Өлең, жыр, ақындар

Естелігі соғыстың - ардагерлер…

Қаншама арман, қаншама еңбек тапталған бұл соғыс дүбірі талайдың гүл ғұмырын солдырып, бозбаланың болашағын ойрандады. Үкілеген ұлдарынан айырды. Шырылдаған шақалақтың ащы дауысы тау мен тасты күңірентті. Шегінерге жол жоқ, себебі бабалар қалдырған жерді ұрпаққа қаз қалпында қалдыру солардың қолында болды. Осылайша арманы асқақ жас буын майданға аттанды. Ұрыс даласы құшақ жая қарсы алмады. Көз алдында ел үшін деп қолыңды қанға бояу, түнгі барлау, күзету, табиғаттың қатал мезгіліне төзу, болашағыңның бұлыңғыр екенін білу үлкен шыдамдылықты талап етті. Шыныдай шашылған, қамырдай иленген бомбаның оғы жауған дала тозақ отынан кем түспеді. Сабаздар тайсалмай, мейірімге толы жүрегі тасқа айналды.

Тарихта танымал «АЛЖИР» деген сталиндік ГУЛАГ-тің лагерінде 20 мыңнан астам әйел азап шекті. Отанға сатқындық жасаған «халық жауларының» әйелдері Ақмоладағы осы лагерде отырды. «Халық жауының» әйелін, анасын, қызын, қарындасын - осы қорқынышты жерде жинап, олардың өмірін тозаққа айналдырды.

Бойынан батырлықтың иісі бұрқыраған, қазақ сарбаздары Украина жерінде «Вася ағай» аталған жерлесіміз Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов ерлігі; Рейхстаг төбесіне ту тіккен сержанттар Егоров пен Канжария қатарындағы жас қазақ Рақымжан Қошқарбаев ерлігі; 16 ай бойы тәулігіне 150 грамм нанды азық еткен Ленинградтықтар ерлігі; айта берсем , түбі көрінбейтін, дәлірек айтсам, осы соғыс жылдары ерлігі үшін орден және медальдармен марапатталғандардың ішінде 96 мың 938 қазақ жауынгерінің оның ішінде Кеңес Одағының Батыры атанған 97 қазақтың ерлігі – елге ұран, ұрпаққа үлгі емес пе!

Бұл соғыс тек жауынгерлермен аяқталмайды, тыл қызметкерлерінің қызметі жеңістің өлшеусіз жемісі. Бойындағы нәзіктікті жоғалтқан қазақ қыздары екі қолға күрек алып, бірнеше техникаларды игеріп, қиындықпен ерлерше алысты, төзді. Сол бес жылдық көл-көсір жаспен, жазықсыз төгілген қанмен есте қалды.

Ер есімі ел есінде. Кір жуып, кіндік кескен жері үшін, аялап әлпештеп өсірген елі үшін  жанған отқа түсіп, жалын кешкен ер-азаматтар естен шықпайды. Олар тарихта із қалдырды. Содан бері 76 жыл өтті. Сол отты күндер қайтып келмесін. Қатер төнбесін!

Міне, ұлы жеңіске 76 - жыл, ардагерлер азайды. Ерліктері ел жадында. Бір өкініштісі, дүниежүзін дүрбелеңге салған СОVID-19 кеселінің кесірінен, жыл сайынғы әдетпен ерлікке тағызым көрсетіп, іс- шаралар қоя алмаймыз. Талай қилы кер заманды, аштықты, соғысты бастан өткерген қазақ бұны да жеңіп, әлі- ақ жеңіс тойын тойлаймыз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер