Әрбір жанның өмірінде өзі тамсана айтып отыратын қызық оқиғасы, не болмаса жаныңды жегідей жеп мұңайтатын қайғылы оқиғасы болады. Барлығымыздың үйіміздегі үлкен ата-әжелеріміз, аға-әпкелеріміз өздерінің балалық шағын аузынан суы құрып әңгімелеп отырады емес пе, қарап тұрсам, ауылда өскен соң ба менің де балалық шағым сол кісілердің әңгімесіне ұқсас екен. Бізде асық ойнадық, ләңгі тептік, самаурыннан шәй ішіп, ақ қара теледидардан мултфильм тамашаладық. Айтайын дегенім бұл емес, өткен шақты ойлаған сәттен-ақ есіме бір оқиға түседі. Біздің ауыл өте кішкентай болатын. Көрші ауыл болса өте үлкен. Барлық орталықтар сонда орналасқан, тіптен мерекелік шаралар да сол жақта қызықтырақ болатын. Бір жылы достарымызбен жиналып наурыз мерекесін сол ауылда тойламақшы болдық. Ол ауыл бізден үш километр алшақ жатыр. Екі ауылды бөліп тұратын үлкен сай бар. Ол сайдан көктем айларында таудан еріген қар суы өте көп мөлшерде ағып жататын. Сол жылдары ол жерде байланыстыратын ешқандай көпір жоқ болатын. Ал біз ешнарсеге қарамастан мерекені қызықтау үшін үлкендерге айтпастан жолға шықтық. Гу-гу әңгіме көңілденіп әлгі сайға келіп тірелгенде бірден шешіне кетіп жүзіп өтетін жер іздедік. Наурыз айы біз жақта ол кезде қар еріп жатқан, ал су тау қарының еріген өте мұздай суы. Сол күні әйтеуір күннің өзі салқын болатын. Жастықтың оты ма әйтеуір судың салқындығына қарамай, бір таяздау жерге келіп арғы бетке қарамастан, арғы жағаға шығуға тыраса бастадық. Бір кезде барлығымыз жағаға шықтық. Алайда ол біз ойланған, меже тұтқан жаға болмай шықты. Су ортасындағы шағын арал екен. Кішкентай ғана сайда осындай болады деген ешқайсысымыздың ойымызда болмаған еді. Сол сәтте бір жолдасым әлгі жерден біз межелеген жерге секіріп өтуге болатындығын айтып, өзі секіріп кетті. Оның аяқтары ұзын ширақ жігіт болатын. Достарамыз кезекпен өтіп жатыр, мен соңына қалдым. Енді менің алдымда бойы кішкентайлау досым қалды. Оның өтетініне мен сенімді едім. Себебі ол өте ширақ болатын. Секірді, алайда аяғы жағаға іліккенімен өзі артқа қарай құлап кетті. Таңғалдым осындай кішкентай сайда осындай жәйттар болғанына. Барлығымыз әлгі досымызды алып шықтық. Оның үсті су. Біріміздің шұлығымыз суға ағып кеткен. Біріміз жаурағаннан қатты дірілдейміз. Не керек сырттан қарағандағы бейнеміз жау қолынан қашып келе жатқан әскерилер дерсің. Сол ауылдағы бір туысымыздың үйіне барып жылынып киімдерді кептіріп, мереке болатын алаңға барсақ, барлық шаралар бітіп қойған екен. Сонымен не мереке жоқ, не көңіл күй жоқ, осындай бір ыстық естелікті жадымызға түйіп ауылымызға қайтқан болатынбыз.
Асадбек Ергешұлы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі