Өлең, жыр, ақындар

Сана сауалмай, ұрпақ оңалмас

Бүгінде адам денсаулығы қиюы қашуының басты себебі, ең бірінші кезекте, жүйкеге және табиғат тепе-теңдігінің бұзылуына (экология) байланысты екендігін жұрттың көбі біледі. Ал жүйкені, яғни жанды билеу үшін адамға сана берілген. Нешебір дүниеден өткен пайғамбарлар мен данышпандар адам баласына табиғаттың басқа төлдерінен артық етіп берілген Сана атты ұлы ұғымды жөнге салмай, саналы да салауатты тірлік жасамай, өскелең ұрпақты өрелілікке, салиқалы сана-сезімге тәрбиелемей, ұлағатты да ұйысқан ұлт атанудың мүмкін болмайтындығын алға тартқан.

Өзгелерден еш олқы да, сорлы да емес, оқсаулы да озық ұлт атану үшін - халқыңның жаны да, тәні де сау, ата-бабалардан тамыр тартып келе жатқан қадір-қасиет, қан дегендер қайнап тұруы керек. Дені сау, дене бітімі дара, текті жұртыңның ұландарының отты жүздері жайнап тұруы керек.

Ал біздің бүгінгі таңдағы жұтқан ауамыз бен ішкен суымыз, талғажау еткен тамағымыздың сапалық деңгейінің төмендігін былай қойғанда, желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектерге саналы тәрбие берудегі саясатымыз, балабақша, мектеп, отбасындағы тәлім-тәрбиеміз таяз тартып жатқан сияқты. Бұлай деуімізге мысал да, себеп те, жауап та көп.

Жастардың басы тоғысатын қай жерге бармаңыз, мейлі ол жоғары, немесе кәсіптік, орта оқу орындары, дискотекалар болмасын, түтінін будақтатып темекі тартып тұратын жас жеткіншектерге кезігесің. Ер балалар өз алдына, қыз балалар да олардан қалыспайды. Олардың арасында есірткі, тіпті одан да күшті уытты, сананы улайтын «дәрілерді» тұтынатындары да аз емес. Есірткі тұтыну дегеніңіз күні бүгінде өндірісте еңбек ететін жастар арасында да жиі ұшырасады. Олар оны көбінесе көзге түсіп пайдаланбағанмен де, жасырын қажетіне жаратады, сосын біртіндеп мәңгүрттікке бет бұрады. Ол ақ адал еңбек етіп, аршындап алға басуды емес, әйтеуір бұйырған жерден ас ішіп, тек санатта жүргенді қолайлайды. Жұмысқа енжар, арақ-шарапқа, есірткіге құмар табансыз жастардың тұрлаусыз болатыны, әзер деп қолына іліккен жұмыстан қағылып, қаңғып қалатыны, ақырында бостан-босқа сенделіп, қоғамдық масылға айналатынын күнделікті өмір көрсетіп отыр. Болашақ ана болатын, өмірге ертеңгі ұрпақты әкелетін балауса қыздардың әлгіндей қоғамдық кеселдерге бой ұруы тіпті қатерлі.

Дені де, жаны да сау ұрпақ сірә да салауатты ғұмыр кешкен ата-анадан өмірге келеді. Ал жанның саулығы мен тәннің саулығы, «сақтансаң-сақтармын» деп Тәңірім айтқандай, көп жағдайда адамның өзіне, өзін-өзі билей, өзін-өзі зерделей, зерттей алуына байланысты. Яғни, денсаулығына шынайы байлығым, бес күн тіршіліктегі басыма қонған бірден-бір бағым деп саналы түрде қарай алатын адам дене тәрбиесі, дене шынықтыру, шыңдалумен айналысып, тапқан табысын «жынды судан» гөрі, отбасы, бала-шағамен оңды демалып, құнарлы тамақтануға, бір сөзбен айтқанда салауатты өмір сүруге арнайды. Егер адам шын мәнінде денсаулығының жайын алдын-ала ойлайтын болса, қандай жағдайда да өз ағзасына залал келмеуін ойлауға тиіс. Бұл үшін күнделікті өмір сүру салтына айрықша мән бергені мақұл. Бүгінгідей күрделі нарық заманы, техника ғасыры, тұрмыстық түйіні шешілмеген проблемалар, той-садақаның көптігі мен қозғалыстың аздығы адамзат алдына жаңа кеселдерді алға тартты. Жаяу жүрістің, қол еңбегінің аздығы, жұмыс және тұрмыстағы стрестік жағдайлар, дұрыс тамақтана білмеушілік жүрек-қан тамырлары, семіру, демікпе, жарақаттанушылық, невроз - жүйке ауруларының кең өріс жаюына жол ашты. Шамадан артық тамақ жеу, түрлі әдіспен тәтті тағамдар жасап тұтыну семіруге, қант диабеті ауруларының көбеюіне себепші болды. Оның үстіне күні бүгінгі тағамдарда табиғилық жағы тапшы екені дау тудырмайды. Бұл ретте сауда төңірегіндегілерді коммерциялық мақсат көбірек толғандырады. Олар тауарды көп қылып шығарып, ұзақ сақтау жолдарын ойластырады. Шетелдерден әкелініп жатқан түрлі тағамдардың барлығына да қосымша консерванттар қосылған әрі тұтыну мерзімдері де өтіп еткен. Міне, біздің күнделікті тұтынып жүрген тамағымыздың түрі осы. Содан да келіп белоктар мен витаминдердің, адам ағзасына қажетті басқа да микроэлементтердің жетіспеуінен адам әлсірейді. Сондықтан да тәуелсіздікті еншілеген елімізде дұрыс тамақтануға, дене тәрбиесіне, қоғамдық зиянды кеселдерден аулақ болуға бала жастан баулуды жүзеге асыру - асқаралы міндет. Көбінесе ас әзірлеуде жауапкершілік жүгін мойынға ілетін әйел-арулар қауымы да бұл мәселеде, яки нәрлі тамақ даярлауда сауат көздерін аша түскені пайдалы болмақ.

Жалпы қай істе де салауаттылықтың алды - сауаттылық, саналылық болатынын қайта-қайта қадап айта беруге тура келеді. Өзінің жеке басының, үй - ошағының, қызмет орнының санитарлық-гигиеналық жағдайына кіршіксіз қарайтын жерлерде денсаулыққа кірбің-кіреуке түсе қоймайды. Бұл жерде де әркімнің абай болуы, сақтығы туралы айтпай кетуге болмайды. Ел іші болғасын да той-садақа көп, асты бір табақтан қолмен жейтін жағдайлар болып тұратын шаруа. Ал осындай көпшілікпен жақын араласқан тұстарда гигиеналық талаптар сақталынбай қалып жатса, жұқпалы аруларға бой алдырып қалуыңыз әбден мүмкін. Біздің өлкемізде де туберкулез, гепатит, іш-ішек аурулары, тағы басқаларының көбірек кездесетіні осындай себептерден туындайтынын жасыруға әсте болмайды. Ауырмау керек, ауырдың екен, елге залалыңызды тигізбей, уақтылы жатып емделген жөн.

Соңғы мезгілдерде дінімізге, ділімізге, ата салт, ата дәстүрлерді тереңнен ұғынуға бетбұрыс жасадық. Санамызға сәуле кірді. Осы жылтты өшіріп алмасақ екен. Ұлттық ұлағатымызды түгендейік те, меңгерейік те. Жан-дүниеміз таза, иманды, барға қанағат еткен, баршаға ақ тілек жаудырып, жақсылық тілеген (қолдан келгенінше жақсылық, қайырымдылық жасаған) адамдар болсақ, Алла тағала жолымызды оңғарып, ісіміздің сәтін салып тұратынына күмәнмен қарауға болмайды. Өзгеге жаманшылық ойлап, қызғаныш пен күндестік туғызу, жең ұшынан жымдасқан, жемқорлықпен жалғасқан байлық пен бақастыққа бой ұру, тасырлық пен тойымсыздыққа ұрыну бір күні болмаса бір күні аяғыңызды аспаннан келтіретінін ұғына жүру артық емес. Үнділік медитация (йогтар), Европа ғалымдары ұсынған тәсілдер (аутагендік жаттығулар) адамның өзін-өзі меңгеруі, қайғыда да, қуанышта да өзін-өзі билей білуінің зор маңызын айқындай түседі. Өз жан-дүниесінің тазалығына, өз ағзасының кінәратсыздығына, бойының сергек, ой-санасының салуалы екендігіне сенген адамдар істе де алғыр әрі бекем, қабілетті де қауқарлы келеді. Ондайлар айналасына, қоғамға да оңды жағынан ықпал етеді, өзгелерді де өзіне тартады, баурайды, шарапатын тигізеді. «Жаны саудың - тәні сау» деп те атам қазақ тегіннен-тегін айтпаса керек.

Сырттай назар аударып қарасаңыз, бүгінгі біздің жұртымызды - байын да, жарлысын да, ханын да, қарасын да ұлтымыздың, жұртымыздың саулығынан гөрі күйбең тірлік, күнкөріс, бүгінгі күнмен алдану алдарқатып жүргендей сезіледі. Құдайға шүкір, дегенмен, азды-көпті ілкі ізденіс, бағдарларымыз да жоқ емес. Айталық, мектептерде осынау біз айтқан әңгімелерді зерттейтін «Валеология» пәні мектеп бағдарламасына енуі көңілге көп үміт ұялатады. Өкінішке қарай, жағымды жаңалықтың жанында проблемасы қоса жүретіні қинайды. Оқулық тапшылығы мен мамандар жетпестігі көп жағдайда қолбайлау болмай тұра алмайды. Салауатты өмір салтын орнықтыруға арналған орталықтың да қолы қысқа, қаржысы жоқ. Аудандарда ашылған осы бағыттағы кабинеттер жабылып та үлгерді. Аудан, қала әкімдерінің іргелі іске немкетті қарауы салауатты өмір салтын өмірімізге енгізудегі, реформа жүргізудегі солқылдақтық пен дәрменсіздікті айқын аңғартады.

Ал «бірінші байлық - денсаулық, екінші байлық - ақ жаулық, үшінші байлық - он саулық» екендігін ертеде пайымдап кеткен халқымыздың салауатты өмір сүріп, саналы ғұмыр кешуі, тірліктегі ой - өре, мәдениет, талғам таразысының өсуі кешеуілдеуге, кері шегеруге болмайтын келелі шаруа екендігін кеш түсініп қалмасақ болғаны.

4. 02. 2000 жыл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз