Өлең, жыр, ақындар

Жаралы сұңқар

повесть

— Кек... кек!.. Тірлікте салар ұранымның да, өлерде айтар иманымның да аты кек. Ұрпақтарыма қалдырар мұрамның да, саған артар аманатымның да аты кек. Көкте де құдай, жерде де құдай, әр құдайдың қолында алуан түрлі бұғау бар. Сол бұғаулардың бірінен соң бірі қармап әнімді де, сәнімді де жалмапты. Мына бір сырқаттың қырсығынан әлім де қалмай барады. Жаралы сұңқар самғап өскен аспанын аңсаса, мен айқаспен өткен күндерім мен түндерімді аңсаймын. Арманым көп, дәрменім жоқ. Ендігі дәрменім де, сермейтін семсерім де сенсің, бауырым. Мен сала алмай кеткен әндерді енді сен салатын бол, мен ала алмай кеткен кектерді енді сен алатын бол, Иманым!..

Бабасы Қазыбек қаз дауысты аталса, өзі қыран дауысты Мәдидің осынау бір саңқылдаған дауысы Иманның құлағынан кетер емес. Сол дауысты естіп лепіргендей астындағы кер төбел кейде желдей есіп жөнеледі, кейде жебедей құлағын қақ төбесіне шаншып алып, мөлдір қара көзін алысқа қадайды.

Бұл мың тоғыз жүз он алтыншы жылдың жазы еді! Патшаның қазақ сияқты халықтың жігіттерін майдан жұмысына еріксіз айдайтын аты шулы июнь жарлығының уыты жаңа ғана жайыла бастаған кез болатын. Сол жарлықтың дүмпуінен есеңгіреп қалған халық соңғы кезде еңсесін көтере бастаған-ды. Соны көріп Мәдидің қаны қызатын, бірақ қозғалуға дәрмені жоқ, шерменде болып жатқан шағында сонау Қарағандыдан Иман келе қалды. Бұлардың бірін бірі көрмегеніне тоғыз жыл болыпты. Сонау жылы Мәдиден айырылғаннан кейін Қарағандыға қашып кеткен Иманның елге оралғаны осы ғана. Онда да Мәдидің сырқат екенін естіп көңілін сұрай келіпті. Ал, Мәди губернатордың қолына өзі барып түскен сапарынан, айдау азабынан бұрнағы жылы оралған еді, былтырдан бері сал ауру болып жатып қалды. Ен даланы кернеп келе жатқан мына бір дауылдың лебін сезген сайын өзінің дәрменсіздігіне қынжылып, шіркін-ай деп назаланатын. Сол назаның ақыры «Шіркін-ай» атты әнге айналған-ды. Иман сол әнді өзінің әдемі асқақ дауысымен ақырын сызылтып келеді.

Оның нысанаға алып көздегені өзінің әкесін өлтірген ежелгі жауы Текештің ауылы. Мәди айдаудан келген кезде Текеш басқа елдің болысы болса да алыста жатып қатты қалтыраған еді, енді оның сал ауру болып қалғанын естігеннен кейін биыл жайлау таласына түсіп, өмірінде іргесі тимеген осы Нұраның ор жағына келіп қонып алды. Оны естіген кезде ауырып жатқан Мәди ызалана күліп «ажалды түлкі жаралы жолбарыстың құйрығын осылай тістейтін. Мен ондай борсықтар ішкен өзеннің суын ішпеймін» деп ауыл аймағын түгелдей көшіріп Ақбура тауының күнгей бетіндегі көк қасқа бұлақтардың біріне апарып қондырған-ды.

Текештің ауылы бірнеше қырдың астында, көк қайраңы мол Нұраның жағасында, Иман сол қырқаларды белден басып, асуы жоқ талай асуларынан да асып келеді.

Ол Мәдидің ауылына осыдан екі жұма бұрын Қарағандыдан Қарқаралыға бара жатқан кірешілерге ілесіп жаяу келген еді. Басындағы күйелеш кепкеден бастап аяғындағы көн етігіне дейін киімдерінің бәрі өрім-өрім болатын. Қазір ол киімдердің бірі жоқ. Басындағы құндыз бөркі де, аяғындағы қисық табан етігі де, үстіндегі жасыл биқасаптан тігілген жұқа шапаны да, қисық жаралы көк көйлегі де, оның сыртынан киген қара барқыт бешпенті де, беліндегі бес орам жібек белбеуі де су жаңа. Ол тіпті судыр-судыр етіп жүректі қытықтайды. Тек, сол бес орам жібек белбеудің арасына қыстырылған кішкентай алты атарды көзге түсірмеу үшін шапанын желбегей кие салыпты. Осы киімдері тәнімен бірге жанын да түлетіп жібергендей Мәдидің әнімен өзі де шалқып келеді. Ішінен Текеш пен Текежанға сілтейтін сөз семсерін де сайлап келеді.

Даланың ерке сағымы құлпыра билеп қошеметтегісі келгендей оның алдына келіп бұлаңдайды. Біресе оны сиқырлап алғысы келгендей көз алдындағының барлығын көлкілдеген көлге айналдырып алысқа әкетеді. Біресе тау самалын саялап төбе басына үйездеп тұрған үйір-үйір жылқыларды көкала бұлтқа айналдырып аспандатып жібереді. Біресе жердің бетінде бардың барлығын бедерлендіріп, мыңғырып жатқан қора-қора қойларды шалқыған теңіздің толқынына ұқсатады. Дәл қазір Иманның өзі де сол теңіздей шалқып келеді, бірақ қанша шалқыса да байдың мырзасы болып маңғаздану қолынан келер емес.

Мәди оған Текештердің көзіне байдың мырзасы болып көріну үшін маңғазданудың барлық түрін: ат үстінде қалай шіренуден бастап, алақанның күсін көрсетпеу үшін қолды қалай қойып, басты қалай изеуге дейін үйреткен-ді. Иман солардың бірін қалдырмастан жаттап келеді, бірақ бірде-бірі есіне сақталатын емес. Тек, Мәдидің мына бір сөзі ғана көкейіне жақсы ұялапты.

«Көңіл сұрай келгендердің сөз әлпеттеріне қарағанда болыстардың бәрі де майданға жіберілетін жігіттердің тізімін жасырын жасап жатыр. Мен білсем сол тізімде бірде-бір байдың баласы жоқ. Олардың орнына кететіндер кілең кедейдің жас балалары, не жасы шегерілген егде кедейлер. Егер сен Текеш пен Текежанды ел кегімен таптағың келсе мынау алты атармен қорқытып отырып сол тізімді қалайда қолыңа түсір. Содан кейін хат білетін жігіттерді жинап ал да тізімді соларға көшірт. Олар жағалай жар салып тізімді елге жарияласын. Бірақ өзің байқа! Кектің артынан кек қуалайтынын ұмытпа. Қырық рудан құралған бұл ел біріне-бірі сенбейтін, бірін-бірі қадірлеуді білмейтін, қотандағы қойлары болмаса басындағы ойлары қосылмайтын пәтуәсіз ел. Олардың кеу-кеулегеніне желігіп кетіп арандама. Сол елде Сайдалы дейтін бір марқасқа жігіт бар, қона жатып кеңес. Мұнда менімен, онда сол сияқты ер азаматтармен кеңеспей ешқандай жанжалға кіріспе», — деген-ді. Иман оның осы сөздерін ойлана, әнін сала жортып отырып Текештіц ауылына қалай тез жеткенін де сезген жоқ.

Нұраның бұл деңгейі көз тартатын шоқылары жоқ, адыр-адыр қоңыр бұйрат болатын, сол бұйрат мыңғырған малдан көрінбей бұйраланып жатыр. Иман алыстан келе жатқан жолаушы болып көріну үшін осы қоңыр бұйраттардың ішін кезіп келеді. Ол Текештің ауылымен іргелес көрші ауылдың тұсынан келіп шыққан екен, ел қарасы көрінгеннен кертөбел екі жағына кезек ойқастай бастады. Оның кермедей керіліп, кеудесімен жер сызған кесек тұлғасына көзі түскендердің таңданып тамсанбағандары аз. Біреулер «шілдеде ат жаратып жүрген бұл кім болды екен? Таңбасына қарағанда өзі бұл елдің аты емес» деп одырая қараса, енді біреулер кертөбелдің кербез жүрісіне қызыға қарайды.

Шынында да кертөбел бұл елдің жылқысы емес. Мәди оны сонау алыстағы Ағыбайдың елінен келіп жатқан бір досынан сұрап алып Иманды бейтаныс атқа әдейі мінгізген-ді.

Текештің ауылы ірге тебісе қонған он шақты ауылдың орта тұсында, өзгелерден оқшауырақ екенін жолшыбай кездескен малшылардан сұрап алған-ды. Көрмегелі көп болса да межелеп, ауылға жақындаған сайын үйлерді шетінен, әсіресе ортадағы дөңкиген боз үй Текештің үлкен үйі екенін Иман қос дөдегесінен танып келеді. Ол боз үйдің екі жағында екі ақ отау тұрушы еді, оның бірі бар да, ақ тоқалдың өзі секілді томпиған ақ отау жоқ. Иманның жаны құлазып сала берді. Өйткені Текеш Иманмен көңілдес болғаны үшін ақ тоқалын сол жылы талақ етіп тастаған-ды. Ол байына қанша жазықты болса да өзін өзі жазықсыз сезінетін. Өйткені екі мүшел жас еді, сондықтан ол «талақ» аталуы жазықсыз жазаланғандай намысына өрт салды. Ақырында сол өртті сөндіре алмай өзін өзі суға тастап өлтірген-ді. Оның бұл қайғылы хабарын Иман сол жылы алыста жүріп-ақ естіген-ді, сондықтан бүгін оның елесі болмаса өзін іздеген жоқ.

Боз үйдің тұсындағы арбада он шақты ат байлаулы тұр, Иман желіге қарай кетіп бара жатқан үш биешіге бұрылып, солардан не жиын екенін сұрап еді, үшеуінің жауабы үш түрлі шықты.

— Осы өзеннің бойында жеті рулы ел бар, солардың қайсысы екенін ит біле ме, әйтеуір арызын кімге айтарын білмей адасып келгендер, — деді біріншісі.

— Адасқан демеші байғұстарды. Қасқыр да баласы үшін қақпанға түседі ғой, — деп екіншісі мұңая қалып еді, қаба сақалды біреуі күж етті.

— Екеуің де оттапсыңдар! — ол ауызындағы насыбайын екі саусағының ұшымен іліп тастап, — саба піскен болып тұрып мен бәрін де естідім. Олар баласын майданға жібермес үшін жетсе малын, жетпесе қанын шашқалы жүргендер, — деді де кете барды.

Қаба сақалдың айтқаны рас, олар шынында ашынып келгендер болатын. Әр қайсысы өзінің қаншалықты пара бере алатын әл ауқатын танытқысы келгендей әртүрлі киінген, жас мөлшері де әр түрлі он шақты адам. Бәрінің алдарына салған көсемі болар, қақ төрде қасқайып сақал-шашы аққудай, Серкебай дейтін бір қария отыр. Болыстың шабармандары болуы керек, тымақтарының бір құлағын жымқыра киген еңгезердей екі жігіт екі босағада Текештің аузын бағып тұр. Бұл отырғандардың Текештен басқаларының бәрінің де киімі жұпыны, тек қарттың ғана киімі көз тартады. Ол сақал-шашымен түстес болсын дегендей үстіндегі боз тайлақтың жүнінен тоқылған бешпентінен бастап бәрін де қылаңнан киініпті. Ол таяғын иығына сүйеген қалпында Текештің бетіне қарамастан.

— Бар айтарыңыз осы болғаны ма, мырза? — деп еді, Текештің жаңағы бір кезде мына жұрттың қаһарынан сескеніп ішке тығылған жыланы ыршып қайта сыртқа шықты.

— Мен тыңдарымды тыңдап, айтарымды айтып болдым. Сұңқылдаудан сіз де шаршап, шөлдеген де боларсыз, енді қымыз ішіңіз, — деп алдында тұрған қымыздан сылқ еткізіп бір жұтты да түсін кенет суытып алды. — Егерде маған сенбесеңіздер ояздың өзінен, оязға сенбесеңіздер Семейге барып губернатордың өзінен сұраңыздар. Жасарып кеткен көрінесіз, шаршай қоймассыз.

Серкебай қарт оның бұл сөздерінен кеудесінде бардың бәрін ұқты, бірақ сескенетін түрі жоқ. Ақ қырауланған қабағын түйе түсіп таяғын қолына алды да жағалай көз тастады. Өзіне еріп келген серіктерінің бәрі де үнсіз, қимылсыз сілейіп қалыпты. Мұның бәрі де жолшыбай күнше күркіресіп келген еді, енді күбір-күңкілге көшіпті. Тұяқ серпер қайрат біреуінде де қалмаған. Олардың салбырап кеткен еңсесінен соны көрді де кеудесін кенет көтеріп алды. Көзін жартылай жауып тұрған жалбыр қабағын саусақтарының ұшымен сипап кері серпіп тастады да, қараңғы түнде алыстан жылтыраған ауыл отындай қызыл көзін Текешке қадады.

— Тауып айттыңыз, мырзам! Менің өрлейтін төскейімді білмей жартасқа айғайлай-айғайлай шаршағаным рас. Мен ел боздақтарының жоқтаушысы болып келген едім, енді сіздің жоқтаушыңыз болғалы тұрмын, өйткені, сол жартас дауыл соққан теректей теңселгелі тұр. Мынау елдің түнерген түрінен мен соны көріп отырмын. Көргенімді айтпай кетсем көпті көргенім қайсы? Сезгенімді айтпай кетсем елдің Сері ағасы атанғаным қайсы? Мына қауым сіздің айдыныңыздан ығып отырған жоқ, ертеңгі күні өрт болып қаулап, дауыл болып соғатын кегін қайрап отыр. Ойлан, мырзам. Қазанның қара дауылы соғарда Дауылтастың желі де осылай тына қалатын еді ғой, халық қаһары дауыл болып соға қалса қаңбақ болып кетерсіз, соны ойлаңыз, мырзам,

А, жел оңынан жаңа соқты. Сіздің қол бастап келгендегі ойыңыз мені осылай қорқыту екен ғой, — деп Текеш ызбарлана түсіп еді, Серкебай іле үн қатты.

— Жел оңыңнан да, солыңнан да соққалы тұр, мырзам, — деді де ол иығына сүйеп отырған таяғын екі жағына кезек теңселтіп жіберді.

— Әттең жақсы керетін жездемсіз, әйтпесе мен сізді, — деді Текеш көлгірлікпен күле сөйлеп, — егер басқа біреу болсаңыз мен сізді.

— Ит жеккенге жіберер ме едіңіз? — деп Серкебай қарт мырс етті де түсін кенет суытып алды... — Менің тілімді байлап отырған да сол жезделік-ау, балдызым...

— Сол жезделікті жетім қалдырғыңыз келмесе әліңізді біліңіз де, жөніңізді табыңыз.

Серкебай қарт өлеріңді біл дегісі келіп жалт қарап еді, Текеш сөзін қайта жалғап сұмдығын сұға түсті:

— Бүгінгі сөздеріңіз мына отырғандардың талайын дарға тартқызып, талайын ит жеккенге айдататын сөз, елдің обалына олай қалмаңыз.

Серкебай үндемеген сайын ол осылай зіркілдей бастап еді, орта тұстан құлжа мойынды біреу көтеріле бере күж етті.

— Аузым қан татып кетті, өз тісімнің қаны болғай, — деп бір түкірінді де Текешке қарады. — Тақсыр, — деді де ол көзіне төндіре киген бөркін қамшысының ырғай сабымен желкесіне қарай сырғытып жіберді, — мен әділдік іздеп адасып келіппін, енді жөнімді табайын. Ол үшін сіз қан ішер қасқыр кәнделет ініңіз Текежан мырзаға айтар менің үкімімді тыңдаңыз.

— Ит жеккенді сағынып отырған мынау кім? — деп Текеш ызғар шашып зірк етіп еді, анау қаймықпастан іле үн қатты.

— Мен Жидебай ұстаның баласы, өздігінен ешкімге тимейтін, тиіскенді аямайтын Баттал дейтін бейбақпын. Текежан мырза күйеуінің көзіне шөп салмайтын адалдығы үшін әйелімді жесір қалдырмақ. Ол үшін қырық екідегі мені отыз бірде деп майданға жібермек! Сіз тізім жасалған жоқ, деп жаратушы жалғыз алланы да, бізді де алдап ауыр күнәға батып отырсыз, қажеке. Ол тізім жасалған, соның ішінде тоғыз жүз жетпіс жетіншісі болып мен тұрмын. Құдайдың үйіне барып қайтқан қажы болсаңыз да Мүңкір-Нәңкүрдің тергеуіне сіз де түсерсіз. Ал анау Текежан ініңізді тергейтін Мүңкір-Нәңкүр де, жанын алатын әзірейіл де менмін. Егер ол бұл бетінен қайтпайтын болса алла атымен ант етейін, мен таудың бөрісі боламын да оның тақыр басын татырға тығамын. Осы ғана менің бар айтарым, — деп жөнеле беріп еді Текеш өз адамдарына зірк етті.

— Ұстаңдар!

Қозыбай дейтін қара шұбар соқыр аузынан аққан насыбайына да қарамастан жалғыз көзін шақырайтып жолын тосып есік көзінде тұра қалып еді, Баттал оларға жете бере жалт бұрылып Текештің өзіне жетіп келді.

— Құдайдың үйінен алып қайтқан қажылығыңыз осындай қасқырлық болса, болыстығыңызға қоса бәріне де түкірдім.

Ол соны айта салып бұрылғанша болған жоқ, есік көзінде тұрған дүлейлердің қара тырнақтары сойдиған жуан саусақтары Батталдың иығына келіп сарт етті. Бұл айқасқа Баттал да әзір екен, ширығып алып қатты серпіп жіберіп еді, екеуі екі жағына ұшып түсті. Бірақ олар да өлермен жанталаса ұмтылып барып екеуі Батталды екі аяғынан құшақтай алып етпетінен түсірді де, төрге қарай сүйрей жөнелді.

Текеш қамшысын ала сала көтеріле бастап еді, Серкебай қарттың ар жағында отырған Сайдалы дейтін сұңғақ бойлы ақсұр жігіттің:

— Қажеке! — деген дауысы зірк етті. — Қолыңызды қанға малмаңыз.

Ол Текештің бұл бетінен қайтпайтынын сезді де қасындағы қартқа жалт қарады.

— Сераға, Мәдидің айтқанын тыңдамай адасып келіппіз. Сол айыбымыз үшін араға түсіп мынау қамшының астына арқамызды тосайық, рұқсат етіңіз.

— А, ақ патшаның ата жауы Мәдидің айтағына еріп бүлік салғалы келген екенсіңдер ғой, — деп Текеш енді соған шаншылды. — Жаңа білдім сырларыңды. Білдім де бекіндім. Алла атымен ант еттім, сені Мәдиіңе қосақтап тұрып сонау ит жеккенге... — деп ит жеккенге баратын жолды сілтегісі келгендей тұмсығын көтере берген кезде Иман кіріп келді. Текештің тұмсығы сол көтерілген қалпында кекиіп қалды, тек жігіттеріне қабақ қағуға ғана шамасы келді, олар Батталдың аяғын тастап жіберіп есікке қарай сырғи жөнелді. Иман Текештің жаңағы бір «ит жеккенге» деген сөздерін естіп қалған еді. Сол сөз зығырданын қайнатып, аяғын ауыр салмақпен су жаңа етігін сықырлата басып төрге қарай беттеп келеді. Текештің көзі сонда, бірақ танитын емес. Танымайтын жөні де бар. Өйткені Иман бұл үйдің малайлығынан кеткен кезде он жетіге жаңа жеткен көк қанат балапан еді, қазір оты қаулаған отызға жақындап, тайсалуды білмейтін Алтайдың мұзбалағына айналыпты. Ол кезде көк өрімдей көрінетін нәзік денесі қазір сомдалып, соғылған көк болаттай шымырланып алыпты, әсіресе кең кеудесі жолында не тұрса да соғып өтетіндей тегеуірінді көрінеді екен. Қияғы қырқылған дөңгелек мөлдір қара мұрты да, қою қара қасының астынан жалтылдаған отты көзі де, тіпті кірпігінің түбіне сіңіп кеткен кемірдің күйесі де өзгеше бір айдын шашып, Текешті қалтыратып жіберді.

Шарапаттың көзі бір жалт етті де қозғалмастан қатып қалды. Ойлап қараса мұндай киімді өзінің Текеші де, мың жарым жылқысы бар Текежан да кимейді, Текешті де сілейткен әсіресе осы киімдер. Сондықтан оның «Ә-ли-к сә-ләм» деген дауысы ешкінің маңырасына ұқсап дірілдеңкіреп шықты.

Иманды жөнді елемеген тек Серкебай ғана. Ол қырауланған жалбыр қасымен көзін жауып жіберіп, төрге қарай беттеп келе жатқан Иманға бір қарады да, ішінен «киімдерің екі дүниенің тұтқасын бірдей ұстап отырған мынау Текештің киімінен де сәнді екен, сен де көп қорқаудың бірі боларсың» деді де қайтып қараған да жоқ. Қасындағылары тізе қағысып Иманға орталарынан орын ұсынып еді, қарт қасқая түсіп міз баққан жоқ. Текеш Иманға орын ұсынғандармен бәсекелескісі келгендей қалбаң етіп өз жанынан орын ұсынып еді, Иман отырғандардың бәріне де ізет көрсетіп басын бір изеді де Текештің оң тізесін баса сылқ етіп отыра кетті.

Жұмыстан қалжырап келетін де осылай сылқ ететін-ді. Мырза болып қанша маңғазсынса да сол әдетін тастай алған жоқ.

Оның бұл қылығы Текештің шиқандай қызыл бетін тарғылдандырып жіберді. Бірақ бейтаныс мырзаға не дерін білмей:

— Мырза, танымадық, жол сұрамақ бізге парыз, — деді, булықса да өтірік жылмия қалып.

Иман ол сұраудың жауабын мынадан сұра дегендей қолындағы жез орған тобылғы сапты, жылан бауыр қамшысын тастай салып еді, ұшы жыланша ирелеңдеп барып Текештің алдына сарт етті. Қайдағы бір қорқыныш билеп, мына белгісіз мырзаның місі басып барады.

Өзін алыстан келе жатқан жолаушы еткісі келіп:

— Сіздер өзін көрмесеңіздер де, атын естіген боларсыздар, алыстағы Орынбор деген қаладан келемін, — деді де қолына келген сырлы тостаған толы қымызды ақырын жұта бастады. Қымыз жұта отырып тостағанның қырынан көз қиығын екі жағына кезек тастап, үйдегілерді түгел шолып шықты да Текештен басқа екеуін танып алды. Оның бірі өзінің оң жағында отырған қария. Бұл ана жылы Мәдимен келе жатқан сапарында көш басында кездескен Серкебай қарт екенін таныды. Иман осы шалдан қатты сескенуде. Қастығынан емес достығынан қауыптеніп отыр. Өйткені ол бір естігенін өмірінде ұмытпайтын, бір көргенінен өмірде жаңылмайтын адам. Иман оны өмірінде, онда да баларақ кезінде бір-ақ рет көрсе де сондай зерделі адам екенін таныған-ды. Ол мұны тани кетіп, Мәди екеуінің сол күнгі әндерін сағынғанын айтып құшақтай алуы мүмкін. Онда ол құшақты мынау Текештердің бұғауға айналдырып жіберуі сөзсіз. Иманның қаупі сол. Кейде осы анық сол көш бойында кездескен әнші шал ма? — деген ойға да келеді. — Ол мұнан әлде қайда жасырақ бойы мұнан сұңғақтырақ еді ғой. Бірақ онан бері де өткен жылдар талай жасты қартайтып, талай сұңғақтарды сүмірейткен жоқ па?

Иман соны ойлап, өткен күннің сол бір елесін іздеп отыр. Ол кез Мәдидің тағы да қуғынға түсіп, бейтаныс елдерді сағалап жүрген кезі болатын. Қасында өзінің ежелгі досы Қанаш пен бала серігі осы Иман. Үшеуі бір бейтаныс елдің жайлауын кезіп келе жатыр еді, алдарынан бір әдемі асқақ ән естіле кетті. Сол әнді ести сала атына қамшы басты, үшеуінің де елді аңсаған жүректері алға қарай алып қашты. Алда үлкен қара жол жатыр, сол қара жолдың көз жетер жеріне дейін созылып үлкен көш келеді. Көш басында бір топ салт аттылар келе жатыр. Сол топтың қақ ортасында қасқайып ақбоз атты, ақ сақалды, ұзын бойлы бір шал келеді. Қасындағы жастарды әнге бастап келе жатқан сол.

— Мәди аға! — деп Иман айғайлай жаздап барып тоқтады. Алақанымен аузын баса қалып жан-жағына бір қарап алды да, сыбырға көшті, — мыналардың айтып келе жатқаны сіздің әніңіз, әне, тыңдаңызшы, сіздің түнеу күні Алатай қажының моласының жанындағы төбенің басында тұрып шығарған әніңіз.

Атыңнан айналайын, Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Әне, естідіңіз бе, мыналардың айтып келе жатқаны оллаһи сол ән,

Мәди үндеген жоқ, көзі жасқа толып кетті. Өзін осынша тұншықтырған заманына айтар қарғысын көзінің жасымен бірге домалатып жіберді.

Сол Серкебай мынау отырған. Жаңылған жоқ, дөп басты. Ендігі бір қауіпті адам Текештің ар жағында қымыз сапырып отырған Шарапат бәйбіше. Иманның әкесі Ноянды жаламен байына өлтірткен сұлу осы. Ол кезде екі бетінен қан тамған, жүрегінің оты көзінен де көрінетін жалынды жан еді, қазір сол жалын күлге айналып, бір кездегі жайнаған гүлі қазір қу жапыраққа ұқсапты. Жүрегінің құртын әлі де көзінен құжынатқысы келе ме қалай, кірпігінің әр талына ауыр аңсау байланған ұры көзін Иман отырған жаққа ұрлана тастайды, көзі Иманның көзіне кездескен сайын қымыз сапырып отырған қолы талықсығандай сылқ етіп түсіп кете жаздайды. «Апыр-ау, көзі таныс бұл кім? Осындай сиқырлы көз кімде бар еді?»

Шарапаттың шарлап отырған қиялы осы. Ол қиялдың іздегені өзінің жас кездегі көңілдестері. Қанша қиялданса да көзі мұндай көңілдесін есіне түсіре алмады. Бір кезде ол шошынғандай селт етіп Иманға жалт қарады да, көзін оған тоқтату үшін «не бұйырасыз?» деп байына ақырын күңк етті.

Бұл сапар байы да қапы қалған жоқ, кеудесіндегі шалажансар сайтанды көзінен енді ғана, кәрілік мүжи бастаған шағында ғана көретін болған екен, өтірік жылмия қалды.

— Қы-с-с! — деді тістене сыбырлап.

Текеш өмірінде бір орындата алмаған осы бұйрығын тағы бір берді де жылмиған қалпын өзгертпестен Иманға бұрылып кетті.

— Мырза, ол қалаңызды көрмесек те қай жерде екенін білеміз. Сонша алыстан келіпсіз, барысыңыз қай жақ?

— Барысым осы ел, — деді де Иман Мәдиден үйренген сөзін есіне түсіре бастады. — Ол қалада шығатын «Қазақ» дейтін газет барын да білерсіз?

— О, бәрекелді, білгенде қандай, — деп Текеш өзіне бір демеуші табылғандай қуанып кетті. — Құранымнан кейінгі қуатым сол кәзит, екі жылдан бері үзбей алып тұрамын. Өйткені оның бетіндегі кигіз үйдің суреті осы үйдің суреті. Патша ағзамның ана жылы Омбы қаласында өткен тойына арналып Ертістің жағасына тігілген екі мыңдай кигіз үйдің ішіндегі ең сұлуы аталып мақталған-ды. Сонда Бетрбордан келген үлкен ұлықтардың өзі де суретке түсіріп әкеткен еді.

— Онда құдайдан кейінгі досымыздың бірі сіз екенсіз. Біз өзіміздің гәзетімізді алдырып оқитындардың бәрін дос деп білеміз. Мен сол гәзеттің адамымын, гәзет деген халықтың айнасы ғой, менің міндетім сол айнаның бетіне түскен қылмыстың ізіне гәзет бетіне әлі түспеген, енді ғана түсетін, осыдан он екі жыл бұрын осы елде болған ауыр қылмыстың ізі. Қайда апарып іздетерім әзір белгісіз, сол із мені осы елге алып келді.

— Астапыралда, — деді Текеш үрейленіп. — Осыдан он екі жыл бұрын болған қылмыстың ізі дейсіз, ә?

Қымызды сыздықтата жұтқан болып оны көзінің қырымен бақылап Иман отыр. Ішінен оқитын дұғасының орнына күнәсін оқып Текеш отыр. Иманның жаңағы бір сөзіне түсіне алмай басқалар отыр. Текеш сол күнәсін ойлаған сайын қалтырап барады, бар сылтауы таспығы, соны тарсылдатып әлде нені күбірлейді, не айтып отырғанын өзі де білмейді. Тарамдалып аққан қанның арасынан алара қадалған Ноянның көзі елестейді, көзі сол елестен шошынғандай ауық-ауық жұмылып кетеді. Көзі жұмылса алқымы сығымдалады, алқымы сығылса жаны шығып бара жатқандай сезіледі. Тез үн қатпаса есінен адасатын. Бар күшін салып қарманып көріп еді, дәрмені өтірік жылмиюға ғана жетті.

— Жездеке, — деді Серкебай қартқа жылмия қарап, — бұл ауылдан төс мүжитін жастан өтіп барасыз ғой, енді «жастықтың соны, кәріліктің алды» деп мұнан былай бұл ауылдан да жейтін басты бүгіннен бастап жеп кетіңіз.

— Алла разы болсын, рақмет. Мүйіз шықса бас пен төсті аз мүжіген жоқпын-ау. Енді мына мырзаның кеңесін тыңдайық.

— Иә, айнасынан өзіміз көріп жатқан зорлық-зомбылықты көрейік, — деп жаңағы Сайдалы дейтін жігіт ызғар шашты. Иман оның сөзінде кекесін барын сезсе де сезбегендей түр көрсетіп маңғазданып алды да:

— Қай жылы екені белгісіз: қоянды жәрмеңкесіне келген Қаратаудың бір саудагері осы елдің Заузат дейтін қызын қырық кез матаға сатып алған екен. Мәди, Иман дейтін қарақшылар бес мың сомның дүниесімен қайтып бара жатқан сол саудагерді тонап, қырық кез матаға сатып алған қызына дейін тартып әкетіпті. Соның құсасынан жынданып кеткен саудагер есін биыл ғана жинапты да патшаға шағым жазыпты, Патшамыз, қызды сондай арзанға сатып қорлаушыны да, саудагерді тонаушыларды да тауып алып жазалауды біздің губернаторға бұйырған екен. Біздің губернатор оларды жазаламастан бұрын газетке жазып масқаралауды бізге бұйырған еді. Мен ізіне түсіп келген екі қылмыстың бірі осы, екіншісін бір әйелден басқаға айтпаймын.

Баттал манағы құрсанған қалпында отыр еді, тамағын бір кенеп долдана түсті:

— Қырық кез матаға сатылған ол қыз бұл күнде менің әйелім, оны сатушының кім екені керек болса мен қазір айтып берейін.

— Онда сіз басқаны қоя тұрып тезінен үйіңізге қайтыңыз да зайыбыңызды жолға әзірлеңіз.

— Қайдағы жол? — деп жұлқына ұмтылып тұра бере қайтадан сылқ етті.

— Петроградқа, патшаның сарайына баратын жол, — деді Иман жайымен.

Баттал шошып кетті.

— Патшаның сарайына?

— Бұл әңгіме осымен бітсін. Іштеріңізде гәзет оқи білетіндеріңіз бар ма? — деп Иман сөздің бетін бұрып әкетті.

— Мен білемін, — деді Сайдалы.

Иман ішкі қалтасынан «Қазақ» газетінің бір данасын алды да Сайдалының алдына тастады.

— Білсеңіз мынаны оқыңыз да, тоқыңыз.

— Оқуын оқырмыз-ау, тоқитынымыз не болар екен? — деп Сайдалы газеттің бетіне үңіле бастады.

— Тоқитыныңыз, — деді Иман маңғаздана сөйлеп, — ақ патшаның айтқаны екі болмайды. Оны «Қазақтан солдат алмасқа берген анты бар, ит терісіне солай деп жазып берген шарты бар» деп елді алдап жүрген болыстар ертең ит жеккенге айдалады.

— Солай ма?

— Еһе, — дескен дауыстар әр тұстан шыға бастап еді, Серкебай қарт басып тастады.

— Алдымен бесін намазын оқып алайық, сонан кейін мұны бәрімізге естіртіп оқитын бол, — деп ол тұра бастап еді, бәрі де намаз оқитындар болу керек, Иманнан басқалар өре түрекелді.

Сағатына қарай сала, сиыршылап Текеш те тұра бастады.

— Бәйбіше, сен намазыңды менен кейін оқырсың, мына құрметті қонағымызды өзің күтетін бол.

Ол бәйбішесіне солай бұйырды да шала жансар сүлделерін сүйретіп кете барды. Иманның жанында жалғыз қалған Шарапат осы арада бұрын ешбір әйел істемеген бір жойқын мінез көрсетті.

— Шырақ, — деді ол байының дыбысы алыстасымен Иманға тесіле қарап. — Сен қанша ержетіп, қанша түрленсең де кім екеніңді көзіңнен таныдым. Түскенің менің ізім екенін де сезіп отырмын.

— Өзімді білмей, көзімді қайдан танисыз? Мен ізіңізге түсетіндей сіз нендей кінәлі едіңіз? — деді Иман оған таңдана қарап.

— Көзің — менің жүрегімде мәңгі сақталған, сол үшін мені өмірлік қасіретке душар еткен бір адамның көзіне ұқсайды.

— Ол кімнің көзі?

Ол сенің әкең Ноянның көзі.

Иман дәл мұны күткен жоқ еді, сондықтан не дерін білмей аңырып қалды. Өзінің бүркенген сыры әлден ашылып қалғанына іштей күлкісі келе ме қалай. Шарапатқа қадалған көзі бірте-бірте күлімсіреп барады. Оның сол күлімсіреген көздерінен жыли бастаған жанын көргендей Шарапат мүлдем егіліп кетті.

— Албасты басып алжасқан басым, ол ноқайлардың өлтіріп жіберетінін білмей, қапы қалдым ғой, — деп көзінен жасын төгіп жіберіп еді, Иманның тас болып қатқан жүрегі елжіреп сала берді.

— Ноқайларыңыз кім?

— Өзімнің екі қайнымды айтамын, әсіресе тентек мырза ғой, сенің әкеңнің түбіне жеткен.

— Тентек мырзаңыз кім? Текежан ба?

— Сол. Сол ғой сенің әкеңді өлідей, мені тірідей көмген.

— Ғажап-ау, — деді ол таңданған қалпын өзгертпестен. — Сіз неткен ер әйел едіңіз?

— Ер әйел деп есіркесең де мейлің, әкеңді өлтірткен сұрқия Көріп тірідей жерлесең де мейлің.

— Мен сізге түк те айта алар емеспін. Сол қылмысымен қорқытып отырып мырзаңыздың шынын айтқызбақшы едім, енді қайттім?

Иман өзіне-өзі сұрау беріп ойлана қалып еді.

— Оның қандай шындығын айтқызбақшы едің? — деп Шарапат жаулығының етегімен көзінің жасын сүрте бастады.

Иман оның бетіне ұзақ қарап алды да:

— Егерде сіз бір шындықты жасырмай айтсаңыз мен сізге әкемнің құнын да кешер едім, — деді,

— Анық па? Анық кешесің бе? — деп Шарапат үздіге қалды.

— Ант етейін.

— Мен саған жан баласына айтылмаған, айтылмайтын сырымды айттым, ендігі білмегің одан ауыр болмас, айта бер, — деді.

— Бірінші тілегім мені танымаған қалпыңызда қалыңыз.

— Ол тілегіңді өзіңе ғана айт, сені таныдым деуге менде бет жоқ.

— Сіз әуелі құдай, одан кейін менің алдымда ғана кінәлісіз. Құдай кешірсе мен кешірдім! Тек сіз майданға жіберілетін жігіттердің тізімі қайда екенін айтыңыз. Тығулы жатқан жерін айтсаңыз болды, қалай алуды өзім білемін.

Шарапат сәл ойланды да:

— Ой құдай-ай, кешіре гөр, күнәнің бірінен соң біріне тап болдым-ау. Ол тізімді қалаға апару үшін тентек мырза мана өз ауылына алып кетті.

— Ол тізімде қанша адам барын білмейсіз бе?

— Оязға апаратын тізімде ме?

— Басқа тізім де бар ма еді?

— Бар. Оязға апаратын тізімдегілердің саны жеті жүзден аспайды, ал өздерінде жасырын сақтайтын тізімдегілердің саны бір мың екі жүзге жақын.

— О, онда тіпті байығалы тұр екенсіздер ғой?

— Қалай?

— Сол мың екі жүз жігіт кемінде мың жарым жылқысыз құтылмайды ғой.

— Ол рас, бірақ сол мың жарым жылқыдан бізге тиетіні, ұят та болса айтайын, айғырлардың қасасы ғана. Бізді олжадан қағыс қалдырмағайсың деп қалжыңдап едім, ол тізім салынған ала қоржынды салып қалып «осы қоржын толған айғырлардың өзіңе керегін жіберермін, соған риза бол» деді де жүріп кетті.

Иман тұра бере ойланып, бір тізесінен қайта отырып қалды. Әкесінің кегі үшін кескілегісі келетін мынау әйелді енді есіркейтін түрі бар. Өйткені долы ызаның екпінімен Текежанды қуа жөнелсе, ол ізіне салушының кім екенін біледі де ертең мына бейбақты асау жылқының құйрығына тірідей байлап өлтіреді. Қанша кектенсе де әйел адамды мұндай өлімге қиятын емес. Бірақ енді кешіксе Текежанның жеткізбей кетуі мүмкін. Не істеу керек? Иман соны ойлап отыр.

Оның бұл ойын даладағы біреудің бажылдаған дауысы бөліп жіберді. Ашынған айғай, булыққан өксу. Иман оның бірде-бір сөзіне түсіне алмай Шарапатқа қарап еді, ол күрсіне үн қатты.

— Тағы да сол тентек мырзаның лаңы ғой. Мынау мылқау байғұс соның бір зомбылығын көрсе ғана осылай жылап келетін-ді.

Иман оның «тентек мырза» деп отырғаны Текежан екенін сезді де іздеп отырған сылтауы табылғанына қуанып, қош айтыспастан шыға жөнелді.

Үстінде жүні жарты қарыс тері шалбардан басқа түк лыпасы жоқ, дембелше денелі, дөңгелек қара сақалды біреу көзінің жасына көміліп кеткен жалаңаш кеудесін шарт-шарт ұрып тұр.

«Еститін құлақтарың, сөйлейтін тілдерің бола тұра осындай қорлыққа қалай көнесіңдер?» дей ме кім білсін, әркімге бір тепсініп баж-баж етеді. Біресе жұдырығын түйіп тісін қарш-қарш қайрайды, біресе бас бармағын екі саусағының арасынан шығарып алып әр кімнің аузына бір төнеді де жерге түкіреді. Жұрт оның ымына түсіне алмай аңырып біріне-бірі қарайды. Бұл кезде Текеш қажы көрсе де көрмегендей, естісе де естімегендей меңіреуленіп аулақта дәрет алып отыр еді, мылқау оны көре сала жетіп барды. Жетіп барды да Текештің қолына су құйып тұрған жігітті қаға-маға тізерлеп отыра кетті. «Құдайдың үйіне барып қайтқан қажысыз ғой, мынау өзіңіз сызып, мойныма тағып берген құдай жолына қарай отырып айтыңызшы: тетелес ініңіз Бекежан қарақшы, кенже ініңіз Текежан қан ішер, неліктен бұлай? Шешелеріңіз қасқырдың етіне жерік болған ба?» — дегісі келе ме қалай. Мойнындағы үш бұрышты тұмарын Текештің көзіне қарай қайта-қайта серпеді де бала болып іңгәлап, қасқыр болып ұлиды. Оның бұл қылығына Текештің ызасы келді, ызасы келсе шолақ тұмсығына тыныштық бермейтін оның әдеті. Сол әдетімен танауын бір тыржың еткізді де:

— « Арызыңды анау алыстан келген ұлыққа айт, — деді, аулақта манағы Сайдалы дейтін әдемі ақ сұр жігітпен күбірлесіп тұрған Иманды иегімен нұсқап.

Серкебай қарттың жүрегі мылқаудың көзімен бірге жылап, сұңғақ денесі қолындағы ұзын таяғымен бірге теңселіп тұр еді, есін енді ғана жинап, еңсесін енді ғана көтерді.

— Мына бейбақпен тілдесе білетін кім бар? — деп ол маңындағыларға көз тастап еді.

— Мен бармын, — деп Сайдалы жетіп келді,

— Бар болсаң тілдесші, мұны мұнша зарлатқан қандай ғана иттің баласы екенін білейік те қарғыстан қарғы тағайық.

Мылқау, Сайдалының ымына тез түсінді де әр түрлі қимылдар жасай бастады. Папирос тартып түтінді бұрқылдататын, мас болып теңселетін бір мырзаның бейнесін қимылмен көрсетті де, кенет баж етіп өз сақалын өзі ұстай алды. Өңі де бұзылып сала берді. Шалқасынан жата кетіп төрт аяғын төрт жаққа керіп жіберді де Сайдалының қолындағы қамшыны ала сала өзін өзі сабалай жөнелді.

— Жетер! — деп Сайдалы оның қолындағы қамшыны жұлып алды да Серкебай қартқа қарады... — Сераға, сіз жөнін сұраған иттің баласы: қажымыздың қадірлі інісі, халқымыздың қасіреті Текежан мырза екен, — деді ол ызалы күлкімен жымия сөйлеп.

— Ол не істепті?

— Кім екенін ұға алмадым, әйтеуір сіз секілді бір қарттың сақалын күзеп, төрт аяғын төрт қазыққа керіп тастап қамшының астына алып жатқан секілді.

— Мүмкін емес, — деді Иман зірк етіп, — патша ағзамның оң көзінің ондай екі аяқты шошқа болуы мүмкін емес. Мен қазір барып тексеремін, тергеймін. Текежан мырзаның қазір қайда екенін сұраңыз.

Сайдалының ыммен берген сұрауына мылқаудың жауабы қысқа болды. Ол сұқ қолын ұртына тығып жіберіп аузын бір күмп еткізді де қолын шығыс жаққа қарай бір-ақ сілтеді.

— Мұнан не түсіндік?

— Менің түсінгенім: Текежан мырза қалаға кетіпті.

— Анық па?

— Мылқау адам өтірік айта білмейді, өйткені олар көргенін ғана айтады.

— Онда сіздердің мылқауларыңыз нағыз қажы екен. Бірақ, мен Текежанның кеткенін өз көзіммен көрмей қажыны өтірік айтады дегендеріңізге сенер емеспін, — деп Иман кермеде ойнақтап тұрған атына қарай беттеп еді, оның неге бекінгенін сезген болу керек, Сайдалының:

— Аттаныңдар! — деген дауысы саңқ етті.

2

Иман қанша асықса да ауылдан шыға шапқан жоқ. Өзгелерден оқ бойы ұзап алды да терең ойға батты. Алда ұзақ жол жатыр. Бір қанды шайқастың бүгін-ақ, осы кер жолдың үстінде Текежанмен кездескен жерде басталып кетуі мүмкін. Ол соны ойлап уақытты білгелі аспанға қарап еді, күн төбеден жаңа ғана ауып барады екен.

— Өзім жетсем Текежанды қуып жететін уақыт бар, — деді ол ішінен. — Ал жеттім, сонда қайттім? Ол қарақшыға өзімнің кім екенімді айтуым керек пе? Әрине айтуым керек. Кім екенімді жасырсам жауымның жанын суырғаным қайсы? Тоқта, сонда мен елдің емес, бір ғана әкемнің кегін алған болмаймын ба? Бола берсін. Кім екенімді мына жұрттың өзіне де айтуға болмайды. Өйткені бұлардың біріне айтсам бәрі біледі, бәрі білгенді Текежандар да біледі. Олар білсе бар бәлені тағы да Мәди ағаның басына үйіп төгеді. Енді оның айдалып байланғанын көргенше сол айдалу мен байлануды өзім көрейін.

Ол атының басын тежесе де өзі осындай қилы-қилы қиялдарды кезуілдеп келе жатыр еді, соңынан қуып жеткен Сайдалы ойын бөліп жіберді.

— Мырза, кешіріңіз, біздер аты-жөніңізді сұрамай ағаттық етіппіз.

— Өз атым Мәди, әкем аты Кектібай?

— Атыңыз жақсы екен, өзіңіз де сол Мәдидей болғайсыз.

— Тас қамау, темір бұғау, ит жеккенге айдалу ма Мәдидей болғанда көретін күнім?

Иманның бұл сөзі Сайдалының қытығына тиіп кетті:

— Олай демеңіз, мырза. Ол ит жеккенге кеткен кезде де елінің жүрегінен кеткен жоқ-ты. Елінің жүрегінде сақталған адамның киесі болады, киесі атып жүрмесін, байқап сөйлеңіз.

— Кие деген не?

— Кие деген алланың ең асыл сыйы. Алла тағала бақ дәулетті адамның жүзінен біріне берсе, киені мыңынан біріне ғана береді. Ондай теңдесі жоқ бақытқа ие болған адамның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс.

— «Ақ» дегені — алғыс, «қара» дегені — қарғыс болса Мәдилеріңіз неге жайдай соғып, мынау Текежан сияқты екі аяқты қан сорғыштарды шетінен неге жамсатпайды?

— Кие деген асығатын ашу, шашылатын мал емес...

Иман оның бұл ақылды сөзін ішіне түйіп алса да түсінбеген түр көрсетіп:

— Сөз емес, — деп бетін бұрып әкетіп еді, Сайдалы оны «құдайдың ондай құдіретіне» құлшылық еткізгісі келгендей ентелей түсті.

— Бұрнағы жылы Мәди айдаудан келгенде Бошан атаның белінен тараған бес болыс ел түгел жиналып жеті күн, жеті түн той жасады. Сол тойдың думаны жаз бойы толастаған жоқ. Өтірік айтса жаны шықсын, ондай тойды патшаның Омбы қаласында өткен тойына барғандар да көрмепті. Егер ол киелі болмаса ондай жалғыз атты қу кедей үшін елі мұнша шабылмас еді ғой. Ол он жеті жасынан бастап бар өмірін Текежан сияқтылардың жанталасына салумен өткізіп келеді. Қаладағы ұлықтардың да көзін талай алақтатты. Сол үшін талай байланып, талай айдалды. Байланған сайын сомдалып, айдалған сайын айдынданып келеді. Киелі болмаса бұл не?

Сайдалының осы сөзіне куә болғысы келгендей Мәдидің аманат еткен сөзі өр дауысымен саңқылдап келіп Иманның құлағында тұрып алды. Өзінің кегі елінің кегімен ұштасқанын енді ғана сезгендей шаттанып, астындағы атын аспанға бір шапшытты да алға ұмтыла бере тоқтай қалды.

— Текежанның ауылы әлі алыс па?

— Мына қайқаңға шықсаңыз оның ауылын аяғыңыздың астынан көресіз.

— Ауылын ғана емес, бүгін өзін де аяғымның астынан көрермін.

Иман соны айтты да өрге қарай ағыза жөнелді.

Сайдалы оған алдағы қалың елден оқшау көрінетін ақ боз үйлері көп, қараша үйлері жоқ ауыл Текежанның ауылы екенін айтпақшы еді, үлгіре алған жоқ. «Өзі сөзіне, сөзі өзіне ұқсамайтын бұл неткен адам?» деген сұраулары мол ойды құшақтап қала берді.

Иман сол өрге қарай ағызған екпінімен қайқаңға шыға келіп еді, қарсы алдынан көкжиекке дейін шалқып жатқан қалың ел көзін бірден тартып алды. Бұл жайлаудың теңіздей шалқитын шағы екен. Мыңғырған малы даласын қайыстырып, тауларын майыстырғандай көрінетін қалың елді қақ жарып жерге дейін қасқая жарқырап Нұра өзені жатыр. Көңіл тасыған шақта заңғар аспан да аласа көрінеді екен, Иманның көзіне мына жайлаудың аспаны көкжиектегі төбелерді аймалап тұрғандай сезілді.

Текежанның ауылы өзен бойындағы ауылдардың ішіндегі ең шағыны, ең шаңқаны болатын. Шаңқандығының себебі ол қараша үйлерді қоңсы қонғызбайтын.

Оның айтқанына көніп, айдауына жүретін қоңсылары үйінің кигізін екі жылда бір жаңартып, үзіктерін жыл сайын ақ кигізден жабатын. Сондықтан оның ауылы алыстан қарағанда шаңқан көрініп, көзге бірден түсетін. Иманның көзіне де солай көрінді. Бірақ ол бұл ауылдың қазір құлазыған молаға ұқсап тұрғанын қашан іргесіне жеткенше аңғарған жоқ. Кеудедегі кегі де, сол кектен от алған көзі де — шаңырағы күмбездей, еңсесі өзге үйлердің еңсесін басып тұрғандай көрінетін ортадағы үлкен ақ үйге қадалып келеді.

Ауыл маңы жылан жалағандай жып-жылмағай. Түскі қойлар мезгілінен ерте өріп кетіпті. Желідегі құлындар да, көгендегі қозылар да, белдеудегі бұзаулар да жоқ. Тек кейбір жер ошақтағы қазандардан болар-болмас бу бұрқырайды. Жанған от, будақтаған түтін олардан да көрінбейді. Қайсы бір қазандардан қозғауыштың сабы қылтияды, сол қозғауыш тұрған қазандардай қайнаған құрттың исі мүңкиді.

Осылардың бәрінен көз алмастан қанша қадалса да, қиялын қанша кездірсе де бірде-бірінің себебін таба алмай таңдана қарап Иман келеді. Жаңа ғана келіп мұнымен қатарласқан Сайдалы мен Батталдың да көзі үйлердің арасын саралап, ауылды тегіс аралап келеді, олар да ан-таң.

— Мына жендеттің ауылына оба келген бе?

Иманның «оба» деген сөзіне жанындағылардың екеуі де тіксіне қалып, екеуі де жарыса жалт қарасты. Бірақ оның өзін сыйлағандықтан иба сақтап сөзіне сөз қайырған жоқ. Осы арада Сайдалының басына бір күдік келе қалды.

— Шынында мынау ауыл апаттан аман емес.

Ол осындай оймен көзін жағалай жүгіртіп еді, қотан ортасында шоғырланып тұрған арбаларды көріп таңдана түсті.

— Бұл қалай? Ауылдың сыртында тұратын арбалар қотанның ортасында...

Ол бұл сұраудың да жауабын таба алған жоқ.

Бұлар ауылды жағалап отырып талай үйлерден етті, жолдағы үйлердің бірде-бірінен тірліктің ешқандай белгісі білінген жоқ, тек қайсы бір үйлердің Ішінен иттің тұншыға қыңсылаған дыбысы естіледі. Бұл не жұмбақ? Осы арада тағы бір жұмбақ кездесе кетті. Бұлар Текежанның үйіне жақындай берген кезде қарсы алдарынан қолдарында қатқан қара сойылдары бар еңгезердей екі жігіт талтаңдай басып шыға келді.

— Қызыл тақия кигісі келгендерің бері жақындаңдар, бері таман, — деді мойнына үш бұрышты тұмар таққан жалаң төс біреуі шолақ тұмсығын аспанға көтеріп.

— Ажал сағынғандарың маған келіңдер, маған, — деп екіншісі күжілдеді. Ол тіпті сойылып сілтегелі оңтайланып келеді.

Бастап келе жатқан Сайдалы «мыналардың есі дұрыс па?» дегендей жанындағыларға бір қарады да атының басын тежеместен жақындай түсті.

— Ауылдарыңа келген қонақты сойылмен қарсы алу салттарың болса ал жақындадық, бірақ соңынан өздерің жалынып жүрмеңдер.

— Кім, жалынатын біз бе? — деп тұмарлысы тепсіне жақындады.

— Сен мынаны танимысың? — деп екіншісі сойылмен Сайдалыны кеудесінен нұқып қалды. Бірақ оның бұл батырлығы ұзаққа барған жоқ.

— Ал сендер мынаны танисыңдар ма, — деп Иман наганын суырып алып еді, екеуінің де көзі жараның орнына ұқсап кетті.

Жаңа ғана құтырған қасқырдай үрей шашып тұрған екеуі енді иесіне еркелеген иттей арсалаң-арсалаң етеді. Күлген болып ауыздарын ырситады. Сірә, құдайларына жалбарынғаны ма кім білсін, әлде нені айтып былдырлайды, оны өздері де түсінер емес. Қолдарындағы сойылдары өздерімен бірге бебеу қағып дірілдеп тұр, оны сезетін хал екеуінде де жоқ.

— Қалай, енді таныдыңдар ма? — деді Сайдалы олардың ұсқынына күлкісі келсе де түсін суытып.

— Таныдық, мырза, — деді тұмарлысы елбең қағып.

— Текежан мырза қайда? — деді Иман наганын кезей жақындап.

Тұмарлысы сөз айта алмай шығыс жақты мегзеп қалып бір сілтеді де, қасындағы күж қарасы:

— Қалаға кетті, — деді кекештене сөйлеп.

— Қашан?

— Әлгі бір кезде.

— Әлгі бір кезің қашан? Таңертең бе?

— Жоқ, сәске кезінде.

— Қасында кімдер?

— Тілмәш ноғай мен ат айдаушы,

— Шабарманы қайда?

— Ол жолдағы елге жар салғалы ертемен кеткен-ді.

— Біздің мырза бүгін қонаға сол елге жетпек, — деп екіншісі қосарланды.

— Жолшыбай құс аулайды екен ғой, мылтығы бар ма еді?

— Бар, мылтығының екі ауызы бар.

Иманның мұның бәрін не үшін ежіктеп тұрғанын ешкім сезген жоқ.

Осы кезде қотан ортасындағы арбалардың арасынан:

— Ей, мырзалар, өмірде көрмегендеріңді көріп, ішпегендеріңді ішесіңдер, мұнда келіңдер, мұнда, — деген біреудің дауысы шықты.

Әлсіз шыққан сөзінде кекесін бар. Сол кекесінді сөзінен оның кектің адамы екенін сезгендей, Иман атының басын тез бұрып алды. Бірақ онан бұрын Серкебай қарт жетті. Өйткені ол артына мінгесіп келе жатқан мылқаудың сілтеуімен атының басын арбаға қарай олардан бұрын бұрған еді.

Қол-аяғы төрт арбаның жақтауына керіле байланып аспанға шалқасынан асулы тұрған біреуді көре сала Серкебай қарт атынан қарғып түсті. Бірақ, байлаулы жатқан адамның беті қаннан көрінбейді екен, тани алмай, таныса да өз көзіне өзі сене алмай, ақ қыраулы қабағы жауып кеткен көзін қайта-қайта сүртіп тұрып қалды. Дауысы да қалтырап шықты.

— Жұртым-ау, елім-ау, менің мынау шыққыр көзім нені көріп тұр? Мынау малша маталып, қасапталып жатқан анық Шернияз ба? Шерім-ау, бауырым-ау...

Ол соны айта күңіреніп келіп Шернияздың үстіне құлап түсті.

Серкебайдың сөзімен айтқанда бұл жерде малша маталып қасапталып жатқан жалғыз Шернияз ғана емес, оның астыңғы тұсында қол-аяғы кісенмен керіліп інісі Шадыман да жатыр. Сірә, ол қатты қарсыласып, соққыға қатты түскен болу керек, қозғалуға дәрмені жоқ, тек кірпігі ғана қимылдайды. Мына келгендердің ішінде мұндай сұмдықты бұрын көргендері жоқ екен, бәрінің де жүрегі сыздап сала берді. Бәрі де маталып жатқандарға таңдана қарап аттарынан топ-топ түсе бастады.

Бәрінің де аузында:

— Лағнаттар! — деген жалғыз ауыз ызалы сөз ғана.

Төгілген қаны елінің қайғысы болып көрінген Шернияз кім? Шадыман кім?

Екеуі де өмірдің бір өгей перзенті.

Қатыгез өмірдің әсіресе Шерниязды есіркеген кезі бір болған емес. Ата-бабасынан қалған жалғыз мұрасы тақыр кедейлік еді, оның сол кедейлігіне ие болатын мұрагері де жоқ. Мұрагерсіздікті екі дүниенің қасіреті деп білетін оның бар арманы бір бала. Бүгін осында айдап келіп қанға батырған да сол баланын зары. Сол арманы оны өмір бойы езіп келеді, үміттен басқа таянышы да, талшығы да жоқ, сонда да ол қажымастан алысып келеді, «Балам болса басқа бақыт тілемес едім-ау» деп жүргенде әйелі өліп ол үміті де ойран болды. Әйел өмірдің гүлі ғана емес, үміттің шамшырағы екен, бар күткені осылай күйреп, түнекте тұншыққан күйде қалып еді, бағына Мейіз дейтін жесір әйел тап болды да сөнген үміті қайта тұтанды.

Мейіздің бұрынғы байынан қалған Назира атты қызы бар. «Баланың қадірін балаға зар адам білер» деген ой Шернияздың бір мүшел үлкендігін Мейізге елеткен жоқ. Ал, Шернияз оның баласы барлығына қуанып «бала көтерген әйел ғой, осыны алсам менің де бағым жанар, менің де перзентім болар» деген үмітпен екеуінің тұз-дәмі тез жараса кеткен-ді. Оған да міне, үш жылдан асып барады, баяғы арман әлі арман. Өмір асуларынан асқан сайын Шернияздың арман ауруы асқына түсті. Өйткені, ол тілеуім алда дейтін жастан өтіп, жер ортасы елуге жақындап қалды. Мейіздің де жасы отыздың ортасынан асып барады. Енді біраз жылдан кейін кәріліктің үскірік аязы оның да гүлін сора бастайды. Соны ойлаған сайын Шернияздың жаны түршігеді.

«Күткенім көл еді, көргенім шөл болды-ау» дейтін ол іштей назаланып. Мейіздің көңіліне қаяу салмас үшін бұл сырын жан баласына, ең ақыры өзінің жанкүйер жалғыз бауыры Шадыманға да сездірмейтін. Кейде «апыр-ау, мен неге өзімді өзім жегідей жей беремін осы? Назираның туған баладан қандай кемдігі бар? Алла атымен ант етейін, ешқандай кемдігі жоқ. Ендеше мен неге қапалана беремін? Қой, Шернияз мырза, тәубаға кел» деп өзін-өзі жұбататын. Бірақ, ол жұбанышы ұзаққа бармайтын. «Адаспа, Шернияз, адаспа Артымда қалған перзентім бар деп кеткен әке бар, сен оны еш уақытта ұмытпа. Онан да сен қаны бір туысың Шадыманды тезірек үйлендір де соның баласын бала етіп ал» деп ол өзінің үмітін тағы да алысқа айдайтын. Кейде сол үміті де өзінің тайғақ өміріне ұқсап құлдырап кететін. Шадыманды үйлендіріп, маған бала сүйдіретін мал қайда? Малсыз келетін қалыңдық қайда? Қызын тегін беретін қазақ қайда? Ең сорлы қыздың құны бес байтал, мендегі малдың бары ала сиыр мен көк шолақ қана. Ол екеуін қосақтап берер едім, өзім қайтіп күн көремін? Құдайым-ау, анық құдай болсаң айтсаңшы бір амалын. Не істеймін мен?.. Әлде атасы басқалығын сылтау етіп Шадыманға Назирамды қоссам ба екен?.. Астағпыралла, мен не шатып кеттім? Сорлы Шернияз-ау, бұл қай шатасқаның? Шадыман інің болғанда Назира өгей болса да қызың емес пе? Ендеше мынауың не масқара. Қанша алжассаң да ақылыңнан бұлай адаспасаңшы» деп ол райынан тез қайтатын да қайта лоблитын. — Ал сонда қайттім? Қыздың қалың малына беретін малды қайдан таптым? Бар байлығым өзімнің он саусағым. Бір шикі өкпе үшін оны да қияр едім, кесік саусақтарға қызын беретін кім бар?» дейтін ішінен. Шынында оның бар байлығы өзінің он саусағы. Өйткені он бармағынан бал тамған күйші, әрі елден асқан үйші. Киіз үйдің сүйегін ондай жасай алатын жан жоқ. Әсіресе шаңырақты әдемі жасайтын. Романовтардың Омбы қаласында өткен тойына барып қайтқан бір кісінің айтысына қарағанда сол тойға арналып Ертіс жағасында екі мыңдай киіз үй тігілген екен. Сол екі мыңдай үйдің ішіндегі ең сұлуы Текежан апарып тіккен үй болыпты, әсіресе оның шаңырағы қатты мақталыпты. Ол шаңырақты жасаған осы Шернияз болатын. Сол мақтаудан бері Шернияздың қадірі де, шаңырағының нарқы да көтерілген еді. Оның үстіне ол асқан күйші. Өзге күйшілерден оның бір өзгешелігі күйді еш қандай аспапсыз да тарта беретін. Ол саусағымен екі ернін дірілдете отырып көмейінен күй төккенде қобыздың үні ілесе алмай, таңданбаған жан, тамсанбаған таңдай қалдырмайтын.

Шадыман оның ағасының жалғыз баласы. Ол да бақытсыздықты шенгелдей туған бір сорлы. Мұнан төрт жыл бұрын Қарағандының құлаған шахтасының астында қалып әкесі өлді, әкесінің қырқы жетпестен шешесі өліп бір үйде жалғыз қалды. Шернияздың әйелі сол тұста қайтыс болған еді, жастайынан қосылған қосағынан айрылып қаусап жүрген Шерниязға бұл хабар жеңіл тиген жоқ, ауыр болса да амалы болмай жалғыз бауырын жат жерде қалдырғысы келмей жаралы жанын сүйретіп барып кірешілерге ілестіріп Шадыманды елге алып келген. Сол сапарында Шадыманның әкесімен бірге шахта астында өлген Дәрібек дейтін жұмысшының әйелі осы Мейізге сөз салып кеткен еді, келесі жылы арнайы барып оны алып келді. Мейіздің Назирасы ол кезде он үштен жаңа асқан талдырмаш қана нәзік қыз еді, қазір көк өрімделіп көз тартып келеді. Шернияздың бел мұрагері болғысы келгендей қолынан күндіз ұңғуыр мен қашау, кешке домбыра түспейтін болып өнерленіп келеді.

Шадыман сонан бері көршілес ауылдағы Түйебай дейтін байдың қойын бағушы еді, былтырдан бері жылқы бағатын дәрежеге жетті. Бірақ, дәрежесі өскенімен еңбегіне мал алатын күнге әлі жеткен жоқ. Киімі бүтін, тамағы тоқ, бар табысы сол ғана. Өткен жазда жылқыға тиген төрт ұрымен жалғыз сайысып өзі қанға боялса да жауға жылқы берген жоқ. Ерлікті дәріптегіш елі сонан бері оған «бала батыр» деген ат қойып айдар таққан-ды. Қайсы бір ақынсымақтар ол жайынан сөйлей қалса «он сегізде жасы бар, қиылған қара қасы бар» деп текіректете жөнелетін. Шернияздың қиял кезіп іздегенде тапқан қалың малы Шадыманның осы даңқы ғана. «Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған» деуші еді ғой Абай ақын. Мүмкін Шадыманның даңқын қалың малдың мың жылқысынан артық көретін бір ақылды қыз табылар. Ондай ақылды қыз табылар-ау, қызына еркіндік беретін ақылды қазақ табылар ма екен? Ай, табылмас. Е қой, мүмкін табылар.

Оның ең соңғы үміті осылай, дауылды күнгі теректей теңселіп тұрған шақта патшаның жарлығы келіп жетті де бар өмірін шайқалтып жіберді.

Сол Шернияз мынау төрт арбаның жақтауына керіле байланып, аспанда асулы тұрған. Сол Шадыман қанға боялған қалпында аяқ-қолы кісенмен керіліп арбаның төрт дөңгелегіне маталып жатқан.

Патшаның бұл жарлығын өздеріне жем түсіретін қармақ етуді ойлай бастаған болыстың бірі осы Текежан. Ол өзінің көмейіне түскелі тұрған мол жемнің иісін сезген сәттен бастап ағасы Текешті «сырқат» деген сылтаумен болыстықтың тізгінін өз қолына алған-ды. Өйткені ол кандидат. Шарапаттың манағы айтқаны рас, қазір оның қолында екі түрлі тізім бар. Оның бірі патшаның жарлығына сай келетін он тоғыз бен отыз бір жастың арасындағылар, екіншісі: он жеті мен он тоғыз, отыз бір мен отыз жетінің арасындағы жасты қамтитын өз тізімі, өз құлқынына сай келетіндердің тізімі. Соңғылар пара бергендердің орнына кететін кедейлер. Сол көмейдің құрбаны болғандардың ішінде Шадыман да бар, деген қауесет сонау Қарқаралының аржағындағы қалың қарағайлы Қапалының бір қуысында орманшыны сағалап жалғыз үй қалған Шерниязға да жеткен-ді. Соңғы үмітіне жай осылай түскен соң күл-талқаны осылай шығып, сүлдесі ғана қалған үмітін сүйретіп кеше осы елге келген-ді. Келе сұрау салып еді, сол қауесеттен басқа жақсы лебізді ести алған жоқ. Түнімен дөңбекшіп басқадан қайыр жоғын білді де ертемен Текеш қажының өзіне тартқан-ды.

Ол келген кезде Текеш құс төсектің үстінде қос жастықты құшақтап қақ төрде сұлап жатыр еді, сәлем бере кірген Шерниязды қызарып кеткен шүңірек көзімен бір атты да екі қолын қабат ұсынып келе жатқан оған таяғын ұсынды. Шернияз оның таяғын ұстап маңдайына тигізе бере ішінен:

— Ой, қажы болғаныңды, — деп бір сыбады да отыра кетті.

— Төсегінен түңілгендей таң атпастан тентіреп жүрген сен кімсің?

Өз сөзі болса да осы «төсек» деген сөз Текештің қытығына қатты тиді. Тіпті оқ тигендей сылқ етті де бармағын аузына салып жіберді. Өйткені тоқалдарының төсегі қағынғанын сезген жылдардан бастап бұл сөзді аузына алмайтын, ала қалса өкінетін, өкіне қалса өлер-тірілеріне қарамай бармағын осылай шайнайтын. Шернияз оны аңғарған жоқ.

— Қажекем-ау, тақсырым-ау, төсегімнен түңілсем сізге келмес едім ғой, — деп оның жарасын тырнай түскенімен қоймай, — өмірден түңілген соң келдім ғой, — деп ол зарлана бастап еді Текеш зірк етті.

— Төсек атаулының бәріне ит сарыса да мейлі, кімсің өзің?

— Тақсырым-ау, мен Шерниязбын ғой.

— Қай Шернияз?

Шернияз оның бұл сөзінің шын-өтірігін айыра алмай сәл кідірді де шұбырта жөнелді:

— Мына отырған бәйбішеңіз келіншек болып түскенде жар-жарын айтып, бетіндегі пердесін жырмен ашқан Шерниязбын. Тоқалдарыңыздың барлық тойын жалғыз өзі басқарып, барлық күйді жалғыз өзі төккен Шерниязбын. Сіз Мекеден келгенде қажылық сәлдеңізді жырмен де, күймен де мадақтаған Шерниязбын. Болыс болып сайланғанда атағыңызды аспандатқан Шерниязбын. Патшамыздың тойында өзіңізге мақтау әперген шаңырақтың шебері Шерниязбын. Құдайдың сүйген құлы, патша ағзамның адал ұлы өзіңізден бір қайыр болмаса су түбіне кеткелі тұрған шерлі Шерниязбын, — деп зарлай бастаған сөзін ауыр өксуге айналдырып жіберді. — Текежан мырза, жасы заңға жатпайтын жалғыз інімді спескеге жазып жіберіпті. Менің інім де, ұлым да, қызым да, артымдағы бар мұрагерім де сол інім ғана. Мен де өзіңіздей...

Жасқа булығып сөзін түгел айта алмай өксіп қоя беріп еді, Текеш оның айтқысы келгені «өзіңіздей қу баспын» деу екенін сезсе де сезбеген болып:

— Иә, — деді, күрсіне сөйлеп, — сен ән мен күйіңді байына опасыз қатындардан да, патшамызға опасыз қарақшылардан да аяған жоқсың-ды, мен оны ұмытқаным жоқ, — деп сөзін жай салмақпен бастады да, түсін кенет суытып алды. Үнемі ойнақшып тұратын жұдырықтай жұтқыншағы Шерниязды жұтып жібергісі келгендей қайта-қайта жұлқынып, байлаудағы қабаған итке ұқсап кетті. Сол құтырған жұтқыншағы көмейіне кептеліп тілін күрмеп тастағандай булығып аз кідірді де: — Ондай арызыңды мендей қажыға емес, Мәди секілді қарақшыға барып айт. Менің құрметіме тартқан баяғыдан бергі күйлеріңді түгел жинап ал да сол қарақшының жаназасына тарт. Бар, жоғал, — деді жаңа ғана көздің жасын сүрткен таяғымен енді есікті нұсқап.

Бұл сөзінде нендей кекесін барын, сол кекесіннің ар жағында нендей зіл жатқанын, ол зілдің тамыры Мәди айдаудан келген кезде айтылған өзінің бір ащы сөзінде жатқанын Шернияз енді ғана сезе бастады. Соны сезген сайын шырайлы өңі сұрланып, шойыннан құйылғандай көрінетін шымыр денесі ширыға түсті. Кектенген шағындағы әдетімен қысықтау келген өткір көзінен от шашып Текештің быржиған тарғыл бетіне қадалып қалды. Бірақ үні жұмсақ шықты.

— Қажеке-ау, мені сорлатып отырған Мәди емес, өзіңіздің кандидат ініңіз Текежан ғой.

Текеш кенет ойлана қалып Шерниязды сорлата түсетін жана бір зұлымдықты ойлап үлгірді. Тіпті сөзі де, қимылы да шапшаң:

— Солай ма? Онда мен Текежанға жарлық жазайын. Қатын, ана құранның арасында қағаз тұр еді, бері әперші.

Ол бір жапырақ қағазға әлде нені жазды да, Шерниязға ұсынды.

— Менің айтқанымды ол істейді, оның айтқанын сен істейтін бол, мақұл ма?

— Хұп, тақсыр, хұп... көп жасаңыз.

Қажының берген қағазын қонышына тығып алып Текежанның аулына жеткенше Шернияздың қуанышында шек болған жоқ. Сол қуанышы оған жолшыбай кездескен Шадыманның сұрауларына да жөнді жауап бергізген жоқ.

— Құдай жарылқады, қарағым, қажының мейірімі түсіп Текежанға жарлық жазып берді. Жүр, жарықтықтың жарлығын өз құлағыңмен есті, сауап болады, — деп ол көк шолағын борбайлап өте шықты.

Шадыман қажының қайырымдылығына да, жарлығының сауабына да сенген жоқ, өзіне сол бір жапырақ қағаздың қандай соққы болып тиетінін де сезген жоқ. Шерниязға еріп кете барды.

Шернияз келіп атынан түскен кезде Текежан өзінің үйінде, өзіне-өзі өте риза күйде болатын. Ол жансыз жақсы асылдарды үйіне жинай білетін, сондықтан оның үйінде көне дүниелер болмайтын да, сегіз қанат ақ ордасының ішіндегі дүние жиһаздар көздің жауын алатын. Әсіресе сол жақ босағадан төрге дейін созылып керегелердің бетінде кемедей керіліп тұрған қызыл жібек кілем қарсы беттегі шаңырақтан түскен күн шұғыласымен шағылысып үйдің ішін қызыл нұрға малып тұрғандай көрсететін еді. Сондықтан арақ билей бастаған Текежанның көзіне екі әйелінің екеуі де қызыл шырайлы көрініп, екеуіне қызыға қарап тұр. Қараған сайын қызыға түседі, бірақ қайсысын қызықтарын білмей екеуін екі шетке тұрғызып қойды да теңселіп жүре бастады. Екеуіне кезек оқыранып, екеуінің иегінен кезек қағып қалып, анда-санда «о, құлқындарың құрысын» деп бір қарқ етеді. Оны сынға салғысы келгендей екі әйелдің екеуінде де үн жоқ. Бір кезде ол қақ ортада тұра қалды.

— Қане, қандай базарлық қалайсыңдар? Осы сапар не қаласаңдар да әкелемін. Тек өздеріңе шабатын айғыр әкел демесеңдер болды, ха... ха... ха...

— Өзің бір айғырдан кем емессің ғой, — деп бәйбішесі сөзін зілдірек тастап еді.

— Әділін айтқанда артықсыз, — деді тоқалы сыңқыл күлкіге сала сөйлеп.

— Сен тоқал, олай сайқалданба? — деді Текежан түсін өтірік суытып, — күрең айғырдың он тоғыз биесі бар, менің сен екеуіңнен басқа қандай бием бар? Осы ма менің артықтығым?

— Күрең айғырдың биесі де он тоғыз, сол он тоғыз биеден жылына рахат көретін күн де он тоғыз ғой, — деп тоқалы сыңқыл күлкісіне салып еді, айтары болмай Текежанның өзі де күліп жіберді.

— О, қу тоқал, — деді күле сөйлеп. — Әкең саудагер болмаса сен мұндай есепті білмес едің-ау ә,

— Саудагердің қызы еместер де айғырды айыра біледі.

— Тым тақылдап кеткен екенсің, таңдайыңды жібітіп кетейін, үйіңе бар да жол азығыңды әзірлей берші.

Шернияз келіп килікті де тоқалдың азығы әзірленбей қалды.

Текежанның өзінен иттері әдепті еді. Түнімен жатпайтын да, күнімен ұйықтайтын.

Атын аулақтағы керме ағашқа байлап тастап елеусіз келе жатқан Шернияз Текежанның көңілді екенін қарқылдаған күлкісінен сезіп мүлдем қуанып кетті. Үйге рұқсат сұрамастан сәлем бере кіріп келді.

— Армысыз, елімнің арысы? Амансыздар ма, арысымның арулары, — деген дауысы да көңілді шықты. Текежанның мұнан ұзақ сәлемді қабыл алмайтынын білетін болу керек, басқа сөз айтпастан қолын қонышына тыға бастады. Екі мықынын таянып қақ төрде талтайып тұра қалған Текежанда үн жоқ, әлде неден сескенгендей, шегірлеу келген көзі Шернияздың іздеген қолында.

— Міне, мырзам, — деді Шернияз Текеш берген бір жапырақ қағазды қонышынан суырып ала-сала Текежанға ұсынып, — мынау жарықтық қажының қайрымды жарлығы. Інімнің жасы құдайдың жазуынан артық кетпесін, бар тілейтінім сол ғана.

Текежан ол берген бір жапырақ қағазды ішінен оқып шықты да тісін шықыр еткізді, бірақ өңінде өзгеріс жоқ. Оның сығырая қалған көзі Шерниязда. Шернияздың көзі Текежанның жарқырап тұрған алтын тісінде. Сол алтын тіс қазір шайнағалы тұр, оны сезер емес. Қайта Текежан оған бұрынғысынан да сұлуланып кеткен секілді. Шынында ол ажарсыз емес-ті. Қазір арақтың қызуы қан болып бетіне шығыпты да, ақ сұр жүзін қызылшырайландырып жіберіпті.

— Ханым, ақ сайтандардың қоржынға салынбағандары бар ма? — деді көзін Шернияздан алмастан.

— Бір шынысы бар.

— Соны екі кесеге бірдей бөліп құй да алып келші.

Ол көзін Шернияздан әлі тайдырған жоқ. Қазір сені дәл осы қағаздай етемін дегені ме кім білсін, қолында қағазын умаштап тұр. Бәйбішесі әкелген екі кесе арақтың бірін алды да Шерниязға ұсынды.

— Бұл не? — деді Шернияз біресе Текежанға, біресе қолындағы араққа тіксіне қарап.

— Бұл биенің буға, онан суға айналған сүті, іше бер.

Шернияз оның бұл сөзіне түгелдей түсінген жоқ түсінбесе де қаталаған қанын бір жібіткелі іше бере тоқтай қалды.

— Тақсырым-ау, мынауыңыз су емес у ғой.

Текежан бәйбішесінің қолында тұрған бір кесе арақты дем алмастан қағып сала қолын ербеңдетіп: Аузыма бірдеңе салыңдар! — деп еді, тоқал бір бұлаң етіп бәйбішені іліп түсті.

— Үй менікі емес, өзімнің тілімді бермесем не берейін.

— Әкелші сол сүйреңдеген тіліңді, — деп Текежан аузын алыстан ыңғайлап тоқалына жақындап еді, бәйбішесі зіл тастады:

— Ау, алдарыңда адам отыр ғой, ұялсаңдаршы.

Тоқал мүлдем қомағайланып алған екен, ұялар емес, байына қадалған құзғын көзі мүлдем тұнжырап кетіпті.

— Менің тілімді қызғансаң қазаныңның қаспағын қырып әкелмей не ғып тұрсың? — деп бәйбішені бір шағып алды да, байына жақындай түсті. Бірақ мұның бәрі күндесіне көрсеткен қысасы екен, құмар сөзін құшырлана айтса да байына тілін ұсына қойған жоқ, жақындай бере басын бір шайқады да кері шегініп кетті. Қанша ожарланса да байы да оған омыраулаған жоқ, бар қызуымен жалт бұрылып Шернияздың алдына жетіп келді. Оның сол сәттегі түрінен жан шошырлық еді. Тіпті жарқыраған алтын тістері де, жалт-жұлт етіп омырауынан салпылдап тұрған алтын сағаттың бауы да Шернияздың көзіне өзін жұтқалы ұмтылған дажал көзіндей көрініп денесін дір еткізді. Мұндай кезде үрейдің бұлты да тез үйірілгіш келеді ғой, есіне Гаврилов дейтін орманшы досының «араққор адамда ар болмайды, ары жоқ адамда аяушылық болмайды» деген қайдағы бір сөзі келіп қалтыратып жіберді. Сондықтан тепсініп келіп шаниып тұра қалған Текежанның:

— Қолындағы менің арағымды ішесің бе, жоқ әлде өзіңнің қаныңды ішесің бе? Қалағаныңды ал? — деген сұрауына берген жауабы да қалтырап шықты.

— Тақсырым-ау, мен арақ іше білмеуші едім, қинамасаңызшы.

— Неге білмейсің? Менің басымнан аттап барып болысқа арыз айта білесің, оның қубас екенін айтып жарасын тырнай білесің, менің арағымды ішуді неге білмейсің? — деді де Шернияздың қолындағы арақты алып бетіне шашып жіберді. Онымен де тынған жоқ. — Әкел, менің сайтан соққан сараламды, — деді бәйбішесіне ақырып.

Оның «сайтан соққан сарала» дегені қызыл тобылғы сабының он екі жеріне екі қатардан жез оралған жылан бауыр қамшы екен. Қажысының еткен қайырымы қандай екенін Шернияз енді ғана сезе бастады. Сарала қамшы жалтылдаған сайын әсіресе оның шұбар жыланның бауырына ұқсайтын өрімі көзге түскен сайын Шернияздың жүрегі зуылдап, арқасы дуылдап барады. Оның арқа сүйегі жарылып кетсе де Текежанның аяйтын түрі жоқ. Ол бәйбішесінің қолында тұрған қамшыны ала сала аспанды тілгісі келгендей пәрменімен сілтеп әуені бір ысқыртты да:

— Мынау сен түгілі талай сайтанның шыбын жанын шырқыратқан қамшы. Осы қамшының астында шіриін демесең шыныңды айтып антыңды бер. Егер ініңді қалдырсам қызыңды менің кіші қайны-атам, атап айтқанда мына тоқалымның әкесі Түйебайға беремісің?

— Астапыралла, — деп Шернияз жағасын ұстай түрекелді. — Түйебайың менімен түйдей құрдас қой, оны айтуға аузыңыз қалай барды.

— Менің аузымның қайда барғанында сенің жұмысың не?

Ол соны айтып Шернияздың сақалынан ала түсті, сол сәтті аңдып тұрғандай үйге сарт етіп Шадыман кіріп келді.

— Мырза! Арағыңызды да, азабыңызды да маған беріңіз, тек Назираны аузыңызға алып шалды қинай көрмеңіз.

Ол манадан кіруге бата алмай сыртта бұлардың сөзін алыстан тыңдап тұр еді, Назираның саудаға түскенін көрген соң шыдамады, жаны ыршып жетіп келді. Текежан оның кім екенін білген жоқ, білгісі де келген жоқ, тек Шернияздың сұрай келген інісі осы екенін сезді де айғай салды:

— Ей, менің ләппайларым, қайдасыңдар?

Оның дауысы шығысымен манағы екі жігіт арсалаңдап жетіп келді.

Екеуі есікке жарыса кірген еді, енді екеуінің:

— Ләппай, тақсыр, — деген дауыстары да жарыса, даурыға шықты.

«Ләппайдың» не сөз екенін оның екеуі де, оларға мынау кермиық кербез тоқалын алған кезде үйреткен Текежанның өзі де білмейді. Білмесе де олардың «ләппайлап» тұрғаны өзіне аллалап, табынып тұрғандай сезініп насаттанатын. Ал ана екеуі бұл сөздің не екенін білмесе де қасиет тұтып өздерінен басқаға айтқызбайтын, өздері де, Текежаннан басқа жанға, тіпті оның ағасы әрі болыс, әрі қажы Текеш қажыға да айтпайтын. Сондықтан жұрт ол екеуін «ләппайлар» деп, екеуін бөліп айтқысы келгенде «үлкен ләппай», «кіші ләппай» деп атайтын-ды.

— Біз әзірміз, — деді ләппайдың үлкені. Бұл манағы тұмарлысы.

— Әзір болсаңдар мына төбеттің төрт аяғын төрт жаққа керіп байлайтын арқан, мына күшіктің аяқ-қолына салынатын кісен әзірлеңдер.

— Ләппай, тақсыр, ләппай, — деп екеуі жөнеле беріп еді, Текежан бар дауысымен ақырып қалды.

— Тоқтаңдар! Алдымен ауылды тік тұрғызыңдар. Малшылар малын тезінен өріске әкетсін. Биелер тегіс ағытылсын. Желіде бірде-бір құлын, көгенде бірде-бір қозы, белдеуде бірде-бір бұзау қалмасын. Қысқасы, ауыл маңында қыбыр еткен жан болмасын. Сонан кейін мыналарды төрт аяғын төрт жаққа керіп байлау үшін қотан ортасына төрт арба жеткізіңдер.

— Ләппай, тақсыр, ләппай.

— Тоқтаңдар! Бірде-бір адам көзге көрінбесін. Жұрттың бәрін сойылдың астына алып, итімен бірге үйлеріне қуып тығыңдар. Кімде-кім бұл жарлығымды орындамаса өздерін майданға жіберемін де қызын қатын, қатынын күң етемін. Осыны айтып жағалай жар салыңдар.

— Ләппай, тақсыр, ләппай.

Патшаның жарлығынан Текежанның осы жарлығы мықты болып шықты. Ләппайлар бір сағатқа жеткізген жоқ, елпекбайларды қосып алып ауылдың әлегін аспанға шығарып лезде тып-типыл етті. Елді солай жайпап тастап Шернияз бен Шадыманды соққының астына алды да бірін арбаның жақтауына асып, енді бірін жерге сулатып тастады. Олардың араша сұрап салған айғайына бүкіл ауылдан бір адам келе алған жоқ. Тек иттер ғана ұлып үн қосып еді, оның бір-екеуін Текежан атып тастады.

Бір мылтықтың дауысын естісе жүзі бірдей жапырылатын жұрттың зәре-құты қалмай, иттерін сүйрете үйлеріне кірген еді, сонан қайтып дала бетін әлі біреуі көрген жоқ. Текежанның кетерінде «күн тау басына жеткенше бірде-бір адамды үйінен шығармаңдар, мыналарды ертең осы уақытқа дейін босатпаңдар. Егер осы айтқанымды бұлжытпай орындасаңдар екеуіңді де майданнан алып қаламын» деген сөзі ләппайларды мүлдем құтыртып жіберді. Бүкіл ауылды сойылдың астына үйіру олардың өмірінде көрмеген шаттығы еді. Имандар келді де олардың шаттығын шаңға аунатып жіберді.

Сайдалы мен Баттал бүгін Текеш қажының ауылына қанжар асынып аттанған еді, сол қанжарлар, әсіресе, Батталдың қанжары ақ жолтай екен, алғашқы серпіні жау бұғауын талқандаумен басталды. Бірақ қыл арқанды кескілеп Шерниязды босатқанымен Шадыманды қалай босатуды білмей бәрі де аңырып қалды, өйткені оның қол-аяғындағы кісендердің кілтін Текежан алып кетіпті. Арбаның қимасын қиратып кісеннің бір басын босатқанымен екінші басы кілтсіз ашылар емес. Ләппайлар зыр жүгіріп ауылдағы кісендердің кілтін жинап әкеліп еді, бірде-бірі үйлес келмеді, үйлес келетін кілт іздеп көрші ауылдарға шапқыласып кетсе, енді біреулер Шерниязды қолтығынан демеп шеткергі бір үйге қарай алып кетті. Қалғандардың қайсы бірі құрым кигіз күйдіріп әкеліп Шадыманның қанын тоқтатса, енді біреулер аузына су тамызып зыр қақты. Шерниязға келген бостандық өздеріне де келгендей қамаудағы жұрттың бәрі далаға қаптай шығып еді, бірде-біреуі бұларға жақындай алмай өзенді жағалап далда жерлерді сағалап бет-бетімен кезіп кетті. Оларды көре сала жаңағы ләппайлар Текежанның кетерде берген бұйрығын айтып безек қақты. Екеуінің де оған қатын болатын қызы, күң болатын әйелі жоқ екен, тек оның бұйрығын орындамаса өздерінің майданға кететінін айтып зарлады.

Баттал ызалы күлкімен бір мырс етті де:

— Жүріңдер, мен сендерге бәйбішені де, тоқалды да тауып берейін, — деп екеуін ертіп Текежанның үйіне қарай жөнелді. Оның көздегені манағы тоқал еді, ол Батталдың пиғылын ерте сезген екен, тапқызбай кетті.

Шадыман мұның бәрінен бихабар. Есінен танып құлап бара жатқанда қолында домбырасы бар бір қыздың жаудыраған көзі жалт етіп еді, сол жаудыр көз өз көзінің жанарына жабысып қалыпты, онан басқаны, тіпті аспанның күнін де көретін емес. Сол қыздың домбырасынан төгілген «Аққу» күйінен басқаны еститін де емес.

— Назира... Назира...

Айта алмады, тек жүрегі солай деп соқты. Оны өлімге бермей көзімен арбап, күйімен тербеп тұрған махаббаттың бір тәңірісі — Шернияздың өгей қызы Назира.

Соңғы бір көргенде ол қыз осылай, дәл осы елестегідей жұмбақ жымиыспен күле қарап тұрып осы «Аққу» күйін сұңқылдатқан еді.

Ел жайлауға көшкелі жатқан-ды. Шернияздың әдеті бір жыл сілемесін елге ілестіріп жайлауға шығатын да келесі жылы өзінің кәсібін істеу үшін жалғыз үй қыстауда қалатын. Биыл оның қыстауда қалатын жылы. Жаздай көрмейтін болған соң Шадыман ел жайлауға беттерден бір күн бұрын кешке жақын қоштасқалы барып еді, әкесі мен шешесі таудан ағаш әкелуге кетіпті де Назира ағаш арасында гүл теріп жүр екен. Шадыман оны аңдамастан «Сырымбетті» сызылтып келе жатыр еді, ән аяқтала берген кезде:

— Ағатай-ау, әніңіз неткен әдемі, — деген Назираның дауысы шықты. Неге екені белгісіз, қыздың «әдемі» деген бір ғана сөзі Шадыманның бар шаттығын шалқытып жіберді, тіпті аттан түсе сала жүгіріп барып қызды құшақтап алғысы да келді. Бірақ бұл қыздың қаны басқа болғанымен «қарындас» деген аты бары есіне сап етті де, өзін тежеп еңсесін сылқ еткізді. «Қарындас болмай кеткір-ай» деді назаланып. Оның күбірмен айтқан бұл сөзін Назира естіген жоқ, жаудыраған көзін Шадыманнан алмастан келе жатты.

— Әнім жақсы болса да мәнім мәз емес-ау, қарындасым, — деді Шадыман күрсіне сөйлеп. — Амансыңдар ма?

— Біздер аманбыз, өзіңіз қалайсыз? «Қарындасым» деген сөзіңізде ауыр мұң бар секілді ғой, жайшылық па?

— Өзімнің барлығым амандығым емес пе?

— Аман болсаңыз жаңағы әніңізді домбыраға салып алайын, атыңыздан түсіңіз де қайта айтыңызшы.

Назира соны айтты да Шадыманның жауабын күтпестен үйге жүгіріп кетіп әкесінің көнетоз қара домбырасын алып қайта келді.

— Қане, бастаңыз.

— Қинама, қалқам, мен ол әнді сен бар жерде айта алмаймын.

— Неге? — деді Назира таңдана қарап.

— Неге екенін білмеймін, сол әнді айтсам жылағым келеді.

— Жылағысы келгені қалай?

— Қалай екенін де білмеймін.

Оның жаны осылай күрсінгенімен Назираға тұнжырай қадалған көзінде өзгеше бір от бар еді. Сол отта бір сиқыр барын сезгендей Назираның жүрегі лүп ете қалды.

— Жалынсам да айтпайсыз ба?

— Жалынсаң да айтпаймын, өйткені мен саған өмір бойы жалынғысы келетін адаммын.

Бұл сөз Назираны мүлдем таңдандыра түсті.

— Сіз бе маған жалынатын? Неге, не үшін?

— Сені «қарындасым» демей «жаным» дегім келеді.

— Дегіңіз келсе, дей беріңіз, онда тұрған не бар?

— Анық солай дейсің бе, мен солай дей берейін бе? Солай деші, жаным, — деп бір сөзді қайта-қайта тамсанып барып құшағына алып еді. Назира оның жүрегінің дүрсілінен шошынғандай ыршып кетті де, шүйіліп келіп түскен жемін баса алмай жер соғып отырып қалатын жаман бүркітке ұқсап Шадыман қала берді. Бірақ Назира безе жөнелген жоқ, үнемі күлімдеп тұрғандай көрінетін көзін: не істерін білмей сілейіп тұрған Шадыманға қадап «ұят, ұят» дегісі келгендей домбыраның жалғыз шегін дыңқ-дыңқ еткізіп тұр. Бір кезде ол кенет серпіліп домбырасын бір қомдап алды да «Аққу» күйін сұңқылдата жөнелді. Бұл қыздың тартысында «Аққу» күйі самғап барып әдемі сұңқылдайды екен. Шадыманның жүрегі сол күйді тыңдап қызды тағы да құшақтай алғысы келді, бірақ қозғаларға дәрмен жоқ, жаңа ғана кеудесіне сыймай тулап тұрған жүрегі күйді тыңдап тағы да тына қалыпты. Әлде не айтқысы келеді. Назираның айы болып айналып, күні болып толғанып, өзі білетін асыл сөздердің бәрін соған арнап айтқысы келеді, амал не тілі байланып қалыпты. Табиғаттың бар ләззәті сол күймен бірге сорғалап келіп көкірегіне құйылып тұрғандай маужырап жаны балқып барады. Назираның өзі де сол «Аққумен» бірге самғап өзінің жерде екенін сезер емес. Жаудыраған күлім көзін өзіне телміре қарап тұрған Шадыманның көзіне қадап алыпты, онан басқаны көретін де, сезетін де емес. Ол тіпті ағаш әкеле жатқан әкесінің алыстан:

— Ой айналайын, аққуым менің. Әр қашан осылай самғайтын бол, балапаным, — деген дауысын да естіген жоқ...

...Өлім құшағында жатқан Шадыманның көзінің алдында тұрған жалғыз сәуле Назираның сол күнгі өзіне қадалған көзі, құлағына ұялаған Назираның сол күнгі күйі.

Баттал Текежанның тоқалын іздеп жүріп төсек астында тығулы жатқан айбалтасына тап болған еді, сол балтамен Шадыман маталған арбаның шабағын шауып, қимасын қирата бастады. Ол ешкіммен тіл қатысқан жоқ. Шадыманды матаудан осылай босатып, кісендерімен қоса көтеріп алды да көрші ауылға қарай ала жөнелді. Ол кездің адамдары біреудің қаны аққанын көрсе қамықпайтыны қалмайтын, Шадыманның әлі де тамшылап бара жатқан қаны өз жүректерінен сорғалағандай, мына тұрғандардың бәрі де сілейіп қалған еді. Мылқаудың бажылдаған ащы дауысы бәрін тағы да селк еткізді. Ол бажылдап бұларды өзінше жағалай бір сыбап шықты да жүгіріп барып Батталдың құшағында кетіп бара жатқан Шадыманның кісендеулі аяғын құшақтай алды.

Манадан міз бақпай түнеріп тұрған Серкебай енді ғана үн қатты:

— Ау, жігіттер-ау, мылқаудың білгенін білмесеңдер де істегенін істесеңдерші.

Қарттың бұл сөзі шымбайларына қатты батқан екен: біреулері атына міне шауып, енді біреулері атын жетектей жүгіріп, бұрын жеткендердің қайсы бірі Шадыманның аяғында салбырап бара жатқан кісеннің басын көтерсе, енді біреуі Батталдың алдына тұра қалып үстіндегі шекпенін шешіп жерге төсей бастады.

— Жаңағы бір кезде бізде де ақыл қалмапты-ау, солай шекпенге салып көтеріңдер десекші, — деп Серкебай қарт таяғымен жерді бір түйіп қалып еді.

— Ыза жеңген кезде ақыл байғұс зыта жөнелетін көрінеді ғой, — деді Сайдалы күрсіне сөйлеп.

Нағыз ауыр ой Иманның басында. Ол мына жұрттан үміт етерін де, күдер үзерін де білмей тұр. Оның да көзі өздерінен ұзап бара жатқан Батталдарда:

— Қанын сорғалатып ана сорлыны қайда апара жатыр.

— Кісендерді төске салып сындыру үшін Баттал оны өзінің үйіне апара жатыр. Қане, біз де аттанайық.

Иман дел-сал күйден құтылатын емес, бұларды байқай түсу үшін ауылдан шыға бере тағы бір сұрау берді.

— Ол кісенді Текежанның өзіне неге ашқызбайсыздар?

— Қалай? — деп Сайдалы қарай қалып еді.

— Шырағым-ау, не деп келесің, — деп ол сұрауды Серкебай қарт тереңдете түсті, есің дұрыс па дегісі келіп еді, иба сақтап оны айта алған жоқ, — Ондай күш қайда?

Осымен бар түйін шешілгендей екі жағы үнсіз қалған еді. Иман атының басын елсізге бұра бере:

— Сайдалы аға, кәрия екеуіңіз аттарыңыздың басын бері бұрып, маған жөн сілтеп жіберіңіздерші, — деді.

Оның сұрайтыны ненің жөні екенің аңғарған жоқ, қатарласа бере Сайдалы қамшысың алысқа сілтеді.

— Сонау қайқаңда қасқайып жатқан жол Қарағандының жолына апарып салады. Сол жолдың батысы Қарағандыға, шығысы Қарқаралыға апарады.

— Маған керегі қалаға баратын даланың жолы емес, кектің жолы. Сол кек жолының үстінде мен сіздердің атқан оқ, шапқан қылыштарыңыз болуға ант етейін, қашан Текежандардан кегіміз алынғанша сіздер менің кім екенімді айтпасқа ант етіңіздер.

Иманның бейтаныс адамдарға бұлай ақтарылуы екеуіне де жұмбақ көрінді. «Өзі де, сөзі де жұмбақ бұл неткен адам?» деген ой екеуіне де келген секілді. Тіпті Серкебай қарт оның бұл сөзінің өзін басқаға жорыды.

— Кім екеніңді жасыруыңа қарағанда біздің Мәди батыр секілді, сайғақ құрлы сая таппай жүрген бір бейбақ болдың ғой, — деп күдігін де айтып салды.

— Мәдидей батыр емеспін, бейбақ екенім рас. Бірақ байларға деген қастығым оның қастығынан кем емес. Сайдалы аға, сіз не дейсіз?

Сайдалы оның кім екенін байқап та, өзінің айтарын сайлап та үлгірген екен.

— Мен тәуекелшіл адаммын, антыңа антым әзір. Тек өзіңнің қандай кегіңнің кімде қалай кеткенін түгел айт.

Иман тағы да олар күтпеген ен сұмдық сұрауды беріп салды:

— Сіздер осы елдегі Ноян дейтін зергердің кімдердің қолынан өлгенін білесіздер ме?

Оның сұрауы екеуін де, әсіресе Серкебай қартты қатты тіксіндірді. Өйткені ол кезде адамның қолынан өлгенін айтуға ауыз бармай, естуге құлақ шыдамайтын. Ноянның өлімі ескіріп кетсе де еске түскен сайын жүректі бір мұздатпай қоймайтын. Серкебай қартты қалтыратқан сол сұмдықтың сүреңі. Ол ішінен бір дұғаны оқып, сауабын Ноянның әруағына бағыштап бетін сипағаннан кейін барып Иманға қарады.

— Білеміз, ол марқұмның қалай өлгенін.

— Кімдердің қолынан өлгенін де білесіздер ме?

— Оны да білеміз, қажының үйін тонамақ болған ұрылардың қолынан өлген-ді. Өлінің құлағын не үшін шулатып келесің? — деп Серкебай қабақ шытып еді, оның қынжылған түрінен әкесінің қадірін кергендей Иманның іші оған жылып сала берді. Енді оның антын алғысы да келмей, өзінің кім екенін де айтып салды.

— Шуласа шулайтын өз әкемнің құлағы ғой, оған сіздің неңіз кетті? — деді Серкебайдың бетіне күле қарап.

— А?!

— Не дедің? Өз әкемнің?

Осы сұрауларды бере екеуі екі жағынан қадала кетті.

— Сонда сен сол Ноянның баяғыда жоғалып кеткен баласы Имансың ба?

— Иә, мен сол Ноянның баяғыда жоғалып кеткен баласы Иманмын. Менің әкем сіздер естігендей ұрылардың қолынан емес, қатындарын қызғанған жаңағы қажыларыңыздың қолынан өлген-ді.

— Астағыпыралда.

— О, сұмдық.

— Ол сұмдықты естігенде жағасын ұстап астағыпыралласын айтпаған мұсылман баласы қалмас. Тіпті сол күнәсі үшін Шарапаттың өзі де күні бүгінге дейін қан жылайды екен. Мана екеуміз оңаша қалған шағымызда ол көзінің жасын көлдете отырып мені танитынын айтып кешірім сұрады. Оның өзін өзі айыптап ашынғаны сондай, басын өлімге байлап байының сіздер тобыңызбен айтқыза алмаған жасырын сырын айтып берді. Сайдалы аға, күлмеңіз, мен көзім жетіп көңілім сенген соң айтып келемін. Оның айтысына қарағанда, екі мың жігіттің басы дәл қазір Текежанның қанжығасында — арбасындағы ала қоржынның ішінде кетіп барады. Оның анықтығына мен ант етемін.

Бұл хабар қасындағылардың екеуін де сілейтіп салды. Серкебай қарт не істерін білмей олай бір, бұлай бір дөңбекшіді, Сайдалыда міз жоқ. Иман оның үнсіз сазарған түрін көргісі келгендей бетіне көз тастап еді, өңі мүлдем өзгеріп кеткен екен. Қажысына қайраған тісі жағын қарыстырып тастағандай тістеніп үн қатар емес. Әдемі қара мұрты темір сауытты да тесіп өтердей тікірейіп, ашаңдау аққұба өңі мүлдем сұрланып кетіпті.

Бір кезде ол ұйқысынан шошып оянғандай селт етіп Иманға жалт қарады:

— Екі мың дейсің бе?

— Иә!

Сайдалы басқа сұрау берген жоқ, қарғып түсті де атының шап айылын тарта бастады.

— Ал Сераға, менің осы аттанғаным аттанған-ақ, батаңызды беріңіз.

Серкебайдың батасын Иман киіп кетті. Өйткені ол өзінің манадан бері тоқсан түрлі толғанған ойына енді ғана бекінді.

— Жолыңыз болсын, қайда аттандыңыз? — деді ол Сайдалыға бір жұмбақ жымиыспен күле қарап.

Сайдалы оның бұл сұрауды не оймен бергенін де, өзіне не үшін күле қарап тұрғанын да аңғарған жоқ, атының айылын тартып болып бата тілегелі алақанын жая бере:

— Текежанды қуамын, — деді.

Иман тағы килікті:

— Текежанды қуа қалсаңыз соңыңыздан түре қуып желкеңізден соғар сойыл барын, жете қалсаңыз қарсы алдыңыздан атылар мылтық барын ойладыңыз ба?

— Қайдағы мылтық, қайдағы сойыл?

Сайдалының сөзі де, үні де зілді шықты, бірақ Иман оны елеген жоқ.

— Байқайсыз ба, Текежан мырза елді айдауына көндірудің амалын жақсы тауыпты. Егер Текештеріңіз Сайдалыны ұстап берген адамды майданнан алып қаламын деп жар салса желкеңізден соғылар сойыл топ-тобымен табылар. Олардан құтылып Текежанға жете қалсаңыз қарсы алдыңыздан атылатын мылтық оның өзінен де табылатынын жаңағы сотқарлар да айтты ғой.

— Сондағы айтарың не?

— Айтарым: бұл сапарыңызды маған сыйлаңыз да өзіңіз жан-жақтағы елге жар салып хат білетіндерді жинаңыз. Олар сол мен әкелген тізімді түнімен көшіріп ертең ел-елдің бәріне таратып жар салатын болсын.

Иманның бұл сөзі Сайдалының көкейіне қона кетті, бірақ елпектей қойған жоқ.

— Сонда қалай, мені қуған жұрт сені қумай ма? Менің желкеме тиген сойыл сенің желкеңе тимей ме? Маған атылған мылтық саған атылмай ма?

— Мен секілді бейтаныс жолаушыдан ешкім сезіктенбейді, сезіктенбеген соң қумайды. Текежанның мына қылықтарының бәрі мастың қылығы, мастықтың салдарынан ол әлі ұзап кеткен жоқ, қазірде-ақ жетемін. Жеткен бетте айламды жұмсаймын, айлам жетпесе қаруымды жұмсаймын.

— Сен жалғыз, олар үшеу ғой."

— Бола берсін.

— Текежанның да мылтығы бар ғой.

— Бола берсін, оның мылтығы менің мылтығымды көрсе жым болады. Тек қайта оралғанда алдымнан тосқауылдайтындар болуы мүмкін, сіздер соған сақ болыңыздар. Мені сұрағандардың бәріне де Ноянның көрін ақтаруға кетті деңіздер. Сераға, батаңызды маған беріңіз.

Бар қоқсығы есік алдындағы қамыс күркенің ішіне, көріктің астына тасталғандықтан Батталдың томағадай үйі өзіне кең сарайдай көрінетін. Оң жақ босағадан төрге қарай керіліп бір керегенің бойын түгел алып тұрған шым ши. Ағы мен қарасы, қызылы мен жасылы жарасқан өрнегі бетіне күн шұғыласы түскен тақта тіпті әдемі көрінеді екен. Оның төрге жете бере қайырылған тұсынан сәл жоғарырақ жерде: бетінде сүйектен ойып салынған әдемі өрнегі бар ағаш кереует, оған жалғас көнетоз кебеже, кебеженің үстінде әдемі екі сандық, сандықтардың үстіне көрпе-жастық жиналыпты. Соның бәріне қанатын кең жайып көнетоз болса да көз тартатын тұс кигіз тұр. Сол жақ босағада ерлі-зайыпты екеуінің ер-тоқымдары ілулі тұр. Батталдың зайыбын қандай қадірлейтіні осы ер-тұрмандардан да байқалғандай. Әйелінің ері түгелінен күмістен соғылғандай көрінсе өз ерінің алдыңғы қасына қағылған қылдырықтай айшықтан басқа бүкіл тұрманында бір жылтырары жоқ, тек үзеңгі бауы, айыл құйысқандары ғана өзі секілді шомбал. Ал Заузаттың ер-тұрмандарының таралғы, құйысқан, өмілдірік секілді әбзелдері түгелдей күміспен күптелген.

Сол ер-тұрмандармен жалғас, екінші керегеге жақын жерден басталып құрылған көнетоз қызыл кілемнің шеті қақ төрден ауа бере тоқтаған тұс кигізге барып жалғасады екен. Бұлардан басқа көзге түсетін кереуеттің алдында құрылған ақ кіреуке шымылдық пен екі адалбақан. Текеш қажының үйінде біреуі де жоқ адалбақанның бұл үйде екеуі тұр. Оның ескілеуі есік жақта, ер-тұрмандардың жоғарғы жағына орнапты да, оған өздерінің ескі-құсқы киімдері ілініпті. Енді әшекейлі біреуі кереуеттің бас жағында биік жиналған жиһаздардың қатарында тұр. Оған өздерінің бар тәуір киімдері мен екі баласының киімдері ілініпті. Бұлардан басқа көзге түсетін сол жақтағы керегенің басынан жерге дейін төгіле құлпырып тұрған түлкі терісі мен дәу көкжал қасқырдың терісі. Төр алдында көнетоз ала сырмақ, оның үстінде арқардың терісі жатыр. Бұл аңның терілері Батталдың зергер, шебер ғана емес мерген екенін де аңғартатын. Баттал Шадыманды сол арқар терісінін үстіне әкеліп жатқызған-ды. Қазір ол өзінің темір кесетін кішкентай арасымен кісендердің ең соңғы біреуін кескілеп отыр.

Дүниеге қайта келіп есін жинай бастаған Шадыманның көзі Заузаттың қарасы үлкен нұрлы көзінде. Заузат оның жарасына тіліне бал тамызғандай өзіне жарасымды назымен аймалап қанын сүртіп отырған-ды. Ол Шадыманның барлық қанын тазартып болса да тек маңдайына жабысып кеуіп қалған жалғыз тамшы қанды кетіре алмай отыр. Соны жібіткелі тілінің ұшын тигізіп еді, манадан үнсіз, қимылсыз жатқан Шадыман ақырын күрсініп салды. Оны Заузат байқаған жоқ.

— Құдай-ым-ай, кешіре гөр, Батталдың таңдайы үшін ғана жаралған тілімді сенің маңдайыңа тигіздім-ау, — деді, Шадыманды әзілмен де желпімек болып.

Шадыман ақырын жымиды да үндеген жоқ, көз қиығын Батталға тастап еді, ол біресе күлімдеп, біресе түнере қалып өңін жүз құбылтып отыр екен.

— Құдайың кешірер-ау, мен қайтер екенмін, — деді ол ызбарланып, — аспаныңды жерге түсіріп жүрмес пе екенмін, сен соны ойладың ба?

— Жоқ, — деп Заузат өзінің ерке дауысымен сыңқ етті, — оны ойлағаным жоқ, ойлағым да келмейді.

— Ойлағың неге келмейді?

— Маған ашулану сенің қолыңнан келмейтінін білемін, өзім жақсы білетін жайынды несіне ойлаймын.

— Шынында, мен неге солаймын осы? Басқаларға келгенде ашуым тасты да жаратын жайдай, саған келгенде отқа салған майдай, неге олай?

Осы кезде Шадыманның «Баттал аға» деп ыңырсыған әлсіз үні шықты. Ерлі-зайыпты екеуі бірдей үрейленіп оның бетіне қарай қалды. Ол көзін жұмып жатыр екен.

— Баттал аға, оның неліктен екенін мен айтайын ба? — деді көзін ашпастан.

— Айта ғой, бауырым.

— Сіз өзіңізден Заузат жеңгені жақсы көресіз, оның бар себебі сол ғана.

Оның жанағы бір әлсіз дауысынан қатты шошып қалған екен, Баттал қуанғаннан күліп жіберді.

— Мынаның өле алмай жатып мені жеңгесіне жығып беруін қара. Өзің қандай қатын жанды болар екенсің ә?

— Менімше де солай, тап сен секілді...

— Мен бе қатын жанды, тапқан екенсің. Мен сені тек жанымдай жақсы көремін.

— Аңғалым-ау, не деп отырсың, қатын жанды деген сол емес пе?

— Солай ма?

— Заузат жеңге, — деді Шадыман тағы да килігіп, — осы сіз бай жандысыз-ау.

— Оны қайдан білдің?

Бұлардың әзіл әңгімесін сәлем бере кірген Иман бөліп жіберді. Баттал оны көре сала маңдайының моншақтаған терін түгі қалың жуан білегімен бір сыпырып тастады да көңілді үн қатты:

— Мана байқағанмын: қолыңыз қажыға да ұсынылмайтын қол екенін. Ұсынылмаса да жармасар едім, өз қолым бос емес, ол кінәмді кешіріңіз де төрге шығыңыз.

— Қажыңызға қимаған қолымды бәйбішеңізге сыйласам қайтеді?

— Айтпақшы, Зауке, — деді Баттал есіне әлде не түскендей кенет өзгере қалып, — өзіңді қырық кез матаға сатып алған ана жылғы саудагер сендерді бүкіл қазнамды тонап алды деп патшаға арыз жазыпты. Сол арыз бойынша патшамыз сені өзінің сарайына әкелуді мына мырзаға бұйырыпты. Бар тәуір киімдеріңді киін де, иіс майларыңды жағынып жолға әзірлен.

Заузат қанша жайдары болса да тез ширығады екен, жаңа ғана жайнап тұрған өңі лезде сұрланып, жанары үлкен тұнық қара көзі от шаша жарқ етті, тек миығында үйірілген ызалы күлкінің болар-болмас толқыны бар.

— Ауылдағы шартық болыстардың шамасы келмеген соң патшамыздың өзі ғашық болып қалған екен ғой маған. Сондай жеңгетайлыққа келе тура басына жаулық салмай келген жеңгемізді үйден қуып шықсам қайтеді.

Бұл сөзді айтарын айтса да қатты сескенуде еді, Иманның күле қарап тұрғанын көріп аңырып қалды. Иманда үн жоқ, сол жымиған қалпы. Ол өз көзіне өзі сене алмай, мына келіншекті өзі білетін Заузатқа ұқсата алмай аң-таң. Шынында Заузат кімді болса да қызықтырғандай екен. Әйелдердің сипатына айтылатын әдемі сөздердің бәрі де осы Заузатқа қарап отырып айтылған секілді. Иман көрмегелі көп болса да сыртынан жақсы қанық. Арада қанша жыл өтсе де оның қайда, қандай халде екенін, Қаусаты қосылмастан қаза болғаннан кейін осы әрі зергер, әрі шебер, әрі елден асқан аңшы, әрі жауырыны жерге тимеген балуан Батталға тап болғанын, қазір Елжан, Телжан дейтін екі баласы барын естіп қуанатын. Сол екі баланың анасы Заузат қазір Иманның көзіне жердің перзенті емес, аспанның періштесіндей көрінді де мүлдем сиқырлап алды.

Иманды тежеген Заузаттың осы келбеті болса, Заузатты тежеген ыза. Өйткені ол Текештің ауылына келген бетте Баттал баяғы саудагердің «патшаға жазған арызын» айта келген-ді. Сол сөзге алданған ол Иманға бар ызасымен қарап тұр, қорқып та тұр.

— Патшадан бұрын өзім бір құшақтасам қайтеді? — деп Иман ілгері бір аттап еді, Заузат қатты шошып Батталдың ту сыртына қарай бір-ақ ырғыды. Бірақ жаны шошыса да, сөз есесін жібергісі келмей:

— Дәмеңіз тым зор екен, — деді. — Мүмкін, бүгін маған айтқан осы өжет сөзіңізді ертең патшаға да айтарсыз?

— Сіздей жеңгесіне айтқаным патшаның өзіне де айтқаным емес пе? Байқаңыз, екеуіміздің айқасқан құшағымызды Баттал ағай айыра алмай қиналып жүрмесін.

Заузат оның бұл сөзіне мүлдем түсінген жоқ, түсінбесе де жүрегі әлденені сезгендей өңі жадырап сала берді.

— Баттал-ау, сен не естіп отырсың?

— Бәрін де естіп, енді екеуіңнің айқасқандарыңды, өзімнің екеуіңді айыра алмай қиналғанымды көргелі отырмын.

Шынында, ол Иманның дос екенін, қас екенін айыра алмай дел-сал. Иман оның ақ жанды адам екенін бүгінгі қимылдарынан танып болған-ды, сондықтан ол еркін сөйлеп, тіпті «сіз» деп сызылуды тастап «сен» деуге көшті.

— Өзің байға тиіп бала тапқан соң сұлуланып кетіпсің ғой, келіп құшақтайсың ба, жоқ әлде Текежан арқылы Бекежанға бұйрық беріп баяғы ала қапшыққа қайта салғызайын ба?

Иманның осы бір сөзі Заузатты өзіне тез тартып алды, бірақ ол:

— Ала қапшық!.. О ғажап! — деуден басқа сөз таба алмай аңырып аз тұрды да, — сіз оны қайдан білесіз? — деді.

— Қайдан білгенімді айтсам, өзімнің кім екенімді біліп қоясың ғой.

— Кім екеніңізді неге жасырасыз?

— Қорқамын.

— Кімнен?

— Сенен,

— Бұл не мазақ.

— Сен менің кім екенімді білсең қуанғаныңнан атымды атап айғай саласың. Атым аталса ит жеккенге айдаламын.

— «Қуанғаннан?..» Баттал-ау, тым болмаса сен айтсаңшы, мені сиқырлап тұрған мынау қайдан келген сиқыршы?

— Менен қайта сен еркек екенсің, — деді Баттал нықтап тұрып. — Шын айтамын, сен нағыз еркек екенсің, оны өзім де енді біліп отырмын. Онан арғысын мейлің түсін, мейлің түсінбе, — деді де кісеннің соңғы басын кесіп алып есікке қарай лақтырып жіберді.

Заузат оның өзін өзі не үшін айыптап отырғанын түсінді. Өйткені ол жана Текежанның ауылынан келгенде «мұндай ұлықты көргенім жоқ» деп Иманды мақтай келген-ді. Енді оны кім деп айтарын білмей дел-сал күйде отыр. Иман да соны сезгендей, әрі Заузатты мұнан әрі әуреге салғысы келмей:

— Есіңе бұлақ басында қалған ала қапшық түспесе де, үш күреңді қоңыраулата жеккен күйме, сол күйменің ішіндегі сары-ала шапан түсер, жақсылап ойланшы, — деп еді, Заузаттың жүрегіндегі бар шаттығы көзіне ойнап шыға келді.

— Құдайым-ау, мен кімді көріп тұрмын?

Соны айтуға ғана шамасы келді, бар шаттығын қанат етіп алып құшағын жая ұмтылып келіп Иманның кеудесіне құлап түсті. Иман да Заузатты қандай сағынғанын көрсеткісі келгендей, оны балаша көтеріп алып кеудесіне қысып жіберді. Екеуінде де тіл жоқ, тек екеуінің де көздерінен жас моншақтады.

Осыдан он екі жыл бұрын дәл осындай күтпеген жерден кездесіп, екеуі де көздің жасын дәл осындай төккен еді. Сол бір күн екеуінің де көз алдына келіп тұра қалды.

Ол Иманның Мәдимен бірге қашқын болып жүрген кезінде кездескен, екеуінің есінен өмір бойы кетпейтін де өшпейтін бір оқиға еді.

Ол, қырық кез матаға еріксіз сатылып Сыр бойынан келген саудагерге кетіп бара жатқан Заузатты құтқарған еді.

Иман мен Заузаттың көзінің алдынан өткен өмірдің бір суреті осындай еді. Иман құшағында тұрған Заузаттың бетінен құшырлана екі сүйді де Батталдың алдына әкеп сылқ еткізді.

— Сені бір көріп кету үшін бөгелген едім, көзім көрді, көңілім толды. Бағың һаманда осылай жана берсін, ол үшін Батталың аман болсын. Мен асығыспын, енді қош айтысайық.

Бұл кезде Шадыманның аяқ-қолынан босаған кісендерді есікке қарай насаттана тастап отыр еді, Иманның жаңағы сөзі қолын ұстай алғандай соңғы кісенді лақтырмастан Заузаттың бетіне жалт қарады.

— Келместен жатып қош айтысқаны қалай?

Күйеуінің бұл сөзінен бар ойын Заузат бірден сезді де:

— Жолыңа бір лақты айтып соймай сені жіберетін кім? — деп Батталдың алдынан ұшып түрекелді.

— Лағыңды соя бер. Мен кешке дейін оралмасам мына батырдың қалжасы деп өздерің жеңдер, соған мен риза.

— Сонша асығып қайда бармақшы едің?

— Текежанды қуамын, — деді Иман сыбырлай сөйлеп. — Үшеуіңнен де өтінемін, менің кім екенімді тірі жанға сездірмеңдер. Сездірсеңдер мені тірідей жерлейсіңдер.

— Текежанды не үшін қуасың?

— Әкемнің кегін, сенің кегіңді, мына жатқан жігіттің кегін, Баттал аға мен өзімнің, өзіміз сияқты езілген мұңдастардың кегін алу үшін қуамын.

— Жолың болсын... тоқташы, ақ жолға аттанғалы тұр екенсің, ақ ниетімнің адал дәмін татып кетші, — деп Заузат жүгіре басып шидің ішіне кірді де бір тостаған қатық алып қайта шықты, — қатығым қаймаққа ұқсап кетті, жолың болады екен.

Иман бір тізерлеп отыра қалды да Заузат әкеліп ұсынған қатықты іше салып қайта түре келді.

Оның асыққаны сондай, ендігі қимылына көз ілескен жоқ. Аттандыра қуа шыққан Баттал табалдырықтан аттағанда ол атына бір-ақ ырғыды да еңкейе бере ақырын күңк етті:

— Сайдалыға сәлем айтыңыз, жан баласына сездірмей келіп мені Мәдидің ауылынан табатын болсын.

Кеше осы жолмен қалың кірешілер еткен еді, таңертеңгі өткінші жаңбыр олардың ізін шайып кетіпті. Бет топырағы көпсіп тозаңданып жатқан жолдың үстінде күйменің ізі сайрап жатыр. Шені жіңішке дөңгелектің ізі домбыраның шегіндей әдемі түседі екен. Иман елден ұзап алғаннан кейін бірнеше белдерден асып келіп сол ізге түсті де кертөбелге қамшы басты. Оның алдында асуы аз, адыры көп қалың бұйрат жатыр. Дауылды күнгі теңіз бетінде таудай толқындардың арасында қалтылдаған қайық секілді бір көрініп, бір жоқ болады. Ол қоңыр бұйраттың талай асуларынан асты, талай сайына батып сағасынан өтті. Еті қызып саңлақтанып алған кертөбелдің төрт тұяғы бүкіл даланы дүбірлетіп, тауларды дүңкілдетіп келеді. Мұндай аттың адамды желқанат етіп желіктіріп жіберетіні қандай, Иман қазір жерде емес аспанда самғап келе жатқандай алдыңғы жағына көзін масаттана тастайды.

Ол бала кезінде бәйгі атқа көп шапқан-ды. Бүгін кешке дейін шапса да кертөбелдің бір талмайтынын тақымы танып, Текежандарға кешікпей жететініне сеніп келеді. Жетсе болды бұл елдің тарихында болмаған бір шайқастың басталатыны хақ. Сонда қалай.

Осы сұрау оның манадан бергі шарықтаған қиялына тосқауыл болып тұра қалды. «Ол қазір күймені шалқайта ашып тастап, даланың мынау самал желіне де мастанып, бүкіл даланы қоңыраулатып әндетіп барады. Қуып жеттім де, «тоқта!» дедім. Ол тоқтамады, мас неменің оқ жұмсауы да мүмкін? Сонда мен не істедім? Менің де оқ жұмсауым керек пе? Әрине, басқа қандай амал бар? Жоқ қой... Алда осы жолды кесіп ететін бір кішкене өзен бар-ды. Текежандар сол өзенге аялдапты. Жағадағы көк құрақтардың жапырылуына қарағанда кілем төселген секілді. Кілем төселсе бір аз бөгелген. Не үшін? Мастығын тарқату үшін өзенге түсті ме, жоқ әлде мастығын күшейту үшін тағы да ішті ме? Қайсысы болса да қауіпті, сақтанбаса болмас. Сонда не істеу керек? Алыстан көріп сезіктене қалса оның мылтық атып маңайлатпауы мүмкін, мұны қалай алдасам екен? Қу болудың бәрі бірдей сұмырайлық емес, оның да тигізер жақсылығы бар екен-ау. Дегенмен алдап көрейін. Әй, ондай залымды алдау менің қолымнан келмес, онан да не болса да тәуекел етіп бара айқасайын. Өлсем де арыстанша бір атылып өлейін, әкемнен артық емеспін ғой.

Ол осылай бара айқасуға бекініп бір белеске шыға келіп еді, қарсы беткейдегі бір бұталы бұлақтың басында тұрған күймені көріп аңырып қалды. Күйменің ар жағында тағы бір қорапты ләпшенке тұр. Екі арбаның аттары екі жерде топталып жусап тұр. Екеуі де бұтаға матастырылыпты. Күйменің көлеңкесінде жатқан біреу бар секілді, қыбыр еткен басқа жан жоқ, не ақыры даланың боз торғайы да шырылдамайды, тек алыстан суырлардың шақылдаған дауысы естіледі. Құс аулайтын жақын жерде өзен жоқ, суыр аулайтын кез емес, сонда мұның басқа адамдары қайда? Иман соны ойлап айналаға, алысқа көз жіберіп атын желе аяңдатып келе жатыр еді, жаңағы көлеңкеде жатқан адам мұны көре сала күйменің үстіне жүгіріп шығып шалқасынан жата кетті. Иман көз тайдырмастан оның бар қимылын бағып келеді. Ол басындағы ноғай тақиясын бір шекесіне қисайта, көзіне таман еңкейте киіп, екі тізесін айқастыра, екі қолын төбесіне қойып алып татардың бір әдемі әнін ақырын ысқыртып жатыр. Болыстың тілмашы Файзулла дейтін татар жігіті екенін Иман естіген-ді. Оны айтушылар мақтаушы еді, мына жатысы Иманға ұнаған жоқ. Мынау сол татар екенін оның басындағы тақиясынан да, аузындағы әнінен де танып бұлай айбат шегіп жатқанына ызаланып келеді. «Айбаты ауыл итінің қайқайған құйрығына ұқсайды екен» деді ішінен. Ол қанша ызаланса да татарша берген сәлемін қабыл алмастан, тілмаш жігіт әнін үзбестен ақырын ысқырта берді. Иман жүрегіндегі жұлқынған арыстан ашуын тежей түсіп сәлемін қазақша беріп еді, ол бір аяғымен қала жақты нұсқап:

— Жолың ана жатыр, — деді тұмсығын қоса көтеріп.

Ол соны айтып ауызын жиғанша болған жоқ, Иманның сегіз қырлы күрең қамшысы оның екі тізесі айқасқан тұстан сарт етті.

— Екі аяғыңды неге бірдей көтермейсің?

Мұны күтпеген тілмаштың тақиясы ұшып көкке кетті де, өзі ұшып жерге түсті.

— Аһ, қаһар...

Оның айтқысы келгені «аһ, қаһар соққыр» деу еді. Өзіне кезеліп тұрған алты атарды көрді де оны айта алмай ауызын бақадай ашқан күйі күйменің астына сүңгіп кетті.

— Жаның барында шық бері.

Тілмаш мырза күйменің астынан шыға бере қос тізерлеп отыра кетті. Жасаураған көзін Иманның қолындағы алты атардан алмастан әлде нені айтқысы келіп, қайта-қайта жұлқына жұтынады, жұтынған сайын үні шықпай тек кеңірдегі ғана қырылдайды.

— Енді қашан? — деп Иман жақындай түсіп еді, тілмаштың байланған тілі шешіліп кетті.

— Ағатай-ай, қамшыңыз қылыштай екен, құрбаныңыз болайын, енді ұрмаңызшы.

— Шыныңды айтпасаң иманыңды айтқызамын.

— Тақсырым-ау, мен өтірік айта білмейтін бишарамын.

— Өтірік айта білмесең майданға жіберілетін жігіттердің тізімін неге кешіктіргендеріңді айт.

— Кешіктіргеніміз жоқ, қайта ояздан мақтау алу үшін оның жібермек болған солдаттарына да қарамастан өзіміз әкеле жатырмыз. Біреу емес, екеу тіптен?

Оның қорыққан кезінде айтпайтын шындығы жоғын тізімнің екеу екенін айтуынан сезді де өзіне белгісіз жайды сұрап кетті.

— Ояз мырза сендерге солдаттар жібермек болса маған айтар еді, айтқан жоқ, сен бұл өтірікті не үшін айтып тұрсың?

— Оллаһи, құдай ақы.

— Онда ол солдаттарды неге тоспадыңдар?

— Е, тақсырым-ай, мастық не істетпейді. Төрең мас болса ішкенің де тас, жегенің де тас, досың да қас, қасың да қас, тіпті әрі-беріден соң өзіне өзің қас екенсің. Айтқанымды тыңдамады болысым.

— Сен не деп едің?

— Мен елдің нысайынан өзімнің қорқатынымды, олар біздің тізімді апара жатқанымызды білсе қалың қол болып қаптап келіп өзімізді мерт қып тізімді тартып әкетуі мүмкін екенін айтып едім...

— Оған Текежан не деді?

— Мастық не дегізбейді. Оттапсың, менің бетіме қарсы келетін қазақ бұл елден әлі туған жоқ, қорқар болсаң жолың әні, жоғал, — деді.

— Шық бері.

— Енді ұрмайсыз ба?

— Хұкімет адамы бірін бірі себепсіз ұрмайды. Егер өтірік айтып қытығыма тағы да тиер болсаң жалынғаныңмен жаның қалмайды. Тізімдеріңді көзіме көрсет.

Тілмаш жігіт Иманның қолындағы алтыатары мен қамшысына кезек жалтақтап күйменің үстіне шықты да тақтасын ақтара бастады. Шарапаттың манағы айтқаны рас екен, тілмаш жігіт тақтаның түп жағынан кілемше тоқылған әдемі ала қоржынды, оның ішінен түбі жіппен түптелген екі буда тізімді суырып алды.

— Міні, көріңіз. Менің сөзімде өтірік болмайды.

Иман әр тарағын қалыңдығы жуан елі, көк жолды әдемі қағазға сұлу жазылған тізімнің екеуін де қолына алып соңғы беттеріне қарап еді, жігіттердің саны бірінде жеті жүз отызға, енді бірі мың екі жүз жетпістен бітеді екен. Жеті жүздің тізіміне болыс пен тілмаштың қолы қойылып мөрі басылыпты, үлкен тізімде оның екеуі де — қойылған қол да, басылған мөр де жоқ. Иман мұның мәнісін білгелі:

— Бұл қалай? — деп еді, тілмаш жігіт күрсініп салды:

— Бұл солай.

— Солай деген не?

— Мөр оязға берілетін тізімге ғана басылады ғой.

— Онда мынау қол қойылмаған, мөр басылмаған тізімдерің кімге? Өздеріңнің өңештеріңе ме?

Тілмаш жігіт тағы күрсінді:

— Менің өңешімнің бар билігі қазір Текежан мырзаның қолында. Біздейлерге оның қолындағы теңіздің бір тамшысы да бұйырмас.

Тілмаштың мына сөзі Иманды ойландырып тастады. Ойландырып қана қойған жоқ, тіпті шындықты айтқаны үшін оның бетіне сүйсіне қарай қалды. Бірақ сыр сездірген жоқ, қаһар шашқан қалпын өзгертпестен:

— Ол, елдің көз жасын балдай жұтатын мырзаң қайда?

— Мына бір сайға қарай қашқан бір бейтаныс келіншекті қуып кетті, — деді жарты шақырымдай жердегі теректі сайды иегімен нұсқап. — Келіншек шаршатып тастамаса кешікпей келер.

— Ол неткен келіншек?

— Осы арада кездескен жолаушы. Текежан мырза масаңдау еді, келіншектің күйеуін атшысына қосып қоян атып әкелуге жіберді де өзі сол келіншекті аулап кетті.

— Түсінбедім.

— Сол сайға таман барсаңыз бәріне де түсінесіз.

Тілмаштың айтқаны рас, бұлар келген кезде ләшпенкесіне пар ат жеккен, өздері таза киінген ерлі-зайыпты екі жас осы бұлақтың басында ат шалдырып отырғанды. Текежанның көзі келіншекке алыстан түсті де бар сайтанын жүрегіне үйіріп алды. Келіншек онша көрікті болмаса да көз тартатын сүйкімді екен, Текежан сезікті көрінбес үшін бірден артық қараған жоқ, тіпті оны көрмегендей, көрсе де, елемегендей болып күймеден керіле түсе бастады. Өзіне сәлем бере екі қолын қабат ұсына жақындаған бейтаныс жігітке маңғаздана қарап бірер бұйрығын беріп те салды.

— Сәлеміңді қабыл алсын десең, мына жігіт екеуін аттарды тез доғарып бұтаға байлап тастаңдар да, өздерің қоян атып әкеліңдер. Екеуің екі қоян атпай келмеңдер..

Жолаушы жігіт жауап қатқан жоқ, өзінің мылтық ата білмейтінін де айта алған жоқ. Келіншегіне жаутаңдап қарай жүріп аттарды доғарысты да атшыға еріп кете барды. Келіншек күйеуімен бірге кеткелі соңдарынан жүгіріп еді, Текежанның дауысы зілдірек шықты.

— Қатын ерген аңшының жолы болмайды, қайт кейін.

Келіншек қалт тұра қалды. Әміршінің айтқанына қарсы басар аяқ жоқ, екі көзі ұзап бара жатқан күйеуінде, жыланға арбалған торғайдай өзінен өзі байланып дірілдеп тұр. Текежанның «аңшыларына» екі қоян атып әкелуді шарт еткендегі ойы, мылтықтың дауысы екі рет шыққанша мына келіншекті алаңсыз аймалау болатын, сол мақсатына жетуге асыққан ол жылмия қалып үн қатып еді, оның жылмиған жүзі де, жылымшы үні де жылжып келе жатқан жыландай сезіліп келіншектің денесін дір еткізді.

— Келінжан-ау, сенің менімен сәлемдеспегенің қалай?

— Кешіріңіз, мырза, батылым жетпей ақылсыздық етіппін, — деп келіншек алыстан тәжім етіп тізесін бүгіп еді, Текежан басын шайқады.

— Мен мұндай тәжім етуді мазақ деп білемін. Тізеңді бүгер болсаң алдыма келіп бүк.

Келіншек қалай құтыларын білмей имене жақындап келіп оң тізесін бүгіп еді, Текежан оның жас баланың бұғағындай үлбіреген әдемі бұғағынан сипай көтеріп бетін өзіне қаратып алды да сұқтана қалды.

— Апыр-ай, өзің неткен сүйкімді едің?

— Мазағыңыз болар.

— Шыным болса ше? Өзің неге мұнша қалтырайсың?

— Жан шошыса дененің қалтырайтын әдеті ғой.

— Жаның неге шошиды?

— Неге екенін білмеймін, сізден өлердей қорқып тұрмын.

— Ал мен сені төбеме көтергім келіп тұр, — деп Текежан құшақтай алып еді, келіншек жылан шаққандай ыршып түсті, бірақ білегі ұсталып қалды. — Жаным-ау, өзің жалыннан жаралғанбысың, бір жанасқанда жанымды мұнша өртедің, жарым болсаң қайтер ең?

— Жанып кетерсіз, қолымды босатыңыз.

— Сені бауырыма бір басайын, сонан кейін жансам жанайын.

— Әуре болмаңыз.

Келіншектің осы сөзі жынына тиіп кетті де Текежан оны бар күшімен өзіне қарай тартып кеп қалды. Ол келіншектің жұлқынғанына қарамай күшке салып еді, келіншек те қатуланып алған екен, бетін оның ауызынан алып қашып сіресе кетті.

— Тулама, менің қаракер байталым, байыңды соғысқа жіберіп өзіңді тірі жесір етсін демесең менің құмарымды қандыр да құдайыңа құлшылық ет.

«Соғыс», «тірі жесір» деген сөздер жүрегіне қанжардай тиді де келіншектің бар қимылы сылқ етті. «Сенің құмарыңның рақаты болғанша құрт-құмырсқаның жемі болғаным жақсы» дегісі келіп еді, оны айта алмай көзінің жасын төгіп жіберді. Қармайтын тал таба алмай суға батып бара жатқан адамдай үмітті бір қарманып, жалынышты үнмен ауызына не түссе соны зарлап айта берді:

— Ағатай-ау, екеуміз де адамбыз ғой. Маған лайық болса да ел билеуші сізге лайық емес қой. Естіген ел не дейді? Соны да бір ойласаңызшы.

— Ол үшін қапа болма. Күйменің ішіне кіреміз де есігін жауып аламыз.

— Онда кісі жатыр ғой.

— Ол үшін тіптен қапаланба, ол қазір өзінің өлі екенін, тірі екенін білмейтін халде жатқан мас. Мас адам күймеден домалатып жіберсең де ұйықтай береді. Міне, өзің қара да тұр.

Текежан соны айта салып өтірік ұйықтап жатқан тілмашты бір қолымен итеріп қалып еді, ол көзін жұмған қалпын бұзбастан сырғып барып жерге түсті де басы жерге тиер-тиместен қор етті.

— Міне, төсегіңіз де, шымылдығыңыз да дайын.

Келіншек оның қандай жануар екенін — өзінің нәпсісінен басқаны ойламайтын, ұяттан жұрдай жануар екенін, өзінің жалынғанымен жаны қалмайтынын біліп қатуланып алды.

— Сіз мынау су жаңа әдемі күймеңізді мені мен өзіңіздің көріңізге айналдырғалы тұрсыз.

Текежан шошып кетті.

— Қалай?

— Менің күйеуім қызғаншақ. Ол менің күймеден түсіп келе жатқанымды көрсе мені де, сізді де, өзін де өлтіреді.

Текежан мұрнын шүйіре мырс етті:

— Сенің жаңағы ауызынан сөзі түскен ынжық байың ба? Оның қолынан бала таптыру да келмес.

— Мен сізге төнген қатерді айтып тұрмын. Осы күні екі кісі бас қосса әңгімесі сіз, бәрінің де қастасқан жауы — сіз, шамалары келсе ең алдымен өлтіргісі келетіні — сіз.

— Сөзді қой да жүр бері, — деп Текежан оны ұстай алып тағы да күшке сала бастап еді, бұл сапар келіншектің серпіні қатты тиді.

— Жоқ, мырза, — деді ол қолын жұлқи тартып, — Сіз мені де, өзіңізді де масқаралағалы тұрсыз, ондай масқаралыққа көнгеннен өлгенім жақсы, соны ескеріңіз де менің тілімді алыңыз.

— Алдымен менің тілегімді орында, тіліңді сонсоң алайын.

— Тілімді алсаңыз ғана тілегіңіз орындалады.

— Тілегімді орындасаң тіліңді соруға да әзірмін, жанымды қинамай айтшы тезірек.

— Мен қашқан болып мынау тұрған сайға барайын, сіз қуған болып соңыма еріңіз.

Келіншек соны айтты да Текежанның жауабын күтпестен өзі мегзеген сайға қарай тұра жүгіріп еді, оның не оймен кетіп бара жатқанын біле алмай Текежан да сәумеңдей жөнелді.

...Екеуі бірін бірі осылай арбаса мана кеткен еді, сонан әлі қайтқан жоқ. Тілмаш жігіт бірін бүкпестен Иманға осының бәрін айтып берді. Ол өзінің өтірік ұйықтап, Текежан күймеден құлатып жіберген кезде қалай қорылдағанын да жасырған жоқ

— Мына тізімді алып кете берсем ғой, Текежан сені айдатып жібереді, ә?

— Оған сөз бар ма? Тіпті дарға астыруы да мүмкін.

— Байқаймын сен ақ патшаның адал ұлы екенсің, сондықтан сені патшаның қаһарынан құтқарайын! Аттарды жегіп күймемен маған еріп жүр де тізімді уез начальнигінің қолына өзің тапсыр, мен тек сені бастап келген болайын.

Ол тілмаш жігітті бұл сөзге қуанар деп ойлаған еді, олай болмады. Оның шегірлеу көзі мүлдем шақырайып кетті:

— Сонда қалай? Мен Текежан мырзаны далаға тастап кетпекпін бе?

— Байтал қуып жүрген айғыр үшін өлгің келсе оныңды айт.

— Ойбай, тақсырым-ау, Текежанды тастап барсам ояздың өзі менің сүйегімнен көмір жасамай ма?

— Онда өз обалың өзіңе. Тізімді қайтадан қоржынға сал да менің қанжығама мықтап байла. Оязға апарып өзім тапсырамын, сендер алатын сыйлықты өзім аламын, — деді де Иман ойлана қалды, ойланды да райынан тез қайтты, — жоқ, Текежанның өз қолынан алайын, тізімді қайта сал. Қытығыма тисе менің оны атып тастауым мүмкін. Сен қоржынды орнына қой да маған еретін бол.

Иманның ондағы ойы тілмашты тізімнен аулақ әкету еді, тілмаш жігіт оның бар ойынан түгелдей бейхабар, сондықтан оның айтқанын екі еткен жоқ, теректі сайға қарай беттеген Иманның соңынан бүлкектей жөнелді. Екеуі оқ бойы жерде алшақ келе жатыр еді, Иман сайға жете берген кезде тоғайдың орта тұсынан:

— Ay, жаным-ау, сілемді әбден қатырдың ғой, жасырынбағыңды қой да бері жарыққа келші, жарқыным... Ау, қайдасың? — деген Текежанның, оған ілесе арғы жотаға шығып алып «Мен мұнда, мен мұнда» деп алыста жүрген өзінің күйеуіне айғайлап тұрған келіншектің дауысы шықты. Тоғайдың ішінде жүрген Текежан оның қайда тұрғанын көрген жоқ, дауысын естігеніне мәз болғандай ырс-ырс етіп жағаға қарай ұмтылып келеді. Аузында «ау, жаным-ау» деген жалғыз сөз. Ол жағаға жетер-жетпестен Иманды ағаш арасынан көзі шалып қалды да:

— Ей бауырым, ана бір қаншық маған жеткізбей кетті, ақысына өзіңді майданға баратын тізімнен өшірейін, сол қаншықты ұстап әкеп берші, — деді.

Оның соны айтуға ғана шамасы келді, басы-көзін басып кеткен терін көйлегінің жеңімен сүрте етпетінен құлай кетті.

— Қаншыққа жете алмасаң несіне төбет болып жүрсің?

Өмірінде мұндай сөзді ешкімнен естімеген Текежан есін енді ғана жинап, көзін енді ғана ашты. Өзі термен шылқылдаған көйлегінің етегімен бетін қос қолдап бір сүртті де Иманға түксие қарап қалды:

— Сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білемісің, ей, ақымақ? Кімсің өзің?

— Патшаның жарлығын әйелдердің астына төсеп былғап жүрген сен кімсің? Итпісің, шошқамысың, свиниямісің, сатанамысың? Жоқ әлде бәрінен де малғұн Текежанбысың? Ой, әкеңнің иманын...

Иман осындай дүлей сөздердің орысша-қазақшасын араластыра осылай түйдектетіп келіп қамшымен екі тартып еді, шешесінен туып шыр етіп жерге түскелі етіне шыбық тимеген Текежанның жаны көкке ұшып жерге түсті. Тер шылқыған ақ көйлектің арқа тұсынан қан шып-шып шыға келді. Сол кезде Иманның көз алдына әкесі Ноянның тарамдалған қанның арасынан жарқыраған көзі елес беріп тұра қалып еді, жүрегіндегі бар кегі қайнап беліндегі алтыатарды қалай тез суырып алғанын өзі де білген жоқ. Бірақ өзін өзі тез тежеді де:

— Көзіңді абақтыда жылтыратайын, түс алдыма, иттің баласы, шошқаның баласы, свинияның баласы, сволштың баласы, сатананың баласы, — деп өзінің «үлкен ұлық» екенін көрсету үшін орыс сөздерін араластыра түйдектете келіп тағы бір тартып еді, Текежанның жалынуға да, оның бетіне бұрылып қарауға да шамасы келген жоқ, ырс-ырс етіп күймесіне қарай құстай ұшты. Ол Иманның аузынан шыққан орыс сөздерінің біріне түсінсе де біріне түсінген жоқ. Сол өзі түсінбеген сөздер оның үрейін алып Иманның өктемдігін үдетіп жіберді.

Тілмаш жігіт, Текежанның арқасына тиген қамшы өзінің жанына тигендей тыпырлап, аулақта, орта жолда тұрған-ды. Иман келе килікті:

— Сен мені неге алдадың? Мынаны қоян аулай кетті дегенің қайда? Әйелдер жесір, балалар жетім қалып жатқанда мұның қатын қуып қағынып жүргенін неге жасырдың? — деп қамшымен сілтеп қалып еді, ол қамшы тиер-тиместен бақырып жата кетті.

— Тақсырым-ау, мен білсем солай дейтін едім ғой, оллаһи білмедім.

— Немене, қатын мен қоянды айыра білмедің бе?

— Білсем сізден аяймын ба?

— Осы сөзің үшін жаныңды жаһаннамға жіберейін бе? Тұр жаның барында.

Иман екеуін осылай қорлап күйменің қасына айдап келді де бұйрығын бере бастады:

— Екеуің бірдей сарамас көрінесіңдер, мұқият тыңдап алыңдар. Мына түрлеріңмен тізімді бір әйелдің дамбалына орап жіберулерің мүмкін. Сондықтан тізімді оязға өзім жеткіземін, сендер гудок таңғы алтыны соққан кезде үлкен көлдің жағасындағы менің үйіме келіңдер. Егер оған үлгермесеңдер сағат тоғыздан қалмай ояз кеңсесінің алдынан табылыңдар. Оған кешіксеңдер менен де, ояздан да жақсылық күтпеңдер, Тізімді, Текежан мырза, сіз әкеліңіз. Ал, тілмаш мырза, сен мынандай тілхат жаз. Ең алдымен өздеріңнің сағат тоғыздан қалмай ояз кеңсесінің алдынан табылатындарыңды жаз. Өздерің қай елдің болысы мен тілмашы екендеріңді, аты-жөндеріңді, сонан кейін губернатордың төтенше комиссары Кектібаев мырзаға тізімді табыс еткендеріңді жаз да қолдарыңды қойып мөрлеріңді басыңдар... Тез... тез!..

Иман соны айтып алтыатарын кезей ұстап жақындай түсіп еді, тілмаш жігіт қалбалақтаса да қарындаш пен қағазды тез тауып алып тілхатты жаза бастады. Текежанда жан ғана бар, ес жоқ. Қозғалуға дәрмен де аз. Өзінің не істеп, не қойғанын да білмейді. Жанағы бір кезде есі кіріп «комиссар» деген сөздің мәнісін сұрамақшы болып еді. Иманның айдыны тілін байлап тастады. Ол қазіргі сәтте өзінің қайда екенін де білмейтін секілді, қалт-құлт етіп барып тақтадан ала қоржынды күшпен сүйрете суырып алып еді, күйменің үзенгілігінде тұрған аяғы тайып кетіп қоржынмен бірге құлап түсті. Жаны тым тәтті екен, өзі құлап жатса да қоржынды көтеріп Иманға ұсына бере қайта түрекелді. Сүлдерсіз дене саудыраған қаңқа болып көрінеді екен, оған қарағанда тілмаштың қимылы тым ширақ. Ол өзінің әдемі жазуымен жазылған тілхатты суылдатып оқып шықты да Текежанға ұсынды.

— Өз қолыңды неге қоймайсың, — деп Иман зірк етіп еді, ол:

— Біздегі тәртіп солай, — деп жылмия қалды, — иненің соңынан өткен жіп секілді тілмаштың қолы болыстың қолынан кейін жүреді, тәртіп солай, заң солай.

Текежан тілмаш қолына ұстатқан тілхатқа көзін бір жүгіртті де әлде не сұрағысы келіп Иманға қарады. Бірақ көзіне Иманның өзінен бұрын оның қолында кезеліп тұрған алты атар түсті де бірдеңе деп мыңқ етті. Оның не сөз екенін өзі де ұққан жоқ. Қолын қойып мөрін басты да тілхатты тілмаштың өзіне қайта берді. «Осы мен өз қолымды өзім шауып тұрған жоқпын ба?» деген бір ой басына келіп еді, ол ойы Иманның бір қозғалғанынан қалмай жоқ болды.

Иманның «хүкімет адамы» екеніне әбден сеніп алған тілмаштың ешқандай күдігі жоқ, сондықтан бар көксегені онан тезірек құтылу, сол тілегі оның қимылына көз ілестірген жоқ, тілхатты Текежанның қолынан алып өз қолын қоя сала Иманға ұсынды.

— Міне, енді бәрі де заңды болып өз тәртібімен шыға келді. Алла сізді әрқашан да аман сақтасын, cay болыңыз, жолыңыз болсын.

Иман тілхатты қалтасына басып, өлімге байланған екі мың боздақтың тізімін ала қоржынға қайта салдырып, қанжығасына мықтап байлап алды да:

— Қош болыңыздар, мырзалар, мұнан былай мұнша ақымақ болмаңыздар. Ол үшін ертең сағат тоғызда айтқан жерге жетіңіздер, — деді де қалаға қарай шаба жөнелді.

— Аһ, қаһар соққыр-ай, жанымызды жаркой ете жаздадың-ау, — деп тілмаш жігіт күйменің көлеңкесіне жантайғалы тізесін бүге беріп еді, бір қолымен күймеге сүйеніп теңселіп тұрған Текежан оның иығынан ұстай алды:

— Біз не істедік осы, тізімді кімге бердік?

Тілмаш оны жынданды деп ойлаған болу керек, көзі шақырайып кетті:

— Кімге бергені қалай? Губернатордың төтенше комиссарына берген жоқсыз ба? — деді шошына қарап.

— «Комиссар» деген не?

— Комиссары комиссар шығар.

— Сол шығар деп тұрған комиссарыңның өзі немене?

— Немене екенін өзім де білмеймін, әйтеуір сондай сөзді бір естігенім бар.

— Қайдан?

— Қоянды жәрмеңкесінен.

— Қоянды жәрмеңкесіне ең көп баратын мен естімеген сөзді сен қалай естідің?

— Оны біле алмадым, мырзам.

— Егер біздер ол тізімді үкіметтің комиссары емес, жауларының біріне берген болып шықсақ өзіміз кім болдық?

— Онда құрыдық!

Екеуінің де есі енді ғана кірген болу керек, екеуінің де көзі шарасынан шыға шатынап кетті. Екеуінің жақтары қарысып, тістері айқасып қалғандай шықыр-шықыр етеді, тілі байланғандай екеуінде де үн жоқ, екеуі бірін-бірі өлтірердей ашкөзденіп тұр. Текежан қарысқан жағын жазбастан, үн қатпастан тілмашының жағасынан ала түсіп еді, тілмаш та өлермен екен, қалтыраған жүндес қолымен Текежанның жағасына ол да жармаса кетті. Осылай өзді-өзі жағаласудан басқаны екеуі де білген жоқ, тіпті біріне-бірі не айтарын да білген жоқ. Текежанның тілмашты ұрып жібергісі келіп еді, кінәлі өзі екені есіне түсті де тоқтап қалды. Бірақ оның жағасын босатқан жоқ. Сол шатынаған көзін тілмаштың көзінен алмастан қадала түсіп:

— Енді не істейміз? — деді.

— Білмеймін, — деді тілмаш міңгірлеп.

— Тіпті ол үкімет адамы болған күннің өзінде тізімді беруге біздің хақымыз бар ма?

— Білмеймін.

— Неге білмейсің?

— Жоқ болар, сондықтан білмейтін шығармын. Мүмкін бар да шығар, бардың қайсысын біліп жатырмыз.

— Мен білмейін, сен неге білмейсің?

— Білмеймін.

— Нені білмейсің?

— Өзімнің неге білмейтінімді білмеймін. Қорыққан кезде есімнен адасып қаламын, оның неліктен екенін де білмеймін.

— Мен де солаймын.

— Құдайым-ай, мұныңыз бір жақсы болды-ау, мен қорыққан кезде есінен адасып қалатын жалғыз мен ғана деп қорқушы едім де арланып өзімді өлтіре жаздаушы едім.

— Біз алданған болсақ не бетімізбен барамыз?

— Білмеймін.

— Неге білмейсің?

— Есім шыққан кезде ештеңе білмейтін әдетім, бүгінше менен ештеңе сұрамаңыз.

Не істейтінін Текежанның өзі де білген жоқ, алданған болса, оны ояз біле қалса мұны барлық абырой-атақтан жұрдай, мансабынан тырдай ететіні хақ. Текежанның ақылы соған ғана, ояздан қорқуға ғана жетті. Ал күшінің бар жеткені осының бәрі сенің кесірің, сен кездеспесең біз бұл жерге бөгелмейтін едік те, мұндай бәлеге кездеспейтін едік деп манағы жолаушы жігітті сабап жіберу ғана болды.

Иман қаланы бет алып шапқанмен алысқа барған жоқ. Бір кезеңнен асқаннан кейін бетін Мәдидің ауылына қарай бұрып алды да тау-таудың арасымен кертөбелді жосылтып кете берді.

4

Уа, шіркін, сауығып бір кетер ме едім,

Армансыз бұл дүниеден өтер едім!

Атылып найзағайдай аспандағы,

Жауларды жермен-жексен етер едім

Іңірлетіп жеткен Иманның бүгінгі қилы-қилы хикаясын үнсіз, ұзақ тыңдап алғаннан кейін Мәдидің бар айтқаны осы ғана. Ол осы бір шумақ өлеңмен өзінің ендігі ең асыл арманын айтып салды да арқасына сүйеулі тұрған қос жастыққа шалқасынан сылқ етті. Оның күндізгі отыратын орны да, түндегі жатар төсегі де осы құс төсектің үсті. Жамбасынан жантайса да, шалқасынан жатса да жастанары осы дөңкиген екі жастық. Тұрғысы келгенде сүйенері де, далаға демеп шыққанда демейтін балдағы да бәйбішесі мен тоқалы. Тағдырына лағнат айтып өмірді талақ еткендей Мәди айдаудан келгелі ән де салмайтын, өлең де жазбайтын, бірақ ән тыңдаудан жалықпайтын. Оның бағына қарай мынау екі әйелдің екеуі де елден асқан әнші, бірақ көңіл қаяуланса әннің де қанаты жараланады екен, олардың да әні салынбай, салынса да мәні болмай барады. Сондықтан да олар Мәдидің аузынан жаңағы бір шумақ өлеө шыққан кезде екеуі бірдей гүл жайнап сала берді. Иманның:

— Тағы да, Мәди аға, тағы да, — деген тілегіне екеуі де қосыла кетті. Қошаметтеушілер табылған соң Иман онан сайын ынтыға түсті.

Бәйбішесі Ғайниза Мәдидің белін сипап отыр еді:

— Зарықтырдың ғой, — деді де тына қалды. Төсегінің үстінде кесте тігіп отырған тоқалы жастығының астында жатқан көнетоз көк дәптер мен қарындаштың тұқылын алып жетіп келді. Мәдидің көзі көк дәптердің сыртындағы Абайдың суретіне түсті де тоқалына күле үн қатты:

— Самалым-ау, менен не шығар дейсің онан да қолыңдағы Абай жездеңді айналдырсаңшы. Соны жаттап алсаң мені де мақтай жүресің ғой.

Өзіне телміре қарай қалған үшеуіне оның берген бар жауабы осы ғана. Шалқасынан, жастыққа шашылып жатқан селдір шашын салалы саусағымен қайта-қайта саралап үнсіз жатыр. «Әсіресе сенің бағыңды байлаған болдым-ау» дегісі келе ме қалай, жанары үлкен нұрлы көзін Самалынан алған жоқ.

Еріне де, еліне де қадірлі Ғайниза өзінің перзентке деген құштарлығы жеңді ме, жоқ әлде Мәдиден бір ұрпақтың қалғанын мақсат етті ме әйтеуір өзінен көрмеген нәрестені осы асыранды өгей «сіңлісінен» күтіп Мәдиге тоқал етіп әперген-ді. Оның төл аты басқа, Мәди оған өзінің қосыла алмай арманда кеткен Самалдың атын қойып алған-ды. Ол самал десе дегендей жақсы көрген адамдарын жанымен желпіп тұратындай көрінетін өте сүйкімді жан. Мәди үшін оның аса қадірлі бір қасиеті бар, ол ақын жанды адам. Көптен бері не өлең жазбай, не ән салмай тек домбыраны ғана күңірендіріп, өзі де мұңлы зарға айналып бара жатқан Мәдидің жаңағы бір шумақ өлеңі жанын жарқыратып жібергендей Самал ажарланып кетіпті.

— Өзіңді де бір аясаңшы, — деп Ғайниза иығына сүйеніп еді, Мәди оны бір қолымен құшақтап арқасынан сипап қақты да:

— Елді аяғаным өзімді аяғаным емес пе? — деді.

— Тым болмаса осы сөзіңді өлеңге айналдырыңызшы! — деп Самал тағы да жабыса кетті.

— Ондай жырды мен айтып сен жазар болсаң Нұраның өзені сияң, Арқаның даласы қағазың болсын.

— Сіз атыңызды тым алысқа айдап кеткен жоқсыз ба?

— Оның рас, мен қазір сендерден, тіпті, өзімнен де алыстап ұрпақтарыммен сырласып жатырмын. Сол үшін саған мың қабат алғыс, Иманым. Сенің бүгінгі ер қимылыңнан өзімнің ұрпақсыз емес екенімді көрдім. Мен үшін бұл үлкен шаттық. Қайда әлгі келеді деген Сайдалың?

Бұл кезде Сайдалы атын шеткі үйлердің бірінің даласына байлай салып осы үйдің алдына келген еді, өзінің аты аталуын күтіп тұрғандай сәлем бере кіріп келді.

— Армысыз, әз аға.

— Бар бол, бауырым, — деп Мәди шалқасынан жатқан қалпында құшағын жайып еді, Сайдалы жете бере бір тізерлеп оны құшақтай алды.

— Батыр, сізге мұнан былай жатуға болмайды.

Сайдалының көңіл сұраған түрі осы болды. Мәди оның бұл сөзді нені мезгеп айтқанын сезді де, Сайдалы әйелдермен амандасып болғанша бір шумақ өлеңді ойлап та үлгірді.

Бір кезде самғап ұшқан сұңқар едім,

Дариға-ау, аспанымнан құладым ба?

Өмірдің қай кезінде кім көрді екен,

Сұңқардың жем болғанын құладынға?

Ол толғана бастағаннан-ақ отырғандардың бәрі де дәмеленіп тына қалған еді, олардың жүрегін тыңдап алғысы келгендей көзін аспалы шамның сәулесіне қадап алып Мәдидің өзі де үнсіз қалды. Оның бұл сырына түсіне алмаған болу керек, Самал Мәди мен Ғайнизаға кезек жалтақтады. Ол қыз кезінде Мәдиді жезде, Ғайнизаны тәте дейтін. Сол әдетін тастамай екеуіне әлі еркелейтін. Қаншаға барарын кім білсін, әйтеуір Ғайнизаның түндегі күндесі болса да күндізгі еркесі. Сол еркелігіне басып басқалардан бұрын Самал үн қатты:

— Жездетайым-ау, бұл сіз айтатын сөз емес қой, мұнша неге қапаландыңыз?

— Саған, өзіме, мына Ғайнизаға.

Мәдидің назалана айтқан бұл сөзіне Самал түсінген жоқ. Бірдеңеге түсіне алмай қалған шағында аңырып Ғайнизаға қарайтын оның әдеті. Сол әдетімен Ғайнизаға қарап еді, ол «үндеме» дегендей басын шайқады. Мәдидің жаңағы ащы сөзі өзіне тигенін сезсе де Сайдалы сыр сездірген жоқ, сезбеген түрмен орағытпақ болып Иманға қарады.

— Ал батыр, Текежанның жолын мықтап кескен секілдісің, енді не істемексің?

Иман оның сұрауына қарсы сұрау қойды:

— Текежанның жолы кесілгенін қайдан білдіңіз?

— Жолы кесілмесе жарты жолдан қайтып келмес еді ғой.

— Немене, ол қайтып келді ме?

— Жаңағы бір кезде біздің ауылдың тұсынан бір күйме қоңыраулатып өткен еді, сұрастырсақ сол екен.

— Бұл қалай? Мен оған сағат тоғыздан қалмай ояз кеңсесінің алдынан табылатын бол, деп кеткен едім ғой. Менің бұйрығымды орындамағаны қалай?

— Сендей жалғыз атты жандаралдың жарлығын орындауды ұят көрген ғой, — деп Сайдалы әзіл тастап еді, бұлардың әңгімесін Мәди бөліп жіберді:

— Алдыңда екі жол жатыр, екеуі де қанды жол. Бірінен құтылсаң да бірінен тұтыласың-ау, қайран ел. Сайдалы, сен соны ойладың ба?

— Ойланғанбыз да екі өлімнің бәрі деп ашынғанбыз. «Шешінген судан тайынбайды ғой».

Сайдалының бұл долы сөздері Мәдиді жадырата қойған жоқ. Оның түйілген қабағы да жазылған жоқ. Отты көзі әлі де шамның сәулесінде, Сайдалыға әлі қараған жоқ. Сәл сұрлана түсіп ойлана сөйлеп жатыр:

Аспандағы тұрымтай

Жем басары жоқ; болса

Жерден торғай іле ме?

Кісендеулі арық ат

Қанша тұлпар болса да

Айдағанға жүре ме?

Ашынарсың да шешінерсің-ау, сонда шомыларың не болар екен? Халықтың қаны болмас па екен?

— Сізбен сол жайында кеңескелі келген едім.

— Мен бұл елдің бәтуәсіздігінен ауызы талай күйген пендемін, — деді де тағы да тақпақтай жөнелді:

Көктен жаңбыр жаумаса

Жерге нәубет өне ме?

Ойсыздарға айтқан сөз,

Құлағына ене ме?

Құлағына енбесе

Сөз қадірін біле ме?

Сөз қадірін білмеген

Ел қадірін біле ме?

Ел қадірін білмеген

Кімге берер өнеге!

Сондықтан келісемін дей алмаймын, кеңесуге әзірмін. Айтпақшы, мына жеңгелеріңнің қонақ жабдығын ойламай тымырайып отыруларында бір мән бар. Бұл ел күнара маған қалжа әкелетін әдет шығарды. Сол әдеттері бойынша көрші ауылдың Тәкіш дейтін шалы қалжа әкелмекші. Соған сен де риза болғайсың.

— Мен бұл үйдің қара суына да ризамын. Рұқсат етсеңіз мен әңгімеміз бітісімен сол қалжаңызға қарамастан қайтар едім, өйткені сіздің не дейтініңізді күтіп отырған ел бар еді.

— Онда Самал жеңгең сол өзің қалаған қара сумен сыйлай тұрар.

Самал самауырынын алып сыртқа шығып кетті де өзгелер аз уақыт үнсіз қалды. Сайдалы мен Иманның көзі Мәдиде, Мәдидің көзі шамның сәулесінде. Неге екені белгісіз оның өңі бірте-бірте сұрланып, көзі алыстағы әлде нені сығалағандай сығырайып барады. Төбесіне қойып жатқан қолын екі жағына сылқ еткізді де:

— Жалған-ай, — деді назаланып.

Басқа сөз айтқан жоқ, бас жағындағы жүкке сүйеулі тұрған домбырасын ала салып бір-екі қағып жіберді де бір асқақ әнді аңырата жөнелді. Оның дауысының әсемдігімен бірге күштілігі сондай — көрші ауылдағылар өзінің үйінде отырып та еркін тыңдай беретін. Сазы да, сөзі де жаңа бұл әннің алғашқы шумағы жеке кетіп еді, екінші қайталанғанда Ғайниза мен Иман да қосыла кетті. Сол әнге сырттан қосыла Самал да кіріп келді, Төртеуінің дауысы түнді бір төңкеріп тастағандай.

— Бәрібір кеудем кеңитін емес, — деді де Мәди Сайдалыға көз тастады. — Сайдалы бауырым, сенімен біздер ең алдымен елдің обалына қалып жүрмейік. Ол үшін менімен емес, сол елдің өзімен кеңес. Сіздің ел де біздің ел секілді ежелден бағы ашылмаған сорлы ел ғой. Ойлап қарасам сіздің болысқа қарайтын ел он жеті рудан құралған, көпшілігі бұрынғы төрелердің төлеңгіттері екен. Төрелер елдің тіршілігін тоздырып бірлігін кетірді. Солардың айтағына еліге-еліге өзді-өзі жауласып бірін-бірі тонаумен берекесі кеткен ел ғой. Бүгін туған жерді қимай майданға барудан бас тартып топталғанымен ертең патша әскері келгенде торғайдай тозып бірінің обалына бірі қала ма деп қорқамын. Сондай зобалаң күн туа қалса халықтың обалы кімге деген сұрау туады. Өз басым сол сұраудың жауабынан қатты қорқамын.

— Сонда не істейміз?

— Белім жазылмай не істейтінімді өзім де білмеймін. Басқаға айтар өнегем тағы жоқ. Бір болысқа қараған халықтың бетке ұстары, үміт артары сенсің. Өзің не істемексің?

Сайдалы сәл ойланып барып үн қатты:

— Халықтың көзін шындыққа жеткізгеннен кейін аңдысын аңдамақпын.

— Аңдысын андау қиын болмас-ау, шындыққа көзін қалай жеткізе алар екенсің? Шындықтың шам-шырағы еткің келгені тізім болса ол, міне, — деп Мәди жастығының астына таман жатқан тізімді Сайдалының алдына тастай салды. — Коөріп ал, бұл тізімге қарағанда Текежандарың патшадан шен алу үшін қарауындағы халықты ұрпақсыз қалдыруға бекініпті.

Сайдалы тізімнің екеуін де ала сала қарап, тоғызыншы старшын аталатын өз әкім ауылын тауып алды. Ол тізімнен іздегені әділдік. Сол ойынын алғаш іздегені інісі мен өзі. Егер әділдік бар болса тізімде өзінің де, інісінің де болуы мүмкін емес, өйткені өзі отыз бесте, інісі он жетіде. Патшаның жеміне керегі он тоғыз бен отыз бірдің арасындағылар. Әділдік бар екен, өзі мен інісі екі тізімнің екеуінде де жоқ болып шықты. Бірақ Текежанның бұл әділдігі алысқа барған жоқ. Ақтара қарағанда тізімнен өзіне таныстардың өзімен де, інісімен де жастылардың талайы шыға келді.

— Ой залым-ай.

— Қой олай деме, Текежанды залым дегенің патшаны малғұн дегенің. Олай деп құдайға күнәкәр болма.

Сайдалы Мәдидің дәл қазір ауылдағы болысқа да, астанадағы патшаға да, аспандағы құдайға да өшігіп отырғанын аңғарған жоқ, жәй кекесін деп ұқты да қолындағы тізімді Мәдидің алдына жайып тастады.

— Мынаны қараңызшы. Мен білетіндердің ішіндегілердің қырықтан бергілерінің менен басқасының тізімге кірмеген біреуі жоқ.

— Онда Текежанның сескенетін жауы бір ғана сен екенсің.

— Оның бұл сескенуі мені өзіне сермелетін семсерге айналдырар.

— Алыстан күркіреген күннің жауыны аз болатын.

— Мен күркіремеспін, күркірей қалсам...

— Мәдиден кем тимеспін де.

— Солай деуіме де болады. Әзірше ол арман болса да айтарым сол.

— Арманың мендей болу ғана болса басың аман көрінеді. Үйіңе бар да жата ғой.

— Сіздей болып алғаннан кейін мен де солай дейтін болармын.

— Сен қызық сөйлейді екенсің.

— Мүмкін, өйткені сіздің әуеніңізбен кетіп отырмын.

— Сен кінә аударғыш екенсің, мына тізімнің кінәсін де маған аударып жүрмегейсің.

— Мәди деген атыңызды туымыз етіп көтеруге рұқсат етсеңіз дүниедегі бар кінәні жалғыз өзім көтеруге ант етейін.

— Ту еткені қалай?

— Сізді қолбасшы етіп сайлап алып сіздің атыңыздан жар салсақ, қатар жатқан осы екі болыс елдің жігіттері түгелінен аттанары хақ.

— Халықтың қажетіне жараса атым түгілі жанымды да қиямын, бірақ халықты алдайтын болсаңдар ең қас жауларың менмін.

— Бұл халықты алдау емес атыңызбен әруақтандыру.

— Өлі әруаққа болмаса, тірі әруаққа табынған елді қайдан көріп едің? Тек менің жаралы жанымды сүйретіп түрмеге баратын шағымды тездету ғана.

— Олай деу сізге лайық емес, осымен мен айтарымды айтып болдым.

— Айтарыңды айтып болсаң мына тізімді халыққа қалай тез жеткізетініңді айт. Алдымен бір-екі сұрауға жауап бер. Біріншіден бұл тізімді кімнен, қашан, қалай алдың деушілер табылады, оған берер жауабың не болмақ?

Манадан бұлардың әңгімесін тыңдап үнсіз отырған Иман енді ғана үн қатты:

— Ол сұраудың жауабын мен беруім керек емес пе?

— Мен кімге қандай сұрау беретінімді білемін,

Сайдалы Мәди мен Иманның сөз сайысын мұнан әріге жібергісі келмей бөліп әкетті.

— Әзіргі тапқаным бұлыңғырлау бір үміт қана.

— Үміттің бұлыңғырына да зар болатын түріміз бар, айта бер.

— Алдағы жұма күні Шомбалдың асы беріледі, сол аста біздің болыс ел түгел жиналғалы жатыр. Назгүл ханым әр старшын елге он үйден тоғыз жерге тоқсан үй тіккізіпті. Менің Спасскийде тұратын Аркадий дейтін тамыр орысым бар. Ол түрін де, үнін де жүз құбылта білетін сиқырлы адам. Тоғыз старшын елдің жігіттерінің тізімін тоғыз бөлек жасатамын да соның қолына беремін. Ол ояз кеңсесінен келген ұлықтардың бірі болып келіп ас беріліп жатқан жерге, қалың елдің ортасына барады да тоғыз старшын елдің адамын тоғыз жерге иіреді. Сонан кейін әр топтың алдына барып тізімді жариялайды. Кімде-кім Текежан Меңдібаев мырзаның қолы қойылып мөрі басылған бұл тізімнен бас тартса мал-мүлкі талауға, өзі айдауға түседі. Уез бастығының бұл жарлығын естімеген бірде-бір жан қалмасын, солай деп жағалай жар салыңдар дейді де кетеді.

— Өз ойың белгілі болды, — деді Мәди ойлана сөйлеп. — Текежанды орта жолдан қайтарған қандай ой?

Сайдалы Иманнан Текежан екеуінің арасында болған шайқастың бар сыр-сипатын, тілхатты берерде тілмашы мен екеуінің не дескеніне дейін біліп алды да миығынан күле отырып үн қатты:

— Орта жолдан қайтқан Текежанның өлексесі ғана екен. Иманның кенеттен тиген қамшысы оның төбесіне жай болып түсіпті де есінен тандырыпты. Алданғанын сезіп кейін қайтса да есі әлі кірген жоқ. Енді ол жарғақ құлағы жастыққа тимей тізімді қайта жасауға кіріседі. Қашан сол тізімді жасап апарып ояздың жылы жүзін көргенше есі жөнді кірмейді. Оған дейін өзінің алданып тізімнен айрылып қалғанын халықтан да, ояздан да жасырады. Иман дейтін жалғыз атты жандаралды сонан кейін іздейді. Осы ғана менің байқағаным.

Мәдидің бір әдеті біреуге сұрау берерде алдымен оған көз тастайтын, сол әдетімен Иманға бір қарап алып:

— Ал батыр, енді сен сөйлеші, сеніңше қалай? — деді.

Иман бұлардың әңгімесіне араласпай тек сөз арасында берілген сұрауларына жауап берумен тынып, домбыраның ішегіне әр әннің сазын бір салып өз ойымен отырған-ды, Мәдидің жаңағы сұрауынан шошып оянғандай тез серпіліп кетті.

— Нені қалай дейсіз?

— Жеті атасынан бері шеттігіне шыбын қондырмай, басынан құс ұшырмай келген Текежанды сен бүгін тірідей көрге тықтың. Бірақ халық үкімі әлі айтылған жоқ, халық оқитын жаназа әлі оқылған жоқ. Бізге керегі халықтың кегі, халықтың кегі өрттей қауласа ғана жауыңды жамсата аласың. Халықтық кегіне тамыздық етерің мына тізім, сеніңше осыны қалың елге тез жеткізудің жолы қандай?

Иман Мәдидің сұрауына жауап берудің орнына:

Немене көрген қызық көрмегендей,

Жас дәурен жауар бұлт өрлегендей.

Жігіттік көк семсердің жүзі емес пе

Қайрап ап қалың жауға сермегендей —

деп оның әнін ақырын сұңқылдата жөнеліп еді, оған қайнаған самаурынды көтеріп келе жатқан Самал да қосыла кетті.

Мәди өзінің әнін өзгелерден естігенде бір түрлі шаттанушы еді, бұл сапар ол шаттығын ішке бүкті де Иманға зіл тастады:

— Мен сенен ертеңгі Мәдилердің әнін сұрап отырмын ғой.

Иман ән сала отырып айтар жауабын да сайлап үлгірген екен. Домбыраны қаттырақ бір қақты да:

— Мен сіздің семсеріңізбін, қайрап алыңыз да сермей беріңіз деп отырмын ғой. Бірақ ағат болса айып етпеңіздер, маған осының бәрі күңгірт, оны да жасырмаймын.

— Немене күнгірт?

— Мен үшін күңгірт емесі жоқ. Бұрын мұндайды бастан кешірмегендік болар, тіпті өзімнің бүгін өз қолыммен істеген әрекеттерім де күңгірт. Кеудемді әкемнің кегі кернегендіктен бе, Текежанды қуа жөнелген шақтан бастап қорқу дегенді ұмытып кеткен едім, енді қорқудан басқаны ойлай алмай отырмын.

— Неге?

— Неге екенін білмеймін. Мысалы мына Сайдалы ағаның тамыр орысы жаңа ғана менің көзіме губернатордың өзіндей көрініп, тіпті ол Текежанның төбесіне шығып алып айғай салып тұрғандай елестеп еді, қазір оның бәрі сағымға айналып кетті, Осы ғана менің айтарым.

Сайдалы оның бетіне қарай қалды. Көзінде «неге?» деген сұрау тұр. Мәди оның бұл сөзінен бәрін де ұқты. «Ел мұны білмейді, бұл елді білмейді. Бірін бірі білмеген соң бірін бірі сыйлауды да білмейді. Сыйлауды білмегендердің тілегі де, білегі де бірікпейді. Ол екеуі бірікпеген жерде береке жоқ. Сондықтан мұны мұнан былай әуреге салудың қажеті болмас.

Осы ойын сездіргісі келгендей:

— Иә, Қарағандыға қайтамын деуден басқаны айтып болдың, — деп еді, Иман жалт қарады.

— Мен ондай ойдан әзір аулақпын.

— Мен аулақ емессің дей алмаймын.

Сыбаға әкелушілер келіп қалды да, бұлардың әңгімесі бөлініп кетті. Жаңа басталған шай ішілместен дастарханы ірімшік, құрт сияқты жемімен бірге көтеріліп шидің ішіне кетті де оның орнына ет дастарханы жайылып бағлан қозының буы бұрқыраған астау толы еті қойылды. Сыбаға әкелуші Тәкіш дейтін қатқан қара сұр шал екен. Ол Сайдалы мен Иманды танымағанын айтып жөн сұрап, «Қарқаралыға бара жатқан» жолаушы екенін білгеннен кейін басқасын керек еткен жоқ. Тіпті Мәдидің жауабын түгел тыңдамастан өзімен ере келген баласы мен келініне өз бұйрығын бере бастады.

— Мәкен қарағым, сорпаң суып қалмасын, бетін қалыңырақ жауып қойғайсың. Алдымен әсіптеріңді турап жіберіңдер.

— Сонша жерден сорпаны шелекпен төкпей қалай әкелгенсіңдер, — деп Мәди көңіл ризалығын білдіріп еді, шал мүлдем серпіліп кетті:

— Мен сенің сорпаны еттен де қадірлі көретініңді білемін ғой. Соны айтып едім, келінім айналайын нағыз майталман екен, бір тамшысын тамызбастан алып келді.

Бұл кезде Мәди қолтығындағы қос жастықты құшақтай түсіп столға таман еңкейе жақындаған еді, келіншектің сорпаны қымтап жатқанын көріп:

— Келін шырағым, атанның жаңағы бір айтқаны рас еді, еттен бұрын сол сорпадан бір жұтым құйып жіберші, — деді де келіншек әкеліп ұсынған бір тостаған сорпаны ала бере бетіне қарады, — соңынан берер батамды алдынан беріп, ақ тілегімді асыңды ішпестен тілейінші: отыңның басы һаманда аман болсын, жауға шабарларың көп болсын, әмин.

— Әмин, — деп атасы бетін сипап еді.

— Әмин, — деп келіншектің өзі де күбірлеп бетін бір сипады. Ет турап отырған күйеуі де соны айтып бір күңк етті.

Тәкіш қарт ұзын құлақты сұңғыла адам екен. Әңгімені көрші елдің атақтысы Шомбалдың асына жасалып жатқан дайындықтан бастап патшаның жарлығына әкеп тіреді де:

— Мәдижан, жаңағы бір жақсы тілегің періштелердің құлағына шалынып, отымның басы аман болса басқа тілекті құдайдан мен де тілемес едім-ау. Қайдан білейін, патшаның құрығы ұзын ғой, ұзын, — деді де жасқа булығып барып сөзін қайта жалғады. — Кешір, шырағым.

Сүйенген сүйеніштен айрылған соң,

Кемпір-шал не болады саудыраған? —

деген өлеңің есіме түсіп кетті.

Мәдидің өз өлеңі өзін ойландырып тастады. Жарынан айрылған жар, сүйенішінен айрылған кемпір-шалдан кем саудырамайды-ау. Солардың жаудыраған көзін қалай көрмедім екен? Көзін көрсем өлеңіме неге қоспадым? Ертеңгі көрерім: кілең жас жесірлер, тірі жетімдер. О, зар заман. Зарлатасың-ау талайды.

Мәдидің осындай ойға түсіп сорпамен бірге қайғының уын жұтып жатқанын Тәкіш қарт аңғарған жоқ. Оның қолындағы тостаған кетісімен ол алдындағы астаудың шетінде тұрған басты қос қолдап ұстап Мәдиге ұсынды:

— Мәдижан, осы елдегі жақсы-жаманның бәрін көрсем де сенің бас ұстағаныңды бір көрмеппін, соны да бір көрейінші.

— Көретініңізге көзіңіз жетпестен ынтықпағаныңыз жөн еді ғой.

— Мен көзім жеткен соң айтып отырмын.

— Алдымда сіздей аға тұрғанда алға ұмтылмайтын әдетім, әрі бір қолыма өзім сүйеніп жатырмын. Жалғыз қолмен пышақ ұстау бас кесу емес бармақ кесу ғой, өзіңді өзің кескіле деп сіз де айта алмассыз.

— Құдай әмірі, сенің бір қолыңның өзі менің көзіме өзгенің мың қолындай көріне береді.

Тәкеңнің қадалған жерінен қан алмай түспейтінін Мәди жақсы білетін, сондықтан енді таласқысы келмей:

— Басты мен ұстап отырайын, кесуін сіз кесіңіз, — деп еді, шал оған да көнген жоқ.

— Көкейіңдегіні көзбен көріп отырып қолдан неге беремін. Басты ұстауын мен ұстаймын да кесуін сен кесесің.

— Жарайды, бірақ үлестіруін сіз үлестіресіз.

— Менің сенен көрмегімнің өзі сол сыбаға үлестіру, — деп шал онан сайын қиқарлана түсті, — ал бастадық.

— Өзіңіз еменнен жасалған шал екенсіз, ұстаңыз. Пышақтың жүзіне ыңғайлап ұстаңыз.

Қарттың пышағы қылпып тұр екен. Мәди ала сала басты боршалай бастады.

— Қойдың тұмсығында ұжмақтың иісі болады деуші еді, көріңіз ұжмақтың төрі болсын, — деп бастың тұмсығын Тәкеңнің өзіне; көзін, жаманшылық көрмесін, — деп көздің бірін Ғайнизаға; құлақтарың ешқандай жаманшылық естімесін, — деп құлақтардың бірін Самалға, енді бірін қарттың келініне; күлкіден езулерің жиылмасын, — деп екі езудің бірін Иманға, енді бірін қарттың баласына берді де, — өзіме шүйдесі. Соңыңа ерген халықтың басы болсын деп басты, көзі болсын деп бір көзін, ақыл ойы болсын деп миын қоса саған ұсындым, — деп басты толайым Сайдалыға ұсынды.

Қанша сыпайы болса да шыдамы сарқылып отыр екен, бас Сайдалының қолына тиер-тиместен:

— Мәдижанның осы айтқан тілектерінің бәрі де қабыл болсын, аллау әкпар, — деп Тәкең бетін бір сипады да табақтың жартылай туралып өзінің алдына қойылған жамбастың жұдырықтай майын сүйегінен жұлып алып асап кеп жіберді. Үлкендігі торғайдың жұмыртқасындай болып туралған әсіп астаудағы еттің шетіне тізіле қойылған еді. Тәкеңнен басқалардың қолы бірден соған жабыса төнді де лезде жоқ қылды. Мұнан кейін бәрінің ауызы ет жеуден босамай сөз саябырланып еді, асауды ерте бастаған қарт ерте қарбытқан екен, шалқая бере Мәдиге сөз тастады:

— Мәдижан, сенің салтың басқа екен. Өзгелер бастан сыбаға үлестіргенде құлақтан бастаушы еді, сен тұмсықтан бастап шүйдеден бір-ақ шықтың. Бәріне де ат қойып, айдар тақтың.

— Немене, дауыңыз бар ма? — деді Мәди оның бетіне күлімсірей қарап.

— Дауым жоқ-ау, осындай жақсы салттарды бастайсың да тастап кетесің, соңына айтар өкпем бар.

— Етті көбірек асап жіберсеңіз, өкпеңіз өзінен-өзі тарқап кетеді, алыңыз.

— Сен жан-жақтағы әнші-күйшілерді жинап алып жұма сайын сауық жасайтын бір жақсы салтың бар еді, соңғы кезде сол сауығыңды көре алмай кеттік қой. Кеше хұтпа намазын оқып отырып ойласам сенің әніңді естімегеніме екі айдың жүзі болыпты. Жаңағы бір кезде салған әнің алты қырдан асып барып біздің ауылға да жеткен еді, бір ауыз айттың да қоя қойдың бұл қалай? Еліңді осынша зарықтыру өзіне лайық па?

— Хұтпа намазын оқып отырып есеп шығарған екенсіз ғой, — деді Мәди күле сөйлеп — «аллау әкпар, аллау әкпар» деп азан шақырудың орнына «атыңнан айналайын Қарқаралы» деп жұртты бір желпіп тастады да өзі кенет салқын тартты. — Көрмегеніме аз болса да сол әнші достарымды өзім де сағындым, тіпті өзімнің әнімді де сағына бастаған секілдімін. Кейде бір шырқап жөнелемін де кенет тұншығып қала беремін. Солай кәрия адамның өз үніне өзі тұншығатын шақтары да болады екен. Патшамыздың мынау жарлығы еліміздің сәнімен бірге әнін де кетіре бастады. Ел қайғыланса ән де жылайды екен. Дегенмен сол жаралы әнімізге қанат байлап көтерейік, алдағы жұма күні сәскеге таман балаңыз бен келініңізді ертіп осында келіңізші.

— О, көп жаса, Мәдижан, қосақтарыңмен қоса ағарып жүзге-жет, мыңға жет. Келетін қонақтарыңа соятын бір бағлан мен бір саба қымыз менің мойнымда. Сөйтші бір. Қашанғы егіліп езіле береміз.

— Қонақасы үшін сіз бен біз әуре бола қоймаспыз.

— Неге?

— Келгенше олар қонақ, келгеннен кейін оларға біз қонақпыз.

— Жұмбақтау екен.

— Ол жұмбақтың шешуін сол күні алдыңызға құлағы селтиген бастың бірнешеуі келгенде табасыз, тек сол кезде менімен араздасып қалмаңыз.

Мәдидің бұл сөзінен қарттың қатты шошығаны сондай:

— Астапыралла, — деп майлы қолымен жағасын ұстай алды. — Қарағым-ау, Мәдижан-ау, қайдағы сұмдықты қайдан айтып отырсың, араздасуың не?

— Мен сол жастардың ортасында отырған өзімнің сырқат екенімді ұмытып мүлдем жасарып кетемін. Сондай жастықтың шуағы төгілген шаттығы мол шағыма мынадай бастың көлеңкесін түсірсеңіз қалай араздаспаймын?.. Енді түсінген боларсыз.

— Түсінуін түсіндім-ау, бірақ мұнан да түсінбегенімнің өзі жақсы еді.

— Неге?

— Мен ештеңеге түсінбей кете берсем сол сауыққа келетін едім ғой.

— Енді келмейсіз бе

— Неге келемін? Сенің жастық шағыңның шуағына сақалымның көлеңкесін түсіру үшін бе?

Мәди өзінің жеңілгенін бірден сезді де астаудағы еттің әр жерінде жатқан майларды теріп алып Тәкіштің алдына үйіп тастады. .

— Сол айыбым үшін мына бір қылаңдарды үйір-үйірімен айдап қызыл кезеңнен әрі асырып жіберіңізші.

Бұл отырғандардың ішінде сөз қадірін білмейтіні, мәнерлі сөзді сүймейтіні жоқ-ты, сондықтан оларда үн жоқ, екеуінің қалжың қағысына қызыға тыңдап күлімдеп отырғанда, осы жерде ғана Самал өзінің еркелігіне тағы салды:

— Айып төлеген түріңіз өз бидайын өзіне қуырып бергендей екен, — деп еді, Тәкіш күлемін деп шашалып қалды. Осымен ет жеудің жарысы да, қалжыңның қағысы да бітті. Тәкіш Самалдың басына алғыстан алтын тау орнатты да әңгіменің бетін өзінің арнайы айтқалы келген тілегіне қарай бұрып әкетті. Ол бұл әңгімесін де өзінің дағдылы сөзімен:

— Мәдижан, — деп бастады. — Мәдижан, менің сенен сұрай келген таудай қолқам бар.

— Кемпір болатын келіншек тауып бер демесеңіз болды.

— Менің сұрай келген қолқам өзіңнің саулығың. Өзің де білетін шығарсың. Кедей елінде Зия қажы дейтін атақты емші бар көрінеді. Оның емшілігі елден асқан деседі. Ел болып бір үйір жылқыны алдымызға, сені бір жайлы арбаға салып алып сол қажыға барсақ, айдап барған бір үйір жылқымызды сый етіп оның алдына тартсақ, соған сені емдетсек дейміз. Қажы атаулының бәрін бірдей қасқыр көре бермей сен осыған көнсең дейміз. Бұл бір ғана менің емес, бүкіл еліңнің тілегі. Патшамыздың мынау жарлығы еліңді боздағынан айырып бордай тоздырғалы тұр. Бұл әсіресе сол сорлы елдің тілегі. Өткен түні түсімде, сен бес болыс ел Бошанның бес мың жігітін ертіп алып көк жүзінде жүйткіп жүрсің. Соған қарағанда еліңнің бұл тілегі қабыл болар деймін.

— Сөзің асыл, ниетің ақ адал жан аға. Тіпті түсіңіз де жан қуанарлық жақсы екен. Сіз айтып отырған Зияның үлкен емші екені де рас, оның қандай абзал адам екенін мен де жақсы білемін, Ол да мені сыртымнан жақсы білетін көрінеді. Алыста жатса да ол менің сырқат екенімді естіп Қоянды жәрмеңкесіне келген Алтайбай дейтін немере інісінен хат жазып шөптің бірнеше түрінен дәрі жасап жіберіпті. Сол хаттың ішінде менің сырқатыма жұмсалатын емнің бәрі бар.

Тәкіш қарт мүлдем шаттанып кетті:

— Айбарым-ау, асқарым-ау, манадан бері соны айтсаңшы. Ол нендей ем жіберіпті?

— Оның маған жазған емі мынадай, — деп Мәди хаттағы сөздерді қатесіз айтқысы келгендей сәл ойланып есіне түсіріп алды да ойша оқи жөнелді. — «Егер суықтан жабысқан сырқат болса мынаны істеп байқа.

Орыстардың өлік салатын жәшігін не деуші еді, табыт деуші ме еді, оның не деп аталатынын менен өзің жақсы білесің ғой, үлкендігін сондай етіп үйдің ішінен ор секілді жер төсек қаздыр, соның ішін тасжарғанмен толтыр да үш күн ұдайымен жаққыз. Оты өшкеннен кейін күлін сыпырып қоламтасы жалан қабат кигізбен жабылсын. Сонан кейін шелденген қара қойды қолма-қол сойғыз да соның терісіне жылыдай бөксеңді, жынына аяғыңды орап ал да қоламтаның үстіне жат. Басыңа ер жастан, дәріні соның бәрінен жарты сағат бұрын іш, жүрегің шыдаса екі сағаттан кем жатпағайсың. Бірақ жүрегіңе салмақ түсірмегейсің. Бұлауланып болғаннан кейін өзгелердің көтерген көмегімен төсегіңе барып жатқайсың. Сені ордан көтеретіндер теріге оралған қалпыңда көтеретін болсын. Олар төсегіңе әкеліп жатқызғансын да жеңіл көрпемен жауып қойсын. Сен қашан терің басылғанша қозғалмастан жата бер. Бұл кезде сенің ұйықтап кетуің мүмкін, жаныңнан кісілер кетпей көрпеңді қымтап отырсын. Қанша қатты шөлдесең де салқын сусын ішпегейсің. Жейтінің сол қара қойдың еті, ішетінің соның сорпасы болсын. Сусының шай болсын, қымыз салқын болмасын. Оранған терің екі күнде бір жаңарып, жер төсегіңе от күн сайын жағылатын болсын. Қайталап айтарым: шелденбеген қойдың терісіне оранба, мерзімі бір ай. Міні, әрі қажы, әрі балгер Зияңыздың емі. Екі үйір жылқы айдап барсаңыз да оның айтар емі осы.

— Ойбай-ау, екі күнде бір қара қой емес, бір күнде қара қойдың екеуін сойып оның айтқан емін неге істемейміз?

— Асықпаңыз, мезгілсіз таң атпайды. Сол сияқты әр нәрсенің өз мезгілі бар. Шөп піспей малдың майы жетілмейді, жетілмеген май малдың етіне сіңбейді, етіне сіңбеген май теріні шелдендіре алмайды. Қыстауға барайық, жылы үйге кірейік. Оған дейін қойлар да жетіледі. Солай кемелденіп алған соң бәріне де кірісеміз. Ауру да алысар жауың секілді, сайлануды керек етеді.

— Зияның көрместен сырттан айтып отырғаны суықтан жабысқан сырқаттың емі. Мүмкін сенің сырқатың басқа бірдеңе шығар, сондықтан оған бір көріну керек емес пе?

— Керек емес, өткені бұл сырқаттың суықтан жабысқанын өзім де білемін. Былтырдан бері қараған қаланың дәрігері де, даланың балгері де солай дейді.

— Қарағым-ау, сенің болат денеңе жабысқан ол нендей суық. Айдауда жүргенде шалдықтың-ау, ә?

— Айдаудан емес айуаннан. Өзімнің бір екі аяқты айуанға істеген жақсылығымның жазасы бұл.

— Шырағым-ау, жақсылық істегеннен жапа шеккенді әлім-сақтан бері тірі жан көрген емес еді ғой.

— Адам атадан бергілердің бәрімен де құрдас сіз көрмесеңіз де мен көрдім. Ендігі әңгіме намаздан кейін, — деді де, Мәди арқасына қойылған жастыққа шалқасынан жата кетті.

Оның Тәкішті намазға асықтыруы Сайдалыны жөнелтудің амалы еді, Тәкіш қарт оны сезген жоқ, дәрет шәйнегін баласына көтертіп намаз дайындығына кетті. Мәди құлағын алысқа тігіп аз уақыт үнсіз отырды да:

— Сайдалы, сен асығып отырған секілдісің-ау, — деді.

— Менің келуімді асыға күтіп отырғандар бар ғой, рұқсат болса...

— Тізімді елге тезірек жариялаудың амалын жақсы тапқан секілдісің, тек тамыр орысыңның ізі білінбесін. Ондай адамды басқа губернадан тапқаның сәт белгісі. Сенің сол тамыр орысың тұрған Спасскіде менің Шадияр дейтін досым бар. Ол ондағы ұлықтардың бәріне де беделін өткізе алатын адам. Мен соған хат жазып берейін, — деп Самалға қарап еді, ол манағы тұқыл қарындаш пен көк жолды дәптерін алып қасына жетіп келді. Мәди оның ойындағысын айтқызбай табатын осындай қылығына іштей алғыс айтты да қағаз бен қарындашты қолына алып әлденені жаза бастады. Жазып отыр, жазуымен жарысып сөйлеп те отыр. — Мына хатты Шадиярдың өз қолына табыс ет. Ол, жетсе өзінің беделін, жетпесе біздің малымызды салып қалайда екі солдатты сенің тамырыңа қосып берсін. Солдаттарды салт атқа, сенің тамырыңды өзінің күймесіне мінгізсін. Олар Шомбалдың ауылына Қарқаралы жақтан келетін болсын. Мен мұның бірде-бірін қағаз бетіне түсірмеймін, мұқият тыңдап ұғып ал. Мен тек оған осы хатты апарушы адамды менің өзім деп біл де, айтқан сөздерің менің сөзім деп біл деймін. Ол айтқандарыңды түгел қабылдайды да орындайды. Мына тізімді сондағы орыстарға, орысша білетін қазақтарға көшіртсін. Тоғыз старшын елдің жігіттері тоғыз бәлек көшірілсін, әрбір көшірген адамға бір аттан тоғыз ат төлейтін болсын.

— Ол аттарды да өзі төлей ме?

— Өзі төлейді, кейін оған екі есе етіп біз төлейміз, оны да айта бар. Тағы да айтамын, егер тамырың сенімді адам болмаса мені де, өзіңді де әуреге салма.

— Мен өзімнің тамыр орысыма сенермін-ау, сіздің Шадиярыңызға сенбейім.

— Неге?

— Күймесі бар деуіңізге қарағанда сіздің айтып отырғаныңыз атақты саудагер Шадияр ғой.

— Иә, сол. Ол атақты саудагер болса да Текежанның ата жауы. Мен мылтығымды құланның қасуына дәл басып отырмын.

Сайдалының күдігі осымен бітті. Мәди берген бір тарақ қағазды бүктеп қалтасына салып алды да қамшысын жерге таяды.

— Рұқсат болса мен енді жол тартайын.

— Жолың болсын.

— Cay болыңыз, халқыңыздың тілегі еміңіз болсын, тез сауығыңыз. Асыл жеңгелер, сіздер де сау болыңыздар. Мәди ағаның тез сауығуы сіздерге аманат. Сіздер отын тұтатып, түтінін түтетіп отырған бұл үй саясына келгендердің баршасын дәл қазір мені шаттандырғандай шаттандыратын болсын. Сол шаттықты саған да тіледім, Иман бауырым, — деп Иманның арқасынан бір қақты да шыға жөнелді. Ол есік алдында қарсы кездескен Тәкішке де бөгелген жоқ, басын бір изеп: — Сау болыңыз, — деді де өте шықты. Тәкіш қарт оның кім екенін аңғарған жоқ, аңғарғысы да келген жоқ, өйткені ол манағы ойдың құшағынан әлі шыға алған жоқ-ты. Сол ойымен үйге сөйлей кірді.

— Мәдижан, жаңа мен үй сыртында дәрет алып отырып ойласам сенің біреуге істеген жақсылықтан жала шеккенің бекер екен.

— Мүмкін, — деді Мәди миығынан күле сөйлеп, — өйткені мен оны көзіммен көріп, бастан кешірген едім.

Мәди «мүмкін» деген кезде манадан үнсіз отырған Ғайниза оның бетіне жалт қарады. Мәди де оның көз қарасынан ойын тани кетіп басын шайқап еді, Ғайниза оны елеген жоқ.

— Атай, намазыңызды алаңсыз оқып алыңыз. Сонан кейін ол хикаяны өзі айтпаса да мен айтып берейін. Сонда сіз Мәдиіңіздің айтқаны бекер емес, тек өзінің жақсылықты адамына қарай істеу керек екенін білмегеніне өкінесіз.

— Өзі неге айтпайды?

— Немене, мені менсінбей отырсыз ба?

— Астапыралла, кешір, қарағым. Мен ондай күпірлікті білмейтін адаммын.

— Өзінің айтпайтын себебі жақсылықты адамына қарай істеу керек екенін білмегеніне ұялады, ұялғанынан қиналады.

— Тоқташы, — деп Мәди Ғайнизаның иығынан ұстай алды, — сен не дедің? Жақсылықты адамына қарай істемеген дедің бе? Сабыр ет те тіліңді тістей тұршы. Сеніңше қалай, бірін-бірі өлтіргелі жатқан бейтаныс біреулерге тап болдым. Сонда қайсысы жақсы, қайсысы жаман екенін тексеріп тұруым керек пе? Бірақ, мен оның жаман адам екенін, тіпті кісі өлтірген қанды қол екенін біле тұра қоя бердім. Неге? Неге мен оны ат құйрығына байланған жерінен тірі алып қалдым? Неге? Қандай жаман адам болса да өзін ажалдан алып қалған адамды өлімге қиюы мүмкін бе еді? Жоқ еді ғой. Ендеше бұл азғындықтың дүниеге жаңа келе жатқан ең дажал түрі.

Ол өзіне-өзі осындай сұраулар берді де жауабын тапқан жоқ, тапса да айтқан жоқ, айтқысы келген Ғайнизаны сөйлеткен жоқ, ол ойымен алысқан қалпында жатып, бас жағында сүйеулі тұрған тұла бойы бұтақтан көрінбейтін, қабығы аршылмастан қызыл қайыңнан жасалған бұжыр таяғын қолына алып далаға шығатын сыңай білдіріп еді Ғайнизаның қимылына көз ілеспей кетті. Шертіп отырған домбырасын кереуетіне сүйей салып Самал да жетті. Мәди жанаса келіп жабысқан Самалдың мойнына бір қолын асып алып есікке беттей берген кезде ту сыртынан Тәкіштің күрсінгенін естіп тоқтай қалды. Бірақ Ғайннзаның оны сөйлеткісі келмей қолтығынан демей ілгері аттап еді, Мәди де жүріп кетті.

Тәкіш сол орнында, бір жапырақ жайнамазын кеудесіне басқан қалпында әлі отыр. Көзі қызыл таяқ пен ақ жаулықты әйелдерге сүйеніп бара жатқан Мәдиден әлі тайған жоқ. «Қайран сабазым-ай, мына күйің қабырғамды қайыстырды-ау» деп ішінен күңіреніп те отыр. Көзі жасаурап әлдене алқымына тығылып барады. Көзіне жас келсе дәреті бұзылатыны есіне түсті де селк етті. Қалбалақтап жайнамазын жаяр-жаймастан азанын шақырды да, дұғасын оқымастан сәждеге бас қойды. Өзінің тәубадан жаңылғанын аздан соң барып білді де екі алақанын аспанға көтерді:

— А, құдайым, менің намаз дұғасынан жаңылған бұл күнәмді кешпесең кешпе, тек Мәдиімді мешел етпе, жасаған, тез айықтыра көр мынау сырқатынан. О, жүз жиырма төрт мың пайғамбар, отыз үш мың сахаба, бәріңнен де соны тіледім. Әз атамның әруағы, ел бабамның әруағы, бәріңнен де соны тіледім. Қасиетті Қазекемнің әруағы. О, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Шуыртпалы Ағыбай, Әлтекеде Жидебай, Қарашорда Сеңкебай — барлық батыр бабалар, бәріңнен де соны тіледім. Мәдиімді қолдай гөр, бар сапарын оңдай гөр.

Осы кезде Мәди қайта кірген еді. «Қарашор» деген сөзді оның құлағы шалып қалған екен, соны айтып күле кірді:

— Тәке, сыйынар тәңірімізді алыстан, сонау аспаннан іздемей жақын жерден, өзіміздің Қарашордың ішінен тапқаныңыз жақсы болды-ау. Енді патшамыздың өзі бізге шоқынатын болар, — деп әзіл тастап еді, қарт жақтырмаған түр көрсетіп қабағын бір шытты да өзі білетін дұғалардың ішіндегі ең ұзындау біреуін шұбырта жөнелді. А дегенде күңгірлеп көтеріңкі шыққан дұғасы бара-бара күбірге, онан сыбырға көшті. Ол әлде неге қынжыла қалса дұғасының қақ жартысын ұмытатын, Мәдидің жаңағы қалжыңы шамына қаттырақ тиген болу керек, оқып отырған дұғасынан жаңылып әр дұғаның басын бір шалды. Біресе күбірлеп, біресе сыбырлап отырған себебі де сол. Оның сондай әуреге түскенін Мәди де сезді, оған кінәлі өзінің жаңағы қалжыңы екенін де сезді. «Намазын бұзғаным әбес болды-ау, ауызыма ие болмауды қашан қояр екенмін осы?»

Ол ішінен соны айтып, өзіне-өзі кейи жүріп үйреншікті орнына келіп жантайғанша Тәкең де намазын оқып үлгірді. Қарттың кейісін тез жадыратқысы келіп:

— Рахмет, тілеуқор ағатайым, — деді Мәди шын ықыласын білдіріп. — Сол ақ тілегіңізге айтар алғысым болсын, мына келініңізді ширықтырған хикаяны өзім айтып берейін.

— Бәрекелді, міні мен білетін Мәди осылай десе керек еді ғой, — деп шал лезде жадырап сала берді.

Мәдидің ойлы көзі Самалда. Өткен күннің бір елесін соның бетінен көріп отырғандай қадалып сұрлана түсті.

5

Ол соңғы айдалудан бір жыл бұрын, Мәдидің шар тарапқа шарқ ұрған шағы еді. Алатау, Алтай елдерін аралап, Ертісті жағалап еліне қарай бет алып келе жатқан кезі болатын. Бір елге келсе ол елдің қыз-келіншек, жігіт-желеңдері жиналып бірнеше күн сауық салатын да екінші елдің шетіне дейін әнмен шығарып салын, әнмен қоштасатын. Бір елдің берген сыйлығын екінші елге өткізбей сол шекарада еріп келген әнші достарына үлестіріп кететін. Мұндай сыйлық тартудан байлар да тартына қоймайтын. Халық оны өзінің аяулысы көріп сыйласа, байлар жау көріп қорыққанынан сыйлайтын-ды. Өйткені Мәдидің аты аңызға айналып, даңқы алыстағы Алтайға да жеткен-ді. Сондықтан ол көктемнен бері осы елдің алақанында күндей шалқып, айдай қалқып қайтқан-ды. Соңғы кештің сауықшылары бүгін таң ата қоштасып тараған-ды. Ендігі бар серігі өзінің бес қаруы мен жалғыз досы Иман ғана. Екеуі Қоянды жәрмеңкесі тарқамай жету үшін Хантауын бетке алып елсізді кезіп келеді. Шығарып салушылар барар бағытты, жүрер жолды, жетер жерді айтып берген-ді.

Алдағы ел алыс жайлауда. Сол алыс жайлаудағы елге жете қону үшін Ертіс бойындағы елден ерте аттанған еді, шаңқай түстің шағында бір құм өзекті кесіп өткен төрт жылқының ізі кездесе кетті. Жөн сілтеушілердің айтысына қарағанда бүгін тірі жан кездесу мүмкін емес-ті. «Бұл қалай? Елсізде жүрген бұл неткен адамдар?» — деген ой екеуіне де келіп, екеуі де ізге үңіле қалды. Үш ат қатар жүріпті де бір ат ортадағы аттың ізін басып отырыпты. Соған қарағанда жетегінде бір жылқысы бар үш адам секілді. Өздері елсіз тауды беттеп барады. Сірә, тауға бекінгелі жүрген ұры болар, бірақ сүйретілген сойылдың ізі білінбейді. Сонда бұлар неткен жолаушы? Осындай ойда келе жатқан Мәдиді Иманның «Қан, Мәди аға, қан!» деп ышқына шыққан үрейлі дауысы селк еткізді. Оның айтқаны рас, жаңағы іздің әр жерінде қан тамшысы жатыр, жаңа ғана кеберси бастапты. Қан жетектегі аттың шашасымен жарыса тамшылапты, соған қарағанда бұл жылқышылармен сойылдасып басы жарылған ұрының қаны болуы мүмкін. Ұры болса да адам ғой, мынау елсіз далада қансырап өлер, деген бір сезім Мәдиді биледі де, ізге салып ала жөнелді. Қансыраған ұрыға өзінің нендей жәрдем бере алатынын да ойлаған жоқ. Ойлайтын да емес. Із көп ұзамастан оларды бір таудың қойнауындағы қалың қыстауға алып келді. Қоралардың бәрінің де қақпасы жабық, тек ең шеткі біреуінің қақпасы ашық. Сол үңірейіп тұрған есік сезік шақырды да бұлар аттың басын тежеп жүрісті тез баяулатты. Із бұларды сол ашық қақпаға алып келді. Қораға кірген із бар, шыққан із жоқ.

— Ал бауырым, не сұмдық болса да осы қораның ішінде, сен аттарға не бол, — деді Мәди Иманға сыбырлай сөйлеп. Соны айтып ол атынан түсті де шылбырын Иманға ұстатты. Ол кезде алты атар секілді қарудың бірі оның қойнында, екеуі екі қонышында жүретін. Қойнындағысын Иманға берді де, өзі қоныштағы екеуін екі қолына ұстап қақпаға жақындады. Алыстан ішке көз жіберіп еді қораның түкпіріне таман төрт ат байлаулы тұр екен, есіктен басын сұға берген кезде әлде ненің тұншыға шыңғырған дауысы шықты. Құлақтың шуылы секілді, тым әлсіз. Ненің дауысы екенін айыру қиын, Мәдидің өмірінде естімеген дауысы, сондықтан болар оның тұлабойы тұңғыш рет осы арада дір етті. Бойын кенет жинап алып жаңағы қорқынышты дауыс шыққан жаққа қарап еді, адамның ба, жоқ әлде албастының ба әйтеуір ненің көзі екені белгісіз бір көз жарқырап тұр. Мәди енді кейін шегінерін не ілгері басарын білмей тұрып қалып еді, жаңағы от боп жанып тұрған көзді бір қалың қара шаш жауып кетті. Көз тоқтатқанша болған жоқ, қара шаш кейін серпіліп кетті де отты көз бұрынғыдан да бетер жарқырап Мәдиге қадала түсті. Енді анық байқалды, ол ауызы байланған, өзі діңгекке таңылған жас өспірім қыздың көзі. Соны көргеннен кейін Мәди ширығып алды. Ширыға қалса қорқуды білмей кететін оның әдеті, сол әдетіне бекініп алып салмақты дауыспен «Жан керек еткендерің бері шығыңдар, әйтпесе бәріңді де жамсатамын» деген дауысы да өктем шықты. Бірақ оның бұл әміріне жауап қатқан еш жан жоқ. Қыздың Мәдиге қадалып тұрған көзі сол жақ босағаны мегзей жалт етті де басы сәл изелгендей болды. Мәди енді байқады, ол мегзеген жақ босағаға жақын қараңғылау жерде: арқасын қабырғаға, қолындағы ырғай шоқпарын иығына сүйеп, басында су жаңа пұшпақ бөркі, үстінде судырлаған су жаңа бейқасап шапаны, аяғында кестелі қызыл етігі бар, қара сақалы жаңа ғана қаулай бастаған, тұла бойы қолаңса сасыған ботқа бет бір мырза ұйықтап отыр. Мәди қызды байлаудан босатып есік алдына алып шықты да шашынан сипап көзінің жасын сүрте бастады. Бұл он жеті-он сегіздерге жаңа ғана жеткен сұңғақ бойлы, өткір көзді, бидай өңді уыз қыз екен. Өңінде жалғыз тамшыдай да қан қалмапты, сонда да жайнап тұр. Ол Мәдидің:

— Басқаларың қайда? — деген сұрауына жауап бере алмай құшақтай алып еңіреп қоя берді.

— Ағатай-ау, олар маған қоса сізді де тірідей көмеді ғой, тезірек қашайықшы, ағатай.

Мәди жұбаныш сөздерімен тоқтатып, тірідей көмілетін себебін, көметін кімдер екенін сұрап еді, қыздың өкси тұрып берген жауабынан бар ұққаны: ана ботқа бет мырза бұл қыз үшін біреуді өлтірген, өзі сол ботқа беттің қалыңдығы. Ол енді мұны сол елікпен бірге тірідей көму үшін қораның сыртындағы шіліктің ішінде көр қаздырып жатыр.

Мәди қыздан осыны біліп алды да ұйықтап отырған мырзаға қайта барды. Бұлттан шыққан күн қораның ішіне сәулесін мол түсіріп еді, Мәди енді анық байқады, ол жап-жас жігіт екен. Жас болса да мұнан бұрын екі қызға үйленіп, екеуін де құсамен өлтірген-ді. Қайсы біреулер ол қыздарды мұның қолаңсасының сасық иісінен тұншығып өліпті десетін. Қолаңсадан өлсін, құсасынан өлсін, әйтеуір екі арудың қыршын жасы қиылғаны анық. Ботқа беттің әкесі өз ортасына өктемдігін еркін жүргізетін сотқар бай. Мына баласы әкесінен де өткен сотқар. Мәди алты атардың бірін қоншына тықты да ботқа бет мырзаның жағасынан ұстап жерден тымақша көтеріп алды:

— Сәлеметсіз бе, мырза, — деді ақырын ғана. Дауысы жұмсақ, сөзі майда, бірақ алқымынан алған қолы көзін шарасынан шығарып жанын сығып барады. Ботқа бет мырзаның қырылдауға да шамасы келмей өзі Мәдидің қолында кетті де, шоқпары сылқ етіп жерге түсті. — Қорықпаңыз, мырза, мен сізге тимеймін, тек өзгеге арнап қазған көрге енді өзіңіз көмілесіз, жүріңіз, жарық дүниені көріп қалыңыз, — деп есіктен сыртқа бір-ақ лақтырды. Оның міңгірлеп айтқан сөзіне түсіне алмай, — айтар болсаң иманыңды жөндеп айт, — деп қамшымен бір тартып еді, ол етпетінен түсіп Мәдидің аяғын құшақтай алды. Аяқтан тартып қалып шалқасынан түсіруден де дәмесі жоқ емес. Сол дәмесі үшін Мәди екі тартып еді, көкке ұшып жерге түсті. Ағатайлап тұра қашқанымен құтылар жол таба алған жоқ. Алтыатарын кезей ұстап қарсы алдында Иман тұр. Бар өшпенділігін көзінен атып, қолындағы жұдырықтай тасты сермегелі сүлдерін сүйретіп бір жағынан қыз да жақындап келеді.

Адамның жаны қиналған шақта өңі алуан түрлі құбылады екен, жаңа ғана гүлдей жайнап тұрған қыз мынау қанды қол жауына кегін атқан кезде өңі аспаннан атылып келіп жерге түскен жасылға ұқсап кетті. Мүмкін Мәдидің көзіне солай көрінген болар, әйтеуір ол өзінің құшағынан жаңа ғана шыққан қызды тани алмай аңырып қалды. Ол енді ғана байқады: қыздың сол жақ бетіне қамшының ұшы тиген екен, сол қамшы тілген жерден шып-шып шыққан қан оның қанын шымырлатып жіберді.

— Қара жүректің басынан, не қақ маңдайдан соқ.

Қыз байғұс аянған жоқ, жақындай бере бар күшімен сермеп кеп қалды, бірақ әлсіреген қолы алысқа серпе алмай тасы домалап аяғының астына түсті де өзі тәлтіректеп барып Мәдиді құшақтай алды.

Осы кезде қора сыртынан әлде кімдердің керкілдескен дауысы естіліп еді, қыз басын Мәдидің кеудесінен де көтеріп алды.

— Әне, менің көрімді қазушылар, қабыршылар...

— Иман, мына жексұрын жыбырлай қалса жер жастандыр, қарындас, сен осы жерден қозғалма, — дей салып Мәди бұрыштан бас бағып қарап еді, иықтарына салып алған күректері бар екі жігіт керілдесіп келеді екен. Күреске түсетіндей екеуі де етек-жеңдерін белдеріне қыстырып сыбанып алыпты.

— Лағнат, сендерге, лағнат, сендерге ерген өзіме лағнат, — деп біреуі өзінің маңдайын ұрғылай бастап еді, екіншісі оның білегінен ұстай алды.

— Ау, жарқыным-ау, өзі шалажансар жанымды күйдірмесеңші. Әулие емеспін, құдай емеспін, қатын үшін қан төгіс болатынын мен қайдан білейін.

— Оны білмесең ит жеккенге айдалуды біл. Мырзамыз бізді алдағанмен елді алдай алмайды. Ел ізімізді таппай қоймайды. Сонда шелек жалаған сен екеуміз тұтылып ит жеккенге кетеміз де, айран ішкен мырзамыз құтылып елде қалады. Біздің тіпті жалаған шелегіміз де жоқ-ау, тіптен. Ойбай-ай, сор маңдайым-ай, біздер неткен есуас едік, ә?

— Ау, жарқыным-ау, құдай бар емес пе? Ол жігітті шоқпармен ұрып-ұрып өлтірген біз емес мырзаның өзі екенін ел білмесе де құдай біледі ғой.

— «Бұл заманның заңы да салдақы» — депті ғой Қаракесектің Мәди дейтін бір қарақшысы. Қарақшы болса да сол әулие қарақшы.., О, ақылы бір жұмадан кейін келген ақымақ басым, енді қайтейін. Олардың өзімнен қорқып қашқанын, өзімнің қуғанымды қызық көрдім-ау мен ақымақ.

— Мырзамыздың өзі оларды «Қытайға өтіп кетіпті» деген лақап таратамыз деген еді ғой, мүмкін ел сондай лақапқа алданар да біздер ізіміз білінбей аман қалармыз, байбайлай бермеші.

— Ондай лақапқа алданатын елдің бәрі біздей есалаң емес.

— Сөзді қой, өлер жігіт өлді, болар іс болды, енді...

— Жоқ, өлер жігіт өлсе де болар іс әлі болған жоқ. Егер ертеңгі күні бұл қылмысымыз ашыла қалса бізді құтқаратын осы қыз ғана. Сондықтан қалайда оны тірі алып қалуымыз керек.

— Ол сенің қатының емес Саймаран мырзаның қалыңдығы ғой. Сонда оның қалыңдығын енді біз тартып алмақпыз ба?

Олар біресе тұрып, біресе жүре сөйлесіп осындай керкілмен жақындай берген кезде Мәди алты атарын кезей ұстап бұрыштан шыға келді.

— А, мырзалар, көрлеріңді аман-есен қазып қайттыңдар ма? Қолдарың қанданып, ауыздарың майланып болса күректеріңді тастаңдар да тізелеріңді бүгіндер. Әйтпесе екеуіңді бір-ақ оқпен жайратамын.

Мәдидің сөзі оларға жай оғынан кем тиген жоқ. Екеуі де безгек болғандай безек қағып дірілдеп кетті. Екеуінің де сөйлеуге шамасы келмей иықтағы күректерімен жарыса тізелері де жерге тарс етті.

— Иә, мырзалар, сөйлеңдер.

— Біздер мырза емеспіз, — деді жасаңдауы.

— Енді кімсіңдер? Әлде кісі жейтін қорқаусыңдар ма?

— Соған жақынбыз.

Шындықты айтқан осы бір ауыз сөзі Мәдидің оған деген ашуын қайтарып тастады. Өйткені мыналарға ергені үшін өзіне өзі лағнат айтып келе жатқан жаңағы осы жігіт болатын. Мәди оның сол адалдығын арашашы көрсе де өңін жылыта қойған жоқ.

— Сендер тірідей көмбек болған қызды мен бере алмаймын. Көр қазылған соң бос көмілмеуге тиісті. Сонда оның орнына кімді көмесіңдер? Өлген жігітті ме? Жоқ, мырзалар, сендер ол көрді тіріге арнап қаздыңдар, сондықтан өлі жігітпен бірге үшеуіңнің бірің тірідей көмілесіңдер. Қане, қайсыңның жаназаңды оқиын, — деп мылтығын кезеніп еді, жаңағы жігіт өжет екен.

— Мықтымсынуын, ондай ер болсаңыз ол сұрауды ана Саймаран мырзаға неге бермейсіз? — деп Мәдидің өзіне дүрсе қоя берді. Мәди оны егестіре түскісі келіп, кінәсін түсіндіргісі келіп тұрғандай-ақ дауласа кетті. Өйткені ол сазайын тартқызбай бұлардың ешқайсысын жібермекші емес, сондықтан қайсысының қаншалықты жазықты екенін біліп алу үшін олардың мырзасын жақтап өздерін даттай жөнелді.

— Жар ашуы жан ашуы. Жан ашуы қашанда қатал. Аяу дегенді білмейді. Мырзаларың жарынан айырылып жаны ашынған адам, ол қан төгуге сондықтан барды. Ал, сендер не үшін қан төктіңдер? Сендер ондай намысын қуған адам емес, оның айтағына ерген итсіңдер. Ит те емес, кісі жейтін қорқаусыңдар, адам баласы қолға түскен қорқауды тірі жіберген емес. Сол сияқты мен де сендерді тірі жібере алмаймын.

— Жетер, ойбай, жетер жерлеуің. Мұнан да сол көріңе апарып тезірек жерле! — деп жігіт екі құлағын баса бақырып етпетінен жата кетті.

Мәдидің екі қолы бірдей қимылдайтын. Солақай қолымен қамшыны екі басып еді, жігіт міз баққан жоқ, бетін жерге баса түсті. Оның қайсарлығына манадан іштей риза болса да мына қиқарлығы оны ерегестіріп жіберді. Бірақ екі түрлі себеппен бұл егесі ұзаққа барған жоқ. Біріншіден, жаңағы жігіт жанына қатты батқан қамшыға қайыспай қайсарланса да еңкілдеп, әлде нені айтып жерді сабалап жатыр. Сол сөздердің ішінен «Қу кедейлік-ай, түбіме жеттің-ау ақыры» деген сөзді Мәдидің құлағы шалып қалды. Екіншіден, ту сыртынан қыздың ыңырси сөйлеген дауысы шықты. Ол бұл жігіттің бақытсыз бейшара екенін, өзінің шешесінен жастай жетім қалғанын, мынау малай жігіттің шешесін еміп өскенін, сол шешенің ақ сүті үшін жалғыз баласы мұны өлтірмеуді өтініп жалынып келеді. Мәди қыздың бұл мейірбандығына қайран қалып аң-таң.

— Мына сасық итті ат құйрығына байлап өзім өлтіремін. Сәлім, мен емген ананың ақ сүтін емгенің рас болса байла қолын. Мойнына арқанды өзім саламын, ат құйрығына өзім байлаймын.

Ол өксіп тұр, өксісе де дауысы өктем. Оның Сәлім дегені жаңағы өжет жігіт екен. Ол орнынан сүйретіле түрекелді де сол тұрған жерінде мелшиіп тұрып қалды.

— Сәлім, мен не айтып тұрмын? — деді қыз зілденіп. Бірақ Сәлім міз бағар емес. Қыз оны ұрғалы Мәдидің қолындағы қамшыға жармасып еді, Мәди оны құшақтай алып сабырға шақырды. Өйткені бұларға не істеу керек екенін өзі де әлі білмей тұр. Үшеуін Семейге дейін жаяу айдап апарып губернатордың өз қолына тапсырар еді: заңы шаңға, ары ақшаға айналған мына заманда, сонау жігіттің өлімінен бастап бар жаланың өз басына үйілмесіне кім кепіл? Жердегі құдайлардың көмейіне ақша тығындалған шақта аспандағы құдайдың көзі де шапраштанып кететінін талай көрген едім ғой. Ана ботқа бет мырзаның әкесі бір жүз жылқысын сатса соның ақшасымен «қасқырдың ауызы жесе де қан, жемесе де қан» деп бар жаланы менің басыма аудармай ма? Сонда қалай, солардың жаласынан қорқып мыналарды жазасыз жібермекпін бе? Жоқ, олай ету менің қолымнан келе қоймас.

Сондай ойда тұрған Мәди бір саңылау тапқандай болып:

— Сен қолыңды былғама, қарындасым, бұларды халықтың өзі де аямайды, — деп еді.

— Жоқ, ағатай, — деді қыз өкси сөйлеп, — бұлардың жәрмеңкеге кеткен болып бір жұмадан бері менің жолымды тосып жүргенін ел білмейді. Бар ақиқат сонау өлікпен бірге көміледі де өтірік лақаптар өрттей қаулайды, қанға тойған қасқырдай масайрап бұлар кетеді.

Қыз Мәдиді жаңа қылығымен қайран қалдырса, енді мына сөздерімен баурап барады. Қыз да оның кім екенін білместен қандай адам екенін танып алған секілді. Сондықтан екеуі бұрыннан мұңдас адамдарша тез сырласып кетті. Қызбен сырласа, Саймаран мырзаны тексере тұрып Мәдидің білгені мынау болды. Қыздың өлсе де тимейтін сыңайы барын сезген Саймаран ең ауыр қастыққа бекінеді. Ол үшін қыздың бір опасыз жеңгесін сатып алып аңдушы етіп қояды. Қыз қанша сақтанса да аңдыған жау алмай қоймайды. Ол қыздың жігітке жазған соңғы хатын қолға түсіріп қыздың хаттағы «Мен даярмын. Тек жәрмеңкеге кететіндер кетіп болсын, оған дейін сен аттарды жарата бер. Біздер көзге түспеу үшін елсізбен, біздің қыстаудың үстімен Хантауына өтеміз де онан Қарқаралыға беттейміз. Мұның бәрі елдің айтысына қарағанда алты күндік жол. Жолшыбай пішеншілерден қоректеніп отырармыз, дегенмен азық-түлігіңді сайлап ал. Сусынға аларың сықпа құрт болсын» деген сөзін Саймаранға жеткізеді. Қыздың қашан, қайда, қалай қашатынын біліп алғаннан кейін Саймаран Қоянды жәрмеңкесіне кеткен болып кетіпті де, бір жұмадан бері осы тауда қыздың келер жолын тосып жатыпты. Бұл шындықты айтқызу үшін Мәдидің қамшысы оның арқасында нажағай болып талай ойнады. «Таяқтың аюға да намаз үйреткені рас» екен, Мәдидің қамшысы Саймаранның айтпаған шындығын қалдырған жоқ. Ол бір жұма бойы сарғая күткен тілегіне бүгін сәске түсте жетіпті. Қыз бұларды көре сала қаша жөнелген екен, қатарында келе жатқан жігіттің аты омақаса құлап мойыны үзіліпті. Қыз қайта оралып келіп жігітті мінгестіре жөнелгенше, Саймаран келіп жетіпті де жігітті шоқпармен соққылап құлатыпты. Мына қора қыздың үйінін қорасы екен. Қолға түсіп мойнына шылбыр оралған қыз олардан жалғыз ғана тілек тілепті. Жанымды қалдыр деп жалынбаймын, сонау қыстауда менің үйім бар. Мен сол үйде туып едім, сол үйде өлейін, көзіме бір көрсетіңдер де елігімді сол үйдің іргесіне көміңдер» депті. Қыздың бұл тілегі Саймаранның ертеңгі күнін ойлаған арам ойына сай келіпті де тілегін қабылдаған болып осы қораға алып келіпті. Енді екі боздақтың бірін өлідей, бірін тірідей көміп тастап жәрмеңкесіне тайып тұрмақшы екен.

— Ізіңді бүркеудің амалын жақсы тапқансың, мырза, амал не, сорыңа біздер тап болыппыз. Егер, біз қоя берсек қой ізің зым-зия жоғалады да сен тартатын жазаны басқа біреу тартып, Сібірге айдалады. Әрі өзіңді босатып, әрі сен үшін айдалатын адамды құтқарудың жолын қайдан тапсам екен.

Қыз отты көзімен Мәдиге жалт қарады:

— Сіз өзіңізді өзіңіз не үшін қорлап тұрсыз?

— Сабыр, шырағым, сабыр. Сен бұл үшеуін енді бөле алмайсың. Ат құйрығына байласаң үшеуін бірдей байлайсың, босатсаң үшеуін бірдей босатасың. Сен соны ойлай бер, мен өлікті жерлетіп келейін.

Мәдидің ауызынан сол сөздің шығуы мұң екен, көр қазғыштар тұра жөнелді. Олардың неге асыққанын сезбестен Саймаранды алдына салып Мәди де кетті.

Қыздың көзі ұзап бара жатқан Мәдиде, ойы астан-кестен. Бейтаныс адамдарды да лезде баурап алатын неткен сиқырлы адам бұл?

Қыз ішінен соны айтты да, аулақта аттарды оттатып тұрған Иманға жақындады:

— Ағай, ағат болса алдын ала кешірім сұраймын, сіз мылқау емессіз бе осы?

— Иә, сендей қыздарды көргенде ұстап қалатын ұстамалы мылқаулығым бар, сен оны қайдан біле қалдың?

Иман соны айтып жақындай түсіп еді, қыз сескеніп кейін шегінді:

— Кешіріңіз, ағажан, мен сізді манадан бері үн қатпаған соң солай ойлаған едім, кешіріңіз.

— Менің тілімді байлаған сен.

— Астағыпралда. Мен сізге не жаздым?

— Сен өте жұмбақ жансың. Сол жұмбағыңның шешуін таба алмай қиналған жаным тілімді байлап тастады.

— Жұмбақ? — деді қыз өзіне өзі таңдана қарап, — менің неменем жұмбақ?

— Өзің де жұмбақ, сөзің де жұмбақ. Әсіресе сүйгеніңнің өліміне күйінген түрің жұмбақ.

Иман тауып айттым, табжылмастай етіп айыбын бетіне басып айттым деген ойда еді, олай болмай шықты. Қыз көзінің жасын төге тұрып суық жымиыспен мырс етті де Мәди кеткен жақты нұсқап иек қақты:

— Онда тіліңізді манадан бері босқа байлаған екенсіз, тезірек шешіңіз де анау ағайдың аты-жөнін айтып жіберіңіз.

Иман қыздың бұл сөзіне түсіне алмаған түр көрсетіп:

— Тілді босқа байлағаны қалай? — деп еді.

— Сауалыма жауап беріңіз, — деді қыз паңданып.

Оның бұл қылығына Иманның егескісі келіп еді, қыздың көзіндегі жасты көрді де жуасып қалды:

— Ол ағайымыз, әлгі бір жар басында жалпылдайтын жаман құс екеуі аттас.

— Жапалақ па?

— Нақ солай.

Қыз күрсіне сөйлеп тұр.

— Аты Жапалақ болса да өзі Сұңқар екен.

Иман құрбан болған жігіттің өліміне қайғырғанын көре алмай қызбен іштей өштесуде еді, сондықтан ол қызды ән сөзімен түйремек болып өзінің әдемі қоңыр дауысымен ақырын әндете жөнелді;

Алатау кейде қарлы, кейде қарсыз,

Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз.

Дәрияның жарды соққан толқынындай,

Көз сүзген көрінгенге көңіл арсыз.

Оның бұл әнді не оймен айтып тұрғанын қыз сезіп қалған екен:

— Тағы да лағып кеттіңіз, — деп әнді аяқтатпастан бөліп жіберді.

— Лаққаны қалай? — деді Иман аңырып.

— Сізде сөйлейтін тіл де бар, көретін көз де бар. Тек ойлайтын миыңыз шамалы екен.

— Апыр-ай, ә, сенен басқа қыздардың барлығы тұла бойың толған, қара бақайыңа дейін аққан ми деуші еді, алдаған екен-ау албастылар. Мүмкін көз деп тұрғаның жараның орны шығар, маңдайыма анықтап қарашы, — деп Иман басын еңкейтіп еді, қыз сескенгендей ыршып шегініп кетті.

— Көзіңіз жоқ болса менің күйінген түрімнің қандай екенін көрмес едіңіз. Көзіңіз бар. Тек менің жұмбақ көрінуімнің екі түрлі себебі барын білуге миыңыз жетпеді.

— Миым әлі де жетісіп тұрған жоқ, сол екі түрлі себепті ашығырақ айтуға болмас па екен?

Қыз ауық-ауық Иманға көз тастай тұрып сәл ойланып алды да, айтуға бекінді.

— Опат болған жігіт менің сүйгенім емес, жол серігім еді. Әрі ол қуғыншылар жақындаған кезде «мен сені алдаған едім, кешіре гөр, жаным» деді еңіреп. Оның не сөз екенін әлі білгенім жоқ, білмесем де сол «алдадым» деген сөзі жүрегіме мұз боп қатып қалыпты. Сіз соның бірде-бірін білместен мені босқа кінәлап тұрсыз.

— Солай ма?

— Өзім өлген адам едім, бағыма сіздер тап болдыңыздар да тірі қалдым. Сіз өліп тірілген адамның шаттығында шек болмайтынын білмей тағы шатастыңыз. Егер өмірдің шаттығына шалқи қалсаңыз өлімнің қайғысына өзіңіз қалай күйінер едіңіз? Не болмаса өлімнің қайғысына батсаңыз өмірдің шаттығына өзіңіз қалай шаттанар едіңіз? Сізге менің күйінген түрім жұмбақ болып көрінгенде шаттығымның шалағай түрі неге жұмбақ болып көрінбеді? Әлде сіз күйініштің ғана жоқтаушысы ма едіңіз?

Иман не дерін білмесе де жеңілгенін сездіргісі келмей:

— Сен қыз Қаракесектің Қазыбек дейтін шешенін естуің бар ма? — деп еді.

— Қаракесектің Қазыбегін білмеймін, бүкіл қазақтың Қаз дауысты Қазыбегін естуім бар, — деді кекесінін түрінен де көрсетіп.

Иман қыздың өресі қандай екенін осы сөзінен байқады да, өзінің де айтып тұрғаны сол Қазыбек екенін айта алған жоқ.

— Сол Қаз дауысты Қазыбектің шөбересі Мәди дегенді білесіз бе?

— Сыртынан естуім бар, — деп қыз енді ғана оған жылы жүзбен қарай қалды. — Оны не үшін сұрадыңыз?

— Соған ұқсайтын жез таңдай екенсің, соның жиені емессің бе?

— Мәдидің жезтаңдай екенін білсеңіз өзін жақсы білетін болдыңыз, солай ма?.. Жалынамын, жасырмай шыныңызды айтыңызшы, Мәдиді шын білесіз бе? — деп қыз ынтыға түсті.

Бұлардың жаңа қызған әңгімесін жаназашылардың келуі бөліп жіберді. Иманның қыз сұрауына берер жауабы да айтылмай қалды. Мәди кісі өлтіргіш батырларды алдына салып айдап келеді. Сірә соның соққысына қатты ұшыраған болу керек, ана үшеуінің тек сүлдері ғана қалыпты. Үшеуінің де тек «тұяқтары» ғана қыбырлайды. Үшеуінің де көздерінде жас, үшеуінің де басы-көзін тер басып, Саймаран мүлдем сасып кетіпті.

Оған себеп болған мархум болған жігіттің басы. Мәдилер барған шақта мәйт қабырға салына бастаған еді. Бастың орнында қансоқталанып, жаман тұмақтың құлағындай салпылдаған бірдеңені Мәдидің көзі анадайдан шалып қалды. Көзіне ілінгенді жібермейтін әдетімен ол жетіп барып қарап жіберді де, жаны ыршығандай өз бетін өзі жеңімен сарт еткізді. Өлікке қайтып қарай алған жоқ, көзін жеңімен көлегейлеп алып шегіне жөнелді: «алла, алла» деген бір сөзді қайта-қайта күбірлеп барады. Басқа сөз аузына түсер емес, өзінің не айтып, қайда кетіп бара жатқанын өзі де білмейтін секілді. Бір кезде оның:

— О, сұм заман! — деген дауысы аспанды жара, даланы жаңғырықтыра саңқ етті, — Сұм заман-ау, сенен менің күткен азаттығым адамдардың осындай аңға айналғаны ма еді?.. Ей, жасаған!.. Сен бе мынау екі аяқты жыртқыштарды жаратқан? Жыртқыш етіп жаратсаң адам деген атты неге бердің бұларға, неге?.. Неге?..

Ол сонан басқа сөз таппай, шегіне, ұзап барып аспандағы құдайға арызы жете қоймайтынын енді ғана сезгендей кенет тоқтай қалды да қабырға қарай ұмтылды. Мәйтті оның көзіне енді түсіргісі келмеген болу керек, ана үшеуі топырақты бұрқырата салып жанталасып жатыр. Мәди келе килікті де үшеуін қамшының астына алып сартылдата жөнелді. Олар қарсыласа қалса оқ жұмсап қан құстырудан да тайынар емес. Соны сезген аналардың қарсыласар түк қайраты болған жоқ, тек ауыздары ырсиып, мұрындары пыс-пыс етеді. Дегенмен манағы Сәлім деген жігіт өлермендік жасады. Ол бір күрек топырақты Мәдидің бетіне шашып жіберді де тұра ұмтылды. Бірақ, Мәдидің қарсы сарт еткен аяғы оның күрегін аспанға ұшырды да өзін шалқасынан түсірді.

Сонан кейін ешқайсысының жалынуға да шамасы келген жоқ.

— Үшеуіңді бір қыздың қолымен өлтіремін, жүріңдер, — деді Мәди тістеніп. Шынында ол бұларға өлім жазасын кесуге де әзір.

Қыз оның сондай ойда келгенін сезгендей Саймаранның кіндік тұсынан бір теуіп ыңқ еткізді де:

— Бар, өз атың мен менің атымды бері алып шық, — деп тағы бір тепті.

— Атың қанша жүйрік болса да оқтан құтылмайды, оны да ескергейсің, мырза, — деп Мәди де оны сөзбен бір атып салды.

Саймаран сүлдерін сүйретіп барып қорадан жүзіктің көзінен өткендей сұлу екі сәйгүлікті алып шықты. Екеуі де оқтаудай болып жараған, екеуі де ойнақтап жер тарпиды. Саймаранның атқа өздігінен мініп қаша жөнелетін қауқары болса оның күрең аты оққа жеткізбейтін түрі бар. Қыз өзі атын әкеліп үн қатпастан Иманның қолына ұстатты да Саймаранның атын шарбаққа байлатты. Ол қазір ширығып алыпты. Ширыққан шағында шырайланып кетеді екен. Өзінен басқаны қазір көзіне де ілер емес, өш алудан басқаны ойлайтын да емес, ерінің қасына ілулі жүрген өзінің он екі таспадан өрілген өрімі оқ жыландай, өткірлігі — қылыштай қамшысын қолына алды да Сәлім мен оның қасындағы сақалды жігітке жақындады.

— Сен екеуің мына малғұнды атының құйрығына мықтап байлап бересіңдер, мен оны елдің шетіне жеткенше сабалап қуамын, оған дейін өзінің тамтығы да қалмас. Ал өздеріңе айтарым осы көргендеріңнің барлығын бүге-шігесіне дейін бүкпей елге жая барасыңдар, жандарың сонда ғана қалады. Жасырсаңдар бар жаласына өздерің қаласыңдар. Осыны әкеме де айта барыңдар да сәлем деңдер. Ақиретте болмаса бұл дүниеде мені көремін деп ойламасын да іздемесін.

Қыз сөзінің ақырын айта алмай жасқа булығып қалып еді, Сәлім еңіреп қоя берді.

— Бауырым, «өлтірме» деп жалынбаймын, өлтір деп жалынамын. Тек Жасақбайдың табанына салма. Ол үшін осы арада өз қолыңмен мені өлтір, не сол аттың құйрығына мені де байлап жібер, жібер... жібер! — деп бар зарын төге теңселіп келіп қыздың алдына құлап еді, қасындағы сақалдысы келіп етпетінен түсті. Қыздың туған ағасына да қайысатын түрі жоқ:

— Лағнаттар! Маған не беттеріңмен жалынасыңдар, — деп екеуін екі тартты да теріс айналып кетті.

Мәдидің манадан таба алмай жүрген жолын Сәлімнің жаңағы бір сөзі тауып берген секілді. Ойлап қараса қыздың бұл қатал үкіміне көнуге яғни Саймаранды өлтіруге болмайды екен. Өйткені оның әкесі Жасақбай қаталдығынан Қасқырбай аталып кеткен сотқар екенін Мәди сыртынан жақсы білетін. Баласының ат құйрығына байланып барғанын көрсе ол мына екеуін тірідей жейді, өзінен қалғанын иттеріне жегізеді. Әрі осының бәрінің жаласын ол Мәдидің өз басына аударып кетуі мүмкін, Өйткені, бойына қару асынып, беліне қанжар байлап жүретін бүкіл Семей губернасында бір өзі ғана. Оны ел де, өкімет те біледі. Егер «Жасақбайдың баласын ат құйрығына тірідей байлап жіберіп, оның қалыңдығын алып кетіпті» деген лақап тараса даланың да, қаланың да айтары «бұл Мәдидің қимылы» деген бір-ақ сөз. Күйінгендердің де, сүйінгендердің де айтары осы. Жасақбай Мәдиден қанша именсе де баласының өліміне шыдамай онан кек алу үшін малын судай шашады, Сатылмайтын өкіметтің заңы да, елдің салты да жоқ. Мәди соны ойлап Саймаранды қалайда тірі алып қалуға бекінді де, қызды бір қолымен құшақтан тұрып сөйлей жөнелді:

— Тілектерің ат құйрығына байлау болса оған қолдарыңды мен-ақ жеткізейін. Ол үшін сендер қарындастың айтқанына көніп, айдауына жүріңдер. Мана өзін байлаған арқандарыңның бір ұшын бұғалық етіп мырзаларыңның мойнына салыңдар да, бір ұшын атының құйрығына байлаңдар. Арам оймен арқанды шала байласаңдар арқаларыңнан таспа тілемін. Қане, тұрыңдар, — деп қамшысын безей жақындап еді, екеуі де атып түрекелді.

— А, қуратқан қу құдай, — деді сақалдысы назаланып. Сәлімнің шамасы назалануға да келген жоқ, манағы қайсарлықтан да іштеңе қалмапты. Мәдидің ендігі бір ойлағаны өздерінің келешегі екенін оның екеуі де сезген жоқ, тек бұйдалаған тайлақтай елбеңдеп Мәдиге ерді де күрең аттың қасына келді.

— Алдымен екеуің аттың құйрығын қыздардың бұрымындай екі тарам етіп өріңдер де арқанды соған қазықбау шалып мықтап байлаңдар. Қайталап айтамын, шала байласаңдар қолқаларыңды мынаның ішіндегі қорғасынмен үземін.

Мәди оларға айтқандарын істетіп, ала арқанды ат құйрығына байлатқаннан кейін тұзақталған ұшын әкеліп қыздың қолына ұстатты. Қыз ойланған жоқ, бұғалықты Мәдидің қолынан жұлып ала сала Саймаранның мойнына тастап кеп жіберді. Оның қазір өшпенділіктің лапылдаған отына айналып кеткендігі сондай, мөлдіреген кішкентай қара көзі де, тізілген ақ маржандай тістері де, тіпті сәл сүйірлеу келген әдемі мұрны да, көзге зорға ілінетін жіңішке қара қасы да, тіпті жұп-жұмыр денесінің бүкіл қимылы да қара бұлтты қақ жарған нажағайдың жарқылына ұқсап Саймаранды жерге сылқ еткізді. Оның ұшып барып күрең аттың жүгенін сыпырып алған қимылына да көз ілескен жоқ. Жаясына келіп сарт еткен қамшы жанына қатты батты ма қалай күрең ат жануар шыңғыра шапши жөнелді. Мәдидің күткен шағы осы екен. Ол өзге түгілі өзінің де көзі ілеспейтін шапшаң қимылымен беліндегі қанжарын суырып ала сала Саймаранды сүйрей жөнелген арқанды шауып жіберді. Арқан ескі еді, ескі болса да шеткі бір бұрауы кесілмей кетті.

Мәдиден мұны күтпеген қыздың жаны ыршып, дауысы саңқ етті.

— Ағажан-ау, қанжарыңызды қайда жұмсарыңызды білмегеніңіз қалай?

Мәди қыздың бұл сұрауына жауап берген жоқ, көзі иесін қаңбақ құрлы көрмей жүйткіп бара жатқан күрең атта. Тез қуып күрең атты атып құлатудан басқа жол қалмаған секілді. Ол соны ойлап атына міне жөнелген кезде Саймаран қалып қойды да күрең ат самғап кете барды.

Мәди ағызған бойымен барып атынан түсе сала Саймаранның басын сүйеп еді, ол жансыз дене секілді қайтадан сылқ етті. Екі қолы мойнындағы арқанға жабысып қатып қалыпты. Мәди арқанды Саймаранның мойнынан сыпырып алып лақтырып тастады. Басқа жәрдем қолынан келер емес, өйткені Саймаранның сасық иісі маңайлатпады. Оның құлаған жері қалың селеудің арасы еді. Желмен желпініп, шудадай желкілдеп тұрған қалың селеу Саймаранның қимылын, шегіншектеп аулақта тұрған Мәдидің көзіне түсірген жоқ.

— Топырағың тамұқтың оты болсын, екі аяқты жануар. Менің қанжарым болмаса сенің елің сүйегіңді де таба алмайтын еді. Енді өлігіңді құдыққа тастап кетсек кейін еліңе бір табыларсың. Ей, мынаның жаласы сендерге қалмас үшін мен атамын да кетемін, сендер өлігін сүйретіп апарып осы ауылдың су ішетін құдығына тастаңдар.

Мәди оны айтып шын ататындай-ақ алтыатарын сыртылдатып еді Саймаран басын көтеріп, бақырып қоя берді. Сірә, жаңағы бір кезде жаны көзіне көрінген болу керек, ол Мәдидің аяғын құшақтай алыпты. Ағатайлап, әлденені айтып былдыр-былдыр етеді, біресе жылайды, біресе күледі, бетін Мәдидің етігіне басып алып қайта-қайта сүйеді. Өзінің мың жарым жылқысы бар екен, бұл істеген жақсылығым үшін, өлімнен құтқарғаны үшін сол, мың жарым жылқының қақ жартысын беретінін айтып зарлайды. Осыған келгенде Мәдидің шыдамы таусылды. Етігінің басынан өрлей сүйген ауызы шалбарының ауына жақындаған кезде тізесімен бір қағып жылқысының құлағына қосақтап әкесін бір сыбады да жүріп кетті. Оның Саймарандай мырзамен қоштасқан түрі осы ғана. Ол қора басында қалғандарға жақындай бере қыздың жаңағы сұрауына берер жауабын айта келді.

— Қалқам, сенің тілегіңе қарсы келу ниеті менде болған жоқ. Мен жүйрік атты қыран бүркіттей, қыран бүркітті сұлу әйелдей, ол үшеуінің жанын өз жанымдай көруші едім. Күрең ат шыңғырған кезде сол әдетім билеп кетті. Екіншіден мына екі бейбақты аядым. Баласының ат құйрығына байланып барғанын көрсе Жасақбай бұларды итке талатып өлтіреді. Біз бұл екеуін сол ажалдан құтқардық, енді бұлар Саймаранның малайы емес, кісі өлтірген қылмысын бүркеу үшін Саймаран бұлардың құлы болып өтеді. Бізге сол қанағат, біздің барар жеріміз алыс еді, қош айтысайық.

Қыз тұңғыш рет осы арада, дәл осы сөзден кейін ғана Мәдиге отты көзімен жалт қарады.

— Не-ме-не? — деген ауыр мұңды ащы дауысы Мәди жүрегін дір еткізді. — Сонда сіз мені мыналардың қолына тастап кетпексіз бе? Онда азаматтығыңызды менің кебінім етіп жаңағы даяр көрге неге көме салмадыңыз?

Мәди атынан түсе сала ұмтылып келіп оны құшақтай алды:

— Кешір, бауырым, кешіре гөр, — басқа сөз табылмай алқынып қалды. Өзінің алыс сапардың адамы екенін, ол сапардың әйел адамға аса ауыр екенін, сондықтан тек қыздың бір жақындарына, не таныс еліне жеткізіп салуға ғана әзір екенін айтып еді, оның бәрі қыздың құлағына кірмейтін сөз болып шықты.

— Менің сіздерден басқа елім де, аға-бауырым да жоқ. Сіздерсіз көрер күнім де жоқ. Ажалдан құтқарған сіздерден жақын адамның болашақта болуы да мүмкін емес. Қайда әкетсеңіз де мейлі, тек мыналардан аулаққа, бұлардың көзі кермейтін, құлағы естімейтін алысқа әкетсеңіз болды. Басқасын кейін айтармын, — деді де қыз Мәдидің демеуімен атына бір-ақ ырғыды. Енді Мәдидің де айтары болған жоқ, оны өзі де жасырған жоқ:

— Бағың ашылсын, бауырым, басқа не айтайын, — деді де атына қайта мініп жүріп кетті.

Бұл кезде Саймаран әлі сол қалпында, ат құйрығынан құлаған жерінде басын көтеріп отыр еді, өзіне қарай келе жатқан қызды көріп қайтадан құлап кетті. Қыз құйындаған бетімен жұлдызша ағып барып оны таптап өтпекші еді, аты қарғып кетті де таптай алмады. Атының басын бұрып алып бұл кінәсі үшін сауырынан бір тартты да қайта ұмтылды. Бұл сапар атына сенбеген болу керек, жанай бере пәрменімен Саймаранның бетін тіле екі тартты да өте шықты. Сонан қайтып қайрылған жоқ. Елсізді бет алған Мәдилерге бөгелместен, олардың алдына түсіп алды да құйғытып кете берді.

— Тезінен бір күйеу тауып бермесек мына қыз кешікпей жынданар, — деп Иман белгісіз бір жұмбақ жымиыспен жылмия қалып еді, Мәди суық түспен оның бетіне жалт қарады:

— Немене, емешең әлден құри бастады ма?

— Обалына қалмайық дегенім ғой.

— Ол қыздың басына түскен қайғы өз басыңа түссе сенің жындануға да шамаң келмес.

— Тәуба, тәуба.

— Немене тәуба?

— Бұрын шайтандармен де ізденіп жүріп сайысатын Мәди ағамыз бұл күнде періштелер кездессе де бой тартатын болыпты, оған қалай тәуба демейін?

— Сенің тілің қыз жақындаса байланып, алыстаса ғана шешіледі, бұл қалай?

— Сізге қараған шағында ол қыздың көзінен бір сиқырлы от көремін. Сол от менің тілімді байлайтын.

— Қыздың көз салғаны мен болсам, оған сенің тілің неге байланады?

— Мәди аға, мен сізге жай әзіл емес бар шынымды, қыздың көзінен көргенімді, көргенімнен сезгенімді айтып келемін. Ол қыз сізді сыртыңыздан жақсы білетін секілді.

— Оны қайдан білдің?

— Өзінің бір сөздерінен білдім. Егер мен қыздардың сырынан қылдай бірдеңе білдім бар ғой, осы қыз сізге өлердей ғашық.

— Абай ағамыз айтқан «жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған». Сондай қыздың бірі шығар. Бірақ, мына қыз бұрынғы қыздардың біріне де ұқсамайды. Өзі Жасақбай сияқты азуы алты қарыс байдың келіні, астындағы аты мен үстіндегі сән сәулетіне қарағанда өзі де осал кісінің қызы емес. Бір басының бостандығы үшін, соның бәрін құрбан етіп, бейтаныс елге жапа-жалғыз беттеп барады. Сонда бұл қыздың өзінің бостандығы үшін құрбан етпейтіні немене? Патшалардың тағы мен тәжісі ме? Мына қыз «жүрегіммен бір сүйгенімнің садағасы» деп оларды да лақтырар. Тәрізі солай. Мұндай қызды қай кезде, қай елдің тарихынан кім көрді екен?

Мәди ауыр күрсініп:

— Қайран осындай аяулы қарындастар-ай, қаяуланумен өтесіңдер-ау, өтесіңдер-ау, — деді назаланып. Өйткені өзі де сол болашағы бейтаныс қызбен тағдырлас екенін енді ғана сезгендей жүрегі сол қыздың жүрегімен бірге тілімделіп келеді. Өздерінен алыстап бара жатқан қыз бір сәт оның көзіне кеудесін кернеген қасіретті көзінің жасымен жуып бара жатқандай көрінді.

Қыз көз көрім жерге ұзап барды да атынан теңселе түсіп барып жер бауырлай кетті. Жылай түссін, қасіретін төге түссін деген оймен Мәди атының басын тез тежеді. Ол қыздың осы сәттегі жан күйінішін дәл тапқан екен, қыз басындағы кәмшат бөркін де, беліндегі қамар белбеуін де шешіп тастап құндыздай құлпырған көк бетегенің үстіне құлапты. Өзегін өртеген жалынды жердің ызғарымен сөндіргісі келгендей алтын оқалы камзолының алақандай алтын бастырмасын ағытып жіберіп бауырын жерге көйлекшең төсепті. Егіле еңіреп жатыр. Мәди келе аттан түсе салып оны жерден балаша көтеріп алды.

— Сабыр, шырағым, сабыр, — деді кең кеудесіне қыса түсіп. Қыздың бетін беткейдің самал желімен желпігісі келгендей кеудесіне көтеріп алған қалпында жаяу жүріп кетті. Тоқтаған жері Хантауының шығыс жақ етегіндегі бір жасыл төбенің төскейі еді, атына қарай жүре бергенде қия беттен Мәдидің аяғы тайып кетті. Осы арада қыз бір көз ілеспейтін шапшаңдық жасады. Мәди бір жамбасынан құлап жантая берген кезде ол ыршып жерге түсті.

— Ағатай, мұнан былай мені құшақтамаңызшы, — деді жалынышты үнмен.

— Неге? — деді Мәди күлімсіреп.

— Қорқамын.

— Неден?

— Неге екенін білмеймін, әйтеуір сіздің аяғыңыз тайған кезде менің көзіме жер шайқалып кеткендей көрінді.

— Мүмкін өзіңді құшақтағандардың бәрі бірдей жазым болар деп қорқатын шығарсын, — деп Мәди күлімсіреп еді, қыз жаңағы бір сөзді айтқанына өкінгендей басын шайқады да үндеген жоқ. «Мені сіздей құшақтаған әзір ешкім жоқ» дегісі келіп еді, оны айтқан жоқ. Қыздың түйілген ойын жадыратқысы келді ме, жоқ, әлде өзінің ойы солай ма әйтеуір Мәди айналаға, алысқа көз жіберіп сөйлеп тұр, — оның себебі басқа емес, қарындас. Осы маңдағы шоқыларды көрсем баяғы Еңлік пен Кебектің Ақ шоқының басында қалған нәрестесі елестейді. Ол нәресте де осындай бір төбенің басында қалған еді-ау. Сол бейбақтар есіме түсті де буыным босап кетті. Келші, сені өз қолыммен аттандырайыншы.

Қыз тартынған жоқ, «өзім-ақ аттанамын» деген сияқты жалған сыпайылықты да жасаған жоқ. Алғысын айтты да жүріп кетті.

Оның астындағы қаракөк аттың желісі бөкеннің желісінен айнымай сағымша сырғиды екен. Жұмырланып алған жарау ат жер танабын қуырып, даланың желін суырып ала жөнелді. Мәди мен Иманның астындағылар да әйгілі саңлақтар. Олар да даланың киігіндей жосып желдей есіп келеді. Бірақ қыздың аты өзінің сұлулығын сезінгендей найзаның жебесіндей құлағын қақ төбесіне қадап алып, аққудың мойнындай иілетін мойынын екі жағына кезек тастап сәндене басады. Үшеуінде де үн жоқ, үшеуі де ат жарысына іштей түсіп, іштей бәсекелесіп келеді. Атының желмен жарысқан желісі жаралы жанын желпігендей қыз мүлдем жадырап кетті.

Бұлар Хантауының түстік жақ етегін бөктерлей отырып талай белдерден асып келіп батыс жақ беткейіндегі бір көк қасқа бұлақтың басына келіп бір-ақ тоқтады.

— Иман, сен қарындастың ат қосшысы бол, мен ас басшысы болайын. Қашан солығы басылғанша аттардың бірде-біреуін суға жібермей шідерле де қаңтарып таста. Ал қарындас, сен мына бір көкшалғынға жантайып дем ал.

— Алдымен жуынып су ішіп алайын.

— Су ішпе, сусын іш. Иман, торсықтарыңды бері әкелші. Менің сабын мен орамалымды ала кел.

— Мынандай бұлақтың суына жетер сусын болмас.

Қыз соны айтты да атының қанжығасынан әдемі шым қоржынды шешіп алып, оның ішінен айна, тарақ, сабын, орамал сияқты заттарын алып бұлақ басына жетіп барды.

— Шырақ, тіл ал, — деді Мәди анадайдан дауыстап, — сенің өкпең қазір қабынуда, ол басылмай су ішсең ауруға шалдығасың. Шөлге шыдамасаң мына қымыздан ішіп жібер де шөліңнің бетін қайтарып таста.

Қыз қасарысқан жоқ, қолын жуып, ауызын шайды да, Мәди ұсынған бір сапты аяқ қымызды қылмен тартқандай сызылта сыңғытып алды да:

— Көп жасаңыз, ағажан, — деді босаған ыдысты Мәдидің өзіне қайта ұсынып. — Жақсы қыздардың барлығы бірдей сіздің ғашығыңыз болсын да, мен ғана қарындасыңыз болайын, әмин! — деп алақанын жайып еді, Мәди аңдамастан:

— Әмин! — деп қолын көтере бере кенет ойланып сылқ еткізді. Өйткені қыздың тілі майда болғанмен «діні» қатты секілді. Жаңағы тілегінен соны сезді де іле үн қатты. — Қалқам, тілегің жақсы екен, бірақ онан да жақсы тілектер барын ұмытпағаның бәрінен де жақсы болар.

— Мен сіздің қарындасыңыз болудан басқа тілектің бәрін әлде қашан тілеп болғанмын.

Қыздың асқақ ойына Мәдидің көзі енді ғана жетті. Тіпті оның ақ тілегін — ненің арашасы, кімнің тосқауылы етіп отырғанын да сезді. Сондай асыл қасиеттерін сезген сайын қызыға түсіп: «Сен айтқан барлық жақсы қыздардың ағасы, бір ғана сенің ғашығың болсам қайтеді?» дегісі де келді, бірақ оны айтуға ұяты жіберген жоқ. Оның сондай жойқын ойда екенін сезгендей қыз ақырын жылжып, су жағасында қалған заттарына барды да шашын тарқата бастады.

Бүгінгі күннің салмағы Мәдиді қатты шаршатқан екен. Сусындасымен сол отырған жеріне жантая кетті. Бірақ өзі жантайса да көзі қыздан тайған жоқ. Мұздай суық, меруерттей мөлдір суға жуынған қыздың өңі мүлдем ажарланып кетті. Мөлдіреген қара көздері қызыл шырайланған бетіне өзгеше өң беріп соқыр көзді де тартатын. Оның сол шырайынан шашылғандай иіс сабынның жұпары аңқып келіп Мәдидің жүрегін қытықтай бастады.

«Неткен сүйкімді, неткен жүректі қыз бұл? Бейтаныс біреулерге ілесіп, белгісіз елге кетіп барады. Өзімнің алақанымда, көзімнің алдында тұр, сонда да көңілім сенер емес, бұл қалай? Әлде бұл қыздың бізден жасырған бір құпия сыры бар ма? Солай болар. Мұның алдан күткен үлкен тірегі, байлықтан да, батырлықтан да күшті арқа сүйері бар. Сондай бір сенері болмаса қыз баланың батырлар да бара алмайтын мұндай батылдыққа қадам басуы мүмкін емес. Бірақ оны бізден жасырмаса керек еді ғой. Әлде бұл байдың ерке қыздарының көп шолжыңдарының бірі ме? Жоқ әлде ашынудың әлегі ғана ма? Жоқ, оның екеуі де емес. Ондай шолжың қыз үшін манағылар қанша ақымақ болса да басын өлімге байламайды. Бұл жолына қан болуға татитын қыз. Егер, мұның барар жері, басар тауы шын жоқ болса мен не істедім? Қалай кездескенін айту: ит жеккенге айдалу. Бұл дүлей заманның заңы солай, шындықты айтсаң жазаланасың. Сонда мен мұны елге кімім деп апарамын? Тоқалым деу Ғайнизаны қинау. Оны қинап мұнан көрген қызығым бар қасіреттің ауыры емес пе? Иә, солай... солай... Тоқта, мен қайда лағып кеттім? Осы қыздың өзі қандай адам? Көркінің көбелегі бола бермей соны да бір ойлайын да. Манағы шеккен қасіреті қайда мұның? Ажалдан құтылғанның қуанышы ма мұны бұлай тез жадыратқан? Жоқ, бұл ойым бекер болар. Бұл қыз қасіретін қайратына жеңгізетін қайсар. Мұның сырты ғана бүтін, іші түтін. Әне, көзінің жасы тағы да мөлтілдеді. Жаны жадырар ма екен, жарасын емдеп көрейінші».

Осындай ойда жатқан Мәди Әсеттің әнін шырқай жөнелді. Бірақ қайырмасы басқаша кетті.

Інжу-маржан секілді-ай,

Ай дер едім көркіңді-ай.

Гүл майысып, Нұр жайнап —

Билеп алдың еркімді-ай! —

деп сұңқылдатып келді де соңғы шырқауын

Қозы Көрпеш — Баяндай

Бір молада өлсем-ау, —

деп мүлдем зарлатып жіберді.

Әннің жаңарған сөзі де, нақышталған ырғақтары да бар. Оның бәрі де өз жүрегінің қазіргі сәттегі толқындары. Сондықтан болар, аспандай көтерілген асқақ дауысы қыздың жүрегін бірден өзіне тартып алды. Соны сезгендей Мәди өзінің шаттанған кездегі әдетімен көз қиығын тастап еді, қыздың суға малшылап шашын тарап отырған тарағы шекесіне қолымен бірге жабысып өзі мүлдем сілейіп қалыпты. Әлденеге таңданған, әлденені іздегендей ойлы көзі аспанда. Мәди әннің өзін аспанда саңқылдатып кеп қайырмасын жерде қалықтатып еді, сол қордаулы көмей өзінің кеудесінде сұңқылдап тұрғандай қыздың жүрегі лүпілдеп кетті. Омың қарсы алдында жалғыз тал қурай тұрған-ды. Бір боз торғай сол қурайдың басына келіп қонды. Жапырағы жайқалған жас қурай оның салмағымен қайта-қайта теңселеді, қурай теңселген сайын торғай да теңселеді. Бірақ ол құламайды, не ұшып кетпейді, қурай теңселген сайын қанатын бір қағады да қайта жөнделеді.

— О, ғажап! — деді қыз ішінен, — мынау ән жердегі мені ғана емес, аспандағы торғайды да сиқырлап алыпты. Бұл не ғажап? Мені таңдандыратын әні емес, әншінің өзі. Өзі де емес-ау, дауысы. Мәдидің дауысынан айнымайды, бұл не ғажап?

Қыздың шыдамы мұнан әріге жеткен жоқ, аяғының ұшымен басып Мәдиге жақындай бере бір жамбасынан отыра кетті.

— Ағатай-ау, бұл не ғажап? Сіздің дауысыңыз Мәдидің дауысынан айнымайды ғой.

Қыздың бұл сөзіне таңданып Мәди аңырып қалды:

— Қай Мәди? — деген дауысы да таңырқай шықты.

— Арғы атасы жаудың қамалын дуалы сөздерімен қаусатқан Қаз дауысты Қазыбек би, бергі атасы алты алаштың әйгілі биі Алшынбай, өз әкесін білмеймін, өзі батыр, өзі әнші... — дей бергенде Иман мырс етіп бөліп жіберді. Ол басын Мәдиге сүйеп жантайып жатқан-ды. Мәди оның басын қолтығына қыстырып алып бір қысты да, қызға сөз тастады.

— Ата-бабаларын білгенде өз әкесін қалай білмейсің? Әкесін білмесең өзін қайдан білесің?

Қыз бұл сұраулардың біріне де іркілген жоқ:

— Әкесіне тартпаған әкені мен қайдан білейін? Даңқты батыр, әйгілі әнші болса баласы, оны қалай білмеймін? Меңіреу емеспін ғой.

Қыздың жұмбақ сыры енді ашыла бастады. Әлде нендей бір шаттық сезім Мәдиді билеп барады. Бірақ өзін-өзі күшпен тежеп, ол сырын сездірер емес.

— Мен де меңіреу емес едім, — деді сөзін қыздың сөзіне жалғап, — бірақ ондай даңқтыны біз қалай білмедік, — деді де Иманға қарады. — Сақ құлақ едің ғой, сенің хабарың жоқ па?

— Бар, — деді Иман іркілместен, — Ғайниза дейтін жалғыз сұлуының жанына алты ай жазда бір түнемей ел кезіп жүретін Мәди дейтін бір қарақшыны естуім бар.

Иманның бұл сөзі қыздың қабағын түйіп жіберді:

— Сонша өшіккендей ол сізге не жазды?

— Жазығы сол, сендей жақсы қыздардың бәрі соның ғашығы.

— Әйелі сұлулардың бәрі оның қас жауы деуші еді, сіз де әйелі сұлу сорлының бірі болдыңыз ғой.

Мәди қыздың бұл сөзіне рахаттанып сақ-сақ күлді де:

— Айналайын, көп жаса, — деді оның жерге төгіліп тұрған шашынан сипап. — Сенің бұл сөзіңнен Мәдиге деген жүрегіңді көрдім. Бағың ашылсын, не іздесең соның бәрі де аяғыңның астынан, қас қабағыңның арасынан табылсын.

— Ағатай-ай, тілегіңіз неткен жақсы еді, періштенің құлағына шалынар ма екен, іздеген Мәдиің де тез табылсын деп те тілеңізші.

Мәдидің оны құшақтай алып сүйгісі де келді, оған ұяты жібермеді. «Іздеген Мәдиің де осы жерден, дәл қазір табылсын», — демекші еді, оны айтуға Иман үлгірткен жоқ.

— Е, өзің сол қарақшыға ғашық қыз екенсің ғой, — деп ол киліге кетті.

— Иә, ғашықпын, — деді қыз тайсалмастан, — мен оның сол қарақшылығына ғашықпын.

— Қарақшыға ғашық болғандай не күн туды?

— Батыр, тізгініңді тарта ұстағаның жөн болар, — деп Мәди Иманға тежеу салып еді, қыз оны місе тұтпады, есесін өзі қайтарғысы келгендей тез ширығып алды да:

— Менің басымдағы күн өз басыңызға түссе сіз қасқырдың қаншығына да ғашық боларсыз, — деді суық жымиып.

«Аталы сөзге тоқтамау ақылсыздықтың белгісі» екенін Иман жақсы білетін, сондықтан ол қызбен таласқысы да, қыздан жеңілгісі де келмей:

— Ойбай, Мәди аға! — деді де, кенет өзгере қалып айдалаға айғай салды, — Мәди аға, қайдасыз? Перінің мына бір сиқырлы сұлуы сізді сиқырлағалы іздеп барады, сақтан, ағатай, сақтан!

— Мына ағай, жынымен сөйлесіп тұр ма? — деді қыз Мәдиге күбірлеп. Өзінде аздаған сескену де бар.

— Сондай ұстамалы сырқаты бар, оны елеме де жаңағы бір сөзіңнің мәнісін түсіндірші. Мәдидің қарақшылығына да ғашықпын дегенің не сөз?

— Менің қайын жұртым асқан бай, байлардың ішіндегі ең мал жандысы. Оның бар қаймығар жауы тек сол Мәди ғана. Қайын жұртым кімнен қаймықса сол маған пана.

— Солай ма? Ол Мәди дегенді өзің жақсы білуші ме едің?

— Сыртынан жақсы қанықпын.

— Көрген бе едің?

— Алыстан сырт тұлғасын болмаса дидарын көрген емеспін, тек бір рет әнін ғана естігенмін.

— Қашан?

— Осыдан бір ай шамасы бұрын, ел жайлауға жаңа келген кезде.

— Әнін естісең өзін қалай көрмедің?

— Айсыз түн еді. Ол көрші ауылдың қонағы екен, қасында сол ауылдың Нәби дейтін әншісі бастаған бір топ жігіті бар, алты бақан теуіп тұрған бізге келді. Мен алты бақанның үстінде ән салып тұр едім, олар арқан бойы жерге келіп тоқтады да, ішіндегі біреуі Әсеттің әйгілі әнін асқақтата жөнелді. «Әсет» менің талайлардан естіген, өзімнің де сүйіп салатын әнім еді. Бірақ мынау адамның айтысы мүлдем ерек, тыңдаушысының жүрегін суырып алатын бір керемет. Сондықтан ба білмеймін, әйтеуір менің өмірімде ешкімге бүгілмеген тіземді соның алдына бүгіп, өмірімде ешкімге иілмеген басымды соның алдына иіп сәлемдескелі арқаннан түсе бастап едім, қасымдағы қыздар мен жеңгелерім жан-жағымнан қаумалап еркіме жібермей «әнге әнмен жауап бер» деп жерге түсірмеді. Қайдан, қалай сап еткенін білмеймін, аузыма «Гүлдарайымның» түсе кеткені. Соның қайырмасына келіп «Ұшарға қанатым жоқ не ғылайын» дей бергенімде жасқа булығып қалдым. Бірақ, бейтаныс жігіттердің алдында өз мұңымды айтқаным осалдығым екенін тез сездім де дауысымды күшпен жадыратып алып Абайдың «Айттым сәлем қаламқасын» айттым. Осы әннен кейін олар өзді-өзі күбірлесе бастады. Менің қасымда алты бақанның арқанын тербетіп тұрған қыздардың бірі «ау, мырзалар, екпіндеріңіз асудан соққан желдей, тасқындаған селдей еді, жынын алдырған бақсыдай мөлие қалғандарыңыз қалай?» деп еді, оған ешқайсысы жауап қатқан жоқ, тек жаңағы әнші, маған сен білген Абайды мен де білемін дегендей атының басын бұра бере «Қараңғы түнде тау қалғыпты» сызылта жөнелді, ғажап, оның сызылтқан әні маған қараңғы түнді сызып бара жатқандай, бүкіл жаһан сол әнді тыңдап тына қалғандай сезілді де сілейіп қалдым.

Жан-жағымнан әр түрлі күбір шығып жатты, мен оның бірде-бірін естігенім жоқ. Бар тыңдағаным алыстап бара жатқан әншінің дауысы, өзімнің жүрегімнің лүпілі. Ол маған өзінің ағалық ақылын айтып «тыншығарсың сен-дағы, сабыр етсең азырақ» деген сөзді маған арнап айтып бара жатқандай сездім бе білмеймін, «Әнші аға, хош келдіңіз» дедім, өзімнің жөн білетінімді көрсеткім келгендей. Неге солай дедім?

Ол сөздің келген қонаққа ғана айтылатынын біле тұра кетіп бара жатқан жолаушыға неге айттым? Оны өзім осы күнге дейін білмеймін. Сірә сол кезде есім орнында болмау керек. Әрине ол менің бұл сөзімді естіген жоқ, етсімесе де жүрегі сезіп менімен қоштасқысы келгендей «Сырымбетті» жаңағы сіз айтқандай аңыратып кете берді.

Ауылым қонған Сырымбет саласына,

Ғашық болдым ақсұңқар баласына.

Бидайыққа ылайық қарағым-ай,

Бөктергіге қор болып барасың ба,

Ай еркем,

Қарындасым, енді есен бол-ай.

Бұл ән емес, менің зарым секілді, сондықтан мен алты бақанның арқанын құшақтап сілейіп қалдым. Ол менің зарыммен қараңғы түнге сүңгіп барады. Көзім оның кеткен жағында, құлағым оның түн аспанын тілгілеген дауысында. Алыстап барып ән де үзілді, жүрегім үзіліп түскендей көзімнің жасымен бірге домалап, сол әнді зарлата мен де жерге сылқ еттім. Оның сол түнгі дауысы менің құлағымнан сонан бері бір кеткен емес. Ал, сіздің дауысыңыз соның дауысынан бір айнымайды, бұл не ғажап?

Мәди үндемеді, қыз сөзін қайта жалғады:

— Тағы бір ғажап: менің сол түні оған арнап айтқан соңғы өлеңімнің сөзі періштенің құлағына шалыныпты.

— Қалай? — деді Мәди шын таңданып.

— Ол бұрын Абай ағамыздың сұлу қыздарға айтқан әні болса, сол күннен бастап менің Мәдиге айтқан зарым екен.

— Мәдиге!? — деді Мәди бұрынғысынан да бетер таңдана түсіп.

Айттым сәлем қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас, —

дегенім айнымайтын антым болып шықты.

Сағынғаннан сені ойлап,

Келер көзге ыстық жас, —

дегенім құпия сырым болса да шыным. Тіпті сол түннен бастап жүрегімнің жыламаған кезі болған емес.

Сенен артық жан тумас,

Туса туар, артылмас, —

дегенім ең берік сенімім болып шықты, ондай адам туады деп ойлайтын да емеспін.

Көрмесем де, көрсем де,

Көңілім сенен айрылмас, —

деуім айнымайтын антым. Тіпті көрместен өлсем де көргендей болып кететінім хақ.

Мәди не дерін білмей аңырып аз отырды да:

— Сонша ынтықтырған ол әншінің кім екенін білдің бе? — деді өзін-өзі күшпен тежеп.

— Сол күннің ертеңінде-ақ білдім. Атағы алыстағы біздің елге де жеткен, ерлігі елден елге аңыз болып кеткен, әншілігі бұлбұлдан да өткен әйгілі Мәди екен.

— Сен білетін Мәдидің екеуі бірдей елден асқан аяулы, менің мына серігім білетін Мәди елден шыққан қарақшы, бұл қаптап кеткен неткен көп Мәди.

— Мен білетін Мәдидің екеуі бір-ақ адам.

— Сен білетін екі Мәди мен мен білетін Мәди үшеуі бір-ақ адам болса қайтеді? — деп Иман бетіне күле қарап еді, қыз түсінбеген түр көрсетіп Мәдиге қарады.

— Ол шындықты айтып отыр. Саған аспандағы жұлдыздай көрінген Мәдидің қарақшы екені рас.

Мәдиден мұндай сөзді күтпеген болу керек, қыздың өңі кенет салқын тартты:

— Әз аға, мұндай сөз сізге жараспайды ғой, өзіңізді өзіңіз арзандатпағаныңыз абзал емес пе?

— Ең абзалы сендей жақсы қыздан өзімді жасырғаным болар?

— Сонда сіз кімсіз?

— Ауызында жалын селі бар, көзінде қанды шелі бар, өмірде өшпес кегі бар, панасы жоқ елі бар, саясы жоқ жері бар мен бір жүрген бейбақпын.

Қыз осы сөзді түгелдей ішінен бір қайталап шықты да, таңдана қараған түрін өзгертпестен:

— Ашығырақ айтпасаңыз түсінбедім, — деді.

— Мен байларға қарақшы, басқаларға жарақшы, өзіңе де пана көрінген Мәдимін.

Қыздың жүрегіндегі бар шаттығы лап етіп көзіне ойнап шыға келді.

— Ағатай-ау, анық па? — деген дауысы да шалқып шықты. Бірақ мұның бәрі көпке барған жоқ. Жанын қанат ете ұмтыла бере кенет ойланып тоқтай қалды. Жаңа ғана гүл жайнаған өңі де сұрланып сала берді. Ол Мәдидің:

— Сендей жаны сұлу жақсы қызды алдау менің қолымнан келмейді, — деген сөзін тыңдағысы да келген жоқ. Өйткені ол қуанарын да, қынжыларын да білмей алай-дүлей күйге тез түсті. Қуанайын десе Мәдидің сөзіне сене алмайды, себебі оның іздеген Мәдиі қазір Қоянды жәрмеңкесінде, қынжылайын десе Мәдиді жаман ойдың адамына қимайды.

— Кешіріңіз, сіз Мәдиге ұқсамайсыз, — деп тұра беріп еді, Мәди оның қолынан ұстай алды:

— Енді кімге ұқсаймын?

— Біздің елдің бір жігітсымақтары мендей тентек қыздарды Мәди болып оятатын да соққыға жығылатын, сіз соларға ұқсап кеттіңіз.

Мәди мырс етіп күлді де, қыздың бетіне қызыға қарай қалды.

— Егерде мен, өзімнің сен іздеген Мәди екеніме көзіңді қазір жеткізсем осы сөзің үшін өкінбес пе екенсің?

— Әуре болмаңыз, оның қазір қайда екенін жақсы білемін.

— Сеніңше ол қазір қайда?

— Ол қазір Қоянды жәрмеңкесінде. Маған жазған соңғы хатында «осы айдың аяғына дейін, қашан жәрмеңке тарқағанша сонда боламын. Сен келе қалсаң мені Қарасордың жағасындағы ақ үйлерден табасың» деген-ді.

Мәди мүлдем аңырып қалды, «сен не түсіндің?» дегендей Иманға қарап еді, ол иығын бір қиқаң еткізді де үндеген жоқ.

— Мәдидің өзі ме саған хат жазған?

— Иә, сіз оның несіне таңданасыз?

— Сол бір күнде «Сағынбасқа не шара» деп әндеткен едім, енді «таңданбасқа не шара» дегім келіп отыр-ау, қалқам.

— О, ғажап, сіз мені тағы да естен тандыра бастадыңыз. Сіз кімсіз осы?

— Кім екенімді, тіпті қандай әнді қалай салғаныма дейін өзің айтып отырған жоқсың ба? Тек, сол алты бақан басында бір келіншек пен жігіттің қалжың қағысын айтқан жоқсың, — деп Мәди қыздан сөз тосып еді, ол қадалған қалпын өзгерткен жоқ. — Есіңде ме, сен «Айттым сәлем қаламқасты» айтқаннан кейін сендердің Нәби дейтін әншілерің мені оңаша алып шықты. Сол кезде ауыл жақтан келген топтың ішінен бір жігіт «түн ортасында жарапазан айтып, ұйқы бермей жүрген бұл қандай бейбас?» деп ашулы айғайға басып еді, алты бақан басында сенің қасыңда тұрған бір келіншек «ей, әумесер-ау, жаңағы әнді тыңдағаннан кейін иттер де үруін қойып тына қалды ғой, сенің солар ғұрлы болмағаның ба?» деген еді ғой, сен соны айтпай кеттің.

Қыз қуанғаннан жылап жіберді:

— Құдайым-ау, мен нені естіп, кімді көріп отырмын? Ағажан-ау, мен іздеген Мәди сіз болсаңыз өзіңіз үшін құрбан болған Нәбидің кегін неге жібердіңіз? Сондай досыңызды өлтірген жауларыңызды неге тірі қалдырдыңыз?

Қыздың бұл сөзі Мәдидің жанын ыршытып жіберді. Оның шошығаны сондай, өзіне сүйеніп, жантайып жатқан Иманды серпіп жіберіп басын көтеріп алды.

— «Өзіңіз үшін құрбан болған?..» Ол не сөз?

— Ол сіздің хатыңызды маған, мені сізге жеткіземін деп жүріп өлді ғой.

— Қалқашым-ау, сен не айтып отырсың? Мен саған қашан хат жазған едім?

Мәдидің бұл сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей қыз аңырып қалды, ізгілікті көре алмай жасаураған көзі Мәдидің өңменінен өтіп барады. Әлде нені айтқысы келеді, үлбіреген еріндері діріл қағып сөйлетер емес. Өзінен-өзі зілдене қалған қолын зорға көтеріп камзолының ішкі қалтасынан бір тарақ қағазды алды да бүктеуін жазбастан Мәдиге ұсынды.

— Онда мына хатты жазған кім?

Мәди қыз ұсынған хатты алып ішінен оқи бастады. Хат Мәдидің атынан жазылыпты. Ондағы сөздерге қарағанда өзінің бұл қызға сыртынан өлердей ғашық екенін бұрынғы хаттарында жазған секілді. Бұл сапар жазғаны тек, Қарасор көлінің жағасындағы ақ үйлерден табылатыны.

Мәдидің есіне манағы өлген Нәбидің ертеректе айтқан бір сөзі түсе кетті. Ол осы елдің жаңа жалындап келе жатқан жас әншісі. Бұрын бейтаныс болса да тез танысып бір айдың сауығын Мәдимен бірге өткізген-ді. Мына қыз соның арманы, бір ғана ол емес дәмелі жігіттердің бұл қызды арман етпейтіні жоқ, бірақ, қанша қызықса да қыңарттай алатын біреуі және жоқ. Өйткені қыздың қайынатасы Жасақбай жауласқанын жайпайтын алапат. Оның бар қаймығар жауы тек алыстағы Мәди ғана. Ол бір егеспен бар жылқысын шауып әкетсе, оның қарымтасын қайтаратын қауқар жоғын Жасақбайдың өзі де біледі. Сондықтан да ол Мәдиден қатты сескенеді. Жасақбайдың осы әлсіз жерін білетін Нәбидің көксегені жесірін бір түнде алып кетіп сол алыстағы Мәдиге барып паналау. Ол оңаша кездердің бәрінде Мәдиге осы тілегін айтып талай зарлаған-ды. Жол-жөнекей ат үстінен соғып қыздың әнін тыңдай кетуді тілеп алты бақан басына алып келген де сол Нәби болатын. Бірақ ол Мәдиді қыздың әнімен таныстырса да өзін дидарластырған жоқ-ты. Жан-жақтан андыздаған жігіттерді сылтау етіп Мәдиді тез алып кеткен де сол Нәби болатын. Мына хатты Мәдидің атынан жазған да сол.

Мәди осылардың бәрін есіне түсіріп, қыздың жұмбақ көрінген сырын біліп алды да:

— Шырағым, сен алданыпсың, — деді хаттан көзін алмастан. — Егер іздегенің анық мен болсам алданғаның үшін өкінбе де күйінбе.

— Алданған? — деді қыз шошып оянғандай селт етіп. «Алданыпсың» деген сөз Нәбидің мана өлер алдында кешірім сұраған сөзін де сап еткізді. — Сонда сіздің мені шақыртқаныңыз бекер ме?

— Бекер.

— Сіздің оған екеуіміздің арамызға дәнекер бол дегеніңіз де бекер ме?

— Мен қыздарға жеңгетай жіберіп, елші салуды білген емеспін... өзің оны сүюші ме едің?

— Егер мен сүйер болсам ол сіздің атыңызды жамылмас еді ғой.

— Оның рас, — деді Мәди ойлана сөйлеп. — Ол байғұс: менің жабыспайтын дәнекерім, сенің жанаспайтын жарың боламын деп жүріп ажалыңа тап болыпты. Егер ол тірі болса екеуіңнің некелерің бүгін осы елсіз таудың ішінде қиылатын еді, сен киелі қыз екенсің.

— Өмірім қиылғаннан кейін болмаса онан беріде менің некем ондайлармен қиылмас еді, — деп қыз ширығып алды.

Манадан бұлардың әңгімесін үнсіз тыңдап жатқан Иман аспанды қолымен нұсқап:

— Шіркін-ай, ана бір екі жұлдыздың жарқ-жұрқ етіп алыстан шағылысуын-ай, қараңызшы, — деп еді, Мәди оның басындағы қара лақтың терісінен істелген әдемі бөркін жұлып алып алысқа лақтырып жіберді:

— Аспанның айы алақанымда тұрғанда жұлдызыңа қарайтын мен бе едім, сөзді қой да аттарды келтір.

Иман алысқа барып түскен бөркін алды да, енді аспанға өзі лақтырды:

— Ғайниза жеңгей, сүйінші!.. Сүйінші! — деп бар дауысымен айдалаға айғай салды.

— Бұл ненің қуанышы? — деді қыз Мәдиге қарап. — Мені жолдан табылған олжа көргені ме?

— Сені олжалағысы келген адамның боршасы шықсын! — деді де Мәди шалқасынан қайта құлай кетті. — Әттең... әттең...

— Сонша неге өкіндіңіз?

— Өзегім өрт, өкінбеске не шара. Жасым отызға жақындады, бір перзентке әлі зармын. Қасіретімнің бірі сол, ендігі бірі сен болғалы тұрсың.

— Мен үшін қасірет шекпеңіз.

— Неге шекпеймін? Перзентсіздіктің қасіретін қанша шексем де қос қатын алуды бал татыған уды жұтқандай көруші едім. Өзім үшін қан кешіп келген сендей аяулы жанды өзгеге қиғаннан сол удың өзін жұтқаным жақсы емес пе?

Қыз екі қолын еріп отырған бұрымынан, көзін Мәдиден алмастан ұшып түрекелді:

— Сіздің кім екеніңізді білместен айтқан манағы «аға» деген сөзім періштелердің құлағына шалыныпты, қашанда соны есіңізден шығармағайсыз, — деді де жүріп кетті.

Мәди күле сөйлеп:

— Мен егеспейін, егесер болсам ондай сөздер періштелердің құлағына шалынбақ түгілі, құдайдың құлағына байланса да елемей кететін әдетім бар, — деп еді; қыз жалт етіп бұрылды да:

— Жалынамын, ағатай, құдайдың қаһарына жолығармыз, ондай күпір сөзді айтпаңызшы! — деді жалынышты үнмен.

Мәди қыздан тағы бір сәулені, жанның жаңа бір сәулесін көргендей табына қарап орнынан тұра бастады. Қанша қайсар болса да қыздың жаңағы жан сөзі қайыстырған секілді. Үнсіз келіп қыздың қолындағы қоржынды алды, қыз да қасарысқан жоқ, үн қатпастан қоржынды бере салды. Екеуіне алыстан жымия қарап, үш атты қатар жетектеп Иман келеді. Онда да үн жоқ. Мәди қолындағы қоржынды қыздың қанжығасына байлады да өзін аттандырып жатып:

— О қасиетті бабалар, мен өзіме не тілесем соның бәрін осы қызға да тіледім, қолдай гөр, әруақты бабаларым, — деп еді, қыз:

— Әмин! — деп бетін бір сипады да атының үстіне бір-ақ ырғыды...

6

...Мәдидің көз алдынан өткен өмірдің бір елесі осы еді. Сиқырланып қалғандай сілейіп, алдына барған шайды да дыбысын шығармастан ақырын тартып әңгімені құныға тыңдап отырған Тәкіш қарт:

— Сонан кейін? — деді шыдамсызданып.

— Сонан кейін мен ол қызды мына Ғайниза келініңіздің әке-шешесіне әкеліп бала етіп бердім.

— Баласы емес данасы десеңші. Қандай екенін көрмесем де айтайын: сенің сөздеріңе қарағанда ақылына көркі сай, көркіне ерлігі сай жұлдызы биік жан екен, қазір қайда, тірі ме байғұс?

— Ол қазір сіздің шайыңызды құйып отыр.

— А! — деді Тәкіш қарт таңданған дауыспен. Оның сол «а» дегенде аңқия ашылған аузы көпке дейін жабылған жоқ. Қызыл жиек көзін жағалай бір қыдыртып өтті де:

— Мәдижан-ау, осы айтып отырғаның рас па?

— Нанбасаңыз өзінен сұраңыз.

Тәкіш қарт бұл әңгіменің анығына енді сенді де тез жадырады. Өйткені Мәдидің Самалды шындықтың ғана куәсі ететінін білетін.

— Самалжан-ау, рас па осы естігендерім? — деп, енді, ол Ғайнизаға қарады. Онысы рұқсат сұраған ишараты екен.

— Айтар жауабын, Тәкеңнің сұрауына татитын болсын, ойланып ал.

Ғайниза соны айтып иек қағып еді, Самал іркілместен үн қатты:

— Өтірікті дәрменсіздер ғана айтады ғой, бұл ініңізді дәрменсіз дей алмассыз.

Самалдың бұл сөзі жанына жағып кетті ме қалай:

— Ой, айналайын сенен, — деді қарт алыстан еміреніп, — Мәдиді батыр деп жүргеніміз жәй әншейін бос сөз, нағыз батыр сен екенсің ғой. Шайыңды шығара құйып жіберші, қарағым.

— Тәке, сіз нағыз батырды әлі көрген жоқсыз.

— Ол кім?

— Ішетін шайын осындай батырға құйғызып отырған нағыз батыр өзіңіз емессіз бе?

— Е, ет пен қымыз, шай мен майға батыр екенім рас. Ау, айтпақшы, Самалжан-ау, онда сенің, Мәдиді «жезде», Ғайнизаны «тәте» деуің қалай?

Самал Мәдиге қарап еді, онысы «жауабын сен бер» дегені екен.

— Қайын атам мен енем менің тілегімді қабылдап мұны бала етіп алған еді, бірақ оның ол үйде өткен балалық шағын Ғайниза бес айға жіберген жоқ. Ол үйіне сондай бір сүйкімді сұлу қыз пайда болғалы төркіндегіш болып кеткен еді, бес ай бойы Самал екеуімізді бірдей сынаған екен, мұның сынынан екеуіміз де сүрінбей өтіппіз. Күндерде бір күні бұл маған:

— Сен үшін өмірін қиған қызға мен жүрегімнің жартысын қидым, ертең Самалға құда түсуге барамыз, әзірлен, — деді. Бар болғаны осы ғана, мұның бұл билігіне Самал да қарсы болған жоқ, мен болса-болмаса.

— Ол кезде менің атым басқа болатын, осы үйге келерде Самал атандым.

Самалдың бұл сөзінің түпкі мәнісін түсіндіргісі келгендей Мәди іліп әкетті.

— Ана жылы мен үшін түрмеде жынданып өлген қыздың аты Самал еді, мұны сүйгендіктен сол байғұстың да атын өшіргім келмеді.

Мәдидің бір ауыр ойға түскенін Тәкіш қарт байқап қалды:

— Ой, сабазым-ай, сабазсың-ау, Мәдижан, сабазсың. Бүгінгі бір әңгімеңнің өзінен елде жоқ екі кереметті көрдім.

Қарттың осы сөзі себеп болды ма, жоқ әлде ауыр ойдың соққысына өзін сала бергісі келмеді ме, әйтеуір Мәди тез жадырап сағатына қарады:

— Өмір шіркіннің зымырауын-ай. Түн ортасы алдақашан ауып кетіпті ғой, енді дем алғанымыз жөн болар.

— Дем алғаны қалай, — деп Тәкіш қарт оның бетіне қарай қалды, — сырқатыңның шыққан тамырын айтпақ болғаның қайда?

— Ол ұзақ әңгіме, оны келесі келгенде тыңдарсыз.

— Келесі келгенде тыңдайтыным кілең ән мен күй. Келіндер ұйықтай берсін. Менің балам мен келінім қайта береді, сен қашан біткенше әңгімеңді айта бересің, мен тыңдай беремін. Айттым бітті, — деді де «көтерсең де тұрмаймын» дегендей бір қозғалып Тәкіш қарт нығыздана түсті.

Мәди үндеген жоқ, әлде нені көздегендей көзін сығырайта қарап ойда отыр.

— Алдымен сізге бір сұрау, менің сол Саймаран мырзаға істегенім жақсылық па, жаманшылық па?

— Ажалдан құтқару асқан адамшылық, адамшылықтан асар жақсылық жоқ. Оны не үшін сұрадың?

— Мен осы ауруды сол істеген жақсылығымнан таптым.

— Қалай?

— Мен сол ботқа бет сұмыраймен арада жеті жыл өткеннен кейін бұрнағы жылы кездестім. Бұл менің Алтай жеріне айдалып қайтқан бетім еді, Семейге дейін пароходка мінгелі Ертіс жағасына таудан ағаш әкеле жатқан бір топ өгіз арбалы жүргіншілердің ортасында ән салып келе жатыр едім, екі боз арғымақ жеккен қорапты ләпшенкелі бір бай жанымыздан өте шықты. Ондайларды көрсем құйқам құрыса қалатын әдетіммен бетіне жөнді қарағаным да жоқ. Жанымдағылар танымастан жалбақтап бас изесіп жатты, мен оларға да қосылғаным жоқ, әнімді үзбестен сала бердім. Оның соңында қос күреңді парлап жеккен тағы бір рдуан арба келе жатыр. Сірә, жәрмеңке сияқты сән-салтанаты мол жерге әдейі арналып жасалған болу керек, түрі рдуанға ұқсағанымен мүсіні сондай әдемі, өзі су жаңа. Белағашынан бастап тәртесіне дейін, жақтау ағашының шабақтарына дейін оқтай түзу, оқтаудай жұп-жұмыр. Бәрі де жасыл бояумен жаңадан ғана боялыпты. Өзім арбаның мұндай түрін бұрын көрген жоқ едім, сондықтан ба, әйтеуір көзім соған ғана түсті.

Олар ұзап барып тоқтап еді, біз тұсына таман жете берген кезде жуан қара біреуі дауыстап: «Ей, әнші жігіт, мынау өгіз аяңына есіл әнді қор қылмай бері кел» деді. Ол ботқа бетінің соқталанған майы шүйдесімен жалғасқан, дөңгелек сақалы қақ ортасынан күзелген, оң жақ бетінің тыртығы бар, қарны қазандай біреу екен. Бөркінің астынан сығалаған бір көзі жыланның көзіндей жылт-жылт етіп мені жеп барады. Мен онысына түсінгенім жоқ, сондықтан елегенім де жоқ. Оның қасындағы, жартылай қала жұртынша киінген екі жігіт қатар түзеп алдыңғы жақта отыр. Атшының орнында отырғанымен екеуі де атшы емес екені киімдерінен көрінгендей. Сірә, бұл үшеу бір тума болу керек, әсіресе жігіттер біріне-бірі көбірек ұқсайды. Олардың екі арасы қосылып тұтасып кеткен қою қара қастары да, быржиған суыр беттері де бірінен-бірі айнымайды. Екеуінің киімдері де ұқсас, тек екеуінің тақиясы екі түсті. Бірі қаракөктен, екіншісі шымқай қарадан киіпті. Жуан қара менің қайда баратынымды сұрап алды да: «онда жол серігі екенбіз, біз де Семейге онан әрі Қоянды жәрмеңкесіне барамыз, бізбен бірге жүр» деді. Мен қуанып кеттім.

Бірақ менің бұл қуанышым кіреші достарымды қуанта қойған жоқ. Өздерімен бірге өткен екі күн мені оларға етене етіп жіберген екен. Біреулері «жарым жолға келгенде бізді тастап кеткенің қалай?» Десе, ән құмар жастары жинала қалып «ағатай-ау, біздің алақанымызды қайдағы бір белгісіз мырзаның арбасы ғұрлы көрмегеніңіз қалай?» деп қоршап алды. Шынында олар менің кім екенімді білместен алақандарына салып аялап келе жатқан еді, енді не істерімді білмей тұрып қалдым. Аңсау деген — ауыр дерттің бірі екен, елді сағынғаным сондай, құдайым көбелек етіп ұшырса оған да риза болатын түрім бар. Мені жастардың бұл қоршауынан өзіммен бір арбада келе жатқан Қарғажан дейтін тапал шал құтқарып жіберді. Ол арбадан түсіп ортамызға келді де: «Сендер сағынудың қандай запран екенін білмей бұл сабазды босқа қинап тұрсыңдар. Сөзді қойыңдар да алақандарыңды жайыңдар» деді де, алақанын жайып тізерлеп отыра қалды. Мен қуанғанымнан тіземнің жерге қалай сарт еткенін де білгенім жоқ. Мені қоршап тұрғандар да алақандарын менімен жарыса жайып бір тізерлеп отыра-отыра кетті. Қарғажан денесі қаршығадай болса да үні сұңғылаша сұңқылдайды екен, нелер асыл тілектерді түйдек-түйдегімен сұңқылдатып келіп, басыма үйген кезде менің көзімнен жас ыршып кетті. Тіпті осы батасы үшін оның қасында қалғым да келді, бірақ елді, әсіресе жастайынан тірі жесір болып қалған мына екеуін аңсаған көңіл тағат таппады. Бата бітіп бет сипалысымен орнымнан атып тұрып бірінен соң бірін жағалай құшақтап бәрін де кеудеме бір-бір қыстым да, анадай жерде өзімді тосып тұрған белгісіз мырзаға беттедім. Өзімнің кім екенімді білместен әнімді сыйлағаны үшін оған айтар алғысымды айттым. Мені өзінің қасына алар деген үмітте едім, ол үмітім далаға кетті. Енді байқадым, оның сол жақ көзі соқыр екен. Соқыр көзін маған көрсеткісі келмегендей қырын қарап кейінгі арбаның атшысына дауыстады да: «Ей, дүлей, мына мырзаның жатса төсегі, жантайса жастығы болғайсың. Өзің бері келіп кетші» деді. Менің меселім қайтып қалды, бірақ елге тез жетуді аңсаған тілегім меселдің қайтқанын елеткен жоқ. Қос күрең ат жегілген кейінгі арбаға бардым да иығыма асып алған қоржынымды арбаның үстіне тастай салдым.

Соқыр мырзаның Дүлей дегені десе дегендей, түрі түксиген, тұлғасы дөңкиген біреу екен. Менің сәлемімді жөнді алмастан алшаңдай басып мырзасына барды да, оның сыбырмен айтқан әмірін қырынан тұрып тыңдап алып қайта келді. Мен оның шын аты «Дүлей» болмас деген оймен аты-жөнін сұрап едім: «Немене, менің мырзамның өтірік айтқанын бұрын талай естіп пе едің?» деп дүңк етті. Мен үндемедім, ол арбаға отыра бере «ал бауырым, алдымыздан бір мая шөп кездескенше өз күніңді өзің көре тұр. Қоржыныңды төсек, мені жастық етсең де мейлің, тек ән салып басымды ауыртпа» деді.

Дүлейдің бұл сөзінен өзінің де мәнін ұқтым. Енді оған өлсем өлігім жантаяр ма. Арбаның бел ағашына көлденең шегеленген қалың тақтайлар теп-тегіс екен, түрменің қу қарағайын талай төсенген басым, тап бір соны сағынып қалғандай қоржынымды жастанып сол тақтайдың үстіне құлай кеттім. Жанымдағы жалғыз серігім Дүлеймен әңгімем жаңағы бір-екі ауыз сөзбен бітті. Бірақ оның қиястығын қызық көретін секілдімін, тезірек жадыратып әңгімелеспесем зерігетін түрім бар. Сол оймен оны сөзге шақырып:

— Інішек, өзіңе тартқан балаң бар ма? — деп едім.

— Ей ағай, жыныма тимей жайыңа жатсаң қайтеді, — деп зірк етті. Мен басымды көтеріп алдым:

— Жыныңа тигендей не істедім?

Ол тері шалбарының балағын түріп жіберіп аяғын алдыма көлденең тосты да:

— Міне менің балаларым, маған тартқандарын ішінен өзің танып ала бер, — деді ақ тырнақтың үлкендігіндей түйіндер қаптап шұбарланып кеткен балтырын алақанымен бір салып қалып. — Қатыны жоқтың баласы бойына сыймай балтырында жүретінін білмесең біліп ал, көрмесең көріп қал. Есіркеп маңдайынан сипағың келсе сипай бер, түрі шиқанға ұқсағанымен ауырып сыздауды білмейді.

Әңгімеміз осымен тағы бітті.

Екі қолымды төбеме қойып шалқамнан жатырмын. Бір ақ иық аспанның заңғарына шығып алып Алтай тауына қарай самғап барады. Соны көріп дауысымды сол қыранның қанатының зуылына қосқым келгендей шырқай жөнеліп едім, серігімнің жаңағы бір сөзі есіме түсті де кенет тоқтай қалдым. Ол әлде нені айтып, өзіне-өзі күбірлеп келеді. «Бір көзіне сағыз жапсырып алыпты, онысы несі? Менің атымды өз әкеңнің атымен ата дегені — не сөз? Сонда ол менің әкем болмақ па?»

Мен оның не айтып кіммен күбірлесіп келе жатқанын сұрап едім, ол «жай, осындай оңашада өзіммен өзім сөйлесетін жыным бар, шу, жануар, шу, шу», деп аттарын айдай түсті. Біздің бұл әңгімеміз де осымен тағы үзілді.

Аттардың cay желісі жер танабын қуырып жібергендей талай белдерден асып, талай өлкелерден өттік.

Жолшыбай кездескен маядан арбаның жақтауын шөпке толтырып алдық. Ойда жатып байқамаппын, біздер манағы үлкен жолды тастап басқа бір, жаздай жан баспаған кер жолға түсіппіз.

— Ау, туысқан-ау, кең жолды тастап тар жолға түскеніміз қалай? Бағытымыз батыс еді, теріске бет алыппыз ғой?

— Енді екі күннен кейін осы тар жолмен кейін қайтамыз да, кең жолға түсеміз.

Менің. сұрауым да, Дүлейдің жауабы да осымен бітті. Мен енді сол өгіз арбалы кірешілермен кете бермей осыларға ілескеніме өкіне бастадым. Өкінудің ақыры үрейге айналды. Алдымызда Қарқаралының бір сілемі секілденіп қалың қарағайлы тау жатыр. Соған іліге бере жаңағы кең жолдын, өзі тарамдалып әр сайды өрлеп кетті. Алдыңғы арба жиегін көк шалғын басып кеткен бір ескі жолға түсті де өрлеп барып жан-жағы қарағайлы құздың ішіне барып кірді. Құздың орта тұсында алақандай алаң бар екен. Сол алаңның қақ ортасында үлкен ағаш үй тұр. Санап келемін, күн жақ бетінде он екі терезесі бар, терезелерінің бәрі де қақпақты, қақпақтың бәрі көлденең темірмен құрсауланған. Үйге жалғас қызыл кірпіштен салынған сарай тұр. Оның сарай екенін білгенім бірде-бір терезе жоқ. Қаладан алыс мұндай жерге бұл қызыл кірпіштің қайдан келгенін ойлап таба алмадым. Сарайдың бір бұрышы мұжыла бастапты, тек соған қарап ертеде салынған, мұны салған қазақтар емес екенін ғана таптым. Алдыңғы арба сол сарайды айналып келіп шығыс жақ алдына келіп тоқтады, жете бере біз де тоқтадық. Сарайдың бұл бетінде де терезе жоқ, бірақ көк темірден жасалған екі есігі Қарқаралыдағы қызыл дүкеннің есіктерін елестететіндей. Менің атшым болып келген Дүлей екі арбаның да атқосшысы екен, ол өз арбасынан түсе сала арғымақтарды доғара бастады.

— Мырза, мына сәулетті де дәулетті дүние сіздікі ме? — дедім, арбадан түсе сала желпініп тұрған соқыр мырзаға жақындап.

— Менің тоқалымның дүниесі, — деді ол салмағымен жерді ойып жібергісі келгендей шірене түсіп.

— Тоқалыңыз орыс қызы емес пе?

— Жоқ, ноғай қызы. Оны неге сұрадың?

— Қазақтар мұндай сәулетті өзіне қимайды ғой.

Екеуміздің бар шүйіркелескен түріміз осы, неге екені белгісіз, ол бетін менен алып қашып, көп үйіріле қоймайды. Менің қазақтарды міней айтқан сөзіме жауап қатпастан жігіттеріне әмір бере бастады:

— Алдымен шұрқырай бастаған ішек-қарынды жұбатып алайық, аттарды анау доғарар. Сен екеуің дастарханды мынау бәйтеректің көлеңкесіне жайыңдар. Қаблан, сен, дастархан жаюды Қаратайға қалдыр да өзің қол шаятын су әкел, — деді де, ол сыңар көзімен мені бір атып тастап өзінің шаруасымен аулаққа кетті. Оның бұл көз қарасында не сыр барын мен біле алмадым.

Оның айтқаны екі болған жоқ, бәйтеректің түбіне берекелі дастархан жайылды, оның үстіне ақуыз майы аралас бағланның еті ақтарылды. Сабаның иісі мүңкіген, томардай майы бетіне қаздай қалқыған қымыз иісі мұрынды жарып барады. Бағлан қозының ақ майы ақтарылған еті алдарына келгенде көздері тұнжырамаған біреуі қалған жоқ, тіпті мырзаның соқыр көзі де ашылып кеткен секілді. Мен оны көрсем де дәл Сол жерде ой бөлмеппін. Ол бір уыс шеңгел етті асай бере бетін менен бұрып әкетті. Етті асаудан, қымызды сіміруден мен де қалысқаным жоқ. Бесеуіміз бес қасқырдан кем түспеген секілдіміз. Бір қозының етін бес-ақ асап қойғандай лезде жоқ еттік. Тіпті бар жегені жұмырына жұғым болмаған ба қалай, қайсы біреулері бауырсақты қымыздың ішіне салып жіберіп қашан шартиғанша қарындарын аяған жоқ.

— Ал жігіттер, тамақты қасқырша жедіңдер, енді жұмысты адамша істеңдер, — деді соқыр мырза. — Алдымен арғымақтарды сарайдың ішіне кіргізіңдер, аяғына кісен салыңдар. Алдына шөпті үйіңдер, науаны әкеп алдына орнатыңдар да ішін суға толтырыңдар. Сонан кейін ләшпенкені бер жағына көлденең қойыңдар да қақпаны құлыптаңдар.

Оның айтқаны екі болған жоқ, жігіттері сарайдың қақпасын айқара ашып тастап жұмысқа қызу кірісіп кетті. Мен бой таластырғым келгендей керіліп соқыр мырзаның жанында шалқамнан жатырмын. Бір сәт басымды көтеріп көз тастап едім, Дүлей жігіт бір дәу ағаш шелекті құдыққа қарай әкетіп барады екен, оған мән бергенім жоқ. Олар жұмыстарын тындырып болып бізге қарай беттеген кезде қасымда жатқан «қамқоршым» қасқырша бұрыла бере маған көз тастады.

— Ал, мейманым, біздер мына екі арғымақ пен ләшпенкені осы жерге қалдырып өзіміз екі күндік сапар шегеміз. Сен осы жерде аттардың қасында қала тұрасың.

Мен сенер-сенбесімді білмей қарай қалып едім, оның жаулыққа бекінгенін сездім, бірақ өзінің кім екенін әлі білгенім жоқ. Мана қамқоршымдай көріп қуанған едім, енді құтырған қасқыр мен жалғыз көзді дажалдың бірін көргендей сескене бастадым. Бірақ сескенгенімді сездіргім келмей:

— Жолдарыңыз болсын, кете беріңіздер. Мен жаяу жортуға үйренген жанмын, келген ізіме қайта түсемін де кете беремін, — дедім.

— Жоқ, бауырым, — деді ол маған қарамастан, — бұл жердің қасқыры қойдай өреді, оны біле тұра сені қасқырдың жемі ете алмаймын.

Онан әрі тыңдағым келмей тұра беріп едім, Қабланы мен Қаратайы аяғымнан тартып қалып шалқамнан түсірді де құдыққа қарай дырылдатып сүйрей жөнелді.

— Қол тигізуші болмаңдар, құдыққа арқанмен салыңдар. Сөйлей қалса тұншықтырыңдар.

Соқырдың әмірін ұқсам да ойына әлі түсінгенім жоқ, бар білгенім әйтеуір менде ескі кегі бар біреу. Бай атаулының бәрі бірдей өзіме қас екенін білемін, тек мынау соқыр соның қайсысы екенін біле алмай далмын. Қанша ойлансам да мұндай соқырды қайдан көргенімді есіме түсіре алмадым. Адамның аяғы жерден кетсе қалған денесі қаңбақ секілді екен, бар күшімді салып қанша қатты серпілсем де аяғымнан құшақтай сүйреген әлуетті қолдардың бірде-біреуін босата алмадым. Тек екі қолымның саусақтарымен жерді соқадай жыртып келемін. Бір кезде қолым жұдырықтай тас түбіріне ілініп еді күштің шиыршық атқаны сондай, аяғымдағылардың бірін ұшырып жібердім. Ол да өлермен екен, менің тепкілегеніме қарамастан қайта жармасты. Олар менің аяғымнан айрылмайды, мен тастан айрылмай керіліп тұрып кенет қолымды босатып жіберіп едім, денемнің серпілген екпінімен барып екеуі де құлап түсті, бірақ өздері құлап жатса да аяғымнан айрылған жоқ. Менің бұл қимылдан тапқан олжам табаным жерге тиіп еді, екі қолым ана екеуінің желкесінен сарт етті. Амал не ол қайратымның да қайырымы болмады, ту сыртымнан келіп мойныма арқан түсті де, кеудеме мылтық тірелді. Мойныма арқан салып өлтірердей қимылдап тұрған өзімнің жол серігім Дүлей де, кеудеме мылтығын тіреп тұрған соқыр мырзаның өзі. Менің өмірде жаным шошитын үш жауым бар. Олар: жылан, бура, мылтық. Қазір қарсы алдымда сол үшеуінен де қорқынышты бір жыртқыш тұр. Ол мылтығын кеудеме тіреп тұрған соқыр мырза. Оның соқыр көзі де мүлдем жайнап кетіпті. Көзін мені алдау үшін сағызбен бітеп алғанын, Дүлейдің манағы күбірінің сыры осы екенін енді ғана сездім. Бұл баяғы өзім ажалдан құтқарып жіберген Саймаран дейтін ботқа бет, сасық мырза екенін енді таныдым. Оның бетіндегі тыртық сол күні Самалдың қамшысы салған таңба екенін де сездім. Мойныма қыл шылбыр салып қылқындырып тұрғанның кім екенін де енді тани бастадым. Ол Саймаранмен алғаш кездескен қанды кездесуде Самалдың арашасымен ғана жаны қалған Сәлім дейтін малай жігіт. Бірақ ол менің кім екенімді білмейтін секілді. Саймаран менің танығанымды сезіп сөйлеткісі келмей, үніңді шығарсаң өлдім дей бер. Өлгің келмесе дұрыстап тыңда. Мен саған мұндай қаталдықты біз асатын асулардан аса алмайтын болғандықтан осы жерде қалатын арғымақтар үшін жасап тұрмын. Сен құдыққа отырасың да соларды күзетесің. Қасқыр келсе олар шұрқырайды, сол кезде айқай салсаң болды. Сені құдыққа салып кетуім осындай қамқорлық екеніне көзіңді ертең жеткіземін. Әзірше мынау шелекке отыр да құдыққа түс, сол шелектің үстіне отыр. Қорықпа, бұлардың еш қайсысы сені құлатып жібермейді, өйткені сенің маған ертеңгі күні қандай керек екеніңді бұлар біледі» деді.

Менің үнім де, күшім де байланды, тіпті есім де қалмаған секілді. Екеуі аяғымнан тартса, біреуі шылбырмен мойнымнан сүйреп, енді біреуі мылтығын кеудеме тіреп құдықтың басына алып келді. Бар білген сөзімді айтып жалынғым да келеді, бірақ намысым жібермейді. Ащы сөз айтсам мына сұмырай атып жіберуден тайынар емес. Өздері жолшыбай кеңесіп көрімді күні бұрын сайлап келген секілді. Бауы жуан елі қайыстан тағылған шелек су тартатын шығыршықтағы арқанға байлаулы әзір тұр. Бар байқағаным сол ғана. Қорыққаннан есімнің шыққаны сонша, мен тіпті қарсыласуды да ұмытып кеткен секілдімін. Төртеуінің қаумалап әкеп құдықтың жиегінде тұрған шелекке қалай салғанын да, құдыққа қалай тастап жібергенін де жөнді аңғарғаным жоқ. Бұл бір жан-жағы ағашпен шегенделген терең шыңырау екен, шелек суға барып күмп еткен кезде шығырдағы ұшы шешіліп кетті ме, жоқ әлде аналар кесіп жіберді ме білмеймін, әйтеуір арқан қолыма келді. Неге екені белгісіз, олардың еш қайсысы үн қатқан жоқ. Саймаран келіп енді істер қастандығын айтар деп едім, ол да үнсіз. Аздан соң арбаның жүріп кеткен дыбысы білінді де алыстап барып өшті. Құдықтың су толған деңгейіне дейін таспен шегенделген екен, мұздай суы денемді қарып барады. Үстімдегі киімім шалбарым мен көйлегім ғана, басқа киімдерім манағы ағаш түбінде қалып қойды. Ағаш шелектің септігі болған жоқ. Тас шегеннің үстіңгі шеті кемер екен, екі аяғымды соның екі жағына салып бір аз тұрдым. Құрғақ болғанымен тастың ызғары шекемнен өте шықты. Тіпті болмаған соң арқанның екі ұшын екі аяғыма орап алдым. Бір тәуірі мұның ызғары жоқ, тек әр қылтанағы инедей қадалады, қадалса да соның демеуімен бір аз шыдадым. Демімді алдым, есімді жинадым, енді осындай әлім бар кезде жанталасып көруім керек. Сол оймен арқанның бір ұшын білегіме байлап екінші ұшын шумақтап алып қайта-қайта сыртқа лақтырамын. Ондағы ойым арқанның ұшы шығыршықтың ағашына барып оралса деймін, ол үмітім ақталмады, арқанның ұшы далаға шыққанымен шығыршыққа оралмады. Сірә, ескі ағаш үйдің кесіп салынған қабырғасы болу керек, шегенделген ағаштың беті теп-тегіс. Жалғасқан жылғалары жымдасып кеткен, қолдың саусағы, аяқтың бақайы ілінетін бұдыр жоқ. Соның салдарынан екі рет су бетіне құлап түстім. Бар қаруым темірден басқаны кесіп түсетін алмас бәкім ғана. Тұяқ ілінетін жерді сонымен қашап отырып су бетінен біраз көтерілдім, орта деңгейіне жеткенімде аяғым тайып кетіп су бетіне құлап түстім. Есімді жиып қайта ұмтылдым. Алғашқыдай емес тәсілденіп алған секілдімін. Мұндайда бір сүйем жер мың шақырымдай көрінеді екен, бір сүйем ілгерілеу үшін төрт жерді қашап, төрт елі кертуім керек, саусақ пен бақайлардың бірі сол кертікке ілінбесе құлайсың да кетесің. Байқаймын, алғашқыдай емес әлсірей бастаған секілдімін. Әлі жол ортасына жеткенім жоқ, тоқтап дем алуға тиянақты жер жоқ, ендігі күнім не болар. Ол арасы белгісіз, үміттен гөрі үрей күшті. Әлден уақытта аттардың шұрқыраған дауысы естілді. Өзім жан алқымында тұрсам да жануарларға жаным ашып бар дауысыммен айғай салдым. Бір кезде өзіме қарай келе жатқан дыбыс білінді. Қасқырдан басқа не болуы мүмкін екенін іздеп кезген ойымды тежегенше болған жоқ, аузы-басын түк басқан бір орыс құдыққа келіп үңілді. Оны көре сала мен «құтқара гөр, ағатай» деп екі тілде бірдей айғай салдым. Ол басын шайқап: «Ақымақ, тал түсте кісі құдыққа түсе ме екен» деді де кетіп қалды. Мен өзім білетін орысшаны аямай, айғай салып оған жалына бастап едім, ол маған көмектескелі кеткен екен. Екі шылбырды жалғап құдыққа тастады да, «ақымақ шайтан, ұста мынадан» деді орыс тілінде сөйлеп. Қолым оның шылбырына ілінген кезде мен құс болып кеттім-ау деймін, бір-ақ ырғып жер бетіне шықтым да бейтаныс досымды құшақтай алдым. Ол Демин дейтін орманшы екен. Қасында жасы он төрт-он бес мөлшерінде баласы бар. Екеуі орман кезіп жүріп арбаның ізін көріпті де соның не екенін білгелі келіпті. Сөз әлпетінен Саймаранмен қаны қас екенін біліп алдым да басымнан кешкен жайлардың, әсіресе ол екеуімізді қастастырған қандай тағдыр екенін жасырмастан айтып бердім. Ол менің әңгімемді ұзақ тыңдап алды да, «қалған әңгіме кейін, үйге барған соң, баламның алдына мін» деді. Оның үйі таудың арғы бетінде екен. Түнімен сый-құрметіне кенеліп өткен-кеткен әңгімені соғып ертемен менің көрім бола жаздаған құдықтың басына қайта келдік.

Ондағы ойымыз менің киімдерімді көзден тасалау бір жерге тастап кеткен болар деген үміт еді, олай болмады, киімім табылмады. Мен жалаң аяқ, жалаң бас, көйлекшең кете беруге бекініп оның үйінен киіп келген етігім мен кенеп кеудешені шеше бастап едім, ол өзінің дағдылы сөзін тағы қайталады:

«Ақымақтың сөзі ақылдыға жараспайды. Семейге аман жетсең мына хатты сондағы қарындасыма табыс ет. Адресі сыртында. Киімдерімді соның үйіне таста. Ақылды адамдар солай істейді. Қоштасуды да қоя тұр. Келген жолдарыңа жақындау жерде бір пішеншілер бар, мен сені ағаш ішімен жағалатып апарып соларға жақындатып тастайын. Олар Семейге шөп тасиды, солармен селбесіп кетерсің, бірақ мені сен көрген жоқсың, сені мен көрген жоқпын, осыны ұғып ал».

Соңғы сөзді оның не үшін шегендеп тұрғанын сезсем де үндегенім жоқ, өйткені ол менің төселген сырым. Оның есесіне басымды изеп өмір бойы айтар алғысымды айтудан жалыққаным жоқ. Жолға жуымай ағаштың бір қабат ішімен жүріп отырып көзеген жеріне алып келді де:

— Ана бір обалы төбеге шықсаң ар жағынан пішеншілердің үйі көрінеді. Соған бір жетсең сонан әрі өз күніңді өзің көре алатыныңа мен кепіл.

Ол мұртынан күле тұрып соны айтты да қоштасқалы қолын ұсынып еді, мен оны құшақтай алдым. Ол мені кеудесіне қатты қысып арқамнан қатты бір қақты да атына қарғып мінді.

— Ұмытпа, — деді бар айтқаны. Ол соны айтып ағаштың ішіне қарай шаба жөнелді, мен:

— Алла бірімізді-біріміз ұмытпауға жазсын, — дегеннен басқа сөз айта алмай қала бердім. Мендегі бір бақытсыздық осындай жақсы адамдармен лезде достасып кетемін де тез айрыламын. Айдауда өткен жылдар мен күндерімде де талай жақсы орыстармен достасып кеттім, бірақ солардың бірде-біреуімен бір жерде ұзақ өмір сүре алғаным жоқ, олармен өткізген күндерімнің бәрі де тәтті ұйқыда көрген түс секілді. Бір тәуірі еске түскен елесінің өзі жан жарасын жадыратып жібереді.

Мәди өткен күннің бір тамшы уы жүрегіне тамып кеткендей кеудесін сипап отырды да еңсесін кенет көтеріп алды, әңгімесі де жалғанды.

— Орманшы досым «бұл өлкенің шөбі бір жазда екі мәрте шабылады» деген еді, онысы рас екен. Ол мегзеген обалы төбеге шықсам, арғы беті ұзын аққан өлкенің бойы жыпырлаған кепене, шөмеле шошақ екен, қайсы бір жерінен маялар да көрінеді. Сол өлкенің кеуде тұсынан келіп қосылатын бұлақтың басында жалғыз үй тұр. Үйдің маңында көзге ілінетін түк жоқ. Аулақта бір ала сиыр жайылып жүр, бұлақ басындағы шіліктің арасынан бір қара көк аттың құлағы селтиеді. Оның түгі түсі мен төбесіне найзадай шаншылған жебелі құлағы өзімнің елдегі көкдауылымды елестетіп жүрегімді бір тіліп өтті. Алдымнан бір ақ төбет арсылдай шығып еді, үйден бері шыға бере үруге де, жүруге де ерінгендей шіліктің көлеңкесіне қарай қайтып кетті. Кигіз есіктен басын ғана шығарып бір әйел қарады да жоқ болды. Бұлардан басқа бар көргенім белдеудегі ала бұзау ғана. Ілби басып үйге келдім. Қақ төрде арқасын жүкке сүйеп бір жігіт домбыра шертіп отыр, сірә соның қарындасы болу керек, екеуінің қас-қабағы айнымайды, онан жастау келіншек ағаш төсектің үстінде ұршық иіріп отыр. Сәлем бере кіріп келген менен екеуі де сескеніп қалды.

— Шырақтарым, мен адаммын. Адамның адамнан шошуы жаман ырым. Бастарың жас, алдарыңда жарқырайтын әлі де талай жұлдыздарың бар, жаман ырым жасамаңдар, — деп оларды сөзбен бастырмалата келіп жігіттің жанына отыра бере домбырасына қол создым, — Інішегім, домбыраңа рұқсат етші.

Жігіт сөзге келген жоқ, таңдана қараған қалпын бұзбастан домбыраны қолыма ұстата салды. Жаңа байқағанмын, ол Тәтекемнің «Саржайлауын» тартқысы келіп, бір жерін келтірсе де екінші бір жерін келтіре алмай отырған-ды. Домбыраның бабы сол күйге дәл келіп тұрғанын сездім де, құлағын бұрамастан «Саржайлауды» тарта жөнелдім. Сірә, өздері ән мен күйдің адамы болу керек, екеуі бірден ұйып сілейіп қалды. Жігіттің көзі менің домбыраның бетінде ойнақтаған он саусағымда, менің көзім келіншекте, ол да қадала қараудан тайсалар емес, жаны күйге тербелгендей гүл-гүл жайнап екі беті албырап барады.

Күй аяқталған кезде жігіт демін енді ғана алып:

— Ағай, — деді. Басқа сөз айта алған жоқ, айтуға үлгірткенім жоқ. Келіншектің жүрегі алғысқа толы екенін өңінен көріп отырмын. Көзді байлап көңілді мастандыратын сол бір рахатқа бата түскім келіп домбыраның құлағын тезірек бұрап «Сылқылдақты» сыңқылдата жөнеліп едім, келіншектің бар буыны былқылдап кетті... Оны көріп өзім де балқи бастадым. Қатты қимылдаса жүрегі үзіліп кететіндей қылдай қимылмен ұршығын жастыққа сүйеді де ақырын жылжып жерге түсті. Маған тәжім етіп сәлемдескені болу керек, бір тізесін бүгіп басын сәл иді де, бір қолына таянып ақырын отыра бастады. Мен оларды сиқырлай түскім келіп әдемі күйлердің бірінен соң бірін түйдектетіп төктім де, домбыраны жігіттің өзіне ұсындым:

— Рақмет, бауырым, өзіңнен домбыраң жақсы сөйлейді екен.

Менің бұл сөзіме келіншектің күлкісі келді, бірақ күле алмай сыпайы жымиыспен төмен қарады. Жігіт сол, әнге ұйыған қалпында әлі сілейіп отыр, есі енді ғана кіргендей сәлден соң ғана үн қатты:

— Ғажап! — деді ол басын шайқап, — сіз домбыраны адамша сөйлетеді екенсіз, бұл не ғажап? Мен соған әлі қайранмын. «Саржайлауды» тартқанда домбыраның бетінде ойнаған саусақтарыңыз cap даланың сағымына ұқсап кетеді екен. Соны үйренуге бола ма?

Мен «домбыраңа cap даланың сәні мен әніне қоса зарын сала алсаң сағымын салу қиын емес» дедім.

Жігіт менің бұл сөзімнің орайына тағы бірдеңе демекші еді, келіншек бөліп жіберді.

— «Саржайлаудың» күйінде: cap даланың сәні мен әні, зары мен сағымы болғанда, елінің тәлімі қалай болмады екен? Әлде қызы тәжімсіз, ұлы тәлімсіз өскен ел ме екен?

Келіншектің сөз сайысын тілеп отырғанын сездім де, өз сөзімен өзін ұрғым келді.

— Мен көкектен басқа құстың өз атын өзі шақырғанын білмеуші едім, — деп едім, ол миығынан күле сөйлеп:

— Кешіріңіз, көзіңіздің ақауы барын білмедім, — деп менің өзімді іліп түсті. Ол мен жаңа күй шертіп отырған шақта өзінің тәжім етіп тізе бүккенін айтып отыр. Мен көкек деген сөзді ағат айтып жеңілгенімді сезсем де сыр бермей, жеңетін сылтау іздеп, жігіттің жөн сұрай білмеген кінәсін оған аудара сөйледім.

— Сау көзімнің қандай ақауы барын білмеуші едім, сондықтан болар, жөн сұрауды жолаушыдан күтетін тәлімдеріңізді білмедім. Өзім елеусіз болған соң саусақтарыма бүгілген тізеңізді елемегенім рас.

Осы сөзге келгенде келіншек мүдірді. Өйткені мен сәлем бере кірген кезде екеуі де үнсіз қалған-ды. Менің соны айтып отырғанымды сезсе де сыр білдірмей ол да мен секілді сылтау іздеп ойлана күлімсіреп отыр. Мен оның сөзін оймен бағып, көзін көзбен аңдып домбыраны қолыма қайта алдым.

Іздеп отырған сылтауын сол домбырадан тапқандай келіншек тез өзгере қалды:

— Домбыраны орнына қойыңызшы, — деді. Мен мұны күткен жоқ едім.

— Неге? — дедім оның бетіне таңырқай қарап.

— Менің ағайымды жөн сұраудың жолынан тайдырған сол домбыра.

Келіншек бұл сөзімен өзін мен таққан айыптан да құтқарды, жөн сұрай білмеген ағасын да ақтап қалды. Сонысына разы болдым да жөнімді жарым-жартылай айта бастадым. Айдаудан келе жатқанымды жасыру үшін тоналған жолаушы болып көріндім. Манағы межем дұрыс, мына жігіт келіншектің ағасы екен. Үйдің иесі басқа серіктерімен Семейге шөп сата кетіпті. Олар Семейге кеткендердің ертең келетінін, екі күннен кейін шөп алып қайта кететіндерін айтып берді. Қанша асықсам да амалым жоқ, сол жолаушыларды тосатын болдым. Келіншек әңгімені бастап бере сала шай жабдығына кіріскен еді, малға кедей көрінгенімен дастарханы бай екен. Дастарханның үстіне ақ сықпа мен сары бауырсақ, ірімшік үшеуі аралас төгіліп иісі аңқыған сары май сол үшеуінің ортасынан орын алды. Отызға келгенше үйлене алмай жүрген Беген дейтін кедей жігітке Тәттімбеттің күйін жақсы тартқаны үшін, бейтаныс елдің бір қызын тегін берген екен, сол сияқты Тәтекемнің күйлері мені бейтаныс жастардың құрметіне бөледі. Құрметтелгеніме мен мәзбін, құрметтегеніне олар мәз. Олардың мәз болатын себебі: жолаушылары келіп, онан қайта жолға шыққанша төрт күн өтеді, оған дейін менен талай күй үйреніп қалмақ. Ол ойларын екеуі де жасырған жоқ. Өзім де сондай ойда едім, шайдан кейін бәрі де бұзылды. Өйткені Саймаранның құдығына өзім тасталған қорасының алдында бір тақыр шоқы бар-ды, шайдан кейін далаға шығып едім, сол тақыр шоқы көзіме түсе кетті де кеудемдегі бар кегімді бірден тұтатып жіберді. Ойлап қарасам кешеден бергі ісімнің бәрі ездік, ессіздік екен. Тіпті анау өзін өлімнен құтқарған жақсылығым үшін өзімді өлімге қиғанымен қоймай құдыққа тастап қорлаған жауымнан өш алмай кетуім өлім екен. Оның қорасы онша алыс емес, жиырма шақырымдай жерде тұр. Келіншектің ағаш төсегінің астында жатқан бір айбалтаны көзім шалған-ды. Кешке сол айбалта мен мынау қара көк ат қолыма тисе мен неге қайта барып олардың жолын тоспаймын? Қай жерде кездессе сол жерде неге айқаспаймын?» деген оймен күнді батырдым.

Жастар мені сиырдың сүтінен жасалған ақ ірімшіктерімен сыйлады, мен оларды әніммен сыйладым. Оның екеуі де әнші екен, маған қонақ кәдесін айтқызу үшін екеуі ауылдың алты ауызын айтып еді, әнді әсіресе келіншек әдемі салады екен. Мен соны айтып едім, келіншек сәл шамданғандай түр көрсетіп «менің әкем бұлбұл өсіруші еді, сол бұлбұлдардың қарғаны келемеждегенін бір көрген емеспін» деді... Оның бұл сөзі менің шамыма тиді.

— Сіз бұл сөзіңізбен мені де, өзіңізді де жазықсыз жазалап отырсыз. Мақтаудың бәрі бірдей құрметтеу емес — қорлау, кішіреюдің бәрі бірдей кішіпейілдік емес — кемістік, — деп едім, ол тез өзгере қалып қолын кеудесіне қойды да:

— Айыбыма бір ән төлейін, кешіріңіз, — деді басын ие жымиып.

— Сізге осындай асыл сөздер, әдемі қылықтар ғана жарасады, — деп мен де шынымды айттым. Ол домбыраны күйіне келтіріп алды да, менің «Үш қара» аталып кеткен әнімді ақырын сызылта жөнелді. Мен мұны күткен жоқ, едім, өз әнімді өзім сағынғанмын ба білмеймін әйтеуір дүниені түгел ұмытпасам да, өзімнің қайда, қандай күйде екенімді ұмытып жылап жібере жаздадым. Келіншек:

Немене көрген қызық көрмегендей

Жас дәурен жауар бұлт өрлегендей.

Жігіттік көк семсердің жүзі емес пе,

Қайрап ап қалың жауға сермегендей, —

деген алғашқы шумағын түгелінен қалықтатып жай бастады да қайырмасына келгенде өзгеше бір ғажайып әуенмен шырқай жөнелді. Сол кезде шыдай алмай өзім де қосыла кетіп едім, келіншек менің дауысымды тыңдап қалғысы келгендей өз дауысын бәсеңдетіп тынды да:

— Алла!.. Ағатай-ау, мынау әнді айтқанда сіздің дауысыңыз бір керемет болып кетті ғой. Енді сіз айтыңызшы, — деді жалынышты үнмен.

— Бір адамның дауысы әр түрлі болмайды ғой.

— Болады екен, мен оны сізден ғана көріп отырмын. Сіздің көмейіңізде бұлбұлдың тілі бар десем тағы да кінәларсыз, күміс қоңыраудың үні бары анық, менің соны естігім келеді, — деп келіншек ынтыға түсті.

— Келіншектердің бәрі неге сондай болып тумады екен? — деп Иман сөзін бөліп еді, Мәди оны елеген жоқ.

— Қоңырауға разы болсаңдар қағып көрейін. Қайсысының доғасына байлайын? Абайдың ба? Ақанның ба? Біржанның ба? Жаяу Мұсаның ба?

— Мәдидің — деді жігіт.

— Абайдың, — деді келіншек.

— Абайдың қай әнін қалайсың?

— Сіз қай әнін қаласаңыз мен де соны қаладым.

Мен «Татьянаны» баяу бастап едім, дауысым бір түрлі мұңлы шықты. Жар жайында айтылған жан сөзі мына екеуін есіме салды ма білмеймін, әйтеуір:

«Сен жаралы жолбарыс ең,

Мен киіктің лағы ем.

деудің орнына:

«Мен жаралы жолбарыс ем.

Сен киіктің лағы ең»

деген кезімде дауысым мүлдем зарлап кетті. Оны өзім де сезіп отырмын, жадыратуға шамам келер емес. Соңғы шумағына келгенде «қосыл» дегелі келіншекке көз тастап едім, ол көзінде мөлтілдеген жасты төге алмай булығып отыр екен. Мен оның көзіндегі бұл мөлдір жастан оның жаны жаралы екенін, мынау орыс қызының әні оның сол жарасына тигенін сездім де тез жадыратқым келіп:

— Ау, қарындасым-ау, өзің айтқызып өзің жылағаның қалай? — дедім. Келіншек жауапқа іркілген жоқ.

— Менің көзімнен гөрі сіздің жүрегіңіз көбірек жылады-ау деймін. Мен сол үшін жыладым. Нанбасаңыз осы әнді тағы да қайталаңызшы.

Келіншектің өзіме қадаған сұрауына жауап қатқаным жоқ, қайталауды сұраған тілегін де орындағаным жоқ. Біржанның «Жамбас сипарын» шырқай жөнелдім. Жасыратыны жоқ, соны айтқан шақта делебем қозып келіншектің жамбасын сипағым келіп кетті. Сонымен екеуін осылай әдемі әндермен еліктіре, есін өзіме байлап алдым да:

— Ал бауырлар, сендерге салар үлкен қолқам бар, — дедім.

— Салыңыз қолқаңызды, алыңыз қалағаныңызды, — деді екеуі жарыса сөйлеп.

— Менің қалайтыным ана жатқан ай балта. Соны маған екі күнге бере тұрыңдар. Екі күннен қалдырмай әкеліп беремін. Өз қолыммен әкеп бере алмасам жолда ең жақын шошақтың астынан табасыңдар.

Екеуі жарыса сөйлеп ай балтаның не үшін керек екенін сұрап еді, мен жасырғаным жоқ. Тонаушылардың ертеңдер осы өлкенің аяғындағы жолмен кері қайтатынын, кегімді алу үшін солардың жолын тосатынымды айттым. Жігіт олардың төртеу, менің жалғыз екенімді айтып қорқыта сөйлеп еді, мен олардан қорқып болғанымды айттым. Ол енді не дерін білмей келіншекке, келіншек ойлана қалып жерге қарады. Оның жерге қарасынан менің ұққаным: балта оның күйеуінікі, өзі жоқта балтасын белгісіз бір қонаққа беріп жіберсе оның ақыры үлкен жанжалға, ол жанжалдың ақыры келіншектің жанына мәңгі жазылмастай жара салуы мүмкін. Келіншек соны ойлап отырған секілді. Бір нысанаға қадалған көзін тайдырмастан ойда отырып қалған себебін солай түсіндім де:

— Қызғаншақтық дәрменсіздіктен туады, егер күйеуің сондай сорлы болса мен үшін қиналма, қалқам, — деп едім, келіншектің намыс оты бетіне шыға келді. Отты көзімен маған жалт қарады да өзін-өзі тежеп барып үн қатты:

— Дәрменсіздердің дәмін талай татып, дастарханын талай тілгенсіз-ау, сірә,

Мен тағы да жазықсыз жазалағанын айтып едім, ол ағат айтылған сөзіне кешірім сұрады да.

— Қолымыздан берер балтамыз жоқ, жолыңыздан ала беріңіз, — деді. Оның бұл сөзінен «балтаны көрген жеріңізден ала беріңіз, қолыңызды қақпайын» дегені екенін ұқтым. Осымен әңгімеміз бітті де мен далаға шығып жұлдыздарға қарадым. Қара көктен қайыр жоғын мана білгенмін, өйткені ол аяғына кісен, алдына шөп салып белдеуге байланған-ды. Жұлдыздарға қараған себебім барар бетімді бағдарлап алу. Ойлап қарасам жауларымды тосуға ең қолайлы жер сол ағаш үйдің жаны, онан өтіп кетсе бергі ойдағы орманның іші. Көңілдегі майдан туын сол екі жерге қадап үйге кірсем келіншек ағасымен екеумізге төсекті төрге қатар салған екен. Дөңгелек столды жинамастан өз кереуетімен екі араға қойыпты да оның үстіне бір аяқ айран, қос жұдырықтай бір түйіншек, айбалта үшеуін қойыпты.

— Мынау кетерде ішер асыңыз, мынау жол азығыңыз, мынау қалаған балтаңыз. Осымен қонақ жайлы борышымыз өтелген болар. Намысты қанша таптағыш болсаңыз да дәмді аттамайтын шығарсыз, шамды сөндірмеңіз.

Оның бұл сөзінен бәрін ұқтым да төсегіме барып құлай кеттім. Аздан соң алас ұрған ойдан серпілдім де екі қанатымды жайып жіберіп:

— Қоштасқандарың сол болсын, екеуің екі жағымнан келіп кеудеме бір құлаңдаршы, — деп едім жігіт қасыма құлай кетіп құшағыма кірді де, келіншек жақындай бере.

— Барлық түніңіз аспанның күніндей, өзіңіздің жаныңыздай жарқырасын. Сол ақ тілегіммен ұсынған қолымды құшағымдай көріп қабыл алыңыз, — деп қолын ұсынып еді, менің тілім байланып қалды. Ұсынған қолын кеудеме бір қыстым да қоя бердім.

Ол үйде өткен қызық осымен бітті. Таң қылаң бере мен кек жолына шықтым...

Осы кезде көрші үйлердің шеткерірек бірінен алыстағы бір үйден жас нәрестенің іңгәлаған сәби дауысы шығып еді, Мәди өзін-өзі тұншықтыра бір күрсінді де арқасындағы жастыққа шалқасынан құлай кетті. Сол түні өзіне жөн сілтеген Темірқазықты іздегендей, тұнжырай қарайтын үлкен қара көзі түндігі жабулы тұрған шаңыраққа қадалып қалды. Манағы жас нәрестенің дауысы да оны сонау заңғар аспанға, сол Темірқазықтан да әрі алыс арманға әкетті. Оның көксегені өз шаңырағының Темірқазығы. Жанын жеп күрсіндірген қасіреті де сол Темірқазықтың өзінде жоқтығы.

— Бала... шіркін бала, — деп соқты оның алып жүрегі, — сенің іңгәлаған дауысыңнан әдемі ән бар ма екен дүниеде?

Мұндайда оның сырласы өзінің қынамен боялған көне домбырасы. Мұңын соған ғана шағып, зарын соған ғана айтады. Жаралы жанына ем беретін де, қапалы көңіліне дем беретін самалы да сол қызыл домбырасы.

Келешегін кезіп, ұрпақтарымен сырласқан қиялы өткен күннің сол бір елесіне қайта оралып, сонау Алтайдың теріскей бетіндегі орманды өлкенің бойына, қарағайлы қатпар таулардың ішіне қайтадан алып келді.

7

Мәдидің түн жамылып шығып кеткенін үй иесі келіншек те, оның ағасы да сезген жоқ. Олардың ұйқысын бұзбау үшін Мәдидің өзі де аяғын ұшынан басып, демін сыртқа шыққан соң бір-ақ алды. Оның құбланамасы Темірқазық. Үйден шыға соны іздеді. Бүкіл аспан әлемі меруертке айналып кеткендей екен, жымыңдасып, шағылысқан жұлдыздардың сәулесі бірімен бірі аймаласқандай тым қою. Сол самсаған сансыз жұлдыздардың ішінен Мәдидің іздеген Темірқазығы қақ маңдайда тұр. Басқа жұлдыздардан айырмасы аз болса да Мәди оны өз ошағының отынан да тез танитын-ды. Аспанның сол қасиетті жұлдызы шамшырақ болып жолына талай жағылған-ды. Бүгін де солай, көзі кешегі келген ізін тап басты. Оның елге аңыз болып кеткен тағы бір кереметі — қара жерге түскен жылқының ізін қансонарға түскен қасқырдың ізіндей түнде де тез табатын. Сондықтан жұрт оның көзінің перісі бар деп аңыз етісетін. Мүмкін кеудесін кернеген намысы от болып көзінде жанатын болар, әйтеуір бір көмескі нәзік сәуле оны жетектей жөнелді де кешегі белден асырып әкеліп, өзіне таныс кер жолға салып жіберді.

Аздан соң таң қылаң бере бастады. Сол таңның самалынан қанаттанғандай Мәдидің еңсесі де көтерілді, жүрісі де үдей түсті. Ауық-ауық қауіп күткен күдікті ойлармен де шайқасып қалады. Оны сескендіретін Саймаранның мылтығы. Оның өзі жалғыз көзді дажалды, қолындағы қосауыз мылтығы екі басты жыланды елестетеді. Егер, сол мылтық болмаса төртеуін топалаң тиген қойдай топырлатуға жететін шамасы бар.

Бір сәт көзі беліне қыстырып алған балтасына түсіп еді денесі дір етті:

— Сонда қалай? — деді ол кенет басқа ойға түсіп.- — Мен өшіксем өзімді қорлаған, намысымды таптаған Сайраманға өшіктім, басқаларының жазығы не? Жазықсызды жазалау жарыместік емес пе? Ал егер де олар Саймаранның маған қарсы атқан оғы, шапқан қылышы болса ше? Айтағына еріп қабатын иті болса ше? Ол иттер мені кеше соның айтағымен талаған жоқ па? Адам айтақтаушыдан бұрын айтаққа еріп келіп қапқан итті ұрмай ма? Бұл да сол сияқты емес пе? Иә, солай. Сондықтан мырзалардың өзі де жауым, оның екі аяқты иті де жауым... Дегенмен ызаны түгелдей балтаға билеткенім жөн болмас.

Ол өзімен-өзі осылай кеңесіп балтаны қолына алды да, түн көрпесі енді-енді ғана серпіле бастаған орманның ала көлеңке ішін көзімен кезіп келе жатты. Ол сойылды, шоқпарды, келтекті, таяқты, сабауды қандай ағаштан жасайтынын жақсы білетін. Сол оймен іздегені сабау жасайтын солқылдақ қайың. Өзі сілтеген сабаудың сойылдан кем тимейтінін ол жақсы біледі, таяғы кімнің сүйегі болса да талқан етеді, қайыңның сабауға лайықтысын іздеген себебі сол. Сол оймен өр орманды жиектеп келе жатыр еді, мүйістегі қалың қарағайдың саясында сидиып тұрған жалғыз тал әдемі қайыңға көзі түсті. «Сен де мен секілді жалғыз біткен қарақ екенсің, кел де менің жарағым бол. Екі жарты бір бүтін, екі жалғыз бір қол болып жауға қарсы шабайық, кел. Сен менің семсерім бол, мен сенің серперің болайын», — деді де балтасына қарады. — Сен қалайсың, батыр? Дыбыс шығарсақ шошып оянған құстар қиқу салып сезік шақырады, жүзіңді қадап тұрып желкеңнен басып қалсам мынау өзің түстес қайыңды қиып түсе аласың ба, жоқ па?.. Сен темірді қиып түсерсің-ау, қалжырап келе жатқан өзім қайтер екенмін?. Тәуекел.

Ол ішінен соны айтып қайыңның қасына келді. Көзі алыстан түссе де жаңылмай дәл таныпты, қайың шаншылған шашақты найзаға ұқсайтын әдемі екен. Сұлулықты сүйіп өскен жаны қиюға қимай сүйсіне қарап тұр еді, есіне өзінің ескі найзасы түсіп кетті де қайыңды құшақтай алды. Мұндай аңсаудың да дерті есті алатын ауыр екенін, құшағына алып аймалап тұрған қайыңның жапырағы сыбдыр қағып, маңайда қонақтап отырған құстарды оятып жібергенін Мәди соңынан білді.

— Бүлдірдім-ау, — деді ішінен. Тез қимылдап балтаның жүзін қадап тұрып ұңғысынан басып қалып еді, балтасы оқтаудай қайыңды қамыстай қиып түсті. — О, қанша қалжырасам да қауқарым әлі де бар екен.

Оның сол сөзін қошеметтегендей жаңағы қанат қағысып шу көтерген құстар ертеңгі әніне басты.

Ол аямай сілтейтін, сілтеле қалса, сілейтпей жібермейтін оқтай түзу бір сабауды жасап алды да жүріп кетті. Ауық-ауық сабауды қылыштай сілтеп, оқтай зуылдатты. Тілгіленген ауаның зуылынан рақат тапқандай қайраттанып:

— Солай, мырзалар, енді әр қайсың жазаны өз қылықтарыңа қарай тартатын болдыңдар, — деді күбірлеп.

Оның көздегені Саймаранның кешегі өз кебін бүгін өзіне кигізу. Ол үшін шайқасты сол шыңыраудың басында жасамақ. Өйткені жол үстіндегі жолаушының күдігі көп, сақтығы мол болады. Мұның шыңыраудан шығып кеткенін білсе олар сақтанады да, жолшыбай кездессе атқылап маңайлатпайды. Осы ой оны жолшыбай дем алдырған жоқ. Күн екіндікке еңкейген кезде межелі жеріне де жетті. Іздердің кеткені бар да, келгені жоқ. Қақпа жаққа алыстан орағытып жақындап еді, сарайдың ішінде тұрған арғымақтар кісінеп қоя берді. Саймаран сияқты дүние қоңыздың мынау арғымақтарды елсіз сарайға қамап тастап ұзақ жатуы мүмкін емес, әрі Дүлейдің айтысы да солай, олар келетін күні бүгін.

Мәди оларды бүгін қайтсе де келеді деген ойға бекінді де, қай жерден, қалай келіп айқасуды ойлай бастады. Сілемі үйдің іргесіне келіп тірелген шығыс жақта бір қарағайлы тас шоқы тұр. Шоқының үйге қараған қия беті қызылды жасыл қына басқан жалпақ тас. Ол қыналы тасты жергілікті жұрт «аршалы тас» деп атайды. Олай дейтін себебі тастың өр жақ бөлігі түгелдей аршадан көрінбейді. Сол аршаның ішінде жатып алып иек артпадан қараған кісіге бұл аймақта бардың бәрі аяғының астында жатқандай айқын көрінеді. Ол жердің тағы бір қолайлысы жаңағы аршалы тастың екі жағы бірдей етегіне жеткенше қалың қарағай. Соны көргеннен кейін Мәди көп кідірген жоқ, алдағы айқастың жолдарын іштей сайлап алды да қарағайдың ішімен тауға қарай өрлеп кетті. Бұл аршалы тастың өзі жоғарғы жалтыр шоқыға жабыса біткен жеке бір бөлек шоқы екен де, екеуінің арасы кілемнің түгіндей тұтасқан бетегелі сай екен. Сайдың бетегесі қия беттегі аршамен жалғасып жатыр. Сол жұмсақ жерге жамбасынан жантая кетіп аршаның бүршіктерін бетіне қалқалай ұстап иек артпадан қарап еді, манағы ойы дәл шықты, көз жетер жердегінің бәрі аяғының астында сайрап жатыр. Өзінің шаршағанын енді ғана білді. Жаны жайланған соң көзі ілініп кетті ме, жоқ әлде бір терең ойға батты ма, әйтеуір бір кезде шошып оянғандай селт етті. Аспан ашық, орманды таулар көк мұнарланған қалпында маңқиып тұр. Сол көк мұнардан қызарып кеткен күн тау басына жақындап қалыпты. Алыстан әлде кімдердің самбырлаған дауысы, оған ілесе арбаның салдыры да естіле қалды. Солтүстік жақтағы орманның өткелінен пар ат жеккен арбалы өтіп келеді. Солар, ол Саймарандар. Сірә, олжасы мол болу керек, Саймаранның қарқылы тым кесек. Оның қарқылдайтын жөні бар екен, арбасының қорабы қоян жонданып кетіпті. Олар қақпа алдына келіп тоқтаған кезде сарайдың ішіндегі аттар кісінеді ме қалай Саймаранның «Жануарларым-ай» деп мекіренген дауысы Мәдиге де келіп жетті. Топырлап түсіп жатыр. Қаблан мен Қаратай Саймаранды қаумалап арбадан түсірді де Сәлім аттарды доғара бастады. Ана екеуі жайнаңдап барып сарайға кірді де екеуі екі арғымақты алып шықты. Шынырауда қалған адам барын есіне алған біреуі жоқ. Екі арғымақты айналып-толғанып бірі жалынан, енді бірі жаясынан сипап, тіпті Саймаранның өзі екеуін кезек құшақтап әлде нені айтып жүр. Оның не дегенін Мәди естіген жоқ. Саймаранның әмірі солай болу керек, Қаблан мен Қаратай арғымақтарды өзектегі бұлаққа қарай ала жөнелді. Сәлім арбаның үстінде жатқан көрпені көлеңкеге жайып мырзасына қошемет көрсеткеніне мәз секілді. Мәдиді өздеріне өшіктіре түскісі келгендей ешқайсысы шыңырауды есіне алар емес. Тек мырзасын шешіндіріп жайлы орынға жайғастырғаннан кейін Сәлім беттеді. Ол талтаңдай басып барып шыңыраудың ішіне үңіле тұрып айғай салды:

— Ей, қарақшы, тірімісің, ей?

Насыбай толы аузынан сөзі жөнді ұғылмаса да дауысы Мәдиге айқын жетті. Мәди оның ауызындағы насыбайды екі саусағымен іліп алып қалай лақтырғанын, ерніне жабысып қалған насыбайды тілімен айдап қалай түкіргеніне дейін көріп жатыр. Ауызы насыбайдан тазарған соң Сәлімнің сөзі де айқын естілді.

— Ей, тілің бар ма, ей?.. Ей, енді үндемесең төбеңнен тас жаудырамын.

Мәди мұның бәрін естіп жатыр. Ауық-ауық Саймаранға көз тастайды. Ол көрпенің үстінде дөңбекшіп екі жағына кезек төңкеріледі. Әлде нені айтып міңгірлейді, не дегенін естіген жоқ. Сәлім жан-жағынан ұсақ тастарды теріп әкеліп бірінен соң бірін шыңырауға тастай бастады. Әр тасты тастаған сайын құлағын тігіп тың тыңдайды. Бір кезде ол бақырып қоя берді:

— Ойбай, мырза, масқара, анау қарақшыңыз өліп қалыпты.

Саймаран қалбақтап түре келді де кебісін жүре киіп шыңырау басына жетіп барды. Ол шынырау түбіне құлағын тігіп аз тұрды да кейін шегіне бере қолын сермеді. Сірә, әмір еткен болар, Сәлім өзек жаққа қарай оқшау шығып айғай салды:

— Ей, мырзалар, келіңдер, ойбай. Аттарыңды тезірек әкеліңдер, ойбай.

Оның осы айғайынан бұлардың тез кететінін сезді де Мәди де жөнелді. Көлеңкесі қоюлана бастаған қарағайлардың арасымен келіп үйдің далдасына түсті. Онан әр бұтағын бір сағалай отырып сарайдың іргесіне де жетті. Саймарандардың өздері көрінбейді, әлде не дескен дауыстары еміс-еміс естіледі. Бір кезде араларынан керкіл шыға бастады.

Мәди ертеңгі күні пәленің айғағы болып жазықсыз жандарға кесірім тимесін деген оймен пішенші келіншектің айбалтасын да, орманшы орыстың киімін де олардың көзіне түсіргісі келмей сарайдың іргесіне тастап бұрыштан бас бағып еді, Қаблан мен Қаратай Сәлімге жабылып оның беліне арқан байлағалы алысуда екен.

— Түспеймін ойбай, түспеймін. Өлсем де біріңді ала жер бетінде өлемін, өлтіріңдер, — деп Сәлім де көнер емес, Қаратайдың жағасынан алып жұдырығын екеуіне кезек сілтеп тұр.

Саймаран жүгіріп келіп арбадан қосауызын алды да жүре оқтап қайта жетіп барды. Оны көріп Мәдидің жүрегі мұздап сала берді. Енді не істеу керек? Оқтаулы мылтық — аранын ашқан ажалмен тең. Көре тұра ажалға қалай бармақ? Сонда қалай, жан сауғалап қашу керек пе? Жоқ, ондай қор тірлікке көнгеннен өлген артық болар.

Оның бұл ойын Саймаранның дауысы бөліп жіберді.

— Немене, сен өлтірген біреудің жаласына біз күймекпіз бе? Таспен ұрып өлтірген өзің, оны алып шығатын да, орманның ішіне апарып көметін де өзің, түс жаның барында. Қане, айтқанға көніп шыңырауға түсемісің, жоқ әлде сол қарақшымен бірге өлемісің, қалағаныңды ал, — деді ол мылтығын Сәлімнің кеудесіне тіреп.

Мәди мұнан әрі күткен жоқ, бұлардың қазір өзді-өзінен басқаны көрмейтін ызалы шаққа жеткенін сезді де тұра ұмтылды. Бірақ Қаблан оны анадайдан көріп қалды:

— Ойбай, мырза, ар жағыңда келіп қалды, ойбай ат, жылдам ат, — деді ол бақырып.

Оны ести сала Мәди де айласын асырды.

— Араша, мырзалар, араша!

Ол соны айта сылти басып жақындай түсіп еді:

— Жақындама, атамын, атамын, — деді Саймаран өзі қалтырап тұрса да айбат шегіп.

Ол соны айтып мылтығын көтергенше Мәдидің қолындағы сабау оның қолындағы мылтықты жерге сылқ еткізді. Ол сойыл соғысынын қандай түрі болса да (мейлі атты, мейлі жаяу бәрібір) өзінің қарсыласын екі ұрғаннан қалдырмайтын. Қолдың қарынан ұрып қаруын түсіретін де, қызыл асығынан, не тізесінен ұрып өзін сұлататын. Сол әдетімен:

— Жазығымды айтыңыз, мырза, — деп қызыл асығынан бір қағып еді, Саймаранның бақыруға да шамасы келген жоқ, қиралаңдап барып құлап түсті. Мұндайда өлермендік те өрге баспайды екен. Қаблан мен Қаратай Сәлімді тастай сала тап беріп еді, Мәди екеуін бір-ақ тапады.

Оның мұндай кездегі соққысы найзағайдай тиетін-ді, бірінен соң бірін топырлатып үшеуін осылай жамсатып тастап, жерде жатқан мылтықты алғалы еңкейе беріп еді, ту сыртынан келіп Сәлім қапсыра құшақтай алды. Мәди онан мұны күткен жоқ еді, қатты тіксініп қалды. Ол көтеріп алып жерге ұрғалы тұр. Оны көре сала: ата-бабасының әруағын шақыра Саймаран да басын көтерді, оған ілесе қасындағылар да қозғала бастады. Мәди ә дегенде қатты шошынса да күшін тез жинады. Ширығып алып бүгіле бере сол жақ иығынан ұстай алып басынан асыра лақтырып жіберіп еді, Сәлімнің «алла» деуге ғана шамасы келді, аяғы аспаннан келе шалқасынан барып күрс етті.

— Досы мен қасын айыра білмейтін нақұрыс, — деп Мәди жағынан екі тартып еді, оның көзінен жас бұрқ етті, — Осы иттігің үшін мен сені ит-құстың жемі етемін. Ол үшін орманның қалың ішіне апарып кеудеңнен бір оқты өткіземін де өлексеңді ағаштың басына ілемін, соған дейін иманыңды айта бер.

Ол мылтықты апарып арбаға сүйеді де:

— Ана үшеуіне сенің бір оғыңды ғана жұмсаймын, әзірше осылай тұра тұр. Ал, сен бері кел, — деді арбаның үстінде жатқан бұзау тіс бишікті қолына алып. — Сен болмасаң мына екеуі айызымды қандыратын емес: бірі мертіктіреді, бірі өлтіреді, тістің қышуын қандыруға сен жақсысың.

Ол соны айта тұрып қамшының өрімін жанығысы келгендей алақанымен ыспалап алды да мырзаларға беттеді. Сәлімнің жаңағы құласы олардың үмітін де құлатқан секілді, үшеуі де безгек болғандай қалш-қалш етіп, Мәди жақындаған сайын тістері сақылдай түсті. Бұрын Саймаран ғана кекештеу еді, енді үшеуі бірдей кекештеніп кетіпті. Ал Сәлім болса, ол бұлардан аулақтау жерде, етпетінен түсіп еңіреп әлде нені айтып жерді түйгіштеп жатыр. Бетін жерге басып алыпты, сөзін өзінен басқа жан ұғар емес.

— Ал мырзалар, сендермен тәжікелесіп тұруға зауқым жоқ, күн болса кешкіріп барады, көз барында мынау молаға кіріңдер де имандарыңды айтыңдар. Алдымен сырт киімдеріңді түгел шешіңдер.

— Ей бауырым-ау, бәріміз де мұсылманның баласымыз ғой, — деп Саймаран зарлай бастады, — мынау арбада жүз жылқының дүниесі бар, жүз жылқыдан асқан ердің құны болған емес еді ғой. Ағат еткен айыбым үшін соның бәрін ал да бір шыбындай жанымды қисаңшы. Оны азсынсаң мына бес жүз сомды тағы да ал, — деп ішкі төс қалтасынан күмәжнегін алып Мәдидің алдына тастай салды.

— Сол жүз жылқыда неше жүз момынның көз жасы, өзіңмен бақ таласына түскен жігіттердің нешеуінің қаны бар? Оны айта алмайсың, ә? Ендеше сол үшін елу қамшы, мені жүз жылқымен сатып алмақ, болғаның үшін жүз қамшы — барлығы жүз елу қамшы дүре соғамын. Сонан қалған жаның — жан, малың — мал.

Ол соны айтып қамшының ұшын шерттіре сілтеп шықпырта жөнеліп еді, Саймаранның шыбындай жаны шырқырап кетті. Қамшы батса қазандай қарны да жел қуықтай желпілдейді екен, май басқан семіз денесі желпең қағып көкке де ұшты, жерге де түсті. Мәди оның бақырып жалынғанын тыңдайтын емес. Саймаранға тиген соққы өздеріне тиетінін сезгендей, Қаблан мен Қаратай қамшы тиместен ыршып жатыр. Арқасы қышып жатқан болар дегендей Мәди анда-санда оларға да қамшының ұшын садақша атып тұр. Атқан сайын азуын бір басып қалады. Айқасқан азуларының арасынан айдынды сөздер шығады:

— Мынау сендер зарлатқан елдің көз жасы үшін, мынау сендер тонаған елдің бақ-дәулеті үшін, мынау сендер қорлаған ерлердің намысы үшін, мынау сендер лайлаған қыздардың мөлдір махаббаты үшін.

Өмірдің күнәсі мұндай көп болар ма. Мәди соның бірінен соң бірін шұбырта тұрып шықпырта берді, шықпырта берді. Саймаранның жалынуға да шамасы жоқ, тек ауызы ырсиып ырс-ырс етеді.

— Осындай кеңшілік шақта ертеңгі тартар жазаңды да біліп ал. Мен сені өзіңді-өзің өзенге ағызатын халге жеткіземін. Ол үшін мынау мал-мүлкіңді сатамын да ақшасын түгелдей патша ағзамның өзіне жіберемін. Оған қоса сенің қандай жендет екеніңді, кімді қайда, қашан, қалай өлтіргеніңді, жеті жыл бойы бүркеп келген сол қанды ізіңді менің қаныммен қалай жумақ болғаныңды, ауыз бастырық үшін маған бес жүз сом ақша мен бір арба толы қымбат дүниеңді тегін бергеніңді жазамын. Сөз жоқ, патша ағзам сені ит жеккенге айдатуды губернаторға тапсырады да менің хатымды газетке бастырып Саймаран деген атыңды шар тарапқа таратады. Сен жер басып жүре алмай, кіретін тесік таба алмай жынданасың да суға батып өлесің. Осыны есіне мықтап сақта.

Ауызы айыптаудан, қолы азаптаудан бір босаған жоқ. Күш жұмсамай қолын жай сермегендіктен шаршайтын емес. Оның қолы жай сермелсе де Саймаранға жай оғынан кем тиіп тұрған жоқ, ол қамшының өтіне шыдай алмай біресе белі үзілген жыланша қиралаңдайды, біресе кірпіше жиырылып домалайды. Сөйлеуге тіл жоқ, тек ырсылдайды. Майлы денесінен шып-шып шыққан қанды тер ақ көйлегінің әр жерін қара майға малғандай қара қошқылдандырып жіберіпті, оны сезетін түрі жоқ, лажы және жоқ.

Не сор айдағанын кім білсін, сірә Саймаранның тартып жатқан азабын бөліскісі келген болар, Қаблан мен Қаратай сүйретіле түрекелді.

— Мен сендерге сарайға кіріңдер дегенім қайда?

Мәдидің бұл сөзі зілсіз шықса да ана екеуін селк еткізді.

— А-ра-ша, — деді Қаратай кекештеніп.

Бұл Мәдидің мана бұларды алдаусыратып айтқан өз сөзі. Өз сөзін өзгеден ести қалса күлкісі келуші еді, бұл сапар ызасы келді. Әсіресе олардың әлін білмей әлектеніп алдаусыратып тұрғанына ызаланып кетті:

— Мә, сендерге араша.

Ол қамшысын әуелетіп кеп шартылдата жөнеліп еді, екеуінің арқасына найзағай ойнағандай болып кетті де, екеуі жалғыз аяқтарымен жарыса барып сарайға бір-ақ сүңгіді.

Үшеуін сарайға осылай қуып тығып, есігін бекітті де манағы құлаған жерінде әлі жатқан Сәлімге жақындады.

— Мырза, иманыңызды айтып болсаңыз тұрыңыз да жүруге әзірленіңіз. Мына киімдердің жақсысын арбаға салыңыз да, жаманын құдыққа апарып тастаңыз. Бұл жерде ешқандай зат қалмасын. Сонан кейін аттарды жегіңіз де қалаған орманыңызға қарай бастаңыз. Қаша қалсаңыз мынамен мүрдем жіберемін, — деді мылтықты қолына алып. — Шабан қимылдар болсаңыз қамшының астына аламын.

Сәлімде үн жоқ, айтқанды орындай беруден басқа білері де жоқ секілді. Қимылына көзі ілесер емес. Мәди сарай іргесінде қалдырған заттарын әкеп арбаға салғанша ол қос күреңді жегіп, арғымақтарды жетекке байлап та үлгірді.

— Өлексеңе үймелеген күшігендер сені қайыршы екен деп қарғамасын, мына бір костюмды, мына бір етікті, мына бір тақияны киіп ал.

Сәлім оның айтқанын екі еткен жоқ, сабаудың ұшымен іліп алдына тасталған Қабланның қара бешпенті мен шалбарын, Қаратайдың қисық табан етігі мен қара тақиясын киіп еді, «адам көркі шүберек» деген рас екен, сұлуланып шыға келді.

— Бұл жалғанда бір құша алмаған сұлу қыздарды ол дүниеде мың құшатын болдың-ау. Өзің неткен сымбатты едің. Шалбардың балағын етіктің сыртынан салшы. Мына түріңе хордың қыздары да қызығар, тезірек жете гөр.

Сарайдың ішіндегілер бақырып жалынып жатыр. Мәди оны тыңдаған жоқ, Сәлімге иек қағып аттарды жүргізіп жіберді.

Бұл кезде тау ішінің кеші басталып жасыл орман мен қоңыр көлеңке тайталасқа түскен шағы еді, Мәдидің көзі бірден алысқа, алтынмен көмкерілгендей көрінетін көкжиекке, сол көкжиектің күмбезіндей көрінетін шың құздарды сары алтынға ұқсатып тұрған күн шұғыласына түсті. Сол шұғыладан өзгеше бір нәр алғандай сұлулықты сүйетін жаны тез жадырап сала берді. Ол жадыраған сайын Сәлімнің жаны қысылып, бар үміті сонау қарағайлы қырқадан асып кеткен күнмен бірге батып бара жатқандай түнере түсті. Алда қалың орман бар. Сол орманға жақындаған сайын жаутаңдап ауық-ауық Мәдиге көз қиығын тастайды. Сол орманға жетісімен қашқысы келеді, қашқанымен құтылмасын және біледі. Өйткені Мәди қосауызды қос қолдай ұстап алдына өңгеріп алыпты, қылп етсе басып салуға әзір. Оның қимылы қандай шапшаң екенін мана өз көзімен көрген-ді.

Бір кезде Мәди үн қатты.

— Ал бауырым, екеуіміз енді жақсылап танысайықшы. Өзіңнің өлекседей сүйретілген ит тіршілігіңді көрдім, енемнің жайын айтшы, дені сау ма байғұстың?

Өлімді ғана күтіп келе жатқан Сәлімнің есі шығып кетті. Ол өз құлағына өзі сене алмай аңырып қалды. Жаңағы сөзді ғайыптан әлде не бір құдірет айтып тұрғандай шошынып Мәдиге тығыла түсті де ішінен өзі білетін дұғасын оқи бастады.

— Ау, неге үндемейсің? — деп Мәди шынтағымен нұқып қалып еді, ол селк етті де:

— Сіз, жаңа маған бірдеңе дедіңіз бе осы? — деді сыбырлай сөйлеп.

— Енемнің амандығын сұрадым.

— Енеңіз кім еді?

— Сенің шешең кім болса менің енем сол.

Белгісіз бір шаттық Сәлімді билеп алды, бірақ ол өзіне-өзі әлі сене алмай Мәдидің бетіне қарай қалды:

— Шешемнің менен басқа ұлы да, қызы да болған емес, сонда сіз...

— Дүлей деген жалған атың, шын атың Сәлім емес пе? Өзің бір кезде өжет секілді едің, немене езіліп кеткенсің.

— Иә. Оны сіз қайдан білесіз?

— Білемін, шешеңнің аты Бикен екенін де білемін. Сол шешеңнің тумаса да туғандай көріп емізген қызы бар емес пе еді?

— Ғажап-ау, сіз кімді айтып отырсыз? Лағылды ма?

— Ол қарындасыңның аты сол елсіз таудың ішінде, иесіз қораның іргесінде сендермен бірге қалған-ды. Қазіргі аты Самал. Сен алдымен соны біліп ал да жадыңда сақта.

— Құдайым-ау... құдайым-ау... құдайым-ау...

Сәлім қуанғаннан осыдан басқа сөз таба алмай құшағын жая ұмтылып етпетінен түсті. Бетін Мәдидің тізесіне басып алып еңкілдеп жатыр. Әлде нені айтқысы келеді, жасқа булығып айта алмай былдыр-былдыр етеді. Оның бар сөзінен Мәдидің ұққаны «Лағылым, бауырым» деген екі сөз ғана.

— Жә, жетер, — деді Мәди оның басынан сипап. — Мен Самалдың өткен түн түсімде берген әмірі бойынша мынау байлықтың барлығын саған сыйлағалы келемін, соған қалайда ие болуды ойла. Ойлағанда қазір ойла, ертеңге қалсаң кешігесің.

Сәлім бұрынғыдан да бетер таңдана түсіп басын көтерді де көзінің жасын сүртпестен Мәдиге қарай қалды:

— Маған?.. Не үшін?

— Анаңның Самалым емген ақ сүті үшін.

Сәлімнің мұнан әрі күдігі болған жоқ, өзіне Мәдидің мейірімін мұнша түсірген Самалдың шарапаты екенін де сезді. Бірақ, әдеттенген сөзін тастай алмай:

— Құдайым-ау, сенейін бе, сенбейін бе? — деп Мәдиге жабыса түсті.

— Өтірікті не жүрегі жоқ қорқақ, не ұяты жоқ арсыздар ғана айтады. Менде оның екеуі де бар. Соны ойла да айтқаныма сене бер, — деді Мәди оны бір қолымен құшақтап, — тек қалтадағы ақшадан дәметпе. Семейге барғаннан кейін бір азын киімге жұмсаймын да қалғанын жолшыбай кәріп-кәсірлерге шашамын. Оған да иманың кәміл болсын.

— Менің өз жаным өзіме олжа.

— Немене, кедейлікке әлі тойған жоқсың ба?

— Тоймасқа амалым не?

— Амалыңды мен айттым емес пе? Әлде байығың келмей ме?

— Қолынан келмейді ғой, қолынан келсе кімнің бай болғысы келмейді дейсіз.

— Бай болу сенің қолыңнан енді келеді, мен келтіремін.

— Қалай?

— Бар байлық өзіңнің астыңда жатқан жоқ па?

— Астымызда төрт әбдіре қытай жібегі, жеті буда әмірқан былғарысы жатыр. Былғары болғанда қандай, бәрі де атаң өгіздің терісінен жасалған, қалыңдығы жуан елі. Соншама байлық мендей бейбақтың маңдайына қалай сыймақ?

— Мен сыйғызамын.

— Қайтіп?

Мәди оның бұл сұрауына жауап берген жоқ, қиял кезіп қайдағы бір жанжалға кіріп кетті.

«Байғұс қазақтар-ай, көрінгенге жем болып тоналудан қашан құтылар екенсің? Қашан?.. Ең ақыры соғымға сойған малыңның да игілігін түгел көре алмайсың. Соғымға сойған егізіңнің терісін үш сомға сатасың да, сол өз өгізіңнің терісінен жасалған былғарының жүзден бірін үш сомға өзің қайта сатып аласың. Бұл да жем болудың бір түрі ғой? Әй, халықтың қасіреті байлар-ай, малға қанша бай болсаңдар да ақылға тым кедейсіңдер-ау. Егерде сендер өз құлқындарыңды даланың қасқырларынша ойламай қаланың екі аяқты қасқырларынша ойлап тері илейтін, былғары жасайтын завод салдырсаңдар ғой, халыққа да пайдалы, өздеріңнің де қағанақтарың қарық, сағанақтарың сарық. Соған жетпеген миларыңа қорғасыннан у құяр ма еді».

Ол ішінен соны айтты да, мең-зең күйде келе жатқан Сәлімнің арқасынан қағып қалды:

— Солай, бауырым, өмір бейне теңіз. Талпынбасаң батасың да кетесің, талпынар болсаң түбіндегі меруертіне де жетесің. Біз осыдан Семейдің іргесіндегі Затонға барамыз. Онда менің жұмысшы достарым, тамыр орыстарым бар. Солармен кеңесе отырып мынау бір арба ақшаны қалтаңа сықап беремін, байыды деген сол. Онан әрі талпынбасаң өз обалың өзіне.

Сәлім Мәдидің бұл сөзіне қуанарын да, қуанбасын да білген жоқ, сондықтан үн қатқан жоқ, тек байлықтың жақсы екенін үстіндегі киімінен ғана сезгендей етегін бір серпіп тастап:

— Шу, жануарым, — деді қамшысын үйіріп.

Оның «жануар» деген сөзге «ым»ды жалғауы бағының алғаш жануы еді, өйткені өзінің он екі мүшесі мен жалғыз шешесінен басқа оның жақын тартып айтар жан сөзі өмірде болған емес. Мәди оны сезсе де үндеген жоқ, тек «мынау мал-мүлікті ақшалай бере алсам басына қонған бақыт құсы мен болар едім-ау» деді ішінен. Өзінің сол ойына тез жеткісі келгендей сабырсызданып:

— Айда, бауырым... өзің Семейге баратын жолдарды жақсы білуші ме едің? — деді.

Қызығы жоқ, қырсығы мол өмір Сәлімді қиялдандырып жіберген-ді, сондықтан ол қиястанып жөнді сөйлемейтін, көңілденіп сөйлей қалса бөгелуді білмейтін. Қырсығының құрысы жазылып жаны жадырай бастаған ба қалай, сол әдетіне тез басты.

— Білгенде қандай, — деді шалқая түсіп. — Осы таудан құлайтын төрт жолды өзімнің бес саусағымдай білемін. Егер із тастайтын болсақ қазір бұл жолды тастап оңға бұрыламыз да Семейге шөп тасығандардың сүрлеу жолымен барып ертең түс әлетінде сонау Қарақожадан келетін керуен жолына түсеміз. Не осы жолмен жүре беріп таң ата солға бұрыламыз да Ертіске таудан ағаш тасығандардың сүрлеуімен барып, Өскеменнің жолын кесіп аламыз. Қайсысын қаласаңыз да қазір айтыңыз, бұрылар жерге жақын қалдық.

— Азар болса екі күн ашығармыз, қай елсізімен тарт.

— Семей әрі көшіп кетпесе оған дейін жететін азық бар.

— Солай ма? Онда жолымыз болады екен. Көз барында өндіріп алайық, айдай түс.

Сәлім бишігін үйіріп бір ысқырып еді, көк арбаның жүгі қанша ауыр болса да қос күрең ұршықтай үйіріп ала жөнелді. Төрт аттың жарысқа түсіп желдей ескен желісі жер танабын қуыра, шыр айналдырып әкеліп арбаның астына үйіріп жатыр. Ол да көңілді құйындай үйіріп көкке көтеретін шақ екен. Мәди үшін мұндайда таудың самалы да Самалдың деміндей сезілетін. Сондай сезімде келе жатқан ол көкті де, жерді де, шығыстан көтеріліп келе жатқан түнді де, батыстың көкжиегіне шапағын ғана қалдырған күнді де, артта қалып бара жатқан қарағайлы тауларды да, таудан алыстаған сайын сирей бастаған орманды да Самалды сүйгендей жанымен сүйіп, шалқып келе жатыр еді, арбаның алдыңғы бір дөңгелегі лық етті де оның жүрегін зырқ еткізді. Аттар жолдан шығып солға қарай бура тартып барады. Бұл қалай? Онға бұрылудың орнына солға бұрылғаны несі? Ол көңіліне келген мұндай күдікті сұрауды алдымен өзіне беретін. Сол әдетімен ақырын күтіп үндеген жоқ. Тек көзін Сәлімнің желкесінен алмастан мылтықты қолына алды. Сәлім аттарды жолсызбен айдап барып сол жақта қалып бара жатқан орманға қарай тереңдей түсті де алыстан орағытып келіп жолдың оң жағына шықты. Онан қиғаштап барып сүрлеуге түсті. Мәди оның мұндай түлкі бұлаң із тастасынан жорыққа талай аттанған жырынды екенін сезді де тіксініп қалды. «Сақтанбаса болмас» деді ішінен. Түнгі жол серігін іздеп аспанға қарап еді, батыстың көкжиегі әлі жарқырап тұрса да төбедегі жұлдыздар жымыңдай бастаған екен, бірақ Темірқазық әлі тумапты.

Алыстан иттің үргені естіледі. Ол кешегі пішеншілердің иті екенін сезіп Мәди айбалтаны Сәлімге сездірмей ыңғайлай бастады. Жол жиегіне көз тігіп іздегені үйілген шөп. Алда мая екені, шошақ екені белгісіз әлде нелер қараңдайды.

— Жолға ең жақын шошақтың біріне тоқтағайсың.

— Сәлім оның айтқанын екі етпеуге дағдылана бастапты, не үшін екенін де сұраған жоқ, бір шошақтың жанына келіп тоқтағаннан кейін Мәди:

— Қамытыңның тамақ бауы босап кеткен секілді, осындайда мықтап ал, — деді де мылтығын ала жерге секіріп түсті. Мұның бәрі ненің сылтауы екенін Сәлім сезген жоқ. Ол арбадан түсіп қамыттың тамақ бауын тексеріп шыққанша Мәди айбалтаны шошақтың астына сүңгітіп те үлгірді. Сәлім тамақ бау мен құла бауды тексеріп шықты да:

— Бәсе, менің байлағаным балталамаса шешілмейтін еді.

Мәди мылтығымен түртіп шошақтың төбесінен бір құшақтай шөпті құлатып жіберді де Сәлімге сөз тастады:

— Сен түнгі жолға қандай едің? Жүре берсек адасып кетпейміз бе?

Сәлімнің тұмсығы көтеріліп кетті.

— Өзім адассам да қос күреңім адаспайды, бұл жануарлар түн қандай қараңғы болса да сүрінуді білмейді.

— Онда бұлар үшін шөп артудың керегі жоқ екен ғой.

— Әрине.

— Кеттік, ендеше.

Мұның бәрі ненің сылтауы, кімге берілген белгі екенін Сәлім сезген жоқ, арбаға отыра бере божыны қағып қалды:

— Шу, жануарым...

Әңгіме осымен тәмәмдалды, таң да жақындады. Енді қайтатындарыңыз қайтыңыздар да, жататындарыңыз жатыңыздар, — деп Мәди аяқ жағында жатқан шәйі көрпені кеудесіне қарай көтере бастап еді, манадан мүлгіп отырған Тәкіш қарт еңсесін кенет көтеріп алды. Ауық-ауық жұмылып кетіп отырған қызыл жиек көзі де жарқ етті:

— Тәмәмдалғаны қалай?

— Мұнан арғысын естімесеңіз де өкінбейсіз.

— Ең керектісін естімей кетсем қалай өкінбеймін? Өкінемін. Таң атса ата берсін, жататындар жата берсін, қайтатындар қайта берсін. Мен анау Сәлім дейтін сорлының қалай байығанын естімей кетпеймін.

Тәкіш қарт осы сөзін өзінің қимылымен де нығыздай түскісі келгендей кесек бір ырғалып алып жантая кетіп еді. Мәдидің:

— Мен оның бұл дүниеде бар-жоғын білмесем, байығанын-байымағанын сіз қалай білесіз? — деген сөзі оны қайта көтерді. Бірақ өзі тез көтерілсе де:

— Бұл дүниеде бар-жоғын білмегені қалай? — деген сөзі ышқынып шықты.

Сол сұрау оның баласының да, Иманның да көзінде тұр. Тіпті осы үйге келгелі тіс жарып, жақ жазбаған келіншектің де ерініне сол сұрау үйіріле қалған секілді. Күйеуінің далдасында, алакөлеңкелеу жерде отырған оның да көзі Мәдиде. Мәдиді бұлардың анталаған көздерінен құтқарғысы келгендей оң жақтағы шымылдықтың ішінен:

— Сіз есіней бастадыңыз, ұйықтаңыз. Әнгімеңіздің қалғанын бұл кісілерге мен-ақ айтып берейін, — деген Самалдың сүйкімді дауысы шықты.

Ол шымылдығының ішіне мана кірген еді, әлі ұйықтамапты.

— Ау, осы әңгімеден сенің құлағыңның құрышы қанғандай болып еді ғой, есіл ұйқыны енді не үшін қинап жатырсың.

— Мен ұйқыны сіздің ұйқыңыздан алатын едім ғой.

— Ғайни, ана заржақ сөз сайысына бір түссе өзінен басқаны ұмытып кетеді, төрелігін сен айтшы, — деді Мәди өзінің кеудесіне сүйене жантайып жатқан Ғайнизаның арқасынан қағып.

«Ғайни» әні Мәдидің сүйіп салатын әні. Оның Ғайнизаны Ғайниза, тіпті шадыман шағында Ғайни деуі де сондықтан-ды. Ал Ғайниза Мәдидің жаңағы жан желпіген сөзіне іштей разы болса да үндеген жоқ. Өйткені ол Мәдиден гөрі Самалды көбірек еркелететін. Оның терістеу сөзін де оңға бұра сөйлейтін. Самалдың жаңағы кимелеуін ұнатпаса да сол әдетіне басты.

— Самалжан, алыста жатса да жайыңды жақсы таныпты, сен шынында шаршаған секілдісің, — деп оны бір ақтап алды да, енді Мәдидің өзіне жөн сілтеді. Дегенмен, мына кісілерге Сәлімнің ерлігін өзіңнің айтып бергенің жөн болар.

— Ой, көп жасаңыз, жеңешетай, — деп Иман шалқасынан түсіп бір керілді де қайта жантайды.

— Тілегің қабыл болсын, — деді Мәди сүйірлеу келген сұйық сақалын бір сипап, — бірақ, өзіңді-өзің бекер кергілеп жатырсың.

— Қалайша? — деп Иман басын көтеріп алды.

— Ол келесі күні мені жапан түзге жалғыз тастап, қашып кеткен-ді. Сонан кейін не болғанын білмеймін.

— Тастап кетті?

— Ой, опасыз ит-ай.

— Жақсылықтың жазасы дегеніңіз осы екен ғой.

— Жоқ, өзіме ондай ауыр үкімді айтқан өзім. Ол тек сол үкімді орындаушы ғана. Бірақ сол үкімнің қаншалықты әділ екенін өзім осы күнге дейін білмеймін.

— Бекер, — деді шымылдықтың ішінен Самал.

— Немене бекер?

— Өзіңіздің әділ екеніңізді білмеймін деуіңіз бекер.

Мәди Ғайнизаға көз қиығын тастап еді, ол Самалға сөз тастады:

— Самалжан-ау, ертең тезекке барасың ғой, ұйықтасаңшы.

— Айтпақшы, солай екен-ау, бәріңіз де сау болыңыздар. Ал жездеке, әңгімеңізді алаңсыз соға беріңіз, мен ұйқыға шын кеттім, — деп Самал ірге жаққа аунап түсті де жым болды.

Оның көзі ілінуін күтті ме, жоқ әлде басқа бір ойға түсті ме, әйтеуір Мәди домбырасын ұзақ дыңғылдатып барып үн қатты:

— Сол күні түні бойы жүріп отырып таңға жақын «Қайық қалған» дейтін өзеннен өте бере тоқтадық. Бұл жағасында ойдым-ойдым қалың қамысы бар, суы жайқын өзен екен. «Қайық қалған» деген атына қызықтым да өзін көре кеткім келді. Жолдан шыға бере тоқтап жерге түстік. Арбаны доғарып, аттарды мықтап байладық. Сәлімнің «жеткілікті» деген азығы, екі тауық пен бір үйректің піскен еті, он шақты жұмыртқа, орта дорба тоқаш екен. Қарынның ашқандығы сондай, қойдың құйрығына тұмсығы тиген қасқыр секілді, түннің қараңғысына қарамастан екеуіміз екі тауықтың етін тоқашпен араластыра соғып алдық. Аттардың төртеуіне де кісенді өзім салдым. Бірін төсеніш, бірін жамылу үшін Саймаранның көрпесін, кішкене жол жастығын, су жана шапанын Сәлімге бердім де, өзім екі мырзаның шапандарын астыма төсеп, орманшы досымның кеудешесін басыма жастанып, өз шекпенімді жамылып арбаның үстіне құлай кеттім. Кісендердің кілті қалтамда, арба толы қазына астымда, қосауыз мылтық қолтығымда — қауіпсізбін. Сондай алаңсыз күйде жатып ұйқыға тез кеткен едім, бір кезде әлде кімнің жасқа булығып «апатайым-ай» деп өксіген жуан даусынан шошып ояндым. Жастайымнан құлақты алысқа тігіп дағдыланған секемшіл басым тың тыңдап тына қалдым. Еш дыбыс білінбейді, тек жаңағы сөз құлағымнан кетер емес, сол сөзді тағы бір естуге ынтыққандай үнсіз, қимылсыз жатырмын. Айнала жым-жырт, ең ақыры аттардың аяғындағы кісендер де сылдырламайды. Таң қулан иектеніп атып келеді, бірақ даланың әнші құстары әлі ұйқыда. Мен әлі үнсіз, қимылсыз, құлағымды алысқа тігіп жатырмын. Бір кезде арбаның астында жатқан Сәлім аунап түсті, соны ғана сезіп жатырмын. Оның да үні шығар,емес. Бұл не? Әлде түсім бе? Жоқ, өңім. Сонда бұл не? Әлде Сәлім ұйқысырап жатыр ма? Солай болар, басқаның қисыны жоқ.

Сол оймен ақырын еңкейіп Сәлімге қарап едім, ол етпетінен түсіп булыға солқылдап жылап жатыр екен, мен секіріп жерге түстім.

— Ей, бауырым-ау, саған не болды? — деп бір қолыммен құшақтай қасына жантая кетіп едім, ол басын көтерместен бетін жерге жапсырып алған қалпын бұзбастан өкіріп қоя берді.

— Мен ақымақ болдым, ойбай, ақымақ... ақымақ, — деді ол екі қолымен жерді кезек түйгіштеп.

Оның жаны күйінген шақта жерді түйгіштейтін мұндай әдетін мұнан жеті жыл бұрын бір көрсем, кешеден бері екі көрдім. Сол әдетіне ызам келді ме, жоқ әлде қайрағым келді ме білмеймін, әйтеуір есіркеудің орнына:

— Әрине ақымақсың, — дедім, дауысым да зілдірек шықты, — ақылды болсаң осындай жігерлі бола тұра өзіңді-өзің осынша қорлар ма едің, қорламасаң Саймаран сияқты малдың малайы болар ма едің?

— Ол емес, ойбай, ол емес менің ақымақтығым, — деді ол жерді онан сайын түйгіштеп, — мен кеше шешемді өлтіріппін, шешемді, ойбай.

Мен жылан шаққандай ыршып оның арқасында жатқан қолымды тез жұлып алдым:

— Не дейсің? — деген дауысым да қаттырақ шықты. Ол бетін жерден көтерместен әлі еңкілдеп жатыр. Әлде нені айтып былдырлайды, мен түсіне алмай құлағымды оның аузына жақындата түсемін. Көп былдырдың ішінен шала-пұла ұққаным: оның шешесі жүрек ауруы бар адам екен. Баласының «менің қолымнан» қаза болған хабарын естігенде ауру жүрегі шыдамай өліп кетуі мүмкін екен, ол соны айтып еңіреуде. Мен оның былдыр сөзінен осыны ұқсам да өзімнің не дерімді білмей.

— Ей, жаман қатындарша бақыра бермей басыңды көтер де жөндеп айтшы, — деп едім, ол басын көтерместен:

— Мен жөн айтуды білмеймін, — деді де, есіне әлде не кенет түскендей атып тұрып шөкесінен отыра қалды. — Жалынамын, ағатай, менің шешемді өзіңіздің енеңіз көретініңіз рас болса сол сорлы шешемнің көз жасы үшін, Самалыңыз емген ақ сүті үшін мені осы жерден қайтарыңыз, ағатай. Мен жаяу болсам да құстай ұшып Саймарандардан бұрын жетіп шешемді тірі алып қалайын, жалынамын, ағатай, босатыңыз...

Оның бұл сөзі, сөзі емес-ау шешесі үшін шеккен зары мені ойландырып тастады. Жөппелдемде не дерімді білмей шалқамнан түстім. Көзім таң шапағынан сирей бастаған төбедегі жұлдыздарда, ойым астан-кестен. Кейде жер-көкті бірдей кезген қиялым сол жұлдыздардан да әрі асып кетеді. «Дүлей» аталып, мылқау керінген Сәлімім басқа адам болып шықты. Әсіресе оның анасы үшін бүкіл дүниенің малын да, барлық патшалардың тәжі мен тағын да талақ ететіндей көрінген мынау адамшылығы мені билеп алды. Бірақ, оның өз тілегіне жіберетін емеспін. Сол оймен оған «өтірік айта білесің бе?» деп едім, ол «жоқ» деп басын шайқады.

— Онда мен сені жібере алмаймын.

Менің мұны не оймен айтқанымды сезген жоқ.

— Ағатай-ай, — деп аяғымды құшақтай алды, — мүмкін айта білермін, нендей өтірік екенін айтыңызшы, ағатай. Үйреніп алайын.

Оның бұл сөзіне күлкім келді, бірақ қайдағы бір күдікті ойлар қиқулап келіп килікті де күле алмадым. Егер Саймарандар еліне мұнан бұрын жетіп, бұл жеткенше шешесі ол дүниеге кетіп қалса бәрінін де зая кеткені емес пе?

Осы күдігімді оның өзіне айтып едім, ол басын шайқады:

— Жоқ, олар менен бұрын жете алмайды. Себебі олар қамалған сарайдың қабырғасы қалың, есігі берік, оны олар бұза алмайды. Саймаранның жаулығынан жасқанып оның қыстауына жан баласы бармайды. Енді екі күннен кейін пішеншілер келеді, солар келіп құтқарғанша ол мырзалар қамалып жатады. Жалынамын, ағатай, әлгі өтірігіңізді үйретіңізші.

Бұл екі арада мен өзімнің ойыма бекініп, оған айтар сөзімді сайлап та үлгірген едім, оның «өтірігіңізді үйретіңізші» деген сөзіне күле, басымды көтердім.

— Менің кешегі айтқаным бүгін де айтқан, кешегі сыйлағаным бүгін де сыйлаған, қайтар болсаң осы сыйлығымды түгел алып қайтасың. Сонда сен Саймаранға осының бәрін қалай алып кеттім дейсің?

Ол менің бұл сөзіме сенер-сенбесін білмей тесіле қарап аз отырды да:

— Жер жаһандағы сыйлықтың барлығын сіздің Самалыңыз, өзімнің Лағылыма сыйладым, аман-есен апарып қолына тапсыру сізге аманат. Маған тек мына екі арғымақтың бірін қисаңыз болды.

Мен ойда отырмын. Байлардың жаны да, ары да малы. Малынан айрылса ғана олардың жаны қиналады. Олардың жаны қиналса ғана менің жаным рахаттанады. Оны мына байғұс сезер емес, бар көксегені шешесіне тез жету. Мен оның мынау тамұқ отын кешкен қайыршы тіршілігіне қарлығаштың қанатынан себілген тамшы судай болса да, бір септігімді қалай тигізуді ойлаудамын. Бір жағынан бұл барған кезде Саймаранның өлгені тірілгендей қуанған түрін елестетіп ішім өртенеді. Саймаран сияқты байлардан дүниеде бардың бәрін, өлімнен басқаның бәрін қызғанатын әдетім. Сол әдетім жібермей қиналудамын. Қиналғанмен амал жоқ, ана үшін өзімді-өзім қинауға бекіндім де:

— Аттарды жекші, — дедім. Күшімнің бар жеткені соны айту ғана. Менің нендей ойға бекінгенімді ол сезген жоқ, ауық-ауық маған жаутаңдап қарай жүріп аттардың кісенің ашты. Үн қатпастан жүріп қос күреңді арбаға жеге бастады. Мен орманшы досымның киімдерін қоржыныма салып, өзімнің көнетоз болса да көз тартатын тігісі сұлу киімдерімді киіп алдым. Мұның бәрі — қара лақтың жылбысқа елтірісінен істелген бөркімнен басқасы — қисық табан етігім де, қисық жаралы көйлегім де, ши барқыт бешпент-шалбарым да, түйе жүні шекпенім де — бәрі-бәрі өзім тіккен киімдер. Олардан алғаным мылтық қана. Оның патрон толы оқшантайын беліме іштен байладым да мылтықты иығыма салдым. Ол екі арада Сәлім аттардың арбаға жегілетіндерін жегіп, жетекке байланатындарын байлап та үлгірді. Мен оған аттарды жолға салып арқан бойы жүргеннен кейін кері бұруды бұйырдым. Ол айтқандарымды бұлжытқан жоқ, бірақ неге екенін әлі түсінген жоқ, жолға түскеннен кейін арқан бойы жүріп барды да аттардың басын кері бұрды. Мен оның қасына келдім де иығынан ұстай алып бетіне қарадым. Көрмесем де шешеңнің нағыз адам екенін білемін. Егер сол шешеден туғаның рас болса менің қазіргі айтқандарымды түгел жаттап ал да бір сөзін бұзбастан айтатын бол. Екіншіден, қандай қысым көрсең де менің кім екенімді айтушы болма. Осыған ант ет, — деп едім ол ширығып алды.

— Алланың атымен, анамның ақ сүтімен ант етемін.

Бұл оның шын сөзі екенін сездім де сендім.

— Сен барып қақпаны ашқан шақта олардың көзіне құдайдан соңғы зор болып көрінесің. Үшеуі бірдей иесіне еркелеген иттей болып арсалаңдайды, малайың болып маймаң қағады. Осындай есеңгіреген кездерінде бар өтірікті соғып қал, не айтсаң да сене береді. Сондағы айтатынын мынау: «Ол қарақшы бұл маңайдың жолын білмейді екен. Былай шыға бере: мен сені ит, құстың емес, балықтардың жемі етемін. Елсізді кезіп сүрлеу жолмен тарт та Қарақожадан келетін жолды кесіп ал. Қылп етсең басып саламын деді де, мылтығын желкеме тіреп ту сыртымда отырып алды. Мен аттарды Семейге шөп тасығандардың сүрлеу жолымен, ағаш-ағаштың арасымен айдай бердім. Түнімен жүріп отырып таң ата «Қайық қалғанға» жеттік. Сол жерде аялдап өзіміз тамақтанып алдық. Қайта жолға түсіп жүре беріп едік, қақ қасымыздағы суға бір топ үйректің келіп қонғаны. Соны көре сала ол тұра жүгірді. Өзі ғажап мерген екен, бір атқанда үш үйректі қабат түсірді, бірақ үшеуі де судың қақ ортасында қалды. Соны алғалы ол өзенге қойып кетті. Өзеннің жағасы саяз болғанымен орта тұсы терең екен, бір кезде ол: «ей, аяғымның сіңірі құрысып қалды, құтқар, құтқар» деп айғай салды. Ол бірте-бірте суға батып бара жатты. Мен: «сенің тұтылғаның менің құтылғаным» дедім де қаша жөнелдім. Қалай, осыны бұлжытпай айта аласың ба? — деп едім, ол «айта аламын, бірақ сізді айдалаға тастап кете алмаймын. Тым болмаса алдағы бекетке жеткізіп кетейін», деп, мөлтеңдей бастады. Оның айтып тұрған бекеті маған таныс. Ол бекеттің бер жағында бес-алты шақырымдай жерде Аққайың дейтін поселке бар. Онда өзіммен Семей түрмесінің дәмін екі ай бойы бірге татысқан Василий дейтін досым бар. Соған жетсем Семейге де жеткенім. Өйткені оның дәу кер аты Ертістің осы тұстағы пристанына екі сағатта талай жеткізген-ді. Сол жерден пароходқа бір іліксем, ылдида жатқан Семейге лезде жетіп барамын. Сәлімге мұның бірде-бірін айтқаным жоқ. «Бос сөзді қой да, жаңағы айтқанымды қайтала» дедім. Ол бір емес, екі қайталады, бірақ сөзімді қанша қайталаса да өзіме сене алмай көзі жаутаң-жаутаң етеді. Ол жаутаңдаған сайын менің Саймаранға деген қызғанышымның оты қыза түседі. Кенет өз ойымнан өзім шошынғандай селк еттім. Осы менің есім сау ма? Не істеп тұрмын? Кімге нені қиғалы тұрмын. Саймаран сияқты қан сорғыштарды шаттандыру менің шариғатымда жоқ еді ғой. Бұл шүлендігім мына мүсәпірді мүсіркеу болса, оған мына байлықтан жарты тиін де тимейді. Онан да мен неге мұны өзі сұраған арғымақтардың бірімен жібермеймін? Неге мен мұнша байлықты ен далаға сыйғыза алмайтын болсам Затонның жұмысшыларына апарып шашпаймын?

Ақыры осы ойға бекіндім. Бекіндім де соны айтқалы Сәлімге бұрылдым. Дәл осы кезде бір топ үйрек зуыл қағып төбемнен өте шықты да, анадай жердегі жалпақ судың бетіне барып қонды. Анды көрсем өзімді-өзім ұмытып кететін әдетім еді, сол әдетім жеңді де, иығымдағы қоржынды тастай салып, өзенге жеттім. Өзен беті үйректен көрінбейді, солардың қалың тұсын нысанаға енді ала бергенімде арт жағымнан арбаның салдыры, аттардың тұяқ дүрсілі естілді. Жалт қарасам Сәлім төрт атты кезек сабалап шығысқа қарай құйындатып барады екен. Мен не істерімді білмей аз тұрдым да:

— Ей, шешеңе сәлем айт, — деп айғай салдым. Ол да бірдеңе деп айғайлады, не дегенін ұққаным жоқ, сірә Самалға сәлем айтқан болар.

Сол кеткеннен мол кетіп, зым-зия жоғалды. Қайда, нендей күйде, өлі ме, тірі ме, Саймаран не істеді? Оның бірде-бірін білмеймін. Бар білерім сол: қасқырға істеген жақсылығың қайтса қайтар, байларға істеген жақсылығың қайтпайды. Сол бәріңіздің де естеріңізде болсын. Бірақ олардың біздейлерге салған жарасы жазылмай қалмайды. Оған да имандарыңыз кәміл болсын.

— Әмин... әмин.

— Таң атты, менің сырқатымның жыры осымен бітті. Бұл өмірдің ең шаттандырар шағы да жетті.

Мәди соны айтты да жастығына сылқ етті.

* * *

Арада үш күн өтті. Қуғын-сүргінсіз өткен бұл үш күннен Мәдидің күткені көп еді, бар үміті зая кетті. Сайдалы бастаған топтың әрекеті жақсы басталып, халықтың көзін болыстардың зымияндығына жеткізгенімен, өздерінің біріне-бірінің сенімі жетпеді. Соның салдарынан қайсыбіреулер жан сауғаның қулығына басса, енді біреулер ерлікке апаратын бірліктен қашты. «Алаңсыз аттану үшін мекенімізге ертерек жақындап, артымызда қалатын бала-шағамызға қыс қамын жасап берейік» десті де, бірінен соң бірі шұбап көше бастады.

Бұл хабарды естігенде Мәди қолын бір-ақ сілтеді. Өңі де сермелген семсерге ұқсап сұстанып кетті.

— Аһ! — деді саңқ етіп, басқа сөз айтқан жоқ.

Жаралы сұңқар қанаты қаусап кеудесімен жер соғып жатса да, самғауды аңсап аспаннан көз алмайтын, Мәди де сол жаралы сұңқардың күйіне тез түсті. Оның сол кеудеден жалын атып «аһ» ұрғаны: еліне — өкпе-назы, өзіне айнымас анты екен. Сол күннен бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ол ешқандай шайқасқа шыққан жоқ.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз