Осы уақытқа дейін қазақтар ата-тегін, руларын сұрасады. Жеті атасын білмейтін азаматтар да арамызда аз емес. Мен Дулаттың он бесінші ұрпағымын. Кей кезде қайын жұртыма әзіл ретінде:
— Я Дулат пятнадцатый! — деп қоямын.
Олар маған күледі.
Дулат төрт арналы. Ботбай, Шымыр, Сыйқым, Жаныс болып төрт руға бөлінеміз.
— Бауке! Мен де Шымыр боламын, — деді қазақтың бір атақты ақыны.
— Шымыр Бекболат, Шын қожа болып екіге бөлінеді. Соның қайсысы боласыз? — деп мен сұрадым.
— Ала күшігі боламыз, — деді ақын.
— Ағатай-ау, алпысқа жетпей алжыған қазақтың бірі екенсіз ғой, — дедім мен таңдана.
— Неге?
— Сіз қалай Шымыр боласыз?.. Қусирақ, Алакүшіктер Шымыр емес Сиқымға жатады... Дарынды Батырбек датқа, сауықшыл Жандарбек болыс осы кездегі халық артисі Құрманбектің әкесі Сиқымның Алакүшіктеріне жатады. Аққойлы, Қарақойлы дейтіндер Сиқым атамның ұрпақтары... Сиқым атам жарықтық балаларына айуандардың атын қоя беріпті. Ал, біздің Құрекең де ата-бабасына тартқан ер - қайраткер ғой. Ол кісінің дарыны даусыз. Құрекеңнің жұбайы Шолпан. Сол жеңгем бір күні үйге келіп отырды... Ақбота, Аққозы, Ақтоқты дейтін балаларын жеңгем қайта-қайта есіне алып отырды...
— Жеңеше, сізді жерік болып жүр деп естіп едім рас па? — деп мен сұрадым ол кісіден.
— Қойшы! — деп жеңгем қысылды.
— Егер рас болса, — дедім мен Сиқым атамның балаларының аттары ылғи айуандар атымен аталушы еді, ішіңіздегі нәресте жарыққа шыққанда, оның атын «Ақ торай» қойыңыздар, — дедім мен. Шолпан шамданып маған ала көзімен бір қарады.
Әйелдің аузында сөз тұра ма, Құрекеңе айтып барыпты.. Құрекең жарықтық маған өкпелеп, үш ай сәлемімді алған жоқ... Демек, сіз Алакүшіксіз.
— Жеңілдім! Жеңілдім!.. Ай, шынында, мен безродный космополит екенмін. Ата-тегін сен жақсы біледі екенсің.. Қап! — деп санын бір ұрған ақын кінәсін мойындап өтірік қарқ-қарқ күлді.
***
Шымырдың ішінде біз Бекболат боламыз. Бекболаттың ішінде Құлый — Шілмәмбеттің көбі Түлкібасты мекен етеді.
Бізді Құлыйдың ішіндегі Байдәулет — Үсен деп атайды. Менің бала кезімде біздің рудан Нар дейтің би шығыпты. Ол кісіні мен өз көзіммен көрдім де, сырықтай тіп-тік, шойындай қап-қара, қолағаш мұрын, салпақ ерін, шүңгір көз, қалың бурыл сақал омырауын қаптай басқан еңгезердей биік шал әлі есімде. Нар деп шынында атын тауып қойған екен дейтін ел. Нар екені рас еді. Нар әділ би болған деген лақап осы күнге дейін ел аузында.
Ол кезде біздің ел Әулиеата оязына қарайды екен. Қалаға жақын Бақтөбе дейтін жер бар. Ол он үш үй Сіргелі, он үш үй Қораластардың қонысы екен. Нардың жамағайын апасы Ұмсындықтың үйіне барып би жатады екен. Ұмсындық ерте жесір қалып, он үш үй Сіргеліні билеген әйел екен.
Бір жолы би Нар жол жүріп, Әулиеатаға барады. Жолай Ұмсындықтың үйіне тоқтайды. Қазақ ол заманда таң сәріде тұрып, малын өргізіп, қорасын сыпырып, атын ерттеп болып қана сәскеде ертеңгі шайға отырады екен. Ұмсындық жесір кемпір болғандықтан, Нар елден бұрын тұрып, малын өргізіп, қорасын сыпырып, биелерін сауып, су алып келіп самауырын қойып, үйдің шаруасын істеп жүреді екен. Көрші ауылдың бір еркегі Нар қора сыпырып жүргенде, әйелін шыңғырта сабапты.
— Ей, оразасын ашпастан әйелін сабап жүрген қандай ақымақ? — деп шошына сұрапты Нар.
— Е, биеке, әлгі өздеріңіздің күйеулеріңіз ғой.
— Ол ақымақтың әйелі кімнің қызы еді?
— Өз ағаңыз Байменнің қызы ғой.
— Балалары бар ма?
— Көген көз жеті-сегіз баласы бар.
— Ол ит Сіргелі ме, Қоралас па?
— Қайдан Сіргелі болсын, Қоралас қой.
— Онда Қораластың кәриясы Омарбекті шақыр.
— Құп! Ол кісі де келінінің шырылдап жылағанын естіп отырған болар, барсам, барайын...
Нар тұрған жерінде сыпырғышына сүйеніп тұрып қалыпты. Тапалтақ жирен сақал шал келіп:
— Ассалаумағалейкум, Нар би, — деп сәлем беріпті.
— Жібекті түте білмеген жүн етер, қатынды күте білмеген күң етер. Қатынды еркелет, ол сенің жұбайың, балаңды еркелет, ол сенің ұрпағың. Қатынды ұстай білмесең, үйленіп нең бар, балаңды тәрбиелей білмесең, оны таптырып нең бар, әйелді сөзбен жықпай, таяқпен жығу — әр жаман еркектің қолынан келеді, ақсақал, тентегіңе мен қолымды былғамайын, тыйымды өзіңіз салыңыз, — деп Нар сыпырғышын тастап, қарайып шөгіп отыра қалыпты.
— Түсінікті, биеке, — деп Омарбек бұрылып кетіпті.
— Ойбай-ойбай, не жаздым, — деген дауыс естіліпті.
— Бейбастығыңды қашан қоясың, бидің алдында мені жерге қаратасың! — деп шажылдап баласын сабап жүрген Омекеңнің дауысы естіліпті. Түс қайта Нар қаладан қайтыпты,
— Биеке, біздің ауылдан дәм татыңыз! — деп Омекең алдынан шығыпты.
— Ана қадірін білмеген ауылдан мен дәм татпаймын, — деп Нар атының басын бұрып Ұмсындықтың үйіне кетіпті.
10.09.1962 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі