Өлең, жыр, ақындар

Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін - білім

Әріп танып, оқу үйреніп жүрген кішкентай күндерімнің бірінде мектептің кіре берісінде ілініп тұрған Мұхтар Әуезов атамыздың "Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе - білім" деген сөзін оқыдым. Сол күннен бері сабаққа кіріп-шыққан сайын әлгі жерге көз жүгіртіп, артынша дауыстап қайталайтынмын. Бірақ, сол қысқа ғана бір ауыз сөздің мағынасын қаншама жылдар өткенде ғана толық түсіне алдым. Сөйтсе, дана бабамыз білімнің барша құдіретін сол бір ықшам қанатты сөзіне сыйдырыпты-ау!

Адамды адам еткен алдымен - еңбек болса, одан соң - білім екені даусыз. Ал бүгінгі жаһандану заманында білімнің қоғамдағы рөлі тіптен маңызды. Қазіргі таңда біздің мақсатымыз не, бағытымыз қандай? Басты мақсатымыз: мәңгілік ел болу, дамыған, әлем алпауыттарымен терезесі тең, ешбір көштен қалыспайтын бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптасу. Осы мақсаттарға жетудің жалғыз кепілі - білімді ұрпақ, саналы халық.

Адамның басында білім, көкірегінде жарық шамы болмаса ол өзі жүрген қараңғыда қолындағы барынан айрылады. Білімсіз жұмсалған күш-жігер де, еңбек те өнімсіз. Ал халқы білімді елдің күллі әлемге көзі ашық болады. Білімді елдің байлығы да, берекесі де сарқылмайды. Дамыған елдер дегеніміз индустриалды және ғылыми-техникалық төңкеріс кезеңін басынан өткерген, экономикада, мәдениетте және саяси-әлеуметтік құрылымда едәуір жоғары деңгейге көтерілген елдер екен. Бұл тізімнен көріну үшін әрбір сала білікті де білімді мамандардың қызмет етуін талап етеді десек қате болмас.

Көрдіңіз бе, халықты халықпен теңестіретін нәрсе оның байлығы, жер көлемі немесе тағы басқа фактілер емес. Халықпен халықты, өркениет пен өркениетті салыстырудың негізгі бірлігі - білім. Білімі озған ел басқа жағынан да ілгерілей беретіні сөзсіз. Дәл сол себептен де мемлекетіміз  білім мәселесіне келгенде барын салуда.

Мысал ретінде өзім оқып аяқтаған Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы қара шаңырақ білім ордасы - Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясын айта аламын. Сапалы білім үшін аянбай еңбек ететін мектеп "тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы" деген ата сөзімізді де естен шығарған емес. Оқушыларды білімді және мәдениетті индивид етіп қалыптастыруда нәтижелі жұмыс атқарып жатқан М. Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы аудан тіпті облыс көлемінде көш бастап тұрған абыройлы білім ордасы. "Әйел бастаған көш оңбас" деген ескі стереотип қазақта біразға дейін болды. Алайда, бүгінгі күні ол сөздің еш мәні жоқ екенін көптеген нәзік жанды қоғам қайраткерлері дәлелдеді. Және соның айқын бір дәлелі: аталған мектептің директоры Қамбарбаева Роза Сәрсебекқызы. Өзінің білімімен, үлкен тәжірибесімен қоса талапшылдығымен ерекшеленетін Роза Сәрсебекқызы қаншама шәкірттердің білімге деген құштарлығын арттырып, олардың білімді, сауатты әрі жан-жақты болып қалыптасуы үшін еңбек етуде. Жастар тәрбиесіне ден қойып, сауатты ұрпақ қалыптастыруда әрбір адам шын беріле жұмыс жасаса болашақтың бағдары сол емес пе?

Өйткені жас ұрпақтың білімі үшін төгілген тер -  халықтың болашағы үшін төгілген тер. Қалай болғанда да адам мен адамды, халықпен теңестіретін нәрсе - білім емес пе?! 

Мейрбек Баян Мұратбекқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Журналистика факультетінің 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар