Фараби- өмірін адамдарды біріктіруге арнаған адам. Ол мың жыл бұрын адамдар үшін өмір сүрген адам. Ол өз ісіне берілген , ақыл – ойға, білімге және танымға деген құштарлықтан басқа ештеңені де, ешкімді де мойындамаған адам.
Әнуар Әлімжанов
Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби шығармашылығын бүкіл әлем жоғары бағалайды. Толық аты-жөні Әбу Нәсір Мұхаммед Ибн Мұхаммед ибн Ұзлақ Тархан әл-Фараби ат-Түрки – ұлы ғалым, энциклопедист, ислам философиясының жарық жұлдызы, әлемдік философияның көрнекті өкілі. Әл-Фарабидің баға жетпес мұрасы Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің сабақтастығы мен өзара түсіністігінің лайықты белгісіне аналып отыр. Әл-Фараби есіміндегі «ат-Түрки» сөз тіркесі оның түркі екендігін аңғартады. Әл-Фараби шығармашылығы ислам мәдениетінің «Алтын ғасырымен» байланысты. Отырар сол дәуірде Араб халифатынан алшақ орналасқан аймақ еді.
Жастайынан өзінің бойына Дешті Қыпшақтың еркіндік сүйген рухын сіңірді. Әртүрлі дыбыстарға деген құштарлық оның бойында балалық шақта орын теуіп, мәңгілік сақталды. Алғашқы кітаптарын бала Фараби өз отбасында оқып-білді деуге негіз бар, сол арқылы оның бойында танып-білуге деген құштарлық пайда болды. Жас жігіт білімге, мәдениетке ұмтылды, сондықтан да ол сол заманның Бағдат, Дамаск, Каир және Алеппоны таңдады.
Жалпы, әл-Фараби Аристотельдің Жан туралы кітабын 100 рет, ал Риторикасын 200 рет оқып шыққандығымен қалды.
Белгілі биограф Ибн Халликан қалдырған мәліметтерде, Әл-Фараби 70-тен астам тіл білген. Яғни, қазіргі тілмен айтаын болсақ, әл-Фараби көптілді адам болды. Әл-Фараби Аристотельден кейінгі Екінші ұстаз аталып, көзінің тірісінде - ақ аты әлемге танылды, өйткені ол өзінің шығармашылық потенциалын иран, үнді, грек, араб, түркі және т.б. мәдениеттердің жасампаздық қуатын бойына сіңірген ислам мәдениетінің рухани атмосферасында жүзеге асырды. Ортағасырлық Таяу және Орта Шығысқа аты кең таралған әл - Фараби әлемдік философия тарихына антикалық философия мен ислам дүниетанымын синтездеген, логика, математика, музыка, грамматика, саясат пен этика сияқты көптеген ғылым салаларында терең қолтаңбасын қалдырған ойшыл ғалым ретінде енді. Өзіне тән энциклопедиялығымен әл - Фараби әр түрлі мәдениеттер мен өркениеттер идеяларын синтездеудің жемісті тәжірибесін көрсетіп, жалпы адамзаттық құндылықтарды (олардың ішінде көшпелі түркі әлемінің құндылықтары да маңызды орын алады) орнықтырудың үлгісін айқындады.
Ғылыми білім негіздерін Әбу Насыр әл - Фараби Отырарда алды. Мұнда сол уақыттағы ең бай кітапхана орналасты. Әл-Фараби осы кітапханада философиялық және ғылыми еңбектермен танысуға мүмкіндік алды. VIII ғасырда Оңтүстік Қазақстан араб халифатының кұрамына кіргеннен кейін, осы жерді мекендеген халықтардың рухани өміріне көп өзгеріс әкелген ислам діні кең тарала бастайды.
Осында әл - Фараби өзі өкілі болған түркі мәдениетінің рухани құндылықтарын бойына сіңірді. Әр адамның көзқарасы шындықты рухани - практикалық игерудің жүйесі болып табылады. Онда мәдени аяда қалыптасқан білімдер мен нанымдар, адамгершілік мұраттар, қоршаған ортаға деген психологиялық және эстетикалық қатынас жиынтығы көрініс табады. Көптеген фарабитанушылар әл - Фарабидің көзқарасына түркі мәдени дәстүрінің әсер еткенін мойындайды. Бірақ, өкінішке орай, ойшылдың шығармашылығына ықпал еткен бұл факторды жан-жақты зерттеуге бағытталған ірі ғылыми еңбек осы уақытқа дейін жоқ. Әл-Фараби тумасынан өкілі болып табылатын түркі мәдениеті өзіне тән дүниетанымдық бағдарлар мен категорияларды, болмыс принциптері мен дүниені ұғыну құндылықтарын қалыптастырды. Осы құндылықтар жастық шағында әл - Фарабидің тұлғалық қалыптасуын анықтады.
Әл-Фарабидің Аристотель философиясын танып білуі жөнінде айтар болсақ, ол антикалық философия мен ислам философиясын байланыстыра білді. Тек әл-Фараби еңбектері арқылы ғана танымал ортағасыр ойшылдары Платон мен Аристотельдің философиялық көзқарасын дұрыс түсініп, бағалай білді.
Әл-Фарабидің антика дәстүрімен байланыстылығынан осының арқасында оның Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанып, даңққа бөленгенін айтатын болсақ, әл-Фараби жастайынан-ақ ұлы Аристотельдің, Платонның, ерте дүниедегі Грецияның басқа да философтарының шығармаларымен түп нұсқасынан танысқаны жөнінде бізде деректер бар.
Әл-Фараби пайғамбарлықтың құпиясын рационалды түрде түсіндіруге талпынған. Сонымен бірге әл-Фараби пайғамбарларды философтармен байланыстыратынын байқауға болады. Олардың арасындағы жалғыз айырмашылық бар – философ бұл күйге ой-толғаулар мен теориялық ойлау әдісі арқылы жетеді, ал пайғамбар – қиял күші арқылы.
Әл-Фараби атап өткендей, кейбір ерекше зерек адамдар, пайғамбар болмаса да, терең сезімдер мен шабыт арқылы осындай қиял күшіне ие болуы мүмкін. Ойшыл осындай адамдар философтар екенін айтады.
Дін ой-қиял арқылы байланысатын болса, философ бұған дұрыс логикалық ойлау тәсілі арқылы және болмысты терең зерделеу арқылы қол жеткізеді. Екеуі де бір жерден нәр алады, бірақ философ материалды әлемді бақылау арқыл сол әлемді Жаратушыны таниды, ал пайғамбар жан тазалығы арқылы материалды әлемнің жаратушылық негізіне көз жеткізеді. Сол себепті әл-Фараби үшін діни ақиқат пен философиялық ақиқат арасында айырмашылық болуы мүмкін емес, өйткені философия да, дін де Жаратушымен байланысты – тек біріншісі ой-толғаулар арқылы, екіншісі қиял арқылы.
Қорытындылай келе, әл-Фараби бар өмірін, адамзаттың бақытты болып өмір сүруіне арнады, сол себепті бақыт мәнін терең зерттеді. Ол бүкіл адамзат асылы, ғұлама ойшыл. Әл-Фараби бабамыздан алар тағылым мол, ол - білім мен ғылым негізі.
Сұлтан Бағдат Сұлтанқызы
Журналистика факультеті 1 - курс студенті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі