Менің бабам — Имаш. Баба нағашым — Текебай би. Әкем — молда Момыш. Менің бала кезім. Момынқұл дейтін әкемнің інісі кенже болғандықтан еркелеп өскен. Одан кейін менің апам (бабушкам) Үбікүл дейтін қыз туыпты. Ол кісі ұзын бойлы, өте реңді әйел еді. Она была настоящей красавицей... Одан кейін менің апам (бабушкам) бала туудан қалыпты...
Қелімбет дейтін бір шалдың (ол кезде жасы 89-да екен) бір баласына жаңағы апамды (бізше әпкемді) беріпті... Екі жылдан кейін күйеуі өліпті. Жесір қалыпты... Әмеңгер ретінде қайнысы алыпты. Ол кісінің аты — Қыймәділ екен. Өзі шикі сары, көсе, ынжык кісі екені ойымда... Менің әпкем — красавица-царица... Оны қалай менсінсін... Іләж қанша... Әмеңгердің аты — әмеңгер... Байының қойнына жиіркеніп жатады екен... Әйелдің жайы бәрімізге белгілі ғой... Шорбайы жыбырлап, рахаттанбапты. Оған да жан керек.
Бір күні ойнас істеп жатқанда, үстінен шығып қалыпты... Менің әкем Момынқұлды «Таубұзар» дейтін. Шынында, жынды екені рас еді. Ол кісіні мен «Көке» деуші едім... Жындылық жағынан мен әкеме тартпастан, «Көкеме» тартқам... Мен депутат емеспін. Көкем депутат болған. Ол рас...
Көкем 47 жаста өлді... Ақылын жинай алмастан өлді... Өз обалы өзінде — ол кісіні мен өлтіргенім жоқ!.. Сол кісіге байланысты бірнеше сырларды балаларына айтқым кеп отыр. Олар мынандай:
Момынкұл был спортсменом. Он был сильным из сильнейших. Мой отец был всего лишь «маленьким — бір жапырақ қара шалом» (оған ол кісінің келіні Ғайникамал осы уақытқа дейін намыстанады. Мен намыстанбаймын...)
Момынқұл ерке, тентек, шаруамен оның ешқандай ісі жоқ... Жыны ұстаса, қаңғырып кетеді... Бір жолы қаңғырып Келімбеттің үйіне барыпты.
— О! Кенже құда! Жақсы келіпсіз, — деп шал мен кемпір құшағын жайып қарсы алады...
Ертеңіне бір құдасы:
— Ей! Сен бері келші, — деп шақырып, апамыздың ойнас істегендігін айтыпты...
Көкем ашуланып, құдасын ұрып жығып, тепкілепті — Келіннің қылығын маған неге айттың дегені ғой... Ашуын баса алмастан далаға жүгіріп шықса — қарындасы қораны сыпырып жүр екен, бұрымынан ұстап алып, жығып салып, аузы-мұрнын қан қылып, тепкілеп, елдің көзінше әпкемнің масқарасын шығарыпты... Өзі күшті жігіт — арашалаған кісілерді ұрып жыға беріпті... Ешкім арашалауға жарамағаннан кейін, Келімбет ақсақал таяғына сүйеніп келіп:
— Әй, кенже құда! Сақалымды сыйла! Әпкеңнің күнәсін кеш! Балам! Сақалымды сыйлағын! — деп алдына жүгінігі отырыпты.
— Сіз араласқан жерде мен жоқпын, ақсақал...
— Бәрекелде! Имаштың баласы екенің рас екен... Сен мені сыйласаң, сені, қарағым, Құдай сыйласын...
Көкем ашуланып, атына мініп ауылға қайтыпты. Әкем інісіне ұрсыпты...
Апамыз бір жігітпен қатын үстіне қашып кетіпті... Таубұзар көкем намыстанып, күлді ауылға бүлік салыпты...
— Аттарымызды ерттегін! Жынды! Мен сенің туған ағаң боламын. Оттамағын. Билікті маған бергін, қарағым...—депті менің әкем...
Біз шымырмыз. Шымырлар екіге бөлінеді: Шынғожа, Бекболат деп аталамыз... Шынқожадан дарынды Керімбай болыс шыққан. Ол кісі дүрілдетіп елді билеген, Абай Құнанбаевты әдейі іздеп барып танысқан... Келешекте бізден Бауыржан дейтін батыр шығады. Ол Ғайникамал дейтін қызыңды... алады, — деп ескерткен...
Қарияның алдына жүгініп отырып, былай депті:
— Құрметті Кереке! Намыстанып, алдыңызға келіп отырмын. Мен сіздің жиеніңіз боламын... Ана жәлеп те сіздің жиеніңіз! Мынау отырған тентек те сіздің жиеніңіз (Момынқұл)... Ақыл сұрап келдім, ақсақал...
Керімбай қатты қиналып, бір ауыз үн қатпай отырып, жерді шұқи беріпті...
— Ия, қарағым Момыш, келгеніңе рақмет!.. Бір қатынның шор байына таласу біздің Шынғожаларда болмап еді... Мен билік айта алмаймын... Менің ағам, сенің нағашың Текебай би тірі... Билікті сол кісіге бердім. Бізден атшапан айып, оны мен көтеремін...
Әкем мен көкем Текебайдың аулына барыпты... Текебай би құсалап, жарылайын деп отыр екен... Қолында қорғасын сапты қамшысы бар екен... Текебай мықты феодал. Қастасса, ұры жұмсап, бір үйір жылқысын тартып алады. Оған көнбесе, бандиттерін жұмсап, адам өлтіреді...
— Әй! Шіріктер!.. Ағайынды екеуің барып... Ана қаншықты өлтіріп, оның басын менің алдыма алып келіңдер!—деп приказ беріпті.
— Я, биеке, мен өзім өлтіремін, — депті Момынқұл.
— Сабыр, тақсыр. Сабыр! Сабыр етіңіз, Таеке! — деп менің әкем алдына жүгініпті.
— Айт, айтарыңды Момыш!.. Түрегеп тұрып айт!
— Тақсыр!.. Біз өлтірмейміз... «Әкем байым болсын деп қарғанған әйелдің екі ойнасы болады» деген сөзді мен шығарған емеспін. Сіздің бабаларыңыз шығарған...
— Ой! Иттің баласы! Сен не деп оттап отырсың! — деп Текебай би менің әкеме қамшысын ала жүгіріпті...
— Алдияр, тақсыр! Сабыр етіңіз!.. Жеңешемнің де қойнына біреу барған шығар... — дегенде Текебай би күліп жіберіп:
— Ой! Иттің баласы!.. Сөз тапқанға қолқа жоқ дегендейін, сен мені оңдыртпадың ғой... — деп қорғасын сапты қамшысын лақтырып тастап. — Өзің біл, қарағым. Өзің біл, — деп менің әкемді кұптақтап сүйіп, еңіреп жылапты.
Текебай биді жеңген, Үбікүлдің жанын алып қалған бір жапырақ қара шал — Ғайникамалдың туған атасы болады...
Оның баласы батыр — Б.Момышұлы.
12.08.1968 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі