(новелла)
Амакава Дзиннайдың әңгімесі
Менің есімім Дзиннай. Толық аты-жөнім, ата-тегім бе? Ес білгелі ел мені Амакава Дзиннай деп атайтын сияқты. Амакава Дзиннай аты сізге таныс па? Жоқ, үрейлене көрмеңіз! Өзіңіз де білесіз, мен баукеспе ұрымын. Бірақ осы түн ұрлық жасау үшін келгем жоқ. Бұл жағынан алаңдамауыңызды өтінем.
Естуімше, Жапониядағы пірәдарлардың ішіндегі ең қайырымдысы сіз көрінесіз. Ұры атанған адаммен аз уақыт болса да бірге отыру сізге жағымсыз да тиер. Бірақ мені ұрлықтан басқа ештеңе білмейді деп ойламаңыз. Дзюраку сарайына шақырылған Люсоннан шыққан Сукэдзаэмонның бір қызметшісінің аты Дзиннай болған! Ал Рикюкодзи жоғары бағалаған "Қызыл бас" атанған құмыра ше? Осы құмыраны жасаған қышшы шебердің де есімі Дзиннай көрінеді. Осыдан екі-үш жыл бұрын "Амакава — никки" кітабын жазған Омурлық тәржімашының есімі де Дзиннай емес пе еді? Ал енді Сандзегевараның жанындағы төбелес кезінде капитан Майдонадоны құтқарып қалған жиһанкез флейташы ше, Сакандағы Мекудзи храмының қақпасының алдында жателдік дәрі-дәрмек сататын саудагер ше? Егер олардың шын атын анықтаса, сөзсіз Дзиннай болып шығар еді. Ол аз десеңіз, бұлардан да беделдірек адамдар бар — өткен жылы Санто — Франциско храмына тұмсығында әулие — ана Марияның тырнағы бейнеленген алтын қайық сыйлаған діндардың есімі де Дзиннай!
Бірақ бүгін, өкінішке орай, жайласып әңгіме айтуға жағдайым жоқ. Тек Амакава Дзиннайдың өзге пенделерден еш айырмашылығы жоғына наныңыз. Жарай ма? Енді сізге қандай бұйымтаймен келгенімді қысқаша түсіндіріп көрейін. Мүмкін болса, бір адамның күнәсін жеңілдету үшін дұға оқысаңыз... Жоқ, ол менің туысым да, туғаным да емес. Менің қылышым оның қанына да былғанған жоқ. Аты? Аты... Атын айтар — айтпасымды анық біле алмай тұрмын. Мен бір адамның жаны жаннатқа баруы үшін, Пауло есімді жапонның жаны о дүниеде де жай табуы үшін дұға оқытсам деп едім. Болмайды дейсіз бе? Әрине, өзге емес, Амакава Дзиннай өтініш қылып тұрғанда ойланбай келісе салу оңай емес. Онда амал қанша, ақиқатын айтайын, бірақ еш уақытша ешкімге бұл жайында тіс жармасқа уәде беріңіз. Мойныңызға ілінген кресті куәлікке тартып ант етесің бе?.. Жоқ... кешіре көріңіз. (Қысыла күлімсірейді). Ұры атыммен сізге сенбеуге қандай қақым бар, пірәдар. Бірақ берген уәдеңізді бұзсаңыз (Кенеттен салмақты бола қалып), тозақ отына жануға жетпейсіз, жазаңызды осы тірлікте тартасыз.
Бұл осыдан екі жыл бұрын болған еді. Түн ортасы кезі, ауа райы оңбай тұрған. Ел кезген тақуаның киімін киіп Киото көшелерін адақтап жүргем. Киото көшелерім кезгеніме неше түн болған. Кеш түсіп, күзет қоңырауы алғаш рет қағылғанда далаға шығып, адамдардың көзіне түсуден қашқақтап үй-үйдің сыртын торуылдап жүргеніме бесінші күн — ді. Неге дейсіз бе? Оны түсіндіріп жатудың қажеттігі болмас...
Сол кездері аз уақытқа теңізге, ең құрығанда, Марикаға кетпек ойым бар-тын, сондықтан ақша ауадай қажет еді.
Көшелерде қозғалыс тоқтап, тіршілік саябырлаған сәт тек жыпырлаған жұлдызды аспан астында толассыз суылдаған жел болмаса. Мен Огавадориды бойлап, шамы сөнген үйлерді түгендеп жүріп бұрылысқа жеттім Бір үлкен үйді көрдім. Бұл бүкіл Киотоға аты танымал Ходзая Ясоэмонның қаладағы мекен-жайы еді. Әрине, екеуі де теңіз саудасымен шұғылданса да, "Ходзеяның сауда үйін", Кадокураның үйімен қатар қоюға келмейтін. Бірақ қалай болғанда да Ходзея Кинусямуроға да, Люсонға да ұдайы бірді-екілі кеме жіберіп тұратын, сондықтан да айтарлықтай ауқатты екеніне еш күмән жоқ-ты. Кәсіп қылуға шыққанда бұл ,шыққанымда жоқ еді, бірақ енді келіп қалғандықтан құр қол қайтпайын деп ойладым. Оның үстіне, әуелде айтқанымдай, түн ортасы ауған шақ-ты, аяқ астынан жел тұрды, қысқасы не керек, менің шаруама ең оңтайлы шақ еді. Тоқыма қалпағым мен таяғымды жол жиегіндегі жаңбыр суын жинайтын қауға ішіне жасырып, биік қоршаудан асып ішке түстім.
Мен жайында нендей алып-қашпа сөздер айтылмайды десеңізші! Амакава Дзиннай көзге көрінбейтін адамға айнала алады десетін көрінеді. Қара халық осыған кәдімгідей-ақ нанады, бірақ сіз нанбассыз деп ойлаймын. Қалаған кезде көзден ғайып болатындай менің жын-шайтанмен шатысым жоқ. Тек Макаода жүргенімде бір португалдық кеменің дәрігері заттардың жаратылысы жөніндегі ілімнен хабардар етіп, сауатымды ашты. Егер сол ілімді іс жүзіне асыра білсең, қолақпандай құлыпты ашудың, ауыр тиекті көтере салудың еш қиындығы жоқ. (Күлімсірейді).
Біздің тағы Жапониямыз көз көрмеген ұрлықшылық тәсілдерді, крест пен зеңбіректі алғанындай етіп, Батыстан қабылдап алды емес пе.
Көп ұзамай мен үйге де кірдім. Бірақ қараңғы дәлізден өткен кезде бөлмелердің бірінде жарық жанып тұрғанын көріп таңғалдым. Ол аздай, біреулердің сөйлескені естіледі. Және орналасу ыңғайына қарағанда өзі шай ішетін бөлме сияқты. "Жауынды күні жайласып шай ішулерін!" — деп іштей бір мырс етіп, ептеп басып жақындай түстім. Шынымды айтсам, дауыстарды естіген сәтте шаруамның орайы келмеді — ау деп ойлағам жоқ, мынандай сәнмен жиһаздалған үй ішінде үй иесі мен оған қонаққа келген досының қалай көңіл көтеріп отырғанын көргім келгені.
Фусумаға тақауым мұң екен, өзім күткендей-ақ құлағыма судың бүлк-бүлк қайнаған даусы келді. Бірақ бір ғажабы, әлгі дыбыстан басқа бөлмеден әлдебіреудің жылағаны естілгендей болды. Әлдебіреудің? Жоқ, жылаған әйел екенін мен бірден түсіндім. Егер осындай ауқатты үйде, түн ішінде, шай ішетін бөлмеде әйел жылап отырса-тегін болмағаны. Демімді ішіме тартып сәл сырғытылған фусуманың саңылауынан сығаладым.
Аспалы қағаз шамның жарығымен көмескі ғана көрінген: токономаға қойылған ескі суреттен, гүл сауытқа салынған хризантемадан... қысқасы, бүкіл бөлмеден ескі сәннің сипаты сезіледі. Токономаның қасында маған бетін беріп отырған қарт, сыңайы, үй иесі Ясоэмонның өзі болса керек. Үстіне ұсақ бедерлі хаори киген, бейне шөңкенің қалай бүлк-бүлк қайнағанына құлақ қойғандай қолын кеудесіне айқастырып ұстап, қимылсыз отыр.
Ясоэмоннан сәл төменірек, маған бір қырын қарап, шашына шаш түйреуіш қадаған салиқалы бәйбіше отыр, өзі әлсін-әлсін көз жасын сүрткіштейді.
"Не ішем, не кием демейді, сонда-дағы бұлардың да қайғысы болғаны-ау!" — деп ойладым сәл күлімсіреп. Күлімсіредім дегенге ерлі-зайыпты Ходзёяларға бір өштігім бар екен деп ойлап қалмаңыз. Маған жаман атақ жамалғанына, міне, қырық жыл, менде ендігі құдай сүйер қылық та қалмаған болар. Неге екенін, әйтеуір, өзге адамдардың бақытсыздығы, әсіресе сырт көзге бақытты көрінетіндердің бақытсыздығы, әрдайым күлкімді келтіреді. (Өңі сұрланып кетеді). Бұл жолы да нақ бір Кабукидің ойынын көргендей ерлі-зайыптылардың аһылап-уһілегеніне қарап рақаттанып қалдым. (Келемеждей күлімсірейді). Бір мен ғана бұндай емеспін. Кімнен болсын жақсы көріп оқитын кітабың қайсы деп сұрашы, онысы қайткенде де әлдеқандай қайғылы хикая болып шығады.
Сәл кідіріп барып, бір күрсініп алып Ясоэмон сөзін жалғады:
— Ақыры бақытсыздыққа ұшыраған екенбіз, болған іске болаттай берік болайық. Қанша жыласаң да, аһылеп — уһілесең де өткенді қайтару жоқ. Мен ертең дүкеншілердің бәрін босатам.
Осы кезде жел күшейіп кетіп, дауыстарды көміп жіберді. Ясоэмонның әйелінің не дегенін естімедім. Әйтеуір, үй иесі басын изеп, қолын тізесіне қойды, сосын шалқайып үйдің қамыстан өрілген төбесіне қарады. Қалың қас, шығыңқы шықшыт, қысықтау көз... оны бір жерде көргенім күмәнсіз, неғұрлым үңіліп қараған сайын осы ойыма беки түстім.
— О, құдіреті күшті Эсу Киристо — сама! Желеп-жебеп, күш-қайрат бере көр!
Ясоэмон көзін жұмып, аузын жыбырлатып дұға сөздерін айта бастады. Кемпірі де күйеуі құсап көк патшасынан көмек сұрап сыбырлауға кірісті. Мен кірпік қақпай Ясоэмонның жүзіне қараумен болдым. Содан жел күшейіп, төңіректі және бір ұйтқытып өткенде ойыма осыдан жиырма жыл бұрын болған оқиға оралып, Ясоэмонды қайда, қалай көргенім есіме түсті.
Жиырма жыл бұрын... жоқ, бәрін жіпке тізіп баяндаудың қажеті болмас... Қысқасы, бұл оқиғаның тоқ етер түйіні мынандай: Макаоға бара жатқан сапарымда бір кеме жасаушы жапонның мені ажалдан алып қалғаны бар. Екеуміз онда тіпті аты-жөн де сұрасқан жоқпыз, содан бері кездескен де емеспіз, бірақ өзім қазір сыртынан қарап тұрған Ясоэмон сол кеме жасаушы-тұғын. Тосын кездесуге таңырқаған мен қарттың жүзінен көз алмай аңырып тұрып қалдым. Енді маған оның жалпақ жауырыны мен күректей алақанынан жақұт жартастарға соғылған толқын мен сандал ағашының иісі аңқитындай сезілген.
Ұзақ-сонар дұғасын оқып бітіп, соңын қайырған соң Ясоэмон әйеліне сабырлы жүзін бұрып, былай деді:
— Бұдан былайғысының бәрі көк тәңірісінің қолында, жарылқаса да, жоқ етсе де еркі. Ақыры қазаның қайнаған екен, маған шай құйып берсең қайтеді?
Бірақ кемпірі тамағына тығылған өксікті әзер тежеп, әлсіреген дауыспен:
— Қазір... қазір... Не дегенмен де ішің ашиды екен... — деді.
— Енді қайтеміз, солай болды екен деп тірліктен түңілеміз бе? "Ходзёя-мару" суға батып, оған жұмсалған бар ақша желге ұшыпты екен деп бәрінен беземіз бе?
— Жоқ, мен ол жайында сөз етіп отырғаным жоқ.
Ең құрығанда, жалғыз ұлымыз Ясабуро қасымызда болса ғой деп ойлаймын да...
Ерлі-зайыптылардың әңгімесін тыңдап тұрып мен тағы да миығымнан күлдім. Бірақ бұл жолы Ходзёялардың бақытсыздығына қыбым қанып күлмеген едім. Мен: "Баяғыда көрген жақсылығымның өтеуін қайыратын кез жетті", — деп қуанып едім. Маған, Амакава Дзиннайға да, жақсылыққа жақсылықпен жауап қайыру қуаныш әкелетін-ді... Шынтуайтына келгенде, менен басқа кімге бұл қуаныш соншама құнды, соншама етене таныс дейсің. (Келемеждеген кейіппен). Өз басым рақымсыз адамдарды аяймын, олар жауыздықтың орнына жақсылық жасағанның қаншалықты қуаныш екенін білмейді ғой!
— Қайта соның жоғы жақсы болды ма деймін! — Ясоэмон күйзелген кейіппен аспалы шамға қарада... — Ең құрығанда, ол желге шашқан қыруар ақша аман болғанда, біз мына қырсықтан құтылып кетер едік. Осы жайында ойласам-ақ, оны үйден қуып жібергенім жөн болған екен деп...
Осы кезде Ясоэмон мені көріп қалып, үрейлене қарады. Оның қорқуы жөн еді, өйткені мен шеткі фусуманы сылт еткізбей сырғытып, жымымды білдірмей кіріп келген едім. Оның үстіне кигенім тақуаның киімі, далада қалдырып кеткен қалпағымның орнына басымды күләпарамен бүркей салғам.
— Үй иесі қайсың?
Ясоэмонды шал дейтін емес, лезде орнынан қарғып тұрды.
— Қорқатын ештеңе жоқ! Мені Амакава Дзиннай деп атайды. Текке абыржи көрмеңіздер. Амакава Дзиннайдың ұры екені рас, бірақ осы түн сіздердің үйге өзге ниетпен енді.
Мен күләпараны қайырып тастап, Ясоэмонның қарсысына келіп отырдым.
Одан ары не болғанын менің айтуымсыз-ақ болжалдаған боларсыз. Мен жақсылыққа жақсылық жасаймын деп уәде қылдым: Ходзёяларды қиын жағдайдан құтқару үшін, үш күн ішінде алты мың күміс қан таппаққа сөз бердім.
"Байқауымша, есік сыртынан біреудің аяқ дыбысы естілетін сияқты. Онда осы түнге қош айтысайық. Ертең, иә бүрсігүні түнде қайта келермін. Макао аспанында "Үлкен крест" шоқжұлдызы жарқырайды, ал Жапония аспанынан оны көре алмайсың. Егер мен де сол шоқжұлдыз тәрізді Жапониядан кетпесем, өзім сізге дұға бағыштауды өтінген Паулоның рухы алдында кінәлі боламын. Немене? "Қалай кетесің" дейсіз бе? Ол үшін қам жемеңіз. Мен еш қиналмай-ақ мына биік терезеден шығамын немесе ана үлкен ошақ арқылы да кете аламын. Сізден тағы да өтінемін, жарылқаушы Паулоның рухы үшін еш жанға осы кездесу жөнінде тіс жара көрмеңіз!"
Ходзея ясоэмонның әңгімесі
Мейірбанды пірәдар! Алдыңызға ағымнан жарылып, ақтарылуға келдім, құлақ қоюыңызды өтінемін. Не қилы істерімен елді шулатқан Амакава Дзиннай атты ұрының бар екенін өзіңіз де білесіз. Естуімше, Нэгородэра ғибадатханасының шатырын мекен еткен де, кампакудың семсерін ұрлаған да, шалғайдағы теңізде Люсонның наместнигіне шабуыл жасаған да сол көрінеді. Мүмкін, бұл жаңалық сізге де жеткен болар, жақында оны қолға түсіріп, Модорибаси көпірінің қасындағы Итидзёде басын көрнекті жерге іліп қойған. Маған сол Амакава Дзиннай орасан зор жақсылық жасады. Бірақ енді сол жақсылықтың азабын тартып жүрмін. Сондықтан да бар айтарымды аяғына дейін тыңдап, көк тәңірісі күнәкар Ходзёя Ясоэмонға рақымшылық жасауын сұрап дұға оқуыңызды өтінемін.
Бұл осыдан екі жыл бұрын, қыста болған еді. Толассыз дауылдың кесірінен менің "Ходзёя-мару" атты кемем теңізге батып, қыруар шығынға ұшырадым, содан бір айналдырған қырсық шыр айналдырып, ісім оңға баспай қойды. "Ходзёяның сауда үйі" жұтап, тіпті мүлдем жабылуға айналды. Өзіңіз де білесіз, саудагерде дос деген болмайды, тек сатып алушылары ғана бар. Ақыры не керек, иірімге түсіп шыр айналған қайық құсап, бүкіл шаруамның шат-шәлекейі шықты. Содан бір күні түнде, жауынды-шашынды түні екені әлі күнге дейін есімде, әйеліміз екеуміз уақыттың тым кешейіп кеткеніне қарамастан әңгімелесіп отырғанбыз. Кенет үйге ел кезген тақуаның киімін киіп, басына жат елдік күләпара жапқан біреудің кіріп келгені. Ол әлгі Амакава Дзиннай еді. Мен әуелі қорқып, соңынан қатты ашуландым. Бірақ оның сөзін аяғына дейін тыңдаған соң ашуым қайтты. Ол менің үйіме ұрлық қылу үшін кірген екен, бірақ шай ішетін бөлмеде шам жанып тұрғанын көріп, біреулердің сөйлескен дауыстарын естіп фусуманың саңылауынан ішке көз салады да, Ходзёя Ясоэмонның өзін, Дзиннайды, жиырма жыл бұрын ажалдан құтқарған адам екенін таниды.
Ол осыны айтқанда мен Макаоға кеме айдап барып жүрген теңізші кезімде әлі сақал өсіруге жетпеген бір жап-жас жапонды әлдеқалай ажалдан құтқарғанымды есіме түсірдім, өзінің айтуына қарағанда, төбелес үстінде бір мас қытайды өлтіріп, енді қуғыннан қашып жүрген көрінеді. Сөйткен жігітім енді атақты ұры Амакава Дзиннайға айналыпты! Қалай болғанда да Дзиннайдың айтқанының ойдан шығарылмағанына нандым да, нендей ниетпен келгенін сұрадым. Абырой болғанда, елдің бәрі ұйқыда еді де, біздің әңгімеге бөгет болар ешкім жоқ-ты.
Сөйтсем Дзиннай баяғыдағы көрген жақсылығының өтеуі үшін қолынан келсе "Ходзёяның сауда үйін" қырсықтан құтқармақ ойда көрінеді, ол үшін қанша ақша керектігін білгісі келеді екен. Мен еріксіз күйзеле күлуге мәжбүр болдым. Соншама ақшаны ұры қайдан тауып бере қойсын. Ақшасы бар адамның, тіпті атақты Амакава Дзиннай болса да, менің үйіме ұрлық қылу үшін түсіп несі бар. Бірақ қанша ақша керектігін айтқанымда, Дзиннай басын сол бір жақ иығына қарай қисайтып тұрып табуға уәде етті, тек бұл түні емес, үш күннен кейін әкелемін деді. Бірақ шаруаны оңдауға қажетті ақша бақандай алты мың кан болғандықтан оның таба қоятынына сену қиын-ды. Бұл сүйек ойыны кезінде ұпай жинап, ұтыс алып қаламын ба деп құр емексумен бірдей еді, дұрысы, ештеңеден үміттенбеген.
Ол түні Дзиннай әйелім құйып берген шайды асықпай ішіп, қолайсыз ауа райына қарамастан кетіп қалды. Келесі күні уәде еткен ақшасын әкелмеді. Екінші күні де келмеді. Ал үшінші күні... ол күні қар жауған-ды, күте-күте түн болды, бірақ одан еш хабар болмады.
Мен: Дзиннайдың уәдесіне сенбедім деп әуелде айттым ғой. Алайда дүкендегі қызметкерлерімнің ешқайсысын жұмыстан босатқан жоқ едім, демек, іштей үміттенгенім де. Шынында да, үшінші түні шай ішетін бөлмедегі аспалы шамның астында отырып, сыртта қар сықырлаған сайын елеңдеп әлдекімді күтумен болдым.
Содан күзет қоңырауы үшінші мәрте қағылғанда шай ішетін бөлменің терезесінің тұсынан әлдебір дыбыс естілді, бейне біреулер алысып жатқан сияқты. Дереу бұл қолға түсіп қалған Дзиннай емес пе екен деген ой сап еткені. Мен бақ жаққа шығатын сёдзиді сырғытып, қол шаммен сыртты жарық қылдым. Шай ішетін бөлменің тұсында, омбы қар үстінде, бамбук ағашының түбінде екі адам алысып жатыр екен, мен бажайлап қарайын дегенше екеудің бірі қарсыласын итеріп тастап, ағаш-ағаштың арасымен қоршауға қарай жүгірді. Ағаш басынан саудыраған қар сусылы, қоршаудың сықыры, сосын төңіректің тып-тыныш болып тына қалуы әлгі адамның қоршауға өрмелеп шығып, ары қарай секіріп түскенін айғақтағандай еді. Бірақ қарсыласы оны қуған да жоқ, үстіндегі қарын қаққыштап, маған тақады.
— Бұл мен, Амакава Дзиннаймын.
Мен аң-таң болып Дзиннайға қарап қалыппын. Сол әуелгі түнгідей жат елдік күлопара мен тақуаның көлеңдеген көйлегін киіпті.
— Төңіректі дүрліктіре жаздадыңдар ғой! Әйтеуір, абырой болғанда, үйдегілердің ешқайсысы ояна қойған жоқ.
Бөлмеге кіре беріп Дзиннай миығынан күлді.
— Түк те етпейді! Үйге кіре бергенімде біреудің баспалап, үйді төңіректеп жүргенін көргенім. Кім екенін білейін деп жолын бөгедім, бірақ ол қашып құтылды.
Көңілімде әлі де қарауылдар жайлы күдік тұрғандықтан, әлгі адам күзетші емес пе екен деп сұрадым. Бірақ Дзиннай ол күзетші емес, ұры болар дегенді айтты. Ұрыны ұрының ұстамақ болғаны күлкілі-ақ емес пе? Енді күлімсіреудің кезегі маған келді. Бірақ қанша күлдім дегеніммен, ақшаның жайын білмей көңілімнің орнығуы мүмкін емес-ті. Мен бір ауыз сөз айтып үлгергенше, Дзиннай, бейне іштегі ойымды оқып білгендей, жайлап белбеуін шешіп, алдыма ақша түйілген түйіншек қойды.
— Еш қам жемеңіз. Алты мың кан алдыңызда. Табуын кеше тапқам, бірақ екі жүз кан жетпегесін бір күн кешеуілдетуге тура келді. Мінекиіңіз, алыңыз. Кешеге дейін жиналған ақшаны осы шай ішетін бөлменің еденінің астына тыққан едім. Сыңайы әлгі ұры соны біліп қалса керек.
Мен оның сөзін түс көріп отырғандай жарым-жартылай ғана естідім. Ұрының қолынан ақша алу бәлендей жақсы іс емес екенін өзім де түсінем. Алайда ақша табыла ма, жоқ па деп уайымдап, бірде үміттеніп, бірде күдер үзіп екі ұдай күйде жүргенде бұның жақсы иә жаман екенін ойламаппын, ал енді бас тартуға тіпті де мүмкіндігім жоқ еді. Оның үстіне, егер ақшадан бас тартсам, өзім ғана емес, бүкіл отбасымды қаңғыртам ғой. Менің жағдайымды ұғып, кешіріммен қарауыңызды өтінемін. Қолымды еденге басып, Дзиннайдың алдында басымды иіп, бір ауыз тіл қатуға дәрменім жетпей жылап жібердім.
Содан кейін екі жылдай Дзиннай жайында ештеңе естімедім. Бірақ соның арқасында қайыршыланудан құтылып, етек-жеңімді жинап, есімді жиғандықтан жұрттан жасырып Мария-самаға құлшылық қылып, Дзиннайдың бақытты болуын тілейтінмін. Бірақ тілегім қабыл болмады, жуырда қалада Амакава Дзиннай ұсталыпты, Модорибаси көпірінің қасында, көрнекті жерде басы ілулі тұр екен деген қауесет шықты. Мен қатты күйзелдім. Жасырын көз жасымды төктім. Бірақ толып жатқан түрлі зұлымдықтары үшін, әйтеуір, бір жазалануға тиіс еді ғой. Қайта осыншама уақыт құдайдың қаһарына ілікпей келгені таңғаларлық. Солай болғанмен де маған істеген жақсылығы үшін басына барып дұға оқығым келді. Осы оймен бүгін қасыма ешкімді ертпей, ілінген басты көру үшін асығыс Модорибасиға жөнелдім.
Мен көпірге келіп жеткенде, бас ілінген жерге халық жиналып қалған екен. Қылмыскердің істеген қылмыстарын тізген боялмаған ағаштан жасалған тақта, қылмыскердің басын күзеткен күзетшілер, бәрі де үйреншікті көріністер еді. Бірақ бамбук ағашының өзара байланыстырылған үш жас бұтағына шаншылған бас, қан қатқан қорқынышты бас, о, тәңірі, бұл немене? Дуылдасқан қалың топты кимелеп келіп, қаны кеуіп құп-қу болып кеткен жансыз басты көріп, қаттым да қалдым. Бұл бас... онікі емес-ті! Бұл Амакава Дзиннайдың басы емес еді! Мына қалың қас, шығыңқы шықшыт, екі қастың арасындағы тыртық-бұның бәрі Дзиннай жүзінде жоқ белгілер. Ол.. Жарық сәуле, төңірегімдегі адамдар, бамбук бұтағына қондырылған бас, бәрі-бәрі бұлдырап, менен алыстап кетті, бір есірік үрей мені есімнен тандырған еді. Бұл Дзиннайдың басы емес-ті. Бұл менің басым болатын! О л менің осыдан жиырма жыл бұрынғы, Дзиннайды өлімнен құтқарған кездегі басым еді! Ясабуро! Егер тілім икемге келсе, мен дәл осылай деп айқай салар едім. Бірақ тырс етіп үн шығаруға шамам жетпей, безгек буғандай қалшылдай бердім.
Ясабуро! Мен ұлымның басына бейне бір көзіме жай елес көрініп тұрғандай қарадым. Сәл-пәл шалқайыңқыраған жансыз бас, жарым-жартылай жабылған кірпік астынан маған шыны көз тесірейе қалыпты. Неге бұлай болды? Мүмкін, менің ұлымды Дзиннаймен шатастырып алған шығар? Бірақ сұраққа алған кезде ақиқат анықталар еді ғой. Әлде өзін Амакава Дзиннаймын деп атаған адам менің ұлым ба екен? Тақуаша киініп, менің үйіме жасырын кірген адам Дзиннайдың атын иемденген басқа біреу ме? Жоқ, мүмкін емес! Үш күн ішінде алты мың кан табу және уәделі күннен кешіктірмей табу, бүкіл ұлан-ғайыр Жапония жерінде тек бір адамның, Дзиннайдың ғана қолынан келмек. Демек... Осы сәтте есіме екі жыл бұрын, сол бір қарлы түні, бақ ішінде Дзиннаймен алысқан белгісіз адам түсті. Кім ол? Сол адам менің ұлым емес пе еді? Иә, жалт етіп бір қарағанда-ақ мен оның ұлым Ясабуроға ұқсайтынын байқаған едім! Мүмкін, маған жай солай елестеген болар. Егер ол, шынында да, ұлым болса, онда... Мен кенеттен ұйқыдан оянғандай селк етіп, жансыз басқа бажайлай қарадым. Қарадым да-оның бір түрлі тосын жымқырылған көкшіл ернінен болар-болмас күлкі ізін көрдім.
Қадаға шаншылған баста күлкі ізі сақталыпты! Бұндай сөзді естігенде сіз күлерсіз де. Мен де әуелі жай елестеген болар деп ойлағам. Бірақ қанша қарасам да кезерген еріннен күлкіге ұқсас әлденені көре бердім.
Көпке дейін осы бір оғаш күлімсіреген еріннен көз ала алмай телмірумен болдым. Бірте-бірте өзімнің де күлімсірегенімді байқамаппын, бірақ күлкімен бірге көзімнен ыстық жас та құйылып кетті.
"Әке, кешіріңіз..." — деген еді маған ұлымның күлімсіреген ерні.
"Әке, жаман ұл болғаным үшін кешіріңіз! Осыдан екі жыл бұрын, бір қарлы түні сізден кешірім сұрап, қайтадан үйге қайтуыма рұқсат етуіңізді өтінуге жасырынып келген едім. Күндіз дүкенде біреу-міреудің көзіне түсіп қалудан қорықтым, ұялдым, сондықтан әдейі түнді күттім, түнде сіздің жатын бөлмеңіздің есігін қағып, көзбе-көз оңаша сөйлессем деп ойладым. Бірақ шай ішетін бөлменің сёдзиінің ар жағынан жарық көріп қуанып, имене басып солай қарай беттей бергенде, әлдебіреу арт жағымнан келіп, әй-шәй жоқ тарпа бас салды.
Әке, одан ары не болғанын өзіңіз де білесіз. Мен күтпеген жағдайдан қатты сасып қалдым, ал енді әкемді көрген сәтте есім шығып, әлгі адамды итеріп жіберіп, қоршаудан бір-ақ қарғыдым. Бірақ аппақ қардың жарығымен қарсыласымның тақуа екенін аңғарған едім, омың соңымнан қумасына көзім жеткен соң, мен қайтадан шай ішетін бөлмеге тақап келдім. Сосын сёдзидің ар жағында тұрып, барлық әңгімені естідім.
Әке! Ходзёяның үйін қиын жағдайдан құтқарған Дзиннай бүкіл отбасымыздың жарылқаушысы. Сондықтан да мен алда-жалда оның басына қатер төнсе, өз өмірімді қисам да құтқарамын деген шешімге келдім. Бізге істеген жақсылығының өтеуін қайтару менен, өз үйінен қуылған қаңғыбастан өзге ешкімнің қолынан келмейтін еді. Оңтайлы кезеңді мен екі жыл күттім. Ақыры, міне, орайы келді. Жаман ұл болғаным үшін кешіріңіз! Мен бұзық болып туған адаммын, бірақ біздің отбасымызға жасалған жақсылықтың өтеуін қайтардым. Жұбаныш қылатыным жалғыз осы жағдай..."
Үйге қайтып келе жатып, жол бойы ұлымның мәрттігіне қайран қалып бір күліп, бір жылаумен болдым. Сіз мүмкін ұлым Ясабуроның мен құсап христиан дінін ұстанатынын, оған тіпті Пауло деген ат қойылғанын білмессіз де. Бірақ... бірақ менің ұлым бақытсыз еді. Тек менің ұлым ғана емес. Егер со жолы Амакава Дзиннай менің үйімді қайыршылықтан құтқармаса, мен қазір бұлай қайғыдан қан жыламас едім. Қалай қиналсам да, қанша азаптансам да бір ойдың ұшығына жете алар емеспін: қайыршыланудан құтылғаным жақсы ма еді, әлде ұлымды тірі сақтағаным жақсы ма?... (Кенет жаны ышқынып).
Құтқара көріңіз мені! Егер бұдан былай да осылай өмір сүретін болсам, күндердің бір күні жарылқаушым Дзиннайды жек көріп кетерім сөзсіз. (Қыстығып ұзақ жылайды).
Пауло ясабуроның әңгімесі
О, әулие ана, Мария — сама! Ертең таңсәріде менің басымды шабады. Басым жерге домалап түскенмен, жаным құсша қалықтап ұшып, саған жетеді. Жоқ мүмкін мен парайсоның ғажаптарын тамашалап, шаттана да алмаспын, тірлігінде тек жауыздықтан басқа ештеңе істеп көрмеген мені инфэруноның оты тосып тұрған болар. Бірақ менің көңілім жай. Жаным бұндай қуанышты, рақаттануды сезінбегелі жиырма жыл
Мен — Ходзёя Ясабуромын. Бірақ менің басым шабылғаннан кейін қадаға шаншылып көрнекті жерге қойылады да, Амакава Дзиннайдың басы атанады. Мен — Амакава Дзиннаймын! Бұдан асқан жағымды нәрсе болар ма?
Амакава Дзиннай! Ғажап есім емес пе? Осы есімді атасам-ақ болды, мен отырған қараңғы қапас іші көктен жауған ақ, алқызыл гүлдерге толып, жайнап кеткен тәрізденеді.
Бұл бұдан екі жыл бұрын, қыстың күні, сол бір естен кетпес қарлы түні болған еді. Мен карта ойынына салуға ақша алмақ ниетпен жасырынып әкемнің үйіне келдім.
Шай ішетін бөлменің сёдзиінің ар жағында жарық әлі жанып тұрғандықтан мен ішке сығалап қарамақ болдым, бірақ осы кезде кенеттен әлдебіреу желкемнен шап берді. Мен жалт бұрылып, қарсыласыммен ұстаса кеттім, қайратына қарағанда кім болса да, әйтеуір, тегін адам емес еді. Оның үстіне біз алысып жатқанда шай бөлменің сёдзиі сырғып ашылып, баққа қол шамның жарығы түсті, жарық ұстаған адамның менің әкем Ясоэмон екеніне еш күмән жоқ еді. Бар күшімді салып қарсыласымның қышқасша қысқан қолынан босандым да, бақтан тайып тұрдым.
Бірақ жарты көше жүгіргеннен кейін тоқтап, бір үйдің тасасына тығылып тұрып жан-жағымды барладым. Көшеде қыбыр еткен ешкім жоқ-ты, тек әлсін-әлсін жел ұйытқытқан қарлы құйын болмаса. Қарсыласым менің соңымнан қууды қиынсынған тәрізді. Бірақ ол кім болды екен? Шала-шарпы қарағандағы байқағаным, оның үстінде тақуаның киімі бар-ды. Алайда қайраттылығына, әсіресе төбелес әдістерін білетініне қарағанда оның жай тақуа еместігі күмәнсіз еді. Және де осындай қарлы түні жай тақуа бақта не іздемек? Біршама ойланып барып, мен қайтадан шай бөлмеге баруға тәуекел жасадым.
Бір сағаттай уақыт өтті. Күдікті кезбе тақуа қардың тоқтағанын пайдаланып Огавадори көшесімен жай басып кетіп бара жатты. Бұл Амакава Дзиннай еді. Самурай, төбелестің төресі, кезбе флейташы, неше түрлі кейіпке ене алатын көз байлаушы, Киотодағы әйгілі ұры! Мен бұғып басып, оның артынан еріп келе жаттым.
Дәл сол сәттегідей еш уақытта қуанып көрген емеспін. Амакава Дзиннай! Амакава Дзиннай! Онымен кездесуді көксегенім сонша, оны тіпті түсімде де көретінмін! Кампакудың семсерін ұрлаған да осы Амакава Дзиннай! Сямурояның жақұт тасын алдап алып алған да осы Амакава Дзиннай! Бидзэн аймағының әміршісінің үйінің алдындағы ағашын шапқан да, капитан Пэрэйраның сағатын ұрлаған да, бір түнде бес қамбаны бұзған да, Микаваның сегіз самурайын өлтірген де, тағы басқа тізе берсең таусылмайтын сансыз зұлымдықтарды жасаған да осы Амакава Дзиннай! Енді міне, сол Дзиннай тоқыма қалпағын көзіне түсіре киіп, нақ менің алдымда ағараңдаған қарлы жолмен келе жатыр. Оны осылай көргенімнің өзі асқан бақыт емес пе. Бірақ менің бұдан да бақыттырақ болғым келгені.
Дзегондзи ғибадатханасының сырт жағына жақындағанымызда мен Дзиннайды қуып жеттім. Ол жерде ұзыннан-ұзақ созылған йен топырақ дуал бар еді, жұрттан жасырынуға күндіз де қолайлы жер-тұғын. Мені көргенде Дзиннай тіпті селт еткен де жоқ, тек аспай-саспай тоқтап, бетіме қарады. Менің сөйлеуімді күткендей, таяғына сүйеніп үн-түнсіз тұра берді. Мен қолымды қусырып, оның қарсы алдына тізерлеп отыра кеттім. Бірақ оның сабырлы жүзін көргенде үнім шықпай қалды.
— Кешіре көріңіз! Мен Ходзёя Ясоэмонның ұлы Ясабуромын, — дедім ақыры тілім икемге келіп, қысылғаннан екі бетім отша жанып. — Сізге айтар өтінішім болған соң соңыңыздан еріп келемін.
Дзиннай тек басын изеді. Сол бір ғана қимылы үшін оған риза болғанымды айтпаңыз! Ептеп батылданып, бұрынғыша қолымды қусырып отырған күйі әкемнің мені үйден қуып шыққанын, қазір көр-жерден жиналған оңбағандармен қатынаста екенімді, бүтін түнде әкемнің үйіне ұрлық қылуға келгенімді, бірақ ойламаған жерден онымен, Дзиннаймен жолығысып қалып, Дзиннай мен әкемнің әңгімесін естігенімді қысқаша баяндап шықтым. Бірақ Дзиинай сол әуелдегісінше ернін қымқырып, маған безірейе қарап тұра берді. Әңгімемді аяқтап болғасын мен тізерлеген күйі оған қарай сәл жылжи түсіп, жүзіне жалбарына қарадым.
— Ходзёяның үйіне жасалған жақсылық маған да қатысты. Сол жақсылығыңызға ризашылығым ретінде қол балаңыз болуға шешім қабылдадым. Өтінемін, соңыңыздан еруіме рұқсат етіңіз! Мен ұрлық жасай аламын, өрт шығару да қолымнан келеді. Басқа да толып жатқан қылмыстарды өзгелерден кем істемеймін...
Бірақ Дзиннай үндемеді. Жүрегім аузыма тығылып, одан сайын қызына сөйледім:
— Жалынамын, мені қызметшілікке алыңыз! Мен аянбай қызмет қыламын. Киото, Фусими, Сакаи, Осака — мен білмейтін мекен жоқ. Күніне он бес рет жүріп өте аламын, бір қолыммен салмағы төрт қапты көтеремін. Өтінемін, мені ерте көріңіз! Сіз үшін не істеуге де әзірмін! Фусими қорғанындағы ақ тауысты ұрла десеңіз — ұрлаймын. Сан-Франциско ғибадатханасының мұнарасын өрте десеңіз — өртеймін. Удайдзиннің қызын тап десеңіз — табамын. Қала бастығының басын кесіп әкел десеңіз — әкелемін...
Менің осы соңғы сөзді айтуым мұң екен, ол кенет бір теуіп шалқамнан түсірді.
— Ақымақ!
Солай деп Дзиннай жүре бермекші еді, бірақ мен есімнен адасқандай аласұрып оның етегіне жармастым.
— Жалынамын, мені ерте көріңіз! Қандай жағдай болмасын сізді сатпаймын! Сіз үшін отқа да, суға да түсем! Эзоптың әңгімесінде аң патшасы арыстанды ажалдан тышқан құтқармай ма... Мен сол тышқанға айналамын... Мен...
— Үніңді өшір! Дзиннайдың жарылқаушысы болатын сенбісің, боқмұрын неме! — Менің қолымды сілкіп тастап, Дзиннай тағы бір тепті. — Оңбаған! Онан да қайырымды ұл болсаң етті!
Ол мені екінші рет тепкенде қаным қайнап кетті. — Жарайды! Қара да тұр, қайтсем де сенің жарылқаушың боламын!
Бірақ Дзиннай артына бір бұрылып қарамастан, қарды сықырлатып шапшаң ұзай берді. Тұтасқан бұлт астынан шыққан айдың жарығымен тоқыма қалпағы ағараңдап көрініп бара жатты!.. Содан бері екі жыл өтті, Дзиннайды қайтадан кездестірген емеспін (Кенет қарқылдап күледі). "Дзиннайдың жарылқаушысы болатын сен емессің, боқмұрын!" — деп еді ол сонда. Бірақ ертең таңсәріде мені Дзиннайдың орнына өлтірмек.
О, әулие — ана, Мария — сама! Осы екі жылда Дзиннайдің жақсылығының өтеуін қайырсам деп қанша қиялдадым, қанша қиналдым! Жоқ, жақсылығының емес, жәбірінің өтеуін қайтаруды көкседім! Бірақ Дзиннай қазір қайда? Не істеп жүр? Кім біледі? Ең бастысы, түр-тұрпаты, кескін-келбеті қандай? Бұны да ешкім білмейді. Мен кездестірген тақуа киімін киген кісі орта бойлы болатын, жасы қырықтар шамасында-тын. Бірақ Янагматидағы көңілді көшелерге жиі келетін кезген самурай қаны бетіне тепкен, отыз жастағы мұртты жігіт емес пе еді? Ал Кабукидағы ойын-сауық үстінде елдің бәрін дүрліктірген белі бүкірейген жирен жат елдік ше, Мекокудзи ғибадатханасының қазынасын үптеп кеткен кекілі көзіне түскен жас самурай ше... егер солардың бәрі Дзиннай десек, онда ол адамның шын бет-әлпетін тап басып тану еш пенденің қолынан келмес... Өстіп әpi-cәpi болып жүргенде өткен жылдың аяғында қан түкіріп ауырып қалдым.
Тек, әйтеуір, көрген зәбірімнің есесін қайтарсам екен! Күннен-күнге жүдеп, семіп бара жатқандағы ойлағаным тек осы еді. Ақыры бір күні түнде санама бір ой сап с іс қалсын. О, Мария-сама! Бұл ойды санама салған сенсің, мейірбан Мария-сама! Бар болғаны қан түкіруден қажыған, терісі сүйегіне жабысқан өлімтік денемнен құтылуға тәуекел етуім керек — соған тәуекел етсем-ақ бұл жалғандағы жалғыз тілегім орындалмақ.
Сол түні қуанышқа мас болып, іштей масайрай күліп, таң атқанша: "Дзиннайдың басының орнына менің басымды шабады!" — деп қайталаумен болдым.
Дзиннайдың басының орнына менің басымды шабады! — қандай ғажайып сөздер! Демек, менімен бірге оның барлық қылмыстары көмілмек. Дзиннай ұлан — ғайыр Жапонияны алаңсыз аралауға мүмкіндік алады. Оның есесіне мен... (Тағы да күледі). Оның есесіне мен бір-ақ түнде атағы жер жарған қарақшыға айналам. Люсонда Сукэдзаэмонның көмекшісі болған, Бидзэн аймағының әміршісінің ағашын шапқан, Риккжодзидің досы атанған, Сямурояның жақұтын алдап алған, Фусими қорғанындағы күміс қазынасының құлпын бұзған, Микаваның сегіз самурайын өлтірген адамға айналам... Дзиннайдың барлық атағын мен тартып аламын. (Тағы қарқылдап күледі). Дзиннайды ажалдан құтқара тұрып мен оның Дзиннай есімін жоқ етемін, оның жақындарыма көрсеткен жақсылығының өтеуін қайыра тұрып, өз зәбірімнің де есесін қайтарамын — бұдан асқан қуанышты, ләззатты есептесу болар ма. Осыны ойлап түні бойы қуанып күлумен болдым. Тіпті қазір қараңғы қапас ішінде отырып та күлмеуім мүмкін емес-ті.
Әлгіндей қулықты ойға алғасын — ақ, мен ұрлық жасау мақсатымен император сарайына түстім. Кешкілік, алагеуім шақ болатын, бамбук перделердің ар жағынан жарық жылтылдайды, қарағайлар арасынан ақ гүлдер ағараңдайды.
Галереяның төбесінен жым-жырт мүлгіген баққа секіріп түскенімде, өзім күткендей-ақ, кенеттен күзетші самурайлар тарпа бас салды. Ойлағаным сол жерде орындалды. Мені жерге жалп еткізген сақалды самурай аяқ-қолымды шандып байлап жатып: "Ақыры Дзиннайды қолға түсірдік-ау!" — деді.
Шынында да, солай болса керек-ті. Амакава Дзиннайдан басқа кім император сарайына түсуге тәуекел етсін? Әлгі сөздерді естіген сәтте жіпке шандылып жатып та еріксіз миығымнан күлдім.
"Дзиннайдың жарылқаушысы болатын сен емессің, боқмұрын!" — деп еді ол. Бірақ ертең таңсәріде мені Дзиннайдың орнына өлтіреді. Осыны өзіне бетпе-бет айтсам! Жұртқа көрсету үшін қадаға шаншылып қойылған жансыз басым оны күтеді. Жансыз бастың ернінен Дзиннай сөзсіз күлкі көреді. "Ал қалай, Ясабуро жақсылығыңның өтеуін қайырды ма? — дейді оған күлімсіреген ерін. — Сен енді Дзиннай емессің. Амакава Дзиннай дегенің — мына бас! Бұл бас — бүкіл елге аты мәшһүр, Жапониядағы бірінші баукеспе ұры". (Қарқылдап күледі). Мен шексіз бақыттымын! Ғұмырымда бірінші рет бақыттың не екенін сезінуім. Бірақ менің басымды әкем Ясоэмон көрсе... (Күйзеліп). Кешіріңіз мені, әке! Егер тіпті менің басымды шаппаған күннің өзінде бәрібір үш жылға жетпей өлер едім, қан түкіріп отырып қайдағы тірлік. Жаман ұл болғаным үшін кешіріңіз. Мен оңбаған болып тудым, ойсыз өмір сүрдім, бірақ, әйтеуір, қайткенде де біздің отбасымызға жасалған жақсылықтың өтеуін қайтардым...
Аударған Б.Қожабекова
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі