Әбілқайыр, Әбілқайыр Мұқамбет Ғази Баһадүр хан (1693 — 12.08.1748) — хан, қолбасшы. Шыңғыс хан әулетінің кіші буыны — Өсеке ұрпағы, Қажы сұлтанның баласы. Соғыстарда батырлығымен, айлакерлігімен, шабуылдарды ұйымдастыра білуімен аты шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен Кіші жүздің ханы болды (1710 — 12.08.1748). 1715 жылы Тәукен хан өлгеннен кейін үш жүздің бас хандығы тағына үміткерлердің бірі болды. Бірақ мұрагерлік жолмен Тәукенің ұлы Болат бас хан сайланды.
Әбілқайыр қазақ қалмақ қарым-қатынасы мейлінше шиеленісіп тұрған 1716 — 18 жылдары Ресей империясынан көмек алу мақсатымен Сібір губернаторы князь М.П. Гагаринге, Уфа воеводасына хат жазып, қазақтардың ахуалын біршама реттеуге ат салысты. 1723 жылға дейін Түркістанда тұрып, одан жоңғар басқыншылары қуып шыққаннан кейін Бұхар мен Хиуа хандықтарының шекарасындағы өзіне қарайтын көшпелі тайпаларға қоныс аударды. Әбілқайыр 1726 жылы Ордабасыдағы халық жиналысында казақ жасақтарының қолбасшысы болып сайлаңды. Бүланты өзенінің жағасындағы (1728), Аңырақайдағы (1729-30) жоңғарларды талқандаған соғыстарда қолбасшылық қабілеті ерекше көрінді. Аңырақай шайқасында бас қолбасшышылықты өз еркімен Болат ханға бергенімен үш жүздің қолын үйлестіруде көп жұмыс атқарды. Әбілқайыр қазақ хандары мен сұлтандарының алауыздығы артып, сыртқы қауіп күшейген шақта, Ресей империясына арқа сүйеуді ойлады. Әбілқайырдың Құндағүлов Сейітқұл мен Көштаев Құтлымбет бастаған елшілігі Петербургке барып (1730), Ресей Сыртқы істер министрлігі коллегиясының М. Тевкелев бастаған елшілігі оған келді (1731).
Елшілік қазақ ұлысын Ресейдің қарамағына алу туралы келіссөз жүргізді. Әбілқайыр 1731 жылы қазанда Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді (Бұл антгы 1738,1740,1742 жылы қайталады). Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, оның қарамағына өткен башқұрт пен Еділ қалмақтарының қазақ қоныстарына шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғар қалмақтарының қол астында қалған қазақ жері мен қалаларын қайтарып алуды, империя әкімшілігіне сүйеніп, қазақ арасындағы беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруды көздеді. Сөйтіп ол жеке мүддесімен бірге халықты апаттан сақтауды да ойлады. Алайда Ресей саясаты да теренде жатты. Империя қазақ жерін бүтіндей отарлауды ойлады. Әбілқайыр Петербург сарайы мен оның Орынбор әкімшілігінің саясатын дер кезінде түсіңді. Ханның өз ұлы Қожахметті аманаттан қайтарып алудағы Ресей өкімдерімен тартысы, императрицалар Анна Иоанавнаның, кейіннен Елизавета Петровнаның талаптарына мойынсұнбауы, Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге тырысуы, ел тәуелсіздігін сақтау бағытындағы шаралары отаршылдықтың барлық көріністеріне карсылығын байқатады. Орыс үкіметімен әр түрлі қатынастарды үзбей, Әбілқайыр сонымен қатар, жоңғар қоңтайшысы Қалдан Серенмен (Цэренмен) астартын байланыста болды. Жоңғар шапқыншылығы әлсіреген сайын Ресейден бойын аулақ салуға тырысты. 1740 жылы Хиуаны басып алып, аз уакыт осында хан атанды. Бірақ Иранның Нәдір шаһынан ығысып, тастап шығуға мөжбүр болды. Әбілқайыр үш жүздің билеуші, қадірлі билерімен, белгілі батырларымен, саяси қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынас жасады. Өзінен жас, беделі өсіп келе жатқан Абылаймен әр кезде түсінісе білді.
Абылайдың бір әйелі Қарашаш — Әбілқайырдың қызы. Кіші жүз ханы ретінде оның саясатында қайшылықтар да бар. Қазақ даласын отарлаудың тірегі болған Ор бекінісін салуды өзі ұсынды (1735). 1737 - 38 жылғы башқұрт халқының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісін басуға қатысуы туысқан екі елдің қарым-қатынасын шиеленістірді. Әбілқайырдың дербестігі мен қазақ даласына жайылып кеткен атағы кейбір сұлтандарға ұнамады. Солардың бірі — Орта жүздің сұлтаны Барақ Ор бекінісінен қайтып келе жатқан Әбілқайыр мен ен далада кездесіп қалып, оны өлтіреді. Ханның серіктері де сол жерде қаза тапқан. Бірақ Барақ Әбілқайырды "орысшылдығы" үшін емес, өзінің жеке басының мүдделерін көздеп "қарақшылық" іске барған еді. Әбілқайырдың моласы Қабырға өзенінің Ұлқүяққа құятын тұсында, Торғай қаласынан 80 шақырым жерде. Кейін бұл ара Хан моласы аталды. Әбілқайырдан көптеген ұрпақ қалған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі