Роман
АЙНА ҚАТЕСІЗ АҚИҚАТ
Жанна шамадандарын жайғастырып болып, терезе алдына келді. Күн әлі ашылмапты.Ақ жауын шатыр мен әйнекті тырсылдатып, түні бойы себелеп шыққан-ды. Салбырай түскен аласа аспан тесіліп кеткендей, топырақты есін кетіре езіп, құйып тұр. Жел лебінен бір сасық иіс білінеді. Құлазыған көшеде жыраларды керней аққан жаңбыр суы сылдырайды, су өткен үйлер қоңырайып-қоңырайып көрінеді; іргеден өткен дымқыл қабырғаны бойлап, жертөледен шатырға дейін жайылыпты.
Жанна монастырдан кеше зорға құтылып, бостандыққа шыққан-ды. Көптен сарыла күткен өмір қуанышына емін-еркін кенелгеніне тағаты таусылып алып-ұшып тұр; әкесі жаңбыр ашылғанша жолға шықпай қала ма деп қорқып, таң атқалы терезенің алдына жүз келіп, жүз кетті.
Кенет күнтізбені ұмытып бара жатқаны есіне түсті. Қабырғадағы ай-айға бөлініп, ортасына үстіміздегі мың сегіз жүз он тоғызыншы жыл алтынмен жазылған әшекейлі қатырма қағазды алды. Алғашқы төрт қатарын қарындашпен бір-бір тартты да, өзі монастырдан шыққан екінші майға дейінгі барлық әулие-әнбиелердің аттарын өшіріп тастады.
Есік сыртынан біреу дауыстады:
— Жаннета!
Жанна үн қатты.
— Кіре бер, папа!
Есіктен әкесі көрінді.
Барон Симон-Жак Лe Пертюи де Во өткен ғасырдағы бекзада әулетінен шыққан ақ көңіл, жаңғалақ адамды. Жан-Жак Руссоны құлдық ұрып пір тұтатын оның табиғат, орман, дала, хайуанат десе шығарға жаны басқа.
Туысынан ақсүйек, тоқсан үшінші жылды онша жақтырмайды; бірақ мінез-құлқы жағынан философ, тәрбиесі жағынан либерал болғандықтан, қолынан ештеңе келмесе де, озбырлық атаулыға зығырданы қайнайды.
Оның өзге жұрттан ерекше қасиеті — шашпа жомарттығы; жұрттың бәрін де жарылқағысы келеді; онысы енді әлдеқалай жұлын-жүйкесі зақымданған біреу болмаса, тап есі-жөні дұрыс кісінің бойына сыймастай орынсыз сақилық.
Өзі білімпаз кісі болғасын, қызын ақ пейіл, адал, мейірбан, бақытты адам қып өсірмек болып, оны тәрбиелеудің көш-құлаш жоспарын жасады. Жанна он екіге шыққанша үйінде болды, сосын шешесінің жылап-сықтағанына қарамастан монастырға берілді. Ол мұнда ұсақ-түйек күйбең тірліктен атымен бейхабар оңаша өсті. Әкесінің ойы — қызы он жетіге шығып, есейген соң өз қолына алып, табиғатты сүюге баулымақ; өз бетімен өніп-өсіп жатқан жаратылыс аясындағы хайуандардың айла-шарғыны білмейтін адал аймаласуларынан махаббаттың қандай болатынын ұқтырмақ, өмір қағидаларының жайсаң жарастыққа құрылғанын түсіндірмек.
Міне, енді қызы өмірді талай күн талай түн оңашада көз алдына ойша елестетіп, қиялын қырық саққа жүгірткен таңғажайып тамашалары мен шат-шадыман қуанышына ынтығып, өн бойын жастық жігер, бақыт аңсаған құштарлық билеп, гүл-гүл жайнап монастырдан шығып отыр.
Жаннаның ақсүйек әйелге тән ылғи қан шауып тұратын аппақ еті, күн сәулесімен шағылысып, алтындай жарқырап кететін ақ сары шашы Веронезенің портретін еске салады. Көзі голланд фаянстарына салынатын суреттегі адамдардың көзіндей тұнық көк. Мұрнының оң жақ етегінде бір меңі және оң жақ иегінде бір-екі тал түкке сіңіп, етімен ет боп, көп байқала қоймайтын екінші меңі тағы бар-ды. Өзі бойшаң, нағыз аршын төс, бұраң бел. Саңқылдап сөйлейтін даусы кейде құлаққа ерсі естілгенмен, ақ жүрегінен ақтарыла күлетін ақ пейіл күлкісі кім-кімді де бірден баурап алатын. Шашын түзейтін кісідей қос қолын шықшытына қайта-қайта апара беретін бір сүйкімді мінезі тағы бар-ды.
Ол жүгіріп барып, әкесін құшақтап сүйді.
— Жүреміз бе? — деп сұрады.
Әкесі бұйра шаш бурыл басын шайқап қойып, терезе жақты иегімен меңзеп, күлімсіреді. Бірақ, қызы қиылып тұр.
— Папа, жүрейікші енді, түстен кейін ашылады ғой.
— Бәрібір, бұған мен көнгенмен, мамаң көнбейді.
— Көнеді. Өзім көндіріп берсем, бола ма?
— Көндіре алсаң, менен қарсылық жоқ.
Жанна енді баронессаның бөлмесіне жүгірді. Осы үйіне қайтатын күнді күте-күте, әбден тағаты таусылған-ды. Сакре-Керге келгелі Руаннан бір елі аттап шыққан емес; әкесі өзі айтқан он жетіге шыққанша, оған сауық-сайран, сейіл-серуен атаулыға баруға қатаң тыйым салып қойған-ды. Ол тек екі-ақ рет жарты айға Парижге барып қайтты. Ол қала ғой, ал бұның жатса-тұрса армандайтыны өз қонысы.
Енді ол, міне, бүкіл жазды Ипор маңындағы тау сілемдеріндегі ата-қоныстары Теректіде өткізеді, мұхит жағалауындағы мәз-мейрам өмірінің қандай болатынын ол алдын-ала ойша кесіп-пішіп қойды; оның үстіне, Теректідегі мекен-жай күйеуге шығарында бұған басыбайлы берілмекші.
Оның бұл өмірде көңілін қатты қалдырған жалғыз нәрсе — кешеден бері ашылмай қойған мынау жауын ғана.
Үш минут өтер-өтпесте анасының бөлмесінен жүрегі жарыла қуанып, бүкіл үйді басына көтере айқайлап шықты.
— Папа, папа! Мамам келісті, жиналуға әмір ет!
Ақ жауынның толастар түрі жоқ, қайта есік алдына күйме келгенде бұрынғыдан да күшейіп кетті.
Баронесса сатыдан түскенше, Жанна оны күйменің қасында күтіп тұрды: анасын бір қолтығынан әкесі, бір қолтығынан тұлға-тұрпаты мен қайраты жағынан ешбір еркектен кем түсе қоймайтын еңгезердей қызметші қыз сүйемелдеп келе жатты; ол Кода туып-өскен норманд қызы еді, өңіне қарап, жиырмадан әрі болмаса, бері емес деп ойлағаныңмен, он сегізге енді шыққан-ды. Жаннаны соның шешесі емізіп, екеуі емшектес боп өскендіктен, бұл үйдің іші оны өз қызындай көреді. Аты — Розали.
Оның ең басты шаруасы да — осы, соңғы жылдары жатса да, тұрса да жүрегінің қабынғанын айтып отырудан аузы босамайтын, көпе-көрнеу семіріп, толысып бара жатқан баронессаны қолтығынан демеп жүру еді.
Баронесса көнетоз үйдің есігінен шыққанша-ақ алқынып қалыпты, жаңбыр саулап тұрған лайсаң аулаға көзі түсіп:
— Мынауымыз, шыннан да ессіздік екен, — деп күмілжіді.
Күйеуі екі езуі жиылмаған күйі:
— Жүрейік деген өзіңіз ғой, мадам Аделаида, — деді.
Ханымның аты анау-мынау емес Аделаида; күйеуі сол әжуа араластырып, оған тіл қатқан сайын, ылғи "мадам" дегенді тіркеп дабырайтып айтады.
Ол темір тертені жерге сіңіріп жібере жаздап, солқылдақ күймеге отырды, қасына барон жайғасты. Жанна мен Розали алдыңғы орындықты иемденді.
Даяшы Людвина әуелі бұлардың тізелерін қымтайтын бір құшақ тиімді жылы киім әкелді, сосын екі кәрзіңкеге қайта кетті; оны да әкеп, аяқтың астына салды; ең соңында өзі де тырмысып мініп, делбеші Симон атайдың қасына барып отырды, ат жабуды бүркеніп, басынан аяғына дейін оранып алды. Қақпашы мен оның әйелі ертең арттарынан жөнелетін жүктер жайлы аманатты түгел тыңдап алғасын, күйменің есігін жауып, қоштасып қала берді. Күйме орнынан қозғалды.
Көшір Симон атай жаңбырдан бұғып, биік жағалы ливреяның1 ішіне сүңгіп кетті. Өкпек жел соғып тұр еді, ақ жаңбыр әйнекті тырс-тырс сабайды, жол бойы қақ боп қалқып жатыр.
Аттар желіп отырып, жағалау көшеге шықты; жол діңгектері жапырағы түскен жалаңаш ағаштардай сидиып-сидиып, жабырқаңқы аспанға мойындарын созып тұрған ұзыннан-ұзақ кемелер тізбегін қапталдап өтеді екен, сосын күйме Рабудет қыратын басып өтетін саяжолға түсті.
Енді жол ну жынысқа кірді. Біраз жүрген соң су-су әйнектен бұтақтары өліктің қолындай сұлқ салбырап кеткен үйеңкілер көріне бастады. Аттардың тұяғы жол бойындағы қақты шалпылдатып, жан-жағына балшық шашып келеді.
Күймедегілер тым-тырыс; олар да мынау жабырқау дүниедей жабығып қалса керек. Баронесса әнтек шалқайып, көзін жұмып алыпты. Барон да тұнжырап отыр, суға малшынған даланың сұрқай көріністеріне қарап қояды. Розали қолындағы түйіншегін тізесінің үстіне қойып, қара халықтың кісілерінше ұйқылы-ояу бір халде мелшиіп қалыпты. Тек жалғыз Жанна ғана таза ауаға шығарылған құтыдағы гүлдей жайнап сала берген, қуанышы тамшы дарытпас қалың жапырақтай алып-ұшқан жүрегіне жуытатын емес.
Онда да үн жоқ, бірақ ішінен ән салғысы кеп келеді, мынау ағыл-тегіл ақ жауынның астына алақанын тосып, толтырып алып ішкісі келіп те кетеді; мынандай жабырқау өңірде лайсаң нөсерден сескенбей желе-жортып келе жатудың өзі неткен тамаша! Қос аттың су өтіп жылтылдаған сауырларынан бу ұшады.
Баронесса қалғи бастады. Ұзын-ұзын әсем алты бұрымы жарыса төгілген шалқақ басы төмен иіліп, үш толқын боп жұмырланып барып ұшы-қиырсыз апай төсіне жалғасып кететін білем-білем бұғаққа шөгіп алыпты. Тыныс алған сайын көтеріліп барып қайта түседі; екі ұрты дүрдиіп, жартылай ашық қалған аузынан қорылмен жарысып ентікпе сырыл шығады. Күйеуі еңкейіп дөңгелене теңкиіп жатқан жуан қарнының үстіне құлаған қолына былғары әмиянды ұстата қойды.
Ол оянып, ұйқылы-ояу күйі әмиянға көз салды. Әмиян жерге түсіп кетіп, аузы ашылып алтын теңгелер, қағаз ақшалар шашылып қалды. Енді ұйқысы шайдай ашылды, қызы сақ-сақ күліп мәз-мейрам болды.
Барон ақшаны жинап алды да, әйелінің тізесіне қойып жатып:
— Эльтодағы ферманың ақшасынан қалғаны осы, қымбаттым. Оны Теректіні жөндеу керек болған соң саттым. Енді сонда көбірек тұратын болдық қой, — деді.
Баронесса ақшаны санап шықты — алты мың төрт жүз франк екен, сосын әмиянды ешқандай ашу-зілсіз қалтасына салып қойды. Сүйтіп, бұлар ата-аналары мирас еткен отыз екі ферманың осымен тоғызын сатып отыр; әлі де жылма-жыл жиырма мың франк табыс түсіріп отырған, баптауын күшейтсе тіпті отыз мыңды да түсіре алатын жерлері бар.
Олар жуан орта күн кешіп жатады; түбі тесік күбідей ештеңе түспейтін орынсыз ысырап, жөнсіз жомарттық болмаса, осы түсімдерінің өзі-ақ орасан дәулет. Бірақ, бұлардың қолына тиген ақша кебір жерге түскен су секілді, көзді ашып-жұмғанша жым-жылас жоғалады. Қайда кетіп жатыр, оны ешқайсысы білмейді.
Кейде:
— Түсінбеймін, жүз франк жұмсалыпты, сатып алған жартулы ештеңе жоқ сияқты, — десіп те қояды.
Бірақ, олардың өмірінің бар сәні де — осы орынсыз сақилық қана; кісіге беруге келгенде бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, екеуі бірінен-бірі асады.
— Біздің үй қазір тіпті әдемі болған шығар? — деп сұрады Жанна.
— Барған соң көресің ғой, қызым, — деді барон.
Бірте-бірте жаңбыр райдан қайта бастады; көп ұзамай селдеткен нөсер тыйылып, ауада сәл бүркісін ғана қалды. Жер бауырлап төніп алған қап-қара бұлт биіктеп, төңірек жарқырап сала берді; кенет бұлт арасынан саңылау тауып күн жылтырады, шалғын үстінде шұғыла ойнады.
Зеңгір көк айнадай боп тазарды, бұлт ыдырады; әлгі саңылау кеңейе-кеңейе кең әлемнің төбесіне шайдай ашық аспан қайта төнді. Жер бетінің "уһ" деп қуана дем алған тынысындай боп, қоңыр салқын леп есті. Күйме баулардың, орманның арасынан өтсе, қауырсынын күн көзіне кептіріп отырған құстардың шат-шадыман әндері естіледі.
Көз байлана бастады. Күймеде Жаннадан басқалардың бәрі ұйықтап кетті. Аттарды суыттырып, жемдеп, суарып алуға екі рет аялдама жасалды.
Күн батты, алыстан қоңырау үні шықты. Деревнялардың бірі шамдарын жақты. Аспанда құжынап жұлдыздар көрінді. Әне жер-мына жерден қалың түнекті ысыра серпіп, әйнектер жылтырап, үйлер көзге шалынып қалады; бір уақытта жотаның арғы жағынан, қарағай бұтақтарының ара-арасынан, көп ұйықтағандай көзі қанталай қызарып ай туды.
Күйме іші жып-жылы. Терезені ашып қойса да болатын. Жанна әрнемені бір қиялдап отырып, ақыры шаршады; армандаудан да зерігіп кетті, енді о да қалғи бастады. Ыңғайсыз отырып аяғы ұйып қалыпты; көзін ашып терезеге қарап еді, құлдырап қалып бара жатқан әлдеқандай ферманың ағаштары мен айдалада бастарын көкшитіп жаңғыз-жаңғыз шашырай жусап жатқан сиырларды көрді. Енді ол дұрысталып отырып, үзіліп қалған қиялына тағы да кіріспек болып еді, күйменің тарс-тұрс дыбысы құлағынан кетпей қойды; тіпті миы ашыды, әбден қалжырап, көзін қайта жұмды.
Сол-ақ екен күйме кілт тоқтай қалды. Есік алдында қолдарына шам ұстаған әйел-еркек қоршап алыпты. Үйге келіпті. Жанна ұйқысы шайдай ашылып, жерге қарғып түсті. Әкесі мен Розали әбден зықысы шыққан баронессаны күймеден түсіріп әлек; оларға бір-екі фермер жарық қылып тұр; баронесса: "Ой, тәңірім-ай! Түһ, әй, шырақтарым-ай!" — деп аһылап-үһілеп қояды.
Ол нәр татпастан төсекке құлаған бойы ұйықтап кетті. Жанна мен барон екеуден-екеу ғана тамақтанды. Бір-біріне ауық-ауық қарап қояды, екеуі де мәз-мейрам, қайта-қайта қол қысысады; осындай сағанағы сарқ қалыптары бұлардың алдынан әзірленіп қойған үйді көруге шықты.
Ол ферма да, қорған да емес, нормандардың бір өзіне бүкіл бір тайпа ел сыйып кететіндей кең, енді-енді сарғыш тартып бара жатқан ақ тастардан салынған еңселі үлкен үй болатын-ды.
Кең вестибюль бүкіл үйді ортасынан қақ бөледі, екі жақ өңшең жалпақ-жалпақ есіктер. Қос қатар саты вестибюльдің ортасын бос қалдырып, орағытып өтеді де, екінші қабатқа көтерілген соң, көпір жасап қайта қосылып кетеді.
Төмендегі оң жақ бүйірде — қабырғаларына жапырақ арасында пыр-пыр ұшып жүрген құстар бейнеленген әшекей қағаз тұтылған абажадай қонақжай. Жиһаз жапқыштардың бәріне де Лафонтен мысалдарындағы суреттер кестеленіпті. Жанна, әсіресе, жапқышына тырна мен түлкінің бірін-бірі қалай қонақ қылғаны салынған бала күнгі орындығын көргенде есі қалмай қуанды. Қонақжайдың қасында ескі кітаптарға лықа толы кітапхана мен бос тұрған екі бөлме бар; сол жақ бүйірде — жаңа жасауланған асхана; оның қасында кір жуатын бөлме, шомылатын бөлме, тамақ пісіретін үй, буфет бар.
Екінші қабатта — ұзын шуақ дәліз, оның екі жақ қапталында самсаған он екі есік. Оң жақтағы ең түпкі есік — Жаннаның ұйықтайтын бөлмесі. Олар соған келіп кірді.
Бұл бөлме баронның әмірімен шатырда көптен пайдаланылмай жатқан су жаңа жиһаздар қойылып, қайта жиһаздалыпты. Қабырғадағы баяғы заманғы фландриялықтар бейнеленген қатырма қағаздар бөлмені бір тұрпайы тұлғаларға толтырып жіберіпті.
Өз төсегін көріп қуанып, айқай салды. Қара еменнен қашап жасалған жып-жылтыр төрт құс төсекті төрт бұрышынан арқалап күзетіп тұр. Екі қапталы ағаштан ойып жасалған гирляндтармен әшекейленіпті. Кереуеттің қызғалдақ өрмесімен нақышталған екі басын төрт жақтан коринфтердің стилінде шебер қиыстырылған төрт иықша тірейді екен. Төсек көп тұрып күңгірт тартқан сұстылығына қарамастан әлі де әсем. Шымылдық пен төсек жапқыштың екеуі де ашық аспандай жарқырайды. Олар бетінде алтын лилия өрнегі бар баяғының сусыма көк жібегінен тігіліпті.
Төсегін қызықтап болған соң Жанна қабырғадағы қағаздардың суреттерін көрмек болып, қолындағы шырағданның жарығын соларға түсірді. Қызылды-жасыл киінген жас бекзада мен сұлу келіншек өңкей аппақ жеміс өсетін көкпеңбек ағаштың саясында сұхбаттасып отыр. Қастарында бір үп-үлкен аппақ қоян әлдеқандай сұрғылт шөпті қажап жатыр. Олардың төбелерінен арғы жақтағы үшкіл күмбезді бес үй көрінеді, одан әріректе аспанға тиер-тимес болып жел диірмен бейнеленіпті. Осының бәрі гүл сияқты өріліп әшекейленген. Қалған екі суреттің бұдан айырмашылығы шамалы; оларды үйлерінен шыға сала көкке қарай әрі таңырқай, әрі ызалана қолдарын созып қатып-қатып қалған фламандтарша киінген төрт кісі салыныпты.
Ал, төртінші қағазда бір қайғылы хал көрсетілген. Шөп қажаған қоянның қасында, сыңайы, өліп қалған болса керек, бір жас жігіт ұзынынан сұлапты; ал жас келіншек екі көзі өлген жігітте, өзіне-өзі қақ жүректің басынан қанжар салып жатыр, ағаштың басындағы баяғы аппақ жемістердің бәрі түп-түгел қап-қара боп қағынып кеткен. Жаннаның көзі суреттің бір шетіндегі қоян екеш қоянға да жем болатындай кіп-кішкене мақұлыққа түсіп еді, сөйтсе, ол арыстан болып шықты. Ол тап мынандай шытырманнан бірдеңе түсінем деп бас қатырып жатпады.
Жанна Пирам мен Тисбаның қайғылы тағдырынан атымен беймағлұм еді; мынау суреттердің тым аңғал анайылығына күлкісі келсе де, бұдан былай өзін тіпті түсіне де еніп, не бір тәтті үмітке бөлеп, әлдилеп бағатын ғашықтың хикаясы қоршап тұратын болғанына масаттанып қалды.
Қалған жиһаздар — әр түрлі стиль тоқайласқан ию-қию дүние. Мұнда үйіңді музейге айналдырып жіберетін, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан көне жиһаздар да бар. Бөлменің екі жақ қапталына XIV Людовик стиліндегі әдемі жылтырақ жез камодтардың қасына гүл өрнекті жібек жапқышы бар XV Людовиктің креслосы қойылыпты, ал империя тұсынан қалған, үстінде дөңгелек шыны қалпақты сағаты бар каминге қарама-қарсы қызыл ағаштан жасалған бюро тұр.
Сағат алтын гүл бақ төбесіндегі төрт мрамор бағанның басына орнатқан омарта секілді жасалған. Салбырай түскен жіңішке тілі омартадағы бал араны әсем гүлзардың үстінде әрлі-берлі ызыңдатады да қояды. Омартаның есігіне әшекейлі фаянс циферблат салыныпты. Сағат он бірді ұрды. Барон қызының бетінен сүйіп, ұйықтауға кетті.
Әлі де құмарынан шықпаған Жанна тұра бергісі келгенмен, амалсыз, қынжыла-қынжыла төсегіне жатты. Бөлмесін тағы да бір шолып шығып, шырақты сөндірді. Төсектің басы бұрышта болса да, сол жақ бүйірдегі әйнектен ай сәулесі түседі екен, еденге сүттей аппақ нұрдан қақ тұрып қалыпты.
Ол қабырғаға да түсіп, қос ғашық Пирам мен Тисбаны аймалап жатыр.
Қарсы беттегі екінші терезеден көгілдір сәулеге малынған үлкен ағаш көрінді. Ол аударылып түсіп көзін жұмды, сәлден соң қайта ашты. Әлі де манағы күйменің ішіндегіден төңірегінің бәрі теңселіп тұрған секілді, құлағынан доңғалақтардың дүрсілі кетпейді. Қанша тырп етпей жатып, ұйықтап кетпекші болса да, мазасыз ой тыныштық бермеді.
Аяғынан бастап өн бойына бір діріл жүгірді, сол елегізу бірте-бірте күшейе түспесе, басылар емес, орнынан тұрды, үстінде малынған ұзын көйлегі бар, құдды өлі аруақ сияқты, жалаң аяқ, жалаң бас; еденде төгіліп жатқан сәуле көлін кешіп өтіп, жүгіріп барып терезені ашты.
Ай сүттей жарық екен, төңіректің бәрі күндізгідей ап-анық көрініп тұр; ол өзіне бала күнінен таныс алқапты тани кетті! Қарсы алдында ай нұрына шағылысып, сарғыш тартқан үлкен гүлзар жатыр; оның екі шетінде зәулім-зәулім екі ағаш тұр, терістік жақтағысы -үйеңкі, оң жағындағы — жөке. Кең шалғын қорықтың арғы шеті усадьбаны ылғи буырқанып жататын теңіздің желінен қалқалап ық боп тұратын әбден қиқы-жиқы, қирап-сынып, сиқы кеткен бес қатар егілген кәрі шегіршіннің шағын тоғайына тіреледі.
Осынау парк сияқты бақ оң жағынан да, сол жағынан да екі қатар боп ұзыннан-ұзақ тізіліп жататын биік-биік теректермен қоршалған, олар көршілес Куяр мен Мартеннің фермаларынан бөліп тұрады.
Осы қоныстың Теректі деп аталу себебі де сол теректерден. Одан әрі күні-түні азынап жел ескен, сарғалдақ жапқан құла дүз; одан да әрі етегін ылғи толқын шайып жататын, өңшең құз-құз ақ жартас боп тік-тік құлайтын жағалау жарқабақ. Жанна жұлдызды аспан астында қалғып, көз ұшында мұнартып жатқан көкшіл мұхитты көрді.
Шақырайған күн көзінен құтылып, дені жайылып, тыныстап жатқан жер беті айналаға жұпар иісін түгел шашыпты. Астыңғы қабаттың терезесіндегі жасминнің жанға жайлы хош иісі жаңа мұрт жарып келе жатқан бүршіктердің қышқылтым иісімен қосыла аңқиды. Үзіліп-үзіліп ескен келте самалдан теңіз тосабы мен балдырдың ашқылтым күлімсі иісі келеді.
Жанна соның бәрін құшырлана жұтып бақты; жым-жырт деревняның түңгі ауасынан салқын ваннаға түскендей дені жайылып қалды.
Көлденең көзге беймәлім тіршілігіне түн жамылып, жасырын кірісетін жан-жануар атаулы күн бата ояныпты.
Мынау маужыраған тыныш түнде қыбырлап жүрген тек солар. Үлкен құстар түнгі аспанда құдды бір жаны жоқ, әншейін қара таңдақ көлеңкедей ешқандай сыбыс-сыбдыр шығармай, тым-тырыс ұшады; құмдақ жол мен шық көмген шөптің үстінде әлдене сыбдыр-сыбыссыз жылжып барады.
Көл бақалар ғана ауық-ауық айға қарап, үзіп-үзіп шерлі дыбыс шығарып қояды.
Жаннаға өз жүрегінде де осынау тынық түндей сыбыс пен сыбдыр молайып, құж-құж қайнап жатқан қызу тірліктей мазасыз арман, ынтық үміт толып, бірте-бірте кеңейіп-ұлғайып бара жатқандай көрінді. Дәл мынау қимыл-қыбыры көп жанды жаратылыс пен өзінің арасында да әлдеқандай жұмбақ туыстық, тұтастық бар сияқты. Осынау дір-дір төгілген түнгі нұрдан өзінің де әлдеқандай құпия арман-аңсарының дірілін, тіптен тақау тұрған жайсаң бақыттың жанға жайлы тынысын сезетін тәрізді.
Ол енді махаббат жайлы қиялдады. Махаббат! Екі жылдан бері бірте-бірте баурап алып бара жатқан сүйіспеншілік сезімінен үркіп, үрейленіп келген-ді. Енді мұның да сүюге қақысы бар, жолына ешкім көлденең тұра алмайды. Тек тезірек жолықса екен сол бір айдай жарқыраған алтын жігіт! Ол өзі қандай адам екен? Тіпті көз алдына да елестете алмайды; ол туралы ойланып та көрген емес. Әйтеуір, бір жігіт, бар болғаны сол-ақ. Бұның білетіні — өзін өліп-өшіп сүйеді, ол да мұны жанындай жақсы көреді. Тап бүгінгідей тамаша түндерде ол екеуі жұлдыздардың сөніп бара жатқан қозадай солғын көрінетін бозамық сәулесін жамылып сейілге шығады. Қол ұстасып, бірінің бауырына бірі кіріп, дүниедегі жанындай жақсы көретін ең жақын адамының жүрек лүпілін тыңдап үн-түнсіз жүре береді, жүре береді... Махаббат күші мынау аялы түннің әлпештегеніне қосылып, бұл екеуін тіпті туыстырып, бір кісідей тұтастырып жібереді, бірінің ойын бірі айтпай-ақ түсінеді.
Осы бір хал айнымас махаббат аясында мәңгіге созылады. Кенет сол аңсаулы жігіті дәл қасында тұрғандай болып кетті; бір, түсініксіздеу дүдамал сезімнің дірілі өне бойын шарпып өтті. Өзінің арманды асыл жарын құшқысы келгендей қос қолын кеудесіне басып, сол бір беймәлім жұмбақ жаққа қарай еміне ұмтылып, албыраған еріндерін тосып еді, желпіп өткен көктем лебінен алғашқы сүйісудің шырын ләззатын татқандай бір түрлі елітіп қалды.
Қою қараңғының ішінен, үй сыртынан біреудің тықыры естілді. Әлгінде ғана аласұрып тұрған жан толқыны, таңғажайып бақыт пен өмір ләззатына құлшынған сезім құйыны көңіліне бір ойды үйіріп әкелді. Мынау соның өзі болса қайттым?
Қазір қақпасын қағып, паналата көр деп өтінер ме екен деп, өтіп бара жатқан бейсауат кісінің тықырына үнсіз құлақ тікті.
Әлгі тықыр анадай жерге ұзап барып басылғанда, опасыз біреуден жер соғып, қатты алданып қалғандай, қапаланып кетті. Бірақ, әлгі бір есірік дәмесінің ақылға сыя қоймайтынын ойлап, осыншама ессіз болғанына күліп жіберді. Енді ол сәл-пәл тынышталып, әлгіден гөрі байсалдырақ ойларға көшті, өз болашағының жоспарын жасай бастады.
Ол күйеуі екеуі теңіз төріне сонадайдан үңіліп тұратын осы бір үйде өмір сүреді. Екі баласы болады: бұған — қыз, оған — ұл.
Ол сол қос бөбегінің мынау үйеңкі мен жөкенің арасындағы көк майсаның үстінде қалай асыр салғанын, күйеуі екеуі солардың артында бір-біріне ынтыға қарап, серуендеп келе жатқанын дәл қазір көз алдында ап-анық көріп отырғандай болды.
Жанна осылай тәтті қиялға шомып, ұзақ отырды; ай да аспандағы саяхатын аяқтап, теңіздің ар жағына барып батуға бет алды. Ауа манағыдан да таза. Шығыс жақ ағарып келеді. Оң жақтағы фермадан әтеш шақырып еді, сол жақтағы фермадан да айқайлай бастады. Олардың тап-тар күркелерінен тұншығып шыққан қырылдақ үндері алыстан талып естіледі; сонау бозғыл тартқан көкжиектегі жұлдыздар бірте-бірте сирей түсті.
Жырақта әлдеқайдан құс шырылдады. Жапырақ арасында да шырыл көбейді. Ол әуелі жүрексіне басталып, сосын күшейе-күшейе, бұтақтан-бұтаққа, ағаштан-ағашқа ауысып, әсем әнге айналды.
Алақанына бетін басып отырған-ды, өне бойын шұғыла көміп бара жатқандай болған соң, басын көтеріп алып еді, таң шапағынан көзі ұялып қалды.
Қып-қызыл қан жоса бұлттар теректерге жартылай жасырынып тұр, жер бетін бірте-бірте боз сәуле кеуледі.
Үп-үлкен шоқ шар ағаштардың басына, алқапқа, мұхитқа, бүкіл көкжиекке қызыл алау от тастап, шұғылалы ұясынан аспай-саспай баяу көтеріліп келеді.
Жанна мұншама рақатқа елтіп отыр. Тыныштық тапқан жүрегін көл-көсір қуаныш пен табиғаттың таңғажайып сұлулығына деген сүйініш толқыны көмді. Мынау шығып келе жатқан өз күні. Өз шапағы! Өз үмітінің таңы! Ол алаулап шығып келе жатқан күн көзін құшақтап сүйгісі келген кісіше шұғылаға бөккен кең алқапқа қарай құшағын жайды; мынау атқан таңдай тамаша сөз айтып айқайлағысы келді, бірақ таңданам деп, есінен танып қалғандай тым-тырыс, дел-сал.
Басын көтеріп алып еді — таңның әлгі ғаламат ажары тарқапты. Сәл-пәл есін жиды, қалжырағанын сезіп, тұла бойы бей-жай тартты. Терезені жаппастан төсегіне құлады, біраз уақыт қиялға шомып жатты да, ұйықтап кетті. Тіпті сағат сегізде әкесінің есік сыртынан дыбыс бергенін де естімеді, бөлмесіне кіргенде барып бір-ақ оянды.
Әкесі қызына қашан үйдің жаңа жиһаздарын көрсеткенше асығып, тықыршып шыдай алмаған-ды.
Үйдің ту сыртындағы айдау жолмен екі ортада алма ағаштар отырғызылған үлкен аула бар. Жол шаруалар қыстақтарын аралап өтіп, Гаврден Фалканға апаратын шоссеге барып қосылатын-ды.
Есіктен сол шарбаққа шейін оқтай түзу саяжол созылып жатады. Саяжолдың екі жақ қапталы ферма-ферманы бөліп тұратын орды жағалай, теңіз жағалауының ақ бор тасынан қаланың салынған, төбесіне сабан жапқан тәпене үйлер.
Олардың үйі түп-түгел жөнделген; ағаштарының бәрі жаңартылып, қабырғалары сыланып, бөлмелерінің іші тегіс сырланыпты.
Сұп-сұр сұсты бай үйі сыртынан қарағанда қайта сырланған, сыланған жерлерінің бояу-сылағы кеппей теңбіл-теңбіл боп көрінеді.
Жаннаның бөлмесінің бір терезесі кішкене тоғай мен жел майыстырып тастаған шегіршіндердің төбесінен теңізге үңіліп тұр.
Жанна мен барон қол ұстасып ауланың түкпір-түкпірінен түк қалдырмай түгел аралап шықты; сосын өздері "парк" деп атайтын кең ауланы айнала көмкерген теректер саяжолында ұзақ қыдырды. Ағаштардың арасындағы, балауса шөп жердің бетін жасырып, көк майса боп қалыпты. Парк шетіндегі тоғайда шөп арасы ығы-жығы соқпақ. Кенет Жанна шошып кетті, тап аяғының астынан қоян қашты; шалғыннан қарғып өтіп, қалың қамысты дүркірете сыбдырлатып, жағалаудағы жартастарға қарай безіп барады.
Сәске тамақтан соң Аделаида ханым кешегі шаршағанынан әлі тыңая алмағанын айтып жатып қалды; барон Жаннаға Ипорға барып қайтайық деп ұсыныс жасады.
Олар жолға шықты; әуелі Теректімен шектесіп жатқан Этуван деревнясын кесіп өтті. Бұл екеуіне баяғыдан бері білетін ескі көз таныстарындай-ақ, екі-үш шаруа иіліп тағзым етті.
Сосын олар теңіздің дәл жағасына барып тірелетін баурайдағы орманға кірді.
Көп ұзамай Ипорға да жетті. Үйлерінің алдында жамау жамап отырған әйелдер бұлардың соңдарынан ұзақ тесіліп қарап қалады. Ортасында жуынды төгетін оры бар, қақпа-қақпаның алды тау-тау күл-қобыр лас көше тауды етектен өтеді екен; лашықтардың қасында сортаң аулар жаюлы тұр, тор-тор көздердің арасында күміс теңгедей жылтырап, балық қабыршақтары тұрып қалыпты, есіктерден таптар баспананың қоңырсыған сасық иісі аңқиды.
Көк кептерлер апан-апанның ернеуіне қонып алып, жем іздеп түртініп жүр. Жанна айналасына алақтап қарай береді, бейне театрдағыдай дүниедегінің бәрі атымен өзгеріп кеткен тәрізді.
Бір уақытта бұрыштан айнала бергенде, жарқырап теңіз көрінді; көкпеңбек көк айран дария ұшы-қиырсыз шалқып жатыр.
Жанна мен барон пляждың басына тұрып ап, теңізді қызықтауға кірісті. Ашық айдынның төрінде шағаланың қанатындай болып желкендер ағараңдайды. Оң жақта да, сол жақта да теңкиген-теңкиген жартастар. Теңіз қойнауы бір жақта жартасты тұмсыққа барып тіреледі де, екінші жақтағы жағалық көз ұшына дейін созылып барып-барып, көрінер-көрінбес боп, қылдырықтанып кетеді.
Осы жердегі балықшылардың тас жағалауға байланған қайықтары қарамай жаққан жып-жылтыр сауырларын күнге тосып, қыздырынып жатыр. Балықшылар оларды кешке су көтерілген кезде келіп, бір көріп кетеді. Матростардың біреуі балық әкеп сатты, Жанна Теректіге апармақ болып, камбала алды.
Одан кейін әлгі матрос бұларды теңіз үстінде серуендеуге шақырды, мына мырзалар ұмытып кетіп жүрер дегендей, өз есімін "Ластик, Жозеф Ластик" деп қырық қайыра айтты. Барон ұмытпауға уәде берді. Олар қайтадан жолға түсіп, үйлеріне қайтты.
Үлкен балықты алып жүру Жаннаға қиын тиді, әкесінің тросын алып, оны балықтың сағағынан өткізіп, екеуі қолдасып алды. Кішкене балалардай балықты бұлғақтатып, қуана адымдайды, шаштарын жел желбіретіп, көздері жарқ-жұрқ етеді, қарларын салдыратып тастаған ауыр камбала сеп-семіз құйрығымен шөпті сабалап келеді.
ІІ
Жанна үшін ғажайып дарқан өмір басталды да кетті. Кітап оқиды, шалқасынан жатып ап арман қуады, төңіректі шарлап серуен құрады; бірде жол бойында қиялға шомып ілбіп келе жатса, енді бірде жиегін алтын оқа құсап сарғалдақ көмкерген иір-иір жүлгелердің бойымен орғып-қарғып ойнақтап кетеді. Сарғалдақтың аңқыған жұпар иісі аңызақ соққалы кермек тартыпты, хош иісті шараптай буынына түсіп, балбыратып барады, алыстағы ақ жол толқынның мезгіл-мезгіл ыңыранғаны да көңілін әлдилеп, бойы бей-жай тарта түседі.
Ондайда әбден қалжырап, шүйгін баурайға аунай кетеді де, іле-шала қалтарыстан әр жер, әр жерінде желкендері қылтылдап, күн нұрымен шағылысып жарқырап жатқан көк теңіздің бір мүйісін көзі шалып әлдеқалай басына қонғалы тұрған бір бақытты іші сезген кісіше, өне бойын қуаныш кернеп, желпініп қалады.
Осы бір салқын самал, шүйгін өлкеден жападан-жалғыз серуен құруға әбден құнығып алды. Тіпті тұз қоянының көжектері де бұдан сескенгендерін қойыпты; ол көжектер қашан індерінен шығып, қайтадан секеңдесіп ойынға кірісіп кеткенге дейін қасақана төбенің басынан түспей отырып алады.
Жиі-жиі теңіз бойының қоңыр самалына омырауын тосып, жота бойлап серуендеп, сергіп қайтады; жүріңкіреген сайын құдды бір судағы балықтай немесе әуедегі қарлығаштай шаршауды білмей, құныға түседі.
Осының бәрі оның көкірегінде өле-өлгенше өшпейтін, мәңгілік із қалдыратын тәрізді. Ол өзін мынау алқаптың әр пұшпағына өз жүрегін күлпаршалап шашып келе жатқандай сезінеді.
Суға жүзу десе, мүлде есі қалмайды. Жаужүрек, өткір мінез ол қорқуды білмейді, қалаған жағына жүзіп кете береді. Алақанына салып аймалап, әлдилеген сап-салқын мөлдір айдыннан шыққысы келмейді. Жағалаудан алысырақ жүзіп барады да, қарлығаштар мен теңіздің аппақ шағалалары шарқ ұрған көк зеңгір аспаннан көзін алмай, қос қолын омырауына қойып, шалқалап жатып алады. Төңірек тып-тыныш; еміс-еміс жағаға ұрған толқынның алыс сарыны естіледі, о да талықсып жетеді.
Сосын Жанна аунап түсіп, мұншама рақатқа мас болып, қолымен су сабалап ойнақ салады.
Кейде тым ұзаңқырап кетіп, артынан қайық жіберуге тура келеді. Үйге аздап ашығып, өңі қуаң тартқанмен, жанары ұшқын атып, жайраңдап көңілді, сергек оралады.
Ал, барон әлдеқандай керемет диқаншылық шаруаларды ойластыра бастады, тәжірибе жасаудың, ескі әдістерді жетілдіріп, құрал-сайманның соны түрлерін пайдаланудың, өзге елдерде өсетін дақылдарды егіп көрудің соңына түсті. Сары ала таңнан ымырт үйірілгенше шаруаларды жиып ап әңгіме-дүкен құрады; шаруалар оның айтып отырған әлгі ермектеріне шүбә келтіріп, бастарын шайқап қояды.
Ауық-ауық Ипор балықшыларына еріп, теңізге шығып қайтады. Маңайдағы үңгір, бұлақ, жартастарды тегіс аралап, құмары тараған соң, теңізшілер құсап, балық аулап кетпекші де болады. Мес қарын барқас желді күндері желкенін жел кернеп, соңынан мүңгүрт балықтарды үйір-үйірімен ертіп, борттың жан-жағынан самсатып, теңізге қармақ салып қойып, көк толқынды қарс айыра тіліп, жүйткіп келе жатады, барон қолы қалтырап, жіп-жіңішке қармақ бауды тас қып ұстап алады, қайыптан тайып қармағын балық қапса, бірден сезе қояды.
Айлы түндерде ол құрулы ауларын көріп қайтуға шығады. Ол үшін желкеннің сықырын тыңдап, түнгі теңіздің самалын желпіне жұтудың өзі бір ғанибет дүние. Қайығы жартастарға, мұнараларға, маяктарға соқтықпай кенге шығып алған соң, енді көтеріліп келе жатқан күннің қайықтың ішінде теңкиіп жатқан скаттың2 шырыш-шырыш жоны мен пальтустың3 семіз қарнына шағылысқан алғашқы шапағын қызықтап, міз бақпай тып-тыныш отырғанды жақсы көреді.
Дастарқан басында отырып, сондай саяхаттарын айтқанда аузының суы құриды; ал баронесса, еруліге-қарулы дегендей, сол жақтағы саяжол тым көлеңке болған соң, Куярдың фермасы жақтағы теректер саяжолында әрлі-берлі қанша қыдырғанын әңгіме қылады. Дәрігерлер жата бермеген дұрыс деп кеңес берген соң, ол соңғы кезде серуендеуге бар ынтасын салып жүрген-ді. Түнгі салқын сейіліп, күн қыза, Розалиды қолтықтап алып, сейілге шығады. Палеринаға4 оранып, оның үстіне иығына шәлі салады, басында қара капор5, оның сыртынан тоқыма қызыл орамал орайды.
Баронесса сырқырап, қозғалтпай тастаған сол аяғын сүйрете басып, үйдің бұрышынан тоғайдың бергі шетіндегі қалың бұтаға шейін әрлі-берлі сенделеді де жүреді, бүкіл саяжолдың өне бойына шөпті жапырып, екі айрық жол да түсіп қалыпты. Ол жолдың екі шетіне орындық қойғызды, не айтса да екі етпейтін бейшара қызметші қызға әрбір бес минут сайын:
— Сәулешім, отырайықшы, шаршап кеттім, — дейді де тұрады.
Отырған сайын әуелі орамалын, сосын шәлісін, енді бірде капорын, ақырында мантильясын6 біртіндеп шешіп тастай береді; көп ұзамай жолдың екі шетіндегі орындықта киім тау боп үйіліп қалады, тамаққа оралғанда Розали оларды иығына сап, арқалап қайтады.
Кешқұрым баронесса тағы да серуенге шығады, бұл жолғы аяқ алысы тым сылбыр; тыныққанда да тым ұзақ отырады, тіпті көз іліндіріп те ала қояды. Бұнысын өзі "менің гипертрофиям7 дейтіні сияқты, "менің мационым"8 деп атайды.
Бұдан он жыл бұрын демікпесі барын айтып көрінуге барғанда, дәрігер ауруының атын гипертрофия деп еді. Дәл мағынасына түсінбесе де, содан бері осы бір сөз миына әбден ұялап қалыпты. Ол баронды да, Жаннаны да, Розалиды да "жүрегімнің соғысын тыңдаңдар" деп ылғи әлекке салады, бірақ олар қанша тыңдағанмен, ештеңе ести алмайды, кеудесіндегі туырылған қалың майдың ар жағындағы жүректің дүрсілі қапелімде қайдан естіле қойсын; ол басқа дәрігерлерге барып көрінуге, бір пәлені тағы таба ма деп бетінен басады, бірақ "өзінің гипертрофиясы" өзге жұрттың қолына түспейтінін, тек сонда ғана бар асыл заттай жатса-тұрса аузынан тастамайды. Тіпті баронның "менің әйелімнің гипертрофиясы" дейтіні сияқты, Жанна да құдды бір "мамамның көйлегі", "мамамның қалпағы", "мамамның қолшатыры" дегендей-ақ, "мамамның гипертрофиясы" деп сөйлейтін болды.
Жасында ол сүп-сүйкімді талдырмаш келіншек болыпты. Империяның қай мундирімен де вальске шығыпты, сірә, романның жанына өте-мөте жағатын бір сыры болса керек, "Коринаны" оқығанда көзіне жас тұрмайды.
«Денесі неғұрлым ауыр тартқан сайын, құштарлығы солғұрлым өсе түсті. Семіздік креслодан тұрғызбай үйелетіп тастағалы бері қайдағы-жайдағы елжіреуік хикаялар ойына орала беретінді шығарды; сол оқиғалардың бәрінің де жуан ортасында өзі жүреді. Кейбірінің ұнағаны сонша, ылғи бір әуенді үсті-үстіне қайталайтын күйлердей-ақ қайта-қайта тек соны ғана көз алдына елестетумен болады. Темір торға қамалған тұтқын қыз бен емін-еркін шарқ ұрып жүрген азат қарлығаш жайындағы романдарды оқығанда көзінің жасы көл боп ағады. Ол тіпті басқаны былай қойып, өткен күнге өкініш айтылған Беранженің сайқымазақ жырларын да есі қалмай сүйеді.
Әлденеше сағат бойы қиялға шомып, сарылып отырады да қояды. Теректідегі өмір оған өте-мөте ұнайды, өйткені мұнда ойына қайта-қайта орала беретін романдардағы нәрселердің бәрі де бар: төңірек толы орман, бос жатқан дала, үйге тиіп тұрған теңіз жуырда ғана оқып шыққан Вальтер Скот романдарын еске салады.
Жаңбырлы күндері ешқайда шықпай, бөлмесінде отырып алып, өзі "менің реликвиям"9 деп атайтын көр-жерлерін ақтарады. Онысы тұрмысқа шықпай тұрғанда әке-шешесімен, баронмен, тағы да басқа таныстарымен жазысқан хаттары-ды. Оларды бұрыш-бұрышында сфинкстері бар қызыл араштан жасаған бюрода сақтайды.
— Розали сәулем, маған сувенирлер10 салынған қобдишаны әкеп берші, — деп отырады ылғи.
Қызметші қыз бюроны ашып, қобдишаны алып, бәйбішенің қасына, орындықтың үстіне әкеліп қояды; сосын баронесса көз жасын бұршақ-бұршақ төгіп отырып, шетінен алып оқи береді.
Кейде оны серуенге Розалидің орнына Жаннаның қолтықтап шығатыны бар. Ондайда анасы өзінің балалық шағынан әңгіме шертеді. Қызы сол баяғыда болған оқиғалардан өз басындағы жағдайларды көріп, анасы екеуінің ойлары мен армандарының бір-бірінен аударып алғысыз ұқсастықтарына айран-асыр қалады. Өйткені, кім-кім де аласұрған сезім құйынына ұрынып, лүпіл қаққан тек менің ғана жүрегім шығар деп ойлайды. Олар сонау алғашқы адамнан бастап, бұл пәниде елдің ең соңында қалатын ақырғы еркек пен ақырғы әйелге дейінгі пенде біткеннің бәрінің де сондай болатынын қайдан білсін!
Анасының әңгімесі де байпаңдаған жүрісі сияқты, тым баяу өрбиді, ара-тұра тынысы бітіп, ентігіп қалады да, жаңа басталып келе жатқан қызық хикая күрт үзіліп, ар жағын Жанна өзі ойша жалғастырып әкетеді, қуаныш толы болашаққа асырып, арманға кенеліп қалады.
Бірде екеуі ең түптегі орындықта отыр еді, саяжолдың екінші басынан бұларға беттеп келе жатқан тырсиған семіз священник көрінді.
Ол жолықпай жатып-ақ күлім қағып басын иді, үш қадамдай тақау қалғанда тағы да тағзым етіп:
— Қалай тұрып жатырсыз, баронесса? — деп сұрады.
Бұл осы жергілікті кюре еді.
Баронесса философтар ғасырында туды, еркін ойдың адамына күйеуге шықты, ерлі-зайыпты екеуі де өңшең революциялар тұсында тәлім-тәрбие алды; сондықтан да шіркеуге бас сұқпайды десе де болғандай, алайда әйел жағы дін дегенде осал келеді ғой, баронесса да священник атаулыға құрақ ұшып тұрады.
Ол өз қауымының кюресі аббат Пиконы ұмытып та кетіп еді, көргенде қапелімде қысылып, қызараңдап қалды. Өзі барып сәлемдеспегеніне кешірім өтінді. Бірақ, мес қарын аббаттың ренжіген түрі көрінбейді. Жаннаға көзін салып, бал-бұл жанып жайнап тұрған балғын жүзіне масаттанып, қошамет айтты. Отырып, үш қиық қалпағын тізесіне тастап, маңдайын сүртті. Ол қызара бөрткен етжеңді адам-ды, ағыл-тегіл терлеп отыр.
Қалтасынан малмандай су болған етектей торғын орамалын қайта-қайта суырып алып, маңдайын, мойнын сипап қояды. Бірақ су-су шүберектің қалтаға сүңги беруі-ақ мұң екен, маңдайдан аққан тер шаң қапқан киіміне оқтың ізіндей дөңгелек-дөңгелек таңба қалдырып, теңкиген жуан қарнының үстіне тағы да тырс-тырс тамшылай бастайды.
Ол деревнядағы священниктердің қай-қайсысы сияқты ақ жарқын, көнбіс, көпіріп сөйлей беретін көке мылжың, сауықшыл адам еді. Ол баронессаның әрі дінге ала көңіл салғырттығынан, әрі жалқаулықтан, ал Жаннаның басын қатырған монастырдан зорға босап, қуанышы қойнына сыймай жүргендіктен шіркеуге намазға келмегендерін білсе де білмеген кісі боп, осы төңіректегі тұрғындардың қызық-қызық хикаяларын әңгімелей жөнелді.
Барон да көрінді. Өзі панатеист болған соң, дінге атымен енжар, алайда аббатпен сыпайы амандасып, қонақасыға қарауын өтінді. Священник түгілі кез келген ел үстіндегі кісіде ала бөтен жұғымдылық болады ғой, жұрттың қас-қабағын бағып қалған кәнігі кюре де сып-сыпайы бола қалыпты.
Бәлкім екеуі де семіз, екеуі де ентікпе болғандықтан ба, баронесса тіптен бәйек болды.
Ішімдік келгенде аббат ақтарыла сөйледі; көңілді тойдың соңында кюре деген қызып қалмаушы ма еді, бұ да қалжыңды соғып отыр.
Кенет бір тамаша ой есіне түскендей:
— Пәлі, маған виконт де Ламар деген мырза жолығып еді-ау. Оны сіздерге әкеліп таныстыруым керек екен ғой! — деп қалды.
Баронесса бұл аймақтағы барлық зиялы тұқымды бес саусағындай білетін-ді.
— Ол Эрдағы де Ламардың әулетінен бе? — деп сұрады.
Священник басын изеді.
— Дәл таптыңыз, ханым. Әкесі виконт Жан де Ламар өткен жылы дүние салды.
Ақсүйек атаулыны төбесіне көтеретін Аделаида ханым кюрені сұрақтың астына алып, жас жігіт әкесінің қарызынан фермаларының үштен екісін сатып құтылғанын, өзі Этуван қауымына қарайтын фермасына келіп орналасқанын білді. Онысынан бес-алты мың лир табыс түседі-міс, бірақ виконт ақылды, ұстамды, орынсыз шашпалығы жоқ сарабдал адам көрінеді; екі-үш жылға дейін үйінен көп шықпай, ешкімге қарызданып-қауғаланбай, қалған фермаларын да сатып-саумай тұра тұрып, қаржы жиып алғасын қауымға араласып, жасауы мол қалындық қарастырмақ сыңайы болса керек.
— Өзі аса сыпайы, орнықты жігіт. Бірақ бұл арадағы өмір оған онша көңілді боп жүрген жоқ, — деп қойды кюре.
— Бізге алып кеп тұрыңыз, анда-санда бой жазсын, — деді барон.
Ендігі әңгіме басқа тақырыпқа ойысты. Кофеден соң бәрі қонақжайға бет алып еді, священник астан кейін сейіл құрып әдеттенгендіктен, паркке барып біраз қыдырып қайтқысы кеп тұрғанын айтты. Оған барон еретін болды. Екеуі үй жанында әрлі-берлі серуен құрды. Біреуі сырықтай ұп-ұзын, біреуі саңырау құлақтың басындай доп-домалақ қос көлеңке айға қарай жүрсе арттарынан еріп, кейін қайтса, ербеңдеп алдарына түсіп кетеді. Кюре қалтасынан папирос сияқты бірдеңені алып, сора бастады. Бар сырын жұртқа жайып жүретін деревня адамының мінезіне басып:
— Ас қорытуым қиындап барады, мынаның соған септігі тиеді, — деп түсіндіре жөнелді.
Сосын ай жүзіп бара жатқан аспанға бір қарады да:
— Қой, бұндай тамаша көрініске қанша қарасаң да, құмарың қанбайды, — деді.
Енді әйелдермен қоштасқалы үйге беттеді.
ІІІ
Шатыспап еді, дастарқан басында үзіліске шыққан мектеп шәкірттеріндей дуылдаса жөнелді.
Кез келген ұсақ-түйектен күлкіге кенеліп қалады. Ластик ағай тамаққа отырып жатып, аузындағы трубкасын бас киімінің үстіне тастай салып еді, оған да мәз болысты. Матростың қып-қызыл мұрнына қызыққандай бір шыбын шыр айналып шықпай, қайта-қайта қона берді, ебедейсіз матрос ұстап алмақшы болып, қолын ербең еткізгенде, қағынған шыбын өз үйірі із қалдырып шұбарлап тастаған кездеме пердеге барып қонады да, дереу әлгі қып-қызыл дөңеске тағы да қонбаққа қайта ұшады.
Шыбын қонған сайын жұрт бір ду ете түседі. Мұндай машақаттан әбден діңкелеген шал "бұл неткен қырсық" деп күйініп күңкілдесе, Жанна мен виконт салфеткаларымен ауыздарын басып, ішектері қатып көздерінен жас аққанша күледі.
Кофеден соң Жанна:
— Серуендеп қайтсақ қайтеді? — деп ұсыныс жасады. Виконт ұшып тұра келді, бірақ барон пляжда жатып, күнге қыздырынғанды ұнатты.
— Балалар, бара беріңіздер, мен сіздерді бір сағаттан соң осында күтейін, — деді.
Олар әуелі бірен-саран лашықтан тұратын шағын деревняны аралап, сосын бір үлкен ферма тәріздес бай үйінің қасынан өтті де, кесіліп жатқан кең жазықтың шетінен кеп шықты.
Толқындардың тебірене теңселгені бұларды да желпінтіп, теңіздің тұзды ауасы тәбеттерін оятқан-ды, әлгі тамақ буындарына түскендей, күле-күле жүйкелері босаған-ды. Енді екеуі де бір есірік халде, бет алды құла дүзде жүгіре бергілері келеді. Жанна құлағы шуылдап, өне бойын әлдебір бейтаныс сезімдер билеп, алабұртып барады.
Шақырайған күн көзі күйдіре түсті. Жолдың екі бетіндегі аңызақ қуратып, әбден пісіп кеткен егін бастарын көтере алмай бүкшиіп қалыпты. Осы алқапты қаптап кеткен көп шегіртке бидай мен қара бидайдың жағалаудағы жартастардың арасына құжынай толып, құлағыңның құрышын жеп, шырылдасып жатыр.
Отқа ұстаған темірдей ыстықтан өңі қайтып күлгін тартқан аспан астында солардың даусынан басқа шың еткен үн жоқ.
Олар жазық даланың арасындағы, оң жақтан қарауытқан орманды көріп, соған беттеді.
Күн сәулесін өткізбейтін дәу-дәу ағаштардың саясында қаулай өскен көк балаусаның қақ ортасынан жіңішке жол өтеді екен. Жолға енді түсе бергенде ылғалдан көгеріп, шіріген өсімдіктің өкпеңді қауып, өне бойыңды қалтырата жөнелетін қоңырсық иісі мүңкіп қоя берді. Ауа жетпей, күн түспеген соң, шөп барған сайын бірте-бірте сирей түсті, жерді тып-тықыр мүк көміпті.
Олар ілгері қарай жүре берді.
— Қараңызшы, мынау нағыз біз отыратын жер екен, — деді Жанна.
Қураған екі ағаш тұр, селдір жапырақтарының арасынан күн нұры құйылып, төңірегіне ала-бөтен өмір өрбітіпті, қол шатырдай үлкен-үлкен аппақ гүлі бар бақ-бақ, ұршықтың жібіндей иретілген көк шырмауық қаулап өсіпті. Көбелектер, бал аралар, ебедейсіз үлкен бөгелектер, шыбын секілді қара, біреулерінің мүйізі бар алуан-алуан жәндіктер мынау қараңғы қапастың ортасындағы аядай жып-жылы, жап-жарық шұқырға быжынай қалыпты.
Қыз бен жігіт аяқтарын күн жаққа көсіліп, көлеңкеге жайғасты. Екеуі де әлгі күннің бір тамшы нұрынан өсіп-өнген ығы-жығы жәндіктерді қызықтап отыр.
Жанна сүйсініп:
— Мына ара қандай жақсы! Табиғат неткен тамаша! Кейде менің көбелек пен шіркейдей гүлден-гүлге қонып, сенделіп жүргім кеп кетеді, — деді.
Олар енді әрқайсысы өзі жайлы, өзінің әдеті мен талғамдары жайлы әңгіме соқты; құдды бір сұхбаттасып отырған кісілердей, дауыстары тым бәсең, сыбырлап шығады. Жігіт зиялы қауымның ешқандай шындығы, шынайылығы жоқ, көрер көзге, көлгірсіп, ызылып-сызылып тұрған құр жылтырақ біркелкі өмірінен әбден мезі болғанын айтты.
Жанна сол қауымды көруге, араласуға құштар. Бірақ соның деревнядағы өмірдің тырнағына тұрмайтынын да жақсы біледі. Неғұрлым жүректері табыса түскен сайын, әдеп сақтап, біріне бірі "виконт", "мадмуазель" деп сызыла түседі, алайда бірінің жүзіне бірі қайта-қайта қарағыштап, көздері күлім қағады; көкіректерін бұрын-соңды байқалмаған бір көл-көсір мейірім, шалқар махаббат жайлап алғандай, әдетте көңіл бөле бермейтін кез келген ұсақ-түйек нәрселердің өзін қызыға, елге әңгімелейді.
Виконт пен Жанна қайтып оралса, барон "қыз шатыры" атанған құз басындағы үңгірді көруге кетіп әлі орала қоймапты. Олар трактирге кіріп, баронды күтіп отырып қалды.
Барон жағалауда ұзақ серуендеп, кешқұрым сағат бесте ғана қайтты. Бәрі қайыққа отырды. Қайық бір орында тұрғандай, еш теңселместен ыққа қарай баяу жылжып келеді. Суы лай, айдын беті де жым-жырт, күннің көзі өртене-өртене жалыққандай, батуға еңкейіп барады.
Теңіз тербеткен бұлар да тым-тырыс.
Ақыры Жанна үн қатты.
— Шіркін, саяхатқа шығар ма еді!
Виконт та әңгімеге қосылды.
Иә десеңізші... Бірақ жападан-жалғыз саяхаттау көңілсіз, ең болмаса алған әсеріңді айтып, әңгімелесіп отыратын екі адам болғаны дұрыс.
Қыз ойланып қалды.
— О да жөн. Алайда мен жаңғыз саяхаттағым келеді. Оңаша отырып қиялға шомғанға не жетсін, шіркін!
Жігіт оның жүзіне ұзақ, тесіле қарады.
— Екі кісі боп қиялданғанда қайтеді...
Қыз көзін тайдырып әкетті. Мына сөзінің астары бар сияқты. Әрине...
Жанна енді көкжиектің ар жағына да үңіліп көргісі келгендей, алысқа телміре қарады, сосын сөзін үзіп-үзіп:
— Италияға барсам! Жоқ, Грецияға... Ой, Греция... Корсиканы айтсайшы! Шіркін, онда бір таңғажайып тағы сұлулық бар шығар!
Жігіт Швейцарияға, оның таулары мен көлдеріне құмартатын боп шықты.
— Жоқ, меніңше, Корсика сияқты кісі сирек баратын жерге, немесе Греция сияқты тарихы бай елге барған дұрыс. Бар тарихын бала жасыңнан білетін халықтың әр ізін, ұлы оқиғалар болып өткен орындарды көргенге не жетуші еді, тәйірі...
Виконт құрғақ қиялдың адамы емес-ті, оған қарсы болды.
— Мені Англия аса қызықтырады, онда көп нәрсе үйренуге болады.
Енді олар полюстерден бастап, экваторға шейін бүкіл жиһанды шарлап шығуға кірісті; әр елдің өзгешеліктерін сөз қылды; кейбір елдердің, мәселен, қытайлар мен лапландықтардың әдет-ғұрпы мен табиғатын қиялдарында қызықтай бастады; бәрін айт та бірін айт, дүниедегі ең тамаша ел Франция деп тапты, оның қоңыр салқын жазына, май тоңғысыз қысына жететін жайлы климат, ондағыдай әсем шалғын, көкпеңбек орман, сабырмен баяу ағатын арналы өзендер ешқайда да жоқ. Афиннің алтын ғасырынан кейінгі өнерді өліп-өшіп құрметтейтін ел тек осы Франция ғана.
Енді бәрі қайтадан жым-жырт болды.
Күн көзі өз қанына өзі малшынып, қансыраған аңдай қан жоса боп ұясына еңкейді. От шашқан шұғыласы көкжиектен бастап қайықтың қақ тұмсығына дейін созылып, жалқын жол боп жалтырап жатыр.
Манағы майда самал да жым-жылас, су бетіндегі ұсақ толқындар да тыншыған, желкен де нарттай қызарып, қыбырсыз қапты. Осы бір көл-көсір тыныштық көк жазира теңізді алақанына сап, әлдилеп тұрған тәрізді; зеңгір аспанның астындағы мың бұралып толықсып-толқып жатқан алып қалыңдық жалтыр айдын өз төсіне төніп келе жатқан от-жалын жарын тағаты таусылып, албырай тосып жатыр; кең дүние қос құдірет қалай қауышар екен деп, дымын шығармай, үнсіз аңдып тұрғандай. Күйеу жігіт — күн көзі асыл жарын бауырына басып аймалағанша дегбірі қалмай лапылдай құлап келеді. Міне, міне, қауышты... алып қалыңдықтың апай төсі оны бір шетінен жұта бастады.
Көкжиектен салқын леп шықты; күннің көзі суға батқан соң, күллі дүние көкірегін кере дем алғандай, айдын бетіне толқын жүгірді.
Ымырт ұзаққа созылмады, жұлдызы жыпырлап түн келді.
Ластик ағай ескекті қолына алды; кенет теңіздің жалтырап ақшыл тартып бара жатқанын жұрттың бәрі де аңғарып қалыпты. Жанна мен виконт су бетінде жыбыр-жыбыр қозғалып жүрген оттарды қарап үнсіз отыр. Ештеңеге назар салмай, кешкі жұпар ауаны құныға жұтады. Жанна қолын орындықтың аралығына салып, шалқая беріп еді, көршісінің абайсыз тиіп кеткен боп жанасқан саусақтарын сезді; айналасына риза боп, көңілі өсіп келе жатқан қыз жігіттің бұнысына әрі ұялып, әрі таңданса да тырп етпей отыра берді.
Ол кешке өз бөлмесіне бір түрлі көңілі бұзылып, алабұртып енді. Сағатқа көзі түскенде, ендігі ғұмырының көз жазбас куәсі сол болатынын, сыңғырлап бұның қуанышына да, қайғысына да әрдайым үн қосып тұратынын ойлады. Сосын сағатты тоқтатып, бал араның алтын қанатын сүйіп-сүйіп алды. Ол дәл осы қазір дүниедегінің бәрін де шетінен сүйіп шығуға бар. Есіне жәшікте жатқан көне қуыршағы түсті. Оны іздеп тауып алды. Сүйікті құрбы қызын көргендей мәз-мейрам боп қалды, бауырына басып қып-қызыл екі бетін, бұп-бұйра бұрымдарын шөпілдетіп сүйе жөнелді.
Сосын қуыршағын қыса құшақтаған күйі ойға шомды. Әлгі көзге көрінбейтін мың періштенің мыңы бірдей жабыла қол көтеріп қолқалайтын қалаулы жары осы ма? Құдіреттің бұйрығымен бұған өзі келіп тап болды ма? Бұл үшін жаратылған адам, бар өмірін бір соның жолына бағыштар адамы осы болып шыққаны ма? Қалайша сонда бұл екеуінің бір-біріне дәм айдап табысқаны ма, көңілдері тоғысып көкіректерінде махаббат оянғаны ма!?
Ол құмарлық желі есептелетін, өне бойын от жалындай лаулатып, есінен тандырып, бүкіл жан дүниесін алай-дүлей қылатын ала құйын сезімдерді әлі басынан кешіре қойған жоқты; бірақ, тек соны ғана ойлап, міз бақпай сарылып отырып алатынды шығарды, соған қарағанда сүйіп қалған сияқты; әрдайым ойлайтыны тек сол. Көрсе болды — жүрегі аттай тулайды; даусын естісе, дір ете түседі, көзіне көзі ұшыраса - бір қызарып, бір сұрланып дегбірі қашады.
Ол түн баласы ұйықтап жарымайды.
Есіл-дертін біржола баурап алған ғашықтық аңсары күн санап күшейе түсті. Жатса-тұрса оны сүйетін-сүймейтінін ойлайды, гүлге қарап, теңізді шолып, көкке тиын лақтырып бал ашады.
Бірде кешқұрым әкесі:
— Ертең әдемілеп киініп шық, — деді.
— Ол не үшін, папа? — деп сұрады.
— Әзірге құпия. — деді әкесі.
Ертеңіне жалтыраған жаңа көйлек киіп, сыланып төменге түссе, қонақжайдағы үстел үсті үйіліп жатқан конфет қорабы, орындықта букет тұр.
Аулаға күйме келді. Оған "Леpa, Фекан кондитері. Той тағамы" деп жазылыпты. Людвина аспаз баламен бірге күйменің артын ашып, әлдеқандай тәтті иісі аңқыған үлкен-үлкен себеттерді түсіре бастады.
Виконт де Ламар да жетті. Жіптіктей панталоны мен жылтырақ етігі суреттей түп-түзу аяғын онан сайын жұтынтып жіберіпті. Ұзын сүртігі белінен қыналған, кеудесінен кестелі көкірекшесі ағарып көрінеді. Жұқа бәтес галстугын мойнына бірнеше рет орап шалғандықтан виконттың тәңірім ажар-көрікті аямай-ақ берген бұйра шаш басы тым кекшиіп, әуелеп қапты. Сәнді киім кісіні адам танымастай қып өзгертіп жібереді ғой, виконт бүгін күндегісіне атымен ұқсамайды. Жанна оны алғаш рет көріп тұрғандай аузын ашып қалды; оның аяғынан басына дейін айтулы ақсүйектерге тән қасиеттерді түгел тауып тұр. Виконт күле қарап тағзым етті.
— Ал, құдағи, әзірсіз бе?
Қыз:
— Не дейсіз? Ол не дегеніңіз? — деп күмілжи берді.
— Көп ұзамай білесің, — деді барон.
Есік алдына күйме келіп тоқтады, мадам Аделаида да бөлмесінен әбден сыланып шығыпты; оны сүйемелдеп келе жатқан Розали де Ламар мырзаның бүгінгі сымбатына аузын ашып қалыпты.
Барон:
— Қараңызшы, виконт, сіз біздің күтуші қыздың талғамын дәл тапқан екенсіз, — деп әзілдеді.
Виконт құлағына дейін өртене қызарып, естімеген боп, Жаннаға букет ұсына берді. Жанна да есінен адасып барады, гүлді ала салды. Төртеуі күймеге отырды. Даяшы Людвина оразасын ашсын деп баронессаға салқын сорпа ұсынып жатып:
— Ханым, тойдан бұның несі кем? — деп қояды.
Олар Ипорға жете бере күймеден түсті. Деревня көшесіне аяқ басулары-ақ мұң екен, мерекедегідей қырлап, сәндене киінген матростар үйлерінен шығып, бастарын иіп тағзым етті, баронның қолын қысты, сосын қаралы шеруге қосылғандай, бұлардың соңынан ерді.
Виконт Жаннаны қолтықтап, қара нөпір халықты екеуі бастап келеді.
Шіркеуге жете бере бәрі кідірді, алдарынан қалықтап күміс крест көрінді, оны бір бала ұстапты, артынан қызыл ала киінген екінші бала қолына киелі су мен кесе ұстап келеді. Олардан кейін біреуі ақсақ үш әнші шал мен кернейші, ең соңында кюренің өзі келеді; оның шермиген қарны алтын оқалы епитрахилінің11 етегін көкке көтеріп, тым шелтитіп жіберіпті, Ол сәлемдескен рет жасап, төңірегіне қайта-қайта бас шұлғумен келеді. Сосын көзін тарс жұмып алып, ернін жыбырлатып дұға оқыды да, үш қиық бөркін мұрнына түскенше еңкейтіп, нөкерінің соңынан теңізге қарай беттеді.
Пляждегі жұрт өрме гүлге көмілген жаңа қайықты қоршап апты. Діңгегінде, желкемінде ұзын-ұзын ленталар желбірейді, тұмсығына алтын әріптермен "Жанна" деп жазылыпты.
Барон жасатқан бұл кеменің капитаны Ластик ағай қошеметші халықты қарсы алуға шықты. Еркектердің бәрі уәделесіп қойғандай жапатармағай бас киімдерін алды, қара жамылған бір топ тақуа әйел жер тізерлеп тізіліп отыра кетті.
Кюре ортада, қызметші екі бала екі бүйірде — үшеуі қайықтың бір тұмсығына барып тұрды, екінші тұмсығында қырынып-таранбаған ұйпа-тұйпа үш шал ақ киімдері малынып, шіркеудің ән кітабына үңіліп, күңірене жөнелді, дауыстары жетпей, көрер көзге мақамды бұзып тұр.
Олар әндерін салып боп, дем алғалы тоқтап еді, кернейші жаңғыз сарнап кетті, желге толып күмпиген екі ұртының тасасынан сұрғылт қой көз көрінбей қалды. Мойны қызарғанша үрлей түсті. Жайбарақат тымық теңіз өзінің жаңа перзентінің бата алғанына пейіл білдіргендей сұлқ жатыр; бармақтай-бармақтай майда толқын малта тастарға шылп-шылп соғады.
Осынша опыр-топыр боп, жер тізерлеп жатқан жұрттың не істемек екенін білгісі келгендей, үлкен-үлкен аппақ шағалалар қос қанатымен зеңгір көкке әлдеқандай жұмбақ шеңберлер сызып, біресе алыс кетіп, біресе жақын келіп, шыр айнала шүйіліп жүр.
Ақыры, әншілер бес минуттей "әмин" деп күңіреніп тұрды да үнсіз қалысты; даусы қарлыққан священник тек соңғы буындардың тұсында ғана даусын созып, латынша бірдеңелер айтты. Сосын қайықты шырқ айналдыра киелі сумен шайып өтті де, қайықтың бір тұмсығында, қолдар тас қып қысып, тапжылмастан қақшиып қалған өкіл құда мен өкіл құдағидың қақ алдына тұрып алып, міңгірлеп дұға оқыды.
Жігіт сұлу еркектің тәкаппарлығына басып паң тұр; ал қыз көмейі бітіп, ес-түсін білмей, тісі-тісіне тимей қалш-қалш етеді. Кейінгі кезде жатса-тұрса ойынан шықпаған арманды тілегі әп-сәтте шындыққа айналмақшы. Біреу тойды ауызға алды, священник мұндайдағы үрдістің бәрін жасап бітті, енді жұрт дұға оқи бастады. Осылар бұның некесін қиып жатқаннан сау ма?
Қолы қалтырады ма екен, әлде бұның жүрегі лүпілдеп тұрғанын сезді ме, жоқ мұндайда әйел атаулының дегбірі қашатынын бұрыннан біле ме, — әйтеуір, виконт қыздың қолын бірте-бірте қаттырақ қыса түсті. Беті бүлк етпей, басқаларға естілер-естілмес қып:
— Жанна, бұл біздің некелесуіміз болсын, — деді.
Қыздың келіскені ме, кім біліпті, басы жайлап төмен иіле берді; қайықты шайып жүрген священник киелі суынан бұл екеуінің саусақтарына да тамызды.
Барлық ырымы жасалды. Тізерлеп отырған әйелдер орындарынан тұрды. Қайтарда жұрт манағыдай емес, бет-бетімен жапатармағай жөңкіле жөнелді. Крестің де манағы маңғаз қалпы жоғалған, біресе оңға біресе солға бұлғаңдап барады, ауық-ауық жерге құлап түсетіндей көрінеді. Кюре де дұғасын тыйған, жұрттың соңынан салпақтап о да келеді. Әншілер мен кернейшілер киімдерін аударып кигенше асығып, көше-көшенің төтесімен тікелей салып, безіп барады; шоғыр-шоғыр матростар да аяқтарын көре адымдайды. Тойды ойлағанда, мұрындарына тамақ иісі келіп, ауыздарына сілекей жиылып, ішектері шұрқырап, жүрістерін жеделдете түседі.
"Теректіде" оларды ұлан-асыр дастарқан күтіп тұр еді. Ауладағы алма ағаштың түбіне үлкен үстел қойылыпты. Оған теңізшілер мен шаруалардан алпыс адам жайғасты. Баронесса үстелдің бір басына отырды, екі жағында — Ипордың кюресі мен осы араның кюресі; қарсы алдына бір жағына мэрді, екінші жағына айналасына дамылсыз бас шұлғыған тарамыс шаруа әйел, мэрдің бәйбішесін алып барон отырды. Мэрдің бәйбішесінің сопақ беті, делдиген норман қалпағы, қашан көрсең де, әлденеге қайран қып тұратын дөңгелек көзі ақ айдар мекиен тауықты еске түсіреді, тұмсығымен тәрелкені шұқып отырғандай, тамақты да шөп-шөп етіп, шөкімдеп жейді.
Жанна виконттың қасында ләззаттың ең дариясына еніп, кенеліп отыр. Ол ештеңені көрген де жоқ, ештеңеге түсінген де жоқ; көл-көсір бақыттан басы айналып, айран-асыр үнсіз отырды-отырды да, сауал қойды.
— Осы сіздің есіміңіз кім?
— Жюльен. Сіз білмейтін бе едіңіз? — деп сұрады виконт.
Жанна жауап қайырған жоқ, "енді бұл ат аузымнан түспейтін болды-ау" деп ойлады ішінен.
Дастарқан жиналған соң, үй иелері ауланы матростарға қалдырып өздері үй сыртына серуенге шықты.
Баронесса бұл жолы баронды қолтықтап, қастарына екі священникті ертіп қыдырды. Жанна мен Жюльен тоғайға еніп, бытпылдақ бұралаң соқпақтарға түсті; жігіт кенет қыздың білегінен ұстай алды:
Сіз маған күйеуге шығуға ризалығыңызды бересіз бе?
Жанна тағы да басын төмен салды, бірақ Жюльен: "Жалынамын,жауабыңызды айтыңызшы", — деп қыспақтай берген соң, баяу көзін көтеріп қарап еді, жігіт оның жанарынан риза екенін ұқты.
IV
Бірде таңертең Жанна орнынан әлі тұра қоймай, аяғын көрпеге тығып, төсегінде отыр еді, барон кірді.
— Виконт де Ламар саған құда түсті.
Қыз дуылдап қызарған жүзін көрпемен тас бүркеп алғысы келді. Әкесі:
— Біз кейінірек жауап бермекші болдық, — деп әңгімесін жалғастыра түсті.
Жанна көмейі бітіп, тұншығып барады. Барон сәл мүдіріп отырды да, бұның жүзіне күле қарады.
— Біз өзіңмен сөйлесіп алмай тұрып, уәде қыла алмадық. Анаң екеуіміздің бұл некеге қарсылығымыз жоқ, бірақ зорламаймыз, ерік өзіңде. Сенің одан гөрі дәулеттірек екенің рас, бірақ барлық бақыт байлықта ғана емес қой. Ол туысы жоқ, тұлдыр жетім, оған шықсаң, бала боп қолымызға кіреді. Ал басқа адамға шықсаң, көзімізден бір-бір ұшып кеткенің. Ол бізге ұнайды, ал өзіңе ше?
Жанна желкесіне дейін қызарып, әрең сыбырлады.
— Өз дегеніңіз болсын, папа.
Барон сол күлімсіреген қалпы, қызының жүзіне тесіле қарап тұрды да:
— Солай дейтініңді білгенмін, мадмуазель, — деді. Жанна кешке дейін мас адамша, не істеп не қойғанын білмей жүрді, қолына ұстаған нәрселерін шатастыра береді, күні бойы үйден бір елі аттап шықпаса да, аяқтары салдырап қапты.
Анасы екеуі жөкенің түбінде отыр еді, сағат алтының тұсында виконт келді.
Қыз жүрегі атша тулады. Жас жігіт жақындай түсті, жүзінде айта қалғандай қобалжу-қысылудың нышаны байқалмайды. Келді де баронессаның қолын алып, саусақтарын ерніне апарды; одан кейін бойжеткеннің қалтырап-дірілдеген қолын ұзақ ұстап, аса разы пейілмен еліте сүйді.
Сөйтіп, айттырулы қалыңдық пен күйеудің балдай тәтті бақытты шағы басталды да кетті. Қонақжайдың оңаша бұрышына барып, екеуден-екеу әңгіме-дүкен құрады, немесе тоғайдың ең түкпіріндегі көк шалғынға барып серуендейді. Ара-тұра баронессаның саяжолына да қыдырып қояды, жігіттің жарқын болашақ жайлы әңгімесін бойжеткен анасы таптап тастаған шаңдақ сүрлеуге қарап бұқшиған күйі үн-түнсіз тыңдай береді.
Мәселе бір шешілген соң, сөз бұйдаға сала бергеннің мәні жоқ. Неке қиғызу он бесінші тамызға белгіленді. Оған әлі бір жарым ай уақыт бар. Жас жұбайлар неке қиылған бойда үйленгендердің саяхатына аттанбақ. Қайда бару керектігі келісілгенде, Жанна Италиядан гөрі оңашалау Корсиканы қалады.
Олар той болатын күнге онша асыға қоймады, ғашықтық ләззатын онсыз да күн сайын белшеден кешіп жүр; алайда ауық-ауық қолдарын құшырлана қысып, ет-бауырлары езіліп, біржолата қосылып кеткілері келгендей, бір-бірінен ұзақ уақыт көзін ала алмай, құмарта телміріседі, кейде ғашықтықтың шын тояттарына аңсарлары ауып қараптан-қарап отырып сағынышқа батып, мұңайысып қалатындары бар.
Тойға баронессаның Версаль монастырлерінің бірінде тұратын пенсиядағы бауыры Лизон апайдан басқа ешкім шақырылмайтын болды.
Баронесса әкесі өлгенде, сіңлісін өз қолына алуға күш салып-ақ бағып еді, бірақ үйде отырып қартайған кәрі қыз жұртқа салмақ болармын деп қорғалақтап, тіршіліктен жапа шеккен жалғыз басты пенделерді паналайтын монастырдің бірінен орын алғанды қолайлы көрді.
Ара-тұра тумаларына келіп, айлап-айлап жатып кетеді. Өзі шүйкеден әлжуаз әйел-ді. Көбіне-көп үн-түнсіз көлеңкеде отырады; тек дастарқан даяр болғанда ғана келіп, тамақтанып алады да, өз бөлмесіне кіріп, кілттеніп ап, ешқайда шықпай жападан-жалғыз жатады да қояды.
Жасы қырықтың үшеуіне енді келсе де, бет-аузы қыртыс-қыртыс кемпір боп қалыпты; жанары мұңлы, моп-момақан; үй-ішінде ешкім оған назар аудармайды; бала күнінде де бос-болбыр өскендіктен, ешкім оның маңдайынан сипап көрмеген-ді, бұрышта тым-тырыс отыратын да қоятын-ды, бойжеткен соң да, ешкімнің көзіне түспеді.
Ол күніне мың рет көріп жүрсең де, жадыңда қала қоймайтын елеусіз жиһаз сияқты тірі көлеңке боп, күлді-көмеш күн кешіп жатты.
Сіңлісін мүсәпір көріп елемеуге апасы ата-анасының үйінде жүргенде-ақ бой үйретіп алған-ды. Онша ызылып-сызылып жатпай, әншейін тумаластық мезірет жасап, мүсіркей тіл қатады. Аты — Лиза. Бірақ, осы бір еркебұлан есімнен жерге кірердей ұялады. Үй іші оның тұрмысқа шықпайтынына әбден көзі жеткен соң, Лиза атын оп-оңай Лизонға ауыстыра салды. Жанна туғалы "Лиза апай" атанып, былайғы жұрт түгілі туған апа-жездесінен де қысылып-қымтырылатын нәті жуас, адал, таза, обалы бар мүсәпір туысқанға айналды. Рас апа-жездесі оны іш тартады, бірақ, олары өліп-өшкен сүйіспеншілік емес, немқұрайды мейірім, табиғатынан ақпейіл адамдардың әншейін үйреншікті аяушылығы тәрізді.
Кейде баронессаның жас кезіндегі бірдеңелерді еске алғанда; "Бұл әлгі Лизаның әне бір есуас қылығынан кейін болып еді", — деп отыратыны бар. Бірақ, сол "есуас қылық" ешқашан егжей-тегжейлі әңгіме болып көрген жоқ, әрдайым беймағұлым құпия күйінде қала береді:
Жиырмаға шыққан жылы бірде кешқұрым Лиза, неге екені белгісіз, тоғанға құлады. Өне бойында тап мұндай ессіздікке барады дейтіндей еш қасиет жоқ еді. Жұрт оны шалажансар күйінде судан шығарып алды. Ата-анасы суға неге құлаған себебін тәптіштеп біліп жатпады, қайта сол бір "есуас қылық" әңгіме болған сайын. баяғыда Коко деген аттары індігешке сүрініп мертіккен соң, амалсыз атып тастағандарын айтқандағыдай, бір-бір күйіп-пісіп қалатын-ды.
Содан бастап Лиза, Лизон ақылы кем, жарымес адам саналды. Жұрт та оны ата-анасы құсап, жек көре тұра мүсіркейтін болды. Тіпті кішкене Жанна да бала болып, оған назары ауып, төсегіне жүгіріп барып, бетінен сүйіп еркелемейді, оның бөлмесінің есігінен де қарамайды. Ол бөлменің қайда екенін сыпырып, жинап жүретін Розали ғана біледі.
Лизон апай асханаға тамаққа келгенде, баронесса үйреншікті әдеті бойынша, бетінен сүйгізеді. Бар болғаны сол-ақ. Бірдеңеге керегіп қалса, қызметші жұмсап, шақыртып алады; ондайда келмей қалса, неге келмеді, "Не болды, Лизон таң атқалы неге көрінбеді?" деп сұрап, алаң болатын да ешкім табылмайды.
Оның дүниеде бары да бір, жоғы да бір. Қысқасы, Лизон қандай күйде жүргенінде ешкімнің шаруасы болмайтын, тіпті жақындарының да жаны қиналмайтын, өліп кетсе де жоқтауы жоқ, маңайындағыларының назарына ілігіп, жүректеріне жол таппаған әншейін ерқара елеусіз адамдардың бірі еді. "Лизон апай" деген сөз де "қант салғыш", "шай құман" деген қарабайыр сөздер сияқты, ешкімнің көңілін селт еткізбейтін-ді.
Ол жүргенде де әлденеге асығып-үсігіп, сыбыр-сыбдырсыз, аяғының ұшынан ғана басады; қолы ет пен сүйек емес мақтадан жаратылғандай, неге тисе де тықыр еткен дыбыс шықпайды, бәрін де бәпектеп, аялап ұстайды.
Ол алдағы тойды естігенде келуге қысыла-қысыла, шілденің ортасында зорға келді. Біраз сыйлық әкеліп еді, бұл үйдің іші оларын да құлықсыз қабылдады. Жұрт оны келмей жатып ұмытып та кетті.
Бірақ, ол әлденеге іштей толқып, күйеу мен қалыңдықтан көз жазбады, аяқ астынан ширақтық бітіп, бөлмесіне ешкімді бас сұқтырмай, өзі тігіп, өзі пішіп, жасаудың қамына жан сала кірісті.
Ол біресе өзі қайыған орамалды, біресе қалыңдық пен күйеу жігіттің аты-жөні кестеленген салфеткаларды әкеліп:
— Қалай, жақсы ма, Аделаида? — деп, көрсетіп алып кетеді.
Баронесса оларына ат үсті көз салып:
— Лиза, сен соншама әбігерленбей-ақ қой, — дейді.
Айдың аяқ шеніндегі от шашқан аптап-аңызақтан кейін ай туды; төңірегіндегі нәрсенің бәрі сүйсінтіп, бәрі желпінтіп, жанында қалғып жатқан не бір асқақ сезімдерін қайта буырқанып, көңіліңді тоқсан толқытқан сүттей жарық, әсем түндер келді. Сырттағы майда самал тып-тыныш қонақжайдың ішіне лап қояды.
Абажурдан түскен алақандай дөңгелек жарыққа барон мен баронесса карта ойнайды, Лизон апай олардың қарсы алдына отырып алып, кесте тігеді, ал екі жас ашық терезеден ай нұрына малынған жазғы бақты тамашалап тұрады.
Шегіршін мен жөкенің селдір көлеңкесінен бұғының тәніндей алашабырланып көрінген жасыл шалғын қара түнек тоғайға ұштасып жатыр.
Жанна мынандай жайсаң түнге, нұрға шомылған ағаштар мен бұталарға қызығып кетті.
— Папа, есік алдындағы алаңқайға қыдырып қайтайықшы.
Есіл-дерті ойында отырған барон:
— Балалар, өздерің бара берсеңдерші, — деп жайбарақат карта тарата берді.
Олар сыртқа шықты, айдың жарығында ақсиып жатқан шым соқпақты бойлап орманға қарай беттеді.
Түн ортасы ауып кетті. Олар үйге қайтпады. Баронесса шаршап, бөлмесіне кетпекші боп:
— Әлгі балаларды шақырмаймысың, — деді күйеуіне.
Барон қараңдап қос көлеңке сенделіп жүрген самаладай жап-жарық бақ ішін көзімен бір шолып шықты да:
— Бақтың іші тамаша екен. Шақырмай-ақ қоялық. Лизон күте тұрар. Солай емес пе, Лизон? — деді.
Кәрі қыз абыржып, көзін көтерді, ылғи жүрексініп тұратын үйреншікті бәсең даусымен:
— Әрине, күтем ғой, — деді.
Барон әйелін қолтығынан алды, күндізгі ыстықтан өзі де әбден қалжырап қалыпты.
— Мен де жатайын.
Екеуі де бөлмелеріне кетті. Лизон апай қолындағы ісін, ине-жібін креслоның жақтауына қойып, терезенің алдына барып, әдемі түнге көз салды. Күйеу жігіт пен қалындық үй мен тоғай арасында әрлі-берлі сенделіп жүр. Екеуінде де үн жоқ, бір-бірінің қолынан қысып ұстап алыпты. Мынандай кереметтей көркем кең дүниеге екеуі де біржола араласып еріп кеткендей.
Кенет Жанна шамның жарығынан көлеңкесі түсіп, терезе алдында қарайып тұрған кәрі қызды көзі шалып қалды.
— Қараңызшы, Лизон апай бізді аңдып тұр.
Виконт та дереу басын көтеріп, ойланып жатпастан:
— Иә, Лизон апай бізді аңдып тұр екен, — дей салды. Сөйдеді де, екеуі бұрынғы аймаласқан күйі, үнсіз қиялға шомып, қыдыра берді. Шөпке иық түсті. Екеуінің де денесі тоңазып, тітіркеніп кетті.
— Үйге оралатын кез болды, — деді Жанна.
Олар үйге қайтты. Екеуі қонақжайға оралғанда, Лизон апай кестесіне қайта кіріскен екен; әбден шұқшиып алыпты, шаршағаннан ба, қолдары дір-дір етеді.
Жанна қасына барып:
— Апа, ұйықтайтын уақыт болды ғой, — деді.
Кәрі қыз басын көтеріп еді, жылап алған кісідей, көзі күлбіреп ісіп кетіпті. Ғашықтар оны байқаған жоқ; алайда жас жігіт қасындағы бойжеткеннің малмандай су болған аяқ киіміне көзі түсіп. аяп елжірей тіл қатты.
— Аяғыңыз тоңған жоқ па, сүйіктім.
Сол-ақ мұң екен, Лизон апайдың қолдары қалтырап, тоқып отырғаны жерге түсіп кетті; шүйкесі еденде домалап барады. Өзі қос алақанымен бетін басып өксіп-өксіп жылап қоя берді.
Қыз бен жігіт аң-таң, орны-орнында қатты да қалды. Біраздан соң Жанна қасына жүгіріп барып, жер тізерлеп отыра кетті.
— Саған не болды, Лизон апай? — деп жалына бастады. Бейшара әйел көмейіне жас тығылып, сөйлей алмай:
— Оның әлгі сұрағын айтам-ау... Аяғың тоңған жоқ па дейді. Менен өйтіп ешкім сұрап көрген емес... — деп балпылдады.
Жанна бұған не дерін, не істерін білмей қиналып, аң-таң боп тұрып қалды.
Лизон апайдың да асты-үстіне түсіп бәйек боп жүретін ғашық жігітті көксегеніне күліп жібермей шаққа шыдады, ал Виконт күлкісін жасырмақшы болып, теріс айналып кетті.
Лизон апай атып тұрды да шүйкесін еденге, кестесін креслоға тастап, қолына шырақ та алмастан, қараңғы сатымен жүгіре жөнелді. Сипалап жүріп өз есігін тауып алды.
Оңаша қалған қыз бен жігіт бір-біріне аңтарыла қарады; олар үшін бұл бір әрі күлкілі, әрі аянышты оқиға болды.
— Байғұс апа, — деп күбірледі Жанна.
— Бүгін, шамасы, басына бір шалыс ой қашқан ғой, — деді Жюльен.
Олар қоштасуға қия алмай, бір-бірінің қолын қысып тұрып қалды, сосын бір уақытта ұяла-ұяла, Лизон апайдың креслосының қасында алғаш рет сүйісті. Ертеңіне Лизон апайдың жылағанын атымен ұмытып та кетті.
Той қарсаңында екі апта бойы Жанна толқын соғып, қалжыратып тастағандай бейжай, сүлесоқ жүрді.
Ал, той күні таңертең оның ештеңені ойлауға мұршасы да болмады, ет сүйегі, қаны бір-бірімен араласып кеткендей, бір түрлі өне бойы мүжіліп барады; бірдеңені ұстайын десе, саусағының әлі жетпей, айырылып қалады.
Ол шіркеуде некесін қиып жатқанда барып бойын жинады. Бұл енді күйеуге шықты! Бұның енді күйеуі бар! Таң атқалы болып жатқан оқиғалар мен бұны әбден сілелеткен әрқилы сезімдер бір түрлі көрген түс тәрізді.. Адамның кейде айналасы түп-түгел атымен өзгеріп кеткендей боп көрінетін шақтары болады-ау! Ондайда кез келген ұсақ нәрсенің өзі үйдей мәнге ие болады, тіпті уақыттың өзі адам айырғысыз боп, шатысып кетеді. Жанна да тап сондай халде, әрі абыржып, әрі айран-асыр қап тұр. Кеше ғана төңірегінің бәрі бәз-баяғы қалпында еді, тек өне бойын түгел билеп, баурап бара жатқан арманы мен аңсары ғана соны еді... Бүгін енді, мінекей, ұйқыға кетерде — қыз еді, ояна келсе — әйел болыпты!
Демек, арман боп көкірегіңе ұялаған ертеңгі болашақтың барша қуаныш-қызығын көлегейлеп келген әлгі бір шекара алыныпты. Енді оның алдында айқара ашылып бейтаныс есік күтіп тұр; табалдырығынан аттасаң болды — көптен бергі көксегеніңмен қауышасың!
Неке қиылды. Шіркеудің салтанат сарайына бастарын сұғып еді, тойға адам шақырылмағандықтан аңылжып бос тұр екен. Сосын қайтадан есікке беттеді.
Жас жұбайлар табалдырықтан аттай бере әлдене гүрс ете қалды — жас келін ыршып түсті, баронесса айқайлап жіберді. Ол мылтық атып жатқан шаруалар болып шықты. Бұлар Теректіге жеткенше, төңірек тарс-күрс болды да жатты.
Үй ішінің адамдарынан бірге келген осы төңіректің кюресі мен Ипордың кюресі, мэр, некелескенде куә боп тұрған осы жердің қадірлі-қадірлі фермерлеріне қонақасы берілді.
Олар түскі тамаққа дейін бақшаға шықты. Барон, баронесса, Лизон апай, мэр, Пико аббат Аделаида ханымның саяжолында серуендеп, екінші аббат көрші саяжолда қыдырып жүріп дұға оқыды.
Ауладан алма ағаштардың түбінде сидр ішіп отырған шаруалардың дуылдасқан үндері естіледі. Осы төңіректің барлық адамы сонда, шеттерінен безеніп киініпті. Жас жақтары ойын-сауыққа кіріскен. Жанна мен Жюльен тоғайды кесіп өтіп, баурайға барды да, теңізге қарап тұрып қалды. Тамыз орталаса да күн әлі шайдай ашық, түстіктен жел бар, күлімдеген күн көзі зеңгір көкте жүзіп барады.
Жас жұбайлар сая іздеп, Ипорға қарай құлап жататын иірім-иірім ну жынысты алқапқа түсті. Қалың ағаштың арасында селт етер леп жоқ. Олар орманның түбіне қарай бастайтын жалғыз аяқ соқпаққа бұрылды. Соқпақ тап-тар, қатарласып жүруге болмай қалды. Сол мезетте Жанна жайлап беліне оратыла түскен қолды байқады. Онда үн жоқ, тынысы бітіп барады, жүрегі тарсылдап қоя берді. Бұтақтар ауық-ауық шашын сипап қояды; бұғып өтуге тура келді. Жанна бір жапырақты жұлып алды, түймедей екі қоңыз айырылмай жабысып алыпты.
Қыз жүрегін басып, абайсызда:
— Бұлар да қосақтаса қалыпты, — деп салды. Жюльен оның самайын ернімен ұйпалап:
— Бүгін кешке сен де маған әйел боласың, — деді.
Ол қанша табиғаттың қақ ортасында жүріп, талай нәрсені өз көзімен көрсе де, махаббаттың өңшең жырға қосып айтатын әсем жағына көңіл бөлетін-ді, мына сөзге таңғалды. Әйелім боласыңы несі, ол осы қазір де әйелі емес пе?
Енді виконт оны маңдайынан, самайынан, шықшытынан, мойнынан шөпітіп сүйе бастады. Еркектің бұрын өзі көрмеген тап мынадай тегеурінді сүйістерінен тайсақтап, бұғып ап, басын қашырып бағып еді, құтыла алар емес, өзінің де өне бойы шымырлап, елжіреп-еріп барады.
Олар орманның шетіне шыққандарын бірақ байқады. Жанна жұрттан осыншама ұзап кеткендерінен қысылып, кілт кідірді. Бұлар туралы андағылар не ойлап жатыр екен?
— Үйге қайтайық, — деді ол
Жюльен оның белінен қолын тартып алды. Екеуі де жалт бұрылып еді, бір-бірімен беттесе қалыпты; тіпті бірінің тынысын бірі айқын сезіп тұр. Көздері де бір-біріне қадалып қапты. Екі көкіректі біржолата біріктіріп жібермей тынбайтын, ішіп-жеп бара жатқан қос жанар бір-бірінің көңіліндегі сонау түкпірге тығылып ап, бұғып жатқан құпия сырларды білгісі кеп, көп сауалды көзбен жаудырып, тексере-тергей, телміре қарайды. Олар біріне-бірі мұншама неге тесіледі? Олардың ендігі ортақ өмірі қандай боп өтпек? Неке деп аталатын қосақтаулы тіршілікте олар біріне-бірі қандай қуаныш, қандай қайғы тап қылар екен? Олар алғаш рет кездесіп тұрғандай, бір-біріне көздерін айырмай, көп қадалды.
Кенет Жюльен білегін Жаннаның иығына асып, ерніне қадала кетті. Ғұмырында ешкім оны бұлай сүйіп көрмеп еді. Мына бір сүйіс тәніне сүңгіп еніп барады, тіпті миы мен қанына да дарып бұрғылап жатқандай; бұрын-соңды байқалмаған бір бейтаныс сезім билеп, Жюльенді кеудесінен қос қолдап итеріп қалып еді, ол шалқасынан құлай жаздады.
— Кетейік, бұл жерден, кетейік, — дей берді Жанна.
Жюльен тырс үндемей, оның қолына қолы бір ұмсынды да, қайтадан, жібере салды. Үйге жеткенше екеуі де жақ ашқан жоқ.
Дастарқан тым кеш даярланды. Өзі өте жұпыны жасауланыпты, тез бітті. Нормандарда мұндай әдет анда-санда бір кездесетін-ді. Меймандар әлденеге аңтарылып отыр. Тек екі дін адамы мен мэр, фермерлер ғана той болған соң күлу керек қой деп, жөнді-жөнсіз қарқылдаумен болды.
Былайғы жұрт әбден томсарып алды, бірақ мэрдің қуақы қалжыңдары өшкен күлкіні қайта тірілтеді. Сағат тоғызды ұрды, кофе берілді. Алма ағаштардың түбіндегі деревня тойы қызудай-ақ қызып жатыр. Ашық терезеден олардың сауық-сайраны түгел көрініп тұр. Ағаштың бұтағына ілінген аспалы шамдардан жапырақтарға шаңқан жасыл нұр шашырапты. Жас қыздар мен жігіттер шырқ айнала тұрып ап, секеңдеп билеп, дауыстары қарлыққанша ән айтып, мәз-мейрам; оларды сахнаның орнына үстелдің үстіне шығып алған екі скрипка мен бір кларнет қостап тұр. Барған сайын шаруалардың дарақы дауыстары аспаптардың үнін баса түсті; өкірген, бақырған айқайлардың ара-арасынан жырым-жырым күй сазы ауық-ауық естіліп қалады.
Шаруалар шыр айнала шырағдан қойылған қос күбіден емін-еркін сіміріп бақты. Екі даяшы әйел стақан, крүжке, тостағандарды дамылсыз толтырып, ұсынып жатыр. Жұрт та ыдыстарын тезірек қағып салып, күрең шарап пен мөлдір сидра саулап тұрған шүмектің астына қайта тосады. Желпініскен бишілер, ақсақал қариялар мен ақ тер, көк тер қыздардың қай-қайсысы да шалқайып тұрып өңешке бір-ақ құя салатын ыдыстың құлағына қолымыз қашан жетеді деп ентелесе қалыпты.
Анадай жерде басытқыға үстел үстіне нан, май, ірімшік, тураулы шұжықтар қойылыпты. Самаладай жарық бақтағы мына думан тымырайып-тымырайып отырған мырзаларды да еліктіріп барады. Олардың да анау опыр-топырға араласып, күбіге бас қойып, нан мен ірімшікті пиязға қосып асап ап, биге қосылып кеткілері кеп, делебелері қозып отыр.
Мэрдің өзі де үстелді ұрып отырған пышағын тастай салып:
— Сайтан алғырлардың құйқылжытуын-ай! Ганаштағы той тәрізді екен! — деп қойды.
Қонақтар тұншыға күлді. Өкімет атаулыға жұлдызы қарсы Пико аббат:
— Канныдағы некелесу тойы деп сөйлеген ләзім, — деп түзетті.
Бірақ, мэр ол ақылға құлақ аспады.
— Жоқ, аббат, не айтатынымды сізден сұрамаймын, "Ганаштағы той" деген екем, айтқаным айтқан.
Жұрттың бәрі орындарынан тұрып, қонақжайға өтті. Одан қара халықтың думанына барып араласты. Сосын үйді-үйіне тараса бастады. Барон мен баронесса бірдеңе жайында сыбырласа қалыпты. Шамасы, мадам Аделаида күйеуінің айтқанына көнбей жатса керек, өзеурей сыбырлайды, тіпті болмаған соң даусы шығып кетті.
— Жоқ, достым, мен бұған қалай кірісуді біле алмай тұрмын!
Сол-ақ екен, әкесі жалт бұрылып Жаннаның қасына келді:
— Қыдырып қайтамыз ба, балапаным?
— Иә, папа, — деді қызы, даусы толқып.
Екеуі шығып кетті. Табалдырықтан аттап, теңіз жаққа енді бет ала бергенде, күз сылайын әкелген салқын леп қармай алды.
Көкте біресе жұлдыздарды көміп кетіп, біресе қайта ыдырап қара құрым бұлт жөңкіп жүр.
Барон қызының шынтағын бауырына қысып, білегінен еркелете сипады; бірдеңеге дәті шыдамай, жүрексініп тұрған түрі бар. Ақыры, не де болса, айтып тынуға бекінді.
— Көгершінім, саған бұл әңгімені анаң айту керек еді. Ол бас тартты. Енді міне менің өзім айтуыма тура кеп тұр. Сенің тұрмыстан не біліп, не қоятының маған беймәлім. Әдетте балаларға, әсіресе қыздарға жасына жетпей бұзылып кетпесін деп, қашан ендігі бақытына бас-көз болатын қалаған адамының қолына ұстатқанша, кінәратсыз таза болсын деп, ата-анасы аузынан шығармайтын бір құпия сыр болады. Өмірдің әлгі бір жұмбақ тәттісін көлегейлеп тұрған пердені өз қолымен серпіп ашатын да сол ақ некелі адам ғана. Бірақ, өмірдің ондай жұмбағынан атымен беймәлім сәби қыздың мұндай тұрпайы шындықты бетпе-бет көргенде жәбірленіп, жер болып қалатыны да бар. Ондай қыздар жаны ғана емес, тәні де жарақатқа ұшырағасын, шыдай алмай жұбайының табиғатқа да, адамға да әбден тән, еш айыбы жоқ әлгіндей пәрменіне көнбеймін деп, бетінен қағып, оспадарсыздыққа ұрынады. Мен бұдан әрі ештеңе айтпаймын. Тек оның саған басыбайлы қожа екенін ұмытпасаң болғаны.
Ол, шыннан да, не білуші еді? Бұл не күмән? Жанна көкірегін әлдене езіп-жаншып, жанына жай таптырмай, бебеулетіп, кеулеп бара жатқан қасіретті, тағы бір сойқан сұмдықты іші сезгендей, тұла бойы тітіркеніп сала берді.
Олар үйге қайтып оралды. Жанна анасы Жюльеннің кеудесіне басын тығып жылап жатқанын көріп, есіктен аттай бере, аңырып тұрып қалды. Анасының өксігені ұсталардың көрігінің деміндей — пыс-пыс етеді; тек көзінен ғана емес аузы-мұрнынан да жас тамшылап жатқандай. Жас жігіт өзінің жанындай жақсы көретін жалғыз қызын аяла, қамқор бол деп егіле жалбарынған семіз әйелді қалай демерін білмей ыңғайсызданып, құты қашып тұр.
Барон көмекке ұмтылды.
— Ау, қойшы енді, мына тойды осындай жылап-сықтаусыз-ақ өткізейікші.
Ол әйелін креслоға отырғызды. Ханым су-су көзін сүрте бастады. Барон қызына бұрылды:
— Ал, балапаным, анаңды бетінен сүй де, барып ұйықта, — деді.
Жанна көз жасын әзер іркіп, ата-анасының бетінен сүйіп, қаша жөнелді.
Лизон апай баяғыда-ақ бөлмесіне тығылып алған-ды. Барон, баронесса, Жюльен үшеуі оңаша қалды. Үшеуі де үн қатуға бір-бірінен ұялып отыр, әлі фрактерін шешпеген еркектер жерге қарап тікесінен тік сілейіп тұр, ал мадам Аделаида өксіп-өксіп қойып, креслода жамбастап жатыр. Бұдан әрі үн-түнсіз тұра берудің реті қалмады. Барон жас жұбайлар саяхатының жайын сөз етті.
Дәл осы уақытта Жаннаны шешіндіріп жатып, Розали ағыл-тегіл жылап тұрған-ды. Ол бикештің өзінен бетер қиналса керек, қолы еркіне көнбейді, түймелердің ешқайсысын таба алмай-ақ қойды. Бірақ Жанна қызметші қыздың көз жасына көңіл аудармады. Ол бұрынғы үйреншікті нәрселердің бәрімен қош айтысып, атымен өзге бейтаныс әлемге тап болғандай бір есірік халде. Оның бұған дейін санасына ұялаған нәрселерінің бәрі дүние асты-үстіне келіп, аламан-асыр болған соң айдалаға быт-шыт шашылып қалған тәрізді. Ол тіпті "осы күйеуімді сүйемін бе, жоқ па" деп те ойлай бастады. Ол бұған аты келді жат біреу сияқты көрініп кетті. Осыдан үш-ақ ай бұрын мұндай адамның дүниеде бар-жоғынан атымен бейхабар еді, енді, міне, оған әйел болды. Неге? Құдды бір аяғының астындағы ұйыққа оқыс құлағандай. Күйеуге шығуға осынша асығып, неден ділгер бола қалды екен?
Жатардағы сыланып-сипануды аяқтады да, көрпесіне сүңгіп кетті; салқын төсек денесін қарып алғандай болды; ол осы соңғы екі сағаттан бері бойын билеп алған жалғыздықтың үрейін тіпті күшейте түсті.
Розали ағыл-тегіл жылаған қалпы кетіп қалды. Жанна енді күйеуінің келуін тосты. Әлгінде ғана әкесі айтқан махаббаттың ұлы жұмбағы деген түсініксіз құпияның не болып шығатынын үрейлене күтті; жүрегін әлдеқандай бейтаныс қасірет шымшып-шымшып алды.
Кенет біреу есікті үш рет қақты, оған дейін сатыдағы аяқ дыбысын да естімепті. Тұла бойы түршігіп, дірілдеп қоя берді. Жауап бермеді. Есік қайта қағылды. Сәлден кейін сырт етіп тиек ашылды. Жанна бөлмесіне ұры кіріп келе жатқандай жалма-жан бүркене қойды.
Паркетті сықыр-сықыр басқан аяқ дыбысы естілді, әлдекім төсегін сипағандай болды.
Ол орнынан атып тұрды, жан ұшыра сыбырлады; көзін ашып еді қарсы алдында күле қарап тұрған Жюльенді көрді.
— Сіз менің зәремді ұшырдыңыз ғой, — деді оған Жанна.
— Ендеше, сіз мені атымен күтпеген болдыңыз, — деді күйеуі.
Жанна жауап бермеді. Жюльен тойда киген киімін әлі шешпепті, сол баяғы тәкаппар сұлу еркек қалпы. Жаннаға мынандай сылқым еркектің алдында төсекте ұзыннан сұлап жатқаны ұят сияқты көрініп кетті.
Олар не істеп, не қоятынын да, не деп сөйлесерін де білмеді. Жұбайлық бақыттың тағдыры шешілетін осындай сын сағатта бір-біріне тіктеп қарауға да дәттері шыдамады.
Жюльен бұндай жекпе-жекте қиялға шомып өскен қыз жанын, оның періштедей пәк ар-ұятын жәбірлеп алмас үшін асқан ептілік керектігін, өзін-өзі ұстай біліп, ақылмен аялап-аймаламаса, шошытып жіберерін, дүдәмал болса да, сезіп-біліп тұр.
Жаннаның қолын сүйді, махаббат тәңірісінің алдында тағзым еткендей, төсектің жанына барып, тізерлеп тұрып, естілер-естілмес қып:
— Сіз мені сүйесіз бе? — деп сұрады.
Жанна жүрегі орнына түскен болса керек, бұйра шаш басын жастықтан шұғыл көтеріп алып, оған қарап күлімсіреді.
— Достым-ау, мен сені әлдеқашан сүйіп ем ғой.
Жюльен әйелінің сүйріктей саусақтарын аузына апарып:
— Ендеше, сол сүйіспеншілігіңізді дәлелдеуге әзірсіз бе? — деп тұншыға сыбырлады.
Жанна шошып кетті; аузына не түскенін өзі де білмей, әкесінің манағы ақылы жадына оралып:
— Менің басыбайлы қожам өзіңіз ғой, — деді.
Күйеуі білегін шөп-шөп сүйіп шығып, бетіне жармасты. Жанна тағы да тас бүркеніп қалмақшы еді, жігіт көрпені серпіп тастап, мойнының астына қолын сұғып, жастық-мастығымен көтеріп алды да:
— Демек, маған қасыңыздан орын береді екенсіз ғой, — деп деміге сұрады.
Қызды бір табиғи қорқыныш биледі.
— Кейін, тәңір жарылқасын кейін, — деп шошына күбірледі.
Күйеуі бұған біраз аңырып тұрды да, қайтадан өңмендей жөнелді.
— Несіне қашқалақтайсың, бәрібір ақыр түбі болмай қоймайтын шаруа ғой?
Мына сөзге Жанна жәбірленіп қалды, бірақ бағынышты қалпын бұзбай:
— Еркім өзінде ғой, достым, — деді.
Күйеуі сол бойда-ақ шешінетін бөлмеге кірді. Жанна оның әр қимылын, шешкен киімінің сусылын, қалтасындағы ақшасының шытырлағанын, аяқ киімдерінің дүрсілін ап-анық естіп жатты.
Кенет ол тұз киімшең, шұлықшаң күйі бөлмені кесіп жүгіріп өтіп, каминнің үстіне сағатын қойды. Сосын көрші бөлмеге барып, біраз кідіріп қалды; одан қайта шыққанын естіп, Жанна теріс қарап, аунап түсіп, көзін тарс жұмып алды.
Бөтен біреудің мұп-мұздай жүн-жүн балтыры аяғына оратыла кеткенде, атып тұрды; еденге қарғып кетуге аз-ақ қалды. Қорқыныш пен намыстан шыңғырып жіберем бе деп күйзеліп, қос қолымен бетін басып, төсектің шетіне сұлап түсті.
Жюльен теріс қарап жатса да, оны ту сыртынан қапсыра құшақтап ап, мойнынан өліп-өшіп сүйе жөнелді.
Ол тырп етпеді, өктем қолдың алас ұрып іздеп жүрген көкірегін қос шынтағымен қысып алып, қатты да қалды. Демі таусылып барады. Осы бір озбыр адамның мынау оспадар қылығынан құтылу үшін, үйдің сонау түкпіріне дейін қашып барып, басқа бөлмеге тығылып, есікті тарс жауып алғысы кеп те жатыр.
Қозғалмады. Ту сыртын Жюльеннің денесі жылытып барады. Қорыққанын қойды. Қайта орнынан аударылып, оны құшақтап, сүйіп алғысы келіп кетті. Әбден төзімі таусылды білем, Жюльен налып тіл қатты:
— Сіз маған неге осынша әйел болғыңыз келмейді?
Ол қолымен бетінен қалқалаған күйі, күбірлеп жауап қатты:
— Мен сізге әйел болған жоқпын ба?
— Жоқ, сіз мені мазақ қып жатырсыз, — деді күйеуі, даусына зіл араластырып.
Күйеуінің налығаны жанына батып кетті, кешірім сұрағалы оған қарай аударылды.
Жюльен ашығып қалғандай, қомағайлана, құныға ұмтылды, мойнынан, бетінен шағып-тістегендей қып, күйдіріп-күйдіріп сүйе бастады; асты-үстіне түсіп аймалап, бойын балқытып барады. Жаннаның қолы жазылып кетті, еркектің ендігі өктемдігіне қарсы тұра алмады. Оның не істейтінін де, өзінің не істейтінін де білген жоқ. Ойы тұманданып, есіне ештеңе түспеді. Кенет өткір пышақтың жүзіндей бір ауыр жарақат тәніне сүңгіп бойлап бара жатты; ол күйеуінің темірдей тегеурінді құшағынан босанбақшы болып, алас ұрып, тұншыға жылап, жан ұшыра жанталасты.
Одан әрі не болып, не қойғанын білген жоқ, есінен танып қалды; тек күйеуінің аса разы боп, ернін шөпілдетіп, үсті-үстіне сүйгенін көмескі сезді. Бірдеңе деп тіл қатып еді, ол жауап берген сияқты. Сосын күйеуі төсіне қайта өрмелей бастады, бірақ, зәре-құты қашқан ол жан-дәрмен кеудесінен итеріп жолатпады. Сол арпалыс үстінде мана балтырын тырнаған қылтанақтар енді көкірегіне қадалып, шошып кетті.
Ақыры пайдасыз жанталастан мезі боп, шалқасынан жатып алып, ойға шомды. Аңсары ауып армандаған ләззаты осындай оспадар бірдеңе боп шықты. Тәтті үміті талқан болып желге ұшты, игі сезімі күйреп, күлге айналды, әлгі "әйелім болсайшы" дегені мынау екен...
Ол соның бәрін ойлап, ескі махаббат аңызының суреттері салынған қабырғаға мұңдана қарап, ұзақ жатты.
Бірақ, Жюльенде неғып үн жоқ, неге қыбырсыз қалды екен деп жүзіне үңіліп еді, ол аузы ашылып, жайбарақат ұйықтап жатыр. Өз көзіне өзі сенбеді. Жанына күйеуінің әлгі озбырлығынан гөрі мынасы қаттырақ батқан сияқты. Демек, бүгінгідей түнде бүйтіп қаннен-қаперсіз ұйқы соқса, онда бұл ол үшін жай әншейін көлденең көптің бірі болғаны. Демек, екеуінің арасындағы бүгінгі оқиға ол үшін көптен бергі үйреншікті машық екен! Ой, бүйтіп қорлағанша, есінен танғанша сабағаны, қайта-қайта жаншылап зорлағаны, әлгі бір жексұрын аймалауларымен жанын азапқа тірілей салғаны көп жақсы еді ғой!
Ол шынтақтаған күйі күйеуінің жүзіне телміре қарап, оқтын-оқтын қорылын тыңдап, бақырайып жатты да қойды.
Таң білінді, бөлмеге әуелі бозамық сәуле дарып, бірте-бірте ағара-ағара келіп, ақыры қызғылт тартты; көз ұялтардай боп күн сәулесі түсті. Жюльен көзін ашты, есінеді, керіліп-созылды, сосын әйеліне қарап күлімсіреп:
— Жақсы ұйықтадың ба, жаным? — деп сұрады.
Жанна оның бұдан былай өзіне "сен" деп сөйлейтінін аңғарып, абыржып қалды.
— Жақсы ұйықтадым, әрине. Ал, өзіңіз ше?
— Мен де кереметтей жақсы ұйықтадым.
Әйеліне қарай аунап түсті; бетінен бір сүйіп ап, әңгімелесе бастады. Ол өзінің "үнемге" құрылатын болашақ өмірінің жоспарын айта жөнелді. "Үнем" деген үйреншікті сөзін қырық қайталаған шығар. Жанна онысына қайран қалды. Күйеуінің әңгімесіне түгел түсінбесе де, тыңдай берді. Оған қарап жатып, көңіліне талай-талай ой қашты.
Сағат сегізді ұрды.
— Тұрайық, төсекте жата бергеніміз ерсі шығар, — деді Жюльен. Алдымен өзі тұрды, киінді, әйелінің киінуіне Розалиды шақыртпай-ақ, өзі жәрдемдесті.
Бөлмеден шығып келе жатып, Жаннаға:
— Енді өзара "сен" деп сөйлесейік, ал ата-анамыздың алдында бұрынғыша "сіз" дей берейік. Некелесу саяхатынан қайтқанда, бұнымыз өзінен-өзі жарасымды боп кетеді, — деді.
Жанна сәске түсте дастарқанға келді. Күндер әдеттегідей өтіп жатыр, өзгере қойған ештеңе жоқ. Тек бұл үйге бір бөтен адам қосылды.
V
Төрт күннен кейін бұларды Марсельге әкететін күйме келді.
Алғашқы түнгі қорқыныштан соң, Жанна Жюльеннің жақындағанына, аймалап сүйгеніне әбден үйреніп алды. Бірақ, оның жұбайлық жасап, өзеурей бергеніне деген жеккөрініші күн санап арта түспесе, әлсіреген жоқ. Дегенмен, ол оны ұнатады, тіпті сүйетін де сияқты, сондықтан қайтадан көңілді, шат-шадыман қалпына түсті.
Бұл жолы бұрынғыдай ұзақ қоштасып, жылап-сықтап жатқан ешкім болмады. Тек жаңғыз баронесса ғана көзіне жас алды. Ол дәл аттанар алдында қызының қолына ішіне тас тығып қойғандай ап-ауыр әмиянды қыстыра салды.
— Сен енді жас келіншексің, мынаны жеке өзіңнің ұсақ-түйек шығындарыңа жаратарсың, — деді ол.
Сол күні кешқұрым Жюльен:
— Анаң қанша ақша берді? — деп сұрады.
Жанна әмиянды әлдеқашан ұмытып кеткен-ді, қалтасынан суырып алып, тізесіне төгіп, санап көріп еді, екі мың франктен астам ақша боп шықты; қуанып алақанын шапалақтады.
— Қалай жұмсасам да жететін болды!
Олар ми қайнатқан аптапта бір апта жолда болып, өліп-талып Марсельге жетті. Ертеңіне таңертең жол-жөнекей Аяччаға соғып, Неаполға баратын "Король Людовик" пакетботына отырып Корсикаға аттанды.
Корсика, Қызғалдақтар! Бандиттер! Таулар! Наполеонның тұрған жері! Жанна қайтадан шындық дүниесін тастап, қиял дүниесіне енді.
Олар палубада тұрып, қапталдасып қалып бара жатқан Прованс аралын қызықтады. Мынау қошқыл көк теңіз жазирасы аспан астын тегіс кеулеп алған өрт сәуледен балқып еріп, қайта қатып қалғандай, тырп етпей тып-тыныш жатыр.
— Ластик ағайдың қайығына мініп қыдырғанымыз есіңде ме?
Күйеуі жауап берудің орнына, құлағының түбінен шөп еткізіп сүйіп алды.
Кеме көк теңізді қарс айырып тіліп келеді, соңына шампандай көпіршіген ақ түтек толқыннан ақ жолақ із тастап барады.
Кенет кеменің тұмсығынан үш-төрт аттам жерден еңгезердей бір дельфин су бетіне шоршып шықты да, қайта сүңгіп кетті. Жанна шошып, айқайлап жіберді, жалма-жан Жюльеннің бауырына тығылды. Артынша-ақ осынша есі қалмай қорыққанына өзі күліп, әлгі хайуан тағы да көрінбес пе екен деп, су бетіне қызыға көз тікті. Арада бірер секунд өтер-өтпесте дельфин қайта шығып, қайта батты; сәлден кейін тағы да жылт етті. Енді екеуі шықты, іле-шала үшеу болды, сосын алтауы бірдей көрінді. Өздерінің темір сағал, ағаш бауыр алып достарына - бұлар мінген кемеге қошамет көрсеткендей қапталдасып жүзе бастады. Кеменің біресе он жағына, біресе сол жағына өтіп, өзара бәсекелескендей жарыса жүзіп келе жатып әуеге қарғиды, шыр көбелек айналып шоршып түседі де, суға батып жоқ болады.
Мұншама епті, мұншама шебер жүзгіштер су бетіне қайта шыққан сайын, Жанна алақанын шапалақтап, қуанып қалады. Оның жүрегін бір пәк қуаныш кернеп, әлгілердей ойнақ салып жүрген тәрізді.
Кенет делфиндер жым-жылас ғайып болды. Сонадайдан барып-барып бір рет жалт етті де, сосын қайтып көрінбеді. Әуеде де, суда да селт етердей ештеңе жоқ. Мұхит пен аспанның мұншама жым-жырттығы алас ұрған жүректі орнына түсіргендей, ол екеуінің, жандары жай тауып қалыпты.
Күн көзінің алып дөңгелегі әлі көріне қоймаса да күн жеп күйіп қалған топырағының күңірсік лебі қазірдің өзінде-ақ біліне бастаған. Африка жеріне қарай асыға домалап барады; күн батқаннан кейін самал деп айтуға аузың бармайтын, бір болар-болмас өлімші леп беттерінен жалап өтті.
Олар кеменің күлімсі жексұрын иісінен жүректері айнып, каютаға барғысы келмеді, плащтарына оранып, палубаға қатарласып жата кетті. Жюльен жатқан бойы ұйықтап қалды, ал жолдан алған әсерлерінен алағызып, алабұртып жатқан Жанна қапелімде көз іліндіре алмады. Доңғалақтардың біркелкі үні маужырата түсті. Төбеде түстік аспанының быжынаған жап-жарық жұлдыздары жымыңдайды.
Таң алдында зорға көз жұмып еді, бір у-шу, абыр-сабыр дауыстан оянып кетті. Ол — әндете жүріп кеме жуып жатқан матростар екен. Жанна жұлқылап, өлген кісіше серейіп әлі ұйықтап жатқан күйеуін оятты. Екеуі орындарынан тұрды.
Жанна көкірек сарайын аша түскен теңіздің ашқылтым таза ауасын қомағайлана жұтып бақты. Төңірек — шалқып жатқан көк теңіз. Бірақ алдыңғы жақтан су ішінен енді ғана саз берген таңның бозамық жарығында қордаланған бұлт құсап қоңырайған бірдеңе көзге шалынды.
Әлгі қоңырайған бірте-бірте айқындала түсті; жарқырап ашылып келе жатқан аспан астында ол да тұлғаланып, ұлғайып барады, ұзын шуақ созылған сойдақ-сойдақ шыңдар көрінді, бұл буы бұрқырап, түтіндеп жатқан Корсика еді.
Ар жағынан күн шығып келе жатса керек, биік-биік құздардан ұзын-ұзын көлеңке құлапты, кенет заңғар шындардың бірі қанға малшынғандай қызарып сала берді, ал аралдың өзі әлі мамық тұманға малынып тұр.
Теңіздің тұзды желіне аяусыз тотығып, күнге күйіп әбден мыж-мыжы шыққан, жермен-жексен тапал қария, кеме капитаны, тұғырына шықты да отыз жыл бойы бұйрық беріп, айқай салып қарлығып, аласапыран дауыл кезіндегідей қалжырап шығатын жарықшақ даусымен тіл қатты.
— Сезіп тұрсыз ба, ана сұмырайдың иісі неткен сасық еді!
Жанна да өзі бұрын-соңды көрмеген өзгеше өсімдіктердің ала бөтен иісін сезіп тұрған-ды. Капитан әңгімесін соза түсті.
— Бикеш, бұл жұпар иісі аңқып жатқан атақты Корсика ғой. Айтулы арулардың қай-қайсысы сияқты, оның да өзгелерге ұқсамайтын өз иісі бар. Жиырма жыл көрмесем де, мен оны жер түбінен сезе қоям. Бұл — менің туған жерім. Әлгі әулие Елена аралына жер аударылған кісінің өзі отанының осы иісін айтып, аңсап отыратын еді деседі ғой. Ол кісі бізге туысқан болады.
Капитан Корсикаға, теңіздің ар жағындағы тұтқын императорға, өз бауырына қалпағын алып, тағзым етті. Жанна оның бұл қылығына сүйсінгені сонша, тіпті жылап жіберуге шақ қалды.
Теңізші енді көкжиекті нұсқады:
— Ананың бәрі қанды аралдар ғой, — деді.
Әйелдің белінен құшақтап тұрған Жюльен де Жаннамен бірге теңізші меңзеген тұсты көзімен іздей бастады.
Олар өңшең пирамида сияқты жартастарды зорға тапты; көп уақыт өтпей-ақ кеме оларды айналып өтіп, жан-жағынан етегінен басына дейін мүк сияқты бірдеңе өскен құзар таулар шыр айнала қоршаған кең шығанаққа кірді.
Капитан әлгі өсімдіктерді көрсетіп:
— Қызғалдақтар! — деді.
Кеме ілгері жүрген сайын сақина таулар жымдасып, жан-жағынан сыға түсті; бұлар ара-тұра түбі көрініп қалатын мөп-мөлдір айдында жүзіп келеді.
Кенет алдарындағы тау етегіндегі бухтадан шағаладай шаңқан қала жарқ етті. Портта бірнеше шағын итальян кемелері зәкірде тұр екен. Жолаушы іздеген төрт-бес қайық "Король Людовикті" қазірдің өзінде-ақ төңіректей бастады.
Жюльен шамадандарды жинастырып болып, әйеліне:
— Жүкшіге жиырма су берсек те, жеткілікті емес пе? — деп сыбырлады.
Бүкіл апта бойы ол осындай сұрқия сұрауларымен-ақ Жаннаның жанын жегідей жеп біткен-ді.
— Тақ-тұқ бергеннен, сәл-пәл артық төлеген дұрыс қой, — деп зіл тастай жауап қайырды.
Күйеуі мейманхана иесімен, қызметшілерімен, көршілерімен, қайдағы-жайдағы дүкеншілермен сәл нәрсеге бола қызарақтасады да жатады, оларды ақыры айтқанына көндіріп, әйеліне:
— Мені алдағысы келетіндерді ит етінен жек көрем, — деп қояды.
Есептесер жерге келгенде күйеуім бір тиынға бола жанжал шығарады-ау деп, Жаннаның зәресі кетеді, бұлар берген болмашы ақыға місе тұтпай, соңдарынан состия қарап шығарып салатын қызметшілерді көрген сайын, төбе құйқасына дейін қызарып, өртеніп кете жаздайды.
Жюльен бұларды жағаға шығарған қайықшылармен де бір керісіп алды.
Олардың бұл жерден ең алдымен көрген ағашы құрма болды. Екеуі бір үлкен алаңның шетіндегі адам жоқтықтан аңылжып бос тұрған мейманханаға келіп түскен бойлары тамақтанып алды.
Тамақтан соң Жанна қаланы аралап көргісі кеп, орнынан тұра бергенде, Жюльен мойнына оратылып, құлағына сыбырлады:
— Ең әуелі жатсақ қайтеді, жаным?
Жанна мұнысына қайран қалды.
— Жатайық дейсің бе? Мен әлі шаршаған жоқпын.
Күйеуі бауырына қыса түсті!
— Мен осы жолдағы екі күннің өзінде сені қатты сағынып қалдым. Түсінесің бе?
Жанна ұялғанынан шиедей боп қызарып кетті.
— Мұның не? Тап осы қазір ме? Тал түсте нөмір сұрамақпысың? Жұрт не ойлап қалатынын білемісің? Жюльен, жалынамын, өйтпеші, — деп, қолқа салып еді, күйеуі бет бақтырмай қойды.
— Жұрт не десе о десін, түкіргенім бар ма? Солардан ұят болады екен деп жолымнан қалар жайым жоқ.
Қоңырау шылдыратты. Жанна көзін төмен салып, үнсіз қалды. Күйеуінің осы бір ғұмырда ындыны қанбайтын ашқарақ нәпсісінен аза бойы қаза болып, бетінен басады, оның айтқанына көнгенмен тап осы масқарасын тек хайуандар ғана істейтін оспадар сұрқиялық көріп, жиреніп, қатты жәбірленетін-ді. Бірақ, оған назар аударатын күйеуі жоқ, құдды мұның да құлқыны құрып отыр ғой деп ойлайтындай, құдайы беріп, күлім-күлім етеді.
Қызметші келіп еді, Жюльен оған өздеріне бөлінген бөлмеге алып баруын өтінді. Қызметші бет-аузын түгел түк басқан, Корсиканың нағыз түс тұрғыны екен, мейманының мына қолқасынан ештеңе ұқпай бөлменің тек түнде, жатар орынға ғана әзір болатынын түсіндіріп бақты.
Жюльеннің оған зығырданы қайнады.
— Бізге қазір керегіп отыр. Жолдан шаршап қалдық, тыныққымыз келеді.
Қызметші миығынан күлді, Жанна ұялып, жерге кіріп кете жаздады. Бір сағаттан соң бөлмеден шыққанда, қызметшілердің қасынан беті дуылдап зорға өтті; олар қазір бұның көзін ала беріп, сыпсыңдап, мазақ қылатындай көрінді. Ішінен күйеуін әдеп-ибадан атымен бейхабар деп кінәлап келеді, орталарына бір көлденең перде, кедергі орнаған тәрізді. Екі адам ешқашан бір-бірінің іш құпиясын түгел біле алмайды; олар қанша бір жүріп, бір тұрғанмен, бір-бірін мәңгі ажырамастай тас қып құшақтағанмен, бәрібір олардың тәні табысқанмен, жаны табыспайды. Адам пақырдың әрқайсысының көңілі өмір бақи әр бөлек елегізіп, әр бөлек құлазып өтпекші.
Олар осы бір шырқ айнала қоршаған құзар таулар лүп етер леп жібермей, тұңғиық терең көгілдір шығанақтың құрдым өрнегіне қамалып, қапалап отырған шағын қалада үш-ақ күн кідірді. Сол арада өз саяхаттарын әбден егжей-тегжейлі жоспарлап алды. Қиын асулардан қиналмай өту үшін ат жалдайтын болды. Олар Корсиканың жарау болғанмен, қажуды білмейтін қайратты жылқысынан екі ат тауып алып, таң сәріде жолға шықты. Бұл елсіз өлкеде ешқандай трактир кезікпейді екен, ат қосшылары қашырға азық артып алып жүрді.
Жол әуелі шығанақты жағалап біраз жүрді де, кенет зәулім-зәулім құзар шыңдарға бастап апаратын аран шатқалдардың біріне бұрылды. Ара-тұра кеуіп қалған арналардың үстінен өтті, әр жер, әр жерден тас түбіне бұғып қалған жымысқы аңдай жылтырап көрініп, қайнап шығып, сылдырап ағып жатқан жылымшы бұлақтар ұшырасты.
Ғұмыры соқа тимеген қойнаулар құла түздей туырылып тың жатыр; беткейлерін шілде қуратып жіберген сап-сары ала қау жауыпты, анда-санда бірлі-жарым, не жаяу, не жермен-жексен ат, я ит бойынан әзер асатын есек мінген тау тұрғындары қарсы жолығады. Бәрінің де иығында оқтаулы мылтық, көбі тат басып, көнетоз тартқанмен, мынау тұнжыраған корсикалықтардың иығында тым үрей төгіп үңірейіп көрінеді. Бүкіл аралды түгел жауып жатқан шөптің ауыз қуыратын ащы иісінен ауа қойылып кеткендей, өкпең қабына береді, жол жота-жота таулардың қойнау-қойнауын қуалап өтеді екен. Кейбіреуі көгілдір, кейбіреуі қызғылт гранит құздар бүкіл алқапқа бір түрлі сұсты өң беріп тұр; етектегі каштан тоғайлар сонау төбеңнен түнере төнген жалаңаш тастарға қарағанда, жай әншейін бұта сияқтанып, тым әлжуаз көрінеді. Барған сайын жол қиындай түсті; жол басшы түксиген-түксиген тік шыңдарды көрсетіп, әлдене деп аттарын атайды. Бірақ Жюльен мен Жанна қанша тесіліп қараса да, ештеңені көрмеді; бірталайдан соң таудан құлаған үйме тастар секілді сұрғылт бірдеңелер көздеріне әрең түсті. Ол мынандай өресен алып таудың аясында қапелімде көзіңе шалына қоймайтын құстың ұясындай беткей-беткейге бекініп қалған гранит сандық тастар екен.
Ілбіген ұзақ жүріс Жаннаны жалықтырып жіберді. "Кәне, тезірек жүрейікші", — деп, атына қамшы басып, шоқыта жөнелді. Күйеуі соңыма ерсін деп, ештеңені естімеген болып, біраз ұзаңқырап кетіп қалып, артына бұрылып қарап еді, атының жалына жабысып, артынан қопаң-қопаң шауып келе жатқан өң жоқ, түс жоқ өз күйеуін көріп, ішек-сілесі қатқанша күлді. "Асқақ рыцардың" әсем келбеті оның ебедейсіздігі мен ес-түсі қалмай қорыққан күйін онан сайын күлкілі қып жіберіпті.
Бұдан әрі аттарын cap желдіріп отырды. Ендігі жол екі беткейді етегіне дейін түгел қымтап жауып жатқан ну орманның арасымен өтеді екен.
Арасын сасыр, дәу-дәу папоротник, ырғай, бөрі жидек, күлгін гүл, жұпар тал, хош иісті шілік, бүрген қаптап, қысы-жазы бірдей көгеріп тұратын емен, арша, желім қарағай, итмұрын, тобылғы, тас самырсын, шытырмақ гүлді бұталар біріне-бірі ұйысып өскен ит тұмсығы өтпес ну жыныстан тау бөктері бұйраланып қалыпты.
Жанна мен Жюльен әбден ашықты. Арттарынан атқосшы қуып жетті. Екеуін таулы жерде жиі ұшырасатын бір жақпардан шапшып ағып жатқан кішкене әсем бұлаққа бастап апарды. Әрлі-берлі өткен жолаушылардың бірі мөлдір суға бірден бас қоюға оңай болсын деп, каштан жапырағынан науа жасап қойыпты.
Мынандай шексіз бақытқа есі шыға қуанған Жанна айқайлап жібере жаздады. Олар тағы да ілгері жүріп, Сагон шығанағын айналып өтіп, еңіске құлады. Күн кештете бір кезде елінен аласталған қашқын гректер мекендеп кеткен Каргезге жетті. Шетінен қыпша бел, сұлу мықын, сүйрік білек сұлу қыздар суат басына жиыла қапты. Жюльен оларға: "Қайырлы кеш!" деп айқайлап еді, қыздар әлдеқашан безіп кеткен елдерінің күйлі-сазды әдемі тілінде әлдене деп жауап қайырды.
Пианға келгенде бағзы замандағыдай, немесе тек жат елге келгендегі әдетпен бір күн қондырып шығатын үй сұрастыруға тура келді. Жанна Жюльеннің есік қаққан үйінің қақпасын қалай ашқанына дейін қызықтап қарап тұрды; тіпті мұндай жағдайға ұшырағандарына жүрегі жарылып қуанды. Талай-талай ойламаған оқиғалар тап болатын нағыз тамаша саяхат осындай болу керек қой!
Олар қонған үйдің иелері де жаңа үйленген жастар болып шықты. Олар бұл екеуіне құдды бір құдай жіберген қызырды қабылдағандай қуанып қалды. Сөйтіп қиып салған ағаштары құрт үңгіп тастағандықтан, ауру адамдай аһылап-үһілеп, сықырлап тұрған ескі үйде, астарына сабан төсеп, ұйықтап шықты.
Таң ата аттанған-ды; қыстақтан аттап шықпай жатып, бір гранит тұлғалардың ну орманына тап болып, амалсыз аялдама жасауға тура келді. Бұл орманда әрқилы әсем бағандар дейсің бе, шошақ төбелдірікті күмбездер дейсің бе, әйтеуір, уақыт, жел, теңіз, тұман мен бу жабыла қашап жасаған ғажайып тұлғалардың не түрі табылады. Осы бір әрқайсысының биіктігі үш жүз метрге дейін баратын, кейбірі қылдырықтай нәзік, кейбірі жұп-жұмыр жуан, буын-буын иір-иір ғаламат гранит құздардың бір алуаны атымен ештеңеге ұқсамайды, ал енді бір алуаны әр түрлі ағаштарды, өсімдіктерді, тас мүсіндерді, аюларды, адамдарды, шапаны малынған тақуаларды, мүйізді перілерді, алып құстарды, тағылар тайпасын, есуас тәңірдің әмірімен қара тасқа айналып қалған қорқынышты аңдарды көз алдыңа елестетеді.
Жаннаның аузына сөз түспеді, жүрегі лүпілдеп, мынандай ғаламаттар дүниесін көргенде өне бойын өзгеше махаббат құштарлығы кернеп, Жюльеннің қолын ұстай алып, құшырлана қысып-қысып қойды.
Осынау шытырманнан шыға бергенде, қарсы алдарынан қан қызыл гранит шындар көмкерген тағы бір шығанаққа тап болды. Көк теңізде күрең қызыл жартастардың суреті самсайды.
Жанна таңғалып, көмейі бітіп, қайта-қайта "Ой, тәңірім-ай", "Жюльен" деп, тамсана берді, көзінен жас та шығып кетті. Күйеуі одан көз алмай сүйсіне қарады.
— Саған не болды, жаным? — деп сұрады.
Жанна иегін бір сипап қойып, көзі күлімдеп, даусы дірілдеп:
— Ештеңе болған жоқ... Шамасы, жүйкеден ғой деймін... өзім де білмеймін. Кез келген нәрсеге таң-тамаша қалам, көңілді толқытып, жанымды жадырата түседі. Мен қандай бақыттымын! — деді.
Әйелдердің бұндай әсіре әсершілдігі, кез келген нәрсеге естері кете танданатын сезімталдығы, сәл нәрсеге жүрегі жарыла қуанып, қуанғандарында бір ойсыраған опатқа тап болғандай, ес-түстерін білмей қалатын алабұртпа мінезі Жюльенге атымен түсініксіз дүние еді.
Әйелінің көзінен қараптан-қарап тұрып жас шыққаны, оған әншейін күлкілі нәрсе боп көрінді. Оның бар назары барған сайын шатқалаңға айнала түскен жолда болып келе жатқан-ды.
— Одан қайта атыңа абай болсаңшы, — деп қойды.
Олар шығанаққа ат тұяғы сыймастай тап-тар құрдым соқпақпен құлады, сосын анадайда аранын ашып тұрған "От аңғарына" көтерілу үшін оңға бұрылды.
Жол бұрынғыдан бетер қиындай түсті. — Осыған жаяу көтерілсек, қайтеді? — деді Жюльен.
Жанна әнеукүнгі келіспестіктен кейін екеуден-екеу оңаша болудың сәті түскеніне қуанып, ол ұсынысты қабыл алды.
Атқосшы екі жылқыны жетегіне алып, ілгері озып кетті де, бұл екеуі аспай-саспай аңғарға жаяу көтеріле бастады.
Сонау заңғар құздан етегіне дейін қақ айырылып түскен екі тау екі жаққа шегініп жол ашып тұр. Жалғыз аяқ соқпақ аран аңғардың түбіне қарай сүңгіп еніп барады. Ол жолда екі үлкен гранит құздың астынан өтеді екен, төменде — сайдың табанында сарылдап су ағып жатыр.
Ауа сап-салқын, гранит жартастар қап-қара, тек төбедегі бір шөкім зеңгір аспан ғана көкпеңбек.
Оқыс дыбыстан Жанна шошып кетті. Басын көтеріп, жоғары қарап еді, бір саланың бойынан үп-үлкен құс ұшып шығыпты, ол бүркіт еді. Оның далия керілген қос қанаты аңғардың екі жағына да бірдей жетіп тұрған сияқты; қанатын сермеп-сермеп қалды да, зеңгір көкке сүңгіп, ғайып болды.
Біраз жүрген соң бұлар келе жатқан қойнау екі тілім аңғарға айналды; соқпақ сол екі жағы да құз, тілдей ұшпаны қиялап отырды.
Жанна түк қорықпайды, секеңдеп жүгіріп кетеді, аяғының астынан сусып тастар құлап жатыр, басың айналатындай құлама құзға да ауық-ауық үңіліп-үңіліп қояды.
Күйеуі басы айналатын болғасын, көзін жерден көтермей алқына аяндап келеді.
Кенет күн жарқ етті. Құздардың қыспағынан құтылды. Екеуі де сусап қалды. Сыздауыт із қойшылар ешкі суару үшін тас астауға бұрып ағызып қойған кішкене тау бұлағына бастап апарды. Маңайын түгел мүк басып кетіпті. Жанна жер тізерлеп су ішуге кірісті. Жюльен де ол не істесе соны істеді.
Жанна мұп-мұздай судан басын көтерер емес, Жюльен оның қыпша белінен қапсыра құшақтап алып, ағаш науаның бір шетіндегі ыңғайлы орнынан ығыстырып жібергісі келіп еді, тайталасып о да болмады, екі ерін біресе тым тақап келеді де, іле-шала қайта ажырасып кетеді. Жағаласып, жіңішке ағаш науаны біресе біреуі, біресе екіншісі сүліктей қадалып ап, жібермей қояды. Сап-салқын су беттеріне, мойындарына, қолдарына шашырап, киімдерін малмандай қып тастады. Шаштарына шашыраған су тамшылары меруерттей жалтырайды. Екеуінің еріндері су астында қайта-қайта сүйісіп те қалады.
Кенет Жаннаны махаббат құмарлығы билеп алды. Ол аузын суға толтырып, Жюльенге өз аузынан су ішкізбекші боп, ернін тосты. Жюльен күлімдеп, әнтек шалқайып, құшағын жайды, бауырына қысып ап, өзегін өртеп бара жатқан ыстық ықыласымен қоса ақтарылған сол бір тәтті бұлақтан басын алмай сіміре берді.
Жанна емешегі үзіліп бара жатқандай, күйеуінің омырауына тығыла түсті, жүрегі атша тулайды, көкірегі қабынып, көзі жасаурап, көз алды тұманданып, мұнар көміп барады. "Жюльен, сәулем!" деп ентіге сыбырлап, өзіне қарай сығымдай тартып, шалқалай берді; ұяттан от боп дуылдап кеткен жүзін қос алақанымен жауып алды.
Жюльен қапсыра құшақтап үстіне құлай берді.
Жанна аңсарына жеткенше, тағаты таусылып барады; кенет төбесіне жай түскендей ышқына шыңғырып жіберді, өне бойын өртеп лаулатқан ыстық іңкәрімен енді ғана табысып еді.
Олар шыңның төбесіне дейін көтерілді. Жанна діңкесі құрып шаршапты, әлденеге абыржи береді; қастарындағы атқосшылары Паоли Палабреттидің туысы тұратын Эвизаға ымырт үйіріле зорға жетті.
Ол бір түнерген ұзын кісі екен; түріне қарағанда құрт ауруы бар адам сияқты. Ол меймандарын алдын-ала әзірленіп қойған қабырғасы жап-жалаңаш құлазыған бос бөлмеге кіргізді. Әшекей атаулыны атымен білмейтін бұл өлке үшін оның өзі тым сән-салтанаты асқан сәнді бөлме еді. Үй иесі француз, итальян сөздері бытысқан корсиканың қойыртпақ тілінде бұндай қонақтардың келуі өзі үшін үлкен құрмет екенін айтып үлгіргенше сырттан саңқылдаған әйел даусы естілді де, іле-шала көздері тостағандай, екі беті нарттай қызыл, қыпша бел кішкене қара торы әйел жүгіріп кірді.
Кіршіксіз аппақ тістерін көрсетіп, ыржия күліп, Жаннаны сүйіп-сүйіп алды, Жюльеннің қолын сілкіп-сілкіп қойды. Үсті-үстіне бастырмалатып:
— Саламатсыз ба, ханым, саламатсыз ба, мырза? Қалай тұрып жатырсыздар? — деп сұрастырып жатыр.
Ол бұлардың қалпақтарын, шәлісін шешулеріне жәрдемдесіп, бір қолына жиып алды, екінші қолын таңып алыпты. Сосын бәрін сыртқа ертіп шығып, күйеуіне:
— Тамаққа дейін меймандарды қыдыртып қайт, — деп тапсырды.
Палабретти оның айтқанын екі етпей, сол бойда-ақ Жанна мен Жюльенді деревняларын көрсетуге алып шықты; аяғын баппен басады, үсті-үстіне жөтеліп, анда-санда бір ауыз сөз айтады:
— Бұл өзі бір ылғалды жер, өкпеме салқын тиіп қалыпты.
Ол бұларды үстін шөп басқан бір кішкене соқпаққа түсірді. Кенет бір үлкен каштан ағашының түбіне келді де, даусын көтеріп, сампылдап сөйлеп кетті:
— Дәл осы арада менің немере ағам Жан Ринальді Матье Лори өлтіріп кетті. Көріп тұрсыз ба, мен дәл мына жерде Жанның қасында тұрғанмын, кенет он қадамдай жерден Матье шыға келді де: "Жан, енді қайтып Альберта жаққа аяғыңды аттаушы болма; ал, аттайды екенсің, айтпады деме, ажалыңды менен табасың!" — деп айқалады. Мен Жанның қолынан ұстай алып: "Жан барма, ол сені өлтіреді!" дедім. Екеуі де Полина Синакупа деген қызға қырындап жүрген болатын.
Жан:
— Жоқ, барамын. Матье, сен менің жолыма көлденең тұра алмайсың! — деп айқайлады.
Сол арада мен мылтығымды алып үлгергенше, Матье оны көздеп тұрып атып салды. Жан шамасы екі футтан биік болмаса, аласа емес жіптен қарғыған кішкене балаша, ыршып түсіп маған соқтықты; қолымдағы мылтығым анау каштан ағашына қарай ұшып кетті. Жанның аузы ашылып кетіпті, бірақ, тіл тартпастан дүние ауып жүре берді.
Жас жұбайлар осыншама қантөгіс жайлы жай-жайбарақат әңгімелеп тұрған кісіге аңыра қарады:
— Қанішерді қайттіңіздер?
Паоли Палабретти жауап қайтармас бұрын ұзақ жөтеліп алды.
— Ол тауға қашып кетті. Бір жылдан соң оны менің ағам атып өлтірді. Менің ағам Филипп Палабреттиді естіп пе едіңдер, ол кісі бандит боп кетті.
Жанна селк ете түсті.
— Сіздің ағаңыз бандит па?
Ақпейіл корсика адамы бұған көзі жайнап масаттанып қоя берді.
— Иә, ханым, атақты болғанда қандай! Алты жандармның көзін құртты. Ол Миколо Моралимен бірге, Ниолодағы қоршауда қалғанда қаза тапқан. Олар алты күн бойы шыдап бақты әрі аштық қыспағы және бар.
Оның сол бір философиялық дауыс ырғағымен айтатын "Далада тамаша" дегені секілді ол:
— Біздің елдің салты осылай ғой, — деді.
Бұдан соң олар тамақтануға үйге қайтты. Манағы кішкене әйел бұларды баяғыдан бері білетіндей-ақ, асты-үстеріне түсіп, бәйек боп жүр.
Бірақ Жаннаны бір күдік билеп отырған-ды. Ол енді қайтып Жюльеннің құшағынан манағы бұлақ басындағыдай бұрын-соңды басынан кешіріп көрмеген оттай ыстық махаббат қызығын таба алар ма екен? Олар қазір тағы да бір бөлмеде оңаша қалса, бұрынғыдай меңірейген селқос қалпыма қайта түсетін шығармын деп уайымдады. Бірақ, аздан кейін ол қорқынышының бекер екеніне көзі жетті; бұл олардың махаббат құшағында өткен алғашқы түні еді.
Ертеңіне аттанарда, өзінің бақытты бір сәтіне куә болған жұпыны үймен қинала қоштасты.
Үй иесінің әйелін бөлмесіне шақырып алып, түндегі ләззатының өтеуі ретінде емес, ескерткіш ретінде Парижден бір сыйлық жіберуге рұқсат етуін қиылып сұрады.
Корсикалық жас келіншек біраз уақыт бас тартып тұрып-тұрып, ақыры көнді.
Олай болса, — деді ол. — Маған бір кішкене пистолет алып беріп жіберіңіз.
Жанна мұнысына қайран қалып, көзі адырайып кетті. Ең бір құпия сырын айтатындай, келіншек оның құлағына:
Қайнымды атып өлтірейін деп едім, — деп сыбырлады.
Сол бәз-баяғы жайраңдаған қалпы, жалма-жан байлаулы қолын шешіп, қардай аппақ етіне тиген қанжардың енді-енді жазылып келе жатқан жарасын көрсетті.
— Егер әлі жететін болғанда, — деді ол — Ол мені әлдеқашан-ақ жарып тастаған болар еді. Күйеуім маған сенеді, қызғанбайды. Оның үстіне ауру адам, қаны көп қыза бермейді. Ханым, мен шынында да адал әйелмін. Бірақ, қайным қызғаншақ, қайдағы-жайдағы қаңқу әңгіменің бәріне сенеді. Ол әрине, қарап жүрмейді, маған тағы бірде тиіседі. Сол уақытта қолымда пистолет болса, неден қорқам, қорғанып бағам ғой.
Жанна айтқанын орындауға уәде қылып, жаңа танысының бетінен сүйіп қоштасып, аттанып кетті.
Саяхатының аяқ жағы ол үшін бір түс сияқты, өңшең сүйісу-аймаласумен өтті. Ендігі аялдаған жерінде адамдар да, қалалар да, табиғат көріністері де көзіне түспеді, тек Жюльеннің жүзіне телміріп қараумен болды.
Олар жас балалардай шүйіркелесті; ғашықтардың талай-талай аңғырт қылықтары да істелді, неше бір өліп-өшкен әдемі сөздер де айтылды, өз тәндеріндегі күнбе-күнгі шөпілдескен сүйістерде еріндері тиген жерлерге қызық-қызық аттар да қойылды.
Жанна ылғи оң жақ бүйірімен жатып ұйықтайды да, Жюльен оянғанда оның томпиып көрініп жататын сол жақ көкірегіне көзі түсетін-ді. Сондықтан оған "қыдырауық" деп ат қойды, ылғи қан шауып қызара бөртіп тұратын екінші жақ көкірегінің ұшы сүйіскенде тым сезімтал болғандығы үшін "тәтті құмар" атанды; екеуінің ортасындағы терең жүлгеге Жюльеннің ерні әрдайым әрлі-берлі саяхаттайтын болған соң "мамамның саяжолы" деген ат бұйырды, ал екінші бір аса құпия жүлге "От аңғарына" ескерткіш ретінде "Дамаскіге баратын жол" деп аталды.
Бастияға келген соң, атқосшыларымен қоштасуға тура келді. Жюльен қалталарын ақтарып, ақтарып, оған бере қоятындай оңтайлы теңгенің реті шықпаған соң, Жаннаға бұрылды.
— Сен анаңның берген ақшасын пайдаланбайды екенсің, маған берші. Ол менің белбеуімде мұқияттырақ сақталады, ылғи қағаз ақшаны да бұздырып жатпаймыз.
Жанна оған әмиянын бере салды.
Олар Ливорноға жүзіп барды; одан соң Флоренцияда, Генуяда болды, бүкіл итальян Риверасын шарлап шықты. Бір желкем күні таңертең Марсельге келіп жетті; Теректіден шыққандарына екі ай болыпты; елге олар қазанның он бесінде оралды.
Жанна алыс Нормандиядан ескен туған жердің салқын лебінен қамығып қалды. Жюльеннің де біраздан бері мінезі өзгерген, шаршаған кісідей тым салғырт; бұнысына түсінбей Жаннаның көңіліне де уайым кірді.
Ол үйге аттанатын сапарды әлі де төрт күн кейінге қалдыртты, мынандай күн сәулелі құлпырған өлкемен қоштасуға онша зауқы соқпады. Қазір көрер қызығын көріп болғандай, бір түрлі әлденеге таусылып, мәз болмай жүр.
Ақыры жолға шықты; орта жолда Парижге тоқтап, Теректідегі жасау-жиһаздың кем-кетігін біржолата осы жақтан сатып алып бармақшы болды. Жанна мамам берген ақшаға талай-талай тамаша жиһаз сатып алам ғой деп қуанышы қойнына сыймай келеді, бәрінен бұрын анада Эвизде корсикалық келіншекке уәде қылған пистолеттің жайын көп ойлады.
Парижге келіп түскен күннің ертесіне, ол Жюленге:
— Қымбаттым, маған мамамның ақшасын берші, бір нәрселер сатып алайын, — деді.
Жюльен әлденеге шамданып, жалт бұрылды.
— Саған сонда қанша ақша керек?
Жанна аң-таң.
— Сол бергеніңше берсейші, — деді сасқалақтап.
Күйеуі:
— Мә, жүз франк, тек көрінгенге шашып жүрме, — деді.
Қысылып қалған Жанна оған не дерін білмеді. Дегенмен, батылы бармай:
— Мен саған ол ақшаны бергенде... — дей беріп еді, Жюльен сөзін шорт кесті.
— Иә, солай... Ол ақшаның сенде тұрғаны не, менде тұрғаны не, екеуміз бір қазан, бір дәулеттің иесі болған жоқпыз ба? Мен саған ақша беруден атымен бас тартып тұрмын ба, жүз франк бердім ғой.
Жанна бір ауыз сөз айтпастан бес алтын динар алды, одан көп сұрауға дәті бармады, тек пистолет қана сатып алды. Сосын мұнда тек бір аптадай болып, олар Теректіге жүріп кетті.
VI
Үй іші мен қызметшілер кірпіштен қаланған ақ шарбақтың жанында жапырласып күтіп тұр екен. Пошта күймесі кеп тоқтай қалғанда, жапа-тармағай құшақтасу басталды. Анасы жылап көрісті, Жаннаның да көңілі босап, көзіне жас алды. Әкесі бұлардың жылап-сықтағанына ашуланып, анадай жерде әрлі-берлі сенделіп жүр.
Сыртта жүк түсіріліп болғанша, қонақжайда каминнің қасында саяхат жайлы әңгіме дуылдап жатты, Жаннаның да аузы-аузына жұқпайды, асығыста ойға оралмаған бірен-саран ұсақ жайт болмаса, жарты сағат ішінде бәрін де айтып үлгерді.
Жанна сосын шамадандарды ақтаруға кірісті. Оған Розали қолғабыс жасады; оның да қуанышы қойнына сыймай жүр. Заттардың бәрі де жайғастырылып, іш киім, көйлек, туалет жабдығы орын-орындарына қойылған соң, қызметші қыз ханымын оңаша қалдырып, кетіп қалды. Жанна әбден қалжырапты, сылқ етіп отыра кетті.
Ол енді не істерін, не ойлап, не қоярын білмей дал болды. Төменде анасы мүлгіп отырған жым-жырт қонақжайға барғысы келмеді; сыртқа шығып, біраз қыдырып қайтайын десе, төңірек иіні ішіне кетіп, тұнжырап тұр, әйнектен қарағанның өзінде көңілі бұзылып қоя берді. Кенет ол істейтін шаруасы да қалмағанын, енді өмір бақи екі қолы алдына сыймай, осылай өтетінін ойлады. Жасөспірім кезінде монастырдан құтылғаннан кейінгі дархан өмірі жайлы таң-тамаша қиялдарға берілуші еді. Көкірегін кернеген үміт пен арман уақыттың қалай өтіп бара жатқанын да байқатпайтын. Сосын сол бір қиялы қызыл гүлдей қаулатқан киелі үйдің есігінен аттап шыға сала махаббат аңсаған арманына да жетті. Сан айлар бойы сағынышпен сарғая күтіп жолыққан, жан-тәнімен өліп-өшіп сүйген ғашық жары бір аптаның ішінде боларын болдырып, бояуын солдырып, мұны өз құшағында есін де жия алмай қалды.
Енді сол балдай тәтті бақытты дәурен күнбе-күнгі үйреншікті тірлікке айналып, бұрынғы бұлдыр үміт, қиялын қырық толқытқан аңсар армандарға есікті атымен тарс жауып, бөгет боп, көлденең тұрып алды. Енді, міне ертеңнен күтетін ештеңесі де қалмапты.
Бүгін де, ертең де, тіпті өмірбақи өстіп ерте күнді кеш қылып, ерігумен өткені. Ол мұның бәрін осылай өмірден көңілі қалып, арманы сарқылып, аңтарылғанда барып, бір-ақ түсінді.
Орнынан тұрып, терезенің мұп-мұздай әйнегіне бетін басты. Шуда бұлттар түйдек-түйдек көшіп жатқан бұлыңғыр аспанға қарап біраз тұрды да, сыртқа шықты.
Баяғы май айындағы жайқалған бақ, жап-жасыл ағаш, көк майса шөп — бәрі де адам танымастай өзгеріпті. Күнмен қабақ қағысып күлімдескен жапырақтар қайда? Өне бойы шоқтай қызарып, қызғалдағы алаулап, сарғалдағы сарғыш көбелектей елеңдеп, қырық құлпырып, көзді арбап тұратын көл-көсір шалғынға не көрінген? Жұтқан сайын мас қылып, өмір дарытып, көңілді өсіріп қоя беретін жұпар ауа неге жоқ?
Бүрісіп тұрған жалаңаш ағаштардың арасында күздің күні-түні сібірлейтін де тұратын сімсік жауыны үзіп түсірген үйме жапырақтар кілем боп төселген саяжол ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Сидиған бұтақтар әлі кеңістік қойнына сіңіп құри қоймаған соңғы жапырақтарын желге ұшырып тұр. Күн ұзаққа көз жасындай мөлтеңдеумен тұрған жабырқау жаңбыр енді күшейе түсті; үлкен-үлкен алтын теңгедей ақырғы жапырақтар сағағынан үзілген бойы әуеде біраз уақыт қаңғалақтап жүреді-жүреді де, ақыры сыз жерге құлап топырақ құшады.
Жанна тоғайға жетті. Ол науқас адам жатқан жабырқау бөлмедей тым көңілсіз екен. Бұраңдаған жолдың екі бетіндегі жасыл шалғын жапырылып қалыпты. Ұйысып өскен бұтақтар жасыл торқасынан айырылған соң, селдір шыптадай боп, өңшең сабау бұтақтар өзара ай құшақ қауып, аймаласа табысыпты; жел қуалап дүрлігіп жүрген сары жапырақтардан өлім аузындағы кісінің күңіренгеніндей бір түрлі зарлы үн шығады. Титімдей-титімдей шымшықтар бүрсеңдеп, бұтақтан-бұтаққа секіріп, баспана іздеп безек қағады.
Теңіз жақтағы жел өтінде ұйыса өскен шегіршіндердің қалқасында қалған жөке мен үйеңкі желегін жоғалта қоймапты, біреуі алқызыл барқыт, біреуі қоңырқай атлас жамылғандай боп, алғаш суық ұрғанда, бойларына қандай шырын жүгірсе, сондай түске боянып шыға келіпті.
Жанна Куярдың фермасын бойлап, мамасының саяжолында әрлі-берлі сенделіп жүрді де қойды. Алдындағы бір өңкей қоңырқай күндерді ойлап, көңілі құлазыды.
Бір уақытта ол Жюльен алғаш рет өз махаббаты жайлы сырын айтқан баурайға отыра кетті; есінен таңғандай, ештеңе ойлаған да жоқ, әбден қалжырапты, ал-сал бойын ала алмай, жата кетіп ұйықтағысы, мына құсадан сүйтіп құтылғысы келді.
Өкпек желден қалбалақтап қашып келе жатқан шағаланы көргенде Корсиканы, түксиген "От шатқалында" көкке самғап көтерілген бүркітті есіне алды. Баяғыда басынан тайған бақ жадына қайта түскендей жүрегі сыздап қоя берді; көз алдында сол ерсілеу бір өткір иісі аңқыған таңғажайып тамаша арал көлденеңдеп келе қалды, оның жарқыраған күні, балбырап пісіп тұрған апельсин, лимондары, қызыл қошқыл таулары, көкпеңбек бұталары, тас бұлағы шапқылап жататын жақпар-жақпар шатқалдары шетінен тізіліп тұрып алды.
Сол-ақ екен, мынау күзгі бұлыңғыр ауа райы, тұнжыраған табиғат, сусып ұшқан жапырақтың мұңлы сыбдыры, жел қуалаған сұрғылт бұлттар оны тұңғиық қасіреттің түбіне шым батырып жібергендей болды; солқылдап жылап жібермес үшін, жалма-жан орнынан тұрып, үйге қарай асыға аяндады.
Мамасы каминге маңдайын төсеп, қалғып отыр. Ол мынандай бірінен-бірі аумайтын жадау күндердің жайбарақат ағынына әбден үйреніп алған-ды, тіпті оның жабырқау көңілсіздігін де байқамайтын. Әкесі мен Жюльен әрі бой жазып, әрі іс бабында сөйлесіп қайтпақ үшін сыртқа шығып кетті. Түн тым ерте орнады, бөлменің іші каминдегі лаулап жанған оттың жалынынан анда-санда бір жарқ етіп қалғанмен, бірте-бірте қараңғылана түсті.
Әйнектен кешкі алакеуімде күздің соңғы күндеріндегі сұрқай көріністері мен шалшыққа аунап тұрғандай сатпақ-сатпақ аласа аспан әлі көрініп тұр.
Көп ұзамай барон мен Жюльен қайтып оралды; қап-қараңғы қонақжайға кіріп келе жатып барон қызметшіні шақырды.
— Тез шырағдан әкеліңдер, әйтпесе мына бөлме кісінің еңсесін басып барады, — деп айқайлады.
Әкесі каминнің қарсы алдына барып отырды. Су тиген етігінен бұрқырап бу ұшты, табанынан кепкен балшықтар үгітіліп түсіп жатыр; ол көңілденіп, қолын уқалайды.
— Суық жақындады білем, терістік жақ жарқырап ашылыпты, бүгін ай туады, түнде қалың қырау түседі.
Қызына бұрылып:
— Қалай, қызым, еліңе, үйіңе, ата-анаңа оралғаныңа ризамысың? — деп сұрады.
Осы бір қарапайым сауал Жаннаның жан дүниесін алай-түлей қып кетті. Көзіне жас толды. Әкесінің мойнынан тас қып құшақтап ап, қанша көңілді болуға тырысса да, келгелі қабағы ашылмай тұнжырап жүргеніне кешірім сұрап, үсті-үстіне сүйе бастады. Ол өзге елде жүріп, әке-шешеммен кездескен кезде, жүрегім жарыла қуанатын шығармын деп ойлағанын есіне алды; мұнда келген соң, асты-үстіне түсіп жатқан ата-анасының барша мейіріне селт етпей қойған енжарлығына таңғалды; көзің таса жүргенде жақсы көретін адамдарыңды сағат сайын көріп отырсаң да, құмарың қанбайтындай боп ойлағаныңмен, көріскенде қашан қайтадан бауыр басып кеткенше біраз уақыт жат бауыр боп шеттеп қалады екенсің.
Тамақ ұзақ ішілді. Ешкім үндемеді. Жюльен әйелін ұмытып кеткен сияқты. Жанна тамақтан соң қонақжайда отырып, қатып ұйықтап қалған анасының қасында аз ғана көз іліндіріп алды; екі еркектің әлденеге келісе алмай таласқан дауыстарынан оянып кетіп, мынау өне бойын зіл батпандай басып бара жатқан дел-сал бойкүйездіктен айығу үшін сілкіне бастады.
Каминдегі бағанағы бәсең от қазір лаулап жатыр. Оның жалп-жалп еткен жалын сәулесі креслолардың жапқыларына түсіп, ондағы түлкі мен тырнаның, қайғылы көк құтанның, құмырсқа мен шегірткенің суреттері түгел көрініп тұр. Барон каминге кеп лаулап жатқан жалбыр жалынға алақанын тосты.
— Еһе. Бүгін от жақсы жанып жатыр. Сыртта аяз шыққан екен, балақайлар!
Сосын Жаннаны иығынан қағып, отты көрсетті.
— Көресің бе, қызым, дүниедегі ең басты нәрсе — ошақ, ошақтың төңірегіндегі үй ішің.
Одан артық ештеңе жоқ. Жататын уақыт та болды-ау деймін. Сіздер де шаршаған шығарсыздар, балалар.
Жанна өз бөлмесіне кіріп, жақсы көретін жеріңе әр келген сайын әр түрлі сезімде болатыныңның сыры не екен деп ойлады. Ол осынша неге тұнжырап жүр? Үйі, туған жері, бұрын жанындай жақсы көретін нәрселерінің бәр-бәрі бүгін көкірегін қарс айырып, қапалантқаны несі?
Кенет сағатқа көзі түсті. Бал ара бәз-баяғы қалпында алтын гүлдер үстінде әрлі-берлі пыр-пыр ұшып жүр. Жанна осынау жұп-жұмыр жүректей дүрс-дүрс етіп, уақытты білдіріп тұратын кішкене аспан көзіне оттай басылып, елжіреп кетті.
Ол мана ата-анасымен құшақтасқанда да тап бұндай боп көңілі бұзылмап еді. Жүректің кейбір сырына кісінің ақылы жете бермейді.
Жюльен шаршадым деп басқа бөлмеге ұйықтайтын болды; Жаннаның күйеуге шыққалы жалғыз ұйықтағаны бүгін ғана. Екеуміздің бөлек ұйықтайтын өз бөлмелеріміз болсын деп, олар алдын ала келісіп алған-ды.
Жанна біраз уақытқа дейін көзін жұма алмады, қасында жататын басқа тәнге бауыр басып қалған ба, ұйқысы келмеді, төбеде ойнақ сап жүрген терістіктің тентек желі де ауық-ауық шошытып қояды.
Таңертең бүкіл төсегін қан жоса қып жіберген өткір жарықтан оянып кетті; қырау тұрып қалған терезе бүкіл аспан өртеніп бара жатқандай алаулап тұр. Малынған желеңіне оранып ап, жүгіріп барып, терезені ашты. Үйге лап қойған мұздай жел бет-аузына инедей қадалып, қарып барады, көзі жасаурап кетті. Маскүнемнің бетіндей күлбіреген қып-қызыл күн көзі бұлтсыз ашық аспанның қақ ортасынан шығып ап, ұзын-ұзын ағаштарға өрмелеп, бірте-бірте биіктей түсті.
Жерге тоң тұрып, дыңылдап қатып қалыпты, ферма жұмысшылары аяқ басқан сайын сықыр-сықыр етеді. Жапырағы түсіп үлгірмеген ақ теректердің бар бұтағы бір-ақ түнде сидиып-сидиып шыға келіпті; ту алыста теңбілденіп мұхиттың бір пұшпағы көрінеді.
Үйеңкі мен жөке кеп-кеше аман-есен тұрған желегінен көз апара айырылып қалыпты. Мұздай желдің өткір лебі бір түнде отап түсірген сары жапырақ үйір-үйір құс сияқты дүркірей ұшып жүр. Жанна киініп, сыртқа шықты; әйтеуір, бірдеңені ермек қып, уақыт өткізу керек қой деп, фермерлерге кіріп шықпақшы болды.
Мартендер оны құшақ жая қарсы алды, әйелі екі бетінен кезек-кезек сүйіп, қоярда-қоймай шиеден ашытқан шарап ішкізді. Енді ол екінші фермаға беттеді. Куярлар да қуанып қалды; әйел оны екі құлағынан шөп еткізіп сүйіп алды; бұл үйде қарақат шарабынан ауыз тиюге тура келді. Сосын ол тамақтануға үйге қайтты.
Бұл күнді де кешегідей өткізді, жалғыз-ақ айырмасы ауа кешегідей дымқыл емес, аязды болды. Аптаның қалған күндері де осылай өтті. Бүкіл ай бойы осылай боп шықты.
Бірақ, бірте-бірте алыс өлкелерге деген сағынышы басыла бастады. Ағын судың кейде жолындағы нәрсені сорға батырып кететіні сияқты күнбе-күнгі дағдылы тірлік оны көп мазасыздана бермейтін көнбістікке үйретіп алды. Енді о да күнделікті тіршіліктің күйбеңіне түсіп, шаруа қамын ойлайтын болды. Ол енді енжарлыққа біржолата бой алдырып, онысына әлі өзінің көзі жете қоймаса да, бір түрлі өмірден торығып, ештеңені көксемейтін болған тәрізді. Оған не керек болды, не іздеді? Ол арасын өзі де білмейді. Зиялы қауым шырғалаңдарына зәредей де ынтасы жоқ, көңіл көтеретін ойын-сауықтарға да ықылассыз. Соның бәрі де не оңып тұрған қуаныштар дейсің... Ол үшін оның бәрі де қонақжайдағы креслоның ажары оңып кеткен көнетоз жапқыларындай қадір-қасиеттерінен түгел айырылып бітті.
Жюльенмен қарым-қатынастары да адам танымастай; күйеуі үйлену саяхатынан оралған соң, өз рөлін ойнап болып, үй ішіндегі пенделік тіршілігіне кіріскен актерлерше аяқ астынан өзгеріп сала берді. Бұған назарын да салмайды, тіпті тілдескенді де қойды; араларында махаббат деген нәрсе атымен болып көрмеген сияқты. Бұның бөлмесіне бас сұғуы да сирек. Дүние-мүліктің қамы мен шаруашылықтың тізгінін түгел өз қолына алды; жалға берілген жерлердің мерзімін тексерді, шаруаларды тексерді, шаруаларды әбден титықтатып бітірді, күнделікті шығындарды да күрт азайтты. Өзі болса жартылай ақсүйек, жартылай фермерге айналып, баяғы күйеу жігіт кезіндегі көрік пен сымбаттан айырылып барады.
Бойдақ күнгі киімдерінің арасынан аңшылық құрғанда киетін түрі кетіп, қырқылып біткен, мыж-мыж барқыт костюмін тауып алып, үстінен тастамайды. Енді ешкімге ұнағысы кеп, тыраштанбайтын кісілердің әдетіне басып, уақытылы қырынуды да қойды, қолын да күтпейді, сапсиған сақал сұрқын алып тұр. Тамақтан соң төрт-бес рөмке коньяк тартып алатын тағы бір әдет шығарды.
Жанна бипаздап ақыл айтып көрмекші болып еді, "тыныштық берші" деп күрт тыйып тастады да, ойын ол ішінен ендігәрі оған ештеңе айтпаспын деп, серт түйді.
Өзі де осы өзгерістердің бәріне оп-оңай үйреніп алды. Күйеуі ешқашан тіл табысып болмайтын жат біреуге айналды. Ол жиі-жиі: "бұл қалай болды өзі, кездеспей жатып, ғашық болдық, соның қызуымен үйлене салдық, енді, міне ғұмыры бір жатып, бірге өріп көрмегендей бір-бірімізге атымен жат адамдар боп шыға келдік", — деп ойлап қоятын-ды.
Ол күйеуінің осындай немқұрайлылығына нағып жәбірленіп, жапа шекпейді? Демек, өмір деген осындай болу керек екен той? Әлде олар қателесіп, аяқтарын жаңсақ басты ма? Сонда бұның келешектен дәме қылар ештеңесі қалмаған ба?
Бәлкім, Жюльен қазіргідей салпы етек біреу болмай, баяғысындай көрікті, сырбаз сылқым, жылмаң төс жігіт болса, мынадай салғырттығына жәбірленсе жәбірленер де еді, кім біліпті...
Жаңа жылдан кейін ата-аналары жас жұбайларды оңаша қалдырып, Руандағы үйлерінде бірнеше ай тұрып қайтатын болды. Ерлі-зайыпты екі жас бүкіл өмірлері өтетін осы өлкеге әбден сіңісіп. үйренісіп алу үшін қыс бойы Теректіде тұрмақшы. Жюльен әйелін көршілестеріне Бризвиль, Кутелье, Фурвильдердің үй ішіне көрсетіп қайтпаққа жиналып жүрген-ді.
Бірақ, күймедегі гербті өзгертетін суретші табылмай, олар әзір жолға шыға алмай отыр.
Барон ескі әулеттік күймесін күйеу баласына беріп еді, Жюльен қашан Ламар әулетінің гербі Ле Пертюи де Во әулетінің гербісінің қасына салынғанша көршілерге көрінгісі келмеді.
Бұл аймақта мұндай іс қолынан келетін бір ғана кісі бар; ол — Больбекте тұратын Батайль деген суретші; оны барлық Нормандия сарайлары күймелеріне герб салғызу үшін бірінен соң бірі шақырып, қолдан қолға тигізбейді.
Ақыры, желтоқсан айында бір күні таңертең үй иелері енді тамақтанып бола бергенде, бір жәшік арқалаған бейсауат адам қақпаны ашып, үйге беттеді. Бұл Батайль еді.
Алдарынан шығып, асханаға ертіп әкеліп, ақсүйектердің біреуі келгендей асты-үстіне түсіп қонақ қылысты.
Өйткені, оны жергілікті зиялылар геральдиканың ұңғыл-шұңғылын түгел білетіндігіне бола әз-әулие тұтып, ол келгенде құрақ ұшып тұратын-ды.
Дереу қарындаш пен қағаз әкелінді. Батайль тамақтанып болғанша, барон мен Жюльен өз гербтерінің жобасын сызды. Баронесса мұндай тақырыпта әңгіме болса, өзеурей жөнелетін әдетіне бағып, ақыл айтып жатыр. Жанна екеш Жанна да әлдеқандай бір жұмбақ рух түрткілеп, әңгімеге араласты.
Батайль апыл-құпыл асап жатып, ара-арасында пікір қосып қояды; кейде қарындашты жұлып ап, сызып көрсетеді, мысалдар келтіреді; осы аймақтағы қай ақсүйектің қалай серуендейтінін әңгімелеп, өзінің сөзімен ойы арқылы қасындағыларға шын ақсүйек дегендердің қандай болатынын тұспалдап аңғартқысы келеді.
Ол өзі қолы-басы бояу-бояу, үстінен скипидар иісі аңқыған, шашын тықырлатып алғызған тапал адам еді; баяғыда адамгершілікті аяққа басқан бір өрескел қылмыс жасапты деген өсегі де бар-ды; бірақ, барлық зиялы әулетке сыйлы болғандықтан, ол өсектің де үні өшкен-ді.
Кофесін ішіп болған соң, күйме тұрған сарайға барды. Күйменің кленка жабындысы алынды. Батайль күймені қарап шығып, гербтің көлемі қандай болатыны туралы сөз қылды, бәрін егжей-тегжейлі келісіп алған соң, іске кірісті.
Баронесса күннің суықтығына қарамастан, үйден кресло алдырып, шеберге қарап отырды; көп ұзамай аяғы сіресіп қалып, грелка қойдыртты да, қайтадан суретшімен шүйіркелесіп сөйлесіп кетті, өзін жете танымаса да сырттай білетін әулеттерінің қайсысының қандай жерге қыз беріп, қыз алғанын, қайсысында кім қайтыс болғанын сұрап, жаңа мәліметтер білді.
Жюльен де қайын енесінің қасындағы орындықта жерге шырт-шырт түкіріп қойып, темекісін тартып, әңгімеге құлағын тосып, өз әулетінің гербісінің қалай боялып жатқанын көз айырмай бақылап отыр.
Көп ұзамай иығына күрек асып бақшаға шыққан Симон атай да суретшінің істеп жатқан шаруасын көріп тұра қалды. Батайльдің келгені көрші фермаларға да естіліп қалыпты, екі фермердің де әйелі асығып-үсігіп осында жетті.
Баронессаның қасына тұрып алып:
— Шеберлік деген осы ғой; істеп жатқан нәрсесін қарашы! — деп қояды.
Екі жақ есіктегі гербтер ертеңіне сағат он бірде сақадай-сай болды. Жұрт тағы жиылды. Күймені төңірек түгел көрсін деп, қыр басына сүйреп шығарды.
Істің міні жоқ. Батайльді жабыла мақтасты, ол жәшігін арқасына салып, зытып отырды. Барон, әйелі, Жюльен үшеуі де оны жағдайы болса нағыз суретші шығатын аса қабілетті адам екен деп ұйғарды.
Жюльен шығынды азайту үшін біраз реформа жасап тастаған-ды. Бұдан былай делбені виконттың өзі ұстайтын болып, бұрынғы көшір шал бағбандыққа ауысты; бақташы бала Мариус бүгіннен бастап атқосшы боп тағайындалды. Ақыр аяғында ат керегіп, Куяр мен Мартеннің келісім шартына жаңа талап қосылды; екі фермер енді апта сайын құс төлеуден құтылып, оның орнына айына бір-бір жегін ат беретін болды.
Сөйтіп, бір күні бұларға Куяр тұрқы ұзын сары тұғыр, ал, Мартен жүні үрпиген боз ат әкелді. Симон атайдың көне ливреясын малынтып киіп алған Мариус сол екі атты жегіп, күймені мырзалардың есігінің алдына әкеп доғарды.
Жюльен үсті-басын тазалап, сыланып-сипанған соң, бұрынғы сылқым күйіне қайта түскендей болыпты, алайда сапсиған сақалы әлі де сиқын қашырып тұр. Ол аттарды, күймені, қызметші баланы бір шолып шығып, көңілі біткендей сыңай білдірді; өйткені, оның бар назары жаңа гербке ғана түсіп еді.
Баронесса күйеуіне сүйеніп, бөлмесінен шығып, күймеге өрмелеп әзер мінді де, құс жастыққа жантая кетті. Оған іле-шала үйден Жанна шықты. Ол әуелі аттарды көріп, екеуі бір-бірінің аузынан түскендей екен деді, Мариусты сосын барып көзі шалды. Қалпағының астынан қылтиып мұрны ғана шығып тұр, бет-аузынан ештеңе көрінбейді. Екі қолы салпылдаған ұзын жеңнің ішіне сүңгіп, ізім-қайым жоғалып кеткен; ливреясының етегі тобығынан әзер асады; екі башмағының басы көкке қарай мұрнын шүйіріп, әнтек әуелеп қапты. Бала бірдеңеге қарағысы келсе, қайта-қайта басын шұлғып, қалпағын желкесіне ысырған болады; жүрсе — терең судың үстіндегі тар өткелден өткендей қалталақтап аяғын зорға көтереді. Шұбалған мол киімнің ішінде әйтеуір кеудесінде жаны бар тірі бірдеңе әрлі-берлі қозғалып, Жюльеннің, айтқанын екі етпеуге тырысып, есі шығып жүр.
Жанна мынаны көргенде ішегі қатты. Барон да баланың сықпытын енді байқап, қызына қосыла қарқылдап жіберді, әйеліне қарап аузындағы сөзін айта алмай:
— Қа-ра-шы а-на-ған! Ма..ма-риуске қарашы! Құ-дайым-ау, қызықтың көкесі мынада екен ғой! — деді.
Сол арада терезеден сыртқа қарап отырған баронессаның да көзі Мариуске түсіп, ішек-сілесі қатып, селкілдей жөнелгенде, күйме окоп жолға тап болғандай дірдек қақты.
Жюльен қанын ішіне тартып, сұп-сұр боп кетті.
— Күлетіндей не бар сонша! Ақылдарыңыздан адасқаннан саумысыздар?
Жанна күле-күле ішегі түйіліп, әбден діңкесі құрып, тәлтіректеп, аяғынан тік тұра алмай баспалдаққа отыра кетті, барон да сүйтті; баронесса да күлкіден жығылып жатса керек, күйменің ішінен ішек-сілесі құрып сықылықтаған дыбыс шығады. Кенет Мариустің үстіндегі шұбатылған ұзын ливрея да селкіл қаға жөнелді. Шамасы, жұрттың неге күліп жатқанын о да сезсе керек, көмілген қалпақтың ішінен қарқ-қарқ дауыс естілді.
Ызадан жарылып кете жаздап тұрған Жюльен оған тап сол бойда-ақ бас салып, жағына тартып-тартып жіберді; баланың басындағы дәу қалпақ шалшыққа барып бір-ақ былш етті. Енді ол қайын атасына бұрылды, зіркілдеген ашудан даусы да жарықшақтанып кеткен, тұтығып:
— Басқа күлсе де, сіздің күлетін не жөніңіз бар еді? Өз дәулетіңізді өзіңіз жауша шашпасаңыз, бұндай күйге ұшырар ма едік? Сіздің тап осындай болып жұтап қалғаныңызға кім кінәлі? — деп ақырды.
Күлкілері пышақ кескендей тыйылды. Ешкім ештеңе деген жоқ. Жанна жыларман болып, анасының қасына барып жайғасты. Барон абдырап қалған, үн жоқ, түн жоқ екі әйелдің қарсы алдына барып отыра кетті. Жюльен бет-аузы көнектей боп, ісіп, мырс-мырс жылап тұрған баланы козлоға мінгізді, сосын оның қасына өзі барып отырды.
Жол әрі ұзақ, әрі көңілсіз болды. Күймедегілердің ешқайсысы жақ ашпады. Үшеуінің де жүзі сынық, көңілі қаяу, жандарын түршіктірген жаңағы масқараны сөз қылуға батылдары бармады. Көлденең әңгімемен отыруға, сөзден сөз шығып, әлгінде ғана бұлардың көңілдерін жер қылып кеткен жексұрын қылық айтылып қоя ма деп қаймығып, үшеуі де үндемегенді жөн көрді.
Аттар бірде аяңдап, бірде желіп, ферма-ферманың арасымен алдыртып келеді. Кейде жолмен тауықтар үркіп, зәрелері қалмай шарбақтардың астына зып береді, кейде соңдарынан абалап ит қуады; ондайда күйме со бойы-ақ бір бұрыштан жалт бұрылады, ит бәрібір көңілі тыншымай, күйменің соңынан ауық-ауық қарап қойып, шабалаңдап көшені басына көтереді.
Кенет алдарынан аяғына балшық-балшық ағаш шәрке киген ұзын бойлы жігіт қарсы ұшырасты. Ол желкесінен жел итермелеп, қолын көк блузкасының қалтасына салып, аспай-саспай аяндап келеді; күймені көріп жол беріп, бір шетке ығысты; уда-дуда шашын дудырата шығарып, картузын көзіне түсіре еңкейтіп қойды.
Бұлар көз ұшындағы өзге фермаларға дейін далия созылып, бос жатқан көл-көсір жазыққа шықты.
Біраздан соң күйме жолдан шығып, екі жағында самырсын самсаған саяжолға түсті; доңғалақтар шалшық толы шұқанақтарға күмп-күмп берген сайын баронесса баж ете қалады. Саяжолдың түбінен қақпасы тарс жабулы ақ дуал көрінді; Мариус қақпаны ашуға жүгірді. Күйме жолдағы көлдей шалшықты айналып өтіп, терезесі тарс бекітулі абажадай сұп-сұр үйдің алдына кеп тоқтады. Ортаңғы есік аяқ астынан ашылды да, ішінен қара фартуктың сыртына қызыл шыбық, қара шыбығы аралас, торы ала күрте киген қаусаған қызметші қария шығып, сатыдан аяғын санап басып түсті де, қонақтардың кім екенін біліп алып, үлкен залға кіргізді; көптен түсірулі тұрған перделерді зорға ашты. Жиһаздардың бәрі қапталып қойылыпты, сағат пен шырағданға дейін жұп-жұқа ақ шұғаға оралыпты; залдың көптен тазартылмаған сап-салқын дымқыл ауасы ә дегеннен өкпең мен жүрегіңді қысып, бір мең-зең қасіретке тұншықтырып жібергендей болды, қашан кете-кеткенше сол бір қапырық сезім тарамады.
Меймандар жайғасып, үй иелерінің шығуын күтті. Олар да әбігерленіп жатса керек, жоғарыдағы дәлізде тарс-тұрс жүріс көбейді.
Төсектен тұрар-тұрмаста қонақ сау ете қап, апыл-ғұпыл киініп жатыр. Олар ұзақ күттірді. Әлденеше рет қоңырау безек қақты. Әлдекім сатыны сарт-сұрт басып, бір түсіп, бір шығып жүр.
Баронесса сүйегіне инедей қадалған суықтан қалшылдап-дірілдеп, қайта-қайта түшкірінумен болды. Жюльен әрлі-берлі сенделіп кетті. Жанна шешесінің қасында тұнжырап отыр. Барон басын төмен салып, каминнің жақтауына сүйеніп тұр.
Әзер дегенде биік есіктің бір жақтауы шалқасынан ашылып, виконт пен виконтесса де Бризвильдер көрінді. Екеуі де тапал, екеуі де сидиған арық, жүрістері ұшып-қонған, именшектей беретін батымсыз адамдар екен. Үстіне омырауы ырсиған жібек көйлек, басына кемпірлер үйір ақ бантик байланған кішкене тайпақ қалпақ киген виконтесса жіп-жіңішке шіңкілдек даусымен үсті-үстіне бастырмалап сөйлейді.
Салтанатты сүртік киген күйеуі тізесін бүгіп тағзым етті. Мұрны, көзі, алға қарай ұмтыла біткен иектері, балауыз жағып қойғандай жып-жылмағай шашы, сәнқой киімі — бәрі де қол тигізбей күтіп ұстаған су жаңа бұйымдардай шетінен жылтырап тұр.
Амандық-саулық сұрасып, тату-тәтті көршіге айтылатын бір-екі ауыз жылы ықыластан соң не сөйлейтіндерін өздері де білмеді. Тағы да қайталап жатудың еш қажеті болмаса да, бұл танысудан кейін бұдан бұлай да қатысып тұрармыз деген үміттерін білдірді. Жыл он екі ай ешқайда аттап шықпай, деревняда тұрсаңыз мұндай-мұндай кездесулердің өзі бір ғанибет көрінеді.
Залдағы салқын ауа сүйектерін шағып, дауыстары қарлығып қалды. Енді баронесса түшкіргенімен қоса, жөтеле бастады. Барон кетуге асықты. Бризвильдер оған наразылық айтты: "Сіз не, отырмай жатып, қашпақшысыз ба?" Жюльенге бұл әңгімелері әлі келте көрініп, отыра тұр деп ым қақса да, Жанна орнынан тұрып кетті.
Үй иелері қызметшіні шақырып, күймені әзірлеңдер деп тапсырайын деп еді, қоңырау жұмыс істемей қалыпты. Үй иесі өзі жүгіріп кеткен-ді, аттар қораға қойылған екен деп қайтып келді.
Күте тұруға тура келді. Енді бәрі де не айтсақ екен деп аңтарылып отыр. Биылғы жауын-шашынды ауа райы біраз әңгіме болды. Жаннаның бұл отырыстан іші пысып, үй иелерінің жыл бойына немен шұғылданатындарын сұрады. Бризвильдер оның сауалына айран-асыр қалды: олардың жыл он екі ай қолы босамайтын көрінеді; күллі Францияға тарыдай шашырап жайылып кеткен ағайын-жұрағаттарынан хат алып, хат жазысып тұрады екен; уақыттарының көбін көр-жер шаруалармен өткізеді екен; бір-бірімен әлі күнге сіз, біз деп сыпайы сыйласады екен; екеуі кез келген болымсыз нәрсенің өзін әжептеуір үлкен әңгіме қылады екен.
Осы бір төбесіне ыс тұрған, заттарының бәрі қағынды тиетіндей қапталып қойылған, құлазыған залдағы үсті-бастары мұп-мұнтаздай ерлі-зайыпты екеуі Жаннаға тірі ақсүйектерден гөрі олардың өлі аруақтарындай көрініп кетті.
Ақыры, біріне-бірі сай екі мәстек жегілген күйме терезенің алдынан өтті. Енді Мариус таптырмады. Кешке дейін қолым бос болады той деп ойлап, төңіректі көріп қайтайын деп, қыдырып кетсе керек.
Ашуға тұншығып тұрған Жюльен оны арттарынан жаяу жіберуді өтінді, қырық қайтара қоштасқаннан кейін меймандар Теректіге қайтты.
Күймеге отыра сала, барон мен Жанна, Жюльеннің тұрпайы мінезінен туған манағы бір қолайсыздықты елең қылмай, Бризвильдердің қылықтары мен әңгімелерін мазақтап, қыран-топан күлкіге басты. Барон күйеуін келеке етті, Жанна әйелін әжуа қылды. Ақсүйек тұқым десе, ішкен асын жерге қоятын баронесса:
— Сіздердің бұларыңыз орынсыз, олар аса құрметті адамдар; оның үстіне Бризвильдер әулеті — ең аталы тұқымның бірі, — деп реніш білдірді.
Оны ашуландырып алмайық деп, барон мен Жанна жым бола қалды. Бірақ, біраздан кейін шыдай алмай, бір-біріне қарап қойып жаңағы ермектеріне қайта кірісті.
Барон иіліп-бүгіліп, тағзым етіп, маңғаз шыраймен:
— Ханым, сіздің қонысыңыз Теректі теңіз желінің өтінде тұр ғой, тым салқын шығар, — деді.
Жанна өз-өзінен паңданып, басын бір бұлғаң еткізіп қойып тіл қатты.
— О не дегеніңіз, жыл бойы жұмыстан бас ала алмаймыз. Оның үстіне біздің туысқандарымыз көп; жан-жақтан келіп жататын хаттың қисабы жоқ, бәріне де жауап жазу керек, де Бризвиль мырза маған иек артып алған. Өзі аббат Пелле екеуі ғылыми жұмыстармен айналысады; бұлар екеуі бірігіп Нормандия шіркеуінің тарихын жазып жатыр.
Баронесса ренжіп отырғанмен, амалсыз күліп жіберді.
— Өз төңірегіндегі адамдарды күлкі қылу жарамайды, — деп қойды.
Күйме оқыс тоқтай қалды. Жюльен артына бұрылып, әлдекімді айқайлап шақырды. Жанна мен барон да терезеден бастарын сұғып қарап еді, соңдарынан домаланып қуып келе жатқан бір таңғажайып нәрсені көрді. Ол ливреяның салпылдаған етегіне қырық сүрініп, қайта-қайта көзіне түсе берген қалпағынан түк көрмей, қолдарын диірменнің қалағындай дамылсыз бұлғақтатып жол бойындағы шалшықтарға да қарамай көзсіз қойып кетіп, аяғының астында тас жатса, бір жығылып тұрып, секіріп-қарғып, құлағының түбіне дейін балшыққа батып, өкшесі жерге тимей, қожаларының соңдарынан салып келе жатқан Мариус еді.
Ол енді жеттім-ау дегенде, Жюльен жерге еңкейіп жіберіп, жағасынан ұстай алып, өзіне қарай жұлқа тартты да, қалпақтың астындағы басты барабанша төмпештей жөнелді. Бала жандәрмен қалпақтың астынан басын суырып алып, козлодан жерге секіріп кетпек боп. жұлқынып жатыр, бірақ қожайыны оны бір қолымен тырп еткізбей ұстап ап, екінші қолымен үсті-үстіне пергілейді.
Жанна шыр ете қалды.
— Папа!.. Папа!
Баронессаны да ашу қысып, күйеуінің қолын жұлқи берді.
— Тоқтатыңыз, тоқтат оны, Жак!
Барон алдындағы әйнекті жалма-жан төмен сырғытып, күйеу баласының қолынан шап беріп ұстай алды; ашу қысып зірк-зірк еткен дауыспен:
— Сәбиді ұрғаныңызды қоясыз ба, жоқ па? — деп сұрады.
Жюльен қайран қап, жалт бұрылды:
— Сіз оның ливреяны бүлдіргенін көрмей тұрсыз ба? Барон терезеден мойнын сұғып, екеуінің арасына қыстырылды.
— Апырай, соншама көп нәрсе бүлінген екен! Шырағым, бұндай хайуандықты қою керек қой енді!
Жюльен де жарылып кетті.
— Бұның сізге қандай қатысы бар, мазамды алмай жайыңызға отырыңыз.
Ол қолын қайтадан көтере беріп еді, қайын атасы шап беріп ұстай алды да, мытып-мытып жіберді; Жюльеннің қолы козлоның жақтауына барып сарт ете түсіп, сылқ құлады. "Бұ жүгенсіздігіңізді қоймасаңыз, мен қазір күймеден шығып, өзіңізді жуасытып аламын", -деп зекіріп еді, виконт жым болды, бір ауыз сөз де айтқан жоқ иығын қиқаң еткізіп, қамшымен тартып жіберіп еді, аттар жортақтай жөнелді.
Екі әйел де тым-тырыс, өңдері өліктің жүзіндей құп-қу, тек баронессаның жүрегі алқына соққаны естіліп тұр.
Дастарқан басында Жюльен араларында ештеңе болмағандай, өзін күндегідей емес, сыпайы ұстады. Жанна да, барон да, мадам Аделаида да ештеңені кек тұтып жатпайтын ақ жүрек адамдар еді, бұл жолы да Жюльеннің жалпақтай қалғанына көңілдері бітіп, науқасынан енді жазылып келе жатқан кісілерше жандары жай тауып, қайтадан жадырап сала берді. Ал Жанна Бризвильдерді тағы да әңгімелей бастап еді, күйеуі оның сөзін бөліп:
— Бәрібір олар нағыз ақсүйек адамдар, — деп қойды.
Ол енді ешқайда аттап шыққан жоқ, Мариус жайлы сөз қылуға бәрі де қаймықты. Жаңа жыл қарсаңында қоңсыларына шақыру хат жіберуге пәтуаласты. Ал, оларға көктем шығып, күн жылына бастағанда қыдыратын болды.
Рождество туды. Теректіге қонақасыға кюре, мэр әйелімен шақырылды. Оларды жаңа жылға да шақырды. Мынандай бір өңкей сұрқай күндерде көңіл көтерер жалғыз ермек — тек сондай қонақасылар ғана еді.
Ата-аналары тоғызыншы қаңтарда кететін болды. Жанна оларға әлі де бола тұрыңдар деп өтініп еді, Жюльен ыңғай бермеді; күйеу баласының күннен-күнге өрши түскен салқын көзқарасын көптен сезіп жүрген барон Руаннан пошта күймесін шақыртты.
Буынып-түйініп отырған кетер қарсаңда күн шыңылтыр аяз, ашық болды да, Жанна әкесі екеуі Корсикадан оралғалы соқпай кеткен Ипорға барып қайтқысы келді.
Олар сонау той күні Жанна енді мәңгі-бақи өмір серік болатын адамымен қол ұстасып қыдырған, шын дәмін мұнда емес, әне бір құмары шын қанып, сумен қоса ләззат жұтқан "От аңғарындағы" бұлақ басында татса да, махаббат сезіміне алғаш жолығып, алғаш аймаласқан таныс орманның үстін басып өтті.
Баяғы жапырағы, баяғы шүйгін шөбінен түгел жұтап, жалаңаштанып қалған тоғайда бұталардың құлақ тырнар ащы сытырынан басқа үн де жоқ.
Олар деревняға кірді. Құлазып тұрған жым-жырт көшеден теңіздің балық пен балдырының иісі аңқиды. Тұз-тұз аулар баяғыдай үй-үйдің алдына ілініп, немесе малта тастардың үстіне жайылып, кептіріліп жатыр. Ақ көбігі бұрқыраған сұсты, сұрғылт теңіз Феканның қасындағы құз-құз тастарды түбіне дейін жалаңаштап, кейін шегіне бастапты; ал бүкіл жағалаудағы бір-бір бүйіріне қисайып, теңкиіп-теңкиіп жатқан қайықтар жағаға шығып қап, тұншығып өлген балықтар сияқты. Ымырт түсе мойындарына жүн бөкебай орап, бастарына қауқиған-қауқиған кенеп қалпақ киген балықшылар бір қолына спирт құйылған құтыларын, бір қолына кеме фонарын ұстап, топ-топ боп, жағаға жиыла бастады. Олар құмдақ жағада көлбеп жатқан баркастардың маңында ұзақ топырласады; Нормандия адамдарының бипаздығына басып, аспай-саспай кемелеріне ауларын, май салынған құтыларын, стакандарын, спирт құйылған бөтелкелерді, құрал-саймандарды салады, сосын баркасты тұрғызып ап, теңізге қарай итеріседі; ол малта тастың үстінде тарс-тұрс етіп жылжып барады; тұмсығымен ақ бұрқылдақ көбікті қарс айыра тіліп, толқынға шықты. Біраз уақыт теңселіп тұрды-тұрды да, қара қоңыр қанатын қомдап алып, діңгегінің төбесіндегі кішкене оты да, өзі де мұнарға кіріп жоқ болады.
Үстеріндегі алба-жұлба лыпаларының ар жағынан сидиған ұнжұрғалары көрініп тұрған, теңізшілердің өңшең бойшаң әйелдері балықшылар түп-түгел аттанып кеткенше жағада тұрып-тұрып сосын барып қараңғы көшені бастарына көтере дабырласып деревняға қайтты.
Барон мен Жанна әр түн сайын осылай өзек жалғар ас іздеп, өлімге бастарын тігіп теңізге аттанса да, тісі етке тиіп көрмеген осынау жарлы-жақыбай адамдарға тырп етпестен ұзақ қарап тұрды.
Мұхиттың түнгі көрінісіне елегізген барон:
— Қандай қорқынышты, әрі қандай әдемі! Төрін түнек көміп, талайдың тағдырына қатер төндірген мына теңіз неткен маңғаз. Солай емес пе, Жанна! — деп сыбырлады.
— Жерорта теңізі бұдан әлдеқайда сұлу, — деп Жанна құлықсыз жымиды.
Әкесі бұған бұрқан-талқан болды.
— Жерорта теңізі дейді! Күбідегі сасық судай көгеріп кеткен со да теңіз боп па! Онан да мынаны айтсайшы, толқындары қандай айбатты, ақ көбігін бұрқыратып, буырқана тулайды. Жаңа ғана көз алдында теңізге аттанған ер жүрек адамдарды ойласайшы!
"Шынында да солай екен-ау!" — деп күрсінді Жанна. Әлгі бір аузынан абайсыз шығып кеткен "Жерорта теңізі" деген сөз жүрегін шаншып өтті, ой-қиялы қайтадан сонау асыл арманын арқалап қалған алыс өлкелерге қарай қайта самғады.
Олар орманның ішімен қайтпай, жолдан шығып, құлама жағалау жар қабаққа өрмелей бастады. Енді бірдеңе айтсақ ренжісіп қалармыз деп сескеніп, ойға батып, екеуі де үнсіз келеді.
Алдарынан ауық-ауық фермалар ұшырасады; олардың жанынан өткенде қазір бүкіл Нормандияға түгел сіңіп қалған езіліп кеткен алманың иісіндей жаңа қайнатқан сидраның жұпар иісі мен ара-тұра қызып кеткен астықтың, сиыр қора көңдерінің күлімсі жылы иістері аңқып қоя береді.
Терең ауланың түкпірінен жылы баспананың сығырайма терезесі жылтырайды.
Жаннаның аласұрған көңілі арнасынан шығып, көл-көсір болмыстың көзге көрінбес айдын-шалқарына сүңгіп барады. Ол мынау ұлан-байтақ далада бет-бетіне шашырап жатқан оттарды көргенде, пенде байғұстың құлазыған жалғыздығы, оның дүниеде ең асыл, ең ардақты деп өзі әулие көріп жүрген нәрселерінің бәрінің де бірте-бірте көзден бір-бір ұшып, ғапыл қалдырып, құлазытып кететін алдамшылығы есіне түсіп, жүрегін әлдеқандай бір ашы тырнақ осып-осып алды.
Жуасыған жабырқау үнмен әкесіне тіл қатты.
— Өмір деген осындай көңілсіз дүние екен ғой.
Барон да күрсініп қойды.
— Не істейсің енді, қызым, өмірге біздің әміріміз жүрмейді.
Ертеңіне әкесі мен анасы аттанып кетті де, Жанна мен Жюльен оңаша қалды.
VІІ
Карта ойнау жас жұбайлардың күнбе-күнгі үйреншікті ермегіне айналды.
Күн сайын тамақтан соң Жюльен трубкасын бұрқ-бұрқ сорып отырып, коньяктан бес алты рөмке тартып-тартып алады да, әйелі екеуі бірнеше мәрте безик ойнайды. Одан кейін Жанна жоғарғы қабаттағы өз бөлмесіне барып, сыртта әйнекті сырт-сырт сабалап тұрған жаңбыр үні мен өкпек желдің үрейлі уілін тыңдай отырып, юбкасына кесте төгеді. Ара-тұра шаршап кеткенде, басын көтеріп алып, алысқа, сонау ақ жолақтанып жатқан теңіз айдынына қарап қояды. Сөйтіп бір минуттей ештеңе ойламай сүлесоқ отырады да, ісіне қайта кіріседі.
Оның бұдан басқа істейтін ісі де жоқ. Жюльен өзінің өктемдігі мен дүние жинау қабілетін көрсеткісі кеп, барлық шаруашылықты бір өзі билеп-төстейді. Ол кессе қан шықпас сараңдығын қапысыз танытып үлгерді; шай-пұлға соқыр тиын шығындамайды, ас-суға жұмсайтын ақшаны да аяусыз тұқыртты. Теректіге келгелі Жанна әрдайым таңертең наубайға жып-жылы Нормандия нанын пісіртетін еді. Жюльен оған қатаң тыйым салып, үй ішін қатқан қара нанға байлады.
Жанна соның бәріне дау-дамай, ұрыс-керістен қашып, ештеңе дей қойған жоқ, бірақ күйеуінің тап мынандай тақ-тұқ сараңдығын көрген сайын, жүрегіне ине сұғып алғандай болады. Ақша дегеннің бет-жүзіне қарамайтын жомарт отбасында өскен оған әлгінің бәрі тым ұсақ адамдар істейтін ерсі қылық көрінеді. Анасы оған әрдайым: "Шырағым, ақша жұмсау үшін жаратылған" дейтін болса, енді Жюльен оны "Ақшаны жоқтан өзгеге шашпауды қашан үйренер екенсің", — деп тақымдайды да отырады. Әлденеден теңге-тебен ауыса қалса, күйеуі көзі күлімдеп: "Тамшыдан теңіз жиылады деген", — деп, қалтасына тығып жатады.
Ара-тұра Жанна қайтадан арман қуып, қиялға шомып та қояды. Істеп жүрген шаруасы бітті, қолы босады; енді жанары өз-өзінен жұмыла береді; баяғы қыз күніндегідей неше түрлі қырғын-қызық хикаяларды ойлап қиялында талай-талай таңғажайып оқиғаларды бастан кешіре бастайды. Кенет Жюльеннің Симонға әлдеқандай тапсырма беріп жатқан шаңқылдақ даусын естиді де, арманынан су сепкендей айығып: "Әй, мәңгінің қиялы-ай" деп, қолындағы ісіне қайта кіріседі. Ине ұстаған саусақтарына мөлт-мөлт жас та тамып кетеді.
Бұрынғы әндетіп, секектеп жүретін Розали да өзгеріп кеткен. Бұлтиған екі бетінің қаны қашыпты, кейде жер өңденіп күлгін көрінеді.
Жанна:
— Көгершінім-ау, жұмысың ауыр боп жүрген жоқ па? — деп жиі-жиі сұрап қояды.
Ондайда қызметші қыздың қайтарар жауабы қашан да біреу-ақ:
— Жоқ, ханым.
Сүй дейді де, қызараңдап, шығып кеткенше асығады.
Бұрынғыдай емес, жүрісі ауыр, аяғын зорға көтереді, сәнденуді де қойыпты; атлас ленталарға, корсетке, әр түрлі иіс майға есі қалмайтын ол қазір келім-кетім саудагерлерден де ештеңе сатып алмайтын болыпты. Жан-жағын жаңбыр айғыздап тастаған құлазыған үлкен үй бір түрлі көңілсіз, ылғи түнереді де тұрады.
Қаңтардың аяқ шенінде қар жауды. Терістікте теңіз үстінде бауырымен жер сызған түйдек бұлттар жол-жөнекей жолына ақ мамық төгіп келе жатқаны алыстан көрініп тұрған-ды, сол күні түнде бүкіл алқап ақ қарға көмілді де қалды, ертеңіне таңертең ағаш біткен мұз кестеге малынып шыға кепті.
Аяғына саптама етігін сұға салып, қалай болса солай киінген Жюльен тоғайдың шетіндегі жырада ағашқа қонған құстарды үркітіп жатты. Ауық-ауық мүлгіп тұрған тыныш даланы дүр сілкіндіріп, мылтық даусы шығады, биік-биік ағаштардың бұтағына қонып отырған қарғалар дүркірей көтеріліп, шыр айнала қалықтап жүреді де қояды.
Жанна ондайда әбден іші пысып, есік алдына шығады. Әлдеқайдағы алыс қияннан оның құлағына өмір үні келгендей болады; сол бір болымсыз дыбыс мынау мұз жөргекке оранып ап, түнеріп тұрған ұйқылы-ояу үнсіздікті бір жаңғырықтырып барып, жым-жылас жоғалады.
Біраздан соң оның құлағына алыс толқындардың гүрсілі мен қылаулап тұрған мұз қиыршықтардың көмескі тысыры қайта шалынады.
Омбы қар бірте-бірте қалыңдай түсті, жапалақ-жапалақ ақша қар саулап тұр.
Осындай бір тұнжыр күнде таңертең Жанна бөлмесінде каминнің алдында аяғын қыздырып, тым-тырыс отыр еді. Күн сайын кісі танымастай боп өзгеріп бара жатқан Розали төсек жинап жүрген-ді. Кенет көк желкесінен көкірегі қарс айырыла күрсінген дауыс шықты. Жанна бұрылған жоқ.
— Саған не болған? — деп сұрады. Қызметші қыз әдеттегісінше:
— Ештеңе болған жоқ, ханым, — дей салды. Бірақ, әлденеге ентігіп тұр, даусы әрең естіледі. Жанна қаннен-қаперсіз қиялға шомды. Кенет қызметші қыздан ешқандай сыбыс-сыбдыр шықпай қалғанын байқады.
— Розали!
Дауыстап еді, ешкім үн қатпады. Ол бөлмеден бұған айтпай кетіп қалған екен деп, қаттырақ айқайлады.
— Розали!
Қоңырауға енді қолын соза бергенде, дәл қасынан біреудің алқына ыңқылдағанын естіп, орнынан атып тұрды.
Қызметші қызда өң жоқ, тұс жоқ, өліктей боп-боз; көзі аларып кеткен, кереуеттің басынан тас қып ұстап алыпты, екі бұтын екі жаққа жайып салып, еденде отыр.
Жанна жалма-жан қасына жетіп келді.
— Саған не болған?
Қызда үн жоқ, тырп етпеді; ақылынан адасқан адамның алаңғасар қарасымен Жаннаға алақтап қарай береді, бір керемет жарақатқа тап болғандай, ентіге дем алады. Кенет бүкіл денесі шиыршық ата жиырылып, өксігін шығармау үшін, тас тістеніп алып, құлап түсті.
Сол-ақ екен екі аяғына оратылып қалған етегінің астынан әлдене қимылдағандай болды. Іле-шала біреудің шашалып қалғандай, демі бітіп, тұншыққан әжептарқы бырқылдақ даусы шықты, оның артынша бір жіңішке дыбыс мияулап қоя берді; ол — өмірге енді аяқ басқан сәбидің тумай жатып, қиын-қыстау азап шегіп, шағына шыққан алғашқы үні еді.
Жанна енді түсінді, асып-сасып жүгіріп шығып, сатыда тұрып айқай салды.
— Жюльен, Жюльен!
— Не боп қалды? — деп сұрады төменнен.
— Мұнда Розали... — деді ол қапелімде аузына сөз де түспей.
Жюльен сатымен атанақтап жүгіріп шықты да, бөлмеге қойып кетті, қыздың юбкасын көтеріп жіберіп, жүрек айнытардай жиіркенішті бір кесек етті көрді; ол анасының жалаңаш аяқтарының арасында әлденеден тыжырына жиырылып, су-су қалпы бұлқынып жатыр.
Жюльен түксиіп кетті, бойын түзеп, есіктен қарап тұрған әйелін итеріп жіберді.
— Бұның саған еш қатысы жоқ, бар да Людвина мен Симон атайды маған жібер!
Бүкіл тұла бойы қалтырап-дірілдеп Жанна төменге түсті, асханаға кірді, сосын қайтадан жоғары көтерілуге батылы бармай, ата-анасы кеткелі от жағылмаған қонақжайға барып, тықырши хабар тосып. отырып қалды.
Арада көп уақыт өткен жоқ қызметші үйден жүгіріп шықты да, бес минуттен соң осы маңайдағы мұндай шаруаның бәріне араласатын жесір Дантюді ертіп қайтып оралды.
Сол бойда-ақ баспалдақ жақтан жаралы адамды көтеріп келе жатқандай абыр-сабыр үн көбейді, Жюльен келіп, Жаннаның енді өз бөлмесіне баруына болатынын айтты.
Жанна бір апатты жаңа ғана бастан кешірген адамдай, иегі иегіне тимей, қалтырап-дірілдеп, каминнің қасына қайта барып отырды.
— Розалидің халі қалай? — деп сұрады.
Жюльен әлденеге қатты абыржып, тықыршып, ерсілі-қарсылы сенделіп кетіпті, бірдеңеге ызаланып, ашу қысып жүрген сияқты. Әуелі үн қатпады, біраздан соң барып, әйелінің алдына кеп кілт тоқтай қалды.
— Бұл қызды қайту керек деп ойлайсың?
Жанна ол сауалынан ештеңе ұқпай аңтарыла қарады.
— Ол не дегенің? Түк түсінсем бұйырмасын!
Күйеуі күйіп-пісті, даусы да шығып кетті.
— Біз бұл үйде әлгі шарананы қайтіп ұстай аламыз.
Жанна бар гәпті енді аңғарғандай ойланып қалды, біраз уақыт үнсіз отырып:
— Достым, қалай ойлайсың, оны басқа біреуге бағып-қағуға берсек қайтеді? — деген ұсыныс жасады.
Жюльен оның өз ойын түгел айтып бітіруіне мұрша бермеді.
— Сонда ақшаны төлейтін кім? Сен бе?
Жанна тағы да бір амалын тапқысы кеп, ойға қайта шомды.
— Баланың әкесі бар емес пе? Ол Розалиге үйленсе, барлық шаруа орнына келмей ме?
Жюльен терісіне сыймай түтігіп кетті.
— Айтып отырғаның қайдағы әке? Оның кім екенін кім біліпті! Ал әкесінің кім екенін таба алмадың, сонда қайтпексің?
Жанна да ашу шақырды.
— Ол кім болса да, қызды тап мынандай күйде қалдыра алмайды ғой. Өйтсе ол нағыз оңбағанның өзі болғаны да. Ендеше біз оның аты-жөнін біліп алып барамыз да, қалайда Розалиге үйленесің деп талап етеміз.
Жюльен арнасына түсіп, қайтадан сенделіп кетті.
— Қымбаттым-ау, қыз оның атын айтқысы келмейді. Ол маған айтпағанда саған айта қоя ма? Ал, айтқан күннің өзінде де, ол адам үйленуден бас тартса қайтпексің? Біз сонда балалы қызды бұл үйде қалай ұстамақшымыз? Түсінесің бе?
Жанна да міз бақпай қойды:
— Демек, оның жексұрын біреу болғаны. Бірақ, біз ол сұмырайды қалай да іздеп табамыз? Сосын бізбен сөйлесіп көрсін ол неме!
Жюльеннің екі беті ду қызарды, даусын көтеріп:
— Жарайды. Ал, енді қазір қайтпекшіміз? — деп сұрады.
Жанна оған не дерін білмеді.
— Ал, сонда сенің ұсынысың қандай?
Жюльен бұл сауалға әлдеқашан әзірленіп қойғандай, мүдірген жоқ, өз пікірін баяндай жөнелді.
— Маған салса, дау-далабасыз оп-оңай құтылған болар едім. Аз ғана тиын-тебен беріп, баласын құшақтатып, қайда барсаң онда бар деп аттандырып саламын.
Бірақ бұған жас келіншек бұрқан-талқан боп, көнбей қойды.
— Бұндайыңа ешқашан да жол бермеймін. Ол менің бірге еміп, бірге өскен емшектесім. Әрине, тап мынандай күнә істегені аянышты-ақ, бірақ амалың қайсы. Мен оны көшеге қуып шыға алмаймын, басқа жолы табылмаса, баласын өзім алып бағам.
Бұл жерде Жюльен морт сынды.
— Ендеше жетістіреді екенбіз! Бұл біздің абырой-атағымызға нұқсан келтіреді. Жұрт сосын бізді өздерінің күнәсін көлкештеп, қайдағы бір жел етек қаңғыбасты бағып жүр деп шуылдасады. Зиялы адамның ешқайсысы есігімізден аттамайтын болады. Сондағы сенің қалайтының осы ма? Ақылыңнан адасқан шығарсың!
Жанна енді жуасиын деді.
— Мен Розалиды қууға рұқсат етпеймін. Сен жақтырмасаң, оны мамам өз үйіне алады. Баланың әкесін ақыр түбі бір табармыз.
Әбден зығырданы қайнап ашуға булыққан Жюльен:
— Әйелдердің басына осындай бір қайдағы-жайдағы ақымақ қиял қайдан келеді екен! — деп есікті тарс қойып, бөлмеден шығып кетті.
Кешқұрым Жанна жаңа босанған қыздан хал сұрай келді. Ол жесір Дантюдің бағымында көзі бақырайып төсекте жатыр, ал жесір жаңа туған шарананы қолына алып, әлдилеп отыр.
Розали өз ханымын көргенде өне бойы дір-дір етіп, өксіп-өксіп жылап жіберді, басын жалма-жан көрпенің астына тығып алды. Жанна сүймекші болып еді, бетін жасырып, көнбей қойды.
Сол жерде Дантю араласып, қыз қолынан көрпені күшпен жұлып алды; Розали да көп қарсыласпады, әлі де жылап жатыр, бірақ манағысынан гөрі біраз тынышталыпты.
Каминде өлеусіреп болмашы от жылтырайды, бөлменің іші қақаған суық, сәби ауыз жапқан жоқ, қақылдап үсті-үстіне жылайды. Жанна Розали тағы да жылап жібере ме деп, ештеңе сұрай алмады. Қызметші қыздың қолын ұстап:
— Бәрі де жақсы болады, ештеңе етпейді, — деп қайта-қайта жұбатумен болды.
Бейшара қыз Дантю жаққа ұрлана қарап қояды, баласының мырсылдағанын естіп, жаны шығып барады, көкірегін жаншып жатқан ауыр қасірет ауық-ауық өксік боп сыртқа лықсиды; күшпен тежеген көз жасы көмейіне құйылып, жүрегінің басында кілкіп тұр.
Жанна тағы да бетінен сүйіп, құлағына сыбырлады.
— Абыржыма, көгершінім, біз оны өз қамқорлығымызға аламыз.
Тағы да ағыл-тегіл еңіреу басталды, енді Жанна кеткенше асықты.
Күн сайын келіп тұрды, келген сайын Розали еңіреп қоя береді.
Бөбекті бір қоңсы бағуға алды.
Жюльен қызметші қызды қуып жіберейік дегенде көнбегеніне әлі ашуланып жүрсе керек, әйелімен сөйлеспей қойды. Бір күні ол өз ұсынысын қайта сөз қыла бастап еді, Жанна қалтасынан баронессаның егер қызды Теректіде ұстағыларың келмесе, дереу өзімізге жіберіңдер деп сұраған хатын суырып алды.
Жюльен оған одан сайын ызаланып, өкіреңдей жөнелді.
— Анаң да өзің сияқты есуас екен.
Бірақ сөзді одан әрі созған жоқ. Екі аптадан соң босанған әйел белі қатып, шаруаға айналардай халге келді.
Бір күні таңертең Жанна оны шақырып алып, қасына отырғызды; қолынан тас қып ұстап жүзіне қадала қарап:
— Ал, көгершінім, кәне бәрін де айтшы енді, — деді.
Розалидің денесі қайтадан қалшылдап кетті.
— Нені айт дейсіз, ханым? — деп күмілжіді.
— Баланы кімнен таптың?
Сол-ақ екен, қызметші қыз еңіреп жіберді. Қолын босатып ап, бетін бүркегісі кеп, бұлқына бастады. Бірақ Жанна бетінен сүйіп, жұбату айтып, қанша бұлқынса да, қолын жібермеді.
— Болар бақытсыздық болды, енді не істейсің, көгершінім. Бұндай күйге тап боп жүрген жалғыз сенбісің. Егер баланың әкесі саған үйленетін болса, ешкім енді бұл туралы бір ауыз сөз айта алмайды. Біз оны өзіңмен бірге қызметші қылып аламыз.
Розали жаны әбден азапқа түсіп, үсті-үстіне өксіп-өксіп қояды. Көп ұзамай қолын босатып ап, қашып кетпек боп, қайта жұлқынды.
Жанна сөзін жалғастыра түсті.
— Сенің бұндай сұрақтан ұялатыныңды білемін, алайда үркітіп-қорқытып отырған мен жоқ, жақсы көріп, жаным ашып сұрап отырғанымды өзің де түсінесің. Ал, әлгі адамның атын білгім келсе, ол да сенің қамың. Осынша таусыла қайғырғаныңа қарағанда, ол сұрқия сені тастап кетсе керек. Мен оны бұлай масайратып қоймаймын. Түсінесің бе? Жюльен оған барып жолығып, қалай да үйленесің деп талап етеді. Сосын екеуің де өзімізбен бірге тұрасыңдар. Сені біз оған жәбірлеткізбейміз.
Мынаны естуі мұң екен, Розали ақылынан адасқандай, бой бермей жұлқынып, қолын босатып алды да, зытып отырды.
Кешкі тамақ үстінде Жанна Жюльенге:
Мен Розалидан алданып қалған адымыңды айт деп сұрап едім, ештеңе шықпады. Енді сен сұрап көр. Біз ол оңбағанды қалайда үйленуге көндіруіміз керек, — деді.
Жюльен зығырданы қайнап:
— Ау, жарқыным, осы оқиғаның мені әбден мезі қылып біткенін білесің бе, жоқ па? Ол қызды қасымда қалдырам десең, сенің-ақ айтқаның болсын. Тек құдай үшін мені осы мазалағаныңды қойшы енді, — деп жекірді.
Розали босанғалы ол әбден ашуланшақ болып алды, бұған өмірбақи ызаланып келе жатқан кісіше, аузын ашса-ақ, айқайлап сөйлейтінді шығарды. Ал, Жанна болса, ұрыс-керіс кикілжіңнен қашып, ылғи оның бетіне қарсы бара бермейді, түнде төсегінде әлсін-әлі жылап та алады.
Бірақ күйеуі күйіп-пісіп жүргенмен бұрынғы жұбайының бөлмесіне үш күн қатарынан бас сұқпай жатып алатынын қойып, Теректіге келгелі атымен ұмытып кеткен ғашықтық әдетіне қайта көшті.
Розали да бойын жиып, бұрынғыдай қайғыра бермей, еңсесін көтерді; бірақ әбден қорқытып-үркітіп тастағандай, әлі де бірдеңеден секем алып, ылғи қалтырап-дірілдейді де тұрады.
Жанна одан тағы да екі рет сұрап көрмекке оқталып еді, екеуінде де ол жауап беруден тайсақтап, қашып кетті.
Жюльен аяқ астынан бәйек боп. құрақ ұшып тұратын болыпты. Келіншек тағы да бір көмескі үміттің соңына түсті. Кездейсоқ сырқаттанып қала беретініне қарамастан, онысын ешкімге тісінен шығармай, өзінен-өзі көңілді жүрді. Күн әлі жылына қойған жоқ, бес апта бойы күндіз аспан көк хрусталдай жарқырады да тұрды, - түнде қарға оранып, қалғып кеткен жап-жазық даланың қақ төбесінен сонау көктегі еңіреп қатып қалған мұз айдында шашырап жатқан жұлдыздар жылмыңдайды.
Көл-көсір дүниеден төрт бұрышты аядай аула мен қар жамылып, майысып кеткен биік-биік ағаштар көлегейлеп тұрған фермалар ақ мамыққа тереңірек көміліп, біржола қатып ұйықтап қалған тәрізді. Сыртқа шығып жүрген мал да, жан да көрінбейді, тек шыңылтыр аязда ауық-ауық бой көтеріп шығатын шүйкедей-шүйкедей түтіндер ғана тығылып жатқан тіршіліктен нышан бергендей болады.
Жазық далалар да, жапырық бұталар да, шарбақтың өне бойына иек сүйей сұлық құлаған ағаштар да сақырлаған сары аязға шыдай алмай, әлдеқашан жан тәсілім болған секілді. Ауық-ауық түбірімен омырылып түскелі тұрғандай жөке ағашы сықыр-сықыр етеді, кейде құтырған аяз қабығынан таспа тіліп, өзегіндегі шырынына дейін еңіретіп қатырып тастаған үлкен бұтақтар күрс-күрс үзіліп түседі.
Жанна күннің жылынғанына онша асыға қойған жоқ; қайта осы бір сықырлаған суық оны шырқ айналдыра бастаған сырқаттың жанына жаға түскен сияқты.
Оның не екеніне өзі де түсіне алмады, тамаққа да тәбеті тапшы, ара-тұра жүрегі атша тулап кетеді, кейде тіпті жеңіл-желпі тамақтың өзі ішіне жақпай қалады, ал әбден шегіне жете ширығып алған жүйкесі сәл нәрседен шамырығады да отырады.
Бірде кешқұрым күн тіпті суытты. Асханаға отын үнемдейміз деп ешқашан от жағылмайтын-ды. Жюльен тамақтанып болған соң, қолын ысқылап жүріп:
— Бүгін түнде бірге ұйықтағанымыз жақсы ма, сәулем? — деп сыбырлады.
Ол баяғы ақ жарқын қалпына түсіп, жайраң-жайраң күліп қояды, Жанна мойнына асыла кетті. Бірақ бұл кеште оның өне бойы дел-сал тартып, жүйкесі қалжырап, ештеңеге зауқы шаппай отыр еді, күйеуінің ернінен сүйіп, өзін оңаша қалдыруды өтінді. Бір-екі ауыз сөзбен сырқатының жайын айтты.
— Қинамашы, қымбаттым, мен шыннан да сырқатпын. Ертең тәуір болам ғой.
Жюльен де орынсыз салмақ салып жатпады.
— Ендеше, өзің біл, қымбаттым. Ауырсаң емделуің керек қой.
Енді әңгіменің беті басқа жайттарға бұрылды.
Жанна ерте жатты. Жюльен бұрын жоқ әдетін істеп, өз бөлмесіне камин жағуға әмір етті. "От жақсы жанып жатыр!" деген хабар келгенде, әйелінің бетінен сүйіп, шығып кетті.
Қара суық бүкіл үйді қарып бара жатқандай, мұздап қалған қабырғалар қызыл шұнақ аязға шыдай алмай, сықырлай бастады. Жанна төсектің өзінде қалтырап жатыр.
Екі рет төсегінен тұрып, отқа отын тастады, барлық көйлек юбка, ескі-құсқы киімдердің бәрін үстіне тау қып үйіп қойды, бірақ жылынбады. Аяғы мұздап сіресіп қалды, балтыры шаншып, сегіз көздігіне дейін қалтырап барады, шыдай алмай екі бүйіріне алма-кезек аударылып түсіп, дөңбекши берді.
Біраздан соң тісі-тісіне тимей сақылдай бастады, қолы қалтырап, өкпесі қысылды; жүрегінің де соғысы бәсеңдеп, ара-тұра тоқтап қалғандай болады. Ол ауа жетпей, тынысы тарылып, тұншыға бастады.
Көңілін бір үрей биледі, адам төзгісіз суық сүйегінен өтіп барады. Бұндайды ол өмір бақи көрмеген-ді. Өн бойында өмір сарқылып, жаны қазір шығып кететіндей көрінді.
Ол: "Мен өледі екем, — міне, өліп барам", — деп ойлады. Қорыққанынан төсегінен атып тұрды да, Розалиды шақырып қоңырау соқты; біраз кідіріп барып, тағы шылдыратты; қалтырап-дірілдеген күйі тағы біраз уақыт күтіп көрді. Қызметші қыз келмеді. Шамасы, оянбастай боп қатты ұйқыға кетсе керек. Жанна есінен танып, жалаң аяқ күйі сатыға шықты.
Ол үн-түнсіз көтеріліп, сипалап жүріп, есікті тауып алды да: "Розали!", — деп айқай салды; кіріп барып, төсегін қолымен сипалап көріп еді, бос тұр, әрі мұп-мұздай, бүгіндікке ешкім жатпаған сияқты.
Бұған таңғалды. "Сонда бұл не болғаны, тағы да қыдырысқа кіріскені ме? Бірақ, тап мынандай суықта қайтіп қыдырады?", — деп ойлады.
Сол бойда қайтадан тынысы тарылып, жүрегі атша тулап қоя берді, жандәрмен күшін жиып, Жюльенді оятуға кейін жүгірді.
Ол жан ұшыра жүгіріп келеді, дәл қазір өлетініне әбден көзі жеткен сияқты. Есінен танбай тұрып, күйеуін бір көріп қалмақшы.
Сөніп бара жатқан көмір шоғының бозамық сәулесі түсіп тұрған мамық төсекте күйеуінің қасында жатқан Розалидың басын бірден таныды.
Оның баж ете қалған даусынан екеуі де атып тұрды. Бір сәт мынандай сұмдыққа айран-асыр боп, тырп етпей тұрып қалды. Сосын өз бөлмесіне қарай безе жөнелді. Бірақ, шошып кеткен Жюльен: "Жанна!", — деп айқайлап жіберді. Ол оны көргісі де келмеді, өп-өтірік ант-су ішкен аяр даусын естігісі де келмеді, көлгірсіген көзіне қарағысы да келмеді, сатыға шығып, төмен қарай жүгірді.
Ол қараңғыда тас сатыдан сүрініп, мертігіп қалармын деп те сескенбестен зулап келеді. Оны енді ештеңені көрмесем, білмесем екен деген үрейлі ой қуып келеді.
Төменге түскен соң ақылынан алжасқан адамша жалаң аяқ, жалаң бас, көйлекшең күйі баспалдаққа отыра кетті.
Жюльен төсегінен атып тұрып, жалма-жан киіне бастады. Оның аяғының дыбысын Жанна бірден естіді; қашып кетпекші боп, орнынан тұрды. Міне, Жюльен "Жанна, тыңдашы енді!" деп мүләйімсіп сатыдан түсіп келеді.
Жоқ, оны тыңдағысы келмейді, қолына түскісі де келмейді, бас кесерден қорыққан адамша асханаға зып берді. Ол одан қашып құтылар есік, жасырынардай қараңғы бұрыш, қалтарыс жер іздеді. Ештеңе таппаған соң, үстелдің астына тығылды. Со бойда күйеуі қолына шам ұстап, есіктен кіріп келді. "Жанна! Жанна!" — деп, табалдырықтың алдында айқайлап тұр. Жанна тағы да зымырап отырып, асханаға қойып кетті; удан қашқан хайуандай асхананы бір-екі рет айналып шықты. Күйеуі мұнда да қуып кірді. Барар жері қалмаған Жанна сыртқа шығатын есіктен бақшаға қарай ата жөнелді.
Жалаңаш сирағы әлсін-әлі қалың қарға тізесіне жеткенше батып шығып, батып шығып малтығып жүр; сол бір тас төбесінен шыққан мұздай суық оның бойына күш қосқан тәрізді. Үстіндегі желең көйлектен басқа лыпасы болмаса да, суықты елең қылар емес. Қан қақсаған жан жарақаты тәнге тиген жарақаттың қандайын да сездіре қояр түрі жоқ. Аппақ қар басқан бақша ішінде аруақтай ағараңдап жүйткіп келеді. Үлкен саяжолдың шетіне шықты, тоғайды да кесіп өтті, қазулы жырадан бір-ақ ырғыды, енді қойнауға қарай безіп барады.
Айсыз түн еді. Қап-қараңғы аспанда ұшқын шашып жұлдыздар жымыңдайды; қар басқан алқап көмескі бұлыңғыр сәулеге малынып жап-жарық; елең етер үн жоқ, меңіреу тыныштық.
Жанна ештеңені сезген де жоқ, ештеңені ойлаған да жоқ, сесін шығармай ентелей басып жүгіріп келеді. Кенет жар қабаққа тірелді де, кілт тоқтай қалды, сосын сол есінен адасып аңырған есірік күйі қардың үстіне сылқ етіп отыра кетті.
Қарсы алдындағы қап-қара тұңғиық ішінен көзге көрінбей жатқан меңіреу теңізден балдырдың ашқылтым күлімсі иісі шығады.
Жаны да, тәні де ештеңені сезбеген, ештеңені елең етпеген дел-сал қалпында біраз отырды, кенет жел өтінде қалған желкендей өне бойы дірілдеп ала жөнелді. Аяқ-қолы, саусағы түп-түгел қалтырап шыға келді. Санасы қайта оянып көкірегін аямай тырнаған ап-ащы ой қайта сап ете қалды.
Өткен-кеткеннің бәрі де тізбектеліп көз алдына қайта елестеді. Есіне Ластик ағайдың барқасына мініп серуендегендері, әкесі жасатқан қайықты алғаш рет суға салғандары түсті. Енді ол сонау артта қалған өткен өмірді бір-бірлеп, жадына түсіре бастады, тіпті монастырдан шығып келген түндегі тәтті армандарына дейін ойына оралды. Ал, сол армандаған өмірі не болып шықты? Тіршіліктің мәні кетті, бақыттың баянсыздығын көрді, үміттің орнын үрей жайлады, бәрі тұл, бәрі жалған, алда тек азап пен алдамшылыққа, қайғы-қасіретке толы беймәлім болашақ күтіп тұр.
Енді соның бәрін де талақ етіп, біржола өліп тынған жөн...
Алыстан дабырлаған дауыс естілді.
— Мұнда, тезірек мұнда келіңдер, мынау соның ізі ғой!
Бұл оны іздеп жүрген Жюльен еді.
Жо-жоқ! Бұл оны көргісі де келмейді. Аяғының астындағы құз шыңыраудың түбінен болар-болмас бір сыбыс, теңіз толқынының жағаға ұрған еміс-еміс шылпылы құлағына шалынды.
Ол орнынан атып тұрды, құрдым құзға құламақ боп, қамдана берді. Сонда өмірден баз кешіп, тіршілікпен қоштасып тұрып, мұндайда өлетін адамның қай-қайсы да ақырғы рет бір-бір айтып қалатын әлгі бір ұрыста өлімші боп жараланған бозбала жауынгердің ақырғы рет ауызға алатын "Мама!" деген бір ауыз сөзі оның да аузына түсті.
Сол бойда анасы жайлы аянышты ой жылт ете қалды; шешесінің еңіреп жылағаны, әкесінің бұның алба-жұлба өлігінің үстіне өкіріп құлағаны көз алдына сайрап келе қалды; олар шегетін тұңғиық қасіретті көзді ашып жұмғанша өз басынан өткеріп шықты.
Сол-ақ екен, ол сүлдері құрып, қар үстіне құлап түсті; енді тіпті қашуды да ойлаған жоқ. Ол құлама жардың дәл ұшар басында жатыр екен, Жюльен, Симон атай, Мариус үшеуі шырағданның жарығымен әзер тауып, кейін қарай алып жүрді.
Олар бұған істегілері келгендерінің бәрін де істеп бақты. Жаннаның қозғала алатын да дәрмені жоқ еді. Ол тек өзін біреулердің қалай алып келе жатқанын, төсегіне қалай әкеп салғанын, сосын үсті-басын ыстық орамалмен әрі-бері ысқылағандарын еміс-еміс біледі, ал содан кейінгінің ешқайсысын сезген жоқ, өйткені оның есі ауып кеткен-ді.
Сосын оны бір шым-шытырық елестер азапқа салды, Бірақ, ол не шытырман - оған да түсіне алмай қойды. Ол өзінің бөлмесінде жатыр. Аулада күн шайдай ашық, ол орнынан тұра алмайды. Неге тұра алмайды? Оны өзі де білмейді. Кенет еденді әлдекімнің сытырлатып жатқанын естіп қалды; сөйтсе бір кіп-кішкентай сұп-сұр тышқан оның көрпесінің үстінен жүгіріп өтті. Ол жалғыз емес, әлденешеу екен, әуелі біреуі, сосын екіншісі, сосын қалғандары аяқтарына көз ілеспей, үстімен атанақтап шауып өтіп жатыр, өтіп жатыр. Жанна олардан қорыққан жоқ, ұстап алғысы кеп қолын созып еді, уысына ешқайсысы ілікпеді.
Сол екі ортада тышқандар тіптен молая түсті, жан-жақтан ондап, жүздеп, мыңдап өріп шығып жатыр, шұбырып оның төсегіне өрмеледі; бүкіл төсектің тышқаннан жүзі көрінбей кетті, ерсілі-қарсылы сапырылысып жүр. Ақыры, көрпенің астына да кірді. Жанна тіпті олардың бұның тәнін емін-еркін шарлап шыққанын, кеудесінде жыбыр-жыбыр жүгіріп жүргендерін ап-анық сезіп жатты. Ол тышқандардың төсегіне қалай шыққанын, сосын кеудесіне қалай өрмелегенін - бәр-бәрін көріп жатыр, қорғанып ұстап алмақ боп, қанша ұмтылса да, қайта-қайта құр ауаны қармап қалады.
Ол уақыттан атымен хабарсыз еді. Шамасы бұл шытырман ұзаққа созылса керек.
Бір күні есін жинады; әлі де әл жия алмай, құр сүлдері жатса да, бұрынғыдай емес, бір түрлі сергек күйге оралып, рақаттанып сала берді. Ол күш-қуаттан түгел айырылып, әбден титықтап қалған-ды. Сығырайтып көзін ашты. Бөлмесінде отырған жуан біреу мен анасын көргенде тіпті таңғалған да жоқ. Өзінің жасы қаншада еді? Оны да білмейтін, әйтеуір, өзі тым кішкентай боп кеткен сияқты, есінде мүлдем ештеңе қалмапты.
Жуан адам:
— Мында қараңыз, есі кірді, — деді.
Анасы жылап қоя берді.
Жуан адам тағы да тіл қатты:
— Сізге не болған, баронесса, абыржымаңыз, қызыңыздың енді құлантаза сауығып кететініне мен кепіл. Тек сіз онымен ештеңе туралы, естисіз бе, ештеңе туралы сөйлесуші болмаңыз. Ол әуелі алаңсыз ұйықтап, тыңайып алсын!
Жанна бұдан кейін де ұзақ уақыт есін жия алмай, бір маужыраған дел-сал ұйқының құшағында жатқандай сезінді; ештеңені есіне алғысы келмеді; өткенді ойласа, жадына оралатын әнеукүнгі сұмдық оқиғадан әлі де қорқатын тәрізді.
Бірде көзін ашса, төсегінің қасында жападан-жалғыз Жюльен отыр екен; сол бойда әлгі бір сұмдық оқиғаны бұған дейін көлегейлеп келген көлгір перде сырғып ашылып кеткендей, бәрі де ойына сайрап келе қалды.
Жүрегіндегі ауыр жарақат қайтадан қан қақсап қоя берді. Ол тағы да қаша жөнелмекші боп, көрпесін серпіп тастап, еденге секіріп кетіп еді, аяғынан тұра алмай, етпетінен құлап түсті.
Жюльен оған шап берді, Жанна оны жанына жуытқысы келмей зәресі ұшып шыңғырып жіберді. Еденде жандәрмен еңбектеп жылжып, қолды-аяққа тұрмай безіп жүр. Есік айқара ашылып, Лизон апай мен жесір Дантю кіріп келді; оларға іле-шала барон, бәрінің соңынан екі иінінен әзер дем алып, ентелеп келе жатқан анасы көрінді.
Жаннаны тұрғызып, төсегіне жатқызды. Ол ештеңені ойламас үшін, ештеңені айтып қоймас үшін өп-өтірік көзін тас қып жұмып алды.
Анасы мен апасы біресе бұ жағына, біресе о жағына шығып:
— Жаннашым, сәулем, бізді естисің бе? — деп безек қағып жүр.
Ол ештеңені естімеген боп, жауап қатпай қойды, бірақ күн көзінің батып бара жатқанын ап-айқын сезіп жатыр. Түн болды. Оның қасына әлсін-әлі сусын ұсынып күтуші отырды.
Ол берген сусынды ішіп қозғалмай тып-тыныш жатты да қойды, бірақ ұйықтай алмады. Басы қатып, әр немені бір ойлап жатыр. Бірақ, ештеңені түбегейлі түптеп ойлай алмайды, бір нәрсені ойлап жатып, екінші бір ойға ауысады; миы ой ойлауды тосырқап қалғандай, өз ойынан өзі қайта-қайта жаңылыса береді.
Бірақ, ол сонда да қасарысып, көнбей қойды; енді әлгі әр алуан шытырман ой бір жүйеге түскен тәрізді.
Анасы, әкесі, Лизон апайлардың бәрінің келгеніне қарағанда, бұл қатты ауырған болды. Бірақ, сонда Жюльен қайтты екен, әлгілерге не деді екен? Ата-анасы не біліп, не сезді екен? Розали ше? Ол қайда жүр? Бәрінен бұрын енді не істеуі керек? Мұның ендігі өмірі не болмақ? Оған кенет осы ата-анамен бірге Руанға кетіп, сонда тұрсам қайтеді деген ой қашты. Қайтушы еді, көп болса, жесір атанар...
Енді ол төңірегіндегі әңгімелерге құлағын түрді; олардың бәрін де ап-айқын естіп. ап-анық түсініп жатыр. Соған қарап, есін жинағанын біліп, қуанса да, аңысын аңдап, қулық жасап, үндемей бақты.
Ақыры, бірде кешқұрым баронесса қасында оңаша қалғанда:
— Маматай! — деп даусы шығып кетті.
Өз даусына өзі таңғалды, құдды жат біреудің даусындай танымай қалды. Анасы қолынан ұстай алды.
— Жанна, жарығым, мені таныдың ба?
— Иә, мама! Сен тек жыламашы. Біздің біраз әңгімелесуіміз керек еді. Жюльен ол күні менің неге қар кешіп қашқанымды айтты ма?
— Айтты, көгершінім, айтты. Сен ол күні адам қорқардай жаман сандырақтапсың.
— Онысы өтірік. Мен есімнен кейін адастым. Ол саған менің неден сандырақтағанымды, үйден неге қашқанымды айтпады ма?
— Жоқ, жарығым.
— Мен оның Розалимен бірге жатқанының үстінен шықтым.
Бароннеса қызы тағы да сандырақтай бастады екен деп ойлап, басынан сипап қойды.
— Ұйықта, қызым, тынышталып ұйықтап алшы.
Бірақ, Жанна міз бақпады.
— Мен есімді әлдеқашан жинадым, мама. Сендер мені сандырақтап жатыр екен деп ойламаңдар. Бірде түнде сырқаттанып қап, Жюльенді шақыруға барсам, ол төсекте
Розалимен бірге жатыр. Мынандай масқараны көрген соң, есімнен адасып, құздан құлап өлмекші боп, жалан аяқ қар кешіп, қашып кеттім.
Баронессаның бұл сөзіне илана қояр түрі жоқ.
— Иә, көгершінім, сен өте қатты ауырыпсың!
— Жоқ, мама, Розали екеуінің бірге жатқанын көргенім рас. Енді қайтып онымен бірге тұрғым келмейді. Мені Руанға алып кетіңдер.
Дәрігердің Жаннамен ештеңе туралы сөйлесуге болмайды деген кеңесі енді есіне түсіп, баронесса:
— Жарайды, жаным, — дей салды.
Бірақ, қызы ашулана бастады.
— Сен менің сөзіме сенбей отырсың. Бар да папамды шақыр, ол бұл сөзіме тез түсінеді.
Анасы орнынан зорға тұрып, қолына таяғын алып, сүйрете басып шығып кетті де, бірнеше минуттен кейін баронға сүйеніп қайтып оралды.
Екеуі қызының қасына кеп отырды, Жанна көп сөзбұйдаға салмай, әңгімесін бастады. Аурудан әлсіреп қалған әлжуаз даусымен Жюльеннің түсініксіз мінезін, дөкірлігін, сараңдығын, ақыр соңында, опасыздық жасағанын — бәрін рет-ретімен баяндап берді.
Жанна сөзін бітіргенде барон қызының сандырақтап жатпағанын бірден ұқты, бірақ оған не айтарын, не істерін білмей аңтарылып қалды.
Қызының кішкентай кезінде ертегі айтып берерде әуелі қолынан сипайтын-ды, бұл жолы
да сол әдетін істеп, Жаннаның қолынан ұстады.
— Тыңда, қызым. Ақылмен әрекет қылған дұрыс. Біз бір шешімге келгенше, сен шыдамдылық жаса. Келісесің бе осыған?
— Шыдап көруге тырысайын. Бірақ, аурудан сауыққан соң мұнда тұра алмаймын, — деп сыбырлады қызы.
Одан да гөрі бәсең дауыспен:
— Розали қазір қайда? — деп сұрады.
— Оны енді қайтып көрмейсің, — деді барон.
Бірақ қызы бұл жауабын місе тұтпады.
— Жоқ, оның қайда екенін білгім келеді.
Әкесі амалсыз оның әзір осында екенін айтып, тез арада қуып жіберуге уәде берді.
Науқастың бөлмесінен шыға сала әкелік сезімі жәбірленіп, ызаға булығып, бірден Жюльенге беттеді. Барған бойында төтесінен-төте:
— Мырзам, мен сіздің қызыммен қарым-қатынасыңыздың қандай екенін білуге келдім. Сіз қызметші қызбен көңілдес боп, ақ некелі жарыңызға опасыздық жасапсыз. Бұныңыз шеннен шыққан сұрқиялық, — деп салды.
Жюльен сүттен ақ, судан таза боп, ант-су ішіп бақты. Бұлай айып тағатындай айғақ, дәлелдері қайсы? Жаннаның сөзіне сеніп бола ма? Ол миына суық тиіп ауырған түнде жалаң аяқ қар кешіп, қашып, ақылынан алжасқан жоқ па еді? Күйеуінің төсегінен қызметші қызды дәл сол ақылынан алжасып, жартылай жалаңаш күйі үйді шарлап әбігер қылғанда көрдім деп өзі айтып отыр емес пе?
Ол бірте-бірте даусын көтеріп, сотты айтып қорқытып, өршелене түсті. Барон тайғақсып, ақтала бастады, тіпті кешірім сұрап, қолын ұсынып еді, күйеу баласы қабыл алмады.
Күйеуінің жауабын естігенде, Жанна ренжіген жоқ:
— Ол шып-шылғи өтірік айтады. Біз оны бәрібір мойындатамыз, — деді де қойды.
Сосын екі күн бойы тым-тырыс ойға шомумен болды. Үшінші күні таңертең Розалиді көргісі келді. Барон қызметші қызды ол жатқан бөлмеге шақырудан бас тартып, ол бұл үйде жоқ деп бет бақтырмады. Жанна ештеңеге құлақ аспады.
— Ендеше, соңынан іздеп барып, осында ертіп әкеліңдер, — деп тайталасты.
Дәрігер келгенде ол қайтадан ызаға булығып жатыр еді.
Істің жайы дәрігерге де айтылып, одан ақыл сұрасты. Бірақ, кенет Жанна ағыл-тегіл жылап жіберді, тіпті:
— Мен Розалиды көзбе-көз көріп, не дейтінін өз аузынан естігім келеді, — деп айқай салды.
Сол жерде дәрігер оның қолынан ұстап, сыбырлап, басу айтты.
— Ханым, абыржымаңыз, тынышталыңыз. Сіздің жағдайыңызда мұндай ашу-реніш атаулының бәрі қауіпті. Сіз екіқабатсыз.
Жанна төбесінен жай түскендей аңырып қалды, сол-ақ екен ішінде біреу бұлқынғандай болды. Ол енді қайтып ештеңе демеді, төңірегінде не әңгіме болып жатқанын да тыңдамады, тек өз жағдайын ойлап күн өткізді. Түн баласы көзін жұмбады. Оны осынша сары-сары уайымға салған төбеден түскендей сап ете қалған өз құрсағында дәл жүрегінің астында бөбек жатыр деген құбыжық хабар еді; оның Жюльеннің ұлы болғаны арқасына аяздай батты, әрі шарана сәбиді аяды; әсіресе, о да әкесіне тартып кетер ме екен деген күдік жанын жегідей жеп барады.
Ертеңіне сары ала таңнан баронды шақыртты.
— Папа, мен не де болса, шындықты білуге бел байладым. Ол маған әсіресе, осы қазір өте-мөте қажет. Мынандай халде отырғанымда менімен тайталаса беріп қайтесіздер. Онан да, тыңдап ал. Сен кюре мырзаны өзің іздеп бар. Оның Розалиға шындықты айтқызуға көп жәрдемі тиеді. Келген бойында менің бөлмеме әкеліңдер, мамам екеуің де осында болыңдар. Бірақ, ең бастысы, Жюльен бұл жайында ештеңе сезіп қоймасын.
Арада бір сағат өтер-өтпесте священник келді, ол баронессадан бетер семіріп, жүрісі ауырлап кетіпті. Төсегінің қасына кеп отырып еді, екі жаққа талтайып кеткен екі бұтының арасына теңкиген жуан қарны әзер сыйып отыр. Баяғы әдетіне басып, жолақ-жолақ орамалымен бетін сүртіп қойып, әзілдесе жөнелді.
— Баронесса, сіз бен біздің ари қояр түріміз байқалмайды білем, екеуміз бірімізден біріміз өтеді екенбіз.
Сосын ол науқастың төсегіне бұрылды.
— Хе-хе! Менің естіген хабарым рас болса, жақында тағы біреуге азан шақырып, ат қоямыз ғой деймін. Еһе-һе! Бұл жолы, қайыққа емес, отанның болашақ қорғаушысына бата беретін шығармыз.
Сөзінің аяғында бір сәтке байсалдылық бітіп, ойланып қалды да, баронесса жаққа бір иіліп қойып, қайта жалғастырды:
— Бәлкім, бұл үйдің сіз сияқты жайсаң анасына бата береміз.
Сол арада есік ашылды; ұзын-шуақ бөлменің ту түбінен зәресі ұшып, қорқып, ертіп келе жатқан кісінің еркіне көнбей, қолына жармасып, тыртысып, көз жасын көл қып ағызып келе жатқан Розали көрінді. Оны барон үйге итеріп кіргізді. Ол бетін қос қолымен бүркеп алып, өксіп-өксіп қояды.
Жанна оны көре сала, орнынан түрегеліп отырды. Өңі құп-қу, жүрегі атша тулап кетті, су-су денесіне етімен ет боп жабысып қалған жұқа көйлегінің көкірек тұсы дір-дір етеді. Тіпті сөйлеуге де шамасы келмей, демі бітіп, тұншығып барады. Ақыры, жүрексінгендіктен даусы толқи шығып:
— Маған... маған... сенен жауап алудың түкке де қажеті жоқ. Алдымда тап осылай көзіме қарай алмай бетіңнен басқаныңды көргенім де жеткілікті.
Сәл мүдіріп, дем алып алды, сосын қайта сөйледі.
— Бірақ, мен барлық шындықты білгім келеді. Мен мына кюре мырзаны сенен ант алу үшін әдейі шақырдым. Түсінесің бе?
Розали сол мелшиген қалпы, бірақ, сіресіп қатып қалған саусақтарының ар жағынан ауық-ауық өксік естіледі.
Барон бұдан арғыға шыдамы жетпей, зығырданы қайнап, оны қолынан ұстап ап, сілкіп-сілкіп жіберді де, кереуеттің алдына етпетінен түсірді.
— Айт шапшаң... Жауап бер!
Ол опық жеген күнәкарларша еденнен басын көтермеді; бас киімі бір жағына қисайып кетіпті, белдемшесінің етегі ашылып қалыпты, бетін қолымен жалма-жан қайта жауып алды.
Әңгімеге енді кюре араласты.
— Қызым, айтқан сөзді тыңда, берілген сұраққа жауап бер. Ешкім саған жамандық тілемейді, тек ақиқат сырыңды ашып айтқаныңды қалайды.
Жанна төсектің басынан оның төбесіне төніп:
— Мен кіріп барғанда, сенің Жюльеннің төсегінде жатқаның рас па? — деп сұрады.
Розали сол жүзін көлегейлеген күйі өксіп-өксіп қойып:
— Рас, ханым, — деді.
Сол арада баронесса Розалидың өксігенін естіртпей, кеңкілдеп жылап қоя берді.
Жанна қызметші қыздан көзін алмай, тағы сұрақ қойды.
— Екеуіңнің мұндайларың қашан басталып еді?
— Алғашқы күндерде-ақ... — деді Розали сөзінің аяғын жұтып.
Жанна оның жауабына түсінбей қалды.
— Алғашқы күннен дейсің бе? Сонда... сонда көктемнен бері ме?
— Иә, ханым.
Жанна көкірегін қысып, тұншықтырып бара жатқан күмәнді көп сауалды төкпектете жөнелді.
— Қалай болғаны сонда? Ол бұны саған қайтіп айтты? Оған сен не дедің? Айтқанын істей бердің бе? Оның сөзіне қалай ердің?
Розали енді бар сырын ақтарғысы кеп, бетінен қолын жұлып алды.
— Мен қайдан білейін! Осында кеп, алғашқы түстенген күні менің бөлмеме кірді: Ал оған дейін шатырға жасырынып жүргенбіз. Өсек-мөсек тарап кете ме деп, айқайлай да алмадым. Төсегіме кеп жатып алды. Өзіме-өзім ие бола алмадым, ол дегеніне жетті. Мен ешкімге бұл жайында ештеңе айта алмадым. Өйткені, ол соңымнан көз жазбай қадағалап жүрді.
Жанна шыдай алмай, даусын көтеріп, сөзін бөлді.
— Ал, анадағы сәби ше? Оны да содан таптың ба?
— Иә, ханым, — деп Розали кеңкілдеп жіберді.
Бұдан кейін екеуі де үндеген жоқ. Тек баронесса мен Розалидың солқ-солқ өксігендері ғана естіліп тұрды.
Мына сұмдықты естігенде, аза бойы қаза боп, түршігіп кеткен Жанна өзінің де көзі жасқа толып бара жатқанын байқады; үн-түнсіз көз жасы екі бетін айғыздап, сорғалап жүре берді. Демек, мұның баласының әкесі қызметші қыздың баласының да әкесі екен. Ашуы басылды. Енді оны езіп-жаншып бара жатқан қапа-қасірет, қапырық, торығу сезімі билеп алды.
Ол жаңағысынан гөрі басқарақ дауыспен, көз жасына тығылып, жылап отырған әйелдің жабырқаңқы үнімен, тағы да тіл қатты.
— Ол саған біз саяхаттан оралған соң да барды ма?
Қызметші қыз еденге қайтадан бетін басты.
— Сол келген күні-ақ менің қасыма түнеді, — деп тұншыға сыбырлады.
Оның әр сөзі Жаннаның жүрегіне шоқ боп қадалды. Сонда Теректіге келген түні-ақ осы бір қызға бола ол бұдан безіп шыға келіпті. Талай түндер мұны жалғыз тастап, жанына жоламай қойғанының барлық сыры енді белгілі болды. Енді ол бәрін де жеріне жеткізе біліп алды. Енді ол ештеңені де естігісі келмеді.
Ол:
— Бар, жоғал! — деп айқайлап жіберді.
Әбден сілесі құрып, діңкелеп қалған Розали орнынан қозғала алмады. Жанна әкесін көмекке шақырды.
— Әкет! Әкет!
Бірақ, осы арада манадан бері үндемей отырған кюре біраз өсиет айтып алғанды жөн көрді.
— Қызым, орасан ақымақтық істепсің. Мұндай күнәні құдай шамалы уақытта кеше қоймайды. Келешекте өзіңді-өзің әлгіндей ыбылыс-ластықтан аулақ ұстамасаң сендейлерге жазмыштың жазуы — тамұқ екенін ұмытпа. Балалы болыпсың, арам жүрістен тыйылғаның лазым. Қожайындарың саған көмектеседі, күйеу тауып береміз.
Ол сөзін әрі қарай соза берер түрі бар еді бірақ, барон Розалидің иығынан сілке көтеріп ап, есіктің алдына дейін сүйретіп апарды да, арам ас салынған қапшықтай дәлізге лақтырып тастады.
Қайтып оралғанда, өзі қызынан бетер қуарып кетіпті. Кюре сөзін жалғастыра түсті.
— Не істерсің енді? Осы жердегі жұрттың бәрінің де істейтіні осы. Бұдан асқан қасірет болушы ма еді, бірақ, қылар қайраның қайсы! Асылы, адам табиғатының ондай-ондай осалдығына кешірімді болған лазым. Айтар ауызға, естір құлаққа ұят, осы күні қыз біткеннің бәрі де әуелі он жақта отырып, құрсақ көтеріп күйеуге сосын барып шығатын болып жүр. — Бір сәт күліп қойды. — Бірақ, соның өзі де осы жердің ғадетіне, үйреншікті үрдісіне айналып барады. — Енді бір сәт ызаланған кейіпке ауысты. — Тіпті, бала екеш балаларға дейін ересектердің сол бір ерсі өнегесін істегілері келеді. Өткен жылы зират басында күнәға батып жатқан қаршадай бала мен қыздың үстерінен шыққаным бар. Ата-аналарына барып айтсам: "Кюре мырза-ау, біздің қолымыздан не келеді. Ондай жексұрындыққа үйреткен біз емеспіз; ендеше ондай сұрқиялықтан безіндіретін де біз емеспіз", — деді. Міне, мырзам, гәп қайда! Сіздің қызметшіңіздің де елден қалғысы келмегені ғой...
Бірақ, әбден зығырданы қайнап тұрған барон амалсыз әңгімесіне килікті.
— Қызметші қыз не істесе, оны істесін! Ондағы менің шаруам қанша! Мені күйінтіп тұрған Жюльен. Ол оңбағандық жасады, мен қызымды әкетемін.
Ол ыза буып, әрлі-берлі сенделіп жүрді-жүрді де:
Ол неме сұрқиялық істеп, қызыма опасыздық етті. Естіп тұрсыз ба, ол найсаптың не істегенін! Қап, ол оңбаған, аздырғыш малғұнды ма! Мен мұны оның бетіне айтамын, өз қолымнан қылғындырып өлтіремін ол немені!
Бірақ, священник аспай-саспай, насыбайдан иіскеп қойып, әлі жылап отырған баронессаның қасында үй иелерін қалай татуластырудың амалын ойластыра бастады.
— Мырза, сәл сабыр етіңізші. Жұрттың бәрінің ісі осындай екенін әлгінде ғана айтқан жоқпын ба! Сіз немене, некелі антына берік боп, адал жүрген еркекті соншама көп қой дейтін бе едіңіз? — Осы жерде өзінше тауып кеттім ғой деп ойлады. — Кезінде өзіңіздің де талай-талай тентектік жасағаныңызға мен кепілмін. Қолыңызды кеудеңізге қойып мойындаңызшы, рас па осыным?
Барон аңтарылып, священниктің алдына кеп тоқтай қалды. Кюре әлі сампылдап соғып тұр.
— Солай, сіз де жұрттың істегенін істедіңіз. Бәлкім, сіздің де осылай қызметші қызды арбаған кезіңіз болған шығар. Жұрттың бәрі мұндайдан сау емес деп айтып отырмын ғой. Бірақ соған бола әйеліңізге деген сыйластығыңыз бен сүйіспеншілігіңізге кінәрат түсті ме? Түскен жоқ қой, солай емес пе?
Барон бұған аң-таң боп, сол тұрған орнында қатты да қалды.
Айтып тұрғанының бәрі рас. Өзінде де мұндай-мұндай болмап па еді? Тіпті күйеу баласынан гөрі көбірек болған шығар, оңтайына келгенде аянып қалған жері жоқ сияқты еді. Соның бәрінде жұбайлық адалдықты ойлап па еді? Қожалақ-қожалақ қызметшілерінен әйелі де аянбаған. Немене, сонда бұның өзі де оңбаған боп шыға ма? Өз істегендерін қылмыс көрмегенде, Жюльенді осыншама неге жазғырады?
Баронесса көзінің жасы әлі құрғамаса да, күйеуінің күнәлары айтылғанда, өз-өзінен күлімсіреп қойды. Ол аса сезімтал, күйрек, ақпейіл адам-ды, махаббаттың ондай-мұндайы тіршілік бар жерде кездеспей тұрмайтын үйреншікті шаруа ғой деп ойлайтын-ды.
Жанна сүлдері құрып, әлсіреп, қолын жайып сап, шалқасынан түсіп, төбеге қарап, басын қатырып, ойланып-толғанып жатыр. Ол көкірегін күлпарша қып тіліп-тіліп кеткен Розалидың: "Мен үндемедім, өйткені оның көңілі маған тіптен құлап еді", — деген жаңағы бір сөзі есінен шықпай қойды.
Сонда бұған көңілі құламап па екен? Тек соған бола өзге мүмкіндік, өзге үміт, болашақ күннің аңсар-арманын, алдынан тосқан бақыты мен бағын бәрін-бәрін қиып, алды-артына көз салып қарамастан біржола соған беріліп, өмірін соған тілемеп пе еді? Сонда ол ертең не болатынын ойлап па еді? Әлгі бір неке деп аталған құрдым құздан құлармын деп қорықпай, асыға-аптыға ұмтылмап па еді. Енді міне бүгін ғана, мынадай қапырық қасіретке, тұңғиық уайымға тап болғанда барып, есін бір-ақ жиып отырған жоқ па! Онда да күйеуінің Розалиға көңілі азып, бұған опасыздық жасағанын әбден білгенде ғана бір-ақ қапы соқты емес пе?
Есік сарт етіп ашылды. Сырттан әбден бұрқан-талқан боп, түтігіп алған Жюльен кірді. Ол сатыда ағыл-тегіл еңіреп тұрған қызметші қызды көріп, оның мылжыңдап бәрін айтып қойғанын, өзінің сыртынан тұзақ құрылып, істің насырға шапқанын бірден түсіне қойған-ды. Священникті көргенде кірерге жер таппай, тоқтап қалды.
Түсін бермесе де, даусы қалтырап:
— Бұл немене тағы? Мұнда не болды? — деп сұрады.
Барон әлгінде ғана әбден ызаға булығып тұрса да, күйеу баласы да кюренің жаңағы сөзін айтып, баяғыдағы істерімді бетіме салық қыла ма дей қорқып үндемеді. Баронессаның көз жасы бұрынғыдан бетер парлай түсті. Тек Жанна ғана төсегінен шынтақтап түрегеліп, өзіне осынша қорлық пен осынша азапты тап қылған адамға қадала қарады. Даусы толқып кетті, үзіп-үзіп тіл қатты.
— Біз бәрін де естідік. Сіздің жексұрын істеріңіздің барлығы да белгілі болды. Осы үйдің табалдырығынан аттағалы не істеп, не қойғаныңыз бізге түгел мәлім. Қызметші қыздың баласының әкесі де сен екенсің. Менің ішімдегінің әкесі де сен екенсің. Ол екеуі, сүйтіп, бауыр болып шықты.
Осыны айтқанда көкірегіне шер толып, өкіріп жылап, жастығына құлай кетті.
Жюльен не істеп, не қоярын, не айтарын білмей, аңырып тұрып қалды.
Сол арада әңгімеге тағы да кюре араласты.
— Жарайды, қызым. Мұншама таусылудың қажеті жоқ, ақылды болыңыз.
Ол орнынан тұрып, кереуеттің жанына кеп, ызадан жарылып кете жаздап жатқан әйелдің бетінен сипады. Осы бір аяушылықтан Жаннаның көкірегі жеңілейіп, бір түрлі таяныш тапқандай сезінді. Осы бір күнә атаулыны кешіріп, жаныңа жолап кетсе қапа басқан көңіліңді сергітіп жіберетін қайратты шаруа қолы бір беймәлім жұмбақ жұбаныш әкелгендей болды.
Священник оның қасынан кетпей:
— Ханым, әрдайым кешірімді болған лазым. Қасіретіңіздің ауыр екені рас. Бірақ, тәңірдің өзінің көңілі түсіп, сізді аналық бақытқа бөлемекші. Сәби сізге үлкен жұбаныш, зор медет. Сол үшін, соның бақыты үшін Жюльенді кешіруіңізді өтінемін. Ол сәби сіздердің араңыздағы жаңа қарым-қатынасқа, алдағы адалдықтарыңа дәнекер болмақшы. Сіз құрсағыңыздағы нәрестенің әкесімен бұдан былай да бірге тұруға ризасыз ба? — деп сұрады.
Жаннада үн жоқ. Оның мынау азап пен қорлықтан әбден күйреп, тіпті ашуланар да дәрмені қалмапты. Жұлын-жүйкесін де әлдекім пышақпен пырт-пырт үзіп кеткендей, өн бойында өмір нышаны қалып жарымапты.
Біреуге кек тұтуды, қабырғасы қайысып қайғыруды білмейтін баронесса қызының құлағына:
— Жә, жетер енді, Жанна, — деп сыбырлады.
Сол-ақ екен кюре жас жігітті жетектеп әкеп, әйелінің қолын ұстатты. Екеуін енді мәңгі татуластырғандай, екеуінің қолын да қысып-қысып қойды. Манадан бергі өсиет айтып тұрған маңғаздығы былай қалып, өз-өзінен елпілдей жөнелді.
— Болар іс болды. Енді осылай тіл табысқандарың лазым, — деді.
Әп-сәтте табысқан екі қол дереу қайта ажырап кетті. Жаннаның бетінен сүюге қаймығып тұрған Жюльен қайын енесінің бетінен сүйіп, жалт бұрылды да барлық істің өз орнына келгеніне қуанышы қойнына сыймай тұрған баронның қолын қысты, сосын екеуі бөлмеден бірге шығып сигарет шекті.
Жанна әбден діңкелеп, шаршап қалғып кетті, священник пен анасы күбірлесіп өзара әңгімеге кірісті.
Аббат өз пікірін айтып, тәптештеп түсіндіріп бақты, баронесса бәріне де бас шұлғумен болды.
Аббат сөзін:
— Демек, бәрі де шешілді. Сіз ол қызға Барвильдегі фермаңызды бересіз. Мен инабатты күйеу жігіт табуды өз мойныма алайын. Жиырма мың франк жасауы бар қызға қызығушылар қалайда табылады. Қалағаныңызға қызметші қызды ұзатамыз, — деді.
Баронесса бұған жүрегі жарылып қуанып, жайраңдап сала берді, бетінде екі тамшы әлі тұр, айғыз-айғыз ізі әлдеқашан кеуіп қалыпты.
Ол:
— Иә, пәтуасы енді табылды. Барвильдің құны құрығанда жиырма мың франк тұратыны рас. Бірақ, дүние-мүлікті баланың атына жаздырамыз. Ата-анасы тек соның есімін ғана пайдаланады.
Кюре орнынан тұрып, ханымның қолын қысты:
— Енді ешқандай абыржымаңыз, баронесса, екеуміздің алдымызда қандай зор міндет тұрғанын мен жақсы түсінем.
Аббат есіктен шыға бергенде, науқастың көңілін сұрауға келе жатқан Лизон апай қарсы ұшырасты. Ол әлі ештеңені байқамапты, ештеңе естімепті, сүйтіп ол бұл жолы да бәрінен беймағлұм қалды.
VIII
Розали үйден кетіп тынды, ал Жанна екіқабат әйелдің ауыр азабын тым ұзақ тартты. Көңілінде ана болам-ау деген титтей де қуаныш жоқ, өйткені, ол шеккен шер мен азап тіптен шектен шығып кеткен-ді. Ол сәби сүюге онша аңсары ауып, асыға қоймады, қайта
басыма тағы да не күн туады деп қорқып жүрді.
Көзді ашып жұмғанша көктем де келді. Сидиған-сидиған жалаңаш ағаштар суық желдің өтінде бүрісе теңселіп тұр. Күзді-күнгі сары жапырақтар шіріп жатқан жырада су-су шөп-шөңгенің ара-арасынан алғашқы саңырауқұлақтар да қылтия бастады. Жазық алқаптың өне бойынан, ферма-ферманың аулаларынан, қарайып қалған даладан дымқыл леп еседі, жаңа өскен, жас бүршіктің иісі шығады. Қардан айыққан жерлерде шүпірлеп бас көтерген көк қылтанақ күн нұрына шағылысып жылт-жылт етеді.
Қазір Розалидың орнына бір етжеңді семіз әйел қызметші болған-ды; әлі түгел кеуіп үлгіре қоймаған саяжолда бұрынғыдан бетер семіре түскен баронесса екеуінің іздері баттиып-баттиып жатыр.
Ал, барон қазір аяғы ауырлап, қайта-қайта науқастана беретін Жаннаны қолтықтап қыдыртады; екінші қолтығынан өзі өмір бақи мақұрым қалған осы бір оқиғаны, Жаннаның екіқабаттығын ойлап, ылғи үрейленетін де жүретін Лизон апай сүйейді.
Олар әлденеше сағат бойы бір-біріне бір ауыз тіл қатыспастан әрлі-берлі қыдырады да жүреді. Жюльен аяқ астынан ат құмар болып, күн сайын төңіректі қыдырып қайтуға шауып кетеді.
Олардың осындай тұнжыраған көңілсіз тіршілігін сергітетіндей елеулі оқиға бола қойған жоқ. Барон, баронесса және виконт Фурвильдерге барып қайтты. Бір қызығы, қай уақытта танысып үлгергенін кім білсін, Жюльен олармен әбден сырдесте болып алыпты. Олар бұдан соң сол баяғы меңіреу тас қорғандарынан ешқайда аттап шықпайтын Бризвильдерге де барып шықты, олар да Теректіге келіп кетті.
Бір күні түс қайта, сағат төрттердің шамасында аулаға біреуі еркек, біреуі әйел екі салт атты енді, Жюльен әбігер боп Жаннаға жүгіріп келді.
— Ойбай, тезірек тұра көр, Фурвильдер келді! Олар жай әншейін сенің халіңді сұрағалы келсе керек. Мені әзірге үйде жоқ еді дей тұр. Мен барып киім ауыстырып шығайын.
Жанна бұған айран-асыр қалды. Бірақ ештеңе деген жоқ төмен түсті. Жалт-жұлт еткен көзі болмаса, аурудан жаңа тұрғандай құп-қу, өмір бақи күн нұрын көрмегендей солғын ақ сары шашты сүйкімді әйел жирен мұртты арбиған ұзынтұра күйеуімен таныстырды.
Сосын:
Біз де Ламар мырзамен әлденеше рет ұшырасқанбыз. Ол кісіден сіздің сырқат екеніңізді естіп, көрші болған соң кіре шығайық деп соғып едік. Жаңа атпен келгенімізді өзіңіз көріп тұрсыз ғой. Жақында барон мен анаңыз бізге де төбесін көрсетіп, қуантып кетіп еді, — деді.
Ол ешқандай қылымсуды білмей, қарапайым сөйлейді екен. Жанна оның мұндай мінезін бірден ұнатып, қуанып қалды.
"Міне, менің нағыз дос болатын адамым", — деп ойлады ол.
Бірақ, оның есесіне граф де Фурвиль мынандай салтанатты қонақжайға байқаусызда кіріп кеткен аю сияқты тым ебедейсіз кісі екен. Отырмай жатып, қалпағын қасындағы орындыққа тастай салды. Қапелімде қолын қайда қоярын білмеді, әуелі тізесін құшақтады, сосын креслоны шынтақтады, ақырында дұға оқып отырған кісіше саусақтарын тарақтап алды.
Төбеден түскендей боп, Жюльен кіріп келді. Жанна өз көзіне өзі сенбеді. Сақал-мұртын мұнтаздай қып қырыпты. Баяғы бұны айттырып жүргеніндегідей кербез де сылқым, сыланып шығыпты. Ол әуелі өзі кіріп келгенде селк ете түскен графтың қолын қысты, сосын графиняның қолын сүйіп еді, оның құп-қу жүзіне қан жүгіріп, кірпіктері дірілдеп кетті.
Жюльен меймандармен әңгімелесе жөнелді. Баяғысындай ақ жарқын. Шарасы үлкен көзінде тағы да мейірімнің нұры ойнайды, ғашық болған адамдай, жанары жанып тұр, жаңа ғана күңгірт көрінген қап-қара шашы тарақ тигесін, жұп-жұмсақ боп, жалтырап, толқындана қалыпты.
Аттандырып жатқанда, графиня оған:
— Қымбатты виконт, бейсенбіде атпен бізге келесіз бе? — деді.
Жюльен иіліп, "әрине, ханым, әрине" дей беріп еді, графиня Жаннаның қолын алып, мейірімді үнмен күлімсірей тіл қатты:
— Аман болса, сіз сауыққан соң бұл төңіректі әлі үшеу боп қыдырамыз. Тамаша емес пе?
Сосын ол амазонкасының12 етегін сәл түре ұстады да, ұшқан құстай лып етіп ерге қона қалды, ал күйеуі икемсіздеу иіліп-бүгіліп тағзым етіп, тұрқы биік норманд жылқысына мініп еді, тұп-тура кентаврдан13 аумай қалды.
Олар шарбақтан айналып, көзден таса болғанда, Жюльен аузының суы құрып:
— Неткен сүйкімді адамдар! Бізге бұлардан артық қандай таныс керек! — деді.
Неге разы болғанын өзі де білмейді, Жанна да жадырай қалып еді.
— Графиня, сөз жоқ әсем адам, оны жақсы көрмеу мүмкін емес, ал енді күйеуі бір бозым жан той. Бұлармен қалай танысып жүрсің? — деп сұрады.
Жюльен әлденеге рақаттанып, қолын уқалай берді.
— Мен олармен ойда жоқ жерден Бризвильдердің үйінде таныстым. Күйеуінің қолапайсыздау екені рас. Есіл-дерті аңшылық, бірақ нағыз ақсүйек.
Біраздан бері қарасын көрсетпей, әлдеқайда тығылып қалған бақыт, кенеттен үйге өзі кіріп келгендей, дастарқан басында олар мәз-мейрам боп қалды.
Бұдан соң айдың аяғына дейін ешқандай жаңалық бола қойған жоқ.
Сейсенбі күн кешқұрым бәрі жөкенің түбінде, үстінде екі рөмке мен бір графин шарап тұрған тақтай үстелдің басында әңгімелесіп отыр еді, Жанна аяқ астынан өңі сарғайып, айқайлап жіберді, қос қолымен ішін басып алды. Ойда жоқ жерде өлім аузынан қалды, бірақ, көзді ашып-жұмғанша өтті де кетті; арада он минут өтпей жатып қайта ұстады, бұл жолы онша ұзаққа созылмады, манағысындай емес бәсең. Ол үйге әзер жетті, әкесі мен күйеуі көтеріп әкелгендей зорға жеткізді. Екі аттасаң жететін жөке мен үйдің арасы оған жердің түбіндей боп көрінді. Шыдай алмай жылап жіберді. Ішін көтертпей келе жатқан зіл батпан азапқа төзе алмай, қашан үйге жеткенше, қайта-қайта отырайықшы, дем алайықшы деп жалынумен болды. Ай-күні әлі алыс, қыркүйектің ішінде болса да, үй іші үрейленіп, Симон атайды дереу екі аяқты арба жегіп, дәрігерге жұмсады.
Дәрігер түн ортасында келді. Ол бірден-ақ бұның мезгілінен бұрын келген толғақ екенін біле қойды.
Төсекке жатқан соң, ішінің ауырғаны басылғандай болды; алайда, Жанна енді көп ұзамай өлетінін білген кісідей, өз-өзінен еңсесі түсіп, үрейленіп, қорқа бастады. Кейде өлімнің сұп-суық лебі жүрегіңді мұздатып, ажалдың тап қасына келіп қалғандай көрінетін кездері де бар ғой.
Бөлмесінің іші ығы-жығы адам. Баронесса креслоға жантайып, ентігіп әзер дем алып жатыр. Барон да абдырап қалыпты, біресе әлденелерді алып беріп, біресе дәрігермен сөйлесіп, қолды-аяққа тұрмай, әрлі-берлі жүгіріп жүр. Өңіне қарағанда абыржып жүрген сияқты боп көрінгенмен көңілі орнындағы Жюльен бөлмені ерсілі-қарсылы кезіп кетіпті. "Төсектің аяқ жағында жесір әйел Дантю көпті көргендігіне басып, қаннен-қаперсіз жайбарақат отыр. Өйткені, ылғи кіндік кесіп, ылғи ауру бағып, ылғи өлік күзетіп қалған бұл әйел дүниеге жаңа келген жас нәрестенің шыңғырғанын жұрттан бұрын естіп, оны жұрттан бұрын ұстап, сәби денені алғаш рет суға салып, алғаш рет жөргекке орайтын-ды. Сондай-ақ тап сол міз бақпай сазарған күйі дүниеден кетіп бара жатқан адамның да ақырғы лебізін, ақтық қорылын естіп, ақырғы иек қаққанына дейін көріп, соңғы рет киіндіріп, өлі денені сірке қышқылымен ысқылап, жуындырып ақыретіне орайтын да сол еді. Мұндай-мұндайда әбден еті үйреніп, өлім-жітім, толғақ-тобыр дегендердің ырғалаң-жырғалаңына ешқандай селт етпейтін болып алған-ды.
Даяшы Людвина мен Лизон апай есік алдында солқылдап жылап тұр. Толғатып жатқан келіншек ауық-ауық ыңыранып қояды.
Екі сағаттай күткен соң, толғағы шамалы уақытқа келе қоймайтындай боп көрінді, бірақ таң бозара бере қайта қыстап, бебеулей бастады.
Жанна қанша тістеніп бақса да, еріксіз айқайлап жіберді. Сөйтіп жатып, анада Розалидың оп-оңай босана салғаны, некесіз баланың дүниеге еңбексіз-азапсыз оп-оңай келе қалғаны ойынан кетпеді. Әбден абыржып, уайым билеп алған көңілінің бір тұңғиық түкпірінде ол өзін Розалимен салыстырып, бұған дейін қара қылды қақ жаратын әділ қазы санап келген тәңірісін қарғады, тағдырдың осындай-осындай алдамшы іңкәрлары мен жұрттың қайдағы бір шындық пен дұрыстықты айтатын өтірік уағыздарына өлердей ыза болды.
Ара-тұра жанын көзіне көрсетіп кететін толғақ оның ойын быт-шыт ыдыратып жіберді, ондайда ауыр азап бар күш, бар жігерін таптап, өмір нышаны мен ой-санасын біржолата өшіріп тастағандай көрінеді.
Тынышталған кезінде көзін Жюльеннен айырмайды; оған қараса, дәл осы кереуеттің қасында қызметші қыздың қалай құлап түскені, өзегін өртеп, тұла бойын күлпаршалап келе жатқан мына шарананың ағасын қалай туғаны есіне оралып, басқа бір ауру, көкірегін тызылдатып алып бара жатқан жан ауруы қармай алады. Сонда етпетінен құлап түскен қызды көргендегі күйеуінің не дегені, не істегені, өңінің қалай бұзылып кеткені - бәрі-бәрі көз алдына сайрап келе қалды; оның дәл қазіргі жүріс-тұрысынан да не ойлап жүргенін -тап сондағы ашуды, балалы болғанды, әке болғанды онша жақтыра қоймайтын өзімшіл өркөкірек еркектің салғырттығын, керенау кескінін ап-айқын көріп жатыр.
Бірақ, тап сол арада оны тағы да толғақ қысты, жаны азапқа түсті. "Қазір өлемін, міне, өліп барамын", — деп ойлады ішінен. Оны өзінен безіп, тәлкек еткен қаныпезер еркекке деген түтіп жейтіндей өшпенділік пен өлім азабына салып, жанын көзіне көрсеткен әлі дүниеге келмеген сәбиіне деген күйінішті ыза кернеп алды.
Ол жандәрмен осынау толғақ тауқыметінен құтылғысы кеп, ышқына жиырылып еді, құрсақ тұсы солқ етіп босағандай болып, шиыршық атып жатқан жүйке-жүйкесінің бәрі тыншып сала берді.
Күтуші мен дәрігер жүзіне үңіліп, басынан сипады. Сосын бірдеңені суырып алды, тұншыға шыққан ащы шырылды естігенде селк ете түсті, осы бір жаңа туған нәрестенің мысықша мияулаған жалынышты үні оның жанына, жүрегіне, ауыр азап көріп ұйпа-тұйпа болған бүкіл тәніне дарып барады, ол жалма-жан қолын созып, абдырай бастады.
Қуаныш оты, жаңа пайда болған бақытына деген құштарлық құйыны оның өне бойын өртеп өтті. Көзді ашып-жұмғанша-ақ ол әлгі азаптың бәрін де ұмытып, бұрын-соңды көрмеген бір шексіз бақытқа қолы жеткендей боп, дені жайылып жүре берді. Жаны да, тәні де құлпыра түлеп бара жатқандай, ол енді ана болды!
Ол бөбегін көргісі келді. Мезгілінен бұрын туғандықтан, баласының әлі шашы мен тырнағы да шықпапты, бірақ, осы бір жыбырлап жатқан кішкене құрт сияқты қызыл шақа шаранаға ұмтылып, оның тырбаңдағаның, жылағысы келіп аузын кемсеңдеткенін көргенде көкірегін қуаныш кернеді, мең-зең шер-шеменнен біржолата сергіді. Оның енді өз махаббатын, ықылас-мейірін түк қалдырмай түгел сарқып беретін адамы бар, бұған одан артық бақыттың қажеті жоқ.
Тап сол минуттен бастап оның есіл-дерті тек баласына ауды. Аяқ астынан нәрестенің асты-үстіне түскен балажан ана бола қалды. Баяғы махаббатта опасыздыққа ұшырап, үмітінен күдер үзген күндеріндегісінен бетер күйгелек, ашуланшақ болып алды, бесікті төсегінің қасынан екі елі жырақ әкеткізбейді, белі қатып, орнынан тұрған соң ертеңнен қара кешке дейін терезенің алдында баласын тербетіп отырады да қояды.
Ол оны тіпті күтуші әйелден де қызғанады, ашығып қалған кішкене сәбиі екі қолын ербеңдетіп, көк тамырлары адырайып-адырайып, сүт кернеп кеткен ұшы өз-өзінен дір-дір етіп тұрған қоп-қоңыр емшекке бас салғанда, ай-күніне жетіп отырған бап-байсалды шаруа әйелді жұтып жердей боп екі беті бір ағарып, бір сұрланып, ала көзімен ата қарап зорға отырады; қолынан баласын жұлып алып, оның қомағайлана еміп жатқан емшегін тырнап-тырнап тастамай, әзер шыдайды. Ол баласына әлекей-күлекей киім тігуге кірісті. Оны ылғи селдір кестемен көлкештеп қояды, басына әрқилы телпекті бірінен соң бірін кигізеді, аузын ашса айтатыны сол; жұрт сөйлесе, жолдан килігіп, өзі тіккен жөргек, көкірекше, шапандарын мақтай жөнеледі. Айналасындағы адамдардың не айтып, не қойып жатқанында атымен шаруасы жоқ, алақандай шүберекті ұстап aп, көзін ала алмай, айран-асыр қап, әрі-бері желпілдетіп көріп:
— Қалай ойлайсыз, бұл оған шақ болар ма екен? — деп сұрайды.
Әкесі мен шешесі оның тап мұндай шалдуарлығына көздерінен жас аққанша күледі де қояды, ал Жюльен айтқанын орындатпай қоймайтын, айқайшыл жаңа әмірші келгелі мазасы кетіп жүр, өзі бұрынғы шексіз биліктен бірте-бірте айырылып, оның орнына билеп-төстей жөнелген әйеліне қызғанышпен қарап, оның кей ісіне өлердей ыза боп:
— Баласы екеуі кісінің мазасын кетіріп бітті, — дей береді.
Бұрынғысы бұрынғы ма, енді Жанна балажандылықтың да әбден шегінен шығып, түні бойы ұйықтап жатқан баласынан көз алмай бесік күзетіп отыратын болды. Осыншама шыдамсыздығынан өлердей бейнет шекті, демалыс дегенді білмеді, жүдеп, әбден әлжуаз боп кетті, жөтелетінді де шығарды, дәрігер оны баласынан айыру керек деген кеңес берді.
Ол бұған ашуланып жылап-сықтады, жалынып-жалпайды, бірақ онысына ешкім құлақ аспады. Бала енді түнде күтуші әйелдің қасында ұйықтайтын болды. Бірақ Жанна бәрібір тыным таппады, түн сайын орнынан тұрып, жалаң аяқ күйі баласы жатқан бөлмеге жүгіріп, кілт салатын саңылауға құлағын тосып, ол тыныш ұйықтап жатыр ма, оянбас па екен, ештеңе сұрамас па екен деп тың тыңдайды.
Бір күні Жюльен Фурвильдерден қайтып келе жатып, әйелінің үстінен шықты; содан бері оны түнде төсегінен тұрып кетпесін деп сыртынан кілттеп қоюға тура келді.
Баланың шілдеханасы тамыздың аяғында өтті. Өкіл әкесі — барон, өкіл анасы — Лизон апай болды. Балаға Пьер-Симон-Поль деген ат қойылды, ауызекі әңгімеде Поль деп аталатын боп пәтуа байласты.
Қыркүйектің басында Лизон апай кетіп қалды. Оның келген-кеткенін ешкім байқап жатпайтын.
Бір күні кешкі астан кейін кюре келді. Ол бір құпиясы бар адам сияқты, өзінен-өзі қысылып, қымтырылып отыр; бос жолдыбай ұзақ әңгімеден соң баронесса мен оның зайыбына бір нәрсе жайында көзбе-көз оңаша сөйлесіп алуға уақыт бөлулерін өтініш қылды.
Үшеуі әлдене жайлы қызына әңгімелесіп, сая жолдың түбіне дейін барып қайтты. Жюльен олардың мұншама құпиясына қайран қалып, әрі қобалжып, әрі ренжіп, Жаннаның қасында қалды.
Ол священникті шығарып салмақшы болды. Кюре үй ішімен қоштасып болған соң, екеуден-екеу, қоңырау соғып жатқан шіркеу жаққа беттеді.
Күн ашық болғанмен, суық еді, Жюльен сырттан өрттен шыққандай түтігіп кіргенде, үйдің іші қонақ жайда қалғып отырған-ды. Жюльен табалдырықтан аттамай жатып, Жаннаның отырғанына қарамастан:
— Естеріңіз дұрыс па, түге? Сол жүзіқараға жиырма мың франкты лақтыра салмақсыңдар ма? — деп сұрады.
Одан бұндай әңгімені күтпеген жұрт тіл қатпады. Ол бұрынғыдан бетер әңгірлей жөнелді.
— Ақымақтықтың да шегі болу керек қой. Мына күйлеріңізбен бір күні екі қолымызды тас төбемізге қойғызып қаңғытып жіберерсіздер әлі.
Барон енді барып есін жиды.
— Тоқтатыңыз! Әйеліңіздің отырғанын ұмытпаңыз!
Бірақ, күйеу баласы әбден ызаланып тұр еді.
— Отырса, түкіргенім бар ма оған! Ол бәрін де біледі емес пе. Сіз алдымен соны жұтатқалы отырған жоқсыз ба?
Жанна аң-таң боп, күйеуіне қарады, бірақ ештеңе түсінбеді. Ақыры шыдай алмай:
— Соншама не боп қалды, бұл не өзі? — деп сұрады.
Жюльен сонда барып, оған бұрылды. Құдды екеуі бірге жапа көріп жатқан мұндас адамдай иек арта сөйледі. Ол ата-аналарының Розалиді күйеуге ұзатып, оған еншіге ең кемі жиырма мың франк тұратын Барвильдегі ферманы бергелі жатқан құпия сырларын лақ еткізіп айтып салды.
— Ата-анаң әбден алжыпты, достым! Жиырма мың франк! Бастары барма өздерінің! Некесіз туған шаранаға жиырма мың франк енші береді деген не сұмдық! — деп қайта-қайта қақылдай берді.
Жанна абыржыған да, ашуланған да жоқ, жайбарақат тыңдады; осынша салқынқандылығына өзі де таңғалды. Бірақ, енді оның өз сәбиіне ешқандай қатысы жоқ нәрседе шаруасы қанша!
Барон ауыр күрсініп қойды, қапелімде не жауап айтарын білмеді. Ақыры ашудан жарылып кетті, еденді бір теуіп қап:
— Есіңізді жиыңыз! Не айтып тұрғаныңызды білесіз бе өзіңіз? Не бетіңізбен сөйлеп тұрсыз? Ол қызға жасау беріп жөнелтуге кінәлі кім? Баланы кімнен тапты ол? Енді оны көшеге сүйреп тастайын деп пе ең! — деп ақырды.
Баронның тап мынадай тік кеткеніне қайран боп, Жюльен оның жүзіне қарап, қатты да қалды. Енді әлгісіндегідей емес, жуасиын депті.
— Оған бір жарым мың да жететін еді ғой. Солардың қайсысы күйеуге шыққанша бір бала таппайды дейсіз. Кімнен тапқанының бұл іске қандай қатысы бар? Егер жиырма мың франк жасау берсеңіз, бізді жұтатып кететініңіз былай тұрсын, талай-талай қаңқу сөзге өзіңіз жел берген боп шығасыз. Ең болмаса біздің абыройымызды ойласаңыз етті.
Ол өзінің дұрыстығына, сөзінің растығына кәміл сенетіндей рай танытып, нық сөйледі. Барон мұндай әңгімені күтпеп еді, әбден абдырап қалды. Енді өзінің бой алып бара жатқанын байқаған Жюльен:
— Мен айтсам абыройды айтып тұрмын, әлі де кеш емес. Ол қызға үйленгелі жүрген жігітті мен де білуші ем. Ол өзі бір жақсы жігіт, тіл табысуға болады. Бұл шаруаны өз қолыма алайын, — деп бітірді әңгімесін.
Жұрттың үндемей қалғанын келіскендері ғой деп ойлап, әрі енді бірдеңе десем, дау қайта өршіп кете ме деп қорқып, Жюльен сол бойда қонақжайдан шыға жөнелді.
Ол көзден таса болысымен, әлгі әңгімеге әрі таңданып, әрі ызаланып тұрған баронның даусы шығып кетті.
— Жоқ, бұнысы тіптен қиянат!
Сол-ақ екен, Жанна әкесінің абыржыған жүзіне қарады да, баяғыдағы бір қызық нәрсе көргендегі әдетімен саңқылдап күліп жіберді.
Сөйтті де:
— Папа, оның жиырма мың франкты айтқанда жылап жібере жаздағанын көрдің бе?— деді.
Анасының күлуі де оңай-ды, жылауы да оңай-ды; күйеу баласының өзі абыройсыздыққа ұрындырған қызға қалтасынан шығып бара жатқан дәулеттей, бұлардың ақшасын қимай, осыншама ақырып-бақырып ашуланғаны есіне түсіп, қызының бүгін көңілінің көтеріңкі екеніне қуанып, қараптан-қарап отырып ағыл-тегіл күлкі қысып, екі иығы селкілдей бастады, тіпті көзінен жас та шығып кетті. Сол арада ол екеуіне елігіп барон да қарқылдай жөнелді, үшеуі баяғы ың-шыңсыз бақытты күндеріндегідей әбден әлдері құрып, ішектері қата күлкіге батты.
Үшеуі де күлкілерін тыйған соң, Жанна қайтадан қайран қалды.
— Бір қызығы, маған осы күні бұндай нәрселер тіптен әсер етпейтін болыпты. Мен үшін қазір Жюльен де бір, жай әншейін жат біреу де бір. Кейде соның әйелі екеніме де сенбей қалам. Міне енді оның әлгіндегі ерсі қылығына өлгенше күлгенімді өздерің көріп отырсыңдар ғой!
Сол бір түрлі көңілдері бұзылып, күлімсіреген қалыптары бір-бірімен сүйісті, неге сүйіскендеріне өздері де түсінген жоқ.
Арада екі күн өтті. Ертеңгі тамақтан соң, Жюльен атына мініп, ауладан енді ғана шығысымен, жеңінде манжеті бар үстіне су жаңа блуза киген жиырма екі-жиырма бестер шамасындағы бір бейтаныс жігіт сап ете қалды; сыңайы, таң атқалы сырттай бақылап жатса керек. Әлгінде ғана Куярлардың дуалының жанындағы үйді орағытып өтіп, күндегі әдеттерімен жөке түбінде отырған бұларға қарай ұрлана басып жақындай берді.
Анадайдан бас киімін алып, қайта-қайта тағзым етіп келеді. Айтқаны естілетіндей жерге жақын келіп:
— Барон мырзаға, ханымға, барша қауымға басымды ием, — деді.
Ешкім ештеңе деген жоқ.
— Мен сол — Дезирс Лекокпын.
Онысынан ештеңе ұқпаған барон:
— Сізге не керек еді? — деп сұрады.
Келген шаруасын бажайлап айтуға тура келіп, жігіт қысылып қалды, біресе қолындағы бас киіміне, біресе шатырдың жиегіне қарай береді, қапелімде аузына сөз де түспей, үсті-үстіне мүдіріп, әңгімесін бастады.
— Маған кюре мырза әне бір іс жайлы сөз айтып еді...
Көп мылжыңдап кетіп, келген шаруамды бүлдіріп алам ба деп қорқып, дереу тыйыла қойды. Барон тағы да ештеңе түсінбеді.
— Ол қандай іс еді, мен дәнеңе білмеймін.
Енді жігіт естілер-естілмес қып, істің жайын айтуға кірісті.
— Сіздің қызметші қызыңыз Розали жайлы, әлгі...
Сол жерде әңгіменің сыңайына енді түсінген Жанна орнынан тұрып, баласын алып кетіп қалды. Барон жігітке: "Бері келіңіз!" деп қызының босап қалған орындығын көрсетті.
Шаруа отырып жатып:
— Құрметіңізге құлдық, — деп күбірледі.
Енді айтатын ештеңесі қалмай, аңырып отырып қалды. Ұзақ үнсіздіктен кейін зорға батылы барып, көк аспанға бір қарап қойып:
— Күн қандай жақсы еді. Егіске де оңды боп тұр. Күздіктер енді бас ала бастайды,— деді де, қайта жым болды.
Баронның әбден шыдамы таусылған-ды, мәселеге бірден көшті.
— Сүйтіп, сіз Розалиге үйленесіз ғой?
Шаруа нормандықтардың бәрін алдын-ала кесіп-пішіп алатын әдетіне баспақшы еді, барон оған мүмкіндік бермеді, сондықтан ол қарсы дау айтуға асықты.
— Мүмкін үйленерміз, мүмкін, үйленбеспіз. Оны енді ретіне қарай көреміз де.
Бұл сөз баронның шамына тиді.
— Сайтан алғыр, не үшін келдің өзің? Бұлтақтатпай жауабыңды айт — үйленесің бе, жоқ па?
Сасқалақтап қалған шаруа аяғының басына қарады.
— Кюре мырзаның айтқанындай болса — үйленем, Жюльен мырзаның айтқанындай болса — басымды байлар жайым жоқ.
— Жюльен мырза не деп еді?
— Жюльен мырза бір жарым мың ғана франк аласың дейді, ал кюре мырзаның айтқаны жиырма мың франк болатын; жиырма мың екені рас болса — мен әзірмін, ал енді бір жарым мыңына — құдай сақтасын...
Сол арада манадан бері креслосында шалқайып үн-түнсіз отырған баронесса жігіттің шошынған түрін көріп, күліп жіберді. Жігіт оның неге күлгеніне түсінбеді; ол жаққа жақтырмай бір көз тастады да, жауап тосып отыра берді.
Барон мынандай саудаласудан жүрегі айнып, тез құтылуға асықты.
— Мен кюре мырзаға Барвильдегі ферма көзің тіріде сенікі, сосын балаға көшеді дегенмін. Құны — жиырма мың франк. Айтқаным айтқан. Бұған келісесің бе, жоқ па?
Шаруа бірден қуанып кетті, енді тілі де ағытылып сала берді.
— Олай болса, мен дайын, бас тартпаймын. Кюре мырза айтқанда-ақ келісім бергенмін. Барон мырзаның бір қызметіне жарасам, несіне бас тартайын. Ол кісі сөзінен тана қоймас деп ойлағам. Екі ортада Жюльен мырза тап болып, бар болғаны мың жарым франк ақша береміз деді. Мен неде болса, өзім көзбе-көз жолығайын деп келгенмін. Сенбеген ештеңем жоқ, тек ақиқатын білейін дегенім еді. "Есепті дос кетіспес" деседі ғой жұрт.
Барон:
— Қашан некелеспекшісіңдер? — деп сұрады.
Шаруа тағы да күмілжіп қалды. Ақыры қорқа-қорқа:
— Әуелі қағаз жағын реттеген қалай болар екен? — деп сұрады.
Бұл жолы барон ашудан түтігіп кетті.
— Ой, сайтанның сапалағы, неке қағазын алмайсың ба, содан басқа қандай қағаз керек тағы?
Шаруа да тайталасып бақты.
— Дегенмен алдымен әлгі қағазды реттеген дұрысырақ болар еді. Оның іске ешқандай кедергісі жоқ қой.
Барон бұл мәселені тез тындырғысы келді.
— Тап осы қазір жауап бер — үйленесің бе, жоқ па? Егер айнып қалсаң, тауып қойған басқа кісім бар.
Айлакер нормандиялық тағы біреу бар дегенде есі шығып кетті, құдды сиыр саудаласқандағыдай:
— Ендеше, барон мырза, қол алысайық. Бәріне де келістік. Кім сөзінен танса, күнәкар сол болсын! — деді.
Екеуі қол алысты, сосын барон:
— Людвина! — деп айқайлады. Даяшы терезеден басын қылтитты.
— Бір бөтелке шарап әкел!
Біткен істің құрметіне шарап ішілді, жігіт желпініп, көшеге қарай аяңдады. Жюльенге бұл жайында ештеңе айтылған жоқ. Шарт қағазы жасырын жасалды, ол жария болғаннан кейін бір дүйсенбі күні той өтті.
Неке қидыруға шіркеуге қарай беттегенде, көрші әйел жас жұбайларға тап болған он дәулеттің куәсіндей қып, баланы алып келе жатты. Оған бұл аймақтағы ешкім таңғалған жоқ. Қайта көп жұрт Дезиро Лекокқа қызғанышпен қарады. "Бұл ит көйлекшең туыпты-ау", — деп әжуа айтқандар болды, бірақ оны масқара санап, айыптап жатқан ешкім көрінбеді.
Жюльен жанжалды бәрібір шығарды, енді қайын енесі мен қайын атасының Теректіге келер жолы атымен байланды. Жанна ата-анасынан айырылғанға онша қайғыра қоймады. Өйткені, оның ендігі қуанышы — кішкене Поль еді.
IX
Жанна қол-аяғын бауырына алған соң, бұлар Фурвильдерге сол сияқты Маркиз де Кутьелерге де кіріп-шығатын болып келісті. Жюльен айына екі рет көршілерге қыдырып қайтуға бір аттық жаңа фаэтон сатып алды.
Желтоқсанның айнадай ашық бір күнінде фаэтон жегілді. Олар екі сағаттай жүргеннен кейін баурайын орман жауып, етегі айдалып тасталған кен қойнауға кірді.
Көп ұзамай аңыздық шалғынға, шалғын әбден қурап, ұзын-ұзын жапырақтарының бәрі сарғайып кеткен қамыс өскен батпаққа ұласты. Ал, қойнаудан шыға берістегі қалтарыстан айналғанда Ла-Врийет қорғаны да көрінді. Ол бір жағынан баурайдағы орманға ұштасса, екінші жағында етектей үлкен тоғанға тіреледі екен.
Алдында салтанатты қақпасы, екі бүйірінде екі мұнарасы бар, кірпіштен салынған шифер шатырлы әп-әдемі ежелгі қорғанға кіру үшін аспалы көне көпірден XIII Людовик туысынан қалған порталдан өтуге тура келді.
Жюльен Жаннаға қорғанның көркін айтып масаттанып, аузының суы құрығанша мақтады, тіпті оның әрбір ұсақ-түйегіне дейін осы үйдің өз адамынша тәптіштеп түсіндірді.
Әне, порталын айтсайшы, қандай еңселі үй! Арғы жақтағы маңдайы тұп-тура тоғанға үңіліп тұр; ал енді баспалдағынан патшаң жүрсе де қорынбассың, дәл айдынға барып бір-ақ тіреледі, ең төменгі сатысына төрт қайық байлаулы, екеуі — графтың, екеуі — графиняның еншісі. Анау оң жақтағы қаз-қатар тізілген теректерді көріп келесің бе, тоған сол жерге дейін созылады, ар жағынан Феканға барып құятын өзен басталады. Бұл арада құс дегеніңде қисап жоқ. Граф айтулы аңшы. Қалай, нағыз шонжарға лайық қоныс емес пе!
Қақпа айқара ашылып, ар жағынан өңі шөлмектей боп-боз графиня көрінді. Баяғы орта ғасыр тұсындағы қорған иелеріндей көйлегінің етегі жер сызып, күлімдей қарсы алды. Ертегідегідей таңғажайып сарайға лайық жаратылған ертегіде айтылатын перінің қызының нағыз өзі тәрізді. Қонақжайдың сегіз терезесінің төртеуі тоған бетке, төртеуі көгілдір жотаның қақ төбесіне дейін созылып жатқан қара орманға қарайды екен.
Ағаштардың қара қоңыр түсінен тоғандағы су тым түпсіз терең, тым сұсты боп түнеріп көрінеді, ауық-ауық жел соққанда ағаштардың сыбдыры батпақтан шығатын қамыс сылдырына ұқсап кетеді.
Графиня Жаннаға баяғы бала күнінен бірге өскен досындай қос қолын қоса қабат ұсынып амандасты да, креслоға отырғызды, сосын қасындағы екінші креслоға өзі отырды, ал соңғы бес-алты айда баяғы зиялы әдебіне қайта оралған Жюльен емін-еркін әзілдесіп, екі ханымды мәз-мейрам қып отыр.
Графиня екеуі ит ертіп қыдырған серуендерін әңгімелейді. Графиня оның атқа отырысын әжуалап, "сүріншек шабандоз" деп атады, ал Жюльен оған "салт атты әйелдер патшасы" деген атақ тақты. Терезенің дәл түбінен мылтық гүрс ете қалды. Жанна шошып кетті. Бұл шүрегей атып түсірген граф еді. Әйелі оны сол бойда үйге шақырды. Әуелі ескектің сылдыры, қайықтың тасқа соққан гүрсілі естілді, сосын қонышы белуарынан келетін саптама етік киген алып кісінің өзі көрінді. Оған ілесе тұла бойлары су-су, графтың өзінен аударып алғысыз шикіл сары екі ит кірді де, сол бойда босағаға төсеулі кілемге жата кетті.
Граф өз үйінде тіптен емін-еркін екен, меймандарды көріп, қуанышы қойнына сыймады. Ол каминге от жағуға, мадера мен бисквир әкелуге әмір етті.
Сосын:
— Сіздер де бізбен бірге тамақтаныңыздар! — деді даусы саңқылдап.
Осы үйге келгелі баласын ойлап уайымдап отырған Жанна тамақтан бас тартып бағып еді, граф көнбеді, әйелінің ол сөзіне Жюльен де ренжіп, "қойсаңшы енді" дегендей ым қақты. Жанна таңертеңнен бері ұлын көре алмай дегбірі қашып отырса да, күйеуі күйіп-піспе ашушаң мінезін байқатып қоя ма деп қаймығып, амалсыз көнді.
Ол күн өте тамаша өтті. Әуелі бәрі бұлақтарды көруге барды. Бұлақтар тұла бойын мүк басқан жақпар-жақпар жартастан шапшып шығып, әрдайым өз-өзінен қайнап жатқандай боп көрінетін мөп-мөлдір қазан шұңқырға құяды екен. Сосын меймандар қайыққа мініп, қураған қалың қамыстың арасындағы жылым-жылым жүлгелерді аралады. Граф қайта-қайта әлденеге елеңдеп, тұмсықтарын желге тосып, иіс аңдып келе жатқан екі иттің ортасында ескек есіп отыр. Ол құлашын әр сермеген сайын үлкен қайық анадай жерге бірақ ырғып кетеді. Жанна ауық-ауық қолын айдынға малып жүрегіне дейін шымырлатып, саусағының арасынан сусып кетіп жатқан мұздай суға рақаттанып келеді. Қайықтың тұмсығына оңаша жайғасқан Жюльен мен жұқа жібек шәліні иығына айқара жамылған графиня екеуі мұншама бақытқа елітіп, тіпті тілден айырылып қалғандай, бір-біріне үнсіз күлімдейді.
Күн батып барады. Терістіктен ескен мұздай леп саудырап қурап қалған қалың қамысты сылдыратып жеңіл сырғып өтті. Күннің көзі шыршалардың тасасына барып тығылды.
Қызыл жалқын бойкүйез бұлт айқара жауып келе жатқан аспанға бір қарағанында-ақ төңірегің салқын тартып сала береді.
Олар серуеннен соң каминде от лаулап жатқан үлкен залға қайта оралды. Айнадай таза, әрі жып-жылы үй табалдырықтан аттаған бойда-ақ, көңілді көтеріп сала берді. Граф әйелін әлуетті қолдарымен кішкене бөбектей қармай көтерді де, ерніне апарып, екі бетінен шөпітіп-шөпітіп сүйіп алды.
Ал Жанна сояу-сояу қорқынышты мұртына бола "адам жегіш" атанған ақ жарқын алып еркекке — осы біз кісіні бағалағанда өңшең қателесе береміз екен-ау", — деп ойлап, сүйсініп күлімдей қарады. Со бойда Жюльенге бұрылып еді, ол есіктің қыр көзінде боп-боз боп, графтан көзін алмай тұр екен.
Жанна оның мына тұрысынан үрейі ұшып, қасына барып, сыбырлап:
— Ауырып тұрғаннан саумысың? Саған не болды? — деп сұрады.
— Ештеңе емес, абыржымай-ақ қой, мен тоңып қалдым, — деді ол түйілген күйі.
Бәрі тамақтануға асханаға кірді. Граф иттерін босатуға рұқсат сұрады. Екі ит біреуі оң жағынан, біреуі сол жағынан кеп, шоқиып отыра кетті. Граф минут сайын кесек-кесек тамақ тастап, жібектей майда жүн-жүн құлақтарынан алма-кезек сипап қояды. Иттер қипаң-қипаң етіп, құйрықтарын бұлғаңдатып, мойындарын асқа қарай қайта-қайта құныға созады.
Тамақтан соң, Жанна мен Жюльен үйлеріне қайтпақшы болып еді, түнде оттың жарығымен балық аулағанды көрсетсем деп, Фурвиль мырза жібермей алып қалды.
Оларды графиня екеуі тоған жақтағы бастырмаға ертіп шықты. Өзі бір қолына ау, бір қолына шырақ ұстаған қызметшімен бірге қайыққа отырды. Қайық кенет кілт бұрылғанда, сонау орманның шетіне жарық түсіп, еңгезердей алып көлеңке көрінді. Басы теректерден де асып, аспанды тіреп тұр, ал аяғы тоғанға сіңіп жоғалып барады. Біраздан кейін әлгі алып адам аспандағы жұлдызды жұлып алғысы келгендей қолын көкке созды. Сол сырықтай серейген ересен қолдар бір сәт көтеріле беріп, қайтадан сылқ құлады. Содан соң судың мап-майда сылдыры естілді.
Қайық тағы бір бұрылып еді, әлгі еңгезердей елес жарық түскен орманды бойлап жүгіріп бара жатқандай боп көрінді. Сосын біраз уақыт көз жетпейтін түнек көкжиекке сіңіп жым-жылас жоғалды да, сәлден соң қайта шықты. Бұл жолы ол үйдің маңдайына түсті, манағысындай емес, шағындау, бірақ кескін-кейпі дәлірек, анығырақ байқалды, қимыл-қозғалыстары да бәз-баяғысындай тым қолапайсыз.
Сол-ақ екен графтың жуан даусы гүж ете қалды.
— Сегізін ұстадым, Жильберта!
Судағы ескектің сусылы естілді. Алып көлеңке біразға дейін қабырғаны бойлап биіктеп барды-барды да, сосын бірте-бірте аласарып, жіңішкере түсіп кілт тоқтады, қазандай басы семіп, ересен денесі жүдеп, әбден арып қалғандай; Фурвиль мырза соңына шырақ ұстаған қызметшісін ертіп, баспалдақпен көтерілгенде әр қимылын қалт жібермей қайталап келе жатқан көлеңкесі кішірейе-кішірейе бір кезде дәл өзіндей болды.
Ауда тайдай-тайдай сегіз балық бұлқынып жатыр.
Күйеуі екеуі үй иелері берген сырт киімдерге оранып, Теректіге қайтып келе жатып, Жанна:
— Әлгі дәу қандай жақсы адам еді! — деп қайран қалды.
Ат айдап келе жатқан Жюльен оны құптаған жоқ.
— Иә, тек бір айыбы жұрт алдында өз сезімін ірке алмайтыны бар екен!
Арада бір апта өткен соң олар осы аймақтағы ең атақты ақсүйек Кутельеге қонаққа барды. Олардың Реминиль деген мекен-жайы Кани қаласына ұштасып жататын-ды. XIV Людовик ғұрпында салынған "Жаңа" тас қорған айнала биік дуалмен қоршап тастаған. Қалың парктің тасасына жасырынып тұратын-ды. Төбенің басында "Ескі" қорғанның орны көрінеді. Ливрея киген қызметшілер меймандарды бір әдемі залға әкеп кіргізді. Ортада тұғырдың үстінде Севр зауыты жасаған үлкен шара табақ тұр. Цокольда шынының астында корольдің өз қолымен Леопольд-Эрве-Жозеф-Жерме де Варневиль де Рольбоск де Кутельенің осы сыйды қабыл алуын өтініп жазылған хат жатыр.
Маркиз бен маркиза кіргенде Жанна мен Жюльен корольдің сыйлығын көріп тұр еді. Маркиза "бетіне опаны аямай-ақ жығып алыпты, әдет бойынша өзін сыпайы ұстап, ізет көрсеткенсіп қылымси кірді. Маркиз бурыл шашын қалай болса, солай тарай салған, жуан кісі; өзінің биік мәртебесін сездіргісі келгендей, қимылы, жүріс-тұрысы, сөйлегені бәрі паң, бәрі маңғаз.
Олар ақылы да, сезімі де, сөзі де атқа алғаш мінген кісінің отырысындай оғаш көрінетін, әдеп-ізет дегендерден атымен жұрдай адамдар боп шықты, меймандарының жауабын тоспай, өздері сөйлеп, өздері күледі. Күлкілері де осы маңайдағы жүздеген ақсүйектерді қабылдап тұруға өздерінің биік мәртебесі жүктеген абыройлы парызды атқарып отырған адамның міндетсінген салғырт күлкісі.
Жанна мен Жюльен сыпайылық сақтап, ұзақ бөгеліп қалмай, тезірек кетудің ретін таппай қысылып отыр еді, орайын маркизаның өзі келтірді, құдды бір уақыты санаулы болған соң, сағатына қарап аудиенцияны тоқтататын королевалар сияқты жаңа ғана жайбарақат айтып отырған әңгімесін аяқтамай күрт үзе салды.
Қайтып келе жатып Жюльен:
— Сен егер қарсы болмасаң, осымен қыдырғанды доғарайық. Маған сол Фурвильдердің өзі-ақ жетеді, — деді.
Оған Жанна да келісті.
Жыл он екі айдың ішіндегі ең бір түнерген көңілсізі желтоқсан да баяу жылжып өтіп жатыр. Былтырғы томаға-тұйық өмір қайта басталды, бірақ Жанна биыл зеріккен жоқ, ылғи Польдің шаруасымен күйбеңдеп жүріп, күннің қалай өткенін білмей де қалды. Ал Жюльен балаға бір түрлі құлықсыз тәрізді.
Жаннаның кейде ұлын қолына ұстап отырып, анаға тән балажандықпен емешегі үзіліп, сүйіп-сүйіп алып, әкесіне ұсынатыны бар.
— Мә, бетінен бір иіскесеңші, әйтпесе жұрт баласын жақсы көрмейді екен деп жүрер.
Жюльен баласының ылғи жыбырлап жататын шырыш қолдары үстіме тиіп кетпесін деп кекшиіп, зорға иіліп, ай қасқа маңдайына ернін жирене-жирене зорға апарады. Сөйтеді де, жүрегі айнығандай. тезірек кетуге асығады.
Ара-тұра мэр, дәрігер, кюре кеп, қонақасы жеп кетеді, енді-енді етене табысып бара жатқан Фурвильдер де соғып тұрады.
Графтың Польге ықыласы әбден құлады. Ол келсе, сәбиді тізесінен түсірмейді: кейде бүкіл кеш бойы құшақтап отырады. Еңгезердей қолына еппен алып, сояудай-сояудай ұзын мұртымен баланың мұрнының ұшын қытықтайды, балажан аналар құсап, үсті-үстіне шөпітіп сүйеді. Ол іштей өмірден перзентсіз өтем бе деп қауіптенетін де еді.
Наурыз жауын-шашынсыз өтті. Тіпті күн жылынды десе де болғандай. Графиня енді төртеу боп салт атпен қыдырайықшы дей беретінді шығарды. Бір өңкей сарылған ұзақ күндер мен ұзақ түндерден әбден зеріккен Жанна бұл ұсынысқа бірден қосылып, апта бойы өзіне амазонка тікті.
Сосын бәрі серуенге шықты; олар қашан көрсең де ылғи екеу-екеу боп жүреді. Графиня мен Жюльен әрдайым алға озып кетеді де, граф пен Жанна жүз метрдей артта қалып қояды. Екеуі әбден сырдесте ескі достардай әңгімеден бас көтермейді. Адал жанды осы екі адамның арасында ешқандай айла-шараны білмейтін шынайы достық орнады. Ал, алдағы екі адам ылғи сыбырлап сөйлеседі, ара-тұра қарқ-қарқ күліп қояды; ауызбен айта алмағанды көзбен ұқтырғылары келгендей бір-біріне қайта-қайта жаутаң-жаутаң қарай береді. Кейде көзден таса боп, алысырақ кетпекші боп, аттарына қамшы басып, шоқырақтай жөнеледі.
Біраздан бері Жильберта ашуланшақ болып апты. Оның шаңқылдаған даусын жел қағып алып кейінде келе жатқан екі аттыға жеткізеді.
Ондайда граф күлімсіреп Жаннаға:
— Менің әйелімнің осындай бір мінезі бар, — дей салады.
Бірде кешқұрым қайтар жолда графиня биесін біресе үсті-үстіне қамшылап, шаба жөнеліп, біресе тізгінін кілт тежеп тұра қалып, әбден ит зықысын шығарды.
Жанна мен граф Жюльеннің: — Абай болыңыз, атыңыз басын алып қашып жүрмесін, — дегені әлденеше рет естілді.
— Мейлі, ол менің шаруам ғой, — дейді Жильберта.
Әр сөзін нығарлап айтады. Айтқан сөзі ауаға шегедей қағылып, қатып тұрып қалған тәрізді.
Ат артқы аяқтап, жер тепкілеп, осқырына бастады. Енді граф та абыржиын деді, кең кеудесін кере айқай салды:
— Жильберта, абайла!
Сол уақытта әбден желігіп алған әйел қос құлақтың түбінен құлаштап тұрып қамшымен сықпырта бастады; ат та долырып көкке шаншыла шапшып, орғып-орғып түсті де, алға қарай құйғыта жөнелді.
Әуелі шалғынды кесіп өтті, сосын аңыз айдалған жердегі құйқаланып жатқан қара топырақты тұяғымен түйдек-түйдек лақтырып, ағызып ала қайқайды; тіпті аттың қайсы, үстіндегі адамның қайсы екенін де ажыратып болар емес.
Жюльен аңырып, тұрған орнында қатты да қалды, сосын кенет жан даусы шығып, айқай салды.
— Графиня! Графиня!
Сол-ақ екен граф бір жылқының кісінегеніндей оқшау үн шығарды да, астындағы абажадай атына қамшы басты. Оны айқайымен еліктірмек боп, үсті-үстіне тепкілеп, қамшыға көміп, атой салып барады. Сыртынан қарағанда бір дәу алып атты бұтының арасына қыстырып ай, аспанға ұшып бара жатқан сияқты. Екеуі де құйындай жүйткиді. Жанна сонау ту-ту алыстағы ерлі-зайыпты екі адамның бірін-бірі қуып барып, көкжиектің бір жеріне сүңгіп ізім-ғайым жоғалғанын, ақыр соңында жұдырықтай екі құс секілді кішірейе-кішірейе көзден бір-бір ұшқанын байқап қалды.
Сол жерде Жюльен бұрынғы ашушаң күйіне қайта түсіп, міңгірлеп. Жаннаның жанына келді.
— Оны не түлен түртті екен!
Олар да кең алқаптың бір жүлгесіне түсіп әлгі екеуінің соңдарынан салып берді.
Ширек сағаттан соң қайтып келе жатқан Фурвильдер де көрінді, көп ұзамай төртеуі қайта қауышты.
Граф әбден терлеп-тепшіп, күреңітіп кетіпті, өзіне-өзі разы, екі езуі жиылмай, әйелінің дірдектеген атын тұқырта жетектеп келеді. Ал Жильберта есімнен танады екем деп қорыққандай боп-боз, өң жоқ, түс жоқ әлденеге таусыла күйзеліп, күйеуінің иығына сүйеніп алыпты.
Ол күні Жанна графтың өз әйелін өлердей сүйетінін көрді. Келесі айда графиня тіпті көңілді жүрді, Теректіге келуді бұрынғыдан да жиілетті. Жаннаны да емешегі үзіліп бара жатқандай үсті-үстіне шөпітіп сүйе береді. Оған таңғажайып жаңа бір қасиет біткендей. Күйеуі де қайран қалып, көзін ала алмайды, минут сайын қолынан, я көйлегінен ұстай бергісі кеп, құмарта түседі.
Бір күні кешқұрым ол Жаннаға сыр ашты.
— Біз қазір өте бақыттымыз. Бұрын-соңды Жильберта мұндай мейірімді болып көрген емес. Ол енді ашуланып, тортаң-тосыраң мінез көрсетпейді. Оның мені сүйетініне бұрын сене қоймаушы ем, енді әбден көзім жетті, — деді.
Екі отбасының достығы екі ошаққа да жарастық әкелгендей. Жюльен де аяқ астынан өзгере қалыпты көңілді, ашулану дегенді білмейді.
Көктем биыл айрықша ерте шықты, күн бірден ыси бастады. Май тоңғысыз таңнан маужыраған тымық кешке шейін күннің көзі жер бетіндегі көк өскіннің бәрін қыздырып бағады. Бұл бір дүниенің бәрі адам танығысыз өзгеріп кеткендей көрінетін кейбір айрықша жақсы жылдарда ғана болатын өркен атаулының бәрі қаулап өсіп, өсімдіктердің бойындағы шырын мен нәр тасып-төгіліп, табиғаттың ерекше жасарып-жаңғырып жатқан жайсаң шағы еді.
Өмір нәрінің осынша асып-төгіліп, шалқып жатқан шағы Жаннаның жанын да бір түсініксіз ала құйынға салды. Ол шөп басынан гүл көрсе болды, табан астынан абдырап қоя береді; талай сағаттар бойы тәтті армандарға батып, дүниені ұмытып кетеді.
Кейде тіпті баяғы бір алғаш рет ғашық боп жүрген аяулы шақтарын есіне алып, әлденеге аңсары ауады; бірақ Жюльенге деген сол кездегі ынтық сезімі қайта оралса екен деп тіпті де тілемейді; ол дәурен өткен, енді қайтып оны аңсау әншейін мәңгінің қиялы, алайда, неге екенін өзі білмейді, әлдеқалай көктем самалы желпіп өтсе, не жазғытұрғы даланың жұпар иісі аңқыса да, тұла бойы шымырлап, бір беймәлім нәзік сезімге елігіп, қараптан-қарап елегізіп қалады.
Ол бір түрлі оңашаға құмартып, күн шуаққа қыздырынып, мынау маужыраған тып-тыныш дүниенің рақатына емін-еркін кенелгісі келе береді.
Бір күні таңертең ұйқылы-ояу маужырап жатқанда көз алдына баяғы Этретадағы қап-қараңғы орманның ортасында күн нұры түскен кішкене алаңқай елестеді. Сол жерде өзін сүйетін адамның денесін алғаш рет жақын сезіп, бойына алғаш рет түсініксіз діріл жүгіріп еді. Ол бұған жүрек назын алғаш рет сол жерде айтқанды. Қиялында арманды болашақтың жарқын алқабы жарқырап ашылғандай болған жер де сол алаңқай еді.
Ол енді сол араны бір көргісі, өміріне өзгеріс әкеп, дертіне шипа дарытатын әулиеге тауап етіп барғандай, әлгі алаңқайға бір соғып қайтқысы келді.
Жюльенге қайда бара жатқанын айтпастан сары ала таңнан атқа қонды. Ол ара-тұра өзі серуенге мінетін Мартендардың ақ боз атын ерттетіп жолға шықты.
Жарқыраған ашық күн еді. Төңірек түгел тым-тырыс. Тіпті шөп басында да қыбыр жоқ. Жапырақтар да сұлық. Лeп атаулыға тыйым түсіп, дүние енді мәңгі мүлгіп қалған тәрізді. Жәндік екеш жәндіктерге дейін жым-жылас. Күн нұрынан күллі аймаққа алтынның буындай боп мүлгіген тыныштық дарып жатқан тәрізді. Жанна атын жайбарақат аяңдатып, қиялға шомып, рақаттанып келеді. Ауық-ауық басын көтеріп, көк аспанның ортасында адасып қалғандай, жападан-жалғыз тұрған алақандай ақша бұлтқа көз салып қояды.
Ол Этретаның қақпасы деп аталатын құз жартастардың арасымен теңізге құлайтын кең аңғарға түсті де, асықпай тоғайға кірді. Селдір жапырақтардың арасынан күн нұры селдете құйылыпты. Жанна жіңішке соқпаққа түсіп біраз іздеп көріп еді, баяғы жерді таба алмады.
Кенет айдау жолды кесіп өтіп бара жатып, тоғайдың түкпірінде ағашқа байлаулы тұрған екі атты тани кетті. Біреуі — Жильбертаның аты, екіншісі Жюльеннің аты. Ол жалғыздықтан енді-енді жалыға бастаған-ды, ойда жоқ жерден серік табылғанына қатты қуанды, атының басын еркіне қоя берді. Ұзақ күтуге әбден еттері үйреніп қалған, мүлгіп тұрған екі аттың қасына келген соң дауыстап шақырып көріп еді, ешкім үн қатпады.
Жапырылып қалған ұйпа-тұйпа көк шөптің үстінде әйелдің қолғабы мен екі қамшы жатыр. Демек, олар осы араға дем алып отырған да аттарды осында тастап, өздері қыдырып кеткен болды.
Жанна олардың мұнша уақыт не бітіріп жүргенін біле алмай аң-таң боп, жиырма минут күтті. Атынан секіріп түсіп, ағашқа сүйеніп тұрып қалып еді, оны көрмеген екі құс дәл қасына келіп қонды. Біреуі әлденеге алабөтен алабұртып, екіншісін шыр айнала секеңдеп, қанатын шұқып, басын бұлғаңдатып, шыр-шыр етіп, байыз таба алмай біраз жүрді. Кенет екеуі құшырлана қауышып, бір-біріне жабыса кетті.
Жанна дүниеде бұндайдың да болатынын алғаш рет көріп тұрған кісіше айран-асыр қалды. Біраздан соң барып "қазір көктем екен ғой" — деп ойлады. Сосын іле-шала есіне басқа бір ой түсіп күдік қашты. Ол ұмыт қалған қолғапқа, қамшыларға, екі атқа қайта бір көз салды да, тезірек бұл арадан кетуге асығып, атына қарғып мінді.
Қайтарда ол суыт жүрді. Жол-жөнекей тұла бойы қалтырап-дірілдеп, әр түрлі күдік-күмәндарды ойлаумен болды: қилы-қилы жағдайларды салыстырып, ар жақ, бер жағын елеп-екшеп көріп еді, бар гәпке енді түсіне бастады.
Ол бұның бәрін бұрын неғып байқамаған? Ештеңені көрмегені қалай? Жюльеннің үшті-күйлі неге жоғалып кете беретінінің, баяғы сылқым-сері күйіне неге қайта түскенінің, аяқ астынан ашуланғанды қойып, неге жадырай қалғанының сырын бұрын қалай ойламаған? Ол Жильбертаның ойда жоқ жерде шала бүлініп қалатын мінез шығарғанын, оған графтың көптен бері қуанып жүргенін, оның соңғы кезде аяқ астынан өзіне үйірсек бола қалғанын есіне енді алды.
Шапшаң жүрістен ойы шашырай берген соң барлық жайды асықпай пайымдап алғысы кеп, атының басын тежеді.
Алғашқы кездегі абыржуы басылғасын, жүрегі орнына түсейін деді. Көңілінде қызғаныш та, ашу да жоқ, тек жеккөрініш қана қалыпты. Ол Жюльен туралы ойлаған да жоқ: ол не істесе де, еш таңғалмайтын болып алған-ды. Бірақ, құрбы деп жүрген графиняның мына опасыздығы арқасына аяздай батты. Сонда дүниеде кісі біткеннің бәрі зұлым, бәрі аяр, бәрі екі жүзді болғаны ма? Көзіне жас толып кетті. Алданған арманымен де өлген бауырындай жылап қоштасты.
Бірақ, ол енді ештеңені көрмеген-білмеген боп, аз күндік алдамшы татулықтан бойын аулақ салып, қалған ғұмырында Поль мен ата-анасын ғана жақсы көріп, былайғы жұрттың қандай қылығын да елең қылмауға бекінді.
Үйіне оралған бетте баласына бас салып, өз бөлмесіне әкетті, есінен адасқандай, оны бір сағат бойы үсті-үстіне шөпітіп сүюмен болды.
Жюльен түскі тамаққа көздің жауын алатындай жұтынып, бар иманы бетіне шығып, жайраңдап келді.
— Папаң мен мамаңның биыл келмейін дегені-ау! — деп сұрап қойды.
Оның тап мынандай ілтипатына аса разы болған Жанна манағы орманда көрген масқарасын да ұмытып, кешірім жасады. Ол Польден кейінгі жанындай жақсы көретін екі адамын тезірек көргісі кеп кетті; бүкіл кеш бойына оларға "келе көріңдер" деп жалынып-жалбарынып хат жазумен болды.
Олар жиырмасыншы майда келуге уәде берген-ді, ал бүгін бар болғаны жетінші май.
Жанна ата-анасын көргенше асықты, оны перзенттік сүйіспеншілікпен қоса өмірдегі барлық қылықтары мен ой-арманын, тілектерін ешқандай арамдық, зымияндық шалмай, адал боп өткен ақ жүрек адамдармен кездессем екен деген алып-ұшпа аңсар билеп алып еді.
Жанна мынау өңшең арамза ортасында өзінің жалғыз екенін жаңа байқап жүрген-ді: қаншама түк көрмегендей мүләйімсіп бақса да графиня келген сайын, өп-өтірік құрақ ұшып қарсы алса да, көкірегінде тас боп байланған адамдарға деген жиреніш, бір түрлі өз-өзінен құлазыған жалғыздық сезім күн өткен сайын өршіп барады; күн өткен сайын үй арасындағы күлді-көмеш оқиғалар оның жан дүниесіндегі зымияндық атаулыға, адамдардың әлсіз де әзәзіл табиғатына деген өшпенділікті өсіре түсті.
Куярлардың қызы әне ұзатамыз, міне ұзатамыз деп отырғанда бала тапты. Мартендардың қызметшісі, жетім қыз, ойда жоқ жерде екіқабат болып қапты, көршінің он беске енді шыққан, уыздай жас қызы талғақ боп жүр деседі, үсті-басы ылғи сасып жүретін настығына бола, ел арасында "Найсап" атанып кеткен әлгі бір салтақ етек жесір, ақсақ қатын да бала көтеріпті.
Бірде әлдекімнің жүкті болып қалғаны, енді бірде жап-жас қыздың, я күйеуі бар балалы әйелдің, не жасы әлдеқашан жер ортасына кеп, тоқтасқан инабатты фермерлердің көлденең жүрістері жайлы әрқилы алып қашты өсек құлақты әбден сарсытып бітті.
Сыңайы, мынау ала қызба көктемде тек өсімдіктердің ғана емес, адамдардың бойындағы өмір нәрі де өрши түссе керек.
Ал, Жаннаның бойындағы баяғыда-ақ сөнген сезім қайта тұтанбады, тек жаралы жүрегі мен елгезек жаны ғана көктемнің дауасы мол жылы лебіне бір рақаттанып қалды. Ол күйкі нәпсінің қолынан келмейтін не бір асқар армандарға беріліп қиялға шомады, төңірегінде болып жатқан хайуандыққа жүрегі айнып, аза бойы қаза болады.
Хайуан екеш хайуанның жанасқанының өзін табиғаттың асылдығын, абзалдығын аяққа басқандай көріп, тітіркене жиренетін Жанна Жильбертаға күйеуімді иемденіп кетті деп емес, осы бір жарық жалғанды түгел жайлап алған ыбылыс-ластыққа о да барып белшесінен батты деп ренжитін-ді. Өйткені, ол әлгі бір әзәзіл түйсіктің айтқанына көніп, арандап қалатын қара тобырға жатпайды емес пе? Ендеше, ол сол найсаптардың істегенін қалай істейді?
Дәл ата-анасы келетін күні Жюльеннің аузының суы құрып айтқан жергілікті наубайдың пештен сыбдыр шыққан соң, ол күні нан жабылмай, ішіне мысық түсіп кетпеді ме екен деп барса, нан емес басқа бір шаруасын жайғастырып жатқан әйелінің үстінен шыққан хикаясы одан бетер жүрегін айнытты.
Жюльен онымен шаруасы жоқ, әңгімесін әрі қарай соза түсті.
— Наубай пештің аузын тас қып жауып кетеді. Егер шешесінің пешке ұстаны ертіп кіріп бара жатқанын көрген баласы көршілерді шақырып әкелмегенде, олар тұншығып өлетін екен.
— Міне, бұзықтар, біздерді махаббаттың шүрегімен асырайын дегендері ғой. Мұның Лафонтен новеллаларынан несі кем, — деп күліп қойды Жюльен.
Мына әңгімеден соң Жанна аузына нан алмайтын болды.
Есіктің алдына пошта күймесі кеп тоқтап, ішінен жарқылдап барон шыға келгенде жас келіншектің жүрегінде бұрын-соңды басынан кешіріп көрмеген бір жұмбақ толқын тулап, махаббат дауылы көтерілді.
Ал, енді анасын көргенде тұп-тура есінен танып қала жаздады. Қыстың алты айы ішінде баронесса тағы бір он жылға қартайып қалыпты. Болжырап кеткен қабарыңқы жүзі қан шапқандай қара күрең тартыпты, жанарының жылтылы өшіпті, екі кісі екі жағынан сүйеп жүрмесе, қозғала алмас түрі бар: дем алғанда аузынан төңірегіндегілерді еріксіз тыжырынтатын жиренішті сырыл шығады.
Барон күнде көріп жүргендіктен әйелінің қаншалықты можап қалғанын атымен сезбейді де екен. Әйелі тынысы тарылып, кеудесін май басып бара жатқанын шағына әңгімелесе, барон:
— Қымбаттым, сізге не болған, мен көргелі осындай едіңіз ғой, — деп жеңістік бермейді.
Оларды көріп абыржып, әбден жүдеп қалған Жанна ата-анасын ұйықтайтын бөлмелеріне кіргізіп, өзі бөлмесіне барып, армансыз жылап алды. Біраздан соң әкесімен сөйлеспекші боп қайтып оралды. Көзі жасаураған күйі әкесінің құшағына сүңгіп кетті.
— Тәңірім-ау, мамам қандай боп кеткен? Айтшы, папа, оған не болды? — деп сұрады.
Бұнысына әкесі қайран қалды.
— Сен не деп тұрсың? Көзіңе қос көрінген шығар, сірә. Мен күнде қасында жүрген жоқпын ба, оның халі бұрынғыдан ешқандай төмендеген жоқ.
Кешқұрым Жюльен әйеліне бас жоқ, көз жоқ:
— Білесің бе, анаңның халі тым мүшкіл екен. Меніңше онша ұзаққа бара қоймас, — деп төбеден түскендей қойып қалды.
Жанна солқылдап жылап жіберіп еді, ол бұрқан-талқан болды.
— Қойшы, әрі. Мен саған оны өлім қалында екен деген жоқпын ғой. Сен осы барлық уақытта түймедейді түйедей қыласың да жүресің-ау. Бар жазғаным, өзгеріп кеткен екен, кісі оның жасында тап мұндай күйге ұшырай бермейтін-ді дегенім бе?
Адам пақырдың өзімшілдікке басып, жанының тыныштығын ойлап, төбесінен төніп тұрған қауіп пен қатерді елемей, есінен шығарғанша асығып бағатын әдеті бар емес пе? Жанна да бір аптадан соң шамасы, қорқынышын басқысы келген болар, анасының әлгі күйіне де еті үйреніп, көңілі Тап мынау алдында жатқан анасы, анажаны, Аделаида мамасы өлді. Ол енді тырп етпейді, сөйлемейді, күлмейді, папасының қақ алдында дастарқан басында отырмайды, енді қайтып: "саламатсың ба, Жаннетта!" деп амандаспайды да, — ол өлді! Ертең табытқа салып, қара жерге көмеді. Сонымен бәрі де тамам болады. Енді қайтып ешқашан көре алмайды. Қалайша? Осы ойлап отырғанының бәрі рас па? Анасы енді біржолата ғайып болмақ па? Көзіңді ашқаннан бері соншалықты таныс, жаныңдай жақын адам, алғаш рет құшағыңды жайған сүйікті адамың, осынау махаббаттың ұлы ұясы, жаныңа жаһандағының бәрінен жақын, бәрінен қымбат адам — ана кенет мәңгілікке жоғалмақшы... Оның мынау қан-сөлсіз өлі жүзіне үңіліп отыруға да енді санаулы-ақ сағаттар қалды, сосын бұған да зар боласың, көкейіңдегі көмескі елестерден басқа ештеңе қалмайды.
Ол дүниеден түңіліп, тізерлей жығылды; ақ жаймадан тас қып ұстап ап, төсекке басын тықты, өзегін өртеп бара жатқан қайғы-қасірет бой бермей:
— Мамам, маматайым! — деп айқайлап жіберді.
Сол арада ана жолғы жалаң аяқ қар кешіп, үйден қашқандағысындай, бұл жолы да есінен айырылып алжасып бара жатқанын сезді де, орнынан атып тұрды, мынау төсектің қасындағы өлім ауасынан аулақ кетіп, таза ауаға жету үшін, терезенің алдына жүгірді.
Шабылған шабындық, ағаштар, теңіз, бүкіл алқап ай нұрына елітіп, тылсым тыныштық құшағында қалғып жатыр. Сол бейжай рақаттың бір тамшысы Жаннаның да жүрегіне дарып, егіліп үнсіз жылады.
Сосын тағы да төсектің жанына келіп, ауру кезіндегі бағып-қаққан әдетімен анасының қолын ұстады. Жарыққа жүгірген бір үлкен қоңыз терезеден ұшып кірді. Доп құсап қайта-қайта қабырғаға соқтығып, бір бұрыштан екінші бұрышқа ұшып барып, сенделіп жүр. Жанна оның ызыңдаған дыбысын естіп, басын көтеріп қарап еді, тек аппақ төбеге түскен көлеңкесін ғана көрді.
Енді көңілі көншігендей болды. Сағаттың дамылсыз тырсылымен тағы да бір әрең-әрең естілетін әлсіз дыбысқа құлақ тосты. Сөйтсе, ол кереуеттің аяқ жағындағы орындыққа ілулі қалған көйлегінің қалтасында әлі жүріп тұрған анасының сағаты екен. Әлі анасының жүрегімен бірге тоқтамай, әлі соғып тұрған кішкене сағат Жаннаның көкірегіне ине сұғып алғандай шым еткізді. Сағатқа қарап еді, он жаңа болыпты. Оған сол арада түні бойы осылай сарылып отыру кісінің төзімі жетпестей шексіз азап боп көрінді.
Жадына өзге бір оқиғалар, өз өмірінің ірілі-ұсақты жайлары, Розали мен Жильберта, әлденеше рет алданғаны түсті. Демек, бұл дүниедегінің бәрі құр бейнет, қайғы-қасірет, өлім ғана болғаны ғой. Соның бәрі де алдап-арбайды, өтірік көлгірсиді, бәрі де қасірет тартқызып, қан жылатады. Сонда мынау жарық жалғанда зәредей ғана қуаныш пен жан тыныштығын қайдан табуға болады? Шамасы, табылса тек о дүниеден ғана табылатын шығар; олар адамға тап болса, тек сол шыбын жаның жер бетіндегі шырғалаңдардан біржолата құтылғасын барып тап болатын шығар. Жан дейді-ау! Ол енді осы бір тұңғиық жұмбақтың түбіне жетпек боп, әдемі ойларға берілді. Әлгі үмітін қайдағы бір бұлдыр-бұлыңғыр болжалдармен жоққа шығара бастады. Ендеше анасының жаны, осы бір қатып-семіп қалған өлі дененің жаны қазір қайда екен? Бәлкім, ол енді бұл арадан тым жыраққа, көл-көсір кеңістікке сіңіп, ізім-қайым жоғалған болар. Ол да қураған гүлдің нәріндей бу боп ұшып кетті ме? Немесе тордан босаған зымыран құстай бір жерлерде самғап, шүйгіп жүр ме екен? Бәлкім тәңірінің өз өлкесіне қайтып барған шығар. Әлде, өскелі-өнгелі тұрған жаңа ұрпақтың тәніне сіңіп барады ма? Мүмкін, тіпті жақын жерде, дәл қасында, мына өзі талақ еткен өлі дененің маңында әлі шырқ айналып шықпай ұшып жүрген шығар. Кенет Жаннаны дене мен тәннен атымен ада көзге көрінбес бір беймәлім рух жанап өткендей болды. Ол осы бір үрейлі ойдан зәресі ұшып тіпті тырп етіп қозғала алмай қалды, демі бітіп барады, айналасына қарауға да қорқады. Түнде жайсыз жатып, бастығырылғандай, жүрегі атша тулады.
Тап сол кезде манағы көзге көрінбеген кішкене жәндік қайтадан ұшып, қабырғаға соқтығып, дамылсыз ызыңдай бастады. Денесі дір ете қалды. Бірақ, артынша-ақ оның не ызың екенін танып жүрегі орнына түсті, тұрып, артына бұрылып қарады. Ол ішінде тәбәрік сақталған, сфинкстермен әшекейленген бюроны көзі шалды. Сол-ақ екен мынау анасының жер бетіндегі ақырғы түнінде марқұмның бойтұмардай қастерлеп келген хаттарын оқып көрейінші деген ой сап ете қалды. Солай етсе анасына перзенттік ықыласын көрсететін бір киелі парызы орындалып, оны о дүниеде де бір қуантып тастайтындай боп көрінді.
Бұлар әжесі мен атасының ертеректе жазысқан хаттары боп шықты. Жанна оларды көрмеген-ді. Мынандай азалы түнде олар да шер жұтып, шемен көкірек болып отырған бұны желей-жебеп жатқан шығар. Енді міне, орталарындағы жаңа ғана о дүниеге ауған марқұм анасы арқылы баяғыда көз жұмған ата-бабамен бұның арасында да өзгеше бір жұмбақ махаббат желі құрыпты.
Ол орнынан тұрып, бюроның қақпағын ашып, ең төменгі қобдишасынан текшелеп-текшелеп ұқыптап буған, әлдеқашан сарғайып кеткен хаттардың оншақты бумасын суырып алды. Бұлар тек бағзы бабалардан қалған көнетоз бюролардан ғана табылатын, оқысаң көне заманның иісі аңқып қоя беретін тым ескі хаттар екен.
Біріншісі "Кішкене шыбыным менің", — деп басталып еді, екіншісінің ең алғашқы сөзі: "Жаным менің", болып шықты; сосынғылары хат жазылған адамның қыз, бойжеткен, жас келіншек боп өзгеруіне байланысты "балапаным", "сәулетайым", "жан балам", "қымбатты балам" "Қымбатты Аделаида", "Қымбатты қызым" сияқты боп, қырық құлпырып кете барыпты.
Бәрінен де ыстық махаббат, ақпейіл ықылас көрініп тұр; қай-қайсысы да "папаң талықси береді", "Гортензия саусағын күйдіріп алды", "Тышқан ұстағыш мысығың үлкен болды", "ауланың он жағындағы шыршаны шаптырып тастадық", "мамаң шіркеуден қайтып келе жатып дұғалығын жоғалтып апты, өзі біреулер ұрлап алды деп соғады" тәрізді, бөгде жұртқа ұсақ-түйек көрінгенмен, өздері үшін ерекше маңызды үй ішінің хабарларына лықа толы. Бұл хаттарда Жаннаның жыға танымағанымен, бала күнінде аттарын еміс-еміс естіген адамдары жайлы да сөз болады. Оған сол бағзы күндердің егжей-тегжейлі хабарлары аса маңызды жаңалық боп көрінді. Оның бәрі сол күндердің ең жұмбақ құпиясына, мамасының жүрек құпиясына бастап апаратын тәрізді. Ол ұзынынан сұлап түскен өлі денеге бір қарап алды да, оның көңілін жұбатып, еліктіргісі келгендей, дауыстап оқуға кірісті.
Ал, хаттарды бір-бірлеп төсектің аяқ жағына қоя берді; оларды гүл салғандай қып, табытқа бірге салу керек екен деп те ойлады.
Жанна тағы бір буманы шешті. Бұл басқа бір адамның жазуы. Оқып көріп еді — "Мен сенің құшағыңнан тыс жерде өмір сүре алмаймын. Сені жан-тәніммен сүйемін". Одан басқа бір ауыз сөз жоқ. Кім жазғаны да көрсетілмепті.
Ол аңырып қалды, қолындағы хатты қырық аудара, қырық төңкерді. Сыртында: "Баронесса Лe Пертюи де Вога", — деп жазылыпты.
Ол енді екінші хатты ашты. "Бүгін кешке, ол кеткен бойда, келе қал. Бір сағаттай бірге боламыз. Шексіз сүйемін".
Тағы бір хатта: "Мен бұл түнде алжасқандай боп, есімнен танып, қайта-қайта сенің атыңды атап шақыра беріппін. Ернің-ерніме жабысып, көзіңмен көзім табысып, құшағымда өзің тұрғандай боп көрінді. Мен сөйтіп арпалысып жүргенде сен сол әлгі бір немеңнің қасында жатырсың-ау, ол саған не дегенінің бәрін істетіп, өзімсініп, өзеуреп иемденіп жатыр-ау деген ой келгенде, терезеден секіріп, мертігіп өлгім келіп кетті", — деп жазылыпты.
Жанна мына шытырманнан ештеңе түсінбей қайран қалды.
Бұл немене тағы? Мынандай өліп-өшкен махаббат сөзін кім-кімге кім туралы айтқан?
Ол оқи берді, оқи берді. Бәрінде де күйіп-жанған махаббат назы жазылыпты, жолығысқа белгіленген уақытты білдіртіп алма, сақ бол деген ақыл-кеңестер айтылыпты. Қай-қайсысының соңында да: "Хатты өртеп жіберуді ұмытпа!" деген төрт сөз тұр.
Ақыр аяғында ол қонақасыға шақырылғаны үшін алғыс айтқан әншейін сыпайыгершілік хатына көзі түсті. Жазуы жаңағы хаттардағы жазу. Бірақ соңына "Поль Эннемар" деп қол қойыпты. Барон баяғы заманды есіне алған сайын менің марқұм досым Поль деп аузынан тастамаушы еді, сөйтсе сол Поль д' Эннемар мырза баронессаның да жанындай жақын досы болып шықты ғой...
Жаннаның ойына күдік қашты, біраздан соң ол күдігінің орынды екеніне әбден сеніп те алды. Ол бұның анасының көңілдесі екен.
Сол бойда ол тізесіндегі хаттарды жорғалап келе жатқан улы жәндіктей қағып жіберді де, орнынан ыршып тұрып, терезеге ұмтылды, алқымына тығылған ащы жәбірге одан әрі шыдай алмай жылап жіберді. Сосын көкірегін нала кеулеп, қабырғаға арқасын сүйеп, еденге отыра кетті. Өксігенін ешкім естімесін деп, терезенің пердесімен аузын басып, сығыла жылады.
Ол бүкіл түнді солай өткізетін еді, көрші бөлмеден әлдекімнің аяғының тықырын естіп, атып тұрды. Бәлкім, бұл әкесі шығар. Әлгі хаттар төсекте де, еденде де қопырап шашылып жатыр. Егер ол біреуін оқып көріп, баяғы сұмдықты біліп қалса не болғаны! Ол, сірә, біле ме екен бұны?
Ол жүгіріп барып, әбден сарғайып кеткен көне хаттарды, анасының ата-анасымен жазысқан хаттарын да, көңілдесімен жазысқан хаттарын да, әлі ашып оқымаған хаттарды да, бюрода қалып қойған хаттарды да құшақ-құшақ қып жиып алып, каминге бір-ақ атты. Сосын шырақтың біреуін тигізіп от берді.
Лапылдай жөнелген жалыннан бүкіл бөлме, төсекте жатқан өліктің жүзі түгел жарқырап, терезедегі аппақ пердеге ақ жамылғының астындағы қақиып қатып қалған зор дененің қырынан қарағандағы қап-қара көлеңкесі түсті.
Каминде тек бір уыс күл ғана қалғанын көрген соң, Жанна өліктің маңына жолағысы келмей, ашық тұрған терезенің алдына барып отырды да, қос қолымен бетін басып:
— АҺ, мама! Мамажаным! Байғұс мамам! — деп өксіп-өксіп жылап жіберді.
Кенет оған тағы бір қорқынышты ой келді. Егер анасы өлмей, тек ұзақ ұйқыға кеткен боп, дәл қазір орнынан атып түрегеліп сөйлей жөнелсе не болмақшы? Оның мынандай масқара құпиясын біліп алғаны перзенттік махаббатына салқынын тигізіп жүрмес пе екен? Сонда бұл баяғысынша еркелеп мойнына асылып, бетінен сүйе ала ма? Бұрынғысындай оны әз-әулие көріп, құрметтей ала ма? Жоқ. Баяғы күн енді қайтып оралмайды. Соған көзі жеткенде көкірегі қарс айырылып кеткендей болды.
Жұлдыздар бозарып, түннен де береке қашты. Таңғы самал есті. Теңізге сүңгіп шығып көкжиекке асылып тұрып қалған күн көзі айдың бетін ақ маржанға толтырды да жіберді.
Жаннаның есіне баяғыда Теректіге келгендегі осылай ұйықтамай өткізген алғашқы түн түсті. Ол енді сонау алыста қапты, одан бері дүниенің бәрі өзгеріп кетіпті, алаңғасар балалық мұны әбден жер соқтыра алдапты...
Аспан көздің жауын алатындай аса көркем қызғылт нұрға боялды. Ол жер мен көкке шұғыласын қатар шашып көтеріліп келе жатқан жаңа күнге бір керемет көргендей телміре қарады. Осындай нұр-шұғылаға бөленген жарық жалғанда қуаныш пен бақыттың қалай жоқтығына қайран қалды.
Есіктің тырсылдағанына селк ете түсіп еді, Жюльен кіріп келді.
— Ал, қалай? Әбден шаршаған шығарсың? — деп сұрады ол.
Жанна жай әншейін "жоқ" дей салды, бірақ жалғыздықтан құтылғанына қуанып тұр.
— Енді барып, көз шырымын ал.
Ол анасын қайғы мен қасіреттен албырай өртеніп тұрған ып-ыстық еріндерімен ұзақ-ұзақ сүйді де, бөлмесіне ұйықтауға кетті.
Ол күні өлім жөнелтудің шаруаларымен әбігер болды. Барон кешқұрым келді, әйелінің өліміне қатты қайғырды.
Баронесса ертеңіне жерленді. Жанна марқұмның мұп-мұздай маңдайынан ақырғы рет бір сүйді де, жол-жораның бәрі жасалып табыттың қақпағы жабылған соң, бөлмесіне зыта жөнелді. Көп ұзамай жаназаға шақырылған адамдар да келе бастады.
Жильберта елдің ең алдымен жетіп, ботадай боздап, құрбысының көкірегіне бас қойды. Терезенің алдынан келіп жатқан өзге күймелер де көрінді. Вестибюльден дабырласқан дауыстар естілді. Бөлмеге Жанна тани қоймайтын өңшең қара жамылған әйелдер бірінен соң бірі шұбатылып кіріп жатыр. Маркиза де Кутелье мен виконтесса де Бризвиль оны бетінен сүйді.
Кенет ту сыртына кеп кеңкілдеп жылап тұрған Лизон апайға көзі түсті. Жанна оны да аймалап, бетінен сүйіп еді, кәрі қыз қапелімде есінен танып қала жаздады. Қара киініп, жұрттың мұншама көп жиналғанына аса разы болып жүрген Жюльен кірді. Үсті-басы мұнтаздай. Ол әйелімен сыбырласып ақылдаса бастады.
Құпиялап:
— Зиялы қауымның бәрі жиылды. Марқұмның жаназасы аса келісті өткелі тұр, — деп қойды.
Ханымдарға маңғаз иіліп тағзым етіп, шығып кетті. Жаназа шығарылып жатқанда Лизон апай мен Жильберта Жаннаның қасында болды.
Графиня оны қайта-қайта бетінен сүйіп:
— Бейшара досым-ай! — дей берді.
Әйелін әкетуге кіргенде, граф де Фурвиль өз анасын жерлеп кеп тұрғандай, кеңкілдеп жылап жіберді.
X
Ендігі күндер қайғымен өтті. Жанындай жақын адамың мәңгілікке ғайып болып, үйінді құлазытып кеткен тұнжыраған мұңлы күндер, марқұмның тірісінде ұстап-тұтынған әр нәрсесі көзіңе шоқтай басылып, жаныңа жарақат найзасын бір сүңгіп алатын азалы күндер әзер жылжып өтіп жатыр. Кейде қараптан-қарап отырып, өткен-кеткен ойыңа оралғанда, іші-бауырың елжіреп жүре береді. Міне, мынау, қонақжайда қалып қойған креслосы, қол шатыры, қызметші әйел жинамай ұмытып тастап кеткен әне бір стакан да соныкі. Қай бөлмеге кірсең де, шашылып жатқан соның дүниелері; қайшысы, биялайы, беттерін тұқыл тырнақтарымен сызғылап тастаған кітабы. Әйтеуір соның қай-қайсысы да қайдағы-жайдағы майда-шүйде бір оқиғаны есіңе сап өткізеді де, жаныңды тағы бір рет астан-кестен қып кетеді.
Осы үйдің өне бойынан оның даусы да естіліп тұратын сияқты. Тіпті осы үйден бетің ауған жаққа безе жөнелгің, сөйтіп, мына қоршаудан біржолата құтылғың келеді. Бірақ, жалғыз сен ғана емес, өзгелер де осында тап осындай шер жұтып, зар қауып тұрып жатқан жоқ па? Ендеше, сен де солардай боп күлді-көмеш күн өткізуін керек қой.
Оның үстіне, Жанна анада байқаусызда ашқан масқара құпиясынан әлі есін жия алмай жүрген-ді. Ол оған шешілмейтін шер-шемен, Қап тауындай қасірет боп жабысқан-ды. Сол бір масқара құпия бұны былайғы жұртқа беттетпей, ылғи шетке, оңашаға ығыстыра берді. Адамдарға деген ыстық ықыласы, ақаусыз сенімі ең соңғы сенген адамымен бірге өліп, бірге күйреді.
Әкесі біраздан соң мекен ауыстырып, анда-мұнда жүріп тұрып, күн өткен сайын еңсесін езе түскен қайғыдан бір сілкініп қайтпақ боп, кетіп қалды.
Ауық-ауық иелерінің бірін бақидың ұзақ жолына аттандырып сап тұратын үлкен үй үйреншікті мимырт тірлігіне қайта кірісті.
Бір күні Поль ауырып қалды. Бұрынғы ма, Жаннаның есі енді шықты, ол он екі күн бойы ұйықтамай, нәр татпай қойды.
Ұлы ауруынан әлдеқашан жазылғанмен, Жанна ол да өледі екен деген үрейлі ойынан әлі айыққан жоқ. Ондай күнге душар болса, бұның күйі не болмақ? Енді оның көңілін тағы да құрсақ көтерсем екен деген көмескі тілек жайлады. Көп ұзамай қасымда бір ұл, бір қызым болар ма еді деген баяғы арманы оны қайтадан меңдеп алды. Ол арман енді жатса да, тұрса да есінен қалмайтын аңсарға айналды.
Бірақ, Розали оқиғасынан кейін ол Жюльеннен іргесін аулақ салып кеткен-ді. Міне, енді, қазіргідей жағдайда қайта қауышу тіптен мүмкін емес сияқты боп көрінді. Жюльен бүгінде көлденең олжаның соңына көп түсіп жүр. Онысын бұл жақсы біледі. Сондықтан да, ол енді мені де құшақтайды-ау деген ойдың өзінен ғана жүрегі айнып азар да безер болатын-ды.
Дегенмен қазір онысына да төзер түрі бар. Тек ана болсам деген аңсары тезірек орындалса екен. Бірақ, ол аралығындағы баяғы жарастықтың бұрынғы қалпына қалай келетінін тіпті көзіне елестете де алмайды. Егер күйеуі мұның көңілі неге шауып жүргенін өзі сезіп қалса, онда бұл оған жәбірленіп өлер еді. Жоқ, оның ойына мұндай нәрсенің кіріп те шықпайтыны бірден-ақ көрініп тұр.
Бұл тіптен әлгіндей арманынан безер де еді, бірақ түн баласы жөкенің түбінде Польмен бірге ойнап отырған кішкене қыз түсінен шықпай қойды. Кейде орнынан атып тұрып, бір ауыз сөз айтпастан күйеуінің бөлмесіне кіріп барғысы келіп те кетеді. Тіпті екі рет оның есігіне дейін ұрланып барып, ар жағына ұялып, жүрегі атша тулап, сол бойда кейін қарай қаша жөнелгені бар.
Барон кетіп қалды, мамасы дүние салды. Жаннаның енді сеніп, сырын айтып, ақылдасар адамы да жоқ. Ол абат Пикоға барып, тәубеге келіп, әлгі ойын айтып, ақылдаспақшы болды.
Ол барғанда, аббат жеміс ағаштары өскен кішкене бақтың ішінде дұғалық кітабын оқып отыр екен.
Бірер минут ананы-мынаны әңгіме қып отырды да, кенет Жанна құлағына дейін қызарып, кібіртіктеп:
— Аббат мырза, мен сіздің алдыңызда тәубеге келейін деп едім, — деді.
Ол бұған аң-таң боп, көзілдірігін көтеріп, жүзіне қарады да, күліп жіберді.
— Бірақ, сіздің соншама арыңызды қинайтындай ауыр күнәңіз бола қояр ма екен?
Жанна одан бетер қысылды.
— Жоқ, мен жай әншейін айта салуға дәтім бармайтын бір қиын мәселенің төңірегінде кеңес сұрай келіп едім, — деді.
Аббаттың жүзіндегі ақ пейіл күлкі лезде діни қайраткердің сұсты сабырлылығына ауысты.
— Ендеше жүр, қызым. Мен сізді тәубеханада тыңдайын.
Жанна барғысы келмей, кідіріп қалды, ол осындай сұрықсыз әңгімені әулие үйдің киелі қабырғаларының арасында отырып айтуға ұятсынды.
— Мен мұнда келген шаруамды сіздің анау бастырмаңыздың астына барып-ақ айтайын, — деді.
Олар аяңдап бастырмаға келді. Жанна сөзін неден бастарын, қалай айтарын білмеді. Екеуі де орындыққа отырды.
Сол жерде ол тәубесіне келген адамдай әңгімесіне кірісті.
— Киелі әкей...
Сосын тағы да мүдіріп, "киелі әкей" деп қайта бастай беріп, ұялып үндемей қалды. Аббат қолын тарақтап күтіп отыр. Сосын әйелдің бірдеңеден қысылып қалғанын байқап:
— Соншалықты ол не жай еді, қызым. Қысылмаңыз, айта беріңіз, — деді.
Сол-ақ екен Жанна өлердей қорыққан нәрсесімен бетпе-бет кеп, есі шығып кеткен қорқақтай, аяқ астынан батыл боп кетті.
— Киелі әкей, мен екінші рет перзент сүйгім келіп еді.
Аббат бұл сөзінен ештеңе ұқпай қап, жауап қайтармады. Енді Жанна одан әрі сөз таба алмай, қысыла-қымтырыла, әлгі әңгімесін түсіндіруге кірісті.
— Мен қазір жападан-жалғыз қалдым. Әкем мен күйеуім өзара жараспай жүр. Анам болса, дүние салды. Енді... — Ол даусы дірілдеп, сыбырға көшті —...Жақында ұлымнан да айырылып қала жаздадым. Одан айырылсам, күнім не болмақ?
Жанна сосын үндемеді. Священник аң-таң боп жүзіне қарап қалыпты.
— Ал, сонда не тілейсіз?
— Мен тағы да перзент сүйгім келеді.
Өзінің алдында ештеңеден қысылып-қымтырылмайтын шаруалардың оспадарсыздығына әбден еті үйреніп қалған аббат оның бұл сөзіне басын шайқап, қуақы жымиып қойды.
— Менің ойымша, бұл өзіңіздің қолыңыздағы шаруа емес пе?
Жанна күнәдан пәк көздерімен бір жалт етіп қарады да, қайтадан ұялып қап:
— Бірақ... өзіңіз білесіз ғой... Анадағы қызметші қыз оқиғасынан кейін біз екеуміз екі бөлек тұрамыз, — деп күбірледі.
Деревняның бетімен кеткен бейберекет салтынан басқа ештеңе көрмеген аббат мынандай сырға қайран қалып, жас әйелдің көңілінде бір күйкі сезім оянып жүр екен деп ойлап, оған әрі мүсіркеп, әрі пейілі түсіп бір қарап алды.
— Сіздің әңгімеңізге енді түсіндім. Әлгіндей тірі жесір тіршілігіңіз жаныңызға батады екен ғой. Сап-сау жас әйелсіз. Олай болуы әбден табиғи нәрсе.
Ол тағы да күлімсіреп, деревня дін басысының сайқымазақ әдетімен Жаннаның қолынан сипады.
— Шариғат ондайға ықтияр етеді. "Некелі әйелдің ғана еркекті көксеуге қақысы бар" деп, кітаптың өзінде жазылған. Сіздер баяғыда шалқам егу үшін некелеспеген шығарсыздар. Солай емес пе?
Жанна қапелімде оның неге меңзеп отырғанына түсіне алмады. Түсінген кезде екі беті өрттей қызарып, көзіне жас толып кетті.
— Кюре мырза, ол не дегеніңіз? Қалайша солай ойладыңыз... Жо... жоқ... тәңірім сақтасын, олай емес...
Көмейіне өксік тығылып, сөйлей алмады. Кюре онысына аң-таң боп, жұбату айта бастады.
— Жарайды, жарайды. Мен сізді жәбірлегім келген жоқ. Әншейін әзілге айтқаным ғой. Өзі адал адамның әзілдей беретін әдеті емес пе? Еш уайымдаушы болмаңыз, Жюльен мырзамен өзім сөйлесем.
Жанна қандай жауап айтарын білмеді. Енді ол аббат мына түрімен бүлдіреді екен, ол осы іске араласпай-ақ қойса екен деп үрейленді. Бірақ, ол күдігін айта алмады.
— Рахмет, кюре мырза, — деп күбір етті де, кетуге асықты.
Арада тағы да бір апта уақыт өтті. Жанна оны сарғая сарылып әзер өткізді.
Бір күні кешқұрым дастарқан басында Жюльен баяғы тату-тәтті күндеріндегідей сәл нәрсеге әзіл айтып, күліп қайта-қайта бұның жүзіне қарағыштай берді. Ол тіпті бұны ойын-шынды аялап-аймалап, қолпаштап та қоятынды шығарыпты.
Үлкен саяжолдың бойында қыдырып жүргенде, құлағына:
— Жұрт бізді татуласыпты десіп жүр ғой, — деп сыбырлады.
Жанна жауап бермеді, шөп басып кеткен жердегі ескі сүрлеудің көмескі сұлбасынан көзін алмай келеді. Мамасының аяғынан түскен мынау із сияқты ол туралы естеліктер де бірте-бірте жоғалып, бұлыңғыр тартып барады. Жанна жарық жалғанда жалғыз өзі қалғандай аяқ астынан көңілі құлазып қапаланып кетті.
— Өз басым бұған өте қуаныштымын, — деді Жюльен. — Мен тек тағы да ренжісіп қаламыз ба деп жоламай жүр едім.
Күн батып барады. Жып-жылы тымық кеш орнады. Жанна жарының омырауына басын тығып, қайғы-қасіретін айтып, мұңын шағып жылағысы келіп алабұртты. Көмейіне жас кептеліп, өксіп-өксіп алды. Сосын құшағын жайып, Жюльеннің бауырына тығылды.
Ол ағыл-тегіл жылап жатыр, ал Жюльен оның желкесіне қарап, аңырып қалыпты. Әйелі бетін бұның кеудесіне көміп жіберіп, айырылар емес. Ол әйелім мені әлі де бәз-баяғысынша жақсы көреді екен-ау деп ойлап, мүсіркеп, шашын сүйіп алды.
Олар үйге үн-түнсіз қайтты. Ол күнгі түнді екеуі бірге өткізді.
Сүйтіп, олар бұрынғы қалыптарына түсті. Жюльен жай әншейін өз мойнындағы бір парызды атқарып жүргендей сезінді, ал Жанна оны әйтеуір осылай болуға тиісті болған соң амалсыз істеп жүрген шарасыздықтың шаруасы деп санады. Ол қалай екіқабат болса, солай мына қарым-қатынасты қайта тыйып тастауға бекінді.
Көп ұзамай ол, қанша мән бермеуге тырысса да, күйеуінің аялап-аймалағанында баяғыдай емес, бір түрлі құлықсыздық барын байқап қалды. Бұл оның ым-жымы бір, етене зайыбынан гөрі, әншейін уақыт өткізіп жүрген көлденең көңілдесі сияқты.
Жанна осының бәрін қалт жібермей, түгел аңғарды. Шамасы, бұл құрсақ көтерсе, араларындағы аз күнгі ықылас өз-өзінен өшіп қалар түрі бар.
Бір күні ол Жюльеннен:
— Сен баяғыдай емес, емірене сүймейсің ғой, — деп сұрады.
Күйеуі қарқ-қарқ күлді.
— Түсінбейтін несі бар, сен екіқабат боп қалмасын деймін де.
Ол шошып кетті.
— Сонда енді балалы болғың келмей ме?
Жюльен бұған шыннан да айран-асыр боп, тоқтап қалды.
— Сен не деп барасың өзің? Алжасқаннан саумысың? Тағы да бала көтергің келе ме? Жоқ, жоқ. Біреуінің де ермек боп жүргені жетпей ме! Оған да ақша керек. Екіншісіне неден зәру бола қалдың. Тәңір жарылқасын, қой енді.
Жанна оны тас қып қысып ап, шөпітіп сүйе бастады, ара-арасында үздігіп:
— Жарығым, жалынамын, мені тағы да бір рет ана қылшы, — деп қиылды.
Күйеуі бұған жәбірленіп қалғандай, бұрқан-талқан болды.
— Сен осы шынында да ақылыңнан алжасқан шығарсың. Мынадай ақымақтығыңды қой дегесін қой енді!
Жанна одан әрі үндемеді, көксеген бақытына айламен жеткісі келді.
Енді ол оны құшағында көбірек ұстауға тырысты. Бір ессіз дүлей құштарлық билеп алған боп, оны өліп-өшіп құштарлана құшып, сүліктей жабысып жібермейтін болды. Әр түрлі айла-шарғы да істеді. Бірақ күйеуі бәрібір елітіп еліге қоймады.
Енді ол қашан дегеніне жетпей, бой бермейтін боп, өршіп бара жатқан құштарлық құсасынан діңкесі әбден құрып, аббат Пикоға қайта барды.
Аббат таңертеңгі асын енді ғана ішіп болып, қызара бөртіп отыр екен. Оның жүрегі бүгінде тамақтан соң біраз уақыт ентігіп қалатын мінез шығарып алған-ды. Өзі арасында жүрген шаруаның не боп тынғанын білгенше асыққан түрі бар, Жаннаны көре сала: "Ал, қалай болып жатыр?" — деп сұрады.
Жанна да қазір бұрынғы ұялшақтығын тастап батыр боп кетіпті, әңгімені бірден төтесінен бастады.
— Күйеуім енді балалы болудан қашады.
Аббат тәубеханада талайлардың төсек құпиясын тыңдайтындай, құнығып алған мінезімен:
— Қалайша? — деп қызыға сұрады.
Жаннаның жаңағы тәуекелі мұқап, мына сұрауға қалай түсінерін біле алмай абыржып қалды.
— Сол.. Мені ана қылудан бас тартты.
Аббат мұндай-мұндай нәрселерге әбден қанық еді, бірден түсіне қойды; алайда, өзі ондай қызықтан мақұрым қалған еркектің әлгіндей әңгімеге айрықша құштар келетін әдетімен, барлық жайды тәптештеп сұрай бастады.
Сосын сәл ойланып алған рай танытты да, астықтың қайткенде бітік шығатынын түсіндірген адамша бұған енді қандай айла істеу керек екенін айта жөнелді.
— Қызым, сіздің жалғыз-ақ амалыңыз бар, ол — оны жүкті боп қалдым деп алдау. Сонда ол сақтанғанын қояды. Бала көтергіңіз келсе, солай істеңіз.
Жанна төбесіне дейін ду қызарып кетті, бірақ неден болса да тайынбауға бел буып:
— Ал оныма сенбей қойса, қайтем? — деп сұрады.
Кюре адамдарға қалай жөн көрсетіп, қалай қолға ұстауды әбден білетін-ді.
— Екіқабатпын деп жұртқа оңды-солды жар шашыңыз да жүріңіз! Сонда ол да сенетін болады.
Сосын бұл айласының тігісін жатқызып.
— Сіздің олай етуге әбден қақыңыз бар. Шіркеу әйел мен еркектің адамзат ұрпағын көбейтетін ара-қатынасына рұқсат етеді, — деп қойды.
Жанна бұл ақылға құлақ асып, Жюльенге өзінің жүктімін бе деген күдігін айтты: Ол бірден ыршып кетті.
— Өтірік! Мүмкін емес!
Жанна неге күдіктенген себептерін айтып көріп еді, Жюльен жүрегін орнықтырғысы кеп:
— Е, онда әлі ештеңе емес екен. Біраз аңысын аңда, — деді.
Енді ол күн сайын таңертең:
— Халің қалай! — деп сұрап тұратын болды. Жанна да міз бақпады.
— Әзір онша білдіре қойған жоқ. Бірақ екіқабат екеніме көзім әбден жетеді, — дей салады.
Жюльен енді абыржи бастады, өңінде күмәннан гөрі өкініш басымырақ.
— Түкке түсінсем бұйырмасын. Қалай бала бола қалғанына қайранмын, — дей береді.
Көп ұзамай Жанна бұл жаңалығын жұрттың бәріне жария қылады, бір іш есептермен тек Жильбертаға ғана айтпады.
Алғашқыда үрейлі хабарды естіп алып, Жюльен оның маңына жуымай кеткен-ді. Солай біраз қашақтап жүрді-жүрді де, бір күні ашуланып:
— Құдайдың күтпеген кеншілігіне тап болған екенбіз, — деп, қолды бір-ақ сілтеп, әйелінің бөлмесіне қайтадан келетінді шығарды.
Кюренің айтқаны аумай-төкпей келді де қойды. Жаннаға құрсақ бітті.
Енді ол осынша мол қуанышқа кенелткен көзге көрінбейтін құдіретке шексіз риза боп, тәубе қылды, бұдан былай еркектен аулақ жүруге ант беріп, түн сайын есігін ішінен кілттеп aп жататын болды.
Оның қуанышы қойнына сыймады, анасының азасы осынша тез біткеніне өзі де таңғалды. Ол бұл қасіреттен өмір бақи жұбанбаспын дейтін еді, арада екі ай өтпей жатып, жан жарасы жазылды да кетті. Көңілінде қайғының шалқи соққан түтініндей боп, жеңіл-желпі мұң ғана қалыпты. Ол келешектен ештеңе күтпейді. Балалары ер жетіп, бұны шексіз сүйетін болады. Сосын ол күйеуін ешқандай есіне де алмастан, дүние ауып кете барады.
Қыркүйектің аяқ кезінде, бір апта кисе де, қылау түспеген аппақ сутанасын шұбалтып, аббат Пико өзінің орнына тағайындалған аббат Тольбиакты таныстыруға бұларға әдейі қонаққа келді. Ол аласа, арық жас священник екен, паң сөйлейді, төңірегін күңгірт көлеңке көмген шүңірек көзі жан құштарлығын жария қылып тұрғандай.
Бұрынғы кюре Годервильге декан боп ауысыпты. Жанна оның бұл арадан кететін болғанына шынынан қиналып қалды. Осы бір етжеңді жуан кісімен күйеуге шыққалы етене араласып кеткен-ді. Некесін қиған да, Польге ат қойған да, баронессаның жаназасын шығарған да сол еді. Жуан қарнын зорға көтеріп жүретін осы бір адамды Этрета фермаларынан енді қайтып көре алмайтыны жанына қатты батты. Оның шынайы ақ көңіл мінезін де ұнатушы еді.
Лауазымының көтерілгеніне қарамастан, үйренген өлкеден кететін болғанына о да онша қуанышты емес екен.
— Виконтесса, бұл арадан кету маған да оңай тиіп тұрған жоқ. Аттай он сегіз жылым осында өтті. Әрине, қауымы да тап пәлендей көп қауым емес. Шетінен құдайдан хабарсыздар. Еркектер жағы дін дегенде, сірә, селсоқ, әйелдерінің де құдай сүйер құлықтары шамалы. Қыздары қашан іші бұлтиғанша, неке қидыруға келмейді. Неке гүлінің де бағасы бес тиын. Соған қарамастан осы өлкеге әбден бауыр басып кетіп ем.
Жаңа кюре әлгі әңгімеге көпе-көрнеу наразы боп, қызарақтап қалды. Кенет:
— Менің тұсымда бәрі де өзгеше болады, — деп дүңк ете түсті.
Үстіне түгі қырылғанмен, мұнтаздай тап-таза сутана киген осы бір жадау адам сыртынан қарағанда ашушаң балақан сияқты.
Аббат Пико көңілденгенде адырая қарайтын әдетімен:
— Білесіз бе, аббат, қарауыңыздағы пенде біткеннің бәріне кісен салып қоймасаңыз, айтқаныңызға жүргізіп, айдағаныңызға көндіре қою қиын-ау. Тіпті сол кісеннің де септігі тие қоюы екі талай, — деп күлді.
Жас священник зілдене жауап қайырды.
— Оны әлі көрерміз.
Ал, кәрі кюре насыбайын иіскеп тұрып, жымиып қойды.
— Біраз істеп көргесін, бұл аймақтан алған тәжірибеңіз әлгі арыныңызды басады әлі.
Әйтпесе, ештеңе бітіре алмайсыз. Онысын шіркеудің есігінен уақтылы аттап тұратын азын-аулақ діндарлардың өзін үркітіп жібересіз. Бар бітіретініңіз сол ғана. Абайлаңыз, мұндағы адамдар құдайға құлшылық еткенмен, шетінен бұзақы келеді. Шіркеуде намаз оқып жатқанда, құрсақ тұсы жуандап кеткен қыз көрсем, ішімнен: "Е, біздің қауымға тағы бір адам қосылады екен" деймін де, әлгі қызды күйеуге бергенше асығам. Уағыз айтып жұртты күнәдан бездіре алмайсыз. Одан да босқа арам тер болмай, қызды арандатқан жігітті тезірек тауып aп, өз сәбиінің анасын абыройсыз қалдырмауға көндіріп бағыңыз. Одан басқа жолын ойлап бекерден-бекерге басыңызды қатырмаңыз, аббат.
Жаңа кюре жүзін суытып:
— Екеуміздің көзқарасымыз кереғар екен, дауласпай-ақ қоялық, — деді.
Енді аббат Пико деревнясын, шіркеудің терезесінен көрініп тұратын көк теңізді, кетіп бара жатқан кемелерге қарап, дұға кітабын оқып қыдыратын жүлгелерді айтып, көңілі босап, көзіне жас алды.
Екі священник кететін боп тағзым етті. Шал жыларман болып отырған Жаннаның бетінен сүйді.
Бір аптадан соң аббат Тольбиак қайта келді. Ол өз мемлекетінің тізгінін қолына енді алған жаңа билеушідей-ақ, жасап жатқан өзгерістері жайлы желпіне сөйледі. Сосын виконтессаның жексенбі күнгі намазға, үлкен-үлкен жиындардың бәріне қалмай қатысып тұруын өтінді.
— Сіз бен біз осындағы қауымды басқарып, оларға еліктеуге тұрарлық жақсы өнеге көрсетуге тиіспіз. Жұртқа ықпалымыз болсын десек, құрметтесін десек, аузымыздың бір болғаны дұрыс. Егер шіркеу мен сарай одақтасса лашықтардың дымы құриды, — деді.
Жанна құдайға тек әншейін соқыр сеніммен ғана бас иетін. Ол да өзге әйелдерден дінге қанша іш тартқанмен, баяғы монастырдағы үйренген әдетімен шариғаттың шарттарын шала-шарпы ғана орындап жүретін-ді. Өйткені, еркін ойдың адамы барон бұның діндарлығының әлдеқашан күлін көкке ұшырып еді.
Аббат Пико оның сол аз ниетінің өзіне де риза боп, көп жазғыра бермейтін-ді. Ал, оның жаңа ізбасары бір жексенбіде оны шіркеуде көре алмай қалғанда, зіркілдеп үйіне жүгіріп келді.
Ол шіркеумен қарым-қатынасын шиеленістіргісі келмей, алғашқы апталарда жай әншейін ілтипат көрсеткен боп, барып тұруға уәде берген-ді.
Сөйтіп жүріп ол шіркеуге барып тұруды әбден әдетке айналдырып алды. Осы бір өктем де әупірім жадау аббаттың ықпалына қалай түсіп кеткенін өзі де аңғармай қалды. Ол бұны шамасы, бір беткей өжет фанатизмімен баурап алса керек. Жаңа кюре бұның бойындағы кез келген әйелге тән діндар сезімді дәл баса білді. Жаннаға осы бір жас өспірім баланың бір беткей өжеттігі, мұқалмас қажыры, міз бақпайтын қаталдығы, сезім сергелдеңдерін өлердей жек көретін, күнделікті күйбең тірлікке атымен мойын бұрмайтындығы, құдайды өліп-өшіп сүйетіні, тіпті сұсты сөздері - бәр-бәрі тек бейнетқор адамға ғана тән айрықша, артықша қасиеттер болып көрінді, өмірдің талай тауқыметін татып, әбден түңіліп кеткен оны тәңірі қызметшісі бозбала жігіттің қажымас қайсарлығы бірден еліктіріп әкетті.
Ол Жаннаның барша жан азабын діннің риясыз абзал адал қуаныштарымен баспақшы болып, оны мүсіркеуші Христостың мүсініне ертіп апарды. Жанна айтқанына көніп, тәубесіне келіп, тәңірінің аяғына басын иіп тағзым етті. Былай қарасан он бестегі жас баладай болғанмен мынау мығым дін басының алдында ол өзін тым әлсіз, тым әлжуаз кішкене адамдай көрді.
Бірақ, көп уақыт өтпей жатып, бүкіл қауым оны өлердей жек көріп алды. Ол өзіне өте қатал болумен қоса, өзгелерге аса кешірімсіз, тым қатыгез болды. Әсіресе, махаббат десе бар кәрін төгіп, шала бүлініп қалады. Бірде дұға оқып тұрып, шіркеу әдеті бойынша, махаббатты жерден алып, жерден сала бастады, айтпаған балағаты, жолдамаған қарғысы қалмады, деревня адамдарына жер жыртуға қарсы уағыз айтып, әбден құлақтарын сарсытты; өзі ит етінен бетер жек көретін әлгі нәрселерді айтқанда ызаға булығып, жер тепкілей жөнеледі.
Ер жеткен жігіттер мен қыздар шіркеуде тұрып, бір-біріне ұрлана қарап қояды, ал әлгіндей тақырыпқа әбден жетік әзілқой шаруалар көк көйлек киген ұлдары мен қара шапан жамылған әйелдерін ертіп, намаздан қайтып келе жатып, жексұрын кюрені сүмірейте сілейтіп бағады.
Бүкіл аймақ дуылдасып жүр.
Жұрт оның тәубе үстіндегі кешірімсіздігін, жоқтан өзгеге ауыр жаза кесе салатын қатыгездігін айтып сыпсыңдаумен болды; абыройын сақтай алмаған қыздардың күнәларын атымен кешірмей қойған жайлары ел арасында сан саққа құбылып, талай-талай қалжыңдарды таратты. Құдайға құлшылық ету салтанатында елдің бәрі жүгініп жатқанда, иіле алмай, орындықтарында отырып қалатын қыздарды көргенде жиылған жұрт күлкіге кенелетін болды.
Көп ұзамай ол ұры қуалаған күзетші құсап, жолығысқа келген ғашықтарды аңдитын мінез шығарды. Ай жарық түндері жол бойындағы жыралардан, қоралардың тасасынан, тау жүлгелерінен, баурайдағы сарғалдақтардың арасынан талай-талай ғашықтарды құлағынан тартып тұрғызып, үркітіп қуып жүрді.
Бірде ол өзі келе жатқанда да ажыраспай қойған екі ғашықты көзі шалды. Қыз бен жігіт тастақ жыраның бойында құшақтасып келе жатқан-ды, кенет бір-біріне кенедей жабысып, сүйісе қалды.
— Тоқтатыңдар, хайуандар! — деп айқай салды аббат. Жігіт артына жалт бұрылып:
— Кюре мырза, жөніңізге жүріңіз, бізде шаруаңыз болмасын! — деді.
Сол-ақ екен аббат жерге еңкейіп, тас теріп aп, ит қуғандай кесектей бастады. Олар сақ-сақ күліп қаша жөнелді. Ертеңіне жексенбі күнгі намазда ол михрабтан әлгілердің атын атап, жиылған ел-жұрттың алдында масқара қылды.
Енді жігіттер шіркеуге келуді атымен қойды.
Кюре бейсенбі сайын қонаққа келіп, сәрсенбі сайын діндес қарындасымен сырласуға соғып кетеді. Дін жайында сөз болып, шариғат айтысқанда Жанна да кюре сияқты өзін-өзі ұмытып кететін болыпты. Олар "мамамның саяжолында" екеуден-екеу қыдырып жүріп, христос жайында, басқа да әнбиелер жайында, әулие қыз бен шіркеу иелері жайында өздерінің ежелгі таныстарындай қилы-қилы хикаялар соғады. Шытырман мәселелер қозғалғанда олар кілт тоқтай қап, діни қиялдарға шомып кетеді. Жанна жыр сөзіндей үсті-үстіне атылып жатқан түйдек-түйдек ойларға елітіп қалады; ал кюре шеңберді шаршы деп дәлелдеп арам тер боп тұрған кісідей, сан қилы дәлелдерді бірінен соң бірін тоғыта береді.
Жюльен жаңа кюреге зор құрмет көрсетіп:
— Міне, нағыз священник деген осындай болу керек. Ол анау-мынауына көне қоймайды, — деп отырады ылғи.
Ол да жұртқа "өнеге көрсетіп", шіркеуге барып, намазға жығылып жүрді.
Қазір ол Фурвильдерге ат құрғатпай күн сайын барып тұратын болды, күйеуімен бірге аңға шығады. О да бұны көрмесе, отыра алмайды. Графиня екеуі тіпті жаңбыр жауып тұрған лайсаң күндері де атқа мініп, қыдырысқа аттанады.
Граф:
— Екеуі де ат десе естері кетеді, мейлі ол әйеліме пайдалы болады,. — деп қояды.
Барон қарашаның орта шенінде оралды. Ол әбден қартайыпты, баяғысындай емес, тым момақан тартып, тұнжырап қасіретке бата беретін боп атымен өзгеріп қайтыпты. Жападан-жалғыз өткізген бірнеше ай оны бұрынғыдан да мейірбан қып, қызын баяғысынан бетер өліп-өшіп сүйетін болыпты.
Жанна оған өзінің жаңа көзқарасын, дінге деген ықыласын аббат Тольбиакпен дос-жар екенін батылы барып айта алмады. Бірақ, барон священникті бір көргенде-ақ жек көріп кетті.
Қызы бірде кешқұрым:
— Жаңа аббатты қандай адам деп ойлайсыз? — деп сұрағанда:
— Барып тұрған инквизатордың нағыз өзі! Сыңайы, аса қауіпті адам болса керек,— деді барон.
Өзі достасып кеткен шаруалардан жас священниктің тым қатыгез екенін, табиғат заңы мен адамдық нәпсіге соншама шүйілетінін естігенде барон оны бұрынғыдан бетер жек көріп алды.
Ол философтардың табиғатты әз әулие көріп, қастерлеп бағатын ескі буынының өкілі еді, екі жәндіктің қауышқанын көрсе де сүйсініп, пантеистердің әлдеқандай жұмбақ құдіретіне тәубе қылатын-ды; ол сол үшін де ұлы құбылысқа - өзі барша ерік, барша ырық атаулыдан жоғары, барша ақыл-ой, сана-сезіміңнен өрелі болған соң, алдына ешқандай мән-мағына, мақсат-мүдде қоймай, шек-шекара дегенді атымен білмей, тек жардай мен әлемді нұр-шұғылаға бөлеп тұрған күн көзінің ғана пәрменіне бағынып, ұшан-теңіз кеңістікте сан қилы бағыт-бағдардағы, сан қилы тұлға-тұрпаттағы өмірді, жарықты, жерді, ойды, өсімдіктерді, тасты, адамды, ауаны, хайуанатты, жұлдызды, тіпті құдай мен жәндіктің өзін де - бәрін бірдей ғып жарата беретін ұлы құбылысқа, көз апара тіл тигізетініне бола тым сұрқия, тым зұлым, тым қанішер, тым күйкі католик тәңірісіне өлердей ыза болатын-ды.
Барша өскен-өркен атаулы, тіпті өмір мен ой-сана да, ағаштың бұтағындағы гүл мен миуадай табиғат құшағынан өніп, өсіп шығады. Сондықтан да, барон өсіп-өркендеуді, көбеюді бүкіл әлемдік заң деп, ең ұлы әміршінің өзінен басқаның ешқайсысының қолынан келмейтін құрметті пәрменді жүзеге асырып отыратын аса киелі, аса құрметті құбылыс деп санайды. Енді ол бір фермадан кейін бір ферманы өмірдің өзінің ізіне шырақ алып түскен әлгі бір әулекі священниктің соңына сала бастады.
Жанна оның мына ісінен қатты үрейленіп, құдайға жалбарынып әкесіне де жалынып-жалпаюмен болды, бірақ ол:
— Бұндай адамдармен күресу керек. Ол біздің борышымыз. Оған біздің қашан да қақымыз бар. Мұндай-мұндайлар адам емес азғын, — деп міз бақпайды.
Бурыл тартқан жебелі мұртын тікірейтіп ап, әлгі сөзін үсті-үстіне қайталай береді.
— Бұлар азғандар, ештеңенің парқын білмейді. Олар бір алжасқан сұмпайы ақылға еріп жүр, айтатын қисындары табиғатқа атымен жат.
Оның "табиғатқа атымен жат" деген сөзі қарғыстың ең жаманындай қатерлі естіледі.
Священник жанжалдың иісін мықтап сезгенмен, дәулетті үйдегі жас әйелге деген ықпалынан айырылып қалмау үшін бәрібір түбінде мен жеңем ғой деген іш есеппен, сыр алдыртпай шыдай берді.
Оның үстіне оның әрдайым басынан кетпей жүрген бір ойы бар-ды: ол кездейсоқта Жюльен мен Жильбертаның көлденең жүрісінің ізін шығарды, енді соны бір күні түпкілікті әшкерелемекші.
Бірде ол Жаннаға келіп, дін төңірегіндегі ұзынсонар әңгімеден кейін, одан өз ошағының басындағы кесапатты құртып, екі адамды күнәдан құтқару жолындағы күресте өзіне жақ болуын өтінді.
Жанна түсіне алмай, әңгіменің не туралы екенін білмек болып еді, кюре:
— Әлі ашып айтатын уақыт бола қойған жоқ, көп ұзамай тағы бір соғармын, — деп кетуге асықты.
Бұл оқиға деревнядағылар "бұлыңғыр қыс" деп атаған көк сылпылдақ қыстың аяқ шенінде болып еді.
Бірнеше күннен соң аббат тағы да келді; ел алдында ештеңеден аяғынан алдырмай мінсіз жүруге тиісті әлдекімдердің келіссіз қарым-қатынастары жайлы тұмандатып бірдеңелерді айтты.
— Ал, ондай күнәдан хабардар адам барлық күшін солардың жолына бөгет болуға жұмсауға тиісті, — деп бір салды; өзі ойына өзі елігіп, орнынан тұрып кетті. Сосын Жаннаның қолын алып, айналасына көз сала жүруін, әлгі сөзін жете ұғып, бұған қолғабыс жасауын сұрады.
Жанна оған бұл жолы түсінді, бірақ өзінің ың-шыңсыз үйінің қандай кесапатқа киліккелі тұрғанын үрейлене ойлап, үндемеді; аббаттың не айтып отырғанын өп-өтірік ұқпаған болды. Енді аббат күлбілтені қойып, төтесінен салды.
— Виконтесса, менің үлесіме бір ауыр міндет тиіп отыр, бірақ одан бас тартуға қақым жоқ. Менің қызмет бабым сізге өзіңіз кедергі тұрар бір жайды мәлімдеуіме мәжбүр етеді. Сүйтіп, сіз күйеуіңіздің де Фурвиль ханыммен күнәкар қарым-қатынаста екенін біліп қойыңыз.
Жаннаның енді амалы құрып, басы салбырап кетті. Аббат оны да місе тұтпады.
— Ал, сонымен не істемекшісіз? — деп сұрады.
— Не істеуім керек, аббат мырза? — деп міңгірледі Жанна.
— Мұндай заңсыз құштарлықтың жолын бөгеуіңіз керек, — деп кесіп-пішті кюре.
Жанна көзінің жасы мөлтеңдеп, таусыла сөйледі:
— Ол мені қызметші қызға да айырбастаған, қазір менімен ісі жоқ, жерініп кетті. Бірдеңе десем, бақырып-шақырып сөйлеспей қояды. Оған не істей алам?
Кюре жауап қайтарудың орнына жазғыра жөнелді.
— Демек, сіз де оған бас иесіз! Келісесіз! Сіз өз ошағыңыздың басында арамзалыққа жол беріп отырсыз. Көз алдыңызда жұрт күнәға батып жатады, ал сіз айдалаға қарайсыз. Сонда өзіңізді оның жұбайымын деп санайсыз ба? Христиан дініндемін, анамын деп ойлайсыз ба?
— Сонда енді маған не істе дейсіз? — деп солқылдап жылап жіберді Жанна.
Не істесеңіз де еркіңіз, тек мынау азғындыққа төзбеңіз, — деді кюре. — Мынандай масқара үйден безініңіз, қашыңыз!
— Өйтуге менің қаражатым жоқ, күш-қайратым тағы жоқ, — деді Жанна. — Мойнына қойып бермей, сылтаусыз түксіз қалай кетем? Менің олай етуге қандай қақым бар?
Священник қалш-қалш етіп орнынан атып тұрды.
— Ханым, айтып отырғаныңыздың бәрі қорқақтың сөзі. Сізді мұндай көрмеуші ем. Сіз тәңірінің мүсіркеушілігіне де татымайсыз.
Жанна жер тізерлеп, аяғына жығылды.
— Жо-жоқ, өтінемін, менен безіне көрмеңіз! Айтыңыз әміріңізді!
Священник нығыздана сөйледі.
— Де Фурвиль мырзаның да көзін ашыңыз. Мынандай күнәні тас-талқан қылу тек соның ғана қолынан келеді.
Осы ойдың бір өзінен ғана Жаннаның төбе шашы тік тұрды.
— Ол оларды өлтіреді ғой, аббат мырза! Мен сонда ол екеуін ұстап бермекпін бе! Жо-жоқ, оны ешқашан істей алмаймын.
Енді кюре терісіне сыймай кетті, нәлет айтқандай, қолын көтеріп алды.
— Ендеше масқара мен қылмысқа белшеңізден батып өмір сүре беріңіз. Сіз олардан кем күнәкар емессіз. Сіз күйеуіңізді қостап отырсыз. Менің мұнда енді ешқандай шаруам жоқ.
Ол қалш-қалш етіп қайнаған күйі шыға жөнелді. Жанна ақылынан алжасқан адамдай оның соңынан жүгірді: әлгі айтқанын істеуге көніп, күбірлеп уәде қып келеді. Бірақ, әбден ашуға булығып алған аббат өзінен үлкен көк қолшатырын долдана сермей, артына қайырылып қарамастан тайып отырды.
Ол шарбақтың қасында ағашты қалай отау керек екенін айтып тұрған Жюльенді көзі шалып, Куярдың фермасына соғып өтетін рай танытып, солға бұрыла беріп:
— Қойыңыз, ханым, енді ештеңе шықпайды, — деді.
Дәл соның жолының бойында, қораның қақ ортасындағы Мирза деген иттің кішкене үйшігінің қасында бір топ бала үн-түнсіз әлденеге ентелесе қарап тұр. Олардың арасында мұғалім құсап, қолын артына қайырып, барон да әлгі жаққа қызықтап қарайды. Бірақ, священникті көруі мұң екен, кездесіп, тіл қатысып қалмас үшін тайқып жүре берді.
Жанна оған:
— Аббат мырза, бірер күн кідіре тұрыңыз, сосын тағы да келерсіз. Мен сонда не ойлағанымды, не істемекші екенімді айтармын. Бірге отырып талқылармыз, — деп жалбарынды.
Сол екі ортада ол балалардың қасына кеп қалыпты. Олардың неге үймелеп тұрғанын білмек боп, жақындап барып, кюре де үңілді. Сөйтсе - күшіктеп жатқан ит екен. Үйшіктің қақ алдында енесінің қасында жыбырлап бес күшік жатыр, ал ақ тер, көк терге түсіп азаптанған қаншық бір бүйіріне аунап түсіп, алдындағы күшіктерін жылтырата жалап қояды. Священник қасына кеп, енді үңіле бергенде ол тағы да бір ышқынып қалып еді, алтыншы күшігі жарық көрді. Балалар алақандарын шапалақтап мәз боп қалды.
— Ананы қара, тағы біреуін туды.
Олар үшін бұл жиіркеніштей ештеңесі жоқ, әншейін ермек қана. Олар тірі хайуанның қалай туғанын ағаштың басынан алманың қалай үзіліп түскенін көргендей қызыға қарап тұрған-ды.
Аббат Тольбиак әуелі не істерін білмей абдырап қалды; сосын зіркілдеп ала жөнелді, қолындағы дәу шатырымен балаларды қақ бастан төмпештей бастады. Қорқып кеткен балалар тым-тырақай қашып алып қайқайды да, ол ет қызуымен орнынан енді-енді әзер көтеріле берген күшіктеп жатқан қаншықтың үстіне төніп келіп қапты. Ол иттің орнынан тұрып кетуіне де мұрша бермей, өзін-өзі ұмытып, құлаштап сартылдатып ұра бастады. Ит шынжырлаулы екен, қашып кете алмай, төбесінен бұршақша жауған қалың соққының астында жандәрмен бұратылып жатып, төбе құйқаңды шымырлататындай жан даусы шығып, қыңсылай берді. Аббаттың қолшатыры сынып қалды. Енді ол қарусыз қалғасын иттің үстіне секіріп шығып, аяғымен таптап, тепкілеуге кірісті. Тепкіге шыдай алмай жетінші күшігі де туды. Сосын ол бауырын көтере алмай, емшек іздеп қыңсылай бастаған әлі көзін ашпаған жеті күшіктің ортасында қанға батып қапелімде жаны шықпай, қырық жиырылып, қозғалып жатқан құр мүрдені өкшесімен ең соңғы рет бір тепті.
Жанна енді зыта жөнелем дегенде, біреу священниктің омырауынан ұстай алып, шапалақпен жағынан салып жіберіп еді, қалпағы анадай жерге ұшып кетті, әбден зығырданы қайнаған барон оны шарбақтың есігіне дейін дырылдатып сүйретіп апарып, жол бойына лақтырып тастады.
Лe Пертюи де Во артына жалт бұрылып, күшіктердің қақ ортасында тізерлеп тұрып алып, солқ-солқ жылап оларды бір-бірлеп етегіне салып жатқан қызын көрді. Ол қолын ербеңдетіп, екі-үш-ақ аттап қызының қасына жетіп барды.
— Көрдің бе, сенің әлгі салпы етек сайтаныңның не істегенін! — деп ақырды.
Фермерлер жалма-жан жүгіріп кеп, мылжа-мылжасы шыққан хайуанға үңілді, ал Куяр жеңгей:
— Адамның да тап мұндай тағысы болады екен-ау! - Жанна жеті күшікті жиып ап, бақпақшы болды. Оларға сүт жалатып көріп еді, үшеуі ертесіне өлді. Симон атай төңіректі түгел аралап, жаңа күшіктеген қаншық іздеп еді таптырмады; сосын бұған да емізуге болады деп ант-су ішіп мысық әкелді. Қалған үш күшікті тұншықтырып тастауға тура келді. Ең соңғы жетінші күшік басқа хайуанның бауырына салынды. Мысық сол бойда-ақ оған еміреніп, ұзынынан түсіп жата қалып емшегін тосты.
Екі аптадан соң күшік өгей анасын әбден титықтатып тастаған соң Жанна оны мысықтың бауырынан алып, өзі емізік беріп бағуға кірісті. Жанна оған "Тото" деп ат қойып еді, барон қоярда-қоймай "Қасап" деп атап кетті.
Священник енді бұл үйдің есігінен аттаудан қалды, алайда келесі жексенбіде кафедрадан мырзаның үйіне қарғыс жаудырып балағаттап, қорқытып бақты. Мұндай мерезді қыздырған темірмен қару керек деп, жұрт алдында баронның анафемасын да жайып салды. Оған барон ештеңе деген жоқ, күлді де қойды. Жюльеннің көлденең жүрісін бадырайтып айтып салуға батылы бармай, тек емеурінмен білдіріп кетіпті. Виконт бұған күйіп-пісті. Бірақ арты пәлеге айналып кетер деп қорқып, амалсыз ашуын басуға мәжбүр болды.
Священник сол күннен бастап дұға сайын оның жауларының жазасын алатын зауалды шағы жақындап келеді деп жар салды. Жюльен архиепископқа тым сыпайы болғанмен, ызғары мол хат жазды. Аббат Тольбиактің өзі қаһарға ұшырады. Ол енді үнсіз қалды.
Енді ол жападан-жалғыз оңаша серуендеуді жиілетті. Жильберта мен Жюльен қыдырысқа шыққанда, аттаған сайын сол тап болады. Кейде жазықтың шетінде, не жотаның баурайында кіп-кішкене қара ноқат боп құлдырап бара жатады; кейде бұлар бағыттап келе жатқан қойнауда дұғалығын оқып сенделіп жүреді. Бұлар көрген бойда оның қасынан өткілері келмей, кейін бұрылып кетеді.
Көктем келді. Екеуін махаббат оты қайта өртей бастады, жол-жөнекей қалтарыс-қалқа кездескен жердің бәріне де бір-бір тоқтап, сүйісіп алады.
Ағаштың жапырақтары әлі селдір, жер болса кеуіп үлгерген жоқ, былтырғы сарша-тамыздағыдай орманға сіңіп кете алмайды. Сондықтан олар жасырын жолығысты. Вокот төбесінің басындағы бақташылардың қоңыр күзден қалып қойған жылжымалы үйшігінде өткізетін болды.
Ол қойнауға құлайтын еңіс қыраннан бес жүз метрдей жерде тұратын-ды, астында дөңгелектері бар-ды. Тап бұл арадан ешкім олардың қапияда үстерінен түсе алмайды. Өйткені, одан төңіректің бәрі түгел көрінеді, ал екі ат қашан иелері сүйісе-сүйісе құмардан шыққанша теректе байланып тұрады да қояды.
Алайда, бірде жасырын баспаналарынан енді шығып бара жатып, жағадағы қамыстың арасына тығылып ап, екеуін аңдып отырған аббат Тольбиакты көздері шалды.
— Бұдан былай аттарды сайдың бойына тастап кету керек екен, әйтпесе, аттарды көреді де, біздің мында екенімізді бірден біледі, — деді Жюльен.
Енді олар аттарын бұталы сайдың бойына байлап тастап кетіп жүрді.
Бірақ, бір күн кешқұрым олар граф дастарқан басында күтіп отырған Ла Врийетке қайта оралып келе жатып, қорғаннан енді шығып бара жатқан этуванның кюресін көрді. Ол бұларға жол беріп тағзым етті де, көзін тез тайдырып әкетті.
Олар қатты сескеніп қалып еді, бірақ көп ұзамай жүректері қайтадан орнына түсті.
Алайда, арада ұзақ уақыт өткен жоқ майдың бас шенінде, бір желкем суық күні Жанна каминнің жанында кітап оқып отырған-ды, Теректіге қарай ентелей басып келе жатқан граф де Фурвильді көріп, әлгілер сыздыққа душар болған жоқ па екен деп, шошып кетті.
Ол да асығып-үсігіп, алдынан шықты; бетпе-бет келгенде Жанна граф ақылынан адасқан екен деп ойлады. Үстінде аңшылық кеудешесі, басында әдетте үйінің ішінде ғана киіп жүретін мамық картузы; өңінің қуарып кеткені сонша, жайшылықта қызара бөртіп тұратын жүзінен көп көріне қоймайтын жирен мұрты қазір күреңденіп бірден көзге ұрып тұр. Көзі ештеңені көрмей, алақтай береді.
— Менің әйелім осында ғой, солай ма? — деп сұрады.
Жаннаның да әбден есі шығып кеткен-ді.
— Жоқ, оны бүгіндікке көруден аманмын, — деді. Граф сол бойда біреу тірсегінен шалғымен орып түсіргендей, сылқ етіп отыра кетті, картузын алды, орамалымен бетін бір сипап өтті де, атып тұрып, Жаннаның қасына жетіп келді; сосын қолын созып, әлдебір шерін тарқатайын дегендей бірдеңе айтайын деп аузын аша беріп, кілт тоқтап қалды; оның жүзіне біраз уақыт телміре қарап тұрып-тұрып сандырақтаған адамша:
— Ол сіздің күйеуіңіз ғой, демек сіз де... — деді де, теңіз жаққа қарай жүгіре жөнелді.
Жанна қуып жетпек боп, соңынан жүгірді, шақырды, жалынып-жалпайды; "Ол бәрін біліп апты! Не істер екен? Тек оларды таба алмағай да!", - деген әрпіл-тәрпіл ойлар келіп, қорыққанынан жүрегі ұшты.
Бірақ, ол графты тоқтата алмады. Тас түйін боп түйіліп апты. Неге де болса белді бекем буған. Бағытына да қанық сияқты, төтелеп тартып барады, жыралардан қарғып өтіп, қамыс өскен ну жыныстарды бір-екі-ақ аттап, қыратқа көтерілді.
Жанна оның артынан қарап, ағаш өскен баурайда біраз тұрды, қашан көзінен таса боп, көрінбей кеткен соң барып, үрейленіп үйге қайтты.
Ал, граф оңға бұрылып, жүгіре жөнелген-ді. Беймаза теңіз өз-өзінен сұрланып, сұс жиып, жал-жал толқынын аспанға атып буырқанып жатыр. Қап-қара түйдек бұлттар бауырымен жер сыза жөңкіліп келеді, оларға ілесіп өзге бұлттар да үдере көше бастапты, бәрі де жағалауға төніп кеп, сел нөсерді төккелі тұр. Жел де ысқырына, ышқына, ұлып, шөпті жапырып, жас өскіндердің бастарын жерге жеткізе иіп, теңіздің аппақ көбігіндей үлкен-үлкен ақ құстарды сүре қуып, теңізден алысыраққа айдап салады. Нөсер себелей жөнелді, желдете жауған өткір жауын графтың бетін осқылап, үсті-басын малмандай қылды, мұртынан шүмектеп су ақты, құлағы шуылдап, жүрегі атша тулады. Қарсы алдынан тап-тар Вокот аңғары тап болды. Маңайда бақташының күркесі мен жер табандап жайылып жатқан бір отар қойдан басқа ештеңе көрінбейді. Мынандай лайсаңда неден қорықсын, дөңгелегі бар жылжымалы күркенің тертесіне екі ат тағы да байлаулы тұр. Оларды көрген бойда граф бұға қалды: Басындағы картузынан бастап тұла бойы түгел су болған бір еңгезердей құбыжық жер бауырлап жылжып келеді.
Айдалада адыра қалған лашыққа да жетті, ішіндегілер тақтайлардың саңылауынан көріп қалмасын деп, іргесіне екпетінен түсіп, жата кетті.
Аттар одан үркіп, құлақтарын қайшылады. Ол еппен қастарына барып, қолындағы пышағымен тізгіндерін қиып-қиып жіберді. Сол екі ортада жел бұрынғыдан да күшейіп, тас бұршақ аралас жауын дөңгелекті күркені әрлі-берлі сілкілеп, сатырлата сабай жөнелгенде аттар зәрелері кетіп, беттері ауған жаққа шауып ала жөнелді.
Граф енді жер тізелеп, есіктің түбіндегі саңылаудан іштегілерге көз салды. Сол күйі бірдеңені күткендей ұзақ уақыт тырп етпей қойды. Кенет орнынан тұрып еді, басынан бастап башпайына дейін айғыз-айғыз балшық боп қапты. Есікті сыртындағы көлденең белдеу ағашпен тас қылып бекітті де, күркені жетек ағашынан ұстап ап, күл талқанын шығарып, жаңқалап тастайтындай сықырлатып сілкілей бастады. Сосын еңгезердей бойын әзер иіп, арбаның жетек ағашын иығына асып, ырсылдап-күрсілдеп өгіз сияқты тарта жөнелді. Оны ішіндегі адамдарымен бірге құлама жардың ернегіне дейін сүйретіп апарды.
Олар қапелімде не болып қалғанын түсінбей, есікті төмпештеп, айқай сап жатыр.
Жардың ернегіне жеткен соң граф тертені тастай беріп еді, үйшік төмен қарай құлдилап ала жөнелді.
Ол барған сайын жүйтки түсті, жан біткендей, орғып-қарғып барады, етекке жете бере тертесімен жерді бір періп өтті.
Жыраға тығылып, жауыннан баспаналап отырған қайыршы шал ағаш-күркенің қақ төбесінен зулап өте шыққанын бір-ақ көрді; ішінен жан ұшырған әжептарқы дауыстар естілді.
Кенет күркенің дөңгелегі екі қапталына ұшып түсіп, өзі шың басынан құлаған үйге ұқсап, бір жантайып барып, домалана жөнелді. Ең ақырғы мүйістен доға жасап, ыршып кетті де, құздың ту түбіне барып, лақтырып жіберген жұмыртқадай быт-шыт болды.
Күрке тастақ сайдың түбіне кеп түскесін, оның қалай құлап, қалай қирағанына куә болған қайыршы шал бұта-бұтаның арасымен бұқпақтап қаша жөнелді, шаруалардың сақтығына басып күлпаршасы шыққан лашыққа жақындауға қорқып, хабар айтуға жақын жердегі фермаға тартты.
Жан-жақтан андыздап адамдар жүгіріп келеді. Олар жаңқаларды көтеріп қарап, астындағы мылжа-мылжа, қан-қан екі денені көрді. Еркектің бас сүйегі уатылып, бетінің күл-талқаны шығыпты, әйелдің ауыр соққы жұлып кеткен бет-сүйегі етіне зорға ілініп тұр. Екеуінің де қолы езіліп, мылжа-мылжа боп қалыпты. Аяқтары әуелден сүйексіз жаратылғандай салаң-салаң етеді. Алайда, жұрт оларды бірден таныды; мынандай бақытсыздыққа қалай ұшырағандары жайлы әркім әр түрлі қисындар айтып дуылдасты.
— Бұлар ол лашықтан не іздеді екен? — деп сұрады бір әйел.
Қайыршы шал бұлар оған нөсерден паналайын деп кіргенде, құтырған жел үйшікті ұшырып кеткен шығар деген болжал айтты; өзі де сонда барып паналамақшы болған екен бірақ, байлаулы тұрған екі атты көріп, біреулер иемденіп қойған шығар деп бармапты. Онысына енді разы боп:
— Оған кіргенде, менің де күл-талқаным шығатын еді, — деп қойды.
— Сөйткенің жақсырақ болатын еді, — деді біреу жұрт арасынан.
Шал ашудан терісіне сыймай кетті.
— Неге олай дейсің? Олардың бай, менің жарлы екенімді айтқанын ба? Ендеше, оларға қазір қарашы.
Үсті басы жалба-жұлба, су-су, сақалына дейін ұйпа-тұйпа боп, қалпағының жыртығынан дудырап шашы көрініп тұрған кір қожалақ шал таяғының имек ұшымен екі өлікті түртіп-түртіп қойып:
— Шырағым, мынандай болғасын, бәріміз де бірдейміз, — деді.
Төңіректегі өзге шаруалар да келіп жетті; олар да екі өлікке үрейлене, үрке көз тастады. Сосын енді не істеу керек деп ақылдаса бастады; бұл еңбектерінің есесі қайтар деп дәметкен олар екеуін де үйді-үйіне апарып тапсыру керек деп пәтуаласты. Біреулері арбаның астына сабан салса да жетеді деп, екіншілері жоқ, төсеніш төсеу керек деп керілдесті.
Манағы әйел айқайлап:
— Төсеніш төсесең, оларды сілтіге салып та тазарта алмайсың, — деді.
Қалжыңбас біреу болса керек, оған төртбақ семіз фермер қарсы шықты:
— Иә, сүйегін жуғаны үшін ақша төлейді ғой, неғұрлым көбірек шығындансаң, солғұрлым көбірек ақы аласың, — деп күлді.
Оның ақылы жұрттың миына қона кетті.
Әлгінде ғана бірін-бірі тас қып құшақтап, аймаласып жатқан, енді мәңгілікке екі айырылған екі адамның мүрделерін миы шығып кеткен батпақ жолдың бойында селкіл қақтырып алып келе жатқан үлкен доңғалақты рессорсыз екі арба біраз жүрген соң, біреуі оңға, біреуі солға бұрылды.
Бақташының лашығының жардан ұшып кеткенін әбден көріп алғасын граф құйып тұрған жаңбырдың астында өкшесі жерге тимей бет-алды құла дүзге жүгіре жөнелген-ді.
Ол бірнеше сағат бойы солай жүгіре берді, талай-талай жолдардан да кесіп өтті, талай-талай төмпектерден де қарғыды, талай-талай шарбақты да сындырды; ақыр аяғында іңір қараңғыда үйіне қалай жеткенін өзі де білмей қалды. Зәресі ұшып, үрейленіп жүрген қызметшілер алдынан шығып, екі аттың ойнақтап бос келгенін айтты. Жильбертаның атына Жюльеннің аты бірге еріп келіпті. Де Фурвиль мырза тәлтіректеп зорға тұрған күйі:
— Күн бұзылып кетті ғой, олар бір бақытсыздыққа ұшыраған шығар, тезірек іздеушілер аттандырыңдар! — деді.
Өзі де бірге шығып, бірақ, жұрттың көзін ала бере, бұтаның арасына тығылып ап, өліп-өшіп сүйген әйелі я өліп, я өлім халінде өмір бақи жарымжан боп оралатын жол жақты көз айырмай қарап жатты.
Көп ұзамай оның қасынан бір беймәлім жүк артқан арба өтті. Ол әуелі үйінің алдына тоқтап, сосын аулаға кірді. Иә, бұл соның өзі. Енді нендей күйге ұшырағанын өз көзімен көрем-ау деген үрейлі ой мен ақиқатпен бетпе-бет келуге дәті шыдамаған қорқыныш етегінен екі жақтап тартып, дымы шықпай, сәл сыбдырдың өзінен селк ете қалып, жерден басын көтермей, жабысып ап жатты да қойды.
Ол тап сол қалпы бір сағаттай, тіпті екі сағаттай жатты. Арба кетпеді. Ол енді әйелім өлім халінде екен, қазір оның жүзін қайтып көрем деп үрейі ұшты. Біреулер үстімнен шығып қап, үйге шақырса, әйелімнің жанталасып жатқан шағына тап болам ғой деп, алысыраққа қашып, қалың орманның ішіне сіңіп кетті. Кенет оған жәрдем керегіп жатқан шығар, қасында күтетін адам да жоқ деген ой түсті де, ес-түссіз кейін қарай жүгірді.
Жолда бағбанға кезігіп:
— Не болды? — деп сұрады.
Ол мүдіріп қалды. Енді де Фурвиль мырза сұрап тұрған адамнан гөрі, жылап тұрған адамға ұқсап:
— Ол өліп пе? — деді.
Қызметші:
— Иә, мәртебелі мырзам, — деп міңгірледі.
Сол-ақ екен, жүрегі орнына түсті. Оған бұрын-соңды байқалмаған бір байсалдылық бітіп, түршігіп, шиыршық атып алған жұлын-жүйкесінің бәрі жазылып, дені жайылып жүре берді. Ол аспай-саспай үйіне қарай аяңдады.
Дәл сол шамада екінші арба Теректіге жеткен-ді. Жанна анадайдан арбаның үстіндегі төсенішті көріп, өлік әкеле жатқанын бірден біле қойды. Қорыққаны сонша, ес-түссіз еденге құлап түсті.
Есін жиса, әкесі басын сүйеп, маңдайын сірке қышқылымен сүртіп отыр екен. Батылы бармай:
— Сен ондайын білуші ме ең? — деп сұрады.
— Иә, әке, — деді қызы күбірлеп.
Орнынан тұрайын деп ұмтылып еді, өне бойы қан қақсап қоя берді.
Сол күні кешке ол толғатып, өлі бөбек, қыз тапты.
Ол Жюльеннің жерленуінде болмаған-ды, ол туралы ештеңе білген де жоқ. Әйтеуір, содан бір күн соң ба, әлде екі күн соң ба үйге Лизон апайдың қайтып келгенін көрді; алас ұрып, сандырақтап, азапқа түсіп жатып ол кәрі қыздың Теректіден қашан кеткенін, неге кеткенін есіне түсіре алмай әлек болды.
Бірақ, ол әбден сауығып алғасын да, есіне түспеді; әйтеуір оны мамасы өлгесін де көргенін еміс-еміс қана біледі.
XI
Ол ай бойы өз бөлмесінен аттап шықпады; сүйек-сүйегінің бәрі салдырап сылынып қалды, өңі де құп-қу; жұрт одан енді жазыла қоймас, деп үмітін үзіп те еді, бірақ, кенет есін жиып, өн бойына әл жүгіре бастады. Әкесі мен Лизон апай Теректіге біржолата орнығып, күні-түні қасында болды. Басынан кешірген ауыр тақсіреттен кейін, ол шытырлақ, ашушаң боп кетті; сәл нәрсеге бола есінен танып, талықсып құлап қалады.
Ол Жюльеннің өлімі жайлы ләм-мим ештеңе сұраған жоқ. Оған енді бәрібір еді, ол жайды бұрын да жақсы білетін-ді. Тек Жаннадан басқа жұрттың бәрі оны кездейсоқ апатқа жорып жүрді. Солардың әлгіндей жасырын құпияларының қырсығынан бақытсыздыққа ұшырайтын күнгі графтың түтігіп келіп кеткені оның әлі есінде.
Ол енді күйеуінен баяғыда көрген кемді күнгі махаббат қуанышын бір түрлі мұңайып, елжірей есіне алатын болыпты. Сол бір шақтары жадына жарқ етіп түсе қалғанда, қапелімде бір сәтке өне бойы тітіркеніп, түршігіп кеткенмен, артынша-ақ көз алдына баяғыда бұны айттырып жүрген кездегі Жюльен, Корсиканың оттай ыстық күні астында құштарлық гүлі құлпыра шешек атқан сонау алыс санаулы сағаттарда өзінің өліп-өшіп сүйген Жюльені келеді. Оның қабірінің топырағы сорыға түскен сайын, бар міні түзеліп, тұрпайылығы да ұмытылып, тіпті опасыздығына дейін өз-өзінен ақталып бара жатқан сияқты. Жанна бір кезде өзін аймалап-аялаған адамды үлкен риясыз алғыспен ғана еске алып, одан көрген қорлығын шеккен шер-азабын түгел кешіріпті. Ай артынан ай жылжып, уақыт өте берді; өткен-кеткеннің қуанышы мен қасіретін бірте-бірте ұмытшақтық пердесі көлегейлеп, бәрі де естен шықты; ол ендігі ықыласын тек ұлына ғана арнады.
Поль өзінің қасындағы үш адамның үшеуінің де жатса да, тұрса да ойынан шықпайтын нағыз құдайы, керемет болып алды, үшеуін де айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізеді. Тіпті үш құлы оны бірінен-бірі қызғанады. Мәселен, Жанна жаңа ғана өзінің тізесіне ат қып мініп отырған бөбегінің енді барып баронды шөпілдетіп сүйгенін көріп, шытынып, қабағын түйіп алады. Лизон апай мұндайда да елеусіз, шет қалады. Оған әлі дұрыстап тілі де шыға қоймаған кішкене әмірші күңіне ақырғандай ақырады. Кәрі қыз бөлмесіне жүгіріп барып, баланың анасы мен баронға қарағанда, өзіне әлдеқайда ықылассыз екеніне шала бүлініп, көзі бұлаудай боп жылап тұрады.
Кісі елейтіндей ешқандай оқиға бола қоймаған ың-шыңсыз екі жыл осылай күні-түні кішкене баланың асты-үстіне түсумен өтті. Үшінші қыстың басында көктемге дейін Руанға барып тұратын болып, бүкіл үй іштерімен сонда көшті. Бірақ әлдеқашан иесіз қалған ескі үйге көшіп келген соң бала қақылдап жөтелден шықпады. Жұрт оны өкпе ауруына шалдықпаса жарар еді деп қорықты. Үй іші оған тек Теректінің ғана ауасы жағады деп, бұрынғы қоныстарына қайта көшті.
Бір өңкей бұйығыңқы күндер өтіп жатыр.
Олар қонақжайда отырсын мейлі, бақшада отырсын мейлі, Польдің бөлмесінде отырсын мейлі, балаға үшеуі бірдей ентелеп, оның былдырлап сөйлеген күлдіргі сөздеріне, қимылы мен қылығына мәз болады.
Анасы оны еркелетіп Поль десе, баласы тілі келмей Пуле дейді — оған да көздерінен жас аққанша күледі. Польдің бойы тіпті тез өсіп барады, сондықтан да, баронның тілімен айтқанда "үш маманың" ең қызық ермегі баланың бойын өлшеу.
Қонақжайдың есігінің жақтауына оның бойының ай сайын қанша өскені пышақпен кертіп белгіленіп отырды. Сол бір "Пуленің сызығы" деп аталған сызық үй ішінің өмірінде ең елеулі орын алды.
Көп ұзамай бұл үйдің өміріне тағы да бір қызықты кейіпкер, Жанна баласымен мәре-сәре боп жүргенде тарс есінен шығып кеткен "Қасап" атты төбет қосылды. Оны Людвина асырап, ат қораның қасындағы бөшкеде күні-түні жападан-жалғыз шынжырлаулы жататын.
Бір күні таңертең Поль көріп қалып, итті мойнынан сипап еркелеткісі кеп, солай қарай талпынды да тұрды. Үлкендер оған қорқа-қорқа зорға апарып еді, ит баланың қасына келгеніне мәз-мейрам боп қалды. Кетерде бала иттен бөлек кеткісі келмей, бақырып қоя берді. "Қасапты" шынжырдан босатып үйге көшіруге тура келді.
Ол енді кішкене Польдің айырылмас досы болып алды. Екеуі кілемнің үстінде асыр салып ойнап-ойнап, сол ойнап жүрген жерінде құшақтасып бірге ұйықтайды. Көп ұзамай бала оны жанынан шығарғысы келмейтін болғасын, төбет кішкене досымен бір төсекте жататын болды. Жанна иттің бүргесінен қорықса, Лизон апай балаға өзінің осы төбет құрлы қадірі болмағанына күйінеді.
Анда-санда олар Бризвиль мен Кутельелердің үйлеріне барады, олар да Теректіге келіп-кетіп тұрады. Тек мэр мен доктор ғана мынау ескі үйдің оңаша өмірін ауық-ауық бір желпінтіп кетеді. Священник басымен итті қалай өлтіргенін көріп, әрі Жюльен мен графиняның өліміне байланысты таратқан қауесеттерін естіп тап осындай қаныпезер поптың қысастығына жол беріп отырған құдайдың өзіне ашуланып, Жанна шіркеудің есігінен қарамай қойды.
Аббат Тольбиак көп ұзамай тұспалдап сөйлейтінін де тастады, бұл үйді кесапаттың, араздықтың, алжасу мен адасудың, арсыздықтың, күнәкарлықтың жын-перісі жайлап алған деп жар шашты. Ол баронды да жерден алып, жерден салды.
Шіркеу бүгінде қаңырап бос тұрады; шаруалар жер жыртып жатқанда қастарынан кюре өтсе, әңгімелескілері кеп жолын бөгемейді, тағзым етіп сәлем де бермейді. Жұрт оны бір қояншық әйелдің албастысын қуған көз байлаушы сиқыршы екен десіп те жүрді. Тіпті, ол, өзінің айтуынша, албасты, ібіліс атаулының бар кесапатынан, тіл көзден дұға оқып жазады-мыс, сүті сұйылып кеткен сиырды арқасынан қағып, не құйрығына сақина салып, сүтін қойылтатын көрінеді-міс, жоғалып кеткен нәрсені дұға оқып тауып береді-міс. Әйтеуір, ол туралы ел аузында алып қашпа әңгіме көп.
Ол шариғат кітаптарынан перілердің жерді мекендеуі, ондағы сан қилы әзәзіл әрекеттері, айла-шарғылары, зұлымдықтары жайлы құныға оқумен болды. Өзі әлгі кесапаттардың бәрімен алысатын аббат болғандықтан ібілістің шалуатынан сақтандыратын дұға-дуадан ештеңе қалдырмай, түгел жаттап алды.
Енді оның ойынан түнек қойнында түртініп жүрген әр алуан әзәзілдер кетпейді де, аузынан латынның: Sicut leo rubiens circuit quoerens qevart" ("Ол да ібіліс, аузын арандай ашып, жалмап жіберетін жем іздеумен болады") деген сөзі түспейді.
Сүйтіп, бұл төңіректің адамдары енді оның әлгіндей киесінен қорқып, ылғи үрейленіп жүретінді шығарды. Тіпті оның әріптестері, көрші қауымдардың кюрелері де Вельзевул — куранд сиқыр күшке тап келгенде қарсы оқылатын дұғаларға тақ толы болғандықтан дінді балгерліктен ажырата алмай бастары қатып, аббат Тольбиакті көз бояушы, сиқыршы тұтып, киесі, аруағы бар деп, өліп-өшіп қадірлесіп жүреді.
Кюре енді Жаннаны көргенде тағзым етпейтін болды. Мына мінезі Лизон апайды қатты қобалжытты. Кәрі қыздың үркек көңілі шіркеуге бармай күпірлік қылу дегенге түк түсіне алмай-ақ қойды. Ол аса құдайшыл еді, шіркеудің бірде-бір намазын бірде-бір дұғасын қаза жібермейді. Бірақ, оның мұншама ыждаһатын ешкім елемеді; тіпті оны елегісі кеп жатқан да ешкім жоқ еді.
Ол оңаша қалғанда, Польге құдай туралы көп әңгімелейді. Ол сонау әлімсақ, дүниенің қалай жаратылғаны туралы адам таңғаларлық аңыздарды айтқанда, бала аз-кем құлақ асады да, ал енді құдайға жан-тәнімен ұйып, құлшылық ұру жайы сөз болғанда:
— Оның өзі қайда болады, апа? — деп сұрайды.
Сонда апасы аспанды көрсетіп:
— Ол анда, көкте, бірақ сен бұны ешкімге айтып қойып жүрме, — дейді.
Ол бароннан қатты қорқатын-ды. Бірақ, бірде Пуле Лизон апайға келіп:
— Құдай барлық жерде де бар, шіркеуде ғана жоқ, — деді.
Сыңайы бала атасына барып, апасы үйреткен шариғатты айтып қойса керек.
Поль он жасқа аяқ басты, ал анасы, көрер көзге, қырықтағы әйел сияқты. Бала топ-толық, дене бітімі мып-мығым, тыным таппайды, ағашқа өрмелеуге әбден жетік, бірақ басына ештеңе қонбайды. Сабақ десе бетінен басады, қашан құтылғанша асығады. Егер барон оны кітапқа ұзағырақ үңілтіп қойса, Жанна қасына жетіп барады да:
— Жіберсеңізші, барып бой жазып қайтсын, баланың босқа басын қатырудың қажеті қанша! — дейді.
Оның ойынша, баласы әлі алты айлық, немесе бір жасқа енді шыққан тәрізді. Ол тіпті баласының асыр сап жүгіргенін, кішкене еркек боп, кіжініп сөйлейтінін — ешқайсысын да көзіне ілмейді; әрдайым құлап қалмаса екен, суық тигізіп алмаса екен, ашуланып қалмаса екен, ішіне зияны тиетіндей қып, тамақты көп ішіп қоймаса екен деп үрейленеді де отырады.
Бала он екіге шыққасын, оны алғаш рет намазға жығу қажет болды.
Бір күні таңертең Лизон апай Жаннаға келіп, баланы діннен, христиандық парыздан бұдан әрі бейхабар жүргізе берудің күнә болатынын айтып, уағыздай жөнелді. Ол өз сөзіне жер бетіндегі сылтаудан сылтау, дәлелден дәлел тастамады, ең алдымен қауымның арасында неше түрлі ғайбат сөздер тарап кету қаупі бар екенін баса айтты.
Жанна оған едәуір қобалжып қалды, Лизон апайды уақытында көре жатармыз деп шығарып салды.
Бірақ, сол әңгімеден кейін бір ай өтер-өтпесте ол графиня де Бризвильге барып еді, құрметті бәйбіше сөз арасында:
— Сіздің Поль биыл намазға жығылуға баратын шығар? — деп құлаққағыс қылды.
Жанна бұндай сауалды күтпеген-ді.
— Иә, ханым, — дей салды асып-сасып.
Осы оқиғадан соң ол Лизон апайдан Польді бароннан жасырып дінге сабаққа апарып тұруын өтінді.
Бір ай бойы бөтен ештеңе бола қойған жоқ еді, бірде кешке Пуленің тамағы қарлығып оралды. Ертеңіне жөтеліп шықты. Үрейі ұшқан анасы одан бас салып, не болып, не қойғанын сұрай бастады. Кюре оны дұрыс отырмайсың деп, қашан сабақ біткенше есіктің алдына, желдің өтіне, мұп-мұздай қара тастың үстіне қақшитып тұрғызып қойыпты.
Ол енді баласын шіркеуге жібермей, шариғаттың бастауыш дәрістерін өзі үйретуге кірісті. Бірақ, аббат Тольбиак Лизон апайдың жалынып-жалпайғанына қарамастан, баланы дәріс алмаған деп, намазға жықпады.
Келесі жылы да солай болды. Бұған барон бұлқан-талқан боп, бала сол мәні жоқ, мағынасы жоқ құрғақ уағыз, аңғал нанымға сенбей өссе де, зиялы адам санатына іліге алады деді; сүйтіп, оны католиктердің қайдағы-жайдағы әдет-ғұрыптарын орындатып, әлекке салмай-ақ, христиан рухында тәрбиелеу керек, өскесін өз жолын өзі таңдап алар деп пәтуаласты.
Көп ұзамай Жанна Бризвильдерге барып қайтты, бірақ олар ат ізін салмады. Ылғи көршілердің ықылас-ыңғайын есепке алып отыратын мінездерін әбден жақсы білетін бұлар олардың аяқ астынан үнсіз қалғандарына түсіне алмай жүрді. Бұларды бүйтіп қағажу қалдырудың сыры мен себебін маркиза де Кутелье тым аспандай қарап, асқақтай сөйлеп отырып, түсіндіріп шықты.
Күйеуінің жоғары лауазымына, әулеттерінің тектілігіне, қисапсыз байлығына масаттанып бағатын маркиза өздерін Нормандия ақсүйектерінің патшасымыз деп санайтын да, ылғи сол падишаларша еркін сөйлеп, өзгелерді көңілі түссе іш тартып, көңілі түспесе сыртқа қағып, билеп-төстеп, бұл төңіректегі барлық іске араласып, бәріне де я мақтап, я даттап үкім айтып отыратын-ды. Жаннаны да салқын қабақпен қарсы алып, біраз әңгімеден кейін:
— Қоғам құдайға сенетіндер және сенбейтіндер боп екіге бөлінеді. Алғашқы топқа кіретіндер сіңірі шыққан кедей болса да досымыз, теңіміз; ал енді екінші топқа жататындарды біз адам санатында санамаймыз, — деп салды.
Жанна мынандай астамшылықты тойтарып тастағысы келіп:
— Шіркеуге бармай-ақ, құдайға құлшылық етуге болмай ма екен? — деп сұрады.
— Жоқ, ханым, — деді маркиза. — Біздің жұртқа көңілімізді көрсету үшін үйлеріне баратынымыз сияқты, дінге сенетіндер де құдайға тауап ету үшін шіркеуге барады.
Жанна бұған реніш білдірді.
— Кімнің құлшылық қылғанын құдай қайдан да көреді. Мен, мәселен, тәңірімнің мейіріміне жан-тәніммен сенемін. Бірақ, екі араға килігіп, соның бәрін көлегейлеуге тырысатын дін басылары бар.
Маркиза орнынан тұрып кетті.
— Дін басысы — шіркеудің туын көтеруші, ханым. Туға ермейтіндер оған да, бізге де жат.
Қалш-қалш етіп ызаланып, Жанна да тұрды.
— Сіз тек бір топ, бір қауым табынатын құдайға ғана сиынасыз. Ал мен барша жөні түзу, иманы таза адамдардың бәрі де табынатын құдайға сенемін.
Ол тағзым етіп шығып кетті.
Пулені намазға жықпады деп бұларды шаруалар да жақтырмай қалды. Өздерінің де шіркеуге барып, намазға жығылып жарытып жатқандары шамалы. Шариғаттың қатал заңына тек пасха тұсында ғана мойынсұнып, шіркеуде бас қосатын-ды. Алайда, олардың ойынша балалардың жөні бөлек. Ешкім де өз баласын ортақ заң, ортақ жосықтан оқшаулап өсірмейді. Діннің аты қанша дегенмен дін ғой.
Жанна шаруалардың өздерімен дүрдараз екенін сезіп, олардың екіжүзділігіне, арды аяққа басып, анау айтса оған сақ, мынау айтса бұған сақ, әр өктемге бір мойынсұнып, сырт көзге жұрттың бәріне де әдепті боп көрінуге тырысатын тұрлаусыздықтарына, қоян жүрек қорқақтықтарына ыза болды.
Барон Польдің сабағымен өзі шұғылданып, баланы әуелі латын тілімен басын көтергізбей қойды. Жанна: "Құдай үшін, шаршата көрмеңізші, — деп минут сайын келіп, баласынан қайта-қайта: "Пуле, аяғың тоңған жоқ па?", "Пуле, басың ауырған жоқ па?" — деп сұрап, не мұғалімге: "Оны көп сөйлете бермеңіз, тамағы қарлығып қалады", — деп сабақты тоқтаттырып, алан қыла берген соң, әкесі оны класс бөлмесіне кіргізбей қойған-ды; бірақ, ана байғұс тыпыршып баласы оқып жатқан бөлмені ториды да жүреді.
Бала сабақтан шығысымен бақшада отырған анасы мен апасына жүгіріп барады. Олар қазір бағбандыққа құнығып алды, үшеуі жазғытұрым ағаш отырғызып, дән септі, олардың қалай өсіп-өніп жатқанын көз айырмай бақылап, ылғи қуанысып қалады, бұтақтарды қырқып, букет жасайтын гүл кеседі.
Бала бәрінен бұрын салат егуге қызықты. Бағымы күшті латук, ромен, цикорий, париж — қысқасы, осы бір астың уытын келтіретін әр алуан шөп егілген төрт жүйекті сол баптады. Екі анасын күңше жұмсап, топырақ қопсытқызды, жер суартты, арам шөптерді отатты, көшеттерді көшірткізді — әйтеуір, ертеңнен қара кешке дейін бастарын көтерткізбеді. Өзі де сағаттар бойы тізесінен лай кешіп, жүйектің бойында тұрып ап үсті-басы топырақ-топырақ боп, саусақпен шұқып қазған шұңқырларға көшет отырғызады.
Пуле тез ержетті. бірақ, ақыл жағынан тым мешеу; екі әйел мен заманы өтіп кеткен ақ көңіл шал тәрбиелеген бала тым ерке тотай, надан, топастау болып өсті.
Бір күні барон колледж жайын сөз қылды. Жанна сол бойда-ақ ағыл-тегіл жылай жөнелді. Лизон апай мұндай жаман ырымнан шошып, қараңғы бұрышқа қашып тығылды.
Жанна:
— Сонша білім оған неменеге керек? Біз оны деревняда тұратын помещик қып өсіреміз. Ол дворяндардың көпшілігі құсап, өзінің жерін өңдеп, егінін егіп, жүре береді. Біз де өмір сүріп, бір күні біз де өлетін осы үйде о да ештеңеден кемістік көрмей бақытты өмір кешіп қартаяды. Одан артық не керек?
Бірақ, барон оның бұл сөзіне қосылмай, басын шайқады.
— Ал, егер де ол жиырма беске шыққасын саған келіп: "Сенің аналық өзімшілдігіңнің қырсығынан мен ештеңе үйрене алмай, ештеңеге жарамай қалдым. Міне, енді дәнеңеге қабілетім жоқ, өмірде түк те бітіре алмай, түңіліп жүрмін. Мен тап осындай жым-жырт қоңырқай дүниеде, бар-жоғыңды ешкім білмейтін күлді-көмеш тірлік кешу үшін туған жоқ едім ғой. Осының бөрі сенің ақылсыз аңғал аналық махаббатыңнан болды" десе, не дейсің?
Жанна ағыл-тегіл жылап отырған күйі ұлынан:
— Пуле, сені бүйтіп өліп-өшіп сүйгенім үшін мені кінәламайсың ғой? — деп сұрады.
Бала оған қайран қалып:
— Жоқ, мама, — деп уәде берді.
— Рас айтасың ғой?
— Иә, мама.
— Сенің осында қалғың келеді ғой?
— Иә, мама.
Барон енді ашуланып, даусын қатайтты:
— Жанна, сенің басқа адамның өмірін бұлай билеп-төстеуге қақың жоқ. Сенің бұның жөн емес. Мынау қылмыс. Өз бақытыңа бола өз бөбегіңді құрбандыққа шалып отырсың!
Жанна бетін қолымен бүркеп ап, селк-селк етіп:
— Менің шеккен қасіретім, көрген азабым аз ба еді. Менің жалғыз қуанышым осы ғой, оны да алып кетесіңдер ме? Мен сонда не істеймін, жападан-жалғыз қалғаным ба, қуарып? — деді.
Әкесі түрегеліп, оның қасына барып, бетінен сүйді.
— Мен бар емеспін бе қасыңда, Жанна?
Қызы әкесінің мойнынан құшақтап, бетінен сүйіп, сөзін үзіп-үзіп:
— Сенің айтқаның дұрыс, папа. Менікі ақымақтық екен, бірақ қанша қасірет көрдім. Колледжге барса, бара қойсын.
Өзін бұлардың қайда жіберіп, не істегелі отырғандарына түсіне алмай, енді Пуле қорсылдай жөнелді. Үш "мамасының" үшеуі де енді оның бетінен алма-кезек сүйіп, аймалап жұбатуға кірісті. Ұйқыға жатқанда бәрінің де жүрегі сыздады; үшеуі де, тіпті осы кезге дейін көзіне жас алмай шыдап келген барон да жылап алды.
Сөйтіп, каникул біткесін баланы Гавр колледжіне беретін болысты, әзірге жаз бойы оны ешкім бетінен қақпай, еркелетіп бақты.
Енді екі ажырап кетеміз-ау деген ой есіне түскенде, анасының көкірегі қарс айырылады. Оған бейне он жылға жиһанкездікке кетіп бара жатқандай киім-кешек, құрал-жабдық әзірленді. Ақыры. қазан таңының бірінде түні бойы ұйқы көрмеген екі әйел және барон баламен бірге күймеге мінді, екі ат желе жөнелді. Бұл сапарда оған алдын ала дортустан және кластан орын таңдалды. Енді Жанна Лизон апай екеуі Пуленің заттарын кішкене жәшікке салып әуре болды. Оған әкелген заттарының ширегі де сыймаған соң, Жанна екінші жәшік сұрап директорға барды, директор экономды шақырып еді, ол мұнша көп заттың зияны болмаса, пайдасы жоқ деп, ережені бұзып, екінші жәшік беруден үзілді-кесілді бас тартты. Жанна соған ерегіскесін көрші мейманханадан бөлек бөлме алып, қожасына Пуле не сұраса да, екі етпей әкеліп беріп тұрындар деп тапсырды.
Сосын олар кемелердің қалай тоқтап, қалай аттанып кетіп жатқанын қызықтауға қайраңға кетті.
Шамдарын енді жаға бастағанда қаланың үстіне тұнжырап ымырт түсті. Олар тамақтануға мейрамханаға кірді. Ешқайсысының асқа тәбеті шаппады; тек біріне-бірі жалтақ-жұлтақ елжірей қарап отыр; тамақтар бірінен соң бірі мұрты шағылмастан қайта жиылып алынып жатыр.
Сосын олар жайлап басып колледжге беттеді. Жан-жақтан ата-аналарына, я күтушілеріне еріп балалар ағылып келіп жатыр, көбісі көзі былаудай боп жылап келеді. Күңгірт үлкен аулада әне жерде де, міне жерден де мырс-мырс дыбыс шығады.
Жанна мен Пуле бірін-бірі жабыса құшақтап ап, жібермей ұзақ тұрды. Жұрттың есінен шығып кеткен Лизон апай арт жақта аузын орамалмен басып aп, тұншыға жылайды. Бір уақытта барон босап бара жатқан көңілін әзер іркіп, қоштасуды көпке создырмай қызын айырып алып кетті. Қақпа алдында күйме күтіп тұрған-ды. Үшеуі түнделетіп Теректіге қайтты.
Қараңғыда кеңк-кеңк жылаған дыбыс естіледі. Жанна ертеңіне де кешке дейін ағыл-тегіл жылаумен болды. Келесі күні фаэтон әзірлетіп, Гаврге қайта аттанды.
Пуле қалаға әлдеқашан үйренісіп алыпты. Ол өмірінде бірінші рет балаларға араласып отырған еді. Сыртқа барып ойнағысы кеп, алаңдап, қабылдау бөлмесіне анасымен дұрыстап сөйлесе де алмады.
Жанна оған күн ара барып тұрады, жексенбі сайын үйге алып қайтады. Баласымен кездескенше асығып, кетіп қалуға дәті бармай, қабылдау бөлмесіне екі қолы алдына сыймай, сарғайып отырады да қояды. Директор оны шақырып ап, баласымен сирегірек ұшырасып тұруын өтінді. Ол бұл кеңеске бәрібір құлақ асқан жоқ.
Енді директор оған егер баласын сабақтан бос кезінде қыдыртып, серуендетіп, сабағынан алаңдата беретін болса, үйіне қайтарып жіберетіндіктерін ескертуге мәжбүр болды; баронға да хат жазып, ескертіп қойды. Бұдан соң ол Жаннаны Теректіден ешқайда жібермей тұтқындап ұстады.
Ол әр мерекені ұлынан гөрі өзі асыға күтеді; көңілі құлазып, қобалжиды да отырады. Ол қасына "Қасапты" ертіп алып, неше алуан қиялға шомып, төңіректі ерсілі-қарсылы кезеді де жүреді. Кейде тал түске дейін қыранның төбесіне шығып ап, теңізге қарап отырады, кейде әлі күнге есінен кетпей қойған баяғы бір серуендері жадына оралып, Ипорға дейін орманды аралап, қыдырып қайтады, Осы маңайдың бәрін қиялға, арманға мас боп жүріп аралаған баяғы қыз күндері қандай алыстап кеткен.
Ұлын әр көрген сайын, онымен он жыл бойы кездеспегендей боп таңырқап қалады. Ол ай санап ер жетіп, өсіп барады, ал бұл ай санап қартая түскен. Қазір көрген жұрт барон оның әкесі емес ағасы, ал сонау жиырма бестен бастап солып, қурап қалған Лизонды арасы бір-екі-ақ жас, тіптен тетелес апасы екен деп қалатындай.
Пуле оқып жарытпады. Екінші сыныпта екі жыл отырды, үшінші сыныпты өліп-талып зорға бітірді, ол төртінші сыныпта тағы да екі жыл оқыды, сүйтіп аттай жиырмаға келгенде риторика класына зорға өтті.
Ол шашы әп-әдемі, мұрты енді тебіндеген ақ уыз жігіт болды. Енді жексенбіде Теректіге өзі-ақ келіп тұратын күйге жетті. Бала жасынан салт жүріске үйреніп алған Поль қаладан ат жалдап aп, екі сағатта Теректіге жетіп келеді.
Жанна ондайда сары ала таңнан апасын, барған сайын белі бүкірейіп, тұмсығымен жер сүзе құламау үшін шалдарша екі қолын артына сап жүретін боп, әбден қартайып кеткен баронды қасына ертіп алып, ұлын қарсы алуға шығады.
Олар ауық-ауық жолдың жиегіне отырып, тынығып ап, ілгері қарай ілбіп жүре береді, салт атты адам көрінбес пе екен деп көкжиектен көз алмайды. Аппақ жолдың үстінен қылт-қылт етіп атты кісі көрінгеннен-ақ үшеуі бірдей орамалдарын былғалай бастайды; ал Поль оларды танып, текіректі қойып, құйындатып шауып жетіп келеді. Жанна мен Лизон көздері атыздай боп шошып қалса, атасы даусы қалтырап; "Пуле міне жігіт!" деп айқайлап, мәз болады. Текіректі қойып, құйындатып шауып жетіп келді. Жанна одан: "Аяғың тоңған жоқ па, Пуле?" деп сұрайды; ұлы таңертеңгі тамақтан соң темекі тартып, есік алдында қыдырып жүрсе, анасы әйнекті ашып: "Құдай үшін жалаң бас жүрмеші, тымауратып қаласың", — деп жалынады.
Ол атпен қараңғыда кейін қайтса, Жанна қалтырап-дірілдеп: — "Пуле, қарғашым, жайырақ жүр, көзіңе қара, анаңды ая. Сен алда-жалда кесепатқа ұшырасаң, мен шыдай алмай өліп кетем", — деп қорқытады.
Бірде сенбі күні таңертең Польден хат келді, ол таныстарым сейілге шақырып еді, ертең бара алмаймын деп хабарлапты.
Жанна жексенбіде күні бойы бір жаманат хабар күткендей тағат таппай сенделді де жүрді; бейсенбі күні шыдай алмай Гаврге қарай жолға шықты.
Ұлы бір түрлі өзгеріп кеткен сияқты, бірақ оның қандай өзгеріс екенін ол анық айыра алмады. Ол пысып-ширапты, даусы да бұрынғыдай емес, қатқыл естіледі.
Кенет анасына жайбарақат:
— Білесің бе, мама, бүгін өзің кепсің ғой, келесі жексенбіде де бара алмайын деп тұрмын, тағы да серуенге шығатын едік, — деді.
Ол ұлының бұл сөзіне: "Америкаға кетем", — деп тұрғандай аңырып қалды, бір уақыттарда барып, есін жиып:
— Құдайым-ау, саған не болған, Пуле? Айтшы, не боп жүр? — деп сұрады.
Пуле күліп, анасының бетінен сүйді.
— Тәйірі, ештеңе болған жоқ, мама. Мен достарыммен бірге болып бой жазбақшымын. Немене, оным дұрыс емес пе? — деді.
Жанна не деп жауап берерін білмеді, күймеге жалғыз мінгенде көңіліне неше түрлі қорқынышты ой қашты. Оның ер жеткенін, енді бұл қожа бола алмайтынын, қарттарға қарамай өз бетінше өмір сүруге көшкенін анасы алғаш рет есіне алды. Оған ұлы бір-ақ күннің ішінде өзгеріп шыққан сияқты. Жаңағы өз дегенін қылып тұрған бойлы-сойлы еркек — бұның баласы ма, бір кезде салат ектірген кіп-кішкене бөбегі ме?!
Бұдан соң үш айдай уақыт Поль ата-анасына анда-санда бір соғып кетіп тұрды; онда да қашан кете-кеткенше асығады да тұрады. Жанна онысына қобалжып, уайымдай бастаса, барон істің жайына бірден түсініп:
— Баланы жолынан қалдырма, ол енді жиырмаға шықты ғой, — дейді.
Бірақ, бір күні таңертең жұпыны киінген неміс акцентімен сөйлейтін бір қарт кісі виконтесса ханымды сұрады.
Шетсіз-шексіз иіліп-бүгіліп тағзым етіп болғасын, ол қалтасынан май-май әмиянын суырып ап:
— Мынау қағаз сізге жазылып еді, — деп бір жапырақ қағаз ұсынды. Жанна әуелі бір оқып шығып, өз көзіне өзі сенбей қайтадан оқыды. Еврейдің бетіне қарап ап, тағы да бір рет оқып шықты. Сосын барып:
— Сонда бұл қалай болғаны? — деп сұрады. Шал мәймөңкелеп, түсіндіре жөнелді.
— Қазір, қазір, өзім айтып берейін. Сіздің ұлыңыз аз ғана ақша керегіп қалып қарыз сұрай келді. Мен сіздің ақпейіл ана екеніңізді естігесін, өтінішін қабыл алдым. Өзі бір болмашы-ақ шаруа.
Жанна қалшылдап кетті:Ол хатты оқып шыққасын, ұзақ уақыт үнсіз отырып қалды. Бәлкім, священниктің айтқаны да рас шығар. Діни күдік-күмән оның ар-ұжданын қайта азаптай бастады. Сонда құдайдың да жұмыр басты пенделері тәрізді кекшіл, іші тар қызғаншақ, қытымыр болғаны ма? Бірақ, ол кек тұтпаса, жұрт тәңірді танымай, бет-бетіне лағып кетпей ме? Мүмкін, ол түбі бір өлетін пенделеріне тән әлгіндей мінезді біз оның құпияларын неғұрлым жітірек біліңкірей түсу үшін істейтін шығар. Қашан да әлденеге абыржыған, қобалжыған адамдарды шіркеуге қарай сүйрейтін қорқақ ой оны да шыр айнала шырмап ап, бір күні кешке ымырт түсе шіркеуге жүгіртіп, жадау аббаттың аяғына жығып, күнәмды кеше гөр деп жалбарындырды.
Аббат барон сияқты кісі отырған үйге құдайдың мейірімі түгел түспейді деп, тек жарым-жартылай ғана кешірім қылуға уәде берді.
— Көп ұзамай тәңіріміз өзі жолыңызды оңғарады, — деп сендірді.
Шынында да, арада екі күн өтпей жатып, ұлынан хат алды; қайғы басып, қағажу көріп қалған ол бұны аббат айтқан жақсылыққа жорыды.
"Қымбатты мама, мені уайымдама. Мен Лондондамын, мұздай аманмын, тек аздап ақшадан тарығып жүрмін. Көк тиынымыз қалмады, күн сайын бүйіріміз шығып, тоя тамақ та іше алмаймыз. Жан-тәніммен сүйетін серігім мен үшін қолындағы бес мың франк қаражатын түгел шашты. Менің еркектік намысым енді оған сол ақшасын қайтарып беруді талап ететінін өзіңіз де түсінесіз ғой. Сондықтан мархабат етіп, папам қалдырған мұрадан маған әзірге он бес мың франк бере тұрыңыз. Бәрібір көп ұзамай мен де кәмелетке толамын ғой. Мені мынау қиын жағдайдан құтқарыңыз.
Ал, мама, сау тұрыңыз. Атамды және Лизон апайды да шын жүректен құшып, беттерінен сүйемін. Көп ұзамай көрісерміз деп ойлаймын. Ұлыңыз виконт Поль де Ламар".
Ол хат жазыпты, демек бұны ұмытпағаны! Оның ақша сұрағанына елең қылған жоқ. Көк тиыны қалмаса да, кідіртпей ақша салу керек. Ақша деген немене сонша! Ол бұған хат салыпты ғой!
Ол хатты алып, жүгіріп баронға барды. Лизон апайды да шақырды. Үшеуі хаттың әр сөзіне қайта-қайта үңіліп, әлденеше рет оқып шықты.
Жанна табан астында серпіліп, жақсы үмітке күпті боп, баласын жақтап сөйледі.
— Хат салғанына қарағанда, ол көп ұзамай қайтып келеді.
Бірақ, байыпты барон онысына илана қоймады.
— Бәрібір ол неме әлгі бір найсаптың соңынан еріп, бізді тастап кеткен жоқ па! Мұндай қылыққа оп-оңай барғанына қарағанда, бізден гөрі оны көбірек сүйгені емес пе!
Жаннаның жүрегіне жаңа шемен жабысты; сол бойда оның көкірегін қызғаншақ ананың перзентін өз бауырына тартып әкеткен ғашық әйеліне деген өлердей өшпенділік оты өртей жөнелді. Бұған дейін ол есіл-дерті баласы болып, оны жадылап жүрген әйелді ойына да алып көрмеген-ді. Баронның жаңағы сөзі сол бір бейтаныс күндесінің өктем озбырлығын есіне түсірді. Ол әлгі әйел екеуінің ортасында қиян-кескі күрес басталғалы тұрғанын сезді, жалғыз баласының ықыласын сонымен бөле-жарғанынан гөрі, одан біржолата айырылуға пейіл екенін ұқты.
Жаңағы қуанышы желге ұшты.
Оның сұраған он бес мың франкын жіберді; сосын бес айға дейін хабар-ошар болмады.
Көп ұзамай Жюльеннен қалған мұраны бөлісуге кепілдік алған адам келді. Жанна мен барон бір ауыз тілге келместен, барлық есепті оның қолына ұстата салды, тіпті ол ата дәулетті өле-өлгенше пайдалануға қақысы бар аналық құқтан да бас тартты. Поль Парижге оралысымен жүз жиырма мың франк мұраға ие болды.
Бұдан соң арасына алты айдан салып, тірлігін, перзенттік пейілін білдіріп, үш-төрт хат жолдады.
"Мен жұмыс істеп жүрмін, биржадан қызмет алдым. Сәті түссе, Теректіге барып, беттеріңнен сүйіп қайтпақшымын", — деп те қояды.
Ол өз ғашығы жайлы бір ауыз сөз жазбайды. Бұл үнсіздік анасын ол жайында жазылған хаттардан да көбірек қобалжытты. Осынау сап-салқын сабырлы сөйлемдердің ар жағында өзінің қас жауы, әлгі бір азғын әзәзіл әйелдің тағы да бір жымысқы қулығы, әзәзілдігі жатқанын Жанна бірден сезді.
Үш дәруіш Польді қайтсек құтқарамыз деп, қанша ақылдасса да, еш айласын таба алмады. Әлде Парижге барып қайтқандары жөн бе екен? Бірақ, одан не бітеді.
— Мейлі, әбден құмарынан шықсын, сосын өзі-ақ оралады, — дейді барон.
Олар өлмеші өмірлерін өткізе берді.
Жанна мен Лизон апай баронның көзін ала бере шіркеуге барып қайтады.
Ұзақ уақыт Польден хабар болмаған-ды. Бір күні таңертең оның өмірден әбден түңіліп жазған хатын оқып, үшеуі де есеңгіреп қалды. "Қадірлі мама, мен құрыдым. Егер өзін қол ұшыңды бермесең, онда маңдайдан тартып жіберетін бір оқ жалынсын. Көп олжа табам ба деген айла-шарғымның күл талқаны шықты, сексен мың франкқа борыштанып қалдым. Төлемесем, абыройым айрандай төгілгелі тұр. Әбден жұтап, болашақта істейтін барлық айла-амалымнан мақұрым қалмақпын. Мен құрыдым. Қайталап айтамын, бүйтіп масқара болғанша, бір жола атылып өлуге пейілмін. Бұған дейін еш хатымда жазбасам да, осындай қиын-қыстау күнде жалғыз медетім болған әйел жәрдемдеспегенде өзімді-өзім әлде-қашан мерт қылған да болар едім. Шын жүректен бетіңнен сүйемін; бұл менің ең соңғы рет сүйгенім болып қалуы да мүмкін, қадірлі ана. Қош. Поль".
Хатқа ол ұшыраған пәлені егжей-тегжейлі түсіндіретін бір бума іс қағазы тіркеліпті.
Барон бәрін де реттеуге тырысамыз деп поштамен хабар жіберді. Сосын өзі Гаврге барып, істің мән-жайын анықтап, Польге жіберетін қаражат үшін кепілге жер салды.
Жас жігіт шетінен шексіз алғысқа, елжіреген сезімге, жуық арада Теректіге келіп, беттерінен сүйіп кетем деген уәдеге толы үш хат жолдады.
Бірақ, өзі келмеді.
Арада тағы да бір жыл өтті.
Жанна мен барон ақырғы рет әрекет қылып, ақылына келтіріп Теректіге қайтарып әкелу үшін Парижге жүргелі жатқанда пошта табыс еткен кішкене хаттан оның тағы да Лондонға барып, Поль де Ламар және к "о" деген фирма, пароход компаниясын ашқалы жатқанын білді.
Ол: "Бұл тапқан бірден бір дұрыс амалым. Түбінде шылқыған бай боп кетуім де ғажап емес. Бұл жолда мен ештеңемді жоғалтпаймын. Неге пайдалы екені осыдан да түсінікті шығар. Келесі кездескенімізде мен қауымдағы ең мәртебелі адамдардың бірі болам. Біздің ғасырымызда тек осындай амал-айламен ғана аяғыңнан тік басып кете аласың" деп жазыпты.
Үш ай өтпей жатып, пароход компаниясы банкротқа ұшырап, директоры есепті дұрыс жүргізбегені үшін жауапқа тартылды. Жанна бірнеше сағат бойы жүйкесі шамырығып, талып қалды. Есін жиған соң төсегіне жатты.
Барон тағы да Гаврге аттанды, адвокаттармен, кепілді өкілдермен, сот орындаушыларымен ақылдасып, кеңестер алды. Компанияның шығыны екі жүз отыз бес мың франк екен; енді ең ақырғы дәулетін де кепілге салды. Теректідегі мекен-жай мен көрші екі фермаға ауыр салмақ түсетін болды.
Кепілді өкілдің кеңсесінде ең соңғы құжаттарға қол қойылып болған соң, кешқұрым барон оқыс паркетке етпетінен құлап түсті, миына қан құйылыпты. Жаннаға хабаршы жіберілді. Ол келгенше барон бұ дүниеден жүріп кетіпті.
Әбден есеңгіреген Жанна әкесін Теректіге әзер әкелді. Ол бұл жолғы қасіреттен соң өмірден түңілген күйікті адамнан гөрі сіреспе соққан кісіге көбірек ұқсап қалыпты.
Екі әйел қанша жалынып-жалбарынса да, аббат Тольбиак айтқанынан міз бақпай, баронның мүрдесін шіркеуге жолатпай қойды.
Кешқұрым барон ешқандай діни жол-жоралғысыз жерленді.
Поль бұл бақытсыздықты өз ұйымын таратқан адамдардың біреуінің аузынан естіді. Ол әлі Англияда жасырынып жүрген-ді. Ол хат жазып, хабарды тым кеш естіп, келе алмағанына кешірім сұрады. Ол хатын: "Сен құтқарған соң, қымбатты мама, мен Францияға оралып, өзіңді қайта құша аламын", — деп аяқтапты.
Жанна әбден дел-сал, ештеңені ұғып жатуға халы жоқ-ты.
Қыстың аяқ шенінде Лизон апай алпыстың сегізінен енді аса бергенде бронхитке ұшырап, онысы аз болғандай өкпесіне салқын тиіп:
— Жанна, бейшарам, мен құдайдан саған рақым қыл деп жалбарынам, — деп жатып, тып-тыныш көз жұмды.
Жанна оны зиратқа дейін шығарып салған-ды; табытты топырақ енді-енді жасырған кезде, енді қайтып ешқандай азап шекпейтін, ештеңе ойламайтын боп, мен де тезірек өлсем екен деген бір ғана тілек тілеп, дәрмені құрып, сылқ құлап бара жатыр еді, бір бойшаң шаруа әйел ұстай алды да, оны әлуетті қолына сап, кішкене бала ұқсатып, көтеріп әкетті.
Үйге оралғасын кейінгі бес түнді кәрі қыздың төсегінің қасында өткізіп, қалжырап қалған Жанна әлгі бейтаныс шаруа әйелдің әрі аялы, әрі өктем қолының ырқына бірден көніп, төсекке жатқызған бойында азап пен қайғыдан әбден сілесі қатып, шырт ұйқыға кетті.
Түн ортасында бір-ақ оянды. Каминде от жанып жатыр. Креслода бір әйел отыр. Бұл әйел кім болды екен? Жанна тани алмай, шыны стаканға құйылған майдың бетінде жүзіп жүрген шырағданың жылтыраған солғын жарығынан оның жүзін көрмекші боп, кереуеттің басына мойнын созып қарады.
Бір көрген адамы сияқты. Бірақ қашан, қайда көріп еді. Әйел жайбарақат ұйықтап кетіпті, басы иығына асыла құлапты, бас киімі еденде жатыр. Өңіне қарағанда жасы сол қырық, қырық бестер шамасында, бойлы-сойлы бетінің қаны тамған, қайратты шаруа әйелі. Екі қолы креслоның екі жақтауынан салбырап кетіпті. Жаны күйзеліп, шытырман түстер көріп, есін енді жиып, ойын енді билеп алған Жанна әйелге тесіле қарады.
Ие, мынау бір көрген адамы. Ертеректе көрді ме, жоқ осы жуырда ғана көрді ме, ол арасы есіне түспеді. Өзінің осыншама ұмытшақтығына әбден зығырданы қайнады. Ұйықтап жатқан әйелді қасына келіп көрмек боп, аяғының ұшынан басып жақындай берді. Жанағы көтеріп әкеп төсегіне жатқызған әйел. Еміс-еміс есіне түсе бастады.
Бұл оны бұрында бір жерде көрген жоқ па еді, осы? Бірақ, қашан, қайда көріп еді? Ол мұның жататын бөлмесіне қалай келіп жүр?
Әйел көзін ашты да, Жаннаны көріп, орнынан атып тұрды. Бетпе-бет тақау кеп қалғаны сонша, екеуінің көкірегі бір-біріне тым жақындап кетіпті.
Бейтаныс әйел:
— Тағы не боп қалды? Сіз неге тұрдыңыз? Ауырып тұрғаныңызды білесіз бе? Тезірек төсекке жатыңыз! — деп ақырды.
— Сіз кімсіз өзіңіз? — деп сұрады Жанна.
Бірақ, әйел оны көтеріп ап, қайтадан кереуетіне әкелді. Төсегіне жатқызып кеудесіне басын тақап, кенет кеңкілдеп жылап жіберді, сосын бетінен, шашынан, көзінен шөпітіп сүйе жөнелді.
— Бейшара бикешім, мадмуазель Жанна, мені танымай қалғаның ба?
— Розали, көгершінім! — деп айқайлап жіберді Жанна.
Білегін мойнына орап ап, бауырына тығылып, сүйе берді, тас құшақтасып ап, бірінің көз жасы, бірінікіне араласып, екеуі де жылады.
Алдымен Розали жұбанды.
— Ал, енді ақылды болыңыз, әйтпесе салқын тигізіп аласыз.
Ол төсекті түзеп, көрпесін қымтап, өткен-кеткен есіне түсіп көңілі босап өксігін баса алмай жүріп, бұрынғы ханымның басына жастық салды.
— Көгершінім, сен қалайша қайтып оралдың? — деп сұрады Жанна.
— Тәйірі-ай, сізді енді жападан-жалғыз қалай тастайын, — деді Розали.
— Шырақты жақшы, мен сені көргім кеп отыр, — деп өтінді Жанна.
Түнгі үстелге шырақ қойылған соң, екеуі бір-біріне телміре қарады.
Сосын Жанна бұрынғы қызметшісінің қолын алып:
— Мен сені танымай қаппын, көгершінім. Әрине, мендей емессің, бірақ сен де қатты өзгеріп кетіпсің, — деп сыбырлады.
Розали бір кезде өзі айырылысқанда жап-жас, құлпырып тұрған сұлу, ал қазір әбден қурап, қатып-семіп қалған ақ шашты әйелдің жүзінен көзін алмай:
— Рас, мадам Жанна, жасыңызға жетпей қартайып кетіпсіз. Ойлап отырсам, біз кездеспегелі де жиырма төрт жыл болыпты, — деді.
Олар тағы да ойға шомып, үнсіз қалысты.
— Сен бақытты бола алдың ба? — деп сыбырлады Жанна. Розали баяғы бір қолайсыз жағдайды есіне түсіріп алмайын деп сақтана сөйледі.
— Иә, ол жағынан өкпем жоқ. Сізге қарағанда бақыттырақ болғаным рас. Бірақ, баяғыда неге осында қала бермедім деп көп өкіндім.
Ол байқаусызда Жаннаның жанды жеріне тиіп кеттім бе деп, кілт тоқтай қалды.
— Не істерсің, көгершінім. Ойлаған нәрсең барлық уақытта бола бере ме! Сен де жесір қалғансың ғой, сірә? — деді Жанна әңгімені одан әрі жалғастырып.
Сосын даусы қалтырап, әзер үн қатты.
— Сен тағы да балалы болдың ба?
— Жоқ, ханым.
— Ал, ұлың қалай? Кім болды? Оған ризамысың?
— Иә, ханым. Ол жайсаң жігіт боп өсті. Шаруасына мығым. Үйленгеніне жарты жыл болды. Мен сізге қайтып келгім келген соң, ол ферманы өз қолына алып қалды.
Жанна толқып кетті.
— Енді сен мені тастап кетпейсің ғой, көгершінім? — деп сыбырлап сұрады.
— Әрине, ханым, бұл жөнінде әбден ойланғанмын, — деді Розали бір дөрекілеу үнмен.
Олар біраз уақыт үнсіз отырды. Жанна тағдырдың әділетсіз қатыгездігіне бір жола мойынсұнып, ешқандай күйінбей-күйзелмей екеуінің өмірлерін ойша салыстырып шықты.
— Күйеуің сені ренжіткен жоқ па? — деп сұрады.
— Жоқ. Ол бір жақсы шаруажай адам екен. Дәулет те жия білді. Құрт аурудан өлді.
Жанна түрегеліп отырды, кенет бәрін де біліп алғысы келіп кетті.
— Көгершінім, сен маған өміріңде не көріп, не қойғаныңды түгел айтып шықшы. Оны білу маған бүгін өте-мөте қажет.
ХІІ
Розали бір аптаның ішінде үйдің шаруасын, барлық қызметшілерді мықтап қолға алды. Тағдырға әбден көнбіс боп алған Жанна оған үн-түнсіз бағынып бақты. Өне бойынан әл кетіп, аяғын әзер алып, анасы марқұм құсап, қызметшісіне сүйеніп, сыртқа шығады. Қызметшісі оны науқастанған бөбектей мәпелеп, ақыл айтып, дөрекілеу болғанмен, ниеті дұрыс жылы сөзімен жігерлендіріп қояды.
Әңгімелейтіндері — ылғи баяғыда өтіп кеткендер. Жаннаның көзінен жас тоқтамайды, ал Розали шаруа әйелдері сияқты, ешқандай толқу, тебірену дегенді атымен білмейді. Ол түсімдегі кідірістер жайына әлденеше рет оралып соғып, шаруаға шорқақ Жаннадан ұлының қылықтарынан ұялып, бұған көрсетпей жүрген іс қағаздарын беруді талап етті.
Сосын Розали бір апта бойы таныс нотариустың жәрдемімен істің егжей-тегжейіне жету үшін күн сайын Феканға барып тұрды.
Бір күні кешқұрым ханымды төсегіне жатқызып, өзі қасына отырып, әңгімені төтесінен бастады:
— Міне, енді ханым, дұрыстап сөйлесейікші, — деді де істің мән-жайын түсіндіріп шықты. Есептеп-есептеп келгенде, бар болғаны жеті-сегіз мың франктей ғана табыс қалыпты.
— Оның несіне абыржисың, көгершінім? Бұл дүниеде енді ұзақ тұрмасымды өзім де сезіп жүрмін. Қалған ғұмырыма со да жетер, — деді Жанна.
Оған Розали қатты ашуланды.
— Бәлкім, ол қаржы сіздің ғұмырыңызға жетсе жетер, ал енді сонда Поль мырзаға ештеңе тастамайын деп пе едіңіз?
Жанна қалтырап қоя берді.
— Өтінемін, ендігәрі ол туралы ештеңе айтушы болма. Маған оны еске алу өте ауыр.
— Кешірерсіз, мен енді тек соны ғана айтатын боламын. Сіз өйтіп жүрексіз болмаңыз, мадам Жанна. Оның қазіргі істеп жүргендерінің бәрі есуастық екені рас, бірақ әлі-ақ ес тоқтатып, үйленеді, балалы болады. Оларды асырауға ақша керек етеді. Сондықтан ендігі әңгіме мынау: Теректіні сатыңыз.
Жанна орнынан атып тұрып, қайтадан төсегіне отыра кетті.
— Теректіні сат дейсің бе? Саған не көрінген сонша! Жоқ, жоқ, оны ешқашан да сатпаймын.
Бірақ, Розали міз бақпады.
— Ал, мен айтам, сіз оны сатасыз. Өйткені, оны сатпай болмайды!
Сосын өз есебін, жоспарларын, ойларын айта жөнелді.
Теректі мен оның іргесіндегі екі ферманы қуана-қуана сатып алатын кісі де тауып қойыпты. Оларды сатқасын бұлардың қолында Леонардағы төрт ферма қалады.
Олардың өзі борыштан құтылған соң, жылына сегіз мың үш жүз франк табыс түсіреді. Мың үш жүзін фермаларды жөндеуге, болашақ баспананың қамына жұмсағанның өзінде ар жағында жеті мың франк артылады екен, оның бес мыңы жыл сайынғы шығынға кетеді, қалған екі мыңы жаман айтпай жақсы жоқ деп, кейінге сақталады.
— Басқа жол жоқ, өткен дәурен енді қайтып келмейді. Ақшаның кілті менде болады, әйтпесе Поль мырзаға көк тиын да ауыспайды. Ол сізді жылан жалағандай жұтатып кетеді.
Манадан бері үн-түнсіз жылап отырған Жанна:
— Егер оның ішіп-жейтін ештеңесі болмаса қайтеміз? — деп сыбырлады.
— Егер ол ашығып бізге келсе, асыраймыз. Оған ішіп-жейтін тамақ, түнеп шығатын төсек қашанда табылады. Өзіңіз қалай ойлайсыз, оны әуелден тізгінін тежеп ұстағанда, осынша ақымақтықты істер ме еді?
— Ол қарызданып қалып, абыройы айрандай төгіле жаздады ғой.
— Егер сізде ештеңе болмаса, ол қарыздануын қоятын ба еді. Жарайды, сіз бір рет төлеген екенсіз, енді қайтып төлемейтін боласыз. Ол үшін сізге жауапты мен беретін болам. Ал, енді жақсы жатып, жай тұрыңыз, ханым.
Розали кетіп қалды.
Ал, Жанна бүкіл өмірін өткізген үйімен біржола қоштасатынын, кететінін, Теректіні сататынын ойлап, көз жұма алмай жатты да қойды.
Ертеңіне таңертең есіктен Розали көрінгенде:
— Қалай десең де, көгершінім, мен бұл жерден кете алмаймын, — деді.
Бірақ, қызметшісі бұған бұрқан-талқан болды.
— Басқа амалымыз қалмаса, қылар қайранымыз қайсы! Көп ұзамай нотариусты ертіп. Теректіні сатып алатын кісі келеді. Әйтпесе, ханым, төрт жылда тамтығыңыз да қалмайды.
Жанна тұнжырап:
— Бәрібір кете алмаймын, кете алмаймын, — дей берді.
Бір сағаттан соң пошташы оған Польдің тағы да он мың франк сұраған хатын әкеліп берді. Не істеу керегін біле алмай дал болды, ақыл сұрап Розалиге жүгірді. Ол қолын жайып:
— Кеше не деп ем, ханым, міне енді көрдіңіз ғой! Мен келмесем, екеуіңіздің әбден жұтап бітетін түріңіз бар екен, — деді.
Жанна амалсыз қызметшісінің айтқанын тыңдап, Польге хат жазды.
"Қымбатты ұлым, менен еш қайран жоқ. Сен мені әбден жұтатып біттің. Енді Теректіні сатуға тура кеп тұр. Бірақ, есіңде болсын: өзін аз азапқа салмаған кәрі анаңнан пана іздеп келсең, баспана. жылы орын әрқашан да табылады. Жанна".
Бұрынғы қант заводының қожасы Жофрен мырзаны ертіп, нотариус келгенде, ол өзі қарсы алып, үйдің ұңғыл-шұңғылына дейін түгел көріп шығуын өтінді.
Бір аптадан соң ол сатылған үйдің қағазына қол қойып, со бойда Годервильге тақау жерде үлкен Монтивильер жолының үстіндегі Батвиль селенінен шағын үй сатып алды.
Сосын ертеден қара кешке дейін жападан-жалғыз, "мамасының саяжолын" кезіп жүрді де қойды; көз ұшындағы көкжиекке, ағаштарға, жөкенің түбіндегі құрт кеміріп, мүжіліп қалған орындыққа жанынан жақын тұтып, анасына әбден сіңісті болып қалған нәрселердің бәріне де, тоғайға, өзі көп қыдырған, Жюльен өлетін күні граф ди Фурвильдің соңынан қарап тұрған қырқаның басындағы жолдың жиегіне, өзі талай сүйенген, бүгінде сынып бітуге айналған кәрі шегіршінге, көзіне оттай басылатын бақ ішіне жанарына жас толып, ақырғы рет қоштаса қарағанда көкірегі қарс айырылып, көңілі бұзылып жүре берді.
Розали келіп қолынан жетектеп үйге алып кетті. Есік алдында жасы жиырма бестердегі бойшаң шаруа жігіт күтіп тұр екен. Жаннамен ескі танысындай жылы ұшырап сәлемдесті.
— Саламатсыз ба, мадам Жанна, қалай тұрып жатырсыз? Анам келіп, көші-қон жайында сөйлесіп кет деп еді. Сіз маған бұл үйден нені алып кететініңізді көрсетсеңіз, мен егін басындағы шаруамды да тоқтатпай, іс арасында сіздің нәрселеріңізді де біртіндеп таси берер едім.
Бұл жігіт қызметшісінің баласы, Жюльеннің ұлы, Польдің ағасы болып шықты. Бір сәт жүрегі тоқтап қалғандай көрінді оған; сүйте тұра, мына жігіттің бетінен сүйгісі келіп кетті.
Ол оның жүзіне тесіле қарап, ұлына, күйеуіне ұқсастық іздей бастады. Ол, бірақ жүзі қанды, аққұба, көзі көгілдір, тұлға-бітімі, қайратты — анасынан аумай тартыпты. Бірақ, Жюльенді де еске салатын сияқты. Оған нендей ұқсастығы барын біле алмады, алайда бет әлпетінде оны елестететін бірдеңелер бар тәрізді.
— Сіз заттарды қазір көрсетіп қойсаңыз, тіптен жақсы болар еді, — деп қайталады жігіт.
Бірақ жаңа үйі тіптен кішкентай-ды, оған көп дүние сыймайтын болған соң, нені тастап, нені әкететінін әлі өзі де білмейтін-ді, сондықтан аптаның аяғына қарай қайта соғуын өтінді.
Сосын өзінің томсарған күйкі тірлігіне тағы да бір көңілсіз ермек табылып, көші қондымен әуре болды.
Бөлмеден бөлмеге кіріп, әрқайсысы бір оқиғаны ойына түсіретін, тіршілігіне, тіпті өзіне де әбден етене сіңісіп кеткен, жас шағынан бері қуанышына да, қайғысына да куә боп, өмірінің барлық белестерінде өзімен бірге болған дүние-мүліктен не алып кететінін іріктеуге кірісті. Енді, міне, сол шат-шадыман шағында да, қайғы мен қасірет көрген шағында да үнсіз жолдас болған бұйымдар шетінен жапқыштары шұрқ-шұрқ тесіліп, астарлары сөгіліп, жіптері айырылып, қаңсып, бояулары оңып, қасында қарап тұрып тозыпты.
Ол әр затты көрген сайын көңілі бұзылып, күйбеңдеп жүріп алды; бір аса маңызды мәселені қалай шешерін білмей дағдарып тұрғандай қайта-қайта абдырай береді; біресе екі креслоның қайсысын аларын білмей қиналады, біресе сирек кездесетін бюро мен ескі үстелдің қайсысын әкетерін білмей, басы қатады.
Ол бәрін де аударып-төңкеріп өткен-кеткен жайларды есіне түсіріп, ақыры "мен осыны алам" деп бекінген нәрселерін асханаға шығарды.
Ол өз бөлмесінің төсегін, қабырғаға ұстайтын әшекей қағазды, сағатты, түп-түгел қаз қалпында сақтағысы келді. Қонақжайдан бала күнінен сүйіп кеткен түлкі мен тырнаның, түлкі мен қарғаның, құмырсқа мен шегірткенің, қасіретті көк құтанның суреттері салынған креслоларды ғана алатын болды.
Сөйтіп, енді мәңгі-бақи тастап кететін туған үйінің бұрыш-бұрышын түк қалдырмай түгел тінтіп шығып, шатырға көтерілді.
Ондағы ыбырсып, үйіліп жатқан әр алуан заттарды көріп, аңырып тұрып қалды. Біреулері сынған, біреулері әншейін кірлеген, енді біреулері күнде-күнде көре-көре әбден жалықтырып, басқаларымен алмастырылған, әйтеуір бір кезде әрқайсысы әр қилы себептермен осында келіп қалған, - не керек, бұрын талай көріп, бір күндері кезінен бір-ақ ғайып болған, сосын есінен біржолата шыққан көз таныс көп дүние алдынан самсап шыға келді.
Оған жаңағы өзінің еті үйреніп кеткен жиһаздарындай осы бір қоқыр-соқыр да бір кезде есінен шығып, енді қайта ұшырасып отырған ескі достарындай көзіне шоқтай басылды. Жаннаға олар қанша көрсе де көзіңе ілікпей жүріп-жүріп, бір күндері әлдеқандай сәл нәрсенің үстінде ешкім күтпеген бір керемет сырын жарқыратып жайып салғанда барып, бір-ақ еленетін елеусіз кісілер сияқты боп көрінді.
Жанна оларды бірінен соң бірін ұстап көріп: "Е, мынау тойдың алдында сындырып алған қытайы шыны аяқ қой! Ал, мынау мамамның фонары, әнебіреу папам жаңбырда су тиіп, ісініп кеткен терезенің жақтауын ашам деп сындырып алатын қолшатыры", — деп. қайсысының мұнда қалай келгенін есіне алды.
Шатырда, шамасы, арғы бабаларының ұстаған дүниелері болса керек, бұрын-соңды бұның атымен көзіне түспеген, өздерін ұнатып сатып алған, талай-талай көз ала алмай қызықтап қараған иелерінен әлдеқашан айырылып, қадір-қасиеті де естен шығып, адыра қалған, заманы өтіп, тозаң басқан заттар да көп-ақ екен.
Жанна оларды да ұстап көріп, бес елі боп жайлап қалған шаң-тозаңға қолының ізін тастап келеді; шатырдың шағын шаршы терезесінен түсетін күңгірт жарықта ескі-құсқыларды көріп көп жүрді.
Ол қираған орындыққа бір түрлі таныс сияқты боп көрінген сынық табаға тұтынудан қалған тағы сондай ұсақ-түйектердің әрқайсысына ерінбей-жалықпай шұқшия қарайды.
Өзімен бірге әкететін заттарды іріктеп бір бөлек қойды да, бөлмесіне қайтып оралғасын, соларды алып кел деп Розалиды жоғарыға жұмсады. Қызметші әйел сондай түкке қажеті жоқ қоқыр-соқырды машақаттанып несіне алып жүреміз деп бас тартып көріп еді, әншейінде не айтса да бас изей беретін Жанна бұл жолы қасарысып отырып алды, амалсыз көнуге тура келді.
Бір күні таңертең Жюльеннің ұлы, жас фермер Дени Лекок алғашқы сапарға шықпақ боп арбасын әкелді. Жүкті түсіріп, жиһазды жайғастыруға көмектесейін деп, Розали да ере кетті.
Жалғыз қалған Жанна қайтадан қайғыға батып, үй ішінде ерсілі-қарсылы сенделумен болды. Өзімен бірге алып кете алмайтын нәрселерді - қонақжайға ұсталған әшекей қағаздағы ақ құстарды, ескі үлкен шамдалды, көзіне көрінгеннің бәрін ет-бауыры елжіреп, шөп-шөп сүйіп шықты. Көзінің жасы кеппей, не болып, не қойғанын білмей, бөлмеден бөлмеге жүгіріп, біраз жүрген боп, сыртқа шығып, қоштаспақ үшін теңізге беттеді.
Қыркүйектің аяқ кезі еді. Ап-аласа сұрғылт аспан теңіз төбесіне төніп алыпты; тұнжыраңқы сарғыш толқындар теңіз жазирасына сіңіп жоғалып жатыр. Ол жарқабақтың басына шығып, қай-қайдағы ойларға шомып, ұзақ тұрды. Ымырт түсе үйге оралды. Жанна ол күні басына не бір зіл батпан бақытсыздық түскен күндерінің қай-қайсысынан да кем қамыққан жоқ еді.
Розали қайтып келіп, күтіп отыр екен. Жаңа үйді аузының суы құрып мақтай береді, ол үй маңайына жол екеш жол да соқпайтын осы бір ескі моладан әлдеқайда жақсы деп өзеурейді.
Жанна кеш бойы жылады да отырды.
Мекен-жайдың сатылғанын естігелі фермерлер оған әншейін құр мезірет қып, ізет көрсеткен боп, бір-бір кіріп шыққан-ды. Олар бұны ылғи қабағы салбырап жүретін сезімталдығынан ба, әлде жоқ нәрсеге алас ұра беретін арманшылдығынан ба, жоқ әбден бақытсыздықты көре-көре запы боп, жоқтан өзгеге қобалжи беретін уайымшылдығынан ба, әйтеуір, неге екенін өздері де түсінбей сыртынан "делқұлы" деп атайтын-ды.
Көшер қарсаңда ол кездейсоқ ат қораға бас сұғып еді, қыңсылаған дауыс естіп, тұла бойы түршігіп кетті. Ол соңғы аптада тарс есінен шығып кеткен "Қасап" төбет боп шықты. Көзі байланып, мерезге жем болған кәрі төбет әбден алжып, қалған ғұмырын сабанның үстінде өткізіп жатқан-ды. Людвина оны әлі мәпелейтін. Жанна бейшара төбетті көтеріп ап сүйіп, үйге әкелді. Төбет күбідей боп ісіп, икемге келмей аяқтарын зорға қозғайды, даусы да ойыншық ағаш иттің үргені сияқты боп қалыпты.
Сөйтіп жүргенде, үйімен біржола қоштасатын күн де жетті. Өз бөлмесінің барлық жиһазы алынып кеткен соң, Жанна Жюльеннің бөлмесіне түнеп шықты.
Ол ұйқыдан ұзақ сапардан оралған кісіше әбден титықтап, шаршап оянды. Ендігі қалған жиһаздың бәрі тиелген арба әлдеқашан әзір боп, қорада тұрған-ды. Қожайын әйел мен қызметшісіне екі доңғалақты бөлек арба жегілген-ді.
Симон атай мен Людвина жаңа қожайын келгенше осында қалады, сосын туыстарына кетеді, Жанна екеуіне арнап енші тастады. Оның үстіне өздерінің де азын-аулақ қора-қоралары бар еді. Олар бүгінде әбден ештеңеге жарамастай боп, можап қалған-ды. Ал, Мариус үйленіп, бұл үйді баяғыда-ақ тастап кеткен-ді.
Сағат сегізге таман теңіз жақтан самал жел қуып әкелген сұп-суық жаңбыр төге жөнелді. Жүкті жабумен бүркеуге тура келді. Ағаштардың жапырақтары ұшып түсіп жатыр.
Ас үйдегі үстелде буы бұрқырап, кофе құйған шыны аяқтар самсап тұр. Жанна өз шыны аяғын алып, кофесін сораптап ішіп болды да, орнынан тұрып:
— Ал, енді жөнелейік, — деді.
Ол қалпағын, шәлісін алды, Розали аяғына кебісін кигізіп, жатқанда:
— Есіңде ме, қымбаттым, баяғыда біз Руаннан осылай қарай шыққанда жауын қалай құйып еді, — деді.
Сол-ақ екен, жүрегінің талмасы ұстап, қолын көкірегіне апара бергенде, ес-түссіз құлап түсті.
Бір сағаттай серейіп жатып, көзін ашты; сонда да көзінің жасы ағыл-тегіл бұршақтап, ышқынып, аяқ-қолын жинай алмай қойды.
Біраз тыныққан соң да тұрғысы кеп, ұмтылып көріп еді, әбден қалжырап қалғаны сонша, орнынан тұра алмады. Розали аттануды кейінге қалдырғанмен ол тағы да талмасы ұстап қалар деп қорқып, ұлын шақырып ап, екеулеп арбасына апарып, кленка жабылған орындыққа отырғызды. Кәрі қызметшісі Жаннаның қасына жайғасып, аяқ-қолын қымтап, иығына жылы шапан жауып, төбесіне қолшатыр тікті де:
— Ал, қозғал енді, Дени! — деп айқайлады.
Жас жігіт анасының қасына кеп, орын тар болған соң бір қырын отырып, делбені қолына алды. Аттар екі әйелді әрлі-берлі бұлғаңдатып, бір жайсыз жортаққа көшті.
Арба бұрыштан айналып, деревняның сыртына шыққанда, ерсілі-қарсылы сенделіп жүрген бір адам көрінді. Ол - аббат Тольбиак еді, сыңайы бұлардың жолын тосып жүрсе керек.
Ол арбаны өткізіп жібермек боп, жолдың бір жиегіне кідіріп қалды. Шалшық шашырамасын деп, сутана ішігінің өңірін екі қолымен қымтап ұстап алыпты, етегінің астынан балшық-балшық башмақ пен қара шұлық киген сидиған арық сирағы көрінеді.
Жанна оның жүзіне қарамау үшін көзін төмен салды; ал оның бар қиянатын естіген Розали қалш-қалш етіп, қанына қарайып: "Бұл нағыз арамзаның өзі!" — деп, баласының білегінен ұстай алды.
— Мынаны қамшымен бір жосытып өтші, — деп бұйырды.
Бірақ, жас жігіт священниктің тұсына келе бергенде, аттарды барынша арындата айдап, жол жиегіндегі орға қойды да кетті, тәңірімнің киелі қызметшісінің өне бойын лай шалшық жуып өтті.
Ол етектей орамалын алып, бетін сүрткенше, Розали жалт бұрылып, жұдырығын түйіп қорқытты.
Олар шамасы бес минуттей ұзап шыға бергенде, Жанна кенет айқайлап жіберді.
— Біз "Қасапты" ұмытып кетіппіз ғой!
Дени арбаны тоқтатып, итке жүгіріп кетті. Розали ол келгенше делбені өзі ұстады.
Жас жігіт қайтып оралып, жүні жидіп, сықпытынан айырылған итті әкеп, әйелдердің аяғының астына тастай салды.
ХІІІ
Екі сағат жүрген соң арба дәл жолдың жиегінде өңшең бұтақтарын тегістеп қырқып тастаған алмұрт ағаштары өскен жеміс бауының ортасындағы кірпіш үйдің алдына кеп тоқтады.
Ырғай мен шырмауық көміп кеткен тор-тор төрт бастырма жүйек-жүйекке бөлініп, ара-арасында екі жағын жеміс ағаштары көмкерген тар соқпақтары бар аядай бақтың төрт бұрышына қойылыпты.
Усадьбаны жан-жағынан биік-биік ағаштар қоршапты. Көрші фермадан егістік дала бөліп тұрады екен. Қарсы алдында жүз метрдей жерде, жолдың дәл үстінде ұста дүкен бар. Бұл төңіректе бір шақырымнан бергі жерде одан басқа мекен жай жоқ.
Үйді терезесінен жан-жағын екі қатар боп жеміс ағаштары қоршаған фермалар шашырап жатқан кең жазира алқап түгел көрінеді.
Жанна келе сала жатқысы келіп еді, Розали ол тағы да қайдағы-жайдағыны ойлап қамығып қала ма деп, жатқызбай қойды.
Годервильден ағаш ұстасы шақырылды; ол келесі арба келгенше, әкелінген жиһаздарды орналастыруға кірісті. Ол да оп-оңай жұмыс емес-ті, бәрін алдын-ала ойлап, өлшеп-пішіп алуды қажет етеді. Бір сағаттан соң Теректіден ең соңғы арба келіп жетті, оны жауын астында түсіруге тура келді.
Күн кешкірді, үй іші абыр-сабыр. Заттар қалай болса солай үйіліп жатыр. Жанна әбден діңкесі құрып, жастыққа басы тиісімен көзі ұйқыға кетті.
Бірнеше күн бойы оның ештеңені ойлап жатуға мұршасы болмады, үйдің шаруасынан қолы тимеді. Ол тіпті Поль келіп қала ма деп ойлап, жаңа баспанасын жайғастыруға қызыға кірісті. Бұрынғы өзі жататын бөлменің әшекей қағазы енді әрі қонақжай ретінде де пайдаланылатын асханаға ұсталды. Ол әсіресе екінші қабаттағы өзі "Пуленің бөлмесі" деп ұлына еншілеген бөлмесінің әшекей-жиһазына бар ынтасын салды.
Екінші қабаттағы екінші бөлмеге өзі орналасты, ал Розали шатырдағы жоғарғы бөлмеге жайғасты. Жып-жинақы шағын үй Жаннаға бастапқы кезде өте ұнады. Дегенмен, бірдеңесі жетіспейтін сияқты. Оның не екенін өзі де білмейді.
Бір күні таңертең Фекан нотариусының өкілі келіп, Теректіде қалған жиһаздарының мебелші кеп бағалаған құны үш мың алты жүз франкты әкеліп берді. Ол ақшаны алып жатқанда қуанғанынан қолы қалтырап кетті. Өкіл үйден шығар-шықпаста жалма-жан қалпағын киіп, мынау кездейсоқ олжаны Польге жіберуге Годервильге жөнелді.
Бірақ. асығып-аптығып Годервильге бара жатқанда, базарда қайтып келе жатқан Розали қарсы жолықты. Қызметші әйел мұнысына түсінбесе де бірдеңеден күмән алып қалды. Ештеңені жасырып, жалтара алмайтын Жаннадан бар шындықты біліп, біраз ұрсып алмақ үшін, қолындағы себеткесін жерге қойды.
Екі бүйірін таянып, жұдырығын түйіп, әрі-бері бажылдап алды да, бір қолына кәрзеңкені ұстап, екінші қолымен Жаннаны жетектеп, бұрқ-сарқ ашуланған күйі үйге қарай аяндады.
Табалдырықтан аттамай жатып, Розали ақшаны сұрады. Жанна шетінен алты жүз франкты жырып қап, Розалиге берді. Алайда, қызметшісі аса сақ еді, қожасының ұрлығы бірден ашылып қалып ақшаны түгел беруге тура келді.
Бірақ Розали әлгі алты жүз франкты Польге жіберуге келісті.
Бірнеше күннен кейін Польден: "Біз әбден шиіміз шығып отыр едік, сен үлкен жақсылық жасадың, қымбатты мама", — деп алғыс айтқан хат келді.
Жанна әлі де болса Батвильге үйренісіп кете алмай жүр, бұрынғыдай емес, жапан далада жалғыз қалғандай болады да тұрады. Серуенге шыққанда Вернейль селеніне дейін барып, Труа-Мардың үстімен кейін қайтады. Бірақ, келе сала, барам деген жеріне бармай, басқа бір жаққа барып келген кісіше, тағы да бір жаққа жүргісі кеп елегізеді.
Күн сайынғы әдеті сол. Ол бұл елегізудің мәніне өзі де түсіне алмай әбден басы қатты. Бірақ, бірде кешқұрым бұл жұмбақтың шешуі аңдаусызда өз аузынан шығып кетті. Ол дастарқан басына отырып жатып:
— Eh, шіркін, теңізді көрер ме еді, — деп қалды.
Оған жетпей тұрған нәрсе жиырма бес жыл бойғы ұлы көршісі — теңіз, оның тұзды ауасы, бұрқыраған ашуы, өктем желі, күркіреген даусы болып шықты. Ол сөйтсе, Теректіде тұрғанда күнде таңертең ұйқыдан ояна сала терезеден көріп, күні-түні ауасын жұтып, әрдайым қасында боп, тірі адамдай бауыр басып кеткен теңізді жоқтайды екен.
Ит екеш ит "Қасап" та өзінен-өзі әлденеге елегізіп үрейлене береді. Алғашқы күннен бастап ас үй шкапының астыңғы бөлегіне жайғасып алды. Енді одан қусаң да шықпайды, күні бойы тырп етпей жата береді, анда-санда бір аударылып түсіп, ырылдап қояды. Қалай күн кешкіруі мұң екен, қарғып түсіп, қабырғаға алма-кезек соқтығып, сылтып басып, баққа қарай шығып бара жатады. Содан әбден құмарынан шыққанша қыдырып қайтады да, әлі суи қоймаған ыстық пештің алдына кеп шоқиып отырады, екі иесі бөлмелеріне кеткен соң қыңсылап ұли бастайды.
Ол бүкіл түн бойы зарлана ұлып шығады, анда-санда бір сағаттай кідіріп алып, тағы да көкірегі қарс айырылып, зарлай жөнеледі. Оны үйдің алдындағы күбіге апарып қамап еді, енді терезенің түбінен ұлитын болды. Құр сүлдесін сүйретіп, әзір тірі жүргесін аяушылық жасалып, қайтадан ас үйге әкелінді.
Жанна ұйқыдан біржолата айырылды. Ол кәрі төбеттің бұрынғы мекенінен айырылғанын біліп, жат баспананы өгейсіп қыңсылағанын түні бойы естіп жатады.
0ны тыншыту тіптен мүмкін болмады. Тірі мақұлықтың бәрі абыр-сабыр боп жатқанда, өзінің қозғала алмайтынын біліп, сеніп қалған жанарын ашпай қалғиды да жатады, ал енді ымырт түсіп, төңірегіне түнек орнай бастасымен жаны қыдырып, тыншу таба алмайды.
Бірақ, бір күні таңертең жұрт төбеттің өліп жатқанының үстінен шықты. Бұл көңілге үлкен жеңілдік болды. Қыс та таяп қалды. Жаннаны бір айықпас мұң басты.
Жаныңды тызылдатқан шер-шемен емес, бойыңды дел-сал қып, еңсеңді езіп бара жатқан бұйығы мұң.
Оны сейілте алар ештеңе жоқ. Жаннаны есіне алып есіркейтін адам да қалмапты. Оның жаңа үйінің қақ алдында ақсиып үлкен жол жатыр. Бірақ оның бойы да құлазып бос жатады. Ара-тұра күнге тотыққан ат айдаушы қыздың көк көйлегін желпілдетіп, желе-жортып қос доңғалақты арба өтеді. Енді бірде жүк артқан арбалар ырғалып-жырғалып, ілбіп басып бара жатады. Тағы бірде көкжиектен қылт-қылт көрініп ерлі-зайыпты шаруалар келе жатады; олардың көз ұшынан еміс-еміс көрінген тұлғалары бірте-бірте зорайып, үй тұсынан өте бере қайта кішірейіп, біресе белеске көтеріліп, біресе еңіске құлап бұралаңдап отыратын, көз жетпес қиырға созылып жатқан аппақ жолақтың ең шетіне барғанда құмырсқадай боп біржола құлдырап, құрдым көрінеді.
Көк шөп қайтадан қаулай бастады. Күн сайын таңертең шарбақтың қасынан шолақ юбкалы кішкене қыз ертеден қара кешке дейін жол бойындағы жыраларды қуалап жайылатын екі арық сиырын айдап өтеді. Кешке салып ол ұйықтап келе жатқандай сиырларының артында әзер ілбіп бара жатады.
Жанна күн сайын түс көреді, түсінде ылғи әкесімен, анасымен, тіпті Лизон апайымен бірге Теректіге әлдеқашан естен шыққан бір шаруалармен айналысып, мадам Аделаиданы өз саяжолында қыдыртып жүреді. Күн сайын ұйқыдан жылап оянады.
Ол Польдің жайын да көп ойлайды. "Не істеп жүр екен? Қайда болды екен? Анда-санда болса да мені есіне ала ма екен?" деген сияқты сауалдардан шақшадай басы шарадай болады. Фермалардың арасындағы тапталып қалған көне сүрлеулерді қуалап қыдырып келе жатып, әлгі сауалдарды шетінен бір-бір ойлап шығады, әсіресе, ұлын иемденіп кеткен бейтаныс әйел есіне түскенде, қызғаныштан жарылып кете жаздайды. Ұлының соңынан іздеп барып, бірге тұрайын десе әлгі бір әзәзіл өшпенділік аяғын тұсай береді. Оған ұлының көңілдес әйелі есік алдынан қарсы алып: "Сізге не керек еді, ханым?" деп сұрайтындай боп көрінеді де тұрады. Шынында, осылай қарсы алуы әбден мүмкін ғой деп, ана намысы бұрынғысынан бетер ширыға түседі. Өмірінде бір рет жаңсақ баспай, арын таза ұстап келген адал әйелдің паңдығына басып, жүректі де арамдап кететін лас, нас кәсіптің құлы еркектің азғындығына аза бойы қаза болып, ызаланады. Ол құмарлықтың найсап құпияларын, батпаққа батыратын арамза аймаласуларды, өзі тек ойша ғана білетін адамдар арасындағы талай байланысқа дәнекер боп жүрген ашкөздікті ойлағанда күллі адамзаттан жиреніп шыға келеді.
Тағы да бір көктем мен бір жаз өтті. Күні-түні жаңбыры сорғалап, бауырымен жер сызған аласа бұлттар айналаны қымтап, тағы да күз келгенін көргенде, ол бұл өмірден әбден түңіліп, Пулені кері қайырып алуға соңғы рет әрекет қылмаққа көңілі ауды.
Ұлы ендігі құмарынан шыққан шығар деп ойлап, көз жасын көлдетіп отырып, хат жазды:
"Қымбатты перзентім, өзіңе келе гөр деп жалбарынам. Менің қартайғанымды, науқастығымды, қысы-жазы қасымда қызметшіден басқа ешкім жоқ жалғыздығымды ескер. Мен қазір жолдың бойында бір кіп-кішкене үйде тұрам. Бұл онша кісі қуанатын жағдай емес. Бірақ, сен қайта оралсаң, бұл өмір атымен басқаша болар еді. Менің жарық жалғанда сенен басқа ешкімім де жоқ, ал екеуміздің кездеспегенімізге аттай жеті жыл болыпты. Сен менің қаншалықты қартайғанымды, сен үшін қандай қасірет шеккенімді көзіңе де елестете алмайсың. Менің ендігі ғұмырымда арманым да, жұбанышым да, сүйенішім де жалғыз сен ғана едің. Сен де алыстасың. Сен де безіп кеттің.
Менің кішкене Пулем, тезірек қайта оралсайшы, қасірет шегіп, қалжырап, бір өзіңе қолын жайған кәрі анаңды қайта аймаласайшы.
Жанна.
Арада бірнеше күн өткен соң, ұлының жауап хаты келді.
"Қадірлі мама, сенімен көрісуді мен де өзіме шексіз бақыт санаймын, бірақ, қалтамда көк тиыным жоқ. Маған жолға азғана ақша жіберсең, барайын. Саған барып, сенің тілегіңді орындауға себепші болатын бір мақсатым туралы ақылдасып қайтуды өзім де ойлап жүр едім.
Мен бастан кешірген қиын күндерде қасымда болған әйелдің маған деген ықыласы мен жан қияр қимастығында шек жоқ. Оның адал махаббаты мен шексіз берілгендігін ашық мойындап, паш етпеске бұдан әрі менің де қақым жоқ. Ол әзі аса қылықты адам, көрсең, бірден ұнататыныңа мен кепіл Оның үстіне өте білімді, көп оқиды. Ал бәрінен бұрын маған қандай қызмет көрсететінін сен тіпті білмейсің. Сонысы үшін қарыздар екенімді ұқпасам, онда менің жексұрын біреу болғаным да. Сөйтіп, сенің онымен некелесуіме рұқсат етуіңді сұраймын Әуелі сен менің қателіктерімді кешірсең, сосын үшеуіміз сенің жаңа үйіңде бірге тұратын боламыз.
Егер сен оның қандай жақсы адам екенін білген болсаң келісіміңді бірден бере салар едің. Мен оның инабат пен дұрыс тағлымның шын өнегесі екеніне ант-су іше алам. Оны сенің де сүйіп кететініңе сенімім кәміл Ал, енді маған келетін болсақ, мен онсыз өмір сүре алмаймын.
Жауабыңды асыға күтемін, әзірге екеуміз де бетіңнен құшып-құшып сүйеміз.
Ұлың виконт Поль де Лемар.
Жанна біржола күйреп қалды. Ол хатты оқыған соң, тырп етпей мелшиіп отыра берді. Оған әлгі бейбақтың бар ойы енді аян болды. Ол бұның ұлының аяқ-қолын матап ұстап, кәрі анасының әбден шыдамы таусылып, өз перзентін көріп, бетінен сүйсе, бәріне де пейіл боп жұмсаратын, бәріне де көне салатын кезін күтіп, қасынан шығармай қойыпты.
Польдің сондай найсапқа осыншама өліп талғанына ыза болып, көкірегі қарс айырылды. Ол:
— Ұлым мені сүймейді екен, — дей берді.
Розали кіріп еді:
— Ол әлгі біреуге үйленбекші, — деді Жанна. Қызметші әйел ыршып түсті.
— Ханым, ризашылығыңызды бере көрмеңіз. Поль мырзаның басқа кісі таппағандай, сондай жүзі қараға үйленем дегені неткен сұмдық еді!
Әбден сілесі құрып, шаршаса да ызаға булығып отырған Жанна:
— Көгершінім, саспа, мен бұған жол бермеймін. Өзі келмейді екен, өзім іздеп барам, кімнің айтқаны болатынын сонда көрерміз, — деді.
Ол дереу Польге хат жазып, барайын деп жатқанын, онымен әлгі найсаптың үйінен басқа бір жерде жолығысқысы келетінін хабарлады.
Жауапты күте жүріп, жолға әзірлене берді. Розали ханымның киімдерін салып жатып, оның көнетоз жаз көйлегін көріп:
— Сіздің иыққа ілетін де ештеңеңіз қалмапты ғой! Мына күйіңізде жібере алмаймын! Кісі көрер түріңіз жоқ, Париж әйелдері сізді қызметші күн екен деп қалар, — деп айқайлап жіберді.
Жанна ол сөзіне амалсыз мойынсұнды, екеуі Годервильге барып тор көз жасыл мата алып, жергілікті тігінші әйелге берді. Сосын жыл сайын екі аптаға Парижге барып тұратын нотариус, мэр Руссельге жолығып, ақыл-кеңес алды. Жаннаның Парижге бармағанына жиырма сегіз жыл болған-ды.
Нотариус күймені қалай жалдау, ұрылардан қалай сақтану керектігін тәптіштеп түсіндіріп, ақшаны көйлегінің ішіне тігіп алып, қалтаға тек күнделікті ұсақ-түйекке жұмсайтын азын-аулақ тиын-тебен қалдыруға кеңес берді. Ол бағасы арзандау ресторандардан әйелдер баратындай екі-үшеуін ғана атады; сосын әрдайым өзі түсетін вокзалдың қасындағы "Нормандия" мейманханасына түскенін мақұл көрді. Онда барған соң өзі жібергенін айтуды ескертті.
Париж бен Гаврдың арасына темір жол салынғанына алты жыл болған-ды, ол жайында ел аузында алып ұшпа әңгіме көп-ті. Бірақ, қасіреттен есі танып, дүниеден қол үзіп қалған Жанна бүкіл осы өңір аузынан суы ағып әңгімелейтін локомотивті әлі көрмеген-ді.
Польден жауап келмеді.
Ол бір апта күтті, екі апта күтті, күн сайын жолға барып, пошташының алдынан шығып, дірдектеп тұрып:
— Маған ештеңе жоқ па, Маландэн атай? — деп сұрады.
Пошташы аумалы-төкпелі ауа райынан қырылдап, қарлығып қалған даусымен:
— Әзірге ештеңе жоқ, ханым, — дейді.
Әрине, әлгі әзәзіл әйел Польге хат жазғызбай қойды.
Енді Жанна жауапқа қарамай-ақ аттанатын болды. Розалиді ерте кеткісі келіп еді, жол қаражатқа ақша көп кетеді деп, қызметші әйел көнбей қойды.
Онысымен қоймай, ханымына үш жүз франктан артық ақша бермеді.
— Егер тарығып қалсаңыз, хат жазыңыз, нотариуске жолығып, ақша салармын. Әйтпесе, Поль мырза бәрін өзі алып алады, — дейді.
Розали оны темір жолға дейін шығарып салатын болды. Бір күні желтоқсанның таңында екеуі Дени Лекоктің екі аяқты арбасына отырып, стансаға аттанды.
Әуелі олар билеттің құнын сұрап білді, сосын шаруаларының бәрі реттелген соң, жүктерін багажға тапсырып, мұндай нәрсенің қалай жүріп, қалай қозғалатынын көрмекші боп, темір жолға үңілісті; оған естері кетіп, қайран қап тұрғанда не үшін жолға шығып келе жатқандарын да ұмытып кетті.
Бір уақытта алыстан гудок естілді. Олар жалт бұрылып қарап еді, жақындаған сайын зорая түскен қап-қара мәшинені көрді. Әлгі керемет құлағыңды бітіре дүрс-дүрс етіп, әлдеқандай бір тізбек доңғалақты үйлерді сүйретіп, дәл жандарынан өте шықты.
Кондуктор есік ашты. Жанна көзінен жасы бұршақтап Розалидің бетінен сүйді, сосын пойызға отырып, бір тордан басын қылтитты.
Розали көңілі бұзылып, айқай салды:
— Ал ханым, жолыңыз болсын, тезірек көрісейік...
— Қош тұр, көгершінім.
Гудок қайта ақырды, үйшіктердің астындағы доңғалақтар әуелі жайлап қозғалып еді, бірте-бірте жеделдеп, ақыр аяғында көз ілестірмей кетті.
Жанна мінген купеде екі бұрышта екі мырза қалғып отыр.
Ол бұлдырап қалып бара жатқан далаға, ағаштарға, фермаларға, мекен жайларға қарап, дәл мынандай ұшқыр жылдамдыққа айран-асыр боп тұр. Ол оны бейжай жым-жырт жастық шағына, бір өңкей әбе қоңыр тіршілігіне атымен ұқсамайтын бір соны өмірге бастап бара жатқандай.
Пойыз Парижге келгенде әлдеқашан ымырт үйіріліп кеткен-ді. Жаннаның багажын жүк тасушы алды. Ығы-жығы халық. Мынандай қалың дүрмектің ішінде жүруге үйренбеген ол жүк тасушыдан көз жазып қалмайын деп, жүгірді де отырды.
Мейманхананың кеңсесіне кірмей жатып:
— Мені сізге Руссель мырза жіберді, — деп мәлімдеді.
Мейманхананың иесі сазарған, етжеңді әйел:
— Руссел мырза дегеніңіз кім? — деп сұрады.
— Годервильдің нотариусы. Ол жыл сайын осында тоқтайтын көрінеді, — деді Жанна сасқалақтап.
— Әбден мүмкін. Бірақ мен ондай кісіні білмеймін, — деді әлгі семіз әйел. — Сізге бөлме керек пе?
— Иә, ханым.
Қызметші оның жүгін алып, алдына түсіп, сатымен жоғары көтерілді. Оның жүрегі суырып қоя берді. Кішкене үстелдің қасына отыра қап, бір аяқ сорпа мен бір кесек тауық етін әкелуді өтінді. Таңнан бері нәр сызған жоқ-ты.
Жалғыз шырағданның жарығында әр түрлі ойға шомып, баяғыда үйлену саяхатынан қайтып келе жатып соққанда бұл қаланың қандай екенін, Жюльеннің алғаш рет осы Парижде жүргенде мінез шығара бастағанын есіне алып, көңілсіз тамақтанды. Бірақ, ол кезде бұл жап-жас, сергек, шат-шадыман еді. Ал қазір әбден қартайып, икемсіз тартыпты, кез келген ұсақ-түйекке абдырап сала беретін қорқақ болып алыпты. Тамақтанып болғасын, терезенің алдына келіп, ерсілі-қарсылы кісі шұбырып жатқан көшеге қарады. Мейманханадан сыртқа шыққысы келіп еді, адасып кетермін деп қорықты. Төсегіне жатып, шырақты сөндірді.
Бірақ, бөтен қаланың ың-шыңы, жолдағы құлағына сіңіп қалған тарс-тұрс дыбыс оны ұйықтатпады. Сағаттар жылжып өтіп жатыр. Көшенің шуы тыйыла бастады. Ол да бірте-бірте серги түсті. Үлкен қаланың ұйқылы-ояу түнінде көзіне ұйқы оралар түрі жоқ. Ол жан-жануарды, өсімдікті, адамдарды, күллі маңайды, түгел маужыратқан даланың мүлгіген жым-жырт түніне үйренген-ді. Ал қазір, маңайы ыбыр-жыбыр қозғалыс, тарсыл-тұрсыл үнге толып кеткен сияқты. Қайдағы-жайдағы еміс-еміс дыбыстардың бәрі соның құлағына келеді. Біресе еден сықырлайды, біресе есік тарс ете қалады, бір кезде қоңырау шылдырайды.
Түнгі екінің тұсында енді көзін жұма бергенде, көрші бөлмеден әйел даусы қаңқ ете қалды. Жанна атып тұрып, түрегеліп отырды. Енді бір еркек адамның күлкісі естілді.
Осы арада ойына Поль түсті. Бөлменің іші ала-көбең бола бастасымен, орнынан тұрып киінді. Олар Ситэдағы Соваж көшесінде тұратын-ды. Розалидың ақшаңды үнемдеп жұмса дегенін есіне алып, жаяу тартты. Күн шайдай ашық. Аяз екі бетіңді тызылдатып барады. Әлдеқандай шаруаларына асыққан адамдар тротуардың бойымен ентелей басады. Ол жаңа жұрт ең шетіне барған соң әуелі оңға, сосын солға бұрыл деп сілтеп берген көшемен жүрегі алып-ұшып, асыға аяңдап келеді.
Алаңға жеткен соң, әрмен қарай қалай жүретінін тағы да сұрап алуы қажет. Ол алаңды таба алмай, нан сатушыдан сұрап еді, атымен басқа жаққа сілтепті. Жанна соның айтқанын тыңдаймын деп, бағытынан айырылып қалды, тағы да талай жұртқа жол сілтетіп, бас қатырар шытырманға түсті, ақыры әбден адасты.
Тіпті күдерін үзіп, беті ауған жаққа жүре бермей, фиакрды тоқтатпақшы болып еді, Сенаны көрді. Сосын жағалау көшені бойлап тарта берді.
Шамасы бір сағаттай жүрген ол тап-тар қараңғы оралымға, Соваж көшесіне түсті. Есігінің алдына кеп, одан әрі бір адым аттауға дәрмені жетпей, абдырап тұрып қалды.
Осында, тап осы үйде Поль тұрады!
Тізесі де, қолы да дір-дір етеді. Ақыры бойын жиып, дәлізге өтті, швейцардың үйшігін көріп, теңгесін ұсынды:
— Сіз жоғарыға көтеріліп, Поль де Лемар мырзаға анасының бір құрбысы кеп, тосып тұрғанын хабарлай алмайсыз ба?
— Ол бұл жерден кетіп қалған, — деді швейцар.
Тұла бойы түршігіп, дірілдеп ала жөнелді.
— Ал қазір қайда тұрады?
— Білмеймін.
Жанна басы шыр көбелек айналып, құлап кетпей шаққа тұр. Көпке дейін бір ауыз тілге келе алмады. Ақыры, жандәрмен есін жиып:
— Кеткеніне көп болды ма? — деп сыбырлады.
Швейцар сөзуар кісі екен.
— Дәл екі апта болды. Бір күні кешқұрым екеуі тек үстіндегі киімдерінен басқа ештеңе алмай, кетті де қалды. Осы кварталға түгел қарыздар боп біткен-ді. Сосын маған адресін қалай тастасын!
Жаннаның дәл маңдай алдынан мылтық атылғандай, көзінің оты жарқ ете қалды. Сыр алдырып қоймайын деген ой ғана екі аяғынан тік бастырып тұр. Ол Пулені қалай табатын жолды біліп алғысы келді.
— Кетерінде ештеңе демеді ме? — деп сұрады.
— Бір ауыз сөз айтқан жоқ. Қарыздарын төлеуден жалтарып, қашып бара жатқан адам не дейтін еді?
— Бірақ, хаттарын алу үшін біреуді жұмсар?
— Қайдағы хатты айтасыз. Оларға ешкімнен хат та келмейді. Алайда кетерінен екі күн бұрын бір хат апарып бергенім бар.
Ол, әрине, бұның хаты. Жанна жалма-жан ақтарыла жөнелді.
— Мен оның анасы едім. Іздеп келдім. Міне, сізге он франк. Егер ол туралы бірдеңе естісеңіз, маған, Гавр көшесіндегі "Нормандия" мейманханасына хабарлаңыз. Еңбегіңіздің ақысын жақсылап қайтарамын.
— Мақұл, хабарлайын, ханым, — деді швейцар. Сөйтті де Жанна жүгіре жөнелді.
Ол тіпті қайда келе жатқанын да білген жоқ. Әйтеуір, бір маңызды шаруасы бардай асығып келеді, қарсы жолыққан қолында буыншақ-түйіншек бірдеңелері бар адамдарға соқтыға-мықтыға, тап-тар көшеден сытылып шықты. Күймелерді баса-көктеп, көшені кесіп өтіп барады. Көшірлер балағаттап жатыр. Ол тіпті тротуарды да дұрыс көрмей, есінен адасқандай, сүрініп-қабынып тартып келеді. Кенет алдынан бақ тап болды, ол өзінің әбден шаршағанын енді сезіп орындыққа отыра кетті. Шамасы, сол арада, ұзақ отырып, ағыл-тегіл жылап алса керек, әрлі-берлі өтіп жатқандар бұған қарап топырласа қалыпты, ол сонда барып, тоңып қалғанын байқап, орнынан тұрды. Титығы құрып шаршаған, аяғын жерден зорға әзер көтереді. Жанна бір аяқ сорпа ішкісі келді, бірақ бұл күйімде жұрт қасіретіңді бірден біліп қалады ғой деп именіп, мейрамханаға кіре алмады. Біреуінің табалдырығының алдына кеп тоқтап, ішке үңіліп қарады, тамақтанып отырған адамдарды көріп, "қой, басқасына барайын" деп ойлап безе жөнелді. Бірақ, келесі мейрамханаға да кіруге батылы бармады.
Ақыры нан сататын дүкеннен таға сияқты тоқаш сатып ап, жол-жөнекей ұйпай бастады. Шөлдеп те кетті, бірақ, қайда барып сусын ішерін білмей, шыдап бақты.
Ол бір мұнарадан өтіп, айнала аркалармен қоршап тастаған тағы бір баққа келіп тірелді, оның Пале-Роял екенін бірден таныды.
Күннің ыстығы мен таң атқалы жүріс біраз бусантып тастапты. Сол арада бір сағаттай ма, екі сағаттай ма отырып тынықты.
Бақтың іші сеңдей соғылысқан халық; әлденелерді айтып әңгімелесіп, күлімдесіп, сәлемдесіп жатқан әлекей-күлекей киінген сәнқой тобырдан аяқ алып жүргісіз; еркектері бай, әйелдері бақытты, әйтеуір шетінен не ішем, не киемге тарықпай, төгіп-шашып өмір сүріп жүргендей шат-шадыман көрінеді.
Жанна мынандай қызылды-жасылды думанды көргенде, қаша жөнелмекші боп, орнынан түрегелді де, кенет бәлкім осы арада Польге ұшырасып қалармын деген ой түсіп, жұрттың бет-жүзіне қарап, біраз уақыт қыдыра тұруға бел буды, серуеншіл тобырға ілесіп, о да қысыла-қымтырыла бақтың бір шетінен бір шетіне әрлі-берлі сенделумен болды.
Жұрт оған жалт-жалт қарап қойып, біріне-бірі әлденелерді айтып, күлісіп жатыр. Жанна оларын байқап қалып, өзінің сықпытына, үстіндегі Розалидің таңдауымен Годервиль тігіншісі тіккен тор көз жасыл көйлегіне күліп жатқан болар деп қуыстанып, сытылып шетке шыға берді.
Ол енді көшедегі адамдардан жол сілтетіп алуға да қаймықты. Бірақ, ақыры өліп-талып мейманханасына да жетті.
Кешке дейін төсегінің аяқ жағындағы орындықта тырп етпей отырды да қойды. Сосын кешегідей бір аяқ сорпа мен бір кесек ет жеп, тамақтанып aп төсегіне жатты. Ол бұның бәрін үйреншікті әдетпен апыл-ғұпыл тез істеді.
Ертеңіне таңертең полицияға барып жолығып, ұлына іздеу салды. Ондағылар қуантатындай ештеңе айтпаса да, іздеп көруге уәде берді.
Енді ол Польді кезіктіріп қалармын деп, көше аралауға шықты. Мынандай абыр-сабыр халықтың арасында Жанна жапан далада қалғандай жалғызсырап келеді.
Кешке мейманханаға қайтқанда, оған Поль мырза жіберді деп бір кісінің келіп кеткенін, ертең тағы да келмек екенін айтты. Түні бойы жүрегі алып ұшып, ұйықтай алмады. Бұл шынында да ол болмай шықса қайтпекші. Бірақ, айтқан кісінің суреттеуіне қарағанда, ұлына атымен ұқсамайтын сияқты көрінсе де, ол "әрине, соның өзі ғой" деп ойлады.
Таңертең сағат тоғыздардың шамасында біреу есік қақты. Ол құшағын жая ұмтылмақшы боп, "кіріңіз!" деп айқайлады. Есіктен бейтаныс біреу көрінді. Ол ғафу өтініп Польге берген қарызын сұрай келгенін айтты. Жанна ол келген шаруасын айтып тұрғанда өзінің жылап отырғанын сезіп көз жасын көрсетпеуге тырысып алқымына тығылып, ақтарылып кеткелі тұрған ащы жасты кірпігінен қайта-қайта саусағымен сілкіп тастай берді.
Ол Жаннаның келгенін Соваж көшесіндегі швейцардан естіпті де, ұлын таба алмағасын, анасына келіпті. Бір қағаз ұсынып еді, Жанна ойланбастан ала салды. Тоқсан франк деген жазуды оқып, қалтасынан әмиянын алып, ақшасын төледі. Бұл күні ол көшеге шықпады.
Ертеңіне басқа өсімқорлар келді. Ол өзіне жиырма франк қана қалдырып, баласының қарыздарынан құтылды, жағдайын айтып Розалиге хат жазды.
Талай күн, талай түн не істеп, не қоярын, мынау сарылған сары уайым күндерді қайда өткізерін, кіммен сөйлесіп, шерін тарқатып шағынарын білмей, қызметшісінің жауап хатын күтіп, қаланы кезіп жүрді де қойды. Басы ауған жаққа сенделе-сенделе енді осы қаладан тезірек кетіп, иесіз жолдың бойындағы үйшігіне оралғанша асыға бастады.
Осыдан аз ғана уақыт бұрын Жанна құса боп, жаңа үйіне тұра алмап еді, енді бұдан былайғы әбе қоңыр аз ғана ғұмырымды содан басқа еш жерге тұмсығы батпайтынын осы жолы әбден түсінді.
Ақыры, бір күні кешқұрым мейманханаға оралып келе жатып, хат пен екі жүз франк ақша алды.
Розали:
"Мадам Жанна, тезірек оралыңыз, енді қайтып ақша салмаймын. Ал, Поль мырзаның бір хабары шықса, оны өзім іздеп барамын. Сізге бас иіп тағзым етемін.
Қызметшіңіз Розали", — деп жазыпты.
Ертеңіне таңертең Жанна Батвильге аттанғанда, қар жауып күн суытып кетті.
Содан былай ол орнынан қозғалуды, сыртқа шығуды қойды. Таңертең белгілі бір сағатта тұрып, ауа райының қандай екенін білмекші боп терезеге қарайды, сосын төмендегі асханаға түсіп, каминнің алдына барып жайғасады.
Күні бойы мұңлы ойларға шомып, оттың жалынынан көзін айырмай, қыбырсыз отырады да қояды. Көз алдынан өзі бастан кешірген шер мен азап бірінен соң бірі тізбектеліп өтіп жатады. Тар бөлменің ішін қою қараңғы қымтай түседі, Жанна тырп етпейді, тек анда-санда каминге отын салып қояды.
Шырақ ұстап Розали келеді де:
— Мадам Жанна, бір кезек бой жазып, қыдырып қайтсаңызшы, әйтпесе тағы да тамақ ішпей қоясыз ғой, — дейді.
Ол өзінің шырғалаң ойларынан тез айыға алмайды. Жоқтан өзгенің бәрін уайым қылып, өз жанын өзі жегідей жеп бітіреді. Оның ауру басы әншейін ұсақ-түйек нәрсенің өзін оп-оңай таудай тақсірет қып алады.
Ойынан сонау өткен-кеткен, алыста қалған оқиғалар кетпейді, әсіресе баяғыдағы Корсикаға барған сапары жадынан бір шықпай-ақ қойды. Әлдеқашан ұмыт болған алыс аралдың тамаша табиғаты сөніп бара жатқан көмір шоғына телміріп отырған мұңлы кездердің алдынан қайтадан көлеңдеп бір өтеді. Сондағы оқиғалар, жолыққан адамдары, атқосшылары Жан Ривалидің жүзі — бәр-бәрі қаз-қалпында сайрап тұра қалады, кейде тіпті дауыстары да еміс-еміс құлағына шалынғандай болады.
Сосын бір ауық Польдің ың-шыңсыз балалық шағын, салат еккендерін, Лизон апай екеуі қара топыраққа тізелерінен батып, баланың көңілін аулап, қайсымыз көшетті көп отырғызамыз, қайсымыздың еккеніміз жақсы бас алады деп жарысқандарын еске алады.
Баласын көріп отырғандай: "Пуле, қарағым Пуле", — деп ернін болар-болмас жыбырлатып, тұншыға сыбырлайды. Соның атын атағанда таң атқалы көңілін айдалаға маңытып отырған арман мен қиял пышақпен кескендей шорт үзіледі. Кейде ол әлденеше сағаттар бойы ұлының атын саусағымен ауаға жазумен болады. Ошақтың алдына отырып aп қолын ербеңдетіп жаза бастайды, өзі жазып отырған әріптерді ап-анық көріп отырғандай, ара-тұра қателесіп кеткен боп "П" әрпінен бастап қайта жазып шығады; сосын біраздан соң әлгі ермегіне қайтадан кіріседі.
Ақыры әбден қалжырап, шатысып, басқа сөз жазып қояды.
Жалғыз бас адамдардың көзіне қос көріне беретін әдеті емес пе, оған да кез келген нәрсе елестейтін болыпты. Үй ішіндегі заттар бұрынғы орнынан басқа жерге ауысып кетсе де ашуланады.
Бала күнінен бергі мінездерінен жалғыз-ақ әдеті өзгермепті, әрдайым сүт құйып бір шыны аяқ кофе ішуді ұмытпайды. Осы бір сусынға ол өте-мөте құмар. Одан айырылу оның жанына өзге нәрселердің қай-қайсысынан да ала бөтен батыңқырайтын тәрізді. Таңертең Розалидің келуін тықыршып күтеді, мөлтеңдей толған шыны аяқ түнгі үстелдің үстіне қойылуы-ақ мұң екен, төсегінен тұрып, жалма-жан бас қояды. Сосын көрпесін серпіп тастап, киіне бастайды.
Кейінгі кезде кофені ішіп алып, шыны аяқты табақшаның үстіне қойған соң, бірер минут ойға шомып отырып қалатын әдет шығарды. Күннен-күнге енжар тартып, қашан бұрқ-сарқ етіп, Розалидің өзі кеп киіндіргенше, төсектен тұрмай, қайта жатып қалатын болып та жүр. Ештеңеге зауқы жоқ. Кейде қызметшісі не ақыл қосар екен деп, бір мәселе жайында кеңесе қалса, ол:
— Өзің біл, көгершінім, — дей салады.
Өзінің талайсыздығына бір жола сеніп, бұ дүниеден күдерін әбден үзіп бітіпті.
Арман алдап, үміт күйзелтіп кететініне мүлдем мойынсұнып алған, бәрібір жолым болмайды, бәрібір түбі кесепатқа ұшырайды деп ештеңеге батылы бармайды, бәрінен де запы боп қалыпты.
— Өмірге жолсыз адам біреу болса, ол — менмін, — деп күніне қырық қайтара айтып қояды.
Оған Розали бұлқан-талқан болады:
— Сізді бір үзім нан үшін сарала таңнан тұрғызып, түн ортасына дейін сабылтып қояр ма еді, сонда не дер екенсіз? Бұл дүниеде әлгіндей жанталаспен жүріп, қартайғанда аузына су тамызар адам табылмай, аштан өліп жатқандар аз ба?
— Ойлашы өзің, мен қу толағай басым қуарып, жалғыз қалған жоқпын ба? Бауырымнан өнген балама дейін тастап кеткен жоқ па? — деп, Жанна да көнбейді.
Розали одан сайын терісіне сыймай кетеді.
— Со да қасірет болып па? Балаң әскерге кетсе, не Америкаға қоныс аударса қайтер едің?
Америка ол үшін, бір байлық іздеп барып, қайтып оралмай қалатын таңғажайып қиял өлкесі.
— Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір ажырасу маңдайымызға жазылған ғой, — деп ол әңгімесін соза түседі. — Қарт адам мен жас адамға мәңгі-бақи бірге өмір сүру бәрібір бұйрық емес.
Енді ол бұрынғысынан да күшейіп:
— Ол өліп қалса қайтер едің? — деп сұрайды. Жанна оған не дерін білмей аңтарылып қалады. Жазғытұрымның жанға жайлы майда самалынан оның бойына да қуат дарыды. Бірақ, оны да сол бәз-баяғы қайдағы жоқ қапырық ойларға шомуға зая қылды.
Бірде таңертеңгілік, әлдене іздеп шатырға көтеріліп, кездейсоқ көне күнтізбеге толы сандықты ашып көрді.
Көне күнтізбелерді сақтап жүру деревня адамдарының көбінің әдеті.
Бір жапырақ қатырма қағаздарды көргенде көз алдына бүкіл өмірі келе қалғандай, бойын бір жұмбақ сезім билеп әкетті. Жанна оларды жиып алып, төменгі қабаттағы асханаға түсті. Ол біреуі үлкен, біреуі кіші неше алуан күнтізбелерді үстелдің үстіне рет-ретімен қатарластырып жая бастады. Кенет қолына баяғыда Теректіге өзі алып келген күнтізбе ілікті.
Жанна оны қолына алып, баяғыда монастырдан шыққанының ертеңіне Руаннан кеткелі жатып, сызған күндеріне ұзақ қарады. Сүйтті де жылап жіберді. Бейшара кемпір мынау жапырақ-жапырақ қатырма қағаздарда ғана ізі қалған бақытсыз өміріне іші удай ашып, егіле жылады.
Кенет көңіліне бір жеңілтек желік ой түсіп, ақылына ырық бермей, билеп-төстеп жөнелді. Ол күнтізбеге қарап отырып, баяғыда күнбе-күн не істеп, не қойып отырғанын рет-ретімен есіне түсіріп көрмекші болды.
Ол ендігі күндерін әбден сарғайып кеткен қатырма қағаздарды қабырғаға самсатып іліп қойып, қай күні қандай оқиға болып еді деп ойлап бас қатырумен өткізіп жатты.
Ол әуелі өзінің есінде айрықша қалған күндердің астын сызып шықты, сосын сол оқиғалардың алдында қандай оқиға болғанын, артында қандай оқиға болғанын ойына түсірді. Осы әдіспен бүкіл бір айдың оқиғасы ойына түп-түгел оралатын болды.
Тіпті әлдеқашан естен шыққан алыс оқиғалар көз алдына сайрап келе бастағасын, бар ынта-шынтын сап, Теректіге келген алғашқы екі жылды есіне түсіріп көрді.
Бірақ, содан кейінгі жылдар бір-бірімен шатысып, бірөңкей бұлдыр тұманға айналды. Кейде барлық ойы өткенде боп, бір күнтізбеге үңіледі де, жадына түскен оқиғаның қай жылы болғанын біле алмай, аңырып қалады. Сүйтіп, бір күнтізбеден соң бір күнтізбеге тесіліп, өткен күннің тылсым ескерткіштері ілулі тұрған бөлмені түгел шарлап шығады. Кейде біреуінің алдына орындық қойып, кешке дейін өткен-кеткенді ойлап, тырп етпей отырып алады.
Осымен жүргенде күн нұры тамыр-тамырға қайтадан шырын жүгіртіп, жаңа бүрлер бас жарды, ағаштар қайтадан гүлдеп, алма баулары қайтадан қызғылт гүл ашты. Бүкіл алқапта жаңа көктемнің жұпар иісі аңқып қоя бергенде, Жанна да әлденеге елегізетін болды.
Ол енді үйде отыра алмады, тыным таппай тыпыршып, күніне жиырма рет кіріп-шығады, кейде өзегін өткеннің өкініші өртеп, ферма-ферманың арасында сенделіп жүреді де қояды.
Қалын шөптің арасынан қылтиып көрінген көктем гүлі, жапырақ арасынан шашырай төгілген күн нұры, көк зеңгір аспанның суреті түскен жайылма су — бәрі де оның жанды жеріне тиіп, тамсандырып тастайды; бүгінде әбден өшіп, әлдеқашан ұмыт болған баяғыда арман қуып, дала кезіп кететін қыз күніндегі көңілін қырық толқытатын ала бұртпа сезім қайта оянған тәрізді.
Болашақ күнді тағатсыз тосып, асыға аңсап жүрген сол шақта тап осылай елжіреп, көктем нұрынан тап осылай еліте рақаттанатын-ды. Енді міне сол болашақтың болары болып, бояуы солған соң да баяғы сезім қайта билеп тұр. Түлеп, түрленіп жатқан дүниенің мәңгілік қуанышы көн болып қатып қалған кәрі денесіне шым-шым дарып, қанына сіңіп, шын жүрегінен рақаттана тұра, қапаның қапырығы көмген көңіліне тағы да қасіреттің көлеңкесі түседі-ау деп уайымдады.
Оған осы дүниенің әйтеуір бірдеңесі өзгерген тәрізді. Күннің көзі мұның жасөспірім кезіндегідей жалын шашып тұрған жоқ, аспан да тап сондағыдай тап-таза, мөп-мөлдір емес сияқты, гүлдер де баяғыдай құлпырып, баяғыдай жұпар аңқымайтын тәрізді.
Алайда, өмірдің масайраған қуаныш сезімдерінің арманыңды қайта түлетіп, үмітіңді тірілтіп, әлденеден дәмелі қып, бір желпінтіп кететін күндері бар. Сыртта дүние тап мынадай тамылжып тұрғанда, тағдырың қанша тауқымет болса да, қалайша үмітің үзіліп, біржола үрей құшағына ене аласың?!
Ол кейде осындай алабұртқан сезімдер билеп, әлденеше сағаттар бойы аяғынан тозып, сенделумен болады. Кейде кенет тоқтай қалып, жол жиегіне отыра кетіп, бір мұңлы ойларға шомады. Ол да неге өзгелердей сүйікті атанбады? Ол бейбіт өмірдің азын-аулақ қуанышынан неге осынша құр алақан қалды?
Кейде ол тіпті өзінің кәрі екенін, бар жолы таусылып, алдында қан жұтып, қайғы құшып жападан-жалғыз өткізетін аз ғана ғұмырдан басқа дәнеңе де күтіп тұрмағанын, енді төрінен көрі жақын екенін бір сәтке атымен ұмытып кетеді; баяғы он алты жасар қыз кезіндегідей қиялға батып, алдағы күндердің не бір таңғажайып тамаша көріністерін көз алдына елестете бастайды. Кенет өткінші болмыстың қатыгез шындығы қайтадан анталап, жан-жағынан лап қояды; ол еңсесін көтертпестей бір зіл батпанды қайта сезіп: "әй, ақымақ кемпір-ай!" деп күбірлеп үйіне қарай бүкшеңдей жөнеледі.
Енді Розали оған:
— Сіз неткен су аяқ боп кеткенсіз, үйде тыныш отырмайсыз ба? — деп қайта-қайта қақылдай беретін болды.
— Менің де өлер алдындағы иттей жаным қыдырып жүр, — дейді Жанна мұңайып.
Бір күні таңертең қызметшісі бөлмесіне күндегіден ертерек кіріп, түңгі үстеліне бір шыны аяқ кофе қойды да:
— Тезірек ішіңіз. Есік алдында Дени күтіп тұр. Теректіге барамыз. Сол жақтан шаруа. шығып қалды, — деді.
Жанна қуанғаннан есінен танып қала жаздады; көзіне оттай ыстық туған үйін көрем-ау деп, әрі қуанып, әрі үрейленіп, қалтырап-дірілдеп зорға киінді.
Ап-ашық аспан әлемге елжірей төніп тұр. Жеккідегі аттар да желігіп, ара-тұра арындай жөнеледі. Этуванға келгенде Жаннаның тынысы тарылып, жүрегі қысыла бастады; ал енді шарбақтың кірпіш бағандарын көргенде, жүрегі мүлдем тоқтап қалғандай боп, үсті-үстіне аһ ұрумен болды.
Арба Куярлардың фермасына кеп тоқтады. Розали ұлын ертіп, шаруа қамында жүргенде, Куярлар қожайынның жоқтығын пайдаланып, үйіңді көріп шық деп, Жаннаға кілтін берді.
Ол жалғыз өзі үйіне теңіз жағынан бір қарап алмақшы боп, тоқтай қалды. Сыртынан қарағанда ешқандай өзгерісі жоқ, бәз баяғы қалпы. Ұзын-шуақ сұр үйдің қоңырқай қабырғасына күн нұры төгіліп тұр. Терезесінің бәрі тарс жабық.
Көйлегіне бір қу бұтақ ілікті, жалт қарап еді, жөкенің бұтағы екен. Ол жөкенің түбіне барып, оны аялағандай, жұп-жұмсақ көне қабығынан бір сипап өтті. Аяғы шөп арасындағы ағаштың түбіріне тиді. Ол баяғы үй іші боп түгел келіп отыратын, Жюльен алғаш келген күні орнатқан орындықтың қалдығы боп шықты.
Вестибюльге апаратын қос қақпалы есікті зорға ашты; тот басып қалған кілт бұралмайды. Ақыры, алқа шақыр-шұқыр етіп бір бұралып еді, ісініп кеткен есіктер шалқасынан ашылды.
Жанна ең алдымен өз бөлмесіне жүгірді. Ол танымастай боп, өзгеріп кеткен, қабырғаларына жарқыраған су жаңа әшекей қағаздар ұсталыпты. Терезені ашқанда таныс алқап жарқ ете қалды. шегіршіндерді, тоғайды, жоталарды, төсінде әр жер әр жерінде еш қыбырсыз қатып қалғандай аппақ желкендері жалтырап, көгеріп жатқан теңізді көргенде жүрегі шымырлап қоя берді. Сосын ішінде бір адам жоқ, аңылжып бос тұрған абажадай үлкен үйдің бұрыш-бұрышынан ештеңе қалдырмай, аралап көре бастады. Қабырғадағы көзіне баяғыдан таныс көне таңбаларға үңілді. Ол баронның сонау алыс жас шағында сайысқа жаттығып жүргенде, қылышы тиіп кеткен тесіктің алдында ұзақ тұрды.
Мамасы ұйықтайтын бөлмеде есіктің қалтарысындағы кереуеттің қасындағы қараңғы бұрыштан алтын жалатқан түйреуіш тауып алды; бір жерге өзі түйреп қойып, артынан алты ай қарап, таба алмай жүретін анасы секілді бұ да бір кезде өзі жоғалтқан түйреуішті енді тауып алып тұр. Ол түйреуішті қолына алып, ескінің көзіндей көріп, сүйіп алды.
Кісінің кейде күңгірт тартқан төбедегі көлеңкелерден әр қилы нәрселерді көзіне елестететіні сияқты, Жанна да әлі жаңартыла қоймаған жапқылардағы, маталар мен мрамордағы өзіне таныс таңбаларға үңіле қарап, баяғыдағы көз алдынан өткен көп көріністерді қайтадан есіне түсірді.
Ол зират аралап жүргендей үн-түнсіз көне үйдің еденін аяғының ұшымен ғана басады. Иә, мұнда оның күллі өмірі жерленген-ді. Ол енді қонақжайға өтті. Терезесі тарс жабық, қапелімде ол су қараңғыдан ештеңе көре алмады; сосын біраздан соң көзі үйренді; ұшып жүрген құстар салынған қабырғадағы әшекей қағазды еміс-еміс ажыратты. Екі кресло үстіне жаңа ғана біреулер отырып кеткендей боп каминнің қасында тұр. Әр адамның өз иісі болатыны тәрізді, осы бөлменің баяғы өмірден әбден сіңіп қалған сүйкімді иісі Жаннаның басын айналдырып, қай-қайдағыны ойына оралтты. Ол баяғы өмірден қалып қойған таныс ауаны құныға жұтып, қос креслодан көз алмай тұрып қалды. Кенет басын шырмап алған шытырман ойдан ба, көзіне қос көрінді, анасы мен әкесі үйреншікті әдеттерімен каминге аяқтарын қыздырып отыр.
Ол өз-өзінен үрейленіп, басы айналып, теңселіп кетті, есікке сүрініп қалмас үшін, босағадан ұстай алды. Екі көзін қос креслодан алар емес. Елес ғайып болды.
Біраз уақыт есеңгіреп тұрып қалды. Сосын есін жинаған соң, енді тұра берсем, біржола жынданып кетермін деп қорқып, қаша жөнелгісі келді. Сол-ақ екен, өзі сүйеніп тұрған босағадағы баяғы "Пуленің сызығына" көзі түсті.
Қызыл бояудан еміс-еміс көзге шалынатын әр қилы белгілер, қалам ұштайтын бәкімен жазылған сандар жылдар мен айларды, Пуленің бойының қай айда қанша өскенін көрсетеді. Жазулары да әр алуан, анау үп-үлкен әріптер әкесінің жазуы, анау тым ұсақ әріптер - бұның өзінің жазуы, ал енді анау ирек-ирек әріптер - Лизон апайдың жазуы. Кенет көз алдына өзінің кішкене Поль елестеді, ол бойын өлшетемін деп есіктің жақтауына кеп, тұра қалған тәрізді.
"Жанна, ол ай жарымның ішінде бір сантиметр өсті", — деп айқайлады барон.
Оның ет-бауыры елжіреп кетті, есіктің жақтауын шөпітіп сүйе жөнелді. Бірақ оны ауладан біреу шақырды. Бұл — Розалидің даусы еді.
— Мадам Жанна, сізді дастарқан күтіп қалды.
Ол үйден абдырап шықты. Жұрттың өзіне не деп жатқанын түсінген жоқ. Берген тамақтарын жеді, айтқан әңгімелерін тыңдады, бірақ әңгіменің не туралы болып жатқанынан атымен бейхабар; әйтеуір фермерлердің әйелдерімен сөйлескенін, денсаулығын сұрағандарға жауап бергенін, жұрттың өзін бетінен сүйгенін, өзі жұрттың беттерінен сүйгенін, сосын арбаға кеп отырғанын біледі.
Қалың ағаштың ар жағынан біп-биік үйі көзден бір-бір ұшып ғайып болды. Көкірегінен бірдеңе күрт үзіліп кеткен тәрізді. Ол енді туған үйімен біржолата қоштасып бара жатқанын, оны ендігәрі көру-көрмеуі неғайбыл екенін сезді.
Батвильге де келіп жетті.
Жанна өзінің жаңа баспанасының табалдырығынан аттай бере, есіктің түбінен ағараңдаған бірдеңені көзі шалып қалды. Ол бұлар жоқта пошташы тастап кеткен хат еді.
Жанна Польдің жазуын бірден танып, қолы қалтырап, хатты дереу аша бастады.
Ол:
"Қымбатты мама, менің осы кезге дейін хат салмаған себебім, өзім жуық арада соғып қайтам ба деп жүргендіктен, сен бостан-босқа Парижге келіп, әуре болмасын деп едім. Дәл қазір маған ауыр қасірет тап болып, жағдайым тіпті қиындап кетті. Әйелім осыдан үш күн бұрын босанып, қыз тауып, өлім халінде жатыр. Мен болсам, тағы да көк тиынсыз қалдым. Кішкене нәрестенің де күні не болатынын біліп тұрғаным жоқ. Әзірге күтуші әйел емізіп, бағып отыр, бірақ оған місе тұта алмай жүрмін. Сен оны өзіңе алдырып бақпайсың ба? Оны не істерімді білмей басым қатты. Нәрестелер үйіне беруге ақшам жоқ. Тезірек жауап қайтара көр. Өзіңді өлердей сүйетін ұлың Поль ", — деп жазыпты.
Жанна орындыққа сұлқ отыра кетті, Розалиді шақыруға әлі әзер келді. Қызметшісі екеуі хатты бірге оқып шығып, не дейтіндерін білмей, үнсіз отырып қалды.
Ақыры Розали тіл қатты:
— Сәбиге барып қайтуым керек. Не де болса, оны енді далаға тастай алмаймыз ғой.
— Бар, көгершінім, бара көр, — деді Жанна.
Олар тағы да үнсіз қалды, тағы да алдымен Розали тіл қатты:
— Мадам Жанна, қалпағыңызды киіңіз, Годервильге нотариуске барамыз. Әлгі әйел өлетін болса, қызын өз атына жаздыру үшін Поль мырза оған үйленуі керек қой.
Жанна бір ауыз сөз айтпастан қалпағын киді. Бір жұмбақ қуаныш, ешкімге тісінен шығармайтын құпия қуаныш, іштей масайрайтын ұры қуаныш бойын билеп алды. Ұлының ғашығы өлім аузында көрінеді!
Нотариус қызметші әйелге мәселенің егжей-тегжейін сан рет қайталап түсіндіріп шықты. Розали оның бәрін ұмытпайтындай боп, әбден жаттап алған соң:
— Енді ештеңеден қам жемеңіз, бәрін де өзім жайғастырам, — деді.
Сол күні кешке ол Парижге жүріп кетті.
Жанна екі түн қатарынан ештеңені дұрыстап ойлай алмай елегізумен өткізді. Үшінші күні таңертең Розалидан кешкі пойызбен келетінін хабарлаған хат алды. Одан басқа бір ауыз сөз жазбапты.
Сағат үштің тұсында ол көршісіне екі доңғалақты арбаны жегіп беруін өтінді, сосын Розалиді қарсы алмаққа Безвильге аттанды.
Ол шетсіз-шексіз қиырға созылып, сонау көкжиекке тіреліп барып, түйісіп кететін қос рельстің бойынан көзін алмай перронда тұрды да қойды. Ауық-ауық сағатына үңіледі. — Әлі он минут бар, — енді бес минут қалды. — Екі минут. — Енді, міне уақыты болды. Алыста жол бойында ештеңе көріне қоймады. Кенет бір ағараңдаған нәрсені — паровоздың түтінін көзі шалды, артынша-ақ бір қара нүкте бірте-бірте жақындап, зорая түсті. Ақыры ауыр мәшине ентіге демалып, жүрісін баяулатты да, терезелері жалт-жалт қарап тұрған Жаннаның тұсынан жылжып өте берді. Сарт-сұрт есіктер ашылды. Перронға қара көйлекті шаруалар, себетке көтерген фермерлер, қалпақтары жалтыраған майда буржуалар қаптап түсе бастады. Ақыры Розали де көрінді, қолында аппақ түйіншегі бар.
Ол алдынан жүгіргісі келіп еді, буыны босап кетті, құлап қалармын деп қорықты. Қызметшісі сонадайдан көріп қалды, өңі бап-байсалды; жақындай беріп:
— Саламатсыз ба, мадам Жанна. Біраз қиындық көріп, оралдым-ау әйтеуір, — деді.
— Ал, қалай екен? — деп сұрады Жанна күбірлеп.
— Әлгі әйелі бүгін түнде қайтыс болды. Олар үйленді. Қызы міне.
Жөргектің арасынан көрінбей қалған кішкене бөбекті ұстата салды.
Жанна жалма-жан қолын созды, екеуі стансадан шығып, арбаға отырды.
— Поль мырза әйелін жерлеген соң бері шығады. Ертең осы шамада келіп қалар,— деді Розали.
Жанна әзер-әзер күбірледі.
— Поль...
Шешек атып алтындай жалтылдап тұрған сарғалдақ пен қан қызыл қызғалдақ қаптап кеткен жасыл алқапты нұрға малып, күн көзі көкжиекке еңкейіп барады. Шөп біткен шырыны саулап, балбырап тұрған бейжай жер бетіне бір жым-жырт тыныштық орнап келеді.
Екі дөңгелекті арба құйындай жүйткиді, шаруа аттарды үсті-үстіне шу-шулейді.
Жанна қарлығаштар шарқ ұрып жүрген көк зеңгір аспанға қарап қалыпты. Кенет бір жылу, өмір жылуы көйлегінен өтіп, сонау аяғына жетіп, өне бойына шым-шым дари түсті. Ол тізесінде ұйықтап жатқан кішкене сәбидің жылуы еді.
Өне бойын бір көл-көсір сезім көмді де кетті. Жалма-жан әлі өзі көрмеген нәрестенің бетін ашты, — ұлына тартыпты. Кішкене сәби оқыс жарықтан көкпеңбек көзін ашып, еріндерін шөп-шөп еткізіп еді, Жанна оны көтеріп ап, бауырына қысып, үсті-үстіне сүйе бастады.
Бірақ, Розали жайдары қалпы:
— Тоқтаңыз, мадам Жанна, ол бақыра жөнелмесін, — деп кідіртіп қойды. Шамасы өз ойына өзі жауап беріп отырса керек:
— Міне өмірдің қандай екенін көрдіңіз ғой? Ол тап онша біз ойлағандай алып-жұлып бара жатқан жақсы да, алып-жұлып бара жатқан жаман да емес екен ғой, — деп қойды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі