Өлең, жыр, ақындар

Философиядағы "құндылық" ұғымы

"Құндылық" ұғымы ғылыми дереккөздерде философия, әлеуметтану, психология ғылымдарындағы негізгі құбылыстардың бірі болып табылады. Құндылық - бұл қандай да бір нәрсенің мәнділігі, маңыздылығы, қымбаттығы. Ол қашанда объективті болмысты және субъективті бағалауды білдіреді. Философияда аталған ұғым қоршаған дүниедегі объектілердің әлеуметтік ерекшеліктерін, олардың адам және қоғам үшін қоғамдық өмір мен табиғаттағы құбылыстардың дұрыс немесе бұрыс мәнін түсіндіру үшін қолданылады. "Құндылық" философиялық белгілі бір болмыс құбылыстарының адами, әлеуметтік және мәдени мағынасын көрсету үшін кеңінен қолданылатын термин.

Кәсіби философияда құндылықтар туралы ілім аксиология деп аталады және өз бастауын ежелгі гректерден алады. Құндылық табиғатын философиялық тұрғыдан зерттейтін аксиология ілімі ХІХ ғ.аяғы мен ХХ ғ.басында философияның жалпы "құндылық мәселесіне" қатысты кейбір күрделі мәселелерін шешуге тырысқан әрекет ретінде дүниеге келді және солай бағаланды деп айтуға болады. Ал философиялық лексикада "құндылық" түсінігі 60-жылдары енгізілген. ХІХ ғасырда өмір сүрген неміс философы Р.Г.Лотце  "Практикалық философияның негіздері" атты еңбегінде "құндылық" түсінігін субъектінің "маңыздылығы" ретінде алғаш қарастырғандардың бірі болды. Дей тұрғанмен оған дейін И.Кант өз еңбегінде: "Құндылық - ерік-жігерге бағытталған талап, адамның алдында тұрған мақсаты мен тұлғаға әр түрлі факторлардың маңыздылығы",-деп қарастырған. Жалпы құндылық термині еуропалық рационалдық философия мен христиандық моральдың іргелі ұғымдарын теріске шығарған ХІХ ғасырдағы неміс философы Ф.Ницшенің атақты "Билікке деген ерік" атты трактатында құндылықтарды қайта бағалау қажеттігін афористік тұрғыда негіздегеннен кейін кеңінен қолданысқа түсті. Осылайша ол батыс еуропалық философияның негізгі тақырыптарының біріне айналып, танымның барлық салаларында пайдаланыла бастады деп айтуға болады. 

Құндылықтардың көптеген жүйесі мен жіктеу түрлері бар. Әрбір тарихи нақты құрылым өзіне тән құндылықтар жиынтығымен ерекшеленеді. Осыған сәйкес олардың мән-мазмұны, ауқымы, өзгешелігі әрқилы болып келеді.

Қорыта айтқанда, құндылықтар тарихи дамып, заман талабына сай өзгеріп отырады. Құндылықтың басты белгісі оның бойында адамға игі ықпал ететін қасиеттердің болуымен сипатталады.

Данат Жанатаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент

Шынарай Комекбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз