повесть
Бірінші желі
Азынаған суық жел алыстан тұтаса созылған аруананың ұзақ боздауындай бір сарынмен тынымсыз уілдеп тұр. Үскірік бет қаратпайды. Ызғырығы жылан тіліндей сумаңдап тұла бойды қуалай тіміскілеп, ашық жерді ашыта қарып-қарып алады.
Анда-санда келіп-кетіп жатқан бірен-саран самолеттердің гүрілі болмаса, аэропорт маңы тыныш. Сапырылысқан қала тірлігінен оқшау, саябыр көрініс бар.
Ресторан іші буалдыр көкала түтінге бөленген. Бір кез қалың шынылы айналмалы есіктен екі кісі кіріп келді. Алдыңғысы — қырықтар шамасындағы орта бойлы, қара бұжыр бетті, қоңқақ мұрынды жуантық а дам да, екіншісі — тәпелтек, мосқал қара.
Екеуі кідірместен төрге озды. Залда отырған бірен-саран адамды кірпік қақпастан сүзіле түгендей қарап өтіп, бұрыштағы бос столға жайғасты. Жастауы жанқалтасына қол сұғып, темекісін алды. Оттығын шағып, папиросын тұтатты. Сорып-сорып жіберді де, шалқая беріп аузы-мұрнынан көкшіл түтінді түйдек-түйдек бұрқыратты.
Тәпелтек қара орнында қопаңдап, қолын бұлғап даяшыны шақырды.
— Не қалайсыздар? — деп даяшы келіншек дастарқан мәзірін көлденеңдете берді.
— Не бар?
— Майлы борщ, антрекот, ет...
— Әкеле бер. Тоңып келдік. Жылытатын өзек өртеріңді тездетсең тіпті жақсы болар еді. Асығыспыз, — деп тез-тез сөйлеген тәпелтек қасындағы көрші столда отырған үш жігітке қабақ астынан көз тастап қойды.\
Тамақ келді.
— Уақыт болды ғой, — деп тәпелтек қара күңк ете қалды.
— Сәл тосайық, — деген бұжыр бет дәу езуіндегі шұжықтың қабығын саусағымен сілкіп түсірді.
— Анау үшеуін көресің бе? Күдікті сияқты.
— Қорыққанға қос көрінер деген. Шұрқ етпе.
Тәпелтек қара даяшыны тағы шақырды.
— Есеп айырысайық.
Бұлар ақшасын төлеп жатқанда, көрші столда отырған үш жігіт есікке қарай беттеді. Үшеудің ішіндегі жасы үлкені — қырықтар шамасындағы толық, дембелше денелі жігіт — милиция майоры Мұрат Секеров далаға шығысымен екі серігіне кезек-кезек көз тастады.
— Не істейміз? Түр-түстері келіп тұр.
— Не істеуші ек, аламыз, - деп ұзын бойлы, талдырмаш жігіт елгезек жауап қатты. Бұл Секеровтың қарамағында қызмет істейтін Михаил Казаков болатын.
— Ұстау оңай. Ұстағанда... дәл бассақ, дұрыс. Егер де... айыпсыз жандарды бекер әурелеп жүрсек, — деп Секеров сәл бөгеле берді де, ойын жалғады. — Мұндайда асығыстық — албырттық тәрізді. Ұрымталын өткізіп алу — жеңіліспен де тең. Нұрлан, сен не дейсің? — деп майор манадан үнсіз тұрған екінші серігіне бұрылды.
— Ұстауымыз керек. Қателесуіміз мүмкін емес, Мұрат Секерович. Тәпелтек қараның ұры иттей тіміскіленгенін көрдіңіз ғой. Іштегі секем еріксіз сыртқа тепкіш келеді. Оны бүркей білу — нағыз шеберлік болар.
— Оның рас. Сезікті секірер. Жыланкөздің жылмаңдауы жаман, — деп майор келіскен сыңай танытты.
Бұлар есік алдында көлденең тұрған жеңіл машинаға қарай беттеді.
— Сақ қимылдайық. Абай болыңдар!
Мұрат аяз қарыған нұрлы жүзін алақанымен уқалап-уқалап жіберді.
Тәпелтек қара мен толық бұжыр да сыртқа шықты.
— Сен мені танымайсың, мен сені танымаймын, — деп тәпелтек сыбырлап үлгерді.
* * *
— Мирадзе Салим Сагдар-оғлы. Аты-жөніңіз солай ғой.
— Иә, фамилиям Мирадзе.
— Қайда істейсіз? Қайда тұрасыз, мамандығыңыз бар шығар?
— Әр түрлі мамандық иесімін. Әзірше боспын.
— Алтынды қайдан алдыңыз?
— Өзімдікі.
— Осыншама алтын жеке адамда болуы мүмкін емес.
— Тауып алғам.
— Қашан? Қай жерден?
— Өткен жазда Красноярскінің вокзалының алдынан.
— Шындығын айтыңыз.
— Жолдас майор, мені босқа қинап отырсыз. Айыбым жоқ. Алтын өзімдікі. Тауып алғаным рас. Бала-шағамның қамы. Жазда Енисейскіге пияз апарып сатқаным бар. Бұл жақтай емес, онда пияз дегеніңіз қып-қызыл ақша. Ұйқы-күлкі көрмей, ыстық-суыққа төзіп қаракет жасамасаң, аузыңа ешкім ас әкеліп салмайды. Пияз сатпа деген өкіметтің тыйымы жоқ. Саттым. Содан Красноярскіге келдім, — Мирадзе аз- кем үн-түнсіз қалды.
— Сонсоң...
— Самолеттің билетіне кезекте тұрған жолаушылар көп екен. Темір жол вокзалына келдім. Несіне асығам. Поезбен қайтпақ болдым. Күн ысып, өзім шаршап кеп, вокзалдың алдындағы сквердің ішіне кірдім. Жолдас майор, Красноярскіде болдыңыз ба? Сквері тамаша ғой, шіркін! Ұзын орындықта көсіліп дем алып отыр едім, көзіме әлдене іліне кеткені. — Салим әңгімесін үзіп майорға барлай қарады. Мұраттың өзіне қадалып отырғанын көріп тамағын қырнады. — Әлгіге көзім түсе берді. Кішірек қара чемодан орындық пен бұтаның арасында тасалау жерде жатыр екен. Алдым да, қасыма қойдым. Маңайдан тірі жан көрінбеді. Олай отырдым, былай отырдым, жоғын іздеген ешкім болмады. Содан поезға отырып, тартып бердім. Жолшыбай чемоданның аузын бәкіммен ашып ем, кәкір-шүкірдің арасынан ораулы алтын шықты. Алтынды алдым да, қара чемоданды терезеден лақтырып жібердім.
— Сонымен...
— Сонымен деймісіз... Алтынға қызыққаным рас. Ешкімге айтқаным жоқ. Бар жазығым сол ғана — деп Мирадзе мүләйімси қарап, қоңқақ мұрнын алақанының сыртымен бір сүйкеп өтті.
Мұрат ойланып отыр. Алдындағы аяқ-қолы балғадай сап-сау жігіттің қырсыздығы мен құнсыздығы қинайтын тәрізді. Салимның тамыры білеуленген жүндес қолы — тиын-тебен санаудан басқаға үйретілмегендей сезілді.
— Бадаев Ашдарды қалай кездестірдіңіз?
— Бадаев дегенді білмеймін.
— Екеуің бір келдіңіз ғой.
— Стол басында кездейсоқ табақтас болғанымыз рас. Табақтас болғанның бәрін біле берсек, әлемдегі адамның екіден бірі таныс пен туыс боп шығар.
— Азамат Мирадзе қалжыңға саймаңыз.
— Қалжыңдасатын мен ойын-тойда отырған жоқпын, азамат майор. Кездестік те, шүйіркелесіп қалдық. Өзіңіз қазақсыз. Қазаққа қонақ келмесе асы батпайды. Мен де сұхбаттасқанды тәуір көрем, — деп Салим жалпақ алақанының қырымен иегін сипап-сипап қалды.
— Азамат Мирадзе, өтіріктің де шегі болады. Қисыны келіспей тұр. Жарайды бүгінше айтқаныңызға сендік дейік.
Майор Мирадзені жіберіп, біраз жалғыз отырды. Столының тартпасын ашып, алдында жатқан целлофан қалтадан сегіз түйір және төрт алтын пластинаны шығарды. Бұл — алғашқы тінтуде Мирадзенің бойынан табылған еді. Секеровтың тартпасында тағы да 50 және 25 тиындық он төрт алтын монета мен екі алтын пластина жатыр. Мұны ол Балаевтан алған-ды, екі орауды енді салыстырып қарап отыр. Алтын пластиналар бір-бірінен аумайды. Балаев пен Мирадзенің қылмысты іске байланысын дәлелдейтін куә де осы бір тектес алтын. Бірақ бұл екеуі бірін-бірі танымаймыз деп азар да безер болуда.
Майор көмекшілерін шақырды.
— Нұрлан, саған тапсырмам: Мирадзенің аулына бар. Үй-ішін тексер. Балаевпен жақындығын біл. Қалай, қашан кездескенін анықта. Артық кетуші болма. Қызбалыққа салынба. Ойланып-толғанып қимылда. Мен осыны саған сеніп тапсырып отырмын. Бала-шағасына орынсыз күдіктене берме. Адам жанын жаралау оңай, жазу қиын.
Сен, Михаил, мына алтынның химия-минералогиялық және техникалық комплексті экпертизасын жасатқыз. Қайдан, қай бассейннен алынған екен, соны анықта. Ол да біраз нәрсені шешуге көмектеседі. Жолдарың болсын. Барыңдар.
* * *
Мұрат Мирадзені тағы алдырды.
Мирадзе бұрынғыдан да бетер кірпияздана кекірейіп, қоңқақ мұрнын оң қолымен жиі ұстайды. "Арбасуға дайынмын" дейтіндей куақы күлкіні езуіне үйіре келіпті. Шегесі босаған орындықты ауыр денесімен сықырлата түсіп, қонаққа келген адамдай-ақ емін-еркін отыр.
— Азамат Салим Сагдар-оғлы Мирадзе, сіз валюталық операцияны бұзу және валютамен алып-сатарлық жасау қылмысымен айыпталып отырсыз.
— Мен алып-сатарлық жасаған жоқпын ғой. Қателесесіз.
— Алтынды аэропортқа сату үшін әкелдіңіз. Кімге сатпақ болдыңыз?
— Мен ешкімді де білмеймін.
— Ал үйіңізден табылған екі түйір самородокпен бір алтын пластинаны да білмейтін болып шығарсыз?
— Мен алтын тыққан жоқпын. Бар алтыным бойымда болатын, оны сіздер алдыңыздар.
— Сізден басқа ол үйде қазір ешкім тұрмайды.
— Сондықтан да басқалардың әдейі тығуы мүмкін ғой.
— Алтынын әдейі сіздің үйге тыққан дегенге өзіңіз сенесіз бе?
— Кім білсін. Адамға сену қиын ғой. Біреуді су түбіне батырам дегендер не істемейді?
— Алтын сіздікі, Мирадзе!
— Мүмкін емес.
— Әбден мүмкін. Целлофан қалтада сіздің қолтаңбаңыз барын экспертиза анықтады.
Миладзе сұлқ қалды. Сәлден кейін сұрақты үзе тұруға рұқсат сұрады.
Ертеңінде сұрақ қайта басталды.
— Балаев Аждармен жақындығыңыз бар ма?
— Балаевты білмеймін.
— Сіздің жақын қарындасыңызға үйленіпті ғой.
— Естімеп едім...
— Мынаған қараңызшы, — Мұрат суырмасынан қыстырмамен бір-біріне тіркелген бір топ қағазды алып, столдың үстіне қойды. — Есіңізге түсірер ме екенсіз?
Мирадзе әлденеге күдіктеніп, жылтыңдаған қарашығын ойнатып мойнын соза түсті.
— Бұ не?!
— Самолеттің, поездың, пароходтың билеттері. Мынау — адрестер мен таныстарыңыздың аты-жөні жазылған қағаздар. Анықтап қараңыз. Бұларды да үйіңізден таптық.
— Е-е, мұнда тұрған не бар? Пияз сатып көп жерге барам. Оны жасырғам жоқ-ты. Солардың билеті, — деп Мирадзе міңгірлей берді.
— Иә, маршрутыңыз шынымен-ақ күрделі екен. Міне, мына билетпен Красноярские барыпсыз. Туруханск, Енисейск, Игаркада болыпсыз. Саяхатыңыз тәуір-ақ! Ал мына есімдер — саудалас достарыңыз болар, — деп Мұрат ұсақ-ұсақ әріптермен тышқан ізіндей жыпырлаған жазуға толы бір парақ қағазды көлденең тосты.
— Досым болсын дейік.
— Онда аты-жөндерін толық айтарсыз.
— Адамды әурелеуге құмарсыздар-ау. Олардың маған ешқандай қатысы жоқ. Ешкімді білмеймін.
— Жарайды. Өткен жазда Красноярскіден поезбен қайттыңыз ғой?
— Иә. Поезбен қайттым. Самолеттің билеті болмады. Жазда поезбен жүру де рахат.
— Азамат Мирадзе мына билетті онда неге сақтадыңыз?
Мұрат орынан тұрды. Мирадзе де тұруға ыңғайланды.
— Отыра беріңіз. Сонымен, сіз поезбен қайттыңыз. Ал самолетке билет аласыз. Бұл қалай болғаны?
— Қай билет?! Мен ешқандай билет көрген емеспін, жолдас майор, — деп дірілдеген қолымен Салим көзін көлегейледі.
— Енисейскіге жалғыз барып па едіңіз?
— Жалғыз барсам, жол жаба алмайды ғой дейсіз бе? Жалғыз барғам. Талай көрген жерім.
— Корейков дегенді білесіз бе?
Мирадзе аузын аша берді.
— Су беріңізші?
Стақанның ернеуіне тісі сақ-сақ тиді. Езуінен тамшылаған су еденге тырс-тырс тамып жатыр. Сол сумен бірге Мирадзенің күні бойғы батылдығы да сарқылып бара жатқандай.
— Сонымен Корейковты білесіз ғой.
— Білемін. Көршім. Пияз сатуға бірер рет ол екеуміз бірге шыққанбыз.
— Өткен жазда да бірге болдыңыздар ғой.
— Иә, Енисейскіге пияз апарғанбыз.
— Әлгінде жалғыз болдым демеп пе едіңіз?
— Корейковты аяп едім. Жалғызілікті адам. Милицияның әуресімен жұмысынан қалмасын деп...
— Ал Корейков олай ойламапты, милицияға өзі келіп отыр.
— Жолдас майор, шынымды айтайын. Тағы су беріңізші, тамағым құрғап кетті.
Салим суды бір ұрттап стақанды қайтарып берді.
— Енисейскіден олжалы қайттық. Қасымда Корейков бар еді. Красноярскіге келісімен, мен вокзалға кеттім. Корейков жақсы адам, бірақ серіктікке жарамайды екен. Ішкен-жегенін есептеп, қалтасынан бірер тиыны артық шықса, берекесі кетіп мазасызданып бітеді. Оны аэропортта қалдырып жалғыз кетпекші боп, вокзалға келдім. Сол жерден қара чемоданды тауып алдым. Ішіндегісін көрген соң, алғашқы ойымнан айнып, Корейков екеуміз самолетпен ұштық. Бар шыным осы. Жасырғаным жоқ. Алтынды тауып алдым.
Магнитофонға жазылғандай осы бір жауабынан еш танбайды. "Алтын" дегенде даусы да тарғылдана өзгеріп, ішіндегі бір тылсым қылды үзіп алатындай аса қиналып, ренжіп айтады. Сол реніші өзінің күй-халіне емес, "алтыннан" айырған алдында отырған дөңгелек жүзді, жер қозғалса қозғалмас салмақты майорға деген әлдебір іштегі қыжылды мінезден туатын тәрізді. Оны Мұрат та сезеді. Сезеді де, іштей қинала бас шайқайды. Сонда да мынау адамнан түңілуден, жерінуден аулақ. Көрер күні, татар дәмі, сайрандайтын қызығы көп жасты қайтарып әкеп үйірге қосса, еңбегінің жанғаны ғой. Адасқанның алды жөн, арты соқпақ. Адам үшін алысу — азаматтық борыш. Ол үшін Салимның шынын айтқызу керек. Қылмысын мойындатып, азғындағанына көзін жеткізу қажет. "Бір секірдім — құтылдым, екі секірдім — құтылдым" дегізіп, сынадай жерден сызат алғызып жіберту — милиция қызметкерінің дәрменсіздігі болмақ. Жеңіл қарап, жермешелдікке салыну оп-оңай. Қинайтыны — қиналудан, ізденуден жалығу ғана.
Мұрат басын шайқады.
— Тағы да өтірік айтып отырсыз, азамат Мирадзе.
— Имандай шыным, наныңыз маған, — деді де Салим шалбарының қалтасынан әбден кір басқан бір байлар шаршы орамалдың ортасынан қақ айырған жартысын алып бетін сүртті. Майордың көзі орамалға түсе берді. Осының жартысын Балаевтан көріп еді-ау.
— Балаевты танымайсыз ғой?
— Ия, танымаймын.
— Орамалды қайдан алдыңыз.
Мирадзе үнсіз. Қолындағы орамалдың жартысын уқалай берді. Қара торы жүзін тер жуды.
— Азамат Мирадзе мына орамалыңыздың жартысын Балаевқа қалай бергеніңізді еске түсіріңіз.
— Бойдақ адамның ұқыпсыз болатыны белгілі ғой. Әнеукүнгі аэропорт ресторанында менімен табақтас болған бір адам орамалының жартысын жыртып берген еді. Ал оның Балаев екенін де, Жолаев екенін де білмеймін.
* * *
Нұрлан сықырсыз ашылған есіктен кабинетке сөйлей кірді.
— Жаңалық бар, Мұрат Секерович.
— Сенің жаңалық айтатыныңды білгем, — деп Мұрат көмекшісіне отыр деген ыңғай білдірді. — Қабағың қатыңқы ғой. Ұйықтамағанбысың?
— Меңкі ауданынан келіп тұрған бетім осы.
— Не бітірдің?
— Мирадзе мен Балаевты қалаға алып келген таксисты таптым.
— Рас па? Қалай?
Мұрат темекісін тұтатып алып, Нұрланға еңсеріле бұрылды.
— Өткен жолы Мирадзенің бұрынғы жұбайымен кездесіп едім ғой. Күйеуінің солтүстікке жиі-жиі баратынын айтқан-ды. Қайда, кімге баратынын дұрыстап сұрап алайын деп кеше кешкілік ауданға тартып кеттім. Жолым болмады. Әлгі әйел бір жаққа қонаққа кетіпті. Содан таңертең автостанцияға келсем, Алматының бір таксиы бос тұр екен, соған міндім. Жол-жөнекей әрнені бір сұрап отырып, ойламаған жерден олжаға батқаным. Әлгі таксист Мирадзе мен Балаевты Меңкі ауданының Новобогат селосынан қалаға алып барыпты. Түрі-түсін айнытпай айтып отыр.
— Таксист қайда?
— Осында.
— Шақыршы.
Аздан соң кеңсеге орта жастағы, шашын шалқасынан қайырған адамды ертіп, Нұрлан қайта кірді.
— Отырыңыз.
— Рақмет.
— Аты-жөніңізді айтыңызшы.
— Небеда Петр Борисович. Мамандығым — шофер. Көбінесе аудан орталықтарына кісі тасимын.
— 16 январьда қандай адамдарды тасығаныңыз есіңізде ме?
— Есімде. Аэропорт басында жолаушыларды тосып тұрғам. Тәпелтек қара жігіт келіп, Меңкі ауданының Новобогат селосына апаруымды өтінді. Оны отырғызып алып тартып кеттім. Новобогатқа келіп, бір адамды мінгізіп алдық та, қалаға қайта оралдық.
— Оларды танисыз ба?
— Бір көрген адамды ұмытпаймын, жолдас майор.
* * *
— Азамат Мирадзе, енді не айтасыз?
Салим Сагдар-оғлы ендігі қасарысудан түк өнбейтінін түсінсе керек, басын изеді.
— Балаев — жақыным. Алтынды сатып алатын адамды тапқан да сол. Екеуміз бірге келдік. Содан осы арадан бірге шықтық.
— Алтынды кімге сатпақ едіңдер?
— Оны мен білмеймін. Дәл осым шындық.
— Алтынды қайдан алғаныңызды айтпайсыз ба?
— Тауып алдым.
Кеңсеге Михаил кірді.
— Жолдас майор, химия-минералогиялық және техникалық комплексті экспертизаның қорытындысы, - деп бір парақ қағазды Мұраттың алдына қойды. Секеров қағазға үңілді. Күбірлеп оқып жатыр.
"Алтын өте жоғары сапалы. 839,1 ден 999,9 процентке дейін пробасы бар. Тұтас алтын (самородок) ретінде Магадан облысының Чай-Урьино-Ветринск аймағындағы кен орнында өндірілген. Алтын сап асы әсіресе Чай-Урья бассейнінің "Большевик", "Фрунзе" және Колыманың сол жақ беткейіндегі Ветренныйда өндірілетін алтынмен бірдей."
— Мұрат Секерович, байқайсыз ба, тағы да Магадан, тағы да Чай-Урьино, — деп Михаил қызулана сөйледі. — Осы тегін емес.
Мұрат сәл езу тартты да қойды.
— Сонымен, алтынды кімнен алғаныңызды айтпайсыз ғой, азамат Мирадзе.
— Алтынды тауып алдым.
— Ал Корейковтың қара чемоданды сіздің Енисейскіден ала келді дегеніне не айтасыз?
— Мүмкін, мен оны Енисейкіде тауып алған шығармын.
— Азамат Мирадзе шыр кобелек айналдыңыз, олай-бұлай бұлталақтадыңыз. Сондағы қаруыңыз — өтірік пен алдау. Кәсібіңіз — сауда-саттық пен ұрлық. Істегеніңіз — қылмыс. Екі рет сотталыпсыз. Осылай қашып-пысып күн көріп, дүниеден өтесіз бе?
Мирадзе үндеген жоқ. Өз жауабында қалды.
Екінші желі
Самолеттің шағын ғана дөңгелек иллюминаторынан көрінген тоқым-тоқым бұлт жыртылып айырылып, қайтадан тұтаса қоюланып, ілесіп келеді. Қалыспайды.
Ең алдыңғы қатардағы терезе түбіндегі жұмсақ креслода отырған сұр костюм, сұр плащ, сұр шетен шляпа киген, жасы елу-елу бестердегі кісі стюардесса Нинаның көңілін аудара берді.
Өйткені ол тізесінің үстіндегі ораулы затты еңкейе түсіп, тас қып ұстап алыпты. Екі қолын бір босатпайды. Ұсынған суды да, тамақты да алмай қайтарып жіберумен болды.
— Шөлдейсіз ғой.
— Рақмет.
— Затыңызды жоғарыға, сөреге қойыңыз.
— Жо-жоқ, өзім ұстап отырам. Ешқандай ауырлығы жоқ.
— Алтын әкеле жатқандай соншама жабысқаныңыз не? — деп Нина әзілдеді.
— Алтын емес... Алтын емес... Қайдағы алтын! — деп жолаушы безек қақты. — Осы жастардың қит етсе, "алтын", "алтын" дейтіні бар екен. Онысы несі...
— Ең болмаса, қасыңызға, жерге қойсаңызшы. Алдыңыз босасын, тамақ әкелейін, — деп Нина қонақжайлық танытты.
— Айналайын, мазамды ала бермеңіз. Тамақ ішпеймін дедім ғой. Ішпеймін! — деп жолаушы азар да безер боп аяқ астынан ашуланып қалды. Ыстық салонда қалың киіммен отырған әлгінің орамалын алып бетін сүртуге қолы босамаған соң қырлы қоңқақ мұрнының екі жағынан аққан моншақ-моншақ тері кішкене шоқша сақалдың әр талында ташбихтай боп тізіліп жатыр.
— Өзіңіз біліңіз.
Көп ұзамай самолет Алматы аэродромына келіп қонды.
* * *
— Нина!
— Сережа, мен саған тосып алма деп қашанғы айтам.
— Нина-ау, сағынғаныма да айыптымын ба?
— Бір сағатқа шыдайтын едің ғой. Үйге өзім де бармаймын ба? Анау Люсалар мазақтап бітті әбден, — деп Нина оқшаулау бара жатқан құрбыларынан көзін ала беріп, Сергейдің дудар шашына сүйір саусақтарын сүңгітіп, тарап-тарап қойды.
— Шаршадың ба?
— Жоқ. Неге шаршайын, — деп Нина күйеуінің қолтығынан ұстап қатарласа берді. — Сережа, анау бір сұр плащты кісіге қарашы. Қолында газетке ораулы түйіншегі бар. Өзі бір түсініксіз кісі екен.
— Немене, саған қырындағаннан сау ма? — деп Сергей зілсіз әзілдеді.
— Жоқ. Қолындағысын жас баладай құшақтап алып, бір тастамай қойды. Өзі әлденеден қуыстана береді.
— Қызық екен онысы. Жарайды. Нина, тез үйге барайық.
— Сережа, мен бар ғой, әлгіден күдіктеніп қалдым. Әне, әне, біз жаққа қарап-қарап барады. Айтайын ба?
— Иә.
— "Қолыңыздағы алтын ба еді, соншама жабыса бергеніңіз не" дегенімде түсі біртүрлі бұзылып кетті. Қарап отырып ашуланғаны, — деп Нина күйеуінің жүзіне қарады. — Сережа, неге жүдегенсің? Түу, әбден азып кетіпсің ғой.
— Нина, білесің бе, сенің анау, "танысың" маған да күдікті көрініп тұр. Сен үйге қайта бер. Мен жігіттермен хабарласайын, — деп Сергей асығыстық білдірді.
— Енді сенің өститінің бар. Қайдан білесің? Бейкүнә жан болар. Бүгін демалысың емес пе, тынық, — деп Нина әбігерленді.
— Нина, болмайды. Бірер сағатта оралам. Нұрланмен байланысайын. Өкпелеме, жарай ма, — деп қиыла өтінді.
— Бар, бара бер. Бірақ тезірек орал. Үйрек қуырып қоям.
* * *
Үлкен сұр үйдің үшінші қабатындағы кішкене бөлме мүлде ысып кетті. Шалқайып кең ашылатын терезеден ішке ып-ыстық аптап еседі. Көк желек жамылған Алматы көшесі салқын болғанымен, мұнда терезесінен күн шақырайғандықтан ба тым қапырық. Август туғалы тіпті күйдіріп барады.
Терезе аулаға қарайтын. Аласа, жатаған үйлердің қызыл шатырлы төбелерінің үстінен дірілдеп сағым көлбеңдейді.
Майор сыртқа қадалып отыр. Қой көздері бір нүктеге тесіліп қапты, қою қара қасын манадан бері бір қаққан жоқ. Үнсіз.
Мұраттың кабинетіне көмекшісі Нұрлан енді. Мұрат ойын үзді де, толқынды қара шашын салалы саусақтарымен кейін қайырды. Содан кейін стол үстінде жатқан кішірек темір портсигардан темекі алып тұтатып, "не білесің, айта бер" дегендей сыңай танытып, жігітке бүкіл денесімен ошарыла бұрылды.
— Қаладағы қонақ үйлердің бәрін сырттай бақылауға алып едік қой, Мәке. Кешелі бері "Қазақстан" мейманханасына бір жігіт көп келгіштеп жүр.
— Қонақ үйге кім келіп, кім кетпейді.
— Мәселе әлгі жігіттің қалада тұратындығында және қонақүйде көп бөгелмейтінінде, — деп Нұрлан өз түйсігін жеткізуге асықты. — Күдікті болмаса, іздеген адамын администратордан сұрастырып-ақ тауып алуына болады ғой.
— Иә, оның рас.
— Онда ұстауға рұқсат етерсіз, — деп Нұрлан бастығына үміттене қарады.
— Нұрлан, асығыстық — қолайсыз жағдайға соққызарын білесің. Дәлелсіз күдік жөн болмас. Милицияның құралы — күдіктену емес, адамға сену. Сен тым қызбалау боп барасың, Нұрлан, — деп майор тағы да терезеге бұрылды. Сағымға бөленген даладан ыстық леп соқты. — Мына күн күйіп тұр-ау! Шыжып кетті ғой өзі, — Мұрат енді бөлменің ортасына қарай жүрді. — Сонымен, жиі келеді дейсің ғой.
— Иә, кеше үш рет. Бүгін тағы да...
— Қолында... Көтерген бірдемесі бар ма?
— Бар. Қара портфелін тастамайды. Кеше жоқ-тын. Таңертең келіп, бес минуттан соң, қайта шыққан.
— Қайда кетті?
— Қарсыдағы ЦУМ-ға кірген. Одан кейін көрген жоқпыз.
Мұрат темекісін сорып, тұрып қалды. Сәлден кейін айналып келіп, орнына отырды.
— Тексеріп көрейік.
— Тексерсек, тексерейік. Дегенмен сол жігіт тегін емес, Мәке, — деп Нұрлан болар емес.
— Қандай дәлелің бар?
— Интуициям алдамайды.
— Интуицияға сене беру дұрыс емес, Нұрлан. Интуицияң кейде теріс әкетуі де мүмкін. Біз былай істейік. Семенов осында ма?
— Осында.
— Тамағын таңғызып па?
— Таңғызып алыпты.
— Қалай? Жарасы ауыр емес пе?
— Қайдағы жара? Тырнақ жыртып кеткен ғой. Әлгі төбелескіш неменің пышағы болмағаны да. Әйтпесе... Дегенмен, Семенов мықты екен. Екеуін бірден ұстап әкелгені ерлік қой.
— Онда Семеновты ертіп алайық. Кешегі сквердегі тәртіп бұзған төртеудің бірі деп ұстаймыз.
— Мұныңыз ақыл екен.
— Кеттік.
* * *
Мейманхана фойесінде бұларды Михаил Казаков қарсы алды.
— Жаңа ғана жоғары көтерілді.
— Тоса тұрайық.
Нұрландар қонақ үйдегі милиция бөлмесіне кірді. Фойеде Казаков пен Семенов қалды. Бес минут өтпей, жоғары қабаттан қолында қара портфелі бар жігіт түсті. Казаков Семеновқа "осы жігіт" дегендей белгі берді. Семенов жігітке таяна түсті.
— Азамат, тоқтаңыз.
Екінші жағынан Казаков келді.
— Сізді іздеп жүрміз.
— Оу, мені неге іздейсіздер?
— Кеше скверде мына жігіттің мойнын тырнаған сіз емей кім еді? Жолдастарыңыз қайда?
— Мен бұл кісіні бірінші рет көріп тұрмын.
— Азамат, дауласпаңыз. Былай жүріңіз. Тексереміз. Айыпсыз болсаңыз әурелемейміз, — деп Казаков жігітті милиция бөлмесіне кіргізді.
Семенов Мұратқа жақындап барып, тап бір есесі кетіп, әбден қорлық көрген жандай даурыға сөйлеп жатыр.
— Жолдас майор, бұ не өзі! Көшеге шығудан да қалармыз әлі. Мына жігіт, қасында дәл өзі сияқтанған тағы үш бұзылғаны бар, кеше қараптан-қарап маған тиісіп, біресе ақша, біресе арақ сұрады. Мен көне қоймап едім, бұл мойнымнан қылғындырды...
— Азамат Семенов, дабырламай қоя тұрыңыз, — деп Мұрат жігітке бұрылды. — Аты-жөніңізді айтыңыз.
— Салтыков Мурид.
— Азамат Салтыков, тәртіп бұзғаныңыз қалай?
Жігіт абыржып тұр. Біресе күбірлеп, ашуланып аузы-басы көпіріп ала көзімен атып отырған Семеновке, біресе темекісін тұтатып алып маңғазданып отырған майорға кезек-кезек жапақтайды.
— Жолдас майор, бұл кісіңізді туғалы көрген емеспін. Басқа біреумен шатастырып отыр.
Семенов орнынан ұшып тұрып Салтыковтың қасына жетіп келді.
— Әй, енді мені өтірікші қылуға айналдың ба? Оның болмайды. Мойнымнан қылғындырып тұрып көз алдымда пышақ ойнатқан түріңді түн ұйқымнан шошып оянсам да ұмытармын ба. Сенсің! Жолдас майор, мені ұстаған да, ұрған да тап осы! Нанбасаңыз, тінтіңіз! Пышағы бар, — деді Семенов.
— Қайдағы пышақ?! Өмірімде бәкі ұстап көрген емеспін, — деп Салтыков шалбарының қалтасын теріс айналдырды. — Міне, тінте беріңіздер.
— Жоқ! Нанбаймын саған. Портфеліңді аш! — деп, Семенов жігіттің қолындағы портфельге жармасты.
— Жолдас майор! Асығыс едім. Ешқандай айыбым жоқ. Босатыңыз мені, — деп Салтыков Семеновтан қашқақтай берді.
Мұрат манадан бері жігітке онша күдіктене қоймаған, дәл қазір сезіктене бастады.
— Портфеліңізде не бар?
Салтыковтың өңі әп-сәтте қуарып сала берді.
— Не болушы еді, жолдас майор. Орамал, жөке, сабын. Моншаға барушы едім, — деп күмілжіді.
Нұрлан шыдай алмады.
— Қане, ашыңыз!
— Жолдас майор! Бұл бассыздық қой, — деп Салтыков қарсы шабуылға көшті.
— Азамат, мына кісі сізді айыптап отыр. Танимын дейді. Кім көрінгенге қарадан-қарап тиісе беретін милиция ерігіп жүрген жоқ. Адал, ақ екендігіңізге көзімізді жеткізіңіз. Портфеліңізді ашыңыз, пышақ табылмаса, қоя берейік. Моншаңызға барыңыз, — деді Мұрат.
Салтыков қипақтап тұр.
Нұрлан портфельді алды да, столдың үстіне қойды.
— Бері жақындаңыз, ашыңыз.
Салтыков қолы дірілдеп, портфельді әрең ашты. Газетке ораған екі түйіншекті шығарды.
— Мынау орамал. Мыналар жөке, сабын...
— Бәрін шығарыңыз.
Салтыков тағы бір орауды алды.
— Бұл не?
— Типографиялық клише.
— Оны неге алып жүрсіз?
— Типографияда істеуші едім, жолдас майор.
— Ашыңыз.
— Жолдас майор, уақытым жоқ өтінемін, жолымнан қалдырмаңыз.
— Ашыңыз!
Салтыков мелшиіп тұрып қалды, кірпігімен еденді тесердей қозғалар емес.
— Нұрлан, сен аш.
Ораудың ішінен алты пакет алтын шықты.
— Азамат Салтыков клишеңіз мынау ма?
— ?
— Отырыңыз.
Салтыков орындыққа сылқ ете түсті.
— Алтынды қайдан алдыңыз?
— Жо-олдас майор, алтынды көріп тұрғаным осы. Менікі емес, — деп Мурид Салтыков азар да безер болды. Әлде тақыс, әлде адал. Тостаған көздерін отырғандарға кезек-кезек қадап сүзіп шықты. Барлап, аңдап қараған жанға осынау жанардан үрейден гөрі таңдану, жалыну, жалбарыну тәрізді бейкүнә қарас шалынар еді. Үрей буған көздің қарашығы азайып, ағы үлкейіп, шарасы кеңіп кететін. Ал мынау жанардың кірпігі жабысып жасаңсып тұрған сыңайы бар. "Адалмын, ақпын. Аяңдар, құтқарыңдар" дейтіндей ұяң мұңмен жиі жапақтайды.
Мұрат жігітке қадалған сайын сағым ішінен көк мөлдір тұман көрген жандай әлгі жанардан сыр аңдиды.
— Азамат Салтыков, мұнда неге келдіңіз? — деп сұрақ қойды. Мурид майорға қадалды Көзі өткір екен, тайсалған жоқ. Жайқала түсіп, самалмен толқып кететін көктемгі қызғалдақ торғынындай жүзінде әнтек қызыл діріл жүгіре беріп, сап тыйылды.
— Мен типографияда токарь болып істеймін. Сонда Шиклер дейтін досым бар. Өзі науқастанып ауруханада жатыр. Ертемен досыма, ауруханаға барып ем, "Қазақстан" мейманханасындағы 341-ші бөлмедегі Петр деген кісіге соғып, өзінің ауырып жатқанын айтып шығуымды өтінді. Аурудың өтінішін орындау парыз. Бағана келгенімде жоқ екен. Содан үйіме соғып, орамалым мен жөкемді алып моншаға шықтым. Жол-жөнекей осында тағы соқтым. Келсем, әлгі жігіт бөлмесінде отыр екен. Досымның хабарын айттым. Екеуміз аз-кем дастарқандас болдық. Петрдің коньягі бар екен. Сыйлады. Кетіп бара жатқанда менің портфеліме бірдеме салып жатқан. Шиклерге беріп жіберген сәлемдемесі шығар деп көңіл аудара қоймап едім. Мүмкін, мынау алтын сол Петрдікі шығар. Менің алтыным емес, — деп Салтыков әңгімесін аяқтады.
— Әлгі Петр дегеніңіз қай бөлмеде, 341-де дедіңіз бе?
— Иә, сонда. Өзін "Петр" деп таныстырды. Басқасын білмеймін. Мүмкін Коля, мүмкін Толя болар. Маған мынадай опасыздық жасап отырған адам шын аты-жөнін айтады деймісіз, — деп ренжи сөйледі.
Үн-түнсіз бөлмеден шығып кеткен Нұрлан сәлден соң қайтып келді.
— 341-ші бөлмеде екі күннен бері ешкім тұрмайды. Оның алдында ерлі-зайыпты адамдар орналасыпты. Семинарға келген мұғалімдер екен.
Салтыков түтігіп, түнеріп кетті.
— Осы мен жаңа ғана 341-ші бөлмеден келдім.
— Азамат, әуре болмаңыз енді.
* * *
Күн ыстық. Ыстық күнде ағаш көлеңкесі — жан сая. Жапырақ сыбдырламайды, лүп еткен жел де жоқ.
Нұрлан көлеңке қуалап ілбіп келеді. Иығына асып алған пенжагін де ауырсынатындай, сығып алардай су болған орамалмен маңдайын, бетін қайта-қайта сүртіп қояды.
Осы шеткі көшеде ерсілі-қарсылы жүргеніне де көп болды. Бір сәт әлденеге дағдарғандай жуан терекке сүйеніп, мелшиіп тұрып қалды. Қиналып тұр. Іштей күйінеді. Салтыков алғашқы жауабынан әлі танар емес. Іс тұйыққа тірелді. "Шешіп көр, жалғап әкет" дейтіндей сан түрлі ой қаумалайды. Жұмбақ көп.
Дәлелмен, бұлтартпас айғақпен қылбұраудай матап әкеп мойнына қоймасаң, жай күдікпен айыптай алмайсың. Ал айыпкерді жазаламай қоя берсең, денедегі қауіпті ісікті сезе тұрып, емдемей, асқындырып алумен пара-пар.
Қайқаң қағып, жоғары өрлеген күн шаңқай түске ауысты. Күн көтерілгенмен, аспан асқақтағанмен ой бүркек, қабақ қатулы. Тұспал-тосқауыл әр қиядан бір шалады, әр қайраңнан бір тосады, ұстатпайды. Жеткізбейді. Ой тиянақтар тұрлаулы тірек қажет. Сусыған мұнардай жүйткіген қиял бос сарсаңнан босатпайды. Қиясы көп, бұлталағы жұмбақ күдік буалдырланып, іріп-тозып жоғалып жатыр.
Нұрланның ойын ентіге шырылдаған жіңішке дауыс үзіп жіберді.
— Ағай, допты... бері қарай... теуіп жіберіңізші.
Бала даусы алқынған, шаршаған жүректің қатты дүрсілімен үзік-үзік шығады.
Нұрлан допты теуіп жіберіп, енді балалардың ойнына қызыға қарап қалды. Сонау бал балалық күндер неткен қызық дәурен еді десеңізші! Ойын-күлкі — еншісі бөлінбеген балалықтың бәсіресі екен-ау. Кеше ғана доп қуалап, өзен жағалап кететін бұл, енді міне сырттай қызыға қарап әлсіз өксікпен өкініш аулайды.
— Банзат, ей Банзат, бері теп. Пас бер, па-ас!
Жіңішке дауыс шыр-шыр етеді. Қазіргі бар дүниесі бір ғана жақсы берілген паста тұрғандай өңешін жыртардай даурығады.
"Балалық — бал тірлік, сол..." Нұрлан еріксіз мырс етті. Аяғының астындағы жұдырықтай кесекті теуіп жіберді. Кесектің быт-шыты шықты, сүйір тұмсық жылтыр қара туфлиі шаң қапты.
— Міне саған футбол! — Өзіне-өзі күлді, өзін-өзі келемеждеді. Бірақ іштей әлденеге ырза. Жаңағы тымырсық күй-халінен серпіліп кеткендей сезінді.
"Банзат! Банзат! Банзат!"
Осы бір баланың аты тіліне орала береді. Әлдеқайдан естіген, әлдекімнен әлдебір жерден кездестірген сияқты.
"Банзат?" "Е-е, Муридтің ұлы ғой. Балам — Банзатым бар!" деп еді-ау"...
Алатау алыстап, көк мұнар қоюлана түскен, Күн батысқа қарай баяу ауып барады. Ағаш жапырақтары сарғыш тартқан, көлеңке мен сәуле қуыспақ ойнап кеткендей.
"Банзат" "Сол емес пе екен?"
Нұрлан балаларға келді.
— Жігіттер, голды көп соқтыңдар ма?
Балалардың арасында ересек көрінгісі келгендері де, еркелік қуып етегін әлі жаба қоймағандары да бар. Бәрі жамырап қоя берді.
— Ағай, мен үш гол соқтым.
— Ал мен екеуін кіргіздім.
— Лешка — өзімшіл, пас бермейді.
— Банзат, қайсың Банзат боласың?
— Міне тұр.
— Өзі сұмдық жүйрік!
— Жақсы алдап әкетеді.
Жас шамасы сегіз-тоғыздардағы бадырақ көз, ашаң жүзді қара домалақ бала Нұрланға әлдекімді елестеткендей болды. Бой сала қарап, баланы Салтыковқа ұқсатты. Жаңылмағанына марқайды.
— Банзат, екеуміз сәл қыдырып келсек қайтеді?
Банзат шегіншектей берді. Танымайтын бөгде жаннан үркектеп тұр.
— Е-е, жігітім, адам не болса содан қорқа ма екен. Мен де футболшымын. Екеуміз кішкене сөйлесеміз де, қайтамыз. Жүр, Банзат, — деп Нұрлан күле сөйледі.
Банзат жолдастарына қарап бөгеліңкіреп қалды. Екі ойлы. Тапа-тал түсте неменеден қорқам деді ме, келіскен ыңғай білдірді. Нұрлан мен Банзат балалардан біраз жерге ұзады.
— Банзат, папаң қайда?
Бала дір етті де, бетін басып, еңіреп қоя берді. Нұрлан Банзатты бауырына қысты.
— Жылама, Банзат, папаң оралады, — деп уата бастады. — Мен саған әдейі келдім, Банзат. Сенің көмегің керек. Біз саған сенеміз.
Банзат өксігін тез тыйып, қолының сыртымен көзін сүртті. Содан кейін Нұрланға ұзақ қарап тұрып қалды. Елжірей қадалған көзден күдікті еш нәрсе көрмеді де, сәлден кейін сабасына түсті. Жалаң аяғымен майда топырақты бұрқ-бұрқ басып, езу тартқандай кейіп білдірді.
— Банзат, сенің папаңды бір жаман адам алдап жүр. Сол адамның кесірінен папаң қамалып. отыр. Егер сен сол адамды бізге айтып, не көрсетіп берсең, бәрі жақсы болады, — деп Нұрлан әңгіменің төтесіне көшті. — Осы таяу арада папаңа бөгде кісі келді ме?
— Білмеймін.
— Банзат, сен пионер шығарсың?
— Жоқ, октябренокпын. Биыл пионер болам.
— Ал, октябренок өтірік айтпайды. Әлде сен папаңа көмектескің келмей ме?
— Келеді.
— Папаңды шақырып шық деген сұр киімді кісіні неге айтпадың?
— Ол папамды шақыр деген жоқ, папам оны шақырып кел деген, — деп Банзат сөйлей жөнелді.
Нұрлан бұлай болар деп күтпеген. Сонда да сабыр сақтай сөйледі.
— Оны папаң қайдан шақыртып еді?
— Нағашымның үйінен.
— Банзат, сен өзің асықпай айтшы. Жақсы айта алатының білініп тұр.
— Папам моншаға барам деді. Мамам үйде жоқ болатын. Екеуміз нағашымдікіне келдік. Папам кірген жоқ, есік алдында қалды. Маған: "Үйде бөтен кісі бар ма, бар болса далаға шықсын", — деді. Үйге кірсем нағашым біреумен сөйлесіп отыр екен. "Папаң келді ме?" — деді нағашым. "Келді", — дедім. Сонсоң мен өзіміздің үйге қайтып кеттім.
— Ал ол кісі кім? Атын білесің бе, Банзат?
— Жоқ.
— Нағашың қайда тұрады?
— Осы маңда, таяуда...
* * *
— Азамат Салтыков, сегізінші август күні қайын атаңыз Хазболатовтың үйінде кіммен кездестіңіз, — деп Мұрат жақ жүні үрпиіп өсіп кеткен алдындағы адамға сұрақ қойып отыр.
— Жолдас майор, мен ешкімді де білмеймін. Қайын атамның қатысы жоқ. Алтын менікі емес.
— "Грозненский рабочий" газетін қайдан алдыңыз?
— Жазылып тұрам.
— Алтынды ораған өзіңіз болдыңыз ғой онда. Солай емес пе, Салтыков?
Салтыков үнсіз қалды. "Грозненский рабочий" газетін жаздырып алатыны рас. Газетті меншіктенсе, онда алтыннан қашып құтыла алмайды. Маңдайынан суық тер бұрқ етті.
— Неге үндемейсіз? "Советский спорт" және "Известия" газеттеріне де жазыласыз ғой?
— Иә! Қаласам бәріне де жазыла алам.
— Бірақ алтын ораған "Советский спорт" пен "Известия" газеттері Дондағы Ростовтың "Молот" газетінің типографиясында басылған ғой. Ол сіздің қолыңызға қалай түсіп жүр?
— Қайда басылып, қайдан шығатынын кім тексеріп жүр дейсіз, жолдас майор.
— Жоқ, азамат Салтыков, жасырып отырсыз. Бұл газеттер сіздікі емес. Алтынды кім әкелді?
— Алтынды көрген де, білген де емеспін.
— Назрань қаласында кіміңіз бар?
— Назрань?!
— Иә, қайын атаңыз екеуіңіз көршіңіздің үйінің телефонынан төртінші август күні мына квитанция бойынша бес минут Назрань қаласындағы әлдекіммен сөйлесіпсіз. Оныңыз кім?
— Осы өмірімде телефонмен сөйлесіп көрген жан емеспін. Ауызба-ауыз, бетпе-бет сөйлеспеген соң бола ма, — деп Салтыков бір қиырдан бір қиырға тартты.
— Ал енді мына бір адреске назар аударыңызшы, мүмкін ұмытып отырған кей жайларды есіңізге түсірер, — деп майор Секеров бір парақ қағаздың жартысын көлденең тосты.
— Қайдағы-жайдағы қағазды тексеру менің жұмысым емес. Бұныңызға да еш қатысым жоқ, — деп Салтыков әлі де болса "көрмедім, білмедімге" құрық соза берді.
— Оқып берейін. Сізге қатысы болуы да мүмкін, — деп Мұрат көзәйнегін киді. — Тыңдаңыз. Грозный облысы, Назрань қаласы, Солдат көшесі, он бесінші үй.
— Азамат майор, сіздерге қараймын да таң қалам. Іздемейтін, таппайтындарыңыз жоқ. Бірақ соның бәрі кәдеге аса берсе жақсы-ау. Әйтпесе, босқа сандалып уақыттарыңызды кетіріп бітесіздер ғой. Ал, мына адресті маған оқып бердіңіз. Не шықты содан. Туғалы естімеген нәрсеге мен елең етеді деймісіз. Бір емес, он адрес оқыңызшы — селт етер ме екем. Оқ жетпеске, босқа қылыш сермейсіз, — деп Салтыков айылын да жимады. Айласы да, қарсы шабуылы да бәрі жымдаса өріліп, бет қаратпайды, бойына дарытпайды.
— Солай ма, азамат Салтыков. Сонда үш килограмм таза алтын сіздің сөмкеңізге өздігінен кеп түскен ғой.
— Қалай ұқсаңыз еркіңіз білсін.
* * *
Тергеу жұмысы ілгері баспаса, кімді де болса қинайды. Айыпкердің кінәсін оп-оңай мойындауына сену қиын. "Түк білмедім, түк көрмедім" деп қасарысып отырып алса, тергеу және ауырлай түседі. Сол үшін де әрі сыбайластарын, һәм ерікті, еріксіз куәлерді анықтай түскен жақсы. Бұлтартпас дәлел, бұлқынтпас документ керек.
Михаил Казаков Чечен-Ингуш АССР-ына ұшып кеткен. Әлі мұңымен хабарласа қойған жоқ. Сол жақтан бір ілгешек табылмаса, әзірше Мұрат Секеров тұйыққа тіреліп тұр.
Күн аптабы қайтар емес. Август айын орталаған Алматы күні бет шарпиды. Көше бойлап келе жатқан Мұрат пен Нұрлан кілт тоқтап, бір үйдің есігін қақты.
— Кіре беріңіздер. Ашық тұр.
Орта жастардағы семіз, сары әйел бейтаныс жандарға таңырқай қарады.
— Сіздерге кім керек еді?
Мұраттар документтерін көрсетті.
— Кіріңіздер, ішке еніңіздер, төрлетіңіздер, — деп әйел құрақ ұшты. Дәліздегі айнаның тұсынан өте беріп толық білектерін жоғары көтеріп толқындата төгіп жіберген сары бұйра шашын қопсытып-қопсытып қойды.
— Отырыңыздар, дем алыңыздар, шай қойып жіберейін.
— Рақмет, әуре болмаңыз. Татьяна Георгиевна сіз боларсыз?
— Иә, Фамилиям Никитченко. Жұбайым жұмыста.
— Татьяна Георгиевна, біздің арнайы келген бұйымтайымыз өзіңізде еді.
— Құлағым сіздерде.
— Сіздің үйде телефон бар ғой.
— Иә, бар.
— Татьяна Георгиевна, сіздің телефонмен төртінші август күні сөйлескен кісілерді айтпас па едіңіз.
— Төртінші август күні ме? — деп Никитченко ойланып қалды. — Е-е, есімнен шығып бара жатқаны, осында әлгі біздің көршіміз — Хазболатов қызы Миламен екеуі келіп сөйлесіп еді-ау.
— Қай шамада?
— Кешкі жеті болатын. Иә, иә, сағат жеті, әлгі менің ұлым Сережа футбол болады деп телевизорды қосып жатқан-ды.
— Қайсысы сөйлесті?
— Алдымен Мила телефонды алды, содан кейін трубканы әкесіне берді.
— Не туралы сөйлескенін білмейсіз бе?
— Біреудің әңгімесін тыңдап қайтейін. Әйтеуір салдырлап орысша, ингушше сөйлеп жатқан.
Даладан он-он екілердегі бала жүгіріп кірді.
— Сережа, осы сен қашан адам болар екенсің. Балам-ау, жүгіруіңе дала жетпей ме, — деп Татьяна Георгиевна ұлына ала көзімен қарап қойды. Бөгде кісілерді көрген Сережа босағада бөгеліп қалған. Нұрлан ым қағып Сережаны қасына шақырды.
— Сережа, сен көршілерді тегіс танисың ғой, ә?
— Танимын. Қарсы көшелердегіні тегіс білем.
— Жігіт екенсің. Ал сен бізге айта қойшы, осы таяу арада Хазболатовтардың үйінен шыққан, әйтпесе солардың ауласының қасында жүрген бөтен адамды көрмедің бе?
Сережа шешесіне қарады.
— Айт, өтірік қоспа, шыныңды айт, — деп Татьяна Георгиевна дем берді.
— Көрдім. Екі рет көрдім. Біз ойнап жүргенде сұр шляпасы бар ингуш Хазболатовтардың үйінің қасында отырған.
— Ингуш деймісің?
— Иә! Ингуш. Бұл маңайдағы ингуштарды түгел танимын. Ал анау — бөтен ингуш.
— Рақмет, Сережа. Татьяна Георгиевна, сізге алғысымыздан басқа айтарымыз жоқ.
— Келіп тұрыңыздар, — деп Никитченко Мұрат пен Нұрланды есік алдына дейін шығарып салды.
Мұрат пен Нұрлан көшені бойлап келеді. Нұрлан машықты елгезектігін танытты. Бастығының жүзіне қарап алып, тамағын кенеді.
— Иә, Нұрлан, не айтпақ едің?
— Мәке, меніңше оқиға былай болған: төртінші күні Салтыков Никитченконың үйіндегі телефонға заказ берген. Квитанциясын әйеліне Мила Хазболатоваға — беріп, қайын атасы арқылы байланыс жасаған. Хазболатов болса, алтынды алушы кісіге — Назрань қаласындағы саудагерге жаңағы үйден телефон соққан. Келер күнін белгілеген. Сонымен, сұр шляпалы адам сегізінші август күні Алматыға ұшып келген. Хазболатов үйінде Салтыковпен кездескен. Салтыков әлгіден ақшаны алып, "Қазақстан" мейманханасына барған. Алтын сатушы сонда тұрған. Алтынды алып шығып келе жатқанда қолға түскен.
Мұрат көзін қысыңқырай сәл жымиды.
— Қателестің, Нұрлан. Аздап қателестің. Алтынды әкелген Назраньнан келген кісі. Сыртқы орауы — газеттер — соның айғағы. Ал қонақ үйдегі — сатып алушы ғана. Алтын — Назраньдық адамдікі. Салтыков пен Хазболатов — делдал ғана. Делдалдар алтынның әр грамынан кемінде 3-4 сом пайда түсіреді. Біз енді осылардың қылмысты байланысын дәлелдейтін фактілерді табуымыз керек. Михаилдан бір хабар келуі керек еді. Кешікті ғой.
* * *
— Азамат Сурлеев Гельяр Гевардаевич, сегізінші август күні 2330 рейспен Минводыдан Алматыға ұшып келгеніңізді мойындайсыз ба?
— Жоқ. Алматыда жұмысым қанша? Бұрын Қазақстанда тұрған кісі Алматыға соғуы керек деп ойласаңыз өзіңіз білерсіз, — деп қыр мұрын, кесек тұлғаны кісі қыран қабағының астынан сүзіле қарайды.
— Алтынды кімнен, қайдан алдыңыз?
— Алтынға әуестігім жоқ. Адал ақы, маңдай теріммен тапқаным семьямды асырауға толық жетеді.
— Кавказға қашан көшіп келіп едіңіз?
— 1967 жылы. Атбасардағы үйімді сатқам. Сол жылы үй-ішімізбен жаз бойы жұмыс істеп, төрт мың сом, келесі жылы қызымыз екеуміз Целиноград облысының Есіл ауданында жеке меншікке үй салып, екі мың сом, 1969 жылы жалғыз өзім келіп бір жарым мың сом ақша таптым. Былтыр жаз бойы өзіме үй салдым. Алматы тұрмақ, тіпті Қазақстанға барғам жоқ.
— Хазболатовпен не туралы сөйлестіңіз?
— Қарағым, телефонмен сөйлесетін жігіт емеспін, Хазболатовың қыз емес. Бұл пәленді таңба маған.
— Қаларалық телефонмен сөйлесу туралы телеграмма алғандағы қолхатыңыз мынау. Сіздің үйден табылды ғой. Бұған не дейсіз?
— Қолхатыңызға мен қол қоймаппын. Бұған өзіңіз не айтасыз, азамат майор?
— Бізге осы бір жапырақ қағаздың өзі бірталай нәрсенің басын ашып тұр. Айтпақшы, азамат Сурлеев, "Грозненский рабочий" газетін алдырасыз ғой?
— Газетке жазылмайтын үй жоқ.
— Өзіңіз аласыз ғой.
— Иә.
— Алтынды газетке орағаныңыз қалай? Елеусіз болсын дегеніңіз бе?
Сурлеев не айта қойсын. Енді тіпті жақ жазбауға бекінгендей үн-түнсіз қалды.
* * *
— Михаил, экспертизадан не хабар бар? — деп, Мұрат есіктен кіре берген көмекшісін сұрақпен қарсы алды.
— Жақсылық хабар, Мұрат Секерович. Сурлеевтің үйінен табылған жіптің үзігі мен орауды буған жіптің бірдей екені анықталды. Түр-түсі, бояуы, талшығы, жуандығы — бәр-бәрі сәйкес келді. Екеуі де бір жіп, — деп Казаков экспертизаның анықтама қағазын майордың алдына жайып тастады.
Бөлмеге Нұрлан кірді.
— Сен не бітірдің?
— Минводының аэропорт кассасымен хабарластық. Сегізінші күні кассир Михеева Евдокия Ивановна ИЖ сериялы 794174 номерлі самолет билетін паспорт бойынша Сурлеев дегеннің атына толтырыпты. Түбірі бар.
— Дұрыс. Газетті анықтадыңдар ма?
— Иә, Сурлеев "Грозненский рабочий", "Советский спорт", "Известия" газеттеріне жазылыпты. Ал Салтыков "Грозненский рабочий" газетін алдыратын көрінеді. Басқа қаладағыларға газетті жіберерде әр номерге стенсель1 қойылады екен. Мына газетте стенсель жоқ. Демек "Грозненский рабочий" Салтыковтікі емес.
— Дұрыс. Ендігі жұмысымыз Сурлеевті стюардессаларға көрсету. Олар айнытпай таныса — барлық түйін шешіледі.
* * *
— Азамат Салтыков, Шиклерді білесіз бе?
— Бірге істейміз.
— Сіз Шиклерден алтын сатып алатын кісі тауып бере аласыз ба деп сұрапсыз ғой. Бұған не дейсіз? — Салтыков бір сәт босап сала берді.
Аясы үлкен көзде жел ұйтқытқан жалындай үрей оты жылт етті де, сол бойда жоғалып кетті. Екі иығы салбырап, мойны ішіне кіріп барады. Қимыл-қозғалысы шиыршық атып отырған дене бір демде бір-ақ уыс боп бүрісіп, құнысып қалыпты. Сәлден соң біржолата сөніп, семіп түсетіндей.
— Азамат Салтыков, неге үндемейсіз?
— Азамат майор, айтайын... Бәрін айтайын. Өзім айттым. Шын көңіліммен мойындап отырмын. Сотта кепілдік берерсіз, — деп Салтыков тал қарманды. — Августың екісі күні алтын іздеген адамға кезіктім. Екеуміз келістік. Өзімде алтын жоқ. Қайын атама бар дым. Ол Сурлеевті біледі екен. Никитченконың үйіндегі телефон арқылы Назраньға заказ бердік. Төртінші август күні қайын атам телефон арқылы Сурлеевпен сөйлесті. Сегізінші күні Сурлеев үш килограмм алтынын алып, Алматыға ұшып келді. Екеуміз қайын атамның үйінде кездестік. Ол маған: "Алтынның әр грамын 15 сомнан сатасың", — деді. "Мен 15 сомнан келісіп келдім, менің де пайда көруім керек, әр грамына 13 сомнан аласың", — дедім. Осыған келістік. Он бірінші август күні "Қазақстан" қонақ үйіндегі алтын алушыға келдім. Ол мені бөлмесіне кіргізді де, алтынды әлдебір сұйық затпен тексерді, өлшеді. Әр грамын 17 сомнан алмақ болды. Ақшасы басқа жерде екен. Бір сағаттан соң, біздің үйде тағы кездеспек боп уәделестік. Төмен түскенімде... сіздерге тап болдым. Бәрі осы, — деп Салтыков әңгімесін аяқтады.
— Сатып алушының аты-жөні қалай?
— Менімен Петр деп танысқан. Фамилиясын сұрағам жоқ.
— Қай бөлмеде тұрды?
— Енді оның сіздерге пайдасы жоқ.
* * *
Казаков алтынның техника-минералогиялық экспертизасының қорытындысын әкелді.
— Тағы да Чай-Урья бассейні.
— Иә, гәп осында, Михаил. Алтынның ылғи бір жерден шыға беруі тегін емес.
* * *
Август аяқталып қалған. Ағаш жапырағы сарғыш тарта бастаған.
— Ағай!
Жіңішке дауыс дәл қасынан естілгенде Нұрлан қалт тоқтап еді, терек көлеңкесінде Банзат тұр екен.
— Банзат! Сәлем, Банзат!
— Ағай, папам қайта ма?
— Қайтады.
Бала жүзінде мұңның сілемі бар еді. Ілезде шайылып жоғалып кетті. Нұрлан оның маңдайынан сипады.
— Рақмет саған, Банзат. Сенің бізге көп көмегің тиді.
— Ағай, мен милиционер болам. Болам ғой, иә? Лешка маған сенбейді, — деп жайраңдай түскен бала лезде бұртия қалды.
— Боласың, Банзат. Әбден боласың. Сен адалсың. Ал адалдық — адамның ең жақсы қасиеті.
Банзат жүгіре жөнелді. Қуанып барады. Жолдастарына кездескенше асық.
— Адам бол, Банзат!
Нұрлан көше бойлап жүріп кетті. Алатау биіктеп, аспан асқақтап кеткендей. Сонау, сонау беткейдегі қос қапталынан теректер көтеріп тұрған тау дәл бұл сәтте Нұрланға тіпті ерекше көркем боп көрінген еді.
Үшінші желі
"1971 жылдың он бесінші август күні Магадан облысының Сусуман ауданындағы "Берелех" аэропортында самолетке отырар кезінде азамат Уткин Геннадий Яковлевич ұсталды. Бойынан табылған 1020 гр. алтын (химиялық таза салмағы 821 гр. 400 мг. Бағасы 32855 сом) актіленді.
Тексеруде азамат Уткин Г.Я. алтынды Алматыға апармақшы болғанын айтты. Сыбайласын жасырып отыр".
Мұрат радиограмманы екі-үш рет оқып шықты. Ойланып саусақтарымен столды тықылдатып қояды. Сусумандық әріптестерінің көмек сұрайтыны белгілі. Жіптің бір ұшы Алматыға тірелсе, аты-жөні белгісіз қылмыскерді жеті жүз мың тұрғыны бар үлкен қаладан табу да оңай емес. Нұрлан мен Казаковты шақырып алып пікірлесіп еді, олар да мардымды кеңес бере алған жоқ. Қала тұрғындары арасындағы "көмекшілерінен" де көптен бері сезікті хабар түспеп еді. Нұрланға "Тастақты" жиі бақылауға ал деп қатты тапсырды да, соңғы күндері түскен мәліметтерді Казаков екеуі тағы да бір шұқшия тексеріп шықпақшы болды.
* * *
Ұзын теректің қалың жапырағы төменге күн түсірмейді. Кең ауланың сыртқы дуалы да биік. Кісі бойы, қол созым. Арасынан сызат қалдырмай, тақтайға тақтай жамап кішігірім қамалға айналдырып тастаған. Қалыңдығын бір елі қып жаққан жасыл бояуы жасыл желекті терекпен жымдаса жарасып, жер ортасы Көктөбе мен боламын дегендей айналасындағы жадағай үйлерден оқшау бөлектеніп көзге ұрады.
Үй тұрған көше де шағын. Бас-аяғына алшаңдай басып, адымдап шыққанында маңдайың да жіпсімейді. Кісі аяғы сирек. Автобусы мүлде жоқ, жан сая көше. Қаланың әр түкпірінен қарасаң да, сұлулық перісіндей мойын созатын Алатау, бұл арадан да көз таса боп қалмапты. Содан ба, көшесі тар, кісісі некен-саяқ болса да осы жер Алматының әсем бір мүйісі.
Протазанов Аврам Давидович документі жоқ тіс дәрігері — осы үйдің иесі. Орта бойлы, дөңгеленген ғана жуантық адам: басына бітпеген түк беті мен алқымына ұйыса жиылыпты, бір-екі күн қырмай қоя берсе — шүйкелік жүн берер еді. Отыздың ортасына енді-енді ғана енгенімен шүйдесі шығып, мұрны қалыңдап, алқымы әукесі үлкен сүтті сиырдай салбырап, әрқайсысы бір-бір күректей жалпақ алақандары алақан осылай болуға тиіс дегенге еріксіз көндіргендей көңіліңізге қошуақ әсер қалдырар еді.
Протазановтың дәрігерлік ем-дом жасайтын шағын бөлмесінің есігі дарбазаға қарама-қарсы. Дарбазаның оң жағында жұдырықтың аумағындай тесік бар. Тесіктің айналмалы қызыл қақпағы үш рет көтерілді. Протазановтың сенімді кісілерінің шартты белгісі бұл. Тісін емдетіп отырған адамды үйіне қайтарып Протазанов сыртқа шықты. Қонағын ілестіріп үлкен залға енгізді.
— Немене? Жайшылық па?
— Керзонмен таныстырам!
— Керзоның ізбасардың өзі болып жүрмесін.
— Жоқ! Сенімді.
— Дәлелің?
— Аты-жөні, мекен-жайы, тірлік-қаракеті бес саусақтай белгілі. Оның басы — менің қалтамда, — деп қонақ апандай аузын кере созып күлген болды. Аврам басын изеді.
— Жарайды, Хамит. Таныстыр. Бірақ, байқа. Протазанов сатқындықты кешірмейді.
— Білем ғой.
— Білесің, кешке ертіп әкел. Қалтасы қалың болсын. Жыртық қалта өзімде де бар.
* * *
Алматы түні жаймашуақ. Бағана басындағы шамдар ақ сәулесін төгіп айнала төңіректі жап-жарық қып тұр.
Гелмаков Хамит көшенің жарық болғанын іштей ұнатпай келеді. Ағашты бауырлай жүргенімен қасындағы серігі бой тасалайтын емес, емін-еркін.
— Келіп қалдық... Тоқтайық.
— Неге?
— Сақтықта қорлық жоқ. — Хамит елеусіз ғана артына бұрылды, оң-солына жылдамдата көз салды. Бөтен-бөгде ешкімді көре қойған жоқ... "Тұра тұр" дегендей қолымен белгі берді де, жасыл дуалға таялды. Еңкейіп дарбазаны сипалады да, әлденені тартты.
Дарбаза сықырсыз ашылды.
— Келе беріңдер.
Хамит жолдасымен үйге енді. Протазанов түнгі қонағына ұзақ көз тоқтатты. Сынап, барлап отыр. Жігіттің аққұба өңін, әдеміше келген жүзін ұнатып қалды. Талдырмаш, сұңғақ бойлы. Қарапайым студент дерсің. "Жап-жас екен. Жырынды болар. Тамырын басып көрейік".
— Таныса отыралық. Мен туралы естіген шығарсың?
— Иә, естідім. Менің аты-жөнім Андрей Баринов.
— Уақыт тығыз. Жұмысыңды айта отыр. Баринов шалбарының қалтасынан бір түйіншекті алды да столдың үстіне қойды.
— Мен Хамитті білемін. Хамит сізді біледі. Тоқ етері — мен сізге сеніп келдім. Мынаны маған ерітіп беріңіз.
— Көрейін.
— Көріңіз.
Протазанов орауды ашты. Қиыршық алтын қолын қарып жібергендей болды. Гелмаков орындығын жылжытып тақала түсті.
— Ерітуге болады. Отыра тұрыңыз. Мен ана жаққа барып... — сөзінің аяғын жұтып тастап Протазанов басқа бөлмеге шығып кетті. Біраздан соң кірген Аврам таза алтынды таразыға тартты.
— Мың да елу төрт грамм, екі жүз елу миллиграмм. Артық-кемі жоқ. — Баринов селсоқ бас изеді. Гелмаков жұтынып қалды.
— Елу төрт грамын жеке өлшеңіз. Протазанов іске кірісті, қимылы баяу болғанымен, салмақты да ұқыпты.
— Міне, дайын болды.
— Бөлек ораңыз, ол сіздің еңбегіңіздің төлемі, Аврам Давидович.
— Рақмет.
— Сіз бен біз рақметсіз-ақ түсінісеміз. Солай ғой?
— Тап солай.
* * *
Нұрлан елеусіз, олпы-солпы киінген. "Тастақты" жиі аралайды. Көбіне-көп базар, сыраханаларды торуылдайды. Жақ жүні өсіп үрпиіп кеткен. Теңселе басып кеп, бір саптыаяқ тобылғы торы сыраны ұзақ сыздықтата сіміріп тұрып айналасына көз салады. Осылай жүргеніне де айдан асты. Күн озған сайын осы қаракетінен түк өнбейтіндей көрініп, бұл күнде подполковник атағын алған Мұрат Секеровке барып, өзіне басқа жұмыс беруін сұрамақшы да болды.
Бірде аяқ астынан сыраханада жанжал шықты. Көрші столдағы үшеу төбелесіп қалды.
— Бересің!
— Желкеңнің шұңқырын көргенде аласың!
— Солай ма? Онда мына жайын аузыңды желкеңнен шығарайын!
— Қолың қысқа!
— Қысқа болса да сенің желкеңе жетеді!
— Мықты болсаң жеткізіп көр!
Еңгезердей екі жігіттің ортасында тұрған сіліңгір арық қара тіпті айылын жияр емес. Күжілдеген ана екеуінің шабынан түртіп шабаландыруына қарағанда арық қара тегі осал емес сияқты. Көзін алартып екеуіне кезек-кезек сүзе қарайды.
— Әй, Үндемес, осы саған не жоқ. Байғұс-ау, мынаған ергенде не табам дейсің? — деп екеудің бірін қыжыртты.
— Жетер! Қысқарт!
— Е-е, мені сен түзеп, сен қысқартып жүр екенсің-ау. Ал қысқартпадым. Сондағы сенген құдайың мынау ма? — деп арық қара жайлап бұрыла берді де, көз ілестірместен екінші жігітті шықшытының астынан сарт еткізді. Анау ұшып түсті.
Арық қара қол жұмсамай тұрып қалған алғашқы жігітке қарап:
— Аузымды желкемнен шығарам деп едің ғой, Үндемес. Не ғып тұрсың? — деп төніп барады.
"Қорыққан бұрын жұдырықтар" деген рас екен. "Үндемес" салмақтаған жұдырығын шақша басқа тастап кеп жіберді. "Өлді!" деп ойлады Нұрлан. Жоқ, арық қара өлмепті. Еңкейе беріп, шақша баспен іштен сүзіп қалды. Үндеместің дәу жұдырығы арқаға тиді. Алып дене екі бүктелді.
— Ұр! Тағы ұр, Үндемес!
Арық қара екі бүктелген жігітке ентелеп масайрап тұр. Өзіне төнген қауіпті ұмытып кеткен. Бұл кезде жерде жатқан қара бұжыр жігіт кеседей тасты ұстап көтерілген еді. Ту сыртынан тақалып қалды.
Нұрлан жүгіріп келіп әлгінің қолынан шап берді де, жұлқи тартып сілкіп қалды. Тас түсіп кетті. Қолынан тасы түскен жігітті нұқи итеріп жіберіп, Нұрлан арық қараға ымдап белгі берді. Осы кезде ысқырық естілді.
Еңгезердей екі жігіт қаша жөнелді. Нұрлан мен арық қара екеуінің соңына түсті. Қашқандар екі-үш көшені айналып алыстап кетті.
— Мықты екенсің!
Арық қара риза. Қолын құлшына созды.
— Гелмаков болам.
— Ал менің атым Асқар, фамилиям Оразов, — деді Нұрлан созған қолды немқұрайлы қысып.
— Жүр, таныстығымызды жуайық. Гелмаков пен Нұрланның кездесуі жиіледі. "Жұмыссыз", селқомсоқ "Оразов" Хамитқа ұнаса керек, анда-санда қарызға ақша беретін болды.
— Асқар, кешке бір дүрілдетейік.
— О-о, жақсы болды-ау! — деп Нұрлан жұтынып-жұтынып қойды.
— Әй, онша ашқарақтана берме. Бүгін "Мықтымен" таныстырам, — деп Гелмаков өз жөніне кетті.
Кешіне екеуі оңаша столға жайғасты. Хамит бұл жердің "өз адамы" сияқты. Даяшы біткен күлім қағып, жымыңдаса бас изесіп жатыр.
Гелмаков үш кісіге арнап заказ берді.
Қонақ келгенше бұлар біраз сілтеп алысты. Нұрлан ішімдікті ұнатпаса да, сыр алғызбай қосыла көтеріп отыр.
Залға сұлу денелі жігіт енді. Гелмаков орнынан қомпаңдай көтеріліп, әлгіге қол бұлғады.
— Андрей, бері, мұнда келіңіз.
Андрей аталған иненің көзінен еткендей сидаң жігіт маңғаз басып кеп, креслоға сылқ отыра кетті. Пиджагының екі өңірін ашыңқырап: тастап, сәл-пәл желпінді. Содан кейін стол үстін тез шолып өтіп, иегін көтере беріп, Нұрланға қадалды. Аз-кем кірпік қақпай бағып қалып, "мына собалағың кім?" дегендей солға жүзін бұрып, Гелмаковке марғау ғана көз тастады.
Хамит шиша ұстаған қолын көтерген бойы, әлгіге назарын тіктеді.
— Андрей, мына жігіт — менің досым. Бұған қарыздармын. Сенуіңе тұрарлық жігіт, аты Асқар.
— Жарайды. Құйсаңшы, — деп Андрей хрусталь бокалын бері итерді. Он-он бес минуттан соң Андрей кетпек боп орнынан тұрды.
— Асығыспын. "Боксерге" айт. Тездетсін.
— Жарайды. Дәрілерді әкелдің бе?
— Әкелдім. Үш бөліп ішерсің, — деп кішкене бір орауды Гелмаковқа ұсынды. — Мынау сенің кітабың екен. Мен оқитын түгі жоқ. Өзің жарат, — деп тағы бір төрт бұрышты орауды стол үстіне қоя салды.
Орауды Хамит төс қалтасына зып еткізді.
— Кездескенше сау болыңдар, — деп Андрей қолын көтерді де, артына бұрылмастан асықпай аттап шығып кетті.
Рестораннан Нұрлан мен Гелмаков бірге қайтты.
— Андрей берген кітабың қызық па?
Гелмаков кілт тоқтады.
— Әй, қажетсіз сұрақты қоюшы болма. Білдің бе? Кітап оқып уақыт өткізгенше, мына менің етегімнен ұста. Өкінбейсің.
— "Мықтың" әлгі ме? — Нұрлан төтесінен бір-ақ салды.
— Әлгі. Немене тақияңа тар кеп тұр ма?
— Жоға. Мені көзіне де ілмеді ғой.
— Бір көргеннен елпілдей қалса несі мықты оның.
— Не істейді? Осы сен немен айналысасың? Жұмысыңның жөнін айтшы.
— Әй, сен бүгін көп сұрап кеттің ғой. Ізбасар емеспісің?
— Соңыңнан ергенде сені кім деп, не деп ерем? Білгенім дұрыс емес пе?
— Оның рас. Мен ақша жасаймын.
— Қалай?
— Ретін келтірем. Біреуден алам, біреуге берем. Кезінде саған да үйретем, әзірше қыңқылдай берме, — деді Хамит.
Автобус аялдамасына келгесін екеуі екі бөлініп, Нұрлан өз жөнімен кетті.
* * *
Нұрлан мен Мұрат есік-терезесін тегіс жауып алып оңаша сөйлесіп отыр.
— Сақ бол. Көп мазалай берме оны. Зейін қой. Кімдермен кездеседі. Соны білуге тырыс. Андрейдің фамилиясы қалай еді?
— Баринов. •
— Біз сол Бариновты анықтайық. "Мықты" деуіне қарағанда осал емес. "Боксермен" кездесуді ойластыр. Гелмаковке күдік туғызып алма.
Нұрлан әлдене айтқысы келіп, бастығына қайта-қайта қарады. Көмейге тірелген сөз қайта жұтынып кеңірдектетіп барады. Сондай бір оқыс шешім сияқты. Қиуасыз жерден ойына келгендіктен бе, өзі де байыбына жете алмай күдіктеніп отыр.
Мұрат көмекшісінің сырын сынықшыдай тап басып ұғып өскен. Бұл жерде де бала қабағын баққан сезімтал атадай Нұрлан жүзіндегі құбылысты анық таныған еді.
— Нұрлан, бірдеңе айтқың келіп отыр-ау, — деді Секеров күлімсірей қарап.
— Мәке, мен Гелмаков Хамитқа өз тарапымнан бір ұсыныс етсем қайтеді. Қашанғы тосамыз.
— Қандай ұсыныс?
— Мәселен, тіс салғызам десем, — деп Нұрлан осыдан екі ай бұрынғы бір операция кезінде сынған тісін көрсетті. — Алтыннан салғызсам деп едім, соған көмектес деймін ғой.
— Көне қойса, ол үшін сен қалтасы тесік жалаңаяқ қаңғыбас қанасың ғой.
— Иә, онысы бар екен-ау, — деп Нұрлан кәдімгідей-ақ жасып қалды.
— Сен былай істе. Гелмаковты бір "операцияға" тартпақ бол. Жалынып өтін. "Бір түн қасымда ғана болып, көмектес" деп қиыл. Себебін сұраса, ақша тауып, алтын тіс салғызбақ болған ниетің барын айт. Күдік туғызбайтындай етіп ретін келтір. Бір қапса, осы арада қабады. Ол мүмкін, сені әлгі Бариновымен таныстырар. Пайдаланайын демесе, сені осы уаққа дейін қасында ұстамас еді, ыңғайын күтіп жүрген болар. Өзің де сақ бол. Қылмыс — оңай басталып, опатқа апарып тірейтін. Олардан бәрін күтуге болады. Қапыда қансыратуы да ғажап емес. Ақылмен, айламен, сабырмен қимылда. О баста милиция өмірінің ыстық-суығына төземіз деп келдік қой. Төзейік те, — деп жайшылықта айтпайтын сөздерін айтып қалғанына ыңғайсызданғандай Мұрат түрегеліп келіп Нұрланның иығына қолын салды. — Айтпақшы, сенің Қайсарың биыл мектепке барды ғой. Қалай оқып жүр өзі?
— Рақмет, жаман болмайтын түрі бар, — деп Нұрлан подполковникке іштей риза боп қалды.
— Қол тигенде кіріп шығармын. Ал, не айтайын, бекем бол.
Нұрлан кеткен соң да Мұрат көпке шейін жалғыз отырып, ойға шомды. Осы жігітті інісіндей іш тарта жақсы көретін боп барады. Іске тиянақты, тапсырманы орындауда өзіндік шеберлігі бар көмекшісін қауіпті жұмысқа жеккеніне әлдеқалай күдікпен секем алатын да тәрізді. Қасқырдың апанына жалғыз кеткен серігіне сәттілік тілеп, үнсіз ғана жақсылық ойлайды. Көз алдына Қайсар елестейді. Томпақ бет, мойыл көз бала: "Папамды қайда жұмсадыңыз?" дейтіндей.
Подполковник күрсініп қалды. Іштегі толқын дірілдеп кеп алқымына тығылды.
* * *
— Сен мені үгіттеме, бала!
— Үгіттеп отырған жоқпын, көмектесуіңді сұраймын. Ақша керек маған. Ақша!
— Ақша керек емес деген адамды естіген емеспін. Өліге де ақша керек.
— Ендеше, келісіңіз.
— Жоқ, Асқар. Өз басым ондай сұғанақтығыңа жоқпын. Аристократ дегенді білесің бе? Білсең, біздің қызмет нағыз сол аристократтық жұмыс. Кәкір-шүкір, кір-қоқысы жоқ. Сен мені батпаққа тартпа. Өзің де сол батпақтан аулақ жүр. Етің тірі жігітсің. Оңай шырмалып, оңай тұтылатын нәрсемен әуес болма, — деп Гелмаков біраз "дәріс" оқыды.
— Әй, сен мені үйрете берме. Қорқақтасаң да, жөніңмен қорғалақта. Батылың жетпесе, басымды қатырма. Соншама бұлданғаның не. Сенсіз де күн көргем. Әлі де құралақан қалмаспын. Маған ауысқан бірлі-жарым ақшаңды екі есе, үш есе қайтармасам, бетіме түкір. Тек өтінерім, сен мені үгіттей берме, — деп Нұрлан ашуланған жанның кейпіне түсіп, күйіп-пісті.
— Жарайды. Ойпырау, бір көтерілсең жуық арада басылмайды екенсің. Қойдым, қойдым, шырақ, — деп Гелмаков жуып-шайып ақтала сөйледі. — Отың бар. Уытың бар екен. Менің көңілімді біржолата түсірдің өзіңе. Ағаң бір тістік болар. Қам жеме. Жүр, ер соңымнан. Tic салғыздырып берейін.
— Сен өйтіп мүсіркей берме. Қанша тұрушы еді бағасы? Мен саған қарыз болам. Қолыма ақша түссін. Жомарттығымды көресің сонсоң.
... Жасыл дуалды ауладан Нұрлан ауырсынып екі қолымен жағын басып шықты. Жағын басып шықса да, іштей "жолым болды" деп қуанып шықты. Көз алдына Протазанов бейнесі келе берді. Гелмаковке алара қараған көзінен, түйілген қас қабағынан ұнатпағанын сезген. "Тісіңді көрем, тұқылын алып тастаймын" деп көп айналдыруы да, аямай жұлқылауы да, содан да болар. Рингтегі боксшыдай бір қырындап, сүзеген бұқаша түйіле төніп, бар денесімен тұтас қозғалатын денесіне қарап: "Дәуде болса "Боксер" сен боларсың", — деген түйіні де бар. Қақпа алдында Хамитпен қоштасқан Нұрлан Мұратпен хабарласқанша асықты.
* * *
Нина Алексеевна отыздың ортасындағы жесір әйел. Құбаталдай солқылдақ талдырмаш денелі, үріп ауызға салғандай сұлу келіншек. Көкшіл көзін күлімдетіп, оймақтай ернін бұлтита ерке нәзік қылық танытқанда, анау-мынау қызыңа бергісіз. Сонысына қарамастан марқұм күйеуі өлгелі еркек бетіне күле қараған емес. Жалғыз ұлын жеке тәрбиелеп, күн кешіп келді.
Соңғы күндері кілт өзгерді. Айнаға қарауды көбейтті. Ақселеу бұйра шашын жиі-жиі тарап, көз алдына үймелей қалған ұсақ әжімдерді жіңішке саусақтарының ұшымен сипалай беретін болды. Кей-кейде түн ортасында тұрып алып екінші бөлмеде жатқан ұлы Гена мен пәтершісі Андрейдің қасына келетін-ді шығарды.
Бірде әлденеден оянып кеткен жігіт бас жағында телміре қарап жүрелеп отырған әйелді көрді.
— Нина Алексеевна?! Сізбісіз?..
Нина сүйрік саусақтарымен жігіттің аузын жаба көлегейлеп:
— Дауыстама, Андрюша, Гена оянып кетеді. Ана жаққа жүр, — деп қылғына сыбырлады.
... Арада ай өткен. Андрей жұмыстан кеш қайтты. Гена есік алдында оған қарсы кездесті. Екі қасының арасын дүңките қосып, қабағын түйіп алыпты, ашулы.
— Андрей Никитич, сізді әдейі күтіп тұрмын. Басқа пәтер тауып алыңыз.
— Неге?
— Сол! Бізге пәтершінің қажеті жоқ.
— Мамаң қайда?
— Мамамда жұмысыңыз болмасын. Үй менікі. Табаныңызды дереу жалтыратыңыз.
— Гена, сен маған ұнап жүрсің.
— Андрей Никитич, сіз маған ұнамайсыз.
— Жарар енді. Айтпақшы бүгін дүкенге екі-үш мотоцикл түсіпті.
Гена селт етті. Көптен бері бір мотоциклді армандап жүруші еді. Ашуын ұмытып, өзгеріп сала берді.
— Жүр, Гена! Көріп қайтайық.
Екеуі дүкенге беттеді. Көп кешікпей қара мотоциклге екеуі мінгесіп келді.
— Ал, Гена, арғымағыңды жуарсың, — деп Баринов жас жігітті арқаға қақты.
— Мам, ма-а-ма!
Нина Алексеевна верандада тұр еді, көз астымен ғана "Андрюшасына" ризалық кейіп білдіріп, үйге кіріп кетті.
Сол түні үшеуі көпке дейін дастарқан басынан тұрған жоқ. Содан кейін Андрей мен Генаның екеуара күбір-сыбыры көбейді. Бұрын тиын-тебенді жалынып әрең сұрап алатын ұлының қалтасынан уыс-уыс ақша үзілмейтін болды. Кейде бірер күнге, кейде апталап ұзақ-ұзақ сапарға кететін баласының не істеп жүргенін білгісі келгенімен Нина Алексеевна сондайда құшағына оңаша тиетін "Андрюшасын" қимады да, ұлының бетінен қақпады. .Кешігіп, зарығып, жеткен бал қызығы құнықтырып, әйелді ес-ақылын жиғызбас басасау желікті күйге түсіріп кеткен еді. Кей-кейде ұлы ешқайда шықпай үйінде омалып отырып қалатын кезде көзі кіртиіп, ұстағаны қолынан түсіп, әлденеге тақаты таусылып, өз-өзінен берекесізденіп бітетін.
— Гена, алтын сағат алғансың ба?
— Иә, мама.
— Ұлым-ау, ақшаны қайдан таптың?
— Мама-ау, ер жігітке ақша деген сөз бе екен, — деп баласы аппақ тістерін ақсита күлген. Нина Алексеевна үндеген жоқ. Іштей бір жаманшылық сезсе де, одан әрі қазбаламай бұрылып кеткен. Әсіресе, ұлының өзіне батыл қарап кірпідей қадалатын мысқылды әжуасынан қаймыға ма, ұзақ шыдап тұра алмайтын.
Баринов пен Гена ұзақ-ұзақ сапарға шығатын. Желікке желеу көп. Танысының үйлену тойы, туысының туған күні, бөлесінің енесі елуге толыпты... Қайсыбірін тізе берсін. Қиналатын, қимайтын. Қызғанатын, күйінетін. Сондағы ойлайтыны Андрюша ғана. Кешіккен сайын түн ұйқысы бөлініп, дөңбекшіп шығатын. Ашынасына деген қыжылы көкірегін кернейтін, алқымын сығатын. Жас төгіп, запыран атқызған сол күндерде ұлының не істеп, не қойып жүргенін елеп көрмеп еді.
Августың бас кезінде Гена жолға дайындалды. Чемоданын толтырып, киім-кешегін ыңғайлап, аяқ астынан әбігерге түсті.
— Гена, қайда бармақшы болып жатырсың?
— Алматыға, мама.
— Андрей де кете ме? — деп Нина Алексеевна шаңқ етті. Сосын жүзі бозарып, өңі қашып отыра кетті.
— Жоқ. Жалғыз кетем. Оқуға түспекпін.
Келіншек жүзіне қан жүгірді. Ақ қарға қан тамғандай екі бетінің ұшы қызғылт тартты. Жанарына нұр жинады.
— Оқы. Оқығаның дұрыс, балам, — деп асығыс қимылдап төрге шықты. Сандығын ақтарып, біраздан бері жинаған ақшасын алды.
— Мә. Қаражат қыл. Тапқан-таянғанымды тағы салармын. Адам болсаң, бір өзіңнен немді аяйын, қарашығым.
— Мама, ақша керек емес. Салып қойыңыз. Өзіме жетерліктей ақшам бар.
Нина Алексеевна өз-өзінен селк ете түсті.
— Соншама ақшаны қайдан алдың?
Геннадий үнсіз тұрып қалды. Сол кезде ауыз үйден Бариновтың аяғының дыбысы естілді.
— Мама, ақшаны қайдан алғанымды қайтып келген соң айтамын, — деп күбірледі Геннадий.
Баринов кірді.
— Нина Алексеевна, жолдан қалдырмаңыз. Гена оқимын дейді. Алматыда институтта жолдасым бар. Хат жазып бердім. Жәрдемдеседі. Бұнда ит қуып жүріп не бітіреді.
Нина Алексеевна Андрейге қарсы келіп көріп пе еді. Ұлының қамын жеген жігіттің құрбандығы ғана болмай ма. Басын қайта-қайта изеп жатыр.
— Барсын. Бар тілегім — осының адам болуы ғой.
Генаны Баринов шығарып салмақшы болды. Содан екеуі де оралған жоқ. Көп ұзамай ұлының тұтқындалған хабары жетті.
* * *
Нина Алексеевна Казаковқа қарады. Суық шалған құрақтай сарғайып, әжімі молайып, бірден кексе тартып қалыпты. Әлсіз ғана күрсініп қойды. Өткенін ойға алып көңіл көзімен шолып шыққанда, тұс-тұстан анталаған күдігі мен кәдігі мұның өзін қамалап әкеп, тас қияға төндіріп тіреп қойғандай болды. "Өзім, бір өзім ғана бәріне кінәлі!" Сол-ақ екен көзінен моншақ-моншақ жас парлады. Ағыл-тегіл жылады. Булығып, өксіп, өкініш шерін төкті.
— Су ішіңіз.
Капитан стақанмен су берді.
— Генаның түбіне мен жеттім! Мен! Анасы едім, ақтай алмадым парызымды... Мен... мен... — деп жасын жұтып, жаспен бірге көмейден үзіле-үзіле шыққан сөздерін жұтып Нина Алексеевна еңіреп қоя берді.
Бариновке сеніп еді ғой. Ақкөңіл, адал жан деп иланып еді-ау. Аузынан мәйегі көрінген инабатты жігіттен дәл осындай опасыздықты күтіп пе еді Нина Алексеевна. Ерлік пен серілік қана жарасар жігіт бойынан жамаудай жапсырылар құнсыздық шалармын деп үш ұйықтаса түсіне бір кірмеген еді. Есеңгіреп қалғандай. Күле кіріп, күңірене шығатын әзәзілді ыстық құшағында аялаған екен-ау.
Казаков әйелге көз астымен елеусіз қарап қойып, әлденені жазып отыр. Алдындағы жанның адалдығына күмәні жоқ. Алданып, опық жеп қалған пақырды аяйды. Аяған сайын Баринов сияқтылардың тірлік-қаракетінен жеріне түсіп, іштей бас шайқады.
Нина Алексеевна тамағын кенеді.
— Айтайын. Бәрін айтайын. Ол осында өткен жазда келді. Бізде пәтерде тұрды. Жолаушылап әлдеқайда кететіні бар-ды. Оған кім көңіл бөлген. Былтыр күзде менің Генама мотоцикл әперді. Онысын мен басқаша ұқтым, — әйел сәл бөгеліңкіреп қалып, сөзін қайта жалғады. — Содан Гена екеуінің ымы-жымы бірігіп кетті. Ұлымның ақшасы көбейді. Кезінде оған мен мән бермедім, кейін көңіл аудармадым. Өз тынышым мен өз тынысымды ойладым. Мен бәріне кінәлі, мен ғана!..
Казаков бөгеліп қалып, сұрақ қойды.
— Нина Алексеевна, Бариновқа бейсауат қонақтар келуші ме еді?
— Жоқ. Ондайы жоқ болатын. Айтпақшы, Гена ұсталғаннан кейін бір айдан соң Бариновтың атына хат келіп еді. "Большевик" кен орнында тұратын біреуден. Бариновты көрмегелі жарты жылдан асты. Хатын жоғалтып алдым.
Казаков әйелдің жауабына қол қойғызып алып, рақметін айтып, шығарып салды. Сосын Алматыға қайтуға билет алды.
* * *
Телефон шылдырлады.
Мұрат трубканы көтерді.
— Маған "батя" керек еді.
— Тыңдап тұрмын.
Мұрат қаладағы штаттан тыс көмекшілерінің бірін даусынан таныды.
— 15-ші мөлтек ауданның 21-ші үйіне келушілер көп. Бұрын-сонды келмегендер. Соңғы бір-екі күнде тым көбейді. Тексеруге рұқсат етіңіз.
— Абай бол. Күдік туғызып алма. Кіретін пәтерін анықта.
Мұрат трубканы орнына қойды. Алдында жатқан темір қораптан бір тал сигарет алып тұтатты.
Капитан Казаков Магадан облысына кеткен. Баринов Андрей Никитич туралы анықтамақ. Оның келетін кезі таялған-ды. Жіптің ұшы көрінуге тақалып қалды. 15-ші аудан 21-ші үйде Бариновтың пәтері бар. Баринов оншақты күн қалада болмай, соңғы бір-екі күнде оралды. Нұрлан да сол маңайда жүр. Tic дәрігерінің солармен байланысы бар сияқты. Осыларды бұлжытпай дәлелдейтін козырь қолға түссе, онда еңбектің ақталғаны.
* * *
Нұрлан қараңғылау бұрышта тұрған. Гелмаковпен кездесетін мерзімі өткесін тықырши бастады. Кенет бұрыштан екі адам шыға келді. Қасына келгенде таныды, бұлар әнеукүнгі сыраханада Хамитпен жанжалдасқан бұзақылар екен.
— Жігітім, кімді тосып тұрсың?
— Кездестік-ау, ақыры. Жұдырығыңды ұмытқам жоқ. Қарызымды қайтарғалы келдім, — деп екіншісі Нұрланның жолын кес-кестеді.
Нұрлан қапелімде сасып қалса да, тез есін жинап, қулық жасады.
— Ағалар, мен сіздерді көрген емеспін. Біреумен шатастырып тұрмаңыздар.
— Жоқ, біз сені ұмытқан жоқпыз, неге шатастырамыз? — деп екеуі қоршалап төне түсті.
Көше тұйық. бұл маңда тұрғын үй аз. Адам аяғы сиреген шақ. Аттандасаң ешкім естімейді.
— Біз сендей ізбасардың талайын көргенбіз.
— Лақша бауыздай салу керек.
— Алдымен Хамитты тапқызып алайық, — деп сондағы "Үндемес" аталғаны сөз қосты.
— Иә, Хамит қайда? Бір таяқтан оны құтқарып алып едің ғой. Сен онымен дос емессің бе?
— Мен ешкімді танымаймын. Басқа біреумен шатастырып тұрсыздар, — деп Нұрлан жауабынан танбады. Шынымен жыға танымаса керек, бұзақылар бәсеңсіп қалды.
— Өткен сенбіде базардың түбіндегі сыраханада сен де болған едің ғой.
— "Үндемес-ау", тап осының өзі қолымды қайырып жіберген. Оңбай кетейін Хамитқа болысқан жігіттің тап өзі болмаса, — деп екіншісі өзеурей берді.
— Қайда істейсің?
— ЬІңғайлы жұмыс кездеспей жүр.
— Соқпа өтірікті. Біз сені білеміз. Милицияда істейтініңді жасырма.
— Милицияда істесем сендермен бұлай тәжікелесіп сөйлесіп тұрмас едім.
Қараңғыда тұрмақ, тал түсте де бұл екеуі өзін танымайтынына Нұрлан күмәнсіз. Қас қағыста мұны бақылай қойды деуге адам сенбейді. Ендеше, бұларды біреу әдейі жұмсаған ғой. Мүмкін Гелмаков істетіп отырған шығар. Әйтпесе, бұның милицияда істеген-істемегені бұл екеуіне неменеге қажет. Қарымта қайтарайын десе, келген бетте-ақ біраз жәукемдеп алып жөндеріне кетер еді.
Нұрлан қарсы шабуылға көшті
— Біраз сөйлестік қой. Енді табандарыңды жалтыратыңдар!
— Немене?!
— Тайып тұрыңдар? Сендейлердің онына дес бермейтін "Қарасұр" екеуіңнен айылын жимады.
— "Қарасұр?!" Әлгі атышулы "Қарасұр" сен бе едің? — Үндемес тайқақтап қалғандай.
— Жолдарыңнан қалмаңдар. Босқа әуре боласыңдар. Аямаймын!
— Хамитты шынымен білмеймісің?
— Өзімнің де Хамитым жетіп жатыр.
Осы кезде анадайдан дуылдаса сөйлескен бір топ жігіт көрінді. Екі дәу соларды сылтауратып ақырын жылжып кетті.
Ертеңіне Нұрлан Гелмаковпен кездесті. Түнгі оқиғаны айтып берді. Гелмаков ештеңе болмағандай күлді де қойды.
— Өзіңді бір қорқытқан екен.
— Қорыққаным рас. Кездігін қарныма пісіп алса, мына жарық күнді енді қайтып көре алам ба.
Бұдан әрі екеуі де ләм дескен жоқ. Сол бойда Протазановтың ауласына енді.
Аврам бір кез Хамитты кабинетіне шақырып әкетті. Нұрлан бөлмеде жалғыз қалды. Орнынан қозғалмай бөлме ішін көзімен сүзіп шықты. Күдікті ештеңе көре алмады. Біраздан соң Хамит жалғыз кірді.
— Жүр. Қыдырып қайталық.
Нұрлан мен Хамит көшені бойлай қараңғыны тасаланып ұзап барады.
— Асқар, бүгін тапсырма аласың. Мына адреске мына дәріні апарып бер. Сақ бол, өзіңе сеніп тапсырып отырмыз. Артыңнан ізбасарлар еріп жүрмесін.
Нұрланның жүрегі дүрсілдеп кетті. Қуанып тұр.
Ойламаған жерден дәл осылай сенімге ие болам деп күтпеп еді. Үнсіз бас изеп, адреске көз жүгіртті. Андрей Бариновтың үйі екен.
— Жарайды. Үмітіңді ақтармын. Бұныңды бұлжытпай орындаймын. — Гелмаков Нұрланды арқасынан қақты. "Бара бер" дегені еді.
* * *
Мұрат, Казаков, Нұрлан үшеуі тау бөктерінде оңаша сөйлесіп отыр.
— Енді аялдайтын ештеңе жоқ. Ұстау керек, — деп Казаков өз ұсынысын айтып қалды.
— Үйіне күзет қойылды ғой.
— Иә.
— Онда іске сәт деуден басқа ештеңе қалған жоқ. Сақ болыңдар, — деді Мұрат.
* * *
Бір әйел келіп 15-ші ауданның 21-ші үйіндегі 13-ші пәтердің есігінің қоңырауын қақты.
— Азаматша, сізге кім керек? — деді Казаков әйелдің ту сыртынан келіп.
— Осы маңайда бір танысым тұрушы еді. Соны іздеп жүрмін.
— 13-ші пәтерді неге қақтыңыз? Мұнда Баринов тұрады. Оны танитын ба едіңіз?
— Бұрын естімеген фамилиям. Жарқыным, соншама тергейтіндей өзің кімсің? Әрі жүр. Қылжақтайтын қызың емеспін, — деп келіншек аяқ астынан бұрқан-талқан болды.
Казаков куәлігін көрсетті.
— Азаматша, менімен бірге жүріңіз.
Кеңсеге келгесін бейтаныс келіншек шынын жасырмады.
— Менің ешқандай қылмысқа қатысым жоқ. Tic салғызуға он грамм алтын алғаным рас. Аздап арзандау берген соң жиырма грамын өзіммен бірге істейтін келіншектерге сатып бермекші болып ем. Үйге барған соң, өз-өзімнен айныдым. Бір былыққа араласып кеткенімді білдім. Содан алтынын өзіне апарып берейін деп едім. Андрейді бір-ақ рет көрдім. Әлгі Гелмаков Хамит дейтін таныстырған. Міне алтыны.
Келіншектің бұл жауабынан кейін Баринов, Протазанов, Гелмаков және екі-үш адам ұсталды.
* * *
— Аты жөніңіз?
— Баринов Андрей Никитич.
— Кәсібіңіз?
— Тракториспын.
— Қайда жұмыс істейсіз?
— Жаз айларында Магадан облысындағы кен орындарында істеймін.
— Е-е, жыл құсы екенсіз ғой. Алтынды қайдан алдыңыз? Қанша алтыныңыз бар?
Баринов ә дегеннен қасарыспай, бас изеп, мойындай бастады.
— Алғаш 1968 жылдың ноябрь-декабрь айында, 1969 жылдың апрель-майында "Большевик" кен орнында жұмыс істедім. Уткин Геннадий екеуміз сол жердегі жұмысшылардан грамына 1-2 сомнан ақша беріп 1020 гр. алтын жинап алдық. Уткин менің ақшама алтын әкелетін. Сол үшін оған бағалы сыйлықтар әпердім. Жиналған алтынды әр грамын 10-11 сомнан сатпақшы болдым.
Август айында "Берелех" аэропортында Уткин тұтқындалды. Алтын сонда болатын. Мен оны Алматыдағы пәтеріме апарып, подвалға жасырып кел деп жұмсағам. Елеусіз бала жігіт өтіп кетер деп ойлап ем, байғұс неме солпиып, сүмелектеніп жүріп қолға түсіп қалды. Содан мен бой тасалап кеттім. Келер жылы "Восход" артеліне машинист болып орналастым. Алтынды қалыптан алар кезде 1600 грамдай шлих ұрлап алдым. Алматыға оралысымен Гелмаков арқылы танысып Протазановқа еріткізіп алдым. Еңбегі үшін оған жүз грамдайын бердім.
— Алтынды кімге саттыңыз?
— Гелмаковтың көмегімен Петкиев, Эльмасов дегендерге саттым. Бар алғаным 13 мың сом ғана. Хамит Гелмаковке 3600 сом сыйладым.
— Сонан соң...
— Сонан соң, 1971 жылы "Маристый" бұлағында істедім. Қалыптан алар кезде екі килограмдай шлих ұрлап алдым.
— Бәрін сол жолы алдыңыз ба?
— Жоқ. Бірден көп алсаң білініп қояды. Қалыпты ашуға екі рет қатыстым. 28 май және 5 июнь күндері ашқанда алдым.
— Қалай аман-сау құтылдыңыз, күдік болмауы қалай?
— Ол оңай. Бригада арасында "Шихов деген адам алтын ұрлайды екен, мені де қылмысына тартпақ болды" деп қауесет тараттым. Сол алтынды менен тінту кезінде сіздер тауып алдыңыздар.
* * *
— Михаил, алтынның экспертизалық анықтамасын әкелдің бе?
— Иә, геологиялық, технологиялық экспертизаның қорытындысы бойынша Уткиннен алынған алтын өзінің құрамы жағынан Чай-Урья басейнінің алтынымен біртектес. 1970 жылы Баринов "Большевик" кен орнында емес, Фрунзе атындағы өндірісте істеген. Ал биыл ол жерде болмаған. "Большевикке" ешқандай қатысы жоқ.
Мұрат үнсіз қалды. Сәлден соң Нұрланға қарады.
— Салтыков пен Мирадзеден алынған алтындар да Чай-Урья басейнінен ғой.
— Дәл солай, — деп Нұрлан елең етті. Бастығының не ойлап отырғанын сезгендей кілт қозғалып подполковникке шұғыл бурылды.
— Мәке, меніңше, осы алтынды шығарып беруші бір-ақ адам сияқты.
— Соны табу — ендігі басты міндетіміз.
Жұмыс бітер емес сияқты, бірі аяқталып еді, екіншісі басталды. Подполковник терезеге бұрылды. Жатаған үйлердің қызыл шатырына ұлпа қар жауып тұрды.
Алматыға қыс келді.
* * *
Көктем туды.
Подполковникке радиограмма келді.
"Чай-Урья бассейнінің сьемщигі азамат Христофоров А. Г. қалыптан алтын алу кезінде бірнеше рет алтын ұрлаған. Қылмысы әшкереленер болған соң ол өзін-өзі атып өлтірген..."
Кабинетіне кірген Казаков пен Нұрланды Мұрат Секеров жанына отырғызып, радиограмманы оқып берді.
1972 жыл.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі