(повесть)
Саржанның дәптерінен
І
— Жайна, зарсыз, мұңсыз болашақ! Бүгін Саржанды қандай асыға күтсем, сені де сондай асыға күтемін..
Күткен күнім жетті. Күткен сағатым соқты, оқушым. Оған, міне, төрт жыл.
Сол күнге жеткенімді сезген кейбір оқушыларым «Саржанның сұр дәптерінің бетін қашан ашар екенсіз, біз оны қашан оқыр екенбіз», — деген тілекті әрдайым қойса да, менің берер жауабым болмай келді. Өйткені өмір мен елімнің алуан түрлі ауыр айқасы жазылған ол дәптерді Саржанның өзі қайтып алған еді. Сол төрт жылдан бері өтелмей жүрген борыштан құтылудың сәті енді түскен сияқты. Бірақ оқушыларым күткен соғыс дәптердің емес, бейбітшілік өмір жайында жазылған басқа дәптердің бетін ашқалы отырмын.
II
Өмір бойы көксегенім туған жерім Мойынқұмды елімнің ең құтты мекені ету болатын, Бұл үмітімді бүкіл әлемді бес жыл бойы қалтыратқан соғыстың сұрапылы да, өкпеме қадалып алып жеті жыл бойы алдырмай қойған жаудың оғы да үзе алған емес. Жау жеңілді, жара жазылды, ендігі мақсат — дегеніме жету. Сол мақсатқа жетудің жолын іздеп осы жылдың бас кезінде Мойынқұмды шарлап қайттым. Сол жолғы бір жас нәрестенің шырылдаған даусы мені сыры жұмбақ сезім теңізінде малтытты. Егер сол сапарымды ойлай қалсам, бүкіл дала сол баланың үніне үн қосып тұрғандай сезіледі.
Ол осыдан тоғыз ай бұрын — марттың бас кезі еді. Көлігім — жалбыр жалды, қатқан қара сұр айғыр. Серігім сол қара сұр айғырдың иесі «Қызылту» колхозының Дәуір дейтін бастығы.
Шүйдесі шығыңқы, маңдайы шынашақ елі бастық сөзге сараң, ойы қораштау адам екен. Сол тапшылық өзі құлазып жатқан құм тауының алабын онан сайын құлазытып, мені мүлдем зеріктіріп жіберді.
— Жол қысқарсын, әңгіме айтыңыз, — деген сөзді ауылдан шыға бере қақсап, он километр жердегі құмға жеткенімізше әлденеше рет қайталадым. Бірақ оның әңгімесі жолды ұзарта түсті. Тек алғашқы сәтте ғана ол колхозының байлығын жол азығы еткісі келгендей, тамағын бір кенеп алып;
— Білем, білем, сіздің көмейді (көкейді дегені болар) тескен не екенін. Менің колхозымның байлығы ғой білмегіңіз. Алаң болмаңыз, алдымдағы бар байлығым алақанымда. Мен оны ақсақ тауық, қотыр лағына дейін айтып бере аламын, тек жадыңызға жаза біліңіз.
— Құлағым сізде, айта беріңіз.
— Айта берсем, біздің байлық мынандай: бізде қазір үш мың сегіз жүз он екі қой, үш жүз отыз екі сиыр, үш жүз жетпіс жылқы, қырық алты шошқа бар.
Оның бар байлығы осымен бітті де, басқа айтары болмай, ыңылдап барып түшкіріп салып:
— Жәрәкімәлла, жалған емес екен, — деді.
— Мың қабат түшкірсеңіз де, мұншалықты кедей колхоз бар дегеніңізге сену қиын, — -деп едім, ол:
— Қанағат, бауырым, қанағат, — деді атын борбайға бір тартып жіберіп, тебіне түсіп, — бұрнағы жылы жұттан бұл колхозда төрт-ақ отар мал қалған-ды, қанағат...
Қара ала шабырлана бастаған құм төбешікке екеуміз жарыса шықтық. Сол сәтте-ақ бетпаққа дейін кең жазылып жалпиып жатқан бұл тау жайындағы түсінігімнің бәрі күл-талқан болды. Өйткені бұл - тау деуге, сай-саласы жоқ, дала деуге алақандай алаңы жоқ, көкжиекке дейін көз сүрінтер бірде-бір шоқысы жоқ, бейне - бір дауылды күнгі теңіздің беті секілді бедерленіп жатқан кең дала.
Көктемі жақындаған күн шығанға шығып алып, бар мейірімін төгіп-ақ тұр. Бірақ мына даланың әлі тірілер түрі жоқ. Тіпті, оның мұздаған денесі әзір жылынатын да емес, тек бастықтың үнемі бусанып тұратын маңдайы секілденіп қары ғана жылтырайды.
— Енді менен алыстамаңыз, — деді менің серігім жіпсіген маңдайын жеңімен бір сипап тастап, алысқа көз жіберіп, — алыстай қаласаңыз-ақ, мына қатпаршақтың ішінен адасуыңыз сөзсіз. Жаман айтпай жақсы жоқ. егер адаса қалсаңыз, сонау көрінген обалардың бірін қақ маңдайға алыңыз да, тарта беріңіз. Оба бар жерде малшылар бар. Біздің ендігі бетіміз — сонау оң жағынан санағанда жетінші оба. Біз түнеуге жарайтын күркенің тәуірі де сол маңда, бүгін одан ұзамағанымыз жөн.
— Немене, малшылардың кісі түнеуге келмейтін күйде тұратындары да бар ма?
— Өзім үшін «алтыаяқтың» қайсысы да алтын сарайдай, мен сіздің жайыңызды ойлап келемін.
Ол менің не. дерімді тосқан жоқ, тіпті, риза еттім деген ойдан да cay емес-ау деймін, бағытымызды қолмен де, иегімен де нұсқап тұрып соны айтты да, кез ұшында көрінген обаларға қарай жорта жөнелді. Оған ілесе мен де жөнелдім.
Көп ұзамай жаңағы обалардың деңгейіне де жетіп қалып едік. Кенет гүрс еткен мылтық даусы меңіреу даланы селк еткізді. Кілт тоқтай қалып құлақ тіккенімізше болған жоқ, бір әйелдің ащы айғайы еміс-еміс естіле қалды.
— Қап біреудің қойына қасқыр шапты-ау, қай жақтан шықты өзі?
Мен аттар құлағын тігіп тұрған жаққа қарай шаба жөнелдім. Бағдарым дұрыс екен, әудем жерге жетпей-ақ қарсы алдымыздан бір отар қой дүркіреп шыға келді де, бізді ес керді ме, қалай, аңыра қарап тұра қалды. Сол қойлардың алдын кесе бір әйел бізге қарай ұшып келеді.
— Ей, ей, малды иесіз тастап қайда барасың ей?! — деп, соңымда келе жатқан Дәуір баж ете қалды. Әйел оны елеген жоқ, жүгірген бойы келіп бір шок бұтаның түбіне жете бере қолындағы мылтығын лақтырып жіберіп, етпетінен түсті де, әлденені құшақтай қайта тұрды.
«Бұл не? Әлде арамза туған қозы ма?»
Басыма осыдан басқа ой келмей, қойшы әйелдің әр қимылынан көз алмадым. Әйелдің қолындағы қозы емес, туғанына үш-ақ ай болған бала екен. Оның іңгәлаған даусы мені де теңселтіп жіберді.
Қойшы әйел бізді көрер емес, нәрестесін көкірегіне қыса түсіп:
— Құлыным-ай, күнім-ай, қойы құрғырды қорғаймын деп, сені қасқырға жегізе жаздадым-ау, құлыным, — деп, күбірлеп тұр.
Мен жете бере аттан түсе қалып, қолымды ұсына жақындап:
— Сәлеметсіз бе? — деп едім, ол баласын көкірегіне қыса ыршып түсті де, үрейлі отты көзімен жалт қарады. Қарай сала өзінің ағаттығын сезіп қалып, мырс етті. Сірә ол елсіз далада көзге көрінбей келіп, тұла бойды зілдей басатын жалғыздықтың шеңгелінен құтылғанына қатты қуанған болу керек, аспанның күні мен даланың желі құшырлана көгі сүйгендіктен, алтынға буланған күміске ұқсап, нарттай тотыққан бетіне шаттық нұры ойнап шыға келді. Ұсынған қолымды алмай, күле қарап тұр.
— Сіз немене, менен қорқып тұрсыз ба?
Сонда ғана ол миығынан күле үн қатты:
— Бізге келген бастықтар тек тұмсығымен ғапа амандасатын еді, — деді.
— Тұмсығымен амандасқаны қалай?
— Қайдан білейін, амандаса қалсаң, қайсыбірі тұмсығын бір көтереді де, жем сұраған сиырша ыңылдайды.
— Иә, малшыны мал көретін ондай жануарлардың бар екені рас, — дедім де. баланы қолыма алып, бетіне үңілдім. — Ей, батыр, саған қой бағу әлі ерте емес пе?
— Тоқабай дейтін көршіміз тоқалының белін тартыс деп, жалынып-жалпайған соң, әкесі сонда кетіп еді, үйге Жалғыз қалдыра алмағаным.
Оның жайбарақат айтқысы келсе де, әлдекімге тістене шыққан бұл сөзі менің жүрегімді тіліп түсті.
— Тоқалының белін тартқаны қалай?
— Босана алмаған әйелдің белін тартатын дүлейлік бізден әлі қалған жоқ.
Мен: «Масқара!» — деуден басқа сөз айта алмай, баланы шешесіне бере салып, атыма міндім.
— Ол көршілерің қай жерде?
— Мына көрінген обаның теріскей жақ түбінде біздің «алтыаяқ» тұр. Сопың арғы бүйіріндегі төбешікке шықсаңыздар, оның «үйі де» көрінеді.
Нендей ойдың жетегіне ергенімді өзім де білмеймін, әйтеуір келіншек нұсқаған обаға қарай шаба жөнелдім. Дәуір де соңымнан қалмай жалбақтап келеді. Жүндестеу келген құлақшыны мүлдем тиіп кетіпті.
Екеуміз үздік-создық жортқан күйде Тоқабайдың күркесіне де келіп жеттік. Дұрысында бұл «алтыаяққа», иә күркенің басқа түріне ұқсамайтын, жуандау үш қайың қаданың басын буып, кигіз жаба салған бірдеңе.
Аттан біз де түстік, күркенің ішінен шыр еткен нәрестенің, оған ілесе әлдекімнің: «А, құдай, ақсарбас», — деген даусы естіледі.
Тоқабай дегеніміз томардай ғана шал екен. Ол қуанышын күркесіне сыйғыза алмай аздан соң далаға жүгіріп шықты да, жөн сұрамастан қолымызға жармаса кетті.
— Бауырларым-ай, қыдырларым-ай, айналып кетейіндер-ай, кешеден бері әке-шешесін бірдей қинап тумай қойған бала сендердің аттан түсулеріңді күтіп тұр екен ғой, — деп, ол бәйек болған сайын Дәуірдің мұрты жыбыр-жыбыр етіп, көзі шатынап кетті.
— Перзентіңнің өмірлі, бақытты болуына тілектесіңіз, бірақ мына қылығыңды еш уақытта кешпеспіз, — деді ол тістене сөйлеп.
— Өз кінәмды кешпесең кешпе, тек сол бөбегімнің тілегін тілесеңдер болады.
— Перзентіңіздің тірлігін шын тілесеңіз, шешесін әйелдер босанатын үйге неге жібермедіңіз? — деп, мен де бір сөз тастап едім, ол ұяла күлімсіреп:
— Қартайған болуым керек, қарағым, қара басып, есебінен жаңылып... Мезгілін білмей қалып, — деп міңгірледі.
— Соқпа өтірікті?! Қарауыңдағы бес жүз саулықтың қайсысы қай күні қоздайтынын жақсы білгенде, өз қатының қай күні босанатынын қалай білмейсің?
Жаңа ғана моп-момақан көрініп тұрған Тоқабай Дәуірдің мына сөзінен кейін кенет айбаттанып кетті.
— Немене! Еңбеккүнсіз аштан өлейін бе? Жоқ, әлде жалғыз өзім бір отар қойды қасқырға жегізіп, Итжеккенге кетейін бе?
Дәуірдің ашу шашып тұратын кезі бұрынғыдан бетер шатынап, мұрты бұрынғыдан да бетер жыбырлап, шыбжыңдап кетті. Бірақ Тоқабайдың айтып тұрғаны шындық. Сол шындыққа бастықтың тілі байланды да, үн қата алған жоқ.
— Ашығырақ айтыңызшы, еңбеккүнсіз деуіңіздің мәнісі қалай? — дедім мен Тоқабайға.
— Мәнісі сол: бізде буаз малды жұмысқа жегу былай тұрсын, жемдеп күтпеу де қылмыс. Ал, малшы әйелдер маған десе бір тапқанда бес ұлды қабат тапсын, бәрібір жұмыс істемесе еңбеккүн берілмейді. Қаладағылардың әйелдері алатын декрет біздің әйелдерге тимейді.
— Неге?
— Қайдан білейін, мына бастықтар біледі де, — деп, шопан бір күрсінді.
Сол күрсіну мені де күрсіндіріп, атыма не үшін, қалай тез мінгенімді де білгенім жоқ. «Үйге кір» дейтін қал Тоқабайда қандай жоқ болса, кіретін хал менде де сондай жоқ еді. Өмірге адам әкелген байғұс ананың дидарын көре алмастан, бөбегіне айтар жақсы тілегімді күрке сыртында, ат үстінде тұрып айттым да, жүріп кеттім. Бірақ қанша ұзап кетсем де сонау жас нәрестенің аянышты әлсіз үні құлағымнан кетер емес.
Бар көрсеткен көм'егім жаңағы медсестралық пен бақсылықтың рөлін қабат орындаған «батырды» жіберіп, дәрігер келтірттім.
Қасымдағы «қамқоршым» кешке қарай ең бай аталып жүрген қойшының үйіне қарай тартып еді, мен оған болмастан алғаш кездескен күркеге түсе қалдым. Бұл өзі кедей болғанымен жаны бай шопан екен. Барын алдымызға тосып, бар құрметін көрсетіп бакты. Күркенің қақ ортасында...Манағы нәресте есіме тағы түсті де, түні бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмадым. Тек сол күні, сол күркеде ғана емес, Мойынқұмда өткен барлық күнді мен түгел солай өткіздім.
Сонан бері тоғыз ай өтсе де, сол нәрестенің шырылдаған даусы құлағымнан әлі кеткен жоқ. Ол құлағыма келген сайын өзіме өзім ант етіп әлденені күбірлеймін. Өзімнің де, жүрегімнің де бар айтары «ел ырысы, мал өрісі болмаған алақандай жер қалдырмау Мойынқұмның шөлінен». Соны ғана мақсат етіп, соны ғана тілеумен жаз бойы жүргізген әзірлігім жаңа ғана аяқталды, бүгін сол жорыққа аттанбақпын.
Жолға шығар мезгіл жетті. Қандай ұзақ сапар болса да әзір секілді едім, дәл жүрерден аз уақыт бұрын қайдағы бір тұмандатқан күдікті ойлар қаптап кетті. Манадан бір кітапты құмарлана оқып отырған Гүлжаһан сол ойымды көз жанарымнан көргендей қарай қалып ақырын күрсінді де, кітапты стол үстіне тастай салды.
— Сен дегеніне жетпей қоймайтын ақжолтай едің, осы сапарың қалай болар екен?
Оның бұл сөзі денемді дір еткізді, бірақ сыр сездіргенім жоқ.
Иә, бұл сапардың күдігі үлкен. Өйткені көлемі Европаның кейбір кішігірім мемлекеті сыйып кеткендей Мойынқұмның жаралғалы жан баспаған әлі де талай жері бар. Мен бастап бара жатқан экспедицияның көздегені — келешекте он миллиондаған малдың отары болатын сол құба жон-құм адырдың алақандай жерін де, бір тамшы суын да иесіз қалдырмаудың жолын табу. Ол үшін ең алдымен малшыларға қысқы мекен болатын жер табу, жасанды шабындыққа айналдыруға болатын қобылардың есебін алу. Бұл аса ауыр болғандықтан бұрын ойға да ілінбеген, ауызға да алынбай келген мәселе.
«Қолайлы жерінің жоқтығынан ол құмның ішінен мекен салу мүмкін емес» деген сөзді мың адамнан естісем, «мүмкін» деген сөзді бір адамнан естіген емеспін, бірақ үмітім оның бірде-бірін елеген емес. Сол өжет ойымды Гүлжаһанға айтқалы оқтайланған кезімде біреу есік қақты. Біз жауап қатқанша болған жоқ, шегір көз сары жігіт кіріп келді де, ойымды бөліп жіберді.
— Саржан Мұратов дейтін жолдас осы үйде тұра ма? — деді ол кейісті түр көрсетіп.
Оның зілдене сөйлегені, әсіресе, «дейтін» дегені қытығыма тиін кетті. Шегірлеу көзінен бастап ширығып тұрған шымыр тұлғасына көзімді бір жүгіртіп еттім де:
— Саржан Мұратов дейтін жолдас алдыңызда тұр, — дедім кекетінді дауыспен.
Ол өзінің сәл ағаттық еткенін енді сезгендей көзін күлімдете бастады.
— Менің сізді күткеніме бір қырық минут болды, қане жүрейік.
— Қырық минут күтпей, қырық қадам жер жүрсең, біз ендігі талай қырдан асып кететін едік қой, — деп мен бар кінәні оның өзіне аударып тастадым да киіне бастадым.
— Гудокты қырық қабат үйден де өтетіндей етіп-ақ бердім. Естімесеңіздер қайтейін.
Ол осы сөзбен кінәні өзіме қайта аударып тастаған соң аты-жөнін сұраудан басқа айтарым болған жоқ.
— Өз атым Нияз, әкем аты Малбағар. Мынау сіздің заттарыңыз болар? — деді де, ол менің жауабымды күтпестен жол жабдығы салынған екі үлкен сумканы ала жөнелді.
Сыртқа шықсам, Гүлжаһан машинаға салынған заттарды түгендеп тұр екен, мен жақындай берген кезде ол ақырын күңк етті:
— Маузеріңді алмапсың ғой?
— Оны қайтемін?
— Жолбарыс, қабан сияқты жыртқыштар кездесе қалса қайтесің? Сенің қырғауыл ататын оғың оларды өршелендірмесе, өлтіре алмас, — деді де ол үйге қарай жүгіре жөнелді.
Мен осы сапар Үшаралдың тұсынан Мойынқұмды кесіп өтіп, Шудың аяғындағы «Ұланбел», «Жиделі» дейтін жерлерге дейін бармақшымын. Оларға барар жолдың қай жерінде қабандар қалың, қай жерінде жолбарыс барып талай естігенмін. Соны ойлап, Гүлжаһан әкеліп ұсынған маузерімді аларын алсам да, ел ішінде жарақ асынып жүруді ерсілеу көріп қайта бердім.
— Мұның жөндейтіні бар, Дүйсетайға апарып бер, мен келгенше жөндегі қойсын. Ал, сау бол. Сен cay болсаң, мен әрқашанда саумын, — деп бетінен бір сүйдім де, тез барып машинаға отыра кеттім. Бар тауып айтқан сылтауым сол ғана, ол сылтауыма Гүлжаһан сенді ме, сенбеді ме білмеймін, үн қатпастан кейін шегінді, шегіне бере Ниязға әлденені айтып күңк етті. Мен мойнымды бұрып қарағанша болған жоқ, ол: «Ау, мынау есіктерің ашық қалыпты ғой», — деп машинаның артқы есігін сарт еткізді, біз жүріп кеттік. Мен оның ешқайсысына мән бергенім жоқ, өз ойыммен алысып кете бардым. Гүлжаһанның нені ойлап, неге үнсіз қалғанын да, жанағы маузерімнің өзіммен бірге келе жатқанын да сезгенім жоқ. Егер ол маузерім үйде қалып қойса менің бұл сапардан аман қайтпауым да мүмкін екен.
Экспедицияның адамдарымен кездесетін күнім ертең. Уәделескен жеріміз Мойынқұмның Свердлов пен Талас аудандарының шекарасындағы жиегі болатын.
Құмға бастап баратын адамдарды Талас ауданынан алмақшы едім, сондықтан бетімді сол ауданның орталығына бұрдым.
Жамбыл қаласынан шыққанымызға біраз уақыт болды. Солтүстіктен қиыр батысқа бейімдеу жатқан кең жолдың екі жағындағы бау-бақшалы бірнеше колхоздың сәулетті қаласы артта қалып барады. Әр жеріне төбе-төбе қызылша үйілген егін жайдан да етіп, көз тартатын көркі жоқ, көсе бетке ұқсайтын құлазыған далаға келіп түстік. Әредік кездесетін сұлу белестері болмаса, қызылшақа қиыршық тастардан бойлай алмай, діріл қағып тұрған алуан түрлі есімдіктері әр жерден бір селтиеді, көз тартатын сиқы жоқ.
Жол жақсы, машина заулап келеді. Көз ұшында көгілдірленіп көрінген белестердің түсі жақындап келгенде жосаға ұқсап кетеді. Сондай біріне-бірі ұқсас белестердің талайынан өтіп, тағы бір жазық далаға түстік.
— Міне, Таластың даласына жеттік. Енді қаласы да алыс емес. Тура қырық тоғыз километр, — деді жас болса да бұл кең далада талай жортқан Нияз.
— Соған дейін ел жоқ, па?
— Бұл екі ортада ел түгілі ебелек те жоқ.
— Таластың барлық жері осындай ма?
— Жоға, — деді ол намыстанғандай түр көрсетіп, — баяғыда қалмақтар осы өңірдегі елді Арқаға қарай бір шұбыртыпты ғой. Сонда Мәлікбай дейтін бабамыздың: «Әттең, ат сауырына сыймайсың-ау, бөктеріп әкетер едім» — деп, жылаған жері осы ауданда.
Мен оның бұл.сөзінен сөз туғызғым келіп:
— Ол жер алыс па? — дедім.
— Мына тұста, жақын.
— Онда мақтамай-ақ қой...
— Неге?
— Шектес жатқан даласының сиқы мынау. Ол қайбір оңған жер дейсің.
Нияз үндеген жоқ. Жаңағы сөзімді ұнатпағанын қабағынан танып мен де үнсіз келемін. Аздан соң ол маған көз қырын суық тастады да:
— Өзіңіз қай жерде туған едіңіз? — деді.
Мен оның сөз сайысына шығатынын сездім де туған жерімді оның жерінен асырғым келіп:
— Бір әзінен биыл елу батыр шыққан жер, — деп едім, ол бетіме жалт қарады да, басын шайқады.
— Апыр-ай, ә!.. Ғажап екен.
— Оның несі ғажап?
— Отыз екі батыры бар біздің Таластың даңқы алты әлемге жайылғанда елу батыры бар сіздің ауданның атағы жоқ, бұл қалай?
Мен мырс етіп күлдім де, оның арқасынан қақтым.
— Сен жеңдің, мен жеңілдім. Енді еліңді де, жеріңді де мақтай бер, мақтана бер. Оған сенің хақың бар.
Ол енді насаттана сөйледі:
— Сіз менен көбірек білесіз ғой, білгеніңізді өсірмей де жасырмай да айтыңызшы, бүкіл Қазақстанда Еңбек Ері атағын біздің Таластан көп алған аудан бар ма?
— Қазақстан ғана емес, бүкіл Совет Одағында жоқ. Мынандай қу далада өшпес даңққа ие болған Таластың адамдары шынында тамаша. Ондайлар келешекте де аз кездесер, — деп едім.
— Әділ сөзді жада айттыңыз-ау, — деді ол шірене түсіп, — сіз қайта салқын кезде келдіңіз ғой, егер де жаздыгүні келсеңіз жаныңызды қоярға жер таппас едіңіз, — деді де, көзін жолдың жиегіне көңілсіз тастап алып, — мына жатқан қиыршық тастар күн қызған кезде қып-қызыл шоқтай болып кетеді де, бетіңізді оттай шарпиды. Малшыларды сол азаптан құтқарудың жолын неге ойламайсыздар? Әрине, күннің көзіне құм шаша алмапсыздар, бірақ ой жұмсасаңыздар қорғанудың жолын табасыздар ғой. Мысалы, кейбір шопандар ыстыққа шыдай алмай отарын күндіз жусатып, түнде өргізетін болып жүр, менімше, солардың осы сандалбайында бір саңылау бар. Сіздер тым болмаса соған зер салсаңыздар екен.
Өмірінде мал бағып көрмеген шофердің сөзі маған үлкен ой салды. Сол ойды жұртшылық алдына тартқым келіп, дәптерімді алдым да: «Жайлаудағы жарық түн» деген сөзді жазып қойдым. Әрине, бұл менің келешектен күткен жада үмітім. Енді сол үмітке қалай жетуді ойлап кез алдыма бір өзі бүкіл бір жайлаудың түнін жарқыратып тұрған прожекторды елестетіп отыр едім:
— Міне, Таласыңыздың қаласы, — деген Нияздың даусы ол ойымды бөліп жіберді. — Әттең, уақыт жетпей жатыр, әйтпесе Таластың бойына көшіретін-ақ, қала, — деді.
— Неге? — деп, мен оған жалт қарадым.
— Неге екенін өзіңіз де.көріп келесіз ғой. Жері мынау, құс қанатының лебіндей желі де борап жатқаны.
— Маңайында ел жоғы қалай?
— Ел түгіл бір тал шөп те жоқ. Ең жақын деген колхоздың өзі қырық бес километр жерде.
— Үйлері томағадай әдемі екен.
— Әй, қанша әдемі болса да кенепке жамалған жібектің қиығына ұқсап тұр-ау.
Онысы рас, көшесінде ағашы жоқ шаңдатып жатқан қала көріксіз көрінеді екен.
— Бұл қалай, әлде, мұндағы батыр жолдастар мал есіруден басқаны ойламай ма?
Бұл сұраудың жауабын ол бере алған жоқ. Машинаны шеткерірек тұрған бір үлкен үйдің алдына әкеліп тоқтатты да:
— Оны осы үйдегі батырлардан сұрарсыз, бұл аудандағы екі үлкен батырдың екеуі де осында, — деді.
Оның екі үлкен батыр деп тұрғаны аудандық партия комитетінің секретары Смағұлов Мәмбет пен аудандық, Совет атқару комитетінің председателі Досымбаев Әбдіжапар екенін сездім. Машинадан түсіп, үстімнің шаңын қағып тұр едім, бір бала жүгіре басып кеңсеге кіріп бара жатыр екен. Сонан жөн сұрағым келіп:
— Ей, бала, бері келе кет! — деп едім, ол жалт бұрылды. Бала дегенім сақал-мұртын қырып тастаған жігіт екенін көргенде мен өз сөзімнен өзім қысылып қалдым. Ол менің аңдамай айтқан ағат сөзіме шамданған жоқ. Қайта күлкісі келгендей жымиып келе жатты. Мен де оның бойы кішкентай болғанымен ойы үлкен екенін омырауындағы Алтын жұлдыздан тез сездім де, қысылуды тез ұмыттым.
Ол жақындай бере шалқасынан қайырған қара шашын кейін қарай бір сипап тастады да, қолын ұсынды.
— Арапов!
Мен де аты-жөнімді айтып амандасудың ырымын істедім. Бұл кішкентай батыр осы даңқты ауданның ең жауапты жұмысын жүргізіп отырған ауыл шаруашылық бөлімін басқаратын Нағашыбек Арапов - екен. Оның бұрын Қазақстан Орталық партия комитетінде қызмет істегенін, негізгі мамандығы зоотехник екенін, ауыл шаруашылығын жақсы білетін маман адам екенін Алматыда оқып жатқан Смағұлов жолдастан естіген едім, екеуміз тез шүйіркелесіп кеттік. Бір кезде мен айналаға көз жіберіп сәл кідіріп қалып едім:
— Қалай, қаламыз ұнамай тұр ма? — деді ол.
— Сіздерге мал өсіруден гөрі ағаш есіру киын секілді.
— Суы жоқ жердегі елдің қолы шолақ, аяғы ақсақ екен ғой.
— Ой олақ болмаса қолдың шолақтығы да, аяқтың ақсақтығы да бөгет емес, — деп, мен оның сөз орайына қарай тиісе сөйледім.
— Мұныңыз бір жаңалық екен, — деді ол күлімсіреп, — осында келгендердің бәрі бізді мактай келуші еді, сіз сынай келдіңіз ғой.
— Қанша батыр болса да адамның сегіз қыры бірдей болмайды.
— Әрине, біздің де сегіз қырымыз бірдей емес. Сол сияқты мінді айту да мін емес. Келгендердің бәрі мақтай берген соң бүгін өзімізді өзіміз сынап жатырмыз. Оны естігіңіз келсе Досымбаев жолдастың кабинетіне жүре қалыңыз. Ал мына қаламыз жайында кінәламай-ақ қойсаңыз да болады. Енді бір-екі жылда келсеңіз бұл қаланы не Таластың жасыл жағасынан, не өзінің жасыл қалаға айналғанын көресіз.
Мен келешекке сеніммен қараған адамды сүюші едім. Сондықтан болу керек, оның бұл сөзінен кейін келешектің бір салтанатты қаласын көз алдыма келтіріп тұр едім, осы жерде тап болған бір жуан қараның кесірінен ол сұлу елестің өмірі ұзақ болған жоқ. Менің ойымды бөлген оның басына жаздың, үстіне қыстың киімін кигені емес, тіпті, оның кетік тісі мен жуан қара мұртына көз де салғаным жоқ. Өзі ауыл советінің бастығы бола тура айтқан мына сөзі болды.
Нағашыбек өзінің жауапты жұмысын есік алдында да ұмытпай, оған екі мың түп алма ағашы жіберілгенін айтып, соны тез еккізуді сұрап еді, әлгі кетік қара, тағы бір тісі жұлынғандай қынжылып кетті.
— Нағашыжан-ау, басқа науқандарыңды аумағынан асыра орындап берейін, тек осы ағаш егудің азабынан құтқаршы мені.
— Неге?
— Ағашты еккенімізбен кебенектер қояр емес.
Нияз оның бұл сөзіне бір мырс етті де теріс айналып кетті. Мен көзімді кетік қараның адырайған ала көзінен ала алмай тұрып қалдым. «Көзі адырақтың миы азырақ» деген рас болар-ау дедім ішімнен.
Оның жанағы сөзіне Нағашыбектің де ызасы келген болу керек.
— Бері жүріңіз, — деген даусы зілдірек шықты.
Біз мәжіліс жүріп жатқан жерге келдік.
Үйдің іші толы адам. Мұның ішінде ауданның басты қызметкерлерімен бірге, кейбір мектеп директорлары да отыр. Қақ төрде қасқайып біреу сөйлеп тұр. Ол қасқайған сайын омырауындағы Алтын жұлдыз жарқырай түскен сияқты. Бірақ мен оның Алтын жұлдызына емес, өзіне, әсіресе, оның маңдайын қақ жара түскен таңбаның жіңішке сызығына қадалдым.
Бұл жаңағы Нияз айтқан осы аудандағы екі үлкен батырдың бірі, аудандық Совет атқару комитетінің председателі Досымбаев Әбдіжапар екен.
Ол отырғандарды қысқаша таныстырды да, қайтадан сөйлеп кетті.
Мен мұны ертеде, бір аса қиын жағдайда көрген сияқтымын, қайда көрдім? Майданда көрдім бе десем, омырауындағы тізіліп тұрған орден мен медальдардың ішінде Отан соғысына қатынасқанын көрсететін медаль жоқ. Енді қайда көрдім?
Өзіме өзім осы сұрауды бере отырып, ауық-ауық оның маңдайындағы сызыққа, отты көзіне әлденеше рет қарадым. Бетімді басқа жаққа бұрып, оның даусына құлақ салып та байқадым. Бірақ, қайда көргенімді таба алмадым, Бір кезде көзім жағалап барып оның сол жақ қолының саусағына түсіп еді, есіме мұнан жиырма бес жыл бұрын бір ұрылардың қолына түсіп, өлім халінде кездескен түйеші бала түсті де:
«Апыр-ай, әлде сол ма екен...», — дедім ішімнен.
Ол әлі сөйлеп тұр. Оның сыны қаттырақ тиген болу керек, кейбір шүйделі бастар да төмен тұқиып кетіпті. Менің көзім — сол тұқиған бастарда, ойым — сөйлеушінің кім екенін іздеуде.
— Тағы бір мысал, — деді ол, бір кезде салмақты үнмен, қынжыла сөйлеп, — жуырда мен Аманкелді атындағы колхоздың мектебінде болдым. Сол мектепте оқитын бір бала кенеттен ауырып қалған соң дәрігер алдырдық, — деді де, ортадағы ұзын столдың тер жақ шетінде біресе маңдайын, біресе көзін сипалап отырған қапсағай бойлы кісіге қарады, — жолдас Ақылбаев! Сіздің сол мектепте орыс тілінен оқытатын Керімбаев Қаратай дейтін мұғаліміңіз келген дәрігерге: «Мына бала ауырып қалды», — деген сезді орысша айта алмай, сен айтып жіберші деп, ауыл советінің секретарына жалынды. Мұны не дейміз? «Аңқау елге арамза молда» дейміз бе? Жоқ, жолдастар, оқу бөлімінің аңқау бастығы болса болар, қазір аңқау ел жоқ. Ал, «Бірлестік» колхозындағы мектептің директоры, мына отырған Шарипов жолдасқа өзінің оқытатын балалары «Робинзон Крузо» деген ат қойыпты. Оның дәл Робинзонға ұқсап сақал-мұрты есіп, кір-кір боп жүргенін өзім де екі рет көрдім. Мұны не дейміз!? Балаларға сен де солай бол дейміз бе? Жоқ, олай дей алмаймыз. Ендеше, Шарипов жолдасқа тәрбиені балалардан бұрын ең алдымен өзіңе бер дейміз.
Ең ақырғы бір мысал: мына отырған Жаңабаев жолдас өзі мектептің директоры бола тұра бесінші класта оқитын қарындасын оқытпай қойыпты. Мұны не дейміз?..
— Ол Жаңабаев жолдастың ежелгі әдеті. Үлкен қарындасын да бесінші кластан кейін оқытпай жүріп, ақырында күйеуге берген, — деп, шыдай алмаған біреу сез тастады.
Бұл — ауданның партия комитетінің кадр жөніндегі секретары Тоқсанбаев екен. Ол Жаңабаевты отты көзімен бір атты да, Досымбаевқа-қарап:
— Сөйлей беріңіз, — деді.
— Жолдас Жаңабаев, егер де бұл сіздің әдетіңізге айналса, егер де сіз совет тәрбиесін осылай түсінсеңіз, біз совет мектебінен сізге орын жоқ деп түсінеміз.
— Мен айтудай-ақ айттым, әке-шешем де, қыздың өзі де көнбейді, мен қайтейін, — деп міңгірлеген Жаңабаевтың даусын естігенім болмаса, өзін кере алғаным жоқ.
— Егер де сіз өзіңіздің әке-шешеңізге, өзіңіздің қарындасыңызға беделіңіз жоқ болса, енді кімнің алдында беделді болмақсыз? Жоқ, жолдастар! Біз мұндайлардың бір де біріне енді төзіп отыра алмаймыз. Біз мал шаруашылығын өркендетуде ғана емес, мәдениет жөнінде де барлық ауданның алды болуға міндеттіміз. Ол үшін біздің ең мықты тірегіміз — сіздерсіздер. Ол үшін әрбір мұғалім мен оқытушылар ең алдымен өздерінің алдарында тұрған мақсаттың қандай екенін, өздерінің халық алдында қандай қарыздар екенін түсінетін болсын. Мен Шарипов жолдастың сақалын жай айтып тұрғаным жоқ. Сіздер сол өздеріңіз тұрған жердің сәулеті сіздер. Сәулетке түспейтін көз жоқ. Ендеше, сіздердің бойларыңыздағы қасиеттің бәрі де көздің алдында. Сондықтан әрбір қадалған көз сіздерден өмірге керекті қасиетін ғана көретін болсын. Бізде ондай үлгілі мұғалімдер аз емес. Сіздердің көпшіліктеріңіз солардан білімсіз емессіздер. Бірақ мектептен алатын білім бар да, өмірден алатын білім бар. Егер де өмірден түк оқымай, мектептен алған біліммен ғана қалсаңыздар, онымен ұзаққа бара алмайсыздар. Айтар қорытындым да, қояр тілегім де біреу-ақ: сіздер ең алдымен өздеріңіздің бүгінгі күні әрбір балаға оқытқан әрбір әріптеріңіздің келешек үшін еккен жемістеріңіз екеніне көздеріңіз жетсе, бәрін де жеңесіздер...
Ол осыны айтып отыра берген кезде, менің қасымда отырған Нағашыбектің аузынан «ағаш» деген сөз шығып еді, ана жақта отырған кетік қара түшкіріп салды.
— Сау болыңыз! — десті маңындағылар.
— Дәл осы санар сол кісінің саулығы қалай болар екен. Маған сөз беріңіз...
III
— Маған сөз беріңіз...
Осы сөз әркімдердің-ақ аузынан шықты.
Қатал сынмен басталған мәжіліс келешектің басқышындай ізгі міндеттер жүктеумен біте берген кезде, есік жақтан әлдекімнің алыстан күркіреген күндей күңгір даусы шықты.
— Кіруге болар ма екен?
М. Әуезов. Ә. Әбішев 1056 жыл. Кавказда.
Л. Толстой, Ә. Әбішев жыл. Алматыда.
З. Кедрина. Ғ. Мүсірепов, Ә. Әбішев, Е. Рахмадиев, Қазақстан жазушылары VII съезінде. 1976 жыл.
Ж. Саин, Ә. Әбішев, Жұбан Молдағалиев. 1948 жыл. Москва өзені жағасында.
Б. Құндақбаев, Қ. Мұхамеджанов, Ә. Әбішев, Ә. Мәмбетов. Театрдағы кездесу.
1948 жыл. Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі. Москва өзенінің жағасында.
СССР жазушылары VI съезінде. 1976 ж.
Қазақстан жазушылары VII съезінің делегаттары: Қ. Бекхожин, Ә. Әбішев, С. Қожамқұлов, Ә. Шәріпов, М. Луконин, Ж. Бектұров. 1976 ж.
Т. Ахтанов, Ә. Әбішев, Е. Букетов. Қарағанды университетіндегі кездесу. 1977 ж.
Ә. Әбішев Қарағанды жастарының арасында. 1967 ж.
Т. Ахтанов, Ә. Әбішев, С. Шаймерденов Қарқаралы тауы баурайында. 1977 ж.
С. Шаймерденов, Ә. Әбішев, С. Досымов, Д. Әбішев. Қарқаралы тауында. 1977 ж.
Қарқаралы жерінде. 1977 ж
Жас жазушылардың Бүкілодақтық бірінші конференциясы. Ортада отырғандар: В. Катаев, А. Фадеев, П. Павленко. ,1938 ж. Москва.
Ә. Әбішев Шайтан көлі жағасында,
Мен бұл кезде осындай алыс түкпірде жатқан, дәрежесі кішкене адамдардың үлкен ойына, өз мінін өзі көре білетін көрегендігіне, өз мінін өзі сынай білетін күштілігіне сүйсініп, «кімде-кім өзін сынаудан қорықса — ессіздігі, оның әлсіздігі, кімде-кім өз мінін көре алмаса — оның» деген сөзді дәптеріме жазып отыр едім. Басымды көтергенше болған жоқ:
— А, қария, келіңіз, келіңіз, — деп, тердегі Досымбаевтан бастап, отырғандардың бәрі де келген адамға құрмет көрсетіп, орындарынан атып-атып тұрды. Мен бір ғажайып қаһарманды көргендей, топты қақ жарып келе жатқан алып адамға қадалған қалпым, отырып қалдым.
Салалы ақ сақалы тудай желбіреген, алып денелі қарт кең бөлмені төрт-ақ аттап келіп, амандасқалы өзі» не қарсы жүрген Әбдіжапар Досымбаевпен қол алысты да, жағалай көз тастап:
— Бәрің де көп жасаңдар, қарақтарым, отырыңдар! — деді. Сірә, менің елден ерек жалғыз отырып қалғанымды ұнатпаған болу керек, маған жөнді қараған жоқ.
Отырғандардың қайсыбіреулері қартпен де, оның қасына ере келген орта бойлы қарасұр жігітпен де қол алысып, қайсыбіреулері алыстан бас изесіп амандасты да, қайта отыра бастады.
— Танысыңыздар! — деді Әбдіжапар, біздің бір-бірімізді танымай отырғанымызды сезіп.
— Мына ақсақал — біздің Қартабай Атшабаров дейтін қарт батырымыз. Кешегі соғыс кезінде өзінің қандай ерлік жасағанын, майданға жіберген сәйгүліктерінің қандай қайрат көрсеткенін «Правда» газетінің бетінен де талай көрген боларсыз. Ал мына жігіт — Қартекеңнің көн шәкірттерінің бірі, «Бостандық» колхозының жылқы фермасының бастығы, сондағы партия ұйымының секретары, болашақ батырымыздың бірі Ералы Қадыралин жолдас, — деп, орта бойлы болса да, Қартекеңнің қасында қаршығадай-ақ көрінетін қарасұр жігітке көз тастады.
Мем Қартекеңмен амандасып, саусақтары сомдап соққан сом болатқа ұқсайтын қолын ұстадым да: «Жетпіске келгенде мынадай! Жас кезінде қандай болды екен», — дедім ішімнен.
Мәжіліс бітіп, жұрт тарай бастады. Әбдіжапар телефонмен үйіне баратын қонақтардың көбейгенін айта отырып, алдында жатқан қағаздарды жинастыра бастап еді, Қартекең кесек бір қозғалды да:
— Айтатын арызымыз бар. Қағазыңды жинамай қоя тұр. Нағашыбек, сен де кетпейсің! — деп, қайтадан нығыздана түсті.
Ендігі қалған бесеуміз. Екі үлкенге сөз бердік те, қалған үшеуміз тыңдаушы ғана болып отырып қалдық. Менің көзім әлі де Әбдіжапардан таяр емес. «Қайда көрдім?» — деген сұраудың соңында әлі отырмын.
Жоқ, өзінен сұрамасам таба алар емеспін.
Сөзді әзілмен Әбдіжапар бастады.
— Арызды мен сізге айтайын деп отырсам, сіздің маған айтамын деуіңіз қалай?
— Арыз деген әмірі күштіге айтылатын болар.
— Дұрыс айтасыз, арыз — әмірі күштіге айтылады. Сондықтан да мен сізге айтқалы отырмын. Анау-мынау әмірден ақылгөй қарттың сөзі артық.
— Еститінім осындай келемеж болса мен арызымды айтпастан кете беремін.
— Менің есім cay, есі сау адам өзін-өзі келемеждемес болар.
— Түсінбедім, — деп, Қартекең аңырап қалды.
— Сізді келемеждеу — өзімді келемеждеу ғой.
Қартекең Обкомның тапсыруы бойынша осы ауданның қысқа дайындығын тексеріп қайтқан-ды. Оның үстіне облыстық Советтің депутаттығына осы ауданнан сайланған-ды. Әбдіжапардың мезеп отырғаны сол сайлауда артқан аманаты екенін сезді де Қартекең тез жадырады, бірақ жеңілсе де иіле қойған жоқ.
— Әй, Әбжан-ай, — деді мұртынан күле сөйлеп, — жығылар жеріңді білетін жігіт едің, осы сапар тая бастың-ау.
— Қалай? — деп, Әбдіжапар қарай қалды.
— Сен мені облыстың депутаттығына сайласаң, мен сені бүкіл Қазақстанның депутаттығына сайладым. Мен батыр атағын алсам, сек де алдық. Мен бір ферманы басқарсам, сен бүкіл бір ауданды басқарып отырсың. Сонда қайсымыздың дәрежеміз үлкен болғаны?
— Кімнің еңбегі үлкен болса, соның дәрежесі үлкен. Өзіңіз бұрын мұндай емес едіңіз, қартаяйын дегенсіз бе?
— Міне, бұл сапар тап басып тауып айттың. Шынында мен қартая бастаппын. Өмірімде алдымнан қасқыр құтылып көрген жоқ еді, кәрілік шіркін жеңейін де¬ген бе қалай. Кеше бір қасқыр құтылып кетті. Онымен де қойған жоқ, ол: «Ә, Қартабай, елу жыл бойы қасқыр атаулының ажалы болып келген едің, енді қайтер екенсің», — дей ме, әйтеуір, түнімен ұлып ұйқы бермеді. Қасқырдың бұлай құтылғаны — Қартабайдың ұтылғаны. Қартайғанда қасқырдың мазағы болып жүре алмаймын. Қалайда маған бір винтовка тауып бер, мен қумастан жетіп, кеземестен атып құрта берейін. Осы ғана өз басымның айта келген арызы. Енді жердің зарын, елдің арызын тыңдаңыз.
— Арыздан бұрын сапарыңыздың бергенін айтыңызшы, қай жерге дейін барып қайттыңыз?
— Мен мал жатқан жерден әрі онша ұзағаным жоқ. Мойынқұмның Свердлов ауданы жақ шетінен түстім де, жиекте жатқан отарларды аралай отырып, сонау Үшаралдың аяғынан барып бір-ақ шықтым.
— Онда барлық отарды көрген екенсіз ғой.
— Тау жақтағы колхоздардың құмға әлі жетіп үлгірмеген алты отарынан басқасын тегіс көрдім.
— Неше күн жүрдіңіз?
— Осы сапар анық көрдім, біздің аудан шынында тым байып кеткен екен-ау, 40 жылы райком екеуміз...
— Аудандық Партия Комитетінің секретары деңіз.
— Иә, сол екеуміз осы ауданның барлық отарын екі-ақ күнде аралап шыққан едік. Мен осы санар мына шетінен мына шетіне он жеті күнде азар шықтым.
Ол кезде қырық мыңға да жетпейтін малдың қазір екі жүз отыз мыңнан асып кеткенін білмеуші ме едіңіз?
Мен дәптерімнің бетін аштым. Қиялым соңғы өткен сегіз жылды кезуілдеуде. Соғыс кезінде майданнан осы елге келіп бір ай дем алып қайтқанмын-ды. Сол сапарымда мен еңбек даласынан ерліктің алуан түрін көріп қайтқан едім. Менің ең жақсы оқыған сабағым тарих болатын, сондықтан болар, мен тарихын оқымаған халық аз. Өз елімнің ерлігіндей ғаламат ерлікті сол тарихтың ешқайсысынан, тіпті ешбір елдің ертегісінен де кездестірген емеспін. Соның бір айғағы алдымда отыр.
Бес жылға созылған соғыстың сұрапыл сұмдығын елеместен малдарын сегіз жылдың ішінде он алты есеге жуық көбейткен осылар. Мен соны ойлап дәптерімнің бетіне «ғаламат» деген бір сөзді қайта-қайта жазып бір жолды толтырдым да, олай деуімнің себебін жаза бастадым. Құлағым — екі батырдың әңгімесінде, көзім — дәптерімде, қиялым — келешекті кезуілдеуде.
Көзімді бір сәт Қартекеңе тастап едім, ол түнеріңкілеу отыр екен. Әбдіжапардың жаңағы бір сөзінің орайын жаңа тапқан болу керек, бір кезде кеудесін көтеріп алды, даусы да кесек шықты.
— Ауданымыздың малының санын өзім түгілі баламның баласы да біледі, сапасын білетін кім бар? — деді де, қалтасынан бір қағаз алып Әбдіжапардың алдына тастай салды.
— Бұл не?
— Бұл — облыстық ауыл шаруашылық бөлімінің үстінен Алматыға жазылған шағым, осыны сіздер арқылы жібергім келеді.
— Олардың жазығы не?
— Жазығы сол: ондағылардың малды асылдандыру керек дегенде таңдайы тақылдамайтын біреуі жоқ. Ал беруге келгенде біреуінің үні жөнді шықпайды. Маған асыл тұқымды төрт айғыр береміз дегеніне екі жыл болды. Әлі біреуінің тұяғын да көрсеткен жоқ. Қойды құртатын биенің қанын жібергенше, сол айғырларды неге жібермейді?
Қартекеңнің айтып отырғаны Завадовскийдің буаз биенің қанын егу жолымен қойды көп төлдетудің әдісі екенін сезіп, бір сұрау бергім келіп еді. Әбдіжапардың ойын білгім келді де, тоқтап қалдым.
— Сіз әлгі ойыңызды ашығырақ айтыңызшы, Завадовскийдің әдісі қойды құртатын әдіс дейсіз бе?
— Заманымызға қарасақ, солай деуге болады. Өзің ойлашы, ол тозып қалған ескі тәжірибе емес, жана ғана біздің заманымызда ғана табылған ғылми жаңалық. Ендеше, біздің заманымызда, біздің совет ғалымдары тапқан жаңалықтың ешқандай зиянсыз болуы керек емес пе? Сол әдіс қолданылған қойлардың бірсыпырасы биыл жеті-сегіз қозыдан төлдеп еді, біреуінің де елтірісі елтірі болған жоқ. Оның үстіне, қойлардың өзі мал болмай қалды. Ал екі-үш қозыдан төлдеген қойлардың түгі де кетпейді екен, қозысының елтірісі де жақсы болады екен. Ол биенің қаны неге солай бәрін екі-үш қозыдан ғана төлдейтін етпейді?
— Сіздің осы сөзіңізді мен 42 жылы Самарқанда өткізілген Бүкілодақтық қаракүл совхоз қызметкерлерінің мәжілісінде Завадовскийдің өзіне де айтқанмын, Оған кінәлі биенің қаны емес, өзіміздің қалай жұмсауды білмеген надандығымыз екен.
— Сол надандығымыз жойыла қалса тек қаракүл қойына емес, барлық қойға да қолданар едік-ау, ә? Өзін биеге қолданудың жолы табылмас па екен?
Нағашыбек мырс етіп күліп жіберді.
— Құлынды егіз-егізімен өргізейін дейсіз ғой, тегі?
— Е, өргізсе несі бар екен. Осы сендер қызықсыңдар-ау! Жылқыны көбейтуге келгенде, қызара бөртіп қымызын ішкендей неге ұмтылмайсыңдар осы?
— Қартеке, — деді Әбдіжапар күлімсіреп, — сіздің биеге қолданайын деп отырған әдісіңіздің өзі сол биенің қаны ғой.
— Ә, айтпақшы солай екен-ау.
— Арызыңыз менің атыма жазылмаса да қабылданды, тілегіңіз көктемге дейін орындалады. Бұл әңгіме осымен тамамдалсын. Сіз осы сапарыңыздан көрген-білгеніңізді баяндап, бізге берер кеңесіңізді айтыңыз. Менің сізден білмегім, әсіресе, алдағы қысқа дайындығымыз?
— Жердің түгі жаман емес — құт-берекесін шашып балбырап-ақ тұр. Жұрттың әзірлігі де жақсы. Соған қарағанда біздің колхоздың бір-екі отарынан басқаға жұт келе қоймас.
Қартекеңнің бұл сөзіне түсіне алмай Әбдіжапар аңырып қалды.
— Немене, бір өзінің алты батыры бар колхозбен ғана айқасуға аттанған айрықша бір жұт бар ма екен?
— Сол алты батыр, бастығы мен болып, жаздың екі ай төрт күнін той-тойлаумен өткізіппіз де, алдымызда қылышын сүйретіп қыстың келе жатқанын ойламаппыз ғой. Соның салдарынан құмға баратын малшының үйлері жыртық екенін көрмеппіз. Естеріңде болсын, малшы жұтамай мал жұтамайды. Ал, жыртық үйдегі малшы жұтамай қоймайды.
Әбдіжапар менің экспедицияға қашан жетуім керек екенін сұрап алды да, Нағашыбекке қарады.
Онда сен әзірлен. Мына Қартекең айтып отырған жайды да ескер. Ескеріп қана қойма, қайтсе де үй табыңдар. Қартеке, бұған сіз де көмектесіңіз.
— Көмек бере алатын күйде болсам, сұранып нем бар? Маған сеніп қалма, — деді Қартекең шығып бара жатқан Нағашыбекке дауыстап, — Кешеден бері қарастырып түк шығара алмаған соң келдім ғой. Кигіз баса қоятын колхозда жүн жоқ. Біреуіне өз үйімді бергеннен басқа менің берер көмегім жоқ.
— Сіздің үй де алынбайды, басқа үй де табылады. Қалай табуды Нағашыбек біледі. Басқа отардағы малшылардың күйі қандай?
Басқа отардың күйі жақсы, тек «Ынтымақ» колхозындағы бір қойшының қысқы киімдері жұқалау екен. Бастықтарына айтып, екі пардан жылы киім бергіздім.
Әбдіжапар кенет ойына әлдене түскендей маған жалт қарады.
— Ғафу етіңіз, сіздің мұнда не жұмыспен келетініңізді кеше телефонмен хабарлаған еді. Сізге берілетін кісілерді сол жақтан белгілеп бүгін экспедицияңызға жөнелттік. Басқа жұмысыңыз жоқ болса, асықпай дом ішіп аттаныңыз. Мына кісілердің колхозына жеткенше ел жоқ.
Ол алмастай жарқылдаған адам екен. Менің жауабымды күтпестен бетін тез бұрып әкетті де, ар жақтағы диванда отырған Ералыға қарап:
— Ал сен қандай жұмыспен келдің? Менің Қартекең екеуіңе қойғалы отырған бір үлкен тілегім бар. Жұмысыңды тез айт, — деді.
— Менің айтарым қысқа, бірақ дауы ұзақ болуы мүмкін, — деді Ералы сөзін күлімсірей бастап, — біз малшылардың еңбеккүніне тиісті малын бергелі жатырмыз. Бірінші жұмысым: осы жөнінде сізбен ақылдасу.
— Оның не ақылдасатыны бар? Қанша малдан беретіндеріңді білмейсіңдер ме?
— Білеміз. Біз биыл бұрынғыдан басқарақ түрде бермекпіз.
— Басқарақ деген не?
— Басқарақ дегенім: әрбір қойшыға малды өз отарынан беру.
— Ол не үшін?
— Біріншіден, біреудің еңбегі біреуде кетпес үшін, екіншіден, малшылардың ынтасын көтеру үшін. Егер де еңбегіне тиісті малды өз отарынан беретін етіп, бағудың нашарлығынан арық болған малды сол нашар бағушының өзіне қалдыратын тәртіп қолдансақ, әрі біреудің ақысы біреуге кетпейді, әрі малшылардың ынтасы көтеріледі де, малдың күтімі жақсарады.
Жасыратыны жоқ, Досымбаев қанша көтеріп айтса да, мен онан мұндай сөзді күткен жоқ едім. Мына сөзі үлкен ойдың телі екенін сездім де:
— Қарай гөр? — дедім ішімнен.
Еңбек жөніндегі устав пен заңдардың тармақтарына ой жіберіп алды ма, қалай, Әбдіжапар ұзақ ойланып барып үн қатты:
— Қойшыларға мал биыл қаншадан тиетін түрі бар?
— Алды отыз, арты он жеті қойдан.
— Нашар қойлар қаншадан келетін?
— Бәріне бірдей бөлсек, жиырмадан келетін.
— Бір отардан шыққан арық малдың саны қаншадан қаншаға дейін барады?
— Он бестен отыз екіге дейін.
— Сонда; сен отыз қой алатын адам арық малдың отыз екісін алсын дейсің бе?
— Егерде өз отарынан шықса, алсын. Бірақ бізде бұл керісінше болып тұр.
— Мысалы?
— Мысалы, Ырысдәулет дейтін қойшымызға он жеті қой тиісті болса, Оңғарбай дейтін қойшымызға отыз қой тиісті. Ал Ырысдәулеттің арық қойы отыз екі де, Оңғарбайдікі он жеті. Егер де екеуінің арық қойын қосып жіберіп бірдей бөлсек, малды онсыз да аз алатын Ырысдәулеттің ақысы көп алатын Оңғарбайда кетеді.
Әбдіжапар оның ішкі дүниесін жана көргендей көзінің астымен сүйсіне қарап, аз отырды да:
— Тағы не айтасың? — деді.
— Екінші айтайын дегенім: Қартекең екеуміз биыл жылқыны алысқа таман айдамақшымыз. Сол жөнінде сіздерге бір үлкен тілек айтқалы келдік.
— Жылқыны қайда айдамақсыңдар?
— Жылдағы отарлап жүрген жерімізден жүз километрдей әрі.
— Онда не бар екен?
Ол жерге жаралғалы тұяқ тиіп көрмеген деседі.
— Көрмеген деседі!» Сөз емес, отыр.
Досымбаевтың бұл сөзі жай айтылса да, Ералыға жеңіл тиген жоқ. Оз ойында бір шикілік барын осы арада ғана сезгендей, мандайын бір шарт еткізіп, отыра кетті. Бірақ, Қартекеңнің өз ішіне ғана түйіп келген бір сыры бар екен. Ол соны айтқан кезде, ана екеуінің өңіндегі ызғардың ешқандай ізі қалған жоқ.
— Ол көрмесе, мен көргенмін, — деді Қартекең қатуланған кескінмен. — Баяғыда ол жерге екі жыл жылқы баққанмын. Ералы екеуміз алдымен ол жердің қазір қандай екенін көріп қайтпақпыз.
— А, онда әңгіме басқа, — деді Әбдіжапар енді жадырай түсіп.
— Менің сіздерге қойғалы отырған тілегімнің өзі осы еді. Естеріңізде болсын, біз өрісімізді жыл сайын кеңейте бермесек, кейін жер таба алмай тарыламыз да, тарығамыз. Сондықтан біраз малды, биылдың өзінде сонау жаралғалы жан баспаған «Қырық қазық», «Жиделі», «Ұланбелге» дейін жібермекпіз, Сіздерден тілегім, қастарыңызға он шақты кісі алыңыздар да, сол жерлерді түгел шолып қайтыңыздар.
Қартекеңнің ойы басқа жақта ма, жоқ әлде қарт адам ол жерлерді алыссынды ма, сақалын сипап үнсіз отырып қалды.
— Неге ойландыңыз?
— Былтыр ғана емес пе еді ол жақты облыстағылардың зерттеп қайтқаны?
— Ол рас, бірақ бізге биылғы күйін білу қажет. Құм шөбінің жазғы ыстықта күйіп кетпегеніне кім кепіл. Жылда күз сайын барар өрісті осылай шолып шығу біздің мұнан былайғы әдетіміз болсын, салтымыз болсын. Басқа айтарларыңыз болмаса үй жаққа барайық...
Далаға шығып едік, қаланың сұрықсыз сиқы көзіме тағы түсті. Нағашыбекке айтқан манағы әзіл-сықағымды бұларға айтар-айтпасымды білмей келе жатыр едім, қатарымдағы Әбдіжапар ол ойымды бөліп жіберді.
Ол:
— Сіз не ойлап келесіз? — деп еді,- мен:
— Жәй, өзімнің өткен өмірімді ойлап келемін, — дей салдым.
— Қалай, өткен өміріңіз қызық па екен?
— Өте қызық сияқты. Бірақ. бала кезімде сізбен қай мектепте бірге оқығанымды есіме түсіре алмай келемін.
Ол жымиып күлді де:
— Сіз қызықты өміріңізді айтсаңыз, ол мектепті есіңізге түсіріп берейін, — деді. Бұл сөзінен мені таныған екен деп едім, олай болмады, өмір жайында үлкен әңгіме айтуға менен уәде алды да:
— Мен бала кезімде Сағынбек дейтін байдың түйесін бағудан басқа. мектепті көргенім жоқ. Сіз де сондай мектепте оқып па едіңіз? — деді күлімсіреп. «Сол ұрылардың қолына түскен түйеші бала осы, осы, осы» — деп соқты жүрегім, бірақ сыр сездіргенім жоқ.
— Солай ма, онда мен қателескен екенмін.
— Қане, уәдеңізді орындаңыз.
Бұл кезде біз оның үйіне де жеткен едік. Нияз машинаның шанын сүртіп тұр екен. Ол ете бір құпия сыр айтатын кісідей қымтырылып келіп, мені оңаша шығарып алды да:
— Сіздің манағы тастап кеткен маузеріңіз машинаның ішінде жатыр, — деді.
— Қалайша?
— Қалайша екенін мен қайдан білейін, әйтеуір, жатыр. Сірә, әйеліңіз сіздің қарусыз жүргеніңізді ұнатпайтын болу керек.
Ол тағы бірдеңе айтқысы келе жатыр еді, мен тыңдағаным жоқ. Машинаның есігін ашып жіберіп едім, маузерім көзіме түсе кетті. Мұны көргенде қандай қуанғанымды айтпасам да болар. Ішімнен Гүлжаныма алғыс айттым да, үйге беттедім.
Бізді ауызғы бөлмеден үй иесі мөлдір көз, қараторы келіншек қарсы алды.
— Танысыңыздар, — деді Әбдіжапар, — осы үйдің Қартабайы, Құрманкүл дейтін кісі.
— Көп жаса, қарағым. Қартабайдай көп жасап, Қартабайдай бақытты бол, — деді де, Қартекең тергі үйге беттеді. Соңынан біз де кірдік. Дұрысында бұл төргі үй емес, орталық бөлме екен. Терезеден түскен күн шұғыласымен өзгеше сәулеттеніп тұрған салтанатты бұл бөлмеге онан сайын көрік беріп Бота дейтін екі жасар бала ойнап жүр. Онымен бәріміз де шұрқыраса амандасып едік, ол үлкен кісілермен қол алысып амандасқанын мақтан көреді ме екен, насаттанып барып әкесін құшақтай алды.
— Міне, ең бақытты жандар, — дедім балаға қараң — бұл әкесі көрген қасіретті көрмек түгіл естімейтін де болар.
Менің «әкесі көрген қасірет» деуімде не мән барын бұл отырғандардың ешқайсысы аңғарған жоқ. Тек, сол бөбектердің келешегін аңсаған Қартекең:
— Иә, ең бақытты заман осылардікі, — деді.
Сол аңсау Әбдіжапарда да бар-ay деймін. «Иә!» деп, кеудесін кере бір дем алды да, баласын көтеріп үйдің ішін кезіп кетті. Байқап отырмын, маған ауық-ауық көз тастап, өткен өміріне ой жіберіп жүр. Мен көрген өмір қызығын өз өмірінен іздеп ол үнсіз, өмір өзгерісін сөзбен де, оймен де жеткізе алмай мен үнсіз. Қалың көрпе, мамық жастыққа жантайған соң шаршаған денесі рақаттанған Қартекең де, бұрыштағы столдың үстіне текшелене жиналған кітаптарға үңілумен Ералы да үнсіз. Бірақ бұл үнсіздік ұзаққа барған жоқ. Көрген қызығын іздеп әр тарапқа бір лаққан ойын тежеді де, Әбдіжапар отыра қалып сөз бастады:
— Ал, Қартеке, мына кісінің өмір жайындағы әңгімесін тыңдайық, — деді ол.
Қартекең кесек бір қозғалды да:
— Өмір жайында деген соң өзім де ұйықтамай отырмын, — деп, маған қарады.
Мен қазір өзінің бала кезінде басынан кешірген бір ауыр жайды айтқалы отырғанымды Әбдіжапардың жүрегі сезген болу керек, күлімсірей қарап, көзіне қадалып едім, өні әлденеше құбылып кетті. Қашан әңгіме айтылып біткенше мен де сол құбылыстан көз айырғаным жоқ:
— Ағат айтсам айып етпеңіздер, мен сіздерге өзімнің бала кезімде басымнан кешкен бір жайды айтқалы отырмын. Бұл бір ғана менің басымда болған жай емес, осы отырған бәріңіздің де бастарыңыздан өткен болар деп айтамын. Оны айтудағы мақсатым: біздер кеше кім едік, бүгін кім болдық, біздер кімге, не үшін борыштымыз? Соны еске түсіру.
Отырғандар тына қалды. Мен Әбдіжапардың мұнан жиырма бес жыл бұрын жылап отырып айтқан сезін есіме түсірдім де, болған жайдың көрінісін көз алдыма келтірдім.
— Әлі есімде, күн кешкірген кез. Терістіктен күздің ызғарлы желі соғып тұр. Басымда тысы тозғандықтан жүні бұрқырап тұратын қара бөрік. Үстіме кигенім күн суықта денені темірдей қаритын тақыр шалбар мен тері тон. Астымда арқасы жауыр шабан қара бура бар. Бір қора түйені ауылға қарай қаптатып келе жатыр едім, аузын қара шүберекпен байлап алған біреу шауып келді де: «Ауылыңның адамдары қайда?» — деді.
— Мен... — дей бергенімде Әбдіжапардың маған қадалған көзі жыпылықтап кетті.
— О, тамаша!
— Мен оның ұры екенін білгенім жоқ жолаушы шығар деп ойладым да, ауыл адамдарының алыстағы бір қадірлі адамның жаназасына кеткенін айтып едім, ол құмның ішіне қарай шаба жөнелді. Оның ұры екенін сонда барып білдім. Білгенмен, енді амал жоқ, түйені тастап кетсем бай өлтіреді, тастамайын десем ұрылар өлтіреді. Қайсысының қолында өлудің артықтығын ойлап едім, ұрылар өлтірмес деген ойға келдім. Сөйткенше болған жоқ, құмның ішінен төртеуі жетіп келді де, ен. алдынғы біреуі мені сойылмен бір салып өте шықты. Ондай кезде адам басын қорғай береді екен, мен осы қолыммен басымды қорғай беріп едім, сермелген сойыл қойсын ба, қолым мен қабат басыма да тиіп түйеден жұлып түсті. Ұрылардың көңілі оған да көншір емес, он шақты түйені іріктеп тізіп алды да, менің қасыма жетіп келді.
— Балам, расыңды айтшы, сол жерде қалай бақырдың?
— Жоқ, Қартеке, расымды айтсам, менің бақыруға да шамам келген жоқ. Олар көзімді байлап, біреуі артына мінгестіріп алды да, шаба жөнелді. Ә дегенде, ағатайлап жалынып едім, оны тыңдар қу емес, өтірік міңгірлеп бірдеңе дейді, оларына мен түсінбеймін, тек қана:
Үніңді өшірмесең — өлесің» — деген сөздерін ғана ұқтым. Үн ешті, пара-парасы шыққан тонның панасы болмай, дене мұздады. Қай жаққа қарай кеткенімді де біле алмай, жүрегім қан жылап келеді. Бар аңғарғаным, жел солтүстіктен еді, ұрылар із тастау үшін жүйткіп, олай бір кетеді, бұлай бір кетеді, көбінесе желге қарсы жүргендеріне қарап, сонау Арқадан келген ұрылар екенін сезіп келемін. Енді не болса да далаға тастамай еліне ала кетсе екен деп келе жатыр едім, ол тілеуім тағы кесілді. Бір мезгілде басқалары жүріп кетті де, мені әкеле жатқан ұры тоқтай қалды. Ол мені жерге түсірді, көзімді шешті, мыңқылдап тұрып: «Ел осы жақта», — деп, қолын бір сермеді де, шаба жөнелді. Амал бар ма, мен жапан түзде жалғыз қалдым.
Манадан азар шыдап отырған Әбдіжапар орнынан атып тұрды да:
— Осы анық өзіңіз көрген жайлар ма? — деді.
Mен түсімді суытып алдым.
Сіз сенбейтіндей ештеңе де айтқаным жоқ.
Ол ұялғанынан қызарып кетті.
— Кешіріңіз, дәл осындай бір уақиға менің басымда да болған еді.
— Оны кейін өзіңіз айтарсыз.
— Ой, Әбжан-ай, ондай ауыр күй кімнің басында болмады дейсің? — деді де, Қартекең маған қарап, — гөйлей бер, қарағым, — деді.
— Менің әңгімем осымен бітті, ұрылардың түнімен жорытқан жерін мен жаяу-ақ жортып елге келдім.
Менің бұл сөзіме олар сенген жоқ. Шынында, оның жапан түзде жалғыз қалғаннан кейін не істегендері ұзақ әңгіме еді де, оған өзім де араласушы едім. Сондықтан ендігісін Әбдіжапардың өзіне айтқызғым келді де:
— Енді үй иесінің ұрылардың қолынан қалай құтылғанын тыңдайық, сонан кейін мен айтайын, — дедім.
— Ғажап-ай, ә? — деп, Әбдіжапар. бір нысанадан көз алмай тесіле қарап аз отырды да, — жарайды, айтсам айтайын. Мен де сондай бір түйе бағып жүріп қолға түстім. Тіпті, астымдағы көлігім де, киген киімдерім де сіздің көлігіңіз бен киімдеріңізге ұқсайды. Маған да алды мен аузын таңып алған біреу шауып келіп, жаңағы сізге берген сұрауды берді, бәрі-бәрі ұқсап тұр. Ең ақыры олардың «ел осы жақта» деп, ат соғарды шығыс жаққа қарай сермегені де көз алдымда.
— Мен қолын қай жаққа сермегенін аңғармай қалдым, — деп, бір сөз тастадым да, — айта беріңіз, сонымен, қалай-қалай құтылдыңыз? — дедім.
— Сонымен, сол жерде ұзақ тұрдым. Дыбыс күтіп құлақты қанша тіксем де, тісімнің сақылдағанынан басқа түк ести алғаным жоқ. Осылай тұра берсем таң атқанша өлетінмін. Енді не істерімді, аяқты қай жаққа қарай басарымды білмей тұр едім, жығылған үстіне жұдырық дегендей алыстан қасқырдың ұлып қоя бергені.
— Сен бақырған-ақ шығарсың, — деді Қартекең күліп.
— Ә дегенде бақырсам да, дауысымды естіп қалар деген оймен өз үнімді өзім жұттым. Бірақ, сол қасқырдың ұлығаны маған пайда болды. Есіме қасқырдың оттан қорқатыны түсіп еді, қалтамда сіріңке бары түсе кетті. Жан ұшырғанда адам жай отынан да шапшаң қимылдайтын болу керек, бір құшақ сексеуілді демге жіберместен үйіп тастап астына от қойып едім, әрі жылындым, әрі абай болды. Қасқырлар алыстан көріп безсін деген оймен шала жанған сексеуілді жалынымен қоса аспанға атып, өзіме енді ермек те таптым.
— Қарай гөр өзін.
— Сол оттың басында күн көтерілгенше отырдым да, түндегі ұрылар меңзеген жаққа қарай жүріп кеттім. Әлі жүріп келемін, әлі жүріп келемін, ел қарасы әлі жоқ. Ауық-ауық тың тыңдаймын. Ешбір дыбыс білінбейді. Күн батуға еңкейіп барады. Күн еңкейген сайын, менің енсем де еңкейіп кетті. Түнге тағы қалсам өлемін-ау деген қорқыныш ілгері басқан аяғымды кейін тарта ма, жоқ әлде әбден қалжырадым ба, білмеймін, жүрісім өнбей қойды.
Күн батты, қарын ашты. Дала күңгірттеніп, айналамнан қорқыныш қоршай бастады. Сірә, әлім жетер жеріне жеткен болу керек, бір жерге келдім де құладым. Қанша уақыт жатқанымды білмеймін, бір уақытта есімді жинасам: біреу басымды көтеріп аузыма су тамызып отыр, Көзімді ашсам аспанда жұлдыз жайнап тұр.
— О, байғұс балам, тірімісің? — деген әкемнің даусы шықты.
— Әке, әке! — деп, басымды сүйеп отырған адамды құшақтай алдым. Жоқ, көзіне қарасам, өмірімде көрмеген біреу.
— Сіз кімсіз? — деп едім, ол:
— Әкем деп жатқан жоқсың ба езің. Мен сенің әкеңмін, сорлы бала, мін арқама! — деді де, көтеріп ала жөнелді. Сөл сәтте ол маған туған әкемнен кем көрінген жоқ. Мен бір құм төбенің басына шыға бере құлаған екенмін. Сірә, көзім қарауытып көре алмай қалған болуым керек. Әйтпесе құмның жиегінде тұрған жалғыз қараша үйдің шаңырағынан шыққан от сәулесі көзге қазір айқын көрініп тұр. «Әке, бұл қай ел?» — дедім, шалдың арқасында келе жатып.
Бұл жерде ел жоқ, шырағым. Мынау үй — сексеуілдің көмірін сатып күн көріп отырған менің үйім. Сен үйге бара бер, мен отты көріп келейін, — деді де, анадай жерде жанып жатқан бір төбе сексеуілге қарай кетті.
Айналаға көз жіберіп біраз тұрып қалдым. Шынында, осы жалғыз қараша үйден басқа ешбір ел жоқ. Үйдің қасында бір сиыр күйсеп жатыр. Оман басқа мал баласы да көрінбейді. Ақырын басып үйге кіріп едім, ортада жанған оттың төр жағында өзімнен кішіректеу бір бала отқа жылынып отыр екен. Сірә, қаны жуылмаған бетім жан шошырлық болу керек, бала мені көрісімен жерде жатқан балтаны ала сала атып түрегелді.
— Апа, мынау не пәле, жын ба, шайтан ба? — деді. Сөйткенше болған жоқ, құрулы шидің ішінен шешесі шыңға келді де:
— Астапыралла! — деді шошынып.
— Шеше, шошымаңыз, далада өліп жатқан жерімнен осы үйдегі әкей келді.
— Соқпа өтірікті, әкемнің өлген адамды тірілтетін құдай емес екенін білемін, — деп, бала балтаны ала ұмтылып еді, шешесі ұстай алды.
— Тоқташы, күнім.
Сол екі арада үй иесі келіп қалды да, мені баланың ашуынан тез құтқарып жіберді. Оның үйге кіріп келе жатып:
— Кемпір, жылы су дайында, қанын жуайық сорлының, — деген даусы құлағымнан осы уақытқа дейін кеткен жоқ.
— Онда сен ол адамдарға өмір бойы қарыздар екенсің.
— Иә, Қартеке, ол менің өмір бойы өтей алмай жүрген үлкен борышым. Амал қанша, сол кемпір-шалдың атын да ұмытып қалыппын.
Мен енді шыдап отыра алмай:
— Мүмкін, сол өзіңізге балта ала ұмтылған баланы ұмытпаған боларсыз?! — дедім.
— Түсін көрсем тануым мүмкін, бірақ атын ұмыттым.
— Мүмкін, қызыл елтірі жағасы бар тонды ұмытпаған боларсыз?
— Қайдағы тон? — деп, ол маған қадала түсті.
— Сол балта ала ұмтылған бала сізге елтірі жағасы бар тонын берген жоқ па?
— Бауырым-ау, сен сол емессің бе?
— Мүмкін, — дедім мен күлімсіреп.
— Анық па, анық па?
Ол осыдан басқа сөз айта алған жоқ. Көзінен жасы ыршып кетті де, мені келіп құшақтай алды.
IV
— «Қанағат, балалар, қанағат! Кешегі бір зар заманда күрсінумен күле алмай, күңіреніп еткен бабаларымыздың нені аңсап, нені көксегенін ұмытпаңдар! Сол ата-бабалардың әлімсақтан бері арман етіп аңсағаны осындай бақытты өмір еді ғой, күфірлік етпей қанағат етіңдер, қанағат!»
Мұнан да бақытты, мұнан да нұрлы болашағымыз туралы сөз бола қалса, өткен өмірдің ащы зарын көп көрген Қартекеңнің айтар өнегесі осы екен. Ертерек кезде айтқан сол сөзінен енді өзі де ұяла ма қалай? Нағашыбек соны айтқан кезде Қартекең атынын басын тарта беріп:
— Осы сен менің сол сөзімді қай жылы естідің, есіңде ме? — деді, жақтырмаған тұр көрсетіп.
— Есімде, қырқыншы жылы болатын.
— Шырағым-ау, өзін бір ойлансаңшы, мен ол кездегі Қартабай емеспін ғой, — деді де, тағы бірдеңе дегелі ыңғайланған Нағашыбекті сөйлетпей, — болды, болды, жарар, — деді.
Аудан орталығынан шыққалы жол ермегі болатын бір әңгімені бастай алмай, бәріміз де үнсіз келе жатырмыз. Алдымызда адыр-бұдыр аласа белестері көп, кең дала жатыр. Сол кең даланы қақ жарып, көз ұшында көрінген құба белге қарай тіке тартып келеміз, Жүрісіміз кейде бүлкіл, кейде бөкен желіс. Шөлдің томардай түйіліп, әр жерге бір шоқтанған алуан түрлі өсімдіктері ат тұяғын жиі қағып, жүрісімізді өндіртпей келеді.
Манағыдай емес, біраз жүргеннен кейін дала өзгере бастады. Бірте-бірте өсімдіктер қоюланып, ұзара бастаған көлеңкесімен түрлендіріп, даланы көз тартатын бір сұлулыққа бөлеп тұр. Көзім — даланың осы сұлу суретінде, ойым — келешегінде. Кейбір өзіме белгісіз өсімдіктердің жайын Қартекеңнен сұрап, керектілерін қалта дәптеріме жазып келемін.
Алдымызда тағы бір кең дала жатыр, кеудем қазір сол даладай кең сияқты, асқақтаған ойлардың алуан түрі келсе де, оған сия беретін. Егер де осы бетіммен сонау Арқаға дейін тіке жүре берсем, бір өзіне Бельгия сияқты бес мемлекет тегіс сыйып кететін Бетпақтан басқа да елсіз, сусыз даланың талайын көремін. Сол даланың келешегіне көз салсам, жайнаған жаңа бақшасын, сәулетті жаңа қаласын көремін де қуанам.
Малын отарлап бағатын облыстардың, алдында тұрған асқар белдің бірі сол шөл даланы жайнату екенін ойлап, келешектің өзіме артар жүгім салмақтап келе жатыр едім, қиыс алға таман кетіп бара жатқан Қартекеңнің астындағы көк айғырдың жүрісі, өзімнің Берлин түбінде немістердің, снаряды түсіп өлген дәл осындай көк тұлпарымды есіме түсірді. Есіме сол ат түсіп еді, оны майданға жіберген Дарабай дейтін белгісіз біреу қоса түсті.
Дарабай дейтін кісіні мен 44 жылдан .бері жүрегіме сақтап жүрмін. Шығыс Пруссияның шекарасынан кірген күні бір кезде өзім батып өлгім келген өзеннің жағасында, атшымның сол көк тұлпардың кекілінің түбінен қаламның ұшындай жіңішке қағазды тауып алып, оны маған қалай бергені де есімде. Бірақ ол қағаздағы Дарабай дегеннің кім екенін, қайдағы адам екенін осы уақытқа дейін білген емеспін, тек: «Майдандағы бауырларға: мен — Дарабай», — дегеннен басқа сөздері өшіп қалған жіңішке шытырлақ қағазы төс қалтамда әлі жүр.
— О, ғажап! — дедім мен, мына айғырдың мүсіні ғана емес, жүрісі де сол көк атымның жүрісіне ұқсайтынына таңданып. — Қария! Сіздің мына айғырыңыз менің майданда өлген бір тұлпарыма қатты ұқсайды екен.
— Е, шырағым, бұған ұқсас талай тұлпар кетті ғой. Мен бір ғана осының үйірінен он жеті тұлпар жібердім.
Майданда өлген атым сол он жетінің бірі деген сеніммен:
— Сіз Дарабай дейтін кісіні білесіз бе? — дедім.
— Жоқ, ол кім еді?
— Кім екенін өзім де білмеймін. Әйтеуір, маған осындай бір жақсы ат жіберген Дарабай дейтін қазақтың барын білемін.
Қартекең мұртынан күліп, көз қиығын бір тастады да:
— Ат сыйлаған досыңның кім екенін білмеуің қалай? — деді.
— Оның себебін кейін айтайын, жалғыз-ақ сіз расын айтыңызшы, Дарабай деген кісіні шын білмейсіз бе?
— Ондай кісіні өмірде естіген емеспін.
— Онда мен жаңылған екенмін, — деп, қатарымдағы аттарды сау желдіртіп келе жатқан көк айғырдың аяңына қарап едім, тежелген ой қайта шарықтап кетті де, көк тұлпарым алдыма келіп тұра қалды. Осы екеуінің тұқымы бір деген ойға тағы келдім.
— Қария, осы көк айғырды қайдан, қашан алдыңыз?
— Ешкімнен алғаным жоқ. Өз биемнің баласы.
— Бие өзіңіздікі ме? Жоқ, колхоздікі ме?
— Шырағым-ау, колхоздікі, өзімдікі дейтін барам осы күні, 36 жылы сонау Меркеден колхозға өзім әкелгемін. Онда бұл айғыр құлын болатын.
— Ал, сонан бері мұның тұқымын ешкімге берген жоқсыз ба?
— Майданнан басқаға берген емеспін.
Бұл сөз «екеуінің тұқымы бір, оны майданға осылардан алған басқа біреу жіберген болар» деген үмітті тағы да үзіп тастады. Өйткені, ол қырық төртінші жылы бесті болатын. Сондықтан: «Сіз майданға жіберген аттарыңыздың кекіліне ештеңе тағып жіберген жоқсыз ба?» — дегеннен басқа сұрауым да қалған жоқ. Бірақ мұнан да ештеңе шықпады. Ол менің бұл сұрауыма намыстанғандай түр көрсетті.
— Қарағым, бәйге атқа тұмар тағатын бұрынғының шалы емеспін мен.
— Кешіріңіз, қария! Мен ондай ойдан аулақпын. Дарабай дейтін адам өзінің атын жазыпты да, майданға жіберілген бір аттың кекіліне байлап жіберіпті. Тұмар емес, сол сияқты хат еді менің сұрап келе жатқаным.
— Ай, балам-ай, ой түбінде жатқан өкінішімнің отына май құйдың-ау.
— Ғафу етіңіз...
— Басқасы үшін емес, осы көктің үйірінен кеткен он жеті тұлпарды атап тұрып өз атымнан арнап жібермегеніме осы күнге дейін өкінудемін. Егер де мен оларды арнап жіберсем, біздің батырлар, жауға жеткен кезде: «Қартабай үшін», — деп, семсерін талай сермейтін еді ғой. Тіпті, ол да өкініш емес-ау, Қартабай үшін демесе де, Қартабайдың Отаны үшін, Қартабайдың халқы үшін деп, олардың семсерді талай сермегенін сеземін. Менің өкінетінім: сол батырлардың талайы, сөз жоқ, осы күні елде жүр. Ал, мен олардың кім екенін осы уақытқа дейін білмеймін, тіпті, мәңгібақи білетін де емеспін. Егер білетін болсам: қалай балалар, менің көк тұлпарым көңілдеріңе ұнады ма, соғысқа жарай ма екен? Қандай кемшілігі болды, жасырмай айтыңдар, мен ол кемшілікті жойып, нағыз біздің заманның батырларына лайық етіп өсіремін дер едім ғой.
— Біздің заманның батырларына қандай тұлпардың керек екенін мен-ақ айтып берейін, — деп едім, ол ат соғарын алға қарай бір сермеді де:
— Жоқ, шырағым, сен оны айта алмайсың! — деді.
— Неге айта алмаймын?
— Айта алмайтының сол — маған керегі өзім өсірген аттардың жайы. Мен оларды жылы жерде, құм шөбіне өсірдім. Ал, олардың қары қалың орманда, аязы қатты далада қандай болатынын білмеймін. Маған соны айта алатын, естігенін емес, көргенін айтатын, дәл Қартабай өсірген қара көктердің барлық сырын білетін адам керек. Егер де мен соларды жіберерде осы сөздерді жазып, жалына тағып жіберсем, осы күні бәрін де біліп отыратын едім ғой. Амал не, кеш ойлаппын. Құдайдың маған әлгі сенің Дарабайыңа берген ақылды да бермегенін қарасаңшы.
Бұл Қартекеңнің үлкен өкінішінің бірі екенін осы сөздерінен сездім де, үндегенім жоқ. Ал мені аңсатып, қайда екенін тапқызбай жүрген Дарабай деген кісіге енді бір сағаттан кейін күтпеген жерден кездесетінімді, Берлин түбінде өлген көк тұлпар дәл осы көк айғырдың баласы екенін мен әлі сезгенім жоқ. Әйтпесе, құн алсын, алмасын мейлі, мен қазақ жылқыларының бірсыпыра кемшілігі барын айтатын едім, Тіпті, сол өзімнің есімнен кетпей жүрген көк тұлпардың бір кемшілігі қарға осал еді. Мен соны айтатын едім. Осы ойымды дәл сезгендей Қартекең бетіме жалт қарап:
— Балам, не ойлап келесің? — деп еді, әңгіменің бетін жоқты іздеуден барға бұрғым келіп:
— Кәрілікті ойлап келемін, — дедім.
— Қалай, кәрілік жақсы ма екен?
— Сіздің манағы бір сөзіңізге қарағанда, жаман емес сияқты.
— Мен не деп едім?
— Қазір нешедесіз?
— Алпыс сегіздемін.
— Сіз мана: «Ол кездегі Қартабай емеспін», — деп, сегіз жылды бір-ақ серпіп тастадыңыз. Соған қарағанда, алпыстан гөрі жетпістегі кез қызық па деймін.
Ол «рас айтасың ба?» дегендей, бетіме тесіле парады да, өңімнен ештеңе аңғармаған соң:
— Әй, шырағым-ай, ойлап қарасаң өзін де мұнан сегіз жыл бұрынғы қалпыңда емессің ғой. Ағат айтсам айып етпе, сендер бұрынғы өмірдің зарын тартып, уын татпағандықтан бүгінгі өмірдің қадірін біздей білмейсіңдер. Әрбір сағатын десем мақтанған болармын, мен өз әмірімнің әрбір жылына көз жіберіп, ой таразысына салып салмақтап отырамын. «Ол кездегі Қартабай емеспін» дегенде мұнан он шақты жыл бұрынғы бір мың үш жүз елу екі қой мен жүз елу төрт жылқының соңында, Қартабай атым ауыл арасынан ұзап шықпай жүрген күндерім есіме түсті.
— Қырқыншы жылы сондай-ақ малдарыңыз бар ма еді?
— Иә, сондай-ақ еді.
— Қазір қанша?
— Қазір сондағы жүз елу төрт жылқымыз сегіз жүз төртке, сондағы бір мың үш жүз елу екі қойымыз қазір он жеті мың бір жүз елуге жетті. Ол кезде екеуінің де ферма бастығы мен едім. Ойдың көзін онан әрі жіберсем, әке-шешеден тоғыз жасымда жетім қалып, отыз жыл бойы құлшылықта жүрген қасіретті күндерімді көремін. Содан, шырағым, бұл Қартабайдың алпамсадай денесі қасірет тасын аз көтерген жоқ, әттең, не керек, отыз жыл кейін тумадым.
— Онда кәрілік жақсы емес екен ғой.
Ол «рас айта ма» деген оймен маған тағы да қадалды, қанша қадалса да тағы ештеңе аңғара алған жоқ.
— Ой, балам-ай, кәрілік қанша қадірлі болса да қайран жастыққа не жетсін, — деп күрсініп еді, бұл сөзін Нағашыбек іліп әкетті.
— Е, онда сіз жастық шағыңызды сол заманымен қайтып берсе, алғандай екенсіз ғой, — деді ол.
Қартекең тізгінін тежей беріп, оған жалт қарады.
— Сеніңше өмірдің ең қызықты кезі қай кез?
— Жиырма мен отыздың арасы.
— Ендеше, сол заманның жиырма мен отызын сен-ақ ал! Мен заманның бір жетпісі емес, жүз жетпісіне де ризамын.
Нағашыбектің жеңетініне көз жетпей қозғалмайтын да әдеті бар екен. Ол осы сапар жеңетіндігіне көз жеткен соң қозғалыпты.
— Егер, — деді ол қартты тағы да шамдандырып алар ма екенмін дегендей қызара күлімдеп, — жастық шақтарыңыз сондай сорлы болса, оны не үшін көксейсіздер?
— Кім көксепті?
— Кім деріңіз бар ма, «Аха-хау, жалған жиырма бес екі айналып келмейді арман» демейтін қазақтың бір шалын көрген емеспін.
Қартекең бұл жерде ойланбады. Ойланғанда, Нағашыбекті жеңетін сөзді табатын еді. Сондықтан ол: оны айтатын да сендер деген сияқты өктем өкім омырауға салып кетті. Ал, Нағашыбектің:
— Қайран жастық деп, күрсінетін де біз бе? — деген сұрауына жауап таба алмай, тілі күрмелді де, күліп жіберді. Оның тілін күрмеген өзінің «Қайран жастық» деп жаңағы бір күрсінгені екенін сездім де:
— Қария, осының жауабын сіздің атыңыздан Нағашыбекке мен берсем қайтеді? — дедім.
— Берші, қарағым, аямашы. Өз сөзімнің өзіме бұғау болып, тілімді байлап келе жатқанын көрдің бе?
— Сіз азырақ ойланбадыңыз. Ойлансаңыз: «Қайран жастықты» мен айтсам, заманымның тарлығынан жастық шақтың қызығын көре алмағандықтан айтамын, ал, соны ертең сен айтар болсаң, заманым тар болды дей алмайсың. Сен соны осы бастан ойла да, соңыра «аха- хау, жалған, жиырма бес екі айналып келмейді арман» деп, көкімейтін бол. Ол үшін, өмірге ілесе біл. Ілесу үшін, сүйе біл, оқи біл, үйрене біл өмірден» дер едіңіз.
— Нағашыбек, естіп келесін бе?
— Есітіп келемін-ау, бірақ адвокатыңыздың ақысын төлей алмай борышты боласыз ба деп, қорқып та келемін.
— Қорықпай-ақ қой, сенен мал сұрамаймын.
— Қартекең жастық шағында көрген бір қызығын айтып берсе, ат бекет соған риза, — дедім. Ондағы ойым! ол замандағы жастардың ен қызық дегені не екенін білу еді, бұл арада Қартекең мені жалтара тастап алдап кетсе де, бұл әңгімеден күткенімнен естігенім артық болды. Омы дер кезінде айтармыз, әзірше қарттың әңгімесін тыңдайық.
— Мақұл, — деді ол жұлып алғандай, — мынадай алып денемен жүріп қызық көрмеуім мүмкін емес қой. Мен осы алпамсадай денемдегі ғажайып күштің арқасында жастықтың талай қызығын көрдім, бәрін де айтып берейін. Мұнан кейінгі айтқан сөзімнің біреуі жалған болса, сақалымның ағына тапсырыңдар да, тыңдай беріңдер.
— Серт бермесеңіз де сенеміз, айта беріңіз, — дедім.
— Жоқ, серт керек. Серт бар жерде дәлдік бар. Ол еткен өмірді дәл түсіру үшін де керек. Егер әр уақыт дәл түсіріп қоймасам, бұл өмірдің қадірін дәл білмеуім де мүмкін, — деді де, әлденендей бір суреттерді көз алдына келтіргендей сәл бөгеліп қалды. — Әкем аты Атшабар, Атшабардың әкесі Аюбай, Аюбайдан: Аралбай, Нарбай, Атшабар, сол Атшабардың баласы Ұмсынай дейтін қыз бен мен.
Туған жерім — Таластың бойындағы «Тайтөбенің» түбі. Сол төбе мен жаңағы өзіміз шыққан Ақкөлдің арасы алпыс-ақ шақырым жер. Арғы атамыз Қанайдан маған дейін біздің тұқымнан бір адам сол Ақкөлді де көрмепті ғой. Неткен «кең» заман десеңші!.. Иә, сонымен не керек, ол зарлы заман мені де аз зарлатқан жоқ. Бақытсыздық өмірім ен алғаш жетімдіктен басталды. Тоғыз жасқа жана жеткенде әке-шешеден жетім қалып, «Тайтөбенің» үңгірінде жалғыз зарлап бір қалдым. Ол кезде байлар жайлауға көшіп кететін еді де, Қанайдың тұқымы көшуге келіп, тігуге үйі жоқтықтан жер үйшігінде қалып, ағаш соқамен егін салатын еді.
Қанайдың тұқымы ол кезде алпыс үй болатын. Жалғыз жетімді асырауға сол алпыс үйдің бірде-біреуінің халі келген жоқ. Әр есікті бір қағып, әр босағада бір түнеп жүр едім, бір күні ең жанашыр, жақын деген жеңгемнің: «Жақсы ит өлімтігін көрсетпей өледі, ит құрлы жоқсын ба?» — деген сөзін естідім.
— Ондай адамды жеңге демесеңіз де болар.
— Ой, шырағым-ай, заман тар кезде көңіл де тар келеді ғой. Бірақ жеңгейдің сол сөзі қанжардай тиді де, басым ауған жаққа қаңғырып кете бардым. Шіркін, туған жер, қиын екен. Тастап кете алмай Таластың өзенінен он рет өтіп, он рет қайттым. Бірақ ауылға қайтып бармадым. Соңғы рет суық суға бір сүңгідім де кете бердім.
Сонымен не керек, көрінгеннен жөн сұрап, көрінген есікке бір жалданып он жылдан соң қайта келдім. Он жылдағы тапқаным жалғыз тайлақ. Бірақ жаяу кетіп едім, түйе мініп келдім, жалаңаш кетіп едім, мұздай киініп келдім, ол кезде бала едім, енді жиырмадағы жігітпін. Он жыл бойы көрмеген елім, бұрынғысынан жүдемесе, түлемеген екен. Сағынып көргендіктен бе, алғашқы кезде ағайындар жылы шырайлы сияқты еді, олай емес екен. Олардың өмірі қандай ызғарлы болса, қабақтары да сондай екенін тез сездім. Жетім баланың кекшіл келетін әдеті ғой, сондықтан ба, білмеймін, әйтеуір, маған ауылдағы Әкбар дейтін шұбар молдадан басқанын, өзі де, сөзі де тікендей көрінді. Маған жылы жүзбен қарап, жылы сөйлейтін де тек сол шұбар молда. Оның екі сөзінің бірі: «Иә, жаппар хақ. Жетімді жылатқан, жетімнің ақысын жеген адамның күнәсын алла кешпейді!» — деу болған соң, мен оны өзімнің қамқоршым керіп, мұңымды соған шағамын, зарымды соған айтамын. Кей кезде қамығып: «Молдеке! Осы менің құдайға қандай жазығым бар, менің де адам болып, ел қатарына қосылар күнім бар ма?» — десем, ол: «Иә, жаппар хақ, — деп, тасбиғын тарсылдата түседі де: — Алланың ақ жолымен жүрсең, мұратына жетесің, балам, бұл дүниеде жетпесең ол дүниеде жетесің. Мүмкін, сен аллатағаланың сүйген құлы шығарсын, сондықтан ол сені бұл дүниеде емес, ол дүниеде жарылқайтын болар» дейді. Соқырға күн мен түннің бәрі бір ғой. Оның аузында алла тұрған соң құлқынында түйем тұрғанын көрмеппін аңқау басым, арамза молланың арбауына түскенімді жиырма жылдан кейін білдім.
Сонымен не керек, арада бір жыл өтті, Былтырғы тайлағым құнан шығар түйе болды. Түйем — сол молланың түйелерімен бірге, өзім — көрінгеннің есігіндемін. «Бас екеу болмай мал екеу болмайды» деген оймен түйемді қалың малға беріп, біреудің қызын алғалы жүр едім, бір күні молдекем шақырып алды.
— Балам, алдыма келіп тізеңді бүк, — деді де, ол өзін-өзі қылқындырып жағасынан ұстай алды. — Иә, жаппар хақ, өзің кешіре гөр, ата-анасының қарызын өтемей жүрген лағынатты бала дедім, кешіре гөр, жасаған кешіре гөр, — деді зарланып. Зәремнің кеткендігі сондай, «тақсыр-ай, мен ата-анама қандай қарыздар екенімді білмеймін ғой, айтсаңызшы» деп аяғын құшақтай алдым. Сол-ақ екен, оның жағасына жармасқан қолы бірте-бірте төмендеп келіп, менің маңдайымды сыйпай бастады. «Тәуба, тәуба! — деді ол күбірлеп. — Балам, жана білдім, сен құдайдан қорқып, ата-анаңның аруағын сыйлайды екенсің. Мұныңа мен де, құдай да риза. Енді сен менен естігеніңді адам баласына айтпасқа ант бер. Мен саған әке-шешеңнің аманатын айтамын», — деді. Оның қашан, қайда, қалай айтылған аманат екенін білместен мен ант етіп едім, ол басымды жоғары көтерді де:
— Өткен түні түсімде сенін, әке-шешең маған аян берді. Сен мұны жан баласына айтушы болма! Сеп осы уақытқа дейін олар үшін бірде-бір құран шығартпапсың? — деді.
Оның бұл сөзіне сенгендігім сондай, осы сөзді дәл қазір маған әке-шешемнің өздері айтып отырғандай сезілді де:
— Тақсыр-ай, неткен әулие едіңіз! — деп, жылап жібердім. Ол жұдырықтай жұтқыншағын ерсілі-қарсылы жүгіртіп бір қылқыды да:
— Мен олардан сенің біреудің қызына үйленгелі жүргеніңді де естідім. Осы рас па? — деді.
— Рас еді, тақсыр.
— Қара түйеңді қалын, мал үшін сол қыздың әкесіне бермек болғаныңда рас па?
— Рас еді, тақсыр..
— Ендеше, есіңде болсын, балам. Мойныңда ата-анаңның қарызы тұрғанда жиған малын зекетсіз, алған әйелің некесіз. Зекетсіз мал да, некесіз әйел де харам. Ата-анаңның қарызынан құтылмай тұрып ол екеуіне бой ұрсаң екі дүниеде оңбайсың. Ол туралы құранда былай деген, — деп, әлденендей бір дұғаны оқып шұбырта жөнелді де, — міне, құранда осылай дейді. Айту маған қарыз еді. Мен қарызымнан құтылдым. Аллау ақпар! — деп, бетін бір сипады да, құранын жайып, ішінен оқи бастады.
Мен не істерімді білмей әлі отырмын. Мал дегенде барым жалғыз түйе, оны қалың мал үшін қайныма бермекші болып қойғанмын. Мал алмай қайным қызын бермесе, шұбар молда иманын бермейді, бір түйені екеуіне қалай бөлемін? Ұсақ малға айырбастап, екеуіне бөліп берер ем, оны азсынып, екеуінің де алмайтыны сөзсіз, енді қайттім?
Осындай аласұрған ауыр ойда ұзақ отырсам да, ешбір ақылын таба алғаным жоқ. «Ақысын етейін, екеуіне екі құран шығарып беріңіз!» — деп, молданың өзіне жалынып едім, ол басын шайқады.
— Жоқ, шырағым, менің әрі уақытым жоқ, қазір біреудің әкесі үшін қырық құран шығарып жатырмын, әрі несиеге құран жүрмейді. Екіншіден, әке-шешеңнің аруағын екі құранмен риза етем деп ойлама. Кемінде жеті-жетіден он төрт құран шығартуың керек; — деді ол.
— Сонда он төрт құранның құны қанша болар екен?
— Әр құран сайын бір қой, не болмаса бір қойдың құмы.
— Тақсыр-ау, менің жалғыз түйемнен басқа малымның жоғын құдайдың өзі де біледі ғой, жеті қой үшін оны берсем де, қалған жетеуін өмір бойы таба алмаймын ғой? — деп едім, ол:
— Онда менің жұмысым жоқ, енді басты қатырма, — деп, қатты ызғармен қолын бір-ақ сермеді.
Енді не істерімді білмей үйден шығып бара жатыр едім, арт жағымнан молданың: «Балам, токтай тұршы!» — деген даусы шықты. Жаңағыдай емес, үні де майда, түсі де жылы. Мен несиеге қарайтын болар деген үмітпен қасына жетіп барып едім, ол қолымды ұстай алды да:
— Алланың атымен ант ет, ата-анаңның қарызынан анық құтылғың келе ме? — деді.
— Анық, тақсырым.
Ендеше бар, түйеңді әкел де біздің қораға байлап қой. Сем жаңа оны жеті қой үшін берер едім дедің ғой? Мен сенің жетімдігіңді ескеріп, он қойдың есебіне алайын. Қалған төрт құранның құнын әлің келген кезде төлерсің, — деді.
Түйені оған беремін деген ой еш уақытта келген емес еді. Амал бар ма? Ол кезде молданың сөзін тәңірінің өз сөзіндей көретін басым: мақұл, дедім де, үйден шықтым.
Міне, оған елу жыл. Қара түйе шұбар молданың өңешінде кете берді. Ал оның неше құран шығарғанын осы уақытқа дейін білмеймін.
— Қыз не болды? — дедім шыдай алмай.
— Қыздың қызығы кейін, — деді Қартекең, — қара түйені шұбар молданың қорасына байлап тастап, он басқан бойымды билей алмай, немере ағайдың үйіне қарай келе жатыр едім, қайдан, қалай барғанымды білмеймін, ауылдың ең шетіндегі қыздың үйіне барыппын.
— Адассаңыз да бетіңіз жөн екен.
— Е, шырағым, екі бірдей жастың қызықты өмірі бір түйенің, табынында қалатын заманда кімдер адаспады, кімдер алжаспады дейсің, — деп Қартекең ауыр күрсінді. — Барсам, қайын атам есік алдының қарын күреп жүр екен. Мен мұнда қалай келгенімді білмей, аңырып қалып едім, ол мені көре сала үйіне кіріп кетті. Е, бұл менің қара түйені молдаға бергенімді білген екен. Енді мені көргісі келмегені ғой, деген ойда кете беріп едім, үйден келіні жүгіре шықты да:
— Күйеужан-ау, аттан түсіріп алсын деп тұрсың ба? Үйге жүр, — деді күлімдеп.
— Кекеткенің дұрыс, ал үйге жүр деуіне жол болсын? — дедім, келіншектің сөзін онша кек көрмей.
— Атаң рұқсат етті, ұялмай келе берсін дейді. Сорлы байғұс, жүрегің жарылып кетпесін, байқа, — деп келіншек әзілмен қағыта қолымнан тартып еді, мен:
— Жоқ, бармаймын, — деп кейін шегіндім.
— Heгe? — деді келіншек таңдана қарап.
— Атаң мені шақырып алып ұрған иттей еткелі отыр.
— Пәлі, сен ол кісінің өзіңді туған баласындай көретінін білмейді екенсің ғой. Сөзді қой да, жүрі Еркежан да сені көргенше асық болып отыр, — деп, қалыңдығымның аңсап отырғанын ескертсе де, мен кейін шегіне бердім.
— Сен ол кісінің мені баласындай көрсе, малды онан да жақсы көретінін білмейсің. Мен бұл үйге бергелі жүрген түйемді Әкбар молдаға беріп қойдым.
— Не дейді, масқара?! — деп келіншек шошып кетті. — Оған не үшін бердің?
— Әке-шешеме құран шығар деп бердім.
— Апырай, ана құзғынды-ай, — деді де келіншек біреу естіп қойды ма дегендей жалт қарады. — Онда атайдың Еркежанды саған бермеуі мүмкін.
— Мен де солай болар деп тұрмын.
Ол күйеуін менсінбей жүрген әйел еді. Біздің күйіміз оның да қайғысын қозғап жіберді ме білмеймін:
— Құдай-ай, әйелдерді осынша сорлы етіп несіне Бараттың екен? — деп жылап жіберді.
Бұл кезде өзімнің бақытсыздығымды ойлап, мен де Іштей қан жылап тұр едім. Қанша ойлансам да қалыңдығымды тастап, тірі кете алатын емеспін. Ол үшін біреуден өлуге де, я біреуді өлтіруге де әзір сияқтымын. Тек қыздың бетін білуім керек. Егер қыз көнсе, өмір бойы қашқын болып етуге де бармын. Бірақ әке-шешенің ризалығынсыз кету деген елдің салтында, заманның заңында жоқ. Сол салттан қыз шыға ала ма, сол заңды қыз бұза ала ма? Оған көзім жетпейді. Оны ертіп алып, бір жаққа қашқаннан басқа жол тағы жоқ. Осы жайды айтып, келіншектен арамызға дәнекер болуын тіледім де, қызды шақырта жібердім. Ондағы ойым: қыз үй-ішінің аңдуына түскеннен кейін, менімен кездесе алмас, онан да әкесі түйенің хабарын естімес бұрын қашудың жайын келісіп қою еді. Ол үмітім де далаға кетті.
— Немене, қыз көнбеді ме?
Келіншектің кеткеніне біраз уақыт болды. Қыз әлі жоқ. Күннің бұрқыраған боранына қарамастан, қызға айтар сөзімді іштей сайлап, есік алдында әлі тұрмын. Әлі келеді, қыз жоқ. Біресе: «қыз әке-шешенің ризалығынсыз ешқайда кетпеймін десе қайттім?» деген күдікті ойға батамын. Біресе: жоқ, ол мені сүйетін. Сүйген жүрек бір түйенің табанында қалу мүмкін емес, деп үміттенемін. Осындай делдалда, кең дүниеден бір жұтым дем таба алмағандай, кеудем қысылып тұр еді, қыздың әкесі шыға келді.
— Ей, түйеңмен қоса жоғалмай бұ жерде неге тұрсын? Жоғал, көзіме көрінбей! — деп тұра ұмтылды. Ол тіпті, айбар көрсетіп қана қойған жоқ, келе салып салып жіберді. Мен таяғын жұлып алып, лақтырып жібердім де, үндеместен кете бердім. Ендігі өшігіп келе жатқаным жанағы кезі дос, көңілі қас келіншек. Бірақ ол бейшара жазықсыз екен. Оның бір өз күйеуі болатын. Біз есік алдында сөйлесіп тұрғанда, сол шірік қораның ішінде тұрып сөзіміздің бәрін естіпті. Талай шірікті көрген едім, дәл өз әйелін өзі аңдитын сондай өзді көрген емеспін.
— Сонымен, қыз не болады? — дедім шыдамсызданып.
— Үш күннен кейін жеңгесі арқылы қыздан хабар алдым. Ол сертім серт, өлсем бірге өлемін, тек жаз шықсын, оған дейін екеумізге киім әзірлей берсін депті.
— Осы күнгі әйеліңіз сол кісі ме?
— Жоқ, ол бейшара ерте өліп кетті. Сонымен не керек, сол күннен бастап қашудың жабдығына кірістім. Киім алу үшін ақша керек, ал менде ныспы жоқ. Сексеуіл жағып, көмір сатудан басқа кәсіп тағы жоқ. Оның өзі де инемен құдық қазғандай бір азап. Қыс бойы азаптанып жүріп аздаған ақша таптым да, оған бір қабат киім алдым.
Алты ай аңсатқан жаз да жетті. Жаз шығысымен сертімізге біз де жетіп, бір күні түнде Әулиеатаға қарап (осы күнгі Жамбыл қаласы) елсіз даламен жаяу қашып бердік. Көзге түспес үшін, күндіз жатып, түнде жүрумен арада төрт күн өтті. Түннің қысқалығынан жүрісіміз өнбей, жолға алған азығымыз таусылды. Ендігі азығымыз да, жол көрсетер темірқазығымыз да Таластың өзені. Баратын қаламыз сол өзеннің бойында екенін көрмесем де білемін. Бірақ қанша жер екенін, әлі де қанша жер жүретінімізді білмеймін. Сонымен не керек, осы күнгі бес сағаттық жерге бес күнде әзер жеттік. Онда менің қайбір салқын үй, салулы төсегім әзір тұр? Күні бойы кезіп жүріп, біреудің қыста сиыр қамайтын сарайын уақытша жалдан алдым. Енді кәсіп іздеуім керек, ол қайда? Қалай табу керек? «Мендігерліктен» басқа оның жолы жоқ.
— «Мендігерлік» дегеніңіз не?
— «Мендігерлік» деп базарда отыратын жұмыссыздарды айтады екен. Басқаша айтқанда жұмысқа ділгерлерді айтады, оны басқарақ айтады екен, мен төркіні ділгерліктен шыққан сөз болған соң «менділгер» атап кеттім. Сонымен ерте барсам ерте өтермін, елден бұрын барайын деген оймен тан атар атпастан көшеге шықсам, ана жерде, мына жерде де: «Менділгер, жалдап алатын кім бар?» — деп, айғайлап келе жатқандар. Ондайлар әр көшеден шығып, бара-бара көбейе бастады. Бәрінін де айтатыны сол сөз. Біраздан - кейін солардың «әніне» қосылып, айғайға мен де бастым. Сол: «Менділгер, жалдап алатын кім бар?» деп айғайлаумен жүріп базарға барсам, өзім сияқтылардың екі жүздей төбе басына жиналып қалыпты. Олардан басқа қыбыр еткен жан жоқ, базарға ең ерте келетін мал сатушылар да енді-енді келе жатыр.
Төбе басындағылар гуілдесіп, әлденеге дауласып жатқандай еді, неге екенін білмеймін, мен жақындай берген кезде бәрі жым болды. Сәлем беріп едім, екі-ақ адам үп қатты. Оның біреуі: «Е, бұл да болса біздің сорымыз ғой», — деп күрсінді де, бір еңгезердей:
— Әй, мәстек, есекше бақырмай аулақ кет. Бар, «менділгер» болсаң басқа жерге барып отыр, — деді. Оның кішілік етіп берген сәлемімді лас сөзбен қорлағаны жаныма батып кетті де, қасына жетіп бардым.
— Не дейсің?
— Солай деймін, ал қайтесің? — деп, ол да тайсалмастан атып тұрды. Енді байқадым, оның көздері біріне-бірі қарап тұратын шапыраш екен. Сол кемтарлығын көрген соң ашуым қайтып, тастай түйіле қалған жұдырығым жазылып кетті. Бірақ. аузыма келіп қалған сөзді ірке алмай:
— Солай дегенің үшін бір көзіңді бір көзіңе қосайын деп едім, аяп тұрмын, — дедім.
Соны айтуым-ақ мұң екен, көзі бұрынғысынан да бетер шапыраштанып кетті де, ол жағамнан ала түсті.
— Қараңды өшіресің бе, жоқ па?
— Бұл жерге келген адам қарасын өшіретін болса, бұрын келген сен өшір алдымен.
Сүйткенше болған жоқ, қаба сақалды бір адам атып тұрды.
— Жігіттер, осы екеуінің не үшін төбелескелі тұрғанын білесіңдер ме? — деп, ол айғайлап еді:
— Жоқ, білмейміз, білмейміз! — деп, бәрі де шу ете түсті.
— Білмесеңдер, тұрындар. Мұндай пейілі тар оңбағандарды сою керек. Әсіресе, мына шапырашты.. Тек жұдырықпен, шапалақпен, — деді де, бізге жетіп келді. — Қане, екеуің татуласасыңдар ма, жоқ, сойыласыңдар ма?
Байқайым, түрлері төбелес іздеп тұр.
— Ағатай-ау, менің жазықсыз екенімді өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, — дедім шапыраштың қолынан босаған жағамды енді өзім ұстай алып.
— Жоқ, сен де жазықтысың. Жазығың сол атамыз қазақтың «бір күн қарны ашқан кісіден қырық күнге дейін ақыл сұрама» деген өсиетін білмегендігің. Сен соны білмейтіндіктен, өзін неше күннен бері алушы таба алмай, қарны ашып, қалжырап отырған адамның бір ауыз сөзін көтермедің. Екіншіден: ол сенің жасы үлкен ағаң еді, ағаңды сыйлай білмедің. Міне, сенің жазығың.
— Ағаңды сыйлай білмедің дегеніңіз дұрыс. Ал, ақылы басында емес, қарнындағы адам үшін айыптауыңыз теріс, — дедім.
— Немене, сонда аталарымыз оны білмей айтқан ба?
— Оны айтқан аталарымыз емес, қарнынан ас кетсе, басынан ақылы кететін осы сияқты құлқынның құлдары.
Менің бұл сөзіме басқалар күлсе де шапыраш пен қаба сақалды күлген жоқ. Осымен жанжал біткендей болған соң, мен ең шеттеріне барып отыр едім, жаңағы қаба сақалды қасыма келді де:
— Шырағым, сен бүгінше бұл жерден кетесің, — деді.
— Неге? — дедім мен тандана қарап.
— Өзің жаңағы шапырашты танисың ба?
— Жоқ, өмірде көрген адамым емес.
— Ал, оның өмірде көрмеген сенімен не үшін өштескенін білесің бе?
— Жоқ.
— Міне, сен білмейсің, сондықтан сен менің сөзімді тыңда. Бұл отырғандардың ішінде өзінен зоры болмаған соң ол елдің ең алдымен өтемін деп неше күннен бері қарны аш болса да, көңілі тоқ еді. Бүгін өзінен зор сен келе қалған соң, оның сол үміті үзіліп қалды. Біреудің ризығын тартып алумен оңбайсың, сезді қой да бар.
— Мен ешкімнің ризығын тартып алғалы отырғаным жоқ.
— Тартып алған емей немене, егер де алушы бүгін ғана келген сені әкетсе? Сен тұрғанда бізді кім алмақ? Бұл байлар дегеннің ақшасы көп болғанымен ақылы жоқ. Күштің бойға қарамайтынын білмейді.
— Немене, алушылар сондай-ақ аз ба?
— Аз ғана емес, жоқ. Соңғы бес күннен бері бір де алушы келген жоқ. Ойланшы өзің, неше күннен бергі күнге күйіп, зарығып отырған біздер қала береміз де, сен келе сала өтіп кетесің. Бұл барып тұрған қиянат емес пе? Тым болмаса біз көрген күйді сен де бір күн көрсеңші.
— Жарайды, ақсақал, өлігі кетсем де шыдадым, — деп, мен кете беріп едім, қаба сақалды етегімнен ұстай алды.
— Сенің жұмыс істейтін аспаптарың қайда? — деді ол.
— Аспапты байдың өзі бермей ме?
— Жоқ, шырағым, олар күштің бойға қарамайтынын білмесе де, бермеудің жайын жақсы біледі. Ондайлық ақылы бар. Сондықтан олар саған бас бармағын да бермейді. Міне, өзің қара, құр қол отырған біреуіміз жоқ.
Мен енді байқадым, шынында, құр қол отырған біреуі жоқ екен. Тіпті, кейбіреулерінің қолында балта, кетпен сияқты аспаптардың бес-алтауы бірден отыр. Әркім өз шамасына, ез ебіне қарай қаруланған, әркімнің қолында әр түрлі аспап.
— Мұны қайдан алуға болады? — дедім өзімнің бүгін өтпейтіндігімді енді сезіп.
— Дүкендерден сатып аласың.
— Оны сатып алатын ақшаны қайдан аламын?
— Шырағым-ау, өзіңнің есің дұрыс па? Балтаның құны үш сом, егер үш сом ақшаң болмаса, күнге күймей үйіңе қайт, — деді де, қаба сақалды тұрып кетті.
Ойлап қарасам, оның ақылы дұрыс сияқты. Бірақ күннен қашып үйге барғанда не бітірем, үш сомды маған үйде кім береді?.. Қанша ойлансам да сол үш сомның жолын таба алмай, енді не істерімді де білмей тұр едім, дүкен жақтан шығып қойға қарай жүгіріп бара жатқан бір қасапшының беліндегі ескі балтаға көзім түсті. Жағалап отырып, әр қойдың белдемесіне қолын бір салып қалып жүрген сол қасапшының қасына бардым. Ондағы ойым қалтамда екі сом ақшам бар, сол екі сомға қасапшының ескі балтасын алу еді. Бірақ онан ештеңе шықпады. Адам алушылар жоқ болғанымен, қой алушылар көп екен. Түгімен жұтатындай жұтынып, аш қасқырдай жалақтаған қасапшылар қойларды топ-тобымен әкетіп жатыр. Мен солардың қойды көргенде қасқыр көзденіп кететіндеріне қайран қалып тұр едім, кейінгі жақтан «менділгерлердің» шуылдаған дауыстары естілді.
— А, құдай, бере гөр. Әшір мырза келе жатыр.
— Жоқ, ол емес.
— Тап өзі, анау былтырғы алған тоқалы.
— Ол болса тоқалының бетіне қарай көрмеңдер.
— Қараса қайтеді?
— Таяқ жейсің де, үйіңе қайтасың.
— Тоқалының бетінде пердесі бар емес пе?
— Бар болса да қарамаңдар.
— Өзі сұлу болу керек, жүрісінің сұлуын қарашы!
— Өшір үніңді!
— Байқа, әйелінің аяғына қараймын деп басыңа таяқ тиіп жүрмесін!
Қала жақтан екі адам келе жатыр. Оның біреуі — мес қарын, құж мойын, бурыл сақалды, қара кісі. Екіншісі — бетінде пердесі бар, нәзік денелі кішкентай әйел. «Менділгерлердін» айтып отырғаны осылар. Сірә, олар малжанды адамдар болу керек, ат-арбаны ойдағы бір үйдік, көлеңкесіне тоқтатыпты да, өздері жаяу келеді. Төбеге өрлеген сайын мес қарынның басы ішіне кіріп кеткендей күжірейген шүйдесі ғана көрінді де, ыңқ-ыңқ еткен дыбысы естіле бастады. Бетін «Менділгерлерге» қарай бұрған соң, менің оларда жұмысым болған жоқ. Бер жағынан барып манағы шапыраштың алушы келген кездегі түрін бір көргім келіп еді, аядым да бармадым. Жас тоқалдың көз тартатын денесіне көзім түссе де, көңілім балталы қасапшыға ауып кетті. Ол бір қора қойдан төрт қойды тандап алып, мал иесімен қол соғыса бастаған екен. Алақандары сарт еткен кезде «отыз тиын», «қырық тиын» десіп таңдайлары тақ ете түседі. Байқап тұрмын, алақандар бес рет шарт етті де, таңдайлар бес рет тақ етті. Қасапшының он тиын үшін осынша үздігуіне шошынып:
— Мынаның түрі жаман екен, балтасын арзан сата қоймас, — дедім ішімнен. Ақырында екеуі келісіп еді, қасапшының екі сомы жетпей қалды. Ол жетім қозыдай әркімге бір телмеңдеп зыр қақты. Бірақ ешкім қарыз берер емес. Қалған дәулетім екі сомның игілігін енді көретін болармын, мынаның қысылып тұрған кезін пайдаланып қалайын деген оймен қалтама қол сала бастап ем, ол жетіп келді де:
— Бауырым, бір-екі сом бере тұршы, қазір ет сатылғасын берейін, — деді.
— Балтаңызды берсеңіз берейін.
Ол екі сөзге келместен белінен балтаны суырып алды да:
— Мә, сегіз сом әкел, — деді.
— Нансаңыз осы екі сомнан басқа түк пұлым жоқ. Өзі ескі балта көрінеді ғой, осыны алыңыз да беріңіз.
— Жоқ, шырағым, мұндай балта бұл шәһәрде жоқ. Мына бір көп пайдадан қалатын болған соң ғана беріп тұрмын. Әйтпесе, ұңғысына дейін асыл балтаны он сомға да бермес ем. Егер ақшаң жоқ болса, мен екі сомыңа есептеп екі күн тоятын ет берейін, әкел енді, құны жетті ғой, — деп, ол қолын созып еді, мен:
— Мұндай ақша бұл шәһәрде де жоқ. Қағазына дейін алтын ақшаны қысылмасам мен де бір балтаға бермес едім, — дедім де, ақшаны қалтама салып қойдым. Ол маңдайынан сорғалаған ащы терін сыбанулы білегімен бір сыпырып тастап, ақшаны қайдан табарын білмей алақтап тұр еді, көзі «менділгерлерді» айналдыра қарап, таңдап жүрген жаңағы мес қарынға түсті де тұра жүгірді.
Менің онда енді жұмысым болған жоқ. Осы адам саудасы мен мал саудасына қараудан басқа істейтін кәсібім де жоқ. Қойлар топ-тобымен өткенде, біздің біреуіміздің етпей қалғанымызға назаланып тұр едім, жаңағы қасапшының:
— Саған балта не үшін керек? — деген даусы саңқ еткізді. Жалт қарасам, ол жаңағы төрт қойды әкете алмай, мықшыңдап тұр екен.
— «Менділгерлік» істейін деп едім, соған керекті аспаптар сатып алуға ақшам болмай тұр.
— Алатын кісі табылды ма?
— Жоқ, алдымен құрал сатып алу керек көрінеді.
— Ойбой, ақымақ бауырым-ай, манадан бері соны айтсаң болмай ма? Мен саған барлық аспапты өзі беретін байды табайын, сен ол үшін мына қойларды дүкенге жеткізіп бер.
— Алдымен сол байды тауып беріңіз, сонан соң апарайын, — дедім алдап тұр деген оймен. Жоқ, ол алдамаған екен, қойды маған ұстата салды да жүгіріп барып жаңағы мес қарынды бері алып шықты.
— Мырза, мен сізге бір дәу жігіт таптым. Екі кезі бар демесеңіз, нағыз дәудің өзі. Мен қойдың арық-семізін қандай білсем, жігіттердің әлді-әлсізін де сондай білемін. Сөз жоқ, ол бір өзі он кісінің жұмысын істей алатын адам. Жалғыз-ақ оның ешқандай аспабы жоқ көрінеді. Оған үйіңіздегі ескі кетпен-балталардың бір-екеуін бересіз де, еңбек ақысынан ұстап қаласыз ғой. Өзіңіз ойлаңызшы, менің есебім қай жағынан болса да дұрыс шығып тұр.
Олар аулақта тұрса да мен барлық сөзін естіп тұрмын. Мес қарынның:
— Ол қайда? — деген қуанышты даусын да естідім.
— Әне, ана тұр.
— Әй, бері кел, — деп, мес қарын қолын бұлғап еді, менің қуанғаным сондай, қасапшының қойын тастай жүгірдім. Ол қойлар көп қойдың ішіне қосылып кетті. Сол үшін қасапшы мені сыбап бақырып барады. Мен оны да елегенім жоқ, жүгіріп барып мес қарынның алдына тұра қалдым. Ол бас-аяғыма көзін бір жүгіртіп етті де:
— Бойдақсың ғой, ә? — деді сұрланып.
— Жоқ мырза, келіншегім бар, — деп едім, оның сұрланған өңі жадырап сала берді. Бұл құбылыста нендей сыр барын кейін сездім.
— Білегіңді, көрсетші... О, мықты болғандай екенсің. Қане, мыналардың қатарына отыр, жоқ, ол жерге отырма, мына шапыраштың қасына отыр.
Ол бұйырған соң амал бар ма, мана өзіммен жанжалдасқан шапыраштың оң тізесін баса отыра кеттім. Мес қарын біресе алдымыздан, біресе желкемізден келіп қарады да:
— Жігіт, менен бір жылыңа қанша сұрайсың? — деді.
— Құдай білсін, өзіңіз біліңіз, — дедім мен өз құнымның қаншама екенін біле алмай.
— Басқаларға отыз сом беруші едім, саған қырық сом берейін. Бірақ сен жұмысты басқалардан артық істейтін боласың.
— Басқалардан он сом артық берсеңіз, артық істейін.
Осы арада шапыраштың кесірі бір тие жаздады. Ол орнынан атып тұрды да:
— Құрметті мырза, мен сіздей мәртебелі кісінің отыз бес сомына да ризамын, мені алыңыз, мырза! — деп, аяғына жығыла кетіп еді, мес қарын ойланып қалды.
— Отыз бес сом дейсің бе? Тоқта, сен мынадан қартаңсың ғой, отыз сом ал да, разы бол.
— Разымын, мырза, отыз сомға да разымын.
— Онда жас жігіт, саған рұқсат, — деп, мес қарын маған тұмсығын көрсетті. Мен дәл бір басыма қонған бақыттан айрылып қалғандай күйініп отыр едім, бағыма жас тоқалдың сол сәтте келе қалғаны.
— Мырза, мен барлық дүкенді аралап он екі түрлі нәрсе алдым. Ал сіз болсаңыз әлі бір де малай алмай күнге күйіп жүрсіз, ха-ха-ха! Қайтатын уақыт болды ғой, — деді назданып.
— Маған мына біреуі ұнап тұр, сен де көрші, өзі күшті, өзі арзан.
— Астағпыралда, — деді әйел шапыраштың көзінен шошып кетіп, — аулақ, аулақ, әкет мына пәленді, құдай-ай, сақтай гөр, түсіме кірер ме екен...
Шапыраштың не ойлағанын білмеймін, әйтеуір, тоқалдың мына сөзі зығырымды қайнатып жіберді. Бірақ, әттең заман-ай деп, кіжінгеннен басқа дәрмен менде де жоқ.
Мес қарында ес жоқ, ол тоқалының шошынғанынан өзі шошып, бір қолымен әйелін құшақтап жүр.
— А, а... Онда қояйын жаным, қояйын, — дейді қалбалақтап. — Тастадым оны. Мына бір жігітті ұнатып едім, қымбаттау болып тұрғаны.
— Қай жігіт?
— Мына бір жігіт, — деп, мес қарын мені нұсқап еді, тоқал қадала қарап аз тұрды да:
— Бұл не үшін қымбат? Қанша сұрайсың? — деді.
Тоқалының мені ұнатып тұрғанын сезіп қалды ма қалай, мес қарын:
— Елде жоқ бағаны сұрайды, — деп айтқысы келмеді.
— Елде жоқ болғанда қанша? Жүз сом сұрай ма? — деп, тоқал да қадалып болмады.
— Жоға.
— Жоға болса қанша?
— Қырық...
— Онда осыны ал, басқаны алма, — деді де, тоқал арбасына қарай жүріп кетті. Сірә, тізгіні соның қолында болу керек, мес қарын бір ыңқ етті де, мені ертіп ала жөнеледі. Арт жақтан манағы қаба сақалдының:
— Жігіттер, адал адамға қашан да жолдың ашық екенін көрдіңдер ме, — деген даусын есітіп мен бір жағынан өзімнің адал көрінгеніме, екінші жағынан кәсіп тапқаныма қуанып насаттанып кеттім.
Бірақ осы арада тағы бір кеселге ұшырай жаздадым: Біз арбаға енді отыра берген кезімізде арт жағымыздан жаңағы қасапшының бажылдаған даусы шықты. Жалт қарасам, ол бізге қарай жүгіріп келеді екен. Сірә, біреулермен төбелескен болу керек, жағасы дал-дал. Кімді екені белгісіз, әйтеуір, біреуді сыбап келеді.
— Түс, қызылталақ, түс жаның барыңда. Сол қойлар үшін сені бауыздамасам ба! — деп, ол келе сала мені қойып-қойып жіберді. Егер де тоқалдың түртпектеуімен мес қарын ақырмаса, ол мені бауыздамаса да төмпештей беретін.
— Ей, қу табан, сені жын қағып кеткен бе? Менің кісімде нең бар? — деп еді, қасапшы мені тастай салып, атшы мен тоқалдың аралығында отырған мес қарынның тізесін барып құшақтай алды.
— Мырза, құдай үшін, мына қызылталақтың көзін құртыңыз, өтінемін, құртыңыз. Бұл оңбаған менің сатып алған қойларымды елдің қойына қосып жіберіп, аналар өз қойымды бермей жатыр, құдай үшін соны алып беріңіз.
— Олар қойынды неге бермейді?
— Сенің қойың ол емес, мынау деп, қайдағы бір арық қойларды көрсетеді.
— Е, арық, қойың үшін семіз қой алғың кеп жүргені өзің де, Бар, ондай дауың болса, сотқа бар.
Қасапшының сотқа барар түрі жоқ, бар әлі келетіні мен. Бірақ маған да енді әлі келмей қалды. Ол: «Әй қызталақ-ай», — деп, тағы ұмтыла берген кезде, мен арбаның үстінде отырған бойыммен кіндік тұсынан теуіп жіберіп, шалқасынан түсірдім.
Тоқал бір мырс етті де:
— Шөлдеп кеттім, айдат! — деді байына қарап.
Біз жүріп кеттік, қасапшы мені сыбап қала берд!.
Міне, шырақтарым, менің жас кезімде көрген қызықтарым. Қырықтың қырқасына шыққанша мен мұндай «қызықтардың» талайын көрдім. Қайран Жастық шақты мен осылай өткіздім. Оны қызық дейсіндер ме, жоқ әлде қырсық дейсіңдер ме, ерік өздеріңде.
— Ал тоқалмен араларыңызда да ешқандай қызық болған жоқ па?
— Ой, шырағым-ай, ол сайқалдың қасіретін де аз тартқаным жоқ-ау мен.
— Қалайша, ол сізді сүйетін сияқты еді ғой?
— Оны сен сұрама да, мен айтпайын, — деді ауыр күрсініп.
— Оны сен сұрама, мен айтпайын...
Мен сұрайтын едім де ол айтатын еді, ойымыз басқаға ауып кетті де, әңгімеміз үзіліп қалды.
Қарсы алдымызда бір белес жатқан-ды. Сол белестің төменгі тұсынан бұрқ етіп қалың шан, шықты. Бұл кезде жел тына қалған еді. Талайдан бері жауын көрмей, кеуіп жатқан шел топырағы сағымдай бұлдырап аспанға көтерілген екен, Қартекеңнің көзін тартып, көңілін аударып әкетті.
— Балалар, ананы адам деуге беті теріс, құйын болар, о? — деді ол, кезіне өзі сене алмай.
— Иә, құйын ғой, — деді Ералы.
— Жоқ, құйын емес, — деп, Нағашыбек таласа кетті, — шапқан аттың шаңы, өзі біреу, екеу, үшеу, жоқ екеу...
Бұл кезде жаңағы біздің құйын дегеніміз бірте-бірте қоюланып, созыла түскен еді. Нағашыбектің екі жерден түйдектелген шаңға қарап айтқан межесі дұрыс екен. Шумақталған шаң созылған бойымен біздің алдыңғы тұсымызға келгенде баран атты екі адам көріне кетті. Олар бізге бұрылмастан, оңтүстік жақта тұрған иесіз тауларға қарай ағызып ете шығып еді:
— Апыр-ау, анау біреуі біздің күрең айғыр ғой. Жылқыға қасқыр тиген екен ғой, — деді де, Қартекең шаба жөнелді. Оның соңынан Ералы да кетті.
Қартекеңнің бар сөзіне сенсем де, екі түрлі себеппен, дәл осы сөзіне сенгенім жоқ, біріншіден, біз оларды кемі бес шақырымдай жерден көрдік. Екіншіден, екеуінің де аты баран. Жылқының баранға қосылатын он шақты түрі бар. Сонша жерден оның ешқайсысын да айыру мүмкін емес. Әсіресе, күрең мен жиренді, торы мен керді айыру мүмкін емес. Бұл ойымды Нағашыбекке айтып едім, Қартекеңнің жалған айтпайтынына сенсе де, Осы сөзіне ол да сенген жоқ. Жылқыны түсінен ғана емес, жүрісінен, әсіресе, аяқ тастасынан тануға болатынын екеуміз де білмеппіз.
— Қартекең кешегі қасқырда кеткен кегін бүгін қайтарады. Алыстан болса да қызығын көрсек қайтеді? — деген Нағашыбектің ниетін мен де теріс көрмей, жүгірте жөнеліп белеңге шығып едік, олар ұзап кеткен екен. Тек оңтүстік жақтың әр тұсынан шаң бұрқ-бұрқ етеді.
Төменде қалын жылқы жатыр. Сірә, Қартекеңнің жаңағы күдігі дұрыс болу керек, жылқылар қасқыр тигендей шоғырланып қалыпты. Бұл бір Талас өзеніне төмен созылып жатқан бектер екен. Сол бектердің өзен жақ жиегіне жылқышылардың кигіз үйлері тігілген. Әр отардың үйлері ор жерде болғанымен, ішер суы бір жерде екені қоражай қонысынан көрініп тұр. Біз аттың басын құдыққа жақынырақ тұрған ортадағы боз үйге қарай бұрдық.
Алдымызда даңқты Талас өлкесі жатыр. Көңіл, шіркін, қандай нәзік, манадан бері сусыз шелді кезіп келгендіктен бе, Таластың кең алқабы бізге Алатаудың алмалы саясындай көрініп кетті. Әттең, кезі келмей жатыр, кезі жетсе, сегіз ай бойы мәуелеп тұратын жемісті еліміз осы өлкеде де есірер еді деген оймен көзді алысқа жібердім.
Көз ұшында Мойынқұмның Көкшеқұм аталатын бергі бөлегі мұнартып тұр. Сол құм мен өзім келе жатқан осы жиектің арасы жиырма, жиырма бес километрдей бар. Құшағын осынша кең жайып жатқан Талас алқабы менің бір көздеген - жерім. Қазіргі кезде гүлі солын қалса да, қашан қар келіп басқанша, көркін күзге берер емес. Оның күре тамыры секілденіп Таластың өзені жатыр. Бұл да менің нысанамда. Өзін Қырғыз бенен Қазақтың ырысы көретін Алатаудың бұл тентек дариясын осы тұстан бір байласам...
Сол өзеннің бойындағы ондаған колхоздың сәулетті қаласына жақындаған сайын келешектен күткендерім жақындап келе жатқандай сезінем. Ақ кірішпен сыланған әдемі үйлер батар күнмен бәсекелескендей көзді өзіне тартып алды. Кейбір колхоздың шаңқан үйлері зәулім ағаштардың арасынан өзіңе ұрлана қараған кейбір сұлудың көзін елестетеді. Ағаштың көркі жапырақ болса, қаланың көркі ағаш екенін осы көріністен де сөзіне түсесің. Әсіресе дәл ортадағы «Бірлік» колхозы мен оған жалғас «Бостандық» колхозының жеміс ағаштары бұл өлкенің келешегінен үлкен үміт күткізгендей.
Батыс жақта жалғыз тұрған қоқыр шоқымын көлеңкесі өзеннің үстінен көктей етіп, көшенің құмына қарай еңкейіп барады. Кешкі ауылдың ежелгі көркі шудалана көтерілген көк ала түтін қазан байлығын көрсеткісі келгендей кесек-кесегімен будақтап, сұрғылт аспанды құшып жатқан секілденеді.
— Түтіннің де сұлу көрінетін шағы болады екен-ау! Қарашы, досым! Көлбей ұшқан көк түтіннің желсіз тынық қоңыр кешке әдемі өң беріп тұрғанын, — деп едім, Нағашыбек дәл бір соны өмір бойы ойлаумен шаршағандай ауыр бір күрсінді де:
— Жарасқан еді ғой. Біздің заманның көшіне жарасатын сұлулық бар заманның, бар елдің көшіне жараса беретін түтін емес, Ильичтің шамы ғой. Әсіресе осындай алыс түкпірде жатқан ауылдардың кеші үшін онан асқан сұлулық бола қоймас еді.
— Иә, дәрмені аздардың арманы қашанда үлкен, — деп едім, ол менің бұл сөзіме шамданып қалды.
— Дәрмені азыңыз қалай?
— Сендерден екі есе кедей Еңбекші қазақ ауданында Ильичтің шамы жанбайтын бір үй жоқ. Ал ондай шам сендердің кеңселеріңде де жоқ. Оған кінәлы кім?
— Кінә айтысып қайтеміз. Егер кінәласар болсақ, мен жеңемін де, сіз жеңілесіз ғой, — деді ол өзі күлмесе де көзі күлімдеп.
— Кеуде шіркін-ай, ә?
Ол менің бұл сөзімді «өр кеуде» мәнісімен түсінсе де көңіліне кіді алған жоқ, тамағын бір кенеп алды да, сөйлей жөнелді.
— Мені дәл бүгін сізге ертіп Таластың бойына әкеле жатқан да сол кеуде. Қараңыз, — деп, атсоғарын алға қарай көтерді. — Алдыңызда сонау Қырғыздың Алатауынан құлай ағып, ырзығын екі елге бірдей шашып Таластың өзені жатыр. Сол өзенге сіздердің ой бөлмегендіктеріңізден осы уақытқа дейін атам заманғы май шамнан әлі құтылғанымыз жоқ. Осыған кінәлы кім, біз бе, жоқ сіздер ме?
— Өзгеден кінә іздегенше соған жетер жолды іздеу керек еді ғой.
— Біз кептен бері ізденудеміз. Бірақ Таластың бізге жететін суынын, әлсіздігі бізді әлсіретіп тұр. Тоқтаңыз, мен айтып болайын. Таластың суын жоғарғы жақтағы елдер бөліп-бөліп әкетеді де, бізге жеткен аз суы жаздыгүні тартылып қалады. Әсіресе, біздің электр станциясын саламыз деп жүрген жерімізде су қалмайды. Сондықтан ең алдымен өзенге бөгет салу керек. Қазір сол бөгетті салуға кірісіп жатырмыз. Ал, енді кеше осы ауданның жері мен суын зерттеуге сіз бастаған үлкен экспедиция келетінін естігеннен бері маған мынандай бір ой келіп жүр.
— Қандай?
Тоқтаңыз, мен сізге бәрін де айтып бергелі келемін. Мына Таластың суы осыдан елу километр жердегі Үшаралдың тұсына жете бере құмға сіңіп жоқ болады. Көктемде көлдей шалқып жатқан судан көк тиындық пай да көрмейміз. Өзіңіз ойлаңызшы, неге біздер сол ұшан теңіз мол суды далаға жібереміз? Біздер оны байлап алып, сол Үшаралдың тұсынан неге үлкен көл салмаймыз! Есіңізде болсын, мен мұны бір ғана электр станциясы үшін айтып келе жатқаным жоқ, Біздің ауданның негізгі кәсібі — мал өсіру, осы өзеннің бойында біздің жиырма алты колхоз, екі үлкен совхозымыз бар. Ол совхоздардың екеуі де қаракүл, қой совхозы, екеуі де бүкіл одаққа белгілі үлкен совхоз. Сол жиырма алты совхоздың күші ертеңгі күні жиырма алты совхоздың күшіндей болатындығына дау тағы жоқ. Ол үшін бізге көрер. Техниканың күші керек. Ол үшін мал шаруашылығының машиналы станциясы керек. Көл, әсіресе, сол үшін керек. Егер де көліміз болса, осы көз жетпестей кең ала ырысымыздың қайнар көзі. Сондықтан мен сізден осы сапар Үшаралды көре кетуіңізді сұраймын, Ал электр станциясын салатын жерімізді көрмеймін десеңіз де көресіз, өйткені ол қақ жолыңыз.
— Е, өзің қойшыларға үй іздеу үшін емес, маған жүк артқалы келеді екенсің ғой.
— Ондай үйді кабинетте отырып-ақ, табамыз ғой. Қарауындағы адамдардың жайын ойламаған бастықтардың құлағын телефонмен біраз шыңылдатсам, үйден де зоры табылады. Ол күнделік шаруа. Ал сізге айтып келе жатқаным мәңгілік.
Оның сөзін оң жақ бүйіріміздегі саладан шыға келген Қартекең бөліп жіберді. Оның алдында оқ бойы жерде бір үлкен қасқыр келе жатыр. Қасқырдың есінің шыққандығы сондай, қарсы алдындағы біздерді көрер емес, құйрығын қысып алып, зытып келеді. Бірақ, жаны қысылғанмен, әлі тың екен. Жауды көрсек қанымыздың қызып кететін әдеті ғой, қуып жете алмайтынымызды біле тұра біз де ұмтылып кеп қалып едік, ол зымырап кетті. Дегенмен Қартекеңнің құтқаратын түрі жоқ, даусының өзімен-ақ қайыратын түрі бар, күндей күркіреп, нажағайдай ағып барады. Біз біраз жерге дейін ере түстік те, қарасын көре алмаған соң аттың басың жылқыға қарай қайта бұрдық.
— Иә, бұл қасқыр деген де үлкен жау, — деді Нағашыбек тағы да бір арманын айтқысы келгендей кеудесін кере дем алып, — өткен жылы бір колхоздың қасқырға жегізген қойын есептесек, бір жылда елуге жетіпті. Егер де әр колхоздан елу қой қасқырдың аузында кете берсе, бүкіл Қазақстаннан бір жылда үш жүз елу мың қой орынсыз шығын болады екен. Ал біздер осынша малдың ысырап болып жатқанын ескермейміз.
— Ескергенде не істеу керек?
— Құрту керек қасқырды.
— Құрту керек болса аңшыны неге ұйымдастырмайсыздар?
— Аңшыларымыз бар! Бірақ оларға бой беретін түрі жоқ. Сондықтан жылына екі мезгіл он күндік жариялап, жаппай аттаныс жасалмаса қасқыр құрымайды. Ең алдымен жазға салым күшігін қыру керек, сонан кейін күздігүні қар түскен кезде ұтылап қуса аттың да түгі кетпейді, қасқыр да құриды.
Бұл кезде біз жаңағы боз үйге жақындаған едік, Нағашыбек енді қасқыр жайын тастай беріп ақырын күбірлей бастады.
— Дәдебай дейтін батырымыздың үйі. Қасқыр қуа кетпесе үйінде болар, соға кетейік.
— Дәдебай дейсің бе? — деп, мен аттың басын тартып тұра қалдым.
— Иә, айтпақшы сіздің Дарабай деп жүргеніңіз сол болып жүрмесін?
— Жоқ, мен ескі жазуды жақсы танимын.
— Мен ол кісінің қолын да танушы едім. Қалтаңызда болса бере тұрыңызшы.
Қалта дәптерімнің арасынан алып бір қарадым да, Нағашыбекке ұсындым.
Ол қағаздағы сөздерді дауыстай тұрып оқып шықты да:
— Жазудың Дарабай болып жазылғаны рас. Ал мұны жазған кісінің осы Дәдебай екені тағы рас, — деді. Қағазды қайта алып. қалтама салып қойдым, үндегенім жоқ, ол менің сене алмай келе жатқанымды осыдан сезді де: — Оған сене беріңіз, — деп, шірене тұра қалды. — Дәке! — деп, дауыстап та жіберді. Үн қатқан ешкім болған жоқ. Оның кейде өзіне-өзі сенбей қалатын мінезі болу керек, өз даусына өзі сенбегендей, — әу, бұл үйде кім бар? — деп, бұрынғыдан да қаттырақ үн шығарып еді, даусы барқырап кетті. Бірақ ол қанша айғайласа да, жауап қатқан ешкім болған жоқ. Еңкейе бере киіз есікті көтеріп төрт бұрышты жасыл құлыпты көрген соң барып оның көңілі тынды.
— Дәкең қасқырдың соңында, балалары оқуда, жеңгей жылқыда екен. Жүріңіз, Қартекең келгенше жылқысын көре тұрайық.
Оның Қартекеңді ие үшін тосқысы келгенін сезсем де, үндегенім жоқ. Өйткені мен Дәдебайды тосуым керек. Екеуміз екі ойдың ұшын ұстап манағыдан гөрі жазыла жайылып, бір даланы тегіс алып жатқан қалық жылқыға қарай беттедік.
Қартекең басқаратын ферманың бар жылқысы осы жерде екен. Оның бергі шетінде бөлек жатқан Дәдебай қарттың жылқысы. Қылшығына шаң жұқпастай болып семірген жылқылар майдан жүре алмай ірк-ірк етіп құбылаға қарай беттеп барады. Желге қарсы жүре жайылған кейбір жылқылардың алдын кес-кестеп, кейде кейін серпіп тастап бір әйел жүр.
— Көрдіңіз бе, біздің жеңгейлер бұрынғының желекті найза ұстаған батыры, бүгінгінің маманы. Олар жүз жылқының бір түнде неше гектар жердің шөбін жейтініне дейін біледі. Бірақ мұндағылардың бәрі де Қартекеңнен тәлім алған, бәрі де қазір қанағатсыз. Соның бірі — дәл осы жеңгей. Жоқ, мен шын айтып келемін. Өткен жаздыгүні осыларға келіп, алдағы жылдан бастап колхоз шаруашылығын қалай электрлендіру жайында баяндама жасап тұр едім, осы жеңгей ұшып түре келіп: «Біз сиыршылардан кембіз бе, олар сиырды электрмен сауғанда біз биені неге электрмен саумаймыз? Біз егіншілерден кембіз бе, олардың үйіне берілетін электр біздің кигіз үйге неге берілмейді?» — демесі бар емес пе.
— Кигіз үйге! — дедім мен жат хабар естігендей оған жалт қарап.
— Иә, кигіз үйге.
— Сен не дедің?
— Мен болады дедім. Мүмкін, бұл тез арада бола қоймас, бірақ, түбі болатындығы сөзсіз. Солай емес пе?
Мен бұл жөніндегі ойымды ашқаным жоқ. Тек жазғы кеште жеке прожектор арқылы жарқырай тұрған жайлау түнін, колхозшылардың сәулелі сәнді үйлерін көз алдыма келтіріп, соған қызыға қарадым.
Бізге қарай басында түбіт шәлі, үстінде қара пүліш пальтосы бар жаңағы жылқышы әйел келе жатты.
— Бұл кімнің әйелі?,
— Сол Дәдебайдың әйелі. Дәкең Қартекеңнен он жылдан бері үйренгенін жеңгейге он-ақ айда үйретті.
Нағашыбектің соңғы сөзін жеңгей алыста келе жатса да естіп қалған екен. Жарқын жүзі жайдары адам екенін алыстан көрсетіп, алыстан дауыстады.
— Нағаш-ау, Дәкеңді дәріптей бермесейші, үйретуден емес, үйренуден ғой, — деді ол күлімсіреп.
Жылқышы әйелдің бұл сөзіне сүйсінгенімнен, бейтаныс адам болсам да, сыпайылық, жасап тұра алмадым, Нағашыбектің мені таныстырған сөзін де тосып тұрғаным жоқ: «Бағарыңыз көбейсін, жеңгей. Дұрыс айтасыз, біздің үйретуден гөрі, үйренуіміз жетпей жатыр», — дедім.
Жылқышы әйел менің жақсы тілек сөзіме алғысын айтты да:
— Қане, үйге жүріңіздер, шал да келіп қалар, — деп, жаңағы өзіміз соғып өткен боз үйге қарай ертіп жүрді.
— Ол кісі қайда кеткен?
— Е, осында бір топ қасқыр келіп еді, — деді де, жеңгей атының басын кенет тежеп, қалтасынан бір буда кілтті суырып алды. — Нағаш, мына кілтті алып, кісіні үйге апара бер, мен жылқыны бір қайырып тастап келейін.
— Үйіңіздегі бар тамақты ішіп қоямыз ғой, — деді Нағашыбек қалжыңдап.
— Ой, тәйірі-ай, тамақты аяйтын болсам, кілтті берем бе? Шелдесеңдер үйде шұбат бар, ұялмай құйып іше беріңдер. Жалғыз-ақ керегеде қыстырулы тұрған . бір нәрсеге қызықпасаңдар болды.
— Ол не?
— Бүгін ғана бір қасқыр ішік тігіп қойып едім, қыстыгүні жылқы күзеткенде маған керек еді.
— Егер де бір ішікке борышты болсаңыз оған қызықпай-ақ қояйын.
— Онда Дәкеңе айт. Ендігі соққан қасқырларының терісін саған арнасын, өзім тігіп берейін. Мә, мен кешігіп қалдым.
— Ойнап айтамын, бара беріңіз, біз құдықтарыңызды көре тұрамыз.
Мұнан кейін жеңгей де таласқан жоқ. Ұзап бара жатқан жылқыға қарай жорта жөнелді.
Біз боз үйге қайта келіп, атты белдеуге байладық та, жиегіндегі балшығы кішігірім төбедей болып жатқан құдықтың қасына келдік. Құдықтың үстін қалың тақтайлармен жауып, қақ ортасынан су алатын тесік қана қалдырыпты. Бұл әрі құдыққа мал түсіп кетпеуді, әрі судың таза болуын ойлаған ұқыпты адамдардың ісі екенін көрсетіп тұр. Жиегіндегі төбедей балшығына қарап құдықтың тереңдігін қандай сезсем, тереңдегі суды қауғамен тартудың оңай емес екенін ойлап, осындай құдыққа да техниканың күшін жұмсай бастаған жаңа адамдардың көреген ойының тереңдігін де сондай сезіп тұрмын. Бірақ мыналардың жылқыны салқын, құдық суы бар Таластың өзенінен суармай отырғандарына түсінгенім жоқ. Оны өзім ойлап таба алмаған соң Нағашыбектен сұрап едім, ол өзен жағасының дәл қазір тақыр екенін, жылқы су ішісімен аузы шөпке тимесе ішкені іріңдей болып кететінін айтты да:
— Қай жерде, қай кезде болса да құдықтың қажет екенін енді аңғарған боларсыз, — деді.
— Мен деген қағаз емес қой, соны ойлап келешек үшін керек дегенімнің бәрін дәптеріме жазып келемін. Соның бірі болып Нағашыбектің осы сөзі де жазылды. Оған қоса — күзгі, қысқы құдықтарға желдің күші пайдалансын, — деген сөзді де жаздым.
Осы кезде сырт жағымыздан аттың дүрсілі естілді. Жалт қарасам, жорғалы біреу бізге жақындап қалған екен.
— Е, іздеген кісімнің өзі келе жатыр, — деді Нағашыбек қуанышты кескінмен.
— Бұл кім?
— Бұл осы «Чкалов» колхозының бастығы Мүсірәлиев Байқошқар дейтін батыр. Әттең, 23 жылға дейін байлардың жылқысын бағамын деп жүріп оқи алмай қалған. Әйтпесе, көзге қораш көрінгенмен, сонау торсиған шекесі толған ақыл.
Нағашыбектің бір қасиеті жұрттың бәрімен да ашына жай адамдарша сөйлесіп, айтқанын орындата біледі екен. Ол аттан түсе сала қол алысып амандасқан Байқошқарға түрінен ештеңе сездірместен:
— Бәке, мұныңыз қалай? «Ала жаздай ән салып, өлеңнен қолым тиді ме» деп жүргеніңіз, — деді.
Осы күнгі бар қазақтың бала кезден басына Абай салып берген Крыловтың осы сөзі Байқошқардың басында да бар екен. Ол сол ұлы адамдар осы сөзді шегірткеге емес, мен сияқтыларға айтқан-ау дегендей мырс етті де:
— Е, «Ала жаздай ән салсаң, селкілде де билей бер» дегелі келген екенсіз ғой, — деді.
— Дәл айттыңыз. Алдымен танысыңыз, — деп, Нағашыбек мені оған таныстырып алды да, — мен сізге солай дегелі келдім. Әнді кім айтса, сол селкілдесін, сол билесін. Тақыр мұздың үстіне отырып алып билесе де мейлі, — деді.
Байқошқар иығын қомпаң еткізіп тағы бір мырс етті.
— Тақыр мұзға отыруды Байқошқар ұмытқалы қашан. Рас, екі айға созылған думанның қызуымен жүріп, бір-екі үйдің туырлығын ұмытып кетіппін. Бірақ басқа болмаса, ол үшін қиналып, қынжылатын мен жоқ.
Нағашыбек суық түспен жалт қарады.
— Егер де сол екі қойшының арқасынан аяз өтетін болса қиналарсыз.
— Аяз алдымен өзімді құлатып барып оларды соғар, әйтпесе соға алмас.
— Мен сізден бос сөзді тастауыңызды сұраймын.
— Бос сөз емес, екі қойшының кигіз үйін біріктіріп жіберіп едім, біреуіне бүп-бүтін бір үй шыға келді. Екіншісіне өз үйімді бердім.
Бұл сөзге іштей қуана тұра Нағашыбек түсін өзгерткен жоқ.
— Өз үйімді.
— Оның таңданатын несі бар?
— Сізге емес, сіздің үйдегі жеңгейге таңданып келемін. Әлде сіз ол үйді жеңгейден жасырып бердіңіз бе?
Байқошқардың иығы тағы көтеріліп кетті, тағы мырс етті.
— Ой, Нағаш-ай, — деді ол қара мұртын бір сипап қойып, — жеңгеңізді көрмегеніңізге көп болған екен ғой. Сараңдықты ол ұмытқалы қашан?
— Солай ма, сіз үшін ол бір үлкен қуаныш екен.
Бұл сөзден Байқошқардың үйіндегі жеңгейіміздің сараңдық көрсетіп, Нағашыбекті бір шошытқының, Байқошқарды бір ренжіткенін сезсем де, үндегенім жоқ. Бір кезде күйеуі байдың жылқысын бағып жүргенде өзі байдың биесін сауып жүретін қазақ әйелдерінің осы күнгі бақытты өміріне көз жіберіп, іштей шаттанып келе жаттым.
Әлгі сөзден кейін Нағашыбектің де арыны басылғандай еді, кенеттен ойына әлдене түскендей Байқошқарға жалт қарап:
— Жеміс ағаштары не күйде? Ешкілер құлатып жатқан жоқ па?~ деп еді, сірә, ұялатын бір жай болу керек Байқошқар мүдіріп қалды. Иегі қышып бара жатқандай дөңгелек қара сақалын да бір сипады, көзін де сығырайтты, бірақ аузына сөз түсер емес. Нағашыбектің екі көзі әлі сонда. Байқошкарда әлі үн жоқ. Ол үндемеген сайын Нағашыбектің өңі бірте-бірте сұрланып барады.
Бұл кезде біз үйдің қасына келін отырған едік. Байқошқар қолын иегінен алмастан сақалын қайта-қайта сипаған күйі ойда әлі тұр.
— Сақалын.ыздың қандай екенін қолыңызбен көрсетпесеңіз де көріп отырмын. Маған егілген жеміс ағаштарын көрсетіңіз, — деп, Нағашыбек зілдене бастап еді:
— Егер де егілген ағаш жоқ болса нені көрсетемін? — деп, Байқошқар да қатая түсті.
— Неге? Сіздің уәделі күніңіз бүгін емес пе еді? Енді ол ағаштардың бәрі үсікке ұшырайды, сонда оған кім жауапты?
— Көмулі жатқан ағашты үсік алады дегенді естіген емеспін. Мен оны бүгін көмбеден шығарын еккізбекші едім, бір оймен ертеңге қалдырдым.
— Нендей ой?
— Осыған өзіңіз де ақыл қосып жіберіңіз. Біз оны үй-үйдің арасына екпей, өз алдына жер бөліп, үлкен бақшаға айналып кететіндей етіп оңаша салсақ деген ойдамыз. Сол ойды кешке басқарманың мәжілісіне салғалы отырмын. Егер де басқарма мүшелері мақұл көрсе, келешектің бір үлкен бақшасын ертең таңертең-ақ кересіз.
— Тап ертеңгі таңертең бе?
— Иә.
— Соған дейін жерін қазып, ағашты отырғызып та үлгересіздер ме?
— Үлгереміз.
— Анық қой?
— Анық.
— Уәдеміздің антымыздай берік екенін білесіз ғой?
— Білем.
— Онда мен сіздің уәдеңізге еш уақытта сенбеспін, — деді де Нағашыбек жерді бір салып қалды. Сол жерге тиген қамшы өзінің ар-намысына тигендей:
— Неге? Не үшін?- — деді сылбыр сөйлейтін Байқошқар енді шапшаң сөйлеп.
— Ендігәрі мұндай жалған уәдені беруші болмаңыз.
— Оның несі жалған?
— Не сол ағаштардың таңертеңге дейін тегіс егілетіні өтірік, не оның дұрыс егілетіні өтірік. Әйтеуір, осы сіздің кішкентай сөзіңіздің ішінде бір үлкен өтірік бар.
— Тегіс егілмесе — санаңыз, дұрыс егілмесе — қараңыз.
— Міне, екеуміздің ең үлкен уәдеміз осы. Мен көремін де санаймын, сіз көресіз де санатасыз.
— Мақұл, бірақ ұялып қалмаңыз.
Оның мықты сеніммен айтқан бұл сөзіне Нағашыбек сенсе де, мен сенгенім жоқ, өйткені екі мың түп ағаш отырғызу үшін екі мың шұңқыр қазылу керек, соның бәріне ағашты отырғызу керек, бұл секілді бір күндік жұмысты бірер сағаттың ішінде бітіре салу мүмкін емес. Бірақ Байқошқардың жаңағы сөзінде ешқандай күдік жоқ, мұнда қандай сыр бар? Әлде осы батыр «ұялып қалмағайсың» деп тұрып ертең өзінің ұялатынын сезбей тұр ма?
Осындай ойлар келсе де үндегенім жоқ. Жүргім келіп түрегеліп едім, көзім қыр жақтан келе жатқан аттыларға түсті. Бұлар манағы қасқыр қуып кеткендер екен. Оның бірі Ералы екенін мен де таныдым. Ол біреумен бір қасқырға таласып келеді, ойын емес, шын таласып келе жатқандығы:
— Жібер дейсің.
— Жіберсең жібер, — деген зілді үндерінен сезіліп тұр. Бұларды көре сала жан-жақтағы отардың жылқышылары ағылып келеді. Бәрінің беті бір қасқырға таласып жүрген екеуінде емес, олардан жеке жортып келе жатқан күрең аттыға қарай ауып барады.
— Сауға батыр, сауға, — десті алдынан шауып. барғандар.
— Сауға сұрасаңдар қасқыры көп тауға барыңдар. Ерінесіңдер де емінесіңдер. Мың қасқыр соқсам да дәл сендерге біреуін сыйламаспын, — деген аңшының даусы да жедел шықты.
Ералы мен тартысып жүрген Қартекеңнің баласы Қарамолда да, олардан оқшау келе жатқан шоқша сақалды, қатқан қара сұр кісі Дәдебай екен. Қасқыр қуған кезде сыртқы киімін шешіп тастаған болу керек, омырауындағы Алтын жұлдызы мен Ленин ордені анадайдан жарқ-жұрқ етеді.
Біз сәлем бердік. Ол сәлемімізді қабыл алса да, ұсынған қолымызды алған жоқ.
Ғапу етіңіздер, қолым таза емес. — Ол соны айтты да атынан түсе салып, бөктеріндегі үлкен қасқырды көтеріп әкеліп босағаға бір-ақ соқты.
— Үйіріңмен үш тоғыз бол.
— Сол кезде үйдің сырт жағында:
— Шалым-ау, амансың ба? — деген жаңағы жеңгейдің даусы шықты. — О, сен, тіпті, арланын соғыпсың ғой. Жалғыз соқтың ба?
— Менің біреуге ортақтасқанымды қашан көріп едің?.. Әне, ана жастар, бірінің аты жетсе де, өзінің күші жетпей, бірінің күші жетсе де, аты жете алмай, ақырында бір қасқырға таласып жүргендері. Ей, екі жарты бір бүтін, берірек келіп таласыңдар.
Ералы мен Қарамолда тартысқан бойымен келіп, «сен жібер, сен жібермен» тағы тұрып қалып еді, Дәдебай барды да:
— Өмірлеріңде қасқыр соғып көрмегендей бұларың не? — деп қолдарынан жұлып алды.
— Екеуінің таласып жүргеніне қараңдар, бөлтірік.
Біз бұл таластың жайын сұрасақ, жылқыға тиген тоғыз қасқырды Дәдебай мен Қарамолда тауға жібермей қайырған екен. Солардан қаймығып, бет-бетімен қашқан қасқырдың екеуіне Қартекең мен Ералы тап болыпты да, екеуі екеуін қуып кете барыпты. Ералы өзінің алдына түскен қасқырды тауға шығарып алып жете алмай қайтып келе жатып Қарамолда қуып жүрген қасқырға кездесіпті. Ол шаршап келе жатқан қасқырға еркін жетсе де құр қол ұралмапты. Қарамолда өзі жете алмаса да сойылын оған бермепті. Ералы соған ерегіседі де, қасқырды қамшының астына алып, ауылға қарай айдайды, осы кезде Қарамолда да жетіп, қасқырды сойылмен соғып алады. Екеуінің таласы сол.
— Сен жеткеніңмен қамшымен соға алмайтын едің, — дейді Қарамолда.
— Мен не ауылға айдап келетін едім, ие үзенгімен соғатын едім, — дейді Ералы.
— Мен әріден болдыртып әкелмесем, сен жете . алмайтын да едің, — дейді Қарамолда.
— Бәрібір, мен оны сенсіз де болдыртатын едім, — дейді Ералы.
Екеуі колхоздағы өкімет басы деп, Байқошқарға жүгініп еді, ол қонақтың жолы үлкен деп маған сілтеді. Мен жасы үлкен деп, Дәдебай ақсақалға сілтедім. Өл кісі Нағашыбекке, Нағашыбек жеңгесіне сілтеді.
— Ал, кемпірім, осы қасқыр екеуіне де бұйырмайтын етіп бір мықты үкімді айтып жібер, — деп, Дәкең арқасын үйге сүйей отыра кетті.
— Менің айтқаныма разымысың, Ералы? — деді. жеңгей.
— Өз әйелімнен басқа әйелдің үкіміне көміп көрген жоқ едім, дегенмен айтып көрші.
— Жоқ, разы болмасаң айтпаймын.
— Әйел жүрегі әділ келуші еді, сол әділ жүрекке сенем, айта бер.
— Ендеше, сен қазір колхозыңа бар да, мына екеуіне екі ту қой әкеліп сыйла.
— Ол ненің ақысы?
— Сенің колхозында жиырма бес отар қой бар, осы екі қасқыр тірі жүрсе сол жиырма бес отар қойдан кемінен жиырма қой жейтін еді ғой. Қасқырға қиған қойыңды Қарамолдаға қимаймысың?
— Е, онан да қонаққа соятын қойым болмай тұр, көмектесіп жібер десеңші. Ондай кедей болсаңдар, ауыл-аймақтарыңмен жүре қойыңдар. Қарамолда, мін атына, шап аулыңа. Тез, біздің ауылға жетсін.
— Немене, өлген қасқырдың сирағынан ұстағаны үшін Ералы той жасайтын болыпты деп шабайын ба?
— Не деп шапсаң да, тез шап. Алты батырдың аулына келемін деп, қонақтардың ашыққаны ұят болар. Бар, тез!
— Тек, шайтан! — деп, әйелі қысылып қалған соң, Дәдебай қарт орнына бір қозғалып:
— Ойнап сұраса да, шындап жауап бер деген еді, Ералыға өзім... — дей беріп еді, Ералы қолын көтеріп:
— Дәке, жеңгей мен Қарамолда да жетер, сіз кіріспеңіз, — деді.
— Ал, қойдым.
— Ералы сен де қой, — деді Қарамолда жақындап, — сіздің ауылдың әйелдері салақ келетін, иттері сұғанақ келіп, қонаққа сойған қойдың басын ұрлап кететін. Қойдың үстіне тағы қой сойып апатқа ұшырарсың, тоқтат енді.
— Ол сендерге апат көрінгенімен, бізше қонаққа көрсетілген құрмет, екі қонаққа бір қой соя алмай тұрып несіне шіренесің?
Жеңгей Қарамолданың сөзі қаудырап бара жатқанын сезді де Дәкеңе жақындады.
— Шалым, Ералыға қасқырыңды байламасаң болмас.
— Жоқ, мен өзім соққан бөлтірікті өзгенің арланына да айырбастамаймын. Әне, Қартекең де бір қасқырды әкеле жатыр. Ол сенің әкең болса да, мен сол кісінің үкіміне көндім.
Ералының айтқаны рас, Қартекең де қасқырдың бір көкжалын соққан екен. Ол жақындай бере:
— Е, жігіттер, қанжығаларың қандана берсін. Нешеуін соқтыңдар? — деді.
— Екеуін соқтық.
— Қолдарыңда сойылдарың, соңдарыңда тазыларың бар, бір қора қасқырдан соққандарың екеу-ақ. Онда аттарды бекер-ақ терлеткен екенсіңдер, — дей бере күрең айғырға көз тастап еді, өңі бұзылып Дәдебайға жалт қарады. Егер де, оның дәл қазір қандай күйге түскенін сөз еткен Нағашыбек:
— Қанағат, Қартеке, қанағат — деп қалжыңдамаса, ал Дәдебайға бір ауыр сөзді айтып салатын еді. Дәдебайды тастай беріп енді Нағашыбекке қадалды.
— Ал мына қасқырды, — деді бұйыра сөйлеп, — бірақ осы сөзді ең соңғы естігенім болсын. Қарамолда, сен қасқырыңды мына кісіге байла.
Екеуіне бірдей бұйыра сөйлеп, екі қасқырды бізге ыңғайлай бастап еді, Қарамолданың қасқыры таласта тұрғанын естігеннен кейін алдырып қалды. Дәдебай қасқырдың қалай соғылғанын, даудың неден туғанын бажайлап тұрып айтып еді, Қартекең мұртынан күліп мырс етті де, өз баласын осы арада бір сынап алғысы келгендей көзін сығырайта қарап:
— Қане, балам, осының билігін өзің айтшы, — деді.
— Оның билігі бермеу, өзіңіз айтыңыз. Не айтсаңыз да мен разымын, деп, Ералы кимелей түсті.
— Жоқ, мен әкелген қасқырды көргеннен кейін ол билігін өзі бұзған болар.
— Әкесінің «мен әкелген қасқырды көргеннен кейін» деуінде қандай мән барын баласы да сезіп қалды. Енді таласуға да дәлелі жоқ. Егер де таласар болса, әкесінің қасқырды құр қол ақ әкелуі өзін Ералыға жығып бергелі тұр.
Ералы әділ қарттың алдында жеңіп шықса да қасқырды олжаланған жоқ. Ол өзіне қарай Қарамолда сүйреп келе жатқан қасқырды алды да, Дүкенбай дейтін қарт жылқышының алдына апарып:
— Жасы үлкеннің жолы үлкен, сізден үлкен Қартекең мен Дәкеңе дәл бүгіп байлайтын жөнім жоқ. Ендігі жол сіздікі, мә, мұны сіз байланыңыз, — деді.
Ералының бұл қылығы отырғандардың бәріне ұнап кетті. Сол көптің ниетін білдіргісі келгендей:
— Міне, бұл да жөн білгендік, — деді Қартекең. Осымен оның үкім айтуы да бітті. Маған әлі де кезек келген жоқ, Қартекең тағы да бір кең жайды қозғап кетті.
— Кеңесетін сөз бар, біздің адамдар отырыңдар. Ал, Ералы, сен адамдарыңды бара әзірле, ертең түстен қалмай жүріп кететін болайық. Сенін бастығың адам түгілі уақытқа да алданбайтын пысық жігіт қой. Екеумізге Досымбаевтың не тапсырғанын айтсаң бір сағатта бәрін әзірлеп берер.
«Адам түгіл уақытқа да алданбайтын жігіт» деп отырғаны — «Бостандық» колхозының бастығы Жылымбетов Оразбек, Қартекеңнің бұл сөзінің салмағы өзіне тиіп жатқанын Байқошқар да сезіп отыр, іштен күліп те отыр.
Ералы жөнеле беріп, қайта тоқтады.
— Қартеке, бұл сапарға жер танитын қарттардан ерткеніміз жөн болар, ә?
— Жоқ, қарттардан мен бармын, жастардан ерт. Көре берсін, үйрене берсін. Ертең мал жемейтін «қоян сүйекті» де тамаша шөп екен деп, оның атын кітаптан қарап жүрмесін... қош бол.
Ералы жүріп кетті. Қартекең соның кетуін күтіп отыр екен. Ол кетісімен-ақ өңі өзгере бастады. Дәдебайдың; «Сіздер қайда барушы едіңіздер?» — деген сұрауына да жауап қатқан жоқ, терге малынып тұрған күрең айғырды нұсқап:
— Мынау не? — деді зілді үнмен.
«Мынау не?» деген сөзді Қартекенің ашулы кезінде айтатыны осы отырғандардың бәріне мәлім сияқты. Қаһарлы қарттың жүзіне қарауға шыдамағандай бәрі де, бәрінен бұрын Дәдебай, төмен қарап кетті. Ешкімде әлі үн жоқ, қарттың көзі әлі де Дәдебайда.
— Мен мұны алпыс бірде жасы бар, ақ буырыл тартқан басы бар Дәдебайдан, сенен сұрап отырмын. Естимісің, мынау не?
— Иә, осымның ағаттық екенін мана қасқыр қуып жүргенде-ақ сезген едім, — деді Дәдебай қызара күлімсіреп. — Басқа атты ұстап мінгенше қасқыр ұзап кететін болған соң байлаулы тұрған осыны міне жөнелген едім. Ештеңе етпес, ақырғы ескерту бересіз де енді.
— Қасқырды көре білесің, басқа атты ұстап мінгенше қасқырдың ұзап кететінін білесің. Тері. осы уақытқа дейін жөнді бір алынбаған күрең құрайғырдың зорығып кетуі мүмкін екенін соған дейін білмейсің, ә?.. Әттең жақсы көретін досымсың, әйтпесе ме, әйтпесе, — деп, тістене тоқтады да, он жағында отырған Дәдебайдың иығынан ұстай алды. — Өзің бері қарашы, 37 жылы осы жылқы екеумізге тапсырылған күні мен саған не дедім, есіңде ме? «Ей, Дәдебай, партия мен өкімет екеумізге сенген екен, енді екеуміз сол сенімді ақтайық. Ол үшін мыналарды ұмытайық. Біріншіден: жылқыны өзінін, тұяғындай қатты адам ғана есіре алады, өйткені бұған әуестенушілер көп. Қымызын ішіп желіккісі, жүйрігін мініп желгісі келетіндер көп, көңілшек болмайық. Екіншіден: жылқы малы бап тілейтін қыран секілді, баптай білейік. Үшіншіден: айдаса — жаудікі, ысқырса — желдікі, соның бәрінен де сақтай білейік. Төртіншіден: жылқының тізеден майы болғанда, белден қаны болады, рақатын көрейік те азабына көнейік» — деп пе едім, демеп пе едім?
— Дегенсіз.
— Ендеше, осыны сен неге ұмыттың? Баптай білгенің, сақтай білгенің осы ма? — деп, бір тоқтады да, енді баяу үнге салды.
— Менің сендерден жылқы аямайтынымды өзің де білесің, бірақ астына мінген атты баптауды әлі білмей келесің. Мен татқан өмірдің ащы дәмін сен де татқансың, мен көрген рақатты сен де көріп отырсың, мен батыр атағын алсам, сен де алдың. Біле білсең мына отырғандардың ендігі Қартабайы сен емессің бе?
Осы арада маршал Буденныйдың: «Жылқыны бабын білетін, жақсы көретін тәжірибелі, сенімді колхозшыларға баққызу керек», — деген сөзі есіме түсті де: егер де Картекеңнің осы сөзін естісе ол кісі құйған құрыштай денесін иіп тұрып: «Жарайсың, шалым», — деп, арқасына қағар еді-ау, — дедім ішімнен.
Ауық-ауық Дәдебайға көз тастап осындай ойларды кезгенім болмаса, олардың көрісіне де, кеңесіне де араласқаным жоқ. Манадан бері Дәдебайға қадалып отырған Қартекеңнің көне көздерінің енді отырғандарға жағалай төңкерілгенін де аңғарғаным жоқ. Тек оның «Түсінер досқа осы зекуім де жетер», — дегендей жылы шыраймен Дәдебайға қайыра қараған кезде ашу бұлтынан айыққан жылы қабағын көрдім.
— Мен ертең Мойынқұмға аттанатын болдым. Кімдерді ертетінімді Байқошқармен ауылға барған соң, келісермін. Сендерге тапсыратыным (ол мұны айтқанда отырғандардың бәрі демін ішіне тартып тына қалды), сендерге тапсыратыным: бұл жердің оты қашып, өрісі алыстай бастапты. «Әлі уақыт көп, жер жетпейді», — деп, қапы қалмаңдар. Ертеңнен бастап құмның жиегіне көшіңдер.
— Құмның жиегіне! — деп, Дәдебай оның сөзін белді.
— Иә, — деді де, Қартекең алдағы сапарына кететін уақытты есептеп аз кідіріп қалды, — оған дейін мен.де келіп қалармын. Бірақ менің келуіме қарамай, енді жиырма күннен соң қолда қалатып жылқыларды екшей беріңдер. Екшегенде жонына қарап топшыламай, жалын ұстап, қысқа жетер күйі бар, жоғын сарапқа салып екшеңдер...
— Мен түсінбей отырмын, — деп, Дәдебай елден бұрын үн қатса да, қайтадан ойланып қалды. Бірақ қанша ойланса да ұқпағаны рас сияқты. Ол ұзақ ойланып барып, құмға көшетін жылдағы кезге әлі бір айдай уақыт барын, бұл маңда соны жердің әлі де көп екенін айта келіп, — мұнымыз тым ерте емес пе? — деп еді:
— Жоқ, ерте емес, — деді Қартекең, — биылғы жыл біздің ерісті кеңейтетін. Мойынқұмның құмынан басқасын тегіс иемденетін жылымыз. Біз биыл басқа малдың отарынан жүз шақырымдай әрі кетеміз, мүмкін, тіпті, «Ұланбелдің» тұсына дейін барамыз. Сондықтан жылқының майын қалыңдататын осы кезін қу тақырдың үстінде өткізіп жүрмеңдер.
«Жүз шақырым», «Ұланбел» деген сөздер көңілдеріне жақпады ма, қалай, отырғандардың қозғалмаған біреуі жоқ. Қайсыбіреулерінің көсілулі аяғы жиылып, қайсыбірінің көздері жарқ етті. Бәрінің де өңінде бір сұрау: «Бұл қалай?»
— Бұл берік байлауыңыз ба? — деді Дәдебай жана туып келе жатқан айдын, сәулесі түсіп тұрған Қартекеңнің бетіне тандана қарап.
— Иә, берік байлауым.
— Апыр-ай, мұныңыз қиын екен.
— Несі киын?
— «Елдің іші алтын бесік» деген емес пе? Елден алыс кеткеніміз оңай болмас деймін.
— Алты ай бойы дүниеден түк хабарсыз...
— Елден ерек, баяғының малшыларына ұқсап кеткеніміз бе?
— Тым болмаса күнделік жер болса екен-ау...
— Бас ауырып, балтыр сыздаса дегендей...
— Ауырмасақ та елден бөлек кету ауыр, — деген сияқты сөздер әркімнің аузынан шықса да, бәрі келіп Қартекеңнің алдына түсіп жатты.
— Шулап болдыңдар ма? — деді Қартекең мұртынан:
күліп, — шулап болсаңдар, тыңдаңдар! Қанша алыстап кетсеңдер де, сол алтын бесіктерің — елдің ішіндесіңдер. Айына екі рет ауданнан, ауылдан, қалың отардың ортасындағы орталық штабтан: үгітшілер мен дәрігерлер, әншілер мен күйшілер үзбей барып тұрады. Олармен бірге не керектің барлығын түйелерге артып алып сауда орындарының адамдары да барады. Екіншіден, онда баратын жалғыз біз емес, жаңағы «Бостандықтың» да жылқылары қосылып бір тайпы ел боламыз. Үшіншіден, біздің радиомыз болады. Сол арқылы ауданмен, орталықпен күніне екі мезгіл сөйлесіп отырамыз. Мұнан артық не керек?
— Е, онда дұрыс.
— Дұрыс болса келістік, енді тараңдар. Ұяласынан айрылған қасқырлар бүгін ызалы, сақ болыңдар! — деп, Қартекең етегін сілки түрегелді. — Қане, балалар, біз енді аттанайық.
— Жоқ, аттанбайсыздар, — деді Дәдебай, тіпті, шапшаң сөйлеп. — Бір малдың басын жегізбей сіздерді жіберетін мен жоқ. Қане, үйге кіріңіздер.
— Жоқ, біз асығыспыз. Сенің малыңның басы қайда кетер дейсің? Мойынқұмның басын мүжитін болайық та.
Нағашыбекте үн жоқ еді. Енді ол қатарында отырған Байқошқарға сүйеніп тұра бере:
— Бәке, екеуміздің манадан бері жұмыссыз отырғанымыздың себебін сездіңіз бе? — деді, әлденеге қуанған кескінмен.
— Жоқ.
— Сіз екеуміздің ғой негізгі кәсібіміз — мал шаруашылығын басқару. Ендеше, мал жайы бір сағат сөз болған кезде, бір ауыз үн қатпауымыздың себебі не?
— Бар айтарымызды қарияның өзі айтып қойса біз не айтамыз?
— Иә, біз айтатын сөз қалған жоқ. Кімде-кім өз жұмысын жақсы істей білсе, оған тек ақымақтар ғана ақыл айтады. Ал осындай тамаша адамдары бар мені мен сізге ақыл айтатын ақылдылар шынында әлі көп-ау, ол неліктен?
— Құдай әмірі менің бір әдетім, кісі ақылымен бай болғаннан өз ақылыммен жарлы болғанды артық көремін. Жарлы болмау үшін, жұмысты жанымды салып адал істеймін. Менің бес жасар Берден дейтін балам бар, соған мұра етіп қалдырар байлығымның ең үлкені — осы адалдығым. — Мен оның бұл сөзіне риза болған көңілмен арқасынан бір қақтым да, түрекеліп, қоштасқалы Дәдебайдың қолын ұстадым да:
— Ақсақал, ағат болса айып етпеңіз, менің сізден сұрайтын бір қолқам болап тұр, — дедім.
Дәдебай таңданған кескінмен бетіме тесіле қарады да, жылдам сөйлей жөнелді:
— Сұра, шырағым, оның түк ағаттығы жоқ, айта бер. Мына қасқырды өзім де қанжығаңа байлағалы тұрмын, басқа қолқаңды айта бер.
— Жоқ, көрмегенім қасқыр болсын, — дедім де, төс қалтамнан манағы қағазды, жан қалтамнан қол фонарымды алдым да, — менің қолқам мынау-ақ, сіз мына қағазды танисыз ба? — дедім.
Ол қағазды қолына алып үңіле бастады, мен фонардың сәулесін жартысы өшкен жазудың үстіне түсірдім. Ол маған таңдана қарады, мен сол қарастан үміттене түстім.
— Бұл қайдан келген қағаз? — деді де, ол өз көзіне өзі сенбегендей қайта үңілді.
Ат үстінде асығып Қартекең тұр. Оның шыдамсызданып тұрғанын сезсем де кете алмай мен тұрмын. Дәдебай біресе қағазға үңіледі, біресе терең ойланып далаға қарайды. Әлі үн жоқ.
— Ей, — деді шыдамы таусылған Қартекең, — өзі ана жылғы майданға жіберілген аттардың жалына, не кекіліне осындай қағаз байлап па едің соны айтшы өзің?!
— Иә, иә, есіме жаңа түсті. Бауырым-ау, сен мұны қайдан алдың? Әлде сен майданда болып па едің?
Мен жауап қатқанша болған жоқ, Қартекеңнің зілді үні шықты.
— Тоқта! Сен оны менен не үшін жасырдың? Алдымен соны айтшы.
— Кешіріңіз қария, ол кезде сіз... — дей беріп еді, Қартекеңнің «кешпеймін» деген үні гүр ете түсті.
Ол соны айтты да жүріп кетті. Мен Дәдебай қарттың құшағына кірдім.
V
— Әй, Зәурешім-ай, әкеңнің отыз жылдап бері шықпаған ащы терін сен шығардың-ау бүгін.
Қартекеңнің биылғы жылы орта мектептен қалып қойған Зәурегүл дейтін баласы барын Досымбаевтың кабинетінде естігенбіз. Сол үшін тілі күрмеліп, маңдайынан ащы тердің қалай шыпшып шыққанын да көргенбіз.
Ел аяулысы әкесінің қиналуына себеп болған сол бала, міне, алдымызда тұр. Он екі жасар бала жетпістегі әкенің; ойлы сөзіне қайдан түсінсін? Түсінбегенін түрінен көрсеткісі келгендей жалт қарады да, орын күтіп тұрған біздерді көргеннен кейін жалма-жан тердегі кілемнің үстіне атлас көрпені төсей бастады.
Көрпе төсеумен бірге жастық тастайтын бұл елдің әдеті. Зәурегүл көрпені төсей салып, текшеленіп тұрған жастықтарға ұмтылып еді, біреуін аламын деп бәрін құлатып алды.
— Бәле! — деді Қартекең де жастықтарға ұмтылып, — мен мұны келесі жылы сонау Алматыға жіберіп те оқытамын дедім-ау, әлі.
Қартекең соны айта жүріп, жастықтардың бізге керегін көрпенің төр жағына тастап, керексізін қайта жинап бергенде, ауыз үйден Ділда шешей кіріп келді: — Шал-ау, немене шашылып жатқаның?
— Бар, бар, жабдығына тез кіріс.
Жүк жиналғаннан кейін сырт киімдерді шешіп тастап, әзірленген орынға біз де отырдық. Біз шешейдің Қартекеңнің құлағына әлденені сыбырлап жатқанын да сездік. «Арық болып жүрмесін» деген таныс дауысты естіп, біз үшін мал сойылмауын өтініп едім, Қартекең қолын бір сермеді де:
— Бар, тездет. Есіңде болсын, қонақта ерік жоқ, май берсең де жей береді, — деді.
Кемпірі: «Үйде балалар жоқ еді, сен көмектесіп жіберші», — деп бізден бұрын келіп, жаңа ғана ұйқыдан тұрған Ниязды ерте шығып кетті.
Ендігі қалған төртеуміз, Қартекеңнен манағы тоқалдың жайын бала көзінше сұрауды ұят көріп, Зәурегүлдің кетуін күтіп отырмыз. Бірақ ол терезенің алдындағы биік столдың басында шамның жарығымен кітап оқып отыр, созбен қуып шықпасам, кетер емес.
— Қартеке, мына балаңыз оқуға ынталы екен, жақсы оқитын болар, ә?!
— Е, былтырғы оқығандарын қайта оқуға ынталы.
Әкесінің осы мысқылды айтуы-ақ мұң екен, бала ұялғаннан бетін кітабымен қалқалай беріп үйден шыға жөнелді.
Бұл кезде Нағашыбек өзінің «Адам білмес» атты күйін дыңқылдатып, ескі қара домбыраны мазалауда болатын. Мен ақырын қолынан ұстай алдым да:
— Токтай тұр, осындай оңашада манағы тоқал мен Қартекеңнің қызығын естиік, — дедім.
— Дұрыс-ақ, сөз Қартекеңе берілді, — деп, Нағашыбек те басын көтеріп алды.
Осы кезде танауы желбеңдеген бір бала жүгіріп келіп, қолындағы кітаптарды стол үстіне тастай сала жөнеліп еді, Қартекеңнің зекіген даусын естігеннен кейін токтай қалды.
— Ей, ақымақ, ағаларыңа берген сәлемің қайда? Бұл менің Ырысбек дейтін ырысты немерем. Биыл үшінші класта оқиды, қане, ағаларына айтып жібер, бүгінгі бағаң қанша?
Бала төрт саусағын көрсете салып, кете берейін деп еді, Қартекең ұстай алды:
— Отыр бері, бармағыңды бүк. Енді қолыңа қара! Егер де мына бармағын шолақ болса балалар сені мазақтай ма, жоқ па?
— Мазақтайды.
— Онда бармағың неге жоқ?
«Қане жоқ екені» дегендей бала бүгулі тұрған бармағын жазып жіберді.
— Жоқ, сенің бармағың жоқ, саусақтарыңның төртеу-ақ екенін жаңа өзің де айттың ғой.
— Мен сабақтан алған бағаны айтамын.
— Мен де соны айтамын. Есіңде болсын, сабақтан бесті алудың орнына төрт алу бармақтың шолақ болғанынан да жаман. Өйткені бармақтың жоқтығына тек балалар ғана күледі, үлкендер күлмейді. Ал, оқуды жаман оқып, бағаңның бестен бірі кем болса, ертең үлкендер де, балалар да бәрі, бәрі күледі.
Баланың басы салбырап кетті. Кісі көзінше ұялтқаны үшін қатты наразы болу керек, маңдайынан сипаған атасынын қолын кері серпіп тастады. Аузы бұртиып, қабақтары да түймедей түйіліп кетті. Егер де атасы бізге өтірік мақтап: «Сіздер мұны ылғи төрт алады екен демеңіздер, бұл бұрын бестен бір де кем алып көрген емес, бүгін бір қателік болған ғой», — демесе, ол саусақтарын, біресе бүгіп, біресе жазып отыра беретін еді.
Әңгімемізді үзе жаздаған баладан да құтылдық. Ол кетісімен Нағашыбек басын қайта көтеріп алып:
— Сөз Қартекеңе берілді, — деді де, ол қайтадан жантая кетті.
— Иә, Қартеке, сіз сұрама десеңіз де, сұраймыз.
— Әй, балам-ай, соны сұрамай-ақ қойсаңдар да болатын еді-ау, сұрағанда айтпасам, сұрауға да зар болармын. .Жарайды, домбыраңды бере тұр, — деп, Нағашыбекке қол созды. «Тоқалға арналған күйіңіз де бар екей ғой», — деген Нағашыбектің әзіліне жауап қатқан жоқ. Қолына барған қара домбыраны біраз безілдетіп алды да, сөйлей жөнелді.
— Әшір байдың қырық сомы қырық сегіз жылдан бері естен кеткен емес. Таңның атысы, шапақтың батысы жер қазып, оған су құятын да, балақты қара санға дейін түріп тастап жала Н аяқ балшық басатын да, оны қалыпқа салып құятын да, күнге күйгізбей, желге тигізбей кептіретін де, оны тасып он екі бөлмелі үйді қалайтын да мен. Қасыма қосып берген адамдары зорығып қалды. Бір айдан кейін мен де шыдамадым, екі қолым бірдей ісіп кетті, екі табаннан тағы айрылдым. Өзім сол байдың дуалының ішінен бір күрке жасап алған едім. Төрт табандап сол күркеде бір ай жаттым.
Ауырғанға да ақы төлейтін заң ол кезде жоқ, Әшір байдың ақы түгіл, бір тілім нан беретін де түрі жоқ. Бірақ өз әйелім мен оның тоқалының арқасында аш та, жалаңаш та болмадым. Әйелім сол үйдің шаруасын істейтін еді, соның аяқтап әкелген асын азық етіп ол бір айды да өткіздім. Күп болып кеткен қол-аяққа істейтін емім — май сіңген ескі шөміш. Сол шөмішті отқа қыздырамын да алақан мен табанға кезек-кезек басамын.
Сонымен не керек, бір айдан кейін қол-аяқ та жазылып, баяғы ауыр бейнеттің астына қайта түстім. Бұрынғыдай емес, денем темір болып кеткен секілді. Қанша шаршап қалжырасам да онан кейін ауырғаным жоқ. Агар тан, шығар күнді сол жер қазумен, сол балшық басумен еткізіп, келесі жылы жазға салым үйді де салып бітірдік.
Қасыма қосқан бес-алты «менділгерлері» бар еді, үй біткеннен кейін - олардың есебін беріп қоя берді де, мені алып қалды. Оның бір даланы тегіс алып жатқан дуалы болатын. Ол дуалдың іші толған неше түрлі жеміс ағаштары мен өңді соның күтушісі болдым. Ол үшін жылына отыз сом беретін болды. Оны азсынбасам да, осы үйден ешкім келін еді, тоқалдың алдауына түсіп қалған екен, әйелім байғұс көнбеді. Оның айтар дәлелі екеу. Біріншіден: он екі ай. тапқан табысымыз бір киінуден артылған жоқ. Тағы қайда қаңғырамыз? Екінші дәлел: ендігі жұмыс жеңіл, бай қатал болғанымен, тоқал мейірімді. Осыдан жайлы жұмыс, осыдан жайлы адам бізге енді табылмас. Амал бар ма, мен көндім. Сонымен төрт ай етті. Жаздың ыстық күні, шаңқай тал түс, өзенге шомылып келіп, ағаштық көлеңкесінде ұйықтап жатыр едім, бетіме бір ыстық қан тамып кеткендей болды, — деді де, Қартекең ақырын жымиып, — кедей болсаң байлығыңды, қартайсаң ерлігіңді айтпа деген еді. Ендігісін айтпай-ақ қойсам қайтеді, балалар? — деді.
— Жоқ, қария, оныңыз болмайды, — деп, Нағашыбек те басын көтеріп алды, — бізге керек жеріне енді келдіңіз.
— Әлгі қанның не екенін, немен біткенін айтсаңыз болды, басқасын біз де сұрамайық, — дедім әңгімеге жетектеп.
— Не екенін өзім де білгенім жоқ. Шошып оянсам, маңымда ешкім көрінбейді. Түсім болар деп қайта жатып едім, енді байқадым, бас жағымдағы теректің жапырағы қозғалып тұр екен. Сол терекке сүйеніп түрегелсем, қалың жапырақты ағаштың ішіне қарай кіріп бара жатқан біреудің сыбдыры естілді. «Бұл кім ей?» — деп, дауыстап та жібердім. «Ақырын!» — деген әйел даусы шықты. Сыбырлап, алқынып айтса да тани кеттім, тоқалдың даусы. Мен аң-таң. Жүрегім аласұрып әкетіп барады.. Қозғаларға дәрмен жоқ. Әлгіден кейін тоқалдың да үні ешті. Бір басып теректің сыртына шықтым да, онан әрі бара алмай тұрып қалдым. Тырс еткен дыбыс, қыбыр еткен жапырақ та жоқ, тек жүрегім дүрсілдеп тұр. Сөйткенше болмады, жаңағы жапырағы қалың ағаштың ішінен тоқал шыға келді де, бетіндегі пердесін ашып кеп жіберді.
Мен оның сұлулығына таң қалдым ба, жоқ әлде мен сияқты малай үшін ел ғұрпын бұзып пердесін алдыма келіп ашқанына таңдандым ба, неге екенін өзім де білмеймін, шалқамнан. түсе жаздап барып ту сыртымда тұрған терекке екі қолыммен бірге арқамды тірей тұрып қалдым.
— Ханым, бұл қалай?
Осыдан басқа сөз айта алмай мен тұрмын. Аспандағы торғайды арбаған жыландай көзін көзіме қадап тоқал тұр. Екеуімізде де әлі үн жоқ. Ол маған қарай жүргісі келеді, бірақ, нәпсі билеген денесі қалтырап, аяғын баса алар емес. Сол.,жақ қолын зорға көтеріп бір бұтақтан ұстады да: . ..
— Кешір құрбым, ,адал жардан басқаға ашпайтын ақ жүзімді не үшін аштым. Соған түсінсең, ұйқыңды бұзғанымды кешірерсің, — деді.
Ол соны айтты да, бетіндегі пердесін қайта түсіріп жіберді. «Ханым, бұл қалай» дегенмен басқа сөз менің аузыма әлі түсер емес.
— Бұл қалай екенін былтыр осы үйге келген күні, базар қасындағы төбенің басында-ақ.білген боларсың, — деп, ол маған жақындай түсті. Ол жақындаған сайын жалаңаш төсіме шұбар жылан өрлеп келе жатқандай де.нем дірілдеп барады. «Қорықпа, байдың тізгіні менің қолымда, ол ертең Тәшкендегі үйіне кетеді. Ол келгенше мен сенің хұзырыңдамын», — деді ол, мені қорқып тұр деп ойлап.
Осы кезде біреу келіп қақпаны қағып еді, оның Әшір екенін білсе де тоқал сескенген жоқ.
— Мен сені ертең өз бөлмемде күтемін. Терезені ашып қоямын, — деді де, үйге кіріп кетті. Мен қақпаға қарай жүгірдім. Келген Әшір екен, есікті ашсам, ол арбадан түсіп босағада тұр екен. Тоқал екеуміздің бақша ішінен шыққанымызды есіктің тесігінен көріп сезіктенді ме, неге екенін осы уақытқа дейін білмеймін. Ол мен көре салысымен жаныма тиетін бір жаман сөзді айтты да, салып-салып жіберді.
— Тақсыр-ау, жазығым не?- — дегеніме де қараған жоқ, жауырын ортамнан қамшымен тағы бір тартты да, үйіне кіріп кетті. «Қап, осы ызаң, үшін тоқалыңның тілігі алармын-ау», — дедім ішімнен. Бірақ оған ерегісемін деп еріккен тоқалдың ермегі болғым келмеді. Оның қолына бір түссем, өз қызығымды ұмытып, жаныма ерген жалғыз жас жанға опасыз болып кететінімді тез сездім, өйткені тоқал тым сұлу. Тоқалдың айтқаны рас екен, сол күннің ертеңіне Әшір Тәшкенге жүріп кетті. Мұнда қалған тоқал мен бір кенже інісі. Інісінің кәсібі түнімен қарта ойнап, күнімен ұйықтау болатын. Әшірдің бар сенетін адамы да сол. Бірақ сұлу тоқал мен үшін оның да сенімін ұрлап алды. Әшір кетісімен оған ақшаны күндегіден де көбірек беріп, карта ойнауға жіберді. Оның көзінше маған: «Түнде кім келсе де қақпаны ашпа!» — деп бұйырды. Мұның бәрі бір мен үшін екенін іштей сезіп жүрмін. Сезгенмен амал жоқ, жүрегім барар емес. Мен сияқты малайды өзінен бой тартады деп ол еш уақытта ойламаған болар. Әсіресе байы кеткен күні ойламағанын келесі күні өңінен сездім.
Мен бақшаның ішіне су жіберіп, дуалдың түпкір жағында жүр едім, ол пердесін шалқасынан қайырып тастап жапа-жалғыз саяхаттап келеді екен. Бас иіп амандасып едім, ол отты көзімен бір қарады да, үндеместен өте шықты. Менің екі көзім әлі сонда. Кешегі гүлгүл жайған тұрған өңінен бүгін жалғыз тамшы да қан жоқ. Сол сұрланған тұр, сол тасталған отты көз маған бір күдікті де тастады. Есіме «Қырық уәзір» ертегісіндегі сайқал әйел түсіп еді, денем түршігіп кетті.
Арада бірнеше күн етті. Бұл күндерді мен ауыр қорқынышпен өткіздім. Өйткені барлық ойлайтыным: егер тоқалы шағыстырса, Әшірді қалай сендіремін. Ол сенбесе, төрт айдың еңбек ақысы кеткені ғой. Мүмкін ол өзім жоқта тоқалымды әурелепті деп жала да жабар. Сонда қайттім?
Осындай ауыр күдіктің астында тағы біраз уақыт өтті. Бір күні есік алдында ағаш жарып отыр едім, ол тағы да пердесін шалқасынан тастап үйден шыға келді. Мен тағы да басымды иіп амандастым. Ол енді мүлдем ашынған екен, үнсіз қарап аз тұрды да, қасыма жетіп келіп, тайсалмастан:
— Сен мені не үшін осынша қинайсың? Соны маған айтшы, — деді.
— Қинамас едім-ау, қорқамын, — дедім мен енді басқа жаққа қарай жалтарғың келіп.
— Неден қорқасың?
— Мен сіздің теңіңіз емеспін ғой.
Оның өңі жайнап сала берді.
— Егер де мен тең көрсем?..
Бұл сөзге не дерімді білмей тұр едім, үйден әйелім шыға келді. Мен сонан ұялып теріс айнала беріп едім, тоқал иығымнан ұстай алды да:
— Мына сұлуыңның бетінен сүйші, көрейін, — деді.
— Оның сізге керегі қанша?
— Осындай жақсы келіншектің сендей мәстекке қор болып жүргеніне күйген жүрегімді басайын деп едім.
Әйелім бұған түсінген жоқ, мен жарған ағаштарды көтеріп үйге қайта кетті. Оның тоқалдың сырын енді сезіп, жер болып кеткенін мен де сезіп тұрмын.
— Қорқақ! — деді тоқал оңаша қалғаннан кейіп, нықтап тұрып, — сендей қорқақты мен ол әйелдің өзінен де сатын алармын әлі.
Менің мұнан артыққа шыдамым жетпеді:
— Құрметті ханым, байқаңыз. Мен әйелдердің саудасына түсетін мал емеспін, — деп едім, ол сықылықтан күлді де:
— Енді неменесің? — деді.
Адам бола тұра мұндай айуандыққа төзгім келген жоқ. «Ендеше маған несіне қызығасың. Онан да базардан бір айғыр сатып ал», — дедім де, балтаны лақтырып тастап қақпадан шығып кеттім.
Бірақ әлгі сайқалдың қолында жандай жақын адамым, төрт айғы еңбек ақым қалғанын ашуым тарқамаса да тез сезіп, қайта барсам, тоқал есік алдында әлі тұр екен. Оның қазіргі түрінін, суықтығы сондай, жаралы аң секілді. Бірақ мен де енді бекіген екенмін.
— Ақымды бер, мен кетемін, — дедім айғайлап. Даусымды естіп үйден әйелім де жүгіріп шықты. Ол мені келіп құшақтай алды да:
— Бастан құлақ садаға, сұрама, сұрама, — деді жалынып. Менің екі көзім басқыштың үстінде тұрған тоқалда. Зығырданым қайнап тұр. Ол басын шалқасынан тастап көзін жұмып тұр.
— Жоғал жаныңның барында, жоғал, — деді де, сол шалқалаған бойымен теңселіп барып жоқ болды.
Төрт айдың еңбегінен төрт тиын ала алмай мен кеттім. Сонан қайтып оны көргенім жоқ.
Сонан кейін талай мес қарындардың құлы болдым. Талай жерді талқандап, талай суды ағыздым. Қалаға барсам көретінім сол, далаға барсам бағатыным мал болды. Міне, қырыққа келгенше менің көрген қызығым.
— Ал онан кейін? — деді Нағашыбек манадан бері естігендерін тез ұмытқысы келгендей ентелеп.
Қартекең ойлы көзін бір нысанаға қадап аз уақыт үнсіз отырды да, сөйлей жөнелді.
— Арғы күндердің азабын айтып тауысу да, бергі күннің рақатын айтып тауысу да маған қиын... Өйткені мен көп жасадым, көп көрдім... Ойлап қарасам, соңғы өткен отыз жылдың ішінде отыз екі күн қиналған екенмін, әй, бұл отыз жылға менің онан басқа қояр кінәм жоқ шығар.
— Ендеше, сол отыз екі күннің тарихын айтыңыз.
— Жарайды, бірақ сендер мұны «тотының тоқсан тарауы» екен деп ойлап қалмаңдар. Ол өзімнің қатты сасқан күндерім... 42 жылы елмен бірге екі балам бірдей майданға кетті де, бар жылқы кемпір мен екеумізге қалды. Ол кезде екі жүздей жылқы бар еді. Балаларды ойлап, көңілде қаяу, кезде жас, екеуден екеу ел шетінде, құм ішінде жатырмыз. Ол кезде ауданмен қазіргідей жиі қатынасып тұру деген болмайтын.
Қатынасқан бір кісіден райкомға сәлем айтып жіберіп едім, жазғытұрым жылқының жүрдек келетінін еске алып, осы өзіміздің герой Оразбайды түйе бағып жүрген жерінен маған жіберіпті. Екеуміз жылқыны кезек күзетіп жүр едік, бір күні түнде «Аттандаған» дауыс шықты. Бір сұмдықтың болғанын сезіп, далаға жүгіре шықсам, жылқыда жүрген Оразбайым өкіріп келеді. Оның жылап тұрып айтқан сөзінен түк ұққаным жоқ. Бар ұққаным, үш ту биені ұры алып кетіпті.
Менің ізшілдігім бұл маңдағы елдің бәріне ертеден мәлім. Сондықтан ұрылар сырымды біліп, маған жуымайтын еді де, өмірімде алдымнан жылқы жоғалтып керген жоқ едім. Мына хабар төбемнен жай түсіргендей болды. «Е, Қартабай қартайды, енді қара жерден ізді айыра алмайды», — дегені ғой ұрылардың дедім де, қасыма бір-екі шалды ертіп алып жылқыға бардым. Ай жарық, бірақ ұрының сыры қараңғы. «Жау жағадан алып жатқанда, бөрі болып етектен тартқан бұл қандай лағынет еді?» — бар ойлайтыным осы ғана.
Киімімді сыпырып тастап, бес айғырды ұстап алып, іздің үстіне жаттық та, таң ата ізге түсіп жөнелдік. Екі шалды ұрының келген ізіне салдым да, қасыма Оразбайды алып кеткен ізіне түстім. Ә дегенде: бұл менің сырымды білмейтін алыс жердің ұрысы болар деген едім, жоқ олай болмады, ұрылар былай шыға бере бұлғалаққа сала бастады. Алыс жердің ұрысы емес екенін осы жүрістерінен сездірсе де, қайта-қайта малдың шиырына салып, қайта-қайта адастыра берді. Шиырға соқсақ аттан түсе қалып, ізге жаяу түсеміз. Ақырында ізді апарып көрші ауданның бір колхозына кіргіздім. Ол ауданмен екі арамыз түстік-ақ, жер, ал біз үш күнде әзер жеттік. Қара жерден ізді айырудың қиын екенін сонан байқай бер.
Колхоздың сыртында бір топ жылқы жатыр екен. Менің бір әдетім қай іздің қашанғы із екенін айыра білетінмін. Жылқышыдан келіп жоқшы екенімізді айтып едім, ол ақ безер де, көк безер боп, ұрылардың ізі өзінің ізімен бір түсін жатса да, көрдім дер емес. Мен оның жылқысы төрт күннен бері осы маңға жайылғанын жолшыбай ізінен көріп келген едім. Беті шімірікпестен: «Жылқыны бұл жаққа бүгін ғана шығарып тұрмын» — деген соң шыдай алмай, басынан орай тартып жібердім де, Оразбайға ақырып:
— Байла, менің ұрым осы, — дедім. Сол-ақ екен, ол ағатайлап қоя берді.
— Ағатай-ай, айтайын, бірақ мен айтты деп жанға айта көрмеңіз.
Біздің жылқыны ұрлаған Аққазы дейтін қашқын екен. Ол сонау Қарағанды лагерінен қашып келіп, осындағы бір жекжатына паналап жатқанына бірсыпыра күн болыпты. Қашқын мұны әбден қорқытып тастаған екен.
Оразбайды сол ауданның НКВД-сіне шаптырып, өзім жылқышының қасында қалдым. Ақырында, Аққазыны да ұстаттым. Үш биемді алып қайттым. Елге келсем, асыл тұқымды көктің үйірі түгелімен ығып кетіпті. Қатаң қайда, қалай кеткенін ешкім білмейді. Дүниеде бағытын білмеген қиын екен. Күндіз-түні шапқылаумен облыстың осы өңірінде жатқан төрт ауданды тегіс араладым. Көрген, білген бір жан жоқ. Арада жиырма күн. өткенде, елсізден барып із кездестірдім. Сол ізге түсіп кете бардым. Із мені елсізге, Мойынқұмның Шу өзені жақ бетіне қарай алып кетті. Сол елсіз құмның ішінде жапа-жалғыз із қуып тағы он екі күн жүрдім. Үйден шыққаныма бір айдан да асып барады. Бір ай бойы ұйықтап тұрғанда болмаса, аттан түскенім жоқ та, белімді бір шешкенім жоқ. Дәл отыз екі күн болғанда, жылқымды сонау Бетпақтың даласынан тауып алып қайттым.
VI
Заман жайындағы ойымыз қилы-қилы қияға тартып, келешекке қарай шарықтап кетті. Бірақ «малды кім барады?» деген сұрауға келгенде бәріміз бірдей мүдіріп, бәріміз де дағдардық.
— Егер де мал бағу жұмысын дәл өндірістегідей етсе, оқыған жастар да қызығар еді. Тіпті, даланың ауасы жақсы деп құмарланатындар да көбейер еді.
Қартекең бұл сөзді айтқанда мен ұйқылы-ояу күйде жатыр едім.
— Ол заман әлі алыс болса да жетеміз, — дедім де, ұйқыға кеттім.
Тәтті ұйқымен түн өтіп, келер күннің ырзығын да тата бастадық. Таңертеңгі шаймен екі арада Нағашыбек екеуміз колхоздың салғалы жатқан станциясының орны мен жана бақшасын да көріп үлгердік. Байқошқардың кешегі кеште берген уәдесіне бүгін күн шықпай жеткені үшін Нағашыбек іштей қатты ырза. Бірақ ол «бәрі де ойдағыдай» деген сөзге сырттай сенген жоқ. Келешектің жаңа бір сәулетін көргендей жас топыраққа жалғыз - жалғыздан қадалған жеміс. ағаштарының әрқайсысына бір үңіліп жүр. Бірақ қанша үңілсе де жақсы үміттен басқаны таба алмады. Енді тек бір ғана күдікпен айналаға көз жіберіп, дағдарған ойда тұр. Оның ендігі іздегені бұл бақшаға келетін судың жолы екен. Оны өзі ойлап таба алмаған соң Байқошкардан сұрап еді, ол бір жақ шекесіне қисайта киген бөркін төбесіне таман бір сырғытты да.
— Сонау тұрған бір топ шиді көрдіңіз бе? — деді мыртықтау келген сұқ қолымен екі жүз метрдей жерде тұрған бір топ шиді нұсқап, — сол жердің астында мол су бар, оған орнатқан трубамыз бар, бақшаны сонан суарамыз.
— Оған орнататын механизмдеріңіз бар ма?
— Бар, ақшасы төленген, бүгін әкелеміз.
— Жарайсыз Бәке, жарайсыз, — деп арқасынан қаға бергенде ол бетін ауыл жаққа бұрып:
— Жарамайтын бір жері болып тұр-ау, — ден еді, Нағашыбектің арқаға төнген қолы сол күйінде тұрып қалды.
— Ол не?
— Сонау үйлерді көрдіңіз бе, көсе кісінің бетіне ұқсап тұрғанын.
— Көсе болмасын, ол да көгерсін.
— Көгерту үшін күш керек, ен алдымен ағаш керек, соған сіз бір көмектесіп жібермес пе екенсіз.
— Егер де үлгеретін болсаңыздар көмектесейін.
— Үлгереміз, бірақ бүгіннен қалсақ кешігеміз.
— Машинаңыз әзір ме? — деді Нағашыбек қалтасынан дәптерін алып жаза бастап.
— Машина әзір. Мүмкін болса екі мың, — деп, Байқошқар да төніп тұр.
«Енді бір бес я он жылдан кейін келсек, түндегі желпек танау Ырысбектер сол кезде үлкен азамат болып, қыздармен қолтықтасып мына бақшаның ішінде сайран етіп жүргенін көрсем-ау», — дедім ішімнен.
Нағашыбек жазған қағазын Байқошқарға ұсына бере кілт тоқтай қалды.
— Тоқтаңызшы, сіздер көшені көркейтеміз деп жүріп онан да үлкен жұмысты кешіктіріп аларсыздар. Осыны былайша қоя тұрсаңдар қайтеді?
— Қай жұмыс?
— Сіздер электр станциясының дайындығына кірістіңіздер ме?
— О, комсомолдар аман болса, қорқатын түк те жоқ. Олар бастаған жүз адам осы бақшаға таңға жақын айдың жарығымен кірісіп еді, міне, сағат онға жеткізбей бітірді, енді сол станцияның дайындығына кетті, — деді де, Байқошкар бізбен қош айтысып машинаға қарай тұра жүгірді...
Нағашыбек бүгінгі көргендерімен бірге ертеңгі көретіндерін де айта кіріп еді, Қартекең оған қанағат еткен жоқ:
— Е, шырақтарым, қаламыз да көркейер, малымыз да көбейер. Олардың қайсыбіріне жетіп, қайсыбірін алқымдап келдік қой. Даланы айтсаңдаршы, даланы.
Ол Нағашыбектің «қанағат қария, қанағат» деген әзілін де бұл сапар елеген жоқ алыстағы арманын айтқысы келгендей кеудесін кере бір дем алды да:
— Е, шырағым, шынын айтқанда, мен асарымды асадым, жасарымды жасадым. Бір кезде жас та болсам дәрменім жоқ еді. Енді қартайсам да Дәрменім көп, арманым жоқ. Тек қана сонау құлазыған қу даланын, түрленіп, құлпырғанын мен де бір көрсем деймін де. Әйтпесе, мұндай өмірге қанағат етпейтін жалмауыз емеспін ғой, — деді. — Ал, балам, жолың болсын, — деді маған қарал. — Сенен тілер жалғыз тілек, кім айтса ол айтсын, кигіз үйдің қыста сәні жоқ. Беті отқа қызса да, арқа мұздап отырғанды мен өмірдің сәні демеймін. Екіншіден, мал көбейген сайын малшылардың да көбейетінін, қазіргі қарттардың біраздан кейін қатардан шығып, жастардың мал бағуды ұят көретінін өткен түні өзің де айттың. Егер мал бағу жұмысын өндірістегідей қызықты ете білсеңдер қызығушылар неге табылмасын. Іздеп барған жерлеріңді бүгінгі бармен ғана өлшемей, келешекпен өлше. Қайырлы сапар тілеймін, қош бол.
Тілекке орай тілек тілеп қош айтыстым да, жүріп кеттім. «Қызықтыру» деген сөз құлағымда кете барды.
— Иә, қызықтыру керек, ол үшін мал бағудың қызықты түрін табу керек.
Жол үстіндегі ой тек осы ғана. Қиял құсы шарықтап әр қияға бір кетеді, бірақ түйіле түсіп, ілген түгі де жоқ. Тек, «өндір.істегідей» деген сөзге қайта-қайта орала бердім.
«Егер техникасы болмаса, өндірістің де қызығы болмас еді-ау», — деп ол ойдан тағы сырғи бастап едім, екінші бір тың ой келді де алыса түсті. Тоқта, жер астының ауыр жұмысына қызықтырған техника мал шаруашылығының жұмысына қалай қызықтырмайды. Ендеше, қызықтырудың тетігі техникада емес пе? Иә, солай, келешекте мал бағу жұмысын қызықты етуге әбден болады екен. Тек техникамыз күшейсін.
Өмір қызығынын тетігіндей көрінген техника осылай қуанта бастағанымен, адам туралы ой келді де оны тағы да басып кетті. Қош техника молайсын-ақ, сонда оны жүргізе алатын адам қайда?
Бұл ой он сегіз километр жердегі «Бостандық» колхозына жеткенше созылды. Бірақ көптен бері көкейді тескен сұраудың жауабын да енді тапқан сияқтымын. Енді сол ойымды жұртшылықтың алдына салғым келіп дәптерімді алдым да: «Бізге қашан да болсын, алтыннан мал қымбат. Сондықтан мал бағуды алтын қазудан кем көрмейтін болайық, ол үшін не істеу керек?» — деген сұрау қойдым да, қиялыма ілінгеннің барлығын дәптеріме жаза бастадым.
Құмға атпен тіке тартатын жерге де жеттім. «Бостандық» колхозынан кісі ертпекші болып колхоздың кеңсесіне келсем, бастығы облысқа кеткен екен де, партия ұйымының секретары жиналыста отыр екен.
Мен экспедицияға ерте жету үшін көп бөгелгім келмей, жиналыс жүріп жатқан үйдің есігін ашарын ашсам да, үй толы адамды көргеннен кейін баса-көктеп кіруді ыңғайсыз көріп қайта шегіндім. Бірақ төрде отырған кешегі Ералы дейтін жылқышының көзі шалып қалған екен, ол орнынан дауыстай түрегелді:
— Ау, қайда барасыз, келе беріңіз.
— Мен сіздерге бөгет жасадым білем.
— Ешқандай бөгетіңіз жоқ. Отыра тұрыңыз, қазір 61-тіреміз, — деді де, ол отырғандарға сөйлей жөнелді.
Ол кеше малшы еді, бүгін бір үлкен басшы сияқты. Мынау жайнап тұрған бөлме осынын кабинеті екен. Төрде көсемдердің суреті, төрт қабырғасы түгел жеңіске шақырған ұрандар мен алға басудың алуан түрлі ережелері. Соның бәрінін ортасында «Алға» атты үлкен қабырға газеті тұр. Оның бетінде осы колхоздағы төрт жүз саулықтан бес жүз жиырма тоғыз қозы өсірген Байжанов Ырысдәулет, Наурызбаев Оңғарбай сияқты Енбек Ерлерінің суреті тұр. Ортадағы үстіне қызыл шуға жабылған ұзын столдың үсті толған орысша, қазақша неше түрлі газет, журналдар. Тердегі бұрышты ала үлкен шкаф тұр. Оның әйнегінен Ленин томдарының түптері жарқырайды.
Осыларға көз жіберіп, қызыға қарап отыр едім, Ералының:
— Осы мәселе аудандық партия комитетінің алдына қойылсын дегендерің қол көтеріңдер, — деген сөзі өзіне аударып әкетті.
Оның бір үлкен мәселе екенін сезсем де сұрағаным жоқ, кейін сол қаулының аудандық партия комитетінің күшімен үлкен үй болғанын бір-ақ көрдім.
— Сұрауларың жоқ па?
— Жоқ.
— Сұрау, жоқ болса, жиналыс жабылды.
— Жоқ емес, бар, — деді біреу орнынан атып тұрып, — менің сұрауыма мына кісімен таныстырсаңыз екен.
Мен оған жалт қарадым. Ол да маған күлімсірей түсігі қадалып тұр, тәрізінен мені танып тұрғанын сезсем де, өзім оны танығаным жоқ.
Ералы оларға мені таныстырып, сапарымның жемісті болуы өздерінің игіліктері екенін айтып жатыр. Ал әлгі жігітте үн жоқ, тек ыржиып күле берді.
— Жолдас, сен неге күлесің? — дедім орыпсыз күлкісіне ызам келсе де, салмақпен сөйлеп.
— Саржан аға, сіз мені рас танымай отырсыз ба? — деді ол қолымды ұстай алып.
— Сен кім едің? — деп мен қарай қалдым. Бірақ қайда көргенімді таба алмадым.
— Саржан аға, мен сізді бір көрсем де ұмытқан жоқпын. Ал сіз мені бір көргенде-ақ орденге ұсынған едіңіз, қыздың айдарына белгі де таққан едіңіз.
Мұнан кейінгі сөзін айтқызғаным жоқ, сонау Пруссияның шекарасынан өтетін күні көпір аузында кездескен батарея командир! Базар Есболов екенін енді білдім де, құшақтай алдым.
— О, тамаша! — дегеннен басқа сөз аузыма түскен жоқ.
Ол өзінің қазір осы колхозда агроном екенін, енді менімен бірге Мойынқұмды зерттеуге баратынын, өтірік айтса жаны шықсын, оған мен келеді деген соң өзі тіленгенін, бүгін экспедицияға барып та қайтқанын айта бастап еді, жаңа ғана шығып кеткен Ералы қайта келді де:
— Үйге жүріңіздер. Жоқ, жарты-ақ сағат бөгелесіздер. Ат та, бәрі де әзір, үйіміз де алыс емес, он-ақ адым жерде, — деп жеппелете жөнелді.
Оның айтқандары рас, үйі де алыс емес, дайындаған дәмі де әзір екен.
Кеңсенің сыртындағы кішкене қақпадан кіріп, екі бөлмелі үйге келдік. Ауыз бөлмеде адам жоқ, тек пісуі жеткен еттің, қоңырсыған құйқаның исі мүңкиді. Төргі үйден қызыл шырайлы келіншек қарсы алды.
Үйдің іші үй иесінің ұқыпты екенін көрсетіп тұр. Бір ғана ұқыпсыздығы қымызды бар адамға бір ыдыспен беретін ескі әдеттерін әлі тастамапты, арақты екі-ақ ыдыспен береді екен. Өзім бірден артық ішпейтін болғандықтан, үндемеп едім, алдыма сыңар құлағы селтиген бас жетіп келген соң:
— Ал осы сыңар құлақ қай салттарыңыз, — дедім.
Ералы менің сұрауыма мырс етті де:
— Әр елдің заңы басқа ғой. Ал біз құлақты баланың сыбағасы деп білеміз. Сондықтан бір құлақты баланың сыбағасы дейміз де, екінші құлақты баламыздай көретін қонағымызға арнаймыз, — деді.
Ол мұны ойдан шығарып айтса да, ниетіне ырза болып таласқаным жоқ.
Мен халқымыздың дүниеде ешбір тездесі жоқ ғаламат дарқандығын сол селтиген сыңар құлақтан да көргендей шаттана шалқып отырмын.
* * *
Солтүстікті бетке ала Базар екеуміз тартып келеміз. Жаңа ғана көз алдымда жайнап тұрған қаланын, бәрі де артта қалды. Қарсы алдымызда түнеріп Көкшенің құмы тұр. Сол құмның жиегінде қырық-елу отар қой жатыр. Бірінен соң бірін тастап, біріне де бөгелместен айдап келеміз. Тек қойшылар сақалды адамдар болған соң сәлем бермей ете шығуды ұят көріп алыстан бас изеймін. Қай қойшыға кездессем де сақалы буырыл тартпаған біреуі жоқ, бас иземей қалай өтерсің.
Осы қойшылардың сақалы манағы бір ойды тағы да әкеліп үйірді. Сол ой басыма үйірілген сайын атыма қамшыны баса түстім.
Қора-қора қойлар да артта қалды. Бұлаң құйрық жүріспен жүріп отырып Көкшеге де жеттік. Көкшенің құмынан өтіп, Мойынқұмның қойнауына кіре бере тоқтап, Базардан жолымызды ұ алдым да, барар бағытты компаспен белгілеп алдым.
Оның айтысына қарағанда менің жолдастарым кеше бірсыпыра жерді зерттеген екен, мардымды ештеңе табылмай көңілсіз қайтыпты. Көңілдегі түйін сол ғана. Сондықтан да қатты айдап келемін.
Экспедициямыз алты отрядқа бөлінген. Бәрінде де жер зерттеушілердің барлық түрі бар. Біз белгілеген жерлерге бұрғы салып суын зерттейтін тағы бір отряд кейін келе жатыр. Әр колхоз өз жерінен табылған суды өзі қазып алады. Олардың бұрғы орнататын адамы да сол отрядпен бірге. Мақсатымыз — малшыларды қыстың азабынан құтқару. Ол үшін үй қора салуға, жасанды шабындық жасауға жарайтын қобылардың есебін алып, көлемін өлшеу. Астындағы су мен бетіндегі түктерінің қадір-қасиеттерін зерттеу. Бұл мақсатқа жетеміз деген үмітіміз зор, күдігіміз де осал емес.
Бұл сапардың оңай емес екенін күні бұрыс ескергенбіз. Сондықтан мұнда шығардан бұрын қай жерден қай жерге дейін қанша күн кететінін, қай отряд қай жерлерді қанша уақытта зерттеп бітіретініне дейін картаға түсіріп алғанбыз. Енді тек барлық отряд бірінің жеріне бірі түспей, қатар жүріп отырса мың шаршы километрдей жерде не бар, не жоғын көре аламыз.
Осындай ойда келе жатыр едім:
— Әне, біздің адамдардың бергі шеті, сол жерде құдық бар, күн кешкіріп барады, бүгін сол жерге түнейтін шығармыз, — деген Базардың даусы бөліп жіберді.
Ол көз ұшында бір тебенің басында тұрған біреуді көрген екен. Мен бинокльмен қарап, оның Мойынқұмды көптен бері зерттеп жүрген Анатолий Сергеевич Борцов дейтін инженер екенін дәу тымағынан тани кеттім. Бірақ ол не бір дағдарысқа ұшырап, не бір үлкен қуанышқа кенелсе, өзін қоярға жер таппай көрнекке шығып, осылай ұзақ тұрушы еді. Мына тұрысы қай тұрыс екенін біле алмай келемін. Егерде олар бүгін де ештеңе таба алмаса, мен сол төбенің басына да шыға алмаспын.
Осы кезде төменгі бір жырадан түйе жетектеген бір салт атты адам шыға келді. Түйенің үстінде екі адам отыр. Сірә, азықтары болуы керек, артып алған теңдері бар. Бұл Базардың құдық қаздыруға алып шыққан адамдары екен.
— Ана ақ түйе менікі, ана жылғы өзіңіз көрген боз інгеннің көзіндей көрігі жүрейін деп былтыр сатып алған едім...
Тебе басында түнеріп тұрған Анатолий Сергеевичке жетуге асығып, Базардың бұл сөзін тыңдағаным жоқ. Менің көңілсіз келе жатқанымды сезді де, ол да токтай қалды.
Ой қажытқан ба, жоқ әлде жүріс қажытқан ба, Анатолий Сергеевич былқ-сылқ етіп зорға жүріп келеді. Мен жақындай бере өзінің жақсы көретін сөзі «хал қалайды айтып едім, ол басын шайқап:
— Хал жаман, Саржан Муратович, кешеден бері екі-ақ құдықтың орнын таптық. Ал үй салуға қолайлы жер табылар емес, — деді.
Оны басқан ауыр ой мені де басып кетті. Алдағы жерден табылар деп өзіңді жұбатудың керегі аз, өйткені біз қала салғалы жүргеніміз жоқ. Алақандай болса да, құмның әр жерінен алаң табуымыз керек. Егерде арасы алыстап кетсе, оның пайдасы жоқ. Екі күннен бергі зерттелген жердің аз емес екенін көрмесем де белгілі, бірақ сонша жердің иесіз қалмауына енді қандай жол бары белгісіз. Осыны ойлап сұр далаға үнсіз қарап тұрмын. Көз жетпейтін жердің бәрі өркеш-өркеш құм. Кей жерінде толқындай бедерленген майда құмдар, солтүстік-шығыс жағымызды ала тұрған қалың сексеуіл көзге алданыш болатын.
Бірақ көңілге алданыш табылар емес. Шығыс жағымыздағы бір құдықтың басына келіп біздің жігіттер шатырын тігіп, гуілдесіп жатыр. Бұл маңдағы ең ойпаң жер сол ғана.
Базар екеуміз аттан әлі түскеніміз жоқ. .Анатолий Сергеевич аяғын созып жіберіп ойда отыр. Ол бұл даладан күдерін мүлдем үзгендей басын да көтерер емес.
— Ағай, қарап тұрғанша жалғыз тал сексеуіл бар төбені айналып қайтсақ қайтеді? — деді манадан бері сол жақтан көз алмай тұрған Базар.
— Ол жақта не бар?
— Соғыстан бұрын сол маңнан жалғыз тал жыңғылы бар бір жер керген едім. Жаңылмасам сол сексеуіл тұрған төбенің түбінде болу керек.
— Жыңғыл дейсің бе, анық жыңғыл ма? — деп Анатолий Сергеевич оны мықтап тұрыгі бір сыбады да, шаба жөнелді.
— Ау, қайда кеттіңіз?
— Қазір келемін, қосқа бара беріңіздер.
Ол осыдан басқа сөз айтқан жоқ, әр төбенің басынан бір көрініп, әлі кетіп барады. Біз әлі қарап тұрмыз, ол аздан соң көзден ғайып болды да, біз қосқа келдік.
Бір қойды ақ түйеге артып жібергенін Базар мана айтқан еді. Қара мұртты біреу сол қойды біздің шатырымыздың қатарына тігілген қостың алдында сойып жатыр. Самайына ақ кірген қырма сақалды біреу оған:
— Көз барында жайғап алайық тездет, — деп дікілдеп тұр. Енді біреулер жер ошақ қазатын ыңғайлы жер іздеп, кейбір қазған шұңқырларын құм баса берген соң екінші бір жерді шұқылап жүр.
Мен аттан түсе сала құдық басына бардым. Ондағы ойым құмның қалыңдығын, судың қаншалықты терең жатқанын білу еді. Қиып тұрып қалың салынған сексеуіл құдықтың қабырғасынан құмды байқатқан жоқ, су тереңде емес.
Қолына күрек алып айнала жүгіргендердің шеткі біреуі: «О, табылды нағыз жердің өзі» — деп айғай салды. Ол бір жерді қаза бастады, мен оның қасына бардым. Бұл бір ұзын жыраның аяғы екен, мен сол жыраны бойлай жіберген көзім қалың шеңгелге барып тірелді. Базарды шатырдан мылтық әкелуге жіберіп, өзім жаңағы жыраны қуалай жүріп отырып шеңгелден әрі өтіп едім, бір кішкене алаңға кездестім. Күн кешкірген кез. Бірақ, әлденендей бір сөзім мені .билеп алды да, ілгері әкете берді. Әр бұтаға бір қадалып әрбір шөпке бір үңілемін. Бәрі де құмның түгі. Сол алаңның солтүстік жанында жалғыз тал сексеуілі бар бір төбе тұр. Сол төбеден бір қоян зымырап түсті де, алаңның шетіне жете бере жоқ болды.'
Құстан қорғалай бұққан болар деген оймен Базардың қолындағы мылтықты алып солай қарай жүрін едім, қарсы алдымнан қазықтай қақшиған қып-қызыл бір нәрсе көзге түсе кетті. Алуан түрлі сұрғылт өсімдіктердің ортасында жалғыз жарқырай тұрған бұл қызыл қазықтың не екенін ә дегенде айыра алғаным жоқ.Базардан сұрап едім, ол жан-жағына ойлана қарап үнсіз келе жатты да:
— Таптым-таптым, — деп тұра жүгірді.
Осы кезде манағы кеткен Анатолий Сергеевич алдымыздағы жалғыз тал сексеуілі бар төбенің басына шыға келіп еді, қуанғаннан айғай салдым.
Біз келсек, Базар биіктігін өз бойымен өлшегісі келгендей жалғыз тал жынғылды құшақтай ұстап тұр екен.
— Мынаны қараңыздаршы, — деді ол қасына келген біздерге мұңая қарап, — сабаудай сида болса да бәйтеректей көрінуші еді. Қамшының сабы еткісі келген біреу үш жағын кесіп әкетіпті.
— Ол үшін қапаланба, біздер енді бұл жерге бәйтеректің өзін орнатамыз. Солай емес пе, Анатолий Сергеевич? — деп жыңғылдың түбіріне үнсіз қадалып тұрған Анатолий Сергеевичке қарадым.
Ол «солай» деді де, сумкасынан картасын алып бір үңілді де, айналаға көз жіберді. Алдымызда кішкене алаң жатыр. Екеуміздің көзіміз сол алаңда, екеуміз бір ғана ойдың жетегіндеміз, екеуміз де үнсіз. Өзіміз үнсіз тұрсақ та қиялымыз Мойынқұмның қай жеріне қанша үй салатынын жоспарлап сол үйлердің ірге тасын қалауда.
— Бұл жер қай ауданның жері? — дедім Базарға қарап.
— Біздің Таластың жері.
— Таластың қай колхозы?
— Біздің «Бостандық».
— Ендеше «Бостандықтың» құмдағы штабы дәл осы жерден салынсын, басшыларыңа ертеңнен қалдырмай хабарла, — дедім де, картаны алып оның бетіне «қызыл қазық» деген сөз жазып, әр түрлі белгілер сала бастадым.
Мен картаға не түсірсем оны өзінің қолдан жасап алған картасына түсіріп Базар мәз. Оның шаттық ойнаған жүзінен бүкіл елдің қуанышын көргендей біздер мәз.
Солтүстік жағымызда жаңағы жалғыз сексеуіл тұр. Ол кешке қарай соққан желдің екпінімен «елдім, өлдім» дегендей дыбыс береді.
— Өлмейсің, өлмейсің, — дедім де ілгері жүріп кеттім. Алдымнан үйтілген бастың қоңырсыған исі келеді. Мойынқұм қазір маған сол бас сияқты көрінді.
VII
— Өлмейсің, өлмейсің.
Осы сөзді талай айтып, талай жердің суын таттым, талай жердің атын қойып, талай жерге белгі қақтым.
Бірақ биылғы қыс жылдағы кезінен ерте түсіп, жазық жерді түгелінен қар басып қалды да, көздеген жерімізге еркін жете алмай мерзімді кезегімізден ерте қайттық.
Күн ашық аяз. Кеше күнімен соққан боран түн ортасы ауа бере басылғанды. Бүгінгі күн қансонар болған соң Базар екеуміз аң аулай қайтқалы кейін қалған едік. Өткен түнгі боран қарды иіріп, ой-шұңқырдың бәрін де сықап тастаған екен. Аңның бәрі кеше бір жаққа ығып кеткен бе, жоқ әлде қардың астында қалған ба, түске дейін бірде-бір аң кездескен жоқ. Енді зеріге бастадық. Өткен жылы осы құмның ішінде бір қабанмен қалай айқасқанын айтқызып, сол зеріккен көңілге талшық болып келе жатқан Базардың өзінен айрылып қала жаздадым. Құлағым оның әңгімесінде болғанымен көзім аң іздеп даланы кезуде еді. Бір кезде оның баж еткен даусы шықты. Жалт қарасам оның аты төбесінен шаншылып құлап барады екен. Атының қулаған екпінімен Базардың өзі де көбік қарға батып кетті. Бірақ ол қарға тұншығып жатса да тізгінінен айрылмай, аты сілкіне түрегелген кезде, қақала-шашала өзі де атып тұрды.
— Аттың басып қоя бер де, құйрығынан ұста! Ат сүйреп шығармаса шыға алмайсың, — деп дауыстап едім, оның шошынғандығы сондай, менің даусымды естіген жоқ. Аузында кептелінген қарды көксоқталандырып бір-екі бүркіп тастады да, арғы бетке қарай тұра ұмтылды. Қабырғасынан келген қарды қалай бұзып шығарын білмей қалш-қалш етіп тұрған атына да қарайтын емес, алқымына келетін қарды екі қолымен сабалап әлі кетіп барады, тек менің күліп тұрғанымды енді сезіп:
— Иә, сізге бәрі де қызық, қаттырақ күліңіз, — деп өзіне ызалана күңкілдеп те барады.
Ол қардың шетіне жете бере тоқтай қалып, шақырып еді, қалай жүрерін білмей тұрған аты оның ізімен орғи жөнелді.
Екеуміз енді қардың екі жағында қалдық. Базар қарасын жерге шығып алып атын бұтаға байлады да, қойын-қонышына кірген қарды түсіре бастады. Мен өтер жолды таба алмай көзді айнала жүгіртіп келе жаттым да, бір тұйыққа келіп тірелдім. Қарсы алдымда бір төбешік тұр. Соның ғана бұталары қылтиып көрінеді, басқа жердің бәрі жып-жылмағай.
Қардың осы сұрқын көргенде мал. өсірудің барлық азабын көргендей болдым. Егерде барлық жердің қары осылай қалын болса, барлық мал әлден колға қараса жететін шеп қайда? Оны жеткізетін күш қайда? Халықтың бірнеше жылғы еңбегінің жемісін дүлей табиғат бір-ақ күнде жалмап қоятын болғаны ма? Бір шахтаның бір күндік көмірі тегіс өртенсе де оның орны бір айға жетпей-ақ толады. Ал, бір отардағы қой қардың астында қалса оның орнын толтыру үшін кемінде екі жыл керек. Олай болса жұт деген тілсіз жау. Оны Қалай жеңу керек? Мал озығын молайтумен ғана ма? Иә, сол, онсыз асыл малдар да азып кетеді.
Базарға келгенде мал басына төніп тұрған осы қатерді айта келіп едім, ол үндеген жоқ. Маған әлі де өкпелі сияқты, үлкен мұрны сорайып, танауы қусырылып кетіпті. Мен оны жадыратқалы әр түрлі қалжың да айтып көріп едім, ол:
— Әуре болмай-ақ қойыңыз, мен сізге бүгін тук те айтпаймын, — деді де желе жөнелді.
— Аңшы екенін рас болса көрермін үндемегеніңді. Қоян көрінсе де сайрарсың әлі.
— Дәл бүгін қоян түгілі жолбарыс көрінсе де үндемеспін-ау.
— Онда аңшы екенің өтірік.
Ол үндеген жоқ. Екеуміздің егесіміз осымен бітіп, үнсіз келе жатыр едік, бір кезде ол кенет тұра қалды да:
— Ана тамашаны көрдіңіз бе? — деді алысқа көз жіберіп.
Мен оның тамашалап тұрған жағына биноклімді салсам, жеті-сегіз қасқыр бір топ киікті қоршап алып, алыстағы бір ұзын қырдан асыра қуып барады екен.
Сол қырқаның арғы бетінде қалың қар барын, қасқырлардың киіктерді сол қалың қарға қуып тығып, қазір қанды қырғын салып жатқанын сезіп біз де ұмтылдық. Бірақ жолшыбай кездескен омбы қарларды кесіп өтіп, қырқаға шыққанымызша жарты сағаттай уақыт өтіп кетті.
Бұл бір таудың ұзын саласы секілденген жал құмы екен. Боран теріскей жағынан соққандықтан күнгей бетін жотасына дейін қар басып қалыпты. Қардың мұндай қалың екенін көрген соң, қасқырлардың өзі қазған көріне өзін түсіремін деген сеніммен аттан түсе қалып, айылын тарта бастап едім, ат үстінде тұрып.қалған Базар:
— Киіктер құтылып кетіпті, әуре болмай-ақ қойыңыз, — деді алысқа қадала түсіп.
— Оны қайдан білдің?
— Қашқан киіктердің жолын тосқалы жүрген болу керек, жанағы қасқырлардың біреуі бізге қарай салып келеді. Оның айтқаны рас, тайыншадай бір қасқыр бізге қарай жортып келеді екен. Бірақ оның киік қуар түрі жоқ, ауық-ауық аспанға шапшып, өз-өзінен арсылдап келеді.
— Апыр-ай, мынау құтырған қасқыр екен ғой. Құтырған қасқыр жолбарыстан да қауіпті деуші еді, енді қайттік? — деп Базардың өңі қаша бастады.
Өмірімде құтырған қасқырды көрген емес едім, бірақ ол жөнінде талай аңыз естігемін. «Құтырған қасқырда қырық кісінің күші бар, ол қорқу дегенді білмейді, ұрсаң өршелене береді, атсаң оғың дарымайды», — дейтін. Бірақ мына қасқырдың сорына мен ондай ертекке күлетін болыппын. Өз қорқынышымды өзім мазақтап іштей күлдім де, Базардың: «Қашсақ қайтеді, қуа қалса қар қалың, қатер-ay» — деген сөзін тыңдамастан:
— Ұста атты! — дедім бұйыра сөйлеп.
Жанағы ертекті Базар да біледі екен, ол соны айтып бажылдай бастады. Мен оны тыңдағам жоқ.
— Сөзді қой да, кейін кет! Мылтығыңды байқап ал да, әзір тұр, — дедім.
— Жалғыз жазым боласыз ғой, мен қасыңызда болайын, — дегеніне де көнгім жоқ, маузерімді оққа толтырып алдым да қасқырға қарсы жүрдім.
Қасқырмен екі арамызда бір кішкене төбешік тұр. Мен оны сол төбенің басында тоспақпын. Төбеге мен де шықтым, мені көре сала қасқыр да ұмтылды. Егер де оқ тимей кетіп қасқыр алыса түсетіндей болса, тайып кетпейін деп табанымды құмның қаттылау жеріне тіреп тұрып, оқ жетер жерге келгенде басып салдым.
Төбесінен зулап өткен оққа қасқырдың арс еткеніне ілесе алыста тұрған Базардың:
— Ойбай-ай, құрыдық-ау! — деген даусы да шықты.
Ертектің бір ғана шындығы құтырған қасқырдың қорқуды білмейтіндігі екен. Ол гүрс еткен мылтықтың даусын да, құлағын жалап өткен оқтың зуылын да елеген жоқ. Тістерін ырсита сақылдатып атқып келеді, арсылдап келеді. Дәл қазіргі түрі жан шошырлық. Егер де осы сапар мүлт жіберсем мүрдем кеткенім, оның келе айқасатын түрі бар. Елу метрдей жерге келгенде, нысанама ырсиған тістерін іліндіре бере атып жіберіп едім, ол аспанға бір атқыды да құлап түсті.
Оқ екі көздің аралығынан миын қақ жара өткен екен. Өшпенділік оты оған да басыла қоймай, өкпесінен тағы бір атқалы қасына жетіп барып едім, әрі оғымды қимадым, әрі қиналып өлсін дедім де:
— Рақмет, Гүлжаным, — дедім ішімнен.
— Ағатай-ай, жүрегіңіз мүйіз бе, жоқ әлде болат темір ме, әкеліңізші қолыңызды, — деп, Базар келе аттан секіріп түсіп еді:
— Дәл сенің осы айтқанындай болса, оның жүрек болғаннан жұмырық болғаны тәуір шығар. Сөзді құр борсылдата бермей, тез аттан, — дедім де, қанды қырғын болып жатқан жерге қарай шаба жөнелдім.
Олай асыққан себебім киіктерге тойған қасқырларды ұзатпай қыру еді. Ол күткенім болмады, қасқырлар мылтықтың даусы алғашқы шыққанда-ақ безіп кетіпті. Ол жерден қызыл қанға боялған ақ қарды ғана көрдік те, ізге түсіп жөнелдік.
Қасқырлардың жемтіктен шыға қашқанын тырағайлаған ізінен көріп келеміз. Былай шыққаннан кейін алтауының басы қосылып бір жерге шоқталған екен. Мылтықтың екінші атылғанын сол жерде естіген болу керек, тағы да тырқырай жөнеліпті. Қайсыбіреуінің ылдиға тоңқалана аса құлап түскен ізі де сайрап жатыр.
Бұл құм саланың аяғы барып бір өзекшеге тіреледі екен де, онан арғы жері ұсақ адырға ұқсап кетеді екен. Көз жетер жерде қыбыр еткен жан көрінбейді. Тек алыста екі үлкен із жатыр.
— Анау көлденең жатқан ненің ізі?
— Ненің ізі екенін қайдам, әйтеуір, қасқырдың ізі емес.
Ол із күдік болса да, қасқырлардың оңтүстікке қарай бұрыла тартқаны үміт болып, екінші бір салаға шыға беріп едік, алдыңғы жағымыздан айғай шықты.
— О, ғажап, бұл маңда ел жоқ еді ғой, — дедім де айғай шыққан жаққа қарай шаба жөнелдім.
— Қартекеңдердің жылқысы келіп жеткен - болар, — деп, Базар да шауып келе жатыр. Көзге көрінген әлі түк жоқ. Айғай бірте-бірте алыстап барады. Бір төбеден құтылсақ, тағы бір төбеге кездесіп, атты әлі айдап келеміз. Әлі көрінген ештеме жоқ. Біраздан кейін қасқырлардың ізін кесіп, өткен екі аттың ізі кездесе кетті.
Алдымызда бір биік шоқы тұр. Соған шықсақ осы екі аттының қарасын көрер едік деп, атты айдай түстім.
Бұл жолғы ойым дәл шықты. Жаңағы төбеге шыға келсем көз ұшындағы бір үлкен қобыға қарай төрт кісі құйғытып барады. Төртеуі төрт бөлек. Төртеуі де даланы жаңғырықтырып айғайлап барады. Басқа үшеуінің даусын жалғыз өзі басып, күнше күркірей шыққан Қартекеңнің даусын тани кеттім де, атқа қамшыны баса түстім.
Жаңағы алыстан көрінген қобыға жақындай бергенде бұлар екіге бөлінді. Екі қанаттағылар алға .ұмтылды да, ортадағы екеуі қобының қалың қарына жаңа іліккен алты қасқырға тап берді.
— Сонау ортадағы екеудің он жақтағысы Қартекеңнің өзі, — деді қатарласа шауып келе жатқан Базар, — қасындағысы әзінің үлкен баласы Қарамолда болу керек.
Оның айтқаны рас, қасқырларды соғуға ұмтылған сол екеуі екен де, екі бүйірінен қысып келе жатқан Дәдебай мен Дүкенбай екен. Ортадағы екеу қасқырларды қобының тұйығына қуып тыққан кезде Дәдебайлар да ағызып барып айқаса кетті.
— Жіберме!
— Құтқарма!
— Жалт беріп жүрмесін!
— Қара тұмсықтан соқ.
— Желкеден сок!
— Ана біреуі құтылып кетті-ау, — деген айқайларға ілесе сойылдар сарт-сұрт етті. Қасқырлардың бір көкжалынан басқасы енді құтыла алмайтынын білген соң бөксесін қарға тығып алып арсылдай бастады.
Осы кезде біз де жеткен едік. Арсылдап тұрған бір қасқырды қара тұмсықтан дәлдеп тұрып сілейтті де, Қартекең.жаңағы қалың қарды бұза қиялай тартып өрге қарай орғып бара жатқан көкжалдың соңына түсті. Бірақ астындағы өзінің көк айғыры екен. Ол бес-алты рет атқудан әріге бара алмай тоқтап қалды. Оның алдындағы қасқыр да қардан шыға алмай аласұрып жатыр. Енді не істерін білмей Қартекең тұр. Ол бозқырауланып келе жатқан бізді көре салды да, кім екенімді білместен:
— Әй, кім болсаң да мынаны атпай не қарап тұрсың? — деп айқай салды.
Мен бұлардың қызығына қараймын деп өзімде мылтық барын ұмытып кетіппін. Бірақ, кенеттен шұғыл ой келген кезде бойға ұялай қалатын әбігерлікті қимылымнан көрсеткенім жоқ, сөзім да жайбарақат шықты.
— Қалай, қария! Қара көктеріңіздің қарға осал екеніне көзіңіз енді жеткен болар, — дедім, маузерімді қабынан суырып жатып.
— Шырақтарым-ау, сендер қайдан тап болдыңдар?
— Оны кейін білерсіз. Алдымен мынаны жайратып алайық, — деп қасқырға кезеніп едім, ол қардан көрінер емес, нысанаға тек құлағы ғана ілінетін. Жақындап баруға қар қалың, енді не істеу керек.
Қанша ойлансам да екі оқты жедел жіберуден басқа жол таба алғаным жоқ. Ондағы ойым алғашқы оқ Кулагина тисе, қасқыр бір секірмей қалмайды, сол кезде екінші оққа өзін іліндіру еді. Бұл жолғы ойым да, оғым да мүлт кеткен жоқ. Алдыңғы оқ бір құлағын жұлып түсіргенде, соған шыдай алмай арс етіп аспанға шапшыған қасқыр кейінгі оқпен бірге өзі де құлап түсті...
* * * *
Алдыңғы қасқырға қақпан болған сол қобынын оңтүстік жақ сыртында мұнан жиырма күн бұрын өзіміз қазып кеткен бір құдық болатын. Қазір сол құдықтың басында бір кигіз үй тұр. Көзім сол үйде, ойын сол үй тұрған жерде. Көп еңбекпен табылған бұл жердің жемісін қашан көре бастар екенбіз. Әй, тым алыс-ау деген ойда келемін.
Құм төбелердің әр тұсынан шыққан түтіндері болмаса, басқа үйлердің қарасы көрінбейді. Бірақ қаптаған қалың жылқы құм сахарасын өзгеше бір сұлулыққа бөлеп тұр.
Менің көзім ең алдымен ортадағы бір қобының ішіндегі қалың қарды талқандап жатқан жүз қаралы жылқыға түсті. Басқа отардың жылқылары қарасын жерге жазыла жайылып еркімен жатқанда бұл бір топ жылқының қармен алысып жатқаны қалай? Әлде жердің аздығынан ба? Олай дейін десең оларды қарға қайырын жүрген ешкім жоқ, қайта жылқышының өзі қардың қалың жағында жүр. Оның үстіне айналасындағы қарасын жерге бой ұрған біреу көрінбейді. Болат тұяқтары келсең кел дегендей бір ырғақпен сермеліп, қар тепкен сайын маймен жұмырланған денесі толқындай толықсиды.
— Ау, келін, жылқыны қырға шығарсаң да болар, — деп, Қартекең оған дауыстап еді, соңымызда келе жатқан Дәдебай:
— Неге? — деп ыршып түсті.
— Кейін білерсің, — деп Қартекең де ашып айтқан жоқ. Оның «шығарсаң да болар» деп бос тастай салған сөзіне жеңгей де жылқыны қайыра қойған жоқ. «Бұл қарт тағы не ойлады екен», — дегендей таңдана қарап келе жатыр.
Дағдылы бір себеппен аты бөгеліп Қартекең тұрып қалып жылқышы жеңгейге біз бұрын жеткен едік, ол бізбен амандаса салып шалына қарады:
— Атай не деп келеді, жылқыны қырға шығар дегені несі?
— Е, құдайым білсін, ойына не түскенін. Сірә, жылқының тебінін ұнатпаған болар.
Бұл кезде соңымыздан қуып жеткен Дүкенбай мен Қарамолдаға Қартекең өзінің бұйрығын беріп келе жатты.
— Қазір әрқайсыларың қостарыңа барып, ойдағы жылқыны қырға шығарыңдар. Күн құлақтанып тұр, кешке қарай аяз күшейіп кетуі мүмкін, ойда бір жылқы қалмасын. Барыңдар.
Екі жылқышы сөз қатпастан жортып кете барды.
Бұл жылқылар Қартекеңнің өзім қарға осал деп жүрген қаракөктері екенін енді сездім де:
— Жылқыларыңыз мұндай қарды бұрын көрмеген екен ғой, — дедім.
— Мұндай қалың қарды жетпіске келген Қартабайдың өзі де бұрын көрген емес, — деді де, соңымызда келе жатқан Дәдебайға дауыстады: — Ей, анау шұбап келе жатқан не нәрсе? Соны мен де біле алмай келемін. Бізге азық әкеле жатқандар болса бір-екі түйемен ғана келер еді ғой. Өздерінін тіпті, сүйреткілері де бар.
Осындай қысыр сөздермен Дәдебайдың үйіне жеткенімізше жаңағы түйелілер де келіп қалды. Ең алда ақ боз атты, қара киімді біреу келе жатыр. Әр түйенін үстінде бірден-екіден адамдар отыр. Түйенің бәрі жүкті көтеріп те, сүйретіп те келеді. Әр түйеге тіркелген бір-бір сүйреткі. Сүйреткінің үстіне ұзынды-қысқалы әр түрлі ағаштар, тақтайлар, терезенің кесектері, есік ағаштары, кейбір түйенің үстіне үйдің тақтаймен қапталған қамыс қабырғалары тиеліпті. Кигізбен қапталып, ақ брезентпен тысталған тақтай қабырғалар, іргелік дәу қара кірпіштер тиеліпті.
Біз аттан түссек те үйге кірмей, соларға қарап тұрып қалдық. Жаңағы алда келе жатқан ақ боз атты адам өзімізге таныс Байқошқар екен. Ол бір ғасырдың жүгін сүйретіп келе жатқандай насаттанып анадайдан дауыстады:
— Дәке, коммунизмнің керуені алыс түкпірде жатқан сіздің де іргеңізге келіп жетті, ерулігіңізді әзірлей беріңіз.
— Қария-ау, — деді де, Дәдебай қуанғанынан басқа сөз таба алмай Байқошқарды барып құшақтай алды, — бауырым-ау, сен анық өзіміздің бастық Байқошқарсың ба, жоқ әлде коммунизмнен келген өкілсің бе?
— Міне, жігіт, — дегеннен басқа Қартекең үндеген жоқ. Қашан Байқошқар келіп амандасқанша мен келешектің бір сәулесін көргендей бойымды шаттыққа билетін сол орнымда тұрып қалдым.
Бұл кезде түйенің үстіндегілер де топырлап түсе бастаған еді. Қартекең сол келгендердің бәрін бір-бір құшып көкірегіне қысты да, алғысынан мені құр қалдырған жоқ.
— Бәрлерің де көп жасаңдар, қарақтарым.
Жүз метрдей жерде осыдан бір ай бұрын өзі қаққан қарала қада тұр. Көзім соған түсіп еді, бұл жердің аты қойылмағаны есіме түсті де:
— Қария, осы жердің аты не? — дедім көзімді қададан алмай.
— Балам-ау, елі жоқ жердің аты бола ма?
— Бұрын болмаса енді болсын, болғанда келешегіне сай болсын.
— Тапсаң өзің тап, — деп қарт кенет ширыға қалды. — «Бостандық» жеріне «Қызыл қазақ» деген жақсы ат қойыпсың да, біздің жерімізді атаусыз тастап кетіпсің, бұл қалай? — Қарттың бұл қаһарлы сұрауына жауап таба алмай тұр едім, мені ол қыспақтан Дәдебай құтқарып жіберді.
— Ау, данышпандарым-ау, — деді ол ышқына сөйлеп. — Ат деген балаға да туғаннан кейін қойылушы еді ғой. Әуелі өзін дүниеге келтіріп алайық та мұны.
— Қайран сенің осынау мұғаллақ басың-ай. Не ескірмей, не жаңармай екі ортада тұрып қалған, — деді Қартекең мырс-мырс күліп, — аңсап көрген баланың аты ана құрсағында қойылмайтын ба еді. Қарағым, Саржан, атты кейін ойлана жатарсың, өзің ту тіккен жерің еді, босағасын өзін белгілеп бер.
— Алдымен салынатын үйдің түрін білейік.
— Бәрі де жасалған, мысалы мынандай, — деп, Байқошқар таяғымен қарды сызғылай бастады. Кухнядан басқасы алты бөлме. Әр бөлменің кеңдігі жиырма шаршы метрден. Оның біріншісі — кеңсе, екіншісі — қызыл отау, үшіншісі — медпункт, төртіншісі — қонақ үй, бесіншісі — сауда дүкені, алтыншысы — асхана.
Мен басқа сөз айта алғаным жоқ. Дәдебайдың қолында тұрған күректі ала салып, өзім манадан іштей белгілеп тұрған жердің қарын күредім де:
— Қария, қайланы алыңыз да мына жердің тұңғыш топырағын сіз көтеріңіз, — дедім.
Қартекең сөзге келген жоқ. Жақсы тілек тілеген дұғасын ішінен оқып бетін бір сипады да, жүгініп отыра қалды. Көзді ашып-жұмғанша бар күшін бойға жиып қайланы дәрменімен ұрып та жіберді. Бірақ, жер тастай болып қатқан екен, темір мен темірді ұрғандай шақ ете түсті. Дегенмен қайратты қол болат қайланы батырып-ақ жіберіпті, ырғай бере қайырып қалып еді, бір кесек тоң ұшып түсті.
— Ой, кәрі тарланым-ай, әлі де жігіттердің жетеуіне төтеп бересің-ау. Қоныс қайырлы болсын, жасаған бала-шағаға игілігін көрсетсін, Енді үйге жүріңіздер. Ау, айтпақшы менің темір пешім мен немді әкелдіңдер ме? Жұмағұл, Қарымсақ, Тобанаяқ, қайдасыңдар? Әкелдіңдер ме, әлгіні, Байқошқар. Мен сенен сұрап тұрмын, — деп Дәдебай бір сөйлегенде бес кісімен қабат сөйлесіп еді, Қартекең:
— Сөзді қалай-қалай сапырады, біздің жас тарлан, — деді мұртынан күліп.
Дәдебай нәрселерін алуға кетті де, біз Қартекең Байқошқар үшеуміз үйдің сыртындағы төбеге шықтық.
Күн құлақтанған күйі батып барады, көлеңке басы ұзарған сайын ала шұбарланып жатқан құмның іші бірте-бірте күңгірттеніп келеді. Енді біраздан кейін түн қараңғылығы қоюланып, көз жұбанышы, көңіл алданышы болып жатқан қалың жылқыны да көзіңнен тартып әкетеді. Сол кезде сыртқа шығып аулаққа барсаң, жаның да дәл осы дала секілді құлазып сала береді.
Келесі күні таңертең оянысымен тағы бір жаңалыққа тап болдым, Көзімді ашсам төбемде төрт көзді жарқырап тұр.
Бұл не ғажап? Мына шаңырақ пен уық не? Жоқ мынау терезе не? Өмірде шаңырақ пен терезе ауыл үй қонған емес еді ғой.
Осындай оймен өзімнің қайда жатқанымды еркін біле алмай басымды көтеріп жан-жағыма қарадым, үйдің ішінде менен басқа жан жоқ екен. Аяқ жағымда трубасы суырылған темір пеш тұр. Түнде оты сөнгеннен кейін трубасын суырып, түндікті жауып тастаған еді. Түндік сол жабулы күйінде әлі тұр. Бұл қалай? Мына терезе түнде жоқ еді ғой?
Осындай дел-сал күйде отыр едім, ақырын басып жылқышы жеңгей кірді де:
— Ә, оянған екенсіз ғой, тоңған жоқсыз ба? — деді.
— Жоқ, қайта ыстықтап кетіппін. Сіздер мына терезені қашан орнатқансыздар?
— Кеше сіздер төбе басында отырғанда орнатқанбыз. Шалымның туғалы тапқан ақылы осы болды-ау деймін. Үйіміз енді әрі жарық, әрі жылы. Рақат, тіптен.
Далаға шықсам күн недәуір көтеріліп қалыпты. Күн шытқыл аяз екен. Жұрттың бәрі жұмыс басында жүр. Қартекең де, менің Базарым да сол жерде екен. Үй салушылардың біреуі қарды алысқа айдап, енді біреулері түйеден сексеуіл түсіріп жатыр. Енді біреулері қары тазаланған жерге сексеуілді үйіп қойып жердің тонын жібіткелі от қойып жатыр. Анадай жерден жер ошақ қазылыпты, онда үлкен тай қазан тұр.
— Саржан аға, біз бүгін осында боламыз ба? — деді Базар алдымнан шығып.
— Жоқ, бүгін қайтсек те «Қызыл қазыққа» жетеміз.
— «Қызыл қазыққа»!
— Иә.
— Онда мана ерте кетуіміз керек еді ғой, енді жете алмаймыз ғой.
— Жетеміз, аттарды әзірле.
— Онда барсаңдар әлі Қыдыралының баласына кездесерсіңдер. Соған ұмытпай айта салыңдаршы, радио станциясын тез жеткізсін, — деді де, Қартекең түйенің үстіндегі бір үлкен сексеуілді отқа қарай лақтырып жіберді.
— Ол қайда еді?
Сол радионы әкелгелі кеткен еді, әлі жоқ. — Оның ендігі сөзін жылқы күзетінен жаңа қайтып келе жатқан Дәдебай бөліп жіберді.
— Іске сәт. Жақсы жатып, жай тұрдыңыздар ма? Сіздер таппасаңыздар мен таптым, — деді ол, сөзді сапыра түсті де, мұртына қатқан мұзды қолымен жібітіп түсіре бастады.
— Немене, сенің тапқан атың мұртыңа қатқан мұз ба? — деді Қартекең күліп.
— Жоқ, менің тапқан атым құдайдың атындай. Бірақ менен басқаның басына келмейтін, естіген ел иіле қалатын, достарды қуантып, дұшпандарды суалтатын, бүгінгі біздерді ғана емес, ертеңгі ұрпақтарды да мақтандыратын ат. Қысқасынан ол аттың аты — өзіміздің бас батырымыз, өзіміздің ақылгөйіміз Қартабай қарттың. аты.
Осылай шұбыртып келіп тоқтады да, өз сөзіне өзі насаттанғандай қамшысын бүйіріне, екі аяғын үзеңгісіне шірене тіреп тұра қалды.
— Мынаның есі дұрыс па? — деді Қартекең маған қарап. Мен барып Дәдебайдың қолын алдым.
* * *
«Қызыл қазық» пен екі орта алпыс километрден артық емес. Қазір сағат он. Сағатына сегіз километрден алсақ кешкі алтыларда жетеміз деген ойымыз далаға кетті. Екі күнгі қатты жүріске мойымайды деп сенген аттарымыз түс ауа бере босаңсып қалды. Жолшыбай бір қабанға кездесіп, соған біраз бөгелдік, екі жерде ат шалдырдық. Онан басқа бөгелгеніміз жоқ еді. Сонда да біз «Қызыл қазықтың» деңгейіне жетпестен күн батып кетті.
Бірақ, күннің аяздығы да, түннің қараңғылығы да Базардың ойына кіріп шығатын емес, ол бүгін бір ажалдан қалғанына қуанышты. «Ойпыр-ай, өмірімде мұндай қорықпаспын, оңбағанның ақсиған аузынан ажал көрінеді екен ғой», — деп бір сөзді қайта-қайта айтып келеді.
Оны шошытқан қабан бізге былай кездескен еді.
Түс кезінде бір ыққа келіп ат шалдырып жатыр едік, мен ұйықтап кетіппін. Бір кезде мылтықтың даусынан шошып ояндым. Алыстан Базардың айқайы да шықты. Менімен бірге ол да ұйықтап қалып, аттарды ұзатып алған екен. Сөйткенше болмады, мылтық даусы тағы гүрс етті. Айғай тағы шықты, маузерімді ала қырға жүгіріп шықсам, Базар арғы бір қырқаның басында тұр.
— Қабан! Қабан! — деді ол қолын ербеңдете айғайлап. Мен енді аңғардым, бір дәу қабан менің төменгі тұсымнан Базарға қарай домалаңдап өтіп барады екен. Оны көре сала мен де ұштым. Қабан енді екеуміздің аралығымызға түсті. Бірақ Базардың оғы таусылған болу керек, мылтықтың стволынан ұстап құндағымен ұрғалы тұр. Онысы өміріне тұтқа бола алмайтынын мен сезіп келемін. Егерде қара тұмсықтан дәлдеп ұра алмай қалса, онда қабанның қылыштан өткір ақсиған «қылқимасы» оның өмірін қиып түседі, ал менің жете алар түрім жоқ, бетін өзіме аударғым келіп атқан оғыма қараған да жоқ, не істеу керек? Жалғыз ғана үміт — қыр жотаға иірілген қалың қар бар. Қабанды қардан шыға бергенде ұрғысы келіп тұр ма, Базар сол қардың үстіңгі жиегінде тұр.
Қабан екпінімен қарға қойып кетті де, малтығып қалды. Әттең бір оқтың Базарда жоғын-ай! Ол өзіне қарай жұлқына малтығып бара жатқан қабанға үрейлене қарап әлі тұр. Енді бір минут кешіксе оның мүрдем кеткені. Соны ойлап өрге қарай ұшып келемін.
Қабан қарды бұза-жара жиекке шыға берген кезде Базар жалт беріп бері қарай секіріп түсіп қаша жөнелді. Ол бақырып келеді. Қабан ырс-ырс етігі қуып келеді. Ылдиға қарай жүгіру екеуіне де оңай тиіп келе жатқан жоқ, дәл қазіргі түрінде қабанның қарсы алдында тұру мүмкін емес. Егер оғым өлер жерінен дәл тимесе, ол екеумізді де мерт қылатын. Соны ойлап тұра қалдым да, келе құшақтай алған Базарды қабанның жолынан сүйрей жөнелдім. Бұл ойым дұрыс шықты. Тоң мойын хайуан өзіне өзі ие бола алмай ағып өте берген кезде атып салдым. Бірақ ол оқ тисе де жығылған жоқ. Өшіккен кезде шапшаң да қимылдайды екен, бұрыла салып бұрынғыдан да бетер өршелене тап берді. Мен бір жібергенде үш оқты қабат жіберіп, зорға дегенде құлаттым.
Базардың есінен қалмай келе жатқан қорқынышты жайдың тарихы осы болатын. Қабанға көп уақыт кеткен жоқ еді, уақыттың көбі Базардың есін жинауға кетті де, түнге қалуымызға себеп сол болды.
Күн батты, қас қарайды, аспанды бұлт басты, Базардың астындағы ат болдырды. Көңілге қорқыныш та кіре бастады. Далаға жата кетуге күн суық, әрі қабаннан қорқамыз.
Базар атын жетектеп жаяу келеді. Ол мана мен осы жерді танып келемін, «Қызыл қазыққа» қазір жетеміз деген еді, басы айналып, көзі қарауытты ма, жоқ, әлде үміт шіркін алдап кетті ме, енді оны да қойды. Ауық-ауық тура қалып алысқа кулак тігеміз. Тырс еткен дыбыс білінбейді. Бір ғана үміт малдың шиырына кездестік, сол шиырдан осы маңда ел барын сезіп, мылтық атып едім, арт жағымыздан иттің үргені естілді.
— Пәле, өтіп кетіппіз ғой, — деп мен тоқтай қалып едім.
— Иттің даусы кемінен он километр жерден келіп тұр. Оған жетер менде хал жоқ. Мылтығыңызды маған беріңіз де сіз бара беріңіз, — деп, Базар бір төбешікке шыға бере құлай кетті.
— Жоқ, сен менің атыма мін. Енді мен жаяу жүрейін.
— Сіздің атыңыз да жетісіп тұрған жоқ.
— Онда екеуміз де осы араға түнейік те, түнімен от жағып отырайық.
Осыған келісіп аттарды бір түп сексеуілге байлай бастап едік, оң жақ бүйір тұсымыздан бір от көрінді де жоқ болды. Қараңғыда көрінген от қандай ыстық, от алғаш көрінгенде қуанғаннан тұла бойым ду ете түскендей болып еді, сөнген отпен бірге мұздап кетті.
— Бұл не, ә? Жолбарыстың көзі емес пе екен?
Оның қорқа бастағанын даусынан сезсем де үндегенім жоқ. Кірпік қақпастан зарыға күтіп жаңағы от көрінген жаққа қадалудамын. Аздан соң от бір жылт етті де қайта өшті. Дәл жолбарыстың көзін ашып-жұмғанындай бір жанып, бір сеніп біраз жыпылықтап тұрды да дірілдеп барып тұра қалды.
— Бұл не, жаным-ау?
Өзіме-өзім осы сұрауды беріп тұр едім:
— Саржан аға! — деді Базар қуанышты кескінмен етпетінен жата қалып, — жата қалыңызшы, жата қалып қараңызшы, егер де аспандағы жұлдыз болмаса мынау электрдің сәулесі. Әне, қараңыз, көк жиектен жоғары тұр.
Оның айтқаны рас, жаңағы сәуле көк жиегінен сәл жоғары тұр екен.
— Бұл не? Электрдің жарығы деуге ешбір мүмкін емес, жұлдыз деуге аспанда бұлт бар. Жанған от я болмаса аңның көзі деуге жерден жоғары түр. Енді бұл не? Жүр, неде болса жақын барайық.
Жерге түскен еңсесін қандай шаттық көтеріп әкеткенін білмеймін, Базар жер бауырлап жатқан жерінен атып тұрды да, атына міне салып тепектей жөнелді.
— Жүріңіз, — деу болды бар айтқаны.
Мен ерерін ерсем де сене алмай:
— Досым, сен беталды лағып барасың-ау осы, — деп едім, ол атына қамшыны баса түсті де:
— Жоқ, манадан'бері лақсам да, дәл қазіргі бетім дұрыс, — деді.
— Біз мына отқа қарай жүрмейміз бе?
— Жоқ, бізге оның енді керегі аз. Қазір бізге бір шолақ өзек кездеседі. Соны жағалап отырсақ болғаны.
— Сен бұл жерді танып келесін, бе?
Ол жауап берудің орнына сұрау берді.
— Өзіңіз сонау басына жұлдыз орнаған төбені таныдыңыз ба?
— Жоқ, ол қай жер?
— «Қызыл қазықтың» солтүстік жағында тұрған жалғыз тал сексеуілі бар құм төбе есіңізде ме? Әлгі өзіңіздің «өлмейсің, өлмейсің» деп күлген жеріңіз.
— Сен оны сол тебе деймісің?
— Дәл солай.
Діттеген жерге жете бергенімде үйден біреу шыға келді:
— Телеумісің, әй!
— Жоқ, мен Саржан деген біреу.
— Саржан! — деді де ол келе шылбырыма орала кетті. — Ғажап-ау, сізді мұнда қандай тағдыр айдап келді?
— Ешқандай тағдыр айдап әкелген жоқ, өзім келдім.
Мен оны даусынан шырамытсам да еркін тани алмай, аттан түскеннен кейін бетіне үңілсем, өзіме таныс Ералы екен.
— Міне, көрдіңіз бе, біздер сіздің жердегі «Қызыл қазығыңызды» аспандағы темір қазыққа айналдырып жібердік, деді ол лепіре сөйлеп.
Мен оны құшақтай алып, өзім білетін жақсы сөздермен қоныс құтты болсын айттым да, төңірекке көз жібердім. Жапан түзге келіп орнаған мынау жалғыз үйдің, терезесінен ақ қарды жарқырата төгілген сәулені өз кеудемнен төгіліп тұрғандай шалқып кеттім. Ералы әлі сөйлеп тұр.
— Есіңізде ме, біз осы жөніндегі қаулыны дәл сіз келген жиналыста алған едік қой.
Менің есіме оның сонау бір жиналыста: «Осы мәселе аудандық партия комитетінің алдына қойылсын...», — деген сөзі түсті де:
— Есімде, — дедім.
— Ол есіңізде болса Мойынқұмның меңіреу даласына тұңғыш салынған осындай салтанатты үй мен шашылған мынау алғашқы сәуле.сол қаулының жемісі екені де ісіңізде болсын, — деді де, ол аттан жана түсіп жатқан базарға бұрылып, — сен Базармысың, ей? — деді.
— Е, Ереке, сәлематсыз ба?Сарайыңызға сән тола берсін.
— Қазірдің өзінде-ақ сарайымыз сән мен әнге толы. Москваның уақыты болып қалды, жүріңіздер.
Ол ұзын коридормен бастап келеді. Коридорға әлі лампа қойылмаған, бірақ әр бөлменің маңдайшасы әйнекті екен, үйдің ішіндегі электрдің сәулесі сол әйнектер арқылы коридорды да жарқыратып тұр. Ералы төрт есіктен өтіп бесінші есікті ашып еді, бізді бұл үйден Москваның жанға жайлы тәтті үні қарсы алды.
«Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар, Таластың тамаша адамдары! Сіздерге арналған хабарымызды бастаймыз...»
— Міне, жаралғалы үнсіз жатқан меңіреу дала, бүгін үн қатты. Москваның жалынды үні бұған да жетті, — деп Ералы отыра кетті. Мен шаттық сезімнің құшағында тұрып қалдым.
— Иә, Таластың адамдары тамаша! Қайратына қарасам бұл даланың бетінде болып өткен кереметтердің ешқайсысы да тең емес. Ой дүниесіне көз салсам, шалқыған дария теңіз де тең емес. Мен оны ен алғаш, сонау жұпыны ғана бөлменің төрінде отырған Досымбаевтан көрдім. Мен оны, сонау бойы аласа, ойы биік Нағашыбектен де көрдім. Мен оны жасы кәрі болса да, жаны жас Қартабай мен Дәдебайдан, көзге қораш көрінсе де көңілге кесек сақталатын Байқошқар мен мына Ералыдан да көрдім. Мен оны сонау жылқышы жеңгей мен баласынын келешегін ойлап, Досымбаевқа хат жазған қойшы қарттан да көрдім. Осылардың бәріне ой жіберіп қарасам, құт мекенімен көргендерім көп екен. Бірақ келешек үшін сол көргендерімнің бәрі де әлі кем екен.
1948
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі