Өлең, жыр, ақындар

Соңғы дем де, Отан үшін!

Аягөз-Қабанбай туы астында томағасын тұңғыш сыпырып,Жоңғар шапқыншыларына найза тіреп,қылыш суырған Шыңқожа батырдың елі мен жері үшін шыбын жанын садақа еткен отаны.

Шынқожа Базарқұлұлы 1706 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданыда дүниеге келген.Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінде ерекше ерлік көрсетіп, Қаракерей Қабанбай батыр әскерінде талантты қолбасшы ретінде аты шыққан. Орта жүз найман ішіндегі Қаракерей руының Тума тармағынан болған.Тума руы Шынқожа батыр есімімен белгілі болған. 

1727 жылы Бұланты-Білеуті шайқасында жеке ерлігімен көзге түсіп, жас батыр атанған.

1730 жылы Аңырақай-Алакөл шайқасына, 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасына қатысып, тума, тоқпақ, байғана руларынан құралған жасаққа басшылық еткен.

1752 – 1754 жылдары Жетісу, Алтай, Тарбағатай өңірлерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында дарынды қолбасы ретінде ел құрметіне бөленді. 

Шынқожаның батыр атағы алғаш шыққаны - Жоңғардың «Аюқара» атанған Доба деген батырымен жекпе-жекке шығып, оны өлтірген кезі, ол кезде батыр 21 жаста екен. Осыдан бастап талай шайқастарда ерен ерлігімен көзге түскен батырдың даңқы ел арасына кетеді.
Найман елінің, Тума руының ұранына айналған батырдың жоңғарларға қарсы соғыстарда атағы шыққан. Жекпе-жек сайысында талай мықты жоңғар батырларын жеңген, бір шайқаста бірінен кейін бірін сегіз батырды жеңгені бар. Қабанбай жасақтарымен тізе қосып Аңырақай, Қалба, Алакөл сайыстарына қатысқан. Қалмақ ханы «Шынқожаның басын әкелгенге, соның басындай алтын беремін» деген екен.
Батырдың ерлік жолындағы ерен есімі Тума руында болып жатқан оқиғалардан басталды.Қожакелді, Ерназар батырлар, рудың ұлы қариялар мен игі жақсыларын жинап алып: «Біз қартайдық. Туманың туын кім ұстайды. Кімге тапсырамыз?» дейді. Жиын топтың ішінен бір жігіт Қожакелді батырдың алдына келіп: «Уа, батыр аға, өзіңізбен бірге Төлендіқараның үйінде түстенгенімізде, Жаманкөзден қалған Шынқожа деген бір жанып тұрған баланы көріп едік қой! Атымызды байлап, есік ашып, қолға су құйып, орамал ұсынып жүрген сол баланың бітімі бөлек, адамның қарай бергісі келетіндей бала еді. Сіздің туыңызды ұстауға сол лайық!», – дейді.

Қожакелді батыр қасына нөкерлерін ертіп, Жаманкөздің ауылына Төлендінің үйіне түседі. Аттанар алдында: «Осы үйде бір бала бар еді, ол кайда?» дейді Қожакелді батыр. Төленді төмен қарап күмілжиді. Сонда Төлендінің әйелі; «Ағалар, бұл бауырларыңыз жүзі күйіп, сіздерден қорқып үндей алмай тұр» дейді де, болған жайдың бәрін, баян етіпті.

Төлендіқара ұрлық жылқыдан үлесіне тиген бір ту биені қара күзде жығып алады. Жылқы етінің иісін түстік жерден сезетіндер болады ол күнде. Елге білдірмей, ұрлық жылқыны иісін сездірмей жеу керек. Жер тошалаға жасырып отырған биенің бір кесек майын Шынқожа істікке шаншып, отқа ұстап, пісіріп жемек болады. Шыжыған майдың иісі мұрнына келген Төленді үйден атып шығып: «жетім ит» – деп Шыңқожаның қолындағы май шанышқан істікті жұлып ап, баланың бетіне басады. Ыстық майға өңін де бұзбаған, көзін де жұмбаған бала сол түні жоғалып кетеді.

Шынқожа бала сол кеткеннен мол кетіп Ташкент асып кетеді. Өстіп алты жыл өтеді, Шынқожа өнерлі, өрімдей жігіт болған кезінде өзбек ханының әскер жасағында сарбаз болады, ірілі ұсақты соғыстарда ерлігімен және соғысты басқару, әскерлерді соғыста ұйымдастыра білу қабілетімен ерекше көзге түсіп, біртіндеп он басы, жүз басы, мың басы содан өзбек хандығының жасағының түмен басы қызметіне тағайындалып, батырлық, қолбасшылық атағы алыс-жақын көрші елдерге жайылады. Шынқожаның хабарын біле алмай жүргенде, оның батырлық атағы мен даңқы Қазақстанның қиыр шетінде, елдің шетінде, жаудың өтіндегі Тарбағатай өңіріне де жетеді. Қарт Қожакелді батыр бауыры Шынқожаны іздеп Ташкент қайдасың деп тартып береді.Өзбек ханына келіп: «Бауырымды қайтарып бер, өзіммен бірге ала кетемін», – дейді. Хан бермейін десе, нақ бауыры екенін біліп тұр, берейін десе бұндай батырды, әскербасын қайдан табады. Хан беруге қимай: «Мың сарбазды бірдей киіндіріп, екі сапқа бөліп қарама-қарсы тізіп қоямын, солардың ішінен бауырыңды дөп танып алсаң ғана қайтарамын, танымасаң саған жоқ, келген ізіңмен кері қайтасың» деген шарт қояды. Қожакелді батыр бұл шартты қабыл алады. Сонан кейін Қожакелді батыр самсап тұрған қалың сарбаздың ортасынан атымен құйындата шауып, екі жағына кезек-кезек теңселіп: «Бауырым Шынқожа! Шынқожа!» – деп ұран тастайды. Сол мезетте ұранды естіп қаны қызып, туған жерін аңсап, сағыныштан сарғайып жүрген Шынқожа батыр да: «ағекем, ағакем, бармын, бармын!» – деп Қожакелді батырға қарсы шабады. Екі ағайынды батырлар өстіп табысқан соң, өзбек ханының амалы құрып Шынқожа батырды ағасы Қожакелді батырға қосып береді.

Содан бері бүкіл Тума баласының соғыстағы ұраны «Шынқожа» болып қалды, әлі де осы ұран. Қырық жыл созылған қанды шайқаста Шынқожа батыр Туманың қолын бастап қазақ жасағының бас қолбасшысы Қабанбай батырдың қосынында болды. Шынқожа батыр ерлігі туралы І.Жұмаділовтың “Дарабоз” дилогиясында жақсы суреттеледі.

Қазақ-қырғыз арасында болған қақтығыста Шынқожа батыр қоршауда қалып қалады. Әбден өшіккен жаулары Шынқожа батырдың денесін кескілеп-туралап кетеді.Сонда Шынқожа батыр бармағын қылышпен шауып орайды өз да, сау қалған батырларға қазақ жерінде көмуге аманат ретінде тапсырады, өзі сол “Жайыл қырғыны” деп аталған шайқаста ерлікпен қаза табады. Қабанбай батыр сүйегін іздеп табуға бұйырық береді. Батырдың сүйегін таба алмағаннан кейін, күректей бас бармақтың Шынқожа батырдыкі екенін танып, серіктері осы бас бармақты Шығыс Қазақстан облысының Аягөз аудандағы Шынқожа есімімен аталған ауылда Нарын өзеннің бойындағы биік төбенің басына арулап жерлеген. 

Ал 1996 жылы Шынқожа батырдың 290 жылдығы осы Аягөз өңірінде кеңінен атап өтіліп, бармағы көмілген жерге жаңа кесене орнатылды. Аягөз қаласындағы үлкен бір көшеге Шынқожа батыр есімі берілген.

Қорыта айтар болсам,Шынқожа батырдың ерен ерлігі тарих сахнасында айтарлықтай із қалдырды.Батырдың есімі халық жанынан да,жадынан да мәңгі өшпеген және өшпейді де!

Жетекшісі: Ф.Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

Дайындаған: Берікханова Арайлым,Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз