Әлемді мойындатқан даңқты қолбасшылардың бірі - Ақсақ Темір. Атақпен бірге аңыз бен аярлық ілесіп жүретінін ескерсек Темір туралы түрлі мысалдар жетерлік. Біреулер оның ақсақтығын іштен біте туған кемістікпен байланыстырса, екіншілер кезінде қарақшылар басшысы болған жігіттің аяғана барымта кезінде жебе қадалған дейді. Ал, тарихқа сүйенсек Ақсақ Темір 1336 жылы Бұхар хандығының құрамындағы Кеш шаһары маңында дүниеге келген. Түбі монғол-түрік тайпасы атанған Барлас руынан. Оның әкесі Тарағай осы тайпаның көсемі болыпты.
Темірдің кезеңі сан қилы оқиғаларға толы. Шағатай мемлекетінің құлауы, Мәуренахрды түрік әмірлерінің тулақтай етіп тартысқа салуы, моңғолдардың тұтас Шығыс Түркістан мен Құлжа аумағын, Жетісуды қарамаққа алып Тұқылық Темірді таққа отырғызатын осы тұс. Қарақшыларымен келіп Кеш шәрінің билеушісі Қажыға қызмет ете бастаған Ақсақ Темірдің билікке қол жеткізуіне Тұқылық Темірдің Мауренахрға жорық жасауы ықпал еткен. Кеш билеушісі қашқан соң Ақсақ темір Тұқылықпен келісімге келіп, кенттің билеушісі атанады. Ал, 1361 жылы ол тек шаһар әмірі емес, Тұқылықтың Мәуренахрды билеген ұлы Ілияс қожаның сенімді серіктерінің біріне айналады. Уақыт өте келе Әмір Темір көреген сұңғылалық танытады да моңғолдармен атқұйрығын кесісіп, түрік әмірі Қазағанның немересі Құсайынмен бірігу арқылы бұрынғы достарына соққы бере бастайды. Осының арқасында 1364 жылы Мәуренахр түбі түрік Құсайын ханның қолына өтеді. Бірақ, анасынан қан уыстап туған Темір өзіне бұрынғы Кеш шаһарының қайтарылғанын ғана канағат тұтпай, Құсайынға қарсы екі мәрте соғыс ашады. Ақырында 1370 жылы 34 жасында Құсайынды өлтіріп, бар тізгінді қолына алады. Бірақ, ол хан деген атақтан қашқақтап, Ұлы Әмір-дегенді қалайды.
Ақсақ Темір билікті алысымен әуелі өз тәртібін қабылдамаған көрші билеушілерді мойынұсындыра бастады. Жетісу мен Шығыс Түркістанға жорық жасады. 1379 жылы Хорезмді талқандады. Ал, келер жылы Парсыларға жорыққа шықты. Темірдің ұстанғаны "Бір жаһанда екі билеуші болуы мүмкін емес",- деген ұран еді. 2 жыл ішінде Герат, Хорасан, Сейстан алынды. Жалпы, Ақсақ Темір Парсы еліне үш мәрте жорық жасаған. Айналдырған 4-5 жыл ішінде Ақсақ Темір моңғол иелігіндегі Қара Ертіске дейінгі, алтынордалықтар ат суарып жүрген Еділге дейінгі аралықты түгел иемденді. Парсының батыс бөліг імен Бағдатты уысында ұстаған Жалайырлар бұл кезде жергілікті соғыстардан ығыр болған еді. Осының салдарынан күллі өңір Темірдің ұлы Омар шейхтің қол астына кірді. Ал, Каспий жағалауы, Әзербайжан мен Қап тауының бір бөлігі Әмірдің екінші ұлы- Миран шахты мойындады.
Темірді көп мазалаған өз көмегімен Мамайды жеңіп, Алтынорда тағына отырған Тоқтамыс хан болды. Мәуренахрға тұмсық сұғып бір жеңілген Тоқтамыс, Қап тауында да қиғалақ салды. Ұлы Миран шахқа көмек беруге аттанған Әмір Темір 1395 жылы орыс елінің оңтүстігін басып алды да, Тоқтамыспен Терек өзені бойында қылыш жүздестірді. Қаһарға төтеп бере алмай қашқан жауын өкшелеген билеуші жолындағы Астрахан Сарай, Азов, Кафу сынды шаһарларды тас-талқан еткен. 1398 жылы Әмір Темір Үндістанды жаулауға аттанған.
Темірдің 1401 жылы Бағдаттағы билікті нығайтуы асқан қатыгездікпен жүзеге асты. Осы шайқаста 90 мың адам жан тапсырыпты. Жалпы, ХY ғасыр Ақсақ Темірдің Осман империясының сұлтаны Баязитпен қырқысуынан басталады. Бұған түріктердің Темірдің сенімді адамы билеп отырған Арзинджан шаһарын басып алуы түрткі болған. Бас аяғы екі-ақ жылдың ішінде Темір Баязиттің талқанын шығарып, өзін тұтқынға алды. Ангордағы атақты шайқастың бұлай тамамдалуы тек османдықтардың ғана емес, кіші Азия билеушілерінің барлығының басына күн тудырды. Көрегеннің жасағы барлық қалаларды жайпап өтті.
Кіші Азияға сапарын аяқтап, Самарқанға оралған Ақсақ темірдің көкейін тескен Қытай еді.
Билікке ұмтылу жолында бар амалды қолданып, 1370 жылы 34 жасында таққа отырған Әмір Темір Парсыны, Қап тауы мен Еділ бойын басып алып, түрік сұлтаны Баязитті талқандағаннан кейінгі арманы Қытай төрінде ат ойнату еді. Бұл елді жаулауды ол 1398 жылдан бастап көксеген. Осы мақсатына жету үшін шегараға жақын маңнан екі бекініс те салдырыпты. Жаулап алған жерлеріндегі хан сұлтандарды тыныштандырамын деп жүріп, тек 1405 жылы аждаһа таңбалы елге жорыққа шығады. Алайда, 70-ті алқымдаған Әмір Отырар қаласына жеткенде сырқаттанып көз жұмады да, мақсаты орындалмай қалады.
Ақсақ Темір туралы тек билікке ұмтылушы деген көзқарас қалыптастыру жөн болмас. Оның өзі билеген елдердің барлығынан шебер алдырып Самарқанды көркейткені, Қожа Ахмет Иассауйға кесене салдырып, Түркістан қаласын түрлендіргені көпке мәлім.
Ақсақ Темір әлемді тітіркенткен ұлы қолбасшы Шыңғысхан өмірден озғанына бір ғасыр өтер-өтпестен дүниеге келген тұлға. Қазірде осы екеудің арасынан ұқсастық іздеушілер бар. Деректердің көбі Әмір Темір Шыңғысханды ұстаз тұтқан-ау деген болжамға итермелейтіні де рас. Әскерді тәртіпте ұстау, жаулап алған жерлерінде мәдениетке, білімге кеңістік беру, төңірегіне ғалымдарды топтастыру сынды ұқсастықтар баршылық.
Қазір де даңқты қолбасшыларды меншіктеу жүріп жатыр. Осыдан біраз бұрын қазақ зиялылары "Шыңғысхан қазақ па, қазақ емес пе?",- деген мәселеге бас қатырып еді. Енді осы індет өзбек ағайындарға жұққан сынды. Өз жеріне жуып кеткеннің барлығын бауырана бүріп ала қоятын көршілеріміз біздің жерімізде тұрып, қаламызды көркейткен Әмір Темір өзбек екеніне шүбә жоқ - деп емініп отыр.
Ескендір Зұлқарнайын, Еділ батыр, Шыңғысхан сынды дара қолбасшылар шоғырының соңын Ақсақ Темір түйіндеп тұр. Өзгелері сияқты оның тұлғасы да әлі сан пікірдің ұшығына ілігер, зерттелер.
Әмір Темірдің тарихы өзінің көзі тірісінде-ақ қағазға түскен. Ол туралы әли-бен Джемал-ал-Ислам, Низам-ад-дин Шами, Шереф ад-дин Иезди, Хафизи Әбру сынды ғалымдар қалам тартқан. Ол еңбектердің біразы бізге тозған қолжазба күйінде жетті. Ал, толық сақталғандары Британия сынды елдердің мұражайында.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі