ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
ПЛЮМЕ КӨШЕСІНІҢ РАҚАТЫ МЕН СЕН-ДЕНИ КӨШЕСІНІҢ ШЕЖІРЕСІ
БІРІНШІ КITАП
ТАРИХТЫҢ КЕЙБІР БЕТТЕРІ
Бірінші тарау
ЖАҚСЫ ПІШІЛГЕН
Шілде төңкерісімен тікелей астасып жатқан екі жыл — 1831 және 1832 жылдар тарихтың ең бір таңғажайып өзіндік беттерінің бірін көз алдыңа келтіреді. Осынау екі жыл өткендегі және одан кейінгі кезеңдер арасындағы бәзбір екі тау сілемі сияқты. Олардан төңкеріс құдіретінің лебі еседі. Және олардан құлама құздарды да ажыратуға болады. Өркениеттің ең өзекті негізі, бір-бірімен тістей қабысып, тұтасып жатқан кен қатпарында қалың бұқарасы мен оның біте қайнасқан мақсат-мүддесі, ежелгі француз салт-санасының сан ғасырлық сұлбасы саяси жүйелер мен теориялардың һәм құштарлықтың таңғажайып қара бұлты арасынан бірде жалт ете қалып, бірде жойылып кетеді. Бұл шаң беру мен ғайып болу, айбат шегу мен ашыну деп аталады. Ара-тұра олар адам жанының шырағы — шындық шұғыласымен араласып тұрады.
Осы бір тамаша дәуір тар жол, тайғақ кешулерімен шектеліп, бізден недәуір алыстап кетті, сондығынан да оның басты сипаттарын ұғынуға мүмкіндігіміз бар.
Кәне, соны саралап көрелік.
Жаңғырту деген айқындауы қиын өліара кезеңнің бірі болды. Онда шаршап-шалдығу да, дүрбелең ду да, дабыра шу да, қалғып-мүлгу де, асып-сасу да бар, былайша айтқанда ол ұлы ұлттың асу алдындағы аялдамасы секілді болды. Өте-мөте өзгеше ол дәуірлер пайда көксеген саясаткерлерді сан соқтырды. Басында ұлт тек тыныс қана тілейді, бәрінің аңсайтыны — бір ғана тыныштық, барлығында бір ғана әрекет — қайткенмен құлдилап, төмендей беру. Осыны тыныш өмір сүру деп біледі. Ұлы оқиғалар, ұлы адамдар, керемет кездейсоқтықтар, кемел бастамалар дейсің бе — жо-жоқ, атамаңыз, оларға ықылық атқанша тойып біткенбіз. "Қандай кемеңгер, кішіпейіл король өзі!" деп жұрт Цезарьді Прузийге, Наполеонды король Иветоға айырбастап-ақ жіберер еді. Таң ағара шығып еді, енді міне кеш болды, ұзақ сарсылтқан ауыр күннің соңы, алғашқы аралықты Мирабомен, екіншісін — Робеспьермен, үшіншісін Бонопартпен жүріп өтті, барлығы да әбден титықтап, төсек болса құлай кеткелі тұр.
Шалдыққан жанкештілік, сарғайған жау жүректілік, тояттаған даңққұмарлық, шыланған байлық, тағы бірдеңелер іздеп шарқ ұрады, талпынады, тәңіріне жалбарынады. Ақыры, ат басын тірер баспанасын табады. Табады да олар дүниені билеп, тыныштық пен тынығуды уысында ұстайды. Өздері мәз-мейрам. Алайда дәл осы сәт аяқ астынан бір деректер шыға келіп, кеп қалғанын білдіріп есік қағады. Бұл деректерді төңкерістер мен соғыстар туғызған, олар өмірде бар, қоғамнан өз орындарын алуға хақылы және алып та отыр. Көбіне-көп бұл деректер ұстаным үшін пәтер әзірлейтін пәтер тапқыштар мен курьерлер болып шығады. Сонда саяси ойшылардың алдынан, міне, мыналар мен мұндалайды.
Қалжыраған жұрт тыныштық талап еткенше, болған іс кепілдік тілейді. Болған істің кепілі — ол да сол жұрт үшін тыныштық орнату.
Бұл да сол баяғы Англияның протектораттан кейін Стюардтардан талап еткен ісі, бұл да сол баяғы Францияның Империядан кейін Бурбондардан талап еткен ісі.
Бұл кепілдіктер — уақыт талабы. Ерікті, еріксіз болсын, онымен келісуге тура келеді. Корольдер оны "сыйға тартады", ал шын мәнінде олар өзінің көзге түсіп көрінгені үшін қалыптасқан жағдайдың күшіне қарыздар. Ақиқат тұңғиық терең, оны білу пайдасыз емес, бірақ Стюардтар 1660 жылы оған көз жеткізе алмады, бұл 1814 жылы Бурбондардың Наполеон құлағаннан кейін Францияға қайтып оралуға душар болған әулеттің апатты аңғалдығы, өзі сыйға тартқанды өзі қайтып аламын деп ойлауы еді; Бурбондар әулетінің қасиетті құқығы бар, ал Францияда ештеңе де жоқ, Людовик XVIII тарту еткен саяси құқық, қасиетті құқықтың Бурбондар әулеті сындырып алып, қашан қайтып алғанша пайдалана тұр деп халыққа сыйлаған бір бұтағы ғана деп топшылады олар. Алайда Бурбондардың бұл сыйлықты ықылассыз бергені оның түбі қайдан шыққанынан-ақ сезіліп тұруға тиіс еді.
XIX ғасырда олардың қабағы ашылған жоқ. Ұлт жаңадан көтерілген сайын ол қыржиып-тыржиды да отырды. Халықтың нысанаға дөп тиер әулеттегі сөз саптасымен айтқанда, Бурбондар бұрқылдады да жүрді. Оны халық көріп отырды.
Театрдың әшекейі сияқты Империя көз алдында ғайып болған соң әулет өзін күштімін деп топшылады. Өзінің де сахнаға осылай шыққанын елемеді. Ол өзінің Наполеонды сыпырып тастаған қолда отырғанын көрмеді.
Артында өткені болған соң ол түп тамырым бар деп ойлады. Бірақ адасты: ол өткеннің тек бөлшегі ғана еді, өткеннің бәрі Францияның өзі болатын. Француз қоғамының түп тамыры Бурбондарда емес, ұлттың өзінде еді. Көзге көрінбейтін, бірақ өміршең бұл тамырларды бәзбір отбасының құқығы емес, халықтың тұтас тарихы құрайтын. Ол тамырлар тақтың астынан басқа жердің бәріне тарамдалып жайылып жатты.
Бурбондар тұқымы Франция үшін оның тарихының керемет қанды іріңіне айналып, қайтып ол ел тағдырының маңызды тетігі, оның саясатының қажетті негізі бола алмады. Бурбондарсыз-ақ күн көріп, жер басып жүруге болады екен; оларсыз да жиырма екі жыл өмір сүрді; бұл арада ақтаңдақ та болды, бірақ олар оны көре алмады. Иә, Людовик XVII тоғыз жаз патшалық құрды, ал Людовик XVIII Маренго түбіндегі шайқаста ғана билік етті деп топшылайтын тоғышарлар оны қайдан көре алсын. Тарихтың алғашқы күнінен бастап патшалар ешқашан деректер алдында һәм құдайы билік алдында дәл мұндай көрсоқыр болған емес. Корольдер құқығы аталатын опасыз дүниенің мынау талпыныс-талабы мәртебелі құқықты дәл мұндай ешқашан жоққа шығарған емес.
Бурбондардың осы елеулі қатесі олардың қолын 1814 жылы "сыйға тартылған" кепілдіктерге, өздері атағанындай, әлгі "жол беруге" жұмсатты. Қасіретті-ақ құбылыс! Олардың "жол беру", көну деп жүргендері біздің жеңістеріміз еді, олардың "заңсыз басып алу" деп жүргендері біздің заңды құқығымыз еді.
Әулеттің ойынша, Жаңғыртудың күні туып, ол Наполеонды жеңіп, елде тұрақтылық орнады деп өз күшіне кәміл сенген олар аяқ астынан шешуші соққыға бел буды. Бірде ол ертеңгілік Франциямен бетпе-бет келіп, оған дауыс көтеріп, халық құқығы мен жеке құқықты салғастыра бастады: ұлттікі жоғары басымдық та, азаматтікі бостандық деп танылды. Басқаша айтқанда, әулет ұлттан өзін ұлт қылып отырғанды, азаматтан өзін азамат қып отырғанды тартып алуға тырысты.
Шілде жарлығы аталатын атышулы оқиғаның мәні, міне, осында.
Жаңғыртудың да быт-шыты шықты.
Әділет осыны талап етті. Соған қарамастан ол озық атаулының барлық түріне ақыр аяғына дейін жауыға қарады деуге болмайды. Онымен үзеңгілес жасалған ұлы оқиғалар аз емес.
Жаңғырту тұсында ұлт айтыс-тартысты тыныштықпен ұштастыруға дағдыланды, Республика кезінде бұндай болған жоқ-ты, айбындылықты байсалдылықпен ұштастырды, Империя кезінде бұндай болған жоқ-ты. Әулетті де азат Франция Еуропаның өзге халықтары үшін дем берер өнегеге айналдырды. Робеспьер тұсында сөзді Революция алды, Бонопарт тұсында зеңбіректер алды, Людовик XVIII мен Карл X тұсында ақыл-ой алды. Жел басылып, шырағдан қайта жанды. Бұлтсыз шыңдарда ақыл-ойдың айқын, ашық, саф таза нұры шалқыды. Ол дегенің таңғажайып, тағылым аларлық һәм көз тартарлық көрініс болды. Он бес жыл бойы мызғымас бейбітшілік жағдайында ойшылдар үшін көне, саясаткерлер үшін жаңа ұлы ұстанымдар: заң алдындағы теңдік, ар-ождан бостандығы, сөз бостандығы, баспасөз бостандығы, күллі қабілетті адамдардың барша лауазымға қол жеткізуіне жол ашу сияқты ұлы ұстанымдары ашық жұмыс істей бастады. Осы үрдіс 1830 жылға дейін созылды. Бурбондар құдіретті күштің қолында сынған өркениет құралы ғана болды.
Бурбондардың күйреуі олардың өзі көрсеткен маңғаздығы емес, ұлттың айбындылығының арқасы. Олар жақтан маңғаздана түскенмен ұлылық таныта алмады, бірден түнекке сүңгіп кетті. Бұл тарихқа толқытарлық тұңғиық із қалдырған салтанатты ғайып болулардың ешбіріне жатпайды, ол Карл І-нің о дүниеге аттанып тыныш табуы емес, Наполеонның қыран саңқылы да емес. Олар тайып тұрды, бірақ атақ-даңқын сақтай алмады. Олар бұны кісілікпен жасады, бірақ корольдерше жасай алған жоқ. Бәзбір жағдайда олар өздері тап болған бақытсыздықтан төмен деңгейде көрінді. Карл X Шербургке бара жатып, дөңгелек үстелден төртбұрышты жасаңдар деп нұсқау берді, бақсақ оны монархияның күйреуінен гөрі әдет-әдепке төнген қатер көбірек мазалаған тәрізді. Оның мінезіндегі мұндай ұсақтық король отбасын жақсы көретін адал берілген адамдарды, король тұқымын құрмет тұтатын жағымды жандарды күйзелтті де. Оның есесіне халық қайран қалды. Бірде ертеңгілік шабуылға ұшыраған ұлт корольдің өзінше бір қарулы бүлігіне тіптен де ашынбай, өз бойынан әлемет бір күш-жігер сезінді. Тойтарыс бергенімен де табандап тұра алмай, бәрін орын-орнына қойып, заң аясында ел басқаруды қайта қайтарды, Бурбондарды айдап жіберді де, осымен тынды. Ол қарт король Карл Х-ны Людовик XIV әшекейлеген тақ пердесінен алып шығып, ақырын ғана жерге қойды. Король шаңырағының қадірлі кісілеріне мұңая, мәпелей қарады. Бір емес, бірнеше адам емес, бүкіл Франция, өз жеңісіне масайраған жеңімпаз Франция Гильом дю Вэрдің мына бір тамаша сөзін еске түсіріп, оның жүзеге асқанын айдай әлемнің алдында паш етті. "Мынау дүниенің ұлыларының мейірім гүлін жұлып алуға, бір бұтақтан бір бұтаққа ұшып-қонған торғайдай, қамыққандардан қарбытқандарға қарғуға дағдыланғандарға өз патшасына тарпаңдық таныту, әсіресе оның тағдыры тәлкекке түскенде оп-оңай; ал өз басым, әсіресе қасіретке тап болған корольдерімнің тағдырын әрқашан қастерлеймін", — деген еді ол баррикадалар күнінен кейін.
Бурбондар Францияның аянышын емес, тек құрметін ғана ала кетті. Бұрын айтқанымыздай олар тап болған бақытсыздығынан ұсақ көрінді де, көкжиекке сүңгіп жоқ боп кетті.
Шілде төңкерісі дүйім дүниеде өзінің достары мен дұшпандарын заматта-ақ тапты. Біреулер оған алақайлап қуана ұмтылды, енді біреулер өз табиғатына орай одан теріс айналды. Еуропа патшалары таңғы шұғылаға көзі қарығып, алғашқы сәтте абдырап қалатын жапалақ құсап тек айбат шегіп, сес таныту үшін ғана жұмған көздерін ашып алды. Олардың үрейленуі түсінікті, ызалануының әбден орны бар. Осынау әлемет төңкеріс күйзеліс әкелген жоқ, ол тіпті жеңілген Бурбондарға жау деп қарамай, қантөгіске бармады. Бостандықтың өзін өзі қаралап көрсетуіне құмар өміршіл үкіметтердің көз алдында Шілде төңкерісінің кінәсі қаһарлы бола тұрып, момындық танытқаны еді. Айтқандай, оған қарсы ештеңе ойластырылған да, қарастырылған да жоқ. Тіпті басқалардан көбірек қорыққандардың өзі, әсіресе наразылар мен шамданғандардың өзі оны құттықтап жатты. Қанша жерден өзімшіл һәм кекшіл болсақ та, адамға берілген қарекет жасаудан гөрі жоғары қимылға баратын бәзбіреулердің жанашырлығын сезіну оқиғаға деген астыртын құрметімізді арттыра түседі.
Шілде төңкерісі — тұрпайы деректің күлін көкке ұшырған құқықтың салтанаты. Ұлылықты ұлықтатқан оқиға.
Тұрпайы деректің күлін көкке ұшырған құқық! 1830 жылғы төңкерістің жарқын жарқылы да осында, шапағат-шарапаты да осында. Салтанат құрған құқықтың күшке қол артуының қажеті жоқ.
Ақиқат пен әділет атаулының бәрі — құқық.
Құқықтың ажырағысыз сипаты — мәңгі сұлу әрі таза болу. Замандастары жақсы-ақ қабылдаған сөзсіз болуға тиіс оқиғаның өзі егер ол тек дерек ретінде ғана өмір сүріп, құқығы аз болса немесе мүлдем болмаса, ол күндердің күнінде сұрықсызданып, жиіркенішті көрініп, тіпті сұмпайы боп шығуы айдан айқын. Кімде-кім оқиғаның ғасырлар шалғайында қалай сұмпайыланып көрінетініне көз жеткізгісі келсе, Макиавеллиге назар аударсын. Макиавелли әсте де қаскөй рух емес, дию-пері де емес, жеккөрінішті бейшара жазушы да емес, деректен асар ештеңесі де жоқ. Бұл Италияға ғана емес, Еуропаға ғана емес, бүкіл XVI ғасырға түгел тән дерек. Оның жиіркенішті көрінуі де мүмкін, XIX ғасырдың парасатты идеясы тұрғысынан қарағанда солайы солай да.
Құқық пен дерек арасындағы бұл күрес қоғам пайда болған күннен бері жалғасып келеді. Жекпе-жекті доғарып, таза идеяны адам өмірінің шындығымен қорыту, құқықты бейбіт жолмен дерек саласына енгізіп, деректі құқық саласына сабақтау, екеуін де соған мойынсұндыру — ақылдылардың ісі, міне, осындай болады.
Екінші тарау
НАШАР ПІШІЛГЕН
Алайда ақылы кемел адамдардың жұмысы бір бөлек те, пысықай кісілердің қарекеті бір басқа.
1830 жылғы төңкеріс тез аяқталды.
Төңкеріс апатқа ұшыраса-ақ болды пысықайлар оның қайраңдаған кемесін бөлшек-бөлшек етіп таси бастайды.
Біздің заманның пысықай жандары өзін мемлекет адамдарымыз дейді; ақыр аяғында осынау "мемлекет адамы" деген атау өзгеден ерекшелеу реңкке ие болып кетті. Шын мәнінде пысықайлықтан басқа ештеңесі жоқтар жүрген жерде ортақолдылық андағайлап тұратынын ұмытпаған абзал. "Пысықай кісі" деген сөз бәрібір "жай ғана жан" дегенмен бара бар.
Тура сол сияқты "мемлекет адамы" дегенді кейде "опасыз" деп те айтуға болады.
Сонымен пысықайларға сеніп қалсақ, Шілде төңкерісі тәрізді революцияларды күре тамыры қиылған деп санап, жарасын таңу керек. Рас, тым асыра айғайлап жариялау жұртты дүрбелеңге салады. Сондықтан құқық бекітілісімен-ақ мемлекетті нығайту қажет. Бостандық қамтамасыз етілді екен, билік жайын ойланған абзал.
Ақылды даналар пысықайлардан іргесін ажыратып алғанша, өздеріне деген жұрттың сенімсіздігін сезінеді. Билік өз алдына. Ең алдымен, билік дегеніміздің өзі не? Екіншіден, ол қайдан шыққан?
Пысықайлар сыбырлай айтқан қарсылықты естімеген сыңай танытып, өз ісін жалғастыра береді. Бас пайдасын қажеттілік жалған пердемен бүркемелеген осынау әккі саясаткерлердің пікіріне қарағанда, халықтың төңкерістен кейінгі алғашқы қажеті, — егер ол монархиялық Еуропа жұртының бір бөлігін құрайтын болса, — өзіне әулет тауып алу. Осы тәсілмен төңкерістен кейін тыныштыққа қол жеткізуге болады, дейді олар, былайша айтқанда, жараны емдеп, үйіңді жөндеп алуға уақыт болады-мыс. Әулет болса, құрылыс ағаштарын жасырып, емханаларды бүркемелейді.
Алайда, өзіңе әулет тауып алу ұдайы оңайға түспейді.
Шын мәнінде алғаш ұшырасқан дарынды адам немесе бірінші боп сәтті кездескен кісі король орнына да жүріп кетеді. Бір ретте бұл — Бонопарт, басқа жағдайда Итурбиде болуы мүмкін. Бірақ бірінші кездескен фамилия әулет құра алмайды. Тұқымның түп-тұқияндығы, әйгілілігі қажет, ғасырлар таңбасы аяқ астынан түсе қалмайды.
Егер "мемлекет адамдарының" көзқарасы тұрғысынан келіп, ықтимал пәле-жалаларды ескерер болсақ, төңкерістен кейінгі жаңа корольде қандай қасиеттер болу керек? Бәлкім, оның төңкеріске қатысы бар революционер болғаны да пайдалы шығар. Бұл арада оның қолына балта ұстап немесе қылышпен қайрат көрсетіп, өзіне көлеңке түсірген-түсірмегенінің еш қатысы жоқ.
Ал әулеттің қандай қасиеттері болуы керек? Ол ұлт үшін қолайлы, аулақтан қарағанда, іс-қимылымен емес, тың идеяларды қабылдауымен төңкерісшіл болып көрінуі шарт. Ол өткені бар тарихи әулет болуы, келешекті ойлап, халықтың ықыласына ие болуы қажет.
Осының бәр-бәрі алғашқы төңкерістердің неліктен Кромвель немесе Наполеон тәрізді адамдар тауып қанағаттанғанын, ал екіншілердің неліктен ат-атақ қуып Брауншвейг немесе Орлеан сияқты әулеттер табуға тырысқанын түсіндіріп бере алады.
Король тұқымдары Италиядағы інжір ағашына ұқсайды, оның әр бұтағы жерге дейін иіліп, тамыр жайып, өз алдына дербес ағаш боп шыға келеді. Сол сияқты король тұқымының да әр бұтағы халыққа иілер болса, өз алдына әулет болып шыға келуі мүмкін.
Пысықайлардың теориясы, міне, осындай.
Әлқисса, ең ұлы өнер мынау: табыс кернейінен апат сарыны да естіліп, оның жемісін татқандар онымен қатар дірілдеп, үрейленіп отыруы керек, болған оқиғаның алдында үрей тудырып, ілгерілеу жету жолындағы ойқыл-шойқылды көбейтіп, қимылды бәсеңдету, арай таңды тұмшалап, ынта-жігерді беттен қағып пәс тартқызу, үшкір бұрыштар мен тырнақты қырқып, жеңіс салтанатын мақтаға орап тастау, құқықты мұқият құндақтап, алып халықты бөзге бөлеп, жедел төсекке жатқызу, асып-төгілген денсаулығын диетаға тәуелді етіп, Геркулеске аурудың емін қолдану, маңызды оқиғаларды күнделікті күйкі істермен бүркемелеп, мұрат-мақсат аңсаған ақылды бастарға әлгі дәріге ашытылған балауыз ұсыну, аса ірі табыстарға қарсы сақтық шараларын жасап, төңкеріске тұмылдырық кигізіп қою қажет-мыс.
1830 жылы Англияда 1688 жылы қолданылып кеткен осы теорияны пайдаланды.
1830 жыл дегеніміз жеріне жетпей, орта жолда қалған төңкеріс. Жартыкеш прогресс, жартыкеш құқық! Алайда, ой қисыны шырағданның сәулесін мойындамайтын күн сияқты жарты кештікті қабылдамайды.
Төңкерісті орта жолда қалдыратын кім? Буржуазия.
Неліктен қалдырады ол?
Өйткені буржуазия деген ындыны тойған топ. Кеше ішкісі-жегісі келіп еді, бүгін тоқ, ертең шеңбірек ата тояды.
Наполеоннан кейін 1814 жылы болған жәйт 1830 жылы Карл X-дан кейін қайталанды.
Буржуазияны бекер тап жасағысы келді. Буржуазия, былайша, халықтың қарны тойып, қанағаттанған бөлігі. Буржуа деген енді тізе бүгіп отыруға уақыты бар адам. Орынтақ дегенің әсте де каста емес.
Алайда ертерек жайғасуға тырысып, адамзаттың алға жылжуын бөгеп алуға болады. Бұл көбіне-көп буржуазияның қатесі.
Әйткенмен, қателік жасау тап дүниеге келе қалды деген сөз емес. Өзімшілдік қоғамдық тәртіптің бір бөлігі болып табылмайды.
Сайып келгенде, өзімшілдіктің өзіне де әділ қарау керек, өйткені ол да халықтың буржуазия деп аталатын бір бөлшегінің 1830 жылғы күйзелістен кейінгі үміт сезімі бар ғой, өзегінде ар-ұят нышаны жатқан оны енжарлық пен немқұрайдылық қабаттаса жүргеніне қарамастан әсте де қарекетсіздік деуге болмайды; бұл бір сәт бәрін ұмыттыратын ұйқы алдындағы қалғып кету де емес, нағыз дамылдаудың өзі.
Дамылдау — екіұдай, айрықша әрі қарама-қарсы мағынасы бар: жасақ жорықта жүр, яғни қозғалыс үстінде; жасақ аялдады, яғни тынығып алмақ деген сөз.
Дамылдау — күшіңді қалпына келтіру, тыныс алу, абайлай отырып, сергіп тынығу; былайша айтқанда, бұл сақтық жасап, күзет қойып, демалуға кірісетін сәт. Дамылдау дегеніміз кешегі шайқасты, ертеңгі шайқасқа әзірлікті білдіреді.
Бұл 1830 бен 1848 жылдардың аралығындағы кеңістік.
Біздің шайқас деп отырғанымыз бұл арада прогресс болып шығуы да мүмкін.
Сөйтіп, буржуазия үшін, сондай-ақ мемлекет адамдары үшін осы дамылдау деген түсінікті бейнелеп беретін кісі керек болды. Ол кісі әзір Бәлкім-Яғни атануы да ықтимал. Төңкеріс пен тұрақтылықты білдіретін, басқаша айтқанда, бұрынғы мен болашақтың бір арнада тоқайласуының өнегесін көрсетіп, бүгінгіні беркітетін күрделі тұлға болуы керек.
Ондай адам жаныңда жүр екен. Оның аты — Орлеандық Луи-Филипп. Екі жүз жиырма адамның дауысы Луи-Филиппті король жасады. Лафайет өзіне оның маңдайына май жағу міндетін алды. Луи-Филиппті ол "республикалардың таңдаулысы" деп атады. Париж ратушасы Реймстегі соборды алмастырды.
Осы бір тұтас тақты жарты тақпен алмастыру да "1830 жылдың ісі" болды.
Епті адамдар өз мақсатына жеткен тұста, олар тапқан шешімнің мызғымас беріктігі байқалды. Бұның бәрі шексіз құқықтан тыс жүзеге асты. Шексіз құқық "Мен қарсымын!" деп айқай салды. Сосын айбарлы белгі шықты да, ол да көлеңкеге сүңгіді.
Үшінші тарау
ЛУИ-ФИЛИПП
Төңкерістің қолы қатты, сезімі сергек, сондықтан дәлме-дәл әрі күшті соғады олар. Тіпті 1830 жылғы революция сияқты сынға ұшырап, кішігірімдер қатарына қосылған толымсыз, болмашы төңкерістің өзі уақытсыз оқиға саналмас үшін әрдайым дерлік әулиелік қырағы назарда болады. Төңкерістердің тұмшалануы әсте де одан бас тарту емес.
Алайда өзімшілдікке салынып, өзімізге өзіміз тым сене бермейік; тіпті төңкерістердің өзі де адасады, сонда оның ірі олқылықтары көрініп-ақ қалады.
1830 жылға оралайық. Өз жолынан ауып сәтті болып шықты. Мөлтек төңкерістен кейін қалыптасқан жағдай тәртіп деп аталды, монарх монархиядан артық болып шықты. Луи-Филипп сирек кездесетін кісі екен.
Әрине, тарих кешіріммен қарайтын, дегенмен құрметке лайық кісінің баласы, әкесі сияқты қызартуға тұратын оның бойында жеке адамға лайық кісіліктің бәрі бар, қоғам қайраткеріне тән қасиеттері де табылады; өз денсаулығына, көңіл-күйіне, өз кісісіне,өз ісіне мұқият қарайды, уақыттың құнын, жылдың бағасын жақсы біледі; ұстамды, ұшқалақ емес, тыныштықты сүйеді, төзімді, қайырымды әрі мейірімді тақсыр, жарына адал, сарайында буржуаға оның жар төсегін көрсетуге тиіс күтушілер ұстайды, аға буындарының заңсыз байланыстары әшкере болып қалғаннан кейін оның салиқалы жұбайлық өмірін мақтан тұтуы пайдаға асты, күллі еуропалық тілдерді біледі, ынта тудырған басқа тілдерде де ара-тұра сөйлеп қояды; "орта таптың" кісі қызығарлық өкілі болды, бар жағынан артықшылығына қарамастан өз ортасынан асқан жоқ; сирек ақылымен даралана тұрып, өз ата-тегін қастерледі, ең алдымен өзінің ішкі қасиеттерін бағалай білді, тіпті түп-тегі туралы мәселе қозғалғанда да Бурбон емес, Орлеан әулетіненмін де мүлдем өзгеше бағдар ұстанды; "ғизатлу" атанған тұста ол өзін тұқымның тұңғыш ханзадасы сияқты ұстап, "мәртебелі" атанғанда нағыз буржуаға айналды, жұрттың алдында көп сөйлейтін ол жақындарының ортасында сөзге сараң, бірақ онысы әшкереленбеген, шын мәнінде ол ұқыпты адамдардың бірі, алайда іс насырға шауып, қарыз өтеуге келгенде орынды жерінде ақшасын төгіп те тастайды, көп оқиды, әйткенмен әдебиетті талғай алмайды; дворян екені дворян, тек сері емес, кішіпейіл, сабырлы әрі қарулы; отбасы мен қызметшілері қадір тұтады, баурап алар сұхбаттас, есті мемлекет қайраткері, іштей салқын, салмақты, қашанда көкейкесті қажеттерге шомып жүреді, қашанда тек бүгінгі күнді ғана ескереді, кекшілдікке де, рақымшылдыққа да жоқ жан, аса көрнекті кісілерді аяусыз пайдаланып, ортақолдылардың мазасын алмайды, парламенттік көпшіліктің көмегімен тақ астында дабырлаған астыртын бірлестіктерге бар кінәні арта біледі; ашық, кейде ашықтығымен абайламай да қалады, алайда сол абайсыздығымен айлакер-ақ, қару мен бетперде таңдаудан қайтпайды, Францияны ол Еуропамен, ал Еуропаны Франциямен қорқытып жүр; өз отанын сүйетіні даусыз, ал өз отбасын одан бетер жақсы көреді; беделден билікті, кісіліктен беделді артық көруге бейімдігі зарарлы қасиет, бірақ барлығын табыс жолында қызмет етуге жұмылдырып, қулық-сұмдыққа да барады, сөйте тұра ождандықты жоққа шығармайды, онда саясатты күрт дүмпуден, мемлекетті күйреуден, қоғамды апаттан сақтайтын артықшылық бар деп бағамдайды; бұл өзі ұсақ, сыпайы, қырағы, ілтипатты, сұңғыла, қажырлы адам болды, кейде өзіне өзі қайшы келіп, берген сөзін қайтып алып отырды; Анконадағы Австрияға келгенде батыл, Испаниядағы Англияға келгенде тоңмойын, Антверпенді бомбалап, Притчардқа төлем төлейді; Марсельезаны сеніммен шырқайды; мойып-мұңаю, шаршап-шалдығу, сұлулық пен мұратқа елігу, ойсыз көңілшектік, құрғақ қиял, ашу-ыза, мансапқорлық, қорқу-үрку дегендер оған жат; жау жүректіліктің барлық түрін меңгерген, Вальмидің жанында — генерал, Жемапенің жанында солдат бола қалады; оны сегіз мәрте өлтіруге оқталды, бәрінен де жымиып қана құтылды; гренадердей батыл, ойшылдай ержүрек ол Еуропаның ірі мемлекеттерінің іргетасы шайқалар алдында ғана мазасызданды, асылы ол ірі саяси арандатуларға қабілетсіз еді; өз басын бәйгеге тігуге бар ол өз ісін ешқашан қатерге ұшыратқан емес, ақылды адам ретінде бағындыруды артық санаған ол өз ырқын ықпал түрінде көрсетті; көрегендігімен емес, аңғарғыштығымен ерекшеленді; рухтарға ден қойған жоқ, ал адамдардың асқан білгірі болды, басқаша айтқанда, көргені арқылы байлам жасады; ойы сара, ақылы айқын, сұңғыла, тәжірибелік мәні бар, сөзге шешен, жады ұлан-ғайыр, дерек дегенде әмсе содан көсіп алып отырады, Цезарьға, Александр мен Наполеонға бір ғана ұқсастығы осы; деректерді, мән-жайды, атаулы күндерді, төл есімдерді түгел дерлік біле тұрып, ол тобырдың құмарлығы мен құштарлығын, рухани әртектілігін, адам жанының құпия сырларын, қимас қымбат, күңгірт шақтарын — бір сөзбен айтқанда, сананың суасты ағыстары деуге болатынның бірін де біле алмады; Францияның төмендегілермен қатысы шамалы жоғарғы тарабы мойындаған ол қиындықтан тек айла қулығының арқасында шығатын; тым көп басшылық жасады, бірақ патшалықты жеткілікті құра алған жоқ; өзінің меншікті бірінші министрі болды; болмашы деректермен ұлы идеяларға кедергі келтірудің жолын керемет таба қояды; прогреске, тәртіп пен ұйымдастырушылыққа шынайы септесе білуді кесір келтірер формализм рухымен біріктіріп, мидай шатыстырды; Ұлы Карлдан бәз-бірдеңе, іс қуушыдан бәз-бірдеңе еншілеген ол әулеттің негізін салып, шыңдаушысы саналды; тұтас алғанда, елеулі де өзгеше тұлға болған, Францияның байбаламына қарамастан, Еуропаның алакөздігін қаперіне де алмай билікті нығайта білген патша Луи-Филипп өз ғасырының аса көрнекті адамдарының санатына қосылады; атақ-даңқты көбірек күйттегенде, бойындағы пайдалы болу сезімінің деңгейінде ұлылық сезімі болғанда ол тарихтағы даңқты билеушілердің ортасынан ойып тұрып орын алар еді.
Луи-Филипп жасында көркем болды, қартайғанда да көз тартар қалпын сақтап қалды; ұдайы ұлттың алақанында жүрмесе де, бұқараның ілтипатын еншіледі. Оның жұртқа ұнайтын қасиеті бар еді. Оған ұлылық жетпеді; ол король болса да тәж кимеді, қартайса да ақ шашын жалбыратпады, әдеп мәнерін ол ескі тәртіптің тұсында, ал әдет-дағдыны жаңа тәртіп кезінде игерді, оның өзі 1830 жылға сай келетін дворян мен буржуаның қоспасы болатын; Луи-Филипп өтпелі кезеңде патшалық етті де, көне сөз саптау мен көне жазуды сақтап, оларды қазіргі көзқарастарды бейнелеу үшін пайдаланды; ол Польша мен Венгрияны сүйді, бірақ polonois деп жазып, hongrais деп айтты (жаңаша олар: polonais және һongrois). Карл X сияқты ұлттық гвардияның мундирін киді, Наполеон сияқты Құрметті легионның лентасын тақты.
Ол ғибадатханада сирек болды, аңға шыққан жоқ, операда ешқашан төбе көрсеткен емес. Поптарға, итбегілер мен бишілерге ілтипат білдірген жоқ, буржуа ортасында аты кең жайылуының бip себебі осы. Онда аула деген мүлдем болған емес. Көшеге ол жаңбырдан қорғанар қолшатырын қолтығына қысып шығатын, оның даңқын асырып жүрген де осы дағдысы. Ол ептеп масон, ептеп бағбан, ептеп емгер болды. Бірде ол аттан құлаған шабандозды қан шығарып емдеді, содан бері қанжарын тастамайтын Генрих III сияқты қандауырсыз жүрмейтін болды. Роялистер оны емдеу үшін қан шығарған тұңғыш король деп келекелеп күлкі етіп жүрді.
Тарихтың Луи-Филиппке артар кінәсіне келсек, оны оның өзіне қоймау керек; бәзбір айыптаулар монархияға қатысты; екіншісі — патшалық құруға, ал енді бірі корольге қатысты; үш баған, үшеуінің де қорытындысы бар. Демократия құқығын жою, соңғы қатарға ысырылған прогресс, бұқара бас көтеруінің қатал басып-жаншуы, көтерілісшілердің атылуы, қарудың күшімен ауыздықталған бүлік, Транснонен көшесі, әскери соттар, нақты өмір сүріп жатқан елдің заң арқылы танылған елге жұтылып кетуі, үш мыңдай дәрежелілердің науқандық негізде ел басқаруы үшін монархия жауап беруге тиіс; Бельгиядан бас тарту, ағылшындардың өркениет таратушы емес, жыртқыштар сияқты Үндістанды басып алғанындай Алжирді асқан қиындықпен бағындыру, Әбәл-Қадырға жасалған тұтқиыл жауыздық, Блей сатып алынған Дейц, төлем төлеп отырған Притчард — бұл үшін Луи-Филипп патшалық құрған кезең жауап беруге тиіс, ұлттықтан гөрі отбасылық саясат үшін король жауап береді.
Көріп отырғандарыңыздай, осыларды есептей келгенде корольдің кінәсін азайтуға болады.
Оның елеулі қатесі мынандай: ол Францияның игілігі үшін қарапайым болды.
Бұл қателіктің түп-тамыры қайда?
Қазір түсіндіреміз оны.
Король Луи-Филипптің жан сарайында әке сезімі менмұндалап тұратын; әулет самғап шығуға тиіс отбасын түлетудің өзі беймаза ететіннің бәрінің алдындағы үреймен тығыз байланысты болды; халыққа таңылған батылсыздық та осындай арна тартты, ал бұл әдеттегі дәстүрінде 14 шілде әскери дәстүрінде Аустерлиц бар халық еді ғой.
Айтпақшы, бірінші орында тұруға тиіс қоғамдық міндеттерінен мойын бұрар болса, Луи-Филипптің өз отбасын мейлінше жақсы көретіні әбден орынды. Оның үйдегі төңірегі таңғажайып. Ондағы сыйластық адамгершілікпен, өнерпаздықпен астасып жатты. Луи-Филипптің бір қызы Мария Орлеанская, өз тұқымын ақындар арасында абыройға бөлеген Карл Орлеанский сияқты, суретшілер ортасында даңқын асырды. Ол өз жан жылуын Жанна д'Арк деп аталатын мәрмәр мүсінге берді. Луи-Филипптің екі ұлы Меттернихтың "Мұндай жас жігіттер кездеспейді де, мұндай ханзадалар болмайды" деген көпірме мақтауын еншіледі.
Луи-Филипп жөніндегі артық-кемі жоқ шындық, міне, осындай.
"Теңдіктің ханзадасы" болып, Жаңғырту мен Төңкерістің арасындағы қайшылықты мойынға арту, билеушіні сабырға шақырып, беймазалыққа бой алдырмайтын революционерге тән бейімділік Луи-Филипптің 1830 жылғы сәттілігінің негізгі себебі болатын; бұған дейін адамның болар іске дәл бұлайша бейімделуі ұшыраспаған-ды; біреу біреуге кірігіп тұтасты да кетті. Луи-Филипп дегеніңіз адамға айналған 1830 жыл. Оны аз десеңіз ол үшін маңдайына тақ бұйырғандардың ұлық тағдыры — қуылудың өзі-ақ айтып береді. Ол кедей еді, сотталды, ел де кезді. Маңдай терімен өмір сүрді. Франциядағы ең бай король иелігінің мұрагері аштан өлмес үшін Швейцарияда кәрі лақса атын сатты. Рейхенауда ол математикадан сабақ берді, ал қарындасы Аделаида тоқумен, іс тігумен шұғылданды. Корольдің жақынына байланысты бұл қауесет буржуаларды қайран қалдырды. Ол Мон-Сен-Мишельдегі Людовик XI жасатқан, Людовик XV қызмет еткен ең соңғы темір торды өз қолымен талқандады. Дюмурьенің серігі, Лафайеттің досы болған ол якобиншілер клубының мүшесі де еді; Мирабо оны арқасынан қақты; Дантон оған ұдайы "жас жігіт" дейтін. Жиырма төрт жасында, 93-ші жылы Шартр герцогы боп жүргеннің өзінде Конвент залының кішкентай күңгірт ложасының түкпірінде отырып, "Байғұс тиран" деп сәтті аталған Людовик XVI-ның сотына қатысты ол барлығын да көзбен көріп, бас айналар өзгерістерді, яғни монарх арқылы монархияны күйретіп, монархиямен бірге монархты құлатқан, бұрқанған идеяның ышқынған сәтінде адамды адам деп білмейтін көзсіз сәуегейлігін ой елегінен өткізді; ол төңкеріс трибуналындағы халық ашу-ызасының буырқанған құдіретті дауылын көзбен көрді, сол дауылдың астында патша басын ойсыз шайқап қойып, Капеттің қойған сұраққа қандай жауап берерін білмей қипақтағанының куәсі болды, апатқа қатысып сотталғандардың да, соттағандардың да біршама кінәсіздігін іштей сезді; ол Конвент соты алдында жаутаңдаған жүздерді шалып, көз алдынан жауапкершіліктің бар ауыртпалығы мойынына түсіп, қырсық иектеген Людовик XVI-ның қушиған арқасынан ең басты айыпталушы — Монархияның сұлбасын өткізді де, құдайдың шексіз қазылығы сияқты халықтың бұлтартпас әділ сотының алдындағы ілтипатты үрей кеудесін кернеп кетті.
Төңкерістің оған қалдырған ізі өшпестей еді. Оның жады осынау жылдардың әр сәті табын қалдырған жанды мөр сияқты. Бірде ол сенбеуге еш болмайтын бір куәгердің алдында Құрылтай жиналысы мүшелерінің фамилиясы "А"-дан басталатын тізімнің бәрін жады бойынша түзеп берді.
Луи-Филипп күн жарқырап тұрғанда патшалық құрған король болды. Ол патшалық құрған тұста баспасөз еркіндігі болды, мінбер бостан болды, сөз бен ар-ождан еркіндікте болды. Мизам заңдарында саңылау бар. Айқын сәуле артықшылықты өндіре беретінін біле тұра өз тағын жарқыратып қойды. Тарих оның осынау ниеттестігін ескеретін шығар.
Сахнадан кеткен күллі тарихи қайраткерлер сияқты Луи-Филипп те адамның ар-ождан сотына тартылуға тиіс. Оның ісі әзір алғашқы сатыдан ғана өтті.
Тарих еркін, өктем үнмен жариялайтын сын сағат ол үшін әлі туған жоқ, бұл король туралы түпкілікті шешім шығаратын уақыт әлі болған жоқ; атақты қатал тарихшы Луи Бланның өзі оған шығарған үкімін жуықта жұмсартты; Луи-Филиппті екі жүз жиырма бірдің басым дауысы мен 1830 жыл аталатын екі шалағай, яғни жартыкеш парламент пен жартыкеш төңкеріс сайлады; қалай болғанмен де философия табандап тұруға тиіс бет-жүзін бар демейтін көзқарас тұрғысынан келгенде, жоғарыда айтқанымыздай, шексіз демократиялық ұстаным үшін деп, оны соттауымыз керек еді. Адам құқығы мен халық құқығынан тыс кез келген шексіз құқықтың алдында заңсыз басып алу деген де бар емес пе. Алайда қазіргі кезеңде, барлық жағдайды безбендеп, осындай ескертулер жасай отырып, біз Луи-Филипп қанша жерден талқыласақ та, көне тарих тілімен айтқанда, өзінің адамгершілік парасатымен, бәзбір таққа отырған патшалардың ішіндегі таңдаулыларының бірі болды дей аламыз.
Оған қарсы куәлік беретін не, өзі? Әлбетте, ол тақ. Луи-Филиппті король атағынан айырсаң ол адам болып қала береді. Және абзал адам боп қалады. Тіпті таңғаларлықтай жақсы кісі боп шығуы да. Көбіне қиын қам-қарекеттің арасында, Еуропа дипломатиясына қарсы күреспен өткізген күндері кешкісін оның тынысжайына оралып қалжырай жығылып ұйықтай қалады дейсіз бе? Жоқ, ол қолына сот ісін алып, Еуропаға тойтарыс беріп, жендеттің қолынан кінәсіз адамды жұлып алу үшін түні бойы көз ілмей, бәзбір істі қарайды. Өзінің әділет министріне қарсылық білдіріп, гильотина басып алған жерлерді біртіндеп қайтару үшін өзі "әділ соттың төреші мылжыңдары" атаған прокурорлармен таласады. Кейде оның үстелінің үстін тау-төбе сот істері басып қалады, олардың бәрін де қарайды ол, тағдыры тәлкекке түсіп соры қайнағандарды көз алдына келтіру қандай ауыр әрі аянышты десейші. Бірде ол әлгінде біз сөз еткен куәгерге: "Бүгін түнде жеті адамды ұтып алдым депті". Оның патшалық құрған алғашқы жылдарында өлім жазасы жойылды, қайтадан құрылған дар ағашы корольдің ырқына зорлық болды. Бас бұтағымен бірге Грев алаңы ғайып болды, алайда оның орнына буржуазияның Грев алаңы — Сен Жак заставасы пайда болды, "іс адамдары" қалай болғанмен де қылмыстылардың басын шабатын заңдастырылған бір гильотинаның қажеттілігін сезінді; бұл ашкөз буржуазияның тар ауқымды мүддесін көздегендердің өкілі Казимир Перьенің ырықтылық саясатын ұстанған Луи-Филиппті бір жеңгені болатын. Луи-Филипп Беккариа кітабының бір шетіне өз қолымен белгі соғып қойды. Фиеаскидің тозақ машинасы жарылғаннан кейін ол: «Менің жараланбай қалғаным қандай өкінішті! Мен оған кешірім жасайтын едім ғой!» деп дауыстапты. Тағы да бір жолы өз министрлерінің қарсылығын тұспалдап, көз алдына заманымыздың аяулы абзал тұлғаларының бірін елестетіп, саяси тұтқын жайында: «кешірімді оған тәңір сыйлаған, маған қалғаны тек қол қою ғана» деп жазыпты. Луи-Филипп Людовик ІХ-дай мінезі жұмсақ, Генрих IV дей мейірімді болған.
Ал тарихта мейірімділік деген сирек кездесетін інжу-маржан екенін білетін біз үшін мейірбан жан ұлы адамнан да жоғары тұрмаса, төмен тұрмайды.
Луи-Филиппті біреулер қатаң айыптады, бәлкім басқалар одан қатал айыптаған шығар, сондықтан бұл корольді білген кісі, бүгінде өзі де елеске айналған жан үшін тарих алдында куәлік етеді; ол куәлік қандай болса да, сөз жоқ, адал, ақ ниетті білдірмек, өлгенге оқыр дұға белгілі, айтар мадақ айқын; бір көлеңкені жұбату керек, қандай да бір қапаста болу біріңді бірің мақтауға ырық береді, бірде болмаса бірде қуылғандардың екі моласы туралы сөз қылады екен деп қауіптенуге болмайды. Әзер болса «бір моладағы екіншідегіні мақтап, жағынып жатыр» дер, онда тұрған не бар!
Төртінші тарау
ІРГЕТАС АСТЫНДАҒЫ ЖАРЫҚША
Мына кітапта біз шерткелі отырған шерлі хикая Луи-Филипптің патшалық құруының бастапқы кезеңін тұмшалап келген қалың қара бұлтты қарс айырмақ, сондықтан көлтектетпей корольдің жеке басын сипаттауға бекіндік.
Таққа Луи-Филипп күш қолданбай, өз тарапынан қимыл көрсетпей, революциялық төңкерістің арқасында келді, алайда Орлеан ханзадасы революцияның нақты мақсатынан шалғай сол қимылға да қатысқан жоқ. Ол ханзада болып тудым, қалаған король мен боламын деп есептеді. Ол өкілеттікті өзіне оның өзі берген жоқ, басқалар таңды да, қабылдай салды, қате болған күнде де бұл ұсыныс оның хақына сай еді, сондықтан келісім беруді борыш санады. Оның өз билігінің заңдылығына деген сенімі де осыдан туындаған. Рас, біз қолымызды жүрегімізге қойып осылай дейміз: Луи-Филипп өз билігінің заңдылығына сенімді болды, ал демократия ол билікке қарсы өз күресіне кәміл сенді, сондықтан әлеуметтік айқастар туғызып, не корольді, не демократияны шарпымаған кінә сұмдық болды. Ұстанымдардың қақтығысы дүлей күштердің қақтығысына ұқсады. Мұхит суды қорғайды; король корольдік билікті қорғайды, демократия халықты қорғайды; соған сәйкес монархия шексіз билікке, яғни республикаға қарсы шығады; осынау күресте қоғам қан жұтады, ал бүгінгі қайғы-қасірет күні ертең құтқару боп шығады. Қайткенмен де күресіп жатқандарды күстәналауға болмайды, екі жақтың бірі сөзсіз қателесетіні анық, ақиқат Родос аралындағы алып мүсіні сияқты бір аяғын республикаға, екіншісін монархияға тіреп, бірден екі жағада тұра алмайды; ол бөлінбей, бірегей бір-ақ жақта болуға тиіс; ал қателескендер шынымен қателеседі, соқыр — қылмыскер емес, бүлікші — қарақшы емес. Бұл бір сұмдық қақтығыстарды жағдайдың тым ушығып кетуіне де жатқызуға болады. Бұл дауылдар қандай болса да оған жұрт жауап бермейді.
Оқиғаларды баяндауымызды тәмамдайық.
1830 жылдың Үкіметіне бірден-ақ қиын соқты. Кеше ғана өмірге келіп, бүгін шайқасуға тиіс болды.
Қаз басып үлгермей жатып, басқарудың жаңа құрылған, әлі әлжуаз шілделік жүйесіне жан-жақтан анталаған белгісіз күштер әсер ете бастады.
Қарсыласу келесі күні-ақ басталды, бәлкім ол тіпті төңкеріс қарсаңында болды.
Ашу-ыза айдан айға асқындап, құпиялықты қойып, ашық айқындыққа шықты.
Бұрын атап өткеніміздей, Франциядан тыс корольдер нашар қарсы алған шілде төңкерісі Францияның өзінде сан-саққа жүгіртілді.
Тәңірі оқиғалардағы өз ырқын паш етуін паш етеді, бірақ ол тылсым тілде жазылған күңгірт мәтін болады. Жұрт оны табан аузында аудара бастайды — асығыс аудармада ағаттық көп болады, дұрыс тәржімаланбай, кейбір ойлар қалып қояды не бұрмаланып кетеді. Тәңірі тілін білетіндер тым аз ғой өзі. Ең пайымды, байсалды, көреген, сұңғыла дегендер оны байыппен баяу талдап, өз мәтінін алып келгенде, еңбек баяғыда тәржімаланып, алаңда оның жиырма аудармасы ілулі тұрғанына тап болады. Әр аудармадан бір партия, әр бұрмалаудан бір фракция туады, әрбір партия дұрыс мәтін тек бізде ғана деп ойлайды, әрбір фракция ақиқат тек біздің ғана игілік деп топшылайды.
Кейде биліктің өзі фракция болып кетеді.
Төңкерістердің бәрінде ағысқа қарсы малтитын жүзгіштер кездеседі, олар — ескі партиялар.
Тәңірі қалаған мұрагерлік билікті ғана мойындайтын ескі партиялардың пікірінше, төңкеріс көтеріліске хақылы болып туса, онда осы құқық бойынша олардың өзіне қарсы бас көтеруге болады. Әрине, бұл адасу! Өйткені төңкеріс тұсында бүлікші халық емес, король болады. Нақ төңкеріс қан бүліктің қарсыласы болып танылады.Табиғи тынған іс болып саналатын әрбір төңкерістің заңдылығы бар, соны тек жалған революционерлер былғайды; алайда қанша ласталғанмен де, тіпті қанға малшынғанмен де еңсесі түспей ол аман қалады. Төңкеріс жасалуы қажет болғандықтан жасалады.
Соған қарамастан ескі жария партиялар 1830 жылғы төңкеріске қалған көзқарастан туған долы ызамен тарпа бас салды. Адасудың ақыры тамаша атылатын снарядтар болып шықты. Олар қалқаны жоқ, қорғанысы шамалы жерін дөп тауып, төңкерісті қан қақсатып жатты; олар король кейпіндегі революцияға шабуыл жасады. «Революция! Сенде король неғып жүр?» деп айқай салды олар. Ескі партиялар жақсы көздейтін соқырлар ғой.
Республикашылдар да дәл солай айқай салды. Олардың тарапынан бұл айқай дәйекті де жүйелі болды. Жариялылардың тарапынан көрсоқырлық болғаны демократтар тарапынан көрегендік боп шықты. 1830 жыл халықтың көз алдында банкротқа ұшырады. Қайран қалған демократия оны осы үшін кінәлады.
Оның үстіне төңкеріс болуды доғарып, монархияға айналған 1830 жыл Франциядан сыртта Еуропамен тең басқаны үшін борышты болды. Бейбітшілікті сақтап қалу деген жағдайды одан бетер қиындату еді. Сындарлы ақылдан тыс жарасымдылыққа қол жеткізу соғыстан да зарарлы. Ұдайы тұмылдырықтап ұсталатын, сонда да шабынып ырылдап тұратын осынау қақтығыстан өркениеттің өзіне өзі сенбей тақыр мұзға отырғызатын саясат — қарулы әлем туады. Шілде төңкерісі қандай болса еуропалық кабинеттердің жетегінде арындап көкке шапшып шыға келді. Меттерлих оның тізгінін құлшына ұстар еді. Франциядағы прогресстен танауы қусырылған ол өз кезегінде жайбасар Еуропа монархияларын қамшылады. Өзі жетекте жүріп ол өзгелерді жетекке алды.
Ал бұл тұста елдің өз ішіндегі кедейлену, пролетариат, жалақы, тәрбие, жазалау жүйесі, жезөкшелік, әйелдердің жағдайы, байлық пен кедейлік, өндіріс, тұтыну, бөлу, айырбас, ақша, несие, капиталдың құқығы, еңбек құқығы тәрізді мәселелердің бәрі қабындап келіп, қоғамның үстіне қара бұлт болып шүйілді.
Шынтуайттап келгенде, саяси партиялардан тыс басқа да қозғалыстар шаң берді. Демократиялық ауытқулар философтардың сандалуына сай келді. Таңдаулы ақыл иелері тобыр тәрізді өздерін беймаза күйде сезінді, әрине біраз жағдайда олардың мазасыздануы басқашарақ болды.
Ойшылдар ойға шомғанда олардың нәр алар топырағы — халық — төңкеріс ағыны соқалап тастап, беймәлім талма ауруына шалдыққандай дірілдеп қалшылдады да отырды. Кейбірі жеке дара, кейбірі тату отбасы тәрізді бас біріктірген осынау қиялшылдар қауымдасып, әлеуметтік мәселелерді бейбіт, бірақ терең зерттеді; бейтарап һәм әділ бұл кен іздеушілер аулақтағы жеке сілкіністер мен жалын жарқылдарына алаңдамай, жанартаудың тереңіне үңгіп баяу ғана жол тартып жатты.
Бұл мизам шуақ тыныштық сол бір буырқанған дәуірдің таңғажайып көріністерінің ішінен ақырғы орын алмағаны анық.
Осы жандар құқық мәселесін саяси партиялардың үлесіне қалдырып, өздері адамзат бақыты мәселелерімен шұғылданды.
Қоғам қойнауынан олар адамның жан рақатын табуға талпынды.
Олар материалдық мәселелерді, егіншілік, өнеркәсіп, сауда мәселелерін дін деңгейіне дерлік көтерді. Өркениетте олар дәл осылай болып, тәңіріден гөрі адамдар арқылы жасалады, саясаттың кен барлаушылар — экономистердің төзімділікпен зерттеген қозғалыс заңы бойынша мүдделер ұштасып, кірігіп, бірігіп жартастай тұтасып кетеді.
Адамдар әр алуан атаумен бірігеді, алайда оларды тұтас алғанда әулеттік аты арқылы анықтауға болады, солардың ішінде социалистер адамзат бақытының жанды қайнарын атқылатамыз деп әлгі жартасты бұрғылауға тырысады.
Олардың еңбегі өлім жазасынан бастап соғыс мәселесіне дейінгінің бәрін қамтиды. Француз революциясы жариялаған адам құқығына олар әйел құқығы мен бала құқығын қосты.
Біздің әртүрлі оймен теориялық тұрғыдан қарап социалистер қозғаған мәселелерді түгел қамтымағанымызға таңданбасын. Соларға сілтеме жасағанымызбен-ақ шектелейік.
Социалистер алға тартқан мәселелердің бәрі, космогондық сандырақ пен тылсым қиялды шығарып тастағанда, негізгі екі мәселеге кеп саюы мүмкін.
Бірінші мәселе: материалдық байлық жасау.
Екінші мәселе: сол байлықты бөлісу.
Алғашқысы еңбек мәселесін қамтиды.
Екіншісінде еңбекке ақы төлеу мәселесі бар.
Бірінші мәселеде әңгіме өндіргіш күштерді қолдану туралы болады.
Екіншіде — өмірлік игіліктерді бөлу жайы.
Өндіргіш күштерді дұрыс қолданудың нәтижесі қоғамның қуаты болып табылады.
Өмірлік игіліктерді дұрыс бөлудің нәтижесі жеке адамның бақыты болып шығады.
Дұрыс бөлу дегенді тең бөлу емес, әділ бөлу деп түсіну керек. Теңдіктің негізі — әділдік.
Осынау екі бастаудың басын қосу — сырттай қоғамның қуаты, іштей адамның рақаты, былайынша, әлеуметтік гүлдену осыдан туады.
Әлеуметтік гүлдену дегеніміз — бақытты адам, еркін азамат, ұлы ұлт деген сөз.
Англия осы екі күрделі мәселенің алғашқысын шешті. Ол материалдық байлықты тамаша жасайды. Бірақ оны нашар бөледі.
Мұндай сыңар езу шешім кеселді де қатерлі екі ұшқарылыққа: сұмдық байлық пен сұмдық мұқтаждыққа әкеп соғады. Өмірлік игіліктер біреулерге бұйырса, біреулер, былайша айтқанда халық жоқшылық зардабын тартады, және әлгі артықшылық, жеңілдік, монополия, феодалдардың билігі дегендер еңбектің өз тумасы болып табылады. Бұл дегенің көз алдар қауіпті жағдай, өйткені қоғамның қуаттылығы — жеке адамдардың қайыршылығынан, ал мемлекеттің ұлылығы жеке тұлғалардың қайғы-қасіретінен тамыр тартып жатыр. Жаман жасалған ұлылық деген осы, материалдық негіздердің бәрі ұштасып жатқанмен, онда адамгершілік парасат бастауы атымен жоқ.
Коммунизм мен аграрлық заң екінші мәселені шешуге тиіс деп топшыланады. Олар да адасып жүр. Мұндай бөлісу өндірісті тұншықтырады. Тең бөліс жарысты жояды, еңбекті құртады. Қасапшы осылай өзі бөлгенін құртып алатын-ды. Ендеше дұрыстықтан дәмелі мұндай шешімдерге тоқтау мүмкін емес. Байлықты жойып жіберу оны бөлу болып табылмайды.
Екі мәселені де жақсы шешу үшін оларды біріктіріп қарау керек. Екі шешімді де екеуінен біреу жасау үшін біріктіру қажет.
Осы екі мәселенің біріншісін шешсеңіз сіз Венеция болып, Англия болып шығасыз. Венеция сияқты жасанды жолмен құралған қуатыңыз болады, Англия сияқты материалдық жағынан құдіретті қисапсыз бай атанасыз. Сосын не күш қолдану жолымен көзі құртылған Венециядай, не банкротқа ұшырап құлаған Англиядай опат боласыз. Әлбетте әлем құрып кетуге де, күйреуге де мүмкіндік береді, өйткені ол өзін ғана сүйетін өзімшілдің баршасына құлау мен құруға жағдай туғызады, оған не қайырымы, не игі ойы жоқ адамзат әулетінің қажеті аз.
Венеция мен Англия деп халықты емес, белгілі бір қоғамдық құрылысты, ұлттың өзі емес, ұлттың арқасында отырған олигархияны айтып отырғанымыз өз-өзінен түсінікті болар. Халық қашанда біздің құрметіміз бен жанашырлығымыздың игілігін көріп жүр.
Венеция халық ретінде қайта түлейді; Англия аристократия ретінде құлайды, ал халық ретінде ол мәңгі жасайды. Осыны атап өте отырып, әрі қарай кетелік.
Екі мәселені де шешіңдер: байларды көтермелеп, кедейлерді қамқорлыққа алыңдар, қайыршылықты жойып, әлдінің әлсізді әділетсіз қанауын қысқартыңдар, мұратқа жету жолында сапарда жүргендерді күндеуге ауыздық салыңдар, еңбекке ақыны жұмысына қарай тура төлеп, бауырмалдық танытып, жеткіншек балаларға міндетті тегін оқу сыйлаңдар, білімнен кәмелеттіктің негізін қалаңдар, қолға жұмыс бере отырып ақыл-ойыңды өрістетіп, сонымен қатар құдіретті халық әрі адами бақытты отбасы болыңдар, меншікті жоққа шығармай демократияландырып, оны қол жететіндей етіңдер, әрбір азамат түгелімен меншік иесі болсын, ал мұны жасау ойлағаныңнан оңай, қысқартып айтқанда, байлық жасай біліңдер және оны үлестіре біліңдер, сонда сендер материалдық айдындылыққа да, адамгершілік айбындылыққа да ие боп, өздеріңді Франция атауға лайық боласыңдар.
Кейбір адасқан секталарды елемей, олардан жоғары тұрып, социализмді орнықтырған, міне, осы, оқиғалардан, ақыл-ойда әзірлегендерден іздегеніміз де, міне, осы.
Таң қалып, таңдай қағуға лайық күш-жігер! Киелі шабыт емес пе бұл!
Осынау ілімдер, осынау теориялар, осынау қарсы тұру, мемлекет қайраткері үшін күтпеген қажеттілік — философтармен есептесу, енді ғана белгіленген тың ақиқат, көне құрылыспен келісілген әрі төңкеріс мұраттарына күрт қарсы келмейтін жаңа саясат жасауға талпыну, Полиньякты қорғау үшін Лафайеттің қызметін пайдалануға тура келген жағдай, бүлікті көктей өтіп жарық түсірген прогресс, депутаттар палатасы мен көше, соның төңірегінде қыза түскен құмарлықты қалыпқа түсіру, революцияға деген сенім, болашақта одан сырт айналуды жоғары бұлтартпас құқыққа бағыныштылықпен көре білу, жеке бастың адалдығы, өз әулетіңе адал боп қалуға құштарлық, үйелмендік рухы, халыққа деген шынайы құрмет, — осының бәр-бәрі Луи-Филиппті тұтас меңдеп, азапқа салды, табандылығы мен қадірлілігіне қарамастан жанын жеп, король болудың қиындығын сәт сайын сездіріп отырды.
Онда аяғының астында жер теңселіп бара жатқандай мазасыз түйсік болды, алайда ол әлі де бекем еді, өйткені Франция қашанғысынан да берік Франция болатын.
Шудаланған қалың қара бұлт көкжиекті тұмшалап алды. Бірте-бірте ептеп жақындай бастаған оған көлеңке адамдарды, заттарды, идеяларды көрбілтелендіруге айналды. Бұл алауыздық пен ауыздықсыз жүйе түсірген көлеңке еді. Барлығы тұншықтырылып, кенет қайта жанданып, шарлай бастады. Кейде адал жанның ар-ұяты тынысыңды алдырмайды, сопылық ақиқатпен мидай араласып кеткен мынау ауада жанға жақпайтындар қаншама десеңші! Ауада да қоғамды билеп алған мазасыз үрей, ақыл-ой таяп қалған дауыл алдындағы жапырақтай саусылдап сансырайды. Айналада электр жарығының шоғырланып қалғаны сондай, бәзбір сәтте бұдан бұрын ешкім көрмеген біреу кездесіп қалса, жарқ етіп жарық шығаратындай сезіледі. Сосын қайтадан түнек басады. Ара-тұра аулақта шатырлаған найзағай бұлттардың қандай кесір келтіретінін айғақтап тұрғандай.
Шілде төңкерісінен кейін жиырма ай өтер өтпесте қара жамылып, қасірет шақырып 1832 жыл келді. Халық қайыршылықта, еңбекшілердің наны жоқ, соңғы ханзада Конде түнекке сүңгіп, ғайып болды, Бурбондарды қуған Париж сияқты, Нассау әулетін айдап шыққан Брюссель, өзін француз ханзадасына тықпалап, ағылшындікіне беріліп кеткен Бельгия, орыс императоры Николайдың өшпенділігі, артымызға қалған жарты күндік екі жын-пері Португалиялық Фердинанд Испан мен Мигель Португальский, Италиядағы зілзала, Болоньеде қолынан айырылған Меттерних, Анконада Австрияны қорлаған Франция, терістіктегі қаһарлы балға дүрсілі, Польшаны табытқа қайта шегелеп жатқан да сол, дүйім Еуропаның Францияға көз алартып жауыға қарауы, берілгеннің бәрін құлатып, құлағанға тарпа бас салғалы тұрған күмәнді одақтас — Англия, заңды үкімнен төрт бірдей басты қорғап қалу үшін жанталасып Беккария бүркемелеген пэрлар соты, король күймесінен солып түскен ләйлі гүлдер, Париж Құдай анасы соборынан жұлып тасталған крест, қорланған Лафайет, тұралаған Лафит, кедейліктен өлген Бенжамен Констан, өзінің бар ықпалынан айрылып, дүние салған Казимир Перье; әулеттік дерт және саяси сырқат, екеуі де корольдіктің астаналарынан — бірі ақыл-ой қаласынан, екіншісі еңбек кентінен шықты, Парижде азамат соғысы, Лионда жұмысшылар шайқасы, екі қаланың екеуінде де алаулаған жалынның жарқылы, халықтың жүзінде атқылаған жанартаудың қызыл қошқыл алауы; қажыры мұқалып, иіні түскен оңтүстік, дүр сілкініп оянған батыс, Вандейдегі герцогиня Беррийская, астыртын әрекеттер, қастандықтар, көтерілістер, ақыр соңы тырысқақ ауру — осының бәр-бәрі идеялардың тұтасқан у-шуына оқиғалар дүрбелеңін әкеп қосты.
Бесінші тарау
ТАРИХТЫ ТУҒЫЗАТЫН, БІРАҚ ТАРИХТЫҢ ӨЗІ МОЙЫНДАМАЙТЫН ОҚИҒАЛАР
Сәуірдің аяғына таман жағдай қиындап кетті. Қыжылдаған ашу бұрқылдап қайнауға ауысты. 1830 жылдан кейін тез басылып, тез дүрілдеп кететін бүліктер бірде ол, бірде бұл жерден бұрқ ете қап отырды, мұның өзі білдіртпей жайылып бара жатқан үлкен өрттің белгісі еді. Сұрапыл бірдеңе жақындап келе жатты. Әзір айқын ажырату қиын төңкерістің буалдыр сұлбасы елес береді. Франция Парижге қарайды, Париж Сент-Антуан кентіне қарайды.
Қолтығына астыртын су бүріккен Сент-Антуан кенті бұрқ-сарқ.
Шарон көшесіндегі ләйліханалар ызбарлы да ызғарлы болып алды, ішкілік орындарына мұндай теңеудің таңылуы тегін емес.
Оларда үкіметке деген наразылық сөздер әдетте ашық айтылатын болды. Айқасқа шығу керек пе, әлде тыныштық сақтау керек пе деген мәселе ашық талқыланды. Ләйліжайдың сыртындағы бәзбір бөлмелерде жұмысшылардан алғашқы белгі берілгенде-ақ көшеге шығатыны, "дұшпанның санына қарамастан соғысатыны" жөнінде ант та алынды. Міндеттеме алына салысымен ләйліхананың бұрышында отырған адам даусын көтеріп, былай деді: "Сен келісім бердің! Сен ант еттің!". Кейде екінші қабатқа көтерілгенде, ондағы жабық бөлмеде масон әдет-ғұрыптарын еске түсіретін көріністер өтіп жатады. Түсінік алғандарға "Әкесіне бала қалай қызмет етсе, ортақ іске солай қызмет етемін" деп ант бергізеді. Қалыптасқан салт-дәстүрдің түрі осы.
Ортақ залдарда тыйым салынған кітапшалар оқылады. Оларда, осы кездегі құпия хабарламаларға қарағанда үкімет жерден алып, жерге салып жамандалады.
Одан мынадай сөздерді естуге болады: "Маған көсемдердің есімі беймәлім. Біз белгілеген күнді екі сағат бұрын білеміз". Бір жұмысшы айтты: "Біз үш жүз адамбыз, әрқайсымыз он судан береміз — оқ дәрі мен оққа жұмсалатын жүз елу франк дегенің, міне, осы". Енді біреу: "Маған алты айдың да, екі айдың да қажеті жоқ. Екі апта да өтпей жатып үкіметпен терезе теңестіреміз. Жиырма бес мың адам жинап, ұрысқа кірісуге болады", — деді. Үшінші біреу: "Мен көз шырымын алмаймын, түні бойы оқ жасап шығамын", — деп мәлімдеді. Ара-тұра "жақсы киінген, сыртынан қарағанда буржуа" сияқты кісілер келіп, "лаң салып", басқарушыға ұқсап ең бастылардың қолын қысып кетіп жүрді. Әдетте олар он минөттен артық кідірмейді. Даусын бәсеңдетіп олар: "Астыртын бүлік пісіп-жетілді. Барлығы да дайын" деген мағынасы мол сөздермен алмасты. "Онда болғандардың бәрі осыны тағандады", — деді оған қатысқандардың бірі. Өрекпіп қызыну тіпті мынаған да барды: бірде аузы-мұрнынан шығып толған ләйліханада жұмысшылардың бірі: "Бізде қару жоқ!" деп айғай салды. Оның досы әдейі келекелемесе де Бонопарттың итальян армиясына айтқанын қайталап: "Солдаттарда қару бар ғой" деді. "Мәселе маңыздырақ құпияға тірелгенде, олар оны бір-біріне хабарламайтын" дейді баянхаттардың бірінде. Айтарын айтып болғаннан кейін олардың тағы да нені жасыратынын түсіну қиын.
Көбіне мұндай жиындар ұдайы болып тұрды. Кейбіреулеріне сегіз-оннан артық адам қатыспайтын, қатысатындары сол баяғы тұрақтылары ғана. Енді біріне қатысқысы келетіндердің бәрі кеп, зал лық толып, біразы аяғынан тік тұруға мәжбүр болатын. Біреулер оған ерік-жігері бойына сыймай барады, басқалары жұмысқа барар жолы болған соң соғады. 1789 жылғы төңкеріс кезіндегідей бұл жиналыстарға жаңадан келгендерді беттен сүйіп қарсы алатын елжанды әйелдер де қатысады.
Өзге де қызғылықты деректер белгілі болды.
Бір адам ләйліханаға келіп, ішерін ішіп алып: "Ағеке, менің қарызымды төңкеріс төлесін", деп тайып тұратын.
Шарон көшесінің қарсысындағы ләйліханада төңкеріс уәкілдерін белгілейтін-ді. Сайлау жазбалары бөріктерге жиналатын.
Жұмысшылар Котт көшесінде семсерлеп шабуылдау тәсілін үйрететін сайыскерде қауышатын. Онда шоқпар, сойыл, таяқ және айбалта мен ағаш семсер сияқты қарулардың неше түрі болатын. Қыннан қылыш суыратын да күн туды. Сонда бір жұмысшы: "Біз жиырма беспіз, бірақ мен есепке кірмеймін, өйткені мені ынжық, сылбыр санайды", — дейді. Сол ыбылжыған сылбыр ақыр аяғында басқа емес, Кениссенің өзі боп шықты.
Кейбір ой-ниеттер түсініксіз бір жолдармен әйгі бола бастады. Өз үйінің маңайын сыпырып жүріп бір әйел көрші құрбысына: "Оқтарды үйіп-төгіп жасап жатқандары қашан" депті. Көшелерде департаменттердің ұлттық ұландарына арналған үндеу хаттар ашық оқылады. Бір үндеу хатқа "Шарап сатушы Борто" деп те қол қойыпты.
Бірде Ленуар базарында шарап тұнбасын сататын дүңгіршектің жанында бір қаба сақалды жол жиегіндегі аласа бағанға шығып алып, бәзбір құпия биліктен шыққан қолжазба жолдауды ал кеп дауыстап оқысын. Төңірегіне тыңдаушылар топырлап, қол шапалақтап жатыр. Онда жиналғандардың делебесін айрықша қоздырған мынандай сөздер жазылыпты: "Біздің ілімге кедергі жасады, үндеулерімізді жойып жібереді, адамдарымыздың түп ізіне түсіп, түрмеге қамайды", "мануфактуралардағы бейберекеттік сабырлы адамдарды біздің жағымызға тартып отыр", "... халықтың болашағы біздің беймәлім қатарымызда жасалады", "таңдау біреу ғана болуы мүмкін: әрекет қимыл немесе қарсы әрекет, революция немесе контрреволюция біздің заманда енді қайтіп қарекетсіздікке де, былқ етпестікке де төзбейді. Не халықпен бол, не халыққа қарсы бол — мәселе, міне, осында. Басқа жол жоқ". "Сіздердің қолайыңызға жақпаған күні бізді ауыстырыңдар, ал оған дейін алға басуымызға қолғабыс тигізіп, көмектесіңіздер". Осының бәрі тапайдың талтүсінде айтылды.
Басқа бұдан ащырақ сөздер өзінің адуын шадырлығымен халықтың күмәнін туғызды. 1832 жылғы 4 сәуірде өтіп бара жатқан біреу қасиетті Маргарита көшесінің бұрышындағы аласа бағанға секіріп шығып: "Мен бабувистпін", деп айқай салды. Ал халық болса Бабефтің есімінен Жискені аңғарды.
Ол адам былай деді:
— Меншік жойылсын! Солшыл оппозиция — су жүрек сатқын. Ақыл-есі дұрыс екенін дәлелдегісі келгенде ол төңкерісті уағыздайды. Ол таяқ жеп, кертартпа атанбас үшін өзін роялистпіз деп, ұрысқа араласпас үшін демократпыз деп жариялайды.
Республикашылдар — суда қалған тауық. Еңбекші азаматтар, республикашылдарға сенбеңіздер!
— Азамат жансыз, өшір үніңді! — деп жекіді оған бір жұмысшы. Осы айқай оның сөзіне нүкте қойды.
Құпия тылсым жағдайлар да болды.
Кешкілік бір жұмысшы канал маңында жақсы киінген мырзаны кездестіреді, мырза одан: "Азамат, қайда бара жатырсыз?" — деп сұрайды.
"Сізді мен тани алмадым, мырза?" — деп жауап қатады жұмысшы. "Оның есесіне сені мен танимын, — дейді әлгі. — Қорықпа! Мен комитеттің уәкілімін. Сен онша сенімді адам емессің-ау деп күмәнданамын. Есіңде болсын, егер былшылдап бірдеңе айтып қойсаң, оның естіліп қалады, сені аңдып жүр, ұзамай кездесеміз!" деп жұмысшының қолын қысып кетіп қалады.
Әңгімені тыңдап тұрған полиция: ләйліханаларда ғана емес, көшелерде де әдеттен тыс сөздер гулеп кетіпті ғой деп түйді.
— Тезірек алуға тырыс, — деді тоқымашыға қызыл ағаш шебері.
— Неге?
— Жай, әшейін атуға тура келеді.
Алқа-жұлқа шаруа иісі аңқыған екеу мынандай есте қалар сөздермен алмасты.
— Бізді кім басқарады, осы?
— Филипп мырза.
— Жоқ, буржуазия.
Taп Жакерияның сөзі. "Жакерия" деген сөзді біз нашар мағынасында қолданып отыр дегендер қателеседі. Жакерия дегеніміз жарлылар. Шындық сол аштар жағында.
Өтіп бара жатқан біреудің: "Бізде шабуылдың тамаша жоспары бар" дегенін естіген боларсыңдар.
Тақ заставасының маңындағы алаңда ор шетінде отырған төрт еркектің өзара құпия әңгімесінен кейін мынаны естуге тура келді: "Оның Парижде бұдан былай сайран салмасы үшін бәрі де жасалады" дейді олар.
"Ол" деп отырғаны кім? Қатерге толы беймәлімдік.
Кентте "басшы серке" аталатындар өздерін аулақ ұстады. Қимыл-қарекетті келісіп алу үшін олар Сент-Эсташ шіркеуінің маңындағы ләйліжайда кездесеміз деп топшылады. "Ол" деген лақап аты бар, Мондетур көшесіндегі тігіншілердің өзара көмек қоғамының төрағасы саналатын біреу Сент-Антуан кентінде басшы-серкелердің арасындағы делдал көрінеді. Соған қарамастан басшы серкелер ұдайы тасада жүрді, ешбір бұлтартпас айғақ кейін бір айыпкердің пэрлар сотының алдында берген мына жауабының тамаша ұстамдылығын мызғыта алмады:
— Жетекшілерің кім? — деп сұрады одан.
— Кім екенін білмеймін, білуге және тырысқаным жоқ.
Айтқандай, әзір бұл мағынасы жөнінен айқын сөздер болғанымен, белгісіздеу, кейде долбар, өсек-аяң боп көрінетін. Әйткенмен олардың басқа да белгілері байқалды.
Рейн көшесіндегі салынып жатқан үйдің албарын жұқа тақтаймен көмкеріп жүрген ағаш шебері жыртылған хаттың бір жапырағын тауып алды, соның өзінен де мынадай сөздерді оқуға болатын еді:
"Комитет кейбір қоғамдардың секцияларына адамдар жинауды бөгеу үшін шаралар көруі қажет..."
Қосымшасында былай делінген:
"Біз Фобур Пуасоньер көшесіндегі № 5 (6) үйдегі мылтық жасаушыда ұзын саны бес не алты мың мылтық барын білдік. Ал секцияда мүлдем қару жоқ".
Мұның өзі балташының олжасын көршілеріне әкеп көрсетуіне соқты, оның үстіне ол қағаздың басқа қиқымдарын да жинап, бұрынғыдан да молырақ мағына барын байқаған. Біз оның сұлбасын түсіріп, оның тарихи ынта туғызатын құжат екеніне көз жеткіздік:
К
Ц
Д
Б
Бұл беттегілерді жаттап алу шарт. Сосын қағазды жыртып тастаңдар. Ұғынғандар да соны істеп, оларға сіздер нұсқауды беріп жіберіңіздер.
Сәлем һәм туысқандық. Л.
ю ог а′фе
О тұста бұл бір тылсым олжаны білген жандар төрт бас әріптің жасырын мәнін тек кейін ғана түсінді — бұлар квинтуриондар, центуриондар, декуриондар, барлаушылар деген сөз екен, ал ю, ог, а'фе деген әріптер 15 сәуір 1832 жыл дегенді білдіреді. Елеулі нұсқаулармен қабаттасып қоса жүрген есімдердің әрқайсы бас әріптермен белгіленіпті. Мәселен К — Банерель, 8 мылтық, 83 патрон. Сенімді адам деген сөз. Ц — Бубьер, 1 тапанша, 40 патрон, Д — Роле, 1 қылыш, 1 тапанша, 1 қадақ оқ-дәрі, Р — Тейсье, 1 семсер, 1 оқшантай. Мығым; Террор, 8 мылтық. Ержүрек, т.т. солай кете береді.
Ақыр соңында әлгі балташы со қоршаудың ішінен қағазды тауып алды, онда қарындашпен әбден түсінікті етіп төмендегідей жұмбақ тізім түзіліпті.
Бірлік. Бланшар. Арбр-Сек, 6
Барра. Суаз. Есеп палатасы.
Костюшко. Обри-Қасапшы?
Ж.Ж.Р.
Кай Гракх.
Байқау құқығы. Дюфон. Фур.
Жирондистердің құлауы. Дербак. Мобюэ.
Вашингтон. Шұбар шымшық. 1 тапанша, 86 патрон.
Марсельеза.
Гош. Халықтың бас болуы. Мишель. Кенкампуа. Семсер.
Марсо. Платон. Арбр-Сэк.
Варшава. Тилли, "Попюлер" газет сатушы.
Қолында жазбасы қалған құрметті буржуа оның мағынасын біледі. Зайыры, бұл тізім Адам құқығы қоғамның төртінші округі сессияларының секция басшыларының аты-жөні мен мекен-жайы көрсетілген толық тізімі болуы керек. Беймәлім боп келген бұл деректердің бәрі қазіргі кезеңде тарихтың еншісіне тигендіктен оларды жариялауға болады. Бұған мынаны қосу қажет сияқты: Адам құқығы қоғамы бейнебір осы қағаз жазылғаннан кейін құрылған іспетті. Бәлкім бұл алғашқы нұсқасы болар.
Соған қарамастан сілтемелер мен сөздердің жазбаша куәліктердің сыртында істердің өзі ашыла бастады.
Попенкур көшесіндегі ескі-құсқылар жинайтын кісінің үйін тінткенде комод жәшігінен ортасынан, сосын төртке бүктелген орағыш қағаздар шықты, бұлардың астында осындай төрт бөлінген қағаздар жатыр екен, олар патрон орау үшін әзірленген, солардағы бір кәртішкеде мыналар бар:
Селитра 12 унция
Күкірт 2 унция
Көмір екі жарым унция
Су 2 унция
Тінту хаттамасында жәшіктен оқ-дәрі иісі шығатыны айтылды.
Бір тас қалаушы жұмыстан қайтып келе жатып Аустерлиц көпіріне таяу бір орындықта ұмытып, шашылған бір түйіншек тастап кетіпті.
Бұл түйіншекті қарауыл күзетіне алып барыпты. Оны ашып қарағанда тасқа басылған Лотьер қол қойған екі әңгіме мен "Жұмысшылар, бірігіңдер!" деп тақырып қойылған өлең және патрондар салынған қаңылтыр қалбыр шығады.
Бір жұмысшы досымен ішіп отырып, ыссылаған соң, денемді сипап байқап көрші десе, оның күртесінің ішінде тапаншасы барына көз жеткізеді.
Пер-Лашез бен Тақ заставасының арасындағы бульвардың жан аяғы баспас бір түкпірінде кір-қоқыс пен жаңқа тастайтын шұңқырдан қапшық тауып алады, онда оқ құятын қалып, патрондарға арналған ағаш тоқпақ, аңшылық оқ-дәрілердің қалдығы және қорытылған қорғасынның ізі бар шойын қазанша бар екен.
Полиция агенттері таңғы сағат бесте тұтқиылдан кейін Баррикада-Мерри секциясының мүшесі болып, 1834 жылдың сәуірінде көтеріліс кезінде қаза тапқан Пардон дегенге келіп, оны төсектен тұрып жатқан жерінде орнынан басады, сонда оның қолында өзі жасаған патрондар бар екен.
Заводтар мен фабрикалардағы түскі үзіліс кезінде Пикпюс пен Шарантон заставаларының арасында, күзетшілердің тар соқпағында ләйліхананың тұсындағы қабырғалардың арасында, әдетте сиам кеглі ойналатын кіре берісте екі адамның кездескені байқалды. Біреуі жейдесінің ішінен тапанша алып екіншісіне берді. Ұсына тұрып терлеген төсіне жабысып тұрғандықтан оқ-дәрінің дымқыл тартқанын ескертті. Ол тапаншаны тексеріп, оқ-дәріні сөреге төгіп тастады. Сонан соң екеуі екі айырылды.
Кейін сәуір оқиғалары тұсында Бобур көшесінде қаза тапқан Галле есімді біреу өзінде жеті жүз патрон мен жиырма төрт мылтық шақпағы бар деп мақтаныпты.
Бірде үкімет кенттерде қару үлестіріп, екі мың патрон таратып берілгенін хабарлады. Арада апта өткенде тағы да отыз мың патрон таратып беріледі. Бір ғажабы, бірде-бір патрон полиция қолына түспеген. Қолға түсірілген хат: "Таңғы сағат төртті соғысымен сексен мың патриоттың қолына мылтық алатын күні де алыс емес", — деп хабарлады.
Өрекпіп толқу ашық әрі тып-тыныш жүріп жатты. Иі қанған көтеріліс үкіметтің көз алдында дауыл шақырды. Астыртын, алайда түйсінуге боларлық дағдарыстың төрт көзі түгел Буржуа алда не болатынын жұмысшылармен ашық ақылдасты. "Зайыбыңыз қалай тұрып жатыр?" деп сұрайтындай сабырлылықпен "Көтерілістің жайы қалай?" деп ежіктейтін болды.
Моро көшесіндегі жиһаз жасаушы: "Ал, қалай, қашан басталады?" — деп сұрайды.
Басқа бір дүкенші: "Мен білсем, таяуда басталады. Бір ай бұрын сіздер он бес мың едіңіздер, енді жиырма мыңсыздар", — дейді. Ол өзінің мылтығын ұсынып еді, көршісі тапаншасын берді. Тапаншасы үшін ол жеті мың франк алмақшы еді.
Айтқандай, революциялық лепірме өрши түсті. Париж бен Францияда оған қосылмаған бірде-бір бұрыш, бірде-бір түкпір қалмады. Бар жерде оның лүп-лүп тамыр соғысы байқалып тұрды. Адам тәніндегі әр тарамның төңірегінде суықтағаннан пайда болатын қабыршақтар тәрізді астыртын қоғамдар жүйесі бүкіл елге тарай бастады. Жасырындарымен қатар ашықтан-ашық құрылған Халық достары қоғамынан Адам құқығы қоғамы шықты, өзінің бір өкімінде: "Плювиоз, республика дәуірінің 40-шы жылы" деп жазылған бұл қоғам өзінің жабылуы жөніндегі қылмыстық соттың қаулысын бастан кеше отырып, тайсақтамай өз секцияларына көп мағыналы атаулар беріп жатты:
Сүңгі.
Дабыл.
Белгі берер зеңбірек.
Фригия қалпағы.
21 қаңтар.
Қайыршылар.
Қаңғыбастар.
Робеспьер.
Нивелир.
Күн туады, — деген сияқты.
Адам құқығы қоғамы Іс-қимыл қоғамын туғызды. Оны құрып жүргендер қоғамнан жырылып, алға қарай шыққан шыдамсыздар. Өзге одақтар негізгі үлкен қоғамдардан шыққан пікірлестер есебінен толықты. Секциялардың мүшелері өздерін жан-жаққа тартатынына шағынды. Галлия одағы мен қалалық өзін өзі басқарудың ұйымдастыру комитеті осылай құрылды. Баспасөз бостандығы, жеке бастың еркіндігі, халыққа білім беру, қосалқы салықтарға қарсы күрес одақтары осылай құрылды. Сосын теңдік күрескерлері — коммунистер мен реформисттер және теңдік күрескерлері деген үш фракцияға бөлінген жұмысшылар қоғамы құрылды. Сосын Бастилия армиясы, әскери тәртіппен ұйымдастырылған тілектестер тобы құрылды, олардың әрбір төртеуіне — капрал, онына — сержант, жиырмасына — кіші лейтенант, қырқына — лейтенант пәрмен берді, мұнда адам саны бестен асса бірін-бірі білмейтін. Бұл Венеция данышпаны атап өтуге болатындай сақтық пен батылдықты ұштастырудың ойлап табылған тәсілі тәрізді. Басында тұрған Орталық комитеттің екі қолы болды, олар — Бастилия армиясы мен Іс-қимыл қоғамы. Серілердің жария қоғамы бұл республикалық бірлестіктерді ұрсыстырып отырды. Ол қоғам әшкереленіп қуылып кетті. Париж қоғамдары басты қалаларға тармақталып жатты. Лион, Нант, Лилль және Марсельде Адам құқығы, Карбон арийлер, Азат адам қоғамдары орналасты. Эксте Кугурда атты революциялық қоғам болды. Ол жайында бұрын да айтқанбыз.
Париждегі Сен-Марсо кенті Сен-Антуаннан кем буырқанған жоқ, оқу орындары шалғай кенттерден бетер толқыды. Сент-Иасент көшесіндегі дәмхана мен "Жеті бильярд" ләйліханасы студенттер жиналатын жерге айналды. Анжер мен Экстегі Кугурдада Өзара көмек қоғамымен тығыз байланысты Әліппе достары қоғамы "Мюзен" дәмханасында жиналыс ұйымдастыратыны белгілі. Баяғы сол жас жігіттер, ілгеріде атап өткеніміздей, Мондетур көшесіне тақау "Коринф" дәмханасында кездесетін. Бұл жиналыстардың бәрі құпия. Басқалары жағдайдың ырқына қарай ашық болды; олардың әсіре батылдығы туралы кейінгі бір қаралған сот істерінен алынған үзінділер-ақ айғақтайды: "Жиналыс қайда өтті? — Бейбітшілік көшесінде. — Кімде өтті? — Көшеде өтті. — Онда қандай секциялар болды? — Біреу-ақ болды. — Ол қайсы? — Манюэль секциясы. — Оны кім басқарды? — Мен. — Жеке дара шешім қабылдап үкіметке қарсы шығуға сіз әлі тым жассыз. Нұсқауды кімнен алдыңыз? — Орталық комитеттен".
Армия да біраз деңгейде халық сияқты өрекпіді, онысы кейін Бельфордағы, Люневиль мен Эпиналдағы толқулардан айқын көрінді. Бүлікшілер елу екінші полкке, бесінші, сегізінші, отыз жетінші, жиырмасыншы атты әскер полктеріне иек артты. Бургундия мен түстіктегі қалаларда Азаттық ағашын, яғни басына қызыл қалпақша кигізілген сырық орнатты.
Істің жай-жапсары осындай еді.
Әу баста атап айтқанымыздай, істің мұндай жай-жапсары әсіресе Сен-Антуан кентінің бірінен күшті сезілді. Толқудың басты ошағының өзі сонда болатын.
Қаланың шетіндегі құмырсқа илеуіндей құжынаған халқы жұмыс істей алатын, ашу шақыра білетін ежелгі кент сілтідей тынып, жарылыс дүмпуін күтті. Онда толқымаған жан жоқ, алайда одан жұмыс тоқтап қалмады. Бұл кентте мансардтардың шатыры астында сұмдық қайыршылық жасырынып жататын, алғыр ойлы, сирек ақылды адамдарды да содан табуға болатын. Әдетте қайыршылық пен ақылдылық қауіпті түрде қойындасып жатады ғой.
Сент-Антуан кентіндегі толқулардың басқа да себептері болды: сауда дағдарысы, банкроттық ереуілдер, жұмыссыздық саяси ұлы сілкіністерден бөле-жарғысыз емес пе. Төңкеріс кезінде жоқшылық дегеніміз себеп те, салдар да. Оның соққысы сілтеген қолдың өзіне тиеді. Қайтпас қайсар қаһармандықпен суғарылған бұл кенттің тұрғындарының жүрегінде ұлы рухани шабыт жататын, сондықтан қолына қару алуға қашанда әзір олар лезде тұтанып, шамырқанып, жалынның бұрқ етуін ғана тосып отырғандай еді. Сол жалын оқиғалар желі айдап көкжиектен жылт ете қалған сайын Сент-Антуан кенті мен Париждің дарбазасына орналасқан қайғы-мұң мен ой-пікірдің осынау оқ-дәрі оттығына ошарылған қатерлі кездейсоқтық туралы толғанбай қала алмайсың.
Бұрынғы очерктерде әлденеше мәрте айтылған "Антуан кентінің" ләйліханалары тарихқа танымал. Дүрбелеңдер кезінде мұнда шараптан гөрі, сөзден көбірек ләйліген шығар жұрт. Мұнда бәзбір пайғамбарлық рух пен жүрегіңді толқытып, жаныңды желпінтетін болашақ лебінің әсері сезіледі. Антуан кентінің ләйліханалары Сивилла үңгірінің үстіне салынған Авентин қырқасындағы шарапханаларға ұқсайды. Сол үңгірдің түкпірінен қасиетті леп есіп, шарапхананың сусынын, Энний айтқандай сивилла шарабын ішіп отырған шідерге ұқсас үстелдерін аялайды.
Сент-Антуан кенті — халықтың қосалқы қоймасы. Төңкеріс дүмпулері оған сызат түсіріп, соның жарықшағы арқылы жоғары билік бұған көктей өтіп келеді. Жоғары билік жаман жасауы да мүмкін, өйткені өзгелер сияқты оның да қателесуі кәдік, алайда қателесе тұрып ол ұлық болып қалады. Ол туралы алып жалғыз көзді дию: Ingens-ke (Құдіретті) ұқсатып айтуға болады.
93-ші жылы ақыл-ойды баураған идеялардан жақсы-жаманына байланысты сол күні олардың көңіл төрінде фанатизм немесе шарапатты энтузиазм сөйледі ме, кім білсін, Сент-Антуан кентінен жабайылардың легиондары немесе қаһармандардың жасақтары шықты.
Жабайылар... Осы сөзді түсіндіріп көрелік.
Революциялық жасампаз апыр-топыр кезінде шоқпарын сайлап, найзасын көтеріп қарт Парижге дүрсе қоя берген осынау ашулы, алба-жұлба, ызбарлы, ызалы адамдардың не істегісі келді? Олар езгіні жойып, жауыздықты жайпағысы, соғысқа нүкте қойғысы келді, ересектерге — жұмыс, балаларға білім беруді талап етті, қоғамның әйелдерге қамқорлық жасауын, бостандық, теңдік, туысқандық болуын қалады, жұрттың бәрінің жейтін наны болып, дүниенің жер бетіндегі жұмаққа айналуын, прогресс салтанат құруын көкседі. Әбден титығына жетіп, терісіне сыймаған, жартылай жалаңаш, түрінен кісі шошырлық олар қолына сойылын ұстап, аузынан қарғысын ағызып, осынау қасиетті де қайырымды, бейбіт прогресті талап етті емес пе. Иә, олар жабайылар еді, алайда өркениет жабайылары.
Осынау игілік жолында қаһарлы да заһарлы болып, сұстанып келе жатқан бұл адамдармен қатар мәз-мейрам болып боп күліп, ленталар мен жұлдыздар таққан, иығында оқалы алтын киім, аяғында жібек шұлық пен жалтыраған кебіс бар, шекесіне үкі тағып, сары қолғап киген, мәрмәр пештің алдында барқытпен тысталған үстелшені шынтақтап отырған да пенделер бар; олар момын кейіппен өткенді, орта ғасырды, қасиетті құқықты, фанатизмді, надандық пен құлдықты, өлім жазасы мен соғысты көксеп, сыбырлап қана семсерді, алау от пен дарды мақтайды. Егер де біз өркениетті уағыздайтын варварлар мен варварлықты насихаттайтын өркениетті адамдардың арасынан бірін таңдауға мәжбүр болсақ, сөз жоқ, алғашқысын қалар едік.
Алайда, тәңірге мың да бір рахмет, басқа таңдаудың мүмкіндігі туып тұр. Өткен үшін де, ертең үшін де түпсізге күмп ете қалудың қажеті жоқ. Деспотизмнің де, терроризмнің де қажеті жоқ. Біз жазық жолмен прогреске қарай қадам басқымыз келеді.
Құдай осыған қамқорлық жасағай. Тәңірі саясаттың өзі жолдың осы ой-шұқырын тегістеу емес пе!
Алтыншы тарау
АНЖОЛЬРАС ЖӘНЕ ОНЫҢ КӨМЕКШІЛЕРІ
Осыдан сәл бұрын алдағы оқиғаларды болжап білген Анжольрас жасырын төңкеріс тәрізді бірдеңе жүргізді.
Барлығы "Мюзен" дәмханасындағы құпия жиналыста болды. Өз сөзіне жартылай жұмбақ, сан сырлы теңеулер сабақтай отырып, Анжольрас былай деді:
— Неміз барын, неге сенетінімізді біліп алғанның бізге бөгеті жоқ. Әскер ұстағысы келгендер оны әзірлеуі керек. Немен соғысатынын қолында ұстауы шарт. Оның зияны жоқ. Жолда бұқалар тұрса, жолаушылардың олардың мүйізіне ілініп кетуі кәдік, жоқ болса одан қауіп те жоқ. Шамамен табынымыз қанша екенін санап алалық. Біз қаншамыз өзі? Мұны ертеңге қалдырудың керегі жоқ. Революционерлер ұдайы асығуы керек, прогресс дегеннің уақыты шамалы. Күтпегенге сене алмаймыз. Өзімізді басып алуға жол бермейміз. Өзіміз жамап-жасқаған жеріміздің бәрін қарап, олардың беріктігін тексеріп өткеніміз абзал. Істі жеріне жеткіземіз, және дәл бүгін жеткіземіз. Курфейрак, сен бар да политехниктерге көз таста. Бүгін сәрсенбі — олардың демалыс күні, Фейи, Гласьерде не барын байқаңыз. Бәрі де ойдағыдай ма екен? Комбефер маған Пикпюсте болуға уәде берген. Онда бәрі бұрқ-сарқ. Баорель Эстрападаға барады. Прувер! Масондар суынып барады. Сен бізге Гренель-Сент-Оноре көшесіндегі ложа жайында хабар әкелесің. Жоли Дюпюитреннің ауруханасына барып, медицина мектебінің тамырын басып көреді. Боссюэ сот палатасына серуендеп қайтып, жас заңгерлермен әңгімелеседі. Ал мен Кугурдамен шұғылданамын.
— Демек, барлығы орын-орнында ғой, — деді Курфейрак.
— Жоқ.
— Тағы да не бар?
— Аса маңызды шаруа бар.
— Қандай? — деп сұрады Курфейрак.
— Мен заставасы, — деп жауап қатты Анжольрас.
Ол ойға шомғандай баяулап, сосын сөзін әрі қарай сабақтады.
— Мен заставасында мәрмәршілер, суретшілер, мүсіншілердің шәкірттері тұрады. Ол жігіттер қызуқанды, бірақ та сууға бейім. Біраз уақыттан бері оларды не толғандырып жүргенін мен білемін. Олар басқа бірдеңелер ойлап жүр. Шабыттары пәс тартып барады. Доминоға уақытын босқа жібереді. Олармен аз-маз, бірақ батыл сөйлесу керек. Олар Ришфеде бас қосады. Одан оларды он екі мен бірдің шамасында орнынан басуға болады. Күл астында жатқан бұл қоламтаны тезірек үрлей білген ләзім. Өз басым жасырақ, жалпы жақсы жігіт Мариусқа сеніп едім, ол көрінбей жүр. Маған Мен заставасын ұршықша үйіретін біреу керек. Бірақ менде адам жоқ.
— Ал мен ше? — деді Грантер. — Әзір мен осындамын ғой.
— Сен бе?
— Иә, мен.
— Саған республикашыларды үйрету қалай болар екен! Ұстаным үшін олардың суып қалған жүрегінде от тұтата алар ма екенсің?
— Неге тұтата алмаймын?
— Иә, жалпы сен бәз-бірдеңеге жарайсың ба, өзі?
— Жарамасақ та жарауға тырысып жүрміз ғой.
— Сен ештеңеге сенбейсің.
— Мен саған сенемін.
— Грантер! Маған бір жақсылық жасағың келе ме?
— Қалауың біледі. Етігіңді де тағалап бере аламын.
— Жақсы. Ондай болса, біздің ісімізге араласпа. Одан да белсенділігіңді шыңда.
— Анжольрас! Сен рақымсыз екенсің.
— Жарайды, Мен заставасына баруға әзірмін дейсің бе сен? Қолыңнан келе ме ол?
— Гре көшесін бойлап, Сен-Мишель алаңын кесіп өтіп, Принц көшесімен Вожирар көшесіне дейін жүріп отырып Кармелиттерге соқпай, Ассас көшесіне бұрылып, Шерш-Миди көшесіне жетіп, әскери кеңесті артта қалдырып, Тюильримен жүгіріп барып, бульвардан атқып шығып, ақыры Мен тас жолымен заставадан асып, тура Ришфеге түсу қолымнан келеді. Оған мен жараймын, тіпті етігім де жарайды.
— Ришфеден бірен-саран жолдас білесің бе тым құрыса?
— Жақсы білемін деп айта алмаймын. Бірақ біразымен "сен-мен" деп сөйлесемін.
— Оларға сен не айтпақсың?
— Тәйірі алғыр, олармен Робеспьер туралы, Дантон туралы әңгімелесемін. Ұстаным туралы пікір алысамын.
— Мына сен бе?
— Иә, мен. Мені бағаламайды ғой. Әйтпесе мен іске кіріскенде тек қара да отыр. Прюдомды оқығанмын, "Қоғамдық шартың" маған таныс, Екінші жылдың конституциясын жатқа білемін. "Бір азаматтың бостандығы басқасынікі басталғанда бітеді". Сеніңше мен енді де наданмын ба? Менің жазу үстелімде ескі ассигнациялар сақтаулы. Адам құқығы дейсің бе, халықтың ең жоғарғы билігі дейсің бе, тәйірі алсын, мен білмейтін не бар, тегі! Мен тіпті аздап эбертиспін де. Қолыма сағатты ұстай тұрып таңқаларлық дүниелер туралы қатарынан алты сағат сөйлеп беремін.
— Сыпайырақ болсаңшы! — деді Анжольрас.
— Бұдан артық сыпайы боп қайда барамын! — деп жауап берді Грантер.
Анжольрас аз-кем ойланып қалып, бір байламға келген кісідей басын сілкіп қалды.
— Грантер, — деді ол маңғаздана. — Сені сынап көруге келістім. Мен заставасына аттан.
Грантер "Мюзен" дәмханасы жанындағы жиһазды бөлмеде тұрушы еді. Ол кетіп қалды да, бес минуттан кейін Робеспьер заманының талғамына сай жилет киіп оралды үйінен.
Қызылмын, — деді ол есіктен кіре Анжольрасқа қадала қарап.
Сосын шалт қимылмен екі қолын жилетінің қызыл жағасына қойды.
Анжольрасқа жақын келіп:
— Алаң болма! — деп сыбырлады құлағына.
Сонан соң қалпағын баса киіп шығып кетті. Арада ширек сағат өткенде "Мюзен" дәмханасының шет бөлмесі қаңырап бос қалды. Әліппенің күллі достары өз шаруасымен тарап кетті. Өзіне Кугурданы алған Анжольрас ең соңғы болып шықты.
Экстан шыққан Кугурданың Парижде тұратын мүшелері онда Исси алқабында жиналатын. Кездесетін жері Сенаның ар жағындағы қисапсыз көп тас кеніштердің бірі.
Анжольрас істің жайын таразыға тартып уәделі жерге қарыштап келе жатыр. Өткендегі істің салмақтылығы бесенеден белгілі. Бәзбір тұйық қоғамдық дерттің хабаршысындай оқиғалар баяу өрістегенде болмашы қиындықтың өзі бөгеп, шатастырып жіберетіні бар. Құлау мен түлеудің себебі де, міне, осында. Анжольрас болашақтың бұлыңғыр пердесі астынан керемет көтеріліс көреді. Кім білсін, сол сәт жақындап та келе жатқан шығар. Өз құқығын қайта жеңіп алған халық қандай десейші! Айдай әлемге "Ертеңнің жалғасы" деп жар салып революция Францияны қайта билеп-төстеп алады. Анжольрас дән разы. Көріктің аузы жалын атып жатыр. Анжольрастың соңынан ұзыннан ұзақ оқ-дәрі соқпағы созылып жатыр — оның достары бүкіл Парижге шашырап кетті. Ойша ол Комбефердің шын жүректен шығатын пәлсапалық шешендігін Фейидің шабыттылығымен ұштастырып келеді. Әлем азаматы атанған осы соңғы ойшыл Курфейрактың жалынымен, Баорельдің күлкісі, Жан Прувердің күрсінісімен, Жолидің білімдарлығымен, Боссюэнің мысқылымен ой өріп, бірдеңе шытырлап жанғандай не электр ұшқыны жарқылдағандай әсер қалдырушы еді. Сосын бәрі жұмысқа жұмылатын. Сөз жоқ, оның нәтижесі жұмсалған күш-жігерге татитындай болатын. Сол арада оның есіне Грантер түсті. "Былайынша Мен заставасы менің жолымда емес пе, — деді ол өзіне өзі. — Ришфеге соқсам қайтеді. Грантердің не жасап жатқанын, неге қол жеткізгенін көрейік!
Анжольрас Ришфенің шылым шегетін орнына жеткенде Вожирар мұнарасы сағат бірді соқты. Есікті қатты жұлқи ашқаны соншалық, кіргенде ол оның арқасына сарт етті. Екі қолын айқастырып үстелдер мен адамдарға аузы-мұрнынан шығып лық толған, темекі иісі сасыған залды көзбен шолып шықты.
Осы тұманның арасында бәз-біреудің сауалдармен ауық-ауық бөлінген даусы саңқылдап шығады. Ол өз қарсыластарымен айтысып жатқан Грантер еді.
Грантер теңбіл мәрмәрден жасалған, үстіне кебек пен доминоның жұлдызды тастары шашылған үстелдің басында отыр. Мәрмәрді жұдырығымен тасырлатып қояды. Анжольрастың құлағына, міне, мыналар келді:
— Екі мәрте алты.
— Төрттік.
— Шошқа! Менде ондай жоқ.
— Онда құрыдың. Екі.
— Алты.
— Үш.
— Ұпай!
— Мен жүруім керек.
— Төрт ұпай.
— Оқасы жоқ.
— Жүріс сенен.
— Мен қатты қателестім.
— Сен дұрыс жүрдің.
— Он бес.
— Тағы да жетеу.
— Енді менде жиырма екі (ойлана). Жиырма екі!
— Сен қос қабат алтылықты күткен жоқсың. Егер мен басында қоймасам, бүкіл ойын басқаша болатын еді.
— Баяғы сол екілік.
— Ұпай!
— Ұтыс па? Міне саған бестік.
— Менде жоқ.
— Сен оны бірдей ғып шығарған сияқты едің ғой.
— Иә.
— Құр қол.
— Ой, қандай жолың болғыш! Иә... Олжаға баттың. (Ұзақ ойланып) Екілік!
— Ұпай!
— Асып кеттің! Жалыққан жоқсың ба әлі?
— Біттім.
— Бітсең біт, сайтан алғыр!
ЕКІНШІ КІТАП
ЭПОНИНА
Бірінші тарау
БОЗТОРҒАЙ АЛАБЫ
Мариус оқиғалардың Жавер сақтандырған баяғы сол қапаста аяқ астынан шешілуіне қатысты; алайда Жавердің тұтқындарын үш лay арбаға тиеп өзімен бірге жеткелі лашықтан шығуы-ақ мұң екен, Мариус те үйден тайып тұрды. Кешкі сағат тоғыз болатын. Мариус Курфейракқа тартты. Курфейрак енді Латын орамының ежелгі тұрғыны емес, қазір ол "саяси себептермен" Әйнек көшесінде тұрады; бұл орам біз сипаттап отырған кезеңде көтеріліске ықылас пен баспана берген жер. Курфейракқа келіп Мариус: "Мен саған түнеп шыққалы келдім", — деді. Курфейрак кереуеттен екі бөстектің біреуін түсіріп, еденге төседі де: "Төсегің дайын!" — деді.
Келесі күні ертеңгі сағат жетіде Мариус Горбоның үйіне бет алды, пәтер үшін өзіне тиесілінің бәрін ұрысқақ апайға төлеп, қол арбаға кітаптарын, төсегін, үстелі мен комодын және екі орындығын тиеп, жаңа мекен-жайының қайда екенін айтпай кетіп қалды. Сондықтан кешегі оқиғалардың жайын ежіктеп сұрағалы Жавер келгенде тек ұрысқақ апайды ғана ұшыратты, сұрағына ол "көшіп кетті!" деген жауап алды.
Ұрысқақ апай Мариустің түнде ұсталған ұрылардың сыбайласы екеніне сенімді еді. "Кім бұлай деп ойлаған! — деді ол көршідегі өсекші әйелдермен мылжыңдасып отырып. — Сондай сыпайы жас жігіт, тура қылмиған қыз секілді!"
Тұрғынжайын бұлайша тез ауыстыратындай Мариустің өзекті екі себебі болды. Біріншісі — осы үйді ойлағанда бастан кешкен сұмдығының еске түсуі. Осында ол әлеуметтік келеңсіздіктің барып тұрған бұзық, жиіркенішті де жауыз кейпімен бетпе-бет ұшырасып, зұлым байдан зұлым кедей бетер болатынын көзбе-көз көрді. Екіншісі — қалай болғанмен де қатысып, Тенардьеге қарсы куәлік беруге тура келетін сот процесіне араласқысы келмеді.
Жавер есімі де есінде қалмаған жас жігіт қорқып, қашып кеткен шығар, оның үстіне төңірекке торуыл қойылған соң жалпы үйге жоламаған да болар деп ойлады, соған қарамастан оны іздеп табуға тырысты, бірақ онысынан еш нәтиже шықпады.
Бір ай өтті, екі ай өтті. Мариус бұрынғысынша Курфейракта тұрып жатты. Сот мәжілісін құр жібермейтін жаңа пері таныс жас адвокат арқылы ол Тенардьенің қамауда жалғыз отырғанын білді. Әрбір дүйсенбі сайын Мариус ол үшін Форс түрмесінің кеңсесіне бес франк жіберіп тұрды.
Мариуста артық ақша болмайтын, әлгі бес франктің өзін ол Курфейрактан алып отырды. Бұл оның өмірінде алғаш рет қарызға ақша алуы. Үнемі қарызға алатын осы бес франк берген Курфейракқа да, алған Тенардьеге де ол жұмбақ болды. "Кім үшін алып жүр?" — деп ойлайды Курфейрак. "Қайдан келіп жатыр екен?" — деп басын қатырады Тенардье.
Мариус қатты қиналды. Барлығы қайтадан астыртын қимылға көшкен сияқты. Ол алдынан енді артық ештеңе көре алмады, өмірі қайтадан тылсымға сүңгіп, сипалақтап күй кешуге тура келгендей. Бір сәт осы түнекте ол сүйген жас қыз тіпті жақын жерден жалт етіп елес бергендей, әкесі оның, бұл үшін беймәлім жан иесі — шал бұл жалғандағы өмірінің мәнін құрайтын бірден-бір үміті сияқты көрінеді оған, соған қол жеткізгелі ұмтылған сәтте бәзбір леп ол көлеңкені үрлеп алды да кетті. Осындай сұмдық соққы тұсында оның жан әлемінде не ақиқаттың жарқылы, не сенімнің ұшқыны жалт етіп көрініс берген жоқ. Болжам да ізім-қайым. Ол аз дегендей ол енді оның есімін де білмейтін болып шықты, бұрын білетін тәрізді еді ғой. Даусызы біреу ғана: оның аты Урсула емес. "Бозторғай" лақап аты. Қария туралы не ойлауға болады? Шынында да ол полицияда бой тасалады ма? Мариустің есіне мүгедектер үйінің маңында кездестірген ақ шашты жұмысшы түсті. Енді оған әлгі жұмысшы мен Ақ мырза бір адам секілденіп көрінді. Ол адамда батырлық бірдеңе, екі ойлылық бірдеңе бар сияқты ма, қалай? Неге ғана ол көмекке шақырмады? Неге қашты? Қыздың әкесі ме ол, әкесі емес пе? Ақыр соңында ол Тенардье мойындаған кісі болып шықты ма? Тенардье жалпы қателескен жоқ па екен? Қаншама шешілмеген мәселе бар десеңші! Рас, бұның бәрі Люксембург бағынан шыққан ару қыздың періште бейнесіне көлеңке түсіре алмайды. Мариус сағыныштан сарғайып, құштарлықтан өзегі өртеніп, көзін түнек тұмшалады. Оны бірдеңе жетелегендей болып, жетелей беріп кеудеден итергендей бір орында қалшиып тұрды да қалды. Махаббаттан басқасының бәрі ізім-қайым болды. Алайда оны сол махаббат сезімнің өзі алдап, аяқ астынан айығып, кірген есінің өзі ғайып боп кетті. Әдетте жалын бізді өртей тұрып, сонымен бірге жарқылдаған ұшқындарын шашып, сырттай жарық түсіріп, жол көрсеткендей болады ғой. Алайда Мариус құштарлықтың бұл құпия ақылына құлақ асар халде емес еді. "Анда барсам ба екен?" деп те айта алмады. Енді қайтып Урсула деп атай алмайтын аяулысы бір жерде жүруін жүр, бірақ еш хабар жоқ. Оның күллі өмірі "көзсіз тұманның арасындағы күмәнға толы ғұмыр" деп бірер сөзбен сипаттайтын ғана жағдайда. Шіркін, көрсе ғой оны, көрсе ғой! Ол үзбей осыны аңсады, алайда қайтып ештеңеден үміттенбеді де.
Осының бәрін азсынғандай қайтадан жоқшылық келіп аранын ашты. Оның тұла бойды мұздатар ызғарлы демін ол ту сыртынан түйсінді. Қат-қабат қобалжулар кезінде ол жұмысты баяғыда-ақ тастап кеткен, бақса еңбекті үзіп, тоқтатып тастаудан қауіпті ештеңе жоқ екен; бұл жойылып бара жатқан дағды. Оның үстіне тастай салу оңай, қалпына келтіру қиын дағды.
Мөлшерімен пайдалана білген есірткідей қиялшылдық та жақсы. Ол безгектей безек қақтырып, кейде қатыгездікке дейін баратын ақыл-ой қызметін сабасына түсіріп, салқын тұманға орап, айқын ой-пікірдің кіді тұстарын жұмсартып, ақтаңдақтары мен қуыс жерлерін тегістеп, идеялардың жеке сілемдерін ұштастырып, үшкір қырларын білдірмей жібереді. Алайда, бір ғана қиялшылдық бәрін де жұтып, су түбіне батырады. Асқақ ойды мансұқтап, басы қиялға берілген ой адамдарынан асқан бейшара жоқ. Қиялға берілсем өзімді тез сергітемін деп сенеді ол, алайда онысы да бәрібір сандырақ.
Ойлау — ақыл-ой жұмысы, қиялшылдық — оның тәтті құмарлығы. Ақыл-ойды қиялға айырбастау ас орнына у ішу деген сөз.
Оқырманның есінде болса, Мариус тура осыдан бастаған жоқ па. Оны ойда жоқта баурап алған құштарлық оны түгі де, түбі де жоқ құрғақ қиял әлеміне топ еткізді. Үйден ол тек қыдырып, қиялдап қайту үшін ғана шығады. Әйтеуір өмір сүруге деген сылбыр талпыныс. Буырқанып басылмайтын бір терең тұңғиық. Қызмет сәл саябырлап еді, жоқшылық иектеп алды. Бұл енді заңдылық. Қиялмен ғана өмір сүретін адамның ерік күші әлсіз, ұқыпсыз, ысырапқор болатыны табиғи. Алаңғасар ақыл байыпты, ойлы өмірге қабілетсіз. Алайда мұндай алаң-ашық, есеп-қисабы жоқ өмірдің жақсы жақтары да бар, сылбырлық, бос белбеулік кеселді десек, ақкөңіл аңқылдақтық мақтауға тұрарлық тамаша қасиет. Әйткенмен кедей, жомарт, мейірбан бола тұрып жұмыс істемеген адам құриды. Қалта тақырланса, қажеттілік артады.
Бұл дегенің ең адалдар мен ең табандылар, сондай-ақ ең сорлылар мен ең содырлар шығатын қатерлі тау баурайы, табандап тұрғандарды ол екі ордың біріне құлатады, не өзіне өзі қол жұмсатады, не қылмысқа барғызады.
Қиялшылдықтың аста-төктігі азап.
Мариус қарағанын емес, қалағанын көргендей, көзін қайтып көрмейтінше қадап, сол баурайдан баяу түсіп келе жатты. Осы айтып отырғанымыз оқшау көрінуі де мүмкін, алайда әсте олай емес. Көңілдің қараңғы түкпірінде бұл арада жоқ жан иесі туралы естеліктің шырағы жанады; ол болмыс оралмастай алыстаған сайын, әлгі шырақ жарқырай түседі. Алабұртқан күңгірт көңіл ол жарықты өз көкжиегінен көреді, оның түнгі жұлдызы осы. Мариустің барлық ой-пікірін сол ғана жұтып жатыр. Ол өзге ештеңені ойлаған жоқ, оған оның бешпенті көнетоз, ұқыпсыз көрінді, жейдесі де, қалпағы да, етігі де тозған, өмірі таусылып біткендей сезінді, сондықтан: "Тек оны өлер алдында бір көрсем ғой", деп қайталай берді.
Оның жалғыз ғана тәтті ойы өзін сүйген ару қыздың жаудыраған жанары ақ, пәк сезімін паш еткен, мұның аты-жөнін білмесе де жанын түсінген, қайбір жұмбақ жерде қазір жүрсе де, ол әлі де мұны сүйеді. Кім білсін, ол да мұны бұл ойлағандай ойлайтын шығар. Кейде әрбір сүйген жүрекке айтып жеткізе алмайтын, негізінен тек мұңға толы қам көңілде көмескі қуаныштың тебіренісін түйсініп: "Мынау мені тапқан соның ойлауы ғой!" дей берді. Сосын "Бәлкім, менің де ойларым оны табатын шығар!" деп қосты.
Бұл әншейін қиял ғана еді, табан аузында өзіне өзі келіп ол басын шайқады, бірақ ол көңіліне кейде үмітке де айналып кететіндей сәулесін түсіріп үлгерген-ді. Ауық-ауық өсіре қиялшылдарды мұңға батыратын кешкілік сәттерде махаббат миын сықаған шерлі қиялының ең пәк, ең асқақ, ең нәзігін өзінің арнаулы дәптеріне түсіретін мұны ол "оған арнап жазу" деп атады.
Алайда оны ақыл-есінен адаса бастады деп ойлауға болмайды. Керісінше. Жұмыс істеп, діттеген мақсатына табандылықпен жету қабілетінен айырылды ол, бірақ ой-пікірлерінің өтімділігі мен әділдігі жөнінен қай кезеңдегіден де ерекше дараланды. Мариус көз алдында өтіп жатқанның бәрін сабырлылықпен айрықша көре білді, тіпті өзі немқұрайды қарайтын оқиғалар мен адамдарды да қағыс жібермеді; барлығын да бүкпесіз күйзеліспен һәм ашық енжарлықпен дұрыс қабылдады. Үміттен толық айырыла жаздаған ақыл-есі қол жетпейтін биікте қалықтап жүрді.
Осындай халде ештеңе де назарынан тыс қалмады, ештеңе де оны алдай алмады, сәт сайын өмірдің мәнін, адамзат пен тағдырдың мәнісін түйсіне түсті. Қаншама қайғы-мұңға батса да Жаратқан Иеміз махаббат пен бақытсыздыққа лайықты жан-жүрек сыйлаған адам бақытты болмақ! Осынау өмірдің, адам жүрегінің құбылыстарын қос қабат сәуле арқылы көре алмайтын адам ештеңенің де парқына бармайтын, ештеңе де білмейтін адам.
Шын сүйген қасіретті көңіл қашан да асқақ.
Дегенмен күнді күн алмастырып, уақыт өтіп жатты, ал жаңа ештеңе жоқ. Мариуске өзі жүріп өтуге тиіс қараңғы кеңістік сәт сайын қысқарып келе жатқандай көрінді. Оған өзі түпсіз терең күздің жиегі айқын ажыратарлықтай болып елестеді.
Қалайша! — деп қайталады ол. — Оны осы құзға құлар алдында да көре алмаймын ба?
Егер Сен-Жак көшесімен қозғалсаң, заставаны бір жақта қалдырып, бір ауық ішкі бульварды сол жағынан бойлай жүрсең, Санте көшесіне дейін жетіп, сосын Гласьерге барып, әрі жылжысаң Гобелендер өзеніне жетпей, далаға ұқсас бірдеңені көресіздер. Париж бульварларының ұзын әрі біркелкі ендігіндегі бұл алқап Рейсдальдың тынығуға бой алдырар бірден-бір жері.
Ондағының бәрі қайнар көзі белгісіз сұлулыққа тұнып тұр: жоғарысында жуылған әртүрлі шүберек ілінген құрулы арқан бар жасыл көгал; Людовик ХІІІ-нің тұсында салынған шарбақпен қоршалған ежелгі ферма, өзінің ғажап етіп өрнектеген биік шатыры бар; жартылай құлаған қоршаулар; теректердің арасында жылтырап жатқан сулар; әйелдер, күлкілі үндер, дауыстар; көкжиекте — Пантеон, Саңырау-сақаулар мектебі жанындағы ағаш, қарауытқан, ғажап, қызық, әсем, өрнекті Валь-де-Грас шіркеуі, түкпірде Құдай ана соборының төртбұрышты жұпыны мұнаралары мен мұндалайды.
Көз тоқтатып қарауға тұрарлық жер бұл, сонда да бұған ешкім келе қоймайды. Ара-тұра, ширек сағатта бір рет бұл арадан арба немесе атты арбакеш өтеді.
Бірде Мариустің оңаша сейілі оны өзен жағасындағы осы көгалға алып келді. Сол күні бульварда сирек жүретін біреу ұшырасты. Атыраптың жабайы сұлулығына қайран қалған Мариус одан:
— Бұл жер қалай аталады? — деп сұрады.
— Бозторғай алабы, — деп жауап берді жүргінші. Сосын сөзін жалғап:
— Ульбахтың Ивриден шыққан бақташы қызды өлтірген жері осы, — деді.
"Бозторғай" деген сөзден кейін Мариус ештеңе естімеді. Кейде қиялға шомған адамның барлығынан баз кешіп, өзін өзі ұмытып кететіні болады, ол үшін оған бір-ақ сөз жетіп жатыр. Ой бір бейнеге ғана ошарылып, басқа ештеңені де қабылдай алмайды. "Бозторғай" — Мариустің мұңлы қиялының түкпірінде Урсула есімін алмастыратын атау. "Аһ!" — деді ол өзімен өзі тылсым сырласып, әңгімелесе беретін адамға тән таңданыспен. — Демек, бұл соның жері екен ғой. Бұдан мен оның қайда тұратынын аңғарып тұрмын.
Мұнысы енді көңілге де қонбайды, ақылға да сыймайды, бірақ оның айтқанын қайтара алмайсың.
Сөйтіп ол Бозторғай алабына күн құрғатпай келіп жүрді.
Екінші тарау
ТҮРМЕ ҰЯСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫС ҰРЫҒЫ
Жавердің Горбо үйіндегі табысы толымды көрінді, бірақ шынтуайттап келгенде, іс жүзінде ештеңе де болған жоқ.
Ең алдымен — бандиттердің тұтқынын өз тұтқыны ету әрекетінен түк те шықпады. Егер кісі өлтірушінің құрбаны тығылып қалса, онда ол қанішердің өзінен де қауіпті, қылмыскерлер үшін баға жетпес табыс болып саналатын бұл адам өкімет үшін де аз олжа болмайтыны әбден мүмкін.
Монпарнас та Жаверден сытылып кетті.
Осынау "сәнқой сайтанға" қол салу үшін басқа бір жағдайды күтуге тура келді. Шынында да, Монпарнас, бульвар ағаштарының түбінде қарауылда тұрған Эпонинаны кезіктіріп, қасында әкесі бар Шиндерганнестен гөрі қызын ерткен Неморинді артық көріп, оны өзімен бірге ала кетті. Ол ірі де тиімді жағын таңдар еді. Ол бостандықта қалды. Ал Эпонинаны Жавер қайта қолға түсірді.
Алайда бұл ол үшін олқы жұбаныш болды. Эпонина Мадлонеттегі Азельмаға келіп қосылды.
Ақыры тұтқындалғандарды лашықтан Форс түрмесіне тасыған кезде басты қылмыскерлердің бірі Сыңғыртеңге жоқ болып кетті. Мұның қалай болғанын ешкім де білмеді; агенттер мен сержанттар "ештеңеге де түсінбеді"; ол бейне буға айналып ұшып кеткен секілді, кісеннің өзінен сытылып, күйменің саңылауынан сытылып шығып, қашып кетіпті; тек түрмеге келгенде ғана Сыңғыртеңгенің жоқ екенін айтпасқа болмады. Қардың қапалағы суда еріп кететіні сияқты, жүрекке сіңіп Сыңғыртеңге де еріп кетпеді ме екен? Мұның өзі не сиқыршылық, не полицияның қолынан келген іс. Бұл кісінің өзі екіұдай жұмбаққа — заң мен заңсыздыққа қатысы бар боп жүрмесін. Ол әлде қылмыстың да, кек алудың да қосар бейнесі ме? Алдыңғы аяғын зұлымдыққа, артқы аяғын билікке тіреп жүрмесін бұл сфинкс? Жавер бұл болжамды мойындамай, мұндай тоқтамды білген бойда-ақ қатты ашуланар еді; алайда оның бөлімшесінде басқа да қадағалаушылар бар-тын, олар бұның басшылығымен жүрсе де, префектураның құпиясын жақсы білетін, ал Сыңғыртеңге жақсы агент болып шығуы да мүмкін зымиян. Түнгі түнекпен жақсы қарым-қатынаста болу бандиттер үшін тиімді, ал полиция үшін қолайлы. Мұндай екі жүзді алаяқтар баршылық. Қалай болғанмен де жоғалып кеткен Сыңғыртеңге таптырмады. Жавер оған таңданғаннан гөрі шамданған тәрізді.
Зайыры қорыққан жалпақ шешей адвокаттардың Мариуспен ісі болмаса, ол есімін де ұмытып қалған Жавер үшін онша назар аударарлық пенде көрінбеді. Оның үстіне ол — адвокат, қайда кетеді, табылады. Бірақ ол адвокат қана ма екен?
Тергеу басталды.
Сот тергеушісі ұрылардың қораз сағаты тобынан мылжыңдап бірдеңе айтып қояр деп біреуін жеке дара қамауға шешті. Бұл адамы Кіші Банкир көшесінен шыққан дудар бас Брюжон еді. Оны күзетшілер қырағы қадағаласын деп Шарлемань түрмесінің ауласына жіберді.
Брюжон есімі — Форс түрмесіндегі белгілілердің бірі. Әкімшілік Сен-Бернар, ал ұрылар Арыстан шұңқыры атап, Жаңа ғимарат аталатын аула жиіркенішті-ақ, сол жағында қабыршақтанып сасық қына жауып, шатырға дейін көтерілген қабырға бар. Тот басқан көне темір қақпалардан, кәдімгі Форс герцог сарайының қазір қылмыскерлердің жатын жайы болған бұрынғы шіркеуіне апаратын дарбазадан жиырма жыл шамасы бұрын тасқа шегемен шұқып салған бейнелер мен олардың астындағы мына жазуларды көруге болатын еді:
БРЮЖОН, 1811
1811 жылғы Брюжон 1832 жылғы Брюжонның әкесі болды.
Соңғы рет біз Горбода көргенімізде өте қу, епті, аңқау әрі бейшара көрінуге тырысатын. Осы бейшара кейпіне қарап қазы оған жалғыз қамалатын камерадан гөрі ол Шарлемань ауласында пайдалырақ болар деген пиғылмен кейбір еркіндіктер берді.
Әділ соттың қолына түсе тұрып ұрылар өз әрекетін тоқтатпайды. Анау-мынауың оларды қиналтпайды. Жасаған қылмысы үшін түрмеде отыру келесісін әзірлеуге бөгет болмайды. Олар кәдімгі Салонда суреттерін көрмеге қойып, шеберханада келесі туындысын жасап жататын суретші сияқты.
Брюжон түрмеде жынданып кеткендей көрінді. Ол Шарлемань ауласында сағаттар бойы тапжылмай түрме дүңгіршегінің сасық прейскурантына шұқшиып буфетші терезесінің алдында тұрып алады, "Сарымсақ-62 сантим" деп басталып, "Сигара-5 сантим" деп аяқталатын прейскуранттан көз алмайды тіпті. Тұла бойы қалшылдап, тістерін сақылдатып, безгекпен ауырғандарға арналған палатаның жиырма сегіз төсегінің бірі босаған-босамағанын сұрайды.
Кенет 1832 жылғы ақпанның екінші жартысында әлгі шірік Брюжонның өз достары атынан үш түрме шабарманына елу су төлеп, үш түрлі тапсырма бергені мәлім болды, оның төлеген мол сомасы түрме күзеті бастығының да назарын аударды.
Оның жай-жапсарын біліп, түрменің қабылдау бөлмесіне іліп қойылған тапсырмалардың баға тәртібін ежіктей отырып мынадай қорытындыға келді: елу су былайша бөлініпті: тапсырмалардың бірі Пантеонға қатысты екен, оған — он су, екінші Валь-де-Грасқа қатыстысына — он бес су, ал Гренель заставасына — жиырма бес су. Баға тәртібі бойынша соңғысы қымбатырақ түскен.
Ал Пантеонға таяу Валь-де-Грас пен Гренель заставасында аса қауіпті үш қаңғыбас: Пайызшы, яғни Бисарроның, айыбын өтеп келген каторжан Бахвалдың және Шлагбаумның тұрағы болған. Олар екі басшысы Бабет пен Тірідейжұтқыш түрмеге жабылған Қораз сағатымен байланысты деп топшыланды. Брюжонның үй адрестері емес, көшеде күтіп жүргендерге жолдаған хатында бәзбір зұлымдық пиғыл хабарланған шығар деп күмәнданды. Бұлай ойлауға басқа да себептер бар еді. Үш қаңғыбасты ұстады да, Брюжонның арам ойы ауыздықталды деп тыныш тапты.
Осыдан кейін шамамен бір апта өткенде Жаңа ғимараттың төменгі жатынжайын қадағалайтын бақылаушы жәшікке жетонын салғалы жатып жатынжайдың есігінен сығалап тұрған Брюжонды көрді. Әдетте бақылаушылардың бірі жатынжайдың есігіне қағылған жәшікке жетондарын сағат сайын салып, осылай қарауындағыларды қадағалайтын. Брюжон түнгі шамның жарығымен бірдеңе жазып отыр еді. Күзетші кіріп барып оны бір карцерге қамады, бірақ жазғандарын таба алмады. Сондай-ақ полиция да ештеңе біле алған жоқ.
Анығы мынау ғана: келесі күні екі түрме ауласын бөліп тұратын бес қабатты үй арқылы Шарлеманьнан Арыстан шұңқырына почтальон" тасталды.
Тұтқындар "почтальон" деп әртістікпен иленген "Ирландияға" жіберілетін дөңгелек нанды айтады, былайынша, олар шатырлар арқылы бір ауладан екіншісіне домалатылады. Бұл сөздің мәні былай: Англия арқылы бір жағадан екіншісіне, яғни Ирландияға түсу. Домалақ тура аулаға түседі. Оны көтерген жан домалағын тарқатып, ішінен сол албарда қамауда жатқандардың біріне бағышталған хат тауып алады. Егер хат тұтқынның қолына түссе, онда оны арналған адамына табыстайды, егер күзетшінің қолына немесе түрмедегілер "ұябасар" атайтын астыртын ақы төленетін жансыздың қолына түссе, хат бірден кеңсеге апарылып, полицияға тапсырылады.
Бұл жолы "почтальон" арналған адамы жалқы камерада отырғанына қарамастан мекен-жай бойынша тапсырылды. Адресат анау-мынау емес, Қораз сағаты тобының бір басшысы Бабет болып шықты.
"Почтальоны" мынадай екі жол жазылған ораулы қағаз екен:
"Бабетке. Плюме көшесінде бір шаруаны реттеуге болады. Бақ темір шарбақтың сыртында".
Мұны түнде Брюжон жазған.
Бақылаушылар мен қадағалаушылардың көзін ала беріп, Бабет хатты Форстан Сальпетриерге аттандырудың тәсілін тапты. Онда оның жазасын өтеп жатқан бір "құрбысы" болатын, ол қыз хатты өзінің танысы, бақылауда жүрген, бірақ тұтқындалмаған Маньон деген әйелге жөнелтті. Есімін оқырман бұрын ұшыратқан Маньон алда анығырақ айтылатын ерлі-зайыпты Тенардьемен жақын қарым-қатынаста болған. Ол Эпонинамен кездесіп Сальпетриер мен Мадлонет арасындағы көпір қызметін де атқаруы мүмкін.
Дәл бұл кезеңде Тенардьенің қыздары — Эпонина мен Азельманы айыптауға дәлел жетпей, олар босатылды.
Эпонина түрмеден шыққанда қақпаның алдында қарауылдап тұрған Мадлонет Брюжонның Бабетке жазған хатын тапсырып, шаруаның барысын баяндап отыруды жүктеді оған.
Плюме көшесіне бет алып Эпонина темір қоршау мен бақты тапты, үйді айнала қарап, байқап, қарауылдап жүрді де, бірнеше күннен кейін Клошперс көшесінде тұратын Маньонға кепкен нан апарып берді, Маньон оны Сальпетриердегі Бабеттің ашынасына берді. Кепкен нан күңгірт түрме тілінде "ешбір лаж жоқ" дегенді білдіреді.
Сөйтіп, апта өтпей жатып Бабет пен Брюжон Форс түрмесінің күзет бөлмесінде кездесіп қалды — бірі жауап беруге бара жатты, бірі жауап беріп келе жатты. "Ал П.көшесіндегі не өзі?" — деп сұрады Брюжон, "Кепкен нан!" — деп жауап қатты Бабет.
Осылай Брюжонның Форс түрмесінде жатып сепкен ұрығы толғағы жетпеген түсік болып шықты.
Алайда осының өзі де Брюжонның жоспарына кірмеген кейбір зардаптарға әкеп соқты. Оқырман ол туралы өз кезінде біледі.
Кейде адамның бір жіпті жалғаймын деп отырып, басқасын жалғап қоятыны бар емес пе.
Үшінші тарау
МАБЕФ ӘКЕЙДІҢ КӨРІНУІ
Мариус қайтып ешкімге бармады, тек анда-санда Мабефпен ғана кездесіп қалып жүрді.
Мариус баяу ғана түнерген, қара түнек зынданға түсетін саты десе де боларлықтай баспалдақпен түсіп келе жатып, төбесінен естілген бақытты біреудің қадамын аңдап еді, бақса, Мабеф те төмен түсіп келеді екен.
"Флора Котере" қайтып сатып алушылар таппады. Кішкентай, нашар орналасқан Аустерлиц бағында қаракөк сырмен жасалған тәжірибе сәтсіз аяқталды. Мабефтің дымқылдық пен көлеңкені ұнататын бірер өсімдік өсіру ғана қолынан келеді. Бірақ онысына өкінген жоқ. Ол "өз есебінен" қаракөк сырмен тәжірибе жасау үшін Ботаника бағынан жердің бір тамаша пұшпағын тауып алды. Ол үшін ломбардқа "Флоралардың" қола клишесін тапсырды. Ертеңгілік асын екі жұмыртқамен шектеді, оның да біреуін күтуші әйеліне қалдырды, өйткені ол бейшараға он бес айдан бері жалақы төлей алмай келе жатқан. Көбіне бұл ертеңгі асы оның күн ұзаққа жететін жалғыз ғана нәпақасы болатын. Ол өзінің сәби күлкісін тыйды, тек түнеріп қана жүріп, қонақ қабылдаудан безді. Мариус оған келе бермей дұрыс жасады. Алайда Мабеф Ботаника бағына бет алғанда, бозбала мен шал Госпиталь бульварында кездесіп қалды. Олар сөйлеспей, мұңая бас изесумен ғана тынды. Қайыршылық жегідей жеп жатқанда уақыттың қалай өтетінін ойлаудың өзі азап. Бұрын дос болғандар енді бір-біріне бас изесер жай таныс қана тәрізді.
Кітап сатушы Руайоль қайтыс болды. Мабеф енді өзінің кітаптарын, өзінің бағы мен қаракөк сырын ғана білді, оның бақыты мен рақаты, үміті де осыларға ауысты. Өмір сүру үшін оған осы жетіп жатыр. Ол өзіне өзі: "Көк шаршалар жасап шығарғанымда байимын, — дейді, — ломбардтан қола клишелерімді қайта сатып алып шулы жарнама мен газет хабарландыруларының көмегі арқылы "Флорамды" жаңа табысқа жеткізіп, Пьер де Мединнің 1559 жылы басылып, тысы ағашпен оюланған "Навигация өнерін" сатып аламын, қайдан алатынымды және білесің ғой!"
Ал әзірше ол ұзақ күндерін индиго көшеттерінің маңында өткізіп жүр, кешкісін оралып бағын суарады, кітап оқиды. Қазір оның жасы кем дегенде сексенде.
Бірде кешкісін оған әдеттен тыс елес көрінді.
Ол үйге оралғанда күн әлі жарық болатын. Денсаулығы нашар Плутарх тәтей ауырып, төсекте жатқан-ды. Түстік орнына азын-аулақ еті қалған жілікті мүжіп, ас үй үстелінен тапқан бір үзім нанды жеп, бақшасында орындық етіп жүрген тас бағанды төңкеріп, соған отырды.
Сол орындықтың қасында, бұрын бақта болатын үлкен бөренелерден құрастырылып, көне тақтайшалармен шегеленген, астыңғы бөлігі қоян қора, үстіңгісі жеміс-жидек сақтайтын қойма сияқты бірдеңе тұрды. Үйшікте қазір қоян жоқ, ал қоймада әлі бірнеше алма жатыр. Бұл қысқы қордың қалдығы болатын.
Мабеф көзілдірігін киіп өзін толғандырған, тіпті жасына қарамай баурап алған екі кітапты ақтара бастады. Тумысынан бар жасқаншақ қорқақтығы оның соқыр сенімге бейімділігіне көмектесті. Бұл кітаптардың алғашқысы президент Деланкрдің "Әзәзілдің кейпі туралы" трактаты болатын, ал екіншісі Мотор де ла Рюбодьердің "in guarto. Вовер әзәзілдері мен бьевр кобольдтары туралы" деген еңбегі еді. Соңғы кітаптың оны қызықтырған себебі — баяғыда бұның бағына кобольдтар келіп жүретін. Үйіріле бастаған ымырт аспанды — бозғылт, жерді күңгірт түске бояды. Кітапты оқи отырып Мабеф, оның үстінен өсімдіктерге қарады, атап айтқанда, өзін тыныштандыратын шегірек гүлге көз тастады. Міне, төрт күннен бері ыстық қайтпай тұр, жел есіп, күн шақырайып, жерге бір тамшы жаңбыр жауған жоқ; сабақтар иіліп, қауашақтар бүрісіп, жапырақтар солбырайып, бәрі де су тілеп, суарылуын күтті. Шегірек гүлдің сұрқы тіпті аянышты. Мабеф әкей өсімдіктердің де жанын сезінетін адамдар қатарына жататын. Шал күн ұзақ индиго көшетімен жұмыс істеп, әбден шаршады; сонда да ол орнынан тұрып, кітапты орындыққа қойып, тәлтіректей адымдап, құдыққа қарай тартты, алайда шынжырды ұстағанмен оны ілмектен жұлып алуға шамасы келмеді. Ол жанары мұңға толып, жұлдыздарымен жарқыраған аспанға қарады бұрылып.
Кешкі ауада қайғылы көңілдің дертін жұмсартып, мәңгі қуанышпен аялайтын мизам шуақ, тып-тыныш бір айқындық есіп тұр еді. Күндізгі сияқты түннің де аптап болар түрі бар.
"Аспанда жұлдыздар жыпырлап тұр! — деп ойлады қария. — Бір шөкім бұлт жоқ. Бір тамшы тамар емес!"
Сосын басын қайта түсірді.
Ізінше аспанға тағы бір қарап күбір етті:
— Тым құрыса бір тамшы шық болса ғой! Аяныштың көз жасындай бір тамшы ғана!
Ол ілмектен шынжырды ағытуға қайта әрекет жасап еді, ағыта алмады.
Сол сәт оның құлағына:
— Мабеф әкей! Қаласаңыз, бақты мен суарып берейін, — деген дауыс келді.
Бейнебір қоршауды күтірлетіп жабайы аң кіріп келе жатқандай сытыр естіліп, бұтаның тасасынан бір ұзын бойлы қыз шыға келді. Оның алдына кеп тоқтап, жасқанбай көзіне көзін қадады. Зайыры, бұл адам заты емес, ымырт туғызған елес болуы керек.
Ең алдымен, біз атап өткендей, оңай абыржытып, қорқытып алуға болатын Мабеф әкей бойынан бәз-бірдеңені анықтап алардай күш тапты да, қара көлеңкедегі қимылға қарады да тұрды. Қыз шалт қимылдап, шынжырды ілмектен ағытып, шелекті құдыққа салды, оны алып шығып, су сепкішті толтырып көшеттерге қарай тартты. Қария жыртық белдемше киген жалаңаяқ қыздың көшеттердің арасында жүгіріп жүріп, өсімдіктерге өмір сыйлағанын өз көзімен көрді. Жапырақтарға себілген судың шуылы Мабефтің жүрегін таңданысқа толтырды. Оған енді шегірек гүлі бақытқа кенелгендей көрінді.
Бір шелекті құйып, қыз екіншісін, сосын үшіншісін шашып, бүкіл бақты суғарып шықты.
Ол желкілдеген жыртық бас орамалы желбіреп, сүйекті ұзын қолдарын сермеп, аллея бойлай жүгіргенде, оның қараңдаған сұлбасы жарғанатты еске түсірді.
Қыз өз шаруасын тындырысымен Мабеф көзі жасаурап оның қасына келді де, қолын басына қойып:
— Иә, сізді тәңірі жарылқасын! — деді — Сіз періштесіз, себебі гүлдерді аялап, қамқорлық жасайсыз!
— Жо-жоқ, — деді қыз тартыншақтап. — Мен перімін, маған бәрібір!
Шал мұндай жауап күтпеп еді, сондықтан оның сөзін құлаққа ілмей, дауыстап:
— Менің бейбақ, кедей болғаным қандай өкінішті, сіз үшін ештеңе жасай алмаймын, — деді.
— Сіз бәз-бірдеңе жасай да аласыз, — деді қыз.
— Не жасай аламын?
— Маған Мариус мырзаның қайда тұратынын айтасыз.
Шал түсінбей қалды.
— Қай Мариус мырза?
Оның күңгірт жанары жойылып кеткен бірдеңеге қадалғандай болды.
— Әлгі, бұрын сіздің үйде болып жүретін жас жігіт ше?
Мабеф жад сандығын асығыс ақтара бастады.
— А, иә! — деп атып тұрды ол. — Түсіндім. Тоқтай тұрыңыз! Мариус мырза... Барон Мариус Понмерси ғой, тәйірі алғыр. Ол тұрады... дұрысын айтқанда, онда қазір тұрмайды... Ах, жоқ, білмеймін!
Сосын ол шегірек гүлдің сабағын жөндеуге еңкейді.
— Тоқтай тұрыңыз, — деді ол сөзін сабақтап, — есіме енді түсті. Ол бульвармен Гласьерге қарай жиі өтеді. Крульбарб көшесіне, Бозторғай алабына барады. Соған барыңыз. Оны сонда жиі ұшыратуға болады.
Мабеф белін жазғанда маңында ешкім жоқ, қыз ғайып болыпты.
Қарияның ептеп үрейленгені өз өзінен белгілі.
"Шыны, егер менің бағым суғарылмаса, оны елес, аруақ, рух деп түсінер едім ғой", — деп ойлады ол.
Бір сағаттан соң ол ұйықтағалы жатқанда әлгі ой қайта оралып, сол бір сусып ұстатпайтын ой-пікірің біртіндеп түс пішініне еніп, теңізді жүзіп өту үшін ертегі құсың балыққа айналатындай сәт туғанда ол:
— Шынында да бұл Рюбодьердің кобольдтар туралы айтқанына аса ұқсас екен. Осының өзі кобольд емес пе екен! — деп күбірледі.
Төртінші тарау
МАРИУСТІҢ EЛEC КӨРУІ
Мабеф әкейге "рух" келіп кеткеннен кейін бірнеше күн өткен соң, бірде ертеңгілік жексенбі күні, әдеттегідей Мариус Курфейрактан жүз су қарыз алған күні, Тенардьеге деп алған ақшасын қалтасына салып, түрме кеңсесіне апармас бұрын "серуендеп" қайтуға аттанды, ондағысы сергіп қайтсам жұмысым да қызып жүріп кетер деген баяғы үміт. Айтқандай бұл сейіл күн сайын қайталанды. Орнынан тұрып ол сол сәт үстелдің басына қайта қонжиып, қолына қағаз бен кітап алды, өйткені ол осы тұста атақты неміс дауы: Ганс пен Савиньидің айтыс-тартысын француз тіліне аударуға бел буған, алайда төрт жолды оқып алып, тәржімалауға тырысқанымен ештеңе шығара алмады, қағаз бен өзінің арасынан жарқыраған жұлдыздың елесін көрді де сосын тұрып кетті. "Жүріп қайту керек екен, мені сол сергітер", — деді ол өзіне өзі.
Сөйтіп Бозторғай алабын бетке алып жүріп келеді.
Ал онда жұлдыз үйдегіден бетер жарқырап Савиньи мен Ганс көмескі тартты.
Ол үйге қайтты, жұмысты қайта қолға алуға тырысты, бірақ онысынан түк шықпады, ойларының үзілген жібін қайтып ұштастыра алмады. Налыған ол: "Ертең үйден қия басып шықпаймын. Ол жұмыс істеуге бөгет болады екен", — деді. Сонда да күн сайын далаға шығып жүрді.
Оның пәтерде тұрғанынан Бозторғай алабында жүргені көп. Оның нағыз мекен-жайы мынадай: Санте бульвары, Крульбарб көшесінен кейінгі жетінші ағаш.
Сол таңда ол жетінші ағашты тастап Гобелендер өзенінің жағалауындағы сұхбат таққа жайғасты. Еркелеген күн шапағы бүр жарып, жаудыраған жас өскін жапырақтарды жалтыратып жіберді.
Ол сол баяғы "қыз" туралы ойлады. Оның ойлары кінә тағуға ұласып, өзіне айналып соғып жатты; өзінің жалқаулығын опына айыптап, көңілінің сал бөкселігіне, алдын торлап, тұтаса түскен түнекке кейіді, сөйтіп күннің өзін де көрмейтін халге жетті.
Алайда бәрін жайпап жұтып келе жатқан торығуды, қасіретті көңіл-күйді, зар-мұңға да жатпайтын бұлыңғыр да азапты ойларды былай қойғанда, оның іс-қимылға деген қабілетінің әлсірегені сондай — тіпті опынып өкінуге де шамасы жоқ — соған қарамастан Мариус сыртқы дүниенің құбылыстарын әзір түйсіне алып отыр.
Ол артқы жақта төменде өзеннің екі қапталында да кір жуушы әйелдердің жуған кірін оқтаумен қалай дүрсілдетіп соғып жатқанын, төбесінде шегіршін бұтағында шықылықтап сайраған құстардың үнін анық естиді. Бір жағында еркіндіктің, алғаусыз алаңсыздықтың шуы да, бір жағында толассыз жұмыстың шуы. Осы бір көңілді дауыстар оны ойға шомдырды, осы ойшылдықтан қасиетті пікірлердің сұлбасы айқындалуға айналды.
Осындай асқақ та күйрек көңіл-күйде отырған оның құлағына кенет:
Ал, міне, оның өзі! — деген таныс үн келді.
Ол басын көтеріп бірде ертеңгілік өзіне келген бақытсыз қыз бала, Тенардьенің үлкен қызы — Эпонинаны таныды. Ғажап! Үсті-басы сондай жүдеу болғанмен, жүзі бал-бұл жанып құлпырып кетіпті — бұрын ол бұлайша өзгере қоятындай көрінбеп еді. Ол қос қабат жолдан: жарық пен жоқшылықты бетке алған жолдан өтті. Қыз бұның бөлмесіне баса-көктей кіріп келген сол күнгідей бүгін де жалаңаяқ, шоқпыт киген екен, тек шоқпыты бұрынғысынан екі ай ескірді, жыртығы ұлғайып, тігістері сөгіліп кеткен. Сол баяғы қарлығыңқы дауыс, сол баяғы тотыққан әжімді маңдай, сол баяғы өжет, өткір, бір орында тұрмайтын күмәншіл көзқарас. Оның жүзіне түрмемен таныстықтың табы теуіп, бұрынғысынан да үрейлі, қиналысты, аянышты, лажсыздық реңк беріп тұр.
Шашында сабан мен шөптің қиқымдары жүр. Офелиядай емес мұның себебі басқада, ессіз Гамлеттің есалаңдығына шалдықпаған, жай ғана шөп үйген жерге жатып шықса керек.
Алайда ештеңеге де қарамастан ол тым жақсы еді. О, жастық! Сенде қандай жұлдыз жарқырап тұр десейші!
Ол Мариустің алдына келіп тоқтады, қуқыл өңінде қуаныш ұшқыны жылт етті және сәл жымиған секілденді.
Біраз уақыт ол сөйлеуге шамасы жоқтай үнсіз тұрды.
— Дегенмен мен сізді таптым! — деді ол ақыры. — Мабеф атай бұл бульвар туралы дұрыс айтыпты. Өзіңізді зыр қағып қалай іздегенімді білсеңіз ғой! Мен тұтқында болдым ғой. Білесіз бе оны? Екі апта! Сосын босатты. Ешқандай дәлел таба алмады, оның үстіне жауапқа тартуға жасым да жетпейді. Кәмелетке толуыма әлі екі ай бар. Сізді сарсыла қанша іздедім! Табаны күректей екі жарым ай! Демек, енді онда тұрмайсыз ба?
— Жоқ, — деп жауап қатты Мариус.
— А! Түсінемін. Анау іс үшін ғой. Полицейлердің басып кіруі қандай жаман! Демек, сіз көшіп кеттіңіз, ә? Бері қараңызшы! Қалпағыңыз неге мұншалық көне? Сіз сияқты жас жігіт жақсы киініп жүруі керек. Мариус мырза, білсеңіз бар ғой, Мабеф әкей сізді барон Мариус деп атайды, одан арғысы есімде жоқ. Бірақ сіз барон емессіз ғой? Барондардың бәрі қарт, олар күн көп түсетін сарайдың алдында, Люксембург бағында серуендейді, әр нөмірі бір су тұратын "Күнделікті газет" оқиды. Бір рет сондай баронға хат апарып беруіме тура келген. Оның жасы жүзден асып кеткен болуы керек. Ал, айтыңызшы, қазір қайда тұрып жатырсыз?
Мариус жауап қатқан жоқ.
— Ах! — деді қыз. — Жейдеңіз жыртылып қалыпты ғой! Оны мен жамап берейін.
Сосын қасіретті кейіппен:
— Сіз мені көргеніңізге қуанбайтын секілдісіз бе, қалай? — деді.
Мариус үндеген жоқ, қыз да үндемей қалды, сосын:
— Ал әйткенмен де, мен қаласам, келгеніме сіз өте-мөте қуанышты боласыз! — деп айқайлап жіберді.
— Қалайша? — деп сұрады Мариус — Мұнымен сіздің не айтқыңыз келеді?
— Бұрын сіз маған "сен" деп едіңіз, — деп ескертті қыз.
— Ал жақсы, сонымен не айтқың келеді?
Қыз ернін тістеді, іштей өзімен өзі арпалысып толқып тұрған тәрізді. Ақыры батылдыққа бел буып:
— Жарайды, енді бәрібір. Сіз мұңаясыз, ал мен қуантсам екен деймін. Тек күлемін деп уәде беріңізші. Мен сіздің күлгеніңізді көріп, "Міне, бұл тамаша" дегеніңізді есіткім келеді. Қайран, Мариус мырза! Есіңізде ме, не қаласаң, соның бәрін беремін дегеніңіз...
— Иә, иә! Айта бер енді!
Қыз Мариустің көзіне тіке қарап:
— Мекен-жайын білемін, — деді.
Мариус бозарып кетті. Бар қаны буырқанып жүрегіне шапшыды.
— Қандай мекен-жай?
— Менен өзіңіз сұраған мекен-жай ше?
Қыз өзін күштегендей әрең дегенде:
— Әлгі мекен-жай ше... Оны өзіңіз де білесіз ғой!..
— Иә, — деді Мариус міңгірлеп.
— Анау бикештің тұрағын айтамын.
Осы сөзді айтқанда қыз терең күрсініп қойды.
Мариус отырған орнынан атып тұрып, өзін өзі ұмытып қыздың қолынан ұстай алды.
— О, ондай болса мені апар! Айтшы кәне! Менен не қаласаң соны сұра! Қайда әлгі?
— Кәне, менімен еріп жүріңіз, — деп тіл қатты қыз. — Нақты нөмірі мен көшесін білмеймін. Ол мүлдем басқа жақта, үйі есімде жақсы сақталған, сізді ертіп барайын.
Қыз өзінің қолын босатып алды да, бөгде адамның да жүрегін тебірентерліктей үнмен толқи сөйледі, тек оны қуанышы қойнына сыймаған Мариус қана елемеді.
— О, сіз қуанып кеттіңіз ғой тіптен!
Мариустің жүзі томсара қалды. Ол Эпонинаның қолын қайта ұстады.
— Маған бір нәрсе жөнінде ант берші!
— Ант бер дейсіз бе? Бұл не білдіреді өзі? Сіздің алдыңызда ант бергенімді қалайсыз ба? — деп қыз күліп жіберді.
— Сіздің әкеңіз!.. Уәде берші, Эпонина! Ол мекен-жайды әкеңе айтпас үшін ант етші!
Аң-таң болған қыз оған бұрылды.
— Эпонина дейсіз бе? Менің атым Эпонина екенін қайдан білесіз?
— Менің өтінгенімді істеуге уәде берші.
Қыз оның сөзін есітпеген секілді.
— Қандай сүйкімді бұл! Сіз мені Эпонина дедіңіз ғой!
Мариус оны екі қолынан да ұстады.
— Маған жауабыңды берші енді. Құдай ақына! Мұқият тыңдап ал, саған айтып тұрмын, әлгі мекен-жайды әкеңе айтпаймын деп ант етші!
— Менің әкеме ме? — деп қайталап сұрады қыз. — Аһ, иә, менің әкеме айтпауым керек екен ғой. Оған алаңдамаңыз. Ол жалқы камерада қамаулы. Өте-мөте керек еді маған әкем!
— Иә, сен маған уәде бермейсің бе? — деп айқайлап жіберді Мариус.
— Жарайды, босатсаңызшы мені! — деп қыз сықылықтай күлді.
— Мені қалай-қалай сілкілейсіз! Жарайды! Жарайды! Уәдемді беремін! Ант етейін! Маған ол түкке тұрмайды! Әкеме тұрағын айтпаймын. Енді жарай ма? Бар іс осыған ғана тіреліп тұр ма?
— Ешкімге айтпайсың ба?
— Ешкімге де.
— Ал онда баста мені, — деді Мариус.
— Қазір барамыз ба?
— Қазір.
— Кеттік. О, ол қандай шат! — деп күрсінді қыз тағы да.
— Бірнеше қадам аттап барып ол тоқтай қалды.
— Сіз менімен қатарласып жүріп келе жатқан сияқтысыз, Мариус мырза. Мені алға жіберіңіз де, өзіңізбен өзіңіз болған кісідей соңымнан жүріп отырыңыз. Сіз сияқты сырбаз жас жігітті жұрттың мен секілді әйелмен көруі жақсы емес.
Осынау қаршадай қыздың айтуындағы "әйел" деген сөзге сыйғызылған мағынаны ешқандай тіл жеріне жеткізіп бейнелеп бере алмас еді.
Оншақты адым жүріп барып, қыз қайта тоқтады. Мариус оны қуып жетті. Оған бұрылып қарамай қыз:
— Айтқандай, сіз маған бірдеңе деп уәде етіп едіңіз ғой, — деді.
Мариус қалтасын ақтарды. Онда Тенардьеге деген бар-жоғы
бес франк қана болатын. Ол соны алып Эпонинаның қолына салды.
Қыз саусақтарын жазып жіберіп, теңге сусып түсіп кетті, жерге түскен теңгеге түнере қараған қыз:
— Маған сіздің ақшаңыздың қажеті жоқ, — деді.
ҮШІНШІ КІТАП
ПЛЮМЕ КӨШЕСІНДЕГІ ҮЙ
Бірінші тарау
ЖҰМБАҚ ҮЙ
Өткен ғасырдың ортасында астыртын ашынасы бар Париж сот палатасының төрағасы Сен-Жермен кентінен қазір Плюме деп аталатын бос көше Бломеде "Хайуандар шайқасы" аталған жерге таяу "қаласырты үйін" салдырды. Ол тұста аты шыққан мырзалар ашынасын мақтан етіп көрінеу ертіп жүретін де, буржуа оларды жасырып, көзге түсірмеуге тырысатын.
Төраға ол үйді екі тәжілі дербесжай болады деп топшылады. Бірінші қабатында екі зал, екіншіде екі бөлме, төменде ас үй, жоғарыда будуар, шатырдың асты шардақ, үйдің алды темір тормен қоршалған үлкен бақ болмақ. Көше жаққа шығатын бұл бақ бір апан жерді дерлік алып, өткен-кеткен тамашалап жүреді. Ал дербесжайдың сыртында ұзынша аула, түкпірінде аласа екі бөлмеден тұратын жерқоймасы бар қосалқы үй және жасалады. Бұл үй бала болған жағдайда сәби мен оның күтушісін жасыра тұру үшін ойластырылған. Одан жасырын сырттағы есік арқылы ұзынша, енсіз, екі қабырғаның арасындағы күмбезсіз дәлізге шығып кетеді.
Керемет бір құпия өнермен көлегейленіп, бақ қоршаулары мен баулардың арасына сүңгіп күллі бұрыштары мен бұрылыстарын білдірмей жіберетін бұл соқпақ тағы бір жасырын есікке алып келеді. Бақтан ширек миль жерден ашылатын ол есік Вавилон көшесінің елсіз шетіндегі басқа бір қотаннан шығарады.
Төраға мырза көбіне дәл осы есікті пайдаланды, себебі оның түп ізіне түсіп, қыр соңынан қалмай бәз-біреу бақылап еріп жүрсе де қазының күнбе-күн білдіртпей жойылып кетіп қайда барып жүргенін, Вавилон көшесіне бару деген Бломе көшесінен шығу екенін біле алмас еді. Сақтықпен сатып алынған жерінің арқасында сұңғыла қазы өз ауласынан жасырын жолдар тартып, еш бақылаудан қыңбай, басқан ізін білдірмей жүрді. Кейінірек ол әлгі ұзын дәліздің екі жағындағы жерлерін біреулерге бақ жасап, бау егуге сатты. Оны алған адамдар да қарсы алдындағы қоршауды шекара қабырғасы екен деп ұғып, ескі албардың ортасынан көшеттердің арасынан жыландай ирелеңдеп жасырын соқпақ жатқанын тіпті сезген де жоқ. Бұл қызықты тек құстар ғана көрді. Бәлкім, өткен ғасырдың сары шымшықтары мен қызылтамақ торғайлары ғана төраға тақсырды өсектеген шығар.
Мансард талғамымен салынып, Ватто талғамымен жиһаздалған, іші-сырты бірдей көз тартатын, құлпырған үш қатар қоршаумен орап тасталған, бір қарағанда қарапайым, бір қарағанда салтанатты, кейде тіпті әсіре әшекейлі көрінетін осынау тас дербесжай махаббаттың кінәмшілдігі мен сот мекемесінің кіділігіне сай салынған еді.
Бүгінде жойылып кеткен осы үй бұдан он бес жыл бұрын дін аман тұрған. 93-ші жылы оны бір мысшы бұзу үшін сатып алып, ақшасын уақытында түгел төлей алмай, айырылып қалды. Сөйтіп құлатылатын үй мысшының өзін құлатып тынды. Содан бастап үй иесіз қалып, адам бас сұқпаған соң өмір тынысы сезілмей, өзінен өзі құлазып, қирап бітетін ғимараттардың кебін киіп, бірте-бірте тозып, бүліне бастады. Біразға дейін ол бар көне жиһаздарын сақтап, жалға берілді, қайта сатылды; 1810 жылдан бастап, бақтың темір қоршауына ілініп оқып кеткен хабарландыруды Плюме көшесінен жыл бойы өткен жиырма шақты қалалық көрген шығар.
Жаңғыртудың аяғына қарай өткен-кеткен сол баяғы қалалықтар хабарландырудың ғайып болғанын, тіпті бірінші қабаттың терезелері ашылғанын байқаған болар. Үйде шынында да кісі бар-тын. Терезелеріне перде ұсталды — бұл онда әйел тұратынының нышаны.
1829 жылдың қазанында жасы біразға келіп қалған бір кісі келіп жекежайды түгел алды, әрине қосалқы үйді, Вавилон көшесіне шығатын өткел соқпақты қоса алды. Дәліз өткелдің жасырын екі есігін де қалпына келтіруге әмір берді ол. Жоғарыда еске салып өткеніміздей, төраға мырзадан қалған ескі жиһаздар түгел дерлік сақталып, жаңа тұрғын бәз-бірдеңелерін жаңғыртып, жетпейтінін жеткізіп, жаңадан қосты, ауладағы заттардың орнын ауыстырып, құлаған кірпіштерді, баспалдақтың сатыларын, паркеттің тақтайларын, терезелердің әйнектерін қалпына келтіріп, ақыры бір жас қызбен, күтуші кәрі әйелмен көшіп кіріп алды. Өз үйіне ашық кірген қожайын сияқты емес, салдырлатып, күлдірлетпей, жымын білдірмей кірді. Көршілер де сөз қылған жоқ, сөз қылардай көршілері де жоқ еді.
Бұл қарапайым тұрғын Жан Вальжан болатын, жас қыз — Козетта да, күтуші әйел — Тусен есімді кәрі қыз. Жан Вальжан .аурухана мен қайыршылықтан құтқарып, аман алып қалған бұл әйел кәрі қыз, әрі кекеш, әрі провинциялық болатын, Жан Вальжанның оны өзімен ертіп жүруіне де осы үш қасиеті себеп еді. Ол үйді Фошлеван мырза дегеннің атына жалдады. Бұрын айтылғандардың арқасында Жан Вальжанды оқырман Тенардьеден тезірек табуға тиіс.
Жан Вальжан Кіші Пикпюс монастырьінен неге кетіп қалды? Оған не болды?
Ештеңе де болған жоқ.
Оқырман есіне түсірсе, Жан Вальжан монастырьда өте бақытты болды емес пе, тіпті ар-ожданы оянып, өзін өрелі азамат сезінді. Козеттаны ол түн сайын көріп, сәбиді аялай отырып, оның тек өзінікі ғана екенін, өзінен оны ешкім тартып ала алмайтынын, осылай мәңгі кете беретінін, дінге бірте-бірте иіп келе жатқандықтан түбі сопы қыз болатынын, сөйтіп монастырь екеуі үшін де ғарыш әлеміне айналып, ол осында бой жетіп, бұл осында қартайып, алаңсыз өлетінін, оған дейін ешқашан айырылыспайтынын айтып, соған сенімін бекіте түсетін еді ғой. Шіркін, ғажайып үміт-ай десейші! Осыны ойлай отырып, ол күмән-күдікке де бой алдыратын. Өзінен өзі жауап алып, осындай бақытқа хақым бар ма жалпы, ол басқаның қасіретіне құрылған жоқ па екен, біреудің баласын жасырын иемденіп, бақытына тосқауыл қойып, обалына қалып жүрмеймін бе деп сұрақ астына алды. Мұның өзі ұрлық емес пе екен? Ол өзімен өзі ақылдасып, сәбиден бас тартудан бұрын оның өмірді ұғынуына жағдай жасау керек қой, өзінің келісімінсіз алдағы сынақтардан құтқару желеуімен қазіргі шаттығынан айырып, жалғыздық пен тұлдырлыққа ерте душар ету адам затының жанын жаралау болып шықпай ма, Құдай алдында жалған айтудың көкесі сол шығар, — деді. Кім білсін, күндердің күнінде Козетта бәрін біліп, бәрін де безбендей келіп, сопы қыз болып қалғанына бәлкім өкінер. Өзгелерден өткірлігі пәс, өзімшілдігі басым осы соңғы ой ол үшін жанға батарлық-ақ болды. Монастырьдан кетуге бекем бел буғаны да содан.
Осылай жасауға борыштымын деп ұққан ол бұған бұлтақтамай бел шеше кірісті. Ешқандай бөгет болған жоқ. Із-түзсіз жойылып кеткеннен кейінгі төрт қабырғаның ішінде өткізген бес жыл барлық үрейді сейілтіп, жойып жіберуі керек қой. Адамдардың арасында енді еркін жүре алады. Қазір қартайып, бәрі де өзгерді. Енді оны кім таниды? Оның үстіне жаман айтпай жақсы жоққа келсе, қауіп оның жалғыз өзі үшін ғана, сондықтан өзі каторгаға кесілген еді деп Козеттаны монастырьға пенде етіп қалдыруға хақысы жоқ. Ал парызбен салыстырғанда қауіп деген не, тәйірі!
Бұл кезде Козеттаның тәрбиесі тәмамдалып та қалған.
Айқын бір шешімге тоқтап, ол тек оңтайлы жағдайды ғана күткен-ді, ондай жағдай ұзамай туды да. Фошлеван қарт дүние салды.
Жан Вальжан мәртебелі поп ханымның қабылдауына сұранып, оған ағасы қайтыс болған соң қазірден бастап өзінің жұмыс істемеуіне жетерліктей азын-аулақ мұра қалғанын айтты, сондықтан монастырьдағы қызметін қалдырып, қызын алып кетпек, ол сопылық ант қабылдамағандықтан қасиетті орында тегін тәрбиеленген бес жылы үшін ақы төлемеу әділетсіздік болады, сол себепті ол қадірменді басшыдан шығынның орнын толтыру үшін бес мың франк қабылдауын өтінді. Козеттаның киелі шаңырақтың астында өткізген бес жылының ақысы бұл.
Осылай Жан Вальжан Дамылсыз тағзым ету монастырін тастап шықты.
Монастырьдан кетіп бара жатып жүкшіге сенбей, кілті қашанда қалтасында жүретін шағын шабаданды ол өзі ұстады. Шабадан Козеттаның әуесқойлығын қоздырды, өйткені одан бальзам иісі аңқитын. Ескерте кеткен абзал, сол сәттен бастап ол шабаданнан айырылған жоқ, ұдайы оны өз бөлмесінде ұстады. Ол оның көшіп-қонып жүргенде ұстаған алғашқы заты, тіпті жалғыз заты болуы да ықтимал.
Козетта онысына күліп, ажыраспас досы атайтын, тіпті әзілдеп "Одан мен қызғанамын" деп қоятын.
Алайда Жан Вальжан бостандыққа қайтадан алаң көңілмен қобалжып шықты.
Плюме көшесінен үй жалдап, онда Ультам Фошлеван деген атпен жасырынды.
Дәл сол кезде ол Парижден тағы да екі пәтер жалдады, ондағысы ұдайы бір көшеде тұрып, жұрттың назарын аудармау, қажет болған жағдайда сәл ғана қатер сезілсе тайып тұру — бір сөзбен айтқанда, анау бір түні Жаверден құдай сақтап әрең құтылғанындай аңдаусызда қолға түсіп қалмау. Жалдағаны пәтер дейтін пәтер де емес, кедей, жұпыны жайлар және бір-бірінен жырақ; біреуі Батыс көшесінде болса, екіншісі Қарулы адам көшесінде.
Ара-тұра ол Козетта мен Тусенсіз бірде Қарулы адам көшесіне, бірде Батыс көшесіне барып, бірер ай болып қайтып жүрді. Ол қақпашылардың қызметін пайдаланып, өзін қалада да баспанасы бар іргедегі кентте тұратын рантьемін деп таныстырды. Осынау жоғары деңгейдегі парасат иесі полиция қолына түсіп қалудан сақтану үшін Парижде үш бірдей баспана ұстады.
Екінші тарау
ЖАН ВАЛЬЖАН — ҰЛТТЫҚ ҰЛАН
Айтқандай, оның негізгі мекен-жайы Плюме көшесіндегі үй болды, онда ол өмірін былай құрды:
Козетта өз күтушісімен дербесжайда тұрды, оның аралық қабырғалары өрнектелген, алтын оюлармен безендірілген жатынжайы бар, төрағаның қонақжайына түкті кілемдер ұсталып, жалпақ мамықтақтар қойылған. Сонымен қатар Козетта бақтың да қожайыны болды. Жан Вальжан Козеттаның жатын жайына баяғының үш түсті қалың жібегімен тысталған шымылдықты кереует қойып, еденіне парсының тамаша қалы кілемін төсеуге әмір етті. Ол Фигье-Сен-Поль көшесіндегі Гоше кемпірден сатып алынған-ды; ғажайып ескінің қатқылдығын жұмсартып, жас қызға лайық, әдемі, сәнді жиһазбен сәулеттендіру үшін этажерка, кітап шкафы, алтынмен өрнектелген кітаптар, ақықпен оюланған жазу үстелі, оның үстіне қоятын папка, алтын жалатқан күмістен жасалған қобдиша, жапон фарфорынан жасалған туалет аспаптары сияқты керек-жарақты түгел қойды. Терезелерде үш түсті қалың жібектен тігіліп, өрнекті шәйімен көмкерілген төсек түстес перде. Бірінші қабатқа да оюланған перделер ұсталды. Қыс бойы Козеттаның кішкентай үйі жоғарыдан төмен қарай жылытылды. Жан Вальжанның өзі артқы аулаға салынған күзетші күркесін еске түсіретін қосалқы үйге орналасты, онда төсегі бар жиналмалы кереует, сырланбаған ағаш үстел, су ішетін фаянс құты, түтеленген бірнеше кітап, шиден тоқылған орындық, ал бұрышта баға жетпес шабадан тұрды. Мұнда ешқашан от жағылмайтын. Ол Козеттамен бірге тамақтанатын, дастарқанда оған қара бидай наны қойылатын. Тусен үйге келгенде ол оған "Мұндағы қожайын — мынау бойжеткен", — деді. — "Ал сіз ше, тақсыр?" — деп сұрады таңданған Тусен. — "Мен бе, қожайыннан әлдеқайда үлкенірек — әкемін!" — деді Жан Вальжан.
Монастырьда Козетта шаруашылық жүргізуге, шамалы кіріс-шығысты реттеп отыруға әзірленген. Күн сайын Жан Вальжан Козеттаны қолтықтап серуенге шығып жүрді. Қызын ол Люксембург бағына, оның кісі ең аз жүретін аллеясына саяжолға апарып сейілдетті, жексенбі сайын өз үйінен алыс болса да әдейі Сен-Жак-дю-О-Па шіркеуіне апарып, ғибадат еткізді. Кедейлер мен аурулардың хал-жағдайын білуге де Козеттаны ықыластана ертетін. Жат адамдар Плюме көшесіндегі дербесжайға жіберілмеді. Тусен ішіп-жейтін ас мәзірін әкеліп, Жан Вальжанның өзі жақын жердегі тіптен таяу тұрған бульвардағы су ала алатын жерден су тасыды. Отын мен шарап сақтау үшін Вавилон көшесіне шығатын есікке тақау жартылай жер астындағы ұлутаспен көмкерілген, бір кезде төраға тақсырға сая болған үңгірді пайдаланды, "қаласырты үйлері" мен "нәзік махаббат ұясы" заманында бұл үңгірсіз ләззат деген болмаушы еді.
Вавилон көшесіне шығатын есікке тағы хаттар мен газеттерге арналған жәшік орнатылды. Бірақ Плюме көшесіндегі дербесжайдың үш тұрғыны не газет, не хат алған жоқ, сондықтан кезінде қазықұмарлығының дәнекері мен белгі жүзігі сынды болған бұл жәшіктің қазіргі пайдасы салық жинаушының ескертпе қағазы мен ұлттық гвардияның шақыру қағазын жеткізіп тұру ғана. Фошлеван мырза жалпыұлттық гвардияның мүшесі болатын, оның тізімінен ол 1831 жылғы қарбалас есепте де түсіп қалмаған-ды. Ол тұстағы муниципалдық тізім Кіші Пикпюс монастыріне де, кәдімгі қасиетті қалың бұлт сияқты тіс батпайтын орынның өзіне де тараған, одан аман шыққан Жан Вальжан қала мэриясының алдында ұлттық гвардия қатарына кіруге лайықты аса қадірлі кісі болып көрінді.
Жылына үш-төрт рет Жан Вальжан мундирін киетін және қызыға-қызыға киетін де қарауыл қызметін атқаратын; онысы басқа адамдармен байланыстыратын, соның өзінде де бөлектеніп жүруге мүмкіндік беретін заңды киіну болатын. Жан Вальжанның жасы алпыстан асып барады, бұл жаста адамның әскери қызметтен босануға хақысы бар, бірақ оған елу жастан артық беруге болмайтын еді, оның үстіне граф Лобоның мазасын алып, аға сержант атағынан айырылғысы жоқ. Оның қоғамдық мәртебесі болмайтын; ол өзінің есімін, өзінің бетін, өзінің жасын — бәр-бәрін жасырып, өзі сұранып ұлттық ұланға өтті. Мансапқұмарлығының да бap жеткен жері — мемлекет алдында өз міндетін атқарып жүргендерінен кез келгеніне ұқсау ғана. Адамгершілік мұраты жөнінен бұл кісі періште болатын, ал сырттай буржуаға ұқсас болғысы келді.
Бірақ бір атап көрсетерлік ерекшелігі — Козеттамен бірге қыдырып шыққанда отставкадағы әскери адамға ұқсап киінетін. Көбіне кешкілік жалғыз шыққанда жұмысшы шалбары мен күрте, басына картоз киеді. Бұл не сонда, сақтығы ма әлде қайырымдылығы ма — шамасы екеуі де болар. Козетта өз өмірінде жұмбақ жайлардың көптігіне көндігіп, әкесінің оқшау мінезін елемейтін болды. Тусен Жан Вальжанды қатты қадірлеп, ол жасағанның бәрін жақсы деп қабылдады. Бәз-бірде Жан Вальжанды кездестіріп, қасапшының "Мәжнүн" дегені бар. Сонда Тусен: Мәжнүн емес, әулие", — деп түзеткен оны.
Жан Вальжан да, Козетта да, Тусен де вавилон көшесіне қараған есік арқылы кері оралып жүрмейтін. Бақтардың тор темірі арқылы ғана көріп жүрмесе олардың Плюме көшесінде тұратынын ешкім білмейтін. Top темір үнемі жабық тұратын. Өзгелердің назарын аудармас үшін Жан Вальжан оны бетімен күтпей тастады.
Бәлкім, ол осы арада қателескен шығар.
Үшінші тарау
FOLIIS AC FRONDIBUS
Жарты ғасыр бойы еркін өскен бақ мәуелеп, әдеттен тыс ғажап болып өсті. Қырық жылдай бұрын өткінші кісілер өскін жасыл шабықтарына көз тоқтата қарағанмен олардың бойына қандай құпия жасырғанына көз жеткізе алмаған-ды. Ол тұста бірде-бір қиялшыл құлыптап қойылған темір қоршаудың ескі мәнердегі солқылдақ, қына басып, жасыл тартқан екі діңгектің арасында тартылған сымтемірлерінің арасына ойша да, жай да көз жіберуді ойлаған жоқ.
Анау бұрышта тас орындық, қына басқан бір ме, екі ме статуя, уақыт жұлып түсіріп, шіріп, қабырғаға жабысып қалған өсімдіктер жатыр, саяжолдар мен гүлзарлардан із де қалмаған; қайда қарасаң да қаулаған керей шөп. Бағбан кеткеннен кейін табиғат қайта оралыпты. Барлығын қабындап арамшөп басып кеткен, алақандай жердің пұшпағына мұнан ғажап сыбаға болар ма! Ондағы түрлі-түсті гүлі бар өсімдіктер құлпырып тұр. Бұл бақта тіршілікке талпынғандардың құдіретті екпініне ештеңе кедергі келтірмеген, бейнебір өсіп-өну патшалығы құрметке бөленіп, салтанат құрып тұрғандай. Ағаштар шомырт бұтасына иіліп, шомырт бұтасы ағаштарға ұмтылады, өсімдіктер жоғары ұмсынып, бұтақтар басын төмен иіп тұр, жер бауырлап жатқандар ауада гүлдеп тұрғандармен шарпысып, жел үзгендері қынаға жабысып жаурап жатыр; дің, бұтақ, тамыр, бүршік, қылқан, тікенек, өскін атаулы бір-бірімен мидай араласып, будандасып, бірігіп кеткен; бір-бірімен қойындасып, құшақтасып, біте қайнаған өсімдік біткен жаратқанның оң көзіне ілініп, бар-жоғы үш жүз фут көлеміндегі жердің мынау тұйық пұшпағында туысқандықтың киелі құпиялығының даңқын көкке көтеріп, адамзатты да осылай бауырласуға шақыратын секілді. Бұл бақ енді бақ емес, қалың шоққа айналған, кәдімгі ит тұмсығы өтпейтін орман, халқы қарақұрым қала тәрізді, ұядай үркек, шіркеудей кіді, гүлдей жұпар, моладай оқшау, тобырдай жанды.
Өсімдіктер әлемінде бұл темір қоршаудың ішіндегі төрт қабырғада күн шыққанда дір ете қалатын жануарлар сияқты ғаламдық өсіп-өнудің, көбеюдің көзге көрінбейтін ісіне қызу кіріскен, ғарыштың махаббат лебін сезіп, тамырында сәуір шырындары бұрқ-сарқ етіп жатқан дәу тоғай тәрізді; желге ғажап жасыл жалын жайып жіберіп ол дымқыл жерге, шатынап тұрған статуяға, дербесжайдың тозығы жеткен шығаберісіне, тіпті елсіз қаңыраған көшенің жиегіне гүлдердің жұлдыздарын, шықтың моншақтарын, сұлулық пен өсімталдықтың, тіршілік пен қуаныштың жұпарын, жан жадыратар хош иісін сезердей-ді. Түс әлетінде оған қисапсыз көп ақ көбелектер ұшып келді, жазғы қар жапалақтарының көлеңкеде қалай шыр айналғанын көрудің өзі қызық. Көңілді жасыл күңгірт көлеңкеде бейкүнә гүлдердің тұтас қоры жаныңды аялап бірдеңе айтқандай, шықылықтаған құстардың ұмытып кеткенін шыбын-шіркейдің ызылы жеткізіп жатқандай. Кешкісін бәрі буға айналып ұшып кеткен қиялдай сап болып, бақ бұлыңғыр мұнарға оранды да, тып-тыныш тылсым мұң басты төңіректі, таптырмайтын нәзік у тәрізді ырғай мен шырмауықтың мас қылар иісі бар жақтан құйылды да тұрды, бұтақта қалғыған қара тамақ торғайлардың соңғы шақыру үні естілді: ағаш пен құстың қасиетті жақындығы сезілді; күндіз қанаттар жапыраққа жан кіргізіп еді, түнде жапырақтар оларды күтіп тұрды.
Қыста тоғай қарауытып, су-су болып, үрпиіп, суықтан қалтырап тұрады, арасынан үй де көрінеді. Бұтақтағы гүлдердің, гүлдердегі шық тамшыларының орнына жапырақтардың суық, тығыз кілемімен жылжыған ұлулардың ұзын күміс іздері созылып жатады, алайда қоршау ішіндегі осынау табиғат бұрышы қандай болса да, жыл тәулігіне орай — көктемде, жазда, күзде, қыста қалай көрінсе де одан мұң есіп, жалғыздық, бостандық, меңзей қарау, адамның жалғыздығы, құдайдың жалғыздығы байқалып тұрады. Сөйтіп, тот басқан ескі темір қоршау "Бұл бақ менікі" десе дегендей көрінеді.
Мейлі, мұнда айнала Париж көшелері болсын, екі қадам жерде Варенн көшесінде ғаламат классикалық дербесжайлар, одан да бері Мүгедектер үйінің мұнарасы, жақын жерде Депутаттар палатасы тұрсын, мейлі көршілес Бургунд пен Сен-Доминик көшелерінде сәнді күймелер зырлап, көрші қиылыстарда сары, ақ, қоңыр, қызыл омнибустар жүріп жатсын, — бәрібір Плюме көшесі қаңырап бос қалады. Осынау ақсүйектер мүйісінде жасыл жапырақты бұталар орнығып, жабайы қара құмыққа дейінгі өсімдіктердің түр-түрі өсіп, алапты ашық-жасыл түсті шұғадай жауып, кесірткелер мен қоңыздар және басқа құжынаған жәндіктер өріп жүруі үшін қарт қожайындардың о дүниелік болуы, төңкеріс болуы, бұрынғы бақ-дәулеттің күйреуі, бейхабарлық, ұмытып кету, қырық жыл бетімен жайылу және бостандық жетіп жатыр. Топырақтың тереңінен шығып, төрт қабырғада белгісіз, жабайы, кісілік, ұлылық төбе көрсетіп, адамдардың аярлық айласын быт-шыт қылып, көрінетін жерде әрдайым табиғат өзін таныта біледі, құмырсқа илеуі демейді, қыранның ұясы демейді, жалт ететін жерде жалт ете түседі, мынау күйкі ғана Париж бағында да Жаңа Дүниенің қыз орманындағы сияқты ауыздықсыз айбынмен көзді арбап тұр емес пе.
Табиғатта елеусіз ештеңе жоқ, оған терең бойлай білетін қасиеті бар адам оны біледі. Нәтиже салдарының себептерін анықтап, шекарасын көрсету бұйырмағаны сияқты, философияның қолынан толық қанағаттандыру да келмейді, өйткенмен сырттай меңзеуші бірлікпен тұйықталатын күштердің бөлінуін көргенде қайран қалады. Бәрі де соған жұмыс істейді.
Алгебраны бұлттарға қолдануға болады; жұлдыздың жарқылы раушан гүлге пайдасын тигізеді; ешбір ойшылың долана жұпары жұлдыздар шоғырына пайдасыз деуге бата алмайды. Молекулалардың жолын кім өзгерте алады? Әлемнің ұнтақ құмдардың құлауынан пайда болмағаны кімге аян? Шексіз үлкен мен шексіз кішінің өзара сіңісуі туралы, жеке мәннің түпсіздігі мен жаңғыру тасқынындағы басқы себеп туралы кім біледі. Көне де елеулі құбылыс; үлкен кіші, кіші үлкен; барлығы да ақыл-ойды түршіктіретін көрумен теңгеріледі. Жанды заттар мен өлі материяның арасында ғажап байланыс бар: күннен шіркейге дейінгі таусылмас тұтастықта бір-біріне деген өшпенділік жоқ; олар бірін-бірі қажетсінеді. Жердің хош иісін көгілдір әлемге алып кететін жарық не істейтінін біледі; түн жұлдыз тоғысымен мүлгіген гүлдерді аулақтатады. Әрбір ұшқан құс шеңгелінде шексіздік жібін ұстап барады. Жандының тууы жарық жұлдыздың қалыптасуына орай қиындай түседі, қарлығаштың балапаны жұмыртқаны жарып шығарда тұмсығымен оның қабығын шұқып сындырады; ол жаңбыр құртының жаралуына және Сократтың тууына әкеп соғады. Телескоп біткен жерде микроскоп пайда болады. Олардың қайсысының көру өрісі зор? Таңдай бер. Көгеру — гүлдердің бас құрауы, тұмандық — жұлдыздардың құмырсқа илеуі. Ақыл-ой құбылыстары мен материя жай-күйінің арасындағы сол баяғы тығыз байланыс барған сайын таң қаларлық бола түседі. Табиғат құбылыстары мен тұрмыс заңдары ұштасып, мидай араласып, бір-бірімен жұптасып, бір бірі арқылы өсіп-өніп көбейеді, сайып келгенде материалдық дүние мен рухани дүние бір арнаға сайып, сол баяғы айқындығын табады. Табиғат құбылыстары өзін толассыз қайталап отырады. Ұлан-ғайыр ғарыш алмасуларында аспан әлемінің өмірі белгісіз көлемде алға және артқа қозғалып тұрады, көзге түспес тылсыммен пайда болғандардың бәрін шыр айналдыра отырып, мұңды да, түсті де тастамай, барлығын пайдаға асырып, мұнда инфузория туғызып, анда жұлдыздарды бөлшектеп, жарықтан күш, ойдан құбылыс туындатады. Теңселе бұралаңдап, сан-саққа шашырап, барлығын балқытып, "мен" аталатын геометриялық сынықтан басқаның бәрін ерітіп, Құдайдағының бәрін бүркеп, бәрін жанға — атомға теліп, ең асқақ қарекеттен ең аласа қарекетке дейінгінің күллісін бытыстырып бас айналдырар осы механизмнің түнегінде шыбын-шіркейдің ұшуын жердің қозғалысымен байланыстырып, бәлкім бәз-бір заң бойынша аспан әлеміндегі құйрықты жұлдыздардың ағуын тамшы судағы инфузорияның айналуына бағындырады. Бұл ақыл арқылы жасалған механизм. Алғашқы қозғағышы — шіркей, соңғысы — зодиак аталатын алып осыдан туған.
Төртінші тарау
ТЕМІР ҚОРШАУДАН КЕЙІН ТЕМІР ҚОРШАУ
Жігітшіліктің құпиясын білдірмес үшін жасалған бақ енді пәк тазалықтың құпиясын жасыруға лайық орын сияқты көрінді. Онда бұрынғыдай сұхбаттақ та, көгалдар да, қараңғы саяжайлар мен үңгірлер де жоқ, мұнда бір таңғажайып ымырт орнады, бірде анда, бірде мұнда бетперде сияқты көлегейленеді де тұрады бәрі. Сезім шаттығы оны қайтадан жұмаққа айналдырды. Бейнебір біреудің күнәсін мойынына алып кешірім өтінуі осы бір қарапайым қиян шеттегі бұрышты тазартқандай. Гүл өсіруші әйел өз гүлін енді қымсына ұсынатын болды. Кезінде күмәнді атағы көбірек шыққан қылымсыған бақ қайтадан қыз мінезді, ұялшақ орынға айналды. Төраға бағбанмен әмпай болып бақты бүлдіріп, қырқып, кесіп, тықырлап, сыбай-сылтың серуенге бейімдеді, екеуі де есерсоқ еді, бірі өзін Ламуаньонның мұрагерімін десе, бірі Ленотр өнерінің жалғастырушысымын деп табиғатты табанға салып, көлеңкемен тұмшалап, махаббат мекені ғана еткісі келді.
Енді осы оңаша түкпірде шын сүюге әзір жүрек пайда болды. Қалғаны тек сүю ғана, ол үшін көктен, шөптен, қынадан, құстардың шырылынан, жібек мұнардан, жайқалған бұтақтардан тұратын хан сарайы құшақ ашқалы тұр, ол аз болса мейірім мен сезімнен, тазалық пен үміттен, қиял мен шабыттан жаралған жүрек те бар.
Козетта монастырьдан сәби дерлік шағында шықты, не бары он төрт жаста ғана, міне енді, "жақсылық дегенді білмейтін жасқа" қадам басты, бұрын айтқанымыздай мөлдіреген көзі болмаса, сұлудан гөрі кейіпсізге көбірек келетін, әйткенмен сүйкімсіз түк іс жоқ, ебедейсіз де арық, ұялшақ та батыл, бір сөзбен айтқанда салмақтылығы мен тұрақтылығы әлі қалыптаспаған жасөспірім болатын.
Оның тәрбиесі тәмамдалған деп саналды, оған Құдай заңын оқытты, тәубашылдыққа үйретті, сосын монастырь шаңырағының астында "тарих" деп ұғылатын пәннен, жағрафия мен грамматикадан, септеуден дәріс берді, француз корольдерінің атын жаттатты, аздап музыкамен таныстырып, кісі кескінін қырынан суретке салғызды, тағысын тағылар, алайда одан басқа ештеңе біле алмады, оның ғажайыптығы мен қауіптілігінің өзі де, міне, осында жатыр. Жас қыздың жүрегін қараңғы қапаста ұстауға болмайды, бара-бара одан қаракөлеңке бөлмедегідей тым айқын, тым ашық сағымдар пайда болуы мүмкін. Оның түнегін ақырын, білдіртпей, тура түсер өткір шапақпен сергіту керек. Ол жарым жарық көңіл қоярдай болса, сәбилік үрейді қуып, құлауға жол бермейді. Тек қыз жады мен әйел тәжірибесі астасқан туа бітті тамаша қасиет ана түйсігі ғана мұндай алагеуім жарықты қалай жасауды біледі. Жас қыздың жанын тәрбиелеуге келгенде бұл түйсікті ештеңе де алмастыра алмайды, жүз сопы әйел бір анаға татымайды.
Козеттаның анасы болған жоқ. Тек сопы әйел-енелер ғана болды, былайша айтқанда, "ана" деген сөздің көпшесі.
Жан Вальжанға келетін болсақ, оның тұла бойы тұнып тұрған әкелік сезім мен қамқорлық болғанмен, қария аналық түйсіктен түк сезген жоқ.
Шынында да әйелді өмірге даярлау деген тәрбие ерлігінде пәктік деген ұлы болмыспен күресу үшін қанша білім керек десеңші!
Жас қызды монастырьдан артық ештеңе құштарлықтан бездіре алмайды. Монастырь ойыңды мәлімсіз жаққа жетелейді. Өзімен өзі болған жүрек сыр аша алмай мұңға батып, тұйықталып, гүлдену қабілетінен айырылады. Осыдан келіп, елес, болжам, жорамал, хикаялар ойлап табу, қияли ғажайыптарға құмарлық, ақылдың ішкі түнегінде жаралған қайдағы бір ертегі сарайлар шығады, қанды қыздырған құмарлық солардан пана табады, енді ғана артта қалған монастырь тор көздері соған жол ашады.
Монастырьдан кетіп Козетта Плюме көшесіндегі үйден қолайлы да қауіпті ештеңе таба алмады. Бұл жалғыздықтың жалғасы, бостандықтың басы болды; тұйық бақ, бірақ бай да жарқын, жаныңды аялайтын жайсаң табиғат; сол баяғы монастырдағы түстер, тек арасынан көзге бір жарқ ете қалған жігіттер көрінеді, темір тор, бірақ ол бақты көшеден қоршап тұр.
Алайда, қайталап айтайық, ол осында келгенде әлі де сәби болатын. Жан Вальжан мынау иесіз қалған бақты соның қарауына берді. "Не істегің келсе, соны істе", — деді оған. Козетта осыған тез елікті, бұталарды шарлап, тастарды аударыстырып, астынан "хайуандар" іздеді, қиялға шомар шақ туғанша ойын соқты; бұл бақты ол аяқ астынан ыз етіп шыға келетін шыбын-шіркейлері үшін жақсы көрді, онысы тас төбесінен телміріп, бұталардың арасынан жымыңдаған жұлдыздарға құмартқанша соғылды.
Сосын ол өз әкесін, яғни Жан Вальжанды жан-тәнімен, балалық бейкүнә құмарлықпен жақсы көріп, шалды қалаулы да сүйкімді жолдас көрді. Оқырманның есінде болса, Мадлен деген көп оқушы еді ғой, Жан Вальжан да оқудан жалықпай, соның арқасында жақсы әңгімеші болып шықты; оның жасырын байлығы шынайы сұңғыла ақылдан туған шешендігі еді. Онда қайырымдылығын көлегейлейтін қатыгездік қанша қалса, әлі де сонша қалды, салқын ақыл, ыстық жүректің иесі болды ол. Люксембург бағында бетпе-бет әңгімеде ол оқығандарынан, бастан өткергендерінен алып ұлан-ғайыр түсініктемелер берді. Козетта оны көзін қияға тастап, қиялдана отырып тыңдады.
Козеттаның жанарын мынау жабайы бақ қалай тойдырса, осынау қарапайым кісі оның ой-қиялын солай байытты, көбелек қуып, шаршап, алқынып келіп: "Аһ, көп жүгіргенімді қарашы!" дегенде, әкесі оны маңдайынан сүйді.
Козетта мейірбан қарияны қатты сүйді. Ол оның қыр соңынан қалмады. Оған Жан Вальжан бар жердің бәрі жақсы. Әкесі бақта да, дербесжайда да тұрмаған соң ол кілеммен көмкеріліп, қабырғаларына тақтай мамықтақтар қойылған қонақжайдан шиден тоқылған орындығы бар лашықты тас төселген артқы ауладан гүлге оранып тұрған өз бұрышын артық санады. Кейде қызының әрнені сұрап мазасын алғанын да бақыт санайтын Жан Вальжан жымиып қана: "Енді өз бөлмеңе бара ғой. Оңаша отыруыма мұрсат берші!" — дейтін.
Козетта аузын еркелей бұртитып, біртүрлі сүйкімді үнмен әкесіне:
— Әке! Сіздің бөлмеңіз тым суық. Неге кілем төсеп, пеш салғызбайсыз? — дейтін.
— Айналайын балам! Дүниеде менен артық адамдар қаншама, ал олардың басында баспанасы да жоқ.
— Олай болса, онда неге менің үйім жылы, әрі не қажеттінің бәрі бар?
— Өйткені сен сәбисің, қыз баласың.
— Сонда қалай! Ерлер тоңып-жаурап, жаман тұруы керек пе?
— Кейбір еркектер ғана.
— Онда, өте жақсы, мен мұнда жиі келіп тұрамын, сонда сіз еріксізден еріксіз от жағатын боласыз. Әке! Сіз неге мынандай нашар нан жейсіз? — деді қыз.
— Себебі, қызым...
— Аһ, солай ма? Онда мен де осындай нан жеймін.
Козетта қара нан жемеуі үшін Жан Вальжанның да ақ нан жеуіне тура келді.
Балалық шағын Козетта бұлдыр біледі. Ертеңгілік және кешкілік ол өзі білмейтін анасы үшін ғибадат қылды. Тенардье оның есінде үрейлі түстегідей жиіркенішті екі жанды зат болып қана қалды. Оның есіндегісі "ғажайып бір күні түнде" орманға суға барғаны.
Бұл Парижден бір қиян шетте алыста екен деп ойлады. Оған өмірі құлама күз табанында басталып, содан Жан Вальжан шығарып алғандай көрінді. Көз алдына балалық шағы елестегенде, ол өзін қырықаяқтардың, бүйілер мен жыландардың арасында жүз көрді. Жан Вальжанның қызы екеніне, оның өз әкесі екеніне нық сенімі болмағандықтан, кешкісін ұйықтар алдында анасының жаны осынау қайырымды шалға ауысып, ол өзімен қатар жүр-ау, тегі деп топшылады.
Оның қасында отырғанда ол бетін ақ шашына сүйкеп, көзінен тамшы жас үзіліп түсіп, "Бәлкім менің анам осы болар" деп ойлайтын.
Аналық дегеніміз қыз баланың ақылы мүлдем жетпейтін түсінік, монастырьда тәрбиеленген қыз Козетта да мағлұматсыздығы салдарынан ақыр соңында анам жалпы болмаған шығар деп топшылады. Ол тіпті оның атын да білген жоқ. Ол жөнінде Жан Вальжаннан сұраса тіс жармайды. Зәуде сұрауын қайталар болса, жымиып күледі де қояды. Бірде ол қоймай сұрап, қасарысып отырып алды, сонда оның күлкісі көз жасына ауысты.
Жан Вальжанның үнсіздігі көз көргісіз түнекпен Фантинаны бүркемеледі.
Бүл арада сақтықтың әсері болды ма? Әлде құрметтің аясынан аса алмады ма? Әлде оның есімін күллі кенеттілігімен өзгенің жадына сеніп айта қоюдан қорқу ма?
Козеттаның кішкентай кезінде Жан Вальжан оған анасы туралы қызықтай айтатын, ал ол бойжеткенге айналғанда айту үшін мүмкін болмай қалды. Бұдан былай айтуға оның хақысы жоқ сияқты көрінді. Оған себеп Козетта, әлде Фантина болды ма екен, әйтеуір ол Козеттаның көңіліне көлеңке түсіріп, дүниеден өткен адамды өз тағдырының үшінші пендесі етіп аламын ба деген ойдан өлердей үрейленді. Ол көлеңке қасиеттене түскен сайын қаһарлы болып көрінді. Ол Фантина туралы ойлады, үнсіздік жанын жеді, қараңғыда оның ернін баса қойған саусағына ұқсас бірдеңе көрінгендей болып, таң-тамаша қалды. Бәлкім Фантинаның көзі тірі кезінде зорлықпен айырылған пәктігі өлгеннен кейін қайта оралып, моласында оның тыныштығын күзетіп тұрған шығар. Жан Вальжанның өзі де не болғанын білмей, соның ықпалын бастан кешіріп отырған жоқ па екен? Біз өлімге сенеміз, бірақ оның тылсым түсінігін жоққа шығарушылар санатына қосылмаймыз. Өйткені ол Фантинаның есімін тіпті Козеттаның алдында атауға батпады.
Бәз-бірде Козетта оған:
— Әке! Бүгін мен түсімде анамды көрдім, — деді. — Оның екі зор қанаты бар екен. Зайыры, менің анам көзі тірісінде-ақ әулиелікке лайық болса керек.
— Иә, азап шегуі арқылы, — деп жауап қатты Жан Вальжан.
Соған қарамастан Жан Вальжан бақытты еді.
Онымен шыққанда, Козетта оған қолымен сүйеніп, өзін жан-жүрегімен бақыты санап, тәкаппарланып жүретін. Бір өзіне бағытталған әдемі еркелігін көргенде қызына сүйсініп, Жан Вальжан жүрегі рақатқа бөгіп, балқып бара жатқандай сезінетін. Бейшара қуанышы қойынына сыймай тебіреніп, ғұмыр бойы осылай болады деп түйетін шаттанып, шапағатты бақытқа қол жеткізу үшін азапты әлі де аз шектім деп, осынау бейкүнә жан иесінің өзін осыншалық жақсы көргені үшін құдайға мың да бір рахмет айтатын.
Бесінші тарау
РАУШАНГҮЛ СОҒЫС ҚАРУЫ
БОЛҒАНЫН БАЙҚАЙДЫ
Бірде Козетта айнаға кездейсоқ қарап қалып, қайран болды. Оған өзі әп-әдемі болып көрінді. Әдеттен тыс бір толқыныс сезінді. Бұған дейін ол өзінің сырт пішіні туралы мүлдем ойланбап еді. Айнаға қарауын қарағанмен өзін көре алмайтын. Оның үстіне оған көрікті емессің деп жиі айтатын, тек Жан Вальжан ғана: "Жоқ, жоқ, олай емес деймін" деп қайталайтын биязы үнмен. Қалай болғанмен де Козетта ұдайы өзін ұсқынсыз санап, балаң көңілмен соған көніп бой жетті. Ал енді, міне, айна оған бірден Жан Вальжанның сөзін қайталап: "Жоқ, жоқ, олай емес!" дегендей болды. Ол түні бойы көз ілмей шықты. "Ал мен шынында да әдемі болсам ше?" — деп ойлады. — Көз тоқтатарлықтай көрікті боп шықсам қызық болар еді. Ол сұлулығымен жарқылдап көзге түсетін монастырдағы құрбыларын еске алды да, іштей: "Мен де сол мадемуазель сияқты боламын ба?" деп қайталады.
Келесі күні ол айнаға саналы түрде қарап, жаны бір жай тапты. "Басыма қай қайдағы сандырақтың келіп жүргені несі" — деп ойлады ол. Жоқ, мен ұсқынсызбын". Онысы әншейін ғана, ол тек тым нашар ұйықтап шықты, өңі қуқыл тартып, көзінің алды көгеріңкіреді. Алдында да ол сұлулығына сеніп, онша қуана қойған жоқ еді, енді мүлдем түңілді. Қайтып ол айнаға қарамады, екі апта бойы оған теріс қарап тұрып таранып жүрді. Әдетте ол кешкісін, түстіктен кейін өрнекпен кесте тігіп немесе монастырьда үйренген басқа жұмыстармен шұғылданатын, Жан Вальжан оның жанында отырып кітап оқиды. Бірде ол басын көтеріп, әкесінің өзіне қадалған назарынан бір мазасыздық аңғарды.
Келесі бір ретте көшеден өтіп бара жатып ол ту сыртынан біреудің "Көрікті екен! Тек нашар киінген" дегенін естіді.
"Бұл мен туралы емес шығар, — деп ойлады ол — Киімім жақсы ғой, бірақ көрікті емеспін". Ол басына пүліш бөрік, үстіне меринос жүнінен тоқылған көне көйлек киген еді.
Ақыры бірде күндіз бақта болғанда ол кәрі Тусеннің: "Сіз байқайсыз ба, мырза, бойжеткеніңіз сұлуланып барады" дегенін естіді. Козетта әкесінің не жауап қатқанын естіген жоқ; ал Тусеннің сөзі ол үшін жаңалық болды. Ол бақтан тұра жүгіріп, екінші қабатқа көтерілді де үш ай бойы көз салмаған айнаға қарап, шыңғырып жіберді. Өзіне өзі таң қалды.
Ол шынында да әдемі, шынында да сұлу, айнасы мен Тусеннің пікіріне сенбей болмайды. Оның сымбаты айқынданып, жүзі шырайланып, тәні ағарып, шашы жалтырап, көгілдір көзінде айрықша бір ұшқын шашырайтын болыпты. Өзінің сұлулығын сезінуі жарықтың жалт ете қалуы сияқты бір сәтте ғана болды; алайда оның әдемі екенін басқалар да байқады, бұл туралы Тусен де айтты, шамасы жүргінші де осы жайында айтқан болуы керек, демек, күмән қалған жоқ. Абдыраған, алабұртқан, айтып жеткізгісіз таңданысқа толы ол баққа оралды, өзін король қызындай сезінді, қыс болса да құстар әнін есітті, алтын аспанды, бұтақтар арасынан сығалаған күнді, бұталардағы гүлді көрді.
Жан Вальжан болса, терең де түсініксіз көңіл қобалжуын бастан кешірді.
Біраз уақыттан бері Козеттаның сүйкімді жүзін арайлап, күн сайын жарқырай түскен сұлулыққа үрейлене көз салатын. Баршаны баурап алар қатері бар бір шапақ жамырап келеді.
Козетта өзі байқағаннан көп бұрын әдемі болатын. Ал Жан Вальжанның түнерген жанары баяу жанып, бірте-бірте қызды аялай бастаған жарықтан алғашқы күннен бастап-ақ қорықты. Ол өзінің бақытты өміріндегі, сәл қимылдаса оның бірдеңесін бүлдіріп алармын деп алаңдайтын бақытты тірлігіндегі бұл өзгеріс деп қабылдады. Бақытсыздықтың барлық жолынан өткен кісі, тағдыр салған жарасы күні бүгінге дейін бітпей қанталап тұратын, бұрын жауыз атанып, бүгін әулиедей болып жүрген каторжанның бұғаудан кейін абыройсыздықтың ауыр шынжырын мойынына салған кісі, заң әлі ақтамаған, кез келген сәтте тұтқынға алынуы кәдік, өз ізгілігінің зынданынан қоғамдық айыптаудың айқын жарығына шығарылған кісі — өлгеннен басқа көрмегені жоқ осы кісі бәрін де қабылдап, бәрін де кешіріп, бәрін де ақтап, бәріне де бата беріп, бәрімен де келісіп, құдіретті адамдардан, заңдардан, қоғамнан, табиғаттан, айдай әлемнен жалғыз-ақ Козеттаның сүйіспеншілігін тілейді!
Тек қана Козетта жақсы көруінен танбаса екен! Тек қана құдайтағала осынау сәбидің жүрегі осыған ұмсынып, осының ғана меншігі болуына кедергі келтірмесе екен! Козеттаның махаббаты оны аурудан айықтырды, тыныш таптырды, сабасына түсірді, қанағат ойлатты, тарту тартты, төбеге көтерді. Козеттаны жақсы көріп ол бақытқа бөленді. Одан артықты ол сұраған да жоқ. Егер де одан "Бақытты болғың келе ме?" — деп сұраса ол: "Жоқ!" деп жауап берер еді. Егер одан құдайдың өзі "Пейіштің рақатын көргің келе ме?" деп сұраса, ол: "Онда мен ұтылып қаламын ғой", деп жауап берер еді.
Өзгеріс басталғаннан бері бәрі де оның тірлігіне нұқсан келтіреді, тіпті үрейден дірілдеп, қалшылдауға дейін апарады. Әйелдің сұлулығы деген не екенін ол онша жақсы түсінбейді, бірақ түйсігі оның өте қатерлі екенін аңғартады.
Абдырап есі кеткен ол өз бақытсыздығының, келеңсіздігінің, аласталғандығының түп тереңінен өз жанында, көз алдында барған сайын айдынданып, айшықтанып, сәбидің бейкүнә жүзінде жасырын қауіп төндіріп, бүр жарып келе жатқан сұлулыққа қинала қарайды.
Ол өзіне-өзі: "Ол қандай сұлу! Енді мен не күйге ұшыраймын?" дейді. Ер адамның мейірімі мен ананың мейірімі арасындағы айырмашылық осыдан-ақ көрініп тұр. Мұның жанын мазалаған нәрсе ана үшін қуаныш болып шығар еді.
Басталған өзгерістің бастапқы белгілері төбе көрсетуін күттірген жоқ.
Келесі күні, Козетта: "Әрине, мен әдемімін!" деп дауыстап жіберген күннің ертеңіне-ақ ол өзінің үсті-басына, киім-кешегіне назар аударды. "Көрікті екен! Тек нашар киінген!" деген сөз өз жанынан саңқ еткен осы әулиелік лебіз оның жүрегіне екі бірдей дән тастап үлгерді. Алғашқысы көктей келе әйелдердің бүкіл өмірін билейтін әсемпаздық дәні. Екіншісі — махаббат дәні.
Өзінің сұлулығына сенуі-ақ мұң екен, оның бойынан әйел жаратылысы дүр сілкініп шыға келді. Ол меринос көйлегі мен пүліш бөркіне жиіркене қарады. Әкесі оған ешқашан қарсы келіп, ештеңеден таршылық көрсеткен емес. Козетта киіну өнерін бірден меңгеріп, бас киімнің, көйлектің, желеңнің, кебістің, манжеттің, мата мен оның түсінің құпиясына бірден бойлап, Париж бикелерін соншалық сұлу, соншалық жұмбақ әрі қатерлі қып көрсететін өнерді игеріп ала қойды. "Баурап алар әйел" деген сөздің өзі Париж бикелері үшін ойлап табылған ғой.
Бір ай өтер-өтпесте кішкентай Козетта Вавилон көшесі аталатын мынау тақырда, Париждің ең көрікті әйелдерінің бірі ғана емес, ең әсем киінетін әйелдерінің бірі болды, алғашқы атағы да аз емес еді, екіншісі маңыздырақ деп табылды. Ол "сонау жүргіншіні" жолықтырып, қалай киіну керектігінің көкесін көрсеткісі келді. Шынында да ол ғаламат сұлу еді және Жерар бөркін Эрбо бөркінен тамаша ажырататын.
Жан Вальжан мынау жұтатарлық жаңалыққа мазасыздана қарады. Пешенесіне жер бауырлап жорғалау, ең асқанда — екі аяғымен жүру ғана жазылған ол Козеттаға қанат бітіп келе жатқанын көрді.
Алайда кез келген әйел оның киім киісіне бір қарап, Козеттаның шешесі жоғын бірден түсінер еді. Кейбір елеусіз тәртіп ережелері мен кейбір шарттылықтарды ол сақтай бермейді екен. Мәселен, анасы болса жас қыздар ауыр жібектен тігілген көйлек кимейді деп айтар еді ғой.
Үйден алғаш желең салып қара жібек көйлек, ақ шәйірден тігілген бөрік киіп жүзі бал-бұл жанып, жарқылдай, жалт-жұлт етіп паңдана шыққанда ол Жан Вальжанды қолтығынан алып сұрағаны бар:
— Ал, әке, мен қандай екенмін? — деп.
Жан Вальжан қызғаныштың кермек мақамы бар үнмен:
— Таңғажайып! — деп жауап берген.
Серуендеп жүргенде ол өзін әдеттегідей ұстады. Оралған соң ғана ол Козеттадан:
— Енді қайтып сен бұрынғы көйлегің мен бөркіңді ешқашан кимейсің бе? — деп сұрады.
Бұл Козеттаның бөлмесінде болған еді. Қыз монастырь киімдері де ілулі тұрған киім-кешек шкафына бұрылды да:
— Маскарадқа киетін киімдер ғой! — деп дауыстап жіберді. — Оның енді маған не қажеті бар? О, жоқ, мынау масқара киімдерді енді ешқашан кимеймін. Басыма мына пәлені кисем, қарақшы тұлыпқа ұқсаймын тура.
Жан Вальжан ауыр күрсінді.
Сол уақыттан бастап ол ылғи "Әке! Сенімен бірге болу маған сондай жақсы!" деп жанынан жібергісі келмейтін Козеттаның қыдырып қайтайық деп ұдайы өтінетінін байқады. Шынында да әдемі пішін мен әсем киім жұртқа көрсетпесең не үшін қажет?!
Оның тағы бір байқағаны — Козеттаның ауланы бұрынғысындай жақсы көрмейтіні. Енді баққа құмарта барып, темір қоршаудың алдында рақаттана қыдыратын болды. Өзімен өзі болып тұйықталып кеткен Жан Вальжан бақтан төбе көрсетпейтін боп алды. Күзетші төбет тәрізді қосалқы үйден мүлдем кетпейді.
Козетта өзінің сұлу екенін түсініп, мәлімсіздіктің ғажабын, ең нәзік ғажайыпты жоғалтып алды, өйткені жадағайлықпен астасқан әсемдік көзге ұрмайды, жалпы қолына пейіш кілтін өзі ұстап тұрғанын сезбейтін жарқ-жұрқ еткен пәк сұлулықтан асқан не бар. Бірақ ол аңқылдақ аңғалдықтың ғажабын жоғалтқанмен, ойлылықтың, салмақтылықтың ғаламатын тапты. Жастықтың, пәктіктің, сұлулықтың қуанышымен қанаттанбаған ол әсем мұңмен тыныстайтын болды.
Мариус оны жарты жыл үзілістен кейін дәл осы кезде Люксембург бағынан көрді.
Алтыншы тарау
АЙҚАС БАСТАЛАДЫ
Козетта да Мариус сияқты тыныштықта жатып, өз махаббатын тосып алуға әзір еді. Тағдыр өзіне тән қатерлі де құпия төзімділікпен осынау екі жан иесін бір-біріне жақындатып келе жатты, құштарлықтары от алған электр жарығындай жарқырап алау атқан қос жүрек құшағынан оттары атылғалы тұрған бұлттай махаббатқа лық толып, көзқарастары астасып кеткелі тұрған-ды.
Романдарда көзқарас күші теріс ыңғай пайдаланылып, соның салдарынан жұрт оған сенуді доғарды. Енді қыз бен жігіт көзқарастары сай келгендіктен бір-бірін сүйді деп айтуға батылдық керек. Әйткенмен махаббатың өзі көз бен көздің кездесіп қалуынан басталатыны анық қой. Одан басқаларының бәрі кейін қосылады. Көз жарқылымен алмасқан екі жүректің тебіренісінен шынайы ештеңе жоқ.
Козетта жай ғана көз тастағанда Мариус толқып кетті, бірақ Мариус өз көзқарасы Козеттаны толқытқанын білген жоқ.
Бұл дегенің әрі қасірет, әрі игілік емес пе.
Әдетте қыздар басқа жаққа қараған болып байқаған жігітін қадағалап жүреді ғой, сол сияқты бұл да оны көптен байқап, қадағалап жүретін.
Әйткенмен ол оның шашы әсем, көзі мен тісі әдемі, жолдастарымен әңгімелескенде естігеніндей даусы сүйкімді, жүрісі сәл ебедейсіз болғанымен, өзіндік сәні барын, ақылсыз емесін, тұла бойы тұрған парасат, ілтипат, кішіпейілдік пен тәкаппарлық екенін, сырттай қарағанда кедей көрінгенмен, кісілігі күштілігін мойындамай қала алған жоқ.
Көздері күтпеген жерде шарпысып, көзқарасты айқын бере алмайтын өңсіз-сөлсіз түсініксіздей сөздер айтысып, бір-бірімен ұшырасқан сол күні Козетта алғаш ештеңе түсіне алмады. Әдеті бойынша бір жарым айға Жан Вальжан көшіп кірген Батыс көшесіндегі үйге ол терең ойға шомып келді. Келесі күні ұйқыдан оянғанда ұзақ уақыт немқұрайды болып, салқын қарап келген жас бейтанысты еске түсіріп, енді ойлап қараса, ол өзіне көңіл аударатын болып көрінді, оның ықыласы мұны алдамасқа тиіс. Бәрінен бұрын қыз менмен сұлу жігітке ашулы сияқты. Жүрек түкпірінде қарсылық сияқты бірдеңе бүлк ете қалғандай. Түбінде одан осы үшін кек алатындай көрді ол өзін. Соны ойлағанда Козетта бәзбір балалық шаттық сезінді.
Өзінің сұлулығына көзі жеткен соң, ол қолында бәзбір қаруы бардай сезінді. Балалардың пышақпен ойнағанындай әйелдер де өзінің көркімен ойнайды. Сөйтіп жүріп өзін өзі жаралап алатындары да бар.
Оқырман Мариустің толқығанын, тебіренгенін, үрейленгенін білетін болар. Ол орындықта қозғалмай отырып, Козеттаның қасына да келген жоқ. Мұнысы қызды ыза қылды. Бірде ол Жан Вальжанға: "Жүріңізші, әке, мынау жақта қыдырайық", деді. Мариустің өзіне келмейтінін көрген соң солай қарай жүрді. Мұндайда әрбір әйел тау келмесе тауға өзі баратын Мұхамед пайғамбар сияқты. Сосынғы тағы бір ғажабы — жас жігіттің шынайы махаббатының алғашқы белгісі — батылсыздығы болса, қыздікі — батылдығы. Бұл бір жағынан таңқаларлық, сонымен бірге қарабайыр ғана қылық.
Бұл күні Козеттаның қадалған көзі Мариусті есінен тандырды, ал Мариустің қарасы Козеттаны дір еткізді. Мариустің көңілінде үміт кетті, Козетта беймаза күй кешті. Сол күннен бастап олар бір бірін шексіз қадірлейтін болды.
Козеттаның алдымен бастан кешкені бұлыңғыр бір тұңғиық мұң. Оған көңілі бір-ақ күнде күңгірт тартып, қарайып кеткендей көрінді. Ол өзін өзі танымай қалды. Салқындық пен шаттықтан тұратын қыз жанының тазалығы қар сияқты. Ол махаббат күнінің шапағымен ғана ериді. Козетта махаббаттың не екенін білмейді.
Бұл сөздің тірліктегі мән-мағынасын ешқашан естіген емес. Монастырьға тап болған зайырлы музыка дәптерлерінде "махаббат" сөзі "қанағат" не "шапағат" болып өзгертіледі. Мұның өзі жасы үлкен әйелдер әдейі мәнін бұрмалап : "Аһ, қанағат қандай жақсы еді, шапағат одан да жақсы", деп сан-саққа жүгіртетін сөздерімен жұмбаққа айналып кетеді. Алайда Козетта "қанағат-шапағатқа" мән берерлік жасқа жетпей, монастырьдан жеткіншек кезінде кетті. Сондықтан ол қазір бастан кешіп отырған көңіл күйінің қалай аталатынын білген жоқ. Бірақ адам ауруының атын білгенінен аз қинала ма!
Қыз мәлімсіз сүйгендіктен де ересен сүйді. Ол мұның жақсы не жаман екенін, пайдалы не қауіпті екенін, өткінші не мәңгілік екенін, игілікті не қатерлі екенін білмей сүйді. Егер біреу оған: "Сіз ұйықтамайсыз ба? Ал бұл тіптен жөнсіз. Сіз ас та ішпейтін болғансыз ба? Бұл енді өте жаман. Сіздің кеудеңіз қысып, жүрегіңіз қатты соға ма? Ал бұл жарамайды. Белгілі жасыл саяжолдың шетінде қара костюм киген таныс кісімен кездескенде бір қызарып, бір бозарасыз ғой, тегі? Ал бұл барып тұрған сұмдық!" десе ол айран-асыр, таң-тамаша қалар еді. Ештеңеге де түсінбей, былайша жауап берген болар еді: "Қалайша мен өз еркім жоқ, тіптен түсінбейтін нәрсеге кінәлі болуым керек!"
Жағдайға орай оны іздеп тапқан махаббат бәрінен бұрын көңіл күйіне сай келді. Ол өзінше бір алыстан құрметтеу, үн-түнсіз көре білу, бейтанысты тәңір тұту тәрізденді. Ол жастықтың, өзге де осындай жастықтың құбылысы болды; хикаяға айналып, қиял боп қалған түнгі мұң, әлі аты да, заты да, таты да, талабы да жоқ, кінә мен кемшіліктен ада көңіл қалаған елес, армандағы әлемде тұратын алыстағы ғашық, сұлбасы енді айқындалған арман, — осының бәрі жастық құбылысы. Кез келген кездесу алғашқы кезде әлі монастырь өмірінің дүниеауи тірліктің қатерін үрлеп көрсететін мұнарынан шыға алмай жүрген Козеттаны шошытып жіберер еді. Оның бойында балалық пен сопылық үрей араласып кетті. Бес жыл бойы зердесіне сіңіріліп, айналадағының бәрін теріс көрсетіп келген монастырь рухының әсері де күшті. Сондықтан оған ғашық жар, тіпті сүйген жігіті керек емес, тек елес қана керек болды. Сол үшін де Мариусті қол жетпейтін ғажайып жарқын бірдеңе деп қатты қастерлей бастады.
Барып тұрған аңқылдақтық барып тұрған ойнақылықпен шектеседі, сондықтан ол жігітке еш қымсынбай жымияды.
Күн сайын ол серуен сағатын тағатсыздана күтеді, Мариусті кездестіріп, өзін адам айтқысыз бақытты сезінеді, Жан Вальжанға: "Мынау Люксембург бағы қандай ғажап!" дегенде ол өз пікірін шын көңілден бүкпесіз білдірдім деп ойлайды.
Мариус пен Козетта бірін-бірі іздеп қараңғы түнекке келеді. Олар сөйлеспейді де, сәлемдеспейді, өйткені бір-бірімен таныс емес, бірінен бірі миллион миль жырақта бірін бірі көріп қана өмір сүретін аспан жұлдыздарына ұқсап кездеседі олар.
Осылай Козетта өзінің сұлулығын сезетін, бірақ махаббатынан бейхабар, көрікті де ғашық әйел болып келе жатты. Оның үстіне пәктігіне орай қылмықай ойнақы болды.
Жетінші тарау
БІР УАЙЫМНАН КЕЙІН БІР УАЙЫМ
Қай жағдайда болса да адамның айрықша түйсігі ұйықтамайды. Мәңгілік ана — табиғат Жан Вальжанға Мариустің бар екенін ескертті. Жан Вальжан жүрегінің ең қараңғы түкпіріне дейін сілкініп, дір ете қалды. Ол ештеңе көрген де, ештеңе білген де жоқ, тек айнала қоршаған түнекке бақшиып қадалды да қалды, бейне бәз-бірдеңе жасалып, басқа бірдеңе қирап жатқанын сезетін сияқты. Тәңір заңының даналығы болар, сол баяғы табиғат-ана ескертіп қойған Мариус қыз әкесі өзін көрмеуі үшін мүмкін болғанның бәрі жасады. Кейде Жан Вальжан оны байқап қап жүрді. Мариустің жүріс-тұрысы түгел табиғи деуге келмейтін. Оның сақтығы күмәнді, батылдығы ебедейсіз көрінетін. Бұрынғыдай тақалып келмей, аулағырақ шабыт буғандай оңаша отыратын болды, оқитын сияқты көріну үшін және кітап алып келеді. Оған әдейі тәлімсудің қажеті қанша? Бұрын ол көне бешпетпен келуші еді, енді ұдайы су жаңа киінеді, шашын бұйраламайды деп сеніммен айтуға болмайды, көзіне дейін біртүрлі боп кеткен, ақ қолғап кие бастады. Қысқасын айтқанда, Жан Вальжан бұл жас жігітті жан-тәнімен жек көрді.
Козетта күмәндануға желеу берген жоқ. Өзіне не болып бара жатқанын нақты түсінбеді, ол сонда да бойынан жасырудың қажеті жоқ бәзбір жаңалық сезінді.
Козеттада пайда болған барын салып әсем киінуге әуестік пен су жаңа бешпетпен жүру дағдысының арасында бәзбір өзара байланыс бар ма екен деген ой Жан Вальжан үшін миға қонарлық емес.
Бәлкім, тіптен әбден мүмкін сөзсіз кездейсоқтық болған күннің өзінде бұл қатерлі кездейсоқтық.
Бейтаныс туралы ол Козеттамен сөйлескен жоқ. Әйткенмен де ол бір ретте өзін өзі ұстай алмай, адамның өз жарасына байқамай зонд сұғып алатынындай өкінішпен қызына былай деп қалды:
— Анау жас жігіттің мардымсуы бөтен ғой.
Бір жыл бұрын қыз баланың аңғалдығымен Козетта: "Тіпті де олай емес, ол өте сүйкімді" деп жауап берер еді. Он жыл артқа салғанда ол көңілінде Мариусті сүйе тұрып: "Айтуыңыз дұрыс, оның маңғазсып, мардымсуына қараудың өзі ерсі" деуі анық. Ал қазір өз өмірі мен махаббатының мына мерзімінде салқынқанды сабырлықтан танбай:
— Кімді айтасыз? Аһ, әлгі жас жігітті ме? — деген жауаппен ғана шектелді.
Оны ол өмірінде бірінші рет көріп тұр деп ойлауға балағандай әлгі жауапқа қарап "Қандай ақылсызбын мен! — деп ойлады Жан Вальжан. — Ол оны байқамаған да екен ғой. Оның көңілін мен өзім аудардым оған".
Шіркін, қарттардың аңқаулығы-ай! Шіркін, жастардың тапқырлығы-ай!
Міне, жастықтың уайым-қайғысы мен қам-қарекетінің, алғашқы махаббат пен алғашқы бөгеттердің заңы осындай: қыз ешбір торға түспейді, жігіт ешбірінен аман қалмайды. Жан Вальжан Мариуспен астыртын күреске шықты, ал Мариус өз жасы мен құмарлығына лайық қасиетті аңқаулығымен бұл туралы тіпті ойлаған да жоқ. Жан Вальжан оған көп қысастық жасады: серуен сағатын өзгертті, басқа орындыққа ауысып отырды, қасақана орамалын ұмыт қалдырып, баққа жалғыз келді; Мариус байқамай құрған тұзақтың бәріне түсіп, қойған сұрақтың бәріне "иә" деп аңқылдай жауап берді. Козетта болса сыр шашпас сабырлылықтан танбай, қаннен қаперсіз қалып танытты, сондықтан Жан Вальжан: "Aнay кеңкелес Козеттаға өлердей ғашық, ал бұл тіпті оның өмірде бар-жоғын да байқамайды" деген қорытындыға келді.
Алайда оның азап шеккен жүрегі қатты соғып ауыратын болды. Козеттаның біреуді сүйіп қалар шағы міне-міне жақындап келеді. Ол құрғырың немқұрайдылықтан басталмайды ма екен, өзі?
Бір рет Козетта қателік жіберіп, оны шошытып алды. Орындықта ол үш сағат бойы отырып орнынан көтерілгенде:
— Кетесіз бе енді? — деп қалды қыз.
Жан Вальжан шетін шараға бармас үшін әрі Козеттаның күдігін туғызбас үшін Люксембург бағында қыдыруды қойды; бірақ Козеттаның Мариуске жымиып, осы күлкіден масайып, оның нұрлы жүзінен көз айырмаған ғашықтар үшін сондай тәтті шақтарда Жан Вальжан ұшқын атқан көзін олардан алмады. Ол бәзбір қатыгездікке барардай сезінбейтін, дегенмен кейде Мариусті көргенде қайтадан жабайыланып, тағы жыртқышқа ұқсап, көңілінің терең қойнауына бір кезде ұялаған ашу-ыза, жауыздық қайта бас көтерердей болатын. Оған кеудесінде баяғыда сөнген жанартау жанданып, атылғалы тұрғандай көрінетін.
"Қалай? Әлгі бозбала осында ма? Ол неге келген? Айналшықтап, иіс алып, барлау жасап, бағын сынау үшін келген болар! "Неге нар тәуекел деп көруге болмайды?" деп ойлайтын шығар ол? Ол менің бақытымның төңірегінде сандалып, уысына түсіріп, оны алып кетпек қой".
"Иә, — дейді Жан Вальжан ойын әрі қарай жалғастырып, — дәл солай! Не іздейді ол? Таңғажайып оқиға ма? Не іздейді ол? Махаббат әуресін бе? Иә, махаббат әуресін іздеп жүр. Ал мен ше? Сонда қалай? Адамдардың ең жексұрыны, ең бақытсызы болып, алпыс жыл тізерлеп жүріп, көрер көрешегімнің бәрін көріп, жас келмей жатып қартайып, отбасысыз, туыстарсыз, достарсыз, қатынсыз, баласыз тірлік кешу ненің ақысы; барлық тастарға, барлық соқпақтарға, барлық жолдарға қанымды сорғалатып, қабырғаларды бойлай жүріп, өзіме қатал болғанына қарамастан биязы, жұмсақ, мейірбан болуға, адал адам болуға тырысып, жіберген ағаттықтарым үшін ар алдында кешірім өтініп, өзіме жасалған зұлымдықты кешіріп, барлығы бітті, артта қалды деп марқайып, мақсатқа жетіп, қалағанымның бәрін алған кезде мынау әділдік пе, барымды беріп алған жақсылық атаулының бәрі құмға сіңгендей құрып кетпек пе? Козеттадан көз жазсам, тірліктен, қуаныштан, алданыштан айрылмаймын ба, соның бәрі анау Люксембург бағында сандалып жүретін ұзын тұра жалқаудың қырсығы-ау!"
Сонда оның көзінен әдеттен тыс қаһарлы жарқыл байқалды. Дәл сол сәтте ол өзге жанға қырын қарайтын кісіге, тіпті дұшпанын көзбен ататын кісіге де ұқсаған жоқ. Ұры көрген күзетші иті сияқтанды.
Қалғаны мәлім, Мариустен де ес кетті. Бірде ол Козеттаны Батыс көшесіне дейін шығарып салды. Тағы бірде ол қақпашымен тіл қатысты. Ол Жан Вальжанмен сөйлесіп: "Мырза, сіз жайында сұрастырып жүрген анау әуесқой жас жігіт кім?" — деп сұрады. Келесі күні Жан Вальжан алая қарап еді, Мариус ақыры түсінді. Араға апта салып Жан Вальжан көшіп кетті. Енді қайтып аяғы Люксембург бағын да, Батыс көшесін де баспайды деп өзіне өзі сөз берді ол. Сөйтіп, Плюме көшесіне оралды.
Козетта жалынған жоқ, тіл де қатпады, сұрақ та қоймады, жауап та күтпеді; өйткені ол түсініп қалады-ау деп қорқу өзін ұстап беру ененің түсінетін жасқа жеткен-ді. Бұл тектес алаңдаулар Жан Вальжанға бұлыңғыр, осылардың өзінде бір құпия ғажайып жасырынып жатқанын ол білмейді де, оны бастан да кешірген емес, сондықтан да Козеттаның неліктен томаға тұйық болып үндемей қалуының сырына бойлай алмады. Тек қана ол қызының мұңайып жүргенін байқады да, өзі де түнере түсті. Бұл күрестегі екі жақтың да тәжірибесіздігінің айғағы еді.
Бірде ол қызын сынап көргелі:
— Люксембург бағына барғың келе ме? — деп сұрады.
Козеттаның қуқыл жүзі нарттай болып нұрланып кетті.
— Иә, — деп бірден жауап қатты.
Олар солай қарай тартты. Баққа бұлар келмегелі үш айдан асып кеткен-ді. Қайтып Мариус онда бармайды екен. Ол бақта болмай шықты.
Келесі күні Жан Вальжан Козеттадан:
— Люксембург бағына барғың келе ме? — деп қайтадан сұрады.
— Жоқ, — деп қысқа жауап қайырды қыз мұңая.
Жан Вальжан бұл уайымға шамданып, қызының ұнжырғасы түскеніне ызаланды. Мынау қаймағы бұзылмаған жап-жас көңілде не болып жатыр өзі? Қандай шешімдер туғалы тұр? Козеттаның көкейінде не бар? Кейде Жан Вальжан тіпті ұйықтамайды, тұтас түндерді басын қолымен шеңгелдеп, төсегінің жанында өткізеді, "Козеттаның ойында не бар?" — деп сұрайды өзінен өзі, қызының не ойлайтынын түсінгісі келеді.
О, сол сәттерде ол монастырь жаққа қалай мұңая қарап, анау ақ қарлы шыңдарға, анау періштелер тұрағына, анау қол жетпес парасат мұзартына қалай телмірді десеңші! Қыз пәктігінің белгісіндей беймәлім гүлдері тұнып тұрған, жұпар иістің бәрі аспанға бұрқырай атылып жатқан монастырь бағына қандай үмітсіздікпен қарады десеңші! Өзі үшін есігін мәңгі жапқан, өз еркімен тастап кеткен жұмақты қандай жақсы көруші еді, ақылсыздығынан көз жазыпты ғой сол асқарлардан! Сол жұмақтан өздігінен бас тартқан ақылсыздығына, Козеттаны жарық дүниеге оралтамын деген ниетіне өкінді ол, енді не, адал берілгендігінің өлікке айналған құрбаны болып отырған жоқ па? "Мен не бүлдірдім?" деп өзіне өзі қанша қайталады.
Айтқандай, ол осының бірін де Козеттаға білдірген жоқ. Қатты сөйлеп, көңіл күйінің нашарлығын да білдірмеді. Оны көргенде жүзі жайраңдап, дәйім жарқылдап жүрді. Оған қарым-қатынасы қашанғысынан жылы, әке мейіріміне толы болды. Біреу-міреу оның уайымдағанын байқаса да, барынша жұмсарып, мейірім үстей түскенін жасыра алмас еді.
Козетта санамен сарғайды. Мариусті көре алмай қатты қапаланды, онымен кездессе қалай қуанатынына тіпті есеп те берер емес. Жан Вальжан қыдыруға ертпегенде оның әйел түйсігі Люксембург бағына деген ықыласыңды білдірме, егер сен оған немқұрайды қарасаң әкең сені өзімен бірге қайта алып жүрер еді деп сыбырлағандай болды. Алайда күндер, апталар мен айлар өтіп жатты. Козеттаның үнсіз келісімін Жан Вальжан да үнсіз қабылдады. Бірақ тым кеш қалды. Ол Люксембург бағына келгенде, Мариус онда болмай шықты. Демек, Мариус ғайып болған, барлығы да бітті, енді не істеу керек? Қыз оны қайтып таба ала ма? Ол кеудесінің қысып кеткенін сезді, жүрегінің қысып қалуы тоқтамай күннен күнге үдей түсті. Енді ол дел-сал болып, қазір жаз ба, қыс па, күн ашық па, жаңбырлы ма, құстар сайрап, гүлдер жайнап тұр ма, Тюильриден гөрі Люксембург бағы тәуірлеу ме деп, ешбіріне мән бермей, бәріне енжар қарады; оған ішкі киімдерінің қалай крахмалданғаны, Тусен сатып әкелген азық-түліктің қымбат-арзандығы да бәрібір сияқты; еңсесі түсіп, өзімен өзі ой тереңіне сүңгіп, бір-ақ ойға ошарылып, барлығына түнде елес жалт етіп жоқ боп кететін тұңғиық қараңғылыққа үңілген адамдай бейтарап жансыз көзбен қадалады.
Айтпақшы, ол да Жан Вальжанға бозарып жүдегенінен басқа ештеңе білдірген жоқ. Әкесі де баяғы қарым-қатынасы мен момақан жүзін ғана көрді оның.
Әкесінің алаңдауына сол қуқыл тартып бозаруының өзі-ақ жетіп жатыр еді. Кейде ол:
— Саған не болған? — деп сұрап қояды.
— Ештеңе емес, — деп жауап береді қызы.
Ол әкесінің де қабағы ашылмай уайымдап жүргенін көріп:
— Ал, әке, сіз ше, сізге не болған? — деп қарсы сауал береді.
— Маған ба? Ештеңе емес, — дейді ол да.
Сондай сирек, сондай тебіренерлік махаббатпен шатасқан, сондай ұзақ бірі үшін бірі өмір сүрген екі жан иесі бірінің қасында бірі бәрі үшін қапаланып, қайғы жұтып үнсіз отыр. Зарламайды да, күлмейді де олар.
Сегізінші тарау
КІСЕНДІЛЕР
Жан Вальжан Козеттадан бақытсызырақ болды. Жастық қайғы-қасіретте де өз жарығын сақтайды.
Кей сәттерде Жан Вальжанның қайғыратыны сондай, тіпті ол өзін сәбиге айналып кеткендей көреді. Қайғыға ересек адамның көңілінде балалық бірдеңе ояту тән. Оны Козетта уысынан сырғып шығып бара жатқандай бір сезім билеп алды. Сондықтан күреске деген ынта туып, қайткенмен қызын жібермей, сырты жылтырақ бірдеңемен таңдандырып, баурағысы келді. Әлгінде айтқанымыздай осы бір әрі балалық, әрі қарттық ойлар басқа бір сорапқа салғандай: ол жас қыздарға зерлі оқалар әсер етеді дегенге сенді және сенуі негізсіз де емес еді. Бәз-бірде ол көшеде шеру киімін түгел киіп салт атпен кетіп бара жатқан генералды көрді, ол Париждің комендаты, граф Кутар еді. Ол алтындатқан осы адамға қатты қызығып, көзді арбайтын мынандай мундир кию қандай бақыт, егер Козетта оны мына кейпінде көрсе көзін ала алмас еді, егер қолтықтасып Тюильри қақпасының жанынан өтсе, қарауыл да оған тағзым етер еді. Не қыздың жас жігіттерге көз тастауы сан тыйылуына осы да жетіп жатар еді деп ойлады.
Ал осы арада тағы бір күйзеліс тап келді.
Плюме көшесіне көшіп келгеннен бері олардың оңаша өмірінде тағы бір жаңа дағды пайда болды. Ара-тұра олар күннің шығуын қызықтауға аттанады, бұл дегенің өмір есігін ашатындар мен жабатындардың тылсым қуанышы ғой.
Жалғыздықты сүйетіндер үшін таңғы серуен бәрібір түнгі серуен сияқты, бір артықшылығы тек таңертең табиғат көңілдірек, көшелер бос, құстар сайрап тұрады. Козеттаның өзі тура құс сияқты ерте тұрады. Таңғы серуендерге алдын ала әзірленеді. Әкесі ұсынады, қызы келіседі. Оның өзі жасырын бір жәйт сияқты, тіпті күн шашырағанға дейін шығады олар және оны қарабайыр жұбаныш көреді. Жастыққа осындай бейкүнә есерлік те тән ғой.
Жан Вальжанның адам аз жүретін оңаша жерлерге, ұмыт қалған түкпірлерге баруға әуестігі аян. Ол кездері Париж заставаларына таяу жазда бидайық сирек өсетін, күзде жинағанда егін шабылмай, қолмен жұлып алынғандай болып қалатын құлазыған дала көсіліп жататын. Жан Вальжан сол өңірді бәрінен артық көреді. Козетта онда қамықпайды. Әкесі үшін бұл оңашалану да, қызы үшін еркіндік. Онда ол кішкентай қыз бала құсап асыр сап жүгіреді, қалпағын шешіп әкесінің тізесіне қойып, гүл тереді. Гүлге қонған көбелектерді қызықтайды, бірақ біреуін де ұстамайды. Қызғалдақтан гүлдесте өріп, басына киеді, күн сүйіп құлпырған, жалындай алаулаған алқызыл гүлдер нарттай жанған тәжге ұқсап оның балауса қызылшырайлы жүзін құлпыртып жібереді.
Тіпті олардың өміріне реніш кіргеннен кейін де олар таңғы серуенге шығу әдетін тастаған жоқ.
Бірде қазан айында ертеңгілік 1831 жылғы күздің алаңсыз айқындығына әуейленген олар таң құланиектене үйден шығып Мен заставасының маңында болды. Бұл кез таң алды емес, таңсәрі еді, кәдімгі ең бір ғажайып әрі ысқаяқ шақ. Көгілжім бозғылт аспанда әлсіз жымыңдаған жұлдыздар шоғыры, қара жер, діріл қаққан өсімдік сабақтары, қараңғылықтың құпия толқуы қандай! Бозторғай жұлдыздар арасына сіңіп кеткендей шырқау биікке шығып алып шексіз кішінің түпсіз ұлыға арнаған әнұранын тамылжытып тұр. Шығыстан енді айқындалған тап-таза көкжиекте Валь-де Грас шіркеуінің алып сұлбасы қарауытады; көз жауын алған Шолпан жұлдыз қараңғы зынданнан сытылып шыққан жандай соның мұнарасынан сығалайды.
Қайда қарасаң да мамыражай тыныштық, бейбіт тіршілік, жолда бір жан жоқ, сонау төменде жұмысқа бара жатқан жұмысшылардың қарасы әрең көрінеді.
Жан Вальжан бүйірдегі саяжолда отын қоймасының қақпасы алдында құлап жатқан бөренеге жайғасты. Ол бетін жолға, жонын жарыққа беріп отырды, шашырап шығып келе жатқан күнді ұмытып кеткен тәрізді, оны түпсіз терең ой баурап, төрт қабырғаға қамалған адамдай ештеңе көрсетпейтін сияқты. Тіке атылған деп атауға келетін ойлар да болады, олар адамды шырқауға шығарып жіберіп, жерге оралуына біраз уақыт кетеді. Жан Вальжан осындай ойлардың біріне шомған еді. Ол Козетта туралы, екеуінің арасына ештеңе түспесе бақытты болатыны туралы, өміріне қыз түсірген жарық, жүрегі сонымен тыныстап отырған жарық туралы толғанды. Осы қиялға берілгеннің өзін бақыт санады. Козетта оның қасында тұрып, қызғылт тартқан бұлттарға қарады.
Кенет ол дауыстап жіберді:
— Әке! Анау жақтан біреулер келе жатыр.
Жан Вальжан басын көтерді. Қыздың айтқаны рас екен.
Бұрынғы Мен заставасына апаратын жол Севр көшесінің жалғасын құрайды да, оны тік бұрышпен бульвар кеседі. Бульвардан жолға шығатын бұрылыста, тура олар қиылысатын тұста мынадай уақытта шығуын түсіну қиын бір шу естіліп, айқындығы шамалы әлемет үлкен топ көрінді. Бульвар жағынан қарасы көрінген бейберекет бірдеңе жолға түсті.
Ол барған сайын көбейіп, сабырмен алға жылжыды, сонымен қатар әлгі қара тік шаншылып шайқатылатын тәрізді; жалпы өзі көлікке ұқсайды, бірақ жүгінің не екенін түсіну қиын. Аттар бұлдырап көрінеді, доңғалақтың сиқыры, қамшының суылы, айқайлаған дауыстың қырылы естіледі. Бірте-бірте әлгі топтың сұлбасы қараңғыға қанша сүңгісе де айқындалайын деді. Шынында да ол бульвардан бұрылып жолға түсіп, Жан Вальжан отырған заставаға бет алған арба еді, оның артында тағы да сондай, одан үшінші, төртінші — барлығы бірінен кейін бірі тізбектелген жеті арба, жегілген әрбір аттың маңдайы алдындағы көлікке тіреліп келеді. Бұл арбаларда бәзбір сұлбалар қараңдап жалаң қылыш сияқты бірдеңе жарқылдайды, шынжыр шыңғыры тәрізді дауыс естіді, дауыстар барған сайын үдеп, барлығы алға жылжыды, түстегі үңгірлерден ғана шығатын үрейлі үндер.
Жақындай келе барлығы нақтылы пішінге келді, ағаштардың сыртынан елестей көріністер шығып, әлгі топ түгелдей ағараңдап, аздап қыза бастаған күн көмескі сәулесін шашыратып, жанды-жансыз опыр-топыр жиынға жарық түсірді де, сұлбалардың басы өліктердің бетіне айналды. Ал бұл былай еді.
Жолмен тізбектеліп жеті арба келеді. Алғашқы алтауының құрылымы қызық, күбі жасаушылардың алды мен артқы арысы ұзын бөренемен ұстаттырған арбасына ұқсайды, былайынша ұзыннан-ұзақ саты сияқты, доңғалақтарды ұштастыра келіп алды жетекке ұласады. Әрбір саты сияқты ұзын арбаны көсем жегілген төрт ат сүйрейді. Сатылардың үсті жыпырлаған кісі. Ол адамдардың қанша екенін қара көлеңкеде ажыратып болмайды, бірақ недәуір көп екені аңғарылады. Әрбір арбада жиырма төрт кісі, он екі-он екіден екі жақтауға сүйеніп отыр, аяқтарын салбыратып, бір-біріне берген, жолдың ұзына бойына осылай келе жатқаны анық. Арқаларында бірдеңе шылдырайды, олары шынжыр, мойындарында бірдеңе жылтырайды, олары темір бұғау. Әрқайсының бұғауы бөлек, бірақ матастырған шынжыры біреу, егер оларды жерге қоя берсе, омыртқалары сым темірмен ұштастырылған, аяқтары бөлек қырықаяқ сияқты бірдеңе болып шығар еді. Әрбір арбаның алды мен артында мылтық ұстаған екі адам тұр, әрқайсысы аяғымен шынжырдың ұшын басып тұр. Бұғаулары төртбұрышты. Төртінші арба жақтаулары тақтайланған, үсті ашық, алымдылығы мол төрт доңғалақты кәдімгі жүк арбасы, өзіне алты ат жегіліпті, ішінде темір қазандар мен шөгендер, темір пештер мен шынжырлар салдыр-сұлдыр етеді, ұзыннан-ұзақ көсіліп жатқан бұғаулаулы адамдар және бар, түріне қарағанда бәрі ауру сияқты. Жан-жағы ашық-тесік бұл арба ежелгі масқара жазалаудың көзіндей тозып біткен темір құрсаулармен жабдықталыпты.
Арбалар жолдың ортасымен келеді. Қос қапталында екі қатар тізілген түрлері адам көргісіз қарауылдар, кәдімгі Директорияның солдаттарындай үшбұрыш құрап келеді, кигендері кір-кір, шоқпыт-шоқпыт, көкшіл сұр түсті мүгедектердің жыртық мундирі, қызыл су жүргізген бүйірі сары шырақшылардың жұлым-жұлым шалбары, ұстағандары сойыл мен шоқпар, асынғандары мылтық, нағыз керуен солдаттары. Осы бір тобырда қайыршының бейшаралығы мен жендеттің өктемдігі түгел тоқайласқан. Шамасы, олардың бастығы қолына бишік ұстап отырғаны болуы керек. Қаракөлеңке көлегейлеген бұл бүге-шігелер жарық түсе келе айқын көрінді. Шерудің басы мен аяғында қылыштарын жалаң ұстаған атты жандармдар келеді шірене мардымсып.
Шеру осынша шұбатылған ұзын болар ма, арбалардың алды заставаға жеткенде, артқысы бульвардан жаңа ғана шығып жатты.
Жолдың қос қапталы қайдан келгені белгісіз әп-сәтте жиналып топырлаған әуесқой тобыр, мұндайлар Парижде жиі ұшырасатын әдеті. Жақын көшелерде бірін бірі шақырған адамдардың дауысы шығады, мына қызықты көргісі кеп дарпылдап жүгірген бақшашылар шабатасының тарпылы естіледі.
Жолдағы үйме-жүйме адамдар барлық теперішке төзіп келеді. өңдері таңғы суықтан көгеріп кеткен. Барлығы кенеп шалбар киген, жалаң аяқтарын ағаш шабатаға сұққан, ал қалған киімдері қайыршылықтың көрінісіндей. Құдды сайқымазақтардың алба-жұлба киімдері сияқты, дүниеде осыдан жиіркенішті ештеңе жоқ шығар. Төбесі тесілген қалпақтар, клеенкадан тігілген күнқағарлар, ұсқынсыз жүн бөріктер, жыртық жейдемен қатар шынтағы жыртылған қара бешпеттер не сән; кейбіреулері басына әйел қалпағын киіп, үстіне торкөз тоқыма кеудешелер киіп алыпты, оларынан жүндес кеудесі, үсті-басындағы ішкі суреттер мен мұндалайды, денесіне шаншып салғызған ол әшекей суреттері де әр алуан: бірі — махаббат ордасы болса, бірі — жалын шашқан жүрек, бірі — садақ ұстаған махаббат құдайы, олардың қасынан дүдәмал қызыл дақтар мен теміреткі көрінеді. Екі-үшеуі ұзын арбаның жақтауына үзеңгіге ұқсас сабаннан өрілген арқан байлап, аяқтарына тіреуіш қойып алған. Олардың біреуі қолына қап-қара тас сияқты бірдеңе ұстап, қажап кеміріп отыр, шамасы нан болуы керек. Бәрінің көздері құрғақ, жансыз сияқты, тек кейбірінен ғана ызалы ұшқын шашырайды. Қарауылдар ұрсысып жүр, кісендеулі кісілер үн шығармайды; ара-тұра бас пен арқаға соққан таяқтың тарсылы естіледі, кейбірі есінеп отыр, үстеріндегі шоқпыты үрей шақырады, аяқтары сермеліп, иықтары шайқатылады, көздері тағыдай жарқылдап, қолдары жұдырық боп жұмылған, иіні түсіп салбырағандары да бар, бәзбір өлі адамның қолы тәрізді, керуеннің артында сақ-сақ күліп балалар жүр.
Арбалардың бұл керуені қалай болғанмен де қасіретті ойларға жетеледі. Бүгін болмаса ертең нөсер жаңбыр жауып, толастамай үсті-үстіне құяды деп күтуге болар еді, сонда мыналардың жыртық киімдері малмандай су болып, кепкен соң да бұл кісілердің үсті-басы құрғамай, дірдектеп жаурайды ғой, кенеп шалбарлары денелеріне жабысып, шабаталары суға толады, қамшының соққысы тістердің сақылдағанын баса алмайды, шынжырлар бұрынғысындай мойындарынан матастырылып, аяқтар салбырап жатады. Күзгі түсі суық сұр бұлттардың астында жаңбыр мен ызғырық желдің еркіне берілген ағаштар мен тастарға ұқсас бір-бірімен байлап матастырылған осынау пенделерге қарап, дір ете қалмауың мүмкін емес.
Таяқтан жетінші арбада қапқа салынған күл-қоқысқа ұқсап сілейіп жатқан, арқанмен матастырылған ауру адамдар да құр қалған жоқ.
Тұтқиылдан күн шығып, шығыстан алып сәуле шашырады да мынау сұмдық үрейлі бастарды қыздырып жібергендей болды. Тілдің тиегі ағытылып, мысқыл күлкінің, қарғыс пен әннің бұрқанған тасқыны ағытылды. Жарықтың кең көлбеу ағысы арбалардың мынау ұбақ-шұбақ керуенін екіге бөліп тастағандай, тұтқындардың бастарына жарық түсіріп, салбыраған аяқтар мен арбаларды қараңғыда қалдырды. Бетке теуіп ой туды; бұл сәт сұмдық екен, дәу-перілер бетпердесін шешіп, жауыз жондарын жайып салды. Тіпті жарыққа оранса да бұл тобыр қарайған қалпында қала береді екен. Кейбіреулері көңілденіп, орындарынан тұрып, ауызына қауырсыннан жасалған түтікше салып, шыбын-шіркейді жиналғандарға, әйелдер жағына үрлеп қуып жатыр. Шапақ қара көлеңке түсіріп, тұтқындардың бейшара мүсіндерін айқындай түсті, бәрі де қайыршылықтан бүлініп, жай бір жүрген сұмпайы сүлде сияқты, оларға түскен күн нұрының өзі күңгірт тартып, жалт-жұлт еткен найзағайға ұқсап кетеді екен. Арба керуені бар күшімен жабайы дауысқа салып, Дезожьенің сол тұста кең тараған "Весталки" попурриіне басты барылдап, ағаштар мұңая жапырақтарын сыбдырлатып, бүйірдегі саяжолда буржуа елестер орындаған әзіл әндерді есі шыға еліріп тыңдады.
Осы шеруде адамзат ауыртпалығының бәрі тұттай жалаңаш қалпында сапырылысып жатқан тәрізді. Одан күллі хайуандардың бет-пішінін көруге болады: онда қарттар да, жастар да, қуарған бастар да, ағарған сақал-шаштар да бар, сұмдық екіжүзділік, лажсыз бағыныштылық, жабайы кіжіну, өрескел қойқаң, күнқағар астындағы шошқа тұмсық, бұйрасын самайын дудыратып қоя берген қыздың басына ұқсас бірдеңелер, баланыкі болғандықтан да масқара үрейлі жүздер, өлуі ғана жетпей тұрған бет терісі сүйегіне жабысқан құр сүлделер не сән. Бірінші арбада негр отыр, бұрын арбакеш болса керек, қазіргі бұғауын бұрынғысымен салыстырып қоятын шығар. Төменгі таптардың езіп-жаншылуы, сұмдық масқаралық шарпымаған жан жоқ; құлдыраудың бұл сатысында, қоғамдық тұңғиықтың ең ақырғы түкпірінде олар өзінің ең соңғы ауысуын: надандықтың — топастыққа, ұғынудың ашынуға ұласуын бастан кешті. Бұл арада таңдап, талғап жатар да ештеңе жоқ, пасықтықтың бетке шығар қаймағы да осы жандар. Жексұрын шерудің кездейсоқ басқарушысының оларды топ-топқа бөлмегені де айқын болды. Бейшаралар қалай болса солай бір-бірімен алфавит бойынша матастырылып, арбаға тией салынса керек. Алайда бір жерге тоқайласқан сұмдықтар ақыр соңында өзінің атқарушы күшін көрсетті; бейбақтардың кез келген бірлестігі бәзбір нәтиже береді; әрбір бұғаудың ортақ жаны болды, әрбір арбаның өз келбеті болды, ән салған әйелдің жанында еңіреп жылаған біреу болды; үшінші арбадан біреу қайыр сұрады; бір арбадағылар кіжініп тісін қайрады; келесідегілер өткен-кеткенді қорқытты; алтыншыдағылар құдайын қарғап, ойына келгендерін істеді; ал соңғылары моладай үнсіз. Данте болса, бұл қозғалыстан тозақтың жеті айналымын көрген болар еді.
Бұл сотталғандардың жаза орнына бет алған қаһарлы маршы еді, бірақ ол ақырзаманның үрейлі отарбасында өткен жоқ. Масқара түрме арбаларымен алып жүруден артық сұмдық жоқ та шығар.
Қолында ілгішті таяқ ұстаған қарауылдардың бірі ауық-ауық мынау адам азғындарының үйіндісін аударыстырып көруге оқталып қояды. Жиналғандардың арасындағы бір кемпір бес-алты жасар шамасындағы бір балаға соларды саусағымен нұсқап: "Мынау саған сабақ, жүгірмек!" деді.
Барылдақ ән мен балағат барған сайын үдей түсті; ақыр аяғында күзет командирі сияқты көрінгені қамшысын шатыр еткізіп еді, осы белгі бойынша таяқ сартылы көзсіз ересек қимылмен жеті арбаға бұршақтай сатырлап жауды да кетті; жұрт жынданғандай аласұрып гүрілдеді, ал бұл іріңдеген жараға үймелеген масадай құжынаған көше балаларын тіпті еліртіп жіберді.
Жан Вальжанның көзі шарасынан шығып кете жаздады. Ол көз емес, ештеңе өткізбейтін, кейбір зағиптардың қарашығын ауыстыратын, шын нәрсені көрсетіп жарытпайтын, тек апат пен үрейден жарқ ете қалатын әйнек сияқтанды. Ол қарсы алдынан ашылған көріністерді байқамады, жанарына тек сұмдықтар ғана елестеді. Атып тұрып, тұра қашқысы да келді, бірақ бақайын да қимылдата алмады. Кейде көргеніңнің өзіңді баурап, билеп алатыны, тістей қабысып айырылмайтыны бар ғой. Ол отырған орнына шегеленгендей тас болып қатып сілейді де қалды, тек мынау түксиіп түп ізге түсудің мәні не, анау дәу перілердің тобыры қайдан пайда болды, деп өзінен сұрауға ғана хәлі келді. Аңдаусызда оң қолын көтеріп, маңдайына апарды. Өйткені кенеттен еске түскенде жасайтын әдеттегі қимыл ғой бұл. Ол тұрақты бағыттың осындай болатынын есіне түсірді: корольмен кездесіп қалмас үшін қашанда осылай жасап, оның Фонтенебло жолымен жүріп қалуы ықтимал-ау деп дәл осы арадан бұрылатын, осыдан отыз бес жыл бұрын Жан Вальжан өзі осы застава арқылы өткен-ді.
Козетта басқаша үрейленді, бірақ қорқынышы әкесінен кем де емес еді. Ол ештеңе түсінбей жүрегі алқымына тығылды; көргендерінің бәрі мүмкін емес нәрседей. Ақыры:
— Әке! Мынау арбалардағы не зат? — деп оның даусы шығып кетті.
— Каторжандар ғой, — деп жауап қатты Жан Вальжан.
— Олар қайда барады?
— Каторгаға.
Сол кезде таяқ сартылы айрықша үдеп, жиілей түсіп, оған қылыштардың жалпағынан ұрған соққысы қосылды, бұл дегенің сойылдар мен дыраулардың ессіз долдануы секілді болды; каторжандар бүгіліп бұға қалды, жазалау оларды жиіркенішті құлақкестілікке жеткізіп, барлығы үн-түнсіз, қамауға түскен қасқырдай жан-жағына ұшқындаған көздерін тастады.
Козеттаның тұла бойы дірілдеп кетті.
— Әке! Осылардың бәрі адам ба? — деп сұрады ол қайтадан.
— Кейбіреулері, — деп жауап қатты бейбақ.
Бұл Бисетрдан таңсәріге дейін шығып жолшыбай Менге бағыт ұстаған этап болатын, бұлай бұрылу себебі ол кезде Фонтенеблода король жатқан еді. Мәртебелі ағзамды қолайсыз көріністен сақтау үшін осылай айналып жүріп, онсыз да сұмдық жолды үш-төрт күнге ұзартуға тура келді.
Жан Вальжан үйге ұнжырғасы әбден түсіп оралды. Мұндай кездесулер соққыға бара-бар, ол өзі туралы сұмдық үрейлі әсер қалдырады.
Алайда Жан Вальжан Козеттамен бірге Вавилон көшесіне қайтып, қызының көргендері жөнінде тағы да сұрақ қойғанын байқаған жоқ; бәлкім оның өзі де қызының сөзін қабылдап, жауап берер халде болмай, ой тереңіне сүңгіп кеткен болуы керек. Кешкісін тек Козетта ұйықтауға кеткенде оның өзімен өзі сөйлесіп күбірлеп қана:
— О, құдая! Меніңше, анау адамдардың біреуі болмаса біреуімен кездесіп қалсам, оны жақын жерден көргенім үшін ғана өліп кетер едім, — деген сөзін есітті.
Бақытына қарай, сол қасіретті кездесуден кейінгі келесі күні Парижде бір ресми салтанатқа орай мереке болды: Марс алаңында шеру өтті, Сенада қайықшылар ескекпен семсерлесті, Елисей алабында түрлі ойындар көрсетілді, Жұлдыз алаңда отшашулар шашылды, қайда қарасаң да — әшекей жарықтар. Жан Вальжан өз дағдысын өзгертіп, кешегі күннің естелік әсерін ұмыттырып, алдында ғана көз алдынан өткен жиренішті суреттерді Париждің ырду-дырдуымен басу үшін Козеттаны мерекеге алып барды.
Мерекенің тұздығы болған парад заңды түрде мундирлердің айналымын туғызды; Жан Вальжан ұлттық ұланның арнаулы киімін киді, бұл оған адамды қауіп-қатерден тасалап тұратын қалқан сияқты көрінді. Қалай болғанмен де серуеннің мақсаты жеріне жеткен тәрізді. Әкесінің көңілін табуды өзі үшін заң санайтын Козетта бұл сайранға оп-оңай қуана көнді, жастыққа сондай шаттық тән ғой өзі. Айтқандай, оған ойын-сауықтың бәрі тән, сондықтан оларға мұрын шүйіріп қараған жоқ, "халық серуені" аталатын сауық-сайранды қызыға тамашалады. Сондықтан Жан Вальжанның діттегеніме жеттім, кешегі жексұрын көріністерден Козеттаның жадында ештеңе де қалған жоқ деп ойлауға хақысы бар еді.
Арада бірнеше күн өткен соң, ертеңгілік, күн көтеріліп, шапақ шашқан кезде ол екеуі баққа шықты — тағы да Жан Вальжанның өзі үшін орнатқан тәртібі бұзылды. Козеттаға өзінің уайым-қайғысын таңып, өз бөлмесінің төрт қабырғасында қамалып отырудан танды. Мол ғып тігілген таңғы желеңге малына оранған Козетта бұлт тұмшалаған күн сияқты бастан аяқ қызғылт тартып, ұйқыдан кейін сәулемен нұрланған өзіне үнсіз көз қиығын тастаған шалдың қасында тұрып ақ раушанның жапырағын үзді. Ол "сүйеді-сүймейді" дейтін ғаламат бал ашуды білмейтін, оған және кім үйретті дейсің оны?! Ол гүлді бейкүнә әншейін ғана үзе салды, ақ раушанды жұлу деген жүрегіңді ашып салу екенін білген де жоқ. Егер Аңсау аталатын төртінші Сымбат деген болатын болса, ол күлімдеген сол Сымбатқа ұқсар еді. Жан Вальжан гүлді үзген аппақ саусақтарға арбалып, қызды ораған арай нұрға балқып, еріп кетті. Қасындағы бұтадан қызыл тамақ шымшық шықылықтады. Аспанда бостандыққа енді шыққандай асығып ақша бұлттар жөңкіп барады. Козетта қадалып гүлдерді үзе берді, зайыры ол бірдеңе туралы армандаған тәрізді, арманы ғажап болуы да керек. Аңдаусызда ол аққудың әсемдігімен мойынын бұрып, тосын сұрақ қойды.
— Әке, каторга деген не осы?
ТӨРТІНШІ КІТАП
ТӨМЕННЕН КӨМЕК ЖОҒАРЫДАН КЕЛГЕН
КӨМЕК БОЛУЫ МҮМКІН
Бірінші тарау
ЖАРА СЫРТТА, ЖАЗЫЛУ ІШТЕ
Олардың өмірі осылай күннен күнге күңгірттене түсті.
Оларда қалғаны бір кезде бақыт саналған бір ғана ермек — ашыққандарға — нан, суықтан жаурағандарға киім тарату. Кедейлердің халын біле жүріп Жан Вальжан мен оған еріп жүретін Козетта жүрек түкпірлерінде баяғы бір сырлас, сыйлас жақындық қайта жанданып келе жатқандай сезінді; ара-тұра күн жақсы болса, зарыққандардың біразына көмек көрсетіп үлгеріп жүрді, сөйтіп көптеген кішкентайлардың жанын жылытып, қуанышқа бөлейтін, ондайда Козетта тіптен көңілденіп кететін. Өмірінің дәл сондай сәтінде олар Жондреттің үйшігіне бас сұқты.
Келесі күні таңертең Жан Вальжан үйге әдеттегідей жайбарақат келді, бірақ сол қолында қанталап, ісіп кеткен күйікке ұқсас жарасы бар, оның себебін жалтарып айтпады. Сол жараның салдарынан ай бойы дірілдеп-қалшылдап қызуы көтеріліп жүрді. Дәрігерге барғысы келмеді. Козетта бар деп қоймаған соң: "Мал дәрігерін шақыршы" деді.
Козетта оның жарасын керемет ұқыптылықпен, қайтсем пайдам тиер екен деген періштелік ниетпен ертеңгілік және кешкілік мұқият таңып отырды, Жан Вальжан болса өзіне бұрынғы бақытының қайта оралып келе жатқанына сүйсініп, қауіптенуі мен мазасыздануы бірте-бірте сейілейін дегенін сезінді. Козеттаға қарай отырып: "О, жазылар жарам!", "О, айығатын ауру!" деп қояды.
Әкесі ауырып жүргенде Козетта дербесжайға көп бармай, қайтадан қосалқы үй мен аулаға бауыр басып кетті. Ұзақ күнді дерлік Жан Вальжанмен өткізіп, оған таңдаған кітабын, ең бастысы саяхат туралы оқып беріп отырды. Жан Вальжан қайта түлеп, бақыты қайтадан гүл атып, айтып жеткізгісіз араймен жарқырады; Люксембург бағы, беймәлім жас қаңғыбас, Козеттаның салқын тартуы сияқты ала бұлттар енді оның көңілін тұмшаламайтын болды. Ол тіпті: "Мұның бәрін өзім ойлап тауып жүр екенмін. Қырқылжың қырт!" дейтін болды өзіне.
Оның бақыты зор болғаны сондай, Жондреттің үйшігіндегі Тенардье үйелменімен күтпеген сұмдық кездесудің өзі де оны мызғыта алмады. Ол әйтеуір сытылып шығып, құтылып кетті, ізін де таптырмады. Қалғанында енді шаруасы қанша! Егер зәуде оны есіне алар болса, онысы сол бейбақтарға деген аяныш сезімі ғана. Қазір ғой олар түрмеде, — деп ойлады ол. — Сондықтан қайтып зиян жасай алмайды, бірақ қандай бейшара, бақытсыз отбасы!"
Мен заставасындағы жиіркенішті көрініс туралы Козетта қайтып сөз қозғамады.
Монастырьда Мехтильда бике Козеттаға музыкадан сабақ берген. Козеттаның қызыл тамақ торғайдың үніндей дауысы болатын, кейде кешқұрым жаралының қарапайым мекенінде ол Жан Вальжанды қуантып, мұңлы әндер салатын.
Көктем туды, бақ бұл кезде түлеп құлпырып кетті, соны көріп Жан Вальжан: "Сен бақта ешқашан серуендемейсің ғой, бар, сейілдеп қайт", деді Козеттаға. "Мақұл, әке", деді қызы.
Әке тілегін орындап, ол бақшада қайтадан серуендей бастады, көбіне жалғыз қыдырады, өйткені, бұрын ескертілгендей, Жан Вальжан темір қоршаудан көзге түсіп қалармын деген қауіппен баққа ешқашан бармайды.
Оның жарасы екеуінің де ой арнасына басқа бағыт берді.
Козетта әкесінің жазылып келе жатқанын, өзін бақытты сезінетінін көріп, өзі де байқамайтын, керемет бір табиғи қанағат сезіміне бөленді. Оның үстіне наурыз туып, күн ұзарды, қыс өтті, ол қашанда біздің қайғы-қасіретімізді өзімен бірге ала кетеді емес пе, одан соң сәуір келді — бұл жаздың гүл атуы, таңғы арайдай таза, балалық шақтай шат, кейде жаңа туған нәрестедей жылауық келеді. Табиғат бұл айда жанды жаулар жарқылдақ сәулеге тұнып тұрады, ол нұр аспаннан да, бұлттан да, ағаштардан да, көгалдар мен гүлдерден де адам жүрегіне құйылып жатады.
Сәуірдің мұндай шаттығына сүңгімеске Козетта әлі тым жас болатын, оның өзі де көктемнің осы айынан аумайтын. Қасіретті ойлар сездірмей, білдірмей ғайып болды. Көктемде қайғылы жүрекке жарық түседі бәзбір шаңқай түстегі жертөле сияқты. Козетта болса, онша қатты қайғырған да жоқ. Өз басы оған есеп беріп жатпаса да уайым жеп жүрмегені айдан анық. Ертеңгілік таңғы астан кейін сағат ондарда ол әкесін ширек сағат баққа апарып, серуендетіп қайтудың сәті түскенде, кіре беріс маңында күнге иегін төсеп, оның ауру қолын демеп отырғанда шаттыққа бөленіп, көп күлгенін өзі де сезбей қалатын.
Жан Вальжан қызының қайта құлпырып, шырайлана түскеніне көз жеткізіп қуанатын.
— О, жазылар жарам! — деп баяу қайталап қоятын.
Сол үшін де ол Тенардьеге разы.
Жарасы жазылғаннан кейін ол кешкі жалғыз қыдыруын қайта жалғастырды.
Әйткенмен Париждің адам аз тұратын шалғай шетінде кешкілік ешқандай оқыс оқиғаларсыз жалғыз қыдыруға бола береді деп ойлау қате болар еді.
Екінші тарау
ПЛУТАРХ ТӘТЕЙ КЕЙБІР ҚҰБЫЛЫСТЫ
ҚИНАЛА ТҮСІНДІРЕДІ
Бірде кешкісін кішкентай Гаврошқа жейтін ештеңе болмай қалды; осының алдында түстік жасамағанын еске алып, мұңайды. Ол кешкі ас таппақ болып Сальпетриердің ар жағындағы алаңқай жерлерге қыдырып қайтуға шықты, содан бір тіске басар таппаса, басқалардан қайран жоқ. Ешкім жоқ жерден әйтеуір бірдеңе табылады. Бәзбір елді мекенге жетіп еді, ол Аустерлиц деревнясы сияқты көрінді.
Сонда қыдырып жүріп ол ескі бақты байқады, одан шал мен кемпірді көрді, бұл бақта әлі әжетке жарайтын алма ағаштар бар екен. Сол ағаштың маңында жеміс-жидек сақтауға арналған дүңгіршек сияқты бірдеңе тұр, одан алма ұрлап алуға болады. Алма дегенің кешкі ас, алма дегенің тіршілік емес пе. Алма Адам-Атаны опат қылғанмен, Гаврошты құтқара алады. Бақтың ар жағында қаңыраған бос көше бар, үйлер болмағандықтан оны бұталар басып кеткен; бақ көшеден қоршаумен бөлініп тұр.
Гаврош сол баққа тартты, таныс алма ағашын таныды, жеміс салатын жәшіктің орнында екеніне көзі жетті, темір құрсауды мұқият тексере бастады; қоршау деген не тәйірі — бір-екі деп қарғып кетесің. Күн кешкірді, көшеде тірі жан жоқ, нағыз қолайлы уақыт. Гаврош тәуекелге бел буып әзірлене берді де, тоқтай қалды. Бақта біреулер сөйлесіп жүр. Гаврош қоршаудың саңылауынан көз тастады.
Өзінен екі адым жерде қоршаудың арғы жағында, тура бұл түсемін деп межелеп қойған жердің қарсысында жұрт орынды етіп жүрген тас жататын, сол орындықта бақтың иесі шал отыр да, оның қарсы алдында кемпір тұр. Кемпір күңкілдеп бірдеңелер айтады. Сыпайылығы шамалы Гаврош құлағын тоса қойды.
— Мабеф мырза, — деді кемпір.
"Мабеф! — деп ойланып қалды Гаврош. — Мәссаған сайран!"
Шал былқ етпеді. Кемпір қайта қайталады:
— Мабеф мырза!
Шал ақыры көзін көтеріп, үн шығарды:
— Не айтасыз, Плутарх әжей?
"Плутарх әжей дейді! — деп тағы да іш тартып қалды Гаврош.
— Ал бұл тіпті қызық"; Плутарх әжей сөзді бастап кетті де, шал әңгімеге араласуға мәжбүр болды. Қожайын разы емес. Неге?
— Біз тоғыз айға қарызбыз.
— Үш айдан кейін біз оған он екі айға қарыз боламыз.
— Ол бізді шығарып жібереміз дейді.
— Амал не, мен кетемін.
— Көкөніс сатушы әйел ақша сұрайды. Және бір құшақ та отын қалмады. Қыста не жағып күнелтесіз? Бізде түк те отын жоқ.
— Оның есесіне күн бар емес пе.
Қасапшы бұдан былай қарызға бермейтін болды, сиыр етіне тіпті маңайлатпайды.
— Мұнысы тіпті жақсы. Мен етті нашар сіңіремін. Ол мен үшін өте ауыр тағам.
— Түске не берейін?
— Нан.
— Бөлке сатушы шотпен төлеуді талап етеді, ақшаң жоқ екен, нан да жоқ дейді.
— Жақсы.
— Сонда не жейсіз?
— Бізде алма бар.
— Алайда, мырза, бұлай ақшасыз жайдан жай өмір сүруге болмайды ғой.
— Қайтейін, менде ақша жоқ.
Кемпір кетті де, шал жалғыз қалды. Ауыр ойға шомып отыр ол. Гаврош та ойланып қалды. Ымырт үйіріліп, қараңғылық басуға айналды.
Гаврош қоршаудан қарғып түсудің орнына оның түбіне кеп отырды — ойлануының алғашқы нәтижесі осы болды. Ағаш бұтақтарының төменгі жағы сәл сирек еді.
"Мынаны қара", — деп іштей қуанып кетті Гаврош. — Мынау нағыз жатынжай ғой!" Үңгіңкірей барып ол бүк түсіп бүктетіліп жата кетті. Арқасы Мабеф атайдың орындығына тиіп жатты дерліктей. Шалдың тынысын да естіп жатты.
Тамақ табудың орнына тезірек ұйықтап кетуге тырысты.
Мысықтың ұйқысы — жартылай көзі ашық ұйқы. Қалғығанының арасынан қарауылдап күзетіп жатты.
Қараңғы бозғылт аспан жерге ақтаңдақ сәуле шашып, қарауытқан бұталар қатарының арасындағы қылаң жолақ болып көрінді көше.
Ойда жоқта әлгі ақшыл жолақта екі сұлба пайда болды. Біреуі алда, екіншісі одан недәуір қашықтықта артта келе жатыр.
— Ә, тағы да екеу шықты, — деп міңгірледі Гаврош.
Алғашқы сұлба қарадүрсін дұрысырақ киінген еңкіш тартқан қарт, ойланып келе жатқан буржуаны еске түсірді, кешкі иіс жұлдызды аспан астында баяу аяңдап қыдырып қайтқалы шықса керек.
Екіншісі жіңішке, сұңғақ, сымбатты. Ол өз адымын алғашқысының қадамымен өлшеп келеді, жүрісін әдейі баяулатқанымен қимылында икемділік, ептілік бар. Одан жыртқышқа тән қауіп ойлатарлық бірдеңе байқалады, сонымен бірге оның бүкіл бейнесі сол кездің сөзімен айтқанда, "сәнқойлықты" сездіреді. Оның тамаша қалпағы бар, кигені қынама бел қара сүртік, зайыры жақсы шұғадан арнайы тігілсе керек. Оның басын ұстауынан күш пен көркемдік білініп тұр, қалпақтың астынан қараңғы болса да аузына гүл тістеген бозбаланың ақ дидарын байқауға болады. Бұл сұлба Гаврошқа жақсы таныс: ол Монпарнас болатын.
Біріншіге келетін болсақ, аңқылдаған ақкөңіл шал дегеннен басқа ештеңе айта алмайсың.
Гаврош соларға қадалды да қалды.
Келе жатқан екеудің біреуінің, шамасы, екіншісінен ала алмай жүрген өші болуы керек. Гавроштың өлең төсегі жасырынатын жақсы қалқа болды.
Монпарнастың мынадай кезде, мынадай жерде із бағуға шығуы жақсылыққа соқтырмайды. Гаврош сәби жүрегі елжіреп шалды аяп кетті.
Нe істеу керек? Араласса ма екен? Бұл бір жануардың екіншісіне көмегі болар еді. Монпарнас күледі де қояды ғой. Мынау он сегіз жасар бұзақының шалға да, балаға да шамасы қаптал жететініне Гавроштың сенімі кәміл.
Гаврош ойланып үлгергенше жиренішті шабуыл тұтқиылдан басталып та кетті. Кәдімгі жолбарыстың бұғыға, бүйінің шыбынға шабуылы. Монпарнас ауызындағы гүлді лақтырып тастап күтпеген жерде шалға бір-ақ атылды, оны жағасынан алып, қолымен сығымдап міне түсті. Гаврош айғайлап жіберуге шақ қалды. Енді бір сәтте әлгілердің біреуі қырылдап, жаны ышқынып астында жатты да, екіншісі тастай қатты кеудесіне қадалып, тырп еткізбей тастады. Бір ғажабы, Гаврош күткендегіден мүлдем басқа көрініске тап болды. Жер қауып жатқан Монпарнас та, жеңіп шыққан шал. Осының бәрі Гавроштан бірнеше қадам ғана жерде өтті.
Шал аяғынан тік тұр және соққыға соққымен, сұмдық күшті соққымен жауап береді, сөйтіп шабуылдаушы мен оның құрбандығының орны әп-сәтте ауысты.
"Жарайсың, шал!" — деді Гаврош ішінен, алайда өзін өзі ұстай алмай қол шапалақтап жіберді. Бірақ оның шапалағы естілмей қалды. Ол бірін бірі соғып, алқына арпалысып жүрген қарсыластардың құлағына жеткен жоқ.
Ұзамай тыныштық орнады. Монпарнас тайталасуды доғарды. Гаврош "Ол өлтіріп тастаған жоқ па екен өзін?" деп ойлады.
Шал тіс жарып түк те сөз айтпады, айқайлаған да жоқ. Сосын бойын тіктеді, Гаврош оның Монпарнасқа не айтқанын естіді:
— Тұр енді.
Монпарнас түрегелді, бірақ шал оны әлі ұстап тұр. Монпарнастың ұсқыны қой тұзаққа түсірген қасқырдай сұсты, ызалы.
Гаврош құлағын түріп, көзін тігіп, бәрін көрді. Жан-тәнімен қызықтады ол.
Ол өзінің ақжүрек мазасыз көрермендігі үшін сыйлық алған сыңайлы. Оған түн қараңғысын түріп қасірет табы бар әңгіме жетті. Шал сұрап, Монпарнас жауап қатып тұр.
— Қазір жасың қаншада?
— Он тоғызда.
— Күшің де, денсаулығың да жеткілікті. Неге жұмыс істемейсің?
— Жұмыс деген жалықтырады, көңілсіз ғой.
— Сонда немен шұғылданасың?
— Сандалып бос жүремін.
— Шыныңды айтшы. Сен үшін бірдеңе жасауға бола ма? Кім болғың келеді өзі?
— Ұры болғым келеді.
Тыныштық орнады. Шамасы, шал терең ойға шомған сияқты. Ол сілейіп қимылсыз тұр, Монпарнасты босатар емес.
Ара-тұра әлді де епті жас бандит бұлқынып, қақпанға түскен хайуанның тұтқиыл әрекетін жасайды. Ол тырмысып, аяқтан шалғысы келеді, сытылып шықпақ болып бар денесімен бұрылып, оқыс қимылдар жасайды. Шал оның қос қолын жалғыз әлеуетті қолымен өктем ұстап, оның аласұрып тыпырлағанын аңдамаған болады.
Шалдың ойға шомуы бірнеше минөтке созылып, сосын Монпарнасқа қадала қарап, даусын сәл көтеріп, қаумалаған қараңғылықта салтанатты сөз айтқандай сөйлеп кетті, Гаврош оның бір сөзін де жібермей, бастан аяқ тыңдады.
— Балам менің, өзіңнің жалқаулығыңнан күнкөрістің ең кеселді жолына түскелі жүрсің. Өзіңді өзің сандалбай жалқау деп жарияладың! Бәрін тастап жұмыс істеуге әзірленсеңші. Сен бір сұмдық мәшинені көрдің бе? Ол қаңылтыр илейтін стан деп аталады. Одан сақтанған абзал — қанқор да қаскөй көрінеді өзі, кісінің етегін қыстырып алса болды, өзіне түгел тартып алып, мыж-мыжын шығарады, ырду-дырдумен күн өткізу де сол мәшинеге ұқсайды. Есің барда кеш қалмай тұрып құтыл! Әйтпесе біттің: жалт қарап үлгермей аранына ілінесің де кетесің. Шеңгеліне бір түстің екен, қайтып ештеңеден үміт етпе. Жұмысқа кір, жалқау. Демалыс бітті. Ымырасыз жұмыстың құрыш қолы шеңгеліне алды сені. Өз ісіңді өзің істеп, еңбекпен күн көріп, борышыңды өтегің келмей ме сенің? Басқалар құсап өмір сүру көңілсіз дейсің бе? Онда былай! Сен басқаша өмір сүресің. Жұмыс деген заң; кімде кім одан іш пыстырар зерігу деп бас тартса, түбінде оның азапты жағасына тап болады. Сенің еңбекқор болғың келмейді екен, онда құл боласың. Еңбек бізді қайтадан ұстап алу үшін, басқаша ұстап алу үшін ғана еркімізге жібереді, егер сен оның досы болғың келмесе, еріксіз пендесі, тұтқыны боласың. Сен адам болып, адамша адал шаршағың келмейді. Онда тозақта күнәкардың теріне малшынасың. Басқалар өлең айтқанда, өлердей қырылдап тұрасың. Басқалар жұмыс істегенін алыстан, төменнен көріп, олардікі бейнет емес, рақат, демалыс екен деп ойлайсың. Шапағат шапағымен нұрланған диқан, орақшы, теңізші, ұста жұмақтың рақатында жүргендей көрінеді. Ұстаның төстемірінен ұшқан жарқыл қандай! Соқаның құлағын ұстап, егіннің бауын жинаудың өзі бір ләззат емес пе? Желмен жүйткіп, еркін көсілген қайықтың өзі қуаныш қой. Ал, сен, жалқау, қайламен жұмыс істе, сүйре, тасы, қозғал! Сен енді тозақтағы жүк таситын жануарға айналғансың, мойныңдағы жармаңмен митыңдап жүре бер. Ештеңе істемеу — мақсатың ғой. Онда былай! Титықтап шаршамаған бір апта, бір күн, бір сағатың болмасын. Бәз бірдеңені көтеру сен үшін азапқа айналады. Әрбір минут бұлшық етіңді жыртуға мәжбүр етеді. Басқалар үшін құстың қауырсынындай жеңіл нәрсе саған шомбал тастай ауыр соғады. Ең оңай, құлама құздай көрінеді. Өмір саған жан түршіктірер аждаһа болады. Жүру, қозғалу, тыныс алу жұмыстың ең қиынына айналады. Өкпеңнің өзіне жүз қадақ ауырлық түскендей сезінесің. Анау арадан, мынау арадан өтудің өзі шешімі қиын міндет екен деп қамығасың. Үйден шыққысы келетін кез келген кісі есікті ашады да, шығып жүре береді, ал сен ол үшін тырналап қабырғаны тесуің керек. Көшеге шығу үшін әдетте не істейді? Баспалдақпен түсіп жүре бермей ме, ал сен ақ жамылғыны өрім-өрім ғып жыртып, арқан есіп, сол арқылы терезеден шығасың, төменде терең құз, түсе алмай асыласың да тұрасың, әдетте ол түнде болады, жел тұрып, дауыл соғып, жаңбыр жауады, саған қалатыны бір-ақ жол — құзға құлап түсу. Болмаса да саған күйіп өлейін деп түтін шығар мұржада тырбаңдауға не әжетханадан шыққан шайыңды суға тұншығып өлейін деп оның лас ағысында еңбектенуге тура келеді. Бітеу қажет тесіктер, күніне жиырма рет алып-салып көтеретін тастар, бөстекке тығу керек сылақтар туралы айтып та тұрғаным жоқ. Айталық, алдыңда құлып тұр екен, қалалықтардың қалтасында әдетте слесарьларға жасатып алған кілті болады. Ал сен кілтсіз-ақ кіремін десең, сұмдық сұмпайы зат жасауың керек. Ол үшін екі сулық бақыр алып, оны егеп екіге бөлесің. Қандай сайманның көмегімен дейсің бе? Ол енді өз ісің. Сосын әлгі екі тілікті сыртқы түрін бұзбай үңгисің, одан әрі винтпен тесіп, бірін үсті, бірін асты етіп, оларды бір-біріне бекітесің. Бір біріне бекітілген бұл екі тілікті ешкім елей де қоймайды. Сырттай қадағалап жүрген бақылаушылар үшін ол ортасынан бөлінген бақыр теңге, ал сен үшін шынашақтай ғана қобдиша. Оған сонда не жасырасың? Болаттың кішкентай ғана бөлшегін саласың. Ол сағаттың пружинасы, оған егеп тіс салсаң, құйтақандай алмас ара болады да шығады. Бақыр теңгеге тыққан ұзындығы түйреуіштей ол арамен құлыптың тілін, есіктің ысырмасын, ілулі құлыптың тұтқасын, терезенің темір торын және аяғыңдағы кісенді кесе аласың. Осындай әдемі өнердің, ептіліктің, ісмерліктің, төзімділіктің бар ғаламатын көрсетіп жасаған ғажайып құрал үшін қандай сый аласың? Оны біліп қалып ұстаса, алар сыйың — карцер. Міне, сенің болашағың осы. Жалқаулық пен думаншылдық дегенің байқатпай жұтып жіберетін ұйық қой. Ештеңе істемеу, бұрау басын сындырмау — қайғылы шешім, оны сен білесің бе, өзі? Қоғамның есебінен күн көру деген не? Пайдасыз болу зиянды болу емес пе. Қайыршылықтың тұңғиығына сүйрейтін де сол Арамтамақ болғысы келетіндерді қарғыс атсын! Ол жиіркенішті жегі құрт қой. Саған жұмыс істеу ұнамайды, ә? Сенің басыңда жалғыз ғана ой — жақсы ішіп, жақсы жеу, жақсы ұйықтау. Бұл бетіңнен қайтпасаң, қара су ішіп, қара нан жеп, тақтайда темір бұғаумен ұйықтайтын боласың, денеңді құрсаған ол бұғаудың суықтығын түнде түйсінесің. Бұл бұғауды үзіп қашамын деп ойлайсың ба? Жақсы. Қашқан екенсің бауырыңмен жорғалап, бұталарға бой тасалап, хайуан тәрізді шөп жейсің. Бірақ сені ұстамай қоймайды. Сосын сен талай жылдарды жерасты түрмесінде қабырғаға бұғауланып өткізесің, су ішу үшін саптыаяқты сипалап іздейсің, итке тастасаң жемейтін түрменің қатқан нанын кеміресің, саған дейін құрт-құмырсқа қажаған бұршақ жейсің. Жерқоймада тірлік ететін есек құртқа айналасың. Өзіңді аясаңшы, бейбақ бала, сен әлі жассың, анаңның кеудесінде жатып, көкірегін иіскегеніңе жиырма жыл да өткен жоқ, бәлкім анаң әлі тірі шығар. Жалынамын саған, тілімді ал. Жұқа қара шұғадан шапан, жалтыраған лак кебіс киіп, шашыңды бұйралағың, оны хош иіс маймен сылағың, сұлу болып, қыз-қырқынға ұнағың келетін шығар. Онда шашыңды тақырлап алып, қызыл күрте, ағаш шабата кигізеді. Сенің сақина-жүзік салғың келетін болар — онда мойыныңа темір қарғы салады. Егер әйелге көз тастасаң, табанда таяқ жейсің. Түрмеге жиырма жасар жігіт боп түссең, елу жастағы шал болып шығасың. Сен оған қып-қызыл нарттай, жап-жас, бұла, жанары ұшқын шашқан, тісі маржандай, шашы ғажап жігіт болып барып, белі бүгілген, беті әжім-әжім, әбден мұқалған, ұнжырғасы түскен опырық шал боп қайтасың. О, менің бейшара балам, сен жалған жолда жүрсің, қарекетсіздік саған теріс ақыл береді. Ұрлық деген ең ауыр қылмыс қана емес, ең ауыр жұмыс. Сен азапты еңбек — жалқаулықтан аулақ бол. Алаяқ болу да оңай емес. Одан адал адам болу әлдеқайда жеңіл. Ал енді бар да, менің не айтқанымды ойлан. Айтқандай, менен не алғың келіп еді? Әмияным қажет пе саған? Мә, ала ғой.
Қария Монпарнасты босатып, қолына әмиянын ұстатты. Монпарнас әмиянды алақанына сап салмақтап көріп, ұрлап алғандай әдеттегі сақтықпен баяу ғана сүртігінің артқы қалтасына сүңгітіп жіберді.
Шал болса, жайбарақат қана серуенін жалғастырды.
— Ақымақ! — деп дүңк етті Монпарнас.
Осынау қайырымды қарт кім болды екен? Кім екеніне оқырман күмәнсіз көз жеткізіп отырған болар.
Аң-таң болған Монпарнас оның қараңғыға сүңгіп, көзден ғайып болғанын қарап тұрды. Сырттай шолып қараудың осы минөттері ол үшін ең ауыр болды.
Шал алыстаған шақта Гаврош шықты.
Шарбаққа көзінің қиығымен қарап Гаврош шамасы қалғып отырған Мабеф әкейдің орындығынан әлі қозғалмағанына көз жеткізді. Бала бұтаның астынан шығып, өзіне арқасын бере тұрған Монпарнасқа қарай еңбектеді. Қараңғыда көрінбей, еш сыбдырсыз оған білдірмей келіп, әсем қара сүртігінің артқы қалтасына қолын абайлай салып, әмиянды суырып алды да, қараңғыда жорғалаған сұр жыландай кейін қарай еңбектеді. Сақтануға ешбір негізі жоқ, әрі өмірінде алғаш рет ойға шомған Монпарнас ештеңе аңғармады. Гаврош Мабеф әкей отырған тұсқа келіп шарбақ арқылы әмиянды лақтырып жіберді де бар пәрменімен тұра жүгірді.
Әмиян Мабеф атайдың аяғына түсті. Бұл оны оятып жіберді. Ол еңкейіп әмиянды көтерді. Ештеңеге түсінбей, жалма-жан ашты. Бұл екі бөлімшесі бар әмиян екен: біреуінде ұсақ тиын-тебендер де, екіншісінде табаны күректей алты алтын теңге жатыр.
Мабеф мырза асып-сасып әбден абдырап, олжасын жалма-жан өзінің үй шаруасын жайғайтын би кемпірге апарды.
— Бұл тегінде аспаннан түскен болар, — деді Плутарх әжей.
БЕСІНШІ КІТАП
БАСТАЛУЫНА ҰҚСАМАЙТЫН АЯҚТАЛУ
Бірінші тарау
КАЗАРМАҒА САЙ ОҢАШАЛЫҚ
Бұдан төрт-бес ай бұрынғы Козеттаның сондай ащы, сондай ауыр қайғысы өзіне де білінбей саябырлайын деді. Табиғат, көктем, жастық, әкеге деген махаббат, құстар мен гүлдердің шаттығы осынау жап-жас бүлдіршіндей қыз жанына бірте-бірте, күннен-күнге тамшылатып, ұмытуға ұқсас бірдеңені құя берді. Шынында да оның оты өшті ме, әлде күл қабатының астына енді ғана түсті ме? Қалай болғанмен де ол бұрын жанын өртеп, қинаған алғашқы сезімді енді түйсінбейтін сияқты еді.
Бірде ол Мариусті есіне алды: "Ғажап! — деді ол өзіне өзі. — Қайтып оны ойламайтын болыппын".
Сол аптада бақтың тор темірінің қасынан өтіп бара жатып ол жарқ-жұрқ еткен ұлан офицерін байқап қалды, үстінде өзіне құйып қойғандай әсем мундирі бар, белі тал шыбықтай, қыз өңдес, бүйірінде қылыш, мұрты мұнтаздай етіп бастырылған, аузында темекісі. Шашы жалқын сары, көгілдір көзі бадырайған, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, көзі ойсыз болса да өктем бұл жігіт Мариуске бастан-аяқ қарама-қайшы. Козетта бұл офицер Вавилон көшесіндегі казармаға орналасқан полктен болар деп ойлады.
Келесі күні ол оны қайта көрді. Көрген сағатын да есте ұстады.
Бұл өзі жай ғана кездейсоқтық па екен, тек қыз оны құдайдың құтты күні дерлік көретін болды.
Офицердің достары мынау күтусіз қалған бақта, рококо мәнеріндегі тот шалған темір қоршаудың ар жағында әжептәуір сүйкімді, әсем бір бойжеткен сұлу лейтанант, оқырманға таныс Теодюль Жильнорман сол тұстан өткен шақта төбе көрсететінін байқап-ақ қалыпты.
— Бері қарашы, мында бір сәби қыз бар, — дейді олар, — саған телміре қарайды, соған бір көз тасташы!
— Тағы да не шығардыңдар, маған көз тастаған қыз баланың бәріне көңіл аударып жүрмекпін бе? — дейді ұлан.
Бұл тура Мариустің жанталасып: "Тек қана өлер алдымда қайта бір көрсем ғой!" деп қайталап жатқан кезінде болған-ды. Егер оның тілегі орындалып, ұланға қиыла қараған Козеттаны көрсе, тіл тартпай қапаланып өліп кетер еді.
Оған кім кінәлі болар еді? Әрине, ешкім де.
Мариус қайғыға батса, малтығып содан шыға алмайтын адамдардың санатына жататын, ал Козетта күмп беріп, малтып шыға беретіндердің қатарында болатын.
Оның үстіне Козетта қиялшыл әйел жанының өзімен өзі қалған сұрапыл күйінің қатерлі шақтарын бастан кешірді, ондайда жас жалғыз қыздың жүрегі ыңғайына қарай, мәрмәр бағандар мен ләйліханалардың үлдірік үстелдеріне жабысып бойлай беретін жүзім сабақтарына ұқсайды. Осынау өткінші де шешуші кезең бай болсын, кедей болсын барша жетімдер үшін қатерлі, өйткені байлық ессіз таңдаудан қорғай алмайды, жоғары қауымның өзінде теңсіз неке деген толып жатыр; некедегі шынайы теңсіздік — жан-жүректің теңсіздігі. Беймәлім, аты да, заты да жоқ жас жігіттің ұлы сезімдер мен ұлы идеялар ордасын ұстап тұратын мәрмәр баған болып шығуы әбден мүмкін; ал мәдениетті деген, мардымсыған бай, жалтырақ етігі мен жылтырақ сөзіне масайраған зайырлы кісінің сыртынан шолмай, әйеліне ғана таныс ішкі әлеміне үңілсең, барып тұрған бейшара, қатыгез, ішмерез, ішкілікке бой алдырған нағыз ләйліхананың үлдірік үстелінен айнымай қалады.
Козеттаның көңілінде жасырынып жатқан не бар? Тынышталып, ұйықтап қалған құмарлық па, әлде жарқ-жұрқ етіп самғаған мөлдір махаббат па, бәлкім ол недәуір тереңдікте бұлдырап, буалдыр тартқан да шығар. Әдемі офицердің бейнесі осы көңілдің әзір бетінде ғана қалқып жүр. Сонау тереңде бүлк еткен бір сезім бар ма екен? Мүмкін, Козетта мұны білмей де жүрген болар.
Кенет оғаш бір оқиға болды.
Екінші тарау
КОЗЕТТАНЫҢ ҮРЕЙІ
Сәуірдің алғашқы жартысында Жан Вальжан бір жаққа кетті. Сирек болса да кеште оның бір жаққа барып қайтатыны бұрыннан белгілі. Бір күн, екі күнге кетіп қалып жүреді. Бірақ қайда барады? Оны ешкім, тіпті Козетта да білмейді. Тек бір рет қана оны бұрышынан "Отын тұйығы" деген жазуды оқуға болатын тұйық көшеге дейін шығарып салғаны бар, Козеттаны онда арбакеш Вавилон көшесіне қайта әкеп салған. Әдетте Жан Вальжан мұндай шағын саяхатқа ақша болмай қалғанда шығатын.
Сөйтіп Жан Вальжан сапарда жүр. Кетерде ол: "Үш күннен кейін ораламын", деген-ді.
Кешкісін қонақжайда Козетта жалғыз болды. Көңіл көтеру үшін фисгармонияны ашып, ән сала бастады өзін өзі сүйемелдеп. "Эвриантаның" "Орманда адасты аңшылар" хоры саз шығармаларының ең тамашасы ғой, оны аяқтап қыз ойға шомды.
Ойда жоқта бақтан біреудің жүрісі естілді.
Бұл оның әкесі болмасқа керек, ол үйде жоқ. Бұл Тусен де емес, ол ұйықтап жатыр. Сағат кешкі он болатын.
Ол қонақжайдың қақпағы іштен жабылатын терезесіне кеп құлағын тосты.
Оған бұл абайлай басқан ер адамның қадамы болып көрінді.
Екінші қабатқа шапшаң көтеріліп ол өз бөлмесіне келіп, терезе қақпасынан ойып жасалған желкөзді ашып, сығалап баққа қарады. Аспанда жарқырап ай тұр. Күндізгідей жап-жарық.
Бақта ешкім болмай шықты.
Ол терезені ашты. Бақта тып-тыныш, ал көшеде көз жетер жерге дейін қашанғысындай тірі жан жоқ, айтақыр.
Козетта қателескен екенмін деп ойлады, зайыры, шу естілгендей болып көрінсе керек. Бұл Вэбердің ғажайып қапалы хорының әсерінен туған елес болуы да мүмкін, өйткені онда меңіреу ормандағыдай үрей шақыратын рух бар, қу бұтақтардың сытыры, асығыс адымдап қараңғыға сүңгіп бой тасалаған аңшылардың жүгірісі құлағыңа келеді одан.
Козетта сужүректердің қатарына қосылмайтын. Оның тамырында оқыс оқиғалар іздеген жалаңаяқ қарапайым жандардың қаны буырқанып жатыр ғой. Ол көгершіннен гөрі бозторғайға көбірек ұқсайтын. Мінез-құлқының өзегінде кісікиіктік пен батылдық жататын.
Келесі күні кешкісін қараңғылық енді ғана түсіп келе жатқан тұста ол бақта серуендеп жүрді. Басында бытысқан бұлыңғыр ойлардан оны кешегідей бір сыбыс елең еткізді, ол қараңғыда, онша алыс та емес жерде, ағаштардың саясында бәз-біреудің жүргенін аяқ алысынан айқын аңғарғандай болды. Кісі аяғының шөпке басқан дыбысы шайқалған бұтақтардың бір-біріне соққан сыбдырынан не айырмашылығы бар дейсің, бұталардың сытыры шығар деп ойлаған ол онша мазасызданған жоқ. Жалпы, көзіне ештеңе түспеді.
Ол "қопадан" шықты, енді қалғаны — жасыл көгалды қиып өтіп, есік алдына жету. Козетта үйіне бет алғанда ай оның көлеңкесін әлгі көгалға түсірді.
Козетта шошып кетіп тоқтай қалды.
Оның көлеңкесімен бірге көгалға ай тағы бір көлеңкені түсірді. Қызды шошытып, сұмдық үрейлендірген осы дөңгелек қалпақтының көлеңкесі еді.
Бұл Козеттадан екі-үш қадам жердегі қопа тоғайдың өзінде тұрған адамның көлеңкесі тәрізді.
Қыз сөйлей де, дауыстай да, шақыра да, қозғала да, тіпті басын да бұра алмай қалды.
Ақыры есін жиып, жан-жағына қарады.
Ешкім жоқ.
Ол әлгі жерге қарады. Көлеңке ізім-қайым.
Ол қопаға қайта оралып, барлық бұрыштарды батыл тінтті, темір торға дейін барды, ештеңе көре алмады.
Оның тұла бойы мұздап кетті. Қалайша бұл жаңа елес болмақ? Осылай болуы мүмкін бе? Және екі күн қатарынан! Бір елесті елемеуге болар еді, ал мынау екіншісі ше? Оны айрықша алаңдатқаны көлеңкенің, сөз жоқ, елес болмағаны. Елес дөңгелек қалпақ киіп жүрмейді ғой.
Келесі күні Жан Вальжан оралды. Козетта оған не естігенінің, не елестеткенінің бәрін айтты. Ол әкесі өзін жұбатып, иығын бір қозғап қойып: "Ой, ақымағым!" — деп айтар деп күткен еді.
Жан Вальжан ойланып қалды.
— Бұнда бірдеңе бар, — деді сосын.
Бір себеп тауып қызын қалдырды да ол баққа тартты, оның темір торды мұқият зерлей қарағанын қыз көріп отырды.
Қыз түнде оянып кетті; бұл жолы ол өз терезесінің түбіндегі кіреберісте біреудің жүргенін анық естіді. Ол жүгіріп келіп желкөзді ашты. Бақта қолына үлкен таяқ ұстаған біреу жүр.
Қорыққанынан қыз айғайлап жібергелі тұр еді, кенет ай әлгі адамның сұлбасына жарық түсірді. Ол әкесі екен.
"Демек, ол қатты мазасызданып жүр екен" деп ойлаған қыз қайта жатты.
Жан Вальжан осы түнді және келесі екі түнді бақта өткізді. Козетта оны терезе саңылауынан көріп отырды.
Үшінші түні ояздаған ай кешірек туды, мүмкін түнгі сағат бірлердің кезі болар, қыздың құлағына өзін дауыстап шақырған әкесінің қарқылдаған күлкісі келді.
— Козетта!
Ол төсектен атып тұрды, желеңін иініне жаба салып терезені ашты. Әкесі көгалда тұр.
— Мен сені мазасызданбасын деп оятып тұрмын, — дейді ол. — Қарашы! Әне сенің дөңгелек қалпақты елесің.
Ол шөпте жатқан, ай сызып салған ұзын көлеңкені көрсетті, шынында да ол дөңгелек қалпақ киген кісінің ұсқынынан аумайды екен. Бұл көрші үйдің шатырынан шығып тұрған қалпақты темір пеш мұржасының көлеңкесі болып шықты.
Козетта күліп жіберді, күллі күңгірт болжамдар ізім-қайым болды, келесі күні әкесімен бірге ертеңгі асын іше отырып, пеш мұржасының елесі кезген баққа қарап күлді.
Жан Вальжанға да жан тыныштығы қайта оралды, Козетта да пеш мұржасының көлеңкесі өзі көрген жерге түсе ме, түспей ме деп ойланып, бас қатырған жоқ. Пеш мұржасының ұстап алар деп қорыққандай бұл көргенде жоғалып кеткен қылығы да қызық, Козетта айнала бергенде көлеңкесі ғайып болды емес пе — бірақ қыз оған енді ой жүгіртіп, әуреге түскісі келген жоқ. Ол әбден тынышталды. Әкесінің дәлелі оған бұлтартпастай көрінді, түнде біреу-міреу бақта жүруі мүмкін ғой деген ойға қайтып жолаған жоқ.
Алайда бірнеше күннен кейін тағы бір жаңа оқиға шыға келді.
Үшінші тарау
ТУСЕННІҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІМЕН ТОЛЫҚТЫРЫЛҒАН
Бақтағы көшеге шығатын теміртордың маңында әуесқойлардан қызыл қайыңның бұтақтары көлегейлеп тұратын тас орындық бар, қаласа өткен-кеткеннің қолы жапырақтар арасынан да жетеді.
Бірде кешкілік, сол баяғы сәуір айында Жан Вальжан үйде жоқта Козетта таңертеңгі астан кейін сол орындыққа отырып қайтқалы келді. Жапырақтарды самал жел тербеп тұр. Козетта сәл ойланып, көңіліне беймәлім мұң ұялады, баяғы сол о дүниенің құпиясынан хабар беріп жел айдап әкелетін мұң.
Кім білсін, бұл арада мәңгі түнекке бой тасалап жүретін Фонтананың әсері де бар шығар.
Козетта орнынан тұрып бақты баяу айналып шықты, әлі еркін айықпаған ұйқысына қарамастан, аяғына басқан шөптен тиген шықтан тітіркеніп: "Мынадай мезгілде бақта жүру үшін ағаш кебіс керек екен. Әйтпесе суықтап қалуға болады", — деді.
Сөйтіп, орындыққа қайта бет алды. Тізесін бүге беріп ол әлгі отырған жерінде әжептәуір үлкен тас жатқанын байқады, бұдан сәл ғана бұрын ол жоқ-тын. Козетта тасқа қарады да, бұл не болды екен деп өзінен өзі сұрады. Аяқ астынан оған шошындырарлық бір ой сап ете қалды — мынау тас орындыққа өз аяғымен келген жоқ қой, мұны теміртордың арасынан қолын созып біреу тастап жүрген болар. Бұл жолғы үрейдің орны бар — тас міне жатыр. Күмән жоқ тіпті, тасқа қол да тигізбей ол бірден үйге тартты, артына қарауға да қорқып, жүгіріп кіре салысымен терезелердің қақпағын жауып, кіреберіс әйнек есіктің құлпын салды.
— Әкем оралған жоқ па? — деп сұрады Тусеннен.
— Жоқ әлі, бикеш.
(Тусеннің кекештенетінін бұрын айтқанбыз. Енді оны көзге шұқығандай қайта-қайта айта бермейік. Табиғи кемшіліктің дыбысталуын қағазға түсіру жүрек айнытады).
Ойға бейіл Жан Вальжан түнгі серуенді жақсы көретін және одан көбінесе кеш оралатын.
— Тусен! — деді дірілдеген қалпы Козетта. — Тым құрығанда баққа қарайтын қақпаларды бұрандалап, жақсылап жабасыз ба?
— Оған қам жемеңіз, бикеш!
Тусен барлық шаруаны мұқият атқарады, онысына күмәні болмағанмен Козетта мынаны қосып айтпай тұра алмады.
— Өйткені бұл ара айналасы түгел елсіз қаңырап қалған жер ғой.
— Ол айтқаның енді айдан анық, бикеш, — деп қостай кетті Тусен.
— Өлтіріп, лақтыра салады, бұрылып үлгермейсің. Алайда сіз қорықпаңыз, бикеш, мен есіктерді қамалдағыдай-ақ тас қып жабамын. Үйде жалғыз ғана әйелдер ғой! Бұл арада қайтіп қорқып-үркіп дірілдемессің! Тек ойланып көрші! Кенет түнде саған бөлмеңе еркектер басып кіріп: "Үніңді шығарма!" деп тамақтан осады да жібереді. Не істей аласың. Өлімнен онша қорықпайсың ғой, бәрі де өледі, оған ешбір лаж жасай алмайсың, бірде болмаса бірде бәрібір өлесің ғой, бірақ әлгі жексұрындардың тәніңе қол тигізуін түйсінудің өзі сұмдық. Ал олардың пышағы өтпейтін боп шықса ше! О, құдая!
Тусеннің табанда ойлап тапқан мелодрамасынан, бәлкім, өткен аптадағы елес туралы ойдың қайта жандануынан шошынған Козетта: "Барып қараңызшы, біреу орындыққа тас қойып кетіпті!" деп те айта алмады. Ол "еркектер" үйге кіріп кетпес пе екен деген үреймен баққа шығар есікті ашуға да қорықты. Есік-терезелерді мұқият жауып, бекітуге бұйрық беріп, Тусенді бүкіл үйді айналып, шатырдан бастап жерқоймаға дейін түгел шолып шығуға мәжбүрледі, өз бөлмесінің есігін кілттеп, кереуеттің астын қарап, сосын ұйықтағалы жатты, бірақ нашар ұйықтады. Түні бойы оған алып үңгір таудай тас елестеп шықты.
Әдетте күн шыққанда түнгі үрейдің бәрі ізім-қайым болып, оған тек күлуіміз ғана қалады ғой, үрей күшті болса — күлкің де шатты. Таңертең күн шыққанда Козетта да оянып, түндегі қорқынышының бәрі түстей көрінді. "Маған тағы не елестеп жүр?" — деді өзіне өзі. — Өткен аптада түнде біреудің бақта жүргені елестеп еді; сосын мұржаның көлеңкесінен қорыққанмын. Сонда мен қалайша сондай сужүрек қорқақ болып кеткенмін?!"
Терезе қақпасының саңылауынан сығалаған алау күн арайымен жібек перделерді бояп, қызды қуантқаны сондай қиялындағы қорқыныш-үрейдің бәрі сап болып, тіпті тас та ұмытылды.
"Орындықта ешқандай тас болған жоқ, баққа дөңгелек қалпақты кісі де келген жоқ, — деп түйді ол — Басқа қалғандар сияқты тас та түсіме енген ғой".
Қыз киініп баққа түсті, жүгіріп орындыққа келіп еді, тұла бойын суық тер жуып кетті. Тас жатыр!
Алайда бұл үрей сәтке ғана созылды. Түнде қорқытқан нәрсе күндіз әуестікті қоздырады емес пе.
"Бұл не пәле! — деді өзіне өзі. — Кәне, көрейік мұның не екенін!"
Ол әжептәуір ауыр тасты көтеріп еді, астынан хатқа ұқсас бірдеңе шықты.
Бұл ақ қағаздан жасалған конверт екен. Козетта оған бас салды. Онда адрес те жоқ, екінші жағында мөр де жоқ. Соған қарамастан желімделмесе де конверт бос емес. Ішінде бір қағаздар жатыр.
Козетта оны ашып жіберді. Енді қызды үрей де емес, әуесқойлық та емес, мазасыздық биледі.
Конверттің ішінен ол дәптер алып шықты, оның әр беті нөмірленген, әрқайсында бірнеше жолдан тұратын әдемі етіп жазылған сөйлемдер, жазуы Козеттаға тым ұсақтау көрінді.
Козетта жіберген жанның есімін іздеп еді — ол болмай шықты; қойған қолы да жоқ. Сонда бұл кімге бағышталған? Тегінде бұған жіберілген болуы керек, өйткені конвертті бәз-біреудің қолы бұның орындығына қойып кеткен ғой. Кімнен болды екен? Ол өзін беймәлім бір тылсымның уысында қалғандай сезінді, қолында дірілдеп тұрған мынау парақтардан көзін алып кеткісі келді де, аспанға қарады, көшелерге көз тастады, күн нұрына малынып тұрған ақ гүлді ағашқа қадалды, көршінің шатырында ұшып жүрген көгершіндерді тамашалады, ақыры жанары қолжазбаға қайта түсіп, мұнда не жазылғанын білуім керек деген тоқтамға келді.
Оның оқығаны мынау:
Төртінші тарау
ТАСТЫҢ АСТЫНДАҒЫ ЖҮРЕК
*Аспан әлемінің бір затқа ошарылуы, бір жан иесінің тәңірге айналуы — махаббаттың дәл өзі. Махаббат періштелердің жұлдыздарға жолдаған сәлемі.
*Махаббатпен мұңайған жүректен қапалы не бар!
*Бар болмысыңды байытар жан иесі жаныңда болмағанда айналаң қаңырап бос тұрғандай көрінеді. Сүйген жарың тәңіріңе айналады деген қандай. Күллі тіршілік атаулының атасы — тәңірінің әлемді жан үшін, жанды махаббат үшін жаратқаны айдан айқын.
*Көңілің қиял қанатына мінуі үшін күлгін бант таққан ақ жібек қалпақтың астынан жалт еткен бір жымиыс жетіп жатыр.
*Кейбір ой-пікірлер тура дұғаның өзі. Денеңнің қандай жағдайда тұрғанына қарамастан жүрегіңнің аяғыңның астына түсетін сәті болады.
*Айырылысқан ғашықтар айырылысуын қисапсыз қиялмен алдағысы келеді, алайда сол қиялдардың өзінде шындық бар. Оларды жүздестірмейді, хат та жазыстырмайды, сонда барып олар қарым-қатынастың құпия құралдарын ойлап табады. Олар бір-біріне құстардың әнін, гүлдердің жұпарын, сәбилердің күлкісін, күннің сәулесін, желдің күрсінісін, жұлдыздардың жарығын, байтақ әлемді жолдайды. Мұнда тұрған не бар? Тәңірінің күллі туындысы махаббатқа қызмет көрсету үшін жаралған. Дүйім табиғатқа жолдауларыңды жіберіп тұр деп міндет артуға махаббаттың құдіреті жетіп жатыр.
О, көктем! Менің оған жазған хатымсың ғой сен.
*Болашақ көбіне көп ақылдан гөрі жүрекке тиесілі. Сүю деген мәңгілікті меңгеріп, оны толыстыра түсудің бірден бір тәсілі. Шексіздік сарқылмауды талап етеді.
*Махаббатта жанның өзінен бірдеңе бар. Ол да сол табиғаттың өзінен. Жан сияқты ол да құдіретті ұшқын, жан сияқты ол да тіс батпастай берік, бөлінбестей тұтас, жойылмастай мықты. Бұл ештеңе де шектей алмайтын, ештеңе де бізден өшіре алмайтын отты түйін, мәңгілік, шексіз дүние. Оның бір тал шашынан қара бақайыңа дейін бойлап кететін қызуын сезінесің, аспанның тереңіне дейін жететін жарқылын көресің.
*0, махаббат! Қастер тұту! Бірін бірі түсінетін екі жүректің, біріне бірі екі көзқарастың ләззаты. Сен келесің ғой, келетінің шын ғой, о, бақыт! Екеудің оңаша серуеніне не жетеді! Арайлы рақат күндер-ай! Кейде менің періштелердің ара-тұра өмірден алыстап, адам тағдырын көктей өту үшін жерге түскеніне мұңайғаным бар.
*Құдай бірін бірі сүйгендердің бақытына ештеңе қоспайды, тек сол бақытың ұзағынан сүйіндіруіне септеседі. Махаббатқа толы өмірден кейін махаббатқа толы мәңгілік тұр; ол шын мәнінде махаббатты ұзарту болса керек, алайда бұл жалғанда махаббаттың жанға берер адам айтқысыз бақыт күшін үстеу тіпті құдайдың да қолынан келмейді. Құдай дегеніміз аспанның кемелдігі, махаббат дегеніміз адам затының кемелдігі.
*Біз жұлдыздарға екі себеппен қараймыз: өйткені ол жарық шығарады, өйткені оған қол жетпейді. Алайда біздің қасымызда одан да нәзік шұғыла, одан да ұлырақ құпия бар, ол — әйел!
*Махаббат екі жан иесінің басын қосып, аспани киелі бірлікке ұластырғанда өмірдің құпиясын олардың өздері-ақ табады, содан соң олар бір тағдырдың екі қыры, біртұтас рухтың екі қанаты болып қана қалады. Сүйіңдер де самғаңдар.
*Кім болсақ та біздің бәрімізде тыныс алатын бір зат бар. Одан айырылсақ, ауадан айырылып, тұншығып кетеміз. Өлім деген осы. Махаббаттың жоқтығынан өлу деген сұмдық! Бұл тұншығып өлу ғой.
*Қасынан өткен әйелден жалт еткен жарық көргендей болсаң, ол күні құрыдым дей бер, сүйіп қалу деген сол. Онда саған қалатыны біреу ғана: ол да сені ойлауға мәжбүр болатындай ғып ол туралы тапжылмай табандап ойлай бер.
*Махаббат бастағанды құдай ғана аяқтайды.
*Шынайы махаббат жоғалған қолғап немесе табылған қол орамал үшін торығуға не таңғалуға соқтырып, жанкештілігің мен үмітің үшін мәңгілікті қажетсінеді.
*Тас болсаң — магнит бол, өсімдік болсаң — бұршақ бол, адам болсаң — махаббат бол.
*Махаббат ештеңемен қанағаттанбайды. Адам бақытқа жетсе жұмақты армандамайды, жұмаққа жетсе — аспанды армандамайды.
*Уа, бірін бірі сүйетіндер, осының бәрінің өзегінде махаббат жатыр. Содан оны тек таба біліңдер. Аспанда барды көре білу махаббатта да бар, аспандағыдан оның бір артығы — ләззаты.
*Люксембург бағында ол тағы да бола ма? — Жоқ, мырза. — Ол осы шіркеуге келеді ғой, шын ба? — Ол қайтып мұнда келмейді. — Ол бұрынғысындай мына үйде тұра ма? — Көшіп кеткен. — Қазір қайда тұрады? — Оны айтқан жоқ.
Өз жанының мекен-жайын білмеу қандай күйініш десейші!
*Махаббатқа балаңдық тән, басқа құмарлыққа ұсақтық тән. Адамды ұсақтандырып жіберетін құмарлыққа лағнет. Оны балалыққа айналдырғанның абыройы арта берсін.
*Қандай сұмдық! Білесіз бе? Мен — түнекте қалдым. Бір малғұн кетіп бара жатып, өзімен бірге аспанды да ала кетіпті.
*О, шіркін, бүйіріңді бүйіріңе тақап, бір табытта қатар жатып, біріңнің саусағыңды бірің ақырын ұстап қойсаң — маған осы өмір-бақи жетер еді.
*Мендер азап шегесіңдер, өйткені сүйесіңдер, тіпті қатты сүйесіңдер. Махаббат үшін өлу — махаббатпен өмір сүру деген сөз.
*Сүйіңдер. Жұлдыздармен жарқылдап қол жетпестей қайта түлеудің өзі осы азаппен ұштасып жатыр. Аласұрудың өзінде де рақат бар.
*Шіркін, құстардың қуанышы-ай! Олардың әні бар, өйткені ұясы бар.
*Махаббат — құдайдың жұмақ ауасымен дем салуы.
*Сергек жүрек, дана ақыл, өмірді құдай жаратқан қалпында қабыл алыңдар; бұл дегенің ұзақ сынақ, беймәлім тағдырға тылсым әзірлік. Бұл тағдыр — шынайы тағдыр адамның алдынан табытқа бастайтын алғашқы сатыда-ақ ашылады. Сонда оған бірдеңе оның алдынан шығып, ол ақырғының не екенін ажырата бастайды. Ақырғы! Осы сөзге зер салыңдар. Тірілер шетсіз-шексізді көреді, ал ақырғы нүкте тек өлгендерге ғана көрінеді. Тек тәнді, түрді, көзіне түскенді ғана сүйетіндерді қарғыс атсын. Өлім олардан бәрін де тартып алады. Жанды сүюге тырысыңдаршы, сонда барлығын қайта табасыңдар.
*Көшеде мен өте кедей, бірақ ғашық бір жігітті көрдім. Басында көнетоз қалпақ, үстінде қырқылған киімі; шынтағының жыртығы да бар, су оның башмағына құйылып жатыр, ал жұлдыздардың нұры жүрегіне төгіліп тұр.
*Сүйікті болу қандай жақсы. Ал сүю деген одан да артық. Құштарлық күшімен жүрек батырланып, батылданып кетеді. Ол өзінде тек таза дегенді ғана сақтайды, асқақ, ұлы дегендерге ғана арқа сүйеді. Лайықсыз ой оған тамыр жая алмайды, кәдімгі қалақайдың мұзда өспейтіні сияқты. Асқақ та айқын көңіл тұрпайы сезімдер мен құмарлықтарға қашан да жабық, бұлттар мен жел әлемнің көлеңкелері үстінде, ойсыздық пен жалғандықтың, жеккөрініштілік пен мансапқорлықтың, әбігершіліктің тас төбесінде асқақтап көгілжім аспанда өмір сүреді, тағдырдың тек тұңғиық тереңдегі астыртын тербелістерін ғана түсінеді, жер асты сілкіністерін тау шыңдары да осылай сезуші еді ғой.
*Жарық жалғанда сүймейтін тым құрығанда бір жан табылса күн баяғыда сөнер еді.
Бесінші тарау
КОЗЕТТА ХАТТАН КЕЙІН
Хатты оқи отырып Козетта қиялшыл ойға кетті. Ол соңғы жолдан көзін алғанда әдемі офицер әдеттегі уақытында теміртордың түбінен мардымси қарыштай адымдап кетіп бара жатты. Козетта оны жексұрын деп тапты.
Сосын оқуға қайта сүңгіді. Жазуы Козеттаға таңқаларлық болып көрінді; жазбалар жалпы бір қолдан шыққанымен, сиясы әртүрлі, кейде сұйық, кейде қою, қара, сиясауытқа жаңадан құйғанда сияның осылай болатын әдеті, демек, ол мұны әр күні жазған сияқты. Ендеше бұл күрсіне отырып, тыныс алып алып төгілген ойлар болды, бейберекет, талғаусыз, кездейсоқ, мақсатсыз тізе салынған. Козетта өмірі мұндайды оқыған емес. Бұл қолжазба ол үшін түнектен гөрі шұғыла сияқтанды да көз алдында көлегейленіп тұрған шырағдан болып көрінді. Оның әрбір тылсым қолы жүрегін оқшау бір сәулемен жарқыратып жіберген секілденді. Алған тәрбиесі жан туралы бақайшақтағанмен, махаббат туралы тіс жармайтын, бұлай тек жалын жайын еске алмай от жөнінде ғана айтуға болар еді. Он бестен тұратын қолтаңба оған ойламаған жерде бәрін де ашты: махаббат, қайғы, тағдыр, өмір, бақи, бастау, аяқтау, бәр-бәрін жайып салды. Бейнебір бәз-біреу алақанын ашып жіберіп, бір шымшым нұрды шашып жібергендей. Ол бұл жолдардан жалынды, қайырымды, шабытты һәм адал тұлғаны, бекем ерік-күшті, шексіз қайғы мен шетсіз үмітті, азапты жүрек пен албырт қуанышты аңғарды. Былайынша, бұл қолжазба не, өзі? Хат болғанда да аты-жөні жоқ, қол қойылмаған, күні белгісіз, ештеңе талап етпейтін, жұмбақ, ақиқаттан түзілген қағида, періштелер әкелуге-ақ лайық, періштедей пәк қыз оқуға тиіс махаббат хабары, жұмыр жердің аумағынан тыс жерде болатын кездесу, елестің көлеңкеге жолдаған махаббат хаты. Қайткенмен де ол көзге түскісі келмейтін, әлжуаз, момақан біреу болды. Өлім ұясына жасырынып, айырылып қалғанына тағдырдың құпиясын ашып, өмірдің кілтін, махаббатын тапсырып кеткелі жатқан біреу боп көрінді. Бұл аспанға қарап тұрып, қабірдің жиегінде жазылған тәрізді. Бірінен кейін бірі қағазға тоғытылған бұл жолдарды жанның тамшылары деуге болғандай.
Бірақ бұл хат жолдары кімнен түсуі мүмкін? Оны кім жазуы тиіс?
Козетта бір сәтке де бұлтақтаған жоқ. Бұны жіберген бір-ақ адам.
Сол!
Оның көңілі тағы да нұрланды. Өн бойына қан жүгірді. Қуанышы қойынына сыймай, терең тебіренді. Соның дәл өзі! Бұған жазған сол. Осында да болған. Оның қолы теміртордан өткені анық! Қыз оны ұмыта бастап еді, ол өзі қайта іздеп тапты. Бірақ бұл оны ұмытып па еді? Бір сәт оны ұмыттым деп ойласа, мұның есінен адасқаны. Оны бұл ұдайы сүйіп, қастер тұтқан. Іштегі оты күлге айналып, қоламтасы артынан қайта тұтанып, тереңнен лаулап жалынға айналып, жанын тұтас шарпып барады. Мынау дәптер өзге жүректен өзінің жүрегіне түскен ұшқын болды. Ұшқыннан өрт шығып, қалай үдеп бара жатқанын сезеді қыз. Ол қолжазбаның әрбір сөзін санасына сіңіріп алмақ. "Уа, шіркін! — деді ол іштей. — Мынаның бәрі маған қайдан таныс? Ә, бұрын бәрін де оның жанарынан оқыған екенмін ғой".
Дәптерді ол үшінші рет оқып тауысқанда лейтенант Теодюль шпорымен жол жиегін сыңғырлатып теміртордың түбінде тұр еді. Сол сыңғыр Козеттаны оған көз тастауға мәжбүр етті. Қыз оны сұрықсыз, ебедейсіз, есерсоқ, түкке тұрмайтын пасық, өлермен, өңсіз деп тапты. Офицер жымиып күліп қойды. Қыз түкке түсінбей ұялып теріс айналды. Қолына бірдеңе түссе жігітті атып жығардай. Ол тұра қашып үйге кірді, бөлмесін жауып алып, қолжазбаны қайта оқып, жаттап алмақ та, қиялға батпақ. Дәптерді қайта оқып шығып, шөп еткізіп сүйді де кеудесіне басты.
Сонымен, болары болды. Козетта қайтадан пәк періште махаббаттың ырқына жығылды. Пейіштің түпсіз тереңі қарсы алдынан қайта ашылды.
Ұзақты күнді Козетта тылсымдалғандай жағдайда өткізді. Ол тіпті ойлай алмайтындай халге келіп, ойлары оратылған жіптей матасты, күмән-күдікке шомды, тебірене отырып, үмітін аялады. Бұл не үміт? Бір буалдыр бірдеңе. Ол өзіне бірдеңе деп уәде беруге батпады, бірақ үмітінен бас та тартпады. Оның беті қызарып кетті де, өн бойынан бір діріл жүгіріп өтті. Ара-тұра өзін сандырақтап кететіндей сезініп: "Бұл шын болғаны ма?" деп сұрап қояды өзінен. Сонда ол көйлегінің омырауында жасырылған құн жетпейтін дәптерді сипап, жүрегіне тақай түседі, оның тәніне тигенін түйсінеді. Егер Жан Вальжан оны осы отырған қалпында, жанарынан от боп ұшқындаған арайлы қуанышын көрсе дір ете қалары сөзсіз. "О, иә, ол осы зайыры! — деп ойлады қыз. — Мұны мен үшін сол жазған".
Қыз өзін ол періштелердің араласуы арқылы оралды, құдайы кездейсоқтықтың арқасы бұл деп сендірді.
Шіркін, махаббаттың түлеуі-ай! О, арман! Бұл құдіретті кездейсоқтық, бұл періштелердің шарапаты Форс түрмесінің шатыры арқылы Шарлемань ауласынан Арыстан шұңқырына бір ұрының екіншісіне лақтырған дөңгелек наны ғой.
Алтыншы тарay
ҚАРТТАР ҮЙДЕН УАҚТЫЛЫ КЕТУ ҮШІН ЖАСАЙДЫ
Кешкісін Жан Вальжан кеткенде Козетта әдеміленіп киініп жатты. Сылана таранып, мойны мен иығы ашылыңқырап тұратын омырауы әдеттегіден төмен көйлек киді, ондай көйлекті жас қыздар "сәл ыңғайсыздау" дер еді. Оның титтей де ыңғайсыздығы жоқ, қайта сол кездің сәні болатын. Ол не үшін мұнша сәнденіп жатқанын өзі де білмейді.
Әлде үйден шығуға жиналды ма екен? Жоқ.
Біреудің келуін күтті ме екен? Жоқ.
Ымырт үйіріле ол баққа шықты. Тусен терезесі аулаға қарайтын ас үйде жүр.
Ол аллеяларда қыдырып жүр, ауық-ауық ағаштардың салбыраған бұтақтарын қолымен ысырып қояды.
Осылай ол орындыққа да жетті.
Тас бұрынғысынша сол орнында жатыр.
Отырып ол аппақ нәзік саусақтарын тасқа басты, бейнебір оны аялап, алғыс айтқысы келгендей.
Кенет оны бой бермес бір сезім билеп алды, кейде ту сыртында көзге көрінбей біреу тұрғанда адамда осындай түйсік болады.
Ол басын бұрып, орнынан тұрды.
Соның дәл өзі.
Жігіт жалаңбас екен. Өңі жүдеу, боп-боз. Қараңғыда оның қара киімін әрең ажыратасың. Қаракөлеңкеде оның әдемі маңдайы жарқырап, жанары көлеңкеге сүңгіп кетті. Әдеттен тыс тыныштық мұнарының арасында одан түн мен өлімге ұқсас бірдеңе аңғарылады. Сөнген күннің жарығы, ұшқан жанның ниеті оның жүзін нұрландырып тұр.
Бұл әлі елес емес, бірақ енді адам да емес болып көрінді.
Оның қалпағы онша алыс емес шөпте жатыр.
Талықсып кетуге таяу Козетта шыңғырып жіберуге шақ тұр. Ол баяу шегінді, өйткені өзін бір күш оған тартып бара жатқанын сезді. Ол тырп еткен жоқ. Одан бір үнсіз-тілсіз мұң еседі, қыз оның көзін көрмесе де қадала қарағанын байқады.
Кері шегініп, Козетта ту сыртында ағаш барын сезініп, соған сүйенді. Бұл ағаш болмағанда оның құлап қалуы кәдік еді.
Сол сәт ол оның үнін естіді, кәдімгі бұрын ешкіммен бұлай сөйлеспеген, жапырақтардың сыбдырынан әрең айырарлық дауыс, ол сыбырлап қана:
— Кешіріңіз мені, мен осындамын, — деді оған. — Жүрегім сағыныштан сарғайып, қайтып бұлай тірлік ете алмайтын болдым. Сіз менің орындыққа қойып кеткенімді оқыдыңыз ба? Мені сіз танисыз ба? Қорықпаңыз. Маған көз қиығыңызды салған сол күн есіңізде ме? Одан бері қаншалық көп уақыт өтті! Бұл Люксембург бағында Гладиатор статуясының маңында болған еді ғой. Ал өзіңіз қасымнан өткен күн ше? Ол он алтыншы шілде мен екінші тамыз күндері болған еді ғой. Оған жылға жақын. Мен сізді өте ұзақ уақыт көрген жоқпын. Мен орындықты жалға беретін әйелден сұрап едім, қайтып сізді көрмедім деді. Сіз Батыс көшесіндегі терезелері көшеге қарайтын жаңа үйдің үшінші қабатында тұрғансыз, — көрдіңіз ғой, мен оны да білемін. Сізді шығарып та салғанмын. Одан басқа не лажым қалды. Сіз ғайып болып кеттіңіз. Бірде Одеон дарбазасының астында газет оқып отырғанымда сіз өткендей болдыңыз! Жалма-жан тұра жүгірдім. Жоқ, сіз емес екенсіз. Қалпағы сіздікі сияқты басқа бір әйел болып шықты. Түнде мен осында келемін. Қорықпаңыз, мені ешкім көрмейді. Сіздің терезеңізді жақыннан көргелі келемін. Сіз естіп қалмасын деп еппен басамын, әйтпесе қорқып қалуыңыз кәдік. Таяуда кешкісін сіздің ту сыртыңызда тұрдым, бұрылып қалдыңыз да мен тұра қаштым. Бір рет ән салғаныңызды естідім. Сондай шаттандым. Бөлмеде ән салғаныңызда менің сырттан тыңдап тұрғаным сізге бөгет болған жоқ қой, рас па? Мұнда тұрған оғаш ештеңе жоқ шығар. Рас жоқ па? Көрдіңіз ғой, сіз — менің періштемсіз. Анда-санда келіп тұруыма мұрсат етіңіз, ұзамай өлетін шығармын. Шіркін, сіз білсеңіз ғой! Мен сізді қастер тұтып, қатты қадірлеймін! Кешіріңіз, сізге не айтып тұрғанымды білмеймін. Бәлкім, сіз маған ренжитін боларсыз. Айтыңызшы, ашуланып қалған жоқсыз ба?
— Әж-же! — деп күбір етті де қыз өліп бара жатқандай оның етегіне баяу еңкейе берді.
Жігіт оны ұстай алды, қыз аяғынан тұра алмайды, ол оны құшақтап, не істеп тұрғанын өзі де білмей бауырына қатты қысты. Өзі шайқатылып тұрғанына қарамастан оны демеді. Басы өзінікі емес сияқты, көзінен жай оты ұшқындайды, ақыл-есі бір жаққа ауып кеткен секілді; ол шіркеу ғұрпын орындаймын деп қасиетті бірдеңені қорлап жатқандай көрді өзін. Сонда да кеудесіне жабысқан таңғажайып аруға, ындыны құрып, құмарлық байқатқан жоқ. Махаббаттан есі шықты.
Қыз оның қолын алып, өзінің жүрегіне басты. Ол омырауына жасырған қағазды аңғарып, күбір етті:
— Демек, сіз мені сүйеді екенсіз ғой!
Қыздың жауапты ақырын бергені сондай, сөзі күрсініс сияқты естілді.
— Үндеме! Сен өзің де білесің!
Қызарып кеткен ол бетін бақытқа мас менмен жігіттің кеудесіне басты.
Жігіт орындыққа отырды да, қыз қасына жайғасты. Қайтып сөзге кезек берілмеді. Аспанда жұлдыздар жанды. Солай болуы керек те шығар, ауыздар жабыса қалды. Құстар сайрағанда, қар ерігенде, райхан гүлдегенде, мамыр жайнағанда қарауытқан ағаштардың ар жағынан таудың тоңғақ шыңының иығынан шапақ жарқ ете қалады ғой.
Бір ғана сүйіс бүкіл болмыс емес пе!
Екеуі де дір ете қалып біріне бірі қарады, көздері қараңғыда жалт-жұлт ететін тәрізді.
Олар түннің саф тазалығын да, тастың салқындығын да, жердің дымқылдығын да, шөптің сусіңділігін де сезген жоқ, бір бірінен көз алмай, жүректері естелік әсерге шып-шып толып кетті. Қолдары қалай айқасқанын олардың өздері де аңдаған жоқ.
Қыз одан мұнда қалай келгенін, баққа қалай өткенін сұраған да жоқ, тіпті оны ойлаған да жоқ. Оған оның осында отырғаны әбден табиғи тәрізді.
Кейде Мариустің тізесі Козеттаның тізесіне тиіп кетеді де, екеуі де дір ете қалады.
Ара-тұра Козетта түсініксіздеу бірдеңе сыбырлағандай болады. Гүлде мөлтілдеген шық тамшысындай дірілдеп, оның жүрегі аузына тығылғандай тебіренеді.
Аз-аздап олар әңгімелесуге айналды. Сезімнің лықа толығын білдіретін үнсіздіктен кейін сыр ағытыла бастайды емес пе. Оларды аялап жұлдыздар жарқырап жымың қаққан жарық түн тұр. Рухтардай пәк, таза осынау екі жан бір-біріне өздерінің түстерін, өздерінің қуаныш-шаттығын, құмар-қызығын, армандарын, сағынышын айтып жатыр, бірін-бірі алыстан-ақ қастер тұтып, іш тартқанын, бір-біріне ынтық болып ұмтылғанын, асық болғанын, көріспей кеткенде қалай қатты тарыққанын бүкпесіз жайып салып отыр. Енді ештеңе де тоқтата алмайтын, толыстыра алмайтын риясыз жақындықты түйсініп, олар ең құпия, ең қымбат дегеннің бәрімен бөлісті. Олар өздерінің арман-қиялына деген қалтқысыз да қаяусыз сеніммен бәр-бәрін айтты; махаббат пен жастық шақтың, әлі арылып болмаған балалық шақтың ойларына не салғанын, не қосқанын ештеңе қалдырмай айтты. Осынау екі жүректің бір-біріне сыр ашып, сырласқаны сондай, арада бір сағат өткенде бозбала қыз баланың жанын баурап, билеп, меншіктеп алды. Олар бірін-бірі ұғынып, бірін-бірі түсініп, таңдандырып, баурап әкетті.
Олар әңгімелесіп болды дегенде, қыз басын жігіттің иығына салып тұрып:
— Атыңыз кім? — деп сұрады.
— Мариус. Ал өз атыңыз?
— Козетта.
АЛТЫНШЫ КІТАП
КІШКЕНТАЙ ГАВРОШ
Бірінші тapay
ЖЕЛДІҢ ЗҰЛЫМ ОЙЫНЫ
1823 жылдан бастап Монфермейль дәмханасы жұтаудың жылымынан гөрі ұсақ қарыздардың жуынды шұңқырына батып құлағанша ерлі-зайыпты Тенардьелер тағы да екі бала, қолақпандай екі ұл тауып алды. Сөйтіп олардың бес баласы: екі қыз, үш ұлы болды. Әрине, бұл көп еді.
Тенардье тәтей соңғы екеуінен тіпті нәресте кезінде құтылды және онысына қуанды да.
Құтылды деген оның қылығына лайық сөз. Себебі ол әйелде адам табиғатының болмашы бөлшегі ғана қалған-ды. Мұндай міскіндер, дегенмен, сирек те кездеспейді. Маршал де ла Мот-Гуданкурдың әйелі сияқты Тенардье тек қыздары үшін ғана ана болы. Оның аналық мейірімі тек соларға ғана жетті. Адам әулетіне деген оның өшпенділігі де сол ұл балалардан басталды. Ұлдарға дегенде оның зұлымдығы арнасынан асып төгіліп, жүрегі олардың алдына зұлмат құз боп тартылды. Өзіміз көргендей ол үлкеніне жиіркене қараса, кішілерін тіпті өлердей жек көрді. Неліктен? Сондықтан. Ең сұмдық себеп, ең даусыз жауап — осы "сондықтан". "Маған мұндай үйме-жүйме "шыжыңдардың" қажеті жоқ", — дейтін шеше-сымақ шімірікпей.
Ерлі-зайыпты Тенардьелердің екі кішкентай баласынан қалай құтылғанын, тіпті содан қандай пайда түсіргенін баяндап өтейік.
Жоғарыда сөз болған Маньон өзінің екі баласын ақкөңіл Жильнорманның қамқорлығына өткізудің қисынын келтірген бикеш болатын. Ол Целестиндіктер жағалауында Кіші Кабарга көшесінің бұрышында тұрды, одан шыққан жаман иісті жақсы атақпен басу үшін барын салды. Бейшара. Бұдан отыз бес жыл бұрын Париждің жағалаудағы қадамдарын қидай сыпырып тып-типыл етіп кеткен тамақ ауруының күшті індетін жұрттың бәрі біледі, ғылым оны ашудас енгізудің пайдасын тексеру үшін кеңінен пайдаланды, кейін олар ем сыртынан йод жағумен орынды алмастырылды. Сол індеттің тұсында Маньон — бір күні ертеңгілік — біреу, кешкісін екіншісі қайтыс болып, — екі баласынан бірдей айрылды. Бұдан артық соққы болар ма! Балалар анасына өте-мөте қымбат еді. Олар айына сексен франк табыс түсіріп тұрған-ды. Бұл сексен франкты Жильнорман мырзаның атынан оның іс басқарушысы, отставкадағы сот қадиы, Сицилия көшесінде тұратын Барж мырза мұқият өтеп отыратын. Балалардың опат болуына байланысты енді ол табыс көзден бұл-бұл ұшқалы тұр. Маньон қиындықтан шығудың жолын қарастырды. Ол мүшесі болып саналатын қаскөй қара бауырластықта бәрі барлығын біліп отырады, өзара құпиясын сақтап, бір-біріне көмек те жасайды. Маньонға ондай екі бала тауып алу қажет болды. Тенардьеде сол жастағы, сол жынысты балалар бар екен. Біреуі үшін бұл пайдалы іс, екіншісі үшін ақшаны ұтымды орналастыру болып шықты. Кішкентай Тенардьелер кішкентай Маньон болып шыға келді. Маньон Целестиндіктер жағалауын тастап, Клошперс көшесіне көшті. Парижде бір көшеден бір көшеге көшкенде жеке бастың ұқсастығы өз өзінен жойылады.
Азаматтық билік ештеңеден хабарсыз болған соң, қарсылық жасамады, сондықтан балаларды ауыстыру оп-оңай жүзеге асты. Алайда Тенардье ұстай тұру үшін берген балалары үшін айына он франк талап етті, Маньон оған келісіп, тіпті төлеп те тұрды. Әлбетте, Жильнорман мырзаның өз міндеттемесін орындап отырғаны өз-өзінен белгілі. Әрбір жарты жыл сайын ол кішкентайларға келіп көріп те жүрді. Ешқандай өзгерісті ол аңғарған жоқ. "Олар өзіңізден аумай қалыпты ғой, мырза!" деп қайталап қояды Маньон.
Біреудің атын алып, жолын жамыла қою әдеттегі ісі болғандықтан Тенардье осы жағдайды пайдаланып Жондрет болуға тырысты. Оның екі қызы мен Гаврош екі кішкентай бауырын әрең байқап үлгерді. Қайырымдылықтың белгілі бір сатысында адамды елес енжарлығы билейді, жанды заттарға о дүниеден оралғандай қарайды. Ең жақын адамдардың өзі тірліктің тұманды сұлбасында түнектің бір түрі болып көрініп, елеспен оңай астасып кетеді.
Сол күні кешкісін Тенардье тәтей екі кішкентайын Маньонға алып келіп, олардан мәңгі бас тартатынын тұспалмен білдіргенде ар азабын тартты ма екен, әлде әдейі көз қылды ма екен, келген соң күйеуіне: "Ал, бұл өз балаларыңнан өзің безіп, тастап кету деген сөз ғой", — деді. Ар азабынан абдырап, алаңдауға көшіп: "Енді полиция түп ізімізге түсіп жүрсе қайтеміз?! — деп мазасызданды. — Тенардье-ау, біздің жасағанымызға рұқсат бар десеңші тым құрығанда". "Бәрі де орнына келеді. Ешкім ештеңе білмейді. Оның үстіне соқыр тиыны жоқ балаларда кімнің не жұмысы бар?!"
Маньон қылмыс әлеміндегі әккі сәнқой болатын. Малынып киінуді ұнататын. Оның нашар жиһаздалған, бірақ молшылыққа құмарлықты аңдататын пәтерінде кәнігі ұры французданған ағылшын әйел тұрды. Париждік болып ұлан-ғайыр байланыстарының арқасында сенімге ие болған бұл ағылшын әйелдің кітапхана медальдары мен мадмуазель Марстың жауһарларын ұрлауға тікелей қатысы бар, кейін ол сот шежірелерінде әйгілі адамға айналып, "Мамзель мисс" атанды. Маньонның қолына түскен екі баланың да алаңдарлық ештеңесі жоқ еді. Оларға деп берілген сексен франк пайдасын тигізіп, күтімдері жақсы, жұнттай ғып киіндіреді, тәп-тәуір азықтандырады, былайынша "байбатшаның" жағдайында деуге болады, оларға өз аналарынан асырап алған шешесі дұрыс сияқты. Маньон олардың көзінше қыздай сызылып, әбес сөз айтпауға тырысты.
Осылай бірнеше жыл өтті. Тенардье тәте мұны жақсы ырымға жорыды. Бірде ол он франк айлық төлемді әкеп тұрған Маньонға "Әкесі оларға білім берсе жақсы болар еді" деп айтып та қалды.
Кенет осы күнге дейін өздерінің қатал тағдырының қанаты астында келген бұл балалар аяқ астынан тірліктің асау толқынына тұрпайылықпен лақтырылып, өз бетімен күн көруді бастауға мәжбүр болды.
Жондрет ұрылар қордасында зұлымдардың тұтас шоғырын тұтқындап, одан кейінгі тінтулер мен түрмеге қамау — осынау жексұрын қоғамға қарсы күштер заңдастырылған қоғамдық формация дегенді жамылғы ғып жүрген жандар үшін нағыз апат болды; бұл тектес оқиға осы бір қара жүрек дүниеде талай күйреуге соқтырады. Тенардьені шалған қырсық Маньонды да шарпыды.
Бірде Эпонинаға Маньон Плюме көшесіне қатысты жазбаны тапсырғаннан кейін көп ұзамай полиция Клошперс көшесінде қылмыстыларды тұзаққа түсіру басталды; Маньон ұсталды, "мамзель мисс" те тұтылды, үйдің күмәнді тұрғындарының бәрі құрған торға түсті. Екі баланың екеуі де артқы аулада ойнап жүр еді, полицияның шабуылын көрмей қалды. Олар оралғысы келгенде есік жабық, үйде ешкім жоқ боп шықты. Қарсыда шеберхана ұстайтын етікші оларды шақырып алып, қолына "анасы" қалдырып кеткен бір қағазды қыстырды. Қағазда: "Барж мырза, басқарушы, Сицилия королі көшесі, № 8 үй" деген мекен-жай бар екен. "Сендер бұдан былай бұл үйде тұрмайсыңдар, — деді оларға етікші. — Андағы жерге барыңдар. Жап-жақын. Сол жақтан бірінші көше. Мынау қағаз бойынша жолын сұрап алыңдар".
Балалар жолға шықты; үлкені кішісін жетектеп келеді, қолында жол көрсетуге тиіс қағаз. Ысқаяқ суық, тоңып бүрсеңдеген балалар қағазды әрең ұстап келеді. Клошперс көшесінің бұрылысында ызғырық желдің екпіні қағазды жұлып ап, ұшырып әкетті, уақыт түнге таянғандықтан бала оны таба алмады.
Балалар көшеде адасып, беті ауған жаққа кетті.
Екінші тарау
КІШКЕНТАЙ ГАВРОШ
ҰЛЫ НАПОЛЕОННАН ПАЙДА ТАБАДЫ
Көктемде Парижде өңменіңнен өтетін терістіктің ызғырық желі еседі, одан сөздің шын мағынасында мұздап қалмағанымен, қатты тоңасың; әдеттегі күндердің өзін көңілсіздендіріп жіберетін бұл күндер жылы бөлмеге терезенің саңылауынан немесе алқам-салқам есіктен ұрып тұратын салқын сияқты. Түнерген қыстың қақпасы ашық қалып, жел содан кіріп кеулеп бара жатқандай көрінеді. 1832 жылдың көктемінде Еуропада осы ғасырдағы ең сұмдық індет бұрқ ете қалғанда жел қашанғысынан да қатал әрі өңменіңнен өтерлік болды. Қыстың қақпасынан гөрі де қатты мұздататын тағы бір қақпа ашылғандай көрінді.Терістіктің бұл желінен тырысқақтың демі сезіледі.
Метеорологиялық тұрғыдан бұл суық желдердің ерекшелігі — ол ауада электр қуатының ересен мол жиналып қалғанынан емес әсте. Сол көктемде нажағайлы бұлттар жиі күркіреп, жасын ойнады да тұрды.
Бірде кешкісін, желдің ызғырық суығынан қаңтар қайтып оралғандай болып, қалалықтар жылы жадағай киіп алғанда қашанғысындай көңілді Гаврош өз шоқпытында жаурап, дірдек қағып, таңданудан сілейіп, Орм-Сен-Жервеге таяу шаштараздың алдында тұрды. Қайдан тауып алғанын кім білсін, ол мойынына бөкебай ғып орап, әйелдің жүн шәлісін жамылыпты. Кішкентай Гаврош екі жақтаудың арасындағы терезеде өткен-кеткенге жымиып, омырауы ашық сар-жалқын жұқа матадан жасалған гүлдестесі кеудесін көз тартатын балауыздан мүсінделген қалыңдыққа арбалып тұрғандай көрінеді. Шын мәнінде ол көрме-әйнектен бір кесек сабынды қағып кетіп, ертеңіне бір суға кенттегі шаштаразға сату үшін шаштаразды аңдып тұрған. Талай мәрте осындай тәсілмен тамақтануына тура келген. Бұл тектес жұмысқа ебі бар ол мұны "сақал күзейтіндерді күзеу" деп атайтын.
Қалыңдықты тамашалап, сабын кесегіне қарап қойып ол: — Сейсенбіде... Жоқ, сейсенбіде емес... Әлде сейсенбіде ме еді... Иә, сейсенбіде, — деп міңгірледі.
Бұл ішкі сырдың кімге арналғаны сонымен айқындалмай қалды.
Егер ол Гавроштың соңғы түскі асына қатысты болса, онда одан бері үш күн өтті, өйткені бүгін жұма.
Өзінің жып-жылы ұядай бөлмесінде тұрақты келушісінің сақал-мұртын қырып жатқан шаштараз өзінің таныс жауына, жаурап тоңған қырсық балаға ара-тұра көз тастап қояды: қолын қалтасына салған оның ой-қиялы қайда шарлап жүргенін бір құдай білсін.
Әзір Гаврош қалыңдықты зерделеп, көрме-әйнек пен Виндзор сабынына зер салып тұрғанда бірінен бірі кіші әжептәуір таза киінген, біреуі жеті, екіншісі бес жастар шамасындағы екі бала есік тұтқасын бұрап ашып, шаштаразға кіріп келді де күрсінуге ұқсас аянышты үнмен бірдеңе сұрады, жалынышты түрлеріне қарағанда қайыр сұрап тұрғандай. Екеуі қосылып, қосарлана сөйлейді де, сөзінен ештеңе айырып болмайды, өйткені кішісінің даусын еңірегені бөліп жіберді, ал үлкенінің суықтан тісі тісіне тимейді. Ашуға булыққан шаштараз қолынан ұстарасын тастамай, бұрылды да үлкенін оң қолымен итеріп, кішісін тізесімен нұқып көшеге шығарып жіберді де есікті жауып алды.
— Суық кіргізіп жібергендерін қарашы, — деп бұрқ етті ол.
Балалар жылап одан әрі тартты. Осы екі ортада бұлттар көшіп, жаңбыр сіркіреді. Гаврош оларды қуып жетіп:
— Сендерге не боп қалды, балапандар? — деп сұрады.
— Біз қайда ұйықтайтынымызды да білмейміз, — деп жауап қатты үлкені.
— Сол ғана ма! — деді Гаврош таңданып. — Қарай гөр, шаруасының үлкенін! Сол үшін еңіреп жылауға бола ма екен? Ақымақтар!
Ептеп мысқылды артықшылығын сақтай тұрып, ол көңілі түскен бастықтың кейпімен жұмсақ сөйлеп:
— Кәне, соңымнан еріңдер, құртшабақтар! — деді.
— Жақсы онда, мырза! — деді үлкені.
Екі бала монтаңдап оның соңынан ерді, кәдімгі архиепископтың соңынан бара жатқандай. Олар тіпті жылауын да қойды.
Гаврош Сент-Антуан көшесімен Бастилия бағытына тартты.
Жүріп келе жатып бұрылды да ол аңтарылып, шаштараз жаққа қарады.
— Сондай мейірімсіз болар ма! Барып тұрған торташабақтың өзі! — деді ол — Шынымен ағылшынсымақ бірдеңе шығар.
Жезөкше қыз Гаврош бастап қаздай тізіліп келе жатқан үш баланы көріп, ішек-сілесі қата күлді, одан оның бұл топты жаратпайтыны бесенеден белгілі болды.
— Сәлеметсіз бе, баршаға ортақ мамзель! — деп сәлемдесті.
Сәлден соң шаштаразды есіне қайта алып:
— Мен оны торташабақ деп қателескен екенмін, әбжыланның өзі екен ғой. Ей, сақалқырғыш, табармын темірұрғыш, құйрығыңа қоңырау тақсақ, онда да үш, мында да үш.
Шаштараз оның өжеттігін оятты. Жылғадан қарғып өтіп ол қолына сыпырғыш ұстап, Брокенде Фаусты күткендей маңғазданып тұрған сақалды қақпашы әйелге:
— Бикеш! Сіз ұдайы өз атыңызды мініп шығасыз ба? — деді.
Аузын жиғанша болмай өтіп бара жатқан біреудің лакталған кебісіне лай шашыратып алды.
— Оспадар! — деп айқай салды терісіне сыймай ашуланған жүргінші.
Гаврош өз шәлісінен тұмсығын шығарып:
— Кімге шағынуды мархабат етесіз? — деп сұрады.
— Саған, — деп жауап қатты жүргінші.
— Кеңсе жабық, — деп бұрқ етті Гаврош. — Қайтып мен арыз-шағым қабылдамаймын.
Одан әрі жүріп, ол қақпаның астынан әбден жаураған он үш-он төрттер шамасындағы қып-қысқа киімінен тізесі көрініп тұрған қайыршы қызды байқады. Өз киімі өзіне тарылып қалған. Бойдың да кейде қырсығы тиеді. Тізеден жоғары ашылу ерсі болған кезде қас қылғандай белдемшең қысқарып қалады.
— Бейшара! — деді Гаврош. — Бұлардың құрбыларында дамбал да жоқ шығар. Үсіп қалмаса игі. Мә, ұста.
Мойынына ораған жылы жүн матаны шешіп алып ол қыздың арық, тоңғаннан көгеріп кеткен иығына лақтырды, бөкебай қайтадан шәліге айналды.
Қыз бала оған таңдана қарап, үнсіз ғана шәліні алды. Жоқшылықтың белгілі сатысында кедей әбден топастанып, зұлымдыққа қайтып шағынбайды, жақсылық жасағанға алғыс та айтпайды.
Бр-р-р! — деп тісін сақылдатты Гаврош, ең кемі өз жадағайының жартысын сақтап қалған әулие Мартиннен бетер қалшылдап.
Оның "Бр-р-р" дегеніне ызаланғандай жауын бұрынғыдан да күшейіп, шелектеп құйды. Қаскөй аспан жақсы ісің үшін осылай жазалайды ғой.
— Аһ солай ма! — деп дауыстап жіберді Гаврош. — Мұнысы не тағы да? Қайта құйды ғой. О, тәңірі құдай! Егер осылай жалғаса беретін болса, су үшін ақы төлеуден бас тартамын!
Ол қайта адымдап жүріп кетті.
— Жарайды, оқа емес, — деді ол бүрісіп шәліге оралған қайыршы қызға қарап. — Оның терісі енді сенімді! — Сосын бұлтқа қарап айқай салды:
— Міне, сені де алдап соқтық!
Балалар жүгіріп одан қалмауға тырысты.
Олар бір көрме-әйнектің тұсынан өткенде, бұл тортемірі жиі бөлкенан дүкені екен, алтын құсатып нанды темірторда ұстайды. Гаврош бұрылып:
— Иә, ол не екенін білдік, ауқат жасап па едіңдер, балақандар? деді.
— Біз таң атқаннан бері нәр татқан жоқпыз, мырза, — деп жауап берді үлкені.
— Демек, сендерде әке де, шеше де жоқ қой, тегі? — деп асқақ кейіппен сұрады Гаврош.
— Кешіріңіз мырза, бізде әке де, шеше де бар, тек біз олардың қайда екенін білмейміз.
Кейде білгеніңнен осы білмегенің де жақсы, — деді Гаврош. Ол ойшыл еді.
— Міне, біздің жүріп келе жатқанымызға екі сағат болды, — деді үлкені — жәшіктердің маңынан бірдеңе іздеп едік, ештеңе де таппадық.
— Білемін, — деді Гаврош, — иттер тіміскіп тапқан ғой, олар бәрін қидай сыпырады.
Сосын сәл үнсіз қалып, сөзін әрі қарай жалғады:
— Демек, біз ата-аналарымыздан айырылған екенбіз ғой. Және біз не істеуіміз керегін тағы да білмейміз. Бұл түкке де тұрмайды, бауырлар. Мұндай жаста адасу жөн емес. Алайда, тіске басып шайнайтын бірдеңе керек қой.
Қайтып ол балаларға сұрақ қойған жоқ.
Баспанасыз қалудан оңай не бар!
Балалыққа тон қамсыздығы қайта оралып үлкен ұл:
— Күлкілі! Мамамыз ғой бізге алдағы жексенбіде киелі қызыл талға апарамын деп уәде берген еді ғой, — деп дауыстап жіберді.
— Шықпырту үшін шығар, — деп түйді Гаврош.
— Менің мамам, — деп қайта бастады үлкен ұл, — нағыз бике, мамзель мисспен бірге тұрады...
— Ұқсауын ұқсаулы, аяғы тұсаулы, — деп іліп әкетті Гаврош.
Осы арада тоқтап, өз шоқпытының күллі құпия жықпылдарын ақтара бастады.
Ақыры басын көтеріп, қанағат сезімін білдіретін раймен, тіпті салтанатты түрде:
— Тынышталыңдар, балақайлар! — деді. — Кешкі ауқат үшеуімізге қаптал жетеді.
Балақайлар таңдануына да уақыт бермей, ол екеуін де итеріп, бөлкенан дүкеніне кіргізіп, бір су ақшаны сатушының алдына лақтырып жіберіп:
— Бес сантимге нан беріңіз, — деді дауыстап.
Қожайынның өзі болып шыққан сатушы қолына нан мен пышақ алды.
— Үш тілім болсын, сатушы! — деді тағы да даусын көтеріп.
Сосын кісілік бір раймен:
— Біз үшеуміз, — деп қосып қойды.
Нан сатушы үш аларманын мұқият шолып өтіп, қара бидайдың нанын алғанын байқап қалып, саусағын танауына бойлата тығып, ол ұлы Фридрихтің шақшасынан сыйға темекі иіскегендей өктем кейіппен ауаны тарта тұрып сатушының бетіне тура қарап айқайлап жіберді:
— Бұл не? — деп.
— Бұл нең не? Бұл нан, өте жақсы нан, екінші сорт.
— Шамасы, тастемір дегіңіз кеп тұр ғой, — деп сабырмен ғана қарсылық білдірді Гаврош. — Ақ нан беріңіз! Тазасын! Мен сыйлап тұрмын.
Сатушы жымимай қала алмады. Ақ нанды бөліп жатып, балаларға есіркей қарады, бұл Гавроштың намысына тиді.
— Ей, наубай! — деді ол — Сіз не, біздің бойымызды өлшейін деп пе едіңіз?
Егер осы үшеуін бірінің үстіне бірін қойса, әрең дегенде бір сажын болар еді.
Нан туралып, наубай бір суды жәшікке тастағанда Гаврош балаларға қарап:
— Ал, соғыңдар енді, — деді.
Балалар оған аңтарыла қарады.
Гаврош күліп жіберді:
— О, солай ма! Рас, олар мұны әлі түсінбейді, өсе қойған жоқ қой, деп кідіріп сөзін қайта жалғап: — Мә, жеңдер! — деп әрқайсына бір-бір тілім нан ұстатты.
Үлкені әңгімеге тартуға лайық, сондықтан сый-сыяпаты да айрықша болуы керек өз тәбетін қанағаттандыруда еш алаңы болмауы шарт деп түйген ол нанның ең үлкен тілімін ұстатып:
— Жапсыр мынаны араныңа, — деді.
Бір турамы басқаларынан кішірек екен, оны өзі алды.
Бейшара балалар әбден ашыққан екен, Гавроштың да тойып тұрғаны шамалы. Нанды қомағайлана қарбытып олар дүкеншеде бөгеліңкіреп еді, ақысын алып алған сатушы ала көзімен қарады. Көшеге шығайық, — деді Гаврош.
Олар қайтадан Бастилия бағытына тартты. Ара-тұра жарқыраған көрме-әйнектердің жанынан өтсе, кішкентай тоқтай қалып, мойынына жіппен асқан қалайы сағатына қарайды.
— Дегенмен ақымақ өздері, — деді Гаврош.
Сосын толғана тұрып:
— Менде балақайлар болса бар ғой, оларға жақсырақ қарар едім, деп күбір етті.
Олар нанды жеп тауысып, қараңғы Балет көшесінің бұрышына жеткенде, оның ар жақ түкпірінен Форс түрмесінің аласа да сұсты кіре беріс есігі көрінгенде біреу:
— А, бұл сенбісің, Гаврош? — деді.
— А, бұл сенбісің, Монпарнас? — деп жауап қатты Гаврош.
Оған бәз-бір адам жақындап келді, бұл анау-мынау емес, Монпарнастың өзі болатын, киімін өзгертіп, дөңгелек көк әйнек асып алса да Гаврош оны жазбай таныды.
— Мәссаған, сұмдық керек болса, — деді сөзін әрі қарай сабақтаған Гаврош. — Шұбатылған шекпенің зығырдың тұқымынан түзілген жараға таңар дәкенің түсіндей, көк көзілдірігің айнымаған докторлардікі. Бірі-біріне сай келіп тұр, сен кәртамышқа.
— Ақырын! — деп оны жеңінен тартты Монпарнас. — Қатты айқайлама.
Сосын жарық жанып тұрған көрме-әйнектен аулақ алып кетті.
Екі кішкентай қол ұстасып, ырықсыз соңдарынан ерді.
Олар өткен-кеткеннің көзі мен жаңбырдан тасалайтын дарбаза мұнарасының қаракөлеңкесіне түскенде Монпарнас:
— Менің қайда баратынымды білесің бе? — деп сұрады.
Еріксіз көтеру монастыріне барасың, — деп жауап берді
Гаврош.
— Қалжыңбас! Мен Бабетті іздеп тапқым келеді, — деп жалғады сөзін Монпарнас.
— Ah, оны Бабета деуші еді ғой, — деп мырс етті Гаврош.
Монпарнас дауысын баяулатып:
— Әйел емес, еркек, — деді.
— Аһ, сен онда Бабет туралы айтып тұр екенсің ғой.
— Иә, Бабет жөнінде.
— Мен ол конвертке түсіп кеткен шығар деп ойлағанмын.
Ол оны ашқан, — деді Монпарнас, сосын балаға бүгін таңертең консержьеге ауыстырғанда Бабеттің оңға "жауап алу дәлізіне" барудың орнына солға бұрылып қашып кеткенін айтуға асықты.
Гаврош оның ептілігіне қайран қалып:
— Міне, бұл шебер! — деді.
Монпарнас қалай қашқанын бүге-шігесіне дейін айтып, сөзінің қорытындысында:
— Бар болғаны осы екен деп ойлама сен, — деді.
Гаврош Монпарнасты тыңдай тұрып, оның қолындағы темір таяғын лып еткізіп тартып қалып еді, тұтқасының ішінен қанжардың жүзі шыға келді.
— Оһо! — деп қанжарды ол орнына ол қайта сұға салды. — Қарапайым киіндіріп, оққағарыңды бірге алып жүр екенсің ғой.
Монпарнас көзін қысты.
— Тәйірі алсын! — деп дауыстап қалды Гаврош.
— Перғауындармен ұстасқалы әзірленіп жүргеннен саусың ба, өзі?
— Ретіне қарай, — деді Монпарнас сүлесоқ жауап қатып, — түйреуіш ешқашан бөгет болмайды.
Бүгін түнде не істемек ойың бар?
Монпарнас қайтадан маңғаздана қап тісінің арасынан сыздықтатты:
— Былайынша, бірдеңелер бар.
Сосын әңгімесін ауыстырып:
— Иә, айтқандай! — деді дауыстап.
— Ал, тыңдадық.
— Таяуда бір оқиға болды. Тек ойлап қара. Бір буржуаны кездестірдім. Ол маған өсиеті мен әмиянын сыйға тартты. Барлығын табанда қалтама салдым. Минөт өтер-өтпесте қолыммен сипап, қалтамды ақтарсам, түк жоқ.
Уағыздан басқа де, — деп қосты Гаврош.
Ал, өзің ше? — деп сөзін жалғады Монпарнас, — қайда барасың?
Гаврош оған өзінің қамқорлығындағыларды нұсқап жауап қатты:
— Мына жігіттерді ұйықтауға апарамын.
— Бұларды қайда жатқызасың?
— Өзіміздікіне.
— Өзіміздікің қайда?
— Өзімде.
— Демек, сенің пәтерің бар екен ғой.
— Бар.
— Ол қайда?
— Пілімде, — деп жауап берді Гаврош.
Монпарнасты бірдеңемен таң қалдыру қиын, бұл арада ол еріксіз таңданып:
— Пілде дейді? — деп дауыстап жіберді.
— Иә, солай, пілде, — деп сөзін тағандай түсті Гаврош, — Онда не тұр?
Баланың астарлы сөзі Монпарнасты тыныштандырып, санасын сәулелендірді. Шамасы, ол Гавроштың пәтері жөнінде жақсы пікірде болса керек.
— Ал шынтуайтына келгенде, пілің піл болсын, — деді ол — О не, онда қолайлы ма?
— Өте қолайлы, — деп жауап қатты Гаврош, — Расында да, өте жақсы онда. Көпірлердің астындағыдай бұралқы жел жоқ.
— Оған қалай кіресің?
— Кәдуілгідей кіремін.
— Демек, оған кіретін саңылау бар екен ғой.
— Тәйірі алсын! Ол жөнінде жұмған аузыңды ашпа. Алдыңғы екі аяғының арасында, жансыздар оны байқамай жүр.
— Сен сонда жоғарғысына шығасың ба? Менің түсінігімше солай!
— Қарапайым көз байлау. Бір, екі — барлығы әзір, сен жоқсың.
Сәл үнсіз қалып, сосын сөз қосты Гаврош:
— Мынау кішкентайлар үшін менде саты табылады.
Монпарнас қарқылдап күліп жіберді.
— Тәйірі алсын сені, бұл бозөкпелерді қайдан тауып алып жүрсің?
— Бұларды маған естелік ретінде шаштараз сыйға тартқан.
Кенет Монпарнас ойланып қалды.
— Сен мені тым оңай таныдың, — деп міңгірледі ол.
Қалтасынан қауырсыннан қиып, мақтамен ораған екі зат алып, екеуін екі танауына тығып еді, мұрыны мүлдем өзгеріп шыға келді.
— Мына мұрының бетіңе лайық, — деді Гаврош. — Қазір сен онша ұсқынсыз көрінбейсің. Ылғи да осылай жүр.
Монпарнас көркем жігіт болатын, ал Гаврош — сайқымазақ.
— Қалжыңнан тыс, — деді Монпарнас, — енді мені қандай деп білесің?
Оның дауысы да бұрынғысынан басқа болып кетті. Қас қағымда Монпарнас мүлдем танымастай болып шықты.
— Көрсетші, кәне Пет-р-рушка! — деп дауыстады Гаврош.
Бұған дейін ештеңе тыңдамай, саусақтарын мұрындарына
тығып, өзімен өзі әуре болып тұрған кішкентайлар әлгі есімді ести сала, жақындап келіп қуанышты раймен Монпарнасқа қадала қарады.
Өкінішке орай Монпарнас алаңдаулы екен.
Ол қолын Гавроштың иығына салып, әр сөзін қадай айтып былай деді:
— Бері қара, бозбала, көзіңді айырма: егер мен алаңда догыммен, дағыммен, дигіммен қыдырып жүрсем, оның үстіне сендер екі еселенген он сумен қошеметтеп тұрсаңдар мен деген ойнап беруге қарсы емеспін ғой, солай болсын, байқаңдар аңқауларым. Алайда әзір мейрам жоқ қой.
Осынау оқшау сөз балаға тиісінше әсер етті. Ол кілт бұрылып, жылт-жылт еткен кішкентай көзімен жан-жағын шолып шығып, өздерінен бірнеше қадам жерде сыртын беріп тұрған полицейді көрді.
— Міне, гәп қайда! — деген сөз Гавроштың аузынан шығып кете жаздады.
Алайда ол өзін өзі ұстап қалды да, Монпарнастың қолын қысып:
— Ал, қош бол, — деді, — өз кішкентайларыммен пілге кеттім мен. Егер түнде керегім боп қалсам, мені содан табуыңа болады. Жоғары жартыда тұрамын ғой. Қақпашым жоқ. Гаврош мырзаны сұрарсың.
— Жарайды, — деді Монпарнас.
Олар екі айырылды. Монпарнас — Греф алаңына, Гаврош Бастилияға бет алды. Бес жасар балақай Гавроштың соңына ерген бауырынан қалмай, томпаңдап, ұзап бара жатқан "Пет-р-рушканы" көріп қалу үшін әлденеше бұрылып қарады.
Монпарнастың Гаврошқа полицей тұрғандығын ескерткен түсініксіз сөз тіркесінің жалғыз ғана құпиясы бар; ол түрлі тәсілдермен бес-алты рет қайталанған "диг" дыбыс үндестігінде жатыр. Сөздің "диг" буыны жеке айтылмайды, ал бәзбір тіркестігі сөзге қоса қойғанда "абай болайық, бетімен сөйлеуге болмайды" деген мағынаны береді. Оның үстіне Монпарнастың сөз тіркесінде Гаврош аңғара алмаған әдемілік бар: "Менің догым, дагым және дигім" дегені, "менің итім, пышағым және әйелім" дегенді білдіріп, Тампль түрмесінің аргосын меңзейді, оны Мольер шығарма жазған, Калло сурет салған сонау ұлы ғасырдың сайқымазақтары мен сықақшылары жиі қолданған.
Бұдан жиырма жыл бұрын Бастилия алаңының түстік шығысында аймаққа жақын көне шұңқырдың орнынан қазған каналдан, бағзы қамал-түрменің орнынан ғажайып монумент табылды; париждіктердің жадында да сақталмай жойылып кеткен бұл ескерткіш бәзбір із қалдыруға лайық-ақ еді, өйткені ол арқылы Институт мүшесі, Египет армиясының бас қолбасшысының ой-пікірі бағзыда жүзеге асырылған болатын.
Біз "монумент" дейміз, шын мәнінде бұл оның макеті ғана. Алайда бұл макет, бұл алып жобаның алғашқы нұсқасы, Наполеон идеясының оқиғалар желісінің үрдіс екпінімен екі-үш мәрте лақтырып тасталып, бізден жырақтатыла түскен орасан зор мәйіті тарихи танылып, уақытша белгіленген мәртебесіне қарама-қарсы бәзбір біткен шаруаның мағынасына ие болды. Бұл үстінде мұнарасы бар үйге ұқсайтын, тас пен тақтайдан жасалған піл болатын; кезінде бояушы оны жасыл сырмен сырлаған көрінеді, ол аспан мен жаңбыр және уақыт оны қарайтып жіберген. Алаңның осы бір қаңыраған ашық түкпірінде алып жануардың кең маңдайы, тұмсығы, тістері, мұнара орналасқан даладай далиған жон арқасы, бағаналарға ұқсас қап-қара аяқтары түнгі жұлдызды аспанда сұмдық үрейлі, қиялдағы сұлба болып көрінеді. Оның не білдіретіні және беймәлім. Бұл халықтың қуатын сипаттайтын бейнелік туынды сияқты. Түнере түксиген алып әрі жұмбақ бір дүние. Бастилияның көзге көрінбейтін елесімен қатар аспанға бойлаған ересек зор және бір елес бұл.
Шетелдіктер бұл құрылысты сирек тамашалайды, өткен-кеткендер оған жалпы қарамайды. Піл жылдан жылға бүлініп барады, түсіп жатқан сылақ кесектері оның қабырғаларын қожыр-қожыр етіп, жиіркенішті қотырдай адам қарағысыз қылған. Салондардың көркем тілінде "Эдилдер" аталып жүргендер оны 1814 жылдан бастап тарс ұмытқан. Mac көшірлердің демімен сасып, шірік шарбақтардың қоршауында қирап бүлінген ол ауру адамдай түнеріп осы бұрышта әлі тұр: жарық-сызаттар бүйірін соқалап, құйрығының сымдары шығып қалған, аяқтарының арасына бойлап шөп өскен. Топырақтың ұдайы қордаланып, баяу қалыңдауы салдарынан үлкен қалалардың жер қыртысы қатпарланып, білдіртпей өсе беретіні сияқты оның айналасындағы алаңның деңгейі де отыз бес жыл ішінде едәуір биіктеп, пілдің өзі аяғының астындағы жер отырғандай шұңқырда қалып қойған. Тоғышарлардың көзқарасы тұрғысынан алғанда ұсқынсыз, үсті-басы лас, кісі жиіркенерлік ол маңқиып әлі тұр. Кейде ол ұзамай сыпырып әкететін кір-қоқыстың үйіндісіне ұқсағанмен, ұлылығы әлі-ақ ашылатын алып екеніне ешкім таласпасқа тиіс.
Алдында айтқанымыздай түнде оның бейнесі өзгеріп тұрады. Түн дегеніміз бәрінің түнекке туыс стихиясы ғой. Ымырт үйірілісімен кәрі піл өзгеріп кетеді де, түнектің айбарлы тыныштығында сабырлы да қаһарлы кейіпке енеді. Өткенге тиесілі бола тұрып ол түнге де тәуелді: алыптың келбетіне қараңғы түнек жарасады.
Тұрпайы, жырым-жырым, төртбақ, ызбарлы, ауыр, түк пішіні жоқ, алайда айбарлы, ғажайып әрі жабайы тәкаппарлықтың табы басылған ол ескерткіш ғайып болып, енді онда орнын қарауытқан тоғыз мұнаралы Бастилияға босатқан мұржасы сырланған алып пеш сияқты бірдеңе тұр, орнын буржуазиялық құрылысқа берген феодализм тәрізді. Пешке құдіреті бу қазанында жатқан дәуірдің бейнесі болу әбден орынды. Бұл дәуір де өтеді, өтіп те бара жатыр; жұрт қуат қазанда болса, құдірет тек мида ғана болатынын ұғынып келеді, былайша айтқанда, дүниені соңына ертіп алға сүйреп келе жатқан локомотив емес, идея. Локомотивті идеяға тіркеңдер. Бұл жақсы ғой, бірақ атты шабандоз деп қабылдамаңдар!
Қалай болғанмен де Бастилия алаңына орала отырып біз мынаны ғана айта аламыз: гипстің көмегімен пілді жасаушы ұлылыққа қол жеткізді, ал қоладан пеш мұржасын жасаушының тындырғаны болмашы ғана.
Дабылды есіммен Шілде төңкерісі деп атаған шала туған революциясымақтың сәтсіз ескерткіші әлгі пеш мұржасы 1832 жылдың өзінде-ақ орасан зор ағаш жейдемен және пілді түбегейлі көзден тасалап тастаған ұзын тақтай албармен жабылған еді, өз басым сол жейденің жоғалып кеткеніне өкінемін.
Алыстағы қолшамның жарығымен әрең бұлдырап көрінген алаңның дәл сол бұрышына Гаврош екі кішкентайымен бет алды.
Осы арада әңгімемізді үзіп, мынаны ескерте кеткен абзал болар, біз шындықты бұрмаламаймыз, бұдан жиырма жыл бұрын жөнге салу полициясының соты сол Бастилия пілінің ішінде ұйықтап жатқан жерінен ұстап, қаңғыбастығы мен ескерткішті бүлдіргені үшін деп соттаған екен.
Сол деректі атай отырып, әңгімемізді әрі жалғастырайық.
Алып статуяның түбіне келгенде Гаврош шексіз үлкеннің шексіз кішіге қандай әсер етуі мүмкін екенін түсінді.
— Балапандар, қорықпаңдар, — деді.
Сосын албардың тақтайлары арасындағы саңылаудан өтіп, қоршаудың ішінен бір-ақ шықты да балақайлардың тесік арқылы кіруіне көмектесті. Аздап үрейленген балалар мына бір шоқпыт киген кішкентай елеске сеніп, нан беріп, түнеп шығатын жер тапқан Гавроштың айтқанын екі етпеді.
Албарда күндіз көрші отын қоймасының жұмысшылары пайдаланған саты жатқан еді, Гаврош оны күтпеген күшпен көтеріп әкеп, пілдің алдыңғы екі аяғының біріне сүйеді. Саты тірелген жерден алыптың бүйіріндегі үңірейген тесікті көруге болатын еді. Гаврош өз меймандарына саты мен тесікті көрсетті.
— Өрмелеп шығып, мында кіріңдер, — деді ол. Балалар үрейлене бір-біріне қарады.
— Қорықпаңдар, балақайлар, — деп айғайлаған Гаврош: — Қазір бәрін көресіңдер, — деді.
Ол пілдің қожыр-қожыр аяғын құшақтап, сатыға қарамай-ақ жарылып тұрған жерден бір-ақ шықты. Өрмелеп тесікке енген сарбас жыландай сып беріп ол ішке кірді, қас қаққанша болмай балалар оның қараңғыға сүңгіген саңылаудан көмескі ақ дақ тәрізді бозғылт жүзін көрді.
— Міне, болды, енді сендер шығыңдар, кішкентайлар, — деп айқайлады ол. — Мұнда қандай жақсы екенін көресіңдер. Кәне, сен шық! — деп айқайлады үлкеніне. — Мен қолымды берейін.
Балалар бірін бірі итермеледі. Гаврош оларға үрей ғана туғызбай, сенім де сыйлады, оның үстіне жаңбыр жауып кетті. Үлкені батылданып, тәуекелге бел буды. Ағасының көтеріліп бара жатқанын көріп, кішісі алып хайуанның екі аяғының арасында жалғыз қалдым деп бақырып жылап жібергісі келіп еді, бірақ жылауға батпады.
Үлкен шайқалақтап, басқыштың сатысымен жоғары өрмеледі де, Гаврош оны семсерлесу ұстазының шәкіртіне дем бергеніндей, қосшының қашырды айдағанындай ысқырып жігерлендіріп тұрды:
— Қорықпа!
— Осылай, дұрыс!
— Өрмеле деймін, өрмеле!
— Аяғыңды мында сал!
— Қолыңды анда!
— Батылырақ!
Бала қол жететін жерге келгенде қолынан қатты ұстап өзіне тартты.
— Қолға түстің бе! — деді Гаврош.
Бала тесікке қарғып кірді.
— Енді мені күт, — деді Гаврош. — Мырза, отыруға мархабат етіңіз.
Тесіктен қалай кірсе, солай жылт етіп шығып, ол маймылдай әбжілдікпен пілдің аяғын құшақтап жерге сырғып түсе қалды, шөп басып тұрған бес жасар балақанды құшақтай алып, көтеріп басқыштың ең ортаңғы сатысына көтеріп, құйрығынан жоғары итеріп, үлкеніне айғай салды:
— Мен оны итерейін, сен өзіңе тарт.
Кішкентай өзіне өзі келіп үлгермей, қас-қағымда көтеріліп, жоғары сүйреліп, қолынан тартылып тесікке кіргізілді де, Гаврош ізінше қарғып шығып, бір теуіп сатыны шөптесін жерге құлатып түсірді де қолын шапалақтап:
— Міне, біз келдік те! — деп айқай салды. — Генерал Лафайет жасасын!
Шат-шадыман осы көңілділіктің желімен:
— Ал, қарабас тайпақтарым, біз міне үйіміздеміз, — деді қуанып.
Қайран, пайдасыздықтың күтпеген пайдасы-ай десейші! Ұлы туындылардың шарапаты! Алыптардың қайырымы! Императордың пікірі өрілген мынау алапат ескерткіш панасыздардың ұясы болды. Сәби алыптың қорғауына алынды. Малына киінген буржуа ғой, Бастилия алаңындағы осы пілдің жанынан өтіп бара жатып, көзін бажырайтып: "Осының не үшін қажеті болды екен?" — деп қайталайды мардымсып. Ал бұл әкесі де, шешесі де жоқ, жейтін наны, тоқтайтын тұрағы жоқ құйтымдай жан иелерін суық пен қыраудан, жаңбыр мен бұршақтан құтқару үшін, қыстың ызғырық желі қорғап, ақыры безгекпен бітетін дымқыл лас жерді, ақыры өліммен аяқталатын қар үстінде түнетпес үшін керек. Бұл қоғам кері итеріп шығарып тастаған бейкүнә жандарды паналату үшін керек. Бұл қоғамдық кінәні азайту үшін керек. Бұл, сайып келгенде, алдынан барлық есік тарс жабылғандардың аю апаны. Арса-арса, күтімі жоқ, аянышты, бетімен алған, үсті-басы саз батпақ, қына басып көк шалып, құрт тесіп шайқатылған, сотталып аласталған қайыршыдай не қайырым, не жылы қабақ көрмеген осынау шомбал денелі хайуан басқа қайыршыларды, жалаң аяқ, жалаң бас ел кезіп, қолын демімен жылытып, шоқпыт киіп, басына лыпа таппай зыр жүгіріп, қалдықпен азықтанып жүрген сорлыларды аяйды. Міне, Бастилия пілінің керегі осында. Жұрт жек көрген Наполеонның пікірін құдай қолдады. Тек даңқты болады дегеннің өзі ұлы болып шықты. Ойлағанын жүзеге асыру үшін императорға темір, қола, алтын, мәрмәр керек болса, құдайға көне тақтайлар мен сырғауылдар және елге жетіп жатты. Императорда данышпанның ой жоспары болды: әдеттен тыс құрсанған, көтерілген тұмсығы, арқасында мұнарасы бар, жан-жағына жанды су шашып тұрған осынау алып піл арқылы ол халқын топтастырғысы келді. Құдайтағала одан да ұлық зорын жасады, сәбиге тоқтайтын тұрақ, жататын орын берді одан.
Гаврош өтіп жүрген тесік пілдің қарын тұсындағы сырттан әрең көрінетін шағын ғана жарық болатын, одан ішке балалар мен мысықтардан өзге ешкім кіре алмайды.
Міне, мынадан басталық, — деді Гаврош, — қақпашыға біз үйде жоқ делік.
Сосын Гаврош қараңғыға қайта сүңгіп кетті. Балалар сіріңкенің шытырлағанын естіді, фосфор құрамы бар шөлмекке от тасталғанның белгісі бұл. О тұста химиялық сіріңке болмайтын, сондықтан Фюмада шақпағының өзі онда прогрестің белгісі болып табылатын.
Аяқ астынан жанған жарық олардың көзін қыпылықтатты, Гаврош қара май сіңген пілтенің ұшын тұтатты. Жұрт "жерқойма егеуқұйрығы" атайтын бұл пілтенің жарығынан түтіні басым болатын, сондықтан пілдің ішін шолып шығуға әрең жарады.
Гавроштың меймандары айналасын көзбен шолып, әйдік гейдельберг кеспегіне қамалған адамның немесе дәлірек айтқанда Тәурат китінің құрсағында не көруге тиісті болған Ионның күйін бастан кешті. Көз алдына алып сүлдер келіп, өздерін құшақтағалы тұрғандай сезінді. Жоғарыда қарайып кеткен ұзын бөренеге ара қашықтығы біркелкі керегелер ұстастырылып, шын мәнінде бел омыртқадан тарайтын қабырғаларға ұқсап қалған, оларға жабысқан гипс сүңгілер іш құрылысын елестетеді. Екі бүйірдің арасынан тартылған ұзыннан ұзақ өрмекші торы тозаң бауырдың көк еті сияқты. Бұрыштардың ана жерінде де, мына жерінде де қара даққа ұқсас бірдеңелер шошына жүгіріп жүрген секілді.
Пілдің қыр арқасынан төмен құлаған сынықтар бүйірінің төменгі жағын толтырып, тегістеп тастаған, сондықтан онымен еден басқандай жүруге болады.
Балалардың кішісі үлкеніне жабысып жартылай сыбырлап:
— Мында қараңғы ғой, — деді.
Осы сөз Гаврошты шарасынан шығарып жіберді. Балақандарды сілейіп тұрған қалпы бір сілкіп алуды қажет етті.
— Басымды неге қатырасыңдар сендер? — деді ол дауыстап. — Біз сайрандауға келіп пе едік? Әлде күй таңдамақсыңдар ма? Сендерге Тюильри керек болған ғой. Осыдан кейін сендерді мал демеске бола ма? Айтыңдаршы! Ескертіп қояйын, мен аңқаулардың қатарына жатпаймын! Қарай гөр алтындатқан бесіктің балалары болғансығандарын!
Қорқытқанда аздаған дөрекіліктің бөгеті болмайды, тез тыныштандырады. Балалар Гаврошқа келіп өздері жабысты.
Мұндай сенімге тебіренген Гаврош қаталдықтан әкенің ақкөңілділігіне көшіп, кішкентайға:
— Ақымағым! — деді ол ашуын аялы үнге алмастырып. — Қараңғы болатыны аулада да қараңғы. Аулада жаңбыр, ал мұнда жауын жоқ; аулада суық, ал мұнда жел соқпайды; аулада құжынаған халық, ал мұнда ешкім жоқ; аулада ең құрығанда ай да жоқ, ал мұнда шырағдан, айырма бар ғой, тәйірі алғыр.
Балалар тұрақжайды батылырақ қарай бастады, алайда Гаврош оларға ұзақ түртпектеуге рұқсат бермеді.
— Тезірек! — деп айғайлады ол кішкентайларды біз қанағат тұтып "түпкі бөлме" атайтын қуысқа қарай итеріп.
Онда оның төсегі болатын.
Гавроштың төсегі шынында да бөстегі, көрпесі бар, шымылдық тұтқан нағыз төсек болатын, тіпті үстінде үшбақаны да бар.
Бөстегі сабаннан тоқылған төсеніш те, көрпесі қатты жүннен жасалған өте жылы, су жаңа деуге боларлық жабу еді. Ал үшбақаны не болды екен дейсіз ғой.
Үшбақан дегеніміз — алдынан екеуі, артынан біреуі жерге қағылған үш сырғауыл, басын біріктіріп арқанмен буған соң пирамидаға ұқсас бірдеңе болып шығады. Оның үстіне жез сымдардан тоқылған тор жабылады да, олар іштен темір сыммен үш сырғауылға бекітіледі. Тордың етегіне айнала үйілген тастар оны еденге бекіте түседі. Бұл тор хайуанханадағы құстарды қоршайтын сым торларға ұқсайды. Сол тордың астындағы Гавроштың төсегі кереге көздің ішінде тұрғандай көрінеді.
Бұл тор оған жабу қызметін де атқарады. Осылардың бірін бірге алғанда бұл эскимостардың чумын, яғни күркесін еске түсіреді.
Гаврош күркені алдынан ұстап тұрған тастарды ысырып еді, біріне бірі ұштастырылған екі жабу ашылды.
— Ал, балақандар, енді еңбектеп еніңдер! — деп әмір берді Гаврош.
Ол меймандарын абайлап күркеге енгізіп, соңынан еңбектеп өзі кіріп, тасты орнына қойып, саңылауды мұқият жапты.
Үшеуі де сабан төсенішке көсіліп жата кетті.
Балалар қанша жерден кішкентай болғанымен мынау шағын күркеде еркін көсілуі қиын еді. Гаврош "жерқойма егеуқұйрығын" қолында әлі ұстап тұрғанды.
— Енді қор ете қалыңдар! — деді ол. — Мен мына дөй шамды сөндіремін.
— Ал мынау не, мырза? — деп сұрады үлкені тор көздерді нұсқап. Бұл егеуқұйрықтардан қорғану үшін құрылған, — деді Гаврош. — Ұйықтаңдар!
Дегенмен ол балақандарды үйрету үшін бірер сөз қоса айтқанды жөн көрді:
— Бұл дүние ботаника бағынан алынған. Жалпы жабайы хайуандарға арналған. Онда бұлар толып жатыр, аяқ алып жүргісіз. Тек оған қабырғадан қарғып, терезеден секіріп, есіктің астынан еңбектеп кіресің. Сосын алатыныңды ала бер.
Осы мағлұматтарды хабарлай отырып ол көрпенің шетімен ең кішкентайды қымтап қойды.
— Қандай жақсы! Қандай жылы! — деп күбірледі балақан. Гаврош разылық пейілмен көрпесіне қарады. Бұл да ботаника бағынан, — деді ол. — Маймылдан тартып алғанмын.
Үлкенге астында қалың сабан бөстекті нұсқап:
— Ал бұл керіктің төсеніші еді, — деді.
Сосын сәл ойланып барып, сөзін қайта жалғады:
— Бұлардың бәрі хайуандарға тиесілі дүниелер. Мен олардан тартып алдым. Олар ренжіген жоқ. Мен оларға: "Бұл піл үшін керек", дедім.
Тағы да үндемей қалып, мынаны қосты:
— Қабырғадан қарғып түссең болды, сосын бастықтарға түкіргенің бар ма. Мәселе бітті дей бер.
Балалар қайран қалып, осынау батыл да тапқыр бәлекей адамға үрейлі құрметпен тесіле қарады. Өздері сияқты үйсіз, күйсіз, өздері сияқты жападан жалғыз, өздері сияқты, бірақ таңғажайып құдіретті, қалжыңбас қарттың жүзін әп-сәтте ақкөңіл, риясыз сәби күлкісімен нұрландыра қоятын осы жеткіншек оларға табиғаты тыс ерекше кісі боп көрінді.
— Мырза! — деді қысыла тіл қатып үлкені. — Сіз сонда полицейлерден қорықпайсыз ба?
— Балақан! "Полицей" демейді оларды, "перғауындар" деп атайды. — Гавроштың оған бар жауабы осы болды.
Кішкентай оған көзін кең ашып бақырая қарады да, бірақ ештеңе айтқан жоқ. Ол сабан бөстектің шетінде, ал үлкені ортасында жатқандықтан, екінші шеті бұйырған Гаврош кішкентайды анасындай аялап, көрпенің шетімен қымтап, төсегінің бас жақ астына ескі-құсқы шүберектерді төсеп, жастық қып берді. Содан соң үлкенге бұрылып:
— Ал, қалай? Мұнда жақсы ма? — деп сұрады.
— Өте жақсы! — деп жауап берген үлкен ұл Гаврошқа құтқарылған періште раймен қарады.
Бақайшығына дейін суға малшынған бейшара балалар жылына бастады.
— Айтқандай, — деп қайта сөз бастады Гаврош, — бағана сендер неге жыладыңдар?
Сосын кішкентайды нұсқап, сөзін жалғады:
— Мынадай тәмпіштерге жыласа да жарасады, ал сен сияқты ересектердің өкіргеніне жол болсын! Құдды бұзау — бұл енді ұят.
— Енді қайтейін! — деп жауап қатты үлкен ұл. — Басымызда пәтер жоқ, қайда барамыз, қорыққаным ғой.
— Балапандар! "Пәтер" демейді, "үйсымақ" дейді, — деп ескертті Гаврош.
— Сосын біз түнде жалғыз қалудан қорықтық.
— "Түн" демейді, "көзсіз қараңғы" дейді.
— Рахмет сізге, мырза, — деп жауап қатты бала.
— Бері қара, — деп сөзді қайта бастады Гаврош, — болмашыға бола ешқашан қыңқылдамаған абзал. Мен сендерге қамқорлық жасаймын. Бізге қандай көңілді болғанын әлі-ақ көресің. Жазда менің досым Навемен Гласьерге барамыз, онда суға түсіп, Аустерлиц көпірінің салымен жалаңаш жүгіреміз, сонда кір жуатын әйелдердің қалай бұрқылдағанын көрсең. Олар төңіректі басына көтеріп шарылдайды, сондай қызық халық өздері! Сосын біз қу сүйек сүлдер адамды көруге барамыз. Ол тірі. Елисей алабында тұрады. Өзі жаңқадай жұқа, арық, сондай мәжнүн. Сосын театрға барамыз. Сендерді мен Фредерик Леметрге апарамын. Менде билеттер болады, өйткені актерлермен таныспын. Бірде менің ойнағаным да бар. Біз онда сендерден кішкентай едік, ақ матаның астында жүгіріп, теңіздің толқынын бейнелегенбіз. Сендерді өз театрыма орналастырамын. Сосын біз жабайыларды көреміз. Тек қана олар нағыз жабайылар емес. Олардың үстінде тырысқан, құрысқан қызғылт трико болады, ал шынтақтары ақ жіппен жөрмеледі. Содан соң біз операға тартамыз. Оған қошеметшілермен кіреміз. Операдағы қошемет жолға өте жақсы қойылған. Ал мен бульварға қошеметшілермен бармас едім. Көз алдыңа елестетіп көрші, операда жиырма судан төлейтіндер бар, бұл енді есуастық. Оларды тығын деп атайды. Тағы да қалай бас алатынын көруге барамыз. Сендерге жендетті көрсетемін. Ол Марс көшесінде тұрады. Сансон мырза. Оның есігіне хаттарға арналған жәшік іліп қойылған. Иә, біз керемет көңіл сұрайтын боламыз.
Осы сәт Гавроштың саусағына бір тамшы қара май тамды да, оны шынайы болмыстың өзіне оралтты.
— Ә, шайтан! — деп даусы шығып кетті оның. — Пілте таусылуға таяп қапты ғой. Назар аударыңдар! Мен айына жарық түсіру үшін бір судан артық төлей алмаймын. Әгарәки жатқан екенбіз, ұйықтау керек. Бізде Поль де Кок мырзаның романдарын оқитын уақыт жоқ. Оның үстіне жарық қақпамыздың саңылауы арқылы сыртқа түсуі әбден кәдік, онда перғауындар бірден байқайды.
— Ал, сосын, — деп сөз қыстырды үлкен ұл, Гаврошпен әңгімелесіп, сұрағына жауап беруге әзір сыңаймен. — Көмір шоғы сабанға түсуі мүмкін, үйді өртеп алмас үшін сақ болуымыз керек.
— "Үйді өртеп" демейді, "диірменді кептіріп" дейді, — деп түзетіп қойды Гаврош.
Ayа райы барған сайын нашарлай түсті. Күн күркірегеннің арасында нөсердің қалай төпеп, алыптың жон арқасын қалай сатырлатып жатқаны естілді.
— Алдап соқтық сені, жаңбыр! — деді Гаврош. — Үйіміздің сирағын бойлап, құтыдан құйылған су қалай саулап жатқанын есту қандай қызық. Қыс ақымақтау, өз бұйымын босқа бүлдіріп жатыр, бізді малшындырамын деп босқа әуреленеді, кәрі су тасушы содан да жасын тыймай жылай береді.
XIX ғасырдың философы ретінде бар салдар-себебін өз мойнына алып, найзағайға деген Гавроштың тентек тұспалының ізінше жасын ойнап, алапат жарқылы пілдің бүйіріндегі тесіктен де өтіп кетті. Дәл сол сәт дерлік құлақ тұндырып күн күркіреді. Балалар шыр ете қалып атып тұрды, тор ұшып кетуге шақ қалды, Гаврош оларға бетін бұрып қарқылдап күліп жіберді:
— Тынышталыңдар, балалар! Үйімізді шайқалтпаңдар. Ғаламат найзағай, тамаша! Бұл саған момақан жасын емес. Жаса, тәңірім! Шынын айтам, Амбигю театрынан кем ойналған жоқ.
Осыдан кейін торкөзді түзеп, балаларды төсекке итеріп, көсіліп жатсын деп тізелерінен басып, қайта сыбырлады:
— Құдекең өз шырағын жаққан соң, өзімдікін мен үрлеп өшірейін. Жігіттерге ұйықтау керек, бозбалалар. Ұйықтамау дегеннен жаман жоқ. Иіс-қоңыс болмасын, жақсы қоғамда аузың мүңкіп тұрмайды. Көрпеге жақсылап ораныңдар! Мен қазір жарықты сөндіремін. Дайынсыңдар ма?
— Иә, — деп сыбырлады үлкен ұл, — маған жақсы. Басымның астында мамық жатқан сияқты.
— "Бас" демейді, "Сорбонна" дейді! — деп айғайлады Гаврош.
Балалар біріне бірі жабысты. Ақыры, Гаврош оларды бөстекке дұрыстап орналастырып, көрпесін құлағына жеткенше жапты да, үшінші рет бұйрық тілінде:
— Қор ете қалыңдар! — деді.
Сосын барып пілтені сөндірді.
Жарықтың сөнуі-ақ мұң екен, астында балалар жатқан торкөз бәзбір оғаш сілкінуден теңселіп кетті. Темір шыңғырымен ұласқан құрғақ үйкеліс естілгендей болды. Қаптаған тырнақтар мен тістер жез сымдарды жұлқылап жатқан сияқты. Осының бәрі ұзақ-сонар шиқылмен ұласа жалғасты.
Бес жасар балақан бас жағынан құлақ тұндырар шу естіп, үрейден денесі түршігіп, шынтағымен жанында жатқан ағасын нұқып еді, ол Гавроштың әмірімен қата қап, қорылға басыпты. Амал жоқ, ол қорыққаннан есі шығып, демін ішінен алып:
— Мырза! — деп сыбырлады.
— О не? — деді ұйқыға бас қойған Гаврош.
— Мынау шиқыл не?
— Бұл егеуқұйрықтар ғой, — деп жауап қатты Гаврош.
Соны айтып, басын бөстекке қайта түсірді.
Шынында да, пілдің ұстынында жүздеп мекендейтін, алғаш көргенде жанды қара дақ болып жылжып жүретін егеуқұйрықтар жарық барда адамнан жырақтау жүреді де, қараңғы түссе-ақ ертегіші Перро айтқандай "жас етке" жерік болғандай, Гавроштың күркесіне тарпа бас салады, кейбіреулері жоғарыға өрлеп кетіп, масахананың мына жаңа түрінің сымдарын кеміреді.
Дегенмен, балақан ұйықтай алмады.
— Мырза! — деп қайта міңгірледі ол.
— Иә?
— Егеуқұйрық деген не?
— Ол да тышқан.
Гавроштың түсініктемесі баланы тыныштандырды. Ақ тышқандарды көзімен көріп, олардан қорықпайтын болды. Әйткенмен ол қайта сұрақ қоюға оқталып:
— Мырза! — деді.
— О не?
— Бізде неге мысық жоқ?
— Менде мысық болған, — деп жауап қатты Гаврош, — осында алып келіп едім, бірақ мыналар жабылып жеп қойды.
Мынау екінші түсініктеме біріншісінің жақсы әсерін жойып жіберді: бала қорыққанынан қайта қалтырады. Сонымен, Гаврош екеуінің арасындағы әңгіме төртінші рет жаңғырды.
— Мырза!
— Иә, не?
— Мыналар нені жеп қойды дейсіз?
— Мысықты.
— Мысықты кім жеп қойды?
— Егеуқұйрықтар
— Тышқандар ма?
— Иә, егеуқұйрықтар.
Мұндағы тышқандардың мысықты да жеп қоятынына ғажап қалған бала қайта сөйледі:
— Мырза! Демек, мұндай тышқандар бізді де жеп қоюы мүмкін ғой.
— Әрине, о жағы түсінікті емес пе, — деп жауап берді Гаврош.
Баланың үрейі шегіне жетті. Соны сезген Гаврош:
— Қорықпа! — деді. — Олар бізге жете алмайды. Оның үстіне мұнда мен бармын. Мә, қолымнан ұста да, қор ете қал.
Гаврош өз қолын үлкен ұлдың басының үстімен созып, кішкентайды қолынан ұстады. Ол оны бетіне басып қысты да, тынышталды. Ерлік пен күштің бір-біріне берілетін осындай тылсым құпиясы да бар-ау, тегі. Айналада тыныштық қайта орнады, у-шу дауыс шошытып егеуқұйрықтарды қуып жіберді, ал олар әудемнен соң қайта оралып, білгенінше тасырлағанда үш баланың үшеуі де ұйқы құшағына еніп, ештеңе естіген жоқ.
Түнгі сағаттар ағып өтіп жатыр. Бастилия алаңын түнек басты, қар аралас қысқа жел үдей соғады. Күзетшілер қақпаларды, саяжайларды, қоршаулар мен қараңғы бұрыштарды шарлап шықты, түнгі қаңғыбастарды іздеп жүріп үнсіз ғана пілдің қасынан өтті; тұрған орнынан тапжылмай, назарын қараңғыға аударған сиқырлы алып осы тұрысында қиялға батқандай, игі бір іс атқарып қуанғандай сыңай танытатын, шынында да ол ұйықтап жатқан панасыз балаларды жауын-шашын мен кісі көзінен қорғап, аман сақтап қалды емес пе.
Төмендегі жәйттерді түсіну үшін, мынаны да еске алғанның артығы болмас: ол кезде Бастилияның полиция күзеті алаңның басқа бір шетіне орналасқан болатын, сондықтан піл төңірегінде өтіп жатқанның бәрін күзетшілер байқамайтын, әрі ести бермейтін.
Күн шығардан сәл бұрын Сент-Антуан көшесінен жүгіріп шыға келген бір адам алаңнан зырлай өтіп, шілде бағанын айнала беріп аула тақтайларының арасынан сып ете түсіп, тура пілдің қарыны астынан бір-ақ шықты. Егер жарықтың болмашы ғана сәулесі түссе, оның суға малшынған жейдесіне қарап бұл кісінің түні бойы жаңбырдың астында болғанын аңғару оп-оңай. Пілдің астынан бір-ақ шыққан ол ешбір адам тіліне ұқсамайтын оғаш бір үнмен айқай салды, ол дауысты тек тоты құстар ғана қағып ап қайта қайталауы мүмкін. Осы айғайын ол екі мәрте қайталады, оның нұсқасы жуық мәнінде мынадай:
— Кирикикиу!
Екінші айғайға пілдің қарнынан ашық, көңілді бала даусы жауап қатты:
— Мұнда!
Сол сәт тесікті жауып тұрған тақтай ысырылып, пілдің аяғымен зырғып түсіп келе жатқан балаға жол ашты. Ол Гаврош еді. Адамы Монпарнас болады.
"Кирикикиу" деген айғайға келсек, сөз жоқ, ол баланың өзі айтқысы келген "Гаврош мырзаны сұрарсың" деген сөз тіркесі болатын.
Дауысты ести сала ол атып тұрып, күркесінен шығып, торкөзін ұқыптап қайта бекітті де тесіктен сып беріп төмен түсті.
Ер азамат пен бала қараңғыда үнсіз ғана кездесті. Монпарнастың сөзі қысқа болды:
— Сен бізге керексің. Жүр, көмектес.
Екеуі Монпарнас шыққан Сент-Антуан көшесіне бет алды; шапшаң адымдай отырып олар осы мезгілде әдетте базарға асығатын көкөнісшілердің ұзыннан ұзақ керуенінің арасымен тартты.
Нөсер жауыннан қорғанып қалың қапталдарымен басы-көзін бүркеп алған, арбаларында көкөністің ортасында қалғып отырған шала ұйқы көкөнісшілер бұларды тіпті байқаған да жоқ.
Үшінші тарау
ҚАШУДЫҢ ҚИЫН-ҚЫСТАУЫ
Сол түні Форс түрмесінде мынандай оқиға болды.
Бабет, Брюжон, Тірідейжұтқыш және түрмеге соңғы боп түсіп жалғыз отырған Тенардье қашу жайын ақылдасты. Монпарнастың Гаврошқа хабарлауына қарағанда, Бабет "істі" күндіз ойластырған көрінеді. Монпарнас болса сыртта жүріп соның бәріне қолұшын беріп көмектесуге тиіс.
Бір ай түзету камерасында болған Брюжон әуелі арқан есіп, сосын жоспар құрды тыныс кезінде. Бұрынғы кезде түрме тәртібі сотталғандардың өзін өзімен қалдыратын бұл қатал қамау орны "карцер" аталып, төрт тас қабырғадан, таспен жабылған төбеден, торлы терезеден, темірмен қапталған есіктен тұратын; алайда карцер тым жексұрын мекеме деп танылды, сондықтан оның жабдығы мен жағдайын сол қалпында қалдырып, "түзету камерасы" атайтын болды. Оған әлсіз жарық тек түсте ғана түседі. Жоғарыда баяндалғаннан айқын болып отырғандай бұл камералардың қолайсыздығының сәні карцерлігінде емес, мәжбүрлеп жұмыс істетіп қоятын адамдардың ойланып-толғануына мүмкіндік беруінде.
Сонымен, Брюжон әбден ойланды да, түзету камерасынан шығарда арқанды ала кетті. Оны Шарлемань сарайы үшін аса қауіпті санайтын, сондықтан Жаңа ғимаратқа отырғызған-ды. Жаңа ғимараттан оның алғаны бірінші — Тірідейжұтқыш болды, екіншісі — шеге. Тірідейжұтқыш қылмысты білдірсе, шегесі бостандықты білдіретін.
Толық мағлұмат беретін уақыт болған шығар, енді Брюжонның өзіне келейік: күйкі тірлігіне, есеппен қасақана сылбыр қозғалатынына қарамастан ақылсыз жас емес, сыпайы да сұңғыла, оның үстіне жүзі жылы, жымиысы жымысқы, тәжірибелі ұры. Оның көзқарасы — ерік күшінен, ал күлкісі болмысынан жаралған. Өз өнеріндегі алғашқы тәжірибесін ол шатырларда жасады, "өгіз көбігі" деп аталатын тәсілмен суағарлар мен шатыр қаңылтырларын тонап, "қорғасыншылардың" шеберлігін алға жылжытты.
Белгіленген күн қашып шығуға айрықша қолайлы болды, өйткені шатыр жабушылар сол күні түрме шатырының бір бөлігін қайта жауып, жаңартып жатқан-ды. Сен-Бернар ауласы енді Шарлемань мен Сен-Луи аулаларынан бұрынғыдай мүлдем бөлек болмайтын. Жоғарыдан құрылыс сатылары мен басқыштар пайда болды, басқаша айтқанда азаттық жолындағы көпірлер мен сатылар тартылды.
Сырты жарылып сиқы кеткен, жарық дүниедегі ең тозған үй Жаңа ғимарат түрменің әлсіз жері болатын. Дымқылдықтан қабырғаларды түз жеп, тастары босап жатты, оны ұстастыру үшін іш жағынан тақтаймен көмкеріп, тастардың үгіліп төсекке түсуін тоқтатқан болды. Жаңа ғимараттың осылай қаусап тұрғанына қарамастан, әкімшілік әнтектік жасап, оған ең мазасыз тұтқындарды, былайша айтқанда, "ерекше қауіпті қылмыскерлерді" қамайды.
Жаңа ғимарат бірінің үстіне бірі орналасқан төрт жалпы камерадан және шарбақ шатырдағы "Еркін ауа" атанатын жалғыз кісілік орыннан тұратын. Шамасы де ла Форс герцогтың бұрынғы бір ас үйінікі болуы керек, ауқымды пеш тұрбасы төрт қабатты түгел көктей кетіп, камераларды екі бөліп тастайды, кейде ол шатырды тесіп өтіп, сопайып тұратын ашаға да ұқсайды.
Тірідейжұтқыш пен Брюжон бір камерада тұрды. Сақтық сақтап оларды төменгі қабатқа қамады. Олардың төсегінің басы кездейсоқ пеш тұрбасына тірелетін.
Тенардье тура солардың үстінде "Еркін ауа" аталатын шатырда жатты.
Өткен-кеткен өрт сөндірушілер казармасынан асып, Қасиетті Екатерина көшесіне аялдаса, монша қақпасының алдынан қараса, гүл отырғызылып, жәшіктерде шоқ-шоқ болып жайнап тұрған ауланы көреді, оның түкпірінде екі қанатын жайып жіберген күмбезді дөңгелек үй бар, Жан Жактың арман-мұңы аталатын оның терезе қақпалары жасылмен сырланып жалтырап тұр. Осыдан он жыл шамасы бұрын дөңгелек үйдің төбесінен төніп, орасан зор, үрейлі, жалаңаш қабырға көтерілді, үй соған жанасып кетті. Қабырғаның ар жағынан Форс түрмесі күзетшілерінің соқпағы тартылды.
Дөңгелек үйдің сыртындағы бұл қабырға Беркеннің ар жағынан көрініп тұратын Ильтонды еске түсіруші еді.
Бұл қабырға қанша биік болғанымен де оның үстінен екінші жағына қарай биік шатыр тартылды. Ол Жаңа ғимараттың шатыры болатын. Одан төрт шарбақ терезесі көрініп тұратын, бұл торлы терезелер "Еркін ауанікі" еді. Шатырды аумақты тұрба тесіп өтеді, бұл жалпы камераларды көктей өтетін ортақ тұрба.
Жаңа ғимараттың шарбақ шатыры "Еркін жел" жеке-жеке мансардтарға бөлінген аса үлкен сарай сияқты болатын, терезелері үш қабат темір тордың ішінде, есіктері қалың қаңылтырмен қапталған, беті дәу шегелердің қалпақшаларынан көрінбейді. Егер оған терістік жағынан кірер болсаң, шатырдағы төрт терезе сол жағыңда қалғандай болады да, оң жағыңда үлкен-үлкен төрткүл төрт камера тұрады. Бөлек-бөлек бұл камералар жіңішке өтер жолдармен бір-бірінен бөліп тасталған, терезе жақтауларына дейінгі жер кірпіштен өріліп, жоғарғы жағына білек темірлер төселген.
3-ші ақпанның түнінен бастап Тенардье осы камералардың бірінде отыр. Оның Деро ойлап тауып "ұйықтатушылар" тобы даңқын жайған ұйықтатқыш у араластырылған бір шөлмек шарапты қандай жолмен тауып, кімдердің қатысуымен жасырып жүргені сол бетімен анықталмай қалды.
Көптеген түрмелерде сатқын қызметкерлер бар, олар не түрмедегілердің, не қашуға көмектесетін ұрылардың, не өтірік-шынның бәрін пайдаланып қарынын қампитуды ойлайтын полиция қызметкерлерінің ішінен де шығуы ықтимал.
Сөйтіп Гаврош адасқан екі баланы тауып алған түні қашып кеткен Бабет Монпарнаспен бірге өздерін көшеде күтетінін біліп, Брюжон мен Тірідейжұтқыш Брюжон тауып алған шегемен кереуеттері тақалып тұрған пеш тұрбасын бұрғылай бастады. Үгінділер Брюжонның төсегіне түсті, сондықтан тасыр-тұсыр естілген жоқ. Оянып кеткен тұтқындар Тірідейжұтқыш пен Брюжонның бастаған ісімен шұғылдануына мүмкіндік беру үшін қасақана көзін жұмып, ұйықтаған болып жата берді. Брюжон епті іс, Тірідейжұтқыш күшті болатын. Терезесі камераға қараған тортемірмен құрсауланған үйшігінде ұйықтап жатқан бақылаушының құлағына дыбыс жетпес бұрын тұрба тесіліп, мұржа көрінді. Мұржаның жоғарғы саңылауына құрылған тортемір сындырылды, сөйтіп екі қатерлі бандит шатырдан бір-ақ шықты. Жаңбыр мен жел үдей түсті, шатыр тайғақ еді.
— Ұшуға осы қаратүнек жақсы, — деді Брюжон.
Оларды қабырға түбіндегі күзетшілер соқпағынан екі алты фут, тереңдігі сексен футтай терең жар ғана бөліп тұрды. Олар терең жардың түбінде жалтыраған күзетшінің мылтығын көрді. Брюжон жалғыз отырып ескен арқанның ұшын тортемірден сындырып, аяғын сыммен бекітіп, екінші ұшын шолғыншылар қабырғасынан асыра лақтырып, батыл қарғып терең жардан асып түсіп, қабырғаның қырына жармасып, одан бірінің соңынан бірі арқанмен сырғып, моншаға жанасып тұрған шағын шатырға шықты, одан арқанды тартып моншаның ауласына түсті, одан жүгіріп қақпашы будкасының желкөзін итеріп қап, оның түбінде тұрған жіпті тартып қап, қақпаны ашты да, көшеден бір-ақ көрінді.
Қараңғыда олардың қолына шеге ұстап, ойына жоспарын алып іске кіріскеніне бір сағат та болмай жатып жерге түскен олар әудем болмай жуық маңда қыдырыстап жүрген Бабет пен Монпарнасқа қосылды.
Арқанды өздеріне тартып қол жеткен жерден келіп тастады, ал тұрбаға бекітілген жағы шатырда қалып қойды. Алақандарының терісі сыдырылғаны болмаса, олар ешқандай жамандық көрген жоқ.
Қандай жолмен хабарландырылғаны белгісіз, әйтеуір сол түні Тенардье де ескертілді, сондықтан ол ұйықтаған жоқ.
Түн ортасында сағат бірде көз түрткісіз болғанына қарамастан ол шатырдан сырғып түсіп бара жатқан екеудің көлеңкесін көріп қалды. Жауып тұрған жаңбырға, соғып тұрған дауылға қарамай тәуекелге бел буған екеудің бірі бұның камерасының алдындағы шатыр терезесіне сәл аялдағандай болды. Ол Брюжон еді. Тенардье оны таныды да, бәрін түсінді. Оған бұдан артығының керегі де жоқ.
Аса қауіпті тонаушылардың бас тізіміне іліккен әрі қарулы шабуылмен түнгі торуды ұйымдастырғаны үшін айыпталып, қамауға алынған Тенардьені қырағы күзететін. Оның камерасы алдында екі сағатта бір ауысып оқтаулы мылтықпен ілгерілі-кейінді адымдап қарауыл жүреді. Қабырға шырағданына салынған балауыз шам "Еркін ауаға" жарық түсіріп тұрады. Тұтқынның аяғында салмағы елу қадақ ауыр кісен бар. Күн сайын түскі сағат төртте екі дог итпен камераға күзетші кіріп, төсектің алдына екі қадақ қара нан, бір күрішке су мен ішінде бірер ғана бұршақ жүзіп жүретін бір тегеш көже қойып, кісенді қарап, қолымен тортемірді қозғап көреді. Сол кездің бұл бұлжымас тәртібі. Догтарымен күзетші түнде де екі рет кіріп шығады.
Тенардье өзінде тағаның шегесі тәрізді бір темірді қалдыруға рұқсат алған-ды, сонымен қабырғадағы саңылаулардың біріне "егеуқұйрықтар кіріп өзін жеп кетпес үшін" деп нанның қоқымын тыға беретін. Тенардье үздіксіз бақылауда болғандықтан ол кішкентай темірді ешкім де қауіпті деп санаған жоқ. Алайда кейін сол есіне түсіп, күзетшілердің бірі "одан да оған бір ағаш бірдеңе қалдырған дұрыс болатын еді" депті.
Түнгі сағат екіде күзетші қарт солдат пен бір жас қарауыл келді. Біраздан соң ол күзетші иттерін ертіп кіріп шықты, оның аузынан әлі ана сүтінің дәмі кетпеген балаң жас екенінен, аңғырт аңқау екенінен өзге ештеңе байқалмады. Екі сағат өткен соң, оны ауыстыруға келсе, Тенардье камерасының алдында діңгектей серейіп еденде түк білмей ұйықтап жатыр. Тенардье болса, шу қарақұйрық орнында жоқ. Быт-шыт болған кісен тас еденде жатыр. Қапастың төбесіне қараса тесік тұр, оның үстінде шатырда тағы біp тесік тұр. Кереуеттің бір тақтайы жұлып алыныпты, оның ешқайдан табылмағанына қарағанда өзімен бірге ала кетсе керек. Камерадан тағы да бас айналдырып, ұйықтатып тастайтын сұйық құйылған жартылай ішілген шөлмек табылды, тегі солдаттың түбіне сол жетсе керек. Солдаттың сүңгісі де жоқ боп шықты.
Тенардьенің бұл қылығы алғаш ашылған сәтте оны қол да, аяқ та жетпейтін бір жаққа зытты деп ойлады. Шын мәнінде ол Жаңа ғимараттың қабырғасында болмағанмен онша қауіпсіз жерде жүрген жоқ-ты.
Жаңа ғимараттың шатырына жеткенде Тенардье Брюжон арқанының үзігін көрді, ол пеш тұрбасының аузына ұсталған тортемірге берік қып байланған екен, бірақ үзігі Брюжон мен Тірідейжұтқышқа ұқсап шолғыншылар соқпағынан әрі асып секіру үшін тым қысқа болды.
Егер Балет көшесінен Сицилия королі көшесіне бұрылсаңыз, табанда оң жақтан мибатпақ алаңқай көрер едіңіз. Өткен ғасырда ол арада үй тұрған, қазір оның құлаған артқы қабырғасы тұр, соның өзі көршідегі үш үймен деңгейлес. Бұл қабырға осы күнге дейін сақталған екі үлкен терезесімен көзге түседі, оң жақ бұрышқа тақау оның құрт тескен жақтаулары майысқан қалқанға ұқсап иіліп тұрады. Бағзы замандарда осы терезелер арқылы Форс түрмесінің шолғын соқпағы бойлай тартылған қоршаудың бір бөлегі боп табылатын түксие түнерген қабырға көрінетін.
Құлаған үйдің орнында көшенің ортасында қалыптасқан алаңқайдың бір тұсында бес тас діңгекке тіреп ескі шірік тақтайлардан жасалған албар кесекөлденең тұр. Оның сыртында құлаған қабырғаға жапсыра салынған тасада тұрған бір лашық және бар. Албарда бірнеше жыл бұрын сырлы темірмен жабылатын есік те болған.
Тенардье сағат үштердің шамасында сол қабырғаның ұшар басынан бір-ақ шықты.
Ол бұған қалай жетті? Оны ешкім баяндап та, түсіндіріп те бере алмайды. Жарқылдаған жасын кедергі болуы да, көмектесуі де мүмкін ғой. Бір шатырдан бір шатырға, бір қоршаудан бір қоршауға, бір учаскеден екіншісіне түсу үшін, Шарлемань ауласындағы, сосын Сен-Луи ауласындағы құрылыстарға, сосын шолғын соқпақтарға, одан әрі Сицилия королі көшесіндегі құлаған қабырғаға жету үшін ол шатыр жабушылардың сатылары мен басқыштарын пайдаланғаны, пайдаланбағандығы және белгісіз. Бірақ бұл жолда өту мүмкін емес болып көрінетін бөгеттер аз болмайтын. Кереуеттен жұлып ап шыққан тақтайын ол "Еркін ауаның" шатырынан шолғын соқпағына сырғанап түсу үшін пайдалана алды ма екен? Алайда қабырғаның қыры бір тегіс емес, ойқыл-шойқыл еді ғой. Бірде көтеріліп, бірде төмендей отырып ол өрт сөндірушілер казармасының түбінде аласарып, моншаның маңында қайта биіктейтін, оны әр-әр жерде құрылыстар кесіп тастап, Ламуаньонның дербесжайындай биіктігі әркелкі болатын, күллі тас төселген көшесіндегідей құрылыстардың бірі оған не тікбұрыш жасап, не дөңгелек келіп тірелетін. Оның үстіне қарауылдар қашқынның күңгірт сұлбасын көруі керек еді. Не керек, Тенардьенің жүріп өткен жолы жұмбақ болып қалды. Қандай тәсіл қолданса да қашып шығу мүмкін емес көрінеді. Дегенмен бостандыққа деген құштарлық терең құзды шұңқыр, тортемірді тал шарбақ, мүгедекті батыр, құяңды құс етіп, топастықты түйсікке, түйсікті ақылға, ақылды даналыққа айналдырып жібереді емес пе. Бәлкім Тенардье үшінші бір тәсіл ойлап тауып, соны қолданған шығар. Сонымен оны да ешкім біле алмай қойды.
Қашып шығу қандай ғаламатпен жүзеге асатынын ұдайы түсіне бермейсің. Қайталап айтқанда қашу арқылы бас сауғалаған адамды бір күш түу жоғарыдан қолдайды: белгісіз жұлдыздар мен жалт еткен жарқыл қашқынға жол көрсетеді; бостандыққа деген құлшыныс аспанға самғаған қанаттардан кем емес; қашып кеткен ұры туралы "Мынау шатырға қалай шығып, қалай түсіп, қалай құтылып кетіп жүр?" десіп жатады, кәдімгі Корнель туралы "Мейлі, ол өле берсін!" деген жолды қайдан тауып алып жүр" дейтін сияқты.
Қалай болса солай болсын, Тенардье әйтеуір қара терге түсіп, жауынның астында малшынып, киімін дал-дал ғып, қолын жырып ап, шынтағын қанатып, тізесін жаралап, құлаған қабырғаның балалар өз тілінде "пышақ" атайтын тұсына да жетіп, әл-дәрмені әбден таусылып, серейіп құлай кетті. Биіктігі үш қабат үйдей құлама жар оны жол жиегінен бөліп тұрды.
Өзімен алып келген арқаны тым қысқа еді.
Әзір түнді тасаланып әбден титықтап, құп-қу болған, бар үміттен айырылған ол сілейіп әлі жатыр, бірақ ойша таңсәрінің жақындап келе жатқанын топшылап, ұзамай Сен-Поль мұнарасы қоңырауының сағат төртті соғатынынан үрейленеді — қарауылдар ауысып, тесілген шатырдың астынан ұйықтап жатқан әріптестерін тауып алады-ау. Ол демін ішіне тартып, қолшамның жарығымен үңірейген терең жар сияқты төменге көз тастады да төсеулі дымқыл көшені көрді, әрі аңсататын, әрі қорқытатын төсеулі көше оған не еркіндік, не өлім болатын.
Ол өзінен үш серігі қашып шыға алды ма екен, бұл жайында естіді ме екен олар, көмекке келер ме екен деп сұрады. Жан-жағына құлақ түрді. Ол осында болғалы бері көшемен жалғыз қарауылдан басқа ешкім өткен жоқ. Монтрейль, Шарон, Венсен және Берсидің күллі көкөнісшілері базарға Сент-Антуан көшесімен барады ғой.
Сағат төртті соқты. Тенардье дір ете қалды. Аздан соң түрмеде бейберекет дүрбелең шу басталады, тұтқын қашса, қашанда солай болатын әдеті. Қашқынның құлағына ашылып-жабылып жатқан есіктердің сартылы, тортемірлердің шиқылы, әбігерге түскендердің шуылы, түрме сақшысының қырылдаған айқайы, ауланың тас қабырғасына соғылған мылтық дүмінің шыңылы келді. Камералардың тортемірленген терезелерінен бір қабаттан бір қабатқа ауысып, көтеріліп, түсіп жүрген жарықты көзі шалды. Жаңа ғимараттың шардағында ерсілі-қарсылы алау жарқылдайды, көрші казармалардан өрт сөндірушілер шақырылды. Олардың алауға шағылысқан каскалары жалтылдайды. Ақыры Тенардье Бастилия жағынан аспанның етегін түрген бозғылт жарықты көрді.
Ол ені он дюйм қабырғада нөсер жаңбырдың астында көсіліп жатыр, екі жағы: оңы да, солы да құлама жар, құлап кетсе біткені, соны ойлап басы айналды, алдағы сөзсіз тұтқындалудан үрейленген оның ойы қоңыраудың тіліндей ерсілі-қарсылы тербетіліп: "Егер құлап кетсем — өлемін, егер осында жата берсем — каторгаға кетемін", дегенді іштей қайталай берді.
Осы бір азапты үрейдің уысында жатқан ол әлі онша қараңғы болмаса да, бір адамның қараңдаған сұлбасын көрді, қабырғаны бойлай отырып Мощен көшесінде аялдап, жоғарыда Тенардье жатқан алаңға кеп тоқтады. Оған осындай сақтықпен абайлай басып тағы бір адам, сосын үшіншісі қосылды, соңынан төртіншісі де келді. Бұл кісілер жиналып болған соң албардағы есіктің серіппесін көтерді де, төртеуі түгел лашық үй тұрған аулаға кірді. Олар тура Тенардье жатқан жердің астынан шықты. Сөз жоқ, бұл кісілер өткен-кеткеннің және Форс түрмесінің аузын күткен қарауылдарға білдірмей ақылдасу үшін осы алаңқайда әдейі бас қосты. Ал күзетшіні өз будкасында жаңбыр тұтқындап жібермей отырғанын ескерте кеткен және артық болмас. Тенардье бейтаныстардың бет-жүзін ажырата алмай, өлетінін білген бейбақтың кейпімен олардың әңгімесіне құлақ түрді.
Тенардьенің көзінен әлсіз бір үміт жылт ете қалды: әлгі адамдар аргоша, яғни жаргонмен сөйлесіп тұр екен.
Алғашқысы баяу, бірақ айқын сөйледі:
— Сылпылдап әрі тарттық. Бұл арада сендетіліп жүре берудің қажеті не?
Екіншісі оған былай жауап берді:
— Мынау жаңбырың жаратқанның алауын да түкіріп сөндірер. Оның үстіне тіміскілер де түртінектеп келіп қалуы кәдік. Тұрған жерде шашырап қалып жүрмейік.
Осы арада сөзге үшіншісі араласты:
— Қайда асығамыз. Аз-маз күте тұралық. Оған біздің көмегіміз керек жоқ деп кім айта алады?
Французша дұрыс шыққан осы сөздерге қарап Тенардье оның Монпарнас екенін таныды, жақсы тәрбиеленген бұл жігіт арго тілін біле тұра сөйлегенде бір жаргон қоспайды.
Төртіншісі үндемеді, бірақ кең иығы оны ұстап берді: Тенардье оның Тірідейжұтқыш екеніне күмәнданған жоқ.
Брюжон шапшаң тойтарып тастаса да, Монпарнас өз айтқанынан қайтпады, Тенардьені тастап жүре берейік, оны жансыздар ұстап берген шығар, дегенге бақпады.
— Достарды қиындықта тастамас болар, — деп бұрқ етті.
— Мен саған айтып тұрмын ғой, ол сау емес, — деді Брюжон қасарып. — Қазір сылқымның жаны соқыр тиын тұрмайды. Біз ешбір лаж жасай алмаймыз. Бұл арадан табанымызды жалтыратайық. Мен перғауынның жағамнан алғанын сезіп тұрмын.
Монпарнас бұл жолы шамалы қарсыласты: шынында да, мынау төртеу бір-біріне деген бандиттерге тән адалдықпен түні бойы Форс түрмесінің төңірегін кезіп жүр, қаншалықты қауіпті болса да бәзбір құлаған қабырғаның ұшар басында жатқан Тенардьені көрмекші. Сол ниеттеріне қарай түн де сәтті болғалы тұр еді, нөсер жауып, бүкіл көше қаңырап бос қалды. Әйткенмен сүйектен өткен суық, малмандай болған киім, жыртық башмақ, түрмеде көтерілген дабыл, өтіп бара жатқан уақыт, ерсілі-қарсылы жүрген қарауылдар, суи бастаған үміт, қоздаған үрей, — осының бәр-бәрі оларды шегінуге итермелей берді. Кей жағдайда Тенардьеге күйеу болып келетін Монпарнастың өзі де босаңси бастады. Енді бір минөт өткенде олар кетіп те қалар ма еді, қайтер еді. Тенардье қабырғасының қырында жатып апатқа ұшыраған "Медуза" кемесіндей көзге шалынған кеме көкжиекке қайта сүңгіп кете ме деп қорыққан теңізшідей ауыр күрсінді.
Оларды шақыруға батпады, егер оның айқайын қарауыл естіп қалса, бәрі құриды; алайда оған үміттің соңғы сәулесі сияқты бұлдыраған бір ой келді: Жаңа ғимараттың пеш тұрбасынан шешіп алған Брюжон арқанының ұшын қоршаудан асыра лақтырып жіберді.
Арқан олардың аяғының астына түсті.
— Тұзақ! — деді Бабет.
— Менің бауым ғой, — деп растады Брюжон.
— Трактирші осында, — деп түйді Монпарнас.
Олар көздерін жоғары көтерді, Тенардье қабырғаның үстінен басын қылтитты.
— Шапшаң! — деді Монпарнас. — Арқанның екінші ұшы сенде ме, Брюжон?
— Иә, менде.
— Екеуін жалғап байла, арқанды оған лақтырайық, оны қабырғаға бекітіп байласын, секіріп түсуіне сол жетіп жатыр.
Тенардье батылданып дауыс берді:
— Мен өлердей боп тоңдым.
— Жылынасың.
— Қазір қозғала да алмаймын.
— Сен тек төменге сырғып түссең болды, өзіміз-ақ қағып аламыз.
— Қолдарым тас боп қатып қалды.
— Арқанды қабырғаға байласаң болды.
— Байлай алмаймын.
— Біздің біреуіміз оған көтерілуіміз керек, — деді Монпарнас.
— Үшінші қабатқа ма! — деп қитықтады Брюжон.
Бір кезде лашықтан жағылатын пештің қабырға бойлап сыртқа шығатын ескі мұржасы болатын, оның ұшы Тенардье жатқан жерге дейін созылады. Кезінде жарылып, дал-далы шығып құлаған сол тұрбаның ізі әлі көрініп жатыр. Бірақ ол өте тар.
— Осымен өрмелеуге болады, — деді Монпарнас.
— Мына тұрбамен бе? — деп қышқырды Бабет. — Ересек еркек ешқашан бармайды және оған сыймайды. Мұндайда шабақ керек.
— Бала керек, — деп растады Брюжон.
— Баланы қайдан тапсақ екен? — деп сұрады Тірідейжұтқыш.
— Тоқтай тұрыңдар, — деді Монпарнас. — Мен ойлап таптым.
Ол есікті баяу ашып көшеде ешкім жоғына көз жеткізген соң абайлай шығып есігін қайта жапты да, Бастилия жаққа тұра жүгірді.
Жеті, сегіз минөт өтті, ол Тенардье үшін сегіз мың ғасырға тең болды; Бабет, Брюжон мен Тірідейжұтқыш тіс жарып бір сөз айтқан жоқ; ақыры есік қайта ашылып, одан алқынған Монпарнас пен ол ертіп келген Гаврош көрінді. Жаңбырдың арқасында көше бұрынғысынша бос екен.
Гаврош тып-тыныш кіріп мынау қарақшылардың бет әлпетін шолып өтті. Өз шашынан су тамшылап тұр еді.
— Балақай! Сен өзі еркексің бе, әлде еркек емессің бе? — деді оған қарап Тірідейжұтқыш. Гаврош иығын қиқаң еткізді.
— Мен сияқты балақан еркек болады, ал сіз сияқты еркек бақа-шаян ғана, — деп жауап берді ол.
— Мынау шабағыңның өзінен сөзі үлкен ғой, — деп айғайлап жіберді Бабет.
— Судан шыққан тышқан емес, табиғат төлі ғой, — деп қостады Брюжон.
— Ал, сіздерге керегі не өзі? — деп сұрады Гаврош.
— Мынау тұрбамен өрмелеуің керек, — деп жауап қатты Монпарнас.
— Мынау тұзақпен, — деп ескертті Бабет.
— Жіпті бұрап байлайсың, — деп қосарланды Брюжон.
— Қабырғаның үстіне, — деп сөз қосты Бабет.
— Әйнек тұрған атағашқа, — деп нақтысын айтты Брюжон.
— Ал одан әрі? — деп сұрады Гаврош.
— Бары осы, сосын болды, — деп түйді Тірідейжұтқыш.
Балақай арқанды, тұрбаны, қабырға мен терезені шолып
шығып, ернімен "сол ғана ма?" дегенді білдіретін айтып болмас жеккөрінішті бір үн шығарды сыздықтатып.
— Анау жоғарыда кісі жатыр, соны құтқару керек, — деді Монпарнас.
— Келісесің бе? — деп сұрады Брюжон.
— Ақымақ! — деп жауап берді бала оның сұрағы өзін қорлап, намысына тигендей, сосын башмағын шешті.
Тірідейжұтқыш Гаврошты көтеріп ап шіріген тақтайлары ауырлықты көтере алмай қайысып жатқан лашықтың шатырына шығарды да, қолына Монпарнас жоқта Брюжон күрмеп берік етіп жалғаған арқанды ұстатты. Бала тұрбаға бет алды, шатырдың тұсындағы далиған жарығының арқасында оған кіру оңай болды. Ол тұрбаға кіргелі жатқан сәтте құтқару мен тірлік құрудың жақындап келе жатқанын сезген Тенардье қабырғадан еңкейіп төмен қарады; таңның әлсіз сәулесі оның тершіген маңдайына жарық түсірді, оның көгеріп кеткен бетіне, қобырап өскен ақ сақалының арасынан состиып тұрған жыртқыштыкіндей үшкір мұрнына қарап Гаврош оны таныды.
— Қарай гөр, — деді ол, — бұл менің әкетайым ғой! Ал жарайды, әкетайым болса болсын!
Арқанды аузына тістеп алып ол батыл өрлеп көтеріле бастады. Қираған көне қабырғаның басына шығып, оған аттай мініп алып, арқанды көлденең терезенің жақтауына берік қып байлады.
Қас қаққанша болмай Тенардье көшеден бір-ақ шықты.
Төсеулі көшеге табаны тиіп, өзін қауіпсіз сезінгенде шаршағаны да, тоңғаны да, қорыққаны да ізім-қайым жоқ болды; сұмдық үрей туғызғанның бәрі түтіндей желге ұшты; бостандықтың иісін сезіп оның одағай, тұрпайы ақылы қайта оянып, одан арғы қызметіне кірісуге әзір екенін паш етті.
Бұл кісінің алғашқы сөзінің сиқы мынандай болды:
— Енді кімді жейтін боламыз?
Бұл сөздің мағынасын түсіндіріп жатудың қажеті болмас, ол өлтіру керек, азаптап тонау керек дегенге саяды. Сөздің шынайы мағынасы — жалмап жұту.
— Табанды жалтырату керек, — деді Брюжон. — Екі-ақ сөзбен шешіп, тарайық. Плюме көшесінде жап-жақсы іс тап болды; көше бос, үй оқшау, бағы тот басқан тортемірдің ішінде, үйде жалғыз әйелдер ғана.
— Тамаша! Тонауға неге болмасын? — деп қалды Тенардье.
— Сенің қызың Эпонина оған кіріп шыққан, — деді Бабет.
— Одан әкелгені Маньонның кепкен наны, — деп сөз қосты Тірідейжұтқыш. — Онда істейтін ештеңе жоқ.
— Қызым ақымақ емес, — деп ескертті Тенардье. — Әйткенмен байқап көру қажет.
— Иә, иә, қарап көру керек, — деді Брюжон.
Бұл әңгіменің кезінде ауланы тіреп тұрған бір бөренеде отырған Гаврошқа тірі пенде назар аударған жоқ. Әкесі есіне алатын шығар деп ойлады ма екен, ол сол діңгекте күтіп біраз отырды да үміті ақталмаған соң башмағын киіп:
— Ал, бары осы ма? — деді. — Қайтып сіздерге керегім жоқ па, еркек мырзалар. Міне, енді сіздер бұл оқиғаның да шырғалаңынан шықтыңдар. Мен кеттім. Балаларды тұрғызатын уақыт болды.
Осыны айтып ол кетіп қалды.
Бес адам біріккен соң бірі қоршаудан шықты.
Гаврош Балет көшесіне бұрылып көз ұшынан көрінбей кеткенде Бабет Тенардьені оңаша алып шығып:
— Сен әлгі құртшабақты байқадың ба? — деп сұрады.
— Қай шабақ?
— Әлгі қабырғаға өрмелеп, саған арқан апарып берген баланы айтамын.
— Дұрыстап қарағаным жоқ.
— Ендеше, менің де сенімім шамалы, бірақ та маған ол сенің ұлың сияқты көрінді.
— Мәссаған! Сен солай ойлайсың ба? — деп сұрады Тенардье.
ЖЕТІНШІ КІТАП
АРГО
Бірінші тapay
ШЫҒУ ТЕГІ
Pigritia2 — сұмдық сөз.
Ол тұтас әлем туғызды — la pegre деген, оны "ұрлық" деп оқыңдар, la regrenne деген тұтас тозақ жасады, оны "аштық" деп оқыңдар.
Сөйтіп, жалқаулық деген — ана.
Оның ұлы — ұрлық, ал қызы — аштық.
Енді біз қайдамыз? Аргоның, яғни жаргонның ауқымында жүрміз.
Ал арго деген не? Бұл әрі ұлт, әрі сөз; бұл халық және тіл деген екі жүзі бар ұрлық.
Осыдан отыз төрт жыл бұрын осы көңілсіз әрі әйгілі оқиғаны айтушы сондай мақсатпен жазылған бір шығармасына3 арго тілінде сөйлейтін бір ұрыны енгізгенде таңданыс туғызып, қайран қалған жұрт: "Қалайша? Арго дейді! Бұл мүмкін емес! Арго дегені сұмдық қой. Шынтуайттап келгенде бұл кеме қарақшыларының, түрме мен каторганың, қоғамда жиіркенішті де жеккөрінішті не бар, соның бәрінің тілі" деп айғай шығарған.
Бұл тектес қарсылықты біз ешқашан түсінген емеспіз.
Сосын екі ұлы романшы, бірі адам жанының терең білгірі, екіншісі халықтың қажымас досы болған Бальзак пен Эжен Сю 1828 жылы "Өлім жазасына кесілгеннің соңғы күні" кітабының авторы жасағандай, бандиттерді өз тілінде сөйлеуге мәжбүр еткенде айғай қайта естілді. "Жазушылар бұл өрескел сөздермен құлағымызды сарсытып, қорлауға айналды. Арго деген жиіркенішті! Арго кісіні қалтыратып жібереді!" деп қайталады.
Мұны жоққа шығарып отырған кім өзі? Әрине, солайы солай да.
Жара, терең жар немесе қоғамды зерттеу жөнінде сөз болғанда, мәселеге терең бойлап, түбіне жеткізу қашан ұят шаруа саналушы еді? Біз бұны қашанда ерлік көрсету деп санағанбыз, былайша айтқанда, іш тартып, назар аударарлық пайдалы да лайықты іс, өз мойныңа алған қарымыңның орындалуы деп білетінбіз. Ендеше неге барлығын барламай, барлығын зерттемей орта жолда тоқтауымыз керек? Тоқтап қалу тежегіштің ісі, ол кімнің қолында екенінің бұл арада еш қатысы жоқ.
Әрине, қоғамның қатты қыртысы аяқталып, саз-батпағы басталатын ең төменгі қабатын іздестіруге аттанып, саздауытты қатпарларын қопарып, жиіркенішті саптауды шап беріп ұстап, зәрі тосып отырған үстіңгі жаққа ылай-ласынан аршымай, іріңі бұрқ ете түскелі тұрған сөздік ретінде лақтырса, оның әрбір сөзі кеселді. Балдыр мен түнектің тұрғыны — сауытты құбыжықтың бір буыны болып көрінері хақ, мұның бәрі, былайынша, оңай да міндет емес. Ойдың жарық сәулесінде аргоның әбес жалаңаштанып құжынап кетуінен жаман ештеңе жоқ. Шынында да, қарсы алдыңнан түн қараңғылығының жексұрын мақұлығының қатпаршағын ойда жоқта қаптап шыға келген бір пәле деп ойлап қаласың. Жалбыраған жанды қопа тәрізді теңселе сыңсып, шайқала сусып зәреңді ұшырып, түнегіне қайта тығып жіберуді талап ететін тәрізді бір көрініс көз алдыңнан кетпейді. Міне, мына бір сөз — тырнаққа, ал екіншісі қанталап тұрып сөнген көзге ұқсайды, ал мына бір тіркес бүрге балықтың сақылдап тұрған тісі іспетті. Осының бәрі іріп-шіру кезіндегі дүниеге келетіндердің бәріне тән жүрек айнытар өміршеңдікке ие.
Әлқисса, қашаннан үрей зерттеуді жоққа шығара бастап еді? Қашаннан бері ауру дәрігерді қуа бастап еді? Сұр жылан мен жарқанатты, бүйі мен шаянды, басқа да улы жәндіктерді: "Қандай жиіркенішті!" деп қараңғыға қайта лақтырып тастаған жаратылыстанушыны көз алдыңа келтіруге бола ма? Онда ол бәзбір тілдік құбылыспен шұғылдануға бел бумайтын диалогқа, қоғамдық өмірдің бәзбір құбылысына ой жүгіртуге батпайтын философқа ұқсар еді. Өйткені арго — әдеби құбылыс, сонымен бірге белгілі бір қоғамдық құрылыстың салдары. Төл мағынасында арго дегеніміз не? Арго — қайыршылықтың тілі.
Осы арада сөзімізді бөлуі мүмкін; келтірілген дерекке кеңірек түсініктеме беруі мүмкін, кейде ол оның маңыздылығын кемітетін іс құрал болуы ықтимал; бізге барлық кәсіп, барлық мамандық, ол аз десеңіз қоғамдық иерархияның күллі сатысы, ой-пікірдің күллі түрінің өз аргосы бар деуі ықтимал. Мәселен сатушы: "Қолда бар Монпельье осы", "сапасы жақсы желкен", дейді; Биржа маклері: "Көтерілуге қызмет етемін", "сақтандыру сыйлығы", "ағымдағы есеп" дейді, ойыншы: "Барлығынан жүремін, қарға басылды" дейді; Норманд аралдарындағы қади: "Жалға алушы, учаскеге тыйым салынды, бас тартушының қозғалмайтын мүлікке деген мұрагерлік құқығын мәлімдеуі кезінде ол учаскеден өнім талап ете алмайды" дейді; жазушысымақ — "пъесамды ысқыртып , жіберді", актер — "құладым", философ — "құбылыстың үшкілдігі", саятшы — "қызыл құс — асхана мәзірі", френолог: "досжарлық, құпия құмар, соғысқұмарлық" деп сөйлейді, жаяу әскер мылтығын "кларнет", атты әскер сәйгүлігін — "күрке-тауық" атайды, семсерлесудің жаттықтырушысы — "терция, кварта, тaп беру", баспаханалы — "шпон қойып теру" деген мәтіндер қолданады. Баспаханашы, жаттықтырушы, атты әскер, жаяу әскер, френолог, саятшы, философ, актер, жазушы, қади, ойыншы, биржа маклері, сатушы — бәр-бәрі өз аргосында сөйлейді. Суретші: "Менің шимайым", нотариус "менің ұшқалағым", шаштараз: "менің қолғанатым", етікші: "менің көмекшім" деп өз аргосында айтады. Шын мәнінде оң және сол жақ дегендерді белгілеу де аргоға жатады: матрос — штирборт және бакборт, театр суретшісі — аула мен бақ, уағызшы — апостолдық және Інжілді, деп ажыратады. Сәнқойлар мен қылымситындардың да өз аргосы бар. Рамбулье дербес жайы кей жерінде Ғажайыптар ауласымен шектеседі. Герцог әйелдерінің де аргосы бар, оның мысалы бір зайырлы бикештің әрі Жаңарту дәуірі аруының махаббат жазбасындағы мына сөз тіркесі: "Осы бір өсек-аяңдардың бәрінен сіз менің құтылуыма болатын көптеген негіздер табасыз" деп жазады.
Дипломатиялық шифрлар да аргоға құрылған: папа кеңсесі "Римнің" орнына "26" санын қолданады; жөнелтудің орнына grkztntgzyal дегенді және герцог Моденскийдің орнына abfxustgrnogrzutu ХІ-ді жазады. Сәбіз, шалғам және шалқанның орнына ороропасһ, perfroschinum, reptitalmus, dracatholicum angelorum, postmegorum дейтін орта ғасыр дәрігерлері де арго тілінде сөйлеген. Қант зауытын ұстайтын қадірмен кәсіпкер де: "құмшекер, бір бас қант, рафинад, науат, клерленген, кесек, шақпақ" деп бәрін де аргомен айтады. Жиырма жыл бұрын "Шекспир шығармаларының тең жартысы сөз ойнату мен бұра сөйлеуден тұрады" деп дәлелдейтін сындағы белгілі бағыт аргоны айтып отыр. Де Монморанси мырзаға "буржуа" деп дұрыс анықтама берген ақын мен суретші егер ол өлең мен мүсін өнерінен ештеңе түсінбесе өз ойларын аргомен бейнелеген болар еді. Гүлдерді — Флора, жемістерді — Помона, теңізді — Нептун, махаббатты — қандағы от, атты — сәйгүлік, ақ немесе үштүсті кокарданы Беллона раушаны, үшкүлді — Марс үшбұрышы атайтын академик-классик те аргоше айтқан.
Алгебра, медицина, ботаниканың да өз аргосы бар. Кемелерде қолданылатын тіл, теңізшілердің таңқаларлық тамаша тілі көркемдігімен қоса кемел жетілген тіл, Жан Бар, Дюкен, Сюфрен мен Дюпере сөйлеген тіл, құрал-саймандардағы желдің ысқырығы, рупордың өкірігі, балталардың дүрсілі, зеңбіректердің гүрсілі, дауыл мен құйын, шайқатылу астасып кететін тіл — нағыз арго осы; жарқылдаған батырлықтың бұл аргосы қайыршылықтың үркек аргосының қасында қорқау қасқырдың алдында тұрған арыстан іспетті.
Бәрі дәл осылай. Әйткенмен, қалай айтса да, "арго" сөзінің түсінігі оның түсіндірілуі арқылы кеңи түседі, бірақ онымен жұрттың бәрі бірдей келісе бермейді. Біз бұл сөздің бұрынғы нақты шектеулі, анық мағынасын сақтай отырып бір аргоны екіншісінен бөліп қараймыз. Нағыз арго, ең таза арго деген қадым заманнан келе жатқан, тұтас патшалық болып көрінетін екі сөз үйлесетін болса, онда, қайталап айтайық, басқа сұмпайы, үркек, бүркеулі, опасыз, ұлы, қатыгез, екіұрық, жексұрын арго да бар, ол — тамырын терең жайған қайыршылықтың қатерлі тілі. Күллі қорлық пен зорлықтың, бақытсыздықтың соңғы шегінде барып тұрған бұлтартпас қайыршылық жатыр, бас көтеріп ол рақат тұрмыс кешушілер мен билік етуші құқықтардың жиынтық қордасына қарсы күреске шыққысы келеді, ал күрес қатерлі, онда бірде қулық, бірде зорлық жасап, ашынған әлсіз жұрт қоғамдық тәртіпке тарпа бас салып, пасықтықтың шеңгелін батырады немесе қылмыстың шоқпарын сілтейді. Осынау күрестің қажеті үшін қайыршылық жорық тілі — аргоны ойлап тапқан.
Пешенесіне жойылу жазылған бағзы тілдің тым құрығанда бір үзігінің тұңғиық тереңінен қалқып шығып, ұмытылмай тұрып қалуы, яғни өркениетті қиюластыратын немесе қиындататын жақсы я жаман тетіктердің бірінің сақталуы — қоғамды қадағалауға қажет мағлұматтарды ұлғайту деген сөз, өркениеттің өзіне қызмет ету дегеніміз де осы. Біліп-білмей, ойланып-ойланбай Плавт екі карфаген жауынгерін финикия тілінде сөйлеуге мәжбүр етіп, өркениетке қызмет көрсетті; қаншама кейіпкерлерін левант тілінде және жергілікті диалектінің барша түрінде сөйлеуге мәжбүрлеп Мольер де осы мақсатқа қызмет етті. Осы арада қарсылық қайта жанданып: "А, финикиялықша сөйлеу, ғажап!" Левантинше ме қош келіпсің! Тіпті жергілікті сөз саптауларға да жол ашық. Бұл ұлттың, болмаса уәлаяттың тілі, ал аргоң? Аргоға қандай ғана қажеттілік бap? Жаратқанның жарық дүниесіне аргоны не үшін сүйреп шығарамыз?" деп сан саққа тартады.
Барлығына біз бір-ақ жауап береміз. Егер ұлт немесе уәлаят сөйлеген тіл ынта қоюға лайық болса, былайынша назар аударып, зерттеуге де жараса, онда бұл қайыршылар мен кедейлер сөйлеген тіл.
Бұл Францияда шамамен төрт ғасырдан астам адамзат қайыршылығының бір түрі ғана емес, жалпы қайыршылық, кез келген қайыршылық сөйлеген тіл.
Сосын біз талап етеміз — қоғамның ұсқынсыз жақтары мен дертін зерттеп, одан айықтыру үшін келеңсіздіктерді ашып көрсету керек, бұл жалтақтауға жіберер жұмыс емес деп. Әдет-ғұрыптар мен идеялардың тарихын зерттеушінің міндеті оқиғаларды зерттеушілерден жеңіл емес. Біреуінің қарауында өркениеттің үстіңгі жағы ол билеуші әулеттердің күресін, тақ мұрагерлерінің тууын, корольдердің некелесуін, жорықтар мен ұрыстарды, заң шығаратын жиналыстарды, ірі қоғам қайраткерлерін, төңкерістерді зерделейді, мұның бәрі күн жарықта, сыртта болатын құбылыстар. Келесі зерттеушіге оның қойнауы, ең тереңі қалады, ол жұмыс істейтін, азап шегіп, бірдеңе күтетін халықты, қаналған әйелдерді, өлгелі жатқан балаларды, адам мен адамның іштен тынар күресін, ешкімнің ойына келмейтін айуандықты, түрлі нанымдарды, әділетсіздікті, жерасты дүмпулерін, көңілдердің құпия түлеуін, бұқараның әрең байқалатын қалшылы, аштардың, жалаңаштардың, үйсіздердің, күйсіздердің, қорланғандар мен зорланғандардың — бір сөзбен айтқанда түнекті кезген бақытсыздардың елесін қадағалау қалады. Онда оған мейірбандық пен ұстамдылыққа толы жүрекпен барып, қансырап жатқандар мен қорғағандар, аштар мен тоқтар, құрбандықтар мен құрбанға шалушылар, момындар мен жауыздар мидай араласып қатар жатқан казематтарға дейін жетуі керек. Жан мен жүрек тарихшыларының міндет-борышы сыртқы оқиғалар тарихшыларынан кем деп кім айта алады? Дантеге Макиавеллиден кем айту керек болып па еді, сірә? Өркениет зынданы соншалық терең де түнек бола тұрып өзінің жерасты бөлігінен аз ұрықтанып па еді? Бауырында байқалмай жатқан үңгірін білмей тұрып тау сілемдерін жақсы білуге бола ма?
Жоғарыда айтылғандардан мынадай ой түюге болады: тарихшылардың осы екі жүйесінің арасында үлкен айырмашылық бар. Ал біздіңше сол айырмашылық жоқ та. Халықтардың көзге ұрып тұратын сыртқы, ашық өмірін жете білгеніңмен, оның жабық өмірінің қойнауларына терең үңіле алмасаң әсте жақсы тарихшы болмайсың; қажет болған жерінде әрқашан сыртқы болмыстың тарихшысы боп кетпесең, ішкі болмыстың тарихшысы болу мүмкін емес. Әдет-ғұрып пен идеялар тарихы оқиғалар тарихын көктей өтеді, өз кезегінде оны тұла бойына түгел сіңіреді. Бір-біріне сәйкес әртүрлі құбылыстардың осынау екі тәртібі өзара бағынышты, кейде бірінен бірі туып та жатады. Көрегендік ұлттың бетін айқындайтын сипаттардың бәрінде тереңінде жатқан жұмбақта нақты сәйкестік бар, сол тереңдігі діріл атаулы жоғарыда өзгеріс туғызады. Шынайы тарих барлығымен сапырылысып араласып кеткен, сондықтан шын тарихшы бәріне де араласуға тиіс.
Адам дегеніміз бір орталықта айналған шеңбер емес, бұл екі түйісер нүктесі бар эллипс. Соның бірі — оқиға да, екіншісі — идея.
Арго артистердің киінер бөлмесі сияқты бірдеңе, бәзбір жайсыз қылық көрсеткісі келіп киімін ауыстырады. Сонда отырып ол өзіне бетперде сөздерді, шоқпыт теңеулерді жапсырады. Оны сосын әрең таниды. Қалайша бұл шынымен француз тілі, адамзаттың ұлы тілі деп таң қалады. Міне, ол сахнаға шыға келіп зұлымдық репертуарындағы барлық қойылымдарға тән қылмысқа қарсы дауыс көтеруге даяр. Ол тұра жүгірмей, шолтаңдай басып, ғажайыптар ауласының балдағына сүйеніп ақсаңдап барады, ал балдағы қас қағымда шоқпарға айналып кетуі де кәдік; ол өзінің елес костюмерлерінің көмегімен әбден боянған, біресе жер бауырлап жорғалайды, біресе қалықтап көтеріледі — екіұдай қимылы қат-қабат. Ол кез келген рөлді ойнай алады: құжатты қолдан жасаушы оны қыли қып қойды, уландырушы жез жалатқан жасылға бояды, өрт қоюшы қара күйеге малды, кісі өлтіруші құрбандығының қанын жақты.
Егер қоғам есігінің адал адамдар табылатын басқа жағынан келсең, есіктің сыртында тұрғандардың әңгімесін тыңдауға болады. Сауалдар мен жауаптарды ажыратуға да мүмкіндік бар.
Мағынасын толық түсінбесең де дауысы адамша шыққанмен, сөзі иттің үргеніне ұқсас жексұрын сөз саптасты ести аласың. Мұныңыз арго. Оның сөздері ұсқынсыз, бейнебір қияли хайуандықпен таңбаланғандай. Сөйлейтін жеті басты аждаһаны тыңдап тұрғандай көрінесің.
Сағыммен тұмшаланған түсініксіз бірдеңе бұл. Ол қараңғылықты жұмбақпен қойылтып сықырлайды да сыбырласады. Терең түнекті бақытсыздық титықтатады, одан да тереңінің түбіне қылмыс жетеді; қорытылған осы екі түнекті арго құрайды. Айнала түнек, қарекеттегі қараңғылық, дауыстағы күңгірттік. Бұл тілдің дерті сұмдық; ол ілгерілі-кейінді жұлқынып, орғып-қарғып, жата қап жорғалап, аузынан сілекейін шұбыртып, жаңбыр мен түннен, аштық пен кеселден, өтірік пен әділетсіздіктен, жалаңаштық пен қылқынудан һәм қыстан тұратын шетсіз-шексіз сұрғылт тұманда, аласталғандарға шаңқиған шаңқай түсті ауыстыратын тұманда дене тітіркендіріп бірдеңе іздеп тіміскіп жатады.
Оларға да бір мейірім танытайық та. Әттеген-ай! Алдымен, өзіміздің кім екенімізді біліп алсақшы. Осы сөзді арнап отырған мен кіммін? Мені тыңдап отырғандар кім? Қайдан шықтық өзі? Туғанымыздан басқа еш кінәміз жоқ екеніне кәміл сенімдіміз бе? Жер түрме төрткүліне ұқсастықтан әсте де аман емес. Адамның тәңірі сотымен екінші рет айыпталған қылмыскер емес екенін кім біледі.
Өмірге жақынырақ үңілейікші. Оның өзі де қай қиырына барсаң да жаза сезіліп тұратындай етіп жаралған ғой.
Міне, сіз бақытты аталатынның өзісіз. Жоқ, сіз де құдайдың құтты күні мұңаясыз. Әрбір күнге тиесілі өзіңнің үлкен қайғың немесе кішкентай қам-қарекетің бар. Кеше сіз өзіңізге қымбат жанның денсаулығы үшін қалтырадыңыз, бүгін өз қара басыңыз үшін қорқып отырсыз, ертең ақша мәселесі алаңдатады, бүрсігүні жалақордың өсегі, оның артынан досыңыздың бақытсыздығы мазаңызды алады, сосын ауа райының нашарлығы, сосын сынған не жоғалған затыңыз, есесін ар азабымен немесе омыртқаңыздың ауыруымен қайтаратын ләззат рақаты, ал кейде тіпті мемлекеттік істердің жай-күйі де мазалайды. Жүректің қайғы-қасіретін былай қойғанда, осының бәрі шетсіз, шексіз жалғаса бермей ме? Бір бұлт сейілгенімен екіншісі түрін ғана өзгертеді ғой. Жүз күннен қуаныш пен нұрға толы бір күн табыла ма, табылмай ма? Ал сіз ғой, саусақпен санарлық бақыттылар қатарына жатасыз! Ал өзге адамдарға келсек, өмірі қараңғы түн, көзсіз қараңғы түн.
Әлі жетілмеген ақыл иелері: бақытты, бақытсыз деген сөздерді пайдаланады. О дүниенің табалдырығы болып табылатын бұ дүниеде, зайыры, бақыттылар жоқ.
Адамдарды ең дұрысы: сәулемен нұрланған, түнекте жүрген деп қана бөлу керек.
Мақсат — қараңғылардың санын азайтып, көзі ашылып ағарғандардың санын көбейту. Міне, сондықтан да "Оқу! Білім!" деп айғай саламыз. Оқып үйрету — от тұтату, әрбір талданған сөз жалтырап тұрады.
Айтқандай, "жарық" деп айту "қуаныш" дегенді әркез білдіре бермейді. Жарыққа малынып отырғандар да қайғырады, артық жарық өртеп жібереді. Жалын — қанаттардың жауы. Ұша жүріп жалындау — даналықтың ең кереметі.
Танып, түсінген сайын, сүйіп, ұғынған сайын көбірек мұңаясың. Күннің өзі көз жасымен туады. Жарықпен нұрланғандардың өзі түнекте жүргендер үшін жылайды.
Екінші тарау
ТҮП-ТАМЫРЛАР
Арго — түнекте жүргендердің тілі.
Бұл жұмбақ сөз саптау, масқара, бүлік сөздер, ой-пікір өзінің тұңғиық тереңінде толқытады да, әлеуметтік философияны ең қасіретті қоғамдарға әкеп тірейді. Жазаның таңбасы да дәл содан айқынырақ көрінеді. Онда әдеттегі тілдің сөздері жендеттің қызған темірінің ұшында бырысып, қиқы-шиқысы шығады. Кейбіреулері әлі түтіндеп жатқандай болады. Енді бір сөз тіркестері шыжғырып таңба басылған ұрының жалаңаш иығындай әсер етеді. Ой мұндай тұтқын сөздермен өрнектелуден бас тартатын тәрізді. Теңеулерінің кейде ұждансыз, ұстамсыз келетіні сондай, олардың масқара діңгегімен таныстығы сезіліп тұрады.
Алайда осының бәріне қарамастан және осының бәрінің себеп-салдарынан соншалық оғаш сөз саптау әдебиет аталатын бейтарап қоймадан өз сөресін алуға хақылы, өйткені онда көк шалған шар сияқты алтын медальға да орын бар. Бәлкім, келісерсіз, келіспессіз, аргоның өз синтаксисі, өз поэзиясы бар. Бұл тіл. Егер кейбір сөздердің сұрықсыздығына қарап, оны Мандрен бүлдірген деп тапсаң, кейбір метополиялардың айшықтылығына қарап, бұл тілде Вийон сөйлегенін сезесің.
Сондай мәнерлі, сондай мәйекті өлең жолы мынау:
Mais on sont les neiges d′ antan?4
Бұл аргомен жазылған. Antan — ante annum. — Ғажайыптар ауласының аргосынан алынған сөз, ол "өткен жыл" дегенді, кең мағынасында алғанда "бәз-бірде" дегенді білдіреді. Отыз жыл бұрын, 1827 жылы каторжандардың орасан мол легін жөнелткен дәуірде Бисетр казематтарының бірінің қабырғасына шегемен тырнап жазылған нақылды оқуға болатын еді, оны кеме тұтқыны — галерлікке кесілген Арго мемлекетінің королі жазыпты: Les dabs d′ antan trimaient siempre pour la pierre du coesre, — деп. Өзге сөзбен айтқанда бұл "Қадым заманның корольдері қашанда ұлықталуға аттанған" деген мағынаны білдіреді. Мына "король" үшін каторганың өзі "ұлықталу" боп көрінген.
Ауыр күйменің желе тартып аттануын білдіретін decarade сөзі Вийонға таңылып жүр, соған ол лайық та. Ұшқын шашырататын бұл сөз Лафонтеннің тамаша өлеңінде шебер әуезділікпен берілген:
Six forts chevaux tiraient un coche5
Таза әдеби тұрғыдан алғанда арго саласындағыдан қызықты да жемісті зерттеу шамалы.
Бұл тілдердің ішіндегі нағыз тіл, сырқаулы бездің бір түрі, тамырын ежелгі галль діңіне жіберіп, дімкәс томарға жабысқан кеселді өсімдік, ол өзінің жапырағын тіл бәйтерегінің бір бұтағына жайған. Алғаш көзің түскенде ол осылай көрінеді, аргодан алатын жалпы әсер де осы деуге болады. Бірақ тілді тілге ұқсатып зерттеушілердің алдында, жерді зерделеген геолог сияқты үңілсе, арго қатпар-қатпар болып жатары хақ. Бұл қабат-қабат қатпарларды қаншалық терең тіліп қарауға байланысты аргода ежелгі француз халық тілінің астынан провансаль, испан, итальян, Жерорта теңізі порттарының тілі — левант, ағылшын, неміс, роман-француз, роман-итальян, роман-роман деген үш түрі бар роман, латын, ақырында баск пен кельт тілдерін табар еді. Бұл терең қойнауда жатқан таңғажайып формация. Барша адасқандар мен аласталғандар білек біріктіріп салған жерасты ғимараты. Қарғыс таңбасы басылған әрбір буын өз қабатын қалыптастырып, әрбір қасірет оған өз тасын лақтырды, әрбір жүрек өз кесегін тастады.
Өмірді белден басып, мәңгілікке сүңгіп ғайып болған ұждансыз, ашынған, қылмысты жандардың тобыры бұған түгел дерлік қатысқаны бәзбір құбыжық сөздің түкпірінен жарқырап көрініп тұрады.
Испаншаңыз керек емес пе? Ертедегі гот аргосында испанизм құжынап жүр. Міне, мысалы boffette — шапалақ, bofeton-нан шыққан; vantane — терезе, ventana-дан, gat — мысық, gato-дан; acite — май, aceyte-ден алынған. Итальяншаңыз керек болса, міне мысал: spade — семсер, spada-дан, caivel — кеме, caravella-дан шыққан. Ағылшыншаңыз керек болса, тағы да мысал: bishot — епископ, bishop-тан, raille — шпион, rascal-дан шыққан, ал rascalion — жексұрын, pilche — футляр, pilcher — қын деген сөз. Немісшеңіз керек болса, мысалы міне: caleur — қызметші, Kellner-ден, hers — қожайын, Herzog — герцог дегеннен шыққан. Латыншаңыз керек пе, тағы да мысал: frangir — бұзу, frangere-ден, affurer — ұрлау, fur-дан, cadene — бұғау, catena-дан шыққан. Бәзбір жоғарғы билігі арқасында бүкіл Еуропа тілдерінде ұдайы көрінетін латын сөздері бар; мәселен magnus сөзі "ұлы" дегенді білдіреді. Шотландия одан әулеттің басы дегенді білдіретін тас сөзін шығарып алды: Мак-Фарлан, Мак-Каллюмор — ұлы Фарлан, ұлы Каллюмор дегендері; арго одан mecr, кейінірек meg, яғни құдай жасады. Баскіше керек болса оның да мысалы бар: gahisto — дию-пері, gaiztoa-зұлым дегеннен, sorgabon — қайырлы түн, gabon — қайырлы кеш дегеннен шыққан. Кельтшеңіз керек пе, міне мысалы: blavin — қол орамал, blavel — шашыраған су дегеннен, menesse — әйел (нашар мағынада), meinec — жасқа толы дегеннен, barant — қайнар, baranton — фонтан дегеннен, goffeur — слесарь, goff ұста дегеннен, guedouze — өлім, guenn-du — ақ-қара дегеннен шыққан. Ақыр соңында, тарих керек емес пе? Арго экю-ді мальта галерлерінде қолданылған теңгенің құрметіне мальтийка атаған.
Біз қазір ғана меңзеген филологиялық негіздерден басқа аргоның бұдан да табиғи, былайынша, адам ақыл-ойы туғызған түп-тамырлары бар. Біріншіден, тікелей сөз жасам. Тіл жасаудың жасырын сыры міне осында. Сөз арқылы сурет салу, неге екені белгісіз, өзінде бір бейне жасырады. Олар кез келген адам тілінің ең қарапайым негізі, оны тілдің құрылыс граниті деуге де болады. Аргода бұл тектес сөздер быжынап жүр, олар аяқ астынан туған, ешқандай материалсыз жасалған, қашан, қайда, кім дүниеге әкелгені беймәлім, этимологиясы да, аналогиясы да, туындысы да жоқ сөздер, олар оқшау тұратын, жыртқыштай азулы, кейде тіпті жиіркенішті көрінетін, бірақ ерен бейнелеу күші бар жанды сөздер. Жендет — кат, орман — оксим, үрей, қашу — плет, күтуші — лакуза, генерал, префект, министр — ковруг, албасты — дедер әрі бүркеп, әрі ашып тұратын бұл сөздерден оғаш ештеңе жоқ шығар. Мәселен, дедер жалғыз көзді дәуді көз алдыңа елестететін сұмдық үрейлі сөз.
Екіншіден, метафоралар. Барлығын айтқысы, әрі барлығын жасырғысы келетін тіл ерекшелігі — бейнелі сөздердің аста-төк молдығы. Метафора — тасасында қылмысты ойлаған ұры, қашуды ойлаған тұтқын жасырынатын жұмбақ. Аргода метафорлы бұлжымас сөз тіркестері жалпы жоқ. Жаңғақты бұрап ашу — мойнын бұрап тастау, қытырлату — жеу, некелесу — сотты болу, егеуқұйрық — нан ұрлаушы, алебарда — жаңбыр дегендердің бәрі ауыстырып, астарлап айтудың айласы. Қайран қаларлық көне метафоралардың өзі белгілі мағынада шыққан уақытын да ашып тұрады. Кейде аргоның өз дамуында бір сатыдан келесісіне қарай жылжуына байланысты алғаш туған жабайы қалпында тұрған сөздер метафоралық мағынаға ие болады. Албасты енді дедер болмай, пешті төңіректеген наубайға айналады. Ақылдырақ болғанмен бұл ұсақтау, кәдімгі Корнельден кейінгі Расин, Эсхилден кейінгі Еврипид сияқты. Аргоның өз дамуындағы екі сатысына да қатысты кейбір нақышты сөздер пәруарлық һәм метафоралық сипатымен қиял, елеске де ұқсап кетеді. Мысалға мына сөйлемді алыңыз: Түн перілері ай астындағы ақ бозды қағып кетуді милап жүр (Қаңғыбастар түнде ат ұрлауға әзірленіп жатыр). Бұның бәрі ой-санаңның алдынан бұлдырап, елестер тобы болып өтеді. Көруін көресің, бірақ не екенін білмейсің.
Үшіншіден, оның әбжіл ептілігі. Арго жанды тілдердің үстінен күн көреді. Оларды қалай ойласа, солай пайдаланып, сәтті сапырып, шайқап төгіп, мейлі білгенше сіміреді қажет жерінде. Осылай өңі айналдырылып, түрі бұзылған әдеттегі сөздерді таза аргодағы сөздермен кіріктіріп, біріктіріп, тікелей сөз туғызу мен сөз алмастыру тәрізді екі тетіктен керемет келісті сөйлемдер құрайды. "Кеб былшылдап тұр, пантеннің салдамасы шуылдақпен зырғымақ" дейді, бұл "ит үрді, дилижанс Парижден шығып, орманмен өтпек" дегені. Көбіне тыңдаушысын жаңылыстыру үшін арго талғамай, таңдамай сөздердің бәрін "айль, орг, ерг немесе юш" сияқты сасық құйрықтарды жалғай береді. Сондай жексұрын жалғаудың бірі "мар" недәуір бері қосылды.
Арго іріп ыдыраудың сөзсаптауы болғандықтан ба, өзі шапшаң іріп-шіріп барады. Оның үстіне өзінің шын мәнін жасыруға тырысып, ыдырап бара жатқанын білдірмей, реңін өзгертіп қайта құрылып жатыр. Өніп-өсудің кез келген түріне қарама-қарсы ол жұғысқанының бәрінің де жарық нұрын жоқ етеді. Сөйтіп арго құлап тұрып, қалпына келіп, алға шеру тартып барады, бұл өзі ешқашан тоқтауды білмейтін әбжіл жұмыс. Он жылда арго тілі жүз жүріп тауыса алмайтын жолдан өтеді. Сонымен larton, нан — lartif gail, жылқы — gaye, fertanche, сабан — fertille, momignard, кішкентай бала — momacge, figues, киім — frusgues, chigue, шіркеу — ergugeoir, colabre, мойын — colas болады. Албасты — әуелі хаушень, сосын дедер, сосын наубай, поп әуелі қарпығыш, сосын қабан, қанжар — жиырма екі, сосын қалам, сосын түйреуіш, полицейлер — көсеу, сосын айғыр, сосын жирен, сосын сатушы, сосын тазы, ақыры перғауын, жендет — ағай, сосын Шарло, сосын кат, сосын балдақшы атанды. XVII ғасырда ұру — темекі сыйлау делінсе, XIX ғасырда "темекілендіру" болды. Осы екеуінің арасында әр алуан жиырма сөз келіп кетті. Картуштың тілі Ласнерге еврей тілі болып көрінер еді. Бұл тілдің сөздері шығарған иелері сияқты ұдайы қашып-пысып жүрді. Алайда ара-тұра дәл осы қашып-пысқан қозғалыс-қимылдың салдарынан арго қайта түлеп, қайта жаңарып шығады. Мұның тұрақтап тұтынылатын өз орталығы бар. Тампль түрмесі XVII ғасырдың аргосын сақтады, өзі түрме болып тұрған кезінде Бисетр Тюнь патшалығының аргосын сақтады. Одан бұл патшалықтың ескі бодандарының "анш" жалғауын естуге болатын еді. Ол адамдарда "соғу" дегенді "сияқтанады" дейді, мәселен, "ұйқы соғып жатыр" деудің орнына "ұйықтаған сияқтанады" дей салады, олардың — күші қулықта.
Олар үшін адам идеясы түнек идеясынан бөле жарғысыз: түнді түнек десе, адамды түнектік дейді. Адамның өзін түннен шығарады. Қоғамды олар өздерін қырып жатқан орта, қатерлі күш деп қарауға үйреніп кеткен; бостандық туралы олар өз денсаулығындай айтуға дағдыланған. Тұтқындалған кісіні — ауру, сотталған кісіні — өлік деп санайды олар.
Төрт тас қабырғаға қамалып, сонда жерленген тұтқын үшін ең сұмдығы — бәзбір мұңдатып жіберетін тазалық, зынданды ол таза деп атайды. Осынау қараңғы қапаста оған еркіндіктегі өмір осындай шұғылалы болып көрінеді. Аяғына кісен салынған тұтқын аяқ жүру үшін қажет деп ойлайды дейтін шығарсыздар. Жоқ, ол билеу үшін керек деп ойлайды, кісенді аралап кесудің сәті түссе, оған ең алдымен енді мен билей аламын деген ой түседі, сондықтан да араны скрипка атайды. Есім дегеніміз өзек, ұқсатылуынан мәні көп. Бандитте екі бас бар: біреуі оның күллі іс-қимылын жоспарлап, ғұмыр бойы оған басшылық етеді, жаза күні жендеттің айбалтасының астына түсетін де сол, қылмысты істерінде ақыл беріп отыратын сол басты ол "сорбонна" атайды, сазайын тартқалы тұрған екіншісін "кебек" дейді. Адамның тәніне шоқпыттан өзге ештеңе, ал жүрегінде жамандықтан басқа ештеңе қалмағандай, екі жоқты материалдық һәм адамшылық құлдырауға жеткенде оны екі мағынасында да қайыршы (gueux) деп сипаттайды, ол қайыршың қажетті заманда екі жүзі бар қанжарға ұқсап қылмысқа әзір тұрады, сондықтан оны арго gueux демей, reguise — ыңғайлы дейді. Каторга дегеніміз не? Сотталғандар үшін мәңгі азап пен тозаққа жағылған алау от каторжанды қуарған қубұтақ атайды.
Ақыр соңында сұм жауыздар түрмені қалай атайды десеңші? Академия дейді. Ал тұтас түзету жүйесі бір-ақ сөзден тууы мүмкін ғой. Ұрының да "зеңбірек еті" аталатын өз сыбағасы бар, ол сенен де, менен де, кез келген жүргіншіден де, бір сөзбен айтқанда бәрімізден ұрлауы мүмкін, pantre-міз ғой барлығымыз (Pan — күллі адам).
Каторга әндерінің дені қайда пайда болғанын білгіңіз келе ме, арнаулы сөздіктерде lirlonfa6 аталатын қайырмалар қалай шықты?
Олай болса, тыңдаңыздар.
Париж Шатлінде ұзын жертөле болатын. Ол Сена өзенінен сегіз фут деңгейде төмен қазылған. Онда не терезе, не желдеткіш жоқ, жалғыз саңылау есік қана еді, оған адам кіргенмен ауа кірмейтін. Тас күмбез-төбесі, он қабат лай едені саналатын. Жертөле бір кезде кебу болса керек, оған су құйылып, еденнің тас тақталары жарылып, уатылып қалған. Еденнен сегіз фут биіктікте бұл зынданның о шеті мен бұ шетіне ұзыннан ұзақ жуан бөрене тартылған, оған ара қашықтығы біркелкі шынжырлар бекітіліп, ұшына қарғы бұғаулар дәнекерленген, астынан өткен кез келгенді қаба түсіп қылғындыратындай-ақ үрейлі. Жазаға кесілген адамдарды осында қамап, Тулонға аттандырғанша ұстаған. Бәрін де бұғаулап қойған. Бұғау тым қысқа болғандықтан тұтқындар жата да алмаған. Олар осы жертөледе, осы қапаста, мынау бөрененің астында тырп етіп қозғала алмай тұрған; асылып қалғанның ар жақ-бер жағында бір үзім нан мен бір кружка суды алуға қыруар күш жұмсауға мәжбүр болып, түнерген тас күмбездің астында, толарсаққа дейін қоқыста тұрып, өзінен шыққан иіс-қоңыс өне бойын ластап, әбден титықтап, қалжырап, аяқтары қалтырап, сәл тыныс алу үшін қолымен шынжырды қармаған бейбақтардың көз шырымын алуға да мүмкіндігі жоқ, ұйықтайын десе қарғы бұғау қысып қылғындыра бастайды, кейбіреуі содан қайтып оянбай да қалады. Тамақтану үшін сазға тастаған нанды көтеріп қолына алу үшін бір аяғының табанымен екінші тізесін демей тұруға тура келді. Осындай жағдайда ол қанша уақыт болады? Бір ай, екі ай, кейде жарты жыл болады, біреу бір жыл отырысты. Бұл каторганың кірер есігі тәрізді. Бұған король орманында қоян соққаны үшін де қамалған. Олар мынау табытта, мынау тамұқта не істеген? Табытта өлу, тозақта өлу ғана керек қой. Қайтып үміт қылатын ештеңе қалмаған жерде, ұлып ән салудан басқа не лаж бар? Мальта суларында галерлер жақындағанда әуелі ән, сосын ғана ескектің суылы естіледі екен. Шатль жертөле түрмесін бастан кешірген бейшара браконьер Сюрвенсан айтар еді: "Мені тек ұйқастар ғана аман алып қалды" деп. Поэзияның пайдасыздығы жөнінде айтады. Ұйқастың не керегі бар дейді. Ал аргоның барлық әндері тап осы жертөледе туды емес пе! Монгомери галерінің "Тималумизен, тимуламизон" деп келетін мұңды қайырмасы тура Париждің Үлкен Шатль түрмесінде дүниеге келген.
Бұл әндердің дені ызалы, кейбіреуі көңілді, мына бір ән нәзік:
Мергеннің7 тумасы
Мұндағы театр.
Қанша қара тер боп тырыссаң да, адам жүрегінің сынбайтын сүйегі — махаббатты құрта алмайсың.
Күңгірт істердің мына әлемінде біреудің құпиясын біреу сақтайды. Құпия — ортақ меншік. Анау аласталғандар үшін құпия дегенің олардың одағының негізі болып табылатын байланыс. Құпияны ашу — осынау жабайы қауымдастықтың әрбір мүшесінің бір бөлшегін жұлып тастауға бара-бар. Аргоның жігерлі тілінде "сөз жеткісіз" дегеніңіз "кесегіңді қарпу" деп айтылады. Сөз тасушы бейнебір тәніңнің бір бөлегін қарпып үзіп ап сол етті жеп жатқан тәрізді.
Шапалақ беру дегеннің мәні не? Жауабын әдеттегі метафора береді: отыз алты шырақты жағу! Бұл арада арго араласып, шырақ емес, камуфля дейді. Сондықтан әдеттегі ауызекі тіл шапалақ үшін камуфлет деген синоним тапты. Сөйтіп, метафоралар мен траекторияларды пайдалана білуі арқасында арго үңгірден академияға дейін көтерілді. Пулайе: "Мен өз камуфлямды жағамын", дейді, ал Вольтер: "Ланглевьель Лa Бомель жүз камуфлет жеуге лайық" деп жазады.
Аргоны қазу — аттаған сайын жаңалық табу деген сөз. Осынау оғаш сөзсаптауды тереңдеп зерттеу өнегелі адамдар қоғамының қарғыс атқандар қауымымен қиылысуының құпия нүктесіне алып барады.
Арго — каторжан болған сөз. Адамның ойлай бастауы өз қолымен аяғын қатердің қара зұлматына байлатып қойып, өзін түпсіз тұңғиыққа душар етіп, сол тұңғиықтың әзәзіліне бой алдырды дегенге сену қиын.
О, аласталғандардың бейшара ойы!
Осы түнекте адам жанына қолұшын беру үшін қалайша ешкім келмейді? Қалайша оның сыбағасы — азаткер рухты, дүлдүл мен самұрықты қатар жеккен табансызды, қанатымен шапақтап самғап шығып рауан түсін жамылған жиһанкезді, болашақтың шат-шадыман серісін мәңгі тосу болмақ? Қалайша ол ұдайы жарық нұрдан соғылған ұлы мұрат найзасын көмекке шақыра береді? Қалайша ол осы түпсіз меңіреу түнекте зұлымдықтың өзіне тарпа бас салғалы келе жатқанын мәңгі-бақи естіп, жиіркенішті сулардың астынан сол аждаһаның басын, көбік шашқан апан аузын, сояу тырнақ сирақтарының жыландай ирелеңдегенін, ісіп-кеуіп басылған сақиналарын көріп тұра береді? Қалайша жарық нұрсыз, үмітсіз, ажал иісін сезгендей жорғалап жақындап келе жатқан жан шошырлық аждаһаға арбалып, шашы желбіреп, қолы сермеліп, түн жартасына таңылған, қараңғыда да жалаңаш тәні жарқырап тұрған Андромеда осы орында қала береді?
Үшінші тарау
ЖЫЛАУЫҚ АРГО, КҮЛЕГЕШ АРГО
Көріп отырғаныңыздай, аргоның бәрі тұтас төрт ғасыр бұрын өмір сүргені де, қазіргісі де барлық сөздерге бірде жалынышты, бірде үрейлі реңк беретін тұңғиық бейнелі рухты тал бойына түгел сіңірген. Одан Ғажайыптар ауласы қайыршыларының ежелгі қаскөй қайғысы сезіледі, ол қайыршылар және ойнау үшін айрықша карталар пайдаланған ғой, олардың кейбір колодасы бізге дейін жетті. Мәселен, шытырдың сегіздігі сегіз орасан үлкен үшкіл жапырақты ағаш сияқты, орманды бейнелейтін дәу ағаштардың бір тұқымы десе де болады оны. Ол ағаштың түбінде от жанып тұр, онда аңшы шанышқысымен айналдырылып үш қоян қақталып жатыр, ал ар жағында басқа отта буы бұрқырап қазан тұр, одан иттің басы көрінеді. Сурет өнеріндегі бұл жазадан қатерлі ештеңе жоқ шығар, ойын картасындағы бейнеленген отқа негізінде контрабандистер шыжғырылған да, қайнап тұрған қазанға жалған ақша жасаушылар тасталған. Арго патшалығының ойларын бідіретін әр алуан түрлі, тіпті өлең мен мысқылдың өзінде де лажсыздық пен мұқалғандықтың табы бар. Сақталған әндер мен қайырмаларының бәрі көзге жас үйірердей аянышты әрі жуас та момын. Ұры қашанда бейшара атанады, ол қашанда қашқан қоян, ұшқан құс, бас сауғалаған тышқан. Арго жалпы шағынбайды, күрсініспен ғана шектеледі, оның бір зары бізге де жетті: "Jе n'entrave gue le dail comment meck, le daron des orgues, peut atiger ses momes et ses momignards et les locher criblant sans etre atige lui-meme"8Аласталған адам ойлануға уақыты бар кездің бәрінде өзінің заң алдында түкке тұрғысыз екенін мойындайды; жалынып, жалбарынып, аяушылық білдіруін сұрайды, соған қарағанда ол өз кінәсін мойындаған сыңайлы.
Өткен ғасырдың орта шенінде өзгеріс болды. Түрме әндері, ұрылардың әуені өршіл, өжет мінез тапты. Аянышты қайырма "малюре" "ларифалға" ауысты. XVIII ғасырда галерлердің, каторга мен жер аударылғандардың күллі дерлік әндерінен жұмбақ бір ересен ойнақылық байқалады. Оларды фосфорлық жарқылмен нұрланған, еліктіріп ерте жөнелер ойнақы қайырма желпінтіп, жетелеп отыратын тәрізді, оның өзі бұлдыраған жарықтың орманда ұмыт қалған сыбызғыны желпіп, сызылтып тұрғанындай.
Мирлябаби, сюрлабабо,
Мирлитон рибон рибет.
Сюрлябаби, мирлябабо,
Мирлитон рибон рибо.
Қараңғы жерқоймада немесе меңіреу орманда кісінің жоқтауын бір-ақ шығарғанда осылай әндеткен.
Бұл әжептәуір елеулі нышан. XVIII ғасырда қоғамның бұл тақсыретті тарабының қайғысы сейіле бастайды. Олар енді күлетін болады. Ұлық құдай мен ұлы корольдің өзін келемеж қылады.
Людовик XV-тің патшалық құруын "Биші маркиздің" билігі атайды. Олар тіпті көңілді де. Ар-ұжданы алдында ақталғандай осынау аласталғандардан бір әлсіз сәуле шашырайтындай көрінеді. Қараңғылықтың бұл бейшара тайпалары өз ерлігінің өжеттігі мен рухының алаңсыз алғырлығымен дараланады. Бұл олардың өз қылмыстарын сезінуден қол үзіп, тіпті ойшылдар мен қиялшылдар арасынан қолдау тапқанының белгісі. Бұл талау мен тапаудың, ұрлықтың доктриналары мен тақуалықты да шарпып, оларға өз келеңсіздігі мен пәруейсіздігінен біраз үлес бергенінің белгісі. Ақыр соңында бұл, кездейсоқ бір кедергі кездесіп қалмаса, қаулап гүлдеуінің жақын екенінің белгісі.
Сәл ғана тоқтай қалайық. Бұл арада кімді кінәлап отырмыз өзі? XVIII ғасырды ма? Әлде оның философиясын ба? Әрине, жоқ. XVIII ғасырдың тындырған ісі — пайдалы іс. Басында Дидро тұрған энциклопедистер, басында Тюрго тұрған физиократтар, басында Вольтер тұрған философтар, басында Руссо тұрған утопистер — қасиетті төрт легион емес пе. Адамзаттың алға керемет ұмтылысы, жарыққа талмай талпынысы — солардың еңбегі. Прогрестің төрт нүктесіне қарай адамзат әулетін жетелеп келе жатқан осы алдыңғы қатарлы төрт жасақ: Дидро — сұлулыққа үндесе, Тюрго — пайдалыға, Вольтер — ақиқатқа, Руссо әділдікке шақырады. Ал философтармен қатар олардан төменірек софистер есіркеп шықты, бұл да дені дұрыс өсімдікке жабысып шығатын улы бұта, қаз қалпында сақталған ормандағы арамтамыр. Жендет Әділқазы сарайының бас баспалдағында дәуірдің азатшыл ұлы кітаптарын өртеп жатқанда, қазір ұмыт болған жазушылардың король рұқсатымен басылған қандай әдебиет жасағанын кім білсін, елді ірітер әсері бар сол оғаш дүниені аласталғандар құмарта оқып, қылғыта жұтты. Бір ханзада қызғыштай қорғайтын сол басылымдардың кейбірі бүге-шігесіне дейін Құпия кітапхананың тізімінде тұр. Алайда бұл маңызды, бірақ беймәлім деректерді жоғарыдағылар ескерусіз қалдырды. Кейде деректің қатерлі екенін оны тұмшалап тұрған түнек те айғақтайды. Ол күңгірт, өйткені жер асты зынданында өтетін жайт. Бәлкім, Ретиф де ла Бретон онда халықтың қалың қыртысынан денсаулық үшін ең апатты галереяны қазып алған болар.
Бүкіл Еуропа бойынша атқарылған бұл іс бәрінен бұрын Германияны қаусатып, қу тақырға айналдырып кетті. Белгілі бір кезеңде, Шиллер өзінің атақты драмасы — "Қарақшыларда" бейнелейтін Германияда меншік пен еңбекке қарсы бас көтеру құқығын өз бетімен иеленіп, кейбір көпке белгілі, үстірт шалғанға сыпайы, ал шын мәнінде жалған, былайынша әділетті, бірақ мағынасыз идеяларды жамылған ұрлық пен қарлық, тонау мен талау жойылып біткендей көрініп, дерексіз атауға ие болып, көрінеу көзге теория атанып, азап шеккен адам, еңбексүйгіш адамдардың арасына білдіртпей сіңіп кетті, тіпті осы дәріні әзірлеген бейқам химиктерге де, оны қабылдайтын бұқараға да білдірген жоқ. Мұндай жайттың тууы қашанда қатерді білдіреді. Азап тарту ашу-ыза туғызбай қоймайды. Зор табысқа жеткен таптар сонымен қатар өзін өзі көрсоқыр етіп, өзін өзі ұйықтатып, екеуінде де көзін тарс етіп жұмып алады да, ашынған кедей таптардың өшпенділігі оңашада толғанып қана болған зұлым ойдан от алып, өз алауын тұтатып, қоғамды зерттей бастайды. Өшпенділікпен жүргізілетін бұл зерттеу сұмдық қауіпті!
Қатерлі уақыттың ығында болса, осыдан келіп бір кезде жакерия аталған сұмдық сілкіністер шығады; оның қасында таза саяси толқулар баланың ойыны. Бұл енді қаналғандардың қанаушылармен күресі емес, бұл кембағалдардың бақытқа батушыларға қарсы стихиялық бүлігі. Ал онда бәрі де тас талқан болады.
Жакерия — халық қойнауындағы жанартау бұлқыныстары.
Бәлкім, XVIII ғасырдағы Еуропа үшін сөзсіз дәл осындай қатерге адамзат адалдығының орасан зор қадамы — Француз революциясы шек қойса керек.
Мұрат тұтуға боларлық Француз революциясы семсермен қаруланып-ақ бар еңсесін көтеріп, бір ғана төте қимылмен жамандықтың қақпасын жауып, жақсылықтың қақпасын ашты.
Ол ойға еркіндік берді, ақиқатты жариялады, иіс-қоңысты сейілтті, ғасырды сауықтырды, халыққа патшалық тәж кигізді.
Адамды ол екінші жан — құқық беріп, екінші рет қайта жаратты деуге болады.
XIX ғасыр оның ісін еншілеп, кодексіне жаратты, бүгінде біз қазір ғана атап көрсеткен әлеуметтік апат болуы мүмкін емес. Одан тек соқыр ғана сақтандырады. Одан тек ақымақ қана қорқады. Революция — жакерияға қарсы дәрі егу.
Революцияның арқасында қоғамдық өмірдің жағдайы өзгерді. Қанымызда енді феодализм мен монархияның бактериялары жоқ. Енді мемлекеттік құрылысымызда орта ғасыр қалдықтары жоқ. Біз енді қайтып іште бұрқанған сұмдық толқындар буырқанып, сыртқа шығатын уақытта өмір сүріп отырған жоқпыз, енді аяғыңның астында түсініксіз гуілдің құлақ жарар дүрсілі естілмейді, енді көртышқандардың жерасты жолдарын жасыратын көзге көрінбес адырлар қалқып, өркениеттің бетіне шықпайды, енді жер жарылып, түпсіз шыңырау ашылмайды, енді үңгірлердің күмбезі құлап, жер астынан құбыжық жүздер кенет шыға келмейді.
Революциялық сезім — парасат сезімі. Құқық сезімі дамып, борыш сезімін дамытады. Жалпыға ортақ заң дегеніміз бостандық, Робеспьердің тамаша анықтамасына сәйкес, ол біткен жерде басқа біреудің бостандығы басталады. 89-жылдан бастап халық тұтасымен бәзбір асқақ тұлға дәрежесіне дейін өсті, өз құқығын мойындай отырып, алдынан жарық нұр көрмейтін кедей жоқ; аштан өлгелі тұрғандар өз бойынан Францияның адалдығын сезінеді; азат адам ақ-адал; дауыс берген билік те құрады. Осыдан келіп қиянатқа қадам баспаушылық, осыдан келіп дертті ындынның сәтсіздігі, осыдан келіп әзәзіл алдына көзді батыл төмен қарату шығады. Революциялық сауықтыру дегеніміз мынау: азаттық туралы жар салынған күні, мейлі ол 14 шілде, мейлі 10 тамыз болсын, қара тобыр деген жалпы болмайды. Көзі ашылып сауаттанған, парасат тұрғысынан асқақтаған халық бұқарасының бастапқы ұраны "Ұрыларға өлім келсін!" болмақ. Прогресс — адал азамат; мұрат пен абсолют қалта ақтармайды. 1848 жылы Тюильридің байлығы тиелген арбаларды кім күзетті? Сент-Антуан кентінен шыққан матажандылар күзетті. Шоқпыт кигендер қазынаның күзетінде тұрды. Қайырымдылық шоқпыт кигендерді де жадыратты. Сол арбалардың біріндегі бір жартылай ашық жәшікте жалтыраған жүздеген асыл тастардың арасында жарқырап Францияның ежелгі тәжі жатады, түгел алмаспен безендірілген, маңдайында патшалық жауһары "Регент" бар, оның бір өзі ғана отыз миллион тұратын. Жалаңаяқтар жан жуытпай сол тәжді күзеткен.
Демек, енді жакерия жоқ. Сондықтан пысықай жандарға көңіл айтамын. Жакериямен бірге өз әрекетін ақтық рет жасап, енді қайтып саясатқа қолданылмауға тиіс ежелгі үрей де ғайып болды. Қызыл елестің соңғы серіппесі сынды. Енді ол жайында жұрттың бәрі біледі. Құбыжық қайтып қорқыта алмайды. Құстар қарақшы тұлыппен қорықпай тілдесе береді, шағалалар оның төбесіне қонады, оған буржуа мәз болып күледі.
Төртінші тарау
ЕКІ БОРЫШ: ҰЙЫҚТАМАУ ЖӘНЕ ҮМІТТЕНУ
Ал осымен бірге кез келген әлеуметтік қатер сейілді ме өзі? Әрине, сейілген жоқ. Жакерия жоқ енді. Қоғам тыныш болуы керек, қолы босқа шапшымауға тиіс; ал ол еркінше тыныс алу жайын ойластыруы қажет. Ұстамалыдан оның қорықпауына болады, бірақ өкпе ауруы бар. Әлеуметтік өкпе ауруы қайыршылық деп аталады.
Іштен жегідей жеп жатқан ауру жасын ұрғаннан кем емес.
Талмай қайғылылар мен қорғансыздар туралы үндемей ойлайық, оларға көмектесейік, таза ауамен тыныстауына қамқор болайық, оқытып, сауатын ашайық, жақсы көріп, көкжиегін кеңейтейік, неше түрлі тәрбиені аямай берейік, ырду-дырду емес, шынайы еңбексүйгіштіктің өнегесін көрсетейік, мойынға түсетін жеке ауыртпалықтың салмағын жеңілдетейік, байлықты шектемей кедейлікті шектейік, қоғам мен халық қызметі үшін кең өріс ашайық, Бриарей сияқты әлсіздер мен езілгендерге жан-жақтан созатын жүз қолымыз болуына жетейік, ортақ күш-жігерімізбен ұлы борышымызды өтеп, күллі қолы епсектілер үшін мектептер ашайық, күллі естілер үшін училищелер ұйымдастырайық, жалақыны көбейтіп, еңбекті жеңілдетейік, дебет пен кредитті теңестірейік, яғни жұмсалған күш-жігер мен оның қалпына келуін, тұтыну мен қанағаттандыруды сәйкестендірейік, — бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік жүйені жапа шеккендер мен қараңғы боп қалғандарға молырақ жарық, молырақ игілік беруге мәжбүрлейік. Алғашқы туысқандық міндет міне, осында — мұны адам сүйетін жандар ұмытпасын, алғашқы саяси қажеттілік те, міне, осында — мұны өзімшіл жүректер біліп қойсын.
Алайда бұл тек басы ғана. Міндет мынау: құқық болмайынша еңбек заңға айналмайды.
Біз өз ойымызды өрістетпей-ақ қояйық, бұл арада ол орынсыз.
Егер табиғат құдірет деп танылса, қоғам көреген болжаушы деп аталуға тиіс.
Білімдарлық һәм адамгершілік өсу қамы материалдық жағдайды жақсартудан еш кем емес. Білім — бата, ой — бірінші қажеттілік, ақиқат — нан сияқты азық. Білім мен даналықтан ашыққан ақыл азып жүдейді. Азығынан айырылған асқазан мен ақылды аяйық та. Нанның жетіспеуінен өлетін тәннен асқан сұмдық — жарықты аңсаумен өлген жан ғана.
Прогресс тұтас алғанда осы мәселені шешуге талпынады. Барлығы қайран қалатын да күн туады. Адам әулетінің асқақтауына орай оның терең тараптарының кедейлік белдеуінен шығатыны әбден табиғи. Қайыршылықты құрту жалпы деңгейді көтеру арқылы жүзеге асады.
Мұндай шешім игі шешім, оған күмәндану қате болар еді.
Рас, біздің кезімізде өткеннің күші әлі өте зор. Оның рухы қайта оянды. Мәйіттің бұлай жандануы ғаламат. Өткенің алға шеру тартып, барған сайын жақындап келеді. Ол, әлгі өлік басқыншы жеңімпаз боп көрінеді. Өзінің және бесқаруын асынып, өршіл нанымымен, өктем семсерімен, жалауы — надандығымен келіп, он ұрысты ұтып шықты. Ол сақылдай күліп, шошыта үрейлендіріп келіп те қалды, есіктің алдында тұр. Оған опынбайық.
Ганнибал шатырын тігіп, жасағын жайған даланы сатамыз.
Біз сенеміз — неден қауіптенеміз өзі?
Өзендер сияқты идеялар да теріс ақпайды.
Мейлі, болашақты қалайтындар осы төңіректе ойлансын да толғансын. Прогреске жол жоқ деуі арқылы олар болашақты емес, өздерін айыптайды. Олар өз бойларына өткеннің ұрығын сеуіп, өздерін ауыр науқасқа байлап беріп отыр. Енді оларға ертеңнен бас тартып өле қалу деген жалғыз-ақ амал қалды.
Біз тәннің мүмкіндігінше кешірек өлгенін, ал жанның мәңгі жасағанын қалаймыз.
Иә, құпия ашылып, сфинкс тілге келеді, міндет шешіледі. Иә, халық бейнесінің он сегізінші ғасырда басталған нобайы он тоғызыншы ғасырда түгел қаланып бітеді. Бұған тек ақымақ қана шүбәланса керек. Жалпыға ортақ рақат тұрмыстың болашақ гүлденуі, таяу арада гүлденуі аспан тәңірінің өзі айқындаған құбылыс.
Тұтасқан халықтың құдіретті қайраты адам ісін басқарып, оларды белгіленген уақытта ақылға қонар жағдайға, яғни тепе-теңдікке, әділеттілікке алып келеді. Адамзат жер мен көктен жиналған күшін туындатып, ол өздеріне басшылық етеді, ол күні және ғажайыптар жасауға қабілетті, ол үшін әдеттен тыс өзгеруден сиқырлы шешім қиынырақ. Адам жасаған ғылымның және басқа біреулер жіберген оқиғалардың көмегі арқасында ол күрмеуі қиын мәселелерді шешудегі қайшылықтардан онша қаймықпайды. Салыстырылған деректерден тәлім алу сияқты салыстырылған идеялардан ол шешімді өте шебер шығарады; прогрестің құпия құдіретін қолына ұстағандардан бәрін де күтуге болады. Бірде олар табыттың тереңінде Шығыс пен Батысты бетпе-бет жүздестірген, пирамиданың ішінде имамдар мен Бонопартты бетпе-бет жүздестірген емес пе.
Ал әзірше ақыл-ойдың алға қарыштаған ұлы шеруінде ешқандай аялдау, ешқандай толқу, ешқандай тоқтау болмасқа тиіс. Әлеуметтік философия шын мәнінде ғылым мен әлем. Оның қызметінің мақсат-мүддесі де, қажетті жемісі де антагонизмдерді зерделеу жолымен буырқанған қауіп-қатерді сабасына түсіріп тыныштандыру. Ол зерттейді, ол жеріне жеткізеді, жіліктеп бөліп-бөліп тастайды; сонан соң басын қайтадан біріктіреді. Ол өшпенділік дегенді ешқашан есепке алмай, бір қорытындыға келтіру жолымен қимылдайды.
Біз адамдарға жындай түйілген алапат дауылдардан қоғамның тоз-тоз болғанын талай көргенбіз; тарих халықтар мен мемлекеттердің күйреуіне толы, күндердің күнінде көзге көрінбейтін сол жынды құйын әдет-ғұрыпты да, дін мен заңды да сыпырып-сиырып өзімен ала кетуі кәдік. Үндістан, Халдея, Персия, Ассирия, Египеттің өркениеттері бірінен кейін бірі ғайып болды. Неге дейсіз ғой? Білмейміз. Бұл бақытсыздықтың себеп-салдары қайда жатыр? Мұнда олардың кінәсі жоқ па? Өздерін құртып жіберерлік қатерлі қырсыққа шалдықпады ма екен? Ұлттар мен ұлыстардың, тайпалардың осынау сұмдық ажалында өзіне өзі қол жұмсаудың үлесі қаншалық? Бұл сауалдардың бәрі де жауапсыз қалып келеді. Апатқа ұшыраған өркениеттерді түнек тұмшалап тұр. Олар тұңғиыққа батса, ағып кетуіне де жол табылған, бізге басқа айтар ештеңе жоқ; біз абдырап "өткен" аталатын теңіздің тереңінде таудай-таудай толқын ғасырлардың ар жағында түнектің күллі аңғар-сағасынан жұлқынып шыққан алапат дауыл-дем айдаған Вавилон, Ниневия, Тир, Фивы, Рим алып кемелері түпке қарай қалай батып бара жатқанын көріп тұрмыз. Біздің оны қайдан болсын көрсетуге қақымыз бар; олардың сұлулығын тамашалай тұрып, ұсқынсыздығын да ашып береміз. Бірақ онда түнек те, бізде ашық қой. Біз ежелгі өркениеттің дерттерін білмейміз, бірақ өзімшілдіктің сырқатын жете білеміз. Аурудың ошарылған жері көрініп тұрса, зонд пайдаланамыз, сырқаты білінсе, оны зерделеу дәрі әзірлеуге итермелейді. Біздің өркениет, жиырма ғасырлық жұмыс, бір мезетте ғажайып та құбыжық; оны құтқару үшін еңбектенуге тура келеді. Және ол құтқарылатын да болады. Оның дертін жеңілдетудің өзі қыруар шаруа, ал оған жарық беру одан да зор қарекет. Жаңа әлеуметтік философияның күллі еңбектерін осы мақсатқа шоғырландыру керек. Қазіргі ойшылдардың ұлы жарығы — өркениеттің өкпесі мен жүрегін тыңдай білу.
Қайталайық: мұндай зерттеу өжеттілік береді, сондықтан ерлікке табандылықпен үндей отырып қайғылы драмадағы қатаң антракт сияқты осы бір беттерді аяқтағымыз келеді. Қоғамдық формациялардың тұрлаусыздығына қарамастан адамның мәңгі өлмейтіні сезіліп тұр. Жер шарының өлмейтін себебі, оның ана тұсында да, мына тұсында да жаралары — кратерлері және қотырлары — күкірт таулары кездеседі, жаралар жарылып, іріңдері жанартаy болып атылып жатады, ал халықтың ауруы адам өлтірмейді.
Әйткенмен әлеуметтік дертті қадағалайтындар басын жиі шайқайды. Ең күштілердің, ең ақкөңілдердің, ең ақылдылардың кейде иіні түсіп кетеді.
Келешек келер ме екен? Сондайлық сұмдық түнекті көргенде өзіңе осындай сауал қоюың табиғи да сияқты. Өзімшілдер мен аласталғандардың бетпе-бет қақтығысып қалуы сондай көңілсіз көрініс. Өзімшілдердікі — ескі наным, байлықтан туған көрсоқырлық, масайған сайын ашыла түсетін аран, рақат тұрмыстың нәтижесі — топастық пен меңіреулік, қайғыларға деген жиіркенішке дейін жететін қасірет-қайғыдан қорқу, сезімсіз қанағатшылдық, бүкіл жан-жүректі кеулеп кеткен мардымсыған "мен"; ал аласталғандардікі — ындынқұмарлық, қызғаншақтық, ләззатты көргендегі өшпенділік, айуан-адамның құмарын қандыруға деген ауыздықсыз араны, түнекке толы жүрек, қайғы-мұң, жоқшылық, душарлық, әбес һәм аңғал надандық.
Тағы да енді аспанға көз қадаудың қажеті бар ма? Ту биіктен көзге түсіп, жарқырап тұрған нүкте сөнуге тиістілердің санатына кіре ме екен? Мұратыңды тереңдерде жоғалып, көзге әрең шалынатын түнектің төбе сеңдерінің арасынан жалғыз ғана жылтылдаған құйтымдай нүкте ғып көру сұмдық, алайда ол бұлттардың аузындағы жұлдыздай қатер үстінде емес.
СЕГІЗІНШІ КІТАП
АРБАУ МЕН ЗАРЛАУ
Бірінші тарау
ЖАРЫҚ СӘУЛЕ
Оқырман түсінген шығар: Эпонина тортемір арқылы Маньон жіберген Плюме көшесінің тұрғынын біліп, алдымен ол көшеден бандиттердің бетін бұрып жіберіп, сосын оған Мариуске бағыт нұсқады. Ал Мариус сол теміртордың түбінде көңілі көлдей тасып өткізген бірнеше күннен кейін темірді тартқан магниттей, сүйгенінің үйі қаланған тасты құшқан ғашықтай сиқыр бір күш жетелеп, ақыры Козеттаның бағына кірді, кәдімгі Джулеттаның бағына барған Ромео сияқты. Оған бұл Ромеодан оңайырақ түсті; Ромеоға қабырғаға өрмелеп барып түсу қажет болса, Мариуске тот басып тозып, шалдың тісіндей онсыз да қаусап тұрған тортемірдің бірер сымын бұрап жіберсе болды, оның арық денесі молынан сыйып кететін тесік шыға келеді, сондықтан ол баққа оп-оңай кірді.
Әдетте көшеде көп ешкім болмайды, оның үстіне Мариус баққа түнде келеді, сондығынан көзге түсіп қалармын-ау деген қауіп жоқ.
Екі жүректі қосқан сүйісудің сол бір баталы да қасиетті сағатынан бастап баққа Мариус күн құрғатпай келетін болды. Егер Козетта сол сәтте арсыз бір азғын адамды сүйіп қалса, өліп кетер еді, өйткені ол жүрегі жомарт, бір берілсе жан-тәнімен өле берілетін тұлғалардың қатарына қосылатын-ды. Әйелдің ең бір ізгі қасиеті — ырыққа көну. Өз биігіндегі кемелді махаббатқа ұялшақтықтың ғаламат бір көзсіздігі тән. Алайда қандай қатерге бас тігетіндеріңді білесіңдер ме, абзал да асыл жандар! Сендер көбіне жандарыңды бересіңдер, біз болсақ тәндеріңді аламыз. Жүректеріңді біз кері серпіп тастасақ, сендер оған қараңғыда тебірене қарайсыңдар. Махаббат теңорта дегенді білмейді, ол не құртады, не құтқарады. Күллі адам тағдыры осы екінің бірін алуға кеп тіреледі. Бұл таңдауды махаббаттан қатал ұстанатын қатер жоқ, оның ұстанымы: не ажал құшу, не аман қалу. Махаббат өлім болмаса, өмір. Бесік, бірақ ол табыт та. Адам жүрегінде баяғы бір сезім "иәны" да айтады, "жоқты" да айтады. Құдай жаратқанның ішінен жарық нұрды ең көп шашырататын тек адам жүрегі ғана, жүректі көбірек түретін де сол.
Құдайдың құдіретімен Козеттаға құтқарушы махаббат тап келді.
1832 жылдың мамыры мамырлап, ұдайы тартқандай түн сайын күтімсіз бақта қалың ағаштың саясында күн асқан сайын жұпарын молырақ шашқан жапырақтардың астында түп құрғатпай бойына пәктік пен тазалықтың қазынасын қапысыз жинаған тәңірінің рахман нұрына бөленген адамдардан гөрі періштелерге көбірек жақын, ақ, адал, кіршіксіз асыл, мерейлі де мейірімді, қараңғыда бірі үшін бірі жарқырап сәуле шашатын екі тіршілік иесі бас түйістіріп отырады. Козеттаға Мариустің басынан тәж елестесе, Мариус Козеттаның төңірегінен нұр шапақ көреді. Олар бір-біріне сүйкеніп, бірінің бетіне бірі қарап, қол ұстасып, құшақтасқанмен, әдептен озбайды, шектен аспайды. Бірін-бірі сыйлағандықтан ғана емес, содан артық ештеңе білмегендіктен де сөйтеді олар. Мариус бір бөгет барын түсінеді — ол Козеттаның пәктігі. Козетта бір тірек барын сезінеді, ол Мариустің адалдығы. Алғашқы сүйісу сонымен бірге соңғы болды. Одан кейін Мариус тек ернін Козеттаның қолына, бас орамалына не шашына ғана тигізетін болды. Козетта ол үшін әйел емес, әтір болды. Ол жұпарды жұтты. Қыз ештеңеге қарсылық жасамады, ал жігіт ештеңе тілемеді. Козетта бақыт құшты, Мариус соны қанағат тұтты. Олар таңғаларлық шұғыланың арасында өмір кешті, көңіл шағылатын шапақ деп соны айтса керек. Ол екі пәк тірліктің, Юнгфрауда кездескен қос аққудың ауызбен айтып жеткізгісіз таңғажайып тамаша қауышуы, қайран қаларлық құшақ айқастыруы еді.
Көңіл тоятының құдіретті ықпалымен сезімталдық сап болған махаббаттың сол бір мезетінде Мариус, мінсіз таза, періштедей пәк Мариус Козеттаның көйлегін толарсаққа дейін түргеннен, тәнін сатқан әйелдердің біріне барғанды бейіл көрді. Бірде айлы түнде Козеттаның жерден бірдеңе көтергелі еңкейгені бар, сонда омырауы ашылып қап, Мариус көзін тайдырып, басқа жаққа қараған-ды.
Осынау екі тіршілік иесінің арасында не болып, не қойды дейсіз ғой? Ештеңе де болған жоқ. Олар бірін-бірі қастер тұтты.
Түнде олар бақта болғанда, ол көңілді де киелі орын көрінді. Олардың айналасында барлық гүлдер ашылып, жұпар шашып тұрғанда олар да өз жүрегін айқара ашып, шарапатын гүлге себеледі. Тәтті құмар, шырыны шып-шып етіп тұрған шаламас құдіретті өсімдік осы бір қос өрім сәби жастың төңірегінде тербетіліп, олар махаббат сөзін айтқанда ағаш біткен дір ете қалады.
Бұл не сөз болды екен? Лүп еткен леп. Бар болғаны сол ғана. Сол лүп еткен лептің өзі табиғатты тебірентіп, толғандыруға жетіп жатыр. Олардың тылсым билігін кітап беттеріндегі әңгімеден оқып түсіне алмайсың, ол сұхбат жел айдаған түтіндей, жайқалған жапырақтай шашырап, маңып кету үшін жасалған. Қос ғашықтың сыбырын жүректен жүрекке құйылған әуезінен айыршы, онда тек көлеңкесі ғана қалады... Бар болғаны осы ма дейтінің де содан. Иә, иә, балалық, бірдеңені қайта-қайта қайталау, болмашыға күлу, есерлік, бетімен сөйлеу асқақ та терең әлемде бола беретін құбылыс. Қиындыққа түсетіні жалғыз-ақ турасын айтып, тыңдата білу.
Бос сөз бен бөспе сөзді ешқашан естімеген адам, оны өзі ешқашан естімеген адам, оны өзі ешқашан естімеген адам топас әрі ақымақ.
Козетта Мариуске:
— Білесің бе?.. — деп қарады.
(Құдайы пәктігіне қарамастан олар "сенге" қалай көшкенін өздері де аңғармай қалды).
— Білесің бе? Менің атым Эфрази.
— Эфрази дейді? Жо-жоқ, сенің атың — Козетта.
— Жоқ. Козетта нашар есім, ол атты маған кішкентай күнімде қойыпты. Менің шын есімім — Эфрази. Саған Эфрази деген есім қалайша ұнамайды.
— Ұнайды, бірақ Козетта жалпы жаман есім емес.
— Сонда ол саған Эфразиден артығырақ ұнай ма?
— Ім... иә.
— Ондай жағдайда маған да осы ұнайды. Рас, Козетта деген әдемі... Мені Козетта деп атай бер.
Қыздың жымиысы бұл әңгімені пейіштегідей жан рақатына бөледі.
Келесі жолы қыз оған тесіле қарай отырып:
— Сіз ғажапсыз, сұлусыз, алғырсыз, ақылдысыз, — деді үнін шығара. — Сіз әрине, менен әлдеқайда білімдісіз. Бірақ мен сізбен салғастырғанда "Сені сүйемін!" деп теңеліп кетемін.
Жер бетінде жоқ құмарлықпен көңілі толығып, рақатқа батып отырған Мариуске бұл лебіз жұлдыз шырқаған ән әуеніндей боп естілді.
Міне, тағы да ол жөтелгенде қыз баяу қағып қалып:
— Жөтелме, — деді. — Менің рұқсатымсыз жөтелгеніңді қаламаймын. Жөтеліп мені алаңдатуың әдептілік емес. Мен сенің өзіңді әмсе жақсы сезінуіңді қалаймын, әйтпесе өте бақытсыз боламын ғой. Сонда мен не істеуім керек?
Осының бәрі керемет болды. Тағы бірде Мариус Козеттаға:
— Өзің ойлашы: бір кезде мен сенің атың Урсула деп ойлағанмын, — деді.
Соған олар бір кеш күлді.
Келесі жолы ол ойламаған жерде:
— Ал бір оп-оңды күні Люксембург бағында бір мүгедектің жанын жаһаннамға жібергім келгені бар, — деді дауыстап.
Алайда ол өзін кілт тоқтатты. Козеттаға оның аспасы туралы айтқысы келіп еді, бірақ ол мүмкін болмады. Бұл арада тәнге байқаусыз қол тиіп кететіні сезілді, ал ондайдан шексіз бейкүнә махаббат қасиетті үреймен бас тартады.
Мариус Козеттамен өмірін артық әбес қимылсыз көз алдына былай келтіреді: кеш сайын Плюме көшесіне келіп, тозған тортемірдің сымын бұрап кіріп, орындыққа қатар жайғасып, иықтарын түйістіре отырып, ағаштардың арасынан ақжелеңдетіп жерге түннің қалай қонғанын қызықтап, тізесімен Козеттаның мол көйлегін сүйкеп, кіп-кішкентай саусақтарын сипап, оған "сен" деп сөйлеп, гүлдің иісін кезек алып отырса болғаны, осылай және мәңгі созыла берсе рақат. Заңғар биікте бұлттар жүзіп жүр. Үп етіп жел соққан сайын аспанның бұлтынан гөрі адамның арман-қиялын көбірек желпіп әкете ме, қалай өзі!
Алайда осы қатаң махаббаттың өзі екі жастың бір-бірінің көңілін табусыз өрби алмайды ғой. Сүйген қызыңа "мақтау айту" — аялаудың алғашқы сатысы әрі батылдығыңды сынаудың бір түрі. Мақтау дегенің торперде арқылы сүюге ұқсас бірдеңе. Тасаланған сезімталдық өзінде өткірдің жүзіндей тәтті бір нәрсені жасырып тұрғандай көрінеді. Күштірек сүю үшін жүрек ләззатқұмарлық алдында кері шегінуге тиіс. Мариустің арманмен аяланған мейірбан көңілін аспан түстес көгілдір қиял деуге болар еді. Құстар шырқау биікте періштелер тұрағына таяу ұшқанда осындай үнді естуі керек сияқты. Алайда оған Мариустің қолынан келетін күллі өмірлік, адами, жағымды нәрселер араласып кетті. Олар үңгірде айтылатын, масаханада қайталанатын сөздердің әлқиссасы, тамылжыған лирика, сонет пен әнұранның қоспасы, гүрсілдеген ғашықтың сүйікті асыра сілтеулері, қимастықтың қастері, — бәрі жиналып жұпар шашатын керемет гүлдестеге айналып, жүректің жүрекке айтар лебізін жеткізіп жатқандай.
— О, сен қандай тамашасың! — деп сыбырлады Мариус. — Саған тіпті қарауға да батпаймын. Сені тек қиялымда көремін. Құдайдың рахманысың ғой сен. Маған не болғанын өзім де білмеймін. Кебісіңнің тұмсығы көрініп тұрған көйлегіңнің етегіне дейін мені есімнен тандырады. Ал ойыңнан сәл сыр берсең-ақ ол сиқырлы сәуле себелейді. Сен ғажап ақылдысың. Кейде сен маған түсім сияқтысың. Сөйлей бер, бір сөзіңді шашау шығармай тыңдаймын, саған қайран қаламын. О, Козетта! Бұл неткен ерен ғажайып! Мен естен айырылдым. Қандай керім сүйіктісің, бикеш. Сенің құйтақандай ғана аяғыңды микроскоппен, жайсаң жаныңды телескоппен көрсем деймін.
— Бүгін таңнан бері сені мен ұдайы сүйгенімнен де сәл артығырақ сүйетін сияқтымын, — деді Козетта.
Бұл әңгімеде сауалдар мен жауаптар алмаса отырып, электрмен зарядталған ойыншықтардың ортаға тартып тұратыны тәрізді айнымай махаббатқа тірелді де тұрды.
Козеттаның бар болмысы аңқаулықтың, ақкөңілдіктің, айқындықтың, пәктіктің, тазалық пен мөлдірліктің бейнесі деген бір-ақ сөз айтуға болар. Өзін көргеннің әрқайсысына ол көктем мен таңғы шапақтай әсер етті. Оның көзінен шық жылтырап тұратын. Козетта әйел бейнесіндегі таңғы шұғыла болатын.
Мариустің оны қастер тұтып, қайран қалатын реті де бар. Шынында да осынау кішкентай ғана монастырь шәкірті мектеп орындығынан жаңа шыққанына қарамастан, сөйлескенде сондай сұңғыла және көбіне ақиқат пен сұлулық тілінде сұхбаттасады. Оның мылжыңының өзі нағыз әңгіме. Ештеңеден де қателеспей, пікірін нық айтатыны ғаламат. Әйел заты жүректің байыпты пайымына бағына отырып сезіммен сөйлейді ғой. Тек әйел ғана жұмсақ сөз айтып, тереңнен толғап сөйлейді. Әйелдің бүкіл болмысы нәзіктік пен тереңдіктен тұрады, сонысымен ол аспаннан аумайды.
ІІІүп-шүп толы осы бақыттың арасында олардың көзіне сәт сайын жас үйіріледі. Жаншылып қалған қызыл қоңыз, ұядан түскен қауырсын, долананың сынған бұтағына шейін аяныш туғызады: тұрпайылықтан туған рақат да көз жасын тілейтін тағылетті. Махаббаттың ең анық нышаны — елжіреу, кейде тіпті бауыры езіле елжіреу.
Ал сонымен қатар мұндай қайшылықтар бар болғаны махаббаттағы күн мен көлеңкенің ойыны — олар таңғажайып еркіндікпен сықылықтап кеп күледі, кейде тіпті балаға да ұқсап кетеді. Әйткенмен пәк тазалықпен масайған жүректер үшін қалғуды білмейтін табиғат ұдайы жанында жүретіні беймәлім. Ол өзінің өрескел де өршіл мақсатымен қашанда осында, жан-жүрек қанша берік болмағанмен де, оңаша, бейкүнә кездесудің өзінде де қос ғашықты екі достан ажырататындай таңғажайып тылсым бірдеңе болады.
Олар бірін-бірі тәңір тұтты.
Мызғымайтындар мен мәңгі қозғалыстағылар бір мезгілде тірлік етеді. Адамдар бірін бірі сүйеді, біріне бірі жымияды, күледі, езуін тартып тыржияды, саусақтарын айқастырады, бір-біріне "сен" дейді, бірақ бұл мәңгілікке бөгет болмайды. Қос ғашық ымырт жамылып, кеш құшағына жасырынады, құстармен, гүлдермен бірге көзге түскісі келмейді, түнде олар бір-бірін көзімен арбап, оған өзінің жүрегін тосады, сыбырласып сырласады. Сол бір шақта жарық әлемнің байтақ та біркелкі қозғалысы шексіздікті сықай толтырып жатады.
Екінші тарау
КЕМЕЛ БАҚЫТТЫҢ РАҚАТЫН КЕШУ
Олар бақыттан есеңгіреп ұйқылы-ояу өмір сүрді. Дәл сол айда Парижді тып-типыл қыла жаздаған тырысқақты да байқамады. Бір-біріне олар қолынан келгеннің бәрін сенді, ал бұл "бәрі" есімдерін хабарласудан әрі асқан жоқ. Мариус Козеттаға өзінің жетім екенін, аты-жөні Мариус Понмерси екенін, кітап сатушыларға мақала жазумен күн көретін адвокат екенін, әкесі полковник, батыр болғанын, өзі бай атасымен ұрсысып қалғанын айтты. Тағы да ол өзінің барон екенін айтып еді, онысы Козеттаға ешқандай әсер етпеді. Мариус барон ба? Қыз түсінбеді, мұның не екенін білмеді, оған Мариус Мариус қана. Өзі туралы ол Кіші Пикпюс монастырьінде тәрбиеленгенін, өзінің де анасы қайтыс болғанын, әкесінің аты Фошлеван екенін, өте қайырымды кісі екенін, кедейлерге көп көмектесетінін, бірақ өзі кедей екенін, өзін бар жағынан шектейтінін, бірақ Козеттасынан ештеңе аямайтынын айтты.
Қандай оғаш болғанмен де, Козеттаны көрген күннен бастап өзіндік бір симфонияға айналған өмірінде Мариуске өткені, тіпті таяуда өткенінің өзі бұлыңғырланып алыстап кеткендей болып көрінді, сондықтан оны қыздың айтқаны толық қанағаттандырды да. Ол тіпті лашықтағы түнгі оқиға туралы, Тенардье жөнінде, күйік жайында, оның әкесінің оғаш тәртібі мен түсініксіз қашуы турасында айтуды ойлаған да жоқ. Мариус мұның барлығын табан аузында ұмытып кетті, ертеңгілік не істегенін кешкілік есіне түсіре алмайтын болды, қайда тамақтанғаны, кіммен әңгімелескені де ойында қалмайды, оның құлағында бір әуен ызыңдайды да тұрады, сол оны басқаның бәріне керек ғып қойған, ал Козеттаны көрген шақта ғана тіріліп, тірлік құра бастайды. Онда ол аспанға шырқап кетіп, жерді мүлдем ұмытады, былайынша мұнысы әбден табиғи. Олардың екеуі де титықтап, қол жетпейтін тәни емес, рухани ләззат кешеді. Ғашықтар аталатын айкезбелер осылай өмір сүреді ғой.
Осының бәрін бастан кешпеген кім бар? Атамаңыз! Бауыр басқан сол аспанымызды тастап кетер сот неге туады, өмір неге одан әрі жалғаса береді десеңші!
Махаббат ойдың орнын түгел басып қалады. Махаббат — қалғанның бәрін ұшты-күйлі ұмыту. Адам жүрегінен мүлтіксіз логикалық байланысты таба алмайсың, құдды кәміл жетілген геометриялық фигуралардың аспан тетігінен табылмайтыны тәрізді Козетта мен Мариус үшін өздерінен басқа тірлік кешкен ешкім жоқ сияқты. Олардың айналасындағы бар әлем күйреп, айтақырға айналған секілді. Олар қас-қағым сәтпен ғана өмір сүріп жатыр. Алдында да, артында да ештеңе болмағандай. Мариус Козеттаның әкесі барын көз алдына әзер келтіреді. Жады оның көзі кете бастағандай буалдыр тартып барады. Ғашықтар не жайында әңгімелеседі екен? Гүлдер мен қарлығаштар, батқан күн мен туған ай, басқа да маңызды нәрселер туралы әңгімелескенін білеміз. Олар бір-біріне "қалғанынан" басқасының бәрін айтты. Ғашықтар үшін "қалғаны" ештеңе де емес. Ал әке, ақиқат өмір, қылмыс кекті, бандиттер жақындағы оқыс оқиға — түкке тұрмайды. Таяудағы сұмдық шатақтың нақты болғанына да оның кәміл сенімі жоқ. Басқа ештеңе болмаған сияқты. Бәлкім, жұмаққа жетсек, арттағы тозақ жойылатын шығар. Жалпы біз жын-періні көрдік пе көзімізбен? Олар өмірде бар ма, өзі? Үрейден қалтыраушы ма едік? Осы біз қапа шектік пе? Олардың бірі де есімізде жоқ. Қызғылт мұнар бәрін көлегейлеп тұр.
Екі жас осылай қол жетпес биікте, табиғатта жиі кездесетін шындыққа жанасымы жоқ қиял әлемінде өмір сүріп жатты; шыңырауда да емес, шырқауда да емес, адам мен аруақтың арасында, жер батпағының бетінде, нағыз эфирдің астында, бұлттардың қойнауында тірлік құрды: жаны тәнсіз, рақаты әрсіз, жермен жүруге тым биіктеп кеткен, көкжиекке сіңіп кетуге жаратылысы жібермейді, отырып қалар алдында аласұратын атом сияқты әдеттегі арнаны білмей, кеше, бүгін, ертең дегенмен санаспай, тағдырдан тыс тұрмыс кешулі олар; есі кетіп есеңгіресе де, дымы құрып титықтаса да самғауын қоймай, кейде жеп-жеңіл будай шексіз кеңістікке сіңіп, мәңгілікке қарай ұшуға дайындалып жүргендей көрінеді.
Олар осы жанды әлдилейтін баяу тербелісте қалғып отыр. Шіркін, шындықтың мұрат мүлгіткен тамаша, тәтті ұйқысы-ай!
Кейде Козетта қанша келісті болса да Мариус ол қатар отырғанда көзін жұмады. Көз жұму — жанға үңілудің ең жақсы тәсілі.
Мариус пен Козетта бұл қылықтары қайда апарып соғарын ойланған емес. Олар жолдың бір шетіне шықтық деп санады. Адамдарда бір оғаш дәме бар: олар махаббаттың бәзбір жаққа бастағанын қалайды.
Үшінші тарау
АЛҒАШҚЫ КӨЛЕҢКЕЛЕР
Жан Вальжан ештеңеден күдіктенген жоқ.
Мариуске қарағанда қиялшылдығы шамалы Козетта көңілді жүрді де, Жан Вальжанға өзін бақытты сезіну үшін осының өзі жетіп жатыр. Қыздың көңілін өзінің ойлары, жүрек тебіреністері, Мариустің бейнесі лықа толтырып, ол оның ұдайы жымиып тұратын тап-таза сұлу өңіне онша әсер етпегендей. Ол қыздың өз махаббатын періштенің ақ гүлді аялағанындай аялайтын жаста еді. Сонымен Жан Вальжан да тыныш болатын. Оның үстіне ғашықтар арасында жарастық орнаса, барлығы жақсы болуға тиіс, ал үшінші біреу сол махаббатқа көлеңке түсірсе, онда ол әсіре сақтықпен адасқаны. Өзі де сақ Козетта Жан Вальжанның ешқашан бетіне келген емес. Ол қыдырғысы келе ме? Жақсы, әкетай, бара ғой, дейді. Кешін ол Козеттаның жанында өткізгісі келсе, қызы қуанып кетеді. Әдетте ол өзіне кешкі сағат онда жиналады, сондықтан Мариус бұл мерзімнен бұрын бақта төбесін көрсетпейді, Козетта әйнекті есікті ашқанда ғана келеді. Әлбетте, Мариус күндіз мұнда ешқашан көрінбейді. Жан Вальжан Мариустің бар екенін ұмытып та кеткен. Тек бір күні ертеңгілік ол Козеттаға "Арқаң аппақ қой, бірдеңе тиген бе?" деді. Соның алдында кешкісін Мариус шаттық шабыты үстінде Козеттаны құшақтап, байқамай қабырғаға қысқан.
Тусен кемпір тек қана ұйқысын қандыруды ойлап, жұмысын ерте бітіріп төсекке жантаяды, сондықтан оның да ойына күдік деген кіріп шықпайды.
Мариус үйге бірде-бір рет бас сұққан емес. Козеттамен бақта болғанда да көшеден біреу-міреу көріп, не айтқандарын естімесін деп есіктің сыртындағы қуыста отырады; әңгіменің орнына олар көбінесе бірінің қолын бірі қысып, ағаш бұтақтарына қараумен болады. Егер сол сәтте отыз қадам жерде жасын ойнап жай түссе, оны олар аңғармас еді, өйткені бірінің құмарлығынан бірі тоят ала алмай өздерімен өздері әуре-тұғын.
Бейкүнә мөлдір көңілдер-ай! Жарықпен нұрланған сәттер қашанда біркелкі. Мұндай махаббат ақ гүл жапырақтары мен көк қауырсындардың дауылы сынды.
Олармен көшенің арасында көсіліп бақ жатыр. Мариус келген сайын, кеткен сайын тортемірдің өзі бұрап ашып өткен сымдарын қайта түзеп, орнына мұқият салып отырады, ешқандай із қалдырмайды.
Әдетте ол түн ортасына қарай кетіп, бірден Курфейракқа тартады. Бірде Курфейрак Баорельге айтты:
— Сенің ойыңа келе ме осы? Мариус үйге түнгі сағат бірде оралады.
— Онда не тұр? — деп жауап қатты Баорель. — Үндемегеннен үйдей пәле шығады деген бар.
Кейде Курфейрак салмақтана қалып, қолын кеудесіне қойып, Мариуске ескерту жасайды:
— Жас жігіт! Сіз ақиқат жолынан тайып барасыз!
Курфейрак істің адамы болатын, Мариустің жүзіндегі көзге
көрінбес жұмақтың жарқылына сондығынан да ықылассыз қарады, жерден тыс құштарлықтар оған түсініксіз, ондайды байқаса өзін-өзі ұстай алмай, сабасынан асып кетеді, Мариуске ол шын өмірге қайта орал деп талап та қойды.
Бірде ертеңгілік ол мынадай мәлімдеме жасады оған:
— Қымбаттым! Сен маған айға қоныстанып, қиял патшалығында жүрген жандай көрінесің, адасу аумағынан шыға алмай, Сабын көбігі астанасында жүрген сияқтысың. Жөніңе келіп, оның аты кім екенін айтшы!
Алайда Мариусті сыр ашуға ештеңе күштеп мәжбүр ете алмады. Ол үш буыннан тұратын Козетта атты сиқырлы есімнің бір буынын атағаннан гөрі тырнағын жұлып алып бергенді артық көреді. Шын махаббат таңдай арайлы, көрдей қараңғы һәм үнсіз. Дегенмен Курфейрак Мариустен жаңалық байқамай қалған жоқ, ол оның бақытпен нұрланған үнсіздігі еді.
Сол бір ләззатты мамыр айы бойында Мариус пен Козетта ұлы рақаттың не екенін таныды.
Келіспей қалып бір-біріне "сіз" деп сөйлеу тек кейін керемет құштарлықпен "сен" деу үшін керек екен;
Бір-біріне тіпті ешбір қатысы жоқ кісілер туралы ұзын-сонар әңгімелер айту махаббат атанатын таң-тамаша операда либреттоның ешқандай мәні жоқ екенінің тағы бір дәлелі Мариус үшін Козеттаның сәнді киім туралы айтқанын тыңдау рақат;
Козетта үшін Мариустің саясат жайында айтқандарын тыңдау рақат;
Біріне бірі жабыса түсіп Вавилон көшесіндегі доңғалақтардың тарсылын тыңдау да қызық;
Аспандағы жұлдыздарға немесе шалғындағы жарқырауық қоңызға қарау тіптен жақсы;
Бірінің аузына бірі қарап бірге үнсіз отыру — әңгімеден әлдеқайда артық ләззат секілді;
Не керек, рақат пен ләззат таусылар емес.
Осылай отырғанда күн күркіреп, жаңбыр иісі білінеді.
Бірде кешкілік Мариус кездесуге бет алып, Мүгедектер бульварынан өтіп, Плюме көшесіне бұрылғалы әдеттегідей басын төмен салып келе жатыр еді, жақын жерден саңқ еткен бір дауысты естіді:
— Қайырлы кеш, Мариус мырза!
Ол басын көтеріп Эпонинаны таныды.
Бұл оған кереметтей әсер етті. Ол өзін Плюме көшесіне алып келген күннен бері бұл қызды есіне де алмаған, қайтып көрмеген, сондықтан жадынан шыға бастапты. Өз бақыты үшін қарыздар қызға ол дән разы болып алғыс қана айтуға тиіс еді, неге екені белгісіз, мына кездесу оған ауыр соқты.
Махаббат таза да бақытты болса кісіні кемелдікке жеткізеді деп ойлау қате, ол ұмытуға соқтырады, оны-мұны біз анықтағанбыз. Мұндай көңіл күйде адам жаман болуды ғана емес, жақсы болуды да ұмытып кетеді. Разылық, парыз, ең елеулі, ең үзілмес естеліктердің өзі ғайып болады. Кез келген басқа уақыт болса Мариус Эпонинаға мүлдем басқаша қарар еді. Козеттаға әбден бауранған ол бұл қыздың аты-жөні Эпонина Тенардье екені, ол әкесінің өсиетінде сызып көрсеткен фамилиясымен жүргенін, бұдан бірнеше ай бұрын ғана сол есім үшін өзін құрбандыққа шалуға да әзір болғаны туралы өзіне айқын есеп те бере алмады. Біз Мариусті боямасыз көрсетіп отырмыз. Тіпті махаббаттың жарық нұры астында әкесінің бейнесі де оның көңілінде көмескі тарта бастады.
— Ah, Эпонина, бұл сіз екенсіз ғой, — деп жауап қатты ол біраз абдырап қалып.
— Сіз маған неге "сіз" деп айтасыз? Әлде мен сізге жаман бірдеңе жасадым ба?
— Жоқ, — оның қызға қарсы ештеңесі де жоқ. Алайда ол Козеттаға "сен" деген соң Эпонинаға "сіз" деп айтуға тиістімін деп ұқты өзін.
Ол қызға үнсіз ғана қарады.
— Айтсаңызшы... — деп бастай беріп қыз мүдіріп қалды. Осынау алаңсыз да адуын тумаға бір кезде айтар сөз табылмай қалды деп ойлауға да болар. Оның жымиып күлгісі келіп еді, күле алмады.
— Ал!.. — деп қайта бастады қыз.
Сосын көзін төмен салып, қайтадан үндемей қалды.
— Қайырлы түн. Мариус мырза, — деп кілт қайырды да, бұрылып жүре берді ол.
Төртінші тарау
КЕБ — АҒЫЛШЫНША ДОМАЛАНАТЫН НӘРСЕ, АЛ АРГОША ҮРЕДІ ДЕГЕН СӨЗ
Келесі күні (бұл 3 маусым еді, ал 1832 жылдың 3 маусымы Париж көкжиегіне сол тұста найзағайлы бұлт болып төнген маңызды оқиғаларына орай айтулы күндердің бірі) Мариус қараңғылық түсісімен шат-шадыман ойларымен қанаттанып, әдеттегі жолымен келе жатыр еді, кенет ағаштардың арасынан өзіне жақындап келе жатқан Эпонинаны көзі шалды. Екі күн қатарынан мұнысы не деп ойлады. Ол бульвардан бұрылып басқа жолға түсіп, Плюме көшесіне Принц көшесі арқылы тартты.
Miнe, сондықтан да Эпонина әлі бір де рет істемегенін істеп, оның соңынан Плюме көшесіне дейін еріп келді. Осыған дейін ол оған бульвармен өткенде алдынан қарсы шығуға тырыспай сырттай қарағанға ғана қанағаттанатын, тек осының алдында ғана онымен сөйлесуге бел буған еді.
Сонымен, Эпонина оның соңынан ерді де, жігіт оны байқаған жоқ. Ол Мариустің тортемірдің сымын бұрап ашып, ішке кіргенін көзімен көрді.
"Қарай гөр! — деді қыз өзіне өзі. — Оның үйіне барып жүреді екен ғой".
Ол да тортемірге таяп кеп сипап көріп, Мариустің сырғытып жүрген сымын тапты.
— Жо-жоқ, олай бола қоймас! — деп бұрқ етті. Сосын оны күзеткен кісідей сымның түбіндегі тастағанға отырды. Бұл тортемірдің көрші қабырғамен түйісетін жеріндегі бұрыш еді, сондықтан Эпонинаның ештеңені көріп-білуіне мүмкіндік болмады.
Осылай ол өз ойларымен азаптанып міз бақпай, қозғалмай бір сағаттан астам отырды.
Сағат кешкі ондарда Плюме көшесімен өткен екі не үш адамның бірі, кешігіңкіреген қарт буржуа жаман аты жайылған бұл көшеден тезірек өтуге тырысып, тортемір мен қабырғаның түйіскен тұсындағы бұрышқа таяй беріп зілді, қатаң дауыспен:
— Ол осында кеш сайын келеді дегенге сенуге бола ма! — деген сөз естіді.
Жүргінші айнала үңіле қарап ешкімді көре алмады, қыз отырған қараңғы бұрышқа келуге батпады. Қатты қорқып, шапшаң адымдап жөнеле берді.
Оның жөнеле беретін жөні бар сияқты, ұзамай онша көп уақыт өтпей Плюме көшесінің бұрышынан төрт адам көрінді, араларына біраз қашықтық салып, қабырға бойлай бөлек-бөлек келе жатыр; оларды сәл ішіп алған түнгі шолғыншылар деуге де болады.
Алғашқысы бақтың тортеміріне жетіп, қалғандарын күтіп тоқтады, араға минөттей уақыт салып алтауы да сол арада түйісті.
Әлгі кісілер бір-бірімен баяу әңгімелесе бастады.
— Туткайль, — деді олардың бірі.
— Бақта кеб бар ма екен? — деп сұрады екіншісі.
— Білмеймін. Сақтықта қорлық жоқ деп собалақты ала шықтым. Шайнап көрсін.
— Сенде әйнекті түсіретін шайыр бар ма?
— Бар.
— Тортемірі ескі екен, — деп сөз қосты даусы іштен гүрілдеп шығатын бесінші біреу.
— Онда тіпті жақсы, — деді екінші. — Демек, скрипканың астында дарылдамайтын болады да, парша-паршасын шығару қиынға түспейді.
Осыған дейін ауыз ашпаған алтыншысы жаңағы Эпонина сияқты тортемірді зерттей, әр сымды сипалап қозғап көре бастады. Осылай ол Мариус қозғап қойған сымтемірге де жетті. Сол сымды ұстай беруі мұң екен, қараңғыдан шыға келген бір қол оның иығына сарт етті, ол тура кеудесінен кері итерген серпінді сезді де, қырылдаған қарлығыңқы бір дауыс баяу ғана:
— Мұнда кеб бар, — деді.
Сол мезет ол алдында боп-боз боп тұрған қызды көрді.
Күтпеген кездейсоқтықтан ол есеңгіреп қалды. Оның бүкіл түгі сыртқа тепкендей болды, мазасын алған жыртқыш аңның ашуынан жаман қорқынышты көрініс бола ма, оның үрейленгенінің өзі үрейлендіреді ғой. Шегіне беріп кекештеніп:
— Бұл тағы қандай жәлеп? — деп дүңк етті.
— Сіздің қызыңыз.
Шынында да бұл Эпонина еді, сөйлесіп тұрғаны Тенардье.
Эпонинаны көрісімен Сыңғыртеңге, Тірідейжұтқыш, Бабет, Монпарнас пен Брюжон үн-түнсіз түн адамдарына тән қатерлі сылбырлықпен асықпай оған жақындап келді.
Олардың қолында кесапат саймандар бары аңғарылады. Тірідейжұтқыш қолында ұрылар бас орамал атайтын қисық қысқаш бар.
— Сен бұл арада неғып жүрсің? Бізден саған не керек өзі. Есіңнен адасқаннан амансың ба? — деді қырылдаған дауыспен Тенардье. — Біздің жұмысымызға бөгет болғалы келдің бе?
Эпонина қарқылдай күліп, оның мойнына асылды.
— Мен мұндамын, әкетай, мұнда болған соң мұндамын, айналайын. Әлде маған таста отыруға тыйым салынған ба? Ал сіздерге дәл осы арада істейтін ештеңе жоқ деп айтып едім ғой. Жарайды, енді мені бір сүй, қымбатты әкетайым. Сізді көрмегеніме көп болды ғой. Демек, сіз еркіндікке шықтыңыз.
Тенардье Эпонинаның құшағынан босануға тырысып тағы да дүрс етті.
— Тамаша. Сүйдің ғой — сол жетеді. Иә, мен бостанмын. Енді еріксіз емеспін. Ал бара қой.
Алайда Эпонина оны босатпай еркелігін үдете түсті.
— Әкетай! Босанып шығуды қалай ұйымдастырдыңыздар? Одан босап шыға алған қандай ақылды едіңіз? Маған сол туралы айтып беріңізші. Ал мамам ше? Мамам қайда? Айтыңызшы, мамама не болды?
— Ол аман, — деп жауап қатты Тенардье. — Айтқандай, босат деп тұрмын ғой, босат та, жөніңе тарт.
— Ақы берсеңіз де кетпеймін, — деп бәлденді ерке баланың қылығына салып. — Сіз мені қуасыз ба, ал менің сізді көрмегеніме төрт ай болды, әлі сүйіп те үлгергенім жоқ.
Осыны айтып ол әкесінің мойнынан қайта құшақтады.
— Аһ, сайтан, бұл есуастық қой енді, — деп дызылдады төзімі таусылған Бабет.
— Уақыт кетіп барады! — деп айқайлап жіберді Тірідейжұтқыш. Өстіп тұрғанда әлгілер келіп қалды. Ернін қимылдатпай сөйлейтіннің көкірегінен гүжілдеп екі жол өлең шықты:
Жаңа жыл емес жанығар,
Сүюдің өз жөні бар.
Эпонина бес бандитке бұрылды.
— А, иә, мынау Брюжон мырза! Сәлеметсің бе, Бабет мырза! Армысыз, Сыңғыртеңге мырза! Сіз мені танымай қалдыңыз ба, Тірідейжұтқыш мырза! Қалай тұрып жатырсың, Монпарнас.
— Алаң болма, сені барлығы таныды! — деп бұрқылдады Тенардье. — Сәләмат бол, қош енді, қараңды өшір бұл жерден. Бізді жайымызға қалдыр.
— Бұл тауық ұйықтап, түлкі қыдыратын шақ қой, — деді Монпарнас.
— Бұл арада біз жұмыс істеуіміз керек, түсінікті ме? — деп қостады оны Тенардье.
Эпонина Монпарнастың қолынан ұстай алды.
— Сақтан! Пышаққа түсіп қаласың, менің қолымда қалам тұр, — деп ескертті ол.
— Монпарнас, айналайын, — деді жалынышты момақан үнмен Эпонина, — адамдар біріне бірі сенуі керек қой. Мына мен өз әкемнің қызы емеспін бе? Бабет мырза, Тірідейжұтқыш мырза! Істің мән-жайын анықтауды маған тапсырған жоқ па едіңіздер?
Бір ғажабы, Эпонина қайтып аргомен сөйлеспеді. Мариуспен танысқаннан бері ол тіл қыз үшін жарамсыз боп қалды.
Сүлдердің саусақтарына ұқсас тарамыс, кішкентай, әлжуаз қолымен Тірідейжұтқыштың дүрдиген ернін басып тұрып:
— Сіздер менің есуас емес екенімді білесіздер ғой, — деді сөзін жалғастырып. — Маған қашанда сенеді. Орайы келгенде сіздерге қызмет те көрсеттім. Ендеше мен мұндағы жағдайды да анықтап көрдім. Білсеңіздер бар ғой, сіздер өздеріңізді қатерге бекер байлап бергелі тұрсыздар. Құдай ақына, бұл үйде сендер істер түк те жоқ.
— Онда жалғыз әйелдер емес пе? — деді Тірідейжұтқыш.
— Жоқ. Барлығы кетіп қалған.
— Ал шырағданы қалыпты ғой, — деп қағытты Бабет.
Эпонинаға ол ағаштардың жоғарғы жапырақтарының арасынан қосалқы үйдің шатырынан жылтыраған жарықты көрсетті. Бұл ұйықтамай, жуған кірін кептіріп жүрген Тусен болатын.
Эпонина соңғы әрекетін жасады.
— Онда тұрған не бар! — деді ол. — Онда мүлдем тақыр кедейлер тұрады, одан емге деп бір су таппайсыңдар.
— Жоғал дедім ғой! — деп айғай салды Тенардье. — Бүкіл үйдің астын үстіне түсіріп төңкергенде одан жирендер де, ақтар да шыққанын, бақырлардың шылдырағанын саған айтып береміз.
Ол алға өту үшін қызын итеріп жіберді.
— Монпарнас мырза, достым, — деді Эпонина. — Сен сондай әйбат жігітсің, өтінемін, онда бармашы.
— Сақтан, пышаққа түсесің дедім ғой! — деп жауап қатты Монпарнас.
Тенардье өзіне тән өктем, батыл үнмен:
— Тайып тұр дедім ғой, сайтан, еркектердің өз ісін өзіне қалдыр, — деді.
Эпонина Монпарнастың қолын қоя беріп оған қайта жармаса жаздады.
— Демек, сіздердің мынау үйге кіргілеріңіз келеді ғой? — деп сұрады.
— Тек тұмсық тықсақ болды! — деп мырс етті ернін қозғамай сөйлейтін қу.
Сонда қыз тортемірге арқасын сүйеп, бақайшығына дейін қаруланған бандиттерге жын-перілердей зілдене қарап, баяу, бірақ нық үнмен:
— Ал, менің жібергім келмейді, — деді.
Олар таңғалғаннан тастай қатып тұрып қалды. Көкірегінен сөйлейтін қу әлі мысқылдап тұр. Қыз қайтадан сөз бастады:
— Достар! Мені мұқият тыңдаңыздар. Егер баққа кірсеңіздер, тортемірге қол тигізсеңіздер, мен айғай салып, қақпаны ұрғылаймын, халықты көтеріп, полицейлерді шақырамын, алтауыңды бірдей ұстап алатындай жасаймын.
— Бұдан шығады, — деді Тенардье Брюжон мен көкірегінен сөйлейтінге.
Қыз басын сілкіп тастап:
— Басы әкетайым ғып ұстатамын, — деп қосты.
Тенардье оған таяп барып еді:
— Менен аулағырақ тұр, шалеке, — деп ескертті.
Әкесі кері шегініп, тісінің арасынан сыздықтата: "Мынаны не түлен түртіп жүр?" деп міңгірледі. Сосын:
— Қаншық! — деп гүр етті.
Қыз ызаланып кекете күлді.
— Айта беріңіз, ауыз өзіңіздікі, не қылсаңыздар да мұнда кірмейсіздер. Мен қаншық емеспін, өйткені қасқырдың қызымын. Сіздер алтаусыздар, одан маған келіп-кетер не бар. Сіздер еркексіздер. Олай болса, мен — әйелмін. Бірақ сіздерден қорқады екен деп ойламаңыздар. Сіздерге айтылды ғой: мынау үйге кірмейсіңдер, өйткені кіргендеріңіз маған ұнамайды. Тек жақындап көріңіздер, үріп қоя беремін. Сіздерге айттым ғой, кеб дегенің мен деп. Бәріңе менің пысқырғаным бар. Өз жолдарыңызбен жүре беріңіздер. Қайда барғыларыңыз келсе, сонда тартыңыздар, мұнда келмеңіздер, мен тыйым саламын. Сіздер пышақ сілтесеңіздер, мен кебіспен соғамын, маған бәрібір. Кәне, жақындап көріңдерші!
Қарқылдай күліп ол бандиттерге қарсы аттады, оның түрі үрейлі еді.
— Ей-ей, қорықпаймын сіздерден. Маған бәрібір, биыл жаз ашығып, қыста үсіп өлемін. Мынау ақымақ еркектер қарадай күлкіңді келтіреді. Олар өздерінен қыз болған соң қорқады деп ойлайды. Сонда неден қорқады? Қорқытып көрсін. Олар ырылдаса болды, кереуеттің астына кіріп кететін өздерінің қойқаңдаған ашыналарынан дәндеген. Мен ондайлардың тобынан емеспін, ештеңеден де қорықпаймын!
Эпонина Тенардьеге тесіле қарады.
— Тіпті сізден де қорықпаймын, әкетай! — деп елестей жанған көзімен бандиттерді шолып шығып, сөзін әрі қарай сабақтады:
— Маған бәрібір емес пе, әкем бауыздаған мені ертең мейлі Плюме көшесінің табанында тапсын, мейлі жыл өткен соң Сен-Клуда тормен тапсын, мейлі Аққу аралында шіріген ескі тығындар мен суға кетірген иттердің арасынан тапсын — маған бәрібір.
Осы арада тоқтауға мәжбүр болды, оны күрк-күрк құрғақ жөтел селкілдетіп, арық та тар кеудесінен тынысы қырылдап әрең шықты.
— Айқай салсам болды, — деп жалғастырды ол сөзін, — мұнда жетіп келіп, шап беріп бәріңді ұстайды да алады. Сіздер алтауақсыздар, ал мені күллі халық қолдайды.
Тенардье оған қарай жылжыды.
— Жоламаңыз! — деп айқай салды қызы.
Ол тоқтай қалып, мүләйімсіп сөйледі:
— Ал, жарайды, жоламайын. Қасыңа келмейін, тек қатты айқайлама. Қызым! Демек, сен біздің жұмысымызға кедергі келтіргің келеді ғой. Бізге ауқаттану үшін де бірдеңе табу керек емес пе? Демек сен өз әкеңді енді жақсы көрмейсің, ә?
— Сіз мені тойдырып болдыңыз, — деп жауап қатты Эпонина.
— Бізге бірдеңе ғып күн көру, ішіп-жеу керек қой...
— Өлмесеңдер өмірем қабыңдар.
Сосын ол тортемірдің тастұғырына жайғасып әндете бастады:
Қолы нәзік аялы,
Сондай әсем аяғы,
Уақыт өтіп барады...
Тізесіне шынтағын қойып, алақанымен жағын таянып немқұрайды реңмен ол аяғын қайшылады. Жыртылған көйлегінен ырсиған бұғанасы көрініп тұр. Қолшам оның бар кейпін қырынан да, тігінен де ашып берді. Дәл мұндай мойымайтын да иілмейтін ғаламатты көз алдыңа келтірудің өзі қиын.
Қабағы қарс жабылып түнерген алты тонаушы өздерін үрейде ұстаған қаршадай қызға қайран қыла алмай, шам ілінген бағаннан аулақ кетіп, қорланған, ызаланған олар иықтарын қозғап қойып ақылдасуға кірісті.
Қыз болса оларға сабырмен ызғарлана қарады.
— Сайтанның басына бірдеңе кіріп алып, шығар емес, — деді Бабет. — Бәз-бір себебі болуы керек. Әлде қожайынды сүйіп қалды ма екен? Дегенмен мұндай мүмкіндікті уыстан шығарып алу обал. Екі әйел, артқы аулада жалғыз шал; терезелердің пердесі де жаман емес. Шал жебірей болуы керек. Меніңше, пайдалы-ақ жұмыс еді...
Шамның жарығында жеңнен суырылған пышақ жарқ ете қалды.
— Жарайды, сендер онда бара беріңдер, — деп зекіп қалды Монпарнас. — Шаруа тындырыңдар. Қызбен мен қалайын, егер тырп етсе...
Тенардье ләм-мим деп тіл қатқан жоқ, тегі бәріне де әзір болса керек.
Олардың арасында сәуегей саналатын Брюжон да әдеттегідей іске жұмылдырып қойғанмен, әзір үн жоқ. Ол ойланып қалды. Ештеңеден қаймығып тоқтамайтын адам деген атағы бар еді оның, ол полицей күзетін де жаужүректігін көрсету үшін тонағанын жұрттың бәрі біледі. Оған қоса өлең жазып, ән шығарады, шидықтан зор беделге ие.
— Ал сен не айтасың, Брюжон? — деп сұрады Бабет.
Брюжон бір минөттей үнсіз тұрды да, сосын басын шайқап, үн шығарғысы келді.
— Міне, былай. Бүгін ертеңгілік мен төбелесіп жатқан екі торғайдың үстінен түстім, ал кешкісін долы қатынға тап болдым. Мұның бәрі жақсылық емес. Осы арадан табанымызды жалтырайық.
Олар кетті.
Жолда Монпарнас міңгірлеп:
—Бәрібір, егер керек болса оның жоқтауын бір-ақ асыратын едім, — деді.
— Ал мен өйте алмаймын, — деді Бабет. — Бикештерге мен тимеймін.
Бұрышта тоқтап, даусын бәсеңдетіп, олар сыры жұмбақ сөздер алмасты:
— Бүгін қайда түнейміз?
— Пантеннің астында.
— Тенардье! Сенің жаныңда тортемірдің кілті бар ғой.
— Менде болмағанда кімде болады ол!
Эпонина олардан көзін айырмай, келген жолымен қайта қайтқанын көріп отырды. Сосын орнынан тұрып, албарлар мен үйлерді көктей өтіп, олардың ізімен жүріп отырды. Оларды бульварға дейін ұзатып салды. Сол арада алты адам ажырасып, жан-жаққа тарады да, қараңғыға сүңгіп, сонда еріп кеткендей болды.
Бесінші тарау
ТҮНДЕ НЕ СЫР БАР
Бандиттер кеткеннен кейін Плюме көшесі қайтадан өзінің түнгі тыныш кейпіне кірді. Бұл көшеде қазір ғана өткен оқиға орманды ешбір таңдандырмас еді. Діңі биік ағаштар, шоқ-шоқ бұталар, мәңгі көк қопалар, айқасқан бұтақтар, бойлап өскен шалғындар көмескі күңгірт тірлік кешеді; быжынап қайнап жоғарғыны ажырата береді; кеудесінде жаны бар біз білмейтін заттарға түн қойнында бетпе-бет жүздесуге мүмкіндік береді. Түгі сыртына тепкен тағы табиғат бәз-бірдеңенің жақындап келе жатқанынан шошиды, онда жаратылыстан тыс бірдеңе барын сезеді. Түнек күштері бірін-бірі біледі, олардың арасында тылсым тепе-теңдік бар. Tic пен тырнақ ұстатпайтыннан қауіптенеді. Қанқұмар хайуандық, олжаға құныққан тойымсыз ындын, тырнақпен, тіспен қаруланған түйсіктер бастауы мен мақсаты қарын болып, мазасыздана тіміскіленіп, болмыстың бейтарап, адасқан елес сынды суретіне көз тастайды, ол олардың алдынан тұмандай буалдыр, төгіле теңселген киіммен шығып, өлі тірлік кетіп жатқан сұмдық болып көрінеді. Бұл мақұлықтар тұрпайы материяның тұтасқан түрі, олар шексіз, шетсіз түнектің алдында бұлдырап үрей шақырады. Жолды бөгейтін сол қара сұлба жыртқыш аңды бірден тоқтатады. Көрден шыққандар апаннан шыққандарды шошытады, қанішер жауыздан қорқады, қасқыр қасқыр-адамның алдында маймаңдайды.
Алтыншы тарау
МАРИУС НАҚТЫ ӨМІРГЕ ОРАЛЫП, КОЗЕТТАҒА МЕКЕН-ЖАЙЫН АЙТАДЫ
Адам бейнесіндегі қанден тортемірді күзетіп, қыз баладан бата алмай, алты тонаушы кері шегінгенде Мариус қаннен-қаперсіз Козеттаның қасында отыр еді.
Аспан ешқашан дәл мұндай жұлдызы жыпырлаған емес, тамаша ағаштар мұндай тербеліп, шөптердің иісі мұндай қалампыр татыған емес; жапырақтарда қалғып отырған құстардың қыбыры ешқашан мұндай нәзік болған емес; аспан әлемінің мизамшуақ жарасымы махаббаттың ішкі әуенімен ешқашан мұндай үйлескен емес; Мариус те ешқашан дәл мұндай ғашық, дәл мұндай бақытты, дәл мұндай таң-тамаша болған емес.
Қыздың көзі қызарып кетіпті.
Ол таңғажайып қиялдың төбесіне қонақтаған алғашқы бұлт еді.
— Саған не болған? — Мариустің алғашқы сөзі осы болды.
— Қазір... — деп бастады қыз есік маңындағы орындыққа жайғасып жатып, толқығаннан тебіреніп Мариус қасына кеп қатар отырған соң сөзін әрі қарай сабақтады. — Бүгін таңертең әкем әзip бол деді, оның бір шаруасы бар екен, бәлкім, біздің кетіп қалуымызға тура келер.
Мариус қалтырап кетті.
Өмірдің соңында "өлу" — айырылысу деген сөз; ал өмірдің басында "айырылысу" — өлу деген сөз.
Бір жарым ай бойы Мариус аз-маздап, бірте-бірте, баяу ғана күн асқан сайын Козеттаны баурап келе жатыр еді. Бұл таза рухани, бірақ кемел билеу болатын. Бұрын баяндағанымыздай, алғашқы махаббат тұсында жанды әлдеқайда бұрын игереді, кейінірек жаннан гөрі тәнді әлдеқайда бұрын билеп, кейде тәнді әлдеқайда бұрын билеп, кейде жанды ұмытып та кетеді. "Өйткені жан жоқ", — деп қосарланады Фоблаздар мен Прюдомдар, бірақ бақытқа орай бұл мысқылдары сезімді қорлау ғана. Сонымен Мариус Козеттаны рухтар меңгергендей меңгереді, алайда ол оны өз көңіліне қамап, қызғанышпен биледі, онысының дұрыстығына бұлтарыссыз сенді де. Ол оның жымиысын, тынысын, жұпар иісін, көгілдір көзін, терісінің қолына қолы тиіп кеткендегі нәзіктігін, мойнындағы таңғажайып меңін, күллі ой-пікірін меңгерді. Олар бірін бірі түн сайын түсінде көруге келісті — сөздерінде тұрды да. Сөйтіп ол Козеттаның бүкіл ұйқы-күлкісін биледі. Ол қоймай-қоймай оның желкесіндегі шашының қысқа бұйрасына үңіліп, кейде оны демімен желпіп, шаштың мына бұйрасының әрқайсы маған тиесілі дейді өзіне өзі. Мариус оның үстінде бардың бәріне телміре қарайды: ортасын шалып шашына байлаған лентаны да, қолғапты да, жеңіне ұстаған ақты да, бәтеңкесін де қасиет тұтып, өзін соның бәрінің иесі санайды. Ол оның шаш бастырған тасбақа сауытынан жасалған әдемі тарағының иесі де өзіммін деп ойлайды, тіпті бірде, сезімталдықтың, сыртқа тепкен түсініксіз былдыры ма, оған тиесілі емес қыз көйлегінің, бірде-бір өрнегі, шұлығының бірде-бір ілгегі, коржасының бірде-бір қыры жоқ деп соққаны бар. Олардың жандары мидай араласып кеткені сондай, егер өздерінікін қайтып алар болса, қайсысы кімдікі екенін ажырата алмайтындай көрінеді. "Мынау менікі". — "Жоқ, менікі". "Көзіңді жеткізейін, сен қателесіп тұрсың. Бұл, әрине, мен". — "Сенің өзім деп тұрғаның мына мен ғой" деп таласып қалулары да кәдік. Мариус Козеттаның бір бөлігі, Козетта өз бойында өмір сүріп жатқандай сезінді. Козеттаға ие болу, Козеттаны билеу ол үшін тыныс алу тәрізді. Міне, осы сезімге, осы рақатқа, осы беті ашылмаған билікке, көз көріп, құлақ естімеген біртұтас иелікке кенеттен: "кетіп қалуымызға тура келер" деген сөз оқ меңдей еніп, болмыстың қатқыл үні оған "Козетта сенікі емес" деп айқайлағандай болды.
Мариус кілт оянды. Жоғарыда айтқанымыздай, ол бір жарым ай бойы өмірден тыс тірлік етті, "кетіп қалу" деген сөз иығынан жұлқи тартып өмірге қайтып оралтты.
Ол не айтарын білмеді. Козетта оның қолы мұздай суық екенін сезді. Енді одан қыз сұрады:
— Саған не болған? — деп.
Оның жауабы сондай пәс болды да, Козетта әрең естіді.
— Сенің не айтып отырғаныңды түсінбедім.
Қыз қайта қайталады:
— Бүгін таңертең әкем маған барлық заттарыңды жинап әзір бол деді, өзінің де киім-кешегін жинап жол сандығына салып қоюымды тапсырды, оған бір жаққа барып қайту керек, екеуміз бірге кетеміз, сондықтан бізге жол сандықтары қажет, маған үлкенірек біреуін, оған кішірек біреуін алу керек, бәрі бір аптаның ішінде дайын болуы шарт, мүмкін біз Англияға аттанатын шығармыз.
— Ал бұл сұмдық қой! — деп дауыстап жіберді Мариус.
Сөз жоқ, сол сәтте Мариустің топшылауынша, бірде-бір билікті асыра пайдалану, бірде-бір зорлық, ең сұңғыла сұмырай тирандардың бірде-бір қаскөйлігі, Бжузирис, Тиберий мен Генрих VIII-нің бірде-бір қылығы қаталдығы жөнінен Фошлеванның қылығымен салыстыруға келмейді, бұл дойыр бәзбір шаруасы болғандықтан ғана қызын Англияға өзімен бірге алып кетсем деп отырған жоқ па?
— Сонда сен қашан жүресің? — деп сұрады ол пәс үнмен.
— Қашан екенін ол айтқан жоқ.
— Ал қашан оралмақсың?
— Оның да қашан екенін айтқан жоқ ол.
Мариус орнынан тұрып:
— Сіз барасыз ба, Козетта? — деп сұрады.
Козетта оған сағыныш пен мұңға толы көгілдір көзімен елжірей қарап, абдырай сөйлеп:
— Қайда? — деді.
— Англияға. Сіз бармайсыз ба?
— Сен маған неге "сіз" дейсіз?
— Мен сізден барасыз ба деп сұрап тұрмын ғой.
— Ал менің не істеуім керек, айтшы өзің? — деп сұраған қыз жалынғандай қолын жайды.
— Демек, сіз жүресіз ғой?
— Егер әкем барса?
— Демек, бірге жүресіз.
Козетта үнсіз ғана Мариустің қолын алып, қатты қысты.
— Жақсы, — деді Мариус. — Олай болса мен де бір жаққа баратын шығармын.
Козетта бұл сөздің мағынасын түсінгеннен гөрі сезінді. Оның құп-қу болып бозарып кеткені сондай, жүзі қараңғының өзінде аппақ болып көрінді.
— Сенің не айтқың келіп тұр? — деп сыбырлай сұрады қыз.
Мариус оған қарады, сосын көзін баяулатып аспанға көтерді.
— Ештеңе де айтқым жоқ, — деп жауап қатты ол.
Көзін төмен түсіріп ол Козеттаның жымиып отырғанын көрді. Сүйікті әйелдің жымиюы жүректе жарқырап тұрады ғой.
— Біз қандай ақымақпыз! Мариус, мен таптым!
— Нені?
— Егер біз жол жүрсек, сен де кетесің ғой. Мен саған қайда баратынымды айтамын. Сосын екеуіміз мен барған жерде кездесеміз.
Мариус енді еркек болды, оянғаны да анық және толық оянды. Ол жерге оралды.
— Сендермен бірге жүр дейсің бе? — деп ол Козеттаға айқай салды. — Сен есіңнен танған шығарсың! Бұл үшін ақша керек қой, бұл құрғырың менде жоқ. Англияға бару дегенің оңай деп отырмысың! Ал мен қазір Курфейрактың өзіне шамамен он лундордан артық қарызбын, оны сен білмейсің, менің бір жақын танысым ол. Басымдағы су тегін ескі қалпақ, бешпентімнің алдындағы бір түймесі жетіспейді, жейдем жыртық, шынтағы қырқылған, етігімнен су өтеді; бір жарым айдан бері оны ойлауды қойған едім, тіпті саған да айтқан жоқпын. Козетта, мен қайыршымын ғой! Сен мені тек түнде ғана көріп, махаббатыңды сыйлайсың, егер мені күндіз көрсең, су сыйлар едің. Англияға барайық дейсің. Ал менде төлқұжатқа төлейтін де түк жоқ.
Аяғынан тәлтіректеп әрең тұрып, қолын сытырлатып басына қойып ағашқа қарай аттады да, қатты қабығының бетін тырнағанына қарамастан жүзін діңге басты, шеке тамырына қан ұрып, денесінің көтеріліп кеткен ыстығын да сезбей, өкініштің тас мүсінін еске түсіріп сілейіп тұрды да қалды.
Осылай ол ұзақ тұрды. Мұндай қайғы құшағында мәңгі-бақи қалуды тілейтін түпсіз тұңғиық қой. Ақыры ол бері бұрылды. Оған жеңіл булыққан нәзік те мұңлы бір үн естілді.
Бұл еңіреп отырған Козетта еді.
Қасіретті ойға батқан Мариустің жанында оның жылап отырғанына екі сағаттан асты.
Ол Козеттаға келіп, тізерлеп отыра кетіп, етегінен көрініп тұрған бақайын сүйді.
Қыз оған үнсіз ғана ырық берді. Махаббаттың тағзымын әйелдердің мейірімсіз тәңірдей түнеріп қабылдайтын да сәті болады.
— Жылама, — деді ол.
— Бәлкім, маған кетіп қалуға тура келер, ал сен маған келе алмасаң қалай болады? — деп сыбырлады қыз.
— Сен мені сүйесің бе? — деп сұрады ол.
Еңірей отырып қыз оған сол пейіш сөзімен жауап қайырды, көз жасына жуылып үздіккен сыбырмен шыққан сол сөзден артық баурайтын не болсын-ау!
— Мен сені сүйгеннен бетер қастер тұтамын!
Айтып жеткізгісіз мейірбан үнмен сөзін жалғап:
— Жылама. Мен үшін жыламашы! — деді ол.
— Ал сен ше? Сен мені сүйесің бе? — деп сұрады қыз.
Ол оның қолын алды.
— Козетта! Мен ешқашан ешкімге шын сөзімді берген емеспін, өйткені сөз беруден қатты қорқамын. Мен қасымда әкем тұрғандай сезінемін. Олай болса, мен саған шын сөзімді берейін, ең бұлжымас уәде деп ұқ: егер сен кетсең, мен өлемін.
Осы сөзді айтқан мақамында салтанатты бір қасірет лебі ескендей болды да, Козетта дір ете қалды. Ол бір ызғар түйсінгендей болды, жанынан тағдыр зу етіп, қарамай өте шыққанда қапалы, қайғылы сәтті бастан кешіреді ғой.
— Енді тыңда, — деді ол — Ертең мені күтпе.
— Неге?
— Бүрсігүні күт.
— Неге?
— Сосын түсінесің.
— Табандатқан бір күн бойы сені көрмей қалай отырамын. Ол мүмкін емес қой.
— Бір күнді құрбандыққа шалайық, оның есесіне тұтас бір өмірді ұтып алармыз, бәлкім.
— Ол кісі өз дағдысын ешқашан өзгертпейді, тек кешкілік қана қабылдайды, — деді өзімен өзі сөйлескендей күбірлеп Мариус.
— Кім туралы айтып тұрсың? — деп сұрады Козетта.
— Мен бе? Мен ештеңе айтқаным жоқ.
— Сен неменеге сенесің?
— Бүрсігүнге дейін шыда.
— Соны қалайсың ба менен?
Қыз қолымен оның басын қысып, одан биігірек болу үшін аяғының ұшымен тұрып, көзінен үміт туғызатын бірдеңе оқуға тырысты.
— Miнe, менің ойлағаным мынау, — деп қайта сөз бастады Мариус. — Сен менің мекен-жайымды білуің керек, не болып, не қоярын кім біліпті. Мен өзімнің танысым Курфейракта тұрып жатырмын. Әйнек көшесі, он алтыншы үй.
Қалтасын ақтарып ол бәкісін алып қабырғаның сылағына ойып:
"Әйнек көшесі, №16" деп жазды.
Козетта тағы да оның көзіне тура қарады.
— Маған айтшы, Мариус, сен ойыңа не алдың? Сен бірдеңе ойлап жүрсің? Ол не жайында? Маған айт, әйтпесе түнді нашар өткіземін.
— Не жайында ойлайсың дейсің бе? Міне, былай: құдай бізді ажыратқысы келеді, — бірақ онысы ешқашан іске аспайды. Мені бүрсігүні күт.
— Оған дейін мен не істеймін? — деп сұрады Козетта. — Сен анда-мұнда келіп-кетіп жүресің. Ерлер бақытты ғой! Ал мен жападан жалғыз қаламын. Маған қандай көңілсіз, мұңға батып отырғаным ғой. Ертең кешке не істемексің сен? Айтшы.
— Мен бірдеңе ойластырып жүрмін.
— Ал мен құдайға құлшылық етіп, саған табыс тілеймін, ұдайы сені ғана ойлаймын. Сен қаламайды екенсің, енді сұрақ қойып мазаңды алмаймын. Сен менің әміршімсің. Ертең ұзақты кеш "Эвриантадан" сен сүйетін әндерді орындаймын, есіңде ме, мен шырқап жатқанда сен сыртта тыңдап тұрыпсың ғой, тереземнің түбінде. Бірақ бүрсігүні ертерек кел. Мен сені тура сағат тоғызда күтемін, қаперіңде болсын осы. Құдая, мына күндердің ұзағы да бір азап болды-ау. Естідің ғой, тура сағат тоғызда бақта боламын.
— Мен де.
Электр тоғындай елпілдетіп, есепсіз жылжыған бір ғана ой ғашықтарды үздіксіз қапаста ұстап, екеуі де сол бір қайғылы шақта құштарлық рақатына бой алдырып, бірінің бірі құшағына құлай кетті, еріндердің қалай түйіскенін, ауыздардың қалай сүйіскенін де сезген жоқ, ал жасқа толы шат-шадыман жанарлары жұлдыздарға қадалып қалған.
Мариус кеткенде көше бос еді, Эпонина бандиттердің ізімен бульварға дейін қуып кеткен-ді.
Әлгінде Мариус бетін ағашқа үйкеп толғанып тұрғанда, оған жалт етіп бір ой келген еді, оны өзі де орындалмайтын бос әуре деп санаған-ды. Сонда да өжет, күрт шешім қабылдады.
Жетінші тapay
ҚАРТ ЖҮРЕК ПЕН ЖАС ЖҮРЕК БІР-БІРІНЕ ҚАРСЫ
Жильнорман атайдың жасы тоқсан екіге қарады.
Бұрынғысынша қызы Жильнорманмен Құдайдың құмарлық бикештері көшесіндегі өзінің №16 ескі үйінде тұрады. Оқырманның есінде болса, бұрынғының болаттай шыңдалған бұл адамы өлім күткеніне қарамастан әлі тіп-тік, жылдардың ауыртпалығы белін бүге алмаған, тіпті қайғының өзі де қажырын мұқалтпайды.
Дегенмен де біраз уақыттан бері қызы "әкемнің қайраты қайта бастады" деп жүр. Ол бұрынғыдай қызметшілерге шапалақ жегізбейді, бұрынғы қулығымен баспалдақ алаңында таяғын тақылдатпайды, Баск есік ашарда кешігіп қалса зіркілдемейді. Жарты жылдан бері Шілде төңкерісін бұрқылдап ауызға алмайды. "Монитерден" мынау сөз тіркестерін недәуір сабыр сақтай отырып оқып шықты, онда: "Гюмбло-Конте мырза, Францияның пэрі" деп жазылған-ды. Қария сөз жоқ уайым құшағында. Ол шөккен де, шегінген де жоқ — өйтсе онысы тәни де, рухани да табиғатына қайшы келер еді, алайда жаны жабырқап, көңілі күйзеліп жүргені анық. Табаны күректей төрт жыл бойы ол бір қадам да шегінбей Мариусті күтті, ерте ме, кеш пе, сол "жаман баланың" есікті бір қағатынына сенеді, енді кейбір сағынған сәттерінде, егер ол тағы күтуге мәжбүр етіп келмей қойса қайтемін деген ой келеді басына. Оған өлім қатерлі емес, ал Мариусті қайтып көре алмай қаламын ба деген ой бәрінен де қауіпті. Бұл ой күні осы уақытқа дейін басына кіріп-шыққан жоқ, енді ол жиі толғантып, қанын мұздататын болды. Айырылысу қашанда болады, тек сезім шынайы да табиғи болсын де, онда махаббат күшейе түседі, атаның жақсылықты білмей жойылып кеткен немересіне деген ниеті де сондай. Жұрттың желтоқсанның сақылдаған сары аязында түн жамылып отырып күлімдеген күнді армандайтыны сияқты, бұл да оны бір көруге ынтығады. Соған қарамастан Жильнорман қауышудың алғашқы адымын ата жасамауы керек деп өзін әбден сендіріп қойған. "Одан да өлген артық" дейді ол. Өзін ештеңеге де кінәлі санамаса да ол Мариусті ол түнекке бет түзеген қарияның терең мейірімімен, үнсіз өкінішімен елжірей күтеді.
Оның тісі түсе бастады, соның да себебі бар шығар, сағынышы да үдей түсті.
Жильнорман бірде-бір жанды Мариустен артық көрген емес, анay бір көзтанысыңды одан артығырақ көруші едің ғой десе, ол жынданып кете жаздар еді.
Өзінің бөлмесіне, кереуеттің бас жағына ол кенже қызы, марқұм болған Понмерси ханымның ескі суретін іліп қоюға бұйрық етті. Он сегіз жасында бір суретшінің өзіне қарап отырып салған бұл суретін ол оянғанда алғаш көретінім осы болсын деп әдейі қойғызды. Бірде суретке қарай отырып:
— Меніңше, ол осыған ұқсайды, — деп әлдеқалай айта салды. Сіңліме дейсіз бе? — деп сұрады отырып қалған кәрі қыз Жильнорман. — Әрине, солай!
— Анаған да ұқсайды, — деп қосты қарт.
Бірде ол әбден мұңайып, көзін ашып-жұмып тоңған тізесін уқалап отырғанда қызы батылданып:
— Әке! Сіз оған әлі күнге дейін ашуланып жүрсіз бе? — деп сұрады да мүдіріп қалды.
— Кімге? — деп сұрады шал.
— Бейшара Мариуске.
Ол өзінің аппақ басын көтеріп, құр сүйек әжімді жұдырығымен үстелді пергілеп, терісіне сыймай ашуланып, қалтыраған дауыспен айғай салды.
— Сіз "бейшара Мариус" дейсіз бе. Ол мырзаң — қырсыз қыңыр, тоңмойын тоғышар, бөспе, мақтаншақ, жақсылықты білмейтін рақымсыз, мейірімсіз, тәкаппар-шамшыл шадыр!
Осыны айтып бұрылып кетті де, қызы оның көзіндегі жасты көрмей қалды.
Үш күн өткеннен кейін төрт сағат үндемей отырып кенет ол қызына қарап:
— Мамзель Жильнорманнан ол туралы маған ешқашан ештеңе айтпауын мархабатпен өтініп сұраймын, — деді.
Жильнорман тәтей барлық сөзден бас тартып, өзі үшін терең мағыналы түйін жасады: "Әкем сіңліме сонау бір ақымақтық жасаған әбес қылығынан кейін әбден суыпты. Шамасы, енді ол Мариусті көргісі де келмейді".
"Әбес қылығынан кейін" деп отырғаны сіңлісінің полковникке тұрмысқа шыққан шағын меңзегені.
Айтқандай, кәрі қыз Жильнорманның Мариусті өз сүйіктісі, ұлан офицері Теодюльмен оның орынбасары ретінде ауыстыру жөніндегі әрекеті сәтсіздікке ұшырады, ешқандай нәтиже шықпады. Шынтуайттап келгенде, солай болуы керек те еді, Жильнорман жалған тұлғаға көнбеді. Көңіл қуысын тығындап толтыра алмайсың. Оның үстіне Теодюль де бұл арада мұрагерліктің иісі аңқып тұрғанмен мінсіз ұнаудың ауыр салмағын көтере алмады. Қария ұланды мезі қылды, ұлан қарияға жеккөрінішті болды. Лейтенант Теодюль ешбір күмәнсіз көңілді жігіт болатын, алайда шектен шыққан мылжың еді, жеңілтек, пасықтау, жақсы өмір сүруді сүйеді, бірақ тәрбиесі жаман, ашыналары көп, оны және мақтанып баршаға жайып жүреді, сөзінің дені былапыт.
Оның қасиеттерінің бәрі ақаулы ғана емес, зарарлы да болатын. Жильнорманды оның казармаға таяу Вавилон көшесіндегі сейіл-сайраны туралы былшылы мезі қылды. Ақыр аяғында лейтенант Жильнорман болып үш түсті кокардасы бар мундирмен де келді. Мұнысы енді шалдың шыдамын шегінен шығарып жіберді. Ақыры ол қызына:
- Мынау Теодюлің менің жеріме жетіп болды. Қаласаң оны өзің-ақ қабылда. Бейбіт уақытта менің әскерилерге деген ықыласым онша жоқ. Семсерді мен суаяқтың белінен емес, сарбаздың қолынан көргім келеді. Сүңгінің ұрыс даласындағы шыңылы көше табанындағы тарсылдай жиіркенішті емес. Оның үстіне қоқиланып батырсынғандай болады, қатын құсап белін қынап, сауыттың астынан корсет таңатынын қайтерсің — мұнысы енді күлкінің көкесі. Нағыз еркек мақтанудан да, мардымсудан да аулақ болуы керек. Мақтанып мақтана алмайды, жағынып жағына алмайды. Өз Теодюліңді өзің ал.
Шал айтты-бітті, қызы: "Бұл сіздің немере жиеніңіз ғой" деп дәлелдеймін деп босқа әуре болды. Бақайшығына дейін өзін ата сезінетін Жильнорманның немереге нағашы болғысы жалпы жоқ.
Салиқалы ақыл иесі болғандықтан ол салыстыра білетін, Теодюль оны Мариус жөнінде бұрынғыдан бетер өкінуге мәжбүр етті.
Бұл 4 маусым болатын, оның тор пешке шалдың от жағуына бөгеті болған жоқ, оттың алдына жайғасып, кешкілік қызына рұқсат беріп, өз бөлмесінде кесте тіксін деп жіберген-ді.
Ол өзінің жатынжайында отыр. Бір қабырғасы бақташы өмірінің көріністері бейнеленген сурет, оны ағаштан жасалған тоғыз бұтақты пердемен жартылай жауып қойыпты, кілем жабылған мамық тақта көсіліп, аяғын пештің тор теміріне салған, қолында кітап, бірақ оны оқып отырған жоқ, жасыл абажурдың астында екі шырағдан жанып тұр. Өзінің әдеті бойынша ол жас шағындағы сәнқойлық салтымен киініп, Гардың ертедегі суретіне ұқсап отыр. Егер ол қызы сырып тігілген кең епископ қапталын иығына жаппай көшеге шықса, жұрттың бәрі топырлап, оның ескі үлгідегі киімдерін қызықтары хақ. Өз бөлмесінде ол шапанын ертеңгілік немесе ұйықтауға жатар алдында ғана киеді. "Шапан тым қартайтып жібереді" дейтіні және бар.
Жильнорман Мариусті сүйінішпен де, күйінішпен де ойлайды. Оның зығырданы қайнап, кейде күйініштен елжіреген мейірімінің өзі өшпенділікке айналып, терісіне сыймай кетеді. Ол адам өз тағдырына бас иіп, жанын ауыртқан тірліктің өзімен келісетіндей жағдайға да жетті. Ол өзіне Мариусын енді күтудің қажеті жоқ, келетін болса ендігі оралатын еді ғой, үміт біткеннің бәрінен бас тарту керек деп өзіне өзі дәлелдеп бақты. Осымен бәрі бітті, "ол мырзаны" көрмей өлу пешенеме жазылған екен деген ойға көнуге де тырысты. Алайда болмысы бұған қарсы шығып, табанды әкелік түйсік онымен келісуден бас тартты.
"Қалайша, — дейді ол өзіне, бұл оның күнделікті қайғылы қайырмасы. — Қалайша ол оралмайды?" Оның қасқайған басы салбырап кеудесіне түсіп кетеді де қасіретке толы қапалы жанарын торпештегі күлге тірейді. Терең ойға шомған осындай сәтте өзінің қарт қызметшісі Баск кіріп:
— Тақсыр, Мариус мырзаны қабылдай алар ма екенсіз? — деп сұрады.
Қария өліктей бозарып, құп-қу болып, гальваникалық токтың әсерімен көтерілгендей мамықтаққа тістеніп отырды. Барлық қаны шапшып жүрекке құйылды. Ол міңгірлеп кекештеніп қалды:
— Қалайша? Мариус мырзаны дейсің бе?
— Білмеймін, — деп жауап қатты қожайынның түрінен шошып, дегбірі қашқан Баск. — Өзім оны көрген жоқпын. Николетта маған: "Жас жігіт келіп тұр, ол Мариус мырза екен деп баяндаңыз" деді.
Жильнорман естілер-естілмес етіп:
— Шақыр, — деп міңгірледі.
Ол сол тістенген қалпында отырды, басы қалтылдап, көзі есікті тесіп барады. Есік те ашылды. Жас жігіт кірді. Ол Маруис еді.
Кір деп шақырады екен деп күткен ол есік аузында тоқтап қалды. Оның жүдеу киімі абажурдан түскен көлеңкемен байқалмады. Тек оның сабырлы да салмақты, бірақ айрықша мұңлы жүзін ажыратуға болатын еді.
Таңғалу мен қуанудан есеңгіреп қалған Жильнорман қарт бірнеше минөт бойы жарық сәуледен өзге ештеңе көрмей қалды, әдетте көзіңе елес көрінгенде осылай болушы еді. Ол түйсік-сезімнен айырылып қала жаздады, Мариусті әйтеуір көз қарықтырған перде арасынан таныған сыңайлы. Иә, бұл сол, бұл Мариус болды.
Ақыры оралды-ау! Аттай төрт жылдан соң! Ол оны бір қарағаннан-ақ тартып алды. Мариусті ол сұлу да сымбатты, абзал, ересек, қалыптасқан еркек, өзін өзі ұстай алатын ақылды, аяулы азамат деп таныды. Оған құшағын айқара ашып, өзіне шақырғысы, қарсы ұмтылғысы келді, қуаныштан балқып, көкірегін шабытты сөздер кернеп, кеудесінен лықсып төгілгелі тұрды, ақыры мейірім шапағат жол тауып ауызға кеп тірелгенде, шал мінезінің өзегі болып табылатын қайшылық күшімен заһар боп төгіліп, қатыгездікке ұласты.
— Сізге не керек? — деп зілдене сұрады.
— Тақсыр... — деп абдырап қалды Мариус. Жильнорманға Мариустің құшағына құлағаны керек еді. Ол өзіне де, Мариуске де риза емес. Жильнорман өзін қатал, Мариусті салқын деп сезінді. Барған сайын ұлғайған қайғыны, жүрегін елжіретіп, жанын алаулатқан мейірім мен аянышты сезіну бейшара шал үшін сондай төзгісіз болды, сөйте тұрып қатыгездікті ауыздықтай алмады. Аяусыз ащы сезім оны қайта билеп алды:
— Дегемен, сіз не үшін келдіңіз? — деп қабағын қарс жауып Мариустің сөзін бөлді ол.
"Дегенмен" деген сөздің астарында "егер сен мені құшақтауға келмесең, неге келдің?" деген ескерту жатыр. Мариус атасының бетіне қарады, оның бозғылттығы мәрмәр тастан аумайды екен.
— Тақсыр...
Шал ызбарланып сөзін қайта бөлді:
— Сіз менен кешірім сұрағалы келген шығарсыз? Сіз өз кінәңізді мойындадыңыз ба?
Ол Мариусті ақиқат жолына саламын да, баланың жаны жұмсарады деп топшылады. Мариус дір ете қалды: одан әкесінен бас тартуды талап етеді, ол көзін төмен салып:
— Жоқ, тақсыр! — деп жауап берді.
— Олай болатын болса, — деп азапты да ызалы қапалықпен айқай салды шал, — менен не тілеп келдің?
Мариус қолын жұмып, бір адым ілгері жылжып әлсіз, дірілдеген үнмен жауап берді:
— Тақсыр! Мені аяй көріңіз.
Бұл сөз Жильнорманды арнасынан асырып, бұлқан-талқан қылды, бұрынырақ айтылғанда бұл оны толғандыруы мүмкін еді, ал қазір тым кеш. Ол орнынан тұрды, қос қолдап таяғына сүйенді, еріні ағарып, басы қалтылдап кетті, онсыз да ұзын бойы басын иген Мариустен биіктей түсті.
— Сізді аяуым керек пе! Бозбала тоқсандағы шалдан аяушылық тілейді, ә! Сіз өмірге еніп келесіз, мен кетіп барамын, сіз театрға, балға, дәмханаға, бильярд ойнауға барасыз, ақылдысыз, әйелдерге ұнайсыз, сұлу, жас жігітсіз, ал мен болсам, жаздың жалпағында жанып тұрған төр пештің ауызында тоңып, жаурап отырамын, сіз өмірдегі бірден-бір нағыз байлықтың — жастықтың иесісіз, ал менікі — кәріліктің қауқарсыздығы, ауру мен жалғыздық. Сіздің тістеріңіз түгел, асқазаныңыз жақсы, жанарларың жарқын, күш, тәбет, денсаулық қаз-қалпында, көңілдісіз, шаштарыңыз қап-қара шөмеле сияқты, ал менде ақ шаштың өзі жоқ, тіс деген түсіп бітті, аяқ ырыққа көнбейді, жадым сансырады, үш көшенің - Шарло, Шом және Сен-Клодтың аттарын ұдайы шатастырамын, міне менің жеткен жерім, сіздің алдыңызда күн шапағын шашқан болашақ, .ал мен алдымдағының өзін ажырата алмаймын, мәңгі түнге қаншалық таяп қалғанымды осыдан байқарсыз; сіз ғашықсыз, бұл бесенеден белгілі, мені жарық жалғанда ешкім сүймейді, соған қарамастан сіз менің аяушылық етуімді тілейсіз. Тәйірі алсын! — Мольер жақсы сюжетті уысынан шығарып алыпты. Егер сіз дәл осылай Әділ сот сарайында қызық қалжыңдайтын болсаңыз, онда енді шын жүректен құттықтаймын, адвокат мырза. Байқап тұрмын, тентек тәріздісіз.
Қария түсін суытып қайтадан:
— Сонымен, сіз менен не тілейсіз? — деп сұрады долданып.
— Тақсыр, — деді Мариус, — менің келуімді ұнатпайтыныңызды білемін, бірақ мен сізге бәз-бірдеңелер туралы сұрағалы келдім, бұйымтайымды айтамын да қазір-ақ тайып тұрамын.
— Сіз ақымақсыз! — деді дауыстап шал. — Кетуге кім рұқсат ете қояды сізге?
Бұл оның жүрек түкпіріндегі: "Ал, менен кешірім сұрасайшы, асылсайшы мойыныма!" деген мейірбан сөздердің аудармасы еді. Жильнорман Мариустің қазір кетіп қалатынын, мынау дүрдараз қабылдаудың оны кеудеден кері итергенін, қаталдық оны әрі қуып тастайтынын сезіп те, түсініп те тұр, әйткенмен қайғы-қапасы өршіп, табан аузында ашу-ызаға айналған соң, қатыгездігі де күшейе түсті:
— Қалай! Сіз мына мені, өзіңіздің атаңызды ұнатпадыңыз, басыңыз ауған жаққа таю үшін үйімнен кетіп қалдыңыз, тәтеңізді ренжіттіңіз, осының бәрін бойдақтың өмір салтына қолайлы болуы үшін, өзіңізді сәнқой сері етіп көрсету үшін, көңіл көтеріп үйге қалаған уақытта бір-ақ келу үшін жасадыңыз. Мұны болжап білудің еш қиындығы жоқ. Өзіңіз туралы тырс етіп хабар да бермедіңіз, қаншама қарызға батып, менен оны өтеуді де сұрамадыңыз, даукес, төбелесқой атандыңыз, сосын міне, араға төрт жыл салып сүмірейіп маған келіп тұрсыз, ал маған осыдан артық айтарыңыз бар ма?
Немересінің өзіне деген мейірімін оятудың осынау зілді тәсілі Мариустің аузын бөгеді. Жильнорман өзіне тән өктемдік раймен қолын айқастырып, қапалана Мариуске қарап:
— Жетті енді, — деді. — Зайыры сіз маған бәз-бірдеңе жайында сұрағалы келдіңіз-ау деймін. Ал ол не туралы? Ол не? Айтыңыз.
— Тақсыр! — деп ақыры сөзін бастады Мариус, қазір ғана құзға құлап кеткелі тұрғанын сезген адамның үрейлі көзімен оған қарап. — Сізден мен үйленуіме рұқсат беруіңізді сұрағалы келдім.
Жильнорман қоңырау шалды. Баск есіктен сығалады.
— Қызыма осында келуін өтініңіз.
Бір минөттен соң есік қайтадан жартылай ашылып, мадмуазель Жильнорман табалдырықтан көрінді, бірақ бөлмеге кірген жоқ. Мариус қылмыскер құсап қолын түсіріп үнсіз тұр; Жильнорман шал ерсілі-қарсылы жүр. Қызына бұрылып ол:
— Ерекше ештеңе жоқ, — деді. — Мынау Мариус мырза. Амандасыңыз. Бұл мырзаның үйленгісі келеді екен. Ал, барыңыз.
Шалдың үзік-үзік қырылдақ даусы ызасының айрықша қаттылығын паш еткендей. Абдыраған сыңаймен нағашы тәтесі Мариуске қарады, бейнебір оны танымағандай, бірде-бір қимыл жасамай, тіс жарып тіл қатпастан әкесінің сілтеген қолының ырқымен әп-сәтте ғайып болды, дәл бір дауылдың екпінімен дедектей тартқан сабан сабағы сияқты.
Жильнорман төр пешке қайта еңкейіп, тұтас бір сөз сөйлеп тастады:
— Үйленемін дейсіз бе? Жиырма бір жаста ма? Шаруаларыңның бәрі жайғасқан ба? Қалғаны тек менен бата сұрап, рұқсатымды алу ғана ғой. Болмашы ғана рәсім ғой бұл, тегі. Отырыңыз, мырза. Ал енді сіздің қараңызды көрмеу мәртебесіне ие болғаннан бері сіздерде төңкеріс болып өтті емес пе.
Якобиндіктер үстемдік алды. Сіз оған разы шығарсыз. Барон болғаннан бері республикашылдар қатарына қосылған жоқсыз ба? Өйткені сіз бірді бірге салғастыруды білесіз ғой. Республика — барондыққа жаман тұздық емес. Бәлкім сіз шілде орденін де алған боларсыз. Мүмкін, Луврды алғанда аздап қолғабыс тигізген шығарсыз. Осы арада тым жақын жерде Сент-Антуан көшесінде, Нонендьер көшесінің қарсысында бір үйдің үшінші қабатының қабырғасын тесіп өткен ядро тұр, соның жанында: "Мың да сегіз жүз отызыншы жылғы жиырма сегізінші шілде" деп ойып жазылған жазу бар. Барон, өз көзіңізбен көріңіз. Ол күшті әсер қалдырады. Аһ, сіздің достарыңыз жақсы-ақ іс жасады. Айтқандай, олар герцог Берриискийдің ескерткіші орнына фонтан орнатқалы жүрген жоқ па екен? Сонымен, сіздің үйленуіңіз керек болып тұр ғой. Әбестеу болса да кімге үйленесіз деп сұрауыма болар ма екен?
Осылай тоқтады да, Мариус жауап беріп үлгермей, қайта сөйлей жөнелді.
— Аһа, демек, сіздің жағдайыңыз бар екен ғой. Сіз байып кеткен болдыңыз. Адвокаттық кәсібіңізбен қанша жалақы табасыз?
— Ештеңе де таппаймын, — деп Мариус шадыр шешіммен қатқыл жауап қатты.
— Ештеңе дейсіз бе? Демек, сіздердің күнкөрістеріңіз тек мен беретін мың екі жүз ливр ғана ма?
Мариус еш жауап қатпады. Жильнорман сөзін әрі жалғады:
— А, түсіндім. Демек, қызың бай ғой?
— Менен бай емес.
— Не дейді? Қалыңсыз қалыңдық па?
— Иә.
— Келешекке не үміт бар?
— Бар деп ойламаймын.
— Мүлдем тақыр кедей ме? Ал әкесі кім?
— Білмеймін.
— Аты-жөні кім?
— Мадмуазель Фошлеван.
— Фош... қалай, қалай?
— Фошлеван.
— Пффф! — деп пысқырды шал.
— Тақсыр! — деп айқайлап жіберді Мариус.
Жильнорман оның сөзін құлаққа де қыстырмай, өзімен өзі сөйлескен кісінің мақамына салып:
— Солай де. Жиырма бір жас, дәулет атымен жоқ, жылына мың екі жүз ливр. Баронесса Понмерсиге көкөнісшіге барып, екі суға ақжелкек сатып алып жүруге тура келеді.
— Тақсыр! — деді төзімі таусылған Мариус ең соңғы үмітінің үзіліп бара жатқанын көре тұрып. — Аспан атымен жалынып жалбарынайын, қолымды жаяйын, тақсыр, аяғыңызға жығылайын, тек қана оған үйленуге мұрсат беріңіз!
Шал ызалы кекесінмен күрк-күрк жөтеліне қарамай қарқылдап күлді.
— Ха, ха, ха! Болса болды, болмаса солды, не боларын кім білсін, дым сезбес кеңкелес, кәрі қарақшы тұлыпты тауып алайын! Менің әлі жиырма беске келмегенім қандай өкінішті! Сонда мен оған құрмет дегеннің не екенін көрсетер едім! Онсыз-ақ күн көріп, жер басар едім-ау. Сонда да бәрібір оның бетіне басып былай дер ем: "Алжыған есек! Сенің бақытың — мені әлі көріп отырғаның, менің үйленуім керек, аты-жөні кім болса о болсын, кімнің қызы болса, соның қызы болсын мадмуазельмен некеге тұрамын, өзімнің етігім, оның жейдесі жоғына қарамаймын, онсыз да тұрмыс құруға болады, мансабыңа, болашағыңа, жастығыңа, жақсы тұрмысыңа түкіргенім бар, маған әйелімді мойныма ассам, қайыршылығың да түк емес, менің арманым міне осы, ал сен кедергі келтірме!" деп айтамын деп өзіңе өзің серт беріп келгенсің ғой, сірә. Ескі кеніш кедергі келтірмейді. Бар, білгеніңді істе айналайын, қаласаң мойныңа тас байлап ал, Кашлеваның ба, Пеклеваның ба, бар да үйлен... Жоқ, мырза, оның болмайды, ешқашан болмайды, ешқашан...
— Әке!
— Ешқашан!
Осы "ешқашанның" айтылу мақамына қарағанда, үміттің бәрі үзілгенін Мариус түсінді.
Ол басы салбырап, шайқалақтап есікке қарай баяу беттеді, қарсы алдындағы бөлменің табалдырығы емес, өлімнің табалдырығы болып көрінді. Жильнорман оны көзімен ұзатып салып тұрды да, есік ашылып, Мариус шыққалы шақ қалғанда, шапшаң шадыр, ерке де тентек шалдарға тән шалт қимылмен жетіп келіп, жағасынан жұлқып оны мамықтаққа итере салды ол.
— Ал, айт әңгімеңді!
Бұл төңкерісті жасаған Мариустің аузынан шығып кеткен "әке" деген жалғыз сөз ғана.
Мариус оған апалақтай қарады. Жильнорманның құбылмалы жүзі өзінен рақым сөзді таба алмаған тұрпайылықты айшықтап тұрды. Баба орнын атаға берді.
— Ал жарайды, көрелік, кәне өзіңнің махаббат хикаяларың жайында сайра, маған түгін қалдырмай айт. Тәйірі алғыр, бұл жастар қандай ақымақ!
— Әке... — деп бастады Мариус қайтадан.
Шалдың бет жүзі ерекше бір шапақпен арайланып кетті.
— Міне, дәл осылай! Мені әкем де, сосын іс оңғарыла бастайды!
Осы бір дөрекілігінде дәл қазір ең жақсы, ең нәзік, ең ашық
әкелік сезім жатты да, Мариус осы өкініштен үмітке шұғыл бет бұрған құбылыстан есеңгіреп, масайып қалды. Ол үстелдің басында отырған, жанып тұрған шырақтардың жарығымен киімінің жұпынылығы көзге ерек түсіп, Жильнорман оған таңдана қарап қалды.
— Сонымен, әке... — деп бастады Мариус.
— Міне, гәп қайда! — деп тоқтатты оны Жильнорман. — Сенде шынында да соқыр тиын жоқ па? Сен ұрыға ұқсап киініпсің.
Ол жәшікті ақтарып, әмиянын алды да, үстелдің үстіне қойды.
— Мынадан жүз луидор ал да, өзіңе қалпақ сатып ал.
— Әке! — деп сөзін жалғады Мариус. — Қадірлі әке, егер сіз білсеңіз ғой. Мен оны сондай сүйемін. Көз алдыңызға келтіруіңізге болады, алғаш оны Люксембург бағында көрдім. Ол сонда келген екен, әуелі оған онша көңіл қойғаным жоқ, сосын қалай болғанын өзім де білмеймін, ғашық болып қалыппын. О, мен қандай бақытсыз болдым десейші! Ал қазір онымен күн сайын соның үйінде кездесіп тұрамыз. Әкесі ол жайында ештеңе білмейді. Енді ойға салып көріңізші, олар жүргелі жиналып жатыр, біз кешкісін бақта кездесіп тұрамыз, әкесі оны Англияға алып кеткелі жатыр, ал мен "атама барып, барлығын айтайын" деп ойладым. Өйткені есімнен адасып өлетін, ауырып суға кететін түрім бар. Мен оған сөзсіз үйленуім керек, әйтпесе жынданып кетемін. Міне, сізге айтар бар шындық осы, шамасы ештеңе ұмыт қалдырған жоқпын-ау деймін. Ол Плюме көшесінде тортемірлі бақта тұрады. Мүгедектер үйінен ол алыс емес.
Жильнорман разылықтан шырайланып, Мариустің қасына келіп отырды. Оны зейін қоя тыңдап, дауысының ашықтығынан ләззат алып, ақырын ғана темекінің ұнтағын мұрнына тартып, иіскеп отырды. Плюме көшесінің атын естіп, ол демін ішіне тартып, темекінің қалған ұнтағын тізесіне шаша салды.
— Плюме көшесі дейсің бе? Сен Плюме көшесі деп отырмысың! Тоқтай қал! Онда казарма жоқ па еді? Иә, бұл дәл соның өзі. Сенің немере бауырың Теодюль маған бірдеңелер айтып еді. Әлгі ұлан, офицер бар ғой. Қыз бала, қыз бала туралы бірдеңе мылжыңдағаны бар, достым. Тәйірі алсын, иә, Плюме көшесі. Дәл сол Бломе аталатын көшеде. Есіме енді түсті. Плюме көшесінде тортемірдің ар жағында отыратын бүлдіршін туралы естігенмін. Бақта. Талғамың жаман емес. Әдемі-ақ дейді өзі. Екеуміздің арамызда қалсын, әлгі қуыс кеуде ұлан сонымен аз-мұз әуейіленген-ау деп ойлаймын. Онысы қаншаға барғанын кім білсін. Айтқандай, онда алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ. Оның үстіне оған сенуге де болмайды. Ол мақтангөй, суайт. Мариус! Егер жас жігіт ғашық болса, онысы мақтауға тұрады деп ойлаймын. Сені мен якобиншіл ретінде емес, ғашық ретінде көргім келеді. Робеспьер мырзаға жабысқаннан белдемшеге, тіпті жиырма белдемшеге жабысқан дұрыс қой, тәйірі алғыр. Мен өзіме әділ баға беруім керек: бауырына тартатындардың бәрінің ішінен мен әйелдерді артық көретінмін. Жақсы қыз қашанда жақсы қыз болып қалады. Бұған дау жоқ. Демек бүлдіршін сені әкесінен жасырын қабылдап жүр ғой. Мұнда тұрған еш әбестік жоқ. Мұндай оқиғалар менде де болған. Және біреу де емес. Білесің бе, мұндайда не жасау керегін? Қатты абыржып, қайғы ойламау керек, некеге тұрып, басты бәлеге байламау керек. Әншейін ғана ақылды жігіт болсаң жетіп жатыр. Ақыл-естен айырылмау қажет. Күліп-ойнаған шығарсыздар, ал үйлену шарт емес. Жаны жомарт бір атаны тауып алса, оның үстелінің тартпасында алтын салынған бірнеше түйіншек жатады, "Ата, мынандай мәселе болып тұр" дейді оған, ал атасы: "Ә, бұл оңайдың оңайы. Жасыңда құтырсаң, қартайғанда басыласың. Мен де жас болғанмын, сен де шал боласың. Мә, балам, бір заманда бұл қарызыңды немереңе қайтарарсың. Мұнда екі жүз пистоль. Сал сайранды, тәйірі алғыр! Бұл жалғанда одан артық ештеңе жоқ" дейді. Іс осылай істеледі. Некеге тұрмайды, бірақ ол бөгет емес. Сен мені түсіндің ғой?
Мариус тастай болып, бір сөз айтуға шамасы келмей, басын жақтырмай шайқай берді.
Шал қарқылдай күліп, көзін сығырайтып, оны тізесінен қақты, жымысқы жүзі шырайланып, оның көзіне қадалып, иығын қулана қиқаң еткізіп:
— Ақымағым! Оны ашынаң қыл, — деді.
Мариус құп-қу боп бозарып кетті. Атасы айтқанның бәрінен түк те түсінбеді. Бломе көшесіндегі сапырылыс, Памелалар, казармалар, ұландар бұлдыраған елес болып қасынан өтіп жатқандай көрінді. Бірақ бұның аппақ гүлдей Козеттаға қатысы болмасқа тиіс. Шал сандырақтап кетті. Бірақ бұл сандырақ Мариус түсінгендей Козетта үшін өлердей қорлау сөздермен аяқталды. "Оны ашынаң қыл" деген сөздер беті ашылмаған бозбаланың жүрегін семсердің сүңгісіндей тіліп өтті.
Ол орнынан тұрып, қалпағын көтеріп, сенімді де нық қадаммен есікке беттеді. Сосын бұрылып атасына басын иді де былай деді:
— Бұдан бес жыл бұрын сіз менің әкемді қорлағансыз, бүгін сіз менің әйелімді қорлап тұрсыз. Мен сізден енді ештеңе сұрамаймын, тақсыр. Қош болыңыз!
Таңданғаннан Жильнорман тас боп қатып, аузын аңқитып, қолын созып, тұруға ыңғайланды, бірақ ол тіл қатып үлгергенше есік сарт жабылып, Мариус ғайып болды.
Шал аз-кем қозғала алмай сілейіп отырды да қалды, жай ұрғандай не сөйлеуге, не тыныс алуға шамасы келмеді, бейнебір әлеуетті қол кеңірдектен алып, сығып жатқандай. Ақыры ол мамықтағынан тұрып, тоқсан бірдегі шалдың бар мүмкіндігімен шапшаң ұмтылып, есікті ашты да бақырып қоя берді:
— Көмектесіңдер! Көмектесіңдер!
Әуелі қызы, сосын қызметшілері келді. Ол қайтадан бажылдап аянышты, қарлығыңқы үнмен:
— Жүгіріңдер соңынан! Қуып жетіңдер оны! Мен оған не істедім? Ол есінен ауысқан жынды! Ол кетіп қалды. Құдайым-ай, құдайым-ай! Енді ол қайтып оралмайды! — деп байбайлады.
Көшеге шығатын терезеге ұмтылып, ол дірілдеген қолымен оны ашып, белуарына дейін сыртқа шығып, тағы да айғайлай бастады, Баск пен Николетта оны артынан ұстап тұрды.
— Мариус! Мариус! Мариус! Мариус!
Алайда Мариус ол айқайды ести алған жоқ, бұл кезде ол Сен-Луи көшесіне бұрылған еді.
Тоқсан жастағы шал ауыр азаппен қолын шекесіне апарып, теңселе басып, терезеден шегінді де, мамықтаққа гүрс етіп отыра кетті, тыныссыз, дыбыссыз, жассыз, мағынасыз басын шайқай береді, еріні жыбырлап, көзі жансызданып, жүрегі қаңырап қалған оның алдында енді түн сияқты түнерген, қараңғы бірдеңе ғана тұрғандай еді.
ТОҒЫЗЫНШЫ КІТАП
ОЛАР ҚАЙДА БАРАДЫ?
Бірінші тapay
ЖАН ВАЛЬЖАН
Дәл сол күні Жан Вальжан Марс алаңының ешкім жоқ еңісінде отырған-ды. Сақтықтан ба, әлде өзімен өзі оңаша болғысы келгеннен бе немесе әрбір адамның өмірінде аз-аздап қалыптаса бастайтын сезімге ұрмас өзгерістерден бе, ол Козеттаны ертіп недәуір сирек шығатын болып жүр. Ол жұмыс күртесі мен сұр кенеп шалбар, күнқағары ұзын картоз киген, онысы бетін көлегейлеп тұр. Қазір Козетта туралы ойлағанда ол алаңсыз, бақытты сияқты, таяуда ғана оны толқытып, қорқытқан секем сезік сейілген; алайда екі апта бұрын онда басқа бір мазасыздық пайда болды. Бірде ол бульварда серуендеп жүріп, Тенардьені байқап қалды; Жан Вальжанның киімі басқа болған соң, алыстан Тенардье оны танымады. Бірақ сол күннен бастап оны бірнеше рет көрді, енді Тенардьенің тегін тіміскілеп жүрмегеніне көзі жетті. Маңызды шешім қабылдау үшін осының өзі-ақ жетіп жатыр. Тенардье мұнда болса, қатер қайда қашады. Оның үстіне бірдеңе жасыруға негізі барлардың бәрі Парижде өзін мазасыз сезінді; саяси дүрбелең де қолайсыздық туғызды: полиция да күмәншіл болып алды, күдікті Пепен немесе Море сияқты біреулердің түп ізіне түсіп жүріп, Жан Вальжан секілді кісілерді де әшкерелеуі мүмкін ғой. Сондықтан ол Парижді, тіпті Францияның өзін тастап, Англияға көшіп кетуге бел байлады. Козеттаға ол ескертіп қойды. Оның жолға осы аптада шыққысы келді. Марс алаңының құлама еңісінде отырып ол терең ойға шомды: оны Тенардье, полиция, саяхат, төлқұжат, олардағы қиындық туралы ойлар еңсере берді.
Осының бәрі оны қатты мазасыздандырды.
Қазір әсерінен айыға алмай отырған қайран қаларлық түсініксіз жайт оның қаупін күшейтіп жіберді. Таңертең жұрттың бәрінен бұрын тұрып, Козеттаның терезесі әлі жабық жатқанда бақта серуендеп жүріп, қабырғаға шегемен тырнап жазылған бір жазуға тап болды:
Әйнек көшесі, №16
Бұл тіптен таяуда жазылған, тырнағандары ескі күңгірт сылақта аппақ көрінеді, ал қалақай бұтасына ұсақ әк ұштақтары шашырапты. Қалай болғанымен де жазу түнде жазылған. Бұл нені білдіреді? Бұл кімнің мекен-жайы? Кімге берілген шартты белгі? Кімге ескертпе? Не десең о де, бақ аяқ асты болуға айналғаны, бұған белгісіз бір кісілер кіріп жүргені айдан анық. Ол үйді бір емес, бірнеше рет біріктірген оқиғаларды еске алды. Мұның өзі ойдың шапшаң жұмыс істеуіне арна тартты.
Ол қабырғаға тырнап жазылған бұл жол туралы Козеттаға жұмған аузын ашқан жоқ, өйткені қызын шошытып алармын деп қорықты.
Оның мазасыз ойлары аяқ астынан үзіліп кетті. Ол өзінің қатарына түскен көлеңкені байқады, еңісте ту сыртына біреу келіп тоқтады, ол бұрыла беремін дегенде, тізесіне кеп төрт бүктелген қағаз түсті, біреудің қолы оны басынан асыра лақтырып жіберген сияқты. Ол қағазды алып, жалма-жан жайып жібергенде қарындашпен арбитып, үлкен әріптермен жазылған:
Көшіңдер
деген сөзді оқыды.
Жан Вальжан атып тұрып еді, еңісте ешкім болмай шықты. Жан-жағын шолып, ол бойы баладан сәл биік, еркектен аласа кісіні көзі шалды, үстінде сұр кеудешесі, темекі түстес мақпал шалбар киген ол тас жақтаудан аттап түсіп, Марс алаңының орынына қарай сырғи жөнелді.
Жан Вальжан терең толғанып, үйге қайтты.
Екінші тарау
МАРИУС
Мариус Жильнорманнан жүрегі күл-парша болып қайтты. Оған аттанғанда көңіліне бүккен үміті бар еді, бірақ атасынан өкініп те опынып шықты.
Жалпы, адам жүрегінің заңдарын зерделегендер білуге тиіс, немере бауыр, жеңілтек офицер, ұлан Теодюль оның санасында ешқандай із қалдырған жоқ, тіпті титімдей де із. Оқиғалардың сыртқы өрбуі бойынша драматург шал немересінің әшкерелеуі салдарынан недәуір қиындық туатынын күтсе керек. Алайда драма ұтқан жерде ақиқат ұтылады. Мариус жаман атаулының ешқайсына сенбейтін жаста; барлығына сенетін шақ кейін келеді. Күмән-күдік те әжім сияқты. Жас шағыңда ол болмайды. Отеллоны сілкінткен жайт Кандидке де соқпай қоймайды. Козеттаға күдіктенуден гөрі Мариуске бір қылмыс жасаған оңай. Жаны жадап, азап шегетіндердің әдетімен ол көшеде сандалып қыдырды да жүрді. Қыдырып жүргенде не ойлағанын өзі де білмейді. Түнгі сағат екіде Курфейрактікіне оралып, шешінбестен бөстекке құлай кетті. Түні бойы бытықы-шытықы түс көріп, нашар ұйықтап, ертеңгілік оянғанда ол Курфейракты, Анжольрасты, Фейи мен Комбеферді көрді. Барлығы қалпақ киіп, бір шаруамен шыққалы тұрған сыңай танытады.
Курфейрак одан:
— Сен генерал Ламарктің жерлеуіне барасың ба? — деп сұрады.
Оған Курфейрак қытайша сөйлеп тұрғандай көрінді.
Олар кеткеннен кейін аздан соң шықты. Қалтасына ол 3 ақпан оқиғасы кезінде Жавер сеніп тапсырған, содан өзінде қалған тапаншаны салды. Ол сол оқтаулы қалпында күні бүгінге дейін жатыпты. Оны қазір не үшін алғанын, басына түсініксіз қандай ой келгенін айта қою қиын.
Күні бойы ол қайда жүргенін өзі де білмей қаңғырып қыдырумен болды, ауық-ауық жаңбыр жауды, бірақ Мариус оны байқамады. Түске деп ол нан дүкенінен бір суға тоқаш алып, қалтасына салды да, оны ұмытып кетті. Шамасы ол Сенаға түсіп шомылып шыққан тәрізді, бірақ ол да есіңде жоқ. Кейде адамның басында тозақ оты лапылдап жанып тұрғандай сәттері болады. Мариус үшін де сондай сәт туды. Ол енді ештеңеге сенбейді, ол енді ештеңеден қорықпайды, солардың бәрінің басынан ол кеше-ақ аттап өткен. Безгек тигендей бір төзімсіздікпен ол кешті күтті, онда белгілі бір ғана ой бар, ол сағат тоғызда Козеттаны көру. Осы соңғы бақытына оның бүкіл болашағы тіреліп тұр, одан арғысы — қараңғы түнек. Ол тірі пенде жоқ бос бульварлармен жүрді, кейде қала жақтан бір оғаш айқай-шу естілгендей. Сонда ғана ол ойдан бір сәт арылып: "Ана жақта төбелесіп жатқан жоқ па екен? " деп сұрайды өзінен.
Қараңғылық түсе, тура сағат тоғызда Козеттаға уәде бергендей Мариус Плюме көшесінде болды. Тортемірге жақындап келгенде ол барлығын ұмытты. Козеттаны көргеннен бері табаны күректей екі тәулік өтіпті, енді оны қайта көреді; бұдан басқа ойдың бәрі ғайып болды, ол тек айтып жеткізгісіз зор қуанышты ғана сезінді. Адам бір сәтте бір ғасырды бастан кешіргендей болатыны бар, ал ол ғасыр сондай өктем, сондай көркем таңғаларлық боп шығып, оның бүкіл жүрегін лықа толтырды.
Мариус сымтемірді ысырып баққа кірді. Козетта әдетте күтіп алатын орнында болмай шықты. Ол қопаны кешіп өтіп, есіктің сыртындағы қуысқа келді. "Ол мені осында күтуші еді ғой" деп ойлады. Козетта онда да жоқ. Ол көзін көтеріп, үйдің терезе қақпақтарының жабық екенін көрді. Бақты айналып өтіп еді, ешкімді көре алмады. Үйге оралып, махаббаттан есі кеткен ол басы айналып, үрейленіп, қайғы мен мазасыздықтан сабасынан шығып, үйіне кешігіп келген қожайындай, терезенің қақпағын қақты. Ол қақпақты қағып тұр, қағып тұр, үстін-үстін қағады, зәуде терезе ашылып, аржағынан қожайын шыға келіп, "Сізге не керек?" — деп сұраса, не айтарын да білмейді. Бірақ мұның бәрі қазіргі оның көңіліндегі әлемтапырықпен салыстырғанда түк те емес. Ол қаттырақ қағып Козеттаны шақырды. "Козетта!" деп өктемдеу қайталады. Ешкім үн қатқан жоқ. Барлығы да бітті. Үйде де, бақта да тірі пенде жоқ.
Мариус өкінішті жанарын қарауытқан, қапас, табыт сияқты үнсіз, бірақ іші бос үйге аударды. Қаншама қимас, қымбат сәттерді бірге отырып өткізген орындыққа қиыла қарады. Сосын кірер ауыздың баспалдағына отырды, жүрегі оның мейірім мен нәзіктікке, батылдыққа толы еді. Көңілінің түкпірінде ол бұл махаббатына алғыс айтып, өзіне Козетта кетіп қалған соң өлуден басқа амал жоқ дегісі келді. Кенет ол бір дауыс естіді, ол бұдан ағаштар тасалап тұрған көше жақтан шыққан секілді:
— Мариус мырза!
Ол орнынан тұрды.
— Мариус мырза!
— Иә.
— Мариус мырза! — деген дауыс тағы естілді. — Достарыңыз сізді Шанврери көшесіндегі баррикадада күтіп тұр.
Дауыс оған таныс тәрізді көрінді. Ол Эпонинаның қырылдаған дөрекілеу даусына ұқсас. Мариус тор темірге жүгіріп кеп, қозғалып қалған сымды ысырды да, басын шығарып бір адамды көрді, түріне қарағанда қараңғыға сүңгіп бара жатқан бір бозбала сияқты.
Үшінші тарау
МАБЕФ
Жан Вальжанның әмияны Мабефке пайда берген жоқ.
Абзал да аңғал қаталдығына бағып Мабеф жұлдыздардан сыйлық қабылдамайтын, өйткені жұлдыздан алтын теңгелер шашылып жатады деген оның ойына кіріп шықпайтын. Ол аспаннан түскеннің Гавроштың сыйлығы екенін білген жоқ, әмиянды түсіп қалған зат ретінде орамның полиция қадиына апарып берді, ал ол оны жоғалған бұйымы туралы арыз берген адамға тапсыруы тиіс. Әмиян енді шынымен жоғалды. Оны ешкімнің де сұрау сап іздемегені өз-өзінен белгілі, ал Мабефті ол қиындықтан құтқара алмады.
Мабеф барған сайын таудан төмен құлдилап келе жатты.
Ботаника бағындағы индигомен тәжірибесі Аустерлицтегіден асып кете қойған жоқ. Өткен жылы ол өзінің қызметші әйеліне қарыз болып қалды, оқырманға белгілі болғандай, биыл үй иесіне берешегі бар. Ломбард он үшінші айдың аяғында оның "Флорасының" клишесін сатып жіберді. Бір мысшы ұста одан кәстрөлдер жасады. Клишесінің жойылып кетуіне орай "Флорасының" қалған бөлек-бөлек даналарының басын құрастыра алмай, басылған мәтіндерді құны шамалы деп гравюра букинисіне су тегінге берді. Сөйтіп, бүкіл өмірінің еңбегінен ештеңе де қалмады. Сатылған даналардың ақшасын жұмсап та қойды. Жұмыртқа мен еттен баяғыда-ақ бас тартқан. Оны ол нан мен картопқа айырбастады. Оған да қаржы жетпейтін болған соң бақты жалпы қойып, күтусіз қалдырды. Сосын ол ақырғы жиһазын сатты, артық киімдерін, ақыр аяғы көрпесі мен төсекке жабатын ағына дейін сатты, тіпті гербарийлерін де сатты, алайда онда сатылмай ең бағалы кітаптар қалды, олардың арасында өте сирек кездесетін 1560 жылы басылған "Тарихи Тәурат төрттағандары", Пьер де Бесстің "Тәураттар жинағы", Жан де Лаэның "Маргаританың інжу-маржандары" (Королева Наваррскаяға арналған), Сьер де Вилье-Хотманның "Елшінің міндеттері мен кісілігі", 1644 жылғы "Раввин өлеңсөзі", "Мануция үйіндегі Венеция" деген ғажайып жазуы бар 1567 жылғы Тибулл, ақыры Диоген Лаэрцийдің 1644 жылы Лионда басылған данасы, оған XIII ғасырда Ватиканнан шыққан қолжазбалардың атақты 411 нұсқасы және Анри Этьен жемісті зерттеген 393 және 394-ші екі Венеция қолжазбасы енген, сондай-ақ онда Неаполь кітапханасынан шыққан XII ғасырдың қолжазбасында ғана кездесетін дори сөзсаптауындағы үзінділер бар. Мабеф жатынжайдағы төр пешті жақпайтын, шырағданды жақпау үшін қараңғы түспей жатады. Онда енді көршілер де қалмаған сияқты, оны көргенде олардың қашқақтайтын да ыңғайы байқалады. Сәбидің жетімдігі әйел көңілін алаңдатады, жігіттің жетімдігі қыз көңілін алаңдатады, ал шалдың жетімдігі ешкімді де алаңдатпайды. Бейшаралық атаулының ең жүрек мұздатары осы. Алайда Мабеф әкей ақыл айқындығы мен балалық алғырлығынан айрылған жоқ. Кітапқа үңілгенде оның жанары жайнап кетеді, Диоген Лаэрцийдің сирек данасын көргенде жымиып қояды. Оның ең қажетті дүниелерінен сатылмай аман қалғаны әйнек есікті кітап шкаф ғана.
Бірде оған Плутарх апай:
— Түстік ас әзірлейтін ештеңе қалмады, — деді.
Оның түстік ас деп отырғаны бірнеше картоп пен қатқан нан болатын.
— Ал қарызға алмайсың ба? — деп сұрады Мабеф.
Маған қарызға бермейтінін жақсы білесің ғой.
Мабеф сосын кітап шкафын ашып, кітаптарын ұзақ қарады, ұлын құрбандыққа беруге мәжбүр болып, қайсын беруге қимай анасына бір, мынасына бір қинала қараған әке сияқты толғанып біраз тұрды да, сосын біреуін шапшаң ала салып, қолтығының астына басып үйден шыға жөнелді. Содан екі сағат өткен соң кітапсыз оралып, отыз суды үстел үстіне тастай салып:
— Міне, сізге түстік ас, — деді.
Плутарх апай шалдың бетіне сол күннен бастап көлеңке түсіп жыбырлап тұратынын байқады, сол көлеңке қайтып жойылған жоқ. Алайда ертең, бүрсігүні, күн сайын бәрін басынан бастау керек болды. Мабеф кітап алып кетіп, кейде күміс теңгелермен оралып жүрді. Букинистер оның кітап сатуға мәжбүр екенін көргенде, оның кезінде кітапсатушыларға жиырма франк төлеген кітаптарын жиырма-ақ суға алып отырды. Том-томдап бүкіл кітапхана солардың қолына көшті. Кейде ол: "Мен сексенге келдім ғой", деп қоятын, бейне өз өмірінің ақтық сәтіне кітаптары біткенше жетермін деген құпия үміттен де ада емес адамдай. Бір күні Робер Этьеннің кітабын алып кетіп, Малаке жағалауында отыз бес суға сатып, Гре көшесінде қырық суға Альдті алып келді. "Бес су қарызбын", деді ол Плутарх апайға, жүзі шырайланып кетіпті. Сол күні ол түстік ас ішкен жоқ.
Ол Бағбандар қоғамының мүшесі болатын. Ондағылар бұның кедейлігін білуші еді. Қоғамның төрағасы оған жағдайын білуге келіп, ол туралы егіншілік және сауда министрімен ақылдасатынын айтып, уәде беріп кетті және уәдесін орындады да. "Өйтпеске бола ма, — депті министр даусын шығара. — Әрине көмектесу керек. Қарт оқымысты! Ботаник! Ешкімге қиянаты жоқ кісі! Ол үшін бірдеңе жасауымыз керек!" Келесі күні Мабеф министрге түстік жасауға шақыру қағаз алды, тіпті қуанғанынан оны Плутарх апайға да көрсетті. "Біз құтқарылдық!" деді кемпірге. Белгіленген күні ол министрге барды. Ол өзінің умаждалған галстугі, етегі тік ескі бешпенті мен тағаланбаған башмағы қақпадағылардың өзін таңырқатқанын байқады. Министрден басқа ешкім тіл қатып онымен сөйлеспеді де. Кешкі сағат онда өзімен сөйлесетін шығар деп әлі күтіп отырған ол министрдің зайыбы, өзі қасына баруға батпаған, омырауы ашық көйлек киген сұлу әйелдің: "Мынау шал кім?" деген дауысын есітті. Ол үйіне түн ортасында құйып тұрған нөсер жауынының астында жаяу оралды. Министрдің үйіне апарып тастаған арбакештің ақысын төлеу үшін ол Эльзевирдің томын сатты.
Әрбір кеш сайын ұйықтар алдында ол Диоген Лаэрцийден бірнеше парақ оқып тастауға дағдыланған. Өзіне тиесілі түпнұсқаның сұлулығынан ләззат алардай грек тілін ол жақсы білетін. Енді онда оқудан басқа қуаныш қалмады. Осылай бірнеше апта өтті. Аяқ астынан Плутарх әжей ауырып қалды. Нан сатушыға нан үшін, дәріханаға дәрі үшін ақы төлеуге мүмкіндіктің жоқтығынан артық қинап, қапаландыратын жәйт болады екен. Бірде кешкісін дәрігер оған өте қымбат микстура алып ішуді ұсынды. Оның үстіне ауру өзін тіптен нашар сезініп, қасында отыратын аяшы қажет болды. Мабеф шкафты ашып көріп еді, қаңырап бос тұр. Соңғы том сатылып кеткен. Өзінде тек Диоген Лаэрций ғана қалған.
Осы бірегей дананы қолтығына қысып ол үйден шықты. Бұл 1832 жылдың 4 маусымы болатын, ол Сен-Жак дарбазасына Руайоль мұрагердің өзіне тартты, одан жүз франкпен оралды. Бесфранктік теңгелерді тігінен тізіп қызметші әйелдің түнгі үстелінің үстіне қойды да, үнсіз ғана өз бөлмесіне кетті.
Келесі күні ол күн шыға бақшаға келіп, төңкерілген жәшіктің үстіне келіп отырды; албар арқылы оның таң атқаннан бері қозғалмай басын салбыратып, күтімсіз қалған көшеттерге қарап отырғанын көруге болатын. Ара-тұра жаңбыр жауып өтті, шал оны байқамаған сияқты. Түстен кейін Парижде адам айтқысыз айғай-шу көтерілді. Бұл дабыра-дырду атылған зеңбірек даусына, тобырдың айғай-сүреңіне ұқсайды.
Мабеф басын көтерді. Күрегін иығына салып өтіп бара жатқан бағбанды көріп:
— Бұл не шу? — деп сұрады. Бағбан асып-саспай, сабырмен:
— Бүлік қой, — деп жауап берді. Қандай бүлік?
Кәдімгідей. Төбелесіп жатыр.
— Неге төбелеседі?
— Ал оны құдайдың өзі білсін! — деді бағбан.
Қай жерде? — деді тағы да Мабеф.
— Шамасы Арсеналдың маңында болса керек.
Мабеф өз бөлмесіне барып, қалпағын алып, дағды бойынша қолтығына қысатын кітап іздей бастады, ештеңе таппай: "Аһ, иә, мен ұмытып қалыппын ғой", деп абдырап апалақтаған раймен үйден шықты.
ОНЫНШЫ КІТАП
1832 ЖЫЛҒЫ 5 МАУСЫМ
I тapay
МӘСЕЛЕНІҢ СЫРТҚЫ ЖАҒЫ
Бүлік неден шығады? Бүлік жоқ нәрседен шығады. Электр қуатының аз-аздан жиналып қалуынан да, аяқ астынан лап еткен жалыннан да, бойға сыймай, қайда ұрынарын білмей жүрген күштен де, желпіп өткен лептен де шығады. Желпіп өткен лепке жолда сөйлегенде тілі орамды, қиялдағанда ойы орынды ақылды бастар, қайғыра да алатын, құмарта да білетін құлшынған жандар, арпылдаған аштық пен қайыршылыққа тап болады да дүрліктіріп ертіп жүре береді.
Қайда ертеді?
Әйтеуір бір еркіндікке желіктіреді. Қоғамдық құрылысқа қарсы, заңдарға қарсы, кейбіреулердің зорлығы мен қорлығына қарсы қасақана.
Қорланған сенім, ызаланған жігер, шайқалған сезім, тапталған өршіл түйсік, шат-шадыман, әуесқойлық, өзгеріс дәмі, таңсық нәрсеге құштарлық, жаңа спектакль жайындағы құлақтандыруды қызыға оқып, театрда сахна машинисінің албаты ысқырығына құмарту; бұлдырсыз өшпенділік, бұрқанған ыза, алданған үміт, тағдыр қарамай кетті деп қапаланған даңққұмарлық, наразылық, орындалмаған арман, тіс батпас бөгеттермен қоршалған мансапқорлық, үмітінің быт-шыт болғанына тағдырды кінәлайтын атаққұмарлық, ең соңында ең төмендегі тобыр, бықсыған пасықтық — бүліктің құрамдас тетіктері, міне, осылар.
Сәттілік тілеп, қоғамнан тыс қаңғып жүрген ең ұлық һәм ең кішік жан иелері, ниеті қара тұлғалар, қала шетінің қаңғыбастары, үй салынып кеткен алаңқайларда түнеп жүрген, бұлттан басқа баспанасы жоқ үйсіз-күйсіздер, құдайдың құтты күні еңбектен емес, ермектен нан сұрайтын қайыршылықтың аты-жөні жоқ, аш-жалаңаш, жалаңаяқ ұлдары — осының бәрі бүліктің меншігі.
Көңілінде мемлекетке, өмір мен тағдырға қарсылық қыжылы бардың кез келгені бүлікке қатысты, ол бұрқ ете қалса, кісі өз-өзінен өрекпіп, ойда жоқта бір дауыл өзін көтеріп әкетіп бара жатқандай сезінеді.
Бүлік дегенің белгілі бір әлеуметтік ахуалдың ыстық-суығына орай шыға келетін алапат құйын. Шыр айналып, ұйтқи соғады, аспанға көтеріліп, зелмен зулап, күркіреп-сарқырап жер бетіндегінің бәрін жұлқып, жалмап жұтып жібереді, төңіректегінің бәрін тамырымен қопарып, тас-талқан ғып қиратып, тып-типыл қылады, асқақ та аянышты тұлғаларды, әлеуетті де әлжуаз ақылдарды, ағаштың діңін де, сабанның сабағын да ұйтқытып ертіп ала кетеді.
Ол ертіп алып кеткендер де, хақ жолынан тайдырғандар да сазайын тартып, соры қайнайды. Бірін-біріне соғып күл-парша етеді.
Қапсыра құшақтап көтеріп алып кеткендеріне ол теңдесі жоқ құдіретін хабарлайды. Алғаш көрген кез келген адамның ішін оқиғалар күшімен кептіреді, сосын бәрін атылатын снарядқа айналдырады. Тастан ядро, жүкшіден генерал жасайды.
Құпия саясаттың кейбір сәуегейлеріне сенер болсақ, биліктің көзқарасы тұрғысынан шамасын білетін бүлік зиянды емес көрінеді. Олардың орныққан пікір желісі мынандай: бүлік төңкеріп тастамаған үкіметін нығайтады. Ол армияны сыннан өткізеді, буржуазияны топтастырады, полицияның бұлшық етін шыңдайды, әлеуметтік ұйытқының беріктігін куәландырады. Бұл дегенің гимнастика, бұл дегенің кәдімгі гигиена. Билік денесін сылаған кісі сияқты бүліктен кейін өзін жақсы сезінеді.
Осыдан отыз жыл бұрын бүлік басқа көзқарастар тұрғысынан да қаралған-ды.
Өзін-өзі "салауатты ақыл" санаған аса ауқымды теория болды, Филинт Альцестке қарсы ақиқат пен жалғанның арасындағы делдал етіп ол өзінше түсіндіруді, үгіттеуді, бір пара менмен тілек иілдіруді ұйғарды; ұялту мен кешіруді қосқабаттай отырып, ол өзін даналық санайды, ал шын мәнінде ол тақуалық қана. "Алтын орта" саналатын тұтас бір саяси мектеп осыдан шыққан. Ыстық және суық судың арасынан шыққан жылы судың партиясы деген осы. Жалған тереңдігі мен атүстілігінен бұл мектеп себептерге терең үңілмей салдарларды зерттейді, шала білімнің биігінен халық толқуларын сыбайды.
Егер бұл мектептің уағызын тыңдар болсаң, "1830 жылғы төңкерісті қиындатқан бүліктер біраз деңгейде ұлы оқиғаны тазалығынан айырды". Халық ашу-ызасының аяқ астынан бұлтсыз аспанға айналған дауылынан туған Шілде төңкерісі ғажайып қимыл еді ғой. Бүлік дегендер оның басына қайтадан бұлт үйірді. Олар басында бірауыздылығы атап өтілген революцияны іріткіге айналдырды. Арындай ұмтылған әрбір қозғалыста кемшіліктер болады, Шілде төңкерісіндегі сол ақауларды бүлік мүлдем жалаңаштап берді. "Оһо! Үлкен өзгеріс басталды!" деп жар салуға негіз қалады. Шілде төңкерісінен кейін жұрт азаттықты сезінді: бүліктерден кейін апатты сезді.
Кез келген бүлік дүкендерді жауып, бағалы қағаздарды құнсыздандырады, биржаларда абыржу туғызып, сауданы тоқтатады, іске бөгет жасап, банкроттықты шапшаңдатады; ақша енді жоқ, ірі байлық иелері абыржулы, қоғамдық несие шайқалған, өндіріс ыдырауға жақын, байлықты жасырып жатыр, еңбекте құн қалмады, қайда барсаң да үрей, күллі қалаларда осы соққының жаңғырығы байқалады.
Аяқ астынан түпсіз шыңыраудың шыға келу себебі осы. Францияға бүліктің алғашқы күні жиырма миллионға, екіншісі — қырық, үшіншісі алпыс миллионға түскені есептеп шығарылды. Үш күндік бүлік жүз жиырма миллион зиян келтірді, бұған тек қаржы тұрғысынан қарағанның өзінде бұл алапат ауыртпалыққа, кеменің апатқа ұшырауына немесе ұтылған шайқасқа тең еді, сол айқаста желілік алпыс кемеден айырылғанмен пара-пар десе де болады.
Әрине, тарихи тұрғыдан бүлік өзінше бір тамаша; көше ұрыстары шабыт жағынан партизан соғысынан артық болмаса, кем емес, біреуінде ағаштың жаны сезілсе, екіншісінде қаланың жүрегі тулайды, онда Жан Шуан болса, мұнда — Жанн. Бүліктер қызыл болса да ғажайып сәулемен тарих мінезінің ерекшеліктерін айшықтады. Оның ақкөңілділігі айқын көрінді; онда әнтек батылдық сауатты ақылға тән екенін дәлелдеп берген студенттер қауымы, ұлттық ұланның қайсар дүкен сатушыларының қарауыл күзеті, көше балаларының бекемдігі, өткен-кеткеннің өлімді жек көруі — бәр-бәрі бар. Оқу орындары әскерлермен қағысып қалды. Айтпақшы, айқасшылардың арасында бір-ақ айырмашылық бар, ол олардың жас алшақтығы, әйтпесе бәрі бір нәсілден, идея үшін жиырма жаста, отбасы үшін қырық жаста жан қиғандардың табандылығы да, шыдамдылығы да бір. Қашанда азамат соғысы опынтатын армия ерлікке ақыл-парасатын қарсы қойды. Халықтың жаужүректігін паш еткен бүліктер сонымен бірге буржуазияның батырлығын да тәрбиеледі.
Жарайды. Бірақ осының бәрі төгілген қанға тати ма? Ал төгілген қанға бұлыңғырланған болашақты, ластанған прогресті таңдаулылар арасындағы үрейді, адал либералдардың өкінішін революцияның өзіне өзі салған жарасына алақайлаған жатжерлік абсолютизм 1830 жылы жеңіліп: "Онда не тұр, біз мұны алдын ала көріп білгенбіз" деп сәуегейсігендердің салтанатын қосыңыз. Бұған бәлкім асқақтай түскен Парижді, сөзсіз әлсіреген Францияны қосарсыз. Қаныпезер тәртіптің есіріп кеткен бостандықты ауыздықтауына жиі масқаралайтын қантөгістерді қосыңыз. Себебі бәрін сыпыра айтуға тура келеді. Жалпы нәтижеде бүліктер қырғын апат болды.
Жалған халық — буржуазия барынша қанағаттанатын бұл жалған даналық дәл осылай пайымдайды.
Ал біз болсақ, тым ауқымды, сондығынан тым қолайлы "бүлік" сөзін лақтырып тастаймыз. Біз бір халық қозғалысын екіншісінен ажырата аламыз. Бүлік ұрыстың құлына түсе ме деп сұрамаймыз да. Бәрінен бұрын неге ұрысты айтып отырмыз? Осыдан келіп соғыс туралы мәселе туады. Соғыс қамшысы сорыңды бүліктен кем қайната ма? Және кез келген бүлік апат әкеле ме? 14 шілде жүз жиырма миллионға түсті-ақ дейік. Филипп V-ні Испан тағына отырғызу екі миллиардқа түскен жоқ па еді. Біз 14 шілдені осы бағадан да жоғары қояр едік. Айтқандай, біз бос сандарды алып тастаймыз, өйткені олар дәлел болып көрінгенмен де бос сөз ғана. Біздің ойлап-толғануымыздың нысанасы — бүлік, ендеше соның мәнін зерделейік. Жоғарыда баяндалған доктринерлік қарсылықта сөз салдар жөнінде болып отыр, ал біздің іздейтініміз — себеп.
Оны анықтаймыз да.
Екінші тарау
МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ
Бүлік бар және көтеріліс бар; бұл ашу-ызаның екі түрлі көрінісі: біреуі — бұрысы, екіншісі — дұрысы. Бірден бір әділеттілікке негізделген демократиялық мемлекеттерде билікті кейде бір топ адамның басып алуына мүмкіндік туады; сонда бүкіл халық көтеріліп, өз құқығын сақтап қалудың қамы оның қолына қару алғызады. Ұжымның державалық билігінен туындайтын мәселелердің бәрінде тұтастың өзінің жеке бөліктеріне қарсы соғысы көтеріліс болып танылады да жеке бөліктердің тұтасқа шабуылы бүлік болып табылады; Тюильриді кім билеп отырғанына байланысты король ме, әлде Конвент пе, Тюильриге шабуыл жасалса, ол әділетті немесе әділетсіз болуы мүмкін. Халыққа кезелген сол бір қару 10 тамызда кінәлі болды да, 14 мизамда дұрыс боп шықты. Сырттай ұқсас, шын мәнінде әр түрлі; Швейцариялықтар жалғанды жақтады, ал Бонопарт шындықты қорғады. Өз бостандығын сезіне отырып, жаппай дауыс өз санасында бостандыққа және үстемдікпен жасалған нәрсе көшеде талқандалуға тиіс емес. Сол сияқты өркениетке қатыстының бәрінде де солай, бұқараның түйсігі кеше көреген болса, ертеңіне ол айнып кетуі әбден мүмкін. Сол бір жалғыз кернеген кек Террейге қарсы заңды да, Тюргоға қарсы мағынасыз. Машинелерді қирату, қоймаларды тонау, рельстерді бүлдіру, кеме доктарын талқандау, бұқараның адасуы, халықтық әділ сотпен прогресті айыптау, шәкірттер өлтірген Рамюс, тасты бұршақтай жаудырып, Швейцариядан Руссоны қуу — бұл да бүлік. Израиль Моисейге, Афина Фокионға, Рим Сципионға қарсы болса — бұл да бүлік. Париж Бастилияға қарсы болса, бұл енді көтеріліс. Солдаттары Александрға, матростары Христофор Колумбқа қарсы шықса — бұл бүлік, абыройсыз бүлік. Неге дейсіз ғой. Себебі Александрдың Азияға семсердің көмегімен жасағанын, Христофор Колумб Америкаға компастың көмегімен жасады: Александр да Колумб сияқты тұтас әлем ашты. Бұл әлемдерді өркениетке тарту жарық дүниенің иеліктерін кеңейту болып шықты, бұл арада қарсы қимыл қылмыс. Халық кейде өзіне адалдығынан айнып қалады. Тобыр халықты сатып кетеді. Мәселен, тұз контрабандистерінің ұзаққа созылған қанды қарсылығынан артық не болу керек, осынау қасарысқан қанды қарсылық шешуші сәтте, Құтқару күнінде, халықтың жеңіс сағатында король жағына шығып, тақпен кірігіп кетті де "қарсының" көтерілісі жақтастардың бүлігіне ұласты. Надандықтың не көңіл құлазытар көріністері емес пе! Тұз контрабандисі король дарынан құтылып, мойнында салбыраған дар арқанының үзігі мен ақ кокарданы тағуын көрмейсің бе: "Тұз зекеті жойылсын!" деген үкім "Жасасын король!" деген ұранмен алмасты. Варфоломей түнінің жауыздары, 1792 жылдың сентябристері, Авиньон жаналғыштары, Кольиниді өлтірушілер, Ламбаль ханымды өлтірушілер, Брюнді өлтірушілер, Испаниядағы Наполеон жақтаушыларының шайкалары, жасыл орман ағайындылары, термидорлықтар, Жегюдің бандалары, шүберек байланған шабандоздары — міне, бұл бүлік. Ашынған құқықтың дауысын ажырату қиын емес, бірақ ол ұдайы жанайқай күйзелген, дүрліккен, қозғалысқа келген бұқаранікі бола бермейді, ойсыз есуастық бар, жарықшақ түскен қоңыраулар бар, барлық дабылда қоланың сыңғыры жоқ. Құмарпаздық пен надандықтың тербелісі прогрестің серпінінен мүлдем басқа. Көтеріліңдер, тек қана өсу үшін көтеріліңдер! Қайда барарларыңды нұсқасаңдаршы маған. Көтеріліс дегеніміз алға жылжу. Басқа өрекпулердің бәрі зарарлы. Артқа тартқан әрбір ашулы адым — бүлік; кері қозғалыс — адам әулетіне зорлық. Көтеріліс — ақиқатты шарпыған ашу-ызаның жарылысы; көтеріліс қазып тастаған көше табандары шындық ұшқындарын шашыратады. Бұл табандар бүлікке тең, батпағын ғана тартады. Дантонның Людовик XVI-ғa қарсылығы — көтеріліс, Гебердің Дантонға қарсылығы — бүлік.
Осыдан келіп, егер көтеріліс жоғарыда айтылғандай болса, Лафайет атап көрсеткендей, ең қасиетті борыш болады, онда бүлік ең қатерлі, қылмысты қастандық боп қалады. Мұның деңгей-дәрежесінде біршама айырмашылық та бар: көтеріліс бейнебір жанартау сияқты, ал бүлік жанған сабанға келіңкірейді.
Бүлік кей-кейде биліктің өз ішінен шыға келетінін біз бұрын айтқанбыз. Полиньяк — бүлікші, Камилл Демулен — билеуші.
Наразылықтың өршу деңгейінде кейбір айырмашылықтар бар, көтеріліс көбіне жанартау тәрізді, ал бүлік — жанып жатқан сабан.
Кейде көтерілісті түлеу деуге болады.
Барлық мәселелерді жаппай дауыс беру арқылы шешу — мүлдем жаңа құбылыс, оның алдындағы төрт мың жыл халықтың құқығын аяққа басумен және қайғы-зарымен сипатталды, сөйте тұра әрбір тарихи дәуір өз мүмкіндігіне қарай қарсылықтың түр-түрін туғызды.
Гракхтардың орнына ашынудан туған жыр "Facit indignatio"9 келеді.
Цезарьлардың тұсында сиен қуғындалушысы болды, одан өзге "Анналдарды" жазған тағы бір адам болды.
Ұлы қуғындалушы Патмоса туралы айтып отырғанымыз жоқ, ол өз ашу-ызасын мұраттағы әлем үшін осы дүниеге төкті, өзінің көру түйсігімен керемет сатира туғызып, Апокалипсистің жалындаған жарқылын Рим-Ниневияның, Рим-Вавилонның, Рим-Содомның бетіне лақтырды.
Өз жартасындағы Иоанн — тастұғырдағы сфинкс, оны түсінбей-ақ қоюға болады, өйткені ол — жебірей, тілі тым қиын; бірақ "Анналдарды" жазған адам латындық, турасын айтсақ римдік.
Нерондардың патшалық құруы меццо-тинтоға басылған көңілсіз гравюраға ұқсайды, сондықтан олардың өзін сол тәсілмен бейнелеу керек. Жонғыш аспаппен бір ғана ойып жасау тым солғын шығар, сондықтан ойылған іздерді қою, қиғаш қара сөзбен қалыңдатқан ләзім.
Жауыз патшалар ойшылдарға біраз ықпал жасайды. Бұғауға түскен сөз — сұмдық сөз. Әмірші халықты үнсіздікке душар етсе, жазушының қаламы өз қуатын еселегеннің үстіне еселей түседі. Осынау үнсіздіктен тылсым толысу туындап, ол шым-шымшымдап ойға сарқып, қола боп қатып қалады. Тарихтағы қанау тарихшыларды қысқа қайырып, түйінді тұжырым жасауға үйретеді. Олардың даңқты прозасының граниттей беріктігі жауыз патшалардың тықсыруының нәтижесі.
Жауыздық жазушыларды шығарма көлемін азайтуға мәжбүрлейді, бұдан өз қуатын арттыра түседі. Верес әрең сезген Цицерон кезеңінің өткірлігі Калигулаға келгенде мұқалып қалуы мүмкін, сөйлем құрғанда құлашты кең жаюға болмайды — соққыда кернеу молырақ болуға керек. Тацит бар қуатымен ойланған кісі.
Ақиқат пен әділеттік қоспасына айналған ұлы жүректің адалдығы жасындай жайпап түседі.
Сөз арасында ескерте кетелік: тарихта Тациттің Цезарьға қарсы келмегені ғажап. Ол үшін тағдыр Тиберийді даярлаған сияқты. Цезарь мен Тацит — сабақтас екі құбылыс, олардың кездесуін ғасырлар қойылымының сахнасында кімнің кіріп, кімнің шығуы керектігін реттеп тұратын, мықтының өзі тылсым түрде болдырмай тастады. Цезарь — ұлы, Тацит те ұлы. Осы екі ұлыны бір-біріне соқтықтырмай құдай шынында аяды. Әділет сақшысы Цезарьға соққы бере тұрып тым қатты кетсе, әділ болмас еді. Жаратқан жаббар ие оған бармады. Африка мен Испаниядағы ұлы соғыстар, Сицилия теңіз қарақшыларын жою, Галлия, Болгария және Германияда өркениет орнату — мұның бәрінің даңқын Рубикон жуып жіберді. Бұл арада құдайы әділ соттың сергектігінің де әсері болды, ол заһарын барлығын уысында ұстаушы қаһарлы тарихшыға түсірмей, Цезарьды Тациттен құтқарды, әдетте данышпандар үшін үкімді жұмсартатын да жағдай бар ғой.
Әрине, жауыздық тіпті кемеңгер жауыз патшаның тұсында да жауыздық болып қала береді. Даңқты тирандардың заманында да бұзылғандық болады, ал абыройсыз жауыз патшалардың тұсында азғындық ауруы бел алып, жиіркенішті жағдайға жетеді. Олардың билігі кезінде ұяты кетерді ештеңе бүркемелей алмайды, сондықтан өнегенің асқан шеберлері Тацит пен Ювенал оларды адамзат алдында пайдасы тиердей ғып қамшылап, масқараның бетін шиедей қылды, қарсылыққа тіпті саңылау да қалдырмады.
Вителлийдің тұсындағы Рим Сулланың кезіндегіден де жиіркенішті сасық. Клавдия мен Домицианның тұсындағы жүрек айныр жорғалаушылық пен ләббайшылдық жауыз патшаның кесірлігіне сәйкес келетін. Құлдардың құлшылығы өктем қолдардың ісі, әміршілерінің бейнесі көрінетін олардың тамтыраған ұят-ары төңірегіне шірік иісін таратады, билеп-төстеушілерден, өкіметі пасық, жүректері ұсақ, ожданы әлжуаз, жандары бүксік, тура баяғы Каракалландың, Коммодтың, Гелиогабалдың кезіндегідей, ал сонда Цезарь заманында Рим сенатынан қыран ұясына тән саңғырық иісі ғана шығушы еді ғой.
Тациттер мен Ювеналдардың кешігіп жетуінің де себебі осыдан; айқындық даусыз болғанда саралаушы келеді емес пе.
Ал Ювенал да, Тацит те тура Тәурат тұсындағы Исайя сияқты адам, орта ғасырдағы Данте сияқты адам; бүлік пен көтеріліс — кейде дұрыс, кейде бұрыс халық.
Бүлік көбіне материалдық ауандағы себептердің салдары болады, көтеріліс қашанда адамгершілік ауандағы құбылыс. Бүлік дегеніміз Мазаньелло, көтеріліс — Спартак. Көтеріліс — ақылмен, бүлік асқазанмен дос. Қарын ашады, бірақ ұдайы қарын кінәлі емес. Халық ашықса, мәселен Бюзанстегі бүліктің сылтауы шын, толғантарлық әрі әділетті. Соған қарамастан ол бүлік болып қана қойды. Неге дейсіз ғой? Әділ болса да адуын, қуатты болса да қажыған оның көздегені босқа кетті; ол жолындағының бәрін жайпап, тапап, соқыр пілше қимылдады. Ол артына шалдар мен әйелдердің, балалардың өлігін тастап кетті, неге екенін өзі де білмей жазықсыздар мен кінәсіздердің қанын төкті. Халықты тойындыру — жақсы мақсат, ал оны қыру — бұл бағыттағы жаман тәсіл.
Халықтың кез келген қарулы қарсылығы, тіпті ол ең заңды болсын, тіпті ол 10 тамыздағы, 14 шілдедегі баскөтерулер болсын, бәрі де дүрбелеңнен басталады. Көбіне көтерілістің бастауы бүлік болады, кәдімгі өзен өз бастауын таудағы тасқыннан алатыны тәрізді. Ол тасқын әдетте мұхитқа — Революцияға барын құяды. Айтқандай, парасат көкжиегінде асқақтап тұрған сол тау шыңдарында туғандар кейде ізгі мұраттың таза қарынан жаратылған әділет пен даналықтың, ақыл мен құқықтың биігінен қарайды; тастан тасқа секірген қар көшкіні өз мөлдірінде аспанды шағылтып, жүздеген жылғаларға су боп тарап жататын ағындай, көтеріліс те кенет бәзбір ми-батпаққа сіңіп сап болады, кәдімгі шалшыққа айналған Рейн секілді.
Мұның бәрі өткендегі, болашақ басқаша. Жаппай дауыс беру тамаша, өйткені ол бүліктің ұстанымдарының өзін жойып, көтеріліске дауыс құқығын беріп, оны сол арқылы қарусыздандырады. Көшедегі соғыс болсын, мемлекеттер шекарасындағы соғыс болсын, жалпы соғыс атаулыны жою болмай қоймайтын прогреске сөзсіз әсер етеді. Қандай болса да біздің Бүгініміз бен Ертеңіміз — бейбітшілік.
Айтқандай, көтеріліс пен бүлік, біріншісі екіншісінен қалай ажыратылса да, шын буржуаның көзіне екеуі де бәрібір, олардың реңкін ол нашар айырады. Ол үшін бұлардың бәрі әншейін ғана тәртіпсіздік, қирату, бүлдіру, бүлік итінің қожайынға үргені, арпылдағаны, шаптыққаны, қабуға тырысқаны, оны сөзсіз шынжырлап, үйшігіне тығу керек; иттің басы үлкейіп, қаракөлеңкеде арыстанның бейнесіне енгенше ол осылай ойлайды.
Буржуа сонда ғана: "Жасасын халық!" деп айқайлайды.
Ал тарих үшін 1832 жылғы шілде қозғалысы не болып шығады? Бүлік пе, әлде көтеріліс пе?
Көтеріліс.
Кәрлі оқиғаны бейнелегенде кейде "бүлік" деген сөзді қолдануға да болар, бірақ оның тек сыртқы көрінісін сипаттағанда ғана, алайда олардың айырмашылығын әсте ұмытуға болмайды, түрі жағынан ол бүлік те, мазмұны жағынан — көтеріліс.
1832 жылғы қозғалыс өзінің қарыштай жарылып, қабара сөнуімен-ақ керемет болды, одан тек бүлікті ғана көргендердің өзі айтқанда аузының суы құриды. Олар үшін бұл 1830 жылдың жаңғырығы секілді. Шамырқанған қиял екпіні бір күнде басылмайды, деп мәлімдейді олар. Революция бірден тоқтай қалмайды. Жазыққа жайылған тау сілемдері секілді ол, сөз жоқ, бірнеше мәрте көтеріліп, басылып, сосын ғана бір орында тыншиды. Юра қырқаларынсыз Альпі жоқ, Астуриясыз Пиреней жоқ.
Осы заманғы тарихтың Париждіктердің жырында "бүліктер дәуірі" деп қалған шабытқа толы дағдарысы қазіргі ғасырдың бұрқанған сәттерінің ішінде өзіндік сипаты бар сын сағат болып қалатынында күмән жоқ.
Әңгімеге кіріспес бұрын тағы да бірер сөз.
Баяндауға жататын оқиғалар, тарихшы кейде орын мен уақыттың жоқтығынан елемей кететін жанды, қасіретті шындықтан бөле-жарғысыз. Алайда өмір, тебіреніс, адам жүрегінің дүрсілі дәл осында — оған иманымыз кәміл. Ұсақ-түйегін егжей-тегжейлі айтқан сияқтымыз, ал мынау тарих қиырында түсіп қалған ұлы оқиғалардың жапырағы тәрізді нәрсе. Бүліктер дәуірі аталатын кезең мұндай түгендеулерге аузы-мұрнынан шығып тұр. Сот тергеулері барлығын терең зерделемесе де, тарихқа қарағанда, кейбір себептермен бәрін де ашты. Сондықтан біз белгілі жағдайлар мен баспасөз бетіне түскендерден басқа ешкімге белгісіз, біреулерді ұмыттырып, біреулерді өлтіріп жіберген деректерді жариялағалы отырмыз. Бұл алып көрініске қатысушылардың көбі жойылған, олар ертең де үндемейді, алайда біз айтқалы отырғанымызды өз көзімізбен көргенімізге ант бере аламыз. Кейбір есімдерді өзгертеміз, өйткені тарих ұстап бермейді, баяндайды, алайда не болып, не қойғанын біз қаз-қалпында бейнелеп бермекпіз. Жазып жатқан кітабымыздың ауқымында оқиғалардың тек бір жағын, бір ғана көріністі, шамасы барынша белгілісін — 1832 жылғы 5-6 маусымды көрсетпекпіз; мұны біз былайша жасамақпыз: оқырман түрілмейтін қара шымылдықтың астынан осынау үрейлі қоғамдық батылдықтың бейнесін көре алады.
Үшінші тарау
ЖЕРЛЕУ — ТҮЛЕУДІҢ ЖЕЛЕУІ
1832 жылдың көктемінде үш ай бойы өрекпіген ақыл-ойды мұздатып, бәзбір қайғылы лажсыздықтың табын басқан тырысқақ індетіне қарамастан наразылық баяғыда-ақ шегіне жеткен Париж бұрқ еткелі шақ тұр еді. Бұрын атап өткеніміздей, байтақ қала артиллериялық зеңбірекке ұқсас болады, тек оны оқтап, от қойсаң-ақ гүрс етіп атылып кетеді. 1832 жылдың шілдесінде сондай от ұшқыны генерал Ламарктың өлімі болды.
Ламарк іс-қимылмен жақсы атаққа бөленген адам болатын. Империяның тұсында да, қайта қалпына келтіру тұсында да осы екі дәуірге қажет екі жақты ерлік жасады: бірі жауынгерлік ерлік те, екіншісі шешендік ерлік. Бұрын ержүрек өжет болғанындай, суырылған шешен де еді, оның өткір тілі семсердей қиып түсетін. Ізашары Фуаның командование туын жоғары ұстағанындай, ол бүгінде бостандық туын асқақ ұстап тұр еді. Солшылдар мен әсіре солшылдардың ортасынан орын теуіп ол болашаққа батыл қарағаны үшін халықтың сүйіктісі, императорға жақсы қызмет еткені үшін тобырдың сүйіктісі болған. Граф Жерармен, граф Друэмен бірге ол өзін in petto (іштей) Наполеон маршалдарының бірі сезінетін. 1815 жылдың трактаттарын ол өзін қорлау деп қарсы алды. Веллингтонды ол халықтың жанашырлығын туғызған ортақ өшпенділікпен жек көрді және он жеті жыл бойы осы кезеңде өтіп жатқандарды елемей Ватерлоо қасіретін есінде ұзақ сақтады. Өліп бара жатып ол Жүз күн офицеріне құрметті марапат ретінде берген сапыны кеудесіне қысып жатты. Наполеон армия деген сөзбен өлді, Ламарк "атамекен" деген сөзбен көз жұмды.
Оның ажалының жақындығы орны толмас қаза ретінде халықты қорқытты, ал үкімет одан толқуға желеу болады деп шошынды. Бұл қаза қаралы қасірет болды. Кез келген қайғы сияқты қаралы қаза да жарылыс туғызуы кәдік. Дәл солай болып шықты да.
Осының қарсаңында және тура 5 маусым күні, генерал Ламаркты жерлеу белгіленген күні қаралы шеру қасынан өтуге тиіс болған Сент-Антуан кенті жан шошырлық түрге енді. Көшелердің шатасқан желісі тобыр жұрттың дабыра-шуына толды. Жұрт шамасына қарай қаруланып алыпты. Ағаш шеберлері "есіктерді бұзып ашу үшін" аралайтын үстелдерінің таяныштарын жұлып ап қаруланыпты. Біреуі етік кигенде қолданатын ілмектен қанжар жасап алыпты, етікшіден алған ол бұйымның ілмешек жағын сындырып, қалғанын екі жүзді етіп қайрап алған. Енді біреуі бірден айқасқа кірісу үшін үш күн бойы киімін шешпей ұйықтапты. Ағаш шебері Ломбье досын кездестірсе, ол: "Сен қайда бара жатырсың?" деп сұрапты. — "Иә, менде қару жоғын көріп тұрсың ғой". — "Ал, онда қайда бет алдың?" — "Құрылыста циркулім қалып қойған екен, соны алғалы барамын". — "Оның қазір саған не керегі бар?" — "Білмеймін", — деп жауап берді Ломбье. Жаклин деген пысықай өтіп бара жатқан жұмысшыларды ұстап алып: "Кәне, бері келші!" деп, оларға шарап алуға он су беріп: "Сенің істейтін жұмысың бар ма?" деп сұрайды. — "Жоқ". — "Фиспьерге бар — Монрейль мен Шарон заставаларының арасында ол, содан жұмыс табасың". Фиспьерден олар патрондар мен мылтық алады. Кейбір басшысымақтар "пошта отындай-ақ жүйткіп", өз халқын жинады. Тақ заставасындағы Бартелемиде, Қалпақшадағы Капельде келгендер бір біріне байсалды жүзбен жақындады. Олардың қалай сөз қағысқандары естіліп тұрды: "Тапаншаңды сен қайда ұстайсың?" — "Көкірекшемнің астында". — "Ал сен?" — "Жейдемнің ішінде". Көлденең көшедегі Роланд шеберханасында, сайманшы Бернье шеберханасының қарсысындағы Мезон-Брюле ауласында бір топ адам сыбырласып жүр. Өзінің шыдамсыз қызбалығымен көзге ұратын Маво деген біреу бір шеберханада бір аптадан артық істемейді екен, қожайындар оны үнемі дауласа берген соң шығарып жіберетін көрінеді. Сол Маво Менильмонтан көшесінде баррикадада қаза тауыпты. Пешенесіне Мавоның аяғын құшу жазылған Прето деген біреу: "Менен осы не қалайсың, не керек саған?" деп сұрағанда: "Көтеріліс" деп жауап беріпті. Берси көшесінің бұрышына жиналған жұмысшылар Сен-Марсо кентінің революциялық уәкілі Ломаренді күтіп тұр. Бір-біріне пароль ашық беріліп жатыр.
Сонымен 5 шілде бірде ашық, бірде жаңбыр болып тұрған күні Париж көшелерімен ресми, әскери сәнділікпен артық-кем сақтықпен қаралы шеру өтті. Генерал Ламарктің табытын екі батальон барабанмен шығарып сап барды, қарына қаралы шүберек байлаған мылтықтарын бәрі төмен түсірген, бүйірінде семсерлері жарқылдаған он ұлттық ұлан, ұлттық гвардияның артиллериялық батареялары және бар. Табытты жастар көтеріп келеді. Олардың соңында қолдарына лавр бұтақтарын ұстаған отставкадағы офицерлер кетіп барады. Содан кейін қисапсыз көп адам шеру тартты, әдеттен тыс толқыған олардың біразы — Халық достары қоғамының мүшелері, заң факультетінің, медицина факультетінің студенттері, барлық ұлттың қуғындалушылары; төбелерінде испан, итальян, поляк, неміс тулары, ұзын үш түсті тулар, әр алуан жалаулар; жасыл жапырақтарды бұлғап бара жатқан балалар, дәл сол тұста бас көтерген ағаш шеберлері мен тас қашаушылар, қағаз қалпақтарымен ерекшеленіп көзге түскен баспашылар, екі-екіден, үш-үштен таяқтарын сілтеп, кейбіреулері қылыштарын сермеп айғайлап барады, бір жерде бейберекет шашыраңқы, бір жерде топтасқан топ құрып, енді бірде колонна боп сап түзеген. Жекелеген топтар өздеріне көшбасшылар сайлап алған; екі тапаншасы киімінің ішінен сыртқа теуіп тұрған бір кісі алдынан өткен тығыз сапқа байқау жасап тұрған сыңайлы, бульварлардың бүйірдегі аллеяларында, ағаштардың басында, балкондарда, терезелерде, шатырларда ерлердің, әйелдердің, балалардың бастары көрінеді, бәрінің көзінде үрей. Қаруланған тобыр өтті, абыржыған тобыр қарап қана тұр.
Үкімет те қадағалап тұр, бір қолы семсердің сабында. Людовик XV алаңында толық әскери әзірлікті көруге болатын еді, оқшантайлары толық, мылтықтары мен мушкетондары оқтаулы, алдында кернейшілері бар аттылы карабинерлердің төрт эскадроны, Латын орамы мен ботаника бағында көшеден көшеге дейін эшелонмен сапқа тұрғызылған муниципалдық гвардия, Шарап базарында — драгундар эскадроны; Гревье алаңында — жеңіл кавалерияның 12-ші полкінің жартысы, екінші жартысы Бастилия алаңында, 6-шы драгундар эскадроны целестиндіктерде тұр, Лувр ауласын артиллерия аузы-мұрнынан шығарған. Париждің шет аймақтарындағы полктарды есепке алмағанда, қалған әскерлер казармаларда бұйрық қана күтіп тұр. Мазасызданған билік орындары қаһарлы тобырға тарпа бас салу үшін қалада жиырма төрт мың, қала маңындағы кенттерде отыз мың солдатты сақадай сай ұстап отыр.
Жерлеу рәсімі кезінде сыбыс тарады. Легитимистердің тіміскі әрекеті сөз болды, тобыр император етіп қойғалы жатқан сәтте Құдай өлімге кесіп, опат болған герцог Рейхштадский туралы айтты. Белгісіз біреу белгіленген сағатта жалданған екі шебер қару жасайтын зауыттың қақпасын ашатынын хабарлады. Көпшілік жұртың жүзінен жадыраңқы ғана емес, жабыңқы да рай танылды, әсіресе бас киімсіз жүргендерден ол анық көрінді. Жүгенсіз асау, бірақ ниеті игілердің ырқында жүрген халықтың арасында нағыз зұлым жауыздардың бет әлпеті, "Тонаймыз!" деп айғай салуға әзір сумаңдаған сұмпайы ауыздар да көрініп қалды. Ми-батпақтын тереңін шайқап, түбіндегі лай-ласты бетіне шығаратын толқулар да болады. Мұндай құбылыс "жақсы ұйымдасқан" полицияның қатысуынсыз тумайды.
Шеру бульварларды бойлап, марқұмның үйінен Бастилияға дейін сондай сылбыр ілбіп әрең жылжыды. Табытты Вандом бағанасын айналып алып жүргенде бірнеше оқиға да болып өтті, біреу шеру өткенде балконда тұрып бас киімін алмаған герцог Фицжамға тас атты; біреулер халық туындағы галль қоразының суретін жұлып ап сазға тастады, Сен-Мартен қақпасында полицейді қылышпен соқты, 12-ші жеңіл кавалерия полкінің офицері "Мен республикашылмын!" деп айқайлады, политехникалық мектеп мәжбүрлеген қамаудан құтылып, шеруге қосылып, шәкірттері: "Политехникалық мектеп жасасын! Жасасын Республика!" деп ұран тастады. Бастилияда әуесқойлардың ұзыннан-ұзақ қорқынышты қатары тізіліп, Сент-Антуан кентінен түсіп, кортежге қосылды, тобырды қаһарлы бір толқын теңселтіп жіберді.
Бір кісінің екіншісіне: "Анау жирен сақалды көрдің бе? Қашан атуға болатынын айтса, сол айтады. Зайыры, сол жирен сақал басқа бір бас көтеру кезінде, Кениссе ісінде де сол рөлді орындаған тәрізді".
Күйме Бастилиядан асып, су арнасын бойлай кішірек бір көпірден өтіп, Аустерлиц көпірінің алдындағы алаңға жетті. Сонда ол тоқтады. Дәл осы мезетте тобырға құс ұшар биіктен көз тастасаң, ол аққан жұлдызға ұқсар еді, басы көпір алаңында жатыр да, құйрығы Бастилия алаңының қоңырау жағалауына шейін сүйреленіп, бульвармен Сен-Мартен қақпасына дейін созылған. Күйменің айналасында жұрт шеңберлей ұйысты. Ұлан жиын сап болып үнсіз қалды. Лафайет сөйлеп Ламаркпен қоштасты. Бұл бір жүрек елжіретер салтанатты сәт болды. Барлық бастар жалаңашталып, барлық жүрек алқына соқты. Аяқ астынан тобырдың ортасында қолында қызыл жалауы бар шабандоз пайда болды, кейбіреулер оның қолындағы басына қызыл қалпақша кигізген сүңгі дейді. Лафайет теріс айналды. Эксельманс рәсімді тастап кетті.
Қызыл ту дауыл тұрғызып, өзі соған сүңгіп кетті. Қоңырау бульварынан Аустерлиц көпіріне дейін тобырдың арасында дауылды теңіздің толқынына ұқсас гуіл үдей тартты. "Ламаркті Пантеонға! Лафайетті ратушаға қою керек!" деген қатты айқай шықты. Тобырдың айқай қолдауымен жас жігіттер қаралы кемеге жегіліп, Ламаркті Аустерлиц көпірімен, ал Лафайетті Морланд жағалауымен ала тартты.
Лафайетті қоршап, қошеметтеген топта Людвиг Шнейдер есімді бір немісті байқап, біреулер біріне бірі нұсқап жатты; кейіннен жүзге келіп, әбден қартайып қайтқан бұл шал 1776 жылғы соғысқа қатысып, Трентон тұсында Вашингтонның басшылығымен шайқасып, Брендивайн маңында Лафайеттің командасында болған.
Сол шақта Муниципалдық атты әскер сол жағамен қозғалып, көпірді бөгеді де, Целестиндіктерден қозғалған драгун да оң жағалаудан Морланд жағалауына жетіп бұрылды. Ламарктің табытын қаумалап келе жатқан халық оларды жағалаудың бұрылысында аяқ астынан байқап: "Драгундар!" айқай салды. Драгундар тапаншасын қабынан, қанжарларын қынынан, мылтықтарын құндағынан суырмай жай адымдап жылжып келеді.
Олар кішкентай көпірге екі жүз қадам қалғанда тоқтады. Лафайетті арбакеші жеткенше олар араларын ашып өткізіп жіберді де, лезде қатарын қайта қосып, сап түзеді. Осы кезде драгундар мен тобыр түйісе бастаған еді. Әйелдер үрейленіп қаша жөнелді.
Осынау сын сағатта не болып, не қойды? Оған ешкім де жауап бере алмас еді. Бұл екі бұлт келіп қосылған бұлыңғыр сәт болды. Шабуылға белгі берген керней дабылы Арсенал жақтан шықты деген кім, драгунға қанжар сілтеген қандай бала — барлығы осы сауалдардан басталды. Жалғыз-ақ шүбәсізі: үш дүркін атылған мылтық, біріншісінде эскадрон командирі Шолье опат болды, екіншісінде бір кемпір өлді, үшіншісінде оқ бір офицердің эполетіне тиді, сонда бір әйел: "Тым ерте бастады!" деп шарылдады; сол мезет Морланд жағалауына қарсы беттен осы кезге дейін казармаларда тұрған драгундар эскадроны қылыштарын жалаңаш ұстап, алдарындағылардың бәрін жайпап, Бассомпьер көшесімен және Қоңырау бульварымен шауып өтті.
Осымен бәрі де айтылды: дауыл тұрып, тастар ұшып, гүрсілдеп мылтық атылып, жұрттың көпшілігі көзді ашып-жұмғанша еңіске қарай жөңкіп, Сенаның кіші қолтығы арқылы қазіргі кезде топырақ үйіндісі болып қалған Лувье аралының аса аумақты табиғи қамалға ұқсас тар албарларына барып паналады, шайқасушылар қоршаулардың қазығын жұлып ап, қару ғып, тапаншалардан атып, баррикадалар құрды; кері тықсырылған жас жігіттер қаралы күймемен ілесіп жамыраған бетімен Аустерлиц көпірі арқылы өтіп, муниципалдық гвардияға тарпа бас салды, карабинерлер жетті жүгіріп, драгундар қылышпен қарсы келгендердің бәрін баудай түсіріп барады, тобыр шашырап, жан-жаққа қашты, соғыстың шуы Париждің төрт құбыласына түгел жетті. Жұрт: "Қаруға ұмтылыңдар!" деп айғай сап, құлап-сүрініп жүгіріп барады, бірақ қарсыласуын қояр емес. Отты үрлеп өршіткен жел сияқты ашу-ыза бүлікті қоздыра түсті.
Төртінші тарау
БАҒЗЫ ЗАМАННЫҢ ТОЛҚУЛАРЫ
Бүліктің бұрқ етіп қайнаған алғашқы сәтінен қызық ештеңе жоқ. Барлығы бар жерде бір-ақ бұрқ ете қалады. Бұл алдын ала болжанған ба? Иә, болжанған. Алдын ала дайындалған ба? Жоқ, дайындалмаған. Ендеше бұл қайдан шығып жатыр? Көше табандарынан. Бұл қайдан түсіп жатыр? Бұлттардан. Бір жерде көтеріліс астыртын қастандық сипатына ие болса, енді бір жерде ашу-ызаның аяқ астынан бұрқ-сарқ қайнауы сияқты. Алғашқы кездескен көлденең көк атты тобырдың тасқынын уысына ұстап, қайда бағыттағысы келсе, сонда бағыттайды. Қорқыныш үрейге толы бастамасына келіп, бәзбір қатерлі көңілділік араласады. Әуелі айғай шығады, дүкендер құлыпталып, қас қаққанша болмай, бұйымдар көрмесі ғайып болады; атылған бірен-саран мылтық дауысы естіледі; жұрт дүркіреп жүгіреді; мылтық дүмі қақпаларды қақыратады; аулаларда: "Ал, қызық думан басталды!" деп қызметші әйелдер сақ-сақ күледі.
ІІІирек сағат өтпей жатып, Париждің жиырма жерінде бір мезгілде дерлік мынандай оқиғалар өтті:
Сент-Круа-де-ла-Бретоннери көшесінде жиырма шақты жас жігіт ләйліханаға кіріп, ылғи бір шашы ұзын сақалдылар минөт болар болмаста көлденең ұстап оралған үш түсті ту алып шықты, алдарында қарулы үш адам: біреуінде қылыш, біреуінде мылтық, үшіншісінде сүңгі бар.
Нонендьер көшесінде жақсы киінген, басы қасқа, қарны бар, маңдайы биік, сақалы қара, мұрты тікірейген бір буржуа өткен-кеткенге патрон ұсынып тұр.
Сен-Пьер-Монмартр көшесінде жеңін түрініп алған кісілер қара ту көтеріп барады, оған ақ бояумен баттитып: "Республика немесе өлім!" деп жазып қойған. Оразашылар, Сағатшылар, Монторгейль, Maндар көшелерінде туларында алтынмен жазылған "секция" деген сөз бен оның нөмірі бар кісілер пайда болды. Ол тулардың біpi әрең байқалатын ақ жолағы бар көк аралас қызыл ту екен.
Сен-Мартен бульварында қару жасайтын шеберхана мен қару сататын үш дүкенді талқандапты. Біреуі — Бобур көшесінде, екіншісі — Мишельи-Конт көшесінде, үшіншісі — Тампль көшесінде. Бірнеше минөттің ішінде мың қолды тобыр көбі екі діңді екі жүз отыз мылтықты, алпыс төрт қылышты, сексен үш тапаншаны тартып aп таратып әкетті. Біреуі мылтық, екіншісі сүңгі алды; сөйтіп халықты көбірек қаруландыруға мүмкіндік туды.
Гревье жағалауына қарсыда карабинмен қаруланған жас жігіттер орамдарда атысу үшін орналастырған, тек әйелдер ғана қалған пәтерлерге кіріп алды. Олардың біреуінде пілте мылтық бар екен. Бұл кісілер есіктің қоңырауын шылдыратып, үйге кіріп, патрон жасауға кірісті. Әйелдердің бірі: "Мен патрон дегеннің не екенін білмеуші едім, күйеуім оның не екенін кейін айтты", — дейді.
Вьей-Одриет көшесінде бір топ адам сирек кездесетін бұйымдар дүкенін бұзып, жатағандар мен түрік қаруларын алып кетіпті.
Мылтықпен атып өлтірілген тас қалаушының мәйіті Інжу көшесінде жиналмай жатты.
Қайда қарасаң да — сол жаға, оң жаға, күллі жағалауларда, бульварларда, Латын орамында, базар орамында алқынған еркектер, жұмысшылар, студенттер, секциялардың мүшелері прокламациялар оқып, "Қаруға ұмтылыңдар!" — деп айғайлады, көше шамдарын сындырып, көліктерді доғарып, көше табандарын талқандап, үйлердің есігін бұзып, ағаштарды тамырымен жұлып, жерқоймаларды тіміскілеп, кеспектерді домалатып, жұмыр тастар мен шой тастарды үйіп, жиһаздар мен тақтайларды қалап, баррикада жасады.
Олар буржуаны өздеріне көмектесуге мәжбүрледі. Әйелдерге кіріп, үйде жоқ ерлерінің қылыштары мен мылтықтарын талап етті, сосын есіктеріне испанның ақ сырымен "Қару тапсырылды" деп жазып кетті. Кейбіреулер қылыш пен мылтықты алғаны туралы қолхат беріп, өз аттарын жазып, "бұларды алуға ертең мэрияға кісі жіберіңдер" дейді. Көшелерде жалғыз-жарым қарауылдарды, муниципалитетке бара жатқан ұлттық ұландарды қарусыздандырды. Офицерлердің эполеттерін жұлып алды. Сен-Никола зираты көшесінде ұлттық гвардияның тобыр соңына түсіп жүрген бір офицері таяқпен, айбалтамен қаруланған топтан әрең құтылып, бір үйде бой тасалап, түн ортасына дейін отырды да, басқа киім киіп шықты.
Сен-Жак орамында студенттер араның ұясындай жиһаздалған бөлмелерден ұша шығып, Сен-Иасент көшесімен "Прогресс" дәмханасына көтеріледі немесе Матюриндіктер көшесіндегі "Жеті бильярд" дәмханасына төмен түседі. Танснонен көшесінде баррикада жасау үшін ағаш қоймасын ту-талақай қылды. Жас жігіттер тас тағандарда отыра қап подъездерде қару бөлді. Тек бір ғана жерде — Сент-Авуа мен Симон-де-Фран көшелерінің бұрышында тұрғындар қарсылық көрсетіп, баррикаданы қиратты. Тек бір ғана жерде көтерілісшілер кері шегінді: ұлттық ұлан жасағын атқылап, олар Тампль көшесінде жасап жатқан баррикадасын тастап, Арқан көшесімен қашты. Жасақ баррикададан қызыл туға тап болды, бір пакет патрон, үш жүз тапанша оғын тапты. Ұландар туды жапырақтап жыртып, сүңгілерінің ұшына шаншып алды.
Біздің баяу белгілі жүйемен әңгімелеп отырғанымыздың бәрі бүкіл қалада бірден өтіп, алас-күлес болып жатты, сан найзағай жалтылдап, күн бір ғана рет күркіреген сияқты.
Бір сағатқа жетер-жетпес уақыттың ішінде бір ғана базар шаршысында жерден өсіп шыққандай жиырма жеті баррикада бой көтерді. Олардың түйісер тұсы Жанн мен оның жүз алты серігіне бекініс болған атақты № 50 үй еді, ол бір жағынан Сент-Мерри баррикадасымен, екінші жағынан Мобюе көшесіндегі баррикадамен қоршалды да өзінін майдан алаңы болған Арси, Сен-Мартен және Обри-ле-Буше көшелеріне үстемдік етті. Енді баррикада — біреуі Монтельгейль көшесінен Үлкен қаңғыбас көшесіне, екіншісі Жофруа-Лан-Жевен көшесінен Сен-Авуаға бұрыштай кіріп тұрды. Бұлар Париждің басқа жиырма орамындағы қисапсыз көп баррикадаларды есептемегендегісі ғана, олардың ішінде Марс пен Сент-Женевье қысқасында Менильмонтан көшесіндегілер бар; Менильмонтандағыдан топсасы үзіліп, жамбастап қалған қақпа мен кішкентай Отель-Дье көпірінің маңында аударылған екі аяқты арбадан жасалған тағы бір баррикада көрінеді.
Гудоншылар көшесіндегі баррикадада жақсы киінген бір кісі құрылысшыларға ақша таратып тұр. Гренет көшесіндегі баррикадаға бір салт атты келіп, баррикадаға басшылық етіп жүрген адамға бір түйіншек тапсырды, сұрқына қарағанда тегі теңге болуы керек. "Мынау шарап және басқа керек-жараққа жұмсау үшін" деді ол. Галстугі жоқ аққұба жігіт баррикададан баррикадаға өтіп, парольді хабарлап жүр. Көк полиция күнқағарын киген біреу қылышын жалаң ұстап, күзетшілерді орын орнына қоюда. Баррикадалардың сыртындағы ләйліханалар мен қақпашылардың үйшіктері қарауыл күзет орнына айналды.
Бүлік шебер әскери тактиканың барлық заңдары бойынша әрекет етті. Тар, ойлы-қырлы, қиқы-жиқы сансыз бұрыштары мен бұрылыстары бар көшелер, әсіресе, орманнан да жаман бытысқан, жықпыл-жықпылы көп көшелердің желісі сияқты базарлардың шет пұшпақтары тамаша таңдап алынған. Сен-Авуа орамында көтеріліске басшылықты халық достары қоғамының басшылары өз мойнына алыпты дейді. Пансо көшесіндегі өлген адамды тінтіп, қойнынан Париждің жоспарын тапқан көрінеді.
Шын мәнінде, бүлікті көзге көрінбейтін ауада жүрген бір өктем күш басқарды. Көтеріліс бір қолымен қас қаққанша баррикадалар тұрғызып, бір қолымен гарнизонның күллі күзет орындарын басып алды. Үш сағатқа жетпей лап еткен оқ-дәрі жолы сияқты көтерілісшілер Арсеналдың оң жағасында Король алаңындағы мэрияны, бүкіл Марені, Попенкур қару жасау зауытын, Галиот, ІІІато-д'О және базар маңындағы күллі көшелерге бас салып, орнығып та алды, сол жағалаудағы — Ардагерлер казармалары, Сент-Пелажи, Мобер алаңы, Қос диірменнің оқ-дәрі жерқоймасы, барлық заставалар солардың қарауына көшті. Кешкі сағат беске таман олар Бастилияның, Ленжеридің, Ақ мантиялар орамының қожасы болды, ал барлаушылары жеңіс алаңының қиылысына кіріп, Француз банкіне, Пти-Пер мен Почтамтқа сес танытты. Париждің үштен бірі көтерілісшілердің қолында болды.
Ұрыс құлашын тым-ақ кең жайды; қаруландыру, тінту, қару дүкендерін шапшаң басып алу нөсерлей жауған тастардан басталған айқастың зеңбірек атыстарына ұласқанын айғақтады.
Кешкі сағат алтыға қарай Сомон пассажы айқас алаңына айналды. Көтерілісшілер оның бір шетіне орнығып, қарсысында — екінші шетінде әскерлер тұрды. Атыс тортемірден тортемірге ауыса жүріп жалғасты. Осынау кітаптың қиялшыл авторы бақылаушы болып бүлік жанартауына жақын жерден қараймын деп жүріп екі оттың ортасында қалды. Оқтан ол дүкендерді бөліп тұрған жарты бағандарды тасаланып қана аман қалды, осындай қиын жағдайда ол жарты сағатқа жуық болды. Сол тұста жиынды баса көктеп, ұлттық ұландар киініп, мұздай қаруланып, мэрия жақтан жасақтар, казармалардан полктер шықты. Зәкір пассажында барабаншыға біреу қанжар салды. Екінші барабаншы Аққу көшесінде отыз жас жігіттің қоршауында қалды, олар барабанды тесіп жыртып, қылышын тартып алды. Үшіншісі Гренье-Сен-Лазарда ажал құшты. Мишель-ле-Конт көшесінде бірінен соң бірі үш офицер өлтірілді. Ломбард көшесінде жараланған көптеген офицерлер кері шегінді.
Батав орамының алдынан ұлттық ұлан жасағы: "Республикалық революция, №127" деген жазуы бар қызыл ту тауып алды. Бұл шынында да революция болды ма өзі?
Көтеріліс Париждің орталығын бұралаң көшелерімен бірге адам аяғы баспас дуалға айналдырды.
Мұнда көтерілістің ошағы тұрды, бар мәселе, міне, осында болды. Қалғандары ұсақ қақтығыстар ғана. Орталықта әзір төбелес бола қойған жоқ, осының өзі-ақ бар мәселенің осында шешілетінін дәлелдесе керек.
Кейбір полктерде солдаттар толқи бастады, сондықтан істің ақыры насырға шауып, қайғылы бола ма деген қауіп туды. Солдаттар халық қуанышын еске алып, 1830 жылғы маусымдағы 53-ші желілік полктің бейтараптығын аңсады. Үлкен соғыстарда сыналған ержүрек өжет екі адам — маршал Лобо мен генерал Бюжо әскерлерге команда берді, Бюжо Лобоның басшылығымен жұмыс істеді. Жаяу әскер батальондарынан құралған мың сан жасақтар ұлттық ұлан роталарының арасында, бөкебай салған полиция қадиларын алға салып, көтерілісшілер орналасқан көшелерге барлау жасады. Ал көтерілісшілер болса, көше қиылыстарына қарауыл қойып, баррикада желілеріне патрульдер жіберді. Тұтас армияны қолында ұстай отырып үкімет батыл шешімге бармады; түн таянғанда Сен-Мерри монастырінен дабыл қағылды. Сол тұстағы соғыс министрі, Аустерлицті ұмытпаған маршал Сульт бар нәрсеге немқұрайды қарады.
Әскери тәсілдерді дұрыс қолдануға дағдыланып, дерек көздері ретінде басшылық жөніндегі мәліметтер мен күштерді ғана пайдаланатын тарлан теңіз көкжалдары ұрыстардың құбыланамасы — тактиканы ғана біліп, шетсіз-шексіз буырқанған стихияны, халықтың қайнаған ашу-ызасын көргенде абыржып, абдырап қалды. Революция желін басқаруға болмайды екен.
Асығып-аптығып кенттердің ұлттық ұландары да жетті. Сен-Дениден 12-ші жеңіл полктің батальоны, Курбвуаның ар жағынан 14-ші желілік батальон келіп, әскери мектептің батареялары Карусель алаңындағы бағыттарға орналасты, Венсен орманынан зеңбіректер түсірілді.
Тюильри босап қалды да, Луи-Филипп толықтай сабыр сақтады.
Бесінші тарау
ПАРИЖДІҢ ӨЗІНДІК БЕЙНЕСІ
Алдында айтқанымыздай, Париж екі жылдың ішінде бірнеше көтерілісті бастан кешірді. Әдетте бас көтерген орамдарды айтпағанда, бүлік тұсында дәл Париждей тыныштықты ғаламат сақтайтын қала кемде-кем. Бар болғаны бүлік қана ғой деп, болмашыға бас ауыртып алаңдамай, ондайда Париж тез тұтасып ала қояды. Тек осындай алып қала ғана мінез таныта алады. Тек осындай алыпта ғана азамат соғысы мен алаңсыз сабырлылық ұштасып жатады. Парижде барабан соғылып, дабыл қағылып, жұрт жиналуға белгі беріліп, көтеріліс басталған сайын дүкеншілер:
— Шамасы, Сен-Мартен көшесінде тағы да шатақ басталды-ау деймін, — дейді.
— Онда емес, шатақ Сент-Антуан кентінде шығар, — дейді екінші біреу.
Өзіне еш қатысы жоқтай енді біреу:
— Әйтеуір сол жақтың бірінде ғой, — деп қоя салады.
Кейін жан түршігерлік сұмдық атыс дүмпуі мен гүрс-гүрс атылған мылтық дауысы үдей бастағанда әлгі дүкенші тағы да:
— Сонда төбелесіп жатыр ма өздері? Солай шығар, төбелес басталды ғой, — дейді жайбарақат қана.
Аздан соң бүлік осылай қарай жақындап, үдеп келе жатса, дүкен қожасы лып етіп дүкенін шапшаң жауып, үстіне мундирін асығыс іле салады, сөйтіп өз тауарын сақтап қалмақ болады, сонымен бірге өзінің басын да қатерге байлап береді.
Көше қиылыстарында, пассажда, тұйықта да атыс. Баррикадаларды басып алып, қайтарып беріп, қайта алып жатады; қан судай ағып, артиллерия оғы үйлердің қосбетін шұрқ-шұрқ тесіп, оқ адамдарды төсегінде өлтіріп, мәйіттер көше табанында шашылып қалады. Ал ол арадан бірнеше көше асып, әрірек барсаң, кофеханалардан бильярд тастарының сартылын естисің.
Театрлар ашық, пьесалар ойналып жатыр. Әуесқойлар әңгімелесіп, ойнап-күліп жүр, ал одан екі-ақ адым жерде қырғын соғыс. Арбакештер жүйткіп жүр, кейде тіпті айқас қызып тұрған орамдардың өзінде жұрт ауқат жасағалы мейрамханаларға бара жатады. 1831 жылы неке тойының пойызын өткізіп жіберу үшін атыстың тоқтатылғаны да бар.
1839 жылғы 12 мамыр көтерілісі кезінде Сен-Мартен көшесінде тыриған бір арық шал үш түсті матамен қапталған, ішінде бір сұйық зат құйылған графині бар қол арбаны баррикададан оны қоршаған әскерлерге, әскерлерден баррикадаға ерсілі-қарсылы сүйреп, бір стакан шарапты бірде үкіметке, бірде анархияға ұсынып жүрді.
Таң қалатын түк те жоқ, Париж бүліктерінің ерекшеліктері осындай, өзге астаналарда ондайды әсте таппайсың. Бұл үшін екі ғана шарт керек сияқты, бірі Париждің ұлылығы, екіншісі оның ақжарқын көңілділігі. Болған соң осындай Вольтер мен Наполеонның қаласы болу керек қой.
Алайда бұл жолы 1832 жылғы 5 мамырдағы бас көтеруде ұлы қала өзінен де күшті бірдеңені сезгендей болды. Ол қорқайын деді. Қайда да күллі шалғай әрі "қатысы жоқ" орамдардың өзінде тапайдың тал түсінде есіктер, терезелер, терезе қақпалары жабылып қалды. Батылдар қаруланып, қорқақтар жасырынды. Думан қуған да, жұмысы бастан асып жатқан жандар да ізім-қайым болды. Көптеген көшелер таңғы сағат төрттегідей қаңырап бос қалды. Үрейлі хабарлар бірден бірге беріліп, көтеріліс жасаған бүлікшілер Француз банкін басып алыпты; бір ғана Сен-Мерри монастырінде алты жүз адам бекініп, қабырғаларды тесіп жасаған мылтық атар тесіктердің түбінде отырған көрінеді; жаяу әскерлер жалпы сенімсіз; Арман Карель Клозель маршалды көрген екен, маршал: "Ең алдымен полк тауып алыңыз" депті; Лафайет ауру, соған қарамастан: "Мен сендердікімін. Қайда барсаңдар да, зембіл табылса, сендермен бірге боламын" деген екен; абай болу керек; түнде бір адамдар тұрғындары аз түкпірлерде оңаша үйлерді тонауды кәсіп қылыпты (бұл арада полиция мен үкіметтің қызметіндегі Анна Ратклифтің қиялдары ұйтқытып жүр); тұтас батарея Обри-ле-Буше көшесіндегі бағытты ұстап, Лобо мен Бюжо өз әрекеттерін келісіп, түн ортасына таман, ең кемі таңғы сағат төртте төрт колоннамен бір мезгілде көтерілістің орталығын бетке алып шабуылға шықпақшы, бірінші колонна Бастилиядан, екіншісі Сен-Мартен қақпасынан, үшіншісі Гревье алаңынан, төртіншісі базардан аттанбақшы; бәлкім әскер Парижді тастап, Мирс алаңына шегінуі ықтимал, жалпы не күтеріңді білмейсің, бұл жолы мәселе ойландырмай қоймайды деген сыбыстар гу-гу. Барлығын да маршал Сульттің батылсыздығы алаңдатты. Неге ғана ол бірден шабуылға шықпайды? Оның мейлінше мазасызданғаны анық. Алайда кәрі арыстан белгісіз бір сұмдықтың барын сезіп отырған сыңайлы.
Күн кешкірді, театрлар ашылған жоқ, ашулы патрульдер әрі-бері шапқылап, өткен-кеткенді тінтіп, күдіктілерді тұтқындап жүр. Сағат онға таман сегіз жүзден астам адам ұсталды, префектура аузы-мұрнынан шықты; Консержьери түрмесі толды, Форс түрмесі тағы да толды, Консьержериде "Париж көшесі" аталатын ұзын жер асты жолында да жапырлап астына сабан төсеп ұсталғандар жатыр, лиондық Лагранж оларды майда сөзімен жігерлендіріп, ерлік көрсетті. Үстіндегі кісілердің қимылымен сытырлаған сабандар сатырлап жауған нөсердің шуылын еске түсіреді. Басқа жерлерде ұсталғандар түрмелердің ішкі аулаларында, ашық аспан астында қаз-қатар жатып ұйықтады. Қайда болсын қорқыныш-үрей, Парижге тән емес дүрбелең.
Үйлерде де қорғаныс қамы, әйелдер мен аналарда маза жоқ, қайдан да еститінің "Құдайым-ау, ол әлі жоқ" деген үрей. Ара-тұра көліктердің жалғыз-жарым тарсылы естіліп қалады. Есіктерінің табалдырығында тұрып гүжілдеген дауыстарға, айғай-шуға құлақ түреді, алас-күлес сапырылыстың, ештеңе түсініп болмас ызы-шудың арасынан қатты қайырған: "Мынау кавалерия", "Анау құйғытып бара жатқан артиллерия көлігі" деген сөздер сампылдайды; кернейдің, барабанның дабылын, мылтықтардың гүрсілін есітеді. Әсіресе Сен-Мерри жақтан қағылған дабыл пәс шығатын секілді. Жұрт алғашқы зеңбірек гүрсілін күтті. Бұрыштардан кісілер көріне түсіп, жоқ боп кетті және "Үйлеріңе қайтыңдар!" деп айғайлап тайды. Барлығы үйлеріне жетіп, есіктерін құлыптап алуға асықты. Бір-бірінен "Мұның бәрі немен тынар екен?" деп сұрайды. Түн қараңғылығы қоюлануына орай көтерілістің қаһарлы шапағының қатерлі бояуы Париж үстінде қалыңдай түсті.
ОН БІРІНШІ КІТАП
АТОМ ДАУЫЛМЕН БАУЫРЛАСТЫ
Бірінші тарау
ГАВРОШ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ТАМЫРЫ ТУРАЛЫ БІРҚАТАР ТҮСІНІКТЕМЕ
ОНЫҢ ПОЭЗИЯСЫНА БІР АКАДЕМИКТІҢ ЫҚПАЛЫ
Арсенал алдында халық пен әскер қақтығысқанда бұрқ ете қалған көтеріліс алдыңғы қатардағыларды бульварлардың ұзына бойымен ағылып кеп, қаралы күймені қаумалап келе жатқан жұрттың алдына шығып алған тобырға қарай кері қозғалуға шақырды да, аласапыран ағыс басталды. Жиналған жұрт дүр ете қалды, қатарлар быт-шыт болып, барлығы бас сауғалап қашуға айналды, біреулері үрейден боп-боз болып сілейіп тұрып қалса, біреулері қарсылық көрсетуге шақырып жатыр. Бульварларды қарық қылған адамдардың алып өзені әп-сәтте екі айырылып, жағалардан оңға, солға бөлініп, тоғанды бұзып өткен тасқын құсап жан-жаққа лап қойып, екі жүз көшенің бойымен жылға-жылға боп ағылды. Сол кезде Менильмонтан көшесімен қолында Бельвиль мекенінің жоғарғы жағынан үзіп алған сарғалдақ гүлі бар, киімі алба-жұлба бір бала төмен түсіп келе жатып саудагер әйелдің дүңгіршегінен, ескі-құсқылардың арасынан ескі ершікті тапанша тауып алды. Гүлін көше табанына тастай салып: "Маматай, қалай ойлайсың? Мен мынау мәшінкеңді ала кетемін!" — деп тапаншаны алып тұра жүгірді.
Екі минут өтер-өтпесте зәресі ұшып Амело мен Төменгі көшелерінің бойымен зымыраған буржуа толқыны тапаншасын сермеп, өлеңдетіп келе жатқан балаға қарсы кездесті:
Күндіз бәрін көресің көшесінде,
Түнде түк те таппайсың есесіне.
Өткір жырдан дей көрме еш қайыр жоқ,
Буржуаға қадалар кекті айыр боп.
Ей, қалпақтар! Өзі куә тәңірінің
Қайырымнан, мейірімнен айырылдың.
Бұл соғысқа аттанған кішкентай Гавроштың үні еді.
Бульварда ол тапаншасының шүріппесі жоғын бір-ақ байқады.
Ырғағымен адымдап келе жатқан әлгі шумақты және басқа өлеңдерді кім шығарды, орайы келгенде осыларды әндетіп жүретіні не? Оны бір құдай біледі. Бәлкім, оларды өзі шығарған болар. Гаврош халық әндерін жақсы біледі, кейде оларды өзінің шырылына да қосып қояды. Телі тентек көше баласы табиғат дауысы мен Париж үнін араластырып попурри құрайтын. Құстардың ән қорына шеберхана жұмысшыларының әндерін қосатын. Ол өзіне етене жақын суретшілердің көмекшілерімен бірге жүреді. Шамасы ол үш айдай баспаханада шәкірт болып істесе керек. Тіпті бірде Өлмейтұғын қырықтың бірі — Баур-Лормианның да тапсырмасын орындапты. Гаврош әдебиетке жақын еді.
Айтқандай, Гаврош сонау бір бұлыңғыр лайсаң, жаңбырлы түні ол кішкентай екі балаға өзінің пілін баспана етіп, азық тауып беріп жүргенде өз бауырлары үшін жарылқаушының рөлін атқарғанын білген жоқ. Түнде бауырлары, таңда әкесі кездесіп, уақыттың қалай өткенін де білмей қалды ғой. Күн шыға Балет көшесін тастап ол пілге оралуға асықты, екеуін де одан аман-есен алып шығып, ойлап тапқан бірдеңелерімен жүректерін жалғап, өзін де тәрбиелеген қайырымды көше-анаға тапсырып тайып тұрды. Олармен айырылысарда кешке осы арада кездесуге уәде байласып, біраз сөз сөйледі: "Енді тайдым, басқаша айтқанда, сарайларда айтылатындай, табанымды жалтыратайын. Балалар! Егер ата-аналарыңды таба алмасаңдар кешке осында оралыңдар. Сендерге кешкі ас беремін, ұйықтайтын орындарыңа жайғастырамын", деді. Полиция сержанты тауып алып учаскеге алып кетті ме, әлде бір көзбояушының қолына түсіп қалды ма, не алып қалада адасып кетті ме, балалар кешкісін оралмады. Біздің қоғамның шыңырау түбінде адасқан ондай іздер аткөпір. Сонымен, Гаврош балаларды қайтып көрген жоқ. Сол түннен бері табаны күректей үш ай өтті. "Тәйірі алғыр, менің жігіттерім қайда жоғалып кетті?" деп одан бері Гаврош желкесін талай қасыды.
Міне, енді қолында тапаншасы бар ол Капуста көпірі көшесіне келді. Бұл көшеден ол жалғыз-ақ ашық бір дүңгіршекті байқады, бұл самса сатумен назар аударатын сауда орны болатын. Бұл беймәлім бір оқиғаларға баспен сүңгіп кетер алдында алмадан жасалған дәммен жүрек жалғау үшін тәңірдің өзі оңынан келтірген мүмкіндік еді. Гаврош тоқтай қалып, күллі қалталарын ақтарып, айналдырып көріп, соқыр су таппай "Қарауыл!" деп айғайлап жіберді.
Өміріңдегі жалғыз нәпақаңнан айырылудан жаман не бар десейші!
Алайда бұл Гавроштың жолын әрі қарай жалғастыруына бөгет болған жоқ.
Екі минөттен кейін ол Сен-Луи көшесінде болды. Король паркінен өтіп, ол қолы жетпей қалған алма самсасының есесін қайтаруды ойлап, жанын жай таптырып қанағаттандыру үшін театр құлақтандыруларын дар-дар айырып жырта бастады.
Сол ілгері жүріп, денсаулығының мықтылығы сыртқа теуіп келе жатқан жүргіншілер оған үй иелері сияқты көрініп, иығын бір қиқаң еткізіп, олардың сыртынан шырт түкіргендей бір философиялық запыранды лақ еткізе салды:
— Мынау рантье дегендерің қарнынан жарылардай қандай семіз! Бөтегесі кекірік атқанша кептейді-ау, сірә. Ал ақшаларымен не істеп, не қойып жатқандарын өздерінен сұрар ма еді? Олар айтпайды ғой. Ақшаларын тек қылғыта береді ғой. Тек қарны қампайса болды.
Екінші тарау
ГАВРОШ ЖОРЫҚТА
Көшенің ортасында шүріппесіз тапаншаны сілтеуді аса маңызды қоғамдық қарекет деп ұққан Гаврош адым сайын шабыты шарықтай түскенін сезді. Ол шырқап келе жатқан "Марсельезаның" үзіндісі арасында:
— Бәрі де тамаша өтіп жатыр! — деп қояды. — Менің сол аяғым қатты ауырады, ревматизмімді қозғап алдым, бірақ мен разымын, азаматтар. Абай бол, буржуа, сендер менің өрттей өлеңдерімнен түшкіресіңдер әлі. Шпик дегендер не? Иттің ғана тұқымы олар.
Жоқ, тәйірі алғыр, итті қорлауға болмайды! Маған сол итің, әлгі шүріппесі құрғыр тапаншаға қажет. Достарым менің! Жаңа мен бульвармен жүрдім, онда ас пісіп, қайнап, бұрқылдап жатыр. Қазанның көбігін алатын уақыт болды. Ерлер, алға! Дұшпанның қаны жердің шөлін қандырсын. Мен отан үшін өлемін, құрбымды қайтып көру жоқ маған! О, иә, Нини, бітті бәрі! Дегенмен, көңілді думан жассын! Тәйірі алсын, өлгенше төбелеспей не бар! Жауыздықтың енді менде шаруасы қанша!
Осы мезетте өтіп бара жатқан біреудің аты ұлттық гвардия ұланының қасына кеп құлады. Гаврош тапаншасын көше табанына қойып, шабандозды көтеріп, оның атын тұрғызуына жәрдемдесті. Сосын тапаншасын алып әрі қарай тартты.
Ториньи көшесінде бәрі де тып-тыныш болатын. Осындай немқұрайдылық Мареге де тән еді, екеуінің де жағдайы айналадағы күшті ереуілге қарама-қарсы. Төрт таныс кемпір үйге кірер ауызда әңгімені гөйітіп отыр. Егер Шотландияда үш мыстан әйгілі болса, Парижде өсекші әйелдердің төрттігі кеңінен таныс. Бодуане қиылысында "Сен король боласың" деп Бонопарттың бетіне түнере қараса, Армюирдің көк бұтасында кезінде Макбетке де солай айтқан жоқ па еді. Ол да осы сияқты қарқ ете қалған болатын.
Алайда Ториньи көшесінің өсекшілерінің үшеуі қақпашы да, біреуі шүберек жинаушы, қолында қашан көрсең де ілмекті себеті жүреді — төртеуі де тек өздерінің әдеттегі істерімен шұғылданады.
Төртеуі де қартаюдың төрт құбыласында тұр: арса-арса болған, қуат қайтқан, жоқтық жасытып, уайым титықтатқан.
Шүберек жинаушы байсалды әйел болатын. Еркін ауада тұратын бұл қауымда шүберек жинаушы сұрайды да, қақпа күзетушілер рақым жасайды. Бәрінің себебі көше жәшігінің сыртына апарып төгілетін қоқыстарда жатыр, оларды қақпашылардың қалай үйгені, оны қазбалап бірдеңелер іздеушілерге керек. Кейде сыпырғыш та қайырымды болады.
Шүберек жинаушы қоқыс себетіне олжа түсірушілерге дән разылығын білдіріп жымиып қояды және жымиғаны қандай. Олардың арасындағы әңгіме шамамен былай өрбиді:
— Сіздің мысығыңыз баяғыдай ызақор-ақ!
— Құдайым-ау, өзің білесің, мысық деген жаратылысынан итпен дұшпан емес пе! Оларға шағынса, ит шағынсын.
— Адамдар да ит пен мысықтай ғой.
— Алайда мысықтың бүргесі адамға аумайды.
— Оны қойшы, ит дегенің қауіптірек қой, иттердің сондай көбейіп кеткен жылы әлі есімде, тіпті ол туралы газетте де жазды емес пе. Ол осы Тюильриде Рим корольін дәу қошқарлар жеккен күймемен алып жүрген кезде болған. Рим королі есіңізде ме?
— Маған көбірек ұнағаны герцог Бордоский.
— Мен Людовик он жетіншіні білуші едім. Мен Людовик он жетіншіні жақсы көремін.
— Сиыр еті қалай қымбаттап кетті, Патагон шешей!
— Оны айтпа, қасапшылар барып тұрған оңбағандар. Оңбағанның да оңбағаны. Беретіндері тек сүйек-саяқ.
Сөзге енді шүберек жинаушы араласты:
— Иә, бикештер, сауданың жайы нашар. Қоқыстан да қазір ештеңе таба алмайсың. Бұрынғыдай лақтыра салмайды. Қоқымын да қалдырмай жеп қоятын болыпты.
— Сізден де кедей кісілер бар, Варгулем тәтей.
— Осы айтқаның шынның шыны, — деп жағымпаздана келісті шүберек жинаушы әйел, — менің әйтеуір кәсібім бар ғой.
Аз-кем үнсіздіктен кейін әр кісіге тән мақтанып қалу қажеттігіне бой алдырып сөзін жалғастырды:
— Ертеңгілік үйге келісімен, бірден себетімді төңкеріп, жинағандарымды сервиздей (зайыры сорттай дегісі келсе керек) бастаймын. Барлығын ортаға үйіп тастап, шүберектерін себетке саламын, мүжілген жемістерді ыдысқа жинаймын, жай қиындыларды — шкафқа, жүндерін — комодқа тығамын, қағазды терезенің алдындағы бұрышқа үйіп, жеуге болатындарды тегешке іріктеп, стақандардың сынықтарын пешке тастаймын, тапталып қалған башмақтарды есіктің сыртына қойып, сүйектерді кереуеттің астына сүңгітемін.
Ту сыртынан кеп тоқтай қалған Гаврош тыңдап тұрып:
— Қариялар! Қандай оқиғаға орай саясат соғып жатырсыңдар? — деп сұрады.
Төрт кеңірдектен төрт еселенген екпінмен шыққан балағат балаға жауды да кетті.
— Тағы бір сұмырайдың төбеден түскендей келе қалғанын қарашы!
— Анау шеңгеліне қысқаны не пәле? Тапанша ма?
— Айтыңдаршы құдай ақына, бұл қай оңбаған!
— Мұндайлар үкіметті төңкеріп тастағанша тынбайды енді!
Зығырданы қайнаған Гаврош өш алып, есесін қайтарудың орнына бес саусағымен оларға мұрнын көрсетті.
Патагон шешей ызаланып қолын сілтеді:
— Сорымыз қайнағалы тұрғаны айдан анық. Осы маңда көршілес сақалды бір жас жігіт бар еді, күн сайын ертеңгісін басында қызыл тақияшасы бар бір аруды қолтықтап шыққанда жолықтырушы едім, сол бәтіріңді бүгін қолына мылтық ұстап жүргенін көрдім. Баше шешей өткен аптада революция болады деп жүр еді, иә, анда әлгі бұзау жүрген жақта! — Понтуазда. Ал енді мына тапаншалы оңбаған бұзыққа қара. Шамасы, целистиндіктерде зеңбірегің ит-ырғын болуы керек. Үкімет мынадай не ойлап табуды өздері де білмейтін оңбағандарға не жасай қояды, бұл жексұрындардыкі жұртқа күн бермеу, барлық бақытсыздықтардан кейін енді ғана тынышталып келе жатыр еді! О, жаратқан ием, мен бе, мен бейшара королевамызды арбамен қалай алып бара жатқанын өз көзіммен көрдім ғой. Ал енді осындайлардың қырсығынан келіп тағы да темекі қымбаттайды. Бұл қаскүнемдік! Ал сені ме, қарақшы, сені мен гильотинада көретін шығармын.
— Мыңқылдап тұрғаныңыз не, кемпір-сампыр! — деп қағытты Гаврош. — Әуелі дұрыстап тұмсығыңды бір тазалап алшы.
Сосын ол әрі жөнелді.
Тас төселген көшеге жеткенде оның есіне шүберек жинаушы әйел түсіп, өзімен өзі сөйлесті:
— Революционерлерді бекер балағаттайсыз сіз, Қоқыс Үйіндісі шешетай. Мынау тапанша, біле білсеңіз, сізге жұмыс істейді ғой. Себетіңе жейтін бірдеңелер молырақ түссін дейміз.
Ойламаған жерде ол артынан айқай естіді, қуып келе жатқан қақпа күзетшісі Патагон кемпір екен, алыстан жұлқынып жұдырығымен айбат шегіп келеді.
— Бейшара бейбақ шата!
— Мына кемпірге биік ағаштың басынан түкірсем бе екен, — деді Гаврош.
Аз-кем кідіріп ол Ламуаньон дербесжайының жанынан өтті. Осы арада ол ұран тастады:
— Алға, ұрысқа кірісейік!
Алайда оны кенет уайым басты. Ол жанына тигісі келгендей тапаншасына кінәлай қарады:
— Мен айқасқалы барамын, — деді ол, — ал сен айқасып атыса алмайсың!
Бір ит бір иттен назарды аударады. Мұның жанынан сол сәт ырсиған қанден жүгіріп өтті. Гаврош оны аяп кетті.
— Менің бейшара шәу-шәуім! — деді ол — Сенің кішкентай бір бөшкені жұтып жібергенің анық сияқты, құрсаулары сидиып сыртыңнан көрініп тұр ғой.
Содан соң ол Орм-Сен-Жервеге жөнелді.
Үшінші тарау
ШАШТАРАЗДЫҢ ӘДІЛ НАРАЗЫЛЫҒЫ
Гаврош пілдің қонақжай құрсағын ашып берген екі кішкентай баланы айдап шыққан қадірменді шаштараз ол кезде өз мекемесінде қарт легионер солдаттың, сонау Империя заманының адамының сақал-мұртын алып жатқан-ды. Екеуінің арасында әңгіме басталып кеткен еді. Әлбетте, шаштараз бүлік туралы, сосын генерал Ламарк жайында ардагерге өз ойын айтты, одан әңгіме Ламарктен императорға көшті. Егер Прюдом бұл әңгімеге тап келсе, оны әшекейлеп, әрлеп: "Ұстара мен қылыштың сұхбаты" деп атар еді.
— Император атта қалай отырушы еді? — деп сұрады шаштараз.
— Нашар отыратын. Ол құлай білмейтін. Сондықтан ешқашан да аттан құлаған жоқ.
— Ал аттары қандай, жақсы ма еді? Зайыры, тамаша болуы керек?
— Маған крест сыйлаған күні атын көргенім бар. Желгіш ақ бие болатын. Оның құлағы бір-бірінен алшақ, ұзын болатын, шоқтығы биік, маңдайында қара жұлдызы бар, басы әп-әдемі, мойыны ұп-ұзын, сирақтары берік, екі бүйірі шығыңқы, жауырыны тақтайдай тегіс еді. Биіктігі он бес сүйемнен сәл ғана асатын болар.
— Ғажап сәйгүлік қой! — деп қойды шаштараз.
— Иә, ол ұлы мәртебелінің салт мінетін бедеуі болатын.
Шаштараз мұндай салтанатты сөзден кейін сөйлемеу керек деп шешті де, сосын қайта сөйлеп кетті.
— Император бір-ақ рет жараланыпты, сол шын ғой, мырза?
Қарт солдат сол арада өзі болған адамның мақамымен маңғаздана сабырмен жауап қатты:
— Өкшесінен жараланды. Ратисбонның түбінде су жаңа теңгедей тап-таза еді.
— Ал сіз, ардагер мырза, әлденеше рет жараланған шығарсыз, шамасы?
— Мен бе, болмашы ғана, — деді солдат. — Маренгоның түбінде желкемнен қылыштан екі соққы алдым, Аустерлиц түбінде қолыма оқ тиді, Иенаның түбінде екінші рет сол жақ санымнан жараландым, Фридланд түбінде мына жеріме сүңгі шаншылды, Мәскеу түбінде, жеті ме, сегіз бе білмеймін, әр жеріме сапы салынды, Люцен түбінде бомбаның жарықшағы саусақтарымды қаусатып кеттi... Ah, иә, айтқандай, Ватерлоо түбінде картечь тура бүйірімнен соқты. Бар болғаны осы.
— Айқас алаңында өлу қандай тамаша! — деп ерек бір шабытпен дауыстап жіберді шаштараз. — Маған салса, шынымды айтайын, жыртық төсекте бәзбір аурудан ыңқылдап, күннен-күнге бірте-бірте баяу төмендеп, құдайдың күні неше түрлі дәрі ішіп, аһылап-уһілеп өлім күтіп жатқанша, бір ядро тиіп, іші-бауырымды күл-парша ғып ақтарып, жанымды жаһаннамға бір-ақ жібергенін қалар едім.
— Ауызыңыз салымсыз емес екен, — деп қағытты солдат.
Ол осыны айтып үлгеруі мұң екен, алапат бір гүрсіл дүңгіршекті аударып тастай жаздады. Көрме-әйнектің беті жұлдызға ұқсас жарықшақтардан көрінбей кетті.
— О, құдая! — деп айғайлап жіберді ол — Мынау тура соның өзі ғой.
— Ол не?
— Ядро.
— Мәссаған, міне сол, — деп солдат еденде домалап бара жатқан жұмыр бірдеңені көтерді. Ол малта тас болып шықты.
Шаштараз сынған әйнекке жүгіріп барып, бар пәрменімен Сен-Жан базары жаққа зыта жөнелген Гаврошты көрді. Шаштараз дүңгіршегінің жанынан өтіп бара жатып, кішкентайлар үшін ренжігенін ұмыта алмаған Гаврош сақалшыға сәлем бере кету тілегіне қарсы тұра алмай, терезесіне тасты атты да жіберді.
— Түсінесіз бе, — деп қырылдады өңі алғаш құп-қу боп кетіп, іле көгеріп-сазара қалған шаштараз. — Бұлар сойқан салып бірдеңені бүлдірмесе жүре алмайды! Бұл жүгірмекті кім ренжітіп жүр екен?
Төртінші тарау
БАЛАНЫ ШАЛ ТАҢДАНТАДЫ
Сол шақта қарауыл күзетін қарусыздандырып үлгерген Сен-Жан базарында Гаврош Анжольрас, Курфейрак, Комбефер мен Фейи бастаған бір топ адамға келіп қосылды. Олардың бәрі дерлік қаруланған екен. Баорель мен Жан Прувер оларды өздері іздеп тауып алып, жасағына кіріпті. Анжольрастың қосауыз аңшы мылтығы, Комбефердің ұлттық гвардиядан алған легиондық нөмірі бар мылтығы, түймесі ағытылған бешпентінен көрініп жүрген беліндегі екі тапаншасы, Жан Прувердің ескі атты әскер мушкетоны, Баорельдің карабині бар көрінеді; Курфейрак темір таяғын сілтеп жүр еді, ішінен сапы шыға келеді, Фейи қолына жалаң қылыш ұстап саптың алдында: "Жасасын Польша!" деп айғайлап бара жатыр.
Галстугі да, қалпағы да жоқ, жаңбырдың астында малмандай су-су болып алқынған, сонда да көздері оттай жанған олар Морланд жағалауынан келе жатыр. Гаврош сабыр сақтап ақырын ғана олардың қасына келді де:
— Біз қайда барамыз? — деп сұрады.
— Бізбен бірге жүр, — деп жауап қатты Курфейрак.
Фейидің артында Баорель келеді, дұрысы секіріп келеді, бүлікшілердің арасында өзін судағы балықтай сезінгенінің белгісі бұл. Күлгін жилет киген оның сөздік қоры нені болсын күйретуге жетерлік болатын. Оның жилеті өтіп бара жатқан біреуді есінен тандыра жаздады. Қорыққанынан есі шығып кеткен ол:
— Қызылдар, қызылдар келді! — деп айқай салды.
— Қызылдар, қызылдар! — деп іліп ала кетті Баорель. — Бұл неғылған ессіз үрей, буржуа! Мәселен, мына мен алқызыл қызғалдақтан әсте қорықпаймын, қызыл бөріктер маған үрей туғызбайды. Маған сенсеңіздер, буржуа, қызылдан қорқуды тек мүйізді ірі қараға қалдырайық та.
Қабырғаның бір тұсынан ол бейбітсүйгіш мағынадағы бір парақ қағазды байқап қалды. — Ол жұмыртқа жеуге рұқсат берген Париж архиепископының өз "паствасына", яғни діншілдерге таңғажайып жолдауы екен.
— Паства! — деп дауыстады Баорель. — Бұл "мал" деген сөздің сыпайы түрі ғой.
Қабырғадан жолдауды жұлып тастап, сонысымен Гавроштың жүрегін баурап алды. Сол сәттен бастап ол Баорельге ұдайы зер сап жүрді.
— Сенікі дұрыс емес, Баорель, — деп ескертті Анжольрас. — Бұл рұқсат қағазды жайына қалдырып, тиіспеуің керек еді, мәселе онда емес, ыза-кекті босқа рәсуа қыласыңдар. Әскери қорларыңды сақтандар. Бірлі-жарымға оқ шығындамау керек.
— Әркімнің өз мәнері бар, — деп қарсылық білдірді Баорель. — Епископтың мынау қара сөзбен жазылған жаттығулары менің жынымды келтіреді, жұмыртқаны ешкімнің рұқсатынсыз-ақ жегім келеді. Өзіңе қарашы, сырттай салқын көрінгенмен, іштей алаулап жанып тұрсың, ал менің көңіл көтергім келеді. Оның үстіне мен күшімді рәсуа етіп жүргенім жоқ, қайта жаттығып, шыңдалып жүрмін. Ал жолдауды мен, Геркулеспен ант етейін, істің мәніне бойлау үшін жырттым.
"Геркулес" деген сөз Гаврошты қайран қалдырды. Ол бірдеңе үйрену үшін әрбір жәйтті пайдаланатын, сондықтан ол хабарландыруды жұлып тастаған кісіге құрметпен қарады.
— "Геркулес" дегеннің мағынасы не? — деп сұрады ол одан.
— Латынша бұл сайтан алсын мені деген мағына білдіреді, — деп жауап берді Баорель.
Сол сәт терезеден қарап тұрған өңі құп-қу, сақалы қап-қара бір жас жігітті көзі шалды, тегінде Әліппе достарының бірі болуы керек:
— Патрондарыңды әзірле! Para bellum!10 — деп оған айқай салды.
— Әдемі еркек! Бұл орынды, — деді латыншаны да аздап біле бастаған Гарвош.
Оларға дулы тобыр болып студенттер, суретшілер, жас жігіттер, Экстен шыққан Кукурданың мүшелері, жұмысшылар, порт кембалдары ере жүрді, көбі шоқпармен, сүңгімен қаруланған, кейбірінің белінде Комбефер сияқты тапаншалары бар.
Топтың ішінде түріне қарасаң арса-арса, қаусаған шал да жүрді. Гаврош оны байқады.
— Бұл кім? — деп сұрады.
— Жай бір шал.
Ол Мабеф еді.
Бесінші тарау
ШАЛ
Не болып, не қойғаны туралы айталық.
Анжольрас пен достары Қоңырау бульварымен астық қамбаларының қасынан өтіп бара жатқанда кенет оларға драгундар шабуыл жасады. Анжольрас, Курфейрак пен Комбефер Бассомпьер көшесімен "Баррикадаға шығыңдар!" деп айғай-сүрең салып бара жатқандардың арасында болатын. Ледигьер көшесінде олар баяу жүріп келе жатқан қарияны кезіктірді.
Олардың назарын аударғаны шалдың мас адамдай теңселіп келе жатқаны болды. Таңнан бері жаңбыр себезгілеп, енді үдей түсіп нөсерлете бастағанына қарамастан, шал қалпағын қолына ұстаған. Курфейрак Мабеф атайды бірден таныды. Атаймен ол таныс болатын, Мариусті оның үйіне дейін талай ертіп апарғаны бар. Бұрынғы шіркеу бастығының, керемет кітапқұмарлардың бейбіт, ұяң мінез-құлқын жақсы білетін ол қарияның мынау алас-күлес дүрбелеңде шауып келе жатқан шабандоздардан екі-ақ қадам жерде, зулаған оқтың арасында, атыстың бел ортасында жалаңбас жүргеніне қайран қалды. Сосын жиырма бес жасар бүлікші мен сексен бес жастағы қарияның арасында мынадай әңгіме болды:
— Мабеф мырза! Үйіңізге барыңыз.
— Неге?
— Дүрбелең басталады.
— Тамаша!
— Мабеф мырза, сапылармен кескілеп, мылтықпен атады.
— Тамаша!
— Зеңбіректен оқ борайды.
— Тамаша! Ал барлығың қайда кетіп барасыңдар?
— Біз үкіметті құлатқалы барамыз.
— Тамаша!
"Тамашаны" айтып ол солармен бірге кетті. Сол сәттен бастап ол ләм-мим деп тіл қатқан жоқ. Оның қадамы беки түсті; жұмысшылар қолтығынан алмақ болып еді, жақтырмай басын шайқады. Ол саптың алдыңғы қатарында дерлік жүріп отырды, барлық қозғалысы сергек, тың адамдай да, жүзі ұйықтап келе жатқандай көрінді.
— Бұл не қылған қызық шал! — деп студенттер сыбырласып келеді.
Тобырда бұл Конвенттің қарт мүшесі, қарт патша өлтіруші екен деген сыбыс тағы тарады.
Бұл жиын Әйнек көшесіне кірді. Кішкентай Гаврош бар дауысымен шырқап өлең айтып, кернейшінің жанды кернейіне ұқсап дабылдатып алда келеді. Оның әні мынау:
Ай да, міне, көтерілді аспанға,
Шық мөлдіреп шөпке қонып жатқанда.
Жаннасына тіл қатады жас Жан да,
Ту, ту, ту,
Бағыт-Шату.
Король мен Құдай, жыртық киім, соқыр тиын — байлығым.
Шоқимын деп әуреленбе, достар-ай,
Таңнан бұрын қалды оянып қос торғай,
Тәтті гүлді жалап жатыр шық талмай.
Зи, зи, зи,
Бағыт-Пасси.
Король мен Құдай, жыртық киім, соқыр тиын — байлығым.
Мастар ләйліп шыққандайын жолға алыс,
Қос қораз боп шайқасады қолды құс,
Соған күліп, құлап түсті жолбарыс.
Дон, дон, дон,
Бағыт-Медон.
Король мен Құдай, жыртық киім, соқыр тиын — байлығым.
Дауыстан да түк қалмады аспандап,
Шық та қонар кез емес пе жас талға.
Жан жігіт боп тіл қатады, тос Жанна,
Тен, тен, тен,
Бағыт-Пантен.
Король мен Құдай, жыртық киім, соқыр тиын — байлығым.
Олар Сен-Мерриге бет түзеді.
Алтыншы тарау
ҚАТАРҒА ЖАҢА ҚОСЫЛҒАНДАР
Тобыр барған сайын ұлғая түсті. Жаңқа көшесі маңында оған ұзын бойлы, ақ басты бір адам келіп қосылды; Курфейрак, Анжольрас пен Комбефер оның ашушаң, дөрекі бейнесін байқап қалды, бірақ олардың бірде-бірі оны танымады. Гаврош өзінің әніне, ысқырығына, у-шуға, ілгері қозғалысқа жұтылып, дүкеншілердің терезе қақпаларын дімкәс тапаншасымен соққылап жүріп оған назар да аудармады.
Әйнек көшесіне бұрылған тобыр Курфейрак подъезінің маңынан өтті.
— Мынау өте орынды болды-ау, — деді Курфейрак, — үйде әмиянымды ұмытып кетіппін, оның үстіне қалпағымды және жоғалтып алдым.
Ол тобырдан жырылып, төрт сатыны бір-ақ аттап жоғарыға шықты. Ескі қалпағы мен әмиянын алып, кір киімдерінің арасына жасырған ауқымды төртбұрышты жәшікті қосып ала шықты. Ол жүгіріп төмен түскенде қақпашы әйел шақырды:
— Курфейрак де мырза!
— Қақпашы! Атыңыз кім еді? — деп сұрады жауап қатудың орнына Курфейрак.
Қақпашы сасып қалды.
— Алайда сіз менің атым Вевен тәтей екенін жақсы білесіз ғой.
— Ал былай, егер сіз мені тағы да де Курфейрак мырза деп атайтын болсаңыз, бұдан былай сізді мен де Вевен тәтей атаймын. Ал енді не мәселе екенін айтыңыз. Бұл не, өзі?
— Осында сізді біреу сұрап жүр.
— Ол кім?
— Білмеймін.
— Өзі қайда?
— Менде, қақпа күзеті бөлмесінде отыр.
— Кетсінші, сайтан! — деп айқайлап жіберді Курфейрак.
— Ал ол сізді бір сағаттан артық күтіп отыр, — деп ескертті қақпашы әйел.
Сол сәтте қақпашының үйшігінен түріне қарағанда жас жұмысшы сияқты, арық, боп-боз, кішкентай, секпіл бет, кеудешесі жыртық, барқыт шалбары жамаулы, еркектен гөрі еркекше киінген қызға ұқсас жігіт Курфейракқа тіл қатты, бір атай кетерлігі даусы әйел үніне мүлдем ұқсамайды екен.
— Мариус мырзаны көруге болар ма екен?
— Ол жоқ.
— Кешкісін ол орала ма?
— Білмеймін, — деп жауап берген Курфейрак ойын анықтай түсіп:
— Ал мен оралмаймын, — деді.
Жас жігіт оған қадала қарап, тағы сұрақ қойды:
— Неге оралмайсыз?
— Себебі бар.
— Қайда бара жатырсыз?
— Онда не шаруаң бар.
— Маған жәшігіңізді алып жүруге бола ма?
— Мен баррикадаға бара жатырмын.
— Маған да сізбен бірге баруға бола ма?
— Мейлің білсін! — деп жауап қатты Курфейрак. — Көше бос, табаны баршаға жетеді.
Сөйтіп ол жүгіре басып, достарын қуып жетуге асықты. Қуып жеткен соң олардың біреуіне жәшікті тапсырды. Тек ширек сағат өткеннен кейін ғана жаңағы жас жігіттің шынында да бұдан екі елі қалмай еріп келе жатқанын байқады.
Тобыр деген ешқашан қалаған жағына жүрмейді ғой. Бұрын да айтқанымыз бар, оны ұдайы жел айдап жүргендей, басы ауған жаққа жөңкіледі. Ол Сен-Мерриден асып, қайдан шыққанын өздері де жақсы білмей, қалай болғаны белгісіз, төбесін Сен-Дени көшесінен бір-ақ көрсетті.
ОН ЕКІНШІ КІТАП
"КОРИНФ"
Бірінші тapay
"КОРИНФТІҢ" НЕГІЗІ ҚАЛАНҒАННАН БЕРГІ ТАРИХЫ
Қазіргі Париждіктер Орталық базарға Рамбюто көшесінен кіргенде Мондетур көшесінің қарсысында оң жақтан себетшінің дүкенін байқар еді. Оның жарнамасы император Наполеон I бейнеленген себет, онда мынандай жазу бар:
"Сәмбі талдан тоқылған осы арада Наполеон"
Алайда олар осыдан бар болғаны отыз жыл бұрын осы орамның өзі куәсі болған сол бір сұмдық оқиғаларды білмейді.
Бұл арада бағзыда "Шанверери" деп жазылған Шанврери көшесі болған.
Қазір Сен-Мерри баррикадасы атақ ауқымы басып кеткен сол тұста осы арада жасалған баррикаданы еске түсірейікші. Осы Шанврери көшесіндегі бүгінде бұлдырап ұмытылып бара жатқан сол баррикадаға аздап ой сәулесін түсірелікші.
Айқындық үшін бұрын біз Ватерлооны сипаттағанда қолданған қарапайым тәсілімізге жүгінген артық болмас. Сол тұста Сен-Эсташ шіркеуіне таяу асқақтаған үйлерді тура көз алдына келтіргісі келген кісі Орталық базардың терістік-шығысындағы Рамбюто көшесі басталатын тұсты негізге ала отырып N әрпін ойша сызса жетіп жатыр; оның тік сызықтары Үлкен Қаңғыбас және Шанврери, ал көлденеңі Кіші қаңғыбас көшесі болып шыға келеді. Ескі Мондетур көшесі N әрпінің үш сызығын да кесіп өтіп күтпеген бұрыштар жасайды. Сөйтіп осы төрт көшенің бытысқан бытқыл-жыпқылдары аумағы жүз шаршы туаз жерде Орталық базар мен Сен-Дени арасында, бір жағы Аққу мен Уағызшылар көшесі етіп, түр-тұрпаты қызық, жеті шағын, ірілі-ұсақты орам жасайды, қисық-қыңыр бұл орамдар бір-бірінен ажырағысыз, тек құрылыстағы тас жарықшақтары сияқты тар саңылаулар арқылы ажыратылады.
Біз "тар саңылаулар" дейміз, өйткені осы бір қараңғы, қисық, ескі сегіз қабат үйлермен көмкерілген көшелер туралы одан айқын түсінік таппадық. Бұл салдамандардың салынғанына не заман, Шанврери мен Кіші Қаңғыбас көшелеріндегі үйлердің көбі тіреумен тұр. Көше тар, ал лай су ағатын жыра-орлар кең, сондықтан өткен-кеткен кісілер көше табанының саз батпағын кешіп, лажсыздан жерқоймаға ұқсас дүкендердің алдын жағалап, темір тұғырлы тастұғырды сағалап, сан ғасыр тұрған тортемірлерді бойлап, сасық иісі танау жарған күл-қоқыс үйінділерінің жанымен әрең жүреді. Рамбюто көшесі соның бәрін сыпырып тастаған.
Мондетур11 деген атау көшенің өзіндік бейнесін ашып тұр.
Мондетурға таяу көшенің Пируэт атауы оның бейнесін тіпті айқын ашады.
Сен-Дени көшесінен Шанврериге бұрылған кісі оның бірте-бірте тарыла түскенін, сораптың кең аузынан кіріп, жіңішке түбіне қарай кетіп бара жатқанын байқар еді. Бұл қысқа көшенің аяғында Орталық базар жағынан жолды бірқатар үлкен үйлер бөгейді, егер оңнан да, солдан да өтіп кететін қараңғы жолдарды байқамаса, тұйыққа тірелдім деп торығуың кәдік. Мондетур көшесі, міне, осы, бір шеті Уағызшылар көшесімен, екінші ұшы Аққу және Кіші Қаңғыбас көшелерімен ұстасып жатыр. Тұйыққа ұқсас мұның түбінде оң жаққа өтер жолдың бұрышында көшеге мүйістей кіріп, басқалардан төмен бір үй тұр.
Осы үш қабат үйде табандатқан үш ғасыр бойы атақты ләйліхана орын тепкен. Ол көңілді шумен сол жерді думандатады да жатады. Теофиль қарттың:
"Тербетіліп тұрады онда құр сұлба,
Ол асылған ғашық жігіт — қыршын жас",
— деген екі жол өлеңі осыған арналған.
Бұл жер мұндай орынға таптырмайды және ол әкеден балаға мирас болып келеді екен.
Матюрен Реньенің заманында ләйліхана "Раушан құмырасы" атанған, ребустар сәнге айналған кезде оның жарнамасын қызғылт түске боялған діңгек12 ауыстырды. Өткен ғасырда ғажайып суретшілердің бірі, бүгінде тәлімсіген мектеп жек көретін қадірменді Натуар осында әлденеше рет Ренье ішкен үстелдің басында ләйліп отырып қызғылт діңгекке Коринф жүзімінің бір шоғын салады. Қайран қалған қожайын жарнаманы өзгертіп, жүзім шоғының астына "Коринф жүзімі" деп алтынмен жазғызды. Маскүнемдер үшін сөзді тастап кетуден табиғи ештеңе жоқ. Сөзді қалдырып кету — сөз тіркесіндегі бұралаң. Кейін әлгі жарнаманың "жүзімі" түсіп, тек "Коринф" қана қалды. "Коринф" бірте-бірте "Раушан құмырасын" ығыстырды. Ләйліхана ұстаушылардың соңғы әулетінің өкілі Гюшлу ағай аңызды білмейді екен, діңгекті көкпен бояуға бұйрық беріпті.
Төменгі залда үлдірік үстел бар, бильярд болған екінші қабатта, төбе арқылы өтетін бұрама баспалдақ, үстелдерге қойылған шарап, қабырғалардағы ыс, тапа талтүсте жанып тұратын шырақтар — ләйліхана дегенің, міне, осы. Төменгі залдағы люкті баспалдақ жерқоймаға түсіреді. Үшінші қабатта Гюшлудың өзі тұрады. Оған екінші қабаттағы үлкен залдан есіктің сыртында қаға беріс тұрған ағаш баспалдақпен көтеріледі. Шатырдың астында екі үйшік бар, қызметші әйелдердің баспанасы солар. Бірінші қабатты ас үй мен үлдірік үстел қойылған зал бөліп тұр.
Гюшлу ағай, бәлкім, химик болып туған шығар, бірақ тірлігінде аспаз болды, оның ләйліханасында жұрт ішіп қана қоймай, ауқат та жасады. Гюшлу керемет тағам ойлап тапты, оны тек өзінде ғана ішуге болады, ол өзі carpes au gras13 атайтын тартылған тұқы.
Оны майлы білтенің немесе Людовик XVI-ның заманындағы шамның жарығында жейтін болған, дастарқанның орнына клеенка шегеленген. Мұнда жұрт алыстан арнайы келетін болған. Ғайып бір ертеңгілік мезгілде Гюшлу өткен-кеткенді өз "мамандығынан" хабардар еткісі келді де, қыл қаламды қара бояу тұрған құтыға малып, өзінің ас үйі сияқты өзіндік жазумен қабырғаға баттитып, мынандай көзге түсер жазу жазды:
Carpes ho gras.
Қыстың қары, жаздың бұршағы мен нөсері оның s әрпін өшіріп, бірінші сөзді жалғаусыз қалдырып, соңғы сөздің басындағы g-ді шайып кетіп, қалғаны:
Carpe ho ras — болды.
Сөйтіп жауын-шашынның арқасында қарапайым гастрономиялық хабарландыру терең мағыналы ақыл-кеңеске айналды.
Бір ғажабы, Гюшлу французшаны білмей тұрып, латыншаны игерді, ас үй оған Каремді орта жолда қалдырып Горациймен14 теңесетін философиялық ғақлиялар шығаруға көмектесті. Ең қызығы ғақлия "Ләйліханама кіре кетіңіз" деген мағынаны да беруші еді.
Енді соның бәрінен де із қалған жоқ. Мондетурдың шырғалаң дуалдары 1847 жылы айқара ашылып, енді ешбір құпиясы қалмады. Шанврери көшесі мен "Коринф" Рамбюто көшесінің табанында жойылып кетті.
Алдында еске алғанымыздай, "Коринф" жиналу нүктесі болмағанымен, Курфейрак пен достары үшін кездесу орны болды. "Коринфті" Грантер ашты. Оған ол "Carpe ho ras" еліктіріп барып еді, кейін "Carpes ho gras" үшін оралды. Осында ішіп, осында ауқаттанып, осында айқайласты; аз төледі ме, нашар төледі ме, тіпті төлемеді ме — оған қарамай барлығы құшақ жая қарсы алынды. Гюшлу ағай дарқан болатын.
Иә, Гюшлу ақкөйлек дарқан болумен бірге даңғой трактирші де еді — керемет кереғарлық емес пе бұл. Ол ұдайы қабағы қарс жабылып, ашуланып, келушілерді қорқытқысы келгендей, жұртқа бұрқылдап ұрсып, ас тартудың орнына жанжал шығарғысы кеп тұрғандай көрінетін. Соған қарамастан мұнда жұрттың бәрі жылы қабақпен қарсы алынды деп нығарлап тұрып айта аламыз.
Қожайынның дарақылығы қайта оның сауық орнына жұртты, әсіресе жастарды көбірек тартудың тәсілі де сияқты, олар бірін-бірі шақырғанда: "Кәне, Гюшлу ағайдың бұрқылдағанын естіп қайтайық!" дейді. Бір кезде ол семсерлесуден сабақ беріпті. Кейде ол құлақ жарардай қарқылдап қатты күледі. Дауысы қатты адам қайырымды келеді. Шын мәнінде ол түсі суық сайқымазақ болатын. Біреуді қорқыту ол үшін үлкен мерей, оның тұрпаты атылса-ақ айналасындағыларды түшкіртетін тапанша-шақшаға ұқсайтын.
Оның зайыбы Гюшлу апай бет-ауызы жүн, аса бір сиықсыз жан болатын.
1830 жылы Гюшлу қайтыс болды. Өзімен бірге "қарабайыр тұқы" да ғайып боп кетті. Оның жанын жеген жесірі ісін әрі қарай жалғастырды. Алайда ас үй азып, әзірленген тағам татып алғысыз болды; шарабы сұмдық нашар. Алайда Курфейрак пен достары "Коринфке" келуін тоқтатқан жоқ, "аяғандықтан" деп сылтауратады онысын Боссюэ.
Гюшлу апай тым толық болатын да екі иінінен дем алып, алқынып жүретін және село тірлігі туралы естелік айтуды сүйетін. Естеліктері оның айтуына орай жылымшылықтан ада болатын. Ол өзінің ойларын өткір бірдеңелермен өрнектей білетін, әсіресе өз өмірінің көктемі мен деревняда тұратын кезін тәп-тәуір бейнелейтін. "Қыз күнімде долана бұтасына қонып ап сайраған ақтамақ бозторғайдың үніне елтіп, тапжылмай табандап ұзақ тұрушы едім, өмірде маған одан артық ләззат та, рақат та жоқ сияқты көрінетін", деп әңгімелейтін Гюшлу апай.
Екінші қабаттағы "мейрамхана" орналасқан зал тізілген тәбіреткелер мен орындықтардан, ағаш сәкілер мен үстелдерден көрінбейтін; ескі, бір аяғы сынған бильярд та осында тұратын. Оған бұрандалы баспалдақпен көтеріледі, ол залдың бұрышындағы төрткүл тесіктен шығатын да кеменің табалдырығына да ұқсайтын.
Жалғыз ғана жіңішке терезесі бар бұл залға ұдайы жанып тұратын кенкет қана жарық береді де, ол шарбақ-шатырға ұқсайды. Төрт аяқпен жабдықталған кез келген жиһаз мұнда кірген соң әп-сәтте бір сирағынан айырылып қалады. Әкпен ақталған қабырғаларды безендіретін бірден бір әшекей қожайын Гюшлудың құрметіне жазылған төрт жол өлең ғана.
Он адамды таңдантып, екі адамды үркітер,
Баданадай сүйелі танауынан жүн түтер.
Кездескенде қорқасың, түшкірер деп бетіңе,
Имек мұрны ернінің тигелі тұр етіне.
Бұл шумақ қабырғаға көмірмен жазылыпты. Ақын жазған келбеттемесіне өте ұқсас Гюшлу ханым ертеден қара кешке дейін қаперіне ештеңе кірмей осы өлеңнің маңында жүгіреді де жүреді. Екі қызметші Матлота және Жиблота деген есімдер мен әйелдер Гюшлу ханымға үстелдерге құмырамен нашар қызыл шарап пен ашығып келушілерге қыш тегештерге құйылған быламық ботқаларды ұсынуға көмектеседі. Домаланған семіз, быржиған жирен, көкайыл Матлота кезінде марқұм Гюшлудің нақсүйер ашынасы болған, ал түріне қарасаң, аңыз-ертегілердегі құбыжықтардың бәрінен бетер, бірақ қызметші ретінде қожайынның бетіне келмей, Гюшлу ханымнан жасы жас, сиқы сол дұрыс болғанына қармастан оған ұдайы бірінші орынды беріп отырады. Ұзынтұра, тыриған арық, беті алапестеніп үнемі бозарып, көзінің алды көгілдір тартып, кірпігін бір көтермей, жабырқап жүретін Жиблота жұрттың бәрінен ерте тұрып, кеш жатып қатты қалжырап, жығылып-сүрінетініне қарамастан төңірегіндегілердің бәріне жағады, шалдыққанын білдірмей басқа қызметшінің өзіне де ілтипат көрсетіп, үнсіз жымиып қояды, ұйқы аралас жымиысы сондай аянышты.
Ләйліхананың залына кірер ауызда келгендердің назарын аударып, тоқтатпай жібермейтін тағы бір жыр жолдары бар, оны бормен есікке Курфейрак жазып қойған:
Қаласаң мейлің — сыйлап көр,
Қаласаң мейлің — жырлап бер!
Екінші тарау
КӨҢІЛ КӨТЕРІП ІШУДІҢ АЯҒЫ
Белгілі болғанындай, Модан шыққан Легль ең бастысы Жолиден табылды. Кез келген бұтақты үй қылатын құс сияқты баспананы да тез тапты. Достар бірге тұрып, бірге ішіп, бірге ұйықтады. Солардың барлығы, кейде тіпті Мюздикеттің өзі де ортақ болды. Өзіндік ерекшелігі бар бұл егіздер ешқашан ажырасқан жоқ. 5 маусым күні ертеңгілік ауқаттанғалы олар "Коринфке" тартты. Жоли суықтап, тұмаудан күркілдеп жүрген, Легль де тұмауратып қалды. Легльдің бешпенті көнетоз болатын, Жолидің киімі жақсы.
Олар "Коринфтің" есігі алдында топырлап тұрғанда таңертеңгі сағат тоғыздар шамасы еді.
Бірден олар екінші қабатқа көтерілді.
Оларды Матлота мен Жиблота15 қарсы алды.
— Ұлу және сыр мен шошқа сүрі, — деп бұйырды Легль.
Екеуі үстел басына отырды.
Ләйліханада олардан басқа ешкім жоқ еді.
Жиблота Жоли мен Легльді танып, үстелге бір шөлмек шарап қойды.
Олар ұлуды қолға ала бергенде бәз-біреудің басы люктен қылтиып, бір дауыс шықты:
— Жанай өтіп бар жатыр едім. Көшеде-ақ тамаша бір сырдың иісі мұрыныма келді. Амалсыз кірдім.
Ол Грантер еді.
Орындық алып ол да үстел басына отырды.
Жиблота Грантерді көріп, үстелге тағы да екі шөлмек шарап қойды.
Барлығы — үшеу болды.
Сен екі шөлмекті де ішпексің бе? — деп сұрады Легль Грантерден.
— Мұндағылардың ақыл-есі орнында, біреуін сен ішесің, есуас, — деп жауап қатты Грантер. — Екі шөлмектің еркекті таңдандырғанын қайдан көрдің.
Достар тағаммен бастады да, Грантер оразасын шараппен ашты. Жарты шөлмек әп-сәтте жоқ болды.
— Асқазаныңда тесік бар ма, немене? — деп сұрады Легль.
— Тесік мынау сенің шынтағыңда, — деп Грантер кесіп тастады да, стақанын бір-ақ қағып, Легльге қайта шүйілді:
— Иә, иә, Легль, қабір басындағы сөздің қыраны, бешпентің тозып бітіпті ғой.
— Бешпентім екеуіміздің тату тұратынымызға өзім сенемін, — деді Легль. — Бұл менің денемнің пошымына ыңғайланып, әбден кірігіп алды, еш жерімді қыспайды, өрескелдеу тұрпатыммен үйлесім тапты, шалт қимылыма шамданбайды, мен оның үстімде екенін жылы жүргенімнен ғана сеземін. Ескі киім ескі дос сияқты ғой.
— М-міне, бұл шындық! — деп сөзге тілі күрмеліңкіреп Жоли араласты. — Ескі бешпент бәрібір ескі дос сияқты.
— Әсіресе суықтаған адамның аузында солай, — деп келісті Грантер.
— Сен бульвардан келдің бе, Грантер? — деп сұрады Легль.
— Жоқ.
— Ал Жоли екеуіміз шерудің басын көрдік.
— Ғаламат көрініс! — деп қойды Жоли.
— Ал мына көше қандай тыныш! — деді даусын көтеріңкірей Легль. — Парижде барлығы төңкеріліп, аяқ аспаннан келеді деп кім ойлаған. Мұнда бұрын да ылғи бір ғана монастырьлар болғаны қазір де сезіліп тұрады. Дю Брель мен Соваль олардың тізімін өкеледі, аббат Лебеф те сөйтеді. Олардың мұнда болмаған жері жоқ. Бірі жалаңаяқ, бірі аяқ киімді, бірі сақалды, бірі қырма сақал, ақ, қара, сұр дейсің бе кілең францискандықтар осында құжынап қаптады да кетті. Ассиздік Франциск францискандықтары дей ме, Франциск де Польдік францискандықтар дей ме, капуциандығы, кармелиттігі бар, кіші августиндік, үлкен августиндік, кәрі августиндік дегендері бар... Әйтеуір бәрі өріп шыға келді. Құлақ естіп, көз көрмеген деңгейде көбеюін айтсайшы!
— Монахтар туралы айтпай-ақ қояйық, — деді Грантер. — Оларды естігенде қасынғым келеді.
Сол сәт кенет ол лоқси бастады:
— Брр! Әлгінде ғана кесапатты ұлудың біреуін жұтып жіберіп едім, денем дел-сал болып барады ғой. Ипохондрия қайта ұстады мені. Устрицалары бүлінген, қызметшілері нас. Адам әулетін сондай жек көремін. Қазір ғана Ришелье көшесімен үлкен кітап дүкенінің қасынан өттім. Кітапхана аталатын устрица сауытының сол үйіндісі мені ойлауға деген ынтамнан айырды. Қанша қағаз! Қанша сия! Қанша шимай! Соның бәрін жазған адам. Адам қанатсыз қосаяқты деп қай қу айтып еді? Ал сосын мен тәп-тәуір таныс қызымды кездестірдім. Флореаль деп атауға лайық көктемдей көркем бәле, ал сол салдақы қуанышы қойнына сыймай бүгін бұл алапатта жоқ, бақсам, бетін шешек соқалап кеткен бір бұжыр банкир көңіл білдіріп, оны қалайтынын айтты. Әттеген- ай! Әйел дегенге кәрі аларман да, жас шабарман да бәрібір, тышқан да аулайтын, құстан да таймайтын мысық тәрізді. Әлгі мамзельдің мансардта өнегелі өмір кешкеніне әлі екі ай да өткен жоқ. Ол корсетінің ілгешегіне жез сақиналар тағатын, әлде ол кеудешесі ме еді? Тігін тігіп, жиналмалы кереуетте жататын, гүл өсіретін құтылары болатын, өзі бақытты көрінетін. Енді ол банкирдің зайыбы. Өзгеріс осы түнде болыпты. Ертеңгілік құрбандықты мәз-мейрам қалпында көрдім. Бір түңілтетіні, ұятсыз бүгін де бұрынғысындай сұлу екен. Қаржыгермен саудасы оның жүзіне әсер етпепті. Бұл тұрғыдан раушан гүл әйелден артық па, кем бе, бірақ жұлдызқұрттың қалдырған ізі анық, бетінен ап-айқын көрініп жатады ғой. Аһ, жер бетінде енді парасат жоқ. Бұл сөзіме куәлікке махаббат бейнесі — гүлді, соғыс бейнесі — лаврды, бейбітшілік бейнесі — мәжнүндеу зәйтүнді, Адам атаны дәнімен қақалта алмаған алманы, сосын түп анамыздай жалаңаш түп ағашын шақырамын. Сіз құқық дедіңіз бе? Құқық дегеннің не екенін білгіңіз келе ме? Галлдар Клузиумге көз алартады екен, ал Рим Клузиумді қолдайтын көрінеді, галлдардан сендердің алдыңда Клузиум несімен кінәлі боп қалды деп сұрайды ғой. Сонда Бренн былай деп жауап беріпті:
"Сіздің алдыңызда Альба, Фидендер қандай кінәлі болса, эквалар, вальсілер мен сабиняндар қандай кінәлі болса, олар
сондай кінәлі. Олар сіздің көршілер еді. Клузиумнің тұрғындары біздің көршілер. Көрші хақысын біз де сіздердей түсінеміз. Сіздер Альбаны жаулап алдыңыздар, ал біз Клузиумді басып алсақ, несі айып". Рим: "Сіздер Клузиумді ала алмайсыздар" депті. Ерегіскен Бренн Римнің өзін басып алады. Сонда ол: "Vae victis!"16 деп дауыстаған екен. Құқық деген, міне, осы. Ah, мынау әлемде қаншама жыртқыш мақұлықтар бар! Қырандар қаншама! Тура арқаңды аяз қарығандай!
Ол стақанын Жолиге созды да, толтыртып алып тартып жіберді, оны өзі де, достары да байқамай қалғандай болды, сосын ол ештеңе көрмегендей салдыртып сөйлей жөнелді:
— Римді қолға түсірген Бренн — қыран, ісмер қызды қолға түсірген банкир де қыран. Бұл арадағы ұятсыздық анадағыдан кем емес. Демек, ештеңеге сенудің қажеті жоқ. Ақиқат шарапта ғана. Біздің пікіріміз қандай болса ондай болсын, мейлі сіз Ури кантонымен бірге арық қоразды жақтаңыз, мейлі Гларис кантонымен бірге семіз қоразды жақтаңыз, одан келіп-кетер ештеңе жоқ, одан да ішіңіз. Сіз бульвар, шеру, тағы басқалар туралы сұрадыңыз ба? Міне, гәп қайда? Демек революция қайта жабысқан ғой. Мені Құдайтағаладағы қаржының мұншалық тапшылығы таң қалдырады. Оған кейде оқиғалардың жарықшақ саңылауын маймен бітеуге тура келеді. Онда тіркесіп қалды, мұнда жылжымай тұр. Революцияны тездет! Сонымен, Құдайтағаланың қолынан сол майлап жіберетін нашар май түспейді. Оның орнында мен болсам басқаша жасар едім: минөт сайын өз тетіктерімді жамап-жасқаумен шұғылданбай, адам әулетін байсалды бастап, оқиғаларды қосалқы құралдарға, басы артық көріністерге жүгінбей-ақ желісін үзбей, жіпке тізгендей уысымда ұстап отырар едім. Прогресс аталатын осы тектес дүниелер екі қуат күшімен қозғалысқа келеді, олар — адамдар мен оқиғалар. Алайда, қандайлық қайғылы болғанмен, ара-тұра шідер үзіп шектен шығар да бірдеңелер қажет. Адамдар сияқты оқиғаларға да әдеттегілер жетіспейді: адамдар ортасында данышпандар, оқиғалар ортасында революциялар болуы шарт.
Төтенше оқиға дегеніміз — заң, болмыстың әлемдік тәртібі онсыз болмайды; міне сондықтан да аққан жұлдызды көргенде, аспан да өз қойылымы үшін актер іздейді екен-ау деп ойлап қалмау керек, өйткені ол күтпеген жерден пайда болатын құбылыс. Тәңір көбіне аспан күмбезіне адасқан жұлдызды іліп қояды да, оған ғажайып құйрық өсіп шығады. Цезарь өліміне себеп болған да осы. Брут оған қанжар ұрады, ал құдай құйрықты жұлдызбен соғады. "Трах!" дегенде солтүстік шұғыласы шыға келеді, міне саған — революция, міне саған — ұлы адам керек болса. Тоқсан үшінші жыл үлкен әріптермен алтындап Наполеон деп жазылады, афишаның жоғарғы жағында мың да сегіз жүз он бірінші жылдың құйрықты жұлдызы бейнеленген. Шіркін, тамаша көгілдір афиша, беті жарқылдаған жұлдыздардан көрінбейді! Бум! Бум! Керемет сирек көрініс! Жоғары қараңдар, ашық ауыздар! Мұнда жарық та, пьеса да бәрі бейберекет. Құдайым-ау! Бұл тіпті артық қой, сонымен бірге жетпей де жатыр. Айрықша жағдайда қолданылатын мұндай тәсілдер ғажайыптықты айғақтайды, бірақ жұтаңдықты да аңғартады. Достар! Құдірет бұл арада ең соңғы тәсілге жүгінеді. Онысы — революция, онымен не дәлелденеді. Сонда Жаратқанның өзі сарқылып болғаны ма? Ол төңкеріс жасатты, өйткені бүгінгі мен болашақтың арасындағы байланыс үзіліп қалғаны айдан анық, оның үстіне Тәңірінін өзі қолда барын жеткізе алмай жатыр. Шынында бұл менің Иеговалардың материалдық жағдайы туралы топшылауларымды беркіте түседі. Жоғарыдағы, төмендегі осынша жансыздықты, ұсақтықты, сараңдықты, аспан мен жердегі жоқшылық пен тапшылықты көре отырып, шұқып жейтін жалғыз түйір дәнге зәру құстан бастап, жылдық табысы жүз мың ливр өзіме дейінгілердің жағдайын көре отырып, біздің адамның сыбағасы, тіпті корольдің сыбағасы да арқаннан есілген арқауына дейін қырқылғанын, оның айғағы принц Конденің асылып өлуі екенін көре отырып, қыстың қыс емес, тек жел борататын шырқау шегіне жеткен жыртық екенін көре отырып, тіпті таңның тау шыңдарына кигізетін үржаңа алқызыл желегінің өзі жырым-жырым екенін көре отырып, шық тамшысының — жасанды маржан, қыраудың әйнек ұнтағы екенін көре отырып, адамдар арасындағы араздықты, оқиғалар ортасындағы жамауды, ай бетіндегі дақтарды, бар жердегі қайыршылықты көре отырып құдай-екең бай емес-ау деп ойлай бастайсың. Рас, онда байлықтың нышаны байқалады, бірақ мен ақшасыздықтың зарын тартып-ақ жүрмін. Аспан астынан алтынның буын ғана байқап, аспан әлемінің кедей екенін түйсінемін. Қалтасы қағылғанда банкирдің бал-думан жасайтыны сияқты, ол революцияны ұсынады. Құдайлар жөнінде болмыстың көрінісі арқылы пікір түюге болмайды. Оның барлық туындыларында көңіл толмайтындары толып жатыр. Міне, мен сондықтан да оған разы емен. Қараңызшы: бүгін бесінші маусым, әлі қараңғы, таң атқалы бері мен жарықты күтіп жүрмін, ал ол жоқ. Бүгін жалпы оның болмайтынына бәс тігемін. Бұл ақыны аз алатын орындаушының салақтығы. Иә, барлығы да нашар құрастырылған, бірімен бірі қабыспай жатады, ескі әлем бір бүйіріне қисайып, жамбастап жатуға жақын болды, енді мен оппозицияға көшемін. Барлығы қиқайып-жиқайып барады. Бәрі де балалардың күні: бірдеңе тілегенге түк те бермейді, ал тілемегенге үйіп-төгіп береді. Аспан әлемі шамыңа тиеді. Бір сөзбен айтқанда, мен ашулымын. Ол аздай, мынау Модан шыққан таз Легльдің ұсқыны қарадай қарнымды ашырады. Осы жыртық тіземен құрдаспын деп ойлаудың өзі қорлық. Айтқандай, мен сынап тұрмын, қорлап отырған жоқпын. Дүние деген осы, бары да, жоғы да осы. Мен жаман пиғылсыз, арымды аршып алу үшін ғана айтып отырмын. Қабыл ал, мәңгілік әкеміз, менің кемел құрметпен көмкерілген сенімімді. Ah, Олимптің күллі киелі ғалымдарымен, сахнаның күллі сүйіктілерінің атымен ант етемін, мен париждік болу үшін жаратылған жан емеспін, бұлардай ұшып-қонып, екі қалақшаның арасындағы доптай, сандалбайлар мен төбелесқойлар арасында жүре алмаймын. Маған Шығыстың шошақай қыздарына Египеттің билерін билетіп қойып, соның әуен-екпінінен ләззат алып, мүлгіп отыратын түрік болып тууым керек еді, немесе Босерон шаруасы, не әлемет мырзалар қаумалаған Венеция ақсүйегі болып туу керек еді, ең дұрысы, неміс кінәзі боп туып, жаяу әскерлердің жартысын шұлықтарын өз иеліктерінің арасындағы шекараға жаятын Герман одағына жеткізіп отырар едім. Міне, мен осындай қарекетке бола жаратылған жанмын! Иә, мен түрік болып тууым керек еді дедім, ол сөзімнен қайтпаймын. Түсінсем бұйырмасын, неліктен осы жұрт түріктерге жаман қарайды; Мұхаммедте бәзбір жақсы қасиеттер де бар ғой. Хор қыздары бар жұмақты ойлап тапқан жан құрметке лайық. Мұсылмандықты қорламайық! Кәне, сол үшін ішіп қояйық. Жер шары толған есуастық. Олардың төбелескелі бара жатыр дегені шындыққа жанасатын сияқты, расында да, ол ақымақтар бірінің бірі бетін бұзып, бірін бірі пышақтағалы барады, ақымақ болмаса, мынау жаздың жалпағында, маусымның иек шағында бір бикешті қолтықтап далаға дем алғалы шығып, шабылған шөптің шай иісі аңқыған жұпарын жұтпас па еді. Жоқ, шынында да, есуастық деген жыртылып айырылады. Ескі-құсқыларды сататын дүкеннен әлгінде ғана көрген сынық шам маған мынандай ой туғызды: адам затын оқытып, көзін ашатын уақыт жетті! Мынандай устрицаны жұтып, мынандай революцияны бастан кешу дегеніміз, міне, осы. Мен қайта қабарып бара жатырмын. О, мынау үрейлі сұмдық дүние! Мұнда күш ширатады, қызметтен шығарады, мұнда қорлайды, өлтіреді, мұнда бәріне де көндігеді.
Осындай ұзын-сонар қызыл сөзден кейін Грантердің қақалып-шашалып жөтелуі орынды еді.
— Айтқандай, революция туралы, — деді Жоли. — Зайыры, Мариус шынымен ғашық көрінеді.
— Ал кімге ғашық екенін білмейсің бе? — деп сұрады Легль.
— Жоқ.
— Жоқ дейсің бе?
— Саған жоқ деп айтып тұрмын ғой.
— Мариустің махаббат хикаясы ма! — деп қалды Грантер дауыстап. — Маған бәрі алдын ала мәлім. Мариус тұман ғой, тегінде ақша бұлтын тапқан шығар. Мариус ақындар әулетінен. Ақын дегеніңіз есер. Timbroeus Apollo17 Мариус және оның Мариі немесе Мариясы, немесе Марметтасы, немесе Марионы — шамасы қызық ғашықтар болуға тиіс. Олардың махаббат хикаясын тамаша елестетемін. Олар мәз-мейрам, шат-шадыман боп сүйісуді де ұмытып кетеді. Олар бір-бірінің бетін ашпай, пәктігін бұ дүниеде сақтап, бақиға барғанда ғана қосылады. Олардың жаны жер бетінікі емес, сезімдері ғана пәнидікі. Олар өз төсегін жұлдыздардың арасына салған.
Грантер екінші шөлмекке қол артып, екінші сөзге кірісер ме еді, қайтер еді, кенет люктің төрткүл тесігінен тағы бір жаңа сұлба шыға келмегенде. Жасы ондар шамасындағы шоқпыт киген, тіптен кішкентай, жүзі өткір, көзі ойнақы, ұшқалақ сары бала жауынға малшынғанына қарамастан өзіне өзі мәз.
Мүдірместен ол үш сұхбатшының арасынан, ешқайсысын да танымайтынына қарамастан, Модан шыққан Легльді таңдап:
— Боссюэ мырза сіз емессіз бе? — деп сұрады ол.
— Бұл менің кішірейткен атым ғой, — деп жауап берді Легль. — Саған не керек?
— Мәселе мынадай. Бульварда ұзын бойлы ақсары адам менен: "Гюшлу апайды білесің бе?" деп сұрады. — "Иә, Шанврери көшесіндегі шалдың жесірі", дедім. Ол айтты: "Онда соған бар. Одан Боссюэ деген мырзаны табасың да менің атымнан: "Әліппе" де", деп, өзіңізбен ойнай ма, қайдам, маған он су берді.
— Жолли! Маған қарызға он су берші, — деді Легль; сосын Грантерге бұрылып: — Грантер! Маған қарызға он су берші, — деді.
Сөйтіп жиырма су жиналды да, Легль оны балаға берді.
— Рахмет, мырза, сізге, — деді анау.
— Сенің атың кім? — деп сұрады Легль.
— Наве. Мен Гавроштың танысымын.
— Бізбен қалсайшы, — деді Легль.
— Бізбен бірге ауқаттан, — деді Грантер.
— Қала алмаймын, — деп жауап берді бала. — Мен шерумен бара жатырмын, "Жойылсын Полиньяк!" деп айқай салып жүрген мен ғой.
Ықтимал қошемет-құрметтің ең тәуірі ретінде ол бір аяғын кере кейін салып, басын иді де зып беріп шығып кетті.
Бала шығып кеткен соң, сөзді Грантер қайталады.
— Міне, мынау нағыз таза қанды гамен. Бұл тұқымның түр-түрі бap. Гамен-нотариусы шошақай аталады, гамен-аспазы — қазаншы, гамен-наубайы — қалпақшы, гамен-қызметшісі — атшы, гамен-теңізшісі — юнга, гамен-солдаты — барабаншы, гамен-суретшісі — шимайшы, гамен-дүкеншісі — қолбала, гамен-сарай иесі — паж, гамен-корольді — дофин, гамен-құдайды — сәби атайды.
Бұл арада Легль ойланып отыр еді, сосын күбірлеп:
— "Әліппе" дегені былайша айтқанда "Ламаркті жерлеу" дегені ғой, — деді.
— Ал, ұзын бойлы ақсарысы — Анжольрас, сені хабардар етіп жатқан сол, — деп нақтылады Грантер.
— Кеттік пе? — деді Боссюэ.
— Иә, көшеде жаңбыр, — деп ескертті Жоли, — мен отқа да, суға да барамын деп ант беріп едім. Сонда да суықтағым келмейді.
— Мен осында қаламын, — деді Грантер, — қаралы шеруде салпақтағаннан ас ішіп, осында отырғаның жақсы емес пе.
— Қысқасы, біз қаламыз ғой, — деп түйді Легль, — өте жақсы. Мұндайда ішуге болады. Жерлеу рәсімін жібергенмен, бүліктен құр қалып қалмайық.
— А, бүлік пе! Мен сол үшін, — деп дауыстады Жоли.
Легль қолын үстіне сүртіп:
— Міне, мың да сегіз жүз отызыншы жылғы революцияны түзетуге кірістік. Шын мәнінде ол халықты қолтығында әлі қысып жүр.
— Мен үшін революцияң бәрібір, — деді Грантер. — Мен түнгі тебетейдің астында қысылған тәжден жиіркене қоймаймын. Үкіметіңіз осы емес пе. Бұл ұшы қолшатырға айналған асатаяқ қой. Шынтуайттап келгенде, бүгін Луи-Филипп өзінің корольдік нышандарын екі жақты пайдалануына болады: не асатаяқты халыққа қарсы, не қолшатырды жаңбырға қарсы көтеруі керек, меніңше, оған мынау жауын-шашынның өзі қол болып тұр.
Залдың іші қараңғыланып, қалың бұлт аспанды тұмшалап тастады. Ләйліханада да, көшеде де тірі пенде жоқ, бәрі "оқиғаға қарағалы" кеткен.
— Қазір түс мезгілі ме, әлде түн ортасы ма? — деп қышқырып қалды Боссюэ. — Ештеңе көрінбейді ғой, Жиблота, от әкелші!
Грантер үн-түнсіз түнеріп ішіп отыр.
— Анжольрас мені жек көреді, — деп міңгірледі ол. — "Жоли ауру, Грантер мас" деген ғой Анжольрас. Сондықтан Навені маған емес, Боссюэге жіберіп отыр. Егер ол маған келгенде, онымен бірге кететін едім ғой. Мейлі, Анжольрастың обалы өзіне. Мен оның мына жерлеуіне бармаймын.
Осындай шешім қабылдап, Боссюэ, Жоли мен Грантер ләйліханада қалды. Арада екі сағат өткенде олар отырған үстел босаған шөлмектерге толды да кетті. Онда тек екі шырағдан жанып тұрды, бірі көгере бастаған мыс құтыда да, екіншісі шытынаған графиннің аузында. Грантер Жоли мен Боссюэнің шарапқа құмарлығын оятты. Осылардың арқасында Грантердің көңілі қайта көтерілді.
Түстен кейін Грантер қайғы-мұңды басар шарапты тоқтатты. Нағыз маскүнемде шарапқа құрметтен басқа ештеңе болмайды. Масаюға сиқыр деген де жәрдемдеседі, сиқырдың ағы мен қарасы болады, шараптағысы соның ағы ғана. Грантер қиял уына керемет құмардың бірі болатын. Қатерлі мастықтың түнегі оны тоқтатудың орнына ұдайы тарта түседі. Сондықтан ол рөмкені тастап, күрешкеге көшті. Күрешке дегеніңіз енді түпсіз шыңырау. Қолында апиыны мен есірткісі болмаған соң ол санасын перделеудің басқа жолын іздеді, арақ пен сыра жусан тұнбасы жүрекке қорғасындай зіл салмақ түсіреді. Бұл үш еселенген түнектің түнегі қалың аспан көбелегі болып, соған сүңгиді де кетеді, шудаланған сол түтін қоюлана келе жарқанаттың қанатына ұқсап, ұйықтап кеткен Санада сақау үш сұлба — Бастырылығу, Түн, Өлім қалықтайды да жүреді.
Грантер әлі мұндай қатерлі де қасіретті жағдайға жеткен жоқ. Ол керемет көңілді болды. Боссюэ мен Жоли де желпіне соғыстырып қояды. Грантер өз ойы мен сөзінің ғаламат өрнектерін еркін қимылымен көрсетіп алды. Маңғазданып сол қолының жұдырығымен тізесіне тіреніп, шынтағын сыртқа шығарып, тәбіреткіге аттай мініп отырды, галстугі шешіліп кеткен, оң қолында шарап толы стақан, топ-толық Матлотаға қарап салтанатты сонар сөзін бастады.
— Ашылсын де дарбазасы сарайдың! Болсыншы де шетінен академик, алсыншы де құқық бәрі мадам Гюшлуді құшуға! Ішейін!
Гюшлу апайға бұрылып тағы жалғады:
— О, антика аруы, көнелікпен нұрланған, жақын келші кәнеки, мен қызықтап тұрған жан!
Жоли кенет айқай салды:
— Батлота, Жиблота, Грантерге енді ішімдік бермеңдер. Ол естен танарлық ақша жұмсады. Таң атқаннан бері дүниенің арағын ішті.
Ал Грантер әлі айқай сап отыр:
— Қайсың ғана менің рұқсатымсыз аспанның жұлдызын жұлып алып үстелге қойып жүрсің шырақ деп?
ІІІамалы ішкен Боссюэ әдеттегі сабырлылығын сақтап отыр. Ашық терезенің астыңғы жақтауына отырып, арқасын құйып тұрған жаңбырға тосып, достарынан көз алар емес.
Аяқ астында ол ту сыртынан ырду-дырду шумен жүгіре басқан аяқтардың дүрсілін және "Қаруға ұмтылыңдар!" деген айқайды естіді. Жалт қарап, Шанврери көшесінің біткен жерінде Сен-Дени көшесінен қолында карабині бар Анжольрасты және тапанша ұстаған Гаврошты, қылышын білеген Фейиді, қолында семсері бар Курфейракты, мушкетонымен Жан Пруверді, мылтықтарын кезеген Комбефер мен Баорельді көрді, қаруланған адамдардың қалың жиыны солардың соңынан салып ұрып келеді.
Шанврери көшесінің ұзындығы мылтық оғы жететін мөлшерден аспайды. Боссюэ алақанын аузына дөңгелете ұстап айқай салды:
— Курфейрак, Курфейрак! Ого-го!
Курфейрак айқайды естіп, Боссюэні байқады да бірнеше қадам жақындап келіп, "Не керек саған?" деген сұрағы Боссюэнің "Сен қайда бара жатырсың?" деген сауалымен шарпысып қалды.
— Баррикада жасауға барамын, — деп жауап берді Курфейрак.
— Тамаша, бері кел! Жақсы жер! Осы арадан жаса баррикадаңды.
— Дұрыс айтасың, қыраным, — деп жауап қатты Курфейрак.
Сөйтіп, Курфейрактың белгі беруімен бүкіл тобыр Шанврери көшесіне лап қойды.
Үшінші тарау
ГРАНТЕРГЕ ТҮН ТӨНІП КЕЛЕДІ
Орын шынында да керемет көрсетілген екен, көше кірген беттен кең, сосын тарыла түседі, ақыры барып тұйыққа тіреледі, сол тұсты тура "Коринф" алып тұр; Мондетур көшесімен оңынан да, солдан да бөгеу қиындық туғызбайды; сондықтан шабуыл Сен-Дени көшесінен тура маңдайдан ғана болуы мүмкін. Mac Боссюэнің көзі cay Ганнибалдың өткір жанарындай болды.
Тобыр топырлап кіріп келгенде бүкіл көшені үрей кеуледі. Тұра қашып асықпаған бірде-бір жүргінші болған жоқ. Жайдың оғындай жылдамдықпен оңнан да, солдан да күллі дүкендер, шеберханалар жабылды, ол аз болса барлық подъезд, мансардтар бекітілді, біріншіден үстіңгі қабатқа дейінгі терезе біткеннің бәрі бітелді. Зәресі ұшқан бір кемпір есігін бөстекпен бастырып, оны кір ілетін екі таяқшамен тіреп қойды. Тек ләйліхана ғана ашық тұрды, онысы да себепті, өйткені оған тобыр басып кірген-ді.
— Құдайым-ай, Құдайым-ай! — деп екі иінінен дем алып, қырылдап Гюшлу апай жүр.
Боссюэ терезеден түсіп, Курфейракқа қарсы адымдады.
Жоли терезеден басын қылтитып:
— Курфейрак! Сен неғып қолшатырсыз жүрсің? Суық тиіп қалады ғой, — деп айғайлады.
Бірнеше минөттің ішінде ләйліхананың төменгі қабатындағы терезелердің тор темірлерінен он сым темір жұлынып алынды, көше табанындағы тақталардың жиырмасы жұлынды. Гаврош пен Боссюэ Ансо деген әк сатушыны тоқтатып, ыдыстарын аударып тастады да, әк толы үш кеспекке малта тастар толтырды. Анжольрас жерқойманың қақпағын көтеріп, Гюшлу жесірдің күллі бос кеспектерін шығартып, ішіне оқ толтыртып, шепті бекіттірді. Саусақтары әйелдер ұстайтын желдеткіштердің қауырсынын өрнектеуге үйренген Фейи кеспектер мен қиыршық тас толтырылған ауыр ыдыстарды жылжытып, басқа да осындай заттарды үйіп жанталасты. Көрші үйлерді тіреп тұрған сырғауылдарды суырып алып, кеспектердің үстінен үйді. Боссюэ мен Курфейрак кері бұрылғанда көшенің жартысы кәкір-шүкір үйіліп, кісі бойы жал болып қалыпты. Бірдеңені бұза отырып қажет бірдеңе салуға келгенде халықтың қолынан ештеңе тең келмейді.
Матлота мен Жиблота жұмыс істеп жатқандарға қосылды. Жиблота құрылысшыларға қиыршық тас тасыды, оның немқұрайды шаршаңқылығы баррикадаға қолұшын беруге жарады. Ол малта тастарды түсінде шарап ұсынып жүргендей беріп тұрды.
Көшенің шетінде екі ақ боз ат жеккен күйме көрінді.
Боссюэ шақпақ тас үйіндісінен қарғып өтіп, күймені қуып жетті де ат айдаушыны тоқтатты, отырған жолаушыларды күймеден шығуға мәжбүр етті, аттарды тізгінінен ұстап, жетелеп баррикадаға алып келді де:
— Көп кісілік күйме "Коринфтің" алдынан өтпейді, — деді ол. "Non licet omnibus adire Corinthum"18.
Қас қаққанша доғарылған аттар Мондетур көшесімен беті ауған жаққа жіберілді де, дағарадай күйме бір бүйіріне аударылып, көше қоршауын тәмамдады.
Үрейі ұшқан Гюшлу апай екінші қабатқа барып жасырынды.
Көзі алақ-жұлақ етіп, көзіне ештеңе көрінбей, ол ақырын ғана еңіреді. Үрейдің өксігі сыртқа шыға алмай тамағына кептеліп қалды.
— Ақырзаман, — деп міңгірледі ол.
Жоли аузын Гюшлу апайдың семіз, қып-қызыл әжімді мойнына жапсырып сүйіп алды да:
— Білсең бар ғой, айналайын, әйел мойыны мен үшін қашанда сүйкімді, — деді Грантерге.
Бірақ оны тыңдаған Грантер жоқ, шешендік өнердің шыңын алумен әуре болып отыр. Екінші қабатқа көтерілген Матлотаны бір мақтап алды да, белінен қапсыра ұстап терезеден қарқылдап кеп күлді ол.
— Матлота сиықсыз! — деп айқайлады ол — Матлота ұсқынсыздықтың мұраты. Матлота қияли. Оның туу тылсымы мынандай: бәз-бір готикалық Пигмалион су ағатын тұрбаларға, әсіресе шіркеулердің шатырына тартылғандарына түрлі бейнелер ойып салып жүреді екен, бір күні сол суреттерінің біріне өзі ғашық болып қалыпты және ең бір сұмпайысына көңілі құлапты. Содан махаббат құдайынан осыған жан бітір деп сұрапты. Сондағысы осы Матлота екен. Оған өздерің қарап көріңдерші, азаматтар! Тицианның ашынасы сияқты шашы жирен, әп-әдемі қыз. Оның жақсы төбелесетініне бәс қоямын. Әрбір жақсы қыздан батыр шығады. Ал Гюшлу тәтей ежелгі тентек. Оның мұртына қараңдаршы, оны ол өз байынан мұраға алып қалыпты. Ол да төбелесіп береді. Ол екеуі бүкіл кенттің зәресін алып болды. Жолдастар! Біздің үкіметті құлататынымыз анық, құмырсқа қышқылы мен маргарин қышқылының арасында араның қанша қышқылы бары қандай белгілі болса, бұл да сондай белгілі. Айтқандай, оған түкіргенім бар. Мырзалар! Әкем мені математиканы түсінбегенім үшін жек көрді. Мен болсам, тек махаббат пен бостандықты ғана білемін. Мына мен — Грантер, жақсы жігітпін. Менде ешқашан ақша болмайды, оған және бауыр да баспағанмын, сондықтан оған зәру де болмаймын, егер мен бай болсам, жер бетінде кедей қалмас еді! О, сонда көрер едіңдер! О, егер жақсы адамдарда сондай әлеует те болса, барлығы басқаша өзгеріп, тамаша боп кетер еді! Иса пайғамбарды Ротшильдтің дәулетімен көз алдыңа келтіріп көрші! Қаншама жақсылық жасар еді ол жұртқа! Матлота, кәне, сүйші мені! Сен ләззатқұмарсың, бірақ ұяңсың. Сенің бетің қарындастың ғана сүйгенін қалайды, ал ернің ашынаңның сүйгенін тілеп тұр!
— Өшір үніңді, сыра кеспегі! — деді Курфейрак.
— Мен Тулуза муниципалдық кеңесінің мүшесімін және Флораның құрметіндегі ойындардың магистрімін ғой сонда! — деп мардымси жауап қатты Грантер.
Қолында мылтығы бар Анжольрас қоршаудың қыр арқасында тұрып бұларға ызбарлы сұлу жүзін аударды. Әрине, ол спартандар мен пуритандар әулетінен болатын. Ол Фермопилде Леонидпен бірге өліп, Кромвельмен бірге Дрохеданы өртеп жіберер еді.
— Грантер, — деп айқай салды ол. — Бір жаққа барып ұйықтасаңшы. Бұл мастықтың орны емес, масаңданудың орны. Баррикаданы масқаралама!
Бұл сөз Грантерге керемет әсер етті. Бетіне бір стақан суық су шашып жібергендей болды. Ол бірден есін жиып алды, терезенің түбіндегі үстелге шынтақтай отырып, Анжольрасқа монтаңдап, мүләйімси қарады:
— Маған осы арада ұйықтауға мұрсат қыл.
— Ол үшін басқа жаққа жөнел! — деп зекіп қалды Анжольрас.
Алайда Грантер одан кілегейленген мүләйім көзін аудармай:
— Өлмей тұрғанымда осында ұйықтауға рұқсат етші, — деп жалынды.
Анжольрас оған жаратпай қарап:
— Грантер! Сен сенуге де, ойлауға да, өмір сүруге де, өлуге де қабілетсіз жансың, — деді.
— Міне, сен оны көресің, — деді енді кәдімгідей салмақтана тіл қатып Грантер.
Сосын түсініксіз тағы бірдеңелерді міңгірлеп отырды да, басы үстелге сылқ ете қалды, енді бір сәтте қорылдап ұйықтап жатты, әдетте бұл екінші деңгейдегі мастарда жиі кездесетін құбылыс, ал оған оны Анжольрас сақтап қалды.
Төртінші тарау
ГЮШЛУ АПАЙДЫ ЖҰБАТУҒА ТЫРЫСУ
Баорель баррикададан шат-шадыман, айғайлап та қояды:
— Міне, көше жаңа реттелді! Қарауға қызық!
Курфейрак ләйліхананың заттарын біртіндеп таси жүріп, Гюшлу апайды жұбатуға тырысты:
— Гюшлу апай! Сіз осы Жиблота төсек кілемшесін терезеден сіліккені үшін хаттама жасады деп полицияның үстінен арыз айтып жүрген жоқ па едіңіз?
— Иә, иә, айтқанмын, қымбатты Курфейрак мырза. Ой, құдайым-ау, сіздер анау сұмдық бірдеңелеріңе енді үстелді де апармақсыздар ма? Ал кілемше мен шатырдан көшеге құлап түскен гүл құмырасы үшін үкімет менен жүз франк айыппұл алған, көрмейсің бе жексұрындықтың қандай түрі болатынын.
— Міне, көріп тұрсыз ғой, Гюшлу апай, біз сіз үшін олардан кек алып жатырмыз.
Алайда Гюшлу апай шығынның орнын бұлай толтырудан өзіне қандай қайыр барын айқын түсіне алмай-ақ қойды. Бұған да сол күйеуінен шапалақ жеп әкесіне шағынуға барған араб әйелінің қанағатын ұсынып отырған сыңайлы. "Әке! — депті әлгі әйел. Мені қорлағаны үшін күйеуімді сіз де қорлаңыз". Әкесі сонда "Қай бетіңнен соғып жүр ол?" деп сұрапты. — "Сол жақ бетімнен", — депті қызы. Сонда әкесі оны оң жақ бетінен тартып жіберіп: "Енді сен разы болуың керек. Бар да күйеуіңе айт, егер ол менің қызыма шапалақ берсе, есесіне мен оның әйеліне шапалақ берді де", депті.
Жаңбыр басылды. Төбелеске қатысқысы келетіндер көбейе түсті. Жұмысшылар кеудешесіне оқ-дәрі салған құты тығып, тотияйын құйылған шөлмектерге толы себет ұстап, жуырда 1 мамырда "корольдің туған күнін ұлықтау" мерекесінен қалған екі-үш карнавалдық алау мен шетенді майшам алып келді. Бұлармен жабдықтап Сент-Антуан кентінен келген Пепен деген бір дүкенші жүр. Шанврери көшесіндегі жалғыз фонарьды, сосын қарсысында Сен-Дени көшесінде тұрған фонарьды сындырып, артынан Мондетур, Аққу, Уағызшылар, Үлкен және Кіші қаңғыбас көшелеріндегі күллі шамдарды қиратты.
Барлығына Анжольрас, Комбефер мен Курфейрак басшылық жасады. "Коринфке" тіреп бір мезгілде екі баррикада тұрғызылды, бірі тік бұрыш жасады; үлкені Шанврери көшесін тұйықтап, екіншісі Аққу көшесі жағынан Мондетурды жапты. Екі тым тар кішірек баррикада кеспектер мен малтатастардан қаланды. Бұл араға елу жұмысшы жиналды, отызы мылтықпен қаруланған, жолшыбай олардың қару сатушылардың дүкенінен "қыруар" қарыз арқалап қайтқаны белгілі болып тұр.
Осы адамдардың жиынынан асқан ғажап ала-құлалықты көз алдыңа келтіру қиын. Біреуі күрте киіп, атты әскер қылышымен ершікті екі тапанша ұстап жүр, екіншісі жилет киіп, басында дөңгелек қалпағы бар, беліне оқ-дәрі құтысын қыстырып алыпты, үшіншісі тоғыз парақ сұр қағаздан жасалған көкірекше киіп, ат әбзелін жасаушының бізімен қаруланыпты. Біреуі: "Бірін қалдырмай қырып, өзіміз сүңгінің ұшында өлеміз!" деп айқайлап жүр. Ал сол айқайлап жүргенде сүңгі де жоқ. Енді біреуінің бешпетінің жоғарғы жағында аспалы былғары белбеу мен сыртына қызыл жүнмен "Қоғамдық тәртіп" деген сөз кестелеп жазылыпты. Мұнда легиондардың нөмірі бар мылтықтар көп-ақ, қалпақтар аз, галстуктер атымен жоқ, білегін білеген жалаңаш қолдар көп-ақ, біразында жарқылдап сапылар жүр. Оның үстіне жиналғандардың жас айырмашылықтарын айтсайшы, түр-түстері де бөлек-бөлек, араларында бозарған жеткіншектер мен күнге тотыққан порт жұмысшылары да бар. Барлығы асығып, бір-біріне көмектесіп, әңгіме-дүкен құрып, табысқа жететіндеріне сенеді, таңғы сағат үште көмек келетінін, полктердің біріне сенуге болатынын, дүйім Париж көтерілетінін айтады. Бұл жүрек шаттығы араласқан сұмдық сөздер. Мынау адамдар қазір бауыр сияқты, бірақ бірінің бірі атын білмейді. Ұлы қатердің қызықтығы бейтаныстардың туысқандығын анықтауында болса керек.
Ac үйде от жағып, қалыпқа құйып оқ жасау үшін қасық, қақпақты құты, шанышқы сияқты ләйліхананың күллі қалайы "күмісін" қорытты. Осында отырып өздері ішті. Үстелдегі стақандардың арасында бытыраның оқтары да жүрді. Бильярд бөлмесінде Гюшлу апай, Матлота және Жиблота отыр, үрейден үшеуі де өзінше өзгеріп кеткен секілді, біреуі топастанып, біреуі кісікиіктеніп, үшіншісі оянып өзінше қарекет жасайды, қазір де ескі шүберекті дал-дал жыртып, құр арқанды тарқатып жатыр; оларға көмектесіп, құрақ ұшып үш көтерілісші жүр, барлығы да шашты, сақалды, мұртты жігіттер, алайда дүкен піркәзшіктері сияқты ылдым-жылдым жылпостығымен күдікті.
Курфейрак, Комбефер және Анжольрас байқаған ұзын бойлы кісі жасаққа Жаңқа көшесінің бұрышында қосылып, қазір кіші баррикадада жүр еді, пайдасыз болмай шықты. Гаврош үлкен баррикада жақта жұмыс істеп жүрген. Ал Курфейракты үйінде күтіп, Мариусті сұраған жас жігіт осының алдында ғана көп кісілік күйме аударылғаннан кейін жоқ боп кетті.
Шабыт қанатында жарқылдаған Гаврош жұмысты жолға қоюды өз міндетіне алды. Ол ерсілі-қарсылы жүгіріп, көтеріліп, түсіп, қайта көтеріліп, қуаныштан жүзі жайнап шулатты да жүрді. ІІІамасы ол мұнда жұртты жігерлендіріп, рухын көтергелі келген сыңайлы. Мұндай іске бұлайша белсене кірісу үшін белгілі себеп бap ма еді? Әрине, бар, ол оның қайыршы кедейлігі. Оның қанаты бар ма еді? Әрине, бар, ол оның шат көңілділігі. Ол өзі құйын сияқты. Гаврошты ұдайы көреді, ұдайы естиді жұрт. Ол жүрген жерінің бәрінде әуені кеңітіп, ауаны толтырып жүреді. Кейде ол өзіндік бір желаяқ секілденіп, кез келген жерден зып беріп, иненің көзінен өтіп шамыңа да тиеді, бірақ ешкімге тыным бермейді. Алып баррикада оны өзінің қыр арқасында жүргендей көреді. Ол сандалбайлардың шамына тиіп, жалқауларды жандандырып, жайбасарларды жетелеп, шаршағандарға дем беріп, біреулерді көңілдендіріп, екінші біреулерді рухтандырып, үшіншілерін ашуландырып, — не керек, бәрін қимылға келтіреді, студенттерді тілімен шағып алып, жұмысшыларды мысқылдап та қояды; тоқтайды, отырады, атып тұрып тұра жүгіреді, бір орыннан екіншіге секіріп түсіп, бар қарбаластың, бар жұмыстың басында жүреді, тызылдап, ызыңдап Революцияның алып күймесінің айналасында ұшып жүрген мазасыз маса сияқты.
Оның кішкентай қолы қажу дегенді білмейді, кішкентай тамағы айғайдан тынбайды.
— Батылырақ! Шой тасыңды тағы әкел! Тағы да кеспек керек! Тағы да бірдеңелер болар ма еді? Оны қайдан тапсақ екен? Қиыршық тас салынған себетті мұнда жібер, мынау тесікті бітейік. Біздің баррикада әлі кішкентай, оны өсіре түсу керек. Оған бәрін лақтыр, бәрін тық. Үйді бұз. Баррикада дегенің кәкір-шүкірден тұратын құрақ көрпе. Ананы қарашы, әйнекті есік қой!
Жұмыс істеп жүргендердің біреуі дауыстап:
— Әйнекті есік пе! Сеніңше, оның быт-шыт боп ұшып кетуі үшін керек пе, көпіршіген көбік!
— Қарай гөр, өзі бір батырдай-ақ! — деп тойтарып тастады Гаврош. — Әйнектелген есік баррикада үшін тамаша дүние! Ол баррикадаға шабуыл жасауға бөгет болмайды, ал оны алуға бөгет болады. Әлде сен қабырғаға өрмелеп, алма ұрлап көрмеп пе едің, сақтық үшін сынған шөлмектің түбін жапсырып қоймаушы ма еді қабырғаларға. Әйнекті есік! Қара да тұр, ол ұлттық ұланның табанындағы барлық күсті баррикадаға көтерілгенде алып түседі.
Тәйірі алғыр, әйнекпен ойнамаңдар! Еһ, достым, басты жұмыс істету керек!
Шүріппесі жоқ тапанша Гавроштың зығырданын қайнатты. —Ол анадан да, мынадан да мылтық талап етті:
— Мылтық, мылтық беріңдерші! Маған неге мылтық бермейді?
— Мылтық, мына саған ба? — деп таңданды Комбефер.
— Айтып тұрған түрін қара! — деп ыза болды Гаврош. — Маған не үшін беруге болмайды екен? Мың да сегіз жүз отызыншы жылы Карл оныншымен дауласқанда менің мылтығым болды емес пе!
Анжольрас иығын қозғап қойды.
— Ересектерге мылтық жеткенде ғана барып балаларға беріледі.
Гаврош оған намыстана бұрылып:
— Егер сені менен бұрын өлтірсе, онда мылтығыңды мен аламын, — деді.
— Балақан! — деп айғайлап жіберді Анжольрас.
— Боқмұрын! — деді есесін жібермей Гаврош.
Адасып көшенің шетінде қаңғырып жүрген сәнқой оның назарын аударып жіберді.
Гаврош оған айқай салды:
— Бермен қарай, бізге жақында, жас жігіт! Біздің қарт Отанымыз туралы не ойлайсың? Қалайша оған көмектесер ниетің жоқ?
Сәнқой бой тасалап жасырынуға асықты.
Бесінші тарау
ДАЙЫНДЫҚ
Шанврери көшесіндегі баррикада екі қабат үйдің деңгейіне жеткен, "алынбайтын қамал" деп жариялап жүрген сол тұстағы газеттер адасады. Оның биіктігі алты-жеті футтан артық емес. Оны шайқасушылардың бой тасаласа көрінбеуі үшін, бірақ қажетінде төбесіне шыға алатындай есеппен жасаған, тастарды төрт қабат қып қалап, ішкі жағынан үстіне көтерілер баспалдақтар өрген. Шой тастар мен кеспектерден қалап, олары сырғауыл, бөренелермен ұстастырылып, шеттері Ансоның қолайсыз арбасы мен төнкерілген күйменің доңғалақтарымен бекітілді де, сырттай қарағанда қол батпайтындай көрінді.
Үйдің қабырғасы мен ләйліханадан баррикаданың ең шалғай шеті мен арасына кісі кіріп-шығып жүретіндей саңылау қалдырылды, демек бұл есік бар деген сөз. Ұзын күйменің жетектері тік шаншылып, арқанмен шандып байланды да, ұшына қызыл ту ілінді. Сөйтіп баррикаданың төбесінде қызыл ту желбіреді.
Ләйліхананың сыртындағы кіші Мондетур баррикадасы елеусіздеу. Алайда екі баррикада қосылғанда қотан құрайды. Анжольрас пен Курфейрак Мондетур көшесінің екінші шетін уағызшылар көшесі арқылы Орталық базарға жол ашып, сыртқы дүниемен араласу үшін әдейі қоршатпады, оның үстіне жолы қиын, қауіпті Уағызшылар көшесі жағынан шабуыл бола қоюы да неғайбыл еді.
Сөйтіп, Фолар өзінің әскери тілінде "траншеяның тізесі" атаған бұл жолды есепке алмағанның өзінде Шанврери көшесінде қалдырылған тар саңылау тағы бар, ол баррикаданың ішінен ғана көрінеді, ал сыртынан ләйліхана шұғыл бұрылатын қолайсыздау төртбұрыш жасап, есікті бар жағынан бірдей жауып, көзден көлегейлеп тұр. Үлкен тосқауыл тоспа мен көшенің түкпіріне таман бой көтерген үлкен үйлердің арасында ұзындығы жиырма қадамдай бос аралық бар, сөйтіп баррикада өз тылын тұрғандары болмағанмен, асты-үсті толық жабық үйлермен жауып тұр деуге болады.
Барлық жұмыс еш ақаусыз жүргізілді және бәріне небары сағатқа жетпейтін ғана уақыт кетті, осы шөкімдей ғана өжеттердің алдынан ұланның елтірі бөркі мен мылтықтың сүңгісі бірде-бір рет шыққан жоқ. Ара-тұра Сен-Дени көшесімен жүруге жүрегі дауалаған бірен-саран буржуа төбе көрсетсе, олар Шанврери көшесіне көз тастап, баррикаданы көрген соң алды-артына қарамай, жедел адымдап тура-ақ тартады.
Екі баррикаданың екеуі де бітіп, төбесіне қызыл тулар ілінген соң, ләйліханадан үстел шығарылып, оған Курфейрак көтерілді. Анжольрас төртбұрыш жәшік алып кеп, оны Курфейрак ашты. Жәшік патрондарға толы екен. Ең жаужүрек дегендердің өзі патрондарды көргенде дір ете қалды да, бір сәт құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады.
Курфейрак жымиып қойып, оларды үлестіре бастады.
Әркім отыз патроннан алды. Көтерілісшілердің көпшілігінде оқ-дәрі болатын, соны салып, оқты қоса тығып, олар жаңа патрондар дайындауға табанда кірісіп те кетті. Оқ-дәрі салынған кеспек аулағырақ, есіктің аузындағы үстелдің үстінде тұрған-ды, сақтық қорды қойып, жұрт оны да қозғауға айналды.
Бүкіл Парижге тараған әскери атойдың дабылы бір басылмады, ақыры сол бір сарынды шуға жұрттың құлағы үйреніп, еті өліп, еш мән бермеуге айналды. Сол шу бірде алыстап, бірде жақындап, мазасыз бір сарын ызыңдап құлақта тұрды да қойды.
Барлығы мардымси маңғазданып, аспай-саспай салтанатты түрде мылтықтары мен карабиндерін оқтап алды. Анжольрас баррикадалардың алдына үш адамнан қарауыл қойды, бірі Шанврери көшесінде, екіншісі Уағызшылар көшесінде, үшіншісі Кіші Қаңғыбас көшесінде тұратын болды.
Ал баррикадалар құрылып, орындар анықталып, мылтықтар оқталып, күзеттер қойылып болғаннан кейін біреулері жан жоқ үрейлі көшелерде, біреулері ешбір тірліктің нышаны білінбейтін өлідей сілейген иесіз де үнсіз үйлердің арасында, қоюлана бастаған қараңғылықтың құшағында бүкіл дүниеден жырылып, түнек пен тыныштықта қасіретті бірдеңе келе жатқандай елестеп елегізігенмен көтерілісшілер қаруын берік ұстап, сабырмен әлде бірдеңені күтіп тұра берді.
Алтыншы тарау
КҮТКЕНДЕ
Күткен кезде олар не істеді?
Бізге осы жайында әңгімелеп беру керек, өйткені ол тарихтың еншісі.
Ересектер патрондарын дайындап, әйелдер шүберектен жіп есіп жатқанда, құюға әзірленген кең кәстрөлде қалайы мен қорғасын балқып, темір пеш қызарып түтіндеп жатқанда, қолына қару ұстаған қарауылдар баррикадаларды бақылап, оларды жұмыстан басқа алаңы жоқ Анжольрас сырттай қадағалап жүргенде, Комбефер, Курфейрак, Жан Прувер, Фейи, Боссюэ, Жоли, Баорель және басқалары бірін бірі іздеп тауып алып, студенттік достықтың мизамшуақ бейбіт күндеріндегідей бас қосып бір жерге жиналды. Ләйліхананың бұрышында, өз қолдарымен көтерген қотаннан екі-ақ қадам жерде оқтап, дайындап қойған карабиндерін орындықтардың басына іліп, осынау тамаша өндірдей жас жігіттер ажал сағаты алдында махаббат жырын оқи бастады.
Қандай жыр дейсіз бе? Ол міне:
Есіңде ме сол бір шақ нұр амалы,
Буырқанған жастықтың қызба қаны.
Еңіс білмес бұл өмір өрге өрлеумен
Киім тозды, махаббат үр жаңа әлі.
Екеуміздің қосқанда жасымызды,
Жетпейтұғын қырыққа асыл ізді.
Тар баспана кең жайлау көктем болып,
Жылытатын қысты да басы мұзды.
Манюэлің Фуамен ел шыңында,
Шырқ үйірді Парижді ол шынында.
Ал мен сақтап жүрмін ғой кеудешеңнің
Түйреуішін, қаласаң алшы мына.
Көркің баурап адвокат жұмысы жоқ,
Ертіп барды Прадоға ырысым деп.
Құтыдағы гүлдер де солғын тартты,
Саған қарап тарылып тынысы тек.
"Не ғажап?" деп гүлдер де сыбырласты,
Арай жүзін бәріне нұрын шашты.
Періштесін көктем ғып жерге ұзатып,
Аспанда шат жұлдыздар жымыңдасты.
Қол ұстасып кей кезде қыдырамыз,
Көрген жұрт дейді көктем гүлі нағыз.
Табиғаттың жастығы сәуір болып,
Мерекелі мамырдай құбыламыз.
Құбылғанда құлпырып үр жаңа боп,
Пәк сезімге балқимыз кіл жанары от.
О, махаббат, тағдырдың сирек сыйы,
Шәрбатыңнан татқызғай бір ғана рет.
Қамсыз-мұңсыз Сорбонна ұям болды,
Келешекке нұсқаған қиян жолды.
Тұтқын жүрек атыңды елге жайды,
Студенттер одан не зиян көрді.
Таң шапағы оятып ардақтады,
Хош иісті тұрақты аумақтағы.
Сәбидей аяқ сермеп отырушы ең,
Жұлдызы махаббаттың жайнап тағы.
Онда менің Платон боп арым-жаным,
Мальбранш, Ламеннеге табынғанмын.
Сен сонда Мадонна боп гүл әкелдің,
Сан ай бойы сарғайып сағынғаным.
Шатырлы үйде оянып балаң сезім,
Жүректердің бастық-ақ алау шерін.
Ертеңгілік жейдешең мен отырсам,
Әлсін-әлсін айнадан қараушы едің.
Ұмытам ба серт сынды сол құшақты,
Күн шыққандай көңілден сырлы шақты.
Торғын көйлек жарасып, гүлге орандың,
Әр сөзіңді сол бір сәт жырға ұқсаттым.
Баққа балап бір құты қызғалдақты,
Белдемшеңмен әйнекті қыздар жапты.
Ыдыс таңдар ғашықтың күні қайсы
Жай стақан фарфордай бізді алдантты.
Күлкіменен қасірет тарқауы үшін,
Сездірмедік ештеңе қорқар ішің.
Шекспирдің суретін саттық бір күн,
Бір тойып ішетұғын ауқат үшін.
Бақытқа маспыз, болмай сүйісте шек,
Қиындыққа тұрамыз иық төсеп.
Портретін Дантенің дастарқан ғып,
Көр-жерді жатушы едік қылып төсек.
Есімде алғаш ренішке от жаққан күн,
Сенің сүймек ниетіңді тоқтатқанмын
Қып-қызыл боп сен сасып қалғаныңда
Мен әбес қылығымды көкке атқанмын.
Есте шығар қайғы да, қуаныш та,
Есте шығар реніш те, жұбаныш та.
Бақыт құшып, жар сүйген жарқын күндер,
Қолын бұлғап барады-ау ту алыста.
Уақыт, орын, жастықтың еске түскен естеліктері, сирек жұлдыздар, қабірдегідей тыныштық, қаңыраған көшелер, бой бермей келе жатқан күрт оқиғалар Жан Пувердің жарты дауыспен жан бітіре оқыған өлеңіне толғантарлық ғажап бір толқынды реңк берді. Бұрын бір ескерткеніміздей Жаның өзі жаны сергек, сезімтал ақын болатын.
Соған қарамастан кіші баррикаданың төбесіне майшам жағып, алауды үлкеніне көтерді, ол кәдімгі май мейрамында Куртильге аттанған қос ат жеккен күйменің алдында ұстайтын алау, оларды алдында айтқанымыздай, Сент-Антуан нан алып келген.
Алау желден сақтау үшін үш жағынан малта тастармен көлегейленіп, барлық жарығы туға түсетіндей етіп жасалды. Көше мен баррикада қараңғыда қала берді де қызыл ту ғана жарықпен айбарланып асқақтай түсті.
Бұл жарық туға қаһарлы қанды қызыл жарқыл беріп алаулады да тұрды.
Жетінші тарау
ЖАҢҚА КӨШЕСІНДЕ ҚОСЫЛҒАН КІСІ
Түн болды, барлығы да бұрынғыша қаз-қалпында. Тек болар-болмас гуіл, ара-тұра атылған мылтықтың даусы алыстан талып жетеді. Ұзаққа созылған тыныс үкіметтің өз күштерін жинап қаптатқалы келе жатқанының айғағы. Баррикададағы елу адам алпыс мыңдық сол алапат күшті күтіп тұр.
Қатерлі оқиғалардың алдында рухы күшті жандарды сынайтын тағатсыздық Анжольрасты да билеп алды. Ол Гаврошты іздеп кетті, жеткіншек болса төменгі қабатта үстел үсті шашылған оқ-дәрі болған соң сөреге қойылған сенімсіздеу екі шырақтың жарығымен патрондар дайындап жатыр екен. Екі шырағданның жарығы көшеге шықпайды. Оның үстіне көтерілісшілер жоғарғы қабаттардан жарық көрінбеуін қалайды.
Бұл тұста Гавроштың қолы тек патрон дайындаудан ғана тимей жүрген жоқ еді.
Әлгінде ғана төменгі залға Жаңқа көшесінен келген бір адам кіріп, жарығырақ үстелдің басына жайғасты. Қару бөлген кезде оған ірі калибрлі солдат мылтығы тиіп, оны ол екі тізесінің арасына қойды. Басқа да көптеген "қызық" істерден бас бұра алмай жүрген Гаврош ол кісіні байқамады.
Ол кірген кезде Гаврош мылтығына таңданып, жалт бұрылып қарады да, ол отырған соң, орнынан қайта атып тұрды. Жаңқа көшесінен шыққан кісіні осы уақытқа дейін бақылаған біреу болса, оның баррикадада, жалпы көтерілісшілер жасағында не болып жатқанын байқағыштап қадағалап жүргенін аңғарар еді, алайда залға кірген соң ойға шомып, айналасындағыларды байқамағандай көрінді. Бала ойға батқан кісінің қасына келіп, ұйқыдағы адамды оятып алмайын дегендей аяғын ұшынан басып, айналшықтап аз-кем жүрді. Сөйте тұра оның ойнақы да ойлы, көңілді де кейісті, жеңілтек те салмақты балаң жүзінде бұрыннан белгілі құбылмалық ойнап шыға келіп, ол: "Бекер! Мүмкін емес! Маған елестеген ғой! Әлде бұл.. Жоқ, ол емес! Әрине, сол! Иә, жоқ деймін!" деген сияқты шым-шытырық сұрақтардың астында қалды. Гаврош өкшесінен теңсетіліп, қалтасындағы қолының жұдырығын түйіп, мойнын құстай созып, астыңғы ернін шығарды — бұл оның барлық ынтызарлығын аударғанының белгісі. Ол ойға қалып, қорқақтап, батылсызданып, сосын сеніп, қайран қалды. Күдігін ол шым-шымдап шешіп, тұтқындардың базарында күң қатындардың арасынан Венераны іздеп тапқан азбанқұлдардың бастығын немесе дарынсыз боямалардың ішінен Рафаэльдің суретін ажыратып алған білгірді еске түсірді. Оның басындағының бәрі қозғалысқа келді: түйсігі сезіктенді, ақылы бірдеңелерді салыстырды. Гавроштың маңызды жаңалық ашқаны айдан айқын еді.
Оның қияпат толғанысының қызған шағында қасына Анжольрас келіп:
— Әй, кішкентай, — деді, — сені байқай қоймас. Баррикаданың сыртына шық та, үйлердің арасымен безектеп, көшеде сол сендетіліп жүр де, қайтып келіп о жақта не болып жатқанын маған айтшы.
Гаврош бойын тіктеді.
— Демек, кішкентайлар да бірдеңеге жарайды екен ғой. Өте жақсы! Мен кеттім. Ал әзірше кішкентайларға сен де, үлкендерге сенбе.
Басын көтеріп, даусын баяулатып Гаврош Жаңқа көшесінен келген кісіні нұсқап:
— Анау алпамсадайды жақсы көріп тұрсың ба? — деп сұрады.
— Ал онда не тұр?
— Ол жансыз, тыңшы.
— Солай екеніне сенімдісің бе?
— Әлі екі апта да өткен жоқ, Король көпірінің қалбайында таза ауамен тыныстағалы отыр едім, құлағымнан жұлқып мені алып кеткен дәл осы.
Анжольрас баладан шапшаң шегініп, осы маңнан табылған порт жұмысшысының құлағына бірдеңелер сыбырлады. Ол замат залдан шығып кетті де, ізінше үш жолдасын ертіп кірді. Төрт еркек, иықтары кере құлаш төрт жүкші Жаңқа көшесінен келген кісі шынтақтап отырған үстелдің ар жағына шығып, оған тарпа бас салуға даярланып тұра қалды.
Анжольрас оның қасына кеп сұрақ қойды:
— Сіз кім боласыз?
Күтпеген сұрақтан бейтаныс кісі дір ете қалды. Анжольрастың тұнық жанарына тесіле қарап, оның тереңінен ойын оқыса керек, ол барынша батыл, барынша ысқаяқ, барынша жиіркенішті жымиыспен езу тартып, өркөкірек, паң кейіппен жауап қатты:
— Көріп тұрмын, әлгі... Жә, жетті!
— Сіз жансызсыз ба? Тыңшысыз ба?
— Мен биліктің өкілімін.
— Сіздің есіміңіз?
— Жавер.
Анжольрас төрт жұмысшыға белгі берді. Олар көзді ашып-жұмғанша Жавердің бұрылуға шамасын келтірмей, жағасынан жұлқып, жерге алып ұрды да, байлап тастап, тінте бастады.
Одан екі әйнектің арасына салып жасалған дөңгелек кәртішке тапты, оған Францияның елтаңбасы салынып, астына "Қадағалау және қырағылық" деп жазылыпты, екінші жағында "ЖАВЕР, полиция бақылаушысы, елу екі жаста" деген жазу тағы бар, полицияның сол тұстағы префекті Жиске қол қойыпты. Оған қоса одан сағаты мен ішінде бірнеше алтын теңгесі бар әмиян алынды. Сағат пен әмиян өзіне қайтарылып берілді. Сағаттың астында жилет қалтасының түбінен конвертке салынған тағы бір парақ қағаз табылды. Оны ашып Анжольрас сол полиция префекті жазған бес жол сөзді оқыды:
"Полиция бақылаушысы Жавер саяси тапсырманы орындап, айрықша іздестіру жолымен Иен көпірі маңында Сенаның оң жағасының еңісінде қастық ойлаушылардың ізі шынымен байқалғанына көз жеткізуге міндетті".
Тінтуді тәмамдап Жаверді аяғынан тік тұрғызып, қолын артына қайырып байлап, төменгі залдың ортасында тұрған, бағзыда осы сауық орнына аты берілген діңгекке таңды.
Осы көріністің ішінде болған Гаврош басын изеп, бәрін үнсіз мақұлдап тұрды да, сосын Жавердің қасына келіп, былай деді:
— Мінеки, тышқан мысықтың өзін ұстады.
Жұмысшылар сондай жіті қимылдады: тыңшының ұсталғанын естіп жұрт ләйліхананың маңына топырлағанда шаруа тынған да еді. Жавер бір де рет айқайлаған жоқ. Жавердің ұсталғанын естіп Курфейрак, Боссюэ, Жоли, Комбефер және көтерілісшілер ол таңулы тұрған төменгі залға ентеледі.
Діңгекке арқанмен шандып таңылған Жавер қозғала алмай, ешқашан өтірік айтып көрмеген адамның қорқуды білмейтін сабырлылығымен басын көтеріп ұстады.
— Бұл тыңшы, жансыз, — деді Анжольрас.
Сосын Жаверге бұрылып:
— Сізді баррикада алынардан он минөт бұрын атады, — деді.
Жавер әлі де тәкаппар қалпын бұзбай сұрақ қойды:
— Неге қазір атпайды?
— Біз оқ-дәрі іркеміз.
— Ондай жағдайда мені пышақпен-ақ өлтіріңдер.
— Шпион, — деді сымбатты Анжольрас. — Біз жендет емеспіз, әділқазымыз.
Сосын ол Гаврошты шақырып алып:
— Ал сен өз шаруаңа аттан, — деді. — Менің айтқанымды орында.
— Кеттім! — деп айқайлады Гаврош.
Табалдырыққа бара беріп ол тағы да:
— Айтқандай, ананың мылтығын маған бермейсіздер ме? — деді де, сөзін әрі жалғап:
— Сіздерге мен музыкантты тастап, кларнет алмақшы едім, — деді.
Жүзі жайраңдаған бала әскерилерше сәлем етіп, үлкен баррикаданың тесігіне сүңгіп кетті.
Сегізінші тарау
КАБЮК ДЕГЕН БІРЕУ ЖӨНІНДЕ БІРНЕШЕ СҰРАҚ БЕЛГІСІ, БӘЛКІМ ОЛ КАБЮК АТАЛМАҒАН ДА ШЫҒАР
Егер Гаврош кеткеннен кейін іле-шала болған ауқымы ұлан-ғайыр керемет сұмдық оқиғаны айтпай кетсек, қасіретті хикаяның толық болмай, революция тууының ұлы сәті өзінің бар қаталдығы мен шындығы, азапты діріл-қалшылмен астасқан коғамдық шиеленістің шырқау шағы бар болмысымен оқырманға көріне алмас еді.
Жұрттың жиыны домалатқан қар кесегіне ұқсайды, ілгері жылжытқан сайын қалыңдап, аумақтанып, қайдан не келіп қосылып жатқаны білінбейді. Анжольрас, Курфейрак пен Комбефер бастаған жиынға кеп қосылып жатқан өткен-кеткендердің арасында үстінде арқасы қажалған жүкшінің күртесі бар біреу болды, ол артығырақ тартып алғандай қолын сермеп, кеңірдегін жырта айқайлап келеді. Кабюк аталған бұл кісі өзін білем деп кеңірдектенген адамға да мүлдем бейтаныс болатын. Қатты ішкен немесе қасақана мас болғансыған ол кісі әлгінде ғана сыртқа алып шығып кеткен үстелдің басында бірнеше көтерілісшілермен бірге отырған, ішуден бас тартқандарға ішімдікті зорлап сыйлап, сонымен бірге күллі көшеде асқақтап тұрған бес қабатты үйді жіті шолып, Сен-Дени жағына қарай берген. Кенет ол аяқ астынан айқай салды:
— Жолдастар, білесіздер ме? Әне біз қандай үйден атысуымыз керек. Егер біз соның терезелерінің сыртына отырып алсақ, мына көшемен тірі пенде өте алмас еді!
— Иә, бірақ үй жабық қой, — деп қарсылық білдірді шөлмектестердің бірі.
— Есігін қағамыз.
— Ашпайды.
— Онда сындырамыз!
Кабюк есікке жүгіріп барып, ілулі тұрған ауыр балғамен соққылады. Ешкім ашқан жоқ. Тағы соқты. Ешкім жауап қатқан жоқ. Үшінші рет соқты. Тырс еткен үн жоқ.
— Мұнда біреу-міреу бар ма? — деп айғайлады ол.
Тірліктің ешбір белгісі жоқ.
— Сосын ол мылтықты алып, есікті дүмімен ұра бастады. Ежелгі, күмбез тәрізді, жіңішке, аласа, тұтас еменнен ойып жасалған, іші жайпақ темірмен көмкеріліп, темір бұғаумен ұстастырылған есік нағыз қамалдың құпия есігі сияқты болатын. Соққыдан үй шайқалды, бірақ есік мызғыған жоқ.
Соған қарамастан үй тұрғындарының мазасы кетсе керек: үшінші қабатта жарық жанып, ақыры төрткүл кішкентай терезе ашылды. Терезеден шырақ көрініп, ақ бас қақпашының үрейлі жүзі көзге шалынды.
Кабюк соққылауын тоқтата қойды.
— Сіздерге не керек, мырзалар? — деп сұрады қақпашы.
— Аш! — деп талап қойды Кабюк.
— Ашпаймын, мырзалар.
— Taп қазір аш!
— Болмайды, мырзалар!
Кабюк мылтықты алып, қақпашыға кезеді, алайда төменде тұрған соң, оның үстіне қараңғы болған соң шал оны көрмеді.
— Сен ашасың ба? Ашатын, ашпайтыныңды айт.
— Жоқ, ашпаймын, мырзалар!
— Сен жоқ деп тұрсың ба?
— Мен жоқ деп тұрмын, айналайындар...
Қақпашы айтар сөзін тауыса алмады. Мылтық гүрс етті; оқ оның иегінен тиіп, желкесінен бір-ақ шығыпты, мойынның күре тамырын қиып кеткен. Шал ah деуге шамасы келмей, гүрс ете түсті. Шырағы ұшып кетіп, сөніп қалды да, қараңғыда ештеңе ажыратуға болмады, тек терезеден қимылсыз жатқан бас пен шатырға көтерілген ақшыл түтін ғана көзге шалынды.
— Солай! — деді мылтығының дүмін көше табанына тарс еткізіп Кабюк.
Ол аузын жиып үлгергенше болған жоқ, ту сыртынан біреу кеп қуатты қыран шеңгелімен иығынан қапсыра кеп ұстады да:
— Тізерле! — деп бұйырды.
Құныкер жалт қарағанда, қарсы алдынан Анжольрастың құп-қу, ызбарлы жүзін көрді. Қолында кезенген тапаншасы бар.
Ол мылтық даусын естіп келген еді.
Сол қолымен Кабюктің кеудешесі мен жейдесінің жағасын және аспа бауын қоса уыстай ұстап:
— Тізерле! — деп қайталады.
Өктем қимылмен кеспелтек ірі денелі қармақшыны қамысша иіп жиырма жасар қағылез бозбала сазға тізерлетіп отырғызды. Кабюк қарсыласпақ болып еді, алапат күш иесі оны тырп еткізбеді.
Мойыны ашық, шашы жалбыраған, боп-боз Анжольрас өзінін әйелге тән бәденді жүзімен антикалық Фемиданы еске түсіруші еді. Делдиген танауы, төмен салған көзі оның грек келбетіне ымырасыз ыза-кек пен тазалық реңк беретін, ежелгі дүние пікірінше, мұндай кескін әділқазыларда ғана болуы керек.
Баррикададан жүгіріп келгендер аулағырақ тұрып, көргелі тұрғандары сұмдық үрейлі болғандықтан, ешқайсысы да тіл қатып үндеген жоқ.
Құлап түскен Кабюк қарсыласуға шамасы келмей бүкіл денесімен қалшылдады. Анжольрас оны қоя беріп, қалтасынан сағатын суырды.
— Есіңді жина, — деді ол. — Дұғаңды оқы немесе ойға бат. Сенде бір-ақ минөт уақыт қалды.
— Аяңдар! — деп міңгірледі кісі өлтіруші басы салбырап, сосын тағы да міңгірлеп бірнеше балағат сөз айтты.
Анжольрас сағат тілінен көз алған жоқ; бір минөт өткен соң сағатын қалтасына салды. Сосын иіліп-бүгіліп, жалынып-жалбарынып, тізесін құшқан Кабюктің жағасынан ұстады да, тапаншаның аузын оның құлағына тіреді. Қатерлі де үрейлі кәсіпке тып-тыныш барып жүрген өжет жандардың көбі теріс айналды.
Тапанша гүрс етті, кісі өлтіруші бүк түсіп көше табанына құлады. Анжольрас бойын тіктеп, барлығын сенімді де қатал көзбен бір шолып өтті.
Сосын мәйітті аяғымен қозғап:
— Мынаны аулаққа лақтырып тастаңдар, — деді.
Үш адам әлі суып үлгермеген, ақтық тұяқ серпісін жасап, дірілдеп жатқан оңбағанды көтеріп апарып, кіші баррикаданың үстінен Мондетур көшесіне лақтырып жіберді.
Анжольрас ойланып тұрып қалды. Түнеріңкі айбар оның қаһарлы да сабырлы жүзіне теуіп шыға келді. Кенет ол сөз бастап кетті де, барлығы тына қалды.
— Азаматтар! — деді Анжольрас. — Әлгі адамның жасағаны жиіркенішті, ал менің жасағаным үрейлі. Ол кісі өлтірді, сол үшін оны мен өлтірдім. Мен осылай жасауға міндеттімін, өйткені көтерілістің өз тәртібі болуы керек. Мұнда кісі өлтіру — басқа қай жердегіден де үлкен қылмыс, революция бізге қарайды, біз Республикаға тәнті жандармыз, өз борышымыздың қасиетті құрбандарымыз, сондықтан күресіміздің беделін түсіріп, жала жабушыларға, қаралаушыларға жол бермеуге тиіспіз. Сол себепті мен бұл адамды соттап, өлім жазасына кестім. Соны істеуге мәжбүр болдым, бұл істен жиіркенсем де солай жасауға тура келді, ол үшін өзімді өзім айыптадым, ал қандай жазаға кесілгенімді ұзамай көресіңдер.
Тыңдап тұрғандар дір ете қалды.
— Сенің тағдырыңды біз бөлісеміз, — деп айқай салды Комбефер.
— Солай-ақ болсын, — деп үн қатты Анжольрас. — Тағы да бір сөз. Бұл адамды өлтіріп мен қажеттілікке бағындым, қажеттілік деген көне дүниенің бір әзірейілі, онда қажеттілік Жазмыш деп аталады. Прогрестің заңы бойынша Әзірейіл періштелердің алдында ғайып болса, Жазмыш Туысқандықтың алдында табанын жалтыратады. Қазір "махаббат" деген сөздің уақыты емес. Сонда да мен оны ауызға алып тұрмын, мен оны мадақтаймын. Махаббат! Болашақ сенде! Ажал! Мен саған жүгіндім, бірақ сені жек көремін. Азаматтар! Болашақта түнек қараңғылық та, кесапатты надандық та, күтпеген сілкіністер де, қанды кек қайтарулар да болмайды. Әбілет сайтан да, Михаил Архангел де болмайды. Болашақта ешкім ешкімді өлтірмейді, Жер-ана жайраңдап, адамзат сүйетін ғана болады. Азаматтар! Ол күн келеді, ол күн туады, сонда ол өзімен бірге келісім, жарасым, жарық сәуле, шаттық пен қуаныш және жарқын өмірді ала келеді, сөзсіз әкеледі. Сол тезірек келуі үшін, міне, біз өлімге де барамыз.
Анжольрас сап болды, оның бейкүнә пәк ауызы жабылды, мәрмәр мүсін сияқты міз бақпай қан төгілген жерде тұрды да қойды. Оның тұнып қалған жанары жұртты сыбырлай сөйлеуге мәжбүр етті.
Жан Прувер мен Комбефер үнсіз ғана бір-бірінің қолын қысты да, баррикаданың бұрышына бірі біріне сүйеніп, осынау бозбаланың, әрі жендет, әрі пірдің кристалдай жарқын, жартастай бекем сұсты жүзіне ұзақ қарады.
Осы арада айта кетейік, ұрыстан кейін өліктерді мәйітханаға апарып, қалталарын қарағанда, Кабюктен полиция агентінің кәртішкесі табылыпты. Осы кітаптың авторы 1848 жылы әлгі оқиға жөнінде 1832 жылы полиция перфектіне жолданған баянхатты қолына түсірді.
Бұған қоса айтарымыз, оғаштау, бірақ негізі бар полиция аңызына сенер болсақ, Кабюк дегенің анау-мынау емес, атышулы Сыңғыртеңгенің өзі көрінеді. Қайткенде де Кабюктің ажалынан кейін Сыңғыртеңге жайында ешкім ештеңе естіп білмеген. Ғайып болған Сыңғыртеңге ешбір із қалдырмаған, соған қарағанда, беймәлімдікке сіңіп кеткен. Оның өмірі күңгірт болып еді, ақыры түнек боп бітті.
Күллі көтерілісшілер жасағы тез тексеріліп, тез аяқталған қасіретті сот ісінің әсерінен әлі арыла алмай жатқанда Курфейрак ертеңгілік өзінен Мариусті сұраған орта бойлы жас жігітті баррикададан қайта көрді.
Түріне қарағанда өжет те алаңсыз бұл жас жігіт көтерілісшілерге қайта қосылу үшін түн болуын күтіп оралса керек.
ОН ҮШІНШІ КІТАП
МАРИУС ТҮНЕКТЕ ТЫҒЫЛЫП ЖҮР
Бірінші тарау
ПЛЮМЕ КӨШЕСІНЕН СЕН-ДЕНИГЕ ДЕЙІН
Мариусті Шанврери көшесіндегі баррикадаға шақырған іңірдегі дауыс оған қатерлі үн боп естілді. Оның өлгісі келді, оған жағдай да туды; ол қабірдің қақпасын қаққандай болды, қолына кілті де түсті. Түнекте ашылған жексұрын есік қашанда өкінішке ұрындырар әзәзілге толы болады. Мариус тортемірдің сымдарын ысырып, кіріп-шығып жүргенінде айтатындай: "Кеттік!" деді.
Қайғыдан есеңгіреп, нақты бір шешім қабылдауға шамасы жоқ, тағдыр сыйлаған екі ай жастық пен махаббаттың қызығынан кейін ештеңеге мойынсұнуға қабілетсіз ол өкініш қана көңілге ұялатар ең бір түнек ойлардың жетегінде бір-ақ нәрсені қалады, онысы — өмірмен қайткенде де қош айтысу.
Ол жедел басып келеді. Қазір қарулы — жанында Жавердің тапаншасы бар.
Шала-пұла көзі шалып қалған жас жігіт бір бұрылыста оған қарасын көрсетпей кетті.
Мариус Плюме көшесінен бульварға өтіп, үлкен алаң мен Мүгедектер көпірінен, Елисей алабы мен Людовик XV алаңынан асып, Риволи көшесінен бір-ақ шықты. Мұнда дүкендер ашық, арқалықтардың астында газ жанып тұр, әйелдер бірдеңелер сатып алып жүр, "Летер" дәмханасында — балмұздақ, ағылшын тәттілері дүңгіршегінде самса желінуде. "Пренс" және "Мерис" мейрамханаларынан шыққан бірнеше пошта арбасы лекітіп барады.
Делорм пассажы арқылы Мариус Сент-Оноре көшесіне шықты. Мұнда дүкендер жабық, сатушылар жартылай ашық есіктердің аузында бірдеңелерді әңгімелеп тұр, табан жолдармен жұрт ерсілі-қарсылы ағылып жатыр, фонарьларды жағып қойыпты, астыңғыдан жоғарғы қабаттардағы терезелердің бәрінде жарық әдеттегідей. Пале-Рояль алаңында атты әскерлер тұр.
Мариус Сент-Оноре көшесімен кетті. Пале-Рояль алаңынан алыстаған сайын жарық терезелер азая түсті, дүкендер түгел тарс жабылған, табалдырықтарда әңгімелесіп тұрған тірі жан жоқ, көше барынша қараңғыланып, тобыр барынша қалыңдап барады, шамасы әлгі ағылып жатқан жұрт соған келіп қосылса керек.
Арбр-Сэк субұрқағының жолында тырп етпей түнерген адамдардың тобы көзге түсті, бұл "жиын" кәдімгі толқынның ішіндегі тас сияқты.
Прувер көшесіне кірер тұстағы тобырда да қимыл жоқ. Олар топтасып, ақырын әңгімелесіп тұрған адамдардың арасындағы табанды да айбарлы, тығыз да мықты, мызғымас жартас тәрізді берік тобы. Бұл арада бешпенттер мен дөңгелек қалпақтар жоққа тән, қайда қарасаң да жұмысшы шапандары, кеудешелер мен күнқағарлар, жалбыраған шаштар мен түнерген жүздер. Түннің тұманында бұл жиынның бәрі көмескі қозғалады. Олардың қатқыл үнінде іште қайнаған құлшыныстың қырылы естіледі. Былайынша, ешкім қозғалмағандай көрінгенмен аяқтардың саз басқан шылпылы құлаққа келеді. Осы қалың қауымның ар жағындағы Руль, Прувер көшелерінде және Сент-Оноре көшесінің шетінде тіпті шырақ жылтыраған да бір терезе көрінбейді. Тек алыста жүгіріп бара жатып, көшенің қойнауына сіңген фонарьлар ғана жылтырайды. Ол кездегі фонарьлар жіпке байлаған үлкен қызыл жұлдызды еске түсіретін, оның көше табанына түскен көлеңкесі дәл бір өрмекші сияқты. Көшелер бос болмайтын, олардан ағаш қораптарға қаз-қатар тізілген мылтықтарды, қозғалып тұрған сүңгілерді, ақырып қалған әскерлерді байқауға болатын. Бірде-бір көлденең көк атты бұл шептен өте алмайды. Ол арада қозғалыс толық тоқтатылған. Тобыр сол арада тұйықталып, армия басталды.
Үміттен айырылған адамның табандылығымен Мариус тура соған ұмтылды. Оны шақырған соң қайткенмен бару керек. Ол қалың тобырды, аңырған жасақтарды көктей өтіп, қарауылдардың көзін алып, күзетшілерге жоламай тартты. Айналып жүріп Бетион көшесінен шығып, базарға бет түзеді. Бурдоне көшесінің бұрышында фонарь жоқ екен.
Тобыр аймағын жанай өтіп, әскерлер шегінен әрі шыққанда қорқынышты бірдеңелердің ортасына тап болғандай көрді өзін. Нe бір өткен-кеткен, не бір солдат, не бір жарық сәуле жоқ; елсіз-күнсіз, үн-түнсіз, түсініксіз бір түн, аңыраған суық. Мұндай көшеге түсу жерқоймаға түсумен бара-бар.
Ол ілгері жылжыды.
Міне, ол бірнеше қадам жасады. Біреу тап жанынан жүгіріп өтті. Бұл кім? Еркек пе? Әйел ме? Әлде олар бірнеше адам ба? Ол бұған жауап бере алмайтын еді. Өйткені көлеңке қараң етті де ғайып болды.
Айналма жолдармен ол Көзешілер көшесі екен деп бір бұрылысқа шықты да, көшенің ортасынан кедергіге тап болды. Ол қолын алға созды. Бөгеті төңкеріп тасталған арба екен, аяғының астынан қалай болса солай үйіліп, шашырап жатқан шой тастарды сезінді. Тастап кеткен баррикада шамасы осы арадан басталса керек. Шой тастар үйіндісін аттап өтіп ол бөгеттің екінші жағынан шықты. Оған баррикададан сол аулақта ағараңдаған бірдеңе көрінгендей болды. Ол жақындап келгенде әлгі ақ белгілі түрге айналды. Олар таңертең Боссюэ ұзын күймеден доғарып алған екі ақбоз ат екен. Күні бойы көшенің о шетінен бұ шетіне албаты ерсілі-қарсылы шапқылап, ақыры олар жануарларға тән топас төзімге кеп тоқтапты, құдірет елесіндегі адамдарда да осындай қимыл болады емес пе.
Мариус солардың қасынан өтті. Оған Қоғамдық шарт көшесі боп көрінген көшеге келгенінде әлдеқайдан мылтық гүрс ете түсіп, түнекті тіліп өткен оқ мұның төбесінен асып шаштараздың есігінде ілулі тұрған жез легенді тесіп өтті. 1846 жылдың өзінде сол жолы сақал алғанда пайдаланатын тесілген жез легенді базардың қатарларынан көруге болатын еді.
Мылтық даусы болса да өмір нышаны ғой. Қайтып ештеңе бола қойған жоқ.
Оның бүкіл жолы қара баспалдақпен төмен құлдырауға ұқсайды.
Мариус сонда да алға қарай жүрді.
Екінші тарау
ЖАПАЛАҚ КӨЗІМЕН ҚАРАҒАНДАҒЫ ПАРИЖ
Жарқанаттың немесе жапалақтың қанаты пешенесіне жазылған жан иесі болып сол күндері Париждің үстінде қалықтап жүрсе, көңіл құлазытар көріністердің үстінен түсер еді.
Сен-Дени мен Сен-Мартен көшелері айқыш-ұйқыш кесіп өтетін Орталық базардың ескі орамы қаланың ішіндегі қала болып, мыңдаған қысқа көшелердің түйісетін жерін көтерілісшілер өзінің бекініс тірегіне айналдырып еді, қазір ол әлгі қанатты болмыстың көзімен қарағанда Париждің қақ жүрегінен қазылған қап-қара орға ұқсайды. Бұл арада жанар шыңырау құзға сүңгиді. Сынған фонарьлар, жабылған терезелер бар жарықтың, бар өмірдің, бар у-шудың, бар қозғалыстың жоғалғанына айғақ сияқты. Бүліктің көзге көрінбейтін шолғыншысы барлық жерде болып, тәртіпті, яғни түнгі түнекті реттеп жүр. Аз адамның өзін қалың көпірдей ғып көрсетіп, қажет тәсілдердің бәрімен жауынгерлердің санын өсіру — көтеріліске керек тактика. Күн батар алдында шырақ жағылған әрбір терезе оқ атып сындырылды. Жарық сөнді, кейбір тұрғындардың жарығы жалпы өшті. Барлығының өліктей сілейіп тұрғаны содан. Үйлердің ішін үрей кеуледі, қайғы мен қасірет басты, ал көшелерде керемет қорқыныш. Үй қабаттары мен терезелердің ұзын қатарын, шатырлар мен мұржалар тістескен текшелерін, дымқыл, лай көше табандарын бозамықтандырып тұратын болмашы ақ дақтарды да ажырата алмайсың. Биіктен қадалған жанар, бәлкім, осынау іркілген түнекті, арасынан отқа ұқсап жылтыраған, құлаған құрылыстың арасында адасып жүрген бір сәулелерді шалып қалар, ол жарық оғаш бір құрылыстардың қиқы-жиқы желілері мен нобайын көзге ұрып тұрған баррикадалар. Қалғаны көңіл қобалжытар, құлазыған, тұманды түнек дариясы. Оның төбесінен төніп Сен-Жак мұнарасы мен Сен-Мерри шіркеуі және басқа бірнеше дәу ғимараттар тұр, оларды адам алып ретінде салса, түн елеске айналдырып жібереді.
Барлық жерде осынау қаңыраған, үрей туғызатын дуалдардың төңірегінде, Париж дүрбелеңі түбегейлі тынбаған, әредік шам жарығы көрініп қалатын орамдарға аспандағы бақылаушы зер салса, қылыштар мен сүңгілер жарқылдап, артиллерияның құлақ тұндырар гүрсілі естіліп, сәт сайын молыққан батальондардың қозғалғанын байқап, көтерілісшілерді айналып сығымдап қысып келе жатқан сұмдық белдеуді көрер еді.
Әскер жауып кеткен орамдар алапат үрейлі үңгірге айналды; ондағылардың бәрі ұйықтап тұрғандай міз бақпайды, біз көргендей өтуге мүмкіндік болған әрбір көше кісіні тек түнекпен ғана қарсы алады.
Қайда өтсең де қауіпті, қайда қалсаң да сұмдық тұзақ-торға толы, көзге көрінбес кәдікті қақтығыстарымен қатерлі кәдімгі қадымзамандық түнек; бас сұққандар өздерін күткендердің алдында, күткендер өздеріне жақындағандардың алдында қалшылдап, дірілдеп тұрған бір дүние. Әрбір бұрышта тосқауылда тұрған көзге түспес жауынгерлер, ажалмен аңдыған тұзақ — бәрі де сол түнек құшағында. Барлығы да ақыр соңы осында кеп сарқады. Мылтық атқандағы ұшқыннан басқа жарықтан, ажалмен кездейсоқ қысқа ғана танысудан басқа кездесуден ешбір үміт жоқ. Оның да қайда, қалай, қашан болатынын тірі пенде айтып бере алмайды. Ал ажалдың келетіні хақ және даусыз. Осы арада күрес үшін таңдап алынған, осы жерге үкімет пен көтеріліс, ұлттық ұлан мен халық, буржуазия мен бүлікшілер қарманып, қоян-қолтық айқасу үшін жиналды. Бұл екі жаққа да бірдей қажет болды. Қазір бұдан шығар жалғыз-ақ жол — не жеңіп шығу, не қабірге түсу. Жағдайдың күрделілігі, түнектің серпілмейтіндігі сондай, ең момындар тәуекелге бел буып, ең батылдар үрейленуге айналды.
Айтқандай, екі жақ та қасарысу мен долылықтан, белді бекем байлаудан бір-біріне беріспейтін еді. Біреулер үшін алға басу — ажал құшу, сондықтан ешкімнің шегінгісі жоқ, басқалар үшін қалу да ажал, бірақ қашуды ешкім және ойлаған жоқ.
Қажеттілік екі жақтың бірі жеңуін талап етті немесе көтеріліс жағы басым түсіп, революцияға ұласуы тиіс, болмаса сәті түспеген алкеттім адуын әрекет қана боп қалуы керек. Үкімет те мұны көтерілісшілер сияқты түсінді; сорлы буржуа да солай сезініп отыр. Барлығы шешілуге тиіс бұл қотандағы көзсіз қараңғылық пен үдей түскен азапты беймазалықтың, апатпен аяқталғалы тұрған осы тым-тырыс үнсіздіктің төңірегіндегі үдере түскен үрейдің түп-төркіні, міне, осында жатыр. Мұнда жүректі пәршалайтын бір ғана үн, қарғыстай қорқытып қырылдаған дауыс Сен-Маридің дабылы болды. Қараңғыда зар қаққан абдыраған өкініштің қоңырау тіліне түскен осы күмбірінен асар жүректі мұздататын үнді елестетудің өзі қиын.
Әдетте жиі ұшырасатыны сияқты, жұрттың қарекет жасауға әзірленуін табиғаттың өзі қолдап, келісім беретіндей. Тұтастың зарлы жарасымын ештеңе бұзған емес. Жұлдыздар жойылып, қорғасын бұлттар күллі көкжиекті қатпар-қатпар бүркеп тастады. Алып моланың үстіне ұстаған алып ақиреттей өлі көшелердің төбесінен төнді де тұрды.
Әзір айқас, тұтасымен әлі саяси айқас талай революциялық оқиғаларды көрген кәнігі жерде әзірленіп жатқанда, әзір жастар, астыртын қоғамдар мен мектептер ұстаным үшін, ал орта тап бас пайдасы үшін белді бекем байлап, бір-біріне жақындап, бір-бірімен қақтығысып, бірін-бірі күл-парша еткісі кеп жатқанда, әзір бірін-бірі асықтырып, ақтық шешуші сәтке шақырып жатқанда — алыстан, қатерлі орамнан тыс, баяғы сол аласталған қарт Париждің, молшылықтан қызара бөрткен бақытты Париждің тасасында қалған ұлы қаланың түпсіз түкпірінен халықтың ызбарлы үнінің ащы қиқуы естілді.
Әулиені де үрейлендіріп, аңның ырылы мен тәңірдің тілінен тұратын, әлжуаздарды шошытып, данышпандарды сақтандыратын, төменнен арыстанның гүріліндей, жоғарыдан күннің күркіріндей боп естілетін айбарлы үн бұл.
Үшінші тарау
АҚЫРҒЫ ШЕП
Мариус Орталық базарға жетті. Мұндағы үнсіздік төтен, көрші көшелерге қарағанда мүлдем қапас һәм қимылсыз. Табыттың мұзға айналған тыныштығы жер астынан шығып, аспан аясына жайылған сынды.
Алайда бәзбір қызғылт рауан осы қарауытқан аспанда Шанврери көшесін Сент-Эсташ шіркеуі жағынан қоршаған үйлердің биік шатырларын айшықтап тұр. Ол "Коринф" баррикадасында жанған алаудың жарқылы болатын. Мариус сол шапаққа қарай қозғалды. Ол оны Қызылша базарына алып келді де, Мариус Уағызшылар көшесінің түнерген сағасын ажыратты. Ол соған кірді. Басқа шетте қарауылдап жүрген күзетшілер оны байқамады. Іздегенінің таяу екенін сезген ол жеңіл басып, абайлап жүре берді. Солай Мондетур көшесінің шұғыл бұрылысына да жетті, оқырманның есінде болса, бұл үзік сыртқы әлеммен байланыстың Анжольрас сақтап қалған жалғыз жолы болатын. Соңғы үйдің сол жақ бұрышынан сығалап, Мариус Мондетур үзігін шолып шықты.
Өзі жасырынған Шанврери көшесі мен қиылыстағы бұрыштан сол әрірек көлеңке түскен көше табанына шашыраған бозғылт сәуледен ол ләйліхананы әрең ажыратты, оның ар жағында ұсқынсыз қабырғаға ілінген майшам құтысының маңында мылтықтарына сүйенген кісілер тұр. Осының бәрі одан он шақты туаз ғана жерде. Ол баррикаданың ішкі бөлігі екен.
Көшені сол жағынан көмкерген үйлер одан ләйліхананың қалған бөлігін және үлкен баррикада мен туды көлегейлеп тұрды.
Мариуске тек бір қадам жасау ғана қалды.
Бақытсыз бозбала тұғыртасқа қолын айқастыра отырып өз әкесі туралы ойлады.
Ол қаһарман полковник Понмерси туралы, Республика тұсында Францияның шекарасын күзеткен, императордың тұсында Азияның шекарасына дейін жеткен, Генуя, Александрия, Милан, Турин, Мадрид, Вена, Дрезден, Берлин, Мәскеуді көрген, Еуропаның шайқас далаларында, Мариустің тамырларында бұлқынып жатқандай, қанын төккен, сөйтіп шашы ерте ағарып, тәртіпке өзін де, өзгелерді де бағындырған, аспа белдікті, шашағы желбіреп кеудеге түскен эполетті мундир киіп, басынан оқ-дәріден қарайып кеткен кокардасын тастамай, маңдайын қысып із қалдырған каскасын шешпей, дала барақтары мен лагерьлерде, бивуактар мен госпитальдарда өмірін өткізген, жиырма жыл ұлы соғыстардан кейін бетіндегі тыртығымен елге оралып, жымиып қана тұратын қарапайым, сабырлы, ақжарқын әрі сәбидей пәк жан, Франция үшін бәрін жасап, оған қарсы ештеңе істемеген ержүрек, өжет солдат туралы ойлады.
Мариус өзіне-өзі енді менің күнім туды, ақыры сын сағатым соқты, әкемнің өнегесімен ештеңеден қорқып, үрікпейтін жаужүрек, өжет болып, оққа да, отқа да қарсы шауып, кеудемді сүңгіге қарсы төсеп, қанымды төгіп, жау іздеп, ажал іздеп айқас алаңына шығып ұрыс салуым керек деді, ал шайқас алаңы мынау көше емес пе, ал мынау соғыс азамат соғысы емес пе.
Ол көз алдында өршіген азамат соғысын көрді, шыңырау құз сияқты осы тұңғиыққа қойып кету керек пе?!
Осыны ойлағанда ол дір ете қалды.
Атасы ескі-құсқы жинаушыға сатып жіберген әкесінің семсерін есіне алып, іші удай ашыды. Бәлкім даңқына дақ түсірмеген семсер қазымыр шалдың қолынан сусып кетіп, түнекте бой тасалап дұрыс жасаған шығар деп ойлады, демек көк құрыштың да ақылы болғаны, болашақты көре білгені секілді, демек ол бүлікті, лас су ағатын арналардағы, көшелердегі соғысты, жерқоймалар желдеткішінен жүргізілетін атысты, арқадан ұрып, арқадан алатын соққыны алдын-ала сезген; сондықтан Маренго мен Фридланд далаларынан оралған семсердің Шенврери көшесіне барғысы келмеді, әкесімен бірге жасаған ерліктен кейін баласы басқадай ерлік жасауды қаламады. Ол өзіне өзі тағы да былай деді: егер мен семсерді өлген әкемнің бас жағынан алып, француздардың түнгі шайқасына алып келсем, мынау көше қиылысында ол қолымды күйдіріп, архангелдің қолындағы қылышындай алаулар еді ғой. Оның көзден ғайып болғаны қандай бақыт! Қандай жақсы, қандай әділетті десейші бұл! Атасы әкесінің даңқын сақтап қалғаны да бір бақыт; полковниктің семсеріне атамекеннің омырауын қанмен жуғаннан ескі-құсқы жинаушыға сатылып, темір сынықтарына қосылып жатқаны көш артық.
Мариус қыстығып жылап жіберді.
Мұның бәрі сұмдық болды. Ал енді не істеу керек? Козеттасыз ол өмір сүре алмайды. Ол кетіп қалғаннан кейінгі қалғаны өлу ғана. Бұл оған өлемін деп ант та берді емес пе. Қыз бұл туралы біле тұрып кетті, демек ол мұның өлгенін қалайды. Оның мұны қайтып сүймейтіні белгілі болды, әйтпесе айтпай, ескертпей кетер ме еді, мекен-жайын біле тұрып хат та жазбас па еді! Енді не үшін, несіне өмір сүру керек? Бірақ мұнда келе тұрып кері шегінгені қалай болады! Қауіп-қатерге таяп келіп, қашып кету қалай? Қорқыныштан қалтырап, өзі туралы: "Маған осы да жетіп жатыр, көрдім — болды, бұл нағыз азамат соғысы!" деп ойлап, тайып тұрса не болғаны. Мұны қажетсініп, күтіп отырған достарын тастап кетпек керек пе! Ат төбеліндей аз адам тұтас армияға қарсы шығып отырған жоқ па? Солардың бәріне бірден опасыздық жасап, махаббатты, достықты, берген сөзді сатып кету керек пе! Өз қорқақтығыңды елжандылықпен ақтауға болар ма екен! Егер әкемнің елесі түнекті қақ жарып осы арадан шыға келсе, ұлының кері шегінгенін көріп, семсердің қырымен тартып-тартып жіберіп: "өшір қараңды, сужүрек" деп айқай салары анық-ау.
Қарама-қарсы пікірлермен дал болған Мариустің басы салбырап түсіп кетті.
Алайда ол басын кенет көтеріп алды. Оның ақыл-ойында салтанатты бір сәуле жарқ еткендей болды. Моланың жақындығы ой көкжиегін кеңейтеді, ажалмен бетпе-бет келгенде көз алдыңнан ақиқат ашылады. Ол өзін кірісуге сақадай саймын деп сезінген күрес енді оған күйкі емес, асқақ та айбарлы көрінді. Жүректің жан түсінбейтін ескі бір қарекетінің арқасында көше соғысы оның ой жанары алдында өзгеріп сала берді. Толғаныс тұсында қаумалаған күрмеуі қиын мәселелер оған бейберекет тобыр боп қайта оралғанымен, оны қысылтқан да жоқ. Оның әрқайсына қайтарар жауабы әзір-тін.
Ойға сап көрелікші: әкесі не үшін шамдануы керек? Көтерілістің де өтелмек борыш сияқты парасаттылықпен, ізгі ниетпен тыныстайтын жағдайы болмай ма? Полковник Понмерсидің ұлы үшін басталған шайқас қандай дәрежеде қорлық боп табылуға тиіс? Бұл Монмирайль да, Шампобер де емес, бұл мүлдем басқа нәрсе. Күрес Отанның қасиетті жері үшін емес, қасиетті идея үшін өрістемек. Отан қапаланса қапалансын, оның есесіне адамзат көтерілісті қошеметтеп, қолдау көрсетеді. Айтпақшы, Отан шынымен-ақ қайғы жұтып, қапалана ма? Франция қан-жоса болады, бірақ бостандық қуанады, ал бостандық салтанат құрса, Францияның жарасы жазылады, ұмыт болады. Сосын мәселеге ауқымдырақ қарасақ, азамат соғысы туралы не айтуға болады?
Азамат соғысы! Бұл нені білдіреді? Жалпы, жатжерліктермен соғыс деген бар ма, өзі? Адамдар арасындағы кез келген соғыс туысқандар арасындағы соғыс емес пе? Соғыс өзінің мақсатымен айқындалады. Жатжерліктермен соғыс, азаматтық соғыс дегендер атымен жоқ, тек әділетті соғыс, әділетсіз соғыс қана бар. Жалпы адамзаттың ұлы келісімге қол жеткен күнге дейін асығып келе жатқан болашақтың малманаяқ өткенге қарсы бұрқ еткен қарсылығын білдіретін соғыс, бәлкім, керек болар? Мұндай соғысты не үшін кінәлау керек? Соғыс ұят шаруа бола-ақ қойсын, ал семсер құқыққа, прогреске, ақыл-ойға, өркениетке, ақиқатқа қарсы өлтіре соққы берер болса ғана жендеттің қолындағы қанжарға айналады. Мұндай жағдайда соғыс мейлі жатжерліктерге қарсы болсын, мейлі азаматтық болсын — бәрібір, әділетсіз, оның аты — қылмыс. Әділеттің қасиетті шарты тұрғысынан соғыстың бір түрінің екіншісін жек көруіне қандай хақысы бар? Вашингтонның семсері Камилл-Демуленнің қанжарын күстаналағанда қандай құқыққа арқа сүйейді? Леонид — жатжерлік, Тимолеон тиранға қарсы — олардың қайсы ұлығырақ? Біреуі — қорғаушы, екіншісі — азат етуші. Мақсат-мүддесін білмей тұрып, мемлекет ішіндегі қарулы баскөтерудің барлығын бірдей масқаралап, лағнет айтуға бола ма? Ондай жағдайда абыройсыздықтың қара таңбасын Брут, Марсель, Арну де Бланкенгейм, Колиньиге де бас. Партизан соғысы дей ме? Көше соғысы дей ме? Ал, бұлардың атауында тұрған не бар? Амбриорикстің, Артевелденің, Марникстің, Пелагийдің соғысы сондай емес пе. Алайда Амбриорикс — Римге, Артевелде — Францияға, Марникс — Испанияға, Пелагий маврларға қарсы соғысты, барлығы сыртқы дұшпандармен шайқасты. Ендеше, монархия дегеніміз сыртқы дұшпан, қанау дегеніміз — сыртқы дұшпан, "қасиетті құқық" дегеніміз — сыртқы дұшпан. Деспотизм моральдық шекараны бұзады, ол да жағрафиялық шекараны бұзып басып кірген жау сияқты. Тиранды немесе ағылшындарды қуу екі жағдайдың екеуінде де аумақты тазарту болып шығады. Қарсы болу аздық ететін де шақ туады; пәлсапаның ізімен іс-қимыл жүруі керек, идея белгілегенді жанды күш тәмамдайды. Бұғаудағы Прометей бастайды, Аристогитон аяқтайды. Энциклопедия жаныңды ағартады, 10 тамыз оны жалындатады. Эсхилден кейін — Фразибул; Дидродан кейін — Дантон. Халық басшысын табуға тырысады. Бұқараның ішінде ол өзіне деген алакөздіктен арылады. Тобырды топтастыру оңай. Жұртты қозғау, қимылдату керек, ең басты игілігі — бостандық жолында дамыл-тыным бермеген жөн, олардың көзін шындықпен шұқып, қаһарлы жарықты бар шапағатымен түсіру керек. Өзін азат ету идеясымен олардың өз көзін қарықтырып, көз шағылтар сол жарықпен оятқан ләзім оларды. Дабыл мен айқастың қажеттігі де осыдан келіп шығады. Ұлы жауынгерлерді көтеріп, халықтың арман-қиялын ояту және бақытсыз адамзатты дүр сілкіндіру керек, олардың төбесінде қасиетті құқық түнегінің, цезарьшылар даңқының, тұрпайы күштердің, көрсоқыр фанатизмнің, жауапсыз билік пен патшалық айбардың от ойнатқаны жеті түннің, көзсіз салтанаттың бар ғажабымен таңырқаған аузын ашып, көзін жұма беретін топас тобырды сілкінтпей, сілікпей болмайды. Тиран жойылсын! Қалай, кім жайында айтып тұрсыз дейсіз бе? Сіз Луи-Филипп тиран деп ойлайсыз ба дейсіз ғой? Иә, ол да Людовик XVI тәрізді тиран. Олардың екеуі де әдетте тарих "жақсы король" санайтындар қатарынан; бірақ принцип бөлшектенбейді, ақиқат логикасы тура жолдан таймайды, ал ақиқаттың қасиеті — кешірімшіл болмау; демек, ешкімге ағайыншылық жасалмайды, адам құқығын бұзудың кез келген көрінісі серпіп тасталуға тиіс; Людовик XVI "қасиетті құқықтың" ту ұстаушысы, Луи-Филипп те сондай, өйткені ол Бурбон, екеуі де белгілі дәрежеде құқықты тартып алушы, жалпы әлемге кең жайылған құқықты басып алып бір уыста ұстауды болдырмас үшін олармен кескілесе шайқасу шарт, солай жасаған дұрыс, өйткені қашанда бәрін Франция бастаған ғой. Францияда әмірші тақтан тайдырылса, барлық елдің билеушілері құлатыла бастайды. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік әділдікті қайта орнықтырып, оның тағын бостандыққа қайтару, халықты халыққа оралту, жоғары билікті адамның қолына беру қажет, Францияның басына қызыл тәжін кигізіп, ақыл-ой мен әділетті бар болмысымен қалпына келтіріп, әркімнің өз тізгінін өзіне ұстатып, дұшпандықтың кез келген ұрығын таптап, король өкіметі жалпыға бірдей ұлы келісімге кесе-көлденең қоятын кедергілерді жойып, адамзатты өз құқығымен бірдей деңгейге көтеру қажет — демек, қандай іс барынша дұрыс болса, тиісінше сондай соғыс ұлық болады. Ондай соғыстар әлемді жаратады. Ескішілдіктің, артықшылықтың, соқыр сенімнің, жалғандықтың, парақорлықтың, қызмет бабын пайдаланудың, зорлық-зомбылықтың, әділетсіздік пен қараңғылықтың зәулім қамалы өшпенділік мұнарасымен әлемнің үстінде әлі де асқақтап тұр. Соны құлату қажет. Сол бір жан түршігерлік алапат жартасты талқандау шарт. Аустерлиц түбінде жеңу — ұлы ерлік, Бастилияны алу одан ұлы ерлік.
Өз тәжірибесі бойынша бар жерге бірдей білек түріп еніп кететін ғажайып жанның ең бір шетін жағдайдың өзінде салқынқандылық танытып, сындарлы толғайтын сарабдал қасиеті барын білмейтін адам жоқ, кейде махаббаттың жұбанышы жоқ қайғысы, телегей теңіз өкініш кісіні ең бір азапты, ең бір қапалы толғаныстарында кейбір қағидаларды талқылатып, жоққа шығартуға талпынтатыны бар. Сезім дауылына ой қисыны келіп араласады, ойдың күйзелісті өлермендігінде тұжырым жібі үзілмей ширатылады да отырады. Мариус те сондай жағдайда еді.
Осындай ойларға бой алдырып дымы құрыған, кейде бекем, кейде сырғақ, бел буған шаруасы алдында тайсақтап та қалатын Мариус бұлдыраған жанарымен баррикаданың ішкі бөлігін шолып өтті. Ана жерде күзет орнынан кетпеген адамдар сыбырласып сөйлесіп тұр, олардың үнінен алдамшы сабырлылық байқалады, соңғы сөздерінен бірдеңені тағатсыздана күткен сыңай танылады. Олардың жоғары жағында үшінші қабаттың шатырдағы терезесінен салбырап тұрған әлде көрермен, әлде бақылаушы біреуді Мариустің көзі шалды. Ол Кабюк атып өлтірген қақпашы еді. Алаудың үйілген тастардың арасынан шыққан жарқылымен төменнен оның басын әрең көруге болатын еді. Бұдан оғаш көріністі көз алдыңа келтіру мүмкін емес шығар, лапылдаған жексұрын жалын қасақана жарық түсіріп тұрғандай, әуесқойлықпен еңкейіп көшені шолғысы келгендей салбырап тұрған адамның құп-қу, қимылсыз, таңданған кейіптегі жүзі, тікірейіп кеткен ақ шашы, жұмылмай әйнектеніп кеткен көзі, ашылып қалған аузы тұла бойды түршіктіреді. Өлген адам өлетін кісіге қарап қалады деп ойлауға да болатындай. Терезеден жылғаланып қып-қызыл жолақ жасап аққан қан екінші қабатқа жетіп үзіліпті.
ОН ТӨРТІНШІ КІТАП
ТОРЫҒУДЫҢ АЙБЫНЫ
Бірінші тарау
ТУ. БІРІНШІ ҚИМЫЛ
Әзір ешкім төбе көрсеткен жоқ. Сен-Мерри сағат онды соқты. Анжольрас пен Комбефер үлкен баррикададан қалдырылған өткел жолда карабиндерін қолда берік ұстап отыр. Олар алыстан қатты шыққан болса да аяқ дүсірін аңдағалы үн-түнсіз тың тыңдайды.
Кенет мынау тылсым тыныштықта біреудің ашық, жас, көңілді үні естілді, шамасы ол Сен-Дени көшесі жағынан шыққан тәрізді: ежелгі халық әні "Ай жарықтаның" әуенімен шарықтап келе жатқан өлең шумақтары қораздың айқайымен аяқтала ма, қалай:
Ояумысың, досым Бюго?
Көзім жастан кетті ісіп.
Жандармды жіберші үйге,
Көңіл сәл-пәл теткісін.
Үстімде көк шинелім,
Биік бөрік баста жоқ.
Оқтай зулап келемін,
Кукере-көк, кукере-көк!
Олар бір-бірінің қолын қысты.
— Бұл Гаврош қой, — деді Анжольрас.
— Ол бізді сақтандырып келеді, — деді Комбефер.
Зымыраған жүгіріс қаңыраған бос көшенің тыныштығын бұзды, сайқымазақтан да жылпың қимылмен ұзын күйменің арасынан асып түсіп алқынған Гаврош баррикададан жерге қарғып:
— Менің мылтығым қайда? Олар келе жатыр! — деп дауыстады.
Бүкіл баррикада бойымен электр тоғы жүріп өткендей болды, сыртыл естілді, бұл мылтықтарын сипалаған қолдардың қимылы.
— Менің карабинімді ұстағың келе ме? — деп сұрады Анжольрас.
— Үлкенірек мылтық алғым келеді, — деп жауап берген Гаврош Жавердің мылтығын ұстады.
Екі қарауыл күзет орнын тастап баррикадаға Гаврошпен бір мезгілде оралды.
Біреуі көшенің аяғында күзетте тұрғаны да, екіншісі Кіші қаңғыбастың қарауылы. Уағызшылар көлденең көшесінің күзетшісі өз орнында қалыпты, шамасы көпір мен базар жағынан ешкім көрінбесе керек.
Шанврери көшесінің ашық тұсы туға түскен жарықтан қарауытып, көше табанында жатқан малта тастардан басқа ештеңе болмаса да көтерілісшілерге тұманда сол ғана үңірейіп тұрған қара қақпа болып көрініпті.
Әркім өзінің жауынгерлік орнын алды.
Арасында Анжольрас, Комбефер, Курфейрак, Боссюэ, Жоли, Баорель және Гаврош бар қырық үш көтерілісші үлкен баррикаданың ішінде тізерлеп тұрды, бастары қыр арқаның деңгейімен бірдей, қолдарындағы мылтықтары мен карабиндерін көше табанына кезеп, демдерін ішінен алып, үнсіз абайлап, оқ жаудырғалы әзір отыр бәрі. Алты көтерілісші мылтықтарын нысанада ұстап "Коринфтің" екі қабатында отыр.
Тағы да аз-мұз уақыт өткенде Сен-Ле жақтан салмақты, біркелкі аяқ алыс айқын естілді. Бұл тырпыл әуелі баяу, әлсіз, сосын салмақтанып, ауырлай түсіп, тоқтамай, барған сайын үдеп, қаһарлы бір сабырмен жақындай түсті. Осы қою шудан басқа ештеңе естілген жоқ. Бұл әрі үнсіздік, әрі Командордың қозғалып келе жатқан мүсінінің гуілі еді, осынау тастай ауыр адым тобыр жөніндегі, сонымен бірге ел жөніндегі зор да мол ұғымды ілестіріп келе жатқан сынды. Бұл қадам Легион атанатын үрейлі мүсіннің адымы деуге де болады. Адымдар жақындап келеді, жақындап келіп тоқтады. Зайыры, көшенің шетінен қарақұрым жиналған жұрттың тынысы жеткендей болды. Алайда ол жақтан ештеңені байқап болмайды, тек қою қараңғылықтың тереңінде жіңішке металл жіптер мен инелер сияқты көзге әрең түсетін түнгі фосфор сәулесінің шашырандысындай бірдеңелер жылтырайды, бұл қалғып отырып көзді ашқанда бұлдырап көрінетін жарықтың сынығы сияқты. Шын мәнінде олар алыстағы алаудың жарқылымен әлсіз шағылған мылтықтар мен сүңгілер еді.
Екі жақ та нақты бір нәрсені күткендей тағы да үнсіз қалды. Аяқ астынан біреудің ерекше зілді, жексұрын үні түнектің түкпірінен шаңқ етті, бейне зұлматтың өзі тіл қатқандай болды:
— Келе жатқан қайсың? — деп айқай салды ол.
Сол сәт түсірілген мылтықтардың сыртылы естілді.
— Француз революциясы! — деп толқи тұрып асқақ жауап қатты Анжольрас.
— Атыңдар! — деп бұйрық берді әлгі дауыс.
Жасынның жарқылы алқызыл жарығымен бүкіл үйлердің алдыңғы бетін жап-жарық қып жіберіп, қызарып жанып тұрған пештің қақпағын ашып, қайта жапқандай сөне қалды.
Зәрені алар гүрсіл баррикаданың үстін жайпап өтті. Қызыл ту құлап түсті. Дүркірете бір дүркін атудың өзі сондай сұрапыл әрі қаһарлы болды, жолындағының бәрін жайпап, ағаштардың өзін қырқып түсті. Үйлердің темір карниздеріне тиген оқ кері ытқып, баррикаданың ішіне түсіп, бірнеше адамды жаралап кетті. Осы алғашқы бір дүркін атыстың өзі сұмдық әсер етті. Шабуыл тым қатал болып, ең өжеттердің өзін ойлануға мәжбүр етті. Көтерілісшілердің ең кемі тұтас бір полкпен айқасуына тура келгені айқын болды.
— Жолдастар! — деп айқайлады Курфейрак, — Оқ-дәріні босқа шығындамайық. Олар жылжығанша тоса тұрайық.
— Және алдымен туды қайта көтерейік! — деді оны қостаған Анжольрас.
Тура аяғының астына түскен туды ол жинап алды.
Баррикаданың ар жағында сүңгілердің тықылы естілді, бұл жасақ мылтықтарын қайта оқтап жатыр деген сөз.
— Сіздердің араларыңызда қайсыңыздың өжеттігіңіз жетеді? — деді Анжольрас. — Баррикаданың үстіне қайсың ту тігесің?
Ешкім жауап қатқан жоқ. Нысанаға қайта алынғанда баррикаданың төбесіне шығу жайдан-жай өлу деген сөз ғой. Ең жаужүрек адамға да өзін өзі өлім жазасына кесу оңай емес. Тіпті Анжольрастың өзі де түршігіп кетті де, сұрағын қайталады:
— Ешкім бел байламай ма?
Екінші тарау
ТУ. ЕКІНШІ ҚИМЫЛ
Көтерілісшілер "Коринфке" жетіп, баррикада жасай бастағаннан бері ешкім Мабефке көңіл аударған жоқ. Алайда Мабеф жасақты тастап кетпеді. Бірінші қабатқа кірді де үлдірік үстелдің сыртында отырды да қойды. Ол ештеңеге қарамайтын, ештеңе де ойламайтын сияқты. Курфейрак және басқалар оған бірнеше мәрте келіп, қауіп туралы ескертіп, кетіп қалғаныңыз жөн деген екен, ол тегінде естімеді ме екен, міз бақпай отыра беріпті. Сосын тынышына қалдырғанда ол өзіне өзі бірдеңе айтқандай, болмаса біреумен әңгімелескендей сыңай танытты, ал онымен сөйлесе бастаса-ақ ернін жымқырып ала қоятын көрінеді. Баррикадаға шабуыл жасалғанда ол бұрын бірде-бір рет өзгертпеген қалпын өзгертті. Оның жұмылған жұдырықтары екі тізесіне түсіп, басы тұқырып, терең бір құзға қарағандай түнеріп отырды да қалды. Оны осы қалпынан ештеңе де қозғалта алмайтын секілді, ойы баррикададан шалғай бір жақты шарлап кеткендей. Әркім өзінің жауынгерлік орнына кеткенде, төменгі қабатта діңгекке таңылған Жавер мен жалаң қылыш ұстап, оны күзеткен көтерілісшіден және Мабефтен басқа ешкім қалмады. Шабуыл басталып, дүркіреп оқ атылғанда ауаның қақ айырылып теңселгенін сезіп, ұйқыдан шошып оянғандай орнынан атып тұрып, зал арқылы есікке беттегенде "Ешкім бел байламай ма?" деген Анжольрастың дауысын естіп, табалдырыққа келген еді.
Оның шығуы көтерілісшілерді қатты толқытты. Әр тараптан айғай естілді:
— Мынау корольді жазалап өлтіру жөнінде дауыс бергеннің нақ өзі ғой. Конвент мүшесі! Халықтың өкілі!
Бәлкім, Мабеф оны естімеген де шығар.
Ол тура Анжольрасқа бет түзеді, көтерілісшілер қақ жарылып ортасынан үрейлене жол ашты; қария келді де Анжольрастың қолынан туды жұлып алды, жігіт кібіртіктеп қатты да қалды; сосын сексен жастағы шал басы қалтылдап, нық қадаммен малта тастан қаланған басқыш арқылы баррикадаға көтеріле бастады, ешкім оны тоқтатуға да, не көмек қолын ұсынуға да батпады. Мұның өзі сондай азалы, сондай айбарлы қарекет болды, төңірегіндегілер түгел айқайлап:
— Бөріктілер жойылсын! — деп жатты.
Мұның өзі сұмдық көрініс болды. Баспалдақтың әрбір сатысы сайын осынау ақ шаш шалдың әжімді жүзі, қасқайған үлкен басы, уақыттың талай сызығы тартылған кең маңдайы, ішке қарай сұғынған шүңірек көзі, таңданыстан ашылған аузы, арсаланған қолы, қызыл жалауды босатпай, түнектен шығып, алаудың қан түстес қызыл жарығына шағылып асқақтап бара жатты. Былайынша, Тоқсан үшінші жылдың елесі қолына лаңкестің туын ұстап, жер астынан шыққан тәрізді.
Ең жоғарғы сатыға жетіп, қираған дүниенің қыр арқасына осы бір қалтыраған қаһарлы елес шығып, кезелген мың екі жүз мылтыққа қарсы алдында өлімнен еш сескенбей бойын көтергенде, ажалдың өзінен де айбарлы көрініп, табиғаттан тыс қол жетпейтін керемет бір тұлғаға айналды.
Төңірек түгел ішін тартып, ғажайып көргендей сілтідей тынды.
Қария қызыл туды бұлғап, айқай салды:
— Жасасын Революция! Жасасын Республика! Туысқандық! Теңдік! Және ажал!
Қоршаудағылардың құлағына дұғасын шапшаң аяқтауға асыққан дін иесінің жаңылтпаштай тез айтылған күбірі келді. Зайыры бұл көшенің екінші шетінен "тараңдар" деп заң атымен бұйрық беріп жатқан полиция қадиының даусы болуға тиіс.
Сосын "Келе жатқан қайсың?" деп айқайлаған қатты дауыс тағы да ышқына шықты:
— Тараңдар!
Мабеф өліктей боп-боз, мүжіліп, мұқалып біткен, көзінен ессіз ұшқын ата тұрып, туды басынан асыра көтеріп тағы да:
— Жасасын Республика! — деп айқай салды.
— Атыңдар! — деп бұйрық берді әлгі дауыс.
Екінші дүркін атыс екпіні дауылдай боп баррикадаға картечь оқтарын нөсердей жаудырды.
Қарияның тізесі дір етіп бүгіле берді де, сосын еңсесін қайта тіктеді, қолынан туы түсіп кетті, сонда барып тақтайдай жалп етіп көше табанына құлады, бар бойымен көсіліп, қолын жайған қалпы сұлық жатты.
Астынан жылғаланып қан ағып жатыр. Аппақ қудай, қайғылы қарт жүзі аспанға қарап қалған.
Адамның өзіне де бағынбай, тіпті қауіп-катерді де ұмыттырып жіберетін бір сезім көтерілісшілерді алды да, құрмет тұтар үреймен мәйітке жақындады.
— Патша өлтірушілер қандай адам, шіркін! — деп дауыстады Анжольрас.
Курфейрак оның құлағына сыбырлап:
— Өзіңе ғана айтайын, — деді ол. — Мен таңданыстарыңды пәс тартқызғалы тұрғаным жоқ. Алайда ол патша өлтіруші емес. Онымен таныспын. Аты — Мабеф әкей. Бүгін бұған не болғанын білмеймін, жарымес шал шынында да нағыз өжет болып шықты. Тек қана бетіне қарашы сен оның.
— Басы жарыместікі, ал жүрегі Бруттікі, — деді Анжольрас, сосын даусын саңқылдатып:
— Азаматтар! — деді. — Шалдар жастарға өнеге көрсетіп жатыр. Біз тайсақтап едік, ол тәуекелге бел буды. Біз қатердің алдында кері шегініп едік, ал ол қарсы барды. Қарттықтан тәлтіректеп жүргендердің қатерден тәлтіректейтіндерге қандай тәлім бергенін, міне, көрдіңдер ғой. Осынау қария отан алдындағы айбарлығымен ұлы. Ал енді үйге апарып бұл жарықтықтың бетін жабайық. Біздің әрқайсымыз өз әкемізді қорғағандай осы бір марқұм шалды қорғайық. Оның аруағының арамызда болуының өзі баррикадамызды мызғымас берік әрі жеңілмейтіндей етеді.
Осы сөздерден кейін келісім білдірген батыл үндердің гуілі айналаны кернеді де кетті.
Анжольрас еңкейіп шалдың басын сәл көтеріп, қаталдығынан бір жазбай, оның маңдайынан сүйді, сосын артқа бұрылып, ауыртып алмайын дегендей абайлап, оның бешпентін шешіп алды да қан қатқан тесіктерін барлығына көрсетіп, былай деді:
— Қазірден бастап біздің туымыз, міне, осы.
Үшінші тарау
ГАВРОШ АНЖОЛЬРАСТЫҢ КАРАБИНІН АЛУҒА КЕЛІСКЕНДЕ ЖАҚСЫ БОЛАТЫН ЕДІ
Мабеф атайды Гюшлу жесірінің ұзын қара жүн шәлісімен жапты. Алты адам өз мылтықтарынан зембіл жасап, оған марқұмның мәйітін салып, бас киімдерін алып, салтанатты баяулықпен апарып төменгі залға кіргізіп үстелдің үстіне қойды.
Бүл кісілер бастан-аяқ маңызды да қасиетті істеріне қалтқысыз беріліп, төніп тұрған қауіпті тіпті ойлауды қойды.
Мәйітті бұрынғысынша міз бақпай тұрған Жавердің қасынан алып өткенде Анжольрас:
— Ұзамай сені де! — деді.
Осы кезде өз орнын тастамай жалғыз қалған Гаврошқа бәзбір адамдар баррикадаға тығылып келе жатқандай көрінді. Ол замат:
— Сақтаныңдар! — айқай салды.
Курфейрак, Анжольрас, Жан Прувер, Комбефер, Жоли, Баорель, Боссюэ ләйліханадан тобымен жүгіріп шықты. Әзірлікке уақыт та қалған жоқ еді. Олар баррикаданың үстінен тербетілген сүңгілердің қалың жарқылын көрді. Муниципалдық ұланның еңгезердей солдаттары ұзын күйменің арасымен ішке өтіп баланы ығыстырды, ал ол шегінгенмен қашқан жоқ.
Сын сағат шешуші болды. Ол бір су тасқыны сияқты, алғашқы қатерлі сәтінде өзен арнасынан асып, бөгетпен теңеледі де, тоғандағы саңылау тесіктерді тауып сыртқа лықсиды. Енді сол кешіккенде баррикаданы алып та қояды екен.
Баорель алғашқы көрінген ұланға ұмтылып тақаудан атып, бірден өлтірді. Екіншісі Баорельге сүңгісін шанышты. Үшіншісі "маған кел!" деген Курфейракты алып ұрды. Ұланның ең ұзыны, нағыз дәу сүңгісін кезеп Гаврошқа қарсы жүрді. Балақай нәзік қолымен Жавердің ауыр мылтығын көтеріп, белді бекем байлап, дәуді нысанаға алып, шүріппені басып қалды. Алайды мылтық оқ алмады. Жавер оны оқтамаған көрінеді. Ұлан қарқ-қарқ күліп, балаға сүңгіні төндірді.
Сүңгі Гаврошқа тигенше, солдаттың қолынан мылтығы сусып кетті, біреудің оғы оның қақ маңдайынан тиіп, ол шалқасынан түсті. Екінші оқ Курфейракқа шабуыл жасаған ұланның кеудесінен тиіп, оны көше табанына ұшырып түсірді.
Бұл атқан баррикадаға енді ғана келген Мариус еді.
Төртінші тарау
ОҚ-ДӘРІЛІ КЕСПЕК
Мондетур көшесінің бұрышында тығылып тұрып, тебіреніс пен күдікке бой алдырған Мариус айқастың басына қатысты. Алайда ол түпсіздіктің шақыруы аталатын астыртын, арылмас ессіздікке ұзақ уақыт қарсы тұра алмады. Төніп келген қауіп, қайғылы жұмбақ — Мабефтің ажалы, Баорельдің оққа ұшуы, Курфейрактың "Маған кел!" деп айқайлауы, өлім аузындағы сәби, көмек сұрап, кек-ашуға шақырған достар, — осылардың бәр-бәрі оның батылсыздығын сейілтіп, екі қолында екі тапанша бар ол үйіндіге тұра ұмтылды. Алғашқы оғымен Гаврошты аман алып қап, екіншісімен Курфейракты құтқарды.
Мылтықтардың гүрсілі мен жараланған ұландардың айғай-шуы астында қоршауға алғандар баррикаданың қыр арқасына шығып алып, енді бекіністің үстінен мидай араласып кеткен муниципалдық ұландардың, кәнігі солдаттардың, кенттердің ұлттық гвардияшыларының сұлбалары белуардан жоғары айқын көрінді, бәрінің қолында кезенген мылтықтары бар. Олар қойылған кедергілердің үштен екісін алып алды, алайда одан әрі асуға жүректері дауаламады, тұзаққа түсіп қалармыз деп қорықты. Үңірейген қараңғылыққа арыстанның апанындай үрейлене қарады: алаудың жарығы олардың сүңгілері мен елтірі бас киімдерін және мазасыз, ашулы жүздерін ғана көрсетіп тұрды.
Мариуста енді қару жоқ еді, оғы біткен тапаншаларын тастай салған, алайда ол төменгі залдан оқ-дәрі салған шағын кеспекті көрді.
Жартылай бұрылып ол сол жаққа қарағанда, бір солдаттың өзін нысанаға алып тұрғанын байқады. Солдат шүріппені баса бергенде біреудің қолы мылтығының аузын ұстай алды. Алға ұмтылған бұл жігіт пүліш шалбар киген жұмысшы екен. Мылтық атылды, оқ шамасы жұмысшының қолын тесіп өтсе керек немесе кеудесіне тиген болуы да мүмкін, өйткені ол құлап түсті. Бірақ Мариуске дарыған жоқ. Осының бәрі оған шындықтан гөрі ойран-топырдың арасындағы елес болып көрінді. Мұндай минөттерде адамның көзіне түскендердің бәрі бұлдырап, ол ештеңеге назар аудара алмай қалады. Тек осынау өктем жел өзін еліктіріп, бұдан да түпсіз түнекке бастап бара жатқанын, төңірегінің бәрі көзсіз тұман екенін буалдыр ғана сезеді.
Аңдаусызда қапы қалған көтерілісшілер сонда да сескенбей, күштерін қайта жиып, қарсы аттанды. Анжольрас:
— Тоқтатыңдар! — деп айқай салды. — Албаты атпаңдар!
Шынында да, алғашқы қарбаласта олар бірін бірі жаралап алуы мүмкін. Көтерілісшілердің көпшілігі екінші қабатқа, шатырлардағы үйшіктерге шығып, қамап тұрғандарды терезелерден атқылай алар еді. Арасында Анжольрас, Курфейрак, Жан Прувер мен Комбефер бар ең батылдар ләйліхананың сыртындағы үйлерге жылжып, баррикаданың қыр арқасына орналасып алған солдаттар мен ұландарға бетпе-бет келді.
Мұның бәрі асықпай, асқан байсалдылықпен жасалып, соңынан жалғасатын қоян-қолтық айқастар да ойластырылды. Қарсыластар дауыс жетер жердей жақын жерден бірін бірі нысанаға алды. Металл кеуде сауыты, шашағы қалың эполеті бар офицер, семсерін сермеп:
— Беріліңдер! — деп айқайлады.
— Атыңдар! — деп жауап қатты Анжольрас.
Екі жақтың да атысы бір мезгілде болып, барлығы түтіннің ішінде жоғалып кетті.
Көзді ашытып, тынысты тарылтқан түтіннің астында әлсіз ыңырсып, қатты зарлап жаралылар мен ажал аузындағылар еңбектеп жүр.
Түтін айыққанда баррикаданың екі жағындағы қарсыластардың да қатары сиреп қалғаны байқалды, бірақ бәрі өз орындарынан шегінбей, мылтықтарын оқтап жатты.
Кенет күндей күркіреген дауыс естіді:
— Тайып тұрыңдар, әйтпесе баррикаданы жарамын!
Барлығы да дауыс шыққан жаққа бұрылды.
Мариус төменгі залға кіріп, оқ-дәрі салынған кеспекті алып, түтін мен қараңғылықты пайдаланып, қоршалған кеңістіктегі көзсіз тұманның арасымен баррикаданы бойлап алау тұрған төрткүл тастарға жетті. Алауды жұлып алып, оның орнына кеспекті қойып, астына бір үйме малта тастарды ысырып, оның жан-жағын лезде толтырып тастады — осының бәріне Мариустің еңкейіп көтерілгендей ғана уақыты кетті. Міне, енді барлығы — ұлттық ұландар да, муниципалдық гвардиялар да, баррикаданың бір жақ шетінде топырлаған офицерлер мен солдаттар шой тастарға шығып қолына алау ұстаған, тәкаппар, өзінің қатерлі шешімімен шабыттанған жігітке, оның аузы ашылған оқ-дәрі кеспегіне алауды еңкейткеніне қарап, қорқыныштан тас боп қатты да қалды.
— Аулақ, тайып тұрыңдар, әйтпесе мен баррикаданы жарамын, — деп қаһарлана айқайлады.
Осы баррикадада сексен жастағы шалдың орнына тұрған Мариус ескі емес, жаңа, жас революцияның елесі болып көрінді.
— Баррикаданы жарасың ба? — деп айқайлады сержант. — Демек, онымен бірге өзің де кетесің ғой.
— Иә, өзімді де осымен бірге жарамын! — деп жауап қатты Мариус.
Соны айтып ол алауды кеспекке жақындатты.
Алайда баррикадада бұл кезде тірі жан қалмаған еді. Шабуылшылар жараланғандары мен өлгендерін тастап, көшенің екінші шетіне жөңкіліп, қайтадан түн қойнына сіңіп кетті. Бұл үрейлене қашудың нақ өзі еді.
Баррикада азат етілді.
Бесінші тapay
ЖАН ПРУВЕР ЖЫРЫНЫҢ СОҢЫ
Барлығы Мариусті алқалай қоршап алды. Курфейрак оның мойнына асылды.
— Сен осындасың ба?
— Қандай бақыт! — деп дауыстады Комбефер.
— Сен дұрыс келдің! — деді Боссюэ.
— Сіз болмағанда мен енді бұл жарық дүниеде жоқ едім ғой, — деп қостады Курфейрак.
— Мұнда кім бастық? — деп сұрады Мариус.
— Бастық сен, — деп жауап берді Анжольрас.
Сол күні Мариустің миы жалын атқан көрікке ұқсады да, енді оның ойлары құйынға айналды. Оған бұл құйын төңіректі айнала бұрқырап, өзін де ертіп ала кететін тәрізді көрінді. Қазірдің өзінде өмірден шексіз қашықтыққа аулақтап кеткендей. Қуаныш пен махаббаттың жарқын екі айы, ойламаған жерден мынау тұңғиық шыңырауда үзілген бақытты күндер, ол үшін жоғалған Козетта, Республика үшін опат болған Мабеф, көтерілісшілердің басында тұрған мұның өзі — бәр-бәрі оған керемет бір үрейлі түс сияқты. Айналасында өтіп жатқандардың бәрі шындық болуы үшін ол күллі ақыл-ойын, зерде-жадын жегуі керек. Мариус әлі өте аз өмір сүрді, дегеніне жеткен жоқ, мүмкін еместен заңды ештеңе жоқ, көрінбейтінді көре білу керек. Көрерменге түсініксіз пьеса сияқты көз алдынан өз өмірінің драмасы құшақ жайды.
Ой тұманының қай-қайдаға алып кеткен жетегінде ол діңгекке таңылған Жаверді байқамапты, баррикадаға шабуыл кезінде төңірегінде қайнап жатқан көтеріліске құрбандықтың бағыныштылығы мен қазының айбарымен қарап тұрды емес пе бұл Мариус тіпті оны елеген де жоқ.
Қалай болғанмен де шабуылшылар қайтып қарасын көрсеткен жоқ, олардың көшенің шетінде бүгжеңдеп, тарпылдап жүргені естіледі, алайда олар алдырмас қамалға қайта тарпа бас салуға батпады, шамасы, қосымша күш пен бұйрық күткен болуы керек. Көтерілісшілер күзетшілер шығарды, медицина факультетінің студенттері жаралылардың жарасын таңды.
Қайғылы оқиға баррикаданы азат ету қуанышына қаралы көлеңке түсірді.
Санақ жүргізгенде көтерілісшілердің бірі болмай шықты. Кім дейсіздер ғой? Ол — ең сүйікті, ең өжет, ең ержүрек Жан Прувер.
Жараланғандардың арасынан іздеп еді, ол болмай шықты. Өлгендердің арасынан іздеп еді, онда да жоқ. Демек, ол тұтқынға түскен.
Комбефер Анжольрасқа:
— Олар біздің досымызды тұтқынға алған екен, — деді. — Оның есесіне бізде олардың жансызы бар. Саған сол тыңшының өлімі сондай керек пе?
— Иә, — деді Анжольрас, — бірақ Жан Прувердің өмірінен азырақ керек.
Осының бәрі төменгі қабатта Жавердің діңгегі жанында өтті.
— Өте жақсы, — деді Комбефер, — мен қазір қол орамалымды таяғымның ұшына байлаймын да, парламентер ретінде тұтқындарды айырбастау жөнінде ұсыныс айтамын.
— Тыңдашы! — деді Анжольрас Комбефердің иығына қолын салып.
Көшенің шетінде қарулардың көпмәнді шыңылы естілді.
Саңқылдаған бір дауыс шықты.
— Жасасын Франция! Жасасын болашақ!
Ол Прувердің дауысы еді.
Нажағай жарқылдап, дүркірей мылтық атылды.
Қайтадан тыныштық орнады.
— Оны олар өлтірді! — деп ышқынып кетті Комбефер.
Анжольрас Жаверге қарап былай деді:
— Сені өз достарың атты.
Алтыншы тарау
ТИТЫҚТАТҚАН ӨМІРДЕН КЕЙІН ТИТЫҚТАП ӨЛУ
Бұл тектес соғыстың ерекшелігі мынада: баррикадаларға шабуылшылар қашанда маңдай тұстан лап береді де, айналып өтуге тұзаққа түсіп қаламыз ба, әлде бұралаңы көп көшелерге тап боламыз ба деп сақтанады. Міне, сондықтан да көтерілісшілердің бар назары қатер аузында тұрған, шабуыл тағы да басталуы ықтимал үлкен баррикадада болды. Сондықтан да Мариус кіші баррикаданы да ойлап, соған қарай аттанды. Мұнда ешкім жоқ еді, шой тастардың ортасында орнатылған жайпақ тәрелкедегі майшам ғана күзетшісі. Бір ғажабы, Мондетур көшесі мен Кіші қаңғыбас пен Аққу көшелерінің қиылысы тып-тыныш.
Мариус байқаудан кейін қайтып оралғанда қараңғыдан ақырын ғана шақырған бір дауысты естіді:
— Мариус мырза!
Осыдан екі сағат бұрын Плюме көшесіндегі тортемірден өзін шақырған үнді танып ол дір ете қалды.
Бірақ ол дауыс енді күрсініс сияқты көрінді.
Жалт қарап еді, ешкімді байқамады.
Мариус жаңсақ естіген шығармын, айналада өтіп жатқан оқиғалардан кейін қиял, елес меңдейін деген шығар деп ойлады. Баррикада тұрған осы түкпірден кеткелі ол тағы бір аттай бергенде әлгі дауыс тағы қайтланды:
— Мариус мырза!
Бұл жолы еш күдік жоқ, Мариус дауысты айқын естіді; жан-жағына қайта қарап еді, тағы да ешкімді көре алмады.
— Мен осындамын, сіздің аяғыңыздың астында, — деді әлгі дауыс.
Ол еңкейіп қараса, қараңғыда жанды бірдеңенің сұлбасы
байқалады.
Көше табанымен еңбектеп бұған ұмтылып келе жатқан тәрізді. Атын атап мұны шақырып жүрген де осы болды.
Майшамның жарығы кеудешесі мен қалың бөзден тігілген, өрім-өрім жыртылған шалбарын, жалаң аяғын және қанға ұқсас сұйық бірдеңені байқауға мүмкіндік берді. Мариус өзіне қараған құп-қу жүзді көріп, сөзін естіді:
— Сіз мені танымайсыз ба?
— Жоқ.
— Мен Эпонинамын ғой.
Мариус еңкейіп қарады. Шынында да оның алдында жатқан сол бейбақ қыз. Ол ерлер киімін киіп алыпты.
— Сіз мұнда қайдан тап болдыңыз? Мұнда не істеп жүрсіз?
— Мен өліп барамын, — деп әлсіз жауап қатты қыз.
Қайғы титықтатқан адамдарды дүр сілкінтетін бір сөздер мен оқиғалар болады. Мариус кенеттен оянғандай ышқына тіл қатты:
— Сіз жаралысыз ғой! Тоқтай тұрыңыз, үйге алып кірейін. Онда жараңызды таңады. Ауыр жараланған екенсіз. Бір жеріңізді ауыртып алмас үшін қалай көтерсем екен сізді? Қай жеріңіз ауырады? Құдайым-ай! Көмектесіңдер! Мұнда не үшін келіп жүрсіз?
Ол оны жерден көтеріп алу үшін жауырынының астына қолын сұқты.
Сөйтіп жатып саусағына қолы тиіп кетті.
Эпонина әлсіз шыңғырып қалды.
— Бір жеріңізді ауырттым ба? — деп сұрады Мариус.
— Сәл-пәл
— Ал мен сіздің қолыңыздан ғана ұстадым ғой.
Қыз қолын көтерді де, Мариус алақанының ортасынан қарайған шұңқыр көрді.
— Қолыңызға не болған? — деп сұрады ол.
— Оны тесіп кетті!
— Тесіп кетті дейді?
— Иә.
— Немен?
— Оқпен.
— Қалайша?
— Сіз өзіңізді көздеген мылтықты көрдіңіз бе?
— Иә, сосын оның аузын жапқан қолды көргенмін.
— Сол қол менікі болатын.
Мариус дір ете қалды.
— Қандай ессіздік! Бейшара бала! Алайда бұл әлі бақыт! Төсекке апарып салуыма мұрсат бер. Сіздің жараңызды таңады, оқ тиген қолдан өлген ешкім жоқ әлі.
— Оқ алақанымнан өтіп, арқамнан шықты ғой, - деп күбірледі Эпонина. - Мені бұл арадан қозғаудың қажеті жоқ! Қазір сізге маған қалай дұрысырақ көмектесуге болатынын айтамын, доктордан сол тәуір емдейтін шығар. Менің қасыма келіп, мынау тасқа отырыңызшы.
Ол айтқанын істеді; қыз басын оның тізесіне қойып, оған қарамай сөйлеп кетті.
— О, қандай жақсы! Қандай жағымды! Міне, енді ауырмаймын да!
Сол үнсіз қалып, ол күштеп басын көтеріп, Мариустің бетіне қарады:
— Білсеңіз бар ғой, Мариус мырза, мені сіздің анау баққа барып жүргеніңіз ыза қылады, былайынша, ол да ақымақтық, өйткені сол үйді өзім көрсеттім ғой, оның үстіне менің түсінуім керек еді, сіздей жас жігіт...
Қыз кідіріп, қайдағы бір қасіретті ойларды басынан серпіп тастап, қайта жымиып, жүректі езердей күлкі үйірді жүзіне.
— Мен сізге ажарсыз боп көріндім, рас қой?..
Мәселе былай, — деп сөзін жалғады ол, — сіздер опат боласыздар. Енді баррикададан ешкім тірі қайтпайды. Осында да сізді әкелген мен емес пе. Сіз ұзамай өлесіз, мен соған есеп жасағанмын. Әйткенмен, сізді нысанаға алып атқалы тұрғанда мылтықтың аузын қолыммен жаптым. Ғажап, ә! Өйткені мен сізден бұрынырақ өлейін дедім. Ал маған оқ тигенде жандәрмен сүйретіліп осында жеттім, мені ешкім көрген де жоқ. Мен сізді күттім, "Қалайша келмес?" деп ойладым. Аһ, шіркін, сіз білсеңіз ғой. Мен ауырсынғаннан кеудешемді тісіммен тістеп жырттым, қандай азап шектім десейші! Енді маған жақсы. Сіздің бөлмеңізге кірген күнім есіңізде ме, айнаңызға тамашалай қарап едім ғой, сізді бульварда кір жуушы әйелдерден онша жырақ емес жерде көрген күнім есіңізде ме? Құстар сонда қалай сайрап еді, шіркін! Ол осы таяуда ғана емес пе еді! Сіз маған жүз су бергенсіз, мен сонда: "Сіздің ақшаңыздың маған қажеті жоқ" деп едім ғой. Сол ақшаны жерден көтеріп алып па едіңіз? Сіз бай емессіз. Ақшаңызды алып қалтаңызға салыңыз деу менің де ойыма келмепті. Күн жарқырап тұрған мизамшуақ еді. Есіңізде ме, Мариус мырза? О, мен қандай бақыттымын! Бәрі, бәрі ұзамай өледі.
Оның жүзі жаныңды жыртатындай ойсыз да байсалды. Жыртылған кеудешесінің астынан жалаңаш омырауы көрініп жатыр. Сөйлеп жатып ол омырауын жаралы қолымен басады, сол арада оқ тескен екінші жара бар екен, одан кейде қан тығынын алған бөшкеден аққан шараптай саулай жөнеледі.
Мариус терең тебіреніп, бақытсыз қызға аянышпен қарайды.
— Оһ! - деп ауырсына ышқынды қыз. - Тағы да! Тынысым тарылып барады.
Қыз тісімен кеудешесін жұлмалап, аяғы созылып көше табанына түсті.
Сол сәт баррикададан кішкентай Гавроштың ащы әтеш үні шықты. Бала мылтық оқтауға кірісіп, үстелге шығып алып сол тұста кең тараған бір әнді шырқап отырды:
Лафайетті көргенде
Зытып берді жандарм.
Жүгір! Жүгір! Жүгір тез!
Қалай екен халдарың?!
Эпонина сәл көтеріліп құлақ түрді де, сосын:
— Бұл соның өзі! - деп сыбырлады.
Сосын Мариуске қарай бұрылып:
— Онда інім жүр екен. Ол мені көрмеуі керек. Маған ұрсады, - деп сыбырлады.
— Сіздің ініңіз бе? - деп сұрады Мариус әкесінің Тенардье әулетіне өсиет еткен берешегі есіне түсіп, жүрегі сыздап, әрі қатты қапаланып. - Сіздің бауырыңыз кім?
— Әлгі бала!
— Қайсы, өлең айтып отырған ба?
— Иә.
Мариустің түрегелгісі келді.
— Кетпеңіз, - деді қыз. - Енді көп қалған жоқ.
Ол сәл көтерілді, алайда үні тым әлсіз әрі ықылықпен үзіліп әрең естіледі. Ара-тұра қырыл кіріп, оны да басып тастайды. Эпонина шамасы жеткенінше бетін Мариустің бетіне тақағысы келді де, оғаш бір мақаммен сөйлеп кетті.
— Тыңдаңыз, мен сізге екіжүзділік жасағым келмейді. Менің қалтамда сізге арналған хат жатыр. Кешегі күннен бері. Маған поштаға салуды тапсырып еді, ал мен өзіме алып қалдым. Маған оның сізге жетпегені қажет болды. Бәлкім бұл үшін сіз маған ашуланатын да шығарсыз ұзамай қайта қауышатын жерімізде. Онда кездеседі дейді ғой, рас па? Хатты алыңызшы.
Ол дірілдеп жаралы қолымен Мариустің қолын ұстады, соған қарағанда ауырсынбайтын сияқты. Мариус қолын кеудешесінің қалтасына сұқты. Мариус одан бәз-бір қағазды сипап көрді.
— Алыңыз, - деді қыз.
Мариус хатты алды.
Қыз мақұлдап, разылықпен басын изеді.
— Еңбегім үшін енді маған уәде беріңіз...
Ол шашалып қалды.
— Не дейсіз? - деп сұрады Мариус.
— Маған уәде беріңіз.
— Уәде беремін.
— Мені өлгенімде маңдайымнан сүйемін деп уәде беріңіз. Мен сезіп жатайын.
Қыз басын әлсіз ғана Мариустің тізесіне түсіріп, көзін жұмды. Ол бейшараның жаны о дүниеге ұшып кеткен шығар деп ойлады. Эпонинада қимыл жоқ. Мариус ол мәңгі ұйқыға кетті деп ойлағанша болмай, кенет қыз көзін баяу ашты, одан ажалдың тұңғиығы аңғарылып, басқа бір дүниеден шыққандай нәзік бір еркелікпен:
— Ал, Мариус мырза, білесіз бе, мен сізге аздап ғашық та едім, - деді.
Ол тағы бір жымиғысы келді, бірақ үлгермеді, өліп кетті.
Жетінші тарау
ГАВРОШ ҚАШЫҚТЫҚТЫ ТЕРЕҢ ОЙЛАП ЕСЕПТЕЙДІ
Мариус сөзінде тұрды. Ол суық тер тамшылары басқан өлі маңдайға ернінің табын басып сүйді. Ол Козеттаға опасыздық еместін, бақытсыз қызбен ойлы да аянышты қоштасу еді.
Ол Эпонина берген хатты ішкі тебіреніссіз қолына алды. Онда маңызды бірдеңе барын сезді де, оқып шығуға асықты. Еркек көңілі деген осы, бейшара баланың көзі жұмыла салысымен, Мариус хат жайында ойлап жатыр. Ол Эпонинаның басын жерге абайлай түсіріп, өзі аулағырақ кетті. Бәз-бір сезім оған өлген адамның қасында хат оқуға тиіс емессің деп тұрғандай.
Ол төменгі залдағы шырақтың түбіне келді. Бұл әйел ұқыптылығымен әдемілеп бүктелген хат болатын. Мекен-жайын да әйел адам жазыпты:
"Мариус Понмерси мырзаға, Курфейрак мырзаның пәтері, Әйнек көшесі, №16"
Ол мөрін бұзып оқи бастады:
"Менің сүйіктім! Әттең! Әкем жедел жүруімізді талап етіп отыр. Бүгін кешке біз Қарулы адам көшесіндегі №7 үйде боламыз. Бip аптадан кейін Англияда боламыз.
Козетта, 4 маусым ".
Мариус пен Козеттаның қарым-қатынасының құпиялығынан болар, ол қыздың жазуын да білмейді екен.
Не болып, не қойғанын бірнеше сөзбен айтып беруге болатын шығар. Осының бәрін Эпонина істеген еді. 3 маусым күнгі кештен кейін ол бірден шешім қабылдады: алдымен, әкесі мен бандиттердің Плюме көшесіндегі үйге байланысты ойларын бұзу қажет, екіншіден, Мариус пен Козеттаны айыру керек. Ол өзінің шоқпытын бірінші кездескен жас кеңкелеске берді, әйел киімін киюді қызық көрген аңқау сорлы өзінің үстіндегілерді шешіп, Эпонинаға бере салды. Марс алаңында "Көшіңдер!" деген елеулі ескертуді Жан Вальжанның алып жүргені де осы қыздан. Үйге келе сала Жан Вальжан Козеттаға: "Бүгін кешке Қарулы адам көшесіндегі үйге көшеміз. Бір аптадан кейін Лондонда боламыз" деді. Күтпеген соққыдан есеңгіреп қалған Козетта отыра қалып, Мариуске бірнеше жол сәлем жазды. Бірақ оны поштаға қалай салу керек? Ол үйден жалғыз шыға алмайды, мұндайды Тусенге сеніп тағы да тапсыруға болмайды, ол оны бірден Фошлеванға көрсетеді. Үрейі ұшқан Козетта кенет тортемірдің ар жағынан бақты айнала еркек киімін киіп қыдырып жүрген Эпонинаны көрді. Козетта "жас жұмысшыны" өзіне шақырып алып, бес франк пен хатты беріп: "Мына хатты осы қазір мекен-жай бойынша апарып беріңіз" деді. Эпонина хатты алып қалтасына салды. Бесінші маусымда ол ертеңгілік Мариусті іздеп Курфейракқа тартты, әрине, хатты тапсыру үшін емес, оны бір көріп кеткелі келді, оның бұл қылығын сүйген әрбір қызғаншақ жан түсінеді. Онда барып қыз Мариусті күтті, Курфейрак келіп қалса да бәрібір, әйтеуір бір көріп, бір хабарын білу керек. Курфейрак оған: "Біз баррикадаға бара жатырмыз" дегенде, кенет оны осы ажалға қарсы ұмтылу керек деген ой меңдеді, осындай кез келген қатерге қойып кетіп, оған Мариусті бірге ала кетпек. Ол Курфейрактың ізімен жүріп отырып, баррикаданың қайда жасалып жатқанын көрді. Мариус ештеңе де білмейді, хатты Эпонина өзімен бірге алып жүр. Қас қарайғанда Мариустің кездесуге келетініне сенімді ол оны Плюме көшесінде күтті, ондағы ойы келсе-ақ достарының атынан сәлем жеткізіп, баррикадаға шақыру. Қыз Козеттадан айырылған Мариустің торығып, тірліктен баз кешуіне есеп жасады, есебі алдаған жоқ. Содан соң ол Шанврери көшесіне оралды. Онда не болғанын біз көрдік. Ол қызғаншақ жүрекке тон көмескі қуанышпен көз жұмды, әдетте ондайлар "басқа ешкімге бұйырмасын" деп сүйгенін ілестіріп бірге ала кетеді.
Мариус Козеттаның хатын қоймай-қоймай сүйді. Демек ол мұны сүйеді екен! Кенет енді өлудің керегі жоқ деген бір ой жылт ете қалды. Сосын ол өзіне: "Ол жүргелі жатыр. Әкесі оны Англияға алып кетеді, ал менің атам оған үйленгенімді қаламайды. Менің қасіретті тағдырымда ештеңе өзгерген жоқ", деді. Мариус тектес қиялшылдарға рухының барынша құлдырап түсіп кету сәті тон, олардың шалт шешімге баратыны да осыдан. Тіршілік ауыртпалығы алапат, одан шығудың жақсы жолы — өлім. Осы арада ол үшін екі борышты өтеу керек деп түйді Мариус: Козеттаға соңғы рет кешірім өтініп, өз ажалы туралы хабарлау керек, сосын Эпонинаның інісі, Тенардьенің баласы Гаврошты бейшара балақай өзіне өзі әзірлеген сөзсіз өлімнен арашалап қалу шарт.
Оның жанында Козеттаға махаббат туралы қыруар ой-пікірлер жазылған дәптер салынған шиланы бар еді. Сол дәптерден ол бір парағын жыртып алып, төмендегі жолдарды түсірді:
"Біздің некеміз мүмкін емес екен. Атамнан рұқсат сұрап едім, ризашылығын бермеді, менде де, сенде де ақша жоқ. Сені көруге асығып едім, таппай, орныңды сипадым! Өзің білесін ғой, қандай сөз бергенімді, оны орындаймын. Мен өлемін. Осы жолдарды оқып жатқаныңда менің жаным сенің қасыңда болып, өзіңе қарап күледі де тұрады".
Мариуске бұл хатты конвертке салып, желімдеудің қажеті болған жоқ, сондықтан төрт бүктеді де мекен-жайын жазды:
"Мадмуазель Козетта Фошлеванға, Қарулы адам көшесі, №7 үй, Фошлеван мырзаның пәтері".
Хатты бүктеп сәл-пәл ойланды, шиланын қайта алып ашты да сол қарындашпен дәптердің бірінші бетіне үш жол түсірді:
"Менің атым — Мариус Понмерси. Менің мәйітімді менің атам Жильнорман мырзаға жеткізіп берулеріңізді өтінемін, Тәңір құштарлығының бикештер көшесі, №6 үй, Маре".
ІІІиланың бешпентінің қалтасына салып, ол өзіне Гаврошты шақырды. Адалдығы жүзінен-ақ менмұндалап тұратын көңілді балақай замат жетіп келді.
— Мен үшін бірдеңе жасағың келе ме?
Айтсаңыз болды ғой, — деп жауап қатты Гаврош. — Қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Жаратқан жаббар ие құдайым-ау, сіз болмасаңыз бар ғой, баяғыда жер томпайтып жатар едім, ей-ей!
— Мына хатты көрдің бе?
— Көріп тұрмын.
— Онда ал осыны. Баррикададан табан астында тай (Гаврош қипыжықтап ойлана тұрып құлағының түбін қасыды). Ертең таңертең хатты осы мекен-жай бойынша Қарулы адам көшесіндегі алтыншы үйде Фошлеван мырзада тұратын мадмуазель Козеттаға табыс ет.
— Ал жақсы, бірақ оған дейін баррикаданы алып қоюы мүмкін ғой, ал мен мұнда болмайды екем, сонда ол қалай? — деп қарсылық білдірді кішкентай батыр.
— Барлық белгілерге қарағанда баррикадаға күн шықпай шабуыл жасамайды, ала алса, ертең түске таман ғана алады.
Баррикадаға шабуылшылар берген жаңа тыным шынында да созылды. Ол ұрыс кезіндегі сирек кездеспейтін тыныстың бірі еді, бірақ одан кейін дұшпан еселеген ызамен шабуылдайтын-ды.
— Тыңдаңызшы, - деді Гаврош, - егер мен хатыңызды ертең таңертең апарсам ше?
— Онда тым кеш болады. Зады, баррикаданы жан-жақтан қоршауға алып, барлық көшелерге қарауыл қояды, сонда бұл арадан шыға да алмайсың. Қазірден бастап тарт, кәне.
Гаврош айтар уәж таба алмай, қабағы түсіп, құлағының түбін қаси берді. Кенет ол құс сияқты дүр сілкініп хатты алды да:
— Жарайды! - деп Мондетурдің бойымен жүгіре жөнелді.
Мариус қарсылық білдірді деп айта ма деп, іркіп қалған бір ой баланы еңсере берді:
"Әлі сағат жиырманы соққан жоқ, Қарулы адам көшесі онша алыс емес, хатты апарып, уақытында оралуға үлгеремін ғой". Бірақ бұл ойын сыртқа шығара алмады ол.
ОН БЕСІНШІ КІТАП
ҚАРУЛЫ АДАМ КӨШЕСІ
Бірінші тарау
БЮВАР МЫЛЖЫҢ
Жан дүниеңіздің дауылымен салыстырғанда тұтас қаланың бұрқ-сарқ қайнап дүрлігуі не тәйірі! Кісі халықтан да іштірек. Жан Вальжан күшті өрекпудің уысында еді. Ол да қаһарлы һәм беймәлім төңкерістің алдындағы Париж сияқты шытынап сынғалы шақ тұр. Ол бұрқану үшін бірнеше сағат жетіп болды. Оның өмірі мен ар-ожданы ойламаған жерден қарауытып жүре берді. Ол туралы да Париж жайындағыны айтып: "екі күш: жарықтың рухы мен түнектің рухы түпсіз терең тұңғиық үстіндегі көпірде ұстасыпты. Екеуінің қайсысы бірін-бірі тұңғиыққа құлатады? Қайсысы қайсысын еңсереді?" дейді.
5 маусым күнінің алдында, кешкісін Жан Вальжан Козеттамен және Тусенмен Қарулы адам көшесіне көшті. Онда оны ойламаған тағдыр өзгерісі күтіп тұр екен.
Козетта Плюме көшесін қарсылықсыз тастап кеткен жоқ. Екеуі де өмір сүріп жатқаннан бері бірінші рет Козеттаның тілегі Жан Вальжанның ойлағанына сәйкес келмей қалды, тіпті күреске түспегеннің өзінде де бір-біріне қарсы келді. Бір жағының қарсылығы екінші жағының қарсылығына тап болды. Бейтаныс біреудің "көшіңіздер" деген ұсыныс-ақылы Жан Вальжанның мазасын кетіріп, тынышын алғаны сондай, ол табанда Козеттадан айтқанға сөзсіз көнуді талап етті. Ол өзінің ізіне түскендер қайда тұратынын біліп алған екен деп сескенді. Козеттаға көнуге тура келді.
Олар Қарулы адам көшесіндегі үйге бір-біріне ләм-мим деп тіл қатыспай келді, әрқайсысын өз қамы еңсерді. Жан Вальжанның мазасызданғаны сондай, қызының күйзелісін де аңғармады, Козеттаның қапаланғаны сонша, әкесінің мазасызданғанына да мән берген жоқ.
Жан Вальжан өздерімен бірге Тусенді де ала жүрді, бұрын кетіп қалып жүргенде оны ешқашан ертпейтін-ді. Бәлкім ол Плюме көшесіне қайтып оралмайтынын білген шығар, сондықтан Тусенді онда қалдырудың да, оған құпияны ашпаудың да реті болмады. Оның үстіне оны сенімді, берілген адал адам деп біледі ол. Қызметшінің қожайынға опасыздығы әуесқойлығынан басталады. Ал Тусен Жан Вальжанға тумысынан қызметші болуға жаралғандай қақ-соқпен де, әуесқойлықпен де шаруасы жоқ. Барневиль шаруаларының мақамымен жұртты күлдіре сөйлейтін ол кекештеніп: "Туғаныма қарай тұтынылуым, өз ісімді тындырамын, ал басқада шаруам жоқ" деп жиі қайталайтын-ды.
Плюме көшесінен кетіп бара жатып (кетуінің өзі қашуға бергісіз), Жан Вальжан жалғыз ғана, Козетта ажырамас досы атайтын кішкентай хош иісті шабаданын алды, үлкен сандықтарды алса, тиесуге кембалдар керек, ауыр, ал кембал дегенің куәлар. Арбакешті Вавилон көшесіне шығатын есіктің тура аузына шақыртты.
Біраз киім-кешек пен төсеніш ақтарды, жуынып-шайынуға керек заттарды қоса алуға Тусен қожайынды әрең көндірді. Ал Козетта өзінің керек-жарағы мен хат жазуға қажет заттар салынған қобдишасын алды.
Олардың кетіп қалуы елеусіз әрі тыныш болуы үшін Жан Бальжан Плюме көшесінен кеш түспей кетпеуге бел буды, мұның өзі Козеттаның Мариуске хат жаза қоюына мүмкіндік берді. Қарулы адам көшесіне олар сондықтан да әбден қараңғы болғанда келді.
Ұйқыға да үнсіз жатты.
Қарулы адам көшесіндегі пәтер терезелері аулаға қарайтын, үшінші қабатта екі жатын бөлме мен қонақжайы асханасына ұласқан антресольды ас үйі болатын, сондағы жинамалы төсек Тусеннің орны. Екі жатын жайды бөліп тұратын қонақжай әрі қабылдау бөлмесі іспетті. Бұл үйден тұрмысқа қажетті керек-жарақтың бәрі табылатын.
Кісілер мазасыздық сияқты тыныштықта да өзін ұмытып кетеді адам табиғаты деген сол Жан Вальжанның Қарулы адам көшесіне табаны тиюі-ақ мұң екен, беймазалығы басылып, бірте-бірте сап болды. Біздің жанымызға әп-сәтте тыншырлық әсер ететін орындар болады. Бейқам тұрғындары бар осы белгісіз көшені Жан Вальжан қарт Париждің жан тыншытар бір киелі орны деп біледі. Осы бір тар көше екі жағынан да анау-мынау өтпес үшін екі діңгек қағылып, шулы қаланың ортасындағы тарс жабылған меңіреу тұйық тәрізді, қос қапталындағы жүз жылдық биік үйлер де оған ешкімді бейсауат жібермейтін тәрізді. Сасық иісі қолқаны атса да Жан Вальжан осында келіп тыныштық тапты. Себебі оны бұл арадан іздеп табу да оңай емес.
Оның бірінші міндеті "ажырамас" шабаданын өз төсегінің жанына қою болды.
Ол жақсы ұйықтап шықты. Кештен де ертеңгілік естірек, бұған кештен де ертеңгілік көңілдірек деп қосуға болады. Жан Вальжан өзін бақытты сезініп оянды. Оған ұсқынсыз асүйдің өзі әсем көрінді, ондағы дөңгелек ескі үстел де, жоғары жағында еңкейте ілген айна бар аласа буфет те, көнетоз мамықтақ та, үстінде Тусеннің түйіншектері шашылып жатқан тәбіреткілер де көзіне жылы көрінді. Әлгі түйіншектердің бірінен Жан Вальжанның ұлттық гвардия мундирі көрінді.
Козетта Тусенге сорпа-суды бөлмесіне әкеп беруді тапсырып, күн батқанша сыртқа шыққан жоқ. Сағат бестер шамасында жаңа пәтерді қиналмай-ақ жөнге келтірген Тусен Козеттаның үстеліне қуырылып суып қалған балапанды қойды, қыз әкесін ренжітіп алмас үшін әрең дәм татты.
Сосын басының қатты ауырып тұрғанын сылтауратып, әкесіне қайырлы түн тілеп, өз бөлмесіне барып іштен жауып алды. Жан Вальжан балапанның қанатын құмарта жеп, үстелге шынтақтай отырып, бірте-бірте сабасына түсіп, өзін қайтадан қауіпсіз сезінді.
Осы қарапайым түстіктің тұсында Тусен әлденеше рет кекештеніп, Жан Вальжанға:
— Тақсыр! — деді. — Айнала айғай-шу. Парижде жұрт төбелесіп жатыр.
Өз шаруасын реттеуді ойлап басы қатып жүрген Жан Вальжан бұл сөзге онша зер салмады.
Сонымен бірге оның ойын тағы да жалғыз қам-қарекеті — Козетта бөлді.
Әлбетте, ол қызының басы ауырғанына, алғаш көңіліне кірбің салып шамданып қалғанына, әдеттегі бойжеткендерге тән еркелігіне, бір сәттік кіржиюіне алаңдаған жоқ, оның бәрі бір күн, екі күннен кейін ізім-қайым болатынын біледі, оны мазасыздандырған оның болашағы, сол жайын ол көбірек ойлайды. Не болып, не қойca да, олардың бақытты өмірі қайтадан өз арнасына түсуі үшін ешқандай кедергі жоқ деп біледі ол. Кей сәтте барлығы да мүмкін емес сияқты көрініп кетеді де, кейде барлығы оп-оңай секілденеді; қалай дегенмен де бұл Жан Вальжанның бір бақытты сәттері болды. Мұндай сәттер әдетте түннен кейін келетін күн сияқты көңіл құлазығаннан кейін пайда болады, кәдімгі қарама-қайшылық заңы бойынша жамандық пен жақсылықтың алмасып отыратыны сияқты, оны үстірт ақылмен антитеза атай салады. Жан Вальжан өзі мен Козетта үшін баспана тапқан тып-тыныш көшеде біраз уақыттан бері мазасын кетіріп, алаңдатып жүргеннің бәрінен шықты. Ұзақ уақыт алдынан тек түнек қана көрініп келген ол аздап жарықты да айырайын деді. Плюме көшесінен еш қиындықсыз, оғаш оқиғасыз аман шығып кетудің өзі жақсы бастама болды. Сірә, бірнеше айға Францияны тастап Лондонға барып қайтқан да теріс болмас. Иә, кету керек. Қасыңда Козетта болса Францияда тұрдың не, Англияда тұрдың не - бәрібір емес пе. Козетта оның отаны болды, оның бақыты үшін Козетта жетіп жатыр; бәлкім оның ойлары Козеттаның бақыты үшін жеткіліксіз те шығар, ол ойлар кезінде тұла бойын қалтыратып ұйықтатпаушы еді, қазір тіпті басына кіріп те шықпайды. Бұрынғы қайғы-қасіретінің бәрі көмескі тартып, қазір көңілі үмітке толы. Оған Козетта қасында болса өзіне тиесілі боп көрінді, бірақ бұл көрінеу көзге өзін өзі алдау екенін жұрттың бәрі біледі. Ойша ол Козеттамен Англияға қалай баратынын жоспарлап қойды, алыстағы қиялының кең жазығында оның бақыты туып келе жатқандай көрінеді.
Ілгерілі-кейінді баяу адымдай жүріп ол оғаш бірдеңені байқап қалды.
Аласа буфеттің жоғары жағына еңкейте ілінген айнаның қарсысынан ол төрт жол жазуды айқын ажыратты.
"Менің сүйіктім! Әттең! Әкем жедел жүруімізді талап етіп отыр. Бүгін кешке біз Қарулы адам көшесіндегі №7 үйде боламыз. Бір аптадан кейін Англияда боламыз.
Козетта, 4 маусым".
Жан Вальжан ештеңеге түсінбей тұрып қалды.
Келген бетте Козетта қағаз салатын папкасын, яғни бюварын буфеттің үстіне тастай салған, азапты мазасыздық титықтатып оны алуға ұмытып кетіпті. Ол тіпті папкасын ашық тастағанын да, төрт жол хатын сорғышпен кептіргенде бар жазуы түсіп қалғанын да байқамапты, Плюме көшесінен өткен жас жұмысшыға берігі жіберген хаттың ол екінші данасы болған да шыққан.
Енді сол жазу айнаға түсіп тұр.
Бұл арада геометриядағы симметриялық бейнелеудің тап өзі: екінші жағынан төңкеріліп түскен жолдар айнада өзінің шын кескінін тауып, сөздерді анық оқуға болады. Жан Вальжанның көз алдынан осында келер қарсаңда Козеттаның Мариуске жазған хаты шыға келді.
Естен тандырар ерек соққы бұл.
Жан Вальжан айнаның алдына келді. Төрт жолды қайта оқып шығып, өз көзіне өзі сенбеді. Оған бұл жолдар найзағай жарқылында көрінгендей сезілді. Есеңгіреуі шығар, әйтпесе бұлай болуы мүмкін емес. Бұлай болған жоқ.
Аз-аздап оның қабылдау сезімі қалыпқа келіп, нақтылана түсті, ол Козеттаның бюварына қарады, шындық сезімі шынында да қайтып оралды. Ол бюварды қолына алып, "Бұл осыдан" деді өзіне. Өлердей өрекпіп ол бюварға түсіп қалған төрт жолға, ешқандай мағына жоқ үйлесімсіз сөз өрнектеріне қайта-қайта шүйілді. Сосын барып: "Ал мынау түкке де тұрмайды ғой, мұнда ештеңе де жазылмаған", — деп бойы да, ойы да жеңілдеп кеудесін кере дем алды. Қуанышты сәтте мұндай ессіз қуанышты кім бастан кешірмеді дейсің! Қиял біткенді сарқып болмай көңіл торықпайды.
Ол бюварды қолында ұстап тұрып оған қайта-қайта қарап, мағына-мәнсіз шаттықпен өзінің басын айналдырып, жындандырып жібере жаздаған секемшілдігі мен есеңгірегеніне күлкісі келді. Ойламаған жерде ол айнаға қарап еді, әлгі құбылыс қайта қайталанды. Онда төрт жол аяусыз нақтылықпен тайға таңба басқандай көзге ұрып тұр. Енді бұл сағымға айналды. Қайталанған құбылыс - шындық, ол айдан айқын, ол хат, айна оны айнытпай түсіріп тұр. Жан Вальжан енді бәрін де түсінді.
Жан Вальжан теңселіп кетіп бюварды қолынан түсіріп алып буфеттің жанында тұрған мамықтаққа сылқ етіп отыра кетті; басы салбырап, жанары әйнектеніп, ойы шатасты. Мұның бәрі шын, деді ол іштей, енді жарық сәулем мәңгіге сөнді, бұл Козеттаның біреуге жазған хаты болды. Сөйте отырып қатты ызаланған ол жанының терең түкпірінен ырылдаған бір дыбыс есіткендей болды. Арыстанның апанының алдындағы етін алып көрсін дейді ол үн.
Бір ғажабы әрі өкінерлігі, Мариус әлі Козеттаның хатын алған жоқ; жағдай опасыздық жасап, оны Жан Вальжанға бұрын жеткізді.
Осы күнге дейін Жан Вальжан тағдырдың сынынан жеңілген жоқ еді. Тірлігінде тауы шағылар тақсіреттің талайын тартты; сұм тағдырдың пендеге жасар зорлық-зомбылығының ешқайсысы да оны орап өткен жоқ; жазалаудың бес қаруын түгел асынған, қоғамдық соқыр сенімнің шырмауындағы шадыркөз зұлмат оны ұдайы нысанада ұстап, қыр соңынан қалмай келді. Бірақ ол ешқайсынан қыңбады, ешқайсына басын да имеді. Қажет болған кезінде ол ұрт шешімдер де қабылдады, өзі күресіп жеңіп алған дербестігін табанға таптатты, бас бостандығынан да айырылды, басын бәйгеге де тікті, бәрінен айырылды, бәрін де көрді, бірақ табандылығынан, қажыр-қайратынан айырылған жоқ, кейбір жанкештілер сияқты өзінен де безген жоқ. Былайынша, мүмкін болған барлық азап-қайғымен күресте шыңдалған оның ар-ожданы өз биігінен түскен емес. Алайда оның жүрегіне қазір біреу тереңірек үңілер болса, әлсірей бастағанын көрер еді.
Тағдыр әзірлеген жаза-сынақтың ең бір жан шошырлығының ішіндегі бәрінен азаптысы мынау болғалы тұр. Қып-қызыл боп қызған от-ауыздың дәл мұндай қырын күні бүгінге дейін көрген емес. Ол бойында қалғып жатқан сезімдердің бәрі қайта жанданғанын байқады. Өзі елей бермейтін жүйкесінің шаншып-шаншып кеткенін сезді. Апырай! Сынақтың ең ұлысы, дұрысырақ айтқанда, бірден-бірі — сүйікті адамыңнан айырылу екен ғой.
Бейшара Жан Вальжан қарттың Козеттаны, әрине, тек әке ретінде ғана жақсы көрегенін біз бұрын да атап өткенбіз. Оның жетім тірлігі, жетімдік тағдыры бұл махаббатқа әкелік сүйіспеншілік сезімнің барлық түрін сыйғызды: ол Козеттаны қызы ретінде сүйді, анасы ретінде сүйді, қарындасы ретінде сүйді. Алайда онда ашына да, әйел де болған емес, ал табиғат шіркін қарсылық келтірген қаржыны қабылдамайтын несие беруші ғой, сондықтан да әйелге деген махаббат сезімдердің ішіндегі ең тұрақтысы, көзсізі мен көмескісі, көз қарықтырар тазасы, есебі жоқ аспаны, періштесі, барлығымен араласып кеткен құдайысы. Бұл сезімнен гөрі түйсік, түйсіктен гөрі сезім болды, бірақ көзге көрінбесе де сезілетін нақты түйсік. Оның Козеттаға деген осындай ең ізгі ілтипат сезімінде, тура мағынасымен айтқанда, тау қойнауында қаймағы бұзылмай жатқан алтын жүлгедей алтын тамыр жасырылулы еді.
Оқырман оның жүрегін толқытып тұрғанның не екенін енді түсінген шығар. Козетта болмаса, осы бала болмаса Жан Вальжан ғұмыр бойы жақсы көріп, сүйетін басқадай ештеңені білген емес. Бір бірімен алмасып отыратын құмарлық пен әуестік оның жүрегінде із қалдырған жоқ, әдетте қыстап шыққан ағаштың жапырағы ашық жасыл, күңгірт жасыл болып өзгеріп жатады ғой, сондай өзгеріс өмірінің алтыншы асқарына қадам басқан адамның жүзінен көрінді. Қорыта келгенде, әлденеше еске салғанымыздай, сезімдердің тұтаса келіп, ажырамас бір болмысқа айналуы асқан адамгершілік пен парасаттың, шексіз мейірімнің арқасы, сол рақымшылдық Жан Вальжанды Козеттаның әкесі етті. Ал бұл әдеттен тыс оғаш әкелік, оның бойында атаның да, баланың да, бауырдың да нышаны бар, әке болғанда да аналық мейірім есіп тұратын әке, Козеттаны тәңір тұтып, шырағым, тұрағым, отбасым, отаным, жұмағым деп сүйетін әке.
Барлығы да қайтып оралмастай құрыды, қызы қашқақтап, көшкен бұлт, аққан су құсап уыстан сусып барады, бұл енді ажалдан бетер ақиқат деп ұққанда ол: "Оның жүрегі басқаға ынтық, оның бар тірлігі енді басқа жанда, сүйген ғашығы бар, ал мен — тек әке ғанамын, өзгеше тірлік ете алмаймын" деп ойлады; оған енді еш күмәні қалмаған кезде: "Ол мені тастап кетпек!" деген ой оны шектен шығарып жіберді. Қолдан келгеннің бәрін де істеді - ал, нәтижесі мынандай болып отыр. Сонда қалай болғаны? Бұл ешкім де болмай қалғаны ма? Ол ашу-ызадан қалшылдап кетті. Жан-тәнінің әрбір бөлшегінен ол дір етіп оянған өзімшілдікті түйсінді, жанының түпсіз "мені" ырылдап қоя берді.
Ішкі апаттар да болады. Өкінішке ұрындыратын сенім адам жанына кейде оның болмысын құрайтын терең негіздерін қиратып жайпамай өте алмайды. Мұндай шекке жеткен қайғы-қасірет жеңілуді, ар-ожданның бар пәрменімен қашуды білдіреді. Бұл ең қауіпті, ең қатерлі сәттер. Өзіне деген сенімін сақтап, борышын орындай отырып мұндайды мызғымай бастан өткізетіндер біздің арамызда аз. Уайым-қайғы сабасына сыймағанда ең ізгі асқақ адамгершіліктің өзі сыр береді. Жан Вальжан бюварды қолына қайта алып, сұмдық ақиқатқа көзі жетті, жанарын аудармай, жоққа шығаруға болмайтын төрт жолға үңіліп еңкейген бойы қатты да қалды; осынау толы көңілдің күл-паршасы шығады деп ойлаудың өзі зар-мұң лебін себездейді.
Ол өзінің дертті болжамында аумағын ұлғайта көрсеткен жаңалығына үңілген сайын ішкі тыныштығынан айырылып, сұмдық құлазыды, кісінің сабыры таусылып, тыныштығы жансыз мүсінге айналғаннан жаман не бар.
Өзінің ырқынан тыс тағдыры жасаған сұмдық қадамды ойша екшеп, өткен жаздағы секем-сезігін еске алды, содан бекер-ақ бойын аулақ салыпты, онда бұл түпсіз шыңыраудың ернеуінде ғана тұрған сияқты еді, қазіргі тап болғаны да сол шыңырау, бірақ Жан Вальжан оның енді ернеуінде емес, тап түбінде.
Құлақ естіп, көз көрмеген азапқа қалай құлап түскенін ол өзі де аңдамай қалды. Күнді ұдайы көріп тұрамын ғой деп топшылаушы еді, міне, өмірінің жарығы сөнді.
Алайда түйсігі оған дұрыс жол нұсқады. Жан Вальжан кейбір жағдайларды, олардың айы-күнін жақындатып, Козеттаның жүзі қашан нұрланып, қашан бозарғанын, қашан "мынау сол" деп қалғанын еске түсірді. Үмітсіздіктің көрегендігі — өзіндік бір құпия садақ, оның жебесі нысанаға қашанда дөп тиеді. Оның алғашқы болжамы Мариустің ізіне түсірді, оның атын білмей жүруші еді, енді оның кім екенін тапты. Аяусыз шыға келген естеліктердің тереңінен ол Люксембург бағында қыдырып жүретін махаббат қызығын іздеген бейшара, сентименталды романдардың кейіпкері, оңбаған ақымақ бейтанысты айқын көрді, сондай сүйетін әкесі қасында жүрген қызға көз салуы барып тұрған есуастығы емес пе!
Осы күйзелістің басты күнәкары сол жігіт екенін, бәрінің бастау көзі сонда жатқанын анықтаған соң парасат тұрғысынан түлеген кісі, өз көңілінде зұлымдықпен қанша күресіп, бар өмірі, бастан кешкен барлық мұң-зары мен бақытсыздығы махаббатқа айналуына қыруар күш-жігер жұмсаған Жан Вальжан өз жүрегінің түкпіріне үңіліп, одан Өшпенділіктің елесін көрді.
Ұлы қайғы қажытады. Ол өмірге деген ерік-жігерден айырады. Қайғы-қасіретті ұққан кісі өзінен бірдеңе кетіп бара жатқанын сезеді. Жас кезде тап болған қайғы қапаландырады, ал ересек кезіңдегі есеңгіретеді. Әттеген-ай! Қаның қызу, шашың қара, басың түзу, алаудай оны асқақ ұстайтын кезіңде, тағдырдың түйіншегі әлі тарқатылмаған тұста, мөлдір махаббатқа лық толы жүрегіңнің соғысына басқа жүрек жауап қатып, қателігіңді түзететін уақыт барда, күллі әйел, күллі күлкі, күллі келешек һәм күллі қиыр әлі алда тұрғанда, өмірлік қуат-күшің бойға сыймай жүргенде де торығу деген сұмдық үрейлі еді ғой. Ал ол қартайғанда қандай болмақ: барлығы бара-бара көмескі тартып, өмірдің ымыртына қарай зымыратып, оған жеткен соң алдыңнан тек көр қараңғылығының жұлдыздары ғана жылтырайды емес пе!
Ол ойланып-толғанып отырғанда бөлмеге Тусен келіп кірді. Жан Вальжан орнынан тұрып одан:
— Мұның өзі қайда болып жатқанын білмейсің бе? - деп сұрады.
Түсінбей қалған Тусен:
— Сізге не керек еді? - деп сұрады.
— Сіз маған бір жерлерде жұрт төбелесіп жатыр деген сияқты едіңіз ғой.
— Ah, иә! - деп жауап қатты Тусен. - Ол Сен-Мерри жағында.
Бізге ең құпия ойымыз өзімізден тыс туындатып жататын санасыз қылықтар тән. Зайыры, жаңа ғана өзі мойындаған сондай сілкіністің әсері болуы керек, Жан Вальжан бес минөттен соң көшеден бір-ақ шықты.
Жалаңбас өз үйінің тұғыртасында отырды. Тегінде бірдеңеге құлақ түріп, тың тыңдаған сияқты.
Екінші тарау
ГАВРОШ — ЖАРЫҚТЫҢ ЖАУЫ
Осылай ол қанша уақыт отырды? Ой толғаныстарының ілгері-кейінді ағысы қандай болды? Қайта түледі ме? Әлде сол құлағаннан тұра алмай жатыр ма? Рухы соншалық түсіп жасып қалды ма екен? Қайтадан дүр сілкініп, өз жүрегінен таяныш таба ала ма? Шынтуайттап келгенде, бұған оның өзі де жауап бере алмас еді.
Көше бос. Үйлеріне асығыс оралып келе жатқан бірнеше азаматтың мұны байқай қоюы неғайбыл. Қауіпті кезеңде әркімнің өзімен өзі болатын әдеті. Фонарьшы №7 үйдің қақпасына қарсы ілінген шамды жақты да тайып тұрды. Егер ол Жан Вальжанды көрсе де сондай қараңғылықта тірі жан деп ойламас еді. Ол қақпаның аузындағы тұғыртаста мұз мүсінге айналған елеске ұқсап отырған-ды. Торығудың бір қасиеті — мұздау. Дабыл қағылып, алыстан тобырдың дабыра-дуы естілді. Қоңыраудың асығыс бейберекет соғысын басып, бүліктің у-шуына ұласып, Сен-Польдің мұнара сағаты аспай-саспай он бірді соқты; дабыл адам қолының ісі, уақыт — құдайдың ісі. Сағаттың соғысы Жан Вальжанға ешқандай әсер еткен жоқ, ол тіпті міз де бақпады. Алайда дәл сол сәтте Орталық базар жағынан дүркірете атылған мылтық дауысы шықты; сосын қайтадан құлақ тұндырарлық қатты атыс басталды, шамасы, бұл Шанврери көшесіндегі екінші шабуылдың дабылы болса керек, оны Мариустің тойтарғанын әлгінде ғана көргенбіз. Осы дүркін-дүркін атыс тұсында ашу-ызасы түн түнегімен үдей түскен Жан Вальжан дір ете қалды. Орнынан тұрып, сартыл-гүрсіл шыққан жаққа бұрылды, сосын тұғыртасқа қайта отырып, қолын алдына айқастырды, басы қайта салбырап кеудесіне түсіп кетті.
Өзімен өзінің көңілсіз әңгімесіне қайта кірісті.
Кенет ол басын көтеріп алды — көшеде біреу-міреу жүрген сияқты, таяу маңнан аяқ алыс анық естіледі, көзін қадап көше тұйықталар тұстағы Архив үйінің алдынан фонарьдың жарығымен жас та көңілді бозғылт жүзді көрді.
Қарулы адам көшесіне Гаврош келген еді.
Ол жоғарыға қарап бірдеңені іздейтін секілді.
Жан Вальжанды ол көрді, бірақ назар аударған жоқ.
Жоғарыны шолып, Гаврош төменгі жақты қарай бастады; аяғының ұшымен бірінші қабаттың терезелері мен есіктерін тексеріп көрді, олардың бәрі жабық екен, бірі құлыптаулы болса, екіншісі іштен іліп алынған. Осылай баррикада жасап алған бес үйдің кіріс есігін тексеріп, иығын бір қиқаң еткізіп, істің мән-жайын мынандай сөзбен анықтады:
— Тәйірі алсын!
Сосын жоғарыға қайта қарай бастады.
Сол сәтте көңіл күйіне орай ештеңеге назар аударуға зауқы жоқ Жан Вальжанның қойған сұраққа жауап қайтаруының өзі неғайбыл еді, соған қарамастан мынау баламен тіл қатысып қалғысы келді.
— Балақай! — деді ол. — Саған керегі не?
— Маған тамақтану керек, — деп Гаврош ашық мойындады да, намыстанып қалып, — өзіңіз балақайсыз, — деді.
Жан Вальжан қалтасын ақтарып бес франктік теңге алып шықты.
Ұшып-қонушылар тұқымына жататын Гаврош сөйткенше болмай бір аяғынан екіншісіне секіріп түсіп, жерден тас алды. Фонарьды көрсетіп:
— Қараңызшы! — деді ол. — Мұнда сіздердің әлі шамдарыңыз бар екен. Сіздер тәртіпке бағынбайтын көрінесіздер, достар. Бұл дұрыс емес. Ал, қане, бұл күннің көзін құртайық.
Ол фонарьға тас лақтырды. Әйнегі быт-шыт болып жан-жаққа ұшты, қарсыдағы үйлердің бой тасалап қалқаның астында отырған тұрғындары: "Міне, енді тоқсан үшінші жыл басталайын деді!" деп қақсап қоя берді.
Фонарь қатты теңселіп барып жалп етіп сөнді. Көше бірден қап-қараңғы болды.
— Солай, солай, кемпір-көше, — деп қуаттап қойды Гаврош, — енді түнгі тебетейіңді кие бер.
Сосын Жан Вальжанға бұрылып сұрақ қойды.
— Анау көшенің шетінде состиып тұрған дәу сарай қалай аталады? Архив дей ме, қалай? Мынау түкке керек жоқ жуан бағандарын талқандап баррикада жасаса ғой, қызық сонда болар еді!
Жан Вальжан Гавроштың қасына келді.
— Байғұс! Тамақ ішкісі келеді екен, — деп міңгірледі де бес франктік теңгені қолына ұстатты.
Гаврош мұрнын көтеріп, мына "судың" үлкендігіне таңданды; қараңғыда жалтыраған ірі теңге көзін қарықтырды. Бес франктік теңге жөнінде құлағы естігені бар, оның даңқын да біледі, енді міне, соның бірін қолымен ұстап қайран қалып тұр.
— Мынау жолбарысқа қарап көрелік! — деді ол
Азды-кем теңгеге қарап тұрды да, Жан Вальжанға бұрылып, ақшасын өзіне ұсынып, айбарлы бір кейіппен:
— Буржуа! — деді. — Маған бұдан фонарьларды сындырған артық. Жабайы жыртқышыңызды өзіңіз алыңыз. Мені сатып ала алмайсыз. Оның тырнағы бесеу болса да маған батпайды.
— Сенің шешең бар ма? — деп сұрады Жан Вальжан.
— Сіздікіндей болмаса да, бар, — деп ойланбай жауап берді Гаврош.
— Онда мынау ақшаны анаң үшін ал, — деді Жан Вальжан.
Гаврошты бұл сөз толқытты. Оның үстіне сөйлесіп тұрған бұл адамы бас киімсіз екен, бұл оған сенуге болатынын айғақтағандай.
— Шынымен бе? — деп сұрады ол. — Бұл маған фонарьларды сындырмас үшін беріліп жатқан жоқ қой?
— Қанша қажет болса, сонша сындыр.
— Сіз жақсы балақайсыз, — деп Гаврош бес франктік теңгені қалтасына сүңгітті.
Оның сенімі артып, тағы да сұрақ қойды.
— Сіз осы үйде тұрасыз ба?
— Иә, оның не керегі бар?
— Маған нөмірі жетінші үйді көрсете аласыз ба?
— Саған нөмірі жетінші үйдің қажеті қанша?
Бала мүдіріп қалды, тым көбірек айтып қойдым ба деп қорықты, ызаланып бес саусағын түгел шашының арасына тығып жіберді:
— Жай әншейін!
Жан Вальжанның ойына бір болжам түсті. Мазасыздық меңдеген жанда осындай бір айығар сот болады.
— Бәлкім, сен маған күтіп жүрген хатымды әкелген шығарсың? — деп сұрады ол.
— Сізге ме? — деді Гаврош. — Сіз әйел емессіз ғой.
— Хат мадмуазель Козеттаға жолданған, солай емес пе?
— Козетта дейді? — деп бұрқ етті Гаврош. — Онда дәл солай жазылғандай-ақ! Күлкілі есім екен.
Ендеше былай, мен оған хатты тапсыруым керек, — деп жариялады Жан Вальжан. — Оныңды мында әкел.
Ондай болған жағдайда менің баррикададан жіберілгенімді білесіз ғой.
Әрине, білемін.
Гаврош қолын басқа қалтасына салып төрт бүктелген қағазды ашып шықты.
Сосын қолын шекесіне қойып құрмет етті. Құрметті жеделхат, — деді ол. — Уақытша үкіметтен жолданған.
— Әкел бері, — деді Жан Вальжан.
Гаврош қағазды басынан жоғары көтеріп ұстап тұрды. Мұны махаббаттың шимайы деп ойлап қап жүрмеңіз. Ол әйелге жазылған, бірақ халық атынан. Біз, еркектер, соғысамыз, ал әлсіз жынысты қастерлейміз. Кербез салдар кез келген жеңілтек еркетотайларға құпия хат жолдайтын жоғары таптағыдай емес, бізде бәрі нақты.
— Әкел!
— Шынында, сіз жақсы балақай сияқтысыз, — деп сөзін жалғастырды Гаврош.
— Тезірек әкел енді.
— Мінекиіңіз.
Ол хатты Жан Вальжанға тапсырды.
— Асығыңыз, Белгісіз мырза, Белгісіз мамзель сарғая күтіп, зарығып отырған шығар.
Гаврош өзінің тапқыр сөзіне тым разы болды.
— Жауабын қайда жіберу керек? — деп сұрады Жан Вальжан. — Сен-Мерриге ме?
— Сәл қателесіп кеттіңіз! — деді Гаврош дауыстап. — Самса асығыстың асы емес деген ғой. Бұл хат Шанврери көшесіндегі баррикададан, мен соған ораламын. Тынышты түн, азамат!
Осы сөзбен Гаврош кетті, немесе, дұрысын айтқанда ұшып келген жағына құстай ұшты. Ол қараңғылық қойнына қайта кіріп, пәс тартпас шапшаңдығымен түнекті бұрғылап тесіп келе жатқан секілді, Қарулы адам көшесі болса, қайтадан қаңыраған үнсіз қалпына көшті, көзді ашып-жұмғандай болмай, бойында көрген түс пен көлеңкеден бірдеңе бар сияқты, біртүрлі бала қарауытқан үйлердің қатары арасындағы қараңғылыққа басымен сүңгіп жөнелді. Бірнеше минөттен кейін сынған бір фонарьдың әйнектері сатыр-күтір көше табанына тағы түсіп, түкке түсінбеген тұрғындарды тағы да оятпағанда оны түнекке еніп еріп, жойылып кетті деуге болатын еді. Шом көшесімен зымырап бара жатып Гаврош осыны жасады.
Үшінші тapay
КОЗЕТТА МЕН ТУСЕН ҰЙЫҚТАП ЖАТҚАНДА
Жан Вальжан Мариустің хатымен оралды.
Олжасын ұясына алып келе жатқан жапалақ сияқты қараңғылыққа разы ол баспалдақты сипалап жоғары көтерілді де, есігін ақырын ғана ашып, жауып, бөлмесінен құлақ түріп, шу ештеңе жоқ па екен деп елеңдеп, шамасы Козетта мен Тусен ұйықтап жатқанын анықтап қана көңілі орнына түсті. Фюмада қоспасы құйылған шыны сауытты тұтату үшін бірнеше сіріңкені шығындады, қолы дірілдеп ұрлық қылғандай үрейленді. Ақыры, шырақ жанып, үстелді шынтақтай отырып ол хатты ашып, оқуға кірісті.
Кісі қатты толқығанда қағазды оқымайды, тарпа бас салады, оны құрбандығындай уысына қысып, умаждайды, оған өшпенділіктің шеңгелін батырады, соңына көз жүгіртіп, секіріп басына түседі. Назары бір орында тұрмай, бұлталақтап, алдындағыны жалпы шолып, тек өзіне керегін ғана іздеп, бір жеріне кеп тоқтайды, басқасының бәрі ол үшін жойылып кетеді. Жан Вальжан да Мариустің хатынан тек мына жерін ғана ұстап қалды.
"...Мен өлемін. Осы жолдарды оқып жатқаныңда менің жаным сенің қасыңда болып..."
Осы жолдарды оқып ол керемет қуанды, сезімнің әп-сәтте алмасуы жанды жаншып жібергендей сәттер болады ғой, Жан Вальжан мас адамдай Мариустің хатына таңдана қарады, көз алдына жеккөретін жан иесінің өлімі сынды керемет көрініс келді.
Көңілінде ол қуаныштың жабайы бір ызығу үнін сыртқа шығарды. Сонымен, бәрі де бітті. Шешімі ол күткендігіден әлдеқайда бұрын әрі тез болды. Оның жолында кесе көлденең тұрған болмыс жойылды. Мариус мәжбүрліксіз, өз еркімен өмірден кетеді. Жан Вальжанның қатысуынсыз, мұның тарапынан ешқандай кінә болмай "ол адам" ұзамай өледі. Бәлкім, өліп те қалған шығар. Енді ол өзінің аласұрып өрекпіген көңілін ой таразысына тартып көрді. Жоқ. Ол әлі тірі. Хат, зайыры, Козетта ертең таңертең оқиды деген есеппен жазылса керек; екі дүркін атыстан кейін, сағат он бір мен түн ортасына дейінгі аралықта ештеңе болған жоқ; баррикаданы тек күн шыға ғана шындап шабуылдайды, бірақ "ол адам" көтеріліске тартылғалы біраз болды ғой, оны өлді деп санаса да артық емес, ажалдың аран тісті доңғалағының астында жатқан шығар. Жан Вальжан өзінің азат күні туғанын сезді. Демек, енді ол Козеттамен қайтадан екеуі-ақ болады. Бақастық бітті, мұның алдынан болашақ қайта ашылды. Ол үшін хатты тек қалтаға жасыру ғана қалды. "Ол адаммен" не болғанын Козетта ешқашан білмейді. "Енді тағдыр жазғанның өздігінен орындалуына тек бөгет болмау керек, — деп ойлады ол. — Aнау адам құтылуы мүмкін емес. Егер әзір өлмесе, соз жоқ өледі. Бұл бақыт қой!"
Осыны айтып ол қабарып кетті.
Сосын төменге түсіп, қақпашыны оятты.
Шамасы бір сағат өткенде Жан Вальжан ұлттық ұланның киімін киіп, қолына қару ұстап үйден шықты. Қақпашы оған қару-жарағының жетпейтіндерін оп-оңай-ақ тауып берді. Оның мылтығы оқталып, патрон салынған толық сөмкесін асынып алды. Сөйтіп Орталық базар жаққа бет түзеп тартты да отырды.
Төртінші тарау
ГАВРОШТЫҢ АРТЫҚ АШУЫ
Осы екі ортада Гавроштың басынан бір оқиға өтті.
Шом көшесіндегі шамдарды таспен ұрып Сен-Вьейль-Одриет көшесіне шыққан ол "тіпті ит" те кездестірмей, өзі білетін бір өлеңді шырқап беруді жөн көрді. Ән оның адымын баяулатпай, қайта шапшаңдата түсті. Ұйықтап қалған немесе қорқып жатқан үйлердің арасымен бойлай жүріп, әрқайсына бір шақпа шумақ сыйлап бара жатты:
Шымшық шық-шық күбірлейді:
"Қыз бен орыс бүгін, дейді,
— Қарағайдың түбінде енді..."
Қайда кеттің, сұлуларым,
Құстай ұшып бүгін бәрің!?
Достым Пьеро бұл не ғадет?
Қасындағың күнде өзгеред,
Қайда кеткен ар мен әдеп?
Қайда кеттің, сұлуларым,
Құстай ұшып бүгін бәрің!?
Шын махаббат удан бетер
Алқымнан ап жаншып өтер
Ақыл-ойды шашпа бекер.
Қайда кеттің, сұлуларым,
Құстай ұшып бүгін бәрің!?
О, қайдасың, қызық шағым!
Лизон сылап тұлымшағын,
Маған қимақ шыбын жанын.
Қайда кеттің, сұлуларым,
Құстай ұшып бүгін бәрің!?
Сюзетта атса оқты көзбен,
Қаһарына кім бар төзген,
Тізем дір-дір, түкті сезбен.
Қайда кеттің, сұлуларым,
Құстай ұшып бүгін бәрің!?
Тарауларды парақтаймын,
Мадлен барда дарақтаймын,
Сайтандарды жолатпаймын.
Қайда кеттің, сұлуларым,
Құстай ұшып бүгін бәрің!?
Тоқтай тұршы, Адель жаным,
Ақ балтырың сұлу қандай,
Жүрегімді суырғандай!
Қайда кеттің, сұлуларым,
Құстай ұшып бүгін бәрің!?
Пәс тартады жұлдыздарың,
Стелланы көргенімде.
Менімен үйге келгенінде.
Қайда кеттің, сұлуларым,
Құстай ұшып бүгін бәрің!?
Әндеткенде де Гаврош әр сөздің екпін-ырғағына қарай жұлқынып, бүкіл денесімен қимылдайды. Қимыл қайырма үшін тірек нүктесі тәрізді. Бет-аузын мың құбылтып, көзін алартып, аузын қисайтып, мандайын тыржитқанда жүзі желді күні жайған кірдей толқындайды. Өкінішке орай түнде төңіректе ешкім жоқ. Біреу көрсе шошып қалуы да кәдік. Дарын шіркін осылай елеусіз қалады ғой.
Кенет ол тоқтай қалды.
Романсты үзе тұрайық, - деді ол.
Оның мысық көзі қараңғылық қойнынан бірдеңені шалып қалды, қақпаның ар жағынан суретте "ансамбль" аталатын әлдебір болмыс пен әлдебір затты байқады, бақса, ол қол арбада ұйықтап жатқан оверндік екен.
Арбаның тұтқасы жол жиегіне барып тірелген де, оверндіктің басы арбаның алдына сұғынып, аяғы жерге тиіп жатыр.
Тұрмыс-тіршілікті көріп өскен Гаврош оның маскүнем екенін бірден білді.
Бұл қатты ішіп алып, есін білмей ұйықтап жатқан жүкші екен.
"Жазғы түннің жақсылығы осындайда, — деп ойлады Гаврош. Оверндік өз арбасында ұйқысын қандырып болған соң, арбасын Республика үшін тартып алады да, өзін монархияға қалдырады".
Оған керемет бір ой келді: "Арба баррикаданың бір тығынына керемет келеді екен".
Оверндік қорылдап жатыр.
Гаврош арбаны алдыңғы тұтқасынан тартып, етінен ет кесіп алса білмейтін оверндікті аяғынан жұлқып қалып еді, көше табанына сұлқ түсіп, көсіліп жата берді.
Арба бос қалды.
Күтпеген кенет оқиғаларды басқарумен қарсы алуға үйренген Гаврош бар мүлкін өзімен бірге ала жүретін. Қалтасын ақтарып, одан бір жапырақ қағаз бен бәз-бір ағаш шеберінен қағып кеткен Қызыл қарындаштың тұқылын алып:
"Француз Республикасы.
Арба алынды", — деп жазып, соңына "Гаврош" деп қол қойды.
Сосын хатты қаннен-қаперсіз қорылдап жатқан оверндіктің қалтасына сұғып, арбаның қос жетегін екі қолымен ұстап, жеңісіне шаттанғаннан қуанышы қойынына сыймай, арбаны салдырлатып бар пәрменімен Орталық базарға қарай жүгіре тартты. Бұл маң қауіпті еді. Король баспаханасының тұсында күзет тұратын. Гаврош осыны ойламапты. Баспахана маңын төңіректегі кенттерден келген ұлттық ұлан жасағы алып жатыр. Шошынған жасақ жорық төсегінен басын көтерді. Сынған екі шам, бар дауыспен шырқалған ән, арбаның салдыры, — күн бата-ақ ұйқыға кірісетін, ертеңгілік жарықты да кеш сөндіретін қорқақ көшеге үрей шақыру үшін молынан жетіп жатыр. Ал көше баласы осы бейқам аймақта шөлмекке кіріп кеткен шыбын құсап, бір сағаттан астам ызыңдап, ызғытып жүр. Осы өңірдің сержанты құлақ түріп, күтіп отыр. Ол өзі аса сақ адам болатын.
Арбаның тынымсыз салдыр-гүлдірі сержанттың шыдамын шегінен шығарып, тергеуді дереу жүргізуге мәжбүр етті.
— Олар мұнда тұтас шайка ғой, тегі, — деп бұрқ етті ол. — Барып байқайық, тек ептеп, ақырын.
Анархияның жеті басты айдаһары апаннан шығып, осы орамдарда білгенін істеп жүргендері айқын болды.
Сержант абайлай басып қарауыл бөлмесінен шығуға бел буды.
Вьейль-Одриет көшесінің тура бұрылысында Гаврош мылтық ұстаған, қауырсынды биік бөрік киген мундирлімен қақтығысып қалды.
Гаврош қайта тоқтады.
— Қарай гөр, — деп таңданды Гаврош, — тура қарсы алдымнан шығуын. Қайырлы кеш, қоғамдық тәртіп мырза!
Гавроштың таңдануы әмсе ұзаққа созылмайтын.
— Сен қайда бара жатырсың, жүгірмек? — деп зіркілдеді сержант.
— Азамат! — деді Гаврош. — Мен сізді буржуа деген жоқпын ғой. Мені неге қорлайсыз?
— Сен қайда бара жатырсың, сотанақ?
— Тақсыр, бәлкім, кеше сіз ақылды адам болған шығарсыз, бірақ бүгін ертеңгілік ол атағыңыздан айырылғансыз, — деп жауап берді Гаврош.
— Мен сенен сұрап тұрмын ғой, кеңкелес, қайда барасың деп?
— Сіздің сөйлеу мәнеріңіз өте сүйкімді екен. Рас, өз жасыңызды сізге беруге болмайды. Мынау бұйра шашыңыздың әp талын неғып жүз франктен сатпай жүрсіз. Бірден бес жүз франк пайда түсірер едіңіз ғой.
— Қайда бара жатырсың деймін? Қайда барасың? Қайда? Айт кәне, бандит?
— Қандай жексұрын сөздер! — деп қағытты Гаврош. — Келесі жолы емізгенде, омырауын бермес бұрын аузыңызды жақсылап сүртсін.
Сержант сүңгісін кезді.
— Әй, сен ақыр соңында қайда баратыныңды айтасың ба, қасекі?
— Генерал мырза, — деп жауап қатты Гаврош, — зайыбыма дәрігер іздеп жүр едім, ол босанғалы жатыр.
— Қаруға ұмтылыңдар! — деп айқайлап атой салды сержант.
Өзіңе қатер төндіріп тұрған нәрсенің көмегімен ажалдан құтылу деген күшті адамдардың қолынан ғана келетін ең үлкен өнер; Гаврош істің жайын бірден бағалады. Арба оны ұстап берген екен, енді осы арба құтқаруы да керек.
Сержант Гаврошқа тарпа бас салғалы ұмтылғанда қол арба лақтыратын снарядқа айналып бар қуатымен серпілгенде сержанттың бүйіріне сарт ете қалып, су ағар орға мұрттай ұшырды, мылтық ауаға атылды.
Сержанттың айғайына солдаттар оянып, әрқайсысы беталды бір бірден оқ шығындап, сосын қарауылдағылар мылтықтарын қайта оқтап, қайта ата бастады.
Бұл атыс табандатқан ширек сағатқа созылып, қаншама терезе әйнегі быт-шыт болды.
Осы екі ортада жан ұшыра кейін жүгірген Гаврош оқиға болған жерден алты көше ұзап, алқына кеп тоқтаған еді, Қызыл жетімдер көшесінің бұрышындағы тұғыртасқа отырып ентігін әрең басты.
Құлағын түріп, тың тыңдады.
Ентігі басылған соң екіленген атыс жалғасып жатқан жаққа бұрылып, сол қолымен мұрнын көрсетіп, оң қолымен бір мезгілде желкесін ұрғылады. Париж гамендері француздың келеке мазағына енгізген осы бір мәнерлі ымы ғұмырлы болып, жарты ғасыр бойы жасап келеді.
Алайда Гавроштың көңілді көңіл-күйін бір қапас ой басты.
"Иә, мен сақылдап күліп, күлкіден ішегім түйіліп, мәз-мейрам болып отырмын, — деп ойлады ол, — бірақ жолдан адасып қалдым ғой. Енді қала, қалама, айналып жүруге тура келеді. Тек баррикадаға уақытында оралу керек".
Ол жөнеп берді.
"Аһ, иә, мен әлгі өлеңнің қай жерінде тоқтап едім?" — деп жүгіріп келе жатып есіне түсіруге тырысты.
Сосын көшеден көшеге сүңгіп, әлгі өлеңін әндетіп қайта бастады. Қараңғыда баяулай созылып өлең одан әрі жалғасты.
Шөптей орды уақыт бәрін,
Бастилияңнан берік-ті жұрт.
Достар, тозған режимді құрт.
Қайда кеттің, сұлуларым,
Құстай ұшып бүгін бәрің?
Ермек үшін қаруланып,
Бір соққанда шар кетті.
Кезекте тұр - Бурбондардың әулеті.
Қайда кеттің, сұлуларым,
Құстай ұшып бүгін бәрің?
Жаза алмасын Луврдағы үн,
Монархияны құрт, халық.
Қаруға ұмтыл мықтанып.
Қайда кеттің, сұлуларым,
Құстай ұшып бүгін бәрің?
Тортемірде тұрмас жалын,
Бітті Карл Оныншың,
Лай суға енді шомылсын.
Қайда кеттің, сұлуларым,
Құстай ұшып бүгін бәрің?
Қарауылдың қарулы қақтығысы нәтижесіз қалған жоқ. Қол арба ұсталып, маскүнем тұтқынға алынды. Қол арба тұтқынға жіберіліп, маскүнем қылмысқа қатысушы ретінде әскери сот арқылы жеңіл-желпі жазаланды. Бұл жағдай ол замандағы прокуратураның қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі қажымас, талмас құлшыныс-жігерінің айғағы.
Тампль орамының аңыз әңгімелеріндегі Гавроштың бастан кешкендері Маренің қарт буржуаларының ең бір сұмдық естеліктерінің бірі; олардың жадында бұл оқиға "Король баспаханасының қарауыл үйіне түнгі шабуыл" деген атаумен тайға таңба басқандай боп қалды.
БЕСІНШІ БӨЛІМ
ЖАН ВАЛЬЖАН
БІРІНШІ КІТАП
ТӨРТ ҚАБЫРҒАНЫҢ ІШІНДЕГІ СОҒЫС
Бірінші тарау
СЕНТ-АНТУАН КЕНТІНІҢ ХАРИБДАСЫ МЕН ТАМПЛЬ КЕНТІНІҢ СЦИЛЛАСЫ
Әлеуметтік дауылдардың зерттеушілері атап өтерлік екі тамаша баррикада бұл кітаптың оқиғалары өтетін кезеңге жатпайды. Әрқайсысы дауылды дәуірінің өзіндік бір бейнесі болған бұл екі баррикада тарихтың көзі көрген ең ұлы көне соғысы — 1848 жылғы қатерлі маузым көтерілісі кезінде жер астынан өсіп шыққандай болды.
Кейде ұлы бүлікші қара бұқараның тіпті ұлы ұстанымдарға да қарсы боп, бостандыққа, теңдік пен туысқандыққа, сайлау құқығына, жоғарғы билікке қарсы шығатын кезі болады, қарсы шыққанда да өз торығуының түпсіз шыңырауынан, өз қайыршылығы мен қайғы-қапасының, өкініш-тынысының, жоқ-жітігінің, үрей-қорқынышының, қараңғылығы мен надандылығының тереңінен қайнап шыққан ашу-ызамен бас көтереді, тіпті халықтың өзіне соғыс жариялайды.
Шоқпыттар қоғамдық құқыққа шабуыл жасайды; билік алған тобыр қарапайым тұрғындарға тарпа бас салады.
Осынау түнек күндердің өзінде, осыншалық ессіздіктің арасынан да әділеттің белгілі бір үлесі қашанда табылады, мұндай жекпе-жек өзін-өзі өлтіруге бара-бар, ал шоқпыттар, қаралар, тобырлар, қарабайыр халық, қорлық сөздер ең алдымен билік құрушылардың кінәсін, дәрежесі артықтардың кінәсін дәлелдейді, оған әсте жапа шегушілер кінәлі емес.
Өзіме келсем осы сөздерді мен жаным ауырып, қорлық көргендерге құрмет білдіре отырып ауызға аламын, егер философия оқиғаға осы сөздер сәйкес келетін оқиғаларға үңги түссе, одан ұлылықпен қатар күйкілікті де табар еді. Афиныда тобыр билігі — охлократия болды, гездер19 Голландияны жасады, плебейлер20 Римді әлденеше рет құтқарды, қара бұқара Иса пайғамбарға ерді.
Әлеуметтік шыңыраудың айбыны жөнінде ойшылдардың қайсысы толғанбады дейсің!
Шарапатты Иероним өзінің астарлы "Ғех urbis, lex orbis"21 деген ғақлиясын шығарғанда, шамасы, арасынан уағызшылар мен азапкерлер шыққан осы барша кедейлерді, қаңғыбастар мен аласталғандарды ойласа керек.
Азап шегіп, қан жұтқан тобырдың ашу-ызасы өзі үшін өмірлік қажеті бар ұстанымдарға қарсы ойсыз бас көтерулері, заңсыздықтары мемлекеттік төңкеріске итермелеп, ақыры басып-жаншылуға тиіс. Адал адам бұқараға деген сүйіспеншілігі үшін осы қадамға барып, күреске түседі. Алайда қарсы күресе отырып, оның жаны оған қалай ашиды. Тойтарыс бере отырып қалай құрметтейді. Бұл өзі өте сирек құбылыс, әділетті істей отырып, сонда да қысылып қипақтаймыз, істі жеріне жеткізе алмайтындай көреміз; қажет болған соң ғана табандылық танытамыз, алайда қанағаттанған ар-ожданның өзі қапалы, біз борышымызды өтейміз, ал кейде жүрек сыздайды.
Ескертуге асығар болсақ, 1848 жылдың маусымы философия тарихында сараптауға жатпайтындай айрықша оқиға болды. Осы бір құлақ естіп, көз көрмеген бүлік туралы әңгіме болғанда жоғарыда айтылған сөздердің бәрін қайтарып алуға тура келеді, онда еңбекшілердің қасиетті ыза-кегі, өз құқығын көксегені айқын көрінді. Бүлікті басуға тура келді, борыш соны талап етті, өйткені ол Республикаға қатер төндірді. Ал шын мәнінде 1848 жылдың маусымы алға не тартып еді? Ол халықтың өзіне қарсы өз көтерілісі болды.
Негізгі мазмұнға қатысты мұның бәрін кері шегіну деп санауға болмайды; сондықтан да оқырман назарын әлгінде ғана еске түсірген екі баррикадаға, әсіресе көтеріліс үшін тән қарекетке аударғымыз келеді.
Біреуі Сент-Антуан кентіндегі заставаға бөгеуіл болды да, екіншісі Тампль көшесіне кірер бетті қорғады, маусымның көгілдір аспаны астында бой көтерген азамат соғысының осы қаһарлы туындыларын бір көрген жан оларды ешқашан ұмытпайды.
Сент-Антуан баррикадасының көлемі сұмдық — биіктігі үш қабатты үйдей, ені жеті жүз фут. Ол бір бұрыштан бір бұрышқа дейін кенттің кең сағасын, яғни үш бірдей көшені бөгеп тастады; ойылған, орылған, ойқыл-шойқыл, тісті, тіссіз үсті тегіс тастан қаланған орасан зор құбылыстың әр тұсында оқатар тәрізді тесіктері бар, әртекті текшелері сыртқа теуіп, екі үлкен үй мүйіс жасап тылын көлегейлеп тұрған алып тоған сияқты, тереңіндегі сұсты алаңы бағзыда 14 шілдеде көрген нағыз бастионның өзі еді. Бұл баррикаданың сыртында текшеленіп көшенің түкпіріне дейін созылып жатқан бірінен бірі аласа он тоғыз шағын баррикада және бар. Қаланың шет аймақтарының өкініш-ызасы апатқа дейін апаратын азапты қайғысын сезу үшін осыларға қараса да жетіп жатыр. Сонда баррикада неден жасалған дейсіз ғой? Біреулер бұл үшін алты қабат үй әдейі құлатылған дейді. Басқалардың сөзіне қарағанда халықтың ашу-ызасы ғажайып жасаған көрінеді. Өшпенділіктен туатынның бәрі сияқты құлаған бұл құрылыс та көңіл құлазытады. Ал енді мұны кім жасады деп сұрауға да болар? Ол бұрқ-сарқ қайнаған ыза-кектің күшімен салынды. Тоқтай қал: анау есікті көрдің бе, тортемір, жаппа, жақтау, темір пеш, жарылған қыш құмыра ше? — бәрін лақтыр. Сындыр, бүлдір, бұра, аудар, әкел, итер, үйе бердің нәтижесі бәрі. Бір үймеге тасты да, қиыршықты да, бөренені де, темір сымды да, сынған әйнекті, қираған орындықты, ескі-құсқы шүберекті де — қолға не түссе соның бәрін әкеп төге берген. Бұл әрі зор, әрі қор бір қарекет. Әбігер мен асығыстың үстінде жасалған алғашқы болымсыздықтың келеке-мазағы іспетті.
Алыптар мен атомдар алма-кезек ауысып жатыр: қабырғаның бір бөлегінің қасына тесік тегешті тыққан, түрлі сынықтардың үрей ұшырар қоспасы; Сизиф алып жартастар әкеп тастаса, Иов жабындысын тасыған. Жиналып келгенде бәрі қорқыныш туғызады. Бұл бір жалаңаш Акрополь. Еңістердің бәрінде төңкеріліп жатқан арбалар, доңғалағы аспанға қарата аударылған ұзын күйме бұл құрылыстың бүлікшіл бетіндегі жара сияқты, аттарын доғарып тастап, қолмен көтеріп әкеп баррикаданың түзу төбесіне шығарып, жетегін көкке қаратып қойған омнибусты құрылысшылар аспаннан ат сұрағандай әдейі қойған сияқты көрініс екенінде дау жоқ. Осынау орасан дәу үйінді, бүліктің толқыны шайып жадыңда революция атаулының Пелиондағы қобырап жатқан Осса үйіндісін қайта тірілтеді: 93-ші мен 89-шы жылдардағы 10 тамыздың 9 термидоры, 21 қаңтардың 18 брюмері, 1848 мен 1830 жылдар, т.б. Алаң соған татитында, баррикаданың Бастилия жойылған жерден бой көтеруіне қақысы бар еді. Егер мұхит бөген жасайтын болса, дәл осылай-ақ жасар. Ағыстың ашуы осы ұсқынсыз үйіндіге де өз табын басты. Қандай ағыс дейсіз бе? Тобырды қайда қоясың. Тегінде сіздер тас боп қатқан күрсініс-зарды ғана көресіздер. Тегінде сіздер баррикаданың үстіндегі омартадағыдай ызыңды ғана еститін шығарсыздар, ол буырқанған прогрестің көзге көрінбейтін орасан зор аралары. Ол болмаса, тұмсық батпас қалың орман. Болмаса мастың есалаңдығы. Болмаса мызғымас қамал. Бейнебір есуастық қағылған қанат құсатып жарата салған секілді. Бұл бекіністе жиіркенішті де бірдеңе бар, бұл қуыста олимпиялық та бірдеңе бар. Анда да, мында да шатырлардың сынығы, мансардтың түсқағаз желімделген қабырғалары, әйнегі бүп-бүтін терезе жақтаулары, шатырдан сыпырылған тұрбалар, шкаф, орындық, үстелдер құм-қиыршық пен малта тастардың арасынан состиып, сойдиып шығып тұр. Ыза-кек пен қырып-жоюдың табы бар. Бұл үйіндіні қайыршылардың шоқпытына дейін жүрген халықтың ескі-құсқысы, ағаштан, темірден қалған ескі-құсқылар, Сент-Антуан кентінің есіктің сырттан шығарып, керексіз деп тастағандарының бәрін қуатты бір сыпырғыш сыпырып-сиырып әкеп кедейліктің өзінен баррикада жасап қойғандай. Бас шабатын жаңғырықтай кеспелтектер, үзілген бұғаудың шынжырлары, дар ағашындай ашасынан ажыратылмаған бөренелер, доңғалақтар қиыршық тастардың арасынан сұстанып мынау қапас анархия тұрағынан біз кезде халықты жазалаған құралдардың бәрін көзге ұрып тұр. Сент-Антуан баррикадасы бәрін қаруға айналдырды; азамат соғысы қоғамның басына лақтырып, ұрып жығатын нәрселердің барлығы осында, сондықтан мұны айқастан гөрі жын ұстап, құтыру деген дәлірек болар. Бұл орамды қорғайтын карабиндер мен мушкетондар жарықшақтармен, сүйек-саяқтармен, түймелермен, тіпті түнгі үстелшелердің дөңгелектерімен оқталып, дені мыстан жасалған бұйымдар болған соң, атқанда әжептәуір қатер төндірді. Баррикада әбден желігіп алды. Долдана зарлап, айғай-сүрең салып аспанды басына көтеріп, ауық-ауық қоршап тұрғандардың шамына тигісі келгендей құжынап буырқанған тобырымен баррикаданың беткейіне шыға кеп, теңіздей толқыған қызуқанды бастар қолдарындағы мылтықтары мен қылыштарын, шоқпарлары мен балталарын, сапылары мен сүңгілерін безеп, туырлықтай қызыл туларын желмен желбіретеді. Баррикададан әскери бұйрық, жауынгерлік әндер, барабандардың дүңгірі, әйелдердің жылаған дауысы, аштан өліп бара жатқандардың қиқылдаған күлкісі естіледі. Ол аждаһадай әзірейіл болып көрінсе де, қайнаған өмірге толы, одан электр жарқылындай ұшқындар шашырап жатты. Революция рухы халықтың үні тәңірдің даусындай күркірей шыққан осы шыңның басында бұлт болып айналды да жүрді; көң-қоқырдың осы алып үймесінен керемет айбын байқалады. Кәкір-шүкірдің үймесі емес, Синайдың өзі сияқты ол.
Жоғарыда айтқанымыздай, баррикада Революция атымен шайқасты. Кіммен айқасты дейсіз бе? Революцияның өзімен. Бұл баррикада дегеніңіз бейберекеттіктің, асып-сасудың, кездейсоқтықтың, абдыраудың, білімсіздіктің тумасы Құрылтай жиналысына, халықтың жоғарғы билігіне, жалпыға ортақ сайлау құқығына, ұлтқа, Республикаға қарсы бас көтерді. Былайынша, Карманьолла Марсельезаны айқасқа шақырды.
Бұл шақыру ессіз есерлік болды, бірақ батырлықты паш етті, өйткені ескі қаланың шетінің өзі батыр болатын.
Кенттер мен олардың орамдары бірін бірі қорғады. Кент орамға сүйенді, орамдар кентке арқа тіреді. Алып баррикада асқақтап, Африкаға жорықтарында даңқы шыққан генералдардың стратегиясы тұмсығымен соғылып, талқаны шыққан мызғымас жартас болды. Оның ойысы мен қиысы, шодырайған шекесі мен арқасы шудаланған түтіннің арасында көңілді күлкі шақыратын тыржиған бет-ауызға ұқсады. Оның ұсқынсыз бетпердесіне қадалып картечь тұрып қалды, снарядтар жұтылып жойылып кетті, ядролар тесіктерді ғана тескіледі, сондықтан құр қуысты бомбалауда ешбір мән қалмады. Соғыстың ең сұмдық суреттеріне үйренген әскерлер қабанның түгіндей тікірейген, таудай жоталы мынау құбыжық-орамға үрейлене қарады.
Осыдан ширек миль жердей біреу-міреу батылы барып, Шато-д'О бульварына шығатын Тампль көшесінің бұршындағы Далемань дүкеннің көрме-әйнегінен тұратын өткір текшеге қараса, каналдың арғы бетіндегі көшенің жоғарғы шетінен Бельвиль кентіне баспалдақтан көтерілген биіктігі екі қабат үйдей тас қабырғаны көрер еді. Ол тура сызықпен оң жақтағы үйлерді сол жақтағылармен қосып тұр, бәз-бір көшенің өзі сенімді бөгет қою үшін ең биік қабырғасын кейін ысырған сияқты. Әлбетте, оны Римнің өзге қабырғалары секілді цементпен ұштастырмаған, алайда бұл оның қатаң архитектурасын бұзып тұрған жоқ. Биіктігіне қарап оның беріктігін болжауға болады. Жоғарғы ернеуі математикалық дәлдікпен іргетасқа тура параллель жасап тұр. Оқатар тесіктер де бір-бірінен бірдей қашықтықта шығарылған. Көшеде жан жоқ; барлық терезелер мен есіктер жабық, түкпірде үнсіз-түнсіз һәм қимылсыз застава асқақтап, көшені тұйықтап тұр. Қабырғада ешкім көрінбейді, ештеңе естілмейді: айғай-шу да, тіпті тыныс та жоқ. Бәз-бір табыт сынды ол.
Көз қаймықтырар маусым күні осынау кәрлі құрылысқа шуағын шашып-ақ тұр.
Бұл Тампль кентінің баррикадасы болатын. Жақындап келіп көрген жан ең батыл болғанның өзінде ғаламат көрініске таңданып ойланып қалары сөзсіз. Мұндағының бәрі қатаң тәртіппен түп-түзу етіп, бір-біріне тығыз кіріктіріп, мұқият, ұқыптылықпен симметрияны сақтай отырып қаһарлы етіп салынған. Бұл арада ғылым мен сиқыр бірлесіп кеткен сияқты. Мұндай баррикаданың жасаушысы геометр немесе елес болуы мүмкін. Оған қарай тұрып, деміңді ішпен алып, даусың пәс тартады.
Ара-тұра тек солдат, офицер немесе өкімет өкілі ғана бос көшені кесіп өтуге бел буып, ысқырған жіңішке бір үн шығып, өткен-кеткен не жараланып, не өліп артында қалып жатты. Егер ол аман өтіп кетсе, оқ онда терезенің қақпағына тиіп, не қабырғаның кірпішіне қадалып тұрып қалды. Кейде тіпті картечьтер де атылды. Баррикада жауынгерлері шойын газ тұрбалардың екі сынығынан бір ұшын шаш кендірмен, сазбен ұстастырып шағын екі зеңбірек жасап алды. Оқ-дәріні босқа рәсуа етпей, әрбір атуды нысанаға дөп тигізіп отырды. Анда да, мұнда да өліктер шашылып, көше табаны толарсақтан қан болды. Сонда көшеде ұшып-қонып жүрген ақ көбелек есімде қалыпты. Жаздың аты жаз-ау.
Төңіректегі үйлердің табалдырық тақтайлары жаралыларға толды да кетті.
Әркім өзін нысанада тұрғандай сезінді, қайда да көзге түспес дұшпан аңдып тұрғандай, көшенің ұзына бойында атыс жүріп жатыр.
Тампль заставасында, каналдың доғал көпірінің ар жағында шабуыл үшін сапқа тұрған солдаттар осы бір қапас қорғанға қабағын түйіп, шүйліге көз тігеді, ал ол болса мызғымай, қорықпай-үрікпей, өлім шашып тұр. Кейбіреулері биік бөркін көрсетпес үшін доғал көпірдің ортасына дейін еңбектеп жетті.
Айбынды полковник Монтейнар іштей толқи тұрып баррикадаға қызыға қарайды.
— Ой, қалай жасалған десеңші! — деді ол депутаттардың біріне қарап тұрып. — Сыртқа шығып тұрған бір тас жоқ. Тура фарфордан жасалғандай.
Сол сәт оқ оның кеудесіндегі орденді тесіп өтіп, ол құлап түсті.
— Қорқақтар! — деп айқайлады солдаттар. — Көрінсеңдерші, кәне! Сендерді бір көріп алайықшы. Олар қорқады! Қорыққан соң тығылады.
Сексен адам он мың қолға қарсы күресіп қорғаған Тампль баррикадасы үш күн бойы шыдас берді. Төртінші күні Зааче мен Константиндегі айқас сияқты, шабуылшылар үйлерге баса-көктеп кіріп, шатырларды сүзіп шығып, ақыры баррикаданы алды. Сексен "қорқақтың" бірде-бірі қашқан жоқ, бәрі өлтірілді, тек бастығы Бартелеми ғана тірі қалды, ол турасында кейін айтамыз.
Сент-Антуан баррикадасы сатыр-сұтыр күркірімен қайран қалдырса, Тампль баррикадасы үнсіздігімен таңдандырды. Екі қорғанның арасындағы айырмашылық та қатерлі мен қаһарлының арасындағы айырмашылық сияқты. Біреуі жыртқыштың басы да, екіншісі бетперде тәрізді.
Егер алапат әрі сұмдық маусым көтерілісінде ашу-ыза мен жұмбақ астасып кетсе, бірінші баррикададан — аждаһа, екіншісінен сфинкс елестеді.
Екі қамалды Курне және Бартелеми есімді екі кісі жасатты. Курне Сент-Антуан баррикадасының, ал Бартелеми Тампль баррикадасының еңсесін көтерді. Әрқайсында жасаған адамдарының сипаты сайрап тұрды.
Курне биік бойлы, кең иықты, толыққанды, жұдырығы қуатты, жүрегі батыл, жаны таза, жүзі сұсты, бірақ ашық адам болатын. Өте батыл, шапшаң, шамырқанғыш, адам ретінде ақкөңіл, жауынгер ретінде ең қауіпті кісі еді. Соғыс, күрес, айқас оған етене қарекет, қайсысына болсын білек сыбанып, қуана кірісіп кететін. Кезінде ол флот офицері болып қызмет еткен, оның қимылына, дауысына қарап, мұхит перзенті екенін, дауылдардың тумасы екенін тануға болады, ол шайқасқа құйындай ұйтқып беріп кеп кетті. Курнеде Дантонмен ортақ бірдеңелер болатын, Дантондай даналығымен қатар, тәңірлік шығу тегі болмаса да, Геркулеспен де ортақ қасиеттері бар-ды.
Арық, бәденсіз, үндемей боп-боз боп жүретін Бартелеми тағдыры қасіретті гаменді еске түсіретін, полицейден шапалақ жеп, оның түп ізіне түсіп, аңдып жүріп өлтіріп, он жеті жасында каторгаға айдалып кетті. Одан шығысымен баррикада жасауға кірісті.
Тағдырдың әмірімен екеуі де кейін қуғында жүріп, Лондонда тұрғанда Бартелеми Курнені өлтірді. Бәрі де бейбас жекпе-жектің қырсығы! Біраз уақыт өткен соң құмарлық араласқан бір жұмбақ оқиғаға кіріп кетіп, апатқа ұрынған ол француздың әділ соты кешірім жасағанмен, ағылшын соты тек өлім жазасын талап етіп, ақыры Бартелеми дарға асылды. Біздің қоғамдық құрылыс сондай қараңғы ғой, соның салдарынан осы бір керемет дарынды, аса ақылды адам жоқшылық көріп, кемсітіліп, Францияда каторгаға айдалды, Англияда дарға асылды. Қай жағдайда болсын Бартелеми тек қара ту көтерді.
Екінші тарау
ШЫҢЫРАУДА ӘҢГІМЕЛЕСПЕГЕНДЕ НЕ ІСТЕЙДІ
Он алты жыл көтерілісті астыртын әзірлеу үшін аз уақыт емес, 1848 жылдың маусымы 1832 жылдың маусымымен салыстырғанда көп нәрсені үйренді. Сондықтан Шанврери көшесіндегі баррикада жоғарыда сипатталған екі баррикадамен салыстырғанда тек сұлба, тек ұрық қана болды, бірақ өз уақытында ол да сұмдық үрей туғызды.
Анжольрастың бақылауымен көтерілісшілер түні бойы жұмыс істеді. Мариус ешқайсына да қатысқан жоқ. Баррикада қалпына келтіріліп қана қоймай, екі фут жоғары көтерілді. Көше табанына шаншылған темір қазық та көлденең ұстаған найзаны еске түсірді. Жан-жақтан жиналған ескі-құсқы, кәкір-шүкірдің бәрі баррикаданың сырт жағына үйіліп, оның опыр-топыр ұсқынын одан әрі айқындай түсті. Білгірлікпен жасалған қорған ішкі жағынан біртегіс қабырға орнатып, сырттан аяқ алып жүре алмайтын қалың жынысты үйді де тастады.
Шой тастардан қаланған баспалдақ жөнделіп, баррикадаға қорған қабырғасына көтерілгендей шығуға болатын болды.
Барлық жерді тәртіпке келтірді; күл-қоқыстан астыңғы залды тазартты, ас үйді жара таңатын орын жасап, жаралыларға алғашқы көмек көрсетілді, үстелдердің үстінде шашылып жатқан оқ-дәрілер жинастырылып, патрондар толтырылды, шүберек жіптер суыртпақталды, жерде шашылып қалған қарулар үлестірілді, қорғанның іші сыпырылып, сынықтар сыртқа шығарылды, өліктер жинастырылды.
Өлгендерді әлі де көтерілісшілер қолындағы Мондетур көшесіне үйді. Бұл жердің көше табаны ұзақ уақыт қаннан қып-қызыл болып жатты. Өлгендердің арасында қала шетіндегі аймақтардың ұлттық ұланы бар. Олардың мундирін Анжольрас сақтап қоюға әмір етті.
Анжольрас жұрттың бәріне екі сағаттай көз шырымын алып алуға ақыл берді. Оның ақылы бұйрыққа бара-бар еді. Алайда ақылын тыңдап мызғығандар тек үшеу-төртеу ғана болды. Фейи бұл уақытты ләйліхана қарсысындағы қабырғаға мынадай ұран жазуға жұмсады:
ХАЛЫҚТАР ЖАСАСЫН!
Тасқа шегемен ойып жазылған осы екі сөзді 1848 жылдың өзінде оқуға болатын еді.
Үш әйел түнгі тынысты пайдаланып бір жаққа жоғалып кетті, зайыры, көрші үйлердің біріне барып тығылса керек. Көтерілісшілер еркін тыныстады.
Жаралылардың көпшілігі айқасқа қатыса алатын еді. Жара таңатын орынға айналған ас үйде бөстек пен сабан төсеніште алты ауыр жаралы жатыр, олардың ішінде муниципалдық гвардияның екі солдаты бар. Олардың жарасы бірінші кезекте таңылды.
Астыңғы залда беті қарамен жабылған Мабеф пен діңгекке таңылған Жавер ғана қалды.
— Мұнда мәйітхана болады, — деді Анжольрас.
Шырақпен әзер жарық боп тұрған бөлмеде салмаға ұқсас үстелдің үстінде мәйіт жатыр да, оның ар жағында үлкен крестің кескіні көрінеді, бұл қақшиып тұрған Жавер мен жатқан Мабефтің көлеңкесі екен.
Атыс кезінде сынғанымен омнибустың жетегі әлі ұзын еді, оған апарып қызыл туды бекітті.
Нағыз командирдің қасиетімен дараланған Анжольрас сөзін ұдайы іске асыратын мінезімен өлген шалдың оқ тесіп, қанға боялған киімін апарып тағы да сол ағашқа ілді.
Жұртты тамақтандыратын ештеңе қалмады. Не нан, не ет қалған жоқ. Баррикада өткізген он алты сағаттың ішінде елу адам ләйліхананың болмашы қорын ішіп-жеп тауысты. Айқастағы кез келген баррикада ерте ме, кеш пе "Медуза" салынын кебін киюге тиіс. Аштыққа көнуге тура келді. 6-шы маусымның спартандық қатыгез күнінің алғашқы сағаты туды, кәдімгі Сен-Мерри баррикадасының көтерілісшілері: "Нан керек! Жейтін бірдеңе беріңдер!" деп кері шегінгенде Жанн: "Оның керегі қанша. Қазір сағат үш. Төртте біз өлеміз", деген еді ғой.
Тіске басар ештеңе болмаған соң Анжольрас ішуге тыйым салды. Шарапты жалпы көзге көрсетпей, арақты өлшеп қана берді.
Жерқоймадан нығыздап тығындалған он бес шөлмек табылды. Анжольрас пен Комбефер оларды тексеріп көрді. Жоғарыға көтерілген соң:
— Бұл Гюшлу ағайдың ескі қорынан болу керек, ол әуелі бақал саудадан бастаған ғой, -деп мәлімдеді Комбефер.
— Шарап өте жақсы болуға тиіс, - деп сөзге араласты Боссюэ.
— Грантердің ұйықтап жатқаны жақсы болды. Ол аяғынан тік жүрсе, бұл шөлмектерді одан қорғап көр.
— Күбір-сыбырға қарамай Анжольрас он бес шөлмекке тыйым салып, оларға ешкім қолын сұқпас үшін Мабеф жатқан үстелдің астына әкеп қоюға әмір берді.
Түнгі сағат екілер шамасында адамдарды түгендеді. Баррикадада әлі отыз жеті кісі бар екен.
— Таң ағара бастады. Бұрынғы орнына, малта тастардың ортасындағы саңылауға шаншылған шырағдан алау сөндірілді. Ішкі жағынан көшенің ортасынан қоршалған шағын аулаға ұқсайтын баррикада қараңғыға көміліп, әлі еркін ақтаңдақтана қоймаған алакеуімде жоғарыдан қарасаң қираған кеменің палубасын көзге елестетеді. Әрлі-берлі қыдырыстап жүрген баррикада жауынгерлері дірілдеген көлеңке тәрізді. Түнектің осы бip жексұрын ұясының үстінен үнсіз үйлердің сұрқай кескіні айқындала бастады, бұлдырап мұржалар көрінді. Аспан әлде ақшыл, әлде көкшіл нәзік бір реңк алды. Биікте құстардың қуанышты әуені шалқыды. Баррикадаға тіреу болған шығысқа қараған биік үйдің шатырынан қызғылт жарқыл көрінді. Үшінші қабаттағы шатыр терезесінен салбыраған өлген кісінің бурыл шашын құрғақ жел желкілдетті.
Алаудың сөнгеніне қуаныштымын, - деді Курфейрак Фейиге қарап. – Желмен қалтылдап, қорыққан адамдай жынымды келтіріп еді. Алаудың жалпы қорқақтардың ақылгөйлігіне ұқсас, қалт-құлт етіп тұрған соң жарығы да шамалы болады.
Шапақ ойды оятады, құстарды сайратады, айналадағының бәрі тілге келеді.
Суағармен шатырға өрмелеп бара жатқан мысықты көріп, Жоли пәлсапалық толғауларына желеу тапты.
— Мысық деген не? — деп салды ол. – Бұл — түзету. Құдай-тағала тышқанды жаратып: "Тоқтай тұр, мен жаңсақтық жіберіппін" депті. Сосын мысықты жаратыпты. Мысық дегенің тышқанның түзетілген нұсқасы. Тышқан, сосын мысық тексерілген және түзетілген дұрыс нұсқа осы.
Комбефер айнала студенттер мен жұмысшылардың ортасында опат болған Жан Прувер, Баорель, Мабеф туралы, тіпті Кабюк жайында әңгімеледі, Анжольрастың қатаң уайымы жөнінде де айтты. Ол былай деді:
— Гармодий мен Аристогитон, Брут, Хереас, Стефанус, Кромвель, Шарлотта Корде, Занд -бәрі-бәрі соққы бере тұрып, жүрек азабын тартқан жүрегіміз сондай сезімтал, ал адам өмірі сондай жұмбақ, тіпті саяси ажалда да, азаттық жолындағы ажалда да адам өлтіргені үшін опыну адамзатқа қызмет ету қуанышынан да күштірек.
Араға минөт салмай жатып әңгімедегі ойдың ғажап ауысуын қарасайшы, Жан Прувердің жырларынан кейін Комбефер "Георгиктің" аудармашыларын салыстыруға көшіп жүре берді: Ро мен Курнан, Курнан мен Делиль Мальфилатрдың аудармасында өте жақсы шыққан, әсіресе Цезарьдың ажалы туралы таңғажайып жолдарды айтсаңшы; Цезарьды еске алғанда әңгіме қайтадан Брутқа оралды.
— Цезарьдың өлтірілуі әділетті, — деді Комбефер. — Цицерон Цезарьға қатал болды, онысы дұрыс та. Мұндай қаталдық қаскөйлік емес. Зоил Гомерді қорлағанда, Мевий - Вегилийді, Визе-Мольерді, Поп-Шекспирді, Фрерон Вольтерді қорлайды, - бұл арада қызғаныш пен күдікшілдіктің ежелгі заңы жұмыс істеп кетеді, даналар қашанда қуғын көрген, ұлы адамдардың әркез о деп, бұ деп түп ізіне түседі. Бірақ Зоил басқа да, Цицерон басқа. Цицерон, Бруттың қылышпен жазалағанындай, ой-пікірмен жазалайды. Цицерон Рубиконды аттасымен өз атынан жоғары лауазымдарды үлестірді, ал ол халықтың ғана құқығындағы міндет еді, ол тіпті сенат келгеннің өзінде орнынан тұрған жоқ, Евтропийдің сөзімен айтқанда патшадай, одан да әрі тирандай әрекет жасады: "regia ас реnе tyrannica"22. Ол ұлы адам болды; Сонысы жаман немесе дұрысын айтқанда, сонысы жақсы, мысал сенімдірек көрінеді. Оның бойындағы жиырма үш жарадан гөрі мені Иса пайғамбардың бетіне жабысқан түкірік көбірек мазалайды. Цезарьды сенаторлар пышақтады, ал Иса пайғамбарды бетінен құлдар шапалақтады. Қорлаудың деңгейіне қарай Құдайын таниды.
— Боссюэ қолында карабині бар тас үйінділерінің үстінде жұрттың бәрінен жоғары тұрып дауыстады:
— О Кидатеней, о Миррин, о Пробалинф, о таңғажайып Эантид! Маған Гомердің жырларын Лаврийден шыққан грек құсап немесе Эдаптеоннан шыққан кісі құсап саңқылдатудың бақытын, кәне, кім сыйлайды!
Үшінші тарау
ЖАРЫҚ БОЛҒАН САЙЫН ҚАПАСТАНА ТҮСЕДІ
Анжольрас барлауға аттанды. Ол аңдатпай шығып, Мондетур көшесі арқылы қабырға бойлап зып берді.
Көтерілісшілер көңілі үмітке толы деуге болғандай. Түнгі шабуылды сәтті тойтарып, олар таң алдындағы жаңа шабуылға немқұрайды қарады. Олар оны мысқылдай күтті. Өз ісінің дұрыстығы сияқты табысқа жететіндеріне де сенді. Оның үстіне сөз жоқ қосымша көмек келеді деп ойлады. Соған олар берік есеп жасады. Француз жауынгерінің бір артықшылығы болып табылатын жеңіске деген оңай сеніммен туар күнді үш сатыға бөлді: таңғы алтыда "тиісінше даярланған" полк бұлардың жағына шығады, түсте көтеріліс күллі Парижді қамтиды, күн бата революция басталады.
Олар Сен-Мерридің дабыл қоңырауын естіді, бұл кешеден бері бір сәт тынбай тұр, соған қарағанда баррикада, Жанның үлкен баррикадасы әлі құламаған сияқты.
Осынау арманды ойлар мен сыбыстар бір топтан бір топқа көңілді де кәрлі сыбырмен өршеленген ара ызыңы сияқты жетіп жатты.
Анжольрас келді. Ол шет аймақтың қабарған түнегіндегі өзінің өжет барлауынан оралды. Бір минөттей қолын кеудесіне айқастыра ұстап тұрып ыбыр-сыбыр әңгімеге құлақ түрді. Сосын алаулап атқан таңның шапағымен жүзі нұрланып қызыл шырайланған ол сөзін бастады.
Париждің бүкіл армиясы әскери әзірлік сапында тұр. Солардың үштен бірі біздің баррикадаға қатер төндірмек. Оның үстіне онда ұлттық гвардия да бар. Мен бесінші желінің биік бөркі мен алтыншы легионның төс белгісін байқап қалдым. Халыққа келетін болсақ, олар кеше бас көтеріп, бүлік шығарған, бүгін орындарынан да қозғалмайды. Бізге күтетін ештеңе жоқ, сенетін де ешкім жоқ. Бірде-бір кент, бірде-бір полк қол ұшын бермейді. Бізді бәрі тастап кетті.
Бұл сөзді дауыстардың гуілі үзіп, найзағайлы нөсер алдындағы жауынның алғашқы тамшыларын сезген араның омартасындай әсер етті. Барлығы тілі байланғандай үнсіз қалды. Бір сәт айтып жеткіліксіз тыныштық орнады; ызыңдап ажалдың ұшып жүргені естілгендей болды.
Алайда бұл сәт ұзаққа созылған жоқ.
Ең қараңғы бұрышта тұрған шеткі топтан біреу Анжольрасқа айқай салды:
— Не болса, о болсын! Баррикаданы тағы да жиырма фут биіктетіп, бәріміз түгел осында қаламыз. Азаматтар, өлілердің антымен ант берейік! Алда-жалда халық республикашылдарды сатып кетсе, республикашылдар халықты сатпайтынын дәлелдейік!
Бұл сөздер жеке үрейдің жанды жеген тұманын сейілтіп, көңілді айқай-шумен қарсы алынды.
Осыны айтқан адамның атын ешкім білген жоқ. Ол белгісіз жұмысшы, әлбетте, ешкім білмейтін, ұмыт қалған, елеусіз батыр, ұлы бейтаныс тарихи дағдарыс тұсында, жаңа қоғамдық құрылыс туарда әмсе осылай шыға келіп, қажет сәтінде айбынды үнімен шешуші сөзді айтып, қас қағымда жай отындай жарқылдап халықтың рухын көтеріп, түнекке қайта сүңгіп кетеді.
Осынау бұлжымас шешімнің 1832 жылғы 6 маусымның рухында болғаны сондай, бір мезгілде дерлік осындай айбынды үн Сен-Мерри баррикадасында да жаңғырып, тарихқа енді, "Бізге көмектің келген-келмегенінің бәрібір! Осында біріміз қалмай өлеміз!" деген сөзі сот процесінде де кейін еске түсірілді.
Сырттай бөлек болғанымен де екі баррикаданың рухани бірлігі айдан айқын еді.
Төртінші тарау
БЕСЕУГЕ АЗАЙЫП, БІРЕУГЕ КӨБЕЙДІ
"Өлілердің антын" жариялаған бейтаныс сөйлеп, ортақ көңіл күйді паш еткеннен кейін барлық ауыздардан мағынасы кәрлі, бірақ үні салтанатты айбынды айқай шықты:
— Жасасын өлім! Ең соңғымыз өлгенге дейін осында қаламыз бәріміз!
— Неге бәріміз? — деп сұрады Анжольрас.
— Бәріміз! Бәріміз!
Анжольрас уәж айтты:
— Бағытымыз ұрымтал да ұтысты, баррикадамыз тамаша. Бұған отыз адам қаптал жетеді. Қырық адамды құрбандыққа шалып қажеті не?
Өйткені ешкімнің де кеткісі келмейді, — деп жауап берді оған.
— Азаматтар! — деп айғай салды Анжольрас. — Дауысы шамырқанғаннан дірілдеп шықты. — Беталды шығындайтындай Республикамыз адамдарға соншалық бай емес. Ондай даңққұмарлық әншейін рәсуашылдық. Егер борыштарың кейбіреулеріңіздің кетуін талап етсе, кез келген басқа парыз сияқты оны орындау шарт.
Ұстанымына берік, мойындалған көсем Анжольрас өз пікірлестері арасында шексіз билікке ие болды. Дегенмен, әсер-ықпалы қанша күшті болғанымен, күбір-сыбыр сөз қоздамай тұрмады, намыс та байқалды.
Мұны сұңғыла командир Анжольрас сезбей қалған жоқ, налыған күбірде ести тұра өз ойын өткізгелі өктем үнмен:
— Біздің небары отыз ғана қалатынымыздан кімде-кім шошитын болса, онысын жасырмай айтсын, — деді.
Күбір күшейді:
— "Жүре беріңіздер" деп айту оңай, — деген дауыс шықты қатардағылардан. — Баррикада айнала төңіректен кесіп тасталды емес пе.
— Тек базар жағын қоспаңдар, — деп қарсылық білдірді Анжольрас. — Мондетур көшесі бос, Уағызшылар көшесімен Инносан базарына жетуге болады.
— Міне, сонда бас салып ұстайды, — деген басқа бір дауыс шықты. — Тура сонда ұлттық ұландар мен кент гвардияшыларының қарауылына тап боласың. Олар өзге-өзге, кеудеше мен күнқағар кигендерді құтқармайды. "Ей, қайдан жүрсің? Баррикададан келе жатқаннан саумысың? — деп қолыңа қарайды да: — Aha, сенен оқ-дәрі иісі шығады екен. Атуға!" деп бір-ақ кеседі.
Жауап қайтарудың орнына Анжольрас Комбеферді иығынан қозғап, екеуі де астыңғы залға кіріп кетті.
Бір минөттен соң олар қайтып оралды. Анжольрастың қолында өз бұйрығымен сақталған төрт мундир. Оның соңында әскердің биік бөркі мен басқа да керек-жарақтарын көтерген Комбефер келеді.
— Мынандай мундирмен дұшпан арасына тез сіңіп, бой тасалауға болады, — деді Анжольрас.
— Қайткенмен де бұл төрт адамға жетеді.
Ол мундирлерді жерге тастады.
Бұл оның тыңдаушыларының табанды шешімін шайқалта алмады. Сосын сөзге Комбефер кірісті.
— Енді жетті! — деді ол. — Аясаңдаршы айналадағыларыңды! Сөз не жайында болғалы тұрғанын білесіздер ме? Әйелдер жайында. Айтыңдаршы, әйелдерің бар ма? Бар ма, жоқ па? Балаларың бар ма? Бар ма, жоқ па? Төңірегі толған кішкентайлардың ортасында бесік тербетіп отырған аналарың бар ма? Ақ сүтін берген ана көкірегін көрмегендерің, кәне, қолдарыңды көтерші. Аһ, сендер өлгендеріңді қалайсыңдар ғой. Сенсеңіздер бар ғой мен де соны қалаймын, бірақ айналамда уайым жеген әйелдердің көлеңкесін де көргім келмейді. Өлгілерің келсе, өліңдер, бірақ өзгелерді ала кетпеңдер. Мұнда өзін өзі өлімге байлау қасиетті іс, ал жалпы өзіне өзі қол жұмсау — белгілі арнадан аспайтын қатаң, шектелген қимыл. Ал ол жақындарымызға жұғысса, онда өлтіру болып шығады. Балдырғандардың үкідей бастарын, ақбас қарияларды естеріңе алыңдаршы. Тыңдаңдаршы: әлгінде маған Анжольрас Аққу көшесінде бесінші қабаттың кішкентай терезесінен телміре қараған кемпірді көргенін айтты, шамасы бір жақынын күтіп, түні бойы кірпік ілмеген сыңайлы. Бәлкім, ол сендердің біреуіңнің анаң болар. Ендеше ол барсын, анасына: "Маматай, міне, мен келдім!" деп айтуға асықсын. Оған алаңдайтын ештеңе жоқ, істі онсыз да тындырамыз. Кімде-кім жақындарын өз еңбегімен асырап жүрсе, оның өзін құрбандыққа шалуға хақысы жоқ. Ол отбасын тағдырдың тәлкегіне тастап кету болып шығады. Ал қызы, қарындасы барлар ше? Олар жайында ойландыңдар ма сендер? Сендер ажалға бара жатырсыңдар, жарайды, сіздерді өлтірсін-ақ. Ал ертең не? Қыз баланың тіске басар ештеңесі болмауы сұмдық! Еркек қайыр сұрайды, ал әйел өзін сатады. Шашына гүл қыстырған аялы да аяулы таңғажайып жаратылысты сондай күйде елестетіп көріңдерші! Олар әндете, әңгімелесе жүріп, үйімізді пәктігімен жайнатып, хош иісімен жадыратуға жаралған, олар өзінің мөлдір тазалығымен аспанда періштелер барын жерде дәлелдеуге жаратылған. Жанна жөнінде, Лиза жөнінде, Мими жөнінде ойлаңдаршы, көрерге көз керек, бұл ізгі жандар отбасының қызығы, игілігі емес пе, о құдая, олар ашықса біздің не болғанымыз! Бұл арада жасыратын не бар? Адам тәнімен сауда жасайтын базар бар, алда-жалда олар соған тап болса, айнала ұшып жүрген көлеңкелерің мен тәнсіз қолдарың оларды тоқтата ала ма? Өткен-кеткеннен аяқ алып жүргісіз көшелер мен табанжолдарды, алдында жартылай жалаңаш әйелдер емініп батпақта тұрған дүкендерді көз алдына келтіріңдерші.
Бір кезде бұл әйелдер де күнәдан пәк болған. Қарындастарыңды еске алыңдаршы, көбіңде бар ғой олар. Осынау айдай сұлу арулардың, ғажайып нәзік жаратылыс тумаларының, ұялшақ, ұяң, сымбатты да әсем, мамырдағы көк гүлдей үлбіреген жандардың ертеңгі көрер күні — қайыршылық пен жезөкшелік, полиция мен Сен-Лазар ауруханасы болмақ па? Аһ, міне сендер жарық дүниеде жоқсыңдар. Айтары-ақ жоқ, тамаша! Сендер халықты корольдің билігінен құтқаруға талпынасыңдар да, өз қыздарыңды полиция учаскесіне тапсырасыңдар ғой, тегі! Жетті, достар, мейірімдірек болсаңдаршы. Бейшара, бейшара әйелдер, біз сіздерді сондай аз ойлаймыз-ау!? Әйелдер біз сияқты сауатты емес дегенді желеу етіп, олардың оқуына, ойлауына бөгет жасаймыз, саясатпен шұғылдануына тыйым саламыз; алайда бүгін кешке олардың мәйітханаға келіп, мәйітімізді тануына тыйым сала аламыз ба? Құлақ салыңдаршы, кімде-кімнің артында отбасы қалса, қолымызды қысыңдар да, жүре беріңдер, мұндағы шаруаны өзіміз-ақ атқарамыз. Сендер мылтығым бар, баррикадамыз, не болса о болсын, қаламыз дейсіңдер ме? Не болса, о болсын дегендерің тым ыстық асап, асыра айтылған емес пе! Достарым менің, ертеңгі күн туады, бірақ сендер ертеңге дейін тірі болмайсыңдар, ал отбасыларың о күнге жетеді, алайда оларды қандай қайғы-қасірет күтіп тұрғанын білесіңдер ме? Көз алдарыңа беті алмадай қып-қызыл балпанақтай баланы келтіріңдерші, ол былдырлап бірдеңе айтады, сықылықтап мәз боп күледі, сүйгендегі иісі қандай оның! Сол сәбиді тастап кетсеңдер, оның күні не болатынын білесіңдер ме? Өз басым бойы мынандай ғана құйтақандай сондай бір баланы көрдім. Әкесі өлген екен. Бір кедейлер аяғанынан қолына алыпты, алайда бала тұрсын өздері жейтін нан жоқ. Сәби ұдайы аш жүреді. Ысқаяқ қыс болатын. Ол жылаған жоқ. Ылғи да от жағылмайтын, мұржасы сарымен сыланған пештің маңында жүретін. Саусағымен сары сылақтың балшығын шұқып жейтін. Тынысы қырылдай шығып, өңі құп-қу, қарны қабақтай. Ол ештеңе айтпайтын, сұраққа да жауап бермейтін. Бейшара қайтыс болды. Өлерінде оны Некер ауруханасына алып келіпті, оны мен сонда көрдім. Онда мен интерн ретінде дәрігерлік тәжірибеден өтіп жүр едім. Міне солай, егер араларыңда жексенбі күндері кішкентайларының құйтақандай қолынан жетелеп, серуендеуді сүйетін әкелер болса, әлгі сәбиді өз балам деп ойласын. Сол бақытсыз балақанды әлі ұмытпаймын, жалаңаш денесінің анатомиялық үстелде жатқаны күні бүгінгідей көз алдымда; қабірге шыққан шөптен көрініп жататын көртопырақтай, терісінен ырсиып тұрған қабырғалары қандай аянышты. Асқазанынан бәз-бір балшық шықты, тісінің арасына күл қатып қалыпты. Кәне, өз жүрегімізге үңіліп, арымыздан ақыл сұрайықшы. Статистика анықтағанындай, жетім қалған балалардың арасындағы өлім-жітім елу бес пайызға жетіпті. Қайталап айтайын: сөз әйелдер жайында, аналар жайында, қыздар жайында, сәбилер жайында болып отыр. Сендердің өздерің жөнінде кім айтады? Сендердің кім екендеріңді біз білеміз, шетіңнен өжетсіңдер, тәйірі алғырлар! Ұлы іс жолында өмірлеріңді мақтаныш сезіммен қуана отырып беретіндеріңді, көпке пайда келтіріп, даңқ асырып өлуге жаралғанбыз деп сезінетіндеріңді, ортақ салтанаттағы өз үлестеріңді ардақ тұтатындарыңды біз жақсы білеміз. Сәтті сағат тілейміз! Бірақ сендер жарық дүниеде жалғыз емессіңдер. Сендер ойлайтын басқа да жан иелері бар. Өзімшіл болмаңдар.
Барлығының қабағы түсіп кетті.
Мұндай сәтте адам жүрегінде қандай таңғажайып қайшылықтар жасырынып жатады десейші! Осынау сөзді айтқан Комбефер әсте жетім болмайтын. Ол басқалардың анасын еске түсіріп, өзінікін ұмытып кетті. Ажалға ол да тура бара жатыр. Демек, ол да өзімшіл.
Аштық пен безгектен титықтаған Мариус бірінен соң бір үмітін жоғалтып, күйреудің ең сұмдығы — рухы түсіп, буырқанған толқулардан еңсесі езіліп, ақыр-тақырдың таянғанын сезіп, барған сайын оғаш оңашалануды шығарды, әдетте ерікті ажалдың алдында осындай бір әдет пайда болады.
Физиолог одан ғылым зерделеп, саралап берген өзін өзі іштей жеудің дертті нышандарының үдеп бара жатқанын, оған ләззатқа құштарлықтан бетер уайым-қайғы жататынын анықтап берер еді. Торығудың да асқынып кететін сәті болады. Мариус сондай сәтті бастан кешірулі еді. Айналада болып жатқанның бәрінен ол өзін тыс көріп, алыстан әйтеуір барлығын тұтас қабылдап, бүге-шігесіне дейін мән бермеді. Жұрт от шымылдықтың әр жағында қозғалып бара жатқандай да, дауыстары тұңғиық шыңыраудан шығатын тәрізді.
Алайда Комбефердің сөзі жұрттың бәрін тебірентті. Бұл көріністе жүректі көктей өтіп қағып жеткен көңілді оятатын айбарлы да азапты әрі өткір бірдеңе болды. Оны бір-ақ ой — өлу ғана баурап, басқа ештеңе алаңдатпай қойып еді, алайда кәрлі ұйқылы-ояу қалпында өзіңді құртқанмен, өзгені құтқару артық емес деген пікір қылаң берді.
Оның дауысы шығып та кетті:
— Анжольрас пен Комбефердікі дұрыс, — деді ол, — мақсатсыз құрбандықтың қажеті жоқ. Мен олармен келісемін; алайда асығу керек. Комбефердің айтқандарын жоққа шығаруға болмайды, бәрі шын. Кімде-кімнің отбасы, анасы, қарындасы, жұбайы, балалары болса, кәне, алға шықсын.
Ешкім тырп етіп орнынан қозғалған жоқ.
— Кім үйленген, кім отбасының тірегі, кәне, алға шығыңдар! — деп қайталады Мариус.
Оның ықпалы күшті болатын. Рас, баррикаданың көсемі Анжольрас саналады, ал Мариус оның құтқарушысы болды.
— Мен бұйырамын, — деп айқайлады Анжольрас.
— Мен сіздерден өтінемін, — деді Мариус.
Комбефердің сөзімен тебіренген, Анжольрастың бұйрығымен теңселген, Мариустің өтінішімен толқыған ержүрек өжеттер сонда ғана бірін бірі нұсқай бастады.
— Бұл дұрыс, — деді жас жігіт егде адамға, — сен отбасының әкесісің, жүре бер.
— Одан да сен бар, — деді егде, — қолыңда екі бірдей қарындасың отыр.
Құлақ естіп, көз көрмеген дау-дамай өршіді. Әркім өзін қабірден суырып алып шығуға қарсылық білдірді.
— Асығыңдар, — деді Комбефер, — ширек сағаттан кейін кеш болады.
— Азаматтар! — деп өз айтқанын растады Анжольрас. — Бізде республика, бәрі дауыс беру арқылы шешіледі. Қайсың кететіндеріңді өздерің таңдаңдар.
Оның айтқанына көнді. Бірер минөт өткенде бес адам бір ауыздан таңдалып, алға шықты.
— Олар бесеу ғой, — деп қалды Мариус.
Ал мундир төртеу ғана.
— Амал не, біреуімізге қалуға тура келеді, — деп бесеуі бірдей жауап берді.
Сонымен қайтадан айтыс басталып, әрқайсысы қалуға тырысып, бірін бірі кетуге үгіттеді. Мейірбандық күресі басталды.
— Сенің сүйікті зайыбың бар.
— Сенің анаң қарт.
— Сенде әке де, шеше де жоқ. Шиеттей үш ініңнің күні не болады?
— Сенің бес балаң ше?
— Сен өмір сүруің керек. Он жеті жаста өлу деген тым ерте.
Ұлы революциялық баррикадаларда қаһармандық үшін жарысқа түсуші еді. Ал мұнда ақылға сыймайтынның өзі әдеттегі іске айналды. Бұл жандардың ешқайсысы да бір-біріне таңданған жоқ.
— Тезірек, тезірек! — деп асықтырды Курфейрак. Топтан біреу Мариуске айқайлап:
— Кім қалатынын өзіңіз бекітіңіз! — деді.
— Дұрыс айтады, — деді бесеудің барлығы, өзіңіз таңдаңыз. Біз бағынамыз.
Мариус тағы да мұндай толқуды бастан кешіремін деп ойлаған жоқ еді. Алайда ол өзі таңдап, кісіні өлімге жұмсауы керек деген ой жүрегіне қан жұтқызды. Мүмкін болса, ол бұрынғыдан да бозарар еді, бірақ құп-қу оған оның еш реті болмады.
Ол бесеуіне де жақындап келді, олардың көзі бағзы замандағы Фермопил қорғаушыларының жайнаған көзіндей қасиетті жалын атып:
— Мені, мені, мені! — деп айқайлады.
Мариус абдырап, оларды қайта санады, бұрынғысындай тура бесеу болды. Сосын жанарын төрт мундирге аударды.
Сол сәт төрт мундирдің үстіне аспаннан құлағандай бесіншісі түсе қалды.
Бесінші адам құтқарылды.
Мариус көзін Фошлеванға көтерді.
Жан Вальжанның баррикадаға келген беті еді.
Әлде бұл жолды барлап біліп, әлде ішкі түйсігімен сезіп, әлде әншейін кездейсоқ қана ол мұнда Мондетур көшесінен өткен еді. Ұлттық гвардия киімімен ол бөгетсіз ойдағыдай өтті.
Бүлікшілер Мондетур көшесіне қойған шолғыншы жалғыз ғана ұлттық ұлан үшін айғай-сүрең салғысы келмеді. Шамасы, көтерілісшілер қатарын толықтырушылардың бірі болар не әрі кеткенде тұтқын шығар деп өткізіп қоя берген. Кезең тым қауіпті болатын, қарауылдар өз міндетінен бұлтарып, бұрыс баса алмайды және күзет орнын тастап кету — қылмыс.
Жан Вальжанның қорғанға келгенін ешкім байқаған жоқ, өйткені жұрттың бар назары таңдаулы бесеу мен төрт мундирде болатын. Бірақ Жан Вальжан бәрін көріп, бәрін естіп тұрды да, үстіндегі мундирін тұрғандардың төбесінен асырып лақтырып жіберді.
Жұрттың жаппай толқуын сипаттап жеткізу қиын.
— Бұл адам кім? — деп сұрады Боссюэ.
— Басқаларды құтқаратын кісі, — деп жауап қатты Комбефер.
— Мен оны білемін, — деді сөзіне көп мән беріп Мариус.
Оның кепілдігі жеткілікті болды.
Анжольрас Жан Вальжанға қарап:
— Қош келдіңіз, азамат, — деді де, — сіз білесіз бе, біздің өлуімізге тура келеді, — деп қосты. Жауап берудің орнына Жан Вальжан өзі құтқарған адамының мундир киюіне көмектесіп кетті.
Бесінші тарау
БАРРИКАДА БИІГІНЕН ҚАНДАЙ КӨКЖИЕК АШЫЛАДЫ
Осынау сын сағатта, мынау шығар жол жоқ қатерлі жерде жұрттың бәрінің көңіл күйі Анжольрастың терең шерлі толғанысынан өз көрінісін тапты.
Анжольрас революцияның іске асырушы үлгісі сияқты еді, алайда оның да осал тұстары, өрісінің тарлығы болатын, ол аздап Анахарсис Клотцке, көбірек Сен-Жюстке ұқсайтын. Алайда Әліппе достары қоғамында Комбефердің идеяларын қабылдауға ақыр соңында оның ақылы жетті, біраздан бері догматтықтың тар шеңберінен шығып, ой өрісті кеңітетін прогрестің ықпалына түсіп, эволюцияның тамаша жеңісі Ұлы Француз республикасын бүкіләлемдік алып республикаға айналдыру деген ойға тоқтады. Егер іс-қимыл әдісіне келер болсақ, ол күшке қарсы күш көрсету бағытын ұстанды. Бұдан ол еш таймай, сөзбен анықтай айтқанда Тоқсан үшінші жыл аталатын эпикалық қаһарлы мектепке тәнті болып қалды.
Анжольрас карабиніне сүйеніп тас баспалдақтың үстінде тұрды. Ол терең ойға шомулы, өлім лебі, кейде тіпті әулиелік рух ескендей, ескен желден тітіркенгендей дір ете қалады. Қарағанын емес, қалағанын көргендей бір нүктеге қадалған көзінен сәуле шашырайды. Кенет ол басын көтерді, жалқын сары бұйра шашы кері серпіліп, жұлдызды күймеде жүйткіп бара жатқан періштенің шашындай, болмаса шудаланған арыстанның жалындай боп оны нұрландырып жіберді.
— Азаматтар, сіздер болашақты көз алдарыңа келтіре аласыздар ма? — деп дауыстады Анжольрас. — Жарыққа көмілген қала көшелеpi, үйлердің табалдырығына төнген жасыл бұтақтар, халықтардың бауырмалдығы! Адамдар әділ, қариялар балаларға батасын беріп жатыр, өткен мен бүгінгінің арасында келісім бар, ойшылдарға — толық бостандық, діншілдерге — толық теңдік, діннің орнында — аспан. Ең басты дін иесі — Құдайдың өзі, алтарьдың орнында — адамның ар-ожданы; бұдан былай жарық дүниеде өшпенділік болмайды, мектептер мен шеберханаларда туысқандық орнайды; мадақтау мен жазалауға жариялылық қызмет етеді; еңбек — баршаға, құқық — баршаға, барлығымызға да тыныштық болады, енді қайтып қантөгіс, енді қайтып соғыс атымен жоқ, аналар тек бақыт құшады. Материяны бағындыру — алғашқы адым, мұратты жүзеге асыру — келесі қадам. Ойлаңыздаршы, прогрестің қаншалық көп нәрсеге қол жеткізгенін! Алғашқы қауым тайпалары мұхит суларын бұрқылдатып көтерген жеті басты айдаһарға, аузынан от шашқан аждаһаға, әуенің үрейлі иесі қыран қанатты, жолбарыс тырнақты тазқараға — адам құдіретінен асып түсетін құбыжық мақұлықтардың бәріне зәре-құты қалмай қорқа қараушы еді. Алайда адам тұзақ құрып, қасиетті ой-пікір тұзағын құрып, ақыр аяғында Әзірейілдің өзін ұстады. Біз енді айдаһарды ауыздықтадық, ол енді пароход аталады; аждаһаны ауыздықтадық, ол енді локомотив аталады; әне-міне тазқараны да ауыздықтауға жақынбыз, қазір оны қолға түсірдік деуге болады, ол әзір ауа шары аталады. Мынау Прометей ерлігі жеріне жетіп, адамның ерік-күші үш жүзді бағзының Химерасы — айдаһар мен аждаһаны, тазқараны толық ауыздықтағанда, адам судың да, оттың да, ауаның да әміршісіне айналып, ерте дүниенің құдайларына ұқсап, жанды атаулының бәріне әмірін жүргізетін болады. Демек, алға қарай батыл қадам басу керек. Азаматтар, біз қайда бара жатырмыз дейсіздер ғой. Біз ғылым басшылық жасайтын мемлекетке бара жатырмыз, түбінде жалғыз дара қоғамдық күш болатын шындық күшіне бара жатырмыз, тал бойына мойындау мен айыптау құқығын қатар шоғырландырған, өзін айғағымен орнықтыратын табиғи заңға бара жатырмыз, таң шапағының шығысы сияқты ақиқаттың күншығысына бара жатырмыз. Біз халықтардың бірлігіне, күллі адамзаттың бірлігіне бет алып барамыз. Жалған ақиқат болмайды, арамтамақтар қалмайды. Ақиқат билейтін шындық — міне, біздің мақсатымыз осы. Еуропа жүрегінде өркениет мәжіліс құрады, кейінірек ол бүкіл құрлықтың орталығы мен ақыл-ойдың ұлы парламентінде билік жүргізеді. Осы тектес бірдеңе бұрын да болған. Амфиктиондардың жиналысы жылына екі мәрте өтіп тұрған: алғашында құдайлардың тұрағы — Дельфіде, екіншісі батырлардың сағанасы -Фермопилде өткен. Еуропаның амфиктиондары жер шарының амфиктионы болады. Францияның өз құрсағында аса ұлы болашақ жатыр. Міне, он тоғызыншы ғасыр осыған жүкті; Грекия сепкен ұрықты айы-күніне жеткізуге Франция лайық. Тыңда мені, Фейи, адал жұмысшы, халықтың ұлы, халықтардың перзенті. Мен сыйлаймын сені. Келешекті кере білесің, сенікі дұрыс. Сенде әке де жоқ, шеше де жоқ, Фейи, сондықтан ана орнына адамзатты, әке орнына құқықты таңдадың. Сенің пешенеңе осы арада өлу, яғни салтанат құру жазылған. Азаматтар, бізбен не болып, не қойса да, жеңсек те, жеңілсек те — бәрібір, революция жасаймыз. Бұл да өрт сияқты, өрт бүкіл қаланы жап-жарық қылса, революция күллі адамзатты жарқыратады. Біз не үшін революция жасаймыз деп сұрайсыздар ғой? Мен әлгінде ғана айттым, Ақиқат үшін жасаймыз. Саясат тұрғысынан алып қарағанда, бір ғана ұстаным бар: ол адамның өзінің ең жоғарғы билігі. Өз "меніме" өзімнің билігім -бостандығым. Осындай екі жоғарғы билік немесе одан да көбі бірлескен жерде Мемлекет пайда болады. Алайда бұл одақта өздігінен бас тарту жоқ. Жоғарғы билік қоғамдық құқық жасақтау үшін белгілі үлесін ерікті түрде өзіне өзі іркеді. Бұл үлес барлығы үшін бірдей. Қоғамға іркіліп жол берудің бірдей құндылығы Теңдік деп аталады. Қоғамдық құқық дегеніміз — жалқының құқығын жалпының қорғауы. Баршаның әркімнің құқығын осылай қорғауы Туысқандық деп аталады. Жоғары биліктің барлық осы түрлерінің жинала келіп түйісер нүктесі Қоғам деп аталады. Түйісу дегеніміз бірігу болғандықтан мұндай нүкте торап болып шығады. Осыдан келіп әлеуметтік байланыстар деген туады. Басқалар бұны қоғамдық шарт атайды, этимологиялық тұрғыдан "шарт" сөзі, яғни контракт, contrato -байланыстыру деген ұғымға саяды. Бостандық — шың болса, тендік — тиянақ табаны. Теңдікті түсінгілерің келсе — осы. Алайда, азаматтар, теңдік барлығын әсте де бір жарақпен күзеу емес, оның ішінде де өсіп-өну, өркендеу болады, ол бойлап өскен шөп пен аласа еменнің жиынтығы емес, қызғаныш пен іштарлықтың салдарынан олар құсап, бірінің көбеюіне бірі кедергі жасамауға тиіс, әлеуметтік қарым-қатынас тұрғысынан ол — қабілет біткеннің бәріне ашық даңғыл жол, саяси жағынан келгенде — дауыс бергендегі баршаның тең құқылығы, дінді алар болсақ — әркім үшін ар-ождан бостандығы. Теңдіктің тағы бір қуатты қаруы — жалпыға бірдей тегін білім беру. Сауат ашуға деген құқықтан бастау керек бәрін. Бастауыш мектеп барлығы үшін міндеті, орта мектептің есігі баршаға ашық - міне, бұл негізгі заң. Бірдей білім берудің нәтижесі қоғамдық теңдік болады. Иә, ағарту! Жарық! Жарық нұр! Барлығы жарықтан тарап, жарыққа оралады. Азаматтар! Он тоғызыншы ғасыр ұлы ғой, ал жиырмасыншы ғасыр бақытты болады. Өткенмен ортақ ештеңе болмақ емес. Қазіргідей жаулаушылықтан, басып алушылықтан, баса көктеп кіруден, қарулы ұлттардың бәсекелестігінен, өркениет дамуындағы король отбасындағы некеге, тирандар әулетінің мұрагері тууына байланысты үзілістерден сақтануға тура келмейді, конгрестің халықтарды бөлуі, билеуші әулеттің құлауына байланысты бөлшектену, тозақтың түпсіз көпіріндегі екі текенің тірескеніндей екі діннің маңдай соғыстырып күресуі деген болмайды. Енді қайтып аштық та, қанау да, жоқшылықтан жезөкшелік жасау да, жұмыссыздықтан қайыршы боп кету де, эшафот та, қанжар да, соғыс та, оқиғалар арасында ұшырасатын кездейсоқ шапқын да болмайды. Жұрт жаппай бақытқа кенеледі. Адамзат өз міндетін орындайды, тура өз қызметін мүлтіксіз атқарып тұрған жер шары сияқты; адам жаны мен аспан жарығының арасында жарасым орнайды, рух ақиқатқа ұмтылады, кәдімгі планетаның айналып жүріп күнге ұмсынатыны секілді. Достар! Біз қапас кезеңде өмір сүріп жатырмыз, сіздермен мен қапас сәтте сөйлесіп тұрмын, бірақ бұл сұмдық бағаны біз болашақ үшін төлейміз. Революция — біздің төлеміміз. Адамзат азат етіліп, асқақтайды, тынышталады! Оны біз мына баррикадамызбен растаймыз. Өзін өзі құрбан етудің биігінен болмаса, махаббат үні қайдан шықпақ. Бауырлар! Міне, дәл осы арада ойлайтындар мен уайымдайтындар бас құрап бірігіп отыр. Біздің баррикада тастан, бөренеден, темір сынығынан жасалған жоқ, ол ұлы идеялар мен ұлы қайғылардан бой көтерді. Мұнда бақытсыздық пен мұрат тоқайласқан. Күн түнмен астасып: "Мен сенімен бірге өлемін, сен менімен бірге тірілесің" дейді екен. Бар қайғы-қасіреттің тоғысуынан сенім туады. Қайғы мұнда ажал алдындағы азабын, ал идеялар мәңгі өлмейтіндігін әшкереледі. Бұл жанталас, бұл мәңгілік қосыла келіп біздің ажалымызға айналады. Бауырлар! Осында өлгендер болашақтың шұғыласына оранып өледі, қабірге біз таң шапағын тұла бойымызға түгел сіңіріп кіреміз.
Анжольрас сөзін аяқтады, анығырақ айтқанда үзді, оның ерні ендігі сөзді өзіне өзі айтқандай қозғалып тұрды. Демін ішінен алып барлығы соған қарады, бір сөзін қағыс жібермеуге тырысқандай бәрі. Қол шапалақтау, әрине, болған жоқ, бірақ жұрт өзара ұзақ сыбырласты. Соз желдің желпігені сияқты, одан туатын ақыл-ой толқыны самал тербеген жапырақтардың толқуына ұқсайды.
Алтыншы тарау
МАРИУСТІҢ ҚАБАҒЫ ҚАТЫҢҚЫ, ЖАВЕРДІҢ СӨЗІ ҚЫСҚА
Мариустің жан-жүрегінде не болып, не қойғанын баяндайық.
Оның көңіл күйін еске түсірейік. Осы таяуда ғана атап өткеніміздей, барлығы да оған түсініксіз бір елес болып көрінді. Айналасындағыларды бұлдыр қабылдады. Мариустің төбесінен өлгендердің үстінен жайылған жексұрын алып қанаттардың көлеңкесі төніп тұрғандай болды. Оған бейнебір көрге түсіп, о дүниеде жатқандай, тірілердің жүзін өліктің көзімен көргендей елес пайда болды.
Фошлеван бұл араға қалай келді? Не үшін жүр? Мұнда ол не істемек? Мариус мұндай сауалдарға бой ұрған жоқ. Оның үстіне торығудың бізге сенімділік ұялатуы ықтимал, сондықтан Мариуске жұрттың бәрінің ажалға бел бууы табиғи сияқты көрінеді.
Козеттаны ойласа-ақ жүрегі сыздап қоя береді.
Айтқандай, Фошлеван онымен сөйлескен жоқ, оған көз де салмады, тіпті Мариустің "Мен оны білемін" деген сөзін есітпеген сыңай танытты.
Фошлеванның мұндай тәртібі Мариусті тыныштандырды, тіпті оның қазіргі жағдайына келер болса қуантты да. Оған осынау әрі күмәнді, сөйте тұра құрмет туғызатын кісімен әңгімелесу ақылға сыймайтындай көрінетін. Ол аз болса, онымен көптен бері кездескен емес, бұл ұялшақ әрі тұйық Мариус сияқты тұлға үшін шаруаны одан сайын күрделендіріп жіберді.
Сайланған бесеу баррикададан кетіп, Мондетур көшесіне қарай бет алды, сырттай қарағанда олардың ұлттық ұландардан еш айырмашылығы жоқ. Біреуі кетіп бара жатып жылады да. Қоштасарда олар қалып бара жатқандардың бәрімен қоштасты.
Өмірге оралған бесеу кеткенде Анжольрас өлім жазасына кесілгенді есіне алды. Ол астыңғы залға кіріп, діңгекке таңылған Жаверді көріп ойланып сәл кідірді.
— Саған ештеңе керегі жоқ па? — деді Анжольрас.
— Мені қашан өлтіресіңдер? — деп сұрады Жавер.
— Күте тұрасың. Қазір біздің әр патрон есепте.
— Онда маған су беріңдерші, — деді Жавер.
Анжольрас оған стақан ұсынды, екі қолы да байлаулы болғандықтан суын ішуге көмектесті.
— Осы болды ма? — деп қайта сұрады Анжольрас.
— Діңгекке таңылып тұрудан шаршадым, — деп жауап берді Жавер. Мені түні бойы осылай қалдыруларыңыз сіздердің тарапыңыздан сыпайылық емес. Байласаңыздар байлаңыздар, бірақ мені мынау құсатып неге үстелге жатқызып қоймайсыздар.
Басын изеп ол Мабефтің мәйітін нұсқады.
Еске түсірелікші, залдың түкпірінде үлкен ұзын үстел тұрушы еді ғой, онда оқ құйып, патрондарды толтырған-ды. Енді барлық патрондар оқталып күллі оқ-дәрі таусылған соң үстел босаған.
Анжольрастың бұйрығымен төрт көтерілісші Жаверді діңгектен шешіп алды. Арқанды шешіп болғанша бесінші адам мылтықтың сүңгісін оның кеудесіне тақап тұрды. Қолын артына қайырып байлаған қалпында қалдырды да, екі аяғын мықты белбеумен берік қып тұсады, жүре алса жүрсін деп екі аяғының арасын он бес дюйм қашықтықта байлады, әдетте эшафотқа айдайтындарды осылай ғып кісендейді; сосын Жаверді түкпірде тұрған үстелге әкеп жатқызды да, арқанмен үстелге көлденеңінен таңып тастады.
Шандып байлаудың бұл жүйесі қашудың бар мүмкіндігінің жолын жапқанымен, болмашы қауіпсіздік үшін оны түрмелерде "мартингал" аталатын тәсілмен байлап матады, яғни арқанды мойынына бекітіп, желкесінен төмен түсіріп, белге жеткенде екі айырып, екі аяқтың арасымен әкеліп, қолдың саусақтарын орап тастайды.
Жаверді байлап жатқанда бәз-бір кісі есіктің аузында тұрып, оған ерек назар салып тесіле қарады. Одан түскен көлеңке Жаверді басын бұруға мәжбүр етті. Басын көтеріп ол Жан Вальжанды таныды. Бірақ дір еткен жоқ — тек көзін жұмып баяғы сол мардымсыған кейіппен күбір етті:
— Осыны күту керек еді ғой.
Жетінші тарау
ЖАҒДАЙ ҚИЫНДАДЫ
Таң әбден ағарды. Алайда бірде-бір терезе, бірде-бір есік ашылған жоқ, шапақ шашырағанмен, ұйқы ашылар емес. Шанврери көшесінің шетінде тұрған солдаттарды кері алып кетті; көше табаны кісісіз қалғандай, келген-кеткен бар ма дегендей көсіліп жатыр. Сен-Дени көшесі Фивадағы сфинкс аллеясындай жым-жырт. Таң шапағымен ағарған көлденең көшелерде де тірі жан көрінбейді. Таңғы арайда бос көшеден артық көңіл құлазытар көрініс болмайды.
Төңіректе түк көрінбейді, бірақ құлаққа бәз-бір үн жетеді. Таяу маңда бір тылсым қозғалыс білінеді. Барлығы да шешуші сәт жақындады деп жүр. Кештің алдында кейбір шолғыншыларды шақыртып алып еді, қазір бірі де жоқ.
Баррикада бірінші шабуылға қарағанда әлдеқайда нығайтылып, бекемделе түсті. Бес көтерілісші кеткеннен кейін де оны біраз биіктетті.
Тылдан тұтқиыл тарпа бас сала ма деп қауіптенген Анжольрас ауданды әбден зерттеп келген шолғыншылардың ақылымен маңызды шешім қабылдады, осы уақытқа дейін ашық тұрған Мондетур көшесінің тар өткелін бекітуге әмір берді. Ол үшін бірнеше үйдің алдындағы жол ернеулерін бұзды. Сөйтіп, Шанврери көшесін алдынан, солынан Аққу мен Үлкен қаңғыбас көшелерін, оңынан Мондетурді тас қамалдай қоршап тұрған баррикада адам аяғы баспастай болды, оның есесіне қорғаушылары былқ етпестей боп қамауда қалды. Бекіністің үш майданы бар да, шығатын бірде-бір есігі жоқ.
— Қамал ма, тышқан тұзақ па өзі! — деп қалжыңдады күле тұрып Курфейрак.
Ләйліхананың кірер аузында Анжольрас Боссюэ айтқандай "босқа қазып алынған" отыз шой тасты бір жерге үюге әмір берді.
Шабуыл кеткен жақта құлаққа ұрған танадай тыныштық, Анжольрас бәріне жауынгерлік орнында тұруға әмір берді.
Әрқайсына аздап мөлшерлі арақ берді.
Шабуылға төтеп беруге әзірленіп жатқан баррикададан өзгеше ештеңе жоқ шығар. Әрқайсысы спектакльдегідей өзіне қолайлы орын іздейді. Біреу қабырғаға сүйеніп, біреу шынтақтап тұрады, біреу иығымен тіреледі. Кейбіреулері шой тастардан орындық жасап алады. Мұндайда қабырғаның бұрышы бөгет болады да, одан аулағырақ кетіп, текшенің астына барып қорғануға болады. Солақайлардың бағасы артады, олар өзгелерге қолайсыз жерді оңай-ақ игеріп ала қояды. Көпшілігі ұрысты мықталып отырып ап жүргізгенді қол көреді. Барлығына да оңтайлы өлтіріп, алаңсыз өлу үшін қолайлы жағдай керек. 1848 жылдың қатерлі маусым шайқасында айрықша мергендігімен дараланған бір көтерілісші шатыр алаңынан атып, көздегенін мұрттай ұшырып тұрып, атуға ыңғайлы болсын деп отыруға вольтер мамықтағын сұратқан ғой, сонда өзі де картечь оғы дөп тиіп опат болады.
Командирдің ұрысқа дайындал деп бұйрық беруі мұң екен, баррикададағы бейберекет әбігер табанда сап тыйылды: сөз қағыстырып, алқақотан жиналуды, бұрыш-бұрышта күбірлесуді, топқа бөлінуді бірден доғарды. Ойда жүргендердің бәрі бір жерге шоғырланып, шабуылды күтуге ұласты. Шабуыл алдындағы баррикада опыр-топырдың ордасы болса, қаһарлы кезеңде тәртіптің ордасы боп шыға келеді. Қауіп тәртіп туғызады.
Анжольрастың қолына қосауыз карабинін ұстап, оқатар тесіктің аузындағы өз орнына тұруы мұң екен, барлығы тым-тырыс болды. Шой тастардан қаланған қабырғаларды бойлап құрғақ тырсыл жүріп өтті, бұл мылтықтардың оқталып жатқан белгісі еді. Ештеңеге де қарамай, барлығы да өздерін қай күндегіден де асқақ әрі сенімді ұстады: шектен шықпайтын жанкештілік өзін өзі дәлелдеушілік; ешкімде де үміт қалған жоқ, тек жанкештілік қалды. Жанкештілік кейде жеңіске жеткізетін соңғы қару болады, деп Вергилий тегін айтпаса керек. Шетін шешім шетін қимылға барғызады. Кейде ажалдың тасқынына қойып кету ажалдан құтылудың амалы болып шығады, сонда табыттың қақпағы құтылудың леңгіріне айналады.
Алдыңғы кештегідей жұрттың бәрінің назары таңғы шапақпен жарық болып, кәміл ажыратуға келетіндей көше түйісіне ауды.
Көп күттірген жоқ, Сен-Ле жағынан бәз-бір қозғалыс, құдды кешкі шабуыл сияқты қимыл естілді. Шынжырлардың шылдыры, алып бірдеңенің қозғалып келе жатқанын аңғартатын беймаза сілкініс, жездің даңғыры, алапат гүріл қаһарлы бір темір машинаның жақындап келе жатқанының айғағы. Адам мүдделері мен идеяларының жемісті тоқайласуы үшін тартылып, үйлер салынған атамзаманғы көшелердің әскери доңғалақтардың даңғыр-дүңгіріне, тарсыл-гүрсіліне ыңғайланбаған көшелердің ішек-қарыны ақтарылғандай болды.
Жауынгерлер демін ішіне тартып, алысқа көз тастады.
Міне, зеңбірек те көрінді.
Артиллеристер атуға әзірленген зеңбіректі итеріп келеді, екеуі лафетті ұстап, төртеуі доңғалақтарды дөңгелетіп келеді, артында қалғандары зарядты жәшікті көтеріп келеді. Тұтанған пілтенің түтіндегені байқалды.
Атыңдар! — деп команда берді Анжольрас.
Баррикададан бір дүркін дүркірей мылтық атылып, ғаламат дүрсіл құлақ тұндырды; түтін тұманы алдындағы адамдарды да, зеңбіректерді де орап ап, көрсетпей тастады, бірнеше минөттен соң түтін бұлты айығып, адамдарымен зеңбірек қайта көрінді. Канонирлер асықпай, аптықпай зеңбіректі баррикадаға қарсы мұқият орналастырды. Олардың бірде-бірі жараланбапты. Сосын нысаналы зеңбіректің қазыналық бөлігіне жата қалып нысанасын көтеріп, астрономдай байсалдылықпен алып қарудың қарауыл тұрбасын дәлдеп қойды.
— Жарайсың, артиллеристер! — деп айқайлап жіберді Боссюэ.
Баррикада қол шапалақтаумен жаңғырықты.
Бір минөттен соң көшенің дәл ортасына орнығып, орды ерттеп мініп алып, зеңбірек ұрысқа дайын болды да, баррикадаға арандай аузын ашты.
— Ал кәне кет! — деп күбірледі Курфейрак. — Саған сол керек, жыртқыш! Әуелі шертіп ап, жұдырығын сосын көрсетпек қой. Армия бізге өз сирағын созды. Баррикаданы керемет сілкілемек. Мылтықпен сипалап, зеңбірекпен ұрмақ қой.
— Мынау жаңа үлгідегі қоладан құйылған сегіз дюймдік зеңбірек, деп қостады оны Комбефер. — Мұндай зеңбіректер тепе-теңдігі болмашы бұзылғанның өзінде, жүз бөлек мысқа он бөлек қалайы келмей қалса, жарылуы ықтимал. Қалайының артық болуы оны сынғақ етеді. Діңінде бос жер, қуыс пайда болады. Ондай қауіптен аулақ болу үшін он төртінші ғасырдағы құрсауға қайта оралған дұрыс болатын еді, діңге сыртына болат сақиналар салу керек. Оған дейін әйтеуір көңіл демдеу үшін шытырлауықтың көмегімен жарық пен қуысты анықтап бекіткен боп жатады. Әйткенмен, жақсы тәсіл де бар: ол Грибоваль жылжымалы ұшқыны.
— Он алтыншы ғасырда зеңбіректер ойындылы болушы еді ғой, деп ескертті Боссюэ.
— Иә, — деп растады Комбефер, — ол оның соққы күшін арттырады, бірақ дәлдігін азайтады. Оның үстіне қысқа қашықтыққа атқанда траекториясының тиісті бұрышы болмай, мараболасы шектен тыс ұлғайып, снаряд ойдағыдай тіке ұшпай, өз жолында ұшырасқандарды мерт етеді. Ал айқастарда дұшпан жақындаған сайын зеңбірекпен атқан маңызды. Он алтыншы ғасырдағы ойықты зеңбіректердің зарядының әлсіздігіне байланысты болатын, мұндай зеңбіректерде әлсіз заряд баллистика талаптарына жауап беріп, лафеттердің сақталуына жәрдемдесті. Жалпы зеңбірек сияқты өктемдер ойына келгенін істеуге тиіс емес, оның осалдығы да осы орасан күшінде. Зеңбірек ядросының шапшаңдығы сағатына алты жүз миль, ал жарықтың жылдамдығы секундына жеті мың миль. Иса пайғамбардың Наполеоннан артықшылығы, міне, осында.
— Мылтықтарыңды оқтаңдар! — деп бұйырды Анжольрас.
Баррикаданың зеңбірек ядросына шыдауға шамасы жете ме?
Ол дүркін-дүркін атар ма екен? Мәселе, міне, сонда. Әзірше көтерілісшілер мылтықтарын қайта оқтап алды, артиллеристер де зеңбірегін зарядтап жатыр.
Қорғанның қорғаушылары демін іштен алып, мазасыздана күтіп қатты да қалды.
Мылтық та атылды, гүрсіл де басталды.
— Бар! — деп саңқ етті көңілді үн.
Ядро баррикадаға тиген сәтте ішке сырғып Гаврош та түсіп жатыр еді.
Ол Аққу көшесінен шыққан болатын, шатасқан шолақ көшелерді Кіші Қаңғыбастан бөліп тастаған қосымша баррикададан оңай өтіп келген беті осы еді оның.
Ядродан гөрі баррикадада Гаврош әлдеқайда көп әсер қалдырды.
Омнибустың бір ғана доңғалағын қиратып, бір құшақ қоқысқа көміліп қалған ол Ансоның онсыз да сынық арбасын жайпапты. Оның мына түріне қарап күллі баррикада шегі қатқанша күлді.
— Әрі қарай төпе! — деп айқайлады Боссюэ артиллеристерге.
Сегізінші тарау
АРТИЛЛЕРИСТЕР ӨЗІМЕН ОЙНАУ
ЖАМАН ЕКЕНІН ЕСКЕРТТІ
Гаврошты барлығы қоршап алды.
Бірақ ол ештеңе айта алмады. Мариус тұла бойы қалшылдап, оны аулағырақ алып кетті.
— Сен мұнда неге келдің?
— Мәс-саған! — деп баланың даусы шығып кетті. — Ал сіз неғып жүрсіз?
Ол Мариусті ойнақы да отты көзімен бір сүзіп өтті. Оның жанары өрлікпен жарқылдап тұр. Мариус қатал үнмен сөзін жалғады:
— Саған қайтып оралуға кім рұқсат берді? Ең болмаса хатты өз мекен-жайына тапсырдың ба?
Шынын айтқанда, Гаврошты аздап ар-ұяты азаптады. Баррикадаға қайтып оралу үшін ол тапсырғаннан гөрі хаттан тезірек құтылды. Оны өзіне өзі мойындауға мәжбүр болып тұр, шынында да жеңіл оймен бейтанысқа сеніп, қараңғыда оның түрін де түстей алмай, хатты бере салды. Шыны шын, алған адам қалпақсыз болатын, онысынан енді не пайда. Асылы, ол өзін өзі құстаналап, Мариустің қояр кінәсінен қорықты. Жағдайдан шығу үшін ол ең оңай тәсілді таңдап, шімірікпей өтірік айтуға кірісті.
— Азамат! Мен хатты қақпашыға бердім. Бикеш ұйықтап жатыр екен. Ояна салысымен-ақ хатты алады.
Хатты жөнелткенде Мариус екі түрлі мақсат көздеген-ді — алдымен Козеттамен қоштасу, сосын — Гаврошты құтқару. Енді ойлағанының жартысымен қанағаттануға тура келді.
Кенет ол хаттың жіберілуі мен Фошлеванның баррикадаға келуінің арасында бір байланыс жоқ па екен деп күмәнданды. Гаврошқа Фошлеванды нұсқап:
— Сен анау адамды білесің бе? — деп сұрады.
— Жоқ, — деп жауап берді Гаврош.
Алдында айтқанымыздай, Гаврош шынында да Жан Вальжанды көзге түрткісіз қараңғыда көрген.
Мариустің миындағы дертті буалдыр күмән-күдік сейілді. Фошлеванның ұстамды сенімін қайдан білсін? Бәлкім, ол да республикашыл шығар. Олай болса бұл ұрысқа қатысуы әбден орынды.
Осы екі ортада Гаврош баррикаданың екінші шетіне қашып барып:
— Менің мылтығым қайда? — деп айқай салды.
Курфейрак оған мылтық беруді бұйырды.
Гаврош "жолдастарын" (көтерілісшілерді ол осылай атайтын) баррикаданың айналадан бөліп тасталғаны туралы ескертті. Мұнда ол көп қиындықпен әрең жетіпті. Аққу жақтан жолды мылтықтарын Кіші Қаңғыбаста атағашқа сүйеп қойып желілік батальон бақылап тұр; қарсы жақтан Уағызшылар көшесіне муниципалдық гвардия орналасып алыпты.
Осы мәліметтерді хабарлай келіп Гаврош:
— Өздерін оңдап тұрып оқтың астына алыңдаршы, — деп тілегін де қосып қойды.
Анжольрас болса оқатардың аузында тұрып, бар назарын аударып дұшпанды бақылады.
Қоршап алғандар алғашқы атысына көңілі толмаса керек, оны қайта жаңғыртпады.
Жаяу әскер жасағы келіп, зеңбіректің арғы жағынан көшенің шетіне кеп орнықты. Солдаттар көше жиегін талқандап, шой тастардан баррикаданың қарсысынан биіктігі он сегіз дюйм аласа қабырға, яғни қорғаныс жалын жасады. Жалдың сол жақ бұрышынан қала маңы батальонының Сен-Дени көшесіне ошарылған басты колоннасы көрінді.
Торуылында отырған Анжольрасқа заряд жәшіктерін картечімен қалбыр суырғанда шығатын айрықша бір дыбыс естілді, нысанашының зеңбіректің аузын сәл солға бұрып нысанаға қойғанын көрді. Сосын оқтаушылар зеңбіректі оқтай бастады. Нысанашы пілтені өзі ұстап тұтандырғышқа апарды.
— Бастарыңды тұқыртыңдар, қабырғаға жабыса қалыңдар! — деп айқайлады Анжольрас. — Баррикаданы бойлай тізерлеп тұрыңдар!
Ләйліханада топырлаған немесе Гаврош келгенде жауынгерлік орнын тастап, жаңалық естуге келген көтерілісшілер асып-сасып баррикадаға ұмтылды, бірақ олар Анжольрастың бұйрығын орындап үлгергенше зеңбірек атылып, картечьтер ысқырып ала жөнелді. Бұл құлақ жарар сұмдық дүркін атыс еді.
Снаряд тура баррикаданың құрастырылған тұсына бағытталған екен. Қабырғадан кері ытқып, екі адамды өлтіріп, үшеуін жаралады.
Бұлай жалғаса берсе, баррикаданың шыдас бермейтіні белгілі болды, оқтар қабырғаны тесіп жатыр.
Үрейлі дауыстар естіле бастады.
— Екінші атуға кедергі жасап көрейік, — деді Анжольрас.
Карабинінің діңін төменірек түсіріп, нысанашыны қарауылға алды, бұл кезде ол зеңбірекке еңкейіп, нысананың дөп қойылған-қойылмағанын тексеріп жатыр еді.
Нысанашы артиллерия сержанты, жалқын шашты ақсары әдемі жігіт екен, жүзі нәзік, қаһарлы қару әскерлеріне тән ақылды азамат сияқты, бұлар қарсыластарын аямай қыра отырып, ақыр түбінде соғыстың өзін жоюға тиіс.
Анжольраспен қатар тұрып Комбефер де сол бозбалаға қарады.
— Қандай аянышты! — деді ол. — Қандай жиіркенішті бұл қанды қасап! Рас, корольдер болмағанда соғыс та болмайды. Сен сержантты көздеп тұрсың ба? Анжольрас, тіпті оның бет пішініне қарасаңшы. Ойланшы, мүмкін бұл сұлу бозбала өжет те ақылды шығар, өйткені жас артиллеристер шетінен оқыған халық; оның әкесі, шешесі, отбасы бар болар бәлкім, ғашық болатын дер шағы, әрі кетсе жиырма бесте-ау шамасы, ол сенің інің де болуы ықтимал
— Ол тура менің бауырым, — деді Анжольрас.
— Қойшы, онда менің де бауырым ғой, — деп сөзін жалғады Комбефер.
— Бері қарашы, кәне, осы жігітті аман қалдырайықшы.
— Қой енді! Көзін құртпай болмайды.
Анжольрастың аппақ құдай бетінен баяу ғана бір тамшы жас сырғып түсті.
Сол сәт шүріппені де басып үлгерді. От жарқ етті. Қолын алға созған қалпы, ауа жұтуға тырысқандай басын бір сілкіп артиллерист екі мәрте орнында аударылып, сосын бір бүйірімен зеңбіректің үстіне құлады. Арқасынан көрініп тұр, екі жауырынының арасынан қан атқылап ағып жатыр. Оқ кеудесінен тиіп тесіп өтіп кеткен. Ол өліп жатыр.
Оны алып кетіп орнына басқа адам әкелуге тура келіпті. Осыдан баррикада бірнеше минөт уақыт ұтты.
Тоғызыншы тарау
1796 ЖЫЛЫ ҮКІМГЕ ӘСЕР ЕТКЕН БРАКОНЬЕРДІҢ ҚАРТ
ТАЛАНТЫ МЕН МЕРГЕНДІГІ НЕГЕ ЖАРАУЫ МҮМКІН
Баррикада мәжіліс құрып, ақылдаса бастады. Ұзамай зеңбіректен тағы да төпелей жөнеледі. Картечьтің астында ширек сағаттан артыққа шыдай алмайды. Қайткенмен де соққы күшін әлсірету керек.
Анжольрас бұйрық берді:
— Әне анау жерге бөстек қою керек.
— Бізде артық төсек орын жоқ, — деп қарсылық білдірді Комбефер, — барында жаралылар жатыр.
Ләйліхананың бұрышында жәшіктің үстінде мылтығын екі тізесінің арасына қойып, аулағырақ отырған ол осы сәтке дейін болғанның біріне де араласқан жоқ еді. Айналасындағы жауынгерлердің:
— Қандай өкініш! Мылтық босқа қалатын болды! — деп бұрқылдағанын да естімеген тәрізді.
Анжольрастың бұйрығын естіп, ол орнынан тұрды.
Еске сала кетелік, Шанврери көшесінде көтерілісшілер пайда болысымен, бәз-бір кемпір атыс басталатынын біліп, өз терезесін бөстекпен қымтап қойған. Бұл баррикададан сәл бұрыстау тұрған алты қабатты үйдің шатырдағы терезесі. Терезеге көлденең ұсталған бөстектің астыңғы жағы кір жаятын жіп тартылған екі сырыққа тірелген, жоғарғы жағы терезе жақтауына шегелеген екі шегеге жіппен байлап қойылғаны байқалады. Шаштың талындай жіңішке жіп аспанның аясында көзге бадырайып көрінеді.
— Маған біреуің қосауыз карабин беріңдерші! — деді Жан Вальжан.
Жаңа ғана қайта оқтаған мылтығын Анжольрас оған ұсынды.
Жан Вальжан мансардты нысанаға алып тартып кеп қалды.
Бөстекті ұстап тұрған жіптің бірі үзіліп кетті.
Бөстек енді жалғыз жіпке ғана ілініп тұр.
Жан Вальжан екінші оқты атқанда, қалған жіп те үзіліп, ұшы терезенің алдында тербетіліп тұрды. Бөстек екі сырықтың арасында көше табанына түсті.
Баррикада ду қол шапалақтады.
Барлығы бір ауыздан:
— Міне, саған бөстек!- деп айқайлады.
— Солайы солай, — деді Комбефер, — ал енді оны алып келуге кім барады?
Шынында да бөстек баррикаданың алдына шабуылшылар мен қоршаудағылардың арасына түсті. Ол аз болса, сержанттың ажалынан жынданып кете жаздаған солдаттар бірнеше минөт бұрын өздері кесек тастардан жасап алған жалға жасырынып, баррикадаға оқ жаудырған, ондағысы нысанашы табылғанша зеңбіректі жоқтатпай, көтерілісшілерді тыныш қалдырмау. Баррикада үшін жай мылтық онша қауіпті емес, бірақ көшеге жауған оқтың ажал себетіні анық.
Жан Вальжан баррикададан арнаулы тесік арқылы көшеге шықты, нөсерлеген оқтың астымен бөстекке жетіп, оны арқалап қайтып оралды.
Бөстекті әкеп, ойылып тұрған қауіпті жерге жауып, қабырғаға жапсырып тастады ол, сондықтан мұны артиллеристер байқаған жоқ.
Бұл шаруаны да жайғап, атысты күтті.
Міне, гүрсіл де басталды.
Зеңбірек арылдай өкіріп, картечьтерді құссын кеп. Барлығы да бөстекке қадалып, кері серіппей тұрды да қалды. Ойлаған амал жемісін берді. Баррикада сенімді қорғалды.
— Азамат! — деді Анжольрас Жан Вальжанға қарап. — Республика сізге алғыс айтады.
Танданғаннан Боссюэ қарқылдап кеп күлді де:
— Бөстектің мынадай құдіреті барын айтудың өзі ыңғайсыз екен! Болмашы төсеніштің жай оғын жаудырушының аузын жабуы керемет қой. Дегенмен зеңбіректі жеңген бөстектің даңқы арта берсін! — деді ол.
Оныншы тарау
РАУАН
Дәл осы сәтте Козетта да оянған еді. Оның аулаға қараған терезесі биік, тап-таза, жіңішке ғана қарапайым бөлмесі болатын.
Парижде не болып жатқанынан Козетта ештеңе білмейтін. Осы қарсаңда ол ешқайда болған жоқ, тек жатар алдында бөлмесіне бара жатып Тусеннің:
— Қала іші жақсы емес, — дегенін ғана есіткен.
Козетта көп ұйықтаған жоқ, бірақ қатты ұйықтады. Жақсы түс көрді, бәлкім ол төсегінің аппақ тазалығынан да болар. Оған Мариус сияқты жайраңдап жан-жағын жарқыратып жүрген бір қиял елестеді. Күн тура көзіне түсіп тұр екен, сондықтан оянғанда да түсі үзілмей жалғасып жатқан секілденді.
Түсі оған қуанышты ойлар ұялатты. Сондықтан оның жаны жай тапты. Жан Вальжанның аз-ақ алдында ол да барлық үрей біткенді қуып тастап, бақытсыздық дегенге сенбеуге берік бекінді. Ол неге екенін өзі де білмей, әйтеуір бірдеңеден бар жан-жүрегімен үміттенді. Сосын кенет жүрегі қысты. Міне, Мариусті көрмегеніне табаны күректей үш күн болды. Алайда ол хатты алды, енді мұның қайда екенін біледі, ақылды ғой, қалай кездесудің ретін табар, деп қыз өз-өзін имандай сендірді. Сөз жоқ, бүгін тіпті осы ертеңгілікте келіп қалуы мүмкін деп үміттенді. Төңірек жап-жарық, күннің қиялай түсуіне қарағанда әлі ерте болуы керек, бірақ Мариусті қарсы алу үшін тұру қажет.
Ол Мариуссіз өмір сүре алмайтынын сезеді, оның келуі үшін осының өзі де жетіп жатыр емес пе. Бұл арада ешбір қарсылыққа жол жоқ. Өйткені бұл шүбәсіз шындық. Табандатқан үш күн бойы оны көрмей, жанын азапқа салуы тіпті төзгісіз болды. Үш күн бойы Мариусті көрмеуге Құдай-тағала қалай ғана жол берді десейші! Енді тағдырдың күллі қатаң қалжыңы, сын-сынағы артта қалды. Мариус келеді және жақсы хабар әкеледі. Жастық деген осындай, көз жасын ол әп-сәтте кептіреді, уайым-қайғыны ол қашанда қажетсіз санайды. Бақытты болу жастық үшін заңды да табиғи құбылыс, оның тынысының өзі үмітпен суарылған.
Бір қызығы, Козетта Мариустің өзіне аз уақыт, ең көбі бір күндей болмайтынын, оның не себебі барын айтпағаны есінде толық сақталмапты. Жерге түскен теңгенің қалай керемет жасырынып қалатынын бәріміз де көріп жүрміз ғой және оның әп-сәтте қалай көз арбаушыға айналғанына қайран қаласың. Ой-пікірдің де бізбен осындай ойынға баратыны бар, олар мидың бір қатпарына кіріп алып қайтып еске түспейді, тіпті мүлдем жойылып та кетеді. Козетта өз жадының жеміссіз ізденісіне өкінді. Ол өзіне өзі Мариустің айтқанын есте тұтпауын жақсы болмады әрі ұят деді.
Ол төсектен тұрып, екі мәрте шайынғандай болды — жанын да, тәнін де жуды, дұғасын да оқыды.
Оқырманды тек төтенше жағдайда ғана жас жұбайлардың жатын жайына кіргізуге болар, ал қыздар жататын бөлмеге ешқашан енгізуге болмайды. Өлеңнің өзі де оған онша сығалай бермейді, ал қара сөзге оған жол жабық.
Бұл дегенің ашылмаған гүлдің қауашағы, қараңғыдағы ақтаңдақ, лалагүлдің бүр жармаған қауызы, оны күннен бұрын адам көруіне болмайды. Он екіде бір гүлі ашылмаған әйел қасиетті. Қыздың жартылай ашық төсегі, өзінен өзі қорқатын ғажайып жалаңаш дене, кебіске жасырынған аппақ аяқ, көзі бардай-ақ айнаның өзінен бүркемелейтін омырау, үстел сықырласа жалаңаш иыққа іле салатын жейде, байланған лента, салынған қапсырма, тартылған бау, қысылып-қымтырылу, суықтан сәл дір ете қалу, ұялшақтық, қозғалыстың әдемі биязылығы, үрейдің дірілі, қорықпайтын жерде қорқу, күн шығар алдындағы бұлттай әсем киімдерді ауыстыру сияқты қылықты қимылдарды айтудың қажеті жоқ, оларды еске түсірудің өзі астамшылық.
Қыздың оянғанына жұлдыздың туғанындай зор құрметпен қастерлей қарау керек. Қорғансыздық айрықша құрмет туғызуға тиіс. Шабдалының мамығы, қара өріктің күлдей түсі, қардың қиыршық жұлдызшалары, көбелектің барқыт қанаттары қыздың пәктігімен салыстырғанда тұрпайылау, ал сол періштедей пәктігін оның өзі біле бермейтіні бір қызық емес пе.
Жас қыз — буалдыр қиял, бірақ әлі нақтылы махаббат емес. Оның орны биік мұраттың терең түкпірінде. Сұғанақ көздің сол түкпірге қадалуы қыз намысын қорлау. Тіпті көз қиығын тастаудың өзі мөлдірді лайлаумен тең.
Сондықтан біз Козеттаның ертеңгі сүйікті күйбеңін сипаттамаймыз.
Шығыстың бір ертегісінде мынадай бар: Тәңірі раушанды әу баста ақ қып жаратыпты, оған Адам-атаның көзі түсіп, бүр жарғанда қысылғанынан қызғылт тартып кетіпті. Біз жас қыздар мен гүлдердің алдында қысылатындардың қатарына жатамыз, олардың алдында тағзым етеміз.
Козетта шапшаң киініп ала қойды, о кезде шаш сылау оңай болатын, қазіргідей бұйралап әуре болмайтын, астына жастықша тығып қоқитпайтын, қосымша бұрым жасап өрмейтін. Сосын ол терезені ашып, көшенің жолақтарын көрмек ниетпен әріге көз тастады, сөйтсе Мариустің келгенін көремін ғой деп ойлады. Ішкі ауланы недәуір биік қабырғалар қоршап тұр, олардың арасындағы ашық жер бақ сияқты. Козеттаға бақтар жиіркенішті болып көрінді, гүлдер де өмірінде алғаш рет көз тартпайтын тәрізденді. Одан да көше қиылысындағы кез келген жыра оған әсем сияқтанды. Ол Мариус құдды сол жақтан келетіндей аспанға қарады.
Кенет ол жылап жіберді. Бұл оның құбылмалы көңіл-күйіне емес, үмітінің ақталмағанына байланысты еді. Көңілі сұмдық бірдеңені сезетін сияқты. Хабар кейде тікелей ауамен де тарай ма, қалай. Ол өзіне ештеңеге де сенімім жоқ, бірін бірі көзден қағыс қып жоғалтып алу деген өлім, Мариус аспаннан түсуі де мүмкін-ау деген ой қуанышты емес, қатерлі.
Сосын түнерген бұлт сейіліп, тыныштық пен үміт қайта оралды, сосын тәңірге деген сенімге толы еріксіз күлкі езуіне үйірілді.
Бұл үйдегілердің бәрі ұйықтап жатыр. Мұнда сүттей ұйыған тыныштық. Бірде-бір терезе қақпасы ашылған жоқ. Қақпашының үйшігі құлыптаулы. Тусен әлі тұрған жоқ, Козетта, әрине, әкем де ұйықтап жатыр деп ойлады.
Зайыры, оған көп азап шегуге, мұңға батуға тура келген сияқты, өйткені ол әкесі қатал деген ойға келіп, бар үмітін Мариуске ғана артты. Осындай жарық күннен айырылу тіптен мүмкін емес сияқты. Ара-тұра ол алыстан қатты дүмпулерді естіп: "Осындай ерте мезгілде қақпаларын қатты жауып жүрген кім?" деді таңданып. Ал ол баррикаданы талқандап жатқан зеңбірек дүрсілі еді.
Козеттаның терезесінен бірнеше фут төмен, тозғаннан қарайып кеткен карнизге жапсырып сұр қарлығаш ұя салыпты, ұяның шеті ернеу ағаштан шығып тұр, жоғарыдан осынау құйтымдай жұмақты тамашалауға болады. Енесі қанатын желдеткіштей жайып ұясында отыр, бауырында балапандары, ал әкесі қалықтап ұшып оларға тұмсығымен тістеп жем тасып, тұмсық түйістіріп сүйісіп жүр. Шығып келе жатқан күн бақытты отбасын алтынмен аптап, мұнда өсіп-өнудің ұлы заңы салтанат құрып, шаттық орнаған, таңның шұғыласында нәзік бір құпия гүл атқалы тұр. Шашында күн нұры ойнап, көңілін қиял баурап, рауан арайландырып, махаббат жайраңдатқан Козетта еріксіз еңкейіп Мариус туралы ойлап тұрғанын мойындауға батылы барып, құстың отбасын, еркегі мен ұрғашысын, енесі мен балапандарын қызықтады, бір тылсым үстіндегі пәк қызға мұндай көрініс жылы ұяңы аңсататындай.
Он бірінші тарау
МҮЛТ КЕТПЕЙТІН, БІРАҚ ЕШКІМДІ
ӨЛТІРМЕЙТІН МЫЛТЫҚ
Қоршауға алғандар атысты жалғастыра берді. Мылтық картечьпен алмасып тұрғанымен айрықша ештеңе бүлдіре қойған жоқ. "Коринфтің" алдыңғы бетінің жоғарғы бөлегі біраз бүлінді, картечьпен атқылаған екінші қабаттың терезелері мен мансард оқ тесіп, біртіндеп қирай бастады. Бұл күзет орнындағы жауынгерлер ғимаратты тастап шығуға мәжбүр болды. Айтқандай баррикадаға шабуылдың тактикасы атысты соза түсу ғой, ондағы мақсат жауап қайтаруға тырысып көтерілісшілер атысса, олардың әскери қорын азайту. Жауап атыстың әлсірегені байқалса, патрон мен оқ-дәрінің бітуге таянғаны, онда қоян-қолтық айқасқа шығуға болады. Анжольрас бұл тұзаққа түскен жоқ, баррикада атысқа жауап қайтармай қойды.
Әр дүркін атыс сайын асқан өшпенділіктің белгісі етіп Гаврош тілімен ұртын томпайтып қатты тыржыңдайды.
— Жарайды, — дейді ол, — дал-далын шығарып шүберекті жырта беріңдер, бізге керегінің өзі суыртпақ.
Курфейрак картечь неғып нысанаға дөп тимейді деп айқайлап, зеңбірекке:
— Әй, тәтей, сен не сандалып отырсың? — деді.
Айқаста да бал-думандағы сияқты қарсыластар бірін-бірі ұйықтатпауға, шамына тиюге тырысады. Шамасы, қорғанның үн-түнсіз қалуы қарсыластар жағына күтпеген бірдеңеден қауіп ойлантса керек; шой тастар үймесінен асып түсіп барлау қажет болды, оқ пен оттың астында тұрып қимылсыз жатқан қабырғаның ішінде не барын білу керек қой. Кенет көтерілісшілердің көзіне көрші үйдің шатырында күнге шағылысқан каска түсті. Биік пештің мұржасына сүйеніп, безбенге тартылғандай қимылсыз бір өрт сөндіруші тұр. Оның көзі төменге, баррикаданың ішіне қадалған.
— Мынау жансыздың бізге жалпы керегі жоқ, — деді Анжольрас.
Жан Вальжан карабинді Анжольрасқа қайтарды, ал өзінде мылтық қалды.
Ләм-мим деместен ол өрт сөндірушіні нысанаға алды, сол сәт оқ тиген каска даңғырлап көше табанына түсті. Үрейі ұшқан солдат тығылып қалды.
Оның орнына басқа бақылаушы келді. Бұл жолғысы офицер екен. Жан Вальжан мылтығын қайта оқтап, жаңадан келгенді көздеп оның да каскасын солдаттікінің соңынан жіберді. Офицер де ерегіспей тайып тұрды. Бұл жолы олар тұспалды түсінді. Қайтып шатырдан ешкім көрінбеді; баррикаданы аңду доғарылды.
— Сіз неге оны өлтірмедіңіз? — деп сұрады Боссюэ Жан Вальжаннан.
Жан Вальжан жауап берген жоқ.
Он екінші тарay
ТӘРТІП ҚЫЗМЕТІНДЕГІТӘРТІПСІЗДІК
— Ол менің сауалыма жауап бермеді, — деп Боссюэ Комбефердің құлағына сыбырлады.
— Бұл кісі жақсылықты мылтықтың көмегімен жайып жүр, — деп жауап қатты Комбефер.
Баяғыда өткен оқиғаларды аз да болса есінде ұстаған адам кенттердің ұлттық гвардиясы көтеріліске қарсы батыл күрескенін біледі. Әсіресе олар 1832 жылғы маусым күндері өздерін ызалы да табанды етіп көрсетті. "Биші", "Рақымшыл" немесе "Шұңқыр" сияқты сайран орындарының бейкүнә бір қабатшы бүлікке байланысты өз мекемесінің би залы бос қалғанын көріп, өз трактирін тәртіптің өнегесі санап, тәртіп үшін өлімге бел байлап арыстандай айқасты. Буржуазиялық, сонымен қатар қаһармандық сол дәуірде идея серілері қыспақ құлдарымен бетпе-бет келіп жүрді. Оянған сананың қарабайырлығы батыл қимылдың бағасын түсірген жоқ. Алтын қорлардың азаюы банкирлерді "Марсельезаны" шырқауына мәжбүр етті. Буржуа сауда сөресі үшін қан төкті, өзінің шағын отаны — дүкенін спартандық қайратпен қорғады.
Шын мәнінде бұл аса елеулі қарекет. Тепе-теңдік туар күнді күтіп күреске әлеуметтік тың күштер қосылды.
Ол заманға тағы бір тән сипат анархия мен "үкіметтіліктің" (ізгі ниеттілер партиясының тұрпайылау атауы) үйлесе кетуі. Олар тәртіпсіз тәртіп үшін күресті. Кейде ұлттық ұлан полковнигінің есерлігінен ойда жоқта барабан соғылады; кейде шабыттанып капитан оққа қарсы ұмтылады, ал ұлттық ұлан болса, идея үшін басын бәйгеге тігеді. Қатерлі сәттерде, шешуші күндерде олар командирдің бұйрығымен емес, өзінің түйсігімен қимылдады. Қоғамдық тәртіпті қорғаушы армияда семсермен жайпайтын Фаннико, қаламмен жайғайтын Анри Фонвред сияқты шын өжеттер де ұшырасты.
Бақытсыздыққа қарай ұстанымдар одағынан гөрі, мүдделер бірлестігін білдіретін өркениет ол кезде өзін қатер үстіндемін деп санады; жұртты көмекке шақырды, әркім өзін оның тірегі тұтып, қорғады, қолынан келгенше құтқарды; алғашқы кездескен кісі өз мойынына қоғамды сақтап қалу міндетін алды.
Ынта-жігердің өзі кейде апатқа ұрындырады. Ұлттық ұландардың бәз-бір взводы өз билігімен әскери кеңес шақырып, бес минөттің ішінде тұтқын көтерілісшіні атуға үкім шығарған. Жан Прувер тұп-тура осындай бассыздықтың құрбаны болған. Бұл Линчтің кәрлі заңы, бір ғажабы бірде-бір партия оны өзіне кінә етіп тақпайды, өйткені ол республикалық Америкада да, монархиялық Еуропада да бірдей қолданыла береді. Алайда Линч сотының қателікке ұрынуы оңай. Бірде көтеріліс күндері Король алаңында ұлттық ұландар сүңгі кезеп, жас ақын Поль-Эме Граньені тұра қуғаны бар, ол әйтеуір № 6 үйдің тасасына тығылып қана аман қалды. Оған: "Міне, тағы бір сен-симонист!" деп айқай салды. Шынында да ол қолтығына қысып герцог Сен-Симонның мемуарлар кітабын алып бара жатыр еді. Бәз-бір ұлан кітаптың тысындағы "Сен-Симон" деген жазуды оқи сала "Оған ажал келсін!" деп кеңірдегін жыртқан.
1832 жылғы 6 маусымда кент ұлттық ұландарының жоғарыда аты аталған капитан Фаннико бастаған жасағы есерлігі мен кіділігі салдарынан Шанврери көшесінде қырылып қала жаздады. Бір ғажабы, бұл дерек 1832 жылғы көтерілістен кейін белгіленген сот тергеулерінен анықталды. Капитан Фаннико тәртіптің құлақкесті құлы ретінде шыдамсыз да ауыздықсыз буржуа болатын, әлгінде сипаттағанымыздай, ұрда-жық, есерлеу, өзінше қалтқысыз берілген "үкіметшіл" болатын, белгіленген мерзімнен бұрын атыс бастамай тұра алмайтын, ол баррикаданы жалғыз, өз жасағымен ғана алып, даңққа бөленуге тыраштанды. Баррикадада қызыл жалау мен оқ тескен ескі бешпент пайда болғанда оны ол қарату деп қабылдап, жынданып кете жаздады, генералдар мен корпус командирлерін шешуші айқасты кеңеске айналдырып жіберді деп сыбап жүргені де содан; бір куәгердің айтқанындай, ол "өз буына өзі пісіп жүрген нан". Ал өзі баррикада шабуыл жасауға әбден жарайды, піскен жемісті дер кезінде соғып алу керек, деп біледі.
Оның жігіттері де өзі сияқты сен тұр, мен атайын, шетінен "құтырған", дейді тағы бір куәгер. Ақын Жан Пруверді атып тастаған оның ротасы, көше бұрышына орналасқан батальонның басты жасағы болатын. Сол сәт ол күтпеген жерден баррикадаға шабуылды бастап та жіберді. Әскери өнерден гөрі ал кеттім өрекпу көбірек болған бұл шабуыл Фаннико жасағына қымбатқа түсті. Алда кетіп бара жатқан төрт өжет қорғанның етегіне жете бергенде оққа ұшты; ұлттық ұландардың қайсар тобы әскери шыдамы шамалы жандар аз-кем толғаныстан кейін, көшеге он бес өлігін тастап шегінуге мәжбүр болды. Абыр-сабыр қарбаластың әр минөті көтерілісшілердің қаруларын қайта оқтап, қайта шабуылдағандарды баудай түсіруіне мүмкіндік берді, сөйтіп шабуылшылар өздеріне пана болған көшенің бұрышына әрең тығылып үлгерді. Бір сәт әлгі жасақ екі оттың ортасында қалды, атысты тоқтатуға бұйрық алмаған зеңбірек картечьті жаудырып, есерсоқ Фаннико өз жағының оғына ұшты. Тәртіптің төресі саналатын зеңбіректің құрбаны болды.
Қатерінен гөрі қайраты басым шабуыл Анжольрасты да ыза қылды.
— Ақымақтар! — деді ол даусын шығара. — Олар өз адамдарын өздері құртып жатыр, біз болсақ снарядты босқа шығындаудамыз.
Анжольрас көтерілістің нағыз командирі ретінде айтты бұл сөзді, өзі де сондай жетекші ғой. Көтерілісшілер жасағы мен жазалаушылар жасағы тең қарумен айқасып жүрген жоқ. Көтерілісшілер өз қорын тез сарқып алса, артық снаряд ата алмай, адамдарын көбірек құрбан етеді. Жазалаушылар керісінше, қолда армия ұстай отырып адамдарын бағалай білмейді, Венсен арсеналы уысында тұрған соң патрондарын да ірікпейді. Жазалаушылардың қаншама полкі, қаншама жауынгері баррикаданы шабуылдауға келді, ал көтерілісшілер санаулы ғана кісі, шабуылдаушылардың қару-жарағы мен оқ-дәрісінде қисап жоқ, ал қорғанушылардың әрбір патроны есепте. Міне, сондықтан да қарсыластардың күші мен қаруы тең болмағандықтан күрес баррикаданың күйреуімен аяқталады, оны тек безбеннің басына өзінің жалын шашқан архангел семсерін салған революция ғана құтқарады. Былай да болады. Барлығы да қозғалысқа келгенде көшелер буырқанып, баррикадалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай өседі. Париж тереңінен теңселіп, guid divium23 араласқаны сезіледі, 10 тамыздың, 29 шілденің рухы еседі, тылсым бір шапақ жарқ ете қалып, аранын ашқан жыртқыш сияқты тұрпайы күш кібіртіктеп кері шегінеді, сөйтіп, ашулы арыстан әскердің қарсы алдында пайғамбардың айбарымен Франция еңсе көтереді.
Он үшінші тарaу
ҮМІТ ҰШҚЫНЫ СӨНІП БАРАДЫ
Баррикаданы қорғаушылардың сезімі мен құштарлығының түпсіз тереңінде барлығынан да бірдеңелер аздап болатын; мәселен батылдық, жастық, өрлік, жігерлілік, сенімділік, қызбалық, құмарпаздық, мұратқа ұмтылу дегендей, алайда ең бастысы, оларда үміт болды.
Осындай жарқылдардың бірі, буалдыр үміттің осындай жалтылдарының бірі ең бір күтпеген сәтте Шанврери баррикада — сын нұрға бөледі.
— Бері қараңдар! — деп айқайлады өзінің бақылау күзетінен қозғалмаған Анжольрас. — Шамасы, Париж оянып келеді.
Шынында да, 6 маусымда ертеңгілік бір не екі сағаттың ішінде бүлік өрши түсуге тиіс еді. Сен-Мерридің табанды дабыл қоңырауының тынбауы кей жерде бықсыған отты үрлеп жіберді. Пуарье көшесінде, Гравилье көшесінде де баррикадалар өсіп шықты. Сен-Мартен қақпасында карабин ұстаған бір бозбала атты әскердің тұтас эскадронына тарпа бас салыпты. Ашықтан ашық, бульвардың ортасында тізерлеп отыра қап мылтығын кезеп бір атқанда эскадрон командирін мұрттай ұшырып, тобырға бұрылып тұрып:
— Міне, дұшпан тағы да бір адамға азайды! — айқай салыпты.
Оны қылышпен шауып өлтірді. Сен-Дени көшесінде бәз-бір әйел муниципалдық ұландарға терезеден оқ жаудырған. Әрбір атыс сайын жалюзидің планкалары дір ете қалғаны көрініп тұрған. Жүзім қауыздары көшесінде қалтасы патрондарға толы он төрт жасар бала ұсталған. Күзет орындарының көбіне шабуыл жасалған. Бертен-Пуаре көшесінің бұрышында генерал Кавеньяк де Барань бастаған кирасир полкі күтпеген жерден жауған оқтың астында қалған. Планш-Мибре көшесінде әскерге шатырдан сынған ыдыстар мен асүйдің әбзелдері лақтырылған — бұл енді нашар ырым. Бұл туралы маршал Сультке баяндағанда карт наполеон жауынгер Сарагоса түбіндегі Сюшенің: "Кемпірлер басымызға түнгі легендерін төгетін болса, онда біздің құрығанымыз!" деген сөзін есіне алып қатты ойланып қалды.
Бүлік басылды деп санаған тұстағы осы қауіпті нышандар, тобырдың өрши түскен ашу-ызасы, Париждің терең жанармай тыңы аталатын шалғай ниеттеріндегі бұрқ ете қап жатқан ұшқындар әскербасыларын қатты үрейлендірді. Олар өрттің ошағын сөндіруге асықты. Бүрк еткен жеке бүліктерді басып-жанышпайынша Мобюэ, Шанврери мен Сен-Мерри баррикадаларына шабуылды қоя тұруға мәмілелесті, әуелі ұсақ ұшқындарын өшіріп алып сөндіріп алып сосын бар күшті салып, олардың жоқтауын бір-ақ асырмақ. Көтеріліс қамтыған көшелерге әскерлер колонналары жіберілді; олар үлкен даңғылдардағы жұртты қуып таратып, шолақ көшелерді тіміскілеуге кірісті, оңға да, солға да бұрылып, кейде баяу, кейде абайлап адымдап, біраз жерді шарлады. Жасақтар мылтық атылған үйлердің есіктерін сындырды да, атты әскерлер бульварларда жиналғандарды қудалады. Бұл шаралар жұрттың әдетте халық әскерлермен қақтығысқанда болатын дабыра-дуын, айғай-шуын өршітті. Дәл осы бір у-шуды канонада мен мылтық гүрсілінің арасынан Анжольрас та естіді. Оған қоса ол көшенің шетінде жараланғандарды зембілге сап әкетіп бара жатқандарды көріп:
— Бұл жаралылар біздің жақтыкі емес, — деді Курфейракқа.
Алайда үміт ұзаққа созылған жоқ, оның нұры тез өтті. Жарты сағаттан аз уақыттың ішінде әуеде қалықтап жүргендердің бәрі сап болып, найзағай жарқылдады, бірақ нөсерлі жаңбыр жауған жоқ, көтерілісшілер жаужүректерін тағдырдың тәлкегіне тастаған халықтың немқұрайдылығына төнген қорғасындай зіл батпан аспан күмбезін сезді.
Белгілегендей болған жаппай көтерілістің үні өшті, осыдан бастап әскери министрдің назары мен генералдардың стратегиясы әлі берілмей тұрған үш немесе төрт баррикадаға шүйлікті.
Күн барған сайын көтеріле түсті.
Көтерілісшілердің біреуі Анжольрасқа келіп:
— Біз ашпыз. Неғып нәр татпай өлуімізге тура келеді? — деді.
Анжольрас оқатардың аузынан қозғалмай көшенің шетінен көзін аудармаған қалпы солай дегендей басын изеді.
Он төртінші тарау
БҰДАН ОҚЫРМАН АНЖОЛЬРАСТЫҢ
СҮЙГЕН ҚЫЗЫНЫҢ АТЫН БІЛЕДІ
Анжольраспен қатар таста отырып алып Курфейрак зеңбіректі мазақтауын жалғастыра берді, ұнамсыз ысылдап, картечь аталатын оқ бұлтын шашқан сайын ол қарқ-қарқ күліп, келеке қылады.
— Даусың қырылдап шықпай қалыпты ғой, байғұс кемпір. Сен сорлыны аяймын ғой. Босқа күшенесің. Бұның күркір ме? Әншейін ғана жөтел ғой.
Айналадағылардың бәрі қосыла қарқылдайды.
Ержүректігі мен ақжарқындығы қауіппен бірге өскен Курфейрак пен Боссюэ Скаррон ханымның үлгісімен тағамды қалжыңмен алмастырып, шараптың орнына көңілді күлкі сыйлады жұртқа.
— Мен Анжольрасқа қайран қаламын, — деді Боссюэ. — Оның қайраты мен айбаты мені таң қалдырады. Ол жалғыз тұрады, ұдайы мұңайып жүретіні де содан шығар. Біз күнәкардың әрқайсымызда ашына бар, олар бізді есімізден тандырып, батыл, батыр ғып жібереді. Жолбарыстай ғашық болсаң, арыстандай айқасуың қиын емес. Бұл дегенің сүйікті мұңдастарымыздың қитұрқы қылығы үшін кек алудың тамаша тәсілі. Роланд Анжеликаны жерге қаратамын деп өліп кетті. Барша батырлық ерлігіміз үшін біз әйелдерге қарыздармыз. Әйелсіз еркек — шүріппесіз тапанша, оны тек әйел ғана қимылға келтіреді. Ал мына Анжольрастың әлі сүйген қызы жоқ. Ол ешкімге ғашық емес, соған қарамастан қорықпайтын жаужүрек. Мұздай суық, оттай ыстық болу тіпті миға қонбайды.
Анжольрас Боссюэнің сөзін тыңдамаған сияқты еді, ал онымен қатар тұрған біреу болса, оның күбірлегенінен: Patria24 деген сөзді аңдар еді.
Боссюэнің қалжыңы бітер емес, кенет Курфейрактың дауысы шығып кетті:
— Ал міне, тағы біреуі келді.
Қонақтардың келгенін хабарлап маңғазданатын сарай қызметшісі құсап сосын:
— Жоғары мәртебелі Сегіз дюймнің өзі, — деп қосып қойды.
Артиллеристер екінші зеңбіректің алдыңғы білігін жалма-жан сыпырып, оны біріншімен қатар қойды.
Бұл істің шешімін жақындата түсті.
Бірнеше минөт өткенде екі зеңбірек қорғанға тіке нысанмен оқ жаудырды, жаяу әскерлер взводы мен кент ұландары артиллерияны мылтықтарымен сүйемелдеді.
Таяу маңда тағы да зеңбірек зіркілі естілді. Әзір екі зеңбірек Шанврери көшесіндегі қорғанды құтырына соғып жатқанда, басқа екі от көрік Сен-Дени мен Обри-ле-Буше көшелерінен дүркін-дүркін пергілеп Сен-Мерри баррикадасын пәршалады. Төрт зеңбірек сұмдық бір жаңғырықпен үн қосты.
Соғыстың осы бір қаскөй төбеттерінің арпылдауы үйлес шықты.
Шанврери көшесінің баррикадасына бір зеңбірек картечьпен атса, екіншісі ядро қолданды.
Ядромен атып жатқан зеңбірек сәл көтеріліп, нысанасы ядро баррикаданың жон арқасының шетінен соғу үшін дәлдеп қойылды, ондағы есеп қамалды талқандап, екпіні картечьтен кемемен ұшқан тастары арқылы көтерілісшілерді мерт ету.
Атыстың мұндай тәсілі жауынгерлерді қабырғадан тықсырып, ішке айдап салу мақсатын көздеді, сөйтіп шабуылдың шешуші кезеңіне шықпақ.
Ядромен жауынгерлерді баррикаданың қыр арқасынан қуып, картечьпен ләйліхананың терезелерінен тайдырса, қоршап тұрғандар көшеге сау ете түскелі тұр, оларды көріп, атысады дегенді ойдан шығарып, кеше кешкідегідей тарпа бас сала ма, кім білсін, бәлкім көтерілісшілерді қапылыста қолға түсіріп, қорғанды басып алар ма екен?
— Қайткенмен де мынау зеңбіректерді залалсыздандыру керек, — деді де, Анжольрас қатты дауыстап команда берді. — Артиллеристерді нысанаға алып атыңдар!
Барлығы да сақадай сай еді. Ұзақ уақыт тым-тырыс тұрған баррикада құтырына от шашты, бірінен соң бірі алты-жеті дүркін мылтық атылып, ыза-кек пен өрлікті паш етті, көше қою түтінмен тұмшаланды, ұзамай оттан туған тұман айыққанда артиллеристердің үштен екісі зеңбірек доңғалақтарының астында тырайып жатқанын ажыратуға болатын еді. Тірі қалғандары сол баяғы ысқаяқ сабырлылықпен зеңбіректерді қайта оқтап жатты, бірақ атыс сиреді.
— Тамаша! — деді Боссюэ Анжольрасқа. — Бұл табыс.
Анжольрас басын шайқап жауап қатты:
— Мұндай табыс тағы да ширек сағатқа созылып, баррикадада он шақты да патрон қалмайды.
Зайыры, Гаврош осы сөздерді естіп тұрған болуы керек.
Он бесінші тарау
ГАВРОШТЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ
Кенет Курфейрак баррикаданың төменгі жағында жауған оқтардың арасынан бір көлеңкені шалып қалды.
Ләйліханадан босаған шөлмектердің бір себетін алып, саңылаудан сыртқа атып шыққан Гаврош ештеңе болмағандай қорғанның түбінде өлген ұлттық ұландардың оқшантайларын қағып жүр.
— Сен не істеп жүрсің, ей? — деп айғайлады Курфейрак.
Гаврош танауын көкке көтерді.
— Себетімді толтырып жүрмін, азамат.
— Немене, картечьтердің жауып тұрғанын көрмейсің бе, сен өзі?
— Көрмегенде ше! — деп жауап берді Гаврош. — Несі бар, жаңбыр жауып тұр.
— Кейін қайт, — деп айқайлады Курфейрак.
— Қазір, — деп жауап қатқан Гаврош бір-ақ қарғып көшенің ортасынан шықты.
Есте болар, Фаннико жасағы кері шегінгенде көптеген өлігін қалдырып кетті ғой.
Ең кемі жиырмадай өлген солдат сұлап көше табанында жатты. Бұл Гаврош үшін жиырма оқшантай, ал баррикада үшін қыруар патрон қоры.
Түтін тұман құсап көшені тұмшалап алды. Шатқалдан екі таудың арасындағы бұлтты көрген адам мұны көз алдына келтіре алады, екі биік үйдің арасындағы қою түтін де сол тұман тәрізді. Ол баяу көтеріліп, ластана шудаланып күндізгі жарықтың өзін де кейде көрсетпей қояды. Айқасып жатқандар сондықтан да бірін-бірі әрең ажыратады, қайта көшенің қысқалығы жақсы боп тұр оларға.
Қоршаудағыларды уыста ұстау үшін баррикадаға шабуылды басқаратын командирлерге қолайлы бұл тұман Гаврошқа да қол болды.
Түтін пердесінің ішінде әрі бойының аласалығынан ол біраз жерді көзге түспей шарлап шықты. Ешқандай қатерсіз жеті-сегіз патрон сөмкесін босатты.
Баррикададан онша алыс болмағанмен, оны айғайлап шақыру күдікті еді.
Ол себетін аузымен тістеп, етпеттей жорғалап, төрт аяқтай тоңқаңдап, әрілі-берлі бұралаңдап, бір өліктен бір өлікке сырғып түсіп, жаңғақ шаққан маймылдай ептілікпен оқшантайлардың бірінен кейін бірін тақырлады.
Баррикададан онша алыс жүрмесе де айғайлап шақырып алуға дұшпанның назарын аударып алармыз деп қорықты.
Өлгендердің капрал мундирі бар біреуінен Гаврош оқ-дәрі құтысын тапты.
— Алып алсам айып па, сыра ішуге лайық па, — деп ол оны қалтасына тықты.
Етпеттей алға жылжып отырып ол оқ-дәрі түтіні сирек тұсқа да жетті, бұл арада шой тастардан тұрғызылған жалдың тасасында бұғып желілік полктің атқыштары мен көше бұрышында сап түзеп ұлттық гвардияның мергендері жатқан болатын, олар тұманда бірдеңе іздеп жүрген жан иесін байқап қап бір-біріне хабар берді.
Гаврош жәшіктің түбінде өліп жатқан сержанттың патрондарын жиып алып жатқанда бір оқ келіп тағы да марқұмға тиді.
— Бұл ненің ақысы! — деп бұрқ етті Гаврош. — Олар менің марқұмдарымды өлтіріп жатыр.
Екінші оқ көше жиегінің отын жарқ еткізді де, үшіншісі себетті аударып тастады.
Гаврош жалт қарап, кенттер гвардиясы атып жатқанын көрді.
Көрді де ол атып тұрып, шашы желмен желкілдеп, қолын бүйіріне қойып, ұлттық ұландарға қасқая қарап тұрып әндете жөнелді:
Бар тұрғыны Нантердің
Кесірінен Вольтердің
Шеттерінен жарымжан.
Егделері Палессоның
Кесірінен Руссоның
Шеттерінен қағынған.
Сосын себетін алып шашылған патрондарды бірін қалдырмай жинап салды да оққа қарсы қозғалып, келесі оқшантайды босатуға кірісті. Төрт оқ оны жанай өтті. Гаврош әнін үзген жоқ:
Мансаптан мән шықпады,
Вольтер қолын сұққалы.
Тағдыр қатты сынады,
Оған Руссо кінәлі.
Бесінші оқ оны үшінші шумаққа шабыттандырды:
Монтаныдан үлгі алман,
Бәрі Вольтер бұзған жан.
Кедейлігім расы
Тек Руссоның кінәсі.
Осылайша ән біразға созылды.
Бұл бір сұмдық әрі жан тебірентерлік көрініс еді. Оқтың астында Гаврош дұшпандарды келекелеп, мазақ қып жүрген тәрізді. Шын жүректен көңілденіп, ойын қойып жүрген секілді ол Аңшыларды алдап жүрген шымшық сияқты. Әр дүркін атысқа жаңа шумақпен жауап береді. Оны ұдайы нысанада ұстағанмен оқ дарыта алмайды. Оны нысанаға ала тұрып ұлттық ұландар ішек-сілесі қата күледі кеп. Ол жатып, тұрып, есіктің босағасына тығылып, қайта шоршып шығып, жоғалып кетіп, қайтадан көрінеді, кетіп қалып, тағы оралады, картечьті мазақтап, мұрнын көрсетеді, сөйте жүріп патрон салынған сөмкелерді іздеп тауып, себетін толтыруды ұмытпайды. Көтерілісшілер оған жүрегі сыздай қарайды. Баррикададағылардың ол үшін жаны шығып отырса, ол өлеңдетіп ойнақтап жүр, ол бала емес, адам да емес, сайтан сияқты. Аңыз-ертегілердегі оқ дарымайтын, көзге түспейтін көзбайлаушы сиқырдың өзі. Оқ қанша қуалағанымен ол одан жылпың болып шықты. Ол осылай ажалдың өзімен тығылмақ ойнады, пұшық елес жақындай бергенде мұрнынан шертіп тайып тұрады.
Алайда бір оқ басқалардың бәрінен айлакер, бәрінен опасыз боп шығып, ақыр аяғында ойнақтаған отқа дөп тиді. Гавроштың шайқалақтап барып жерге құлағанын барлығы көрді. Баррикададағылар түгел шар ете қап айғай салды; алайда осы құйтақандайдың кеудесінде Антей бұғып жатыр екен, жол табанына тәні тию де гамен үшін жерге қолы тиіп кеткен дәу сияқты болды, Гаврош құлап үлгермей жатып, басын көтеріп алды. Жерге отыра қалған оның бетінен сорғалап қан ағып тұрды; ол екі қолын көкке көтеріп, атыс шыққан жаққа қарап әндете жөнелді:
Бозторғаймын ән тербер
Кінәсі үшін Вольтерге.
Тұзақ құрса ол сорым
Кінәсі де Руссоның.
Ол өлеңін аяқтай алмады. Екінші оқ әнін үзіп кетті. Бұл жолы ол көше табанына етпетінен құлап, қайтып қозғалған жоқ. Ұлы жүректі кішкентай бала осылай опат болды.
Он алтыншы тарау
АҒА ҚАЛАЙ ӘКЕ БОЛАДЫ
Біз бұл драмадан ештеңені де жіберіп алмауымыз керек. Дәл осы уақытта Люксембург бағымен қол ұстасып екі кішкентай бала келе жатыр еді. Біреуіне жеті, екіншісіне бес жас беруге болар. Жаңбырдың астында суға малшынған олар саяжолдың күн жағымен жүріп келеді, үсті-басы өрім-өрім жыртық, өздері боп-боз олар сұр шымшықтарды еске түсіреді.
— Қарным сұмдық ашты, — дейді кішкентай.
Үлкені қамқор пейілмен інісін сол қолымен жетелеп, оң қолында шыбық ұстап келеді.
Бақта олар мүлдем жалғыз. Мұнда басқа жан жоқ, көтеріліске байланысты полиция бақ қақпаларын жауып тастауға бұйрық берген. Осында сәл дамылдап тұрған әскер жасақтары ұрысқа кеткен.
Бұл балалар мұнда қайдан келіп жүр? Бәлкім, олар есігі бекітілмеген қарауыл будкасынан шығып кеткен шығар, бәлкім, осы маңға таяу Тозақ заставасында тұратын балағаннан қашып кеткен болар немесе Обсерваторияның алдындағы алаңда да "Invenerunt parvulum pannis involutum"25 деген жазуы бар фронтон асқақтап тұратын көрші шолақ көшеде де сондай орындар болушы еді, зайыры солардың бірінен шығып, бақ күзетшісінің көзін ала беріп газет оқитын павильондардың бірінде түнеп шыққан секілді. Қалай болғанмен де, олар емін-еркін қыдырып, бостандықтың пайдасын толық көрген. Егер бала кез келген жерде қыдырып, қайда барса да өз еркі білсе, онда ол шын мәнінде де адасқаны.
Оқырманның есінде шығар, бұл кәдімгі Гаврош қамқорлық жасаған, Жильнорманға тастап, Маньон баққан Тенардьенің балалары, мынау сынған бұтақтардан үзіліп түсіп, жел қуып, жер-көкке сыймай жүрген жапырақтар сияқты.
Киімдері қамқор Маньонның қолындағыдай емес, жұлым-жұлым, Жильнорманның көңілінен шығу үшін ол жұтындырып киіндіруші еді ғой бұларды.
Қазір бұл байғұстар тастанды балалар қатарына кірген, оларды статистика есепке алады да, полиция жинап жүреді, айырылып қалса да, қайтадан Париж көшелерінен тауып алады.
Мынандай дүрбелең кезде ғана олар баққа кіріп жүр, жайшылықта оларды күзетшілер маңына жолатпайды, көзіне түссе-ақ шоқпыт кигендерді тым-тырақай қуып тастайды. Қайыршылардың балаларын қоғамдық бақтарға жібермейді, әйтпесе басқа балдырғандар сияқты олардың да гүлдерді тамашалауға хақысы бар емес пе.
Бұл екеуі баққа жабық тортемірлер арқылы өтіп кетті. Олар ереже бұзды. Баққа жасырын кіріп, сонда қалып қойды. Жабық қақпа күзетшілердің орнынан кетіп қалуына құқық бермейді, бірақ бақылау болғанмен де әлсіздеу ме, қалай, жаппай толқуға еліккен күзетшілерді бақтағыдан гөрі көшедегі оқиғалар қызықтырып, екі қылмыскерді жіберіп алды.
Осының алдында жаңбыр жауған, тіпті ертеңгіліктің өзінде сіркіреп тұрған. Алайда маусым нөсерлері есепке алынбайды.
Нөсерлі жауыннан кейін бір сағаттан соң жарқырап тұрған күнге қарап оның жаспен жуылғанын аңғармайсың. Жазда жер аспанның көз жасынан баланың көзіндей әп-сәтте құрғайды. Жазғы күннің талма түстің кезіндегі айқын жарығы тұла бойың тұрсын, сүйегіңнен өтеді. Ол барлығын уысында ұстап, жерге тұмсығын тығып, борпылдатып сорғанда қандай! Күнді де шел қысып бара жатқандай көресің. Бір стақан суды іше салғандай нөсер суын әп-сәтте жұтып жібереді. Ертеңгілік әр жерде су көлкіп жатса, түстен кейін шаң көміп кетеді.
Жаңбырға жуынып, күнге кептірінген жасыл желектен тамаша ештеңе жоқ, бұл дегенің жылумен аяланған тазалық, жаңалық. Тамырлары суда тұрған бақшалар мен көгалдар нұрына малынған гүлдер хош иіс шашып, жердің бар жұпарын сыртқа шығарады. Барлығы жадырай күліп, сызылта әндетіп өзіңе қарсы ұшады. Сонда тәтті бір масаң күйге түсесің. Көктем жұмақтың табалдырығы, күн адамды төзуге үйретеді, қолұшын береді.
Кейбір кісілер үлкен дүние талап етпейді; көгілжім аспанды қызықтап "Бізге керегі осы ғой!" деп таңырқайтын өзекті жандар да бар. Ғажайыптар әлеміне сүңгіп, табиғатты қастер тұтатын, жақсы мен жаманға немқұрайды қарап, аспан әлемін қызықтайтын, ондағы бір аштар мен шөлдегендерді, қыстың суығында киімсіз тоңып-жаурап жүргендерді ойлап бас қатыратын адамдарға селсоқ қиялшылдар бар; олар аурудан қисайып кеткен баланың омыртқасы, әл үстінде жатқан ауру, шатыр, түрме, шоқпыт киіп, аязда дірдектеген қыздар барын қаперге де алмай, ештеңеге алаңдағысы келмей, ағаштың саясында қиялдап жата бергісі келеді. Бұл қасан да құштарлықсыз жандар аяушылық дегенді білмейді, бәріне разы. Бір ғажабы, оларға шексіздік жетіп жатыр. Адамның жеріне жеткізіп, игеруге тырысатын түпкі нәтижеден олар бейхабар. Адамшылық пен құдайшылықтың үйлесімінен туатынның бәрі, шекті мен шексіз олардың жанарынан тайып кетеді. Олар тек шексіздікпен бетпе-бет келсе болды — соған рахаттанып, жаны жай табады. Қуаныш дегенді олар білмейді, көретіні тек сүйініш. Олардың өмірі тек үстірт көру ғана. Адамзат тарихы олар үшін небары әлем кітабының бір беті. Ол Тұтасты сыйғыза алмайды, ұлы Тұтас сыртта қалады — сондықтан адам сияқты ұсақ-түйекпен шұғылданып қажеті қанша. Адам қайғырады екен — онда не тұр. Ал сіз Альдебаранның қалай шыққанына көз салдыңыз ба! Анасынан сүт шықпай жаңа туған жас нәресте аштан өліп жатса, онда менің шаруам не. Одан да микроскоп астында қарағайдың шел қабығынан өрілетін ою-өрнектерді тамашаламайсың ба? Онымен ең нәзік кестелерінің өзі теңесе алмайды деп білгішсиді. Ай жұлдыздарының басы оларды баурап алғаны сондай, тіпті сәбидің жылағанын да есітпейді. Құдайылық олардың көңілін көмескілендіре түседі. Бұлар аулақталған ұлылы-кішілі ақыл-ой әулеті Гораций дәл осындай болған, Гете дәл осындай болған, тіпті Лафонтен де сондай болуы ықтимал, олар ғажайып өзімшілдер, адам қайғы-шерінің енжар көрермендері. Олар ауа райы жақсы болса, Күн құдайын да елемейді, олар үшін күн отты көмескілендірді, тіпті дарға асып жазалау көрінісінен де сәулелік тиімді жаңалық іздеп әуре болады, айғай-шуды да, зарлап жылауды да, ажал алдындағы қорылды да, қағылған дабылды да естімейді, аулада тамылжып мамыр айы тұрса, оларға бәрі әдемі, төбесінде алтын түстес жалқын бұлт қалқып жүрсе, жұлдыздар сөніп, сайраған құстардың жағы семгенше өздерін бақытты санайды.
Бұлар кесірлі бақыт иелері. Қайғы-мұңға біз де батамыз-ау деп әсте ойламайды, өздерін одан жоғары қояды. Солай-ақ болсын, бірақ осы артықшылықта жасырынып жатқан айықпас дерт бар. Жылай білмеген кісі ештеңені көре де алмайды. Олар бір бойына күн мен түнді тоқайластырған, көзі жоқ, бірақ маңдайында жалғыз жұлдызы бар болмыс сияқты тек қана таңданыс пен аяныш туғызады.
Кейбір ойшылдардың пікіріне қарағанда, бейтараптықта биік философия бар көрінеді. Солайы солай-ақ шығар, соның өзі ауыр сырқат емес пе екен? Мәңгі өлмейтін бола тұрып ақсақ болсаң қайтесің; оның мысалы Жанартау Адамнан жоғары көтеріліп, одан төмен түсіп кетуге де болады. Табиғатта жетілмеген, кемелденбеген нәрселер жетіп артылады. Күннің өзі соқыр емесіне кім кепіл.
Олай болса не істеу керек, кімге сенуге болады? Solem guis dicere falsum audeat26. Қалайша кемеңгерлер, кісі-құдайлар, кісі-күндер қателесе алады? Демек, бәрінен биікте, барлығының үстінен қарап, шырқау көкке көтеріліп, бәрін жерге жіберіп тұрғанның өзі соншалық жарық сыйлай тұра аз көріп, аз білгені ғой, кейде тіпті ештеңе көрмегені ғой. Осының өзі өкінішке ұрындырып, тоқырауға душар етпей ме? Жоқ, олай болмасқа керек. Сонда күннен биік не бар? Құдай-тағаланың өзі бар.
1832 жылдың 6 маусымында ертеңгі сағат он бірде бос қалған оңаша Люксембург бағы таңқаларлық болатын. Жарқын нұрға шомылған, шахмат тәртібімен орналасқан ағаштар гүлдермен хош иіс пен бояу алмасып жайнап тұр. Сәске түстегі күн шұғыласынан масайып, буына босаған бұтақтар құшақтасқысы келгендей бір-біріне ұмтылады. Үйеңкі жапырағынан шымшық шықылықтап, торғайлар таранып, тұмсығымен қабықтың жарылған жерін шұқылап, қызыл қайыңның діңімен тоқылдауық өрмелеп барады. Ұзыннан-ұзақ гүл көшеттерінде өркөкіректеу лала гүлдері басым, ақ түстің тәңірлік әтірінен асқан жұпар жоқ та шығар. Қалампыр гүлінің тәтті иісі танау жарады. Мария Медичи заманындағы кәрі қарғалар қалың ағаштың басында сұхбат құрып отыр. Қызғалдақтарды алтынмен аптап, қызыл нұрымен бояп күннің жалын тілі гүл біткенді жалайды. Қызғалдақты алқаптың айналасы өрт гүлдердің алауымен жалындап, аралар шыр айналып жүр. Барлығы шаттық пен қуанышқа толы, тіпті шарғы бұлттар да шат, інжугүл мен ырғай үшін сондай қат жаңбыр бір құйып өтсе, одан келер зиян жоқ, төмен ұшып қалықтап жүрген қарлығаштар да сол нұрдың жаршысы сияқты. Бақта бардың бәрі еркін тыныстады, тіршілік аялап, күллі табиғат дүр сілкініп, төңірегіне таңның шапағын таратып, жебеп-желеп, әкелік мейірімін төгіп тұр. Аспан аялаған ой да сүйгендегі сәби қолындай нәзік те биязы.
Ағаштардың түбіндегі аппақ жалаңаш статуялар нұрға шомылған көлеңкелерді жамыла қойған, күн сәулесі бұл құдайлардың киімін жұлмалап, шұрқ-шұрқ тескендей жапырақтар арасынан көзін қадайды. Үлкен бассейннің төңірегіндегі жер аптап ұрғандай құп-құрғақ самал жел кей тұста шаң үйіріп қояды. Былтырдан қалған бірнеше сары жапырақ бірін-бірі қуалап ойнап бара жатқандай.
Шапақтың молдығында жан тыншытар бірдеңе жатқан тәрізді. Барлығында тіршілік тұнып тұр: хош иіс, шуақ, бусану дегенің не сән; табиғат желеңінің астында тірліктің таусылмас қайнары жатқанын түйсінесің; сүйіспеншілікпен суғарылған самал лебінен, шұғыла нұрдың жалт-жұлт, жарқ-жұрқ ойынынан, алтын шапақтың сарқылмас жомарт тасқынынан алау перденің сыртындағы аспан миллионері Тәңірдің таңғажайып мырзалығын анық сезесің.
Құм күллі лайды соңғы дағына дейін жұтып алып, жаңбыр бір тал тозаң қалдырған жоқ. Гүлдер жаңа ғана жуынып алды; жер астынан гүлдердің түсі болып шығатын мақпал, жібек, көгілжім, алтын реңдерде бір кінәрат болсайшы. Осы молшылықтың бәрі тазалығымен көз тартады. Бақта тыншыған табиғаттың мүлгіген мизамшуағы. Құстардың құрқылдауы, ара ұясының ызылы, самалдың лебі сияқты мың сан әуен ұласқан аспани тыныштық. Көктем кезінің күллі келісімі жан баурайтын хорға ұласып, көктем мен жаздың даусы әуелеп, бір тынар емес; серігүл гүлдеп бітіп, ақтамақ жапырақ жайды; кейбір гүлдер шешек атып үлгермей, шыбын-шіркей тым ерте шықты, маусымның қызыл көбелектерінің алды мамырдың ақ көбелектерінің соңғы көшімен бауырласып та үлгерді. Платан ағашы қабығын жаңғыртты. Самал желдің өзіне қызыл қайыңдардың бұйра басы теңселіп тұр. Бұл таңғажайып көрініс. Көрші қазармадан шыққан ардагер бақты тортемірдің арасынан тамашалаған бір ардагер: "Міне, көктем мылтығын ұстап, салтанат киімін толық киіп шықты", деді.
Табиғат түгел той жасап, тіршілік атаулының бәрі дастарқанға шақырылды, аспанда алып көгілдір дастарқан, жерде далиған жасыл дастарқан айтылған сағатында жайылып, күн жарқын нұрын септі. Тәңірі күллі аспан кеңістігін сыйлады. Әрбір жаратылыс өз сыбағасын, өз азығын алды. Жабайы кептерлерге — кендір дәні, сайрауық торғайға — тары, қызылтамақ шымшыққа — жерқұрт, араға — гүл, шыбынға — инфузорий, ементұмсыққа шыбын бұйырды. Рас, олар бірін-бірі жеді, жақсылық пен жамандықтың ұлы құпиясы да осында ғой, дегенмен, аш қалған бірде-бір мақұлық болған жоқ.
Тастанды кішкентай екі бала үлкен бассейннің маңынан шықты, мынау жарқырап тұрған дүниеден сәл абыржып, жансыз болса да асқан әдеміліктің алдында қалтырайтын әлсіз бен кедейдің түйсігі итермелеп, тығылатын жер іздеп, аққуларға арналған тақтай күркенің сыртына барып жасырынды.
Жел көтерілгенде бір жақтан еміс-еміс айқай-шу, күмбірлеген дауыстар, мылтық даусы, зеңбіректердің ауыр уһілі естіледі. Базар жақта бір шатырдан шудаланып түтін шықты. Алыстан көмекке шақырғандай қоңырау қағылды.
Шамасы, балалар бұл шуды елемеген болуы керек. Кішкентай баяғысынша қыңқылдап: "Тамақ ішкім келеді" деп қайталады.
Дәл осы сәтте балалардың өзі сияқты бір жұп тағы да бассейнге тақалды. Жасы елулер шамасындағы жуан кісі алты жасар тығыршықтай баланы жетектеп келді. Зайыры әкесі мен баласы болуға тиіс. Алты жасар тасқарынның қолында үлкен ақ бөлкесі бар.
Ол жылдары іргелес жатқан Ханшайым мен Тозақ көшелерінің үй иелерінде Люксембург бағының кілті болатын, қақпа жабық тұратын сағаттарда олар сол жеңілдігін пайдаланып кіріп-шығып жүретін, кейін оған да тыйым салынған-ды. Тегінде әкелі-балалы екеу осындай үйлердің бірінде тұрған болуы керек.
Шоқпыт киген кішкентай екеу "маңызды мырзалардың" жақындағанын байқап, дұрысырақ жасырынуға тырысты.
Бұл бір буржуа болатын. Бәлкім, үлкен бассейннің басында Мариус махаббат сандырағында жүргенде баласына: "Шетін жағдайдан аулақ жүр", деп ақыл айтқанын естіген дөй осы болуы керек. Оның тәуір тәрбие алғанына мәз болып басқалардан өзін жоғары ұстайтын мінезі бар, аузы үлкен, дүрдиген еріндері бір-біріне тимеген соң ылғи жымиып күліп жүретіндей көрінетін. Мұндай айықпас жымиыс жақ етіне жетпей қалғандай аузы ашылып, тісі ақсиып жүреді, оған қарап жүрегі де сондай ашық екен деп ойлап қалмаңыз. Қолына тістелген нанның қалдығын мықтап ұстап алған бала бырсиған топ-толық болатын. Әдетте ол ұлттық ұланның киімін киетін — бүлікке орай сақтықпен бүгін азаматша қарадүрсін киініп шығыпты.
Екеуі де қос аққу қалқып жүрген бассейннің басына кеп тоқтады. Тегінде буржуаның аққуларға айрықша құмарлығы болса керек. Өзі де кекиіп жүруі жағынан соларға ұқсайтын.
Аққулар жүзіп жүр, жүзе жүріп тарануының өзі қандай өнер, сонысымен-ақ көргенді қайран қалдырады.
Егер кішкентай екі қайыршы мұндай ақиқатты түсінетін жасқа жетсе, олар ақылды буржуаның ғибратнамасын есте сақтар еді. Әкесі баласына былай деп ақыл үйретті:
— Данышпан азға қанағаттанады. Менен өнеге ал, балам. Мен өз киімімді ешқашан алтынмен де, басқа да әшекеймен безендірген емен, ондай жалған жарқылды ақыл-есі төмен деңгейдегі адамдарға қалдырдым.
Базар жақтан жеткен дабыр-дұбыр айқайлар кенет күшейіп кетті; қоңырау даңғыры мен тобырдың гүрсілі жаңғырықтырды.
— Бұл не?
— Сатурн құдайдың құрметіне жасалып жатқан той ғой, — деді әкесі.
— Міне, енді басталды! — деп бұрқ етті аққуларға арналған жасыл үйшіктің сыртына жасырынған екі шоқпыт баланы көзі шалған мырза, сосын ойын жалғастырып:
— Анархия тіпті баққа да кіріп кетіпті ғой, — деді.
Ұл бала жұмсақ нанның шетінен тағы бір тістеп, түкірігі тастады да өкіріп қоя берді:
— Саған не болды, неге жылайсың? — деп сұрады әкесі.
— Енді нан жегім келмейді, — деп жауап берді бала.
Әкесі тісін одан сайын ақситып:
— Кішкентай бөлке нанды жеп тауысу үшін жалпы аш болудың қажеті жоқ.
— Мені бөлке мезі етті. Ол қатып қалыпты.
— Қайтып жегің келмей ме?
— Келмейді.
Әкесі оған аққуларды нұсқады.
— Лақтыр онда анау қанат жабулыларға!
Бала ойланып қалды. Нанды тойғандықтан жегісі келмеу, оны басқа біреуге беру деген сөз емес қой.
— Кісілікті болсаңшы. Жануарларды аяу керек.
Баланың қолынан алып, ол нанды бассейнге тастады. Бөлке жағаға жақын жерге түсті. Аққулар алыста, бассейннің орта тұсында жүзіп, жем іздеп жүрген еді. Өз қамымен жүріп олар буржуаны да, ол лақтырған нанды да байқаған жоқ.
Нан су сіңіп, әне-міне батып кеткелі жатқанда несібе босқа кетеді деп жаны шыққан буржуа әрлі-берлі ымдап, қолын бұлғап, ақыры аққулардың назарын аударды.
Олар судың бетінде бірдеңе жатқанын көріп тура кеме сияқты бір жағына бұрылып, аспай-саспай, тәкаппар қалпын бұзбай, өздерінің аппақ қардай боп түлеуіне лайық кербездікпен бөлкеге қарай жүзді.
— Теңіз дабылын көрді де бар желкенін жайып жіберді жарықтықтар, — деп буржуа өзіне өзі мәз болды.
Сол сәтте аулақтағы қала шуы тіпті үдеп кетті. Бұл жолғысы зәрені алардай болды. Желдің екпіні дауысты айрықша айқын естіртетіні болады. Жел барған сайын дүңгіріп, айқай-шуды, дүркірей атылған мылтық дабылы мен зеңбіректердің гүрсілін анық жеткізді. Осы арада күтпеген жерде күннің көзін көлегейлеген бір қара бұлт шыға келді.
Аққулар әлі нанға жетіп үлгерген жоқ.
— Үйге барайық, — деді әкесі. — Анау жақта Тюильриді шабуылдап жатыр.
Ол баласын қолынан ұстады.
— Тюильриден Люксембургке дейін онша қашық емес, — деп сөзін жалғады әкесі. — Король мен пэрдің арасынан гөрі жақын. Ұзамай атыс үдеп, оқ жаңбырдай жауады.
Сосын ол аспанға қарады.
— Мүмкін мына бұлт бұршақ боп төнер, аспанның өзі күреске кірісті, Бурбондардың кіші бұтағының басы бәйгеге тігілді, құрыды. Тезірек үйге жетейік.
— Аққулардың нанды қалай жегенін көргім кеп тұр, - деп қыңқылдады бала.
— Жоқ, — деп қарсылық білдірді әкесі, — ол онша ақылды іс болмайды.
Сөйтіп ол кішкентай буржуаны алып кетті.
Осы екі ортада судың бетінде қалқыған нанға аққулармен бірге кішкентай екі қаңғыбас та жақындап қалған еді. Кішкентай нанға қарап, үлкені ұзап бара жатқан буржуаны бақылады.
Әкесі мен баласы Ханшайым көшесі маңындағы орман шоғындағы үлкен баспалдаққа апаратын аллея дәлізіне сүңгіді.
Олар көз ұшына сіңіп көрінбей кеткенде ғана үлкені дөңгелек бассейннің ернеуіне қарынын төсеп жата қалып, шыбық ұстаған оң қолын нанға созды. Дұшпанды көріп, аққулар омырауымен суды жарып шапшаң жүзе бастады, мұнысы кішкентай алушыға қол болды, аққулардың қатты қимылынан су шайқалып, майда толқындардың біреуі бөлкені тура шыбыққа әкеп итерді. Шыбық нанға жеткенше, аққулар келіп үлгермеді. Бала шыбығын ысқырта сілтеп аққуларды шошытты да, сонымен бөлкені іліп алып орнынан көтерілді. Бөлке сусіңді болып болбыраған екен, ал балалар судан да қаталап жүр емес пе. Үлкен бөлкені екіге бөліп, кішісін өзі алды да, үлкенін інісіне ұсынып:
— Мә, мылтығыңның аузына жапсыр, — деді.
Он жетінші тарау
MORTUUS PATER FILIUM MORITURUM ЕХРЕСТАТ
Мариус ойланбастан-ақ баррикададан көшеге атып шықты. Комбефер оның соңынан тартты. Бірақ бәрі кеш еді. Гаврош өліп қалған. Комбефер баррикадаға патрон толы себетті алып кірді. Мариус баланы әкелді.
"Әттеген-ай! — деп ойлады ол. — Мен мына ұлға оның әкесі менің әкеме жасағанды жасайын, мен оған қарызын қайтарамын. Бірақ Тенардье менің әкемді майдан алаңынан тірі алып шығып еді, ал мен оның баласын өлідей әкелдім".
Мариус Гаврошты көтеріп қорғанға кіргенде оның беті де баланың бетіндей қанжоса еді.
Гаврошты еңкейіп көтеріп аламын деп жатқанда оқ басын жырып кетіпті, ет қызумен оны ол байқамаған да.
Курфейрак өзінің галстугін жұлып алып Мариустің маңдайындағы жарасын таңды.
Гаврошты үстелдің үстіне Мабефпен қатар жатқызып, екі мәйітті де қара шәлімен жапты. Шәлі шалға да, балаға да жетті.
Комбефер өзі құтқарған себеттегі патрондарды барлығына бөліп берді.
Әрқайсына он бес оқтан келді.
Жан Вальжан бұрынғысынша жәшіктің үстінде қимылсыз отырды. Комбефер оған он алты патрон ұсынғанда ол басын шайқады.
— Міне, әпенді! — деп Комбефер Анжольрасқа сыбырлады. — Баррикадада болып шайқасқысы келмей ме!
— Бұл оның баррикаданы қорғауына бөгет болмайды, — деп қарсылық білдірді Анжольрас.
— Батырлардың ішінде де өзгеге ұқсамайтындар болады, ә! — деп таңданды Комбефер.
— Мабеф шалға қарағанда бұл мүлдем басқа, — деді олардың әңгімесін естіп тұрған Курфейрак.
Атап айтқан абзал, баррикаданы әлсін-әлі атқылау оны қорғаушылар арасында оншалық толқу туғызған жоқ. Көше ұрыстарының иірімінде өзі болмаған адам ондағы тыныс пен ұрыс минөттерінің алма-кезек ауысып отыратынын көз алдына елестете алмайды. Баррикаданың ішіндегі кісілер әрлі-берлі жүріп, бір-бірімен әңгімелесіп, әзілдесіп те қояды. Менің бір танысым баррикаданың бір жауынгері дүркіретіп картечь атқылап жатқанда: "Біз бұнда құрғақ тойда жүргендейміз!" деп қылжаңдады дейді. Барлық қысталаң да, барлық сын сағат та артта қалды немесе жақын арада артта қалуға тиіс қой.
Олардың сындарлы сәті қатерлі болды, ал қатерлі жағдайы үмітсіз болуы да кәдік. Көкжиек күңгірттене бастаған соң, қаһармандық даңқы баррикаданы жарқын нұрға бөледі. Қатыгез Анжольрас өз семсерін Эпидоттың қатал даналығына кезеген жас спартандықтың кейпінде бекіністің тап төбесінде асқақтап тұрды.
Комбефер желеңін киіп, жаралылардың жарасын таңуға кірісті; Боссюэ мен Фейи Гаврош өлген капралдан сыпырып алған оқ-дәрі сауытынан патрондарын толтырып отырып әзіл-қалжыңын тастар емес. Боссюэ: "Ұзамай басқа планетаға көшу үшін дилижанс жалдауға тура келетін шығар", деп қояды Фейиге. Курфейрак жас қыздың ұқыптылығымен өзінің әбзелдерін жиыстырып, бес қаруы: өзі жақсы көретін семсерлі таяғын, мылтығын, екі ершікті тапаншасын, кішкентай қалта алтыатарын Анжольрастың айналасына жайып салды. Жан Вальжан үн-түнсіз қарсы алдына қарап қана отыр. Бір жұмысшы Гюшлу апайдың үлкен ши қалпағын жіппен шандып, басына байлап алды. "Күн өтпес үшін осы дұрыс" деп қояды. Кугурд-Экстен келген бозбалалар өз сөз саптауларында соңғы рет сөйлесіп қалғысы келгендей әңгімені көйітіп отыр. Жоли қабырғадан Гюшлу жесірінің айнасын алып, тілін қарап отыр. Бірнеше көтерілісші шкафтан табылған көгерген нанның қыртысын келістіріп отыр. Ал Мариус болса, о дүниеде кездескенде әкем не айтар екен деп алаң.
Он сегізінші тарау
ЖЫРТҚЫШ ҚҰРБАНДЫҚҚА АЙНАЛДЫ
Баррикадада туып қалған бір психологиялық құбылысқа тоқталайық. Осынау әдеттен тыс көше соғысына тән нәрселердің ешқайсысын қағыс қалдыруға болмайды.
Көтерілісшілердің таңғажайып тыныштығына қарамастан, баррикада дегеніңнің өзі ішінде жүргендер үшін елес көрініс сияқты.
Азамат соғысында ақырзамандық бірдеңелер бар; қалың тұман білдіртпей ғана жалынның алау атқан ұшқынын тұмшалайды; халық көтерілісі сфинкс сияқты жұмбақ; баррикадада шайқасып жүргендер үшін ол ұйқыдағы түс.
Мариустің мысалында біз мұндай сәттерде адамдардың қалай қайғырып уайым жейтінін, ондай жағдайдың салдарын көрдік, бұл шындықтан жарқын, сонымен бірге сүлесоқ. Баррикададан кетіп бара жатып кісі онда не көргенін есте ұстай алмайды. Онда оның өзі де өңі қашып ызбарланып кеткенін сезбейді. Оның айналасында адам бейнесіндегі идеялар айқасты, бәрінің басын болашақтың арайы нұрландырады. Онда қимылсыз өліктер жатты, бар бойымен көрініп елестер тұрды. Сағаттар таусылмайтындай тым сылбыр қозғалып, мәңгіліктің уақыты секілденді. Ол да өлімді бастан кешіргендей. Оның соңынан сырғып көлеңкелер өтіп жатты. Бұл не өзі? Онда ол қанжоса болған қолды көрді, құлақ тұндырған қатты гүрсілді естіді, сонымен бірге сұмдық тыныштықты бастан кешті; онда айғайдан ашылған ауыздар да, мәңгі үнсіз қалып ашылған ауыздар да ұшырасты; оны түтін бұлты, әлде түнгі түнек тұмшалады ма екен, о жағы оған беймәлім. Оған белгісіз бір тереңнен жылап шығып келе жатқан жексұрын дымқыл тап келгендей болды, саусақтарынан қайдағы бір қызыл дақ көрді. Одан арғысы есінде жоқ.
Енді Шанврери көшесіне оралайық.
Екі дүркін атыстың арасында алыстан сағат қоңырауы естілді.
— Тал түс! — деді Комбефер.
Сағат он екіні соғып үлгермей, Анжольрас баррикаданың басына шығып тікесінен тік тұрып, күркіреген даусымен айқай салды:
— Малта тастарды үйге енгізіңдер! Шатырдағы терезенің түбіне апарып үйіңдер. Адамдардың жартысы ұрысқа қамдансын, қалғандары тас тасысын! Бір минөтті де босқа жіберуге болмайды.
Көшенің шетінде балталарын иығына салған өрт сөндіруші-саперлер взводы сап құрып келе жатты.
Бұл колоннаның басты жасағы болуы да мүмкін. Қандай колонна дейсіз бе? Шабуылдаушы колонна болуы әбден мүмкін, өйткені баррикаданы талқандауға жіберілген саперлерден кейін әдетте нысанды тарпа бас сап алатын солдаттар жүреді.
1822 жылы Клермон-Тоннер айтқандай, шамасы, "тұзақты мойынға ілетін" сәт жақындаған сияқты.
Анжольрастың бұйрығы кемелер мен баррикадалар жауынгерлеріне тон дәлдікпен әрі тезінен орындалды. Бұл екі бағытта да кері шегіну мүмкін емес. Бір минөтке жетер-жетпес уақыттың ішінде "Коринфтің" кірер аузында үйіліп жатқан тастың үштен екісі екінші қабат пен шатырға тасылды, бір-біріне шебер қиылыстырылып қаланған тастар терезенің орта тұсынан асты, шатырдағы терезе де солай бекітілді. Бас құрылысшы Фейидің нұсқауымен тастардың арасынан мылтықтың діңі сыятын саңылау қалдырылды. Терезелерді бекіту картечь саябыр тапқан соң тіпті оңай болды. Екі зеңбірек те енді ядромен баррикаданың дәл ортасынан пергіледі, ондағысы бекіністі тесу не құлатып тіке шабуылға жол ашу.
Шой тастардан қорғаныс үшін соңғы тірек сынды бөгет жасалған соң Анжольрас Мабеф жатқан үстелдің астындағы шөлмектерді екінші қабатқа көтеруге әмір берді.
— Оларды кім ішеді? — деп таңданды Боссюэ.
— Дұшпандар ішеді, — деп жауап берді Анжольрас.
Көтерілісшілер төменгі терезені бекітіп алып, түнде есікті іштен бітеп тастаған сым темірлерді әзір ұстап тұра қалды.
Қалған тастармен баррикаданың саңылау-тесігін бітеді.
Баррикада қорғаушылары оқ-дәрі қорын сақтай біледі, онысы қарсы жаққа да мәлім, сондықтан қоршап тұрғандар барлық әзірлікті ыза келтірер сылбырлықпен жүргізіп, кейде көз қылу үшін қоршаудағылардың оғы жетер жерге барып қалады, ал шын мәнінде көздейтіндері оңтайлырақ орналасу. Шабуылға әзірлік қашанда аспай-саспай, кейін кенеттен төбеден жай түсіру үшін айламен жүргізіледі.
Бұл баяулық Анжольрастың барлығын тексеріп, жақсартатын тұсын жақсартып алуына қолайлы болды. Оның ойынша, егер мұндай адамдарға тағдыр өлімді бұйырса, олардың ажалы, сөз жоқ, бұрын-соңды ұшыраспаған ерлік болуға тиіс.
Ол Мариуске:
— Бұнда біз екеуміз де командирміз. Мен соңғы нұсқауларымды беру үшін үйге кірейін. Ал сен сыртта қалып, бәрін қадағалап тұр, — деді.
Мариус баррикаданың қыр арқасында бақылау күзетінде қалды.
Анжольрас ас үйдің есігін шегелеп тастауға тапсырыс берді, он да жаралылар жатқаны белгілі.
— Жаралыларға оқ ұшқындары тимес үшін осылай жасаған дұрыс, — деп түсіндірді мұны ол.
Ол төменгі қабатта нұсқауды тіптен байсалды берді; Фейи тыңдап болып оған барлығының атынан жауап қатты.
— Екінші қабатта балталарыңды әзір ұстаңдар, баспалдақты шауып тастау керек болар. Бар ма балталарың?
— Бар.
— Нешеу?
— Үшеу.
— Жақсы. Бізде жиырма алты жауынгер сапта. Қанша мылтық бар?
— Отыз төрт.
— Яғни, сегізі артық. Қылыштарыңды қынға салып, тапаншаларыңды белге қыстырыңдар. Жиырма адам баррикадаға барады. Алтауың шатыр мен екінші қабаттың терезесінде тұрыңдар; шабуыл жасағандарды оқатар арқылы тастардың арасынан атасыңдар. Ешкім де бос отырмауға тиіс. Барабандар шабуылға дабыл қағысымен-ақ баррикадаға жетесіңдер. Бұрын жеткенің жақсы орын аласыңдар.
Барлығын орын-орнына қойып ол Жаверге бұрылып:
— Сен туралы ұмытқаным жоқ, — деді.
Соны айтып ол тапаншасын үстелге қойып:
— Осыдан соңғы шыққан кісі шпионның басын мылжалауға тиіс, — деді.
— Осында ма? — деп сұрады біреудің дауысы.
— Жоқ, оның өлігі біздің мәйіттердің жанында жатуға лайық емес. Кіші баррикада арқылы Мондетур көшесіне шығуға болады.
Оның бар биіктігі төрт-ақ фут. Шпион мықтап байланған. Мұны сонда апарып атып тастаңдар.
Сол сәтте Анжольрастан да бейтарап салқынқанды бір адам болды, ол Жавер еді.
Жан Вальжан тура сол сәтке тап болды.
Ол көтерілісшілердің тобында тұрған еді. Алға шығып Анжольрасқа қарап:
— Сіз бе командир? — деп сұрады.
— Иә.
— Таяуда сіз маған алғыс айттыңыз ғой.
— Иә, Республика атынан. Баррикаданы екі адам құтқарып қалды: бірі Мариус Понмерси, сосын сіз.
— Марапаттануға еңбегім сіңді деп ойлайсыз ба?
— Әлбетте.
— Олай болса, марапатымды сұраймын.
— Ол қандай марапат?
— Мынау адамның маңдайына оқты өзім қадағым келеді.
Жавер басын көтеріп, Жан Вальжанды көрді де, иығын сәл қозғап қойып:
— Бұл әділдік,— деді.
Анжольрас өз карабинін қайта оқтап, жұрттың барлығын бір шолып өтіп:
— Қарсылық жоқ па? — деп сұрады.
Сосын Жан Вальжанға бұрылып:
— Шпионды алып кетіңіз, — деді.
Жан Вальжан Жавер жатқан үстелдің шетіне келіп отырды, сол арқылы оған өзінің құқығын мәлімдегендей. Ол тапаншасын алып қолына ұстады, баяу сыртылына қарағанда оны оқтап жатқан сияқты.
Дәл осы сәт керней дауысы естілді.
— Қаруға ұмтылыңдар! — деп баррикаданың жиегінен Мариус айқай салды.
Жавер өзіне тән үнсіз күлкімен бір күліп алды да, көтерілісшілерден көз алмай:
— Сендердің жағдайларың да менен жақсы емес, — деп мырс етті.
— Барлығың баррикадаға барыңдар! — деп команда берді Анжольрас.
Көтерілісшілер бейберекет есікке ұмтылып, сыртқа жүгіріп шықты, сыртынан ызалы Жавер:
— Ұзамай кездескенше! — деп миығынан күлді.
Он тоғызыншы тарау
ЖАН ВАЛЬЖАН КЕК АЛАДЫ
Жавермен оңаша қалған соң Жан Вальжан тұтқынның мойынынан алып, екі аяқтың арасынан шығарып белден шандып тастаған арқанды шешті. Сосын оған ыммен "тұр" деп белгі берді.
Жавер сол баяғы билік біткеннің кісенде жүрсе де тастамайтын ызалы мысқылымен айтқанға көнді.
Жан Вальжан Жаверді жүк артқан жануардай байланған қолындағы арқанның бір ұшынан ұстап баяу жетелей жөнелді, қатты жүруге тұтқынның аяғындағы тұсамыс адымын аштырмады.
Жан Вальжан қолына тапаншасын қыса ұстап келеді.
Осылай олар баррикаданың трапеция пошымды ішкі алаңынан өтті. Болмай қоймайтын шабуылды беріле күткен көтерілісшілер оларға жон арқасын беріп тұрды.
Сол жақ бұрышта, аулағырақ тұрған жалғыз Мариус қана бұларды байқап қалды. Екі пенде — жендет пен сотталғанды ол көңіл айнасына түскен ажал жарқылының сәулесінде көрген сияқты.
Жан Вальжан қиындығына қарамастан байлаулы Жаверді бір сәтке де қолынан босатпай, Мондетурға баратын аласа жардан етпеттеп өтуге мәжбүр етті.
Бөгеуден өтіп олар иесіз бос көшеде екеуден екеу ғана қалды. Оларды ешкім де көретіндей емес еді. Көтерілісшілерден оларды бұрыштағы үй тасалап тұрды. Бірнеше қадам жерде баррикададан шығарылған өліктер үйіліп жатты.
Өлгендердің арасында қобыраған шашы маңдайына түскен көтеріңкі бет, оқ тесіп өткен қол, жартылай ашық әйелдің омырауы айрықша көрінді. Бұл Эпонина еді.
Жавер өлі әйелге көзінің қиығымен қарап, түк болмағандай сабырлылықпен:
— Мен бұл қызды білетін сияқтымын, — деді.
Сосын ол Жан Вальжанға қарады.
Жан Вальжан тапаншасын қолтығының астына қойып Жаверге оқты көзімен тесіле қарады, осының өзі айтпай-ақ: "Бұл мен, Жавер!" дегенді білдіріп тұрғандай еді.
— Сен жеңдің! — деді Жавер.
Жан Вальжан жилетінің қалтасынан бәкісін алып, бір тілін ашты.
— Oho, қаламың ба? — деп дауыстап жіберді Жавер. — Дұрыс. Саған бұл лайығырақ.
Жан Вальжан Жавердің әйелі, мойнындағы тұзақты кесті сосын қолын байлаған жіптерді қиды, одан соң еңкейіп аяғындағы тұсауды кесті де, еңсесін көтеріп:
— Сіз боссыз, — деді.
Жаверді таңдандыру қиын еді. Алайда ол өзін өзі қанша ұстағанмен де мынаған тебіренбей қала алмады. Таңданғаннан тұрған орнында сілейіп қатты да қалды.
Жан Вальжан сөзін жалғастырды:
— Мынау ғарасаттан тірі шығамын деп ойламаймын, егер кездейсоқ құтылудың сәті түссе, есіңде болсын: мен Фошлеван деген атпен Қарулы адам көшесіндегі нөмірі жетінші үйде тұрамын.
Жавер жолбарыстай ырылдап, аузын қисайтып, тісінің арасынан сыздықтатып:
— Сақтан! — деді.
— Кетіңіз, — деді Жан Вальжан.
Жавер қайталап сұрады:
— Сен Фошлеван дедің бе, Қарулы адам көшесі ғой?
— Нөмірі жеті.
— Нөмірі жеті, — деп күбірлей қайталады Жавер.
Бешпетінің түймесін қайта салып, иығын әскерше қомдап, қолын айқастырып, біреуін иегіне тіреп тұрды да теріс айналып, базар жаққа адымдай жөнелді. Жан Вальжан оны көзімен ұзатып салды. Бірнеше қадам жер барып бұрылды да, Жавер Жан Вальжанға айқай салды:
— Менің өлердей мазамды кетірдіңіздер! Одан да өлтірсеңдерші мені.
Оны өзі де аңғармаса керек, Жан Вальжанға Жавер "сен" демейтін болды.
— Кетіңіз, — деп айқайлады Жан Вальжан.
Жавер баяу басып алыстай берді. Енді бір минөт өткенде Уағызшылар көшесінің бұрышынан бұрылып та кетті.
Жавер көзден таса болғанда ғана Жан Вальжан тапаншасын әуеге қаратып бір атты.
Сосын баррикадаға оралып:
— Іс бітті, — деді.
Ал ол жоқта мұнда мынандай оқиға болған еді.
Үйдегіден гөрі көшедегі шаруамен көбірек шұғылданған Мариус төменгі залдың қараңғы түкпірінде үстелге таңулы жатқан шпионға қарап та үлгермепті ғой.
Күндізгі жарықпен баррикададан етпеттеп өтіп атылуға бара жатқан оны Мариус танып қалды. Ойламаған жерден оның миынан бір естелік жылт ете қалды. Ол Понтуаз көшесінде полиция бақылаушысымен қалай кездескені есіне түсті, ол бұған екі тапанша берген еді, мұнда солардың пайдасын көрді емес пе. Оның жүзін ғана емес, есімін де еске түсірді.
Алайда оның естелігі барша ойы сияқты тұманды да бұлдыр еді. Ол сенімнен гөрі өзіне қойылған сауалға көбірек ұқсайды: "Бұл өзін Жавер атаған полиция бақылаушысы емес пе екен?"
Бәлкім бұл ол адамға ара түсіп үлгерер де. Алайда оның шынымен сол Жавер екеніне көз жеткізіп алу керек қой.
Мариус баррикаданың қарама-қарсы жағындағы күзет орнында тұрған Анжольрасқа дауыстады:
— Анжольрас!
— О не?
— Анау адамның аты кім еді?
— Полиция жансызы. Сен оның есімін білесің бе?
— Әрине, білемін. Ол бізге өзі айтқан.
— Аты қандай екен?
— Жавер.
Мариус дір ете қалды.
Осы сәт мылтық даусы шықты.
Жан Вальжан келіп:
— Іс бітті, — деп айқай салды.
Ажалдай суық ызғар Мариустің жүрегін шарпып өтті.
Жиырмасыншы тарау
ӨЛІЛЕР АҚ, ТІРІЛЕР ДЕ КІНӘСІЗ
Баррикадада жанталас басталды.
Осынау ақтық сәттегі қасіретті айбынды айшықтай түсу үшін барлығы бас құрады.
Әуеде тұнып тұрған тылсым үндер, қалада толқыған қисапсыз қарулы тобырдың тынысы, атты әскерлердің үздіксіз дүбірі, ауыр артиллерияның гүрсілі, айқыш-ұйқыш атылған мылтық пен зеңбірек даусы, шатырлардың үстінде шудаланған алтын түстес оқ-дәрі түтіні, жан-жақтан, әлдебір алыстан естілген түсініксіз ызалы айқайлар, қайда қарасаң да үрейлі бір шапақ, зарлап жылағанға ұқсас Сен-Мерридің мұңлы дабылы, жұмсақ жазғы шақ, ғажайып аспан, оның кеудесін кернеген күн шұғыласы мен мамық бұлттар, тамылжыған ауа райы мен алып үйлердің үрей шақырар үнсіздігі — бәр-бәрі өзінше бір сыр бүгіп тұр.
Кешегі күннен бері Шанврери көшесінің бойындағы үйлердің екі қатары екі қабырғаға ғана айналып қалды, есік-терезелері жабық, жан аяғы баспас тұйық қабырғалар.
Біздің уақыттан өзгеше ол заманда халық хартия немесе тозған заң сыйлаған күні біткен көне тәртіпті құртуға бел буып, ауаның өзі ашу-ызаға толып, қаланың өзі көше табандарын талқандап, көтеріліске буржуазияның өзі жанашырлық көрсеткенде, бүлік рухына шарпылған қалалықтар көтерілісшілердің одақтасына айналып, үйлер жер астынан өсіп шыққандай бекіністермен бауырласып, олардың тірегі болды. Алда-жалда уақыттың толғағы піспей, көтеріліс халықтың қолдауын кермесе, одан бас тартса, бүлікшілер опат болар еді. Олардың төңірегіндегі қала айтақырға айналып, барлық бас сауғалар орындар жабылып, көшелер әскерлердің баррикадаларды алуына көмектесіп жол ашып берер еді.
Халықты өз қалауынан тыс шапшаң жүр деп қыстауға болмайды. Оны тізгіндеп ұстаймын дегендерді лағнет атсын! Халық күштеуге, мәжбүрлеуге көнбейді. Онда олар көтерілісшілерді тағдырдың тәлкегіне тастап кетеді. Бүлікшілер оба індетіне ұрынғандардың кебін киеді. Үй аттап бастырмайтын құлама жарға, есік — бөгетке, есік алды жабық қабырғаға айналады. Бұл қабырға бәрін көріп, бәрін естіп тұрады, бірақ көмекке келмейді. Олар ашылып, сендерді құтқара да алар еді. Жоқ, атама!
Бұл қабырға — тағдыр. Сендерге қарап тұрып-ақ үкім шығарады ол Жабық үйлердің кейпі қандай кейісті! Былайынша, оларда ешкім тұрмайтын сияқты, бірақ бәрінде де жұрт тұрып жатыр. Өмір тоқтап қалған тәрізді көрінгенмен, өз арнасымен бөгелмей ағып жатыр. Бірақ төрт көзі түгел болғанмен, тәулік бойы олардан ешкім шыққан жоқ. Іште ауыр қозғалыс, әңгімелеседі, ұйықтайды, оянады, отбасында шүңкілдеседі, ішеді, жейді, қорқыныштан қалтырайды — не керек, сұмдық. Мейірімсіз қаталдықты тек қана қорқыныш қана жұмсартса керек, абдырап-абыржу — жағдайды жеңілдетуге септеспек. Кейде мынадай да кездеседі: қорқыныш үрей ұшуға, үрей ашу-ызаға, сақтық құтыруға апарып соғуы да мүмкін, "Жуастан жуан шығады" деген терең мағыналы мәтелдің де түп-тамыры осында жатса керек. Еренсіз үрейдің ұшқыны түтіннің қою бұлтындай ыза-кек туғызатыны да болады. "Осы бүлікшілерге тағы не керек? Ылғи бүлік шығарады да жүреді. Тек бейбіт тұрғындарды жолдан тайдыру бар білетіні. Әлгі революция дегендері әбден тойдырып болды. Оны осында не үшін әкелген? Құрыса құрысыншы өзі! Сыбағасы сол! Өздері кінәлі. Қылығына қарай шынығып көрсін. Біздің онда не шаруамыз бар! Бейшара көшеміздің оқ жаудырып быт-шытын шығарды. Бұл бір бұзықтардың шайқасы. Ең бастысы — есікті ашпау керек!". Сөйтіп, үй табытқа айналады. Көрхана болады. Көтерілісші жабық есіктің алдында жанталасады, міне, картечь жауды, төбесінде жалаң қылыш ойнады. Ол қанша айғайласа да, ести тұрып қолұшын бермейтінін, көмек келмейтінін біледі. Онда мұны тасалайтын қабырғалар, мұны құтқарып алатын адамдар бар, бірақ қабырғаларда құлақ болғанымен, адамдарда жүрек жоқ.
Бұл арада кінәлі кім?
Ешкім де емес, біздің әрқайсымыз кінәліміз.
Кінәлі өзіміз өзіміз өмір сүріп жатқан қатыбас заман.
Қиял қашанда нар тәуекелге сеніп, өзіне өзі қатер туғызып қимылдайды, идеялар күресінен қарулы күреске ұласып, Минервадан Палладаға айналып, көтеріліске кеп сарқады. Егер қияли ой төзімін тауысып алса бүлікке айналады, ол қашанда жөнсіз уақытта келеді де, өзін не күтіп тұрғанын біледі. Онда ол бәріне де мойынсұнып, салтанаттың орнына апатты да мойымай қарсы алады. Ол өзін кеудеден кері итергендерге қызмет етіп, тіпті оларды ақтайды да, оның ізгілігі де барлығы тастап кетсе де қызбай, еңсе түсірмеуі. Қауіп-қатер алдында бас имейді, сөйте тұра жақсылықты білмегендерге кешірімді.
Айтқандай, бұл жақсылықты білмеу ме?
Адамзат көзқарасы тұрғысында солай.
Жеке тұлғаның көзқарасы тұрғысынан олай емес.
Прогресс — адам тіршілігінің бір түрі. Прогресс деп тұтас алғандағы адамзат өмірін айтамыз; прогресс дегеніміз — адамзаттың қарышты қозғалысы. Прогресс алға адымдайды; бұл адамзаттың жер бетіндегі аспанилық пен құдайылыққа ұлы саяхаты. Жолда оның қалып қойғанды жинайтын аялдамасы болады; тынығып алғалы тоқтап, ойға шомып көз алдына кен жазығын жайып тастаған Жерұйықты елестетеді, ұйықтайтын да түндері болады; ойшылға адамзат жанын көруден асқан азапты үрей жоқ, түнек тұмшалап қалғып кеткен прогресті саусағымен сипалап, қараңғыда тауып алып, оятуға дәрменің жетпегеннен жаманы жоқ.
Прогресті құдаймен шатастырып, оның өз қозғалысындағы үзілісін биік болмыстың өлгені деп ұққан Жерар де Нерваль осы жолдарды жазушыдан: "Құдайдың өзі өліп қалған жоқ па екен?" деп бірде сұрағаны бар.
Үміт үзіп торығушылардікі дұрыс емес. Прогресс қашанда оянады; шынтуайттап келгенде ол ұйықтап жатып та жолын жалғастырып, осы мерзімде едәуір есейді. Оны көріп өресі биіктей түскеніне көзің жетеді. Тасқын сияқты прогресс үшін тынып қалу мүмкін емес; оған кедергі қоймаңыз, арнасына алып тастарды үймеңіз, бөгет суды көпіршуге, ал адамзатты буырқануға әкеп соқтырады. Толқулар мен дүрбелеңдердің себебі, міне, осында. Алайда әрбір көтерілістен кейін сіз ілгері жылжып қаласыз. Жалпы тәртіп дегеннің өзі жаппай тыныштық қой, сол тәртіп оралмайынша, жер бетінде жарастық пен бірлік салтанат құрмайынша, прогресті кезеңдер ретінде революция қызмет етеді.
Прогресс дегеніміз не өзі? Оның анықтамасын айтқанбыз. Ол халықтардың үздіксіз өркендеп отыратын өмірі.
Алайда кейде жеке тұлғалардың өтпелі өмірі адамзат әулетінің мәңгілік өмірімен тайталасып қалады.
Ашық мойындайықшы: әркімнің жеке өз мүддесі бар; оны қорғап, сақтау әсте қылмыс емес; қазіргіге өзімшілдіктің заңды үлесі бөлінген; өткінші өмірдің өз құқығы бар, сондықтан ол болашақ үшін ұдайы құрбандыққа баруға тиіс емес. Өзінің жер бетіндегі жолын бастаған бүгінгі ұрпақ, келешек үшін оны қысқартпауы керек, шын мәнінде өзіне ұқсас ұрпақтардың кезегі сәл кейінірек келеді ғой. "Мен тірлік жасап жатырмын, — деп сыбырлады. Барлығы аталатын біреу. — Мен жаспын әрі ғашықпын, мен қартпын, тыныстағым келеді, мен отбасының отағасымын, мен еңбектенемін, мен барлығына артығымен үлгеремін, менің ісім тамаша өрістеп барады, менің үйлерім жалға беріледі, жинағаным да аз емес, мен бақыттымын, әйелім мен балаларым бар, мен оларды сүйемін, менің өмір сүргім келеді, мені мазаламай, жайыма қалдырыңыздар". Міне, сондықтан да адамзаттың ізгі озық легі белгілі кезеңдерде осындай терең енжарлыққа тап болады.
Сонымен қатар соғысты бастап жіберіп, қияли ой өзінің шұғылалы биігінен түсетінін де мойындаған ләзім. Келешек күннің ақиқаты күреске кіріскенде кешегінің жалғанынан әдіс-айла еншілейді. Ой-қиял біздің болашақ өткендегіден артық жасай алмайды. Бірыңғай идея зорлық болып шығады. Ол осы зорлығымен қаһармандыққа көлеңке түсіреді, әрине, ол үшін жауап беруі керек оның; адамгершілік ережелеріне қарама-қайшы тұрпайы зорлығы мен құралын таңдаудағы келеңсіздігі үшін ол сөзсіз жазасын тартады. Қиял-көтеріліс ежелгі әскери заңды пайдаланып кескілесіп жатыр; ол шпиондарды атып, сатқындарды дарға асып, тірі адамдарды өлтіріп, оларды белгісіз қапастарға лақтырып жатыр.
Қысқасын айтқанда ол өлімге жәрдем жасап жатыр, ал бұл ауыр қылмыс. Қияли ой қайтып ақиқат шұғыласына, оның алапат сарқылмас күшіне сенбейді деп те ойлауға болады. Ол семсер ғана сілтейді. Ал семсер деген қауіпті. Кез келген қылыштың екі жүзі де өткір. Өзгені жаралаған жан өзі де жараланады.
Осындай ескерту жасай отырып, барынша қатал болғанның өзінде де болашақ жолындағы даңқты күрескерлерге, қияли ойдың, яғни утопияның пікірлеріне қайран қалмай тұра алмаймыз, бізге олардың мақсаттарына жеткен, жетпегені бәрібір. Ісі оңға баспағанның өзінде де олар тағзым етуге лайық, олардың ұлылығының өзі де сол сәтсіздігінде жатқан сияқты. Прогреске ықпал ететін болса жеңіске бүкіл халық болып қол соғып алақайлауға болады, ал қаһармандық жеңіліс жүректерді тебірентуі тиіс. Жеңіс айшықты, жеңіліс айбарлы. Біз табыстан жанкештілікті артық көреміз, біз үшін Джон Браун Вашингтоннан жоғары, Пизакане Гарибальдиден биік.
Біреу болмаса біреудің жеңілгендер жағына шығуы да қажет қой.
Жұрт болашақтың ұлы барлаушыларына, әсіресе, олар сәтсіздікке ұшырағанда әділ бола бермейді.
Революционерлерді олар үрей туғызады деп күстәналайды. Кез келген баррикада қоғамға қастандық саналады. Революционерлерге олардың теориясын кінә ғып таңады, мақсаттарына сенбейді, қайдағы бір бүкпе пікірден қауіптенеді, олардың адалдығына күдік келтіреді. Оларды өмір сүріп отырған әлеуметтік құрылысқа қарсы елді көтереді, жоқ-жітік пен қайғы-қасіреттен, әділетсіздік пен өкініштен, торығушылықтан тау тұрғызып, адамзат қоғамының тұңғиық тереңінен қара түнекті қазып шығарып, солардың биігінен айқасқа түспек деп кінәлайды. "Сендер тозақтың тас табанын аударып тастадыңдар!" деп айғайлайды оларға. Олардың: "Міне, сондықтан да біздің баррикада ізгі ниетпен мықталған", деп жауап беруіне болар еді.
Дау жоқ, ең жақсысы — қиын мәселелерді бейбіт шешу ғой. Қалай айтқанмен де, малта тастарға қарағанда мысал өлеңдегі аюды еске түсіресің, ал сондай қайырымды ерік-күш бәрінен бұрын қоғамды алаңдатады. Ал қоғамның құтқарылуы өзінің қолында; ендеше алдымен оның өзі қайырымды да игі ерік-күш танытсын. Онда шұғыл шаралар қолданудың қажеті болмай қалады. Зұлымдықты байсалды зерделеу керек, оны анықтап алған соң ғана аластауға кіріскен абзал. Міне, біз қоғамды осыған үндейміз.
Қалай болғанмен де, Францияға көз тіккендердің бәрі мұраттың мызғымас логикасына сүйеніп, әлемнің әр шалғайында ұлы іс үшін күресіп жатыр, жеңілгеннің өзінде де олар айбын-айбарынан айырылған жоқ; прогресс үшін тайсақтамай өмірін қиып, құдіреттің еркіне бағынып, қасиетті істер атқарады. Белгіленген мерзімде тәңірлік драманың оқиға барысына орай айтар сөзін айтқан актердей салқынқандылықпен көрге кіреді. Олар өзін үмітсіз күреске, 1789 жылғы 14 шілдеде басталған, бүкіл дүние жүзіне тоқтаусыз тараған жарқылдап гүлдену жолындағы ұлы халық құбылысы үшін тікесінен тік тұрып өлуге бағыттады. Бұл солдаттар киелі іске қызмет етушілер. Француз революциясы — тәңірінің ісі.
Айтқандай, тағы бір маңызды айырмашылық бар, оны бұрынғы тарауда аталып өткендерге қосқан абзал; халық қолдап, мақұлдаған қарулы көтерілістер болады, оларды революция деп атайды, халық қуаттамай іргесін аулақ салған көтерілістерді бүлік дейді.
Бұрқ ете қалған көтеріліс — халық алдында жауап беретін, емтихан ұстайтын идея. Егер халық қара шар салса, идеяның жеміссіз болғаны, көтеріліс онда сәтсіздікке ұшырайды.
Халықтар қашанда утопия тілегендей күреске алғашқы шақыруда-ақ бел шешіп кірісіп кетпейді. Ұлттар мәңгі үзбей батырлар мен жанкештілердің жан-жүрек күшін көрсете бермейді.
Халық – ақыл таразы. Көтеріліс оған тиімсіз, a priori: біріншіден, жиі-жиі апатқа ұрындырады; екіншіден, өмірден аулақ идеядан туады.
Мұрат үшін, жалғыз ғана мұрат үшін жанын құрбандыққа шалатындар, әрине, тамаша. Көтерілісті ынта-жігер туғызады. Ынта-жігер, яғни энтузиазм долданып ашуланар болса, қолға қару алғызады. Алайда кез келген көтеріліс үкіметті немесе мемлекетті нысанаға ала отырып, әріге сілтейді. Мәселен, 1832 жылғы көтерілістің көсемдері, атап айтқанда, Шанврери көшесіндегі жас энтузиастер тікелей Луи-Филиппке қарсы шайқасқан жоқ. Олардың көпшілігімен ашық әңгімеде осы бір ұстамды корольдің ұстамдылығын, не монархияны, не революцияны жақтайтынын білдірмей өткенін мойындады. Оған ешкім де өш емес екен. Дегенмен олар Луи-Филипптің атымен құдайы маңдайын майлаған кіші буынға қарсы бас көтерді, кезінде Карл Х-ның атын жамылған үлкен буынға да осылай қарсы шыққан-ды; Францияда монархияны құлата отырып, олар айдай әлемде адамның адамға жасайтын заңсыз билігін, құқықтың төбесінен қарауды жоюға талпынды.
Париж бүгін корольсіз болса, ертең бүкіл әлем өктем басшысыз болады. Шамамен, олар осылай ойланып-толғанды. Әрине, олардың мақсаты түсініксіз болған шығар, тіпті қол жетпейтіндей алшақ та болар, бірақ ол ұлы еді ғой.
Мәселенің мәнісі осындай. Адамдар қашанда қиял болып көрінетін елес арман жолында өзін құрбан қылады, және түбінде оған қол жететініне кәміл сенеді де көтерілісші бүлікті поэтикалық шырайда көреді. Ол болашақ туралы арман-қиялымен масайып, қасіретті тағдырына қарсы ұмтылады. Кім білсін, бәлкім, олар өз дегеніне жетер де. Рас, олар тым аз, оларға тұтас армия қарсы тұр. Алайда олар құқықты, табиғи заңды, әркімнің өзіне өзінің жоғары билігін, ешқашан өз еркімен бас тартуға болмайтын еркін, әділдік пен ақиқатты қорғайды, олар үшін бағзыдағы үш жүз спартандық сияқты қажет болса жан беруге бар олар Дон Кихотты емес, Леонидті есте тұтады. Осы жолға түскен соң кері шегінбей, олар тек алға ұмтылады, бас-көз жоқ ілгері ентелеп, алдан құлақ естімеген ерен жеңісті, революцияның аяқталғанын, еркіндікпен тәмамдалған прогресті, адамзаттың ұлықталуын, жаппай азат болуды, ең құрығанда Фермопилді көреді.
Прогресс ісі жолындағы мұндай айқастар көбінесе сәтсіз аяқталады, оның себебін ілгеріде баяндағанбыз. Идея құлдарына қарыспа тобырды соңынан ерту оңай емес. Ауыр қозғалатын, қимылының сылбырлығына орай сенімі де, қисапсыз көп қалың тобыр қашанда нар тәуекелден қорқады, ал мұратқа жету әрқашан тәуекелге бел бууға байланысты.
Тағы да бұл арада мұраттармен және сезіммен онша ауыл-үй қона бермейтін жеке мүдделердің аралас жүретінін ұмытпаған абзал.
Францияның ұлылығы мен сұлулығы басқа халықтар сияқты қампиған қарынға байланысты емес, ол белдігін әмсе қыса бууға құмар. Ол бірінші болып оянады да, соңғы болып ұйықтайды. Дәйім алға ұмтылады. Жаңа соқпақтар іздейді.
Бұл оның суреткерлік тұлғасымен айшықталады.
Мұрат — ақиқаттың шыңы сұлулық сияқты, логиканың шарықтау нүктесі іспетті бірдеңе. Суреткер — халық та мұрагер — халық кіммен бірге болса, сонымен бір. Сұлулықты сүю жарық нұрға талпыну деген сөз. Міне, сондықтан да Еуропаның шамшырағын, яғни өркениетін алдымен Грекия көтерді, Грекия оны Италияға берді, ал ол Францияға тапсырды. Ұлы ағартушы халықтар осылар. Vitae lampada tradunt28.
Қайран қаларлық іс: халықтың өлең-жыры — оның дамуының қажетті буыны. Өркениеттің деңгейі қиял күшімен өлшенеді. Алайда ағартушы халық сөз жоқ жаужүрек ер халық болып қалуға тиіс. Сибарис емес, Коринф болуы керек. Кімде кім нәуетектікке берілсе, сол азғындап кетеді. Дәлдүріш те, дәулеткер де болмай, суреткер болу шарт. Таңдаулы болуға тырыспай, кемелденуге талпыну керек. Сонда ғана адамзатқа мұрат өнегесін сыйлайсыз.
Қазіргі мұраттың өнерде өз тегі, ғылымда өз тәсілі бар. Тек ғылымның көмегі арқылы ғана ақындар өзінің асқақ арманын жүзеге асыра алады, қоғамдық құрылыстың әсемдігіне қол жеткізеді. Пейіш А+В-ның көмегімен қалпына келеді. Өркениет қол жеткізген деңгейде дәлдік — сұлулықтың қажетті тетігі; ғылыми пікір көркемдік сезімге көмектесіп қана қоймай, толықтырады да; арман есептей білуі керек. Басқыншы өнерге ғылым жауынгердің атындай тірек боп қызмет етуі керек. Бұл тіректің сенімді тірек бола білгені аса маңызды. Осы заманға ақыл-ой — Грекияның даналығы, оның ат-арбасы қызметін Үндістан атқарады, сосын піл мінген Ескендір Зұлқарнайынның өзі.
Өлі қасаң қағидаларға тоқырап қалған немесе атақ қуып азған ұлттар өркениетті алға жылжытуға қабілетсіз. Алтын немесе сол секілді басқа пірлердің алдында тағзым ету жан мен тәнді және ерік-күшті жансыздандырады. Дінмен немесе саудамен асыра әуестену халықтың даңқына көлеңке түсіреді, оның рухани деңгейін төмендетеді, көкжиегін тарылтады, миссионер халыққа тән құдайлық және адами қасиеттерінен бірдей айырады, ұлы мақсатын жетілдірмей, көктей солдырады. Вавилонда мұрат болған жоқ, Карфагенде мұрат болған жоқ. Афина мен Рим өркениет алауын сақтап, ғасырлар түнегінен аман алып шықты.
Франция халқында Грекия мен Италия халықтарындағыдай қасиеттердің төрт көзі түгел Франция сұлулығы жөнінен Афина аруындай, ұлылығы жөнінен Рим аруындай.
Оған қоса оның жүрегі мейірбан. Ол барлығын да беруге әзір. Басқа халықтарға қарағанда ол қалтқысыз берілу мен өзін-өзі құрбан етуге көбірек қабілетті. Рас, ол құбылмалы да тұрақсыздау, оның кейбір алыпқаштыларға қауіптілігі де осында, ол безектеп жүгіргенде бұл аяңдап жүреді, ол аяңдап жүргенде бұл тоқтаудың қамын ойлайды. Францияда тұрпайы материализмнің дерті бар, оның заңғар ақыл-ойы ара-тұра Француздың айбынға лайықсыз, кәдеге асса Миссури немесе Оңтүстік Каролина штаттарында ғана жүзеге асатын идеялармен ластанады. Алыптың қасақана кішкентай болып көрінгісі келсе, еркі. Кейде ұлан-байтақ Францияның ұсақ-ұлан еркелігі де болады. Бары осы.
Бұл арада қарсылық білдіретін ештеңе жоқ. Халықтар жарық күн сияқты тұтылуына да хақысы бар. Бұл оқа емес, тек жарық оралса болғаны, күннің тұтылуы тек мәңгі түнге айналмасын де. Рауан мен түлеу — ұқсас ұғымдар. Күннің жаңадан шығуы адами "меннің" сөзсіз жаңаруына сәйкес келеді.
Деректерді байсалдылықпен келтірейік. Баррикададағы ажал немесе қуғындағы қабір өзін және өзі құрбандыққа шалу үшін қолдануға келетін және алдын ала көзделген тағдыр. Өзін-өзі құрбан қылудың қазіргі аты — риясыздық. Мейлі ысырып тасталғандар жырыла берсін, қуғындалғандар қуғындала берсін; ұлы халықтарға шегінсеңдер де көп шегінбеңдер деген тілек айтумен ғана шектелейік. Сындарлы ойға оралу желеуімен тым төмен түсіп кетпейік.
Сөз жоқ, материя да, көкейкесті қажеттер де, жеке мүдделер де, асқазан да бар, алайда асқазанның талабы бірден-бір заң болуына жол берудің керегі жоқ. Өткінші өмірдің өз құқығы бар, мәңгілік өмірдің де өз құқығы барын мойындаймыз. Шырқау биікке көтеріліп алып, сосын кенеттен құлауға да болады, өкінішке орай мұндай жағдайлар жиі ұшырасады. Мұратына жақындап қалған ұлы, даңқты халық кенет кір-қоқысты қазбалап, соның дәміне үйреніп кетеді; алда-жалда одан Фальстаф үшін Сократты неге ысырып тастадың деп сұраса, "Өйткені мемлекет адамдарын жақсы көремін", деп жауап береді.
Баррикададағы шайқасқа оралмас бұрын тағы да бір сөз.
Осы арада біз әңгімелегелі отырған ұрыстар мұратқа мұқалып барып ұмтылу сияқты бірдеңе бұғаудағы прогресс ауруға шалдығады, талма дерттің қасіретті ұстамалылығына ұрынады. Басты қатысушылары қоғамнан қарғыс алған. Шын аты "Прогресс" кісі болып табылатын драмамыздың қатерлі кезеңдерінің бірі, актісі мен антрактісі, міне, осында.
Прогресс! Аузымыздан жиі шығып кететін осы үнді лебізде барлық арман-мұңымыз жатыр. Осыған ұйыған идеяның аталмыш драманың одан әрі өрістеуінде қыруар сындарды бастан кешуіне тура келеді, тек оның бетіне ақ жабуға мәжбүр боп жүрмесек болғаны.
Оқырманның көз алдында жатқан кітап бастан-аяқ, тұтас және жеке-дара ауытқулары мен ерекшеліктер және жекелеген олқылықтары бола тұра жамандықтан жақсылыққа, жалғандықтан ақиқатқа, сұғанақтықтан ар-ұятқа, іріп-шіруден тіршілікке, хайуандық түйсіктен борышты түсінуге, тозақтан ұшпаққа, болымсыздықтан құдайға апарар жолды нұсқайды. Шығар жері — материя, жетер жері — жан-жүрек. Басында Әзірейіл, аяғында періште тұрады.
Жиырма бірінші тарау
БАТЫРЛАР
Кенет шабуылдың барабаны қағылды.
Шабуыл құйындай ұйтқып басталды. Қарсаңда түн түнегін жамылып дұшпан әбжыландай үнсіз жорғалап, баррикадаға жақындап алыпты. Енді тапайдың талтүсінде ашық алқапта аяқ астынан шабуыл жасау мүмкін емес, өйткені шабуылдаушылардың жанды күші алақандағыдай көз алдында; зеңбіректің өкіргені естілді де әскер тарпа бас салуға ұмтылды. Ызалы да ұрымтал екпінмен тұрақты жаяу әскердің ұлттық және муниципалдық гвардияның жаяу сапымен нығайтылып, құжынаған шулы тобырдың қарасына арқа сүйеген қуатты колоннасы барабан дабылымен көшеге жүгіріп шығып, алдарына саперларды салып кернейлете жүріп, мылтықтарының сүңгісін серте ұстап, жауған оқтың астымен қабырға құлататын жез таранмен тура баррикадаға дүрсе қоя берді.
Қабырға соққыға шыдады.
Көтерілісшілер құтырына атты кеп. Қоршауға алынған баррикаданың қыр арқасы атыстан жарқ-жұрқ етіп жатты. Шабуылдың тасқынды болғаны сондай, бүкіл баррикада бір сәтте шабуылшылардың тасқын селіне айналды. Арыстанның жабылған иттерді сілкіп тастайтынындай, қамал солдаттарды серпіп тастап, теңіздің көбігі жапқан жартас құсап, шабуылшылдың құжынаған тобынан міз бақпай кәрін тігіп, қаһарланып қарауытты да тұрды.
Шегінуге мәжбүр болған колонна сап құрап сұмдық ашық жағдайда көшеде қалып, қорғаннан дүркін-дүркін атылған оққа мылтықпен ызаланып жауап қатты. Отшашуды көрген кісі айқыш-ұйқыш қайшыланған жай отындай шашыраған сәулелерді есінде ұстар еді, оларды әдетте от шоғыры дейді. Олар енді сол от шоғырын тік емес, көлбеу жағдайда көз алдына келтірсін, уылдаған оқтар, бытыра мен картечь от жебесін бұршақтай жаудырып, тек өлім себеді. Баррикада осы бұршақтың астында қалды.
Екі жақ та бірдей жанкештілікпен жанып-күйді. Батылдар тіпті тағылардың ессіздігіне бой ұрып, жан аямас ерлікке барып, өз өмірін құрбан қылудан да тайынған жоқ. Ол дәуірде ұлттық ұландардың солдаттары баяғы Африканы жаулағандағы зуавтардай төбелесетін. Әскерлер ұрысты бітіргісі келді, ал көтерілісшілер жалғастырғысы келді. Жастық пен денсаулықтың гүлдеп тұрған шағында жанталасты соза түсу дегенің енді ерлік емес, ессіздік. Ұрысқа әрбір қатысушының ажал сағаты шексіз созылды. Күллі көше өліктерге көмілді.
Баррикаданың бір шетінде — Анжольрас, бір шетінде Мариус тұрды. Басында қорғаныстың барлық жоспары бар Анжольрас өзін сақтап, тасаны паналап тұрды; оның оқатары түбінен үш бірдей солдат бірінен соң бірі өліп түсті, олар бірақ оны байқаған жоқ. Мариус таса іздемей ұрысты. Ол қабырғадан кіндігінен жоғары көтеріліп, жанды нысана құсап тұрды. Сараңнан асқан ысырапқой жоқ, қымтанғысы келгенде өзінен ештеңе аямайды, ал айқаста ойшылдан асқан қатерлі кісі жоқ. Мариус ойға батып, түнеріп, қаһарлы көрінді. Барлығы оған түсіндегі тәрізді. Ол қолында мылтығы бар елес іспетті.
Қоршаудағылардың патрондары бітуге таяу, ал әзіл-қалжыңдары сарқылар емес. Өздерін шыр айналған ажал құйынының ортасында да олар күлкіден тыйылар емес.
Куфейрак жалаңбас тұрған-ды.
— Қалпағыңды қайда жібергенсің? — деп сұрады Боссюэ.
— Ақыр соңында олар қалпақты ядромен ұшырып түсірудің амалын тапты ғой, — деп жауап қатты Куфейрак.
Мысқыл өшпенділікпен алмасты.
— Бұл адамдарды кім түсінсін? — деді қапалана отырып Фейи, сосын белгілі, тіпті атақты адамдардың есімін санап шықты, олардың арасында ескі армиядан да біреулер болды. — Олар бізге қосылып, көмек көрсетеміз деп уәде беріп, ар-ожданымен тіпті ант ішкен де еді, өздері және біздің командирлеріміз, көрмейсіңдер ме сатып кеткендерін.
Комбефер мысқылдай жауап қатты:
— Кейбір кісілер ар-ождан ережесін жерде отырып жұлдыздарды бақылайтын астрономдай тым алыстан сақтайды.
Баррикада қар түскендей патрондардың жыртылған гильзаларымен көмілді де қалды.
Қоршап тұрғандардың сан жағынан артықшылығы төмен, ал көтерілісшілердің позициялық артықшылығы бар. Олар қабырғаның үстіне шығып алып солдаттарды тіке атады, ал қоршап тұрғандар өліктерге сүріне-мүріне құлама ордан әупірімдеп әрең атады. Мұндай тәсілмен тұрғызылған әрі іш жағында тіреулері бар баррикада санаулы адамдардың тұтас армияны қатерде ұстауына мүмкіндік берген. Соған қарамастан шабуылдаушы армия ұдайы толығып, көбейе отырып, оқ нөсерінің астында бірте-бірте жақындап, адым сайын баяу, бірақ бұлжымай баррикаданы армия құрсаулап қыса түсті.
Шабуыл бірінен соң бірі үдей түсті. Қауіп күшейді. Міне, Шанврери көшесіндегі мынау үйілген таста Трояның қабырғасындағыға лайық ұрыс қызды да кетті. Титықтаған шоқпыт шапандылар, тәуліктен астам нәр татпай, көз ілмеген кісілер, бір дүркін атып, екіншіге оқ іздеп, ақтарған қалтасынан ештеңе таппаған көбі жаралы, жарасын кір шүберекпен таңғызған, киімдері түгел қанға боялған, түкке аспайтын мылтықпен, тат басқан қылышпен қаруланған міскіндер шетінен алыпқа айналды. Баррикадаға он рет шабуыл жасап, оның биігін алып, ішке де енді, бірақ өзін ала алмады.
Бұл күрес жөнінде мағлұмат жасақтағыңыз келсе, осынау ыза-кек кернеген жүректердің алаулаған жалыны лапылдап бой бермей бара жатқан өртті көз алдына келтіріңіз. Ол айқас емес қып-қызыл боп қызған пештің көмейі болды, ашып қалсаң аузынан ақ жалын атылады, адамдардың ызадан өңі де өзгеріп кеткен. Олар енді кісі емес, ашу-ызамен жалындаған жауынгерлер, олардың бетіне қараудың өзі де қорқынышты, қызыл күрең түтіннің ортасында әрлі-берлі жүгіріп жан ұшырып жүрген соғыстың сұр кесірткесі. Осынау алапат ұрыстың барлық сахнасын сипаттаудан және бәрін баяндаудан біз бас тартамыз. Ұрысты бейнелеген он екі мың өлеңді топтастыру бір ғана эпопеяның маңдайына жазылған.
"Семсер орманы" атанған тәңірдің он жеті түпсіз тереңінің ең қорқыныштысы брахманизмнің тозағын еске түсіреді бұл ұрыс. Жұдырық жұмсап, кеуде мен кеуде қағыстырып қолма-қол төбелесіп, қылыш сілтесіп, алыстан да, жоғарыдан да, төменнен де, үйдің шатырынан да, ләйліхананың терезесінен де, жертөленің желдеткішінен де — көтерілісшілер кірген жердің бәрінен атысты. Олардың біреуі алпысқа қарсы шайқасты. "Коринфтің" жартылай опырылған қасбеті сұмдық, адам көргісіз еді. Картечь айғыздаған, әйнегі күл-пәрша терезе жобасы жоқ тесікке айналып, шой тастар ғана үйіліп жатыр. Боссюэ опат болды; Фейи опат болды; Курфейрак опат болды, Жоли опат болды; кеудесіне үш жерден сүңгі сұғылған Комбефер жаралы солдатты көтергелі еңкейіп жатып жантәсілім етіп, аспанға ғана қарап үлгерді.
Мариус әлі айқасып жүр, бірнеше рет жараланды, жарасының көбі бас жағында, бүкіл бет-аузы қанжоса, қызыл орамал тартып алған сияқты.
Жалғыз Анжольрас қана жараланған жоқ. Оған қару жетпей қалғанда көтерілісшілердің біреуі қолына семсер ұстата салды. Енді онда сынған сүңгілердің төртеуінің сабы қалды; Мариньян түбіндегі соғыста Франциск І-нің қолында қалған семсер сынығы бұған жетпейтін.
Гомер айтады: "Диомед бақытты Аризбада тұратын Тевфранийдің ұлы Аксилді өлтірді; Мекистейдің ұлы Эвриал Дресті о дүниеге аттандырды, Офелтий, Эсеп және су перісі Абар баррея мен жаны да, тәні де пәк Буколионнан туған Педастың өмірін үзді; Уллис Пидит Перкосийскийді; Антилох Аблерді, Полипет Астиалды, Полидамант — От Килленейскийді, Тевкр Аретаонды мерт қылды; Мегантий Эврипилдің найзасынан қаза тапты. Батырлардың патшасы Агамемнон сылдырап аққан Сатнион өзені етегін шайып жататын жоғары тұрған қаланың тумасы Элаттың жоқтауын бір-ақ асырды. Біздің ежелгі эпикалық дастандарда отты айбалтамен қаруланған Эспландиан дәу маркиз Свантиборға шабуыл жасағанда алып қорғанысқа көшіп, оған жерден жұлып алып мұнараларды лақтырады. Біздің көне фрескаларда екі герцог, салт атқа мініп жауынгерлік сауыт киіп, қалқанында елтаңбасы, басында дулығасы бар Бретонский мен Бурбонский бейнеленген; темір етікті, темір қолғапты олар қолында гүрзісі бар, дулығасының темір пердесін ашып тастап, бірі ақкіс ішікті, бірі көгілдір шапанды олар бір біріне құйғытып қарсы ұмтылады; герцог Бретонский тәждің екі тісшесі арасындағы арыстан бейнесінде, ал герцог Бурбонский дулыға пердесінің алдындағы үлкен лалагүлмен өрнектелген. Жалпы ұлылығымен жарқылдап көріну үшін Ивон құсап қолына герцогтің шошақ дулығасын, Эспландиан құсап қолына жалын ұстап отырудың, Полидаманттің әкесі Филес құсап ерлердің иесі Япеттің сыйлығы деп тамаша жауынгерлік сауыт алдырудың қажеті жоқ. Міне, қарапайым солдат, Бостың немесе Лимузеннің кешегі шаруасы, Люксембург бағында бала ойнатқан бикенің төңірегінде айналшықтаған бозбала, жалқын шашы желкілдеген ақсары студент, анатомиялық дәрі-дәрмектер мен кітаптарға шұқшиған, сақал-мұртын әлі қайшымен алатын жеткіншек осы екеуін алып, кеудесіне борыш сезімін желпіп, Бушр қиылысына немесе Планш-Мибре тұйығына қойып, біріне өзінің туы, екіншісіне мұраты үшін айқас деп біріне бірін қарсы айдап салшы, мейлі олар отан үшін шайқасып жүрмін деп ойласын-ақ, сонда не шығар екен? Ұлан-асыр ұрыс басталады да, жаяу әскер мен медик-студенттің адамзат күресіп жатқан ұлы эпикалық аренаға жекпе-жекке шыққан көлеңкесі түседі, ол Ликия патшасы Мегарионның, тәңірге тең құдіретті Аякстің темір құшағына тапсырылған жолбарыстар отанының көлеңкесіне теңеледі.
Жиырма екінші тарау
АДЫМНАН СОҢ АДЫМ
Баррикаданың қарама-қарсы шетінде жетекшілерден Анжольрас пен Мариустен басқа тірі ешкім қалмай, Курфейрак, Жоли, Боссюэ, Фейи және Комбефердің арқасында ұзақ уақыт аман тұрған орталық тұсы да сыр берді. Зеңбіректер өтуге боларлық үлкен тесік жасай алмағанмен, қорғанның орта тұсына қабырғаның жоғарғы жағын әлсін-әлсін ұрған ядромен опырып жартылай шеңбер жасады, ішке де, сыртқа да құлаған сынықтардан екі жақта да құлама жар пайда болды. Сыртқы жар шабуыл үшін қолайлы көлбеу жазық болып шықты да қалды.
Осыны көріп қоршап тұрғандар шешуші шабуылға шықты, онысы сәтті де болды. Жаяу әскерлер тізілген саппен сүңгілерін шошаңдатып жүгіре басып алға өңмеңдеді, оқ-дәрі түтінінің арасынан бекіністің ең биігінде тұрған шабуыл колоннасының алғыншылары тұрды. Осымен шаруа бітті. Орталықты қорғап тұрған көтерілісшілер тобы тырағайлап қаша бастады.
Сонда ғана олардың санасында буалдыр болса да өмір сүруге деген бір тілек оянды. Ормандай самсаған мылтықтардың нысанасында тұрып та олардың өлгісі келмеді. Өзін өзі қорғау түйсігі ыр ете қалып, адам бойынан жыртқыш аң оянатын сәт болады, бұлардың да сол минөті соқты. Оларды баррикаданың тіреуі болып тұрған алты қабат биік үйге тықсырды. Бұл үйден олар жан сауғалайтын пана табар еді. Бірақ ол тарс жабылып, тас боп төменнен жоғарыға дейін қатып қалған тәрізді. Жаяу әскер жасағы қорғанның ішіне кіргенше есіктер ашылып, жабылып та үлгеретін еді ғой, сонда ол есіктер торыққан пенделерге өмір сыйлаған болып шығар еді. Және үйдің арғы бетінде көшеге шығатын есіктер бар, ол дегенің қашуға мүмкіндік, тіпті кеңістік емес пе. Олар мылтықтарының дүмімен, аяқтарымен есіктерді тарсылдата соғып, көмек сұрады, қолдарын жайып жалынды, айқайлады. Алайда оларға ешкім де есік ашпады. Тек үшінші қабаттың жабық терезесінен өлген адамның басы салбырап оларға қарады да тұрды.
Анжольрас пен Мариус аман қалған сегіз адамды ертіп оларға көмекке ұмтылды. "Әрі қарай бір қадам да жасамаңдар" деп солдаттарға айғай салды Анжольрас, бұйрығын тыңдамаған офицерді ол атып салды. Ол "Коринфтің" қабырғасында, қорғанның ішкі албарында бір қолына семсер, бір қолына карабин ұстап, ләйліхананың есігін ашып, оны шабуылшылардан қорғаштап тұрды. Рухы жығылып, еңсесі түскендерге ол айқайлап: "Еркіндікке шығатын жалғыз-ақ есік бар, ол мынау!" деп көрсетті. Жалғыз өзі тұтас батальонға қарсы тұрып, денесімен жолдастарын тасалап, олардың шегінуіне жағдай жасады, бәрі бірден есікке ұмтылды. Өзінің карабинін таяқ орнына жұмсап, семсерлесудегі "диірмен әдісін" қолданып, жан-жағынан кезенген сүңгілерді семсермен жайғап, ең соңғы боп есікке кірді; ең сұмдық сәт енді басталды, солдаттар тұра ұмтылып кіруге лап қойғанда көтерілісшілер есікті іштен жауып алуға кірісті. Есіктің сарт етіп қатты жабылғаны сондай, тұтқаға жармасқан бір солдаттың саусақтарын қиып түсіп, олары босағаға жабысты да қалды.
Мариус сыртта қалды. Оқ оның бұғанасын паршалап кетті; естен танып, енді құлайтын шығармын деп ойлады ол. Сол сәт ол көзін жұма бергенде біреудің қуатты қолы ұстай алғанын түйсінді, шошынған санадан Козетта туралы соңғы естелік жалт етіп: "Тұтқынға түскен екенмін. Енді мені атып тастайды ғой", деген бір сезік сумаң ете қалды.
Ләйліханаға кеп бой тасалаған жауынгерлердің арасынан Мариусті көре алмай Анжольрас та тұтқынға түсіп қалған екен ғой деп ойлады. Алайда мұндай сәтте әркім-ақ өз тағдыры туралы ойлайды ғой. Анжольрас есіктің ілгегін салып, ысырмасын итеріп, құлпын кілтімен екі бұрап жауып тас бекітіп тастады, сол кезде сырттан оны құтырына тарсылдатып, солдаттар мен саперлер балтаның ұңғысымен де, мылтықтың дүмімен де соқты. Шабуылшылар енді осы есіктің маңына шоғырланды. Ләйліханаға шабуыл басталды.
Солдаттар құтырынып кетті.
Оларды алдымен артиллерия сержантының ажалы ыза қылып, ең бастысы көтерілісшілер тұтқындарды қорлайды екен, ләйліханада басы кесілген бір солдаттың өлігі жатыр дейді деген шабуыл басталардан бірер сағат бұрын тараған өсек-аяң тіпті шамырқандырып, шыдамнан шығарып жіберді. Әдетте мұндай ойдан шығарылған қатерлі өсек-аяң өзара соғыстарда жиі тарайды, кейінгі кезде осындай жала Транснонен көшесінде апатқа әкеп соқты.
Есік әбден бекітілгенде Анжольрас жолдастарына:
— Біз өмірімізді қымбатқа сатуымыз керек, — деді.
Сосын Мабеф пен Гаврош жатқан үстелге келді. Қара жабудың астында қимылсыз қатып қалған үлкенді-кішілі екі дененің бары білінеді, ал жүздері ақыреттің бүктесінен әрең болжанады. Жамылғының астындағы қолдар үстелден салбырап жатыр. Ол шалдың қолы екен.
Анжольрас еңкейіп оның рахман қолын, қаза болған кезде маңдайынан сүйгендей құрметпен сүйді.
Осы екі сүю Анжольрастың өміріндегі алғашқы сүю еді.
Әңгімемізді ықшамдайық. Баррикада ежелгі Фиваның қақпасындай қорғалды, ләйліхана Сарагосадағы үйдей күресті. Қабарған, қасарған қайсарлықпен қорғанды. Ешқандай аяушылық болмады. Ешқандай келіссөз жүргізілмеді. Кісілер өлтіру үшін өлімге келісті.
Сюше: "Беріліңдер!" дегенде, Палафокс: "Жоқ! Зеңбіректен оқ төктік, енді қанжарға көшеміз" деп жауап берген емес пе. Сол сияқты Гюшлу ләйліханасына шабуыл кезінде бәрін де көруге болатын еді: терезе мен шатырдан шойтастар қоршап тұрғандарға бұршақтай жауды, сұмдық жарақаттанған солдаттар долданып жынданып кете жаздады, шабуылдың долылығы, қарсылықтың қайсарлығы есікті қиратып ішке кіргенде ессіз топас пышақтасуға ұласты. Ләйліханаға баса көктеп кіріп, сынған есіктің тақтайларына сүріне-қабына енген шабуылдаушылар астыңғы қабаттан бірде-бір жауынгерді таппай дал болды. Астыңғы залдың ортасында айналмалы баспалдақ жатыр, бірақ ортасынан балтамен қақ бөлінген, сосын ақтық демін күтіп жатқан бірнеше жаралы көзге шалынды, тірі қалғандарының бәрі екінші қабатқа көтеріліп, балталанған баспалдақ тұрған төбедегі люктен оқ жаудырды. Соңғы патрондар соған жұмсалды. Барлығы жұмсалып болған соң басы бәске тігілген, бірақ әлі қатерлі қарсыластарда не оқ, не оқ-дәрі қалмаған соң екі-екіден шөлмек алып қаруланды, бұл Анжольрастың сақтық қор болсын деп сақтатып қойған шөлмектері, енді сынғақ болса да қаһарлы күрзіге айналғалы тұр. Шөлмектердің ішіндегі азот қышқылы еді. Біз осынау қанды қасаптың ештеңесін қалдырмай, бүге-шігесіне дейін баяндап отырмыз. Әттеген-ай, қоршаудағылар қолына не түссе, сонымен соғысады. Гректердің оты Архимедтің атағын өртей алған жоқ, қайнаған қара майға Баярдтың атақ-даңқы күйіп кеткен жоқ. Соғыста бәрі де сұмдық, бұл арада таңдап жатуға мұрша қайда. Шабуылшылардың төменнен жоғары қарай атқан оқтары ажалды болды. Люктің айналасы өлгендердің басынан көрінбей кетті, олардан сорғалаған қан жылғаланып, буланып жатыр. Ауада адам айтқысыз гүрсіл; күйдірердей қою түтін қанды ұрысты мұнарымен тұмшалап тастады. Тозақ ұрысына қатысушылар адамдық бейнеден мүлдем айырылды. Айқасып жатқандар алыптар мен дәулер емес, ұрыс суреті Гомерден гөрі Мильтон мен Дантені көбірек еске түсіреді. Жын перілер шабуыл жасап, елестер қорғанған іспетті.
Бұл адам айтқысыз алапат қаһармандық болды.
Жиырма үшінші тарау
АШ ОРЕСТ ПЕН MAC ПИЛАД
Ақыр аяғында баспалдақтың қалдығын пайдаланып, бірінің иығына бірі шығып, қабырғамен өрмелеп итарқадан ұстап, люктің жиегінде тұрғандарды қылышпен жайғап, жиырма шақты шабуылшы — солдаттары мен ұлттық және муниципиалдық ұландары аралас, барлығы дерлік жаралы, беттері тілінген, күйген, көздері қанға толған жыртқыштай ештеңе көрмей екінші қабаттың залына өтті. Аяғынан тік тұрған бір ғана адам қалыпты, ол — Анжольрас. Онда патрон да, семсер де қалмапты. Қолына карабиннің діңін ұстап тұр, дүмін бір солдатты бастан соққанда сындырыпты. Шабуылшылардан бильярд үстелімен қорғанып залдың түкпіріне қарай шегінді. Тіпті, осы қалпындағы оның тәкаппар көзқарасы, жоғары көтерген басы, мылтықтың сынығын мықтап ұстап тұрған қолы соншалық үрей туғызып, ешкім жақындай алмай, төңірегінде бос орын қалды.
— Міне, олардың серкесі! — деген айқай естілді. — Артиллеристі өлтірген осының өзі. Ол баратын жеріне барған екен, біз үшін осынысы жақсы. Барған жерінде қалсын. Сол жерде атып тастаймыз.
Карабиннің сынығын лақтырып тастап, екі қолын айқастырып, кеудесін оққа тосты.
— Атыңдар, — деді Анжольрас.
Ажал алдындағы өжеттік адамдарды қашанда баурап алады. Ажалды қарсы алуға әзір екенін білдіріп, екі қолын айқастырып кеудесіне қойғанда шабуылдың құлақ жарған гуілі сап тыйылып, алас-күлес аяқ астынан салтанатты тыныштыққа ауысып, сілтідей тынды. Қарусыз да қимылсыз Анжольрастың қаһарлы айбыны ыза-шуды ауыздықтап, осынау бірде-бір рет жараланбаған жігіт, өркөкірек, сұлу, үсті-басы қан-қан болғанына қарамай міз бақпайтын, өзін оқ алмайтынына сенімді жас жалғыз ғана өктем де байсалды көзқарасымен өзін өлтіруге әзір ызақор тобырдың құрметін туғызып тұр. Сұңғақ бойы, сұлу сымбаты оның әр-көркіне дәл осы сәтте айрықша көз қарықтырар жарқындық беріп тұр; алмағайып тәуліктің өн бойында ол баяғы қызылшырайлы қалпынан танбай, оқ та, от та алмайтын адамдай шаршап-шалдығуды білмей үржаңа болып жүрді. Зайыры, кейін әскери соттың алдында сөйлеген куәлардың біреуі сол туралы айтқан болуы керек, "Онда бір бүлікші болды, менің естуімше жұрт оны Аполлон атапты", деген еді. Анжольрасты көздеген ұлттық ұландардың бірі мылтығын жерге түсіріп:
— Мен өзіме гүлді атқалы тұрғандай көріндім, — депті.
Он екі солдат взвод болып залдың басқа бұрышында Анжольрасқа қарсы тұрып еді, барлығы үн-түнсіз мылтықтарын лақтырып тастады.
— Нысанаға ал! — деген сержанттың командасы естілді.
Оған офицер араласып:
— Тоқтай тұрыңдар! — деді.
Сосын ол Анжольрасқа қарап:
— Көзіңізді таңсын ба? — деп сұрады.
— Жоқ.
— Артиллерия сержантын өлтірген сіз бе?
— Иә, мен.
Осы кезде Грантер оянды.
Грантердің кешегі кештен бері ләйліхананың үстіңгі залында басын үстелге салып ұйықтап жатқаны есімізде ғой.
Ол толық мәнінде ежелгі сөз саптасы өлердей мас дегеннің анықтығын растады. Жусан түнбасы мен қара сыраның және спирттің алапат қоспасы өз дегенін істетіп, оны летаргиялық ұйқыға жықты. Оның отырған үстелі кішкентай болғандықтан баррикадаға жарамай, оны ешкім қозғаған жоқ. Ол сол баяғы үстелге асылған қалпы, басын екі қолына қойып ұйықтаған бетінен тырп етпепті. Тура қысқы ұйқыға кеткен аю сияқты немесе соруға кіріспеген сүлік секілді оянбайтын ұйқыны қалағанынша соғыпты. Оған ештеңе де әсер етпеген секілді, атыс та, жарылған ядро да, бораған картечь, залдың терезесінен тесіп түсіп жатқан оқтар да, шабуылдың құлақ тұндырған гүрсілі де қаперіне кіріп шықпаған.
Адасқан бір оқ оны ояну қажеттігінен құтқарады деп сенген сыңайы бар ма, қалай. Айналасы толған мәйіт, алғаш қарағанда ол да мәңгі ұйқыға кеткендерден еш айырғысыз еді.
Маскүнемді шу емес, тыныштық оятады. Осы бір қызыққа сан мәрте назар аудардық. Төңірегінің бәрі салдыр-гүлдір қирап жатыр, ал ол болса бұрынғыдан бетер қорылға басқан, гүрсіл бейнебір өбектеп жатқандай оны. Алайда Анжольрастың айналасында ұйи қалған тыныштық Грантерді қалың ұйқыдан оятуға себепші болды. Ат бар пәрменімен шауып келе жатып тоқтай қалғанда осылай болатыны бар. Күймеде ұйықтап отырғандар табанда оянады. Грантер де атып тұрды, ұйпа-тұйпа, бір керіліп көзін сүртті де есінеп жан-жағына қарап бәрін түсінді.
Кенеттен айығу жыртылған пердені ескі түсіреді. Оның сыртында не тұрғанын алғаш қарағанда-ақ бірден байқайсың. Замат жадыңда бәрі тіріліп шыға келеді, өткен тәулікте не болғанынан бейхабар маскүнем де оянып үлгермей бәрін түсінді. Оның ойы айрықша айқындалып, мамық ләйліме лезде сейіліп, ақыл-есті тұмшалаған тұман айығып, шындықты анық қабылдауға орын босатады.
Бар назарын Анжольрасқа тігіп тұрған солдаттар бильярдтың ар жағындағы бұрышқа жеткен Грантерді тіпті байқаған жоқ, сержант болса "нысанаға алыңдар!" деген бұйрығын қайталағалы тұрғанда тап қасынан біреудің құдіретті үні саңқ етті:
— Жасасын Республика! Мен солармен біргемін! — Грантер орнынан тұрды.
Ұрыстың арай шұғыласын оған қатыспағандықтан көре алмаған маскүнемнің жанары жарқылдай от шашып, өзі де мүлдем өзгеріп кетті.
— Жасасын Республика! — деп тағы бір айқайлап, залды қақ жарып сенімді қадаммен келіп Анжольрастың қатарына кеп тұрды.
— Екеумізді бір-ақ құртыңдар! — деді мылтықтардың аузына тура қасқайып қарсы тұрған Анжольрасқа бұрылып:
— Сен бірге өлуге рұқсат етесің бе? — деп сұрады баяу ғана.
Анжольрас жымиып оның қолын қысты.
Күлкісі езуінен жиналмай жатып мылтықтар гүрс атылды. Сегіз оқ бірден тиген Анжольрас құламай, қабырғаға сүйеніп тік тұрып қалды, оқтар оны тура шегелеп тастағандай.
Тек басы ғана салбырап кеудесіне түсті.
Бірден өліп түскен Грантер оның аяғына құлады.
Бірнеше минөт өткенде солдаттар жоғарғы қабатта жасырынып қалған соңғы көтерілісшілердің көзін құртуға кірісті. Олар ағаш торлы шатырдың есігі арқылы атысты. Ұрыс шатырдың ішінде де жүрді. Өлгендердің денесін терезеден көше табанына лақтырып тастады, кейбіреуі тіпті шалажансар жатты. Сынған омнибусты көтеруге тырысқан екі жаяу әскерді шатырдан карабинмен атып өлтірді. Сол арадан бір күртеліні қарнына сүңгі тығып лақтырып жіберіп еді, бейшара көше табанында бүк түсіп қырылдады да жатты. Бір солдат пен көтерілісші жағаласып қалып, екеу де жабынқыш шатырдан сырғанап, бірінен бірі айырылмай бірге құлап түсті. Осындай айқас жертөледе де болды. Атыс, дүбір, анайы айқайдан құлақ тұнады. Сосын тыныштық орнады. Баррикада алынды.
Солдаттар маңайдағы үйлерді тінтіп, қашқындарды ұстауға кірісті.
Жиырма төртінші тарау
Тұтқын
Мариус шынында да тұтқын болды. Жан Вальжанның тұтқыны болды.
Есінен танып құлай бергенде артынан келіп ұстай алған қуатты қол Жан Вальжандікі еді.
Жан Вальжан ұрысқа қатысқан жоқ, бірақ қауіптен де бас сауғаламады. Ол болмағанда жантәсілім еткелі жатқан жаралыларға қамқорлық жасайтын ешкім табылмайтын еді. Қырғынның ортасында барлық жерден жол табатын, соның арқасында оқ тиіп құлағанның бәрі орнынан көтеріліп алынып, астыңғы қабаттағы жара таңатын орынға әкелінді. Ара-арасында ол баррикаданың қабырғасынан оқатар тесік жасап жүрді. Бірақ соққы беруге де, шабуылға шығуға да, өзін өзі қорғауға да қолы көтерілмеді. Ол үн-түнсіз өзгелерді құтқарды. Соның өзінде де ол денесінің бірнеше жерін оқ жырып кетуімен құтылды. Егер ол мына сағанаға өзін өзі өлтіру үшін келді десек, бірақ оған қолы жетпеді. Алайда оның дін жолына қарсы өзіне өзі қол жұмсауы ақылға қонбас еді.
Жан Вальжан шайқастың қою түтіні арасында Мариусті байқамағандай болып көрінуі де мүмкін, алайда оны көзден таса қылған жоқ. Атылған оқ Маруисті құлатып түсіргенде ол жай отының шапшаңдығымен оны ұстай алып, олжасын ала қашқан жолбарыстай тайып тұрды.
Шабуыл құйынындағы осы сәтте жұрттың бәрінің назары Анжольрас пен ләйліхананың есігіне ауып, Жан Вальжанның ес-түссіз Мариусті қолына көтеріп, астан-кестеңі шыққан көше табанымен баррикада ауласы арқылы өтіп, "Коринф" тұрған үйдің бұрышынан айналып кеткенін тірі пенде байқаған жоқ.
Көшенің бұрылысында кертіш жасап тұрған бұл бұрышты оқырман білетін болар, ол бірнеше шаршы метр алаңды оқ пен картечьтен, сұғанақ көздерден сақтап қалды. Кейде осылай өрт болғанда бір бөлменің дін аман қалатыны бар ғой, тіпті буырқанған теңізде де биік мүйістің немесе шығанақтың тасасында суасты құздарының арасында тып-тыныш қойнау болады. Баррикада ауласының трапеция пошымдас сондай бір тұйығында Эпонина жан тапсырған-ды.
Осы арада Жан Вальжан тоқтап, Мариусті жерге қойып, қабырғаға сүйеніп тұрып жан-жағын шолды.
Жағдай тым шетін еді.
Уақытша, бірер минөтке қабырға таса бола тұрар, бірақ мынау қоржыннан қалай құтылып шығу керек. Оның есіне осыдан сегіз жыл бұрын Полонсо көшесінде бастан кешірген бір сәт түсті, сонда өзі бой тасалап құтылған айла-амал қиын-ақ еді, қазір оны қайталау мүмкін емес шығар. Оның қарсы алдында тас боп жабылған, терезеден салбыраған өлімтіктен өзге жан жоқ сияқты көрінетін алты қабат үлкен үй ғана асқақтап тұрды. Оның он жағында Кіші қаңғыбас көшесін тұйықтаған бәкене баррикада болатын, одан асып түсу ештеңе емес, бірақ ар жағында сүңгілерін кезеніп самсаған солдаттар тұр емес пе, онда қорғаныстың сол жағын торуылдап желілік жаяу әскерлер орналасқан. Баррикададан асып түссе-ақ ең кемі тұтас взводтың оғы астында қалады, қабырғадан басын қылтитса болды, алпыс мылтық оқ жаудырары айдан анық. Оң жақта ұрыс жүріп жатыр. Бұрыштан ажал күтіп тұр.
Не істеу керек?
Мұндайдан тек құс ғана құтыла алады.
Жедел шешім қабылдамаса болмайды. Амалын іздестіріп, әдісін табу керек. Бірнеше қадам жерде шайқас қызып жатыр, бақытына орай оның бар ашу-ызасы бір ғана ләйліхана есігіне бағытталған, әгәрәки бәз-бір солдатқа, жападан жалғыз бұрыштан бұрылу ойына түссе, бәрінің де біткені.
Жан Вальжан алдындағы биік үйге қарады, он жағындағы баррикаданы шолды, сосын торығып, ең шетін жағдайға бел буған адамдай көзімен тесіп жібере жаздап жерге қадалды.
Жерге тесіле қараған сайын оның аяғының астынан ажал азабының тұманы арасынан әлде бірдеңе қолға түсер-түспес болып, орындалар тілектей көз алдынан бұлдырады. Бірнеше қадам жерде бәкене баррикаданың етегінде жермен жексен болып, бір шетін малта тастар басып қалған тортемірді көзі шалды. Жуан сым темірлерді айқыш-ұйқыш дәнекерлеп жасаған тортемір екі шаршы фут жерді алып жатыр. Малта тастар құлаған оның жақтауы ауытқып көше жиегінен бөлініп тұрған тәрізді. Тортемірлердің арасынан пештің түтін шығар мұржасы немесе дөңгелек суағар сияқты бір тесік көзге шалынды. Жан Вальжан тортемірге бас салды. Оның бұрынғы қашуды ұйымдастыру өнерінің еске түсуі найзағайдай жарқылдап миын шайдай ашты. Ол тастарды лақтырып, тортемірді алып тастады да, өліктей қимылсыз жатқан Мариусті иығына салып ап, шынтағымен, тізесімен жарды тіреп төмен түсті, бақытына қарай құдық онша терең емес екен, төбедегі темір қақпаны сырғыған тастар қайта жапты, ақыры ол тереңдігі үш метр жер астында тас плиталармен нығыздалған еденге табаны тиді — осының бәрі сандырақ үстінде жасалғандай алыптың күшін, қыранның шапшаңдығын қажет етті, бұған және бірнеше минөт қана уақыт кетті.
Жан Вальжан ес-түс жоқ Мариусті қолға көтерген бойы бәз-бір ұзын жерасты дәлізіне тап болды.
Мұнда тылсым тыныштық, қараңғы түнек.
Баяғыда көшеден тура монастырьдың қоршауынан қарғып ішіне түскендегі бастан кешкен сезімі оны тағы да меңдеп алды. Тек бұл жолы оның қолында Козетта емес, Мариус.
Оған енді төбедегі гуіл, ләйліхананы шабуылдаудағы ересен гүрсіл талып жетті.
ЕКІНШІ КІТАП
ЛЕВИАФАННЫҢ ҚҰРСАҒЫ
Бірінші тарау
ТЕҢІЗ ТИТЫҚТАТҚАН ЖЕР
Париж жылына жиырма бес миллионды теңізге лақтырады. Бұл әсте де әсірелеп айту емес. Қашан, қалайша дейсіз ғой? Күндіз де, түнде де лақтырады және ешқандай мақсатсыз. Қандай себеппен дейсіз бе? Ешқандай себепсіз. Сонда не үшін? Жай, әншейін. Қандай жолмен? Ішек жолы арқылы. Париждің ішек жолы деген не? Бұл оның лай су ағар құбырлары.
Жиырма бес миллион дегеніміз әлі ең ұстамды есеп, бұл сан мұқият есептеп шығарған мамандардан алынып отыр.
Сипалақтап көп қаңғырған ғылым енді ең әрлі, ең пайдалы тыңайтқыш адамның несебі мен нәжісі екенін дәлелдеп отыр. Біздің ұятымызға қарай қытайлар мұны баяғыдан білген. Эксбергердің сөзіне қарағанда, қытай шаруасы қалаға барғанда иінағашының екі жағын теңдеп боқтық алып қайтатын көрінеді. Қытайдағы боқтықпен тыңайтылған жер сонау Авраам заманындағыдай құнарлы болса керек. Қытай маисы жүз жиырма сам өнім береді екен. Ешқандай көң астана қалдықтарымен өңделген жерге жетпейді. Үлкен қала — тамаша тыңайтқыш көзі. Қала қалдықтары жер тыңайтуға сөзсіз пайда келтірер еді. Мейлі алтынымыз қи-ақ болсын, ал қиымыз - таза алтын.
Осы қиды не істеп жатыр дейсіз бе? Оны орға апарып төге салады.
Бір жағынан жер өңдеуге пингвиндер мен дауылпаздардың саңғырығын қиыр шеттен тасу үшін қисапсыз көп қаражат жұмсап кемелер жарақтайды, екінші жағынан, қолдың астында тұрған иен байлықты теңізге тастайды. Суға тастағанша адамдар мен жануарлардан шыққан тыңайтқыш қорымен жер өңдесе, бүкіл әлемді азықтандыруға болар еді.
Жәшіктердің сыртындағы үйілген көң-қоқыр, түнде көшелерде салдырлатып қалдықтар тасыған арбалар, жиіркенішті сұйықтар құйған кеспектер, көзіңізден көше жиегін көмкерген тастармен тасаланып тұрғандардың бәрі не екенін білесіздер ме? Бұлар — гүлденген көгал, жасыл шалғын, құдай-ананың көкмайсасы, жебіршөп пен жалбыз, құстар мен үй малы, семіз сиырлардың кешкілік мөңіреуі, хош иісті пішен, алтын алқап, дастарқандағы нан, тамырдағы ыстық қан, денсаулық, өмірдің қуанышы. Жерде туып, аспанда түлеп жатқан құпия шығармашылық үрдіс, міне, осындай.
Мұны ұлы жұтқыншаққа қайта оралтыңдаршы, ол бізге береке боп рақымын жаудырады. Адамның азық-түлігі даланың азығына байланысты.
Байлықты желге шашып, оны азсынсаңдар мені ақымақ деп құстаналау — өз еріктеріңіз. Ал ол сіздердің тарапыңыздан надандықтың көкесі болып шығады.
Жалғыз ғана Франция жыл сайын Атлант мұхитына өз өзендерінің сағалары арқылы кемі — жарты миллиард франк лақтырып тастайтынын статистика анықтады. Есіңізде болсын, осы бес жүз миллионның көмегімен мемлекеттік шығынның төрттен бірін жабуға болар еді. Ал адам деген сондай топас, сол бес жүз миллионнан құтылу үшін жыра-жылғаға шашып-төгіп лақтыра салады. Кейде тамшылап, кейде тасқындап, кейде суағарлардың әлсіз ағысы болып өзендерге сарқып, одан буырқанып мұхитқа құйып жатқан халықтың игілігі емес пе бұл Асқазанымыздың әр кекірігі бізге мың франкке түсіп отыр. Осыдан келіп екі салдар туындайды: құнарсызданған жер мен ластанған су олар. Алқаптар — аштықпен, өзендер аурумен қауіп төндіреді.
Мәселен, Темзаның біраздан бері Лондонды улап келе жатқаны анықталды.
Ал Парижде суағар арналардың түпкі тесіктерінің көпшілігін төменге түсіріп, ең соңғы көпірден кейін тікелей өзенге қосуға тура келді.
Дегенмен, қалаларымызға даланың таза суын тарту үшін, далаларымызға қаланың тыңайтқышқа бай суын жіберу үшін қосарланған құбырлар орнатып, ашып-жауып тұратын қақпақшылармен суды сарпып, шығарып тұратын шлюздармен жабдықтаса жетіп жатыр; сорғытқының адам өкпесіндей қарапайым бұл жүйесі Англияның көптеген аймақтарына кеңінен тарап та үлгерді: айырбастың осы оңай тәсілі, әлемдегі ең қолайлы жүйесі арқылы біз желге ұшырған бес жүз миллионды сақтар едік. Алайда біз бұл туралы ойламаймыз да.
Қазіргі тәсілмен жақсылық жасаймыз деп жүріп жамандық жасаймыз. Ниет игі, ал нәтиже нашар. Қаланы тазартқысы келеді, тұрғындар қирай ауру. Суағарлардың құрылымы ақылға қонбастай ғып негізделген. Сорғытқы қос міндет атқарып, алғанын қайтарып отыратын болса, ақыры күллі суағар тұрбаларды ауыстырып, жерді бұрынғыдай босқа шайып, құнарын кемітпесе, жаңа әлеуметтік экономика негізінде өнім он еселеп артып, қайыршылықпен күресу едәуір жеңілдер еді. Бұған арамшөптерді жоюды қоссаңыз, мәселе шешіліп те қалады.
Ал әзір халық байлығы өзендерге құйылып жатыр. Үздіксіз ағып кетіп, азайып барады. Ең дұрысы — уыстан шығарып алдық. Жердің жүдеп құнарсыздануы салдарынан Еуропа жұтап келеді.
Францияға келетін болсақ, дерек сандарды әлгінде ғана айттық. Ал Парижде Франция халқының жиырма бесінші бөлігі шоғырланғандықтан, оның үстіне Париж қиы ең бағалы болғандықтан Франция жыл сайын безетін жарты миллиардтың жиырма бес миллионы Париждің үлесінде деп қайта біз шығынды кемітіп отырмыз. Оны кедейлерге көмекке, қаланы көркейтуге жұмсаса, Париждің айшығы мен айбынын екі есе асырар еді. Алайда қала оны суағар сай-жыраларға ағызып жіберіп отыр. Сондықтан Париждің адам айтқысыз рәсуашылдығы, жарқылдаған сән-салтанаты, оның бірі Божон, алтын тасқынымен ағыл-тегіл өтетін той-томалағы, молшылық пен әсемдігі — бәр-бәрі сол баяғы асқазанының қатпаршағындай жерасты каналы.
Сөйтіп алысты болжай алмайтын өресіз экономикалық саясаттың салдарынан халық игілігі әншейін суға тасталып, тасқынмен жұтылып кетіп жатыр. Қоғамдық игіліктің мүддесі үшін осы арада Сен-Клудың торкөзі кәдеге асар-ақ еді.
Экономика тұрғысынан келгенде Парижді тесік елек деуге әбден болады.
Париж — үлгілі қала, барлық жағдайы жасалған астаналардың басы, күллі халықтардың еліктеуі үшін өнеге, идеялардың метрополиясы, ізденістер мен ұмтылыстардың, тәжірибелердің отаны, ұлы ақыл иелерінің тұрағы һәм орталығы, ұлт-қала, болашақтың балұясы, Вавилон мен Коринфтің таңғажайып үйлесімі, алайда Париж біз әлгінде ғана көрсеткен тұрғыдан алса Фо-Кьянның кез келген шаруасының иығын қиқаңдатары хақ.
Парижге еліктесеңіздер — жұтайсыздар.
Алайда осынау ықылым заманнан келе жатқан аңдаусыз ысырапқорлығының өзінде де Париждің өзі еліктеуші болып шығады.
Мұндай таңғажайып аңғалдық жаңалық емес, жастықтың шалалығы да емес. Ертедегі халықтар да біз сияқты қарекет қылған. Либихтің сөзімен айтқанда "Римнің асқазан қатпаршағы римдік шаруалардың күллі әл-ауқатын жұтып қойған". Римнің суағар арналары төңіректегі шаруаларды тақырға отырғызған соң, Рим Италияны жұтатып, оны өз асқазанына салып алды да оған Сицилияны, сосын Сардинияны, сосын Африканы жіберді. Римнің суағар құбырлары әлемді жұтып қойды. Асқазан қабыршағы тойымсыз аранын қалаларға, сосын күллі әлемге ашты. Urbi et orbi. Мәңгі қала, түпсіз асқазан.
Басқалары сияқты бұл жөнінен де Рим өзгелерге үлгі болды.
Париж осы өнегеге ұлы қалаларға, рухани өмірдің ошағына тән табандылықпен ереді.
Еске түсірген үрдісті жүзеге асыру үшін Париждің түбінде екінші Париж өмір сүреді. Бұл суағарлар Парижі, оның өз көшелері, қиылыстары, алаңдары, тұйықтары, магистральдары, тіпті өз көше қозғалысы да бар, одан адам тасқынын емес, лай-батпақ тасқынын көресің.
Ешкімге, тіпті ұлы халықтың өзіне де жағынып жалған айтуға болмайды, бәрі бар жерден ұлылықпен қатар масқара да шығады; Париж тал бойына ағарту қаласы — Афинаны, құдірет қаласы — Тирді, ерлік қаласы — Спартаны, ғажайыптар қаласы — Ниневияны сіңірген, сонымен қатар ол саз-батпақ қаласы Лютецияны да дарытқан.
Айтқандай, осында да оның құдіреттілігінің табы жатыр; Париждің ұлан-ғайыр жерасты лашықтарында басқа да ескерткіштері сияқты оғаш бір мұрат жүзеге асып жатады, кәдімгі адамзат тарихында Макиавелли, Бэкон және Мирабо сияқты кісілердің пасықтықтың ұлылығын нақтылы көрсеткені сияқты.
Алда-жалда жанарлар жоғарғы қабатты көктей өтіп, Париждің жер астына үңілсе, ол алып бір жұлдызды маржан болып көрінер еді. Теңіз ернеуінде мұндағыдай жарық-тесік, бұралаңдар әлдеқайда аз, ал мынау айналасы алты мильдік, астында ертедегі ұлы қала жатқан жерарық үйіндісінде бәрі табылады. Ерекше жер астын құрайтын катакомбаларды айтпағанда, бытысқан газ құбырларын ауызға алмағанда, ауызсуды субұрқақтарға жеткізетін дамыған құбырлар жүйесін есептемегенде, суағарлардың өзі Сенаның қос жағалауында түнекке тығылған таңғажайып желі жасайды емес пе, осы дәліздің жол көрсетер жібі еңістеген топырақ болып табылады.
Осы қараңғы дымқыл жерде екінші Париждің тумасы іспетті егеуқұйрықтар қаптап жүреді.
Екінші тарау
ЖЕРАСТЫ АРНАСЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ТАРИХЫ
Егер Парижді шатыр деп топшыласақ, құс ұшар биіктен қарағанда өзеннің екі жағасындағы суағар жерасты тұрбалары өзенге қадап қойған жуан бұтақ болып көрінер еді. Сол жағадағы айналма канал бұл бұтақтың діңі болады да, бүйірдегі жылғалар оның бұтақтары боп есептеледі, ал тұйықтар — оның тармақтары.
Бұл теңеу жалпы көрініс қана, нақтылықтан көш жырақ, өйткені өсімдік әлемінде мұндай жерасты тармақтары үшін әдеттегі тікбұрыш деген болмайды.
Сіз бұл бір әдеттен тыс геометриялық жоспар туралы түсінікті көз алдына шығыс әліпбиінің бытыстырып жиі жазылған жазбасын қараңғыда шолғанда ғана келтіре аласың, ол сөзсіз бейберекет шимайлай салынғандай көрінері хақ.
Жерасты суағар шұңқырлары орта ғасырда Византия мен ежелгі Шығыста маңызды рөл атқарған. Онда оба шығып, жауыз патшалар өлген. Халықтар іріп-шіріп жатқан тобырға, Әзірейілдей ажал мекеніне қасиетті үреймен қарады. Бенарестің құрттар өріп жүрген суағар шұңқырына қарасаң, Вавилонның жолбарыс орын көргендей басың айналады. Раввиндердің кітаптары баяндайтындай, Теглат-Фаласар Ниневияның көң-қоқыр үйіндісімен ант етіпті. Мюнстердің жерасты каналынан Иоганн Лейденский өзінің жалған айын шақырып алыпты, ал хорасандық жұмбақ әулие Моканна Кекшебедегі лай су құйылатын құдықтан жалған күнді шақыртқан.
Жерасты каналдарының тарихынан адамзат тарихы туындайды. Гемониилер Римнің құпиясын ашты. Париждің суағарлары көне заманда сұмдық болған. Олар молаға да, баспанаға да айналған. Қылмыс, еркін ой, бүлік, ар-ождан бостандығы, ой-пікір, тонау, — осылардың бәр-бәрін адамзат заңы кезінде қудалаған, қазір де қудалайды, сонда олар осы қиыр шетке кеп паналаған, атап айтқанда, XIV ғасырдағы майотен шайкалары, XV ғасырдағы көше тонаушылары, XVI ғасырдағы гугеноттар, XVII ғасырдағы Морен иллюминаттары, XIX ғасырдағы шыжғырушылар бандысы осында келіп бас сауғалаған. Жүз жыл бұрын одан түнгі кісі өлтіруші шыққан, оған қуғыннан қашып ұры жасырылған; орманда үңгірлер болса, Парижде суағарлар болған. Қайыршы ағайындар, галльдік рісаrеrіа (жөлік, ұры-кәззә) сияқты қатал да айлакер ұры-қарылар суағарларды ғажайыптар сарайының филиалы санады, кешкілік Мобюэ көшесіндегі суағар құдықтың тесігіне түсіп, өзінің жатын бөлмесіндей кіріп-шығып жүрді.
Әдетте тас жабық Қалтамандар тұйығы мен Баскесерлер көшесінде кәсіп қылатындардың түнгі баспана іздегенде Жасыл жол көпірі мен Гюрпуа түкпіріне кеп паналайтыны табиғи да. Онда бізді қаптаған естеліктер күтіп тұр. Осынау шексіз дәліздерде гүрлі елестер пайда болады, қайда барсаң да лай-батпақ, сасық иіс; онда да, мұнда да тартпа көмейлер кездеседі, бір кезде осы булық арқылы Вийон суағар қойнауынан жоғарыда тұрған Раблемен әңгімелескен ғой.
Көне Париждің жерасты каналы күллі сәтсіздіктер мен күллі ізденістердің тоқайласар жері болған. Саяси экономия одан күл-қоқыстың үйіндісін көреді, социология одан тұнған қатпарды табады.
Жерасты каналы — қаланың ар-ұяты. Барлығы осында кеп құйылады, барлығы осында бетпе-бет кездеседі. Осы бір елес орында қараңғылық көп, бірақ құпия жоқ. Кез келген зат мұнда өзінің нағыз бейнесіне кіреді немесе өзінің ақтық түрін табады. Қалдықтар үйіндісінің бір жақсы жері өтірік айтпайды. Бұдан бүкпесіз ашықтық пана тапқан. Мұнда Базилионың бетпердесі аяқ астында жатыр, бірақ сіздер оның қатырғысы мен таспасын ғана көресіз, ал беті теріс айналдырып сазбен ашық сыланған. Оған Скапеннің жасанды мұрыны қосылады. Өркениеттің қажетсіздіктен лақтырып тасталған ұнамсыз кәкір-шүкірі шындықтың осы түпсіз тереңіне құлайды, оған орасан зор әлеуметтік көшкін келіп тағы гүрс ете түседі. Ол бәрін де жұтып алып, сосын көруге шығарады. Сөйтіп бейберекет үйінді өсиетнамаға айналады. Мұнда алдамшы жүз жүрмейді, бәрі жуылып, боямасыз көрінеді, мұнда мұртмерездік өз пердесін жұлып тастайды, мұнда бәрі жалаңаш, күллі арман-қиял әшкере, мұнда сынып қирағаны болмаса, шынайы заттардан басқа ештеңе жоқ. Болмыс пен ажал Шөлмектің түбі маскүнемді әшкерелейді, себеттің тұтқасы қызметші әйел туралы өсек айтады; кезінде әдеби талғам туралы таяна тұрып көкіген сынған таяқтың тұтқасы жатыр, қазір таянары жоқ жай ғана тұтқа; бір сулық теңдегі король бейнесін тот басып қалған, Кайафаның түкіргіші Фальстафтың шақшасымен бірге жатыр, ойынхананың алтын теңгесі шегеге шаншылып, өзін өлтіргеннен жібіне байланыпты, жалтырағы бар белдемшеге оралған көтеріңкі түсік аяқ астында жатыр, оны тапқан сайқал ғой өткен масленицада Операдағы балда биледі емес пе; қазының бас киімі жәлептің түтелініп жыртылған етегімен қатар сазға батқан, бұл енді туысқандықтан да бетер сыбайластық. Болғандардың бәрі мұнда лаймен жуылады. Ақтық перде сыпырылып түседі. Жерасты каналы, яғни клоака (немесе сорбұлақ) дегенің арамы. Ол бәрін де айтып қояды.
Осынау ашық пасықтық бізге ұнайды, ол жаныңды жадыратады. Жер бетінде қанша уақыттан бері мардымсып маңғаз түр танытып келе жатқан мемлекеттік ұғым, анттың бұлжытпастығы, саяси даналық, адами әділ сот, кәсіби адалдық, тәкаппар тұлғалардың тәлімсуі, шенеуніктердің сатылмайтындығы сияқтыларды көзбен көріп, лажсыз төзіп келе жатқаннан кейін жерасты каналына түсіп, барлық кір-ласты көру жаныңды жай таптыратын тәрізді.
Оның үстіне бұл тағылымды да ғой. Алдында айтқанымыздай, күллі тарих жерасты каналдары арқылы өтеді. Варфоломей түнінің қаны көше табанының жастары арқылы соған тамшылап тұрады. Жаппай өлтірудің бәрі, саяси және діни қырқыс — барлығы келіп, өліктерін тастап, өркениеттің зынданына құяды. Қиялшылдың қиялынша тарихтағы белгілі кісі өлтірушілердің бәрі онда сұмдық қаракөлеңкеде алдын ақыреттің жыртығымен жауып тізерлей тұрып өз қылықтарының ізін үнсіз өшіреді дейді. Онда Тристан мен Людовик XI, Дюпра мен Франциск I, өз анасымен Карл IX, Людовик XIII пен Ришелье, онда тағы Лувуа, Летелье, Гебер мен Майяр да бар — олардың бәрі тастардан дақтарды қырып алып тастап, өз қылмыстарына куә қалдырмауға тырысатын көрінеді. Сіз күмбездердің астынан сол елестер сыпырғышының шуылын естисіз. Сіз әлеуметтік апаттың адам төзгісіз сасығын иіскейсіз. Сіз бұрыштардан қан қызыл жалтылды көресіз. Онда қанданған қолдарды жуған су тамшылап тұр.
Әлеуметтік құбылыстарды зерттеушілерге сол қараңғы күмбездің астында болып қайту қажет. Философия — ойдың микроскопы. Барлығы оның назарына түспеуге тырысады, бірақ одан ештеңе де қағыс қалмайды. Қандай да болсын айла-шарғы пайдасыз. Одан жалтарып не табасың? Өзіңді өзің масқаралайсың. Философия өзінің бұлтартпас көзқарасымен зұлымдықтың соңына түседі және оны із-түзсіз жойылып кетуге жібермейді. Құлағаннан иесіз қалған немесе қирағанда уатылып кеткен заттарға қарап ол барлығын табады. Ол шоқпыты жыртығы арқылы қызғылт түсті киімді ойша қалпына келтіріп, шүберегі арқылы әйелді таниды. Жерасты каналы арқылы қалаға, кір арқылы әдет-ғұрыпқа баға береді. Сынығы арқылы құтыны немесе зеренді қалпына келтіріп береді. Пергаментке түскен тырнағының таңбасынан Юденгассе жебірейі мен гетто жебірейінің айырмашылығын анықтай қояды. Қалған қалдығы арқылы оның не болғанын айқындап, жамандық пен жақсылықты, жалғандық пен ақиқатты, сарайдағы қанның дағын, зинаханадағы сияның тамған жерін, шырағдан майының тамшысын, бастан кешкен сынықтарды, жасалғалы жатқан қастандықты, жантәсілімнің сандырағын, азған адамның кемшілігін, көңілдегі арсыздық табын, тұрпайылыққа бейімдікті ажыратады; Рим жүкшісінің киімінен Мессалина шынтағының ізін таниды.
Үшінші тарау
БРЮНЗО
Орта ғасырларда Париж суағарлары жөнінде ел аузында аңыз жүрді. XVI ғасырда Генрих II оны зерттеуді қолға алды, бірақ одан ештеңе шыққан жоқ. Небары жүз жыл бұрын, Мерсьенің куәландыруы бойынша жерасты каналы өзімен өзі болып, беті қайда ауса, солай қарай аға береді екен.
Бүлік, күдік және дүрбелең зықысын шығарған көне Париж осындай болған. Ұзақ уақыт ол өзін ебедейсіз ұстады. Кейінірек, 89-шы жылы ғана қаланың қалай ақылға келетінін көрсете білді. Алайда сол бір қайырымды көне дәуірде оған ойланып-толғану жетіспеді, материалдық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да істі жеріне жеткізіп жүргізе алмады, кір-қоқысты қызмет пайдаланудан артық сыпыра білмеді. Барлығы кедергі болып, барлығы шешілмейтін мәселе болып қасарып тұрды да алды. Мәселен, жерасты каналдары, яғни сорбұлақ дегенің ешбір жол нұсқаушыға бағынбады. Қалдықтардың үйіндісін бір бағытта ұстау қаланың шолақ көшелерін дұрыстаудан оңай соққан жоқ; жердің үстіндегіге қол жетпейді, жердің астындағыға аяқ жетпейді, жоғарыда тілдердің араласуы, төменде шұңқырлардың шатасуы, Вавилонның опыр-топырының астындағы Дедалдың шырғалаң дәмі сияқты.
Ара-тұра Париждің лай ағын сулары жағадан асып кетіп, танылмаған Ніл өзені кенет ашуға мінгендей болды. Ең жиіркенішті жексұрын жағдай сонда төбе көрсетіп, қаланы лас су қарық қыла жаздады. Ауық-ауық өркениет асқазаны дұрыс қорытпай, клоакада бар нәрсенің бәрі Париждің жұтқыншағына қайтып келіп, қала өз қоқыстарынан кекірік атты. Бұл арада ар алдында азап шегуге ұқсас бірдеңе бой көтерді де, оның пайдасы тиді. Бұл үлкен наразылықпен қарсы алынған алдын ала сақтандыру шаралары еді. Қала жуынды шұңқырларының оспадарлығына ыза болды, лай батпақ, лас қайта сыртқа шығады дегенге сенбеді. Оны аяусыз қуу керек деді.
1802 жылғы су тасқыны — жасы сексенге толған париждіктердің ұмытылмас естеліктерінің бірі. Лай саз Жеңіс алаңын ерсіл-қарсылы айғыздап, сонда тұрған Людовик XIV-нің статуясы төңірегін алып кетті, Елисей алабындағы суағар екі ұңғыдан атқан лай су Сент-Оноре көшесін, Сен-Флорантендегі шұңқырдан көтерілген лай Сен-Флорантен көшесін, қоңырау даусы көшесіндегі ордан асқан лас су Пьер-а-Пуассон көшесін, Жасыл жол көпірінің астындағы жырадан шыққан су Попенкур көшесін, Лапп көшесіндегі сорбұлақтан шыққан қоқыс Қыша көшесін қарық қып, Елисей алабындағы ағынсу науасын толтырып, отыз бес сантиметр көтерілді. Терістік орамдарды Сенаның суды кері айдайтын бағытында тасқын Мазарини, Эшоде және Маре көшелерін басып қалып, жүз тоқсан метр жайылып, Расин тұратын үйге бірнеше қадам қалғанда ғана тоқтады, сөйтіп табиғи апаттың өзі XVIII ғасырда-ақ корольге емес, ақынға құрмет көрсетті. Су тасқыны Сен-Пьер көшесінде ең биік деңгейге көтерілді, онда лай-батпақ көше жиегінің тас көмкермесі тұрсын, құбыр жауып тұрған плиталардан үш фут асып кетті, ал ең көп жайылған жері Сен-Сабен көшесі болды, онда ол ұзындығы екі жүз отыз сегіз метр алқапқа жайылды.
Осы ғасырдың басында да Париж клоакасы құпия орын болып келеді. Лай-батпақты ешкім мақтай қоймайды ғой, мұнда оның жаман аты үрей туғызады. Париж өз астында жасырынып жатқан жерасты түнегі туралы аз-мұз бірдеңе білетін. Оны ежелгі Фиваның алапат мибатпағына да теңеп жүрді, онда ұзындығы он бес футтай улы жәндіктер ирелеңдеп, сусиырдың өзі батып кетеді екен. Ағын су құбырларын тазартушылардың жаман етігі белгілі шектен әрі аттап басқан емес. Қоқыс таситын арбалардың иелері Сен-Фуа биігінен маркиз де Крекимен келісіп күл-қоқысын шімірікпестен суағар орларға төгіп жүрген кезі де онша алыс емес. Құбырларды тазалауды нөсердің үлесіне қалдырып еді, ол тазартудың орнына былықтырды. Рим өзінің сорбұлағын әспеттеп, поэтикалық тұрғыдан Гемония атаса, Париж мұрнын шүйіріп Сасық жыра деп қорлады. Осы атауының өзі-ақ ғылым мен нанымға үрей туғызды. Гигиена да Сасық жыраға халық аңызы сияқты жиіркене қарады. Қара Монахтың елесі алғаш Муфтар сасық ағысының күмбезі астында туды. Мармузеттердің мәйітін Күбішілер көшесіндегі суағар шұңқырға тастады; 1685 жылғы апатты безгектің індетін Фагон Маредегі суағардан көрді; Сен-Луи көшесіндегі далиған үлкен шұңқыр 1833 жылға дейін үңірейіп жатты. Тас уату көшесіндегі суағардың тартпа көмейі жөнінде одан оба дерті тарайды екен деген лақап шықты; ұшы үштік тортемірмен қоршалған қатерлі көше темір азуларын соститып, аранын ашып, тозақтың қолаңсасын шашып тұрған тәрізденеді. Халық қиялы Париждің қапас сорбұлағын құдіреттің қаһарлы тамұғы етіп елестетті. Жерасты каналында түп жоқ. Клоака — түпсіз тозақ құдығы. Алапеске шалдыққан бұл қойнауды зерттеу полицияның миына кіріп шықпайды. Белгісізді өлшеп, түнектің тереңін зерттеп, түпсізді барлауға кімнің батылы барсын? Оның атының өзі-ақ үрей шақырады. Дегенмен, соны барлауға бел буған адам табылды. Сорбұлақтың өз Христофор Колумбы табылды.
Бірде 1805 жылы императордың Парижге соққан бір сапарында ішкі істер министрі Декле ме, әлде Крете ме, әміршінің таңертеңгі қабылдауына кіреді. Карусель алаңында ұлы Республика мен Ұлы империяның аты аңызға айналған солдаттарының жер сызған семсерлерінің шыңылы естіледі; Наполеонның есігі алдында Рейннің, Эсконың, Адидже мен Нілдің батырлары топырлап тұр; Жубер, Десе, Марсо, Гош және Клебердің ержүрек серіктері, Флерюстің әуеде жүзетіндері, Майнцтің гренадерлері, Генуяның қалқыма көпір салушылары, пирамидалар тамашалаған гусарлар, Жюно ядросының сынықтары шашыраған артиллеристер, Зюдерзее бұғазында зәкірде тұрған флотты тарпа бас сап алған кирасирлер. Олардың кейбіреулері Наполеонды Лодий көпіріне дейін ертіп барған; біреулері Мюратка Мантуи траншеяларына дейін ерген, ал енді біреулері Монтебеллоға барар жолда Ланнды басып озған. Сол заманның бүкіл армиясы мұнда жасағымен, взводымен көрініп, Императордың тыныштығын күзетіп Тюильри ауласына жиналды, бұл ұлы армияның сонау бір жарқын дәуірінде болған еді, онда Маренго артта қалып, алда Аустерлиц тұрған болатын.
— Патша ағзам! — деді Наполеонға ішкі істер министрі. — Кеше мен сіздің ұлық мәртебелі иелігіңізде ең бір жаужүрек адамды көрдім.
— Ол кім болды екен? — деп қатаң сұрады император. — Және ол не істепті?
— Ол бірдеңе ойластырып жүр, тақсыр!
— Атап айтқанда?
— Париждің суағарларын қарап шықпақ.
Төртінші тарау
БҰҒАН ДЕЙІН БЕЛГІСІЗ БҮГЕ-ШІГЕЛЕР
Қарап шықты да. Мұның өзі ауыр жорық болды; кеселмен және тыныс тарылтқан буланумен түнгі саяхат-шайқас оңай соққан жоқ. Сонымен қатар саяхат жаңалықтарға бай болды. Барлауға қатысушылардың бірі, байсалды жұмысшы, ол тұста бозбала болған азамат бұдан тіпті бірнеше жыл бұрын айтқан еді. Брюнзо полиция префектіне жолдаған баянхатында кейбір қызықты жайларды баяндай отырып, кейбіреулерді әкімшілік стильге лайық емес деп, орнынан түсіру қажет деп санаған. Ол тұста зарарлы кеселді жұқтырмаудың тәсілі жабайы болған ғой. Брюнзо жерасты каналдарының алғашқы тармақтануынан өте салысымен-ақ жиырма жұмысшының сегізі әрі қарай жүруден бас тартты. Жұмыс шынында күрделі еді, қарау үшін жолды тазалап отыру қажет болды, әрі тазартып, әрі өлшеуге тура келді, ағыстардың тесіктерін белгілеп, тортемірлер мен бақылау құдықтарын санау, тармақтанатын орындарды анықтау, жаңа арналардың қосылар нүктесін көрсету, жерасты су қоймаларының көрінуін жоспарда белгілеу, басты каналдың кішігірім салаларының тереңдігін өлшеу, әрбір бүйірдегі каналдың күмбездің кілтіне дейінгі биіктігі мен күмбездің дөңгеленуінен бастап қабырғалардың негізіне дейінгі жердің енін есептеп шығару, ақыр аяғында басты суағарға мейлі бүйірдегі арналардан, мейлі әскер үстінен болсын ағып келіп құйып жатқан судың деңгейін анықтау керек еді. Алға жылжу ауыр соқты. Төмен түсірген саты қалыңдығы кейде үш фут сазға тап келеді. Улы будан фонарьлардың жарығы әрең жылтырайды. Оның үстіне есінен танып қалған жұмысшыларды сыртқа шығару керек болды. Кейбір жерде ойда жоқта құлама жар кездесіп қалды. Топырақ шөгіп, тас төсеніш жарылып, суағар түпсіз құдыққа айналып, табан тірер жер табылмай қинады; Брюнзоның жолдастарының бірі сондай жарықтардың біріне түсіп кетіп, оны әрең алып шықты. Әжептәуір залалсыз жерлерде химик Фуркруаның ақылымен, өткелден өткелге дейін қара майға малынып, таяқтың ұшына байланған пілтелерді жақты. Қабырғалар әр-әр жерде ісікке ұқсас ұсқынсыз саңырауқұлақтардан көрінбейді, ондай жерде тастардың өзі ауру сияқты көрінеді, тыныс алудың өзі қиын.
Брюнзо өз ізденістерінде күллі жерасты каналын бастау басынан сағасына дейін зерттеп шықты. Үлкен бажылдақ деген жерде екі суағар бөлінетін тұста ол тасқа қашап жазылған "1550" деген датаны оқыды; бұл тас Генрих ІІ-нің Париждің жерасты үйіндісін қарап шығуды тапсырған Филибер Делормның шекарасын көрсетіп тұр. Клоакада XVI ғасырдың мөрі бар. Брюнзо Понсо суағары мен Ескі Тампль көшесіндегі суағардан XVII ғасырдың жұмысын таныды, екеуінің үстінен тартылған күмбез 1600 бен 1650 жылдардың аралығында салынған; XVIII ғасырдың жұмысы канал-коллектордың батыс секциясы, оны жауып тұрған күмбез 1740 жылы тұрғызылған. Бұл екі күмбездің екеуі де, әсіресе онша ескі деуге келмейтін 1740 жылы салынғаны 1412 жылы қаланған айналмалы суағардың тас қабырғасына қарағанда күшті жарылып, құлап жатыр. Бұл Менильмонтаннан шыққан бұлақ суының жылғасын Париждің Бас клоакасының мәртебесіне көтерген жыл болатын — бұдан көтере берсе қарапайым шаруа корольдің камердинері шеніне ие болып Жан — ақымақ Левельге айналар еді.
Бірнеше жерде, әсіресе Әділ сот сарайының астынан тура суағардың үстінен қазылған көнедегі зындан сияқты бірдеңе шықты. Бұл in pake! Ып-рас болғаны анық. Осындай құжыралардың бірінде темір бұғау ілулі қалыпты. Олардың бәрі сол заматта бітеліп, сылап тасталды. Табылған олжалардың арасында өте-мөте оғашы да болды, солардың бірі орангутангтің сүйегі, ол бейшара 1800 жылы зоологиялық бақтан қашып кеткен еді; XIX ғасырдың ең соңғы жылы Бернардиндіктер көшесінде жұрт көріп шошып жүрген қара шайтан осы болса керек. Сорлы соңғы өмірін сорбұлақ суына кетіп тәмамдапты ғой.
Арш-Марионға жанасқан ұзын күмбезді дәлізден білгірлерді таңдандырған шүберек сатушының жап-жақсы сақталған себеті табылды. Жұмысшылар жан ұшырып жігерлене аударыстырған жабысқақ саздың бар жерімен көптеген бағалы заттар, алтын, күміс әшекейлер, асыл тастар, мыс теңгелер табылды. Егер бір алып келіп сорбұлақты сілкіп елесе, оның елегінен талай ғасырдың қазынасы шығар еді. Тампль көшесі мен Сент-Авуа көшесінің қиылысындағы суағарда гугеноттардың мыс медалі тауып алынды, оның бір жағында кардинал қалпағын киген шошқа да, екінші жағында папа жалбағайын жамылған қасқыр бейнеленген.
Ең бір қайран қаларлық олжа бас сорбұлаққа кірер жерден табылды. Бұрынғы заманда кірер ауыз тортемірмен қоршалған болатын. Енді оны ұстатқан ілгегі ғана қалыпты. Сол ілгектердің біріне, шамасы, тасқын айдап әкелген болуы керек, матаның әбден тозған, қан қатқан қиқымы ілініп қалыпты. Сол шүберекті жақсылап көру үшін Брюнзо фонарын жақындатты. Ол жұқа бәтестің пұшпағы екен, жыртылған, бірақ басқаларынан дұрыс сақталған бір бұрышында ЛОБЕСП деген алты әріптің үстіне геральдикалық тәждің бейнесі кестеленіпті. Тәж маркиздікі боп шықты, ал алты әріп Лобеспин дегенді білдіреді екен. Қызық қылғанда олардың көз алдындағы қиқым Марат кебінің бір пұшпағы болып шықты. Жас кезінде Мараттың махаббат хикаялары да болған. Олар оның граф д'Артуаның сарайында ат қораның дәрігері болып істеген кезіне қатысты. Бекзаттың бір бикемен ашыналық байланысынан осы алжапқыш қалса керек, оны келіншектен не сыйға алған, не өзінде ұмыт қалған да болуы. Марат қайтыс болғаннан кейін оны орап шығарарлық ақ дегеннен үйінен табылғаны осы жұқа алжапқыш ғана. Кемпірлер халықтың қатыгез досын осы ләззат жөргегіне ақырет етіп орап шығарған. Брюнзо жанынан өтті де, оны қозғамады. Жыртылған қиқым сол ілгекке ілінген қалпында қалды. Бұл Маратты жек көргендіктен бе, әлде құрметтегендіктен бе екен, о жағы белгісіз. Ал ол екеуіне де лайық қайраткер болатын. Айтқандай, бұл арада оны ұғыну үшін тағдыр табы тым айқын тәрізді. Оның үстіне қабір дүниесін олардың жатқан жерінен қозғамаған абзал. Әйткенмен де бұл айрықша жәдігерлік еді. Онда маркиза ұйықтаған, онда Марат түлеген, ол Пантеон арқылы жерасты каналының егеуқұйрықтарына жем болу үшін осында түскен. Кезінде Ватто сондай сұлулықпен суреттелуге тиіс жатынжай матасының қиқымы Дантенің қадала қарауына жарады емес пе.
Жер асты кір-қоқыр үйінділерінің бәрін мұқият қарап шығу Парижде табандатқан жеті жылға созылды. 1805 жылы басталып, 1812 жылы аяқталды. Алға жылжи отырып Брюнзо сонымен бірге аса маңызды топырақ тегістеу жұмысын да тындырды: 1808 жылы ол Понсо суағарының түбін тесіп, барлық жерде жаңа желілер тарта отырып, 1809 жылы Сен-Дени көшесінің астындағы суағар арнаны Инносан субұрқағына дейін созды, 1810 жылы Фруаманто мен Сальпетриер көшелерінің астынан суағар қазды, сондай жұмыстарды ол 1811 жылы — Жаңа Кіші Августин көшесінен, Майль, Эшарп көшелерінің, Король алаңының, 1812 жылы Бейбітшілік пен Шоссе д'Антен көшелерінің астында да жүргізді. Оған қоса бүкіл желіні дезинфекциялап, тазарту жұмыстарына да жетекшілік етті. Жұмыстың екінші жылы ол көмекші етіп өзінің күйеу баласы Наргоны алды.
Міне, осылай үстіміздегі ғасырдың басында қоғам өзінің қос шыңырау түбін күреп, тазалап, жерасты каналдарын, яғни қаланың асқазан қабыршақтарын тәртіпке келтірді. Қалай болғанмен де біраз кір тазаланды.
Бұралаңы көп, қабырғалары жарылған, соғылған, ойылған, шұңқыр-шұңқыр, табаны ойқыл-шойқыл, бір көтеріліп, бір түсіп мезі қылатын, бұрылыстары үрей шақырып, сасық иісі мұрын жаратын, қараңғы, қапас, тас плиталардың бәрі қожыр-қожыр, сұмдық жабайы көрінетін көрдей түнек дәліз — ежелгі Париж сорбұлағының сиқы дәл осындай болатын. Оған түссең, жан-жағының бәрі құлаған, дәліздері қиқы-жиқы, тармақтары қаздың табанындай, қоқыс сақтайтын тұндырғыш тәрізді сасық, соқыр ішектің өскініне ұқсас тұйықтар, селитра сіңген күмбездер, төбеден тамған тамшылар, қабырғалардағы дымқыл жылбысқы қыналар, айнала бір қара түнек ұшыратарың. Қорқыныштылығы жағынан осы бір ежелгі табыт-тазартқышқа, Вавилонның осы бір ас қорытар ішек-қарнына, көшелер үстінен айқыш-ұйқыш кесіп өтетін осы бір үңгірге, түпсіз шұңқырға, осы бір дағарадай көртышқан ініне ештеңе де теңесе алмас еді, соның белгісіндей сасық қалдықтардың арасында өткеннің көзіндей бір үп-үлкен соқыр көртышқан жүр.
Қайталап айтсақ, өткен заманның жерасты каналы, яғни сорбұлақ-клоакасы осындай болған.
Бесінші тарау
ҚАЗІРГІ ПРОГРЕСС
Біздің кезімізде сорбұлақ дегеніңіз тап-тұйнақтай, жинақы, түп-түзу, мұнтаздай таза. Ол Англияда "респектабельді" деген сөзбен бейнеленген мұраттың өзін кейіптейді. Оның ұсқыны тәп-тәуір, сұр түсті, сымдай тартылған, бейнелеп айтуға келсе, ине-жіптен жаңа шыққандай киінген. Ол саудагерден құпия кеңесшіге ауысқан адам сияқты. Онда қазір мүлдем жарық. Қазір онда кір-қоқыстың өзі қоразданып тұрады. Алғашқы көргенде оны жерасты жолдарының бірі деп қабылдауға болады, ал бұрындары "халық өз патшаларын сондай қастер тұтқан" бағзы заманда мұндай жолдар тақтан тайдырылған монархтар мен принцтердің жасырын қашуына жақсы болған. Қазіргі клоака тіпті әдемі де, онда стиль тазалығы үстемдік етеді. Поэзиядан қуылып, сәулет өнеріне кеп табан тіреген шын мәніндегі классикалық тік желілі александриялық стиль онда ақшыл, күңгірт, ұзынша күмбездің әр тасынан байқалды, әрбір суағар арна арқада боп көрінеді — Риволи көшесінің архитектурасы сорбұлақ қойнауына да өз табын басқан. Оның үстіне геометриялық желілер бәз-бір жерге ыңғайлы болса, сәл осы қаланың кір-қоқысын шығаратын жерасты каналдарына қолайлы-ақ. Онда бәрі де қысқа қашықтыққа екшеп, өлшенуі керек. Қазіргі күніміздің сорбұлағы ресми реңк алды. Тіпті полиция есептерінің өзінде де ол құрметпен еске алынады. Әкімшілік тілі оған мәртебелі де сыпайы реңк береді. Бұрын ішек атанған нәрсе қазір галерея, жыртық-жыра дегендер бақылау құдығы аталатын болды. Вийон тіріліп келсе, өзінің түнгі тұрағын қазір танымас еді. Рас, жерастының осы бір бытысқан желісі бүгінде қай кездегіден де артық кеміргіштер мекені болып отыр, олар мұнда атам заманнан бері бар еді, қазір құтырып, құжынап кетті, кейде мұртты егеуқұйрықтың бушықтан басын қылтитып париждіктерге қарап отыратыны да бар; бұл сұмдардың жерасты сарайына разылығы сондай, бара-бара қолға үйреніп ала ма деп те қорқасың. Сорбұлақ бағзы замандағы жабайы ұсқынынан мүлдем өзгерді. Кейде суағарларды ластап кететін жаңбыр енді оны жуып-шаятын болды. Алайда оған сене беруге де болмайды. Буланудың да зияны барын ұмытпаңыздар. Сорбұлақ момыннан гөрі монтаны. Полиция префектурасы мен санитарлық комиссиялар босқа әуре боп жүр. Тазартудың күллі амал-айласынан тыс, клоака уағыздаудан кейінгі Тартюф құсап күмәнді бір иіс шығарады.
Қалай болғанмен де, шөп-шалам, шаң-тозаңды сыпыра отырып, сорбұлақ өркениет қызметін көрсетеді, бұл тұрғыдан алғанда, Тартюфтің ар-ұяты Авгийдің атқорасына қарағанда үлкен прогресс, олай болса, Париждің жерасты каналдары, сөз жоқ, жетіліп келе жатқанын мойындамасқа болмайды.
Бұл прогрестен де зор; бұл ертедегі сорбұлақтың біздің заманның жерасты каналдарына айналуы. Оның тарихында, демек, төңкеріс болды. Ал бұл төңкерісті кім жасады?
Ол жұрттың бәрі ұмытқан, біз енді ғана атын атап отырған кісіміз — Брюнзо.
Алтыншы тарау
БОЛАШАҚТАҒЫ ПРОГРЕСС
Париждің суағарларын қазу оңай міндет болған жоқ. Он ғасыр бойы, тіпті күні бүгінге дейін бұл жұмыс, әлі толық салынып бітпеген париждің өзі сияқты, жеріне жеткен жоқ. Шын мәнінде сол сорбұлақтан Париждің күллі өсу сатылары көрінеді. Бұл мыңдаған сезім мүшелері бар жерастының күңгірт жабысқағы тереңде жоғарыдағы қаламен бірге өсе береді. Қашанда қала жаңа көше тартқан сайын ол да жаңа сирағын созады. Көне әулеттің тұсында небары жиырма үш мың үш жүз метр жерасты каналы тартылыпты — бұл Парижде 1806 жылғы 1 қаңтарға дейін болған жағдай. Сол дәуірден бастап жұмыс қайта қолға алынып, жігерлі де табысты жалғасты, оған кейінірек ораламыз. Наполеон төрт мың сегіз жүз төрт метр суағар құбыр тартқызды, бұл көңіл қоярлықтай сан, Людовик XVIII — бес мың жеті жүз тоғыз, Карл X — он мың сегіз жүз отыз алты, Луи-Филипп — сексен тоғыз мың жиырма, 1848 жылы республика жиырма үш мың үш жүз сексен бір, ал қазіргі үкімет жетпіс мың бес жүз метр су құбырын жүргізді. Қазіргі кезге дейін барлығы екі жүз жиырма алты мың алты жүз он метр суағар құбырлар төселді — міне, Париждің құрсағы осындай ұлан-ғайыр. Көзге көрінбейтін сұмдық бұтақты өсімдік, ұдайы ұлғайып көзге көрінбей өсетін алып құрылыс.
Сонымен, біздің кезімізде Париждің жерасты шырғалаңы осы ғасырдың басындағыдан он еседен де астам өсті. Сорбұлақты қазіргі қол жеткендей деңгейде жуық мәнінде жетілдіру үшін қанша табандылық пен күш-жігер қажет болғанын көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Бұрынғы қалалық корольдік ведомстволар XVIII ғасырдың соңғы он жылдығында және революциялық мэрия 1806 жылға дейін жұмыс істеп келген бес миль суағарды көп қиындықпен бұрғылап бітірді. Бұл қарекет мүмкін болған қиындықтардың бәрін тұсады; олардың бірі топырақтың ерекшелігіне байланысты болса, екіншісі Париждің жұмысшы адамдарының арасында орын тепкен ескі наным-сенімдерге қатысты еді. Париж, бір ғажабы, кетпен мен күрекке, қайла мен бұрғыға, адам қолына оңай көне қоймайтын жерден бой көтерген. Париж атты таңғажайып тарихи формация жатқан геологиялық қыртысты тесіп бұрғылаудан қиын ештеңе жоқ екен; тек адам ғана бәз-бір тәсілмен сол салынды қатпарға үңгіп тереңдей алады, соның өзінде де алдына жасырынып жатқан қисапсыз көп кедергілер кездеседі. Олар бірде сұйық глинозем, бірде жерасты қайнары, бірде қатты тау жынысы, бірде жабысқақ, жылбысқы тұнба лай (кәсіби тілде оны қыш атайды) болып келеді. Топырақтың жіңішке тамырларымен алмасып отыратын әкке, арасына тарихтан бұрынғы мұхиттардың замандасы ұлудың қабыршағы шашыраған жанғыш тақтатастар қабатына қайла әрең өтеді. Кейде салынып бітпеген күмбездерді тесіп бұлақ суы атқылайды да, жұмысшыларды қарық қылады, кейде топырақ көшкіні өзіне жол салып алып төмен қарай сарқыраманың суындай құлайды да әйнектерді ғана емес, таяныш жуан бөренелердің өзін қиратып кетеді. Осы таяуда ғана Вильетада Сен-Мартен каналының астынан суағар жасағанда, навигацияны тоқтатпай, арнаны кептірмеудің салдарынан каналдың табанында аяқ астынан жарық пайда болып, су жерасты шахтасына лап берсін кеп, суды сорып төгетін сораптар дәрменсіз болып қалды, амалсыз сүңгуір маман іздеуге тура келді, ол каналдың сағасынан саңлауды тауып әупіріммен бітеді. Бұдан тыс Сенаның жағасында, өзеннен недәуір жырақ жатқан, мәселен, Бельвилде, Үлкен көше мен Люньер пассажының астында сусыма құм кездесті, ол ұйық сияқты адамды көз алдында сорып, жұтып жібереді. Оған тыныс тарылтып тұншықтыратын булануды, тірідей көметін көшкіндер мен кездейсоқ опырып құлауды қосыңыз. Сондай-ақ жерасты жылғаларында жұмыс істейтіндер ерте ме, кеш пе сөзсіз шалдығатын шірік безгекті қосыңыз. Жақында ғана бұл жұмысқа Монно жетекшілік еткен еді. Ол Клиши жерасты жолын қазды, он метр тереңдікте траншеяда жұмыс істеп, Урк бас құбырынан келетін суды қабылдайтын науалар жасады; қазған шұңқырлардың көмегімен көшкінге қарсы күресе отырып, көбіне шіріген топырақта, тіреуіш ашаларды сақтап, Бьевра тармағын Госпиталь бульварынан Сенаның өзіне дейін күмбезбен жапты; Парижден Монмартрдан келетін судың тасқынын алып кету және Азапкерлер заставасындағы он гектар алаңның ағынды шалшығын түсіру үшін ол Ақ заставасына Обервилье жолына дейін суағарлардың ұзын желісін тартты, төрт ай бойы күні-түні он бір метр тереңдікте жұмыс істеді; бұл енді құлақ естімеген керемет, ол судан кейін де ашық траншеясыз алты метр жерастында Бардю-Бек көшесінің суағарын жасап, ақыры өліп кетті. Оның ізімен қаланың бүкіл аудандарына үш мың метр суағарларды күмбезбен жауып, Траверсьер Сент-Антуан көшесінен Лурсин көшесіне дейін өздігінен атылатын көшенің астындағы бүйірдегі канал арқылы Садақа көшесі мен Муфтар көшесінің қиылысын алып кететін жаңбыр суын түсіріп, одан әрі сусыма құм су астындағы іргетасын тас пен бетоннан қалап Сен-Жорж суағарын жасап, сосын Назарет Құдай-ана көшесінің астындағы суағар тармақтардың табанын төмендету жөніндегі қауіпті жұмыстар жүргізіп инженер Дюло да өліп кетті. Бізде бұл тентек ерліктер туралы хабарлар жарияламайды, олар ғой майдан алаңындағы қырқыстан әлдеқайда көп пайда келтіреді.
1832 жылы Париж сорбұлағы қазіргісінен мүлдем өзгеше. Брюнзо іске алғашқы серпін берді, алайда қала билігі суағарларды түбірімен қайта құру үшін тырысқақ ауруының шығуы қажет болды. Бір ғажабы, бірақ бұл 1821 жыл болатын, Үлкен канал аталатын аймақтық суағардың бір бөлігіндегі шіріген сасық лай батпақ Гурд көшесінің бойында Венециядағыдай ашық аспан астында жатты. Тек 1823 жылы ғана Париж қаласы қалтасын ақтарып, бұл масқараны бүркеу үшін екі жүз алпыс алты мың сексен франк алты сантим ақша тапты. Шайқас, Жыра және Сен-Мандэ көшелерінде суағар науалармен, соратын құбырлармен, тазарту тармақтары бар тұндырғыштармен жабдықталған үш суағар құдық тек 1838 жылы ғана жарақтанды. Париждің ішек-қарын жолы жаңадан қайта құрылып, алдында айтқанымыздай он еседен астам өсті.
Бұдан отыз жыл бұрын қарулы көтеріліс күндері 5-6 маусымда клоака өзінің бұрынғы түрін сақтаған-ды. Көптеген көшелерді қазіргі томпайған көше табандарының орнында малта тастардан төселген көшелер болатын. Көшелердің еңісі әкелген ең төменгі нүктеде төртбұрышты жуан сым темірлерден жасалған тортемірлер жатыр, өткен-кеткеннің аяғымен қажалып жалтырап тұрған олар тайғанақ, күймелер үшін қауіпті, ат та тайып жығылып та жүрді. Жол ведомствосының ресми тілінде оларға cassis (қақпан) деген әдемі ат берілген. 1832 жылдың өзінде көптеген көшелерде, мәселен, Жұлдыз көшесінде, Сен-Луи, Тампль, Ескі Тампль, Назарет Құдай-анасы, Гүл жағалауы, Фоли-Мерикур, Кіші Тоқалбұғы, Нормандия, Бұғы көпірі, Маре, Жеңімпаз-құдай ана көшелерінде, Сен-Мартен, Монмартр кенттерінде, Гранж-Бательер, Жакоб, Турнон көшелерінде, Елисей алқабында ескі ортағасырлық клоака екіжүзділікпен аранын ашып, азуын көрсетті. Бұл жердің орасан зор үңірейген жыртығы өңделмеген тастармен қоршалып, кей тұсына ұялмай жәшіктерді де қалап қойған.
Париж суағарлары 1806 жылы 1663 жылғы мамырда анықталған бес мың үш жүз жиырма сегіз туаз ұзындығынан онша аса қойған жоқ еді. 1832 жылы Брюнодан кейін олар қырық мың үш жүз метрге жетті. 1806 жылдан 1831 жылға дейін жыл сайын жеті жүз елу метр суағар құбырлар тартылып отырды; содан бері әрбір жыл сайын сегіз мыңнан он мың метрге дейін бетон табанды, гидравликалық әк ерітіндісімен нығайтылған қиыршық тастардан жерасты туннельдері жасақталды. Әр метрге екі жүз франктен есептегенде осы заманғы Париждің алпыс миль суағар құбырлары оған қырық сегіз миллионға түсті.
Біз атап өткеннен басқа экономикалық прогрестің ең басында Париж жерасты каналдарының елеулі мәселелері мен қоғамдық гигиенаның мәселелері болды.
Париж су жамылғысы және әуе жамылғысы сияқты екі қабаттың арасында жатыр. Су жамылғысы жер астында недәуір тереңде болғанымен бұрғылау арқылы екі мәрте зерттелді, су бор қабаты мен юра дәуірінің әк тасы арасындағы жасыл құмдақ қабатында жатыр. Бұл қабатты дөңгелек есебінде алсаң, оның радиусы жиырма бес миль болып шығады: оған көптеген өзендер мен жылғалар келіп сарқады; Гренель құдығынан алған бір стакан судан сіз Сена, Марна, Ионна, Уаза, Эна, Шер, Вьена және Луара өзендерінің тұтас алғандағы суын ішесіз. Су жамылғысы шипалы, ол алдымен аспанда жасақталады, сосын жер қойнауында тазартылады. Әуедегі жамылғы зиянды, өйткені ол шірік буларды бойына сіңіреді. Сорбұлақтың күллі иіс-қоңысы ауаға жайылады, қала сонымен дем алады, сондықтан да оның тынысы сау емес. Қи үйіндісінің үстінен байқауға алынған ауаның Париж аспанындағы ауадан әлдеқайда таза екенін ғылым дәлелдеп берді. Прогресс табыстарының арқасында, ғылыми және техникалық жетістіктердің көмегімен су жамылғысының әуе жамылғысын тазартуға жәрдемдесетін, басқаша айтқанда суағарларды жууға көмектесетін уақыт та туады. Баршаға белгілі біз суағарларды жуу дегенде кір-қоңысты жерге сіңіріп, топырақты түлетуді, алқаптарды тыңайтуды айтып отырмыз. Бұл қарадүрсін шараның арнасында қажеттілікті жеңілдетіп, бүкіл халық үшін денсаулықты нығайту жатыр. Қазір Париждің аурулары төңірегіндегі елу миль қашықтыққа тарайды, бұл оба доңғалағының мұрындығы — Лувр.
Міне, он ғасырдан бері Париждің жаман ауруы — сорбұлақ болып келеді деп айта алар едік. Сарқынды сулар — қала жанындағы у. Халық сенімі бұл жөнінен ешқашан алданған емес. Алтын зергерінің кәсібі бағзы заманда халық арасында сондай қатерлі әрі жексұрын болып саналған, жаналғыштың кәсібіндей жиіркеніш туғызып, тіпті жендетке де тапсырылған. Тек көп ақша үшін ғана тасқалаушы бұл сасық орға түсуге келіскен, жер қазушы ұзақ толғаныстан кейін ғана оған өз сатысын түсіріп, "сарқынды орға түсу — қазылған көрге түсу" деген мәтелді еске алған. Алдында айтқанымыздай, осынау түпсіз орды зарарлы, үрей ұялатар аңыздар қаумалап жүр, шынында да, геологиялық дәуірлер мен революциялық төңкерістердің табын сақтаған, күллі астан-кестең өзгерістердің, сонау топан су қаптаған кездің ұлутастарынан бастап, Мараттың ақиретінің пұшпағына дейін өткеннің барлық ізі сақталған қатерлі жерасты мекені жайында қанша айтса да аз емес.
ҮШІНШІ КІТАП
РУХ КҮШІ САҒЫН СЫНДЫРҒАН СОРЛЫЛЫҚ
Бірінші тарау
СОРБҰЛАҚ ШЫРҒАЛАҢДАРЫ
Жан Вальжан Париждің осы сорбұлағынан бір-ақ шықты.
Париж бен теңіздің тағы бір ұқсастығы — онда адам мұхит тереңіне сүңгіп жөнелетін жүзгіш сияқты із-түзсіз жойылып кетеді.
Өткел естен тандырарлық болды. Қаланың ен ортасында Жан Вальжан қаладан жасырынды, қас пен көздің арасында темір қақпаны ашып-жапты да, күндізгі жарықтан көзсіз қараңғылыққа қойып кетті, тапайдың тал түсінен түннің ортасына тап болды, у-шудан тыныштыққа шығып, құлағы маза тапты, дауыл мен құйыннан табыттың үнсіздігіне топ ете қалды, тағдырдың таңғажайып бұрылысына орай Полонсо көшесіндегі сөзсіз ажалдан құтылып, толық қауіпсіздік тапты.
Кенет жерастына түсіп кетіп, Париждің құпия қордасында бой тасалау, ажал көшені әзір өмір нышаны өшпеген табытқа айырбастау — керемет бір тылсым сәт болды. Ол көпке дейін құлағы бітіп есеңгірегендей алақтап тың тыңдады. Оның аяғы астынан ойламаған жерде жан сауғалар ор пайда болды. Аспан мейірімі түсіп алдамшы жолмен болса да арашалап қалды. Құдіреттің өзі әзірлеген киелі тұзақ осындай-ақ болар!
Осы екі ортада жаралы ешбір қимыл танытпай қалды. Жан Вальжан тірі адамды не өлі адамды алып шыққанын білмей, мынау молаға кімді әкелгенін айыра алмай дал болды.
Оның алғашқы түйсігі көз түрткісіз көрмейтін соқырлық секілденді. Көзі кенет көрмей қалды. Ол құлағым да бірден естімей қалған шығар деп ойлады. Шынында да ештеңе естімеді. Қырғын ұрыстың алапат құйыны төбесінде бірнеше фут қалыңдықта ұйтқып жатқанымен, оның арсыл-гүрсілі, тарсыл-тұрсылы түсініп болмас бір көмескі гуіл болып қана естілді. Кенет ол аяғының астынан қатты топырақты сезді — есін замат жинап алу үшін осының өзі-ақ жетті. Әуелі бір қолын, сосын екіншісін созып, қабырғаға тап болды да, тар дәлізде тұрғанын білді, аяғы тайып кетіп, тас еденге су құйылғанын сезді. Абайлап бір аяғымен ғана ілгері басты, бәз-бір орға не құдыққа, болмаса түпсіз шұңқырға түсіп кетемін бе деп қорықты, дегенмен тас еденнің әрі қарай созылатынына көз жеткізді. Қолқасын сасық иіс қапқан соң ол қайда екенін бірден білді.
Бірнеше секөнттен соң көзі де айықты. Бақылау құдықтарының бұтақтары арқылы түскен болмашы сәулені ажыратты, қайда екенін білген оң көзі де қараңғылыққа үйреніп кетті. Айналасындағыларды аздап айыра бастады. Ол өзін жерлеген (басқа сөзбен қазіргі жағдайын айту мүмкін де емес қой) жерасты жолы арт жағынан сылап бекітіп тасталған тұйықтардың бірі болатын, оны кәсіби тілде "тұйық тармақ" атайды. Ал оны кесе көлденеңдеп басқа бір қабырға тұрды — бұл түнгі түнек қабырғасы еді. Жан Вальжаннан он екі қадам жерде суағардың дымқыл қабырғасын бірнеше метр бойы ғана бозамық жарығымен көрсетіп, бушықтардан түсіп тұрған сәуле өшіп қалды. Одан әрі қараңғы түнек, оған қадам басу қорқынышты болды, бәз-бір мәңгілік жұтып қоятын тәрізді. Алайда осы түнек арқылы қайтсе де өту керек. Жан Вальжанның басына тағы да бір ой келді, ол малта тастардың арасынан тапқан тортемірді солдаттар да көруі кәдік, бәрі де кездейсоқтыққа байланысты боп тұр ғой. Солдаттар да мұны іздеуі мүмкін. Сондықтан бір минөтті зая жібермеу шарт. Мариусті жерге қойып ол қайта көтеріп алды да, иығына салып жолын әрі жалғастырды. Қараңғыда ол енді батыл қадам басты.
Жан Вальжанның ойынша, оларға құтылудың ауылы әлі алыс еді. Оларды тегі мүлдем басқа қатерлер күтіп тұруы кәдік. Ұрыстың жалын шашқан құйынын — қолаңса сасық иіс қолқаны қапқан, үңгір кеңістікті сорбұлақ алмастырды. Тозақтың бір шеңберінен Жан Вальжан екіншісіне түсті.
Жүз қадамдай жүріп ол тоқтауға мәжбүр болды. Оның алдынан басқа мәселе шықты. Жерасты дәлізін кесе көлденеңдеген екінші біреуі кездесті. Осы арадан екі жол айырылды. Қайсына түсу керек? Оңға бұрылу керек пе, әлде солға ма? Қап-қараңғы түнекте қайсысын таңдау керек? Жоғарыда біз атап өткен бұл дәлізде бір ғана жол нұсқар арқау — еңіс болатұғын. Еңіспен жылжи беру өзенге шығу деген сөз еді.
Жан Вальжан мұны бірден түсінді.
Ол шамасы Орталық базар суағарында тұрмын деп ойлады; сол жақтағы жолды таңдап еңіспен тарта берсе, ширек сағаттың шамасында Айырбас пен Жаңа көпірлердің аралығынан Сенаға шығатын бір тесікке жетермін деп шешті, бірақ тапайдың тал түсінде Париждің құжынаған кісісі көп ауданынан көріну қалай болар екен? Бәлкім бұл жол бәз-бір қиылыстағы барлау құдығына алып барар. Жер астынан қан-жоса боп шыға келген жаралы екі адамды көргенде өткен-кеткеннің қалай шошып кететінін көз алдына келтірді. Таяудағы қарауыл күзетінен полицияның қару асынып жетіп келуі әбден мүмкін. Сөйтіп, бұларды жер бетіне шықпай жатып ұстап алады ғой. Ең дұрысы дәліздің меңіреу түкпіріне сүңгіп, қараңғылық түсуін күту, қалғанын жазмыштың жазуынан көру керек.
Ол оң жақпен жоғары қарай көтеріле бастады.
Аралықтағы қысаң жолдан бұрылғанда бушықтан түсіп тұрған болмашы жарық та жойылып, қара түнек қайта орнап, қайтадан басыр болды да қалды. Бұл оның хал-қадерінше тезірек ілгері жылжуына бөгет жасаған жоқ. Мариустің екі қолы оның мойынын орап алға салбырап, екі аяғы арқасында жатыр еді. Сондықтан ол бір қолымен қабырғаларды сипалап келеді. Мариустің беті бетіне тиіп, қан болған соң жабысып қалғандай. Ол Мариустің жарасынан жылымшылап аққан жылы қан мұның да денесіне тиіп, киіміне сіңіп жатқанын сезеді. Алайда жаралының аузынан шыққан дымқыл жылы леп құлағына тиіп, Мариустің демі барын, демек тірі екенін білдіреді. Жан Вальжан бұрылған дәліз бұрынғыдан кеңірек сияқты. Жүру әжептәуір ауырлады. Кешегі нөсерден қалған су өзінше жылға жасап суағардың ортасымен ағып, оған түсіп кетпес үшін Жан Вальжанның қабырға жағалап жүруіне тура келді. Ол жерасты шахталарының түнегінде сипалап жүріп қозғалып күнелтетін түн баласына ұқсады.
Соған қарамастан алыстағы бушықтан әлсіз бозамық сәуле жеткендіктен бе; әлде қараңғыға көзі әбден үйренгендіктен бе, Жан Вальжан қайта көріп, бірде иығы тиіп келе жатқан қабырғаны, бірде астымен келе жатқан күмбезді жанары шалып қалатын сияқты. Қараңғыда көздің қарашығы үлкейіп, ақыр соңында өзіне ұқсас жарықты көретіні бар, ол да қайғыда ұлғайып, құдайын танитын жан сияқты.
Жол таңдау барған сайын қиындай түсті.
Суағар құбырлардың бағыты үстіндегі көше бағытын айнытпай көрсетеді. Ол тұста Парижде екі мың екі жүз көше болатын. Солардың астындағы бұтақтар бытысқан сорбұлақ аталатын қараңғы қалың жынысты көз алдыңа елестетіп көр. Ол жылдары қолда бар суағарларды ұзыннан созып көрсе он бір мильге жетер еді. Соңғы отыз жылдың ішінде атқарылған жерасты жұмыстарының арқасында бұл желінің ұзындығы қазір ең кемі алпыс миль.
Жан Вальжан әу баста-ақ қателесті. Ол Сен-Дени көшесінің астындамыз деп ойлаған еді, өкінішке орай олай болмай шықты. Сен-Дени көшесінің астында Людовик XIII заманындағы ежелгі тас суағар бар, ол тура Бас сорбұлақ аталатын канал-коллекторға, бұрынғы Ғажайыптар ауласының деңгейінде бір ғана бұрылып, Сен-Мартен көшесінің астындағы айқыш-ұйқыш тармақтарға бір ғана соғып басты арнаға алып барады. "Коринф" ләйліханасының маңынан шығар тесігі бар. Сен-Дени көшесінің астындағы жерасты арнасына келсек, ол Монмартр сорбұлағына құяды. Жан Бальжан тура сол арадан шығып тұр. Бұл арадан адасу оңай. Монмартр сорбұлағы ескі желінің ең бір бытысқан жері. Бақытына қарай, Жан Вальжан жоспардағы сипаты кеме құрал-саймандарының тұтас орманын еске түсіретін базарлар суағарларын айналып өтті, алайда әлі талай қауіптер, талай көше қиылыстары сұрақ белгісі болып адырайып алда тұр. Біріншіден, сол жақта далиып Платриер сорбұлағы жатыр, бұл нағыз қытай басқатырғышының өзі, оның айқыш-ұйқыш шытырман суағарлары Т және Z әріптері түрінде Пошта басқармасы мен Астық базарының астымен өтіп, Сенаның өзіне дейін жетіп Ү қарпі құсап аяқталады. Екіншіден, оң жақта Сағат көшесінің шеңгелге ұқсас үш тұйықты иілген туннелі бар. Үшіншіден, тағы да сол жақта — Майль көшесінің астындағы тармақ бірден тарам-тарам бөлініп, ирелеңдеп барып Луврдың астындағы бар бағытқа тарайтын үлкен жерасты тұндырғышына барып құяды. Ақыр соңында, соңғы бұрылыстан кейін оң жақта ұсақ-түйек тұйық көшелерді қоспағанда Ауыз бекіткендер көшесінің астындағы саңылаусыз тұйық тағы тұр, олардан аққандардың бәрі айналма каналға барып құяды, демек, сол ғана оны бір шалғайлау шығар ауызға жеткізіп, қауіпсіз орынға түсірер.
Осының бәрінен Жан Вальжанның аз-маз түсінігі болса, ол қабырғаны сипап жіберіп, Сен-Дени көшесінің жерасты қысаң жолында емес екенін бірден түсінер еді. Бұрынғы қырналған ескі тастардың, тіпті сорбұлақтың өзінде айбынын сақтаған архитектураның, бір туазаның құны сегіз жүз ливр еден мен қабырғаға қаланып, әк тас ерітіндісімен ұстастырылған граниттің орнына, ол осы заманғы арзан, экономикалық тұрғыдан үнемді буржуаның құрылыс материалдарын, бір метрінің құны екі жүз франк гидравликалық ерітіндіден құйылған бетонды сипап келе жатқанын білген жоқ.
Жан Вальжан мұның бірін де білмей, ештеңе де көрмей, көкірегі алау-жалау болып, тағдырын тек Құдіреттің өзіне тапсырып, алға ғана жылжып келеді.
Аз-аздап оны үрей билей бастады. Төбесінен төнген түнек көңілін де кеулей бастады. Ешкім білмейтін тылсымды ол көзсіз кезіп келеді. Жерасты каналының желісі шытырман, ол бас айналдырар бытықы-шытықыға толы. Париждің бұл тозағына түскендерді құдай аясын. Ал Жан Вальжанға оны көрмей-білмей жол табуға тура келіп отыр. Бұл тылсымда оның шалт басқан әрбір адымы ақтық адым болуы ықтимал. Бұл тозақтан қалай шығу керек? Жол таба ала ма, және уақытында таба ала ма? Мынау жерастының алып шығанағы тас ұраларымен қаумалап алып, сыртқа шығуға мүмкіндік берер ме екен? Қараңғы түнекте бәз-бір кездейсоқтық, бәз-бір кедергі кездесіп қалмай ма? Мариус көп қан кеткеннен, ал бұл аштан өліп қалып жүрмей ме? Неғып екеуі бірдей осында өліп, сүйектері мәңгі түннің тұйығында қалмақ? Кім білсін! Ол өзіне осы сауалдарды қоюын қойғанмен жауабын таба алмады. Париждің құрсағы — түпсіз құлама құз. Ертедегі пайғамбар сияқты ол аждаһаның қарнында жатыр.
Кенет оны бір оғаштық қайран қалдырды. Алға, тек алға қарай адымдай отырып ол бұдан әрі көтеріле алмайтынын сезді; жылғаның ағынымен су енді оны аяғынан арт жақтан кеп ұрды, башмақтың басынан кеп ұрса бір сәрі ғой. Енді суағар таудан төмен сарқуға айналған екен. Неге? Неғып ол дәл қазір Сенаның жағасынан шығады? Бұл дегенің үлкен қауіп төндірмек, ал кері оралу одан да қатерлі. Неде болса, ол ілгері жылжи берді.
Алайда жол оны мүлдем Сенадан шығарған жоқ. Оң жағалаудағы Париждің екі ылдилы адырынан сарқын су екі бөктермен де еңістеп кеп Сенаға және Бас сорбұлаққа құлайды. Бұл төбенің қыр арқасы шәлкем иірім жасап, суайырық міндетін атқарады. Сарқынды сулар тармақтанып төмен құлайтын жоғары нүкте Мишель-ле-Конт көшесінің ар жағындағы Сент-Авуа сорбұлағы мен бульварлар маңындағы Лувр сорбұлағы және Орталық базар төңірегіндегі Монмартр сорбұлағы деп есептеледі. Жан Вальжан жоғары нүктеден өтті. Ол енді айналма каналға қарай түсіп келеді, осынысы дұрыс жол екенін оның өзі де білмейді.
Бұрылысқа жетіп ол дәйім бұрышты сипап көреді, бұрынғы дәліздің жаңа өткелі екенін білсе, ол соған бұрылмай, тіке тартады, өйткені тар жолдың бәрі апарып тұйыққа тірейтінін біледі, ал ол көздеген межеден тек алыстата береді, жарыққа жуыр маңда шығармайды. Сөйтіп, ол төрт мәрте тұзақтан құтылды, яғни қараңғыда алдынан қақпан етіп қойылған төрт дәлізден аман шықты.
Кенет ол Париждің күллі орамынан астым деп ойлады, оларда ғой, баррикадалар күллі көше қозғалысын тоқтатып, көтерілістен жұрттың бәрінің үрейі ұшып қия баса алмайды, сондықтан әдеттегі, жанды Париждің көшелері астына ешкім бас сұқпайды. Оның төбесінен алыстағы найзағай шатырлағанындай үздіксіз гуіл тоқтар емес. Бұл доңғалақтардың дүрсілі болды.
Есеп бойынша ол жарты сағатқа жуық жүрді, ол тіпті тоқтап, демалуды да ойламады; әлсіз, әрең ғана ажыратылатын жалқын жылтырақ аяғының астындағы тас пен төбесіндегі күмбезді бояп, оңнан да, солдан да туннельдің тайғанақ қабырғасына дірілдеп тұрып қалды. Ол таңданып жалт бұрылды.
Оның сыртында дәліздің қашықтығы қыруар жер бар шетіндегі қалың түнекті қақ жарып, тура мұның көзіне қадалып сойқан бір жұлдыз келе жатқандай көрінді.
Бұл жерасты қапасының жарығы — полиция көзі еді.
Бұл жұлдыздың ар жағында үрей шашқан ұп-ұзын, дірілдеген сегіз әлде он көлеңке көрінеді.
Екінші тарау
АЙҚЫНДАУ
6 маусым күні күндіз суағарлардан қашқындарды ұстау бұйырылды. Жерасты каналдары жеңілгендердің бас сауғалайтын жеріне айнала ма деген қауіппен полиция префекті Жискеге жерасты Парижін тінту тапсырылды, ал генерал Бюжо жерүсті Парижін тазартты; келісілген бұл екі операция да мемлекеттік биліктен қос стратегия талап етті, оны жоғарыдан — әскерлер, ал төменнен полиция жүзеге асыруға тиіс. Агенттер мен жұмысшылардың үш жасағы Париждің жерасты үйінділерін ерсілі-қарсылы сүзіп шықты, біреуі — Сенаның оң жағалауын, екіншісі сол жағалауын ұзыннан тіміскіп, үшіншісі қаланың орталық бөлегін тінтті.
Полицейлерді карабин, шоқпар, қылыш және қанжармен қаруландырды.
Әлгі сәтте Жан Вальжанға түскен жарық сәулесі оң жағаны тексеретін полиция күзетінің фонары еді.
Полиция шолғыншылары әлгінде ғана Сағат көшесінің астындағы қисық жолды үш тұйықты тінтіп шыққан. Олар фонарьмен тұйықтардың түкпір-түкпірін тіміскілеп жүргенде Жан Вальжан қысаң жолдын аузына да келіп қалған-ды, бірақ бұл бас дәлізден әлдеқайда тар екенін көріп, оған бұрылмай жанай өткен. Қысаң жолдан қайтарда полицейлерге Сағат көшесінің астынан айналма каналға қарай кетіп бара жатқан аяқ дыбысы білінгендей болды. Бұл Жан Вальжанның қадамы еді. Шолғыншылар бастығы сержант фонарын көтерді де, бүкіл жасақ шуыл шыққан бағыттағы тұманға көз тіге қалды. Жан Вальжан үшін бұл адам айтқысыз минөттер болды.
Бақытына қарай ол фонарьды анық көрді де, фонарь оған жарығын нашар түсірді. Фонарь жарық та, Жан Вальжан көлеңке болды. Ол тым алыста тұрды да, айналасындағы қараңғылықпен астасып кетті. Қабырғаға жабысып қатты да қалды ол.
Айтқандай, ол көлеңкенің ар жағынан бірдеңе қозғалып келе жатқанын қаперге ілген жоқ. Аштықтан, толқудан, ұйқысыздықтан есеңгірегендей еді. Оған бір жалын, оның төңірегіндегі қайдағы бір көлеңкелер елестеді. Олардың не екенін түсінген жоқ.
Жан Вальжан тоқтағанда шу да басылды.
Шолғыншылар тың тыңдады, бірақ ештеңе есітпеді, көздерін қадады, ештеңе көрмеді. Олар енді кеңесуге кірісті.
Ол кезде Монмартр суағарында дәл осы тұста "қызмет қиылысы" аталатын орын болатын, бертін ол шағын көлшік пайда болуына байланысты жойылып кетті, ойпанға барлық жауын суы жиналып, күшті нөсерден кейін қол тұрған-ды. Әйтпесе ол алаңға күллі жасақ сыйып кететін еді.
Жан Вальжан елестердің алқа-қотан жиналғанын көрді. Олардың бульдогтардың бет-ауызын еске түсіретін бастары бір-біріне жақындай берді. Шамасы елестер өзара күбірлескен сыңайлы.
Ақыр аяғында күзет иттерінің кеңесі аяқталды, олар қателесіппіз, шу елес екен, онда тірі пенде жоқ, сондықтан айналма каналды айналудың қажеті шамалы, ол уақытты босқа рәсуа ету боп шығады деп шешкен секілді, оның орнына Сен-Мерри жақты көзден таса қылмау керек, бір бүлікшінің соңына түсіп ұстай алмай жүрсе, соларға қолұшын берейік деп келіскен сияқты.
Ара-тұра партиялардың қарсыластарын сыбайтын сыбағалы атаулары ескіріп, олардың орнына жаңалары келеді. 1832 жылы айта-айта әбден ығыр болған якобиншінің орнын "бүлікші" ауыстырды, ал "демогог" деген лақап онда онша аталмағанмен, кейін тамаша қызмет атқарды.
Сержант солға бұрылып, төмен қарай Сенаға тартуға бұйрық берді. Егер олардың басына екіге бөлініп, екі бағытта із кесу ойы келсе, Жан Вальжан сөзсіз ұсталатын еді. Оның тағдыры ұстараның жүзінде тұрды. Алайда ереуілдің мүмкіндігін, көтерілісшілердің көптігін ескере келіп, полиция префектурасы нұсқау бергенде өз шолғыншыларына топ-топқа бөлінбеңдер деп тапсыруы да ықтимал ғой. Сонымен, шолғын күзеті өз тылында Жан Вальжанды қалдырып, жолға шықты. Көз алдында өткеннің бәрінен Жан Вальжанның аңдағаны фонарьдың басқа жаққа бұрылып, ізінше өшіп қалғаны.
Сержант өзінің полиция арын тазарту үшін кетерінде карабинін тексерусіз қалған, яғни Жан Вальжан тұрған жаққа қаратып бір гүрс еткізді. Мылтық дауысы әлденеше дүркін жаңғырып, қысаң жолдарды шарлап, жер астының құрсағын бір солқ еткізді. Сылақтың бір пұшпағы жылғаға құлап түсіп, Жан Вальжаннан бірнеше қадам жерде су шашырады, ол оқтың күмбездің төбесіне тигенін сезді. Біркелкі маңғаз қадамдар біраз уақыт тас плиталарды қайта дүсірлетіп, қараңғыға тереңдей берді де, мүлдем басылды; қара көлеңкелер түгелдей түнекке сіңді, фонарьдың қалтылдаған жарығы жарты шеңбер жасап, күмбезге сәл түсіп тұрды да кішірейе келе мүлдем сөнді. Қайтадан құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады, қайтадан көзге түртсе көрмейтін қараңғылық басты, қайтадан көзсіз де терең түн орнады. Ал Жан Вальжан қабырғаға сүйеніп, қозғалуға батпай, қарашығы ұлғайып, әлгі елестер күзеті көз ұшына сіңіп ғайып болғанша сыртынан қадалып ұзақ тұрып қалды.
Үшінші тарау
ІЗІНЕ ТҮСКЕН АДАМ
Ол тұстағы полицияға әділ бағасын беру керек қой: ең күрделі саяси жағдайдың өзінде де ол өзінің қадағалау мен ізге түсу міндетін мұқият атқарды. Оның көзінше көтеріліс қылмыскерлерге үкімет қатер үстінде болғандықтан да қоғамды тағдыр тәлкегіне салатындай әрекет еркіндігін әсте берген жоқ. Полицияның күнделікті жұмысы айрықша тапсырмалар орындаумен бірге өз жолынан аумай рет-ретімен жүріп жатты. Салдарын болжап білу қиын саяси оқиғалардың құлашы кең жайылып қызған шағында ол революцияға соқтыра ма деп алаңдамай, полиция агенті көтеріліске де, баррикадаларға да қарамай ізге түсуін жалғастыра берді.
Осы тектес бір шаруа 6 маусым күні түстен кейін Сенаның оң жағасындағы құлама жардың маңында, мүгедектер көпіріне таяу жерде болды.
Біздің кезіміздегі ол жағалау жары енді жоқ. Жердің кескін-кейпі мүлдем өзгеріп кеткен.
Сол құлама жарды бойлап бірінен бірі бөлек екі кісі келе жатты, сырт қарағанға бірінен бірі қашатын да, бірін бірі аңдитын да сияқты. Алда келе жатқан жол тауып жасырынбақшы да, артта келе жатқан қуып жетпекші.
Бұл шахмат ойынын елестететін әрекет, ойыншылар бірін-бірі алыстан барлап үнсіз ойнайтыны тәрізді. Олардың бірде-бірі асықпайтын тақылетті: әрқайсысы асықсам-ақ екіншінің жүрісін жылдамдатып аламын деп қауіптенетіндей, екеуі де баяу басып келеді.
Жыртқыш өз пиғылын әккі жасырып, жемінің қыр соңынан қалмай жүрген секілді деп ойлап қалуға болады. Алайда олжа айлаға алдырмай, өзін аса сақ ұстайды.
Зықысы шығып шаршаған сусар мен соңына түскен тазы иттің қажетті арақашықтығы былайынша бұл арада да сақталған. Қашқан кісі қорқақ, сырттай аянышты көрінеді, ал соңына түскені ұзын бойлы, әлеуетті еркек, ұстаса кетсе тегеуріні де күшті болуы керек.
Біріншісі өзінің әлсіздігін сезіп, шамасы соңындағыдан дәрменсіз ызамен қашып құтылмақ; оларды қадағалай отырып, оның жанарынан қуғын көрген аңның ыза-кегін, қаһары мен қорқынышын аңғарасың.
Жағада тірі пенде жоқ: не өткен-кеткен, не қайықшылар, не жүкшілер көзге түспейді, айлаққа кеп тоқтап жатқан баржалар да көрінбейді.
Екі жаяуды тек жағалаудан ғана дұрыстап көруге болады, сондай қашықтықтан қадағалаған адамға біріншісі күні біткен, шоқпыт киген күмәнді, жыртық кеудешеден тоңып қалшылдаған әрі қорыққан біреу болып көрінері хақ, ал екіншісі — құрметті лауазым иесі, арнаулы бешпетінің түймелері түгел салынған ұсынақты жан.
Оқырман жақынырақ көрсе, бұл екі кісіні тануы да мүмкін.
Екіншісінің мақсаты не екен?
Былайынша, алғашқыны жылырақ киіндіру болар мақсаты.
Қазыналық мундирі бар адам шоқпыт кигеннің соңына түскенде әдетте қазыналық киімге малындырып қоюды ойламаса керек-ті. Бар мәселе киімнің түсінде. Көк киім кию құрметті білдіреді, ал қызыл киім кию — қорлық.
Қоғамдық шыңыраудың қызыл түсі бар.
Дәл осындай қанқызыл түстен туатын жағымсыздықтан безіп берген болуы керек алғы кісі.
Екіншінің оны алға жіберіп, осынша уақыт ұстай алмай жүруі тегінде осы арқылы бәз-бір мағлұмат алып немесе онымен қордалас тұтас шайканың ұясын ашу. Мұндай шетін шаруаны ізге түсу деп атайды.
Бұл болжамды мына бір қарекет те растай түседі: түймелі бешпет киген кісі жағадан жоғары қарай көтеріліп бара жатқан бос күймені көріп арбакешке белгі берді, ол да кімге ісі түсерін бірден білсе керек, шұғыл бұрылып, жағалаумен аттарын аяңдатып, екі жаяудың соңынан салды. Алда кетіп бар жатқан жалбыр шапанды мұны байқаған жоқ.
Арбакеш Елисей алабындағы ағаштардың саясына барып тоқтады. Тасқазықтардың жоғарғы жағынан оның басы мен иығы және қолындағы қамшысы көрініп тұрды.
Полиция агенттеріне арналған құпия ережеде мынандай параграф бар: "Полиция агенті керек бола қалған жағдайда қол астында жалдамалы арбакеш ұстауы керек".
Әрқайсысы стратегияның бар ережесін өзінше пайдалана отырып екі кісі жағалаудың жазық ылдиына жақындады, ол кезде Пассидан келе жатқан арбакештер осы тұстан өзенге түсіп аттарын суарып алатын. Кейін осы ыңғайлы ылди тепе-теңдік үшін жойылды, аттар шөлден қаталаса да көз суарар сұлулық бұзылмасын десті.
Бәлкім, жыртық кеудешелі адам осы бөктермен жоғары көтеріліп, Елисей алабына еніп жасырынбақ шығар, рас, онда ағаш көп, бірақ полицейлер де аз емес, ізге түсушінің көмек шақыруына нағыз қол.
Осы арадан жағалау 1824 жылы полковник Брак Мореден көшіріп Парижге алып келген Франциск І-нің үйі аталатын әйгілі үйден онша алыс емес. Ал қарауыл күзеті соның қасында тұр.
Ізге түсушіні қайран қалдырғаны қадағалап келе жатқан кісісінің ылдиға бұрылуды тіпті ойға алмағаны болды. Ол бұрынғысынша жағаны бойлап тек алға жүріп келеді.
Оның жағдайы шынында да қиын.
Енді оған не істеу керек? Тек қана Сенаға періп кету керек пе?
Бұл арада соңғы мүмкіндігін жіберіп алды, жағалаумен көтерілмеді, әрі қарай ылди да, басқыш та жоқ. Сенаның иінімен Иен көпірінің маңында пайда болатын бұрылыс мүлдем жақын тұстан көрініп тұр еді, ал көпірдің маңайында жаға бірте-бірте жіңішкеріп, жердің қылдай пұшпағына айналып, су астына батып кетеді. Онда ол жан-жақтан қыспаққа түседі: сол жақтан жолды — тік қабырға, оң мен солдан — өзен, тылдан билік өкілі кесіп тастайды.
Рас, жаға шығанағының шетін бәз-бір бұзып алынған құрылыстан қалған биіктігі алты-жеті фут қиыршық үйіндісі көзден көлегейлеп тұр. Алайда бейшара қалайша айналып өтуі оп-оңай көн-қоқыр үйіндісінде бой тасалаймын деп есеп жасап жүр екен? Мұндай әрекет барып тұрған балалық. Бұған сене қоюы да неғайбыл. Қылмыскердің аңғалдығы мұншалық ессіздікке бармайды.
Қиыршық тас үйіндісі жағада төбеге ұқсас өзіндік бірдеңе жасап, биік шығанақ болып жағалаудың қабырғасына дейін созылып жатыр.
Қуғын көруші сол төбеге дейін жетіп, оны орап өтіп, қуғыншының көзінен ғайып болды.
Одан көз жазып қап, енді ешкім аңғара қоймас деген оймен қуғыншы барлық бәлсінуді тастап, жүгіре басып жөнелді. Бір-ақ минөтте ол қиыршық тас үймесіне жетіп, оны айнала қарап та шықты. Айналып шығып ол айран-асыр таңданып тұрып қалды. Аңдып жүрген адамы ізім-қайым.
Жалбыр шапанды із-түзсіз жоғалып кетті.
Қиыршық тас үйіндісінің ар жағында жаға отыз қадамнан әрі созылмайды, сосын тура жағалаудың қабырғасына келіп соғып жатқан суға сүңгиді.
Қашқын өзенге қойып кетуі мүмкін емес, қабырғаға да көзге түспей шығып кете алмайды. Сонда ол қайда кетеді?
Түймелі бешпет киген кісі жаға шығанағының шетіне шығып, тоқтай қалып толғанды, жұдырығын түйіп тұрып, айналаны мұқият шолды. Ойламаған жерден ол өз мандайын бір салды. Жаға шығанағы аяқталар, су басталар жерде тас күмбездің астында үлкен аласа үш жуан ілмекті, ауыр құлпы бар тортемір жатыр екен. Жағалау қабырғасының етегінен қазып орнатқан есік сияқты бұл тортемірдің бір бөлегі жағаға, бір бөлегі өзенге шығып жатыр. Тортемірдің астында лай жылға ағып жатыр екен, ол тура Сенаның өзіне құяды.
Тот басқан жуан сым темірлердің ар жағынан қараңғы күмбезді дәліз сияқты бірдеңені ажыратуға болатын сияқты.
Бешпетті кісі қолын айқастырып, апалақтап көзін тортемірге қадады.
Қарағаннан ештеңе шықпайтын болған соң оны итеріп, сілки бастады, бірақ тортемір берік тұр. Оның таяуда ашылуы әбден мүмкін, бірақ тот басқан үлкен дүние қалай сықырламай, тарс-тұрс етпей ашыла қояды, біреу ашса да, қайта жауып кеткенінде күмән жоқ. Демек, кім ашса да оның қолында анау ауыр құлыптың кілті болғаны ғой.
Бұл бұлтартпас дерек тортемірді қозғаймын деп әуреленген адамның көз алдынан қайта көлбеңдеді. Ол зығырданы қайнап айқайлап жіберді:
— Бұл енді сұмдық! Онда қазынаның кілті бар!
Сосын ол бірден басылды, басына шапшып келген ойлар аузынан тұтас бір леппен кісі күлерліктей болып шықты:
— Солай, солай, солай де!
Содан соң ол, неге есеп жасағанын кім білсін, әлде қуған адамы қайтып шығады деді ме, әлде басқа біреулер келіп, темір есікті ашып төмен түседі деді ме, жансыз тыңшыға тән төзімділікпен қиыршық тас үйіндісін тасалап торуылдап қалды.
Осы қозғалыстардың бәрін бағанадан бері бағып отырған арбакеш жоғарыға, жағалаудың тасқазықтарының тұсына барып тоқтады. Аялдаманың ұзаққа созылатынын болжап, арбакеш күймеден түсіп аттарының басына сұлы салынған дорба ілді. Ал осындай дорба қап париждіктерге жақсы таныс, үкімет жұрттың аузын осылай жиі жабады ғой. Иен көпірінен сирек өтетін жолаушылар бір сәт мойын бұрып екі сұлбаға қарайды — бірі жағадағы кісі де, екіншісі жағадағы арбакеш.
Төртінші тарау
ӨЗ БЕЙНЕТІ ӨЗІНДЕ
Жан Вальжан жолға қайта шықты да, қайтып тоқтамады.
Жүру барған сайын ауырлағанның үстіне ауырлай түсті. Күмбездердің биіктігі де өзгере бастады; орташа оның жуық мәніндегі биіктігі бес фут алты дюйм болып, орта бойлы адамға есептелген ғой. Мариусті күмбездің тасына тигізіп, жаралап алмас үшін Жан Вальжанның еңкейіп жүруіне тура келді, әp минөт сайын не еңкейіп, не бойын тіктеп, ұдайы қабырғаларды сипалап отырды.
Дымқыл тастар мен тайғанақ плиталар аяққа да, қолға да оңған таяныш болмады. Ол қаланың сасық сарқындысына сүрініп тәлтіректеп келеді. Сирек бушықтардан себездеген болмашы сәуленің көмескілігі сондай, оның қасында күн шапағы айдың жарығындай көрінеді екен. Одан қалғанның бәрі тұман, сасық, шірік иіс, түн-түнек. Жан Вальжанды аштық пен шөл титықтатып келеді. Әсіресе шөл қатты қысты, теңіздегідей айналаның бәрі су, бірақ бір жаманы татуға болмайды. Біз білетін оның әдеттен тыс күші қатаң, ұстамды өмір салтына орай әлі де жақсы сақталғанымен сыр бере бастады, әрі қалжырап, әрі күші кеми бастаған сайын жүгі ауырлай түсті. Мариустің тыныссыз секілденген денесі оның иығына өлі жүктей зіл батпан салмағын салып келеді. Сонда да Жан Вальжан оның кеудесін қыспай, тынысын тарылтпай ұстауға тырысты. Ол аяғының астынан жылт-жылт етіп егеуқұйрықтардың қалай зымырап жүргенін сезді. Олардың бірі қорыққаннан мұны тістеп ала жаздады. Ара-тұра суағар құбырлардың тесігінен таза ауаның лебі келіп, жаны жайланып қалады.
Ол айналма каналға жеткенде шамасы түскі сағат үш болуы керек.
Ең алдымен Жан Вальжанды күтпеген кеңістік таңдандырды. Ол кенет қыспақ емес, кең жолға, яғни үлкен галереяға шықты, мұнда қабырғаға соғылмай екі қолды да созуға болады, басы күмбезге және тимейді. Бас суағардың ені шынында да сегіз фут, ал биіктігі жеті фут.
Бас суағар тұрған жерге Монмартр суағары келіп құяды және Қасапхана мен Провансаль көшесінің жерасты галереялары келіп қиылысады. Кез келген тәжірибесіз адам төрт жолдың жағасында адасып кетер еді. Жан Вальжан ең кең жолды, яғни айналма каналды таңдады. Бұл арада тағы да мәселе туды: төмен түсу керек пе, әлде жоғары өрлеу қажет пе? Ойлана келсе, жағдай асығуды қажет етеді екен, қайткенмен де Сенаға шығу керек екен. Басқаша айтқанда, төмен түсу қажет. Ол бірден солға бұрылды.
Солға бұрылып дұрыс жасады. Айналма каналдың бірі Берси, екіншісі Пассиға шығатын екі жолы бар деп ойлау адасу болып шығады екен, өзеннің оң жақ жағасындағы жерасты Парижін қоршап тұрғанмен, аты болмаса екеуінде бірдей шығар жол жоқ. Менильмонтан жылғасын құбырға ұштастырған бас суағар, біздің білуімізше, ағыс бойлап жоғары көтерілсең, тұйыққа апарып тірейді, яғни судың қайнар көзі — Менильмонтан қырқасының табанындағы бұлаққа алып барады. Ол бүйірдегі каналдармен тікелей қатыспайды, ал бүйірдегі канал Попенкур орамынан бастап Париждің сарқынды суларын жинап, ежелгі Лувье аралынан жоғарырақ Амло құбыры арқылы Сенаға құяды. Канал-коллекторды толықтыратын бұл бүйірдегі арқа одан Менильмонтан көшесінің астында жоғары және төменгі суайрығы болып табылатын тас жол арқылы бөлінеді. Егер Жан Вальжан галерея арқылы жоғары өрлесе, қыруар күш шығындап әбден титықтап өлі-тірісін білмей, ақыр-аяғында түнектегі тағы бір тұйыққа тірелетін еді.
Ең жақсы дегенде сәл кері оралып, Тәңірдің ләззат бикелері көшесінің туннеліне тереңдеп, Бушра қиылысының астындағы жерасты қыратында кідірмей, Сен-Луи дәлізімен әрі жылжып, сосын Сен-Жиль өткелімен солға бұрылып, сәл жүрген соң оңға бұрылып, Сен-Себастьян қысаң жолына соқпай, Амло суағарына жетіп, Бастилияның астында жатқан F қарпін еске түсіретін суағарлар желісінде адасып қалмаса, ол арадан Арсенал маңында Сенаға шығатын ауызға жетер еді. Солай бола тұра ол, қайталап айтайық, бұл сұмдық жолдар жүйесінен ешбір хабары жоқ кісі еді, дәл сол сәтте бір кісі қайдан жүрсің деп сұраса: "Түн қойнауында жүрмін", деп жауап берері даусыз.
Алайда, оны ішкі түйсік-сезімі алдаған жоқ. Төмен түсу шынында да құтқарылудың мүмкіндігі еді.
Оның оң жағында имек тұяқтарымен Лафит және Сен-Жорж көшелерінің астына, сондай-ақ Шоссе д'Антен екіайырық каналына ұзыннан созылып жатқан екі дәліз қалды.
Тегі, Мадлен көшесінің астындағы тармақталуы болса керек, бүйірдегі шағын өткелден өтіп ол сәл тыныстауға тоқтады. Ол қатты қалжырады. Шамасы, Анжу көшесінің бақылау құдығы болуы керек, үлкенірек бушықтан күндізгі жарық үсті Жан Вальжан жаралы інісін жанашырлықпен аялаған ағадай абайлай қимылдап Мариусті қабырғаның бір текшесіне жатқызды. Мариустің қанжоса беті бушықтан түскен бағалық сәуледен қабірдің түбінде жатқан өліктің жүзін елестетіпті. Көзі жұмылып кеткен, шашы қызыл желімді баттастыра жағып, маңдайы мен самайына жапсырып қойғандай, жансыз қолы қалшылдай салбырап жатыр, екі езуінде де қан қатып қалған. Галстуктің түйіншегінде қатқан бір уыс қан тұр, жейдесінің өңірі жараға жабысып қалған, бешпетінің шұғасындағы шұрық тесіктерден жаңа жараның аузы ашылып, қан білінеді. Саусағымен киімінің өңірін абайлай ысырып, Жан Вальжан оның кеудесіне қолын салып еді, жүрегі соғып жатыр екен. Жан Вальжан өз жейдесін жыртып, қан тоқтату үшін оның жарасын мұқият таңды, сосын қаракөлеңкеде демалысы тіптен нашар, ес-түсі жоқ Мариустің бетіне өлердей өшпенділікпен көз тікті.
Мариустің жарасын таңып жүріп ол қалтасынан екі зат тауып алды; бірі кешегіден ұмыт қалған бір үзім нан да, екіншісі қойын дәптер. Нанды жеп, қойын дәптерді ашты ол. Ол дәптердің бірінші бетінен Мариустің өзі жазған үш жолды оқыды, оны оқырман білуге тиіс:
"Менің аты-жөнім Мариус Понмерси. Менің денемді атам Жильнорман мырзаға жеткізулеріңізді өтінемін. Тәңірдің ләззат бикелері көшесі, № 6 үй, Мареде".
Жан Вальжан бушықтан себездеген жарықпен осы үш жолды оқып, бір сәт сілейіп тұрып қалды, сосын ойланып барып, "Тәңірдің ләззат бикелері көшесі, № 6 үй, Жильнорман мырза" деп қайталады. Содан соң қойын дәптерді қайтадан оның қалтасына салып қойды. Нанды жеп болып әл жинаған соң ол Мариусті арқалап, басын аялап өзінің он иығына салып, суағарды бойлап құлдилай жөнелді.
Менильмонтан арнасы бойындағы ойпаттан тартылған бас суағардың ұзындығы екі мильге созылады. Оның табаны недәуір дәрежеде таспен нығайтылған.
Жан Вальжанда оның жерасты саяхатын ашып беріп отырған біздің қолымыздағыдай алау болған жоқ, ол көшелердің атын да білмейді. Қай ауданнан қашан өткенін, қанша жер жүргенін оған ештеңе де көрсеткен жоқ. Жолда ара-тұра ұшырасқан жарық дақтар арқылы ғана ол көмескі болса да күннің көше табанына түспейтінін, мезгілдің екіндіден еңкейіп бара жатқанын аңғарды. Төбесіндегі тынбай дүрсілдеп барып, алыстай берген доңғалақ даңғырынан ол орталық орамдардың шегінен шығып бара жатқанын, ішкі бульварлардың немесе жағалаудың маңындағы шалғай шетке жақындағанын сезді. Үйлер мен көшелер азайған сайын бушықтар да азая түседі. Жан Вальжанның төңірегін қайтадан түнек қаптады. Бұл оның қараңғыда сипалай жүріп ілгері жылжуына бөгет болған жоқ.
Кенет оның түнектен зәресі ұшып кетті.
Бесінші тарау
ҚҰМ ДА ӘЙЕЛ СИЯҚТЫ, БЕТІ ЖЫЛТЫРАҒАН САЙЫН
ҚАТЕРЛІРЕК
Ол суға кіріп келе жатқанын, аяғының астында тас плита емес, жабысқақ құм екенін сезді.
Бретань мен Шотландияның жағалауларында бәз-бір жолаушы немесе балықшы су қайтқан кезде құм-қайраңмен жағадан алыстап кетсе, аяғын алып жүру қиындап бара жатқанын сезеді. Аяғының астындағы жер қара май сияқты жабысып, басып келе жатқаны құм емес, желім сияқты көрінеді. Қайраң былайынша құрғақ тәрізді, бірақ аяғыңды суырып алсаң, басқан ізің суға толып кетеді. Алайда төңіректің суреті өзгермейді: жаға ұзыннан ұзақ созыла береді, бәрі біркелкі, біртегіс, құм барлық жерде бірдей сияқты, қатты жерді жұмсақ жерден ештеңе айырмайды, су бүргелері үйірімен аяғыңның басында секіреді де жүреді. Кісі сапарын әрі жалғастырып алға тарта береді, құрғаққа бет алып, жаға жарына жақынырақ жүруге тырысады. Алаңдайтын түк те жоқ, қаннен қаперсіз келеді. Тек аттаған сайын аяғы ауырлай береді. Кенет аяғы бата бастайды. Екі-үш дюйм батады. Бәлкім ол жолдан ауытқыған шығар, бағытын анықтап алу үшін тоқтауға тура келеді. Сол сәт аяғына қараса, көрінбейді. Аяғын құм басып қалыпты. Аяғын құмнан суырып алып, қайтқысы келді, кері бұрылса, аяғы одан бетер батып барады. Құм оның тобығына жетті, аяғын жұлып алып, солға бұрылып еді балтырына дейін батты, оңға бұлқынып еді, құм тізесінен келді. Сонда ғана ол үрейі ұшып, сусыма көшкін құмға тап болғанын сезеді, аяғының астында сұмдық стихия, онда адам балық құсап жүзіп жүре алмайды. Жүгі болса, оны лақтырады, апатқа ұрынған кеме сияқты ауыр нәрселердің бәрінен арылады, бірақ бәрі де кеш, құм тізеден асып кетті.
Ол бас киімін немесе орамалын бұлғап көмекке шақырады; құм барған сайын тереңіне тарта түседі; егер жағада адам болмаса, тұрағы тым алыста қалса, бәз-бір батыл кісі табылмаса, жаман атағы күшті құм-қайраң жұта береді, жұта береді. Ол және сұмдық баяу аяусыз ажалға душар болады, оны шапшаңдата да алмайсың, кейінге де қалдыра алмайсың, ол сағаттарға созылады, ұзақ азапқа салады, қуат-күшің бойындағы сап-сау сені аяқтан бас салады да әрбір жұлқынған, әрбір қышқырған сайын, қарсылығың үшін жазалағандай азапты құшағымен қапсырып алып тереңге тарта түседі; көкжиекті, ағаштарды, жасыл алқапты, жазықтағы лашықтардың түтінін, теңіздегі кемелердің желкенін, қалықтай ұшып, шарықтай сайрап жүрген құстарды, жарқыраған күнді, мөлдіреген аспанды тамашалай тұрсын дегендей, адамды өзіне баяу біртіндеп тартады. Сусыма құм-көшкін дегенің теңіздің ағысы шайып, жер қойнауынан жанды құрбандығы үшін көтерілген моланың өзі. Әр минөт — аяусыз қабірші. Бейбақтың отырғысы, жатқысы, еңбектегісі келеді, бірақ кез келген қимылы оны тереңге көміп, ол тістеніп алып батқан үстіне бата береді; батып бара жатқанын біліп айғайлайды, жалынады, аспанға табынады, Жаратқанды жар қылады, өкінеді, опынады. Ал құм оның, міне белуарынан келді, жоғарыда басы мен кеудесі ғана. Ол қолын созып, қапалана ышқынады, тырнағын құмға қадап, сусыған құрғырды қармамақ болады, шынтағына сүйеніп, мынау жұмсақ мамықтан шыққысы келеді, еңіреп жылайды да; ал құм болса көтеріле береді, көтеріле береді. Құм иыққа, одан иекке дейін келеді; енді тек беті ғана қалды. Аузы әлі айғайды салып жатыр, бірақ құм оны да бітеп, үн де шықпай қалады; көз әлі көріп тұр еді, құм оны да көмді. Біртіндеп маңдай да ғайып болып, құмның бетінде шаш қана жалпылдайды, қолдың басы шығып, майда құмды сипалап, жанталаса қимылдап, ақыры жұмылып барып жоқ болды. Адамның қатерге ұшырап жоғалуы деген осы...
Кейде көшкін құм шабандозды атымен, арбакешті ат-арбасымен де жұтып жібереді, ал қорыс ми батпақ жұтқанда ештеңені де талғамайды. Мұнда бататындар теңізге кететіндер сияқты емес. Мұнда адамды жер жұтады. Мұхитты бойына сіңірген жер қақпанға айналады. Ол көз алдыңда жазық болып көсіліп жатады да, аяғыңның астында су болып жайылып сала береді. Жылымға да осындай зұлымдық тән.
Апатты жағдай бірқатар теңіз жағалауларында әбден мүмкін, отыз жыл бұрын ондай апат Париж сорбұлағында да болуы ықтимал.
1833 жылға дейін ақыры Париждің жерасты суағарлар жүйесін шындап жетілдіру қолға алынғанға дейін онда күтпеген опырулар жиі болып тұрды.
Біраз жерде топырақтың астына, әсіресе қыртыс жұмсақ өңірде, су кетіп, бұрынғы суағарлар сияқты тас төселген, қазіргідей әктас ерітіндісімен бетондалған табандары қайысып, жаңа галереялардың тірегі жоғалып, тіреуіштері қисая бастады. Төселген табанның бұлай қисаюы жердің жарылуына, ал жарылу опырылуға апарып соқты. Мұндай жарылу, мұндай саңылау, мұндай опырылу біраз жерді қамтып, астынан саз балшықтың бұрқ ете қап жайылып кетуіне жол ашады, оны кәсіби тілде опырылып құлау, лай сазды қорыс дейді. Ал қорыс дегеннің өзі не? Ол теңіз жағалауындағы жер астынан келіп шыққан сусыма көшкін құм; ол Сен-Мишель тауының сорбұлағына көшірілген құм топырағы. Лайланған топырақ балқып жатқандай болады, сұйық ортада оның күллі бөлшегі былқылдап, көлкілдеп тұрады, бұл енді топырақ та емес, су да емес. Кейде ми батпақ тым тереңге кетеді. Оған тап болудан қатерлі ештеңе жоқ. Егер онда су көп болса, тұтқиыл ажалға душар болып, бірден батып кетесің, ал топырағы көп болса, азапты өлімге тап келгенің, ол біртіндеп баяу жалмап жұтады.
Мұндай өлімді елестетіп көргеніңіз бар ма? Ол теңіз жағасының өзінде сұмдық қорқынышты, ал сорбұлақта қалай десеңізші!? Таза ауаның, жарық сәуленің, жарқын күннің, мөлдіреген көкжиектің, себелеген жаңбырдың, көшкен бұлттың, шулаған толқынның, алыста ағараңдаған қайықтың, ақтық деміңе дейін сөнбейтін үміттің, кездейсоқ өткенге деген сенімнің, құтылуға деген ықтимал мүмкіндіктің орнына — таскерең тыныштық, көзсіз қараңғы түнек, қарауытқан күмбездер, ашық тұрған дайын қабір, жер астындағы қорыс, мидағы ажалдан жаман не бар?! Тас қараңғыда таза ауаның жетіспеуінен демігіп, жиіркенішті тастанды кір-қоқырдың арасында тітіркеніп, лас сұйықтан тұншықтырғалы тап берген ажал тырнағы алқымнан сыққанда соңғы қырылыңның өзі сасып, құмның орнына қына, желдің орнына күкірт қышқылының, мұхиттың орнына несеп иіскеп өлу деген сол! Дәл төбеңде алып қала шулап жатқанда ешкімді көмекке шақыра алмай, тісіңді шықырлатып, бүк түсіп, бұлқынып, еш лаж жасай алмай кете барған қандай өкініш!
Бұлай өлу — айтуға ауыз бармайтын сұмдық. Кейде ажал өзінің қаталдығын қаһарлы айбынымен жуады. Өртте немесе кеме апатқа ұшырағанда ерлік көрсетуге, жалынның ортасында, толқынның арасында жүріп кісілігіңді сақтап қалуға болады, онда опат болу адамды асқақтатады. Мұнда ондай атақ жоқ. Бұл арадағы өлім адал емес. Мұндай жағдайда жантәсілім ету — қорлық. Тіпті, ажал алдындағы көзден бұлбұл ұшқан көріністердің өзі жиіркеніш туғызады. Лай-лас дегенің масқарамен еншілес. Ондағының барлығы жексұрын, жеккөрінішті, сұмпайы, сұрықсыз. Кларенс сияқты құлқайыр қайнатқан кеспекке түсіп өлу мұның қасында түк емес екен, ал д'Эскубло сияқты қоқтық-соқтықты сыпырып төгетін шұңқырда тұншығып қалу сұмдық. Онда қақалып-шашалудың өзі жиіркенішті, лай сазға батып бара жатып ажал алдындағы тұяқ серпудің өзі аянышты. Алдымен онда тозақ деп санауға болатын түнек, ондағы балдырға, қынаға қарап оны мибатпақ деп қабылдауға болады, өліп бара жатқан адам өзінің елес боларын, не құрбақа боларын білмейді.
Мола қайда да құлазыған қараңғы ғой, ол мұнда мүлдем сұмпайы, ұсқынсыз.
Қорыстың тереңдігі ұзындығы мен қалыңдығы сияқты топырақ астының жағдайына байланысты. Кейде оның опырылып түсіп кетуі үш-төрт футқа жетеді, кейде тіпті оның түбі табылмай кетеді.
Бір жерде қайраң қатты, екінші жерде сұйық болады. Люньер қорысында кісі күні бойы батып жатуы мүмкін, ал Фелипо мибатпағы оны бес-ақ минөтте жұтып қояды. Мибатпақтың адамды аз не көп ұстауы оның тығыздына да байланысты. Ересек адам бататын жерден баланың құтылып кетуі әбден мүмкін. Құтылудың бірінші шарты — барлық жүктен арылу. Құрал-сайман салынған қапшықты немесе себетті, немесе ерітілген әк құйылған ыдысты лақтыру керек — сорбұлақтағы жұмыс жалпы солардан басталады ғой, жұмысшы аяғының астындағы топырақ отыра бастағанын сезсе-ақ әлгіндей жасаған жөн.
Опырылудың әртүрлі себептері болуы ықтимал: топырақтың қопсуы, зерттеуге қол жетпеген тереңдіктегі кездейсоқ көшкін, жазғы бұрқанған нөсер жауындар, қысқы дамылсыз жауын-шашын, күзгі сүмбіленің сібірлеген жаңбыры кейде топырағы бос құмдақ жерге салынған айналадағы үйлердің ауырлығы зіл батпан салмағымен жерасты қысаң жолдары күмбезін жаншып, майыстыруы мүмкін, кейде тіпті олар ауырлықты көтере алмай жарылып, іргетасы шытынап жарылуы ықтимал. Бұдан жүз жыл бұрын Пантеонның ғимараты отырып, Сент-Женевьев тауында жерасты құрылыстарының біраз бөлегін басып қалған. Үйлердің ауырлығымен сорбұлақта опырылыс болғанда кейде ол жер бетіне де із қалдырып, бері қойғанда көшеге төселген шойтастар төмен түсіп кетіп жүр, тура араның тісіндей тікірейіп қалған сол тастардың астындағы күмбездерде де сондай жарықтар пайда болады екен, әрине, оған жедел шара қолданбаса, істің беті насырға шабады. Көбіне ішкі бүлінулер жоғарыға еш әсер етпей, жарық та, саңылау да білінбейтіні бар. Ондай жағдайда сорбұлақтың сорлы жұмысшыларына оңай соқпайды. Опырылған суағарларға сақтық жасап абайламай кіргендер оп-оңай өліп кетеді. Ежелгі тізімдерде осылай жерасты қорыстарында қаза тапқандардың саны біраз бар. Онда аты аталған жұмысшылар көп, солардың арасында Заговенья көшесінің астындағы суағардағы опырылыс кезінде опат болған Блез Путрен деген біреудің есімі жүр; Блез Путрен Инносан Сүйекқоймасы аталатын зираттың ең соңғы қабіршісі Никола Путреннің бауыры екен, Никола сол зиратта қашан жабылғанша, 1785 жылға дейін істеді.
Сол тізімге біз еске алған жап-жас сұлу виконт д'Эскубло да кіріпті, ол Лерида қоршауы батырларының бірі еді, скрипкалар оркестрін бастап ақ шұлық киіп алып, шабуылға шығып жүрген сабазың сол Түнде өз бөлесі, герцогиня Сурдимен жатқан жерінде көзге түсіп қап, герцогтан қашып құтыламын деп жасырынғанда Ботрельи қорысына батып өлген. Д'Эскублоның ажалы туралы хабарлағанда де Сурди ханым тұз толтырылған құты сұратып алдырып, соны иіскеп, жылап отырғанын да ұмытып кетіпті. Мұндай жағдайға ешқандай махаббат төтеп бере алмайды, сорбұлақ бәрін де өшіреді. Геро Леандрдің мәйітін жуудан бас тартады, Фисба Пирамида көргенде мұрнын басып: "Фу!" дейді.
Алтыншы тарау
ОПЫРЫЛУ
Жан Вальжанның алдында жер опырылып жатыр екен.
Бұл тектес опырылып құлау Елисей алабының топырағы астында жиі кездесетін, онда өйткені топырағы гидравликалық жұмыстар үшін қолайсыз әрі айрықша сусымалылығынан жерасты құрылыстары үшін онша берік болмайтын. Бұл топырақ сусымалылығы жөнінен Сен-Жорж орамындағы қопсыма құмнан да асып кетеді, оны тек бетон іргетастың көмегімен ғана жайластыруға болады, тіпті газ сіңген Азапкерлер орамының сазды қабатының былқылдақтығы сондай, сол көшенің астынан қысаң жол тартқанда оны темір құбырлармен бекітуге тура келді. 1836 жылы Сен-Оноре кентінің астын қайта құру үшін қазіргі Жан Вальжан тереңдеп бара жатқан ежелгі тас суағарды қиратқанда Елисей алабы топырағының астыңғы қабатындағы сонау Сенаға дейін созылып жатқан көшкін құм көп кедергі келтіріп, құрылыс жарты жылға жуық созылды, әсіресе, жағаға жақын тұрғындардың, көбіне көп дербесжайлар мен сәнді күймелердің иелерінің зәре-құты қалмады. Ондағы жер жұмыстары қиын ғана емес, қауіпті де болды. Рас, сол жылы жаңбыр ала жаздай көз аштырмай төрт жарым ай жауғанын, Сенаның үш мәрте кемерінен асып, жағаға жайылып кеткенін де естен шығаруға болмайды.
Жан Вальжанның жолында кездескен опырылыс кешегі нөсер жаңбырдың да әсерінен болуы керек. Құмды қыртысқа нашар бекітіліп төселген тас еденнің отыруы салдарынан оған су тіпті көп жиылыпты. Су табан тастардың астына кетіп, жер опырылған. Қайысып қисайған іргетас қорысқа батқан. Қаншалық батқанын айқындау мүмкін емес. Бұл араның қопасы басқа қай жерден гөрі де сұмдық, адам көргісіз. Бұл түн үңгіріндегі лай суаты.
Аяғының астынан жол табаны сырғып бара жатқанын Жан Вальжан сезді. Ол шұңқырға аяқ басты. Беті-су, асты балдыр екен. Қалай болғанмен де өту керек. Қайта оралуда еш мағына жоқ. Мариустің да ақтық тыныстары шығар, өзі де сілесі қатып әбден шаршады. Ал енді қайда баруы керек? Жан Вальжан ілгері жылжыды. Оның үстіне әу баста шұңқыр онша терең емес көрінді. Алайда ілгері жылжыған сайын аяғы терең бата берді. Ұзамай балдыр балтырына жетіп, су тізесінен асты. Мариусті мүмкіндігінше суға тигізбес үшін екі қолына көтеріп алып ілгері аттады. Балдыр тізесіне жетіп, су кіндігінен келді. Ол енді кейін қайта алмайды. Оны барған сайын тереңге тартып барады, тартып барады. Қайраң бір адамды көтерердей недәуір тығыз болса керек, ал бұлар екі кісі, екеуін бірдей көтеру қиын. Мариус пен Жан Вальжанға тек бір-бірлеп қана өту керек. Бірақ Жан Вальжан ілгері жылжудан танған жоқ, арқасынан алып алдына өңгерген жантәсілім еткелі жатқан жаралы, бәлкім, өлік те шығар.
Су оның қолтығының астынан келді, ол батып бара жатқанын сезді; аяғын қалың балдырдың арасынан әрең сүйреп келеді. Таяныш бола ма деген қалың саз кедергіге айналды. Бұрынғысынша ол Мариусті қолына көтеріп, адам айтқысыз күшпен тереңге бата отырып алға жылжып келеді. Судың бетінде басы мен Мариусті көтерген қолы ғана қалды. Ескі бір суретте жер-жаһанға топан су қаптағанда бір ананың баласын төбесіне көтеріп келе жатқаны бейнеленген еді, бұл да дәл сондай.
Ол тағы да тереңдей түсті, суға шашалмас үшін басын кегжитіп алды, оның қазіргі балдыр басқан бетін көрген кісі оны бетперде киіп алған деп ұғар еді. Жан Вальжан Мариустің төбесінен салбыраған басы мен көтеріңкі бетін бұлдыр ғана ажыратады. Ол бар күшін жиып соңғы өжет қадамын жасады, кенет оның аяғы қатты бірдеңеге тигендей болды, тірек нүктесі табылған сықылды. Енді бір сәт өткенде бәрі де кеш болатын еді.
Бойын тіктеп ол жанұшыра ілгері ұмтылды да тура тірек нүктесінен өсіп шыға келгендей болды. Ол нүкте оған басқыштың бірінші сатысы сияқтанып көрінді, кәдімгі өмірге алып баратын баспалдақ.
Ажал алдындағы ақтық сәтте тапқан таяныш қирамай аман қалған, аздап қана отырған тастабанның басы болды, тек су астында тақтай сияқты майысып кеткен жақсы төселген еден мұндайда доғадай иілгенмен мықты тұрады. Суағардың тығыздалған бұл бөлегі жартылай су басқанымен батып кетпей, өзіндік бір баспалдақ болып қалған, соны тауып адам аман қалды. Жан Вальжан көлбеу жазыққа көтеріліп, опырылған тұстың екінші жағынан шықты.
Судан шыға беріп ол сүрініп кетіп, тізерлеп отыра қалды. Оны жоғарыдан аян берген нұсқауға жорып ол тізерлеген қалпы құдайға үнсіз дұғасын оқып, алғысын жаудырды.
Сосын суықтан қалтырап тоңып, сасық иістен демігіп, жаралының салмағынан бүгіліп ол орнынан тұрды; бойынан лай су сорғалап ағып жатыр, ал көңілінде айтып жеткізгісіз бір нұр шапақ ойнайды.
Жетінші тарау
КЕЙДЕ КЕМЕ ЖАҒАҒА ТОҚТАҒАЛЫ ТҰРЫП
АПАТҚА ҰШЫРАЙДЫ
Сонымен ол қайта жолға шықты.
Қорыста өмірінен айырылмағанымен, барлық күш-қуатынан айырылып қалған сияқты. Соңғы сәттегі жанталас титықтатып тастапты. Шаршағаны сондай, әрбір үш-төрт адым сайын тоқтап, қабырғаға сүйеніп тыныстап алуға тура келді. Бірде қабырғадағы текшеге Мариусті қолайлырақ жатқызып, демалғалы отырғанда орнынан тіпті тұра алмай қалды. Алайда тән күші сарқылғанмен, жан рухы жығылған жоқ еді. Ол тұрып кетті.
Зығырданы қайнап ол ызамен алға тартып, тіпті жүгіре басты, басын көтермей, тыным алмай ілгері ұмтылып келе жатып кенет басын қабырғаға соғып алды. Ол суағар бір жаққа бұрылып кететін бұрышқа да жетті, басын тұқыртып келе жатып, тағы да қабырғаға соғылды. Басын көтеріп көзін қадаса, жерасты жолының ұшында, ту алыстан жарық жылтырайды. Бұл жолғы сәуле үрей шашпай, аппақ нұр себездеп тұрған тәрізді. Кәдімгі күндізгі жарық.
Жан Вальжан алдынан еркіндіктің есігін көрді.
Алда-жалда күнәкардың жаны тозақ отының ортасынан тамұқ өртінен шығар жолды көзі шалса, дәл Жан Вальжанның бастан кешкенін кешірер. Ессіз екпінмен өзінің өртеніп сынған қанатын дарпылдатып нұр шашыраған қақпаға ұмтылары шәксіз. Сол сияқты Жан Вальжан да шаршағанын ұмытып кетті, Мариустің салмағын да сезбеді, құрыштай бұлшық еттері қайта қалпына келді. Ол енді жай жүрмей, жүгіріп отырды. Ілгерілеген сайын алдағы жарық айқындалғанның үстіне айқындала түсті. Бұл біртіндеп төмендей беретін күмбездің аузындағы жарты шеңберлі таран дарбаза еді. Туннельдің шеті ойық шұңқырдың көндіктіретін үйдің есігіндей тар, қолайсыз шығар аузы бар ішкі жағын елестетеді, ал аузы сорбұлақ емес, түрмеге лайық екені шын болатын, кейін оны түзеді ғой.
Жан Вальжан тесікке келді.
Осы ар ада тоқтады.
Бұл шынында да шығар ауыз екен, бірақ шығу мүмкін емес.
Арқа жуан темірмен бекітіп тасталыпты, тот басқан топсасына қарағанда жуыр маңда ашылған сұры жоқ, ілгегі тасқа жабысып біте қайнасып кеткен, аузындағы күректей қара құлып тот басқаннан күреңітіп, үлкен бір кірпішке ұқсайды. Кілттің көмейі, ауыр тілі көрініп тұр, екі бұрап жабылған және даусыз, кәдімгі мықты түрме құлпы ғой, ондайды жасатуға Париж ешқашан сараңдық танытпаған.
Тортемірдің аржағында — таза ауа, айдынды өзен, күндізгі жарық жағаның шығанағы жіңішке, ол арқылы өтуге әбден болады, Париждің әдеттегі тұңғиық шыңырауы осы жер, бас сауғалауға таптырмайтын кеңістік, еркіндіктің ұясы. Оң жақта, өзен бойлап төмен тартсаң, Иен көпірі, сол жақта ағысқа қарсы жүрсең — Мүгедектер көпірі, күн батқанын күтіп, қараңғылық түссе тайып тұруға нағыз қолайлы орын. Бұл Париждің ең кісі аз бұрыштарының бірі, Үлкен Тастың қарсы алдындағы жағалау. Тортемірдің арасынан әрлі-берлі ұшып сары масалар ызыңдап жүр.
Шамасы, сағат кешкі сегіз жарым. Ымырт үйіріле бастады.
Жан Вальжан Мариусті қабырғаның түбіне, тас еденге жайлап жатқызып, тортемірге келді, жуан сым темірлерді екі қолымен қапсыра ұстап, әрлі-берлі бар күшімен жұлқып көрді, иығымен шіреніп тұрып итерді де, бірақ түк шыққан жоқ. Тортемір түскірі былқ етер емес. Жан Вальжан әрбір сым темірді бірі болмаса бірі майысар деп жұлқып та, ырғап та көрді, біреу жұлып алса, сонымен ұрып құлыпты сындырып түсірмек ойы түкке аспады, бірде-бір темір қада тіпті міз бақпады. Тіпті жолбарыстың тісі де қызыл иегіне мұндай берік орналаспаған шығар. Оның үстіне қолда ауыр да ештеңе жоқ. Кедергі алынбас қамал сынды. Есікті ашу және мүмкін емес.
Сонымен бәрі де біткені ме? Не істеу керек? Не лаж бар? Kepi оралу күллі қатерлі саяхатты қайта басынан бастау болып шығады. Оның үстіне қорыстан қайта өту қалай болар екен, одан әупірімдеп әрең шығып еді ғой? Иә, қорыс өз алдына, торып жүрген полиция жоқ па екен? Екінші рет сытылып шығып, құтылып кету оңай болмас. Қайда бару керек? Қандай бағыт дұрыс? Еңіспен төмен түсу жалпы мақсатқа жету болған жоқ. Тіпті, басқа жол табылғанның өзінде де ол бекітіп жауып тасталған не тортемірмен қоршалған болса қайтпек керек? Зайыры, барлық ауыз осылай жабылған ғой. Олар өтіп кеткен тортемір кездейсоқ бүлінген болды, сорбұлақтың басқа құдықтары тас бекітілгені анық. Бұлар тек зынданға түсу үшін ғана құтылған екен ғой.
Бітті деген осы. Жан Вальжанның жасағанының бәрі зая кетті, пайдасыз болып шықты. Күш сарқылды, рух жығылды.
Екеуі де ажалдың құшақ жетпес өрмекші торына түсті, Жан Вальжан қара жіптерді шайқалтып қараңғы түнекке аждаһадай алып қара бүйі келе жатқандай сезінді.
Ол тортемірге арқасын беріп, әлі қозғалыссыз жатқан Мариустің қасындағы плитаға сылқ етіп отыра кетті, басы иіліп тізесіне түсті. Жол жоқ. Бұл торығу тостағанындағы соңғы тамшы еді.
Өлердей уайымдағанда Жан Вальжан не ойлады? Ол өзін де, Мариусті де ойлаған жоқ, тек Козеттаны ғана ойлады.
Сегізінші тарау
ЖЫРТЫЛҒАН БЕШПЕТТІҢ ҚИҚЫМЫ
Кенет біреудің қолы оны иығынан қозғап есін кіргізді, бәз-бір сыбырлаған үн шықты:
— Олжаңды тең бөлеміз бе?
Бұл не? Жуық маңда біреу бар ма? Таңданудың өзі сандырақ сияқты ма, қалай? Жан Вальжан есеңгіреп сандырақтап отырған шығармын деп ойлады. Аяқ дыбысын естіген жоқ. Сонда бұл не болды? Ол көзін ашты.
Қарсы алдында кісі тұр.
Үстінде кеудеше, жалаң аяқ, башмағын сол қолына ұстап алыпты; зайыры, оны Жан Вальжанға білдіртпей жақындау үшін шешіп алса керек.
Кездесу қаншалықты күтпеген жерде болғанымен, Жан Вальжан ешбір күмәнданған жоқ — кісіні бірден таныды. Бұл — Тенардье.
Жан Вальжанның қауіп-қатерге бойы үйренген, күтпеген шабуылды табанда тойтара біледі; ойламаған жағдайдың өзінде ол есін замат жинап ала қойды. Оның үстіне жағдайы дәл қазіргіден нашар болуы мүмкін емес, шегіне жеткен торығуды одан әрі ештеңемен ушықтыра алмайсың, тіпті Тенардье де бүгінгі түннің түнегін қоюлата алмайды.
Бір сот екеуі де тым-тырыс қалды.
Тенардье оң қолын маңдайына күнқағар ғып ұстап, қабағын түйіп, көзін сығырайтып, ернін сәл жымқырып, бейтанысты дұрыстап түстеп алуға тырысты. Бірақ түстей алмады. Алдында айтқанымыздай, Жан Вальжан жарыққа арқасын беріп отырған, оған қоса бет-аузы адам көргісіз, баттасқан қан, кір-қожалақ, тіпті оны ашық күннің өзінде танып-білу мүмкін емес. Қайта қарсы алдынан тортемірден түскен бозамық сәулемен жер астының өлі-тірлігіне қарамастан Тенардьенің өзі, жаттанды болса да дәл тиетін сөзбен айтқанда "бірден көзге түсті". Жан Вальжанға құпия жекпе-жекте біраз үстемдік алу үшін осының өзі жетіп жатыр, жағдайы әртүрлі адамдар арасында мұнан артық не болуы мүмкін.
Жан Вальжан бұл жекпе-жекке жабық бетпен, ал Тенардье ашық түсіп отыр.
Тенардьенің өзін танымағанын Жан Вальжан бірден түсінді.
Қара көлеңкеде олар бір ауық біріне-бірі шұқшиып, бой теңестіргісі келгендей көрінді. Үнсіздікті бірінші болып Тенардье бұзды:
— Бұл арадан қалай шығамын деп ойлайсың?
Жан Вальжан жауап берген жоқ.
Тенардье сөзін жалғастырды:
— Бұл арада қайқы темір көмектеспейді. Саған қайткенмен де мұнан шығу керек.
— Ол рас, — деді Жан Вальжан.
— Онда олжаңды тең бөлесің.
— Сенің не айтқың келіп тұр?
— Сен кісі өлтірдің. Ол өз ісің. Ал кілт менде.
Тенардье саусағымен Мариусті нұсқады
— Мен сені білмеймін, — деді ол ойын жалғастырып, — бірақ көмектескім келеді. Байқауымша өзіміздің жігіт сияқтысың.
Жан Вальжан енді түсінді: Тенардье мұны кісі өлтіруші деп тұр. Тенардье сөзін қайта бастады:
— Құлақ сал маған, достым. Жас мырзаны өлтірген екенсің, қалтасын түгел сүзіп шықтың, солай ғой. Алғаныңның жартысын маған бер. Сонда саған есікті ашып беремін.
Кеудешесінің қалтасынан ауыр кілттің жартысын шығарып:
— Еркіндік кілтінің қандай екенін көргің келе ме? — деді. — Міне, қарап көр.
Жан Вальжанның қайран болғаны сондай, тіпті ол өз көзіне өзі сенбей қалды. Құдіреттің өзі мынандай жексұрын бейнеде жеткені ме, қалайша аппақ періште Тенардьенің кейпінде жер астынан шыға келді?
Тенардье қолын қойнына тығып, аумақты ішкі қалтасынан ескен жіп алып Жан Вальжанға ұсынды.
— Мә, ұста, — деді ол, — міне, саған аз болса, мына жіпті де ал.
— Маған жіптің қажеті не?
— Тағы тас та керек, бірақ олар сыртта жетерлік. Тау-төбе қиыршық тас жатыр.
— Маған тастың қажеті қанша?
— Мына кеңкелесті қара! Анау өлексені өзенге лақтыру керек емес пе, ол үшін арқан мен тас қажет болады. Әйтпесе батпай, сыртқа шығып қалады.
Жан Вальжан жіпті алды. Кей сәтте кісі өз-өзінен ойсыз келісе береді ғой.
Кездейсоқ бір ой баурап алғандай Тенардье саусақтарын сырт еткізді:
— Айтшы, достым, қорықтан шығудың амалын қалай тауып жүрсің? Менің оған аттап басуға батылым бармап еді. Фу, үсті-басың сасып тұр ғой!
Сәл кідіріп ол қайта сөйледі:
— Мен саған сауал қоямын, сен бірақ жауап бермейсің, мейлі ол өз шаруаң. Тергеушінің алдындағы жауапқа әзірленіп жүрген боларсың. Қитыққан уақыт! Әрине, жалпы сөйлемесең, бірдеңе айтып қалармын деп сақтанатын шығарсың. Әйткенмен де, өзіңді көрмегенмен, есіміңді білмегенмен, сенің кім екенің, саған не керегі маған айдан айқын. Сендейлердің талайын көргенбіз. Мына жас жігітті жайратып салып, енді су түбіне жібермексің ғой. Сондықтан саған өзен керек боп тұр. Міне, мен сенің тығырықтан шығуыңа көмектесемін. Тәуір жігіттерді қиындықтан құтқару менің қолымнан келеді.
Жан Вальжанды үнсіздігі үшін мақтай тұра ол оны әңгімеге шақырғысы келді. Иығын қапсыра ұстап, оны бір бүйірден көруге тырысты, сосын дауыстап, онша айқайламай, дауысын көтеріп:
— Айтқандай, қорыс туралы. Қандай кеңкелессің! Мұны неге соған тастай салмадың? — деді.
Жан Вальжан тіс жарған жоқ.
Тенардье жағымды, маңғаз адамның кейпімен мойнындағы шүберекті галстук орнына тартып байлап:
— Ә, әлбетте, сен ақылды жасаған екенсің, — деді. — Ертең анау жыраны бітейміз деп жұмысшылар келгенде бұл түсікті тауып алары ақиқат. Сосын біртіндеп, басқан ізіңді аңдып жүріп, білдіртпей кеп өзіңді бас салады. Е-е, сорбұлақпен біреу жүрген екен. Кім болды екен ол? Сонда ол қайдан шығып жүр? Шыққанын көрген біреу-міреу бар ма? Суағардың өзі сыбырлақ, сөз жоқ ұстап береді. Мұндай табыс бұл арада сирек, сорбұлаққа шаруамен келетіндер шамалы, ал өзен бәріне ортақ. Нағыз мола өзеннің өзі. Сосын суға кеткенді бір ай өткен соң Сен-Клудан ау салып тауып көрсін. Тапса да ол неге жарайды? Арам өлген өлексе. Ал оны өлтірген кім? Париждің өзі. Сот тіпті тергеу де бастамайды. Сен әккі алаяқ екенсің.
Тенардье талмай мылжыңдаған сайын Жан Вальжан үнсіздіктен танбай қасарыса түсті. Тенардье оны иығынан қайта қақты.
— Ал енді, кәне, қол соғысайық. Бөлісеміз ғой. Мен саған кілтті көрсеттім, сен ақшаңды көрсет.
Тенардьенің түрі тағы сияқты мазасыз, күмәншіл, үрейлі, сөйте тұрып жылы шырайлы.
Бір ғажабы, Тенардьенің жүріс-тұрысында табиғилық жоқ, өзін өзі билей алмайтын тәрізді; құпия бірдеңесі бары білінбесе де, баяу сөйлеп, ауық-ауық "тсс!" деп саусағын ерніне жапсыра қояды. Неліктен өйтетінін түсіну қиын. Екеуінен өзге бұл арада және ешкім жоқ. Жан Вальжанның басына жақын маңда да қаңғыбастар бар екен ғой, олжа болса, сірә, олармен мұның бөліскісі келмейтін шығар деген ой сап етті.
Тенардье тағы да сөйледі:
— Жарайды, бітірейік. Сен мынау ашықауыздың қойны-қонышынан қанша түсірдің?
Жан Вальжан қалтасын ақтарды.
Ұмытпасақ, қалтасына қашанда ақша салып жүретін оның ежелгі әдеті болатын. Пешенесіне жазылған қатерге толы ауыр тұрмысында бұл ол үшін бұлжымас заңға айналған. Алайда ол бұл жолы қапы соқты. Кешкілік көңілі келмей құлазып жүргенде қайта киініп, ұлттық ұлан үлгісін үстіне ілгенде, бұрынғы киімінің қалтасында күмәжнегін ұмытып кетіпті. Жилетінің қалтасынан ғана бірнеше теңге табылды. Ол лай сіңген қалталарын аударып қарап, қабырғаның текшесіне бір алтын, екі бес франктік күміс теңге қойып, екі сулық бес-алты бақырды және қосты.
Тенардье төменгі ернін шығарып, басын шайқап-шайқап жіберіп:
— Апырау, сонда сен оны тектен-тек өлтірген болдың ба?! — деді таңданып.
Онымен де қоймай Жан Вальжан мен Мариустің қалталарын шімірікпестен тіміскіп өзі тінте бастады. Жан Вальжан оған жүзін анықтап көрсетіп алмас үшін бөгет жасаған жоқ. Мариустің киімдерін сипалай жүріп, Тенардье қалтаманның әккілігімен білдіртпей бешпентінің бір жерінен жыртып алып, қиқымын қалтасына салды, сірә, өлгенді анықтау үшін немесе өлтіргеннің ізіне түсіп тауып алу үшін бірде болмаса бірде кәдеге жарар деген арам ойы болса керек. Алайда ол әлгі айтқан отыз франктен өзге ештеңе таппады.
— Анығы анық, — деп міңгірледі ол, — біріне бірі мінгескен, қалтада жоқ ештеңе.
Сосын "олжаны қақ бөлісеміз" деген шартын да ұмытып, бар ақшаны сыпырып қалтасына басты.
Бақырларға қарап тұрып біраз толқыды да, ойланып тұрып-тұрып оларды да сыпырып алақанына салды.
— Бәрібір, кісінің көк тиын пайдасыз көзін құртқан екенсің! — деп бұрқ етті.
Сосын ол кеудешесінің қойынынан кілтті қайта суырып алып:
— Ал енді шық, достым, — деді. — Мұнда жәрмеңкедегідей ақысын шығарда береді. Ақысын төледің — енді тайып тұр.
Бәлкім, кілттің көмегімен бейтанысты құтқарып жібергенде ол таза, бүкпесіз ниетпен кісі өлтірушіні аман алып қалғаны ма? Бұл арада күмәндануға да болмайтын сияқты. Тенардье Жан Вальжанның Мариусті қайтадан арқасына салып алуына көмектесіп, аяғын ұшынан басып, оған артымнан жүріп отыр деп ым қағып, сыртқа қарап, саусағын ерніне апарып, бір сәт тына қалды, бірдеңені тосқан сыңай танытып, ақыры жан-жағына қарап алып, кілтті құлыптың көмейіне тықты. Құлыптың тілі бір жағына қарай сырғыды да, есік ашылды. Сықыр да, сытыр да естілген жоқ. Барлығы да тып-тыныш өтті. Тортемір де, есіктің топсасы да қамқорлықпен майланып, жиі ашылып тұрғаны анық болды, біздің ойлағанымызға бұл мүлдем кереғар. Бұл тыныштықтың өзі де қатерлі секілді, оның сыртында құпия көрінулер мен жоғалулар, түнгі кәсіп адамдарының үнсіз келуі мен кетуі, қылмыстың білдірмейтін қасқыр қадамы жатқаны анық. Шамасы, жерасты каналы құпия бір шайканы бауырына басып жатқан тәрізді.
Тенардье есікті тура Жан Вальжан шығып кететіндей етіп ашып, тортемірді тез жауып, құлыпты кілтімен екі бұрады да, түнекке сүңгіп жоқ боп кетті. Дәл бір мақпал табанымен басқанын білдірмейтін жолбарыстың өзі дерсің. Бір минөттен соң сұрқы жиіркенішті бұл елес те түк көрінбейтін қараңғылыққа қарасын батырды.
Жан Вальжан еркіндіктен бір-ақ шықты.
Тоғызыншы тapay
МҰНДАЙ ІСТІҢ МӘНІН БІЛЕТІН АДАМ МАРИУСТІ
ӨЛІК ДЕП ҚАБЫЛДАДЫ
Жан Вальжан Мариусті жағаға түсірді.
Олар енді еркіндікте еді!
Иіс-қоңыс, кір-қоқыр, қараңғылық пен қорқыныш артта қалды. Ол саф, таза, шипалы ауамен еркін дем алып, лап қойған жан жадыратар тасқынын құныға жұтты. Айнала тып-тыныш, көңіл қуантар бұлтсыз ашық кештің тыныштығы. Ымырт үйіріліп, түн таяп келеді, кәдімгі азапты беймазалықты серпіп тастау үшін қараңғылық пердесін жамылғысы келетін жанға адал құрбы, ұлы құтқарушы түннің өзі бұл. Аспаннан аялап жан жұбатар бір леп дамылсыз себездеп тұр. Елисей алабының биік шегіршіндерінен құстардың ұйықтар алдындағы шықылықтасқан сұхбаты тамылжыған әндей естіледі. Ашықкөк аспанның кей тұсында жұлдыздар көрініп, мұңайғандай бозарып, шетсіз, шексіз көгілдір айдында көзге әрең ілінер жарқылмен жылтырайды. Кеш Жан Вальжанға шексіздіктің ғажайыптарын тамылжытып тұр.
Күндіз деп те, түн деп те атауға болмайтын қолға түспес таңғажайып бір сәт. Көз ұшында жоғалтып алуға болардай недәуір қараңғы, бірін-бірі жақыннан танырлықтай недәуір жарық.
Жан Вальжан бір ауық аялы да әдемі тыныштықтың таңғажайып тылсымына ұйып, өзін өзі ұмытқандай болды; бейбақ жан уайым-қайғы мен қауіп-қатердің қаумалауынан арылған тұста дәл осындай мизамшуақ сәт туады; ой мұнартып, рахман дүние түн сияқты әлдилеп, қиялшылдың жан дүниесі аспан реңдес нұрлы іңірге малынып, жұлдыздармен бірге жарқырайды. Жан Вальжан еріксіз төбесінде тұрған сүттей аппақ мұнарға қарап елжіреп кетті; сәл ойланып аспанның бәрін де ұмыттырып, жан тазартар дұғасымен салтанатты бір тыныштыққа шомды. Сосын борыш деген бар болғыры есіне түсіп Мариуске үңілді, алақанымен суды көсіп алып, бірнеше тамшысын бетіне шашты. Мариустің көзі ашылған жоқ, бірақ жартылай ашық аузымен дем алып жатты.
Жан Вальжан тағы да көсіп су алғалы жатыр еді, кенет бір түсініксіз беймазалықты сезді, әдетте өзің байқамайтын бірдеңе ту сыртыңда тұрғанда осындай болады.
Барша адамға таныс мұндай түйсікті бұрын да сипаттауға тура келген-ді.
Ол жалт қарады.
Өткен жолғыдай ту сыртында тағы да біреу тұр екен.
Ұзын бойлы, мол бешпет киген кісі қолдарын айқастырып, Мариуске үңіле қарап Жан Вальжаннан бірнеше адым ғана жерде тұр, оң қолында қысып ұстаған, басына қорғасын құйған шоқпары бар.
Қоюлана бастаған қараңғылық оны елес қып көрсетеді. Соқыр сенімді адамды қараңғылық, ал салиқалы адамды сойыл қорқытар еді.
Жан Вальжан Жаверді жазбай таныды.
Оқырман, әлбетте, Тенардьенің ізіне түсіп жүрген Жавер екенін аңғарған шығар. Баррикададан аман-есен, сап-сау шыққан Жавер сол бетінде полиция префектурасына тартқан, қысқа қайырым қабылдауда бастыққа барлық жағдайды баяндап, табанда міндетті қызметіне оралған, ұмытпасақ, одан табылған бір парақ қағазда оның айрықша бақылауда ұстайтыны Сенаның оң жақ жағасы, Елисей алабының өн бойы еді ғой, және біраз уақыттан бері полицияның назарын аударып жүрген жер. Сонда ол Тенардьені байқап қап ізіне түскен-ді. Қалғанын біз білеміз.
Жан Вальжанның алдынан соншалық ескертпемен ашылған тортемірдің Тенардье тарапынан болған жымысқы амал-айла екені де бізге түсінікті. Тенардье Жавердің әлі осында екенін сезді, ізіне көп түскен адамның осындай сезік-сезімі болады, қайткенде де қуғыншының алдына сүйек-саяқ тастау керек. Оның үстіне ол жемі кісі өлтіруші болса, одан артық олжаның не керегі бар. Бұл кез келген қызығатын құрмалдық тарту. Өзінің орнына еркіндікке Жан Вальжанды шығарып, Тенардье полицияны өз ізінен адастырып, жаңа олжаның, өзінен ірірек аңның соңына салды. Жавер сияқты сарсыла күткен жансызға бір жағынан бұл оның сыйы болса, екінші жағынан осы арқылы өзі бой тасалап қалмақ.
Жан Вальжан сөйтіп оттан өртке түсті.
Осындай екі кездесуді бастан өткеру, Тенардье мен Жавердің қолына, бірінен соң біріне түсу ауыр болды.
Өзіне өзі ұқсамай кеткен Жан Вальжанды Жавер таныған жоқ. Тұрған тұрысын өзгертпей ол тек қана сойылын қыса ұстап, үздік-создық әрі сабырмен сұрақ қойды:
— Сіз кімсіз, өзі?
— Менмін.
— Меніңіз кім?
— Жан Вальжан.
Жавер сойылын аузына тістеп, тізесін сәл бүге еңкейіп, қуатты қолын Жан Вальжанның иығына салып, қысқаштай қысып қапсыра ұстады да, бетіне қарап, оны таныды. Беттері тіпті тақасып қалды. Жавердің көзі кісі шошығандай еді.
Жан Вальжан арыстанның сілеусін тырнағын елемейтіні сияқты Жавердің қысқанын сезген де жоқ.
— Инспектор Жавер! — деді ол. — Мен сіздің билігіңіздемін. Оның үстіне таңертеңнен бастап сіздің тұтқыныңызбын, мекен-жайымды сізден жасырынғалы бергенім жоқ. Ұстаңыз мені. Тек жалғыз ғана өтінішім бар...
Жавер оның сөзін есітпеген сияқты. Көзінің бар уытымен Жан Вальжанға тесіліп тұр. Тістенген жағы, жымқырылған ерні алай-дүлей ой үстінде екенін аңғартады. Ақыры ол Жан Вальжанды босатып, бар еңсесімен бойын тіктеді, сойылын қолына қайта ұстады, өзін өзі ұмытқандай, күбірлегеннен гөрі міңгірлеп сөйледі:
— Бұл арада не істеп жүрсіз? Мынау адам кім?
Ол Жан Вальжанға "сіз" деуден танбады.
Жан Вальжан жауап қатты да, оның үні Жаверді ұйқыдан оятқандай болды.
— Тура дәл осы кісі туралы сізбен әңгімелеспек едім. Маған не істеймін десеңіз де ризамын, алайда алдымен осы жігітті үйіне жеткізуіме көмектесіңіз. Тек осыны ғана өтінемін.
Жавердің бет-әлпеті бұзылып кетті, алған бетінен, айтқан сөзінен қайтамын ба деп қорыққанда өститін оның әдеті. Алайда ол бас тартқан жоқ.
Қайта еңкейіп, қалтасынан орамалын алып суға малды да, қан баттасқан Мариустің маңдайын сүртті.
— Мынау адам баррикадада болған ғой, — деді күбірлеп бейнебір өзімен өзі сөйлесіп тұрған сияқты. — Мариус атайтын жігіт осы емес пе?
Әйдік тыңшы, әккі жансыз бәрін көріп, бәрін тыңдап, бәрін естіп тұр екен ғой, бір аяғы көрде, бір аяғы жерде өлім күтіп, жан-тәсілім еткелі тұрып-ақ бәрін байқап, бәрін бақылап үлгерген.
Ол Мариустің қолын ұстап, тамырын басып көрді.
— Ол жаралы, — деді Жан Вальжан.
— Ол өлген, — деді Жавер.
Жан Вальжан қарсылық білдірді:
— Жоқ. Әзір тірі.
— Демек, сіз бұны баррикададан алып келдіңіз ғой? — деп сұрады Жавер.
Шамасы, оның өзі де қатты мазасызданып тұрған сыңайлы, өйткені ол жерасты каналы арқылы қалай қашып шыққандарын қазбалап сұраған жоқ, тіпті сұрағына Жан Вальжанның жауап қатпағанына да мән бермеді. Ал Жан Вальжанды алаңдатып тұрған жалғыз ғана ой. Соны еске ала сөйледі ол:
— Ол Мареде тұрады, Тәңірінің ләззат бикелері көшесі, өзінің атасының үйінде... Атасының есімін ұмыттым.
Жан Вальжан Мариустің қалтасын ақтарып, қойын дәптерін суырып, қарындашпен жазылған бетін ашып Жаверге ұсынды.
Кешкі аспанда жазғанды оқуға мүмкіндік беретіндей жарық әзір бар еді. Оның үстіне Жавердің көзі түнгі жыртқыш құстардың жанарындай қараңғылыққа әбден үйреніп кеткен-ді. Мариустің жазған жолдарын тез ажыратып, тісінің арасымен сыздықтата айтты:
— Жильнорман, Тәңірдің ләззат бикелері көшесі, нөмірі алты.
Сосын айқай салды:
— Арбакеш!
Қажет боп қала ма деп аттарын қаңтарып қойған арбакеш туралы оқырман біледі.
Мариустің қойын дәптерін Жавер өзінде қалдырды.
Арада бір минөт өткенде күйме суатқа түсер құламамен көтеріліп жетіп келді де, Мариусті артқы орындыққа салды, Жавер Жан Вальжанмен бірге алдыңғы орындыққа жайғасты.
Есік жабылды да, күйме жағалауды бойлап Бастилия бағытына тартты.
Жағалаудан бұрылған олар көшелермен жөнелді. Арбакеш делбеші орындығында қарауытып, арық аттарына қамшы үйірді. Күймеде мұздай суық үнсіздік. Күйменің бұрышында басы салбыраған Мариустің қимылсыз денесі, екі жаққа кеткен екі қолы, серейген аяқтары тек табытқа салуды ғана тілеп жатқандай; Жан Вальжан түнектен тоқылғандай да, Жавер тастан қашалғандай. Ара-тұра найзағайдың одағай жарқылы құсап, көше шамдарының көгілдір сәулесі ішіне түсетін осынау қараңғы күймеде қасекі құдірет қасіретті үш қимылсыздың — мәйіт, елес, тас мүсіннің басын қосты.
Оныншы тарау
АДАСҚАН ҰЛДЫҢ ОРАЛУЫ
Күйме әр шайқалған сайын Мариустің шашынан тамшылап қан ағып жатты.
Қас карайғанда арбакеш Тәңірдің ләззат бикелерінің көшесіндегі нөмірі алтыншы үйге келіп ат басын тіреді.
Жавер күймеден бірінші түсті де, қақпаның жоғарғы жағындағы нөміріне көз жүгіртіп, ескі үлгімен сырланып, теке мен сатирдің (грек мифологиясындағы сауық-сайран құдайының теке пішінді сотқар жолдасы) сүзіскен суреті ойып салынған ауыр балғамен қақпаны қақты. Есік сәл ашылды. Жавер оны айқара ашты. Есіктің ар жағынан қолына шырақ ұстап есінеген қақпашы шықты.
Үй түгел ұйқыда. Мареде жұрт әсіресе көше толқулары кезінде күн батпай жатып қалады. Мынау бейбіт көне орам революциядан қорқып, құтқарушысын ұйқыдан іздеген сынды; әдетте балалар құбыжықтан қорқып басын осылай көрпемен бүркеп алатын-ды.
Жан Вальжан Мариусті қолтығынан көтеріп, ал ат айдаушы аяғынан ұстап күймеден түсірді.
Оны осылай көтеріп келе жатып, Жан Вальжан жыртылған жейдесінің астына қолын сұғып, жүрегі соғып жатқанына көз жеткізді.
Күйменің қозғалысы жаралыға өмірлік күш бергендей жүрегі тіпті қаттырақ соғып жатқан секілді.
Жавер билік өкілінің қатқыл үнімен бүлікшінің қызметшісімен сөйлесіп тұрғандай қақпашыдан:
— Аты-жөні Жильнорман деген біреу тұра ма бұл үйде? — деп сұрады.
— Иә, тұрады. Сізге не керек?
— Біз оның ұлын алып келдік.
— Ұлын дейсіз бе? — деп қақпашы қайта сұрады. — Ол өлген.
Жавердің сыртында алба-жұлба, кір-қожалақ болып тұрған Жан Вальжан өзіне таңырқай қарап, көз алмаған қақпашыға өлгені бекер деген белгі берді.
Қақпашы Жавердің сөзін де, Жан Вальжанның ымын да түсінбесе керек, аңырып тұрып қалды.
Жавер сөзін жалғастырды:
— Ол баррикадаға барып, ойыны ақыры осылай осылып шықты.
— Баррикадаға дейді? — деп ышқынып кетті қақпашы.
— Оны сонда өлтірген. Әкесін шақыр, оят.
Қақпашы орнынан қозғала қоймады.
— Бар дедім ғой, тез! — деп қайталады Жавер, сосын ойын әрі жалғастырып:
— Ертең осында жерлеу рәсімі болады, — деді.
Жавер үшін қоғамдық өмірдің күллі оқиғалары саты-сатысымен екшеліп, содан қырағылық пен қадағалау басталады; кез келген кездейсоқтыққа белгілі бір орын берілген; ықтимал оқиғалар айрықша жәшіктерде сақталады, жағдайына қарай бірде бірге, бірде бөлек қойылады; мәселен, көшелерде тыныштық бұзу, бүлік, карнавал немесе жерлеу рәсімдері болып қалуы кәдік.
Қақпашы әуелі Баскті оятты. Баск Николеттаны оятты, Николетта Жильнорман тәтейді оятты. Бірақ атайды қозғамады, жағдайды қаншалық кешірек білсе, соншалық дұрыс болады деп топшылады.
Мариусті екінші қабатқа апарды және үйдің басқа жартысында ешкім байқамасын деп абайлай көтеріп, Жильнорманның ауыз бөлмесіндегі ескі диванға жатқызды. Баск дәрігер шақыртуға кеткенде, Николетта ақ жамылғылар қоятын шкафты ақтара бастады. Жан Вальжан Жавердің иығынан қозғап тұрғанын аңғарды. Ол түсінді де, төменге қарай жөнелді, өкшесін басып артынан Жавердің адымдап келе жатқанын сезіп келеді.
Қақпашы сол ұйқылы-ояу қалпымен олардың сыртынан үрейлене қарап ұзатып салды.
Олар күймеге келіп қайта отырды, арбакеш өзінің делбеші орнына кетті.
— Бақылаушы Жавер! — деді Жан Вальжан. — Маған тағы бір жақсылық жасаңыз.
— Қандай?
— Бір минөтке үйге кіріп-шығуға мұрсат беріңіз. Содан соң маған не істеймін десеңіз де еркіңіз.
Жавер иегін бешпетінің жағасына тығып үндемей қалды да, сосын күйменің алдыңғы терезесін ашып:
— Арбакеш! — деді ол. — Қарулы адам көшесі, нөмірі жетінші үйге тарт.
Он бірінші тарау
БҰЗЫЛМАС ЕРЕЖЕНІҢ БҰЗЫЛУЫ
Бүкіл жол бойы олар тіс жарып ауыз ашқан жоқ.
Жан Вальжанның не істегісі келді? Бастаған істі жеріне жеткізіп, Козеттаға ескертіп, Мариустің қайда екенін хабарлап, басқа да пайдалы кеңестер беріп, үлгерсе соңғы байламын айтып кетуі керек. Өз тағдыры енді алаңдатпайды, бәрі де бітті, Жавердің қолына түсті, енді құтылу жоқ, қарсыласпайды да. Басқа кісі мұндай жағдайда болса, Тенардьеден алған жіпті, түсетін алғашқы түрме камерасындағы аша орындағы тортемірді ойлар еді, бірақ епископпен кездескеннен бері кез келген қастандық, соның ішінде өз өміріңе қастандық жасау — Жан Вальжан үшін дінмен сыйыспайтын күнә.
Өзіне өзі қол жұмсау сияқты белгісізге астыртын зорлық көрсету кей жағдайда жаныңды өлтіру болып шығады, ал ол мүмкін емес.
Қарулы адам көшесінің ең басында арбакеш тоқтай қалды, өйткені одан әрі көше тар, күймелер өте алмайды. Жавер мен Жан Вальжан көше табанына түсті.
Арбакеш "инспектор мырзаның" күйменің ішіндегі орындықтарға жабылған мақпалдың өліктің қанынан, кісі өлтірушінің лас киімінен былғанғанына назарын аударды. Оны да өзі жаңа байқапты. Мүмкіндігі болса орнын толтырса деп өтініш айтты. Сол арада қалтасынан бақылау кітапшасын шығарып, инспектор мырзадан мархабат етіп "болмашы болса да, көрсеткен қызметіне пікір жазып беруін" сұрады.
Жавер арбакеш ұсынған кітабын итеріп тастап:
— Жүргеніңді, тұрғаныңды есептегенде саған қанша тиесілі? — деп сұрады.
— Қазір жетіден он бес кетті, — деп жауап қатты арбакеш, — ал мақпалым да су жаңа еді. Сексен франк, инспектор мырза.
Жавер қалтасынан төрт наполеондорды суырып берді де арбакешті босатты.
Жан Вальжан өзін мүлдем таяу тұрған Ақ мантиялар көшесі мен Архивтегі қарауыл күзетіне жаяу айдап апарады екен деп ойлады.
Олар көшемен жүріп келеді. Әдеттегідей ешкім жоқ, көше бос. Олар нөмірі жетінші үймен қатарласты. Жан Вальжан есік қақты. Есік ашылды.
— Жарайды, — деді Жавер. — Кіріңіз.
Ол өзінен өзі күтпегендей бір оқшау үнмен:
— Мен сізді осы арада күтейін, — деді.
Жан Вальжан оған қарады. Мұндай қимыл Жавер үшін әдеттен тыс. Әдетте оның өшпенді сенімі мысықтың қоя беріп, кейін тырнағын қаттырақ батыру үшін тышқанға көрсетер сенімі сияқты бірдеңе ғой деп оған таңданған жоқ, өйткені ертең әділ соттың қолына өзі барып беріліп, барлығына нүкте қоймақшы. Ол есікті итеріп үйге кірді, ұйқы соғып жатқан қақпашыны шақырды, ол орнынан тұрмай бау жіпті ғана тартты. Жан Вальжан баспалдақпен жоғары көтерілді.
Екінші қабатқа жетіп тоқтады ол. Әрбір айқын жолдың өз тынысы бар. Алаңға шығатын көтерме терезе ашық екен. Ескі үйлердің көбінде әдеттегідей баспалдақ ақ болады да, терезе көшеге қарайды. Тура қарсыда тұрған көше шамынан баспалдаққа жарық түсіп, артық шығыннан құтқарады. Жан Вальжан әлде таза ауа жұтқысы келді ме, әлде басқа себебі бар ма, оны өзі де білмей терезеден басын шығарды. Көшеге көз салды. Көше мүлдем қысқа, фонарьдың жарығы бар жерге түсіп тұр. Жан Вальжан қайран болғандықтан тас боп қатты да қалды: көшеде ешкім жоқ.
Жавер кетіп қалыпты.
Он екінші тарау
АТА
Баск пен қақпашы бұрынғысынша Мариус қимылсыз жатқан диванды қонақжайға көшірді. Кісі жіберген дәрігері табанда келді. Жильнорман тәтей де тұрды.
Шошып кеткен тәтей қатты уайымдап: "Жарылқаушы құдая, бұл не болды өзі?" деп күбірлеп ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Кейде ол: "Бәріне қан жұғатын болды-ау!" деп міңгірлейді. Алғашқы қобалжуы басылған соң ол болған жағдайды философиялық тұрғыдан бағалап: "Осылай тынуға тиісті еді ғой!" деді даусын көтере. Бірақ ол осындайда көбірек айтылатын: "Осыны мен баяғыда-ақ айтып едім ғой!" деген қағидатқа жеткен жоқ.
Дәрігердің бұйрығымен диванның жанына жинамалы кереует қойылды. Доктор Мариусті қарап, тамыры соғып жатқанына көз жеткізіп, кеудесінде бірде-бір терең жара жоғын, езуіне қатып қалған қан танаудан аққанын анықтап, оны кереуетке жастықсыз шалқасынан жатқызуды, басын көкірегімен деңгейлес, тіпті төменірек қоюды, еркін тыныстауы үшін кеудесін жалаңаштауды ұсынды. Кәрі қыз Жильнорман Мариусті шешіндіріп жатқанын көріп, жалма-жан өз бөлмесіне кіріп кетіп, таспиғын тартып шоқынып, дұға оқи бастады.
Мариустен ішкі құрылыстың айрықша бүлінуі байқалған жоқ, кеудеге көзделген оқ қойын дәптеріне тиіп тайып кетіп, екі қабырғаның арасынан өтіп, терісін едәуір жыртып, бір қарағанға қорқынышты үлкен жара боп көрінеді, бірақ таяз, сондығынан қауіпсіз. Жер астымен ұзақ саяхат шығып кеткен бұғанасын одан сайын асқындырып, елеулі зақым сол болып тұр. Қолдары қылыштан біраз зақымдалыпты, бетінде бірде-бір жара жоқ, бірақ басы тілім-тілім. Бұл жаралардың қандай зардабы болмақ? Олар тек бас терісін ғана тіліп кеткен бе? Әзір ол жағын анықтау мүмкін емес. Қауіпті нышан оның есінен танып қалуы, мұндайда жаралының бәрі бірдей өзіне өзі келіп, есін жинай бермейді. Оның үстіне жаралы қан кетуден қатты әлсіреген. Кіндігінен төменгі денесі дін аман, өйткені Мариусті белуарына дейін баррикада сақтады.
Баск пен Николетта ақ жамылғыны бой-бойымен жыртып, бинт жасады; Николетта оның шетін жөрмеп, Баск орап тұрды. Таңғыш болмай дәрігер қанды жараның аузына мақта салып тоқтатты. Кереует жанындағы үстелде хирургиялық құрал-жабдықтардың тұтас жиынтығы жатты және үш шырақ тұрды. Дәрігер Мариустің беті мен шашын суық сумен жуды. Шелек толған су әп-сәтте қанға боялып шыға келді.
Доктор мұңды толғанысқа түсіп кетті. Ара-тұра ол басын шайқап қояды, бейнебір өзі сауал қойып, өзі жауап беріп жүрген сияқты. Сырқат үшін дәрігердің өзімен өзі құпия сөйлесуі жаман ырым.
Жаралының бетін дәрігер саусағын абайлай жүргізіп сүртіп, әрі ашылмаған қабағын сипап көріп жатқан тұста түп жақтан қонақжайдың есігі айқара ашылып, ұзын бойлы аппақ тұлға көрінді.
Бұл атаның өзі еді.
Соңғы екі күнде бүлік Жильнорманды қатты толқытып ыза ғып, мазасын кетірді. Өткен түні ол көз шырымын алмай, күндіз дірілдеп, қалшылдап, қызуы көтеріліп кетті. Кешкісін ол өте ерте жатты, бүкіл үйді дұрыстап бекітіп жабуды тапсырып, ақыры қалжырағаннан қалғып кетіпті.
Қарттардың ұйқысы сергек келеді ғой; Жильнорманның жатынжайы қонақжаймен қабырғалас болатын, қанша сақтық жасап абайлағанмен, болмашы шудың өзі оны оятып жіберді. Есіктің саңылауынан түскен жарыққа таңданып, төсегінен тұрған ол сипалап жүріп есікке жетті.
Ол бір қолымен жартылай ашық есіктің тұтқасынан ұстап, табалдырықта қайран болып тұрып қалды да, қалтыраған басын көтеріп, мойнын созды, үстінде денесіне жабысқан аппақ желең, ақырет сияқты тіп-тік, теп-тегіс, молаға үңілген бейнебір елес тәрізді.
Жарық түсіп тұрған кереуетте ол сұлап жатқан қан-жоса жас жігітті көрді, жүзі балауыз сияқты боп-боз, ерні кезеріп кеткен, аузы ашылып қалған, белуарына дейін жалаңаш, еш қимылсыз жатыр.
Қарияның бүкіл денесі қалтырап кетті, кәріліктен ақтары сарғайған көзі әйнектеніп тұманданып, жағы суалып, жүзін қоңыр көлеңке басты, қолы жансызданып сылқ ете түсті, бейнебір серіппесі үзіліп кеткендей, саусақтары тарбиып діріл қағады, етегі ашылған желеңнен түк басқан арық аяқтары қалай бүгіліп бара жатқаны білініп тұр.
— Мариус!- деп күбірледі ол.
— Тақсыр! — деді Баск. — Мариус мырзаны осы әлгінде ғана алып келді. Ол баррикадаға барыпты, мұны сонда...
— Ол өлген бе!? — деп сұмдық үрейлі үнмен шар ете алды шал. — Ah, қарақшы!
Кенет өліп-тірілгендей жүз жастағы шал жас жігіттей бойын тіктеп ала қойып:
— Мырза, сіз дәрігерсіз ғой! — деді. Маған тек қана мынаны айтыңызшы: ол өлген жоқ қой, ә?
Қатты қобалжып, ширығуы шегіне жетіп тұрған дәрігер тіс жарған жоқ.
Іші удай ашып Жильнорман әлден уақытта ашына күліп жіберді:
— Ол өлді! Ол өлді! Ол өзін баррикадада оққа ұстады! Маған деген ашу-ызадан, өшпенділіктен өлді. Мұны ол маған қасақана жасады. О, қанішер! Міне, маған ол қалай оралды! Ол өлді, менің сазайымды тарттырды!
Ол терезеге келіп, ауа жетпегендей оны айқара ашып тастады, қараңғыға бетпе-бет қарап тұрып, ұйқыдағы көшені өксігімен оятып, түнмен сырласты:
— Түйрелген, туралған, бауыздалған, шабылған, пәршаланған, кесек-кесек ет болып өзін өзі құртқан! Қараңдаршы мынау оңбағанға, көріңдерші қандай кеңкелес екенін! Ол ғой, менің күтіп отырғанымды жақсы біледі, оған мен арнаулы бөлме әзірлетіп, төсегінің басына бала күнгі суретін де ілгізіп қойдым. Ол оралудың неге түсетінін бек жақсы білді, мен оны қанша жылдардан бері шақырып келемін, талай кештерді оны күтіп екі қолымды тіземе қойып, өзімді немен алдандырарымды білмей төрпештің алдында өткіздім. Сен ғой "Міне, бұл мен!" деп келе қалсаң бәрінің иесі болатыныңды да өте жақсы түсіндің, мен болсам сенің ырқыңа бағынып, өзің қарт, алжыған атаңды не істеймін десең еркіңде дер едім ғой. Сен соның бәрін біле тұрып: "Жоқ, ол монархияны жақтайтын роялист, оған бармаймын!" дедің-ау! Сен баррикадаға қашып барып, менің герцог Берийскийдің мархабаты туралы сөзіме бола қасақана ант ұрғандығыңнан өзіңді өзің өлімге байлап бердің-ау! Бұл қаскөйлік! Енді осыдан кейін төсекке қайта жатып ұйықтап көр. Ол өлді. Міне, менің оянған сиқым осы болды.
Дәрігер енді екеуі үшін де мазасыздана бастады, бір сәтке Мариусті тастап, Жильнорманның қасына келіп, оның қолын ұстады. Қария жалт бұрылып, оған шарасынан шыға қанталаған көзін қадап баяу ғана сөйледі:
— Рахмет сізге, мырза! Мен тықышпын, еркекпін ғой, мен Людовик Он алтыншының да дүние салғанын көрген жанмын, сыннан өте білемін. Бірақ бір сұмдығы, барлығы сіздердің газеттеріңізден шыға ма деген ой келеді. Мейлі, сіздерде жазармандар, сөйлемпаздар, адвокаттар, шешендер, ділмарлар, сөз сайысы, прогресс, оқу-ағарту, адам құқығы, баспасөз бостандығы болсын-ақ, бірақ балаларыңды үйге қандай сиқымен әкеледі!? Аһ, Мариус, бұл сұмдық қой! Өлді де қалды! Менен бұрын өліп кетті. Және баррикадада өлді. Аһ, бандит! Доктор! Зайыры, сіз біздің орамда тұрасыз. Мен сізді жақсы білемін. Терезеден сіздің кабриолетпен кетіп бара жатқаныңызды жиі көремін. Мен сізге бәрін айтамын. Мен ашуланып тұр деп бекер ойлайсыз. Өлгендерге ашуланбайды. Ол ақымақтық болар еді. Ол сәби болғанда мен кәрі едім. Тюильри бағында ол күрекпен, арбамен ойнап жүрді, күзетшілер бұрқылдамасын деп ол күрекпен шұқылаған жерді мен аспай-саспай таяғыммен тегістеп жүрдім. Бір күні ол "Жойылсын Людовиг Он алтыншы!" деп айқайлады да үйден шығып жүре берді. Бұл менің кінәм емес. Ол сары, бұйра шашты, қызыл шырайлы әдемі-ақ бала еді. Анасы қайтыс болды. Байқағаныңыз бар ма, кішкентай балалардың бәрі бұйра шашты ақсары келеді. Бұл неден екен? Ол сонау Луар қарақшыларының біреуінің баласы, бірақ балалар әкесінің қылмысы үшін жауап бермейді. Мен оны бойы мынадай күнінен білемін. Ол "д" әрпін тілі келмей көпке дейін айта алмай жүрді. Ол балапан сияқты сондай нәзік, сондай әсем шықылықтайтын. Әлі есімде, бірде Геркулес Фарнезскийдің мүсіні маңында жұрттың бәрі мұнан көз алмай, үйірілді де жүрді, бұл сондай сүйкімді болатын! Мұндай баурап алар бастарды тек суреттерден ғана көресің. Мен бекер оған ашулы үнмен сөйлеп, бекер таяқ безедім — ол оның шын емес екенін жақсы білетін. Ертеңгілік жатынжайыма жүгіріп кіргенде күнім туғанын көре тұрып бұрқылдаушы едім. Мұндай баланы айналмай, толғанбай тұра алмайсың. Олар сені билеп алып, уысында ұстап былқ еткізбейді. Бұдан кейін оны менен тартып әкеткен Лафайеттеріңнің, Бенжамен Констандарыңның, Тиркюи де Корселилеріңнің құны соқыр тиын. Олар үшін бұл босқа кетпейді.
Ол төңірегінде тықыршып дәрігер жүрген, өліктей боп-боз қимылсыз жатқан Мариуске жақындап келді. Қан-сөлсіз ерні әншейін өздігінен қимылдағандай, аузынан өкініш аралас әлсіз күрсініс лық етіп бас-аяғы жоқ байланыссыз сөздер қырылдап шықты:
— Ah, тасжүрек! Ah, якобиншіл! Қанішер! Қарақшы!
Өліп бара жатқан адам өліп жатқанды жазғырып тұр.
Ішкі тебіреністің сөз болып құйылатыны даусыз, атайдың сөзі бірте-бірте ретке келіп байланысты бола басты, бірақ оған шамасы жетпеді: үні сондай баяу, естілер-естілмес болып шықты, бәз-бір құздың басқа жиегінен естіліп тұрған тәрізді.
— Маған бәрібір, ұзамай өлемін. Ойлап қарашы, дүйім Парижден мынау тентекпен бақыт құруды қуаныш санамайтын бірде-бір ақымақ қызды іздеп табар ма екенсің! Ождансыз неме! Өмірдің ләззатына мүлгіп көңіл көтерудің орнына, төбелес іздеп тепсініп баррикадаға барғанын көрмеймісің, есуас құсап өзін оққа байлап, денесін шұрқ-шұрқ тескізгенде не тапты екен! Төбелесуге тұратын бірдеңе болса жарайды ғой. Бұлар Республика үшін дейді. Республиканың орнына жас жігіттер сияқты Шомьердің балында билеп жүрмей ме? Бұл ғой небары жиырма-ақ жаста. Республикашылын! Бұл қандай сайтанның сапалағы өзі! Қайран аналар! Осыдан кейін әдемі ұлдар туып көріңдер. Міне, ол өліп жатыр. Демек, біздің ауладан бір емес, екі қаралы шеру шығады. Сонымен, сен генерал Ламарктің жақсы көзі үшін қасықтай қаныңды төгуге барасың ба? Генерал Ламарктің алдында сенің қандай қарыз-парызың бар еді? Сол дойырға, сол қыртқа қайдан борышты болып жүрсің! Өлік үшін өлімге барады екен-ау кісі! Есіңнен адасып жынданудың да жөні бар емес пе. Түсінсеңдерші, түге! Өмірге келгеніне небары жиырма жыл! Артта қалғанына бұрылып қарауға да мұршасы келген жоқ. Міне, енді бейшара шалға жападан-жалғыз өлуге тура кеп тұр. Өз бұрышыңда жантәсілім ет енді, кәрі үкі! Енді не, әлбетте, осы дұрыс та болар, өзім де осыны қалаған шығармын, мені бірден өлтіруге қайта осы дұрыс болды. Мен мейлінше кәрімін ғой, жасым жүзде, жүз емес, туғаныма жүз мың жыл болды, баяғыда-ақ өлуім керек еді. Мынау соққы түбіме жетер-ақ. Демек, бәрі де бітті. Құдая, тәубе! Оған мүсәтір иіскетіп, әртүрлі ішірткі беріп қажеті не. Сіз босқа уақыт жоғалтып отырсыз, мисыз емші! Болды ғой енді, ол өлген, шынымен өлген. Өзге-өзге, мұндайдың жайын мен білемін ғой, мына мен де өлікпін. Ол бәрін де жеріне жеткізді, қаскөй, қатыбас, жексұрын, бейшара уақыт! Міне, мен білетін сендердің заманың. Сендер, сендерің идеяларың, жүйелерің туралы, сендердің басшыларың, көріпкелдерің, дәрігерлерің, оңбаған жазушыларың, суайт философтарың туралы, алты жыл бойы Тюильри бағында қарғаларды үркітуден басқа түк білмеген сендердің революцияларың туралы менің түйгенім де, білгенім де осы. Осы үшін өз жаныңды өзің қиғандай қаныпезер болсаң, алдыңнан жарылқасын, сені ойлап қайғырмаймын да, қапаланбаймын да. Естисің бе сен, кісі өлтіруші!
Сол сәт Мариустің кірпіктері баяу ашылып, көзі жылтырап, есеңгіреуден тұмантқан жанарын таңдана Жильнорманға аударды.
— Мариус! — деп шыңғырып жіберді шал. — Мариус, менің кішкентай балам! Сәбиім менің! Қымбатты ұлым! Сен көзіңді ашып, маған қарадың ба, сен тірімісің, рахмет саған!
Осыны айтып ол талып түсті.
ТӨРТІНШІ КІТАП
Бірінші тарау
ЖАВЕР ЖОЛДАН ТАЙДЫ
Жавер Қарулы адам көшесінен баяу адымдап алыстай берді.
Өмірінде ол алғаш рет басын салбыратып келеді, сондай-ақ өмірінде алғаш рет екі қолын артына ұстап келеді.
Күні осы уақытқа дейін ол Наполеонның жүріс-тұрысының екі кейпінен біреуін ғана еншілеген еді, ол сенімді білдіретін екі қолды кеудесіне айқастырып ұстай қою, ал батылсыздықтың белгісіндей екі қолын артына ұстау оған жат болатын.
Ол ұйқыдағы көшелердің түнегіне сүңги түсті. Алайда оның жолы белгілі бір бағытта жатты.
Ең қысқа жолмен Сенаға бұрылып, Шегіршін жағалауына шығып ол жағаны бойлай тартып, Грев алаңынан асып, Шатле алаңындағы қарауыл күзетіне жетпей Құдайана көпірінің бұрышына тоқтады. Құдайана және Айырбас көпірлерімен қоршалған, екі бүйірінде Көнтері және Гүл жағалаулары бар бұл жерде Сена иірімі ортасында төрткүл көл жасайды.
Сенаның бұл тұсына қайықшылар жоламайды. Осы иірімнің қатты ағысынан қатерлі ештеңе жоқ, ол кезде бұл екі бүйірден де қысылып, көпірде тұрғызылған су диірменнің бағандары арқылы өтетін, кейін ол қиратылып тасталды. Бір-біріне сондай жақын салынған екі көпір де қауіпті үстей түседі, өйткені су сұмдық екпінмен солардың арналары астынан жұлқына, құтырына ағады. Су оған қарай кең жайылып, буырқанған тасқынмен құлдырап, бұрқ-сарқ етіп, көкке шапшиды; толқындар долданып көпірдің тас тұғырына атылып, оларды қуатты тасқынның екпінімен түп орнымен жұлып әкетердей екіленеді. Оған құлаған адам қайтып су бетіне малтып шыға алмайды, тіпті тәжірибелі жүзгіштердің өзі суға кетіп жатады.
Жавер тас қазықты шынтақтап, екі қолын да иегіне тіреп, кейде саусағының самай сақалға қалай барып қалғанын да білмей ойға батты.
Оның жан дүниесінде бетбұрыс, төңкеріс, тіпті апат болды, демек, ойланарлық жәйт жетерлік.
Міне, өзін өзі танымай жүргеніне бірнеше сағат болды. Оның үн жырғасы түсіп кетті, өз соқырлығына сай айқын ойы мөлдірлігінен айырылып, тап-таза қарашығы лайланғандай болды. Жавер өз санасында борыш дегеннің екі ұдайыланғанын сезді, оны және өзінен жасыра алмады. Жан Вальжанды Сенаның жағасында жолықтырғанда оның кеудесінде ақыры жемін тырнағына түсірген қасқырдың түйсігі оянған еді, сонымен қатар ол өз бойынан иесін тапқан иттің де мінезін аңғарды.
Ол алдынан екі жол көрді, екеуі де тік, тура; оны осы үрейлендірді, өйткені ол ғұмыр бойы бір-ақ жолмен тура тартып келеді. Ал мынаның азаптылығы сонда, екі жол да бір-біріне кереғар. Екі тік желінің әрқайсысы бірін-бірі жоққа шығарады. Екеуінің қайсысы дұрыс?
Қылмыскерге өмірімен қарыздар болып, сол борышын қайтару керек пе, өзіне өзі қарсы шығып, жақсылығына жақсылық жасаймын деп жексұрын жауызбен теңелмек пе; өзіне "Сен кет!" деп, оған "Сен азатсың!" деп қоя бермек пе, баршаға бірдей міндет болған парызын жеке ар-ұяты оятып, Жаратқаның жоғары заңына бағынып құрбан қылмақ па, өз ожданына адал боламын деп қоғамды сатпақ па? Осынау келеңсіздіктің бәрі бір сәтте келіп мұнын басына үймелеуін көрмейсің бе? Оның түбіне жетіп, жанын жегідей жеп жүрген осылар.
Оны бір құлақ естіп, көз көрмеген нәрсе таңдандыратындай: Жан Вальжан ғой мұны аяп, өлтірмей қоя берді, ол мұны таң қалдырғаны басқа, ол өзінің Жан Вальжанға рақымшылық жасауы.
Сонда жеткен жері қайсы? Ол соған түсінбей, өзін өзі тани алмай тұр.
Не істеу керек енді? Жан Вальжанды ұстап бер — қиянат, Жан Вальжанды бостандықта қалдыру — қылмыс. Алғашқысына барса, билік өкілінің каторжаннан да төмен құлдырағаны; екіншісіне барса қылмыскердің заңның төбесінде ойнап, мұны аяғының астына таптағаны. Екі жағдайда да абыройсыз қалатын өзі, Жавер! Не шешсе де жол біреу — қараңды батыру. Адамның тағдырында қатерлі иірімдер болады, одан құтылу қиын, күллі өмірің құлама жар, терең құз болып көрінеді. Жавер сондай жардың шетінде тұр.
Әсіресе ойланып-толғанудың қажеттігі оның жанын жеді. Қарама-қайшы сезімдердің кескілескен күресі соған мәжбүр етті. Ойлау деген оның әдетінде жоқ еді, сондықтан да азапқа түсіп, қатты қиналып тұр.
Ой ойлауда қашанда құпия бір бүліктің белгілі үлесі жатады, ол осыдан сақтана алмағанына қарадай ыза болады.
Өз міндеттерінің тар шеңберінен шығып кеткен кез келген ой қандай жағдайда болсын оған пайдасыз, зеріктіретін нәрсе, ал өткен күннің оқиғаларын ойлау ол үшін жазалаумен бара-бар. Алайда осыншалық жан күйзелісінен кейін өзінің ожданына үңілу, өзіне өзі есеп беру қажет.
Ол өзі жасағанынан шошынды. Ол, Жавердің өзі, полицияның күллі ережелеріне, күллі саяси және заңнамалық нұсқауларға, күллі заңдар кодексіне қарамастан қылмыскерді бостандыққа жіберуді қажет деп тапты, ол солай ойлады, сөйтіп жеке мүддесіне қоғамдық мүддені айырбастап кетті. Естір құлаққа ұят! Осынау аты жоқ қылыққа оралған сайын ол басынан аяғына дейін дірілдеп, қалшылдап кетеді. Қайсыған бел байлау керек? Оған қалғаны жалғыз-ақ уақыт оздырмай Қарулы адам көшесіне оралып, Жан Вальжанды тұтқынға алу. Әрине, тек осылай ғана жасау керек. Бірақ оған бара алар емес.
Оның жолын бөгеп, бірдеңе басқа жаққа бұрды да тұрды.
Ол не? Ол не өзі? Бұл жарық дүниеде соттардан, сот кадиларынан, полиция мен биліктен басқа не болуы керек? Жавер дал болды.
Каторжан — қол жұмсауға болмайтын тұлға. Тұтқын, бірақ полиция ұстай алмайды! Осының бәрі, сайып келгенде, Жавердің кінәсі.
Жавер мен Жан Вальжан басыбүтін заңға тәнті, біреуі жазалау үшін, екіншісі жазалану үшін жаралған екі кісі, кенет екеуінің бірігіп кетіп, заңды аяққа басуы сұмдық емес пе!
Сонда қалай болғаны? Қалайша жан түршігерлік жағдай болып, ол үшін ешкім жазаланбайды? Қалайша Жан Вальжан белгіленген тәртіптен күшті болып, бостандықта қалады да, бұл бұрынғыдай түк көрмегенсіп, жалақыны алып жүре береді қазынадан?
Оның ойлары барған сайын көңіл құлазытты.
Осылардың бәрімен бірге ол өзін бүлікшіні Тәңірдің ләззат бикелері көшесіне жеткізгені үшін де кінәлауына болатын еді, бірақ ол туралы тіпті ойлаған да жоқ. Болмашы теріс қылықты ауыр күнә басып кетті. Оның үстіне бүлікші шүбәсіз өлген, ал ажалға байланысты заң бойынша қудалау да тоқтатылады.
Жан Вальжан — оның ар-ожданына зіл салмағын салған ауыр жүк.
Жан Вальжан оны есінен тандырды. Ғұмыр бойы тірек болып келе жатқан күллі қағидаты мына адамның алдында тас-талқан болды. Жан Вальжанның Жаверге көрсеткен жомарт жандылығы мен мәрттігі оны былқ еткізбеді. Жан Вальжанның ол жалған, жасанды, есерлік санаған бұрынғы қарекет-қылықтары енді бар болмысымен жарыққа шықты. Жан Вальжанның ту сыртынан Мадленнің бейнесі көтерілді, біріне бірі жанаса келе осы екі бет пішін тұтасып бір ғана жарқын мейірбан жүзге айналды. Жавер өз жүрегіне жол беруге болмайтын бірдеңе — каторжанның алдында бас ию сияқты бірдеңе жасырын кіріп алғанын сезді. Абақтылық пендеге құрмет көрсету ақылға сыя ма өзі? Толқығаннан оның тұла бойы дірілдеп, өзін өзі ұстай алмады. Ол қанша қасарып қарсыласқанмен де, жүрегінің тереңінде аласталғанның парасат-пайымының артықшылығын мойындауына тура елді. Бұл тіптен төзгісіз еді.
Жаны ізгі жауыз, ақкөңіл, кеңпейіл, момақан каторжан жылағанда жұбатып, қиналғанда көмектесіп, жамандыққа жақсылық жасап, жеккөретіндерінің қылығын кешіріп, кек алудың орнына аяушылық көрсетеді, дұшпанын өлтіргеннен гөрі өзінің өлгенін артық санап, қорлаған адамның өзін құтқарды — жұртқа тек жақсылық тілейтін мұндай кісіні қалай қылмыскер дерсің, ол адамнан гөрі періштеге жақын пенде. Жавер ақыры бұл жарық жалғанда ондай ғажайыптар болатынын мойындады.
Одан әрі бұлай бара бермеуге тиіс.
Рас, Жавер бұл Әзірейілдің, ұждансыз періштенің, жексұрын батырдың ырқына күрессіз берілген жоқ, таңдана отырып, зығырданы қайнап қарсыласты. Жан Вальжанмен күймеде оңаша келе жатып оның бойында қанша рет заңдылық жолбарысы бас көтеріп ырылдады десеңші! Қанша рет Жан Вальжанды тарпа бас салып бүріп, басқаша айтқанда тұтқындауға оқталды емес пе? Шынында да одан оңайы жоқ еді ғой. Алғашқы кездескен қарауыл күзетіне: "Міне, әділ соттан жасырынып жүрген қашқын каторжан!" деп айқай салса жетіп жатыр. Жандармдарды шақырып: "Мынаны қамауға алыңдар!" десе де болады. Сосын қарғыс атқан қаскүнемді қалдырып, ештеңесіне араласпай, ештеңе білмегендей болып тайып тұр. Өйткені бұл адам заңдылықтың өмірлік тұтқыны, мейлі заң оған не істесе оны істесін. Одан артық қандай әділдік болуы керек? Осының бәрін Жавер өзіне өзі іштей айтты; оған қоса тіпті қимылға көшіп, құрбандығын бас салғысы да келді; ол жолы да, қазір де оны істеуге дәті бармады, Жан Вальжанның жағасынан алғалы қолын көтере берсе-ақ сылқ түсіп кетеді; дәл бір қорғасын құйып қойған секілді, ал санасының түу тереңінде оған "Жарайды! Өз құтқарушыңды ұстап бер. Сосын Понтий Пилат құсап су құйған ыдыс алғызып, тырнақтарыңды жу" деп айқайлаған оғаш үн шыққандай болады.
Содан оның ойлары өзіне ауып, Жан Вальжанның асқақ бейнесінің қасында Жавер өзін жаны күйкі бейшара ретінде көрді.
Оның жарылқаушысы каторжан болды.
Шынтуайттап келгенде ол кісіге мұның өмірін сақтап қал деп рұқсат берген кім? Оның баррикадада-ақ өліп кетуге хақысы бар еді ғой. Сол құқығын сонда пайдалануы керек еді ғой. Басқа да көтерілісшілерді шақырып, шамына тисе болды, табанда атып тастайды. Солай жасағанда дұрыс болмас па еді!
Бәрінен бұрын ең ауыр азап өзіне деген сенімнен айырылуы болып тұр. Ол және аяғының астындағы тірегінен айырылды. Заңның асатаяғынан қолында қалғаны оның сынығы ғана. Оның жан дүниесінде парасат төңкерісі болды, бұл бұған дейінгі қимыл-қарекетінің өлшемі болып келген құқық санадан мүлдем өзгеше. Бұрынғы құндылықтар шеңберінен шықпай қалып қою оған жеткіліксіз көрінді. Күтпеген оқиғалардың қарақұрымы қоршап алып, құлына айналдырып жіберген сияқты. Оның жан жүрегінде жаңа әлем ашылды; қабылданып, марапатталған есіркеушілік, ізгілік, жанкештілік, төзімділік, жанашырлықтың қатыгездікті жеңуі, жақсылық тілеу, үкімді бұзу, сотталғанға кешірім жасау, әділ соттың көзіндегі жас, адам әділдігіне қарама-қарсы бәз-бір қол жетпейтін құдайы әділет жаңа әлемге тән жаңғырулар. Ол қараңғы түнектен белгісіз бір кәрлі күннің шыққанын көріп, көзі қарықты һәм шошынды. Үкі қыранның көзімен көруге тиіс болды.
Ол өзіне өзі тағы мынаны айтты: рас, ерекшелік деген болады, билік те қателесуі мүмкін, кейбір құбылыстардың алдында заң-жобаңның өзі тұйыққа тіреледі, заңдар жинағына өмірде бардың бәрі сыя бермейді, сондықтан күтпегенге бағынуға тура келеді, каторжанның жарылқаушысы шенеуніктің жарылқаушысына ау құруы мүмкін, құбыжық дегеніңнің өзі құдайылық болып оралуы ықтимал, өмірдің осындай да тұзақ жоспары болады екен, өзім де ойламаған жерден соның қақпанына түсіп қалдым, деп ойлады ол торығып.
Ол жақсылықтың бар екенін мойындауға мәжбүр болды. Каторжан қайырымды, жақсы кісі болып шықты. Мал құлағы саңырау, әлгінде оның өзі де жақсылық жасады.
Демек, ол өз абыройын өзі төкті. Ол өзін өзі осылай шошытты. Жавердің мұраты ілтипатты, ізгі жанды, асқақ рухты, адамгершілікті болу емес, мүлтіксіз болу. Міне, енді теріс қылық жасады.
Бұған ол қалай барды? Мұның өзі қалай болды? Оған оның өзі де жауап бере алмайды. Ол екі қолымен бірдей сығымдап басын қысты, бірақ қанша ойланса да, ештеңе ұғындырып жарытар емес.
Әлбетте, ол Жан Вальжанды әділ соттың қолына беруге оқталған, өйткені ол соның тұтқыны болатын, ал бұл құлы болатын. Жан Вальжан қолына түскеннен бері іштей оны босатып жібергісі келетінін бірде-бір рет мойындаған жоқ. Бейнебір қолы өз-өзінен ашылып, тұтқынды уысынан шығарып алған секілді.
Жанды өртеп, азапқа салар осындай жұмбақтар тіптен көп. Ол өзіне өзі сұрақ қойып, оған өзі жауап берді. Бірақ жауабы зәресін ұшырды. "Мынау каторжанның, мынау есуастың қолына түскенімде, ол менен қалайша кек алмады?" — деп сұрақ қойды ол өзіне. Оның мені өлтіріп жіберуіне әбден болатын еді ғой, өйткені мен оның түп ізіне түсіп, қыр соңынан қалмадым, ол тіпті кек қайтарғысы келмеген күннің өзінде, өзі тірі қалуы үшін де менің көзімді құртуы керек емес пе еді, ал мені аяп, өмір сыйлағанда ол не ұтты? Борышын өтеді ме? Жоқ. Ол үлкен адамгершілік жасады. Ал мен оны аяғанда не бітірдім? Өз борышымды өтедім бе? Жоқ. Үлкен азаматтық көрсеттім. Демек, борышты өтеуден де зор бір парыз болады екен". Осы арада ол абдырап қалып, рухани тепе-теңдігінен айырылды; безбеннің бір басы құзға құлап, екіншісі аспанға бір-ақ шығады, ал жоғарыда не болып жатқаны төмендегіден бетер зәресін ап, үрейін ұшырады. Ол әсте вольтерьян да, философ та, дінсіз де емес, қайта ол ресми дінге құрмет сезіммен, асқаралы рухпен қарады, бірақ оны әлеуметтік тұтастықтың шешуші тетігі санаған жоқ; қалыптасқан тәртіп оның бірден-бір қағидаты болды да, сонымен қанағаттанды, салиқалы кісі боп, шенеунік қатарына қосылғалы ол күллі діни сезімін полицияға беріп, тыңшы, жансыз болып қызмет атқарды — біз мұны ешқандай оспақсыз шын көңілден айтып тұрмыз, несі бар, тыңшы да поп сияқты қызмет. Ол өзінің бастығы Жиске мырзаны біледі, басқа бастық туралы, тіпті Құдай-тағаланың өзін де ойлап көрген емес.
Ойда жоқта ол сол жаңа қожаны — Құдайды еске алып әбігерге түсті, сасайын деді.
Күтпеген жерден құдаймен бетпе-бет келіп қап қатты абыржыды; мұндай әміршінің алдында өзін қалай ұстауы керек; оның білетіні бағынышты бастықтың айтқанын қашанда бұлжытпай орындауы керек, тыңдамауға, теріске шығаруға, қарсы пікір айтуға хақысы жоқ, көзсіз де сөзсіз көнуі керек, орындауға келмейтін тым өрескел бұйрық болса, одан құтылудың жалғыз-ақ жолы — отставкаға кету.
Ал құдайдан қалай отставка сұрайды?
Онда не болса, о болсын, Жавер қалғанының бәрін тұмшалап тұрған өзі үшін өрескел жәйтқа, жаңа ғана ауыр қылмыс жасағанына оралды. Ол барып тұрған бұзықты, қашқын каторжанды ұстамай, еркіне қоя берді. Ол заң өкілдерінен құқық бойынша соларға тиесілі адамды ұрлап әкетіп отыр. Ол шынында да осылай жасады. Ол өзін өзі танымай, түсінбей қойды. Мұндай қылыққа баруының себебі оның өзінен болды да, соны ойлаудан ғана басы айналды. Дәл осы сәтке дейін ол ымырасыз адалдықты туғызатын соқыр сеніммен өмір сүріп келді. Ол табынғанның бәрінің де күлі көкке ұшты. Жек көретін ақиқаты қыр соңынан қалмай-ақ қойды. Қазірден бастап басқа адам болуға тура келеді. Санасынан бәзбір шелді сылып тастағандай ақылға қонбайтын азапты бастан кешті. Оның көңіл көзі ашылып, көргісі келмейтінді көрді. Ешкімге де керексіз болып далада қалғандай, өткенінен тамырымен жұлынып, қызметінен алынғандай, тұқымы тұздай құртылғандай сезді. Өмірінде ешқандай мән-мағына қалмады.
Тебіреніп толқу деген қандай сұмдық жағдай!
Тас болсаң да күмәнданасың. Заң бекіткен үлгі бойынша бір кесектен құйылған жазалау мүсіні болсаң да кенет кола кеудеңде өзіңе бағынбайтын ессіз жүрек сияқты бірдеңе барын сезінесің. Ғұмыр бойы жақсылық жасау зауал деп санаңа құйып келгенде жақсылыққа жақсылықпен жауап беруге дейін жету қалай болғаны! Күзет иті бола тұрып бөтен біреуге құйрығын бұлғаңдатқаны қалай! Мұз бола тұрып еріп жүре беру ме бұл! Жансыз тістеуіктің жанды қолға айналуы осы да! Жұмылған жұдырығың кенет ашылып кетіп, ұстаған олжаңды уысыңнан шығарып алу — құлдырағанның көкесі!
Жебе-кісі жолдан тайып, кері ұшты!
Күнәсіздіктің өзі де күнәсіз емес екенін, қағидатқа да қателіктер кіріп кететінін, заңдар жинағында бәрі түгел айтылмағанын, қоғамдық құрылыстың кемелденбегенін, биліктің де абыржып тұрғанын, мызғымайды дегеннің де талқандалатынын, қазылар да кәдімгі пенделер, заңның да алданатынын, трибуналдың қателесетінін оның мойындауына тура келді. Мызғымас қатқыл аспан айдынының көгілдір әйнегінен жарықшақ көрінді.
Жавердің жан-жүрегінде, бірбет ар-ожданында не болғанын Фампудағы жол апатымен салыстыруға келеді, оның көңілі рельсінен ауып кеткендей, тура жолмен ағып келе жатқан адалдығы Тәңірмен қақтығысып, быт-шыты шықты. Қоғамдық тәртіптің машинисі, биліктің қазаншысы соқыр темір атты ерттеп мініп, бір-ақ бағытта құйғытып келе жатыр еді жарық нұрмен ерден ауып түскендей болды. Өзгермейтін, тұп-тура, дәлме-дәл, геометриялық сызығы дұрыс, қылаусыз бағынысты нәрсе де өз-өзінен өзгереді екен-ау! Сонда локомотив үшін Дамаскіге де жол тартылғаны ма?
Адамның құдайы — шынайы ар-ожданы ол жалған ұятты серпіп тастайды, жалынның сөнуіне жол бермейді, сәулеге күнді ұмыттырмайды, жанды шынайы ақиқатты тап боп қалған жалған шындықтан ажырата білуге баулиды — міне, бұл адамгершіліктің бастау көзі, жүректің сембес үйі, бұл қайран қаларлық ғажайып, бәлкім көкіректегі қымбат қазынаның ең тамашасы да сол болар. Бірақ соны Жавер түсінді ме? Бағасына жете білді ме? Ол жөнінде өзіне есеп берді ме? Зайыры, оның ешқайсысы да болған жоқ. Бірақ ол бас сүйегінің қол жетпейтін айқындықтың қысымынан сынып бара жатқанын сезді.
Ол құдайға жалбарынған жоқ, ғажайып көрді де соның құрбаны болды. Зығырданы қайнай тұра бағынды. Осының бәр-бәрінен ол өмір сүрудің мүмкін емесін көрді. Оған тынысы ғұмыр бойы тарылғандай көрінді.
Өзі білмейтін бірдеңенің төбесінен төніп тұрғаны оған үйреншікті емес еді.
Күні осы уақытқа дейін одан жоғары тұрғанның бәрі жанарына мап-майда, теп-тегіс, мөп-мөлдір әрі қарапайым болып көрінетін; онда түсініксіз, күңгірт ештеңе болмайтын, бәрі нақты, тәртіпке келтірілген, келісілген, айқын да анық, белгілі де шектеулі, тап-тұйнақтай болушы еді, барлығы алдын ала болжанған, билік дегенің бұралаң-бұрмасы, құламасы жоқ тақтайдай тегістігінен де бас айналдырмайтын. Жаверге көрмегенін тек төменнен, шыңыраудағылардан көруге тура келген. Заңсыздық, кездейсоқтық, тәртіпсіздік, апыр-топыр, құзға құлау — төменгі тараптың, бүлікшілердің, қанішерлердің, аласталғандардың еншісі болатын. Енді өзі шалқасынан құлағанда Жавер бұрын көрмегенін көріп, зәресі ұшты; шыңырау түу төбеден құшақ жайды.
Сонда бұл не? Барлығы астан-кестеңі шығып төңкеріліп қалғаны ма, ол дұрыс ойдан түбегейлі жаңылды. Енді неге арқа сүйеуге болады? Ол сенгеннің бәрі қирап барады!
Не болды? Жаны жомарт бәз-бір салт бас, сабау қамшылы аласталған қоғамдық құрылыстың осал тұсын тапқаны ма? Сонда қалай? Заңның адал қызметкері екі қылмыстың арасынан біреуін таңдауға мәжбүр болып отыр: қылмыскерді қоя беру — қылмыс, ал заңсыз тұтқындау және қылмыс. Демек, шенеунікке мемлекет берген жарғыда бәрі бірдей ескерілмеген. Демек, борыш жолында тығырыққа тірер тұйықтар да бар. Бұл не өзі? Қалайша бұлай бола бермек? Қалайша айыптаудың ауырлығынан белі бүгілген бұрынғы бандит еңсесін тіктеп, иығын керуі керек, қалайша дұрыстық соның жағында болуға тиіс? Осыған өзі сенуге бола ма? Заңның кешірім сұрап міңгірлеп қылмыскердің алдына бүгежектеп қайтатын жағдайы қалайша болмақ?
Иә, сондай ғаламат болды! Және Жавер оны өзі көрді. Және Жавер оны өзі сезінді. Оны жоққа шығарудың орнына оған өзі қатысты. Шындық осы. Жағдайдың дәл осындай келеңсіздікке баруы сұмдық!
Егер дерек деген өз мегзегенін орындаса, онда ол заңды тек бекіте түсер еді, бірақ деректерді тәңірдің өзі жібереді. Сонда біздің заманымызда анархияның өзі де жоғарыдан түскені ме?
Сонымен, сарыуайымда, мазасыз түсінбестікте, бұрмаланған бейнеде оның жағдайын жеңілдетіп, жақсартуға тиістінің бәрі ізім-қайым болды; қоғам да, адамзат та аспан әлемі де оның көзіне қарабайыр, қорқынышты реңкте көрінді. Демек, жазалаулар жүйесі, шығарылған шешім, заңның бұлтартпас күші, жоғарғы соттың үкімі, магистратура, үкімет, тергеу мен жазалау шаралары, ресми ақылгөйлік, заңның қателеспейтіндігі, биліктің арналары, барлық саяси және азаматтық қауіпсіздік тәнті қағидаттар, жоғарғы билік, әділ сот, заң қисыны, қоғамның ұстындары, жатпай мойындалған ақиқат — бәр-бәрі күл-қоқыр, қиратындылар үймесі, түпсіз былық. Тәртіп сақшысы, полицияның ымырасыз қызметшісі, қоғам күзетінде тыңшы бейнесінде тұрған құдірет Жавердің өзі күлі көкке ұшып жер болды емес пе! Ал бұл күл-қоқырдың төбесінде айнала шапақ шашып, тұтқын қалпағын киген адам асқақ қарайды. Оның жан-жүйкесі, міне, осындай күйзеліске ұшырады, міне қандай сұмдық елес оның жан-жүрегін сыздатты.
Енді осыны көтеруге бола ма өзі?
Алда-жалда барлығы осындай болса, оның жағдайы шетін. Одан шығудың екі-ақ жолы бар. Бірі — жедел Жан Вальжанға оралып, қашқын каторжанды дереу түрмеге тығу. Екінші жол...
Жавер көпірден түсті де, бұл жолы басын асқақ көтеріп, берік қадаммен Шатле алаңының бұрышындағы фонарьдың астында тұрған полиция күзетіне бет алды.
Жақын келіп, терезеден кезекші сержантты көрді де, ішке кірді. Полицейлер бірін-бірі бірден таниды, қарауыл үйінің есігін итеруінен-ақ біледі. Жавер өзінің атын атап, сержантқа билетін көрсетіп, шырақ жанып тұрған үстелге барып отырды. Үстелдің үстінде қорғасын сиясауыт тұр, қалам мен қағаз жатыр, шамасы олар түнгі қарауылдарға жазбаша нұсқау беруге немесе хаттама толтыруға қажет болса керек.
Жанында өзгермейтін сабан орындығы бар мұндай үстел қалыптасқан әдет бойынша барлық полиция күзеттерінде бар, оған шамшат ағашынан ойып жасалған ұнтақ толы табақша мен хатты желімдеп жабуға керек қызыл жиекті қатырғы қорапша сән беріп тұрады, бұл үстел — кеңсе стилінің төменгі сатысы. Ресми арыздар негізінен осыдан жіберіледі.
Жавер қауырсын қалам мен бір парақ қағаз алып жаза бастады. Сондағы оның жазғаны, міне, мынау:
"Полиция қызметінің пайдасы үшін бірнеше ескертпелер:
Біріншіден, префект мырзаның төмендегілерді оқып шығуын сұраймын;
Екіншіден, тергеуден кейін тұтқындар оларды тінтіп болғанша жалаңаяқ тұрады. Көпшілігі түрмеге оралған соң жөтеле бастайды. Бұдан емделуге қыруар шығын шығады;
Үшіншіден, агенттердің ауысуына орай жекелеген учаскелерде қадағалау жақсы жолға қойылған; алайда айрықша маңызды жағдайда екі агенттің бір-бірінен көз жазбағаны дұрыс болар еді, егер біреуі бәз-бір себеппен қырағылығын әлсіретіп алса, екіншісі оны қадағалап, қажет болса орнына тұрады.
Төртіншіден, неге екені түсініксіз, Мадлонет түрмесінде айрықша әкіммен тұтқындардың орындығы болуына тіпті ақысын төлесе де тыйым салынған.
Бесіншіден, Мадлонет түрмесінде мәзірхана екі-ақ көпір-ағашпен қоршалған, мұның өзі тұтқындардың буфетші әйелдің қолына жармасуына мүмкіндік туғызған.
Алтыншыдан, "айқайшылар" аталатын тұтқындар қабылдау бөлмесіне басқа тұтқындарды шақырғанда әрқайсынан екі су талап етеді, ол әлгілердің аты-жөнін дұрыстап айтқаны үшін алатын ақысы.
Жетіншіден, тоқыма шеберханасында әрбір селеу кеткен жіп үшін тұтқыннан он су өндіріп алады, мұның өзі мердігердің тарапынан қызмет бабын пайдалану болып табылады, одан матаның сапасына нұқсан келіп жатқан жоқ.
Сегізіншіден, Форс түрмесіне келушілердің қасиетті Египеттік Мария жетімханасының қабылдау бөлмесіне барғанда кішкентай қылмыскерлердің ауласын басып өтеді, мұндайға жол беруге болмайды.
Тоғызыншыдан, жандармдар күн сайын префектура ауласында айыпталушылардан қалай жауап алғаны жайында әңгімелеп тұрады. Жандарм кінәратсыз болуы керек, оның тергеуші кабинетінде естігенін самбырлап айтып тұрғаны жөн емес, ол елеулі теріс қылық.
Оныншыдан, Анри ханым — адал әйел және мәзірханасын мұқият таза ұстайды, алайда әйелге он бірінші камераның маңында қақпашы боп тұру жарамайды. Үлгілі мекеме ретінде бұл Консьержери түрмесіне жараспайды, лайықсыз".
Жавер бұл жолдарды өзінің біркелкі, әдеттегі мұқият жазуымен бірде-бір үтірді ұмыт қалдырмай қағазға түсірді. Төменге соңғы жолдан кейін ол қол қойды:
"1-ші сыныпты инспектор Жавер.
Шатледегі полиция күзеті.
1832 жылғы 7 маусым,
түнгі сағат бірлер шамасы.
Жавер қағаздың сиясын құрғатып, хат түрінде бүктеп, желімдеп, екінші жағына "Әкімшілікке хабарлама" деп жазып үстелдің үстіне қойды да, бөлмеден шықты. Әйнектелген тортемірлі есік артынан тарс жабылды.
Ол Шатле алаңын қайта кесіп өтіп, жағалауға жетті, автоматты дәлдікпен осыдан жарты сағат бұрын кеткен жеріне жетіп, баяғы қалпымен тасқазықты шынтақтап тұра қалды. Тіпті ол орнынан қозғалмаған боп көрінуі де мүмкін.
Түн мүлдем қараңғы болатын. Түн ортасы ауғанда осылай болатын әдеті де ғой. Бұлт пердесі жұлдыздарды жасырып тұр. Аспанды қапас күңгірт мұнар торлап алған. Сите орамында бірде-бір үйден от жылтырамайды; өткен-кеткен де жоқ, таяу көшелер мен бүкіл жағалау бос; Париж Құдайана соборы мен Әділ сот сарайы түннің өз сипаты сияқты. Фонарь тіреу бағандарға қызғылт сәулесін түсіріп тұр. Көпірлердің сұлбасы алыстан бірінен кейін бірі тізіліп иіліп тұр. Өзен жаңбыр суымен көпіршіп долдана ағып жатыр.
Жавер тасқазығын шынтақтап тұрған орын, бұрын айтылғандай, тура Сенаның сарқырама иірімінің тұсы болатын, кәдімгі судың бұрқ-сарқ етіп, жүз бүктеліп, мың иіріліп буырқанып жататын жері.
Басын еңкейтіп Жавер төменге көз тастады. Кәдімгі қатықсыз қара суға қарады. Ештеңені айырып болатын емес. Су буырқанып жатыр, бірақ өзен көрінбейді. Ара-тұра бас айналар тереңде адасқан бір от ұшқыны жылтырайды, жалпы судың көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде қайдан табатыны белгісіз жылт еткен жарықты ұстап ала қоятын қасиеті болады. Алайда сәуле шашқан жыландай ирелеңдеп тұрған жарық сөнді де, төңіректі түнек қайта басты. Бейнебір шеті, шегі жоқ шексіздік қанат жайғандай. Төменде су, түпсіз шыңырау. Жағалаудың төніп тұрған тік қабырғасы тұманмен астасып, қараңғыда көрінбей кетіп, мынау шексіздікке шұғыл үңіледі.
Ештеңе көрінбейді, бірақ салқынымен су, дымқыл иісімен тастар өзіне тартқандай. Тереңде түпсіздіктің кәрлі тынысы сезіледі. Көргеннен гөрі көкірегімен сезетін буырқанған өзен, толқындардың аһ ұрған гүрілі, көпір арқаларының жабырқау сұлбасы, қара кеңістікке қол бұлғайтын тұңғиық, — бәр-бәрі оның үрейін ұшырды.
Әлденеше сот Жавер көзін түн қақпасының саңылауына қадап қимылсыз тұрды; ол қарағанын емес, қалағанын көргендей қадалып қақшиды да қалды. Судың шуылы басылар емес. Кенет ол қалпағын шешіп, тасқазыққа қойды. Арада минөт өткенше алыстан қарағанға елес болып көрінетін алып қара көлеңке тасқазыққа бар бойымен көтерілді де, Сенаға еңкейді, сосын қайта тіктелді де түпсіз тұңғиыққа қойды да кетті, су қатты шалпылдады, осынау күңгірт сұлбаның су түбіне кетіп бара жатып қалай далбасалағанын жалғыз-ақ қараңғы түн көрді.
БЕСІНШІ КІТАП
ATA МЕН НЕМЕРЕ
Бірінші тapay
МЫРЫШ САҚИНАЛЫ АҒАШТЫ
ОҚЫРМАН ҚАЙТА КӨРЕДІ
Біз сипаттаған оқиғадан кейін біраз уақыт өткенде қадірменді Башканың біраз толғаныстарды бастан кешуіне тура келді.
Башка — Монфермейльден шыққан сол баяғы жол жұмысшысы, ол біздің осынау хикаямыздағы ең бір қапалы тарауларда кездеседі.
Оқырманның есінде болса, Башка әр алуан істермен шұғылданған, олардың ішінде көлеңкелілері де бар. Ол тастарды уатып, ұзын жолдың бойында кісі де тонады. Бұл тас қашаушы мен баукеспенің бір-ақ арманы болатын, ол Монфермейль орманында жерге қазып жасырылған қазынаны табу. Күндердің күнінде бір ағаштың түбінен қазынаны табатынына ол сенді, оған дейін өткен-кеткеннің қалтасын қағуды ермек қылды.
Алайда ол қазір абайлап жүр. Таяуда ғана қолға түсіп қалып, әйтеуір су жұқтырмай шықты. Оның басқа да бандиттермен Жондреттің лашығында ұсталғанын білеміз. Кейде кісінің кеселі де өзіне көмектеседі, ол маскүнем еді, Башканы құтқарған сол мастығы. Ешкім де оның тонаушы екенін, не тоналушы екенін ажырата алмады. Тонау болған кеште оның ес-түсін білмейтін мас екенін көріп, істі қысқартқан да босатып қоя берген. Ол еркіндікке шығып ұйықтауға ұмтылды. Ганья мен Ланьяның арасындағы жол учаскесіне оралып, басшылардың бақылауымен қазына үшін тас уатуға кірісті, қабағы қабарып, әлденеге алаңдап, су түбіне жібере жаздаған ұрлық кәсіпке сәл салқын қарағанмен, өзін құтқарып қалған ішкілікке басымен сүңгіп кетті.
Өзінің шым шатырлы жертөлесіне оралған соң Башканы қатты толғандырған не болды екен дейсіздер ғой? Ол былай.
Бірде ертеңгілік күн шығардан көп бұрын әдеттегідей жұмыс орнына шықты, кейде ол оның торуыл орны да. Келе жатып Башка қорданың арасынан бір кісіні байқап қалды, оның жон арқасы ғана көрінгенмен, ара қашықтық әжептәуір әрі қара көлеңке болғанымен ол онша бейтаныс секілді емес. Рас, Башка ащы суды көбірек ішеді, бірақ ақылы айқын, жады берік, ал бұл құқық тәртібімен келісе қоймайтындар үшін қажетті қорғаныс қаруы сияқты.
"Тәйірі алғыр, мынау шалды қайдан көрдім осы?" — деп сұрады ол өзінен.
Бірақ онысына жауап қайыра алмады, оның тұлғасы жадында бір бұлыңғыр із қалдырған біреуді еске түсірді де тұрды.
Анықтай алмаған ұқсастықты ысыра тұрып, Башка одан әpi ойланып, салыстыруға кірісті. Кісінің бұл аранікі емесі айқын. Дәу де болса ол басқа жақтан келген. Шамасы жаяу келсе керек. Өйткені мұндай уақытта бірде-бір дилижанс Монфермейль орманы арқылы көлікпен өтпейді. Демек, бұл түні бойы жүрген. Қайдан келді екен? Алыстан келмеген шығар, себебі оның ешқандай буыншақ-түйіншегі жоқ. Дұрысы — Парижден келген болуы керек. Ал орманда оның не шаруасы бар? Осындай беймезгіл уақытта не істеп жүр? Мұнда оған не керек болды екен?
Башка қазына туралы ойлады. Жадын бір сүзіп шығып, бұдан көп жыл бұрын бір кісіні көргенде өзін де осындай мазасыздық меңдеп алғаны есіне түсті. Бәлкім мынау адам соның өзі шығар!
Осылай толғанып, ауыр ойдан басы салбырап кетті. Бұл табиғи да, бірақ абайлауға онша келіңкіремейді. Ол басын көтеріп алғанда ешкім жоқ болып шықты. Бейтаныс шоққа кіріп, таңғы тұманда ғайып болды.
— Одан айырылып қалсам, мені сайтан алсын! — деп дауыстап жіберді Башка. — Өзге ме, мына мен бұл сұмпайының ғибадатханасын табамын. Оның таң атпай, жарық түспей серуенге шығып жүргені тегін емес, мұның сыры неде екенін ашпай қоймаймын. Менің орманымда өзім таппаған құпия болған емес.
Башка өзінің өткір қайласын қолға алды.
— Жердің жонын шұқыласам да, кісінің жанын шырылдатсам да пайдаға осы асады, — деп бұрқ етті ол.
Жіптің жіппен жалғасқанындай, бейтаныстың ықтимал жолын топшылап табуға тырысқан ол ну тоғайға ендеп кірді.
Жүз қадамдай жүрмей жатып жарқырай шыққан күннің жарығы оған көмекке келді. Әр-әр жерде құмға түскен ұлтанның ізі, жаншылған шөп, тапталған бұта, талдардың майысқан жіңішке бұтақтары, майысса да ояна келе қолын созатын арудай шілік баяу түзеліп қалпына келе бастағаны көрініп тұр, — осының бәрі алған беттің дұрыстығын білдіреді. Ол ізбен осылай ұзақ жүрді, бірақ айырылып қалды. Уақыт өтіп жатыр. Орманға бойлай кіріп төбеге көтерілді. Алыс соқпақпен таңнан келген аңшы Гильери әуеніне ысқыра салып, оған ағашқа шығу туралы ой түсірді. Жасының біразға келіп қалғанына қарамастан ол епті еді. Жақын маңда маңқиып, Титир мен Башкаға лайық биік шамшат ағашы тұрған. Башка соған өрмелеп, мүмкіндігінше жоғары көтерілді.
Бұл өте тамаша ақыл болды. Ағаштарымен тұмсығы өтпейтін қалың жынысқа айналатын орманның меңіреу түкпірін шолып Башка бағанағы кісіні тағы да көрді.
Байқап үлгермей, тағы да көрінеу көзге айырылып қалды.
Бейтаныс шығып, дұрысын айтқанда недәуір шалғай алаңқайға барып жасырынып үлгерді, Башка өте жақсы білетін ол араның ағашы аса қалың, онда мырыш қаңылтырмен құрсаулап, діңіне шегелеп тастаған ауыр талшын ағашы бар. Бұл ертеде "Бларю алаңқайы" аталған алаңның өзі. Әктің үлкен үйіндісімен қатар онда отыз жылдан бұрын үйілген тау төбе тастар жатыр, не мақсатпен үйілгені белгісіз болса да, бір орыннан қозғалған емес. Ұзаққа төзуі жөнінен үймек тасқа ағаш албардан өзге жететін ештеңе жоқ. Олар уақытша пайда болады да, сол жерде мәңгі қалады.
Қуанып кеткен Башка ағаштан түсті, дәлірек айтқанда, сырғып түсті. Апан ашық, тек аңды ұстау ғана қажет. Шамасы онда бұл соншалық ұзақ армандаған қазына болуға тиіс.
Алаңқайға жету онша оңай шаруа болған жоқ. Шиырланған сүрлеумен мыңдаған мезі етер бұрылыстар жасап, ең кемі ширек сағат жүру керек. Егер қалың қордалы тоғай арқылы тікелей тартса, сирек кездесетін тікенекті, жабысқақ бұталар аяқ алып жүргізбей, кемі жарты сағатта әрең жетесің. Міне, осыны Башка ойлай алмады. Ол тура тартқанды жөн екен деп қалды, ал бұл тікелей көз алдау болатын, көптеген адамды құртып жүрген осы алдану. Қанша тұмсық батпастай қалың болса да оған ең дұрысы осы ну болып көрінді.
— Не де болса, Риволидің қасқыр даңғылымен тарттық, — деді ол өзіне өзі.
Бұрма жолдармен жүруге ғадеттенген Башка бұл жолы тура тартамын деп қателесті.
Ол бұталармен батыл айқасқа ұмтылды.
Оған жабайы шомыртпен, қалақаймен, итмұрынмен, доланамен, түйе тікенмен шайқасуға тура келді. Тырналмаған жері қалмады.
Жардың табанында су жатыр екен, оны кешіп өту керек болды.
Ақыры ол қырық минөт дегенде Бларю алаңқайына да жетті, жеткенде де қара терге малшынып, су-су болып, түгел тырналып, алқынып, ашуға булығып жетті.
Алаңқайда да ешкім болмай шықты.
Башка үйме тасқа ұмтылды. Ол баяғы орнында жатыр. Ешкім де жеткен жоқ.
Ал әлгі адам орманға сіңіп, қашып кетті. Қайда қашты? Қай жаққа кетті? Қай нуға тығылды? Болжап білу мүмкін емес.
Алайда оның жүрегін сыздатқан мынау болды: тас үйіндісінің сыртында мырыш сақиналы талшын ағашының түбінен жаңадан қазылған жерді, ұмыт қалған әлде тастап кеткен темір күректі және терең шұңқырды көрді.
Шұңқыр үңірейіп бос жатыр.
— Тонап кетіпті ғой! — деп жан дауысы шыққан Башка кімге білегенін білмей кеңістікке жұдырығын түйді.
Екінші тарау
АЗАМАТ СОҒЫСЫНАН КЕЙІН МАРИУС ҮЙ СОҒЫСЫНА
ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР
Мариус ұзақ уақыт өмір мен өлімнің арасында жатты. Бірнеше апта қызуы көтеріліп сандырақтаумен болды, зайыры елеулі ми шайқалудың, бас жарақатының салдары болса керек.
Түн баласы ол қызуы көтерілген аурудың беймазалығымен Козеттаның атын қайта-қайта атап, жантәсілім алдындағы табандылығымен шақырды. Кейбір жаралар елеулі қалпымен қорқытты, өйткені үлкен жаралар іріңдеп денеге жайылып кетсе, мерт етуі де мүмкін. Сондықтан дәрігерді ауа райының болмашы бұзылуы, күннің бұлттануы мазасыздандырды. "Ең бастысы, жаралы ешқашан да, ештеңеге де толқымауы керек" деп қайталап отырды. Жараны тану да оңай шаруа болған жоқ, о тұста бинт пен таңғышты ұстастыратын қазіргідей жабысқақ пластырь шықпаған-ды. Николетта таңғыш жасау үшін "көлемі үйдің төбесіндей ақ жапқышты" жыртты. Тек үлкен еңбекпен ғана жараны хлор ерітіндісін құйып, ляписпен күйдіру арқылы ғана гангренаның алды алынды.
Мариуске қатер төнгенде қайғыдан қарадай өлген атасы жаралының өзі сияқты не өлі не тірі емес болып, немересінің басында отырды.
Қақпашының айтуына қарағанда, тым жақсы киінген қадірмен ақ бас мырза күн сайын бір-екі мәрте келіп, аурудың халін біліп, басында ұзақ отырып, таңғыштар тастап кетеді екен.
Ақыры, 7 қыркүйек күні, өлім халіндегі жаралыны атасының үйіне алып келген қатерлі түннен бері тура төрт ай өткенде дәрігер оның өмір сүретініне кепілдік беретінін жариялады. Аурудан айығу басталды. Алайда бұғанасының сынығы ушыққандықтан Мариуске әлі де екі айдай тақтай төсекте жата тұруға тура келді. Мұндайда соңғы жараның бітуі ұзаққа созылып, аурудың зығырданын қайнататыны бар емес пе.
Айтқандай, ұзақ ауру, баяу айығу Мариусті қуғындалудан құтқарды. Францияда ашу-ыза, тіпті халықтың да ашу-кегі жарты жыл өткен соң басылады. О тұстағы ақыл-ой ауанына қарағанда, бүлікке қатысу деген кең тараған құбылыс болатын, сондықтан ондайға еріксіз көз жұма қарауға тура келді.
Оның үстіне префект Жискенің жаралыларды полицияға тапсыр деп дәрігерлерге берген бұрын-соңды болмаған бұйрығы қоғамдық пікірді дүр сілкіндіріп қана қоймай, корольдің өзін де ыза қылды, сондықтан осынау жаппай наразылық жаралылар үшін жақсы қорғаныш әрі арашаға айналды, тек ұрыс алаңында ұсталған жаралылар мұны пайдалана алмады, бірақ та әскери трибуналдар ешкімді де жауапқа тартып, айыптауға батпады. Сондықтан Мариусті жайына қалдырды.
Жильнорман торығудың бар сатысынан өтіп, сосын шалқыған қуаныштың құшағына кірді. Оны түн баласы кірпік ілмей аурудың басында отырудан жан-жақтан өтініш жасап, әрең ажыратып алды, сонда да ол өзінің үлкен мамықтағын Мариустің төсегінің жанында қалдыруға әмір берді; қызынан компресс пен бинтке ең жақсы ақжапқышты пайдалануды талап етті. Ақылды да ұқыпты, әрі тәжірибелі мадмуазель Жильнорман әкесін бұйрықты екі етпейтініне сендіріп, шын мәнінде ең жұқа, ең жақсы ақжапқыштарды жасырып қоюдың жолын тапты. Бірақ Жильнорман бәтеске қарағанда қалың кенеп жақсы, матаның жаңасынан жара таңуға ұсталғаны дұрыс дегенді тіпті естігісі келмеді. Ол жара таңған кезде ылғи ішінде болып, өлі еттерді қырқып алып тастап жатқанда "Ай! Ай!" деп шыр-шыр етіп тұрды. Бұл кезде қысылғаннан кәрі қыз Жильнорман жылыстап шығып кететін. Атаның қалтыраған қолымен жаралының аузына кесеге құйған дәріні қалай апарғанын көру қатты тебірентетін. Ол дәрігерді, бір сұрақты қайта-қайта қойғанын байқамай, сауалдың астында қалдыратын.
Мариустің өмірі енді қауіпсіз екенін дәрігер жариялаған күні шалдың қуанышы қойынына сыймай, бақыттан есі шығып кетті. Қуаныш үстінде қақпашыға үш луидор сыйға тартты. Кешкісін жатынжайында гавотты билеп, кастаньеттің орнына саусағын сытырлатып ән де салды:
Жаннаның түбі Бордодан
Бардода ылғи малды адам.
Көрсең-ақ жүзін Жаннаның
Жанынан шықпай қалғаның.
Әзәзіл Амур һәм залым,
Көзінде күліп Жаннаның
Аузын құрып тым епті,
Баурайды күллі жүректі.
Дианадай алдағы
Жырға қосам Жаннаны.
Жаннаны жар ғып алған жан
Шығар еді-ау арманнан.
Осыдан кейін Жильнорман тізесін бүгіп орындыққа, есікті жартылай ашып қарап тұрған Баскке тағзым етті, Баск болса, бұрын бұндай даусын естімегендікі ме, дұға оқып қожасы құдайға жалбарынып жатыр ма деп келген-ді.
Бұған дейін ол ғұмыр бойы құдайға сенген емес.
Немересінің жазылып келе жатқанының жаңа нышанын байқаған сайын күдік-күмәннан арылып, қария есерленіп кетті. Өзінің қойынына сыймаған буырқанған қуанышын сыртқа шығару үшін тіпті не істерін білмеді, не үшін екенін өзі де білмей баспалдақпен жоғары жүгіре беретін болды. Көрші әйелдерінің бірі, бірі болғанда да бір көріктісі ертеңгілік бір десте гүл алып, айран-асыр, таң-тамаша болыпты, оны жіберіп жүрген Жильнорман екен. Күйеуі қызғаныш білдіріп, біраз жерге барса керек. Жильнорман тіпті Николеттаны тізесіне отырғызуға да әрекет жасапты. Ол Мариусті "барон мырза" атады. "Жасасын Республика!" деп айқайлады.
Минөт сайын доктордан "Қатерден өткені рас емес пе?" деп сұрап мазасын алды. Ол Мариуске әже құсап елжірей қарады. Мариусті тамақтандырып жатқанда дем шығарудан да қорықты. Ол өзін ұмытты, өзімен тіпті санаспады да. Үйдің егесі Мариус болды; қарияның қуанышы иеліктен бас тарту тәрізденді, ол немересінің немересі болды да қалды.
Ойына келгенін жасап, қанша есіргенімен де ол тәрбие көрген сәби сияқты еді. Айығып келе жатқан ауруды мезі етпес үшін ол оның ту сыртында тұрып, үнсіз ғана жымиятын. Ол мәз, разы, бақытты, таңырқатарлық, қутыңдап жасарып кетті. Ақ шашы шырайлы жүзіне биязы айбын беріп, қуаныш әжім соқалаған жүзді нұрландырғанда ол тағзым етуге лайық. Қарттықтың жымиысында таңғы шапақтың шұғыласы тұрады.
Мариус болса жарасын таңуға қарсылық білдірмей, өзіне көрсетілген қамқорлықты абдыраңқырай қабылдап, бір ғана Козетта туралы оймен әуре болды.
Қызу басылып, сандырақ тоқтағаннан бері, рас, оның есімін ауызға алған жоқ, бұл сырт көзге ол туралы ойлауды доғарған болып көрінуі де мүмкін. Шын мәнінде ол жан-жүрегі сонымен бірге болғандықтан ғана үндеген жоқ.
Ол Козеттамен не болып, не қойғанын білген жоқ; Шанврери көшесінде өткеннің бәрі оған тұманның ортасындағы сияқты, оның жадында түсініксіз бір бейнелер тізбектеледі — Эпонина, Гаврош, Мабеф, Тенардьенің отбасы, барша жолдастары, баррикаданың қаскөй түтіні тұмшалаған қаруластары; осынау қанды қасап қырғында Фошлеванның шыға келуі оған жұмбақ болып көрінеді, дауылдың арасынан жалт еткен ұшқын тәрізді ол, сондай-ақ ол өзінің қалай тірі қалғанын, мұны құтқарған кім екенін, қалай құтқарғанын да білмейді, айналасын-дағылардан сұрап еш нәтиже шығара алмады, олардың айтатыны тек түнде оны біреулердің күймемен Тәңірдің ләззат бикелері көшесіне әкеп салғаны ғана; кешегі, бүгінгі, болашақ — бәр-бәрі бұлыңғыр, тұманды естелікке айналып, алайда сол мұнардың арасынан мызғымайтын бір нүкте, айқын да нақты жоспар, граниттей берік бір ғана шешім, бір ғана тілек шықты, ол — қайткенмен де Козеттаны табу. Оның санасында өмір жайындағы ой мен Козетта жайындағы ой біте қайнасып, тұтасып кеткен. Осы екеуін ол өз жүрегіне бірінсіз бірін қабылдамайтындай етіп орналастырған, кімде-кім — мейлі ол атасы, мейлі тағдыр болсын, — онсыз өмір сүр деп қалай мәжбүрлесе деп ол жоғалтқан жұмағымды қайтар деп қасарып отырып алары даусыз.
Кедергілерді ол өзінен жасырған жоқ.
Бір ғана жағдайды атап өтелікші: атасының қамқорлығы мен аялауы Мариустің жүрегін жібіткен жоқ, тіпті титтей де толқытпады деуге болады. Себебі ол, біріншіден, бәрін білген жоқ; оның үстіне өзінің қатты сырқаттанып, қызуы жиі көтеріліп жатқан жағдайында атасының асты-үстіне түсіп аялауына, өзіне қайткенмен қаратып алу мақсатын көздеген жаңа, оғаш бір айла-амал ма деп, сенбеді. Атасының аялаған кәрілік күлкісі, жылы жымиысы далаға кетіп жатты. Мариус өзін бәрі де уақытша, үндемей құрақ ұшып, бәйек боп жүргені бақай есеп, Козетта туралы сөз қозғалса болды, шал шын бет-бейнесін көрсетіп, бет пердесін сыпырып тастайды деп сендірді. Сонда сұрапыл дауыл тұрып, отбасы туралы, қоғамдық жағдайдың теңсіздігі туралы мәселе қайта көтеріліп, мысқыл мен мазақтың нөсері бұршақтап жауады. "Фошлеван", "Кашлеван", байлық, кедейлік, қайыршылық, мойындағы тас, ондағы болашақ туралы ғақлияттар қайта қоздайды. Ызалы қарсылықтың ақыры бас тарту болып шығады. Сондықтан Мариус тойтарыс етуге алдын ала әзірленді.
Өмірге қайта оралып келе жатуына орай оның жадында бұрынғы реніш, өкпе қайта оянып, ескі жараның аузы ашылды, ата мен немеренің арасындағы өткен қақтығыс еске түсіп, екеуінің арасына полковник Понмерси келіп тұра қалды да, Мариус өзіне әкеме қатыгездік жасап, әділетсіз болған адамнан ешқандай қайыр күтуге болмайды деген ойды бекіте берді.
Жильнорман да өзінше ой түйді: Мариусті үйіне алып келгелі, одан оның есі кіргеннен бері мұны бірде-бір рет әке демеуін көңіліне дық алды. Рас, ол "тақсыр" да деген жоқ, әйтеуір бұған қарата сөз айтқанда анау-мынау атауларға жоламаудың амалын тапты.
Дағдарыстың толғағы пісіп келе жатқаны ап-айқын.
Әдетте мұндай жағдайда ұрысқа бел байлап кірісіп кетпес бұрын, Мариус өзін ұсақ-түйек қақтығыстарда сынап алмақ болды. Соғыста мұндай тәсілді барлау дейді. Бірде ертеңгілік Жильнорман қолына түскен газеттің жазғанына орай Конвент туралы нашар пікір білдіріп, Дантон, Сен-Жюст және Робеспьер жайында роялистік нақылдар соқты.
— Тоқсан үшінші жылдың адамдары алыптар болған, — деді Мариус қатқыл үнмен.
Шал кешке дейін ләм-мим деп тіс жарған жоқ.
Мариус балалық шағындағы қатал атаны әлі ұмытқан жоқ, оның үндемеуі ашу-ызасын білдірмеуге тырысуы екенін біледі, сондықтан ондағы кескілескен күресті сезіп, оған өзін ойша табандылықпен әзірледі.
Атасы бас тартқан жағдайда, жараларды таңған шүберектердің бәрін жұлып тастап, бұғананы қайта сындырып, бітіп келе жатқан жаралардың аузын тырнап, аузына нәр салмайтын болады. Ендігі қаруы — жаралары. Козеттаны жеңіп алу керек, не өлу керек.
Ол шерлі төзімділікпен қолайлы сәтті күтті.
Сол сәт те туды-ау.
Үшінші тарау
МАРИУС ШАБУЫЛҒА ШЫҚПАҚ
Бірде Жильнорман қызы мәрмәр тақтадағы дәрілі шөлмектер мен шыны сауыттарды тәртіпке келтіргенше Мариуске еңкейіп, оны еркелете аялы үнмен:
— Білсең бар ғой, балам, сенін орнында мен болсам, балықтан гөрі етке қамшыны басар едім. Қуырылған балық аурудың беті бері қараған кезде жақсы азық, ал аяғыңнан тік тұру үшін жақсы котлет керек.
Мариустің күш-қуаты қалпына келді десе де болады; оның рухы көтеріліп, төсегінде түрегеп отырып, түюлі жұдырығын жастыққа тіреп, атасының көзіне тура қарап, түсін суытып:
— Осыған орай сізге мен бірдеңе айтуға тиіспін, — деді.
— Ол не?
— Мәселе мынада, менің үйленбек ойым бар.
— Бұл мәселе қарастырылып та қойылған, — деп жауап берген ата қарқылдап күліп жіберді.
— Қарастырылғаны қалай?
— Кәдімгідей қарастырылған. Қыз қалқа сенікі болады.
Мариус қуаныштан қалшылдап кетті.
Жильнорман сөзін жалғастырды:
— Иә, шыны сол, оны ал, өзіңнің әп-әдемі сүйікті қыз қалқаңды аласың. Ол қарт мырзаның қапталын жамылып осында сенің халіңді білгелі құдайдың құтты күні келеді. Сен жараланғаннан бері күнде келіп жылап, таңғыштарды суыртпақтап отырғаны. Сыртынан мәлімет жинатып едім, Қарулы адам көшесіндегі нөмірі жетінші үйде тұрады екен. Aha, біз келісіп те қойдық. Сен оған үйленгің келеді ғой? Өте жақсы, үйлен. Қақпанға түстің бе,
көксілім! Сен ғой мен туралы тіптен жаман ойладың, өзіңе өзің іштей: "Болды, бәрін енді атамның бетіне тура айтамын, Регенттік пен Директория тұсының тірі аруағы, бұрынғының сымбатты сал серісі, бүгінгінің Жеронтқа айналған Доранты енді жолымды кеспесін" дедің ғой шамасы, кезінде өзінің де талай әсекілігі мен қасекілігі, талай көңілдестері мен Козетталары болып, заманында дәуренді сүрудей-ақ сүріп, жерге түспей аспанда қалықтап жүріп еді, қаласа да, қаламаса да соны есіне салуға тура келеді; әуселесін сонда көреміз. Солай бір дүрсе қоя берейін" дегің келді емес пе! Аһ, сен сүзеген бұқаны тура мүйізінен алғың келді. Оның жақсы-ақ. Мен саған котлет ұсынсам, сен: "Айтқандай, менің үйленгім келеді!" деп дүрсе қоя бердің. Әңгіме қалай-қалай өзгереді өзі! Aha, сен керілдесіп айтысуды күткен екенсің ғой. Тегі менің кәрі қу, мүттәйім екенімді білмегенсің, ә? Бұған сен не айтасың? Саған ыңғайсыз ба? Атаңның өзіңнен әлі де жеңіл, жылпың екенін сен күткен жоқсың ғой. Алдын ала әзірлеген әйдік сөзің босқа қалды- ау, адвокат мырза, өкінішті-ақ! Қайта соның жақсы, шамдан шабыңа от түскендей, денсаулығыңа жақсы болады. Мен бәрін де сенің ойлағаныңдай жасап жатырмын, аузыңды буып отырған да сол ғой. Ендеше құлақ қой. Менің де есім бар, оның сыртынан шынында да дерек жинаттым, ол айтса айтқандай ғажайып, ибалы да инабатты, әлгі ұлан деп жүргені шылғи өтірік, ол саған деп бір құшақ таңғыш әзірледі, сені қатты қастерлейді, бұл таптырмайтын қазына. Егер сен өліп қалсаң, үшеуімізді бірге жерлейтін еді, оның табытын менікінен кейін алып жүретін еді. Сенің бетің бері қарап тәуір бола бастағалы маған сенің бас жағыңа оған кереует қойып берсем бе екен деген ой келді, бірақ жараланып жатқан сұлу жігіттің жанына жақсы көретін аруын, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпсыз тек романдарда ғана әкеледі ғой. Өмірде олай болмайды. Олай болса, анау нағашы апаң алдымен бетін жыртпай ма? Сен және жалаңаш дерліктей киімсіз жаттың, достым. Нанбасаң Николеттадан сұра, ол үнемі қасыңда болды, басқа әйелді жіберуге қайдан болсын. Оның үстіне оған доктор не дейді. Қыз қанша сұлу болса да, безгекке дәрі бола алмайды. Жарайды, енді бәрібір, ол туралы қайтып айтпай-ақ қоялық, бәрі айтылды, бітті, тынды, ал оны. Міне, мен сондай тасжүрекпін! Сенің мені жақсы көрмейтініңді бек сезіп өзіме өзім: "Мынау хайуанның мені қайтып жақсы көруі үшін не істеуім керек?" деп сауал қойдым. Сосын: "Тоқтай қал, менің қол астымда құйтақандай Козетта бар емес пе, оған соны сыйға тартсам, бәлкім мені сүйіп қалар, болмаса оның алдында қандай кінәм бар екенін айтар", деп ойладым. Ал сен ғой, мынау алқызыл таң шапағында шал тепсініп, шашын жұлып, жындана жаздап, таяғын сілтер деп қорықтың, ә? Көрдің ғой, ондай ештеңе болған жоқ. Қалағаның Козетта ма — келісемін; махаббатқа жол ашық! Маған бұдан артық ештеңенің керегі жоқ. Мархабат етіп үйленіңіздер, мырза! Бақытты бол, менің сүйікті балақайым!
Осыны айтып қария жылап жіберді.
Мариустің басын құшақтап, екі қолымен қарт кеудесіне басты, екеуі де еңіреп жылады. Кейде биік бақыт өз бейнесін осындайдан табады.
— Әке! — деп дауыстап жіберді Мариус.
— Aha, сен мені жақсы көреді екенсің ғой, — деп сыбырлады қарт.
Бұл бір естен кетпес сәттер еді. Екеуі де көз жасына булығып сөйлей алмады.
— Міне, енді, — деп міңгірледі ақырында атасы, — ақыры, қайта тудың-ау. Маған "әке" дедің, ә!
Мариус атасының құшағынан басын баяу шығарып алып, ақырын ғана:
— Әке! Енді мен сап-саумын ғой, онымен көрісуіме бола ма? — деп сұрады.
— Ол да қарастырылған, ертең көресің.
— Әке!
— Ал не?
— Неліктен бүгін көрмеймін оны?
— Ал, онда не тұр, оған да ешқандай қарсылығым жоқ. Бүгін болса бүгін болсын. Қатарынан үш рет әке дедің, мұның тегін емес шығар. Қазір мен тапсырыс берейін. Оны саған сөзсіз алып келсін. Барлығы қарастырылған деп айтып тұрмын ғой саған. Бұл оқиғаның бәрі баяғыда-ақ өлеңдерде жыр етілген. Шерлі жырдың соңында ауру жігіт Андре Шенье, қарақшылар, яғни тоқсан үшінші жылдың алыптары бауыздап өлтірген Андре Шенье жырланған.
Жильнорманға осыны естігенде Мариус қабақ шытқандай боп көрінді, ал шын мәнінде ол көңілі алып ұшып оны тыңдамай тек қана Козеттаны ойлады, ғашығы тұрғанда тоқсан үшінші жылды қайтсін. Андре Шеньені орынсыз еске алдым-ау деп секем алып елбелектеген атасы табанда қатесін жуып-шайып:
— Бауыздады деген сөз бе тәйірі. Мәселе мынада ғой, революцияның ұлы даналары, сөз жоқ, жауыз емес, шынайы батырлар. Андре Шенье ептеп бөгет бола ма деп айбалтамен жайын тапқан ғой. Дұрысын айтқанда бұл ұлы адамдар қоғамның мүддесі үшін жетінші термидордың игілігіне бола Андре Шеньені құрбан еткен ғой...
Өз сөзіне өзі шашалып Жильнорман сөйлемін аяқтамай мүдіріп қалды, айтылған ой айтылды, енді қайтарып ала алмайсың. Қызы Мариустің жастығын түзеп жатқанда абдырап, абыржыған шал жатынжайынан жүгіріп шығып, шама-шарқынша жылдамдатқан болып, есікті тарс жауып, қып-қызыл болып, алқынып, жұлқынып, көзі аларып ауыз үйде жайбарақат етік тазалап жатқан Баскке дүрсе қоя берді. Оны жағасынан жұлқып, бетіне бетін тақап тұрып:
— Мың сайтан! Анау қарақшылар құртты, — деді.
— Кімді, тақсыр?
— Андре Шеньені.
— Дәл солай, тақсыр! — деді үрейі ұшқан Баск.
Төртінші тарау
МАДМУАЗЕЛЬ ЖИЛЬНОРМАН ЖАН ВАЛЬЖАННЫҢ ҚОЛТЫҒЫНА ПАКЕТ ҚЫСЫП КЕЛУІНЕ ТӨЗЕДІ
Ақыры Козетта мен Мариус кездесті.
Бұл кездесудің қалай болғанын сипаттап беруге шамамыз жоқ. Бейнелеп беремін деп тырысуға болмайтын көп нәрсе бар, соның бірі — күн.
Козетта Мариустің жатынжайына кіргенде Баск пен Николеттаны қосқанда күллі отбасы жиналып тұр еді.
Қыз табалдырықтан көрінгенде айналасын бір шұғыла қаумалап тұрғандай еді.
Осы кезде атай сіңбіруге оқталған еді, орамалын мұрнына апара беріп қабағының астымен Козеттаны көрді де қатты да қалды.
— Таңырқамай көр! — деп дауыстап жіберді ол.
Сосын төңірегін жаңғырықтырып қатты сіңбірді.
Козетта таңырқап, тояттап, тебіреніп, рақаттанып тұр. Ол аңтарылып бақыттан абдырап қалды. Бірде бозарып, бірде қызарып бірдеңелерді күбірлеп Мариустің құшағына қойып кеткісі келді, бірақ батпады. Ол өз махаббатын жұрттың көзінше жайып салуға ұялды. Біз ғашықтарға мейірімсізбіз ғой, төңірегінде топырлап тұрып аламыз, ал олар көбіне-көп оңаша қалуды қалайды. Шынында да, оларға бөгде ешкімнің қажеті де жоқ қой.
Козеттамен бірге оның соңынан бөлмеге ақ шашты, салиқалы бір азамат кірді, езуінде өкінгендей бір оғаш жымиыс бар. Ол "Фошлеван мырза", кәдімгі Жан Вальжан еді.
Қақпашы айтқандай ол ине жіптен жаңа шыққандай болып өте әсем киінген, үстіндегі су жаңа қара киіміне мойынындағы аппақ галстугі әр беріп тұр.
Осынау қадірмен буржуаның 7 маусымның түнінде өлік көтеріп келген, үсті-басы алба-жұлба, қап-қара, бет-аузы қан-қан, сатпақ-сатпақ кір өлік тасыған зембілші екенін, ес-түссіз Мариусті әкелгенде есіктің алдынан көргенін қақпашы қайдан білсін, бірақ бір сезік мазалап, кәсіби түйсік қоймады. Козеттамен келген Фошлеванды көріп ол ойын әйелімен бөлісті: "Неге екенін білмеймін, маған бірдеңелер елестейді де тұрады, — деді ол, — мынау бет-бейнені бұрын да көрген сияқтымын".
Мариустің жатынжайында Фошлеван аулағырақ, есіктің аузында тұрды. Оның қолтығында төрт бүктелген парақтың көлеміндей пакет бар еді. Орауы жасыл түсті, әлі одан көк иісі шығатын тәрізді.
— Мынау мырза қолтығының астына ылғи кітап қыстырып жүре ме? — деп сұрады кітапты суқаны сүймейтін кәрі қыз Жильнорман Николеттаға сыбырлап.
— Онда тұрған не бар? — деп қарсылық айтты Жильнорман да сыбырлап. — Ол оқымысты. Онда таңырқайтын түк жоқ. Сонысына кінәлі ме? Мен білетін Булар мырза да үйден ешқашан кітапсыз шықпайтын, үнемі кеудесіне бәз-бір қалың кітапты басып жүретін.
Қонақты қошеметтей тұрып атай енді дауыстап сөйледі:
— Кашлеван мырза...
Жильнорман қария мұны әдейі айтқан жоқ, аты-жөнді шатастыра беретін ақсүйектерге тән қасиет мұнда да болатын.
— Кашлеван мырза! Сізден немерем барон Мариус үшін мадмуазельдің қолын сұрауды өзіме мәртебе санаймын.
"Кашлеван мырза" тағзым етіп басын иді.
— Онда қол алысайық, — деп аяқтады атай сөзін.
Мариус пен Козеттаға бұрылып, сосын ол бата беру үшін қолын көкке жайып:
— Бүгіннен бастап бір-біріңді тәңір тұтып қастерлеңдер! — деді дауысын көтеріңкіреп.
Олар да бұл тілекті екі қайталатқан жоқ. Қайталатса өз обалдары өзіне, бірден шүйіркелесіп, шүпірлесті де қалды. Олар күбірлей сөйледі — Мариус басын көтеріп тақтай төсекте отырған да, Козетта оның қасында түрегеп тұрған. "О құдая! — деп сыбырлады Козетта. — Ақыры сізді көрдім-ау, әйтеуір! Осы сен бе! Сен бе шынымен осы! Анау жаққа айқасқалы барудың өзін ойлаудың өзі сұмдық қой! Не үшін ғана бардың? Қандай қорқынышты. Табаны күректей төрт ай бойы үрейден өліп қала жаздадым. Сіздің тарапыңыздан ұрысқа барудың өзі үлкен қатыгездік емес пе. Соншама сізге мен не жазып едім. Бұл жолы кешірейін, қайтып олай жасамаңыз. Осында жетсін деп шақыра келгенде мен қуаныштан өліп кете жаздадым. Сені сондай сағындым! Тіпті дұрыстап киінуге де мұршам келмеді, шамасы түрім албасты сияқты ұсқынсыз болар. Менің умаждалған жағамды көріп туыстарыңыз не айтады! Кәне, өзіңіз айтыңызшы! Ұдайы мен жалғыз ғана сөйлей беремін бе? Иығыңызға бір зақым болды-ау деймін, зайыры.
Маған айтқанда жараңа жұдырық сыйып кеткендей. Сосын, шамасы теріңізді қайшымен кесті-ау деймін. Сұмдық қой. Мен уайымдап қатты жыладым, жылап-жылап көзімнің жасы таусылды. Осы ауыртпалықтың бәрін көтеру былайынша күлкі де. Атаңыздың жүзі сондай мейірімді. Олай қозғалмаңыз, шынтағыңызға абайлап сүйеніңіз, бір жеріңізді ауыртып алмаңыз. Ой, мен қандай бақытты едім! Ақыры біздің азап-қайғымыз аяқталды. Мен өзі ақымақ болдым ба? Сізге айтармын дегенім сондай көп еді, бәрін ұмыттым да қалдым. Сіз мені сүйесіз бе? Бұрынғыдай ма? Біз Қарулы адам көшесінде тұрамыз. Онда бақ жоқ. Мен ұдайы саған таңғыш суыртпақтадым. Міне, қараңызшы мырза, саусақтарым күстеніп кетті, бұл сіздің кінәңіз".
— Періште! — деп сыбырлады Мариус.
"Періште" — өңі солмайтын, мәні таймайтын жалғыз-ақ сөз. Басқа ешбір сөз ғашықтардың осыншалық қайталауына шыдас бермес еді.
Бөгделердің қатысуынан қысылған олар сөзді доғарып, қайтып тіс жармай баяу ғана бір-бірінің қолын қысты.
Бөлмеде тұрғандардың бәріне бұрыла қарап Жильнорман айқай салды:
— Ей, жамағат, қаттырақ сөйлесеңдерші! Шулаңдар, сахнаның сыртындағы күннің күркіріне салыңдар. Тәйірі алғырлар-ау, аздап улап-шулап, балалардың ләззаттана отырып әңгіме-дүкен құруына жағдай жасасаңдаршы!
Мариус пен Козеттаның қасына келіп, ақырын ғана ол былай деді:
— Бір-біріңе "сен" деп сөйлеңдер. Ұялмаңдар.
Жильнорман атай өзінің қарт тірлігіне аяқ астынан келіп кірген осы бір жарық нұрға абдырай қарады. Оның таңданысында ешқандай да дұшпандық пейіл жоқ және жапалақтың қос көгершінге қызғана, сұқтана қадалатын көзқарасымен де ортақ ештеңе жоқ. Оның қарасы елу жеті жастағы кәрі қыздың ерсілеу таңданысы: сәтсіз өмірдің шат-шадыман гүл атқан махаббатқа қызығуы ғана.
— Жильнорманның үлкен қызы! — деді оған әкесі. — Осы қызыққа дейін жасайсың сен деп алдын ала болжап айтып ем ғой мен саған.
Ол сәл кідіріп бір минөттен соң:
— Енді басқаның бақытын қызықта! — деді.
Сосын Козеттаға бұрылып:
— Қандай керемет сұлу еді! Қандай жақсы десейші! Грездің салған суретіндей! Осының бәрі сенің қолыңа тиеді-ау, маубас! Аһ, алаяқ, сен менен оңай құтылып кеттің, жолың болды. Мен он бес жастай жасырақ болсам, тағдырымызды семсер шешер еді, көрер ем сонда бұның кімге бұйырғанын. Құлақ салыңызшы, мен сізге әншейін ғашықпын, мадмуазель. Мұнда тұрған таңданарлық түк те жоқ. Жүректерді жаулай беру өз құқығыңыз. Паһ, шіркін, сендердің үйлену тойларың қандай ғажап, келісті де көрікті болады десеңші! Біздің қауымдікі қасиетті Дионис шіркеуі ғой, некелеріңді қасиетті Павел шіркеуінде қиюға рұқсат алармын деп ойлаймын. Ол шіркеу өзгелерден жақсырақ. Оны иезуиттер салғызған. Сән-салтанаты да, безендірілуі де әлдеқайда тәуір. Ол кардинал Бираг субұрқағының қарсысында. Иезуиттер сәулет өнерінің ең тәуір үлгісі Сен-Лy аталады ғой, ол ол Намюрде. Некелескеннен кейін оған сөзсіз барып қайту керек. Барып-қайтуға әбден татиды ол. Мен басы бүтін сіздің жағыңыздамын, мадмуазель, мен қыздардың тұрмысқа шыққанын қалаймын, олар сол үшін де жаралған ғой. Жас қыз атаулының бәрі түп анасы — Хауа-ананың жолымен жүрсін — менің тілегім осы. Күйеуге шықпай кәрі қыз болып отырып қалу да тым тәуір шығар, бірақ мұңлы да өкінішті ғой. Тәуратта "Көбейіңдер!" деген сөз бар. Халықты құтқару үшін Жанна д'Арк керек, ал халықтың өсіп-өнуі үшін Жигонь шешей қажет. Сонымен, күйеуге шығыңдар, тұрмыс құрыңдар, арулар! Шынымды айтайын, мәңгі қыз боп қалуды өз басым түсінбеймін. Олардың шіркеулерде бөлек ғибадатханасы бар екенін білемін, олар Қасиетті Перизат қауымына кіреді; бірақ тәйірі алғыр, сұлу күйеу, сырбаз жігітке не жетеді, бір жылдан соң шашы үкідей желкілдеген тығыршықтай нәресте топ-толық аяғын сілтеп, қып-қызыл табанымен тыпырлап таңғы шұғыладай мәз бола күліп емшек еміп жатқанының өзі "Turns eburnea''-ның (Піл сүйекті мұнараның) мұңлы әуеніне салып, ғибадатханада кешкілік шырақ ұстап жүгіріп жүргеннен мың мәрте артық емес пе.
Атай өзінің тоқсан жасына қарамастан бір аяғының ұшымен шыр айнала билеп, қимылын ағытылған бұрама серіппедей барған сайын жылдамдатып әнге де басты:
Арманыңның шеңберін тұйықтайын мен сенің, Алкипп! Ашпақ ұзамай ақ көрпесін некенің.
— Иә, айтқандай!
— О не, әке?
— Сенің осы ажырамас досың бар емес пе еді?
— Иә, Курфейрак.
— Оған не болды өзі?
— Ол қаза тапты.
— Жақсы болған екен.
Ол ғашықтармен қатар жайғасты, Козеттаны да отырғызып, өзінің тарамыс тарлан қолымен екеуінің қолын ұстастырды.
— Мынау Козеттаның өзі қайран қаларлықтай ғажайып емес пе! Тұла бойы тұнған бір тамаша кемелділік. Нағыз бейкүнә сәби, нағыз белгілі бикеш! Оның небары баронесса болатыны ғана өкінішті, ол атақ бұған лайық емес, бұл жаратылысынан маркиза болып туған. Жалғыз ғана кірпіктерінің өзі неге тұрады! Перзенттерім менің, естеріңде болсын, сендер дұрыс жолда тұрсыңдар. Бір-біріңді қалтқысыз сүйіңдер. Махаббаттан масайыңдар. Махаббат дегенің пенденің есерленуі, тәңірдің кемеңгерленуі. Бір біріңді қасиеттеп, қастерлеңдер. Тек мынадай бір қырсық шыққалы тұр одан! — деді кенет шалдың өңі бұзылып. — Менің ойым мынадай. Өз дәулетімнің үлкен бөлігін мен рентаға салып қойып едім; қалғаны өзім өлгенше қаптал жетеді, ал мен өлгеннен кейін шамасы жиырма жылдан соң сендерде соқыр тиын да қалмайды. Сонда сіздің аппақ тісіңіз қатқан нанның қабығын талғажау етуі мүмкін, баронесса ханым.
Сол сәт біреудің сабырлы, салиқалы үні шықты:
— Мадмуазель Эфрази Фошлеванда алты жүз мың франк бар.
Бұл Жан Вальжанның дауысы еді.
Бұған дейін ол бір ауыз сөз айтпаған-ды, оның осында бар-жоғын да ешкім байқамаған, өзі де мына шат-шадыман бақытты топтан өзін аулақ ұстап, оқшау тұрған.
— Мадмуазель Эфрази деген кім? — деп сұрады аң-таң болған атай.
— Ол мен, — деді Козетта.
— Алты жүз мың франк дейсіз бе? — деп қайталап сұрады Жильнорман.
— Бәлкім он төрт немесе он бес мыңы кем болар, — деп нақтылай түсті Жан Вальжан.
Ол Жильнорман тәтей кітапқа балап жүрген пакетті үстелдің үстіне қойды.
Жан Вальжан пакетті өз қолымен ашты. Бұл банк билеттерінің тұтас пәшкесі еді. Оны аудара қарап, ақтара тексеріп санай бастады. Онда мың франктен бес жүз билет және бес жүздіктен жүз алпыс сегізі шықты. Барлығы бес жүз мың сексен төрт мың франк боп шықты.
— Мәс-саған кітап! — деп дауыстап жіберді Жильнорман.
— Бес жүз сексен төрт мың франк! — күбірледі тәтей.
— Бұл біраз қиындықтардан құтқарады, солай емес пе, мадмуазель Жильнорман? — деп сөз бастады атай. — Мынау сайтанның сапалағы Мариус қиял бәйтерегінен миллионер бозторғай ұстап алғанын көрмейсің бе? Міне, осыдан кейін жастардың риясыз махаббатына сеніп көр. Студенттер алты жүз мың франк жасауы бар ғашықтар табады. Керубино ақшаны Ротшильдтен кем күреп жүрген жоқ.
— Бес жүз сексен төрт мың франк, — деп күбірлей міңгірледі мадмуазель Жильнорман. — Бес жүз сексен төрт! Алты жүз мың ғой! Қарай гөр!
Ал Мариус пен Козетта бір-біріне қарап, мұндай ұсақ-түйекке мән де берген жоқ.
Бесінші тарау
БАЙЛЫҚТЫ НОТАРИУСТАН ГӨРІ ОРМАНҒА ҚОЙ
Оқырманның, әлбетте, көзі жеткен болар, сондықтан Жан Вальжанның Шанматье ісінен кейін қашып, бірнеше күн жүріп Парижге жетіп, Монрейль Приморскийдегі Мадлен мырзаның атымен жинаған қаржысын Лафит банкир үйінен дер уақытында алып, Монфермейль орманына Бларю алаңқайына қалай жасырғанын айтып жатудың қажеті болмас. Барлық сомасы алты жүз мың франк тұтас банк билеттеріндегі алты жүз отыз мың франк көлемі жөнінен бір сандықшаға оңай-ақ сыйып кетеді, алайда оны дымнан сақтау үшін ағаш ұнтақтары толтырылған емен сандықшаға салды. Ол сандықшаға басқа да қазынасын — епископтың шырағданын да тықты. Біздің білуімізше ол оны Монрейль Приморскийден қашқанда өзімен бірге ала шыққан. Бірде кешкісін Башка байқап қалған адам осы Жан Вальжан болатын. Кейінірек Жан Вальжанға тиын-тебен қажет боп қалса ол тура осы Бларю алаңқайына тартатын. Оның кейде біз айтқандай бірер күнге жоқ боп кететіні, міне, осыдан. Онда оның темір күрегі де тығулы жататын. Мариустің беті бері қарап жазылып келе жатқасын, ақша керек боп қалар деп осылай қарай тартқан. Оны орманда Башка осы жолы кешкісін емес, ертеңгілік көрді. Бірақ оған қазына байлық емес, темір күрек бұйырды.
Шын мәнінде ақшаның сомасы бес жүз сексен төрт мың бес жүз франк болатын. Жан Вальжан бес жүзін кейінге сақтап қалды. "Не болатынын сосын көре жатармыз", деді ол.
Осы сома мен алты жүз отыз мың франктің арасындағы айырмашылық он жыл ішінде 1823 пен 1833 жылдардың арасындағы шығын. Монастырьда болған бес жылда небары бес мың франк ғана жұмсады.
Жан Вальжан күміс шырағданды торпештің үстіне қойып еді, жарқылына таңданған Тусеннің есі шықты.
Айтқандай, ол кезде Жан Вальжан Жавердің қудалауынан мәңгі азат болғанын білетін. Оны біреуден естіген еді. Естігенін "Монитер" газетінде жарияланған хабар бекіте түсті. Онда жарияланған хабарға қарағанда Жавер деген полиция инспекторының денесі Айырбас пен Жаңа көпірлердің арасындағы кір жуушылар салының маңында суға кеткен жерінен шығарып алынды. Күні осы уақытқа дейін қызметін адал атқарып келген, басшылардың арасында бек абыройлы қызметшінің артына хат қалдырып, өзін өзі өлімге қиюын ақылынан алжасуы деп қана ойлауға болады деп жазды газет. "Шынында да, оның мені ұстап алып, еркіме қоя беруінің өзі есі дұрыс емес деп ойлауға негіз береді екен-ау!" деп ойлады Жан Вальжан.
Алтыншы тарау
ҚОС ҚАРИЯ КОЗЕТТАНЫҢ БАҚЫТТЫ БОЛУЫ ҮШІН ӘРҚАЙСЫСЫ ӨЗІНШЕ ЫНТА БІЛДІРЕДІ
Үйлену тойына бәрі де әзір болды. Олар ақылдасқан дәрігердің пікірінше, ол ақпанда өтуге тиіс. Қазір желтоқсан. Алаңсыз бақыттың таңғажайып талай аптасы өтіп те кетті.
Барлығынан да бақытты кісі атайдың өзі тәрізді. Талай сағатын ол Козеттаны тамашалаумен өткізеді.
— Таңдай қақтырар тамаша сұлу! — деп дауыстап та қояды. — Сондай нәзік, сондай момын! Ар-абыройыммен ант етейін, өмірде өзім көрген қыздардың бұл ең ғажайыбы. Осынау аялы ақгүлде әйелге бітер адамгершіліктің бәрі бар. Тұла бойы тұнған Сұлулық тәңірі, солай емес пе! Мұндай табиғат тумасымен кінәзша өмір сүруге болады. Мариус, балам менің, сен баронсың, сен байсың, сенен өтінерім: дәукестігіңді енді таста!
Козетта мен Мариус қабірден шығып, тура пейішке топ ете қалғандай болды. Өту тым оңай әрі ойламаған жерден болғандықтан оларды біраз тітіркентуі керек еді, одан тек бақытқа мастықтары сақтап қалды.
— Сен осыдан бірдеңе түсінесің бе? — деп сұрады Мариус бірде Козеттадан.
— Жоқ, — деп жауап берді Козетта. — Бірақ бізге түу биіктен Құдай-тағаланың өзі қарап тұрған тәрізді.
Жан Вальжан бәрін жасады, бәрін жайғастырды, барлығы жайында келісті, барлық бөгеттерді ысырып тастады. Ол қызының бақытын қарсы алуға Козеттаның өзінен бетер қуанышы қойнына сыймай асықты.
Бұрынғы мэр ретінде ол құпиясы өзіне ғана мәлім аса бір қитұрқы мәселе — Козеттаның азаматтық жағдайы туралы мәселені шешіп берді. Оның шыққан тегі туралы шындықты ашу керек пе еді? Әсте де керек емес. Ол неке тойын бұзып кетуі кәдік. Козеттаны ол сондай қиындықтардың бәрінен құтқарды. Әшкерелеуден жалтарудың жалғыз жолы деп оған өлгендерден ата-ана тауып берді. Козетта құрып бара жатқан әулеттің соңғы тұяғы, мұның емес, ағасы Фошлеванның қызы болып тіркелді. Екі Фошлеван да Кіші Пикпюс монастырінде бағбан болған. Сол монастырьға барып ең тәуір мәлімет және мақтауға толы жолдамалар алып қайтты. Ата-аналық мәселелерден түсінігі шамалы сопы әйелдер алдау дегеннің не екенін қайдан білсін, оның үстіне кішкентай Козеттаның қай Фошлеванның қызы екеніне де ой жіберген емес. Сондықтан талап етілгеннің бәрін ықыласпен растап берді. Нотариалдық акт жасалды. Козетта заңды түрде мадмуазель Эфрази Фошлеван атана бастады. Ол тұлдырсыз жетім деп жарияланды. Жан Вальжан былай жасады: өзі Фошлеванның атымен Козеттаның қамқоршысы болды, ал Жильнорманды оның екінші қамқоршысы етіп тағайындады.
Бес жүз сексен төрт мың франкке келетін болсақ, ол белгісіз болып қалуды тілеген біреудің Козеттаға қалдырған өсиет мұрасы. Алғаш мұраның сомасы бес жүз тоқсан төрт мың франк болатын, оның он мыңы мадмуазель Эфразидің тәрбиесіне жұмсалды, аталмыш монастырьға төленген бес мың да соның ішінде. Үшінші тұлғаға берілген бұл мұра Козетта кәмелеттік жасқа толғанда немесе тұрмысқа шыққанда тапсырылуы керек-ті. Көріп отырғанымыздай, тұтас алғанда, бәрі де орын-орнына келген сияқты, әсіресе жарты миллионнан астам қаржының қолма-қол берілуі әсерлі шықты. Рас, бұл арада азын-аулақ оғаштық та болмай қалған жоқ, бірақ оған және ешкім де назар аудармады: ынталы адамдардың бірінің көзін — махаббат, екіншісінің көзін алты жүз мың франк тұмшалады.
Козетта ұзақ уақыт әке атап жүрген шалдың туған қызы емес екенін білді. Бұл тек туысқаны ғана екен, ал шын әкесі — басқа Фошлеван. Басқа жағдайда болса бұл жаңалық оны қатты қайғыртып, қапаландырар еді, ал мынау адам айтқысыз бақытты шағында көңіліне сәл ғана көлеңкесін түсірді де, ұмыт болды, өйткені төңірегі толы қуаныш еді. Жас жігіт келген де, қарттың ұмыт болуы — өмір заңы.
Оның үстіне Козетта қаршадай күнінен-ақ өзін қаумалаған құпия жұмбақтарға үйреніп кеткен; кез келген жан иесі, балалық шағы құпиямен құндақталған болса, белгілі бір мөлшерде опынатынына әзір жүреді.
Алайда ол бұрынғысынша Жан Вальжанды әке деді. Бақыттан төбесі көкке жеткендей боп жүрген Козеттаны әсіресе Жильнорман қария қайран қалдырды. Ол оны сыйлық пен ғашықтық жырлардың астында қалдырды. Жан Вальжан Козеттаға берік қоғамдық жағдай жасап, әл-ауқатын нығайтуға қам жасап жүргенде, Жильнорман оның үйлену тойының себетін толтырумен әуре боп жүрді. Оны жомарт қолымен келініне сый-сыяпат жасаудан артық ештеңе алаңдатқан жоқ. Козеттаға ол өзіне әжесінен мұра боп қалған Бельгия гипюрінен көйлек тарту етті. "Сон деген қайта түлеп шыға береді, — деді ол, — енді қазір барлығының есі ескі бұйымдар деп ауып жүр, қартайсам да байқаймын, жас бикештер бәрі біздің бала кезіміздегі кемпірлердің киіміне әуес".
Ол көп жылдар бойы ашылмаған тоқ бүйір коромандель ағашынан жасалып, жалтырата лакталған комодтарды түгел босатты. "Кәне, мынау жесірлердің халін бір біліп қоялық, — деп сөйлеп жүреді ол. — Мұның да құрсағында не жатқанын көрейік". Ол барлық әйелдерінің барлық ашыналары мен әжелерінің әшекей киімдері сықалған жуан жәшіктерді салдырата қозғап бәрінің аузын ашты. Олардан шыққан қытай жібегі, тоқыма, торқа, қамқа, жалтыраған жібегінен тігілген көйлек, алтынмен кестеленген үнді орамалдары, жуғанда өні түспейтін асты-үсті бірдей жүн маталар, генуя және алансон шілтерлері, алтын жасаулар, піл сүйегінен жасалған қорапшалар, ұрыс көріністерін өрнектеген өте нәзік зергерлік туындылар, әшекейлер мен ленталар, не сән — солардың бәрін ол Козеттаға тарту етті. Қайран қалып, Мариустің махаббатымен тояттап, Жильнорман қарттың жомарттығына әрі тебіреніп, әрі қысылған Козетта мақпал мен атласқа оранған шексіз бақытты армандады. Козеттаға неке себетін періштелер әкеп беретіндей елестеді. Оның көңілі нәзік өрнектерден қанат жалғап көкке самғады.
Біздің айтқанымыздай, ғашықтардың жан рақатын тек атайдың мәз-мейрамдығымен ғана салыстыруға болады. Тәңірдің ләззат бикелері көшесінде тынымсыз керней тартылып жатқан тәрізді.
Күн сайын ертеңгілік атай Козеттаға ежелгі әшекейлерді алып келеді. Алуан түрлі әшекей зерлер оған молшылық мүйізінен түскендей жауып кетті.
Осынау бақытты күндері байсалды әңгімелерге ден қойған Мариус бірде оған бәз-бір жағдайға орай:
— Революция қайраткерлерінің ұлылығы сондай, тіпті олардан біздің кезімізде де ежелгі аяулы жарқын мінездің лебі еседі, — деді. — Айталық, Катон мен Фокион сондай, олар антика дәуірінің мемуарларын ұдайы мысал қылады.
— Мемуар ант... Муар-антик! — деп дауыстады атасы. — Рахмет саған, Мариус, маған ақыл салдың, өзіме тура осылар керек боп жүр еді.
Ертеңгілік Козеттаның неке сыйлықтарына шай раушаны түстес құлпырмалы қалың жібек қымбат көйлек қосылды.
Атай өз шүберектерінен тұтас философия шығарды.
— Махаббат өз алдына, оған қоса тағы да бірдеңелер керек, — дейді ол. — Бақыт үшін кейде пайдасыздың өзі де кәдеге асады. Былайынша, бақыт деген ең қажеттінің бірі. Сондықтан оны сараңдыққа салынбай артық сыйла, артық аяла. Сүйіктіңмен сарай да жұмақ. Маған алдымен оның жүрегі, сосын Лувр керек. Оның жүрегі мен Версальдің субұрқақтары керек. Маған бақташы қызды-ақ берші, мүмкін болса оны герцогиняға айналдыр. Маған Филиданы сарғалдақ гүлдестесімен, үстіне жүз мың франктің рентасын қосып әкел. Бақташының лашығына да келісемін, ал мәрмәр бағандарының тізбесі теңізге дейін созылып жатқан сарайға да кет әрі емеспін. Құрғақ бақыт қатқан нанға ұқсайды. Ол тіскебасарға жарағанмен, түстікке жарамайды. Мен молшылыққа құмармын, пайдасызға, берекесізге, шектен тысқа, қажет еместің бәріне құмармын. Әлі есімде, Страсбург шіркеуінен биіктігі үш қабатты үйдей сағат көруіме тура келгені бар, ол сағат қоңырауын соғып, уақыт көрсетіп тұруға тиіс дейді, меніңше оны тек сол үшін ғана жасамаған, түс мезгілін немесе түн ортасын білдіріп, талтүстің күннің мезгілі екенін, түн ортасының махаббат мезгілі екенін айғақтап, тәуліктің кез келген сәтін паш етумен бірге ай мен жұлдыздарды, теңіз бен құрлықтарды, балықтар мен құстарды, Феб пен Фебаны, тағы басқа сан түрлі бейнелерді көрсетеді, олардың ішінде он екі апостол да, Карл Бесінші де, Эпонина мен Сабин де, оны аз десеңіз керней тартқан алтындатқан адамсымақтардың тұтас тобыры бар. Ал оның ауаны жаңғыртқан ғажайып қоңыраулы үнін қайда қоясың. Онымен әншейін ғана уақыт санап тұрған бейшара циферблатты салыстыруға бола ма!? Мен сол алып Страсбург сағаты үшін бос тігемін, оны мақтаулы швейцар сағаттарынан көш ілгері бағалаймын.
Жильнорманды әңгіме үйлену тойына тірелгенде тіпті тоқтата алмайсың, ол сөйлеп кеткенде он сегізінші ғасырдың барлық күнгейі мен көлеңкесі айнадағыдай айқын көрінеді.
— Салтанатты мереке жасау өнері туралы сендердің тіпті түсініктерің де жоқ, — деп тағы да дауыстады ол. — Қазір салтанатты күнінде көбі қалай көңіл көтеруді де білмейді. Сендердің сүйікті үшінші тараптарың талғамсыз, өңсіз-түссіз, күтімсіз, ұсқынсыз. Міне, сендердің буржуасымақтарыңның арманы, олардың өз сөзімен айтқанда, жанаса жаңғыртып, құйтымдай қонақжай салдырып, палисандр жиһазын қойып, биязы матамен тыстап тұрмыс түземек қой. Әне, қараңдар, қараңдар. Қадірменділер. Скаред Сквалыға бикешке үйленді. Жарқыл да тарсыл! Шырағданға нағыз алтын теңгені жапсырып қойған. Міне, осындай дәурен! Өз басым олардан сытылып шығып сарматтарға тартып отырар едім. Шіркін-ай, мың жеті жүз сексен жетінші жылы герцог Роган, принц Леонский, герцог Шабо, герцог Монбазон, маркиз Субиз, виконт Туарский, Францияның пэрі Лоншандағы ат жарысқа барғанын көргенде-ақ бәрі де бітті деп едім, көріпкелім бар екен. Осы ғасырда жұрт ірі қарекетке барып жүр, биржаларда ойнап, ақша табады, бірақ шетінен тас сараң. Олар өздерін өздері күтіп, өздері аялайды, жалтылдап жарқ-жұрқ етіп жүреді, ине-жіптен жаңа шыққандай киінеді, күніне неше мәрте жуынады, қырынады, сырланады, қырналады, таранады, сыланады, сырттай қарағанда бір мін жоқ мұнтаздай, қылаусыз қылап, кіршіксіз санасына үңілсең — үйме боқтық, кәдімгі сорбұлақ, олардан қолына сіңбіріп жүрген кез келген сауыншы тұра қашады. "Арамза тазалық" — менің сендердің дәуіріңе берер бағам, қояр атым, міне, осы. Оған бола ашуланба, Мариус, ішімді бір босатып алайын, көріп отырсың ғой, халық туралы ешқандай жаман сөз айтқаным жоқ, тіпті қанша тойдырып болса да жамандамаймын, ал буржуазияны жүндей түтуге мұрсат бер. Менің өзім де сол тұқымнанмын ғой. Сондықтан да кімді сүйсең соны соғасың. Сосын турасын айтайықшы: қазір үйленуін үйленеді-ау, бірақ үйлену тойын жасай алмайды. Рас, мен бұрынғы жақсы жоралғыларды ойлап мұңаямын. Барлығына да қапаланамын. Баяғы әсемдік, серілік, сүйкімді де сыпайы қатынас, барлығына жететін, көңіліңді көтеретін сән-салтанат қайда, кез келген үйлену тойының сүйемелдеушісі — ән-күй қайда, ақсүйектердің оркестрі, халықтың дабырлаған барабаны, бұралған билер, дастарқан басындағы жарқылдаған жүздер, таңдай қақтырар ғашықтық жырлар, қызықты әзілдер, көңілді күлкілер, бұрқылдаған түтіндер, ленталардан өрілген сәнді банттар қайда? Мен жас жұбайлардың аспа жібін ойлап назаланамын. Жас жұбайлардың байланатын аспа жібі Венераның белдігімен ағайындас емес пе еді! Троя соғысы неден өршіді дейсің? Еленаның аспа жібінен өршіді, тәйірі алғыр! Неліктен ұрыс қызды, неліктен құдайға тең Диомед Мерионейдің басындағы он істігі бар дағарадай жез дулығаны қақ айырды, Ахилл мен Гектор неге бір-біріне найза шаншыды? Өйткені Елена өз аспасын Париске беріп қойған. Гомер болса Козеттаның аспасынан тұтас бір "Илиада" шығарар еді. Ол дастанында қарт мылжың мені Нестор атар еді. Достарым менің. Бұрынғы жақсы, қайырымды заманда, біздің қайырымды көне заманда адамдар ақылмен үйленген: әуелі келісім-шарт жасасқан, сосын ғана қалыңдық ойнаған, сосын ғана ұлан-асыр той жасаған. Кюжастың кетуі мұң екен, сахнаға Камачо шыға келеді! Сайтаныма керек пе ол! Асқазан дегенің әйдік хайуан, өзінікін талап етіп, ол да үйлену тойында қарыштап қалғысы келеді. Тамаша тойлады дейік, әркімнің дастарқан басында үріп ауызға салғандай көкірекшесі жоқ, омырауы сол ашық көрші бикесі болады. Пай-пай, қалай ішек-сілесі қата күліп, қалай алаңсыз сайрандаушы еді бұрынғы заманда! Жастар тойға гүлдестемен келетін, әрбір жігіт өзін серігүл бұтағымен немесе раушан шоғымен сәндеп келетін; қанша жерден өркөкірек, сотқар болса да олар тойда моп-момақан бақташыдай боп отыратын, айталық ол драгун капитаны болса, есімін Флориан деп қарапайым атауға тырысатын. Барлығының да көрікті болғысы келетін. Айшықты матадан тігілген кестелі көйлек киетін көбі. Буржуа гүлге, маркиз асыл тасқа ұқсайтын. Ол кезде шалбардың балағына ызба бау тікпейтін, етік те кимейтін. Жас жігіттер сәнді киініп, көз қарыққандай жарқылдап, жайраңдап, күпініп, кекеңдеп жүретін, бірақ онысы бүйіріне семсер қыстыруына бөгет болмайтын. Тырнақты да тұмсықты нағыз зымыран құстың өзі болатын бәрі. Ол Сырбаз Үндістан дәуірі еді ғой. Біздің заманның бір сипаты — сәнділік, екіншісі — асқан әсемдік еді ғой, сайранды салушы едік-ау, шіркін, осым өтірік болса, мені құдай атсын. Оның есесіне сендер жан төзбестей тәкаппарсыңдар. Буржуа сараң, буржуа бике бәлденген бірдеңе. Сондай сорлы ғасыр ғой бұл! Қазір Сән құдайларының өзін жағасы тым ашық деп қуып шығар еді. Әттеген-ай! Енді сұлулықтың өзін ұсқынсыздықтай бүркемелейтін болды. Революциядан кейін жұрттың бәрі қуық шалбар киетінді шығарды, тіпті оны бишілер де киіп алды, кез келген көше бишісі құлағына қол апартпайтын болды, билеріміз қазір діни уағыз сияқты көңілсіз. Сіздің айбарлы болып көрінгіңіз келе ме? Онда иегіңіз галстукке сүңгіп тұрмаса болмайды, әйтпесе өзіңізден өзіңіз қолайсыз сезінесіз. Үйленгелі отырған жиырма жасар боқмұрын үйлене салысымен Руайе-Колларға ұқсауды армандайды. Ал бұл тектес ұлылықтың қайда апарып соғатынын сендер білесіңдер ме? Қуыс кеуде бейшаралыққа соқтырады. Естеріңде болсын, қуаныш шаттық қана емес, ұлы сезім. Шын ғашық болсаңдар, шаттаныңдар да шарықтаңдар, кәне, тәйірі алғырлар! Үйленеді екенсіңдер, үйленіңдер басты жарып, көзді шығарып, тояттаңдар бақытқа бір қарқындап, жарқылдап! Шіркеуде байсалдылық сақтаңдар — келісеміз бе? Ал рәсім біткен соң, қалғаны құл болмаса бұл болсын. Той патшалардікіндей, ертегідегідей болуы керек. Той пойызы Рейм соборынан Шантлу пагодасына дейін созылып жатсын. Маған әдеттегі үйлену тойлары тіпті де ұнамайды. Дәуперімен ант етейін, тым құрыса бір күн ұшпаққа ұшыңдаршы. Құдай сияқты болыңдаршы. Әй, сендерді-ай, Ойындар мен Күлкінің жаңа перілері, кемеңгерлері, падишахтары болуларың керек еді ғой, ал сендер мұрындарыңа су жетпей қамалып үйде отырсыңдар. Әрбір жаңа үйленген Альдобрандинидің ханзадасы болуға тиіс. Өмірдегі осынау жалғыз сәтті оңтайлы пайдаланып, жеті қат көкке аққулармен, қырандармен қатар самғаңдар, бәрібір ертең тоғышарлықтың бақалы шалшығына шалп ете қалуға тура келеді. Гименейдің мейрамында сараңдық қып тартыншақтамаңдар, оның құлпырған қанатын қырықпаңдар, осынау нұр шапақты күні пәруейсіздік көрсетпеңдер. Тойға кететін шығын — шаруашылыққа кететін шығын емес. Шіркін-ай, осының бәрін өз білігімше жасасам, жұрттың бәрі аузын ашып, көзін жұмардай етер едім! Ағаштардың арасынан скрипканы сызылтып қояр едім ғой. Менің бағдарламам — көгілжім аспан мен күміс. Мейрамға мен село құдайларын, дриадалар мен неренраларды шақырып алар едім. Кәдімгі Амфитританың үйлену тойы сияқты сәндене таранған жалаңаш періштелер көгілдір мұнардың ішінде қалықтап жүріп, оқымысты академик құдай әйелге жыр арнап, теңіз аждаһалары арбаға жегілер еді.
Тромбонмен кернейлетіп Тритон Ұлу мініп жүйткиді. Бұл қайдан деп жұртың таң, Ұйи тыңдап бұл күйді.
Міне, бұл бағдарлама! Бұл нағыз бағдарлама, әлде мен ештеңе түсінбеймін бе, олай болса тұрған жерімде қатайын!
Атай осылай лирикалық шабытпен өзін өзі тыңдап, тілдің майын ағызып тұрғанда Козетта мен Мариус өз бақыттарына мәз болып, бірін бірі қызықтап жайраң қағып отырды да қойды.
Жильнорман тәтей осының бәрін өзіне тән жер қозғалса қозғалмайтын сабырлылықпен қадағалап жүр. Соңғы бес-алты айдың бағдарында оны толғандырған оқиғалар аз болған жоқ. Мариус оралды, оны қанжоса ғып алып келді және баррикададан әкелді. Мариус өлді деп еді, жоқ, тірі екен, ол атасымен татуласты. Мариуске қыз айттырды, енді ол үйленеді, жасаусыз қалыңдыққа үйленеді, жоқ, миллионер қызға үйленеді. Алты жүз мың франк тәтейдің жүйкесіне тиіп, жүйкелетті-ақ. Осыдан кейін оған алғашқы қатынас кезіндегідей сүлесоқ селқостық қайтып оралды. Ол ғибадат қып, дұға оқуға мұқият қатысты, таспиғын тарта отырып, үйдің бір бұрышында Ave деп сыбырлайды, сол кезде үйдің басқа бұрышынан I love you (сені сүйемін) деген үздіккен үн шығады, содан да оған Мариус пен Козетта бұлыңғыр бір көлеңке болып елестейді. Ал шын мәнінде көлеңке оның өзі еді.
Қарекетсіз аскетизмнің айрықша бір түрі болады, зілзала мен өзге де табиғи апаттардан басқа жағдайда мұз боп қатқан бейтарап, барлығын жатсынатын, тіршілік қамы дегеннен ада жан ешқандай әсерді, қуанышты да, күйінішті де қабылдай алмайды. "Мұндай тақуалық тұмаумен бара-бар, — дейді қызына Жильнорман қарт. — Сен өмірдің иісін сезбейсің. Саған хош иіс те, сасық иіс те бәрібір".
Айтқандай, алты жүз мың франк кәрі қыздың ежелгі толқуына нүкте қойды. Әкесі онымен санасуға дағдыланбаған-ды, Мариустің үйленуіне келісімін бергенде де онымен ақылдасқан жоқ. Ол өзінің әдетінше көңіл ауанына беріліп, шаттық құшағында жүріп, қазымыр жауыздан құлақкесті құлға айналып, қайтсем Мариустің көңілін табамын деп құрақ ұшты. Сондықтан ол тәтейдің бар-жоғын да, оның да өзіндік пікірі болуы мүмкін екенін де еске алмады, қойдай жуас бағыныштылығына қарамастан, қызы әкесінің осы қылығын көңіліне дық алды. Сырттай енжар көрінгенмен, көңілінің түкпірінде өкініш-өкпе жатқан ол өзіне: "Әкем неке мәселесін менсіз шешіп жатыр, мейлі, өзі білсін, оның есесіне мен мұрагерлік мәселесін онсыз шешемін", — деді. Шынында да ол бай еді, ал әкесінде ондай дәулет жоқ. Сол себепті ол жөніндегі ішкі пікірін, өз есебін құпия сақтады. Алда-жалда күйеу мен қалыңдық кедей болса, оларды мұның атына қаратып қоюы әбден мүмкін еді. Менің мейірбан жиенім қайыршыға үйленетін болса — өзіне жаман. Мейлі, онда қайыршы, кедей боп қала-ақ берсін. Алайда Козеттаның жарты миллионы тәтейге ұнап, ғашық жұпқа деген бағдары мен көзқарасын өзгертті. Алты жүз мың франк сөз жоқ құрметтеуге лайық, сондықтан бұл да өзінің бар байлығын осы жас жұбайларға тастап кетуге тиіс, өйткені олар мұның ақшасына мұқтаж болып отырған жоқ.
Жас жұбайлар атасының үйінде тұра тұратын болып шешілді. Жильнорман осы үйдегі ең тәуір бөлме өз жатынжайын сөзсіз соларға беретін болды. "Мен мұнан жасара түсемін, — деп мәлімдеді ол. — Бұл менің ежелгі тілегім. Өз бөлмемде қалыңдық ойналуын қашаннан бері армандаушы едім". Ол жатынжайын көптеген ежелгі әшекейлермен жасандырған еді. Төбені өрнектеп қайта сырлауға қосып, қабырғаларды құлпыртып тұратын қымбат матамен қаптады, етегі атласпен сейсептеліп, алтынмен зерленген, мақпал түкті мата оның өзінде сақтаулы жатқан-ды.
"Дәл осы матамен герцогиня Анвильскаяның Ларош-Гийон сарайындағы кереуеті қапталған болатын", дейді ол Торпештің үстіне ол жалаңаш тәнін елтірімен көлегейлеген әйел мүсінделген саксон фарфорынан жасалған статуэтка қойды.
Жильнорманның кітапханасы Мариуске қажет қабылдау кабинетіне айналды. Әрине адвокаттар қатарына кіру үшін қабылдау кабинеті талап етілетіні белгілі.
Жетінші тарау
БАҚЫТТЫ БОЛМЫСПЕН АРАЛАС ҮРЕЙЛІ ТҮСТІҢ ҮЗІКТЕРІ
Ғашықтар күн сайын кездесіп отырды. Козетта Фошлеванды ертіп келіп жүрді. "Атастырылған қалыңдықтың күйеудің үйіне өзі келіп, аялауына сұранғанын кім көрген", — деп бұрқылдап қояды кәрі қыз Жильнорман. Бірақ бұл әдет Мариустің баяу айығуына орай әбден сіңісті болып алды, оның үстіне Тәңірдің ләззат бикелері көшесіндегі үйдің сабан тағына қарағанда екеуінің жүзбе-жүз отырып сырласуына әлдеқайда қолайлы. Әрбір қыз біреу-міреудің ертіп жүруіне мұқтаж. Козетта Фошлевансыз мұнда келе алмас еді. Мариус үшін Фошлеванның келуі Козеттамен кездесудің қажетті шарты. Сондықтан да ол көнді оған. Күллі адамзаттың өмірін жақсарту жөнінде пікір алыса отырып, әңгіме арасында ептеп жалпы сипаттағы саяси мәселелерге де барып қалады, әдеттегі "жоқ", "бар" дегендерден асып бірер сөз де айтылып қалады. Бірде халыққа білім беру жөнінде әңгіме қозғалып, Мариус оқудың тегін және міндетті болуы, кеңінен таралуы, білім алуға жұрттың бәріне бірдей жол ашылуы, оның халыққа ауадай, күн нұрындай қажеттігі туралы өз ойларын ортаға салғанда екеуінің пікірі бір жерден тоғысып, әңгімелері ұзаққа созылды. Мариус Фошлеванның өз ойын жақсы жеткізіп, әдемі өрнектейтінін аңғарды. Алайда оған бәз-бірдеңе жетіспейтін сияқты. Бәз-бірдеңеде ол зайырлы қоғам адамынан төмен де, бәз-бірдеңеде одан жоғары.
Мариус жүрегінің терең түкпірінде өзіне недәуір ілтипат, алайда салқын қарайтын Фошлеванға жауапсыз сұрақтар қойды. Кейде ол жады жаңсақ баспай ма екен деп те күмәнданды. Оның естеліктерінде төрт айлық жантәсілім күйзелістен болған үзілістер, қара дақтар, тұңғиық құламалар бар сияқты. Көп нәрсе соған батып кеткен тәрізді. Тіпті мәселе мынаған дейін барды, Фошлеван сияқты салиқалы да сабырлы адамды мен осы баррикадада көрген жоқ па екенмін деп сұрақ қойды ол өзіне.
Айтқандай бұл оның жадында жалт етіп, жоқ болып кетіп жүрген жалғыз жұмбақ емес. Бақыт пен рақаттың ортасында шалқып отырғанның өзінде мұңая артқа қарауға мәжбүр етер естеліктерден ол арылып болған жоқ. Өткеннің жойылып бара жатқан бейнелеріне назар аудармайтын адам жалпы ойлауға да, сүюге де қабілетсіз пенде. Ара-тұра Мариус қолымен көзін жапса, өткеннің бұлыңғыр беймаза елестері миын торлаған буалдыр тұманды тілгілей бастайды. Ол Мабефтің қалай өліп құлағанын қайта көреді, Гавроштың жауып тұрған картечьтің астында қалай әндеткенін естиді, өз ернінен Эпонина маңдайының өлі салқынын сезеді. Анжольрас, Курфейрак, Жан Прувер, Комбефер, Боссюэ, Грантер және басқа достары көз алдына тізіле қалады да жойылып кетеді. Жүрегіне жақын, қимас, қымбат, ержүрек, азапкер, қасіретті де қасиетті бұл тұлғалар тек түс қана ма? Әлде олар шын мәнінде өмір сүрді ме, күрес жүргізді ме? Өткеннің бәрін бүліктің түтіні тұмшалап тастаған тәрізді. Терең тебіреністер түшіркентіп ұйықтатпайды, шым-шытырық түстер. Ол өзіне өзі сауал қойып, өзін өзі тексерді, әлгі өрімдей өндірлердің өмірі мәңгі өшті деген ой оның басын айналдырды. Қазір қайда олар? Барлығы да опат болды деген рас па? Опырыла құлау бұдан басқасын түгел басып қалып, мәңгі түнекке алып кеткені ме. Театр шымылдығының сыртына кіріп кеткендей бәрі де көзден ғайып болғаны ма? Зайыры өмірдің үстінен де осындай шымылдық түсіріліп, қалғанын тәңірінің өзі реттейтін болса керек.
Иә, ол өзі, Мариус бұрынғысынан өзгерген жоқ па? Кедей еді — бай болды, жалғыз еді — отбасылы болды, барлығынан баз кешіп еді. — Козеттаға үйленді. Ол өзін қабірден шыққандай көрді, оған айыпталып түсіп, ақталып тұрғандай болды. Басқалар қабірдің терең түбінде қалды. Кей сәттерде өткеннің елестері тіріліп, қайта оралып, мұны қаумалап алып, көңілін құлазытып, еңсесін түсіреді, сонда ол Козеттасын ойлап қана көңілін жайландырады, тек осы ұлы бақыты ғана апаттың ізін білдірмей тегістеп отырды.
Осы өлгендердің ішінен Фошлеван да орын алған сияқты еді. Мариус мынау Козеттамен қатар бап-байсалды отырған сабырлы жанның баррикадада көрген Фошлеван екеніне сенуге батпады. Тегінде ол есеңгіреп сандырақтап жатқан кезінде көрген шым-шытырық бейнелерінің бірі болуы керек. Бәрінен бұрын екеуі де шүйіркелесе қоймайтын сөзге сараң табиғатынан ұяң жандар; сондықтан Мариус Фошлеванға мұндай тікелей сұрақ қоя алмады. Тіпті, ондай әрекет ойына да кіріп шыққан емес. Оның мінезінің бұл қырын бұрын да атап өткенбіз.
Ортақ құпиямен арқандалған екі адамның үнсіз ғана келісіп, бір-бірімен сөз алмаспай жүре беретіні онша сирек те құбылыс емес.
Тек бір-ақ рет Мариус сол үнсіздікті бұзуға тырысты. Ол әңгіменің бетін Шанврери көшесіне аударып, Фошлеванға бұрыла қарап:
— Сіз ол көшені жақсы білуші едіңіз ғой? — деді.
— Қайсысын?
— Шанврери көшесін.
— Одан түсінігім жоқ тіптен, — деді Фошлеван сондай табиғи үнмен.
Көшенің өзіне емес, атына байланысты қойылған сұраққа қайтарылған жауап Мариуске іс жүзіндегіден де сенімдірек көрінді.
"Расында да, ол менің түсіме енген екен ғой, — деп ойлады ол. — Менде галлюцинация болды емес пе. Бұл да соған ұқсас біреу болар. Фошлеван онда болуын болған жоқ".
Сегізінші тарay
ІЗДЕП ТАБУ МҮМКІН ЕМЕС ЕКІ АДАМ
Махаббат сиқыры қанша күшті болғанмен де Мариустің ойынан оның күллі қам-қарекетін шығарып жібере алмады.
Үйлену тойына әзірлік жүріп жатқан тұста ол белгіленген мерзімді күте жүріп өткенге арналған мұқият зерттеулері мен ізденістерін өрістете берді.
Ол екі мәрте қарыздар сезінеді өзін: ең алдымен — әкесі үшін, сосын өзі үшін!
Бір жерде — Тенардье, бір жерде Мариустің өзін Жильнорманың үйіне жеткізген бейтаныс жүр.
Мариуске қайткен күнде де осы екі адамды табу керек. Бақыт құшағында балқып жүріп өтелмеген борышын ұмытып кетсе, қазіргі күн сәулелі өміріне көлеңке түспеуі кәдік. Шат-шадыман келешегіне қадам бас үшін алдымен сол қарызынан құтылып, өткенмен есеп айырғысы келді оның.
Тенардье мың жерден оңбаған болса да оның полковник Понмерсиді құтқарып қалған еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Тенардье жарық дүниенің алдында қаншалық қарақшы болғанымен, Мариустің алдында еш жазығы жоқ.
Ватерлоо түбіндегі ұрыста шын мәнінде не болып, не қойғанын білмегендіктен Мариустің өз әкесін Тенардьемен не байланыстырғанынан, осы өлік тонаушыға алғысымен емес, өмірімен қалай қарыздар болып жүргенінен де хабары жоқ.
Жалдаған қыруар жансыздарының ешқайсысы да Тенардьенің ізіне түсе алмады. Барлығы да қайтып оралмастай жоғалған сияқтанды. Тенардьенің әйелі тергеу кезінде түрмеде қайтыс болды. Тенардьенің өзі мен қызы — Азельма, сойқанды отбасынан қалған екеуі де ізім-қайым. Әлеуметтік қитұрқының тасқыны бұл пақырларды да үнін шығармай көміп тастаған тәрізді. Айдында дірілдеген не толқын, не тереңге тартып жатқан иірім де байқалмайды, осы жерге түсті-ау деп қармақ салар тұстың өзі білінбейді.
Тенардьенің әйелі өлді, Башканың қылмысқа қатысы жоқ деп танылды, Сыңғыртеңге ұшты-күйлі жоғалып кетті, басты айыпкерлер түрмеден қашып, ұстатпай қойды, сөйтіп Горбо лашығын торудан ашылар қылмыс жөніндегі сот процесі бетімен қалды. Төрешілер соты көлденең екі айыпталушымен ғана қанағаттанды: оның бірі Ілмешек, Көктемгі, Гнус те осы, екіншісі — Пол-Лиарда, Екі-Миллиард дегенің осы; екеуін де он жыл галерге кесті. Олардың жасырынып жүрген жемтіктестері ғұмыр бойғы каторгалық жұмысқа сотталды. Барлығының басшысы әрі бастаушысы ретінде Тенардьеге сырттай өлім жазасы берілді. Үкім — Тенардьеден қалған жалғыз осы шешім ғана табыттың басына қойған шырақтай оның қаскөй есіміне күңгірт сәуле түсіретін сияқты.
Тенардьенің сырттай сотталуы қайткенмен қолға түспеуге тырысқан оны тұңғиық шыңырауға бұрынғыдан бетер батырып, түнекке мүлдем құндақтап тастады.
Мариустің өзін құтқарған екінші бейтанысты іздестіру алғаш азын-аулақ нәтиже бере бастаған тәрізді еді, артынан ол да тұйыққа тірелді. 6 маусым күні Мариусті Тәңірдің ләззат бикелері көшесіне әкелген арбакешті табудың сәті түсті. Кісі тасушының айтуына қарағанда, ол полиция уәкілінің бұйрығы бойынша 6 маусымда түскі сағат үштен көз байланып, қараңғылық түскенше Елисей алабы жағалауындағы Бас суағардың аузында тұрады, кешкі сағат ондар шамасында сорбұлақтың тортемірі ашылып, одан екі кісі көрінеді; бір кісі екіншісін, шамасы өлген болуы керек, екі қолын мойнына асып арқалап алыпты; осы төңіректі қарауылдап жүрген полицей тіріні тұтқындап, өліні ұстайды табанда, сосын арбакеш уәкілдің бұйрығымен бұлардың бәрін күймеге тиеп, әуелі Тәңірдің ләззат бикелері көшесіне бет алады да, сонда марқұмды түсіреді; сол марқұмы мынау отырған Мариус еді; және атшы "қазір алдында тірі отырған бай мырзаны" тани кетеді; одан әрі келгендер күймеге қайта мініп, аттарын айдап Архив қақпасына жетпей тоқтайды, сол арада тура көшеде арбакешпен есеп айырысып, полицей екінші кісіні өзімен бірге ала кетеді; бұдан басқа атшы ештеңе де білмейді, оның үстіне түн де тастай қараңғы еді дейді.
Мариус болса, есіне ештеңе түсіре алмады. Оның білетіні тек баррикадада шалқалап құлай бергенінде бір қуатты қолдың артынан кеп қаусыра құшақтағаны ғана; содан кейінгінің бәрі санасынан өшіп қалған. Ол есін тек Жильнорманның үйінде ғана жинады.
Ол топшылаулармен-ақ таусылды.
Оның өзіне күмәндануы мүмкін емес қой. Алайда Шанврери көшесінде естен танып құлап, Сенаның жағасында Мүгедектер көпірінің маңында мұны полицейдің тауып алуы қалай? Орталық базар орамынан Елисей алабына дейін әйтеуір біреу алып барды ғой. Сонда қай жолмен апарған? Суағар арқылы ма? Өзін құрбан қылудың адам естімеген түрі ғой он да!
Ол кісі кім болды екен? Кім екен ол?
Мариустің іздеп жүргені сол.
Бұл арада Мариус аса абай қимылдауы қажет бола тұра, ол іздеу салып полиция префектурасына дейін барды. Алайда барлық жердегідей онда да сұрау салуы ештеңені айқындай алмады. Префектураның білетіні арбакештікінен де аз болып шықты. 6 маусым күні Бас суағардың темірторынан біреу ұсталғаны туралы ешқандай мағлұмат түспепті, ол жөнінде полицейдің де бірде-бірінен хабарлама жоқ, префектурадағылар тіпті мұны аңызға балайтындай сыңай танытты.
Аңызды ойлап тауып жүрген арбакештің өзі дегенге дейін барды. Араққа пұл табу үшін ат айдаушылардың ойлап таппайтыны, өтірік айтпайтыны жоқ. Алайда бұлжымас деректі кім жоққа шығара алады, оның мысалы Мариустің көзі тірі отырған жоқ па.
Бұл бір оқшау оқиғада бәрі де жұмбақ болды.
Арбакештің сөзіне қарағанда, Бас суағардың тортемірін ашып, шалажансар Мариусті арқалап шығып, қарауылдап жүрген полицейдің қолына бүлікшіні құтқарған сәтінде түскен құпия, жұмбақ жан қайда кетті? Полицейдің өзіне не болды? Неге ол үн-түнсіз жатыр? Бәлкім, бейтаныс қашып кеткен шығар одан? Олай болса ол өзіне өмірі үшін қарыздар Мариуспен неге тырс етіп хабарласпай жатыр? Оның риясыз қарапайымдығы жанкештілігінен де ғажап болды ғой. Ол неге көрінбей кетті? Мейлі оған сый-сыяпат керек жоқ-ақ болсын, бірақ алғыстың артықшылығы жоқ қой. Өліп кеткен жоқ па екен өзі? Бұл нендей кісі? Түр-түсі қандай? Ешкім де анық-қанығын айтып бере алмады. Ат айдаушы "түн қараңғы болды" деді. Үрейі ұшқан Баск пен Николетта ессіз-түссіз, қанжоса мырзасына ғана қараған. Сол бір қасіретті шырақ ұстап шыққан қақпашы ғана ол кісіні байқаған сияқты, ал оның айтқаны тек "Оған қараудың өзі қорқынышты еді" ғана.
Іздеу салғанда осының бір пайдасы тиіп қалар деген оймен Мариус өзін атасына әкелгендегі қан қатқан киімдерін сақтатып қойды. Бешпентті қараған біреу оның етегінің қызық жыртылғанын байқады. Оның бір қиығы жетіспейді.
Бірде кешкілік Козетта мен Жан Вальжан отырғанда Мариус осы бір оғаш оқиға туралы, сан сапалақ салған сұрауларынан еш нәтиже шықпағаны жайында әңгімеледі. "Фошлеван мырзаның" тастай қатқан жүзі сонда оны шыдамнан шығарып жіберді. Ашу-ызасын әрең ауыздықтаған қызбалықпен ол ышқына дауыстап жіберді. Мариус:
— О, иә, кім де болса ол құдай берген биік парасатты адам екен! Оның не істегенін сіз білсеңіз ғой. Ол маған көмекке көктен түскен періштедей боп келді. Оған ұрыстың қайнап тұрған ортасына қойып кетуге тура келді, мені алып шығып, суағардың қақпағын ашып соған түсіп мені арқалап алып жүрді, үрейлі жерасты дәлізінде иіліп, бүгіліп, қорыс ми батпақта арқасындағы өлікті тастамай бір жарым лье жер жүруге мәжбүр болды. Сондағы көздегені не болды дейсіз ғой? Бар мақсаты өлікті құтқару. Сол өлігі мына мен. Ол өзіне "Мұнда әлі өмір ұшқыны болуы мүмкін, сол әлсіз ұшқынды құтқару үшін өз басымды құрбандыққа шалуға да барамын" деп серт берді. Өз өмірін ол бір емес, жиырма рет қатерге тікті. Әр қадамы оған ажал мен қауіп төндірді. Оның дәлелі жерасты каналынан шыққан бетте тұтқындалуы. Осының бәрін жасаған сол кісі екеніне сіздер сенесіздер ме? Оның үстіне жақсылығы үшін ешқандай тарту-таралғы да дәметпеді ғой. Мен кім едім? Көтерілісші. Мен кім едім? Жеңілген бүлікші. О, егер Козеттаның алты жүз мың франкі менің иелігімде болса...
— Ол сіздікі, — деп сөзін бөлді Жан Вальжан.
— Онда мен соның бәрін сол бір кісіні іздеп табудың жолына жұмсар едім! — деді Мариус.
Жан Вальжан тіс жарған жоқ.
АЛТЫНШЫ КІТАП
ҰЙҚЫСЫЗ ТҮН
Бірінші тарау
1833 ЖЫЛҒЫ 16 АҚПАН
1833 жылғы ақпанның 16-нан 17-не қараған түні ақжолтай түн болды. Ол Мариус пен Козеттаның неке түні еді.
Күн ғажайып боп өтті.
Бұл атай армандаған кәдімгі күн сәулелі көгілжім мереке болды, әрине, онда сиқырлы періштелер кезек-кезек қалықтап кеп жас жұбайлардың төбесінде ұшып жүретін ғажайып ертегідей үйлену салтанаты емес, есіктің жақтауларына суреті ойып салынатын да той емес, дегенмен бұл жұртты қызығымен баурап алатын аса қуанышты күн болды.
1833 жылдың үйлену салт-дәстүрі қазіргіден басқаша болатын. Ол кезде француздар Англиядан өз әйелін өзі шіркеуден шыға салысымен ала қашып, өз бақытынан ұялғандай жасырынып, соңын жырмен ұластыратын соңғы сәнге айналған әсем рәсімін қабылдай қойған жоқ-ты. Неге екені белгісіз, біздің кезімізде жаңа үйленген жастарды пошта күймесіне салып алып, ойлы-қырлы жолдармен солқылдатып, құлағын ат айдаушы бишігінің ысқырығымен тұндыру күнәсіз пәк, таптырмайтын пейіш рақатына айналды емес пе; неке төсегі үшін трактирлерден кереует жалдап, бір түнге қыруар ақша төлеп, алғашқы ләззат түнін сасық жатынжайда өткізетінін айтсайшы, сонда олардың қасиеттеп еске ұстайтыны мейманхананың қызметші әйелдері мен пәуескі ат айдаушыларының қулық-сұмдығы болғаны ма?
XIX ғасырдың екінші жартысында бізге енді бөкебайлы мэр мен от құтылы попың, заң мен құдайың жеткіліксіз болып қалды; енді Лонжюмодан шыққан, жағасы қызылмен сейсептелген көк күртелі көшір керек болды және оның түймелері қоңырауша сияқты болып шынтағында сылдырмағы, бұтында жасыл тері шалбары, жылтырақ қалпағы, шаң басқан тұлымы болуы шарт, қолындағы ауыр дойырын үйіріп норманд аттарын қамшылағанда айғай сала білу керек. Ағылшынның ақсүйектеріне ұқсап жас жұбайлардың күймесіне, кебістер мен ұлтарылған башмақтар лақтыратын әсемдікке Франция әлі жеткен жоқ, бұл дәстүр Мальбороның болашақ герцогы Черчилльдің құрметіне қабылданыпты, өйткені ыза болған ененің үйлену тойы үстінде оған лақтырған башмағы бақыт әкеліпті деседі. Башмақтар мен кебістер бізде әзір үйлену салтанатының сөзсіз шарты бола қойған жоқ, дегенмен шыдай тұрыңдар, жақсы ғұрып жерде қалмайды, тарала да бастады, ұзамай оған да жетеміз.
1833 жылы, одан жүз жыл бұрынғыдай желіп жүріп некелесу жоқ еді ғой.
Ол заманда жұрт, оғаш болсын, болмасын некелесуді — отбасылық һәм қоғамдық мейрам деп білген, патриархалдық той үй ішінің салтанатын титтей де бұзған емес, шаттық шамадан тыс болғанмен шын көңілден шықса бақытқа ешқандай кедергі келтірмейді, қызық қуанышқа қайта осы лайық; отбасының бастауы сынды екі тағдырдың ұштасуы өз шаңырағының астында ешқандай куәгерсіз жұбайлар жатынжайының тыныштығында өтуге тиіс.
Бір сөзбен айтқанда, жұрт өз үйінде үйленуден ұялмауы керек.
Сонымен, ескірген әдет-ғұрыпқа орай үйлену тойы Жильнорман шаңырағының астында өтті.
Некелесу сияқты оқиға қаншалық табиғи әрі әдеттегідей болғанымен, неке келісімшартын жариялап, қол қою, мэрия мен шіркеу қашанда қыруар қарекетті талап етеді. Солардың бәрінің басын қайыру осы 16 ақпанда ғана аяқталды.
Былайынша, біз бұл жағдайды нақтылыққа тәнті болған соң ғана айтып отырмыз, оған қоса ақпанның 16-сы қысты шығарып салу мейрамының, яғни масленицаның соңғы күніне тұспа-тұс келді. Бұл әртүрлі күмәндар мен толқулар да туғызды, әсіресе Жильнорманға ұнай қойған жоқ.
— Қоштасу күні қайта жақсы! — деді атай. — Тіпті мынадай мәтел де бар:
Маймейрамда неке қиғыз,
Тусын қаптап ұл менен қыз.
Соқыр сенімнен биік болайық. Он алтысына тағайындайық. Кейін қалдыруға сен өзің келісер ме едің, Мариус.
— Әлбетте, жоқ, — деп жауап берді ғашық.
— Демек, некелесеміз! — деп түйді атай.
Сөйтіп, көшедегі сауық-сайранға қарамастан үйлену тойы 16-сы күні болды. Бұл күні жаңбыр жауды, алайда күн қанша бұлтты болса да ғашықтар үшін аспаннан бақытқа балайтындай көгілжім бір пұшпақ қашанда табылады, өлімге қайыл өзекті пенделер қолшатырдың астына тығылып жатқанда оны тек жас жұбайлар ғана көреді.
Жан Вальжан Жильнорманның көзінше Мариуске бес жүз сексен төрт мың франкті тапсырды.
Неке шарты дүние-мүліктің ортақтығын көздейді, сондықтан ешқандай ресмиліктің қажеті болған жоқ.
Тусеннің сол күннен бастап Жан Вальжанға керегі болмай қалды да, оны мұра етіп еншібас ретінде Козетта алып, оны қызметші дәрежесіне көтерді.
Ал Жан Вальжан үшін Жильнормандар үйінен тамаша жиһаздалған бөлме бөлінді; Козетта сонда еркін ерке табандылықпен оған: "Әке, өтінемін сізден!" — деп қиылды, соған еміренген ол көшіп келетін болып уәдесін беріп те салды.
Үйлену тойынын аз-ақ алдында Жан Вальжанда бір қолайсыз жағдай болды: бірдеңе істеп отырып оң қолының бас бармағын кесіп алды. Онша әкетіп бара жатқан ештеңесі де жоқ, бірақ ол жарасын күтпеді де, күткізбеді де, ешкімге, тіпті Козеттаның өзіне де көрсетпей, тіпті таңғызбай да қойды. Алайда соның запысын тартты, қолын таңғызып, мойнына асып алуға тура келді, бірақ бұл шаруаға, бәз-бірдеңе істеуге, қағаздарға қол қоюға бөгет жасады. Оның бұл міндетін екінші қамқоршы ретінде Жильнорман атқарды.
Біз оқырмандарды мэрия мен шіркеуге ертіп апармай-ақ қояйық. Ғашықтарды онша ұзаққа ертіп жүрудің қажеті жоқ; әдетте сахнаға жаңа үйленгендердің гүлдестесі шыққанда-ақ ғашықтық драмаға ынта-ықыласыңнан айырылып қаласың ғой. Біз бір ғана оқиғаны көрсетумен шектелейік, оның өзі той шеруі Тәңірдің ләззат бикелері көшесінен шығып, Қасиетті Павел шіркеуінде болған, бірақ тірі пенде байқай қоймаған жағдай.
Ол күндері Сен-Луи көшесінің терістік бөлегін қайта жарақтап жатқан-ды және Король паркінен бастап жүрер жолдың бәрін қоршап тастаған-ды. Соның салдарынан той күймесі Қасиетті Павел шіркеуіне дейін бара алған жоқ. Бағытты өзгертуге тура келді, ең оңай жолы бульварды айналып өту болды. Шақырылғандардың бірі онда арбалар көп иіріліп тұруға тиіс, күзет орнының қарсаңы ғой деді. "Неліктен?" — деп сұрады Жильнорман. "Сайқымазақша киінгендер қаптап жүр ғой". "Ғажап, — деді атай, — онда бульвармен тарттық. Біздің жастар үйленіп жатыр, өмірдің елеулі дәуіріне қадам басты. Ең соңында маскарадты да бір қызықтасын".
Олар бульвармен тартты — Бірінші той күймесінде Козетта мен Жильнорман тәтей және Жильнорман ата мен Жан Вальжан отыр. Дәстүр бойынша қалыңдықпен әлі бөлек болуға тиіс Мариус келесі күймеде. Той керуені Тәңірдің ләззат бикелері көшесінен бұрылып, Бастилиядан Мадлен көшесіне қарай тізбек-тізбек ағылған көліктердің көшіне кеп қосылды.
Алабажақ киінгендер бульварды басып кетті. Сіркіреп жаңбыр жауып тұр, бірақ күлдіргі, сайқымазақтар мен масқарампаз арлекиндер одан қыңар емес. 1833 жылдың қысында барлығының көңіл күйі көтеріңкі болды. Париж Венеция құсап безендірілді. Қазір ондай құймақ мейрамын көрмейсің. Күллі өмірдің өзі карнавалға айналып кетті, өйткені бұрынғыдай карнавалдар жоқ.
Бүйірдегі аллеялар өткен-кеткенге, әуесқойларға лықа толы. Көрермендер алаңқайларда, галереяларда, театрлардың шатырларында құжынап жүр. Маскалардан басқа жұрттың назарын ерекше аударғаны Лоншандағы ат жарыс күні сияқты, ораза алдында әдетке айналған арбакештердің маршы болды. Мұнда екі аяқты арбалар да, жабық пәуескелер де, күймелер де, кабриолеттер де болды, олар полицияның қатаң тәртібі бойынша қаздай тізіліп, рельспен сырғығандай бірінің соңынан бірі тізбектеліп жүрді де отырды. Ол арбаларға мінгендер әрі көрермен, әрі көрініс. Полициялар бульвардың қос қапталындағы ерсілі-қарсылы қозғалысты реттеп, жұрттың екі бағытта бөгелмей жүріп-тұруын бақылады, мұның өзі екі бағытта — бірі жоғары, бірі төмен, бірі Шоссе д'Антен, екіншісі Сент-Антуан кенті бағытында қозғалған арбалардың жүрісіне бөгет болмаудың барлық қамын қарастырды. Елтаңбамен безендірілген Франция пэрлерінің, шетел елшілерінің жеңіл арбалары екі бағытта да еркін қозғалып көштің орта тұсында жүрді. Кейбір керемет рәсімдер, әсіресе, Масленица Бұқасы ойыны артықша бағаланды. Бүкілхалықтық Париж шаттығында қамшысын үйіріп Англия да жүрді, лорд Сеймурдің пошта күймесі де бұқараның мысқыл күлкісіне көміліп даңғырлап өте шықты.
Қапталында қасқыр иттер сияқты салтанатты тәртіп сақшылары шоқытып жүрген арбалардың қос тізбесіндегі отбасылық үлкен ырдуан арбаларда апайлары мен әжейлерінің алдында отырған бетін бояған балалар, жеті жасар Пьерролар, алты жасар Пьереттер мен үріп ауызға салғандай сәбилердің сүйкімді жүздері терезелерден сығалайды, осынау сайқымазақ қызығына шүйгіген олар жаппай ортақ шаттыққа араласқанына мәз-мейрам.
Ара-тұра арбалар шеруінің бір жері тығылып қалса, жарыса келе жатқан екі тізбек те тоқтай қалып, кептесек тарқатылғанша күтіп тұрады; бір арбаның кідіріп қалуы бүкіл көшті бөгейді. Сосын қозғалыс қайта қалпына келіп, зырлап жүре береді.
Той керуені бульвардың оң қапталын бойлап Бастилияны бетке алған толқынның арасында келеді. Қырыққабат көпірінің қарсысында аздаған бөгеліс болды. Дәл сол сәтте екінші тасқын да тоқтады, олар бульвардың басқа қапталымен Мадлен көшесін бетке алып бара жатқан-ды. Той күймесі тура бет-аузын алабажақ бояғандар арбасының тұсына кеп кідірді.
Мұндай арбалар, дұрысырақ айтқанда бетперделі пәуескелер париждіктерге ежелден таныс. Егер олар құймақ мейрамының екінші күні немесе оразаның ортақ бейсенбісінде көрінбей қалса, онда бір кәкірдің барын сезіп: "Бұл жайдан жай емес. Министрліктердің ауысатыны дұрыс болды" деген сияқты өсек-аяң сан саққа жүгірер еді. Өткен-кеткеннің төбесінде тербетілген Кассандралардың, Арлекиндердің, Коломбиндердің тұтас тобыры, түріктерден бастап жабайыларға дейінгілердің, Геркулестермен құшақтасып тұрған маркиздердің, ұрыс-керісінен Рабленің өзі құлағын тығындап алатын базар бикелерінің, көргенде Аристофанның өзі көзін төмен салатын менадтардың күлдіргі түрлі-түсті бейнелері, түте-түте қолаңдар, қызғылт триколар, сәнқойдың көбелек қыстырған қалпақтары, бүйір таянған қолдар, ерсі тұрыстар, жалаңаш иықтар, ашық омыраулар, маскалы беттер, жүгенсіз қылықтар, доңғалақтағы бейбастақтықтар, гүлдестеге көмілген ат айдаушылар — алабажақ пәуеске дегенің осылардың бейәдеп ұясы.
Грекияға Феспидтің пәуескесі керек. Францияға Ваденің күймесі керек.
Асылы, бәрін де, тіпті пародияның өзін де пародиялауға болады. Антика сұлулығының сатурналиясы, ойнақы бояулары бұрмалана-бұрмалана тұрпайыланып кеп, масленицаның сауық-сайран серуеніне айналды. Кейде жүзім шоқтарымен безендіріліп, күн нұрымен шайылған көңіл көтеру құдайы Вакхтің мәрмәр омырауын айқара ашып тастап, тәңірге тән жартылай жалаңаш қалпымен біздің терістіктің ысқаяқ деміне шыдамай дымқыл шоқпыт жамылып, ақыры карнавалдың ғана бет-бейнесі болды да қалды.
Ала-құла боянған алабажақтарды қаламен алып жүру ғұрпының тамыры монархияның ерте кезеңдерінде жатыр. Людовик ХІ-нің кіріс-шығыс кітаптарында сарай қазынашысына "қарапайым халық үшін маскарад ырдуанын жасақтауға тур тәсілімен құйылған үш су" босатылғаны жөнінде мағлұмат бар. Біздің тұсымызда бұл азан-қазан тобыр қашанда бір империалға тиелген ескі пәуескеде немесе үсті ашық қазыналық арбаларда үйме-жүйме боп жүре береді. Кейде төрт орындық бір арбаға жиырма адамға дейін отыратыны да бар. Олар орындықтар мен серіппелі тақшаларды былай қойып, арбаның үстіне де, оқ ағашта да отыра береді. Кейбіреулері тіпті күйменің фонарына да атта отырғандай мініп алады. Түрегеп, жатып, үш бұрала бүгіліп, аяғын салбыратып та жүреді. Әйелдер ерлердің тізесіне отырады, есіріп, улап-шулаған адамдардың жыпырлаған бастары түу алыстан көзге түседі. Ине шаншар жер қалмай тиелген пәуескелер басқалардан таудай дөңкиіп, ерекше көрінеді, баурайы толған ағыл-тегіл шаттық сияқты. Олардан Коленің, Панар мен Пиронның сөздері жергілікті жаргонмен сейсептеліп шашылады да жатады. Олардан алаңға лайықты ғайсалық қағидалар да самбырлап тұрады. Үйме-жүйме тиеліп, еріксіз өсіп кеткен пәуескелер жеңімпаз сияқты асқақ көрінеді. Алайда айқай-шу, артта шудаланған түтін. Анда бақырып, барқырап өлең айтып қарқ-қарқ күліп, күлкіден ішін басып жатса, мыңда шаттық шарықтап, мысқыл ұшқындап, ақ көңілдің қызыл шырайы жарқылдайды, осы бір салтанатты соңғы актіге ұласқан сайқымазақ думанын екі мәстек сүйреп келеді, бұл Күлкі күймесі.
Алайда ол шын көңілден шыққан қаяусыз күлкі емес, астары көп, қатпары мол аяр күлкі. Шынында да мұндайда күлкі күмәнді боп шығады. Оның өз мақсаты бар. Оған карнавал дұрыс өткенін дәлелдеу міндеті жүктелген.
Түбінде қандай қара ниет құпиялар жатқанын құдайың білсін, әйтеуір, мұндай баһадүр күймелердің философтарды ойландырып, толғандырары шәксіз. Мұның сыртында басқарушы билік тұр. Сіз көшедегі жансыздар мен көшедегі қыздардың құпия байланысын бірден сезесіз.
Әлбетте, көрінеу көрмеге қойған мұртмерез оңбағандықтың шадыман шаттық туғызатынын, абыройсыздық пен масқаралықтың тобыр көңілін көтеретінін, полиция жансызы жезөкшелікке тұғыр болып, көшені алаңдық балағатпен толтыратынын, төрт доңғалақта жанды денелердің оқалы торқа мен жалба-жұлба шоқпытқа оранған алапат үйіндісі кеңірдегін жырта барқырай әндеткен күллі кесір-кесапаттың салтанатына қол соққанын, егер полиция мынау жиырма басты айдаһарды босатып, жұрттың арасына қоя бермесең, қара халықтың мерекесі мереке болмайтынын көру соншалық қасіретті. Алайда амал не? Адам азғындары тиеліп, ленталармен, гүлдермен безендірілген мынау арбалар бүкілхалықтық күлкімен әрі айыпталып, әрі ақталып жатыр. Жаппай күлкі парасаттың жаппай құлдырауының куәгері де, қатысушысы да. Кейбір ерсілеу көңіл көтерулер халықты бұзып, қараға айналдырады, ал қара тобырға тирандар сияқты күлдіргі сайқымазақтар керек. Корольде Роклор бар, ал халықта — Паяц. Париж — ұлы идеялар астанасы болмаған жағдайда ұлы есуастық шаһары. Ондағы карнавал саясаттан бөле-жарғысыздай байланысты. Париждің алдында жексұрындықты ойнайтын комедияны қызыға көретінін мойындауымыз қажет. Ол өз әміршілері болғанда, талап ететіні жалғыз ғана — "лай-сазбен бояуы". Рим сол талғаммен дараланады. Рим Неронды жақсы көрген. Ал Нерон ұлы сайқымазақ болған.
Алдында айтқанымыздай, бет-аузын бояған алабажақ ұсқынсыз ерлер мен әйелдер тобыры тиелген дағарадай пәуескелердің бірі бульвардың сол жағына кеп кідірген сәтте той күймесі оң қапталға келіп тоқтаған еді. Алабажақтардың көзі бульвардың арғы бетіндегі қалыңдық отырған күймеге түсті.
— Әне, қараңдаршы! — деді маскадағылардың бірі. — Үйлену тойы!
— Үйлену тойы емес, кісі жерлеу ғой, — деді екіншісі. — Міне, нағыз үйлену тойы бізде.
Соншалық қашықтан той керуенін мазақтап ыза қыла алмай, оның үстіне полицияның айқайынан қорқып екі маскалының екеуі де теріс айналды.
Айтқандай, арада минөт өтпей жатып пәуескеге аузы-мұрнынан шыға толған алабажақтардың өз шаруасы да кеңірдегінен келді, өйткені көрермен тобыр олардың өзін келеке ғып, тістерін қайрады, сол арқылы карнавалда қабылданғандай, мақұлдауларын білдірді; әңгіме бастамақ болған екі маскалы да жолдастарымен терезе теңестіріп, күллі көшемен ұрысқа батыл кірісуге мәжбүр болды, қара халықтың ерсілеу әзіл-қалжыңына тойтарыс беруге олардың аландық репертуарындағы жауынгерлік жебелері әрең жетті. Маскалылар мен тобырдың арасында әлемет теңеулерден тұратын керіс басталды да кетті.
Осы екі ортада сол пәуескедегі тағы да екі алабажақ — мұрны ұп-ұзын, қалың қара мұрты бар кәрі өңді испандық пен ап-арық, әрі жап-жас бір базарлық саудагер қыз той керуенін олар да байқап, серіктері өткен-кеткенмен ұрсысып жатқанда екеуара ақырын әңгімеге кірісті.
Олардың сыбырын жаппай ұрыс-керіс естіртпей жұтып жіберді. Алабажақтар мінген ашық арба жаңбырдың астында қалды; ақпан желі ысқаяқ; жағасы далиған, омырауы ашық қыз испандыққа мысқылдай жауап қайтара отырып тісі-тісіне тимей сақылдап, суықтан жөтеліп қояды.
Олардың өзара әңгімесі мынау:
— Кәне, құлақ салшы!
— О не, әкетай?
— Анау шалды көрдің бе?
— Қандай шал?
— Анау, алдыңғы той даңғырлағында біздің жақта отырған қарт.
— Иә.
— Көрдім, онда не тұр?
— Мен оны білетін сияқтымын.
— Жарайды, білсең біл!
— Егер анау Париж бишісін білмесем бар ғой, жерге кіріп кетейін, тілім қырқылсын.
— Қазір күллі Париж биші.
— Сол еңкейсең, қалыңдықты көре алар ма екенсің?
— Жоқ.
— Ал күйеуді ше?
— Бұл арада күйеу жоқ.
— Жо, қойшы!
— Екінші қария болмаса басқа ешкім көрінбейді.
— Дұрысырақ еңкейіп, қалыңдықтың түсін түстеп алшы, бәлкім көрерсің.
— Көре алатын емеспін.
— Жарайды, бәрібір мен шеңгелін орап таңып алған шалды білемін, білмесем төбеме жай түссін.
— Ал оны білгеннің саған не қажеті бар?
— Қажеті болмаушы ма еді? Бірде болмаса бірде кәдеге асады.
— Жә, ал мен шалыңа пысқырмаймын да.
— Мен оны білемін!
— Білсең бар ғой, білгенің өзіңмен кетсін.
— Оны мынау үйлену тойына қай дәупері сүйреп әкеп жүр екен?
— Біз де оған тап болған жоқпыз ба?
— Бұл той керуені қайдан келе жатыр екен?
— Оны мен қайдан білемін?
— Бері қарашы!
— Ал?
— Саған бір шаруа тындыру керек боп тұр.
— Тағы не айтасың?
— Көшеге түсе қал да, тойдың аңысын аңдашы.
— Оның не керегі бар?
— Олардың қайда баратынын, өздері неғылған жандар екенін тіміскіп білсеңші. Ал кәне, тезірек секір, жүгір, қызым, сен пысықсың ғой.
— Менің арбадан түсіп кетуге хақым жоқ.
— Неге?
— Мені жалдап алған.
— Тфу, қап мына қырсықты-ай!
— Бүгін осы түріммен полицияға күні бойы қызмет етуім керек.
— Оның шын екені шын.
— Арбадан түссем-ақ мені алғашқы кездескен қарғылы-ақ бас салады. Оны өзің де білесің.
— Білмегенде қалай?
— Бүгінге мені перғауындар саудалап алды.
— Сені кім саудалап алғанында шаруам жоқ. Анау шал менің жынымды келтіріп отыр.
— Сенің жыныңды шалдар келтіре ме? Айтасың-ау, сен қыз емессің ғой.
— Ол бірінші арбада кетіп барады.
— Кетсе кетсін!
— Қалыңдықтың күймесінде деймін.
— Ал одан әрі не?
— Демек, ол әкесі.
— Менің оған түкіргенім бар.
— Саған әкесі деп тұрмын ғой.
— Әкесі болса болсын, ондай әкені көрмей-ақ қояйын.
— Тыңдашы!
— Тағы не айтпақсың?
— Мен тек маскамен ғана шыға аламын. Былайынша, бой тасалауыма жақсы, менің мұнда екенімді ешкім білмейді. Бірақ ертең маска деген болмайды ғой. Ертең тәубаңа келтірер сәрсенбі.
Ұйықтауыма болады. Жылыстап тесікке қайта түсуім керек. Ал сенің еркің бар, боссың.
— Ерік деген де шамалы ғой.
— Дегенмен, маған қарағанда ерікті емессің бе?
— Жарайды, одан әрі не?
— Үйлену тойының қайда болатынын білуге тырысып көрші.
— Олардың қайда кеткенін бе?
— Иә.
— Мен оны жай да білемін.
— Қайда барады ол?
— Көк циферблат көшесіне барады.
— Біріншіден, ол жалпы ол жақта тұрмайды.
— Онда Шарап айлағында.
— Бәлкім, тағы да басқа жер бар шығар.
— Ол енді олардың өз шаруасы. Тойшылар қай жерді қаласа, сонда барады.
— Мәселенің мәні мұнда емес. Саған айтып тұрмын ғой, анау шал қыстырылған қандай үйлену тойы екенін, олардың қайда тұратынын білуге тырыс деп.
— Иә, сен есіңнен алжастың. Қызықтың көкесі, міне осы. Құймақ мейрамында сейсенбі күні Парижді көктей өткен үйлену тойын бір аптадан кейін тауып көр. Шөптің арасынан ине іздеу ғой ол. Тіпті ақылға сыймайды.
— Өмірде не болмайды. Сонда да тырысу керек. Естіп тұрсың ба, Азельма?
Осы сәтте бульвардың екі жағындағы күймелер көші жолын әрі жалғастырып, қарама-қарсы бағытта заулап жүріп те кетті, маскалы пәуеске жас жұбайлардың "салдырлағынан" көз жазып қалды.
Екінші тарay
ЖАН ВАЛЬЖАННЫҢ ҚОЛЫ ӘЛІ ТАҢУЛЫ
Арманыңды жүзеге асыру! Мұндай бақыт кімге беріледі екен? Бәлкім, оны жеті қат көктің өзінде белгілеп, лайықтыларды таңдайтын шығар, өзіміз білмесек те, мүмкін бәріміз де сол үміткерлердің тізімінде жүрген болармыз; хабарын періштелердің өздері береді ғой. Козетта мен Мариус қалаулылардың санатына енді.
Мэрия мен шіркеуде Козетта көз қарықтырардай сұлулығымен күллі жұртты тебірентті. Оны сәндеп киіндірген Тусен мен Николетта еді.
Жұқа ақ жібек іш көйлектің сыртынан бельгия гипюрінен тігілген көйлек киіп, басына ағылшын шілтерінен жасалған желек салды, мойнына інжу-маржан алқа тағып, омырауына алқызыл раушан қадады, сөйтіп бастан-аяқ аппақ болып, ағарып атқан таңдай жарқырады. Одан тылсымдап тастайтын нәзік бір ғажайып сәуле тарағандай болып, жерде туған перизат көз алдында сұлулық тәңірісіне айналып кетті.
Мариустің әдемі шашы сәл майланып, иіссу себілді; қалың бұйраның әр жерінен ағараңдап баррикадада алған жарақаттың ізі — тыртық білінеді.
Өзінің киім киісі мен жүріс-тұрысында Баррас заманының бар әсемдігі мен салдығын салып атай басын асқақ көтеріп, айбарланып Козеттаны қолтығынан ұстап неке қияр жерге алып келді. Бұл арада ол қолын таңып алуына байланысты қызын қолтықтап жүре алмайтын Жан Вальжанды алмастырды.
Бастан-аяқ қара киінген Жан Вальжан оларға ілесіп отырды.
— Аһ, Фошлеван мырза! — деді атай. — Шынында да ғаламат күн емес пе бұл! Өз басым, барлық уайым-қайғыны жою үшін дауыс беремін. Осыдан бастап ешқайда қайғы-мұң орын алмасын. Мен жаппай шаттық жариялаймын, тәйірі алғыр! Жамандықтың, залымдықтың өмір сүруге хақысы жоқ. Бұл жарық дүниеде әлі күнге дейін қалайша бақытсыз адамдар болады? Құдайылығын айтқанда ол көгілдір аспанға масқара! Зұлымдық әсте адамнан шықпайды, адам жаратылысынан қайырымды. Барша адам қасіретінің басқару орталығы анау тозақта, басқаша айтқанда Тюильридегі Сайтанның өз резиденциясында. Мархабат етіп шынын айтыңызшы, мен барып тұрған демагог құсап сөйлеген жоқпын ба? Амал нешік, менде басқадай саяси сенім жоқ; бүкіл жұрт бай болсыншы, өміріне шаттанып, көңілі толсыншы — менің бар қалауым да, тілеуім де осы.
Барлық рәсімдер орындалып, мэр мен поптың алдында айтылатын "мақұлдар" түгел айтылып, муниципалитет пен шіркеу кеңсесінде неке келісімшартына қол қойылып, сақиналар алмасып, аппақ муар неке желеңінің астында, жоралғы түтіннің арасында тізе бүгіп, жас жұбайлар бастан-аяқ қара киінген Мариус пен аппақ Козетта полковник эполетіндегі аяғын қаздай басатын швейцардың жол бастауымен қол ұстасып, жұрттың жаппай қызығуы мен қызғанышын туғызып, екі қатарға қақ жарылған көрермендердің ортасымен шіркеудің айқара ашылған есігінен шығып, күймеге беттегеннің өзінде де Козетта мұның өңінде екеніне сене алмады. Ол Мариуске бір, тобырға бір, аспанға бір қарап, ұйқыдан оянып, көрген түсімнен жаңылып қалмасам екен деген шырай танытты. Оның таңданған батымсыз райының өзі оған айрықша бір қайран қаларлық реңк берді. Қайтар жолда Мариус пен Козетта бір күймеге отырды да, қарсысына Жильнорман мен Жан Вальжан жайғасты. Жильнорман тәтей кейінге ысырылып, келесі күймеге мінді.
— Ал енді, балаларым, — деді атай, — сендер бұдан былай барон мырза мен баронесса ханым боласыңдар, сендердің отыз мың франк ренталарын бар.
Мариуске еңкейіп Козетта өзінің періште үнімен сыбырлап:
— Демек, бұл шындық қой? Мен енді сенің аты-жөніңді алатын болдым. Бұдан былай мен ханыммын ба?
Қуаныштан жастардың жүзі бал-бұл жанды. Олар үшін қайталанбас, қайтып оралмас сот туды; олар шешек жарған жастығы бақыттың бар керегін алатын биікке көтерілді. Жан Прувердің өлеңіндегідей, екеуі қосылып қырыққа жетпеген шағында бақыт құшты. Бұл саф таза одақ болды; бұл екі сәби егіз ақ гүлді еске түсірді. Олар бірін бірі көрмей, тек сезеді. Козеттаға Мариус басқа қонған нұр шапақ болып келсе, Козетта Мариуске тұғырдан ұшып келе жатқандай көрінеді. Нұр шапаққа оранып тұғырдан самғаған қос салтанатта алыс бір қиырдан Козеттаға мұнардың арасында, Мариуске жарқылдаған жалынның арасында қиялдан бетер шынайы бірдеңе қол бұлғағандай болып, қауышу мен сүйісу арманы жар төсегіне тартты.
Олар сағынышпен сарғайған азапты күндерді қимастықпен еске алды. Оларға уайым-қайғы, ұйқысыз түндер, көздің жасы, мазасыздық, үрей мен қорқыныш, тарығу мен торығу еркелеген ақ нұрмен оралып, болашақтағы рақат сәттердің ғажайыбын айшықтай түскендей, бұрынғы қайғы-шер некелесер алдындағы нұр шұғылалы қуаныштың жолын аршыған қызметші ғана болғандай көрінді. Соның бәрін бастан кешіру де жақсы екен. Бұрынғы қасірет бақыттарының нұрсейсебі болды. Махаббаттың ұзақ алас ұруы оларды аспанға көтерді.
Осынау жас жандардың екеуі де — Мариус құштар құмарлығымен, Козетта ұялшақ ұяңдығымен тең тоят тапты. Тағы да сыбырлап: "Плюме көшесіндегі бағымызды көріп қайтамыз ғой" деп қойды. Козеттаның көйлегінің етегі Мариустің тізесінде жатты.
Бұл күн арман мен ақиқаттың, игеру мен именудің айтуға тіл жетпейтін тоғысу сәті болды. Болашақты болжар уақыт әлі бар. Шаңқай түс шақырайып тұрғанда түн ортасын аңсау қандай қиянат сезім десейші! Қос жүректің қуаныш рақаты қалың тобырға да ауысып, өткен-кеткен қызыға, қиыла қарады.
Жұрт Сент-Антуан көшесіне Қасиетті Павел шіркеуінің алдына тоқтады, оған ағылып келу себебі күйменің терезесінен Козеттаның басында діріл қаққан алқызыл гүлді қызықтау.
Ақыры олар өздеріне — Тәңірдің ләззат бикелері көшесіне оралды. Козеттамен қол ұстасып, шалқып тасып бақытты Мариус өзін өлім халінде көтеріп шығарған баспалдақпен жоғары өрледі. Есік аузында топырлаған қайыршылар өздеріне берілген қайыр-садақаны бөлісіп, жастарға алғысты жаудырып жатты. Айнала гүл Үйдің хош иісі шіркеуден еш кем емес; майдың әтір иісінен соң раушанның жұпары. Ғашықтарға шексіз шырқауда шырқаған дауыстар естілді, олардың жүрегіне тәңірінің өзі ұялап, болашағы жұлдыздар жыпырлаған аспан күмбезі болып көрінді, төбелерінен шығып келе жатқан күннің шашыраған шапағын аңдады. Кенет сағат қоңырауы соқты. Мариус Козеттаның әдемі ашық қолына, жалаңаш иығына қарады, Козетта оның қарағанын байқап шашының түбіне дейін қызарып кетті.
Үйлену тойына Жильнорман отбасының көптеген ежелгі достары шақырылды; олардың бәрі Козеттаның төңірегіне үймелеп, мадақ-мақтаулар айтып, әрқайсысы оны бірінші болып баронесса ханым атауға тырысты.
Капитан шенін алып үлгерген офицер Теодюль Жильнорман эскадрондары тұрған Шартрдан бөлесі Понмерсидің некелесу рәсіміне қатысқалы келіпті. Козетта оны танымады.
Әйелдерге жұғымдылығымен дандайсып алған ол да Козеттаны басқа қыз-қырқындарынан артық білмейді екен.
"Ұлан туралы өсек-аяңға сенбегенім қандай дұрыс болған!" — деді өзіне іштей Жильнорман қария.
Козеттаның Жан Вальжанға ешқашан да дәл бүгінгідей мейірі түскен емес. Өз қуанышын қанатты сөздермен, ғақлиялармен тамылжыта жеткізетін Жильнорман атасындай ол да әкесіне махаббаты мен мейірімін үйіп-төкті. Бақыттылар әмсе бүкіл әлемге бақыт тілейді ғой.
Жан Вальжанға деген үнінде баяғы балалық еркелігі жатты. Жымиып күлгенінің өзі оны аялады.
Той дастарқаны асханада жайылды.
Жарықтың жақсы болуы үлкен тойдың тұздығы ғой. Қара көлеңке мен ымырт бақыттылар жанын жадыратпайды. Олар қара түске қарсы. Түн тартқанымен, түнек түршіктіреді. Алда-жалда күн болмаса, оны қолдан жасау керек.
Асхана оттармен ойнап тұрды. Көз қарықтырар аппақ дастарқан жабылған үстелдің орта тұсында күміс ілгекті Венеция люстрасы ілулі тұр, оның әр шырағының арасында көгілдір, күлгін, қызыл, жасыл түсті құстардың мүсіні орнатылған, үстелдің үстінде — бірнеше шыраққа арналған өрнекті шырағдан, яғни жирандоль қабырғаларда бес шырақтық бралар; түрлі түсті шыны, хрусталь бокалдар, фарфор, фаянс, глазурьлі, алтын, күміс ыдыстар жалт-жұлт етіп көздің жауын алады. Үлкен шамдалдардың арасына гүл шоқтары қойылған, сөйтіп от жоқ жерде гүлдер алаулайды. Ауызғы бөлмеде сурдинканың сүйемелдеуімен үш скрипка мен флейта Гайдннің квартеттерін ойнады.
Жан Вальжан қонақжайда есіктің аузында отырды да, оның кең жармасы оны жауып тұрды. Дастарқан басына отырардан бірнеше минөт қана бұрын кенеттен білгендей Козетта оған жүгіріп келіп, екі қолымен неке көйлегін түзеп, иіліп тәжім етіп, нәзік бір ойнақылықпен:
— Әке, сіз қуаныштысыз ба? — деп сұрады.
— Иә, мен қуаныштымын, — деп жауап берді Жан Вальжан.
— Олай болса, жымисаңызшы.
Жан Вальжан жымиып күлді.
Бірер сәттен соң Баск ас тартылғанын мәлімдеді.
Козеттаны қолтықтап келген Жильнорманның артынан шақырылған қонақтар асханаға кіріп, қалыптасқан тәртіпке орай үстелдің айналасына жайғасты.
Жас келіннің оң және сол жағында екі мамықтақ тұрды, бірі Жильнормандікі де, екіншісі Жан Вальжандікі. Жильнорман өз орнына отырды да, екінші мамықтақ бос қалды.
Барлығы көзімен "Фошлеван мырзаны" іздеді. Ол болмай шықты. Жильнорман мырзаға Баскқа қарап:
— Фошлеван мырзаның қайда екенін білмейсің бе? — деп сұрады.
— Дәл солай, тақсыр, білмеймін, — деп жауап қатты Баск. — Фошлеван мырза маған қолы қатты ауырып тұрған себепті барып мырзамен һәм баронесса ханыммен бірге отырып қонақшылай алмайтынын сіздің құзырыңызға жеткізуді тапсырды. Ол өзін кешіруді өтініп, ертең таңертең келетінін айтты. Соны айтты да осы әлгінде ғана шығып жетті.
Бос қалған мамықтақ үйлену тойы шаттығына сәл көлеңке түсіргендей болды. Алайда бұл арада Фошлеван жетіспегенімен, есесіне Жильнорман ата екі кісінің орнында жарқылдап отырды. Ол шамасы Фошлеван мырза сырқаттанып қалған болуы керек, сондықтан демалуға ертерек жатып, дұрыс жасайды, сонда тез жазылып кетеді, жарасы жеңіл ғана деп хабарлады. Бұл хабар қонақтардың бәрін тыныштандырды. Тәйірі, мұндай шат-шадыман көңіл көтеруді бір күңгірт бұрыш көмескі тартқыза қоюшы ма еді? Козетта мен Мариус бақыттан басқа ештеңені қабылдай алмайтын шағында тағы бір рақат өзімшіл сәтті бастан кешірді. Оның үстіне Жильнорманға ғаламат бір ой келді:
— Тәйірі алсын, мамықтақ неғып бос қалмақ? Мариус, сен ауысып, осыған отыр. Саған тыйым салуға хақысы болса да тәтең рұқсат етеді. Мынау орын тура саған лайық. Бұл және әрі заңды, әрі орынды. Бақытты күйеу бақытты жарымен құтты орында қатар отыруы керек.
Дастарқан басы ду қол шапалақтаумен жаңғырықты. Мариус келіп Жан Вальжанның орнын алып, жас жұбайымен қатар жайғасты, әкесінің кетіп қалғанына мұңайып отырған Козетта да бәрін ұмытып жайраңдап сала берді. Козетта орнын Мариус алса құдайға да обал болады-ау демес еді. Ол ақ атлас кебіс киген сүйкімді аяғын Марисустың аяғының үстіне салды.
Мамықтаққа кісі табылуы-ақ мұң екен, барлығы Фошлеванды ұмытып кетті, оның жоқтығын енді ешкім елемеген де жоқ. Бес минөт те өтпей жатып, үстел басы барлығын да ұмытып, улап-шулап думандата жөнелді.
Тәттіден кейін Жильнорман орнынан тұрып, дірілдеген қарт қолымен шайқап төгіп алмас үшін шампанды орталай құйған бокалын ұстап, жас-жұбайлардың денсаулығы үшін тост көтереді.
— Сендерге бүгін екі уағыздан еш бұлтаруға болмайды! — деді ол дауыстап. — Күндіз сендер топты тыңдадыңдар, кешкісін қарт аталарыңды тыңдауға тура келеді. Тынышталыңдар! Менің сендерге берер ақылым: біріңді-бірің қастерлеңдер. Әрі-бері айналшықтап жүрмей, турасын айтсам — бақытты болыңдар. Табиғатта ғашық көгершіндерден ақылды тіршілік иесі жоқ. Философтар "сүйсініп сүюде ұстамды болыңдар" деп үйретеді. Ал мен "өзіне ерік бер, тізгінді босат!" деймін. Сайтандай сүйісіңдер. Ессіз, түссіз сүйсіңдер. Философтар сандала береді. Мен олардың бүкіл пәлсафасын өз өңештеріне тығар едім. Өзі хош иіс деген көп бола ма, гүл атқан раушан, бұлбұл сазы, жасыл жапырақ, арайлап атқан таң көптік қыла ма? Шамадан тыс, шектен шыға сүюге бола ма? Бір-біріне мүмкіндіктен артық қалай ұнамақ? Сақтан, Эстелла, сен тым көріктісің; сақтан, Неморин, сен тым сұлусың! — деп сұңқылдай беру, сақтандыра беру қандай әбес! Шат-шадыман болудың, қайран қап таңдаудың, аялап жақсы көрудің өлшеулі мөлшері бар ма? Тым бақытты болуға бола ма? "Сүйсініп сүюде ұстамды болыңдар!" — дейді. Айтқанын қарашы, онысына рахмет! Жойылсын философтар! Шаттану керек — ақылдың көкесі, міне, осы. Шаттанайық та сайрандайық. Біз қайырымдылығымыздан бақыттымыз ба, әлде бақыттылығымыздан қайырымдымыз ба? Неліктен атақты гауһар Санси аталады, Арле де Сансиға тиесілі болғандықтан ба, әлде салмағы жүз алты карат тартқандықтан ба?29 Оны мен қайдан білемін. Өмір мұндай мәселелерге лықа толы; ең бастысы Сансиді уыста ұстап, бақытқа жету. Қулықпенен ақылгөйсімей бақытты болайық та күнге көзсіз бағынайықшы. Күн дегеніміз не, өзі? Бұл махаббат кімде-кім "махаббат" десе, ол "әйел" дегені. Құдірет дегеннің не екенін білгілерің келе ме? Мархабат етіңіз, ол — әйел. Біздің Мариустен сұраңыздаршы, ол қаршадай Козеттаның құлы емес пе екен? Және өз еркімен тіленіп құл болды, қу неме! О, әйел! Бірде-бір Робеспьер билікті мәңгі ұстап тұра алмайды, ал әйел ғасырлар бойы билеп-төстеп келеді. Мен роялистпін, алайда бүгіннен бастап мынау королеваны мойындаймын. Адам ата дегеніміз не? Ол Хауа ана басқаратын патшалық. Хауа ана үшін ешқандай сексен тоғызыншы жыл жоқ. Корольдің аса таяғына ойналған императорлық держава да болды. Ұлы Людовиктің де алтын асатаяғы болды, революция солардың бәрін саусақтың арасында-ақ соқыр тиын құны жоқ әшекей ұқсатып бұрады да тастады, енді олар түкке керексіз болып еденде жатыр. Ал сол төңкерісіңді әтір шашылған әйелдердің өрнекті орамалдарына қарсы жасап көрші. Менің соны көргім келеді. Қане, жасауға қарекет қылыңдаршы. Неліктен орамал соншалықты берік? Өйткені ол әншейін шүберек қана. Еһ, он тоғызыншы ғасырдың түлектері, сендерді-ай! Жарайды, біз он сегізінші ғасырдан бола-ақ қоялық. Біз сендерден ақымақ болғанымыз жоқ. Біздің тез тарағыш індетімізді — тырысқақ, бурре биімізді теңселме атағандарыңмен, аспан әлемін төңкеріп тастаған жоқсыңдар. Онда не болса да о болсын, қай заманда да әйелдерді сүюге тура келеді. Бұл сайтандар біз үшін періште. Олардан сендердің де қашып құтыла алмайтындарыңа бәс тігемін. Иә, махаббат, әйел, сүйіс — сиқырланған шеңбер, одан ешқайсысың бұлқынсаң да шыға алмайсың, өз басым оған қызыға оралар едім. Бүкіл дауылды бағындырып, толқындарға көз тастап, түпсіз аспанның ерке-тотайы, мұхиттың Селименасы — Шолпан жұлдызының шексіз шырқау биікке көтерілгенін қайсысың көрдің. Мұхит — қатал Альцест. Болса болсын, мейлі білгенше буырқанып бұрқылдай берсін, — бірақ Шолпан туғанда қаласын-қаламасын жымыңдауына тура келеді. Тұрпайы бұл хайуан да оған бағынады. Біздің бәріміз де сондаймыз. Ашу-ыза, дауыл, жауын мен жасын, көбікті көпіршігінен түнерген бұлтқа дейін соған тәтті әйел көрінсе болды, жұлдыз туса болды — етпеттеп құлай бер. Жарты жыл бұрын Мариус шайқасып жүр еді, енді үйленіп жатыр. Мұнысы жақсы да. Жарайды, Мариус, жарайды, Козетта, сендердікі дұрыс. Бір бірің үшін батыл өмір сүріңдер, сүйісіңдер, аймаласыңдар, қызғанғанның ішін қызыл ит тырналасын, біріңді бірің тәңір тұтыңдар.
Тұмсықтарыңмен жер бетіндегі бар бақыттың қиқымын жинап, өздеріңе ғұмырлық ұя жасаңдар. Сүю, сүйкімді болу жас кездеріңде таңсық емес. Махаббатты біз бірінші ойлап таптық деп қиялдамаңдар, өтінемін. Кезінде мен де мұңайғанмын, қиялдағанмын, күрсінгенмін, менің де жаныма ай нұры сәуле сепкен. Махаббат туғанына алты мың жыл болған нәресте. Оның ұзын аппақ сақал қоюына да хақысы бар. Мафусаил Купидонмен салыстырғанда сарыауыз Балапан. Міне, алпыс жыл бойы ер мен әйел бірін бірі сүюі арқылы қиындықтың торынан шығып келеді. Дәупері қу, ал адамды жек көреді, ол адам одан да қу, өйткені әйелді сүйеді. Осынысы оған дәупері жасаған зияннан әлдеқайда көп жақсылық әкеледі. Мұндай айла-амал жер бетіндегі жұмақтың кезінде-ақ ойлап табылған. Достарым менің! Бұл ежелгі ескі тарих, бірақ өзі мәңгі жас. Соны пайдаланыңдар. Филемон мен Бавкиданың жасында жасқа жетпей тұрып Дафнис пен Хлоядай болыңдар. Мариус Козетта үшін аспан әлемі болғаннан басқа ештеңе талап етпейтіндей болып, екеуің егіздей өмір сүріңдер. Козетта! Күйеуіңнің күлкісі сіз үшін ашық күндей болсын! Мариус! Келіншегіңнің көз жасы сен үшін бұлыңғыр бұлтты күндей болсын. Сендердің өмірлеріңде ешқашан түнерген бұлтты күн болмасын! Сендер өмір лотереясында бақытты билетке қол жеткізудің амалын тауып, некелі болыңдар: бұл сендердің басты ұтыстарың. Мұны көздің қарашығындай сақтандар, рәсуа қылмай құлыптап қойыңдар. Бір-біріңді қадірлеп, қастерлеңдер — басқасының бәрін мейлі сайтан алсын! Сөзіме сеніңдер. Мұнда салиқалы ойдан шыққан мол мағына бар. Салиқалы ой ешқашан тәңірге тағзым ете бермейді. Бір-біріңе табынып, тағзым етіңдер. Құдайға әркім өзінше табынады. Құдайды қастер тұтудың бір жолы — өз әйеліңді сүю болмаса, мені жәй оғы атсын. Мен сені сүйемін — менің қағидам, міне, осы. Сүйе білген жан тақуа да болады. Өзінің сүйікті балағатында Генрих Төртінші қасиеттілікті мешкейлікпен және маскүнемдікпен ұштастырады. "Қасиетті мас құрсақ". Мен ондай дінге табынбаймын. Онда әйел ұмыт қалған. Өзге-өзге, дәл Генрих Төртіншіден мен мұны күткен жоқ едім. Достарым менің, әйел жасасын! Жұртқа сенсең мен шалмын, бір ғажабы, мен өзімді жасарып келе жатқандай сезінемін. Орманды қызыға кезіп серуендеп, бақташының сыбызғысын тыңдар едім. Мына балалардың бақыты мен сұлулығы мені мас қылды. Біреу-міреу тиер болса, өзім де үйленуден қашпас едім. Жаратқан жалғыздың өзі бізді басқа біреу үшін жаратты емес пе; біреуді қадірлеу, қастерлеп, аялап, кептердей гүрілдеп, қораздай қытқылдап, ертеден қара кешке дейін аймаласып, құшақтасып, жарыңның алдында бойыңды түзеп, шаттанып, шалқып, қоқиланып, қанатынды жаю үшін, өміріңнің маңыз-мақсаты осы болсын деп, жаратқан жоқ па! Сендерге ұнаса да, ұнамаса да жастық шағымызда, өзіміздің тұсымызда осылай ойлағанбыз. Біз, еһ, шіркін, баяғыда таң-тамаша қалдыратын әйелдер, арулар мен сұлулар қаншама еді! Біразының-ақ жүрегін жалағандай қылдым ғой. Сонымен, бір-біріңді сүйіңдер! Егер біріңді бірің сүймесеңдер, көктемнің не үшін туғанын түсінбес едім, онда құдіретті күшті құдайдан бізді қызықтырып, босқа әурелеп жүрген күллі ғажайып туындыларыңды: гүлдеріңді, әнші құстарыңды, сұлу қыздарыңды қайтып алып, қоймаңа құлыптап қой деп өтінер едім. Балаларым менің, аталарыңның ақ батасын қабыл алыңдар!
Кеш көңілді, қызықты, жанды боп, ғаламат жақсы өтті. Атайдың керемет көтеріңкі көңіл күйі күллі той барысына ықпал етті, әркім-ақ осынау жүз жасаған ақ көңіл аппақ пейілмен бауралды. Аз-ақ биледі, көбірек күлді; бұл өзі өнегелі той болды. Мұндай тойға қасиетті де қайырымды бұрынғы заманды шақыруға әбден болады екен. Айтқандай, ол дәуір Жильнорман арқылы бұл тойға қатысқан да екен ғой.
У-шудан кейін тыныштық орнады.
Жас-жұбайлар лып етіп шығып кетті.
Ұзамай түн ортасынан ауа Жильнорманның үйі қасиетті храмға айналды.
Осы жерден енді тоқтаймыз. Неке түнінің табалдырығында періште тұрады; саусағын ерніне басып жымиып тұрады.
Махаббаттың салтанатты құпия тылсымын, жоралғысы жасалып жатқан қасиетті орнының алдында көңіл шіркін ойланып, толғануға бой ұрады.
Бұл киелі мекенінің үстінен шұғыла шашырауға тиіс. Онда ашылған бақыт қабырғаның тасын тесіп шығып, болмашы нұр болып түн түнегін түруі керек. Тағдырдың өзі айқындаған қасиетті мейрамның, жарық дүниенің шексіз қиырына сәуле түсірмеуі мүмкін емес. Махаббат дегеніміз еркек пен әйелді тұтастырып жіберетін тәңірдің көркі; бірыңғай үшемдік, кемелденген болмыс осы көріністен шығады. Екеуден тұтас жанның тууы ғайыпта толғаныс туғызуға тиіс. Ашына дегеніміз пір; бейкүнә қызды тәтті бір үрей билейді. Осы қуаныштың болмашы бір үлесі Құдайға қарай самғайды. Шынайы неке, шын махаббат бар жерде мұратың да жарқын. Қараңғыдағы жар төсегі таң алдындағы сәуле сияқты. Егер ажалды пенденің назарына ғаламат қаһарлы тылсым дүниеге түсу жазылса, біз түнгі рухтардың легі, қанатты бейтаныстар ғайып саласына көзге түспес көгілдір келімсектер осынау салтанатты сарайға еңкейіп, тәңірі бейнесіндегі жердің рахымына елжіреп алғыспен қарап, беті ашылмаған батылсыз ұялшақ жұбайларды біріне-бірі нұсқап, қалай шүпірлескенін көрер едік. Шынайы рақатқа періштелер ортақ. Аспанның бар қиыры осы кішкентай күңгірт бұрыштағы төсекке қызмет етеді. Махаббатпен үлбіреген еріндер аймаласа құшақтағанда, бәлкім осы айтып тіл жетпес сүйіс сонау шырқау биікте, құпия жұлдыздар кеңістігінде тебіреніс туғызбасына кім кепіл?
Тек осындай ғана рақат шынайы. Бұдан басқа қуаныш жоқ. Махаббат дегеніміз жер бетіндегі жалғыз ғана бақыт. Қалғаныңның бәрі көз жасыңның телегейі.
Сүю, сүюді бастан кешудің өзі-ақ жетіп жатыр. Одан артығын талап етпей-ақ қойыңдар. Сендерге өмірдің құпия күңгірт қоймасынан басқа інжу-маржанды табу қиын. Махаббат дегеніміз ерлік.
Үшінші тарау
АЖЫРАСПАС
Жан Вальжан қайда жоғалып кетті? Козеттаның еркелей айтқан өтініші бойынша өзін өзі зорлап жымиған Жан Вальжан іле орнынан тұрды да, өзіне ешкімнің назар аудармағанын пайдаланып, байқатпай ауызғы бөлмеге шықты. Бұл сегіз ай бұрын үсті басы лай-батпақ, бет-ауызы сатпақ-сатпақ, қан мен оқ-дәрі иісі аңқып, атасына немересін алып келгенде алғаш кірген бөлмесі болатын. Ежелгі қабырға қаптамалары тізілген жапырақтар мен ілінген гүлдерден көрінбейді, онда Мариусті әкеп салған диванда енді сазгерлер отыр. Жақсы киінген Басктің үстінде фрак, бұтында қысқа шалбар, аяғында ақ шұлық, қолында ақ қолғап, дастарқанға апарар әрбір тағамды раушан жапырақтарымен сәндеп жүр.
Жан Вальжан оған таңылған қолын көрсетіп, кету себебін баяндап, үйден шығып жүре берді.
Жан Вальжан асхананың көшеге қараған терезелерінің жарығы астында бірнеше минөт қимылсыз тұрды. Ішке ептеп құлақ түрді. Үйлену тойының тұншыға булыққан шуы естілді. Ол атайдың саңқылдаған сенімді сөзін, скрипканың сызылған үнін, тарелкелер мен бокалдардың сылдырын, ду күлкіні тыңдап, осы у-шудың арасынан Козеттаның нәзік, қуанышты дауысын ажыратты.
Тәңірдің ләззат бикелері көшесін тастап, ол өзіне, Қарулы адам көшесіне оралды.
Ол оған айналма жолмен Сен-Луи арқылы Қасиетті Екатерина алабы мен Ақ мантиялар көшесі арқылы жүріп, әжептәуір үлкен шеңбер жасады, алайда ол дәл осы жолмен кісі көп жүретін лас Кіші Тампль көшесіне соқпай Козеттаны үш ай бойы Қарулы адам көшесінен Тәңірдің ләззат бикелері көшесіне әкеп жүрді. Осы соқпақпен Козетта жүргендіктен де ол өзге жолды қаламады.
Жан Вальжан үйіне оралды. Шырақ жағып өзіне жоғарыға көтерілді. Пәтер қаңырап қалған, тым құрығанда Тусен де жоқ. Жан Вальжанның қадамы бос бөлмелерде жаңғырып, қаңғырлап естіледі. Ол Козеттаның жатынжайына кірді. Кереуетте ақ жапқыш жоқ екен. Тек тысы да, кестесі де жоқ жастық қапай болса солай бүктеп тастай салған көрпелердің арасында енді ешкімге де керегі жоқ бөстектің үстінде жатыр. Әйелдердің сүйкімді әшекейлерінің бәрін Козетта өзімен бірге ала кетіпті; қалғаны тек ауыр жиһаздар мен төрт қабырға ғана, Тусеннің кереуетінен де бәрі алыныпты. Тек бір кереуеттің ғана төсек орны бұзылмай бағзы қалпында тұр, бұл иесін күткен Жан Вальжанның төсегі.
Жан Вальжан шкафтардың қақпағын жауып, бөлмелерді аралай түсті.
Ақыры ол өз жатынжайынан бір-ақ шығып үстелге шырақ қойды. Ол қолындағы таңғышын баяғыда-ақ алып тастаған-ды, қазір ешқашан ауырмағандай-ақ қолы еркін қимылдайды.
Кереуетінің қасына келгенде оның көзі әдейі ме, әлде кездейсоқ па көптен Козеттаның қызғанышын туғызып жүрген "ажыраспас" досы, ұдайы өзімен бірге алып жүретін кішкентай қобдишаға түсті. Төртінші маусымда Қарулы адам көшесіне көшіп келген соң кереуеттің басында тұратын шағын үстелдің үстіне қоя салған, соған асығыс жақындап келіп, қалтасын сипап кілтін тауып алды да ашып жіберді.
Одан ол ақырын ғана балалардың заттарын шығара бастады. Бұлардың бәрі он жыл бұрын Монфермейльден кеткендегі Козеттаның бұйымдары болатын; әуелі қара бас орамал алынды, сосын қара түсті көйлек. Одан кейін бүгілмейтін әп-әдемі бала башмағын суырды, бұл Козеттаға қазір де жарап қалатын сыңайлы, содан соң тығыз бомазиден тігілген көкірекше, тоқылған белдемше, қалтасы бар алжапқыш, жүн шұлықтар шықты. Әлі балпанақтай бала аяғының сипатын жоймаған шұлықтардың ұзындығы Жан Вальжанның алақанындай да жоқ. Олардың бәрі де қара түсті. Монфермейльге бұл заттардың бәрін Жан Вальжанның өзі әкелген-ді. Қобдишадан шығарып, ол бұл заттарды бірінен-соң бірін тізілтіп, кереуеттің үстіне жайды. Ол ойға батып, біраз жайларды есіне түсірді. Бұл қыстың күні желтоқсан айында, ызғырық суықта болған еді, Козетта тоңып, тұла бойы қалшылдап, оралған шоқпыт пана болмай, ағаш башмақ кигізген аяғы тоңғаннан көгеріп тұрды. Жан Вальжан кішкентайға шоқпытын сыпырып, мынау қара көйлекті кигізген. Оның шешесі қабірде балам менің қайғырып қара жамылып жүр деп қуанып жатқан да шығар, ал сәбиге ең бастысы киімі болуы және оның жылы болуы ғой. Ол Монфермейль орманын еске алды, Козетта екеуі сол орманды кесіп өтті ғой, күн жауын-шашынды болатын, қыс қой, ағаштар жапырақсыз, шоқтар құссыз, аспан күнсіз болса да бәрібір сол кез ғаламат еді ғой. Ол бұл заттарды кереуетке жайып, бас орамалды белдемшенің, шұлықтарды башмақтың, көкірекшені көйлектің жанына қойып, тесіліп қарады да отырды. Ол ғой онда осындай ғана жаста еді, бойы да аласа, қуыршағын үп-үлкен ғып кеудесіне басып, монтиып тұратын, сыйға тартқан алтын теңгесін мынау алжапқыштың қалтасында сақтайтын, күліп мәз болатын, екеуі қол ұстасып қатар келе жататын, қыздың бұл жарық жалғанда әкесінен басқа ешкімі жоқ та еді.
Кенет оның ақ басы төсекке еңкейіп, өжет қарт жүрегі бүлк етті, бетін Козеттаның көйлегіне тықты, дәл осы кезде біреу-міреу баспалдақпен шығып келе жатса қоймай-қоймай еңіреп өксіген дауысты еститіні сөзсіз еді.
Төртінші тарау
IMMORTALE JECUR
Біз әр сатысында қадағалап жүрген баяғы қатал күрес қайта жаңғырды.
Иаков періштемен бар болғаны бір-ақ түн айқасып еді. Әттеген-ай! Жан Вальжанның түнекте өз ар-ожданымен жекпе-жек келіп, кескілескен күресте қалай қиналғанын қанша рет көрдік біз!
Көз көріп, құлақ естімеген жекпе-жек! Кей сәттерде аяғы тайып кетті, кейде аяғының астынан жер опырылды.
Өзінің жақсылыққа жанұшыра ұмтылысында ар-ожданы қанша рет тұншықтырып, алып ұрмады! Қанша рет аяусыз ақиқат оның кеудесіне тізесін батырмады! Қанша рет таным сәулесі мұрттай ұшырған ол аяй гөр деп жалынбады. Қанша рет епископ жаққан ымырасыз сәуле ішін де, тысын да жайлап алып, ештеңені де көргісі келмей қашқақтағанда оны өз еркіне қарсы айдап салды! Қанша рет бұл шайқаста жартасқа жармасып бойын тіктеп, софизмге сиынып, ар-ожданын өз аяғымен таптамады, қанша рет өлікке айналып, жер қауып қалмады. Қанша рет бәз-бір қитұрқы амал-айладан кейін, өзімшілдіктің айтқанына еріп аяқ астынан екіжүзділік жасап алғаннан кейін құлағының тұсынан: "Мұның адал тәсіл емес, оңбаған!" деген дауысты естімеп еді! Қанша рет оның ырыққа көнбейтін ойы борыш табанының астында тапталып, қырылдап жатып еді! Соның бәрі Құдайға қарсылық болатын! Соның бәрі өлім алдындағы жан тері болатын! Өзіне ғана мәлім, әлі де қанап бітпеген құпия жаралар, қаншама! Оның қасіретті өмірінде жараның орны мен тыртықтар неткен көп еді! Тұла бойы қан-жоса боп, денесі дел-сал, әбден титықтап, жүрегін торығу тұмшалап тұрғанның өзінде еңсесін тіктесе-ақ болды, жаны жадырап, рухы айқындалып шыға келеді. Жеңіле тұрып та ол өзін жеңімпаз санайды. Аяғынан қағып құлатып, тапап, жаншып, кеудесіне шығып алған қаһарлы да арайлы әрі өзіне дән разы ар-ождан: "Енді қайда барсаң онда бар, алдыңнан жарылқасын!" деп қоя береді.
Шіркін-ай, қап! Мұндай өліспей беріспес шайқастан кейін қандай жабырқау жұтаң өмір басталады десейші!
Жан Вальжан бұл түні ол ақтық айқасқа төтеп беруге тиіс екенін сезді.
Оның алдында жанды азапқа салар мәселе тұрды.
Тағдырдың тәлкегі адамды ұдайы тура жолмен жүргізбейді; ол жол және тақтайдай тегіс болып, барар жеріңе бұралаң бұрылыссыз да апармайды, оның тұйықтары да, қараңғы қалтарыстары да қаскөй кедергілері де аз болмайды, сондығынан да одан сан тарау сүрлеулер көп тарайды. Жан Вальжан дәл қазір сондай кедергісі көп қатерлі қиылыста тұр.
Ол ең соңғы шепте, жақсылық пен жамандық жолдарының қиылысқан жерінде тұрды. Оның көз алдынан қатерлі жол айырық ашылды. Кейбір қиын-қыстау жағдайларда кездесетіндей, оның алдынан тағы да екі жол бұлаңдады: бірі оны қызықтырды, екіншісі қорқытты. Қайсысын таңдау керек?
Қорқытатынына оны құпия сұқ саусақ нұсқайды, әдетте көзімізді көрінбейтінге жіберерде оның өтініші бар.
Жан Вальжанның тағы да қатерлі айлақ пен арбаған тұзақтың арасынан біреуін таңдауы керек болды.
Демек, жанды сауықтыруға болады, ал тағдырды ешқашан өзгерте алмайсың деген шын болды ғой. Тағдырдың дегені болмай қалмайтыны-ақ қатерлі.
Оның алдында тұрған мәселенің мәні былай:
Жан Вальжан Козетта мен Мариустің бақытына қалай қарайды? Бұл бақытты олар үшін оның өзі қалап, өзі соған жеткізді, сол бақытпен өз жүрегін өзі жаралады, өзіне қадалған қанжарды қанын сорғалатып суырып алғанда ондағы өз қолтаңбасын көріп, қанағат табатын ұста секілді.
Козеттада Мариус болды, Мариус оны баурап алды. Оларда барлығы бар, тіпті байлық та жеткілікті. Соның бәрі жалғыз ғана солар үшін жасалды.
Ал қол жетіп, жүзеге асқан бұл бақытқа Жан Вальжан не жасауы керек? Ол бұл бақытқа қол жұмсай ма? Әлде оған өз меншігі сияқты билік жүргізе ме? Әлбетте, Козетта өзгеге тиесілі. Бірақ ол, Жан Вальжан бар ауыртпалықты бір өзі көтеріп, өзін өзі ұстай ала ма? Козеттаны анда-санда көруге рауа, бұрынғысындай құрметті әке болып қала ма? Әлде Козеттаның үйіне тып-тыныш қана көшіп кіріп ала ма? Өзінің өткенін болашақтың аяғының астына салу қолынан келе ме? Бет пердесін сыпырып тастамай, олардың жарқын ошағының басына толық хақылы кісідей барып отыруға батылы жете ме? Өзінің талайды көрген қолымен олардың бейкүнә қолдарын қыса ала ма? Жильнорманның бейқұт қонақжайының торпеші алдында өзінің кісен ізі түсіп масқараланған аяғын еркін көсілтіп отыра ала ма? Мариус пен Козеттаның бақытты тағдырын бірге бөлісе біле ме? Төбесіндегі түнек қоюланып, басын көлеңке шалмай ма? Олардың бақытты сыбағасына үшінші бөлегі ретінде өзінің кермек үлесін қоспақ па? Бұрынғысындай үндемей жүре бере ме? Бір сөзбен айтқанда, осынау бақыттылардың жанында тағдырдың зарарлы сақау рөлін ойнай ма?
Кейбір мәселелер алдыңнан тыр жалаңаш шыға келгенде көзіңді төмен салып, тұнжырамас үшін қаскөй тағдырға, оның тәлкегіне көндігу керек. Сфинкстің: "Сен қалай жасайсың?" деген кіді сауалының астарында жатқан жақсылық па әлде жамандық па?
Сынға түсудің мұндай тәсілін Жан Вальжан біледі: ол сфинкстің көзіне тура қарады.
Шешімі қиын жұмбақты ол бар қырынан зерделеп көрді.
Ғажайып жан иесі Козетта — апатқа ұшырағанды құтқарар дөңгелек сынды. Не істеу керек? Ұстап айырылмау керек пе, әлде қоя беру керек пе?
Ұстап айырылмаса ол ажалдан құтылар еді, төмен тартқан иірімнен шығып, күнге қарар еді, бірақ шашынан, үсті-басынан теңіздің кермек суы сорғалап тұрар еді. Ол құтқарылып одан әрі өмір сүрер еді.
Қолдан шығарып қоя беру керек пе?
Онда — түпсіз тұңғиыққа кеттім дей бер.
Осылай ол азап пен қайғыда өз ар-ожданымен ақылдасты. Дұрысырақ айтқанда, өзімен өзі күресті; ол ерегісе қасарып, біресе өзінің өмірге деген еркіне, біресе сеніміне дүрсе қоя берді.
Жан Вальжан үшін жылай білуі бақыт болды. Ол оның жанын жеңілдетті. Алайда бас адам айтқысыз қиын болды. Оның жан әлемінде көтерілген дауыл Аррасқа қуып тыққан баяғы дауылдан да күшті болды. Бүгінгімен қатарласып бұрынғы тұра қалды да, екеуін салыстырып ол өкіріп көп жылады. Көз жасы мен өкінішке ерік берген ол еңіреп жылаудан әбден титықтады.
Ол шегіне жеткенін сезді.
Әттегене, өзімшілдік пен борыштың өліспей беріспес күресінде, бұлжымас мұратымыздың алдында абдырап, ызаланып, өкіне отырып бағытыңды алдырып, бағдарыңды беріп, адым сайын бірте-бірте шегініп, қашып құтылудан үміттеніп, жалтарар жол іздеп алас ұрғанда ту сыртыңнан ойда жоқта бөгет болып қабырға шыға келетінін қайтерсің!
Біз шегінер жолымызды қасиетті көлеңке кескенін сеземіз.
Көзге көрінбейтін, ымыраға келмейтін бұл неткен елес!
Сонымен, ар-ожданды ауыздықтай алмайсың. Бу беліңді, Брут! Тәуекел де, Катон! Ар-ождан түпсіз терең, өйткені ол құдірет! Бұл қазына қоймасына біз тұтас өмірдің еңбегін төгеміз, атақ-даңқымызды, мансабымызды, байлығымызды лақтырамыз, бостандықты, отанды береміз, денсаулықты, тыныштықты, бақытты тастаймыз. Тағысын тағы, тағы да береміз. Ыдыстарды қотарыңдар. Урналарды еңкейтіңдер. Ақыр аяғында біз оған жүрегімізді де атып ұрамыз.
Бағзыда тозақ түнегінің бір тұсында түпсіз осындай бір кеспек болушы еді.
Жалпы құрбандықтан бас тарту кешіргісіз бе? Сарқылмас та құқығын алға тарта ала ма? Арылмайтын ауыртпалық адам күшін арттырмай ма? "Жетті енді!" десе Сизиф пен Жан Вальжанды кім айыптайды?
Бұлардың беріктігі үйкеліспен шектеледі; сонда жанның тәнтілігінде қалайша шек болмайды? Егер мәңгілік қозғалыс болмаса, мәңгілік жанпидалықты талап етуге бола ма?
Алғашқы адым түкке тұрмайды, ең қиыны — ақырғы адым. Шанматье ісі Козеттаның тұрмысқа шығуымен, оның зарар салдарымен салыстырғанда не тәйірі? Каторгаға айдалу қатері қазіргі өмірден баз кешумен салыстырғанда түк те емес.
Төменге түсер алғашқы саты тұманды мұнар ғой бір. Екінші саты қандай қап-қара түнек десейші! Қалайша кері серпімессің?
Жанкештілік жаныңды жей отырып, асқақтатады. Бұл дегенің жазалау, таққа отырарда маңдайға жағар май. Адам оған алғашқы сәтте-ақ келіседі; ол қызған темірдің тағына отырады, қызған темірдің тәжін киеді, қызған темірдің державасын қабылдайды, қолына қызған темірдің асатаяғын ұстайды, оған тағы отты қапталға орануға тура келеді, — сонда әлжуаз тән қалайша бір бұрқанып, азапты ұлықтаудан бас тартпайды?
Ақыр аяғында Жан Вальжан әбден болдырып титығына жетті.
Ол ойланды, толғанды, күн мен көлеңкені құпия таразыға тартты.
Каторжанның ауыртпалығын мынау гүл жайнаған екі жастың иығына арту керек пе, әлде онсыз да сөзсіз ажалын өзі жүзеге асыруы керек пе? Бір жағдайда ол Козеттаны, екіншіде өзін құрбандыққа шалады.
Қандай шешімге кеп тоқтады ол? Қандай қорытындыға келді? Тағдырдың әділ жауап алуының сауалдарына оның ақтық жауабы қандай болды? Қай есікті ашуға бел байлады? Өмірдің қай жартысын кері серпіп, құлыпқа жаппақ? Табаны тиген бас айналдырарлық иірімдердің қайсысына таңдауы түсті? Шетін шектің қайсысын қалады? Түпсіз тұңғиықтың қайсысының алдына басын иді?
Азапты толғаныс күні бойы тынған жоқ.
Таңға дейін ол сол қалпынан танған жоқ, тағдырдың зіл батпан ауыртпалығынан мұқалған, бәлкім жаншып тасталған ол тізерлеп, кереуетке басын салған беті, таңылған кіресінен шешіп ап жерге лақтыра салғандай екі қолын жайып жіберіп, қозғалмай отырды да қойды. Он екі сағат бойы, қысқы ұзақ түннің он екі сағаты бойы басын көтермей, бір ауыз сөз айтпай, әбден тоңып, етпеттеген қалпынан қозғалған жоқ.
Ойы бірде жыландай жерде жорғалап, бірде қырандай аспанда самғап жүргенде өзі қалт етіп қимылдамады. Оның осы сіресіп қатып қалған денесін көріп өлі ме деп қалуға болатын еді, тек ара-тұра дір ете қалып, бетін көміп Козеттаның көйлегін сүйгенде ғана тірі екенін білесің.
Мұны кім көрді? Кім? Жан Вальжан бөлмеде жалғыз қалса, жанында ешкім болмаса, кім көрді дейсіз ғой.
Оны көрген қараңғыда қалғуды білмейтін құдіреті күштінің өзі ғана.
ЖЕТІНШІ КІТАП
ҚАЙҒЫ КЕСЕСІНІҢ СОҢҒЫ ЖҰТЫМЫ
Бірінші тарау
ЖЕТІНШІ АЙНАЛЫМ ЖӘНЕ СЕГІЗІНШІ АСПАН
Үйлену тойынан кейінгі күн тыныштық құшағында болды. Жұрт бір-бірінен тояттаған бақыттылардың тыныштығын және кеш оянуын қастер тұтады. Шулы құттықтаулар мен құтты болсын айтулар кейінірек басталады. 17 ақпан күні таңертең Баск сыпырғыш пен шаңды шүберек ұстап өзі жататын ауызғы бөлмені тазалап жүргенде ақырын ғана есік қағылды, бұл сәске түс ауып бара жатқан шақ еді. Мұндай күні қоңырау шалмай, жай ғана есік қағып қарапайымдық таныту әбден орынды болатын. Баск есік ашып, Фошлеван мырзаны көрді. Ол оны қонақжайға бастап барды, бөлме әлі жиналмаған екен, астан-кестеңі шығып жатыр, кешегі той-думанның айқас алаңы болғасын оған не айтарсың.
— Өзіңіз де түсінесіз ғой, тақсыр, бүгін ұйқыдан кеш ояндық, — деп ақталып жатыр Баск.
— Сіздің қожайыныңыз тұрған болар? — деп сұрады Жан Вальжан.
— Сіздің қолыңыз қалай, тақсыр? — деп сұрады Баск жауап қайтару орнына.
— Тәуір. Сіздің қожайыныңыз тұрды ма?
— Қайсысы? Кәрісі ме, жасы ма?
— Понмерси мырза.
— Барон мырза ма? — деп сұрады Баск маңғазданып.
Қызметшілердің көз алдында баронның дәрежесі айрықша салмақты сезіледі. Онда өздері бірдеңе түсетіндей-ақ тәлімси сөйлейді; бір философ айтқандай "оның даңқының нұры" оларға мәртебе. Сөз арасында айта кетейік, жауынгер республикашыл екенін іс жүзінде дәлелдеп шыққан Мариус енді өз ырқынан тыс барон атанып отыр. Бұл дәреже үйдегі кішігірім революцияның себепшісі де болды. Мариус ол атақтан бас тартып еді, өзге емес Жильнорманның өзі таймай табандап отырып алды. Оның үстіне полковник Понмерсидің өзі "Менің ұлым менің дәрежемнің де мұрагері" деп жазып кетіпті. Мариус сол өсиетке бағынды. Оған қоса енді ғана әйел бола бастаған Козетта баронесса болғанына мәз-мейрам.
— Барон мырза ма? — деп қайталады Баск. — Қазір қарайын. Фошлеван мырзаның көргісі келеді деп айтайын.
— Жо-жоқ, мен екенімді айтпаңыз. Біреу көзбе-көз сөйлескісі келеді десеңіз болды, бірақ менің атымды атай көрмеңіз.
— Ә! — деді даусын созып Баск.
— Мен оған күтпеген сый болсын деп едім.
— Ә! — деп қайталады Баск, бұл екіншісі біріншіні өзіне өзі түсіндіруі сияқты болып шықты.
Ол шығып кетті.
Жан Вальжан жалғыз қалды.
Біз айтқандай қонақжай сұмдық ыбырсып жатыр. Егер мұқият құлақ қойса, той думанының буалдыр шуын әлі де естуге болатын сияқты көрінеді. Паркетте гирлянд пен әйелдердің шашынан түсіп қалған гүлдер шашылып жатыр. Ақырына дейін жанған шырақтардың еріген балауыздары шырағдан ілмектеріне тамып, қатып қалыпты. Өз орнында тұрған бірде-бір орындық жоқ. Бұрыштарда үш-төрттен иірілген мамықтақтар алқа-қотан отырып әңгімеге кірісіп кеткелі тұрғандай. Мұндағылардың бәрі думанмен тыныстап тұрған секілді. У-шу боп өте шыққан мерекенің өзінде қайран қаларлық бірдеңе болады. Мұнда бақыт мейман болып кеткендей. Бейберекет тұрған орындықтар, солып жатқан гүлдер, сөнген оттар қуаныш туралы сыр шертетін сияқты. Күн люстраның орнына тұрып, қонақжайды көңілді жарығымен аялайды.
Бірнеше минөт өтті. Жан Вальжан қозғалмай Баск тастап кеткен жерде әлі тұр. Оның өңі боп-боз. Лайланған көзі ұйықтамағандықтан шүңірейіп ішке кіріп кетіпті, бейнебір шарасынан ауып кетуге шақ тұрғандай. Мыжылған қара бешпентінің қырыс-тырысы түнде шешілмегенін аңғартады. Шынтағы мамықтан ағарып, шұғаның басқа матаға жақындаса бірдеңені жұқтырып ала қоятынын айғақтағандай. Жан Вальжан аяғының басынан күн шағылған терезе ағашының көлеңкесі түсіп тұрғанын көрді.
Есік жақтан шу естіліп, ол көзін көтерді.
Күлімдеп маңғаз Мариус кірді, қуаныштан жүзі бал-бұл жанады, шаттықтан жанары жарқыл қағады. Ол да бұл түні ұйықтаған жоқ.
— Аһ, бұл сіз бе, әке! — деп дауыстап жіберді ол Жан Вальжанды көріп. — Ал әумесер Баск бәрін білтелеп, құпия сыңай танытты. Бірақ сіз тым ерте келіпсіз. Қазір сағат он екі жарым ғана. Козетта ұйықтап жатыр.
Мариустің Фошлеванға арналған "әке" деген сөзі ең биік құрметтің ғана емес, шаттықтың да белгісі еді. Екеуінің арасында бәз-бір салқындық пен мәжбүрлік қабырғадай қалқайып қозғалмайтыны аян, сол мұзды не сындырып бұзу, не жылытып еріту қажет тәрізді болып тұратын. Мариустің бақыт буына мас болғаны сондай, екеуінің арасындағы қабырға өз-өзінен құлап, мұз еріді де, Фошлеван мырза Козеттаға қандай әке болса, бұған да сондай әке болды.
Сөзін ол қайта бастады; сөз көмейінен тасқындай құйылды, әдетте мұндай сөзшеңдік қуаныштың құдайы шабыт қанатындағы адамға тон болады.
— Сізді көргеніме қандай қуаныштымын. Кеше сіздің қандайлық бізге жетіспегеніңізді білсеңіз ғой! Қайырлы күн, әке! Қолыңыз қалай? Тәуір ғой, солай емес пе?
Өз сауалына өзінің жақсылықпен жауап бергеніне қанағаттанған ол сөзін әрі жалғады:
— Козетта екеуіміз сіз туралы қандай көп айттық десеңізші! Козетта сізді сондай жақсы көреді. Сіз үшін арнаулы бөлме әзірленгенін ұмытпаңыз. Қарулы адам көшесі дегенді қайтып білгіміз де келмейді. Тіпті ол туралы естігіміз де жоқ. Сол көшеге қалайша қоныстанып жүрсіздер? Өзі сондай көңілсіз, көріксіз, суық, денсаулыққа да зиянды, айналасы қоршап тасталған, тіпті оған өтудің өзі қиын. Бізге көшіп келіңіз. Осы бүгіннен бастап! Әйтпесе сіздің ісіңіз Козеттамен болады. Ол бәрімізді де бұйрықпен өргізіп, тұрғызғысы келеді, сізге осыны ескертемін. Сіз өз бөлмеңізді көрдіңіз бе, өзі, ол бізбен қатар деуге болады, терезесі баққа қарайды; есігінің кілті дұрысталған, қалғаны тек көшіп келуіңіз ғана. Козетта кереуетіңіздің қасына баяғының үлкен мамықтағын қойып, "Оған құшағыңды айқара аш!" деп бұйырды оған. Терезеңіздің алдындағы мамыргүл шоғына көктем сайын бұлбұл ұшып келеді. Екі айдан кейін оның тамылжыта сайрағанын тыңдайсыз. Оның ұясы сізден солға қарай, ал бізден оң жақта. Түнде бұлбұл сайраса, күндіз Козетта әндетеді. Сіздің бөлмеңіз тура түстікке шығады. Козетта оған сіздің кітаптарыңызды, капитан Куктің және Ванкувердің саяхаттарын, өзіңіздің күллі заттарыңызды қояды. Өзіңіз аса қастерлейтін қобдишаңыз бар көрінеді ғой, оған да мен құрметті орын дайындап қойдым. Сіз атамды баурап алыпсыз, екеуіңіз бір-біріңізге сайсыздар. Біз бәріміз бірге тұратын боламыз. Өзіңіз вист ойнай білесіз бе? Білсеңіз атайды керемет рақатқа батырасыз. Мен сот мәжілісіне кеткен күндері Козеттаны қолтықтап баяғы Люксембург бағындағы сияқты серуендейсіздер, ол кездер есіңізде шығар? Біз бақытты болуға бекем бел байладық. Әке, сіз де біздің бақытымызға сүйініп, бақытты боласыз. Иә, сіз қазір бізбен бірге ертеңгілік асқа отырасыз ғой?
— Мырза, — деді Жан Вальжан. — Менің сізге бірдеңе хабарлауым керек. Мен бұрынғы каторжанмын.
Дыбыс үшін айқындықтың шегі болады, соған орай оны құлақ түгіл, көкіректің де қабылдамайтын сәті кездеседі. Фошлеван мырзаның аузынан шығып кеткен "Мен бұрынғы каторжанмын" деген сөз Мариустің құлағын жанап, мүмкіндік шегінен шығып кетті. Мариус оны анық есіте алмады. Оған ол бірдеңе айтқандай болды, бірақ нақты не айтқанын түсінген жоқ. Ол аң-таң болып қатты аңтарылды.
Тек сонда ғана ол өзімен сөйлесіп отырған кісінің сұмдық қорқынышты екенін көрді. Өз бақытына мәз боп жүріп, оның өліктей боп-боз екенін аңғармапты.
Жан Вальжан сол жақ шынтағынан қара таңғышын сыпырып тастады, сосын қолын айнала орап тастаған шүберекті тарқатып, бас бармағын босатты да Мариуске көрсетті.
— Менің қолыма түк те болған жоқ, — деді ол.
Мариус оның саусағына үңілді.
— Ешқашан ештеңе болған жоқ, — деді тағы да Жан Вальжан.
Шынында да, бас бармағында ешқандай сызаттың ізі жоқ.
Жан Вальжан сөзін әpi қарай жалғады:
— Сіздердің неке тойларыңызға менің қатыспауым керек еді. Содан қашқақтауға тырыстым да, мен мынау жараны жалғандық жасамау үшін әдейі ойлап таптым, неке келісім-шартын заңсыз деп жариялауға желеу бермес үшін, оған қол қоймас үшін осылай жасауға тура келді.
— Мұның қандай мәні болды? — деп мүдіріңкіреп барып сұрақ қойды Мариус.
— Мұның мәні — менің каторгада болғаным, — деп жауап берді Жан Вальжан.
— Мен есімнен адасатын шығармын! — деп қорыққанынан айқайлап жіберді Мариус.
— Понмерси мырза! — деді Жан Вальжан. — Мен он тоғыз жылымды каторгада өткіздім. Ұрлық үшін. Сосын каторгаға ғұмырбойылық кесілдім. Тағы да ұрлық үшін. Қазіргі кезде полициядан бой тасалап жүрмін.
Мариус шындық алдынан шегінуге, болған іске сенбеуге, көзге көрініп тұрғанға тайталасуға бекер тырысты — енді қаруын тастауға мәжбүр болды. Мұндай жағдайда әр кез кездесетініндей, ол бірдеңені түсініп қана қоймай, әлі айтылмағанды да сезген сыңайлы. Сұмдық сезіктің аяқ астынан айқындалғанынан ба ол дір ете қалды, миын тескен төтен ой оны тітіркендіріп жіберді. Ол ой көзімен болашағын шолып, одан өзінің жабырқау тағдырын көргендей болды.
— Барлығын айтыңыз! Шындығын айтыңыз! — деді ол дауысын көтеріп. — Сіз Козеттаның әкесісіз бе?
Соны айтып жеткізгісіз үреймен шегініп кетті. Жан Вальжан сондайлық бір айбармен бойын тіктеп еді, бір бас биіктеп кетті.
— Сіз маған сенуге тиістісіз, мырза. Рас, біздің антымызды, біз сияқтылардың антын әділ сот мойындамайды...
Ол үнсіз қалды да, сосын баяу бастап өктем қара күшпен сөзінің әр буынына салмақ сала сөйледі.
— ... Сіз маған сеніңіз. Мен Козеттаға әке емеспін. Құдай көріп тұр ғой, әке емеспін. Понмерси мырза! Мен Фаверольдан шыққан шаруамын. Күн көрісімді ағаш күзеп тапқан жан едім. Мен Фошлеван емеспін, мені Жан Вальжан атайды. Мен Козетта үшін ешкім де емеспін. Сабыр етіп, тынышталыңыз.
— Оны маған кім дәлелдей алады? — деп міңгірледі Мариус.
— Мына мен, менің сөзім.
Мариус мына кісіге тесіле қарады. Ал ол тұнжырап түнергенмен сабырлы екен. Мұндай сабырлы ұстамдылық жалғандықпен жалғаспайды. Мұзға айналып қатып қалғанның бәрі шындық болуға керек. Осынау моладай суықтықтан ақиқат аңғарылады.
— Мен сізге сенемін, — деді Мариус.
Жан Вальжан мұны қаперіне алғандай, басын иіп сөзін әрі жалғады.
— Козетта үшін мен кіммін? Кездейсоқ біреумін. Бұдан он жыл бұрын бұл жарық дүниеде оның барын білгенім де жоқ. Мен оны сүйемін, ол рас. Кішкентай күнінен білген, өзінің шал болып қалған жылдарында көрген баланы қалай сүймессің? Қартайғанда өзіңді барлық балалардың атасы сезінеді екенсің. Өзімнің ойымша менде де жүрекке ұқсас бірдеңе барына шәк келтірмессіз. Ол тұлдыр жетім еді. Не әке, не шеше жоқ. Оған мен керек болдым. Оны жақсы көру себебім сондықтан. Кішкентай балалар сондай дәрменсіз келеді, сол себепті оларға алғашқы кездескен, тіпті мен сияқты адам да қамқоршы бола береді. Козеттаға қатысты бұл міндетті мен өз мойныма алдым. Мұндай ұсақ-түйекті ізгілікті іс деп айтуға ауыз бармайды, бірақ бұл шын мәнінде игі іс болса, онда мен соны жасадым. Мұны қылмысты жұмсартатын бір жағдай деп атап қойыңыз. Бүгін Козетта менің өмірімнен кетеді, жолымыз екі айрылады. Қазірден бастап мен бірдеңе жасай қоюға қауқарсызбын. Ол енді баронесса Понмерси. Оның енді басқа жебеуші періштесі бар. Бұл өзгерістен Козетта тек ұтты. Барлығы да жақсылықтың жоралғысы. Ал анау алты жүз мың франк, — оның мәнін сіздің сұрайтыныңызға және сеніп отырмын, — маған тек сақтай тұру үшін берілген. Қандай жағдаймен ол сіздің қолға түсіп жүр деп сұрайсыз ғой. Оның қандай жолмен түскені сізге бәрібір емес пе! Мен өзіме сақта деп сеніп тапсырылған дүниені ғана беріп тұрмын. Бұдан артық енді сұрайтын ештеңе де жоқ. Өзімнің шынайы есіміме дейін айтып, борышымды ақыр соңына дейін өтедім ғой деп ойлаймын. Ал бұл енді тек маған ғана қатысты. Маған ең маңыздысы менің кім екенімді сіздің білгеніңіз ғана.
Осыны айтып Жан Вальжан Мариустің бетіне тура қарады.
Мариустің бастан кешкен сезімі буалдырлау да бейберекет. Су жалдарын бұрқандырып, аспанға көтеретін өктем желдің екпініндей тағдыр соққысы жан-жүрегімізде де дауыл тұрғызатыны бар.
Біздің қай-қайсымыздың да терең тебіреніс сәттеріміз болады, әсіресе ол абдырап абыржыған кезде күшейіп кетеді; біз алғаш ойымызға не келсе соны айтамыз, ол көбіне айтылуға тиісті нәрсе болып шықпайды. Адам төзгісіз ойда жоқ жаңалықтар болады, олар у қосқан шарап сияқты жындандырып жібере жаздайды. Мариус те төбесінен тас түскендей есеңгіреп, адал мойындауы ішін удай ашытып, Жан Вальжанды алғаш кінәлағысы да келді.
— Түсінсем бұйырмасын, — деді дауысын көтеріп ол, — осының бәрін маған не үшін айтып тұрсыз? Сізді сонша кім мәжбүрледі? Өз құпияңызды өзіңізде сақтауға болатын еді ғой. Сізді ешкім ұстап бермейді, ізіңізге түспейді, қудаламайды да. Мұндай мойындауға өз еркіңізбен бару үшін себеп болуы керек қой.
Айтқан соң енді ақырына дейін айтыңыз. Бұл арада беті ашылмай жатқан бірдеңе бар. Қандай мақсатпен өзіңізді өзіңіз әшкерелеп тұрсыз? Не үшін? Неге?
— Неге дейсіз бе? — деп Жан Вальжан ақырын ғана Мариуске емес, өзіне айтып тұрғандай сөйледі. — Шынында да "Мен — каторжанмын" деп кенет былш еткізіп айта салу каторжанның ойына не себептен келді екен? Олай болса, жауап берейін. Иә, себеп бар және оғаш себеп. Мен мұны адалдығымнан істеп тұрмын. Құлақ қойыңыз, бақытсыздықтың басы мынада: мен өзі ар-ожданымның берік жетегіндегі жанмын. Адам қартайған сайын бұл байланыс айрықша беки түседі. Айналадағы жанды атаулының бәрі құлап, күйреп жатқанда ол байланыс мызғымайды. Егер мен оны үзіп, жойып жібере алсам, бұл түйінді шешіп немесе кесіп, құлақ естіп, көз көрмейтін бір қиырға кетіп қалсам, мен құтылған да болар едім, маған тек Блуа көшесіндегі кез келген көне арбаға мініп тайып тұру ғана қалар еді де, құда да тыныш, құдағи да тыныш сендер үшін бақытты дәурен туар еді. Алайда мен бұл байланысты үзуге тырысып, бар күшімді салдым, бірақ ол берік боп шықты, тартқанға да, созғанға да көнбеді, көнсе мен онымен бірге жүрегімді де жұлып берер едім ғой. Сонда мен өзіме өзім: "Мен басқа жерде өмір сүре алмайды екем. Сондықтан осында қалуым керек" дедім. Сіздікі, әрине, дұрыс. Иә, мен ақымақпын. Ештеңені баяндап білдірмей, бүлдірмей неге жай ғана қала бермедім? Сіз маған өз үйіңізден бөлме ұсынасыз, Понмерси ханым мені өте-мөте жақсы көреді, тіпті ол мамықтаққа да: "Оған құшағыңды айқара аш" деп тапсырыпты, атаңыз мені қуана-қуана қарсы алады, менің ортам оған жарасады, біз бәріміз бірге тұрамыз, бірге ауқаттанамыз, мен Козеттаны,.. — кешіріңіз, дағды бойынша айтып жатырмын, — Понмерси ханымды дастарқанға қолтықтап әкелетін боламын, біз бір шатырдың астында, бір үстелдің басында боламыз, бір шамның жарығын, бір торпештің жылуын қыста бірге пайдаланамыз, жазда серуенге бірге шығамыз. Біз отбасы боп өмір сүрер едік. Бір отбасы!
Осы сөздерді айтқанда Жан Вальжанның өңі сұмдық бұзылып, қорқынышты боп кетті. Екі қолын кеудесіне айқастырып, көзімен жерге тесіле қарағанда аяғының астынан бір түпсіз тереңді қазғысы келгендей көрінді, дауысы кенет күркірей шықты:
— Бір отбасы! — деп айқай салды ол. — Жоқ! Менде отбасы жоқ. Сіздердің отбасыларыңа кірмеймін. Ешқандай адамның отбасына кірмеймін мен. Өзара туыс адамдар тұратын үйлерде мен артықпын. Дүниеде отбасылар бар ғой, бірақ олар мен үшін емес.
Мен аласталған, кеме бортына лақтырып тасталған жанмын. Менің әкем мен шешем болды ма? Соған да қазір күмәндана бастадым. Мынау қыз баланы тұрмысқа берген күні мен үшін бәрі де бітті. Мен оның бақытты екенін, сүйген адамына қосылғанын, олардың қасында қайырымды атасы барын, қуанышқа толы үйі, қос періштенің қастерлі ұясы барын, бәрі де жақсы екенін көзіммен көрдім. Көрдім де өзіме: "оған кіруші болма!" дедім. Менің өтірік айтуға, барлығыңды алдап Фошлеван мырза болып қала беруіме болатын еді. Оған керек болған кезде өтірік айтуын айттым; ал қазір өзім үшін өтірік айтуға хақым жоқ. Рас, маған үндемесем жетіп жатыр, барлығы қаз-қалпында қалары сөзсіз. Сіз мұны айтуға не мәжбүрледі деп сұрайсыз. Барып тұрған болмашы бірдеңе -менің арым. Әйтпесе үндемеуден оңай ештеңе жоқ. Түні бойы өзімді соған сендіруге, көндіруге тырыстым; сіз келіп менен тәубе етуді тілейсіз, оған хақыңыз да бар, менің қазір сізге айтқаным соншалық оғаш та, жарайды, түні бойы мен өзіме бұлтартпас, барынша орынды-ақ дәлелдер келтірдім, шын мәнінде өз шамамнан келетіннің бәрін істедім. Алайда менің жеңе алмағаным мынау болды: Козеттаға байланып, жабысып, желімделіп қалған жүрегімнің бір ұшын берік ұстап тұрған дәнекер жіпті үзе алмадым, сосын жалғыз қалғанда өзіммен ақырын әңгімелесіп тұратынның, яғни ардың дауысын баса алмадым. Міне, сондықтан да бүгін таңертең бәрін де мойындайын деп өзіңізге келдім. Бәрінен, бәрінен дерлік арылмақпын. Өзіме қатыстысы туралы тіпті айтуға да тұрмайды, оны мен өзімде-ақ қалдырайын. Негізгісін сіз білесіз де. Сонымен, міне, бар құпиямды көтеріп өзіңізге әкеп тұрмын. Оны көз алдыңызда ашып та бердім. Бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Түні бойы өзіммен өзім арпалысып шықтым. Бұл арада Шанматье ісіндей емес, жағдай басқа деп өзімді өзім иландырғым келмеді деп ойлайсыз ба, енді не, өз есімімді жасырып мен ешкімге зиян келтірмеймін, Фошлеван есімін маған көрсеткен қызметім үшін айтқан алғысы ретінде Фошлеванның өзі берген, оны өзіме мәңгі қалдыруға әбден болатын еді, онда өзіңіз ұсынған бөлмеде еркін көсіліп, бақытқа шүйгіп жатпас па едім, өз бұрышым бар, ешкімді қыспаймын, Козетта сізге тиесілі болса да, онымен бір шаңырақтың астында тұру көңілге жұбаныш қой. Әрқайсымыздың бақыттан өз үлесіміз болады емес пе. Бұрынғыдай Фошлеван мырза атансам, барлығы жөнге келері даусыз. Бірақ барлығы жөнге келгенмен менің жаным жөнге көне ме? Жан-жақтан маған қуаныш шапағы төгіліп жатар еді де, жүрегімнің тереңін қара түн басып, қайғыға батырар еді.
Бақытты болу жеткіліксіз, дүниеде адам ең әуелі өзімен өзі болуы керек. Енді көз алдыңызға елестетіп көріңізші, мен Фошлеван мырза болып қалған екем дейік, яғни өзімнің шын бет-бейнемді жасырған екем, онда сіздердің гүл атқан бақыттарыңыздың қасында құпия сақтап, тапайдың тал түсінде өзіммен бірге қараңғы түнекті алып жүргенім ғой, ол сізге ескертпей каторганы әншейін отыңыздың басына алып келу боп шықпай ма, оның үстіне менің кім екенімді біл деген оймен дастарқандарыңыздың басына отырсам, мені таяқпен аулақ қып тастауы даусыз; ал адамдарыңызға өзіме қызмет еткізіп, соңынан олар менің кім екенімді біліп қалса: "Қандай сұмдық!" деп шыңғырып тұра қашпасына кім кепіл. Менің сізге шынтағым тиіп кеткен кез болды, шын мәнінде ол сіздің тарапыңыздан жиіркеніш туғызуы керек-ті, қол қысыстық, ол ықыласты да ұрлап алғандай болып отырмын. Сіздің үйде құрметті шаштың қастерлі ағымен және масқара шаштың ағымен бөлісуге тура келеді; былайынша, барлық жүрек бір-бірі үшін ашық сәтте, төртеуіміз түгел: ата, қыз бен өзіңіз, Козетта мен мына мен риясыз көңілмен жақын араласып отырған сәтте, бәрібір белгісіз біреу қатысып отырды ғой. Онда менің бұл өмірдегі жалғыз қам-қарекетім сіздермен қоян-қолтық жүру үшін құпиямды ашпай, осынау қорқыныштан құдықтың қақпағын орнынан қозғалтпау ғана болар еді. Сөйтіп мен — өлік өзімді тірі сендерге таңамын ғой. Ал Козеттаны өзіме мәңгі бұғаулап тастаймын. Сіз, ол және мен жасыл қалпағының астындағы үш бас болып көрінеміз. Сіз одан тітіркенбейсіз бе? Қазір мен адамдардың ең бақытсызымын, онда ең пасық жексұрыны болмаймын ба! Және бұл қылмысты күн сайын жасаймын ғой. Осы өтірікті де және күн сайын қайталаймын. Осы қара бетпердемен шын келбетімді тағы да күн сайын жасырам. Сіздерді де өз масқарамның күн сайын қатысушысы қыламын. Оған сөз жоқ! Сіздерге менің сүйіктілерім, менің балаларым, менің бейкүнә періштелерім, сөйтіп сіздерге жаман ат келтіремін ғой. Үндемеу оңай ма? Жасырыну жақсы ма? Жоқ, жақсы емес. Өтірік үндемеу деген де бар. Менің өтірігім, менің алдауым, жалғандығым, қорқақтығым, қорқаулығым, қылмысым кеңірдегіме қайта жұтып, түн ортасында тынып, түске қарай тұрып: "Қайырлы таң!" деп көлгірсіп, жатарда "Қайырлы түн!" деп аярлансаң, арымның алдында не айтамын. Козетта екеуіңнің бетіңе қалай қараймын, періште күлкілеріңе жымысқы жымиыспен жауап беремін бе — он да ең жексұрын оңбаған мен болмаймын ба! Сонда осынша аярлыққа не үшін барамын? Бақытты болу үшін бе? Мен бе бақытты болатын! Оған жалпы менің хақым бар ма? Мен өмірден лақтырып тасталған жанмын, мырза!
Жан Вальжан тоқтады. Мариус үндеген жоқ. Ойлар жүрек азабымен тыныстаған мұндай ағыл-тегіл ақтарылуды тоқтатуға болмайды, мүмкін де емес. Жан Вальжан дауысын қайта баяулатты, бірақ үні ақырын болғанмен айбарлы шықты:
— Сіз мұны неге айтып тұрсыз деп сұрадыңыз? Сізді ешкім ұстап бермейді, ізіңізге түспейді, қуғындамайды дедіңіз! Керісінше! Мені ұстап та береді, ізіме де түседі, қуғындайды да. Ол кім дейсіз бе? Ол менің өзім. Мен өзім өз жолымды кесемін, өзімді сүйрелеймін, итеремін, тұтқындаймын, жазалаймын. Ал өз қолыңа өзің түскенде одан жұлқынып шығып кету қиынның қиыны.
Осы арада Жан Вальжан өз жағасын қапсыра ұстады:
— Мынау жұдырыққа қараңызшы, — деді ол. — Осы жұдырық мына жағаға жабысып мәңгі қатып қалған жоқ па екен деп ойламайсыз ба? Міне, адамдық арда да осындай өлтірмей босатпайтын шеңгел бар. Егер, мырза, бақытты болғыңыз келсе, ешқашан борыш, парыз дегенді ақылға түсіремін деп әуреленбеңіз, оны сол түсінуге тырыссаңыз болды, қандай қатал, ымырасыз екеніне көзіңіз жетеді. Ол сырына үңілгеніңіз үшін-ақ жазалайды, бірақ сізді көтермелейтін де сол болады, тозаққа өзі сүйреп апарып, құдайдың қасынан бір-ақ шығарады. Өз жаныңды өзін жегідей жемейінше бұл жалғанда өзіңмен өзің бола алмайсың.
Азапты да қасіретті раймен ол сөзін жалғастыра берді:
— Понмерси мырза! Бәлкім, мұным парасатты ақылға қарама-қарсы да болар, бірақ мен — адал адаммын. Міне, сондықтан да сіздің көз алдыңызда құлдырап, өз алдымда асқақтап барамын. Мұндай жайт бұрын да бір кездескен, онда маған мұндай ауыр соққан жоқ еді, қазіргінің қасында ол түкке де тұрмайтын. Иә, мен адал адаммын. Егер менің кінәмнан сіздер мені бұрынғыдай құрметтей берсеңіздер, өз басым ондай адал адам болмас едім. Енді қазір сіз мені жек көре бастағанда, өзімнің адалдығыма көзім жетіп тұр. Еңсемді жазмыш жаншып барады: пайдалансам мен заңсыз меншіктелген сый-құрметті ғана пайдалана аламын, ал ол мені іштей қорлайды, жанымды жейді, шынтуайттап келгенде өзімді өзім қадір тұтуым үшін басқалардың мені жек көргені керек. Сонда мен басымды асқақ ұстаймын. Мен — каторжанмын, бірақ арымның алдында құлмын, оған бағынамын. Мұның онша шындық болып көрінбейтінін де өте жақсы білемін. Бірақ ақиқаты осы болса, амал қанша. Мен өзіммен өзім шарт жасасқанмын, сол шартымды орындап жүрмін. Көп нәрсеге міндеттейтін кездесулер болады, борышымызды өтеуге үндейтін кездейсоқтықтар да болады. Көріп тұрсыз ғой, Понмерси мырза, менің өмірде көп нәрсені бастан кешуіме тура келген.
Жан Вальжан үндемей қалды, сосын кермек дәмі керек болғандай сілекейін зорлап жұтып, сөзін қайта сабақтады:
— Алда-жалда адамға қорлық таңбасы басылса, ол өзінің масқаралығын басқалардың өз ырқынсыз бөлісуін талап етпеуге тиіс, обаны өзгелерге жұқтыруға оның хақысы жоқ, басқаларды білдіртпей өзі құлаған орға жетелемеуі керек, өзінің тұтқын күртесін жанындағылардың иығына жауып, өз сорлылығымен жақындарының бақытына көлеңке түсірмегені ләзім. Денсаулығы дертіп гүлдеп тұрғандарға жақындап, қараңғыда өзінің құпия мерезімен жанасу — барып тұрған қасекілік. Фошлеван мені өз есімімен мың жерден қарыздандырып, қаржыландырса да, оны асыра пайдалануға хақым жоқ, ол маған есімін қанша берсе де, оны мәңгі алып жүруге батылым бармайды. Есім деген адамның "мені" ғой. Байқайсыз ба, мырза, мен шаруа болған ыммен де көп жайды толғадым, біраз дүние оқыдым; өз ойымды айта да білемін. Барлығы жайында өзіме есеп те бере аламын. Мен өзімді өзім тәрбиеледім. Демек, біреудің есімін ұрлап, соның тасасына тығылу — арамдық. Әліппенің әріптерін де әмиян немесе сағат ұрлағандай алаяқтық жолмен меншіктеуге болады. Жасанды жалған қолмен біреудің тәні мен қаны болу, адал адамдардың есігіне қайқы кілт болып, олардың өміріне алдап ену, ешкімнің бетіне тура қарай алмай, көзіңді ылғи да аударып әкету, өзіңді өзің оңбаған залым сезіну деген, — жо-жоқ, жоқ, атамаңыз. Одан да қайғы шегіп, қан жұтып, өз бетіңді өзің тырнап, түн баласы тыныштық көрмей, шер-мұңмен өз жаның мен тәніңді азапқа салғаның артық. Міне, мен сондықтан да сізге барлығын айттым. Өзіңіз айтқандай, барлығын алдыңызға өз еркіммен жайып салдым.
Ол ауыр күрсінді:
— Баяғыда өмір сүру үшін нан ұрладым; өмір сүру үшін енді біреудің есімін ұрларым жоқ.
— Өмір сүру үшін дейсіз бе? — деп сөзін бөлді Мариус. — Сізге өмір сүру үшін бұл есімнің қажеті жоқ.
— Аһ, не айтып тұрғанымды мен білемін! — деді Жан Вальжан басын ақырын ғана шайқап.
Тыныштық орнады. Екеуі де үндемей, терең, ауыр ойға шомды. Мариус басын қолымен тіреп, бүгілген саусағын езуіне жапсырып үстелдің қасында отыр. Жан Вальжан бөлмеде ерсілі-қарсылы жүріп жүр. Ол айнаның алдында тоқтады, сосын өзінің үнсіз қарсылығына жауап бергендей ештеңе көрмейтін көзін айнаға қадап тұрып:
— Есесіне енді өз жүрегімді бір жеңілдеттім, - деді.
Ол қайтадан қозғалып бөлменің екінші шетіне бет алды. Қайта бұрылып жүрген сәтте ол өзін Мариустің көзімен ұзатып салып отырғанын байқады.
— Аздап аяғымды жазып алайын. Неге екені енді сізге түсінікті шығар, — дегенді айрықша бір мақаммен айтты да ол сөзін әрі жалғастырды:
— Ал енді, мырза, мынаны көз алдыңызға елестетіп көріңізші: мен ештеңе айтпадым дейік, Фошлеван мырза болып қалып, орталарыңыздан орын алып, өз кісілерің боп, өз бөлмемде тұрып, үйде киетін кебіспен ертеңгілік асқа келіп, кешкісін үшеуміз театрға барып, мен Понмерси ханымды Тюильри немесе Король алаңындағы саяжайға ертіп апарып, біз ұдайы бірге жүрсек, сіз мені өз ортаңыздың адамы деп санар ма едіңіз? Күндердің күнінде біз әңгіме-дүкен құрып, мен мұнда, сіз анда күліп-ойнап отырғанда кенеттен сіз "Жан Вальжан!" деп дауыстаған қатты дауысты естисіз. Әне қараңғыдан бір үрейлі қол, полицияның қолы созылып кеп, ойда жоқта менің бет-пердемді жұлып алсын.
Ол тағы да үндемей қалды. Үрейден дір ете қалып Мариус орнынан тұрып кетті.
— Сіз бұған не айтасыз? — деп сұрады Жан Вальжан.
Оның жауабы Мариустің үнсіз қалуы болды.
Жан Вальжан әрі қарай сөйледі.
— Көріп отырсыз, менің ашық ақтарылғаным дұрыс болды. Құлақ салыңыз, бақытты болып, аспанға шырқаңыз, екінші періштеге пана періште болыңыз, күннің шапақ-нұрына бөленіп, соны қанағат тұтыңыз. Өз борышын өтеу үшін бейшара міскіннің өз кеудесін айқара ашқанында сіздің шаруаңыз қанша? Сіздің алдыңызда бақытсыз адам тұр.
Мариус баяу жақындап келіп Жан Вальжанға қолын созды. Алайда Мариуске оның қолын өзі алуына тура келді. Оның қолы қарсы көтерілген жоқ. Оған сонда да Жан Вальжан қарсылық көрсеткен жоқ, оның тастай қолын қысқандай көрінді Мариуске.
— Атамның достары бар, — деді Мариус, — сіз үшін кешірім жасатуға тиіспін.
— Кеш, — деді қарсылық білдіріп Жан Вальжан. — Мені өлген деп санайды, маған сол жетіп жатыр. Өлілерге полицияның бақылауы жүрмейді. Оларға мола да тып-тыныш шіруге мүмкіндік береді. Өлім дегенің де сол кешірімнің бір түрі ғой.
Өз қолын Мариустің саусақтарынан шығарып алып, ол сондай бір бұлтақсыз кісілікпен өз пікірін жинақтады:
— Оның үстіне дос деген менде де бар, оның да көмегіне жүгінуге болады, ол досым — борышымды орындауым. Өз басым бір ғана кешірімді қажетсінемін, ол маған ар-ожданымның қандай сый тартатыны.
Осы кезде қонақжайдың бір шетінде есік жартылай ашылып, оның екі жармасының арасынан Козеттаның басы көрінді. Оның тек сүйкімді жүзі ғана көрінді, шашы таңданарлықтай жалтылдап бей-берекет шашылып, омырауын жауып тұр, қабағы сәл-пәл ісіңкі. Ұядан басын қылтитқан балапан сияқты ол жанарымен күйеуін бір сипап өтіп, сосын Жан Вальжанға айқайлап жіберді, бәз-бір раушан жымиып шешек жарған іспетті.
— Сіздердің саясат соғып отырғандарыңызға бәс тігемін. Менімен бірге болудың орнына саясатпен шұғылдану ерсі емес пе.
Жан Вальжан дір ете қалды.
— Козетта! — деп міңгірледі де Мариус үнсіз қалды.
Екеуі де бәз-бірдеңеге кінәлі сияқты көріне ме, қалай өзі!
Разылықтан жайраңдай жайнаған Козетта екеуіне кезек қарайды. Жанарында оның пейіштің ұшқыны ойнайтын тәрізді.
— Мен сендерді тура қылмыс үстінде ұстадым, — деп мәлімдеді Козетта. — Әлгінде ғана есіктің сыртынан менің әкем Фошлеванның "Ар-ождан... Өз борышыңызды орындау" дегенін есіттім, бұл саясат туралы емес пе! Мен оны қаламаймын. Бірден екінші күні саясат жөнінде айтуға болмайды ғой. Бұларыңыз жақсы емес.
— Сен қателесесің, Козетта, — деп қарсылық білдірді Мариус. — Біздікі іскерлік әңгіме. Біз сенің алты жүз мың франкіңді тиімді ұқсату жайын ақылдастық.
— Мәселе онда емес, — деп сөзін бөлді Козетта — Міне, мен келдім. Осында мені көргісі келетіндер бар.
Батыл адымдап ол қонақжайға кірді. Үстінде жеңі ұзын, мойынынан аяқтың басына дейін бүрмеленген іш-көйлек. Бағзыдағы орта ғасыр суреттеріндегі алтын аспанда ұшып жүретін періштелердің үстінен көретін шұбатылған көйлек бұл.
Ол өзін бастан-аяқ шарайнадан көрді де шадыман шаттықтың шабытымен дауыстап:
— Әлемде король мен королева өмір сүріпті! О, мен қандай қуаныштымын, — деді.
Мариус пен Жан Вальжанға тағзым етіп сәлем жасады.
— Енді міне, сіздердің қасыңызға мамықтаққа жайғасайын, — деді ол — ертеңгілік ас жарты сағаттан кейін болады, сіздер қалаған әңгімелеріңізді айта беріңіздер, ерлердің сөйлесуді ұнататынын білемін, мен үндемей ғана отырайын.
— Біздікі іскерлік әңгіме ғана.
— Білесіздер ме, жаңа мен терезені ашып едім, — деп Козетта қайта сөз бастады, — қазір біздің баққа бұлттай қаптап күлдіргі айғайкөктер ұшып келді. Карнавалдың сайрауықтары емес, кәдімгі торғайлар. Бүгін кешірім сәрсенбісі, ал оларда әлі құймақ мейрамы.
— Кішкентай Козетта! Біз шаруа жайын сөйлесіп отырмыз. Сан-сапалақ сандарды айтамыз. Сені мезі етеміз ғой.
— Сен бүгін өте әсем галстук тағыпсың, Мариус. Өзіңіз керемет сәнқой екенсіз ғой, мәртебелі патшам. Жоқ, маған көңілсіз болмайды.
— Шынын айтып тұрмын саған, зерігіп кетесің.
— Жоқ, зерікпеймін. Өйткені әңгімелесетін сіздер. Мен сіздерді түсінемін де, тыңдап отыра беремін. Сүйікті дауыстарды естігенде сөздің мәнін ұғудың қажеті жоқ. Осында сіздермен бірге болсам, маған басқаның қажеті жоқ. Айттым — бітті, қаламын.
— Козетта, сүйіктім менің, ол мүмкін емес.
— Мүмкін емес дейсің бе?
— Иә.
— Онда амал кешік, — деді Козетта. — Ал мен сіздерге атаның әлі ұйықтап жатқанын, тәтейдің ғибадат қылуға кеткенін, менің әкем Фошлеванның бөлмесінде торпеш түтіндеп тұрғанын, Николеттаның тұрба тазалаушы шақырғанын, Тусен мен Николеттаның қағысып та қалғанын, Николеттаның Тусеннің кекештенетінін мазақтайтынын айтайын деп едім. Енді сіздер ештеңе де білмейсіздер. Мүмкін еместің қандай екенін енді көріңіздер. Әзірге тоқтай тұрыңыздар, көресіздер ғой, менің де кезегім келеді, мырза, сонда мен де: "мүмкін емес ол" деймін. Сонда кімнің мұрнына қолын тығып қалатынын көресіз. Мариус, айналайын, сіздермен отыра тұруыма мұрсат берші!
— Ант етейін, бізге бөгде адамсыз әңгімелесу қажет боп тұр.
— Сонда мен бөтен, бөгдемін бе?
Жан Вальжан ләм-мим деп тіл қатқан жоқ. Козетта соған бұрылып:
— Ал сіз ше, әке? — деді. — Ең алдымен сіздің мені сүйгеніңізді қалаймын. Сосын мені жақтап араға түсудің орнына тіс жарып, бір ауыз сөз айтпауыңызды неге жоримыз. Тәңірі маған мұндай әкені не үшін сыйлады. Менің отбасылық өмірде бақытсыз екенімді сіз анық көріп отырсыз ғой. Күйеуім мені ұрады. Сізге айтып тұрмын ғой мені сүйіңіз деп.
Жан Вальжан оған жақындады.
Козетта Мариуске қарап:
— Міне саған тыржиған, енді көр, — деді.
Сосын Жан Вальжанға маңдайын тосты.
Ол оған қарсы адымдады.
Козетта шошып кетіп:
— Сіз неғып құп-қу боп кеткенсіз, әке! О не, қолыңыз соншалық қатты ауыра ма? — деді.
— Ауруын қойған, — деп жауап қатты Жан Вальжан.
— Әлде нашар ұйықтадыңыз ба?
— Жоқ.
— Уайымдайсыз ба?
— Жоқ.
— Онда мені сүйіңіз. Егер сауықсаңыз, жақсы ұйықтасаңыз, разы болсаңыз, мен сізге ұрыспаймын.
Ол оған маңдайын қайта тосты.
Жан Вальжан оның аспани тазалықпен жарқырап тұрған маңдайынан сүйді.
— Енді жымиыңыз!
Жан Вальжан оның айтқанын істеді. Бірақ жымиюы өзінікі емес, елестікі сияқты болды.
— Ал енді мен күйеуімнен қорғаңыз.
— Козетта!.. - деп қалды Мариус.
— Әке, өзіне ұрсып беріңізші. Айтыңызшы оған менің қалуым қажет деп. Мен отырғанда да тамаша әңгіме соғуға болады ғой. Байқаймын, сіз мені әлі де баяғы ерке, есер қызыңыз санайсыз. Қалайша сіз әдетіңізде жоқ нәрсе сияқты сөйлеп тұрсыз? Банкке ақша салу да сонша маңызды шаруа болып па? Еркектер ұдайы болмашыдан құпия жасайды. Мен бүгін мейлінше жақсымын. Маған бір қарап қойшы, Мариус.
Ол иығын бір қозғап қойып, ернін ғажайып бұлтитып, Мариуске көзін көтерді. Осы екі жастың ортасынан жалт етіп жасын ойнап өткендей болды. Бұл арада үшінші кісі отырғанына ешбір мән болмады.
— Сүйемін сені! — деді Мариус.
— Одан бетер қастер тұтамын, — деді Козетта.
Бой бермес бір күшке бағынып, олар бір-бірінің құшағына құлай кетті.
— Ал енді, — деп қайта бастады Козетта қызық бір мерейлі бейіммен көйлегінің бүгістерін түзеп қойып, - мен қаламын.
— Жоқ, қалуға болмайды, — деді Мариус жалынышты үнмен. — Біздің бір шаруаны тындыруымыз керек.
— Тағы да жоқ дейсің бе?
Мариус өз дауысына қатаң реңк бергісі келіп:
— Сенсеңші, Козетта, айтқанға, ол мүмкін емес деп тұрмын ғой, — деді.
— Ә, сіз әміршінің даусына көштіңіз бе, мырза! Жақсы онда. Біз кетеміз. Ал, әке, сіз сонымен маған болыспадыңыз ғой. Жұбай мырза, әкей мырза, сіз екеуіңіз де тирансыздар. Қазір бәрін де атаға айтамын. Егер сіздер мен қайта оралып, өтінеді, жалынады деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Мен өрмін. Енді тек өздеріңіздің келулеріңізді күтемін. Көресіздер ғой, менсіз қалай көңілсіз болатынын. Мен кеттім, өздеріңізге де сол керек.
Сөйтіп ол бөлмеден шығып кетті.
Бір секөнттен соң есік қайта ашылды, тағы да екі жарманың арасынан үлбіреген шырайлы жүзі көрінді де ол дауыстап:
— Мен өте ашулымын! — деді.
Есік жабылды да, қайта түнек орнады.
Адасып жүрген күн нұры түнекті кенет қақ жарып, ізінше жасырылып қалғандай болды.
Мариус есіктің дұрыс жабылған, жабылмағанын тексерді.
— Бейшара Козетта! — деп күбірледі Мариус. — Ол бәрін білгенде...
Осы сөз айтылғанда Жан Вальжан қалтырап кетті. Апалақтаған жанарын Мариуске қадап, сөз бастады:
— Козетта! Иә, сіз, рас, бәрін Козеттаға айтасыз ғой. Ол әділдігі әділдік. Аһ, мен мұны ойламаппын. Адамның күші бірдеңеге жетеді. Бірдеңеге жетпейді. Мырза! Жалынамын да, жалбарынамын сізге, мырза, Козеттаға ештеңе айтпаймын деп барлық әулиелердің атынан ант беріңізші. Өзіңіз бәрін де білдіңіз ғой, сол да жетпей ме? Мен мұны ешкім мәжбүрлемей-ақ өз еркіммен кімге болсын айтып, бүкіл аспан әлеміне жаяр едім. Тек қана ол, Козеттам ештеңе білмесе екен. Ол оның үрейін ұшырады. Ойлап қара, каторжан дейді. Оған "Бұл кісі кеме құлдығында, яғни галерде болған" деп түсіндіруге тура келер еді. Ол бірде каторжандар легінің қалай өткенін көрген-ді. Құдайым-ай, құдайым, енді ондайды көрсетпесін де естіртпесін!
Қатты еңіреп жылау адамды тұншықтырады. Жан Вальжанның он бойынан діріл жүгіріп өткен тәрізді, ол тынысын өзгерткісі келгендей мамықтақтың арқасына шалқайды, Мариус оның жас жуған жүзін көріп, түпсіз тереңнен шыққандай баяу сыбырын естіді.
— Шіркін-ай, өле қалсам ғой.
— Тынышталыңыз, — деді Мариус, — мен сіздің құпияңызды имандай сақтаймын.
Мүмкін, Мариус онша тебіренбеген де шығар. Бір сағаттың ішінде мынадай жаңалықпен ауыл-үй қона қою қиын ғой, ақиқатқа бірте-бірте бауыр басып, мынау каторжанның Фошлеван мырзаны қалай қалқалағанын, өзі мен мынау кісінің арасында терең құздың қалай пайда болғанын көзімен көруі керек. Алайда ол сөзін жалғап:
— Өзіңізге сеніп тапсырылған мүлікті қалай адал сақтап, мұртын қисайтпай қайтарып бергеніңіз туралы тым құрса бірер сөз айтайын да. Бұл сіздің білік парасатыңыздың белгісі. Бұл үшін сіздің сыйлық алуыңыз әбден орынды әрі әділдік болар еді. Қажетті сомасын өзіңіз тағайындаңыз, бірден төленеді. Ол тым жоғары болып кете ме деп қауіп ойламаңыз.
— Сізге рахмет, мырза, — деп қысқа қайырды Жан Вальжан.
Ол бір сәт ойланып қалды да, сұқ саусағының ұшымен бас бармағының тырнағын абайсыз сипап, сосын даусын сәл көтеріп:
— Барлығы дерлік аталды, — деді. — Ең соңғысы қалып тұр...
— Атап айтқанда...
Жан Вальжанды керемет бір батылсыздық биледі. Үнсіз, тіпті тынысын шығармай сөйледі, дәлірек айтқанда міңгірледі.
— Енді барлығы өзіңізге белгілі болғанда, мырза, сіз — Козеттаның күйеуі, менің онымен қайта көрісуім мүмкін емес деп санайсыз ба?
— Мен солай болғаны дұрыс па деп санаймын, — деп салқын жауап берді Мариус.
— Мен оны қайтіп көрмеймін, — деп күбірлеген Жан Вальжан шығар ауызға бет алды.
Ол есіктің тұтқасын қозғап қалып еді, бұралып кетті де, есік жартылай ашылды. Жан Вальжан өту үшін оны кеңірек ашты, бір минөттей қимылсыз тұрып қалды, сосын есікті қайта жапты да Мариуске бұрылды.
Оның жүзі бозарғанынан өзгеріп, қорғасын түстес реңк алыпты. Көзі құрғақ, бірақ бір қайғы оты жалын шашады. Даусы сұмдық сабырлы.
— Егер сіз мұрсат берсеңіз, мырза, мен оған келіп-кетіп тұрайын. Сенсеңіз, бұл маған өте-мөте қажет. Козеттаны көріп тұру сондай маңызды болмаса, өзіңіз есіткен мойындауды мен жасамай, жай ғана кетіп қалатын едім. Алайда мен Козеттаның жүрген жерінде қалып, оны көріп тұрғым келді, міне, сондықтан да сізге барлығын адалымнан ақтарылып айтуға тиіс болдым. Менің ойымды зерделесеңіз, бұл жай да түсінікті. Байқайсыз ба, оның менімен болғанына табаны күректей тоғыз жыл, әуелі біз Бульвардағы лашықта тұрдық, сосын монастырьде, сосын Люксембург бағының маңында тұрдық. Сіз оны алғаш көрген жерде оның көк барқыт қалпағын ұмытқан жоқсыз ба? Содан соң біз Мүгедектер орамына Плюме көшесіне көшіп бардық, біздің тортемірлі бағымыз болды. Мен сыртқы аулада тұратынмын, оған оның фортепьяносының үні естілетін. Менің бар өмірім, міне осы. Біз ешқашан ажырасқан емеспіз. Ол өмір тоғыз жыл және бірнеше айға созылды. Мен оның әкесін алмастырдым, ол менің нәрестем болды. Сіз мені түсінесіз бе, түсінбейсіз бе, білмеймін, Понмерси мырза, қазір кету, оны қайтіп көрмеу, онымен қайтіп сөйлеспеу барлығынан да ауыр. Егер сіз жамандыққа жорымасаңыз, Козеттаға ара-тұра келіп тұрайын. Жиі де келмеспін, ұзақ та отырмаспын. Мені төмендегі кіші залда қабылдасын деп өкім берсеңіз болды. Бірінші қабатта ғана. Әрине, қызметшілер кіріп-шығып жүретін қара есіктен-ақ келуіме болар еді, бірақ алып-қашты сөз туады ғой. Әлбетте, көше жақтағы басты есіктен кірген дұрыс болар. Шынында да анда-санда. Козеттамен тым-ақ кездесіп тұрғым келеді. Сіз қаласаңыз, сирек болса сирек болсын. Өзіңізді менің орнымда елестетіп көріңізші, одан өзге менде бұл өмірде ешкім жоқ қой, ешкім. Ал сосын сақ та болу керек. Егер мен мүлдем келмей кетсем, ол жаман әсер қалдырар еді, жұрттың бәрі оғаш санар. Міне былай: мен кешкісін ымырт үйіріліп, қараңғылық түскенде келейін.
— Сіз кеш сайын келетін боласыз, — деді Мариус, — және Козетта сізді күтеді де.
— Сіз өте қайырымды жансыз, мырза, — деді Жан Вальжан.
Мариус Жан Вальжанға басын иді, бақытты бақытсызды есікке дейін шығарып салды да бұл екі кісі айырылысты.
Екінші тарау
ӘШКЕРЕЛЕУДЕ ҚАНДАЙ ДҮДӘМАЛ
ҚАЛУЫ МҮМКІН
Мариус қатты күйзелді.
Козеттаның қасында көретін осы адамға деген ерек бір жатсыну сезімін ұдайы бастан кешуші еді, енді сонысы түсінікті болды.
Түйсігі ертерек сақтандырған осынау тұлғада бір жұмбақ сыр барын сезетіндей еді. Жұмбағы масқараның соңғы сатысы — каторга болып шықты. Фошлеван мырза каторжан Жан Вальжан екен.
Бақытының шешек жарған шағында аяқ астынан мұндай құпияны ашу кептердің ұясынан бүйіні көруімен бара-бар болды.
Мариус пен Козеттаның бақыты бұдан былай осындай көршілікке душар болмақ па? Мұны басы бүтін біткен оқиға деуге бола ма? Некеге отыра тұрып Мариус осы адамды қабылдауға міндетті ме? Қалайша бұған еш амал жасауға болмайды?
Сонда өз өмірін каторжанмен мәңгі ұштастырғаны ма?
Жарық пен шаттықтан өрілген гүлдесте бақыттының басын безендірсін де, ол өзінің ұлы, рақат сәтінен махаббаттың балшырынын бөліп ішіп ләззат алсыншы, алайда өмірдің салтанатты шағында мынадай соққы періштенің өзін қалтыратып, даңққа бөленген батырдың өзін діріл қақтырары даусыз.
Әдетте осындай өзгеріс үстінде болатындай, Мариус ойланып-толғана отырып бәрі үшін өзін де кінәлағысы келді. Оны ішкі сезімі алдаған жоқ па екен? Еркінен тыс жеңілтектік жасап алған жоқ па? Бәлкім біраз деңгейде солай болған да шығар. Козеттамен ақыры некелесумен тынған осынау махаббат хикаясына әнтек кіріп кеткен жоқ па, тіпті жарының ата-тегі, туғандары туралы мағлұмат та жинамапты ғой. Қылған қылығымызды дәйектілікпен айқындай отырып, өмір осындай жолмен біртіндеп ақылымызды байытады емес пе? Енді ол өз мінез-құлқындағы арманшылдық пен қиялшылдыққа бейім қырларын көрді, көзден қағас бұлтқа ұқсас бұл қасиет көптеген тұлғаларда құштарлықтың ұстамалы дерті кезінде жанның қызуын өзгертіп, адамды тұтас билеп, көмескілендіреді. Мариус тұлғасының өзіне тән осындай ерекшелікті әлденеше атап көрсеткенбіз. Ол Плюме көшесінде рақат кешкен алты-жеті аптаның ішінде махаббатқа мас боп отырып Козеттаға Горбо үйінде болған қасіретті оқиға туралы ауыз да ашпапты, сондағы жәбірленушінің оғаш тәртібі, айқас кезінде қасарып үндемеуі, алас-күлес аяқтала ұшты-күйлі жоқ боп қашып кетуі туралы бір рет те сөз қозғамапты. Ол турасында Козеттаға ештеме айтпауы қалай? Ол оқиға бертін өтіп, сұмдық болған еді ғой. Тенардьенің отбасын, әсіресе сол күні Эпонинаны кездестіргенін еске алмағаны қалай болды екен? Қазір ол өзінің сондағы үндемей қалуын әрең түсіндіреді. Оның үстіне ол жөнінде өзіне берген есебі де бар-тын. Ол өзін, өзінің ессіздігін, Козеттаның лебіне мас болғанын, алды-артын орап алған махаббатты еске түсірді — бұл ғашықтардың мұрат биігіне көтерілуі болатын. Бәлкім, көңілдің сол бір буырқанған, ғаламат шабытты шағында ақылдың елеусіз бөлшегі ретінде сол бір буалдыр, тасадағы ойларды жасырып, жадынан қатерлі оқиғаларды ысырып тастау ниетінен де туған болуы керек ол. Өйткені ол өзі ешқандай рөл атқарғысы келмеген, қайта қан-қан оқиғаның ол не баяндаушысы, не куәгері, не айыптаушысы да бола алмайды. Оның үстіне ол бірнеше апта жай отындай жарқылдап, көз ілеспестей тез өте шықты, бірін-бірі сүйіп қызықтаудан басқаға уақыт та болмады, мұрша да келмеді. Ақыр соңында барлығын ой таразысына тартып, қайта қарап, талқылап барып ол Козеттаға Горбо үйіндегі торуылды айтып, Тенардьенің атын атаған күннің өзінде оның қандай мән-маңызы бар? Тіпті алда-жалда Жан Вальжанның каторжан екенін өзі ашқан жағдайда ол Мариустің жан әлемінде бірдеңені өзгерте алар ма еді? Козеттада да бірдеңе өзгертер ме еді? Мариус одан безер ме еді? Қастер тұтуын доғарар ма еді? Жар етіп алудан бас тартар ма еді? Жоқ. Тынған іске титімдей болса да әсер етер ме еді? Әсте жоқ. Демек, өкінетін де ештеңе жоқ, өзін кінәлайтын да ештеңе жоқ. Барлығы да жақсы. Ғашықтар деп аталатын бұл ессіздер үшін аспанда тағы құдай бар. Мариус жазбай көретіндер салған жолмен көзсіз жүріп келеді. Махаббат оның көзін жұмаққа апару үшін байлады.
Бірақ бұл жұмаққа бүгіннен бастап тамұқпен көршілігінен көлеңке түсті.
Мариустің Жан Вальжанға айналған Фошлеванды жақтырмауы енді үреймен алмасты.
Әйткенмен бұл қорқынышты үрейде аяушылықтың, тіпті кейбір таңырқаудың да үлесі бар.
Осынау ұры, барып тұрған жауыз сақтауға берген соманы түгел қайтарды. Және қандай сома десейші! Алты жүз мың франк. Ол ақшаның құпиясын өзі ғана біледі. Оны өзіне қалдыруына да болатын еді, бірақ бәрін қайтарды.
Оның үстіне өзінің шынайы қоғамдық жағдайын ол өзі ашып берді. Оған және ешкім мәжбүрлеген жоқ. Егер оның кім екені ашылса, ол тек өзінің арқасы. Оның мойындауы қорлану емес, үлкен бірдеңеге әзірленуін, яғни қатерге бел бууын білдіреді. Сотталғандар үшін бетперде — бетперде емес, баспана. Жаттың атын алу ол үшін қауіпсіздік, бірақ ол одан бас тартты. Каторжан ол беделді отбасында мәңгі бой тасалап шалқып-толқып өмір сүрер еді, ол ондай әзәзілге көнбеді. Себебі не дейсіз бе? Ар-ожданы соны талап еті. Оны өзі бұлтартпас дәлелдермен түсіндіріп берді. Бір сөзбен айтқанда бұл Жан Вальжан қандай жан болса да, жалғыз-ақ дау туғызбайтыны оның ар-ұятының оянғаны. Онда бәз-бір тылсым түлеу басталған, жан күйзелісі бұл кісіні көптен мазалап, тыным таптырмай жүрген. Жақсылық пен әділдікке мұндай ұмтылыс қатардағы жай тұлғаға тән емес. Ар-ожданның оянуы — жан ұлылығының белгісі.
Жан Вальжан шынын айтты. Осы шындығының өзіне зауал болып, жанын қалай ауыртқанына қарағанда, оның айқын, ашық, көзге түсерлік, бұлтартпас, шынайы адалдығы кейбір дәлелдерді қажетсіз ғып тастап, осынау кісінің сөзіне мәнділік берді. Мариустің де оған қарым-қатынасы біртүрлі өзгерді. Фошлеван мырза өзіне қандай сезім сіңдірді? Сенімсіздік. Одан Жан Вальжан не тапты? Сенім.
Жан Вальжанның жасағандарын ойша таразылай келіп, жақсысы мен жаманын анықтап, безбен басын теңестіруге тырысты. Алайда оның өз айналасында дауыл бұрқап тұрғандай. Осы бір адам туралы айқын пікір қалыптастыру үшін Жан Вальжанның бейнесін өз жадының тереңінен іздеп көріп еді, бәз-бір кәдікті тұманның арасынан бірде тауып алды, бірде жоғалтып алды.
Адал қайтарылған ақша, мойындаудың шынайылығы — бұлардың бәрі жақсы-ақ. Бұл бұлт арасындағы саңылауды еске салса, әрі қарай қара бұлт қоюлана түседі.
Мариустің естеліктері қанша буалдыр болса да, құпияның барын айғақтайды.
Шынтуайттап келгенде Жондреттің шатырында не болды, өзі? Полиция келгенде шағынып, көмек сұраудың орнына бұл кісінің жойылып кетуі қалай? Енді Мариуске оның жауабы айқын. Өйткені ол тұтқында отырған жерінен қашып кетіп, полициядан жасырынып жүр.
Екінші сұрақ: бұл кісі баррикадаға не үшін келді? Қазір Мариустің көз алдына оның елеуреген көңілінен тағы да бір естелік ап-айқын қалқып шыға келді, кәдімгі бір оттың әсерімен жайнап шыға келетін түссіз сия тәрізді. Бұл кісі баррикадада болды. Бірақ ол шайқасқа кірмеді. Онда неге ол араға келді екен? Бұл сұрақтың алдына ербиіп елес тұра қалды да, жауабын сол берді, ол Жавер еді. Мариус енді Жан Вальжанның күдікті келісін, байлаулы Жаверді желкелеп баррикададан қалай алып кеткенін, Мондетурдің бұрышынан естілген үрейлі тапанша үнін айқын елестетті. Тыңшы мен каторжанның арасында ежелгі дұшпандық үзілмей келе жатқанын топшылауға болады. Олар бір-біріне бөгет жасап жүр. Жан Вальжан баррикадаға кек қайтару үшін келген. Және басқалардан кешірек жетті. Зайыры, Жавердің тұтқынға түскенін білсе керек. Корсикалық кек қайтару тәсілі қоғамның төменгі тарабына сіңіп, онда заңға айналған ғой, оның дәстүрге дендеп кіргені жартылай жақсылыққа ұмтылғандардың өздерін де таңдандырмайды, кешірім тілеп, ұрлық-қарлықты күстәналап жүргендердің өзі кек алу ойынан танбайды. Жан Вальжан Жавердің көзін жойды. Былай алып қарағанда, Мариуске ол даусыз сияқты.
Ең ақырында, соңғы сұрақ. Бірақ жауап болмады. Сондықтан ол Мариустің жанын қызған қысқаштай қинады. Жан Вальжан өмірінің ұзақ уақыт Козетта өмірімен үзеңгілес өрбуі қалай болған? Сәбиді мұндай кісінің қолына беру Құдіреттің қандай тылсым ойыны? Демек, жоғарыда да бұғау болғаны ғой, періштені дәуперімен бір шынжыр арқылы кісендеуді Құдайдың өзі жөн көргені ме? Демек, қасіреттің құпия түрмесінде күнә мен пәктік камералас жолдас. Сотталғандардың бұл шеруінде адам тағдыры екі түрлі жан иесін; бірі — ашық та таза, екіншісі — сұмдық ұсқынсыз болса да, бірі — таң шапағына бөленіп жарқырап, екіншісі құдайдың қарғысына ұшырап, жасын отына қарылып қаудырап тұрса да, қатар жүруге кіріптар етеді екен-ау. Мұндай түсініксіз одақтың сырын кім ашып бере алады. Қозыны қасқырға кім қосып жүр, бәрінен де ақылға қонбайтыны қасқырдың қозыға байланып қалғаны, қозыны өлердей жақсы көргені. Қалайша, қандай ғалахмат аспани жап-жас жаратындының тағдырын барып тұрған күнәкардың тағдырымен ұштастырды екен? Дойыр қатал пенде әлсіз, нәзік жан иесін тәңір тұтқан, табаны күректей тоғыз жыл бойы тамұқ тумасы періштеге таяныш, сүйеніш болған. Козеттаның балалық, жастық шағын, қыз болып гүл атқан, өмірге құлшынған шағын, санасы оянған сәтін қызғыштай қорғаған осы әзірейіл. Бұл арада сұрақтар қисапсыз көп жұмбақтарға шашырап, бір терең құздан екіншісі туындап, Мариустің басын әңкі-тәңкі ғып жіберді. Тағы да Жан Вальжан туралы ойлайды. Осынау түпсіз пенде кім болды екен?
Болмыс Кітабының ежелгі бейнелері мәңгілік; қазіргі қоғам жарыққа бет бұрмайынша, адамдардың екі түрін туғыза береді: асқаралы да адам, арамы да адам кездеседі; жақсылықты уағыздайтындар Әбілдің ұрпақтары да, залымдықты жақтайтындар Қабылдың ұрпақтары. Нәзік жүректі мына Қабыл кім болғаны? Мынау қарақшы қыз абыройы алдында әулиедей табынып, оны күзеткен, өсірген, сақтаған, жақсылыққа баулып, тілеуін тілеген, өзі бүлінгеніне қарамастан, оның пәктігін сақтауға жанын салған. Сонда Козеттаны қылаусыз тәрбиелеген Жан Вальжан кім? Жалғыз ғана қам-қарекеті жұлдыздың тууын ойлаған біраз деңгейде қыз жанының жаратушысы болды. Бұл енді даусыз. Одан не шықты?
Жұмысшысы сұмдық ұсқынсыз еді, жұмысы таңғажайып боп шықты. Қандай ғажайып жасаймын десе де құдайдың өз еркі өзінде ғой. Ол таңдай қағып таңданарлықтай Козеттаны жаратты да, тәрбиесін Жан Вальжанға жүктеді. Оның өзіне осындай оқшау көмекші таңдағысы келді. Оған біз не амал жасай аламыз? Көктемде раушан өсіру үшін де алғашында көңді пайдаланбаушы ма еді?
Мариус өз сауалына өзі жауап беріп, оның дұрыстығына өзін иландырды. Атап көрсетілген күмән-күдіктердің бәрі бойынша Жан Вальжаннан жауап алуға батпады және ол батымсыздығын мойындағысы да келмеді. Ол Козеттаны сүйді, Козеттаға ие болды. Козетта пәктігімен шырайланып, пәктігімен мерейленді. Оған осы жетеді. Енді қандай зерттеу жүргізу керек. Оның сүйгені нұр сәуле болып шықты. Нұрсәуле түсіндіруді керек етпейді. Онда күтуге болатынның бәрі бар. Бәрі болса жетпейтіні не? Жан Вальжанның жеке ісінде шаруасы қанша? Ойша кәдікті көлеңкеге еңкейе отырып, ол әлгі аласталғанның: "Мен Козетта үшін ешкім де емеспін. Бұдан он жыл бұрын оның дүниеде барын да білмейтінмін" деген салтанатты мәлімдемесіне тап болады. Жан Вальжан кездейсоқ жүргінші болатын. Оның өзі осылай деді. Міне, ол жанап өтіп кетті. Ол кім болса да, енді оның рөлі аяқталды. Қазірден бастап Козетта құдіретінің орнын басу Мариуске қалды. Көгілжім биігінде Козетта өзіне лайық жан иесін, сүйгенін, ерін, аспанның өзі жіберген жұбайын іздеп тапты. Қуыршақтан шыққан көбелектей түрленіп, қанаттанған Козетта аспанға самғап, өзінің ұсқынсыз қуыс қабығы — Жан Вальжанды тастап кетті.
Басында қандай ойлар шыр айналып жүрсе де Мариус қайта-қайта Жан Вальжанның алдынан үрей кешеді. Қасиетті үрей, бәлкім, біз әлгінде ғана атап өткендей, ол бұл кісіден quid divinum31 сезген шығар. Алайда ол өзін өзі қанша күштесе де, қандайлық жұмсартатын жағдай іздесе де айналып-үйіріліп бір мәселеге орала береді: онысы — каторжан болғаны оның, басқаша айтқанда қоғамдық баспалдақта орны болмаған, оның соңғы сатысына да ілінбей төмен түсіп кеткен пенде. Ең соңғы адамнан кейін әдетте каторжан жүреді. Шын мәнінде каторжан тірілердің санатына қосылмайды. Заң оны адамға тиесілі нәрсенің бәрінен айырған.
Мариус демократ болса да сот жүргізу мәселелеріне келгенде, заң жазалағанның бәрін аяусыз жазалау жүйесі жағында болатын, кімді де сол заңның тұрғысынан айыптайтын. Ескерте кетейік, Мариустің рухани дамуы әлі жеріне жеткен жоқ. Ол әлі адамның сызғаны мен құдайдың сызғанының арасын ажыратып, құқықтан заңды айыра алмайтын. Ол әлі өзіне адам берген құқықты қайта оралмастай, түзетіп жүрместей етіп қолдануды ойлаған да, безбендеген де жоқ. Оны vindieta32 деген сөз ашындырмайды. Жазылған заңға қол сұғу ғұмыр бойғы жазаға лайық деп санап, қоғамдық қарғысты өркениет ойлап тапқан әсер етудің әділетті тәсілі деп білді. Ол әлі алда сөзсіз жоғарылайтын сатыда тұрды, өйткені табиғаты қайырымды болатын, сондықтан прогресс жолына санасыз-ақ түсіп үлгерген.
Осындай идеялар аясында Жан Вальжан оған ұсқынсыз, жиіркендірерлік жан иесі болып көрінді. Ол аласталған жан. Қашқын каторжан. Соңғы сөз оның құлағында әділ соттың өктем үні боп жаңғырды, Жан Вальжан туралы ұзақ толғанысты ол одан теріс айналып тәмамдады. Vade retro33.
Айналып өтуге, тіпті айшықтап көрсетуге болатыны, Жан Вальжаннан сұрағанда оның "Сіз мені тәубеме келтірдіңіз" дегеніне қарамастан, Мариус оған шешуші маңызы боларлық екі-үш сұрақ та қойған жоқ. Ондай сұрақтар алдын кес-кестемегендіктен емес, одан өзі қорыққандықтан қоймады. Жондреттің шатыры ше? Баррикада ше? Жавер ше?
Кім білсін, бұл әшкерелеулердің неге әкеп соғатынын? Жан Вальжан, зайыры, тоқтауға бейілді емес еді, ол шегінуді білмейтін, сондықтан өздігінен мойындауға мәжбүр еткен Мариустің тоқтатқаны абзал болмас па еді? Сұмдық күмән-күдікпен қиналған бәріміз сол сұрақты беріп жауабын естімес үшін құлағымызды тығындап алсақ ше? Әсіресе осы іспетті көңілшектік тән адамдар сөйтер еді деп ойлаймыз. Өзімізге қарсы қатер бүгіп жатқан өмірімізден ажырамас байланыстағы жағдайларды түбіне дейін қазбалап зерттеу ақылдылық та емес. Кім білсін, Жан Вальжанның айбаты мойындауының барлығына қатерлі жарық түсірмесін, кім білсін мынау жиренішті шапақтың Козеттаға дейін жетпесін? Кім білсін, періштенің басында тозақ жалынының жалтылдаған жарығы мәңгі үйіріліп қалмасын? Найзағайдың ең қысқа жалтылының өзі күн күркіретеді, жай түсіреді. Жазмыштың жазуы сондай, тіпті беті ашылмаған пәктіктің өзі тойтарыстың тылсым заңының құрбаны болып, күнәнің таңбасын көтеруге мәжбүр. Ең таза туманың өзінде жиіркенішті көршіліктің табы қалатыны бар. Дұрыс болсын, болмасын Мариус осыдан қорықты. Ол онсыз да тым көп білетін. Оған барлығын түсінгеннен гөрі, барлығын ұмытқан артық сияқты. Әбден асып-сасқан Мариус Жан Вальжанның жанарынан аулақ Козеттаны құшағына қысып кетіп қалуға асықты.
Ол кісі түнмен, жанды да қорқынышты түнмен туыс. Оған үңгіп үңілуге қалай батыл бармақ? Түнектен жауап алудан үрейлі ештеңе жоқ. Оның қандай жауап қайтаратынын кім біледі. Таңғы арай мәңгі күңгірт тартуы ықтимал ғой.
Жанының осындай аласапыран жағдайында Мариусті бұл адамның Козеттамен қарым-қатынасы одан әрі созылатыны алаңдатпай қойған жоқ. Бәлкім аяусыз, қайта оралмас шешім қабылдауға жол ашуы мүмкін кәдікті үш сұрақты қоймай, тартына бергені үшін ол өзін кінәлады. Тым жалпақшешей, тым жұмсақ, турасын айтқанда, тым осал болдым деп санады өзін. Осы осалдығы оны орынсыз талапқа абайламай көнуге итермеледі. Ол көңілі босауына бекер-ақ жол берді. Әй жоқ, шәй жоқ Жан Вальжанды итеріп шығарып жіберуі керек еді. Жан Вальжан кешірім үшін берген құрбандық болды; сол құрбандықты қиып өз үйін ол кісіден аластау қажет-ті. Мариус өзін титықтатып кенеттен лап берген құйынға бұрқылдады, құлағын тығындап, көзін тұмшалап ертіп әкеткен сол деп ұқты. Ол өзіне өкпеледі.
Енді не болады? Жан Вальжан Козеттаға келіп тұрады деген ой керемет жиіркеніш туғызды. Оған бұл кісінің керегі қанша? Не істеу керек? Бұған келгенде ол тұйыққа тіреледі. Өзін өзі түбірлеп, тереңдегісі, тексергісі келді. Ол уәде берді, оның айтқанына ұйығаны сондай, уәдені беріп те салды. Жан Вальжан келісімін алды, тіпті каторжан болса да сөз берген соң оны орындау шарт. Оның үстіне ол ең алдымен Козеттаны ойлауы керек болды. Бір сөзбен айтқанда, жеңістік бермес жиіркеніш өзге сезімінің бәрін тықсырды.
Мариус шатасқан ойының жүйесін ақылға сап, сараптауға тырысты. Ойы бірден бірге жүгіріп, өзін өзі іштей жеді. Оны бітпейтін бір беймазалық билеп алды. Бұл мағынасыздықты Козеттадан жасыру оңай емес, алайда махаббат ұлы талант қой, Мариус өзін өзі ұстай білді.
Өзінің шын мақсатын өзі де білмей, Козетта сырына бойламаған бірнеше сұрақ қойды, бейкүнә ақ көгершіннің балалық һәм жастық шағы туралы әңгімелерін тыңдай отырып, ол каторжанның Козеттаға қарым-қатынасы қайырымдылыққа, қамқорлыққа, кісілікке толы болғанына, ондайды тек парасатты адам ғана жасай алатынына барған сайын берік сенді. Мариустің болжап сезгені дұрыс боп шықты. Қатерлі жүйе тікен лала гүлді сүйгендіктен қорғайды екен ғой.
СЕГІЗІНШІ КІТАП
ҚАС ҚАРАЙЫП КЕЛЕДІ
Бірінші тарау
ТӨМЕНГІ ҚАБАТТАҒЫ БӨЛМЕ
Келесі күні ымырт үйіріліп, қас қарая Жан Вальжан Жильнорман үйінің қақпасын қақты. Оны Баск қарсы алды. Баск белгіленген уақытта аулада болып, біреудің нұсқауын орындаған сияқты. Кейде қызметшіге: "Бәленше деген мырза келеді, күзете тұр" деп тапсырма берілетіні де болады.
Жан Вальжанның жақындап келуін күтпей-ақ Баск сөзді бірінші бастады:
— Барон мырза сіздің құзырыңыздан жоғарыға көтерілгісі келе ме, төменде қалғысы келе ме екен, соны сұра деп тапсырды.
— Мен төменде қалайын, — деді Жан Вальжан.
Баск қылаусыз ізетті кейпін сақтай тұрып, төменгі қабаттағы залдың есігін ашты да:
— Жас қожайынға хабарлауға кеттім, — деді.
Жан Вальжан кірген бөлме күмбез тәрізді, дымқыл екен, қызыл кафель едені бар, қажетінде қойма болғаны да байқалады, өзі көшеге шығады, темірторлы жалғыз терезеден жарық нашар түсетін тәрізді.
Бұл жайға сыпыртқы, сыпырғыш, щетка дегендер көз қиығын сирек салғанға ұқсайды. Тозаңның қаймағы да қозғалмаған. Өрмекшімен күрес баяғыда тоқтаған сияқты. Қалың, қара, өлген шыбындармен әшекейленген өрмекші өрмегі үлкен желдеткіш болып, терезенің бір жармасына түгел жайылып жатыр. Осынау шағын, аласа бөлменің жалғыз жасауы бір бұрышқа үйілген бос шөлмектер ғана. Сары жосамен сырланған сылақ қабырғадан жал-жал болып түсіп жатыр. Түкпірде қара ағашқа ұқсатып сырланған пеш тақтайы бар торпеш тұр. Пеште от жанып жатыр; бұл Жан Вальжанның "Мен төменде қалайын" дегені алдын ала ескерілгенін білдіреді.
Торпештің алдында екі мамықтақ тұр. Мамықтақтың арасына кілем орнына қырылған алаша төселіпті, оның жүнінен, түгінен гөрі жібі молырақ па қалай.
Бөлме торпештің отымен және терезеден түскен көмескі сәулемен ғана жарық боп тұр.
Жан Вальжан қатты қалжыраған еді. Бірнеше күн қатарынан не ас ішкен жоқ, не ұйқы көрген жоқ. Сылқ етіп мамықтаққа отыра кетті.
Баск оралып, торпештің үстіне жанған шырақ қойды да, шыға жөнелді. Жан Вальжан басын кеудесіне иіп, мызғып кетті де, Баскты да, шырақты да байқамады.
Кенет ол біреу оятып жібергендей бойын тез жинап ала қойып, еңсесін тіктеді. Оның ту сыртында Козетта тұр еді.
Ол көрген жоқ, бірақ оның қалай кіргенін сезді.
Жалт бұрылып қызына қарады. Ол тылсымдап тастайтындай ғажап екен. Алайда оның сұңғыла жанары қызының көркін емес, көңілін, жан дүниесін іздеді.
— Ой, әке! — деп Козетта шыңғырып жіберді. — Сіздің қарт адам екеніңізді білемін ғой, бірақ мұндай ғаламатты ешқашан күткен емен. Бұл неткен жабайы қиял! Мариус айтады, менің осында қабылдағанымды сіздің өзіңіз қалады-мыс деп.
— Иә, мен өзім.
— Солай екенін өзім де біліп едім. Ал, енді абай болыңыз. Ескертемін, қазір сізге қиғылықты саламын кеп. Ең басынан бастайық. Алдымен, мені сүйіңіз, әке.
Ол бетін тосты.
Жан Вальжан қозғалған жоқ.
— Сіз тіпті былқ етпедіңіз ғой. Мұны ескереміз. Өзіңізді кінәлі адамдай көресіз бе, қалай? Бірақ бәрібір кешіремін сізді. Иса пайғамбар "Бір бетіңді оса берсе, бір бетіңді тоса бер" деген. Ол, міне!
Жан Вальжан орнынан қозғалған жоқ. Аяғы еденге шегеленіп қалғандай көрінді.
— Іс насырға шауып барады, — деді Козетта. — Мен неден кінәлі болып қалдым? Кешірімге енбек сіңіруім керек. Жүріңіз, бізбен бірге ас ішіңіз.
— Мен ас ішіп алғанмын.
— Ол өтірік. Мен Жильнорман мырзаның сізге ұрсып, ақыл айтуын өтінемін. Аталар әкелерді бір қуырып алу үшін жаралған ғой. Ал, менімен бірге қонақжайға жүріңіз. Дәл осы сәттен бастап.
— Ол мүмкін емес.
Осы арада Козетта сәл абыржып қалды. Ол бұйрықты доғарып сұраққа көшті.
— Ал, неге олай? Сосын біздің кездесуіміз үшін бүкіл үйдегі ең сұмпайы бөлмені таңдап алғандарыңыз не? Мұнда жүрек айнырлық қой.
— Сен білесің ғой...
Жан Вальжан түзеліп отырды:
— Сіз білесіз ғой, баронесса, менің әпенді екенімді, менің қалауым оғаштау келеді.
Козетта қолдарын сермей салды:
— Баронесса дейді?.. Сіз өзі?.. Міне, жаңалық! Мұның бәрі нені білдіреді, өзі?
Жан Вальжан оған жан түршігерлік азапты жымиыспен қарады, кейде осылай ерніне өзін күштегенде үйірілетін болмашы күлкі бар.
— Сіз өзіңіз баронесса болуды тілеген жоқсыз ба? Тілегіңіз орындалды.
— Ол сіз үшін емес қой, әке.
— Мені енді қайтып әке демеңіз.
— Не?
— Мені Жан мырза атаңыз. Қаласаңыз жай ғана Жан деңіз.
— Сіз маған енді әке емессіз бе? Мен қайтып Козетта болмаймын ба? Жан мырза дейсіз бе? Бұл не өзі? Нағыз төңкеріс осы болды ғой. Не боп қалды? Менің бетіме тура қараңызшы. О не, сіздің бізбен бірге тұрғыңыз келмей ме? Сіз өз бөлмеңізден бас тартасыз ба? Соншалық мен сізге не жасадым? Демек, бірдеңе болған ғой?
— Ештеңе де болған жоқ.
— Онда мұның бәрі не хикмет?
— Барлығы да бұрынғыдай қаз-қалпында.
— Ал сіз неге есіміңізді өзгертесіз?
— Сіз де аты-жөніңізді өзгерттіңіз ғой.
Ол тағы да сол баяғы жымиысымен күлді де сөзін үстеді:
— Сіз Понмерси ханым болған жоқсыз ба, ендеше мен неге Жан мырза болмаймын?
— Түк түсінсем бұйырмасын. Осының бәрі де ерсі. Тоқтай тұрыңыз, сізді Жан мырза атау үшін мен әлі күйеуімнен рұқсат сұраймын. Оның келісетініне сенімім жоқ, келіспейді де. Сіз мені қатты өкіндіріп отырсыз. Қыңыр мінез болуын болады ғой, бірақ кішкентай Козеттаны бұлай ренжітудің реті жоқ. Мұныңыз тым-ақ жақсы емес. Сіз қазымыр да қытымыр болуға тиіс емессіз, өйткені сіз сондай қайырымдысыз.
Ол үндемеді.
Козетта оның екі қолынан ұстап, өз бетіне тақап, сол бойымен оны иегінің астына әкеп, керемет бір елжіреген нәзіктікпен мойнына басты.
— О, — деді сосын қызы, — бұрынғыдай қайырымды болсаңызшы.
Сосын сөзін әрі қарай сабақтады:
— Міне, мен қайырымды болуды былай ұғамын: сүйікті әке болып бізге көшіп келесіз, Плюме көшесіндегідей мұнда да сайрауық құстар бар. Бізбен бірге тұрып, анау Қарулы адам көшесіндегі қу моладай үйді тастайсыз, басқатырғышты шешіп әуре болудың қажеті жоқ, барлығы сияқты бізбен бірге ертеңгілік ас ішіп, түстік жасап, кешкілік үстел басында қатар отырасыз, бір сөзбен айтқанда, әкем боласыз.
Ол қолын босатып алды.
— Сізге әкенің керегі жоқ, енді күйеуіңіз бар.
Козетта күйіп кетті:
— Маған енді әке керек жоқ дейсіз бе? Осындай сөз емес сөзді естігенде не істеріңді білмей қалады екенсің.
— Егер осы арада Тусен тұрса, — деп сөзін жалғады Жан Вальжан беделділерден тірек іздеп, кез келген талды қармай кетуге әзір кісіге ұқсап, — менің дұрыс жасап отырғанымды бірінші болып растар еді. Мұнда тұрған ешқандай жаңалық жоқ. Мен өзімнің қараңғы түкпірімді ылғи да жақсы көремін.
— Ал мұнда суық қой. Жарық та нашар. Осындай сұмпайылықты ойлап тапқан адам Жан мырза атала ма! Мен сіздің маған "сіз" деп сызылуыңызды қаламаймын.
— Әлгінде осылай қарай келе жатып Сен-Луи көшесінде мен бір дүние көрдім, - деп сөзін бөлді Жан Вальжан. - Кәдімгі қызыл ағаш шеберінен. Егер мен жақсы әйел болсам сол затты алар едім. Қазіргі талғам бойынша өте тамаша. Сірә, ол сіздерше қызғылт ағаш аталатын шығар. Өзі әдемілеп өрнектелген. Айнасы да әжептәуір үлкен. Жәшіктері бар. Өте әдемі жиһаз.
— У! Қорбаңдаған аю! — деп Козетта аузын әдемі қисайтып, тістенген тістерінің арасынан Жан Вальжанға мырс етті. Шамданған мысықты бейнелеген осы қылығының өзі тұнып тұрған сұлулық еді.
— Мен әншейін жынданып кеткелі тұрмын, - деді Козетта.- Кешеден бері бәріңіз мені титықтатып біттіңіздер. Мен өте ашулымын. Ештеңеге де түсінбеймін. Сіз мені Мариустен қорғамайсыз. Мариус мені сізге қарсы қолдамайды. Мен жападан жалғыз қалдым. Ой, сіздің бөлмеңізді сондай әсем етіп жинап қойып ем. Егер менің аспандағы айға қолым жетсе, оны соған іліп қояр едім. Енді не? Енді ол бөлмені не істе деп бұйырасыз? Тұрады деген кісім менің қолымды қағып, тақырға отырғызып кетті ғой. Мен Николеттаға дәмді етіп ас қамда деп тапсырамын. "Сіздің асыңыз ешкімге керегі жоқ, ханым" дейді. Әй жоқ, шай жоқ, менің әкем Фошлеван өзін Жан мырза атауымды талап етеді, ал мен оны ескі, ашық-тесік, жыртық-жамау, сиқынсыз жерқоймада қабылдаймын, қабырғалары адам көргісіз, сылақтары түсіп, сақалдай салбырап тұр, хрустальдың орнында бос бөтелкелер, перденің орнында өрмекшінің өрмегі — жеткен жерімізді қарашы! Сіз қызық адамсыз, осының бәрі өз қалауыңызға сай келетініне келісемін, алайда тойдан кейін жұртқа азырақ дамыл-тыныштық беру керек қой. Сіздің де бірден бұрынғы әнге басуға хақыңыз жоқ еді. Сол жексұрын Қарулы адам көшесіндегі үй қалайша жақсы көрініп қалғанын түсінбеймін. Өз басым онда өте бақытсыз болдым. Мен сізге не істеп тастадым? Сіз мені сұмдық ренжітіп, қатты қамықтырдыңыз!
Кенет Жан Вальжанға тесіле қарап, енді ол бар шынымен:
— Сіз менің бақытты болғаныма ызалысыз ба? — деп сұрады.
Аңқаулық деген онысын өзі де білмей кейде өткір келеді ғой.
Козетта үшін сондай оңай осы сауалдың Жан Вальжан үшін терең мағынасы бар. Козетта оны тырнап алғысы келіп еді, жара салып, қанын ағызды.
Жан Вальжан құп-қу боп кетті. Қапелімде ол еш жауап қайтара алмай қалды, сосын түсініксіз бір мақаммен өзіне өзі бірдеңе айтқандай сыбырлай сөйледі:
— Менің өмірімнің бар мақсаты — сенің бақытын емес пе еді! Енді мені құдай өз еркіме жіберетін шығар. Козетта, сен бақыттысың, менің дәуренім өтті.
— Аһ! Сіз маған "сен" дедіңіз ғой! — деп Козетта оның мойнына асылды.
Жан Вальжан абыржып қалып оны құшырлана кеудесіне басты. Оны өзіне қайта оралтқандай көрді ол
— Рахмет, әке! — деп сыбырлады Козетта.
Қуаныш қызуына берілген Жан Вальжан азапты сезімді бастан кешті. Козеттаның құшағынан баяу босап, қалпағын қолына алды.
— Бұл не? — деп сұрады Козетта.
— Мен кетемін, ханым, сізді күтіп отыр, — деп жауап берген Жан Вальжан есік аузында тұрып:
— Мен сізді "сен" деп қалдым. Күйеуіңізге айта барыңыз, ондай ендігәрі қайталанбайды. Мені кешіріңіз, — деп қосты.
Осы бір жұмбақ қоштасумен Козеттаны аң-таң қып, Жан Вальжан шығып кетті.
Екінші тарау
ТАҒЫ ДА БІРНЕШЕ АДЫМ КЕЙІН
Жан Вальжан келесі күні дәл сол сағатта келді.
Козетта енді сұрақ та қойған жоқ, таңданған да, суыққа шағынған да, қайтып қонақжайға шақырған да жоқ; ол оны әке деп те, Жан мырза деп те атаудан жалтарды. Өзіне "сіз" дегеннен ат-тонын ала қашқан жоқ. Өзін ханым атауға ерік берді. Тек көңілді ойнақылығы азайған сыңайлы. Мұңая білсе оны мұңлы деуге де болғандай.
Шамасы, оның Мариуспен сүйікті азаматы барлығын бүкпей айтатын әңгімесі болған болуы керек. Ондайда ер адам ойындағысының бәрін айтып, ештеңе түсіндіріп жатпай-ақ сүйген жарын тыныштандыра алады ғой. Ғашықтардың әуесқойлығы махаббаттың шегінен шығып кетпейді.
Төменгі залды ептеп тәртіпке келтірген екен. Баск шөлмектерді шығарып, Николетта өрмекті сыпырып тастапты.
Келесі күндердің бәрінде Жан Вальжан бұлжытпай айтулы уақытта келіп отырды. Мариустің сөзін өз мағынасында қабылдамауға шамасы жоқ ол және күн сайын келеді. Жан Вальжанның келетін кезінде Мариус те бір жаққа кетіп қалатын болды. Үйдегілер Фошлеван мырза енгізген тәртіпке ұзамай үйреніп алды. Оған Тусен жәрдемдесті. "Қожайын қашан да осындай болатынын" қуаттап қояды ол Атай "Ол әншейін ғана мінезді адам" деген байлам жасады. Осы бағада бәрі де бар. Шынын айтқанда, тоқсан жаста жаңа байланыстар орнату ауыр, барлығы артық салмақ боп көрінеді, жаңа таныс тек жағдайды тарылтады, оған өмірдің үйреншікті қалпында орын да жоқ. Мейлі Фошлеван, мейлі Кашлеван атансын, "сол мырзадан" Жильнорман шал үшін жеңілдік болды. "Бұл мінезді адамдардың бәрі бірдей, — деп ойын айқындай түседі ол. — Олар жайдан жай, ешқандай себепсіз кез келген өшпенділікке барады. Маркиз де Канапль одан да бетер болатын. Ол сарай сатып алып, өзі шатырда тұрды. Осындай да есуастыққа баратын адамдар бар".
Осындағы "есуастықтың" астарына ешкім үңілген жоқ. Оның себебін кім ойлап табады. Үндістанда суы әдеттен тыс, түсініксіз мибатпақтар кездеседі: олар кенет желсіз-ақ шайқалып, тып-тыныш жатудың орнына бұрқылдап қайнағандай болады. Біз айдыннан оғаш бір дірілді көреміз де, түбінде жорғалап жүрген жыландарды көре алмаймыз.
Сол сияқты көптеген адамдарда өздері азықтандырып жүрген құпия құбыжық астыртын азап бар, түні бойы жүрегін кеміріп маза бермейтін аждаһа, торығу бар. Ондай адамдар басқалардан ештеңесімен дараланбайды; жүреді, тұрады. Бұл бақытсыздардың бойында жегі құрттай жеп, ауыр азап тарттыратын талқандағыш сұмдық дерт барын ешкім білмейді. Олардың кез келгені тереңге тартып кететін ұйық екенін де ешкім біле бермейді. Беті тұнық, түбі терең бұл ұйықтың үсті ауық-ауық толқып тұратыны неліктен екені де жұртқа түсініксіз. Құпия діріл бетінен жүгіріп өтіп жоқ болады, көбік пайда болып, замат жарылып кетеді. Бұл былайша ештеңе емес, бірақ сұмдық қорқынышты. Бұл біз білмейтін хайуанның тынысы.
Өзге де оғаш дағдылар ұшырасады — басқалар кетіп жатқан кезде келіп, ұдайы тасаланып жүру, басқалар жарқылдап өзін көрсетуге тырысса, үнемі түссіз плащ киіп, бос аллеяларды таңдау, кісі жоқ көшелерді артық көру, әңгімеге араласпау, тобырдан, көп жиналған мерекелерден қашып жүру, кедей бола тұрып, дәулетті кісі боп көріну, байлығы біраз бола тұрып, үйінің кілтін өз қалтасында сақтау, шырақты қақпашыда қалдырып кету, ауладан кіріп, жасырын баспалдаққа көтерілу — осындай азын-аулақ оғаштықтардың, осындай толқындар мен көбіктер айдындағы сәттік діріл торығудың тереңінен шығады.
Біраз уақыт осылай өтті. Козеттаны бірте-бірте жаңа өмір баурады: жаңа таныстықтар, қонаққа бару, үй ішінің қам-қарекеті, көңіл көтерулер — осылардың бәрі маңызды іс саналды. Көңіл көтерулер қымбатқа түскен жоқ, олар негізінен Мариуспен бірге болып, бірге жүрумен шектелді. Онымен бірге шығып, үйде бірге отыру - оның өмірінің басты мағынасына айналды. Олар үшін мәңгі бақыттың сонысы да, көкесі де тапайдың тал түсінде кісі көп көшемен ешкімнен тасаланбай бүкіл халықтың алдында, бүкіл жұрттың ортасында қолтықтасып қатар жүріп серуендеуі. Козеттаның реніші де болды. Тусен Николеттамен келісе алмады, екі кәрі қыз сиыспай керісе берді. Тусеннің кетуіне тура келді.
Мариус ара-тұра сотта бәз-бір істерді қорғап жүрді. Атай өзін тамаша сезінді; Жильнорман тәтей өзінің көңілсіз тірлігін жас жұбайлармен іргелес жалғастыра берді, осыған өзі де әбден разы. Жан Вальжан күнде келіп жүрді.
"Сен" деген сөзді ресми "сізбен" алмастыру, "ханым", "Жан мырза" дегендер Козеттамен қарым-қатынасты едәуір өзгертті. Жан Вальжанның оны өзінен аулақтатуға тырысуы нәтиже берген сияқты. Ол барған сайын көңілдене түсті, бірақ әкесіне еркелігі едәуір азайды. Алайда оны әлі де жақсы көретіні сезіліп тұрды. Бірде ол кенет: "Сіз менің әкем болып едіңіз, енді қайтып әке емессіз бе, ағам болып едіңіз, енді жай ғана Жан мырзасыз, -деп айтып та қалды. — Енді аға да, Фошлеван мырза да болмай шықтыңыз, сонда кімсіз өзі? Осының бәрі де маған ұнамайды. Егер қандай қайырымды, жақсы жан екеніңізді білмесем, сізден қорқар едім".
Ол бұрынғысынша бір кезде Козетта тұрған орамды қимай, Қарулы адам көшесінде қалып қойды.
Алғашқы кезде Козеттамен бірнеше минөт қана отырып, кетіп қалушы еді.
Бертін уақытын бірте-бірте ұзартты. Оған ақталар себеп те тапқанды: күн қысқарып барады дейді, сондықтан ертерек келіп, кешірек қайтатын болды.
Бірде Козетта оны сөз арасында "әке" деп қалды. Қуаныш нұры Жан Вальжанның қарт жүзін арайландырып жіберді. "Жан деңіз" деп түзетті ол. "Иә, рас, — деп күлді Козетта, — Жан мырза". — "Міне, солай" деген ол көзіне келіп қалған жасын байқатпай сүрту үшін теріс айналды.
Үшінші тарау
ОЛАР ПЛЮМЕ КӨШЕСІНДЕГІ БАҚТЫ ЕСКЕ АЛАДЫ
Қайтып бұл қайталанған жоқ. Ол жарықтың ақтық нұры еді, енді мәңгі сөнді. Бұрынғы жақындық, кездескенде сүю деген тоқталды, мейірімге толы "әке" деген соз ешқашан естілмейді. Өзінің табандап талап етуімен әрі ықпалымен Жан Вальжан біртіндеп барлық қуанышынан көз жазды; оны бақытсыздық бір-ақ күні тапты, Козеттадан айырылған күні қуанышынан да айырылды, артынан қайта қауышып еді, біртіндеп одан да жер сипауға жақын.
Көз ақыр соңында зынданның көмескі жарығына да үйренеді. Козеттаны күніне бір рет көру оған жеткілікті сияқты. Оның барша өмірі осы сағаттарға ошарылған сынды. Ол қасына отырып оған үнсіз ғана қарайды немесе өткен жылдар жайында, оның балалық шағы, монастырьдағы күндері, бұрынғы құрбылары туралы әңгімелеседі.
Бірде түстен кейін, сәуірдің алғашқы күндерінің бірінде, көктем туғанмен күн әлі салқын кезде, күні күлімдеп, терезе алдындағы бақ құлпырып, Мариус пен Козеттаның жүрегін қытықтағанда, ұйқысынан оянып, долана әне-міне бүр жарғалы тұрғанда, сарқұмық өрмелеп ескі қабырғаға сәнді өрнегін жайғанда, арыстан көмей гүлдері тастардың жарығында қызарғанда, шөптің арасынан тамаша сарғалдақтар мен дәстүргүлдер қылтиғанда, көктемнің тұңғыштары — ақ көбелектер жалпылдап ұшқанда, табиғаттың үйлену салтанатының бұлжымас сазгері өксік жел ағаш бұтақтарында таңғы ұлы симфонияның ноталарын ойнап, ән салғанда, ежелгі ақындар көктемнің жаны кіріп жаңғыруы атаған сәтте Мариус Козеттаға:
— Есінде ме, біз Плюме көшесіндегі бақты барып көреміз деп келіскен едік қой. Сонда барайықшы. Бізді қауыштырған жақсылығын ұмытқанымыз жөн болмас, — деді.
Сөйтіп олар қос қарлығаш құсап көктемді қарсы алуға тұра ұшты. Плюме көшесіндегі бақ оларға таңғы шұғыла сияқты көрінді. Олардың өмірінде де махаббаттарының ерте көктемі тәрізді өткенге ұқсас бірдеңе бары анық. Плюме көшесіндегі жалға алынған үй әлі де Козеттаға тиесілі. Олар сол бақ пен сол үйге барды. Олар өткеннің құшағына қойып кетіп, қазіргіні естен шығарды. Кешкісін айтылмыш сағатта Жан Вальжан Тәңірдің ләззат бикелері көшесіне келді.
— Баронесса ханым мен барон мырза бір жерге шығып кетіп еді, әлі оралған жоқ, — деді Баск.
Жан Вальжан үнсіз отырып, табандатқан бір сағат күтті. Козетта сол кеткеннен оралған жоқ. Басы салбырап ол кетіп қалды.
Козеттаның жаны серуеннен сондай рақат тауып "өз бағында" "ұзақты күн өткенімен" өмір сүруге қуанышты екенін білдіріп, келесі кеште одан басқа ештеңе туралы сөйлеген жоқ. Ол тіпті осының қарсаңында Жан Вальжанды көрмегенін де еске алмады.
— Сіздер онда қалай жеттіңіздер? — деп сұрады Жан Вальжан.
— Жаяу.
— Ал қалай қайттыңыздар?
— Күйме жалдадық.
Жан Вальжан жас жұбайлардың қарапайым ғана өмір сүріп жатқанын біраздан бері байқап жүр. Осылары оны өкіндіреді. Мариус қатаң үнем тәртібін сақтайды, ал Жан Вальжан бұдан айрықша бір жасырын мән байқайды. Сондықтан оның мәнісін де сұрады:
— Неліктен сіздерде меншікті күйме жоқ? Әдемі екі орындық күйме сіздерге айына бес жүз франкқа ғана түсер еді ғой. Ал сіздер бай емессіздер ме?
— Білмеймін, — деп жауап қатты Козетта.
— Міне, сондай-ақ Тусенге қара, — деп сөзін жалғады Жан Вальжан. — Ол кетіп қалды ғой. Бірақ оның орнына ешкімді жалдаған жоқсыздар. Неліктен?
— Бізге Николетта жетеді.
— Алайда, баронесса, сізге күтуші серік керек емес пе?
— Ал менде Мариус бар емес пе?
— Сіздердің меншікті үйлеріңіз, күймелеріңіз, театрда өз орындарыңыз, жеке күтушілеріңіз болуы керек. Өздеріңіз үшін тым жақсы болатыннан ештеңелеріңіз жоқ. Неге өз байлықтарыңызды пайдаланбайсыздар? Байлық деген бақытты үстей түсуге тиіс.
Козетта ешқандай жауап қайтармады.
Жан Вальжанның келіп-кетуі әсте қысқарған жоқ. Қайта созыла түсті. Жүрек шіркін төмен сырғығанда еңісте тоқтап қалу қиын.
Алда-жалда Жан Вальжанның кездесуді соза түскісі келсе Козеттаға уақытты ұмыттырып, Мариусті мақтай жөнеледі: дүниедегі жігіттің сұлуы да, ізгісі де, батылы да, ақылдысы да, шешені де, көсемі де, қайырымдысы да сол болып шығады. Козетта құйт-құйттап қойса, Жан Вальжан үр жаңа болып қайтадан бастайды. Екеуі де жалықпады. "Мариус" тақырыбы таусылмайтын тәрізді; оның есіміндегі алты әріп тұтас томдарға азық болатындай. Сондай тәсілмен Жан Вальжанның ұзағырақ отыруына мүмкіндік туады. Козеттаны көру, оның қасында отырып бәрін ұмытудан артық ештеңе жоқ. Жүрек жарасының дауасы осы секілді. Кейде Баск бір-екі рет келіп:
— Жильнорман мырза ас әзір екенін хабарлауға жіберді, — деп ескертетіні де сирек емес.
Мұндай күндері Жан Вальжан үйіне ауыр ой үстінде оралады.
Мариустің оны қуыршақтың арасынан ұшып шығатын көбелекке теңеуінде де бір мән бар-ау, сірә. Жан Вальжан шынында да өзінен ұшып шыққан көбелекке келгіштей беретін жібек құрты секілді.
Бірде ол әдеттегіден көбірек бөгеліп қалды.
Келесі күні торпешке от жағылмағанын байқады. "Міне, қалай! - деп ойланып қалды. - От жағылмапты". Сосын "Бұл да түсінікті, суықтың беті қайтты ғой" деп өзін өзі жұбатты.
— Құдайым-ау, мұнда қандай суық! — деп дауыстай кірді Козетта.
— Жо, жоқ, суық емес, — деп қарсылық білдірді Жан Вальжан.
— Демек, Баскке от жаққызбаған сіз болдыңыз ғой.
— Иә, мамыр туғанда қайдағы от!
— Бірақ пештерді маусымға дейін жағу керек қой. Ал жерқойманы жыл бойы жылыту керек.
— Мен төрпешті жағудың қажеті жоқ шығар деп ойлап едім.
— Бұл тағы бір сіздің ойлап тапқаныңыз, — деп ренжіді Козетта.
Келесі күні төрпеш жағылыпты. Алайда екі мамықтақтың екеуі де залдың екінші жағына, есікке таяу апарып тасталыпты.
"Бүл нені білдіреді екен?" - деп ойлады Жан Вальжан.
Ол мамықтақтарды әкеліп, әдеттегі орнына пештің алдына қойды.
Жанған от оны тыныштандырды. — Ол әңгімесін әдеттегіден де ұзақ созды. Кеткелі ол орнынан тұрғанда Козетта бір сырдың ұшығын шығарды:
— Кеше күйеуім бір қызық жәйтті айтты.
— Ол не туралы?
— Ол былай деді: "Козетта! Бізде отыз мың рента бар. Оның жиырма сегіз мыңы саған тиесілі, үш мыңын мен атамнан аламын". "Сонда ол отыз мыңды құрайды ғой" дедім мен. Ал ол: "Соның үш мыңына ғана өмір сүруге батылың жетер ме еді сенің" дейді. "Әрине, — дедім мен, - мейлі рента дегенің мүлдем болмай-ақ қойсын, тек сен қасымда болсаң жетеді" дедім. Сосын: "Мұны маған не үшін айтың?" — деп сұрадым. Ал ол: "Әншейін ғана айтқаным ғой" деп жауап қатты.
Жан Вальжан оның бір сөзін де қағыс жіберген жоқ. Зайыры, Козетта одан бәзбір түсінік күткен болуы керек, алайда ол қабағы қарс жабылып үндеген жоқ. Қарулы адам көшесіне оның түпсіз терең ойға батып келгені сондай, өз үйінің орнына басқа біреудікіне кіріп кетіпті. Тек үшінші қабатқа көтерілгенде ғана өз қателігін көріп, төмен түсті.
Оны азапты ойлар меңдеп алды. Мариустің алты жүз мың франктің шығу тегіне бәзбір арам көздерден алынбады ма екен деп күмәнданғаны айқын болды. Кім білсін, бәлкім ол ақшаның Жан Вальжанға тиесілі екенін ашып, күмәнді байлыққа ие болып, күдікті мұраны пайдаланғанша Козеттамен кедейлікте өмір сүруді артық көрді ме екен?
Жан Вальжан өзін бұл үйге жолатпауға бет алған жоқ па екен бұлар деп те ойлады.
Ертеңіне төменгі қабаттағы залға бас сұққанда ол дір ете қалды. Мамықтақтар ізім-ғайым. Бөлмеде тіпті орындық та жоқ.
— Міне, қалай! — деп шыңғырып жіберді кіре бере Козетта. — Мамықтақтар жоқ қой, қайда кеткен олар?
— Енді олар қайтып болмайды, — деді Жан Вальжан.
— Ал бұл барып тұрған шектен шығу.
— Баскке оларды алып таста деп тапсырған мына мен, - деп міңгірледі Жан Вальжан.
— Ал неге олай?
— Бүгін мен бар-жоғы бірер минөт қана боламын.
— Аз уақытқа келу түрегеп тұру деген сөз емес.
— Баскке мамықтақтар қонақжай үшін қажет боп қапты.
— Не үшін?
— Зайыры, кешке қонақ күтетін шығарсыздар.
— Біз ешкімді күтіп отырған жоқпыз.
Жан Вальжан бір сөз де айта алмай қалды.
Козетта иығын қиқаң еткізді.
— Мамықтақтарды шығартып тастау деген не? Өткен жолы отты сөндірттіңіз. Сіз өзі қызық боп барасыз ғой.
— Қош болыңыз! — деп күбір етті Жан Вальжан.
Ол "Қош бол, Козетта!" дей алмады, "Қош болыңыз, ханым!" деуге де аузы бармады.
Еңсесі түсіп тұнжырап шықты ол
Осы жолы бәрін де түсінді.
Келесі күні ол келген жоқ. Козетта оны тек кешкісін ғана есіне алды.
— Бұл не? — деді ол. — Жан мырза бүгін келген жоқ па?
Оның жүрегі сыздады, бірақ бұл сәттік қана болды, өйткені Мариус оны сүйісімен көміп-көміп тастады. Жан Вальжан ертеңіне де келген жоқ.
Козетта оған мән бермеді, кешті әдеттегідей өткізді, жақсы ұйықтады, тек оны оянған соң ғана есіне алды. Ол сондай бақытты болатын. Тұрысымен Николеттаны ауырып қалған жоқ па екен, алдыңғы күндері неге келмегенін біліп қайт деп Жан мырзаға жіберді. Николетта Жан мырзаның жауабын алып та келді. Ол ауырмапты. Жай ғана шаруасы көп болып қолы тимепті. Мүмкіндік туса-ақ ұзамай келмекші. Айтқандай, ол шағын бір саяхат жасап қайтпақшы көрінеді. Понмерси ханым оның ауық-ауық бір жаққа барып-қайтып жүретінін білуі керек. Оған алаңдамай-ақ қойсын. Оны ойламасын да.
Жан мырзаға келгенде Николетта оған өз ханымының сәлемін сөзбе-сөз жеткізіп: "Ханым Жан мырзаның алдыңғы күні неге келмегенін біліп кел деп жіберді", — деді. "Мен екі күн қатарынан келген жоқпын ғой" деп түзетті оның сөзін Жан Вальжан.
Николеттаның ол құлағынан ағып кетіп, Козеттаға ештеңе айтқан жоқ.
Төртінші тарау
БЕРІ ТАРТУ ЖӘНЕ КЕРІ СЕРПУ
1833 жылғы көктемнің аяғында және жаздың басында Марс орамының сирек өткен-кеткендері, дүкеншілер мен қақпаға сүйенген ашықауыздар тап-таза қара киім киген бір шалды бір уақытта байқап жүрді; ол ымырт үйіріле Қарулы адам көшесінен Сент-Круа-де-ла-Бретонри жағына шығады да, Ақ мантиялар көшесін орай өтіп, Қасиетті Екатерина алқабын кесіп, Эшарп көшесіне шығып, солға қарай Сен-Луи көшесіне бұрылады.
Осы арада ол адымын баяулатып, ілби басып, ештеңе естімей, ештеңе көрмей мойнын созып өзіне жол көрсетер жарық жұлдыз болып көрінетін бір нүктеге қадала қарайды, бұрылыстан кейінірек тұрған Тәңірдің ләззат бикелері көшесі. Ол сол бұрышқа жақындағанда жанарына да жан бітіп, көзі уыттанып, қуаныштың ішкі сәулесі сыртқа теуіп, жүзі жадырап, жайраңдап, еріндері бірдеңе айтқандай күбірлеп, қимылға келіп, қинала жымиып, сол жымиюымен ілбіп алға жылжиды. Ол бәз-бір мақсатқа ұмтылып, соған жету сәті жақындауынан қорқатын сияқты. Өзін бір ғаламатымен тартып көшеге бірнеше үй қалғанда оның адымы баяулайтыны соншама, ол жүргендей емес, тұрғандай болып көрінеді.
Шайқалақтаған басы мен қадалған жанары полюсті іздеген құбыланаманың тілі сияқты. Қанша баяулап, мақсатқа жақындауын созғанымен ол оған амалсыз жетіп, Тәңірдің ләззат бикелері көшесіне тоқтап, тұла бойы дірілдеп, түсініксіз бір именшектікпен басын соңғы үйдің бұрышынан қылтитып, көшеге көз салады, оның қасіретті жанарында қол жетпейтін әлденеге сағыныш, жоғалған жұмаққа деген өкініш бар сияқты. Осы кезде боталаған көзінің иегіндегі моншақтай жастар бетімен сырғып, ернінің езуіне кеп жиылды. Шал оның кермек дәмін сезді. Тас боп қатқандай тырп етпей бірнеше минөт тұрды, сосын келген жолымен үйіне қарай кері қайтты, ұзаған сайын көзі тұнжырап, жанары сөніп бара жатқандай.
Бірте-бірте қария Тәңірдің ләззат бикелері көшесінің бұрышына дейін баруды тоқтатып, орта жолда Сен-Луи көшесіне аялдайтын болды. Бірде тіпті Қасиетті Екатерина көшесінің бұрышында тоқтап, алыстан Тәңірдің ләззат бикелері көшесіне көз салды. Сосын бірдеңеден бас тартқандай басын шайқап кері бұрылды.
Ұзамай ол Сен-Луи көшесіне дейін баруды да доғарды. Тас төселген көшенің бұрылысына дейін ғана жетіп, басын шайқап қайтып кететін болды, біраз уақыттан кейін Үш жалау көшесінен әрі асып, сосын Ақ мантиялар көшесінің шегінен шықпай қалды. Ол бұралған сағаттың маятнигі сияқты, бұрандасы азая келе ақырындап, таусылған соң бір-ақ тоқтады.
Құдайдың құтты күні үйден сол сағатта шығып, сол жолмен жүріп, аяғына дейін жетпей, онысын өзі де сезбей сапарын барған сайын қысқарта берді. Оның жүзінен "Не үшін?" деген бір ғана ой білінеді. Жанары сөніп, ұшқын атпайтын болды. Көз жасы сарқылған, шүңірейіп ішке түсіп кеткен көзі құрғақ. Шалдың басы әлі де алға созылып, иегі дірілдейді, оның арық, қатпарланған мойнына қараудың өзі аянышты. Кейде жауынды күні ол қолшатыр алып шығады, бірақ оны ашпайды.
Өсекшілер: "Осының өзі есінен адасқан жоқ па екен?" деседі. Балалар оның соңынан шуласа жүгіріп, мазақ қылады.
ТОҒЫЗЫНШЫ КІТАП
ТАС ҚАРАҢҒЫ ТҮНЕК, КӨЗ ҚАРЫҚТЫРАР ШАПАҚ
Бірінші тарау
БАҚЫТСЫЗҒА ҚАЙЫРЫМДЫ, БАҚЫТТЫҒА МЕЙІРІМДІ БОЛЫҢДАР
Бақытты болу қандай қорқынышты! Адамның бақытқа қолы жетісімен тоқтай қалатыны неліктен! Сосын және басқа ештеңе тілемейтініне сенімді болатыны тағы бар. Өмірдің осынау жалған мақсаты — бақытқа қол жеткен соң, шынайы мұраты — парызын ұмытып кететіні қалай!
Алайда ескерте кетейік, Мариусті бұлай кінәлау әділдік болмас еді.
Алдында айттық қой, некеге тұрғанға дейін Мариус Фошлеван мырзаға сұрақ қойған жоқ, үйленгеннен кейін сұрауға батылы бармай жүрексінді. Ол өзінің аңдаусызда байқамай беріп қалған уәдесіне өкінді. Бірақ бекер көніп қалғанын ол өзіне сан мәрте кінә ғып тақты. Сондықтан да ол біртіндеп Жан Вальжанды үйден аулақтатуға, мүмкіндігіне қарай оның бейнесін Козеттаның жадынан өшіруге тырысты. Шалды көруді тоқтатса, ол туралы ойлауды ұмытады деген сеніммен Мариус қашанда Жан Вальжан мен Козеттаның арасына қыстырылуға ұмтылды. Бұл енді оның жадынан жойылуынан гөрі мәңгі жабылып қалуы сияқты. Мариус қажетті де әділетті деп санағанын жасады. Артық қаталдыққа да бармай, осалдық та жасамай Жан Вальжанды аластау керек деп ойлады, оған оның елеулі себептері де бар, оның біразын оқырман біледі, ал одан басқаларын кейінірек білер. Бір сот процесін жүргізе отырып ол Лафит үйінің бір қарт қызметшісімен кездейсоқ кездесіп қалды да, одан іздемеген кейбір құпия мағлұматтар алды. Шын мәнінде ол оны сақтауға сөз берген құпияны құрметтегені үшін, сондай-ақ Жан Вальжанның қауіпті жағдайына аяушылық жасағаны үшін толықтырған жоқ. Қазіргі кезде ол өте-мөте маңызды міндетті орындау керек деп санайды, атап айтқанда, алты жүз мың франкті мүмкін болған сақтықпен іздестіріп жүрген белгісіз иесіне қайтару қажет. Оған дейін бұл ақшаны қозғауға болмайды.
Козетта бұл екі құпияның екеуінен де хабарсыз. Бірақ оны кінәлау қатыгездік болар еді.
Мариус екеуінің арасында қуатты магнит тоғы бар, сол Козеттаны еріксіз, тіптен ойсыз күйеуі не тілесе, соны жасауға мәжбүр етеді. "Жан мырзаға" қатысты да Мариустің ырқын аңғарып, соның еркіне бағынды. Ері Козеттаға ештеңе айтпауға тиіс: ол оның жасырын пиғылының буалдыр, бірақ байқаларлық әсерін сезді, сонда да оған көзсіз көнді. Оның көзсіз көрінуі Мариустің зайыбы жадынан сызып тастағанды еске алмауынан көрінеді. Және бұл оған көп күшке де түскен жоқ. Оның ырқынсыз һәм кінәсінсіз жаны күйеуінің жанымен астасып, Мариустің ойша ұмыттыру пердесімен тұмшалағанының бәрі Козеттаның жадында көмескі тартты.
Кейде Козеттаның Жан Вальжан жөнінде сөз қозғап, оның келмей қойғанына таңданғаны кездесті. "Менің ойымша, ол қазір Парижде жоқ, — деп жұбатты оны Мариус. — Бір жаққа барып қайтуым қажет деп оның өзі айтқан жоқ па еді. Бірақ онша ұзақ емес деген". "Ол рас, — деп ойлады Козетта. — Оның қашанда кенеттен жоғалып кететін әдеті болатын". Екі-үш мәрте ол Николеттаны Жан Вальжанның сапардан оралған, оралмағанын біліп кел деп, Қарулы адам көшесіне жіберді. Жан Вальжан әлі оралған жоқ деп жауап беруін өтінді.
Козетта соған жұбанды, өйткені оның бұл дүниеде онсыз таңы атып, күні батпайтын жалғыз-ақ адамы Мариус болатын. Оған қоса айта кетерлігі — Мариус пен Козеттаның өзі біраз уақыт мұнда болған жоқ. Олар Вернонға барып қайтты. Мариус Козеттаны әкесінің зиратына алып барды.
Аз-аздап ол Козеттаның ойын Жан Вальжаннан аулақтатты. Және Козетта оған қарсылық та жасамады.
Ақыр аяғында, балалардың жақсылықты білмеуі деп аталатын жайт кінәлауға лайық деп ойлау ұдайы дұрыс бола бермейді. Бұл жалпы табиғаттың қайырымсыздығы. Басқа жерде айтқанымыздай, табиғат "алға қарайды". Ол жанды заттарды келуші және кетуші деп екіге бөледі. Кетушілердің беті түнекке қарайды да, жаңадан келушілер жарыққа шомылады. Осыдан келіп қарттар үшін қатерлі, жастар үшін табиғи жатырқап жатсыну басталады. Бұл жатсыну әуелі білінбей, барлық өсу сияқты баяу үдейді. Бұтақтар ағаштан бөлінбей-ақ алыстай бермей ме! Бұл оның кінәсі емес. Жастық қуаныш, мереке, жалындаған от, махаббат бар жаққа асығады. Қарттық өмірдің ақырына беттейді. Олар бірін бірі көзден таса қылмайды, бірақ бұрынғыдай айқасар құшақ жоқ. Жастар немқұрайдылықпен өмірге кірсе, қарттар немқұрайдылықпен қабірге кіреді. Ендеше бейшара балаларды кінәламайық.
Екінші тарау
МАЙЫ ТАУСЫЛҒАН ШЫРАҒДАННЫҢ
СОҢҒЫ ҰШҚЫНЫ
Бірде Жан Вальжан баспалдақтан түсіп, көшемен бірнеше қадам жер жүріп, маусымның 5-нен 6-сына қараған түні ойға батып отырған жерінен Гаврош көрген тастұғырға отырды да, қайта тұрды да, өзіне көтерілді. Бұл маятниктің соңғы тербелісі еді. Келесі күні ол төсегінен тұрмады.
Оның ертеңгілік болымсыз асын әзірлеп жүрген қақпашы әйел майға қуырылған капуста мен бірнеше картопты әкеліп, оның қыш тәрелкесіне үңілді де:
— Көкем-ау, сіз кеше ештеңе ішпепсіз ғой, — деді.
— Мен іштім, — деп қарсылық білдірді Жан Вальжан.
— Тәрелкеңіз сол толған қалпы тұр ғой!
— Су құйған күрішкені қараңыз. Ол бос.
— Демек, су ішкенсіз де, ас ішпегенсіз.
— Егер менің тек қана су ішкім келсе не істеуім керек? — деді Жан Вальжан.
— Мұның аты — шөлдеу, егер шөлдей тұрып тамақ ішкіңіз келмесе, оны безгек деп атайды.
— Мен ертең ішемін.
— Ал, бәлкім Троица күні ішетін боларсыз? Неліктен дәл бүгін ішпейсіз? "Мен ертең ішемін" дейді тағы. Менің пісіргенімді ішпей көр осыдан! Сондай дәмді кеспе!
Жан Вальжан кемпірді қолынан ұстап, еркелеткендей:
— Ішіп көрем деп уәде етемін, — деді.
— Мен сізге өкпелімін, — деді қақпашы.
Осы бір қайырымды әйелден басқа Жан Вальжан бұл маңнан тірі жан көрген жоқ. Парижде ешкім жүрмейтін көшелер, ешкім тұрмайтын үйлер бар. Осындай көшелердің бірінде, осындай үйлердің бірінде Жан Вальжан тұрады.
Үйден шығып жүрген кезінде ол жез бұйымдармен сауда жасайтын саудагерден Ғайса пайғамбардың кіреске керілген бейнесін алған еді, соны шеге қағып, кереуетінің қарсысына іліп қойды. Қарсы алдынан көру қашанда қуаныш сыйлайтын кірес осы!
Бір апта өтті, ал Жан Вальжан төсегінен тұрып бөлмеде бір адым да жүрген жоқ. Әлі күнге дейін төсекте жатыр.
— Жоғарыдағы шал қайтып тұрмай қойды, ештеңе ішпейді, ұзаққа бара қоймас, — деді қақпашы әйел күйеуіне. — Рас, онда бір күйініш бар. Менің басымнан кетпейтіні — оның қызы тұрмысқа сәтсіз шықты ма деген күдік.
Қақпашы өзінің еркек ретіндегі артықшылығын толық сезіне отырып:
— Бай екені рас болса, дәрігер шақырсын. Кедей болса бір сәрі, өздігімнен жазыламын деп жата беретін. Егер дәрігер шақыртпаса, өз обалы өзіне, өледі.
— Егер шақырса ше?
— Онда да өледі, — деді күйеуі.
Қақпашы әйел тот шалған пышағымен тас плиталардың арасына өскен шөптерді қырқуға кірісті, бұл плиталарды ол "менің табанжолым" деп атайды.
— Қандай өкініш! Сондайлық жақсы шал еді! Балапан сияқты аппақ, — деп міңгірледі ол шөпті жұла жүріп.
Көшенің шетінен ол осы орамның адамдарын емдеп жүрген дәрігерді көрді де, жоғарыдағы ауруға көтерілуін өтінуге бел байлады.
— Ол үшінші қабатта, — деді ол. — Бірден өзіне кіруіңізге болады. Кілт есіктің аузында. Қария төсектен тұрмайды.
Дәрігер Жан Вальжанға кіріп, онымен әңгімелесті.
Ол төменге түскенде қақпашы әйел оны сұрақтың астына алды:
— Ал қалай, доктор?
— Сіздің шалдың халі өте нашар.
— Ауруы не екен, өзі?
— Онда аурудың бәрі де бар, бірі де жоқ. Былай алып қарағанда ол ең қымбат жанынан айырылған. Оның ауруы да, ажалы да содан.
— Ол өзі не айтты?
— Ол өзін жақсы сезінемін деді.
— Сіз тағы келесіз бе, доктор?
— Келемін, — деді доктор, — алайда оған менің келгенімнен пайда жоқ, менің орныма өзі іздеп жатқан басқа біреудің келгені әлдеқайда жақсы болар еді деп ойлаймын.
Үшінші тарау
ФОШЛЕВАННЫҢ АРБАСЫН КӨТЕРГЕН КІСІГЕ ҚАЛАМ ТЫМ АУЫР СИЯҚТЫ
Бірде кешкісін Жан Вальжан шынтағына сүйеніп түрегеп отырудың өзі қиындап қалғанын сезді; тамырын ұстап көрсе, соғысы тым сылбыр, тынысы біркелкі емес, үздік-создық; өзінің бұрынғы қай кездегіден де әлсіздігін байқады. Бірдеңеге қатты мазасызданған ол кереуеттен аяғын әрең түсірді. Ол үстіне ескі жұмыс киімін іле салды. Үйден қайтып шықпағалы ол басқалардан осы киімін артық көріп алды. Тоқтап-тоқтап әрең киінді, қолын күртенің жеңіне сұғудың өзі күш болды, қиналғанынан маңдайынан шып-шып тер шықты.
Жан Вальжан жалғыз қалғаннан бері кереуетін ауыз үйге қойды, ондағы ойы қаңырап бос тұрған бөлмелерді көре бермеу.
Ол қобдишаны ашып, Козеттаның балалық жасауларын шығарды.
Оларды төсектің үстіне жайды.
Торпеште әдеттегі орнында епископтың шырағдандары тұрды. Жәшіктен екі балауыз шырақ алып, оларды шырағданға қойды ол. Әлі жаз, күн жарық болғанына қарамастан оларды тағы да жағып қойды. Тапа-тал түсте жағылған шырақты ара-тұра өлік шыққан үйлерден ғана көруге болады.
Бөлмеде қозғалып жүріп басқан әрбір қадамы оның күшін алып, қалжырағаннан тынығуы қажет болды. Бұл күшін көп жұмсағаннан кейінгі қалпына келе қалатын жай шаршау емес, ол әзір қозғалуға мүмкіндік беретін соңғы қуат еді, өмірдің өшіп бара жатқанының белгісі, ақтық күш-жігердің тамшысы болатын.
Ол сылқ етіп әрең отырған орындық өзі үшін қатерлі, ал Мариус үшін құтты айнаның алдында тұратын, осы арада ол Козеттаның зеркітабында жазылған хаттың теріс түскен көшірмесін оқыған еді. Айнаға қарап ол өзін танымай қалды. Қазір сексендегі шал, Мариус үйленгенге дейін оған елу жасты жұрт әрең беретін, бір жыл оны отыз жасқа қартайтып жіберді. Маңдайдағы әжім енді кәріліктің белгісі емес, ажалдың құпия басқан мөрі болатын. Оның тереңдей түскен әрбір сызығында тырнақ ізі бар. Оның жағы суалып, беті салбырап, терісі жер реңкіне еніп, екі езуі түсіп кетті, кәдімгі ежелгі табыттарда ойып жасайтын бет пердеге ұқсады да қалды.
Ол титықтаудың ең соңғы сатысына жетті, мұндайда қайғы-мұң шығар жол іздемей кеудеде қатып қалады да, жүрекке шемен болып торығу қалады.
Осы арада ол есінен танып қалды. Өзіне өзі келгенде ол қатты шөлдегенін сезді. Құмыраны көтеруге әлі келмей, оны аузына еңкейтіп, таңдайын жібітті.
Түн болды. Торпештің алдына үстел мен мамықтақты әрең жылжытып, үстелдің үстіне сиясауыт пен қалам және қағаз қойды.
Сосын енді көтеріле алмайтынын біліп, мамықтақтан қозғалмай, төсегіне бұрылып, қара көйлекке, өзінің басқа да қымбат қазынасына қарады.
Ол осылай сағаттар қызықтап отыратын, ал онысы өзіне бір минөт құрлы көрінбейтін, кенет ол қалтырап кетті, денесін суық ұстағанын сезді; епископ шырағданы жанып тұрған үстелді шынтақтап қолына қалам алды.
Қалам, сияны көптен бері ешкім пайдаланған жоқ еді, қаламның ұшы майысып, сия таусылып қалыпты; ол тұруға мәжбүр болды, сиясауытқа бірнеше тамшы су құйды, соның өзінде бірнеше дүркін отырып, демалып алды. Қаламның екінші жағымен жазуға тура келді, ауық-ауық маңдайының терін сүртіп отырды.
Қолы қалтырап, бірнеше жолды бөгеліп-бөгеліп әрең жазды. Оның мазмұны мынандай:
"Козетта! Саған батамды берейін! Барлығын да енді түсіндірейін. Сенің күйеуің менің кетуім керек екенін сөзсіз-ақ сездіріп, дұрыс жасады. Ол ғаламат адам. Оны мен өлген соң да сүй. Понмерси мырза! Менің сүйікті перзентімді сүй! Козетта! Осы арадан мынау хатты тауып алар, менің саған айтайын дегенім мынау, сен барлық санды білесің, егер оларды еске түсіруге менің шамам жетсе; дұрыстап тыңда, анау ақшалар шынында да сенікі. Мәселе міне мынада: ақ гагатты Норвегиядан, қара гагатты Англиядан, қара шыны түтікті Германиядан алып келеді. Гагат жеңіл, бағалы әрі қымбат түрлі-түсті әшекейлер жасау үшін қолданылатын көмірдің бір түрі. Германиядағыдай Францияда да жасанды гагатты оңай жасауға болады. Ол үшін кішкентай екі квадрат дюйм төс пен балауызды балқытатын спирт шамы керек. Баяғыда балауыз қара май мен күйеден жасалып, бір фунтының бағасы төрт франк болған. Мен шайыр мен скипидардан оның жаңа құрамын ойлап таптым. Ол бұрынғыдан әлдеқайда жақсы әрі отыз су ғана тұрады. Сырға қызғылт көк әйнектен жасалады, оны осы балауызбен нәзік қара металл жиекшеге бекітеді. Металл әшекейлер үшін шыны қызыл күлгін түсті болуы керек, ал алтынға қарасы жарасады. Испания оны қызыға, құмарта сатып алады. Онда гагатты жақсы көреді екен..."
Осы арада ол тоқтап қалды, қолынан қаламы түсіп кетті, өкінішке толы бір өксік болмысының терең түкпірінен еңіреп жылау болып шықты. Қатты торыққан бейбақ басын қыса ұстап отырып қалды.
"О! — деп ол ойша айқайлап жіберді (бұл тек тәңірінің өзі ғана еститін шағым еді). — Бәрі де бітті. Мен оны қайтып көре алмаймын. Ол менің өмірімді бір сәт жадыратқан жымию ғана. Мен Козеттаны тіпті ақтық рет те көрмей, мәңгі түннің қойынына кіремін. Шіркін-ай, бір сәтке, қас қағымға оның дауысын естісем ғой, көйлегіне қолымды тигізіп, періштенің бетіне бір қарап, өтіп кетсем де өкініш жоқ. Өлу оңай, бірақ оны көрмей өлу қандай қорқынышты. Ол маған қарап жымияр еді. Онысы кімге зиян келтірмек? Ал, жоқ, бәрі де бітті, мәңгі бітті. Мен мүлдем жалғызбын. Құдайым-ай, құдайым-ау, мен оны қайтып көрмеймін ғой!"
Осы кезде есік қағылды.
Төртінші тарау
АҒАРТУҒА FAHA ЖАРАҒАН БІР ШЕЛЕК ЛАЙ
Дәл сол күні, анығырақ айтқанда дәл сол кеште бәз-бір сот ісін зерттегелі Мариус үстел басынан тұрғанда Баск оған бір хат тапсырып:
— Осы хатты әкелген мырза алдыңғы бөлмеде күтіп отыр, — деді.
Козетта бұл кезде атасымен қолтықтасып бақта серуендеп жүрген-ді.
Хаттың да адам тәрізді ұсқынсыз түрі болуы мүмкін. Қағазының қалыңдығына, бүктелуінің орашолақтығына қарап, кейбір хаттарды бірден-ақ жаратпай қаласың. Баск әкелген мынау хат тура сол тектес еді.
Мариус оны қолына алды. Темекі сасиды екен. Жадыны иістен артық жандандыратын ештеңе жоқ. Мариус те бұл иісті бірден есіне түсірді. Конвертке жазылған мекен-жайға қарады да, оқи бастады: "Барон Понмерси мырзаға. Меншікті үй". Темекінің иісімен бірге ол қолтаңбаны да есіне түсірді. Таңданысқа жалт еткен жасындай болжам тән деп айтуға болар еді. Осындай бір болжамға Мариус бой алдырды.
Зерденің құпия қолғанаты иіс сезу оның жағынан тұтас әлем ашты. Әрине бұл баяғы қағаз, баяғы хат бүктеу мәнері, сияның көкшіл түсі, таныс қолтаңба — мұның бәрі сол темекіні еске түсірді. Оның көз алдына Жондреттің қасқыр апаны тұра қалды.
Сонымен, тағдырдың төтен кіділігі деген осы — сондай ұзақ іздеу салған екі ізден келіп біреу шықты. Осы жуық маңға дейін қаншама күш-жігер жұмсап іздеген, қармағына өзі де ілініп қала жаздаған, жоғалтып алған ізі қолға енді өзі келіп түсті.
Конвертті шыдамсыздана ашып, оқи жөнелді:
"Барон мырза,
Егер Құдай-тағала маған талант сыйласа, мен барон Тенар болып, академияның мүшесі болып жүрмес пе едім, бірақ мен барон емеспін. Мен онымен тек аттас қанамын, сол барон туралы естелік маған сіздің мәртебелі назарыңызды аударса, бақытты болар едім. Маған көрсеткен қызметіңізге қарыздар боп қалмаймын. Менің бір адамға қатысты құпия деректерім бар. Ол адамның өзіңізге қатысы бар. Сол құпияны өзіңіздің құзырыңызға тапсырып, жоғары мәртебеңізге пайдалы болуды мархабат санаймын. Ешқандай хақысы болмаса да сізге жұғысып жүрген ол пендені сыйлы отбасыңыздан қуып шығуға жарайтын қарапайым құрал бермекпін қолыңызға, ал баронесса ханымның өз шыққан тегі жақсы, жоғары топтан шыққан. Қасиеттінің қасиеттісі ізгілік деген бұдан былай қылмыспен қатар тұра алмайды, бірге тұрса ол да құриды.
Мен алда баронның әмірін күтемін.
Құрметпен ".
Хатқа "Тенар" деп қол қойылыпты.
Басқасын былай қойғанда, бейберекет мылжыңы мен өріп жүрген орфографиялық ақауы әшкереленуіне көмектесті. Авторлығы күмәнсіз анықталды. Оған енді күдік жоқ.
Мариус терең толқыды. Оның таңданысы қуанышпен алмасты. Енді оған іздеу салып жүрген екінші адамды — өзін кімнің құтқарып қалғанын табу керек. Мариуске бұдан басқаның керегі жоқ.
Ол жазу үстелінің тартпасын ашып, одан бірнеше банк билетін суырып, қалтасына салды да, үстелді қайта жапты. Сосын қоңырау шалып еді, Баск есік ашты.
— Кірсін деңіз, — деді Мариус.
— Тенар мырза, — деп баян етті Баск.
Бөлмеге бір кісі кірді.
Мариуске тағы да күтпеген жаңалық тап болды: кірген кісі мүлдем таныс емес.
Кірген кісі де қартаңдау екен, мұрны дөңкигендеу, иегі галстукке көміліп қалған, жасыл жібек күнқағарының астында жасыл көзілдірік, мандайын алып тұрған тікірейген шашы ақсүйек ағылшын отбасыларының ат айдаушыларының қолаңына ұқсайды. Оның үстіне көнетоз, бірақ мұқият таза қара костюм киген, жилетінің қалтасынан шығып тұрған салпыншақтар сағаты барын байқатады. Қолында — көнетоз қалпағы. Бүкірлеу ме қалай, тағзым етіп еңкейгенде арқа тұсы домалақ, дөңес көрінеді.
Алайда көзге айрықша түскені костюмінің өзіне тым кеңдігі, түймелері түгел салынып тәртіптегенмен де, басқаның иығынан түскен киім тәріздене берді. Осы арада бір қысқа қайырым шегініс жасауға тура келіп тұр.
Сол кездері Парижде, Арсенал маңындағы Ботрельи көшесіндегі көне қара үйде бір ұсынақты жебірей тұрыпты, оның аты кез келген мүттәйімге салиқалы адамның кейпін берумен шыққан; жасандылықтың ұзаққа созылмайтыны белгілі ғой, оны оңбағанның өзі де ұдайы ұстап жүре алмайды. Тонын айналдырып ауыстыру осында жүргізіліп, бір күнге созылады, әр күні алаяқ шеберге отыз су пайда түсіреді, ал ол түрін өзгертушіге лайық костюм таңдап, қазіргі қоғамда сын тағылмайтындай дәрежеге жеткізеді. Оған жалға киімін берген адам "Айырбасшы" аталады, Париж жүліктері қойған бұл ат оған мәңгі жабысып, оның есімін қайтып ешкім білмейтін болады. Оның гардеробынан киімнің түр-түрі табылады. Жұртты жарылқап жүрген ескі-құсқының қай талғамға да сай келетін неше атасы бар. Олар әp алуан кәсіптерді, әлеуметтік жағдайларды бейнелейді, қойманың әрбір шегесінде әрбір мамандық иесіне тән көнетоз киімдер тұрады. Олардың арасында қазылардың қапталы, поптың шапаны, банкирдің бешпенті, отставкадағы әскеридің мундирі, жазушы немесе ірі мемлекет қайраткерінің костюмі де ұшырасады. Ескі-құсқы жинаушы бұл моттакам ұры ағайындардың күшімен Парижде ойналатын таусылмас драманың костюмері болды. Шоқпыт киген алаяқ бұл гардеробка кіріп, отыз су тастаса, ойнайтын роліне сәйкес костюм киіп, табалдырықтан баукеспе ұры емес, бейбіт буржуа боп түсіп жатады. Ертеңіне ол киімдер сол қалпында қайтып әкелінеді; жалдап ұры-қарыларға кәміл сенеді, сондықтан оның қоймасы ешқашан тоналмайды да таланбайды. Бұл киімдердің бір ғана қолайсыздығы бар, олардың біразы арнап тігілмегендіктен алған адамына қона бермейді. Кез келген пысықай орта бойлыдан аласа, не биік болса айырбасшының костюмінде өзін қолайсыз сезінері сөзсіз. Өйткені ол киімдерді тек орта бойлылар үшін ғана жинайды. Онша толық адамдарға олар және жарамайды. Зады ол киімнің үлгісін арық та емес, толық та емес, тапал да емес, биік те емес бір жүгірмектен алса керек. Сондықтан жалдаптан киім алушылар оған бейімделемін деп әуреге түседі. Әсіресе бастан-аяқ қара киінетін мемлекет қайраткерлерінің кейпіне кіру қиын, оның киімдері Питтке тым үлкен, Кастельсикалға тым тар болуы мүмкін. "Мемлекет қайраткерінің" костюмі Айырбасшының каталогында былайша сипатталады, соны келтіріп көрелік: "қара шұға бешпент, қара шалбар, жібек жилет, етік және іш киім". Бүйірінде каталогтың шетінде: "Бұрынғы елші" деген жазу және мынандай ескертпе бар: "Бөлек қатырғы қағазда мұқият таралған жасанды шаш, жасыл көзілдірік, әшекейлі салпыншақ және мақтаға оралған құс қауырсынынан жасалған, ұзындығы екі дюйм екі түтік бар". Осының бәрі мемлекет адамына, бұрынғы елшіге арналған. Бұл костюм, шынын айтқанда, шықпа жаным, шықпамен әрең түр, тігістерінің тұсы ағарған, бір жерінде болар-болмас жыртығы бар, өңіріндегі бір түймесі түсіп қалған. Айтқандай, соңғыда тұрған ештеңе жоқ, мемлекет қайраткерінің қолы көбінде өңірінде жүреді де, жетпейтін түймені білдірмей жібереді.
Егер Мариус Париждің құпия мекемелерімен таныс болса, Баск ертіп әкелген кісінің үстіндегі "мемлекет қайраткерінің киімі" Айырбасшының қордасынан алынғанын бірден-ақ білер еді.
Күткен үміті алдаған Мариустің келген кісіні көргендегі өкініші оны жаратпауға ұласты. Ол еңкейіп тағзым етіп болғанша бастан-аяқ шолып шыққан Мариус:
— Сізге не керек? — деп сұрады салқын ғана.
Әлгі адам қолтырауынның еркелете алдап жымиғанындай құбылған ілтипатпен жауап қатты:
— Менің күні осы уақытқа дейін барон мырзаны жарықта көрмегенім ақылға сыймайтын сияқты. Сізді бұдан бірнеше жыл бұрын Багратион княгиняның үйінде және Франция пэрі Дамбре виконттің салонында көргеніме сенімдімін.
Жалпы білмейтін адамыңды білемін деп жылмыңдау — алаяқтардың таңдаулы тәсілі.
Мариус бұл кісінің сөзін зер сала тыңдап, мақамын, машығын, қимылын қадағалап отырды. Өкініші өрши түсті, алдындағы адамның үні бұл күткендей шалт, қатал емес, мыңқылдай шығады. Ол мүлдем есінен жаңылып алды.
— Багратион ханыммен де, Дамбре мырзамен де таныс емеспін, — деді ол. — Ол үйлердің ешқайсында бірде-бір рет өмірі болғаным жоқ.
Жауап қатал болды, оған қарамастан бейтаныс сол жымысқы үнімен сөзін жалғады:
— Ондай жағдайда мен сізді Шатобрианның алдында көрген болуым керек. Мен онымен жақын таныспын. Ол өте сүйкімді адам, көбіне маған: "Тенар, достым... бір-бір стақаннан тартып жіберсек қайтеді?" деп тұрғаны.
Мариустің бет пішіні түнеріп ызбарлана түсті.
— Шатобриан мырзаның қабылдауында болу құрметіне ешқашан ие болған емеспін. Іске көшсеңізші. Сізге керегі не?
Мариустің ызбарлы жүзіне бейтаныс бұрынғыдан да төмен иіліп тағзыммен жауап қатты:
— Барон мырза! Мені тыңдауға мархабат етіңізші. Америкада, Панамадан онша алыс емес Жуайя деген елді мекен бар. Ол өзі жалғыз ғана үйден тұрады. Күнге күйдірілген кірпіштен қаланған төрт бұрышты үш қабат үлкен үй. Қабырғаларының әр жағының ұзындығы бес жүз футқа тең, әрбір қабаты астыңғысынан жиырма фут ішке кіріп, алды өзіндік бір алаң жасайды, оларға жоғарғы қабаттан түсетін баспалдақтар бар; төрт бұрыш етіп салынған бұл үйдің ауласы ортасында, оған да баспалдақпен түседі, бөлмелерінде есіктің орнына люк, әдеттегідей емес сатылары алмалы-салмалы. Түнде люктерді жауып, сатыларды алып тастайды, оқатарларда білте мылтықтар мен мушкеттер жатады. Ішке кіруге ешқандай мүмкіндік жоқ; күндіз үй де, түнде — қамал; небары сегіз жүз тұрғыны бар, осындай да елді мекен болады, о? Ал осынша сақтықтың қажеті не екен дейсіз ғой. Өйткені ол өте қауіпті жер, онда кісі жегіштер бар көрінеді. Сөйте тұра жұрт оған неге барады? Өйткені онда алтын көп дейді.
— Мұны неге бұрып әкеп отырсыз? — деп тоқтатты оны өкініші шыдамсыздыққа айналған Мариус.
— Мұны айтып отырған себебім мынау, барон мырза. Мен бұрынғы дипломатпын, өмірден әбден баз кештім. Ескі өркениет зықымды шығарды. Енді жабайылардың ортасында тұрғым келеді.
— Одан әрі не?
— Барон мырза! Әлемді өзімшілдік билейді. Басқаның eгic алқабында жұмыс істейтін батырақ әйел өтіп бара жатқан арбалыға көз сүзеді, ал өз жерінде еңбек етіп жүрген шаруа әйелдің оған қарауға мұршасы жоқ, бұрылмайды да. Кедейдің иті — байға, байдың иті кедейге үреді. Әркім өзін ғана ойлайды. Жұрттың түпкі мақсаты — пайда, ұтыс. Алтын дегенің магнит.
— Одан әрі не? Айтарыңызды айтыңыз.
— Жуайяға барып түпкілікті қоныс тебейін деп едім. Біз үш адамбыз. Жанымда зайыбым және қызым бар, қызым бет біткеннің бәдендісі, сұлу. Ол саяхат ұзақ әрі қымбат тұрады. Маған азын-аулақ ақша керек.
— Онда менің шаруам қанша?
Бейтаныс галстуктен мойынын шығарып созғанда қырғиға ұқсап кетті, оның сөзіне еселенген ілтипатпен қарсылық білдірді:
— Барон мырза менің хатымды оқыған жоқ па еді?
Бұл болжам ақиқаттан алшақ болған жоқ. Шынында да, хаттың мағынасы Мариустің санасын сәл шарпып өтті. Ол оны оқығаннан гөрі қолтаңбасына көбірек үңілген еді. Тіпті онда не туралы сөз болғаны да есінде жоқ. Бір минөт бұрын онда жаңа бір болжам туды. Келушінің сөзінен ол "менің әйелім мен қызым" деген сөзді ұстап қалды. Бейтанысқа ол кез келген тергеуші қызығарлықтай сұңғылалықпен тесіле қарады.
— Анығырақ айтыңыз, — деді ол.
Бейтаныс саусағын жилетінің қалтасына салып, басын көтеріп, бірақ арқасын жазбай, жасыл көзілдірігімен Мариуске ол да қадала қарады.
— Жақсы, барон мырза. Ойымды айқынырақ айтайын. Мен сізге бір құпияны сатқалы отырмын.
— Құпияны дейсіз бе?
— Иә.
— Оның маған қатысы бар ма?
— Иә, ішінара.
— Ол қандай құпия?
Тыңдай отырып Мариус бұл кісіге мұқият сынай қараумен болды.
— Кіріспемді тегін жасаймын, — деді бейтаныс. — Көрерсіз, ол сізді қызықтырады.
— Айтыңыз.
— Барон мырза! Сіздің үйде ұры һәм кісі өлтіруші тұрады.
Мариус дір ете қалды.
— Менің үйімде ме? Жоқ, — деді ол.
Бейтаныс шынтағымен қалпағын сәл сүртіп, түк көрмегендей сөзін жалғады:
— Кісі өлтіруші әрі ұры. Ескеруіңізді сұраймын, барон мырза, бұл арада мен оның бұрынғы, ұмыт болған, заң алдында өтелген, құдай алдында кешірілген ескі күнәларын көп жыл өткендіктен айтпай-ақ қояйын. Оның тек таяудағы қылмыстары, әлі әділ сот білмейтін қылықтары туралы айтайын. Тыңдаңыз. Бұл кісі сіздің сеніміңізге еніп, басқа атпен тіпті отбасыңызға да еніп кетті. Қазір оның шын есімін айтайын. Оны және мүлдем тегін айтып беремін.
— Тыңдап отырмын.
— Оның аты — Жан Вальжан.
— Оны білемін.
— Оның кім екенін сізге тағы да тегін айтамын.
— Айтыңыз.
— Ол қашқын каторжан.
— Оны да білемін.
— Сіз оны мен хабарлаған сәттен кейін ғана білесіз, оны мен айттым.
— Жоқ. Ол туралы бұдан бұрын да білетінмін.
Мариустің "оны білемін" деп қатал қайтарып тастаған ызбарлы үні бейтанысты өрекпітіп, ызасын келтірді. Ол Мариуске ызалы жанарын ұрлана қадап, ізінше тұнжырай қалды. Ол қарасы жай отындай қанша шапшаң болғанымен Мариустің назарынан қағыс қалмады, мұндай көзқарасты бір рет көрсең де ұмыту мүмкін емес. Мұндай ызалы от күйкі жандардың жанарында ғана жанады, ойдың осы терезесінен жалт еткен ұшқынды көзілдірік те жасыра алмайды.
Бейтаныс қарсылық білдіріп жымиды:
— Қарсылық айтуға батылым бармайды, барон мырза. Қайткенмен де, менің бәрінен де хабардар екенім сізге айқын болар. Ал сізге енді хабарлағалы отырғаным тек менің жалғыз өзіме ғана мәлім. Бұл баронесса ханымның байлығына қатысты. Бұл сұмдық құпия. Ол енді сатылады. Мен оны сізге бірінші ұсынып отырмын. Өте арзан, жиырма мың франкке ғана сатамын.
— Басқалар сияқты бұл құпия да маған белгілі, — деді Мариус.
Бейтаныс бағаны сәл-пәл түсіру қажет екен деп ойлап:
— Барон мырза! Он мың франкті алақаныма салыңызшы, мен ол құпияны бірден ашайын.
— Қайталап айтайын, сіздің хабарлайтын ештеңеңіз жоқ. Сіздің не айтқалы тұрғаныңызды мен білемін.
Келімсектің көзінде от қайтадан жалт ете қалды да, ол айқайлап жіберді:
— Ал менің бүгін ауқат жасауым керек қой! Бұл сұмдық құпия, сеніңіз сіз, барон мырза! Айтып беремін, міне, айта да бастадым. Тек маған жиырма франк беріңізші!
Мариус оған қадала қарады.
— Мен сіздің "сұмдық құпияңызды" білемін, Жан Вальжанның атын білгенімдей, сіздің есіміңіз де маған мәлім.
— Менің есімім бе?
— Иә.
— Ол қиын емес қой. Мен өз аты-жөнімді жазып, есімімді атадым емес пе. Мен — Тенар.
—... дьені қосыңыз.
— Қалай?
— Кәдімгі Тенардье.
— Ол кім, өзі?
Қатер кезінде жайра ине түктерін тікірейтеді, ал күйеқоңыз өлген болып сұлық түседі, қарт гвардия алқа-қотан тұра қалады, ал мынау кісі болса, қарқылдап кеп күлді.
Соның ізінше бешпентінің жеңіне қонған тозаңды шертіп түсірді.
Мариус сөзін жалғастырды:
— Сіз сондай-ақ жұмысшы Жондретсіз, күлдіргі актер Фабантусіз, ақын Жанфлосыз, испандық дон Альварессіз және ақыр соңында, Бализар апайсыз.
— Апай дейді? Оныңыз не?
— Сіздердің Монфермейльде дәмханаларыңыз да болған.
— Дәмхана ма? Ешқашан болған емес.
— Мен сізге айтып тұрмын ғой, сіз Тенардьесіз.
— Мен мұны жоққа шығарамын.
— Оның үстіне сіз оңбағансыз. Мә, алыңыз!
Қалтасынан банк билетін алып Мариус оны бейтаныстың бетіне лақтырып жіберді.
— Рахмет! Кешіріңіз! Бес жүз франк пе! Барон мырза!
Қайран қалған ол жып-жып етіп, басын қайта-қайта иіп, билетті ала салып шолып шықты.
— Бес жүз франк екен! — деп қайталады бейтаныс өз көзіне өзі сенбей, кекештеніп: — Недәуір көп ақша! — деп міңгірледі.
— Жарайды, болған іс болды! — деп қалды ол кенеттен. — Ал енді, бір еркін тыныстайық.
Маймылдай шапшаң шалт қимылмен маңдайындағы шашын серпіп тастап, көзілдірігін сыпырып, танауынан екі қауырсын түтікті суырып, табанда бір жерге жытырып тығып жіберді де қалпағын шешкендей бет-пердесін тастап, түк көрмегендей болып шыға келді.
Көзі жайнап, бүршіктене соқаланып терең әжімделген сұрықсыз маңдайы жазылып, құстың тұмсығындай имек мұрны үшкірленіп, ызалы жыртқыштың айлакер ұсқыны қайта көрінді.
— Барон мырза, керемет байқағыш екенсіз. Мен — Тенардьемін, — деді ол мыңқылдап ешбір нышан жоқ өткір үнмен.
Тенардье, әрине, сол, әлі де таңырқаудан айыға алмай отыр, бірақ қысылған жоқ; онда жалпы ұялу деген болмаған ғой. Біреуді қайран қалдырамын деп өзі қайран болды. Осы қорланғаны үшін оған бес жүз франк төленді, оны ынтаға алғанмен, таңырқаудан титтей де арыла алған жоқ.
Өмірінде ол барон Понмерсиді түңғыш рет көріп отыр, ал барон оны басқаша киінгеніне қарамастан танып қойды, ол ол ма, мұның өзін бүге-шігесіне дейін бақайшақтап біліп отыр. Барон жалғыз Тенардьенің ғана емес, Жан Вальжанның да бүкіл ісінен хабардар сияқты. Бұл адам кім өзі, жап-жас бозбала десе де болады, бірақ сондай қатал әрі сондай қайырымды, кісілердің есімдерін, тіпті лақап аттарына дейін бес саусағындай біле тұрып, оларға әмиянын ашып тастайды, қазы құсап әшкерелей отырып, әпенді құсап ақша үлестіреді.
Оқырманның есінде болар, Тенардье бір кезде Мариуспен көрші тұрғанымен, оның өзін ешқашан көрген емес, Парижде мұндай жай сирек кездеспейді; ол тек қыздарынан өздері тұратын үйде кедей Мариус атты бір жас жігіт бар деп жүрдім-бардым естіген еді. Хатты да ол оның жүзін көрмей-ақ жазған. Мариус пен барон Понмерсидің арасында бәз-бір байланыс бар деген ой Тенардьенің миына кіріп те шыққан емес.
Понмерсидің есіміне келер болсақ, ол Ватерлоо түбіндегі айқас алаңында оның аузынан жалғыз-ақ "мерси" деген сөз есітті, соны алғысқа тұрмайтын бірдеңе деп әлі де онша жаратпайды.
Айтқандай, жас жұбайлардың соңынан қалмай, той күнінен бастап әкесінің айтуымен біраз мағлұмат жинаған қызы Азельманың көмегімен өзі жүргізген зерттеу жұмысының арқасында біраз дерек жинады, өзі көлеңкеде қала отырып, қыруар құпия жіптердің күрмеуін шешті. Ол өзінің ептілігі арқасында, қамаудан қамауға түсе жүріп көргені арқасында бірде Бас суағарда өзіне кездескен жанның кім екенін аңғарды. Анғарған адамының ақыры атын да біліп алды. Ол баронесса Понмерсидің Козетта екенін де білді. Алайда бұл арада абайлау керек болды. Козетта деген кім? Оның кім екенін ол нақты білген жоқ. Әрине, ол қыздың заңсыз туғанын топшылайтын — Фантинаның хикаясы оған қашанда күмәнді көрінетін. Бірақ оны жұртқа жария етуден не пайда? Үндемегені үшін бірдеңе дәметуі керек пе? Басқа бірдеңені одан да қымбат сатуға болар, деп ойлады ол Оның үстіне қолында еш дерек болмай әшкерелеймін деп Понмерси баронға жетіп барып: "Сіздің әйеліңіз некесіз туған" деп былш еткізсе, құйрықтан бір теуіп, қуып шықпай ма!
Тенардьенің көзқарасы тұрғысынан оның Мариуспен әңгімесі әлі болмаған секілді. Рас, оған шегініп, бағытынан ауып, стратегиясын ауыстыруға, майданды басқа жерден бастауға тура келгені анық, соған қарамастан бес жүз франк қалтада жатыр. Сонда да ол баронға еш дау туғызбайтын бір жаңалық айтатынына бек сеніп, өзін Понмерси мырзаның алдында бәрінен хабардар, жақсы қаруланған адам етіп көрсетуге тырысты. Тенардье сияқтыларға кез келген әңгіме — айқас. Бастауға бел буған сол айқаста қандай бағыт ұстау керек? Ол кіммен сөйлесерін білген жоқ, бірақ не сөйлерін білді. Өз күшіне деген осы ішкі байқауын ол жай отындай лезде өткізіп, "Мен Тенардьемін" деген сөзден кейін әліптің ақырын күтіп, үндемей қалған.
Мариус те ой үстінде тұр. Сонымен ол ақыр соңында Тенардьені тапты. Іздеп табуға қатты құлшынған адамы алдында. Олай болса бұл әкесі полковник Понмерсидің аманатын орындай алады. Оны батырдың бандитке қарыздар болғаны, әкесінің оған табыттың түбінен тапсырған аманаты әлі орындалмағаны қорлады. Оның Тенардьеге деген күрделі күрделі һәм қарама-қайша қарым-қатынасында ол мынадай жексұрын арқылы құтқарылған әкесінің де қарызын өтейтіндей көрінді. Сөйтіп ол полковниктің аруағын соншалық лайықсыз несие берушіден құтқарып, өзінің әке туралы естелігін қарыз түрмесінен шығарады.
Бұдан бөлек оның мойынында басқа да міндет бар; ол сәті түссе Козетта байлығының көзіне жарық түсіру. Сондай мүмкіндік туған да тәрізді еді. Бәлкім, Тенардье бұл туралы бірдеңе білетін шығар. Бәлкім, оның барлап біліп жүргені пайдалы да болар. Не де болса, білу керек. Мариус, міне, осыдан бастады.
Тенардье "едәуір көп ақшаны" қалтасына тығып, Мариуске жылы шыраймен қарады.
— Тенардье! Мен сізге есіміңізді айттым ғой. Енді сіз маған хабарлауға тиіс болған құпияға келейік. Қалайсыз ба, оны сізге мен айтып берейін. Менде де мәлімет жетерлік. Менің сізден көбірек білетініме қазір көзіңіз жетеді. Сіз айтқандай, Жан Вальжан кісі өлтіруші әрі ұры. Ұры болатын себебі, ол фабрикант Мадлен мырзаны түгін қалдырмай тонап кетті. Кісі өлтіруші болатын себебі, ол полиция уәкілі Жаверді өлтірді.
— Барон мырза, мен мұныңызға түсінбей қалдым, — деді Тенардье.
— Қазір түсінесіз. Құлақ қойыңыз. Па-де-Кале аймағында мың да сегіз жүз жиырма екінші жылдың шамасында өткен кезде сот әділдігіне көнбей күмән келтірген Мадлен есімді бір кісі болған, кейін түзеліп, өзінің жақсы атын қайтарып алған. Бұл кісі сөздің толық мағынасында тақуа, әділ болған. Өнеркәсіп орнының іргетасын қалап, қара шыныдан ұсақ бұйымдар жасайтын фабрика ашқан. Тұтас қаланың әл-ауқатын көтерген. Кейін ол өзі де кездейсоқ дәулет жинаған. Кедейлердің жарылқаушысы, асыраушысы болған. Ауруханалар салдырып, мектептер ашқан, аурулардың көңілін біліп тұрған, қыздарға жасау жасап берген, жесірлерге көмек көрсеткен, жетімдерді бауырына салған; жалпы осы қаланың қамқоршысы болған. Құрметті легион орденінен бас тартқан. Оны қаланың мэрі етіп сайлаған. Мерзімін өтеп шыққан бір каторжан бұл адамның бұрын жасаған қылмысын біледі екен. Ол оның үстінен арыз айтып, түрмеге отырғызып, содан Парижге аттанып, Лафит банк үйінен чек бойынша жалған қолмен жарты миллионнан астам Мадлен мырзаға тиесілі франкті алуға пайдаланған. Мұны мен кассирдің сөзінен білемін. Мадлен мырзаны тонап кеткен каторжан Жан Вальжан болатын. Енді екінші қылмысты іс. Жан Вальжан полиция уәкілі Жаверді өлтірді, оны тапаншадан атып өлтірді. Ол оқиғаға өзім қатыстым.
Тенардье Мариуске масайраған көзбен қарады; ол ұрыстың немен тынарын қолында ұстап отырғанына сеніп, айырылып қалған бағын бір-ақ сәтте қайтарып алатын болды. Сол сәт жағына жымиып қойды ол; төмендегілерге жеңіске жете тұрып та бағыныштылық таныту керек, сондықтан Тенардье Мариуске айтқан сөзімен ғана тынды:
— Сіз теріс жолда жүрсіз, барон мырза!
— Қалайша? — деп қарсылық білдірді Мариус. — Сіз мұны жоққа шығармақсыз ба? Ал бұл шын дерек қой.
— Бұл тап-таза қиял Барон мырзаның маған деген сенімі осыны айтуыма міндеттейді. Бәрінен бұрын керегі — ақиқат пен әділет. Жұртты әділетсіз айыптағанды жаным сүймейді. Барон мырза! Жан Вальжан Мадлен мырзаны жалпы тонаған жоқ және Жаверді де өлтірген жоқ.
— Міне, мен мұны жаңалық ашу деп білемін. Сонда бұл қалай?
— Мен екі бірдей дәлел келтіре аламын.
— Қандай дәлелдер? Айтыңыз.
— Міне, бірінші дәлел: ол Мадлен мырзаны тонаған жоқ, өйткені Мадлен мырза деп жүргені Жан Вальжанның өзі.
— Айтып тұрғаныңыз не сандырақ?
— Ал екіншісін тыңдаңыз: ол Жаверді өлтірген жоқ, Жаверді Жавердің өзі өлтірді.
— Мұнымен не айтқыңыз келеді?
— Жавер өзіне өзі қол жұмсап өлген.
— Дәлелдеңіз! Дәлелдеңіз! — деп айқайлады терісіне сыймаған Мариус.
Тенардье сөз саптауын антикалық александрия жырының мақамына салып:
— Жавер-агент-полицей-су түбінен табылған-Айырбас-көпір маңынан!
— Дәлелдесеңізші!
Тенардье жан қалтасынан сұр қағаздан жасалған көлемді конверт алып шықты, оның іші толған әр үлгідегі парақшалар.
— Міне, менің құжаттарым, — деді де, мардымсып сөзін жалғады. — Барон мырза! Сіздің мүддеңіз үшін мен Жан Вальжан туралы барлығын бүге-шігесіне дейін білуге тырыстым. Жан Вальжан мен Мадлен бір адам екеніне сендіремін, сондай-ақ Жаверді өзінен басқа ешкім өлтірмегеніне сендіремін. Сендіреді екенмін, дәлелдерім де бар. Дәлелдер және қолдан жасалған емес, хатқа онша сенуге болмайды, оны түзетуі мүмкін, ал менің дәлелдерім тасқа басылған.
Осыны айтып Тенардье конверттен газеттің сарғайған, өңі кете бастаған, темекі сасыған екі нөмірін шығарды.
Газеттердің бірі бүктеген жерінен қырқылып, төртке бөлініпті, бұл әжептәуір үшпарақ болғаны.
— Екі іс, екі дәлел, — деп ескертіп, Тенардье жазылған екі газетті де Мариуске ұсынды.
Оқырманға бұл газеттер таныс. Біреуі — ескірегі 1823 жылғы 25 шілдедегі "Ақ ту" газетінен, үзіндісін осы романның екінші бөлімінен оқи алатын жағдаймен танысалық, онда Жан Вальжан мен Мадленнің бір адам екені айтылған. Екіншісі 1832 жылғы 15 маусымдағы "Монитер" газеті Жавердің өзін өзі өлтіргенін растап, оның себеп-салдарын ашқан; Жавердің префектке берген ауызша баянында оның баррикадада тұтқынға алынғаны, мұның Шанврери көшесінде болғаны, ол өз өмірі үшін бүлікшінің біріне қарыздар екені, оның мұны нысанаға алып тұрып, оғын маңдайдан тура түсірмей әдейі аспанға атқаны түгел баяндалған.
Мариус оқып шықты. Оның алдында нақты даталар, бұлтартпас, талас туғызбас дәлелдер жатты. Газеттің екі бірдей нөмірі Тенардьенің сандырағын дәлелдеу үшін басылмағаны айдан анық. "Монитерде" жарияланған мақала префектураның ресми хабары. Мариусте күмән-күдік қалған жоқ. Кассирдің мәліметі дұрыс болмай, мұның өзін адастырған. Жан Вальжанның бейнесі асқақтап, түнектің арасынан шыға келгендей болды. Мариус қуанғанынан айқайламай қала алмады:
— Ал, демек, бұл бейбақ айрықша абзал адам болып шықты ғой. Демек, бұл байлықтың бәрі оның өзіне тиесілі екен. Тұтас бір өлкенің құдіреті болған Мадлен осы. Жавердің құтқарушысы да осы Жан Вальжан. Бұл — батыр. Бұл — әулие.
— Ол әулие де, батыр да емес. Ол кісі өлтіруші һәм ұры, — деді Тенардье өзінің салмағын сезе бастаған адамның үнімен. — Сабыр етіңіз!
Мариус "ұры, кісі өлтіруші" деген сөздерді қайта естіді, енді бітті, қайталанып айтылмас деп отырған сөздер жаңадан жаңғырғанда үстіне біреу мұздай су құйып жібергендей болды.
— Тағы да ма? — деп дауыстап жіберді ол.
— Иә, тағы да, — деді Тенардье. — Жан Вальжан Мадленді тонаған жоқ, бірақ ұры, Жаверді өлтірген жоқ, бірақ кісі өлтіруші.
— Сіз сонау қырық жыл бұрынғы болмашы ұрлықты айтып тұрсыз ба, ол кінәсін жуып, дұрыс жолға түскені туралы өз газетіңіз жазып отырған жоқ па, бүкіл өмірі өкініш пен жанпидалыққа, жақсылық пен қайырымдылыққа толы депті ғой.
— Мен кісі өлтіру мен ұрлығы туралы айтып отырмын, барон мырза. Және қайталап айтайын, осы таяуда болған оқиға ол. Менің сізге ашқалы отырғаным әлі еш пендеге белгісіз, еш жерде жарияланбаған. Бәлкім, сіз Жан Вальжанның баронессаға айламен бере салған байлығының шыққан көзін осы жерден табарсыз. "Айлакерлікпен" деп отырмын, өйткені осындай тарту-таралғының арқасында қадірлі әулетке жанасып, рақатқа олармен бірге бату, сөйтіп қылмысын жасырып, ұрлықтың жемісін пайдалану, өз есімін жасырып, жаңадан туғандар тауып алу, қалай десең де ептіліктің көкесі.
— Мен осы арада сөзіңізді бөлер едім, — деп ескертті Мариус. — Әйткенмен айта беріңіз.
— Барон мырза! Мен барлығын бастан-аяқ айтып берейін, ол үшін мені немен сыйлайтыныңызды жаныңыздың жомарттығы біледі. Бұл құпияны тек алтынмен ғана бағалау керек. "Сен неге Жан Вальжанға бармадың?" — деп сұрарсыз. Оның себебі қарапайым: ол онда бәрінен де бас тартар еді және сіздің пайдаңызға жығып берер еді. Бұл өте айлакерлікпен жасалған шаруа деп ойлаймын. Ал қазір онда соқыр тиын да жоқ, қағылған қалтасын аударып көрсете салады. Ал маған Жуайяға бару керек болғандықтан өзіңізге келуді артық көрдім; сізде бәрі бар, онда түк те жоқ. Мен аздап шаршадым, отыруға рұқсат етіңізші.
Мариус өзі де отырып, оған да отыр деп ым қақты.
Тенардье жұмсақ орындыққа сылқ ете түсіп, екі газетті де алып конвертке қайта салып "Ақ туды" саусағымен шерте отырып:
— Бұл қағаздарды қолға түсіру оңай да болған жоқ, — деп міңгірледі.
Сосын бір аяғын бір аяғының үстіне салып, орындықтың арқасына шалқая кетіп, әр сөзін салмақтап маңғаздана сөйледі, бұлай мардымсу өз күшіне сенімді адамға ғана тән.
— Барон мырза! Мың да сегіз жүз отыз екінші жылдың алтыншы маусымында, шамамен бұдан бір жыл бұрын, тура бүлік болған күні бір кісі Париж сорбұлағының Бас суағарында, суағар Сенаға шығатын жағында Мүгедектер мен Иен көпірлерінің арасындағы тұста жер астында болды.
Мариус ойламаған жерде орындығын Тенардьеге қарай сырғытты. Анау бұл қозғалысты байқап, тыңдаушысын баурап алған шешендей баяулатып, соққының астындағы қарсыласының жүрегі қалай тебіренгенін сезгендей сөзін әрі қарай сабақтады:
— Саясатқа мүлдем қатысы жоқ себеппен жасырынуға мәжбүр болған ол кісі сорбұлақты тұрағы етіп таңдап, оның кілтіне ие болған еді. Қайталаймын, бұл алтыншы маусымда кешкі сағат сегіздің шамасында болған оқиға. Әлгі кісі суағардан бір шу естіді. Өте-мөте таңданған ол қабырғаға жабыса қап тың тыңдады. Бақса әлгі шу аяқ дүрсілі екен; бәз біреу қараңғыдан жол тауып қарсы келе жатыр. Қызық шаруа. Суағарда одан басқа тағы бір адам бар болып шықты. Шығар есіктің тортемірі қашық болмайтын. Сол арқылы түскен әлсіз сәуле оған сол адамды түстеп көруге мүмкіндік туғызды, оның арқасында бірдеңе бар, бүгіліп әрең келеді. Бүгіліп келе жатқан қашқын каторжан еді, ол иығына артып, арқалап келе жатқаны мәйіт болатын. Бұл арада кісі өлімі болса, өлтіруші айғағымен қолға түсіп тұр. Ал тонау дегенге келсек, ол өз өзінен белгілі. Кісіні жайдан жай өлтірмейді ғой. Каторжан өлікті өзенге ағызып жіберуге қамданған. Және бір атап өтерлігі, сыртқа шығар тортемірге жету үшін каторжан бүкіл сорбұлақты сүзіп өтіп, мибатпақ қорысқа тап болмау мүмкін емес. Сол сұмдық қорысқа өлікті тастай салуына да болатын еді. Келесі күні сорбұлақты тазалаушы өлген адамды тауып алар еді, бірақ бұл кісі өлтірушінің есебіне кірмеген. Ол қорыстан ауыр жүгін арқалап өткенді артық көрген, әрине, оның қандай алапат күш-жігерге түскені айтпаса да түсінікті, өз өмірің үшін бұдан артық қатерді ойлап табу қиын болар. Сол арадан оның өлмей тірі қалғанына таңым бар.
Мариус орындығын бұрынғыдан да жақындата түсті. Тенардье демалып алу үшін осы сәтті пайдаланды. Сосын сөзін жалғады.
— Барон мырза! Сорбұлақ Марс алабы емес. Онда барлығы қат, тіпті орынға дейін. Егер оған екі адам түссе, олар бір-бірімен сөзсіз соқтығысып қалуы керек. Солай болып шықты да. Бұл жердің ежелгі тұрғыны мен жүргінші бетпе-бет кездесіп қалды. Жүргінші ежелгі тұрғынға: "Сен менің арқамдағыны көріп тұрсың ба, менің бұл жерден шығуым керек, сенде кілт бар ма, болса маған бер" деді. Ол каторжан — қисапсыз күштің иесі. Оған айтқанын бермей, бас тартуды ойлаудың өзі күпірлік. Соған қарамастан кілт иесі онымен келіссөзге кірісіп уақытты созғысы келді. Ол өлікті шолып шықты, ажыратқаны — тек оның тым жас екені, жақсы киінгені, зайыры бай болуы керек, бірақ үсті-басы қан-жоса екені. Әңгіме кезінде ол амалын тауып кісі өлтірушіге білдіртпей өліктің бешпентінің етегінен жыртып алды. Заттай айғақ дегенді білесіз ғой, ізге түсудің, қылмыскердің қылмысын мойынына қоюдың құралы ол Ол заттай айғақты әлгі кісі қалтасына салып алды. Сосын ол тортемірді ашып, жүргіншіні жүгімен шығарып жіберді де, қайта құлыптап, кісі өлтірушінің өлікті өзенге қалай лақтырғанының куәсі болғысы келмей, бой тасалап қалып қойды. Енді сізге түсінікті болар. Өлікті арқалап жүрген Жан Вальжан болатын, ал кілттің иесі өзіңізбен әңгімелесіп отыр.
Сөзін толық тәмамдамай, Тенардье қалтасынан алып, бас бармағы мен сұқ саусағының арасына қысып, қарайған дақтары бар қара шұғаның қиқымын көзінің деңгейіне дейін көтерді.
Көзін сол қиқымға қадап, демін әрең алып, өліктей құп-қу болып кеткен Мариус орнына тұрып, көзін шүберектен алмай, бір де сөз айтпай қабырғаға шегінді; оң қолын кері созып, төрпештің тұсындағы қабырғаны сипалап, кілтті тауып алып қабырға шкафын ашты да қолын сұқты, оның апалақтаған жанары Тенардье ұстап тұрған қиқымда.
Соған қарамастан Тенардье сөйлеп отыр:
— Барон мырза! Өлген жас жігіттің шетелдік болғанына менің бұлтартпас дерегім бар, шамасы оның қалтасында қисапсыз көп ақша жүрсе керек, Жан Вальжанның алдап тұзағына түсіріп жүргені содан.
— Сол жас жігіт мына мен болатынмын, мынау сол бешпетім! — деп айқайлап жіберген Мариус қан қатқан ескі қара бешпентті еденге тастай салды.
Сосын Тенардьенің қолынан қиқымды жұлып алып еңкейіп бешпенттің жыртылған етегіне сала қойып еді, орнына дәл келді. Енді етек тұтас сияқты көрінді.
Мұны күтпеген Тенардье сілейіп тұрды да қалды. Тек қана: "Еһ, тағы да атыстан шығып кеткенін қарашы!" деп ойлап үлгеруге ғана шамасы жетті.
Мариус әрі өкініш, әрі қуаныш бойын қатар билеп қалш-қалш етіп түрегелді.
Қалтасын қайта ақтарып, қатты ызамен Тенардьеге қарай аттап келіп қолына қысқан бес жүз және мың франктік банк билеттерін бетіне шашып жіберді.
— Сіз оңбаған арамзасыз! Суайт, жалақор, қанішерсіз! Сіз ол адамды айыптамақ болдыңыз, бірақ ақтап шықтыңыз, оны жермен жексен қып құртқыңыз келді, алайда асқақтатып, абыройын көтеріп бердіңіз. Ұры мына сіз! Кісі өлтіруші мына сіз! Мен сізді, Тенардье — Жондрет, Госпиталь бульварындағы апандарыңызда көргенмін. Мен сізді каторгаға, қаласам одан да әрі айдап жіберердей-ақ білемін. Мә саған мың франк, керкеткен қаскүнем, арамза!
Тенардьеге әлгі мың франктік билетті тағы да лақтырды.
— А, Жондрет-Тенардье, қумүйіз қасекі! Бұл сізге соңғы сабақ болсын, басқаның құпиясын саудаға салушы сатқын, қорқазғыш, жексұрын, сұмпайы сұрқия. Тағы да бес жүз франк, ал да табаныңды жалтырат. Сізді тек Ватерлоо ғана құтқарады.
— Ватерлоо дейді? — деп міңгірледі қайран қалған Тенардье қалталарына бес жүз және мың франктік билеттерді тыққыштап жатып.
— Иә, бандит! Сіз сонда полковниктің өмірін арашалап қалғансыз...
— Генералдың деңіз, — деп түзетті Тенардье басын сілке көтеріп.
— Полковниктің! — деп айқай салды қызып кеткен Мариус. — Генерал үшін мен сізге соқыр тиын да бермес едім. Сіз және мұнда ұялмай басқаның абыройын төккелі келгенсіз! Сіз жасамаған қылмыс жоқ. Тайып тұрыңыз! Көзіме қайтып көрінбеңіз. Бақытты болыңыз. сізге бар тілегім осы. Ай, тасжүрек залым! Міне, саған тағы да үш мың франк. Ұстаңыз. Ертеңнен бастап қызыңыз екеуіңіз Америкаға кетесіз. Өйткені әйеліңіз өлген, арсыз суайт! Мен сіздің кетуіңізді қадағалаймын, қараңызшы, сіз кеткен соң тағы да жиырма мың франк чек жазып беремін. Аттаныңыз, дарға асса, сізді басқа жерде ассын!
— Барон мырза! — деді Жондрет, басын жерге жеткенше иіп. — Сізге ғұмыр бойы риза боламын.
Ол ештеңеге де түсінбей, таңданған, таңырқаған, төтеннен түскен байлықтың қуанышты жүгімен һәм ойда жоқта шатыр-шұтыр ете қалған найзағайдай үннен жаншылған қалпы шығып кетті.
Рас, ол оқсап кетті, бірақ шат боп кетті, мұндай найзағайға қарсы жайсерпері болса, ұялар еді, алайда онда ондай қасиет қайдан болсын.
Бұл пендені осымен тәмамдайық. Екі күннен кейін, осында сипатталған оқиғалардан соң Мариус көмегі арқасында ол қызы Азельмамен екеуі басқа есіммен Америкаға аттанды, қалтасында Нью-Иорктегі банкир үйіне жолданған жиырма мың франктің аударма векселі қоса кетті. Бола алмай қалған буржуа бұл Тенардьенің қаскүнем залымдығы жазылмайтын дерт қой, Америкада да ол Еуропадағы дағдысынан танған жоқ. Жаман адам жақсы іске жанасып кетсе болды, бәрін құртады, жақсылықты жамандыққа айналдырады. Мариустің ақшасымен Тенардье құл сатушы болып алды.
Тенардье үйден шығысымен Мариус Козетта әлі де серуендеп жүрген баққа жүгіре жөнелді.
Ол алқынып, қолымен дүрс-дүрс соққан жүрегін сығымдады. Әрлі-берлі аршындай адымдап келіп Козеттаны құшақтай алды.
— Аһ, Козетта! Мен қандай оңбағанмын! — деді сөзін нықтап.
Мариустің есі шықты. Жан Вальжанның абзал жанды, асқақ рухты адам екеніне көзі енді жетті. Оның көз алдына теңдесі жоқ биік адамгершіліктің бейнесі, асқақ та момын, ұлық айбынына қарамай қарапайым, байсалды да парасатты адамның бейнесі келді. Каторжан әулиеге айналды. Осынау ғаламат өзгеріс, түлеп түрлену Мариустің көңілін шалқытып, көзін қарықтырды. Ол қазір өз сезіміне толық есеп берер халде емес еді — бар білетіні керемет бір ұлылықты көрді.
Бір минөт өтер-өтпесте арбакеш есіктің алдында болды, Мариус Козеттаға көмектесіп, шапшаң арбаға отырды.
— Тезірек! — деді ол көшірге. — Қарулы адам көшесі, жетінші үй.
Күйме зырлай жөнелді
— Аһ, қандай бақыт бұл! — деп дауыстап жіберді Козетта. — Қарулы адам көшесі. Ол туралы саған айтуға батылым бармай жүр еді. Біз Жан мырзаға бара жатырмыз ғой.
— Сенің әкеңе барамыз! Ол енді қай кездегіден де артық көрінетін әкең, Козетта! Козетта, мен енді топшылап отырмын. Сен менің Гавроштан жіберген хатымды алмадым деп едің ғой. Бәлкім, ол хат оның қолына түсіп, ол мені құтқару үшін баррикадаға тартқан болар, Козетта. Оның маңдайына арашашы-періште болу жазылған, сондықтан ол басқаларды да, Жаверді де құтқарды. Ол мені саған беру үшін құлаған шыңырау құздан суырып алды. Мені ол арқалап мынау сұмдық қатерлі суағардан өтті. Аһ, мен ғой жақсылықты білмейтін хайуанмын! Козетта! Ол сенің құдіретті пірің болды, сосын менің құтқарушы пірім болды. Тек ой жіберіп көрші, анау сорбұлақта жүз рет батып кетуге болатын сұмдық қатерлі қорыс бар-тұғын. Естимісің, Козетта! Мибатпаққа батып кету деген сұмдық қой! Ол мені содан алып шықты. Мен есімді білмеймін, ештеңе көргенім де, сезгенім де, естігенім де жоқ. Өзімнің не болып, не қойғанымды екі бастан білмеймін. Енді жетті, біз қазір оны өзімізбен бірге алып кетеміз, көнсін-көнбесін, енді бізден ажырамасын ол. Тек қана үйінде болса екен өзі! Тек қана орнынан бассақ болды! Мен оған ақтық демім қалғанша, ақтық күшім біткенше табынып өтемін. Иә, Козетта, көрдің ғой, барлығы дәл осылай болған. Менің хатымды оған беріп жүрген Гаврош. Енді барлығы аян болды. Түсінесің бе оны?
Козетта ештеңе түсінген жоқ.
— Сенікі дұрыс! — деді ол.
Күйме зырлап келеді.
Бесінші тарау
СОҢЫНАН КҮН ШАШЫРАҒАН ТҮН
Есіктің қағылғанын естіп Жан Вальжан жалт қарады.
— Кіріңіз, — деді әлсіз дауыспен.
Есік ашылды. Табалдырықтан Козетта мен Мариус көрінді.
Козетта бөлмеге жүгіріп кірді.
Мариус есіктің босағасына сүйеніп, табалдырықта тұрып қалды.
— Козетта! — деді Жан Вальжан, сосын оған қарай дірілдеген қолын созып, көзінен шексіз қуаныштың шырағы жылтырап, толқыған, өліктей боп-боз ол мамықтағына тіктеліп отырды.
Қатты толқығаннан алқынып Козетта оның кеудесіне қисайды.
— Әке! — деді ол.
Терең тебіренген Жан Вальжан түсініксіздеу бір сөздерді қайталай берді:
— Козетта! Өзі ғой! Сіз бе, ханым! Бұл сен бе? О, Құдай-тағала! — Сосын Козеттаның құшақтағанын түйсініп, ышқына айқайлап жіберді: — Бұл сен бе? Сен осындасың ба? Демек, мені кешіресің ғой.
Мариус жасын ірку үшін көзін жартылай жұмып, алға бір адым аттап еңіреп жібермес үшін сыбырлап:
— Әкем менің! — деді.
— Және сіз, сіз де мені кешіреді екенсіз ғой, — деді Жан Вальжан.
Мариус бір ауыз сөз айта алмады.
— Сізге рахмет айтамын! — деп қосты Жан Вальжан.
Козетта басынан шәлісін сыпырып, қалпағын төсектің үстіне қойды.
— Маған бұлар бөгет боп тұр, — деді ол.
Сосын қарияның тізесіне отырып, оның аппақ шашын абайлай кері қайырып, маңдайынан сүйді.
Әбден абдыраған Жан Вальжан қарсылық көрсетпеді.
Не болып жатқанын буалдыр түсінген Козетта Мариустің борышын өтеуге тырысқандай мәпелеп аялауын үдете түсті.
Жан Вальжан сыбырлай сөйледі.
— Адам қандай ақымақ! Мен ғой сені қайтып көрмеймін деп ойладым. Елестетіп көріңізші өзіңіз, Понмерси мырза, сіз кіріп келген сәтте мен өзіме: "Барлығы да бітті. Міне, Козеттаның кішкентай күніндегі көйлегі, оны енді қайтып көрмейтін болдым ғой" деп едім. Ол сөзді мен баспалдақпен көтеріле берген сәтте айтқанмын. Енді мені қалай есуас демеске болады? Міне, адамдар қандай көзсіз! Олар Құдайдың рақымын есепке алмайды ғой. Ал мархабат мейірімі көп Жаратқан былай дейді: "Ей, бейшара пендем, сені барлығы жалғыз тастап кетті деп ойлайсың ғой? Жоқ, ешқашан олай болмайды! Мен білсем, жұбатар періште керек осында бір бейшара шал бар". Сөйтсе періштесі келіп тұр екен, қария одан өзінің Козеттасын таниды! Ah, мен қандай бақытсыз болып едім!
Ол қас-қағым ғана үндемей қалып, сөзін айта жалғастырды:
— Маған шынында да Козеттаны ара-тұра бір сәтке болса да көріп тұру қажет. Байқайсыз ба, жүрекке те мүжитін сүйек керек. Сөйте тұра мен өзімді артық санадым. Өзімнен өзім қаштым. "Сен оларға керек емессің, өз бұрышында шықпай жат, оларды мезі қылуға хақың жоқ" дедім өзіме. Құдай-ай, тәубе, мен оны қайта көріп отырмын. Білсең бар ғой, Козетта, сенің күйеуің өте көрікті жігіт. Мынау кестеленген жағаң қандай әсем, игілігіңе ки! Маған мынау өрнегі ұнайды. Мұны күйеуің таңдаған шығар, рас қой. Понмерси мырза! Оған "сен" деп айтуыма рұқсат ет. Ол ұзақ та емес қой.
Ал Козетта болса, оны тықсырып жатыр.
— Бізді тастап кетуіңіз сіздің тарапыңыздан жақсы болған жоқ. Сіз қай жаққа барып қайттыңыз? Осынша ұзақ жүргеніңіз не? Бұрын сіздің сапарларыңыз үш-төрт күннен аспаушы еді ғой. Мен Николеттаны ылғи жіберіп отырдым, оған "Ол жоқ" деп жауап береді екен ылғи. Қашан оралдыңыз? Келгеніңізді неғып бізге білдірмедіңіз? Ал, білсеңіз бар ғой, сіз өте өзгеріп кетіпсіз. Сіз ауырып қалыпсыз, ал оны біз білмейміз. Осыңыз өзіңізге ұят емес пе, әке? Қарашы, Мариус, қолын ұстап көрші, сұп-суық.
— Сонымен, сіздер келдіңіздер, о! Демек, сіз мені кешіресіз ғой, Понмерси мырза? — деп қайталады Жан Вальжан.
Осы сөзді Жан Вальжан екінші қайтара айтқанда Мариус шыдай алмай, жүрегіне шүпілдей толып тұрған сезімін лақ еткізіп, айқайлай сөйледі:
— Тыңдап тұрсың ғой, Козетта! Ол алдында айтқанын қайталап, менен тағы да кешірім сұрайды. Ал оның несімен менің алдымда кінәлі екенін білесің бе, Козетта? Ол менің өмірімді ажалдан арашалап қалды. Одан да артығын жасап, сені маған қосты. Ал мені құтқарып, сені маған бергеннен кейін, оның өзіне өзі не істегенін білесің бе? Ол біздің жолымызға өзін құрбандыққа шалды. Міне, бұл осындай жан. Маған, жақсылығын білмеген мен итке, безбүйрек, тасжүрек, ұмытшақ һәм кінәлі маған, "рахмет айтамын" дейді. Козетта! Қалған өмірімнің барлығын осы кісінің аяғының астында өткізсем, соның өзі де аздық етер еді деп ойлаймын. Барлығын, баррикаданы да, жерасты каналын да, анау отты пешті де, анау сорбұлақты да ол мен үшін, мына сен үшін кешіп өтті, Козетта". Ол мені қорғап, оққа өз кеудесін тоса отырып, мың ажалдан аман алып шықты. Бұл дүниеде бар ержүректіктің, мейірбандықтың, батырлықтың, әулиеліктің бәр-бәрі осы кісінің бойында. Козетта, бұл періште ғой, періште!
— Ақырын, ақырын! — деп сыбырлады Жан Вальжан. — Ол турасында айтып қажеті қанша?
— Жарайды, ал сіз ше? — деп әрі ызаланып, әрі разы болып, ілтипат құрметі аралас айқайлап жіберді Мариус. — Сіз өзіңіз неге ештеңе айтпадыңыз? Сіздің кінәңіз, міне, осында. Сіз жұрттың өмірін қорғап, ажалдан құтқарасыз да, оны олардың өзінен жасырып қоясыз. Ол аз болғандай әшкерелеу желеуімен өзіңізді өзіңіз жазғырып жала жабасыз. Бұл енді сұмдық.
— Мен шындықты айттым, — деп ескертті Жан Вальжан.
— Жоқ, — деп қарсылық білдірді Мариус. — Шындық болған соң ақырына дейін шындық болуы керек, ал сіз барлығын айтқан жоқсыз. Сіз Мадлен мырза болғансыз, оны неге айтпадыңыз? Сіз Жаверді құтқардыңыз, оны неге айтпадыңыз? Мен сізге өмірім үшін қарыздармын, оны неге айтпадыңыз?
— Өйткені мен де тура сіз сияқты ойладым. Мен сіздің талабыңыз дұрыс екенін түсіндім. Кетуге тиіс болдым. Егер сіз сорбұлақ туралы білсеңіз, онда мені қалуға мәжбүр ететін едіңіз. Сондықтан мен үндемеуге тиіс болдым. Алда-жалда мен оны айтып қойсам, барлығыңды қысып, ыңғайсыздық туғызар едім.
— Немен қысасыз? Кімді қысасыз? — деп ренжіді Мариус. — Сіз осында қаламын деп ойлап отырсыз ба? Жоқ, біз сізді алып кетеміз. О, құдая! Барлығы жайында кездейсоқ қана біліп қалдым ғой мен! Біз сізді алып кетеміз. Сіз бен біз — бәле-жарғысыз, бір тұтаспыз. Сіз оның әкесісіз, менің де әкемсіз. Мынау ұсқынсыз үйде енді бір күн де қалмайсыз. Ертең осында болады екем деп және де ойламаңыз.
— Ертең, — деді Жан Вальжан, — мен мұнда болмаймын, бірақ сіздердікінде де болмаймын.
— Мұнымен не айтқыңыз келіп отыр? — деп сұрады Мариус. — О, жоқ, біз сіздің басқа жаққа кетіп қалуыңызға рұқсат бермейміз. Сіз бізден енді қайтып ажырамайсыз. Сіз маған тиесілісіз. Ешқайда жібермейміз.
— Бұл жолы біз ойнап айтып отырған жоқпыз, — деп сөзге араласты Козетта. — Төменде көлігіміз тұр. Мен сізді ұрлап әкетемін. Егер қажет болса, күш те қолданамыз.
Күле тұрып ол қарияны көтергендей ыңғай танытты.
— Сіздің бөлмеңіз өзіңізді күтіп әлі күнге бос тұр, — деп сөзін жалғады қызы. — Қазір бақтың қандай көрікті екенін көрсеңіз ғой. Азалия биыл ғажайып гүлдеп тұр. Аллеяларға өзен құмы әкеп төгіліп еді, одан күлгін ұлулар кездеседі. Мен еккен құлпынайдың дәмін татасыз. Оны өзім суарып тұрамын. Енді қайтып "ханым" деген де, "Жан мырза" деген де болмасыншы! Біз Республикада өмір сүріп жатырмыз, жұрттың бәрі бір біріне "сен" деп сөйлейді, рас қой, Мариус? Саяси бағдарлама өзгерді. Мені қандай қайғы күйретіп кеткенін білсеңіз ғой, әке? Қабырғаның жарығына сұр шымшық ұя салып еді, оңбаған мысық оны жеп қойды. Бейшара менің әнші құсым солай құрыды. Ол ұясынан басын қылтитып маған қарап отырушы еді. Мен оған сондай жыладым. Қолыма түссе жауыз мысықты өлтіріп тастағым келеді. Ал қазір ешкім де қайтып жыламайды ғой. Барлығы жайраңдап күледі, барлығы бақытты сіз бізбен бірге жүресіз. Оған атайдың разы боп қалай қуанғанын өзіңіз көресіз. Біз бақтан сізге арнайы көшет отырғызамыз, оны өзіңіз күтіп, өсіресіз, сонда құлпынайыңыз мен өсіргеннен де тәтті болар ма екен, көрерміз.
Сіз не қаласаңыз, соны жасайтыныма уәде беремін, тек мені тыңдайтын боласыз.
Жан Вальжан оны тыңдап отыр, бірақ сөздерін естіген жоқ. Ол оның үнінің сазын тыңдады, бірақ сөзінің мағынасын түсінген жоқ. Жанның құпия маржандары — ірі көз жастары жанарына іркіліп мөлт-мөлт етеді. Ол сыбырлап:
— Құдай-тағаланың мейірімі мол екенінің дәлелі мынау: ол осында, — деді.
— Әке! — деп қалды Козетта.
Жан Вальжан сөзін жалғастырды:
— Рас, бірге тұрған қандай жақсы болар еді! Онда ағаштардың басы қаптаған құс қой. Мен Козеттамен серуендер едім. Тірілердің арасында болу қуанышты ғой, бір-біріңмен сәлемдесіп, бақта дауыстасып жүргеннің өзі бір ғанибет. Таң атысымен-ақ бірге болғанға не жетсін. Әркім бақтағы өз бұрышын күтіп баптаса жақсы емес пе. Маған ол құлпынай теріп беріп, мен оның раушан қиып алуына рұқсат етер едім. Бұл керемет ғажап болар еді. Тек...
Ол бөгеліп баяу ғана:
— Қандай өкінішті! — деді.
Жан Вальжан көз жасын іркіп жымиды.
Козетта өз қолымен қарияның қолын қысты.
— Құдайым-ау! — деп дауыстап жіберді ол, — сіздің қолыңыз бұрынғыдан да суып барады ғой. Сіз ауырасыз ба?
— Мен бе? Жоқ, — деп жауап қатты Жан Вальжан. — Жағдайым өте жақсы. Тек қана...
Ол үндемей қалды.
— Тек қанаңыз не?
— Мен қазір өлемін.
Козетта мен Мариус дір ете қалды.
— Өлесіз бе? — деп Мариус айқайлап жіберді.
— Иә, бірақ ол ештеңе етпейді, — деді Жан Вальжан.
Ол ауыр күрсініп, жымиды да, қайтадан соз бастады:
— Козетта! Сен маған әңгіме айтып едің ғой, жалғастыр, тағы да сөйле. Айтқандай, әнші құс өлген екен ғой. Сөйле, мен сенің даусыңды естігім келеді.
Мариус тас боп қатып қалғандай қарады.
Козетта жантүршігерліктей ойбайға басты:
— Әке! Әкем менің! Сіз өмір сүретін боласыз!
— Сіз өмір сүруге тиісті-десіз, естисіз бе?
Жан Вальжан басын көтеріп, Козеттаға елжірей қарады:
— Иә, айтқандай, менің өлуіме тыйым салшы! Кім біледі. Мүмкін, мен сені тыңдайтын шығармын. Осы да мені тоқтатып тұр ғой, маған жаным қайта кіріп, жазылып келе жатқандай көрінеді.
— Сіздің тіршілігіңіз бен күшіңіз әлі толық, — деді Мариус даусын шығара. — Қалайша сіз кісілер жайдан жай осылай өле қалады деп ойлайсыз? Сіздің уайым-қайғыңыз болған, ол енді өтті де кетті. Сізден мына мен кешірім сұрауым керек және тізерлеп тұрып сұрауға тиіспін. Сіз өмір сүруге тиіссіз, бізбен бірге тұруға және ұзақ жасауға тиіссіз. Біз сізді өзімізбен бірге ала кетеміз. Бұдан былай екеумізде бір ғана ой болады, ол — сіздің бақытыңыздың қамы.
— Ал енді көрдіңіз ғой, — деді Козетта жасқа булығып тұрып, — Мариус те сіз өлмейсіз дейді.
Жан Вальжан жымиды.
— Понмерси мырза, егер сіздер мені өздеріңізге алсаңыздар, мен қазіргімдей болудан қаламын ба? Жоқ. Жаратқан тәңірі де сіз бен біз құсап ойлайды. Және өз шешімін өзгертпейді; оған керегі де менің кетуім. Ажал — алмағайып жағдайдан шығудың тамаша жолы. Бізге не керегін құдай бізден гөрі жақсырақ біледі. Одан да Понмерси мырза Козеттамен бақытты болсын, жастық арайлы таңмен астассын, сіздерді жайнаған гүлдер мен сайраған бұлбұлдар қуантсын, балаларым, өмірлерің күн шапағына шомылсын, гүл-бәйшешек жазирадай шалқысын, аспанның рақымы, жаратқанның шапағаты жүректеріңді нұрландырсын, ал мен енді ештеңеге де жарамаймын, өлемін, солай болуы керек, соның өзі жақсы да. Түсініңдерші, ақылдырақ болыңыздар, енді ештеңе де жасауға болмайды, барлығы да біткенін өзім сезіп отырмын. Бір сағат бұрын есімнен танып қалдым. Ал бүгін түнде мынау бір құмыра суды ішіп қойдым. Козетта, сенің күйеуің қандай жақсы жан! Саған менен гөрі онымен болған әлдеқайда жақсы.
Есіктің аузынан аяқ дүсірі естілді. Доктор кірді.
— Сәлеметсіз бе, доктор, ал қош болыңыз! — деді Жан Вальжан.
— Мынау менің бейшара балаларым.
Мариус дәрігердің қасына келді. Ол оған "мырза..." деген жалғыз ғана сөз айтты, соны айтқанның өзінде аржағында самсап сан сұрақ тұрғаны аңғарылды.
Бұл сауалға доктор жылы шырайымен, астарлы көз қарасымен ғана жауап қатты.
— Егер сізге бәз-бірдеңе ұнамайтын болса, — деді Жан Вальжан, — ол құдайға күпірлік жасап, шүбә келтіруге құқық бермейді.
Үнсіздік орнады. Барлығының жүрегі сыздады.
Жан Вальжан Козеттаға бұрылды. Оған қиыла қарағаны соншалық, оның нұр бейнесін мәңгілікке алып кеткісі келетін сыңайлы. Ол өзі түсіп үлгерген тұңғиық тереңде жатып Козеттаға таңырқау сезімінен айырылған жоқ. Оның бозарған өңінде қыздың нәзік жүзінің нұр сәулесі жатты. Бақса, қабірдің де өз қуанышы болады екен.
Доктор оның тамырын басып көрді.
— Ә, бұл кісі сіздерді сағынып қапаланып жүр екен ғой! — деді ол Козетта мен Мариуске қарап. Сосын Мариуске еңкейіп құлағына: — Енді кеш, — деп сыбырлады.
Жан Вальжан бір сәт Козеттадан көзін алып, айқын жанарын Мариус пен докторға аударды. Оның аузынан болар-болмас естілетін бір сөз шығып кетті:
— Өлу уақа емес, сұмдығы — өмір сүрмеу.
Кенет ол орнынан тұрды. Мұндай қуат әдетте жанталасқан, жантәсілім етер тұста болады. Сенімді қадаммен ол қабырғаға жақындап, көмектескелі ұмтылған Мариус пен докторды ысырып тастап, cay адамдай жеңіл қимылдап, ілулі тұрған Ғайса пайғамбардың кіреске керілген бейнесі бар кішкентай жез тақташаны алып үстелдің үстіне қойды да, ап-айқын ғып:
— Міне, бұл ұлы азапкер! — деді.
Содан соң оның иығы түсіп, басы салбырап, есінен танғандай көрінді, ал тізесіне қойған қолдары тырнағымен шалбарын тырналай бастады.
Козетта оны қолтығынан сүйеп, онымен сөйлескісі келді, бірақ сөйлесе алмай, жылап жіберді. Қайғы-зарының арасынан оның бірер ғана сөзін естуге болатындай еді.
— Әке! Бізді қалдырып қайда барасыз? Сізді тапқанда, қайтадан айырылып қалу үшін тауып па едік?
Жанталас өлгелі жатқан адамды бұралаң, соқпаққа салады: алға да, артқа да тартады, молаға жақындатып апарып, өмірге қайта қайтарады. Ажалға қарсы ол сипалап қозғалатын сияқты.
Жан Вальжан осы есінен танғаннан қайта түзеліп кетті. Басын бір сілкіп, тұмшалап тұрған көлеңкені серпіп тастағандай, айқын санасы қайта оралғандай болды. Козеттаның жеңін сәл түріп қолынан сүйді.
— Ол жанданып келеді. Доктор, ол жанданып келеді! — деп айқайлап жіберді Мариус.
— Сіз екеуіңіз де сондай қайырымдысыңдар! — деді Жан Вальжан. — Мен сіздерге өзімді ренжітіп жүрген бір жайды айтайын. Понмерси мырза, мені ренжіткені — сіздің анау ақшаларды қозғағыңыз келмеуі. Олар шынында да сіздің зайыбыңызға тиесілі. Қазір мен бәрін де баяндайын. Балаларым, сендерді көргеніме соншалық қуанғаным да сондықтан. Қара гагатты — Англиядан, ақ гагатты Германиядан алғызатынбыз. Ол жайында анау қағазда жазылған, оны өздерің оқисыңдар ғой. Мен білезіктердің ілгектерін құймалы ғып жасаудың тәсілін ойлап таптым. Бұл және әсемірек, тәуірірек әрі арзанырақ болып шықты. Бұдан қандай мол ақша табуға болатынын білесіздер ме? Демек, Козеттаның байлығы заң бойынша өзіне тиесілі. Сендерге мұны бақайшақтап айтып отырған себебім — арты тыныш болсын.
Жартылай ашық есіктен қақпашы әйел сығалады. Дәрігер оған кет десе де, оның сөзі қамқоршы кемпірдің кетер алдында өлгелі жатқан кісіге:
— Попты шақыртсақ қайтеді? — деп айқайлауына бөгет болған жоқ.
— Ол менің өзімде бар, — деп жауап қатты Жан Вальжан. Басының жоғары жағында өзіне ғана көрінетін біреуді нұсқағандай саусағын шошайтты.
Бәлкім тірлікпен ажырасар осы сәтте оның ту сыртынан епископ келіп тұрған шығар.
Козетта мәпелеп оның арқасына жастық қойды.
Жан Вальжан қайта сөйледі:
— Понмерси мырза! Сізден өтінерім — мазасызданбаңыз. Бұл алты жүз мың франк шынында да Козеттаға тиесілі. Егер сіз одан бас тартсаңыз, менің күллі өмірім текке өткен болып шығады. Біз әлгі шыны әшекейлердің шеберлігін шыңдап, керемет жетістіктерге жетіп едік. Олар "Берлин асыл тастары" аталатынмен бәсекелесе алатын еді. Алайда олардың бағасын немістің қара шыны түтіктерімен салыстыруға бола ма? Он екі дюжина тамаша қырланған моншақтары бар біздің тұтас гросс небары үш франк тұрады.
Қымбат жанымыз қайтыс боларда біз оны көзімізбен кісендеп ұстай тұру үшін оған ұзақ қиыла қараймыз. Козетта мен Мариус те қолынан ұстап, Жан Вальжанның алдында қайғыдан тілі байланып, қатты қамығып дірілдеп, қалшылдап тұрды да қойды.
Жан Вальжан минут сайын әлсірей берді. Ол барған сайын екіндіге еңістігендей төмендеп, сөне бастады. Тынысы біркелкі болмай қырыл кірейін деді. Қолын қимылдатуы қиындап, аяқтары сіресіп қалды. Алайда әлсіздік меңдей түсуіне орай оның маңдайынан жанының ұлылығы, айбындылығы айқын көрініс берді. Көзінен бұл дүниеге тән емес жарқыл жылтырады.
Жымиған жүзі бұрынғысынан да қуарып кетті. Онда тірлік тоқтап, бірақ бәз-бір жарық білінді. Демалысы әлсіреп, көзінің қарасы тереңдей түсті. Бұл арқасына байланған қанаты білініп тұрған өлік еді.
Ол белгі беріп Козеттаны, сосын Мариусті шақырып алды. Зайыры, өмірінің ақтық сәттері таянса керек. Ол алыстан шыққандай әлсіз үнмен әзер сөйледі, араларында бәз-бір қабырға тұрғандай естілді дауысы:
— Жақындаңдар, екеуің де жақындаңдар. Мен сендерді өте жақсы көремін. Сен де мені сүйесің ғой, менің Козеттам. Сен өз қарияңа әбден бауыр басып, ұдайы ажырамайтынсың. Айналайын, сен менің арқама жастық қойдың ба? Сен мені жоқтап ептеп жылайсың ғой. Тек тым көп жылама. Мен сенің шын қайғырып қапаланғаныңды қаламаймын. Сендердің көбірек көңіл көтерулерің керек, балаларым менің! Сендерге айтуды ұмытып барады екем, қоспасы жоқ иірілген жіптен басқаларға қарағанда әлдеқайда көп табыс түсіруге болады. Жіптің он екі дюжинасы, яғни бір гросы он франкке түседі, ал оны алпыс франкке сатуға болады. Шынында да ол пайдалы шаруа болды. Сондықтан да бұл алты жүз мың франк сізді таңдандырмауға тиіс, Понмерси мырза! Ол адал еңбекпен табылған ақша. Сондықтан қысылмай-қымтырылмай ол байлықты еркін пайдалануыңызға болады. Сіздерге бір бастан күйме сатып алу шарт, ара-тұра театрлардан орын алып қойған абзал, саған балға киетін әшекейлі киім керек, Козеттам менің, өз достарыңызды дәмді тамақпен ауқаттандырып, бақытты өмір кешуге тиіссіздер. Әлгінде ғана бұл жөнінде Козеттаға жазғанмын. Ол менің хатымды тауып алады. Оған мен анау торпештің үстінде тұрған екі шырағданды аманат етіп, мұраға қалдырамын. Рас, олар күмістен құйылған, бірақ мен үшін саф алтыннан артық, тіпті гауһарыңнан да артық, оған қойған қарапайым шырақтарыңның өзі алтарьдағыдай жарқырайды. Мұны маған сыйлаған анау жоғарыдағылар өзіме риза ма, риза емес пе, о жағын білмеймін. Өз қолымнан келгенінің бәрін де істедім. Балапандарым менің! Менің кедей екенімді ұмытпаңдар, аулағырақ бір тұсқа жерлеңдер де, жай белгі болу үшін молама тас қоярсыңдар. Менің соңғы қалауым осындай. Тасқа ешқандай есім жазылмасын. Егер Козетта ара-тұра басыма келіп-кетіп тұрса, аруағым разы болады. Мұның сізге де қатысы бар, Понмерси мырза! Мойындауым керек, сізді ылғи да жақсы көрдім деп айта алмаймын, оған кешіріңіз. Енді Козеттамен екеуің мен үшін бір кісісіңдер. Мен сізге өте-мөте разымын. Оның қызыл шырайлы сүйкімді жүзі мені қандай қуанышқа бөлегенін сезсеңіз ғой, Понмерси мырза! Жүзін кірбің шалып сол бозарса, қатты қапаланатынмын. Комодтың тартпасында бес жүз франктық билет жатыр. Оны мен қозғағаным жоқ. Ол кедейлер үшін, Козетта! Анау төсектің үстіндегі кішкентай күніңдегі көйлегіңді көрдің бе? Танисың ба өзін? Ал одан бері небары он-ақ жыл өтті. Уақыт қалай шапшаң зырлайды! Біз сондай бақытты едік қой! Бәрі бітті. Жыламаңдар, балалар, мен онша алысқа кетіп бара жатқан жоқпын, сендерді ол жақтан да көріп отырамын. Ал түнде қараңғыға көз тігіңдерші, сендерге қарап жымиып тұрған мені көресіңдер. Козетта! Сен Монфермейльді ұмытқан жоқсың ба? Сені орманға жұмсап, қатты қорыққаның есіңде ме? Мен тұтқасынан ұстап бір шелек суды көтеріп тұрдым ғой. Сонда мен алғаш рет құйтымдай қолыңнан ұстадым. Сұп-суық екен! Аһ, бикеш, он да қолың қандай қып-қызыл еді, қазір қандай аппақ. Ал үлкен қуыршақ ше? Оны ұмытқан жоқсың ба? Сен оған Катерина деп ат қойған жоқ па едің! Сен оны монастырьға өзіммен бірге ала кетпедім деп сондай өкініп едің ғой. Мені жиі күлдіруші едің-ау, сүйікті періштем! Жаңбырдан кейін суға сабанның талын тастап, оның қалай аққанын қызықтайтынсың. Кішкентай күніңде ұшып-қонған ұшқалақ болдың. Бірде саған сәмбі талдың бұтақтарынан тоқылған ракетка мен көк және жасыл қауырсынды желбіршек сыйладым. Шамасы, оны ұмытып қалған шығарсың. Кішкентайында қолды-аяққа тұрмайтын ойнақы едің. Ойнауды ұнататынсың. Құлағыңа сырға қып шиені іліп алатынсың. Енді оның бәрі өткеннің еншісі болып, көзден бұлбұл ұшты. Өз қызыммен аралаған орман да, саясында серуендеген ағаштары да екеуміз бой тасалаған монастырь да, асыр салған ойын да, сәби күлкісі де ұмыт болып, барлығы көлеңкеге айналды. Ал мен бейбақ соның бәрін өзіме ғана тиесілі деп жүріппін. Менің ақымақтығым, міне осында. Тенардьелер зұлым жандар болды. Оларды кешіру керек, Козетта! Енді сенің анаңның атын айтатын уақыт келді. Оның аты Фантина болатын. Фантина! Осы есімді есіне ұста. Оны ауызға алар болсаң, тағзым етіп, тізеңді бүк. Ол көп азап шекті. Сені өлердей сүюші еді. Сен қандай бақытты болсаң, ол сондайлық бақытсыз болды. Құдай-тағаланың бұйрығы сол. Қазір сонау заңғарда, жарық жұлдыздардың арасында. Жаратқан жалғыз барлығымызды біледі, не істеп, не қойып жатқанымызды түгел көріп тұр. Міне, солай, менің балапандарым, мен кетіп барамын. Біріңді бірің мәңгі сүйіп өтіңдер. Бір-біріңді сүюден артық бұл пәниде ештеңе жоқ. Ара-тұра осында көз жұмған бейшара шалды да ойлаңдар. Козетта! Болды! Осынша мерзімнің ішінде сені көре алмағаным үшін мен кінәлі емеспін, сол да менің жүрегімді қаусатты; мен тек көшелеріңнің бұрышына дейін барып, кері қайтып жүрдім, сырт жұрт мені әпенді немесе жынды деп ойлаған шығар, шынында да мен есі ауысқан жанға ұқсап кеттім, бірде үйден тіпті бөріксіз шығыппын. Балаларым менің! Көзімнің алды қарауытып барады, әлі де көп жайды айтуым керек еді, бірақ енді бәрібір. Кейде мені еске алып тұрындар. Сендерге құдайдың шапағаты жаусын! Маған не болғанын білмеймін. Бір жарық көріп тұрмын. Жақынырақ келіңдер. Мен бақытты боп өліп барамын. Қымбаттыларым, бақыттыларым, қане қолымды бастарыңа қояйыншы.
Қатты өкініп опынған Козетта мен Мариус жасқа булыға жүріп, тізерлеп отыра қап оның қолына құлай берді. Бірақ бұл киелі қолдар суып қалған екен.
Ол шалқалай беріп, сұлық түсті, қос шырағданнан түскен жарық нұрландырды; боп-боз жүзі аспанға қарап қалды, бірақ Козетта мен Мариуске оның қолын аймалап сүюлеріне бөгет болған жоқ; ол дүние салған еді.
Түн жұлдызсыз, көзге түртсе көрмейтін қараңғы болды. Зайыры марқұмның кеудеден ұшқан жанын іліп әкетуге әзірленіп қасында қанаттарын керіп түнек жамылып періште тұрса керек.
Алтыншы тарау
ШӨП ЖАСЫРАДЫ, ЖАҢБЫР ШАЙАДЫ
Пер-Лашез қорымында, жалпы моладан онша алыс емес, зираттар қаласының сәнді орамынан аулағырақ, ғаламат құлпытас ескерткіштерден жырақ, ажалдың мәңгілік алдындағы жиіркенішті сәніне айналған әшекейлерге жоламай, ескі қабырғаның түбінде, биік аршаның саясында, шырмауық пен арамшөптердің арасында қына басқан тас жатыр. Бұл тас та уақыт алапесіне басқалардан кеш шалдықпаған: көк шалып, балдыр басып, құстар саңғып білгенін істеген. Ол жаңбырдан көгеріп, ауадан қарайып кеткен. Маңында бірде-бір сүрлеу жоқ; жұрт бұл жаққа қадам басуды жаратпайды — шөбі қалың әрі биік, аяғын сулауы мүмкін. Күн жылтыраса болды оған кесірткелер қаптап кетеді. Айнала жабайы сұлының сабақтары сыңсиды. Көктемде ағаш басында шымшықтар шықылықтайды.
Бұл мүлдем жалаңаш тас. Оны зиратқа қандай қажет болса, сондай қып қашаған, тек қана ұзындығы мен ені жеткілікті болып, қабірдің бетін түгел жауып тұруын қамдастырған.
Таста ойып жазылған кісі аты жоқ.
Тек бірнеше жыл бұрын біреудің қолы оған төрт жол жазыпты, оны айырып оқу күн өткен сайын жаңбыр мен тозаңның қырсығынан қиындап барады, ал қазір шамасы өшіп те қалған шығар.
Тірлік кешті ол қаскөй тағдыр күні-түні қудалап,
Періштелер тастай қашып, ұйқыға енді бір ғажап.
Ажал жетті, өліп кетті кезегімен жан үзді,
Күн жылысса-ақ жетіп келер қап-қара түн тәрізді.
1862 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі