Өлең, жыр, ақындар

Күншілдік

Төрт перделі пьеса

ҚАТЫНАСУШЫЛАР:

Мерей Дәуленов — «Көсеге» колхозының агрономы.
Бурабай Балтабаев — аудандық партия комитетінің бірінші секретары
Назгүл — аудандық газеттің қызметкері.
Дәулен — Мерейдің әкесі, қойшы.
Айжан — оның әйелі.
Келиман Келдекбаев — бастапқы кезде ауданның бас агрономы, кейін ауатком председателінің бірінші орынбасары.
Салқия — оның әйелі.
Қалипа — «Көсеге» колхозының колхозшысы - Назгүл, Салқия, Дәмештердің шешесі.
Дәмеш — оның кенже қызы.
Жалау — Дәмештің күйеуі. «Оян» колхозының қойшысы.

Уақиға 1953 жылы август айында болады.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Бірінші сурет

Жемістері мәуелеп тұрған кең аула. Ауланың сол жақ шеті Келиманның жаңа салынған үйіне тіреледі де, екінші жағы қою ағашқа айналып алыстап кетеді.

Перде ақырын жылжып көтеріле бастайды, соған ілесе ән естіледі. Ұзыннан ұзақ қойылған стол басы толы халық. Солардың ортасында екі кемпір - Қалипа мен Айжан Ән салып отыр. Бұл екеуінің дирижері Дәулен қарт. Ол аздап қызыңқырап алған.

Қайғысыз ғазиз жүрек зарламайды,

Адал дос бірін бірі алдамайды,

Қара тас ұйқың келсе мамық болар

Шын ғашық сұлулықты талғамайды.

Ән аяқталады. Жұрт қол соғып, қошемет көрсетеді.

Дәулен. Рақмет, бойжеткендер, рақмет! Өздеріңнің бойжеткен, менің бозбала кезімді еске жақсы түсірдіңдер. Сол үшін! (Екеуінің беттерінен сүйеді.)

Айжан. Е, сен басқаны таппасаң да, ішу мен сүюге сылтау табасың ғой!

Дәулен. Сылтау емес, шын сырым! Естеріңде ме! Сендер осы Келиманның нағашысы Жатығайдың қойының шетінде ұзақ түнді осы әнмен өткізіп, осы әнмен таң атырушы едіңдер ғой...

Қалипа. Талай жылдар солай өткен еді-ау.

Бурабай (әзілмен). Дәуке, ол кезде сіз қайтушы едіңіз? Әндеріне қосыла алушы ма едіңіз?

Дәулен. Мен ел ұйықтағанша бұлардың әніне алыстан қосылып жүретінмін де, түн ортасы ауа бере ұрланып келіп бас қосатынмын.

Мерей. Көке! (Ол ауық-ауық әкесін ыммен тежейді.)

Айжан. Бас қосамын деп келіп, сол үмітін құшақтаған күйі жылқысына қайтатын.

Дәулен. Кемпірім - ау, құшқаным үміт емес, өзің екенін осы жұрт көріп отырған жоқ па?

Айжан (күбірлеп). Назгүлден ұялсайшы.

Дәулен (сасқалақтап). А, айтпақшы, айтпақшы, Келиман қарағым! Біздің райкомға екінші секретарь келген бе, осы?

Қалипа. Сасқан үйрекше қайда сүңгіп кеттіңіз, Дәуке?

Келиман. Иә, Әділбаев дейтін бір қонақ келген көрінеді.

Дәулен. Қонағың не?

Мерей. Талай секретарь келіп, Бурекеңнің тегеурініне шыдай алмай кеткен жоқ па? Келекеңнің «қонағы» солар ғой.

Келиман. Жолдастар, ондай әзілді қояйық. Ендігі бір ескертетінім: менің үйіме жас пен дәреженің үлкендігі болмайды. Мысалы, Бурекең аудандық партия комитетінің секретары, мен ауданның бас агрономы емес, өздерінен колхозшы. Сол сияқты осы отырған қарттар тегісінен өзіміздей жастар. Қысқасы бәріміз құрбы-құрдастардай кең отырып, еркін әзілдесе береміз.

Дәулен. Қабақтарына қарап қақылдап отырушы едік, жақсы айттың - ау, Келиман қарағым.

Келиман. Ендігі сөз менің ең жақын достарымның бірі Мерейге беріледі.

Дауыстар. Сұраймыз, сұраймыз!

Мерей (бокалын көтере түрегеліп, мысқылмен сөйлейді). Құрметті достар манадан бергі айтылған сөздерге қарағанда бүгінгі күн, яғни 53 жылдың отыз бірінші шөлі бұл үй үшін алтынмен жазылатын тарихи күн екен. Сол айтылған жақсы тілектердің бәрі де, әсіресе, Бурекеңнің «Келиман Келдекбаевты ғаламат ғалым етеміз» деген уәдесі орындалатын болсын.

Келиман. Рақмет, достым!

Мерей (салмақпен). Енді өзімнің сізден інілік, жолдастық, достық тілегім, Келеке! Үміттің сайқалы да болады, сіз оған алданбай болашақта жердің өзінен-өзі өсіп тұрған шөбіне емес, тереңіне үңіліңіз, тереңіне. Сонда ғана сіз құрметті Бурекең айтқандай ғаламат ғалым боласыз.

Келиман. Қане. Біздер, енді осыны еліміздің болашақ мақтаны Мерейдің денсаулығы үшін қағып жіберейік!

Мерей. Мерейдің денсаулығы оны әзір тілемейді, сондықтан мұны Тағылы даласы сіз ойлағандай малдың емес, мен ойлағандай егіннің де даласы болуы үшін көтеріңіздер!

Назгүл (Мерейге). Ал, мен! Біздің жерімізге жүгері шықпайды деген теріс ұғымды әйгілегенің үшін.

Бурабай. Назгүл, сен шынымен-ақ солай дейсің бе, ә?

Назгүл. Мен ғана емес, оны ертең бар халық айтады. Қане, Мерейдің сол тәжірибесі бүкіл қазақ даласына өзгеріс кіргізу үшін! (Бәрі де көтереді. Ән.)

Келиман (Салқияны оңашалап). Сен неге мені шымши бересің осы?

Салқия. Менің айтқаным сен үшін заң дегенім қайда? Ал сен оны ашық айтпай міңгірлей салдың.

Келиман. Бурекешің істеген жақсылығынан түк қалдырғаным жоқ, айтылмаған енді не қалды?

Салқия. Өзіңді мақтай қалса аузынан сүй де, тезірек Назгүлге үйленіп жұбайлы болуын тіле дегенім қайда? Ал сен оны ашық айтпай міңгірлей салдың.

Келиман. Үндеме! Менің ол жөнінде өз саясатым бар. (Қонақтарына.) Қане, достар! Қаласаңыздар, енді біраз демалуға болады.

Салқия. Һ - а... Бурекеңнің қалауынша болсын.

Бурабай. Мен қарсы емеспін.

Келиман (Бурабайға). Бізге лайығы сонау бір гүлдердің арасы болар. Көрдіңіз бе, сайтанның көзді алыстан тартуын.

Бурабай. Көзді алыстан тартатын гүлдер аз емес, жақыннан да тартатыны болса ғой. (Екеуі ағаш арасына қарай кетеді.)

Дәулен. Кемпірім, біз осы үйдің дәмін көрдік те, өзін жөнді көрген жоқпыз ғой, жүр көрейік! (Тұра бастайды.)

Айжан. Көр, көр! Мүмкін, мұндай үйді сен де салып аларсың?

Дәулен. Салсақ салармыз, несі бар?

Қалипа (әзілдеп). Е, түйелерің көтеретін болса, төрт бөлмелі ағаш үйді сатын алу сендерге қиын емес қой.

Айжан. Сен - ақ бізді бүгін сықақтай бердің - ау осы.

Қалипа. Әзілге де шамданасың ғой жаямын деп шая боп кеткенсің бе өзің.

Айжан. Маған сенің бүгінгі әзілің ауыр тиіп отыр.

Қалипа. Қойдық онда.

Салқия. Ескі подругтер - ау, бұларың қалай? Жүріңдер, мен сен екеуіңе өз бөлмемнің өрнегін көрсетейін.

Екі кемпірді қолтықтап әкетеді, олардың соңынан Дәмеш, Дәулендер кете береді. Назгүлді Мерей бөгеп қалады.

Мерей. Назкен! Сенің қабағыңда бүгін бір кірбең бар, бұрынғыдай емес, маған бір жұмбақ сұраулармен қарайсың, ол не?

Назгүл (күлімсіреп). Сен - ақ менің қас-қабағымды қарайсың да жүресің - ау.

Мерей. Күннен гөрі сенің қабағың емес пе менің көбірек қарайтыным? Ол әдетімді сезбеуші ме едің?

Назгүл. Сезбесем бұлай қиналмас едім ғой.

Мерей. Кім сені қинайтын?

Назгүл (жалтарғысы келіп). Мен өзіне жай еркелей салып едім, соның несіне қызына қалдың?

Мерей. Мен сенің қалай еркелейтініңді де жақсы білемін. Алдағаннан гөрі аямағанын жақсы, жалтарма да жасырма. Айт, кім болса да!

Назгүл. Иә, мен сенің алдыңда өте тайыз екенмін.

Мерей. Тайыз емес, мөлдірсің. Мөлдір судың түбіндегі меруерт қанша тереңде жатса да көрінеді. Мен үшін сен дүниедегі ең қымбат меруертсің. Мен мұндай меруертім үшін бүкіл теңіздерді сүзуге де, бүкіл әлемді кезуге де әзірмін. Маған мұны айтқызып тұрған әмірші - сені сүйген жүрегім. Ондай жүректі алдауға сен бара алмайсың. Айт, онан да не екенін айтшы!

Назгүл (аз үнсіз). Не ғажап екенін білмеймін, мен соңғы кезде өз шешемді өзім тани алмай жүрмін.

Мерей. Ол саған не жазды?

Назгүл. Жазығы сол екеумізді қосатын түрі жоқ.

Мерей. Себеп?

Назгүл. Қанша жалынып сұрасам да, себебін айтпайды.

Терезеден Салқия көрінеді. Ол бұларды көре сала от басып алғандай ыршып түседі.

Салқия. Масқара! Мына қыздың намысымызды таптауын қара! Апа! Қайдасың, апатай! (Көрінбей кетеді.)

Меpeй (Назгүлге ұзақ қадалып). Гүлім, сен мені алдап тұрған жоқсың ба? (Назгүл үнсіз қарайды. Мерей сол ойлы көз қарастан бәрін ұққандай.) Иә, алдау да, еркелеу де емес бұл. Мен мұны өз шешемнен күтсем де, сенің шешеңнен күткен емес ем. Бұл қалай? Бұрын үндемей келіп, енді неге айни қалды?

Үйден Қалипа келеді.

Қалипа. Мерей қарағым, сен бізді оңаша қалдыршы. (Мерей кетеді. Қалипа Назгүлге жақындап.) Мен саған мана не айттым? Егер мені шешем, дейтін болсаң, бүгіннен бастап Мерейден аулақ жүр дегенім қайда?

Салқия келіп стол үстін реттеген болып жүріп, Қалипаға ауық-ауық ыммен қарайды.

Назгүл (шешесіне алдаурата күлімсіреп). Себебін айтпаған соң жай әзіл шығар деп едім, апа!

Қалипа. Немене, әзілдесетін сен менің құрдасым ба едің? Ұғып ал! Әзіл емес, шыным! Сен бұл қылығыңды енді маған көрсетпе.

Назгүл. Себебін айтсаңшы.

Қалипа. Оны кезінде естірсің.

Назгүл. Сал тәте! Сен білесің бе, бұл не?

Салқия. Мен керістеріңнің темасына да түсініп тұрғаным жоқ, нені білмекпін. Менің бар білетінім: қыз деген шешесін тергемес болар.

Қалипа. Қыз деген шешесінің сырын сұраудан да ұялушы еді, көп оқытқаннан тапқан пайдамыз.

Назгүл. Шеше деген қызын қинамас болар деп басқаларға енеге айтатыныңыз қайда?

Қалипа (құшағына алады). Түсін, Гүлтайым! Қазақша айтқанда қара, шаңырағымның иесі енді сенсің.

Салқия. Е, мен енді-енді түсіне бастадым, сізге керегі күшік күйеу екен ғой. Оныңыз жөн, апатай, ойдағы адамыңыз табылса, мұрагерлікке Дәмеш екеуміз таласа қоймаспыз.

Назгүл. Дәмештің таласпауы мүмкін, ал саған шәгім бар.

Салқия. Маған ауданның ең үлкен басшысы Бурекеңнен бастап бәрі түсінсе де, сен түсінбей-ақ қойдың - ау осы.

Назгүл. Мүмкін саған солардың бәрінен де мен жақсы түсінермін?

Салқия. Сен бе түсінетін? Хе-хе-хе!

Назгүл. Апа! Шешенің мұндай сөзіне бүгінгі қыздардың жауабы қандай екенін білесіз ғой. Онан да жоқтан сылтау іздемей шын ойыңызды айтсаңызшы! Не үшін Мерейден безе қалдыңыз?

Қалипа. Ашық - ақ айтайын, ендеше, қыздарымның ішіндегі ең көп оқығаны сенсің. Сенің теңің колхоздың агрономы емес.

Назгүл. Оқуы аз Салқияңыз бас агрономның теңі бола алған соң маған күйеуді онан да жоғарыдан іздейді екенсіз ғой, солай ма?

Қалипа. Нақ солай!

Салқия. Һе, мен енді-енді түсіне бастадым, мұнысы да жөн екен-ау.

Назгүл (шешесіне). Онда Дәмешіңізді жай колхозшыға қалай қидыңыз? Салқиядан ол да көп оқыған ғой?

Қалипа. Ол менің ойланбаған ағат ісім. Өмірлік өкінішім де сол болар.

Назгүл. Жоқ, апа! Шын махаббаттың дәрежені талғамайтынын ескеріңіз де, ешқайсымыз үшін енді өкінбеңіз.

Қалипа. Мен елуге келгенде сенен махаббат жайынан сабақ оқи алмаймын. Онан да ақтық жауабыңды айт.

Назгүл. Ақтық жауабым сол: менің өмірімде сүйерім бір ғана Мерей.

Қалипа (қатты күйініп). Солай ма? Онда сендей шіріген жұмыртқаны бекер-ақ өсірген екенмін.

Назгүл. Апа, мұндай сөзді маған қалай айттыңыз? Бұл сұмдық сөзді айтатын ана - сіз, еститін бала - мен бе едім, апа?

Қалипа. Айтқызған өзіңсің! Өзің. (Кете береді.)

Салқия. Апатай, ана жақта Бурекең жүр, жайырақ сөйлеші. (Назгүлге зілдене.) Әй, қыз, өкімет сені он бес жыл оқытқанда шешеңнен қарғыс естуді оқытып па еді, әй!

Назгүл. Салқия, сен екеуміз бір анадан тусақ та, екі топырақтан жаралғандаймыз. Түсінуіміз қиын болар, килікпе. (Кетеді.)

Салқия. Дәмеш - ай, ай, Дәмеш!

Үйден Дәмеш шығады.

Дәмеш. Тәте, саған не болды?

Салқия. Ештеңе де болған жоқ, ана үстел үстін ретте.

Олар кетеді.

Дәмеш (жалғыз). Үйіне келе қалсаң, бір сомның шайын береді де, он сомның жұмысын істетеді. Бұлар қалай байымасын. Соғыс кезінде колхоздың жеріне егін етіп, сонан түскен астықты сатып байыған еді, онан аман-сау құтылып, бойына сіңіріп алған соң, енді Академияны айналдыра бастапты. Ай, менің осы жездем түлкіден де қу - ау. (Көзін жұмып, екі сұқ қолын түйістірмекші болады.) Жездемнен түлкі қу болса түйіс! (Саусақтары түйіспеді.) Түлкіден жездем қу болса. (Саусақтары түйісе қалады.) Міне, айтқаным дәл келді! Ал оған қарағанда менің Жалауым көгершін секілді.

Көңілді ән сала жүріп, стол үстін реттейді. Сырттан Жалау келеді.

Жалау. Бұл ненің буы?

Дәмеш. Сенің буың, кел қосыл.

Жалау (көңілсіз). Зауқым жоқ.

Дәмеш (оған сезіктене қарап). Қабағыңнан жауып тұрған ненің қары?

Жалау. Қорқыныштың.

Дәмеш. Кімнен қорқасың?

Жалау (сәл бөгеліп). Сенен.

Дәмеш. Менен?

Жалау. Иә.

Дәмеш (күлімсіреп). Қосылғаныңа бір жеті болмастан қорықсаң, бір жылдан соң, қоян болып кетерсің.

Жалау. Қазірдің өзінде де қоян секілдімін.

Дәмеш. Жұмбақтамай ашық айтшы, не болды?

Жалау. Мен малға кететін болдым.

Дәмеш. Қалай, қалай?

Жалау. Өзіміздің «Оян» колхозының бірінші фермасына барып қой бағатын болдым, енді түсінікті ме?

Дәмеш. Қой бағатын болдым, сен бе?

Жалау. Иә, мен!

Дәмеш. Ал мен!.. Мен қайтпекпін? Мен де малшы болмақпын ба?

Жалау. Енді қалай?

Дәмеш. Ал менің: Салқияға ұқсап үйде бой түзеп, бай күзетіп отырып та қалмаймын, Назгүлге ұқсап оқу қуып та кетпеймін, сүйген Жалауымды сүйіп, биыл колхоздың жұмысын істеймін де, келесі жылы оқуға кетемін деген тәтті үмітім қайда?

Жалау. Ол үмітің әлі алдыңда.

Дәмеш. Қалай? Малдан ешкімді босатпайды, сонда біз институтты қой жайып жүріп оқымақпыз ба?

Жалау. Райкомол бізді бір жылға ғана жіберіп отыр. Келесі жылы оқуға өздері жібереді.

Дәмеш. Онда сен неден қорқасың?

Жалау. Сен малшы болуға разымысың?

Дәмеш. Оның не таңданатыны бар, не көрсек те бірге көрмейміз бе?

Жалау (қуанып). Дәметай, сен анық солай дейсің бе?

Салқия (терезеден). Дәмеш, кел мұнда.

Дәмеш. Жүр, тек мына алып келген дәрежеңді апама естірте көрме. Сол үшін.

Жалаудың бетінен сүйеді. Екеуі үйге кетеді. Бурабай мен Келиман қайта келе жатады.

Келиман. Солай, Буреке, Мерейдің «Тағылы даласы, Келиман Келдекбаевич айтқандай малдың ғана емес, Мерей Дәуленович ойлағандай егіннің де даласы болсын» деуінде осындай қалың астар жатыр.

Бурабай. Оның бұл ойы маған бұрыннан белгілі.

Келиман. Егер де колхоздар оның қиялындағы жүгерісімен әуестеніп, онан ештеңе өндіре алмаса, ауданның бар малдан, кейбір басшы жолдастардың партбилеттен айрылуы сөзсіз. Сізге бұл да белгілі болар.

Бурабай. Өлерін білмейтін ондай әулекі, ақылсыз басшыны бұл ауданнан таба алмассың, достым. Сондықтан жүгерімен басыңды қатырмай, көп жылдық шөп жөніндегі еңбегіңді тезірек бастар.

Келиман. Менің ол еңбегімді академиядағылар мақтаса да, мұндағы біреулер отқа жағу керек депті ғой.

Бурабай. Кім?

Салқия. Бұлардың сөзін тыңдап терезе алдында тұр.

Келиман. Сіз бұдан хабарсыз ба едіңіз? (Бурабай үндемейді.) Жасырмай-ақ қойыңыз, маған бәрі де белгілі.

Бурабай. Мен нені жасырмақпын?

Келиман. Мерейдің өз тәжірибесіне жол ашу үшін, менің еңбегімді жоқ ету мақсатымен, аудандық партия комитетіне жазған қорытындысы сіздің қолыңызда емес пе?

Бурабай. Сен оны қайдан білдің?

Келиман. Айтқаным бекер болмаса, қайдан білгенімді сұрап қайтесіз?

Бypабай. Иә, өзін сынау үшін ғана берілгенін байқамай, жауша өшігіп жазған бірдеңесінің бары рас. Оны масаның ызыңы құрлы көрген мен жоқ. Бастыра бер!

Келиман. Рақмет, Буреке! Мерейдің кім екенін дәл танып, жауша өшігіп деген сөзді тауып айтқаныңызға рақмет.

Салқия. Суй аузынан, суй! Ой мошқау. Аузы күйтіндей сүймегені несі?

Бурабай. Мен Мерейді дәл танысам да сені тани алмай отырмын. Оның өзіне сондай қастық еткенін біле тұра тойына қалай шақырдың?

Келиман. Ол мені аңқау көреді, ал менің өз саясатым бар.

Бурабай. Саясатың не?

Келиман. Мен қазір өзім үшін де, сіз үшін де қатты қорқып қорған жасап жүрмін.

Бурабай. Мен үшін қорықпай-ақ қой. Мен өзіме өзім қорған бола аламын.

Келиман. Сіз менің де қорғанымсыз. Сіз екеуміз қуансақ бірге қуанып, қайғырсақ бірге қайғырып, ең ақыры қателессек те бірге қателескен ескі достармыз. Қатаң сөгісті мен сіздің тапсыруыңыз бойынша бұрынғы екінші секретарьдың үстінен арыз жазамын деп алсам, сіз мен үшін алдыңыз. Сондықтан...

Бурабай. Сондықтан, сондықтан... Сен соны не үшін еске қайта-қайта сала бересің осы?

Келиман. Кешіріңіз, мен сізді бір зор қатерден сақтандырғым келеді.

Бурабай. Қатер! Ол не?

Келиман. Әділбасы жолдас бүгін менімен ұзақ сөйлескен еді...

Бурабай. Не жөнінде?

Келиман. Сонда мен оның ойы сіздің ойыңызға мүлдем қайшы екенін, ауданға өзі ғана қожа болғысы келетінін байқадым.

Бурабай. Еһе!

Келиман. Ол бір сөздің кезегінде неге біздер Дәуленов жолдастың тәжірибесін кең қолданып, Тағылыны егінжайға айналдырмаймыз, сонда біз әрі астыққа, әрі малға бай аудан болмаймыз ба?» деді.

Бурабай. Сен не дедің?

Келиман Мен «Дәуленовтың ондай қиялына жететін күш қайда?» деп едім, ол мырс етті де: «Сіздер бұрын жерімізге жүгері шықпайды деуші едіңіздер, енді күш жетпейді дейтін болғансыздар, ә! - деді.

Бурабай. Алғаш келгенде әркімдер - ақ осылай екпіндейтін де, өкпесіне сөгістің шаншуы қадалған соң ентігіп барып басылатын.

Келиман. Ай, білмеймін - ау, Буреке! Сырт естуімше, Мерейдің Тағылыдағы жүгерісі жақсы шыққан көрінеді. Соны естігендердің қайсыбірі біз бен сізді анекдоттарының басты геройы етіп алыпты ғой, соған қарағанда...

Бурабай. Мен кейбіреулер деген сөзге түсінбеймін, айтар болсаң кім екенін ашып айт, кім ол? Әділбаев па, жоқ әлде басқа ма?

Салқия. Иә, сәт!

Келиман. Айтсаң есек болады, айтпасаң, ішке сыймайды... Мені есек айтуға итеріп қайтесіз. Ойлансаңыз бақталасыңыздың кім екенін өзіңіз де табарсыз.

Бурабай. Актив сайын мені сынамаса басы ауыратын Дәуленнің Мерейі болар тағы да.

Келиман. Қателескен жоқсыз. Ол тіпті сіздің екі жылдан бері үйленбеуіңіздің өзін әлденеге жоритын көрінеді.

Салқия. Мошқауым - ау, ашып-ақ айтсаңшы.

Бурабай. Оның мені қырықтағы қырқылжың көретінін өзім де сездім. Ертең ертемен маған келші. (Кетуге ыңғайланады.)

Келиман. Сіздің кеткеніңіз бе?

Салқия. Жіберме, жіберме!

Бурабай. Мен ондай екі жүздімен бірге отыра алмаймын, есіңде болсын. (Екеуі сыбырға көшеді.)

Салқия. Ә-ә, онысы да жөн. Бірақ мына мошқаудың Назгүл жайын айтпағаны несі - ей? Абырой, атақ, әсіресе, үш жарым мың сом ақшадан айрылуымыз мүмкін-ау енді.

Келиман. Ал енді менің көптен бері ойлансам да, айта алмай жүрген бір ұсынысым бар еді, соны қазір айтсам ба екен?

Бурабай. Ол не?

Келиман. Сезіп жүрмін, жалғыздық жаныңызды қажытқан секілді.

Салқия. Ә, шақша басым жана бастады. (Кетеді.)

Бурабай (күрсіне сөйлеп). Қажығанмен амал не?

Бұл ауданда ұнаған бір ғана адам бар еді, ол басқаның қолына түскен секілді.

Келиман (күлімдеп). Егер айтып тұрғаныңыз менің балдызым Назгүл болса, һімм... қателесесіз.

Бурабай (жарқ етіп). Қалайша?

Келиман. Менің тапқан бір олжам - Назгүлдің бетін Мерейдің бетінен сізге қарай бұруға шешесін көндірдім.

Бурабай. Ол қыз шешесіне көне қояр ма екен?

Келиман. Алаң болмаңыз, ол шешесі үшін отқа түсуге де әзір.

Бурабай (бір қатал ойға бекініп). Күн тәртібіндегі бірінші мәселе Назгүл емес, Мерей. Ол жүгерісін үгіттеген болып жүріп, партияның мал шаруашылығы жөніндегі саясатына қарсы ниетін малшылар арасына ашық жүргізе бастапты. Сол жөнінде он сегіз малшының райкомға жазған хаты бар. Мен ол хатты мақала етіп газетіне бас деп Назгүлге бергенмін. Өз ықпалыңнан шықпайтын үш кісіден комиссия құрып ал да, соны тексеріп қайт. Қош! (Кетеді.)

Келиман (жалғыз). О, ғажап! Мерей осыншама неліктен бақытты осы?.. Көздерін көлеңкелеу үшін оған сөз беріп едім, «сұраймыз, сұраймыз» деп бәрі шу ете қалды. Басынан жел кетпейтін биік тау секілді бар жақсылық соған қалайша үйіріле кетеді бұл? Ең ақыры бір анадан туған қыздардың да дарақысы - маған, саналысы - оған бұйырады, бұл қалай?! (Күрсініп.) Оның бәрі де ештеңе емес-ау, өмірдің маған көп жылдық шөпті, оған жүгеріні сыйлауын қарасайшы! Сол ғой менің өзегімді өртейтін. Сол үшін ғой менің бүгін осыншама шығынға батқаным. (Ойлана жадырап.) Бірақ Бурекеңді қолыма мықтап түсірдім, соның өзі-ақ бар шығынымды өтеп жатқан жоқ па? (Қуанып.) Өтелді, сөз жоқ, өтелді. Ендеше Мерей жүгеріні еге тұрсын, мен оның егініне ақшамды орақ, айламды шалғы етіп жұмсармын. Салқия, қайдасың, жаным...

Салқия (асығып келіп, аптыға сөйлейді). Иә, не болды, не болды?

Келиман. Назгүлді бері үйіре алсаң бәрінін де сағаты соққалы тұр.

Салқия. Онда қуана бер. Мен апама Мерейдің сенің ғылыми еңбегіңе істеген предательдігің айтып едім, оған бізден де бетер өшігіп кетті.

Келиман (жан-жағына қарап). Сақ бол! Біздің малшылардың атынан жазған кешегі хатымызды Бурекең газетке бас деп Назгүлге беріпті. Ол сенің қолыңды танып қоймас па екен?

Салқия. Оған өмірімде хат жазған емеспін, қайдан таниды?

Келиман (құшақтап). Ақылдым менің.

Салқия. Мына қызықты қара! Ол хатты Назгүл газетіне басып жіберсе, Мерейдің өзі-ақ, онан безіп кетпей ме?

Келиман. Ол сөзсіз. Тек өзің берік бол! Бұл сырымызды Бурекең де сезбейтін болсын.

Салқия. Ал, Бурекеңнің өзі қалай? Назгүлді шын сүйе ме екен?

Келиман. Сүйгенде қандай, жолында қан болуға әзір.

Салқия. Сен менің арқамда енді ауданның ең дөкейімен де бажа болғалы тұрсың - ау осы.

Келиман. Бажа болу ғана емес, егер Назгүлді Бурабайға үйіріп бере алсаң мен болашағыма жабысқан Мерейдей зор кеселден де құтылғалы тұрмын.

Салқия (ынтыға). Қалай! Қалай!

Келиман. Бурабайдың отына майды мықтап құйдым. Өзін сынағандармен жауша алысатын ол, енді Мерейді құртпай қоймайды. Сол бір сағат сәтімен соғылып кетсе, «Тағылының даласында тәжірибе жасап, болашағына тұңғыш жол салушы Дәуленов емес, Келиман Келдекбаевич» деп ертең өзі-ақ шыға келеді. Сонан кейін мен оның ұйымдастырғалы жүрген тәжірибе станциясына не боламын да жүгерісі жөнінде диссертация жазамын, Бурекеңнің жақсылығын сол кезде тағы бір көреміз.

Салқия (құшырлана сүйіп). Үш жарым мың алатыным менің.

Келиман. Бірақ есіңде болсын, егер де Бурекең Академиядағы нағашысы арқылы көмектеспесе ай сайын алдыңа келіп түсетін үш жарым мың сом ақша да, ғылыми атақ та жоқ. Сондықтан да Назгүлден жаныңды аяма.

Салқия. Ол жағына енді алаң болма дедім ғой. Осындай асыл ойлардың бәрі мынау кішкене басыңа қалай сия береді осы?

Келиман. Менің басым сондайлық сорлы ма?

Назгүл келе жатады.

Салқия (оның басынан сипап). Мен жаңа ғана байқадым, шынында сенің басың ғалымдарға лайық дәу екен-ау.

Назгүл. Бұрын шақша бас деуші едің, лезде - ақ дәу болып кеткен, ә?

Келиман (өтірік күле сөйлеп). А, Назкен! Басым қандай болса да мен бақыттымын. Бақыттылығымның бір белгісі - сенсің аяулы балдызым. Ендігі бар тілегім: отыз күн ойын, қырық күн тойыңды жасап тұрып, сені құтты жеріне қондыру ғана.

Назгүл. Мүмкін, маған арнап тапқан құтты жеріңіз де бар шығар.

Салқия. Қара өзінің оспақтап тұрғанын!

Назгүл. Оспақ емес, менің сізге қояр бір сұрауым бар, жезде. (Келиманды оңашалап.) Сіз білесіз бе, апамды шошытып қойған не? Қайдағы бір жәдігөйлердің Мерейді қаралап жазған жалған хаты емес пе?

Келиман. Жәдігөйің кім? Хатың не айтып тұрған?

Назгүл. Бір топ малшылардың хаты барын Бурекең сізге неғып айтпады?

Келиман. Естісем құлағым керең болсын, ол не хат?

Назгүл. Салқия, жалынамын, сезгенің болса айтшы, апама не болды бұл?

Салқия. Немене, сен енді газетіне материалды өз шешең жайында жинайын деп пе едің?

Үйден Дәулен, Қалипа, Айжан, Жалау, Дәмештер келеді. Бәрі де Бурабайдың кетіп қалғанына таңданғандай түр көрсетеді.

Дәулен. Бурабай Балтабаевичтерің кетіп қалған ба?

Келиман. Цеканың секретарымен сөйлесуге заказ берген екен...

Салқия (қабаттасып). Соның мезгілі жақындап қалған соң амалсыз кетті.

Келиман. Сіздерден кешірім өтінуді маған тапсырып еді...

Салқия. Сол сәлемін қабыл алыңыздар!

Дәулен. Онысына да рақмет.

Жалау. Дегенмен де тым асығыстау екен.

Қалипа. Бүтіндей бір ауданды жалғыз өзі басқарып отырған адамның асықпасына бола ма?

Келиман. Ондай адамдар халқы үшін жастықтың қызығы түгіл өмірін де құрбан етеді ғой. Қане, енді отыра қалыңыздар.

Дәулен. Міне, әдемі сөз! Кемпірлермен айтысамын деп шөлдеп қалып едім, жақсы болды. (Жұрт орындарына отыра бастайды.)

Келиман. Ендігі сөз менің жан дегендегі жалғыз бажам Жалауға берілген деген ұсыныс бар.

Қалипа. Менің бұл күйеу балам сөзге қандай екен, көрейінші. Некә!

Жалау. Апа, менен сөз күтпей-ақ қойыңыз, айтарым адал тілек қана.

Қалипа. Сөз білмейтін мақау емес шығарсың, жақсылап сөйле.

Жалау. Мен бұл тосты бәріміздің сүйікті досымыз Мерей мен Келекең екеуміздің аяулы балдызымыз Назгүлдің денсаулығы үшін, сол екеуінің қосылған тойын кешікпей көруіміз үшін көтерулеріңізді сұраймын.

Айжан. Өй, айналып кетейін тіліңнен, тілегіңнен. (Қол соғады.)

Қалипа (ашулы). Сен не тантып тұрсың, ей? (Жұрт аңырып қалады..)

Айжан. Мұндай жақсы тілекті бұзуға болмас, Қалипа!

Келиман. Иә!

Қалипа. Немене, сонда мен қойшының құдағиы болмақпын ба?

Дәулен (күліп). Өй - дейт деген - ай!

Айжан (таңдана қарап). Қалипа! Сен не деп отырсың, шының ба, әзілің бе?

Қалипа. Мен бұл үшін қызымның ешқайсысын әзіл ете алмаймын.

Айжан. Есірме, Қалипа, мен малшы болсам, сен егіншісің, егінші мен малшының арасында асқақтарлықтай айырма жоқ.

Қалипа. Сеніңше, малшылар егіншілермен тең бе?

Дәулен. Ау, жолдас кемпірлер - ау! Татулықпен еткен елу жылдарың қайда?

Айжан. Сен менің Мерейімді қойшының баласы деп Назгүл екеуінің арасына тікен болмақсың, ә?

Қалипа. Тікен болатын сендердің малшылықтарың. Ал Назгүлдің дәм - тұзы жарасқан өзіне тең басқа адам бар. Сондықтан одан үміт етпеңдер! Керек болса, атын да атап бере алам, қорқады ғой дейсің бе?

Айжан (шошынғандай болып құлағын басады). Ағама, құдай үшін, атай көрме!

Назгүл (күлімсіреп). Әй, кәрілік, кәрілік...

Дәулен. Күйінбе, кемпірім! Өзгенің жайын ойлай білетін жастар өз жайын ойлай біледі. Оларға сен дәнекер болмай-ақ қой.

Келиман. Қап! Мына қымыздың қырсығын - ай, ә? ІІІешетайлар! Жалынамын...

Мерей (сөйлей кіреді). Көке! Осы үйдің сый-құрметін аз көргеніміз жоқ, енді рұқсат алып қайтқанымыз жөн болар.

Дәулен. А, ол да жөн! Келиман! Салқия! Рақмет, қарақтарым, қош болыңдар! Жүр, кемпірім!

Айжанды. Қолтықтап алып кетеді.

Мерей. Есен-сау болыңыздар! (Кетеді.)

Назгүл (Жалаумен бокал соғыстырады). Бар тілегің, әсіресе, жаңағы айтқан тілегің тез қабыл болсын! (Ол іше сала кетеді. Жалау не істерін білмей ойда тұрып қалады.)

Қалипа. Дұрыс, шырағым, қабыл болмайтын тілек үшін көтермегенің жөн.

Жалау. Ең дұрысы - өз тілегімнен қайтпау болар, сондықтан кешірерсіз, Мерей мен Назгүлдің махаббаты үшіні (Қағып салады.)

Салқия. Ей, қалқатайым - ау, сен де осындай көргенсіз бе едің? Енелігін сыйламасаң да, ағарған шашын сыйласаң еді? Неге ерегісесің, ей, ә?

Жалау. Мен енеммен емес, ескілікпен ерегісіп тұрмын.

Қалипа (бар ашумен). Жоғал! Жоғал көзіме көрінбей, тез жөнел!

Дәмеш. Себеп?

Қалипа. Себебін көрмей тұрсың ба, есуас?

Салқия. Ой есуас!

Дәмеш. Қонағыңмен жанжалдасқан өзің есуас! (Алжапқышын жұлып алып Салқияға лақтырады.) Жүр!

Жалауды алып кетеді.

Шымылдық.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Екінші сурет

Қиыр шексіз кең дала. Сонша кең даладан көз тартатын сахнаның төр жақ шетін ала жайқалып тұрған жүгері. Сахнаның он жағында Дәуленнің үлкен боз үйінін сырты, оның ар жағынан жаңа салынып жатқан кірпіш үй, екінші жағынан Жалаудың күркесі көрінеді. Екеуінің аралығында бір кішкене баған тұр. Бағанда екі стрелка бар. Оның біріне «Көсеге», екіншісіне «Оян» деп жазылыпты.

Перде ашылғанда еститініміз «Отанға махаббат» әні. Мұны айтып тұрған алыста, қой шетіндегі Жалау. Көретініміз - Дәмеш. Ол бағананың қасына бір-екі тал бұтаны орната жүріп, Жалаудың әніне қосылады. Ән аяқталады.

Дәмеш. Тағы да! Тағы да шырқай түсші, Жалауым!.. (Құлағын алысқа тігіп.) Ән бітіп еді, жүрегінің соғуы тоқтағаннан бүкіл дала тына қалды. Неткен меңіреу, неткен көңілсіз еді бұл дала? (Күркеге кіреді.)

Аздан соң Келиман мен Қалипа келе жатады.

Келиман. Әне! (Күркені нұсқайды.) Бишара болған Дәмешіңіздің «сарайы». Көзіңіз енді жетті ме?

Қалипа (ызалы). Кім? Кім деймін мені мұнша басынып отырған?

Келиман. Апыр-ау, мені өсек айтуға итеріп қайтесіз? Райкомолдың секретары мен «Оянның» бастығы Мерейдің досы болса, кім екені өзіңізге де белгілі емес пе?

Қалипа. Мерей! Тағы да Мерей!

Келиман. Назгүлді бермегеніңіз үшін сізді ол осылай масқаралағысы келеді. Оның Жалауды өз колхозының шебіне алуында да үлкен саясат бар.

Қалипа. Нендей саясат?

Келиман. Не болса айтайын, ол жалған достықты бетке ұстап Жалаудың көзіне шөп салғалы жүр. Көрдіңіз бе, жас басынан залымын... Ол Дәмешті Жалаудан осылай айырып, сізден кегін осылай алмақ... Сірә, мұны Жалауға да сездіргеніңіз жөн болар. (Кете бере, қайта оралады.) Тағы да өтінем, мені балам дейтін болсаңыз мұны кімнен естігеніңізді тірі жанға айта көрмеңіз.

Қалипа. Бар тірегім - Салқия екеуін, өз тірегімді өзім құлата қоймаспын.

Келиман. Берік болыңыз. (Кетеді.)

Қалипа (күркеге жақындап). Ей, мұнда кім бар, ей?

Дәмеш (шыға келіп). Апа!

Қалипа (шошынып). Астапыралла!

Дәмеш. Апатайым! (Құшақтай алады.) Мұнда мен бармын, өзіңнің Дәмешің бар, апажан!

Қалипа. Құлыным - ай, сен осындай күйге түсіп пе едің? (Сылқ етіп отыра кетеді.) Жастайымнан жесір қалсам да, сен үшеуіңді оқытамын, адам етемін деп күндіз колхоздың жұмысын істесем, түнде елдің киімін тігумен талай жылды сарғая өткізген едім, сондағы күткенім осы ма еді менің?

Дәмеш. Нені естіп кеп, түңілгендей не көре қалдың, апажан!

Қалипа (күркені нұсқап). Бұл заманда мынадан ауыр қандай күйініш бар? Сенен басқа кім мұндай күйде отырған? Өзіңмен бірге туған Салқия анау, жеті-ақ жыл оқыса да он жыл оқыған сенен бақытты. Жаз болса самалды салқын, қыс болса балбырап тұрған үйі әзір. Мінгені машина, ішкені қымыз бен шарап. Қысы-жазы жегені сүр қазы мен жал-жая. Ал, сен ше? Сен ең ақыры біздің «Көсегенің» қойшысы Дәулен ғұрлы болмадың ғой. Ол анау, алты қанат ақ үйді місе тұтпай, өзіне кірпіштен, малына қамыстан сарай салғызып жатқан.

Дәмеш. Бұл уақытша ғана, апа. Келесі жылы біздің де Салқияның үйіндей үйіміз болады, оған дейін Жалау екеумізге осы да жарайды.

Қалипа (кекете). «Аш тауықтың түсіне - тары, панасыздың түсіне - ағаш үй». Үй болғанда қандай: бақшасында бұлбұлы қысы-жазы сайрайтын үй болар, солай ма?

Дәмеш. Жалаудың өзі де мен үшін бұлбұл. Әне, тыңдашы!

Алыстан ән естіледі, өзі де қосылып кетеді.

Қалипа (ызаланып). О, есуас! Есуас болмасаң, өзіңді осындай қорлыққа салып отырған жауыңның кім екенін білер едің ғой.

Дәмеш (мырс етіп). Қайдағы жау, қайдағы қорлық, айтып отырғаның?

Қалипа. Мүмкін өзіңді Мерей шебіне алған соң күркені алтын сарайдай, жер төсекті мамықтай көрерсің, солай ма.

Дәмеш (тіксіне қалып). Апа! Мына сөзіңде бір зіл жатыр, бұл не?

Қалипа. Мерейдің қастығын сезбейсің де, менің сөзімді зіл көресің, ә?

Дәмеш. Мерейдің қастығы?

Қалипа. Ол райкомол мен «Ояндағы» достары арқылы сендерді мынандай күйге ұшыратса, қастық емей немене?

Дәмеш. Ақылды апатайым - ау, бәріміз бірдей гүл бақшада сайрандап қалада жүрсек, малды кім бағады?

Қасқырға баққызамыз ба?

Қалипа. Е, сенің ойың о бастан солай ма еді? Сен мені алдап, Жалаудың малшы боларын біле тұра тиіп пе едің?

Дәмеш. Ол кезде райкомолдың малға жіберетінін мен түгіл Жалау да білген жоқ.

Қалипа. Комсомолдар жіберсе Жалауды жіберді, сенің малда жұмысың не?

Дәмеш. Сонда мен қосыла сала айрылысып, елге мазақ болуым керек пе?

Қалипа. Мазақ болмағаның осы ма? Оқыған қыздардың сенен басқа қайсысы күндіз қойды, түйе қойшыны құшақтап жүр.

Дәмеш (атып тұрып). Апа! Мұндай сөзді айтуға аузыңыз қалай барды?

Қалипа. Алдында Назгүлдей апаң тұрғанда шыққан күйеуің қойшы болса, онан да күйеусіз өтсең еді, ақымақ.

Дәмеш. Мен өзіме ұнағанын істеймін, онда жұмысың болмасын.

Қалипа. Жоқ, жұмысым әбден бар. Мен не сені қазір әкетемін, не өзімді де, сені де жоқ етемін. Мен оған да бара аламын.

Дәмеш. Сен мені ешқайда әкетпейсің де, жоқ та етпейсің. Мұндай күркеде отырған жалғыз мен ғана емес екенімді көресің де қайтасың.

Қалипа. Кім! Кім сенен басқа мұндай күйде отырған? Қақ қасыңда отырған біздің колхоздың біреуін көрсетші.

Дәулен (сөйлей кіреді). Дәмеш, Жалау келіп кетсінші! (Дәмеш таңдана қарайды.) Бар, бар, мен шешеңді жұтып қоймаймын. (Дәмешті шығарып жібереді.) Қалипа. (Қалипа оған қарамайды Дәулен ашумен.) Ау, қарағым Қалипа!.. Мен саған үлкен өкпелі болсам да, жаңағы бір сөздеріңді естіген соң шыдай алмай келдім. Өз балапандарыңа өзің қырғидай тиіп не көрінді саған?

Қалипа. Онда жұмысыңыз болмасын.

Дәулен. Жоқ, жұмысым әбден бар. Мен бұл екеуін қанатымның астына алғанмын.

Қалипа. Әй, ақсақал! Қанатыңыз да, қамқорыңыз да өзіңізге. Тәштиіп жынымды келтірмей, аулақ жүріңізші.

Дәулен. Қалипа! Байқа! Сенін алдыңда тұрған Дәулен емес, өзіңнің Сайдалың! Есіңде ме? Сайдалы марқұмның майданға аттанарда да маған тапсырған аманаты осы балапандары еді ғой. (Жалау мен Дәмеш келе жатады.) Балалардың көзінше керіспейік. Мен қатты айтсам да, дұрысын айттым. Ойлан, Қалипа, ойлан әлі де.

Қарсы келген Жалауға әлденені күбірлейді де кетеді.

Дәмеш. Апа! Сізбен бірге Жалау баратын болды.

Қалипа. Мен оны қайтпекпін?

Дәмеш (мысқыл түрде). Бурекеңе барады да, жаңағы айтқандарыңыз рас болса, Мерейдің жазасын тартқызады.

Қалипа. Сонда мен онымен беттесіп, шашымның ағарған шағында тергеуге түсіп жүрмекпін бе?

Жалау Апа! Амансыз ба?

Қалипа. Аулақ!

Жалау. Апа, нендей үкім айтсаңыз да қабылдайын соңынан, алдымен ашусыз амандасыңызшы, апажан!

Қалипа. Мен сендей намыссыз, жігерсіз, алданғанын білмейтін ашықауызға ене емеспін. Бар да ана қойларыңды аймалай бер?

Дәмеш. Апа, тым қатты кетпесеңші!

Жалау (әзілдеп). Шешетай - ау, мен намыссыз, жігерсіз болсам Дәмешіңіздің теңі болмас едім ғой.

Қалипа. Сен енді мені қылжақ етейін дедің бе?

Дәмеш. Ол қылжақ емес, дұрысын айтып тұр.

Қалипа. Не-ме-не?

Дәмеш (әндетіп). «Қара тас ұйқың келсе мамық болар, шын ғашық сұлулықты талғамайды» деп әндететініңіз қайда?

Қалипа. Ей, мен махаббаттың әні түгілі өзің де алдақашан ұмытқанмын, аулақ, әрі.

Жалay (күліп). Апа! Ол, сізді босқа ызаландырып тұр, қазір өзіңізбен бірге кетеді.

Дәмеш (шошынғандай). Жалау, сен не деп тұрсың?

Жалау (өзінің Калипадан қорқатынын, Дәмешке өзің барып үні күннен қалмай қайтып кел дегенді ыммен баяндайды.)

Дәмеш (жақындап). Мен өмірімде мылқаумен ымдасып көрген емеспін, ашық айтшы, жаңа ғана келісіп тұрып, енді неге айни қалдың?

Жалау. Неге екенін өзің де көріп тұрсың ғой. Мына түрімізбен елге мазақ боламыз, онан да шешеңді өзің апарып сал!

Дәмеш. Онда барғаннан кейін, мүлдем күшейіп жібермей қойса қайттым?

Жалау. Күшеймейді, қайта бұл қылығы елге ұят көрінетінін сезеді де иіледі, қорықпа...

Дәулен (сырттан). Жалау! Отарың ұзап кетті.

Жалау. Ал, мен кеттім! Қош болыңыз, шеше!

Қалипа. Бар, бар!

Дәмеш. Мен келгенше малыңа сақ бол! Жалғыз өзің ие бола алмай қасқырға қырғызып алма.

Жалау. Сенсіз өткен бір минуттың жылдай екенін ұмытып кетпе!

Дәмеш. Сен де ұмытпа.

Жалау кетеді.

Қалипа. Көрерміз ұмытпағандарыңды. Бол, жүруге әзірлен.

Дәмеш. Көрсек көрерміз. (Күркеге кіріп кетеді.)

Қалипа (ойланып). Келиман айтқандайын бұлардың мұнысы не саясат?

Мерей келе жатады.

Мерей (таңдана қарап). Шеше! Ғажап - ау, сіз қайдан жүрсіз? Амансыз ба? (Қол ұсынады. Қалипа үндемейді. Мерей оған ойлана қарап.) Иә, жол болсын, бұл қай келіс?

Қалипа. Мына қызды сенен алысырақ әкеткелі келдім.

Мерей. Түсінбедім.

Қалипа. Түсінбегенсуін! Назгүлден айрылғаның үшін «Ояндағы» достарың арқылы мұны осылай қорлыққа салып жүргеніңді жасырғың келеді, ә? Жоқ, балақай, менен жасыра алмайсың. (Тепсініп жақындай береді, Мерей күлімсіреп әлдене айтқысы келеді, бірақ Қалипа оны сөйлетпейді.) Мен сенің не үшін кектеніп жүргеніңді жақсы білемін. Кектене бер, қолыңнан келгенін аяма. Бүгін Дәмешім түскен мына күйге ертең сен де түсесің, түсіртемін мен сені.

Мерей. Жоқ, шешей! Олай деушілер сізді текке алдайды. Мені Назгүлден айыру да, сізбен араздастыру да ешкімнің қолынан келмейді. Ал мынадай күйге мен түгіл менің колхозымның малы да түспейді. Егер, басқа малшылардың үйіндей үй тауып бермесе, Дәмешіңізді мұндай қорлыққа салмай алып кеткеніңіз жөн.

Дәмеш (шыға келіп). Мерей аға, не деп тұрсыз? Әзіліңіз бе, шыныңыз ба?

Қалипа. Әзілдесетін мен оның құрдасы ма едім? Ақымақтың ақылы түстен кейін келіп, бәрін де мойындап, бәрін де дұрыс айтып тұр.

Мерей. Дәмешіңізді мұндай күйге түсірген мен секілді ақылсыздар емес, аудандағы ақылдылар ғой, шеше. Соны да бір жақсылап ойласаңызшы! Дәмеш, сен шынымен-ақ кеткелі тұрмысың?

Қалипа. Онда сенің жұмысың болмасын, жоғал әрі.

Мерей. Егер өзімнің Дәмештей сүйкімді қарындасым ұятқа қалғалы тұрса жұмысым неге болмайды?

Дәмеш. Мерей аға! Қарындасыңыз ұятқа қалмайды, қорықпаңыз, қош болыңыз! (Қол алыса бере, күбірлейді.) Ерегістірмеңізші!

Мерей. Қош! (Онымен қол алысады.) Шеше, сіз де қош болыңыз!

Жүгері жаққа қарай кетеді.

Дәмеш. Апа, осы бастан ескертейін. Мен Бурекеңнің алдында райкомолдың секретары «Оянның» бастығы, Мерей төртеуіңізді беттестіремін де қайтамын.

Қалипа. Осыдан сондай бір шатақ шығарып, қайтамын деп қиқаңдап көр, шашыңды жұлып қолыңа берейін.

Дәмеш. Шашымды жұламысың, жоқ әлде: құлыным - ай мен баяғының кемпірлеріне ұқсап сені ұятқа қалдыра жаздаппын - ау деп шашымнан сипайсың ба, көреміз ғой, жүр!

Олар келеді. Аздан соң жүгерінің ар жағынан жағалап Мерей мен Келиман келе жатады.

Мерей. Міне, Келеке! Ауданымыздың болашақ мақтаны көріп жүрген тәжірибе учаскеміз, онан көрген жемісіміз мынау. Кейбір мәртебелі жолдастар өз бойынан екі есе биік осыны да көрмей келешегі жоқ деп көмгісі келеді. Агрономдық ұжданыңызбен әділін айтыңызшы, мұның келешегі жоқ деушілердің өз келешегі жоқ емес пе?

Келиман. Сенен бір тілегім - дәл осы сөзіңді Бурекеңе естірте көрме. Өзің білесің, мұның келешегі жоқ деуші сол кісі ғой. Ол мұндай сынды көтермейді, сақтан!

Мерей. Агрономиядан хабары аз Балтабаевты көлденең тарта бермей, өз ойыңызды ашық айтыңызшы, жүгерінің біздің жерге де шығатынына көзіңіз жетті ме?

Келиман. Менің көзім бұған әлдеқашан жеткен еді-ау, бірақ...

Мерей. Күдігіңіз болса әлі де анықтап қараңыз! Биіктігін өлшеңіз, (Бір собығын ұстай алып.) Бір өзі бір қойға жарты күндік азық, мына собығын салмақтаңыз. (Жүгерінің түбінен бір уыс топырақ алып.) Міне, топырағына да үңіліңіз. Қоректің күшімен десеңіз дәмін татып байқаңыз.

Келиман. Бәрін де көріп, бәрін де байқап жүрмін - ау, достым. Амал не, күш жетпейді ғой, күш. Егер күшіміз жетсе, бұл даланың берері сен ойлағандағыдан да көбірек.

Мерей. Берері көп екенін білсеңіздер, оны алудың жолын неге теріс ойлайсыздар? Біздің ауданның осы далада егіске жарайтын екі жүз мың гектар жері бар, сонша жерден татқан дәніміз мынау ғана. Ал, сіздер осының өзін бастарыңызға төнген қауіптің қара бұлты көресіздер де, «күш жетпейді ғой» деп көп жылдық шөптің көлеңкесіне тығыла бересіздер. Дұрыс ойлағандарыңыз осы ма?

Келиман. Бұдан қорқатын мен емес, Бурекең ғой. Шынында сол кісіге бұлттың көп көріне беретіні қалай осы?

Мерей. Оның себебі сіздер халықтың күшін өздеріңіздің шағын бойларыңызға өлшеп, жұмыс көбейсе сөгіс көбейеді деп қорқасыздар да, мал мен егін шаруашылығын қатар жүргізуді апат көресіздер.

Келиман. Бауырым - ау, сен неге мені Балтабаевқа қосақтай бересің бұл?

Мерей (күлімсіреп). Себебі сіз оны қалқан етіп тұрсыз.

Келиман. Қалқаның не?

Мерей. Қалқан еткіңіз келмесе, сіз оның биіктігі үш метр мынаны көрмей, көп жылдық шөпті ғана місе тұтып отырып қалуына кінәлы екеніңізді мойындаңыз.

Келиман. Сеніңше ол ештеңе түсінбейтін надан, мен қалай бұрсам солай айнала беретін бір механизм бе?

Мерей. Ай, ол надан да, маман да емес. Ал, сіз, жүгері секілді мол өнім беретін өсімдіктер егілмей мал шаруашылығы өркендемейтінін ойламай өзіңіз де адастыңыз, оны да адастырдыңыз.

Келиман. Егер жүгері егетін тәжірибе станциясын Бурекеңнің алдына бұдан бір ай бұрын қойған болсам, ол «менің алдыма мұндай фантазиямен келуші болма» деп кабинетінен айдап шықса мен пе істей аламын?

Мерей. Сонда біз көзімізбен көре тұра, «жүгерінің біздің жерге шықпайтыны рас екен» деп мынаны көміп тастауымыз керек пе?

Келиман. Бауырым - ау, менің қолымда тұрған не бар? Аудандағылардың Бурекеңнің айтқанынан шығатын біреуі жоқ. Облысқа айтсақ бірінші секретарьдың үстінен шағым еткендей боламыз. А, әлде сенің облыста сүйенер біреуің бар ма?

Мерей. Облыстағыларға сіз - ақ табына беріңіз. Маған колхозшылар мен Әділбаев жолдастың көмегі жетеді.

Келиман (шошынғандай). Әділбаев!

Мерей. Иә! Ауданымыздың мұндай болашағын көрмейтін ол соқыр емес.

Келиман. Ашына сөзіңнен жікшілдіктің, групповщинаның исі аңқып тұр, бауырым, сақ бол!

Мерей (күліп). Неменешинаның?

Келиман. Жікшілдіктің?

Мерей. Жікшілдіктің! (Күледі.)

Келиман. Екінші секретарьды бірінші секретарьға қарсы қойсан жікшілдік емей немене? Одан да Бурекеңнің өзіне жалынайық. Әй, бірақ сен соңғы активте оны мүлдем өшіктіріп жібердің, ол енді иіле қояр ма екен.

Мерей. Сізше малшылардың (күркені нұсқап) мынандай күйін көре тұра үндемеуім керек пе еді?

Келиман. Әрине, үндеу керек. Бірақ сенің ол күнгі сөзің Балтабаев жолдасты ғана емес, облыс басшыларын да айыптаған сөз болды ғой, соған қарағанда...

Мерей. Оны сол активте Балтабаев жолдастың өзі де сездірген-ді. Ол тіпті коммунист партиясы дәл бір өзіндей - ақ «даңдайсудың шегінен шыққан Дәуленовтың бүгінгі сөзі партияға жабылған жала, ол өзіне тәжірибе станциясын ұйымдастырып бермегеніміз үшін кектің оғын бәрімізге де атып тұр» деп тәуір - ақ күмпілдеген-ді.

Сіз оның жаршысы болмай-ақ қойыңыз. Ал, мен бұл мақсатыма оның көмегінсіз-ақ жетемін.

Келиман. Жет, жет! Тілектеспін.

Мерей. Тілектес болсаңыз келесі жылы яғни 54 жылдың 5 авгусы күні келіңіз. Сонда осы даланың бетінен теңіздей тербеліп жатқан жүгеріден басқаны көрмессіз. Қош болыңыз!

Келиман. Тоқта! Сеніңше, мен кіммін, не істегенім осы?

Мерей. Шынымды айтайын, сіздің көп жылдық шөп пен мал жайылымы жөніндегі бірдеңе жазудан басқа істеген ісіңіздің де, көздеген мақсатыңыздың да не екенін білген емеспін.

Келиман (өтірік күле сөйлейді). Жоқ, достым, сен бәрін де білесің, тек менің өзіңе қылдай қиянатым жоғын білмей босқа өкпелеп жүрсің.

Мерей. Мен сізге не үшін өкпелімін?

Келиман. Жасырғың келсе айтып берейін, сен Назгүлдің өзіңді сүймей кеткенін менен көресің. Мұның барып тұрған балалық. «Сенің теңің тек қана Мерей, басқаларың маған ұнамайды» деп Назгүлдің өзіне де талай қақсағанмын, оны тыңдамаса қайтейін.

Мерей. Тоқтаңыз, Келекесі! Сіз Салқия мен Назгүлді айыра алмай шатасып тұрсыз. Ол екеуі екі дәуірдің адамы.

Келиман. Оған менің таласым жоқ-ау (Сағатына қарап.) Пәлі! Мен Әділбаев жолдаспен көрші фермада кездеспекші едім, уақыт болып қалған екен. Қош бола тұр. (Тұра жөнеледі.)

Мерей . Балтабаев жоқ жерде Әділбаевтың алдында біраз бұлаңдамақсыз, ә? (Келиман қолын бір сілтейді де кетеді. Мерей жалғыз.) Е, Келеке, Келекелер? Ел қадірін білмейтін Келекелер, жер қадірін қайдан білесіңдер. Егер сендердің елге, әсіресе, мынандай күйде отырған малшыларға жандарың ашитын болса, жан жарын сағынған адал жардай адам баласының қолын ғасырлар бойы аңсап келген мына даланы ертең-ақ құлпыртар едік. Амал қанша, сендер өз мансаптарын үшін беттеріңді құбылта білесіңдер де, халықтың мүддесі үшін жерді құбылтуға жоқсыңдар. Біздегі үлкен қайғы сол: сендер де аз емессіңдер!

Назгүл келе жатады.

Назгүл. Сәл батысқа таман қара, батысқа!

Мерей (жалт қарап). Гүлім! Қарай-қарай көз тастап, амансың ба?

Назгүл. Ғажап - ау, сен мені қалай көрдің?

Мерей. Көре алмастай болып па ем?

Назгүл. Соңғы кезде көзің басқаға тұнып кеткен секілді еді.

Мерей (үздіге сөйлейді). Көздің тұнғаны ештеңе етпейді - ау! Ол қыз есіме түскенде жүрегім де тына қалып, соның үнін ғана тыңдап, соның сымбатты сұлу денесін ғана көргісі келеді.

Назгүл. Апырай, ә! Қалай, көре алып жүрмісің?

Мерей. Оның мөлдіреген қара көзі, төгілген қолаң шашы көз алдымнан кеткен де емес, кететін де емес. Тіпті ұйқы бермейді - ау, шіркін! Талай түндерді соны елестетіп-ақ өткіздім, ұйықтай қалсам түсіме кіретін де сол.

Назгүл. Ол ғашығыңның аты кім?

Мерей. Оның аты менің жүрегімде ғана гүлдейтін Назгүл!

Назгүл. Жоқ, басқа! Жасырма!

Мерей. А, мені бес күннен бері саған жібермей қойған қыздың аты ма? Ол бикештің аты аталып, суреті асылмаған бірде-бір газет, журнал енді қалмас. Сен мені бір өзінде талай сұлудың сымбаты, талай сұлудың бұрымы, талай сұлудың асыл меруерті бар сондай керемет қыздан да қызғанамысың? Оның аты мынау жайқалып тұрған жүгері. Ал, бұдан да қызғанамысың?

Назгүл. Ондай керемет қыздан, әрине, қызғанамын. Бірақ сенің бұл сұлуыңа сиырлар да үйір көрінеді, солардың бірі сені мүйізіне іліп кете ме деп те қорқамын.

Мерей. Е, мені сағынып келді екен десем, сиырлардан қорқып келіп пе едің. Онда жаңағыдай кінәны қалай тақтың?

Назгүл (әнімен).

Өзгеге ешбір дүниеден Еркімен тимес бұл жүрек. Әуелде тағдыр иеден - Қожам сенсін не керек.

Мерей (әнімен). «Сағынғаннан сені ойлап Келер көзге ыстық жас» десем қайтесің? (Кенет қызуланып). Эх, Назкен! Өзің - ақ айтшы, ойдағыны көзден де ұғатын осындай қызды құшақтап тұрып сүймеу ауыр қылмыс емес пе? (Құшақтай алады.)

Назгүл (бетін қолымен қалқалап). Тоқта! Бурекең келе жатыр.

Мерей. Бурекең! Оның, бізде жұмысы не?

Назгүл. Сен содан қаймығатын секілдісің ғой.

Мерей. Менің қаймығатыным Бурабай емес, сенін шешең болып жүр-ау. Шынымды айтайын, бастапқы кезде елемеп едім, енді шошына бастадым.

Назгүл. Шошындым да, безіп кеттім де.

Мерей. Безгенім жоқ, бір күдігімді айтқалы тұрған күні үйлеріңе барып едім. Шешең Келиманның үйіне кетіпті де, сен қатыгез, менің жүрегімнен редакцияның аманатын артық көріп хабарласпастан осында кетіпсің.

Назгүл. Ол редакцияның ғана емес, ардың да аманаты.

Мерей. Ол не сонша?

Назгүл. Кейін білерсің, онан да өз күдігіңді айт.

Мерей. Күдігім - сенің сонау Сал тәтең мен сері жезден. Шешеңді азғырып жүрген менімше солар.

Назгүл. Бар себеп олар болса, менің қорқарым жоқ.

Мерей. Неге?

Назгүл. Бізге бөгет болу олардың қолынан келмейді.

Мерей. Онда біз өз жөнімізбен неге тарта бермейміз?

Назгүл. Мен апамды қайда тастап кетпекпін? Өз өмірі теңселіп тұрған Дәмешке ме, жоқ әлде ақшасы таусылған күні үйінен айдап шығатын Салқияға ма?

Мерей. Түсінбеймін, түсінбеймін: әрі өз бетіңмен кете алмай, әрі шешенді көндіре алмасаң, сонда сенін кім болғанын?

Назгүл. Мүмкін түсінер, түсіндірерміз. Түсінбесе (әзілмен.) амал қанша, шешенің ұйғарған адамына кете беремін де.

Мерей (шошынғандай). Не-ме-не?

Назгүл (бір қолын қысып). Мерей! Мұның бәрі әзіл! Шынында, мен басқадан емес, сенің өзіңнен қатты шошынудамын.

Мерей. Менен бе?

Назгүл. Иә, сенен. Мен саған қызбалықты қой деуші едім, кешеден бері одан да сорақы қылығыңды естідім.

Мерей. Нендей?

Назгүл. Малшылардың сөзіне қарағанда... сен Балтабаевты ғапа емес, партия мен үкіметтің мал шаруашылығы жөніндегі саясатын да сынайтын көрінесің. Тіпті «алдағы уақытта колхоздарды совхозға айналдыратын жолады, өз еркіңмен еркін көшетін елім ендігі күнің не болар екен» деп малшылардың біріне күңіренсең, енді біреуіне «киімдеріңнің түрі мынау, үйлеріңнің сиқы анау, қысы-жазы малмен бірге мал болып көшесіңдер де жүресіңдер: сонда сендердің бұрынғы малайлардан айырмаларың қайсы» деп сықақтайтын көрінесің. Бұл не масқаpa?!

Мерей. Рас, бұл үлкен, өте үлкен масқара. Бірақ осыны айтуға сенің аузың қалай барды. Ең үлкен масқара осы емес пе?

Назгүл. Мен бір емес, он сегіз малшының аузынан естісем, оны айтуым қалай масқара болады?

Мерей. Малшылардың маған ондай жаланы жабуы мүмкін емес, айт кім екенін!

Назгүл. Олардың кім екені еш уақытта айтыла қоймас.

Мерей (оның екі иығынан қатты ұстай алып). Айтасың, айтқызамын.

Назгүл (күлімсіреп). Сен айтқыза алмассың, мен айта алмаспын.

Келе жатқан Айжанды көріп теріс айналады. Мерей ойда тұр.

Айжан. Гүлтайым - ау, мен ештеңені де байқаған жоқпын, тіпті әніңді де жөнді ести алмай қалдым. Сен неге ұялып тұрсың, кел! (Құшағын жаяды.) Әлде шешеңнен қорқамысың?

Назгүл. Жоқ, кешіріңіз!

Айжанның бетінен сүйеді. Дәулен келеді.

Дәулен. А, қымбаттым, қызығым менің. (Маңдайынан сүйеді.) Кемпірім, Әділбаев жолдас пен Назгүлің қабат келді, мана менің тісім текке қышымаған болды-ау, ә?

Айжан. Сенің - ақ тісің қыши береді екен осы. Түсіп қалар, тезірек бара ғой.

Дәулен (кете бере қайта оралып күбірлейді). Қайсысын әкелейін? Қайсысын?

Айжан. Өзіміздің бағландардың ең бағланын.

Дәулен. Жігітсің, кемпірім! Қонақтарыңды тани білесің ей, өзің.

Назгүл. Ата! Осы жерге қай машинаның қай кезде келгенін білесіз бе?

Дәулен. Балапаным - ау, оны қайтесің?

Назгүл. Бір керегі бар еді.

Дәулен. Е, оның бәрі менің алақанымда, қазір қайтып келген соң бәрін де айтып берейін. (Кетеді.)

Айжан. Гүлтайым, үйге жүр!

Назгүл. Келін болғаннан кейін апамнан мұндай құрмет көре алмаспын, көріп қалайыншы.

Айжан. Тек, жаным!

Назгүл екеуі үйге кетеді.

Мерей (жалғыз). Жаңағы не деді, мен не түсіндім? Әлде редакциясына түскен сондай бір материал бар ма екен? Мүмкін емес.

Үйге кетеді. Аздан соң сырттағылармен қоштаса Келиман келе жатады.

Келиман. Сау болыңыз, жолдас Әділбаев! Сау болыңыз! (Кенет суып өзіне өзі.) Ым - м! Жолдас Әділбаев, солай де. Бар білетінім бір ғана Мерей де! Сенің ойыңша: ең үлкен талантты да, эксперимент жасаушы да, болашақ үлкен ғалым да, ауданды алға бастаушы да бір ғана Мерей! Мерей! Мерей! Ал, мен кіммін? Неге менің еңбегім - еш, тұзым - сор! Неге менің күн дегенім - түн, жаз дегенім - қыс боп кете береді бұл? Не өзімді, не жазғандарымды бір Бурабайдан басқасы сүймейді. Бұл қалай? Әлде мен соншалықты дарынсызбын ба? Жоқ, ол мүмкін емес. Мен өзімді өзім жақсы білемін. Бірақ мыналардың маған жол беретін түрі жоқ, енді қайттым? Енді қайттым? Бас агроном бола тұра колхоздың агрономынан қалып қойсам кім болдым? Неге мен осы жүгері егуді ертерек ойламадым! (Жүгерінің бір собығын жұлып алып.) Өртеңгірлер! Өртенгірлер! Көзіме күйік болғанша ойыма неге ертерек түспедіңдер, неге? (Собыққа түңіле қарап.) Қайран бақытым! Даңқым! Болашағым! Шынымен-ақ айрылғаным ба сенен? Жоқ, айрылмаспын, айырармын Мерейді. Арымды да, жанымды да салдым сенің жолыңа. Ал, Келиман! Шешінген екенсің, енді түпсіз терең тұңғиықтан да тайынба! Иә, тайынба! (Тұра жөнеледі.)

Шымылдық.

ҮШІНШІ ПЕРДЕ

Үшінші сурет

Бурабайдың кабинеті. Бурабай мен Келиман.

Келиман. Басқаны білмеймін, алдыңызда өмір мен өлімнің жолы қатар жатқаны анық. Не Алматыдағы достарыңыз арқылы оны тезірек тайдырасыз, не өзіңіз таясыз, екінің бірі.

Бурабай (мырс етіп). Әділбаев па мені тайдыра алатын? Алжасқан екенсің, достым.

Келиман. Әділбаев жолдастың «басшылықты сендерше жасайтын болсақ өзіміз адасып, ауданды артқа тартамыз» деуіне қарағанда, менің айтқаным алжасу емес пе деймін.

Бурабай. Оның менен үстем болғысы келетініне өзімнің де көзім жетті. Көрерміз кімнің кімге үстем болғанын... Сен маған мынаны айтшы! Менің байқауымша Дәуленов ұйымдастырмақ болған тәжірибе станциясын өзің ұйымдастырып, өзің басқарғың келетін секілді, мұның мәнісі қалай? Ғалымдықты тастап, егінші болмақсың ба?

Келиман. Сізден несіне жасырайын, ендігі бар арманым да, сізден тілер тілегім де сол станция. Егер соны басқарып, диссертациямды жүгері жайынан жазбасам - құрыдым. Сол үшін әдейі Тағылының даласына барып Дәуленовтың тәжірибесін де көріп келдім.

Бурабай. Немене, бірдеңе шыққаны рас па екен?

Келиман. Алақандай жерге жаз бойы бір агроном мен бір тәжірибелі егіншінің бар күші салынса, оның үстіне жаңбыр көп жауса, әрине, бірдеңелер шығады.

Бурабай. Жоқ, достым. Сенің көп жылдық шөбің аузымды талай күйдірген-ді, енді жүгерің үшін тағы да сөгіс алар жайым жоқ. Екіншіден, сен Тағылының даласына емес, мұнда керексің. Қазіргі кезде маған бюроның өзіме сенімді бір мүшесі қымбат, мүшесі!

Келиман. Тамаша - ау, сіздің бұл ойыңызды Мерей қайдан білген?

Бурабай. Ол нені біліпті?

Келиман. Ол маған агрономиядан түк хабары жоқ, жұмыс көбейсе сөгіс те көбейеді деп қорқатын надан Балтабаевқа еріп адаспай, болашақты дәл көре алатын Әділбаевқа ергенің жөн деп те көкіді.

Бурабай. Сен не дедің?

Келиман. Мұның жікшілдік деп едім, «бар ендеше, Балтабаевтың тобына қосыла бер» деді. Егер өзіңіздің сол тел бажасымағыңыз жүгеріні Әділбаевтың қолдауымен Тағылының даласына жайқалтып жіберсе төбеңізге екеуінің бірдей ойнақтағаны емес пе?

Бурабай (сәл ойланып). Да, оларға тізгін беруге болмайды... Не істеу керек, ә?

Келиман. Менімше сіз жүгері егудің де, Тағылыны егіске айналдырудың да болашақ үлкен жоспарын жасап, Әділбаевтың алдын орауыңыз керек.

Бурабай. Екеуінің бір де біріне күшіміздің жетпейтінін біле тұрып па?

Келиман. Қайсы бір кезде солай күмпиген пайдалы.

Бурабай. Ол не үшін?

Келиман. Ауданымыздың күші аз болғанымен ойыңыздың үлкен екенін осы тұста бір көрсетіп қалмасаңыз ұтылғалы тұрсыз, сол үшін...

Бурабай (зілмен). Сен енді партияны да алдайық дедің бе?

Келиман. Мен достық борышымды өтедім, ендігісін өзіңіз біліңіз.

Бурабай (сәл ойланып). Саған керегі жүгері өсіретін тәжірибе станциясы, маған керегі бюро мүшесі, екеуін қабыстыруға неге болмайды?

Келиман. Қалай?

Бурабай (сәл ойланып). Мен сені бюро мүшелігіне өткізу үшін аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары етсем, әрі сол жұмысты, әрі станцияны басқаруға күшің жете ме?

Келиман. Сіз жетеді десеңіз, жетпейтін не бар.

Бурабай. Бар ендеше, аудандық партия комитетінің станция ұйымдастыру жөніндегі қаулысын әзірлеп әкел!

Келиман. Ол даяр! (Бір қағазды ұсынып.) Мінекейіңіз, мен мұны бұдан бір ай бұрын дайындағанмын.

Көмекші (кіреді). «Көсегенің» бір малшысы асығыс едім; тез қабылдаса екен дейді.

Бурабай. А, малшыларға есігіміз әрқашан да ашық, жібер, жібер.

Көмекші кетеді. Дәулен кіреді.

Дәулен. Сәлем, Буреке!

Бурабай. Сәлем, қария!

Дәулен. А - а, Келиман, сен де осында ма едің? Жақсы кездестің - ау. Әттең, өз балам емессің, егер өз балам болсаң, сені таяғым сынғанша сояр едім.

Келиман. Не үшін?

Дәулен. Сенің кесіріңнен Жалау бір күнде елу қойдан арылды, сол үшін.

Бурабай. Елу қойдан?

Дәулен. Бір отар малға жалғыз өзі күндіз-түні қайдан ие болсын, жана қырқылған қойлар кешегі қара жаңбырда ығып кетіп, елуі шығын болды. Кім бұған кінәлы? Айналдырған екі малшының бірін алып кеткен Қалипа ма, жоқ әлде ақыл айтып тоқтатудың орнына оны алып барған Келиман ба? Әрине, сенсің кінәлы.

Келиман. Қорыққан бұрын жұдырықтайтын, Дәуке. Кімнің кінәлы екенін тексеріп көреміз, борандатпай қоя тұрыңыз.

Дәулен. Сеніңше кінәлы кім?

Келиман. Оны өмірдің өзі көрсетер әлі.

Дәулен. Өмір көрсетпей-ақ өзің көріп тұрған секілдісің ғой, айт көргеніңді.

Келиман. Осының бәріне кінәлі де, елу қойды төлейтін де сіздің балаңыз - Мерей.

Дәулен. Қалайша?

Бурабай. Бізге түскен бір мәліметте Қалипа Сайдалинаны азғырып, қызын малдан қайтартқан сіздің Мерей көрінеді ғой.

Дәулен. Қатындардың ондай есегін тыңдап қайтесіз. Онан да менің тілегімді тыңдаңыз. Ашу-ызам мен өкпе-назымды қабат жұмсап Қалипаны жұмсарттым да, қызын малға қайтарттым. Енді сізден тілей келген тілегім: басқа жастарға бас болып малға бірінші болып барған сонау екі жастың тауы шағылмасын, «Оянның» шығын болған елу қойын мен - ақ өтейін, соған рұқсат етіңіздер.

Бурабай (мырс етіп). Балаңыздың қылмысын малыңызбен сатып алайын деген екенсіз, ә?

Келиман (есіркегенсіп). Қайтсын байғұс, жалғыз баласынан несін аясын.

Дәулен. Иә! Сайдалының сенің үйіңдегі қызынан басқасы өз қызым, олардан аяр малым да, жаным да жоқ.

Бурабай (күле сөйлеп). А, оның Назгүл дейтін қызы болашақ келініңіз екенін де білеміз.

Келиман. Елу қойды соның қалың малына төлейін деген екенсіз ғой, ә?

Дәулен (ызаланып). Жолдас Балтабаев! Бұл не сықақ?

Бурабай. Сықақ емес, шындық.

Дәулен. Шындық! Менің бұл үйден күткен шындығым бұл емес еді. Онда қош болыңыздар! (Тез кетеді.)

Келиман. Тамаша, дәл таптыңыз, Буреке! Мына елу қой теріс үгітінің айғағы болатынын біліп, мұны жіберіп отырған Мерейдің өзі.

Бурабай. Оны өзім де сезіп отырмын.

Көмекші (есіктен). Назгүл кіруге руқсат сұрайды.

Бурабай. Жібер!

Келиман екі саусағын көрсетеді. Көмекші кетеді.

Келиман. Айтпақшы сізге айтар тағы бір ұсынысым: бүгін Салқия екеуміз Назгүлді сізбен қалай келістірудің планын жасадық, енді өзіңіз де активный қимылдағайсыз. Ол қыз Мерейді әлі де қиыңқырамайтын секілді, онысы сөз емес, ниетіңізді жақсылап сездірсеңіз оны ертең-ақ ұмытып кетеді.

Бурабай. Сен әнеугі хатты тексеріп болдың ба?

Келиман. Жақындаттым. Назгүлдің беті қалай, ол газетіне басатын ба?

Бурабай. Баспауға қандай қақысы бар?

Келиман. Қолға қаттырақ алмасаңыз, оның баспауы да мүмкін.

Бурабай. Сөз емес. Әділбаев жолдас ертең Москваға жүреді, ол келгенше бәрі де тәмам-тәмам болсын.

Келиман. Ол келгенше Мерейді партиядан шығарып та үлгереміз, мына елу қойды тексеруді де маған тапсырғаныңыз жөн болар.

Назгүл (есіктен). Рұқсат етіңіздер!

Бурабай. Кел, кел! Журналистерге есігіміз әрқашан да ашық.

Келиман. Менің бұл балдызыма бар есігіңізді әр кезде ашық тастауыңызды тілер едім.

Назгүл. Ашық есікке адамнан басқалар да кіре алатын көрінеді.

Бурабай (Келиманға). Жеңіліп қалдың, бар.

Келиман. Мені іздесеңіздер бірінші орынбасардың кабинетінен табасыздар.

Бурабай. Назкен! Жездеңді құттықта: бұл қазірден бастап аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары.

Назгүл. Құтты болсын.

Келиман. Рақмет, бауырым! Сенің де сондай зор табысқа жетуіңе тілектеспін.

Назгүл. Орынбасарлық мен үшін онша зор бақыт емес.

Келиман. Онда Бурекеңдей болуыңа тілектеспін. (Кетеді.)

Назгүл. Алдымен өз мансабыңа жетіп алсаңшы.

Бурабай. Менімше ол мақсаты үлкен, мансабы жоқ адам.

Назгүл . Мақсатына дәрмені сай емес секілді.

Бурабай. Мұның сол үлкен мақсатына жетер дәрмені де бар.

Назгүл. Дәрмені үлкен болса, еңбегі күлге айналмас еді ғой.

Бурабай. Қай еңбегі?

Назгүл. Жаңа үйінің тойында сіз бүкіл совет ғылымының ғаламат табысы деп мақтаған еңбегі.

Бурабай. Ә, ондай сәтсіздіктер бола береді. (Күлімсіреп). Мысалы, менің бір үлкен арманым бар, оған жетер дәрменім де бар. Бірақ, батылымның сәті келмегендіктен сол арманыма әлі жете алмай жүрмін. Бұл да сол сияқты - ау, Назкен.

Назгүл. Батылды болуыңызға тілектеспін. (Бір қағаздарды береді.) Мына материалдарыңызды қайтып алыңызшы.

Бурабай. Бұл не?

Назгүл. Өзіңіз газетке бас деп берген әнеугі бір малшылардың хаты.

Бурабай. Ал, мұны неге әкелдің?

Назгүл. Газетіміздің беделін түсіретін жала болғандықтан біз мұны баса алмайтын болдық.

Бурабай (зілді). Жала деуші кім?

Назгүл. Мен!.. Мерейдің мұндай іске бармайтынын жақсы білетініме қарамастан малшылар арасына барып зер салып та қайттым. Бұл хатта Мерейдің теріс үгіт айтқан күні өткен айдың он төрті де, жері Тағылының батыс жақ етегі көрінеді. Ол кезде Тағылыда не бары сегіз - ақ отар екен. Мен олармен түгел әңгімелестім. Менімше, мұны жазған малшылар емес, солардың атын пайдаланып жүрген жәдігөй біреу.

Бурабай. Жақсы білемін дейсің, ә? Менімше, оны өте нашар білетін секілдісің. Соны сезін де, бүйрегіңді оған орынсыз бұрмай, оның кінәсын басқаға аударамын деп босқа әлектенбей, еңбекші халықтың хатын баспау қылмыс екенін ойлан!

Назгүл. Ең ауыр қылмыс - біреуді жазықсыз жазалау, сол себепті бұл үшін мені қинамаңыз.

Бурабай. Назкен! Газеттің иесі - уақытша редактор сен емес, аудандық партия комитеті ғой...

Назгүл. Жалынамын, Буреке! Сіз маған дұрыс түсініңіз. Мен сіз ойлағандай сүйген жігітімді емес, өзімнің коммунистік арым мен сіз басқарып отырған аудандық комитеттің абыройын қорғап отырмын. Мұндай жалаға жол беру өзіңізге де ұят.

Бурабай. Кімге ұят екенін көрерміз, сөзді қой да баса бер!

Назгүл. Онда малшылардың адресін беріңіз.

Бурабай. Оның райкомда сақталатынын айтқан едім ғой.

Назгүл. Мен де айтарымды айттым. Басқа айтарыңыз жоқ болса, кетуге рұқсат етіңіз.

Бурабай (ұзақ қадалып). Рұқсат! Бірақ есіңде болсын, мен тұрғанда бұл хат басылмай қалмайды, сол кезде өкініп жүрме.

Назгүл. Өкінбеспін, осыны жазғандардың өзін өкіндіремін. (Кетеді.)

Бурабай. Көзбен арбап, көңілмен тартқандай көрінуші едің, сен де белгілі болдың, сүйіктім. (Ашумен телефонды алып). Маған Келдекбаев керек... Келимансың ба?.. Жоқ, ешқайсысының да сәті келер емес. Сондықтан редакторымыз курорттан келгенше уақытша редактор өзің бол да, мақаланы өзің бас! Ал, балдызыңды редакцияның тапсырмасын орындамай, көңілдесінің қылмысын бүркегені үшін қызметінен босат! (Телефонды орнына қояды. Ауыр ойда.) Қайда менің айбарымнан ай да жасырынып, айтқаным заң болып шыға беретін күндерім? Соғыс кезінде облыстың жарық жұлдызындай едім, бес жылдан бері тау басынан құлаған тастай домалап келем, домалап келем. Мәжіліске бірінші секретарь мен емес, екінші секретарь Әділбаев шақырылады. Менің күнім не боп барады осы? Егер бүгінгі күннен күткенім болмай қалса, ертеңгі күнім не болар? Онда мүлдем біткенім емес пе? Жоқ, ол бола қоймас. Келесі бюрода Дәуленовты партиядан шығарған қаулыммен Әділбаевты да соғармын, соғармын. Өмір мені соққыласа мен басыма секірмек болғандарды осылай соққылармын.

Көмекші келеді.

Көмекші. Дәуленов кіруге рұқсат сұрайды.

Бурабай. Уақыты жоқ дей салмайсың ба? Жарайды, жібер! (Көмекші кетеді.) Келсін, оңашада қалайын.

Аздан соң қолында сымдап тұрып буылған бір буда жүгерісі бар.

Мерей келеді.

Мерей. Сәлем, Буреке!

Бурабай. Е, еліміздің болашақ мақтаны, амансың ба? Мынауың не?

Мерей. Бұл Тағылының даласынан сізге әкелген сыйлығым. (Бұрышқа сүйеп). Қараңызшы! Болашақтың бізді шақырып тұрған туындай сезілуін.

Бурабай. Тағылының даласына биыл жаңбыр көп жауғандықтан қурайлардың шығысы жақсы екенін өзім де естігенмін.

Мерей. Мұны қурай деушінің өзі қурай болар.

Бурабай. Бос сөзбен уақытымды кетірмей, келген жұмысыңды айт.

Мерей. Келген жұмысым екі түрлі. Оның бірі бұдан былай актив сайын қағыса бермес үшін сізбен түсінісу.

Бурабай. Сен неғып бұлай момақан бола қалдың? Әлде арқаңа батқан аяз бар ма?

Мерей. Тағы да өркөкіректік десеңіз де айтайын, мен үшін өмірдің аязы жоқ. Егер өзіңізді зор, мені қор тұтпай партияның өзіңізбен тең праволы мүшесі көріп жөн сөйлесетін болсаңыз бар ойымды ашық айтқалы келдім.

Бурабай. Айтып көр.

Мерей. Өзіңіз көріп жүрсіз, Буреке! Малымыз көбейген сайын өрісіміз алыстап, өрісіміз алыстаған сайын малшыларымыз мәдениеттен алыстап барады. Жасыратыны жоқ, қайсыбір қартаң малшылар «көшпелі елдің мәдениеті де көшпелі, мал жүрген жерде мәдениет жүрмейді» дейтін болыпты. Осыны көре тұра қалай шыдаймыз? Әсіресе сіз қалай шыдайсыз?

Бурабай. Сен мені малшыларға жаны ашымайтын сондай бір топас, надан көретініңді өзім де білемін, нақты жұмысыңды айт!..

Мерей. Жоқ, Буреке! Сіз топас та, надан да емессіз, тек агрономиядан хабарыңыз аз. Сондықтан да сіз ауданды алға бастырудың негізгі бір жолы (жүгеріні нұсқап) мынаны өсіру екенін ескермей келесіз. Мен мұны мақтану үшін емес, сіздің көзіңізді жеткізгелі әкелдім. Рұқсат етсеңіз дәлелдейін.

Бурабай. Мен обкомда жүргенде мұндай емес едің. Тым тез ержетіпсің, балақай, оны қой да екінші жұмысыңды айт.

Мерей (тауы шағылып сәл кідіреді). Иә!.. Мұның да тыңдалмайтынын сезіп тұрмын, сонда да айтайын, бұл тағы да тәжірибе станциясының мәселесі. Егер ғылымының сондай бір күшті сәулесімен қумасақ жерімізге жүгері шықпайды деген теріс ұғымның көлеңкесі ауданымыздың басынан кетер емес те, көзін әбден жеткізбесек колхозшылар мұны егуге кірісетін емес. Мынау соның материалдары, осыны өзіңіздің ғана емес, бюроның қарауына да салсаңыз екен. (Бір қағаздарды береді.)

Бурабай. Сен өзіңді де, өзгені де адастырмас үшін алдымен мына бір кітапты оқып шықшы! (Бір кітапты Мерейдің алдына тастайды.)

Мерей. Мұнда не бар?

Бурабай. Мұнда жүгерінің қай жерлерге ғана шығатынын көрсететін карта бар. Егер сол картадан біздің ауданды тауып берсең сөзім жоқ.

Мерей. Онда мұндай кітапты оқудың өзі залал.

Бурабай. Қалайша?

Мерей. Біз кітаптан ғана емес, өмірден де оқимыз. Ал, өмірдің оқытқаны бұл кітаптан гөрі басқарақ.

Бурабай. Өмірден оқысаң, Қазақстанның, әсіресе, біздің ауданның жеріне жүгері шыққан фактысын не халықтың, не ғылымның тәжірибесінен көрсетші.

Мерей (жүгеріні нұсқап). Міні! Мынаған анықтап қарасаңыз, халықтың да, ғылымның да тәжірибесін көресіз.

Бурабай. Сен өйтіп тұмсығыңды көтерме! Жаңбырдың көптігінен шыға қалған бес-алты қураймен алысқа бара алмайсың. Екіншіден, біздің ауданның негізгі шаруашылығы егін емес, мал өсіру. Бүтіндей бір ауданның қалыптасқан ежелгі бағытын өзгерту біз түгілі республика басшыларының да қолынан келмейді. Ал, екеуін қатар өсіреміз деу - екі кемеге бірдей жабысып суға кеткенмен бірдей.

Мерей. Біз өсіреміз деп жүрген жүгері астық қана емес, малдың да азығы екенін ескеріңіз.

Бурабай. Малды астықпен асырайтын кезге әлі жеткеніміз жоқ. Оның үстіне әрбір мың гектар жердегі жүгері үшін бес жүз адам керек көрінеді. Малшы таба алмай отырып, соншама егіншіні мен қайдан таппақпын?

Мерей. Сіз мұны ойланбастан айтып отырсыз.

Бурабай. Мен басқаның ақылымен бай болғаннан гөрі өз ақылыммен жарлы болғанды сүйетін адаммын. Соны ескеріп, маған ақыл үйретуді тоқтатқайсың.

Мерей. Дегенмен әлі де ойланғайсыз. Партия бізге адамдармен кеңесе біл, сонда ғана алдағыны көре аласың дейді ғой.

Бурабaй. Оны мен де сезінем. Жаңашыл боламыз деп біздер мұның бәрін де талай еккенбіз. Соның ешқайсысының да сөгістен басқа бергені жоқ-ты.

Мерей. Бурабай Балтабаевич! Сіз ғой, бұрын бұдан да үлкен қызметте болған тәжірибелі адамсыз. Солай бола тұра қалайша сіздің көзіңізге жаңаның бәрі жат көріне береді. Қалайша сіздің көзіңізге жүгерінің әрбір сабағы сөгіс болып елестейді осы?

Бурабай (ызалы күлкімен мырс етіп). Сеніңше, мен өмірге ілесе алмайтын мешел, ауданды артқа тартып отыратын кеселмін, ә? Жоқ, інішегім! Күйені қанша жақсаң да өмір фактісін өшіре алмайсың. Ол фактілер: мен келгендегі жүз мыңнан қазір жүз елу мыңға жеткен анау қойлар. Ол, колхоз бас сайын ұйымдастырылған сонау қызыл отаулар мен сонау мектептер, үй - қоралар. Ол, сонау электр станциясы. Сен маған мұндай сөз айту үшін алдымен соларды қиратып, жойып кел.

Мерей. Сіздің маған түсінгендігіңіз осы болса, рақмет! Мынау туралы нақты жауабыңызды айтыңызшы, кетейін.

Бурабай. Келиман бұдан бір ай бұрын жасаған ұсынысы бар, соны қабылдасақ екеуіңе де жетеді.

Мерей. Ол не ұсыныс еді?

Бурабай. Оның ұсынысы да үлкен. Ол жүгері өсіру ғана емес, тіпті Тағылыны түгелінен егінжайға айналдырғысы келеді.

Мерей (мырс етіп). Ол бұрын жүгері өсіруге қарсы еді, енді төңкеріле қалыпты. Мұнысы қай «саясаты» болды екен.

Бурабай. Күш жетпейтін болғандықтан жүгері егуге қарсы болып келген менмін, жаппа біреуге жалаңды. Сенің басқа жалаң да аз емес.

Мерей. Мен кімге нендей жала жапқан едім?

Бурабай. Сен бізді өзінің тұмсығынан арғыны көрмейтін соқыр, көрсе де сезбейтін мылқау көресің, ә? Жоқ, інішегім! Біздің құлағымыз ұзын, көзіміз көреген. Барлық сырың біздің алақанымызда.

Мерей. Бұл сөзіңіздің ар жағында нендей зіл жатқаны белгілі. Мені жоқ етуге жететін қабілетіңіз бары да рас. Бірақ мен өлсем де шындықты жасыра алмаймын. Өйткені, мен коммунистпін. Коммунистік арды ешқандай қауіп-қатер де, ешқандай дәреже мен бедел де, ешқандай атақ пен даңқ та таптай алмайды. Екіншіден, кімнің кім екенін секретарь сіз көрмесеңіз де, партияның көретініне сенемін. (Кетуге ыңғайланады.)

Бурабай. Тапталмайтын шойын екеніңді партиядан лақтырылған күні көрерміз. Әзірше бара тұр.

Мерей (тіксініп). Партиядан лақтырылатын кім?

Бурабай. Кім жат болса сол. Атап айтқанда сен.

Мерей. Не үшін?

Бурабай. Антипартийный антигосударственный әрекеттерің үшін. Атап айтқанда: малшылардың арасына барып партияның мал шаруашылығы жөніндегі саясатына қарсы үгіт жүргізгенің үшін, тұрмыстан өзің азғаныңмен қоймай, Дәмеш Сайдалина дейтін қызды аздырып күйеуінен айырғаның үшін. Соның салдарынан «Оян» колхозының елу қойын апатқа ұшыратқаның үшін. Аудан басшыларының арасына іріткі салу мақсатымен екінші секретарь Әділбаевты бірінші секретарьға қарсы қоюға брекеттенгенің үшін. Қалай, бір басына жете ме?

Мерей. Жетеді, әбден жетеді! Бірақ айтып тұрғандарыңыздың бәрі де бекер, жолдас Балтабаев! Мен партияның емес, сіздің «саясатыңызға», сіздің малшыларды осы күнге дейін алтыаяқтан, жер үйшіктен құтқармай келген «саясатыңызға», сіздің - мал азығын жинаудан көрі шындықты айтып өзіңді сынаған коммунистердің үстінен осындай жалған жала мәліметтер жинайтын «саясатыңызға» қарсымын.

Бурабай. А, сен енді маған осындай жала жабайын дедің бе?

Мерей. Мен емес, сіз маған жала жауып тұрған. Сіз мені екінші секретарьды бірінші секретарьға қарсы қойды, тұрмыстан азды дейсіз. Жоқ, жолдас Балтабаев, мен тұрмыстан азған емеспін. Ал, екінші секретарьды бірінші секретарьға қарсы қойды деу, сіздің ежелден белгілі ескі әніңіз. Сіз тал осы жала - айыппен сынап шындықты айтқаны үшін тіпті әйеліңіз ұрсысып қалғаны үшін де кейбіреулерді морально өлтірдіңіз. Бірақ, сіз өлтіргеніңізбен партия оларды өлтірген жоқ. Менің де сүйенер үмітім сол.

Бурабай (столды қойып қалып). Тоқтат, жолдас Дәуленов.

Мерей. Жоқ, тоқтаудан енді кеттік. Мен сынасам - кілең коммунистердің алдында сіздің кейбір жат қылықтарыңызды сынадым. Сіз оны партияға жабылған жала дейсіз. Айтыңызшы. Коммунист партиясы қашаннан Балтабаевтың партиясы аталған еді? Осы ма сіздің партияны құрметтегеніңіз. Осы ма сіздің коммунистігіңіз? Осы ма партияның қатеңді жөнде деп жібергендегі сенімін ақтағаныңыз? Есіңізде болсын. Ғайыптан бір домалақ арыз түссе де, ажалынан бір қозы өлсе де тексерместен, анығына көз жетпестен коммунистерді партиядан лақтыра беретін кез өтті. Егер кім де кім бұған түсінбей коммунистік правоны да таптағысы келсе, кім екеніне қарамастан ондайлардың өзін лақтыратын кез жетті. Сол лақтырылатындардың бірі сіз боларсыз? Әзірше қош болыңыз. (Тез шығып кетеді).

Шымылдық.

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ

Төртінші сурет

Сахна бірінші суреттегі қалпы. Перде ашылмастан бұрын Салқияның Дәмешпен ұрысқан дауыстары естіледі. Перде ақырын жылжып ашыла бастайды.

Назгүл. Тоқтаңдар!

Салқия. О, өңкей байсыз, бақытсыздар. Айтып отырған сөздерінің түрін қара. Ауданды басқаратын Бурекең мен Келекем, ол екеуін басқаратын мен екенімді білмейсіңдер - ау, сен бейбақтар.

Дәмеш. Әділбаев жолдас Москвадан келсін, сонсоң көрерміз кімнің нені басқарғанын.

Салқия. Ол келгенше Мерейлеріңнің пашпырты да бітетін болар.

Дәмеш. Соншама ол не істепті?

Салқия. Комиссияның тексеру қорытындысын оқысаң білерсің не істегенін. Әрине, Келекем Мерейді ақтап алу үшін бар жанын салған екен, басқа мүшелер көнбепті.

Назгүл. Жоқ, Салқия! Мерейдің емес, басқаның паспорты бітетін болар.

Салқия. Басқаң кім, ей?

Назгүл. Кім азғын болса сол.

Салқия. Қалқатайым - ау, азғының кім-ей айтып тұрған, ә?

Назгүл. Мен соны сендерден сұрағалы келдім.

Салқия. Ей, қыз, сені қызметтен қуған біз емес, егер жөн сөйлемейтін болсаң, келген шаруаңды айт та қайқай!

Назгүл. Мен қайда кетсем де сені бірге ала кеткелі тұрмын.

Дәмеш. Тоқтатыңдаршы! Қызметтен қуылған кім?

Салқия. Көп оқыса да бақыты бір ашылмаған мына бишара апайың.

Дәмеш. Сұмдық - ау, не үшін?

Салқия. Ғашығының үстінен түскен материалды газетіне баспағаны үшін.

Дәмеш (Назгүлге жақындап). Тәтетай - ау, мынау не деп отыр, рас па?

Назгүл (Дәмешті бір қолымен құшақтап). Салқия үшін болмаса, мен үшін қамықпа, жаным. Мен бүгін не шындықтан мүлдем үміт үзем, не бар тілегіме жетем. Тек, менің қызметтен шығарылғанымды апама естірте көрме.

Дәмешті бір қолымен құшақтаған күйі төмен түсе бастайды.

Терезеден Келиман көрінеді.

Келиман. Салқия! Менің бюроға баратын уақытым болып қалды, әлгі бір құлпырмалы қытайский галстугім қайда?

Салқия. Әй, мошқауым - ай, менің көмегімсіз қозғала алмайсың - ау. Көйлектердің астын қарасаңшы.

Келиман. Сендей ақылды әйелдер күйеуінің галстугін шегеге ілетін.

Салқия. Маңдайыңа шеге қағып ілмесем бәрібір көрмейсің, жүр бері!

Келиманды алып кетеді.

Назгүл. Дәмеш! Осы Салқия саған хат жаза ма?

Дәмеш. Жоқ, оны не үшін сұрадың?

Назгүл. Жәй, әншейін, бір керегі бар еді.

Дәмеш. Айтпақшы, шәлілік түбіт тауып бер деп жалған бір хаты бар еді – ау. (Қалтасын қарай бастайды.)

Назгүл. Дәметай, іздеші, тапшы.

Дәмеш. Міне таптым. Мұны қайтесің?

Назгүл. Бере тұр! Ойымдағыдай болып шықса мен мұны кейбір ұятсыздардың бетіне таңба етіп басамын. (Хатты конвертке салыстыра ойлана қарап.) Айуандар!

Дәмеш (таңдана). Айуаның кім?

Назгүл. Кейін бәрін де білесің. (Тұра жөнеледі де, кенет тоқтай қалады.) Жоқ, алдымен туысқандық борышымды өтейін! (Үйге беттеп басқышқа шыға бере тағы ойланып қалады.)

Дәмеш. Мен де адаммын ғой, айтсаңшы маған да.

Қатты ызалы Мерей жетіп келеді.

Мерей. Гүлім! Күнім!

Назгүл (шошына). Мерей, жаным - ау, саған не болды?

Мерей. Не болғанын өзім де білмеймін. Тағдырым шешілер сағатта сені ғана көріп, сенімен ғана сырласқым келді. Айтшы, жаным, сен менің адалдығыма, осы тағылып отырған айыптардың бәрі жалған жала екеніне сенемісің?

Назгүл (таңдана). Жаным - ау, не деп тұрсың? Саған сенбесем, мен осындай қуғынға түсер ме едім? Не болды, айтшы?

Мерей. Ешқандай жала, ешқандай жаза сенің бетіңді қайтара алмаған соң, олар пасықтың ең лас түріне барып, маған айыптың тағы да бір түрін тағыпты.

Назгүл. Ол не?

Мерей. Олардың ойынша мен адамшылықтан азыппын. Азғанымның белгісі Дәмеш екеуміз Жалау мен сенің көзіңе шөп салыппыз.

Назгүл (көңілін көтермек болып шашынан сипай сөйлейді). Осы ма күнше күркіреп келгендегің?

Мерей. Күркіреу ғана емес, дәл осынысы үшін мынау жездесымағыңның төбесіне жай болып түскім кеп тұр. Ант етейін: өзінің лас ойынан жем іздеп екеумізді бірдей қармағына іліп жүрген осы.

Назгүл. Әкем марқұм, қаршығасы жапалаққа, қанша ұмтылса да жібермей: қой, ол өзіне ұят дейтін еді. Соны ескер де қиналмашы, жаным, қиналмашы.

Дәмеш. Мерей аға! Сіз маған мынаны айтыңызшы, колхоздың сол елу қойын өзіміз төлесек те сізді жазалай ма?

Мерей. Білмеймін, бауырым, білмеймін. Мені қинайтын елу қойдың өлімі емес, елу жылдың ар жағындағы пасықтық. Бықсып келіп сасық түтінін салып жатқан сол.

Назгүл (ауыр ойда). Иә! Бірінің қуанышына бірі қайғыратын, досы өсе бастаса, өшіге қалатын осы қара ниеттілік біздің кейбір қазақтардан қалар ма екен? Жоқ, әлде ұрпақтан ұрпаққа мұра болып кеткені ме? (Сәл күрсіне). Абай атамыз мұны надандықтан көріп, соған қарғыс айта өткен еді, біздер қарғайтын надандық та қалған жоқ, қайда осының ендігі өсіп-өнетін улы тамыры?

Мерей (күйіне, ызалана түседі). Оның өсіп-өнетін улы тамыры надандық, сауатсыздықта ғана емес, Гүлімі Бізде қазір надандықтың сауатты жаңа түрі, барлық айла-тәсілді білетін ең қауіпті түрі бар. Ол дарынсыздықтан, мансапқорлықтан туатын күншілдік! Күншілдік! Он бес жыл оқып, жиырма жыл тәрбиеленгендердің де қайсыбірі осы аурумен ауырып жүр. Ондайларды бұдан көп оқытып, бұдан көп тәрбиелеу мүмкін емес, сонда мұның емі не? (Залға). Айтыңдаршы, емі не?

Салқия келеді.

Салқия. Һы, Мерей! Амансың ба? Сен мұнда неғып келе қалдың?

Мерей (кекете). Бүгін әрі өзімнің туған күнім, әрі Назгүлге қосылатын күнім еді. Сол тойға сіздерді шақыра келдім, Сал жеңгей.

Салқия. Һы, сен бір аяғың жерде, бір аяғың көрде тұрса да әзілдей бересің - ау тіптен.

Үйден асығыс, жүре киініп Келиман шығады.

Келиман. А, достым, амансың ба? Салқия! Мен кешіктім ғой, машинаны қайда жіберіп едің?

Салқия. Қарның қампиып кетер, жаяу жүре бер!

Мерей. Сіз менің бір сұрауыма жауап бере кетіңізші!

Келиман. Асығыспын, тез айт.

Мерей. Мені партиядан шығарып, сотқа беруге ұйғарған қаулыларыңыздың проектісінде біздің тәжірибе станциямызды бұдан былай сіз басқаратын болыпсыз, мұның мәнісі не?

Келиман (мырс етіп). Сен партия билетінен қайдағы бір станцияны қымбат көреді екенсің - ау осы.

Мерей. Билетімнен сіздің кірлі қолыңыз түгілі шпал да айыра алмайды. Мен тек, өзінің мақсатына басқыш етіп жетпек болған кейбір «достарымның» қара жүзін көргім келеді.

Назгүл. Мерей!

Келиман. Сен мені бір өлік тонаушы көресің бе, достым.

Мерей. Мен сіз ойлағандай онша аңқау емеспін, қапы қалмаңыз!

Келиман. Егер де бүгінгі бюрода менен жақын дос таба алмасаң қайтесің?

Мерей. Досым сіз болсаңыз, қас - дұшпаным қандай екен, ә?

Келиман. Көрерсің кімнің қас, кімнің дос екенін. Бірақ, мен проектінің тәжірибе станциясына басшылық жасау Келдекбаев жолдасқа тапсырылсын дегеннен басқасы қабылдана ма деп қорқамын. Сондықтан сен бюро мүшелерін өшіктіріп алмай тактичный сөйлегейсің.

Мерей. Қалай сөйлейтінімді өзім білемін, сіз маған мынаны айтыңызшы! Проектінің басқасы қабылданғанда сіздің атыңыз аталған тарауы неге қабылданбайды?

Келиман. Ол - кейбіреулердің сен екеуміздің арамызға тастап отырған оты. Ал маған мың күндік атақтан бір күндік болса да достық қымбат. Сондықтан, мен қазір барамын да, оны өшіремін, қабылданбайтын себебі сол. (Сағатына қарап.) Бюроның басталатын уақыты болып қалды, жүр кеттік. Дәмеш, сен бармаушы ма едің?

Дәмеш. Мен Жалаумен бірге барамын.

Келиман. (Дәмешті оңашалап). Мерей елу қойды сендерге аударып кетпесін, Жалау екеуің бюрода жақсылап сөйлеңдер!

Дәмеш. Алаң болмаңыз, өте жақсы сөйлейміз.

Келиман (Мерейге). Қорықпа, достым! Мүмкін желің оңынан соғар! Жүр кеттік. (Кетеді.)

Мерей. Достым деген сөзінің өзі неткен жеркенішті еді? (Кетуге ыңғайланып.) Ал, Назкен! Сен мені осы үйден күт! Қорықпа!

Назгүл оған хатты құпия көрсетіп тұрған кезде Жалау жетіп келеді.

Жалау. Ау, жолдастар - ау, сайысар кезіміз жақындап келеді ғой, тезірек сүйіссеңдерші бұл.

Салқия. Қойшым - ау, малың аман ба? Сен қайдан жүрсің?

Жалау. О, менің қаһарлы қайын бикем! Сіздің тоқал текеңізді бүркіт айналдырып жүр, соны бүріп кете ме деп қорқамын. Басқа малымыз аман. Жүр, дәмді Дәмешім! (Дәмештің қолынан тарта жөнеледі.)

Салқия. Тоқал текесі не мынаның айтып тұрған.

Жалау. Бар еді ғой, осында сақалы жоқ тоқал теке! Жүр!

Дәмеш. Тоқташы! Сен бюрода не демексің?

Жалау. Мен бе? Мен Мерей залымның Қалипа шешейді азғырып Дәмешті менен айырғаны да, егер ол жазаланбаса, мен ғана емес барлық малшылар әйелінен айрылып тізесін құшақтап қалатын қаупі бары да рас деймін.

Дәмеш (зілмен). Бері қарашы!

Жалау. Сонан кейін қарқылдап тұрып күлемін де, жоқ, жолдастар! Мұның бәрі сандырақ. Шындықты - өсек, өсекті - шындық көруді қойыңыздар! Біздер бақташылар малды ғана емес, адамды да жақсы тани білетін болғанбыз. Сондықтан өзіміздің Мерейдің емес, өзінің қай дәуірде өмір сүріп отырғанын білмей осы лаңды салып жүргендердің партбилеті алынсын деймін. Дұрыс па?

Дәмеш. Өте дұрыс.

Жалау. Дұрыс болса, жүр кеттік. (Бір қолымен. Дәмешті, екінші қолымен Мерейді тарта жөнеледі.)

Назгүл. Мен де барып қалармын, қош!

Мерей. Қош, Гүлім! (Олар кетеді.)

Салқия (ызаланып). Өңкей бақытсыз қояншықтар!

Назгүл. Олар қойшы болса да сенен бақытты - ау, Салқия.

Салқия. Не деп тұрсың, ей? (Тепсініп жетіп барады.) Көзіңді ашып қарашы, кіммен сөйлесіп тұрсың?

Назгүл (салмақпен). Мен үлде мен бүлдеге бөленген жанды қуыршақпен емес, өзімнің бірге туған апам Салқиямен сөйлесіп тұрмын.

Салқия (жерді теуіп қалып). Мұндай сөзге мен түсінбеймін, ашық айт.

Назгүл. Көйлегі көп, тамағы тоқтың бәрі бірдей бақытты емес, олардың ішінде де сорлысы бар деп тұрмын, енді түсінікті ме?

Салқия. Сеніңше қалай, бақытты боламыз деп аш жалаңаш жүруіміз керек пе?

Назгүл. Әдемі киім тәннің ғана көркі, жанның көркі ар-ұят. Егер жаның жалаңаш болса әдемі киімдерің кебініңмен бірдей.

Салқия (кетер жолды қолымен нұсқап, жер тепкілейді). Босат үйімді, босат, тезінен!

Нaзгүл. Жоқ, Салқия! Мен туысқандық борышымды өтегелі тұрмын. Сен не қазір маған еріп бюроға барасың да, Мерей туралы барлық шындықты айтып, адам болып қайтасың, не осы азғын күйіңде қаласың. Қалағаныңды қазір таңда.

Салқия (үрейленіп кейін шегінеді). Бюро! Онда менің нем бар!

Назгүл. Сенің келешегіңнің есігін ашатын да, жабатын да сол. Шындықты айтсаң ашылады, жасырсаң жабылады. Есіңде болсын, жабатын кілті менің қолымда.

Салқия (үрейленіп отыра кетеді). Жабатын кілті! Ол не?

Қатты күйінішті Қалипа келе жатады.

Назгүл (қарсы жүгіріп). Апа! Осыншама күйінгендей не болды, апажан?

Салқия (бара құшақтай алады). Апатайым - ай, жақсы келдің - ау. Көрмегеніме бір-ақ жеті болса да сағынып қалыппын ғой. (Бетінен сүймек болады, Қалипа оны кейін серпіп тастап, барып орындыққа отырады.)

Қалипа. Шақыр Келиманды.

Салқия. Апатай, ол бюроға кеткен еді, жай ма?

Қалипа. Ол не бюро? Әлгі Мерейдің жұмысын қарайтын бюро ма?

Салқия. Иә, иә! Сол, апатай. Соны партиядан шығарып, сотқа беретін бюро.

Қалипа (Назгүлге). Сен қызметіңді тастап мұнда неғып жүрсің?

Назгүл (қысылып). Жай бір жұмыспен келіп ем, апа.

Қалипа. Жасырма! Мен бәрін де естіп келіп отырмын. Мерейдің үстінен түскен материалды баспағаның үшін қызметтен қуылғаның рас па?

Назгүл (сылқ етіп шешесінің алдына отыра кетеді). Жалынамын, апатай, мен үшін күйіне көрмеші.

Қалипа. Ең үлкен үмітім, ең үлкен қуанышым сен мұндай қырсыққа ұшырасаң мен қалай күйінбеймін. (Жыламсырап.) Әкең тірі болса сені бұлай басынар ма еді?

Назгүл (шешесін құшақтап). Әкемнің атымен, өзіңнің ақ сүтіңмен ант етейін, апатай. Мен сол басынбақ болғандардың өзін басып өтемін, тек сіз налымаңызшы?

Салқия (имене күңкілдеп). Сол хаты құрғырды баса салсаң ғой, құда да, құдағи да тыныш.

Назгүл (атып тұрып). Салқия! Жетті сайқалдануың. Енді сол хатты жазған өзің екенін мойында да, кінәңды жеңілдет.

Салқия (бар даусымен). Апа! Апатай, мен не естіп тұрмын.

Назгүл Сен шындықты ғана естіп тұрсың.

Қалипа (ойлана сөйлеп). Тоқта, тоқта! (Назгүлге.) Сен не дедің? Сенің ол хатты жазған малшылар емес деп іздеп жүрген жәдігөйің осы болғаны ма?

Салқия. Иә, осы, осылар!

Салқия. Ей, қыз, өкімет сені он бес жыл оқытқанда туған апасына осындай жала жабуды оқытқан ба еді?

Назгүл. Үкімет сендейлермен күресуді оқытқан-ды.

Салқия. Апа, өшір мына қызыңның үнін, өшір!

Қалипа. Ым... Солай деңдер! (Екі қызына кезек қарайды. Ұзақ ойланып.) Сен қалам мен қағаз әкелші!

Салқия үйге кетеді.

Назгүл. Апа, сіз не істегелі отырсыз?

Қалипа. Онда жұмысың болмасын. Егер бұл күдігің бекер болып шықса, менен жақсылық күтпе.

Салқия (қалам, қағаз, сия әкеледі). Міне, апатай.

Қалипа. Отыра қал да жаз.

Салқия (шошынғанын сездірмеуге тырысып). Ал, Назкентай, сен жазып жібер!

Қалипа. Жоқ, маған оның жазғаны ұнамайды, өзің жаз! (Ақырып.) Кәне!

Салқия. Апатай - ау, не деп отырсың? Мен жеті жыл оқысам да, осы күні жеті әріптің де басын қоса алмаймын ғой.

Қалипа. Сөзді қой да жаз, жылдам!

Салқия (Назгүлге). Қалқатайым - ау, Гүлтайым - ау! Ой, айналайын, жаңағы сөзіме ренжіп қалдың ба, неге жазбай тұрсың?

Қалипа. Мен саған жаз деп отырмын.

Салқия. Жо-жоқ, апатай, мен өлтірсең де жаза білмеймін.

Қалипа (таяғымен столды салып қалып). Жазасың, жаздырамын мен саған!

Салқия (ыдыстарын қорғап, столды кеудесімен жабады). Апатай - ай, апатай - ай! Сотталып кетерсің, қиратпашы.

Назгүл (ызамен мырс етіп). Онысы рас, бұлар соттаудан да тайынбайды, қозғамаңыз. (Дәмештен алған манағы хатты көрсетіп.) Қиналмай-ақ қой, жала арызыңмен салыстыруға мына хатың да жарайды.

Салқия (көзі шарасынан шыға, жақындайды). Бұл не?

Назгүл. Бұл сенің Дәмешке жазған хатын. Өзгені танымасаң да, өз хатыңды танырсың. (Көрсетеді.)

Салқия. һы, мен оған өмірімде хат жазған емеспін, атымды пайдаланып жүрген біреулерің ғой, ә? һы...

Қалипа. Бері әкел! (Хатты алып қарайды.)

Салқия. Апатайымның өзі-ақ айтсын. (Шешесін құшақтай бере хатты жұлып алуға оңтайланады.)

Қалипа (оның білегінен ұстап алып). Енді маған бәрі де белгілі. Жүр, жүзіқара!

Салқия (жұлқынып). Жоқ, жоқ, апатай! Мені ешқайда әкете алмайсың! Босат! Үйім есіз қалады, босат! (Қалипаның қолын тістемек болады.)

Қалипа. Бәрібір ол үй енді есіз қалды, жүр жылдам.

Назгүл. Апа! Біреулер келе жатыр.

Дәмеш, оған ілесе Жалау келеді, екеуі де қуанышты.

Дәмеш. Міне менің айтқаным тағы да дәл келді.

Назгүл. Жаным - ау, сен өте қуаныштысың ғой. Не болды?

Дәмеш. Әділбаев жолдас келген екен, сол бірдеңе деген болу керек, бюро ертеңге қалды.

Жалау. Мақтанба, мақтанба, сен түгілі Келекеңнің айтқаны да айнымай келетін.

Салқия. Аузыңнан айналайын-ай, не дейсің? (Қасына жетіп барады.) Оның айнымай келгені қай сөзі?

Жалау. Ол кісінің Мерейге «желін оңынан соғуы мүмкін» дегені рас па еді?

Салқия. Иә, рас.

Жалау. Рас болса сол.

Назгүл. Онда Келиманның желі солынан соғар.

Жалау. Жәй қоңыр жел емес, осы үйді теңселтетін үлкен дауыл соға ма деймін.

Салқия. О, іріген сөзден басқаны білмеген шірік ауыз өңкей.

Жалау. Сіз жаңа ғана «аузыңнан айналайын-ай» деп едіңіз, тым тез айниды екенсіз, ә?

Қасында Мерей бар, дабырлай сөйлеп Келиман келеді.

Келиман. Әділбаев жолдас алып қой шіркін. Амал пе, басқамыз оған серік бола алмай келеміз.

Мерей. Иә, етегінен тарта алмай діңкелеп келесіздер.

Келиман. Жалынамын, бауырым, сен осындай қалжыңды қойшы осы.

Қалипа. Мерей, Назгүл, Жалау, Дәмеш! Төртеуіңе қояр бір сұрауым бар, бері келіңдерші!

Келиман. Апа, сіз де келіп қалып па едіңіз, амансыз ба?

Жетіп барып қолын ұсынады.

Қалипа. Алдымен қолыңды жуып кел!

Келиман (аңырып қолына қарайды). Қолым таза, міне қараңыз!

Қалипа. Жоқ, таза емес. Жазықсыз жас жанның қаны сасып тұр. (Мерейлерге.) Жүріңдер бері!

Үйге кетеді. Басқалар оның соңынан кетеді де, Келиман мен Салқия қалады.

Келиман (оның қасына жетіп барып). Тағы не боп.

Салқия. Қурыдық, ойбай, бері кел.

Келиман. Сенің шешеңе не болған?

Салқия. Алдымен сен айт. Неге қайтып келдіңдер? Әділбаев па бюроны кейінге қалдыртқан?

Келиман. Иә, сол, сол. Ол менің шек - қарнымды ақтарып шықпай Мерейдің мәселесін қарататын емес.

Салқия. Құдайым-ай, сақтай гөр. Бурекеңнің беті қалай?

Келиман. Ой, Бурабайың құрысын сенің. (Ызаланып жүріп кетеді.) Қайдағы бір күмпиген қуыс кеудені. Буреке дейді ғой.

Салқия. Сұмдық - ау, сеп неғып мұндай батыр бола қалдың? Әлде ол кететін болды ма?

Келиман (құпиялап). Обком тығыз шақыртып, соған асығыс кеткелі жатыр, бет әлпетіне қарағанда оның осы кеткені кеткен секілді. Мерейдің көзінше оны Буреке деуші болма, ұқтың ба?

Салқия. Ұқтым! Ұқтым! Бірақ Мерейге жалынбасаң жаның енді қалар ма екен?

Келиман. Мерейге не үшін жалынбақпын?

Салқия. Назгүл менің Дәмешке жазған бір хатымды қолына түсіріп алыпты. Соны апарып анау арыздармен салыстырса құрыдың емес пе?

Келиман (қатты шошынып, Салқияның иығынан ұстай алады.) Не дейсің, малғұн.

Дәулен мен Айжан келеді.

Салқия (Дәулендерді көре сала күбірлейді). Тоқта! Құдайым мыналарды сенің бағыңа айдап келген болар.

Дәулен (анадайдан). Ау, осында Мерей бар ма?

Салқия Ата! (Қарсы жүреді.) Мерейіңіз де, Назгүліңіз де осында. (Қолын ұсынып.) Ауыл-аймақ, бота-тайлағыңыз аман ба, ататай?

Дәулен (қолын таңдана ұсынып). Иә, бәрі де аман.

Келиман. Сәлем, Дәукеі (Қол алысады.)

Дәулен Сәлем, Келиман.

Салқия. Ойбай-ау, ең жақсы көретін шешемді байқамай мені не қара басты - ей? Есенсіз бе, апатай. (Айжанды бара құшақтап бетінен сүйеді.) Сағынып алыппын ғой тіптен.

Дәулен. Түк түсінсем бұйырмасын, Мерей анық осында ма?

Келиман. Иә, анық осында. Оның не таңданатыны бар?

Дәулен. Сендердің достықтарың мен қастықтарың бір қалыппен соққандай, таңданбасқа бола ма?

Салқия (енді Дәуленді келіп құшақтайды). Сіздер бір жақсы тілеудің үстіне дәл келдіңіздер, Дәуке.

Дәулен. Жақсы тілеу!

Салқия. Келекем екеуміз бір мәселеге таласып тұрмыз, соның төрелігін сіз айтыңызшы.

Дәулен. Ол не?

Салқия. Мерей мен Назгүлге апамның ризалығын алып бермекші едік, соны қайсымыздың айтқанымыз жөн.

Айжан (қуанып). Сақышым - ай, лебізің неткен жақсы еді. Сен айт, қарағым, сенің айтқаныңнан шығатын Қалипа жоқ.

Келиман. Өте дұрыс айтасыз, шеше. Ал, Дәуке, менің сізден тілейтін одан да үлкен бір тілегім болып тұр.

Дәулен. Үлкен тілек! Менен бе?

Келиман. Иә, сізден! Мен сізді әке орнына - әке, аға орнына - аға еткім келеді.

Дәулен (сезіктене қарап). Оның төлеуі не болар екен?

Үйден Қалипа бастаған топ шығады.

Келиман. Апатай, біздің бір оңаша сөзіміз бар еді, кішкене бара тұрсаңыздар қайтеді?

Қалипа. Апа дейсің, ә? Рас, сен де мендей анадан тудың мен де сенің анаң болып келдім. Сол аналықты таптағың келмесе шыныңды айт! Кім Мерейдің үстінен жалған арызды жаздырған. Кім мынаны жазған. (Манағы хатты ұсынады. Келиман не істерін білмей тұрып қалады.)

Қалипа (аз паузадан соң). Ей, Келиман! Мен өзімнен туған үш қыздың емес, сенің де анаң болып келдім. Бірақ, мен қазір анамын деп мақтана алмай, кінәлі жандай именіп ауыр қиналудамын. Өйткені мен алданған, адасқан жаймын. Мен Назгүлімнен сен жайында жайсыз сөздерді қанша естісем де, сене алмай келіп едім, көзім бар шындыққа жаңа жетті. Мен Салқия екеуіңнің тіліңе еріп Назгүлімнің бағын байласам, Дәмешімді сүттей ұйып отырған жерінен айыра жаздадым. Ойлап қарасам, осының бәрі өзіме өзім істеген, сендер істеткен қастық екен. Егер маған жасап келген қамқорлығың өзіңнің мансабың үшін болса онда сенін ана сыйлағаның қайсы, ана сыйламасаң адамдығың қайсы? Егер де анандай мені бұлай сатсаң, сен кімді сатпайсың? Жоқ, сенің сатпайтының жоқ, сен туған еліңді де сатасың. Өйткені сен күншілсің. Күншілдің ниеті қара, күні қараң! Бекер десең жүр сол райкомыңа! Бюросын ертең емес, бүгін шақырсын. Жүріңдер бәрін де.

Салқия (Келиманға). Тілін байланып қалды ма ей, неге үндемейсің?

Келиман. Апатай - ай, кішкене тоқтаңызшы. (Есінен адасқандай әркімге бір алақтап.) Бауырым, Мерей! Менен осындай бір ағаттық болды, кешір, бауырым.

Мерей. Халықтан сұраңыз, халықтан! Бетіңіз шыдамаса мен - ақ сұрап берейін. Баршаңыздан бір сұрау! (Залға қарап.) Сіздерден де!.. Біздің елімізде: осындай күншілдерден, мансапқорлардан қауіпті жау бар ма?

Дауыстар. Жоқ, жоқ.

Мерей. Мұндайлардың кінәсын кешіруге бола ма?

Дауыстар. Жоқ, жоқ.

Мерей. Біз халықтың үкіміне әрқашан да разымыз. Ал, сіз Келиман Келдекбаевич! Ар-ұяттан тыр жалаңаш күйіңізде көрге кіріңіз.

Шымылдық.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз