Өлең, жыр, ақындар

Қазақ поэзиясының патриархы

(Хамит Ерғалиев хақында)

Хамаң жарықтық соңғы айларда маған жиі-жиі телефон соғып отыруды дағдыға айналдырып алғандай еді. "Оу, даусыңнан о-йно-лайын!..." деп алып, сондағы шегелеп тапсыратыны "Ұлтым дедім — ұлғайдым" атты кітабы болатын. Әу баста әдейілеп үйіне шақырып алып, қолжазбасын қолыма ұстатып тұрып: "Осы кітаптың тағдыры Есенғали екеуіңе аманат, тездетіп шығарып беріңдер! Көзім тірісінде шықса — осы қалпында барсын да, егер кітап жарық көргенше о дүниеге аттанып кетсем, сен аз сөзбен осының бәрін сабақтап айтып, қысқа ғана алғысөз жаз!" — деп те қойғаны бар еді.

Мен ағамның айтқанының бәрін орындауға уәде бергем. Осы төңіректе Есенғали екеумізге жазған хаты да менде сақтаулы жатыр.

Қайтыс боларынан он-он бес күн бұрын тағы телефон соғып:

— Сәкенжан, Есенғалиды таба алмадым. Бір-екі күн ішінде әлгі кітаптың бес-он данасын шығартып бере аласыңдар ма? — деп сұрады.

Мен неге асығып тұрсыз деп сұрамастан, баспаханамен сөйлесіп, бірер күнде хабарласпақ болып уәде берсем де, соңынан сәл-пәл салақсып кеттім-ау деймін...

Бұл тағдыр дегенге дауа қайсы, Хамаң қанша асықтырғанымен, біз қанша тырысқанымызбен, кітап тез шыға қоймады. Ақыры, осыдан екі апта бұрын, сәрсенбі күні қалың елі болып еңіреп жүріп Хаманды соңғы сапарға шығарып салып, жамбасын жерге тигіздік. Сол күні ағамыздың соншалық көп күткен ең соңғы кітабы — осы "Ұлтым дедім — ұлғайдым" да баспадан шықты. Бұл кітаптың аты жөнінде де маған неше дүркін телефон соғып, өз ойын пысықтай құптатып, беймаза бір күй кешкенін жұмыстағы жігіттерге айтып келіп жүрдім. "Күлсең, кәріге күл" деп, парықсыздау күйде күліп те қоюшы едік қылығына.

Ақтық демі таусылардан бір күн бұрын, академик Зейнолла Қабдолов ағамыздың 70 жылдық мерейтойында Хамаңмен бірге болып едік. Қарап отырсам, қазіргі қазақ зиялыларьшың бетке шығар үлкен бір тобы бас қосқан бұл алқалы жиында қарт ақынның да болуы, Зекеңе арнап мінбеден өлең оқуы жыр абызының соңғы бой жазуы, ел-жұртының ыстық құшағымен қимай қоштасуы сияқты болған екен ғой. Шын мәнінде қолынан қаламы түспей, қуаты қашып, күші сарқылмаған сарбаз қалпында бұл жалғанмен қоштасып жүре беріпті. "Сүйегі мықты" деп жатады ғой қазақ, бірақ. Хамаңның сүйегі мықтылығымен бірге, бұл жерде жаратылысының бөлекше құнары, шығармашылық жолға құмарта беріліп, өміріне содан үстеме нәр, қайнарлы қуат алып отыруында ма деп қалам. Әдебиетке, оның ішінде өлеңге қызмет етудің ұлы үлгісін мен Хамаңнан көріп едім. Сексеннен асқан жасының ішінде, ондаған кітап шығара жүріп, қанша дегенмен де қалжыраулы қаламынан туған осынау шағын кітабының тезірек жарық көруіне соншалық ынтық болуы ақынның сол дара болмысын тағы бір дәлелдеп тұрған жоқ па. Өмір сүрген кезеңдегі халқының барша ұмытылмас ұлы оқиғаларына араласқан, ұлт тағдырына ұдайы ортақтасып отырған, сөйтіп өзі де тұтас бір дәуірлік тұлғаға айналып кеткен қаламгер Хамандай-ақ болар. Өзі сүйген өнерге шексіз берілуі арқылы ұлтының асқақ рухына айналып, ел-жұрт болмысымен біржола сіңісіп кеткен кісіні тарих аз біледі.

Өкінішсіз өмір кешіп, тірліктен сұлу кетті Хамаң. О кісі жайлы ел аузында әңгіме де көп. "Жақсының артынан сөз ереді" дегенді осыдан-ақ аңғарар едік. Әрине, келемеж ете алмаса да, біреулердің кекесініне айналған пенделік осалдығы да бар. Сол "осалдығын" кейбіреулер ептілікпен өз пайдасына жаратып та жүрді. Ол осалдық Хамаңның баладай адал аңғалдығы еді, ұдайы алдауға түсіп қала беретін сенгіштігі еді.

Ондай пиғыл-парасат, қимыл-әрекеті, кілт бұрыла салар мінезі жайлы да әлі талай жазылып, талай әңгіме болары ақиқат.

Мына кітапта Хамаң біраз адамға өлең арнапты. Бәрін де оқып, бәріне де иландым. Өйткені бұл кісіні соңғы отыз жыл бойы біліп, танып қалып едім. Аса жақсы көретін ағам еді!

Аға ғана емес, ол бізге, бізді қойшы, өз тұстастарының ең таланттыларына да шығармашылығымен үлгі бола білген ұстаз болатын. Ал, біз болсақ, Хамит шеберлігіне тәнті болып, "Сенің өзенің", "Біздің ауылдың қызы", "Құрманғазы" дастандарын жаттап өскен буыннанбыз.

Үлкен-кіші достары да, шәкірттері де көп еді. Солармен шекіскен кездері болса да, кетіскен жері болмапты. Кісіге қылдай қиянат жасапты деген қауесет жоқ та, кісіге нанғыштығынан опық жепті деген сөздер баршылық. Үзеңгілес өскен Қалижан Бекхожинмен арасындағы аңыздай әдемі оқиғаның өзі де бұл екі ақынның кісілік беделін биіктете түсер еді.

Осынау ақырғы кітабындағы бір өлеңінде:

Тездетем деп керуен өмір жүрісін,
Бас пайдасын ұмытқанның бірісің,
Сол себепті жағынбайтын ешкімге
Жалғыз-жарым жақсы адамның бірісің, —

деп, екінші бір жырында:

Бір парыз міндетіме ала тұрып,
Қашан сол өтелгенше алас ұрып,
Тынымсыз күй кешсем де, жүргендеймін
Өмірді бүтін емес, шала сүріп, —

депті.

Бұл — Хамаңның таза өз портреті.
"Осы кітапқа өзің редактор бол!"

— деп еді Хамаң.

Екі айтқызбай келісіп едім мен.

"Кітап шыға сала Есенғали екеуің газеттердің біріне ашық пікірлеріңді жазындар!" — деп тапсырып еді ағамыз.

Есенғали өзі білер, ағаға берген уәдемде тұрып, әзірге менің айтарым осы болды.

Жұртына өлмес, өшпес мұра қалдырып, өмірінің жалғасын сол мұрасына берген сөз дүлдүлінің бірі, қазақ жырының Патриархы Хамаң жайлы айтылар көп сөз әлі алда.

Бұл сөздер Хамаң қайтыс бола сала жазылып еді, "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланды. "Хамаң жайлы айтылар сөз әлі алда" деп бітіріппін. Сол көп әңгіменің бір үзігі ретінде қағазға түскен сөздер еді бұл, оқушым. Пері болсам деп ойламаған, періште болуға құмартпаған ақын адамның өз келбетін беруге тырысқан түрім осы.

* * *

1968 жылы Талдықорған қаласында облыстық "Октябрь туы" газетінің редакциясында әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезім еді. Орда бұзар отыздың кезінде жөпшендіні менсіне бермейтін мінезің болады. Бірақ ойда жоқ жерден, бұрын мені білмейтін Хамит Ерғалиев телефон соққанда, әжептәуір абыржып қалғаным рас еді. "Сәкен қалқам, — деді Хамаң, — бұл Хамит Ерғалиев деген ағаң ғой. Алматыдағы жігіттер беріп еді телефоныңды. Мен осындағы қонақүйдің алдында тұрмын, келіп, жолығып кетші".

Атағы жер жарған, біз үшін аспандағы аймен таласардай көрінетін Хамит ақын Ерғалиев мені елеп, телефон соғады деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмеген. Сәл абыржып, сасқалақтаған қалпымда газет редакторы Ұзақ Бағаевтың алдына бардым. "Ұзеке, осыңда Хамит Ерғалиев келген екен, конақүйдің алдында тұрмын дейді, телефон соғып, жолығып кет деп тұр, машинаңызды берсеңіз, тез жетіп алып, қайтарып жіберейін", — деп жатырмын жөпелдемете.

Ұзекең аса сабырлы кісі. Мен құсап күйгелектенген жоқ. "О кісі нағып жүр екен? Мен де танитын едім, түскі үзіліс болып қалды ғой, сенімен бірге барып сәлем берейін. Жүр, кеттік!" — дегені.

Әне-міне дегенше, Талдықорған қаласының ол кездегі қосқабат қана жалғыз қонақүйінің алдына келіп тоқтадық. Хаманды алыстан таныдым. Он жыл бұрын, 1958 жылы Алматы көшелерінің бірінде сыртынан Қастек Баянбаев көрсетіп, соңына біраз ере түсіп қалған едік. Ақ шашы арыстанның жалындай болып толқыған, бойын соншалық бір бекзаттықпен тіп-тік ұстап, тура тартып бара жатты. Алыстан қарап, айбарынан ығып, қала берген едік.

Бұдан кейін Талдықорған өз алдына дербес облыс болып тұрғанда (1959 жылға дейін), астананың атағы жер жарған 40 ақыны келіп, әдеби күндер өткізіп қайтқандары бар. Газеттер жазып, радио хабарлап, Жетісу жері абыр-сабыр болып жатқан сол тұста ақындарды алыстан болса да көруге әдейі ауылдан іздеп келгенім бар. Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиев сияқты ақындар қатар тұрып, қаланың орталық саябағы алаңында өлең оқығанда, ел мен жер түгел тебіренгендей болған.

Қалижан ағаның:

Ондайлар болса аранда,
Шықсын мына алаңға! —

деп саңқылдаған дауысы, Хамаңның:

Барлық өзен бір өзіне жарамсақ,
Нұр сипатты Нұра болып жаралсақ, —

деп күмбірлете үн қосқаны құлағымда жүретін.

Сол Хамаң енді міне алдымда тұр, алдымда тұрған жоқ, тап мені күтіп тұр. Машинадан Ұзақ Бағаев екеуміз бір мезгілде түстік-ау деймін, Хамаң менен бұрын соның қолын алып: "Оу, Ұзақ, сәлемет пе, сен де осында екенсің ғой, айтпақтай!" — деп жылы амандасып, сосын маған қарап: "Сәкен сенсің ғой, жігіттер айтып еді, көзі Махамбеттің көзіңдей өткір деп, көзіңнен таныдым, айналайын", — деп, ұсынған қолымды ықыласпен алды.

— Хама, Сәкен айтқан соң, сәлем берейін деп келдім, үйім осы арада жақын. Машина керек болса, айтарсыз, — деп қоштасып, Ұзекең жөніне кетті де, мен ақынның қасында қала бердім.

Хамаң өзінің әлдебір жеке шаруасымен жүргенін, сол шаруаның бүгін біте қоймай тұрғанын, күні бойы қолы бос болғасын, мені әдейі іздеп тапқанын, ертең Үштөбеге баратынын айтып, жөн-жосық білдірді.

Әйелім Үшаралға кетіп, үйде шешем ғана бар еді. Ол кездегі тұрмыс та белгілі, бірден үйге алып барсам, құрауыз отырып қалып жүре ме деп, Хамаңды қонақүйге қапталдас дәмханаға түстік ас ішуге шақырдым. Хамаңның әлі сырын алып болмаған кезім, ас мәзірін өзіне таңдатқым келіп еді, "Маған бәрі бір, өзің ала бер", — деп, билікті мүлдем өзіме қалдырды.

Тәуірі осы-ay деген тағам түрлерінен заказ бердім де, мен ол кезде ішімдікке жоқ едім, сондықтан: "Аға, арақ-шарап жағына қалай қарайсыз, алдыртайын ба? Қайсысынан?" — деп сұрадым.

Хамаң менің жүзіме бағдарлай бір қарап алды да: "Москваның айрықша арағы" жарайды ғой, — деді.

— Қанша алдырайын? — деп сұраппын мен бейбақ.

— Әзірше бір шөлмегі жетер, — деп қойды жайлап. Мен ішпеймін, бір шөлмек көп болып жүрмей ме деген күдігімді ішке бүгіп қалдым да, айтқан әмірін орындадым.

Іштік, жедік. Әңгімемен біраз отырып, Хамаң әлгі шөлмекті тауысқанша жақсы таныс болып шыға келдік.

— Сәкен, сен преферансқа қалай едің? — деп сұрады Хамаң.

— Ептеп ойнаймын.

— Менікі де сол деңгей. Әйтсе де бірер жақсы досың болса, шақыр, үйге барып ермек жасайық, — дегені ғой ағамның.

Үлкен ақынды үйге ертіп келіп, шешеммен таныстырдым. Ақындардан ол кісі бұдан бұрын Ғали Ормановпен танысқан еді. Екеуі құрдас боп шығып, жақсы шүйіркелескен. Хамаңа да "қайным" деп жылы ілтипат танытты. Сүрленіп қалған ет бар екен үйде, соны қазанға тоғытып, шәй қамдауға кірісті. Мен көршілес тұратын бір-екі жігітті шақырып, ақын ағамен таныстырып, біраз "сыздық".

Сол кезде ауылға кеткен әйелім де келіп қалып, жас ет алып жеткен екен, оның да сыйлы мүшесін қазанға салып жатты...

Қысқасы, сол күні Хамаң біздің үйге қонып шықты. Жеке бөлмеге төсек салып беріп: "жайлы жатып, жақсы тұрыңыз", — деп жатырмын.

— Мына жерге бір орындық қойып, ішетіндеріңді қалдыр да, ұйықтай бер, — деді ақын.

"Ішетінің" дегенін түсіне алмай қалып: "Шәй әкеп қояйын ба, Хама?" — деп сұрадым. "Иә, шәйіңді де әкеп қой", — деді о кісі.

Шәйнекпен шәй әкеліп қойдым қасына. "Енді ана ішетініңді әкеп қой", — деді Хамаң.

"Сүтті айтасыз ба?" — дедім. "Сүтіңді де, ішетін шөлмегіңді де әкеле берсеңші", — деді Хамаң.

Сонда барып "ішетініңді" дегенінің не екенін түсіндім ғой.

Ертесінде өткінші жаңбыр жауып, ауламыз біраз ластанып қалған екен. Хамаң облыстық партия комитетіне бармақ болды. Анадайда бір сары қорапты жеңіл машина тұр екен.

— Анау машинаның шоферіне айт, обкомға апарып салсын, — деді Хамаң.

— Ойбай-ау, танымайтын адам мені тыңдай ма? — деймін шырылдап.

— Өй, бәрімізге ортақ Хамит қой демеймісің.

Қол қусырып, қошамет көрсетіл жүрген адамға жасар амалым болмай, машинаның айдаушысына барып: "солай да солай, сыйлы ақын еді, обкомға жеткізіп салар ма екенсің?" — деп жатырмын. Тілеуіңді бергір, мұсылман екен, сөзге келмей келісе кеткені.

— Айттың ба, бәрімізге ортақ Хамит деп, — дейді темекісін үздіксіз бұрқырата сорып, алдыңғы орынға жайғасып жатқан Хамаң.

— Иә, — деп қоямын мен жазған.

Хамаңмен танысуымыздың басы осылай болып еді.

Айтқандай, ұмытып барады екенмін-ау, сол алғаш рет үйге келгенде менің шағын кітапханам жинақталған шкафқа біраз қадала қарап тұрып:

— Оу, сен Мәуленов, Әлімбаев сияқты классиктерді ғана оқиды екенсің ғой, менің кітаптарым неге жоқ? — деді кәдімгідей өкпелей бұртиып.

— Бар еді, — деп шкафтағы кітаптарды ығыстырып, арасынан қарап жатырмын. Құдай атайын дегенде осылай қырсықпай ма, Хамаң кітабы табыла қоймады.

— Қой, қарамай-ақ қой, тым құрығанда, "Құрманғазының" Мәскеуден шыққан нұсқасы тұруы керек еді-ау сенің үйіңде, — деді о кісі.

Әр жылдары жеке шыққан шағын кітаптары бар еді, оқып та жүретін едім. Соның бірі қолыма ілінбей, Хамаң алдында жерге қарағаным бар сөйтіп.

Араға бірер ай салып Алматыға келдім. Ол кезде Жазушылар Одағының бірінші қабатындағы "Жазушы" баспасының поэзия редакциясына бір соға кету әдетіміз болатын. Солай бара жатыр едім, қаракөлеңкелеу тар коридор бойында Хамаңмен қарсы ұшырасып қалдым. Аңқаңдап барып сәлем бердім. Сәлемімді салқын алған ақын, "Қай баласың деместен, сыртқа шығып кете барды. Аңырып мен қалдым. "Апыр-ау, бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем» деуші еді, аз күн бірге жүріп, азды-көпті қызмет көрсетіп едім, бұ кісі дұрыстап сәлем де алмады-ау, сырттай ғана сүйсініп, сырттай ғана сыйлап жүргеніміз дұрыс екен ғой өзі",— деген наламен қала беріп ем.

Тағы бір күні сол редакцияға соқсам, Хамаң телефонмен сөйлесіп тұр екен. Мен бөлмедегілерге амандастым да, әлдебір өз шаруамды айтып Әнуарбек Дүйсенбиевпен сөйлесіп кеттім ақырын. Телефонды орнына қойған Хамаң маған біраз қарап отырды да:

— Оу, сен Сәкенбісің? Қалқам-ау, неге амандаспайсың? — дегені.

Мен самарқаулау қол беріп амандастым да:

— Хама, өтірік пе, шын ба қайдам, екі күн бұрын құрақ ұша қол беріп амандасып едім осы коридор бойында, елемей, өте шықтыңыз. Соған өкпелеген түрім ғой, — деген болдым.

Хамаң қалбалақтап: "апырай, мен қараңғылау тұста жыға танымаған болдым-ау. Әйтпесе, қалқам, неге сенің сәлемінді алмаймын! Кітабымды үйіңе сақтамағаныңмен, қалтқысыз шын құрметіңді көрдім, мені сыйлайтыныңды дәлелдегенсің. Оны осындағы жігіттерге айтып та келген болатынмын", — деді.

Көңілім қайта жылып, жадыражай күй кештім. Кезекті бір кішкентай кітабым жарық көргелі жатыр еді, соған Сағи Жиенбаев екеуіміз ат тауып қоя алмай, әуре болдық. Соны аңғарып қалған Хамаң:

— Мен ат тауып берсем, жуасыңдар ма екеуің? — деп сұрады. Біз "жуамыз" дестік.

— Ендеше "Жайдарман" деп қой кітап атын. Мен білсем, осы сөзде көп мағына жатыр. Жайдарылық, саздылық, үндестіктің бәрі бар.

Біз бірауыздан келістік те, кітап атын "Жайдарман" қойғанбыз.

1974 жылы Алматыға ауысып келіп, Қазақстан Жазушылар Одағына қызметке тұрдым. Аманжол Шамкенов, Қадыр Мырзалиев, Қалихан Ысқақов төртеуіміз бір бөлмеде отыратын едік. Бір күні Хамаң келді. Бөлмеде мен жалғыз болатынмын.

— Сәкен, осы сен Мәскеуде оқыдым деген сықылды едің-ау, ә! Орысшаң қалай еді? Маған бір аннотация жазып бересің бе жақсылап? — деп сұрады.

— Ақысы болса, боқысын шығарамыз ғой, Хама! — дедім мен бұл кезде жиі-жиі ұшырасып, біраздан бері бойым үйрене бастаған ағама қалжыңдап.

— Ақысы болып қалар, — деп қалтасын қарманды да, — сен маған 10 сом қарыз бере тұр да, әлгіні жазып таста. Оған дейін мен бір шөлмек тәуір коньяк іздеп келейін, — деді.

— Менде 10 сом болса, сізді жүгіртіп нем бар, бәрін өзім орындамаймын ба, — деймін мен.

Хамаң сәл қипақтап тұрып:

— Жә, сен жаза бер, мен Фаридаға барып келейін, — деп шығып кетті.

Фаридасы әдеби қордың бухгалтері екенін сезе қойдым. Ол бір ақкөңіл жақсы әйел еді, қолында болса, қарыз беруден тартынбайтын. Бәріміз де оның алдына қысылмай бара беретін едік.

Менің жазған аннотациямды Хамаң қатты ұнатты да, төмендегі "барға" ертіп барып, бір шөлмек коньяк алды. Алдыма қойған орталау стакандағы ішімдікті сылқ еткізіп бір-ақ жұта салып едім, "Мынау қайтеді-ей" дегендей, Хамаң:

— Коньякты бойға тарата, асықпай ұрттап ішер болар, — деп ескерту жасады.

Мені аяғаны ма, коньяк тез бітіп қалады дегені ме, о жағын анық аңғара алмадым.

Сол күні ғой деймін, Хамаңмен қолтықтасып баспалдақтан төмен түсіп келе жатып, өз-өзімнен аяғым шалынысып қалғаны.

— Ой, сен жап-жас болып тәлтіректейсің ғой өзі, арақ іше алмайтын неме ме едің! — деп сөкті келіп.

— Жоға, сау адамның да сүрінетіні болады ғой, жәй шығар, — деп ақталайын мен.

Келесі көшенің қиылысында Құдай атып аяғым тағы шатасып, құлай жаздап барып қалдым.

— Жә, болды, қайда тұратын едің, енді жөніңді тап, өз бойын ұстай алмайтындармен қолтықтасып жүре алмаймын мен! — деп ашуланған ағам қолды бір сілтеді де, мені сол жерде қалдырып, жөніне кете бергені...

1975 жылғы жыл қорытындысының бас қосуында мен 1974 жылғы поэзия турасында баяндама жасадым. Жастық, албырттық болар бәлкім, әйтеуір, өзімнен жасы едәуір үлкен бірер аға ақындардың жадағайлау шығармаларына азуды салыңқырап, ащырақ пікір айтып жібердім-ау деймін. Әйтеуір, баяндамадан соңғы жарыссөзде мінбеге шыққан Қалижан Бекхожин ағам сұлу мұрты жыбырлап, залдағы маған сұқ саусағын кезей тұрып, біраз қатты сөз айтты.

— Сен Диханның өлеңін сынайсың, бір жеріңе қарамай, — деді Қалекең, — ол коммунистік қоғамды, партияны жырлайды. Сен итті жырлайсың, — деп сөкті.

Соның алдында "Қазақ әдебиеті" газетінде менің ішінде "Арланның ажалы" деп аталатын өлеңім бар топтамам жарияланған болатын. "Ит туралы жазсам да, жақсы жазсам бопты да" дейін деп бір тұрдым да, дауды ушықтырмауды ойлап, үндемегем. Үзіліске шыққанда Сырбай Мәуленов, Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиевтерге кездейсоқ қосыла қалып едім, Хамаң тұрып:

— Сәкен, сен Қалижанның сөзін ауыр алма. Мұның ит десе ұстап кететін ескі жыны бар. Ертеде бір шекарашылар туралы поэмаларға конкурс жарияланып, соған Қасым Аманжолов "Сырттан" деген поэмасымен қосылған еді. Сондағы бір жиында осы Қалекең: "шекараны итке күзету деген де сөз бола ма екен!" — деп, Қасым шығармасын қатты сынады. Бір күні осылай бас қосып отыр едік, үстімізге Қасым кіріп келді де:

— Мә, сенің "Шекарашың" емес, менің "Сырттаным" алды бәйгені! — деп бір газетті Қалижанға қарай лақтыра салды. Бұл бәйге қорытындысы жарияланған газет екен. Содан бері Қалижанның ит туралы жазған ақынды жаратпайтын әдеті, — деп бір тоқтады.

Сұлу мұрты жыбыр-жыбыр етіп, үндемей Қалекең тұрды. "Солай да болғаны бар!" — деп мұқыл қолымен бетін сипап Сырағаң күлген гүрілдеп.

Үш ағамды "барға" ертіп апарып, көмейлерін жібітіп қайтқаным да бар еді-ау!

Пенделікке бой алдыра қоймаған, жікшілдік-жершілдік дертіне шалдығып, рушылдықпен уланбай өткен сиректердің сойы да Хамаң еді деп білем. Талдықорған өңірінен шыққан Құдаш Мұқашев, Тұрсынзада Есімжановтарға әкесіндей қамқорлық жасағанының куәсі болып едім.

Оқта-текте ойламаған жерден телефон соғатын.

— Сәкен, — деді бірде, — мен қарап отырмай, қазір өсиет жазып шықтым. "Өзекті жанға өлім бар, егер мен анау-мынау болып кетсем, орысша айтқанда, душеприказчиктерім Зейнолла Қабдолов, Сағи Жиенбаев, Сәкен Иманасов болады" деп жазып, сейфіме салып қойдым. Саған соны айтып қояйын деп едім.

Мен ләм-мим деп үндей алмай қалғанмын. Ол өсиеті бар ма, жоқ па деп мұрагерлерінен сұрауды да ерсі көрдім. Кейінгілері бәлки әруақтың ұйғарымымен келіскілері келмеген де шығар, кім біліпті...

Ақын кейде алданып та қалушы еді. Қазақстан жазушыларының "Қалдарбек съезі" аталған құрылтай жиыны болған. Сонда Хамаң сөйлеп: "Жазушылар Одағы жабылып қалса да, Қалдарбек аман жүрсе болды, бізді жарылқайтын осы болады!" — деген еді.

Кейін Қалдарбектен де көңілі қалған бір тұста: "Апыр-ай, Хама-ай, сонда Сіз де солай деп едіңіз-ау!" — деп әлгі сөзін есіне салдым.

— Әй, қой. Мені де ұрып өлтірер адам жоқ деп, өзімді өзім жеп жүргенім де жетер, енді сен табалама! — деп тыйып тастаған.

Хамаңның 80 жылдық мерейтойы драмтеатрда өтті ғой. "Жазушы" баспасы атынан баспа директоры Есенғали Раушанов інім екеуміз сый-сыяпатымызды алып барғанбыз, бірақ бізге сөз тимей, той жалғасы ертеңінде Жазушылар Одағында жалғаспақ болған. Не бөгет болғанын білмеймін, ертесінде де, сол күні өткен қонақасыға да біз бара алмай қалдық. Арада апта өтпей Хамаң телефон соғып, үйіне қонаққа шақырды. "Сендер тойда болмадындар, енді бұлтара алмассыңдар!" — деп.

Сол күні ол үйде ұзақ отырдық. Көп әңгімелер айтыдды. Өлең оқылып, біраз сілтестік. Үш ұрпақ өкілдері екендігіміз де естен шығып кетті. Соңғы жылдары шыққан екі проза кітабын сыйлады бізге. Енді қайтайық дегенде, Хамаң қояр да қоймай отырып тағы бір шөлмек аштырды. Ішуден зәрезап болған біз "ашпаңыз" деп ат-тонымызды ала қашсақ та: "Тым құрығанда аштырып кетсеңдерші, әйтпесе, мына апаларың, "ашылғаны жоқ" деп, сендер кеткен соң, маған татырмай қояды ғой!" — деп те бізді бір күлдіріп еді-ау жарықтық.

Бұл біздің сыр ақтарыса жарасып отырған соңғы бас-қосуымыз болып еді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз