Өлең, жыр, ақындар

Құрметті Ұстазымыз Төрегали Қаратаев туралы ой

Төреғали Қаратаев (1934-2021) – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, тарих, археология және этнология факультетінің құрметті түлегі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Әйтеке би ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері, КСРО жоғары білім саласындағы «Жоғары білімнің үздігі», білім саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының  білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен және де бірнеше арнайы медаль, төсбелгілермен марапатталған кұрметті Ұстазымыз еді.

Ұстазымыз білім, ғылым, қазақ мәдениеті, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы деген мағыналы мәселелерге үлкен құрметпен қарап, жас кезінен жақсы меңгергенін сабақта, күнделікті өмірде көрдік. Төреғали Қаратаев «сегіз қырлы бір сырлы» жан болды. Ұстазымыз педагогикалық, ғылыми, публицистикалық еңбектері мен қатар, өлең жазу және ән айту, күй тарту және  терме орындау өнерімен де белгілі еді. Қазақтың шешендік өнеріне, тарихи тұлғаларға  арналған таңдау курстарынан сабақ өткізіп, жастар үшін қосымша кітапшалар дайындаған. Әр сатыдағы білім алған ошақтарын (мектеп, училище, жоғары оқу орны) және Ұстаздарын құрметпен еске алатын. Өзі ұстаз болғанда «студенттерге дәріс оқығанда да, аспиранттарға жетекшілік еткенде де, жас ғалымдардың еңбегін бағалағанда да сол бір Жақсылардың берген тәлімі бойда, айтқан ақылы ойда тұрды» - дейтін Төреғали ағамыз. Ұстазымыздың жатқан жері жарық болып, арты қайырлы болсын!

Құрметті ағамызды еске ала отырып, білім алған мектебіне арналған өлеңін ұсынамыз:

БӘРІМІЗГЕ АНАСЫҢ

/Ақтөбе облысы, Қарабұтақ қазақ орта мектебіне 50 жыл/

Соғыс келген қанға толып қонышы,

Сиреп қалған сауаттыға ел іші.

Жетіншіге сабақ беріп жүретін,

Кеше ғана бітіргендер оныншы.

 

Әкем кетті жауға салып айбынды үн,

Шешем қалды уын жұтып қайғының.

Қаурсынып жел сезді ме дегенде,

Әкеден де, шешеден де айырылдым.

 

Әке өлсе де азып-тозып кетпедім,

Шеше өлсе де шерменделік шекпедім.

Пана болдың,

Ана болдың мүсіркеп,

Сыңар қабат Қарабұтақ мектебім.

 

Ұстаздарды пір тұтар ем талай әз,

Әкеміздей әлпештеген, жаны жаз.

Бір сөзінен көктем болып кететін,

Даладағы сықырлаған сары аяз.

 

Енді міне, сен келіпсің елуге,

Ілесіпсің елің тартқан шеруге.

Ақ сақалды, ақ самайлы ұл-қызың,

Асығады саған сәлем беруге.

 

Алтын шашам мерекеңе уыстап,

Мен де тұрам шәкірт қалпым ту ұстап-

Есігіңнен сентябрьде жыл сайын,

Бүлдіршіндер аттағанда гүл ұстап.

 

Сен – шаңырақ тапқан нақыш, жарасым,

Сен  – мен үшін үлкен үй боп қаласын.

Сен – байтерек жеміс толы бұтағы,

Сен – тілекші бәрімізге Анасың.

Қантар – 1979 ж.

Профессор Төреғали Қаратаев. Кешеден келдім бүгінге (Ғұмыр-дерек). Алматы, 2004; 70 -71 б.

Ахметжанова Ажар. КазНУ им. аль-Фараби. Факультет истории, археологии и этнологии


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар