңыз келмейді екен ғой» дей жаздап барып, Жарқынбек әрең тоқтады. Осындайға Салауатовтың да бұлқан-талқан болып жүргенін сан көргені бар-ды.

Болымсыз нәрсенің өзін «келісудің» көкпарына саламыз. Діңкеңді құртып, үлкен бастықтың өзінен шыққанша күтіп отырғаның. Сөйтіп ішқұса болғанша, қазір мен біріншіге бірден шығатын болдым. Бер жағы бәрібір шешпейді, босқа уақыт еледі.

Кейде тіпті қызынып кетіп былай дейтін:

— Ол — ол ма, сол бер жағындағылар өз сырын біле тұра, бізбен неге келіспедің дейді-ау шіреніп. Бізді де бекер қойған жоқ, қарасақ болатын еді ғой деп сыздайды, әуелі. Ал бір жерден мүлт табылса, «әне бізге көрсетпегеннің кесірі» деп және данышпансиды. Оу, осы тәртіп қай жарғыда жазылған? Қай нұсқамадан көргендерің бар? Өз атымен айтсақ, жалтақтардың, жауапкершіліктен қашатындардың соғатын бюрократтық дуалы бұл. Бұзып көр мықты болсаң. Меніңше, ол дуалдың қабырғасы қалыңдап барады.

— Ай, Тұқаң-ай, айтса түбін түсіріп айтады-ау. Біз де Сабыровқа жеткенше әлі үш дуалдан өтуіміз керек. Насихат бөлімі, оның нұсқаушысы мен меңгерушісі, идеология жөніндегі хатшы. Мұндайда «қырағылық» жасап, сектор меңгерушісі мен бөлім меңгерушісі орынбасарының орта жолдан қосылмасына кім кепіл. Болымсыз бір текст қаншама өткелден өтуі керек. Қажет пе осы? Қайтесің, бетондай қатып қалған тәртіп. Осы тәртіптен тістей қарысып айырылмайтындар іскер саналады тегі. Осу баспалдағы да ең алдымен соларға

ашық. Ішектей созылған келісу кезеңдерінен қия басып көр, сол партия жұмысын білмейтін боп шығасың. Ал сол жұмысты шын мәнінде жансыздандырып, сөлінен жұрдай етуші осындайлар екенін ұғудың қиындап бара жатқаны қалай? Сабыров та сол ізбен кете береді-ау, тегі. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегеннің өзі ме бұл, немене?

Өстіп тұрғанда Жарқынбектің есіне есік алдында күттіріп қойған секретариаттың жігіті түсті.

— Ойбу, құрттым-ау, — деп айғайлап жіберді ол.

— Нені құрттың?

— Редакцияны да. Қаншама уақыттан бері материалдарды көтеріп, есіктің алдында тұр. Ағатай, маған ең болмаса бір сағатқа мұрсат етіңізші. Сіз ана сатылардың бәрінен өткенше, мен де келіп қалармын.

Есіктің алдына шықса, секретариаттың жігіті борша-борша боп терлеген.

— Ей, немене сонша, түз көтергендей.

— Тұз көтерген емес, бұдан бір қап тұз жеген жеңіл. Екі оттың арасында күйіп-пісіп тұрдым да қойдым. Кетейін десем, сіз шығып қала ма деп. Кетпейін десем, ана жақ ойбай салып, ол жатқан шығар. Егер редактор келсе, онда бітті менің шаруам. Жіпсіз байладыңыз да қойдыңыз.

— Сен жіпсіз байлаулы болсаң, мен арқанмен байлаулымын. Сен екі оттың арасында қалсаң, мен он оттың арасында жүрмін. Қайбір шекемнің қызғанынан шақырды дейсің сені, жүр, кәне!

Жол бойы келе жатқанда «қолды қойып-қойып неге жібере салмаймын» деген бір арам ой жылтың ете қалды. Жоқ, үйренбеген оған, сосын түні бойы өзімді-өзім жеп, есім шығар. Не де болса, қарап тастайын. Көңілім алаңсыз болсын. Қас қылғандай шикі материалдардың бірінен соң бірі көбеймесі бар ма. Қып-қызыл шимай қылды. Әйтеуір, қарап бітуге тақау.

— Ол кісінің басқа жұмысы аздай, осыны да көрсетесіз бе? Сізден артылатын не тұр мұнда.

— Бала екенсің ғой әлі, пәледен аулақ. Жиналыстың қандай жиналыс екенін білесің бе? Ертең бір жерінен бірдеңесі бұлтиып жүрсе... Бастыққа өзіңіз көргенсіз демейміз бе.

«Жауапкершілікті өзіңізге алғыңыз келмейді екен ғой» дей жаздап барып, Жарқынбек әрең тоқтады. Осындайға Салауатовтың да бұлқан-талқан болып жүргенін сан көргені бар-ды.

— Болымсыз нәрсенің өзін «келісудің» көкпарына саламыз. Діңкеңді құртып, үлкен бастықтың өзінен шыққанша күтіп отырғаның. Сөйтіп ішқұса болғанша, қазір мен біріншіге бірден шығатын болдым. Бер жағы бәрібір шешпейді, босқа уақыт өледі.

Кейде тіпті қызынып кетіп былай дейтін:

— Ол — ол ма, сол бер жағындағылар өз сырын біле тұра, бізбен неге келіспедің дейді-ау шіреніп. Бізді де бекер қойған жоқ, қарасақ болатын еді ғой деп сыздайды, әуелі. Ал бір жерден мүлт табылса, «әне бізге көрсетпегеннің кесірі» деп және данышпансиды. Оу, осы тәртіп қай жарғыда жазылған? Қай нұсқамадан көргендерің бар? Өз атымен айтсақ, жалтақтардың, жауапкершіліктен қашатындардың соғатын бюрократтық дуалы бұл. Бұзып көр мықты болсаң. Меніңше, ол дуалдың қабырғасы қалыңдап барады.

— Ай, Тұқаң-ай, айтса түбін түсіріп айтады-ау. Біз де Сабыровқа жеткенше әлі үш дуалдан өтуіміз керек. Насихат бөлімі, оның нұсқаушысы мен меңгерушісі, идеология жөніндегі хатшы. Мұндайда «қырағылық» жасап, сектор меңгерушісі мен бөлім меңгерушісі орынбасарының орта жолдан қосылмасына кім кепіл. Болымсыз бір текст қаншама өткелден өтуі керек. Қажет пе осы? Қайтесің, бетондай қатып қалған тәртіп. Осы тәртіптен тістей қарысып айырылмайтындар іскер саналады тегі. Осу баспалдағы да ең алдымен соларға ашық. Ішектей созылған келісу кезеңдерінен қия басып көр, сен партия жұмысын білмейтін боп шығасың. Ал сол жұмысты шын мәнінде жансыздандырып, сөлінен жұрдай етуші осындайлар екенін ұғудың қиындап бара жатқаны қалай? Сабыров та сол ізбен кете береді-ау, тегі. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегеннің өзі ме бұл, немене?

Өстіп тұрғанда Жарқынбектің есіне есік алдында күттіріп қойған секретариаттың жігіті түсті.

— Ойбу, құрттым-ау, — деп айғайлап жіберді ол.

— Нені құрттың?

— Редакцияны да. Қаншама уақыттан бері материалдарды көтеріп, есіктің алдында тұр. Ағатай, маған ең болмаса бір сағатқа мұрсат етіңізші. Сіз ана сатылардың бәрінен өткенше, мен де келіп қалармын.

Есіктің алдына шықса, секретариаттың жігіті борша-борша боп терлеген.

— Ей, немене сонша, тұз көтергендей.

— Тұз көтерген емес, бұдан бір қап тұз жеген жеңіл. Екі оттың арасында күйіп-пісіп тұрдым да қойдым. Кетейін десем, сіз шығып қала ма деп. Кетпейін десем, ана жақ ойбай салып, ол жатқан шығар. Егер редактор келсе, онда бітті менің шаруам. Жіпсіз байладыңыз да қойдыңыз.

— Сен жіпсіз байлаулы болсаң, мен арқанмен байлаулымын. Сен екі оттың арасында қалсаң, мен он оттың арасында жүрмін. Қайбір шекемнің қызғанынан шақырды дейсің сені, жүр, кәне!

Жол бойы келе жатқанда «қолды қойып-қойып неге жібере салмаймын» деген бір арам ой жылтың ете қалды. Жоқ, үйренбеген оған, сосын түні бойы өзімді-өзім жеп, есім шығар. Не де болса, қарап тастайын. Көңілім алаңсыз болсын. Қас қылғандай шикі материалдардың бірінен соң бірі көбеймесі бар ма. Қып-қызыл шимай қылды. Әйтеуір, қарап бітуге тақау.

Телефон зың ете қалды. Обкомнан іздеп жатыр екен деген оймен Жарқынбек:

— Қазір, қазір. Міне, шықтым, — деді.

— Қайда шықтың?

Сөйтсе, Салауатов екен. Үні ашулы.

— Баспаханаға таң атқалы мардымды еш нәрсе жіберілмепті. Ертең нөмірді немен шығарамыз?

— Өзіңіз білесіз ғой, Тұқа! Түстен бері мен обкомдамын.

— Сол обкомға біржола неге көшіп алмайсың?

«Мұндай қатты сөзге бармаушы еді. «Тазы ашуын тырнадан алады» демекші, маған шүйілгені, Салауатовтың да қиналғаны болар». Осы ойлардың салмағымен Жарқынбек өзін сабырлырақ ұстады.

— Міне, бәрін қарап бердім. Әрине, кештеу. Маған қайта кел деген.

— Баруын барасың ғой. Бірақ кешке баспаханаға телефон соғып тұр. Маған отырған бөлмеңнің телефон нөмірін бер, ақылдасатын шаруа болып қалар.

Алғашқыдан гөрі бұл кісі де райынан қайта сөйледі.

— Түнімен ұстар дейсіз бе, бір вариантын жасап беріп кеткенмін.

— Пәлі, белгілі шаруа ғой. Мен білсем, сен бүгін бізге жоқсың.

Телефон зың ете қалды. Жұлып алса, күткендегідей-ақ ауыл шаруашылығы бөлімінен екен.

— Жарқынбек, жет, бәрі бүлінді.

Апыл-ғұпыл жиналып тартып отырды. Обкомға келсе, бөлім меңгерушісінің қабағы салбырап кеткен. Алдында әр-әр жеріне белгі соғылған бет-бет қағаз жатыр.

Оқиға былай болыпты: барлық өткелден өтіп, текст Сабыровтың алдына келеді. Айтуына Қарағанда, біріншіге өзі жасағандай етіп жеткізсе керек. Оқып шыққан Сабыров бұған тесіле қарапты да:

— Сенің әжептәуір қазақшаң бар екен ғой. Бірақ сөйлейтін кім, партия қызметкері ме, әлде шопан ба? — депті.

— Шопан, әрине, Мәке!

— Ендеше, шопанша сөйлету керек. Ойлары тәп-тәуір, бірақ тағы екі мәселе қос. Бірі — жайылымды жақсарту, жайлауды тоздырып алмау. Екіншісі — жастарды қойға көптеп жіберуді колға алу. Сосын анау соңғы жағы, қозыны тапсырар кездегі сөз тым жылымшы, тым тәтті болып кеткен. Шайға қантты көп салсаң да, жүректі айнытпай ма?

Біріншінің ескертпелерін осылайша тізбектеп келді де, бөлім меңгерушісі:

— Міне, осылай етіп жазу керек қой, — деді. Жарқынбек мырс етіп күліп жіберді.

— Отағасы-ау, мана бәрі дұрыс, бәрі жақсы деген өзіңіз ғой. Андағы қағазыңызды беріңізші, бұл өзгерістерді жасау киын бола қоймас.

— Біріншінің аты — бірінші. Екеумізден гөрі оның ойы кең, оның көңілі көреген болады.

— Бәрі бүлінді деп тіпті зәрені алып... Анау шопанша сөйлету керек дегені өте дұрыс.

Жарқынбек газет материалдарының да бір қалыптан шыққандай болатынын еске алды. «Қайраткер қайраткерше, шопан шопанша, шаруашылық басшысы шаруашылық басшысы құсап сөйлеуі керек қой шынында. Көбіне олай болмайды. Өйткені журналистер материал қорытқанда, объектіге, оның кім екеніне зер сала бермейді, бір сарынмен сартылдатып тарта береді. Штамп дегенің осы емес пе? Жәкең де бұл жолы сол штампқа басқан ғой» деп іштей жымиып күлді.

— Кәне, қанша уақыт керек? Қиын емес деп тұрсың ғой. Әрине, қиын болмайды, жазу — сендердің мамандықтарың.

Мұнымен бөлім меңгерушісі не айтқысы келді екен? Бүгін күні бойы бұған тәуелді болғанын ақтағысы келгені ме?

— Есіңде болсын, сосын орысшаға аударасың. Ол текст микрофоннан оқылады.

— Білем. Мана айттыңыз ғой. Алдымен біреуін бітіріп алайықшы.

Ендеше, тездет, бар, бөлменің есігін тарс жауып ал, ешкім бөгет жасамасын.

Жарқынбек шопан болып сөйлеп көрді. Қанша айтқанмен малшының баласы емес пе, тәп-тәуір кетіп барады, алғашқы текстен гөрі мынау өзіне ұнайды. Материалдың өн бойына қан жүгіргендей, өмір тынысы мен мұндалап бой көрсеткендей болды. Сірескен жердің бәрін сызды дейсің, текстке кәдімгідей жан бітті. Негізі бар нәрсе, аса көп қиналған жоқ. Енді орысшаға аудару керек. Уақытты осы алатын шығар. Сағатына қараса, кешкі тоғыз екен....

Үстінен ауыр жүк түскендей, тапсырманы орындап, үйіне жаңа ғана келген еді. Балалары да жамырап бас салды. Ұйықтамай әлі күтіп отыр екен. Үлкені бүгінгі алған бағасын көрсетіп мақтанып жатыр.

— Күнделігіме папам қол қойсын деп күтіп отыр. Жат десем, жатпайды, — деді әйелі.

Кішісі балабақшада салған суретін көрсетіп мәз. Екеуін екі тізесіне отырғызып, Жарқынбек біраз мейірленді. Келіншегі де зыр қағып, стол жасап, жайтаң қағып жүр. Үйдің ажары кіріп, бәрі мәре-сәре болды да қалды. Отбасының жылуы жанын баурап, күні бойғы қауырт жұмысты ұмытқандай енді ғана бой жаза бергенде, телефон шыр ете қалды. Трубканы әйелі көтерді.

— Обкомнан, мә!

— Иә, Сүйенеров тыңдап тұр.

— Сізді қазір тез келсін деп жатыр.

— Үйге кіргенім жаңа. Тамақ ішейін.

— Қалай болғанда да тездетіңіз, керек болып жатырсыз.

Тамақты шала-пұла ішіп, Жарқынбек қайта тартты.

— Отағасы-ау, сіз әлі қайтқан жоқсыз ба?

— Қайту қайда, жұмыс енді көбейді. Әйтеуір, текстіміз дайын, соған шүкір. Саған тағы бір жауапты тапсырма бар. Жақсылық қылсаң, ақырына дейін демекші...

Белім меңгерушісі Жарқынбекке сынай қарады. Бүгінгі бір күннің, бір емес-ау, жарты күннің ішінде өздері әжептәуір жақындасып қалыпты. Араларындағы ресми қашықтық едәуір қысқарғандай. Жарқынбек те оны аяп кетті. Журналистердің жұмысындай ауыр жұмыс ешкімде жоқ шығар деп ойлайтын ол. Мына кісі де таң атқалы, міне, дым сызбай жүр ғой, әлі. Көзі шүңірейіп, жүдеңкіреп қалған ба, немене? Ұйымдастыру жұмысының да иірімі көп-ay. Ертеңгі актив өткенше тікесінен тік тұрып, талайдың жүйке тамыры жұқарар.

— Сен енді мына өзің жазған тексті шопанға оқытып, жаттықтыр. Білесің ғой. Асылхан Байбалаев, «Қоңырбел» совхозынан. Ауданның бірінші секретарі Қаталбаев оны жаңа ғана алып келді. Күні бойы осылардың қай жерде, қалай келе жатқанын пысықтаймыз деп-ақ өлдік.

— Манағы бөлмеңде екеуің боласың. Бірнеше қайтара оқыт. Ертең сайрап берсін, білдің бе?

Жарқынбек бұл жігітті көруге өзі де ынтық еді. Газетте ол жайлы бірнеше материал шыққан, суреті де басылған. Барған жігіттер өзін де, қысқы туған қозыларын да, қора жайын да ылғи мақтап келетін. Сырттай оның кескін-келбеті таныс. Жарқынбек тіпті арнайы барып, ол туралы жазып қайтуға да қызығатын. Бірақ балалы әйелдей матап, газеттің күйкі тірлігі жібермей жүретін. Мынау енді жақсы себеп болды-ау, көктен тілегені жерден табылады дегендей.

— Ассалаумағалейкүм!

Есіктен екі иығына екі кісі мінгендей, ат жақты, қыр мұрын, үлкен қой көздерінде күлкі ойнаған жігіт кіріп келді. Әдемі киініпті, үстінде қара бастон костюм, ақ жағалы көйлек, галстук таққан. Сырт қарағанда, Жарқынбектің ұғымындағы шопан секілді емес, кәдімгі интеллигент жігіт. Қолын алғанда әр саусағы қорғасындай ауыр көрінді, қысып жіберсе, Жарқынбектің саусақтарын үгітіп жіберетіндей. Бойы да биік екен, өзін аласа санамайтын Жарқынбек емшек тұсынан келді.

Танысу амандығынан кейін Жарқынбек ертеңгі активтің өте жауапты екенін айтты.

— Жүрексінбейсің бе? — деп сұрады.

— Жүрексінсем, келем бе?

Жарқынбек бұл сөзден өзіне-өзі сенімді адамның кейпін байқады. Жасанды сенімділік емес, шынайы, табиғи сенімділік. Мынау дене, мынау бітім, әр сөзінің нық, мағыналығы бұл жігітті тіпті тұлғаландырып жібергендей болды. Ата-тегінен, отбасы жайынан біраз әңгіме қозғауға тілі қышып-ақ тұр, амал не, оған уақыт тығыз.

— Ал іске кірісейік. Міне, ертеңгі сөйлейтін сөзің. Оқып көрші. Асылхан жымиып Жарқынбектің бетіне қарады.

— Аға, мен хат танымаймын.

Жарқынбек өз құлағына өзі сенбей:

— Не дейсің, хат танымаймын дедің бе, ол қай қалжыңың, деді.

— Жоқ, қалжыңым емес, шыным. Мен Қытайдан келгенмін ғой.

Жарқынбектің өңі құп-қу болып кетті. Тілі байланып отырды да қалды. Басында неше түрлі шым-шытырық ойлар. «Шетімізден бәріміз құрыдық қой. Мұны дайындаған аудандық партия комитеті, облыстық партия комитеті қайда қараған? Сұмдық-ау, сауатсыз адамды осындай активке сала ма екен? Қаншама еңбек босқа зая болды. Еңбегі бар болсын, облыс масқара болды ғой. Қазір ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісіне телефон соқса, ол тура инфаркт болар. Ары қарай ол телефондар сатылап кетеді де, бірі емес, бәрі инфаркт болар. Жарқынбек Сабыровты аяп кетті. Қаталбаевтың шаруасы бітті енді. Өзі өте қазымыр адам деуші еді, сол қазымырлығын тап осы тұста неге көрсетпеген? Соның шалалығы ғой, әйтпесе мұндай жауапты іске осыншама жауапсыз қарауға бола ма? Біріне-бірі тапсырды, біріне-бірі сенді, енді бірінен-бірі көреді.

Әй, әй, әй, ұйымдастырушылар-ай, даурығып кетесіңдер де, кейде осындай сұмдыққа тап боласыңдар. Жазғанды қалай оқиды екен деген ой бірінің басына келмегені ме? Сонда бірден айқын болады ғой. Талайыңның сорың қайнайды-ау енді»

...Бұл оқиға Жарқынбектің есіне осыдан бес-алты жыл бұрын болған бір командировканы түсірді. Арнайы тапсырмамен бойдақ қой отарын бағып жүрген жас жігіт жөнінде жазуға келген. Көрсеткіш дегенің жақсы, етке әр қойды 50 килограммнан өткізіп, әр қойдан 5 килограммнан жүн қырқады екен. Облыстағы ең үздік көрсеткіш бұл. Жай-жапсардың барлығын сұрап алды, қалай өргізеді, қалай жусатады, бұл қыстайды, бәрін сайрап айтып берді. Кәдімгі мал үшін туған адам. Тілшімен кездесетін болған соң ба, тіпті бар тәуірін киіп келіпті. Бүгінге дейін көз алдында, үстінде сүр костюм, ақ жағалы көйлек, оның да мойнында галстук бар болатын. Сырт пішіні сынды-ақ, бірақ бойы мына Асылханнан аласалау секілді еді. Жақсы бір очеркке материал толық бар енді. Мұндайда журналистердің қуанышында шек болмайды. Сондай сезімін жасыра алмай, әрі әңгіменің жарасты жетегінде Жарқынбек әлгі жігітке үйреншікті ақырғы сұрақты қойды.

— Қандай кітаптар оқисың? Соңғы оқыған кітабың қалай аталады?

Алдында отырған ақ сары жігіт құлағына дейін қызарып кетті. Жарқынбек оның жанды жарасына тигендей, төмен қараған кезде көзінен екі-үш тамшы жас домалап түсті.

Жарқынбек қатты сасып қалды. Әншейіндегі қойыла беретін жаттанды сұрақ бұл жігітті сонша неге мұңайтты?

— Аға, мен сауатсызбын Қытайдан келгем.

— Қай жылы туған едің.

— 1936 жылы.

Жарқынбек қатты аяп кеткен-ді. Үлкен адамдарға кешірімді, кезінде оқи алмай қалды. Ал отыз алтыншы жылы туғандардың сауатсыздығы бұл күнде тіптен ақылға сыймай, өте өрескел көрінеді. Анау Юрий Алексеевич Гагарин де — отыз алтыншы жылдың түлегі. Ол қандай, мынау қандай? Әсіресе, бұл рухани жағынан қандай ғаріп. Осынау екі тағдырда екі заман сипаты жатқан жоқ па? Ақысыз білім алу, орта, жоғары білімді болу бізде үйреншікті іске айналып, өмірге етене сіңісіп кеткен. Ғарышқа самғау — соның нәтижесі. Мынау оқиға сол үйреншікті істің ұлылығын біл деп тұр-ау. Жарқынбектің очерк жазғысы келіп тұрған ойы кілт басқа арнаға бұрылды. Редакцияға келген соң, Салауатовпен ақылдасқанда, ол да ойын құптаған.

— Очерктен гөрі маған мына проблемаң ұнап тұр, — деді ол.

Содан «Үйреншікті істің ұлылығын біле береміз бе?» деген мақала туған-ды. Ақысыз дәрігерге қараламыз, ақысыз білім аламыз, қартайғанда қайғысыз өмір сүреміз. Бізде кітап, газет журнал оқу — күнделікті ас ішкендей, ауа жұтқандай қажеттілік, рухани толысу, баю. Сол толысу даңқымызды космосқа да жеткізді. Юрий Гагаринді отыз алтыншы жылы туған түлектер ғана емес, бүкіл адамзат мақтан етеді. Ал тағдырдың жаза басуымен, ата-анасының бір кездегі қателігі салдарынан жас шағын басқа елде, өзге қоғамда өткізген бауырымыздың жағдайы қандай? Осы жай қандай ойға, қандай тұжырымға жетектейді? Үйреншікті істің ұлылығы — коғамымыздың ұлылығы, заманымыздың ұлылығы. Сол ұлылықтың шапағатына етіміздің өліп кеткені соншалық, күнделікті тірлік барысында оны кейде басқа тебе жаздаймыз-ау! Әйтпесе нашар оқитындар, білім алуға салдыр-салақ қарайтындар неге көбейіп барады? Қолда барда алтынның қадірі жоқтығы ма? Анау көзінен ыстық жас домалап түскен бауырымыз не үшін өкінеді? Мұндағы құрбыларындай жас шағында білім алып қалмағаны үшін, сондай мүмкіндігі бар қоғамда өмір сүрмегені үшін. Бүгін оқытшы, ол білім алуға өзгеше қарар еді. Қаттының жайын жатқан біледі, ащының дәмін татқан біледі.

Осы жолдардан соң мақалада оқуға, білім алуға ұқыпты қарау ғана емес, Қытайдан келген бауырларды оқытуды ұйымдастыру жөнінде де пікір айтылған болатын. Ол мақала көптеген мектептерде, институттарда талқыланып, қызу пікір туғызған-ды. Бәрінен де Жарқынбек үшін қуаныштысы — әлгі жігіттен екі жылдан кейін келген хат. Онда былай деп жазылған еді: «Жарқынбек аға! Жақсы мақалаңыздың шарапаты үшін рақмет. Алғаш газеттен маған оқып бергенде мен жыладым, әрине. Бірақ Қытайдан келген бауырларға қамқорлық жасау жөніндегі пікіріңіз маған да, менің ауылдастарыма да қатты ой салды. Бір кездегі сауатсыздықты жою жөніндегі күрес, оның нәтижесі туралы қандай әдемі айтқансыз. Қазір білімділер ол кездегіден әлдеқайда көп қой. Жақсы адамдар маған қамқорлыққа келді. Багы таудай өз бауырларым сабаққа дайындалғанда, қастарында сығырайып отырып алдым. Міне, екі жылда қара танып, кәдімгідей газет, журнал қарайтын халге жеттім. Қолымнан кітап түспейді.

Ол дегенің ғажап әлем екен ғой. Осылайша, көзімнің ашылуына түрткі болған сізге рақмет. Кешкі мектеп бар екен, енді соған түспекпін. Иә, сіз айтқандай, бір ғана білім берудің өзінде қаншама ұлылық бар. Оның қадірін білу керек-ақ. Қытайдағы ескі коғамда қазіргідей білімім үшін мен қанша ақы төлеген болар едім. Оған әке-шешемнің де шамасы келмеді ғой, сондықтан да алтын уақытты босқа өткізіп алғам жоқ па?

Шүкіршілік, тәубе деймін, еліме, туған Отаныма қайтып келгенім қандай жақсы болды, бақытым бар екен. Туған жердің жусанының исі-ақ маған жігер береді. Бар қайрат жігерім енді осы Отанымның жолында. Ойындағыны қағазға түсіре алған қандай ғанибет. Сізге тағы да көп-көп рақмет».

Мына жігіт те сол тағдырлас. Әттең, бала жастан өз Отанында болғанда, талай жерге баратын адам ғой. Қойшы, ол жағын қайтем, бәрінен де ауыры, мына тығырық болды-ау! Жыбырлап, не істерін білмей, телефонға сан ұмсынып, қолын сан тартып алды. Байқайды, алдындағы жігітте сасу жоқ, күлімсіреген күйі Жарқынбектің бүкіл қимылын андып отыр. Әлден уақытта:

— Аға, абыржымаңызшы, маған осы жазғаныңызды екі рет оқып берсеңіз, болғаны. Сенбесеңіз, «Үйреншікті істің ұлылығын біле береміз бе?» деген мақалаңызды айтып берейін.

«Мен хат танымаймын ғой» деген әлгіндегі сөзі төбесінен қандай жай түсіргендей болса, мынау да сондай болды.

— Оны қайдан білесің? Сен оқи алмайсың ғой. Ал, кәне, айтшы.

— Ауылда Керімбала деген жақсы жеңгеміз бар. Сол кісі оқып берген. Көзіңізге мақтағаным емес, жүрекпен жазылған нәрсе. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетпей қоймайды.

«Әй, мынауың қайтеді, тіпті баурап әкетіп бара жатыр ғой». Жарқынбек манадан бері қамалаған қара дауыл ойлардан сәл сейілгендей боп, Асылханға ықыластана қарады.

— Ал, кәне, айтшы.

Асылхан даусын сәл кенеп алды да, жайымен бастап, тап оқып отырғандай шұбырта жөнелді. Сөзбе-сөз, ыңқ демей кетіп барады. Жарқынбектің өзінің есінде жоқ, «мына жерлерін шынымен мен жазғанмын ба» деп қалды ішінен. Кәдімгі актер дерсің, жазылғанына біраз болған дүниені өзіне қайта тірілтіп берді.

Сөнген үміт жанғандай, жоғалтқан зат оралғандай.

— Мына күйіңмен қиссалар жаттайтын адамсың ғой.

— Қырық қисса, батырлар жырын түгел білем, аға. «Көрұғлын» айтып берейін бе?

— Не дейді, онда аса бір таптырмас қазына болдым десеңші. Ондай адамдарды біздің Академия шам алып іздеп таппай жүр. Қиссаларды домбырамен айтатын шығарсың.

— Жоқ, сол домбыра жағын қолға алмаппын. Қазір Керімбала деген жаңағы жеңгеміз домбыра үйретем деп әуре болып жүр.

— Кім ол Керімбала деген? Қайта-қайта аузыңнан тастамадың ғой.

Ол — біздің ферма бастығының әйелі. Керемет жақсы жандар. Кітапханасын көрсеңіз... Жеңгеміз оқып бере алса, сондағы кітаптың бәрін жатқа соқсам деп жүрмін. Әрине, өлең тез жатталады. Менің құмартып жүргенім қара сөз. Әңгімелеп өзің айтып отырғандай, сазымен, бабымен сыздықтатсаң, қандай жақсы. Мұхаңның «Абай жолында» жаныңды жадыратар небір ғажап суреттер, адамның мінездері бар-ау, шіркін. Жатқа білетін жерлерімді айтқанда, кереметтей рахаттанам.

— Ақындардан кімдерді білесің?

— Ілияс Жансүгіровтің біраз дүниесін, Сәбит Мұқановтың «Сұлушашын», Иса Байзақовтың термелерін, «Ақбөпесін», Қасым Аманжоловтың, Әбділдә Тәжібаевтың, Қадыр Мырзалиевтің біраз дүниелерін жатқа айта алам. Ескі қиссаларды әкем марқұм Байбаладан үйренсем, ал жаңалары үшін менің қарыздар адамым — Керімбала жеңгей. Өзі домбыраны әдемі-ақ тартады. «Шіркін-ай, сенің мына құйма құлақтығыңды маған берсе, баға жетпес жыршы болар едім» дейді. Қол босап кетсе, мен сол кісінің қасындамын, ауыл балалары менің айналамда. Айтқаннан өзім де ләззат аламын, тыңдағанға олар да мәз.

Асылхан Жарқынбектің ұйып тыңдап қалғанын байқады да, өзін бұрынғыдан да еркін ұстады.

— Сіз енді жақсы білесіз, малмен біз ылғи далада жүреміз ғой. Бірсарынды, жалықтырар өмір. Сол кезде жатқа білетін қиссаларды немесе жаның сүйген, көркем дүниені айтсаң, айдалада кәдімгі театрда отырғандай боласың. Бірнеше рет қайталанған соң, жадында жазылып қала береді. Қайтеміз, хат білмеген соң кәсібіміз сол, жадымызға жазуға тура келеді.

— Әй, сол хат білеміз деп қой, қағазға әбден сеніп, екі шумақ өлеңді жатқа айта алмай жүрміз мына біздер.

Асылханның дарынына риза болғаны сонша, Жарқынбек оның алдында өзін әуелі аласалау көріп қалды. «Шіркін-ай, үйге шақырып, бір тыңдар ма еді» деген ой жылт етті. Хат танымайды, көкірегі бітеу деп қалай айтарсың мұндай жандарды. Табиғат берем десе, кейде біреуге дарынды аямай-ақ бере салады-ау. Қандай рухани жүдеулік бар мұнда. Ауыз әдебиетінің небір асыл қазыналары ғасырдан-ғасырға осындай «құйма құлақтардың» арқасында жеткен ғой. Мына Асылханнан тап қазір әдебиеттен емтихан алып көрші, білімді дегеннің біразын қанжығасына ұрып байласын. Алдындағы жігітке Жарқынбектің қызыққаны сонша, «Қобыландыдан», «Құлагерден», «Сұлушаштан» үзінді айтуды сұрады. Асылхан бөгелген жоқ, сұңқылдатып жіберді.

— Ал енді көзіңіз жетті ме?

Жарқынбек алғашқы күдігіне өзі қысылғандай кейіп танытты. Алдындағы шопанның бір қақпай әдемі қалжыңы да бар, ә! Бәсе, кірген бетте-ақ өзіне-өзі сенімді, өз бағасын білетін адамның сыңайын танытып еді-ау. «Тегін адам таз бола ма» деп қазақ қате айтқан, осыны «тегін адам паң бола ма» деп озгерту керек. Мына жігітте әдемі бір жарасымды пандық бар. Әйел біткен менің жарым болса, әке біткен менің ұлым болса дегендей-ақ. Жарқынбек те ондағы бір сиқырлы сүйкімділіктің тұзағына түсті де қалды.

— Қой, іске көшейік. Мен оқиын, сен енді ертеңгі сөйлер сөзіңді тыңда. Сосын айтып бересің. Асылхан күлді, Жарқынбек те күлді.

— Бұл, әрине, өлең емес. Қара сөздің де қара кесегі.

Қара кесектің де дәмдісі болады, шылғи майды жей берсең, жүрегің айниды емес пе, — деді Асылхан қалжыңға қалжыңмен жауап қатып.

Жарқынбек оқып шықты да, сағатына қарады.

— Тура он минут. Қалай, сенің сөзіңе ұқсай ма? Ұқсаса да, ұқсамаса да, осыны айтасың. Бастықтар бекіткен.

— Ұқсағанда қандай! Көзіңізге мақтағаным емес, біздердің, шопандардың, ойынан дөп түсіпсіз. Ұят-ай, сіз жаздыңыз, ертең менің сөзім болып естіледі-ау! «Қысылғанда соқыр көзден жас шығады», өзім де бір нәрсенің басын құрайтын едім ғой.

— Ең бастысы, осыны әдемі айтып шығуыңда. Қазір тәртіп осылай. Сен тұрғай, сенен зорғылардікін де жазып береміз. Шімірікпей оқып шығады. Оның қасында сен... Ең бастысы, осыны әдемі айтып шығуында.

— Оған қам жемеңіз. Айтып берейін бе?

— Жоқ, екі рет оқып беріңіз демеп пе едің?

— Сіздің көңіліңізді жұбату үшін ғой. Әйтпесе қазір де қайталап бере алам.

— Жоқ, жоқ, сақтықта қорлық жоқ. Тағы бір оқиын.

— Жарайды, күдіксіз болыңыз, әйтеуір.

Жарқынбек екінші рет оқып берді де, Асылханға қарады, сөз енді сенікі дегендей.

Осы кезде телефон шыр ете қалды. Ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі.

— Жарқынбек, жағдайларың қалай?

— Жақсы. Бәрі ойдағыдай болады.

Жарқынбек бастан аяқ болған жайды айтқысы келіп тұрды да, өзін-өзі кілт токтатты. Істі насырға шаптырып, бүлдіріп алып жүрер. Ол өзінен жоғарыға айтып, күдіктен күдік балалап, ақыры мына байғұсты тізімнен шығарып тастар. Іс онымен ғана бітсе... Кінәлі ізделеді ғой. Соның ішінде өзі де кетіп қалмасына кім кепіл? Мына түннің ішінде бір дүркіреу басталып, ақыры немен тынарын Құдай білсін. Оған барғанша... Тәуекел!

Асылхан Жарқынбектің ойын сезіп қойды.

— Сіз өзіңіздің қалай сасқаныңызды айтқыңыз келді ме?

— Оны қайдан білдің?

— Көзіңіз айтып тұр ғой. Айтпағаныңыз дұрыс болды. Мен бір жайды байқап жүрмін. Біздің ауылда болымсыз бір мәселені шешу үшін сонау совхоз директорына дейін барасың. Одан бергілер көлеңкесінен қорқады, біріне-бірі сілтейді. Айталық, бір арба шоп керек сізге. Соның рұқсаты үшін директорды іздейсің. Ол қасыңда болса жақсы, күні-түні шапқылап жүретін адам, ойы — ойда, ізі — қырда, тапқанша көк ішек болып жүргенің. Ауданда да солай екен. Бірінші хатшысыз ешкім әуелі түшкіре алмай ма дедім.

Жарқынбек рахаттанып тұрып күлді. Ойының Салауатовпен ұқсас келетін жерлері бар екен. Мұның да мірдің оғындай сөздері қандай өткір.

— Сізге айтып отырған сырым. Қате айтсам, кешіріңіз. Тәртіптің болғаны жақсы-ау. Бірақ сол тәртіп дегеніңіз тастай қатып қалған өзгермейтін бірдеңе болмауы керек қой. Анау шешсін де, мынау шешсін деп ұзын арқау, кең тұсауға сала береді. Тәртіп емес, қазақша мұның атын «сөзбұйда» дейді. Жауапкершіліктен қашып, жалтаруға әдемі-ақ тәсіл. Өзге күл болмаса, бұл болсын, әйтеуір, өзіме сөз келмесін, арғы ниеті осы ғой мұның. Қорқақтарды балалатып, жағымпаздарды жан ұшыртатын әдіс бұл. Қазір сіз арамызда болған жайды айтып көріңізші, сізге тапсырған адам өзінен жоғарыға, ол одан жоғарғыға, ол одан жоғарғыға хабарласып келісумен таң атырады, болмаса күн батырады. Сол екі ортада сіз бен біздің әбден итіміз шығып, әуелі есімізден танып қалуымыз мүмкін. Шіркін, әдемісі кесіп-пішіп, шешіп тастау ғой. Тусаң ту деп рахаттанып қарап тұрсаң ондай адамға.

Жарқынбек мұның ірілеп бара жатқанынан қорқайын деді.

— Ау, біз тіпті басқа жаққа кетіп қалдық қой. Ал жаңағы оқыған-ды қайталашы.

Асылхан сәл жөткірінді де, «Жолдастар!» деп бастады. Жарқынбек өзі сөйлейтіндей жүрегі лоблып, алдындағы қағазға қарады. Сөзбе-сөз, жазып алғандай сыдыртып келеді. Кәдімгі режиссер дайындаған адамша бәрін нақышына келтіріп айтып шықты. Жарқынбек қуанғанынан қол шапалақтап жіберді. Асылхан оның бетіне қарап, енді сендіңіз бе дегендей жымиды.

— Екеуміз бұл жерде оңаша отырмыз. Ертең үлкен жиын. Зал толы адам. Президиумда ылғи мықтылар. Сасып қалып, жаңылып жүрмейсің бе?

— Бұл құдайдың осы қабілетті маған бергені рас болса, жаңыла қоймаспын. Бес бет қағаз емес, бір таңға кететін қиссаларды да жадымда ұстап жүрмін ғой.

— Қиссалар — өлең ғой. Өлең өз-өзінен жатталады.

— Өлең болғанмен де, оған да ұстар құлақ, ұғар бас керек.

— Дегенмен тағы бір қайталап көрші.

Асылхан әлгідегіден де әдемі айтып берді. Жарқынбек енді оның қолын алды. Сілкілеп тұрып:

— Ертеңге дейін ұмытып қалмайсың ғой, — деді.

— Сенбесеңіз телефон нөміріңізді беріңіз. Таңертең төсектен тұра айтып берейін. Маған сіздің абыржығаныңыз батады. Сіз абыржысаңыз, оның маған әсер етуі мүмкін.

— Ойбай, құрысын, онда қойдық. Сенімдімін, сендім саған.

Сағатына қараса, түнгі бірден асып бара жатыр екен.

— Жаңа бізді машина күтіп тұрады деген, мен сені қонақүйге апарып тастайын.

Жарқынбек Асылханды нөміріне кіргізіп, телефон нөмірін жазып алды, таңертең хабарласуға сөз байласты.

Жол-жөнекей қанша жолатпайын десе де, қалың ой қамасын кеп. «Тым қауіпті тәуекелге бел будым-ау бұл. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды, ертең ол жаңылып, неге айтпадың, неге жасырдың, тағы сол сияқты негелер көбейіп кетсе қайтем? Көбейіп қана қоя ма, оның ақыры әдейі істедіңге әкеп соғып жүрмесін, кейбіреулер тіпті саяси қорытынды жасауы мүмкін. Не істесе екен, әйелімен ақылдасып көре ме? Бірақ ол өзі үрейдің адамы, жеп отырған нанымыздан айырасың, айт, қазір звонда деп есінді шығарып жүрмесе. Оның тызылына шыдай алмай, мына түн жарымында бастықтарды мазалап жүрмесе. Сосын бірін-бірі оятып шу болып жүрмесін. Ертерек айтпадыңбаның астында қалмайын. Қой, болары болды, не де болса, тәуекел! Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің.

Тәуекел түбі — көз жұмбай, батасың да кетесің болсам қайтем? Осынау пәлеге жұмсаған ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісіне ренжіді. Өздеріне итеріп тастап, газетті сылтауратып неге кете бермеді? Тіпті мана Асылханмен әңгімелесіп отырғанның өзінде баспаханадан бірнеше рет телефон соғылды ғой. Жазуын жазып берді, енді жаттықтырып несі бар? Аш пәледен қаш пәле, жаттықтыруды өзгеге тапсырыңыз десе, түк те жоқ қой. Керек болса, режиссер жалдасын. Бәрі обкомның ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында. Әй, қулығың жетпейді-ау, Жарқынбек, қулығың. Сенің орнында басқа біреу болса, ең болмағанда жаттықтырудан бұлт етіп шығып кететін еді ғой. Әйтеуір, ілігіп қаласың да жүресің. Кіріспейтін жерде нең бар? Құдай сақтасын, мынадан сүрінсең, ғұмыр бойы өкінішің кетпес. Өзің үшін емес, біреу үшін бостан-босқа күйді деген сол. Екі ортада шыбын өледінің тап өзі. Басқаның несі кетеді, сорласаң, сен сорлайсың, бала-шағаң, анау үп еткен желден үркетін әйелің сорлайды.

— Айтпап па едім, — деп шыға келері сөзсіз оның. Сосын білгірсіп, данышпансып кетеді дейсің. Онсыз да құрыған құлағын жейді-ау келіп.

Ал бұл күдіктің бәрі жолда қалып, Асылхан зырылдап ете шықса, Никита Сергеевичке жақсылап тапсырса, ол арқасынан қағып, қолын алса, сөйлеген сөзін мақтаса... Ең алдымен республиканың, сосын облыстың, сосын ауданның, сосын совхоздың мерейі бір үстем болар еді-ау! Асылхан тіпті аспанға ұшты десеңші. Қыста қойды жақсы қоздатқаны үшін деп омырауына алтын жұлдыздың тағылып қалмасына кім кепіл? Оу, сонда осының сөзін кім жазып еді деп, еске алатын біреу табыла ма? Әй, қайдам, ең алдымен ұмыт болатын мен шығармын. Мейлі, болсам болайын, облыстың мерейі көтерілсінші. Қас қылғандай, биылғы қыс та қатаң болып, екі жылдан бері егін шықпай ер-тоқым мойынға кетіп тұрған жоқ па? Асылханның осы бір бастамасы сәл де болса жағдайды түзетпесе... Өйткені мықтының өзі қатты қолдап отырған бастама ғой». Енді осындай тәтті қиял бесігінде тербеліп, үйіне келіп қалғанын да байқамапты.

Жарқынбекке әйелі есікті ұйқылы-ояу күйінде ашты. Мұндай кешіккенде айтатын сөзі:

— Бармысың, әйтеуір!

Шаршамай келгенде Жарқынбектің қайтарар жауабы:

— Армысың, тотым, беттен сүй, қалғанын көрем сосын, — болатын.

Бұл жолы оны айтуға шамасы келмеді. Бір бөтелке айранды дем алмай қотарып алды да, салулы тұрған төсекке құлай кетті. Кеш келгеніне қарамастан, ұзақ уақыт көз ілінбеді. Әйеліне қараса, рахаттанып ұйқтап жатыр екен, қызығып кетті... Ұйқысына, әрине.

Қай кезде көзі ілінгені есінде жоқ, біреу жұлмалайды келіп, қараса әйелі, өңі құп-қу, тіпті үрейленіп кеткен.

— Құрығың не, не боп қалды? Айқай салдың ғой әуелі.

— Ой, түсім екен ғой. Шүкіршілік, осымен кетсін. Солай деп жорышы.

— Нені жоримын?

— Түсімде әлгі шопаным, Асылхан, мінбеден түсе беріп құлап түсті. Ұзын неме, теректей сораң ете қалсын. Қолындағы қозысы қашып берді, жұрт у да шу. Сол кезде:

— Құрыдық, құрыдық, — деп айғайлап бергенім рас. Уһ, түсім екен-ау. Осымен кетсін. Адамның өңінде керісінше болады деп жатушы еді, солай жорышы.

— Иә, иә, түсінде қорықсаң, өңінде қуанасың. Өзің де қызықсың, бір нәрсеге берілсең, соның ішінде қант болып еріп кетуге барсың. Ана шопан, оның ертең сөйлер сөзі миыңның әр клеткасына отырып қалған сол ғой, тегі. Ең болмаса ұйықтаған кезде ұмытсаңшы.

— Солай жаратса, қайтем! Тағы бір түс, енді жақсы түс көрейінші.

Жарқынбек аунап түсіп, қор ете қалды.

Бәрінен де ақ қозы ұтты білем. Қара «Волганың» артқы отырғышында қалтақтап бара жатты. Алдыңғы отырғышта, шофер қасында Анатолий Карпович Стужевтің өзі. Оның ту сыртында қозыны мойнынан ұстаған Қасым. Түні бойы желісі қатты атқа мінгендей денесі селк-селк етіп, дел-сал болған ферма меңгерушісі мына машинада кәдімгі құс төсекте отырғандай былқ-былқ етеді. Көргені болмаса «Волга» деген машинаға мініп отырғаны осы. О, айналайын қошақаным, сен болмасаң, сен қыста тумасаң, бүйтер ме едік. Мына құрметке қарағанда, түбі бір жақсылық күтіп тұрған шығар. Иә, тағдырдың әділдігі жетсе керек еді ғой бұларға. Қасым, саған да қыдырдың көз қиығы түсейін деген шығар, түсті-ау деймін.

Осы арада оның есіне Бак пен Қыдыр жөніндегі аңыз оралды. Қыдыр дарымай, Бақ қонбайым дейді екен. Ерте заманда сіңірі шыққан бір кедей болыпты. Ғұмыр бойы түкке жарымай, азапты өмір кешіпті. Әлгіге жаны ашыған Бақ бір күні түсінде аян беріпті:

— Ей, сорлы, ертең елең-алаңда ауыл шетіне шықшы, Қыдыр сондай кезде аралайды, көзіне шалынып қаларсың мүмкін. Оның көз қиығы түссе, мен саған қонам.

Сорлы кедей Бақтың айтқанын істейді. Қыдыр бет-аузын түк басқан, екі көзі қылшықтан көрінбейтін жаратылыс болса керек. Сол түктердің арасынан ықыласы түсіп, көзі шалған адамға Бақ барып қонады екен.

— Ойпыр-ой, Қыдыреке! Анау пенде кедейліктің зардабын әбден тартса керек, тіпті ыңыршағы шығып кетіпті, қараңызшы, қараңызшы, — дейді Бақ. Сонда Қыдыр:

— Қайсы, қайсы, — деп ары қарайды, бері қарайды, көрмейді. Кетіп отырады.

Ертесіне Бак әлгі кедейге тағы аян беріпті.

— Шын сорлы екенсің, тап қасыңа әкелгенімде де, Қыдырдың көзі түспеді ғой. Енді сен былай ет. Түйенің терісін тап, бітеулеп соны тік, ішін сабанға толтыр. Сосын елең-алаңда Қыдыр аралар шақта әлгі сабан толған түйе терісін иығыңа көтер де далаға шық. Ар жағын өзім білем.

Сорлы кедей Бақтың айтқанын істейді. Ертесіне елең-алаңда Қыдыр мен Бақ тағы ел аралайды.

— Ойпыр-ой, Қыдыреке! Мынау неткен ғажап адам, бір түйені бір өзі көтеріп келе жатқанын қарашы. Өзі кедей-ау деймін, үстінде лыпасы ғана бар.

— Қайсы, қайсы! — Қыдыр сығалап тұрып қарайды. Ешкімді көрмейді.

— Әне, әне, түйе көтеріп бара жатыр ғой.

— Кәне, кәне, көрсем бұйырмасын.

Қыдыр ары қарайды, бері қарайды, түйе көтергенді көрмейді. Елең-алаңда ел аралауға бөлінген азғантай уақыт бітіп қалады.

Кешіне Бақ әлгі кедейге:

— Маңдайыңның соры не деген қалың еді, түйе көтертсем де, Қыдырдың көзіне түсіре алмадым ғой. Оның көз қиығы түспеген соң, мен қона қоймаймын, — депті. Сорлы кедей сорлы күйінде қала беріпті дейді.

«Тап сондай сор маңдай болмасам, осы жолы бағым ашылатын шығар, мынау ақ қозы, қасиетіңнен айналайын, тегін келе жатпаған шығарсың» деп түйді ішінен Қасым. Кешегі Керімбаланың зыр жүгіргені де көз алдына келді.

— А құдай, а құдай, оң қадамыңа бастай гөр. Адал еңбектің жанатын кезі болды ғой. Қошақаным менің, қолымнан жіберуге қимай тұрғанымды қарашы. Бірақ бақ құсы болып келерсің, бар, бар, алдыңнан жарылқасын, деп өз-өзінен сөйлеп жүрген-ді. Сол ықыласымен жақсылап шомылдырса керек, жүні жұп-жұмсақ, тап-таза, аппақ жібектей. Арқасынан сипап, тұмсығынан иіскеп қояды. Адамға, ауылдағы балалардың еркелеткеніне әбден үйренген қозы да қасындағы Қасымның әр жерін түрткілеп, мынау таңның атқанын сезіп, тыпыр-тыпыр етеді. Еркіндік берсе, ыршып алдыңғы отырғышқа қарғуға бар. Машинаның мамырлай зырғуы да, ақпен қапталған отырғыш та, аяқ астындағы кілемше де — бәрі-бәрі қозы екеш қозының да көңіл күйін көтеріп жібергендей.

— Аты-жөніңіз кім? — деді манадан үнсіз отырған Стужев.

— Қасым Оңалбаев. Осы қыста қой қоздататын ферманың меңгерушісімін.

— Қозыңыздың денсаулығы дұрыс қой?

— Дұрыс сияқты.

— Сияқты ма, дұрыс па?

Даусы қатқылдау шыққан соң, Қасым абыржып қалды. Қозысының жонынан сипай берді. Осы кезде қалаға жете берген «Волга» сыртқы жолмен кілт батысқа қарай қайқайды.

— Оны сұрап келе жатқанымда мән бар. Бұл қозының кімге тапсырылатынын білетін шығарсыз. Егер денсаулығында сәл ғана дімкәстік болса, онда анау артта келе жатқандар тапсыртпайды.

Стужев кейін бұрылып, бұлардың соңдарынан қалмай келе жатқан екі сұр «Волганы» нұсқады. Қасым да бұрылды. Қайықтай қалқытып олар да зырлап келе жатыр екен. Мынау «Волга» дегенің алдынан қарағанда қандай әсем, танауын делдитіп, мүйізін қайырып зымырай жөнелетін кәдімгі марал секілді. Жайлауда сан көргені бар, маралдың жүгіргенінен дүниеде сұлу ештеңе жоқ қой. Машина емес, Қасымға арттарынан екі марал ағызып келе жатқандай көрінді. Ақ металдан құйылған алдындағы анау қашқан маралға ұқсас шағын мүсіннің өзі қандай сүйкімді. Машина зулағанда кәдімгі тірі марал секілді әсер қалдырады екен. Қызыққаны сонша, артына бұрылған күйі ұзақ қарап қапты.

Стужевтің даусынан селт етті.

— Қазір мына жерде ғылыми-зерттеу мал шаруашылығы институты бар. Онда ғалым дәрігерлер істейді. Солардың сарабына саламыз бұл қозыны. Тапсыруға бола ма, жоқ па? Денсаулығын сұрап келе жатқаным сол. Анау арттағылар тым қытымыр, сосын ғой, өзімнің келе жатқаным. Ғалымдар олардың алдында бұттарына жіберіп қоя жаздайды.

Стужев сылқ-сылқ күлді. Қасымның таң қалғаны — Анатолий Карпович те Захарченко сияқты қазақшаға судай екен. «Бұттарына» дегенді кәдімгі өз атымен айтты.

— Бірақ көрініп тұрған дімкәстік болса, мен де дәрменсізбін, Қасеке, онда кешеден бергі енбегіміз зая кетіп, қаттық дей бер.

Қасымда үн жоқ. А құдайлап келе жатқаны әншейін боп шықты. Әлі кедергісі көп, шешілмеген мәселе екен ғой мынасы. Дәрігерлер өздері ғалым болса, өздері анау арттағылардан қорқатын болса, онда бірдеңе таппай қоя ма? Қас қылғандай есіне мұның әзер туғаны, енесінің ішінен жарып алынғаны, үштің бірі екені түсті. Ондай қозыда міндетті түрде бірдеңе болады.

— Өзіңіздің біліміңіз қандай? — деді Стужев.

— Жоғары. Мал дәрігерлік-зоотехникалық институтын бітіргенмін.

— Жоғары біліммен ферма меңгерушісі болып жүрсіз бе? Біз райком хатшыларын дипломды етіп болғамыз жоқ.

— Қойса, амал бар ма?

— Дәрігерсіз бе, зоотехниксіз бе?

— Зоотехникпін.

— Иә, онда қозыңыздың денсаулығы жайында айта алмайды екенсіз.

Бұл сөздерінен Стужевтің де шекесі қызып келе жатпағаны байқалды. Оның көңіл күйі де Қасымдікіндей әлем-тапырақ болғаны ғой. Мына қозы қазіргі сынақтан өте ала ма, жоқ па? Әлгінде бұл қозының қалай туғанын, қалай өскенін жыр қыла жаздаған. Өйткені әңгімені тек Стужев қана айта бере ме? Бұл да бірдеңе деуі керек қой. Өспей жүргенің осындай тұйықтығыңнан шығар деген пікір туып қалмасын. Жалпы бастықтардың алдында аса қорғаншақ та емес еді. Райдан кілт қайтты. Әрең туған қозыны әкеп сендердің миларыңа құрт кірген бе десе, не дейді?

Қасымның жүрегі лоблып, тамырлары тарсылдап кеткен секілді болды. Манағы масайрау, былқылдақ «Волгаға» алғаш отырғандағы көңіл күй жайына қалды. Енді бір мұң басқандай, Керімбаласы көз алдына келіп, оны аяп кетті. Осы сапарға қаншалықты үміт артты ол сорлы.

Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе, мана масайраған шаттық сәтте барлық бастан кешкен жайды майын тамыза Керімбаласына айтып отырғандай болған. Сонау Іле станциясынан облатком председателінің өзінің қарсы алғаны, содан былқылдаған қара «Волгаға» мінгені, екі сұр «Волганың» бұлардың соңынан қалмай жүргені, өз алдына бір салтанатты керуен болып бара жатқаны, бүкіл байқаудан Әрең туғанның мүдірмей өткені, содан Стужевтің мұны құттықтап, қолын алғаны, «малды, міне, осындай адамға баққызу керек, молодец. Сен өзің ауылға қайтарда маған жолығып кетші» деп әлде неден емексіткені — бәрі-бәрі тізілді дейсің.

— Той жаса да, той жаса, — деп ауыл адамдары Керімбаланың есін шығарды. Мұндайда жанып кететін ол жайтаң қағып, бәрін бабына келтірді дейсің. Бұларды алдымен құттықтаған — Захарченко. Көк соқтылы көктем де мамыражай жазға айналып кетіпті. Ат шабысы, балуан күрес, қыз қуу. Оу, марқұмдар Байбала мен атасы Атанжілік те осында жүр той. О, қасиеттеріңнен айналайын аруақтар-ай, жата алмаған-ау. Осылардың да демеуі болған шығар. Қасым қол-аяғын байлап, атасын жындыханаға өзі апарғанға қысылатындай. Бірақ Атанжіліктің ойында дәнеңе жоқ. Баяғы сау кезіндегі ғажайып қалпы. Бір уақытта Сүлікқара мен Салкүреңді жетектеп келе жатыр. Екеуін де кереметтей ғып жаратқан, жүзіктің көзінен өткендей. Әсіресе, Сүлікқара. Баяғы алғаш танысқанда Керімбаланың астында көргеніндей. Онымен шабуға Қасымның үлкен ұлы Бейбітті дайындапты. Москвада Тимирязев атындағы академияның студенті. Оу, бұл зіңгіттей жігітті атқа шаптырмақ болғаны несі, одан гөрі кішіректеу біреуді таппады ма екен?!

— Шапса шапсын, мынадай тойды сағынған шығар, — дейді Керімбала.

Былтыр қысқы каникулға келгенде, Бейбітті қасқыр қамағаны есіне түсті. Бала неме, асфальт жолдан совхоз орталығына соқпай, апақ-сапақта тура Қопаның тұсынан түседі. Содан жеті шақырым жаяу жүруі керек. Омбы қар, жол аса таптала қоймаған. Содан малтығып жүрісі өнбейді. Москваның жарық көшесіне үйреніп қалған неме даланы да сондай деп ойласа керек. Әйтпесе жеті қараңғы түнде мынау жаяу жүретін жер емес қой. Не де болса, тарта берді. Бір кезде оң жағынан жылтылдаған от көрінді. Фермадан өтіп кеттім бе дейін десе, айнала тым-тырыс, үрген иттің де даусы естілмейді. Сонда мынау не жарық? Жылтылдаған от біреу болмай алтау болды. Атасының жылқы бағып жүргенде қасқырдың көзі түнде от болып көрінеді дегені бар еді. Егер қасқыр болса, біреу емес үшеу болғаны ғой. Бейбіттің зәресі зәр иманының түбіне кетті. Оттар тіпті жақындап қалды. Бір уақытта үшеуі бірдей ұлып берсін. Жаңағы қорыққан қорыққан ба, тұла бойы қалшылдап қоя берді. Суықтан тоңдым ба дейін десе, оған ұқсамайды. Айқай салғысы келіп еді, үні шықпай қалды. Есіне қасқыр оттан қорқады деген атасының сөзі тағы түсті. Қалтасындағы сіріңкеге қолының қалай барып қалғанын да білмеді. Жарты қорап сіріңке бар екен. Бір шырпыны жағып лақтырып жіберді, тіпті жақындап қалған қасқырлар ыршып кейін шегінгендей болды. Осы кезде жаңағы ұлыған дауысты естіп иттер үрсін. Бірақ алыстан талып естіледі, шамасы фермаға дейін кемі әлі екі шақырым жер болу керек.

Шырпыдан қасқырлардың селт еткені медеу болып, Бейбіт тағы бірін жақты, тағы лақтырды, қасқырлар тағы ыршып түсті, үшеуі де көзіне тайдай көрінді. «Бұлар енді ұлымаса екен» дейді ішінен Бейбіт. Жаңағы ұлығандары қандай үрейлі. Алыстан болса да ит даусын естіген соң ұлығандарын тоқтатты білем. Бірақ жанамалап қалмай келе жатыр. «Қап» деді Бейбіт, магнитофонын алып шықсашы, мына далада күмбірлетіп кеп жіберсе, мыналар тұра қашар еді-ау, ә! Айғайлап көргісі келді.

— Аттан, аттан!

Жоқ, бұл жолы даусы шықты. Бірақ бір діріл бар. Қасқырлар кейін тағы ыршып түсті.

— Аттан, аттан!

Мынау саршұнақ аяз тұншықтырып естіртпейтін секілді.

— Аттан, аттан!

Айғайлап келеді, шырпысын тұтатып лақтырып келеді. Қорыққаны ма, қорықпағаны да, әйтеуір, жандалбаса бірдеңе сияқты болып кетті. Бір кезде қасқырдың біреуі бөлініп сол жағына шықты. Бұлар енді қамамақ қой. Қазір жан-жақтан қарды бұрқыратып шашып, біреуі келіп тарпа бас салса, шаруасы бітті. Аттанға да, шырпының жарқылына да қасқырлар үйренген сияқты, қалмауына қарағанда солай. Бейбіт екі саусағын аузына салып, ысқырып кеп жіберді. Бөлінген біреуі ыршып аналарға қайта қосылды. Ысқыра берсе, бұған да еті өліп кетуі мүмкін. Енді нендей амал жасайды?

Осы кезде алдыға қарап, құлақтары тікірейіп тұра қалған қасқырларды көрді. Бір нәрсенің иісін сезгендей. Еміс-еміс қараңдаған бірдеңе байқалды. Атты кісіге ұқсай ма, қалай? Тарс еткен мылтықтың даусы естілді. Қасқырлар жамырай қаша жөнелді. Бейбіт «аттанға» қайта басты.

— Бұл кім?

Даусынан тани кетті, Асылхан.

— Мен Бейбіт қой, аға!

Бала жылап қоя берді. Асылхан аттан қарғып түсіп, аймалап жұбатып жатыр.

— Папаң мана совхоз орталығынан қарсы алуға кетіп еді ғой. Жолықпадыңдар ма?

— Жоқ, мен онда соққан жоқпын. Тура тұстан түстім. Тонғаны ма, қорыққаны ма, алдына мінгізіп алған Бейбіт дір-дір етеді. Асылхан тұла бойы тұлғасымен сезіп келеді оны.

— Аяғың жеңіл ғой, ауылдың сырын білесің, неге жылырақ киініп шықпадың?

— Москвада кім маған жылы киім дайындап тұр? Асылхан тебініп желіске басты. Тоңып қалмас үшін тезірек жетейік дегендегісі. Омбы қар кәдімгідей атқа да ауырлық жасап келеді.

Қасқырдың ұлығанын естіген соң, сәті түссе атып алайын, тым болмаса алысқа ұзатып тастайын деп шыққан шығысы екен.

— Айналайын Бейбіт-ай, ұзақ жасайды екенсің. Мен келмесем, жаңағы үш қасқыр бұтыңды бұт, қолыңды қол қылатын еді ғой.

Асылхан, әйтеуір, жұбатуға тырысып келеді. Бірақ Бейбіттің денесіндегі діріл әлі басылған жоқ.

Сондағы Керімбаланың шырылы әлі есінде:

— Ойбай-ай, осы қу фермада омалып, екі ортада баланы қасқырға жегізе жаздадық-ау. Ей, Қасым, аштан өлсек те совхоз орталығына немесе аудан орталығына көшейікші.

Өзінің де зәресі ұшып кеткен. Соғыс бітісімен туған тұңғышы, атын жақсы ырыммен Бейбіт қойған. Әдейі Москваға оқуға жіберіп, үлкен үміт артып отырғанда... Сорлап қала жаздады-ау. Мектепті де алтын медальмен бітіріп, зеректігі тура шешесіне тартқан баласының қабілетіне өзі іштей риза болып жүретін. Оның үстіне, салмақтылығы анау атасына тартқан. Мектепте оқып жүргенде жазғы каникул сайын жылқыдан шықпайтын. Нағашысына тартса, бала жаман болмайды дейді ғой қазақ. Сол баладан боқ басында айырылып қала жаздағанын қарашы.

Мынау тойда атасы бәйгеге шаптырмақ болып жүрсе, ол жаман ырым емес екен. Аруақ қолдап, енді осыған дем бергісі келген шығар. Бейбіттің көзінше Керімбаланың сан қайтара:

— Әкеңнің аяғына тұсау болған — бетің бар, жүзің бар демей айтып салатыны. Сен енді алды-артыңды бағып сөйлейтін бол, — дегені де есінде.

«Бәйгеден бағынды сына, балам, атаң жаратқан Сүлікқара артта қалдыра қоймас» деп тұрғанда, қасына Байбала ақсақал келді.

— Қасым қарағым, үлкен абыроймен келіпсің. Ең мықтының өзіне жолығыпсың. «Қыстауың түзелмей — қырсығың арылмас, жайлауың түзелмей — жаның жай таппас» дейді екен мал баққан қазақ. Екеуін де келістіріпсің. Анау Асылханды тіпті аспанға шығарыпсыңдар. Отанына келген оңалар деген. Ес білген шағында туған елінің құшағына келіп кірді, менде арман жоқ. Аманат, аманат енді бәрі саған. Айтар ақылым бұл дүниенің безбені тең болады. Асып кетсең, бір жерден барып айыбын тартасың, жасып кетсең, бір жерде келіп төлеуі алдыңнан шығады. Ең абзалы тәубеден жаңылмау. Мен көрген азап Асылханға бақыт болып оралса, сен көрген азап Бейбіттің берекесіне айналса, безбеннің теңдігі сол емес пе? Мына бізге, қарттарға, ренжімеңдер. Шама-шарқымыз келгенше сендер шығар биіктің тасын қаластық. Алыста, аласалау жатсақ та, сол биіктің арғы бастауы біздер секілді мүжілген тастар екенін ұмытпаңдар. Биіктеп алып, аласаға адырая қарау — анасынан безгенмен тең. Мыңның бірден басталатыны секілді биіктіктің де біртіндеп көтерілетін баспалдақтары болатынын есте ұстаңдар. Ескі көз болғандықтан, есімде қалған бір аңызды айтайын. Тыңдап ал: құстың ең қорғансызы бозторғай ғой. Оған аспандағы қырғи да, жердегі жылан да тажал. Содан ұясын қайда саларын білмей, шырылдап жүріп бір бәйтерекке кез болыпты. Соның басына ұя салыпты. Қырғидан да, жыланнан да аман-есен, балапандарын ұшырар шаққа жетіпті, сонда торғай бәйтерекке былай деп бата беріпті: Түбіңе салық салмасын, Дембелша қара балталы, Бұтағыңды кесіп алмасын, Жадылаулы сары атан, Жапырағыңды шалмасын. Сыртың өрттен, ішің құрттан аман болсын.

Бәйтеректің қайырған жауабы екен дейді: Жағалай қуған жағалтайдан сақтасын, Тура қуған тұрымтайдан сақтасын, Бұталы жер панаң болсын, Бір құдай ағаң болсын.

Сол айтпақшы, сен де бір қорғансыз бозторғай секілді едің. Бұған дейін көргенің жетер. Енді жағалай қуған жағалтайдан сақтасын, тура қуған тұрымтайдан сақтасын. Осы жолы қолын қысып, батасын алып қайтқан мықтың панаң болсын. Мынау тойында берер ақ батам — осы. «Жауынменен жер көгерер, батаменен ер көгерер» демекші, аруақтардың өз ықыласы түсіп, батасын беріп жүр ғой. Уа, сәт!

Жаздың самал лебіндей, қойын-қонышын түгел аралап, сезім нүктелерін түгел жібіткен мынау түс-қиялды Әрең туғанның алдында тұрған көп кедергі быт-шыт етіп кетті-ау. Қошақанын басынан сипап, көңілсіздеу қалпы алдына қарап еді, үлкен қақпа көрінді. Маңдайшасына «Ғылыми-зерттеу мал шаруашылық институты» деп жазылған.

Қара «Волга» жүрісін сәл баяулатты да, қақпа ішіне зып берді. Ақ халат киген он шақты адам жапырыла бұлардың қасына келді. Алдымен машинадан маңғаздана Стужев шықты. Сосын ақ қозы мен Қасым түсті. Сүр «Волгадағылар» есікті сырт-сырт жауып, лып-лып шығып жатты.

...Қазақ опера және балет театрының төңірегі мұндай әсем безендіріліп көрген емес. Тек қана әнеу күннен бері жадырап тұрған күн сұрғылттана қалыпты. Март айының көп жылдан бергі жоқ жылы шағы туған сияқты еді, қарашы бүгін аспанды ала шабыр бұлт қаптап, күннің көзін әлсін-әлсін жаба бергенін. Әр-әр жердегі қоюлау бұлт күнді жасырғанда, тіпті ерте көктемнің салқын лебі бетке ұрады.

Ағаштар да жапырақсыз, сидиып-сидиып ажары кіре қоймаған. Күн жылынса, ол шіркіндер тез-ақ жасыл желегін жамылып, дүр ете түседі ғой. Алматыны сондай кезде көрсе, шіркін. Бірақ бар жұмысты тек жақсы уақытқа сақтап, жиып қоюға бола ма? Бұл активті де өткізу керек. Тілмен жалағандай таза көше, жаңа ғана жөндеуден еткен, сырты әсем боялған мына опера театрының өзі-ақ не тұрады! Салтанаттылықтың да, көтеріңкі көңіл күйдің де біраз жүгін арқалап тұрған жоқ па.

Қасымның байқауында мына жерге келіп жатқан жай адамдардан гөрі милиционерлер көп сияқты. Бір кісіге бір милиционерден келмесе неғылсын. Қалаға кіргелі әр бұрышта олардың біреуі. Қасымдардың машинасын көре сала, жалбақ қағып қолдарын шекесіне апарады. Қолындағы ала таяқ шырқ үйіріліп жол нұсқайды, бұлар зыр етіп өте шығады. Қайта-қайта шыққан ысқырық қарбаласты, қатты бір әбігерді байқатқандай. Ол бірде шырылдап ұзақ, бірде үзік-үзік қысқа естіледі. Басқа машиналардың бәрі бірдей тәртіп бұзып жатыр ма, әлде милиционерлер асыра сілтеп жіберді ме, әйтеуір, ысқырық, шыр-шыр еткен үн жиілеп кетті. Театрға жақындаған сайын ысқырық қана емес, тәртіп сақшыларының шені де ұлғая түскен секілді. Әне майор, подполковник, полковник... Әдетте тегі әмір ғана беріп, қарауындағыларды қабағымен қайыратын үлкен офицерлер мына жерде өздері құрдай жорғалап жүр, біртүрлі абыржулы.

Бұлардың машинасының арт жағынан қозының қылт еткен басын көзі шалып қалған біреуі қатты әрі ұзақ ысқырды. Шофер тоқтағысы келіп, газды азайта бергенде, Стужев қатулы күйі қолын алға сермеді. Тарта бер дегені.

— Иттің баласына кімнің машинасын тоқтатқысы келгенін көрсетейін ертең. Біз жиналыстан шыққанша қай пост екенін анықтап қойшы, — деді шоферіне. Ол басын изеді де, алға тарта берді.

Стужевтің өзі болмаса, біз қаланың бір шетінде қалып қойғандай екенбіз-ау! Мына көріністер Қасымға осындай ой салды.

Машина айналып өтіп, театрдың сырт жағына шықты. Бұл жақта да қаптап тұрған тәртіп сақшылары, әскери адамдар.

Кішісі үлкендеріне сәлем беріп, өкшелері тық-тық етеді. Бәрінің де үстінде инеден бүгін шыққандай жаңа киім. Машинаның есігін бір полковник келіп ашты.

— Жолдас облаткомның председатель бәрі дұрыс! — деді қолын шекесіне апарып.

Ақ қозыны жетектеп, күйбеңдеп шыға берген Қасымға біреуі сес берді. Қасым ішінен мырс етіп күлді. «Маған ба, әлде мына қозыма ма, бұл сәлемің». Милиция қызметкерлерінің қоғадай жапырылып, шеттерінен сыпайы бола қалғанын көргені осы жолы.

Кешегі кештен бері Қасымдарды зыр қаққызып, осы жерге әкелген күш мына театр маңында да жұртты шырқ үйіріп жатқандай. Анадай жерде тұрған Отарбекті көзі шалып қалды. Қасында — Асылхан. Олар да бұларға қарай тұра ұмтылды. Екеуін он қадам жерді өткенше үш рет тексерді, әскери адамдардың үш қоршауынан өтті. Ақ қозы да ауыл иісін сезгендей, кәдімгідей бұларды жақын тартып, мойнын созып ұмтылды.

— Әкелгендерің Әрең туған екен ғой, — деді Асылхан қуана.

— Дұрыс болды, аты күдікті болғанмен, нағыз мықтысы — осы.

— Шынында, нағыз мықты осы болды, — деді қуанғанын жасыра алмаған Қасым.

Өзінен ажырасқан соң, бұлармен не болғанын білмейтін Отарбек Қасымның аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алуға дайын тұр еді.

— Иә, иә, не болды?

— Мен сол кеткеннен осында бір-ақ тарттық деп ойлағам - деді Қасым. — Облатком председателінің өзінің қарсы алғаны ғана көңілімді күпті етті. Бірақ өзі қолымен ұстап, көзімен көргенше ешкімге сенбейтін адамдар болады. Сол сортқа жатқыздым да қойдым. Сөйтсем, оның келуінде мән бар екен. Егер Стужевтің өзі болмағанда біз бұл жерге жете алмайтын да едік.

— Иә, иә ол не мән?

— Несін айтасың, Әрең туған екеуміздің көрмегеніміз болмады. Тексеруден-тексеру. Күдіктен-күдік, сынақтан-сынақ, Сонау ғылыми-зерттеу институтына бардық. Адамды қарайтын емес, малды да қарайтын неше түрлі аппарат шығыпты ғой. Мұның өкпе-бауырын рентгенге салды, әуелі. Көзін, құлағын, тісін, тұяғын түгел қарады. Жүнінің қоюлығы, терісінің жұқа, қалыңдығы түк қалмай тексерілді. Омыртқасы, қабырғаларына дейін түгендеп санап шықты. Әуелі қанын алып тексерді. Құмалағы, зәріне де бірдеңелерді араластырып қарап шықты. Осы бір қозыны қаратуға нағыз мықтыларды жинаған екен. Қарағандардың ішінде үш ғылым докторы болды деді ғой. Мал тұрғай, адамды өйтіп қарағанын көрсем, көзім шықсын. Мені қойшы, Стужевтің жаны қыл үстінде болғанын айтсаңшы. Кәдімгі баласын қаратып тұрған кісіше зыр-зыр етті. Тіпті жаным ашып кетті өзіне.

— Болды, болды ғой енді, — дейді. Бірақ анау артымыздан қалмай еріп келген екі сүр машинадағылар бір лабораториядан бір лабораторияға сүйрей берді. Таң атпай бәрін сақылдатып қойыпты. Сағат ертеңгі жеті ғой. Ол кезде ұйқысынан оянбағандар да бар шығар, әуелі. Не дейсің, ақ қозы сөйтіп бәрін зыр қаққызды емес пе. Мен енді сол жерден ауылға қайтатын-ақ шығармыз дедім. Сонша тексеруден аман өту мүмкін емес қой. Мал жайын жақсы біледі екен, тегі мамандығы дәрігер-ау деп қалдым. Лабораторияның кейбір көрсеткіштерін жоққа шығарды. Қалаңыздың көшесінен де өтуді қиындатып жіберген екен, ол кісінің машинасы болмағанда, тіпті жүре алатын түріміз жоқ. Ойпырмай десеңші, соншама тексеруден мына Әрең туған мүдірмей өтті-ау. Бұдан да қыл көпірден өту әлдеқайда жеңіл еді.

Отарбек мырс етіп күлді. Әдеттегі жеңіл әзіліне басып:

— Мықтылар тегі шала туғандардан шығады. Адамда Исаак Ньютон жеті айлығында дүниеге келіп, оны колбаға салып асыраған ғой, — деді.

— Адам болсын, мал болсын, шала туғанға қатты назар аударылады, — деп әңгімеге Асылхан араласты. — Тіптен жарып алған соң, бәріміз осының үстінде болдық, ол мықты болмағанда, кім мықты болсын?

— Ал енді ақ қозыға рақмет, ол барлық сыннан мүдірмей өтті. Ендігі әңгіме — Асылханда. Соған табыс тілейік, — деді де, Отарбек Қасымның қолына пропуск ұстатты. «Везде. С ягненком» деп әдемілеп жылтыр қағазға баспахананың әріптерімен басылыпты. Ортасында бұрыштата тартқан қызыл жолақ бар. Тегі ешкім ұстамасын деген белгі болса керек.

— Мұндай пропуск ешқайсысымызда жоқ, — деді Отарбек күліп. — Менің орным залда. Асылхандікі — президиумда. Сен Әрең туған екеуің қайда жүрем десеңдер де, еріктерің. «Везде» деп тұр ғой.

Осы кезде бұлардың қасына Стужев келді. Манадан бері Қасым мен ақ қозының тұрар жерін анықтап жүрсе керек.

— Қасеке, мына кісі, — деді қасындағы түксіктеу келген жас жігітті көрсетіп, — қозы екеуіңнің қайда тұратындарыңды көрсетеді, ілесіңіз соңынан. Жиналыстың басталуына аз-ақ уақыт қалды. Айтпақшы, тамақтандырдыңыз ба, су ішті ме?

— Мана институттан шығарда жемдеп, сүт, су беріп алғам.

— Молодец! Қозыларыңның бәрі осындай ма?

Бұл қайта «шыңжаулауы» ғой дей жаздап:

— Иә, Анатолий Карпович, бәрі осындай, — деді. Сосын Стужев Асылханға қарады да, арқасынан қақты.

— Ал енді сен мықты бол, айды аспанға бір шығарайық.

— Бұл кісі де сасулы. Көрдіңдер ме, борша-борша боп терлеген әбден, — деді Асылхан. — Сізге өзі әбден разы болған-ау деймін, Қасеке?

— Инициатива осы кісінікі көрінеді, — деп Отарбек айналасына жалтақ-жалтақ қарап, бұлардың құлағына сыбырлады.

— Бәрін ескергені сондай, мен мана Анатолий Карповичтің қолынан бір схеманы көрдім. Қозы мінген машинаның қалаға қай көшемен кіріп, қай бұрышпен бұрылатыны сызылған әрі сол бұрышқа қай сағатта келетіні де көрсетілген. Барлық жұмыс осылай тәптіштеп жүргізілсе ғой, — деп күрсінді Қасым.

— Оны айтасыз, мен жаңа жаттығуда болдым. Қозының тұрған жерінен мінбеге қалай әкелетіні, менің оны қалай ұстайтыным, мінбеден қанша қадам жүретінім, залға қай жағыммен қарап тұратыным, қозыны ұсынғанда қолымды қалай ұстайтыным, ақ биалайды қалай шешетінім — бәрі-бәріне жаттығу жасадық. Бір сағат уақыт кетті. Сол схеманы сызуға, жаңағы жаттықтыруға қаншама адам тартылған. Тек сол жаттықтырудың өзінде обкомның екі бөлім меңгерушісі жүр деп естідім, — деді Асылхан

— Дұрыс, — деді Отарбек күліп. Қозы ол — мал, ауыл шаруашылығы бөліміне қатысты. Сөйлеу — насихат бөліміне қатысты. Екеуі де ертең жауап береді. Қайта үшінші бөлім — мына театрға жауап беретін мәдениет бөлімінен де жүруі керек еді.

— Е-е, «балық басынан» демекші, осы жақтан үйренген екенсіздер ғой, Отеке. Былтыр бір аудандық комсомол слеті болып, сонда сахнаға алып шығатын туларды қалай көтеріп кіру, қалай қоюды жаттықтырамыз деп екі сағат есімізді шығарғаны бар. Қас қылғандай, қалың киініп келмесім бар ма, қан сорпам шықты. Залдың ортасымен арлы-берлі он рет қуалаған шығар, — деді Асылхан рахаттана күліп.

Мына сөздер Қасымның есіне де Бейбіт айтқан бір оқиғаны түсірді. Мектепте оқып жүргенде бір салтанатты жиынға пионерлердің құттықтауын дайындапты. Екі ай бойы кішкене балаларды қуалағаны сонша, құттықтаудан бір күн бұрын бір бала зорығып, жүрегі қысылып, құлап түсіпті. Ақыры сол бала жүрек ауруына ұшырапты.

— Асылханның жүрегі одан гөрі мықтырақ қой, — деді Қасым қалжыңдап.

— Айтпақшы, Асылхан, жаңағы ақ биалайың не? — Отарбек бір нәрсені ұмыт қалдырғандай есіне түсірді.

— Ойбай-ау, қозыны ол кісіге ақ биалай киіп тапсыруым керек. Мына Қасекеңнің қолынан да қолбақпен алам. Сценарий бойынша дей ме, әйтеуір, солай.

Қасым қасындағыларға киіп тұрған бес саусақты әдемі ақ биалайын көрсетті.

— Институттан шыққаннан бері мен қозыға қолымды осылай ғана апара алам. Жалаңаш қолмен бір қылшығына тиісуге болмайды. Тапсырма солай.

— Ойпырмай, мұның өзі бір хикая болды-ау, Қасеке, Керімбалаға келістіріп айтасыз ғой енді. — Отарбек, неге екені белгісіз, осынау қысылтаяң жерде Керімбаланы еске түсірді. Керімбала Қасымның да, Асылханның да кез алдына анау дамылсыз даланы, әбден бауыр басып кеткен «Қоңырбелді», кейінгі кезде көп сөз болып жүрген Қопаны, тап қазір ойнақ салып, далаға шыққан қошақандарын, олардың тапыр-тұпыр ертеңгі шашқан шөпті таласып жеп жатқанын келтірді. Кеше ғана үйден шықса да, осынау көрініс сағыныш шақырды. Әрең туғанның да қорасын, бірге ойнақ салып жүретін төрт аяқты достарын аңсап жатпағанына кім кепіл. Әттең, тілі жоқ, әйтпесе оның айтары да аз болмас еді.

— Ал уақыт болып қалды. Орын-орнымызда болайық. Қиссаның жалғасы әлі алдымызда, — деді Отарбек сағатына қарап.

Түксиген жігіт те әрең шыдап тұр екен. Қасымды ақ қозысымен ертіп ала жөнелді. Мана көрісімен-ақ тәртіп сақшылары бұл қозыға қайта-қайта қарай берген-ді. Стужевтің өзі үйіріліп, шықпай жүрген соң, мұның тегін қозы еместігін сезсе керек.

Қасымға жиналған жұртты, мынау тамаша театрдың ішкі салтанатын көруге жазбады. Түксиген жігіт оны қозысымен сахнаның түкпірлеу жағындағы қара көлеңкелеу жерге, бір орындықтың қасына әкелді. Мұнда да мықты күзет. Бес аттам жерде бір адам. Олар да өзі секілді қызмет бабымен ана залдың қызығын көре алмайды-ау. Орындыққа отырып, қозысын басынан сипады. Ал егер жатқысы келсе ше? Мына еденнен жүніне шаң жұғып қалмас па екен? Айналасына қарап еді, қасындағы жігіт бір шағын кілемшені ұсынды. Астына төсеңіз дегендей ишарат білдірді. Мынау бір ақылды жігіт қой, ойымды түсіне қалғанын қарашы. Әлде бұл да, мана Асылхан айтқандай, сценарий бойынша ма екен? Әрине, солай ғой, әйтпесе кілемше көктен түсе қалды деймісің. Онымен де қоймай аппақ шүберек әкеп берді. Тұяқтарын сүртуге дегені болу керек. Әлгі түксиген кетерінде бұған сыбырлап жатыр еді, мына қамқорлықтар сол сыбырдың нәтижесі болды ғой. Өзі орындыққа отырды, ақ қозының тұяқтарын сүртіп, кілемшенің үстіне шығарды. Тап соны күтіп тұрғандай, ол томпиып жата кетті. Түні бойғы жылы орау, манағы былқылдақ «Волга», енді, міне, кілемше, мұны да жаман үйретіп тастапты. Көзі түскен күзеттегілер де күліп жіберді.

— Қуын көрдің бе, біледі өзі.

Қасым да күлді. Осы кезде залда жарыла қол соғылды. Күзеттегілер тікірейіп-тікірейіп тұра қалды. Мықты келіп, жиналыс басталды-ау деймін. Көріп тұрған көз жоқ, бар салмақ енді құлақта.

Мынау бір үлкен жиын болды ғой. Өзге республикалардан да сөйлеп жатыр. Міне, нағыз шаруақор адамның сөзі. Қора жайы жетеді, жыл сайын екі жылдық жемшөп қорын жасайды. Бәрі механикаландырылған. Фермаға адамдарды конкурспен аламыз, бізден жастар қашпайды, қайта бізге таласып келеді дейді. Тіпті республикадан тыс жерлерден де, әскердегі азаматтардан да хаттар келіп жатады. Жұмысқа орналастыруды сұрайды.

Президиумнан біреу сұрақ қойды: нағыз мықтының, Никита Хрущевтің өзі болу керек:

– Әр сиырдан алатын сүттерің қанша?

- Біздің сауыншылар жылына әр сиырдан 6000-6500 килограммнан сүт сауады.

Зал жаңғырыға қол соғып еді, ақ қозы орнынан атып тұрды. Қасым мойнынан ұстай алды. Өзі де қол соғуға даяр-ақ, бірақ қозысымен, мына жерде олай етуге бола ма? Ой, жаса, міне, мал өсірген соң, осылай өсіру керек қой. Бірақ олардың баққандары сиыр екен, қой жөнінде ешкім айтпас па екен?! Бәрі, әрине, жасаған жағдайға, ең алдымен адамға байланысты ғой. Адаммен адамша жұмыс істегенге не жетсін.

- Менің ендігі айтайын деп тұрғаным басқа, — деді әлгі шешен. — Жалғыз ағаш орман емес, қанша озат болса да бір шаруашылық немесе бір ферма ауданға, иә облысқа тұтқа болмақ емес. Сол жалғыз ағаштың саясында көлеңкелеп отыра беруді қойып, масылдарды жойып, жайқалған орман жасау керек.

Ой, жаса, қатырды-ау! Қасымның тура қышыған жерінен түсті. Шіркін-ай, кім екен, көрер ме еді өзін? Қап мына жерде қамалып отырғанын қарашы. Бір сәт әуелі сол республикаға кетіп қалғысы да келді. Бейбіті бітірген соң, тартып отырса ма екен? Еңбектің туы тігілген, еңбек адамын пір тұтатын жер ғой ол. Жалпылдақ сөз, жалтақ өмір жоқ шығар онда. Мына адамның тіліп сөйлеуіне қарағанда, ақ алмастай жарқылдаған әділ пікір аяланатын болу керек.

Әй, соңғы ойы қандай әдемі. «Жалғыз шапқан ат көдеден де озады, бұтадан да озады» деп сөйлейтін қазекемнің мақалымен шендесіп жатыр ғой. Шын тұлпар екенін білмейсің, өйткені үзеңгілес, тақымдап келе жатқан жүйрік жоқ. Содан ол бұтадан да, көдеден де озбағанда қайтеді, сонысына мәз. Жастарды конкурспен алады, яғни таңдау бар. Ал біз әке-көкелеп әрең жібереміз, ең болмаса бір-екі жылға бар деп жалынамыз. Сосын олар кетіп отырады. Ал бұлардың қаққан қазығы мықты. Қусаң да кетпейтін экономикалық тұтқа жасаған. Уақытша емес, осылай түбегейлі шешу керек қой. Сосын келіп жастар тұрақтамайды, жастар малдан қашады деп жылаймыз. Көпе-көрінеу қашырып отырған өзіміз. Кәрілер болса азайып келеді, кетті ғой анау Байбалалар. Оның өмірін өзіміз қысқарттық. Бүйте берсек, мал бағу дәстүрінен айырыламыз да. Аға ұрпақ өліп-өліп бітсе, жастар келмесе, айырылмағанда не? Кешегі малшылардың қаладағы бүгінгі немерелері қозыны лақтан, ешкіні қойдан айыра алмайды. Қасым өз-өзінен күліп кеп жіберді. Есіне естіген бір әңгіме түсті.

Атасы қалаға келіп, немересімен әңгімелесіп отыр дейді. Келіні үлкен кісіге деп базардан қымыз алдырады. Қымыз ішіп отырып, атасы немересінен сұрапты:

— Балам, балам! Қымызды неден жасайды? Сонда немересі біраз ойланып отырыпты да:

— Аттың қатынынан! — депті.

Алғашқыда қария мәз болып күледі.

— «Бие» деген сөзді білмегенің-ау, тегі. Ат қатын ала алмайды, сондықтан да атта қатын болмайды. Құлындайтын жылқыны бие дейді, — деп түсіндіреді немересіне.

Сол жолы немересін жаз сайын ауылға жіберіп тұруды сұрапты.

— Қазақ тілін ең болмаса үш ай өзім оқытайын. Өмірден оқысын. Қасымның есіне қазақ ертегілеріндегі «боташым», «құлыншағым», «қошақаным», «текешігім», «әукім, әукім, әукімім» түсті. Осында малға деген қанша ықылас жатыр. Еркелеткенде, жақсы көргенде, бұл сөздерді балаларына да айтып жібереді. Жастайынан жанын баураған, қанына сіңген сол ұғымдар қалайша малсақ етпейді оларды. Анау Байбаланың қоғам малы үшін өмірін қиғаны, мынау Асылханның мал десе жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретіні — сондай тәрбиенің нәтижесі. Малды өсіретін, малды сүйетін адам ғана. Ал сүйіспеншілікті егу — атам заманнан келе жатқан дәстүр.

Ғасырлар бойы қалыптасқан атам қазақтың ең үлкен академиясы осы еді ғой. Оны жоғалтып алсақ, не болғанымыз?!

Қасым өз ойынан өзі шошып кетті. Қай-қайдағы қайдан келеді басыма. Мен осы кері ойлайтынның өзі емес пе екенмін. Содан да тауып жүрмін-ау, тегі. Жо... жоқ, міне, айтып жатыр ғой. Яғни мен сияқтылар басқа жерлерде де бар. Бірақ оларды мынадай қара көлеңке бұрышқа тығып тастаған жоқ. Жарқыратып, әне, ойындағысын айтып тұр. Осында не айып бар. Ойымдағыны айтқаным үшін, міне, қанша жыл бір орында тұраладым. Білгенімнің өзінен жаңылып қалуым мүмкін ғой. Адамды өсіретін — қызмет, әділ жолмен жоғарылаған сайын оның ой аясы да, сөз аясы да кеңиді. Кәдімгі биікке шыққан сияқты неғұрлым жоғарылатан сайын, соғұрлым кеңірек көресің. Біздің жақта біреу ауылынан он сегіз шақырым жердегі поселкеден үлкен қала жоқ деп есептеген екен. Өйткені ғұмыр бойы ешқайда шықпай, көргені сол болған. Мынау кеңеске жай ғана қозы күтуші болып келуімнің өзі сарайымды қаншама ашты.

Бәрінен де Керімбаланы айтсаңшы. Табиғат қандай дарын берген. Оның ұғымталдығындай ұғымталдық, оның жанындағы жарқындық, оның кісі танығыштығы — сирек кездесетін қасиеттер. Кезінде ашылмаған соң, менің отбасымда, «Қопанын» қордасында қор болды да қалды. Өрісі ашылған жоқ, бұлақтың көзі бітеулі күйінде дегендей. Кейде ол ашынып-ашынып кеткенде, табиғат берген дарын қусырылып бара жатқан аяға сыймай, бұлқынып-бұлқынып қалатын болса керек. Мұны кейбіреулер отбасындағы әйелдің күр айғайы деп те ұғып қалуы мүмкін. Менің өзім де көбінесе солай қабылдаймын. Түрткілеп келіп тұрған, айтылуға әзір, парасаттың мөлдір бұлағы екенін қайдан білейік.

Осы қайдан білейік қой түбімізге жетіп жүрген. Ал білу керек-ақ. Бұл таламдағы небір дарындар, бақытына орай, кезінде өзі секілді дарындарға кездескен. Олар бір-бірінің бұлақ көзін аршып жіберген соң, ар жағында ағытылып жүре берген. Әкетіп бара жатқан ұлы дарын болмаса да, табиғат әр адамға бірдеңе береді, құралақан қалдырмайды. Одан әрі бәрі аша білуге, тәрбиелей, барды ұштай білуге байланысты. Міне, партия, совет қызметкерлерінің адаммен жұмыс істеуі тап осы тұста көрінуі керек. Кадрлардың бапкері солар емес пе? Бапкер болу екінші жағынан оңай да емес. Бірақ бір даусыз ақиқат бар — қабілетті тұншықтыруға көп өнердің керегі жоқ. Егер атамдай бапкер болмаса, Сүлікқара мең Салкүреңдей жүйріктер де шықпайтын еді.

Мана ғылыми-зерттеу институтынан шыға бергенде неге жылады дейсіз ғой? Қозысы барлық кедергіден өтіп, көңілі жай тауып тұрғанда, бес жүз метрдей жердегі бір топ жылқыны көрді. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын басы жүгіріп қасына барды. Темір қоршау да темір қоршау. Бір шымқай қара дөнен көзіне оттай басылды. Ойпыр-ау, мынау Сүлікқараның тұқымы болмаса игі еді. Тұрқының ұзындығы, қамыс құлақты бас бітімі аумай қалған тегі. Енді бір жерде бес-алты бие. Кәдімгі сиыр сауатын темір торларға денелері әрең сыйып, бүрісіп тұр, тырп етуге шама жоқ. Механизация күшімен сауатын болған ғой. Жөн-ақ, механизацияны қолдансын, бірақ жылқы сиырдай күніне үш рет сауылмайды, жеті, тіпті он рет сауылады ғой. Сонда осылай он рет бүрістіріп тастай ма? Басқаша ойлауға болмады ма екен? Оны қойшы, мұны жылатқан жылқышының сөзі, ой жылқышы болмай кеткір!

— Осында асфальтта туып, асфальтта ғана өскен жылқылар бар. Әне, анау мөлдір қара дөнен тап солай, даланы көрген емес, яғни тірі шоп жемеді деген сөз. Шауып әкелген, осында жиналған ескі шөпті ғана қорек етеді. Сойғанда, ондай малдың қазысы да су татиды екен. Түсі де мына асфальт секілді сұрланып кете ме, немене.

О, тегіңнен айналайын, даланың құты, даланың еркесі-ай. Желмен жарысып, желкілдеп жүрмеген соң, не сәнің болды сенін. Мынау аядай қора табиғат берген қанындағы қызулықты да қысып тастайды ғой, бара-бара сосын не боласың? Жылқы деген атыңнан айырыласың да. Қызыл кітаптан бір-ақ шығасың да.

Әлгі жылқышысымақ бір-екі рет үркітіп көріп еді, тар қорада шоқаң-шоқаң етті де, қара дөнен бір бұрышқа барып тоқтады. «Неғыл дейсіңдер, менде не кінә бар» дегендей, бізге осқырына қарады.

Бұл неғылған кереғарлық. Малдың өзін адамша қарай алатын неше түрлі аспабы бар ғылыми-зерттеу институтының тап іргесінде асфальтта құлындап, асфальтта қымыз берген биелер. Не табиғилық, не малдық қасиет қалды онда? Айтар сылтаулары — өрістің тарлығы, айналаның егін боп кеткені, жаятын жердің жоқтығы. Бір жағынан, космосқа самғап, дүниені дүр сілкіндіріп жатсақ, бір жағынан, малға өpic таппай қысылып барамыз. Осыны шешу ғарышты игеруден қиын боп па? Табысымыз еңсемізді көтерсе, кемшілігіміз кеңірдегімізден алып, тынысымызды тарылтады. Кереғарлық емей немене бұл.

Әне, өтірікті судай, ақсақты тыңдай ғып соғып жатыр. Көп сөздерге Қасым іштей тыжырынып қалды. Айтары болмаған соң, құрғақ айғай кімге керек, құр уәде кімді жарылқайды? Көбісі-ақ Қаталбаевша сөйлейді екен. Дүниежүзілік жағдайды шолудан бастап, сосын елге, сосын республикаға, сосын облысқа келгенде ауданның проблемасын айтуға уақыт жетпей қалатын да, аяқ жағын шолтита салатын. Ол не айтты, мен не ұқтым деп күпті болып кете беретінсің. Бірақ жиналыс етті ме, өтті, мәселе қаралды ма, қаралды. Одан артық не керек, бұл жұмыс емес пе дейтіндер де көбейіп кетті. Әрине, жұмыс. Бірақ сол дағды меңдеп кетсе, не болады? Керегі — мәселенің қаралуы емес, шешілуі ғой. Нөпір сөздер ол шешімге жеткізе ала ма? Қайта асау толқындай көбігімен көп жайды көзден тасалап тастамай ма?

Сабыров сөйлейді дегенде, Қасым елең етті. Өз облысы ғой, ә тәңірі, мықтының үсті-үстіне беріп жатқан сұрақтарының тұзағына түсірмей, аман-есен алып шыққайсың. Облыстың жайы онша емес, қалай болар екен? Мақтану үшін тілге тиек етер көп еш нәрсе жоқ. Амалдайды ғой енді. Амалдадың-ақ, біттің. Онда сөзінде қуат болмайды, арлы-берлі ойқастаған құр түлкібұлаң. Ащы шындықты айтсаң, онда «өзің ай қарап отырдың ба» дейді. Қысқасы — былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң — арба сынады. Өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын — әйтеуір, уәде беріп құтылу. Оның орындалуын кім тексеріп жатыр. Ол — ол ма, сөздің сөлін келтірем деп, соңғы кезде өзінен дәрежесі жоғарғының астына көпшік қоя сөйлейтін пәле шықты. Сол бір адам болмаса, дүние тіпті қараң қалатындай етіп қояды-ау кейбіреуі.

Қап, Сабыров тап сол жолмен кетті. Қайтсын, айтарың азда, ащы шындықтан қорыққанда, басқа амал қалмайды. Орта тұста «Қоңырбел» совхозының қыста қой қоздату тәжірибесіне бір соқты. Оны да келген мықтыға тірей, мұңдай тәжірибе қазақ даласында бұрын-сонды болмаған деп көзді жұмып жіберді. Бір сәтке жалт ету үшін ғасырлар бойы ата-бабамыздың сары майдай сақтап жеткізген тәжірибесін жиып тастады. Бірақ бұл шындық — алдындағы үлкен қылмыс, оны белден басу. Мақан Сабыровты салмақты, әр нәрсенің бағасын білетін, артық бағаға, қиянатқа бармайтын адам деуші еді, бұл да пенде екен ғой. Жағымпаздықтың құрты бұған да түсе бастайын дегені ғой.

Өй, осы ыңғайға құлай кету менде неге жоқ, әліме қарамай, сіресем де қалам. Сабыровтар бұлай сөйлеген соң, Қаталбаевтарға не сорым. Оған өкпелеп, қоңырайып жүрген менде де ес жоқ екен. Хрущев Сабыровтың сезін бөлмеді, сұрақ бермеді, сөйтіп, Мәкең аман-есен өтті де кетті. Неше күнгі қобалжу, толғану, тебіреніс енді артта қалды. Иықтан ауыр жүк түскендей. Әншейінде жайлау сөйлейтін адам бұл жолы екпіндетіп жіберді. Уәде берер жерге келгенде, енді сұрақ болмасын сезгендей, даусын тіпті көтере түсті. Зал тағы дүркірей қол соқты, Осынау дарақы қол шапалақтау Қасымның жанына тигендей болды. Не үшін? Облыстың үздік жетістігі үшін бе, үлкен проблемалар көтергені үшін бе? Әлде сұрақтардың тұзағына түспей, аман-есен құтылып кеткені үшін бе?

Жыларсың ба, күлерсің бе, Қасымның есіне былтырғы бір болған оқиға түсті. Отан соғысының ардагері, белгілі майдангер Жазушылар одағының әдебиетті насихаттау бюросының жолдамасымен ауданға кездесуге келеді. Көктемгі егістің қызу шағы болса керек, күндізгі кездесуге жиналатын адамдардың реті аса бола қоймайды. Одан бейхабар әлгі ардагер клубқа келсе, ылғи шүпірлеген жас бала, неғылса да бастауыш мектептің оқушылары болу керек. Жағдайды түсінеді де, бірақ сыр бермейді. Бар ниеті — әңгімесін енді осы аудиторияға лайықтап құру, бала тілімен сөйлеу. Олар бар ықыласымен көздері жаудырап ағаларынан көз алмай отырады, әрбір сөзіне ден қоюға әзір сияқты.

— Ой, балалар-ай, — деп бастайды сөзін майдангер, — Өткен соғыс өте ауыр болды ғой, бастапқы кезде немістер бізді, ой, Мәскеуге дейін тырқыратып қуды дейсің.

— Ура! — деп зал дүркірей қол соғады. Ардагеріміз шошып кетеді. Алақ-жұлақ жан-жағына қарайды, әлде біреу естіп қалған жоқ па екен? «Немістер тырқыратып қуды» дегенде уралайтын не бар? Естері дұрыс па? Бүйтіп балалардың тілімен сөйлегенім құрысын. Өзім де енді құритын шығармын.

Сөйтсе, ауыл иелері аудитория жиып бере алмағандарына қысылып балаларға: — Белгілі жазушы, ардагер, аты әйгілі ағаларың, сөзіне қол соға беріңдер, депті ғой. Балаларда не кінә бар, тапсырманы орындаған.

Ал мына қол соғысқа жөн болсын. Жақсы сөзге де орта сөзге де, нашар сөзге де қолды ұрып жатыр. Мұндай тапсырма берілмеген болар. Әлде жалпы дақпыртпен ақ пен қараның, жақсы мен жаманның ара-жігін айыра алмай қалу бар ма? Бұл — қауіпті. Мұның ақыры «бас сынса — бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» әкеп соғуы әбден ықтимал. Біреу айтқан екен «бұл ауылдың адамының бәрі — данышпан, итінің бәрі — арыстан» деп. Кісі өлтіретін мысқыл ғой бұл. Айтатын шындықты айналып өту, көрініп тұрған кемшілікке көзді жұму жақсылыққа әкеп соқпайды. Мұндайға ет үйреніп кетсе, тіпті жаман. Орындықта емес, қаз-қатар қойылған шегеде отырғандай, Қасым қипалақтап қозғалып кетті. Әлде осы бір ойлар әр жеріне сол шегелердей шаншылып, мазасын алды ма екен?

Енді кім сөйлер екен деп құлағын тосты ол. Үзіліс жарияланды да, түстен кейін бірінші болып Асылхан сөйлейді деп хабарланды.

Қасында тұрған екеу Қасымды қозысымен дедектете ала жөнелді. Байқайды, президиум жаққа жақындап келеді. Бір топ адам берірек шығып сөйлесіп тұр екен. Ішінде танитындардан Қаталбаев пен Стужев қана. Қаталбаев ауылдағыдай арынды емес. Сөйлеп тұрғандардың аузына жалтақ-жалтақ қарап, көздері жыпық-жыпық етеді. Сірә, мыналардың бәрі өзінен жоғары болса керек. Есіне Абай айтқан жолдар түсті.

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап.

Оу, бұл өткен заманда айтылған мысқыл ғой. Бірақ бұл заманда да бас шұлғуды басты қасиет санайтындар болса керек. Олар өздерінің кейде Шымыр Қаталбаевич секілді күлкілі жағдайға қалып қоятынын байқамайды-ау, тегі. Есіп сөйлеп тұрған — Стужев. Ол ақ қозының кешеден бері бастан кешкен хикаясын айтып тұр. Әсіресе, ғылыми-зерттеу институтындағы қараудың мықты болғанын, бұл малдың мүлтіксіз таза екенін төндіре айтты. Жиналғандар қозыны ортаға алып, сүйкімділігіне бәрі де сұқтанды. Анатолий Карпович шеттеу тұрған Асылханды шақырып алды да:

— Міне, тапсыратын жігіт осы. Жеті атасынан бері шопан, — деді.

Қаталбаев бірдеңе айтқысы келіп ұмсынды да, манадан бері үнсіз тұрған Сабыровтың жүзіне көзі түсіп, бұға қалды. Бұл біздің ауданнан, біз өсірген қозы дегісі келді ме, қайдам. Онсыз да белгілі ғой.

Жиналғандардың назары енді Асылханға ауды. Келбеті келіскен, шопандыққа қимайтын азамат екен. Ар жағында бір мығымдық жатқан секілді.

— Ал енді ақ қозының кешеден бергі азабын көрген мына жігіт — ферма меңгерушісі Қасым Оңалбаев. Білімі жоғары. Қаталбаев жолдас қысып тастаған болу керек, әйтпесе біз совхоз директорларының, колхоз председательдерінің көбісін жоғары білімді ете алмай жүрміз ғой, — деп Стужев тарс дегізді.

Қасымның іші қылп ете қалды. Қап, мына Анатолий Карпович бүлдірді-ау. «Өзі қашайын деп тұрған қоян еді, тәйт деген соң не сорым» демекші, онсыз да қырын қарап жүрген Қаталбаев шағым жасаған екен деп ойлайды-ау енді. Ол тұрған жаққа көзі түсіп кетіп еді, шынында оқты көзімен мұны атып тұр екен.

— Несі азап, Анатолий Карпович, қозыны бағу — оның міндеті. Мұндай жиынға келгені үшін ол шағым жасау емес, құдайына қой айтып союы керек. — Қаталбаев көзі шатынаңқырап, қозғалақтап кетті.

— Шымыр Қаталбаевич, ол маған ешқандай шағым айтқан жоқ, бекер обалына қалмаңыз. Фактінің өзі солай деп тұр ғой.

Мынау адамдардың дауын түсінбесе де, ақ қозы тыпыр-тыпыр етті. Әлде өзін аялап келе жатқан Қасымды орынсыз жазғырудан аяп кетті ме екен. Міне, осы, мұның төңірегінде мәселе оп-оңай шиеленіседі де қалады. Күтпеген жерден қарашы, жүні қызыл ма, әлде бұған келе жатқан абыройды андып тұратын шайтаны күшті ме, әйтеуір, бірдеңесі бар. Қорғайтын періштесі соншама әлсіз болар ма! Не жазды екен.

Қасымның ойын қозыны қарап тұрғандардың сөзі бөліп жіберді. Тазалығын, сүйкімділігін, салпиған құлағын, бұлғақтаған кішкене құйрығын, жаудыраған көзін бірінен-бірі қағып әкетіп, бәрі мақтады. Тіпті адамдай суреттеп, әсірелеп жіберді.

— Әй қайдам, Анатолий Карпович, — деді енді ғана сөзге қосылған Сабыров, — Сенің бұл әуреңнен не шығар екен. Қанша айтқанмен, мұның аты мал ғой, тапсыра бергенде, мықтының үстіне жіберіп қойса қайтесің?

Сабыров аузын жиып алғанша болмады, ақ қозы сол арада дәрет сындырып, құмалақ тастады. Тұрғандар қуанғаннан шулап кетті. Қаталбаев әйелі ұл тапқандай, тіпті қолын шапалақтап жіберді. Қасымның да разы болғаны сонша, ұстап тұрған күйінде қозысын басынан сипады. Стужев таңдаған қозымыздың ақылдысын көрдіңіз бе дегендей Сабыровқа масаттана қарай берді. Енді еш нәрседен қысылмауға болады. Рас-ау, мал шіркіннің де дәрет сындыратынын ескермепті ғой. Дүрілдеген қол шапалақтан, жан-жақтан түскен күшті жарықтан, камералардың фотоаппараттардың сыртылдаған, зырылдаған үнінен қорыққан қозы тапсыру кезінде жіберіп қойса қайтеді? Абырой аламыз деп жүргенде, масқара сонда болады екен-ау! Өй, мынау, айналып кетейін шынында бір ақылды қозы екен.

— Көңіліңіз орнына түсті ме, Мақан Сабырович, — деді Стужев оған күлімсірей қарап.

— Тұра тұр асықпай, әлі тапсырған жоқсың ғой. Сенің осы қол-аяғын жерге тигізбей, дуылдатып жіберетініңнен көресіні көреміз әлі.

Сабыровтың бұл сөзінен әлде де бір алаңдаушылық бар екені байқалды. Асатпай жатып, құлдық деме, тапсырылмай тұрып, неге алдын орайсың дегендей.

- Жаңа өз сөзіңізде де «Қоңырбелді», қысқы қой қоздатуды мақтадыңыз ғой, Мақан Сабырович, — мынау енді соның іс жүзіндегі дәлелі. Саспаңыз, бәрі дұрыс болады, — деді Стужев аса бір сенімділікпен.

— Бұл — жаңа нәрсе. Не боларына көзіміз әлі жеткен жоқ. Бірақ сен осы жолы тіпті елпілдетіп-желпілдетіп жібердің. Эксперименттің аты — эксперимент және екі ғана шаруашылықта, шаруашылық емес-ау, фермада. Оны бүкіл облыста жүріп жатқандай көрсетуіміздің жөні қалай болар екен? Мені де желпілдетіп жібердіңдер. Ықтарыңда кетіп барам. Бітті енді, өтірікті бір бастап алған соң, ол жалғаса береді. Білгеніңді жаса! — Сабыров әдеттегі дағдысымен сүлесоқтау қолын бір сермеді.

Осы кезде манағы түксиген жігіт ақ халатты бір адамды ертіп әкеліп, ақ қозының кіш еткен, құмалақ тастаған жерін сүрткізіп жатты. Екі қолында ақ биалайы, Қасым оны мойынан ұстап тұрды. Қоңырау соғылып, жұрт орын-орнына кетті.

Журналистерге орын бұл жолы театр директорының ложасынан тиген. Байбалаев қозы тапсырады деген лақап олардың да құлағына жеткен. Қойылған орындықтардан артық бірнеше адам ложаға сығылыса келіп отырды. Бұл жерден бәрі әдемі көрінеді. Жарқынбек қасына Салауатовтың қалай келгенін де байқаған жоқ. Екі көзі президиумда, Асылханды іздеп отыр, әне соңғы қатардағы шеткі орындыққа келіп отырды. Жүзінде сасу жоқ сияқты. Кей адамдар ішкі толқуын сыртқа шығара да бермейді ғой. Жарқынбектің байқағысы келіп отырғаны — Асылханның көңіл күйі, кешегі бабы мен бүгінгі бабының арасындағы айырмашылық. Бірақ алыстан нені байқайды? Мана үзіліс кезінде ең болмаса бір көріп қайтқысы келіп еді, бірақ күзет кезегіндегілер мұны президиум жаққа жібермеді. Ана қасқайып отырысына қарағанда, Асылханды шопан деп айту қиын. Костюмін өзгертіпті, бүгінгі үстіндегі сұр түсті. Көйлегі — ақ, галстугін де өзгерткен секілді. Қойнынан бір қағазды алды да, қайта салып қойды. Кеше келісілген болатын, оқымасаң да алдында қағаз жатсын. Бұл — екеуі ғана білетін құпия. Өзгелерге күдік тудырмас үшін солай келісілген. Бірақ «ұрының арты қуыс демекші, осы тәуекелдері Жарқынбекті кешеден бері безгектей қалшылдатып маза бергенді қойды. Қазір де жүрегі дір-дір етіп отыр.

— Баласы атқа шапқанда, шешесі үйінде отырып, тақымын қысады дейді екен. Соған ұқсап отырсың ба?

Жалт қараса, қасында отырған Салауатов. Бүгіндікке көріскен жоқ-ты, қол беріп амандасты да, ұстап отырған газетін көрсетіп:

— Нөміріміз жаман шықпапты, — деді Жарқынбек.

— Ие, бәрі газеттегідей болса, ендігі коммунизмді орнатып қоятын едік қой. Кәне, әлгі Байбалаевың қайсы?

— Анау соңғы қатарда қасқайып отырғанды көрдіңіз бе?

— Өй, мынауың кесек, батыр түлғалы бір керемет қой.

— Оның кереметтігі сырт пішінінде ғана емес.

Бұл сөзбен Жарқынбектің не айтқысы келгенін Салауатов аса аңғара қоймады. Асылханның мінбеге шығуын қошеметтеп, қол соға орындарынан тұрған жұртпен бірге Салауатов та орнынан көтерілді. Жарқынбекке қараса, бір бозарып, бір қызарып тұр екен. Сөйлейтін шопан емес, кәдімгі осының өзі секілді.

«Жиындарда талай қарапайым еңбек адамдарын көріп жүр ғой, жазып бергенді ыңқылдап, қақалып-шашалып әрең оқып шығатын. Өз өзегін жарып шықпаған сөзді адам дұрыстап айта ала ма? Сондайлардың бір данасы шығар. Шайнап берген ас болмайды демекші» деп ойлады Салауатов. Өзге көз бояуды жасырсаң да, бұл көз бояуды жасыра алмайсың деп ашынатын ол. Мұндай жасандылыққа жаны қас екенін тіпті беделді жерде де сан білдіріп алған-ды. Салауатовтың түсінігінде бәрі табиғи болуға тиіс еңбек те, сөз де, іс-қарекет те. Біреудің сөзін сөйлеп, біреудің еңбегін пайдаланғаннан артық масылдық жоқ.

«Ау, мынауың зырлап барады ғой. Ойларын тіпті түйдек-түйдегімен тастайды. Анаң қара, әуелі қағазға қарап та тұрған жоқ». О, жаса! Салауатовтың кезі Хрущевтің өзіне түсіп еді, қолындағы құлаққа ілгішін жиналысты басқарып отырған адамға көрсетті. Аудармасы бұл дегендей. Басқарушы өзінен төрт адамнан кейін отырған тығыршықтай аласа адамға ала көзімен ата қарады. Ол орнынан тұра жүгірді. Борсаң-борсаң етіп кетіп бара жатқаны залдың күлкісін келтірді. Аудармаға құштар болып отырғандар залда да аз емес еді.

— Құртты-ау, құртты-ау, — деп Жарқынбек те микрофон тұрған бөлмеге тұра ұмтылды. Кешеден бері жұрттың бәрін бір қауызға тыққан сұсты күш мынау микрофоннан орысша оқитын жігіттің зәресін тіптен алып жіберсе керек. Микрофонды ашуды ұмытып кетіп, дүрілдетіп жатыр екен. Өзінше қатырдым-ақ деп тұр, даусын көтеріп-көтеріп қояды. Бірақ өз құлағынан басқа оны тыңдаған ешкім жоқ, микрофон жабық. Пәленің неден болғанын бірден аңғарған Жарқынбек оқып отырған адамды бүйірден бір перді де, сырт еткізіп микрофонды ашып жіберді. Амал не, талай уақыт өтіп, талай текстің аудармасы жетпей қалды. Ендігі қалғаны төрт-ақ минуттық. Ең шұрайлы жерлерін Хрущев те, залдағы қазақша білмейтін қауым да тыңдай алмады. Есіл еңбек, есіл еңбек! Жарқынбек бармағын шайнай берді. Микрофон алдындағы жігітті атарға оғы жоқ. Көмейіне неше түрлі ызалы сөздер келді. «Қара басқыр, оңбаған. Бүйтіп масқара еткенше, жерге неге кірмейсің? Алдындағы микрофонның ашықтығын білмей, албасты басты ма? Ит-ай, ит-ай, бұдан кейін не адамдығың қалды. Бүкіл облысты, бүкіл республиканы жерге қараттың-ау». Қасындағы ентігіп тұрған хатшының да тап осылай балағаттары хақ. Енді ашылған микрофоннан ұрысқаны естіліп қала ма деп, амалы құрып, тырсылдап жарылғалы тұр. Қазір оқып біткен соң, сені әкеңе танытады. Ертең жұмысыңмен қоштаса бер. Бұл адамның қаттылығы сені қаңғытып жіберуге де жетеді. Не дейді мұндайды? Мұны «қырсыққанда қымыран іриді», орысша «закон подлости» дей ме? Сенен сұрқия тап қазір ешкім жоқ.

Жарқынбек қозыны тапсыру сәтін көруге ложаға қайта жүгіріп келді, Асылханның сөзінен естігендері мынау ғана.

— Қадірлі қонақ келгенде, тікесінен тік тұрып қарсы алатын халқымыздың дәстүрі, «құтты қонақ келсе, қой егіз табады, құтсыз қонақ келсе, қойға қасқыр шабады». Сіз бізге құтты қонақ болдыңыз. Қойымыз егіз емес, егер қыста төлдетуді есептесек, жылына әр саулықтан төрттен қозы алып жатырмыз. Осы бір береке басында өзіңіз тұрсыз. Өйткені қыста қоздатуды құптаған да, оған күрт қозғалыс берген де — Сіз. Шопандар қауымы үшін төлдің өскенінен асқан қуаныш жоқ. Төл өсті дегенше, дәулет шалқыды, қазына тасыңды, халық байыды де. Осы бір асыл мұраттың атасы деп білеміз Сізді. Халқымыздың дәстүрі бойынша ат мінгізіп, шапан кигізер едік. Оған мынау жер тар. Ат та мінерсіз, шапан да киерсіз. Орамал тон болмайды, жол болады. Ақ ниетіміздің, ақ көңіліміздің куәсі ретінде әдейі арнап әкелген, қыста туған ақ қозымыз бар. Тол деген де — төрт аяқтының өзегін жарып шығатын перзент. Қадірлі адамға перзентін де қияды біздің халық. Мынау ақ қозыны шопандар қауымының өзіңізге деген ыстық ықыласы, әрдайым амандығыңызға деген ақ батасы деп қабыл алыңыз».

Бұған дейінгі қол шапалақтау қол шапалақтау ма, әр-әр жерден «уралаған» үндер шығып, зал күндей күркіреп кетті. Камера арқалағандар мен фото түсірушілер сахнаға қарай лап қойды.

Келген орнына қайта барған Қасымның Қаталбаев пен Стужевке көзі түсіп еді. Олар қолдарын тіпті құлаштап ұрып тұр екен. Залдағылардың біразы да осылармен жарысқа түскендей. Неге екені белгісіз, Қасымның жүрегі шым ете қалды. Әлде бауыр басты қозысын қимағаны ма, жоқ ертеден бергі құлақ тұндырған мынау айқай-шу шаршатып жіберді ме? Әйтеуір, бір көңілсіздік еңсесін баса қалды. Сол жақтағы жүрек тұсын алақанымен ұстап, орындыққа отыра кетті.

Ақ қозыны төрт аяғынан қапсыра құшақтап, залға қайта-қайта бас иген Хрущев:

— Мен мұны немерелеріме апарам, олар мүйізі шыққан соң онымен ойнайды, — деді.

Зал күлкі аралас, жаңағыдан да арман дүрлікті. Алақандары қызарғанша қол соқты. Қасым өзімен-өзі боп Хрущевтің не дегенін айқын ести алмай, құлағы шыңылдап, желке тұсы ұйи берді.

Салауатов бар ықыласымен Жарқынбектің қолын алды.

— Құлағым тұшып қазақша естіген әдемі бір сөзім болды. Байбалаевың да азамат екен. Ыңқ демеді ғой. Міне, осылай сөйлесе ғой... Қандай, қандай жанды пікірлері бар. Қойды ескі әдіспен бақылау керек деді ме, — деді. Жастар көздері тірісінде қарттардан мал бағудың құпияларын алып қалсын, артынан асылын жоғалтқандай өкініп жүреді дегені де — тамаша пікір. Бұл салада саудың асын ішіп, аурудың ісін жасамайық — қаншама астар жатыр осы сөзінде. Өткеннің өлмес тәжірибесі мен бүгінгінің білімін қоссақ — өркендеу кезі сонда. Мен мамандарға ғана емес, әрбір шопанға зоотехникалық немесе малдәрігерлік білім керек дер едім. Малды бағатын алдымен адамның ары. Арлыдан абыройлы іс шығады. Мынауың туа жаралған философ шығар, тегі. Арды аттаған малды да бақпайды.

— Міне, мен түртіп жазып отырдым, тіпті біз естімеген мақал-мәтелдер бар, — деді Салауатов қолындағы шағын блокнотын ашып. — Жемісті еңбектен жеңісті нәтиже күт. Еліне адалдың еңбегі де адал. Ал анау құдықтан құрығандықтан, құм жақтың игерілмей жатқаны, ол маңның қой үшін таптырмайтын өріс екені ащы шындық па, шындық. Жайлаудың жайына да тоқтаған жері қандай әдемі. Жайлау шопанның жазғы курорты деу — қате, жайлауға курорт деп барсаң — құрыдың, малыңды арытып, қасқырдай шулап ұлыдың, қайта жатпай-тұрмай жылға жетер шел жинап қайту керек. Қойшы, бір сөзбен айтқанда, сенің де еңбегін бар шығар, мынауың түбін түсіре сөйледі. Біздің газет үшін қаншама әдемі тақырып бар. Қарашы өзің. «Еліне адалдың еңбегі де адал». Яғни өзің адал бол алдымен деген сөз емес пе? Амал не, амал не, осы ойлар орысшасында Мықтының құлағына жетпей қалды ғой. Күні бойы аяусыз сапырылған көп цифр мен көбік сөздің арасында таңдайына ең болмаса бір шөкім май түскендей болатын еді. Өкінішті-ақ, қайтейік. «Кедейдің аузы — кер ауыз» демекші, шопан байғұстың осындай сөзі тыңдар құлаққа мөлдір күйінде жете алмай қалған соң, не сорым. Микрофоннан өзің оқысаң етті ғой. «Жақсылық қылсаң — жапыра» демекші...

— Ондай ұсыныс болған, Тұқа! Шынымды айтсам, ана қозыны тапсырғанын көргім келді. Сосын ғой, өйтіп-бүйтіп, орысшасын оқудан жалтарғаным. Өзім де бармағымды шайнап отырмын. «Жаманның ақылы түстен кейін кіреді» депті ғой.

— Ал енді бір жерінде мүлт жібердіңдер, — деді Салауатов қолын шошайта. — Қыста қоздатпақ тұрғай, неғылсаң ол қыл, бір саулықтан төрт қозы ала алмайсың. Ол жаратылысқа қарсы. Екі жылда үш қоздатсаң да, тақияңа тар келмейді.

— Ол жерін өзім де байқап қалдым. Сөйлемді сәл басқаша құру керек еді. Ондай-ондай хан қызында да болады ғой. Мына дүрмекте оны аңғарып жатқан кім бар дейсің?

— Тауып айттың-ау. Шынында дүрмек болып кетті. Небір проблемалар дуыл-дуылдың көлеңкесінде қалып қойды.

Ал осы қозы тапсырудың керегі бар ма еді? Қаншама әуре-сарсаң, өзің де кешеден бері нешеме өліп-тірілдің? Солай болған сен ғана ма?

— Мықтының өзі қой демесе... Басқа жерлерде де болыпты ғой. Шапан жауыпты, ат мінгізіпті... Маған біреу ер-тоқымды қалай жасатқандарын айтты. Бұл күнде оған күміс шабатын шеберлер де қалмаған екен. Содан олар Ташкентке шабылыпты. Оның қасында қозы деген не, тәйірі. Қыста туғанының өзімен-ақ біраз ұпайымызды түгендедік.

— Мұның неге апарып соғатынын айтайын ба? — Салауатов сәл түкірігіне шашалыңқырап барып, — Бұл — жағымпаздықтың қақпасын айқара ашып жіберу деген сөз. Бір кеулеп кетті ме, бисмилла, аллахуакбар... — деді.

— Мен сізге басқа кереметті айтайын ба? — Жарқынбек Салауатовтың ойын бөлгісі келді. Өйткені бұл кісі бір мәселеге қадалса, ұзаққа кетіп қалатын әдеті бар. Мынау шығарып тұрғаны үлкен мәселенің ұшығы. Оны тыңдауға қазір уақыт жоқ.

Жаңағы орысша аударманың төңірегінде ана жақта ойран болып жатпасына кім кепіл. Менің де тағдырым, мүмкін, таразыға түсіп қалған шығар. Қисайта салу қиын ба, тәйірі. Бәрін жасап келіп-келіп, ақырына дейін апармады, оны да құрту керек дей салады. Мұндайда ұйқысыз түн, сіңірген еңбекке көз жұмылады ғой. Манағы мықырдан бір ауыз сөз шықса, бітті онда. Адам тағдыры ол үшін ойыншық секілді, түк емес. Бұрынғылар «адамның басы — Алланың добы» дейді екен. Бүгінде бұлар үшін алла анау мықыр ғой. Тек қиып жібереді, болды. Бала-шағасы, сіңірген еңбегі, денсаулығы — онда шаруа жоқ. Мүлт кеттің, орныңмен қоштаса бер. Әйелінің де быж-быж, зыр-зыр қағатыны сол ғой. Ол мықырдың тісі батпай жүргені — Салауатов. Өзгедей емес, бұл шап етіп, айқаса кетеді де, ойындағысын бүкпей айтып салады, жай айтпайды, ащы айтады. «Мықыр» деп ат қойған да осы кісі.

Ал ол болса, Салауатовты «Даукес» деп кеткен, солай таратқан да. Кім болса да, қалай аталса да, Жарқынбектің тағдыры осы аласаның қолында ғой. Жүрегінің дірілдеп тұрғаны да сондықтан. Ана жақта мұны әуелі іздеп жатпасын. Микрофонның ашылмай қалғаны, бағанағы жанталас үлкен бір шу болары сөзсіз. Осы ойлар Салауатовтың сөзін Жарқынбекке бірде естіртіп, бірде естіртпей, біресе онда, біресе мұнда ала қашып тұрған.

— Жаңағы кереметіңді айтшы, — деді Салауатов шүйліге. Мына ыңғайына қарағанда, оны айтқызбай жібермейді.

— Тісіңізден шығармаңыз, ол керемет — Байбалаев хат танымайды екен.

— Не дейді, алдында қағазы жатты ғой.

— Ол екеуміздің қойған спектакліміз.

— Иә, иә, байқадым, жатқаны болмаса, қағазға бір қараған жоқ.

— Кереметі де сонда. Мен түгендеп отырдым, бірде-бір сөзді ұмытпады ғой.

— Сонда ол жатқа айтты ма?

— Бар болғаны тексті екі-ақ рет оқып бердім. Бәрін басында ұстап қалды.

— Онда бұл шын құйма құлақ екен.

— Айтпаңыз, қырық қиссаны жатқа білем деді.

— Ә, онда таңданатын ештеңе жоқ. Бұлар — ерекше дарынның адамдары. Бір тартқаннан күйді, бір айтқаннан жырды қағып алатындар ертеде аз болмаған. Миының әр жықпылында табиғи магнитофоны болған ғой.

— Енді айтары жоқ.

— Дегенмен екеуің де жүрек жұтқан екенсіңдер. Мынадай жиында ондай тәуекелге бару деген...

— Тәуекел тәуекел-ау, бірақ өзімнің де тамтығым қалмады. Алдыңызда қалай тірі тұрғаныма таң қалам.

Тамтықтың көкесін Қасым көрсін. Басы ма, жүрегі ме, қай жерінің ауырғанын айыра алмай, мең-зең боп отырған. Боп-боз боп қасына Стужев келді.

— Қасеке, — деді ол әдемі қазақша мәнерге салып. Сосын жан-жағына ұрлана қарады да, ақырын сыбырлап қана:

— Сіздің қозыңызға мүйіз шыға ма? — деді.

— Жоқ, бұл мүйіз шықпайтын тұқымнан.

— Бәсе, сорымызға солай-ақ болатын шығар деп ем-ау.

Даусы біртүрлі ренішті шықты. Анадай жерде тұрған Сабыровқа қарай кетті. Оның дауысы зілді шығып жатты. Бірақ сөздері анық естілді.

— Айтпап па едім. Қоқытқан өзің, енді ақыр аяғына дейін өзің жеткіз. Мүйізді етесің.

Анатолий Карпович содан біраз жоғалып кетті де, әлден уақытта Қасымға қайта айналып соқты.

— Жүріңіз, Қасеке, кеттік.

Қайда деп сұраған жоқ. Қасым ерді де жүре берді. Мана таңертеңгі қара «Волганың» қасына келді. Ішінде Әрең туған былқылдаған «Волгасына» қайта мініпті, Қасымды көріп маңырап қоя берді. Қозы екеш қозыға да таныс керек.

Бұлар қаладан шыққанда қараңғы үйірілген еді. Ертеңгідей емес, қаптаған милиционерлер де сирепті. Аңыратып батысқа қарай бара жатты. Бағыттары таңертеңгі келген жағы. «Ғылыми-зерттеу институтына қайта тарттық па? Не, сонда бұған жасанды мүйіз салмақ па олар? Манағы ақ халаттылардың, өңшең ірі ғалымдардың ондай да өнері бар ма екен?»

Анатолий Карповичке батпай, өз ойымен өзі әуре болып келе жатты Қасым. Ертеден бері аш қозы түртпектеп бұдан тамақ сұрайды. Әлде мұны тойдырып алуға келе жатыр ма екенбіз. Сұрақтан сұрақ өрби берді. Жүрегі тағы шаншып, желкесі қайта ұйыған сияқты болды. Бір түнгі ұйқыны көтере алмағаны ма? Фермада жүргенде, әсіресе, қоздату кезінде танды таңға талай көз ілмей ұрмаушы ма еді? Әлде мына Алматының көктемгі ауа райынан ба екен, әйтеуір, бойы ауырлап, бір нәрсе еңсесін көтертпей келеді. Стужев те ертеңгідей ширақ емес, күні бойғы жиналыс шаршатты ма, көңілі пәс. Бірақ біздің мал иісіне үйреніп кеткеніміз секілді, бұлар да жиналысқа әбден үйреніп кеткендер ғой. Қит етсе, жиналыс. Сонда жұмысты кім істейді? Жиналыс жұмыстың төресі боп кетті-ау бірақ. Бір мәселені қырық табалдырықтан өткізіп, ұзататын қыз секілді қараймыз да жатамыз, бір қазаннан бір қазанға қотарған су секілді сапырамыз да жатамыз. Алдымен ол Алматыда, сосын облыста, сосын ауданда, сосын совхозда, сосын фермада. Осының бәріне қатысуға тура келіп қалған кейбіреулер, шынын айтқанда, жиналыстан тура мезі болады. Тексерушілер де қызық, алдымен жиналысты түгендейді, анау талқыланды ма, мынау талқыланды ма деп есінді шығарады. Ал талқыладық. Сонда бәрі біте қала ма? Нәтиже керек қой, нәтиже. Жұмыстың емес, жиналыстың жоспарын орындаймыз деп жүргенде, жылдың қалай өткенін де білмей қаламыз. Ал сосын анау неге істелмеді, мынау неге істелмеді деп тағы да жиналысқа басамыз. Әуелі жас сәбилер де қазір «жиналыс» деген ойын ойнайтын болыпты. Біз жас кезімізде шыбық мініп атқа шабушы ек, қойшы, қасқыр болып ойнаушы ек, қасқырды өлтіріп, қойды аман алып қалып мәз болып жатушы ек. Ойынымызда әрекет болушы еді. Сәби қыздар қуыршаққа өздері киім тігіп, жүк жинап, өрмек тоқып әбігер болып жатушы еді. Беріректегі балалар «мұғалім», «сатушы» ойнайтын.

Анада бір сол «Жиналыс» деген ойынның үстінен шықты. Өзінің кіші қызы, Керімбаланың сүт кенжесі Гүлсім бір топ құрбыларын жинап алыпты. Төрде қоқиып өзі отыр.

— Мені бастық болып сайлансын дегендерің қол көтеріңдер. Бәрі қолын көтерді. Ал енді сен сөйлейсің деп Асылханның

әзірге кіші ұлы Едігеге қадалды.

— Мен сөйлеймін? Сөз білмеймін.

— Қанша қозы алдың?

— Қайдан?

— Қайдан болушы еді, бағып жүрген қойыңнан.

— Өй, мына ойының қызық емес, мен ойнамаймын, — деп бұлтиды анау.

— Ойнамасаң, кет. Онда сен орныңнан алындың.

— Бәріміз де алынамыз ба? — деді дүкенші әйелдің кішкене ұлы.

— Сөйлемесеңдер, алынасыңдар.

— Онда жалғыз өзің қала бер, — деді де, бәрі өкпелеп, орындарынан тұрып кете барды.

— Өй, бұл «Жиналыс» деген ойын ғой, тоқтаңдар, тоқтаңдар, онда басқа ойын ойнайық, — деп қызы шыж-быж болды да қалды.

Осы оқиғаны Керімбалаға айтқанда, ол ішек-сілесі қатып күліп:

— Үлкендер не істесе, бала соны істейді деген. Өздерің ғой жиналыстан көз ашпай, енді кезекті балаларға берген, — деді.

— Жоқ, анау орныңнан алынасыңды қайдан біледі? Біреуден болмаса біреуден құлағына тиген. Сосын өзінше қиыстырған.

Керімбаласының, бала-шағасының қасына қиял шіркін өстіп бір жақындастырып тастағанда, Қасымның ойын Анатолий Карпович бөліп жіберді.

Қасеке, — деді ол созыңқырап, біз бір ыңғайсыз шаруамен келе жатырмыз. Мен білем, сіз білесіз, Сабыров біледі, сосын мына шофер ғана біледі.

Қасым елең ете қалды. Ол не нәрсе болды екен тағы. Мынасы бір үлкен сенім сияқты ғой. Өзі, Сабыров, сосын мен... Оу, Қасым, сенің бағаң көтеріліп қалыпты-ау. Бірақ анау ыңғайсыз шаруасы не? Анатолий Карпович үндемей ұзақ отырып қалды. Қасым не де болса, тезірек естігісі келді. Әлде бір құпия жай болып, айтарын айтса да, артынан тартынып қалды ма екен? Қасымға бұлар қандай құпияны сенбек? Соншама жерден дәуменмен әкелген, анау салтанатты жағдайда тапсырған ақ қозы, міне, тағы өздерімен бірге келе жатыр. Бұл не жұмбақ? Оның үстіне, қоңырсытып бірдеңенің шетін шығарды. Үздіктірмей айтса болар еді. Бірақ бастыққа әмірің жүре ме? Жақсылық болса, соншама несіне сүрлеп отыр? Мейлі жаман болсын, әкесі өлгенді де естіртеді ғой...

Осы кезде алдарынан Қаптал совхозының қой фермасы деген жазуы бар қақпа көрінді. Қыста қой қоздатумен шұғылданатын екінші шаруашылық осы екенін Қасымның естуі бар-ды. Шамасы қаладан жүз шақырымдай жерде ғана. Мұнда неге келді? Қара «Волга» алдында атойлап тұрған жарығы болмаса, іңірдегі мынау қараңғылықпен тұтасып кеткен еді. Көрген жұрт отты ғана байқады, бірақ қандай машина екенін айыра алып жатқан жоқ. Фермаға келетін машина аз ба?

Иван Васильевич Захарченко жаңа ғана алдынан кеткен Керімбаланың соңынан ұзақ қарап қапты. «Әй, мықты адам-ау, тегі, қайыспайды. Қасымды Алматыға апаруға машина сұрай келіпті».

— Міне, екі жылдан асты. Басылмақ тұрғай, үдеп барады. Енді білетін біреуге көрсетпесек, болмайтын шығар. Ескі дос деп өзіңізге келіп отырмын. Осы жолы тағы бір көмектесіп жіберіңізші.

— Қасымның өзі неге келмеді?

— Ой, Иван Васильевич, оның сырын білмейтін бе едіңіз? Біреуден бір нәрсе сұрауға ол еш уақытта беттемейді. Бұл дүниеден ешкімге салмағын салмай өтуге жаралған адам ғой.

— Біз бір-бірімізді жақсы біледі емеспіз бе?

— Соны айтам. Жоқ, қайта сыйлайтын адамды боқтан өзгемен әурелемеу керек дейді. Сұраншақтарды түртіншек қозымен теңейді ол. Маған да сондай айдар тағып қойды, қайтейін, одан жасырынып алдыңызға өзім келдім.

Ертең машина беруге Иван Васильевич уәде етті. Қаталбаев рұқсат етсе, өзі де бірге барғысы келетінін айтты. Алматыда жақсы таныс дәрігері бар, ең болмаса содан кімге көрсетуді сұрамақ. Керімбаланың қуанышында шек болмады. Адамның адамшылығы осындай басқа іс түскенде ғой.

— Әй, Иван Васильевич, әй жаратылысың бөлек-ау. Өзім де соған сеніп келіп ем.

Кім білген, қышыма деген жаман ауру екен. Сап-сау болып жүреді де, қызарып шыға келеді, содан өзін қоярға жер таппай қышынады, артынан температурасы көтеріледі. Совхоз, аудан маңында қарамаған дәрігер жоқ. Қышудың себебін ешкім таппай-ақ қойды. Мүмкін, көп жүрген соң қойдың бірдеңесі жақпады ма деп, фермадан да босады. Жоқ, совхоз орталығына келгеннен кейін де басылғаны шамалы. Жұмыс істемегелі тіпті қағынып кетті. Ой бір жағынан, бұл — бір жағынан. Иван Васильевичтің Қаталбаевтан тағы бір көңілі қалғаны, осы жайды айта барғанда:

— Оның қышымасы малға жұғып жүрмесін. Тезірек босат, — деді-ау.

Қаталбай десе Қаталбай, мүмкін оған малдан жұққан бірдеңе бар шығар. Бірақ көрініп тұрған қотыр жоқ қой. Малдан да кетті енді. Бірақ жазылған Қасым жоқ.

Керімбала екі рет курортқа апарды. Бірінде — Түргеннің суына, екіншісінде — «Сарыағашқа». Екі-үш рет ванна алғанша тәп-тәуір болып жүреді де, артынан қышымасы тіпті құтырып кетеді. Курорт жақпады деп, «Сарыағаштан» әуелі ерте қайтып келді.

Бұл ауру жөнінде Керімбала талай әңгімені де естіді. Бір белді қызметтегі адам күнде таңертең қызметке келсе, пысқырып-түшкіріп көзінен жас ағып, есі кетеді екен, соңынан қышу басталып, дәрігерден немесе үйінен бір-ақ шығарып жүріпті. Дәрігерлер себебін ішкен тамағынан, иіскеген гүлінен де, кабинетіндегі мебельдердің ағашынан да, ауа райынан да іздейді, таппайды, Содан бір тәжірибелі дәрігер:

— Қызметке келген бетте не істейсіз? — деп сұрапты.

— Не істеймін, газет қараймын.

— Сол газетті қарамай үш-төрт күн байқап көріңізші.

Үш-төрт күн байқап көреді, ешқандай қышыма жоқ.

Сөйтсе, оны пысқыртып, түшкіртетін жаңағы газет бояуының иісі болып шығады. Содан әлгі адам газетті әйнектің астына салып оқитын болған. Секретарін күнде ертемен солай етуге үйреткен.

Енді біреу шыны ма, қалжыңы ма, адам нанғысыз оқиғаны айтты. Қышымадан әбден әуреге түскен бір жігіт ақыры үш баласымен әйелін тастап жазылыпты. Неге десеңіз, оның қышымасын қоздыратын әйелінің құлағындағы бұлақтың иісі болып шығады. Жасында суықтан тапқан сырқаты екен. Осыны естігенде Керімбала:

— Сенің қышымаңды қоздырып жүрген мен шығармын. Айналайын, маған қымбаты сенің саулығың, тіпті басқа әйел алшы, — дейді.

— Сөйлепсің, жиырма жыл отасқанда шықпаған ауру қайдан сенен болады? Ондай қоздырғыш пәлең болса бұған дейін қайда қалды?

Қаншама қайраттанғанмен адам емес пе, Керімбала бір күні қатты налысын. Әкемнің сырқаты адам ауызға алуға қорқатындай анандай болды. Күйеуімнің жағдайы болса — мынау. Мен бұл құдайға не жаздым? Ешкімге қиянатымыз жоқ, ала жіптің үстінен аттамай-ақ өмір сүріп келе жатыр едік. Істемеген емі де қалмады. Білгіштер де көбейіп кетті дейсің. Теріге салу керек деді, теріге салды, ерменге шомылдыр деді, ерменге шомылдырды, қазы жеме деді, қазыны тоқтатты, қымыз ішпе деді, қымызды қойды. Тіпті енді мүлде тамақ ішпеуі керек пе? Онда аштан өледі ғой, өзі де жүдеп болды әбден. Ағаш төсекті қойып, қазір темір төсекке жатады. Неге десеңіз, түнде қышығанда, әсіресе, бақайларының арасы шыдатпай, темір төсектің аяқ жағындағы шыбық темірлерді шиқылдатып, үйкелейді де жатады. Кейде тіпті қан аққанша үйкелейді. Ең ауыры — түн. Ұйқы дегенге адам шыдай береді екен ғой. Көз ілмей шығатын түндерді санап тауыса алмайсың. Сыртқа шығып тұрған қотыр да жоқ. Былай қарасаң — caп-cay дене. Ет пен терінің арасындағы пәле дейді білгіштер.

Керімбаланың есінде, бір күні бүкіл денесі кәдімгі дырау қамшымен сойып салғандай білеу-білеу болды да кетті. Қышығанда енді жанын қоярға жер таппады. Қиналғаны ғой:

— Керімбала, қолыңа ұстара алып ана білеулерді тілгілеші, — деді.

— Кеселдің бәрі сыртқа шығып, енді жазыларсың.

— Әй, қайдам!

Кей күндері бұлай қиналғанша инфаркт, қылтамақ болуға да келісімін береді. Сүйген жарының бұл күйі барған сайын Керімбаланы да кеміріп жей берді. Сырқаттың жандарына батқанын балаларына білдірмеуге екеуі де жанталасты. Биыл Бейбіттің бітіретін жылы. Хат жазған сайын папасын аузынан тастамай, қалай, қалай деп сұрайды да жатады. Сонау қасқыр қамаған қыстан бері ол ауылға жазда ғана келетін болған. Өзінше далбаса жасап, Москвада әркім-әркіммен сөйлескен екен, олар осында әкеліп қарату керек депті. Кім әкеледі, бүкіл бала-шаға, мал-жан түгел шешесіне қарап қалды әрі ауру бағуы керек.

Қасымның бір ауық көңілін сейілтетін Керімбаланың әні, домбырасы. Оған көмекке келетін Асылхан. Түн жарымына дейін қиссаларын айтса, ол күні Қасым әдемі ұйықтап, тынығып шығады. Осыны байқаған ол екеуі ақыры артист болуға айналды. Бірақ фермадан көшіп кеткен соң, Асылханың көзден бұлбұл ұшты. Жаз жайлау, қыс қыстау дегендей. Ауырлық бір Керімбаланың өзіне түсті.

Бір күні көңілін сұрай Отарбек Әділжанов келген-ді. Ол қазір жоғарылап, аудандық Совет атқару комитетінің председателі болып, басқа жерге кеткен. Қасымның ауырғанын естіп, жол-жөнекей арнайы соғыпты. Ұзақ әңгімелесті.

— Бір күндік жолдасқа қырық күн сәлем деген. Сонау ақ қозыны апарған түнді ұмытуға бола ма? — деді әлден уақытта.

— Отеке, соны мына Қасым маған дұрыстап айтқан да жоқ. — Керімбала қыстырылып өкпесін білдіріп жатты.

Қасым бір қызарып, бір бозарды. Ол жер, бұл жерін шұқылап қаси бастады.

— Тағы да басталды ма? — деді Керімбала шошынып.

— Отеке-ай, әдейі арнап келгеніңізде мына қышымасы құрғыр дұрыстап әңгімелестірмеді-ау!

Отарбек естуін естісе де, ауруының сипаты дәл мұндай деп ойламаған еді.

Осы жағдайларды жақсы білгендіктен де, Иван Васильевич Алматыға бірге баруға ұйғарды. Азамат адамның қиналып жүргені оған да батты. Келісті Керімбаланың жүдеңкіреп қалғанына жүрегі езіліп кетті. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген рас екен-ау, шығып бара жатқанда да паң жүрісінен жаңылмады. Осындай рухы күшті жандар болады-ау, шіркін. Серігің де келісті, өзің де ақылсыз жігіт емес едің, қышыма құрғыры қайдан тап болып еді?

Таныс дәрігері Иван Васильевичті қасындағы адамдарымен үлкен бір маманға ертіп келді. Қасым мен Керімбаланы алдыңғы бөлмеге тастап, Захарченко профессорға өзі кірді, барлық жағдайды айтып берді. Екеуі Харьков облысында туған жерлес боп шықты.

Профессор Қасымды шақырды, Керімбаласы әдетінше бірге кірді. Үшеуі ұзақ әңгімелесті.

— Бұл деген — құпиясы өте көп қиын ауру. Медицина бұл аурудың алдында дәрменсіз. Дегенмен бір сұрақ қояйын, — деді профессор. — Сіздікі тамақтан да емес, ауадан да емес, гүлден де, айналаңыздағы малдан да, адамнан да емес. Бар пәле сіздің басыңызда.

— Жаныңызды азапқа салған, айта алмай жүрген құпияңыз бар ма?

Қасымның есіне Әрең туғанның тағдыры түсті. Онымен болған соңғы сапар. Қаптал совхозына іңірде ұрланып барғандары. Стужев тісіңнен шығарма деп еді-ау. Бәрі көз алдына қаз-қалпында келді. Ұзақ үнсіздіктен кейін Стужев Қасымға бұрылып қарады да:

— Мына қозыны қазір мүйізді қозыға айырбастаймыз. Барған жерге ләм-мим ештеңе демейтін боласыз. Олар қозыны бергенді біледі, басқа жайдан хабары жоқ. Әншейін бір айырбас, бітті.

— Анау таңертеңгі қылкөпірден, тексеруден тағы өтеміз бе, Анатолий Карпович?

— Жоқ, ол да болмайды. Еңбек — сіздікі, абырой — біздікі. Қозының айырбасталғанын төртеуімізден басқа тірі жан білмеуі керек.

«Мықтының өзін алдағанымыз ба?» дей жаздап барып Қасым өзін-өзі әрең тоқтатты.

— Ту баста осы совхоздың өзінен неге алмадыңыздар? Әрі тіпті жақын ғой, тиіп тұр қалаға.

— Бұлардың көрсеткіші төмен болды.

— Сонда не болғаны...

Қасым көмейіне тас тығылғандай, әлденені айта алмады.

— Не болушы еді, мүйізді қозы керек екенін қайдан білейік? Біздің кемшілік — осында. — Анатолий Карпович мырс етіп күлді. — Біз оған аузымыздан қағынып мүйіз шығатын тұқымнан деп қалдық. Енді артымызды жабуымыз керек. Ал айтқаным айтқан, тісіңізден шығарушы болмаңыз.

Адалмын деп жүріп, Қасым сөйтіп сондай бір алдауға қатысты. Алдау болғанда қандай! Оқиғалардың өзі орби-орби келіп, өзгелермен бірге мұны да отқа салды да жіберді. Бұлтаруға болмай қалды ғой. Сол бір тәулікке жетер-жетпес уақыт ішіндегі әбігер мынау қышымадан тіпті де айнымайды екен, ду-ду етіп ала жөнелгенін көрмейсің бе. Не үшін жасалды, неге жасалды? Қай Құдай мұның сорына сол оқиғаға араластырған? Абырой алдық па, ардан аттадық па? Әрине, ардан аттадық. Кімді алдадық, неге алдадық, не үшін? Осы кезде Қасымның түсі бал-бұл жанып, беттері бөрте бастады. Ал қазір бүкіл денесі дуылдап, екі аяғын бір етікке тығып, қай жерін қасырын білмей сасады, қиналады.

Қасындағы Керімбала:

— Айтсаңшы, менен жасырын бірдеңең бар ма еді, тіпті шығып кетейін, — деді. Ол сорлының ойы мүлде басқада.

— Міне, тап қазір басыңызға қандай ой келді. Ойдан да, әрине, азапты ойдан қышыма болады деген болжам бар. Жүйкем жұқарды деме, оны жұқартатын ой. Міне, сіз қызарып кеттіңіз. Басталды, басталды, айтыңызшы, айтыңызшы, қандай ой келді қазір?

Қасым басын шайқады. «Тісіңнен шығарма, тісіңнен шығарма» деген Стужевтің сөзі құлағында тұрды да қойды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер