Өлең, жыр, ақындар

Мен қалай жақсылық жасауды үйрендім

КІРІСПЕ

— Бар жоғы отызақ-ақ адам ба? А неге жүз емес?! 

 Алинаның ашуға булыққан, таңданысқа толы дауысы түскі саябақтың тыныштығын бұзып жіберді. Қастарынан өтіп бара жатқан, бірдей түсті спорттық киім киген жұп, арттарына бұрылып жалт қарады. Бірақ теңіздің таңғы қамыстың басындағы шықындай көз жасына булыққан қызбен, брендті көзілдірік таққан жігіттен басқа қызық ештеңе көрмей, «жай ұрысып қалған жұп шығар» деп ойлап, өз жөндеріне кете берді.

 Алина алдын да әңгімелесіп отырған ауқатты жігітке сенімсіздікпен қарады. Оның есімі Арыстанбек сияқты меді, әзер есіне түсіріп, жүзіне білдіртпей қарай берді. Арыстан болса алдындары Алинаның алдынан қызыл кабриолетімен желдей, музыкасын бақыртып өткен. Жанындағы құрбыларына «Анау жігіт кім?» десе «Байдың баласы — Арыстанбек!» дейтін. Өзі бойшаң, әрі арық таза етті келген, үстіндегі жейдесі оның жылдық стипендиясының құнындай болатын, бірақ шашы салақтықпен қойылған, жас сері жігіт иығын қиқаң еткізді. Отырған орындығынан тұрып.

— Жақсы, қаламасаң — өз еркің. Мен ешкімді мәжбүрлеген емеспін. Туған күніңді өз үйіңде қарсы аларсың! — деді ол; даусы жұмсақ та әрі ызалы естілді.

— Жо-жоқ, тоқта! — деді Алина. Сәтсіз өткен күннің ызасы мен кекке деген беймәлім құлшыныс санасын тұмшалап алғанын сезді. Ол жігіттің жеңінен ұстай беріп, саусақтарының астында жұмсақ жібек матасын таныды. Биік жартастан теңізге бірінші рет секірер алдындағыдай ауыр күрсінді.

— Ммм, жарайды, келістік! — деді Алина еркелей қолын созып. Арыстанбек жымиып күлді, күлкісі көлік жүргізу мәнеріндей жеңіл, шуақты әрі қорқынышты сенімді болатын.

— Тамаша! Отызына дейін отыз адамды бақытты етсең, мен сенің ең асыл арманыңды орындаймын. «Арман» деп отырғаны — бір мың доллар болатын.

 

1-ТАРАУ (СӘТСІЗ КҮН)

 Оның есімі Алина, және сіздің көз алдыңызда ол өміріндегі ең ақымақ бәсекелесті. Бәлкім ақмақта емес шығар? Себебі: бұл бәс оны жақсылық жасауға үйреткен еді.

 Арыстанбек — Джин де, сиқыршы да емес. Ол — қаланың жартысына билік ететін ата-анасының қамқорлығын да өскен үйінің жалғыз ұлы еді. Өзіне сенімді, кейде қызғаншақ әрі қырсық жас жігіт. Оның мінезі — кейде таңғалуға, кейде ренжуге мәжбүрлейтін ерекше қырлары бар.

 Алина үшін дәл сол күн — өміріндегі ең ауыр, ең қиналған сәттердің бірі болатын. Сәәәтсіііздііік… Сессиясы сәтсіз өтті. Үздік оқитын, талай сынақтан өткен Алина басты емтиханға жіберілмеді. Бір жағынан жарты жыл бойы бірге жүрген, өміріндегі ең маңызды адам санайтын Арсен деген жігіті тастап кетіп, оны Аружан деген ескі қарсылас құрбысымен жүріп кетіпті. Ең қорқыныштысы — ата-анасы еді. Оның жоғары білімге құштарлығымен, мінсіз бейнесін дәріптейтін әке-шешесі. Егер ол сүйікті анасының жүрек талмасына әкелетін сессиядағы жаңалығын үйге әкелмеуі әлдеқайда дұрыс болар еді…

 

2-ТАРАУ (САЯБАҚТАҒЫ ОҚИҒА)

 Университеттің есігінен шыққан сәтін де не сезінгенін білсеңіз ғой… Жанының қиналғаны сондай — соңғы үш жыл бойы азаптана ұстанған диетасын бұзуға бел буды. Ол диета оның мақтанышы, әрі басына біткен тауқыметі болатын. Ол ең майлы, соусы аққан бургерді сатып алды да, өзін нағыз қылмыскердей сезініп, парктегі орындыққа жайғасты. Бірден ыңырсып жылап, жей бастады. Соус ернінен, бетіне дейін ағып жатты. Сол бургер оның өміріндегі ең тамаша, өзі тыйым салған, әрі жұбаныш беретін жалғыз нәсесі еді.

 «Сенбейсіз бе? Бірнеше жыл бойы балдыр мен көк шөптерді дәмді деп, шайнап көріңізші! Есесіне белім қылдай, терім нәзік, әдемімін!» — деп ойлады, ет пен жаңа піскен балғын нанынан ләззат ала отырып.

 Көп ойланбастан ең жақын құрбысы Дианаға телефон соқты.

— Мен парктемін… — тамағына тығылған жас пен аузындағы майлы бургер оның дауысын дірілдетіп жіберді. — Бургер жеп отырмын. Арсен мені Аружанмен сатып кетті де ана ақымақ ректор емтиханнан қағып тастадыыы…

 Тұтқаның арғы жағынан Диананың ащы әрі зәресі ұшқан дауысы естілді:

— Алиина, тоқташы! Соңғы бес келіден арылу үшін қаншама тер төккеніңді ұмыттың ба? Енді сол бір өткінші оқу мен сендей сұлудың қадірін білмеген оңбаған жігіт үшін қайтадан семірмекшісің бе?!

 Шіркін-ай… Диананың айтқанының жаны бар. Алина ең тар джинсы шалбарына емін-еркін сыйып, Арсенге және бүкіл әлемге өзінің мінсіз екенін дәлелдеу үшін өзін әбден титықтатып қыйнап біткен болатын. Оның сыртқы әдемі келбеті — өмірдің соққыларынан қорғайтын жалғыз сауыты іспетті еді. Енді осы бір сәтсіздік үшін бәрін тәрк етіп, қайтадан сол «масқара» S өлшеміне орала ма? Жоқ, бұлай бола қоймасс…

 Сәл жымиып — Сенікі дұрыс, Диана. Рахмееет көп-көп. Сен нағыз доссың!

 Ол бетіндегі мінсіз макияжын бұзып, сорғалап аққан жасын сүртіп тастады. Сосын қолындағы бургерге соңғы рет қарап, кенет көңілі айнып жегісі келмей, оны жиіркене бұталардың арасына лақтырып жіберді де, өз-өзіне шабыттандырушы сөздер айта бастады:

— Мен мықтымын, менің қолымнан бәрі келеді, әлі-ақ бәрін дұрыстаймын!

— Ал менің шаш үлгімді ше? Оны да дұрыстай аласың ба? — деген ренішті дауыстан ол орнынан қалай атып тұрғанын байқамай қалды.

 Жалт бұрылып қараса, артында ұзын бойлы, арықша келген жігіт тұр. Оның басында, бейне бір күлкілі тәж секілді, жартылай желінген бургер «қонақтап» қалыпты, ал мұқият сәнделген шашынан кетчуп сорғалап ағып жатыр.

 Бұл «бақытты» жігітті бірден таныды — бұл Арыстанбек болатын. Ол өзінің қып-қызыл, айғайлап тұрған кабриолетімен қасынан талай рет зулап өтіп, Алинаның жүйкесіне тиетін.

 «Ой, құрыдым… Бұл әлгі жартас жақтағы зәулім үйдің иесі. Қазір ашулы күзетшілері қаптап келетін шығар. Одан кейін не боларын ойлағым да келмейді…» — деп, үрейден тамағына өксік тығылды.

— Кешіріңізші, өтінемін… Мен әдейі істеген жоқпын… — Күзетшілерден қорыққаны мен сәтсіздікке толы күннің ауырлығы қабаттасып, ол енді шынымен еңіреп жылап жіберді.

 Алайда, жігіт басынан бургерді қағып тастады. Кетчуп мінсіз күтілген көгалдың үстіне қып-қызыл дақ болып түсті. Достары сияқты киінген күзетшілеріне сол жерді жинауды қолын сілтеп бұйырды, ал итшабарлары лезде жылан жалағандай жинап алды. Ол Алинаның жылағанына мысықтың жылағанындай қарағандай ғана мән беріп, қасына жігіті сияқты жұбата жайғасты, ал жабыққан Алина қарсылық білдірмеді де. Сонда Арыстан:

— Қойшы енді, несіне жылайсың? Шаш үлгімді стилисім ретке келтіріп береді. Қазір қоңырау шалсам, керек болса тікұшақпен ұшып кетеді. Сосын күндегіше думан сауық кеш жасаймын!

— Ал менің өмірімді сенің стилисің түзей алмайды! Онда нағыз алай-дүлей болып жатыр! — деп жіберді Алина.

 Кенеттен, өзі де күтпеген жерден, ол бұл «мажорға» ішіндегі бар мұңын төгіп салды: күл-талқаны шыққан жоспарлары, Арсеннің опасыздығы, ата-анасының алдындағы қорқынышы… Оны тегін психотерапевт ретінде пайдаланып, ішіндегі барын ақтарып, жылады. Ең бастысы — үш аптадан кейін оның туған күні. Ал ол бұл күнді ешқандай сыйлықсыз, жігітсіз және ата-анасы демалысқа уәде еткен мың долларсыз қарсы алмақ.

 Жігіт мырс етіп күлді. Оның күлкісі оғаш еді — зұлымдық емес, қызығушылық пен зерттеушілік байқалады.

— Сессиядан құлағаныңа қарағанда, демалып шаршайтындай ештеңе істемеген сияқтысың ғой, — деді ол. Алина одан әрмен бетіп басып жылай жөнелді.

— Жарайды, жарайды, мен жай қалжыңдадым, — деді ол қызды тезірек сабырға шақыруға тырысып. — Тыңдашы, егер мен саған сол мың долларды берсем ше?

— Қалайша бересің? — Алина күдіктене қабақ шытты. Бұл ұсыныстың астарында бір  шикілік барын іштей сезді.

— Мен үшін бұл ақша емес, диванның астында қалып қоятын ұсақ-түйек қана. Бірақ сенің менің тапсырмамды қалай орындайтыныңды тамашалау мен үшін нағыз ермек болмақ. Қосымша егер орындай алмасаң маған бір жүз доллор бересің! Бірақ біздің бәс жайлы ешкімге тіс шармайсың, шарсаң да ешкім сене қоймас…

— Нннееее! Қандай тапсырма? — Ол әңгіменің қайда кетіп бара жатқанын түсінбей, жаман ойлап мазалап, бір адым отырыс артқа жылжып, қолын иығынан алып тастады. Бойына қайтадан сенімсіздік пен сақтық оралды.

 Сол сәтте «мажор» өз шарттарын айтты: егер ол туған күніне дейін отыз адамды бақытты етсе, одан мың доллар алады. Қыла алмаса ол оған жүз доллор қарыз болады…

 Бұл ақылға қонымсыз, тіпті күлкілі көрінді. Бірақ Алинаның есіл дерті саяхат болғандықтан, көз алдына бірден мынадай сурет келді: аппақ құм, көгілдір теңіз, жаңа бикини киген мінсіз өзі, әдемі мінсіз пішіні және іштей бармағын тістеп, өкініп тұрған Арсен.

 «Мен үшін бұл саяхат бәрінен де маңызды. Бұл — өмірімді таза парақтан бастауға берілген жалғыз мүмкіндігім», — деп шешті ол іштей. Алина келісімін берді. Сол сәтте оған ең қиыны — көмек алған адамдардың оған алғыс хат жазып беруі сияқты көрінді. Шарт бойынша, ол туған күніне бір күн қалғанда «мажормен» кафеде кездесуі тиіс. Жігіт хаттарды оқып, бақытты болған жандардың санын есептейді де, соңғы шешімін айтады.

 Сынақ қабылданды! 

 

3-ТАРАУ (ОТБАСЫНДАҒЫ ОҚИҒА)

 Алина саябақтан өз тағдырдың талқысын қабылдаған қайсар батырдай сезініп шықты. Дегенмен, оның көздеген мақсаты әлдеқайда қарапайым еді: егер шартты орындаса — өз ақшасын алады не қарыз болады. Оған бар болғаны отыз адамды-ақ бақытты ету керек.

 «Отыз адам. Бұл онша көп емес қой. Мұны қалай тездетіп бітіруге болады? Әрине, мен бір концертпен жүздеген мың жанкүйерін бақытқа бөлейтін Димаш Құдайберген емеспін, бірақ бәрібір жеңіп шығамын!» — деп, өзіне нық сенімді іштей түйді.

 Ол бірден жақсылық жасайтын нысандарды іздеуге кірісті. Оның бұл қадамы сезіммен, таза есепке құрылған. Ол шынайы мұқтаж жандарды емес, хат жазып беру ықтималдығы жоғары адамдарды іздеді де, соларға ғана жақсылық жасауды ұйғарды.

 «Ал неге ата-анамнан бастамасқа?» — деп ойлады ол. Олардың Алинадан бір-ақ тілегі бар еді: тыныш қана отбасылық кеш өткізу. Кештерін сәнді клубтарда құрбыларымен өткізетін немесе айна алдында сағаттап макияж жасайтын Алина үшін бұл ерсі көрінгенімен, соңында ата-анасынан кепілді алғыс хат алатыны анық еді.

 Ол дастархан жаюға кірісті: аппақ дастархан жауып, анасы тек үлкен мерекелерде ғана шығаратын хрусталь ыдыстарды тізіп, өзінің фирмалық тағамы — теңіз өнімдері қосылған пастасын әзірледі, әрине, өзі үшін бөлек бір кесе брокколи қайнатып алды.

 Алина ата-анасын асыға күтті. Ол олардың үйге кіріп, мәз-мейрам болып, өзін мақтайтынын және: «Рахмет, қызым, бізді назарыңмен бақытқа бөледің!» — деп хат жазып беретінін қиялдады.

 Енді ата-анасы үйге жалғыз емес, атасы мен әжесін ерте келгендегі Алинаның қуанышты әрі абдырап қалғанын елестетіп көріңізші!

— Міне, нағыз джекпот! — деп сыбырлады

 Алина, іштей жеңіс айқайын әрең тежеп. Бір кеште бірден төрт «бақытты» адам!

 Туыстарының таңданысында шек болмады: анасы тіпті алаңдап, «ауырып тұрған жоқсың ба?» дегендей оның маңдайын ұстап көрді. Ал әкесі патшаның дастарханындай жайнап тұрған үстелге күдіктене қарап, бұл жомарттықтың астарында не тұрғанын түсіне алмай дал болды.

— Сымбаттым, ауырып қалған жоқсың ба? — деді анасы пастаның иісін иіскеп, күдікпен. — Әлде саған тағы бірдеңе керек болып қалды ма?

 Келесі бірнеше сағат нағыз отбасылық жарасымда өтті. Алина барын салғандықтан, үйдегі атмосфера жылы, бірақ сәл де болса жасанды еді. Ол үнемі қалжыңдап, күлімдеумен болды, жазғы демалыс туралы жоспарларын айтып, әңгіменің майын тамызды.

 Бұл анасы оқу туралы сөз қозғағанға дейін бәрі керемет болып тұр еді.

— Алинаның оқуы өте жақсы. Жақында ғана бір сессиясын жапты, — деді анасы мақтанышпен. Сосын қызына бұрылып: — Қызым, үлгерім табеліңді алып келші, атаң мен әжеңе көрсетіп, бір мақтанып қалайық, — деді.

 Дәл сол сәтте Алинаның асқазанындағы жаңағы жеген брокколилері тас болып қатып қалғандай сезілді. Бөлмедегі ауа ауырлап, үстел үстіндегі хрусталь ыдыстар осы бір шиеленіске шыдамай, қазір-ақ быт-шыт болып жарылып кететіндей көрінді.

— Мама, меніңше… — деп бастады ол, жағдайды әзілге айналдырып құтылғысы келіп. Әкесі анасының сөз қоштап:

— Қырсықпа, Алина. Бар, алып кел. Әйтпесе, телефоннан-ақ қарай саламын! — деген, әкесінің дауысы жай шыққанымен, оның астарында болаттай суық қатаңдық сезіліп тұрды.

 Иә, ол мақтанды… жақсылап тұрып «мақтанды».

 Үй ішін өлі тыныштық басты. Содан кейін осы шаңырақтың қабырғасын теңселткен ең шулы, ең драмалық әрі ең жойқын жанжал бұрқ ете қалды.

 Әжесінің жүрегі ұстап, атасы бір жағынан оны есін жиғызуға тырысса, екінші жағынан Алинаны бетімен кеткендігі үшін жерден алып, жерге салды. Анасы — оның әрқашан мінсіз, биязы анасы — дәл қазір қызының барлық дизайнерлік киімдерін аулаға шығарып өртеп, өзін үйден қуып жіберуге дайын тұрғандай еді… Бірақ құдайға шүкір өйтпеді. Ал әкесі тіс жармады. Оның көңілі қалған, абдыраған жанары Алинаның жанын бәрінен де қатты жаралады.

 Оның жоспары тас-талқан болды. Бұл нағыз апат еді. Бәлкім апат болғаны жақсы енді деп ойланды…

 Алина туыстарының ащы айғайы басылмай жатып, өз бөлмесіне қарай қашты. Есікті іштен іліп, қараңғыда төсегіне құлай кетті. Көзінен аққан жас жастығын су қылды. Ол өзін әлемдегі ең бақытсыз, ең жалғыз адамдай сезінді.

 Біраз уақыттан соң есік ақырын қағылды. Тұтқаның сықырлаған дыбысынан анасының келгенін түсінді. Анасы бөлмеге үнсіз кіріп, қызының қасына жайғасты.

— Қызым… — деді ол жұмсақ дауыспен. — Біз саған оқуың үшін емес, бізге өтірік айтқаның үшін ренжідік. Бірақ сен біздің жалғыз алтынымызсың.

 Анасы Алинаны бауырына басып, құшақтады. Оның жылы алақаны Алинаның арқасынан қаққанда, бойындағы барлық үрей мен өксік сыртқа шыққандай болды.

— Кешірші, мама! — деп сыбырлады Алина.

 Бұл сәтте ол Арыстанбекке керек «алғыс хатты» мүлдем ұмытып кеткен еді. Ол тек анасының құшағындағы тыныштықты сезінді. Анасы маңдайынан сүйіп, жылы сөздер айтып жұбатты. Алина алғаш рет жақсылық жасау деген — біреуді мәжбүрлеп бақытты ету емес, ең жақын адамыңның жанында болу екенін түсінгендей болды.

 

4-ТАРАУ (БОТАНДАР)

 «Жарайды, отбасымен жұмыс істеу қиын екен. Енді бөтен адамдарға көшемін!»

 Келесі күні универ де ол тағы бір «құрбандығын» іздеген Алдар Көседей немесе ең әлсіз олжасын аңдыған жыртқыштай жан-жағына барлай қарады.

 Бәрі ол ойлағаннан әлдеқайда оңай болып шықты. Мектеп кезінен бері Ниф-Ниф, Наф-Наф және Нуф-Нуф (Алина олардың есімдерін ешқашан есте сақтамайтын) деп аталып кеткен безеулі үш «ботан» дәлізде оған көз алмай қарап тұрып, назарына ілікті.

 «Қоғамнан шеттетілгендерді бақытты ету — тамаша қадам! Олардың алғыс хатты бір апта бойы жазатынына шүбә жоқ!» — деп ойлады ол.

 Ол ботандарға жақындап, жүзіне ең жарқыраған «голливудтық» күлкісін үйіріп, бойындағы бар мейірімділігін жинап, жылы сөйлеуге тырысты (шынын айтқанда, ол мейірімділік соншалықты көп те емес еді).

— Сәлем, сымбаттылар! Не істеп тұрсыңдар? Бәлкім, танысып, сөйлесерміз?

 Үшеуі тоққа түскендей қатып қалды.

— Не? — деп міңгірледі Ниф-Нифке ұқсайтыны, әрең дегенде батылдық жинап. Қалған екеуі тілден қалды; қалың әйнекті көзілдірікпен үлкейтілген көздері Алинаға жыпылықтамай, қадала қарап қалыпты.

— Меніңше, «Жұлдыздар соғысын» бірге көруіміз керек сияқты. Сендерге қай бөлімі көбірек ұнайды? Маған… әлгі, Дарт Вейдер бар жері… — Ол есте қалған ең танымал үзіндіні айта салды.

 Екінші ботан, Наф-Наф болса керек, дауыс шығарды:

— Менің сүйікті бөлімім…

 Бірақ батыл досы оның сөзін шарт кесіп тастады. Алинаның таңғалғаны сондай — жігіттің дауысынан суық әрі қатал дипломсыз ғылыми логика естілді.

— Біз саған ақымақ көрінеміз бе? Алина, сен бізді бес жыл бойы келемеждеп келдің, тіпті адам құрлы көрмеуші едің. Енді келіп, бізбен араласқың келетініне сенуіміз керек пе?

 Көз алдыңызға елестетіңізші! «„Торайлардың“ бойынан ақылдың сәулесі жылт етті. Оның үстіне, дәл осы ең қолайсыз уақытта!» — деп ашуланды.

 Ботандар ауыр оқулықтарға лық толған рюкзактарын түзетіп киіп, мақтанышпен басып кете барды. Ал Алина мектеп дәлізінде тауы шағылып, қорланған күйде қала берді.

 Олардың біреуі артына бұрылып, Морзе әліпбиіндей түсініксіз ишарамен «қоңырау шал» дегенді көрсетті.

— Иәә-әә, — деп күбірледі Алина өз-өзіне, — осы бетіммен кетсе, ол Жаңа жылға дейін де ешкімді бақытты қыла алмаймын. Демек, ақша да жоқ! — деп мұңайды. 

 

5-ТАРАУ (СҰР ҚЫЗДАР)

 Келесі «бақытқа үміткерлер» оның бұрынғы сыныптастары — Аяла мен Аяна болды. Екеуі де «Кринждің 50 реңкі» немесе соған ұқсас кітап серияларына әуес, елеусіз ғана «сұр тышқандар» еді. Олардың армандары шынайы өмірден тым алыс болатын, сондықтан Алина оларды оңай олжа деп есептеді.

 Ол нағыз тәуекелге бел буды. Бұл ол үшін нағыз құрбандық еді! Алина көзіне жас ала жаздап, өзінің қасиетті косметикалық сөмкесін олардың алдына әкелді.

— Сәлем, қыздар! Қалайсыңдар? — Ол күлкісіне бойындағы бар жасанды мейірімділігін сыйғызуға тырысты.

— Алина, бұл не дегенің? — деп оған үрке қарады Аяла ма, әлде Аяна ма? Шынын айтсақ, ол екеуін әлі ажырата алмайтын — екеуі де бірдей бозғылт әрі көзге түспейтін жан еді.

— Мен жай ғана косметикамды реттеп жатып, көптеген заттарымды мүлдем қолданбайтынымды байқадым. Міне, қараңдаршы. Кез келген кемшілікті жасырып тастайтын «Шанель» тональді кремі, «Армани» тушы, «Диор» қабақ бояулары…

 Шындығында, бұл косметика оған ауадай қажет болатын. Ол бұған бір жыл бойы стипендиясы мен түскі асынан тиын-тебен жырып, ақша жинаған еді. Бірақ дәл қазір ол үшін саяхат кез келген уақытта қайта жасауға болатын мінсіз макияждан әлдеқайда маңыздырақ көрінді.

— Осындай макияжбен қаншама жігіттің назарын аударатындарыңды елестетіп көріңдерші! — деп, өзінің «маркетингтік» сөзін түйіндеді.

 Бірақ бұл сөзі кері әсер етті.

— Шынын айтсақ, бізге мұның қажеті жоқ, — деді екінші «сұр тышқан» қабағын түйіп. — Өйткені біздің өмірімізде бізді осы қалпымызда-ақ сүйетін бай әрі сымбатты жігіттер міндетті түрде пайда болады!

— Иә! — деп құрбысы да шапшаң қостай кетті. — Олар бізді тікұшақпен қыдыртады. Макбук алып береді. Көлік те алып береді! — деп бір-бірінің сөзін жалғап.

 «Тікұшақ? Макбук? Бұлар өз қиялдарында онсыз да бақытты екен ғой!» — Алина мұндай ақылға сыйымсыздыққа шыдай алмады.

 Ол өзінің қымбат косметикаларын сөмкесіне қайтадан асығыс жинап алды. Қыздар оның тональді кремінсіз-ақ бақытты болып шықты. Олардың қиял әлемі Алинаның қолындағы нақты мың долларынан да берік, әлдеқайда «қолжетімсіз» екен.

 Косметикасын құшақтап, ол оқиға орнынан тезірек тайып тұруға асықты. Үш әрекет. Тоғыз ықтимал «бақытты» адам. Бірақ нәтиже — нөл хат.

 

6-ТАРАУ (ҚҰРБЫСЫНА КӨМЕК)

 Университеттегі масқара мен үйдегі жойқын жанжалдан кейін Алина өзінің «бақытты ету» миссиясының тығырыққа тірелгенін анық сезді. Бургер жегеннен кейін жоғалып кететін жалғыз қуанышы — мінсіз дисциплинасы сияқты, енді мың доллары да саусақтарының арасынан құм болып сусып бара жатқандай көрінді.

 Дәл осылай үміті үзіліп, таусылып отырғанда, оған Диана телефон соқты.

— Алина, — құрбысының дауысы қобалжулы әрі біртүрлі естілді, — сенде өзіңе керек емес киім-кешек бар ма? Соларды маған әкеліп бере аласың ба?

— Не?! — Алина аң-таң болды. Диананың ата-анасы ешқашан ақшадан тарыққан емес, оның киімдері тіпті Алинаныкінен де қымбат дүниелерге толы болатын. — Менің ескі-құсқы жейделерім саған не үшін керек болды?

— Жай ғана әкелші, өтінемін. Маған қазір бұл өте маңызды. Ойланып тұруға уақыт жоқ еді. Алина бұл мүмкіндікке суға кеткен адам құтқарушы кругына жармасқандай жармасты.

— Тыңдашы, егер мен оларды әкелсем, сен бақытты боласың ба? — деді ол, өзінің пайдакүнемдік ниетін жасыруға тырыспай-ақ.

 Тұтқаның арғы жағында бір сәт күдікті тыныштық орнады. Алина тағы да бір келемеж естуге дайындалып үлгерді.

— Иә, — деп жауап берді Диана ақырын. — Алина, мен шынымен де өте қуанышты болар едім.

— Керемет! Дәл солкерек! — «Міне, бір адам дайын, әрі бәрі адал жолмен!» — деп түйді ол. Алина тек ең сүйікті әрі қажетті деген заттарын ғана қалдырып, қалған киімдерін кезінде сол заттарды сатып алған үш үлкен брендтік қорапқа дереу салып, жинай бастады.

 Бұл косметикадан кейінгі екінші нағыз құрбандық еді. Қораптардың ішінде не жоқ дейсіз: оның «сәттілік әкелетін» кездесу көйлегі, еуропалық қымбат брендтердің бірнеше кофтасы және өткен көктемде әрең сыйған сүйікті джинсы шалбары…

 Ол заттарды құрбысына апарды. Диана оны шын жүректен қуанып қарсы алды. Оның шынайы алғысын естігенде, Алинаның бойында ұзақ уақыттан бері алғаш рет тамақ ішкенмен еш байланысы жоқ бір жылы сезім пайда болды.

— Тыңдашы, — деп сұрады Алина, бұл жолы жасанды күлімсіремей-ақ, — маған электронды поштама тағы бір рет алғыс айтып хат жазып жібере аласың ба? Не үшін екенін түсіндіру ұзақ сонар шаруа, бірақ маған бұл өте қажет.

 Құрбысының оғаш қылықтарына әбден үйренген Диана жай ғана басын изеді:

— Ол не тұрыпты, оңай ғой!

 

7-ТАРАУ (МИССИЯЛАР)

 Сонымен, бір адам оның арқасында бақытты болды. Алда әлі жиырма тоғыз адам бар.

 Күн сайын ол қуантатын «нысаналарды» іздеумен болды. Алайда оның бойындағы асқынған цинизм мен жақсылық жасау тәжірибесінің мүлдем жоқтығы бұл миссияны күлкілі әрі күдікті оқиғалар тізбегіне айналдырып жіберді.

МИССИЯ-1

 Алина бірінші қабатта тұратын, үнемі түйіліп жүретін қабағы қатулы көршісін бақытты етпек болды. Ол жүзіне күлкі үйіріп, жергілікті Асханадан ең үлкен бір метрлік донерін сатып алды да көршісінің үйінің алдына барып есігін қақты.

— Қайырлы күн! Көңіл-күйіңіз жоқ сияқты еді, міне, алыңыз!

 Алайда күдікшіл көрші оны ҰҚК-дан (КНБ) жіберілген тыңшы деп, өзін аңдып жүр деп шешті. Ол есікті Алинаның мұрнының астынан тарс жауып алды. Содан соң бір минут өтпей жатып полицияға қоңырау шалып: «Бір күдікті студент қыз мені тамақпен сатып алуға тырысып жатыр!» — деп арыз берді. Хат тағы да болмайтын болды.

МИССИЯ-2

Орталық көшелердің бірінде ол жолдан өте алмай, екіұдай болып тұрған кейуананы көрді.

— Рұқсат етіңіз, мен сізге көмектесейін! — деп айқайлады Алина. Өз миссиясының маңыздылығына сенімді болғаны сондай, қарт әйелді шынтағынан шап беріп ұстап алды да, қарсы бетке қарай күштеп сүйрей жөнелді.

 Олар тротуардың арғы бетіне шыққанда, кейуана ашудан жарыла жаздап, қолын жұлқып алды:

— Маған бұл жаққа өтудің мүлдем қажеті жоқ еді! Мен сегізінші автобусқа отырмақшы болғанмын, ал енді жарты шақырым кері жаяу жүруіме тура келеді! Сен мені несіне күштеп сүйреледің, а?!

 МИССИЯ-3

 Ол өз постында зерігіп отырған күзетшінің көңілін аулап, жақсылық жасамақ болды. Оған қымбат зімбір шайы толтырылған термос әкеліп, әңгімеге тартпақшы еді. Алайда, бетінде миллиондық макияжы бар сұлу қыздың кенеттен өзіне шүйіліп, шай ұсынғанынан сескенген күзетші бұл жерде бір шикілік бар деп шешті. Ол Алинаны «күдікті нысан» ретінде қарастырып, 

МИССИЯ-4

 Балалар алаңында ол құмның үстінде жалғыз, мұңайып ойнап отырған баланы байқады. «Балаларды қуанту оңай ғой» деп ойлаған Алина оған жап-жаңа, жылтыр ойыншық күректі сыйлап, бақытты етпек болды.

— Мә, ұстай ғой, кішкентайым! — деді ол, баладай мәз болып ойыншықты ұсынып.

 Бірақ әлгі бейбақ баланың ата-анасы бөгде біреудің жақындағанын көре сала, Алинаға тап берді.

— Сіз біздің баламызға не беріп тұрсыз? Өзіңіз кімсіз? Дереу табаныңызды жалтыратыңыз, әйтпесе полиция шақырамыз!

МИССИЯ-5

 Оның «мейірімділікке» толы аптасының шырқау шегі супермаркетте болды. Кезекте тұрған, шаршаудан көзі ісіп кеткен полицейдің кофе сатып алғалы жатқанын көрген Алина: «Осылар нағыз риза болатын клиенттер!» — деп шешті де, оның шотын төлемек болды.

— Мырза, сіз өте шаршаған сияқтысыз, рұқсат етіңіз, мен сізді бақытты етейін!

 Полицей оған, оның еріксіз жыбырлаған күлкісі мен оғаш қылықтарына бір қарап алды да, сыпайы, бірақ қатал түрде оны учаскеге алып барды.

 Ол жерге Алинаның ата-анасын алдыртып, қыздарының бұл «еркелігі» жаман аяқталуы мүмкін екенін және оның мінез-құлқы өте күдікті көрінетінін қатаң ескертті. Алина полиция бөлімшесінде отырып, өзін мүлдем езілген, рухы жаншылған адамдай сезінді. 

 

8-ТАРАУ (КАФЕДЕГІ КЕЗДЕСУ)

— Мұның несі қалжың?! — деп сыбырлады ол өзіне үрейлене қарап тұрған ата-анасына. — Мен болғаны сол адамдардың сәл де болса бақытты болғанын қаладым.

 Біреудің сені бақытты етуіне мүмкіндік беру соншалықты қиын ба? Неге бәрі осыншалықты күрделі?! Ал уақыт болса тоқтаусыз зымырап жатты. Күндер көз алдында секундтай ұшты. Оның туған күніне небәрі бір күн қалған еді.

 Алина өзі үшін тағдырлы сәт — туған күнінің таяп қалғанын мүлдем аңғармай қалды. Ертеңіне, мереке қарсаңында, Арыстанбек төбе көрсетті. Ол, келіскендей, Алинаны кафеге жеткізу үшін жеке жүргізушісі бар, қара түсті, дыбыссыз электромобиль жібертіпті.

 Алина келісімшарт талаптарын орындамағанын (оның есебінде Дианадан келген жалғыз күмәнді хат пен мыңдаған сәтсіз әрекет қана бар еді) білсе де, кездесуге барды. Ол жеңілістің өзін лайықты қарсы алу үшін ең әдемі, бірақ қарапайым көйлегін киіп шықты.

 «Не болса, о болсын. Ең болмаса қымбат кафеде тамақ ішіп қайтайын», — деп ойлады ол, осы бір қорлыққа толы эксперименттен тым құрығанда бір пайда табуға тырысып. Шынында да, жұқарған жүйкесі мен таратып жіберген дизайнерлік киімдерінің өтеуі ретінде бұл да бір жұбаныш емес пе?

 Кафе шынымен де өте сәнді болып шықты. Ол қалаға таңғажайып көрініс ашатын зәулім ғимараттың ең үстіңгі қабатында орналасқан екен. Қабырғалары панорамалық әйнектен жасалған, даяшылар дыбыссыз сырғып жүр, ал ауада қымбат десерттер мен жаңа тартылған кофенің хош иісі аңқиды.

 Арыстанбек үстел басында журнал мұқабасынан түскендей мінсіз кейіпте отыр екен. Ол әдеттегідей бойынан «салқынқанды сенімділік» шашып, айналасына ерекше тыныштық таратып отырды.

 — Сонымен, не бітірдің? — Алина жұмсақ былғары диванға жайғасқанда, мажор жігіт мысқылмен жымиды. — Тапсырманы орындай алдың ба?

 Алина өзін өтірігі ашылып қалған баладай сезінді. Ол тағы диетасын ескермей, жауап орнына аузына кремі ағып тұрған керемет дәмді торттың үлкен бөлігін салып жіберді. Ол алдымен мұқият шайнап алып, содан кейін ғана, барлық драмалық реңкті сақтай отырып, ештеңе шықпағанын және Арыстанбектің мың доллары өзін де қалатындығын мойындағысы келді де, әмияндағы жүл доллорын беруге дайын отырған еді.

 Бірақ Арыстанбек құпия тыңшыларымен әр ісін… Әр сәтсіздігін видеоға түсіріп кешке жатар да сериал сияқты көріп тастаған да «Недеген адам едің!» — деп, ішек қатып жылағанша күлген…

 Енді міне өзі мойындағанын күту ғана қалған еді…

 Дәл осы сәтте үстел үстінде жатқан телефоны дірілдеп, шырылдай кетті. Дианадан хабарлама келіпті.

 Экран бетіндегі мәтінді көргенде, тіпті аузы-мұрны тортқа тиіп, дәмге елтіп отырған Алинаның өзі елең ете қалды. Бұл жіберілген файл мен бірнеше жолдан тұратын қысқаша мәтін еді.

 Диананың хаты: «Тыңдашы, саған ескертуді ұмытып кетіппін! Мен ол киімдерді өзім үшін сұратқан жоқ едім. Қаладағы балалар үйіне жасөспірімдерге арналған жазғы киімдер өте қажет болып жатыр екен. Сенің дизайнерлік қымбат дүниелеріңді қимайтыныңды біліп, басында айтуға қорыққанмын. Ал сен болсаң үш бірдей үлкен қорап әкелдің!

 Жетім балалар өздеріне ескі-құсқы емес, нағыз сәнді, әдемі киімдер бұйырғанына сондай мәз болды! Олардың қуанышында шек жоқ, тіпті саған арнап алғыс хат жазды! Міне, соның көшірмесі. Кездескенде түпнұсқасын қолыңа беремін, ал әзірге поштаңа жіберіп қойдым».

 «Міне, ғажайып!» — Алинаның бойын торттың майлы ләззатын бір сәтте ысырып тастаған суық ток жүгіріп өткендей болды.

 Ол файлды ашты. Бұл — балалар үйінің тәрбиеленушілері атынан жазылған а4 қағазына қолмен жазылған ресми хат еді. Оның төменгі жағында балалардың қисық-қисық, тырысып жазған қолтаңбалары мен есімдері, салған: үй, көлік, ақша, Мешіт, ай, жұлдыз суреттері тізіліп тұрды.

 Алина дауыстап санай бастады: бір, екі, үш, төрт, он, жиырма, отыз… Қырықтан астам есім! Әрбір есім — бейсаналы түрде болса да, орын алған нағыз бақыттың куәсі, тірі дәлелі еді.

 Оның қолдары еріксіз дірілдеп, шанышқыдағы торттың кесегі табаққа түсіп кетті.

 Демек, ол мажордың тапсырмасын орындап шыққан екен ғой! Өзі аңдамаса да, қаншама баланы бір сәтте бақытқа кенелтіпті.

— Ол не? — Алинаның өзгеріп кеткен жүзін бақылап отырған Арыстанбек оған қарай еңкейді.

 Алина үнсіз ғана телефонын бұрып, оған экранды көрсетті.

 Арыстанбек хатты мұқият оқып шығып, есімдер тізіміне көз жүгіртті. Оның үнемі зерігіп жүретін салқын жанары, олар танысқаннан бері алғаш рет, шынайы қызығушылықпен ұшқындап сала берді.

— Бұл… бұл сенің хаттарың ба? — деп сұрады ол даусы сәл бәсеңдеп.

— Мен киімдерімді Дианаға бергенмін, ал ол болса… Балаларға… — Алина балалардың тырысып жазған қолтаңбаларынан көзін ала алмады. — Мен мұны мүлдем білген жоқпын.

 Арыстанбек күліп жіберді. Бұл жолғы күлкісінде келемеж жоқ, нағыз таңданыс пен шынайылық бар еді.

— Мен саған жеңетініңді айттым ғой, — деді ол ішкі қалтасынан қалың әмиянын суырып алып.

— Саған тағы бес жүз доллар үстеме қосамын, — ол ақшаны Алинаға қарай жылжытты. — Сенің жүрегің өте кең екен.

 Алина әуелі ақшаға, сосын оның жүзіне қарады…

 Бірақ енді Алинаны күмән жегідей жей бастады. Бұл жай ғана «аспаннан түскен» ақша емес еді. Бұл оның кездейсоқ тапсырған сынағы болғанымен, нәтижесі нағыз шынайы болатын.

 Ол бұл ақшаны бұрынғыдай Арсеннің алдында мақтану үшін бикини алуға, көңіл көтеру саяхатына немесе ішқұса болып жеген тамағының өтеуіне жұмсағысы келмеді. Балалардың бейнесімен салыстырғанда, бұл ақша енді көзіне ұятсыз әрі лас болып көрінді.

 «Саяхат па? Әлде олар ма

 Бұл бір жарым мың доллар Алинаға небары бірнеше күндік қана жалған қуаныш сыйласа, балалар үйі үшін бұл — үлкен мүмкіндік еді: жаңа оқулықтар, жылы киімдер, тіпті олар үшін кішігірім саяхат та ұйымдастыруға болар еді.

 Оның ішкі арпалысы қатал болғанымен, көпке созылмады.

 Алина басын көтеріп, Арыстанбектің тура көзіне қарады.

— Арыстанбек, — оның даусы бұрын-соңды болмағандай нық әрі қатаң шықты. — Сен менің осы мың жарым доллорға нағыз арманымды орындай аласың ба?

 Арыстанбек маңызды бірдеңе болып жатқанын сезіп, үнсіз ғана басын изеді.

— Мен сенің осы бір жарым мың долларды балалар үйіне аударуыңды қалаймын. Бірақ жасырын емес. Балалар бұл көмектің өздеріне өте риза болған адамнан, Алинадан екенін білсе деймін.

 Арыстанбек артық сұрақ қойып қазбалаған жоқ. Ол телефонын алып, аударымды сол сәтте-ақ Алинаның нөміріне жіберді.

— Дайын, — деді ол Алинаға алғаш рет шынайы құрметпен қарап. — Міне, нағыз асыл арман деген осы болса керек.

 Алина күліп жіберді. Бұл оның соңғы үш жылдағы ешқандай есепсіз, пайдакүнемдіксіз шыққан алғашқы шынайы күлкісі еді. Ол өзін үш күндік қатаң диетадан кейінгіден де жеңіл, құстай еркін сезінді! Сол ақшаға сол балалар үйіне Құрбысымен барып беруді шешті… Бірақ қандай түрін де, екені шешпеді… Қазір ғана қолына түскен ақшаны ойша сауа бастап. Арыстанбектің сүйсіне қарап отырған жүзіне қарап:

— Ал сен ше? — деп сұрады Алина оған бұрылып. — Сен бұл бәсті не үшін бастап едің?

 Арыстанбек кофесін жәймен бір ұттап ішіп, терезе сыртындағы адамдарға толы қалаға бір сәт түр бермей қарап.

— Менің ата-анам маған бұл дүниеде бәрін де сатып алуға болады деп үйреткен еді, ал мен мейірімділікті сатып алу мүмкін емес екеніне көз жеткізгім келді. Рахмет саған, Алина. Сен жеңдің.

 Алина да терезеге көз тастады. Миссия аяқталды. Ол ақшадан да құнды сыйлыққа ие болды: ол шын жүрекпен жақсылық жасауды үйренді. Енді ол нағыз бақыттың S өлшеміндегі көйлекте, мінсіз жігіттің қасында немесе мың доллар ақшада емес, қағаз бетіне қисық қолтаңбамен жазылған қырық баланың есімінде екенін түсінді…

СОҢЫ

 

АВТОБИОГРАФИЯ  АБДРАМАНОВ АРСЛАНБЕК

 Аса Қамқор ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын.

 Сәлем, мен бірқатар кітаптардың авторымын олар — «Іштегі әтір», «Соғыс жайлы ғылым және оның алдын алу!», «Орта Азия Одағы» және оқиғалар «Миссия „Қызметші“», «Барлығын өзгерткен шындық», «Мен қалай жақсылық жасауды үйрендім», «Талант пен қызғаншақтық», «Қоқыстағы байлық» және т.б.

 Мен — Қазақпын, бірақ 14 Қаңтар, 2005 жылы Өзбекстанның Қоңырат (Кунград) қаласында дүниеге келдім. Бала күнім қарапайымдылыққа толы болды: үйдің жылуы, интернат, туыстар және ең үздік ұстаз — кітап деген мұғалім болды. Кітапты оқысаң — автормен сөйлескендей боласың! Өмірдің алғашқы сабақтары қатты еді, мені бала күннен-ақ тәрбиеледі. Үш жасымдағы төбем де қалған тыртық — өмір кейде із қалдырады, сол із кейінгі өмір тарихының бір бөлігіне айналады деген ой берді.

 Өмірімнің белгілі бір сәтінде Қазақстанға келдім — қазіргі уақытта Ақтауда тұрамын және өз қаламды, Маңғыстау облысын жақсы көремін. Бұл өңір маған асыл жердей: маған «Маңғыстаудың мақтанышы» деп айтқанына қуанамын — бұл атқа мен мейірімділікпен және үлкен жауапкершілікпен қараймын.

 Мен педагогика да, филология бөлімі бойынша оқимын және грант бергеніне «Жарқын болашақ» бағдарламасына шын жүректен алғыс айтамын. Мамандығым — қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі. Ұстаздық мен үшін — құрметті мамандық иесі. Балаларға білім бергім келеді, тәрбиелегім келеді, жас ұрпақты дұрыс жолға бағыттағым келеді, дәл мені бір кездері бағыттаған ұстаздар секілді. Болашақта басқа мамандық бойынша да оқып, білімімді толықтырғым келеді — иншаллах.

 Мен жиі спортпен шұғылданамын; ең сүйікті түрлері — футбол, дзюдо және әуесқой жүзу.

 Футбол — бұл жай ғана ойын емес, командалық рух: әр ойыншы жалпы стратегияның бір бөлігі және бұл жанкүйерлер эмоциясы мен бірліктің сезімі. Футбол ойнағанда мен барлығын ұмытып, тек доп пен ойнауға ден қоямын.

 Дзюдо — бұл тек техника ғана емес, философия: қалай құлап, қайта тұру, қарсыласқа құрмет көрсету және қарсыластың күшін өз пайдаңа қолдана білу.

 Жүзу — мен Каспий теңізінде жиі жүземін; бұл мен үшін медитация мен еркіндіктің бір түрі. Ол маған ішкі тыныштық табуға көмектеседі және төзімділікті нығайтып, дене мен ақылдың толық үйлесімін сезінуге мүмкіндік береді.

 Осы арқылы сізге шабыт берген шығармын деп ойлаймын, өйткені мен әлемді жақсартқым келеді және қолымнан келетіннің бәрін жасайтын боламын!

МЕН БҰЛ ӘҢГІМЕНІ ЯҒНИ ПОВИСТЬТІ ҚАЛАЙ ЖАЗДЫМ? 

 2018 жылдың қысы. Қалаға дейінгі жолдар қара мұз басып, көктайғақ болды. Аяз қатты болған соң сол күндерде интернет-мектебімнің қабырғаларында қамалып қалдым. Даладағы боран үйге қайту мүмкіндігінен айырып, күтпеген жерден қысқы демалыста толық жалғыздықта қалдырды. Бірақ тәрбиешілер, аспаздар да болды, деседе тыныштық пен құрдастарымның жоқтығы мазалағаны рас. Сағат сайын іш пысып ауыр ұйқышылдықтан құтылу үшін мен өз күнделігіме ойдан шығарған әңгімелерді жазуды бастадым.

 Осындай әңгімелердің бірі — «Барлығын өзгерткен шындық». Біраз жылдан кейін Нұрдаулет інім қолжазбаны тауып алды. Ол оны жай тауып қана қоймай, басып шығарып, «Ағамның күнделігі» деген жинағында жарыққа шығарды. Осының әсерінен мен ескі әңгімелердің әрқайсын жеке-жеке дамытып оларға жаңа өмір сыйлауға ынталымын.

АЛҒЫСТАРЫМ

 Ең алдымен — бір Аллаға, Жаратушыға, Оның мейірімі мен берекесі үшін шексіз алғысым шегіне жетпес.

 Әрине, бауырым Абдраманов Нұрдаулетке де ерекше ризашылығымды білдіремін! Оның зеректігі мен тапқырлығы болмағанда, осы әңгімелер әлі де ескі мұрағаттың ішінде ұмытып жатар ма еді — кім білген?

 Және ең соңында — анама, Набире Абдрамановаға шынайы алғысым — жай ғана бар болғаны үшін және менің анам болғаны үшін!

 Сіздерге де құрметті оқырмандар, оқып қазақ тілін дамытуға ат салысқаныңыз үшін алғыс айтамын! 


Пікірлер (1)

Тоғжан

қызық екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз