Өлең, жыр, ақындар

Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің даму үрдісі

Қарасай Нұрбибі  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты

Философия және саясаттану факультетінің профессоры, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы

Қазақ балалар әдебиеті – әдебиет ғылымының әлі толық зерттеле қоймаған ерекше саласы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «еліміздің ертеңі жастардың қолында»[1] демекші, қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ- Қазақстанымыздың болашағына жауапты тұлғалар. Ал оларды ата-аналары мен білім орындарынан басқа ұлттық тәрбиені ұлықтайтын көзі ашық, көкірегі ояу болуына септігін тигізетін тағы бір тарап болса, ол әрине – балалар әдебиеті қаламгерлері. Халықтық педагогика мен бүгінгі күнді ұштастырып, әлем әдебиеті шығармаларын жырларына арқау етіп, оны бүлдіршіндерге лайықтап жазып шығу өте қиын дүние. Бала танымына арнайылап, түсінуіне ауырлау келмес үшін де тер төгетіні тағы бар. Ересектерге арналған жыр-шумақтарынан гөрі айналасын енді танып жатқан бөбектердің психологиясына барлау жасау кез келген қаламгер қолынан келе бермейді. Осынау қиындығы мен қызығы қатар жүретін әдебиет саласының бүгінде зерттелуі кенжелеп қалғандығы рас. Сонау ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырда әдебиет жанашырларының бастамасымен бөлек сала ретінде қарастырыла бастаған балаларға арналған небір жауһар жырлармен толыға бастады. Кеңестік дәуірде үкіметтің сойылын соғар астыртын құралы ретінде жұмсалғанымен, тәуелсіздік алып еркін ел болғанымыз да балалар әдебиетіне өзгеріс енгізбей қоймады. Себебі, бұрын соңды рұқсат етілмеген діни тақырыптарға тосқауыл қойылмады. Сол себептен, жаңа бағытта жырлайтын, өзгеше кейіпкерлермен тәрбиелейтін жырлар көбейе бастады. Кеңес үкіметінің саясатын мақтап, идеология тұтқыны болған персонаждардың орнын ұлтын сүйетін, адамгершілік пен сүйіспеншілікті ту еткен жаңа кейіпкерлер басты. Бұл балалар әдебиетінің ескілік қалдығынан ажырап, жаңа белеске шығуы еді. Дегенмен, аталмыш үш кезеңнің ортақ тұсына көз жүгіртер болсақ, қазақ фольклорына сүйене отырып, ата-бабамыздың бала тәрбиелеу  тәсілін басшылыққа алып отырғандығын байқай аламыз. Еліміздің бодандық қамытын шешіп, жеке ел болуы балалар әдебиетіне жаңа леп алып келді. Әдебиет қоры өткен кезеңдегі болжамдар мен зерттеулердің орнына жаңа бағытта жүргізілген зерттеу жұмыстарымен толығып жатты. Кеңес дәуірінде тақырыптарды қатаң талаппен тексергендей, әдебиеттану саласында да зерттеулер үкімет қалауына сай қарастырылғаны белгілі. Соның салдарынан әдебиеттің басты тақырыбы саналатын ұлт пайымы мен наным-сенімі, көзқарасы лайықты дәрежеде мән берілмеді. Аталмыш жағдай балалар әдебиетін де өз залалын тигізіп, шығармаларды Кеңес үкіметі көзімен сараптау қажеттілігі туды. Сыңаржақ пікірдің кесірінен қазақ балалар әдебиетіндегі ұлттық тамырымыз өткенімізбен байланыстырушы қазынамыз саналған салт-дәстүр, фольклор жанырындағы зерттеу жұмыстары кейінге ысырылып, ескерусіз қала берді. Сондықтан Кеңес дәуірінде жарық көрген ізденіс жұмыстарын жаңаша заманның көзқарасына сай, тәуелсіз мемлекеттің қаламын еркін көсілтетін қаламгерлері ретінде қайта қарастыру қажеттілігі туып отыр.

Қазақ балалар поэзиясына зерттеулер жүргізу кеш қолға алынғанымен, құнды еңбектерімен тарихта атын қалдыра білген ғалымдар да баршылық. Қазақ балалар әдебиетінің зерттелуі жайлы сөз қозғалғанда, алдымен ойымызға оралатын, ғылыми еңбектері бүгінгі күні де өзектілігін жоймаған, әрбір балалар әдебиетін зерттеуші басшылыққа алатын еңбек – Ш.Ахметовтың ғылыми жұмыстары. Дегенмен, заман талабына сай, жаңару мен өзгеру кезеңінде өз ғасырына сай жазылған ғалым еңбектерінің пайдаға аспайтын тұстары да кездесіп жатады. Балаларға арналған әдебиеттерге арнайы мән беріліп, ізденіс жұмыстары ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап зерттеле бастады. Аталмыш кезеңнің үздік зерттеулері деп Қадыр Мырзалиев, Бекен Ыбырайым, Серік Қирабаев сынды ғалымдардың еңбектерін айта аламыз. «Қазіргі қазақ балалар повестерінің көркемдік ерекшеліктері» және «Қазіргі қазақ балалар прозасы және рухани-эстетикалық даму мәселелері» атты Бекен Ыбырайым секілді ғалымның тың зерттеу жұмыстары, С.Өскенбаевтың 1970 жылы жарық көрген «Қазақ балалар прозасының даму тенденциялары» атты  еңбектері балалар әдебиетінің алғашқы және тың зерттеулері болуымен ерекшеленеді. Балалар поэзиясының көптеген мәселелері мен еңбек сіңірген қаламгерлерімізді зерттеу жұмысына арқау еткен Ж.А.Рүстемова, Е.Өтетілеуов, Б.Тәжібаев, Н.Дәутаев сынды ғалымдар аталмыш саланың дамуына зор үлес қосқандығын айтқымыз келеді. Балалар әдебиетінің мәселелерін қаузап, сыни тұрғыда жазылған жарияланымдары мен көзқарастары баспа беттерінен көрініс тауып тұрды. Ауыздан-ауызға тарап бүгінгі күнге дейін жалғастық тапқан фольклор жырлары мен балаларға арналған тың туындыларды зерттеп, Ахмет Байтұрсынов, Мәлік Ғабдуллин, А.Мамбетова секілді ғалымдар халық ауыз әдебиетінің бүлдіршіндер ойына әсері мен пайдасы туралы еңбектер жазды. Бұл жұмыстарда өткен кезеңнің балалар әдебиеті толық сарапталды дегенмен бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің әлі де зерттеуді қажет етер кемшіл тұстары өте көп. Келешектің тұтқасы саналған өрендеріміздің ел қамын ойлайтын білімді, ойлы азамат болып тәрбиеленуі үшін балалар поэзиясының орны ерек. Әдебиеттің аталмыш саласының басты мақсаты – өскелең ұрпақтың білім деңгейін жоғарылатып, елі үшін «тау қопарар» ұлтжанды азамат тәрбиелеу. Ал егемендік алғаннан кейінгі балалар әдебиеті Кеңестік кезеңмен салыстырмалы түрде қарағанда өзгеше жаңа бағытта өріс алды. Оның ішінде баланы әзіл өлеңдермен тәрбиелейтін мазақтама өлеңдерін ерекшелеп айтуға болады.  Бала бойындағы жағымсыз қасиеттерін сынға алып, сол арқылы өз мінін өзіне көрсетпек болған тәсілді жазушылар өте орынды қолдана білген. Айталық «Кино көргіш Шонай» атты Ә.Ысқақтың мазақтама жырында [2] Шонай атты баланың таңның атысынан түннің батысына дейін теледидар алдында жатып, сыртқы әлемнен әлдеқайда алшақтап кетуі. Шетелдік актерлардың барлығын бірінен соң бірін жатқа айтып, оларды танымағандарды «түк білместер» деп әжуа етеді. Дегенмен, елін қорғап, бейбіт елде өмір сүруі үшін қасық қаны қалғанша күрескен ата-бабасын, Абылай мен Кенесарыны, Қабанбай мен Наурызбайды ерен ерлігі түгіл есімдерін де білмейді. Бүгінгі бала тәрбиесіне кеткен басты қателікті бірнеше тармақ арқылы жеткізуі ақынның ұтымды қолданысы деп білеміз. Жас өрендер біздің болашағымыз деп жар салғанымызбен өткеніне назар салып қарамайтын, ел келешегінен өзін тысқары санайтын ұрпақтың өсіп келе жатқаны да қынжылтатын дүние. Осы мәселені кішкентай кейіпкерді суреттеу арқылы ата-ана мен қоғамның тәрбиелеуде жіберген қатесін көзге шұқып көрсетпек ниетін байқаймыз. Өмірден алынған тағы бір мысал ретінде теледидарға телмірген кейіпкерін суреттейтін «Байлаулы бала» атты Қастек Баянбаевтың өлеңі де осы мәселені қозғайды [3]. Автор телевизор алдынан Қуат атты кейіпкерді күнде көретінін, кәрі мысық секілді оттың басында қалғып маужырайтындығын мазақ етеді. Қос ақынның да суреттеген ортақ мәселесі бүгінгі заманның ащы шындығын оқырман алдына жайып салады. Жаңа заманға лайықтап өсіп-дамудың орнына алтындай уақытын көгілдір экранның арғы жағындағы қажетсіз ақпараттарға бөледі. Оқуға құштар, ұлтын сүйетін, тағылымды тарихын жатқа соғатын ұрпақты теледидарға телмірген, өткеніне қызықпайтын, ұлттық құндылығының бағасын білмейтін жаңа өскіндердің басып келе жатқандығына қабақ шытып, ескертпе айтады.Туынды мазмұны түсінуге оңай, балалар психологиясына лайықтап жазылған. Қаламгерлердің айтпақ ойы – екі кейіпкердің мінезін кемсітіп, басу емес, олардың ата-аналарына деген өкпе-реніші.

Балалар әдебиеті – бағытталған аудиториясы мен айтар ойы өзгеше формада берілетін, кейіпкерлерінің де көзқарасы жалпы әдебиетке қарағанда бөлектеу келетін арнайы бір сала. Ата-бабамыздың мирасқорын тура жолға түсіріп, бар жақсы қасиетін бойға жиып өсуі үшін ертегі, қисса-дастандармен, мақал-мәтел, жұмбақтармен, түрлі ауыздан-ауызға тарап бүгінге дейін жеткен әңгімелермен тәрбиелеп отырған. Ондағы мақсат – күнделікті көріп жүрген батырлардан да басқа ерлік жасап елін қорғаған, бір елдің қорғаны болған небір атпал азаматтарды үлгі етіп, ұрпағының да соларға ұқсауына барын салған. Бұл - дәстүрлі халық педагогикасы. Балдырғандарға арналған әдебиет нақты ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап, арнайы әдебиеттің бір саласы болып қалыптасты десек те, түп тамыры сонау бірнеше ғасырлар бойы бала тәрбиелеудің қыр-сырын толық меңгерген ата-баба ілімінде жатыр. Сондықтан зерттелу жайлы сөз болғанда міндетті түрде халықтық педагогиканы бірінші атап өтуіміз маңызды. Балалар поэзиясы өзге ғылым салалары секілді бірнеше дәуірді артқа тастаған, туындылардың стилі де сюжеті де, идеясы да өзгеріске ұшыраған. Бастауы деп қарастырған халық ауыз әдебиетінен соң балалар әдебиетіне ерен еңбек сіңірген қаламгерлер Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев бастаған ақын-жазушыларды айта аламыз. 1970 жылдары балалар әдебиеті келелі ойға толы, қызықты сюжетпен жазылған біршама туындылармен толықты. Бұл кезең балалар әдебиетінің кең қанат жайып өрістей бастаған уақыты еді. Аудармашы, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов, Әкім Тарази, Марат Қабанбаев, «Жемістер жыры» секілді жырлардың авторы Рза Қуанқовалар бөбектерге арналған түрлі шығармалармен жаңа леп әкелді. Саттар Ерубаев жазған «Меруерт алқа», Әкім Таразидің Арман атты басты кейіпкерді суреттейтін «Арман атаман», Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» атты еңбектері бүгінгі күні де қызығып оқитын оқ бойы озық келе жатқан туындылар. Сонымен қатар, 1949 жылы жарық көрген «Кітап», 1948 жылы жазылған «Ораз бен Боря», 1654 жылғы «Бес» әңгімесі, «Қорқақ» пен «Талап», «Кішкентай көрші» секілді туындылары оқырманды адалдық пен еңбекқорлыққа, сыпайылыққа тәрбиелейтін тәсілге айналды. Өзінің ұстаздық тәжірибесін, алғашқы кезіккен мәселесін, балалардың сотқарлығын қалай жеңгені туралы баяндайтын М.Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі де – бала тәрбиесіне таптырмайтын құрал [4]. Ұрлық жасаған оқушыларын қалай жазаларын білмей дал болған ұстаз жақсы шешім табады. Ол – өз қателіктерін сырттай өздеріне көрсету. Жоспардан тыс ұрлық туралы шығарма оқытып, сабақ үстінде талдау арқылы жалтарып тұрған оқушыларға кешірім сұратады. Ұрлықтың қаншалықты жағымсыз екендігін, жәбірленушілердің қалай қиналатынын шығарма арқылы түсіндіреді. Ұстаз сөгіп, мінез көрсетсе, балалар өз еркінсіз, байыбына бармай кешірім сұрай салып, келесі жолы да сол әрекетті қайталар еді. Әдебиет сабағының құдыретін көрсету арқылы адам өмірі үшін қаншалықты маңызды екендігін оқырманға түсіндіреді.  Ал Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» және «Балалық шаққа саяхат» повесі оқырман көңілінен орын тапқан, сотқар баланың өміріндегі келеңсіздік пен үлгі боларлық тұсы суреттелетін балалар әдебиетінің алтын қорына енген шығарма. Қожаның Сұлтанмен дос болуы, Жандоспен ерегісі, Жанарға деген пәк махаббаты, монологы ұтымды қиюластырған үздік туынды. Тіпті, 1963 жылы Абдолла Қарсақбаевтың режиссерлік етуімен таспаланып, көзі қырағы көрермен назарына ұсынылған болатын. Әзіл арқылы оқырманын тәрбиелейтін бұл үздік туынды қазіргі заманда да өзектілігін жоймаған. Күлкіге қарқ қыла отырып, астыртын тәрбиелейтін, тентек болса да досына адал, ақкөңіл және сабақты жақсы оқитын кейіпкерді суреттейді. Оның сотқарлығының түп тамыры әкесі қайтыс болған соң нан табу қамына кіріскен анасының назарын өзіне аудару еді. Дегенмен, мектептен шақырту келіп, анасын қиын жағдайға қалдырғанда барып өзгеруге шешім қабылдап, өз-өзімен жұмыс жасай бастайды. Қожаның әжесімен сөз таластыратын, екі заманның адамдары екенін дәлелдейтін тұсы бар. Тұрмыс-тіршілікті дөңгелетіп отырған, бәрін білетін әжемнің аңқаулығына таң болам. Қанша талпынып, түсіндіруге тырыссам да, жердің дөңгелек екендігіне шүбә келтіреді. Қанша ұғындырғым келсе де, тыңдағысы келмей қуып жібереді. «Құдай бар ма, жоқ па» деген сауалды да талдап, ақыры осылай аяқталады. Мен жер бетіндегі барлық адамдар мен жануарлар өз бетінше жаралған деймін, ал әжем болса, «адамдар мен жануарлар өздері жаратылып жатқанда сен көріп тұр ма едің, дінсіз бала?» деп ұрыса жөнеледі. Ал мен «маймылдан жаратылғанбыз, кітабымда солай жазылған десем, орманда тұратын әке-шешеңе, маймылдарға бар» -деп қуып шығады. Бұл үзіндіден екі дәуірдің пікірі тұсынан қарама-қайшылықты байқаймыз. Әжесі өткен дәуірдің өкілі болса, немересі – құдайдың барына сенбейтін жаңа заман тұлғасы. Қысқа ғана эпизодтан ғасырлар тоғысындағы қақтығысты көрсете алған жазушы шеберлігіне қайран қалмасқа болмайды.

ХХ ғасыр басындағы балалар тағдырын С.Бегалин, С.Омаров, С.Мұқанов, Ө.Тұрманжанов секілді аға буын шығармаларынан табамыз.

Балалар әдебиетінің бүгінгі айнасы атанған, дамуына өз үлесін қосып, құнды еңбектерімен оқырман көз қуанышына айналған балалар ақын-жазушылары да аз емес. Шәкен Күмісбай, Дәнеш Ахмет, Кеңес Оразұлы, Есей Жеңісұлы, Бағдат Мәжит, Толымбек, Әбдірайым, Арасанбай Естен, Сұлтан Қалиұлы, Байбота Қошым-Ноғай секілді қаламгерлер бүгінгі балалар әдебиетінің дамуына өз үлесін қосып, ауыз толтырып айтарлықтай еңбек сіңіруде.

Балалар прозасына жаңа леп әкелген жастар қауымынан Әдина Жүсіп, Аягүл Мантаева, Қалмахамбет Мұхамедқали, Нұрлан Құмар, Бейбіт Сарыбай секілді ақын-жазушыларды айта аламыз.

Халқымыз қашан да ұрпақ тәрбиесіне көп мән беріп келгендігі белгілі. Ұрпақ тәрбиесінде, әлбетте, отбасының орны бөлек. Жаһандану заманы келіп, электронды ақпараттар жастарды жан-жақтан қоршаған сәтте, бала тәрбиесін кімнің немесе ненің әсері көп болады деген сауал ойға оралады. Өкінішке орай, ата-ананың ертеден кешке дейін қаржы табудың соңында жүріп, бала тәрбиесін балабақшаға, одан кейін, мектепке жүктеп, үй бетін көрмеуінің салқын ізі көрінеді. Себебі, қанша балаларға арналған мекеме болмасын, ертең өмір табалдырығын аттайтын жас адам үшін олар ата-ананың жан жылуын, мейірімін бере де алмайды, ол жылылықты ауыстыру да мүмкін емес.

Осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген философ Платон айтқандай, кез келген мемлекеттегі ең жауапты жұмыс – ол ұл мен қызды тәрбиелеу жұмысы [5]. Әлбетте, мәңгілік мейірім мен саналы тәрбиеніңдәнін егушілер ұстаздар болып табылады. Бала тәрбиесіндегі ұстаздардың алатын орнын жоққа шығару мүмкін емес. Дегенмен, ұрпақ тәрбиесінде ата-ана мен ұстаздан кейінгі әсерлі дүние, ол баланың дүниетанымына, өмірлік ұстанымының қалыптасуына, тіпті сезіміне әсер ететін балалар әдебиеті болып табылады. Еліміз, егемендік алғалы, балалар әдебиеті де жан-жақты дамып, өркендеп келе жатыр десек қателеспейміз. Балаларға арналған түрлі мерзімдік басылымдар, сәбилерге арнап жасалған көркем суретті әдебиеттер молынан жарық көруде. Әйтсе де, ол әдебиеттің сапасы, баланың жасына, түсінігіне лайықты болуы, сапалық тұсы, қолға алған әдебиеттің баланы қызықтыра алатындай көркем суретті болуы жағы жіті қадағалауды қажет етеді.

Балаларға арналған туындыларды жазарда, оқығанының барлығына сенетін, кіршіксіз жүрек иесінің көңілін жығатындай жасанды мағлұмат кездеспеуі керек. Кез келген нәрсеге сезім көкжиегімен назар салатын оқырманға көңілінен шығатындай таза дүние ұсыну қажет. Ал ересектерге еліктеп, барлығына қызығатын жеткіншек жастағы балаларға өмірлік ақыл-кеңестерді тауып алатындай, өз түйсігімен түсініп, кейіпкер басынан өткен қызықты оқиғасынан сабақ алатындай, шиеленісі орташа деңгейдегі туындылармен қамтамасыз ету ләзім. Үлкендерге арналған әдеби шығармаларды оқуға балалардың төзімі де, ойлау қабілеті де жете бермейді. Қабылдауға ауыр келіп, ойына күш түсіруі мүмкін. Бүлдіршіндердің қазіргі жағдайына мән бермеу – келешегіміздің қамын жемеу болып табылады. Сол себепті, дамыған, қанатын кеңге жайған, тамыры тереңнен нәр алған алып шынар секілді ұлы мемлекет болуға ұмтылсақ – ұрпақтың сауатты болуына, ол үшін қажетті мүмкіндіктермен қамтамасыз ету қажет. Алдымен балдырғандарға арналған өлең, жыр-шумақтарына толық зерттеу жүргізіп, тәуелсіздік кезеңіндегі балалар әдебиетінің антологиясын жасап шығару қажет. Көптеген ғалымдар мен қаламгерлердің өзі балалар әдебиетіндегі жолға қойылмаған дүние – барлық жұмыстарды жинақтап, толық жинақ шығару деп есептейді. Өнімді еңбек еткен ақын-жазушыларды мадақтап, шығармаларының қолжетімді болуына зор үлес қосу қажет.

Рухани құндылығын бойына жиған ұрпақ тәрбиелеу үшін қаламгерлерге үлкен жүк артылғаны белгілі. Кәмелет жастан асқан адам мен мүшел жасына жетпеген балдырғанның ойлау жүйесінің бір-бірінен қатты ерекшеленетіні сөзсіз. Бұл – ақын-жазушы шеберлігін сынайтын тұсы. Балалар поэзиясы мен прозасы келешек тәрбиесіне әсер ететін - құрал. Болашағына бейжай қарамайтын кез келген халық аталмыш әдебиеттің саласына көңіл аударады. Оқырманын ойға салып, санасын сан саққа жүгіртіп, қиялына ерік беретін, өз сөзіне сендіріп, ғажайыпқа жетелейтін шығармалардың астарында да үлкен ой жатыр.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының «Балалар әдебиеті – ұлт ертеңі» атты кезекті ІҮ пленумының қаулысынан үзінді // Қазақ әдебиеті.- 2009, сәуір – 12.
  2. Ысқақ Ә. Күн ұлымын. – Тараз: Сенім, 2002. – 112 б.
  3. Баянбаев Қ. Бір қоржын жаз. – Алматы: Жалын, 1991. -240б.
  4. Әбілдақызы Қ. Ай сайын өсіп келемін. – Алматы: АБДИ Компани, 2004.-99 б.
  5. Уахатов Б. Қазақтың халық өлеңдері. – Алматы,1974. -385 б.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз