Екінші нұсқа
АҢҒАРТУ
"Сөнбейтін от" — "Қабеннің құбылысы" атты драманың біраз өзгертілген жаңа нұсқасы, дәлірек айтқанда, сахналық нұсқасы. 1967 жылы М.О.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасына пьесаның осы варианты қойылды.
Пьесаға қатысатын адамдарда да аздаған өзгерістер бар: Дәуреннің орнына Сардар, Азаттың орнына Азамат алынды. Бұл нұсқада Сағира жоқ, тыңнан Бастаушы және Бас дәрігер енгізілді.
Бір ескеретін нәрсе: "Ұшқын" романында Дәурен —Тайманның әкесі, ал "Қабеннің құбылысы" драмасында Сардардың орнында жүр. Неге?
Бұл екі кейіпкер — Дәурен де, Сардар да —қазақ мұнайшыларының Аға буынының өкілдері. Екеуі екі романда бірін бірі толықтырып тұрған (бір медальдың екі беті секілді) бейнелер. Сондықтан бірін-бірі ауыстыруында да заңдылық бар.
Автор
ҚАТЫСАТЫН АДАМДАР
Бастаушы
Қабен - Профессор
Сардар - Доцент
Жанар - Басшы
Тайман - Хатшы
Қоңыз мұрт - Ақбас ғалым
Азамат - Бас дәрігер
Марғау - Хирург
Ғалымдар, мұнайшылар
ПРОЛОГ
Шымылдық ашылғанда сахна қараңғы. Бір шеттен авансценаға Бастаушы шығады. Жарық соған ғана түсіп тұр.
Бастаушы (ойлы). Ежелгі көне Шығыста Керім деген кісі өз кеудесіндегі құштарлық отына өзі жанып кетіпті деген аңыз бар. Бұл сыр жырға айналған:
"Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ ?!"
(Залдағылармен кеңескендей). Қалай ойлайсыңдар?.. Қайдағы бір түнекті түру үшін ғана емес, адам шын мәніндегі Адам деген атқа лайық өмір сүру үшін, аз ба, көп пе, әйтеуір бір-ақ кешер ғұмыр — тіршілікте мүлгіп-қалғымай, әрқашан ояу жүру үшін не істеу керек? (Жігерлі). Кеудені құштарлық отымен қоздату керек, мақсатпен маздату керек, жігермен ұшқындату керек. Әрқайсымызға тек бір-ақ рет берілген жарық дүниеден жанып, лаулап, лапылдап өту шарт! Дәл осы мінез жоқ жерде Ертең туралы ештеңе болуы мүмкін емес. (Кетеді).
Сахна лап етіп, оқыс сәулеленеді. Бірақ бұл күндізгі күн нұры емес, әлдебір түнгі шапақ: түн қараңғы1сын жырақта — сахнаның бір түкпірінде фонтанмен өріле лаулаған алқызыл өрт шұғыласы серпіп ыдырататын секілді.
Бір шетке келіп машина тоқтағандай. Сол тұстан жүгіре шыққан Жанар мен Тайманның көздері өртте, көңіл күйлері құйындай ұйтқиды.
Жанар (қуана таңырқап). Ғажап! Қандай ғажап!.. Дала кеудесі құштарлық отына жанып жатқандай.
Т а й м а н (өз көзіне өзі сенбей). Өңім бе, түсім бе?
Жанар. Қарашы Тайман, қарашы... Кісі қорыққандай қатерлі, әрі ертегідей сұлу: сүйреңдеген күрең жалын арасында тулап аққан қаракөк толқын бар. Жалын мен толқын тайталасатын тәрізді, байқайсың ба, Тайман?
Тайман (еліге қоймай). Тоқташы, Жанар.
Жанар (қызығып). Ессіз құмарлық, асау еркелік! Мұндай да ғаламат болады екен-ау. Жалын толқынды аймалайды, толқын жалынды сабалайды. (Шалқып). Сөнбесін, сөнбей тұра тұрсын. Ақ көкемнің арманы ғой ақ жалынға айналған...
Тайман (оқыс ойланып). Солай ма?.. Солай болды-ау шынымен... (Өзіне өзі). Апырм-ай, Қабен-ай... Соныкі пайғамбарлық болып жүрмесе не қылсын.
Жанар. Қабен қайда бәсе? (Айғайлай жүгіріп). Қа-б-е-н! Қайда жүр өзі? Қ-а-б-е-н!...
Тайман (бірте-бірте иланып). Қой, рас болды. Түсім емес өңім болды.
Жанар. Иә, ағыл-тегіл мұнай... Ембінің өңі түгіл түсіңде көрмеген байлығы.
Тайман. Ой, Қабен-ай, шайтан-ай... Айтқанын істеді, дегеніне жетті ақыры... Ер-ай!..
Жанар (оңаша шығып, қиялдана). Қабен... Ер екенің рас қой, Қабен... Қорқып едім, іздегенің табылмас деп қорқып ем... Тауыпсың ғой (Пауза). Міне, мен де таптым сені... Жапан түзге іздеп келдім арнайы, Қабен, сағынып келдім, біржола келдім.
Сахна сазы кенет өзгереді: пышырлап жанған, дүрс етіп құлап түскен, шу ете қалған әртүрлі дыбыстар, үрейлі үндер... Енді бірде бәрін жапыра азынаған Сирена.
Жаралы Қабенді носилкамен көтеріп, өрт жақтан бір топ мұнайшы шығады. Ішінде Азамат бар.
Тайман (үрейленіп). Өй, мыналар... біздің жігіттер ғой. (Топқа беттеп). Біреуі жазым болмаса не қылсын. (Шеттегі біреуден сұрап). Не болды?
Мұнайшылардың бірі. Өртте қалды.
Тайман (шошып). Кім, ойбай!.. Тірі ме?
Мұнайшылар: — Кеудесінде жаны бар әйтеуір.
— Хал нашар, жігітім, несін сұрайсың.
Тайман (ентелеп). Кім деймін, кім?
Мұнайшылардың бірі. Қабен Оразов.
Жанар (шок басқандай шыр ете қап). Қабен?! Не дейді?.. (Зарлап жүгіре бере сүрініп құлап). Қойыңдаршы, жалған болар, қойыңдаршы... Ойпырм-ай, жалған деңдерші!..
Мұнайшылардың бірі. (Жанарды суйеп). Қарағым... Айналайын... Қарағым...
Басқа бір мұнайшы. Ерлік қой Қабендікі!..
Тайман (ызамен мырс етіп). Ерлік, ерлік! Ерлік жолында ер құрбан бола беруі шарт па?
Мұнайшылардың бірі. Рас-ау!..
Жанар (басын көтеріп, күйініп). Неге?.. Неге?.. Неге?..
Бастаушы (бір шеттен шығып, баяу, байсалды). Немене, Жанар, нені айтасың?
Жанар (есеңгіреп). Неге?.. Неге Қабен?.. Неге Қабен?.. Басқа емес, неге ғана...
Бастаушы. Қой, не деп барасың сен, қой...
Жанар. Қоймаймын.
Бастаушы. Неге ?
Жанар. Қимаймын.
Бастаушы. Өлімге ме? (Жанар үнсіз бас изейді). Кімді қиясың? (Жағалай жарық түсіріп). Тайманды ма? (Жанар үнсіз басын шайқайды). Азаматы ма? (Басын шайқайды). Мына мұнайшыны ма? (Жанар үнсіз, басын шайқайды). Солай шығар. Бұларды да қимас болар өлімге! Бұлардың да жоқтары бар өмірде!
Жанар. Білмеймін. Ауырмай, сырқамай, адам шейіт болғандай... Соғыс жоқ емес пе?
Бастаушы. Қате айтасың, Жанар. Айқас әрқашан да бар. Көрер көзге оқ атып, өлім егіп тұрған анық жау болмауы мүмкін, бірақ өмір үшін күрес ешқашан тоқтаған емес.
Жанар (қайтадан күйініп). Жоқ-ау, неге?... Не себепті менде ғана қасірет?.. Қайғыдан қайғы... Тек мен ғана душар бола берем бе? Жазығым не? Не жаздым?..
Бастаушы. Түсінем, Жанар, ұғамын. Бірақ ескер, әлгі—сенің сөзің емес, қайғыңның үні, қасіретіңнің даусы. Ал, қасіретке қашан да сенің көкең Сардардың қайсарлығын қарсы қою керек. Солай!.. Шыда!..
Жанар. Қайтып шыдаймын?..
Бастаушы. Шыда!.. Қайтсең де шыда!.. Шыда!.. (Кетеді).
Пауза
Азамат (Қабеннің кеудесіне құлағын тосып). Қабен... Қабенжан... (Қабенде үн жоқ). Сөніп бара ма, құдай-ау? (Ауыр күрсініп). Шыбыным-ай, енді қайтейін... (Жанарды көріп). Жанар? Жанар жан емеспісің? (Қабен селк етіп көзін ашады).
Мұнайшылардың бірі. Көзін ашты. Ау, көзін ашты ғой. Қане, басын көтеріп көрелік. (Азамат екеуі еппен демеп, Қабенді тіктей береді. Өзгелер оның бетіне үмітпен телміреді).
Азамат (күрсіне қуанып, Жанарға). Қалқам-ай, жақындашы қане, келші, басын өзің сүйеші бір кезек... Сені көріп жатыр, саған қарайды. Бірдеңе дегендей болады. Ой, жасаған-ай, тілекті берсе игі еді...
Жанар Қабенге төніп кеп, оның басын сүйейді. Қабеннің көзі Жанарда.
Қабен (радио арқылы) Жанар... Келдің бе? Жұмбақ шешілді, білдің бе? Құпия ашылды, көрдің бе?.. Қарашы, көрші... (Сүйсініп). Мөлдіреген көзің... Үміт тұр ғой көзінде. (Қызынып). Алдадым ба? Жоқ, алдамадым. Жер асты... Жеті қат жер асты... газ атты. Қапы қалдық. Өртеп алдық!.. (Өртке қарап). Өртеніп жатқан мұнай, үмітің өртенген жоқ. (Қатал). Бомба! Әкеліңдер бомбаны. Тастандар өртке. Сөндіреміз!.. (Жанарға). Сөнетін өрт, үміт емес сөнетін... (Залға қарап, жуасып). Тоқта! Осы жалын неден тұтанды? Мына ғаламат қайдан басталды? (Сахна көзге түртсе көргісіз қап-қараңғы болады да қалады). Бәрі сол түннен басталды.
БІРІНШІ БӨЛІМ
1
Түн. Кафедра меңгерушісінің кабинеті.
Төрдегі стол жанында — Профессор; мұқабалы, қалың қолжазбаны парақтап, әлдене жазып отыр. Телефон сылдырайды.
Профессор (трубка көтеріп). Профессор Сапаров. Ә, Қабенбісің? Иә, телефон соқсын деп едім. Қой, түн ортасы ма? (Сағатына қарайды). Солай екен-ау. Жә, оқасы жоқ. Қазір келе ғой. Пікір дайын. Жазып бітірдім, кел, таныс. Иә, кафедрада отырмын. (Трубканы орнына салады).
Қолында шағын чемодан, қарында плащ, Тайман кіреді.
Тайман (затын жерге қойып, Профессорға қол ұсынып). Сәлеметсіз бе?
Профессор (оның қолын алып, көзілдірігінің үстінен қарап). Дәуренов... Тайман Дәуренов емеспісің?
Тайман. Болсақ болармыз.
Профессор. Қайдан жүрсің?
Тайман. Елден келем.
Профессор. Ел болғанда... Ембіден бе?
Тайман. Иә, Ембіден, Мұнайлыдан келе жатырмын.
Профессор. Естігем, естігем, Мұнайлының директоры деп естігем. Қабен айтқан. Ал, отыр. (Тайман отырады; Профессор оны барлап, ойланып). Оған да үш жыл болып қалды. Өтіп бара жатқан ғұмыр-ай! (Езу тартып). Бәтеңкілеріңнің тұмсығы құм-құм боп, университетке әрең кіргендерің кеше ғана еді, енді міне, сырықтай-сырықтай азамат боп шыға келдіңдер.
Тайман (ойын-шыны аралас). Қайдан білейін, біздікі әшейін мұнайшылық секілді. Құдайшылық Қабендікі-ау деймін, ақсақал.
Профессор (ырза боп). Иә-ә!.. Қабен, сөз жоқ, ғалым болады. (Мұқабалы қолжазбаны нұсқап). Мынау диссертациясы, екі жүз алпыс бет. Тамаша зерттеу!
Тайман (құптап). О, ол шәкіртіңіз әуелден қабілетті жігіт қой. Аздап мінезінің кедір-бұдыры болмаса...
Профессор (ойлы, орнықты). Досың мығы-ым. Мықты жігіт! Қорғағаннан кейін өзін осында доцент қып қалдырсам ба деймін. Кафедраны да түбінде соған беремін, сол басқарады.
Тайман. Мұныңыз кеңдік екен.
Профессор. Соншалық кеңдік болмас, бірақ бұл мәселеге өзімнің кейбір әріптестерімнен біраз басқаша қарайтыным рас. Біреулер қолы қалтырап, тізесі селкілдегенше креслодан түскісі келмейді. Таң қалам. Жай әкім емес, ғалым. Кей әкім креслодан түссе, тамақ асырай алмауы мүмкін. Ал ғалымда өлгенше өзіне жететін атақ-дәреже бар емес пе? Кресло не керек оған? Таң қалам.
Тайман. Бірақ бұған таңданғаннан гөрі ойланған жөн емес пе?
Профессор. Ойланған дейсің бе?..
Тайман. Айталық, адам алпысқа келді. Пенсияға шықты. Бірақ жатқысы келмейді. Неге? Кеше ғана еңбек еткен орны бар. Сырын қосқан, мұңын қосқан орта бар. Қимайды. Кеткісі келмейді. Неге? Ойлау керек секілді.
Профессор (ойланып). Солай ма? Мүмкін. Адам жаны күрделі ғой. (Пауза). Дей тұрғанмен, өмірді қимау, ортаны қимау өз алдына да, креслоны қимау бір бөлек. Есіңде болсын.
Тайман. Солай-ау, бірақ... (Ойланып қалып). Қабен ертең қорғай ма?
Профессор. Ертең. Ертең түсте,сағат үште. Айтпақшы Оразовтың зерттеуі сенің Ембің туралы, білесің бе?
Тайман. Білгенде мен білейін. Келген себебім де сол. (Чемоданын ашып, ішінен бірнеше пакет алып, Профессорға ұсынады). Міне, Ембідегі кейбір ірі мамандар мен ғалымдардың пікірлері, ала келдім.
Профессор. Дұрыс. Мұның жігіттік.
Тайман (аздап шешіліп). Сізден несін жасырайын, ұстазсыз ғой, Қабеннің бұл зерттеуі менің алдыма да Гамлеттің сұрағын көлденең тартып отыр: не тұрып қалу, не құрып кету!..
Профессор (басын шайқап). О-о, мынауың оқыс екен. Ал, ие?
Тайман. Қабен диссертациясынан Ембіде мұнай өнімін арітырудың екінші әдісі ерекше орын алады.
Профессор. Жә, оның несі бар?
Тайман. Менің үш жыл бойы қызғыштай қорығаным дәл осы әдіс.
Профессор. Ал?..
Тайман. Кәрі-жасы аралас, Ембіде бір топ донкихоттар бар. Мені арадай талап жүр.
Профессор. Не қылмайсың дейді?
Тайман. Кер тартпасың, Ембінің ертеңін ойламайсың дейді.
Профессор (таңданып). Қызық екен. Немене, ертең бүгінді жоққа шығара ма? Жоқ, ол болмайды. Қабеннің еңбегін сенің мұнайшыларыңа кітап қып бастырып береміз әлі. Тұра тұрыңдар.
Тайман (жадырап). Бәсе, сөйтіңізші. Алғашқы данасын түптелген бойда өзім алар едім...
Профессор (есіктен кірген Қабенді көріп). Міне, өзі де келді.
Тайман ұшып тұрып, Қабенге құшақ жаяды.
Анау еркелік жасап, саусағын безеп, мұны тоқтатып тастайды.
Қабен. Кілт тұра қал!
Тайман (аңырып). Ал, жақсы.
Қабен. Маған келдің бе?
Тайман. Саған келдім.
Қабен.Әдейі іздеп келдің бе?
Тайман. Әдейі іздеп келдім.
Қабен. Өтірік айтасың. Өз шаруаңмен жүрсің.
Тайман. Олла да рас. Жер шеті қияннан тек сен үшін келдім. Жеткен бойым...
Қабен (жүзін жылытып). Қалғанын қоя тұр. (Тайманды құшақтай алып, бір орындыққа отырғызады). Тырп етпе, отыр осы арада. Қазір... (Профессорға беттейді).
Тайман (өзіне өзі). Қызық-әй өзі... Менімен бірге ұйықтап шыққандай, амандық жоқ, саулық жоқ, салған жерден... Ай, сенің мінезің бе, сенің мінезің...
Профессор (Қабенге). Қалай, жүрегің орнында ма?
Қабен. Әрине.
Профессор. Қорғап шығамыз ғой?
Қабен. Дау жоқ.
Профессор. Бәсе, қобалжыма! Қорғау сәтті өтуге тиіс.
Қабен. Әлбетте.
Профессор. Ғылыми кеңесте маған қарсы бір-екі кісі бар. Солар болмаса, өзгелері құптар.
Қабен (қызығып). Кімдер олар? Неге қарсы?
Профессор. Ей, қалқам-ай, неге қарсы дерің бар ма? "Мал аласы сыртыңда, адам аласы ішінде" деп қазақ тегін айтты деймісің.
Қабен. Түсінбедім.
Профессор (түсін суытып). Жә, түсініп керегі де жоқ саған. (Аз ойланып). Біреулер болады... ғылымнан гөрі ғылым адамдарының ара қатысын, тату-араздығын білуге көбірек күш салады. Ондайлардан түбінде ғалым емес, залым шығады.
Қабен. Кешіріңіз, мен әлі түсінгенім жоқ.
Профессор. Неге? Нені?
Қабен. Сізге қарсылар маған да қарсы болуға тиіс пе?
Профессор. Мүмкін. (Жайбарақат). Оңбағандық қой.
Қабен. Неге? Неге оңбағандық? Сізге қарсы болу оңбағандық бола ма ?..
Профессор (зекіп). Жә, қоялық. Сенің осы мінезің... Қашан да, қалай да қарсыласу керек саған!..
Қабен. Жоқ, қарсылық емес менікі.
Профессор. Қойшы. Өз дегенің болмаса болмайсың.
Қабен. Жоқ-ау, қайтейін түсінбесем...
Профессор. Не түсінбейтіні бар. Белгілі емес пе?
Қабен. Жоқ. Белгісіз.
Профессор (шытынып). Жарайды. Болды. (Қағаздар ұсынып). Міне, менің пікірім. Оқы, таныс. Ертеңгі сынға әзірлен одан да. (Тайман екеуіне). Ал, қайырлы кеште болыңдар. (Кетеді).
Қабен (өзімен өзі). Түсінбедім. Қорғаудың аты — қорғау. Қорғауда талас болуға тиіс. Талас қарама-қарсылықтан туса, шындық таластан туады. Оның несі ерсі? (Таңданып). Түсінбедім. (Орнынан тұрып, Тайманға келеді. Кенет еркелік жасап, бұйыра). Тұр.
Тайман (ұшып тұрып, күліп). Ал тұрдық.
Қабен. Біз көріспегелі неше қыс, неше жаз. Қарашы маған, өзгеріппін бе?
Тайман (оның бас-аяғын шолып). Жоқ, өзгермеген екенсің. Бәз-баяғы қалпың: түрің сұп-суық, түсің сұп-сұр, мінезің тіп-тік... Кәне, көзілдірігіңді киші. (Қабен көзілдірік киеді). Мұның орны да бұрынғы екен ғой, мұрныңның ұшында, желбезегіңе әрең ілініп тұр. (Қолымен түзеп). Былай... көтеріңкіреп кисең болмай да?
Қабен. Ал, сен өзгеріп кетіпсің. Денең толысқан. Қарның шыға бастапты. Мұның қай семіру сенің? Бастық болдым деп пе? Пай-пай, мансабы құрғыр-ай, бойға сіңсе бұл да бір алхоголизм секілді пәле ғой...
Тайман. Жарайды, қойшы. Жаңа жетекшің не деді саған? Оқысайшы анау жазғандарын.
Қабен (стол жанына кеп қағаздарды шолып өтіп). Жетекшімнің пікірі таныс қой маған. О кісі ұнатып тұр-ау. Ал енді бар ма, Тайман, бері келші, шынымды айтсам, жазғандарым өзіме тіпті ұнамайды.
Тайман. Қой, соқпа! Бұл да баяғы таныс арияларыңның бірі. Есінде ме? Төртінші курста жүргенімізде студенттік конкурсте өзіңе берілген бәйгені алмай, маған бергізгенің... Сонда да өз жазғандарым өзіме ұнамайды деп жюримен дауласып болғансың. Сенен бе, сенен шығады.
Қабен. Жоқ, сен тыңда алдымен. (Диссертацияны нұсқап). Осы шіркінді қарай-қарай, түзете-түзете әбден мезі боп біттім.
Тайман. Енді қайтесің, оңай дейсің бе?
Қабен. Кейде әп-әдемі, осында бәрі бар. Кейде дәнеңе де жоқ. Әсіресе бір нәрсе, ең қажетті, ең ірі нәрсе жоқ.
Тайман. О немене?
Қабен. Өзім де білмеймін. Іздеймін, шарқ ұрамын, таппаймын.
Тайман. Түу, ол түк те емес. Өз ісіне өзі қанағаттанбау, қапысы таусылмау—ой еңбегінің адамына, дәлірек айтқанда ойлыға тән сезім. Задында, керек сезім. Асылы, осы сезімсіз ілгерілеу қиын. (Пауза). Қайтесің, қорғап алсайшы.
Қабен. Қорғауын қорғармын-ау, бірақ... (Есіктен кіре берген Марғауды көріп). Ойбай-ау, Марғау, ұмытып кетіппін-ау сені.
Марғау (масаң, көзі кейде қылиланып кетеді). Дедің- ау сен... Соның өзі жақсы болды, қарсыдағы бос аудиторияда отырып, аздап көз іліндіріп алдым.
Қабен (күліп, Тайманға). Бағана жатақханадан бірге келгенбіз. Профессордың көзіне түскісі келмей, жыныстап жүрген өзі...
Марғау. Онысы рас, аздап ішіп едім.
Қабен (Тайманға). Сен немене, танымай тұрсың ба, Марғау ғой. Өзіңмен бес жыл бірге оқыған Марғау, ұмытқаның ба?
Тайман (шамданып). Марғау болса қайтейін, көзі кісіге түсуден қалған ғой сірә...
Марғау. Дедің-ау сен!.. (Көзі қылиланын тұр). Менің көзі бар болғырымның жайын білмеуші ме едің, жазған шіркін. Есіктен кіргеннен саған қараумен жүрмін. Өл дейсің бе?
Тайман (қысылып қап). Болды, болды, қойдым. (Қол алысады). Осында ма ең?
Қабен. Осы кафедрада істейді. Лаборант.
Марғау. Дәл қазір профессордың лаборанты емес, (Қабенді нұсқап), мына мырзаның аспазы сияқтымын. Асхананың бір бөлмесін алғанбыз. Күні бойы соған сервиз жасаумен жүрдім.
Тайман. О не қылған сервиз?
Марғау. Дедің-ау сен!.. Ертең түсте Қабен диссертация қорғайды, кешке ішпейсіңдер ме, жазған шіркін.
Тайман. Аһ, я.
Марғау. Я болса, сол. Екі қой сойғыздым, қайдан шықса онан шықсын. Арақ-шарапта хисап жоқ.
Қабен (тежеп). Қойшы, жарар!
Марғау (өзіне өзі міңгірлеп). Әрине, жарайтын болғасын ғой бәрі де... (Телефон сылдырайды. Қабен трубка көтереді: "Я. Мен — Оразов. Алло, алло!.. "Жауап жоқ,. Трубканы орнына салады. Марғау сөзін жалғап, Тайманға). Қабен маған ренжи береді. Бірақ тастамайды, тай-құлындай тебісіп, бірге өскен жазған шіркін емес пе?
Қабен. Қайтеміз ренжімей? Кейде тіпті лағып кетесің.
Марғау (оны тыңдамай, Тайманға). Мен күйіп-піспе деймін бұған. Неме керек күйгелектеніп?.. Бәрі бір сен күйіп- піскенмен дүние мыңқ етпейді. Күн орнынан шығады, ай орнынан батады, неме керек күйіп-пісіп! Солай емес пе, Тайман?
Тайман (екеуіне кезек қарап). Қайдан білейін.
Марғау. Дедің-ау сен!.. Содан соң бұл асығады, алып ұшады, бұзып-жарып алға ұмтылады. Ал мен асықпа деймін бұған. Неме керек босқа ентігіп? (Әндетіп). "Бұл жалған екі айналып келмес саған..." Асықпа! Ретін тап та, кетпей қой.
Тайман (күліп). Ол қолдан келе ме?
Марғау. Келеді. Түкке тұрмайтын тасбақа үш жүз жыл өмір сүреді, үш жүз жыл!
Тайман (таңданып). Қойшы, үш жүз жыл?
Марғау. Несіне қояйын, солай, үш ғасыр жасайды тасбақа! Неліктен,соны білесің бе?
Тайман. Жоқ, білмеймін.
Марғау. Білмесең біл, жазған шіркін. Тасбақа сіз бен біз құсап нервничать етпейтін көрінеді. (Қабен мен Тайман қосыла күледі). Несіне күлесіңдер? Айтам ғой, ашуланбау керек, күйіп-піспеу керек, нервничать етпеу керек.
(Телефон сылдырайды. Қабен трубка көтереді: "Алло, алло!"Жауап жоқ. Трубканы орнына салады. Телефон қайта сылдырайды).
Қабен (ыза боп). Алло! Я! А?.. Аурухана?.. Хирургия?.. (Жуасып). Жарайды... (Иығын қозғап, таңырқап, Тайманға). Ауруханада жатқан біреу дейді...
Тайман (қосыла таңданып). Немене? Сөйлесем дей ме?
Қабен. Иә, шақыруға кетті.
Тайман. Қызық екен. (Сағатына қарап). Жеті қараңғы түнде... ауруханадан... Қызық екен...
Қабен (трубкадан дауыс естігендей). Я. Оразов деген— мен. Неге бірдеңе? Бірдеңе емес, еңбек жазып жүргенім, диссертация. (Түсінбей). Не дейді?.. (Әлі де түсінбей). Нені бүлдіріппін? Айғайламаңыз! Не біліп айғайлайсыз? (Нық). Мен білем: мұнайды да білем, мұнайшыны да білем. Болмақ түгілі туғанмын Ембіде. (Ызалана бастап). Неге болмайын, болып жүрмін Ембіде. (Трубканы құлағынан жұлып алып, Марғауға қараса, қалғып кетіпті). Түу, жарықтық. (Трубкадағы дауысқа ыза боп, Тайманға). Мынау кім өзі? (Тайман аң-таң). Болдым деймін. Жоқ жұмыста болғаным жоқ, ғылыми практикада болдым. (Ашулы). Я, солай ! Жоқ, Жетісайда болғаным жоқ. (Ызаға булығып). Сіз кімсіз осы?!! (Қабен трубканы орнына салып, аң-таң отырып қалады).
Шам сөніп, қайта жанғанда сахнада университет залының бір шеті: төралқа столының төрінде ғылыми Кеңестің Басшысы мен Хатшысы; бұл екеуінің маңдай алдындағы бірнеше қатар орындықтарда Профессор, Қабен, Тайман, Марғау, тағы басқа бірнеше ғалым, олардан шеткерілеу бір жерде Сардар мен Жанар отыр. Залдың қалған жағы бұларға жалғаса сахна сыртына шығып кеткен. Ол жақта иін тірескен адам тәрізді. Мінбеде Доцент, сөйлеп тұр. Залға кешігіп кірген Ақбас ғалым аздап ыңғайсызданып аяғының ұшынан басып барып, бір жерге отырады.
Доцент.... Диссертацияның соңғы тарауы әсіресе құнды. Мұнда мұнай өнімін арттырудың екінші әдісіне айрықша анализ берілген. О не ол, екінші әдіс деген?.. Жер үстінен жер астына су айдау; Мұнайлы қабаттың қысымын күшейту; сараң табиғаттың бермесін қолма-қол тартып алу! Міне, екінші әдіс деген! Бұл тарихта түңғыш рет Ембі топырағында туған нәрсе. Дәл осы әдістің кешегі күйі, бүгінгі халі, ертеңгі жай түп-түгел Оразов Қабеннің диссертациясында шежіредей сайрап тұр... Жұмыстың басқа құны мен қасиетін маған дейін сөйлеген ресми төрешілер де, ресми емес төрешілер де жеткілікті айтты. Мен солардың байлауына толық қосыламын. Қабен Оразов ғылым кандидаты болуға әбден лайық. (Доцент мінбеден түседі. Мулгіңкіреп отырған Марғау ұйқыдан оянғандай ұшып тұрып, алақанын ура бере қысылып қап, бұға қояды).
Басшы (Марғауға). Жолдас, сіз... немене? Концерт көріп отырсыз ба?
Марғау (әдетінше). Дедіңіз-ау!
Басшы. Демей қайтеміз. Бұл мерекелі салтанат емес, ғылым кеңесінің жұмыс мәжілісі. Мұнда Оразов — юбиляр емес, диссертант. Демек, ол қошемет көру үшін емес, сыннан өту үшін келіп отыр. Солай емес пе?..
Марғау. Қойдық қосағасы, қойдық. (Мүлги береді).
Ақбас ғалым (орнынан тұрып, Басшыға). Сіз кешіріңіз, профессор, мен дәлелді себептермен біраз кешігіп келдім. Рұқсат етіңіз, профессор, осында ВАК-тың бар ережесі түгел сақталып жатыр ма, жоқ па!? Соны білгім келеді.
Басшы (байсалды). Әрине, ВАК-тың бар ережесі түгел сақталып жатыр.
Ақбас ғалым. Аһа! Олай болса мынаны білу мүмкін бе? Айталық, Оразовтың зерттеу жұмысына шеттен жазбаша түскен дәйектемелер яки отзывтар қанша?
Басшы. Олар оқылған. Ресми төрешілер сөзінен кейін дереу және түгел оқылған.
Ақбас ғалым. Сіз кешіріңіз, профессор, мен дәлелді себептермен біраз кешігіп келгенімді жаңа айттым. ВАК ережесі бойынша, мен, ғылыми советтің мүшесі ретінде, бұл сипатта сұрақ қойып, оған жауап талап етуге праволымын.
Басшы (сәл қысылып). Жә, әрине... әрине праволысыз. (Ғылыми Хатшыға қарап). Сіз Профессор Шандозовтың сұрағына жауап беріңіз. Қысқа, қысқа ғана.
Ақбас ғалым. Сіз кешіріңіз, профессор, мен қысқа емес, ұзын жауап талап етуге, мүбәда қатал жазылған дәйектемелер яки отзывтар болса, түп-түгел яки алғашқы жолдан соңғы жолына дейін түгін қалдырмай толық оқып беруді үзілді-кесілді талап етуге әбден праволымын.
Басшы (жалығып). Дұрыс. Сіздікі дұрыс. (Хатшыға). Айтыңыз.
Хатшы. Оразовтың зерттеу жұмысына ғылыми институттардан, кафедралардан, жеке оқымыстылар мен мамандардан, небәрі тоғыз дәйектеме түсті. (Басшыға қарайды).
Басшы (Ақбас ғалымға). Тағы қандай сауалыңыз бар?
Ақбас ғалым. Диссертанттың ғылыми аргументтерін қатты сынаған яки жоққа шығарған отзывтар болды ма?
Хатшы. Жоқ. Тоғыз дәйектеме де Оразов диссертациясының теориялық құнын, практикалық мәнін жоғары бағалайды. Әрине, кейбір сын-ескертпелер, талап-тілектер айтылған...
Ақбас ғалым. Оны ғылыми совет мүшелерінің алдында оқып бердіңіз ғой?
Хатшы. Әлбетте.
Дауыстар: — Оқылды.
— Әрине,түгел таныстырылды
Ақбас ғалым (Басшыға). Оларға диссертант жауап қайырды ма? Өз гипотезаларын қорғап қала алды ма?
Басшы. Ресми төрешілеріне жауап қайырды. Ал, жазба дәйектемелердегі жекелеген сын-пікірлерге және жаңағы сөйлеген ресми емес төрешілерге...
Ақбас ғалым. Кешіріңіз, нешеу?
Басшы. Ресми емес төрешілер ме?
Ақбас ғалым. Иә, ресми емес төрешілер.
Басшы (қағазға қарап). Үш адам сөйледі.
Ақбас ғалым. Аһа!
Басшы. Бұларға Оразов өзінің қорытынды сөзінде жауап беруге тиіс.
Ақбас ғалым (орнына отыра беріп). Менің сауалдарым тамамдалды. (Басшыға сәл иіліп). Сіз кешіріңіз, профессор.
Басшы (залға). Тағы кім сөйлейді?
Дауыстар: — Біраз кісі пікір айтты ғой.
— Екі ресми төреші, үш ресми емес төреші...
— Тоғыз отзыв және бар.
— Талқылаудай-ақ талқыланды.
— Сөз тоқтатылсын!
— Я, сөз тоқтатылсын деген ұсыныс бар.
Басшы (тағы да жұртқа қарап). Сөйлеушілер жоқ қой, солай ма?
Дауыстар: — Жоқ
— Жоқ.
Басшы (Ақбас ғалымға). Профессор Шандозов, мүмкін, сіз сөйлерсіз?
Ақбас ғалым (орнынан тұрып). Жоқ, мен сөйлемеймін. (Орнына қайта отырады).
Басшы. Олай болса...
Ақбас ғалым (Орнынан тұрып). Профессор, кешіріңіз...
Басшы. Не айтпақ едіңіз?
Ақбас ғалым. Мен лабораторияға асығып тұр едім. Дауыс беріп кете берсем болмас па?
Басшы. ВАК ережесінде мұндай пункт жоқ болса керек, жолдас Шандозов?
Ақбас ғалым. Сіз кешіріңіз, Профессор. Бұл хақында мен дауласпаймын сізбен... (Отырады).
Басшы. Жарайды. Олай болса, ресми емес төрешілеріне жауап беру үшін және қорытынды сөз сөйлеу үшін диссертант Оразовқа...
Сардар (орнынан ұшып тұрып Басшының сөзін бөліп). Тоқтаңызшы! (Жұрт жаппай Сардарға бұрылады. Қабен де түнде естіген таныс дауысқа жалт қарайды. Жанар әкесінің жеңінен тартып, әлдене сыбырлап бәйік болады. Әкесі көнбейді, аңтарыла тоқтаған Басшыға). Мен екі-ақ сөз айтпақ едім, рұқсат болар ма екен?
Басшы (шарасызданып). Неге болмасын, сөйлеңіз! (Сардар мінбеге барады). Жалғыз-ақ, ғафу өтінемін, есіміңіз кім сіздің?
Сардар. Сардар Сұлтанов.
Басшы. Қай институттансыз?
Сардар. Институт емес, Ембінің қазағымын, Және зиялы емес, жай мұнайшымын.
Басшы. Өте жақсы. Сөйлей беріңіз.
Сардар (көзін тас жұмып, біраз ойланып барып). Әлгі Оразов деген жігіт Ембіні зерттеп отыр ғой, солай ма? Хош! Менің бар ғұмырым Ембіде өтті. Ембі—менің жүрегім. Жүрегім менің — Ембі. Олай болса, Оразов менің жүрегімді зерттеп отыр. Осыған талас бар ма, зиялы жұрт? (Әр жерден әркім қол соғады. Қабен де Сардарға қызыға қарап қалған).
Басшы (залды тыныштыққа шақырып, жалына). Жолдастар, жолдастар...
Сардар. Обалы не керек, Оразов — оясыз жігіт емес. Көзілдірік киісіне қарағанда оқымыстыдан гөрі етікшіге көбірек ұқсайды екен. Бірақ, шындыққа не дау бар, бүгін осы мінбеден өзінің етікші емес екенін дәлелдеді. Жазғандарымен де таныспын, оқығам. Шебер... шебер жазылған. Қызық. Ертегі секілді, жеңіл оқылады. Мұның бәрі жақсы. (Пауза). Ал енді бар ма, шындықтың маңдайы қасқа. Оразовтың осы жазғандарынан Ембіге тиер тұлдыр пайда жоқ. Тек сол жаман.
Марғау (селк етіп). Дедің-ау!..
Зал шайқалып кетеді: біреулер шешенге ренішпен қол сілтейді, біреулер ызалы мысқылмен сақ-сақ күледі.
Дауыстар: — Мә бәлем!
— Ой жампоз.
— Соқ!
— Не деп тұр өзі?
Сардар. Оразов о баста не жайлы жазбақ еді? Ембіде мұнай өнімін арттыру жайлы жазбақ еді. Хош! Аса ірі, көкейкесті мәс-сәлә! Ембінің аңсап отырғаны осы, осы мәс-сәләнің шешілуі. Бірақ осыны Оразов біле ме?
Профессор (ажырайып). Неге білмейді?
Сардар. Жоқ, білмейді. Білсе, қайсы, не шешті Оразов? Түк те шешкен жоқ. Тапты ма мұнай өнімін арттыру жолдарын? Түк те тапқан жоқ. Табуды айтасың, анық біле ме соны өзі?
Профессор. Неге білмейді?
Сардар. Жоқ, білмейді. Қайсы білгені? Екінші әдіс пе? Қате. Соны мақтаған (Доцентке қолын шошайтып) шырағым, сенікі де қате. Ембінің екінші әдісі үшін пәлендей үлкен ғилымның қажеті жоқ. (Қабенге). Сен жаз Оразов, жазба, бәрі бір, Ембі ол әдісін іс жүзінде қолданған және қолдана бермек одан әрі... Жаңалық па сол? Қай мұнайшы таңданбақ мұныңа?
Доцент. Сіздікі де қате. Таңданту шарт емес.
Ақбас ғалым (Басшыға). Сіз кешіріңіз, Профессор. Мінбедегі шешеннің сөзін бұлайша белден қосаяқ салып бөліп жіберу яки оны сөйлетпеуге әрекет жасау—ВАК ережесіне шәлкес келетін мінез.
Басшы (Доцентке). Сіз шынында да бөлмеңіз. Кейін сөйлеуіңізге болады ғой, бөлмеңіз, өтінемін.
Ақбас ғалым. Әсіресе диссертацияға қарсы яки диссертант тұжырымдарын тікелей сынап, немесе түп-тұғиянымен жоққа шығара сөйлеген шешенді бөлу...
Басшы. Жақсы. Айттық қой жаңа. Сіз де бөле бермеңіз.
Ақбас ғалым. Кешіріңіз, Профессор. (Отырады).
Сардар. Жоқ, Мені бөлген ешкім жоқ. Қайтесіңдер мен үшін босқа терлеп? Ембі үшін терлейік одан да бәріміз жабылып. (Қабенге). Оразов шырағым, өзіңнен сұрайын, үлкен Ембі проблемасы деген не? Үлкен Ембінің үлкен тағдыры қайда жатыр? Соны білдің бе сен? (Жұртқа). Ау, ағайын, өздерің айтыңдаршы қане... Ғилым өміршең болсын, ғилым тәжірибемен тығыз байланыста болсын, бірге жүрсін дейміз. Қайда сол? А-а-а?.. (Пауза). Мен болдым. (Мінбеден түседі).
Басшы (орнынан тұрып). Жолдастар, жетті ғой деймін. Ендігі сөзді диссертанттың өзіне берген жон болар.
Дауыстар: — Дұрыс-ақ.
— Өзі сөйлесін
— Бәрінің жауабын бір-ақ берсін.
Профессор (Басшыға). Өзіңіз ештеңе айтпайсыз ба?
Басшы. Не жайлы?
Профессор (шап беріп). Бәсе, не жайлы? Білмейсіз бе не жайлы екенін?.. (Мінбеге беттеп). Маған беріңіз олай болса...
Басшы (түсінбей). Тек қысқа айтыңызшы, профессор, қысқа ғана. Созып алдық, тым ұзаққа кеттік.
Профессор (мінбеде). Мен, председатель жолдас, сізге түсінбей қалдым. (Қолын жая таңданып). Бұ не бұл? Ғылым советінің мәжілісі ме, әлде мұнай кәсіпшілігіндегі өндірістік кеңес пе?
Басшы (шытынып). Жә, сіз неге олай дейсіз?
Профессор. Демей қайтейін. Кім әлгі кісі?
Басшы. Кім екенін айтты ғой. Әрілесе, кім екенінде не шаруамыз бар біздің?
Профессор. Неге шаруамыз жоқ? Оның шаруасы бар, біздің шаруамыз жоқ, солай ма? Мен білмеймін қалай екенін... Кез келген көлденең көк атты көшеден кіріп келеді де, көзімізді бақырайтып қойып ақыл айтады. Бұ не сұмдық бұл?!
Сардар (орнынан тұрып). Шырақ, сен ыссылама! Зиялыға жараспайды ыссылау. Ғилым иесі сөйте ме екен? Сен одан да мынаған жауап бер: неге көлденең көк атты болам мен? Неге көшеден кіріп келем мен? Неге бақыраяды көз жөн жоқ, жосық жоқ... А-а-а?.. (Жанар жалынып, әкесін әрең отырғызады).
Профессор (сәл ыңғайсызданып). Жарайды, қаттырақ кеткен болсам, ғафу етерсіз.
Сардар. Е, сөйт бәсе, соның дұрыс. Білімдар кісі сөйтер болар.
Профессор. Сіздер түсініңіздер, жолдастар. Менің айтқым келгені мынау. Ғылымды жайдақтауды, жалаңаштауды, кейде тіпті (тағы да ыза боп) аяқ асты етуді қоятын уақыт жетті! Ғылым—қолжаулық емес. Ойнамау керек ғылыммен. Қорламау керек ғылымды.
Дауыстар: — Профессор дұрыс айтады.
— Сананы ғылымға қарсы қою қайдан шыққан осы?
— Адуын ағамыздан шыққан бәрі...
— Қуыс қоңыраулық деген сол-ау.
— Білімді ботқа қыла жаздады ғой, жарықтық.
Профессор. Ғылым практикамен бірге жүрсін дейді әлгі кісі. Алдымен, бұл — тым жалпылама сөз, жалаң уағыз. Содан соң ғылым — практика емес, теория. Қажет жағдайда ғылым бірыңғай практикалық міндеттерден біраз алшақ тұруға тиіс. Керек десеңіз, ғылым кей ретте тап-таза теориялық обобщениемен айналысуга тиіс. Теорияны байыта алмаған, тереңдете алмаған ғылым практикаға да шешуші ықпал жасай алмайды. (Сардар қызып кетіп, шығуға беттейді).
Басшы. Жолдас Сұлтанов, сабыр... Тұра тұрыңызшы кішкене, түсінісейік.
Сардар. Біз түсінісетін түк те қалған жоқ бұл арада. (Сардар кетеді, Профессор мінбеден түседі).
Басшы. Соңғы сөз Оразовқа беріледі.
Сахна қоңырая береді. Жарық Қабеннің үстінде ғана қалады.
Қабен (өзіне өзі). Бұ не боп кетті өзі? Бұ не талас?
Бір шеттен Бастаушы шығады. Жарық Қабеннен ауып, соған түседі.
Бастаушы. Түсінбей тұрсың ба?
Қабен. Түсінбей тұрмын.
Бастаушы. Түндегі түсінбегенің басқа еді ғой! Қабеннің даусы (радио арқылы). Түсінбедім. Қорғаудың аты — қорғау. Қорғауда талас болуға тиіс. Талас қарама-қарсылықтан туса, шындық таластан туады. Оның несі ерсі?.. Түсінбедім.
Бастаушы. Осы сенің сөзің емес пе?
Қабен (амалсыз мойындап). Менің сөзім.
Бастаушы. Енді неге түсінбей тұрсың?
Қабен (қынжылып). Мынау бір қызыл көз пәле...
Бастаушы. Пәле? Шыныңмен айтып тұрсың ба осыны?
Қабен...жер-жебіріме жетіп барады.
Бастаушы. А-а-а... Сынаған қалай болады екен?..
Қабен. Түндегі тергегіш кісі де осы болды ғой.
Бастаушы. Әрине.
Қабен. Қатал кісі.
Бастаушы. Бірақ адал, әділ кісі.
Қабен. Өзі жадау, кеспірсіз.
Бастаушы. Жоқ, келісті кісі. Өзіңді сынаған соң жек көріп тұрсың?
Қабен. Тілі қандай ащы.
Бастаушы. Шындық ащы болады дейтінсің.
Қабен (ашуланып). Не қылған шындық?
Бастаушы. Қой, қателеспе Қабен.
Неге қателесесің? Жазғандарым өзіме ұнамайды дегенсің. Әсіресе бір нәрсе, ең қажетті, ең ірі нәрсе жоқ дегенсің.
Қабен (ойланып). А-а-а?
Бастаушы. Әлде, әшейін айта салатын жігіт пе едің?
Қабен (тұқырып ұзақ тұрған соң). Сонда не істеуім керек?
Бастаушы. Бәсе, не істеуің керек? Ойлан!
Қабен (ойланып, күйзеліп). Масқара болмаймын ба?
Бастаушы. Әрине, ыңғайсыздық болады.
Қабен. Жұрт бетіме түкірмей ме?
Бастаушы. Ондайлар да болады.
Қабен. Ол абырой емес.
Бастаушы. Әрине. Қабен.
Сонда менде не қалады?
Бастаушы. Арман қалады, мақсат қалады.
Бастаушы кетеді. Сахна жарығаяды.
Басшы (Қабенге). Қане жолдас, не айтасың? Бірер сөзбен болса да түйіндеу керек шығар.
Қабен. Олай болса, кешіріңіз, мен осы қорғаудан бас тартамын.
Мылқау сахна.
3.
Бөлме. Қабен жалғыз; ойланып отыр. Тайман кіреді. Жолға жиналған секілді.
Тайман (Қабенге). Марғау келген жоқ па? Бүгін мені шығарып саласыңдар, ертерек тұр деп едім. Тағы ұйықтап қалған-ау, қағынған.
Қабен (өзімен өзі).
"Ұйықтап өтсең өміріңде,
Ұйқың ешбір қанбаса;
Тірлігің не, өлгенің не,
Ешбір ізің қалмаса?.."
Тайман. Өзің тіпті әжептәуір қиялданып отырсың ғой.
Қабен (енжарлау). Солай ма?
Тайман (қолын сілтеп). Қайтесің босқа ойланып? Бәрі бітті. Сен толғанатын ештеңе қалған жоқ енді... Қабен (қадала қарап). Солай ма? Тайман (сағатына қарап). Самолеттің ұшуына екі сағат қалды. Әлгі Марғау әлі жоқ. (Күліп). Тойға дайындаған арақ-шарабы түгел өзінде, тұмсықты тығып қойып жатыр ғой, жарықтық.
Қабен (мырс етіп). Солай шығар.
Тайман. Ал, Қабен, Ембіге барам да күтем, есінде болсын.
Қабен. Құп.
Тайман. Тек байқа, келмей қалып жүрме! Шегіншексің сен.
Қабен. Қате айтасың. Мені құртып жүрген шегіншектік емес, шегіне білмеу. Бұлтара алмай қалам.
Тайман. Жә, солай-ақ болсын. Әйтеуір келесің ғой? Қалай да келесің ғой?
Қабен. Өлмесем.
Тайман. Әкел қолды. (Қол алысады). Болды, келістік. (Қолын Қабеннің иығына салып). Енді тек ашуланбашы маған, айналып кетейін. Кейде тіпті босқа ренжисің.
Қабен. Мынаны айтшы, сен не үшін жек көресің Сардарды? Дұрысында оны сен емес, мен жек көруге тиіспін. Бірақ, нанасың ба, Тайман, мен со кісіге біртүрлі қызығып жүрмін. Менің түсінуімше, Сардар — Үлкен Ембі проблемасымен өмір бойы толғанған адам. Меніңше, Ембінің Сардар білмейтін ойы-қыры жоқ. (Қиялданып). Ембінің бүгінгі-ертеңгі бар құпиясы Сардар көкірегінде көлдей шалқып тұрғанға ұқсайды. (Райланып). Мен ашам сол сырлы жұмбақты, кілт табам шалдың көкірегіне...
Тайман (кекетіп). Сөйт бәсе, солай ет, батарсың мырғамға.
Қабен (серпіліп). Солай. Қазір сені шығарып салам да дереу, не бүгін түсте, не ертең ертеңмен іздеп табам Сардарды... (Жадырап). Анау жолы...байқадың ба, ой-арманы жер-көкке симай тұрды-ау!.. Өзі қартаң, кескіні жүдеу, ал жігері ше, жігері?! Құштарлығы қандай десейші! Шоқтай шымыр, өр, қайсар. Өрттей лапылдап тұр-ау, байқадың ба?..
Тайман (түңіліп). Мен байқап болғам оны.
Қабен. Менде кейін байқадым. Алғашқы бетте ашуланғаным рас. Артынан ұқтым бәрін.
Тайман. Түу, қойшы сол шекесіне жіп байлағанды. Үш жыл сілкілеп, есімді тандырған қырсық шал ғой ол...
Қабен. А? Үш жыл?
Тайман. Қой деймін, айтатыны жоқ. Биыл көктемде пенсияға шығарып, "әкең жақсы, шешең жақсы" деп сылап-сипап әрең құтылғанбыз әйтеуір...
Қабен (ойланып). Өзі қайда тұрады дейсің?
Тайман. Анық білмеймін. Әйтеуір осында. Қызы бар, Жанар деген... Жалғыз қызы... оқуда. (Ойланып). Биыл бітіре ме екен сол... Әлде келер жылы ма?
Қабен. Бәсе, анау жолы қасында болған қызы екен ғой.
Тайман. Қасында болды ма? Апыр-ай, ол бір есті бала секілді еді, неғып... Қой, бірақ әкесі көнбейді оған. Өз дегені болмаса қасарып, қырсықтықтан көше алмай қалады.
Қабен (ойлы). Иә-ә... Ембіден кеткен кісі де...
Тайман. Ембіден кеткен. Сырқат еді, қызыма барам, докторға қаралам деп кеткен...
Профессор кіреді. Қабағы қату. Қабен мен Тайман орындарынан тұрады.
Профессор (Қабенге). Мен қол қойған қағаз атаулының бәрін, менен алған кітаптарыңды түп-түгел жи да, лаборантқа тапсыр.
Қабен (сұрланып). Жақсы.
Профессор (Тайманға). Досың ақтады ғой үмітімізді, солай ма? Жердің үстімен келіп, астымен кетіп бара жатқан шығарсың. (Кете бере қайта оралып). Бұл жігіт өзін силамасын, өзгені силамасын, шіркін-ау, ең болмаса ғылымды силаса қайтты екен?
Қабен (нығыз). Менің бар жазығым сол — ғылымды силағаным.
Профессор (зекіп). Жә! Жетті! Бітті! Ал, жақсы! (Шығып кетеді).
Тайман (профессорды аяп). Қайтсын. Не қыларға білмей жүр ғой.
Қабен (ойлы). Ақылды кісі еді, кейін ұғар тағы, қайтейін. (Пауза). Менің бар ойым қазір Сардар хақында. Әйтеуір... соның сыны дұрыс, әділ. Соған көзім жетті.
Тайман. Несі дұрыс? Неменесі әділ?
Қабен. Ембінің ыстығына күйіп, суығына тоңып көрмеген адамның Ембідегі ежелгі мұнайшыларға ақыл айтуы ерсі екені рас па, жоқ па?
Тайман (жауап таппай). Ал!..
Қабен. Нағыз ғылыми еңбек аз да болса бір нәрсе, өзіндік тың нәрсе ашуы керек екені дұрыс па, жоқ па?
Тайман. Ал!..
Қабен. Ал, ал дейсің... Мен не аштым? Екінші әдіс пе? Ол, Сардар айтқандай, менсіз де белгілі нәрсе. Сонда диссертацияда байыпталатын Үлкен Ембі проблемасы қайсы?
Тайман. Қойшы әрі, немене сонша, өзіңді өзің жаңа көргендей... Ғылым кандидаты болу—ғылым докторы болу емес. Кандидаттық диссертация адамның ғылымға, зерттеу ісіне қабілетін ғана танытуға тиіс. Қай кандидат жарқыратып, жаңалық ашып тастай салып жатыр? Қайтесің құр босқа... сағым қуып...
Қабен (баяу). Я, жер үстінде дүмше молда секілді дүбрә кандидаттар аз еді, соның бірі бол, қара көбейт демексің ғой. Ғылымдағы дилетанттық деген осы емес пе?
Тайман. Қой, қайтесің оны? Дилетанттықтың тасасында сауатсыздық жатыр. Сенің теориялық біліміңе шүбә келтірген кім бар? Тіпті сол Сардардың өзі мойындаған жоқ па?
Қабен (ойланып). Жақсы! Солай-ақ болсын. Ал қорғадым,ғылыми дәреже алдым. Содан соң?..
Тайман. Сенің денің дұрыс емес шығар. Ойбай-ау жетекшің айтып жүрген жоқ па: студенттерге сабақ беретін едің, доцент болатын едің. Ол тіпті кафедраны да түбінде... Содан артық не керек еді саған?
Қабен. Тоқта, сен ашуланба, Тайман. Ғұмырында өндірісте істеп көрмеген адамның өндіріс туралы лекциясы қандай болмақ? Құр кітап кеміріп, белгілі жайды қайталай бергеннен басқа не бітірмек?
Тайман. Қойшы, сабақ беретіндеріңнің бірқатары солай емес пе? Бес жыл бірге оқыдық. Кей лекциядан қашып құтыла алмайтынымыз қайда? Марғаулар артта отырып, ұйқысын қандырып алатын.
Қабен. Міне, ақыры сен де менің пікіріме келдің.
Тайман (опынып). Қой, неге?
Қабен. Не қоятыны бар. Маған енді (күлімсіреп) кісі ұйықтататындардың бірі бол демексің бе?
Тайман (тығылып қап, қолын бір-ақ сілтейді). Жарайды, несіне езеуреп отырмыз осы?.. Енді бәрі біткен жоқ па соның?
Қабен. Жоқ, біткен жоқ. Бәрі басынан қайта басталды. (Пауза). Мен сені түсіндім, Тайман. Бет бұрдың ба, болды, ұр есігін ғылымның. Аш, кір! Бетің жоқ па, бәрі бір, маңдаймен кір. Жүгір, жығыл! Өл, тіріл! Қайтсең де кандидат бол! Осы ғой маған айтарың? Дарынсыз, дәрменсіз көресің ғой сен мені... Ғылымда бейшара бол демексің ғой маған... Солай ма?
Тайман. Не деп тұр? Ойбай-ау сен дарынсыз да, дәрменсіз де емессің ғой...
Марғау (қолында газет, күбірлеп сөйлей кіреді). Солай, солай жігіттер. "Біреуге ор қазсаң, өзіңе көр қазарсың" деген қазақ дана ғой, жазған шіркін.
Тайман. Немене, Марғау, жыныңмен сөйлесіп келесің бе?
Марғау. Ой, анау күнгі жадау шал бар емес пе, Сардар Сұлтанов деген?
Қабен (шошып). Я?!
Марғау. Өліпті со кісі.
Қабен (жай ұрғандай). Тек!
Тайман. Не дейді!..
Марғау (газетін ұсынып). Міне, оқы сенбесең, некролог...
Барлығы сең соққандай аңырып қалған. Сахна қоңырая береді. Бір шеттен Бастаушы шығады.
Бастаушы (күрсініп). Иә-ә... Сардар кетті дүниеден. Өрлікпен өтті, ерлікпен өтті бір өмір. Толассыз тыпыршып, тулаумен тынды бір жүрек. (Ойлы). Такаппар еді тағдыры. Такаппар тағдыр тұл болмас. Жалғасы болар, жалғасы... (Толғанып). Оттылар бар ғой өмірде. Отсыздар дағы аз емес.
Ш ы м ы л д ы қ
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Шымылдық ашылғанда сахна қараңғы. Бір шеттен авансценаға Бастаушы шығады. Жарық соған ғана түсіп тұр.
Бастаушы. Адам! Сенің бойындағы ұлы қасиеттер қайдан, соны білдің бе? Анадан туасың да, арман қуасың, оның не? (Толғанып). Иә-ә, адам бойындағы күллі қасиет күннің нұры мен ананың сүтінен деген рас. Егер сен таңғы ауадай таза, кең болсаң, кеудең кісілікке толы майталман болсаң,—жөргегінде ана көкірегімен еркін тыныстаған екенсің, азамат! Егер сен бықсыған шаладай тымырсық, тар болсаң, кеудең бір уыс күйкі болсаң,—ешқашан ана көкірегінің хош иісін сезбеген сығыр екенсің, жазған! (Пауза). Адам еді ол, азамат еді... Анау жатқан ақ жайқын Атырау астыңда Атыраудай шалқыған мұнай мұхиты бар. Бұл арман еді күні кеше. Сардар ғұмыр бойы осынау ұлы арманның соңында жүрді; азап тартса да адаспады... Адаспады арманнан... (Кетеді).
1
Сардардың үйі. Қабырғада Сардардың суреті.
Жанар жалғыз, стол жанында: әлдене сызып, жазып отыр.
Жүдеу, жабырқау; анда-санда күрсініп қояды. Есік қағылады. Жанар есік жаққа мұңая қарайды.
Қабен кіреді. Жанар шошып кетеді.
Қабен (бірер аттап). Сәлеметсіз бе, Жанар?
Жанар (аң-таң). ?..
Қабен (ыңғайсызданып, бірақ өзін өзі билеп). Сіз, әрине, мені күткен жоқсыз. (Жанар да үн жоқ). Мен... (Пауза). Мен білем, бәрін білем...
Жанар (тіксініп). Нені білесіз?
Қабен. Қасірет жайын... (Қысылып). Әрине, мен көңіл айтқалы тұрғам жоқ. (Жанар серпіліп, ығысып қалады). Шошымаңыз, Жанар. Қайғыны сөзбен емдеу мүмкін емес. Қайғыны уақыт емдейді. Мен соны айтып тұрмын. Және сіз ес жисын, өзіне өзі келсін деп көп күттім. Айдан аса күттім, күтіп жүрдім, Жанар.
Жанар (қиналып). Сіз неге келдіңіз? (Күдіктеніп). Сіз мені қайдан білесіз?
Қабен. Білем, Жанар , мен білдім сізді...
Жанар. Жоқ, сіз мені білмейсіз. Және сіз бұл үйге келуге тиіс емессіз. Неге келдіңіз?
Қабен. Жоқ, Жанар, мен келуге тиіспін бұл үйге...
Жанар (қатал). Тиіс емессіз! Не керек сізге? Айтыс па тағы да? Кіммен айтыспақсыз?
Қабен (сөз таппай). ?
Жанар. Және... Сіз не айтушы едіңіз. Ештеңе де айтпайсыз. Айта алмайсыз. (Ызамен қозғалып, жүріп кетіп).. Айтсаңыз қайда қалдыңыз анау жолы?.. Тіл тартпастан отырып алдыңыз... (Есіне түсіріп, қиналып). Сырқат кісі... Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде... Өлі мен тірінің арасында жүріп, әдейі барды. Барма десем, болмай барды. Сіздермен сырласуға барды. Өмір бойғы арманын ақтаруға барды. Өлер алдындағы өсиетін айтуға барды. Ал, сіздер... (ызаға булығып). Менің ауру әкемнен әлде қайда... Бәріңіз жабылып қуып шықтыңыздар. Аясаңдар қайтеді ең болмаса?
Қабен. Жанар... Жанар... Тоқтаңызшы кішкене...
Жанар.Тоқтамаймын.
Қабен. Тыңдаңызшы мені.
Жанар.Тыңдамаймын. (Есікке барып, ашып). Шығыңыз үйден!
Бастаушы (бір шеттен). Жанар, тоқта! Несін біліп тұрсың сен Қабеннің?
Жанар.Білгім де келмейді.
Бастаушы. Неге?
Жанар. Жек көрем.
Бастаушы. Не үшін? Не үшін жек көресің?
Жанар. Білмеймін.
Бастаушы (байсалды). Солай шығар. Саған ашу айтқызып тұр бәрін. "Ашу—дұшпан, ақыл—дос". Жек көру оңай. Үлгіресің. Сабыр керек, сабыр; ашуыңды бас, ойлан. (Кетеді).
Жанар (жуасып, Қабенге). Жоқ... Айтыңызшы... Неге келдіңіз?
Қабен. Сардар-ағамен жолықпақ едім.
Жанар (даусы дірілдеп). Сардар-аға жоқ қой, сіз неге түсінбейсіз, көкем жоқ қой менің?..
Қабен (төмен қарап). Білем, ол кісі жоқ... Бірақ мен бәрібір іздеймін.
Жанар. Нені?
Қабен (басын көтеріп, байсалды). Сардар-аға көзінің тірісінде нені іздеп еді?
Жанар (сөз таппай). ?..
Қабен (орнықты, баяу). Соны іздеймін. Әрине, білем, көкеңіздің іздегені мұнда емес, Ембіде.
Жанар (жүзін жылытып). Я, Ембіде.
Қабен. Ембіде болса, мен кетем сол Ембіге.
Пауза
Жанар (түсінбей). Қалайша?
Қабен (баяу). Мен өткен жолы қорғай алмағам...
Жанар (шошып). Аһ?
Қабен (жаймалап). Кейін қорғалар... Ембіге кеткім келді.
Жанар.?
Қабен. Задында, жалған ғалым болғаннан нағыз жұмысшы болған артық қой.
Жанар (таң қалып). Бұл бір күтпеген құбылыс екен.
Пауза
Қабен (өзіне өзі). Мен де күткен жоқ едім. Тіпті... Кездеспеспін деген ойым болған жоқ... (Жанар үнсіз). Жетісай деп еді-ау!.. (Ойлы). Жетісай?.. Бұл Үстірттен өрі Атырауға қарай көсіле көлбеген кең атырап емес пе? Ембінің келешегі сонда болғаны ма?..
Музыка. Сахна қоңырайып, жарық тек Жанардың үстінде ғана қалады. Жанар шкафқа барып, бір қалың папка алады.
Жанар. Иә-ә... Бұл үлкен сыр, ұзақ жыр ғой!..
Сахна тегіс караңғыланып, шам қайта жанады.
Қабен мен Жанар екеуі де папкаға үңіліп қалған.
Жанар. Әлгі айтқаныңыз рас. (Ашық папкадағы бір белгіні көрсетіп). Міне, Жетісай... Манатаның Атырау беті...
Қабен (папкаға үңіліп). Мынау не нәрсе?
Жанар. Ескі мола—шым қорған. Дәл осының іргесінде көкем қаққан сырық қазық бар.
Қабен. Қорған кімдікі?
Жанар. Көкемнің ұстазы — бір геолог орыс болыпты. Оның да бар ғұмыры осы арадан мұнай іздеумен өткен.
Қабен. Ие-е... со кісінің бейіті ме?
Жанар. Солай. Елсіз шөлде мұнай іздеп жүріп дүние салыпты марқұм. (Папкада тігулі тұрған бірнеше парақ қағазды көрсетіп). Мынау — со кісінің көкеме жазып қалдырған өсиеті.
Қабен (қызығып). О-о-о!.. Та-ма-ша!..
Жанар. Жоқ, кезінде бұл онша тамаша болмапты.
Шам сөніп, жоғарғы түс жарығаяды. Сахнада
Қоңыз мұрт пен Сардар.
Қоңыз мұрт. Сенің өлген ұстазың — геолог орыс Жетісайды бес рет, сен үш рет бұрғыладыңдар, солай ма?
Сардар. Солай.
Қоңыз мұрт. Бір қасық май таптыңдар ма?
Сардар. Жоқ, табылмады.
Қоңыз мұрт. Сан миллион мемлекет қаржысы зая кетті ме, жоқ па?
Сардар. Әрине, ақша жұмсалды.
Қоңыз мұрт. Міне, мына қағазда тек осы фактілер ғана жазылған. (Қағаз ұсынады). Қол қой. (Сардар қағазды алады). Содан соң былай. Анықтадық. Өлген орысың — жау.
Сардар (ызғарлы). Жалған!
Қоңыз мұрт. Жау.
Сардар. Жалған! Жала!
Қоңыз мұрт. Жұртты құла дала —қ у медиенге шұбыртып апарып, жер соқтыруында не мақсат барын да анықтадық. Ол да есінде болсын!
Сардар. ?..
Қоңыз мұрт. Сен қазіргі бар өндірісті жоқ етуге, әдірә қалдыруға әрекет жасап жүрген кісісің, заңғар, білдің бе? Бұл зиянкестік! (Сардар қолындағысын тастаса, мынау басқа бір қағаз ұсынып). Мынаның көшірмесі. Мә, қол қой!
Жоғарыдағы шам сөнеді. Сахнаға жарық түседі.
Жанар мен Қабен.
Қабен (ойлы). Тегінде, тағдырлар әралуан. Біреулер үшін өмір сүру онша қиын емес: ойға алғанын оңай орындайды, көздегеніне көп бөгелмей жетеді. Тіршілік олар үшін...
Жанар. ... жаймашуақ...
Қабен. ... ылғи күліп тұрғандай...
Ж а н а р....тіпті солай болмаса да солай сезінеді, қайтесіз?
Қабен. Өз басынан өткен күндердің парқын ойлап, немесе өзгелер үшін уайым жеп, қайғы алып жатқан ол және жоқ.
Жанар. Ал, бағзы біреулер үшін өмір...
Қабен. ... мүлде басқаша: биік тауға тік өрмелейтін жалғыз аяқ сүрлеу секілді...
Жанар. ... ентікпей, тас қияға тырмыспай ілгері аттау мүмкін емес.
Қабен. Бұл жолдың қиындығы сондай, кей тұстарда ілгері жылжымақ түгіл...
Жанар.... саусақты тасқа жырғызып, тырнақтың көбесін сөкпей...
Қабен.... жеткен орнында ілініп тұрудың өзі мүмкін емес...
Жанар.... құрдым құзға қүлап түсуің ықтимал.
Қабен. Сардар-ағаның өмірі осы соңғы тағдырға ұқсас екен-ау!..
Жанар. Солай. О кезде адамға жала жабу онша қиын болмапты ғой. Көкемнің бұрғысынан амалсыз ажыраған күндері де болған.
Қабен (басын шайқап). Иә-ә... (Еңсесін кілт көтеріп). Сол қиянатшылар әлі бар ма осы? Дым көрмегендей жүре бере ме?
Жанар. Қайдан білейін. Көкем бір сөзінде өзіне қиянат жасаған адаммен кездестім деген секілді еді. Бірақ, кім екенін білмеймін... Аты кім деп еді соның?.. Ұмытыппын.
Сахнаның жоғарғы тұсы жарығаяды.
Сардар мен Қоңыз мұрт.
Сардар. Қоңыз мұртпысың?
Қоңыз мұрт. Мен.
Сардар. Сен әлі бар ма едің?
Қоңыз мұрт. Қайда кетеміз?
Сардар. Талайды кетірген жоқ па едің?
Қоңыз мұрт. Солай болған.
Сардар. Талай жанға жазықсыз жаза тартқыздың ғой... Обалы қайда солардың?
Қоңыз мұрт. Мен қайдан білейін?
Сардар. Қайтып жүрсің жер басып?
Қоңыз мұрт. Жүрмін. Тірі болсақ, жүре береміз.
Сардар. Ұйқың бар ма?
Қоңыз мұрт. Бар. Жаман түс көрем, бастығырлам, Бірақ бар ұйқым.
Сардар. Күлкің бар ма?
Қоңыз мұрт. Күлкім де жоқ емес.
Сардар. Қайда жүрсің бүгінде?
Қоңыз мұрт. Аспан асты кең, жүрміз ғой, заңғар, бір жерде...
Сардар. Ой, тәубе! .. Жүреді, жүреді бұлар... Әзәзілге өлім жоқ деген осы. Мен қараңғы жақтан қартая жаздап қайттым. Бұл әлі қалпында. Өзгермепті. Мұрты да сол. Құлқы да сол шығар. Ой, тоба! Бұған не дерсің!.. Пай-пай, өмір-ай, әлі сенің әділдігің ақсақ-ау!..
Жоғарғы шам сөнеді. Сахна жарық.
Қабен мен Жанар.
Қабен. Солай. Әділдік жолы—қиын жол. (Ойланып). Қызықта жол. Адамды тыныш жүргізбейді, тынымсыз етеді.
Жанар."Тым-тырыс тыныш жатқаннан, тыпырлап тынымсыз жүрген жақсы" дейтін көкем.
Қабен (құптап). Еңбек адамына тән мінез.
Жанар. Ембіде көкем еңбек етпеген өндіріс орны кем де кем. Кейде, көкемді аңсағанда Ембі даласын шарлаған ізін бір жерге жияр ма еді, құс жолындай сайрап жатар еді-ау деп те ойлаймын.
Қабен. Көрікті ой.
Жанар. Мұнайшы киімін он бес жасында киіпті; қолы жарты ғасыр бойы бұрғыдан босаған жоқ.
Қабен (разы боп). Алып еңбек! Елу жыл ішінде ол кісі, әрине, Ембінің талай құпиясын ашып, талай жұмбағын шешкен-ді.
Жанар. Солай болатын. Бірақ, соңғы жылдары бір нәрсеге қатты қынжылып, төңірегіне тіпті рыза болмай жүрді.
Сахнаның жоғарғы жағы жарығаяды. Тайманның кабинеті. Терезе сыртынан қаптаған мұнай мұнарасы — өндіріс панорамасы көрініп тұр. Сардар кіреді.
Сардар. Тайман, жақсымысың, шырақ?
Тайман (орнынан тұрып). Амансыз ба, Сәке? Өндірістен келесіз бе?
Сардар. Иә, сменадан шыққан бетім. Бүгінгі халді білгім кеп, әдейі бұрылып ем.
Тайман (түсіне қап). Ә, өткен тәуліктегі өнім мөлшерін білгіңіз келе ме? Қазір. (Есік жақтан секретарь қызды шақырып). Әлиге айтшы, тез келе қойсын. Графиктің орындалу мәліметін ала келсін.
Сардар (жалт қарап). Ау, Әлиің кім? Қоңыз мұрт па?
Тайман (күліп). Я.
Сардар. О кім еді бүгінде?
Тайман. Білмеуші ме едіңіз, менің орынбасарым.
Сардар (жұлып алғандай). А? Оның мұнайға не қатысы бар, кәсібі бөтен емес пе еді?
Тайман. О, ол атамзаманғы бірдеңе ғой. Әли өндіріске араласқалы қашан!.. Бір жақсы адам, қағылез, елбеңдеп тұрады. Айтқаныңды екі етпейді.
Сардар (аңтарыла қап). Білмеймін. Қоңыз мұрт деген мұнай маманын өз басым білмеймін.
Т а й м а н. Өндірістің шаруашылық жағы ғой басқарып жүргені...
Қоңыз мұрт кіреді. Мұрнының астында бармақ басындай қара мұрт, қоңыз секілді. Көзі бадырайып, Сардарға қарап күліп келеді.
Қоңыз мұрт. Оһ-ау де. Шал бүгін райлы екен. Мүмкін, ұрыспас бізге...
Тайман. Жарайды, Әлеке, қане, тәуліктік жоспардың жайы қалай, Сәкең соны білгісі кеп отыр.
Қоңыз мұрт. Нашар. Тоқсан төрт просент.
Сардар (үнсіз дағдарып, аздан соң күбірлеп). Процент құртады ғой сендерді...
Тайман (абыржып). Енді қайтеміз, процент көрсеткіш емес пе?
Сардар. Процентті қойып, өнімді арттыру керек.
Қоңыз мұрт. Хе-хе! Түсінбедік-ау, Сәке! Просенттің өскені өнімнің өскені болмай ма?
Сардар. Жоқ, олай емес. Бұрын отыз тонна берген скважинаң қазір үш тонна береді. Үш тонна толса, жүз процент дейсіңдер де, іс бітті деп ойлайсыңдар. Сендерді жүз процент қуантса, мені үш тонна қынжылтады. Үш тоннаның жүз процентін ойлағанша, отыз тоннаның елу процентін ойласаңдаршы!
Тайман (қабақ шытып). Қойыңызшы, Сәке, жарық дүниеге жаңа келгендей, осының бәрін жаңа көргендей бола қалатыныңыз не?
Сардар. Қайтейін жаңа көргендей болмай, бір сілкініс, пе серпіліс көре алмасам?..
Қоңыз мұрт. Сәке, өзің білесің, мұнай өндіру де бір сиыр сауу емес пе? Сиырдың сүт беруінде шек болса, жердің мұнай беруінде де шек бар.
Сардар (шамданып). Ал, сиыр суалды, не қысыр қалды. сонда қайтесің сен? Сүтсіз отырасың ба?
Қоңыз мұрт. Жоқ, хе-хе!.. Қысыр сиырды сатам да, буаз сиыр алам.
Сардар. Бәсе, солай болар. (Бәрі күледі).
Тайман (Сардарға). Сонымен сіз не шара жаса дейсіз бізге? Мұнай өнімін қайтып арттыр дейсіз?
Сардар. Жаңа мұнай көзін ашу керек.
Тайман. Қайдан? Осы маңда біз шұқыламаған жер қалды ма? Қайдан ашамыз?
Сардар. Мен бұрын да талай айтқам, тағы да айтам, Атырау қолтығынан ашу керек.
Тайман. Ол біздің ауданның жері емес...
Сардар (амалы құрып). Міне, бар пәле осында. Діңкені құртатын осы ұғым. Шекара тұрған жерде шексіздік қайдан болсын! Онда анау Қоңыз мұрттыкі дұрыс, сиырдың сүтінде де, жердің майында да шек бар. Соны ғана тыңдаңдар онда.
Қоңыз мұрт (шатынап). Қоңыз мұрт деме, шал, қорлама мені!.. Менің атым бар, мұртым ғана емес, атым да бар, заңғар, атым да бар.
Тайман (басу айтып). Жә, жарайды, Әлеке, қайтесіз босқа ашуланып?.. Бала боп кеттіңіз бе?
Қоңыз мұрт. Жоқ-ау, мұқым...
Тайман (Сардарға). Сәке, сіз мынаны білесіз бе? Алматыда менің университетті бірге бітірген бір досым бар. Аспирантурада. Ембіде мұнай өнімін арттыру проблемасын зерттеп жүр.
Сардар. Хош! Бұл бір жаңалық екен.
Тайман. Жаңалығы сол, о жігіттің қатты қолдайтыны — біздің тәсіл, мұнай өндірудің екінші әдісі.
Сардар. Ойбай-ау, бұл тәсіл мұнай өнімін арттыру емес, бар мөлшерді мүмкіндігінше кемітпеудің амалы емес пе?
Тайман. Қайтесіз енді? Біз секілді байырғы өндіріс үшін содан басқа қандай айла-амал бар? (Шкафтан Сардардың қалың папкасын алып). Мынауыңызбен таныстым. Жатқан бір романтика! Сіздіңше Атырау теңізінің астыңда дәл Атыраудай мұнай теңізі бар. Мұны сіз ғана емес, көп геологтар айтады. Бірақ, қолға ұстап, көзге көрсеткен қандай нәтижесі бар солардың?
Сардар (ойлы, салмақты). Болады нәтиже!
Тайман. Болса көрерміз. Жүр ғой анау Ізбек Қалиев басқарған трест, Атырау қолтығын барлағалы алты жыл болды. Не нәтиже бар?
Сардар (ойлы, салмақты). Болады нәтиже!
Тайман. Болса, көрерміз. (Кетеді).
Жарық тек Сардардың үстінде ғана қалады.
Сардар (қабағын түйе ойланып). Тайман. Бүгінгі бастық осы. Маған бұл да қарсы боп шыкты. Кешегі бастықта осындай болатын. Бір-бірінен аумайды. Бұл қалай? Тайман қасында Қоңыз мұрт. Кеше анда, бүгін мұнда жүр. Киімі өзгерген, басқасының бәрі со қалпы. Бұл қалай? Мен болсам, міне, күреспен өтті көп күндер... Қартайып келем. Дұшпаным жасарып барады. Бұл қалай?!
Жоғарыдағы шам сөнеді. Сахнаға жарық түседі.
Жанар мен Қабен.
Жанар. Содан көкем Тайманмен шығысып, қайтадан Жетісайға кетті. Азамат деген бір бұрғышы досын өзімен бірге ала кетті. Көкемнің ұсынысын бұл жолы барлау тресіндегілер, трест бастығы Ізбек Қалиев — бәрі қолдады. Оған экспедиция құрып берді.
Қабен. Бұрғы салынды ма сонымен?
Жанар (өкініп). Жоқ. Көкем ауырып, амалсыз осында келді. Докторға қаралып ауруханада жатты. Таймандар пенсияға шығарыпты. Ендігісін айтуға аузым бармайды. Сіздің қорғауыңызға көкем ауруханада жатып барып жүрді ғой...
Қабен (таңырқап, риза боп). Апыр-ай десеңізші, сөйткен екен-ау, жарықтық... (Ойланып, аздан соң). Иә, иә.. менімен тілдескен.
Жанар (елеңдеп). Қашан?
Қабен. Сіз білмейтін бе едіңіз? (Еске түсіріп). Менің қорғар алдымда, түнде сөйлескен.
Сахна қараңғы, жоғарғы түс жарық.
Аурухана. Телефонда Сардар.
Сардар. Алло? Маған Оразов деген керек еді. Мен?.. Әлгі Ембіден бірдеңе жазып жүрген сен бе? (Қабеннің авторефератын лақтырып). Еңбек?! Мынау ма еңбегің?! (Шап етіп). Бәсе, не деп жүрсің сен? Әңгіме сонда. Түк те деген жоқсың сен. (Ызалы). Түк емес мұның, білдің бе, түк емес. Сен не біліпсің? Сен не біліпсің Ембіден? Қайдан білесің! Ембіде болып көрдің бе өзің алдымен?.. Ау, сен жөндеп тыңдашы. Ембіде туғаныңның керегі жоқ. Қайта сұраймын. Ембіде болдың ба, жоқ па? "Болып жүрмініңді" қоя тұр. Болдың ба деймін? (Пауза. Сардар қайталап, қоймастан шыңылдап). Ембіде болдың ба деймін? (Аздап жұмсарып). Хош!.. Не жұмыста болдың? (Қайтадан ашуланып). Немене, немене? Ембіде тұрақтап жұмыс жасаған жоқсың, бірақ болдым дейсің, солай ма? Түу, шіркін!.. Жетісай жақта болып көргенің бар ма? Жоқ? (Шорт кесіп). Онда менде де сауал жоқ. (Адуын, қатал). Менің кім екенімнің саған керегі жоқ Қош бол! (Трубканы орнына салады).
Жоғарыдағы шам сөнеді. Сахна жарық.
Жанар мен Қабен.
Жанар. Қатты сөйлескен екенсіздер.
Қабен. Жасыратыны жоқ, басында жаныма батқаны рас, бірақ кейін бәрін түсіндім.
Жанар (әкесін ойлап, күйзеліп). Ғұмырда көзіне жас алып көрмеген кісі еді. Неге екенін білмеймін, сол жолы университеттен шығып үйге келген соң... Сіздің халіңізді ойлады ма?... Әйтеуір бір түрлі босап... (даусы дірілдеп, арғы жағын айта алмай, көзін сүртеді). Сіздің қорғамай қоятыныңызды білген жоқ, әрине... Бірақ біртүрлі қиянат жасағандай... Әйтеуір, операциядан шығысымен Сізді іздеп, жолықпақ еді...
Жарық жоғарыда. Палата. Хирург пен Сардар.
Сардар. Хирург, сен турасын айтшы, сырқатымның түрі не болды сонымен?
Хирург. Өткен жолғы консилиумда айттық қой.
Сардар. Немене, рентген қорытындысы дұрыс боп шықты ма, сонымен?
Хирург. Дұрыс боп шықты.
Сардар (шөк етіп отыра кетіп). Ім-м-м... Емдеу түрі пышақ қана бола ма?
Xирург. Я. Операция ғана.
Сардар (өзін өзі күшпен орнықтырып). Солай де... Хирург, солай де...
Хирург. Асылы операцияға тез жатқан жөн.
Сардар (ойлы). Солай ма?
Хирург. Неғұрлым тез қолдап кетсек, солғұрлым дұрыс деп ұйғарып едік.
Сардар (ойланып). Солай де, Хирург, солай де...
Хирург. Келіссеңіз, біз сізді дереу операцияға дайындамақпыз.
Сардар (күшпен күлімсіреп). Мені өлтірмеуге кепілдік бере аласыз ба?
Хирург (сәл мүдіріп). Жоқ, кепілдік беру қиын. Олай ету онша ақылдылықта болмас еді.
Сардар. Неге?
Хирург. Бал ашуға болмайды ғой.
Сардар (тез ойланып). Олай болса, менде екі тілек бар:
Хирург. Айтыңыз.
Сардар. Бірінші тілегім — менің жалғыз қызым бар.
Хирург. Білемін.
Сардар. Ауруымның атын соған айта көрмеңіз. Сезбесін, білмесін. Аздап жеңіл болар ма екен...
Хирург. Жарайды.
Сардар. Екінші тілегім — маған бүгінше ғана рұқсат етіңіз, үйіме кіріп шығайын да күні ертең қайтып палатама келейін. Тіпті бүгін кешке келуіме де болады.
Хирург (ренжіп қап). Жо... Ол болмайды. (Палатаға кіре берген Бас дәрігерге). Доктор, мына кісі болмайтын нәрсені айтады.
Бас дәрігер (байыпты). Не нәрсе?
Сардар. Шырағым, сен Бас дәрігерсің ғой, сен түсінші ең болмаса...
Бас дәрігер. Не нәрсе?
Хирург. Үйіне рұқсат сұрайды, бүгінше...
Басдәрігер (ойланып, Сардарға көзінің астымен қайта-қайта қарап). Сірә... рұқсат ететін шығармыз.
Сардар. Рақмет.
Хирург (ыңғайсызданып, Бас дәрігерге). Мейліңіз, өзіңіз заңды деп тапсаңыз...
Бас дәрігер (қиналып). Мен де қай бір заңмен жасап түр дейсіз... Қайтеміз, бірге көтерерміз жауапкершілігін... Барсын. Үйіне барып келсін... (Сардарға). Мен ертең келермін онда... (Шығады).
Сардар (аздап езу тартып). Сіздер рұқсат етер деп сеніп, бағана қызыма хабар беріп едім. Келіп тұрған-ды. Кірсе қайтеді.
Хирург. Кірсін, кірсін. Қазір шақыртайын. (Шығып, Жанарды ертіп қайта кіреді).
Жанар (сөйлей кіріп). Көкежан-ау, мұның қалай? Неге тұрып кеттің?
Сардар (қызын көкірегіне қысып). Балапаным!.. Өзің жүдеп кетіпсің ғой. Түу, қайтесің, бүйтіп, өзіңді өзің жеп... Көкеңде алып-жұлып бара жатқан түкте жоқ, қорықпа! Қазір үйге барамыз.
Жанар. Біржола ма?
Сардар. Жоқ, балапаным, тек бүгінше ғана. (Қызының қолындағы киімдерін алып). Мен қазір киініп келе қояйын. (Шығып кетеді).
Жанар (күйзеліп, Хирургке). Сол ма?
Хирург. Солай боп тұр.
Жанар. Анық сол ма?
Хирург. Анық сол боп тұр.
Жанар (шошып). Немене? Рентген қорытындысы дұрыс боп шықты ма, сонымен?
Хирург. Дұрыс боп шықты.
Жанар (шөк етіп отыра кетін). Емдеу түрі пышақ қана бола ма?
Xирург. Я. Операция ғана.
Жанар (көз жасын жұтып). Жалғыз ғана тілегім - ауруының атын тек өзіне айта көрмеңіз. Сезбесін. Білмесін. Аздап жеңіл болар ма екен...
Хирург. Жарайды.
Сардар кіреді. Киініп алған. Хирург шыға береді.
Соңында Жанар.
Жанар (хирургке еріп бара жатып). Көке, мен есік алдына машина шақыртайын.
Сардар (нәрселерін жинай бастап). Жарайды, балапаным, жарайды. (Кенет жұртқа қарап, ойлы). Жетісай! Соңғы бұрғымды сала алмай кеттім-ау Жетісайға! Өкініш тек сол ғана, басқасының бәрібір! (Серпіліп). Жә, мұны неге айттым? Тықыры таянған ажал ма айтқызып тұрған?.. Табыт па сұп-суық?.. Жо-жоқ! Жоқ!..
Жоғарыдағы шам сөнеді. Сахнаға жарық түседі.
Жанар мен Қабен.
Жанар. "Табиғаттан ақ көкем ала берген секілді:
Дарқандықты көкеме дала берген секілді,
Кең тынысты тынымсыз желден алған секілді,
Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді,
Мыңқ етпейтін мінезді жоннан алған секілді.
Мың бұралаң тағдырды жолдан алған секілді,
Түнеруді тұнжырап түннен алған секілді,
Мейірбанды күлкіні күннен алған секілді... "
Қабен (Жанарға). Бір өтініш болсын, көкеңіздің папкасын бүгінше бере тұрыңыз.
Жанар (іркіліп). Ол қиын емес, бірақ...
Қабен (оны бөліп, шешімді түрде). Мен "бірақ" дегенді қойдым, Жанар. Белді будым неде болса!..
Жанар (қиналып). Қайдан білейін... Жетісай орасан қиын жер. Талайдың жігерін құм еткен жер еді. Азап көресіз ғой. Оның үстіне іздегеніңіз табылса жақсы, табылмаса... Әлі де болса ойлансаңыз қайтеді?
Қабен. Жоқ. Мен ойланып болдым. (Пауза). Шынымды айтайын, жуырда жаңағы сіз айтқан Ізбек Қалиевке жолықтым.
Жанар (серпіліп). Барлау тресінің бастығына ма?
Қабен. Иә.
Жанар. Осында ма екен?
Қабен. Геология министрлігіне келген екен. Мен оған қаламды бұрғыға ауыстырғанымды айттым. (Жанардың рызалығы көзінен танылады). Ізбек мені құптады. Жетісайға шақырды. (Құлшынып). Сардар-ағаның соңғы бұрғысын бұйырса біз салатын шығармыз. (Пауза).
Жанар (толқып). Мен де шынымды айтайын, Қабен, Сізге хайран қала берем.
Қабен. Неге?
Жанар.Менің ұғымымда Сіз көкемді жек көруге тиіс едіңіз.
Қабен. Неге?
Жанар. Ауыр да болса айтпасқа бола ма, Сізді көрер көзге көкем құлатты ғой.
Қабен. Шынымен солай ойлайсыз ба?
Жанар. ?
Қабен. Жоқ, Жанар, керісінше, мені құлаған орнымнан көкеңіз тұрғызды.
Жанар (таңырқап). Қойыңызшы!.. (Кенет ұшқындап). Мен Сізді білмеуші едім. Енді біле... Жоқ, сізге хайранмын... Енді ғана ұққандаймын. Бірақ таң қаламын сізге... Жоқ, олай емес. Сіз бір түрлі қызық жігіт екенсіз...
Жанар ұсынған папканы Қабен алады.
2
Мұнайлының қонақ үйі. Қоңыз мұрттың қолында чемодан, поездан жаңа ғана түскен Қабенді ішке ертіп кіреді.
Қоңыз мұрт. Мұнайлы гәстенсесіндегі жалғыз лөкіс осы. (Өрекпіп). Тайман-деректр өзіңе арнайы дайындатып қойған. (Өршіп). Өзің келеді деп, жан кіргіздірмеді ғой, заңғар. Мұнай кәмбинатының нәшәндігі келсе де басқа жерге түсіріп жүрді. Айтқан жерде басы қалатын қабылан ғой, сорлы шіркін, несін сұрайсың. Ылғи со ғой қасқанікі. Айталық, мына Мұнайлы дегеніңіз майы таусылып келе жатқан промсол. Деректр болған бетте Тайманның қолға алғаны план, келді де кеміттірді планды. Бедел қоя ма, істетті солай. Қазір тәуліктік план — жүз елу. Жүз елу берсек, жүз просент! Екінші әдіс арқылы тағы бір он — онбес тонна қосамыз. План асыра орындалады. Ай сайын премия. Несін айтасың, айтқанын істетті, гүрлетті ғой келді де!..
Қабен (еліге қоймай). Өзі қайда дейсіз?
Қоңыз мұрт. Осында. Осы маңда. Досың келеді қазір. Қалың Байтоғызбен бәстесіп кетіп... (Қабенге көзінің астымен қарап, біраз тұрған соң). Байтоғыз деген — ру. Тайман-деректрдің нағашылары. Маған да бөтендігі жоқ, қайын жұртым. (Қарқылдап күліп). Шетінен даңғой, желөкпе. Анау күні Тайман-деректрмен бірге киік қуып, құс атып, Ақкөлде алты күн жүрдік. "Үйрек бойлаған жерге адам бойламай ма" деп, менімен ерегісіп, бір Байтоғыз қас пен көздің арасында суға кетті. Хе-хе! (Қабенде үн жоқ. Бұл да күлкісін тияды). Сол қалың Байтоғыздың бірі — Тайман-деректрдің клаунай енженері. Досың сонда отыр. Бүгін — жатыс, бәрімізді қонаққа шақырған. Мені пойызға, сені күтуге жұмсады да, өзі амалсыз... Байтоғыздар болмаған соң... Мөшкінің қызығына түсіп... Қабылан қатырып ойнайды мөшкіні. Байтоғыздарды шетінен ырситып ұтып отырған. Хе-хе!.. Енді қайтсын. Тіршілік деген не өзіңді ұтқызу, не өзгені ұту ғой, заңғар!.. (Тағы да Қабенге аңыра қарап қалады). Ойбай-ау, гәстенсеге кірісімен сылдырат деген екен-ау. (Ашық есіктен әрі қарап, айғай сап). Әй, маржа, клаунай енженердікінен Тайман-деректрді шақыра қойшы тезірек... Қонағың келді де. (Қайтадан Қабенге оралып). Жігітім, сен осы менің жөн-жосығымды неге сұрамайсың? Әнебір келгеніңде де жон сұрамастан кетіп едің... Мұның қалай сенің, ә?.. Біле жүр, өз атым — Әли, әкем аты — Ғали, екеуі біріккенде — Әли Ғалиев. Осыны орысшыласақ—Эли Галич! Ал!.. Енді қызмет жағына келсек, шүкір, хадари хал... Осы өндірістің шаруашылық тауқыметін бір өзім түгел көтеріп, жүріп жатам. Дәлірек айтсам, Тайман-деректрдің ізбасарымын. Өзіміздің бала ғой, тастамайды. Биыл осы промсолға ауысқанда мені тағы ерте келді. Мен мұнда да ізбасармын. (Әлде бір тысыр есітіп). Оу, досыңда келді-ау деймін. (Есікке беттейді).
Тайман кіреді. Келе Қабенді құшақтай алады.
Тайман (амандықтан соң, Қоңыз мұртқа). Ал, Әлеке, гараждан машина шақырт. Біздікіне апар қонақты. Менің үшінші участокке соға кетуім керек боп тұр. Жүз он бір тағы істен шығыпты.
Қоңыз мұрт. Қойшы! Тағы ма? Тағы бір үш тоннадан құлақ қақтық десейші. Мүлде құрыған ба?
Тайман. Құрыған емей немене, май орнына су тартып тұрған көрінеді.
Қоңыз мұрт (басын шайқап). Айтам ғой, мұнай өндіру де құдды сиыр сауу. Ал! Тағы бір сиыр қысыр қалды.
Тайман (Қабенге). Амал не, халіміз осы. Жыл сайын жоспарды комбинат басшыларымен кескілесіп жүріп, әрең кемітеміз. Әйтпесе, график орындау қайда бізге.
Қабен. Әлгіде мына кісі айтқан.
Тайман (қиналып). Айтса, солай. Міне, жыл аяғы тақады. Жүз он бірді қосқанда тағы да төрт скважина істен шықты. Қайтпек керек? Амал жоқ, келер жылдың тәуліктік жоспарын тағы бірнеше тонна төмендету керек. Бұл бір қызын қырғын енді... Осы жұмыспен ертең Сағаға жүрмек едім. (Қоңыз мұртқа). Қой, Әлеке, отырмаңыз, барып машина шақыртыңыз.
Қабен. Сәл тоқтай тұршы, Тайман.
Тайман. Тоқтайтын түгі де жоқ. (Қоңыз мұртқа). Барыңыз, машина, машина!.. Бұл айта береді, қайтесіз. Үйге барып, жайғасын отырын сөйлесерміз мұнымен... (Қоңыз мұрт шыға бере қайрылады).
Қабен. Мен жайғасып отыра алмаспын, Тайман.
Тайман. Неге?
Қабен. Жүрем.
Тайман. Қашан?
Қабен. Түнгі самолетпен.
Тайман. Қайда?
Қабен. Арнаға.
Тайман. Тек, не деп отыр?
Қабен. Солай! Алматыда, Геология министрлігінде Ізбек Қалиевпен кездескем. Уәдеміз бар, ертең Арнаға жетуім керек.
Тайман (қаңырайып). Не деп отыр. Басындағы уәдең менімен емес пе еді? (Қабен үндемейді, ойланады). Қой, қайтесің. Құр босқа шалап шайқаудың не керегі бар? Одан да бірер жыл менің қасымда болсайшы, қайтесің. Аздап есінді жи, қоңдан, содан соң көрерсің.
Қабен. Сөйтіп сен маған...
Тайман (Қабенді сөйлетпей, бөліп). Жә, жә!... Саған, маған деп не керек. Мен саған өз қасымнан орын әзірлеп қойдым, қайтесің.
Қабен. Иә?
Тайман. Иесі сол, Мұнайлының бас геологы боласың. Бітті. Комбинат бізбен есептеседі, келіседі. Бүкіл өндіріс қолында болады. Және сен де бір ел қатарына қосылсайшы. Өндірістің рулінде отырған төртеудің бірі боласың, айына төрт жүз сом ақша, астында машина!.. Басқа не керек саған?
Қабен (орнынан түтеп тұра кеп). Сен мынаған жауап бер! Мен мансап іздеп келдім бе саған?
Тайман. ?..
Қабен. Мен байлық іздеп келдім бе саған?
Тайман.?..
Қабен. Машина сұрадым ба сенен?!
Үшеуі үш жерде қалшиып тұрып қалады.
Бөлме іші жым-жырт.
Тайман (кенет өзгеріп, ызаға булығып). Эй, сен кімсің осы?
К а б е н (орнықты, баяу). Оны сен біл. Ал, сенің кім екеніңді мен біле бастадым.
Тайман. Алматыға іздеп барам, жер соқтырасың. Мұнайлыда күтіп алам, басымнан бір-ақ аттамақсың. Бұ қай секіру сенікі? Тойып жүрсің бе, тоңып жүрсің бе?
Қабен (езу тартып). Тою сенде көрінеді ғой, менікі тоңу шығар...
Тайман. Тоңғанның көкесін енді көресің сен әлі, тоқтай тұр. Бекіренің тұмсығы тасқа тимей қайтпайды деген, байқайық әуселеңді...
Қабен (байсалды). Байқасаң байқа, қайтеміз.
Тайман. Жарайды, бар. Бетіңнен жарылғасын. (Кекетіп). Ел қамын жеген ер жігіт. Қиратарсың.
Бастаушы (бір шеттен шығып). Табалап отырсың ғой, Тайман.
Т а й м а н. Енді қайтейін, түк түсінбейді.
Бастаушы. Нені түсінбейді?
Тайман. Тіршіліктің парқын түсінбейді. Төрге сүйресем, көрге қашады.
Бастаушы. Төрің қайсы?
Тайман. Тіршіліктің рахаты.
Бастаушы. Көр деген не?
Тайман. Өмірдің азабы.
Бастаушы (таңырқап). Саған керегі өз басыңның рахаты ғана ма?
Тайман. Рахаты ғана. Дүние екі айналып келмейді, өмірдің азабы емес, рахаты керек маған.
Бастаушы. Азапсыз рахат бар ма?
Тайман ашуға булығып, бөлме ішін қатты адымдап кезіп жүреді.
Тайман. Бар. (Бастаушы кетеді).
Қабен. (Біраз паузадан соң, Тайманға). Азамат қайда?
Тайман (таңданып). Қай Азамат?
Қабен. Кәдімгі бұрғышы Азамат.
Тайман. Оны қайдан білесің?
Қабен. Білем. Тауып бересің бе со кісіні?
Тайман. (сынасып). Жақсы, табайын. Тағы не айтпақсың?
Қабен. Тағы бір мұнайшы табасың ба?
Тайман (тұқыра ойланып, аздан соң). Табам!
Қабен. Кім?
Тайман (Қоңыз мұртты нұсқап). Міне, мына кісі. Қоңыз мұрт (селк етіп). Тек! (Ұшып тұрып). Ой, заңғар, не деп отырсың?.. Мен бе? Құтымның қу шоқысына ма?.. (Діңкесі құрығандай шөге береді).
3.
Арна. Бірнеше шатыр. Алысырақта жалғыз мұнара мұнартады. Шатырлар шетінде екі-үш мұнайшы; олардың арасында Қоңыз мұрт; бәрі шаршаған, көңілсіз, жүдеу.
Бірінші мұнайшы. Смена ауысатын уақыт болып қалды, әлгі Азамат қайда жүр, шырақ-ау?
Екінші мұнайшы. Қой, барайық мұнараға қарай, келер...
Қоңыз мұрт (ала көзімен атып). Сыбағаң суып бара ма?
Екінші мұнайшы. Суымағанда жұмысқа шықпаймыз ба?
Үшінші мұнайшы (жайбарақат). Әдірә қалсын жұмысың! Жаз бойы жер қаз, бір тамшы май таппа! Сол ма жұмысың?
Қоңыз мұрт(шатынап). Жер ме, заңғар, жер ме сенің қазып жатқаның? Көр емес пе?.. О несі келіп-келіп!.. Өлген орыстың көрі емес пе ала жаздай қазғаның?..
Екінші мұнайшы (Бірінші мұнайшыға). Қанша қаздық өзі?
Бірінші мұнайшы. Кеше кеште үш мыңға таяп бардық. Отыз ба екен қалғаны?..
Екінші мұнайшы. Қабеннің айтуынша, екі жарым мың метрден мұнай шығуға тиіс еді...
Қоңыз мұрт (тістеніп). Шығады атаңның басы! О несі келіп-келіп!..
Бірінші мұнайшы. Геологиялық карта бойынша да екі мың бес жүз метрде Мұнайлы қабатқа жетуіміз керек еді, болмай қалды ғой, амал нешік.
Екінші мұнайшы. Трест бастығы келіп жатыр деп естідім.
Бірінші мұнайшы. Ізбек Қалиев пе? Неге келіп жүр екен?
Екінші мұнайшы. Байқайтын шығар.
Үшінші мұнайшы. Байқамайды, тергейді.
Бірінші мұнайшы. Не істейді тергеп?
Үшінші мұнайшы. Тоқтатады мынау бос әрекетті, жабады Арнаны.
Екінші мұнайшы. Оған Қабен көне ме?
Үшінші мұнайшы. Көнбегенде қайтеді? Қабеніңнің де солығы басылған-ды, бітіпті ғой қалжырап...
Бірінші мұнайшы. Адам аяғындай, сорлы.
Екінші мұнайшы. Ауырып жүр.
Қоңыз мұрт. Ауырса қайтеміз? Жеті күн жатып, мен де өліп-тірілдім. Басымды көтергенім бүгін ғана. Оның жаны темірден жаралып па сонша? Ауырсын! Осы азапты тілеп алған өзі емес пе? Өлсін ауырмақ түгілі...
Бірінші мұнайшы (қынжылып). Алла-ай, Әлеке, сондай сөз неге керек? Жазығы не Қабеннің?
Үшінші мұнайшы (шап ете түсіп). Әй, бері қарашы-әй!
Бірінші мұнайшы (бұрылып). Ал, немене, ал?..
Үшінші мұнайшы. Түрің анау арыстан секілді азып-тозған... Қатын-баладан баз кештік бәріміз. Мейіріміз қанып, тұщы су ішпегенімізге төрт ай. Құла дүз, құба шөлде жүрміз босқа шұбырып... Бәрі—со қарасирақтың әлегі. "Не жазығы бар" дейсің. Не пиғылмен, неге жетісіп айтасың соны?
Бірінші мұнайшы. Не қыл дейсің жетіспегенде?
Үшінші мұнайшы. Қыл дейтінім сол—анау Әлиді тыңда! Бақшақтама!
Қоңыз мұрт (Екінші мұнайшыға). Мен неғып жүрмін осында, сен соны білдің бе?
Екінші мұнайшы. Жоқ.
Қоңыз мұрт. Тайман-деректр не үшін жіберді мені, соны білдің бе?
Екінші мұнайшы. Қайдан білейін, құдай шұнақ.
Қоңыз мұрт. Білмесең, бері жүр. (екеуі шығады).
Үшінші мұнайшы (Бірінші мұнайшыға). Әлидің баққаны—Қабен, есіңде болсын. Түбіне сол жетеді әлі, көр де тұр.
Бірінші мұнайшы. Не қылмақ оған?
Үшінші мұнайшы. Жазып жіберді. Жоғарғы жаққа мықтап тұрып жазып жіберді.
Бірінші мұнайшы (мырс етіп). Түу, жазып жіберді... Қоңыз мұртты кім тыңдайды деп отырсың?
Үшінші мұнайшы. Сөзің құрсын. Неге тыңдамайды? Әр ортаның өз Қоңыз мұрты бар, есіңде болсын. О жақ құралақан дейсің бе Қоңыз мұрттан? Тыңдайды солар, нең бар?
Бірінші мұнайшы (қолын сілтеп). Түк те емес.
Үшінші мұнайшы. Білген екенсің! "Жыланның үш кессе де кесірткедей қауқары бар". Қабен түгіл кезінде Сардарды сұлатып түсірген Әли емес пе бұл?..
Бірінші мұнайшы (ойлы). Ол емес-ау!.. Осынша еңбек бос кетіп, жігер құм болмаса не қылсын! Қабен сорлының да бар уайымы сол... Біраз жұрт кеткелі жүр Арнаны тастап...
Үшінші мұнайшы. Азамат келе жатыр.
Азамат. Хал нешік, жігіттер? (Қоңыз мұрт пен Екінші мұнайшы келеді). Бүгін шешуші күн. Трестен Ізбек келді әлгіде.
Бірінші мұнайшы. О қайда?
Азамат. Мұнара басында. Қабен кароттаж партиясын шақыртып алды.
Екінші мұнайшы. Аттыра ма? Азамат. Байқамақ қой деймін.
Қоңыз мұрт(түңіліп). Не шығар дейсің. Орыс қазған бес құдық, Сардар қазған үш құдық, бәрі де жатыр ғой әне топырақ басып. Соның бірі де, заңғар.
Азамат (сене алмай). Бірі болса, оны көрерміз, амал не? Әйтеуір, бүгін не бүге, не шіге!.. (Қоңыз мұртқа). Мүмкін, сенікі сәуегейлік болар, түк шықпас. Көрейік неде болса!.. Екінші мұнайшы. Қашан аттырмақ? Азамат. Біздің смена бітер шамада аттырады-ау деймін. Дайындықтың бітуіне байланысты ғой... (Қоңыз мұртқа). Сен тек көзіңе қара, Әли, сақ бол! Привинтор сенің қолыңда. Қырып алып жүрме жұртты, масқара ғып!.. Қоңыз мұрт. Неге қырайын, заңғар.
Азамат. Сақ бол, әйтеуір; сақтықта қорлық жоқ.
Қоңыз мұрт. Превентр жиырма рет бұралса болды ма?
Азамат. Өй, не шатып тұрсың сен! Неге жиырма рет? Жиырма алты рет, жиырма алты. Бір бұрауы кем болса, бітті, газ бен мұнай төңкеріп түсіреді бәрімізді...
Қоңыз мұрт. Жарайды, шошыма! Білем. Төңкерілгішін. Жарты қасық мұнай таппай жатып, зар қағады ғой заңғар. Өзіңді өзің лақтырмақсың ба? Қандай күш сені төңкеретін?
Азамат. Жә, білсең болар. Көбейтпе сөзді, істе айтқанды. (Бәріне). Ал, жүріңдер мұнараға, кезегіміз келді. (Арғы жақтан келе берген Қабенді көріп). Қабенбісің, шаршадың-ау.
Бірінші мұнайшы. Ұйқы көрмегеніне үш күн. Азамат (Қабенге). Біз кеттік. Сен аздап дамылда, шыбыным.
Қабен. Бір сағат көз шырымын алам да барам. Тек сақ болыңдар. (Қоңыз мұртты тоқтатып). Сіз әбден айықтыңыз ба?
Қоңыз мұрт. Айыға жаздадым.
Қабен. Әбден айыққанша жата тұрарсыз, мүмкін?
Қоңыз мұрт (шатынап). Бүйтіп есіркемей-ақ қой мені. (Мұнайшылар соңынан жүре береді). О несі, келіл-келіп!..
Қабен шеткі шатырдың алдына кеп, төсекке қисаяды. Сахна бірден бірге қоңырайып, жоғарғы түс жарығаяды. Бұлыңғырлау көгілдір сәуле ішінде Қабен тұр; одан әріректе Жанар жүр. Түс секілді. Баяу, майда қоңыр музыка ойнап тұр.
Жанар. Қабен!
Қабен. Жанар !
Жанар.Аманбысың?
Қабен. Өзің ше?
Жанар. Жүдеп кетіпсің ғой.
Қабен. Шаршадым.
Жанар. Мұнай шығатын ба?
Қабен. Білмеймін.
Жанар. Енді не істейсің?
Қабен. Қаза беремін.
Жанар. Қойсаң қайтеді?
Қабен. Жоқ. Өлмесем, қоймаймын.
Жанар. Қабен!
Қабен. Ау!
Жанар. Мен сені сағындым.
Қабен. Мен де сені сағындым.
Жанар.Олай болса, қойшы, тасташы бәрін.. Келші бері...
Қабен. Жоқ. Бармаймын.
Жанар. Неге?
Қабен. Өзің кел.
Жанар. Қайда?
Қабен. Арнаға.
Жанар. Мұнай шыға ма?
Қабен. Шықса бірге көрерміз.
Жанар. Шықпаса қайтеміз?
Қабен. Шықпаса, бірге өлерміз.
Күй үзіледі. Қабен оянады. Азамат келеді.
Азамат. Қарағым, қалай, шыныңды айтшы, шыға ма бірдеңе?
Қабен. Неге шықпайды?
Азамат. Шықпаса, шынында да қойсақ қайтеді?
Қабен. Жоқ-ау, неге шықпайды?
Азамат. Қайдан білейін. (Кетеді).
Қабен (орнынан ұшып тұрып). Неге? Жоқ-ау неге шықпайды? Неге шықпайды?!
Бастаушы (бір шеттен шыға кеп). Иә, неге? Неге шықпайды? Неге?
Сахнаның жоғарғы жағында шалқыған теңіз, ысқыра гулеген жел; біреу жүріп келеді.
Бастаушы сөйлеп тұр:
"Ол жүріп келеді,
жүріп келеді, Ақиық!
Қабағын тас түйіп,
Қарсы алдына тік қарайды қасқиып...
Мойнына салған көне қызыл шарфтың шалғайын
жел жұлқып, кейін тартады.
Бұл көнбейді, қарысады,
Желмен алысады;
Аяғын ауыр қозғап, нық басады,
алға асады...
Ол жүріп келеді.
Жел асау; теңіздей тулайды.
Теңіз тентек; желше шулайды.
Төңірек қол жайып,
жұлдыздардан жарық сұрағандай.
Жұлдыздар, о ғажайып, жерге құлағандай...
Ол жүріп келеді,
жүріп келеді.
Адымын алшақ тастап, ілгері өрлеп,
Ауыр теңселіп, толықсып, қолын сермеп,
кеудесін жел өтіне қалқан ғып ұстап,
жүріп келеді.
Екі көздің шарасы қос қынаптан суырылған
қос Қылыштай жарқ ете қап,
тұманды, мұнарды тіліп келеді.
Ол жүріп келеді.
Аяғын ауыр алады,
кенет оқыс ыңырсып ән салады,
кейде сүрініп те қалады..
Бәрін біліп келеді.
Тоқтар емес, жүріп келеді.
Жүріп келеді.!.
Әлдене лап ете түседі, жұрт шу ете
қалады. Жер сілкінгендей. Фонтан.
ЭПИЛОГ
Прологтегідей. Өртті бұрқақ Жаралы Қабен.иМаңында мұнайшылар. Қабен басын Жанарға сүйен, жалынға қараған қалпы, райлы.
Қабен (радио арқылы). Бәрі сол түннен басталған... Ақыры, міне, нарт қызыл жалын! Жұмбақ шешілді. Құпия ашылды. Дүлей құш жеңілді. Біз жеңдік! Бомба!.. Өшіріңдер өртті!.. (Пауза). Қадірлі профессор, жетекшім. Білем. Сіз маған ренжіп жүрсіз. Бірақ мен ашуыңызды басам, ұстазым. Ал енді барайын, қорғайын... (Пауза). Сардар-аға!.. Сізге де барамын, қабіріңізге гүл қоямын. Мәрмәр ескерткіш орнатамын сізге. Сізге!.. Сізге табынумен өтермін бұл дүниеден... Жалғыз-ақ, сонда тек сен, сен ғана жанымда болғайсың, Жанар... Жанар !.. (Шаршағандай. Жанар оның басын жастыққа сүйеп, шалқасынан жатқызады).
Азамат. Қиналып жатыр... Бірақ, есін жиды ғой, құдай бермес деймісің. Сөнбес, шыбынымның шырағы сөнбес. Сөнетін реті жоқ қой.
Бастаушы (іліп әкетіп). Ия, сөнбес—өшпес, өшетін реті жоқ. (Ойлы). Ал енді бар ма... (Осы кезде реквием секілді бір оқыс музыка ойнап қалады). Өзекті жанға бір өлім... (Алысқа, биікке қарап). Эй, Адам, түбінде өз шырағың өше қалса, егер сен дүниеден өте қалсаң... (Лаулаған өртті нұсқап). Артыңда мынадай жұрт үшін жаққан жалының лапылдап жатса, не арманың бар?.. Дүниеге босқа келмегенің ғой онда! Солай емес пе?..
СОҢЫ
СӨНБЕЙТІН ОТТАР
"Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап
Аспан қалай ашылмақ?"
Бұл — Назым Хикметтің сөзі. Бұл — жазушы Зейнолла Қабдоловтың "Сөнбейтін от" ("Қабеннің құбылысы ") атты пьесасының лейтмотиві, айтар ойының түп қазығы.
Сіз жанып жатқан отқа бір сәт қараңыз, сумаңдаған от тілінен мың құбылған бояу көресіз. Өрттің де сан қилы түрі бар. Бір өрт барлай тұтанып, лап етіп басылады. Енді бірі бықсып басталып, бықсып бітеді. Өртену де, өртеу де әрқалай. Бір өрттің орынында құл ғана қалады, өмір семеді. Ал енді бір өрт өлі қауды жандырып жібереді де, орнына балауса өртең шығады, жаңа тіршілік басталады. Тегі халық қайсы бір жігерлі жігіт мінезін өртке теңегенде, дүниені жайпап кететін апатқа емес, кеудесінде оты бар, жалындай жанған құдіретті күшке баласа керек. Бұл — өмір философиясы. Бұл — "Сөнбейтін от" шығармасының ой өзегі.
Сахна үсті қып-қызыл жалын, алыста әлде не жанып жатыр: Мұнай. Абыржыған көпшілік зембілге салып өртте қалған адамды алып шықты. Ол — Қабен. Бұл кім еді? Спектакль прологы көрушіні осылайша бірден баурап алады.
Осыдан кейінгі әлгі жұмбақ сырын там-тұмдап аша береді, оқиға желісі тартылады.
Қабен (Н.Жантөрин) — аспирантураны тамамдап, мұнай өндірісі жөнінен диссертация қорғайын деп жүрген жігіт. Ғылыми кеңес мүшелері бір ауыздан оның еңбегін мақұлдайды. Бірақ, бәрі бітіп тұрғанда Қабеннің өзі қорғаудан бас тартады. Бұл — айтуға ғана жеңіл. Өмірдегі шындық салмағын таразыға салғанда, тіпті сыйымсыз да нәрсе сияқты. Талай жыл маңдай терін төгіп баптаған жемісі енді бүршік жарып, шешек атар кезде бүкіл еңбегін зая кетіріп, одан безіп шыға келуі — не ессіздік, не ездік белгісі болар еді. Бірақ Қабен неге бас тартты ? Міне, пьесаның шарықтау шегі, оның күллі жұртқа айтар ойы да дәл осында жатыр. Қабен бас қамының пайдасынан адамға адал қызмет етуді жоғары қояды. Оның моральдық кредосы осы. Ол өз еңбегінің өмір ағымынан көш кейін қалғанына көзі жетеді. Практика мен ғылым арасындағы алшақтықты сезініп, жалған жаңашылдық жолына түскенін жаны сезінеді. Ал Қабенді бұған сендірген адам кім ? Ол бар өмірін еңбекпен өткізіп, соның ыстық-суығында шыңдалған Сардар (Ы.Ноғайбаев). Егер Сардар болмаса, шығарма да жадағай, айтылар ойы да жұтаң тартар еді. Ендеше, біздіңше, сөнбейтін от — Сардар, басты тұлға да осы бір қатардағы қарапайым жұмысшы. Халыққа, жұртқа еңбек етіп, бар тіршілігін соған арнау үшін адамға әкім болу, ғалым болу шарт емес. Бұл арадағы басты нәрсе-лауазым-атақ емес, халық үшін жүрегінде тұтанған оты бар, ары таза азамат болу. Ол, мейлі, диқан ба, сауыншы ма, инженер ме — бәрі бір. Әйтеуір өз өнерін, қабілетін еліне, жұртына жұмсай білетін, азаматтық борышын адал өтей алатын адам болуы парыз. Мұндай адамның образы — Сардар. Ол — жігіттік шағынан бері мұнайшы боп өмір кешкен, соның жолында қиындық та, қызық та көрген, қуанышқа таспайтын, ауырлыққа қайыспайтын құрыштай жан. Қабеннің диссертация қорғауына араласып, өндірісті терең зерттеместен бірден ғалымдыққа ұмтылған жігітке мінің айтып қарсы шығуы да дүниеге немқұрайды қарамауының салдары. Соңғы демі бітіп, үзілер сәт таялса да ол өз өмірінің эстафетасын, қалың қауымның эстафетасын ілгері апарар болашақ ұрпақтан үмітін үзбейді, оған сенеді. Ол ұрпақты тауып та кетеді. Ол — Қабен сияқты жас адам. Олай болса, Қабен Сардардай кешегі, бүгінгі жұмысшы табының мықты жалғасы, түйгені мол, оқыған көзі ашық білімді түлегі. Сонан да, Қабен — отқа түскен көбелек емес, халық жүрегінің маздаған оты. Ғылым мен тәжірибені ұштастыра білетін, жұмысшы киімін киген ғалым. Бұл екеуі де драматургиямызда бұрын көрінбей жүрген кесек тұлғалар.
Сардар мен Қабенді қалай бір-бірінен бөліп қарауға болмаса, осы образдың сахналық тұлғасын жасаған артистер Ноғайбаев, Жантөринді де бір-бірінен даралап айту қиын. Бұрын да ерекше көзге түсіп жүрген талант иелері осы жолы да мықты қабілетімен, өнерлерімен көрерменді сүйсіндірді. Образ сырына үңіле білетін, кең тынысты артист екендігін танытты.
Үлкен бір кәсіпшілікті басқарып отырған Тайман да — өмір жөніндегі өз түсінігі, өз есебі бар айқын тұлға. Ол адам баласына жамандық ойламайды, біреудің аяғынан шалып, алдына кесе көлденең тұрып, тосқауылдап аңдымайды. "Ақырын жүріп, анық басып ", өзі қиналмау үшін өзгені де қамшыламай өмір сүруді, оңай атақ, алуды мақсат тұтады. Маңдай терін төкпей жүріп-ақ, мол күреп алуды көздейді. Өзінің бұрын досы болған Қабенді Жетісай ең ірінің бұрғылау жұмысына жібергісі келмегені де содан. Ал Қабеннің мұраты бөлек қой. Тайман мен Қабен арасындағы айырмашылық та осында. Иә, Таймандай адамдар да өмірде аз емес. Сондықтан бұл да автор аса бір көңіл аударған ірі тұлға. Тайман ролінде ойнайтын артист М. Сүртібаев образ сырын жақсы түсінген.
Спектакльде аз көрінетін, бірақ актерлік сырдың сан қырларын мол көрсететін екі адам бар. Олар К.Қармысов пен Ш.Мусин. "Нашар роль жоқ, нашар актер бар" деген қағиданы еске алсақ, осы ойын үстінде соның шындығына көзіміз жеткен сияқты. Әдетте бір көрінсе де, бірегей көрінетін, өзіндік орны бар адам бейнесін сахнада ұштай түсуге де болады, немесе жүдете түсуге де болады. "Сөнбейтін оттағы" Қоңыз мұрт аз көрініп, сараң сөйлейтін кейіпкер болғанмен, айлалы әрекеттің, кесепат істің адамы. Қармысов ойнаған Қоңыз мұрт бар бояуымен шыққан екіжүзді сұм, нағыз хамелеон. Бір спектакльде мың құбылатын мұндай бейнені көбінесе қимылмен ғана терең жеткізе білу, талмай ізденетін, асықпай ойланатын Қармысов секілді дарынды актердің ғана қолынан келсе керек. Сол сияқты Ш.Мусин де (Ақбас ғалым) түймедей рольді түйедей етіп, көрушінің алдына тарта білді. Ақбас ғалым кім? Ол өзіндік пікірі жоқ, ғылымдағы мән-мазмұнсыз қағаз кемірген жан. Сонан да ол жалтақ. Әр қимылы көрушінің күлкісін, аянышты күлкісін келтіреді. Бұрын жалындаған сөздің, арындаған мінездің, арсыл-күрсіл қимылдың иесі болып келетін рольдерді шығарып жүретін актердің бұл жолғы ойыны оның мүлдем басқа қырын танытты. Егер Ақбас ғалымды ойнау үстінде Ш.Мусин дауыс мәнерін өзгертпесе, қимыл-әрекетін құбылтпаса, әншейін бір басына парик киген бұрынғы артист Ш.Мусин болып, ол ойнаған роль қатардағы бір Профессор болып қана шығар еді. Ал бұл жолғы Ш. Мусин де, Ақбас ғалым да есте қаларлық ерекше бір тұлғалар. Сөз орайында, ізденуден туған сәтті еңбектер барлық артистерімізге, әсіресе жас талапкерлерге әрқашан үлгі болса екен деген тілек білдіргіміз келеді.
Режиссер мен жазушы бірінің ойын бірі түсінгенде ғана жақсы спектакль тумақ. Жақсы пьесаны сахнаға шымыр спектакль етіп шығару режиссер шеберлігін танытады. Осы туындыға айтылып жатқан жылы лебіздерге спектакльді қойған режиссер А.Утеганов та ортақ. Дегенмен спектаклъде кездесетін кейбір ақауды режиссердің есіне салғанымыз жөн.
Шығарма көлемі шағын. Кәдімгі қатардағы пьесалардай алпыс беттің о жақ, бұ жағында. Режиссура үстінде шығарма көлемінің ұлғаюы да, қысқаруы да өнер заңдылығы. Егер осы заңдылықты режиссердің үлесіне берсек, "Сөнбейтін от" көру үстінде сәл ұзақтау эсер ететінін айтқан жөн. Оның себебі, пьесадағы шегініс, кейбір эпизодтардың шұбалаңқылығы ма дедік. Ғылыми кеңестен кейінгі жатақханадағы әңгімелер, Қабен мен Сардардың телефон арқылы сөзінің қайталануы, ауруханадағы оқиғалар осындай әсер қалдырады. Кейбір емеурінмен білдіретін жайлардың, бұрын айтылған ойлардың қайталануы көрушіге таңсық болмайды да, жалпы спектакльдегі әрекет-қимылды бәсеңдетіп алады. Сол сияқты Бастаушының сөзі Қабен ойын жеткізер тұста, геройдың өз пікірімен, сезімімен іштей таласқа түсер шақта жақсы қызмет атқарса, кейіпкерлерге қатыссыз жердегі оның сөз салмағы жеңілдеп, бәсеңсіп қалады. Мұны режиссердің ескергені жөн. "Сөнбейтін от" қызық оқиғамен ғана емес, философиялық ойымен баурайтын, жалаң өндіріс мәселесімен емес, өндірістегі адамдар тағдырымен ой салатын драматургиямыздағы сәтті еңбек. Бұл арада спектакль декорациясын үй жиһаздарымен, табиғат бояуымен әшекейлеп, сахнаны түрлендірудің қажеті де болмас. Онсыз да оқиғаның орны түсінікті. Әйтсе де талантты суретші Д.Сүлеевтің спектакльді үнемі түнерген қараңғылықта ұстауы тапқырлық емес пе дедік. Біркелкі бояу шығарма композициясындағы ширақты шідерлеп тастайтынын ескермеуге болмайды. Ал мұнай өрті, жалын суреттері — сахна декорациясын, шығарма оқиғасын байыта түсетін сәтті көріністер. Артистер ойынындағы ансамбльдік тұтастық С.Қожамқұлов, М.Сыздықов, З.Шәріпова, Н.Мышпаева, Е.Жайсаңбаев ойынындағы шығарма кейіпкерінің табиғатын жеткізіп, сюжеттік желіні толтыра түсуге көп септігін тигізген.
Бүгінгі замандас бейнесін жасау, тақырыптың жан-жақты, мол болуы — әдебиет байлығының көзі. Елу жылдық торқалы тойға арналған драматургия саласындағы конкурстың жүлдегері болған "Сөнбейтін от " — тақырыбы жағынан тың, терең ойлы, сұлу шығарма. Еліміздің ірі байлығының бірі — мұнай өндірісін жырлау — сахнадан әлі өз орнын таппаған еді. Енді сол олқы жеріміз бүтінделген сияқты. Бірақ, бұл арада біз әншейін жалаң бүтіндеуді қостаудан аулақпыз. Мәселен, жазушы қай тақырыпты алмасын, шығарманың ең орталық тұлғасы адам өмірінің сырларын қалай ашып беруінде. Мақсат жалған-жадағай айғайдың, құрғақ пафостың бейнесін ұсынуда емес, басты міндет — халық игілігі үшін алысқан күрескердің елі үшін жанын пида ететін, адамгершілігі мол, биік мұратты асыл жандардың тұлғасын жасауда. Сардар мен Қабен осындай адамдар бейнесі. Олар сөнбейді. Халық жүрегінде маздай бермек.
СӘКЕН ЖҮНІСОВ, 1967.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі