Өлең, жыр, ақындар

Қайрауық күйші

«Пәруардігар заман-ай, қысастанған кесапат тағдыр, жалғыз түйені жетелетіп, жортақы атқа аяқ артқызып қыласыңды қылдың ғой»,— деп Қайрауық іштей жабығып келе жатқан; дәл сағымның етегіне оралып, кұйын үйірілген маңда қарайып күнге күйген диқан арық казып жатқан. «Уа төбеңнен нан жауғыр диқанбаба, атызарықтан аяқ сүрінеді, жазылып көкпар шаба алмаймыз, бұл тағы не қырсығың», — деп жөн сұрайды ғой. Диқанбаба жаратпаған сыңай танытады; «Қолына кетпен ұстаған әрбір диқанның өз арығы, өз атызы болғаны жөн, басқаның тірлігіне емініп жүзін салған диқан емес, сен сықылды саудагер ғана», — дейді әлгі. Жолаушы түсініп тұр, бұл өңірде диқан мен саудагер ит пен мысық секілді, бір-бірін жамандап жаратпай жүргені. Бұлардың дауын Қан Базарда көрсең. Ойпырмай, қауырсыны түскен әтештерше қалбақтасады, бірін-бірі көзге шұқып, мінін бетіне басып жатқаны. Қайрауық кетпеншінің ішірткідей сөзіне ішін тартып ызаланған жоқ.

«Отырар шаһарын жер жұтып кеткен бе бұл?» — дейді.

Диқанбаба қолын көзіне көлегейлеп тұрып-тұрып: «Әне бір құба бел түйе өркеш сағымды көрдің бе, ие, тап сары сағымның түстігінде шілбиіп тұрған тораңғыны шаламысың, тораңғының көлеңкесі іспетті қарауытқан Күмбез Сарайдың мұнарасы, сол мұнараның астында құжынаған ел»,— деп алақанына салғандай етіп айтып берді.

Қайрауық көлігін тебініп тағы бүлкектейді, жетегіндегі түйесі мұрындығын ауырсынып маңқылдайды. Танауын тақауда тескен тайлақ еді, әрі-беріден соң тайраңдап желеді, желіп келе жатып арыққа сүрініп мұрттай ұша жаздайды. Жолаушы саудагер болмаса да қара жерді шұқылаған диқан біткенге іштей кейиді. Әттеген-ай күпірлік жасағанын қарашы, ораза ұстап, ауыз бекіткелі бес-ақ тәулік өткен. «Өй, ыныршағыңды шиқылдатқан қатын-баланың қамы-ай. Ауыз бекітіп ораза ұстап салқын сыз үйінің төрінде шалжайып жатпас па еді. Қан шілденің ыстығында желігіп «күй айтысына» қатысамын деп шыға қалыпты. Сынға түскен қарсыласын жаңылдырып аты дабырайса жақсы-ау, саусағы сүрініп жұртқа күлкі болып жүнжіп қайтса сол жаман. «Ондайыңнан сақтай гөр, жаратқан. Арғы-бергі қос ішектің пірлері. Қайрауық атыммен айтыстан жеңілді дегенше жер жұтты десейші». Өстіп күңіреніп келе жатып бөктеріндегі қоржынды сипалады, бір басында бұлтиған домбырасы, күн көзі тиіп қаңсымасын деп шекпенінің шалғайымен ұқыптап қымтап қойды. Аяғының астындағы жетім сүрлеу келесі сүрлеуге қосылды, көп ұзамай сартабан сорапқа айналды. Тораңғы тұсынан өте бергенде сал бөксе керуен жолына қосылды, керуен жолының екі езуі толы өрік, хұрма ағашы, жемісі пісіп әлдеқашан төгіліп кетсе де танауды қытықтаған әдемі иіс аңқиды. Күйші Қайрауық шайыр иісін құныға жұтады, соңында сүмеңдеген тайлақтың танауы дамылсыз шуылдайды. Әлдене жанарын жылт етіп қарып өткені, бағдарлап қараса— тал арасында кетпені жарқылдап және бір диқан жүр.

Сонадайдан дауыстап сәлем берді. «Уа, диқанбаба, Отырар шаһары қай тұста?».

Әлгі неме кетпеніне сүйеніп шіреніп тұрар, сосын басындағы тақиясын алып умаждап бетін сүртер. «Отырар шаһары атыңның тұяғының астынан басталады, бұл Талды көше деп аталады, оңға таман қиыстасаң Қышкорғанға тірелесің, маңдай алдыңдағы саудагерлер мекені Алтынтөбе, сол қанаттағы елді мекен Пышақшы кешесінін пұшпағы». Сөз арасына «Қан базары қайда?» — деп сауал қыстырып жіберген.

Диқанның ойы бұзылды. «Пайда іздеп жүрген саудагер екеніңді сезгем, қаңғыбас немелер жол сұрап тірлік істетпейді» деп кейіген сыңайлы ішінен. «Қан базар әні» деп шаңы шығып жатқан аламан айтақырды нұсқады да алақанына түкірді, қабырғасының сайы шығып жерді бұрқылдатып шаба жөнелді. Қайрауықтың қарап келе жатып көңілі құлазыды. Саусағы дірілдеп домбырасын сипады. Жасы отызды алқымдапты, әлі қорасына мал біткен жоқ, елді еңіретіп пәлен күй шығарды, десе де текежәумітін тебініп кедейліктен құрық бойы ұзап шыға алмай жүр. Бағын осы жолы сынамақшы.

Ақ топырақты армансыз кешіп Қан базардың ішіне кірген. Мұндағы жұрттың беті жаман, бейне құмырсқаның илеуі дерсің, бірі сатып, бірі саудалап өңеш созып жатқан дүниеауи пенделер. Қайрауық аузын ашып аңырып кідіріп қалды, өзіне тура салып бес-алты кісі жүгіріп келеді. «Талтүсте тонамақ па, бәтшағарлар» деп ойлауы мұң екен, әлгілер жетіп келіп шалғайына жармасқаны. Қауға сақалдысы жіті қимылдап мұның қолындағы бұйда жіпті жұлып алды да тайлақты тайраңдатып жетелей жөнелді. Өзге кісілер «әттеген-ай» десіп бет-бетімен тарасып кетті, бұрын жеткен кісінің қолына жармаспайтын өздерінің салты білем. Қайрауық атын тебініп тайлағының соңынан қуа шапты, борбайлатып жетіп келді: «Уа, ақсақал, талтүсте тонамақпысың, бері әкел, бұйданы»,— деп тақымдаса берген еді, қауға сақал барқ ете қалды:

«Тонаушы емеспін, делдалмын, тайлағыңды артық бағасына сатып беремін» — деп түсіндіріп жатыр.

Қан Базарда дүниеңді, малыңды әп-сәтте сатып беретін алыпсатар делдалдар болады, олар тілімен ақша табады, аузымен орақ орады дегенді еститін. Мына қауға сақал дәп сол қызыл көзің. Мал базары айналасы ат шаптырым келетін алаңның ішінде екен. «Сататын тайлағым жоқ» деп Қайрауық қайыра тіл қатқанша болмады, әлгі қауға сақал тайлағын көп түйенің ішіне қосып жіберіп, шетке сытылып шығып, аршамен тісін шұқып тұра қалғанда тегі қайран қалды.

Әлгіде ғана арбаңдап жүгіріп келіп шылауына жармасқан арсыз адамның орнында білікті, білгір базаркеш қалған, мал саудалаған келімсектің төбесінен қарайды, мардымси тіл қатады. «Пәлі, бүйтіп нан тапқаныңа болайын» деп ойлаған тайлақ иесі енді қауға сақалдың қалай саудаласарын білгісі келіп еріксіз тосылды. Тайлағын сатуға іштей келісім берді. «Айтыстан жеңіп сый-сияпатқа кенелсем жүк артып қайтармын» деп шиборбай иір мойын немені жетелей шыққан. Енді қарсы кездесіп қағып әкеткен делдалдан қаймығып-ақ тұр, түйе сатып алғыштар ағылып келе бастады.

— Жеті күн жортса да шалдықпайтын желмаяның тұқымы, садақ сирақ тайлақты төрт динарға сатамын, — деді қаба сақал делдал. Қайрауық ұяттан беті өртеніп, аяғының басына қараған. «Делдалдың саудалап тұрғаны тышқақ тайлақ, сұрағаны қос нардың ақшасы, беті бүлк ететін емес». Саудашы да көпті көрген сағыр екен, бітіспеді.

-Жарты динардан артық берерім жоқ,— деп қасқайып қарап тұр. Қаныпезердің айтып тұрғаны тұсақ қойдың бағасы.

Делдал да, алушы да беріспей біраз тәжікелесті. Ендігі бір мезетте шүйіркелесіп сөзге ойысты. Жан беретін науқастай қалыпсыз дүбәра күйге түскен. Ақырында сыбырласты, жымыңдасты, қол соқты, нақа көп жыл көріспей жүріп жаңа көргендей құшақтаса кетті. Қайрауықтың қолына жалғыз динар тиді, сөйткенше болмай әлдебір күміс теңгені қаба сақал өз қалтасына жытырды. «Бұл менің тіл ақым» деді. Алушы тайлақты жетелеп жөнелді. Делдал базар сыртына жол тосуға аяңдап бара жатты. Тағы да тақымы дымданып төрт түлік айдап келген қыр қыпшағының жағасынан алады, малын тізіп базарға салады, «қол ақы», «тіл ақы», «көз ақы» деген пәлелерін тізіп тұрып қалтасына жытырады.

Жазғыз динарды алақанына қысып аяңдап шетте қаңтарулы қалған атына келді. Енді күй айтысы болатын жерді іздемекші. Атқа қонды. Базарды сырт айнала шоқытты, жүрегі дауаламай, ығы-жығы жұрт илеуіне жолар емес, жаман шошыныпты. Жүрегі құрғыр шайлығып қалыпты. Өстіп келе жатқанда тоғай боп өскен шоқ талға маңдай тіреді. Шоқ талдың іші әуіз. Әуізден әрі көтеріңкі ағаш сәкілер, жиналған жұрт отыратын алаңқай жасапты. Ақ сәлделілер текемет үстіне қаптай жайғасыпты. Алаңқай төріндегі биік тақта маңдайы кең, жанары үлкен сүйір сақалды, зор денелі кісі отыр. Қайрауық атын қаңтарып алқа жұртқа тақай берген. «Жансызды жазалағалы жатыр»,— деді қатарындағы кісі сыбыр етіп. «Бұзықты жұрт көзінше жазалайтын дәстүр осы».

Кілең сәлделі кісілер ханның кеңесшілері болғаны. Жел соқса жапырылар қоға секілді, қос қолын кеуделеріне айқастырып әрәдік бүгіле түседі. Қайрауықтың ханды көргені осы. Тұлғасына сүйсініп, салтанатына қарап тұрып қайран қалды. Хан сұқ саусағын көтеріп еді, әріден, әуіз тасасынан екі жігіт денелі кісіні дедектетіп сүйреп келеді екен, дәп ортаға жете бергенде денелі кісі бұлқынып қалып жігіттерден босана сап етбеттей сұлады, хан аяғына бас ұра жығылды.

Отырар әміршісі қанына қарайған, Дәшті-Қыпшақтың кіндігінде жүріп күндес қатындай күңкіл салған Бадриддиннің қылмысын айтып, айыбын бетіне басты, жұрт жүзіне қарағысыз етіп жерледі. Қызылбастарға, әрісі Қарахан әулетіне туған жерінің құпиясын әйгілеп, жат құлаққа сыбырлап жүрген бейауыз бейшараға қаһарын қатты төккені еді. Күн астында жусаған қойдай болып иіріліп отырған кеңесшілеріне пәрмен берді. «Жансызға лайық жаза ойлап табыңдар» деп тапсырды. Етбетінен түсіп ақ топырақты иіскеп жатқан бейбаққа көз қырын да салмады, тас тұғырға айналып шаншылған күйі отырып қалды. Оң қанаттан Барса Келмес деген аралды жайлаған, сол аралдан шаршап жеткен үлкен кісі сөз сұрады. «Тентекті қараңғы жерге қамап, жайын балықтың етін жегізейік, ала сиырдың айранын ішкізейік, астына ақ киіз төсейік. Ақ пен балықты ай бойы қоса қабылдаған кісі алапес болып шыға келеді» деп мағлұмдады. Одан төменірек, құйрық басқан кесе қолбасшы: «Қопаға жіберейік, жолбарысқа жем болсын» деді. «Екі басты жылан әкеліп соған арбатайық, ісіп-кеуіп жатып жан кешсін» деді. «Бұтқа таңып қоялық та табанын жалаңаштап сиырға жалатайық, күлкіден ішегі түйіліп өлсін», — десті. Қызылқұмнан келген кәрия сөз сұрады. «Қаңсыған шыңыраудың түбіне тырп еткізбей байлап қоямыз да шекесіне әрәдік су тамызамыз, үш тәулік бойына шекесіне су тамызсақ өз-өзінен есірік болып шыға келеді» деді. Әмірші сұқ саусағын жоғары көтерді, бұл оның соңғы жазаға тоқтағаны еді. Пәлендей көп күштің қажеті жоқ, кісінің жанын ауыртып кинамайды, байлап қойып шекесіне тырс-тырс су тамыза берді. «Қияли болып кетсін бәтшағар». Әмірші қолын сілкіді. Екі жігіт жаңағы етбеттеп жатқан жалалыны қолтығынан алып сүйрелей жөнелді. Бейбақ кол ілігер қармау іздеп тырбаңдап жанталасып байбаламға басты. Алыстай бере үні өшті.

Қайрауық әлдебір жан ауруын бастан кешіргендей қатты күйзеліп жөнеле берді. «Қазір осы алаңда өнер жарысы басталады», деген жаршы даусын естіп кілт кідірді. Кері қайрылғанда байқады, кең төрде отырған әмірші түсіп жылытып жаңадан жарлық беріпті. Ауқымды алаңның ортасына су себіліп, үстіне ұзын жолақ көрпеше, кілем төселіпті.

Әлгінде ғана ала көз ажал кезген келеңсіз ортаны енді домбыра үні желпілдете бастапты.

Күтуші жігіттер бота тірсегі майысып жеміс салған үлкен табақты көтеріп келеді, соңдарында құмыра ұстаған қыздар ақсақал-қарасақал атаулының алдына барып иіліп қолға су құяды, сусын ұсынады. Ибалы қызметі мен әдемі әлпеті еркектердің ажарын ашып жүздеріне қан жүгіртті. Қайрауық соңына кайырылып қоржынынан домбырасын алды, атына шідер салды. Қайта айналып алаңға келгенде манағы салтанатты төрге тақай алмады, құжынаған жұрт қақпақылдап ілгері жіберер емес, жаршының саңқылдаған даусынан домбыра жарысының басталып кеткенін аңғарды. Шанағы үлкен, сабы келте қызыл домбырасын қысып ұстап ілгері өтті. Кеудесі қысылып, шалғайын әлдекімдер тартып қалғанын байқады, қолымен саумалай бергенде дыр етіп жыртылып кетті.

Шалғайы жыртық, қайрақ тастай қатыңқы жігітті жуан орта көзіне ілмеді. «Әй, менсінетін емес» деп ойлап кұлағын түрді. Түрікпен күйінің мақамымен боздаған домбыра үнін естіді; әлгі үн күзгі бозаның уытындай тұла бойды ду-ду қыздырып барады. Әлден уақытта: «Бес күйшімді жеңсең бас бәйгі өзіңдікі, жігітім» деген әмірші даусы естілді. Даурықпа жұрт күйшінің атын атап қошеметтеп жөнелді. Дуылдақ ортаны: «Әміршінің әйгілі бес күйшісі келеді», — деген сыпсың хабар жайлады. Сол-ақ екен жұрт жарылып жол ашты, қаздай тізіліп, білектері сыбанулы, белдері буулы бес жігіт ортаны жарып өтіп келе жатқан; қайсысының кәрі, қайсысының жас екенін ажырату қиын. Кілең қауқитып сақал қойған, мардымси маңғазданған, әулетті кісілер, алқа ортаға жетті де әуелі әміршіге, сосын халыққа бұрылып иіліп тағзым етті. «Түрікпеннің жынын кағып алады енді», «пысы басып барады», «саусақтары қамшының сабындай екен» деген сөздер құлақ тұндырады. Әлгілер кілем үстіне алқа қотан отырысты да түрікпен күйшісін айтысқа шақырды.

Дәстүр бойынша алғашқы жолды қонаққа берді. Қос иінін салып жіберіп, басымен тізесін ұра жаздап екі бүктеліп бүлкілдеді дерсің. Кеудесінін астында әлдебір тоты құс құлпырып сайрап жатқандай тегі. Толғап-толғап тоқтағанда тыңдаушы жұрт сілтідей тына калыпты, бес күйші түнеріп аяқтарының басына қарасты.

Жұртқа қылған жорта бопсасы көрінеді, төмендеу отырған жалпақ жауырынды күйші әлгі түрікпен күйін дәл айнытпай шерте жөнелді, ол дағы шағын домбыраны тоты құстай сайратты.

Ұзақ күйдің ырғағын жалғыз мәрте салғанда-ақ қағып алып, қайта тартып беруге сұңғыла саққұлақ аса алғыр зейін кажет-ті. Ондай қасиетсіз күй айтысына катыса алмайсың. Әлгі зарлауық сарын басылды, күйдің қарымтасы қайтты. Енді жалпақ жауырынды жігіт айтысқа арнап өз күйін тартып жібергелі қомдана бергені сол еді, жуан төрдегі егде күйші: «Жә, салдырамамен басымды ауыртпа» деп тежеп тастады. Енді өзі білегін түріп, екі иінін бүлкілдетіп, бипаңдатып шертіп жөнелді.

Түрікпен жігіті жол аңдыған баукеспедей әрбір үнді қалт жібермей зердесіне тоқи бастады, күй лықылдап құйыла берді. Бұл бәрінен өзгеше саз, өңкеңдей желген желмая ма, қисса оқыған жырау ма, әлдебір ғаламат сарын. Тыңдаушы жұрт жағасын ұстаған: «Бақсының арқасын қоздыратын мақам мынау», «жолдан тайдыратын пәлекет сарын», «ұзақ сұңқылды қалайша қайталайды енді» десіп сыбырласа бастаған.

Жаңа аңғарды, күн ауып бесін уағы болып қалыпты. Үлкендер жағы қозғала бастады, әмірші әлі тапжылмай ұйып тыңдап отырған. Егде күйші шертпесін аяқтаған кезде түрікпен жігіті сол сарынды бұзбай шұбыртып тарта жөнелді.

Төрдегі Иланшы Қадырхан бір мезетте қабағын шытынды, жат жерлік жігіт үстіңгі ішекті әредік бос қағып отыр, егде күйші секілді дәмді дыбысты теріп тартпайды, ақыры саусағы қарысып жол ортада үзіліп тынды. Сарапшылар бәйгені Күмбез Сарайдың бас күйшісіне берді, түрікпен жігіт суға сүңгітіп алған суырдай боршасы шығып, домбырасын егде күйшінің алдына тастап шетке ығысты.

Күмбез Сарайдың күміс саусақ күйшілеріне қарсы айтысқа шығуға ешкімнің батылы бармады, кайта-қайта жұртты шақырып жаршының даусы қарлықты. Осы мезет жетім көңіл боп тұрған Қайрауықтың делебесі қозды, көңілін желік билеп көтеріп кетті, ортаға шықты. Жұрт қыран-топан күлісті, жігіттің жыртық шалғайына, сұрықсыз нұсқасына, шанағы дәу, сабы келте домбырасына күлген еді. Әмірші: «Айтысты әрі жалғай беріңдер», — деп орнынан көтерілді, ортаға шығып тізесі дірілдеп жайғасып белін бүгіп жатқан жігітті қомсынды. «Осыдан дәмді күй шыға қоймас» деп ойлаған.

Қан Базардың әуізді алаңынан алыстап Күмбез Сарайға беттеген, жарым жолда ойы бұзылды білем, қиыс кетті. Соңында сенімді нөкері Мақсұт ілесіп келеді. Көшені көктей өтіп, мәсісін ақ ұлпа шаңға бөктіріп, шаһардың күнгей шетіне ойысты. Мұнда жиде тоғайы бар. Сол тоғайдың ішінде жорық шатыры тігулі еді. Әміршінің көңілін құбылтып, ойын бұзып, дедектетіп бара жатқан пәле бар, ол маңғұл елшілері сыйға беріп кеткен таңғұт қызының буы еді. Сарайынан бөлек ұстап, ханшаға көрсетпей құпия сақтап келген. Бүгін оңашада сыр тартып тілдесіп көрмекші. Мақсұтты сыртқа қалдырып өзі шатырға енді. Әуелгіде үй ішінен ештеме көре алмады, қызды қашып кетті ме деп ойлап, оқыс бұрылған. Селк ете қалды.

Тұтқын кыз босағаға жабысып тұр екен. Сұлудың қолынан ұстады, жүзіне жылу жүгіртіп жымиған болды, әйтсе де қыз дір-дір етеді. Ортаға жетектеп келіп тұла бойын тінте қарады; үстінде желең жібек шапан, ішінде лыпасы жоқ, маңғұлдардың тұтқын әйелді осылай жартылай жалаңаш ұстайтынын біледі. Жанары үлкен, тұңғиық, ақ-қарасы айқын, ішіне түссең тереңіне тартып әкетер иірім секілді, кірпігін әлсін-әлі қағып сол тереңді көлегейлей түседі, үркіп түр.

Иланшы Қадырхан ешкімге залал жасамайтынын ыммен ұғындырып көрді, қыз түсінбеді білем, басын шайқайды. «Еліңді сағындың ба?» — деді, «босатып қоя берейін бе?» — деді. Басын және шайқады. Жаңа аңғарды, алдындағы нәзік жанның көзді арбап, көңілді қыжылдатып қызықтырар сыры айқын жанары да, ұзын кірпігі де, жұқа жібек шапан астындағы жалаңаш тәні де емес, қызарып, көпсіп тұрған астыңғы еріні екен.

Қыпшақ сұлуының еріні жұқа келеді, әміршінің мынадай қаны шыға қызарған тоқ ерінді көргені осы. Шыдай алмай қызды қапсыра құшты, кос қолын жоғарылата сусытып сұлудың басынан ұстады: бейне сындырып алмауға тырысқан асыл құмырадай қос қолдай қысып, әлгі әдемі еріннен сүйіп алды. Бір мезетте ту сыртынан тысыр естілді, асыл құмыра қолынан түсіп кетті.

Мақсұт екен: «Хан ием, сыртта бес күйшіңіз келіп тұр», деп хабарлады.

Әмірші шатырдан шыққанда күннің қызарған шапағы бетіне шашылды. Екіндіге еңкейіп қалыпты. Енді аз уақытта батып кетуге бет алған. Әріде бес көлеңке тұр, көлеңке емес-ау, соған ұқсаған сорайған күйшілері екенін таныды. Рухы кеміп, мойыны ішіне сіңіп бұғына түсіпті, домбырадан айрылған. Тақап келіп мән-жайды сұрады. Егде күйші егіле жауап қатты.

— Қайрауық деген күйшінің соңғы сарынын сала алмай қор болдық, тақсыр.

— Қайрауығы несі?

— Әлгі жыртық шапан, шакша бас, дәу домбыралы жігіт ше...

— Пәлекетті шаршата алмай сілеміз қатты.

— Жаны жоқ жын ба деп қалдық, тақсыр.

— Алты саусақты екен, тақсыр.

— Күйді башпайымен тартқанда салымыз суға кетті, тақсыр.

Күйшілердің ендігі сөзіне құлақ салған жоқ, дереу тұлпарын алдырды, жарағын асынды, атқа қонды. Соңында Мақсұт, шауып отырып манағы күй айтысы өткен әуізді алаңға жеткен. Жұрт тарап кетіпті.

Әмірші қатты қапаланып түтігіп бет-әлпетін шаң басып, жосқындай жортып Қан Базарды сүзді. Манағы көзіне соншама қораш көрінген жас күйшіні іздеді, жұрттан айыра алмаса да, Күмбез Сарайдың саңлақ күйшілерінен жеңіп алған бес домбырасы-ақ анадайдан шалынар еді. Ұшты-күйлі қарасы үзіліпті, жер жұтып кеткендей.

Әмірші жан-жақтағы тоғыз торап керуен жолдарына шолғыншы шаптырған. Өстіп жүргенде күн батып, қас қарайды. Әлден уақытта Темірқазық жұлдызы астымен кететін кіші жолдан шолғыншысы оралды: «Алты саусақты күйші жалбағай жетім керуеннің соңынан ілесіп барады»,-деп хабар айтып келді.

Иланшы Қадырхан ат басын кіші жолға бұрды.

Үзік керуеннің қарасы көрінді. Бұл шоғыр базарға айдап әкелген қоралы қойын, үйір-үйір жылқысын сатып, сатқанда да делдалдың қолына түсіп түтіліп шыққан қыр байы болатын. Ақшасына астық, мата, тұз, жеміс, өрік, мейіз сатып алып, азғана түйесіне теңдеп қаладан шыққан беті осы еді. Қаладан шығар кезде «Мені де ілестіре кет»,— деп алты бірдей домбыра өңгерген жігіт ұшырасты. Қыр байы әуелде ерткісі келмей көп қиқақтаған. Ұры болар деп сенбеген. Жігіттің жылы шырайына, жөндем сөзіне қарап іші жылыды. «Ілессе — ілесе қойсын, алты домбыра арқалағанына қарағанда ауысып кеткен пақыр болар» деп ішінен аяған.

Енді ғана шаһардан қара ұзап шыққаны сол еді, соңынан сатырлата шапқан ат дүбірін естіді. Қыр байы жаман шошынды. Түйелердің артында ілбіп еріп келе жатқан жігітке жетіп келді, төбесіне қамшы үйірді. «Әй, соңымыздан салып келе жатқан қарақшылар сенің жемтіктесің болмасын, айт, қане?». «Пірадар-ау, мен жалғыз аттылы кедеймін». «Әй, арам қатқыр, қаланың делдалына жаңа әлгіде оңбай жем болып едім, енді жол тосқан ұрысына жем қылмақпысың»,— деп Қайрауықты ат бауырына алып сабауға оқталды.

Арт жақтан аңырата шапқан алып тұлғалы айбарлы адам бұлардың алдын орағытты. Керуен бір уыс болып үйіріле қалды.

«Қайрауық қайсың?» — деп ақырды куғыншы кісі. Қайрауық атын тебініп, алты домбырасын саудыратып алға озды. Бай жігіттің тұқым-тұяғын қоймай қарғап жатыр. Қуғыншы кісі атынан түсті. Қайрауық та атынан түспек болып, оң аяғымен үзеңгіні іздеп жантайып жатқан. Әлгі кісі адымдап келіп жас жігітті ер үстінен тымақша іліп алып бауырына басты. Қатты кұшып бірауық тұрып қалды.

— Қушық кеудеңе сиғызып жүрген қасиетіңнен айналдым, — деді тебірене күбірлеп.

Әлден уақытта екі еркектің құшағы ажырады. Иланшы Қадырхан осы суыт жүрісінің мәнісін айтты.

— Қайрауық інім, астыңдағы жаман текежәумітті ана қақсауыққа қалдыр, қазір келіп жететін атқосшының жетегіндегі тұлпарға мін, алты домбыраны алып Отырарға жүр, бұдан былай Отырардың саңлақ күйшісі атанасың, — деді.

Кейіндеп калған шабарман, атқосшылар келіп жетті. Әміршіге жапырлап тағзым етіп, аяғын санап басқан сәйгүлікті Қайрауықтың алдына тосты. Ет қызумен билеп тұрған тұлпарға әзер мінді. Шоғыр топ тасырлатып кейін жосыды. Енді бір уақытта күміс саусақты күйшінің соңында... жазылып бітпес әңгімесі бар кер дала, керулі түн пердесі, перизат қылықты самал жел, үрпиісіп, үріккен керуен жетімсіреп қала берді. Дәшті-Қыпшақ жұртының және бір жарық жұлдызы сорғып барып Отырар қаласынан мекен тапты.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз