Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн.
«Тәуелсіз Қазақстан!», «Қазақстан Республикасы»! Неткен керемет, киелі ұғымдар! Бұл ұғымдардан, Отанымыздың тәуелсіз, еркін мемлекет екенін бірден аңғаруға болады. Бүгінде біз – қанатын кеңге жайған егеменді елміз. Көк туымыз желбіреп, сол жағымыздағы мақтаныш сезімімен дүрсілдеп тұрған жүрек әнұранымызға әуен қосып, әнұранымыз асқақтай шырқалуда.
Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік– таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.
1991 жылы ел тәуелсіздігін алған кезде халық болып қана қуанған жоқпыз. Қазақ елінің өз алдына республика болуын қалаған әрі ең бірінші болып мойындаған Түркия. Бұл тәуелсіздікті бір ел ғана емес, бүкіл ел болып қолдайды деген сөз. Ал іргесі қаланған жаңа республиканың әрі қарай өмір сүруі үшін ерен еңбек керек. Ол оның ішкі және сыртқы әлемі, экономикасы, ақшасы деген секілді көптеген құндылықтарға келіп тіреледі. Аталған құндылықтарды жиырма бес жыл ішінде үлкен мақсатқа айналдырған еліміз астанасын да бекітті. Тіпті бүгінде Астана арман қалаға айналды. Апортына бүкіл ел сүйсінген Алматының өзін мәдениет пен әдебиеттің қаласына айналдырды. Өзінің ішкі туризмі, теңгесі, ұзын сонар қара жолдары тарамдалып жатты.
Арысы қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес.
Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.
Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16-желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз, Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Ән-ұранымен айбатты.
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты… Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.
Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде.
«Мәңгілік Ел» ата-бабамыздың сан мындаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идеясы бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы».
«Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру аясында қоғамдық-гуманитарлық циклды пәндердің (қазақ тілі, қазақ әдебиеті, орыс тілі, орыс әдебиеті, Қазақстан тарихы) оқу бағдарламаларының базалық мазмұнына Мемлекет басшысының 2014 жылғы 15 желтоқсанда сөйлеген «Тәуелсіздік толғауы» мәтіні енгізілді. Пәндерді оқыту окушылардың рухани-адамгершілік қасиеттерін және патриоттық сезімдерін, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын өмірде жүзеге асыруға деген ұмтылысын, азаматтық жауапкершіліктерін қалыптастыруға, ұлттық өзіндік сана мен төзімділікті дамытуға, зайырлы құндылықтарды нығайтуға және жастардың терроризм мен экстремизм идеологиясын саналы түрде қабылдамау, этносаралық және мәдениетаралық байланыс жағдайында қарым-қатынас жасау біліктілігін қалыптастыруға бағытталған.
Әлемдік тәжірибені саралай отырып, оқыту мен тәрбиелеуді заман талабына сай жаңашылдықпен ұйымдастыру бүгінгі жаһандану заманында басты мәселе болып отырғаны белгілі. Оқушылардың функдионалдық сауаттылығын арттырудың негізгі бағыттары білім беру жүйесінің мазмұнын жаңарту мен педагогикалық кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру, оқушы өміріндегі отбасының рөлін ескеруді қамтиды. Білім беруді жаңарту оқушылардың білімін ғана емес, оларды қолдану дағдыларын, атап айтқанда, функционалдық сауаттылығын немесе құзыреттілігін қалыптастырумен де байланысты. Негізгі мақсат - оқушылардың білімдерін өмірде тиімді қолдануға үйрету. Ол орта білім жүйесінің парадигмасын түбегейлі өзгертудің негізі болып отыр. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына ену процесінде ең маңызды болып табылады.
«Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ - Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік Ел», - деген Елбасының сөзінде еліміздің болашағы қазіргі жастарға деген үлкен қамқорлық пен оларға деген зор сенім жатыр.
XXI ғасыр - қатаң бәсекелестік ғасыры. Демек, әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры барша педагогикалық қауымның қолында екені даусыз. Педагогикалық қауымның қазіргі таңда атқарып жатқан істерінің арқасында жас ұрпақтың болашақта әлемдік деңгейдегі сынақтардан жоғары нәтиже көрсететініне сеніміміз мол.
Сондықтан басты міндет - жасөспірім талабын қанағаттандыратын, қоғамның, ұлтымыздың ұстанған бағытымен сабақтас келетін сапалы білім мен саналы тәрбие жүйесін құру деп санаймыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі