Өлең, жыр, ақындар

Пандемия кезіндегі бос уақытты тиімді өткізу мәдениеті

Тастеев Н.М. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы қ.

Ғылыми жетекші: Шаңбаева Арайлым Нұрдығұлқызы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің философия және саясаттану факультеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы

Аңдатпа

Бұл мақалада пандемия кезіндегі жастардың уақытты өткізуі, сүйікті істерімен айналысуы, әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны қарастырылды. Сонымен бірге уақытты тиімді өткізуге байланысты және әр адамның бойына мәдениетті дартыу бойынша бірнеше бағыттар келтіріліп ұсынылды.

Түйін сөздер: пандемия, уақыт, оқу, мәдениет, жоспар.

Уақыт-біздің өміріміздегі ең маңызды баға жетпес құндылықтарымыздың бірі. Мысалы, біз ақша немесе бір керек затымызды жоғалтып алсақ, оны қайтадан тауып алуға болады. Ал егерде уақытымызды жоғалтсақ, оны кері қайтара алмаймыз. Кейбір адамдар өзінің бұрынғы уақытын еске алып жатып, «Мен осы күнге дейін не істедім»? Қандай мақсаттарға жеттім? деп өкініп жатады.

Пандемия кезінде көп адамдар өздерінің уақыттарын тиімді өткізбеді. Барлығы үйде қамалып отырып қалғандықтан, күнделікті бір іспен айналысумен уақытын өткізді. Олар: телефон қарау, ұйықтау және т.б. Бірақ, өздерінің уақыттарын өте тиімді пайдаланғандар да болды. Пандемия кезінде инстаграм әлеуметтік желісі өте қарқынды дамыды. Инстаграм арқылы өз парақшасын ашып, ақша тауып жүргендер саны қаншама. Өз денсаулығын күту арқылы спортпен айналысып жүрген адамдар да болды.

Карантин кезінде өз уақытыңды тиімді пайдалану үшін осыларды жасауға болады [1]:

1.Кітап оқу. Карантин уақыты – кітап оқуға таптырмас мүмкіндік. Осыған дейін ойда жүрген кітаптарды оқып, жаңа авторлардың қызық кітаптарымен танысуға болады.  Кітап оқу стресс пен көңілсіздіктен арылуға көмектеседі. Сонымен қатар қазіргі уақытта кітаптардың электронды нұсқасын да оңай табуға болады.  Бизнес бағытындағы кітаптардың электрондық нұсқаларын оқу арқылы адам өзінің сүйікті ісімен айналысуға жол таба алады.

2.Фильмдер мен сериалдар көру. Көптен бері көруге уақыт таппай жүрген фильмдер мен сериалдарды қарауға болады. Мысалы, Қазақ хандығы жайлы кинолар өте көп. Соның бірі «Алмас қылыш». Ол фильмде Қазақ хандығы қалай құрылғаны, қандай қиындықтар болғанын, әр түрлі шабуыл кезіндегі жеңістерді, Қазақ хандығын қай хандар басқарғанын білуге болады. Осы киноны көру арқылы әрбір адамның патриоттық сезімі оянып, бұрынғы ата-бабаларымыздың қаншама еңбекпен осындай тәуелсіздікті алып келгенін түсінуге болады.

3. Білім алу. Ең жақсы инвестиция өзіңізге және дамуыңызға салынған инвестиция екенін ұмытпаған жөн. Карантин уақыты жаңа нәрселер үйреніп, қабілетті арттыруға, шет тілдерін үйренуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта қолжетімді көптеген онлайн курстар мен түрлі онлайн-платформалар бар. Ғаламтор дәуірінде тіпті үйде отырып-ақ әлемдегі ең үлкен мұражайларға онлайн кіріп, аралап тамашалауға болады.

4. Спортпен айналысу. Үйде спортпен айналысу үшін арнайы спорт құрылғылары мен жүгіру жолақтарын сатып алудың немесе көп ақша жұмсайтын фитнес орталықтарына барудың қажеті жоқ. Интернеттегі йогадан бастап, күрделі спорт жаттығуларына дейін үйде жасауға болады. Ынта болса болғаны. Спортпен айналысу арқылы адам вирусқа қарсы күресе алады. Себебі, спортпен айналысқан адамның дене мүшесі әрдайым қозғалыста болып, денесіндегі қан тамырлары жақсы жұмыс жасау арқылы кез-келген вирусқа төтеп бере алады. Спортпен айналысқан адамның кез-келген нәрсеге ынтасы оянады. Барлық нәрсені жасауға энергиясы толы болады деуге де болады.

5. Ұйқы режимі. Карантин басталғаннан кейін ұйқы режимін бұрынғыша сақтап қалған адамдардың саны бірен-саран. Әсіресе, жастар түнгі уақытқа дейін телефондағы әлеуметтік желілерді қарап ұйқы режимін бұзып алып жатады. Олар: instagram, youtube, facebook, vk және тағы басқалары. Доктор, ғалымдардың зерттеуінше адамның ұйықтау уақыты сағат 22:00-ден 02:00-ге дейін. Былай қарап тұрсаң төрт сағат аз секілді. Бірақ, осы уақыт кезінде ұйықтаған адамның әрбір бір сағат ұйқысы екі сағатқа тең болады. Сонда сегіз сағат ұйықтау арқылы ертеңгі күнге ұйқысы қанық болады. Яғни, неғұрлым ертерек жатсақ, соғұрлым ұйқымыз қанық болады және ерте оянамыз. Ал ерте тұрған адам өз уақытын үнемдеп, жоспар бойынша бәріне үлгере алады. Ұйқымыз қанық болу арқылы сол күнгі барлық жұмыстарды жасауға ынтамыз болады.

 Мысалы, мен пандемия кезіндегі өзімді алып қарасам, пандемияның бастапқы кезі әрине қиын өтті. Режим бұзылғандықтан барлық уақытым жәй ғана өтіп жатқанын байқадым.  Содан кейін әр уақытымды бекерге кетірмей Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты одан ары қарай күшейттім. Менің ойымша, барлық түлектер пандемия кезінде уақытын кетірмей, ҰБТ-ға дайындалды деп ойлаймын. Ал, кейбір студенттер сабақтың онлайн форматтағы түрінде өтуіне байланысты сабақтарына бей-жай қарап, үлгерімдерін төмендетіп алды. Жұмыс жасаған адамдардың да көпшілігі осы уақытта жұмыссыз қалғандықтан бастапқы айларда уақыттарын текке өткізді.

Уақытты тиімді пайдалану жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізген ғалым Дорис Ковиктің пікірінше, уақытты жоспарлағанда 10 түрлі жайға назар аудару қажет [2]. Солардың кейбіреулеріне тоқталып өтейік:

Біріншіден, басым бағыттарды нақты айқындап алып, яғни жұмыстарды жоспарлағанда бірінші кезекте атқарылуға тиістілері мен кейінге қалдыруға болатын шаруаларды нақтылау қажет.

Екіншіден, өз уақытын бақылай білу. Қандай шаруаны қай уақытта жасайтынын жазып отыру және уақыт кестесін жасау.

Үшіншіден, атқаратын шаруалардың тізбесін жасау және аяқталған істерге белгі соғып отыру.

Төртіншіден, алаңдататын жайлардан аулақ болу. Мәселен, тығыз шаруамен айналысып жатқанда телефонды өшіріп, ешкім мазаны алмайтындай есікті жауап алған жөн. Бұл маңызды шаруаны жедел және сапалы орындауға мүмкіндік береді.

Бесінші назар аударатын нәрсе: бір аптаның ішінде атқарған шаруаларды қортындылап отыру. Бұған жұма күні қолайлы болмақ [3].

Жоғарыдағыларды қорыта келе күнделікті жоспарды дұрыс жоспарлау үшін келесідей ережелерді ұсынамыз:

- қызметтің барлық түрлері үшін мақсатты анықтау. Осының арқасында адам жұмысты тез жоспарлап, барлық іс-әрекеттердің орындылығын бақылай алады;

- белгілі бір жұмыс жүйесіне берік болу. Ақпаратты бір уақытта үлкен көлемде емес, біркелкі және біртіндеп үлестіру;

- ақыл-ой әрекеті кезінде ұзақ жұмыс жасамас үшін ұзақ үзілістер жасамау;

- еңбектің әртүрлі түрлерін кезектестіру: алдымен ақыл-ой, содан кейін физикалық, содан кейін интеллектуалды;

- дұрыс оқыту, күшті қалпына келтіру маңызды. Ол үшін әр 1-2 сағаттық жұмыстан кейін үзілістер жасау және жоғарыда айтылғандай, кезектесіп жаттығулар жасау;

- қажетті нәрсенің барлығын уақытында жасау, сонда үлкен жұмыс жүктемесі болмайды және керісінше бос уақыт өте көп болады.

Сонымен қатар, күн, апта, ай жоспарларын жазған жөн. Бұл уақытты біркелкі бөлуге арналған.

Ең жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін адамға ұмтылыс қажет екенін және бұл күш-жігерді үнемдейтінін ұмытпау қажет.

Әрбір студент уақытты ұтымды өткізуге, оны бағалауға, еңбекті ғылыми ұйымдастыру дағдыларын игеруге үйренуі керек.

Жалпы әр адам білім алуы болсын, жұмыс жасауы болсын немесе ол тіптен жұмыс жасамаса да қалай да уақытты өткізеді. Жоғарыда айтып өткендей пандемия кезінде барлық мүмкіндіктер шектелгендіктен жастар әлеуметтік желілер арқылы бос уақыттарын өткізуде. Осы әлеуметтік желілер арқылы уақытты өткізу кезінде «мәдениет» деген сөзді ұмытпағаны абзал. Мысалы айтып кететін болсақ, осы арналар арқылы жаңалықтар қарау, өзге адамдардың әр түрлі бағыттағы каналдарын қарау арқылы жағымсыз пікірлер қалдыру арқылы мәдениетсіздікке бой бұрып жатады. Бұл да бос уақытты тиімді пайдаланбаудың бір түрі. Жағымсыз пікірлер жазбай немесе айтпай, оның орнына бұл арна ұнамағасын уақытын бекер өткізбей өзінің сүйікті ісімен айналысқаны дұрыс.

Сонымен бірге, пандемияға байланысты білім алушылар онлайн форматтағы сабақ уақыттарында оқытушылармен әр түрлі платформалар арқылы байланыста болды және әлі де болып келеді. Осы байланыстар кезінде әр студент сабаққа қатысу мәдениетін, яғни экранда өз бейнесін көрсету нүктесін басу, сөйлеу мәдениетін, оқытушының түсіндіріп болуын күту мәдениетін, кезекпен сөйлеу мәдениетін, сабаққа уақытылы кіру режимі мәдениетін, басқа білім алушылардың пікірлерін тыңдай білу мәденитетін бойына меңгерген жөн. Қашықтықтан болса да зейін қойып тыңдап, сабақты уақытында түсіну, тапсырмаларды уақытылы орындау уақытты үнемдеуге үлкен әсерін береді.

Кез-келген ортада адам үлкен болсын, кіші болсын өзін ұстау мәдениетін, сөйлеу мәдениетін ұмытпай, бір-бірлерін сыйлай білуі керек.

«Уақыт-қадірін білгенге қазына, білмегенге быламық» демекші, әр адам үшін бір минуттың өзі маңызды болу керек. Әр минутыңды бос кетірмеу үшін, таңертең күнді жоспармен бастау керек. Жүсіп Баласағұнидің уақыт туралы айтқан мынандай керемет сөзі бар: «Бұл өмірді беріпті ғой азапқа-қызық қуып, бос өткізіп азайтпа!» Бұл сөздерден мынандай түйінді жасауға болады: Уақытты тиімді пайдалану үшін, өзіңіз ұнататын іспен айналысып, өзіңізге пайда әкелетін жұмыстармен ғана айналысу қажет. Сонда ғана уақыт әрқашан сізге жұмыс жасайтын болады.

Әдебиеттер тізімі

1. Карантин кезінде уақытты қалай тиімді өткізуге болады. Кіру реті: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/bylu-manyzdy/item/381703-karantin-kezinde-ua-ytty-alaj-tiimdi-tkizuge-bolady

2. Уақытты тиімді пайдалану – табысқа жетудің кепілі Ақиқат. Ақпараттық-танымдық интернет басылым. Кіру реті: https://akikat01.com/ua%d2%9bytty-tiimdi-pajdalanu-tabys%d2%9ba-zhetudi%d2%a3-kepili/

3. Рендаренко А. А. Влияние режимов труда и отдыха на жизнь студентов // Молодой ученый. – 2016. – №20. – С. 779-782. [Электронный ресурс]. – Режим доступа: https://moluch.ru/archive/124/34255/


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз