Ақпарат дәуіріндегі жауапкершілік: журналистің медиа сауаттылығы неге маңызды?
Біз көбіне сауатты адам дегенде әріп танып, оқып, жаза алатын тұлғаны елестетеміз. Расында, мектеп табалдырығын аттаған әр бала осы дағдыларды меңгереді. Алайда бүгінгі ақпараттық қоғамда бұл жеткіліксіз. Ең маңыздысы – оқыған ақпараттың мәнін түсіну, оның астарын ұғынып, жалғанды шыннан ажырата білу. Осы тұста «медиасауаттылық» ұғымы алдыңғы қатарға шығады.
Журналистердің шынайы дерек пен жалған ақпаратты, пайдалы мазмұн мен зиянды мәліметті, сондай-ақ бейтарап тіл мен өшпенділікке толы сөздерді ажырата алмауы қоғамда түрлі жағымсыз құбылыстардың пайда болуына әкеледі. Мәселен, бұрмаланған ақпарат ұлтаралық шиеленістерге, зорлық-зомбылыққа, жеке тұлғаның ар-намысына нұқсан келтіруге, тіпті қайғылы жағдайларға себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, журналистік этиканың сақталмауы да қоғамға айтарлықтай зиян тигізеді.
Бүгінде кез келген адам смартфон арқылы ақпарат тарата алады. Әсіресе, мыңдаған оқырманы бар блогерлердің жауапсыз түрде мәлімет жариялауы әлемдік деңгейде ақпараттық күрестің күшеюіне ықпал етіп отыр. Осындай жағдайда кәсіби журналистердің басты ерекшелігі – олардың журналистік этика талаптарын қатаң ұстануы.
Медиа дегеніміз тек газет-журнал, радио немесе теледидар ғана емес. Ол – біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі: смартфон, әлеуметтік желі, жарнама тақтайшалары, фильмдер, тіпті ауызекі тілдің өзі. Яғни, ақпарат жеткізетін кез келген құрал – медиа. Осындай кең ауқымды ақпарат кеңістігінде өмір сүріп жатқан адам күніне қыруар дерек қабылдайды. Мәселен, 2020 жылы әлемде бір күнде шамамен 2,5 квинтиллион байт ақпарат өндірілген. Бұл – адам санасы үшін ауыр жүктеме.
Цифрлық дәуірде ақпараттың қайдан шыққанын, оның қаншалықты шынайы екенін анықтау барған сайын қиындап барады. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттар қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Пандемия кезінде мұны анық байқадық. Коронавирусқа қатысты түрлі мифтер мен жалған кеңестер халық арасында кең таралды. Тіпті вакцина салған жерді магнитпен тексеру секілді негізсіз әрекеттер де орын алды. Осы құбылысқа байланысты «инфодемия» ұғымы пайда болды.
Мұндай жағдайда медиасауатты журналист фактчекингке жүгінеді. Яғни, ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеріп, оның рас-өтірігін анықтайды. Қазақстанда осы мақсатта stopfake.kz жобасы іске қосылды. Бұл журналистиканың жаңа кезеңге өткенін көрсетеді.
«Stopfake.kz» жобасының кураторы Айбек Күмісбековтің айтуынша, бұл жоба коронавирус пандемиясы кезеңінде іске қосылған. Сол уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпараттар күрт көбейіп, қоғам арасында кеңінен таралған.
Оның мәлімдеуінше, Stopfake.kz платформасы инфодемияға қарсы күресу мақсатында құрылған. Жоба оқырмандарға тексерілген деректерді ұсынуды және жалған ақпараттарды жедел әрі дәлелді түрде жоққа шығаруды көздейді. Ақпаратты тексеру барысында мамандар бастапқы дереккөзді анықтап, ғылыми зерттеулерге сүйенеді, фото және видео материалдардың шынайылығын саралайды. Сонымен қатар, ресми органдар мен сарапшыларға сұрау жолдап, олардың пікірлері мен дәйексөздерін пайдаланады.
Куратордың айтуынша, үш жылдан астам уақыт ішінде жоба Қазнет кеңістігінде таралған мыңдаған ақпараттың рас-өтірігін тексерген. Ал алғашқы тексерілген мәліметтердің бірі карантин кезінде халыққа 75 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленетіні туралы жалған ақпаратты жоққа шығару болған.
Медиасауаттылықтың тағы бір маңызды қыры – сыни ойлау. Бұл барлығын жоққа шығару емес, керісінше әр ақпаратты жан-жақты талдай білу. Сыни ойлайтын журналист ешқашан біржақты пікірмен шектелмейді. Ол түрлі көзқарасты салыстырып, аудиторияға теңгерімді ақпарат ұсынады. Өкінішке қарай, бұл дағды біздің білім беру жүйесінде толық қалыптаспағаны жиі айтылады. Дегенмен, қазіргі таңда бұл бағыт та оң нәтиже беріп жатыр. Қазақстанда медиасауаттылық бойынша оқу құралдарының енгізілуі – соның дәлелі.
Журналист үшін медиасауаттылық тек кәсіби талап емес, бұл – қоғам алдындағы жауапкершілік. Себебі «ақпаратқа ие болған адам әлемді билейді» деген сөз бүгінгі күні ерекше мәнге ие. Ақпарат ағыны күшейген сайын, оны дұрыс түсіндіру мен жеткізу де маңызды бола түседі. Ендеше осы тұрғыдан келгенде медиасауаттылықты арттыру заманның басты талабы екені сөзсіз.
Материалды дайындаған: Ибрагим Мәдина, Қабылхан Аяулым
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3-курс студенттері
Жетекшісі: фил ғ.к., доцент Р.С. Жақсылықбаева
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі