Өлең, жыр, ақындар

Қазақ тілін жек көретін шахтом

Шахткомнің кішкентай кабинетінде отырмын. Мен мұнда тұра келгенім жоқ, алдымен ең дегенде осы болар деп бірінші кабинеттің төріндегі сүлікше сүзіле қарайтын сары жігітке жолыққам. Амандықтан кейін о кісі: «Газет таратудың жөнін білетін-парторг Кушин, өзге жұмыстарыңды орынбасарым-ақ бітіріп береді — деп мені осылай алдаған болатын. Қалың көшемен қоржаңдап қызыл үстелдің ортаң беліндегі жылмаңдаған сұршұнақ жігіттің алдына кеп жалп ете қалғамын.

— Біз 34-жылғы кемшілікті 35-жылда жойғалы жатырмыз, «так что» біз сүйтіп жанданғалы жатырмыз — деп бастады сөзін.

Амалсыздан ғафу етіңіз:

— Газет таратуда қандай әдіс қолдандыңыздар? — дедім күлімсіреп.

— Әдісіміз сол, президиумде қарап әр участковой, десятник, бригадир өз істерін жаппай «газеттендіруге» жауапты — деп қаулы алдық. По моему, газетсіз жұмысшы жоқ. Планын ұмытып отырмын. Фактический не болғанын Кушиннен білеміз — деді шалқаң етіп.

— Подшивка тігіп отыра ма? Газеттің иелеріне тиюі қандай? — дедім тағы әлгі шахтком Төлепбекұлына.

— Патшепке дегеніңіз бізде бар-бар... Өлкелік, облыстық газеттердің де мұрнына көндір қоямыз — деп езу тартты да-газеттік кеңседе жатуы жойылған. Как почта әкеледі так қолды-қолына береміз. Бірен — сараң болмаса газет алмадым дегенді көре алмайсыз, — деп әнебір жігіттің сөзіне бұрылып кетті.

Ақ шкафтың ығында көкшіл көз жігіт шұқып, тиышсызданып отырған хатшы балаға жақындап подшивкаларды көрдім... Одақтық, өлкелік, облыстық газеттері жоқ. Жергілікті газеттердің 1 январьдан бергі сандарын бүктеп делолардың арасына қоя салыпты. Қоймада жатқан газет көрінбеді. Осы неме декабрьді көрсет деп жүрмесе деген кісіше «Өткен айлардың бұрынғы хатшы архивке буып тастаған көрінеді — деп хатшы бетін тыржитты, ұқсатып отырғандай-ақ...

Төлепбекұлы екеуміз қайта әңгімелестік.

— Сізге декабрь айында 3 газет хабарын жіберді. Өз қолымнан 6 хабар әкеп тапсырдым. Соның біреуіне ештеңе айтпауыңыз, жауап қатпауыңыз қалай? — дедім мен тағы.

— Қой... значит бәріне де почта арқылы тиісті жауап қайырған болармын — деді күмілжіп.

— Қой тұрсын, мүмкін, басқа газеттерде шығар.

— А как жы... өздеріңде... білесің әнеукүні «Труд» газеті керемет істеген жоқ па... олар заметкасын телефонмен күнбе-күн ескертіп, қол-аяғымызды бір уыс қып отыратын. «Б. К.» де осылай істейтін. Ал сендер өйтпейсіңдер. Ұмытып кетеміз. Так что біздің жұмыс көп, науқаннан науқан. Заметкалар қалтада жұрт жоғалып кетеді ме?..Ұзамай айырылып қаламыз — деп қолын секіртіп жіберді Төлепбекұлы.

— Рас, олардың телефоны шылдыр етсе тапсырғанын орындай бастайсыңдар. Біз келгенде көмейің бүлк етпейтіні қалай? — деп мен де ышқына түстім.

Бірақ, ол сұрағыма құлақ аспады. Ылажсыз жылытып:

— Өзіңіз қандай газеттерге жазылдыңыз? — дедім тағы шұқылап.

— Мен «Каз. Правдаға». «Кар. Коммунаға», «Большевик Кашергаркасына» жазылдым. «Социалды Қазақстанға» да жазылсам керек. Өзгелерді боса-болмаса да кеңседен пайдалана жүреміз де...

— Әйтеуір, қазақша газеттердің біреуін қыстырғаныңыз абұйыр болған екен. Қайсысын көп оқисыз? «К- П. — ға» неге жазылмадыңыз?

— «К. П-Fa» менен өзге де жетпей ме? Так что біз комитетпіз... орысшаны оқысақ не түрлі суриезни хабар-нұсқауларды он күн естіп, сусынымыз қанады. Ыңғай қазақшыл бола берсек... деп жымың-жымың етеді әлгі қазақ газетін алдырып оқысам жергілікті ұлтшыл болам ба деп қауіптенуден деймін!?

Кабинетінен шыға бергенімде:

— Ау, жаным? 34 жылдың бықсыған шаласын қарыстырып қайтесің. Кел бері, Жаңа жылға келісім жасайық... Жолдас емес пе еді?.. — деді. Мақұлдаған кісіше бас изеп жүріп кеттім.

Бірақ ат сыры иесіне мәлім. Төлепбеқұлының сыры бізге мәлім. Бұл сабаз 34 жылдың басында да 3-26 шахтадағы шахткомның бір жиналысында отырып:

— Қазақ газетінің жайы белгілі, өзіміз оқымаймыз... Тіпті ұйымдастыруыңа да қарсамын... Қабырға газетіңмен де дос емеспін — деген пікірін жұрт анық еткен. «Түзелмейтін мылжың» атты фельетон болып басылған.

Сол ауруын биыл күзден бері тағы қайталап жүр. Көміршілер одағының нұсқаушысы болып жүргенде «Қабырғасынан қойылған мәселе және жамбастап жатқан шахтком» атты фельетонды да осы аяқсыз қалдырған. Ұлт баспа сөзімен қашан да қаны қас. Бұл өздігінен сауықпайды.

Мұны тиісті орын асқындырмай сауықтырғаны жөн.

1935.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз